Ана. Осы бір жалғыз ауыз сөзде талай сыр, талай терең мағына жатыр. Ананың балаға деген шексіз махаббаты, адамдарға деген мейірім, ақ тілегі, сәбиі үшін қаншама қиындыққа да төтеп беретін төзімділігі... — бәрі тек бір сөзге сыйып тұрғандай. Әлемнің жарығын сыйлап, әлдилеген ана сезімі ақ сүтіндей таза да пәк. Мынау алып дұниені өз құшағына сыйғызып, осынша тіршілікке нәр беріп, өз төсіне жауды да, жақсыны да, сан алуан адам емес, тіпті мемлекеттерді де сыйғызып тұрған жұмыр жерді Жер-Ана деп атаймыз. Олай дейтініміз Жер мен Ана мағыналас. Жер алдымен адамзатқа мекен болса, анаңдай асыраушың да. Байқап отырсақ, Жер қойнауының бар қасиеті ана мейіріміне ұқсайды. Дала төсінде алға асыққан өзен мен ойнақ салып шапқылаған бұлақты көрдік. Жағалауы құмдауыт жерге нәр берген құрақ пен майысқақ тал. Тіршілікке нәр берген ана сүті де осындай құдіретті.
Біз өзіміздің бақытты дәуіріміз жайлы сөз етсек, Отан — Ана құшағында өскенбіз деп дәлелдейміз, мақтаныш етеміз. Мынау шексіз қасиетті мекенді де анаға теңейміз. Мейірім сезсек — ана мейірімі дейміз. Олай болса, ана жайлы айтып жеткізу, тебіренбей сөйлеу мүмкін емес екен. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек, мейірбандық дегеннің бәрі — ана деген сөзбен астасып жатады екен. Ана қасиетін осыдан-ақ түсіну қиын емес.
А. М. Горький сыйласақ, ананы сыйлайық та, құрметтесек, ананы құрметтейік те деген екен.
Баласының жақсы ісіне, абзал, адамгершілік қасиеттеріне өзінің шексіз қуанышын ана айқайлап айтып, ешкімнен «менің балам осындай» деп сүйінші сұрамайды, іштей сүйсінеді, іштей қуанады. Ал ұл-қызының жағымсыз, нашар қылықтарын көрсе де, ана іштей налиды, іштей күйзеледі.
Жер-Ана да сол сияқты. Өмірді қайта жасап, көкірегін түлеткен, жасампаз істерімен дүниені жаңғыртып, ғарышқа самғаған адамға үнемі сүйсініп жататын ол, қара жердің бетін қайғы ізімен айқыш-ұйқыштаған адам баласын, жазықсыз сәби мен мейірімді ананы айырып қайғы зарын шектіргендерді көкірегіне сыйғызып ұнсіз жатады Жер-Ана. Қиналса да, кұйзелсе де, адам баласын алаламайды, жатсынбайды, жатырқамайды. Ана да солай. Перзентінің еркелігін, тентектігін ана көтереді. Алдымен кешірім ететін де ана.
Тұла бойыңды тітіркендірер бір сөз бар. Ол «жетім» деген сөз, әкесіз қалған баланы жетім демейді халық. Анасыз қалған — жетім өседі. Жетімдік деген ананың аялы алақаны мен аналық сезімін көрмей өсу болса керек. Қарны тойса, кердеңдей басуға бейім адамзаттың есіне ақ сүтіндей қасиетті ана жанын қастерлеуді меңзегендей аналар мерекесі аталып өтіледі.
Жыл сайын жастыққа, балауса-балғын шаққа тән жалынды тынысымен дүниені тағы да қайта түлетіп, көгілдір көктем келеді. Қарлығаш қанат көктемнің алғашқы мерекесі келеді. Ол бүкіл тіршілік атаулыға жасампаздық қуатын, мәңгілік өмір тынысының жаңа, жарқын лебін ала келеді. Жаратылыстағы тіршілік атаулының қуатты қайнар бастауы — ана мерекесінің, Халықаралық әйелдер күнінің көктем қанатымен ілесе келуі ежелгі табиғаттың заңдылығындай жарасымды әсер береді. Менің түсінігімде, адам баласының әр күні мереке. Өйткені әрбір күн өзінің қуанышымен, қателігімен, қайталанбас сәттерімен, қимас, оралмас сезімімен қымбат және ол адам өмірінде енді қайтып оралмайды. Сондай күннің бірі — 8 наурыз, әйелдер мейрамы болуымен өзінше ерекше. Заман шындығы тәрбиелеген біздің Отанымыздың қыз-келіншектері үшін бұл күн бақыт пен еркіндіктің белгісі ретінде мейрамдалады. Бұл күнде еліміздің әйелдері мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, талантты өнер өкілі дәрежесіне көтеріліп отыр. Сонымен бірге өміріміздің жалғасы — бөбектерді өмірге әкеліп тәрбиелейтін де осы аналар.
Бұл мерекені үлкен мен сәби ерекше жылы сезім, ілтипатпен асыға күтеді. Бұл — ең алдымен әйел-анаға деген тағзым белгісі. Бұл — өмір-айдынның төсінде табиғатпен бірге жаратылған нәзіктік пен сұлулықтың, пәктік пен қайраттың, төзім мен адалдықтың әлі де бар екенін дүйім дүниенің есіне салар, ақиқаттың алдында бас игізер күн. Әйел заты қай заман, қай кезеңде болсын, өз болмысының қуаты мен қабілетін, дарыны мен талғамын танытқан. «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген Жұбан ағамыздың ақындық таңданысы, осы бір жолға сыйып тұрған қазақ әйелінің бойындағы керемет қасиеттер мені де көп ойландырады.
...Ерте замандардың бірінде қазақ даласына шабуыл жасаған дұшпанның қалың қолы бұл күнде құм астында қалған бір қаланы қоршап алыпты. Қалаға келетін ауыз суды тоқтатып, қорғаннан өте алмаған жау қамаудағы халықтың берілуін күтіпті. Қала жым-жырт. Бірнеше күн өтсе де, қалаға кіргізер нышан байқалмапты. Сонда дұшпанның әскербасы жарлық шығарған:
— Қаладан көтергенінше зат алып, әйелдердің кетуіне рұксат!
«Ерлері жоқ әйелдер бәрі бір ұрпақ өрбітпейді, бұл халықты осылай құртамыз», — деп жау өз үкіміне масайрапты.
Қаланың байлығын таласа-тармаса беліскен жау енді еркек атаулыны құрту үшін азаматтарды іздесе, қаланың бірде-бір үйінде жан жоқ!
Әйелдер бір-бір ер-азаматты қапқа салып, алып кеткен екен. Кішкене қыздар ер балаларды, кемпірлер шалдарды көтеріп кетіпті. Бір халық осылай аман қалыпты дейді аңыз.
Әйел тек ерлік тағдыр кешеді. Жар салып, жарияламай ерлік жасайды. Бұл қасиетті біздің дәуіріміз ашқан жоқ. Бұл жаңа тарихтың жаңалығы емес. Жаңалық — сол нәзік те сұлу әлемнің тіршілікке, ғұмырлылыққа ұмтылған өршіл талабына даңғыл жол ашылуы, оның қабілеті мен мүмкіндігін халық игілігіне, ел мұрасына айналдыру үшін барлық күш-қуатын пайдалана білуі. Осы тұрғыдан қарағанда, ғалам тарихына ойлана тағы бір көз жүгірткенде, адамзат санасының, ой-пайымдауының мейлінше жетілуіне жол ашқан дәуір шындығының жемісі мен жеңісіне тоқталасың. Сол дәуірдің перзенті болғаныңды тарих алдында мақтан етесің. Өйткені сені аласартпай, аналық алақанымен аялар ел мен жердің, ұрпақтың, ертеңгі күннің тағдырын басқамен қатар қойып өзіңнен талап ететін Отаның бар, халқың бар. Осынау ұлы кұштердің алдында олардың саған деген сенімі мен сезімінің алдында өзіңді аласартпай бар қабілет пен табиғат берген мүмкіндігіңді көрсетуге тырысасың. Әйел атты шырқау биіктік пен сарқылмас куштің бар екенін дәлелдеуге құлшынасың.
«Ей, адамзат,
қара жерге гүл еккен,
қара орманды түлеткен,
қалаларды күл еткен!
Тыңда мені жүрекпен!
Тыңда мені сан жұрттар!
Кең әлемде кеуделерде тарлық бар,
тұтастық бар, қалдық бар.
Дүниеде ұзын қолды үстем бар,
шарасыз бір күштер бар,
махаббат бар, құрлықтар бар,
түстер бар.
Жанартау бар, жарылу бар дүмпу бар,
атпай, аспай құрту бар,
сәнді үйлерде күңкіл бар.
Адалдық бар, мейірім бар, зорлық бар,
қайратыңды қайнатады қорлықтар.
Ұлылық бар, даналар бар, мұрат бар,
шың аталған қырат бар,
терең жатқан бұлақ бар.
Бірақ соның бәрінен
Биік тұрған бір күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол — нәзіктік,
мәңгі шуақ, нұры — құт,
сарқылмайтын жылылық,
ол — тірліктің қуаты —
Әйел атты ұлылық!» —
деп әлемге жар салғың келеді. Сонау замандардағы әжесінің ұлылығын жалғап келе жатқан отандастарыңа гимн айтқың келеді.
Ата-бабамыз осынша кең мекенді жан-жағынан алқымдаған қара құрым халқы бар мемлекеттердің басшыларының біреуімен тіл табысып, екіншісімен күш сынасып, әйтеуір жатқа жаялық етпей, аман сақтап келген. Аз халыққа жер үстінде өзімен-өзі өмір сүру де оңай сын емес. Қашан да көп көптігін жасайды.
Сондай бір кезеңде қазақ ханының сұлу қызына жоңғардың батыры құда түсіпті деседі. Он алтыға жаңа толған ару қыз орыс князының ұлын бұрынырақ көріп, ұнатып қалған екен. Өзі батыр, өзі кескінді орыс жігіті қазақтың сұлуына ғашық болып, енді айттырғалы жүргенде, жоңғар құда түсіп, қыз әкесі қимаса да, елдің тыныштығын ойлап, келісімін берген, құда болысып, қол алысқан. Бұл жайды естіген орыс жігіті: «Сүйіктім жоңғарға кететін болса, бүкіл қазақ даласын өмірім жеткенше ойран етемін!» — деп, аяулысының алдында ант етіпті. Қыз жүрегінің қалауымен кете барса, ата-баба жерін жойқын жоңғар жаулауы хақ. Жоңғарға кетсе, екінші бір азулы ел ел-жұртына қол салғалы тұр.
— Көрмеген рақатым, татпаған ләззатым халқымның, жерімнің амандығынан садаға! — деп; жас ару балғын тәнін Еділдің асау толқынына берген екен.
Көп ұлтты Отанымыздың бір отауы — бүгінгі қазақстанның қыз-келіншектері де өз мейрамдарын жарқын көңілдерімен, жасампаз істерімен қарсы алады.
Салтанатты өмір шеруіндегі қыздар мен аналар қатары қары мол қыстан кейінгі дала гүлдеріндей көз сүйсіндіреді. Еңбек пен ерліктің, азаматтық пен адамгершіліктің үлгісіндей олар — халқымыздың мақтанышы. Олар Атыраудың асау толқынымен алысқан балықшылар, алып комбайн штурвалында алтын астық мұхитын кешіп, дән тауларын қолдан жасау үшін бейнет кешкен механизаторлар, ерте көктемнің ызғарлы таңында сызды жерді жылы саусағымен сипап дән сепкен егіншілер, әр үйдің ерке сәбиін өз перзентіндей мәпелеп, күш-қайратын олардың тағдырына жұмсаудан жалықпаған бала бақша тәрбиешілері мен мұғалімдер, сәбидің саулығы үшін, үй ішінің жылылығы мен жайбарақат сәттерін құрбан етіп жүрген дәрігерлер, көпшіліктің мүддесі үшін сары ала таңнан тұратын аспаздар, өз тағдыры мен өнер тағдырын ұштастырған әдебиет пен өнер иелері, даланың ыстық-суық шақтарында ел дәулетін өсірген малшылар, Отанымыздың болашақ азаматтарын өрбіткен аналар. Иә, халық игілігін молайтып, Отан даңқын арттырған әйелдер, біздің даңқты замандастарымыз бұл күнде қазақ әйелінің даналығы мен дарынын, білімділігі мен талабын, өнері мен ерлігін кең әлемге танытуда. Олар көп. Олар әр үйде, әр ауылда, әр қалада...
Мен әсіресе жаздың аптабында, қыстың алапат боранында мал соңында жүрген біздің шопан, бақташы, сауыншы қыз-келіншектердің еңбегін атап айтар едім. Қала берді қыстақтардағы малды ауылдарға жемшөп тасыған механизатор қыздарымыз қаншама! Қазақ әйелінің төзімі мен ұлылығын Жадыра Тастанбекованың өзі-ақ өмірімен, ісімен, болмысымен дәлелдеп отырған жоқ па?!
Сондай-ақ өнімдері дүние жүзінің біраз елдеріне таралатын балық шаруашылығындағы әйелдер еңбегінің де бейнеті мол. Ерте көктемде өзен мұзы түсісімен, ызғырық желді, жаңбырлы түндерде, қүндерде резина етікпен белуардан су кешіп ау тартатын балықшылардың өмірі маған жақсы таныс.
Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі жылдарда өтті. Әлі есімде. Біз, Каспий теңізінің жағалауын қоныстанған ауылдардың балалары, ыссылық түсе және мұз қата базаршы күткендей теңіз жаққа алаңдап жүретінбіз. Сол екі кезеңде терең теңізге балық аулай кеткен ауыл адамдарын күтетінбіз. Солардың арасында ер-азаматтармен бірдей, қалтылдаған кішкене қайық үстінде бірнеше айлар бойы балық аулап біздің жеңгелеріміз де жүретін. Нәсіп, Ғайни, Салиха, Сара секілді жеңгелеріміздің ыстық-суықта су кешіп халық игілігін молайту жолындағы еңбектері қандай сый-сияпат көрсетсе де, лайық еді. Бұл күндерде де Гурьев облысының Теңіз, Балықшы аудандарының қыз-келіншектері сол балық өнеркәсібінде көптеп еңбек етуде.
Бүгінгі Қазақстан — сан салалы шаруашылықты республика. Жеңіл өнеркәсіп, тамақ ет, сүт өнеркәсіптерінің фабрика, заводтарындағы жұмысшылардың басым көпшілігі әйелдер. Олар күн демей, түн демей нан, кондитер, мал сою цехтарында маңдай терлерін төгіп, халыққа қажетті өнімдерді тоқтаусыз шығаруға өз үлестерін қосуда. Халқымыздың осындай қыздарын қандай жырға, әнге қоссақ та артық емес, олар мақтан етуге тұратын жандар.
«Болсадағы гүліндей тұлғаң құздың,
Өзендерде, үстінде ызғар, мұздың,
Заводтарда, цехтарда еңбек туын
Көтердіңдер, ардақты қыздар біздің!
Тайсалмастан төздіңдер сан сындарға,
Жалғайсыңдар әлі де даңкымды алға.
Сезімдердің нұрына бөленіңдер
Өздеріңді ардақтар халқың барда!»
Біздің ғылым мен мәдениет, әдебиет қайраткерлері арасында еңбегімен ел құрметіне бөленген қыздар өз алдына бөлек әңгіме боларлық. Бұрын қазақ топырағында дамымаған химия, физика, геология ғылымдары саласында әйел жолдастардың есімдері аталмай кетпейді. СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, физик Белла Ахметова, геология-минералогия ғылымдарының докторы Патшайым Тәжібаева, химия ғылымдарының докторы Ажар Ильясова, география ғылымдарының докторы, профессор, Әлия Бейсенова, филология ғылымдарының докторы Рабиға Сыздықова секілді бүгінгі өскелең заманымыздағы халқымыздың лайықты азамат қыздарын біз заңды мақтан етеміз. Бұлар біздің ғылымымыз бен әдебиет, мәдениетіміздің өркендей түсуіне, дәстүрлеріміздің тамыры тереңдей түсуіне үлес қосып жүр.
Халқымыздың талантты қыздары Ғазиза Жубанованың, Бибігүл Төлегенованың және Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Зәмзәгүл Досанова, Фарида Шәріпова тәрізді сүйікті болған актрисалардың өздері жас ұрпақты тәрбиелеуге қазақ әйеліне тән жанашырлықпен қарап, қамқор боп жүргендері сүйсіндіреді.
Халқымыздың ән өнері тарихында Роза Бағланова, Роза Жаманова, Роза Рымбаеваның — біздің сүйікті үш Розамыздың орындары ерекше. Мен оларға:
«Тұлпар-ән қорғанды да бұза жарар,
ол үннен желден өзге кім оза алар?!
Әрқайсы әннен алтын мүсін құйған
жасаңдар, біздің бұлбұл Розалар!» —
дегім келеді.
Әр халықтың ертеңін жалғайтын ұрпағы, тілі болмаса, кешегі, бүгінгі өрлеуі мұрат емес. Сол ұрпақты тәрбиелейтін қасиетті орын — біздің мектептеріміз бен оқу орындарымыз. Оқу-ағарту саласында осынау қастерлі парызды арқалап жүрген мұғалім қыздарымыз, замандастарымыз көп. Олардың еңбегі күнбе-күн көзге көрінбейді, жоспармен, процентпен өлшенбейді. Бірақ ең қиын, ең адал, ең парасатты еңбек солардікі деп түсінемін. Бұл ретте Әлия Дүйсенова, Сәуле Қабдолова, Үбәйда Смағұлова, Ақзия Миданова секілді жүздеген ұстаздар, Ұлмекен Ботабаева, Әлима Сәрсенова, Қатира Имашева және басқа көптеген балалар бақшасындағы тәрбиешілер зиялы жас ұрпақты тәрбиелеуде жан аямай еңбек етіп жүр.
Жан сұлулығы тән сұлулығынан басталады. Бұл тұста біздің дәрігер қыздарымыз туралы айтпасқа болмайды. Олар халықтың, балалардың денсаулығын, өмірін, қорғау күресінде күзетте жүрген жандар.
«Дерт қысқанда, көңілді сағым буып,
Қарлығаштай жетесің жаның күліп.
Өшер деген үмітті тірілту де —
саған біткен дарындылық.
Қасиетті өмірдің күзетінде
тұрсын асқақ, дүниені табындырып,
ажалды да бағындырып,
қиналғанға өзіңді сағындырып!»
Міне, сол ақ халат киіп, ажалмен арпалысып жүрген ақ көңіл, адал жандардың бәрін, оның ішінде Мәрияш Үмбетова, Гүлшара Сұлтанованы, Әния Нысанбаеваны, Клара Жұмабаева, Эльмира Әскееваны, Жанна Секенова, Әдилә Әбубәкірованы, Раиса Атамбаеваны, Шәрбану Әміржанованы, Ұлдай Нұғыманованы, Гүлнар Махамбетованы әр кез қатты қадірлейтінімді білдірер едім. Дүниенің бар салмағын арқалаған әйел — Жер-Ана секілді төзімді.
«Ай қабағы күлімдеп сұлу жеңгей
қояр емес дүниенің мұңын жеңбей.
Өзі тұрған мәуелі бір бәйтерек,
ошағының маңайы рулы елдей.
Жанына оның сыйғандай дала, мына,
айтқан сөзі былжыр ма, бағалы ма —
тексереді жымиып қарап қойып
төрдегі отағасының қабағына.
Кемпірі ме ауылдың, шалдары ма
келе қалса, солардай арға мұра,
таңданады жас келін енесінің
жас баладай елпілдеп қалғанына,
Немерелер кіл ерке, заманы нұр,
ертегі емес әжесіз бала ғұмыр.
Кейде айырмай қалады тәмпіштерді
қай ұлының, қай кыздың жаманы бұл.
Қара, күйеу баланың түсінігін —
еркелейді өзіндей кіші ұлының.
Бар кеуденің салмағын арқалаған
Жер секілді бір өзі кішігірім!»
Олардың ерлік еңбегін, әсем табиғатын Отан-Ана аялайды, қайда жүргеніне, ірі ме, ұсақ па — орнына қарамай, қамқорлықпен мәпелейді. Сондықтан да:
«Жолдары ұзақ өмірдің алда тағы,
келеді әлі таланттың сан қатары,
Менің елім бұл күнде жүйріктерін
Бибігүл-ән секілді самғатады!» —
деп жыр жолдарын өреміз.
Табиғат сынды тазалық пен сұлулықтың белгісіндей тіршіліктің куат көзі әйелдердің жанына жамандық келмесін! Бұл — бүкіл тіршіліктің әр кездегі және бүгінгі қағидасы бола бермек!
1980
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі