Өлең, жыр, ақындар

Ұлытау қызы

Туған халқымыз ежелден мекен етіп, айшылық жерге ат шаптырып, бірінен-бірі хабар үзбей, бір шетіне жау тисе, екінші шеті жайбарақат жатпай атқа қонған, қасиетті қазақ топырағының әр бұрышы маған киелі бесіктей сезіледі, Алдымен, ауылды, аймақты танытатын — сол топырақтың перзенттері, адамдар. Бұрын аяқ баспаған жерге бара қалғанда, алдыңнан жақсы адамдар кезіксе, кейіннен ол аймақтың бүкіл халқы, үлкені мен кішісі түгелдей әлгі жақсы адамдардай болып елестейді. Немесе керісінше.

Жезқазған өңірі — мен үшін қасиетті де қастерлі мекен. Оған себеп болған осы аймақтың әр нүктесінде туып-өсіп, жаны нәзік те, кең, дүниетанымы, өресі мен өнегесі биік болып ер жеткен абзал жандар. Олар көп. «Жезқазған» деген сөзді құлағым шалып қалса, мен ерекше елжіреген сезім, ілтипатты ықыласпен сол адамдарды еске аламын. Аман жүрсе екен деп тілеймін. Елдіктің, қазақы болмысты биік адамгершіліктің, көргенділіктің қасиетін сіңірген сондай адамдар өз орнында аласармай жүрсе, халқымыздың тірлігі де абыройы да жасай береді деп үміт етемін. Олар: Сағадат Дүйсебеков, Әбілжан Сүлейменов, Бітімбай Бекмағамбетов, Қайыржан Мәдиев секілді азаматтар, Күлпаш, Гүлбану, Рақыш, Меңжамал, Шарипа сынды қыз-келіншектер.

Мен Жезқазған аймағындағы елдің бәрі осы кісілер секілді деп ұғамын.

Менің «Ұлытау қызы» деп аталатын мақаланы жазуыма осы адамдар себеп болды, «Ұлытауым» атты өлеңнің тууы да сондықтан еді.

Рақыш Нәшкенқызы лауазым жағынан алғанда аудандағы ең үлкен әкім емес — аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі заманда ең қиын жұмыс — орынбасардын жұмысы: әркім өз участогіндегі істің бәрін алаңсыз шешсін деп билік беріп қоятын басшы бұл күнде сирек. Өзімше тон пішем деп басшыларға жақпай, жалаңаяқ қалу да жиі кездесіп жатады. Әрі халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандырар іс тындырып, әрі басшылардың да көңілінен шығып отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Екі оттың ортасында күйіп-жанбай-ақ, басшылардың емеурінін орындап, өздігінен бас қатырып іс тындырмай «аш құлақтан тыныш құлақ» жүретін орынбасарлардың ірілі-ұсақты мекеме шаруашылықтардан бастап, аудан, облыс, тіпті республикалық деңгейде жиі кездесетіні сондықтан. Бұл — алдымен адамның ұяттылығына, қандай іске де жаны ауыратын адамгершілік парасатына, іскерлігіне байланысты. Апталық, айлық курстардан қанша рет өткізіп алсаң да, қабілетсіз, икемсіз адамнан көреген, білгір қызметкер шыға қоюы қиын-ақ. Кімнің неге қабілеті барын біліп алмай, жастай дайындамай, басшы кадрларды өмір жолы толтырылған қағазға қарап іріктеу секілді саясаттың түп тамырымен қателігі қаншама жылдардан бері шағын шаруашылықтан бастап, бүкіл қоғамды сүріндіріп келеді. Сонда да бұл жүйе тарамыстай созылып, өміріміздің буын-буынын әлі матап отыр.

Ақын-жазушы деген — өзіне дерт тілеп алып жүретін халық: елдікті, қазақтың қанына сіңген адамдық, көрегендік, ақылмен ойлап іс ету секілді қасиеттерді қай азаматтан байқай қалса, соған далиып, бүкіл қазақ ақылды болып кеткендей қуанады. «Анау облыстың пәлен деген ауданының түген деген мектеп директоры бар екен — нағыз азамат, халыққа тұлға болар жігіт деп соны айт!» — деп, бір-біріне қуана хабарлап, сүйінші сұрасып әбігерленеді. Жақсы-жаман болса да, біз де сол көп жазғыштың біреуіміз — ақша қуған, күні түсетіндерден басқаға көзі түспейтін пысықтардың заманында көкірегінде жылт еткен ойдың сәулесі бар ұл мен қызды қазақтың қай ауылынан көрсек те, өлген әкеміз тіріліп келгендей боламыз да қаламыз.

Рақыш сіңіліміз өз деңгейлестерінің арасында алғыр басшы екенін, сөзінен ісі көп, жұлқынып алға шығып, «мына шаруаны мен тындырып жатырмын!» — деп көзге түсуге ұяты жібермейтін, халқымыздың елдік намысын өз қамынан биік қояр азамат екенін Ұлытау жерінде оның жанына ерген шұғыл сапарларымыз кезінде байқағанбыз.

Бірде, жазушылар Кәрібай Ахметбеков, Бексұлтан Нұржекеев және мен — үшеуміз Жезқазған қаласына оқырмандармен кездесуге үш күндік сапармен бардық. «Ұлытауды көрмесек, Жезқазғанда болып едік деуіміз ұят, Факе, обкомға айтып, көлік сұрап алыңыз», — деп әлгі екі бауырым мені қайрап қояды. Халқымыздың елдік туын көтерген тұғыры Ұлытауға бару, Едіге мен Тоқтамыстың басына тағзым ету өзімнің де көптен бергі арманым еді.

Облыстық Партия комитетінің босағасынан өту де қияметтің қыл көпірі екен. Облыс басшысы Давыдовтың кез-келген кейуана келімсек баса-көктемесін деген жарлығы болса керек — идеология бөлімінің нұсқаушысы қарсы алғанның өзінде босағадағы милиция қызметкерлері «кімсіңдер сендер!» деген кейіппен әрең жіберді. Бөлімдегілер «машина жағы қиындау еді, анау еді, мынау едіні» тізбектей бастағасын, бұрын комсомолда істеген кезінен жүзтаныс еді деп хатшы Сырым Сапарғалиевқа кіріп, әрең дегенде Ұлытауға баратын машина сұрап алғанбыз.

Сол жылы Рақышты бірінші көргем: мұғалімдердің тамыздағы аудандық жиынын өткізіп жатыр екен, басталып кеткеніне қарамай, мен де қатынастым. Өңі жұқалтаң, талдырмаш келген қыз бала сөйлеп тұр.

...Ұлытауда тек қазақтар тұрады, өйткені жан рахатын іздеп, жүктерін арқалап келетін басқа ұлт өкілдері ақша жинап, қос-қос машина алып, арқалап келген жүктерін артып кететіндей молайтатын мекендерге ғана жайғасады. Ұлытауда ондай ағыл-тегіл байлық, шашылып жатқан ақша немесе отын үйде, су үйде — жұмыстан келгенде екі қолды жылы суға малып отырар жайлы жағдай жоқ. Бірақ қашан жер аударылғанша, жұрт аударар қазақ та жоқ. «Қазақ мектептерінде оқығандардың инабат, ұяты болғанмен, дүниетаным, білім деңгейлері орыс мектебін бітіргендерден төмен» деген пікір бар. Бұл біреудің жәйдан-жәй айта салған сөзі емес. Мұның түбінде шырқыраған шындық жатыр. Бұл шындықтың қатпарлы, қалтарысты себептері көп болуы керек. Бірақ әр мұғалім мен халықты тәрбиелеп отырмын, ертеңгі күні халық азаматтарының қандай болуы менің бүгінгі еңбегіме ғана байланысты деген ойды бір сәт те естен шығармауы керек-ақ...

— Бұл кім? — дедім сөзіне сүйсінгенімнен шыдай алмаған мен аудандық Мәдениет үйі залының соңғы қатарында отырған көп мұғалімнің бірінен.

— Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Рақыш Ыдырысова...

Ауданның әр шаруашылығында сүт дайындайтын кухня, малшылар үшін қазіргі заманға лайықтап салынған монше бар екен. Мектеп балаларына 200 грамнан тегін сүт беріледі. Бұл — республикамыздағы Ұлытау секілді ылғи қазақ мекендеген аудандардың көбінде әлгі күнге дейін жүйелі арнаға түспеген жағдай. Бірде электр жоқ, екінші күні су жоқ, үшінші күні моншашы ауырып қалып, әйтеуір сүріншек аттай кібіртіктеп келе жатқан жай.

Ұлытау — киелі мекен. Аяқ бассаң, тарихи орын. Бірақ мал, егін, шөп деп жүргенде, кез-келген басшы өткен-кеткен өмір түгілі, күні кеше өзекті мәселе болған жәйдің бәріне көңіл аударып, бас қатыра бермейді, Қазақ халқының мәдениеті, ғылымы, әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар біраз азаматтар осы Ұлытау аймағында туып, тәрбие, білім алған. Тіпті әр ауылға бір музей тұрғызса да, артық етпейтіндей. Мұқаметжан Қаратаев, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов, Төрегелді Шарманов, Қамал Смайылов... — ел намысын ту етіп қанша азамат шықты?! Алашахан, Жошыхан зираттары да осындағы «Сарыкеңгір» шаруашылығының территориясында. «Сарыкеңгірдегі» директор Әбілжан Сүлейменов те — көрегендігі, іскерлігі жөнінен қазақтың болған-толған замандарынан қалған жақсыларының көзіндей адам. Әдебиетіңізді жаңғақша шағады. Шаруашылықта жүрген едбеккерлерден бастап, техника, ғылым саласындағы зиялы азаматтар, тіпті мұғалімдерге дейін ауызға шәйнап берер дүниелер болмаса, шын мәніндегі көркем шығарманың тереңіне бойлай бермейді. Көбіне лай судың бетіндегі қалтқыдай, әркімнің пікірі бойынша өлшеп-пішіп жүріседі. Әбекең тарихи немесе әдеби кітап секілді: қазақтың даласын алдына жайып қояды да, әдебиеті мен мәдениетін, өмірі мен тіршілігін, ақыны мен жырауын, ханы мен биін, батыры мен бақсысын — түгел айтып беруге бар. Жезқазған жеріне келген жолаушының дені дерлік Ұлытауға, оның ішінде «Сарыкеңгірге» Жошыхан, Алашахан зираттарына соқпай кетпейді. Әбекең кейбір басшылардай шаруа бар деп сылтау табуға тырыспай, немесе орынбасарын жібере салмай, бәрін өзі қабылдауға тырысады, мән-маңыз беруге дағдыланған.

«Қаракеңгір» шаруашылығының директоры Әліпбек Бекетаев та — ел ағасы болуға әбден лайық адам. Басшы атаулының көбі малың түгел ме, жем-шөбің бар ма, егініңнен қанша өнім аласың деген сұрақ-талаптарды ғана біледі. Мал бағып, егін еккендердің рухани жан дүниесінде не болып жатыр, тұрмыс-тіршілігі, үй-жайы, бала-шағасының жағдайы қалай — бұл олар үшін маңызсыз мәселедей. Тіпті бала-шағасының амандығын сұрасаң, біртүрлі ыңғайсызданып, «үкіметтің жұмысы тұрғанда, бала-шағаны сұрағаны несі» дегендей сыңай байқатады. Әлекең қай шаруашылықта жүрмесін, әуелі әр семьяның жай-күйінен, ауылдың мәдениетінен бастайды. Өнерге, спортқа басты мән берілген жерде, жастар арасындағы былғаңбай бос жүріс, төбелес, қырғиқабақтық секілді көріністер болмайды дейді. Амангелді атындағы шаруашылықта бірнеше жыл директор болды, халық театрын ұйымдастырды. «Қаракеңгірге» келгелі де біраз іс тындыруда. Ауданда отырып алып аузыңмен орақ орғанмен, істің шешілетін түйіні сол шаруашылықтарда ғой.

Қазір қай жерге барсаң да, ауданның бірінші басшысынан басқаны көзге ілмейтін, орынбасарлардың пікіріне шекесінен қарайтын бастықтарға жиі ұшырасатын болдық. Бірінші басшының емеурінінсіз қыбыр ететін әкім-қара ілуде біреу.

— Біздегі шаруашылық, мекемелерде мәніс білетін, жөн білетін басшылар, — дейді Рақыш Нәшкенқызы, менің кереғарлау пікірлерімді күлімсірей тыңдап. — Көбі жастар, ұсыныс айтсаң, үтір, нүктесіне дейін қойып беріңдер деп отырмайды — әрі қарай өздері іліп әкетеді.

«Шеңбер» шаруашылығынан бір ана хат жазыпты. Бес баласы бар. Күйеуі қайтыс болған. Өзі жалғызілікті, бөлімшеде тұрады. Балаларының киініп-ішінуіне айлығы жетпейді. Хатты оқып шыққанда, Рақыштың өз өмір тарихы көз алдынан өтіп, жүрегін дір еткізгендей болды.

«Шеңбер» өзінің туған жері. Соның «Құрылыс» деген қыстағында дүниеге келіпті. Айнала таулы-тасты, өзен, тоғайлы жер. Ауыл сыртына шықсаң, бүлдіргеннен аяқ алып жүргісіз еді. «Торғай» деген өзені бар. Рақыштың бала кезінде бұл өңір қорғасын шығатын кәдімгі кеніш болатын. Бірақ өнімі аз болды ма — әйтеуір қорғасын таситын темір жол салынбай, ақыры кейіннен кеніш жабылып қалды. Әкесі Нәшкен жастай дүние салды. Анасы Хадиша ісмер кісі еді. Бірер малына қосымша, елге пальто, бешпет тігіп, шиеттей сегіз баласын асыраған. Тіпті оқуларын кем етпей, білім де берген. Ол кезде жиюлы байлық болмаса да, адамдар қазіргіден гөрі мейірімділеу секілді еді. Жан дүниелері кең, бір-біріне деген жанашырлығы да мол болатын. Бір ошақтың қайғысын, тауқыметін ауыл болып көтерісетін. Қазір қалаға немесе астанаға бара қалсаң, жанұшырып, сіркелері су көтермей жүрген біреу. Осы құлық ауылға да жақындап қалып жүр-ау. Әлгі келіншектің хат жазуы да тегін емес. Баяғы заманда ел ішінде отырған мұндай семьялар көмектесіңдер деп ауданға хабар жібермейтін. Қазіргі ауылдарда да ешкімнің ешкіммен ісі болмай барады. Ел іші ғой — аштан өліп, көштен қалмаспыз деген қазақы ұғымға дәл бүгін сенім арта қою қиын.

Басқа, басқа, шиеттей сәбилерді азаматсыз өсірудің не екенін Рақыш жақсы біледі. «Егінді» шаруашылығында комбайн, трактор бөлшектерін қамтамасыз ету жұмысында жүрген ағасы Аманай қаладан жүк машинасымен мотор және басқа қажетті заттарды алып келе жатып, қатты жаңбырдың астында, өзі рульде келе жатып, машинасы сайға тайғанағанда кузовқа тиелген мотор кабинаны басып қалып қаза болған. Егіннің қызған кезі болатын. Орақтың кезінде екі комбайн бірдей тұр, қалай да жабдықтарын жеткізуім керек деп ертемен аттанған Аманайдың сол күні кеште сүйегін әкелгенде, үйелмелі-сүйелмелі алты сәбиімен аяғы ауыр күйінде қалған жеңгесі Розаны жұрт адам болмайды ғой бейшара деп еді. Сонда іште қалған Думан қазір он бір жаста.

Әлгі келіншектің хаты көп ойларға итермеледі. Аудандағы, шаруашылық мекеме басшыларымен кездесіп, барлық жерде осындай тұрмыс жағдайы қиын семьяларды арнайы есепке алып, көңілден тыс қалдырмауды міндетті жұмыстай жүйеге келтірген дұрыс болар еді. «Шеңбер» шаруашылығының директоры Жүсіп Усабеков өзімен бірге оқыған, түсінігі бар, ойлы азамат.

Рақыш аудандық кеңестің төрағасы Серік Тілеубайұлына кіріп, әлгі хаттың жәйін, шаруашылықтарды аралап қайту керектігін, Аманкелді атындағы шаруашылықта өткелі отырған «Қырық бірінші жылдың келіншектері» деген кітап оқушылар конференциясына де қатынасатынын айтты. Жан тыныштығынан ада болған қазіргі заманда кітап оқу да сирек құбылысқа айналып барады. Аманкелді шаруашылығының директоры Жақыпбек Дайыров телефон шалып, «Сарылық самалы» ансамблінің жаңа репертуарын тыңдап, кітап оқушылар конференциясына қатынасуын ұсынып еді. Арғы жағындағы «Егінді» шаруашылығына да соға келген дұрыс. Аудандағы тәуір шаруашылықтардың бірі — осы «Егінді». Директоры Бітімбай Бекмағамбетов — көпті көрген адам. Ешкімге болмасын демейді, пейілі кең. Бір жерде басшы болып көп отырған кейбіреулер бастықтыққа әбден еті үйреніп, көзінің алды ісініп, жүрегі майлана бастайды ғой. Бітекең ағамызда мұндай май басу ауруы жоқ, жаны жұқа жан. Әлі есінде, өткен жылы Бітімбай ағай аудандық кеңеске келіп:

— Егін, егін деп жүргенде, ауылдың мәдени жағын естен шығарып алғандаймыз. Анау Аманкелді, «Қаракеңгірде» халық театры ма, ән-би ансамблі ме — думандатады да жатады. Шынымды айтайын, менің қолымнан келмейді. Бізге өнерден хабары бар бір жігіт жіберіңдер, - деген. Содан кейін аудандық кеңес аудандық комсомол ұйымының хатшысы, әнші, өнерпаз жігіт Мұрат Әбдуәлиевті партия ұйымының хатшысы етіп жіберген. «Ұшықтай сала жазылдың ба» демекші, жас жігіт шаруашылыққа етене араласып, жан-жағына қарасын дегелі біраз болды. Енді көзбен көріп қайтпаса болмайды.

Ауданның әр шоқысына дейін Рақышқа жақсы таныс: туып-өскен жері, қай шаруашылықтың жағдайы қандай деңгейде — бәрі алақанында. Мектепте, қазақтың қыздар педагогикалық институтында оқып жүргенде, партия, кеңес қызметкері болу ойына да келген емес. Бұл салаға кетуіне себепші болған — 1980 жылы Ұлытау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Жаманқұл Шайдаров деген азамат.

Ол кісі келісімен, қай жерде Ұлытаудан шыққан ұл-қыздар бар — соларды іздеңдер, жергілікті кадрларды көтеруіміз керек деген принцип қойды. Рақыш ол кезде мұғалімдердің білімін жетілдіру бөлімінде, Жезқазғанда жұмыс істейтін. Мұның ойлы, тындырымды қасиеттерін осы жұмысында байқаған Күлпан Нұрғалиқызы Ұлытау аудандық партия комитетінің өзі басқаратын идеология бөліміне нұсқаушылыққа шақырды. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Күләш Мұхтарқызы Дүйсембаева өте талап еткіш тәрбиеші болды. Оның үстіне, бірінші хатшы Жаманқұл Шайдаров идеология саласына қатты көңіл бөлетін. Көркемөнерпаздардың аудандық үйірмелеріне әзірліктерін әр сенбі сайын өзі қатынасып, көретін. Ауылды көгалдандыру, сенбіліктер ұйымдастыру, қазақтың салт-дәстүрлерін тұрмысқа енгізу -бірінші басшы осының бәрін өзі қадағалап отыратын. Шайдаровтан кейін бірінші хатшы болып келген Сағадат Дүйсебеков те идеологияға үлкен мән берді. Іскерлік, ұйымдастырғыш қабілет, нені болса да соңғы нүктесіне дейін жеткізу секілді қасиеттерге тәрбиелеген осындай басшы аға-апалар.

Ірілі-ұсақты іс-шараларды әйтеуір өткізе салу бар да, мәнді, келісті етіп, қатысушыларды шен-шекпен, лауазымына қарап бөлмей, әрқайсысына көңіл бөліп, ойдағыдай өткізу бар.

1989-жылы Ұлытау ауданының жарты ғасырлық тойы өткізілді. Мен де сол мерекеге қатынасып, елдің қуанышты сәттеріне куә болғаным бар еді. Суы тапшы, шаруашылықтары шалғай, Ұлытау секілді мал баққан елге қазіргі жетпестік заманында той өткізу оңай шаруа емес. Сол жолы Мәскеуден, Алматыдан шақырылған қонақтар үш жүздің басын қосып, елдіктің туын көтерген замандағыдай сән-салтанаттың куәсі болып еді.

Рақыштың үндемей жүріп, көп істі тындыратын азамат екенін сол жолы байқап елу жылдық тарихы ғана емес, сонау қазақтың ел болып ту көтерген кезінен бергі шежірелердің бәрі киноның кадрлеріндей көз алдымыздан өткен. Әрбір шаруашылықтың өнерпаздары, айтыскер ақындары екі күн бойы көнекөкірек Ұлытаудың баурайын думанға бөлеген.

Той өткізу — елге сын. Қазақтың ежелгі жол-жора, салт-дәстүрін өткізуді ұмытқан халықтың бүгінгі ұрпағына екі есе қиындықтар жүктеледі. Кей жерлерде ашып-шашып той жабдығын төккенмен, ұйымдастырудағы, тамақтың молдығымен өлшенбейтін көңіл мен мән-мәніс төңірегіндегі орашолақтықтар жұрттың ықыласынан шыға бермейді. Бұл ретте Ұлытаулықтар жер жағдайының қиындығына, экономикалық мүмкіндіктерінің тапшылығына қарамастан, халқымыздың ата-бабалар заманынан қалған дәстүрлерін қаз-қалпында жалғастырып келеді.

Ұлытау аймағының да көкала үйректерін ұшырған көлдері тартылып, бір кездегі шолпыдай сылдыраған бұлақтары соқыр көзден шыққан тамшыдай суалып, ғарышты игерушілердің отты құралдарының шарпуынан сирей бастаған орман-тоғайлары селдіреп, көз алдымызда көркінен айрылып барады. Қысы қатты, әрі ұзақ. Жазы ыстық. Жаңбыры да сирек.

Ұлытау — халқымыздың өмірбаян шежіресінің айнасы. Оның әр тасын, әр бұтасын тарихымыздай қастерлеп, ұрпаққа көрсетер музей-аймаққа айналдыруға ауданның жағдайы келмейді. Бұл — ел, үкімет болып ойластырылуға тиісті жай.

Ал, Ұлытауда еңбекке, бейнетке толы өмір бар. Арманы биік, жолы бұралаң, жаны адал адамдар бар. Қарапайым, қайырымды, кедей адамдар. Олар құлазып жатқан қасиетті аймағымыздың тіршілік тамырын жалғастырып жүр. Атақ үшін, жақсы көріну үшін емес. Ел мен Ардың алдындағы перзенттік парыздарын өтеуде. Солардың бірі — Рақыш Нәшекенқызы Ыдырысова.

1991.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз