Ата сөз - жақұт. Жақұты- бағамдай білген көрегенділігінде. Қасиет-қадірдің мәнісін баққан қазақтың ата сөзге тоқталмаған кезі болмаған. «Қилы-қилы заман болар, заман азып, заң тозып, жаман болар. Жас ұрпағың орысқа бодан болып, қайран ел, есіл жұртым сонда нетер». Келер бұлттың түнегін сезіне, тау етегін тасалап қалар ұрпақтан сәуле ұшқынын көрер-көрмесіне қынжылған Асан Қайғының терең күрсінісінен қазаққа туар замана таусылмастай сезіледі. Бірақ, ғасыр артынан ғасыр қуа сол заманның кері туғанда, түнерген бұлттан шұғылалы күнді іздедік. Қатулы қара мамық артына тасаланған күн шұғыласын халқымыз қалай күтсе, ұлт зиялысы -Мыржекең де ұрпақ сәулесінен үмітін дәл солай үзбеген болатын. Мыржекеңнің бар ғұмырын ұлтын оятуға жұмсауы да сол үзілмес үміттің құдіреті емес пе?!
Заманның қатал сыны оны еш мұқалтқан жоқ. Мұқалмақ тұрсын, сұм заманның тәкаппарлығына бас иземеген-ді. Иземегені - тізелеп тұрып бүгілген ұлтына «түрегел» деп үн салғаны. Патша ағзамның қайраған сайын өткірлене түскен қанжарының сұғыларын біле тұра, қасқая қарсы ұмтылғаны қазақы қандағы көзсіз ерлікке тән қасиеті. Қысымның қыспақ дәмін аямай татқан баспасөзде «Жастарға» өлеңін жарқ еткізуі ше? Бұл бір, май шашқанда лау ете қалған от іспеттес болды. Ол жаны қазақ деп соққан ұрпақ жүрегіне қызып тұрған көсеудей басылды. Бұған дейін отарлықтың таңбасы езгілесе, мұндағы ұлт күйі өзгеше. Иә, бұл жолы «қазақ» деген алау шоғы көселе, лаулай түскендей. Әйтсе де, бөрі текті қазақты, оттан шоқ қалғандай ұйқылы хәлге түсірген кім? Ақиқатқа қаралық. Әлде өзіміз бе? Ұлы халқымыздың сөзі бар «кінәні әуелі өзіңнен ізде». Мұны қазақ баспасөзі де құптамақ. Баспасөз беттері қазақтың кертартпалығынан білім, ғылымға деген құлшынысының оянбағанын дәлелдей түспек. Екінші тұрғыдан қарасақ, қазақтың көзі ашық саналы болуына патша саясаты оң қарамаған-ды. Міне, Мыржекеңнің ғасырдың қай санында да мәнісін кетірмес оята ұрандауының бір ұшы патша ағзамға тисе, бір ұшы халықтың жүрегіне сәулелі от болып қадалды.
Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?
Жұртты оятқанмен бұл да аздық етпек. Оянған ұлтқа бас болар абадан қажет. Мыржекеңнің мақсұты бұл міндетті жалынды жастарға діттеу. Ол да тектен-текке тумаған-ды. Жас ұрпақтың халықты Абылайдың ақ туына біріктіре, бірлікке жол бастарына зор үміт артқаны да содан. Ал Міржақып жаққан үміттің сөнбегенін намысты ұрпақ тарих сахнасында сан мәрте көрсетті. Бастау ала желтоқсанмен ұласқан ұрпақ азаттығы сол бір артылған үміт жемісі. «Заманына қарай амалы»,-деген Қыр баласының сөзі бекер емес. Дүйім жұртқа мәлім ұлт қозғалыстарындағы ұрпақ әрекеті заман талабы. Қазіргінің талабы мүлде бөлек. Азат жолда қарсы тұр, күш білексіз біліммен. Иә, өткен, келер замана иісі бөлек дегендей, бұл дәуренде жас ұрпақтың саналы жолмен әрекет етуі үкілеген үмітті ақтай түспесе, тәрік етпесі анық!
Бишер Дильназ Марленқызы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті, Алматы облысындағы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылы
Оқытушы: Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА, ҚазҰУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы қаласы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі