(Қазақтың Халық жазушысы Мәриям ХАКІМЖАНОВА 80 жаста)
Ұлы жаратылыстың әрбір перзенті секілді әр жазушының да өзі ғана кешер, тек өзіне ғана өлшенген қайталанбас тағдыры болады. Жалпы әйелдік тағдыр жүгін — жоқтан өзгеден ләззат алып, рақатқа бататын селтеңбайлар болмаса — қабырғасы қайыса тұрып, жүрегінде қалған адамдық мейірімін айналасына шашуды парыз тұтып, абыроймен арқалап өту — әйелдің әйелі ғана шыдайтын ерлікпен тең. Осының үстіне, шын талантқа ғана еншілес суреткерліктің азапты тірлігін, біреулердің қолпаштауымен тырнақтай талантын таудай деп ұғындыруды мақсат тұтып, атақ пен даңқтың сиқыр шәлісіне елден бұрын орану үшін емес, ата-баба мұрасы — асыл сөзге, сөз қадірлер елге перзенттік қызмет етуді парыз санаған, сол парызды қайтсем адал өтеймін деп ынта, ниетімен тынымсыз талпынған нәзік ана-жүректің мазасыздау күндері мен тұндерін елес-тетсек, біздің көз алдымызда халқымыздың көрнекті сөз зергері, әдебиетіміздің тарихында ешқандай атақ-даңқпен өлшенбейтін ерекше орны бар, бұл күндері республикамыз 80 жасқа толуын мерекелеп отырған Мәриям Хакімжанованың адамдық, аналық, ақындық зор тұлғасы тұрар еді.
Қазақ даласының шағын ауылдарының бірі «Мезгілде» бұдан 80 жыл бұрын Хакімжан мен Төлеген ананың отауында дүниеге келген кішкене қыздың тағдырын да, талантын да, уақыттың жайлы өткелдерін кешкен сайын, жан, мейірім дүниесі, пенделік балдыр-батпақты жуытпаған көңіл мөлдірлігі оны кішкене ауылдың шеңберінен халықтық ауқымға көтерерін, сөйтіп оны ел-жұрт болып, қадір тұтып, туған күндерін халық, ұрпақ болып тойларын ол кезде, әрине, ешкім болжаған емес. Дей тұрғанмен,
«Таудан аққан тас бұлақ
Тасыса құяр теңізге.
Қанша малды болса да,
Бай қуанар егізге.
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай да қоймас негізге», —
деп Ақтанберді атамыз айтқандай, Балқожа бидің тұқымы, бүкіл қазақ даласына оқу-білім шамшырағын жақсам деп армандаған Ыбырай Алтынсаринге немере қарындас болып келетін Мәриямның жас басынан сөз өнерінің сиқырлы әлеміне таңырқауы, ән мен жырдың халық мейіріміндей таза сәулелерін жүрегіне, жанына сіңіріп өсуі тектен-тек емес еді.
Таланттыға жол ашқан дәуіріміз болмаса, даңқтың шыңына өзім ғана өрлесем, өзім ғана тұлға болып қалсам деген үлкен өнердің, халықтық өнердің, табиғатына қарама-қайшы пенделіктің сыңаржақ мақсат-мұратына биік, соңымда кімдер келеді, жан-жағымда кімдер жүр деп адал көңілмен алаңдаған Бейімбеттей ағалардың мейірімді алақаны болмаса, Мәриямның таланты да, өзіне дейінгі талай өнерлі дала қыздарындай құмға сіңген тамшы боп із-түзсіз кетер ме еді, қайтер еді.
Алғаш «Жеңешем әні» жинағы шыққанда, қол соғып қуанған тек әдебиет қызметкерлері ғана емес, Нағима Арықова, Алма Оразбаева секілді партия-совет қызметкерлерінің терең түсінігі, әр жас талантқа деген қамқорлығы Хакімжанова творчествосының өрлеуіне, жаңа белестерге талпынуына ерекше әсер етті.
Мәриям ақынның творчествосы — қазақ әйелі жүріп өткен тарихи шындық кезеңдердің айнасы тәрізді. Ол сонау дала қыздары Сара, Майра, Ұлбике, Шолпандар салған жыр соқпағын әрі жалғастырып, керуен көшіндей даңғыл жолға айналдырды. Өмір шындығының әр қилы кезеңдерін басынан кешірген ол — әйел-ана ретінде де, әйел-ақын ретінде де өнер әлемінің аумалы-төкпелі ауа райының қара жаңбырынан да, қарлы боранынан да, қоңыр-жай күзінен де өз болмысына тән қуатпен, қайсар тұлғасымен қайыспай өтті.
Қазақ әдебиетіндегі қыз-келіншектер творчествосының алғашқы шамшырағы болған Мәриям кейінгі сіңлілерінің өлең деген өлкеге ұмтылуына жол ашты. Бұл — бір.
Қазақ поззиясының тарихында халқымыздың ерлік рухын көрсеткен Мәншүк Мәметова бейнесін, яғни дәуір шындығы тәрбиелеген қазақ қызының ержүрек бейнесін поэзияда тұңғыш мүсіндеген де Мәриям Хакімжанова.
Мәриям апайдың аналық үлкен жүрегіне, адамдық мейіріміне, әр нәрсеге күйіп-жанбай, парасатпен, ақылмен қарайтын нағыз даланың әйелдеріне ғана тән адамдық, аналық болмысына әрқашан бас июге мәжбүр боласың.
Мен апамыздың тойы жақындаған сайын ол кешкен өмір жолын, творчествосын ой-санамда қайта бір жаңғыртпақ болып, көп іздендім. Әр жылдары жарық көрген пышақ сыртындай, әрі кетсе, орақ сыртындай — бүгін жастары 30 бен 40-тың арасындағы пысықай әдебиетшілердің көбі шығарып жүрген кірпіш кітаптардың ширегіндей көлемдегі Хакімжанованың кітаптарын алып отырып, әр түрлі ой тұңғиығына баттым. Қазақ әдебиеті өткерген ащы-тұщы кезеңдердің бәріне куә, туған әдебиетіміздегі ақын-жазушы қыз-келіншектердің (тіпті қыз-келіншектер ғана ма екен? — сонау соғыстан кейін әдебиет ауылын іздеп астанаға лек-легімен келген Сырбай, Ғафу, Зияш секілді таланттардың көбі, Мәриям апаның 8 адамнан тұратын бала-шағасымен бірге көлемі 9 шаршы метр бөлмесінің жылуымен, кейде жұтаң, кейде мол ақ дастарқанының ақ дәмімен, мейірім-шуағымен қанаттанған жоқ па еді?!) жол ашары, көш бастаушысы бола білген, жеке басының қамы үшін басшылардың есігін қағуды ақылы қысқаға тән қылық деп ұққан, парасаттылықтан аттауға арланып, «мені неге ұмытасыңдар?» — деуді аналық, суреткерлік болмысқа жат қылық деп түсінген Мәриямның әдебиеттегі 60 жылға жуық ғұмырында шығармаларының толық жинағы (ең құрығанда 2-3 томдығы) бірде-бір рет жарық көрмеген екен. Ол кісінің жанында әдебиеттегі өміріміз теңіздің тамшысындай, әрі бір-екі өлеңімізден-ақ арқамыздан қағып, басымыздан сипаған шалқар көңілді ағалардың бағасы мен ілтипатына бөлене кетіп жаман үйренген мына біздің өзіміз бір том, екі том таңдамалы шығарып, солай болуға тиістідей жүргенімізде, Мәриям Хакімжанованың осы жасқа дейінгі ауыз толтырып айтар творчествосынан жан-жақты мағлұмат берер көлемді бір де кітабы шықпауы ол кісінің өміріндегі де, әдебиеттегі де тағдырының жеп-жеңіл болмағаны ғана емес, біздің — әдебиетшілердің әр түрлі ұрпақтарының — біліксіздігімізге де үкім кесердей. Өлең, поэмаларын былай қойғанда, көненің көзіндей, шежіре тарихымыздың өзіндей Мәриям апаның прозалық шығармалары, естеліктері мен мақалалары қанша!
Алтай мен Атырау, Сарыарқа мен Сырдария аралығын алып жатқан шалқар даламыздай тұтастық пен бірліктің өшпес үлгісі тұрғанның өзінде, ұрпақтарды сол кеңдікке, сол мәрттікке, даланың жазылмаған заңдылығындай адалдыққа баулуға, қолдағы мүмкіндікті көрсете білуге келгенде, шабан аттай шамасыздық танытып аламыз.
Бір кезде жарты құртты жарып жеген адамдардың кейін «танитын едім, танысы едім» деуге қорқып, бұрылып кетуге мәжбүр болған шақтарды да Мәриям апай басынан кешірген. Кенет тұңғиыққа түсіп кеткендей күй кешкен жылдарда Сәбиттің ақ көңілі, Мұхтардың қалтқысыз сенімі, Әбділданың айтқызбай, айтпай істер қамқорлығы Мәриямның өлең табиғатынан өмірлік қол үзбеуіне мүмкіндік берген тірек болған еді. Бүкіл саналы өмірі балаларының тағдыр жүгін жеңілдетем деп жалғыз өзі арқалаумен — өлең өнерінің қамытын шешпей арқалаумен, өтіп келе жатқан Мәриямның өз биігінде — өзінің тазалық биігінде жүруін сақтап қалған да сол — халқымыздың алтын қазықтай азаматтарының адамдық, елдік қасиеттері екені хақ,
«Ұмытылмас, қарағым, тірліктегі
жақсылығың көрсеткен сенің маған», —
деген жолдардың өзі-ақ (Әбділда Тәжібаевқа арналған өлең) көп жайларды аңғартқандай.
Халық тағдырының бұралаң асуларына, бұрқанысты бұрылыстарына куә болып, жай ғана куә болып емес-ау, бүкіл кезеңді ақындық жүрегінен сүзіп өткізіп, ұзақ сапарда халқымыздың аяулы ұл-қыздарымен иық түйістіре жүріп өткен Мәриям апайдың бүкіл ғұмырының өзі тұтас бір ғажайып жыр боп көрінеді маған.
Ақ бас Алатаудан аумай қалған оған қарап отырып, «Жыр анасы бұл, Жыр анасы» дейміз...
Иә, қазақ даласының жолбарыс терісіндей теңбіл-теңбіл кезеңдері секілді, Мәриям Хакімжанова да өткелді, өткелсіз өзендерден, шатқаяқ құзды асулардан өтіп, бүгін өскен, өркендеген елінің ардақ тұтып, алдына перзенттік кішілікпен тағзым еткен ұрпақтарының ортасында тамырын тереңге жіберген, бұдырсыз даланың төсіндегі алып бәйтеректей көрінеді.
Апамыз сексен жасқа толып отыр. Бұл — бүкіл халқымыз үшін мақтануға тұратын мерекелік уақиға. Жыр мерекесі, өнер салтанаты. Сөз қадірін білер, сөз асылын бағалар халқымыздың мерейі үшін — ұрпақ алдындағы, заман алдындағы мерейі үшін қажетті салтанат.
Қазақ халқына Мәриямдай талант сыйлаған өнер бәйтерегінің тамыры тек тереңдік шырынымен қоректеніп, мәңгі жасыл аясымен келер ұрпағына да сая болсын.
1986
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі