Күнделікті тыңдайтын хабар-ошарыңның дені «атты-шапты, алды-қашты» болып келетін сұрқай тірліктен мезі болып, ашық аспан, айшықты бояу хақында сыр шертер, құлағыңа да, жаныңа да жайлы-жағымды дүние іздеп елеңдейтінің рас-ақ. Адамдар бір-бірі туралы сүйсінуге тұрарлық бірдеңе айтса екен деп, ондай әңгіменің шеті шыға қалса, айта түссе екен деп отыратынымыз да мынау алмағайып өзгерістерге толы дүниеде жақсылыққа зәруліктің нышаны болса керек. Тоқсанға таяған шағында әжем марқұм келеңсіз бірдеңе ести қалса «көптік қайда болса, «боқтық» сонда» деп отыратынына таң қалатынмын. Оның сыры — көпшілік жүрген жерде міндетті түрде «боқтықтың» болатыны емес, неғұрлым көпшілік ортада оның болуына таң қалатын ештеңе жоқ дегенді мегзейтіні ме екен?.. Ол кезде ауыл-ауылды біріктіріп, орталықтандырып жатқан алпысыншы жылдардың басы болатын...
Иә, біз өз замандастарымызбен шекарасы кім-көрінгенге ашылмайтын, қарым-қатынас түрлері шектеулі елде өмір сүрдік. Қазіргідей сапырылысқан аралас-құралас, тәжірибе алмасу, тағылымдама ұсыну дегендеріңіз белгілі бір деңгейде әрі қатаң тәртіп пен қадағалау аясында жүргізілетін. Сол кездің өлшемімен алғанда ұлан-ғайыр, қазіргі көзқараспен бағдарласақ алақандай ауқым аясында, «алақандағыдай айқындық» кезеңінде өміріміздің көбі өтті. «Жақсымызды асырып, жаманымызды жасырып» дегендей, келеңсіз жайттарды жария етпеу ұстанымы — заман талабынан қалыптасқан дағды, қала берді кеңестік өмір салты, дәстүрі болатын. Ал қазіргі жариялылық дендеген кезеңде, араласып-құраласудың ауқымы кеңейген шақтағы жаңалықтардың басым көпшілігі әлгіндей келеңсіз жәйттерді көбірек баяндауда. Ақпараттың күшті қару екендігі баршаға мәлім, өйткені күнделікті естіп, тыңдап жүрген хабар санаға сіңе келе адам сол естігендері төңірегінде көп ойланатын болады. Осындай шаршап-шалдыққан жүйкеге жағымсыз деректерді ойыңыздан ығыстырып шығарардай қуаты бар жағымды әсер туғызатын ақпарат қажет-ақ. Мұндай ақпарат — күнделікті баспасөзде болсын, әдеби көркем туындыларда болсын, жеткілікті. Әсіресе, публицистиканың атқаратын рөлі пәрменді деп айтуға болады. Деректі көркем шығарма шынайы өмірдің айнасы.
Көркем әдебиеттің, дәстүрлі жазу мәдениеті сақталған әдеби шығармалардың орны мұндайда ерекше. Көркем шығарманы оқудан қол үзбеуге әр адамның рухани қажеттілігі себепші. Адамның рухани білім мен өнерге құштарлығы табиғи қажеттілік десек, мұндайда әдеттегі, оқырман қауымға не қажеттің бәрі табылатын мерзімдік баспасөз жүйесі өз алдына. Ал жан қалауы, оқығанда ауыз тұшынатын көркем дүниелердің жөні бір бөлек. Құдайға шүкір, қазір әдеби шығарма дегеніңіз толассыз жарық көруде. Бұрынғыдай бірнеше жылдап баспаның тақырыптық жоспарында кезек күтіп тұратын заман емес. Қазір мәдениет пен ақпарат саласында баспа ісіне қатысты жұмыстар оралымды әрі сергек жүргізілуде. Осындай игілікті шаралардың бірі — «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасымен қарымды қаламгерлердің кітаптарын оқырманға жеткізу.
Жуырда «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген танымал журналист Таңсұлу Алдабергенқызының «Әйел — Әлем» жинағы көп кітаптың бірі емес. Ұлттық өнер мен әдебиет саласындағы белгілі адамдардың естелік-сұхбаттарын оқыған адам қазақтың қаймағы атанған тұлғалардың бір-бірі жайында айтқан керемет ілтипаттары тұнып тұрған жан азығы боларлық шығарма.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде есімдері қазақтың әдебиет пен өнер биігінен орын алған перзенттері Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Қалтай Мұхамеджанов, Жұмекен Нәжімеденов туралы ол кісілердің жан-жарлары Мариям апа, Зейнел апа, Фарида апа, Нәсіп апайлардың сыр-сұхбаттары арқылы автор оқырмандарын да көп жәйттан хабардар етеді. Өмірлері үлгі-өнегеге толы бір буын өкілдерінің көзін көргендей, қатар жүргендей әсерге бөленесіз.
«Ұлағатқа ұласқан қарапайымдылықта» жазушы Ғабиден Мұстафиннің жеке отбасындағы жан жылуы жайлы зайыбы Зейнел апай мен қызы Жанардың естеліктерінен ол кісінің жеке басының ерекшеліктеріне, достарымен сырласқан сәттеріне, ең алдымен өмірдің мәнін қадірлеген қарапайымдылығына баса назар аударылған.
Көненің көзін көрген аяулы аналар өз жарлары ғана емес, олардың ең жақын, қимас достары жайлы да сыр шертеді. Мысалы, Мәриям Мұқанкеліні сыр-сұхбатында: «...Ғабдолла деген қарапайым шаруаның баласы — Мәлік екен. Қазақ фольклорының тұңғыш өкілдерінің бірегейі, ғалым. Кеңестер Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен осылай басталған таныстық, кейін туған баламыздай болып, әкелі-балалы ғұмыр кештік. Мүмкін, Мәлік өлмегенде, Сәбең де өлмес пе еді деп ойлаймын, кейде, кім білсін? Өйткені, Мәліктің қазасынан кейін ес жия алмай қойды Сәбең... Қабырғасы қайысып кетті, белі бүгіліп кетті... үш айдан соң өзі де кетті ғой ізінен...» дейді. Қандай тебіреністі тілеулестік! Ұрпақтан-ұрпаққа айтып жүрерлік, үлгі тұтарлық адал-ақжарқын достықты шынайы суреттеген тұстар жеткілікті осы шағын ғана сыр-сұхбатта! Сәбит аға шаңырағының Сәкен Сейфуллиннің отбасымен сыйластығын, жары Гүлбаһрам шешемізбен достық қарым-қатынасын, о дүниелік мекен-тұрағында қатар да жатқанын ... қимас күндерін сағына есіне алған Мәриям анамыз шерткен тәтті сырды бас көтермей оқып шығасыз.
Ал Жұмекен ақынның жары Нәсіп апаймен сұхбатында Таңсұлу ақын жарының сырсандығын ашатын көңіл кілтін дәл тапқанына қайран қаласыз. Ол жылдары Нәсіп апамыз «Сүйерім!..» деп басталатын ғашықтық хатты баспасөзге бермек түгілі, бумасын ашып, жан баласына көрсетпейтін кезі еді ғой. Журналистік шынайы шеберлік дарыған жазушыға көпшілік оқырман атынан рахмет айтуға болар...
Үш жүз беттік жинақтың тұла бойы тұнған сыр, асыл қазына, түгесілмес рухани кеніш дерсің. Туған халқымның небір дүлдүлдері мен саңлақтарының асылы мен ақығын маржандай тізіп, бір кітаптың аясына сыйғызған жинақтың арқалаған жүгі қомақты, бағасы теңдессіз екендігін оқыған білер... Қасым Жәкібаев, Кәукен Кенжетаев, Ақселеу Сейдімбек, Сейіт Кенжеахметов, Мұзафар Әлімбев, Қалмұқан Исабаев, Еркеғали Рахмадиев, Үмбетбай Уайдин, т.б. әдебиет пен өнердің шырқау көгінен есімдері орын алған жақсы-жайсаңдарымыздың бірін-бірі пір тұтқан, тәңіріндей бір-біріне табынған естелік әңгімелері «Ер — әйелдің пірі» атты екінші бөлімге топтастырылған.
Кітаптың үшінші бөлімі. Кәусар сезім. Аңсау. Сағыну. Адам мен табиғат арасындағы заңды үндестікті қалтқысыз суреттеген Таңсұлудың «Ертегім менің» деп аталатын мөлтек сырындағы «Ақсуды аңсауды» оқып отырып, кішкентай қыз баланың жұдырықтай жүрегіндегі Ақсу өзеніне деген махаббаты мен аяушылық сезіміне сіз де еріп жүре бересіз. Әрбір сана иесі, адаммын деп жүрген пенде өз бауырын, отандасын, туған табиғатты, отан-ана, елін-жерін осындай сезіммен аялай алса ғой деген аңсау тұрады көкейіңізде.
Жалпы, Таңсұлудың мөлтек сырлары атынан көрініп тұрғандай, таңғы шық немесе таза бұлақтың бір тамшысындай әрі мөлдір, әрі әсерлі. Бір ғажабы сол мөлт еткен тамшы жан-дүниеңізге мөп-мөлдір қалпында сіңіп жүре беретіні қыз сезімін риясыз қаз-қалпында қағазға көшіруінде деп едім...
«Үш тал гүл» де адам жанының нәзіктігіне, тазалығына арналған, кіршіксіз де қауқарсыз әрі қорғансыз сезімнің тілекшісі әйел жүрегімен жазылған дүние. Мылқау жігіт — Сәнімнің жүрегінде бүршік атқан алаулы махаббат жолында еріксіз көз жасыңыз лықсып кеткенін байқамай қаласыз. Мұнда жаратылыстың қатыгездігіне табиғаттың өзіне мұң шағып, табиғатпен тілдескен келіншектің жан сырласына айналасыз. Жалпы, Таңсұлудың жан-дүниесінің нәзіктігі оның кейіпкерлерінен көрініп тұр. Көркем жанрда жазса да, деректі әңгімелерінде де әлемді аялайтын әйел бейнесін жасандылықсыз нәзік жандылардың табиғатын келістіре жаза алады.
Мынау алып та кең дүние жылуға, қамқорлыққа зәру болып тұрған, адамдар бір-бірі туралы жақсы лебіз айта қоюы қиындау кезеңде жүректерге, ізгілікке дәнекер болар, көңіл марқайтар шығармалары үшін Таңсұлу Алдабергенқызына болашақта да сәттілік тілеймін. Шұғыла-нұрға малынған көкжиек кеңістігінде жақсылықтың жаршысы болып жүрген шынайы суреткердің «Әйел-Әлем» жинағынан қазақтың небір қайраткер қыздарымен, қара нардай қайыспас асыл ұлдарымен таныс боласыздар. Кітапты оқып шыққанда олардың әрқайсысымен өзіңіз сұхбаттасқандай әсерге бөленесіз.
Осы кітаптың алғысөзінде айтылғандай «журналистикаға мөлдір лиризммен келген Таңсұлуға» алғашқы жинағыңмен оқырмандар жүрегіне жол таптың, қаламың ұшталып, шеберлігің шыңдала берсін, баспалдағың биіктей түссін деген тілек жолдадық.
11.10.12 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі