Өлең, жыр, ақындар

Өмірбаян беттерінен

Менің туған күнім — 25 желтоқсан, 1939 жыл. Бұл күнді "Інжілді" басшылыққа алатындар "Күннің туған күні" немесе "Күн туған күн" деп атайды. Күпірлік болса, Құдайдың өзі кешірсін, адамзат тарихындағы сәулелі тұлғалардың бірі Иисус Христос киелі қыз Марияның құрсағынан шыр етіп осы 25 желтоқсанда жерге түскен екен.

Нарын құмның арасында, асып-тасыған көл-көсір байлығы болмаса да, ақыл-парасаты мен текті болмысы үшін елі сыйлаған Бөкей ақсақалдың кіші қызы Халима мен аз-кем арабша сауаты, жергілікті жұрт "жездем балалары" деп атап кеткен, аруағы өзеннің арғы бетіндегі киіз үйді желбау-жасауымен сол күйі бергі бетке қондыра қоятын Құдайпенде бабамыздың тұқымы Иманғалиұлы Оңғарсынның отбасында оныншы перзент болып дүниеге келген менің Құдайдың аспанға іліп қойған Күнімен де, адамзатты адалдық жолына бұру мақсатында жүріп шәйт болған Христоспен де байланысым жоқ.

Жұлдыз қарайтындардың айтуы бойынша, мен Таутекемін. Айтас — мен тағатын қымбат тас. Ол да Қазақстанда табыла қоймайды екен. Жылым — қоян. Былай қарасам, әдетте сужүрек, желтабан деп ұғынатын кәдімгі қоянмен мінез-құлық, болмысымның ешбір ұқсастығы жоқ секілді. Алайда тағдыр-жолымның кей сәттерінде өзімді тазылы, қару-жарақты аңшылардан қашқан қояндай сезінетінім рас.

Қазақта түған күн деген ұғым жоқ. Оны бертін келе, өзге жұрттардың салт-дәстүріне еліктеп шығарып жүрміз. Мен туған күн пәлендей мақтанатын кез емес: жерді тұман басып, аспанның қабағы ашыла қоймай, әлемдік ұшақ алаңдарында қанаты қайырылған аққудай ақшаңқан ұшақтар бауырын жаза алмай отыратын, шуақты нұрынан гөрі бұлтты, ызғарлы күндері басым… әйтеуір бір шақ. Адамның ата-анасын таңдап алмайтыны секілді, дүниеге келетін күні де кісінің еркінде емес. Әйтпесе, жеміс-жидек пісіп, қозы марқайған, адамның да етек-жеңі кең кездерінің бірін таңдар-ақ едім.

1939 жылы менімен жарыса дүниеге келген қазақтың біраз азаматтары бар, яғни, менің құрдастарым.

Құрдас дегеннің орны біздің халқымызда ерекше ғой: әзілдесе де, жаны ашыса да, "бір жылдың төліміз ғой" деп, іштей бір жақындықты сезініп, "запастағы аэродромдай" көреді.

Менің құрдастарым: Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Қалдарбек Найманбаев секілді жазушылар.

Әкем Оңғарсын мен ес білмес бұрын бір күн ауырып, дүние салыпты. Еліне сыйлы, ашық-жарқын адам еді деседі.

"Оңғарсын жездем — ақ құба, ұзын бойлы, қапсағай денелі, қыр мұрынды, көзі нұрлы суреттей әдемі кісі еді. Ол кісі Текеге, Үйшікке барып тұратын. Оңғарсын жездем қаладан келгенде ауылдың бүкіл баласы: "Оңғарсынақам келе жатыр, алақай!" — деп жалаңаяқ жарысып, алдынан шығатын. Баланың бас-басына уыс-уыс мәмпаси, түрлі ойыншық үлестіретін, қыз-келіншектерге сақина-сырға, жеңгелеріне көйлектік мата әкелетін.

Ел үшін жаратылған, қолы ашық, барын жоқ жұқаға бөліп беретін кісі еді, марқұм",— деп бертін келе Ұлболсын апам маған жиі айтатын.

Анам Халима көп сөйлемейтін, сөйлесе, ылғи мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, құйған мүсіндей сұлу, қараторының әдемісі еді. Бізді айналып-толғанып не шылпылдатып сүйіп елпектемейтін. Бірақ барлық мейірім сол кісінің бойында деп сезінетінбіз.

Біздің үйдің тұңғышы — Бағила апам. Одан кейінгі Рәбилә мұғалім болатын, 1944 жылы қыста 5-6 күн ауырып, дүние салды. Рәбиләға тете Бақтығұл ағам аудан орталығындағы мектепте 9 класс оқып жүріп, аяқ астынан екі-үш күн ауырып, 1942 жылы қайтыс болған. Одан кішісі Махиз ағайым еді. Мамам марқұм, біз — Бағила, Махиз және мен жанында жинала қалсақ:

"Ақ жұмыртқадай жеті баламды жер алды, ең нашар, көріксіз үшеуің қалдыңдар — түрлерің қап-қара, үшеуің де нағашыларыңа тартқансыңдар",— деп отыратын. Нағашыларымыз Есенғұлдың (Беріштен тарайды) ішіндегі Қара Кейкі деген атадан екен.

Біздің үйде кітап көп болатын. Араб, латын әріптерімен жазылған қисса-дастандар, ертегі-жырлар мені мектепке бармай тұрып-ақ қызықтырды. Аға-апаларым жатпай-тұрмай кітап оқитын.

Әлі есімде, менің алғаш өз бетіммен оқыған шығармам, ұмытпасам, латын әрпімен басылған жоғарғы кластың әдебиет оқулығындағы "Қорғансыздың күні" әңгімесі. Нысанбай ақынның "Кенесары-Наурызбай", Ығылман Шөрековтың "Исатай-Махамбет", Сара мен Біржанның, Құлмамбет пен Жамбылдың айтыстары — міне, мені ауыздандырған әдебиет суаттары осылар. Бұларды оқыған бала кітап оқуға құштар болмай қала алмайды. "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш — Баян сұлу", "Айман — Шолпан", "Қобыланды батыр" жырлары — менің балалық шақтағы ертегі әлемім.

Мен ылғи ер балалармен бірге өстім: қырда да, қыста да көршілерімізде мен ғұрыптас қыз бала болып көрген емес; жасырынбақ, доп ойнау, соқыр теке, шілдік, асық ойындары мені ер балалардан жеңілмеуге тырысуға баулыды-ау деп кейін ойладым. Жазда құм арасында шырмауық, қарақат теріп, бұзауға мініп ауылға оралатынбыз.

Текемет басу, өрмек құру, ши тоқу, шылбыр, арқан есу — осының бәрі ауылдағы үлкен оқиғалар болатын. Біздің бала кезімізде шырпы сирек еді, көбіне қазандықтың астына от көміп немесе шақпақ тастың жанына мақта салып, болаттың сынығымен тасты жанамалап ұрғанда от шығып, мақта тұтанып, осылай от тамызатынбыз.

Бала кезде маған үлкен әсер еткен тағы бір жәй — қырдың түнгі аспаны. Жазда, күзде, көктемде жатар алдында далаға шықсаң, аспан беті самсаған жұлдызға толып, өзінің құпия әлеміне жымыңдап шақырғандай әсер беретін. Жеті қарақшы, Үркер, Ақбоз ат пен Көкбоз ат, Құс жолы… . сыртымнан түрлі әңгімелер шығарып, жақсылы-жаманды анықтауыштармен маған айдар тағып жүреді. Біреулер "тентек" дейді, енді біреулер "мінезі шатақ" дейді. Мен бұлардың ешқайсысына айылымды жимаймын. Себебі, өзімнің жан дүнием, көңілім өзіме аян: сәл өтірік, көлгірсу, жағымпаздану мен мақтаншақтық — осының бәрімен менің жұлдызым қарсы және жан дүнием сезіп қалады да, ондай адамдарды қабылдамайды.

Біздің мектептің директоры марқұм Кәки ағай Қадіралиев ұзын бойлы, ақсары өңді,сәл-пәл мақтанып сөйлейтін кісі еді. Өзі химия пәнінен бізге сабақ береді. Домбыраны керемет тартады. Білдей директорлығына қарамай, мектептегі домбыра үйірмесін басқарып жүрді. Бір күні сабақтан кейін жетінші Қазан төңкерісі құрметіне берілетін концертке әзірлік жүріп жатыр еді. Мектепте домбыра жоқ — әркім үйінен өз домбырасын алып келеді. Ағай да бізге қосылып, алдымызда домбыра тартып отырады. Сол күні домбырасын әкелмепті. Өзі тыңдап, кәдімгі дирижерлердей қолын сермелеп алдымызда тұрды. Мен домбыраны құрбыларымнан кем тартпаймын. Біраз балалар сағаққа келгенде кібіртіктеп қылғынып қалады, қолдары жүрмейді. Мен дұрыс тартамын, сондықтан басқалардан озып отырғандай әсер туғызатын болуым керек.

Оңғарсынова, домбыраны маған бер де, өзің жүре бер, басқалардан озып отырсың,— деді ағайымыз.

Менің жазығым дұрыс тартып отырғаным ба деп ойладым да, домбырамды ұстаған күйімде, анам тігіп берген қоңыр сәтен сөмкемді асынып алып үйге тарттым. Директордың мінезі белгілі енді химиядан ебін тауып сүріндіру үшін менен күнде сабақ сұрайтын болады. Ол кезде бүгін баға алдым, ертең менен сұрамайды деген қазіргі балалардың қағидасы жоқ болатын. Тәуір оқитын балалар күнделікті пәндердің бәріне де дайындалып жүреді. Мен де солардың қатарындамын. Сол оқиғадан кейін химияға ерекше көңіл бөле бастадым.

Директордың айтқанын тыңдамай кете барғаным — ол кезде оқушы үшін өрескел бұзық қылық.

Менің мінезімнің шәлкестігінің тағы бір көрінісін айтқым келіп отыр. Оқырман "қасқыр екен", "бұзық екен" деген тіркестерді жұрттан бәрібір естиді. Онан да менің іс-қылығымның дұрыс-бұрысын өзі пайымдағаны дұрыс деп есептеймін.

Ұмытпасам, 1975 жыл. Мәскеудің Жазушылар Одағынан үйге телефон соғылды:

Герман Демократиялық Республикасынан бір аудармашы Мәскеуге келді. Сіздерге, Алматыға, бара жатыр. Сіздің, Олжас Сүлейменов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын неміс тіліне аударуға өздерінің бір баспасы тапсырған көрінеді. Өлеңдеріңіздің орыс тілінде жолма-жол аударған нұсқасын дайындап қойыңыз,— деді.

Екі-үш күн өткесін әлгі әйелдің жанына Мәскеуден ерген аудармашысы "Жетісу" қонақ үйінен телефон соғып, қай жерде кездесуге болады деген өтініштерін білдірді.

Ертең үйге келіңіздер,— деп, мекен-жайды айттым.

Базардан жаңа сойылған қойды бас, ішек-қарынымен сатып алып, жанымыз қалмай әзірлендік.

Неміс әйелі жастау, Мәскеуден ергені — жасамыс. Олармен келіншегі Кларамен Әбіш келді. Неміс әйелі құмыраға отырғызылған гүл ала келіпті.

Қазы-қарта, шөп-шалам, қуырдақ жеп, коньяк ішіп, әңгіме соғып отырысты. Қазақтың ең нагізгі асы — етті әкелдім де, қойдың басын европалық әйелге ұсынып, халқымыздың дәстүрін түсіндіргенім сол еді — екі әйел бір-бірімен немісше күңкілдесті де, әйда келіп күлсін! Өздерін тоқтата алмай, сықылықтап қояр емес.

Мәскеулік әйел менің түсімнен ішкі дауылымды сезсе керек:

Қонақ кешірім сұрайды, тәрелкедегі басты көргенде, көгалда жайылып жүрген қой елестеп кетті деп отыр,— деді де, әлі күлкісін баса алмай отырған неміс әйеліне қарап, өзі тағы қосыла күлді.

Бір табақ етті дастарқанға қойғаным сол — ешкім әлі ауыз тимеген болатын.

Мен күлкілерін тыйғанша күтіп тұрдым да, сәл бәсеңдей бергенде:

Сіздер менің халқымның дәстүрін күлкі етіп отырсыздар, ал мен мұны кешіре алмаймын. Менің өлеңдерім неміс тілінде шықпай-ақ қойсын. Ал сіздер есігімді сыртынан жабыңыздар!— дедім түсімді суытып.

Әбіш не істерін білмей, от басқан күйі маған қадалып отыр:

Бір ашуыңды маған бер, үйге келген кісіні қуып шығу ешбір халықта жоқ, мұның ұят,— деп шыжық-шырға болуда. Менің өлеңдерімнің неміс тілінде аударылуы осылай аяқталды.

Әбіш осы оқиғадан кейін үш-төрт ай менімен хабарласпай қойды.

Бірақ мен кейін де өзімді кінәлі сезінген емеспін. Басқа бір ұлттың тіліне өлеңдерім аударылады екен деп, халқымның атам заманғы дәстүріне түкіртіп қояр жайым жоқ.

Менің шатақтығым осындай.

Мектепте мен математика, геометрия, тригонометрия сабақтарынан, орыс тілінен диктант жазудан алдыма жан салмаушы едім.

Математика пәнінен дәріс беретін Қабыл Өтешев ағай есептің Құдайы еді. Өте талантты мұғалім болатын. Егер ғылым жолына түссе, Эйнштейн секілді әлемді таңдандырар еді. Өзіміздің Манаш ауылында туып, сол біз оқыған орта мектепті бітіргесін, Гурьевтегі мұғалімдер даярлайтын екі жылдық институтта оқыған.

Ал орыс тілін бізге 5-7 кластарда Қасым Қарабаев ағамыз оқытты да, 8 класта Клара Дмитриевна Пак деген Гурьевтан келген жас кәріс келіншек сабақ берді. Бас-аяғы үш-төрт айда қазақшаға судай болып үйреніп алды. Өзі әдемі, сұңғақ бойлы, талдырмаш, ойыңдағыны сезіп, іші-бауырыңа кіріп тұратын, аса сүйкімді кісі еді. Мен ол кісіні кереметтей жақсы көріп кеттім. Келер жылы ол апайды Маңғыстау ауданына, кейін білдім, Әбіш оқитын мектепке ауыстырып жіберді. 9-10 класта Ресей жақтан оқу бітіріп, жолдамамен біздің ала қырдағы ауылға келген Ангелина Асанина деген жас қыз сабақ берді. Басқа ұлттың өкілі емге іздесе табылмайтын біздің ауылда көгілдір көзді, алтын шашты Ангелина апай бәрімізге таңсық көрінетін. Өзі үлбіреген жас, ұяң, сүйкімді-ақ.

Мұғалімді жақсы көрсең, оның пәнін де жақсы оқуға тырысасың. Әрине, нағыз микеще болмасаң.

Мектепте оқып жүргенде біздің көрген киномыз — жалғыз "Амангелді" фильмі. Қаланы көргенім 8 класта оқып жүргенімде. Анам мені, "жүрегі ауыра береді" деп, облыс орталығы Гурьев қаласына ертіп барған. Содан кейін оныншыны бітіріп, оқуға түсуге облыс орталығына қойдың жүнін таутеке етіп тиеген "судабекр" деген жүк машинасының үстіне мініп келдім.

Гурьевтің мемлекеттік педагогикалық институтында Жоғары математика, Математикалық анализ пәндерінен сабақ беретін жас мүғалім Ғапуролла Дайыров — әкемнің қарындасы Бәліш (шын аты Фатима, ағалары еркелетіп осылай атап кеткен көрінеді) апамның ортаншы баласы, яғни менің жиен ағам. Бәліш апам дүниеден жас кетті де, шиеттей балалары әлдекімге жаутаңдамасын деп, анам Дайыр жездеме әкем Оңғарсынның үлкен ағасы Серікқалидің қызы Қанзиба әпкемді қосқан.

Сонымен Ғапуролла ағайымның үйі пединституттың жанында, шағын екі бөлмесі бар үй екен. Өздері де бір қоралы жан, бірақ оны ойлап жатқан мен жоқ –сол үйге жатып алдым.

Ауылдан кеткенде, анаммен ақылдасып, бүкіл Нарын құмы мен Манаш ауылын түгелімен айдын-шалқар сулы, көкорайлы нулы жерге айналдыратын су инженерінің оқуына түсем деп бекінгем. Алматыдағы оқу орындарының бәрінен облыс орталығына комиссия келіп, қабылдау емтиханын алады екен деп еститінбіз. Су инженерінің оқуы деген — менің ұғымымда Алматы ауыл шаруашылығы институтының су және суландыру факультеті. Сол жылы, менің сорыма, ауыл шаруашылығы институты Гурьевке келмепті. Ауылдан бірге келген Апутан, Лепес, Райхан, Нариман деген балалардың бәрі документтерін өткізіп қойып, қала кезіп жүр. Мен Алматыға, ауыл шаруашылығы институтының ректорына телеграмма жібердім.

Екі күн өтпей жауап келді: "Ауыл шаруашылығы институтына түсемін деушілер биыл тек Алматыға келіп қабылдау емтиханын тапсырулары керек".

Енді не істеуім керек? Көңілімді бұлт алды. Алматыға барып тапсырып, түсе алмай қалсам, ауылға жететін ақшам жоқ. Ойланып-ойланып, физика-математика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Бұрын қала көрмеген бізге Гурьевтің кедір-бұдыр көшелеріндегі шулы тіршілік, ызыңдаған машина, дүкендерде тізіліп кезекте тұрғандар — бәрі таңсық, әрі басыңды айналдыратын бірдеңе.Әйтеуір, көшеге шықсам болды, басым зеңіп, Қанзиба әпкемнің сүт құйған бапты шайына жеткенше, өлуге келемін. Далада құм арасында өскендіктен бе — әлі күнге дейін қаланың ауасы мен қойыртпақ тірлігін жан дүнием қабылдамайды. Есі-дертім — у-шысыз қыр, ауылдағы бейқам тірлік.

Емтиханды тапсырып жатқанда ауылдан келіп жүрген біреуге анама жағдайымды айтып, солай да солай деп хат беріп жібердім.

Институтқа қабылданатын болыппын. Енді бізді колхозға жібергелі жатыр еді, анамның біреуге айтып отырып жаздырған хаты келе қалды. "Өзіңнің онсыз да саулығың онша емес. Ертең оқу бітіріп шыққасын, жұрттың есеп білмейтін баласын оқытам деп ауырып қалуың мүмкін. Ақыры оқытушылыққа түсем десең, өзің жақсы көретін Өлең-әңгіме сабағын таңда" деген жолдар бар. Анамның тілін алмау — ол кезде менің ұғымымда болмаған жай. Ғапуролла ағайыма да айтпай, институттың екінші қабатындағы "Ректор" деген жазуы бар бөлмеге келдім. Ректор Жаманбаев мені тыңдады да, біреулерді шақырып алып:

Мына бала тіл-әдебиет факультетіне ауысқысы келеді, соған қайта емтихан алу керек, жұмысқа бармай-ақ қойсын,— деді.

Оқуға түскендер жүк машинасының үстінде әндетіп колхозға кеткенде, мен көзім бақырайып жалғыздан-жалғыз тіл-әдебиет факультетіне қабылдау емтихандарын тапсырдым.

Студенттік жылдарда киіміміз жұпыны, тамағымыз бірде тоқ, бірде аш жүретінбіз. Мен ашыла алмай, ылғи бұйығы жүретінмін. Би билеу де миыма қонбаумен кетті. Жетістігім — жақсы оқимын, көтеріңкі стипендия аламын.

Институт қабырғасында бізді әдебиетке баулыған аяуыл ұстазымыз Ермек Өтебаев ағай еді. Ол кісі өлеңге, әңгіміге икемі бар деген студенттерді жар салып жүріп жинады да, "Жас қанат" деген әдеби үйірме ашты. "Жас қанатта" көп жас топтасты: Нұралы Әжіғалиев, Марат Отарәлиев, Қазданбай Қосжанов, Дүйсенбай Хасанов, Күзембай Әміров, Көпжасар Оспағамбетов, Шора Тәжімғалиев, Шабаз Иманалиев, Қадыр Юсупов — шеттерінен ығай мен сығай ақындар, араларындағы ең нашары мен едім. Қолмен жазып журнал шығаратынбыз, әңгіме, өлең талқылайтынбыз.

Институтты бітіргесін, менің еңбек жолым Балықшы ауданына қарасты Еркінқала орта мектебінің оқытушылығынан басталды. Мектеп директоры Құттығұл Мұсағалиев керемет ұйымдастырушы, аса сезімтал, көреген кісі еді. Жақсы басшы — жас маманның бақыты. Сол жылы Құттығұл ағамыз мектепте ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастыруға қаладан арқалы Рысбай Ғабдиевті шақырды. Рысбай –аса үлкен талант иесі, көп сөйлемейтін, ерекше қасиетті адам. Мен де өнерпаздар үйірмесінде оқушыларға көркемсөз оқуды, концерт жүргізуді үйреттім.

Еркінқала мектебіндегі мұғалімдер, оқушылар, жалпы ахуал жақсы еді. Менің өмірбаянымдағы ең бір аяулы сәттерім — сол алғаш мұғалімдік жұмысымды бастаған жылым. Ересек ұлдар мен қыздар бір-бірін жақсы көріп, ғашық болып жүргендерін басқа тіс қаққан мұғалімдерден жасырып маған айтатын, ой-армандарын бөлісетін. Жастардан — дене тәрбиесінен беретін Сайхон екеуміз, басқалары бұрыннан келе жатқандар.

Мұғалімдік — киелі мамандық. Ол үлкен, жан-жақты, терең білімдарлықпен қатар аса сезімтал болуды талап етеді. Әр бала — тұнып тұрған сезім. Олардың пианиноның тіліндей сезім пернелерін тура баса алсаң ғана жан дүние әлемдеріне еркін ене аласың. Әйтпесе, олар маңайлатпайды.

Кейін Дамбы ауылындағы "Қызыл балық" колхозының Октябрьдің 40 жылдығы орта мектебінде бірер класқа сабақ бере жүріп, кешкі мектепте қызмет еттім. Күндізгі мектептегі мұғалімдерден маған сағат ауыспады.

Мен бұл мектепте де мұғалімдерден гөрі оқушылармен көбірек араластым, олар мені, мен оларды жақсы түсінетін едік. Стол теннисін бірге ойнайтынбыз. Ердалы — дене тәрбиесінің мұғалімі. Ол он бірінші кластағы әдемі шәкіртіміз Әлияна жақсы көреді. Бұл жайды тек маған айтады. Басқалары біліп қалса, ақырзаман туады: мұғалімнің шәкіртіне көңілі кетуі қылмыс деп қаралады. Шын сезім өз дегенін істетеді ғой, ақыры Әлия мектеп бітіргесін, екеуі үйленіп, Ердалы өз ауылына — Өзбекстанға әкетіп тынды.

Одан кейінгі жұмыс орындарым: Атырау облыстық газетінің редакциясы, "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш"), "Қазақстан пионері" (бүгінде "Ұлан" деп аталады) газеттері, "Пионер" (қазіргі "Ақ желкен") журналы.

Ең көп қиындық көрген жерім — Алматыға алғаш шақырылып, "Қазақстан пионері" газетінің редакторы болған жылдарым. Бұл — ұзақ хикая.

Мен барлық патшаның кезінде бір деңгейде өмір сүрдім. Өзімді жетелеп жүріп, жұмыс орнымды өсіретіндей басшылардың қолтығына кіріп немесе алдарына барған адам емеспін. Тек Дінмұхамед Қонаевтың алдына өлдім-талдым деп әрең кіріп, төрт бөлмелі үй алғаным бар.

Ленин комсомолы қатарында тәрбиеленіп, содан соң Коммунистер партиясының мүшелігіне өттім. Біз комсомол, партия деген сөздерді адалдық, шындық деген ұғымдармен тең көріп өскен ұрпақпыз. Өзіміз де адал болуға жан-тәнімізбен ұмтылдық. Біреуден пайда көруді, еңбексіз баюды ар санадық.

Мен "Қазақстан пионері" газетінде редактор болып қызмет еткен жылдарда әркімдердің сырттай, өзіме көрінбей жасаған жала, жамандықтарынан көп жәбір көріп, жапа шектім. Бірақ партия жүйесінде қызмет істеген адамдар тергеп-тексеріп, менің адалдығымды арашалап қалды.

Ал менің соңыма шырақ алып түскендер арасында да партия мүшелері, тіпті шені үлкендер де бар екен. Олардың пенделіктері, қиянаттары үшін мен бүкіл партияны кінәләған емеспін, кінәләмаймын да.

Мен балажанмын. Кішкентай немерем Анитаны өте жақсы көремін. Ол мені Шах-мам деп атайды. Анита ертегіні ұнатады. Мен қолым тиіп кетсе, екеуміз ертек кітаптар оқимыз, үйде қуыршақ ойнаймыз, қыста далада шанамен сырғанап, қар лақтырысамыз, коньки тебеміз.

Мен балалардың бәрі менің Анитөгімдей ерке де бақытты болса екен деп тілеймін.

1994


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз