Қазақ халқы ежелден қыз баланы, әйел затын сыйлап, аялап өсірген. Ел билеген хан, халықты аузына қаратқан батыр болсын — бәрі де ақыл иесі әйелдің сөзіне тоқтаған; әйелмен ретті жерде кеңесіп, ілтипат көрсетіп отырған. Қазақ даласының құмға батқан қалаларының аты-ақ — мысалы, «Баршынкент» — халқымыздың әйел адамға, лайықты қыздарына деген қадір-құрметін көрсеткендей. Сол сияқты өнерлі әйелге де халық құрметпен қарап, қошамет тұтқан.
Қазақ жұрты ежелден қыз баланың бойындағы талантын, өнерін қадірлей білген халық екенін алысқа бармай-ақ өткен ғасырда өмір кешкен ақын Сара, күйші-композитор Дина, әнші-композитор Майра өнерінен көруге болады. Алайда қазақ әйелінің бойындағы барлық өнер, қабілет-талантын толықтай көрсетуге уақыт пен заман мүмкіндік бермей келді. Мәселен, сол саңлақ ақын, теңдесі жоқ дарын иесі Сараны алайық. Қарапайым халық оның талантын зор бағалап, қол соққанмен, феодалдық қоғам оның өміріне, өнеріне кең тыныс бере алмады. Ақыры талантты қыздың ақындық дарыны тірліктің күйкі тынысына көміліп, от басы, ошақ қасының құрбаны болды. Тіпті оның жырларының өзі бізге түгел жете алған жоқ. Бұрын әр ғасырда шыққан Сара, Дина, Майралар туралы деректер бізге жетіп, өнерлі қазақ қыздары ілуде біреу болып келсе, бұл күнде қазақтың тек ақын әйелдерінің өзі көптеп саналады. Бүгінгі әңгімеміз де Қазақтанның ақын қыз-келіншектері, олардың өскелең творчествосы жайында.
Совет үкіметінің алғашқы жылдарында өзінің балауса жырларын бостандық таңының нұрына тоғытқан қазақтың ақын қызы атанған Шолпан Иманбаева болды. Шолпан — бостандыққа қолы жеткен қазақ әйелдерінің еркін өмірі мен бақытын алғаш жырлағандардың бірі. Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов секілді азаматтармен үзеңгілес өмір кешті.
Жыр өнерінің жаңа замандағы қарлығашы Шолпан 1904 жылы Целиноград облысының Қорғалжын ауданына қарасты Майбалық аулында туған. 1920 жылдары елімізді жаппай сауаттандыру кезінде Шолпан да сауат ашу мектебінде оқып, одан кейін Коммуна мектебінде балалар тәрбиешісі болып қызмет істеген. 1923 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазақстан») газетінде «Жолаушы мен жұмыскер» атты өлең басылды. Бұл өлеңнің авторы 19 жасар Шолпан Иманбаева еді. Октябрьмен азаттық алған қазақ әдебиетінің көгінде Шолпан жұлдыздай жарқ еткен ақын Шолпан 22 жасында дүниеден кетті. Ол өзінің шығармаларын баспасөз бетінде ғана болмаса, жеке кітап болып басылып шыққанын көре алған жоқ. Қазақстандағы алғаш Совет өкіметінің ту тіккен жері Орынборда әйелдер курсында оқып жүрген жылдарда ауруға шалдығып, 1926 жылы 22 жасында дүниеден өткен Шолпанның өлеңдерін жинақтап, алғы сөз жазып «Шолпанның өлеңдері» деген атпен кітап етіп 1927 жылы бастырып шығарған қазақ халқының шын мәніндегі қайраткер санаулы қыздарының бірі Сара апай Есова еді. Ақыл-парасатты, қайраткер, қоғамға көп пайда келтіретін адамдар болады. Бірақ олардың бәрінің бойында кейінгі ұрпаққа, өнерге деген адал жанашырлық пен қамқорлық сезім бола бермейді. Талай қазақ қыздарына кезінде осындай қамқоршы болған Сара апайдың еңбегін ұрпақтар бағалауға тиіс.
Шолпан өз бойындағы туа біткен талант көзін толықтай ашуға, көкірегін тулатқан ойдың бәрін өлеңмен өрнектеуге, тіпті ақын болып қалыптасуға қолы жетпей кетті. Бірақ Шолпан Иманбаева жаңа дәуір туғызған ақын сіңлілеріне жол көрсетіп кетті.
Шолпан Иманбаевадан басталған қыздар эстафетасын әрі қарай жалғастырып, әдебиетімізге бірнеше поэзия кітаптарын берген, халқымыздың аяулы қызы — біздің Мариям апай Хакімжанова. Мариям Хакімжанованың есімі бұл күнде кішкене балдырғандардан бастап, ұлағатты үлкендерге әбден таныс. Тіршіліктің сан түрлі соқпақтарын кешіп өткен, өмірінің саналы жарты ғасырын әдебиетке арнаған Мариям апайдың ақындық өмірбаяны мен творчествосы көп ұлтты Отанымыздың оқырмандарына белгілі. СССР Жазушылар одағының бірінші съезінен бастап, әдебиет мәселелері төңірегінде болған бірнеше одақтық, республикалық жиындарға қатысқан, Максим Горькийдің қолынан совет жазушысы деген мандатты алған Мариям апаның адамдық өмір жолы да өз алдына бір хикая. 1986 жылы еліміз Мариям Хакімжанованың 80 жасқа, творчестволық қызметіне 50 жыл толуын кең атап өтті. Ақынның Отанымыздың ордендерімен және бірнеше медальдармен, Қазақ республикасының жоғары наградасы — Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының құрмет грамотасымен наградталуы, оған Қазақстанның халық жазушысы деген жоғарғы атақ берілуі — үкіметіміздің адам баласына, оның ішінде творчество қайраткерлеріне деген қамқорлығы мен үнемі көңіл бөліп отыратындығының айғағы. Мариям Хакімжанова — әр жылдары шыққан «Жеңешемнің өлеңдері», «Мәншүк», «Ана махаббаты», «Гүл туралы аңыз» және бірнеше жинақтардың авторы.
Шолпан мен Мариямға ілесе шыққан ақын қыз — Зияш Қалауова. Зияш Шымкент облысының Ащысай руднигінде 1921 жылы туған.
Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіріп, мұғалімдік жұмыс атқарған. Зияш «Шолпан», «Кавказ шыңында», «Бейбітшілік жыры» атты үш жинақ шығарды. Советтік Шығыстың қос шынарының бірі, Совет Одағының Батыры Мәншүк Маметованың ерлігін суреттеді.
Шолпан Иманбаева, Мариям Хакімжанова, Зияш Қалауова, қазақ поэзиясына әрқайсысы өздеріне тән үндерімен келіп, әйел ақындардың, өмірдің басқа да салалары секілді, әдебиет әлемінде де өздерін көрсете алар мүмкіндіктері бар екенін танытты. Алғашқылардың жүгі ауыр келеді. Бірақ сол ауыр жүк-міндетті арқалап өтіп, кейінгілерді ақындық өнерінің өріне талпындырды. Бұл үш апамыздың творчествосының маңыздылығы мен құндылығының өзі осында.
Өлең өнерінің жолында көп жылдар еңбек еткен, бірнеше өлең жинақтарын берген ақын — Әмина Шалабаева. Творчестволық жолын аударма мен прозадан бастаған Әмина апа «Қарлығашым», «Күн қызы», «Тау бұлағы», «Менің өрнектерім», балаларға арналған «Әнші қоңырау»,
«Сайран дәурен» атты таңдамалы жинақтарын берді. Аударма саласында да еңбек етті. Садриддин Айнидің «Мектебін», қарақалпақ эпосы «Қырық қызды» аударуға қатысты.
Ауыз әдебиеті — қай халықтың болмасын рухани қайнары, өнер бастауы. Қазақ ауыз әдебиеті жазба әдебиетімізбен қатар жасап келеді. Көп мезгіл айтыс, жар-жар өнері қалыс қалып келгенмен, соңғы жылдары қайта өрлеу үстінде екендігі қуантады. Осындай халық ауыз әдебиетінің озық дәстүрлерін жалғастырып жүрген ақын апаларымызды біздің кейінгі ұрпақ құрмет тұтып, заңды мақтан етеді. Олар Халима Өтеғалиева мен Дәмеш Берсүгірова.
Қазақтың белгілі ақыны Тұрсынхан Әбдірахманова алдыңғы топтың ізімен келіп, Шолпан, Мариям тіккен ақын қыздар отауының табалдырығын аттады. Бұл 50-ші жылдар болатын. Содан бері Тұрсынхан Әбдірахманова «Ән», «Әннен-әнге», «Шырқау», «Көгершін көңіл» өлең жинақтарын ұсынды. Бұл кісі ақындықпен қатар ғылым саласында қиын да абыройлы жұмыстар атқарып жүр.
«Ақын сыры», «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» атты ғылыми монографиялар жазды. Ақын Хамит Ергалиев творчествосын зерттеді. Филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Әбдірахманова «Әйел бақыты» атты өлеңінде әйел жанының нәзік те табиғаттай сырлы құпияларын, әйел психологиясын ашуды мақсат тұтады.
«Әйел нәзік гүл дейсіңдер ерекше,
Осы ойыңды, достым, өзің кел, екше.
Мәңгі гүлдеп болу үшін бақытты
Сол әйелге көп дүние керек пе?
Үймей-ақ қой басына оның бар құтты,
Сыйлама сен оқа, ұштап, барқытты.
Ертелі-кеш үйге есіктен кіргенде
Жадыраңқы ажарыңа ол бақытты.
Сыйлама сен інжу-маржан, жақұтты,
Сыйлама сен биік мансап, тақытты.
Жудеу жанын не сыныңқы қабағын
Тани салған назарыңа ол бақытты.
Ұстамасаң әйел еді деп ықтырып,
Бөлісетін болсаң барыңды ұқтырып.
Не күйіңе ортақ етсең бақытты ол
Қызметіңде болар мәңгі тік тұрып».
Гүлсім Сейілжанова әдебиетімізге «Ана гүлі», «Білезік», «Ұлар», «Алқоңыр», «Шалқыма», «Көктем әуені» және басқа жинақтарын берді. Фазу Әлиеваның, Зулфияның жырларын ана тілімізге аударды.
Поэзия әлеміне қосылған 15 жылға жуық мерзім ішінде бірнеше өлең жинақтарын берген ақын — Рза Қунақова. Рза әдебиетке о баста балаларға арнап жазған өлеңдерімен келген еді. Қазір үлкендер поэзиясында да өз орнын алып, өз үлесін қосып жүр. Рза сонымен қатар проза саласында елеулі еңбек етіп келеді. Ақынның «Сурет», «Ерке елік», «Жаннат жер», «Кішкене жүректер», «Керімсал», «Ол он жетіде еді» секілді бірнеше өлең және проза жинақтары бар.
Қазақстанның қыз-келіншектері бұл күндері мемлекет басқарады, олар халық қалаулылары — депутаттар, қоғам қайраткерлері, өнер жүйріктері, қарапайым еңбек озаттары. Мысалы, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденді механизатор, төрт баланың анасы Кәмшат Дөненбаева, Социалистік Еңбек Ері, атақты күріш өсіруші, он бала өсіріп тәрбиелеген Батыр ана Ұлбала Алтайбаева, СССР халық артисі, әнші Бибігүл Төлегенова, атақты композитор Ғазиза Жұбанова, есімдері елге белгілі ғалымдар Нәйла Базанова, Патшайым Тәжібаева — біздің халқымыздың, келешек ұрпақтырымыздың мақтанышы. Міне, осындай ел құрметіне бөленген әйелдер бейнесін ақын қыз-келіншектер өз жырларына арқау етеді.
Қазақ әйелі қашаннан қалай жырласа да, қандай биікке көтерсе де, табиғатымен — парасатымен, тұрақтылығымен, батылдық қайсарлығымен лайық. Бүгінгі замандағы қазақ қыздары да әдебиетке өзек болуда. Кәмшат Дөненбаева туралы жазылған «Біздің Кәмшат», Алтайбаева туралы «Ұлбала» атты кітаптар жеке-жеке шығармалар болып жарық көрді.
Туған елдің бүгінгі сұлу мүсін табиғаты, оның ақ жарқын адамдарының сезімі, биік адамгершілігі, игілікті өмір тынысы ақын қыз-келіншектердің жыр арқауы болып отыр. Ақын Марфуға Айтхожина қазақтың мемлекеттік университетін бітіріп, одан кейін Москвадағы М. Горький атындағы әдебиет институтының екі жылдық курсында оқыды. Құлжа аймағында туып-өскен Марфуға советтік Отанының аялы алақанында, туған халқының ыстық ілтипатына бөленді. Ол — «Шыңдағы жазу», «Аққу әні», «Қаракөзайым», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Қыран жеткен» және басқа да өлең кітаптарының авторы. Марфутаның жырлары көп ұлтты Отанымыздағы туысқан республикалар тілдеріне аударылды.
Қыздар поэзиясына нәзік лиризм мен шыншыл сезім әкелген талантты ақын — Ақұштап Бақтыгереева. Ақұштап кезінде жас жазушылардың Москвада өткен Бүкілодақтық кеңесіне, Горький қаласында өткен жас ақындар фестиваліне қатысты. Өлеңдері орыс, тәжік тілдеріне аударылды. Ақұштап өзінің «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым — іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат» атты өлең жинақтарымен поэзия оқырмандарының ілтипатына бөленді. Ақұштап өлеңдерінде шыншылдық пен сыршылдық, ақынға ғана тән сезімталдық азаматтық әуенмен астасып жатады. Ақұштап Бақтыгерееваны өзгелерден оқшауландыратын да осы қасиеттері.
«Ойлардан кеткен шағым тозып менің
Достың да ниетінен сезікті едім.
Сенімнің шырағы өшіп кетер кезде
Жарқыным, жақсы болды-ау кезіккенің.
Тез ұқтың, көңілімді қайтармадың,
Келді бір қуаныштан айқайлағым.
Тереңде жатқан сырын жүрегімнің
Өзіңе ақтарыла айтам бәрін.
Шаршатса шын тілектер бірікпеген,
Тірлікте өшпейді екен үміт деген.
Бар қайғым басымдағы ұмытылып
Мен сенің алдыңа ылғи күліп келем.
Өзіңе еркінсумен өтем де шын,
Мейлі жұрт бұл ісімді бекер десін.
Құлын-тай ой мен қырға ойнақтайды,
Кең дала тентектігін көтергесін».
Ал, Қанипа Бұғыбаеваның өмірі де, шығармашылығы да — өз алдына бір әлем.
«Жұмыр жер — адамзат тұрағы,
тыныштық — олардың ұраны.
Сұм соғыс шықпасын есінен ешкімнің,
Ол жылдың зардабын тартқандар тірі әлі!» —
деп ол өктемдік пен озбырлыққа, соғыс пен күңдікке өлеңімен лағынет айтады. Өз жырларын үлкен азаматтық оймен ұластырып, дүние жүзіндегі ақ тілекті адам баласының асыл мұраты — бейбітшілікті ту етіп көтереді.
Мағираш Сарикова — өзіндік әуен-үнді, сыршыл ақын. «Студент қаламы», «Сырсандық», «Сенің көзің» атты жинақтарын берді. Ақындық орын, талант құдіреті шыққан кітаптың санымен өлшенбесе керек. Мағираш — көр-жерді жаза бермейтін, талғампаз, поэзияға жауапкершілікпен қарайтын ақын. Қазір өзінің шабытты творчестволық өсуі шағында. Маған Мағираштың өлеңдері керемет ұнайды. Әдебиет те өмірдің бір бөлшегі болғандықтан, ылғи өсу үстінде, жетілу, даму үстінде өркендейді. Адам баласының жан-жақты даму сатысындағы біздің бүгінгі заманымызда әдебиетшілерге қойылар талап пен талғам да өте жоғары. Оның үстіне алдыңғылардың жетістігінен үйреніп, жетпес жақтарын толтыру да бүгінгі таңдағы жастардың міндеті. Міне, әлгі аталған ақындардан кейін әдебиетте ешкімге ұқсамайтын өз өрнегін қалдыруды мақсат тұтқан талантты, талғамды жастар келеді.
Егер бізде бұрын «Әйелдер поэзиясы» деп әдейілеп айтып, кей жағдайда, тіпті, кем-кетігіне кешіріммен мүсіркей қарау басым болып келсе, бүгінгі жас ақын қыздар бұл секілді дәстүрге айналып кеткен пиғылды өздерінің поэтикалық туындыларымен, поэзияға тән өршіл де нәзік, үлкен азаматтық үнімен жоққа шығарды. Осындай жас ақындардың алдыңғы сапында біздің Күләш Ахметова келеді. Күләш күнделікті баспасөз бетінде жарияланып жүрген жырларымен, өзінің «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың» атты жинақтарымен поэзияның талғампаз оқырмандарын сүйсіндіріп тастады.
Жалпы, «бұл адамнан керемет ақын шығады» немесе керісінше «ештеңе шықпайтын болу керек» деп алдын ала жорамал пікір айту дұрыс емес деп ойлаймын. Ал Күләш туралы, оның тұңғыш кітабы шықпай тұрып, маусымдық баспасөз бетіндегі өлеңдерін оқығаннан кейін, ұмытпасам. бұдан алты жыл бұрын, өз пікірімді айтқан болатынмын. «Жұлдыз» журналы сол кезде «дөңгелек стол» ұйымдастырып, кімдерден үміт күтесіз, қай ақындарды жақсы көресіз, неге жақсы көресіз деген сұрақтар қойып еді. Мен соған журнал бетінде пікірімді айтқам.
Өмірде әр түрлі жағдайлар болады, өзгерістер, құбылыстар деген — тіршіліктегі заңдылық қой. Бірақ соған қарамастан, менің пікір өзгертуім — өте қиын мәселе. Бұл қасиетім кейде дұрыс болмауы да әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, қанға сіңген қасиет болса керек, әуелде ұнап қалған нәрсені кейін мүлде жек көргім жоқ.
Өз басым кейінгі жас ақындарға қарап, тіпті екпіндеріне қауіптене қарап отырамын. Сондай қауіптене, сүйсіне қарайтын азғантай топтың ішінде Күләш бар. Күләштың творчествосы менің көз алдымда өсіп, дамып келеді.
Бір өлеңнен екіншісіне аттаған сайын өсіп келеді. Күләшқа менің бір риза болатын жерім — ол өлеңге өте жауапты қарайды. Баяғыда біздің ауылда Сәрсен деген зергер болған-ды. Күмістен ою оятын: білезік, сақина, сырға, алқа дейсің бе — бәрін жасайтын. Сонда көріктен шыққан күмістен қол түгілі, көзге көрінбес нәзік өрнектерді кез келген адам төзе бермейтін шыдамдылықпен әшекейлейтін. Іші алтын, сырты күміс өлеңді жазу да осындай ісмерлік, шеберлікті қажет ететін сияқты.
Күләштың тұңғыш кітабы «Ақ гүлім менің» шыққан кезде өлең түсінетін жамағат қазақ поэзиясының көгінде тағы бір жұлдыз шыққанын, айқайлап айтпаса да, іштей мойындады.
Көп іздену, көп оқу, өлеңге өте жауапкершілікпен қарау секілді көбімізде жетіспейтін қасиеттер Күләш пен оның құрбыларында бар екендігі қуантады.
Өлең оқитындар, үміт күтіп жүрген тағы да талантты ақындар — Ханбибі Есенқараева мен Тұрсынай Оразбаева. Ханбибінің сыршыл да, ойнақы, кейде өктем үнді жырларында Махамбет пен ақын Сараның екпіні жатқандай сезіледі. Айтайын деген ойын тура, әділ әрі нанымды жеткізеді. Кең тынысты, талантты ақын.
Тұрсынай жырларына тұма бұлақтай мөлдірлік, қанша тыңдасаң да жалықтырмайтын әсем саздылық тән. Тұрсынайдың жырларында жарқылдаған ақжарма ақын мінез көрініп тұрады. Ақындық мінез танытпайтын жырлар әдебиетте жақсы да емес, жаман да емес бір дүние болып қалады.
Ханбибі:
«Бар менің мінездерім
Арғымақтай алқынып алыстарға
Тұнжыраған түндерде жол асатын.
Арыстанның айбынды аузындағы
Кездерім бар асына таласатын!
Білмеймін әлдекімге ұнаймын ба,
Білмеймін сол биіктен құлаймын ба!?»
Тұрсынай:
«Ей, ақ ерке дәуренім!
Көңілімнің пердесін басып өтіп
Бірде өжет, бірде ерке, жасық етіп,
Бал базарлы күндерді шашу етіп,
Арманымды жақын не қашық етіп,
Мына өмірге қойдың ғой ғашық етіп».
Жамбыл облысының Мерке ауданында тұратын мұғалім Шырын Мамасерікованың өнердегі де, өлеңдегі де орны ерекше. Шырынның поэзиясы менің көз алдымда бұрымын өрді.
О баста Шолпан мен Мариям бастаған ақын қыздар керуені бұл күнде қатары көбейіп, толығып қалды. Бұрын ақын қыздар ілуде біреу болса, қазір олардың саны едәуір, тіпті жыл сайын көбейіп келеді десек, қателеспейміз, Әрине, олардың болашағын, әдебиет көгіндегі алар орнын жылдар айқындайды. Ал ақын қыздардың көбейе түсуі біздің бүгінгі заманымыздың арқасы екенін тағы да айтқым келеді.
Баяғы замандарда ілуде біреуі ғана жарқ етіп көзге түсіп жоқ болатын өнерлі қыздардың бүгінгі сіңлілері халық атынан осылай сөйлейді. Бұл заңды да. Бүгінгі қазақ қызы дүние жүзілік ғалымдар жиынында ғылымда ашқан тың жаңалықтарымен сөз сөйлейді; XX ғасырдың талғампаз оқырмандарының алдында өзінің алмастай өткір, күн шуағындай нәзік жырларын оқиды.
Мұның бәрі — біздің өскелең өмір тынысымыздың айқын айғағы. Қазақ халқының ақын қыздары туған әдебиетіміз тарихында өздерінің асқақ та айбынды, нәзік те сезімтал жырларымен қалары сөзсіз.
1975
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі