Жігіт жылқыны тау аңғарына тастады да, астындағы ұшқыр қарагер атын тебініп, құбыла беттегі биік төбенің басына көтерілді. Төбе басынан айналаның бәрі алақандағыдай көрінеді екен. Жылда шаңдағы шығып жататын жер биыл кәдімгідей жайылым. Өткен қыстағы мынау жоталарда сіресіп қалған қалың қар өмір бойы кетпестей көрініп еді. Көктемнің шуағы түсісімен-ақ қаншама жыл тандыр боп қалған дала қар суына бір қанды-ау. Енді міне бұрынғы бозамық дала көлбеңдеп шыға келді. Үстірт жерінің бір ерекшелігі — тауы да, қатқылы да жолбарыс терісіндей теңбіл-теңбіл боп келеді. Күндіз қаншама ыстық болса да, түні салқын, ылғалды. Сондықтан да малға күндізгіден гөрі түнде жайылған тиімдірек. Мұнда малшылар тек жазғы жайлауға ғана келеді. Онда да аяғы ұзын, түз малы деп маңқыстаулықтар Үстіртке ылғи жылқыны жібереді. Ойы-шұңқыры көп, елсіз жатқан бір маң дала. Аракідік қатпар тау сілемдері де ұшырасады. Үстірттің бас-аяғы үлкен болғандықтан, жаз сайын көшіп келетін он бес-жиырма табын жылқылы ауылдарға селт етіп, азан-қазан бола қоймайды: бәз баяғы қалпы, маңғаздана керіліп, ұйқылы-ояу күйінде жата береді. Сонау түстік беттегі Беренжік, Қансу деп аталатын тау аңғарларында барлаушы-бұрғышылар бар. Қысы-жазы Үстіртті үзбей мекендейтін әзірше солар ғана. Жайлауға келген әзірде бір үйір жылқы жоғалып, Сұлтан бұл маңның біраз сай-саласын шарлаған. Сонда барлаушылар поселкесіне түнеп шығып еді. Әзірше онда ұзын-ырғасы бес-алты ғана үй бар. Соның өзі қаланы көз алдыңа елестетеді. Барлаушылардың жатақханасын айтсайшы — кірсең шыққысыз. Жамалиддин деген жігітпен қызыл бұрыш бөлмесінде түн жарымына дейін шахмат ойнап, әңгімелесті. Фамилиясы Сұлтанов екен. Мұны есімін біліп алғаннан кейін:
— О, менің әкем болып шықтың ғой! — деп күлді. — Өзің нешедесің?
— Жиырма сегізге шығам.
— Мен түріңе қарап, 19-20-да шығар деп отырсам...
Өзі бір қиялшыл жігіт екен.
— Бұл жерде Шевченко сияқты қала болады. Анау Өзен, Жетібайларға электричкамен баратын боламыз, — деп қояды.
Сұлтан оның сөзіне әуелі күліп алды.
— Ол күнге жеткенше біз пенсияға шығып кетпесек? — деп әзілдеді. Сосын өзінің сөзінен өзі ұялғандай үндемей қалды. Бұдан он жыл бұрын Сұлтан мектеп бітіргенде Өзен, Жетібай дегендерің жоқ еді.
— Жамалиддин ертеңіне вахтаға кешке барады екен. Таңертең ерте кетем деген Сұлтанды қояр да қоймай:
— Осыдан бес шақырым жерде бір тамаша үңгір бар, соны көріп кет, — деп ақыр соған көндірді. Екеуі ертемен жаяу кетті. Тырбиған боз сораң мен алаботаға қонған тозаңнан бәтеңкелері бозарып қалды.
Үнгірдің аузы шағын адам еркін сиятындай екен. Жамалиддин алып келген май шамын тұтатып алып, бірінші болып ішіне түсті. Сұлтан еріп келеді. Тіке жар емес, сәл көлбеулеу үнгірдің түбінде қазан аузындай жерде мөлдір су шығып жатыр. Су толып асып та кетпейді, кеуіп те қалмайды — дәл осылай бір деңгейде тұрады да қояды деп түсіндірді Жамалиддин. Содан бері Сұлтан жылқыға шыққанда жазатайым ой-шұқыр көзіне түссе, үңгір емес пе екен деп зер сала қарайтын болды.
Күндегі мезгілінде құдыққа қарай бағыттап бара жатқан жылқы соңына Сұлтан да ілесті. Кешкі салқынмен суға қанған жылқы түнімен жақсы жайылады, жегені де сіңімді болады. Тек соңғы кезде ит-құстың құйрығы көрініп қалып жүр. Сұлтан әкесі Қалдығул ақсақал екеуі күндіз-түні жылқыдан көз жазбай жүргендері де сондықтан.
Жирен қасқа атын қаңтарып қойып, құдық басында еңгезердей біреу жүр. Сұлтан сонадайдан тани кетті: Байғали ақсақал. Осындағы көрші совхоздың жылқышысы. Олар жазғы жайлауға ылғи да Үстірттің теріскей ретіне шығатын. Осы «Астау ойға» кешіп келеді дегенді өткенде естіген-ді. Сұлтан алғаш әкесіне көмекші жылқышы болған жылы осы Байекеңмен он күн бойы дәмдес болғаны бар. Сол жылы қыс биылғыдан да қатты болды. Онда да екі үйі көрші, қазіргі қыстақ — «Ербасан» маңында отырған. Қар белуардан, аттылы адам әрең жүреді. Шығыстан соққан қарлы боранмен жылқы біткен сонау «Сай өтеске» қарай ығып кетіпті. Байғали ақсақал қасына он сегізге жаңа шыққан Сұлтанды ертіп, он күн бойы түзді шарлаумен болды. Содан «Үш шоңқал» асып, «Қолқадан» барып бір қайырды. Байғали ақсақалдың дене бітімі қандай алып болса, бойындағы қайрат-күші, адамгершілігі де соншама мол екенін сонда білген Сұлтан. Өзі әрі ақын, әрі батыр Махамбеттің жиеншары. Көкірегі тұнған өлең мен жыр.
— Ассалаумағалейкүм, көке!
— Бар бол, балам! Аман-есен бе? Әкең ауылда ма, ерулігін әзірлей берсін, көшіп келіп жатырмыз. Құдық суы мол, жері де от екен, бәрекелде! — деп Байғали ақсақал риза болып қалды.
Су ішкен жылқыны батыс жақтағы сайға қайырмалап тастады да, Сұлтан үйіне келді. Үй сыртындағы жеңіл машинаны сонадайдан көзі шалып, қуанып кетті. Жер аяғы қашық, осы маңдағы жылқышылар болмаса, машиналы қонақ деген жыл құсындай. Кішкентай Ермек машина жанында тұр еді. Әкесін көріп тұра жүгірді.
— Ағалар келді біздің үйге!
Ол атын байлап жатқан Сұлтанға бір, іргесі түрулі үй жаққа бір қарап қойды. Сосын қолынан жетелеп үйге беттеген әкесіне сыбырлай сөйледі. — Анаған мінгізші!
Үйдегі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас дәрігері Жомарт Нұрлаев екен. Өзі Ақтөбеде Сұлтанмен бірге өскен қатар құрбы, әзілқой жарқылдаған жігіт.
— «Жылқы керек болса, айдап алыңдар» деп қала ма деп, жағдай білуге келе жатқанымыз.
Жомарт осыны айтып, Сұлтанға қолын беріп күліп қойды.
— Әзіліңді қой, жаңалығыңды айта отыр. Мынаның батареясы отырып қалды. — Сүлтан беті-қолын сүртіп жатып оң жақтағы радиоқабылдағышты нұсқады. — Газет-журнал дегенің сирек келеді. Құлақ кескендеймін. «Қайраттың» хәлі не күйде?
Шәй жасағалы жатқан келіншегі Зияда күліп жібері
— Мұның бір «Қайраты» бар, көлденең көк аттыны тоқтатып, соны сұрайды.
Өткен қыс болатын. Мал қырылып жатыр: іліп салар пішен жоқ. Бұл аудан өмірінде пішенге жарып көрген емес. Себебі бұл өңірде қыс болмайды, ылғи да құрғақ, жылы болып өтеді. Мал біткен қыс бойы жайылыстан қалмайды. Азын-аулақ жиып алған пішеннің өзі келер жылға қалып, одан көктемгі жауынмен шіріп, ысырап болады. Өткен қыс жылдағыша жайбарақат отырған жұртты табан астында ұрды. Сұлтан совхоз орталығына келіп, басшылармен сөзге келіп қалған. Әншейінде көп сөз білімейтін, биязы жігіттің қыс ішінде жем жоқ деп келіп отырғанын ерсілеу көрісті.
— Жылқы түгілі қойға тауып бере алмай жатқанда... Қыс болса, мынау, жағдайды көрмейсіңдер ме?!
— Мен сіздерден жалғыз түйе мен 5-6 жантығыма пішен тауып беріңдер деп деп отырғаным жоқ. Әзер болса сойып алсам да бірдеңе етем. Ал, жылқыны қырасыңдар ма? Жылқыға деген қора болып көрген емес. Жем-шөп әзірленбейді. Жылқының қажеті болмаса, оны ұстап не керек! — Сұлтан жанындағы құлақшыны мен қамшысын алып орнынан тұра берді де, артына бұрылды. — Жылқы керек болса, қыстан шыққанын көктемде айдап алыңдар.
Жігіт сол бойымен ауылға тартты. «Енді жылқы бақпаймын, Өзенге, не Жетібайға барып жұмысқа орналасам. Қайда да екі қолға бір қызмет қой, әйтеуір», — деп іштей түйіп келеді. Жолай ауылда қалған онбес шақты арық-тұрақты жайып жүрген әкесіне жолығысты. Екеуі қайырмалап ауылға әкелді. Ертесіне таңнан тұрып өрістегі жылқыға кетті... Жомарттың жаңағы әзілдеп отырғаны, сол жәйт құлағына тисе керек.
— Қалай, барлаушылармен хабарласып тұрасың ба, Сұлтан? Ертіп кетіп жүрмесін өзіңді... — деп Жомарт шәй ішілгеннен кейін орнынан тұрып, сол жақтағы сіресіп тұрған кітаптарды қарай бастады. «Мынаның бәрін қалай жеткізіп жүр екен» деп ойлады ішінен.
— Е, барлаушыларға барса несі бар, Маңқыстаудың атын танытқан солар емес пе! — деп Сұлтан шофер жігіт Амантайға қарап көзін қысып қойды. — Марқұм ақын Төлеген Айбергенов «Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңқыстауда, мұнаралар басына шырақ тасып!» дегенде біз туралы емес, сол барлаушылар мен мұнайшылар туралы айтты емес пе!
— Өзің жайлауда жатып алып ақындардың өлеңін жаттайтын болғансың-ау шамасы!
Жомарт алдындағы кітаптан басын алып, бір сәті мынау отырған қыр мұрынды, қара торы жүзі даланың аптабына тотыққан талдырмаш жігітке қарап қалып еді. Әңгіме малшы ма, мұғалім бе - онда емес, адамның ой-өрісінің кеңдігінде, түсінік-талғамының молдығында екен-ау! Тек осындай жастардың соңғы жылдары малдан ат-тонын ала қашатыны неліктен деп ойлап қалып еді. Содан кейін Жомарт жақында «Сам» жайлауына барып қайтқанын, биыл барлық жерде де жем-шөп дайындау жұмысы қызу екенін әңгімелеп отырды.
— Қанша дайындалса да, біздің жылқы тұқымына пішен жетіспейді ғой, әйтеуір, — деп қойды Сұлтан. Қалдығұл ақсақал баласының сөзін естімегендей болды да, сонсоң:
— Осы Айға тағы біреулер ұшып жатыр дей ме, соның жәйін айтшы, шырағым, — деп қоңыр көпшікті шынтақтай, қонақ жігітке қарады...
***
Тау аңғарынан самал еседі. Түн көрпесін бүркенген айнала жым-жырт. Жартыкеш айдың күңгірт, көгілдір сәулесі сонау көк күмбездің өзінен ауыспағандай, жерге еміс-еміс түседі. Кішкене төбешіктер де қарауытып, үлкейіп кеткен тәрізді. Ал, анау теріскей беттегі тау сілемдері бейне көкжиекпен астарласып қалғандай.
Жортақ аяңға басып, жәй ыңылдап әндеткен жігіт батысқа қарай кетіп барады. Қарагер ат екі құлағын тігіп, оқыс елеңдей қалды. Оң қолдағы қапталда қарауытқан жылқы көрініп еді. Жігіт ат басын тежеп, тау аңғарына ойыса берді.
1969
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі