Әспет — Сафуан Шаймерденовтың «Мәжнүн тал» повесінде бірегей бой көрсеткен аса уытты, жас болса да, оқып-тоқығаны мол ойшыл, керек жерінде адуын да, аржайы қыз. Жәнеде ол тағдырдан тартқан тақсіретін жан баласына тіс жарып айтпаған ару, ұстамдылықтың да ұлағатты бейнесі — бір өзі дерсің. Бәрінен бұрын осы қаршадай қыздың көркем дүниені танығыштығын айтсаңшы. Ал, Сафуан секілді, қартая келген жас шамасымен шаруасы жоқ, күнделікті ұғым ұстастыру, таным-білім таластыру арқылы шындық аренасына шықпай отыра алмайтын кісіні тап осы Әспет көзімен көру маған тиімдірек: Біріншіден, кейбір жағдайда сол қыз автордың өзімен мінездес, сарапшылығым сәл жансақ басқан жерде соның обал-сауабын осынау жүрегі пәк пендеге жүктей салу да тиімді. Өйткені, қыз талғамына өкпе жүрмейді. «Қыз аузынан шыққан сөз ащы болса да пәк» деп Сафуанның өзі де жазған.
Илансаңыз, осы дос әзілі аралас пікір ішінде толып жатқан шындық бар. Жаңа біз тізбектеп шыққан қыз бойындағы қасиеттерге жеке-жеке әрекет қылу мүмкіндігін берсеңіз, солар Сафуан шығармашылығының түгелге жуық басын құрастырып шығар еді. «Болашаққа жол» романынан бастап, «Мінез», «Мезгіл», «Қарғаш», «Жыл құсы», «Ит ашуы», «Сыбызғы сазы», «Қызыл гүлдер» (аттарынан-ақ көріп отырсыз) тағы басқалары болып, біріне бірі ұласа келген кітаптардың «Ағалар алақанына» дейінгі ұзына бойына қарап отырсаң, ылғи бір азабы мол сұлулықтың құлақ кесті құлдарына тап боласың. Бір қызығы, солардың ішінде сен де жүргеніңді көрмейсің. Ал, ондайдан басы бостарды Сәкен оқып тұрған адам етіп көрсетпейді. Бұның бәрін бұтарлап айту үшін көп төзім мен көлемді сөз керек. Оның екеуі де менде жоқ. Ол жағына жетіктер, шүкір, менсіз де бар ғой. Мен өз тануымдағы Сафуан жөнінде онда да Әспеттің көмегімен, азын-аулақ пейіл танытамын.
О баста өнерін өлең-жырмен көрсеткен жастардың көріктірек біреуі осы кісі еді. Есейе келе құдай соны прозаға айырбастатса амалың қанша. Өмірдегі жағымды-жағымсыз қуатты қозғалыстарды ақынша сезіну қасиетін өзінде қалдырса, басқа жанрға ауысқанда тұрған не бар деп, дәл осы араға мен білетін Әспет бір килікпей қалмасты. Рас, мен арада қызбен айтысқан сайын жығылып қала беретін суретші Бағдан болғым келмейді. Бұл пікірмен келісе саламын. Жалғыз-ақ, сол көздің өзінде ел өлеңді осы жігіттен, бұл тағдырлас Тахауи, Тәкен, Зейноллалардан осал жазатын кейбір әріптестерінің күні бүгінге дейін ақындықтан айнымайтынын әрі өсіп мандымайтынын Әспет бөлме салық қылмаса болды.
«Ағалар алақаны» атты кітаптағы деректі көріністер Сафуанды бізге бала кезінен бастап білгізді. Сол кітапқа жазған рецензиямда бұл жігіт жайлы көптеген ойларымды мен де айттым. Соларды қайталамау үшін бұл жолы не десем де бүгінгі, осынау күрт өзгерістердің қызығы мен қысталаң шағындағы Сафуанды ғана төңіректеймін.
«Өз жұмысың тұрғанда басқаны қайтесің» қағидасын қатаң ұстайтын, әсіресе өнер адамын гармония мен хаос аралығынан сұрыптап танитын Әспетке бүгінгі Сафуанның күнделікті күш салып жүрген әрекеттері ұнай қояды деп айта алмаймын. Бәлкім көркем қаламнан уақытша болса да қол үзген, қораларында басқа лауазым машинасының тұмсығы қылтиып тұрған жазушылардан ол қыз өз жаратушысын ажыратып ала да білер. Бірақ, қазір өнерде өндіре туындап отырған тұлға жоқтығын Әспетте көрмей отырған жоқ. Бәріміз-ақ жоғалтқанымызды жоқтаудан, ардың ісін әлдендіру жолындағы айтыстардан ауыспай жатырмыз. Түптеп келгенде, бүгінгі үміт пен күдік, берекесі қашқан тұрмыс пен соның өтеуіне келіп жатқан ұлттық ұтыстарымыз, алда тұрған қиындығы белгісіз белестер — осылардың қосындысы ертеңгі ұлы шығармалардың уыты, тіпті ашытқысы болмаса не қылсын... Айтулы Арт-кононада алдында да осындай ауыр да, үнсіз бір болатұғын.
Әспетке ұнаса да, ұнамаса да біздің жолдасымыз бұл күндерде дегбірсіз. Интеллигенцияны тебірентер жайлардың қайсы бірінен де Сәкең тежеліп қала алмай отыр. Бәлкім бұған әліптің артын бағатын уақыт жоқтығы себеп шығар. Адамды өзімсінудің сол бөгде кісінің өзін саған жақыныңнан да жақынырақ, тартымдырақ көрсете білуінде. Осындай адамдардың ішінде жүрегінің түбіне жеке-дара орнығатындары да болады. Адамды бағалаудың осынау шамадан тыс өлшемін Шаймерденов талап нормасы деп түсінсе, оның да себебі бар. Бұл кісінің баяғы өгей анасы Бейіске перзенттік махаббатымен таныс оқырман оны жақсы біледі. Бейіс апайдың екі жетім бөбекке сіңірген еңбегін жазушы ана сүтінен де асырып бағалайды ғой. Міне, осынша асқақ адамгершілік Сафуан баршаның бойына дарыту мүмкін емеспін біле тұра, солай қарай бура тартып отырады. Ол — ол ма, тіпті осы кредоны ол жақсы түгілі кәззаптың алдына да қасақана көлденең тартады. Желтоқсан оқиғасын асқындырып, өртті қоздырып қойып, өзі кабинетте бұғып отырған Колбинге кейінгі бір орайда Шаймерденовтың не дегені естігендердің есінде шығар:
—Жүр, екеуміз жаяу шығып, алан-көшелерді аралайық. Сонда исі қазақтан біреу саған тиіссе, соның өзін-ақ қазақта ұлтшылдық болғаны деп санай сал. Соның күйігінен көзіңше мен-ақ отқа өртенейін өлейін.
— Ха-ха, ха, ха!..
Басын шалқайта жығып қарқылдай күлген Колбинге Мінбеде тұрған Шаймерденов жауабы:
— Міне, міне... Осы күлкіңіздің түбін түптеңіз! — деген астарлы қарымта болды. Бейіс мейірбандығына қарама-қарсы жаратылған безбүйрек қолында ел тағдыры, қаймана қанғыбас қолында ұлт тағдыры тұрса талантқа тағат, дегбір дегендерді кім берсін?.. Жазушы жаратылысында бұлайша күйіп-пісу бұрын да болған. Бірақ, оны қамағаның қайта шығармайтын темір торлар тежеп келген. Бүгінгі беймазаның үлесіне салауат, мінбесі тигені үшін тап бүгінгі тауар-тағам тапшылығына ренжімеу керек. Отаршылықтың қорлығынан қорқынышты емес бұл кемді күнгі кедейшілік.
Тағдыры біреуге тәуелді болған жерде тон тоналмай, бедел берекесі ұшпай қалмайтынын екі халық бастан кешсе, соның біреуі қазақ шығар-ақ. Содан да болар, қазақ ғасырлар бойына елдігіне еркіндік ала алмаса да ұл-қызын өлмей беріспейтін өжеттікке тәрбиеледі. Алысқа бармай-ақ Әспетке қараңызшы: Ол жан дегенде жалғыз бөбегі жер бесікке беріліп, тілегі кесілсе де арамзаға арын таптатпаған ару. Әспет, ол — арамызда тірі жүрген Әлия, Мәншүк, ол — кешегі желтоқсан құрбандары — Қайрат пен Ләззат рухында да көріне алады. Және де: «Баяннан басқаша танылмаса ол несіне Айша-бибі болып тарих төрінен таң атырады?!.» дегенді айта алған Әспет. «Тоқтардай жігіт болмаса қазақтың ғарышқа қатысы қанша дер едік»-ті де осы отырғанда сол қыз менің құлағыма құптатқандай.
— Суверенитет —дербес, еркін... Мейлі ол Егемендік бола қойсын... Ал, оның үстіне өзге жұрттар «Тәуелсіз» дегенді айыра-бөле айтатын себебін білесіз бе?.. — деп алып, Сәкең соны түсіндіру үшін сан тарихтарға самғап жөнелетұғын. Өйтетін жөні болды. Қазақстан тәуелсіздік жарияланып болғанша, жасыратыны жоқ, парламентіміздің құлағын шулатып-ақ бақты:
— Неменеден тосылады, осы біз соның ала жүрмесек, алғы шепте атымыз сүріне ме?..
Бұл өзінше бір ұдай көңіл күйін танытса, енді бірде:
— Біріккен Ұлттар Ұйымына бірінші тілек бізден түсті... Орта Азиялық ағайындар Нұрсұлтан айтуымен бас қосты... Немесе:
— «Известия» газеті Үндістанмен қатынасты Қазақстан бұрын бастап, Ресейдің алдын орап кетті деп жазды. А, бұл арада қызғанышта жоқ емес!.. — деп, соған риясыз, құдды балаша қуанады. Бір ғажабы, бүгін достарына айтқан сөздерімен араға аз күн салып, не телеэкраннан, не эфирден, не газеттен көрініп, есітіліп, оқылып жатады. Иә, ел еркіндігі, ел азаттығы туралы заңдар қабылданған тұстарда жарғақ құлағы жастыққа тиіп жарымағандар санатынан Сафуан жиі көрінді. Жас жазушының шығармасына шылбыр тастау, классик жазушының музейін ашқызу, мазарын көтерту — бәрі де оны мазалайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын әділетсіздіктің қанды қармағына іліккен ұлы жазушылардың атын білген жастар затына да ғибыратхана сипатында еркін енуге тиісті ғой. Оларға Сафуандар алдынан дәріс жетелеп жеткізбек парыз емес пе?.. Бұл бағытта Сафуан талай тағылымды баяндамалар жасады. Қысқасы, бұндай істермен айналысуды Сәкең бұл күндері тәңір тапсырмасы деп ұғады-ау деймін: Осының бәрі өз шығармаларының төрт томдығын баспаға даярлау секілді аса жауапты, яки, жүкті мезгілмен қатар, қарбалас жұрт жатты.
Қысқа күнде қырық мәрте қайталап қозғасақ та тағына тақымын орнықтыру әлі алыста жатқан Алдияр — қазақ тілінің тағдыры болса керек. Әрине, заң бар, заман пейілі түзік бағыт алды, ел құлағы елең еткелі тілімізге тиек емес, тірек болардай тәлім-білім ұялары да одан-бұдан орын тебе бастағаны бар. Алайда осылар ішкі сарайын талайдан бері тат тұтқан машинаның от алғаны секілді ғана серпін. Егер ол қасқа жолда қайта заулап үлгермей тағы сеніп қалса, бастапқы еңбектің бәрі зая. Тіл шеруінің алдыңғы шебінде дабыл қағылды дегеніңізбен артқы қосындар әлі айылын да жинаған жоқ. Алматы бикештері баяғы сол дағдыланған тілдерінде сауысқанша самыржақ. Солардың санасына саңылау бармаса, сыртты қойып, іштің өзінен-ақ табалаушы табылады. Ал табаның заһары әлжуаздарды тауы шағылған жаққа қайтып беттетпей қояды. Міне, осыны жазушының бәрі бірдей Сафуанша сезінсе ғой: Тәңір жарылқағыр Смағұл Елубаев екеуі жидірмелете қаққан дабыл талай құжаттың, дүниеге келіп, іске қосылуына себін тигізді. Бәріміз қол қойған «Тіл тағдыры — ел тағдыры» атты айтулы үндеудің өзегіне от дарытқандар да осылар. Жасыратыны жоқ, осыған қол қояр жерге келгенде соған жүрегі дауаламаған жазушылар да байқалып қалды.
Әспет, қарағым, сен аңғарып жүресің бе, өзіңнің ер мінезді болмысыңды жалпыға жария қылған Сафуан ағаңды осы жұрттың бәрі бірдей жақсы көре бермейді. Жеке бастың топшылауы болмаса, себебін кесіп-пішіп айту қиын. Өз басым «Тура биде туған жоқ» принципінен шегіп жүрген запалы шығар деп ойлаймын, әйтеуір, ол да беделдің бет-жүзімен санаспай, ащы шындықты қатты айтатындар қатарында өзіне тиесі нәпақасына кешеулеп жетіп жүреді. Ешкімге жала жаппай, адалына баққан сынға қалтарыстан қарымта даярлау беделдің ісі ме?.. Айтпақшы, Әспетжан, сенің «Пікір таласта бедел қару бола алмайды» деген өз сөзің де бар екен-ау.
Рас, «Ештен де кеш жақсының» игілігін Сафуан да аз игеріп жүрген жоқ. Обалы кәне, Алматыда тежелген тегершік Мәскеуде қалыпты қозғалысына еніп, бүкілодақтық кәсіподақ сыйлығына лауреат та бола алды. Бәлкім «Ағалар алақанының» шарапаты шығар, соңғы әзірде десеңіз де, ақыры осы кітап үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы да берілді. Сафуан, Тахауиларды халық өз жазушымыз деп танығалы қашан. Бәлкім сол атақ та бір күні алдыңғыларша жай басып, жалпақ алып келе жатыр. Айтпақшы, ендігі жерде өз парламентіміз еңбек, ерлік қаһармандарына жаңадан түрліше түймелерін де заңдастырар. Бұл әншиін сөз ұтырына қарай ойға оралып жатқан жәйттер ғой. Әйтпесе, бедел хақында өзің айтқандай, талант жуған жағдайда атақ та жалған жарақ.
— Дегенмен атақ еңбекке беріледі ғой. Бедел қолдан жоғарылату арқылы да жапсырыла береді.
— Қарағым Әспет-ай, алдымды орай беріп, айтпасты айтқызатын болдың-ау. Сенің ел таныған ерекше қыз болуыңа сіңірген менің де еңбегім бар: Мен «Мәншүк талдың» алғашқы нұсқасына тоғыз тілек айтқам. Соңғы редакциясында солардың көбін-ақ Сафуан ескерген. Автор соны ер қашан «Көлбақа терісіне жазылған тоғыз талап» деп еске алып отырады. Шығарма қатты ұнағаннан кейін авторды мен ресторанға шақырып, пікірлерімді сондағы қол сүртетін қағаз сүлгіге жазып бере салғам. «Көлбақа терісі» деп жүргеніміз сол. Әңгіме желісіне сенен де мықтырақ Инешті араластырмай, саған іш тарту себебімді біліп қойғанын абзал. Әрине, осы арада сен тағыда: «Аға, ұрыспаңызшы, менің жаңағы айтқаным неге жөнсіз. атақ еңбекке берілетіні өтірік пе?..» дегелі отырсың. Алған атағына еңбегі татымаса-ше?.. Ондайлар аз ба?..
Тағы бір айтайын дегенім — Сафуан екеуміз жазушылар одағының аппаратында жұмыстас болғанда аңғарғандарым: Бұл жігіт партияға мүшелік жарнасын мезгілімен төлей бермейтін. Бір күні жиналысқа салып, жанын сірідей қыстық. Ол өз айыбын кәдімгідей мойындаған болды. Одан шыға бере Қайнекей Жармағамбетов екеумізге айтқан сондағы сөзін енді еске түсірсем, соған күлгеніміз бекердей: «Төрелердің салығынан уақытында құтылмасам, сол иттерің аштан өле қала ма?..» дегені әлі есімде. Аппараттағы өз міндетін мұнтаздай етіп орындауын орындайды-ау, бірақ, сағат пен Сафуан арасы көбінше үйлесіп таппай, жұмысқа кешігіп келе беретін. ҚЖО-ға (Қазақстан Жазушылар Одағы) уақытымен келіп, алтыны толтырмай кетпеу — Сафуанша, еңбек тәртібі емес, еңбек адамын бекер қаңтарып арытатын формализм. Осы ұғым да оны бір күні бастығымыз Ғабиден Мустафиннің алдынан бір-ақ шығарды. Мен Шаймерденовтың жұмыстан шығаруға қарсы ереуіл ұйымдастырдым (Сафуан осы күнде «ереуіл сізден басталған» деп күледі). Айтқанынан қайтуы қиын Ғабекең бұйрыққа қолды қоятын еді, оны мынадай бір оқыс «оқиға» тоқтатты: Шамкенов өз танауынан қозы құмалағындай бірдеңені жұмырлап алып, шертіп кеп жібергенде сонысы әлде қалай Fабекеңнің, алдына, тура стол үстіндегі әйнекке барып топ ете қалсын. Онымен қоймай, әлгісі үлкен кісі үрлегенде түскен жеріне жабысып жатып алсын... Соны көрген жұрттың қыран-топан күлкісі ағайдың ашуын лезде таратып жіберді. Бұл арада айтпағым — зады, ойда жоқ жерден қисын (теория) түзу Әспетке осы кісінің өзінен ауысқан.
Жә, Әспетжан. жанағы бір бастала түсіп үзіліп қалған әңгімені тірілтейікші. Иә, кітаптарының аттары айтып тұрғандай, Сафуан бітімінде сұлулықтың, махаббаттың михнаткеш жаршысы. Ананың, әкенің балаға, ағалардың іні-қарындасқа махаббаты, қыз бен жігіттің қызғын махаббаты, ерлі-зайыптылар арасында есейіп өсіп, кейбіреулерінде өшіп жататын махаббат (соңғысын солай деп атау да қиын) — бұның бәрі де жаршыға тыным таптырмай жырлататын, жылататын да күрделі күштер құдіреті. Бұл да Атом электр станциясы секілді саушылығында рахат, бір жері зақымдалса — апат. Осы рахат пен апат аралығында жетпіс жас жасағанда да қайсарлығынан қайтпау оңай шаруа ма?.. Тыныш отыруды құдай әу баста бұйыртпаған соң олай да, бұлай да шарқ ұрып әрекет қыласың. Баянды да, Айша-бибіні де қайталамайтын біреулердің дүниеге келмегін көксеп, сол бағытта тер төгесің. Соның бәрі көңілдегідей көрікті болып шыға бере ме?.. «Қайдан-ау...» дейсің бе, дұрыс айтасың. Бірақ сен қызды мен білемін, суретші Бағданға өткізген сыныңды жазушы Сафуанға да жүргізе аласың. Тағыда: «Аға, ұрыспаңызшы, деп алып, Аға, сіз бәрібір Гавриэль Гарсия Маркес емессіз дегенді сен Сафуанға да айта аласың (сенен оны күтуге болады). Шынында да солай ойласаң мына сұрағыма жауап бер: Халыққа сендей қазақ қызы арқылы шыққан жағдайда сенің сол Маркесің Сафуанға айналып кетпесіне кім кепіл?.. Роман жанрының өзі қазақ үшін жаңаша жазу болса-ше?.. Бізде аты роман, заты олай еместер әлі көп...
— Мөлдір дегенге неге сонша жармасасың, Әспет?.. «Мөлдір» деген сөздің өзін сен қалай түсінесің?-
— Сіз ше?..
— Айтайын: Бұлақ та бастауынан мөлдіреп шығып, жүре-бара құла-құба күй кешеді. Баяғы түбіт иек балаң Сафуанды «Мені қалай үйлендірмек болды» деген әңгімеден оқыдың ғой. Сонда бұл өзі өз болып алғашқы қызыққан қызына қора-қопсы сыртындағы оңаша бір қалтарыста кездесудей-ақ кездескен. Бірдеңе демек ойы барын аңғарған есті қыз ілтифатын да ірікпей, бұның лебізін күткен. Сөйтсе бұның қыз аулына ертіп келген әулекілеу ағасы «осыны айт» деп үйретіп қойған ноқайлықтан басқа өзінен өнер лебізі жоқ екен. Сондағы бар айтқаны: «Сен алтайы қызыл түлкісің де, мен қиядан көретін қыранмын. Сен зытып бергенде мен сені іліп түсемін!.. «Осы арада сен тұрсаң, сен де анау есті қызша ақырын ғана сырт айналып тайып тұрар едің ғой, Әспет. Жөн-жосықсыз асау махаббат алқымына кептелген байғұс бала жыларман күйде қалды да барды. Меніңше, «мөлдіріңіз» — осы. Енді мықты болсаң, осынау екі Сафуан аралығында жатқан елу бес жылды сарапқа салып көр.
Дәл осы жеме-жемге келген жердегі Әспет жауабын мен де қуаттаймын. Ол баяғы ернін ғана тигізген шампан құюлы фужерін екі алақанымен сыртынан сипай, ұзақ ойлана отырып былай дер еді.
— Сафуан ағаға өмірін қайтадан бастау құқы берілсе өткен жылдарының, айларының, күндерінің, біреуінен де бас тартпас еді. Осыншаның барлығын азаптан жинаған азаматқа басқаша болудың қажеті қанша?!.
— Солай... Көмегіңе рахмет, көріктім!
1992 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі