«АЛЛАЖАР». Кинофильм.
«Барыс» киностудиясы. Режиссер — Қалдыбай Әбенов. Бұл фильм соңғы сегіз жыл бойы түсіріліпті. Неге сонша ұзаққа созылған? Себебі көп.
Сексен алтыншы жылғы Желтоқсан көтерілісі мен қантөгісі туралы шындықты айту қиын болды.
Желтоқсан құжаттары құпияланып, қолға түсе бермеді.
Көп жағдайда Желтоқсан жендеттері көпке дейін іс басында отырып, шындықтың жарыққа шығып кетуіне жанталаса кедергі жасап келді.
Фильм үкімет тарапынан қаржыландырылмады. Қазына кек тиын да бермеді.
Міне, осындай жағдайда режиссер Қалдыбай Әбенов пен фильм директоры Шералхан Жантелиев бір Құдайға, сонан соң Желтоқсан құрбандарының аруағына сыйынып, екі аяғын ат, екі қолын қамшы қылып, шапқылып жүріп түсірген фильм бұл.
Он жетінші Желтоқсанның аязды кеші. Басаров деген генералдың қаһарлы үні әлі құлағымда. Аландағы мыңдаған адам аузынан атқылаған будан аспан асты боз тұман. Дауыс күшейткіштен:
— Тарандар! Тарандар! Әйтпесе сазайларыңды тартасыңдар! — Генерал осылай бопсалайды. Дауысында зіл жатыр. Қорқытпай айтса қайтеді. Адам сияқты жанашырлықпен айтса қайтеді. Жоқ, қорқытады. Алан содан туған теңіздей толқып кетеді. Ашу-ыза кернейді. Алаң қорықпайды, ашуланады.
«Аллажар» фильмі — құжат пен көркем фильмдердің қоспасы. Қамшының өріміндей бір-бірімен жымдасып, кейде қайсысы құжат бойынша, қайсысы көркем әдіс бойынша жасалғанын байқамай қаласын. Бірақ көркем әдіс дегеніміздің өзі шын болған оқиғаның ізімен жүріп отырады.
Басты тұлға — Азат деген жігіт. Ләззат деген қыз. Желтоқсан _ кейіпкерлері көп. Бірақ оның бәрі фильмге сыймайды. Сондықтан Азат пен Ләззат солардың жиынтығы.
Сонау сақтар, көк түріктер дәуірінің жұрнағы асау да тарпаң Қазақстанның басына тұңғыш рет бұғалық түскеннен бері үш жүзден астам ұлт - азаттық көтерілісі болған екен: Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары... 1916 жыл...
Мына алаңдағы толқын - толқын тулаған теңіз сол көтерілістердің кеп жылғы талмаусыраған үнсіздігінен кейінгі бұлқыныс.
Ұлттық рух сыздаған шақ. Ұлттық намыс кернеген шақ. Рухы мен намысы сенген ел — өлген ел.
Тәңірге тәубе! Рух сынбаған екен, намыс сөнбеген екен.
Бұрынғы көтерілісшілер құрсанған зеңбірекке қарсы найза, садақ, қылышпен соғысса, Желтоқсан көтерілісшілері мүлде қарусыз еді. Олардың соғыспақ ниеті де жоқ еді. Демократия, жариялылық деген соң соған сеніп қалып, ОК шешімі дұрыс емес дегенді білдіру үшін алаңға шыққан жастар ғой.
Оны Колбин мен оның жергілікті итаршылары, Мәскеудегі қолдаушылары қалай қарсы алғаны белгілі. Свердловск, Новсибирск деген тараптардан арнайы әскер ұшақпен жеткізіліп, аланды қоршап алды. Қолдарында шолақ күрек. Сол шолақ күрек талайлардың қанын шашты.
Жариялылық, демократия дегенді жариялаған Горбачев. Сөйте тұра азаттық әрекетін ауыздықтаушы да Горбачев. Әйтпесе әлдеқандай Колбинді әкеліп отырғызар ма еді.
Сол Горбачев қасына қатынын ертіп алып, әлі тайраңдап жүр. Біреу емес, екеу емес, бүкіл қазақты «ұлтшыл» деп Политбюро қаулысын шығартқан Горбачев. Патшалығының соңында Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс Ресейдікі деп сандалған Горбачев.
Құдайдың құдіреті, сол Горбачевті сағынатындар арамызда әлі бар. Ұлттық мінез кейбіреуімізде ібілістің мінезіндей. Әлі есімде, Колбин Желтоқсан сойқанынан кейін ұялмай-қызармай Жазушылар одағына келіп кездесу өткізді. Ой, сонда біздің кейбір жазушыларымыз әлгі түкті білек, қанды қол Колбинмен былш - былш сүйіскені - ай. Оның қабылдауына кезекке тұрғаны - ай. Кейбіреулер сол Колбинге ақыл айтып, сыбырлағыш болғанын әлі күнге дейін мақтаныш етеді. Әй, сорлы-ай... Үлке – е - ен Жендетке«ақылман» болып, ұлтын сатқанның несі мақтаныш. Масқарапаз болғанын сезбеді - ау.
Мына фильмде сол сияқты масқарапаздықтың нышандары бар. Ресейден лезде жеткізілген спецназбен қоса, өзіміздің қазақ погондылары, арматура, темір таяқпен қаруланған орыс жасақшылары жас өрім қазақ ұл-қыздарын аяусыз жықты - ау соққыға. Өліп кетеді-ау, қыра бермейік деген сезімнен хабар жоқ. Қайта құшырланып, құлқын қағып, қан тілеп құтырады ғой. Жабайы хайуанның жендеттік психологиясы лезде оянып шыға келеді.
Аланда ұрғанын ұрып, соққанын соғып, жап-жас қыздарды шашынан сүйреп жабық машинаның ішіне қамап, түн ішінде қала сыртындағы қоқыс тастайтын орға жардан лақтырғаны - ай. Жап - жалаңаш шешіндіріп лақтырды ғой. Жерде қар, сақылдаған сары аяз. Қас қылғандай, сол кезде күн де ерекше суып кетті ғой.
Бұрын көпшілік осылай да осылай болыпты деп, еміс-еміс есітетін.
Бұл фильмде мұның бәрі сол күйінде көрсетіледі. Жан түршігерлік шындық айғағы.
Гитлердің фашистері де концлагерлерде мұндай сұмдыққа бара бермеген.
Сонда мұншама қатыгез, соншама аяусыз айуандық бізде қайдан оянып шыға келді?
Әлі күнге дейін кешегі империя етігінің темір өкшесін аңсайтындар бар. Әлдеқалай империя құшағына қайта кірсең тұяқ серіппе. Тұяқ серпісең күнің әлгіндей болады. Империя табиғаты, оның мінез - құлқы сондай. Таңғаларлық мінез, сол империяға кайта қосылайық деп ұран тастайтын ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсінбейтін шала қазақтар герой болып, қоқырайып жүреді. Көпшілік оған қол шапалақтайды. Сонда бұл ұлттық сананың мүкістігі ме, немене...
Апыр-ай, айтуға ұят, айтпайын десең арына қиянат, сонда сол Колбинге қол қусырып, басын иіп тұрып:
— О, айналайын ақ патшам, жиырма бес жыл бойы басымнан Қара бұлт арылмай қойып еді, міне, енді сен келіп, таңым атты, к үнім шықты! — деп, беркін аспанға атып қуанған қартамыс қазымырды да көрдік. Неге жиырма бес жыл? Жиырма бес жыл Қазақстанды Дінмұхаммед Қонаев басқарды. Әлгі жалаңқия сөзді айтқан жазушы жиырма бес жыл бойы Қонаевтың ерекше ілтипатында болып, қамқорлығын көрді. Орнынан Қонаев қалай
түсті, әлгі үшін ол демде «қара бұлт» болып шыға келді. Халқына, Отанына, астанасына қан жаудыра келген Колбинге қошамет қыламын деп, жас өрімдердің төгілген қаны менен көз жасынан жасқанбай жағымпаз болып, өзеурей жалпаңдағандарды да көрдік.
Дегенмен жас баладай кексіз халықпыз. Геноцид — аштықтан жартымыз қырылып қалып, қарны тойған күні сол геноцидті ұйымдастырғандарды ұмытып жүре берген халықпыз. Әрине, ұмыттырды, зорлап ұмыттырды...
Желтоқсанды да жай елеңсіз оқиға ретінде ұмыттырып жібермек болғандар да жоқ емес. Зәуде ұмытып бара жатсақ, мына фильм соны еске салғандай. Желтоқсан — тек Колбинге ғана қарсылық емес. Бұл империялық қорлыққа, зорлыққа қарсылық. «Мен — қазақпын!» — деп қасқая тұрып айта алмай, тілі байланып, аузы буылған азапқа қарсылық. Ұлттығыңды жойып, тілінді кесіп, аузыңды буа берсе қорқақ боласың, бүгежек, именшек боласың.
Тәуелсіздік таңы жанадан атқанда, тіл туралы Заң шығып, қазақ тілі жеке-дара мемлекеттік тіл атанғанда, қазақтың еңсесі - едәуір көтерілді. Қазақша жаңадан мектептер ашыла бастады. «Болашақ — казак тілінде» деп көп ата-ана балаларын қазақ мектептеріне қарай жетектеді.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың тілі шын мәнінде үстем тіл болуына, мемлекеттік тіл болуына шенеунік топтар жол бермей қойды. Өйткені билік басында түрі қазақ, тілі орысша шыққандар отырды. Әлі де отыр. Олар мемлекеттік тілді жай әншейін қуыршақ тілге айналдырды. Өйткені казак тілінде олар іс жүргізе алмайды, ел алдына екі ауыз сөз айта алмай, шалалығын көрсетіп алады. Сонысын жасыру үшін де ол орыс тілінің мәртебесін асыруға өте - мөте мүдделі.
Нәтижесінде кешегі ата-аналар бүгін балаларын қазақ мектебінен қайтарып алып жатыр. Өйткені «мемлекеттік қуыршақ» тілдің болашағы тым бұлдыр. Билеуші топтың осы пиғылын көріп - білген Масанов сияқты ғалым - нигилистер: қазақ тілі — мемлекеттік тіл болуға жарамайды, мейлінше жұтаң, жетім тіл деп сайрап шыға келді. Бұлайша айту оған өте тиімді. Өйткені орыс тілінде ол судағы балықша жүзеді. Ал қазақ тілі үстем болып кетсе — жеп жүрген нанынан айырылып қалады. Өз қарынының қамы үшін халқын, ұлтын қорлап сорлағандар осылар.
Бірақ билеуші топ сол Масановқа: «Оу, жолдас, мұның жала ой, қазақ тілі дүниежүзілік әдебиетті аударып меңгерген тіл. Тарих, экономика, саясат, техника ғылымдарына құдіреті жететін тіл. Не деп сандырақтап жүрсің?» — деп ақырып айта алмайды. Қайта Масановтарды іштей қолдайды.
«Аллажар» фильмі — осындай іштен қадалған шаншудай туыстарымызға» да қарсы наразылық.
Желтоқсаннан кейін ойранды отыз жетінші жыл лезде төніп қалғандай заман кештік. КГБ жарықтық қылышын жалаңдатып шыға келді. Мен онда «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор едім. Сонау Павлодардан арнайы шақыртылған қазақ кэгэбэшник күнде менің кабинетімнен шықпайды. Қызметкерлердің «делоларын» алдырады. «Мына Әмірхан Меңдеке деген қандай адам? Қайдан келген? Мінез - құлқы қалай? Жүріс - тұрысы, пиғылы қандай?» Сұрақтарының сықпыты осылай болып созыла береді. Баяғы жаттанды, таптаурын сауалдар.
Бұл жағдай қазақ мекемелерінің бәрінде болды. Студенттерді топ-тобымен комсомолдан шығарып, институттан қуып жатты. Көбін қамауға алды. Ал із-түзсіз жоғалып кеткен жастардың, елдегі ата-аналарының аузына тас құлып салынды. «Балам қайда?» —деп айқайлауға үні жоқ. Отыз жетінші жылғы үрей осылай оралды.
Осындай қоғамдық-әлеуметтік сілкіністер, буырқаныстар кезінде нағыз геройлар тереңде қалып, шөп-шалам, балдыр - батпақтар толқын жалына мініп алып, теңіз бетіне шығатын болады. Желтоқсанда да мұндай аз кездескен жоқ. Мына аталған фильмге дейін түсірілген құжатты фильмдерде кабинетте бұғып отырған біреулер өзін герой етіп көрсетіп, Желтоқсан туралы пәлсапа соғатын.
Ал шын қайраткерлер қала береді. Өйткені олар «Мен! Мен!» — деп кеудесін соға бермейді. Дегенмен Шортанбай ақын айтқандай:
Сұғанақ болып ұрынба,
Сыбағаң болса, тұрып ал!
Қазылған ор кез келсе,
Атыңның басын бұрып ал!
Мен «сыбағасынан» құр қалып жүрген нақты екі адамды білемін. Бірі — КазТАГ - тың сол кездегі директоры, ғалым, журналист Жұмағали Ысмағұлов, екіншісі «Жетісу» газетінің сол кездегі бас редакторы Мамадияр Жақып. Желтоқсан қаһармандарына сот болып, соттың қатаң үкімі жарияланған сәтте бес қаһарман қазақ баласы соттың алдында қасқайып - қасқайып тұр екен. Сол сот суретке түсірілген. ҚазТАГ директоры оны редакцияларға таратқан. Газеттердің көбі сақтық жасап, оны жарияламаған. «Жетісу» жариялап жіберген.
Колбин мен колбиншілер ашуға булығып, өз қарындарын өздері жарып жібере алмаған соң зәрін жаңағы екі журналистке төгеді ғой. Жұмыстан, партиядан қуылады. Тіпті соттамақ та болады. Жұмысқа орналасу қайда? Мамадияр Қаскелең аудандық газетіне техникалық қызметкер болып әрең орналасса керек.
1989 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып барғанда, Мамадияр редакция секретариатында макет сызушы болып отыр екен. Бірден бөлім меңгерушілігіне тағайындалып, редколлегия құрамына енгізіледі...
«Аллажар» фильмнің аты. Алла жар бол сын дегені ғой.
Бұл кезенді «өтпелі кезең» деп қойыпты. Сол өткелде қалтылдақ үстінде келе жатқандаймыз.
Әйтеуір Алла, жаратқан құдірет жар бол сын!
Фильм кемшіліксіз емес. шұбалаңқы. Кино сыншыларының көзімен қараса басқа да артық - кемі бар шығар.
Мен сыншы емеспін. Менің қатардағы көрермен ретінде айтпағым: «Аллажар» сананы оятып, көкіректің түкпір-түкпіріне сәуле түсіргендей. Желтоқсанның әлі де ақталмаған құрбандары бар.
Ал сол сойқанда шейіт кеткен жалғыз Қайрат Рысқұлбеков қана емес. Тағы кімдер? Оларды зорлап, қорлап, өлімге кесіп, үкім шығарғандардың бір тал шашы қисайған жоқ. Неге?
Жауабын Парламент әлі айтқан жоқ.
Фильм шындықтың шымылдығының бір шетін ғана түргендей. Ал түгел шындық әлі қалың шымылдықтың ар жағында жатыр. Бұл фильмнен аңғарарымыз: мұхиттағы мұзтаудың төбесі ғана көрінеді, денесі теңіз тереңінде...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі