Өлең, жыр, ақындар

Жігітінен қазақтың дос таба алмай

Фариза ақынмен сұхбат

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

1974 жылы бұл күндері есімі жалпақ жұртқа әйгілі ақын Мұқағали Мақатаев «Фариза! Фаризажан, Фариза қыз» деген жоғарыдағы тамаша өлеңін жазған екен. Аяулы ағаға «қазақ жігіттерінен дос таба алмай, өзіне достық сыр айттырған» Фариза Оңғарсынова...

Біз бұл есім жазылған үлкенді-кішілі өлең кітаптарды студент бойжеткендердің аппақ құс жастығы астынан, жайлау төсінде мал қайырған шопан жігіттің қойнынан талай-талай көргеніміз бар. Оның өлеңдерін көптеген бозбала арман-аруына арнағанын да білеміз. Бұлар, әрине, жалпы халықтық жағы. Енді нақты дерекке көшсек, Фариза Гурьевтегі педагогикалық институттың филология факультетін бітірген соң еңбек жолын ауыл мұғалімінен бастады. Облыстық газеттің қызметкері, сонан соң «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы меншікті тілшісі, кейін «Қазақстан пионерінің» редакторы болды. Бұл күндері «Пионер» журналының бас редакторы. Ақынның «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Асау толқын», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Мазасыз шақ», «Шілде» (таңдамалы), «Сұхбат», «Дауа» сияқты оқырмандардың жүрегіне жол таба білген жыр жинақтары жарық көрді.

Сондай-ақ ол Италияда өткен Бүкілдүниежүзілік «Әдебиет және цивилизация», «Югославиядағы «Совет поэзиясының күндері», Грециядағы Бүкілдүниежүзілік «Поэзияның қоғамдық орны» сияқты халықаралық форумдарға қатысты.

Төменде ауданымыздың қонағы, халық сандуғашы Фариза Оңғарсыноваға газетімізде қонақкәде беріп отырмыз.

1. Алғашқы өлең жазуыңызға не түрткі болды?

- «Алғашқы» деген ұғым өлең турасында айтылғанда шартты деп білемін. Өйткені -алғашқы өлең деп сол кезде өзім ойлағанмен, шын мәніндегі поэтикалық шығарма болмауы мүмкін ғой. Дегенмен, сұрақ қойған екенсің - жауап беруге тура келеді. Ауыл мектебінің үшінші ме, төртінші ме - есімде жоқ - класында оқитын кезім. Мектеп біраз қашық. Көрші үйлердің 4-5 баласы мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Қайролла деген ұшып-қонған жалаңқай бір бала бар еді. Қазір қайда екен... Өзі ер балаға лайықсыз жеңіл мінезді болатын және әліне қарамай сотқар еді. Сол бірге келе жатқан бір қызбен қақтығысып қалды да, әлгі қыз итеріп жібергенде оңбай құлап түсті. Бәріміз «өзіңе сол керек» деген ниетпен оған күлдік. Неге екенін қайдам, менің тіліме бір-екі шумақ (ұмытпасам, 7-8 буынды жыр үлгісіндей) өлең оралғаны. Қазір есімде жоқ, әйтеуір әлгі баланы өлеңмен мазақтаған болдым. Жанымыздағы балалардың бәрі «Фариза өлең шығарды, Қайролланы әбден масқаралады» деп үйлеріне айтып барыпты. Мен анама мақтанып келдім. Оған дейін сөзжұмбақ, чайнворд, кроссворд құрастырып, «Қазақстан пионері» мен «Пионер» журналына жіберетін «әдетім» бар еді. Әлгі «әзіл өлеңді» шығарғасын тіпті машықтанып алғаным есімде.

2. Сіз ішкі жан дүниеңіздегі сезім сырларыңызды араластыра отырып, бүгінгі адамзат баласының арман-тілегін, мақсат-мүддесін жырға қосасыз. Сонда да бүгін жүрегіңізге маза бермей жүрген басты тақырыбыңыз туралы әңгімелесеңіз?

- Мен әрбір адам өз дәуірінің, заманының ойлы, сезімді азаматы болуы тиіс, сонда ғана ол туған халқына, қоғамына тамшыдай да болса сәуле шапағатын тигізе алады деп түсінемін. «Сен - маған, мен – саған» деген ұғым «жақсылықтың» принципіне айналып бара жатқан дәуірде, адамдық қасиеттерді бойға сақтап, өзінің ана сүтімен, әке қанымен сіңген болмысымен қалу - бүгінгі адам үшін бірінші мақсат болуы қажет деп ұғамын.

Менің өлеңдерімді оқыған адам өз санасына иненің жасуындай да болса осы ойлардан сәуле түсірсе, өз тілін, өз халқының ар-намысын қастерлеуге ұмтылса, тіршілікте жер бетіндегі өзінің адамдық миссиясын адал атқарып жүрмін бе деген ойға қалса, мен ақын ретінде бақыттымын дер едім.

Қазір «Асанқайғы» деген поэма жазып жүрмін.

3. Біз сізді «жүрекпен жазып, жүрекке жеткізген» ақын ретінде білеміз. Сонда да алғашқы жылдардағы «Шілде» таңдамалы өлеңдер жинағыңыз жадымызда тозбастай әсер қалдырды...

Ал соңғы жылдардағы өлеңдеріңізге философиялық астар беріп, тереңдеп кеткен тәріздісіз. Яғни бүгін сізді ойым оқырмандарымның ұғымына ауырлап кеткен жоқ па деген сауал мазаламай ма?

- Қандай ақын болса да, әуелі романтикалық екпінмен бастайды деп ойлаймын. Ол жастыққа, алып-ұшқан ақша бұлттай сезімге байланысты ғой. Менің жырларым да кейде уақыт, кезеңдерге байланысты түрі мен екпінін өзгертіп отыруы мүмкін. Бірақ сыртқы бір түрі өзгергенмен, ішкі өзегі сапасын жоймағаны абзал. Өмір де бір сарынды емес. Ойланатын адамға күнделік барған сайын күрделіленіп бара жатқанға ұқсайды. Әмзе айналайын, «өлеңдеріңіз саязданып, жайдақ судай түбі көрінетін болып барады» -деп жазғырмасаң болды. Жалпы мен өлеңдерімді о бастан поэзияны бар сиқыр құпиясына бойлай жүзе алмаған адам түсіне алмайды деген пікірде болатынмын. Және ондайларға түсінікті болуды мақсат тұтқан емеспін. Онда поэзия деген ғажайып әлем өзінің бар құдіретінен айрылып қалатын болар. Керісінше, сол керемет әлемнің ішіне енуге адамдар ұмтылғаны жөн ғой.

4. Біз өз газетімізде әдебиетті өте көп насихаттаймыз деген пікірдеміз. «Әдебиет беті», «Көңіл ашар», «Сенбілік бет», «Сыр» әдебиет және өнер бірлестігінің арнаулы беті сияқты тұрақты айдарларымыздан басқа, тіпті, кейде, әр санын құр жібермей, өлең немесе басқа жанрларды жариялап жатамыз. Осы «белсенділіктің» пайда, зияны бар ма?

- Әдебиет пен өнерді (өз халқымыз) түсінбеген, одан жан ләззатын ала алмаған адам, мейлі он жерден өндіріс, шаруашылық озаты болсын, туған қоғамының алтын қазығы, рухани қазынасы болмақ емес. Ертедегі Греция Гомерсіз тарихта қалар ма еді?

Айтайын дегенім - қазір әдебиетті түсіну, оны насихаттау әлде бір әпенділердің шаруасы емес, ол қазіргі қоғамның мүшелері рухани денсаулығы мықты болсын, қазіргі тілмен айтқанда, биік адамгершілікке, жан тазалығына, ұяттылыққа тәрбиелеу деген сөз. Жалпы өмір мен әдебиетті бөліп қарау - ақымақтық.

Мен Сарыағаш ауданының топырағын ғұмырымда бірінші рет аттап отыр екенмін. Елдің, жердің айнасы - аудандық газет деп ұғамын, сондықтан келген бойда «Қызыл тудың» біраз сандарын қарап шықтым. Әдебиетке, әдебиетке өздерін бағыштаған жас талапкерлерге орын беріп отыру - сіздің газет ұжымының саналы азаматтарының көрсеткіші. Ал айдарды күнде құбылта берудің қаншалық қажеттілігі маған түсініксіз, ол сіздердің ішкі жұмыстарыңыз. Қандай айдармен болса да, әдеби дүниелердің берілуі жөнінен белсенділік көрсеткен аудандық газет халық арасында беделін көтеруден басқа «жағымсыздыққа» ұрынбаса керек.

5. Творчествоңызға жыл маусымы әсер ете ме?

- Әсер етпейді. Өз ішкі жан-дүниемнің «ауа райына» қарай жазамын.

6. Сарыағаштық ағайындарыңызға және қалам ұстаған талапкерлерге айтар тілегіңіз?

- Өз тілін, туған топырағын, тарихы мен өнерін, әдебиетін қастерлейтін ұл-қыздардың жанына жамандық келмесін! Сарыағаш - қасиетті жер; шипалы сулар кез-келген жерден атқылап жатқан жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінен сол қасиетті суға келген адамдар сарыағаштықтардың сапасы мен мәдениетіне де ғашық болсын.

Шымкент.1986 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз