Корейская косметика премиум класса

Күн – жүрегіңіз сөнбейді

абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың рухымен тілдесу

Бармын мен!
Барып қайттым, орнымдамын,
Кәдімгі Әбділдалық формамдамын.
Көнбедім ажал келіп күштегенге,
Бермедім Әзірейілге ештемемді,

– деп қанша рет алқымыңыздан алған ажалмен арпалысып бақсаңыз да болмады ғой, Әбекем! Сол Әзірейіл, шіркін, қапысын тауып бәрібір сізді ортамыздан жұлып әкетті. Өзіңіз өсірген ну орман құлазып, жетімсіреп қалды. Әйтеуір, дәтке қуат – тамырын тереңге жіберген жырларыңыз! Сіздің жасыңызға жеткен де, жетпеген де бар деп шүкіршілік қылсақ та, көңілдің түкпірінде «әттең-ай» деген бір өкініш қалды. Ол – 90 жасқа толар мерейтойыңызға үш ай қалғанда дүниеден озуыңыз. Бар болғаны үш-ақ ай! Болмаса, мерейтойыңыздың қақ ортасында отырмас па едіңіз қасқайып?

«Жалғыз ағаш – орман емес» деп бар дауысыңызбен айқайлап айтып, жазып қана қоймай, іс жүзінде де айналаңызды жас шыбықтармен қоршап, солардың ортасында алтын діңгекті алып еменге айналып тұрдыңыз. М.Мақатаев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, Ж.Қыдыров т.б. белгілі ақындармен қоса, кейінгі толқын жас буын біздер сізге қарап бой түзедік, өсіп-өндік, көгеріп жетілдік. Сіз өзіңіздің ұзақ ғұмырыңызда жапырағыңызды кең жайып, өніміңізді мол беріп, ұлтымыздың мақтанышы болар қалың орманға айналдыңыз. Сөйтіп, алып ғасырдың алып ақыны болдыңыз, Әбекем!

Сізді бүкіл ел-жұртыңыз мәңгілік сапарға аттандырып тұрып, қаламгерлердің атынан сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин балаңыз: “Әбеке, сіз бізге жыр жазу мен өлең өртіне қалай шомылуды ғана үйреткен жоқсыз. Сіз бізге ой мен парасат кемесін қалай игеруді, мына күнгейі мен көлеңкесі алмасып жатқан өмір айдынында қалай жүзуді де үйретіп кеттіңіз. Сіз өзіңізге дейінгі көзін көрген алыптар мен сөзін естіген арыстар-дың үлгі-өнегесін кешеден бүгінге келістіріп жалғаған ұлағатты ұстаз бола білдіңіз. Бақұл бол, күрделі дәуірдің іргелі сөзін жаңылмай айтқан ұлы заманның ұлы жыршысы, алып ғасырдың алып ақыны!” деп орынды айтты. Сондай-ақ, кезінде ақ батаңызды беріп, өзіңіз жолын ашқан Күләш қызыңыз да: «Көз аясына өзі көрген замандарды, сөз аясына күллі жаратылысты сыйғызып, теңеуін тауып – телегей-теңіз буырқанған ұлы ақын туған халқының жүрегінде мәңгі қалады. Қош бол, әке!», – деп қоштасты өзіңізбен. Құм ішінен аршып алып көзін ашқан жыр-бұлақтарыңыз сол күні жылап ақты, Әбекем!

Иә, сіз тоқсанға жақындағанша нұрдай мөлдір, жауһардай асыл, жалынды да жігерлі жырлар жазып, күллі адамзаттың тілеуін тілеп, абыздың сөзін айта білдіңіз. Өз елімізде, көрші мемлекеттерде болып жатқан қоғамдық құбылыстар мен саяси айтыс-тартыстар да сіздің назарыңыздан тыс қалған жоқ. Солженицын сияқты Ресейлік "көсемсымақтар" аузына келгенді сандырақтап, біздің солтүстіктегі бес облысымыздың басына бұлт үйіре бастағанда, зиялылар арасынан алғашқылардың бірі болып пікірін ашық білдіріп жан айқайын халыққа естірткен де сіз едіңіз,

Әбекем!
Алдыңа қара!
Алысқа қара, қазағым,
Болдың ғой тартып
Ең ауырларын жазаның.
Сен «елмін» десең,
Басынған «көршің» күледі,
Қазақтың мазақ екенін әбден біледі.
Өзі ғана емес,
Жасырмай,
Бауырым, айтайын,
Иті де оның
Кемсініп саған үреді.

Сөз астарын түсінер адамға бұдан артық не деуге болады? Елім, жерім деп еңіреген өзіңіздей ердің, қазақтың біртуар ұлдарының ғана аузынан шығар ащы шындық – осы!

... Әбекем, қазір ойлап қарасам, менің саналы ғұмырымның ширек ғасырдан астамы сіздің көз алдыңызда, жанұяңызбен аралас-құраласта өтіпті. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Сіз маған рухани ұстазболып қана қоймай, өкіл әке болдыңыз. Сондықтан бүгін сіз жайлы
тебірене отырып естелік жазу менің пешенеме бұйыруы табиғи заңдылық деп түсінемін.

Сол бір 1967 жылдың ақпан айында өзіңізге Шиеліден ұшып жеткен қарлығаш хат есіңізде болар. Онда әкесінен айырылған қаршадай қыздың мұң-зары, жетімек жүректің өксігі бар еді. Сол қаршадай қыз мен болатынмын да, көз жасымды құрғатып, әкелік қол созған жебеушім Сіз болатынсыз. Содан бастап хат арқылы жалғанған біздің арамыз үзілген жоқ.

Сол хаттардан аздап үзінді келтірейінші. Жарық дүниеге адамның құштарлығын арттыратын сол ұлағатты сөздеріңіз басқаларға да үлгі-өнеге болсын!

«Шырағым, Қатира! Үш хатыңды да алдым. Әкеңнің қайтыс болғанына мен де қайғырдым. Сол марқұм Сыздықпен тірісінде кездесе алмай жүрдік емес пе? Қаншама елге баруға ниеттенсем де, сәті түспей-ақ қойды. Уақыт солай, шырағым, қартайған адамның көңілі ауыл деп алып-ұшқанымен, қомданған қанаты алысқа құлашын жаза алмай жатады, оны өзіңдей жастар сезіне бермейді. Жауабымды кешіктіргенге біраз өкпе айтыпсың.

Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі?
Тек елестей бұлдырайды,
Әлдекімнің көлеңкесі... –

деп мен әкемді толық есте сақтай алмағандықтан жазғанмын. Бірақ ешкімге де кінә тақпай, сынап-мінемей, өз бетіммен өстім. Саған да, шырағым, солай болуды ұсынамын!

Қатира, мен көбірек жаздым білем, сөзге түсінердей екенсің, әдейі жазып отырмын, шыныға-ширай берсін, мені де тани берсін деп жазып отырмын. Өкпе-наз айтыла береді, о да жарастық! Мен көтеремін, сөйте тұра кезінде ақылшың болуға да міндеттімін. Барлығыңа сабыр тілеймін! Ағаң Әбділда. 12 март, 1967 жыл».

«Қарағым, Қатира! Сенің толқып жазған, әсіресе әкеңе байланысты егіліп жазған мұңды да сырлы хаттарыңнан қатты әсер алушы едім. Сондағы келтірген өлеңдеріңде ашықтық, айқындық басым еді. Сезім шындығы жетіліп жататын. Алмына өлеңдерің ұнаған жоқ. Логикалық жағынан тіпті келіспей, үйлеспей жатыр. Шамасы терең ойланып, көңіл-күйің жақсы дыбыс, әсем бояулардан оянбай, түршіккеннен есінемей жазылған өлеңдер болуы керек. Шын өлең құдіреттен, адамның еркімен алысқан сезімдік селден туады. Әдейілеп «жазайыншы» деп өзіңді-өзің зорлаудан өлең шықпайды, шырағым. Осыны жадыңа мықтап сақта! Ағаң Әбділда. 15 май, 1967 жыл».

«Қарағым, Қатира! Сенің бауыры елжіреп, жас жүрегі дүрсілдеп, мейірім тілеп, жақын тілеп тұрған тағы бір хатыңды алдым. Өмірге құштарлығы көп, сөйте тұра мұңды шертетұғын жастығың маған ұнайды. Бірақ сол қасиеттерді де дұрыс ұстап, тұтына білу керек. Көп шайқап, төгіп алмай, ұзаққа жеткізу керек, шырағым. Адамды әлдендіретін, әріге апаратын, жастай тоңазытып қалдырмайтын, ең алдымен, өз
жылуы емес пе? Сол жылуыңды сақта дегенім ғой саған. Үй-іші аман. Бәріңе де сәлем! Ағаң Әбділда. 20 март, 1968 жыл».

Иә, мен тағдырыма ризамын! Сіздей ұлағатты ұстаз әрі мейірбан әке тапқан маңдайымның бағы бар екен, Әбекем. Бұған да "шүкір" дейін. Сіздің аялы алақаныңыздың ыстық табын сезінген жалғыз мен емес, басқа да қанша ақын-жазушылар бар.

Аға болып ақыл қосқан ақылға,
Тұмағаңды тағы көрдім жақында.
«Жетіммін» деп айтады ма, апыр-ай,
Әбділдадай әкесі бар ақын да?! –

деп лирик әрі сатирик ақынымыз Жарасқан Әбдірашев әзілдеп айтса да, әділін айтты. Сол сүйікті Тұмашыңыз сізге бала болса, мен қызыңыз болдым. Сіздің жанұяңызға қатысты той-томалақтарға жиі қатысушы едік. Өзіңізден оншақты жыл бұрын дүниеден озған Сара жеңгемнің қонақ күту үрдісі өзгеше еді ғой, шіркін! Тірлігінде ол кісінің дастарханынан талай дәм таттық. Дастархан басында бәйбішеңіздің қант диабетімен ауыратынын тілге тиек етіп «сендер алдағы тәттіге қол соза беріңдер, менің тәттім қасымда отыр ғой, Сараны бір жалап қойып шайымды ұрттай беремін» деп күлдіріп отырушы едіңіз бізді. Сосын үлкен қызыңыз Ася күйсандықта ойнап, сіз болсаңыз құдай қосқан қосағыңызбен қосылып, халық әні «Сырымбетке» басар едіңіз. Ол бір ғажап сәттер еді-ау!

«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, сөз орайы келгенде айта кетейінші, атақты адамдардың артынан сөз еріп жүретіні бар ғой. Ел ішінде «балалары Әбекеңді қарттар үйіне өткізіп жіберіпті» деген әңгімелер тарап жүр соңғы кезде. Бұл негізінде, сіздің тау ішінде орналасқан «Ардагерлер» шипажайында бірнеше ай демалып жатуыңызға байланысты туындаған жаңсақ пікір болар деп топшылаймын. Сонда жатқаныңызда журналистер сізбен сұхбат құрып, теледидардан көрсетіп еді ғой. Үй маңдайшасындағы «Ардагерлер» деген жазуға қарап, кейбіреулер өзінше «тон пішкен» сыңайлы. Оның қарттар үйі емес, лауазымды зейнеткерлер барып демалатын шипажай екенін қайдан білсін, сол шіркіндер! Ал, сіздің жалғыз ұл мен келінге алғыстан басқа айтарыңыз жоқ. «Рүстем менің көзім, аяқ-қолым» деуші едіңіз әзіл-шыны аралас. Сол Рүстеміңіз сізді баратын жерге өзі апарып, тіпті жоғары қабаттарға арқалап жеткізетін. Ал, газет-журналдарды оқып беру де соның еншісінде. Өзіміздің Сыр топырағынан шыққан келініңіз Гүлжаһан да сізге барынша адал болды. Тарих зерттеушісі, үлкен ғалым Ибрагим Шамшатов пен Меңкүл апамыздай үлгілі отбасынан шыққан қыздың жаман келін болуы мүмкін бе, сірә? Ағылшын, француз, орыс, қазақ тілдерінде таза сөйлейтін осы бір жұдырықтай келініңіз сіз ауырғанда қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, жаныңызға араша іздегенін өз басым талай көрдім. Сіз «ауасы таза» деп қала сыртындағы саяжайыңызда тұрғанда, алтын асықтай қос немереңіз Зұлқар мен Зарапты қасына алып, жұма сайын сізге баратын. Рүстем сізбен шахмат ойнайды, ал Гүлжаһан ас-су әзірлейді. Екі-үш күн өзіңізбен бірге тұрып, сосын қалаға қайтушы еді олар. Мұнда қалуды балалардың оқуы мен келініңіздің қызмет жағдайы көтермейтін. Оған сіз үлкен түсіністікпен қарадыңыз ғой. Кейін денсаулығыңыз нашарлағанда бәрібір қалаға ауысып, бала-шағаңыздың көз алдында болдыңыз, Әбекем. Олар өздерінің перзенттік парызын адал атқара білді деп ойлаймын мен.

Әбеке, мен сіздің мерейтойыңыздың барлығына қатыстым. Әсіресе, жетпіс жылдық тойыңыз жиі есіме түседі. Себебі, осы тойда өзбек ағайындардың атынан сөз алған бір жазушы (аты-жөнін ұмыттым) «Сіз ақындардың патшасы боласыз» деп басыңызға шығыс үлгісінде тігілген, шекесіне қадаған қауырсыны бар тәж кигізіп, қолыңызға аса таяқ ұстатқан болатын. Бірақ әлгі өзбек әкамыз аса таяқты бермес бұрын бұрандалы басын бұрап ашып, оны шарап ішетін ыдысқа айналдырды да таяқтың ішкі қуысына толтырылған коньяктан шүпілдете құйып, сізге беріп еді... Сіз сөзге келмей, тартып салдыңыз. Ой, сондағы зал толы жұрттың қыран-топан күлкіге батқаны-ай!

Содан араға тура он жыл салып, сізді хан көтеру өзіңіздің туған жеріңізде жалғасын тапты. Сексен жылдық мерейтойыңызда қараөзектік нағашы жұртыңыз сізді ақ арғымақтың үстінен ақ текеметке аунатып түсіріп ап, сонау Сыр – анаңыздың өзіне дейін көтеріп апарып еді-ау! Бұл өте әсерлі көрініс болды. Осы сәтте халық жазушысы Сафуан Шәймерденов ақсақал көзіне жас алып: «Апыр-ай, мынадай ел ықыласына бөленген ақында, соның куәсі болған бізде де арман бар ма?», – деп еді ризашылықпен.

Ал сіздің сексен бес жылдығыңыз Жалағаш ауданында Бұхарбай батырдың аруағына арнап ас беру рәсіміне сәйкес келді. Осы сапарда Алматыдан біраз ақын-жазушылар сізбен бірге келгенді. Олардың ішінде белгілі кісілерден М.Қаратаев, Ә.Жұмабаев, Ә.Жәмішев, М.Байділдаев, Ж.Дәрібаева тағы басқалар бар. Қазір ойлап отырсам, бұл сіздің Сыр-анаңызбен соңғы рет жүздесіп, қоштасуыңыз екен-ау! Сол жолы Қызылордаға жеткенше жас жігіттей қайта түлеп, қасыңыздағылармен жол бойы әзіл-қалжың жарастырып келіп едіңіз. Жол-жөнекей халқыңыз дәм-тұзымен, ән-жырымен қарсы алып, шығарып салып отырды. Бұл сіздің туған жеріңізде соңғы рет бой жазуыңыз боп шықты ғой. Қайтып Сыр бойына оралу сізге бұйырмапты. Бірақ «тұлпар ізін тай басар» дегендей, ұлыңыз Рүстем мен келініңіз Гүлжаһан сізге арнап еліңіз берген асқа қатысып, рухыңызды тірілтуде.

Ақ туымның астында
Мен өлмеймін!
Бармын, бармын,
Күн сөнгенше сөнбеймін! –

деп өзіңіз жырлағандай, сіздің алаулаған күн жүрегіңіз ешқашан сөнбейді. Сіз мәңгі тірісіз, Әбекем!

Қалмау үшін біз жүрген көнеріп із,
Қаулау үшін жас өркен өреніміз.
Бұлақ көзін аршимын құм ішінен,
Шөл қандырса кәусары деп едіңіз.
Содан бері қаншама бұлақ ақты,
Суғаруға нәр беріп жыр-алапты.
Күнмен бірге жасайды,
Жасай бермек,
Өзіңіздей ұлы ұстаз ұлағатты!!!

“Сыр бойы” газеті.
30-қазан, 1999 жыл.


Қарап көріңіз

×