Өлең, жыр, ақындар

Алаштың ұлттық мінбері

Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Бұл ұлы Мұхтар Әуезовтың осыдан тура 90 жыл бұрын айтқан сөзі. "Қазақ" газеті— 1913 – 1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Газеттің бас жазушысы, бас авторы үш адам болды, олар: Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы. Дегенмен, барлық жауапкершілік осы газетті ұйымдастырып отырған редакторы Ахмет Байтұрсыновқа түсті. Газетті оның негізін қалаушылар “Қазақ” деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық басылым құруды ойлады және бірлік идеясын таратты. “Қазақ” газеті мұсылман діні мәселесі бойынша ғылыми негізделген тактика ұстанды. Ол қазақ халқының артта қалған бөлігінің діншіл екеніне, Алланы және оның “жердегі өкілдері” молдаларды шын жүректен қадірлейтініне көңіл бөлді. Бастапқыда Қазақ газеті оң жақ шетінде араб әрпімен Қазақ деген жазумен шықса, бесінші санынан бастап киіз үйдің суреті салынып, оның етегіне Қазақ сөзін қайта айшықтап жазып, төрт беттің көлемінде шығарғған болатын. Жалпы газет бірде өрлеу, бірде бәсеңдеу сатысынан да өткен. Бастапқы кезде тиражы әртүрлі Семей, Торғай, Ақмола, Орал, Жетісу секілді қазақ жерлеріне кең тараса, кейіннен қаржы мәселесі болып, біршама қиындыққа тап болады. Осы себепті, газетке қаржылай көмек берген жандар көп болған. Басым көпшілігі қалың жұрт арасындағы байлар мен сол кездің студенттері мен оқушылары болған. Ендеше «Қазаққа» кімдер, қандай көмек көрсетті, қанша қаржы бөлді деген даулы сұрақтарға газет тігінділерінің материалдары жауап береді деген сөз. Ол деректер кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, апталық жеке байлардың идеясы негізінде, солардың құрылтайшылдық етуімен, яғни қаржысымен жарық көрмегендігін, ол халықтың қолдауымен, соған арқа сүйеген алаш азаматтарының жанкешті еңбектері мен жоқтан бар жасай білген шебер ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында дүниеге келіп, үздіксіз шығып тұрғаны нақты дәлелдейді. Қазақ газеті шығып тұрған кездері үкімет тарапынан көптеген қысымдар болған. Әйткенмен, соның өзіне қарамастан газет құндылығын жоғалтпай, тым дегенде аптасына екі реттен шығарылып тұрған. «Қазақ» газеті – төл журналистикамыздың дамуына тигізген ықпал-әсері орасан зор басылым. Оны теориялық және тәжірибелік жағынан байытып қана қоймай, журналистерді баулу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды.  Мұрағат материалдарына жүгінсек, алаш азаматтары «Қазақ» газетін шығаруға сегіз жылдай дайындық жұмыстарын жүргізгендігі байқалады. Оған сонау 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы айқын дәлел. Сол арыз-тілекте қазақ тілінде бейресми газет шығаруға рұхсат ету жөнінде патша үкіметінен арнайы талап етілген бап бар екендігі бұрыннан белгілі жай. Белгісіз болып келгені – халқымыздың азаттық жолындағы күрес тарихынан ойып тұрып орын алатын осынау наразылық құжатты Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және Ж.Ақбаев сынды ардақты алаш азаматтары ұйымдастырғаны. Бұл жөнінде «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы 8 желтоқсанында жарық көрген Ә.Бөкейхановтың Ресей мемлекеті земскі және қалалық қоғам қайраткерлерінің съезінде жасаған баяндамасында нақты мәліметтер келтірілген. Ендеше кейіннен «Қазақ» қаламгерлерінің ұйытқысы болған тап осы топ сол кезден бастап-ақ жалпы ұлттық газет шығару идеясының жетегінен ұстап, соны жүзеге асыру жолында көп ізденісте болған деуімізге толық негіз бар. Қазақ үшін тағы бір ұлы тұлға, екінші редактор есебіндегі М.Дулатовтың да газет үшін сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Газетті шығаруда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов та белсенді атсалысты. Оның қаламынантамған әрбір туындысы газеттің алғашқы беттерінде үзбей жарық көріп тұрды. Күрделі ғұмыры алты жылға созылған газет төңірегіне алдыңғы қатарлы оқыған зиялылар мен ұлтымыздың көзі ашық, жанашыр азаматтарын топтастыра отырып, халықтың шешімін таппай жүрген түйінді мәселелерін батыл көтере білген. Бәрімізге белгілі марқұм апамыз Ү.Субханбердина 1998 жылы « Қазақ» газеті атты тұңғыш жинағын шығарған болатын. Осы кітапта да газеттің тарихынан біраз шертіп, танысуға болады. Демек, бұл дегеніміз Ү.Субханбердинаның да үлкен бір сүбелі үлесі болды деген сөз. Қазақ газетінің рөлі, онда көтерілген мәселелер кеңес заманындағы ғылыми зерттеулерде бұрмаланып, ұлттың жауы, буржуазия тап өкілдерінің бағытын насихаттаушы есебінде көрсетіліп келсе, 1990 жылдары тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардан бастап ғалымдар К.Нұрпейісов, Ү.Субханбердина, Қ.Сақов және т.б ғалымдардың зерттеулерінде талданып, өз бағасына нақты ие болды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ, «Қазақ» газетін XX ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы қазақ қоғамдық өмірінің шынайы шежіресі, ұлттық сананың ұйытқысы және жаңа үлгідегі қазақ баспасөзінің негізін қалаған энциклопедиялық басылым деп бағалауға әбден болады. Сын сағатта туып, Алаш автономиясының үніне айналған «Қазақ» газеті халық алдындағы өз мисссиясын орындады. Біріншіден, сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің, күнделікті тұрмыс-тіршілігінің көрінісі болды. Екіншіден, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының шырағына айналды. Үшіншіден, қазақ тіліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырып кетті. Ол әдебиетіміз бен мәдениетіміздің гүлденіп дамуына ғана емес, ұлттық ой-сананың бүр жарып, азаттық идеясының лаулап жануына, ел тәуелсіздігі жолындағы ғасырларға ұласқан ұлы күрестің қанат жайып, ақырында жеңіске жетуіне қосқан үлесі орасан зор басылым. Бұл - ешқандай дәлелдеуді тілемейтін, таласы жоқ, тарихи шындық.

Аружан Тілесхан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер