Көп жанрлы қазақ әдебиетінің бірден-ақ іргесін ірілендірген алты-жеті адамды Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Алыптар тобы деп атаған еді. Әбден ойланып болмай өз пікірін білгізе бермейтін осы адамның өзін де көзінің тірісінде сол Алыптар тобының бел ортасына қойып отырушы едік. Және жұрттың сол бағасы соншалық жарасып та тұратұғын. Бірақ, соңғы түйе жүгінің ауырлығын айту жағы әр қилы мөлшерде аңғарылатын. Бұл бағаның бір шеті еппен емеурін танытып, үнін үнемдеп (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне үш ай ғана бастық қылғанымыз секілді) кібіртіктеп жатса, енді бір шеті арнадан асып-төгіліп, құдайдың осы бір пендесін бүкіл сексен асқан өмірінде «жаңылмаған жақ, сүрінбеген тұяқ» дәрежесінде танып жүрді. Соңғы көпірмеге ол зәру еместігі себепті де қасын қиғаштандыра қарап, бір түрлі ыңғайсызданса да, жөні түзік пейілдер тұсында көңілдің ішкі толқынын іркіп қала алмай: Еркектер өзара сүзісуге шебер де, сүйісуге олақ келеді, бетінің бір жерінен сүйер едім, әйел болып жаратылмаған өзіңнен көр» деген секілді есте қалардай ескертпелермен шектелер еді. Осы ризашылығын ол кісі менің «Іні лебізі» деген өлеңіме байланысты айтқанды. Ал, сол өлеңде мынадай жолдар болған:
Артық, кем сөз ауанына ермей біз,
Аға дейміз, Ақын дейміз, Ер дейміз.
Махмут ұлы мәшһүр Ғабит! Іләйім
Күнде сенің мазаңды ала бергейміз.
Күнде емес-ау, түнгі ұйқыдан тұрғызып,
Телефонға жалаң шапан жүргізіп: —
Ақыл керек, кеңес керек!.. — дейтұғын
Ерке зорлық біздер үшін бір қызық.
Өмір —дауыл!.. Бөлмейді қыс, күзді бұл.
Сұрапылда тағдыр қанша үзді гүл!..
Алыптардан қалып қалған бір дарақ,
Өкпек желде шулап тұрған бізді біл!
Сөйлесем де қанша ділмәр қазылып,
Сен тұрғанда қайда маған қазылық,
Сабырың мол-ay, сараңдаусың ұрсуға,
Тек осыны кешеулетпей қазір ұқ!..
Шынында да, қартайған сайын молырақ тыным берудің орнына түн ұйқысын түгел бұйыртпаған кездеріміз көп болды. Партияның үлкен үш, үкіметтің үш дедік пе-ау, әдебиеттің, музыканың, театрдың, киноның үш дедік пе-ау,—қойшы, әйтеуір, осылардың бас-басына сағат тағайындап, соның әрқайсысына Мүсіреповтың кешікпей келуін талап еттік. Әл-қуаты азайған ұлттың тілі мен ұлағатты бітімінен көз жазып қалмау проблемасы оның өзін де өле-өлгенше беймаза қалпынан босатпады. Бір кезде осы кісінің өзі алып берген жазушылар үшін Қазақстанға жоғарыдан түскен ұлық бұйрығы бойынша біреулер тартып алғалы жатқанда да екі Ғабең жұбын жазбай жұмсалды. Сөйте жұрт, қартайған адамның басқадан қайырымдырақ болу құқына да қол сұғып, оныңды қой деп бұйрық раймен түгендескенімізді жанағы ақынның өлеңінен де көрдік қой.
— Мен ендігі әрі олай істемеуге уәде беремін, — деп, құдды бір шәкірт баладай шатынып, зал толы жұртты бір күлдіргені талайдың есінде бар да шығар.
Иә, қауырт жұмыс үстінде қартайған бұдан басқа алып біздің арамызда болған емес. Оны басқадан бақыттырақ қылған да, бәлкім, осы соңғы түйенің ауыр жүгін арқалай білгендігі шығар-ақ. Ендеше Ғабит Мүсірепов өлгеннен кейін мақталып жүрген марқұмдар санатына кірмейді. Бәрін де өз құлағымен естіп, көзімен оқып, тоқып та кетті. Ғабең рухы алдында арылып бір айтайын дегенім осы.
Естеліктің ерекше бір қасиеті — онда әркім еске алып отырған адамың өзінше танып, жұртқа да өз арақатынасы арқылы танытады ғой. Мен де ел қатарлы Ғабеңді баяғы «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Талпақ танау» атты әңгімелері «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы арқылы өзімше таныған болдым. Бәрінде де — майдандасқан қастасымен ымыраға ыңғайы жоқ бір Ғабит. дүниені дүрліктірген, өзіне де осал соққы боп тимеген «Желкелер неге қышидысы» әлгі онсыз да бірбеткей ожар түсінігімді тереңдете түсті-ау деймін. Ойлау жүйесі ер мінезді драмадан жаратылған осы адам шығармашылығына қайтсем жұғысам деп жүрген мен — рабфак студенті — жазғы демалыс кезінде жұмысшылар күшімен «Қозыны» Мақат сахнасына шығардым. Спектакльді қоюшы да режиссері де — бір өзім. Қарабайдан өш аларда Ғабеңе көмектесейін дедім бе екен, — әйтеуір, өзім Жантық рөлінде ойнадым. Ал, келесі, 1939 жылы Қазақстан жазушыларының екінші съезіне келгенімде «бөрік алып қашуға ғана жарайтын» дәрменсіз сыншыларды қапысыз қатты сынаған Ғабитті көріп, «жоқ, мына кісі ұрыншақтың бәрін бірдей құптай бермейтін құпиясы мол адам боп шықты» деген ұғымға ойыса бастадым. Бірақ, Қайырғали, Сүгіралы — Байжан, Амангелді, Еркебұлан, әйел затынан қаһарман Ұлпан, құс баласынан Қыран тұлғалары кейінгі қабырғалы туындылардан самсап шыға-шыға келгенде Ғабиттың өзі батыр деген бастапқы позицияма біржола орнықтым. Иә, аса сезімтал, сұлу сурет иесі, сөлді, сөрелі сөздің зергері мен үшін бәрінен бұрын батырлығымен мектеп. Өмірде де НКВД назарына «Бейімбет жау болса мен де жау» дегені секілді, нағыз ер мінезді шығармашылықтың шебері еді ғой жарықтық.
Өзгелер еліктесе де тап солай етіп шығара алмайтын өз кемшілігі өзінше тұрыпты ғой. Ал, Ғабең жалпы үлкеннің де, кішінің де орнын бағалай білген кісі. Кішіге кісілігін дәлелдейтін деректер өзімнің арақатынасымнан да табылады. Әуелі үлкенге ізетінің ірілеу бір үлгісін оқылық. 1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына баяндама жасау үшін жоғарыдан талай адамға тапсырыс берілген. Солардың бірінші кезектегісі Орталық Партия Комитетінің ұйымдастыру бөлімін меңгерушісі Бекболат Мустафин болған екен, оған аяқ астынан «халық жауы» деген атақ жапсырыла қалып, қамауға алынды. Екіншісі де сондай бір сенімзідікке душар болып, үшінші кезек әлгі аппараттағы мәдени-ағарту бөлімін меңгерушісі Ғабит Мүсіреповке келеді. Бірақ, ол бірінші хатшыны Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың баяндамашы болуына көндіреді. Осы бір орайды әңгімелей отырып, тапсырыс алған күні-ақ тамаша баяндама жасап берген Исаевтың білгір, сұңғыла шешендігін Ғабең айрықша бағалаған. Ғабеңмен менен де гөрі жиірек араласқан Сафуан Шаймерденовың айтуынша, ол кісі Ораз Исаев хақында әр кез әрлі пікір білдіріп отырған көрінеді. Ал, нақ осы кезде Исаевты білмейтін біреулер, әйтеуір үкімет басы болғаны үшін, Голощекинмен қосақтап жазғыру бағытын ұстанған. Мен жуырда жарияланған Исаев туралы мақаламда («Халық Кеңісі», 10. 01. 92) бұған да тоқталғам.
Біреуді біреу «өлтіре сынау» өмір заңына айналған заманда менің «Құрманғазы» атты шығармамның бірінші кітабы сондай күйге ұшыраған. Екіншісі енді ғана жарық көріп, әлі пікір өзгеріп үлгермеген де кез еді. Дегенмен Мұхтар Әуезовтың ұнамды көзқарасы жазба түрде қолыма түсіп үлгерген-ді. Сол кездегі бірінші бастығымыз Ғабең маған телефон соқты:
— Ертеңгі сағат оннан бастап екеуміз «Құрманғазыны» тұтастай оқып шығалық, одаққа кел.
Дастанды оқуға уақытында кірісіп, кіші бесін әлетінде аяқтадық. Аралықта күрең шаймен жарты сағатқа қана үзіліс жасадық. Ол кейбір тарауларды тапжылмай отырып тыңдаса, енді бір бөліктерін ту сыртымнан бір қолын иығыма артып қойып, өзі де жарыса оқып тұрды-ау деймін. Ақырында айтқаны:
— Ты собака, бар, бара бер үйіңе. Бұл енді сенің шығармаң емес, халықтың мүлкі.
Қайтыс болардан аз бұрын. яғни, арада ширек тасыр еткен соң, жазушылар алдында ұзақ сөйлеген ақырғы аталы сөзінде баяғы сол көкірегіне ұялаған көңіл хошын екі ауыз жайсаң лебізбен есіне түсірді. Бұл кісі менің талай шығармамды өз қолынан өткерді. Некрасовтың «Ақын мен азаматын» аударғанымда соны түпнұсқамен салыстыруға да уақыт бөлді. Қазақ поэзиясының өзі басқарған орысша антологиясына шығарма іріктегенде менің эпиктігімді ескеріп, «Біздің ауылдың қызы» мен Чапаев туралы поэмамды енгіздірген де өзі болатын. Менің сол Чапаев жөніндегі «Оралдағы отты түнімде» Ғабеңнің «Қазақыландыра түс!..» деген пікірі ерекше ескерілген болатын. Ал, «Сенің өзенің» атты дастанымды Мәскеуге жүрер алдында оқып, Құсыни апайға қалдырып кетіпті. Қолжазбаның ашық жеріне: «Оқыдым. Жақсы екен. Көзі де, көңілі де жаңа екен!.. Айналайын!..» деген маржандай тізілген әсем жазу менің архивімде сақтаулы.
Ғабең бірде Бейімбет ағасының үйінде шараптан босаған рюмкасын жарға лақтырып сындыра беріпті. Оның солайша еркелегенін Биағаң бәйбішесі Гүлжамал жеңгей бірде мақтана еске алған еді. Сондай-ақ, кезінде біз де өз ағамызға еркелеп бақтық. Мен Ғабеңнің қара «ЗИЛ»-ін тауға сұрап мініп, тасқа да соқтырғам. Жұбан екеуміз тәбәрік аламыз деп, Ғабеңді өмірде басын сұғып көрмеген кафеге де апардық. Одан хабардар Шолпан, Құрекеңдер (Жандарбековтер) біздің үстімізге келіп, ол аз дегендей, Қытайға кетіп бара жатқан қырғыз әртістері (Киізбаева, Бишенәлиева т. б.) және қосылып, Ғабеңді аттай мың сомға шығындандырғанбыз.
Кімнің кім екенін бірге жол шығып ел аралағанда біліңкірейсің. Өзінен өзгенің абыройын ойлауға мәдениеті кісілігі де жетпейтін жетесіздің талайын көрдік қой. Ал, Ғабеңмен екеуден екеу жол шекпесек те қанаттас жатқан республикаларға топ құрап барғанымызда елде неше сапарлас болдық. Ол отырғанда сенің арқаң кең: Өлке іздеп, астанамыздағы жаңалықтар хақында, тіпті қасыңдағы сен жайлы да оның келістіре әңгімелеп береріне сен сенесің де, ол өз биіктігімен сені соған сендіреді де. Дастарқан басындағы сауық кештерінде Ғабең қасындағы жол серігін ыңғай қанаттандырып, көрнеу өсіріп отырар еді Сайып келгенде, ағайынмен қауышудың сондай кештері мәдениет, әдебиет төңірегіндегі талай тарихты айқара ашып та тастайтын.
Ғабеңнің өзінен үйренген осы тәсілдің мән-мағынасын одан да ірілендіріп бір пайдаланайық деген ұсынысты мен осы кісінің сексен жылдығы қарсаңында айтқан едім. Менің ондағы жоспарым бойынша, жеке меншік машиналары барлардан автокеруен жасақтап, Алматыдан Ғабеңнің Қызылжарына дейін ғылыми-көркем шеру күндерін өткізуге тиісті едік. Бұл ұсынысты жолдастар да, Ғабеңнің өзіде құлшына құптаған. Той иесінің әйелі ауырып қалып, ойлағанымызды орайына келтіре алмадық.
Аракідік Ағаның сәл артық артқан салмағын ауырсынған інілері болды десек те, «Тай тулап үйірінен шыққанды» көрмедік. Әз арамызда жан баласы оның бетіне жел болып тиген емес. «Mүcipeповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек» деп академик Қабдолов айтқандай, б!із оның есімін, Еңбек Ері деген атағын да туған әдебиетімізге бел тұттық. Ал, осы кісіні қатыгез бейуақ қанша дүркін ренжіткенін еске алудың өзі ауырдан да ауыр. Арғы отызыншы жылдар оқиғасын қопара қозғап жатпағанда да, соңғы бір сорақылық сыртқа жадымыздан жарып шыға береді. Сәбит ағай апта бойы сарылып отырып даярлаған сол уақыттың тәп-тәуір баяндамасы әуелі шартты түрде Үлкен Үй дейтін де оқылып, сол үйден қайта шыққанда жылы сөз атаулыдан жұрнақта қалмаған.
Тойға бәріміз бірлесіп даярлаған тартуымызды үйіне алдында кіргізіп қойған біздер, бетіміз күйіп, есігінен де қарай алмағанбыз. Елу жылдығына орай жарық көрген жаңа кітабының қаламақысын Ғабең түгелдей облигацияға өткізіп жіберген.
Енді құдай сондай бейуақтың бетін аулақ қылсын! Ғабит Mүcіреповтің тоқсанға толған мәртебелі мерейін бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағына бағыштайық!
Иә, мен оның тоқсан жылдығына арнаулы «Қазақ әдебиеті» газетінде өз естелігімді осылайша екшеп өзімше тұжырымдаған едім. Аяулы ағаның сенен артықшылығы сағынған сайын сараланып, уақыт озған сайын тыңнан тынымсыз опық жегізетінін, тірідегі қайран аға қадіріне жетім көңіл жеткіштігін Мұхтар Әуезов денесін жерге берерде Ғабеңнің өзі айтқан еді. Неткен көреген абыз еді жарықтық!.. Ғабеңсіз өткен бір жыл ішінде желтоқсан оқиғасы бел омыртқадан оқыс тиген соққыдай ұл-қыздарымызды ұрып жыққан сағатта алдымен Ғабеңнің қысталаңда аспай-саспай аз айтып, мәз ризалайтын бір ауыз лебізін жоқтағаным есімнен кетпейді. Содан басталған сағынышым сарқылар емес: Дағдарыс қазақтың тіліне тірелсе де оны жоқтайсың. Жаңбырдан кейінгі жеуге жарамсыз саңырау құлақтай қаптап кеткен «жаңа сөзсымақтарды» көрген сайын көксейтінің — Ғабең: Ол барда ондай оспадар «ойшылдарға» жол жабық болушы еді. Өзі айтқан алыптардың ақырғысы болғандықтан ба, әйтеуір мен тыңдаушы азайып ақыл айтушы, үйретуші көбейген сайын да алдымен Ғабеңді жоқтаймын. Ол көкірек көтерген адамды Іләм дегенінен-ақ байқап қалып, «тым ақылды екен, сонысынан қорқамын» деп алып, артынша соны баттитып айтқанын баспа жүзінен көретінбіз. Біреуді біреу ұлы десе, іле-шала улардай шулау әдетке айналған бүгіндері ортамызда ол отырса «Толыспаған Толстой» деген Мұхтар сөзін қалай ұмытасыздар» деп те бәлкім айтар еді. Өзінің кекшіл, күншілдерге «кең жерге сиып тұрып та сиыспайсыңдар» дейтінін еске түсіретін «есеп» бұл күндері кешегіден кем түспей жатқанда да оның тура жаратылған тұлғасы келіп тұнжырап тұра қалады менің көз алдыма.
1954 жылғы жазушылар съезі қарсаңында «Казахстанская Правда» газетінде жариялаған мақаламда Ғабеңді «осы кісі — ең алдымен ақын адам» деген едім. Маған олай дегізген оның ақ өлеңдері ғана емес. Өз тарапыңнан бір сөз қоспай, қай шығармасын өлеңге айналдырсаң да орасан ойшыл ақиық ақын алдыңа жан салмай аңырап шыға келер еді. Және де жаны ашыған халқын шегіне жеткізе шеней білетіндігін ескерсең, сол өзіне дейінгілерден Абайды ғана еске түсіреді. Суреткерлігі де сондай: Ұлпанның суға шомылғанын оқып отырып мен: «Ойпырмай, мынау «Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» болды да шықты ғой!» деп, айқайлап жібергенімді ұмытпаймын.
Баяғы «Бесеудің хатындағы» қайсарлығы өмірінің қай тұсында да әлсіремегені жаңағы бір сөз арасында айтылып та қалды ғой. Тәңірдің әлгідей тәлкегіне ұрындырған өзінің «50 жылдық мерейтойы тұсында қаламақысының орнына облигация алғанда оның тұрмыс жағдайы мәз емес еді. Оның тап сол күнгі одан бетер, ашықтан ашық қарсылығын енді айтайын:
Оған автомашина сыйлау үшін өзара жинастырған ақшаның ішінде Мұқан Иманжанов екеуміздің мың сомымыз да болатын.
Салтанатты жиын соңынан әйдік тойға әйелдерімізбен барамыз деп әсемденіп-ақ «келгенбіз. Әлгі сұмдықтан кейін Ғабең табалдырығынан аттауға жүрегіміз дауаламай үйлерімізге қайттық та, ертеңіне бізден гөрі аралас-құраласы молырақ, Қайнекей Жармағамбетовтен түнде қандай ахуалдар болғанын сұрадық.
— Шақырылған қонақтардың 80 проценті келмеді. Бізді — азын-аулақ адамды кішкене бөлмеге өзі бастап апарар алдында залдың кіре берісіне тұрғызып қойды да:
— Әуелі сендер Мүсірепов дейтін аңшы адамның мергендігіне көз жеткізіңдер—деді. Сөйтті де, қолына салмақтап ұстаған бойы аузы ашылмаған бір шампанды ұзын столды бойлата сілтегенде жасақтай самсап тұрған шөлмек атаулыны жамсатты да салды. Екінші, үшінші қатарды да солайша түгел жайратып:
— Енді жүріңдер, басқа бөлмеге барып азықтанайық, — деді.
Кейінгі жылдардың бірінде осынын pac-өтірігін Ғабеңнің өзінен сұрағанымда ол маған:
— Оны істеген менің қолым деп ұғынбақ әділ емес, жарты ғасырлық өмірімді солайша күйретпек болған қорлықтың қолы еді ғой ол,—деп, таратып көтерген саусақтарын сол күйінде бір-ақ сілтеді. Еңіреген ер өз қолын солайша бір-ақ сілтемегенде менің көзімнен жас көрініп қалуы да мүмкін еді.
Өз басым шерменде күйде аз өмірін араққа түгестірген таланттарға да кешіріммен қараймын. Дегенмен Ғабең бола білгенге не жетсін!.. Жұрт қорқып жүрген жылдарда мен сөйттім деп бөсетін бүгінгі мақтаншақтарға да оның осы позициясы бәлкім ой салар...
Көзінің тірісінде жазылған осы мақала аттас әлгі өлеңімнің аяғында «Зерек ойлы, зергер тілді ұстазым, Ұлы мезгіл ұрпағына сен керек!» деген едім. Сол сөзім әлі де өзгермек емес.
1992 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі