Жазушы Ғалым Ахметов — 90 жаста
«Жақсы адам қартайса — қазына» деген дана сөзді бабаларымыз айтқан. Бабалар айтып, бізге жетсе, ол сөздің асыл болғаны.
Бұл заманда қазына қарттар көп пе? Бір ауыл елді ақылмен асырап, жөн сілтеп, тәрбие мектебі болып отыратын қарттар қайда, немересімен бірге арақ ішіп алжып отыратын кәрілерді көргенде, апыр-ай, асылдар қайда деп аңсайсың.
Аңсағаның табылса, жаның жадырайды. Ертерек, Жазушылар одағы әлі азбай-тозбай тұрған кезде, сол одақтың шығармашылық үйінде мен сондай қартпен дастарқандас болдым. Ол кезде жасы сексенде еді. Қызылшырайлы өңінен нұр шашып тұрғандай, ұдайы жымияды да жүреді. Өмірі қабақ шытқанды білмейді. Қазіргі тілмен айтқанда, бір жымиып күлгенінің өзі «миллион долларлық». Өйткені ол күлкі иіріміне иман ұялаған. Соны көріп сен де жайдары, жадыра болғың келеді.
Жаратылысы бөлек, кесек тұлға. Сұңғақ бойлы, қарттығына қарамай, тіп-тік. Ол ұдайы тауға шығатын. Қасына мені ертіп алады. Анау-мынау сылтау айтып, қалып қояйын десең, көнбейді. «Жазушының дені сау болсын, аурушаң болсаң, дүние қызық емес», — дейді ол.
Мен ол туралы кезінде «Жүрекке әжім түспейді» деген деректі әңгіме жаздым. Менің кейіпкерім — бүгінгі тоқсанға толып отырған патриарх жазушы — Ғалым Ахметов.
Құлағының мүкісі болмаса, әлі тың. Белі бүгілген жоқ. Қолынан қаламы түскен жоқ. Сол қаламнан талай-талай туындылар шықты. Орысшадан қазақшаға қаншама кітап аударды. Осы жылдың жүзінде оның «Алаш Алаш болғанда» атты бір томдығы жарық көрді.
Басқа кітаптарын, публицистикалық шығармаларын былай қойғанда, осы жаңа кітаптарының құндылығы ерекше.
Алаш, Алаш дейміз, көбіміз мәніне жете түсіне бермейміз. Бәлкім, бұған кезінде бұл сөзге қатан тыйым салынғандығынан болар. Ал енді Ғ алым Ахметовтың туындысын алыңыз да оқыңыз. Алаш деген не, «Алаш» деген не, «Алашорда» деген не — бәріне жауап бар. Ең құндысы: 1917 жылы 1-сәуірде Орынборда тұңғыш казак құрылтайының шақырылғаны; онда қаралған мәселелер; баяндамашылар; құрылтайға катысқан делегаттардың аты-жөні — бәрі жазылған.
Мұның бәрі автордың мұрағат актарған азапты еңбегінің жемісі. Орынбор мұрағатында талай тарих жатыр.
Кітаптың бір тарауы — Түркістан Республикасына арналған. Бұл жайындағы мұрағат материалдары маған етене таныс.
Ташкенттің мұрағатында отырып, көз майын тауысқандардың бірімін. Ал Ғалым Ахметов сол құнды материалдардың мәйегін оқырмандарға жеткізе білген.
Күні кешеге дейін коммунистік идеология санамызға тоқпақтап сіңірген бір өтірік: Қазан төңкерісіне дейін қазақ жаппай сауатсыз еді дегені. Екі-ақ пайыз ғана сауатты еді деді ғой. Жерден жеті қоян тапқандай, сол пайызды байыбына бармай қайталай бердік. Ау, қазақтың көбі арабша әліпті танушы еді-ау, сол сауаттылыққа жатпай ма екен деп ешкім жақ ашпайды ғой.
Сөйтсек, Қазан төңкерісіне дейін де қазақтың орысша оқыған, жоғарғы оқу орындарын тәмәмдаған жастары біршама бар екен. Ғалым Ахметов соларды тәптіштеп тауып, бәрінің аты-жөнін, қайда, қашан оқығанын, қай өлкеден шыққанын түгел деректермен береді. Бұл қазақтар Петербург, Мәскеу, Қазан, Киев, Том т.б. қалаларда оқыған. Олардың арасында көбіміз білетін Бақытжан Қаратаев (Оралдан) Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітіріп шығыпты. Ал академик Нәйлә Базанованың әкесі Оразқұл Базанов, Тұрар Рысқұловтың, әйелі Әзизаның әкесі Түбек Есенқұлов Қазанда малдәрігерлік институтын бітіріпті. Нәйлә Оразқұлқызы мен Әзиза Түбекқызы туған бөлелер.
Ғалекең тапқан құжаттар арасында Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқығандар туралы да құнды деректер бар.
Сондай-ақ, патшалы Ресейдің Думасына депутат болып сайланған қазақтарды да түгелдеп шыққан осы біздің Ғалекең.
Ғалым Ахметов — тағдыр қош көріп, тоқсанның шыңына шықты. Сол шыңның биігінде тұрып артына бұрылып қараса, қытымыр да қызық сан қилы өмір жолы жатыр.
Сол жолда ол казак деген халықтың талай-талай нар тұлғалас ұлдарын: Ахмет Байтұрсынұлын, Тұрар Рысқұлұлын, Мағжан Жұмабайұлын, Смағүл Садуақасұлын, Нығмет Нұрмақұлын, Жаһанша Досмағамбетұлын т.б. көптеген қайраткерлерді өз көзімен көріп, сөзін естіген. Және олар жөнінде «асыл ағаларым» деп тебірене қалам толғап еді.
Ғалым Ахметов — биік білімді кісі, арамызда жүрген тірі энциклопедия екені ақиқат. Бірақ соншалықты байтақ білімді атақ-дәреже үшін жинамаған, халық үшін, қалың оқырман үшін жинаған адам. Оның осыншалық еңбек қорлығы бәрімізге, білімге құштар кәрі-жастың бәріне үлгі боларлықтай. Әрбір Алаш азаматы өз халқы үшін осылайша еңбек ете берсе, дүниеде қазақ асқан өркениетті елдер қатарында тұрар еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі