Өлең, жыр, ақындар

Жыр және сын мәдениеті жайлы

Совет әдебиетшілерінің үлкен форумы — жазушылар съезінің алдында қаламгер ретінде ой-толғаныстарыңды бүкпесіз ортаға салу, жақсысына сүйініп, жаманына күйініп жүретін төл әдебиетіңнің осы тұстағы тұлғасына үңіле қарап, көкейкесті мәселелеріне жанашырлықпен араласу — әрбір ақын-жазушының парызы. Алайда жас сәбиді тәрбиелеу ісінің белгілі бір мереке-думанға бағышталып-бағынбайтыны тәрізді, әдебиеттің өсіп-өркендеуі мен кемшілік-жетістіктері хақындағы талғамды талап, пікір-кеңестер де, меніңше, науқаншылық деген ұғымнан тыс, үнемі жүйелі жүргізілуге тиісті әдебиетшілер үшін ылғи да күн тәртібінен кездейсоқ түсіп қалмайтын мәселе ғой деген ойдамын.

Туа біткен таланттың өзіне де бағбанның аялы алақанындай бап пен күншуағына бөккен ауа қажет дейміз (әсіресе мұны біз, әдебиетшілер, көбірек айтамыз). Бірақ біз таза ауа мен жұмсақ алақан мейіріміне кенде емеспіз. Мұны дәлелдеп жату кажетсіз. Әйтсе де осы айтылып отырған қағида тым біржақтылау ма деп қаласың. Шындап келгенде, творчество дегеннің өзі талант пен баптан ғана емес, оған қоса жауапкершіліктен тұратынын айту артық. Бізде көбіне осы жауапкершілік жағы жетіспей жатады. Ал өз қаламыңнан шыққан дүниенің бәріне ол жарық көргеннен кейін сенікі ғана емес, халықтікі болады деген жауапты сезіммен қарау көп айтылса да, көбіміз құлақ аса бермейтін еңбектену деп аталатын мұратты мақсатқа жеткізер еді. Атақты А. Пушкин мен С.Есениннің өлеңдерін оқып отырғанда, төгіліп тұрған мөлдір поэзия, шабыты шалқыған кезде қиналып қиыстырмай, келіп қалған өлең жолдарын қағазға түсіре салған ғой деп ойлайсың. Ал осы ұлы ақындардың жазып-сызған түп нұсқасына қарасаң, бір өлең жолына емес, әр сөзге қаншалық мән бергенін көріп, қызыға таңданасың. Яғни дарын мен шабытқа қоса, көп еңбектенуді ұлы ақындардың өздері дағдыға айналдырған екен. Бір шумақтың өзіне қанша түн, қанша күнді сарп еттің, қаншалық қиналдың — әңгіме онда емес; оқырманға поэзияның жан-жүрегіңді баурап алар құдіретін сезіндіретін өлең керек.

Табиғаттың өзі енші ететін ақжарма дарынның біздің машиналы дәуірдегі автоматтандырылған станоктан шығып жатқан стандартты бұйымдай жиі құбылыс емес екенін ескерсек, жауапкершілік пен еңбеккерліктің қаншалық қажеттігін тәптіштеп айтып жату — ішіңнен біліп тұрған нәрсеңді сені түк ұғынып сезінбейтін, кеудесі керең жанға балап, «өйту керек, бүйту керек» деуді жаны сүйетін ақылгөйдің мезі қылар жанашырлығына ұқсайтын пәтуәсіз бірдеңе болып шығары хақ. Дей тұрғанмен жазған-сызғанның бәрін жүрексінбей ұсына беретін бізден, ақын-жазушылардан, бастап, соның көбін сан-сапат кітап етіп бұрқыратып шығарып жататын баспа қызметкерлеріне дейін жауапкершілік дегеннің жетіспейтінін айтпау — шындықты көлгірсіп бүркемелеумен бірдей. Бір қынжыларлығы — осы шындық көбіміздің көкірегімізде сайрап тұрса да, «біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсымен» ешкімге пайдасы жоқ сынсымақтармен, сөз жүзінде айтумен ғана шектелеміз. Бұл жазып отырғанымның көбі — поэзиямызға қатысты жайттар. Өлең жинақтары мен ақын атаулы көп. Бірақ өлең сүйетіндердің жастанып жатып оқитындары аз. Біз кеуде соғып, қаншалық мықтысынғанмен, оқырман таразысы деген бұлтартпас шындыққа жүгінбеуге хақымыз жоқ. Белгілі сыншы Мұхаметжан Қаратаев «Жұлдыз» журналында бүгінгі өлең жайлы пікірінде: «Нашар өлеңнің бірін емес, онын, тіпті жүзін айтуға болар еді. Керсінше, керемет бір өлеңді атаңыз десе, сол сұрақ қинар еді», — деп аса шыншылдықпен айтқаны қай ақынды да ойландырған шығар. Әрине, асыл нәрсенің шашылып жатпайтыны белгілі, тума талант деген жылдап, ғасырлап көрінетін құбылыс болса керек. Бірақ әдебиетте таланттыға да, талантсызға да қойылатын талап деңгейі әр түрлі болмауға тиіс қой деп ойлаймын. Мұны айтып отырған себебім — бізде жауапкершілік жетіспейді деген пікірімді дәлелдеу. Республикамыздың әдеби кітаптар баспасынан ішінде саусақпен санап алар өлеңдері жоқтың қасы жинақтар өте көп шығады. Бұл — біздің баспа қызметкерлерінде жауапкершілік пен талаптың өз дәрежесінде емес екенін көрсетеді. Баспа қызметкерлерінің шетінен атақты ақын болуын талап ету қиын шаруа болар, бірақ кім болғанда да, өлеңге деген талабы мен сезінісі жоғары, өнерге адал адам болуы міндетті екенін ескеретін мезгіл жеткен сияқты.

Ал бүгінгі поэзиямызда тәуір дүниелер жоқ емес екендігі туралы өткендегі әдеби жыл қорытындысында бірсыпыра сөз болды. Бұл, сөз жоқ, шындық. Уақыттың дұмпуі не әр түрлі тіршілік жағдайларынан туған кұбылыстар менің пікір өзгертуіме көп әсер ете бермейді. Осыдан екі жыл бұрын «Жұлдыз» журналының поэзия туралы ұйымдастырған дөңгелек столы басында жалпы өлең жайлы, бүгінгі қазақ поэзиясы жайлы өз пікірімді айтып ем, әлі де сол көзқарас, сол пікірдемін. Бүгінгі поэзиямыздың өсу жолында екенін, оның өзіндік өрнекті, ойлы да салауатты сипаттары туралы тағы айтып, дәлелдеп жатуды артық деп есептеймін. Бірақ әдебиетімізде шикілі-пісілі, балдыр-батпақ өлеңсымақтар әлі де жетерлік екенін қынжылсақ та мойындауға тура келеді. Әрине, жақсылықтың жанында жамандықтың жармасып жүретіні сияқты, ақынбыз деп жүргендердің бәрінен бірдей іші алтын, сырты күміс дүниелер талап ету артықтау болуы мүмкін. Дегенмен уақытпен, заман тынысымен санаспаса болмайды. Бүгінгі талғампаз оқырман ақынның қанатты жырларынан өз дәуірінің үнін, өз жүрегінің кейде асқақ та, өжет, кейде нәзік те мұңды сазын естігісі келетіні кәміл. Оның кінәмшілдеу кербез табиғаты біздің асқазанды кілкілдететін тұз салмаған тағам тәрізді, кейбір өлеңдерімізді сіңірмеуі әбден мүмкін. Шынында, біздің жұртқа ұсынып жүрген азығымыздың біршамасы осындай тұзы жетіңкіремейтін дүниелер болып келеді. Қайткенде де, әлем аудиториясына жарқ еткізіп ұсынар жырларымыз жетпей жатыр. Талантсыздықтан ба, жауапкершілікті жете сезінбеуден бе, болмаса өлең шаруашылығының тым күрделіленіп кеткендігінен бе, кім білсін. Меніңше, бұл құбылыста солардың қай-қайсысының да ұшқыны бар секілді. Тегі, біздің жырларымызда сезім жетіспейді. Поэзияда сезім жұтаңдығы, тіпті ой жұтаңдығынан гөрі де басымырақ сезіледі. Әрине, сезім байлығын, құштарлық тереңдігін табиғат шіркін әркімге үйіп-төгіп бере салмаған ғой. В.Г. Белинский «Евгений Онегинді» талдай отырып, орыс поэзиясының, тіпті әлемдік поэзияның картинасын көз алдыңызға әкеледі ғой. Сонда поэзия мен махаббатты жалған түсінушілерді айта келіп, әйтеуір біреуді сүю керек деген пиғылмен «сүйе» қалғандарда күрсіну де, көз жасы да, қызғаныш пен өкініш те — әйтеуір, сезім шынайылығынан басқаның бәрі де болады деп өте әсерлі дәлелдеген. Шынында, жақсы ой шынайы сезімге оранбағасын жапырақсыз ағаштай сүреңсіз, жалған сезімдей ғұмырсыз да қызықсыз яғни өлең өлең болмай шығады. Поэзияның құдыреті не күрсіндірсін, не рақат құшағына орасын -әйтеуір, оқырманын бей-жай күйде қалдырмауында. В.Г.Белинский «Лермонтовтың өлеңдері» деген макаласында поэзия деген тіршіліктің жарқын салтанаты, сезім дауылы, құштарлық рақатының ләззатын сезіну, тәтті мұң, әлемдік тіршіліктің тамыр соғысы, оның қаны мен жаны, жарығы екенін дәлелдеп берген болатын. Өлеңде сезім байлығы болмаған жерде бүгінгі сана-сезімі жоғары, түсінік-талғамы биік азамат, яғни оқырман оны өлең деп қабылдай бермейді. Оқырман ақын туындысынан өзін толғандырған, тіпті кейбір шешуін таппай немесе айта алмай жүрген сырларына жауап іздейді. Ал біз болсақ, өзіміздің сезімсіз өлеңдерімізбен оның адал ниетінен, үмітінен шыға алмай, зеріктіріп аламыз.

Бүгінгі таңдағы поэзия сыны қандай дәрежеде дейтін болсақ, «ағама жеңгем сайдың» кебі. Біз сын дегенді өлердей жек кереміз, өзіміздің қандай дәрежеде жазатынымызға қарамай, әйтеуір, сын атаулы десе аза бойымыз қаза тұрады. Мұның тамыры да қай жерде жатқаны белгілі: жанашыр, әділ сын айтпаймыз, «жанашыр» дегенде авторды сылап-сипау емес, әдебиетімізге жаны ашу деп түсінген жөн. Қай ақын қайда кетіп барады, өсу жолы, ақын атына тақым салғалы жеткен биігі қай тұс, жақсы болса, қандай ерекшелігімен, шеберлігімен дараланады, бүгінгі әдебиетімізде алар орны қандай — осы төңіректе жақсысы мен жаманын саралайтын салауатты сын болды ма? Соңғы жылдары қай ақынның творчествосына адал да ақпейіл талдау жасалып, оның өсуіне, шыңдала түсуіне көмек болады дейтін болсақ, ауыз толтыра айтарымыз шамалы. Бұл ретте прозаиктерге ептеп қызғанышпен қарауға болады. Белгілі, белгісіз сыншыларымыздың көпшілігі, тіпті бәрі дерлік, проза саласында талдаулы да талғамды пікір айтып жүр. Ал сол сыншылардың ақындар творчествосына келгенде жолы түспей, ылғи «айы жарық болатыны» түсініксіз. Біздің байсалды ой иелері -сыншыларымыздың поэзияға «ә, өлең бе, қойшы соны, тәйірі» деп ой түйіндеуі миға сыймайды. «Сыншы болса, сондай болсын», «сол сыншының қаламына іліксем» дейтіндей, топжарған сыншының бүгінгі поэзиямызда жоқтың қасы екені кімге де болса аян. Бұдан бізде сыншы жоқ деген тұжырым жасарлық желеу тумаса керек. Өйткені ақынның көптігіне ұқсас, сыншыдан да кенде емеспіз. Әңгіме сыншының саны турасында болып отырған жоқ. Шөп те өлең, шөңге де өлең, деп жүрген ақындар сияқты, «аға буын, сен жақсы; орта буын, сен жақсы; жас буын, сен де тәуірсің» деп жатталып қалған есімдерді топтап тізетін сыни-мақалалар газет-журналдардың біраз орнын алып, қарыс-қарыс кітап болып шығып та жатады. Газет-журнал беттерінде кез келген автордың не дәлелсіз ылғи мақтау, не ылғи түкке тұрғысыз деген тұжырымдағы үлкенді-кішілі шығып жататын сын рецензиялары ақынды да, оқырманды да ойға қалдырып, жалпы, поэзияға пайдасын тигізерлік мәні жоқтың қасы болғандықтан да, әсерсіз көп құбылыстың біріне айналып барады. «Пәлен ақынның жаңа кітабы туралы пікір ұйымдастырып жіберу керек, жұртқа бәрібір, мақталып жатыр деп түсінеді» деген пікірлерді естігенде, қазір онша таңданбайтын болдық. Бірақ «газетте мақталыпты» деп жұрт жақсы ақын екен-ау демейтіні ақиқат. Он жерден мақтасаң да, өмірсіз дүние болса, өрелі жылдар өрісінің шаңдағын көтере алмайды. Бірыңғай мақтаудың творчество адамының өсуіне, талантты ұштай түсіп еңбектенуіне тигізер пайдасы жоқ (орынды-орынсыз мақтаулардың бәрін сол қалпында құптап-қабылдай бермейтіндердің онсыз да бірен-саран екенін ескерген жөн сияқты). Керісінше, мұндай сындардан «поэзия дегеніміз — мен», «Қазақ әдебиетінің қаймақ тұсы менен басталады» деп кеуде соғуымыз мүмкін.

Кейбіреулер махаббат, көңіл күй тақырыбындағы өлеңдер турасында «жалаң сезімге кұрылған» деген тіркес қолданып, сынайтын болып жүр. Ал сезімнің жалаңы болады дегенге мен түсінбеймін. «Сезімге әсер етпейді — сезімсіз» десек, бір жөн. Жалпы, бізде поэзияның иісін тұмауратып жүргендей сезінетінімізді әшкерелейтін әдет бар. Көңіл күй, махаббат, достық лирикасын «от басы, ошақ қасының өлеңі» деп менсінбей қараймыз. Дүние жүзінде Халықаралық Нобель сыйлығының лауреаты атағын тұңғыш алған ақын әйел, Чили қызы Габриела Мистраль (шын аты Люсиа Голой) ыстық қанды сезімге толы махаббат лирикасымен әлемге аты шыққан. Сезімнің сүйініші де, күйініші де адамды не заманды таңдамайды емес пе? Қуанбайтын, қайғырмайтын, сүймейтін, жек көрмейтін адам бола ма? Ендеше, асыл сезімдерді жырлайтын өлеңдерге мұрын шүйіріп қарап, өзімізді күлкі қылмайық та. Керісінше, азаматтық әуендегі жырлар туралы «поэзия жоқ — құрғақ айқай, публицистика» дейтініміз тағы бар. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кері. Әрине, бұл секілді талғаусыз, сыңаржақ пікірлерді, неше жерден сынаса да, жұрттың бәрі бірдей қабылдай бермейді. Бірақ біздің әдеби орта, оның бүгінгі дәрежесіне мұндай тайыз түсінушілік тіпті де лайық емес деп ойлаймын.

Әдеби сын мәселесі хақында мен мынадай ойдамын: осыны мақтау керек деп дәлелсіз, кейбіреудің ортанқол шығармасына татымайтын біреудің дүниесін бөркімізді қолымызға алып, мақтап-мадақтау; реті келіп қалды — сынап тастау керек деп сынап-мінеу; іштей біліп-сезіп тұрып, елемеген болғанситын жасанды үнсіздік — осы үшеуі де әдебиет үшін де, әдебиетші үшін де зиянсыз құбылыс емес. Бұл — өнерге қиянат жасағандық. Ал өнерге қиянат жасау — қылмыс, өзіңнің арыңның алдында кінәлі екеніңді сезіне алмағаныңмен бірдей бейшара топастық. Топастық — сезім ауруы; қай аурудың да етек алып кетсе, емдеу дүрбелеңінің мол болары белгілі.

Жұрт ойынан шығар сыншы болу оңай шаруа емес. Демек, қолына қалам ұстағанның бәрі сын-пікір айтады деп газет-журналдардың кез келгеннің пікірін ұсына салуы төңірегінде де ойластырған жөн. Сыншы болу, шындықты айта білу — шеберлік. Бағзы замандардағы шындықты айтқаннан шыңырауға батып кеткендердің тағдыры тектен-тек құбылыс емес. Шындықтың бетіне тіке қарауға о бастан-ақ кез келгеннің жүрегі де, жүзі де шыдай бермеген. Жақсылық пен жамандықтың, ақиқат пен жалғанның күресі тіршілікке тән құбылыс болғандықтан, шындықты да, шыншылдықты да онша тәуір көрмейтіндер баршылық. Бірақ біздің дәуірімізде ондай ымырашылдыққа бару, әдебиетке, өнерге қиянат жасау — жазықсыз жанға жала жапқанмен бірдей әрекет деп қабылдануы керек.

Бұл пікірлердің бәрі — дәуір адамының ары мен жанын, кіршіксіз ішкі дүниесін, мөлдір сезімін шабыттан туған ғұмырлы жырлармен өрнектесек деген ниеттен туған ой.

1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз