Марқұм, Ілияс Жансүгіров туғалы бүгін 80 жыл өтіпті. Бұл күні талай қазақ туып, талайы 80 толды, солардың ішінен Ілиясты ерекше еске түсіргелі отырмыз. Өзі өлгенімен сөзі өлмейтін ерлер болатыны ежелден белгілі. Ілияс сол ерлердің бірі. Ол алдымен ақын еді. Ақындардың бәрі бірдей есте қала бермейді. Ақын, жазушы деген құрметті атаққа қол созушы көп, жететіндер аз. Ілияс сол аздың, бірегейдің бірі. Ол арамыздан ерте кетті, аларын түгел ала алмай, берерін түгел бере алмай кетті. Бірақ аты, қалдырған сөзі халқымен бірге жасап келеді, бұдан әрі де жасай береді.
Бір кезде осындай үлкен жиында сауатты қазақ саны саусақпен ғана санарлық болатын. Қазір ырымға сауатсыз бір қазақ табу қиын. Әдебиет жайында бас қосатындар саны саусақ санына жетпейтін. Қазір ұлан-байтақ республикамыздың жер-жерінде осындай үлкен-үлкен әдебиет кештері өтіп жатады. Әдебиет халқымыздың ең құнарлы рухани азығына, адам жанының тәрбиешісіне айналды. Бұл майданда да шырқап алға кеттік. Алайда, Ілиястарға алақтап қарай береміз. Биік бәйтеректің тамыры тереңде. Саязда болса биіктей алмас еді. Сол сияқты, бұл күндерде өркендеген социалистік әдебиетіміздің де тамыры тереңде, дәлдеп айтқанда: телегей-теңіз қазақтың ауыз әдебиетінде, әріде Абай жаңа белеске көтерген, беріде — совет дәуірінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбиттер көтерген жазба әдебиетте. Бұны ескермей, өзім ғана жетілдім деуші болса ойының тек тайыздығын көрсетеді.
Егін, шөп сияқты әдебиеттің де шығымды не шығымсыз жылдары бар. Әдебиетті жазушы жасаса, жазушыны талант жасайды. Талант бап талғайды, бабы табылмаса толықтай жатып солады, не өзінен зорға соқтығып өледі. Ілиястікі бабы табылған, лениндік идеямен суарылған, адамшылық ең жоғары арманға – коммунизм көктеміне самғаған, қажымайтын, кір шалмайтын жарқын талант. Ол, әмән лаулап жанып тұратын сияқты еді. Бірде өткір, бірде нәзік, бірде ащы, бірде тәтті алуан-алуан қысқа өлеңдерден бастап поэма биігіне көтерілді бұл ақын. Ол тек ақын ғана емес, очерк, фельетон, әңгіме, мақалалармен қоса роман жазуға дейін барған — көркем сөздің сегіз қырлы шебері болатын.
Шеберлікке құмарлық жетелейді. Ілиястікі өз басындық құмарлық емес, бүкіл халқынікі. Қазір өрбіп келе жатқан әдебиеттік жанрлардың көбі ол кезде бізде жоқты, барының буыны бекімеген, халық соларға ақсап тұрды. Ілияс сондықтан шарқ ұрып іздене берді.
Іздену жазушыға табиғи мінез. Гәп, нені іздеуде. Ілияс әдебиеттің жоғын жасауға, кемтігін толтыруға, халықтың аңсағанын табуға аласұрды. Бұл еш уақытта ескірмейтін, әрдайым әр жазушының есінде сақталуы қажет қасиет.
Әдемі ойдың сиқын олақ тіл бұзады. Шебер тіл сиықсыз ойға да шырай енгізеді. Ілиястың тілі мейлінше бай, әрі сұлу, әрі алғыр еді. Қазақ тіл құдіреті жайында көп айтқан, «Өнер алды қызыл тіл» деген. Әдебиет дегеніміздің өзі қалпынша ой мен тіл, бірі іші болғанда, бірі сырты ғой. Іші-сырты сай келген нағыз көркем шығармаға өлім жоқ десек те болады. Адамдар қартайып, ескі қауым кетіп, жаңа келіп жатады. Нағыз көркем шығарма олардың кеткенін ұзатып салып, келгенін қарсы алып, жасай береді. Ондай шығармада өзі туған дәуірдің лебі, тұлғасы сақталады, өз ұлтының, исі аңқып тұрады. Ондай шығарма оқушысына әрі ләззат, әрі білім береді. Біздің социалист» әдебиетіміздің бағыты, мақсаты дәл осындай шығармалар. Ілияс еңбектерінен бұл мақсатқа сай сан еңбек табылады, кейінгілерге көркем үлгі бола алады. Сондықтан Ілияс бізге қадірлі, сондықтан біз оны ұмыта алмаймыз.
1974
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі