Өлең, жыр, ақындар

Сөз сайыста - қыздар!

Айтыс туралы соңғы жылдары ғана біле бастадық. Уақытты да, өзімізді де төпелеп жатырмыз. Көп айтайық, аз айтайық, әйтеуір халқымыздың қанына сіңген қасиетті сылып тастауға талпынғандардың ығына жығылып өскеніміз рас. Өз басым бала күнімде айтыс ақындарын көрген емеспін. Біздің балалығымыз соғыс жылдарында, одан кейінгі қиын-қыстау кезеңде өтті. Бірақ мені ақын еткен әкем мен шешемнің қанымен, сүтімен келген қасиет болар, ал одан кейін ақын Сара мен Біржан салдың айтысы еді. Анама, ауыл адамдарына кешкілік батырлар жырымен қоса сол айтысты дауыстап беруші едім...

Кейінгі жылдары айтыс ақындарының сөз сайысында қыздар көптеп көріне бастады.

Менің ең алғашқы тәнті еткен шымкенттік Әселхан болатын. Көркем образ, шегедей ұйқас пен ырғақ, асығып-аптықпай, сасқалақтамай кең тыныспен, ойнақы әзілімен жігіттерді жапырып, қалың тыңдаушысын ризалаған Әселхан — айтыскер ақын қыздардың көш бастаушысы болып қалды. Өзі де Қыз Жібектің жеңгесіндей беденді Әселхан сахнада тіпті аруақтанып, ішкі нұр кескін-келбетінде сәуле боп ойнап, тіпті ажарланып кетеді. Бұл — өнердің сәулесі, өлеңнің құдіреті.

Әселхан — өз өнерін, халқының айтыс өнерін, кейінгі жастарға үйретуді Қазақстанда алғашқы болып мұрат тұтқан ұстаз. Бұл — кез-келгеннің қолынан келе бермейтін, кейбіреудің қолынан келсе де, көңілі жібермейтін кеңдік. Өз ауданында Әселханның айтыс мектебін ашуы өте құптарлық жай.

Әрине, өнерде қолына қалам беріп немесе домбыра ұстатып, табиғатында сәуле жоқ адамды ақын немесе композитор жасау мүмкін емес. Мұндай сәулені жаратылыс қана береді. Сол жаратылыс берген сәуленің үлкен алауға айналуы үшін алдында теңіздегі маяктай алыстан болса да жарқыраған бір үлгілер болуы қажет-ақ. Өнердегі үстаздық деген сол. Мен үшін Сара апамыз сондай шамшырақ болған еді. Менің рухани ұстазым — Сара.

Әселхан да сол Сара апамыз секілді айтыскер қыздардың қаулап өсуіне әсер еткен құбылыс болды.

Керемет талантты айтыскер қыздардың Шымкент топырағында көптеп көрінуі және шеттерінен «сен тұр, мен атайын» дейтін, ақпа-төкпе жыр дариясының дүлдүлдері болып келуі тектен-тек емес.

Айтыс — қазақ халқының ғажайып өнері. Табан астында суырып салып, сөзден сұлу өрнек өру, жәй ұйқастырып әңгіме айту емес, қарсыластың оқтай бораған сөз-садағынан қорғану — ой мен жүйкенің аса биік қысымдағы қызметі.

Өз құдіретіне сенбей тұрып, сөз сайысына шығу — қатерлі жәй. Біз, жазба ақындар, оңаша ой түйеміз, ойымыз деңгейіне жетпей жатса, жөндеп, қырнап, әрлеп отырамыз. Ал дүйім халықтың алдында қардай бораған «оқтың» астында отырып, міз бақпай, сөз күресінде арпалысу — өнердің құдіретті түрі.

Мен айтыс өнері қайта өрлеу алғаннан бері айтыс үстінде терлеп-тепшіп, аузына не келсе, соны айтып қысылған, қызарақтаған қыз ақынды кездестірген емеспін. Қыздардың қарсылас жігіттерден ылғи басым түсіп отыратыны олардың қай-қайсысы болмасын өзіне-өзі сенбей тұрып айтысқа шықпайтынын, екі сөздің басын құрдай алады екенмін деп сөз күресіне бел бумайтынын көрсетеді.

Айтыс өнерінің тұйғыны Таушан апайымыз — ақпа-төкпе жыр әлемін өз әлемімен, өз өрнегімен құбылтқан ақын. Назы да, әзілі де жарасатын бөрікті қарсыласымен шыққан кезде, Таушан апай томағасын сыпырған қаршығадай құйылады-ау дейсің.

Айтыстың нағыз халық өнері екенін осы Таушан апайдың табиғатынан көруге болады. Айтысқа шығып жүрген біраз ақындар — өлеңді жазып бастағандар. Өйткені суырып салма сөз өнері халқымызға тіпті жат болып кеткен еді. Осының салдарынан алғаш айтысқа түскендер арасында өлеңді үйде асықпай, жазып алып, халық алдында судыратып айтып беретіндер де кездесіп жүрді. Тіліңнің мүкілігін жасырамын десең де, әу деп аузыңды ашуың мұң екен — сақаулық құрғыр көрініп қалады. Сөз сайысында да солай. Кімнің суырып салып, сөз бен ойды қақпақылдай қағып отырғаны, кімнің үйде құрастырған жолдарын жаттап алып соғып отырғаны тыңдаушыға бірден сезіледі.

Ал Таушан апай болса, құдай берген құдіретке сыйынып шығады. Мен өз басым айтыс ақынының табиғатындағы құпияларды біле бермеймін. Бірақ ой мен сезім құдіретімен қоса жаратылыстың біз қолымызға ұстап, көзімізбен көре бермейтін киелі бір күші әсер етеді деп ойлаймын. Ол болмаған жерде, өнер жоқ...

Қыздар не деген керемет десеңізші! Жүйкені темір мен тас қашаған мына заманда нәзіктік пен ақыл парасаттың, жанашырлықтың, шынайы жақсы көрудің жұқыналары қалса, тек қыздарда қалды. Құдайдан қорқу деген аран мен нәпсіні құнығуды тізгіндеп, жан тазалығын сақтауға бастайтын қасиет те қыздарда көбірек.

Өткір сөз, әдемі де әсем көркімен тапқыр ойларымен тыңдаушысын сүйсіндірген алғашқы қыз-келіншектер арасында оралдық Шолпанның орны ерекше. Тіл мен әдет-ғұрып, ән мен күй, өлең мен жыр секілді халқымыздың бәрі мәңгүрт болып кетті деп жүргенде, Шолпан сіңліміз жарқ етіп сөзсайысқа шығып, әнімен де әрімен де еңсамізді бір көтеріп тастап еді.

Асылы, қазіргі дүниеде, ешкімді ештеңемен таңқалдырмас, таңдандырмас дүниеде, тек қыздар ғана елді сүйсіндіре елең еткізіп жүрген секілді. Орысша ойлап, орысша оқыған, орыс құрбыларының арасында өскен Әсияның, ұзаққа шабар жарау жүйріктей айтыстағы аяқ алысы біреуді сүйсіндіріп, біреуді күрсіндіріп тастағаны да құбылыстай көрінген. Өмірдің қуанышы мен шаттығы аздау, бейнеті көптеу болғасын ба, бірсыпыра ел сахнадағы өнер иесінен, айтыскер ақын атаулының бәрінен жайдары да жарқын жүз, жарқылдаған қылық көргісі келеді.

Жер жүзінде қанша адам баласы болғанмен, олардың мұрны мен аузы, көзі мен құлағы бір-бірін қайталамайтыны секілді, әрқайсысының мінез-қүлқы да ерекше болатыны белгілі.

Айтыскер ақындарды «жүзі салқын, күлімсіремейді» демей, өнерімен бағалаған дұрыс.

Әселхан, Шолпан, Әсиялардан кейін шыққан айтыскер қыздарымыз қандай!

Ақмарал Ілеубаева, шымкенттік студент, өткен жылы жылы студенттердің республикалық айтысында Бас жүлдені иемденген еді. Оза шауып бәйге алған Ақмарал қызымыздың бойында қатқылдық, кейде кесіп айтамын деп туралықтан гөрі тәкаббарлыққа жақындау, жас бойжеткенге жараса бермейтін сөздер қолдану секілді шын өнер иесіне халықтың ықыласын мұқалтуы мүмкін қылықтар ептеп байқалатындай. Бұл, әрине — Ақмаралдың ақындық қуатын жуасытқан емес. Менікі — болғанның үстіне бола түссін деген ниет.

Маржан Есжанова да — тыңдаушысын ерекше сүйсіндіріп жүрген ақын. Кесек ой, ағыл-тегіл образ, көркем сөз құдіреттері тұтасып келіп Маржанның аузынан шыққанда, әй, қарсыластың көбін ері батқан аттай қайқандатады-ау!..

Маған тағдырымен де, өнерімен де ерекше әсер ететін айтыскер ақын — қызылордалық Бибигүл Жаппасбаева. Өнерімен жан дертін емдеп, үлкен сайыстарға бірде қолы жетсе, бірде қолы жетпей жүрген Бибігүл — құдіретті өнер иелерінің бірі.

Ал, қазақ әйелінің даналығы, назы мен әзілі, ұр да жық мінезбен емес, парасатпен, байыппен ұлы өнерге ұштасып жатқан талант иесі Лена Әбдіхалықованың тұлғасы тіпті ерекше.

Өнердің киесі әйел затына қонса, ел-жұртына жақсы, бірақ өнер иесі үшін үлкен жүк. Ол жүктің салмағын кез-келген ер көтере алмауы мүмкін.

Ақын апа-сіңлілеріміздің қазақтың сөз сайысы думанында Жеңіс орамалдары желбірей беретініне өз басым сенемін!

1991.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз