Ол күндегі әдетінше аялдамаға ерте келді. Күн салқындау, желкем екен. Маңқыстаудың ауа райына биыл бір өзгеріс кірді: атам заманынан сәуір туысымен келетін миыңды шыңылдатар ыссылық биыл ауа көшкендей атымен жоғалды. Аспанды ала шарбы бұлт торласа-ақ болды, ілі-шала жауын-шашындатып, тіпті шілденің кешінде де көйлекшең жүргізуді қойды. Қарашаның аяғына дейін жайма-шуақтанып тұратын Маңқыстау даласының сары күзі де биыл салқындығын ерте ала келген. Біреулер: «Табиғат жарықтықтың өзі де бізге оң көзбен қарады-ау. Әйтпесе, соңғы жылдары малдың жем шөбін сонау Жетісу аймағынан тасып, әбігер болушы ек. Биыл су да мол, шөп те шүйгін», — десіп жүр. Бұл да дұрыс. Дегенмен мұнайшылар үшін ерте түскен салқындықтың пайдасы шамалы: парафинді мұнай тіпті шілденің ыстығында да жер бетіне шыққанда кілегейленіп қатып, труба бойынан жүрмей «қырсығып» қалады.
— Сіз бүгін де ерте келіпсіз ғой, саламатсыз ба? — Қамқаштың жанына келген бидай өңді дөңгелек жүзді қыз № 55 топтық қондырғының мастері Зылиха Иманғалиева екен. Өзі жанып тұрған жас. Грозныйдың мұнай институтын бітірген. Алғашқы жылы қатардағы оператор болып істеді. Биыл мастерлікке көтерілді. Қамқаштың өзі де осы Зылиха секілді қарапайым операторлықтан бастады емес пе. Одан топтық қондырғыда мастер болды.
Вахта таситын автобус өндіріс басына келгенде, Қамқаш та өз жұмыс орнына беттеді. Қазір скважина графиктерін тексеріп, қай жерде қайсысын жөндеуге, қайсысын тазалауға қою керек — анықтау қажет. Әйтпесе, мезгілсіз бір скважина тоқтап қалса, мыңдаған тонна мұнай жер астында игерусіз қалды деген сөз.. Ол басшылық ететін 6 топтық қондырғының әрқайсысы тәулігіне 800-850 тонна мұнай береді. Алдыңғы жылы бұлар мемлекеттік жоспарды орындай алмай қалған. Бұл оқиғаны әркімдер әр саққа жүгіртіп, біраз әңгімеге арқау етті. «О баста Өзеннің мұнай қабаттарын дұрыс зерттемеген екен, шынында зерттеушілер көрсеткендей миллиондаған тонна қоры жоқ көрінеді», — дегендер де болды. Алайда Москвадан келген оқымыстылар бұл лақаптардың бәрі де қате пікір екенін дәлелдеп, мұнай өндіру әдістерін жетілдіруге кеңес берді. Соның бергі жағында жер асты мұнай қабаттарына газ айдау, техникалық су айдау әдістерін қолдану, скважиналарды мейлінше ұқыпты пайдалану нәтижесінде өнім сапасы ойдағыдай деңгейге жетті. Оның үстіне мұнай өндірушілер арасындағы социалистік жарыс та едәуір жақсарды. Кәсіпшілер одағы жергілікті комитеттің председателі Бақытжан Сиражев бұл жұмыста өзінің іскерлік қабілетін көрсетіп жүр. Бұрын тікелей өндірісте істеген инженер жігіт өзара социалистік жарысты үйымдастыруды бірден жолға қойды. № 85 топтық мұнай қондырғысының аға операторы Төремүрат бастаған комсомол-жастар бригадасы -қазір еңбек биігінен көрініп жүрген ұжымдар. Еңбек өнімінің өрлеуіне озат техниканың жаңалықтарын пайдалану да зор көмек етті. Қазір Өзен қаласындағы мұнай өндіру процестерінің барлығы дерлік автоматтандырылған.
Қамқаш скважинаның бірін тазалап жатқан келесі топтық қондырғыға қарай аяңдады. Аппақ трубалары айқыш-ұйқыш тартылып жатқан скважинаны тазалап жүрген жігіттер мен қыздар смена бастығының келгенін байқамай да қалды. Жер астында ғасырлар бойы тусырап жатқан мұнай теңізі осынау ақшаңқан трубалардың бойымен үнсіз бүйығып, бас үйренген асаудай момақан күйде алып заводтарға бет алады. Тентек табиғатты бас игізетін Адам құдыреті деген осы шығар тегі...
Ұшы-қиырына көз жеткісіз боп даланы белдеулей тартылған болат жолмен екпіндей ұмтылған жолаушылар поезы қиқулаған сайын бабына келетін бәйге атындай зулап келеді. Ілгері аттаған сайын маңғаз даланы зыр қақтырып, өзімен ілестіре дөңгелетіп барады.
Ойлы жанарын осынау ұршықтай үйірілген далаға қарап, терезеге қырындай отырған қараторы қызға қарсы орындағы қырықтарды алқымдап қалған әйел:
— Ал, қарағым Қамқаш, әңгіме айта отыр, — дегенде Қамқаш үнсіз күлімсіреді. Қасындағы геолог Қанзила Ерболова бағана Күлсарыдан отырған. Шаруа жайымен келген екен. Қамқаш оқыған Гурьев политехникалық техникумын тұңғыш бітірген қазақ қыздарының бірі — Қанзила апай қарт Ембіде біраз жыл істеп, одан Маңқыстау дүбірі шыққанда, ең алғашқылардың сапында «Қазына аралына» тартыпты. Қамқаш бұл кісіні аудандық Советтің сессияларында көріп жүретін. Енді, міне, жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелесіп келеді. Әңгімеден кейін апай кітап оқуға кірісті. Қамқаш оның күнқақты болып қоңыр тартқан жүзіне сүйсіне қарап, ойланып отыр. «Нағыз ерлер осы Қанзила апай, анау Төреғали, Сүйеген сияқты ағалар ғой! Біздікі әншейін әзір астың атасы болу дағы...» Сонан соң қыз жүзін ашық терезеден ескен самалға тосып, қарақат көздерін шалғайдағы бір нүктеге қадаған қалпы әдемі бір қиял құшағында тербеліп отыра берді. Маңқыстауға алғаш келгені жайлы Қанзила апасының манадан айтқан әңгімесі оның көз алдынан шебер суретшінің қыл қаламынан шыққан ғажайып полотнодай тізбектеліп өтіп жатты.
...Онда қабат-қабат сәнді үйлері мен бүр жарған балғын ағаштары, гүл аландары көз жауын алатын анау Шевченко, Өзен, Жетібай, Ералиев секілді қалалар үш ұйықтаса түске де кірген емес. Боз жусан мен сидиған бұталардан бедері білінбейтін қоңыр қатқыл мен аракідік кездесіп қалатын мыж-мыж, қатпар таулардың сай-саласына бұрғы қадаған барлаушылардың жеркепелері мен кенеп шатырлары, алғаш монтаждалған алып мұнаралары ғана көрінетін қалқиып. Айлар бойы монтаждалып, мыңдаған метр тереңдіктен түк шығара алмай, қайта бұзылып, тағы да жаңа алаңға көшіп-қонумен өткен жылдар талай бейнеттің куәсі болды емес пе... Ақыры он жыл дегенде Жетібайдан атқылаған мұнай фонтаны «Қазыналы түбектің» ғасырлар бойы қойнына жасырып келген сырын ашты. Маңқыстауда қыс қатты болған жылдары сонау тау басынан құлаған тасқын су кебіртек даланың сай-саласын алып, өршелене ілгері ұмтылады келіп. Ағыны аса қатты, алдында тау жатса да асып түсіп, адуын мінез көрсетеді. Оны жергілікіт халық «Қайнардың суы» деп атайды. Қайнардың суы тасыған жылы бұл маңдағы елдің қағанаға қарқ, мол ырысқа бір кенеліп қалады. Жер қойнауынан атқылаған мұнай теңізі де тап осы Қайнардың арынындай екпіндеп «енді сендерден аярым жоқ» дегендей ақтарыла жөнелген. Ол кезде Қамқаш бар болғаны он жылдықты бітірген жасөспірім қыз еді. Арманшыл көңілдің ағымымен комсомолдық екпінді құрылыс боп жарияланған Маңқыстауға кетіп қалмақ та болды. Бірақ «онда маман кадрлар керек. Маңқыстау қазынасы әзір сарқылып қала қоймас, оқу бітіріп кел» деген ағасы Оңдастың сөзімен мұнайшы болсам деген ежелгі арман оны политехникалық техникумының мұнай бөліміне әкеліп еді.
Енді, міне, мұнай теңізінің арнасы атанған Өзен кәсіпшілігіндегі жұмыстың қызған жерінде, тәулігіне 800 тонна мұнай беріп тұрған алып қондырғыны өз қолымен ойнатады. «Біздің қыздар мен жігіттер қазір не істеп жүр екен?» деп ойлады ол. Аса бір жылы сезіммен өз участогін, жолдастарын есіне алды. Сәуле мен Зина трубаларды тазалап, қолдары сәл қалт еткенде, қондырғы айналасындағы өздері еккен гүл алаңын баптап жүрген шығар. Рысбек мұнай фонтанының жүрісін қадағалап, әр скважинаның қанша беріп тұрғанын блокнотына түсіріп алып жүр. Буфердегі қысымды өлшеп, ақшыл кепкасын шалқайта киіп Аманбек те жүрген шығар. Бригададағы әр адамның мінез-құлқы, әрекеті көңілінде сайрап тұратын Қамқаш осы сәт құрбыларын сағынып кеткендей болды. Бәрі де өзі қатарлы жұмысшылар. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жолдастары аға оператор Қамқашты осы бригаданың жетекшісі етіп сайлаған. Содан бергі уақыт ішінде біреуімен қабақ шытысқан емес. Бәрі де еңбек озаты. Өткен жылы бригада «Коммунистік еңбектің озаты» атағын жеңіп алды.
Соңғы кезде Қамқаштың жұмысы көбейіп кетті. Ол аудандық Советтің депутаты, кәсіподақтар облыстық советінің мүшесі. Осы жұмыстарға байланысты анда-мұнда кеткен сайын жолдастарынан қысылады да. Обалдары нешік, әлі күнге біреуінің қабақ шытқанын көрген емес. Қайта, өздерінше мақтан тұтып, бригадирдің жоқтығын білдірмеуге тырысады. Осынау сенім, құрмет — бәрі де солардың арқасы да. Ойлап отырса, барлығы да Қамқаштың өзі сияқты, еліміздің түкпір-түкпірінен жүрек қалауымен келгендер. Анау Рысбек — Түрікменстаннан, Зина — Татарстаннан. Еңбек десе елпілдеп тұрған жандар. Алдыңғы жылы Маңқыстауда қыс қатты болды. Қақаған аяз былай тұрсын, шілденің 40 градустық ыстығында саз балшықтай іркілдеп қата бастайтын Маңқыстаудың парафинді мұнайы скважиналарды жүргізбей қойды. Онда Өзен-Гурьев мұнай құбыры салынып бітпеген еді. Мұнайды теңіз арқылы танкерлермен тасымалдайтын. Тәулік сайын Өзен кәсіпшілігінің өзі ғана миллиондаған тонна «қара алтын» беріп тұрғанда, бүкіл Маңқыстаудың мұнайын тасып үлгеру қайда! Оның үстіне, теңіз суы қатып қалып, жол қатынасы да үзілді. Әй, не керек, сол жылы аз қиындық көрмеді-ау. Тіпті мұнайы тасылып үлгерілмеген соң, кейбір скважиналар жабылып тасталған жоқ па? Ана жылы Өзен-Гурьев мұнай құбыры салынып біткендегі бүкіл мұнайшылар қауымының қуанышын көрсеңіз! Бұл — біздің еліміздегі тұңғыш «ыссы мұнай» құбыры. Өйткені, жоғары температурамен ғана жүретін парафинді мұнай белгілі дәрежедегі ыстықсыз ілгері аттай алмайды. Әрбір 50-60 шақырым сайын трубаны қыздыратын алып пештердің салынуы да сондықтан.
Осынау өлкеде өзіңнің тамшы теріңді төгіп, еңбек етіп жүргеніңнің өзі бір мәртебе емес пе, шіркін! Кейде осындай алыс сапардан сағына оралып, құмды даланың қақ ортасында шынардай бой түзеп өскен әсем қаланың — өзіңнің көз алдыңда өскен жауқазын қаланың кең аллеяларымен келе жатып, көкірегіңді кернеген мақтаныш сезімін айтсаңшы! Сон да Адам деген құдыретті күшке еріксіз бас игендей боласың. Мейлі, саған ертеңгі ұрпақ ескерткіш орнатпай-ақ қойсын. Әйтеуір біркездегі құба жонды аңыз болар аймаққа айналдырғандар — біздің ағалар мен апалар деп еске алса жетеді де.
Қамқаш купе шамы жарқ еткенде, даланың қара көлеңке тарта бастағанын бір-ақ байқады.
— Апа, апа, тұрыңыз, жақындап қалдық! — Көзі ілініп кеткен Қанзила апайын оятты. Поезд жар қабақты сайдан бұрыла берді, Өзеннің самаладай жарқыраған кешкі шамдары жарқ етті. Ал қаланың құбыла жағында, әріректе, газ шырақтары алаулайды. Бейне бір сонау көгілдір әлемнің өзімен жалғасып тұрғандай, бірте-бірте өрши түседі. «Қазыналы түбектен» Қайнардың суындай тасқындап жатқан мұнай бұлағының бүгінгі адуынды арын ағысын сол алayлар паш етіп тұрған сияқты.
... Осының бәрі Өзен мұнай өндіру басқармасының смена бастығы Қамқаш Ибраеваның күні кешегідей көз алдында. Одан бері талай өзгерістер болды. Маңқыстау аймағы өз алдына отау тігіп, облыс атанды. Алып заводтар салынды. Ол жұмысшылар таситын автобус терезесінен анау газ шырақтары алаулаған алқапқа тағы да көз салып отыр. Іңір қараңғысында әсіресе анығырақ көрініп, алаулай түскен газ шырақтары бейне бір таң алдында жарқыраған жұлдыздар тәрізді. Иә, бұлар шынында да жұлдыздар ғой. Ылғи да бақыт жұлдызындай жарқырап, мен мұндалап тұрады. Көбейе берсін жердегі жарық жұлдыздар!
1969-1970
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі