Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіз Қазақстаным менің

    Қазақстан - КСРО-дан бөлініп шыққан мемлекеттердің бірі. 1991 жылы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылданды. Сол күннен бастап Қазақстан өсіп өркендеуде. Ең біріншіден, Қазақстан өз президентін сайлады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында халықтық сайлау арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының алғашқы президенті болып тағайындалды. Кейіннен, президент тәуелсіз Қазақстанның шекарасын анықтап, белгіледі. Дербес мемлекеттің әнұран, елтаңба, ту секілді мемлекеттік рәміздерін белгіледі. Мемлекеттің басты ақшасы – теңге болып бекітілді. Қазақстан Республикасының Ата заңы – Конституция заңдар жинағы жарық көрді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел астанасын “Астана" деп атады. Астанамыздың өсіп, көркеюіне бар күш-жігерін салды. Бүгінде Астана – ЮНЕСКО-ның шешімімен “Бейбітшілік қаласы" атанды. 
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзге елдермен терезесі тең болды. Дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бүгінде Қазақстан әлем елдері арасында жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленіп отыр. Бұл да бір үлкен жетістік. Осынау кең байтақ жерде қазір 150-ден астам ұлт-өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Басқа ұлттардың өмір сүруіне елімізде барлық жағдай жасалған. Өзге ұлт-өкілдерінің таңдауы мен қалауына құрметпен қарауға тиіспіз. 
Елімізде Байқоңыр ғарыш айлағы пайда болды. Қазақстанның атынан ең алғаш ғарышқа Тоқтар Әубәкіров ұшқан болатын. Оның сапары жақсы аяқталған соң, Талғат Мұсабаев ғарышқа аттанды. Кейіннен, Айдын Айымбетов ғарышты бағындырды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің тек бір бөлігі. 
Қазақстанның намысын қорғаймын деген ержүрек, батыл спортшылар өзге мемлекеттердегі жарыстарға, олимпиадаларға қатыса бастады. Қазақстанның туын көкке көтеріп, елге жеңістерімен, жүлделі орындарымен орала бастады. Өзге елден алған тәжірибелерімен бөлісіп, спортты жандандыруға атсалысты. 
Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы ұйымдастырған Халықаралық көрме өтті. Көрме 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен болатын. Көрменің басты тақырыбы – “Болашақ қуат". EXPO 2017 көрмесіне 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға 3 миллионнан астам адам келді. Бұл көрме арқылы Қазақстан дамып, елге туристер ағыла бастады. 
Былтыр яғни, 2021 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толды. 30 жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт, ақпараттық технологиялар салалары айрықша даму үстінде. Халықтың да ой-санасы жетіліп өз азаматтық құқықтарын үйрену үстінде. Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлеріміз насихатталып, еліміз рухани жаңғыруда. Қазір іргелі тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық. 
Біз тәуелсіздіктің 30 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Біздің мектеп бітіруіміз осы жылмен тұспа-тұс келгендіктен, мерекені ерекше тойладық. Сол себепті, тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған “Тәуелсіздік ұландары” атты концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Бұл концертте мектебіміздің түлектері ретінде өз өнерлерімізді көпшілікке паш еттік. Концерт барысында біз тәуелсіздік жайында әндер шырқадық. Түлектермен флешмоб ұйымдастырып, оны бірге биледік. Тәуелсіздікке қатысты монологтар оқылып, көріністер көрсеткен болатынбыз. Соңында, бізге, қазақ халқына тәуелсіздікті найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алып берген жандар үшін басымызды иіп, алғыс білдірдік. Рухтарына тағзым еттік.
Бұл үрдіс университетте де жалғасты. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде тәуелсіздік онкүндігі өткен болатын. ҚазҰУ-да үздік қызметкерлерді анықтау, оларды әлеуметтік және моральдық қолдау және ынталандыру мақсатында “Ең үздік маман-2021” байқауы өтті. Бұл сайыстың 10 жылдық алғашқы мерейтойы тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып ұйымдастырылған болатын. Және біздің журналистика факультетінде де тәуелсіздікке арналған іс-шаралар өткізілді. 
 Мен Қазақстанда, тәуелсіз мемлекетте дүниеге келгеніме және қазір осында өмір сүріп жатқаныма ризамын. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Тәуелсіздікті сақтап қалу – әрқайсысымыздың парызымыз. Мен тәуелсіз елдің тәуелсіз ұланымын. Мен тәуелсіз елімді өркендетіп, дамыту үшін сапалы білім алып, елімнің көркеюіне өз үлесімді қосамын. Тәуелсіз Қазақстаным менің!

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер