Өлең, жыр, ақындар

«Алаш» ауылы

Анкарадан бес жүз шақырым Ақ теңіздің (Жерорта теңізін түріктер Ақ теңіз дейді) жағасында Измир шаһары тұр. Анкара — Түрік мемлекетінің ресми астанасы, бас қаласы болғанда, Стамбул — түріктің жүрегі іспеттес. Ал Измир Түрік жұмхұриятының басындағы тәждің маңдайлығында жарқыраған гауһар тас сияқты.

Көне замандардан бастап, мыңдаған жылдық бай тарихы бар Ақ теңіз жағалауын кімдер мекендемеген, қанша халық өтпеген. Ал енді сол теңіздің жағасында, Измирдің іргесінде казактың, кәдімгі өзіміздің қазақтың киіз үйі, ақ отауы тұрғаны — бұл да бір дәурен, бұл да бір қилы тарих.

Қайда бармас, нелер көрмес ер жігіт пен ат басы дегендей, дәл қазір бір қазақ азаматының ақ отауынан дәм тату бізге бұйырыпты. Рас, ақ отау болғанда киіз туырлықты емес, Алматының Көк төбесінде бір кезде тәп-тәуір көз тартатын бетоннан құйылған қазақы үйлер болушы еді ғой. Жап-жақсы ресторан еді. Ұлттық тұмардай тәуір нышан. Ол қазір сиқы кетіп, қор болып тұр. Мына үй де қазақ үй пішінде бетоннан құйылған. Сырты аппақ, іші ұлттық бояуға бай.

Үй иесі — Шеризат Түркия қазақтарының дәулеттілерінің бірі. Бәрі де қызыл аяқ кар кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, табан ақы, маңдай термен табылған дүние. Шеризат мырзаның әр жерде, әр елде оз магазиндері, кәсіпорындары бар. Олардан түсіп жатқан өнім мен өсім аз емес.

Солай. Бұл заманда күн көрістің екі жолы бар. Бірі — еңбек жолы. Бірі — жалқаулық. Еңбекқор бай болады, жалқау кедей болады. Кедей, кедей деп, оны бір артықшылық, сірә бір дәрежедей көрудің орны жоқ сияқты. Кедей, кембағал болмауға тырыс.

Ол үшін аянбай жұмыс қыл, кәсіп қыл. Істің көзін таба біл. Қазір қаласаң да, қаламасаң да амал сол. Сауда-саттықпен айналысудың еш сөкеттігі жоқ. Мұны баяғыда-баяғыда Абай талай айтып, қазақтың ұйықтап жатқан санасын оятуға талай талпынған.

Міне, Шеризат сол еңбектің арқасында Измирдің жағасындағы жәннаттай жайдан екі миллион долларға жер сатып алып, үй тұрғызыпты. Айналасында үйір-үйір жылқы жүр. Бие сауып, қымыз дайындайды. Бұл оның негізгі кәсібі емес. Негізгісі басқа. Өзінің тұрақты мекен-жайы да бұл емес. Измирде.

— Шеризат мырза, бұған не себеп? — дегенде, оның айтқаны:

— Мен бұл жерден кереметтей пайда табамын демеймін, пайда көзі басқада. Мен мұнда қазақ отауын тігіп, дүниеде қазақ деген ірі халық бар екенін мейлінше паш ете беруді мүдделеген адаммын. Жылқылы ауылдың атын «Алаш» қойдым. Бүкіл Анадолыдан қазақ жеріне ұқсас жер іздедім. Таңдауым осы болды. Эгей теңізінің жағасына жақын. Айналамызда Измир шаһары, Күш атасы курорты. Ежелгі гректердің мекені көрінеді. Одан кейін хет деген халық жайласа керек. XI ғасырда Ертұғырыл бабамыз бастап келіп, оның ісін баласы Осман, немересі Орхан жалғастырып, осы жерлерді алған ғой. Олардың о бастағы шыққан тегі біздің Қазақстан, Орта Азия көрінеді. «Мен қазақ», «мен өзбек» демей, о кезде бәріміз түрік болған көрінеміз.

— Шеризат мырза, бұл Измирде сонда қанша казак барсыздар.

— Жүз сексен қазақ бармыз. Мұндағы қазақтардың ордалы жері Стамбулда. Оны әлі бара көрерсіздер. Измирде қар жаумайды. Жаңбыр көп. Малға жайлы. Не керек, бәрі бар, бұл жақ бізге бөтен емес, бірақ жүрегі түскір Қазақстан деп сыздайды да тұрады. Сол Қазақстанның осындағы бір белгісі ретінде осы «Алаш» ауылын тұрғыздым. Жүз жыл тұрсын. Мәңгілік ешкім жоқ. Осы белгі қалсын. Кейін-кейін қазақтар келіп көріп жүрсін.

— Ал енді осы үш-төрт үйір жылқының қымызын қайда жіберіп жатырсыздар.

— Әзірше ешқайда да. Жақында халықаралық жәрмеңке болды. Сонда апардық. Жақсы бағаланды. Қымыздың қадірін Ауропа (Еуропа дегені — Ш. М.) біле бастады. Қазір бұл қымызды Алманияға (Германияға) Қазақстаннан көшіп келген алмандар (немістер дегені — Ш.М.) ашыта бастады.

— Шеризат мырза, мұндағы қазақ жастарының талаптануы қалай?

— Жастарымыз жаман емес. Жалқауы жоқ. Ата-ана, аға сыйлау жағынан да көргенді. Ал бірақ кәсіп қылып, пара (түрікше ақша дегені — Ш.М.) табу қызығына түсіп кетті, оқуы кемдеу болып жатыр.

— Ал енді түріктермен араңызда қарым-қатынас қалай? Бөтенсінбей ме?

— О не дегеніңіз. Біз о баста Шығыс Түркістаннан шыққанда, тау асып, тас басып, Тибеттен, Гималайдан етіп, Үндістанға жеткенде, Үндістан өкіметі бізге азаматтық бермеді. Иран да сөйтті. Қорлықты көре-көре көп қырылдық. Ақыры «түбі бір туысқан еді ғой» деп Түркия өкіметіне арыз қағаз жаздық. Көп кешікпей рұқсат қағаз алдық. Сол 1950-жылдардың басында осы Түркия жеріне келіп көзіміз ашылды. «Қырық жыл қырғын болса да қиыспайды туысқан» деген осы. Бабамыз Ертұғырыл қара шаңырақ Қазақстаннан, Орта Азиядан кеткелі мың жылға жақындады. Бірақ туысқандық сезім сөнбейді екен. Бұлар бізді бөлектеп жатқан жоқ. Шығыс Түркістаннан шыққанда ру-ру ел, мың-мыңдаған жан едік, содан жол-жөнекей қырыла-қырыла, мұнда сүлдеміз ғана жеткенбіз. Қазір, құдайға шүкір, өсіп-өніп, Түркияда исі қазақ баласы жиырма мыңға жуықтады. Ал осы Түркияда туып, кейін Ауропаға кеткендері қаншама. Тіл-көзден аман болайық, әзір жаман емеспіз, өсіп жатырмыз. Міне, мынау Ұлмаз, — деп Шеризат жас түрік жігітін нұсқады. — Нәсілі түрік, бірақ біз жандай жақынбыз. Балаларым Абылайхан мен Еркіннің досы.

Ұлмаз күлімсіреп басын изеді.

— Мен Қазақстанға барып тұрамын, — деді ол. — Қордайды білесіздер ме?

— Білеміз.

— Сол Қордайда тері зауытын салуға келістік. Сол істі жүргізушілердің бірі менмін, — дейді Ұлмаз.

Ақбоз қазақы үйдің ішінде, Эгей теңізінің жағасында, бұйра-бұйра шатқалдың арасында, Қазақстаннан келген қазақтар мұсылманша малдас құрып отырып шәй іштік, қазақша ет, палау жедік. Ара-арасында қонақ кәдесімен әйгілі домбырашы Қаршыға мен әнші-композитор Алтынбек ән шырқап, күй тартты. Қазақ әні мен күйі десе ішкен асын жерге қоятын мұндағы қазақтар сілтідей тынып тыңдады. Сағыныш жасы көздерінен ыршып-ыршып кеткендері де болды. Өнер құдіреті ол. Соңынан қымыз келді. Шеризат мырзаның бәйбішесі мен қызы Шолпан үй толы адамдарға қымыз ұсынды. Жап-жақсы. Бірақ Алматыда бөтелкеге құйып сататын қымызға ұқсаңқырайды. Мәнісі — ашытқысын Алманиядан (Германиядан) алдырған екен.

Кел демек бар, кет демек жоқ, әттен «Алаш» ауылында әлі біраз жата түссе болар еді, жол қиын. Жол жүріс сағатына, минөтіне дейін есептеулі. Енді осыдан Измир әуе алаңына жетіп, ұшаққа мініп, Стамбулға қонуымыз керек. Амал жоқ, асығасың, амал жоқ, қоштасасың. Қоштасарда Шеризат мырзаның сексендегі анасы Нұрила көзі жасаурап отырып:

— Жорытқанда жолдарың болсын! Аруақ құдай жар болсын! Дүнияда қазақ қауымы бар болсын! — деп бата берді.

— Айтқаның келсін, әзиз ана!

Біздің жігіттер: Камал Смайылов, Қалдарбек Найманбаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Сарбас Ақтаев, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдіков, Алтынбек Сәрсенбаев, Батырхан Дәрімбетов, Сұлтан Оразалинов, Уәлихан Қалижанов, Жарылқап Бейсенбаев, Уақап Қыдырханов, Жүнісбек Сұлтанмұратов, Ерлан Сатыбалдиев, ортадағы жалғыз қызымыз Алтыншаш Жағанова — бәріміз болып, орамал тон болмайды, жол болады деп Шеризат мырзаға қазақтың шапанын кигіздік.

Қазір Түркияда қызу науқан, сайлау науқаны. Мұнда партия көп екен. Жол бойы, көше толған плакат, үгіт-насихатың түрлі-түсті әлеміш жалаушалары. Тұрғыт Өзалдың «Ана Ватан (Отан)» партиясы, Демирелдің «Тура жол» партиясы, Елдар Иненюдің социал-демократиялық партиясы, Түркештің ұлттық-еңбекшілер партиясының көсемі болып, түрмеге түсіп, одан босанысымен қайтадан саясат майданының қып-қызыл отына түсіп жүр екен. Шеризат мырзаның және басқа түркиялық казактардың айтуынша, бұл партиялардың қайсысы жеңсе де, Қазақстанмен достық, туыстық қатынас дамымаса, үзілмейтін көрінеді. Лайым солай болғай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар