Өлең, жыр, ақындар

Ел болып қаламыз ба...

Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тіл, тарих секілді рухани ғұмырын жалғастырар тіршілік арналарының уақыттың құмды дауылдарынан бітеліп қалған көз қайнарлары біртіндеп аршыла бастағаны көңілдерге үміт сәулесін ұялататыны рас. Адам баласының табиғаты қызық қой: замандар бойы езіліп-жаншылуға еті үйреніп, құдайдың жазғаны осы деп қабылдап, жан дәрмен күйі жүре береді де, сәл-пәл жақсылықтың нышаны көріне бастаса, неге дүниенің бәрін бір сәтте ақиқат пен адалдық жайлап алмайды деп, өмір бойғы қағажу тірлігінің өшін бір-ақ алғысы келеді.

Біздің ана тіліміз хақында да осындай көріністерді байқауға болады. Бірыңғай халықтың сөзін сөйлеуге «сыңар жақ кетіп, қызмет орнымнан түсіп қалармын» деп ел тағдырын шешуші әкімдер қорқақтайды. «Ұлттық республикалардың бәрі дерлік алдымен туған тіл мәселесін шешіп алып жатқанда кіндік кескен ұлан-байтақ топырағымызда отырып, біз неге бүгежектейміз» — деп қарапайым еңбекқор халық алабұртады.

Қазақ тіліне мемлекеттік статус берілуі турасында республика Үкіметінің деңгейінде мәселе көтерілгені рас.

Қазақ тілі қоғамы құрылып, оның республикамыздың аудан, ауылдарына дейін бөлімшелері пайда болғаны рас.

Жоғарғы, арнаулы орта оқу-орындарында қазақ бөлімдері өмірге келіп, орыс бөлімдерінде де қазақ тілі сабағы оқытыла бастағаны рас. Республикалық «Ана тілі» газеті, облыс орталықтарында Қазақ тілі қоғамы бөлімшелерінің, жүйелі болмаса да, өз газеттері шыға бастады.

Осының бәрі — бұдан он жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай жақсылық.

Алайда, Қазақ республикасының барлық жерінде қазақ деген халықтың елінде жүргенін әр адам сезінетіндей жағдай әзір бола қойған жоқ және қапелімде бола да қоймас. Ол бірер адам бүйрықпен жасай салатын ахуал емес, бүкіл халық, оның ішінде интеллигенция, ірілі-ұсақты мекеме басшылары болып, ынтымақты бірлікпен істелетін шаруа.

Ең алдымен біздің еліміздің буын-буынына сіңіп қалған «орыс тілін білмеген адам адам болмайды» деген жылдар бойғы қағидадай қалыптасқан пікір жойылмай тұрғанда, «қазақ тілін оқы, үйрен» деген жалаң үгіттен ештеңе шықпайды. Қазақ тілінен басқа тілді білмейтін адам жеті мүшесінің біреуі жоқ мүгедектей кібіртіктеп, өз-өзінен қорсынып, шет елде жүргендей тілін тістеп жүретін жағдай барда, қазақтар бәрібір аборигендер секілді күй кеше бермек.

Өйткені біз жүртқа жағынумен, өзіміз өлусіреп жатсақ та, біреудің бабын табуға тырысумен келе жатқан халықпыз. Ал, өзін сыйлата алмағанды өзге ешкім де сыйлап жарытпайды. Қазақ тілі туралы, қалалардың, кейбір көшелердің аттарын өзгерту туралы сөз болғанда, өзге жұрттың әкесінің қүны қалғандай бүрқан-талқан болуы да сондықтан.

Тіл туралы заң алғаш сөз болған кезде құрдай жорғалай бастаған республиканың өзге тілді түрғындары бүгін қайтадан тайраңдап, «сенің тіліңді қайтем» деген қүлық көрсете бастады. Қазір бірсыпыра облыстарда Қазақ тілі қоғамының мүшелері Наурыз мерекесін өткізіп жүр. Мұның тіл үйретуге көмегі жоқ, әрине. Бірақ халықтың салт-дәстүрін тұрмысқа енгізуге, балалар мен жастардың шығыс халықтарының Жаңа жыл мейрамы қашан болатынын біліп жүруіне себі тиері сөзсіз. Биыл астанадағы қазақтың Қыздар педагогикалық институты мен политехникалық техникумның ұжымдары Наурыз мерекесін есте қалардай тамаша өткізгенін өзіміз көзбен көрдік. Тіпті менің кішкентай немереме дейін:

— Біз Наурызға барғанда... — деп, Қыздар институтында көрген қызықтарын ертегідей тамсана айтады.

Ал, бірсыпыра облыстар мен аудандарда қазақ тілі қоғамдары не істерге білмей саусақтарын сорып жүргендігі байқалады. Мұндай жағдай, әсіресе, бірыңғай қазақтар тұратын жерлерде көрініс беріп жүр. Себебі ауылда, ауданда жаппай қазақша сөйлейді, демек оларша ешқандай күрделі мәселе жоқ. Ал басқа ұлт өкілдерімен аралас тұратын жерлерде Наурызды жақсы өткізуге тырысады.

Бұдан нені көруге болады?

Өз халқының тілі мен дәстүрін білу бәсекенің немесе «қазақтар керемет екен» деп өзге жұрт таңдансын деп жасалатын шаруа емес. Бұл — қанға сіңген, кәдімгі тыныс — деміңдей көзге көрінбей тірлігіңді жалғайтын, сен арқылы ұлтыңның ғұмырын жалғайтын нәр.

Баяғы бала күнімізде 7-қазан мейрамы жақындап қалды деп, біздің ауылда мектеп, кеңсе, дүкен, тұрғын үйлердің сыртын ақтау да колхоз коммунистерінің науқанды жұмыстарының бір саласы болатын. Жыл бойына алақ-жалақ, алқа-салқа болып жататын ауыл үйлері дәстүрлі мейрам қарсаңында опа жаққан әйелдей бір жаңғырып қалатын да, мейрам өткесін баяғы таз қалпына қайта түсетін.

Ұлттың тілі өз деңгейінде даму үшін бүкіл қоғамдық жүйеде құнарлы топырақ пен нәр берер ауа қажет. Ол болмаған жерде, әсіресе көп тілді ортада өмір сүруге мәжбүр саны аз ұлттардың тілі емін-еркін өркен жаюы екіталай.

«Ана тілін білмеу ұят» деген қағидамен ғана тіл үйренгендер ешқандай тілді көктетіп жарытпайды. Туған халқының әні мен күйін қаны мен жанына сіңіріп өспеген адам уызына жарымаған төлдей.

Біздің тіліміз әзірге сырбаз ақсүйектері бала-шағасына дейін французша түсінісіп, мұжықтардың ғана қатынас құралына айналған өткен ғасырлардағы орыс тілінің кебін киюде. Ауданнан бастап, облыстық, республикалық дәрежедегі ірілі-ұсақты әкім-қараның дені өз тілін жете білмейтін, қазақша кітап түгілі, газет-журналдың бетін ашып қарамайтындар.

Республикадағы Қызылорда мен Жамбыл облыстық партия комитеттеріне барғанда ғана аузың тұшынып қазақша сөйлесетін хатшыларды көріп бір жасағандай боласың. Басқа облыстардың партия комитеттеріне кірсең, Воронежде немесе Самарада тұрғаныңдай әсер береді. Оларда қызмет ететін басқа ұлт өкілдерін сөз етпегеннің өзінде, иненің көзінен өткен қазақтың жігіттері мен қыздары ана тілінің шұрайлы шырынын ұғуды былай қойғанда, сезінбейді де.

Басқа ұлт өкілдерінің бірге еңбек ететіндер арасындағы өзара қазақша сөйлескендерге: «Сендер неге орысша сөйлеспейсіңдер?» — деп зекитіндерін қайтерсің?!

Ал қалалық, облыстық, республикалық жиын атаулы сессия, пленум, съезд т.б. қазақша өткен емес. Әйтеуір жиналыс басқарушы «қазақ» екенін көрсетейін дегендей немесе Қазақстанда өтіп жатқан жиналыс екеніне жұрттың назарын аударғысы келгендей, қазақша жазып алған бастапқы екі сөйлемін ежіктеп оқып шығады да, әрі қарай шүу, қарақұйрық деп «аудармаға уақыт кетірмеу үшін» ортақ тілде зымырап береді. Теледидардан республика Жоғарғы Кеңесі сессияларын қарай қалсаң, қазақ тілінің иісін сезбейтін ахуалды көресің.

Өткен айда Ақтау қалалық кеңесінің сессиясында жап-жақсы қызмет етіп жүрген қазақ жігіті қалалық кеңестің төрағасы Меңдеш Салықұлын әй жоқ, шай жоқ орнынан жұлып алып тастап, төрағалыққа орысты қойды. Жұлып алған емей немене, қалалық депутаттардың басым көпшілігі қазақ еместер, өйткені жағдайы жұмақпен бірдей Ақтау қаласында тұратындар байлық жинауға келгендер де, қаладан құрық тастам жердегі тұрмыс-тіршілік жағдайы дозақтан кем емес Басқұдық, Ақшұқыр, Қызылтөбе елді мекендерінде шиеттей сәбилерін шулатып қазақтар тұрады Қазақ интеллигенция өкілдерінің, «Парасат» қоғамдық ұйымының төрағасы Сайын Шапағатовтың дамыл көрмей жүріп қаладағы екінші қазақ мектебін, орыс балабақшаларының жанынан қазақ топтарын аштырудағы күресі кезінде өкімет тарапынан көмектескен жалғыз Меңдеш Салықұлы болатын. Демократия деген пәренжені жамылып алып, ақтаулық депутаттар стол баққандардың арасындағы іліп алары, қазаққа жаны ашитын сол азаматты жабылып жүріп орнынан алды. Сөйтіп Ақтау қаласын Оңтүстік Африканы билеушілердің вилласы секілді етіп ұстап келген келімсектер тағы да туларын аспанға көтеруде. Бұл туралы егжей-тегжейлі тәптіштеп жазып отырғаным, осындай жағдай тек Ақтау қаласында ғана ма? Әрине, олай емес. Бұл — Қазақстандағы талайдан қалыпқа құйған қорғасындай мызғымай келе жатқан көрініс.

Біз тілімізге мемлекеттік маңыз-мән береміз деп сөзбен сырлағанмен, қоғамдағы кең ахуалды көсемей тұрып, ештеңе де жасай алмаймыз.

Бауырлас өзбек, қырғыз елдерінің тедадидарынан парламенттік жиындарын көре қойғанда көңілің көншиді; өз тілдерінде қысылмай-қымтырылмай сөйлеп, көсемдерінен бастап көк аттысына дейін мақал-мәтелмен көсіліп жатады. Өйткені залда отырғандардың ең кем дегенде 70-80 пайызы көшіп келіп көсегелері көгергендер емес, жер аударылмай сол топырақтан кетпейтіндер.

Егер жергілікті, қалалық, одан жоғары баспалдақтардағы үкімет өкілдерінің кем дегенде жартысы жергілікті халық өкілдері болуы шарт деген заң болса, бұл жағдай өзінен-өзі жөнге келер еді.

Қазір ел аузында: «Совет Одағындағы ең жайлы нүкте — Қазақстан» деген пікір бар. Біз үшін қуанышты пікір. Алайда тіліңе, жаныңа, қаныңа капсула жібергендей күй кешіп жүріп, өзгелерге жұғымды майшелпек болғанның халық пен ұрпақтың кепкен кенегесін жібітерге қандай себі болмақ?

Рас, саны аз ұлттардың тағдыр-тіршілігі жел өтінде тұрған бүгінгі дәуірде, оның ішінде темір құрсауда тыпырлап жүріп жан дәрмен тірлігін әзірше жалғап келе жатқан қазақ халқының жағдайында, бәрін бірден орнына келтіре қою оңай шаруа емес. Бірақ дәл осы күйімізде кете берсек, еңсемізді көтеріп, елдігіміз етек жаймасы кәміл.

Осыдан біраз жыл бұрын Эстон әдебиетінің Қазақстандағы күндері өтті. Әдеби, мәдени қарым-қатынас жасауда, ел мен елдің, ұлт пен ұлттың жақындасуына жағдай туғызатын осындай жиындар бұрынғы кезде, жиі болмаса да, өткізіліп тұратын. Қазір қай жазушының қай сайда немесе қай төбенің басында жүргені белгісіз. Иә, сол эстондық әдебиетшілердің еліне жүрер қарсаңда Қазақстан Жазушылар Одағы бірінші хатшысының бөлмесінде белгілі деген қазақ жазушыларымен жүздесуі болды. Сонда Эстонияның делегация басшысынан бастап, көрнекті жазушыларына дейін өз тілдерінде сөйлеп, аудармашы арқылы түсіністік. Біздің қазақша — эстонша білетін тілмәш болмай, ақыры қазақ ақын-жазушылары орысша сөйлеп, қош айтысқанымыз есімде қалыпты.

Осындай республикалар мен елдер арасында болып жататын, үкіметтік деңгейдегі кездесулер де өз тілімізде өтіп, біздің басшылар да ана тілдерінде сөйлесе, халықтың да мерейі өседі, әрі өзге жұртқа да сабақ болар еді.

Түрлі дәрежедегі басшыларды жұмысқа алғанда да жергілікті халықтың тілін білетін-білмейтіні ескерілмейді.

Өмір бойы Қазақстан топырағында тұрып келеміз. Өз қара басым әлі күнге дейін Шетпе, Тарбағатай, Ақкөл, Арал, Ұлытау, Қызылқоға аудандарында болмаса республиканың телефонмен байланыс жүйесінде қызмет істейтіндерден сұрағыма қазақша бір де бір жауап естіген емеспін. 07, 08, 09 санды телефондардың басында отырғандарға қазақша сәлемдессең, «Не деп оттап тұрсың?» — деген мағынадағы орыс сөзімен жауап аласың.

Соңғы бір-екі жылда туысқан Түркияда тұратын қазақ бауырларымыздың бірқатары ата-баба топырағына тағзым етуге, жылдар бойы жеті қат жердің астына түскендей хабар-ошарсыз кеткен қазақ еліне жиі-жиі келіп-кетіп жүр. Олар Алматыда отырып, Стамбулдағы бала-шағаларымен телефон арқылы сөйлесу үшін заказ беруге келгенде орысша білетін адам іздеп әуре-сарсаң болады. Себебі, заказ алатын нүктелерде отырғандар «өлтірем» десең де, қазақша іліп алмайды.

Әуе жолы, темір жол, автобус қатынасы мекемелері — әр елдің бет-ажары секілді, алғаш көзге ұратын және халықтың ең көп жүретін салалары. Әуе жолын, яғни республикадағы Аэрофлот жүйесін байқап қарасаңыз, әбден ыза боласыз. Бұрынғы жылдары Мәскеуде арып-ашып күндерін өткізіп, уһ деп Алматы самолетіне отырғанда, қазақ тілін жаңа үйреніп жүрген шет елдік азаматтардың акцентімен сөйлесе де стюардесса қыздың қазақша хабарламаларын ұялып жерге кіре жаздасақ та, еститін едік. Қазір сол акцентпен айтылатын қазақша хабарламаларға да зар болып қалдық. «Қазақ тіліне мемлекеттік хұқ беріп жатырсыңдар, ал, ендеше!» — деп тісін қайраған біреулердің ісі ме — әйтеуір самолет ішінде жолаушымен қазақша сөйлесетін қызметкер табу қиындап кетті.

Қазір қазақша да, орысша да, тіпті бұларға қоса ағылшын, француз тілдерін де білетін сымбатты да, сүйкімді қыздарымыз қанша?! Апыр-ау, әуе жолының тарабына келгенде не қазақшасы жоқ, не қазақ қызының құлқы жоқ, не келбеті жоқ біреулердің қармаққа ілінетіні қалай?

Бұл күндері шетелдіктер деген республиканың сай-саласын кезетін болды. «Қазақтың ұлы мен қызы, міне, осындай болады!» — деп көрсететін ұрпақ, құдайға шүкір, бар ғой!

Осы жайларды кім ойлап, кім бас қатырып жатыр? Шамасы тіл білмейтін сыңаржақ басшылар өздерінің жетпестіктерін жалпыға тән деп көрсету үшін жұмысқа адам қабылдаған кезде әдейі жоғарыдағыдайларды көрсетуге тырысады-ау.

Біз газет-журнал беттерінде өз пікірімізді, өмірден көрген жақсылы-жаманды тәжірибелерімізді жазамыз. Маған кейінгі кезде жүйкеңді тарамдап, жүрегіңді ауыртып жазған-сызғандарымызды кім үңіліп оқып, өзіне ой түйіндеп жатыр деген салыңды суға кетірер ой келеді. Қазақша газет-журналдарды қарап, ондағы жазылғандарды оқып жатқан басшылар жоқ, қай министрдің алдына барсаң да, алдарында орысша газет-журналдар жатады...

Соңғы жылдары айтыс, қыздардың жан, тән сұлулығын сынға салар «Сарыарқа аруы» деген секілді көпшілік шаралар өткізілуде. Әрине, айтыс бүгінгі қазақ поэзиясының шыққан шыңы емес. «Ел кітаптың бетіне қарауды қойды, тек айтыс десе ішкен астарын жерге қоятын болды. Демек, бүгінгі қазақтың өре деңгейі осы екен ғой», — деп, зиялы қауым өкілдерінің арасынан түңілген күбірлер де естіліп қалып жүр.

Айтыс — қазақтың төл өнері. Төл өнерінің қай түрін болмасын қолдаған халыққа қол соғу керек деп ойлаймын. Өз басым, алтыннан ескерткіш құямыз десе де, айтыс ақыны бола алмаймын -қолымнан келмейді. Күйсандықты құйқылжыта тартқан адамның бәрі домбыраны немесе гитараны шерте алмайды ғой. Айтыс тіл шеберлігін, тапқырлықты, адамның білімі мен өресін шыңдайды, қазақтың сөздік қорын байытады. Сондықтан «айтысты қолпаштай бермеу керек» деп көңілтарлық көрсету дұрыс болмас деп ойлаймын.

Ал, «қыз сыны» турасында да айтарым осы. Қыз баланың білімі, мәдениеті, көргенділігі көрінетін мұндай шараға қыздардың өзі де, ата-аналары да, сөз жоқ, мән береді, талапқа сай болуға ұмтылады. Демек, дарақылық, салдыр-салақтық, өзіндік пікірі жоқ ермелік жастарымыздың арасынан бой көрсетіп жүрген бүгінгі таңда қазақ үшін мұның артықтығы жоқ.

Әттеген-айы сол — осындай шаралар барлық ауыл — аудандарда, мектептер мен оқу орындарында өткізіле бермейді, жай басып, жан сауғалап жүрген басшылар, жұртты ұйымдастырып, жақсы іске ұмтылдырудан гөрі, аш құлақтан тыныш құлақ жүргендерін дұрыс көреді. Қазір үлкеннің де, кішінің де ілгері ұмтылуға, адал қызмет етуге, немесе жақсы оқуға құлқы жоқ. Әр көкіректегі жалғыз арман «қайтсем, қайдан көп ақша табамын».

Бай болғанға, молшылыққа, не ішем, не киемсіз ғұмыр кешкенге не жетсін. Бірақ рухани өміріне, тіліне, әдебиет пен өнеріне мән бермеген елдің тағдыры қайнары сарқылған көлмен тең. Адамзат тарихында талай халық жер бетінен — осылай сүртілген.

Халықтың тілі мен тағдырын сөз ете отырып, тіл сабағы, оқулықтар жайлы үндемей өту күпірлік.

Қазіргі таңда біздің біраз іні-сіңілілеріміз сәбилерін, жолдастарымыз бен аға-жеңгелеріміз немерелерін қазақша балабақшаға апаруға тырысып-ақ жүр. Бірақ қазақ балабақшаларындағы тәрбиешілер мен мұғалімдердің күні де күн емес: көрнекі құрал, оқулық, сәбилерге арналған жаттап алуға, ұғынуға оңай өлең, тақпақ жинақтары, сурет кітапшалары жоқтың қасы деуге болады. Балабақшаны өліп-талып қазақша аштырып алған бауырларымыз енді оларды қалай оқыту керек, қазақша кітап-құралдарын қайдан табу керек деп бастары қатуда.

Қазақ тілі пәнінің қазақ мектептерінің өзінде жургізілуі жүйесінде шалалықтар бар. Бірқатар мектептерде қазақ тілі топқа бөлініп оқытылмайды, сол баяғыша сегізінші (бұрынғы жетінші) класта қазақ тілі пәнінің курсы тәмамдалады. Қазір барлық мектептерде дерлік орыс, ағылшын тілдері ең көп дегенде 12-13 баладан топқа бөлініп оқытылады.

Ал жоғары оқу орындарындағы қазақ филология факультеттерін алсақ, бұларда да қазақ тілі мен әдебиетіне бөлінген сағат саны шешесіне еріп келіп, өгей әкесінің қолынан ұзатылған қыздың жасауы құрыптас. Осы факультеттердегі шет ел, орыс әдебиеттеріне бөлінетін сағат саны анағұрлым көп. «Қазақ тілі мен әдебиеті қайда қашар дейсің, қазақ студенттері басқаларды жақсылап біліп алсын» деген қағиданы жоғары білім беру басқармасындағы жолдастар ойластырған болулары керек.

Қазақ тілі — өте бай тіл. Жалпы жер бетіндегі тілдің әрқайсысы өзінше ұлы, әрқайсысы әр халықтың бай қазынасы.

Мен үйде, мектепте, университетте оқитын балаларымның сабақтарын, күн сайын болмаса да, қарап отырамын. Баланың сабақ оқуға құлқы жоқ. Бұл тек біздің үйде ғана емес, жаппай көрініс. Сондағы байқайтыным — ана тіліміздегі оқулықтар тілінің қасаңдығы. Тарих, жағырапия, биология, зоология пәндерінің қазақ тіліне аударылған оқулықтарын қаршадайымнан кітап мүжіген мен әрең түсінемін.

Мұндай оқулықтарды бала түгілі үлкен адам екінші рет қарағысы келмейді. Жарайды, оқулықтар орыс тілінен — аударылсын-ақ дейік. Бірақ оларды қазақ баласының ұғымына лайықты мысал, тәжірибелермен, тартымды тілмен аудару Американы ашу емес қой. Егер оқулықтарды мамандар ғана аударатын болса оның көркемдік жағын қарауды жазушыларға жүктеу керек секілді. Өйткені қазақ тілінің құнарын әлі де шашпай ұстап келе жатқандар әзірше жазушылар қауымы. Елдік пен кісілікті ата-баба мұрасындай ұрпақтардың қанына сіңіру мәселесінде де алдымен алаңдайтын жазушылар.

Сонымен, республикадағы қазақ тілі төңірегінде шешуін таппаған мәселелер көп. Бұл — менің ғана жеке пікірім емес. Халықтың өзі біліп-көріп отырғаны ақиқат. Әрине кемшілікті көріп, сынап-мінеуге келгенде жұрттың бәрі шебер. Сондықтан осы айтылған жәйлар хақында мен өзімнің пікірлерімді де ортаға салған жөн деп ойлаймын.

Алдымен, қазақ тілін дамытудың жүйелі, жоспарлы жүргізіліп отыратын бір Орталығы болуы керек. Ол балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орындарының оқулықтарына дейін түгел өз елегінен өткізіп, лайықталған жұмыстарды жүргізгені жөн. Ол үшін бір саланы Қазақ тілі қоғамы, мектептер мен жоғары, арнаулы орта оқу орындарының оқулықтарын халыққа білім беру Министрлігінің Бас басқармасы, медициналық училишелер мен институттардың оқу құралдарын Денсаулық Министрлігінің методикалық құралдар орталығы деп бөлшектеген мекемелерді жинақтап, не қазақ тілі қоғамына, не білім беру министрлігіне қаратқан жөн секілді. Ауру адамды қарағанда біздің дәрігерлер біреу қолын, біреу құлағын, біреу жүрегін қарап әуре-сарсаңға салатыны секілді, қазақ тілінің төңірегінде де пышырап-шашырап жүргеннен нәтижелі іс болмайды.

Республика (ауыл, аудан қала, облыс, мекеме, ұйым) көлеміндегі басшыларын олардың көмекшілерін іріктеуде екі тілді жетік білуі қажеттігін іскерлік, көрегендік, ұйымдастырғыштық қабілеттері секілді шарт етіп қойған дұрыс секілді.

Жергілікті ауылдық кеңестерден бастап, республика парламентінің депутаттарын сайлағанда жергілікті халық өкілдерінің жартысынан кем болмауы заңдастырылмаса, баяғы таз қалпымызбен жүре беретініміз сөзсіз,

Облыстар мен республика басшылары қазақша сөйлемесе, тілімізді мемлекеттік тіл етеміз деуіміз әшейін қызыл сөз болып шығады.

1990.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз