1. Коммунистік ұлы арманға жету жолындағы қым-қуыт айтыс-тартыстарда ақыл, білім, әдіс, сескенбейтін жүрек, қажымайтын қайрат жеңеді. Социалистік қоғам адамдарының, социалистік образдардың бойынан мен алдымен соларды іздеймін. Адамшылық басқа қасиеттердің бәрі осыларға бағынушы, осыларды көркейтуші болуы керек.
2. Мыңдаған совет жазушылары бар. Солардың ішінде социалистік өмірді құлшына жырламайтыны кемде-кем. Бәрі жабыла жазса да бірде-бірі бұл өмірдің, оны жасаушылардың толық бейнесін әлі жасай алмай келеді. Өйткені, ол өмір, ол бейнелер кітапқа сыймай жатыр. Халқымыз сүйіп оқитын Шолохов шығармаларының өзі өмір дәрежесінен төмен. Жазушыда бас біреу, қол екеу. Қанша жасампаз болса да өнеге алатыны, көрсететіні өмір. Өмірді миллиондаған бастар, қолдар жасаған. Сондықтан кітапқа сыймайды. Телегей-теңіз өмірдің бір бөлшегін ғана немесе сансыз сипатты, алуан сырлы адамзаттың бір тұлғасын ұқсата жасап берген жазушы да халқының ардақты азаматы. Мұндай жазушылар біздің арамызда аз емес. Сондықтан тізім жасап жатпадым.
3. Жазғанымнан көргенім, білгенім, тіпті бастан кешіргенім асып түседі. Бір кезде тақырып аз, күш көп сияқты еді. Енді тақырып көп, күш аз. Оғы азайған аңшы орынсыз оқ шығармайды. Мен бұдан былай тек советтік мемуар, естеліктермен шұғылданбақпын. Өткен өмірді біздер айтып кетпесек, борыш арқалап кеткен болар едік. Мемуар, естеліктер тек шындық болу керек. Өтірікті қосты-ақ авторды құдай атқаны. Кейінгі жас ұрпақты адастырмақ болғаны. Ондай авторға халықта, тарих та лағынет айтады.
1970
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі