Жанып-сөніп жататын жанартаудай лапылдап, кейде мәңгі Күннің барлық сәулесін бір өзі біржола тартып алғандай жарқырап, кейде тұманды түнекке шет-шеңберімен тұтылып тұрған құзар шың әлі күнге құпиясын аштырмай келеді. Ол құпиясын жасырған сайын «білсем, керсемге» бой бергіш пенде көңілі шарқ ұрып соған қарай ұмтылады.
Ұмтылған сайын шырқау шың жақын маңайлатпай бірде мүлде шөгіп, әлем аясындағы белгісіз бір нүктеге айналғандай, кенет қайтадан көз алдыңда айбарланып, қиялыңды баурап сұсты да сұлу тұлғасымен асқақтай қалады. Қай тұстан, қандай жолмен жақындарын білмей, ұмтылған адам дал болар еді.
Қазақ жыр өнерінің тарихындағы санаулы алыптардың бірі Әбділда Тәжібаев туралы ойлағанда менің көз алдыма осы сурет елестейді.
Оған жетер екі жол бардай көрінеді маған. Біріншісі — ақша бұлттың мамық қанатында ыңылдап ән салып, күннің шуағы мен кеңістіктің майса самалына көкірегіңді тосып қалықтап барар айқын жол. Алапат теңіздің жағасында кіндік кесіп, кір жуған адамға аумалы-төкпелі айдын қасиетінің бәрі айқын, бәрі түсінікті секілді сезінетіндей, Сырдың суын өзімен бірге кешісіп, елім деп еңіреген Толағаймен жаңбырлы тауды бірге арқаға салып, ормандағы партизан баланың тартқан азабына бірге жыласып өскендей бесіктен шыққалы қанымызға сіңіп, бойымызға кіріп қалған Әбділда ақын жырының нәрі, қаншама түрлі тамаққа лықа тойып, аузы-мұрныңнан шығып, енді ас көрместей болып отырсаң да, қоламтаға піскен таба нандай ыстығы, таба нандай орнын ештеңе өтемес дәмі — қырда өскен қазақтың алпысқа келсе де ауыл тірлігін аңсайтынындай, жыл сайын көңіліңді де көкірегіңді де қырық құбылтқан мынау құбылмалы, құпиясы мол дүниеде жаныңа соншалықты таныс та жақын; демек, бәрі айқын, бәрі түсінікті. Жүректен шыққан сөздеріңді кесек-кесек күйінде сезім пешінің қызуына төге салуға болатындай.
Екінші жол — мұзарт тау, құзар шыңдар қарсы алдыңнан кес-кестеп, ысқырған бораны бет қаратпай жүрегіңді жасқар қатерлерге толы. Жүрегі тыным мен тыныштық атаулының сөз жоқ көзін ілдіре алмай әлі күнге жанартаудай атқылап, мазасыз әлемнің қилы-қиянды болмысын дауыл күнгі дария ағысындай үйіріп әкеп басына ұялатқан бүкіл ішкі-сыртқы дүниесі жан мен сезімнің екпіні қайтпаған қозғалысынан тұратын Әбділда ақын — жалпақ жаһанның оқшау жатқан бір өзі бір планетадай құзар шыңы екені кәміл. Ол шыңның жаңбырлы, мамыражай жайма-шуақты, бұрқақ қар, борасынды, тұманды да түнекті табиғат ерекшеліктерін тізіп, текшелеп ғылыми тұжырымдар жасауға ақын болмысты менің төзімім мен шамам жете бермейді. Әлемде қанша мың жыл бойы жасай тұрып адамзат атаулының іңкәрі мен ықыласына малынса да құдіреті мен құпиясының қадірін әлі де жырлап жеткізе алмаған Жер болмысты Әбділда ақын Тәжібаев туралы мен өзімнің сұқтана таңданып, қайран қалатын сезімімді ғана жаза алуым мүмкін. Бірақ адам баласының сезім күйі қай тілде, қандай шеберлікпен өрнектесең де поэзиялық саф туындының басқа тілдегі аудармасындай болып шығары хақ.
Әбділда Тәжібаев туралы жұртты елең еткізіп, көл-көсір жырымен сусындаған әлеуметтің көңілінен шығар сөз айтудың қиындығы мен жеңілдігі жайлы түсінігім осы.
Ал енді біз, қарапайым оқырмандар, «анау ақын былай, мынау ақын олай» деп пікір айтуға бір шама қалыптасқан шеберлерміз. Жалпы «ақын» деген сөзді естігенде елең етіп құлақ түрмейтін, не аспаннан жерге біреу аяқ астынан түсе қалғандай көз қадамайтын адам аз шығар. Олардың бірқатары сөз өнерінің қасиетін жүрегімен түйсініп, сондықтан да ақын болмысының құдіретіне бас иіп таңырқай табынса, көбісі (яғни поэзия әлемінің дем-тынысын жүрегімен емес, басымен ұғатындар) уақыт пен дабылға ілесе жүгіріп елеңдеседі. Ақынның жан-әлеміндегі бұрқақты да шуақты қат-қабат қыртыстарға үңіле бермей, тұлғасы мен ажарына қарап алып, «ақын болса, болғандай екен» немесе «мына түрімен ақын болса, мен де ақын болармын» дегендей, өр көкірек өз биігімен өлшеп-пішіп, өзінше салмақтайды.
Шынында ақын деген кім?
Қандай құдіреттің иесі?
Әлде мынау кең дүниедегі жер басқан екі аяқты біткеннен өзгеше, табиғат заңдылықтарынан ауытқып жаратылған біреу ме?
Жанартау боп жарылып, мұхит боп тасқындағандай, кенеттен қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай жайбарақат жайылып түсіп, балаша қуанардай, әйелше жұбанардай қысқа күнде қырық құбылып күй кешер не еткен болмыс?
Әлде жаратылыстың барлық құбылмалы ауа райы мен жер бетіне ежелден етене боп келе жатқан тіршілік көкпарының ұтылыс өкініші ылғи тек соның ғана үлесіне тиіп жүре ме?
Алатаудай асқақ бір басына не жетпейді?
Ешкіммен жамандаспай, ешкімге жаманатты көрсетпес мінсіз-мұңсыз жырлар жазып, жағасы жайлауда жайбарақат күй кешпес, күн өткізбес болар ма ақын шіркін?!
Күнделікті тіршіліктің қым-қуыт қарекетінен, тас шапқан балтадай мұқалып, қажып, мұң мүжіген жүйкедей жұқарып, сонда да күнелтістің қалыпты гөй-гөйімен сылбыр басып, сартап өмір кешкендер атағы аймақты дүбірлеткен ақынның басында бит қабығындай қасірет-қайғы болады, қолы жетпей, көңілі жетсе де, күші жетпей орға жығылғандай күйге түсер шарасыз сәті болады дегенге құлақ аса ма екен?
Ақын дегеніміз — Уақыт.
Ақындық құдірет Уақытпен өлшенеді. Бұл, негізінен, екі мағынадағы ұғым болса керек. Алдымен, өз заман, өз ортасы, Шекспир мен Войничті елемегеніндей, қаншама тұқыртқанмен, көрмеген, мойындамаған болғансығанмен, шынайы жыр уақытпен бірге жасасып, тіршілік әлемінің тартысты-талқылы ыссы-суығын уақытпен бірге кешеді.
Уақыттың өлшемі мен елегінен өту — адамзат тарихындағы шынайы суреткер туындысының, шыр етіп жарық дүниеге келген сәбидің кіндігін кесу секілді, о бастан табиғат еншілеген жазмышы болса керек. Осы тұста да менің көз алдыма бір сурет келіп отыр: соғыстан кейінгі жаға-жең жыртық, жәудір көзің дастарқан жаққа елеңдеген кез. Анамыз бір дорба бидайдың шетінен ағаш тостағанмен алып, қазанда қайнап жатқан суға қайнатады. Бөгіп бөрте бастаған бидайдың суын сарқып алып, ыстық қазанға қуырып, бізге бергенде, қызыл бадана дәндер тез таусылып қалмасын деген ашқарақ оймен бірді-екілеп аузымызға салып, қытырлата, дәміне тамсанған сәтті соза түсуге тырысатынбыз. Суға салған кезде бидайдың нәрлі дәндері қазан түбіне бірден батып кетеді де, ылғи бос қабық-кеуектері немесе жартылай дәнді жарымжан түйірлері қалықтай көпіршіп, шалқып-тасып су бетіне шығатын. Шынайы көркем туынды да бұрқыл-сарқыл қайнаған Уақыт қазанының тезінен өтпейінше, әлгі айтқан бидай кеуектерінің кебін киері даусыз.
Ақын — Уақыт дейтініміздің бірінші сыры осы.
Екіншіден, Уақыттың тынысымен тыныстап, Уақыттың ауа-райын болжап-барлай алмаса, ол — Ақын емес. Өз қара басының күйін күйттеп, өз ошағының жоғын жоқтау шын талантқа бұйырмаған. Тағы да өзім көрген бір сурет: тағы да соғыстан соңғы жылдар. Біздің қырдағы ауыл әлі де нанға жари қойған жоқ. Бүкіл ауылда екі-үш үйдің ғана бала-шағасы қызара бөртіп, шырайын бермейді. Елден тері-терсек жинап, ұн-шай беретін Түркебайдың шешесі екі көзі аяқ астынан су қараңғы болып қалып, анам соның көңілін сұрауға барды. «Ет асса, нан қалмайды» — мен де ілестім. Дастарқан үстінде жұп-жұмсақ ақ нан, сары бауырсақ. Соқыр кемпір: «Құдайға шүкір, әйтеуір елде қара нан жойылды ғой қазір», — деді. Анам ол кісіні жеңге деп әзілдесетін: «Е, өзің ақ нан жегесін, басқа жұрт та қарық болып отыр ғой деп пе едің?!» — дегені. Ақын творчествосындағы Жер тынысы, Уақыт демі дегенді осы бір қарапайым мысалмен түсіндіруге болады. Ақын жырларынан «мұздарда да тоңып», «жолдардың торабында талай-талай қансырап қалғанын», «өмірдің ұшқыр жорғасын міне алмай қалып, әрең қимылдап, жаяулаған», құлай сеніп, құшағын ашқан досы қара басының ләззатына дос тағдырын құрбан еткен қайырымсыз қарау болып шыққанын, соны көргенде, сенерін де, сенбесін де біле алмай, сезім дүлейінде сенделген сәттерін оқыған кей жұрт бұл тек ақын басындағы күй деп ұқса, саяздық. Ақын жырындағы адамдық күрсініс пен адамдық қуаныш қана оған мәңгілік ғұмыр бере алады.
Өз уақытының, өз заманының тіршілік тынысын берсем деумен әдебиет әлемінде өмір кешіп келе жатқан ақын Әбділда Тәжібаевтың сан қырлы творчествосына біз айтқан екі ұғым да тән қасиеттер.
«Удай болсын — ащы болса,
Судай болсын — тұщы болса,
Жылымшыны жаратпаймын, жарандар,
Жылымшыны жартылау деп санаңдар!
Маған жарты керек емес бақыт та,
Маған жарты керек емес уақыт та.
Мен жартылай ала алмаймын Айды да,
Маған жарты керек емес қайғы да.
Маған тұтас жарық керек, Күн керек,
Маған тұтас жұлдыз толы түн керек.
Маған тұтас теңіз керек, тау керек,
Маған тұтас алысатын жау керек.
Мен жартылап махаббатты да алмаймын,
Мен жарты дос шақырса да бармаймын.
Маған тұтас жүрек керек берілген,
Сұрайтыным осы ғана өмірден,
Тілейтінім осы ғана елімнен!»
Міне, творчестволық бәйге жолдың шүу деген басында осы мақсатты нысанаға алған ақын өмір алаңының қилы соқпақ, құзды асуларынан, теңізді өткелдерінен өтсе де, өзінің о бастағы принципті болмыс тұтастығын берік ұстап, өз биігінде арындап келеді.
«Ойы — теңіз, кеудесі — кеме» ақынның, «жыр жұлдызын терем деп, тереңге ғана сүңгіген» алып жүрек Әбекеңнің:
«Қайнаған қара құйын бұлт боламын,
Бойымда ойнайды ұйтқып от бораным!
деп, жыр құдіретінің пырағын тізгіндеген Әбекеңнің, лирикалық өлеңі жеткен биіктерді місе тұтпай, драмалық поэмаларындағы мәңгілік тақырыптарға баруы, баруы ғана емес — өйткені түрлі адам түрліше барған — оған, Сырдың тұңғиығына сүңгігендей, шым батып бойлауы жыр жайлауындағы оның Шекспир, Пушкин, Блок секілді тағдырластарын еске салады.
Мен Әбділда ағаны есіме алған сайын оның ақындық мінезі мен адамдық болмысы, сезімінің нәзіктігі мен әлемінің кеңдігі бірден ойыма түседі; сол үшін жақсы көріп бас иемін.
Шығармаларының алатын орны өз алдына болса, халықты халық етіп танытар сөз өнерінің талай саңлақтарын бірін ойдан, бірін қырдан көзі шалып, жетелеп әкеп жыр бәйгесіне өзі қосқаны; қосқаны ел көңілінен шықса, жүлде иесі дәл өзі секілді бөркін алып қуанатыны — осының бәрі әдебиетіміздің тарихындағы оның өзіндік болмысты тұлғасын биіктете түседі. «Осы біреудің екпіні бөлек екен өзімнен озып кетіп жүрмесін» немесе «әуелі — мен, сонан соң өзгелер» деген пенделерге тән бықсық бәсекелестік атаулымен о бастан іргесі бірікпеген ол:
«Ақылды көп, көсем көп,
Оқыған көп, білгір көп,
Ағып тұрған шешен көп,
Озып тұрған дүлділ көп» —
деп, тіршілікте талант атаулыны ту сыртынан танып, солар қанатын қақса деп ынты-шынтымен әлі күнге тақымы талғанша жүгіріп, таңдайы талғанша сөйлеуі — тек алып жүректі сирек жандарға ғана қонар қасиет.
Керемет құзар шыңның омырауынан мезгіл-мезгіл тұма бұлақтар құлап, шөліркеп ерні кезерген далаға тіршілік нәрін құйып бара жатыр. Өз тұстастары мен өкшелестерін былай қойғанда, күні кешегі Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сабырхан Асанов, Күләш Ахметова... Осылардың әрқайсысы — Әбекеңдей құз кеуде шыңның омырауынан бастау алған қазақ жыр жайлауының тұма бұлақтары.
Әбділда Тәжібаев 75 жасқа толып отыр. Бұл — жұмыр жер, жарық дүниеге келген бір адамның туған күні емес, бұл қазақ жыр өнерінің мерекелі күні. Бұл — өнердің дүбірлі алаңында жарты ғасырдан астам уақыт бойы жыр пырағын ойқастатып, тізгінін жазбай және:
«Сүймеймін сұйықтарды кердеңдеген,
Өзіне өзге жұртты тең көрмеген,
Жүрсе де сымбаттысып, қымбаттысып,
Есітимін ішкі айқайын «мен-мен» деген.
Сүйемін сүйкімі мол ақ пейілді
Өмірде өз қалпынан өзгермеген.
Жәрдемге, жақсылыққа жаны құмар
Ісіңді жөндеседі жөнделмеген.
Қиында, қысылшаңда ол қасыңда,
Кетпейді айырбастап кез келгенмен,
Пәлеңнен доспын деген сақта, тәңірі,
Күнәңды күнде жинап безбендеген», —
деген өзінің адамтану, өнертану қағидасынан бұлтармай, бұлтармағандықтан да:
«Ортасында орманның,
Өркешінде таулардың
Қыран бүркіт болғанмын,
Құздарға да қонғанмын,
Мұздарда да тоңғанмын,
Торабында жолдардың
Талай-талай қалғанмын,
Талай керней шалғанмын —
Жырын шертіп арманның,
жасын сүртіп сорлардың», —
келе жатқан ақынына қол соғудан танбаған талғампаз көкірек халықтың мерекесі.
Сөз сұңқары Сүйінбай, жыр жүйрігі Жамбыл, ән алыбы Ақан сері мен майталман Майра, сөз сардары Махамбеттей тұлғалар көтерген қазақ жырының туырлықтай туы бүгінгі таңда Әбділдадай асқаралы шың басында желбіресе, бұған қуана алмаған көңіл кеңдігінен не пайда, бұндай биікті көре алмаған көздің өткірлігінен не қайыр!
Біз, жыр сүйер, жырдан ғана ләззат іздер қауым, бүгін тума бұлақтардың мөлдір толқындарына рақаттана малшынып, сонан соң ұшар басы көз қиырында бұлдыраған құзар шыңға жанарымызды қадаймыз, қадай тұрып:
«Жалғандықтар жосалап жанын осып,
күн кешетін сәт сайын жанып-өшіп,
бір құдірет керек қой
Жер бетінен
әулиенің кеткенде бәрі көшіп.
Өмір — дауыл, тұрмайды тас қажалмай,
жанарың да, жырың да жасқанардай.
Шүкір, жырда бір патша болғанына
баратқанда жалғанда патша қалмай!» —
дейміз, дей тұрып осындай таланттарын ардақтай білген, аялай білген халыққа, замана шындығына бас иеміз.
1984
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі