Өлең, жыр, ақындар

Менің пірім Сүйінбай

Ойламаған жерден орайына келе қалатын істер де адам өмірінде болмай тұрмайды. Соңғы жылдардың бірінде мен Сүйінбай болып киноға түстім. Жігіттер қоярда қоймай қолқа салған соң қартайған шағымда сөйттім. Әрине, одан мен киноактер бола қалған жоқпын. Ондай болудың маған қажеті де жоқ қой. Оның үстіне киношылар менің сөзімді дұрыстап шығара да алмады. Алайда бұл әрекетім ұлы бабамыз бейнесінде бір сәтке болса да көрінуіме және де ақындық арқамды қоздырған осы жағдай Сүйінбай Аронов, Шоқан Уәлихановтардың патриоттығы мен даналығын мадақтайтын дардай поэма жазып шығуыма себін тигізді. Бәлкім соның арқасында да осынау салтанатты жиынның алғашқы лебізіне ие болып тұрған шығармын. Ендеше, ең алдымен Сүйінбай рухына тағзым етіп басымды иемін. Осы залдағы, осы өңірдегі бүкіл Сүйінбай ұрпағын, бүкіл қазақ жұртын ұлттық мерекеміз сипатында танылатын осынау торқалы тоймен перзенттік жүрегімнен құттықтаймын!

Ендігі азғантай сөзімнің ара-арасына еніп отыратын өлең шумақтарын әлгі айтылған өз дастанымнан деп білгейсіз. Ақынның төл сөздері сіздерге онсыз да белгілі ғой. Дәл Қазір бұл шумақтар маған Сүйінбай туралы өз түсінігімді тереңірек аңғарту үшін керек.

А, Жел суда жезтаңдай Сүйінбаймын,
Сөз піріне мен бекер сиынбаймын,
Өжет туған о баста елімді айтсам
Қорғасындай балқимын, сұйылмаймын,
Сары азамат сардары ерімді айтсам,
Жаны жомарт қазақтың сыйындаймын,
Намысыңа тиетін жерімді айтсам,
Тау суындай тасимын, тиылмаймын.
Дерт қысқанда Ебінің үй жығатын
Құла-топан желіндей құйындаймын.

Иә, ол осындай ақын болған. Ол кезде осындай ақынның ғана барар жер, басар тауы мол, жолы ұзақ болған. Бір беткейі қырғыз, өзбек елдерін қаусыра, қазақ жерінде Сырға жуықтап, екінші беткейі Семей губерниясының бірсыпыра тайпаларын қамти отырып, Шығыс Түркістан шетіне де оның атының аяғы жеткен. Қызының айтуына қарағанда Сүйекең тіпті Қызылжар тарапында да болғанға ұқсайды. Бұл өз елін, қанаттас жатқан өзгелердің де тыныс-тіршілігін жүру арқылы жетік білгенін аңғартатын қашықтық. Ал одан бергі мезгіл меғдары-ше?.. Сүйінбай мұрасы мен мирасы біздің ғасырдың орта шеніне шырқап шығып алғаннан кейін ұлағатты мектепке айналып кетеді. Арғы-бергі межесін жинақтағанда Мақыш, Бармақ, Бақтыбай, Арғынбай, Мәйкүт, Шүкітай, Үмбеталы, Нұрила, Кенен, Ләтипа, Саяділ, Орынбай, Жақсыбайлар Сүйекең мектебінің тұтас тұлға-тұрқын құрастырса, оның мәртебелі басында бүтін бір ғасырлық өмір кешкен шежіре шешен, кемеңгер Жамбыл отырды. Жамбыл соншалық ұзын өмірінде әрбір атқан таңмен Сүйінбай рухына мінәжат етіп, ол менің пірім еді дегенін бүкіл дүние жүзіне жария қылды.

Сүйінбай өмірін кейінгі ұрпаққа таныстырып қана қоймай, оның шығармашылығын ғылыми негізде жүйелеген Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, ақын шөбересі Сұлтанғали Садырбаев, сондай-ақ Мубәрәк Үмбетаев, Сәрсенбі Дәуітовтердің еңбектерін айыра-бөле жоғары бағалаймыз. Көркем әдебиетте Сүйінбай бейнесін жасаған Саяділ Керімбеков пен Әбділдә Тәжібаевтың дастандарына енді менің поэмамды қосып айтудың да оғаштығы бола қоймас.

Осындай биік беделіміз Сүйінбай Аронов туралы өз сөзімізде қандай тұжырымдар жасауға болар еді? Меніңше Сүйінбай неге болса да шұғыл шүйлігетін, көк жүзінен көз бермей түтеп төгілетін нөсер спетті ақын.

Шаңқ етті тау тарланы ұшарындай,
Тымбас ол айтарынан іші арылмай.
Домбыра долы сөздің қапталында,
Қақтығыс сатыр-сұтыр қақпағында.

Немесе:

Сүйінбай басқаша бір серпілгелі
Ашынды, аш бурадай селкілдеді
Кім білсін, мына жұртқа бәлкім іштей
Сендерді сілкіп алу сертім деді.

Бұл оның өнерін жалпыға жайып салар алдындағы ақындық мінез көрінісі делік. Ал іштегі діттеген жеріне бақсақ, халықты мақтамайды, жақтайды, ылғи да жақтайды; халық қайғысын арқаланған шағында бұл кісі от болып өртеніп отырады. Мәселен Шоқанға жиналған жұртшылық алдында тарихтағы аты шулы ауыр хабарды тек Сүйінбай ғана былайша айта алса керек:

Уа, Шоқан, уа, туыстар,
Көкірегімде құса толы қуыс бар.
Ыдыс емес көкірегім
Ішіне құйса у ұстар.
Ішімде дертім көп жатыр,
Сөйле де, сарна деп жатыр
Кешегі көрген сұмдығым
Жанымды мүжіп жеп жатыр,
Көрдім ғой не бір мазақты,
Көрдім ғой не бір азапты, —
А, Қоқанның ханы қырып салды
Қазаққа жұмсап қазақты,
Ақ патшаға қараған тайпаға
Орнатып кетті дозақты, —
Боздақтың басы кесіліп,
Көргендердің көзі ақты,
Айдап-матап малды алды,
Сүйем деп сұлу жанды алды.
Үй орнында құл қалды,
Көңірсіген қан қалды,
Жынданып кеткен қария
Тау ішінде сандалды,
Сүйінбай сорлы құдайдан
Соққының зорын сонда алды.

Бұл бұл ма, Шоқанмен оңаша сөйлескенде тереңде жатқан түпкі сырын ол былайша ақтарады.

Өлімнің жолы қысқа-ды,
Өмірдің жолы ұзақ-ты
Ұзағын оның қайтермін,
Мойынға салса тұзақты, —
Орыстың добы жарылса,
Оңдыра ма о жақты,
О жақтағы қазақты
Балалап тұр байқасам
Бір ғазаптан бір ғазап,
Біз жақтағы бергі жақ, —
Саңқылдаған самұрық,
Өзінше ойға, қырға жақ,
Ала-құла арғы жақ —
Қара құзғын қарға жақ,
Екі араның жемтігі
Баяғы сол бір қазақ.
Қаны қашқан сұр қазақ,
Кәлимаға келе алмай,
Өлейін деп тұр қазақ.

Ол тіпті бетпе-бет келіп қарама-қарсы тұрған екі әскердің аралығында оққа басын байлап, оларды бітімге келтіру үшін ақ жалау көтеріп елшілікке бармақ ойы барын да Уәлихановқа мағлұм етеді. Ақынды ондай қayiп-қaтepлi жерге салу әбестік, тіпті Сібір мұндай таяқ тастам жерде өшіп қалуы ықтимал аралыққа жұмсау қылмыс болады деп, Шоқан Сүйінбайдың бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы шығады, әскерден бойыңызды аулақ ұстаңыз деп қанды жорыққа да қатыстырмайды.

Сүйінбай ел ішіндегі қылықтардың қандайына да қатты ашынып, ыза кернеген шақтарында мынау төре, мынау қара деп жіктемеген ғой. Ол кіші болса да жеріне жеткізе шеней білген. Сол заманның сесі мол ызғарлы деген адамдардың бірі Тезек төреге «Елден жылқы қоймаған кезеп төресің» дегенін өздеріңіз білесіздер. Ел басына әлгідей зобалаң туған шақта сол Тезек төреге:

Батпау үшін кезің бұл сал буатын,
Асып-тасып тұрған жоқ әл-қуатың,
Не жөнің бар сары бел, сары желде
Күмбірлетіп күймемен аң қуатын?! —

дегенді әрине тек сол Сүйінбай ғана әбден айта алады.

Тіпті өмір бойы өзі мұңын мұңдап, жырын жырлаған халқының қайсы бір келеңсіз қылықтарына бола қара қазандай өкпесін ақтара салғаны да кәміл. Мәселен, мынадай деңгейде де сөйлегені анық деп айта аламыз:

Өрекпу бар... Өну жоқ... Нәрің қайда?..
Бабаң қанға сіңірген арың қайда?..
Тұлымдыңды тұл қылып жау жалғанда
Тұтастықты көксеген зарың қайда?..
Құлақ қайсың, көз қайсың, ауыз қайсың?
Бір-біріне қалайша жауыздайсың...
Ел емес пе ең бір бүтін кімге бола
Біреуіңді біреуің бауыздайсың?..
Арыз-құрыз, жік, жала «есеп» өссе,
Бір-біріңді жоқ қылар өсек өссе,
Өз шешеңнің емшегін өзің турап,
Итке тастау дегенің осы емес пе?!
Жоғалды ғой бірлесіп қам қыларың,
Ыдырау ма өсиет қып қалдырарың.?..
Осы болса қайтерсің, ағайын-ау,
Өлеріңнің алдында қалжырарың.

Сүйінбайдың ақындығынан сыртқары жатқан қайраткерлігін айыра-бөле айтпак керек. Біз оның мемлекет басқару ісіне ресми тұрғыда араласпай-ақ, араласқан әкімдерден әлдеқайда ұтымды істер істегенін де білеміз. Білетіндігімізді растайтын мына бір шындыққа жүгінсек те жетер:

Жыл бойы бер дегендей енші маған,
Туыста бар дегендей мол сыбағам,
Ту сонау Хан-Тағынан Қасқараулап,
Қастекке, Қаскелеңге ел шұбаған.
Жұпарын жұтқызып сай-саладан гүл,
Ырғын ел қоныс тепкен даладан бұл.
Теңселіп тең үстінде бір кездерде
Сол жақтан ауып келген бала Жамбыл.
Болмас деп бұл әрекет тосын ісім,
Мұрат қып туыстардың қосылысын,
Бүтіндей бір тайпаның көшін бастап
Әкелген ол жолы да осы кісің.

Ал осылайша бір ел үстіне бір елді көшіріп әкеліп жарастықпен қоныстандыру, жайлау, қыстау, күзектерін дау-дамайсыз бөліп беру секілді аса қиын істерді жүзеге асыру ақын қолынан келе қоятын шаруа ма?.. Тарихта осыны істеген Сүйінбайдан басқа қай ақынды білеміз? Бір себептермен ата-мекенінен ауа көшкен албан жұртының алдын бөгеп, көшін тоқтатқан жеріне мәңгі-бақи орнықтырған Сұраншы батыр ерлігінен де мынау салмақтырақ секілді. Өйткені, бұл арада Сүйекең оңай жолмен емес, Қоқан хандығының сұлтан, датқалары билеген елдің бір қанатын астыртын азғыру арқылы көшірсе керек қой.

* * *

Бұл сөз бұған дейін еш жерде жарияланбаса да қағазға түскелі біраз уақыт озды, бүкіл бір система тозды. Сүйекең өмір бойы арман еткен дербес мемлекет те дүниеге келді. Осылай деп ауыз-екі айту ғана оңай іс. Кеше ғана біреуге кіріптар болған қолы қысқа адам не заманғы қора-қопсыны үй-жайымен қопарып алып тастап, оның орнына мәуелі бағы бар сарай салар болса, соған қанша уақыт, қанша қаражат, қайрат берер едіңіз?.. Осынша қияметтен қиын мұрат шындыққа айналып болғанша әлгі байғұстың жүрегі мен жүйкесіне түсетін жүк салмағын қай мөлшерде топшылар едіңіз?.. Міне, қазір біз тап сондай хал-күйден босанып та болған жоқпыз. Атқарылар парыз — әлі ұшан-теңіз. Соған қарамастан әлдеқашан көміліп қалған көп-көп тарих мұраларын қайтадан қазып алып, жаңа қозғалысқа қосылған тірі дәулетке айналдырып жатырмыз. Сүйінбай жырларындағы, жалпы Сүйінбай әрекетінің бәр-бәріндегі көп көксеудің бірінші кезектегісі де осы болатын.

Әлгі оқылған сөзде де айтылды, Сүйінбай қазақ жұртының тарыдай шашылмай, бүтін, еңселі ел болуын талап ете жүріп, ол үшін шартты түрде қаһарман қажеттігін өсиет қылған еді. Президенттік мемлекеттің басында бір перзентінің отыруы ол өсиеттің де салтанат құрғанын аңғартса керек. Сүйінбай ат аяғы жетер жерді адақтаса, оның Абайдай інісінің рухы күні кеше бүкіл дүние жүзінің сүйікті қонағы болып, Жидебайына кеше ғана аман-есен оралды. Осы салтанатты шеру будан төрт-бес жыл бұрын өтсе ғой, партияның арқасы деп ұлардай шулар едік. Жоқ, бұл Абайды Абай сатысына көтерген Сүйінбайлардың арқасы. Осылайша дүние жүзін тағы да аралап қайту үшін Жамбылдың да бір аяғы үзеңгіде тұр. Ал Сүйінбайсыз Жамбыл кім еді?.. «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай!» — дегенде Жәкең өз пікірін осы сапарда да желеп-жебеп бірге жүрерін білгендей әсер етеді маған. Тегінде, тоқсандағы Жамбылға қатыгез деген заманның да назарын құлатқан осы Пірі болар ма?.. Жоқ, тіпті олай да емес. Сүйекең рухы өз балаларын жұмсап, елеусіз жатқан қарияны соларға таптырып алған да, қаһарына қайта мінгізген. Сүйінбайды осылай түсінбек керек.

1990 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз