(«Қазақ әдебиеті» газетінің сұрағына жауап)
Сұрақ: Ғабе, өзіңізге белгілі, КПСС Орталық Комитет, әдеби-көркем сынды дамыту жөніндегі қаулысынан кейін СССР Жазушылар одағы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармаларының пленумдары өтті ғой. Бұл пленумдарда әдебиетшілер қауымы өзара пікірлесіп, тиісті қаулылар алынды. Сол қаулыларды жүзеге асыру жөнінде Сізбен пікірлеспекпіз.
Жауап: Жарайды, пікірлестік. Сынның өзін де сынайтын кез жеткен екен, жұрт көптен күткен еді. Сын барда, сынсымақ бар. Екеуін айыра білу керек. Сын тірлігі қашан да қара қылды қақ жарған әділдік, терең білім, ұстаздық тәсіл, әкелік қамқорлық. Нағыз сын қисықты түзейді, сынсымақ түзудің өзін қисайтады. Сіз атап өткен қаулылардың, әдебиетшілер тобының бәрінің көксегені нағыз сын. Бұл мақсатты орындағанда ең ауыр салмақ баспасөз басында отырғандарға, редакцияларға түседі. Өйткені, олар әрі ұйымдастырушы, әрі сарапшы. Жақсы сынның шарапаты, жаман сынның кесапаты баспа бетінде мыңды, баспасыз бірең-сараңды ғана шарпиды. Меніңше, жарияланған сын дәрежесі жоғары не төмен болуына, олардың жеке авторларынан бұрын халық алдында редакторлар, редакциялар жауапты. Осы жауаптылық сезім күшейсе, сын да күшейді. Зады, сын түзелмей, мін түзелмейді.
Сұрақ: Жауаптылық сезім жеткілікті ме бізде?
Жауап: Алқа мүшелерінің талайы өзі қол қойған газет, журналдарда не кетіп бара жатқанын білмейді. Бас редактордікі күштілік пе, не амалсыздық па? Әйтеуір олардың да жүгін арқалап келеді. Әдебиет тармақтары көп, бәрін меңгеру бір басқа мүмкін емес; әуеде мүмкін болса ондай бас данышпан. Ал, әдебиеттің бір тармағын ғана еркін меңгерген жазушы, сыншының өзі халық құрметіне бөленеді. Бәрін білем деп бірін жөнді білмеген, білмесе де әдебиетті лайлауын қоймаған жазушы-сыншылар біздің арамыздан әлі де табылады. Осы мысалдардан-ақ жауаптылық сезімнің қай күйде екенін байқауға болатын шығар.
Сұрақ: Жазушы-сыншы болу оңайланып бара жатқан жоқ па?
Жауап. Оңай көрінгенмен, қиындап барады. Бұрынғы ауыр еңбектің көбін ғылым-техника жеңілдетті, өнімді етті. Арман, қиялдардың талайы болмысқа айналды. Осылар адамның ойын да, құлық-мінезін де өзгертіп жатыр. Миллион қолдар, ақыл-өнерлер жасаған дүниені, адамға тән алуан-алуан сыр, сипаттарды жазушы жалғыз өзі әдебиетте қайта жасап шығады. Сол үшін ылғи іздену, білім жинау керек. Бұл екеуі жеткілікті болған күнде шығарма тағдырын талант шешеді. Талант жетпесе оны жеткізетін шара жоқ.
Сұрақ. Сіз жазушы еңбегін қиындаттыңыз. Олар өрбіп келеді, бірсыпырасы толғақсыз-ақ туып жатқан сияқты. Бұл қалай?
Жауап. Толғақсыз туса түсік болар. Дені дұрыс шығарма толғақсыз туа алмайды. Оның бер жағында туғанның бәрі өмір сүре бермейді, өмір сүргеннің бәрін бірдей жұрт біле бермейді. Жұрт білмеген, жұрттың ақ батасын алмаған жазушы да, оның еңбегі де көгерген емес.
Сұрақ. Жазушылар ұйымы жаңадан мүшелер алып жатады, баспа жаңа кітаптар шығарып жатады. Соның қайсысы көгеретінін қайдан біледі?
Жауап. Оны әулие де білмес. Бірақ, кенші кен шығатын жерді, егінші егін шығаратын жерді реңінен, нышанынан байқап, ерінбей еңбек сіңіреді. Біздің жазушылар ұйымында, баспасөз орындарында осы байқау, ерінбей еңбек сіңіру жағы кейде жетпей жатады. Әлгі көгермейтін шығармалар көбінесе сол кезде туып қалады.
Сұрақ. Сын түзелмей мін түзелмейді дейсіз. Сынды түзеуді редакторларға жүктейсіз, басқаларға не қалды?
Жауап. Жетіп жатыр. Кілт редакцияларда болғандықтан баспа бетіндегі сынға олар екі есе жауапты ал, баспаға дейін дер кезінде айтылатын ең пайдалы, жолдастық сын жазушылар ұйымының өз ішінде. Егер осы сын дұрысталса, жанрларға бөлінген секциялық талқылауларда әркім ағынан жарыла ойын айтса, шығармаға оның авторына бұдан артық қамқорлық та, көмек те болмас еді. Бұл зор мақсатқа қол бірде жетсе, бірде жетпей келеді.
Сұрақ. Себеп?
Жауап. Гәп, мәселеге кімнің қалай қарауында жатыр. Жазушы еңбегі — халықтың рухани азығы. Халқымыз тоқ, талғамы жоғары, ұсынғаныңды қабылдай бермейді, дәмдіден дәмді іздейді. Сондықтан, әрбір жаңа туған шығармаға тек халықтық, партиялық биік тұрғыдан қарауымыз керек. Аласадан қараған адасады. Біреулерді жерлестік, көңілдестік, дастарқан достығы немесе бедел белесе, біреулерді тұп - тура бас араздық, күншілдік билеп, қолдайтын шығарманы құртуға, қолдамайтын шығарманы әсірелеуге дейін барады. Әдебиеттің қауіпті жауы қазір нақ осылар. Өйткені, бұлар партиялық, халықтық биік тұрғыдан дей отырып, өзінің есік алдындағы күл төбешігінен жоғары көтеріле алмайды. Не қант, не тұз дәмі жоқ, тіл үйірмейтін кітапсымақтар кездесе қалса, сол күл төбешектің басындағы сыншысымақтардың «еңбегі».
Сұрақ. Жарамсызды жібермеске қойған тосқауылдар көп емес пе? Секциялар қапы кетсе, секретариаттан, редактордан редсоветтен қалай өтеді?
Жауап. Әрине, олар жақсы істесе өту өте қиын. Жаман істесе оп-оңай өтеді. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдарда секциялар, тіпті секретариаттың өзі негізгі міндетінен — әдебиетті басқарудан гөрі күнделік кеңсе ісіне беріліп кеткен. Творчестволық кеңес, көмек, пікір таластарын ұйымдастырмаса секциялардың керегі не? Айта берсек, кемшілік көп, бәрі жағдайдан туады, соның ішінде әдебиеттік сын сапасының төмендеуі де жағдайдан туған. Кемшіліктен бұрын кемшілікті тудыратын жағдайды жоюымыз керек.
Сұрақ. Қалай жою керек.
Жауап. Қайталап айтайын, жауаптылық сезім күшті болсын. Ол күшті болса, адам ізденбей тұра алмайды. Ізденген — таппай тынбайды. Жазушылар ұйымы творчестволық ұйым. Творчестволық даңғыл жол жоқ. Сан кітаптар жазған жасамыс жазушының өзі, тәжірибесі молдығына қарамастан әрбір жаңа еңбегін ізденбей, қиналмай жаза салмайды. Зәуеде жаза салса елеусіз қала береді. Шығарма әрдайым шыңдауды тілейді, қайталап қараған сайын, жолдастық талқыға түскен сайын шынығады, көркейе береді, көп піскен қымыз тәрізді дәмі ене береді. Сондықтан, секциялардағы, секретариаттағы коллектив талқысы сынның, көмектің, ізденудің мейлінше жан-жақты, өте күрделі түрі болып табылады.
Сұрақ. Осыған секциялар, авторлар түсіне ме? Түсінсе бір-бірінен неге қашқақтайды?
Жауап. Екі жағы да түсінеді, тек жағдайдан қорқып қашқақтайды. Жағдай түзелсе шұрқырасып табысады.
Сұрақ. Жағдай қайтсе түзелмек?
Жауап. Шығарма автордың қолында тұрғанда ғана автордың мүлкі, көптің ортасына түскен соң көптің мүлкі. Осы сана билесе толып жатқан кемшіліктен арыламыз, жағдай да түзеледі.
1972
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі