Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты жақтаушылар форумында сөйлеген сөз
Алматы. Республика сарайы. 04.01.1999 жыл
Біз жақында жазушы, журналист Камал екеуміз Жезқазған жазирасына, қарт Қарсақбай, Ұлытау өңіріне барып кайттық. Мың-сан сайлаушылармен кездестік.
Мен қазір тек сол халықтан естігенімді айтамын.
Сайлаушылар аманат айтты:
— Дүниеге келген жас сәби жетіге жеткенше жерден таяқ жейді. Одан кейін шінжәу, дімкәс, мешел болмаса жүгіріп жүріп кетеді, — деді.
— Қазақстан атты жас мемлекет азаттық алғалы жеті жыл өтті. Жеті жастан асқанша Қазақстан жерден таяқ жеген жоқ. Жемқорлардан, Парақорлардан, Қорқаулардан қорлық көрді, — деді.
Сайлаушылар өкпе айтты:
— Жер — біздің Анамыз. Анасы баласын қорламайды, — деді.
—Бізді қорқаулардан қорғай алмаған прокуратураға, милицияға, кауіпсіздік қызметкерлеріне, сотқа, кеденге өкпеліміз, — деді.
— Олар тек майда-шүйде шабақтарды аулайды. Шортандар мен жайындар әлі тайраңдап жүр, — деді.
Сайлаушылар аманат айтты:
— Президент Нұрсұлтан қорқаулармен күресті күшейту туралы Жарлық жариялады. Енді содан нақты нәтиже шығарсын деді. Сонда Жер — Ананың дәулеті өзімізге бұйырады. Сонда біз қиналмаймыз, — деді.
Сайлаушылар айтты:
— Кезінде Түркия халқы Мұстафа Кемал Ататүрікке қандай сенсе, біз де Нұрсұлтанға сондай сенеміз, — деді.
— Қазіргі кезең — буырқанған, толқыған телегей теңіз сияқты. Қазақстан сол теңізде жүзіп бара жатқан алып кеме сияқты, деді. Ал капитан — Нұрсұлтан, — деді.
— Қазақстанда Нұрсұлтандай басқа да ұл-қыздар бар, — деді. Нұрсұлтаннан басқа жарамды азамат тумаса, ұлтқа ұят, — деді.
— Бірақ дәл қазір кеме капитанын ауыстыруға болмайды, — деді.
— Қазақстан кемесін көп жылдан бері Нұрсұлтан басқарып келеді, қалай басқаруды біледі. Ол — теңіздің қыр-сырын жақсы меңгерген. Жаңадан басқа біреу келсе, ол теңіз астындағы жасырын жартастарға, жау тастарға кемені соғып алуы мүмкін, — деді.
Сайлаушылар сенім айтты:
— Алып кемені дауылдан аман алып шығатын Президент Нұрсұлтан, — деді.
— Қазақстан есімді алып кемені Нұх пайғамбар сияқты жартастарға, жау тастарға соғып алмай, ашық айдынға, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жасыл жағалауға алып шықсын Нұрсұлтан, — деді.
Тағы да сайлаушылар айтты:
— Нұрсұлтан бізді бәле-жаладан, қараниет қақтығыстардан аман алып қалды, — деді. Біздің дұғамыз: Өзін өлме, өзгені де өлтірме!
— Нұрсұлтан бізді әлемге танытты. Әлем бізді мойындады. Әлденіп алсақ, әлем бізді сыйлай түсетін болады, —деді.
Сайлаушылар аманат айтты:
— Нұрсұлтан халықаралық, ұлтаралық дана дәнекер. Шекарамызды таспен де, доспен де қоршай берейік, — деді.
Сайлаушылар өкініш білдірді:
— Республика ауыл шаруашылығының көсемдері көзімізге көк шыбын үймелете жаздады. Нұрсұлтан осыған қатты назар аударсын, — деді.
— Ауыл мәдениетін, жалпы мәдениетті өлімсіретпесін,—деді. Ататүрік айтқан: «Мәдениеті кем ел — бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ кемтар адам сияқты» деген.
Біз көрген, біз тыңдаған халықтың талап-тілегі, аманаты осындай.
Лайым да осы тілек қабыл болғай!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі