Өлең, жыр, ақындар

Жыр көпір

(Мақатаевтың туғанына 50 жыл толуы кешіндегі сөз)

Өмір бойы жарық атаулыны көріп-сезуден мақұрым қалып, тымырсық тыныштықтың қапас түнегінде жауын мен дауыл көрмей күн кешуден тұншыққан ортаға сызаттан сығалаған сәуле нұры да өз болмысының жаттығымен жан түршіктірер, жанталастырар әсер әкелері сөзсіз. Себебі ол ортаның бықсықпен тыныстаған топырағына тіршіліктің қандай да болсын табиғи құбылысы атымен жат. Ал жат құбылысты бірден қанға сіңіру — биологиялық заңдылықтан тыс нәрсе. Заңдылықтан тыс құбылыс атаулының бәрі өз табиғатымен топан суы тасығандай алапат екпін әкеледі. Ол екпінге төтеп беру қиын, өйткені табиғат дүлейінің бәрі — алапат құбылыс.

Жаратылыстың мұндай құбылыстарының кереметтігі ғұмырының ұзақтығында емес — қас-қағым сәтінің дүниені дүр сілкіндірер мәнінде. Найзағайдың жарқылы, жасын оты көздің нұрын алғанмен, оның ғажайып құдіретін көкейге түйіп, дәл өзіндей суреттеп жеткізе қою қан-дай қиын болса, қапырық ауаны жұтып үйренген кеудені кез келген тосын құбылыс та солай дереу тұншықтырып, құпиясына бойлатпастан өте шығады.

Біздің ұлы заманымызда совет азаматының космосқа ұшуы да осындай құбылыс болғаны адамзаттың жадында сақталады.

Ақын Мұқағали Мақатаев тағдырдың өз еншісіне бұйыртқан аз ғана жылдарында поэзияға осындай құбылыс болып келді де, біз сол алапаттың екпінінен тұншығып, дем, тыныс алып үлгергенімізше, өзін де, өз ортасын да болашақпен жалғайтын Жыр көпірін салып кетті.

Біздің аса аяулы Әбділда ағаның «биыл Мұқағали поэзиясының жылы болуы керек» деген пікірі көңілге қатты қонады.

Салтанатты сарайларда өзінің жыр кештерін өткізем деп жүгірмесе де, орталықтан кітап шығарам деп атышулы аудармашы іздемесе де, Мұқағали байлығының адамзаттың рухани қазынасына қосылатынында күмән жоқ. Өйткені ардақтысын аялай білетін халқы бар, Отаны бар. Ал Мұқағали поэзиясын мақтаныш сезіммен әлемге сыйға ұсына білу, өз тұлғасының деңгейінде көрсете білу — тірілердің қасиетті парызы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз