Азаматты тану үшін кейде ассалаумағалейкүмнің өзі де жеткілікті сияқты. Сонан соң да оның іші-бауырына кіру үшін бір пұт тұз жеудің қажеті жоқ па деп қалдым. Жүнісұлы Ахмет ағамды алғаш көргенде сәлемімді дұрыс алғанына разы болып, нағашымнан қырық серкешім қайтқандай көңілім байып қалып еді. Мені алғаш көргенде ол алқара көк еді, бітімі бәйгесін шаппай алған бестінің тоғызында топ жарған теңбіл көктің өзіңдей жұғынып тұрған жігіттің көркемін ұрғашы атаулының сұлуына да қимай: «бұл кісінің жары қандай болды екен?» деп ойладым. «Аты шұбардың көзі тыныш, қатыны шұбардың көңілі тыныш» деген Ахаңның өз сөзі. Шұбар атты көсіліп жатып керегенің көзінен- ақ бағасың. Оны ұры да алмайды, алса алашқа да сиғыза алмайды, қатының шұбар болса оған қай еркек қызықсын. Әңгіменің арасында мен көрмеген бәйбішесін мысалға бола сырттай қағытып, аузынан тастамайтынын аңғардым да: «япырай, ағамыздың қосағы шұбар болмаса нағылсын» деп іштей өкінгенім де рас. Сөйтсем, жақсы көретін адамын әзілмен жан тартып, тыңдар құлаққа әдемі аңыз ғып отыратын Ахаңның әдеті екен. Ахаңның әзілі көмейден түртпексіз құйылып жататын әсем ән сияқты...
«Қазақ халқы күлкі мен қалжыңның, әзіл мен сықақтың отаны екенін аңғардым — деп жазды Михайл Зощенко. — Әзіл — қазақ халқының табиғи тол қасиеті деген менің бұл пікірімді прозалық фольклор, айтыс пен жыр жанры дәлелдей түседі. Әзілге толы осыншама бай ауыз әдебиетін оқи отырып, әзілдің халықтың қанына сіңген ерекше қасиеті екенін біле тұра, біз бүгінгі профессионал жазба әдебиеттің өкілдерінен екінің бірі болмаса да сықақшы ақындарды, әзілқой жазушыларды көптеп кездестіретін шығармыз деп едік. Өкініші сол, қазақ әдебиетінде бұл жанр кемшін десе де болады. Онан да өкініштісі — әзілге әдебиет деп қарамау әдетке айналған. Әзілді әдебиеттің босағасында жүрген қолбала санау деген осы. Бұл сөз жоқ, үлкен қателік... Кемелденген қазақ әдебиетінде қазақ халқының рухы мен табиғатына лайық бұл жанр әділетті түрде өзінің белді ролін алуы керек. Қазақтың әзіл әдебиеті мен әдебиеттегі әзілі басқа халықтардың әзілімен үзеңгі қағыстырғанда ең өткірі де, өтімдісі де боларына мен кәміл сенемін...» М.Зощенко: «әзілдің әдебиеттегі орны». «Звезда» журналы, N8, 1944 жыл.
Арада 52 жыл өтіл кетсе де Зощенконың бұл мақаласы күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақ әдебиетінде әзіл-сықақ жанры мешеу қалды десе омырауына от түсіп кеткендей мөңкитін «сықақшыларымыздың» құлағына алтын сырға. Кезінде қаламгерлеріміз: «советтік шындықты сынауға болмайды, советтік шындықты бұрмалауға жол жоқ» дейтұғын тоталитарлық заманның цензуралық қанжарынан жасқанған да шығар. Ал бүгін ауыздан қақпақ, қаламнан ноқта сыпырылса да жазушыларымыздың қазық басында тапжылмай тұрғанына таң қалам.
Қазақ әдебиетінде бұл жанр жоқ дегенім емес, жанр бар, бірақ оны жарытып жүргеніміз шамалы. Өз басым Оспанхан мен Садықбек ағамыздан басқаны мойындамаймын. Менің әріптестерімнің кейбірі: кешегі Ғабең қайда деуі мүмкін. Әзіл-сықақ жанры бар да, көркем әдебиеттегі әзіл бар. Бұл екеуі екі басқа нәрсе. Ал бүгінгі осының екеуіне де тән кемшілік: авторларымыз алдымен әзілге лайық ситуация таппайды да, тапса соны ойната алмайды, ситуацияны ойнату үшін де жазушылық фантазия керек. Екінші — әзілге лайық тіл жоқ. Қыршаңқыны өтпейтін қырықтықпен қинағандай зорлап қытықтайтыны бар. Бұл келсабы жоқ келіні көң шұқитын қолағашпен тырнағандай. Әйтеуір бет тырнау, астарлы әзілді арызқойдың даттауына айырбастап, газеттің фельетон жанрын көркем әзілге айырбастап, ат орнына таяқ мінген кейпіміз бар. Әлгі газет бетінде екі-үш дүниесі жарық көрген желбуаздың «мен жазушымын» деп көкірек қағатыны, газетті жанр мен көркем әдебиетті семіртіп, журналистердің есебінен жазушылардың санын жеті жүзге жеткізіп отырғанымыздың да басты себебі осы... Ахаңның тілімен айтқанда: «төренің үйіне отын әкелген ыңыршақ төрт күн туласа, оны жеткізген құл алты күн арқаланадының» кері.
Ахмет Жүнісұлы бірді-екілі пьеса, аздаған әңгімелерінде болмаса, әзіл-сықақ жанрына әдейілеп барған емес. Бірақ, оның бүкіл творчествосынан әзілді алып тастай алмайсың. Бойында жаны барға күлкісімен дем салып, жаннан безгендерді кекесінмен тоқтататын Ахаңның әдебиеттегі әзілі әлі күнгі сыншының көз қиығына ілінген жоқ. Оның есесіне нақыл сөз, ақыл сөз, қанатты сөз болып оқушының аузында жүр. Мұның төркіні шешендікке келіп саяды. Көбіміз шешендікті қара сөзді судай сапырып, ұйқастырып сөйлеуде деп жүрміз. Шешендік — ойдың тереңдігі мен логиканың бұлтартпайтын аксиомалық дәлдігінде, сөздің бояуы мен суреттің бейнелілігінде. Көсем сөз — көшеліден ғана шығады. Ахаңның шешендігі — тәңірі берген табиғатынан, ананың сүтінен, әкенің дуалы аузынан жұққан бойдағы қуаты.
Арғы беттен елге жеткен көнекөз ақсақалдардың айтуынша Ахаңның әкесі айтулы шешен, ақылгөй дана, аумақты елге би болған әділ кісі екен. Мың жылқысын советтің кәмпескесіне беріп, бодауына қу жанын сауғалап шекара асқанмен бөтен елдің пұшпағына барып қондым деп өгейсімепті, алдына мың жылқы салып бермесе де мыңдаған түтіннің ардақтысы атанып, иісі қазақ қадыр тұтса керек. Сусыз жерге ну бітпейді. Кішірейтіп айтсақ, Ахаң сол асылдың сынығы. Бір Ахаң емес, бүгінде тектімін деп үзеңгі шіреп, тебінгі жыртқан бәріміз де бабаларымыздың аруағына, ағаларымыздың тәліміне борыштымыз. Алдыңғылардың жылы болса, айтқаны мен айтарын хатқа түсіре алмай кеткені, Аллаға шүкір, соның есебін толтырып, ескіні жаңғыртатын Ахаң сықылды ағамыздың барына тәубе! Мұны білетін жұрт осыдан 35 жыл бұрын елге оралған Ахаңның аузына қарасты. Өлмегеніміз, ауып келген ағайынның бірі ғой деп оған кекірейіп қарадық.
Біз нені білмедік? Кімді танымадық?
Бір ұлт болған соң, оның көркемсөзі шекараға бола арғы бет, бергі бет боп екіге бөлінбесе керек еді. Тарихы біреу тағдыры біреу-ақ халықты екіге бөлу — бас пен жақты айырғандай. Бірі сары, бірі қара болғанмен көк итті көп ит қайтсе де қуады: бергі беттегі қақ жүректен тиген оқтың арғы беттегі тар қолтықтан қадалған қанды жебеден шырмасы шамалы. Көрген қысастық, шеккен қасірет біреу, көр де біздікі, көмілген сүйек те біздікі. Соны көріп — білген қаламгер де біздікі.
Әрине, біз мұны білгеміз жоқ. Білмеген соң асатпай жатып құлдық жоқ деп, тқтас бір өңірдің зиялы қауымының серкесін кекірейіп қарағанымыз рас. Еліме келіп етекте қалдым демесе де Ахаңның Ақсуатқа барып 35 жыл жатып алуының бір себебі осы шығар деп ойлаймын. Ел менікі деп еркін келген Ахаң бұл жолы ақжарқын мінезіне, қам көңілін қалжыңмен жығатын қарыспалығына қарамастан, суға қосылған сүттен де қаймақ бөлетін мінпаздығы, сырласып отырып та сынай білетін тегіне тартқан тәкаппарлығы пендешіліктің алдында еңкеюге ерік бермеді.
Ақсуатқа барып алып, ағайынның ас-суына мелдектеп жатқан Ахаң жоқ. Маған жазған хаттарының бірінде: «Қапизаның етегіне жармасып аман-есен жүріп жатырмын. Қасқа сиырдың қаужайтын жем-шөбін жиып алғандай болдым. Енді, Алла жазса, Алматыға барып бірер күн өзіңмен бірге ауыз шайқап қайтсам деген ойым бар» — дейтұғын. Ең болмаса қалжыңды қалтқысыз қабылдап, әзіліңе қос болатын жаныңа жақын қара таппаған кезде, онсыз да атадан жалғыздың рухани жалғыздығынан ауыр мұң бар ма!..
Арғы беттен том-том кітабын, қоржын-қоржын қолжазбасын арқалап келмесе де том тұрмақ тоннадан ауыр қандастарының уайымын арқалап қайтқан жазушы тағы да қолына қалам алды. Жұрт сияқты жағаласып астанада жүрсе, мүмкін, солардың біразы кітап сөресінде тұратын ба еді. Анда-санда бір соққан ағамызға: мынау көнелеу дүниенің көнеріңкіреп кеткен тақырыбы екен, мына бір кейіпкерің кәмәнөзімге сыймайтын күдіктілеу пақыры екен, социалды реализмнің өрісінде жоқ, өресі бүгінгі күнге жетпей жатыр деп зәуімен айтқан ақылымыздан соң тең сүйретіп келген ағамыз тебен жүзіндей ғана кітапшасын мықынына қыстырып қайтып жүрді. Баяғыңды да, бағы заманыңды да қоя тұрып, мына бізше жаз деп те ақыл үйреттік. Сонда Ахаңа нені жаздырмақ едік? Ахаң нені жазар еді?..
... «Жаяу-жалпы Қытай жеріне жеткенде жан ашитын жақын таба алмай өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайларға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бой жеткем қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар қатынданып кетті. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен бұлбұл ұшты. Мыңды айдап, жүзді сапырып шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айрылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды. Саналы Алаш! Атқа мінген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса, басшылық қылып, алашты аман сақтаудың қамына кірісіңдер!». Міржақып Дулатұлы. «Алашқа».
Бұл 1916 жылғы беріден санағанда ауып кеткен 300 мың түтіннің тағдыры. Отызыншы жылдары көмусіз қалған үш миллионды есепке алмағанда қанша түтін ауды екен? Санасаң да, санамасаң да бәрінің тағдыры бір. Біздің қолымыз жетпеген Әлихан мен Ахметті, Жүсіпбек пен Міржақыпты, Мағжан мен Шәкәрімді бізден бұрын оқып, жаттап өскен Ахмет Жүнісұлы осыны жазар ма еді? Әлде қазағының қасіреті мен зар-мұңын ұмытып, тағы да совет өкіметін, компартияны, отаршыл империяны мадақтар ма еді? Жетпіс жыл бойы марапаттағандар Ахаңсыз да жеткілікті еді ғой. Қақырыққа түкірік қосқысы келмеген ағамыздың Ақсуатқа барып 35 жыл жатып алғанының тағы бір себебі осы ғой деп ойлаймын.
Әдіптің астынан әбестік іздейтін цензураның сұғанақ көзін Ахаң жақсы біледі. Ұлтым дегеннің ұртын көсеумен жыртқан тоталитардың тәртіптің, ұлы державалық есуастықтың құлақ естімеген садизмі де оған әбден таныс. Ұлтшыл деген ен-таңбамен зиялы қауымнан атылмақ болған он адамының тізімінде Ахаң алдыңғы қатарында да тұрған.
Жақсы жоғалып табылса, жаман сүйіншіге де жарамайды деп Ахаңның өзі айтпақшы, жарапазаншыға да жалғыз атын сыйлаған қайран қазақ жаманын да құрбандыққа қимаған. Ахаң бүгін аман жүрсе — ағайын мен алаштың қорған болған қылы қанатының арқасы. 38 жыл бойы түрме мен лагерден шықпай жатқан Қажықұмар Ахаңмен өнерге қатар келіп, бір елдің бетке ұстары атанған егіздің сыңарындай жандар еді. Сол Қажекең Ахаң соңғы бір сапарында іздеп барып жүздескенде: «Япырай, сенің кетіп қалғаның маған қиын болды-ау, ал лагерде де өмір бар екен, сен де отығып кететін едің ғой» — деп әзіл-шыны аралас өкінсе керек. Ахаңды ел болып бермен қарай аттандырып салмағанда оның дәп бүгінгі 70 жылдық тойын қай жерде, кімдер тойлап жатар еді?..
Әрине, мұның бәрін біз білгеміз жоқ. Білмеген соң ақысының сүйіншісіне жарамайтын жанымыз да оған да кекірейіп қарады... Оның есесіне Ахаң бізді жатқа білетін. Елдің де, енекемнің де шырқын бұзбай, партияның да тыныштығына тиіспей, өзі разы болмаса да жұртты сүйсіндірген әңгіме, повестерін анда-санда жылт еткізіп қойып этнографиялық тұтас дүниені жазуға кірісті. Әрине, бұл сырт қарағанда. Әйтпесе бұл еңбек тек экзотика, эклектика үшін жазылған жадағай нәрсе емес, халқымыздың сан ғасырдан бергі қалыптасқан салт-дәстүрінің, рухани мәдениетіміздің тарихы. Естуімше, «Фәниден бақиға дейін» ағылшын тіліне аударылып, жоғарғы оқу орындарына оқу құралы ретінде ұсынылып отырған көрінеді. Қазақ Ахметті оқымағандар, Алла жазса, шет елге шыға қалса ағылшын Ахметті орысшаға өзі аударып оқитын болар...
Арғы беттің де, бергі беттің де трагедиясын қамтыған тарихи романның бірінші кітабы бітті. Тек Алла жар болып Ахаңа денсаулық берсін делік, бұйыртса оны да оқырмыз.
Мен алғаш көргенде Ахаң алқара көк еді, бүгінде ақселеу тартты. Биік таудың басында қашанда қар жататын. Ахаң өз биігіне шыққан адам. Бір көрсең — жездеңдей қалжыңбас, бірде замандастай әзілқой, әкеңдей ақылгөй Ахаң, әйтеуір маған баяғыдан бір көрпенің астында жатқан бауырымдай көрінеді де тұрады. Бірақ, бір бөлектігі бар. Ол Ахаңның қазақтың жеті жүз жазушысының бір де біріне ұқсамайтын қаламының ерекшелігінде ғана емес. Қазақтың бүгінгі зиялысы өртеңнен кейінгі шыққан көкжелек. Оның осалдығы да, оспадарлығы жастығынан. Артын көрмеген, алды бұлыңғыр. Алдыңғы толқын қазағым деп қан жұтып, заман қиянатынан оталып кетті. Ахаң маған тағдырымен де, талантымен де бақидан фәниге қайтып келген, мен көрмеген ағаларымның көзіндей көрінеді де тұрады. Өнер қайраткері ретінде ол өткеннің жалғасы, бүгіннің уайымы, болашақтың үмітіндей аяулы тұрған...
... Мен іргеде отырсам да Ақсуатты түңғыш рет көрдім. Қазақ қашаннан бері жер жәннатын Ақсу, Ақсуат деп атаған еді. Ақсуат жан-жағын тау қоршаған көз жетпейтін кең жазық екен. Жүністің мың жылқысы тұрмақ, әр қазақ бәрі ат мінгенде миллион қазақ, миллион жылқы сыйғандай. Таулары бір қарасаң ежелгі жаудан қорған болған қазақтың қамалындай: қыранның шаңқылы қылыштың шартылындай жаңғырығып, Қабанбай мен Ақтайлақты, Ақтанберді мен Барақты еске салады. Енді бір қарасаң қуарған өркештері қаңсып қалған қу бастың ырсиған азу тісіндей үрей лақ, ары қош пен бері көштің заманында аттың тұяғы, адамның табанынан тозып, тайғанақ боп қалған тас қайрақ. Кең жазық — көшіп кеткен елдің сары жұртындай кешегі сары уайымды еске салып мұнартып жатыр. Менің көз алдыма жүк үстінде жаутаңдап кеткен үш жасар бала елестеп еді... Сол шіркін Ақсуаттың босағасын тағы бір аттағанда ағайын жиылып жетпістегі жасамысты емес, жеті жасар баладай алақанға көтеріп алды. Баянауылға барып қайтқанда Рамазан көзіне жас алып: «Әй, Қалихан, ел жаман емес екен, біз жаман екенбіз!» — деп еді. Ахаңның Ақсуатқа барып 35 жыл жатып алғанының тағы бір себебін сонда түсіндім. Ағайынмен қауышып, әулие-әнбиелердің зиратына тәу етіп жүргенде: мынау біздің көктеуіміз, анау біздің жайлауымыз, сонау біздің күздеуіміз, мынау қыстауымыз еді деп аға, жеңгем жерге таласқанда көңіліме бір қуаныш, бір қаяу түсіп еді. Атамекенді қайтадан кесіп-пішіп саудаға салып, қара орманның нағыз қорасы қағажу көре бастаған мынау нарықтың заманында, ел менікі, жер менікі деген сенімді ұялатпасақ кейінгі ұрпақтың патриоттық сезімін өшіріп алуымыз да мүмкін-ау...
... Бір жылы ағамыз қатты ауырып, мақшардан кейін қайтқанда оның шыбын жанын Алладан сұрап алған Ақсуаттың жұрты мен ағайын, онан соң жеңгеміз Қапиза еді. Қашанда әзілі таусылмайтын ағамыз бірде:
— Әй, осы жұрт пысық-ей, біз бір жаулықтың соңынан салақтап қалмай жүргенде, бұлар үштен, төрттен қатын алады, ей!» — деді.
— Жұрттың қатындары менің жеңгемдей болса үштен, төрттен қатын алып азабы не! — дедім мен.
— Немене, сенің жеңгеңнің балағы бал, аяғы төртеу, қолы сегіз бе? — деп қоймады.
— Жұрттың қатындары қатын да, менің жеңгем кісі ғой! — деп қайтарып тастап едім, ағамыз мойындағандай мәз болып күлді.
Жұрттың қатындарын кеміткенім емес, жеңгемнің артықшылығын, адамгершілікке алдынан адам оздырмайтынын айтқаным еді. Шөншіктің қара шаңырағына он төрт жасында келін боп түскен сол жеңгем қарқарадай болып бүгін ағамыздың артын бағып ошағында отыр.
Алланың рахымы жауса пендесінен аяйтыны жоқ: ағамыздың алдын кісәпірлік кеспесе екен, ғұмыры бақытты да ұзақ болып, жібектей жеңгемнің жағы түскенше жесірлігін күні басына келмесе екен деп тілеген едім, амал қанша, ол жақта да жақсы адам дефицит көрінеді, жетпіс үшке қараған мүшел жасында асығыс бақиға аттанып кетті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі