Өлең, жыр, ақындар

Көк тайым

Құлын күнінен бәсірелеп, желіде тұрған кезінен сылап-сыйпап өзіме әбден үйір қылған көк тайымды ала жаздай міндім. Албаты шапқылап арықтатып, қолын түсіріп тастамай аялап міндім. Басында шылбыр қашағаны болатын, кейін қолға тұратын болды. Оның өзінде оқыранып маған ғана келеді. Адам жылқыға сонша бауыр басады екен-ау, таңертең тұра салып, сыртқа шыққанда көзіммен бірінші іздейтінім — көк тай. Көз көрім жерде болса, дыбыстасам, ол да шұлғып болса да «көрдім» дегендей бір белгі береді.

Ел жайлаудан етекке түскен күздің күні еді. Көк тайыммен соғымның малын қайырып жүргем, біздің ауылда тұратын Қасым деген кісі келе жатыр екен. «Ассалаумағалейкум!» деп амандастым, сәлемімді алып, сәл кідіріп тұрды да: — Сендерде осы жалғыз көк тай ма? Басқа көк тай бар ма? — деді. — Иә, осы — дедім мен. — Онда, осы көк тайды әкең маған берді, тоқымыңды ал, жетелеп кетем, — деді. Жүрегім өрекпіп аузыма тығылды. — Бермеймін! — деп шаңқ еттім де, тайымның басын бұрып тұра шаптым. Қасым соңымнан қуып келеді екен. Арт жағыма жалтақ-жалтақ қарап шапқылап келем. Астындағы жуан ат қоя ма, қуып жетіп, жанасалай кеп көк тайымның тізгінінен ұстап, айналдыра бұрып тоқтатып алды. Мен таймыды сабалап, тебініп, жұлқынып тұрмын, жылап та жібердім. — Әкең берді деп айтып тұрмын ғой, мынау недеген сөз ұқпайтын бала, түс! — деп зекіп-зекіп жіберді.

Не керек, астымдағы тайымды аударып алды. Иен далада ботадай боздадым. Ішпегімнің төрт пұшпағын айырып төрт жаққа лақтырып, тоқымымды тепкілеп, жұлма-жұлмасын шығардым. Дода боп жылап үйге келдім. Үйде шешем бір топ әйелге шәй құйып отыр екен, есіктен долданып кірген маған: — Малдан айырылып қалдың ба, не болды? — деді. — Әкең берді деп, көк тайды Қасым алып кетті, — деп үзіп-жұла көздің жасын төгіп-төгіп жібердім. — Ойбу, басқа бірдеңе бере салмай ма, Қасым қай екі туып, бір қалғаны еді!? — деп шешем өзінен өзі сөйлеп кетті.

Әкем үйге ертеңінде келді, Қасым деген қолы қысқа адам еді, тұңғыш ұлын үйлендірмекші екен, сол үшін әкеме: «кейін болып жатса қайтарармын, болмаса Құдайдан қайтар, құда қайтарарға құлын болса да бір қылқұйрық берсең» деп қолқалапты. Әкемнің есіне менің тақымымдағы көк тай түскен ғой. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді, қатты мұқтаж болып тұр екен, ер азамат қой, құдасының алдында жерге қарамасын дедім» дегені есімде. Біздің туысымыз да, қиысымыз да емес Қасымға көк тайды «қарыздығы жоқ» деп беріпті. Сонда шешем: «Тым болмаса, жайылып жүрген жерінен әкетпей ме, баланың астынан аударып алғаны несі», — деп кейістік танытты. Бар айтқаны сол болды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз