Біздің үйдің торытөбел телефонында титтей тыным болмайды — аш балапандай шырылдайды да жатады. Дүниеде не көп — жапа шегіп жыламсырағандар көп-ау деймін. Жұрт аулында жоғалған әділетті Алматыға келіп іздейді. «Қай жерде, қалай барам, кімнен табам?», — деп «бір жөнін айтса, осы кісі айтармен» біздейлердің шекесін шыңылдатады. Кейде елсіз-күнсіз ала қыр, ай далаға кетіп қалғың да келеді. Әне, тағы да — телефон... Менің көп «клиенттерімнің» арасында жүз-дидарын көрмеген, телефон арқылы дауысы жатталған таныстарым да баршылық.
— Фәриза бар ма, шырақ?
— Мен!.. Ә-ә, саламатсыз ба, аға!
«Осы күнгі ақындар деген өз өлеңдерінен басқаны оқымайды екен ғой» деп қойып, әр әңгіменің кіріспесін бірер шумақ өлеңмен бастайтын және «Кімнің өлеңі екенін біліп отырсың ба — өткенде «Жас алашқа» (немесе басқа газет-журналды айтады) басылған Сырбайдың (немесе басқа ақынның) өлеңі ғой» деп адамды састыратын, әдебиеттен аулақ жүрген кісі болса да, өлең-жырды қалт жібермейтін зейнеткер ағаларымыздың бірі екен.
— Қарағым Фәриза, мына қазаққа не болған өзі?
— ?
— Кеше Жоғарғы Кеңестің сессиясы басталды ғой, ә, айтпақшы, осы сен неге депутат емессің?
— Ой, ағатай, есіңізде ме, «депутат — халық қызметшісі» дейтін еді ғой баяғыда? Ақын-жазушы онсыз да халық қызметшісі және қазақта не көп — ақын-жазушы көп, бәрімізге бірдей парламенттен орын жете ме?!
— Айтайын дегенім басқа еді. Мен мына Үкімет үйінің маңында тұрам. Кеше қыдырып жүрсем, сессия өтетін залға кірер жақта бір топ адам, қолдарында «Нұрқаділов қуылсын!» деген бір-бір плакат. Ең күйініштісі — бәрі қазақ! Мен өзім Нұрқаділовтің алдына барған жан емеспін. Жүзім де бөлек. Атқа мінген азамат болса, оның арғымағын жемдеп, жүген-тартпасын жөндеудің орнына, атынан құлатқанша алаөкпе боламыз да жүреміз. Жарайды, Нұрқаділовті қағып тастағанда, оның орнына таққа отырғанның бабын табу оқуын оқыған бір жылмағай келеді екен, одан ел не көрмек? Сенің уақытыңды алдым-ау... Кешір, айналайын! Азаматқа араша түспей от басында отырып, «обал болды-ау» деп міңгірлейміз. Осы, әркімнің пікірімен тағдыры талқандалу қашан тоқтайды? Ішіме сыймағасын, сенің басыңды қатырып жатырмын. «Елім, жерім» деп еңбек еткен азаматты күндердің күнінде халық жауы өтіп шығаратынымыз жанға батады.
Мен ойланып қалдым.
Кеңес үкіметі тұсында мәскеулік жазушымен бірге Рим, Палермо қалаларына ресми сапармен барғаным есіме түсті. Сонда екі қалада да бізді үкімет басшысы ретінде қала мэрлері қабылдаған еді. Палермо қаласы мэрінің ұсыныс-ұйымдастыруымен дүние жүзілік мәндегі «Цивилизация және әдебиет» атты жазушылар Конгресі өткізіліп, біз де соған қатынасқан едік. Менің өлеңдерімді итальян тіліне аударған келіншекпен әңгімелескенімде:
— Бізде әр қала-жеке мемлекет. Ерте замандағы гректердің мемлекет-қалалары секілді. Оның үстіне, мемлекет айнасы — Римнің мэріне ерекше хұқық беріледі, — дей беріп еді, мен де бірдеңе білетінімді сездіргім келіп қыстырыла кеттім (әрине, тілмаш арқылы):
— Жак Ширактың: «Париждің тағдыры — Францияның тағдыры, Парижде самал ессе, Францияда дауыл тұрады» дегеніндей ғой?
— Иә, иә, дәл солай!
...Біреуді «білем» деу қиын. Мен астанамыз Алматының әкімі Заманбек Нүрқаділовті тек жақсы жағынан естіп-білетінмін: ақын-жазушы, өнер адамдарын қадірлейді, өзі әдебиетті, оның ішінде көпшілік бас қатырып түсіне бермейтін өлең дегенді оқиды деседі; өмір бар жерде өлім бар, ондайда түскен тастың ауырлығын көтерісіп, жүгіріп жүріп көмектесетінін сүйсіне сөз етіп «қаланың басшысы бір мың болғыр адам екен» деп сырттан алғыс айтып отырған талай кісіні кездестіргем.
Астанаға тұрғын ретінде тіркелу үшін қазақ жанына тілмаш ертпесе, астана аудандарындағы паспорт бөлімдеріне бас сұға алмайтын. Куәландыру бөлімдерінде де қазақ баласы отырып көрген емес-ті. Ал астанадағы пәтер беретін басқармаға барсаң, құдды Саратов не Самара қалаларында тұрғандай сезінетінсің. Осының бәрі Нұрқаділов қала басшысы болғалы айқай-ұйқайсыз реттеліп қалды. Бұрындары бір әзіл-әңгіме естіп ем: «Алматыдағы зәулім үйлердің бірінші және соңғы қабаттары қазақтардың маңдайына жазылған, пәтерді ортадан ойып алатын өзгелер ғана», — десетін. Десе дегендей, әлгіндей негізгі нүктелерде отырғандар өзім дегенде өгіз қара күштерін көрсетіп бақты емес пе?!
Нұрқаділов мұның бәрін «мен батырмын — сүйтіп жатырмын, бүйтіп қатырдым» деп айқайламай іске асырып келеді.
Қазақ — дақпыртқа ергіш халық. «Мен ел үшін пәлен іс істедім» деп біреулер жиындарда көсіле сөз сөйлесе, енді біреулері жанына жандайшаптарын жинап қол бастағансыса, тындырған түгі болмаса да, соны көсем көріп қолпаштауға ел дайын тұрады. Ал шын мәніндегі адал іс үндемей, халыққа міндетсімей, қарымтасын сұрамай қызмет қылатындардікі. Бірақ кімнің кім екенін бағалап жатқан не қоғам жоқ, не халқың жоқ. Аласапыран заманда алтын орнында мыс жылтырап, алтынның аяқасты болуы кейде заңдылықтай көрінеді. Себебі, бұл күнде «жақсы», «жаман» ұғымдарының мәні 180 градусқа өзгерді: адал жүріп, ақиқатқа жүгінетін бұрынғы жақсылар бүгін ақымақ танылады; қандай басшымен де майлы қасықтай жұғыса алатындардың іші мен ісінің ластығын безбенге салып кімнің не жыны бар — жымиып күліп, жалтылдап сөйлегендер — бүгінгі күннің игі жақсылары, міне, осылар.
Осындай тұста өз пікірі, өз мінезі бар адамның кінәмшіл ортаға жаға қоюы қиын. Оған қоса, астана түгілі алақандай ауылда да пәтер жетіспейді. Ал Алматыдағы жетім бұрышта жаутаңдағандарды былай қойғанда, игі жақсылардың әрқайсысы бала-шағасына, балдыздары мен немерелеріне үй, машина мен саяжай беріп, бабын таппасаң, мэрдің мәселесін майшаммен қаратуға дайын.
Қайран қазаққа жағу қиын. Тоқсан тоғыз жақсылық жасап «жақсы» атансаң да, жүзінші шаруасын тындыруға шамаң келмесе, «жаман» болып шыға келесің. Жұрттың бәріне бірдей шынайы жанашырға ұқсап, жылы сөйлеп, әрқайсысын жылтырап қарсы алып, жылмиып шығарып салу да — өзінше өнер. Қазекемнің кейбір қағидасы да қызық қой — әлгідей түлкі бұлтаққа жатық жандарды «кісі алдарлығы бар» деп іштарта қалатынын қайтерсің!
Ағамыздың телефонмен айтқан сөзі мызғи бастаған мазама майшам жаққандай, кірпігім қиюласса да, көңілімді көкпар алаңы етті де кетті. «Егер мен әкім болсам, не істер едім?» Бала — балшық, келін — келісап болған мына заманда, от басыңнан өрбігендердің бабын таба алмай басың былғақтайды, ал миллионнан астам милылар мен мисыздардың кем-кетігін бүтіндеп, көңілдерінен шығу... — құдай басқа бермесін шаруа ғой!
Біз әншейінде «халықтың рухани тірегіміз — жазушымыз, қайраткерміз» деп, сыртымызға шығара бермесек те, ішімізден әлдеқандаймыз, әкім-қараға міндетсіп жүреміз, сөйте тұра, суын ішіп, табағын жалап жүрген астанамыздың әкімін білмейді екенбіз-ау.
Астана әкімінің қабылдау бөлмесіне келсем, адам кеп екен:
— Мені 1987 — жылы жұмыстан жазықсыз шығарып жіберген — университетте дәріс беруші едім. Нұрқаділов депутат боларда мен қолдап дауыс бергем. Енді ол маған жұмыс тауып берсін!
— Менің соңыма КГБ түскелі қашан! Қаланың әкімі өз тұрғынын қорғауға міндетті — қойдырсын ана соңыма түскендерді!
— Балам кәсіпорын ашып еді — офис сұраймын.
— Еңбек ардагерімін, зейнеткерлік ғұмырымды астанада өткізейін деп көшіп келіп ем — пәтер керек.
— Өзім жалғызілікті анамын. Екі сәбиіммен қоса, қайтыс болған ағамның балаларын өсіріп отырмын — қайда қаңғытам? Жатақхананың бөлмесінде сегіз кісі тұрамыз...
— Автобустың билетін неге қымбаттатады Нұрқаділов? Қаладағы трамвай, автобус, троллейбустар уақытылы жүруден қалды. Такси деген ақыны алтынмен алады. Осыларды қарамай, әкім не бітіріп отыр?!
— Бізде күнде осылай, — деп күлімсірей түсіндіреді әкімнің қабылдау бөлмесіндегі хатшысы, дидарынан мейірім шашыраған сұлу келіншек Ольга Николаевна. Өзі сүйкімді-ақ. Әдетте сұлу адамның бәрі сүйкімді бола бермейді. Осы жасымызға жеткенше үлкенді-кішілі талай әкім-қараның алдында отырғандарды көрдік қой: тағдырды өзі шешетіндей тасыраңдап, алдына кірсе де, көлеңке кіргендей көрмеген боп, жанындағы қызметкермен не телефонмен үздіге сырласатын, төзіміңді тексерейін дегендей, саған тіл қатса адамгершілігі аласарар кейіппен кекірейе қарайтындар болып келеді. Мен кім көрінген әкім-қара бола бермейді деп ойлаймын: кісі танитын, жөн-жосық білетін, өз ұлтының, адамзат мәдениетінің нәрін жанына сіңірген озық ойлы, парасатты адам ғана басшы бола алады.
Әр үй, әр мемлекеттің мәдениеті мен көргенді-көргенсіздігі босағасынан басталады. Үй отағасысы қаншама данышпан, сыйлы адам болғанымен, ошақ басының жылуы мен жайлы құшағы босаға қазығы - әйелге байланысты. Жөн-жосық білмейтін, есіктен біреу келгенде келбетінен Мұзды мұхиттың лебі есіп меңірейе қарсы алатын, ер-азаматын ел-жұрттың да, бала-шағасының да алдында бірішпі орынға қойып мәртебесін көтеруге, содан өзінің де абыройы артатынын түсінуге миы жетпейтін, оңашада қосағына ақыл қоса алмайтын әйелі барлар бақытсыз да абыройсыз.
Ал, алдында отырған хатшысы мен көмекшісінен басшының кім екенін байқауға болады. Жүзін көріп, сөзін естігеннен кейін Ольга Николаевнаға ішім жылып қалды.
Сырт қарағанда Заманбек әкім мінезді, басынан сөз асырмайтын, шешімді де, батыл адам секілді көрінеді. Тәуір көргісі келмеген кісі тіпті оны «мен-мен, өркөкірек» деп сипаттауына да болатындай. Жылқы жылқыға, ешкі ешкіге үйір болатыны секілді, әдетте әр басшы маңайына өзіне ұқсастарды жинайды. Астана әкімінің орынбасарларына қарасаң, аспанға атылып тұрғандары жоқ секілді, инабатты, байсалды азаматтар. Рас, кейде шын мәніндегі кесек тұлғаның айналасындағылар көмескіленіп, Ай маңындағы жұлдыздай көрінетіні де бар. Бойы аласа болса да және қандай сайда тұрса да, биік көрінетін сирек тұлғалар болады — бұл Алла тағаланың жаратуымен келетін қуат-күштің құдіретінен. Керісінше, лауазымның лағыл сауытын жамылып екі метр бойымен жұртқа «биіктігін» көрсету үшін тау басында тұрса да көрінбейтін біреулер болады. Бұл — мансаптың құдіретімен келетін жасанды әрі өтпелі биіктік!
Зейнеткер ағаның телефонмен ашына айтқан сөздері маған қамшы басқандай әсер етіп, «жақсының жақсы, жаманның жаман екенін дер кезінде айта алмай, сен де тайсақтайтын болғанбысың?» — дегендей сүйегімді сыздатқаны сонша, астана әкімінің қабылдау бөлмесінен бір-ақ шықтым. Кейде сырттай сүйсіну алдамшы сезімдей жаңсақ бастырады. Өлең жазатыны үшін тонның ішкі бауындай көріп, теледидарда, жиындарда сөйлеген сөздерін естіп, өзім тілеулес болып жүретін әкім бауырымыздың кім екеніне көз жеткізуге бел буып, Ольга Николаевнаның жанында отырмын. Әкім жұртты жеке өтініштерімен қабылдап жатыр: біреулері күлімдеп, екінші біреулері бұл жерге екінші келместей есікті тарс еткізіп шығып жатыр. «Қорықпас келін қой басынан қорқады» деп, тасыраңдап жұрттың үстіне кіруге ыңғайсызданған сезімдемін. Менің бірдеме сұрай келмегенімді сезген хатшы келіншек ішке кіріп-шығып жүрген көмекші жігітке — аты Мұрат екен — бірдеңе деп сыбырлады. Көмекші қабылдау жүріп жатқан кабинетке кіріп, сәлден соң қайта көрінді:
— Апай, қабылдауға келген кісі әлі біраз. Көп отырып қаларсыз — ішке кіріп шығыңыз, — деді жылы жүзбен.
Әкім жалғыз емес екен. Астанадағы тұрғын үй департаментінің бастығы Серік Сұлтанғалиев және әкімшіліктің жауапты қызметкерлері отыр.
— Фәке, жай жүрсіз бе? Бүгін жеке адамдарды қабылдап жатыр едім, хабарласып алмадыңыз ба? — деді Заманбек.
— Маған қаланың шетінен, жүріп-тұруға айналасы кең, әдемілігі Шығыс ханшаларына лайық вилла салып беріңдер! — дедім міз бақпай.
— Саламыз, неге салмаймыз! — деді әкім ойланбастан, әзілімнің төркінін түсіне қойып. — Сізді алдымызға келтіріп айтқызбай-ақ, өзіміз ойластыратын жөніміз бар еді... — Сосын Серікке қарады: — Осы Жазушылар Одағы соңғы үш-төрт жылда екі жүзге жуық пәтер алды емес пе?
— Жоқ, шырағым, ештеңе сұрамаймын — адамдарыңды қабылдай бер. Мен жай отырайын, көрейін деп келдім, — дедім.
Әкім адамдарды маңдайынан сипап, арқасынан қағып қабылдамайды екен. «Болады» не «болмайды» деп бірден кесіп айтады. Онысы бірдеңе сұрай келген кісіге қатал естіледі.
Жасаң жігіт батыл кірді.
— Заманбек аға, «Шаңырақтанмын»,.. — дей беріп еді, әкім әрмен қарай сөйлетпеді:
— Әй, қарағым, осы «Шаңырақты» қандай қиындықпен ұйымдастырғанымызды білесің бе?! Қалада тіркелмеген, пәтері жоқ қазақ жастарын орналастыру үшін қиыннан қиыстырып, «Шаңырақ» деп ат қойып, баспанасыздар комитетін құрдық. Қаланың шетінен жер бөліп беріп, үй салуға жұмылдырдық. Ал, қазір «Шаңырақ» қандай күйде? Семейліктер — бір комитет, торғайлықтар — бір комитет, Қызылордадан шыққандар — бір комитет — қазір Баспанасыздар комитеті 14-ке бөлініп кетті. Қазақ жастары өздері бірлесіп іс қылсын деп жағдай жасап бердік — бір жеңнен қол шығарғанда, ендігі Балтық елдеріндегідей шағын қала тұрғызуға болатын еді, — деп әкім қатты күйініп, алдындағы жігітті сыбап отыр. — Кейбіреулері жылап-еңіреп жүріп алған жерін өзге елден келген қалталыларға сатып, ақшасына арақ ішіп жүр. Қазақ, қазақ деп қан қысымымыз көтеріліп жүргенде, сендердің жеткен жерлерің осы ма?!
Әкімнің шеке тамырлары білеуленіп, бидай өңі қызара күреңітіп кетті. Жаны күймеген адам біреу үшін дәл бұлай жанын қинамайды, жүрегін жиі соқтырып күйіп-піспейді.
— Қазақтың басы бірікпеуі-ақ өлтіріп болды, — деп жұрт аяғы басылып, сабасына түскен әкім қолорамалымен маңдай терін сүртті. — Мюнхенде болғаным бар еді. Қырық бес қазақ шаңырағы тұрады екен. Біреуінің үйіне бардым. Олардың бір жақсысы дастарқанға біздегідей арақ-шарап ала жүгірмейді. Бірақ арақ ішпесек те тост айтып, әңгіме соққанымыз бар. Үй иесі әуелі Қазақстанның мемлекет болғаны әр жерде шашырап жүрген бауырларымыздың мерейін де, беделін де көтергенін айта келіп, Президентіміздің амандығын тілеп бата етті. Сосын:
— Бір қазақ — бір, екі қазақ — жарты, үш қазақ — ноль! — дегені. Түспалдап айтса да түсіндім — басы қосылмағасын жарым-жарты жүргеніміз рас қой...
Астана әкімі сөйлеп, мен тыңдап отырмын. Жұмыс сағаты әлдеқашан аяқталса да, бөгде адамдардан күні бойы қолы босамаған әкімге өз қызметкерлері бірінен соң бірі кіріп, самсаған телефондар кейде жалғыздан, кейде қатар сарнап қоя бергенде, өз-өзіңнен «қайдан келдімге» түседі екенсің.
— Қазір Абай атамыздың 150 жылдығы келіп қалды деп айқайлап жатырмыз. Бірақ құр айқай, — деді Заманбек сөз арасында әңгімені әдебиетке бұрып — Абайды әлі білмейміз. Себебі оқымаймыз. Өткенде Жазушылар Одағы бар, халыққа Білім беру, Мәдениет министрліктері бар — мен ұсыныс айтып ем: Абайдың өмірін, шығармаларын, қара сөзінің, әр өлеңінің жазылу тарихын жақсы білетін оқырмандар бәйгесін ұйымдастырайық. Ұлтына, тіліне қарамай. Сонда Абайды жұрт талдап оқып, кітапханадан шықпас еді. Абайды ең үздік білетінге машина беруге болады... Біздің тойларымыздың бәрі инкубатордан шыққан балапандай.
Әкімнің ойларын үнсіз құптаймын.
Той болса, ай даланы шаңдатып, қатар-қатар үй тігу, электр жүргізу, лек-лек ағылу, жасырып арақ ішу, Алматыдан келген лауазымдыларға сый-сияпат үлестіру...
Дербестік туын көтерген мемлекет астанасының шым-шытыр шаруасы көп. Астана — елдің айнасы. Халқымыздың қасиетті мекені. Менің ойымша, тіпті астана түрғыны болудың өзі адамға жауапкершілік жүктейтін секілді. Мысалы, бұрынырақта: «Ленинградтың халқы ерекше мәдениетті; көшеде бірнәрсе сұрай қалсаң, үлкені жоқ, жасы жоқ, тұра қалып жылы жүзбен түсіндіреді. Москваға келсең, ылғи бір кердеңдеген біреулер» десетін. Мен: «Алматы деген астананың халқы неткен ғажап! Ешкімге ұқсамайтын салт-дәстүрі бар. Сыртынан кіретін қақпасынан бастап, бағыт сілтейтін көрсеткіштер, көшеде электр сағаттар, қайдан түстік ішем, қайда түнеймін деп сандалмайсың — шағын мейманханалар мен кафелер. Мас болып жүрген біреуді көрмейсің,» — деп өзгелер сүйсінетін күн қашан туар екен деп армандаймын.
Астанада жергілікті ұлт өкілдері аз дейміз (бұдан алты жыл бұрын 16 процент еді, қазір 30 процентке жетіпті). Бірақ халықтың барлық қаймағы осында: саяси қайраткер ме, өнер иесі ме, әдебиетшілер, ғалымдар ма... Оның үстіне тамырларын республиканың түкпір-түкпіріне жайған сансыз министрліктер. Министрлер. Төрағалар. Спортшылар. Тек Алматыда тәлім алатын студенттер саны екі жүз мыңға жуық. Елге, жерге, қоғамға еңбегі сіңген 230 000 зейнеткер астанада тұрады. Республикамыздағы кейбір облыс орталықтарының тұрғындар саны астананың зейнеткерлер санына жетпейді екен.
Мұқағали ақын дүние салғаннан кейін оның достары, бірге жүрген жолдастары мені іздеп жұмысыма келетін. Солардың ішінде Мұқатай Жылқайдаров деген мықты ақын болып еді. Кейде ішіп келіп жылап, мұңын айтып, өлеңдерін оқитын. Мен ең алғаш Заманбек Нұрқаділов деген жас азамат бар екенін сол Мұқатайдан естігем.
«Жақын дегенде жалғыз жиенім бар еді, өзі әкесіз өсті, аты — Заманбек. Құрылыс-монтаж басқармасында мастер, кейін бастық болып еді, өткен жылы Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып келді. Жалғыз әпкем Күлшаруанның ұлы. Әкесі соғыстан оралмады. Фәке, сізді біліп жүрсін деп әдейі айтып отырмын — мен де көп жүрмеспін, түсімде ылғи Мұқағали шақырады да жүреді... Мұқатайдың соңында жақын-жуық кім бар екен деп бәлкім бір кездері іздерсің», — деп еді. Марқұмның сол сөздері есіме түссе, жүрегім жылайды.
Зерттеп, ойлап қарасам, Нұрқаділов те арғымақтан секіріп түсіп, астаналық қалаға әкім бола қалмапты. «Жетім көңілі кекшіл» — мінезінің бір беткейленіп, мәймөңкелемей кесіп айтатын турашылдағы да әкем бар деп алшаң басқан құрбыларынан кем түспеуге тырысқан намыс отымен шарпылып қалыптасса керек. Әпкесі Панаргүл екеуі Нұрқәділ әскерге аттанғанын білмейді. Кейін бұл 4-5-ке келген кезде ғана бірен-саран соғыстан оралғандардың өзіндей балалары екі езулері құлаққа жеткен қуанышты жүздерін көріп, үндемей тұрып қалатын. Атақты Шалкөде жайлауының арғы тұсы — Кетпен тауы. Ата-бабасының қара орман мекен-жайы сол Кетпеннің баурайы-тын. Сері мінезді, батыр болмысты Нұрқәділ бір әулеттің бетке ұстаған қаймағы еді. Бірақ бес саусақ та бірдей емес, от басында екі сәбимен жас қалған Күлшаруан қалт-құлт күнелтісте артық ауызды жаратпайтын ағайынның қабағын таныды да, Кегендегі төркініне көшіп кетті. Бір жамағайыннан қалған жер үйді жөндеген болып, сонда тұрды. Отын аз. Анасы мектепке от жағушы болып орналасты. Ол кезде электр жоқ — ауылда тұрбалы шам жағады. Ертемен оқушылар келгенде мектеп жылы тұруы үшін таңғы 5.00-тен от жағатын. Әр кластағы бір-бір пешке от тамызу да оңай емес, кейде сабақ басталғанша сыпырып-сиырып, жуьш-шайып үлгере алмай қалады. Таң қараңғылығында екі перзентін жетелеп мектепке жететін ананың бір қолын екі ете алмай жататынын көрген ұл мен қыз өздері титімдей болса да, бөлмелерді сыпырып, парталар мен едендерді сүртіп, алакөлеңке кластарда бұлтыңдап көмектесетін.
«Атадан бала туса еді, атаның жолын қуса еді» — Кеген орта мектебін тұңғыш алтын медальмен бітірген аққұбаша жұқалтаң жасөспірім осы Заманбек еді. Жиырма беске жетпей қалалық атқару комитетіне қатардағы қызметкер болып келген оның соңғы ширек ғасырда Алматының қай бұрышына қандай қазық қағылғаны көкірегінде сайрап тұр. Әдетте екі мықты шекіссе, зардабын тартатын қосақ арасында бос кететіндер болады. Кеңес үкіметі тұсында қалалық партия комитеті мен қалалық атқару комитетінің басшылары ылғи билікке таласумен қырғи-қабақ, бір әкенің екі әйелден туған балаларындай күн кешкен тұста қайсысының бабын табарын білмей жай қызметкерлер күйзелетін. Заманбек те біраз азап шеккен: партия мен атқару комитетінің екі басшысы алымды жас, ертең-ақ қайраткер болғалы тұрған бұған екеуі де ықылассыз болмағанмен «ананың адамы» дегендей сенімсіз қарап пәтердің қожасы болып есептелетін астана қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, өсек тасып жағынбайтын, өтірік айтпайтын Нұрқаділовке пәтер бермей қойған.
Биліктің жүрген жері — бәсеке. Бәсеке жүрген жерден береке кетеді. Бір нәрседен көңілі қалса, екінші беттей алмайтын жас маман өзіне ағадай болып кеткен Башмаковқа барды. Ол республика Орталық партия комитетінің хатшысы еді. Қалада істегісі келмейтінін, басқа жұмысқа ауысқысы келетінін айтып кірген. Кешікпей Алматыдағы тау суынан қорғану басқармасына кетті. Бұрын Орта Азияда болмаған «Казсельзащита» одағын құрды. Мұнда да абыройлы іс тындырды.
Қалалық атқару комитетіне бұл төраға болып келгенде, Қазақстанда қайта құру саясатының дауылы соғып тұрған. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Марат Меңдібаев бюро мүшесі ретінде мұны шақырып алып:
— Облыстық атқару комитетінің төрағасы Беляковты бүгін түсқайта орнынан аламыз — соған дауыс бересің! — дегені. Беляков бұрыннан келе жатқан, аздап көкіректігі болмаса, тәуір қызметкер.
— Беляковтың орнынан алынуына қарсымын, — деді бұл құдай да емес, құдайдан былай да емес қүдіреті бар облыс басшысына тура қарап.
Сол сол-ақ екен, Нұрқаділовтың соңына май шам алып түсетіндер көбейді. Ойдан шығарылған жаламен отырса опақ, тұрса сопақ бола бергеннен күйінген бұл Қазақ елінің басшысы Г.В.Колбинге жіберген екі бірдей арыз хатының өз қолымен жазған түпнұқасын әлі күнге темір сандығына салып қойыпты.
Әбубәкір айтқан «талайлар өтті-ау, жалғаннан, көрген адам таңқалған» деген осы. Өмір бойы бір адамның ақ дегені ақ, қара дегені дақ бола бермейтінін тарих көсетудей-ақ көрсетіп келеді. Күндердің күні болғанда халықтың жады кім-кімге де өз үкімін шығарады. Адалдық қай заман, қай кезеңде де әлсіз, нәзік, жолы да жіңішке, бірақ жаны сірі. Биліктің күші, мансаптың беделіндей, өтпелі. Адалдық пен мейірім ғана тайсақтамай жан-жағына тура қарай алады.
Ер-азаматтың мен бағалайтын екінші қасиеті — бірсөзділік. Бір күні түйе, екініші күні бие болып, кешегі пікірі мен көзқарасын бүгін 180 градусқа өзгертіп, кіріп-шыққан қырық кісінің ләміне еріп құбылатын әкім көсегеңді көгертер басшы болып жарытпанды. Ондай басшы үшін нағыз қасірет сол — халықтың оған деген сенімсіздігін тудырады, әр адамның ертеңге деген үмітін лайлайды. «Күні кеше жанында жүрген пәленшені кемеден лақтырған балықтай ысырып тастағанда өзгенің күні не болмақ» — деген қауіпті күдіктің әр көкіректе күшіктеуі заңды.
Мұның бәрі ірілі-ұсақты мекеме басшысынан бастап, атқа мінген азаматтың қай-қайсысына да қатысты жай. Адамгершілік мәселесінен көріне алмаған әкім шаруашылық пен экономиканы көктетіп жарытпайды. Астана әкімі де қала аудандарындағы өзінің оң қолы — әкімдерді таңдағанда осы негіздес принциптерге жүгінеді екен.
Ал астаналық қаланың көшелері мен келбет-кескінінен бастап, сатылатын айран-сүтіне дейінгі аралықтағы күрделі мәселелердің баршасы, түптеп келгенде, әкімге тірелгенмен, олардың бәрін тап-тұйнақтай етіп шешу астана әкімшілігінің деңгейінен шығып кетеді.
Мәселен, бір авобустың құны 15-20 миллионға барып қалды. Миллион жеті жүз мың тұрғыны бар астананың о шеті мен бұ шетіне жету жақын маңдағы ауданға барып қайтудан оңай емес. Астана болған соң оның қажеті мен сұраныс деңгей биліктігі де өлшеусіз.
Әр халықтың тарихында әртүрлі мінезі, қасиеті, ісі, қайраткерлігімен ел есінде қалатын адамдар болады. Біздің халықтағы осындай адамдардың бірі — Жанбаев ағамыз. Шаруашылықты ұйымдастыруда алдына жан салмаған ол кісі оқымаған, орысшаға да шорқақ адам болыпты деседі. Ол жылдары басшылардың партия мектебінде оқуы — қажетті шарттардың бірі. Мәскеуге, атақты бүкілодақтық партия мектебіне барып, қабылдау емтиханынан өте алмаса керек. Сонда қабылдау комиссиясы мүшелерінің алдында:
— Мясо надо — Жанбаев надо; молоко надо — Жанбаев надо; учиться надо — Жанбаев не надо, да? — деп ағамыз орнынан ұшып тұрғанда, комиссия мүшелері дұрыс бағасын қойып, қабылдаған екен.
Қазақ мемлекетінің астанасы жайлы да осы шындықты айтудың реті келіп тұр. Алматы пәленше-түгеншенікі емес, бүкіл халықтың, бір елдің астанасы. Мүхтар Әуезовтің «Абай жолы» — қазақ халқының XIX ғасырдағы рухани, саяси-экономикалық өмірінің айнасы болса, Алматы қаласы — бұл күнде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған, Президентінің есімін Шығыс, Батыстағы елдердің жанұялары жаңа туған сәбиіне жақсы ырымға балап қойып-жатқан мемлекеттің айнасы. Демек, астанаға көзқарас та мемлекеттік деңгейде, оның проблемалары үкімет биігінде қаралуы қажет-ақ.
Бұл бір адамның мүддесі үшін емес екендігін ол түсінеді.
Ендеше ең алдымен көк байрағын жер шарының бір нүктесінде жеке желбіреткен дербес елдің астанасына мемлекеттік статус берілетін кез — нағыз осы тұс-ау деп ойлаймын.
Қазақ республикасындағы барлық Министрліктер, акционерлік қоғамдар мен жілігі майлы компаниялар, басына бақ орнап жатқан банкілер — бәрі-бәрінің ас ішетін астауы Алматыда. Астаналық қалаға осылардың арқайсысы сүбелі үлестерін тұрақты қосып отырғаны жөн секілді.
Мемлекет өміріндегі ең маңызды мәселелер астанада шешіледі, Республикамызға сапар шеккен өзге елдердің игі жақсылары ат басын алдымен Алматыға тірейді.
Мемлекетте Президент деңгейіндегі ішкі, сыртқы істердің бәріне Үкімет басшысы, яғни Премьер-Министр, қандай жауапты болса, сол мемлекеттің астанасын басқарып отырған әкім де дәл сондай дәрежеде жауапты және сол деңгейдегі хұқты болуы — бүгінгі таңдағы қажеттілік. Мен астанамыздың қазіргі әкімі Заманбек Нұрқаділовке лауазым әперейін деуден аулақпын. Бірақ қазақ мемлекетінің астанасын басқару кез-келген қаланы басқару емес. Мен өткен жылы бір сөзімде: «Қазақ халқының Меккесі — Алматы болса, Мединесі — Түркістан», — деп едім.
Алматы — біздің Бас қаламыз.
Бас қалаға деген қамқорлық та басқаша болуы керек еді. Баяғыда Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қандай еді? Байлығы да, басқа мүмкіндіктері де ерекше болатын. Ол тек Мәскеуден шығып жатқан байлық емес еді. Ол барлық республикалардың қазынасынан құйылып жатқан байлық болатын.
Үкімет тарапынан күнделікті қамқорлық, көмек, тілеулес ықылас болғанда ғана астананың ажар, абройы еліміздің бүгінгі деңгейінен, мемлекетіміз, халқымыз ұмтылған мұраттармен үйлесім табар еді.
...Ақшам жамырай қоймаған кез. Шашын шалқасынан қайырған бидай өңді жігіт Құрманғазы көшесінің бойымен асықпай басып кетіп барады. Жүзінен шаршаған нышан байқалады. Көшедегі лек-лек студенттер жамырай сәлемдеседі. Кейде сәлемдесу де шаршатады.
Әкесі әскерге кеткенде бесіктегі бозамық есейіп ержете бастағанда-ақ жолдас-жораларының алдыңғы легінде жүргенін, жарқылдап ән салып, домбыра шерткенін көрген сайын ана көңіл ішінен «тәуба, тәуба!» деп жеті жиырма тиынды жеті мүшесінен садақа дейтін. «Орнында бар оңалар» — Нұрқаділдің ошағын өшірмей келеді. «Әкеңнің атына кір келтірме — ел сыйлайтын азамат еді», — деп анасының бұл мектеп бітірген күні көз жасы мөлдіреп айтқаны әлі жадында. Өзінің ұлы мен қызына да осы қағиданы сіңірген, Бірде ұлы жасөспірім кезінде:
— Менің тағдырымды фамилиям шеше ме? — деп қалды. Әкесінің қатты ашуланғанын көрген бозбала кешкісін кешірім сұраған.
Жігіт сыртын қызғылт таспен көмкерген үйге жақындады. Алатаудың төбесінен шыққандай бір жарық жұлдыз көрінді. Әдетте Алматы аспанында жұлдыз атаулы көзге түсе бермейді,
Ел мен жердің, қасиетті топырақтың, әулет пен ананың абыройы деп тер төккен жігіттердің тағдыр жұлдызы да жоғары болғай!
1993
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі