Өлең, жыр, ақындар

Сырымды айтамын

Құрметті жолдастар! Сөз қысып сөйлеп тұрғаным жоқ, тәртіп бойынша бір лебіз шығаруға тура келді. Тәртіп сақтау азаматтың міндеті ғой.

Жаңа сөз, соны пікірге салған жерден басқа келе бермейді. Келе берсе қазіргіден қадірлі де бола бермейді. Оның бер жағында, білім бұлағы сияқты бұл үйде ауызға түскенді айта салу да лайықсыз. Мен әншейін өмірден алып, ішке түйген кейбір сырларымды айтам сіздерге.

Ешкім дүниеге келуді тілемепті, жылай-жылай келіпті, келген соң кетуді тілемепті, жылай-жылай кетіпті. Мен солардың бірі екенмін, тағдырдың қара табан құлы екенмін. Енді тек тарихта табан ізім қалса болғаны.

Әркімнің дүниеден алашағы, дүниеге берешегі бар. Көп адам алатынын ала алмай, беретінін бере алмай кетіп жатыр. Мен өз сыбағамды алып та, беретінімді беріп те үлгерген сияқтымын.

Міне өмірімнің жетінші белесіне көтерілдім. Бұрын лып-лып соғатын жүрек енді баяу соғады. Бұрын ұшып тұрған дене енді қорғасындай ауыр. Желікті ой, көкіректі ажым басты. Мойымаған тек тілек қана. Жетпісімде мұнша жоғалтыппын, сонау жүзге жеткенше не қалады? Осыны біле тұра тілек шіркін жасай бер, жасай бер дейді. Жасағым келеді, бірақ алжығым келмейді.

Бақыт деген ертеден ел құмар, ғажап бір көркем құс, Ол таңдап келіп біреулердің басына қонады. Бірде мадақтап, бірде мазақтап қонады. Бақыт қонған басқа жұрт шұлғып тұрады. Егер ол бас «маған шұлғыды» десе, бақыт құсы бір саңғиды да ұшып кетеді. Былғанған бастан жұрт енді жиреніп, теріс айналады. Осы былғанған бастар қанша екен? Есебіне жете алмай жүрмін. Бақыт құсы қонбаса қонбасын, әйтеуір басым таза болсын деп жүрмін.

Кейбір жазушының сөзін қағаздан оқып, өзін алыстан көргенде сүйсінеді жұрт. Ал сол жазушының жақыннан көріп сөзін өз аузынан естігенде қомсынады екен. Сондықтан мен мінбеден қашқақтап жүргемін.

Сұлу сөзге сүйсінбейтін, сұмпайы сөзден жиренбейтін жан жоқ. Әдебиет сөзбен жасалады. Сөзді жасайтын халық. Нағыз жазушы халықтан үйрене отырып, халықтың өзіне азын-аулақ үйретіп те қояды. Әдебиет өмір туындысы бола тұра, сол өмірдің өзіне оны жасаушылардың ақыл, сезіміне ықпал етеді. Тек сол тұрғыдан қарағанда ғана жазушы татымды, мардымды пікір айтады. Егер ойы мен сөзі тең түспесе, сөзі ойын, немесе ойы сөзін жәбірлеп жатады.

Әдебиет сөзбен жасалады. Сөз құдіреті ғажап: алтынды мыс, мысты алтын етіп көрсете алады. Тас жүректі қорғасындай балқытып, балқыған қорғасынды тастай ете алады. Кірлі көңілді тазартып, кірсіз көңілді кірлете алады. Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені, тіл байлығы бәрінен де сенімді байлық.

Сырдың бәрін айта беруге болмас. Айта берсек ашық ауыз атанамыз. Осыған риза болыңыздар. Қадірлі уақыттарыңызды бөліп, құлақ қойып, дидарласқандарыңыз үшін көп рахмет.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз