Фадеев аса көрнекті шығармаларды жаратқан үлкен суреткер, публицист, совет әдебиетінің теоретигі еді, тамаша ұйымдастырушы, мемлекет қайраткері еді. Горькийден кейін мұндай сегіз қырлы, бір сырлы талантты басқа жазушыны мен білмеймін. Еліміздегі әдебиет қозғалысының не бір күрделі мәселелерінде оның көрегендігі, алыстағыны болжағыштығы таң қалдырады. Фадеев Совет өкіметі үшін кескілескен ұрыстарға қоян-қолтық араласқан, тікелей қатынасқан совет жазушыларының бірі. Оның халыққа соншама беделді, сүйікті болуына осы ересен еңбегі көбінесе себеп болғанын сүйіспеншілік сезіммен еске аламыз.
Фадеевтің сан қырлы асыл қасиеттерінің ішінде бір ерекше қасиеті — жанының кристалдай тазалығы, айналасындағы адамдарға ілтипаттылығы, ұқыптылығы. Фадеевтің өзгелерге тигізген рухани игі әсері орасан күшті еді. Осынау мейірбан, әділ, ақ көңіл жанның бейнесі менің жадымда сайрап тұр.
Мен Фадеевпен алғаш рет «Шығанақ Берсиев» романым аяқталып, қазақ тілінде жарыққа шыққаннан кейін Москвада кездестім. Менің романым республикалық газеттерде қатал сыналған. Шығарманың идеясының дұрыстығына жұртты иландыру, миландыру өте қиын еді онда.
Менің жазушылық өмірімдегі ең қиын күндерде Москвадан Одақтық жазушылар ұйымының баспасынан мені шақырған телеграмма келді. Олар романның жолма-жол аудармасымен мұқият танысқан екен.
Вокзалда поездан түсісімен кідірместен тура Жазушылар одағына Фадеевтің қабылдау бөлмесіне бардым. Барсам алдында тосып отырған адам көп екен. Алыс жерден әдейі келгенімді, сөйлесетін тықыл-таяң шаруам бар екенін айтып Фадеевке бір жапырақ хат жазып жібердім.
Фадеев менің хатымды қолына ұстаған күйінде кабинетінен шықты да: «Осындағы Мұстафин кім» — деп сұрады. Мен орнымнан секіріп тұрдым. Жүзінде нұр ойнап, жылы шыраймен жымия күлді. Мені кабинетіне ертіп апарды. Екеуміз бір-бірімізді жаңа көріп отырсақ та, көптен бергі көне досындай іш тарта, емірене сөз бастады. Өзінің шарапатты, шапағатты жайдары мінезімен, жылы сөзімен менің басыңқы көңілімді көтеріп, көкірегімді шайдай ашып жіберді.
— Қалай мейманханаға орналастыңыз ба? — деп сұрады сөзінің басында.
Ол кезде мейманханаға орналасу оңай болмайтын. Мен әлі бұл мәселемен шұғылдана қоймағанымды айттым, кейін бір жөні болар дегендей емеуірін білдірдім.
Фадеев табанда «Москва» мейманханасына телефон соқты. Маған азын-аулақ карточкасын бер деп, одақтың іс басқарушысына арнайы тапсырды.
Фадеев менің әзіргі қажет шаруамды тындырып, өтінінішімді тыңдап алды да, желдей есіп сөйлеп кетті.
— Сіздің көңіл күйіңіздің әзірге нашар екенін білемін. Бірақ енді көңіліңіз көтеріледі, жаныңыз жайнайды. Әдебиет дегеніңіз жазушыны үнемі қуандыра бермейді, кейде тіпті мықтап тұрып қайғыртып та қоятыны бар. Мұндайда сіз екі ойлы боласыз: еңбегіңіз сәтсіз болған екен деп ойлайсыз, яки болмаса жазықсыз жапа шегіп жүрмін деисіз. Менің ойымша осы романыңыз сіздің одақтық әдебиетке шығуыңызға кең жол ашады. Осы уақытқа шейін қазақ жазушыларынан мен Әуезов пен Мұқановты ғана жақсы білетін едім. Ендігі танысқан үшінші жазушым сіз болдыңыз. Тіпті жақсы болды ғой.
Фадеев аз-кем ойланып отырды да, сөзін еселей түсті.
— Сіздің романыңыздың мазмұнымен таныспын. Асықпаңыз, осында болыңыз, мұндағы жолдастармен бірге романыңыздың орысша нұсқасын жақсарта түсіңіз. Сосын романды міндетті түрде маған әкеп беріңіз, бастан-аяқ мұқият оқып шығайын.
Москвада екі ай тұрдым. Алматыға қайтар алдында романның әбден жөнделген жақсартылған орысша нұсқасын Фадеев қолына тапсырдым.
Кітап өте тез басылып шықты. «Советский писатель» баспасының ұлттар әдебиеті редакциясын басқаратын С. Л. Кирьянов кейін маған романның қолжазбасын көрсетті. Бірінші беттің бұрышындағы: «Басылсын. Александр Фадеев» деген жазуды оқыдым. Қуанышымда шек болған жоқ.
Бұл менің көкірегімде өшпейтін із қалдырған алғашқы кездесу еді. Содан кейін менің Фадеевпен қарым-қатынасым, достығым күшейе берді. Оның армандары, идеялары мені қайран қалдыратын, алға бағыт сілтейтін. Фадеев өзінің ақыл-кеңесімен маған есепсіз көп көмек көрсетті.
«Миллионер» романын жазып бітіргенімде Фадеев оны Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Менің «Қарағанды» романымды да Фадеев сыйлыққа ұсынған болатын.
1954 жыл. Совет Жазушыларының одақтық екінші съезі жүріп жатыр. Мәжіліс президиумында Фадеев:
— Қазір Қазақстан Жазушылар одағын сен басқарасың ба? — деп сұрады.
— Иә, солай.
— Творчестволық жұмысың қалай?
— Жазуға уақыт жоқ.
— Жоқ, жазудан бұрын, ойланып алуға уақыт жоқ де... Жазуға уақыт табуға болады, бірақ әуелі әбден ойлап алу керек қой.
Екеуміз де күлдік. Бұл біздің ақырғы кездесуіміз болды.
Фадеевтің қайтыс болған хабарын алыс жерде сапарда жүргенде естідім. Көзімнің жасы сорғалап, еңкілдеп жылай бердім. Мен өзімнің өмірімде мұндай ауыр сезімді бастан кешірген жоқ едім. Жүрегімнің жартысы сонымен бірге кеткендей күйзеліп, құлазып қалдым.
Фадеевтің «Тас-талқан» романымен мен отызыншы жылдарда орысшасынан таныстым. «Жас гвардия» үлкен суреткердің тамаша кітабы.
Сайып келгенде, Абайдан бастап, Әуезовке шейін қазақ әдебиеті орыс әдебиетінің дәстүрімен қоректенеді. Осы күнге шейін біз орыс әдебиетінен үлгі аламыз. Шығарманы қалай жазуды, ой-пікір теңдігін, сол ойларды көркем шығармада қалай жүзеге асыруды біз Горький, Фадеев, Шолохов, Леонов, Федин сықылды көркемсөз алыптарынан үйрендік, әлі үйрене береміз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі