1997 жылы күзде ЮНЕСКО Мухаммед Хайдар Дулатидың 500 жылдығын дүние жүзінде кеңінен атап өту туралы шешім қабылдайды.
Одан бір жыл бұрын «Егемен Қазақстан» осы бес жүз жылдық туралы халықты хабардар етті. Қапы қалмайық деді.
Осыдан бір жыл бұрын Мухаммед Хайдар Дулати қоры құрылды. Сол қор атынан төраға Асанбай Аскаров Үкіметке үш рет хат жолдады. Ондай хатты Парламентке де, кейбір облыс әкімдеріне де жазды. Әкімдер уәдеден әрі аспады. Ал Үкіметтен ләм жоқ.
Міне, мынау 1999 жыл — сол бес жүз жылдықтың дәл өзі. Дәл осы кез. Республика Үкіметінің. қаулысы жоқ. Сонда...
Сонда Мұхаммед Хайдар Дулати басқа елдерге керек те, өз туған халқына керек емес пе?! Мүмкін, солай да шығар. Өйткені кейбір тұмсықтар жоғары көтеріліп: «Ой, ол Ташкентте туған. Кашмирде өлген. Қазаққа қандай қатысы бар?» — деп кергитін көрінеді. Бұл бейшаралық.
Әл-Фарабидің 1100 жылдығы қарсаңында да кейбір кер ауыздар: «Ой, ол казак емес», — деп шыққан. Сол Әл-Фарабиден қазақ абырой алмаса, не зиян шекті?
Ал Мухаммед Хайдар Дулати қазақтың шын перзенті.
Кім қайда тумай жатыр. Көп қазақтар дәл қазір Америкада, Австралияда, Еуропада туып жатыр. Көп казактар шетелдерде жұмыс істеп жүр. Енді солардың бәрін: «Ой, олар қазақ емес», — дейміз бе?!
Мұхаммед Хайдар Дулати — қазақтан шыққан тұңғыш ұлы тарихшы ғалым. Ол ақын. Ол философ, ол қолбасшы. Ол мемлекеттік қайраткер.
500 жылдыққа дайындықты ең алдымен Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Тарих институты бастауы керек еді.
М.Х. Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты ұлы кітабын қазақшаға аударып, мүшелтойға тарту ретінде дайындап, кітап етіп шығарып қоюы керек еді. Ал ол кітап әлі қазақшаға аударылып біткен де жоқ.
Басқа елдер, ағылшындар, Еуропа елдері, жанымыздағы өзбектер әлдеқашан аударып, басып қойған. Қазіргі қай елдің тарихшылары болмасын, орта ғасырлардағы Орталық Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Пәкістан, т.б. туралы жазғанда бәрі де М.Х.Дулати еңбегіне сүйенеді, кесек-кесегімен пайдаланады. Яғни қаймағын қалқып алады.
Мысалы, біздің ұлттық Академияның Тарих институты Қазақстанның тарихын бес том етіп шығарып жатыр. Алғашқы
екі томы шықты да. Алып қарасаң бастан-аяқ М.Х.Дулатидың, кітабынан ұзақ-ұзақ дәйектемелер алған. Онсыз тарих шала-жансар. Сөйте тұрып, оның өзін жеке кітап етіп шығаруға шамалары келмейді.
Ал өзбектер басып шығарған Дулатидың «Тарих-и-Рашиди" («Ақ жолдағылар тарихы») сыпайылап айтқанда піштірілген». Олар кітапта казак иісін қалдырмауға тырысқан. (онда не керек?)
Өз тарихымызға деген ынта-ықылас, отан сүйерлік пәруана қасиет керек. Осындай қасиеті барларың бірі —ғалым Әбсаттар Дербісалиев. Бір өзі бір институттың жұмысын атқарып жүрген (ол. Мухаммед Хайдар Дулати туралы деректерді дүниенің түкпір -түкпірінен тірнектеп жинап жүрген сол. Ұлы ғалымның Кашмирдегі «Сұлтандар зиратында» жатқан моласын да бірінші Солып іздеп барып, тапқан сол. Ұлтына, халқына беріле кызмет істеді деп, міне, осындай азаматтарды айтады.
Екінші — Тараз университетінің ректоры — Уәлихан Бишімбаев. Осы университеттің қабырғасында ол Дулатиға арнап екі рет халықаралық ғылыми конференция өткізді. Университеттің алдына Мухаммед Хайдар Дулатидың еңселі ескерткішін орнатты. Оның салтанатты ашылуына Президент
Нұрсұлтан Назарбайдың өзі қатысты. Бұл университетке М.Х.Дулати есімі берілді. Осы жерде ғалымдардың Дулатитану орталығы ашылды.
Сонда бұл ұлы бабамыз тек Тараз қаласының ғана үлесіне тиген бе? Ол бүкіл казактың, бүкіл түрік нәсілдес елдердің маңдайға басар мақтанышы емес пе? Әлде біз әлі шын мәніндегі ұлт дәрежесіне жеткен жоқпыз ба? «Е, ол кісі дулат тайпасынан шыққан екен. Онда біздің шаруамыз не?» — десек, қазақ болғанымыз қайсы?!
Осындай ұлы тұлғаларды құрмет түту рәсімі тек сол тұлғаның туған жерінде ғана емес, шыққан ру-тайпасында ғана емес, исі қазақтың мектептерінде, жоғары оқу орындарында білім-таным ретінде аталса, жас ұрпақ ұлылыққа ұмтылмай ма, талапты болуға талпынбай ма? Тағлым-тәрбие деген осы емес пе?
М.Х. Дулатидың 500 жылдығына арналған ғылыми конференция ең алдымен Астанада өткені жөн. Басқа облыс орталықтарында өткізілсе де құба-құп.
Үкімет қиналатындай дәнеңе жоқ. Мың үй тігіп, бір үйір жылқы, бір қора қой союдың, да қажеті болмас. Арақ-шарап дария боп ағып жатса, ол той күнәкар, рухқа обал.
Ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары Дулати туралы ауыздарын бүрістіре буып алғанын қойса екен.
Президент биылғы жылды: «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жариялады. Ендеше қазіргі ұрпақ, келер ұрпақ Дулати сияқты ұлы бабаларды танымаса, білмесе, оның несі сабақтастық?! Ұлы бабалары болғанын білген жеткіншек өзі де ұлы болуға ұмтылмай ма? Ұлы бабалармен мақтанған дұрыс. Бірақ өзің сол бабалардың ұрпағымын деп мақтануға татисың ба? «Бабам ұлы» деп күпсініп, өзің мәстек болсаң, сол қиын.
Осыны түсінген жеткіншек, тым жетесіз болмаса, өзі де Сырым батырға, Тәуке ханға, Қабанбай батырға, Құрманғазыға, Қазанғапқа, Бауыржан батырға (қайсыбірін айтайын) ұқсағысы келіп тұрар еді.
Президенттің жарлықтарының жаманы жоқ, бірақ орындалуын айт. Ал енді осы Ұрпақтар сабақтастығы, бірлігі туралы жарлықтың шоктығы биік. Тек әдеттегідей, бір сәттік науқаншылдық науқасына бұл да шалдықпаса екен.
Өйткені кейінгі зиялы жастар арасында алдағы аға буын іс-әрекетін ақ-қарасына қарамай, жаппай қаралай салу сияқты тым максималистік көзқарас қылаң беріп қалып жүр. Жастыққа максимализм жарасар да. Бірақ бірбеткей, дүлей күшті ақыл-ой, сана сәулесімен нұрландыруға да болар еді.
Алдыңғы ұрпақтар болмаса, сен қайдан шықтың? Ертең сен де қартаясың, сонда сон-а-оу келер ұрпақ сенің де бетіңнен алып жатса не болмақ?!
Ұрпақтар бірлігі, сабақтастығы әлдеқандай жекелерге ғана емес, тұтас ұлт үшін, халық болашағы үшін керек.
Бүгінгі тірі жүргендер кешегі өткен буындардың жемісі. Өткен ата-бабалар бүгінгілердің терең тамырына айналған. Тамыры тереңде болмаса, бүгінгілер құлап қалмай ма?
Ал бүгінгі ұрпақ ертеңгілер үшін жауапкер. Ертеңгі азаматты қалай тәрбиелеп, неменеге баулып жатырсыңдар? «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады».
Сонда біз коғамның ертеңгі тірегін бүгін қалай өсіріп жүрміз. Қазіргі мектептер — дімкәс. Қазіргі ата-ана — қауқарсыз (Аз санды жаңа байларды қоспағанда). Бұрынғы мақалды сәл өзгертіп айтқанда: «Бақпаса мал кетеді, қарамаса бала кетеді». Қазір түрмелерде кім көп — жасөспірім көп. Ұрлықты кім істейді — көбінесе жастар істейді. Базарда кім көп — жеткіншектер көп. Статистиканың балалардың бәрі оқиды дегені өтірік.
Сонда қазір тәрбие кімнен? «Тәрбие» көбінесе имансыз коммерциялық теледидардан. Шетелдік-импорттық рухани интервенциядан. Шетелдік-импорттық рухани колонизатор жастарға, буыршындарға, бүлдіршіндерге, жеткіншектерге не үйретіп жатыр? Имансыздықты, ұятсыздықты, ұрлық-қарлықты, жауыздықты, қатыгездікті үйретіп жатыр.
Ал оның жемісін күнде көріп жүрміз. Не көп — кісі өлтіру көп. Не көп — ұрлық көп. Не көп — зорлау көп. Тағысын тағы толып жатыр. Енді сол орасан шабуылға қандай тосқауыл қойып жатырмыз? Қара дүлей күшке қарсы қояр қандай қару бар?
Дәрменсіз болып отырмыз. Идеология бізге керегі жоқ дедік. Ал жат елдердің бізге жаппай жұмсап отырғаны — идеология. Бір оқ шығармай санаңды, рухыңды, жан-тәніңді, ақыл-ойыңды жаулап алу, сөйтіп сені құлақ кесті құлға айналдырып, мәңгүрттендіріп, ұлтыңды, тегіңді ұмыттырып, дию пішіндес ету идеологиясы.
Осындай идеология таратуға қақпаны ашып қойғандар — өз ұлтының, өз мемлекетінің мүддесінен, тәуелсіздігінен гөрі, диюлардың көсемі Люцифердің қармағына ілініп, алтынға алданғандар. Ал алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ. Ол ауызы қисық болса да, айтқанын істете алады.
Қолдан әлсіретілген ұлттық мәдениет, жүдеген ұлттық рух шетелдік имансыз басқыншылыққа қарсы тура ала ма? Қарсы түру үшін бүкіл халықтық қаһармандық әрекет керек. Ұлттық ұрпақтар бірлестігі енді он есе, жүз есе керек. Әккі саясаткер Черчилль айтқандай, біз «қиыншылықты қолдан жасап алып, қаһармандықпен» жеңуімізге тура келеді.
Кәрілер, егделер, жастар ырду-дырду болмай күш-жігер бірлестірсе, тағдыр сабақтастығын сақтаса, ескексіз қайық қалымыздан арылармыз. Бауыржан Момышұлы Жазушылар одағының бір үлкен жиналысында: «Байлаулы бұзау бұқа болмайды», — деп еді. Қариялар, егделер жастарға үміт артар болса, ал жастар қариялардың сақалынан ала бермесе, бірлесу деген сол.
Міне, сол үшін де тарих тамырына үңіле берсек, тағлым көп.
«Әкелер мен балалар» проблемасы деген батыстан келген кесел. Қазақта ондай проблема болған емес.
Әкелерін қартайғанда «Жетімдер үйіне» апарып тастайтын тәсірсіздікті қазақ бұрын бастан кешкен емес. «Бүгін не ексең ертең соны орарсыңды» біздің халық қағида тұтқан.
Әңгімені Мұхаммед Хайдар Дулатиден бастап, ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығына жалғап жіберуде мән бар. Оны көкірек көзі ояу әр азамат түсінер деп үміт етемін.
Сәуір, 1999 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі