Талас аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары Бекзада Оразбекованың мал отарларын аралап шыққанына үшінші күн. Аудандық партия комитетінің екінші секретары Рахыжан Ерсейітов Бекзаданың бұл сапарын қоштап:
— Біздің бүгінгі таңдағы басты мақсат — шопан мәдениетін көтеру, тұрмысын жақсарту ғой, — деп ризашылық білдірген-ді.
Жанында бір топ қыз-келіншектер, ішінде аудандық комсомол комитетінің секретары Күләш Қосатбекова мен аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Аманкүл Құлташова бар. Шопандардың тұрмыс мәдениетіне аудан бойынша конкурс жариялап, соны қорытындылауға келеді. Өздерімен бірге автопоезд ұйымдастырып алып шыққан. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатынан, сауда бөлімінен, мәдениет бөлімінен. Талас қаракөл мал заводының орталығы «Үшаралдан» шығып, фермаларды аралауда. Аудан орталығы «Ақкөлден» «Үшаралға» жеткенше біраз жер. Оның үстіне жолдың күйі жоқ талас совхозының директоры, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевты кабинетінде кездестіріп, Бекзада өзінің ашық жарқын мінезіне басып әзілдей кірген.
— Әбеке, өзіңіз 18 жыл совхоз басқарасыз, СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып, оның үстіне Еңбек ері атағын алып, түу десе түкірігі жерге түспейдінің өзі болдыңыз. Сонда да, совхозыңыздың айналасынан ұзап шықпай қойыпсыз ғой тегі!
— Алматыға бардық, Москваға бардық. КПСС XXIII съезінің делегаты, тіпті тексеру комиссиясының мүшелігіне де сайлаған жоқ па, қарағым-ау! Енді не істе дейсің?
Директор Бекзаданың не айтқалы тұрғанын түсінбей қалды да, әп дегеннен шынын айтып салған.
— Мұның бәріне екінің бірі қол жеткізе бермейді. Бұл үшін біз де мақтанамыз. Ал осы Жоғарғы Советтің сессияларынан оралғанда «Ақкөлдің» үстімен жүретін бе едіңіз, жоқ, Москвадан «Үшаралға» самолетпен бір-ақ түсетін бе едіңіз?
— Самолеті несі? Әуелі Жамбылға келіп, одан «Ақкөл» арқылы машинамен қайтатынбыз, — деп Әбекең әлі ештеңе түсінбеген сыңай көрсетті.
— Ал ендеше осы «Ақкөл» мен «Үшаралдың» арасына бір асфальт жол салғызуға күш жетпеді ме, құнт жетпеді ме?
Әңгіме төркініне енді түсінген Әбекең қарқылдай мәз болып күліп алды.
— Бағанадан бері бұл нені айтқалы орағытып келеді десем. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Дегенмен аудандық, облыстық арнайы мекемелер бар, аудан басшылары бар дегендей (ол жымиып қойды) жол солардың шаруасы ғой.
...Бекзада жол бойы осыны, совхоздың тұрмыс тірлігін ойлап келеді. Бір мезгіл жүйрік қиял өз үй ішін шарлап кетеді. Ноннасы, Мұраты сабақ әзірлеп отырған шығар.
Үлкені онжылдықты, Мұрат 8 жылдықты бітіргелі отыр. Жетінші кластағы Жанна екінші кезекте оқиды, қазір сабақта ғой. Папалары кездейсоқ қайтыс болғанда үшеуі де жас қалып еді. Өз еті тірілігінің, ата-ене қамқорлығының арқасында бәрін де адам етті. Өзі де жұмыстан — қол үзіп көрген емес. Жоғары партия мектебін бітірді, бірнеше жыл мектеп директоры болды.
— Беке, үндемей қалдыңыз ғой. Базаркүл жеңгейдің шайына отырмағанымызға өкініп келе жатқан жоқсыз ба? — деген Аманкүлдің сөзі Бекзаданың ойын бөліп жіберді. — Ән бастайық та!
«Ақ еркесі Ақкөлдің!»
Қарлығашы үміттің —
Ақ еркесі Ақкөлдің.
Қандай асыл жігіттің
Маңдайына тап келдің!?
Бұлардың әдеті осы. Өздері жап-жас болып алып, үлкендердің көңілін аулаудың орнына:
— Ән салыңыз, сіздің алдыңызда дауысымыз шықпай қалады, — деп отырып алысады. Оның үстіне, «Ақ еркесі Ақкөлдің” әнін алғаш автордан «жасырын» түрде өзі үйреніп алып, сосын бүтін ауданға таратып жібергені де бір желеу болып алды. Әнін шығарып жүрген аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әуез Исаев. Бұрын ол кісі ән, өлең шығарады деп естімеген Бекзада өткен жылы шопандар тойында үлкен жаңалықтың куәсі болғаны. Әуез бұны ымдап шақырады. Не айтқалы тұр деген оймен жанына барған бұған:
— Бекзада қарындасым, мына бір әнді тыңдап көрсең қайтеді, — деп, — оңашалау үйге барып айтып беріп еді.Тамаша ән! Ән десе өзге дүниені ұмытатын Бекзада мынау әрі мұңды, әрі сырлы тың әуенге бірден ден қойып елтіді де қалды. Ақыры сол тойдың үстінде Бекзада өзі домбырамен жұрт алдында айтыл берген. Содан той-топыр, жиын-сауық бола қалса, «Ақ еркесі Ақкөлдің» шырқалады. Тіпті аудан орталығындағы аз ғана топ емес, бүкіл аудан еңбеккерлеріне дейін естіп алған. Командировкамен ел аралап жүріп, бас сүғып, дастарханына отыра қалса, домбыраны ала жүгіреді бұған.
Әлгінде Ысқақ Имантаевтың үйіндегі Базаркүл жеңгей де ренжіп қалды.
— Қысы-жазы қыз-келіншек, ойын-сауық дегенді естімейміз. Оқта-текте өзіңіз бастап бір келе қалған екенсіз, әкем-ау, 1-2 сағат отырып кетсеңіз қайтетін еді, — дейді. Тіпті жылауға бар. Дұрыс-ау. Бірақ әлі алда біраз шопан ауылдары бар. Үйді қалай ұстау керек, шымылдықты қалай тігу керек. Ыдыс-аяқты әдейі буфет болмаған, көшіп-қонып жүрген жағдайда аяққапта ұстау, оны қалай тігу — осылар төңірегінде әр шопан үйінде әнгіме өткізіп келеді. Көбіне малшы үйлерінде тазалық, түрмыс мәдениеті жағы ақсап жатады. Ауданның негізгі экономикасы қой шаруашылығына тікелей байланысты болғандықтан, шопандарды жан-жақты қамтамасыз ету, тұрмыс мәдениетін арттыру -бірінші мәселе. Аудан шаруашылықтарының ішінде осы Талас мемлекеттік асыл тұқымды қой заводының мән-маңызы, алатын орны ерекше. Себебі бұл завод өнімдері шет елдерге де шығарылады. Жыл сайын миллиондап жөнелтілетін қаракөл, қаракүлше елтірісі сырт елдерге бүкіл Отанымыздың байлығын елестетеді. Баяғы 1969 жылдың қысында завод барлық малдың 40 процентіне жуығын жоғалтқан еді. Биыл совхоз сол жоғалтқан малдың орнын толтырып қана қоймай, бірнеше есе арттырды. Соның бәрі анау Ысқақ, Майыр, Әбдәлі, Нұрмақан секілді қарапайым еңбекшілердің, совхоз мамандарының жан аямас еңбегінің арқасы ғой. Совхозда 25 жыл бойы үздіксіз едбек етіп келе жатқан ғалым-зоотехник Елизавета Гавриловна Дүрімбетованың еңбегі қанша десеңізші!
Өзі де қарапайым ақжарқын жан. Бекзада «жеңге» деп әзілдессе, ол да қалыспайды. Ленин орденімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің қос алтын медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының грамотасымен наградталуы тектен-тек емес.
Осындай қарапайым жандардың еңбегі ғой осынау сырт көзге құлазып жатқан аймақты ыстық мекенге айналдырып жүрген. Әйтпесе, қадір-қасиетін білмейтін жұрт ну ормансыз, асқақ таусыз, ерке бұлақсыз не деген ит байласа тұрмайтын сұрқай жер еді деуі сөзсіз. Осындай жерде еңбек етіп, ел игілігін арттырып жүрген жандары жомарт адамдар ғой өңкей.
Табиғаттағы бар байлықтың, бар сұлулықтың көзі су екен-ау. Осынау далаға шалқыған бір айдын керек-ақ.
Көрсең ғой, шіркін, бәрін де көзбен көрсең ғой,
Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей.
Осынша сөзбен ынтызар қылған аймақка
Бір әсем дария керек-ақ екен дәл сендей.
Өр ағыс керек теңізді тентек тербеген,
Құс жолы керек омырауы толған зерменен.
Бәрін де тастап осылай қарай ағар едім-ау,
әттең- ай,
Дария болып жаралған болсам Жерге мен!
Ақын Телеген Айбергеновтың осы бір шумақтары дәл мына далаға айтылғандай. Өзі де жалындап тұрған ақын еді марқұм. Анау жылы Алматыда жоғары партия мектебінде оқып жүріп, Төлегеннің өлең оқығанын кергені бар-ды. Қазір екпінімен бұзып-жарып жаныңды ала-бұртқызып, не нәзіктігімен, майдақоңыр сыршылдығымен өнбойыңды баурап алатын өлеңдер де сиреп кетті. Газет-журнал беттерінде жылт еткен тәуір өлең шықса, қиып алып әдейі арналған папкасына тігіп қою — Бекзаданың әдетіне айналған. Жұмыстан шаршап келіп, балаларының басы-қасында болып, жатар жерде өз бөлмесіне енгеннен кейінгі ермегі — өлең кітаптарын оқу. Сонда бар ой-мұңын, шаршау-шалдығуын ұмытатындай. Рудаки мен Навоидың, Абай мен Махамбеттің, Әбділда аға мен Қадырдың, Тұманбайдың өлең кітаптарының бәрі бас жағында текшелеулі. Жабыққанда көңіліңе медеу болар, бар жан-жүрегіңмен елтіп-елегізитін адамға керек-ақ қой. Ол болмаса адам ойсыз, түйсіксіз мал болып кететін де шығар. Ойсыз адам армансыз келеді. Армансыз тірлік — құр далбаса.
Бір ойдан бір ой туындап кете береді. Әлгінде шаруашылық жайы, су тапшылығы толғандырып еді, соның арасында поэзия әлемін шарлап кетіпті. Ә, иә, Төлегеннің өлеңінен басталып кеткен екен ғой. Бұл аймақтағы жалғыз өзен Таластың суы да жылдан-жылға тартылып құрып барады. Осы өңірдегі үлкенді де, кішіні де толғандыратын бірінші кезектегі проблеманың су болуы да сондықтан.
Аудан орталығы «Ақкөлдің» өзінде су жағдайы нашар. Сонау 40 шақырымдай жердегі «Бөріқазғанда» су бар. Оны «Ақкөлге» жеткізу үшін 1 миллион 408 мың сомға су жүйесін жүргізу керек. Қаржы болғанмен, сол құрылысты жүргізушілерді табу қиынға түсіп тұр. Ал жер жағдайының, ауа райының қиыншылығы жем-шөптің жұтаңдығына тіреледі ғой. Екпе шөп егуге де судың тапшылығы қиындық келтіреді. Жауын болса ғана жердің сәні кіреді ғой. Осы «Үшарал» жеріндегі малшылардың барлығы суды тасымалмен ішеді. Оңай емес, әрине. Бірақ әзірше сусаған даланы дариямен шалқытар амал жоқ.
Халқымыздың ер мінезді ұлдары мен қыздары маңдай терін сыпырып еңбек етіп жүргенде, табиғат қатыгездігі биік мақсаттарға кедергі болмақ емес. Олардың әрқайсысының көкірегінде жалғыз арман бар. Ол — Адам өмірін жақсылыққа, игілікке толтыру, қиыншылығы мен қасіреттерін жеңілдету. Мақсат пен арман барда адам аласармайды. Жақсылыққа, алға ұмтылады.
Көгілдір аспан төріне кеп тұрақтай алмай, асығыс жылжыған Күн көкжиекке төніп қалыпты. Күн ашық болғанмен, қара суықтау. Жеңіл машина бастаған автопоезд құмдауыт жолмен шопан ауылын бетке алып тартып келеді. Асулар мен белдер бірінен соң бірі артта қалып жатыр. Дала жолы осылай, ылғи да ұзақбелестен асқан сайын алдағы асуға ұмтылдырады. Сан асулар мен белес-белдер ілгері, сонау жалғыз үйлі жарқын жандар мекені жаққа асықтырады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі