Корейская косметика премиум класса

Ақындық — бір биік шың

Өлең қай уақытта да өлең болып халыққа жетпек керек. Ерлікпен батырлықты жырлау өз алдына. Басы жұмыр адам баласы уайым-қайғысыз болған емес қой. Ақын өз көңіл-күйін қозғауымен қатар, өзгенің басына түскен қайғы-қасіретті де көре білгендіктен, жүректен шыққан сөз көңілдің сынығын басып көзден жас, жүректен қан ағызады. Міне, осындай өлең ғана — өлең.

Өлең — қуаныш, шаттықтың, шын махаббаттың да жыршысы. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, біздің елімізде өлеңге құмарлар аз емес. Әркім өз талантымен, өз бояуымен үн қосып келеді. Мен айтар едім: осы топтың алдыңғы қатарында қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова тұр деп. Шүкіршілік, біздің ақын қыздарымыз аз емес. Олар халық ақыны, мемлекет сыйлығының жүлдегерлері. Байқап отырсаңыз, олар ешкімге ешуақытта осалдық көрсетіп, намысын аяққа басқызбаған.

Осы топтың арасында Фаризаның тағдыры да, талғамы да дараланған шағында, зерделі ақын топ алдында өнерін былайша жайып салады:

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан
жүрегім сыздаған кезде
мен Сені саялаймын, —

деп басталатын ақынның екі томдығы алдымызда жатыр. Бұлай бастап жазу бір Фаризаның ғана сөзі емес, барлық ақынның ой-арманы. Ал Фаризаның бір ерекшелігі — өлеңде дәл осындай шындықты жайып салады. Қиындық жолында талмай еңбек ету керек екеніне көзіңді жеткізе толғайды. Өзінен үлкенге де, кішіге де ортақ тіл тапқан ақын өлең жолында бетегеден биік, жусаннан аласа. Фаризаның «Ағалар» деген өлеңін алсақ:

Ағалар барда демеген,
бәрінен биік шоқтығым.
Еркелеп өстім неге мен
әкенің сезбей жоқтығын, — депті.

Ақ ниетті адамдардың ағалық міндетін дұрыс түсінгенде саясындағы адамдардың қор болмайтынын ұққандайсың. Бұл жинақ әу деп оқылғаннан бастап поэзия теңізінің маржанын тергізеді. Көгілдір таулардың басынан жол алған күміс бұлақ толассыз, тоқтамайды. Өмір шежіресінің домбырасын ақырын шерте береді, шерте береді.

Достықтың, туыстықтың адамға айрықша қажеттілігін насихаттаған ақын:

Өмірде мынау менің бір
қоштаспас мәңгі досым бар.
Ол — менің жолым сенімді,
болашақтарға жосылған.
Шарласам түгел аймақты,
терсем де қырдың гүлдерін,
барсам да қашан қай жаққа
сол досымменен біргемін, — деген.

«Сырты алтын, іші күміс сөз сарасын, қазақтың келістірер қай баласы» дегендей, Фаризаның өлеңдері дәл осылай келістіре білгендіктен де әр қырынан жарқырап тұрады.

Фаризаның сүбелі шығармаларының бірі «Қасірет пен ерлік жыры» поэмасы.

Сәби көңіл жандардың жанын улап,
бітіспес кек-ызамен арамдаған.
Дөңбекшіді сонда жер қанға бөгіп:
«Не кінәм бар, адамдар, тағар маған? »

Адамзат жаралғалы Жер-Ананың көрмеген қорлығы бар ма? Жақсылықтан із қалдырып, жамандықты жым-жылас етіп жасырған Жер-Ананы адамдар жәбірлеуден арылмай келеді. Өзінің туған топырағын қорғау үшін талай ер жанын пида етуде. Әйтсе де Жер-Анаға тыныштық керек.

Бұл еңбегінде Фаризаның таланты асқақ көрінеді. Біз осы әсермен екінші томның бетін аштық:

Жаным дала, көгінен бұлт арылмай,
батпан зілдер басса да, жүр тарылмай,
шідерлеулі көңілді зулат, жырым,
баяғының кұс қанат тұлпарындай.
Жүрек жазбай жұптасқан ғұмырласым —
жыр әуенім суарған мұңым, жасым
ойсыздықтан өрекпіп тойғандардың
құлағына қайғы боп ызыңдасын.

Арман ағысының арнасы кеңи, төменге төгіле түседі. Мұнда, ең бірінші, ақын Сара туралы поэмасы көзге оттай басылады. Өмірден жылаумен өткен ақын Сараның тағдырынан қазіргі заман жастарының тағдыры мүлдем басқаша.

Оның таланты өзіне сор болды.
Жаннат жерде көрмеген таңдай қатып,
жыр жаннатын ұрпаққа жалғайды уақыт. Жүрегіме ән құйған, жасыл өлке,
сенде туып, сенде өскен қандай бақыт!

Қазіргі казақ әйелдері бас бостандығына лайық қалай шалқимын десе де ерікті. Тек сол бақытты көтере білейік! Ислам діні әйел халқын өте қысымда ұстады.

Шариғаттың заңы бойынша ән салған, сурет салған адамдарды шайтан жолын қуғандар деп есептеді. «Майра» поэмасы — соның айғағы.

Жалпы айтқанда Фаризаның бұл жинағы қалай болса солай таңдалып алынбаған. Белгілі бір жүйеде, сондай бір жан тебірентерлік әсемдікпен жинақталған. Мәншүк пен Әлия, Ақансері, Бұқар жырау… өшпес тақырыптарды өлмес өлеңменен жырлай білген Фариза бірде заманымыздың ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов ағасына мұң шағады.

Жүректен шыққан жырлардан
жанымның жасы тұр тамып.
Тайпалып жортқан жорға арман
кеткендей менен бұлтарып.

Арманы бұлтартпайтын адам өмірде туған жоқ. Көркем келісімді бұл түйін де — шындықтың айғағы.

Тегі менің мойнымда мың қарыз бар,
соны ойласам соққандай шыңнан ызғар.
Соларды өтей алам ба, ертең мені
не күтіп тұр?
Алдымда тұр ма құздар?
Айтып қалғым келеді бүгін бәрін —
мың қарыз бар мойнымда, тыңдаңыздар.

Немесе:

Көре алмай іші күйіп, жар сабаған
тыржиып жақтырмасын барша жаман.
Ал менің намысымды сырттай жыртып
жүретін жақсы көріп қаншама адам! —

деп Фаризаның өзі айтқандай, ол бақытты ақын. Ол өзі ұстаған жолынан айнымай келеді. «Фаризаның жырлары мұң-налаға толы», — дейді кейбіреулер. «Сан кісі мұңайсын»,— деген жоқ па еді Абай атамыз.

Бұл жинақтың ұсақ-түйек кемшілігі болуы да мүмкін. Мен өз басым оны көрмедім. Көрсем де көңіл бөлмедім. Ол бәрі бір жинаққа нұқсан келтірердей елеулі емес.

«Пейіліңді кеңге сал, егініңді өрге сал» дейді қазақ. Жақсылықтың жаршысы бола біліп, болашағына жол ашып қамқоршы бола білейік.

Фаризаның жинағын түгел оқып шықтым. Жолың бола берсін, Фариза. Көздеген мақсатыңа талмай жетуіңе тілектеспін.

Қорғалжын. 1983 ж.


Қарап көріңіз

×