Шерханға хат
Құрметті Шерхан! «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі солай бұрылады» деген емес пе? Осы экономикалық реформаны, нарыққа жолды бастаған Ресейге еріп, біз де қойып кеттік. Осы бес жыл бойы соларда бүгін не болса, ертең бізде де тап сол болатынын көріп, көзіміз жетіп келеді. Олар жұмыс істеп тұрған мыңдаған зауыт-фабрикаларды токтатты, қалғандарын жекешелендіріп, тоз-тозын шығарды. Ақыры онда да, бізде де сонау бір кездегі қуатты, мықты өнеркәсіптің жартысынан азы (40 пайыз) ғана қалды. Өндіріс көлемінен 80-жылдардың, ауыл өнімі жағынан 70-жылдардың, құрылыс саласынан 60-жылдардың, жалпы халықтың тұрмыс-тұтыну мөлшерінен 50-жылдардын деңгейіне дейін құлдырап төмен түстік. Экономика министрі Ресейдің экономикасын қайта құру, жандандыру ісі кемі 15 жылға созылады да, оған бір триллион доллар қажет болады дейді. Ал енді Шешен шығынын қосқанда екі триллион доллар қажет болады. Мұнша қыруар қаржыны кім береді? Қазір бүкіл дүние жүзіндегі дамыған елдердің басқаларға жылына беретін қаржы көлемі 325 миллиард доллар екен. Демек сол дүниежүзілік айналымда жүрген бар қаржының үштен бірін жыл сайын Ресейге беріп отыру керек. Оны кім береді, оған кім көнеді? А л Ресейдің өз қазынасы оған маңайламайды да!
Қазақстанда ше? Шетелдіктердің басқаруына берілген бағалы өнімдер шығаратын аса ірі, пайдалы да тиімді кәсіпорындар, Шерхан-ау, алынған өнімді өздері сатады және кімге, қаншаға сатса да өз еркі екен. Ең ғажабы, біздің заңымыз оларға қосымша күн салығын төлемеуге де ерік беріпті. Жезқазған мыс өндіріс орындары осыдан жарты жылда 3,2 миллиард теңгенің салығын төлемеген. Сол сияқты бар өнімін түгелдей шетелдерге сататын Өскемен комбинаттары, Соколов-Сарыбай кеніші, Павлодар алюминий зауыты да сондай салықты төлемейді. Қайта осы кәсіпорындар бір тоқсан ішінде бұрын берген қосымша күн салығынан 3 миллиард теңгені қайтарып алған. Қарағанды металлургия комбинатының иесі Испат-Кармет 1,2 миллиард теңгені қайтарып алған. Бюджетті содан жанталасып, тұрғын үй ақысы, ұсақ қызмет есебінен, шағын салалардан толықтырмай не істейміз?
Жақында үкімет басшылары енді көмір мен темірді тонналап есептемеу керек, оларды ақшалай бағасымен есепке алу дұрыс деді. Иә, қаржы-қаражат билеген мемлекетте бар дүние-мүлікті ақшалай бағалаған дұрыс та шығар. Бірақ дүние жүзіндегі барлық елдерде мұнай, көмір, руда, қара және түсті металдарды, тіпті алтын мен уранды да тонналап өлшейді де, тоннамен есептейді ғой. Одан неге қашамыз? Оның себебі — көп жыл бойы көп көлемге, миллиондаған тонналарға үйреніп, бәрін сонымен өлшеп-бағалап қалған халық қазір де сол тоннасын іздейді, соған қарап өнімдердің азайып-көбейгенін біліп отырады. Міне, мәселе осында. Қазір ол тонналар 4-—5 есе кеміп кеткен.
Бірер мысал. 1990 жылы Қазақстанда мұнай 22 миллион тонна еді, енді 14 млн тонна ғана болып отыр, көмір — 131 миллион тонна еді, енді 50 миллион тонна айналасында.
Бір кезде сонша миллион қойдың қажеті бар ма, қойды көбейтпей-ақ ет пен жүн таба аламыз деген еді үкімет басшысы. Содан қойды азайтып, 36 миллионнан қанша жыл еңбек-бейнетпен жеткен едік) 16 миллионға дейін азайттық. Оның есесіне етті, шұжықтарды шетелдерден долларға сатып аламыз.
Американдықтар кұстың кеуде етін өздері жейді де, сидиған сирақтарын бізге жібереді екен. Ал өзіміздегі 50 миллион бас құсты жемсіз, күтімсіз қалдырып, 20 миллионға түсірдік. Қандай обал десеңізші! Шетелдерге берген қаржыға сол құсқа неге жем әпермедік. Әне бір жылы егін жақсы шығып, 16 миллион тонна астық қызылдағанда, онша астық қажет емес, бұдан азы да жетеді деп айтқанбыз. Енді қарасақ, сол астықты алтынға алушылар көбейіп жатыр...
Шерхан, ауыл халі туралы жанын ауырып, қиналып жазғаныңды мен әбден түсінемін. Баяғыда мектеп бітіргенше жазғы демалыста шешеме жәрдемдесіп, қозы баққан, бұзау қайырған ауылымыз ғой. Ондағы қиындық соғыстан келгенін бәрі түсінетін, шыдайтын. Ертең бәрі түзеледі, орнына келеді деп үміттенетін. Қазіргі қиындық, кім жасаса да, қолдан жасалынды ғой. Мұның аяғы немен тынарын да, қашан тығырықтан шығатынын да ешкім айта алмайды.
Бір құрт кеміп, жартысынан аз ғана қалған қой басы енді қайтып көбеймейді. Сол алдындағы 20 миллионға жуық қойынан айырылған қойшылар таяқ ұстап қаңғырып қалды. Қанша қойшы жұмыссыз қалды, есептеп берші дейсің сен. Оның есептейтін ештеңесі жоқ. Сол жойылған 43 мың отарды бағатын 130 мың қойшы жұмыссыз қалған. Олардың отбасында күн көріп отырған адамдардың саны (бір үйде 7-8 адамнан десек) бір миллионға жақындайды екен. Олар енді қайда барып, не жұмыс істеп, қайтіп күн кереді? Өткен жылы ауылдан 275 мың адам көшіп кетіпті. Бұл да кемі бір жарым миллион адам! Олар босып қалаға келеді. Қалалардың өзінде қазір бір миллионға жуық адам жұмыссыз жүр. Алматыда Сейфуллин көшесінің бойында арықты жағалап отырған жас жігіттерді көрдің ғой. Солар біреу келіп алып кетер ме деп, жұмыс күтіп отырғандар.
Сол қойдың басын сақтауға (50 миллионға дейін көбейтпесек те) әбден болатын еді. Ол үшін қалыптасқан шаруашылықтарды бұзбау, таратпау керек еді! Осы бір істі мемлекет ауыл қамын өз мойнынан сыпырып тастауға ұмтылып, шапшаңдата, асықтыра түсті. Ақыры не болғанын жұрт керіп отыр. Сол науқаннан аман қалған жеке колхоз-совхоздардың қазір шаруаны дұрыс жүргізіп, тұрмысты да ұстап отырғанын газеттер жақында жазды.
Ауылды аман сақтау үшін, Шерхан, ауылдарды сол жекешелеп алған мал-жерлермен бірге (оларды өздеріне жаздырып) аса ірі бірлестік-ассоциаиияларға бастарын қостыру қажет. Кей жерлерде МТС-терді кайта құрып жатыр, кооперативтер құрылуда.
Сен қозғаған әңгіменің бір қыры бар. Кезінде үкімет кепілдігімен қыруар несие алғандар кімдер еді? «Деловая неделя» газетінде жарияланған тізімде мыналар аталған: «Ынтымақ — 7,5 миллион доллар (үш рет), Жеңіл өнеркәсіп холдингі — екі рет, 8 миллион доллар, «Кызмет» компаниясы — 0,5 млн. доллар, Медеу-Эмсаш біріккен (Түркиямен) кәсіпорны 8 миллион доллар алған. Оның бәріне С. Терещенко қол қойып, рұқсат берген. Ал жеке адамдардың ішінде 19 адамның қайтармаған қарызы 50 миллион доллар болған.
Өз топырағында, өз жерінде арзан жүмысшы күшіне айналу деген — неоколониализмнің ен бір жасырын да жексұрын түрінің бірі деп Марат Қабанбаев жазғандай, шетелдерге басқаруға берген кәсіпорындардың басшысы, өндіріс жүргізушілері арасында казактар біртіндеп азайып, ығысып бара жатыр...
«Есеңгіретіп емдеу байыптамасы еркін нарық қатынастары мен еркін баға режимін тез енгізуді көздеді, — деп атап корсетті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында. — Баға ырықсыздандырылатын кездің өзінде ол бірден үш есе көбейеді деп есептелді. Ал шын мәнінде, баға лезде 10-12 есеге дейін өсті. Бір жағынан экономистер бірден 4 есе көп қате жіберіп отырса да, айтылмыш үлгі күштеп жүзеге асырылды. Тап сол кезден бастап өзгерістерге деген күмәннің қазіргідей өте-мөте күшейіп кетуіне негіз салынды».
Президент өткен жолымызда орын алған осындай жағдайға назар аударып, коғамды революция арқылы өзгерту, реформаны күштеп тану қарама-қарсы нәтижеге жеткізуі ықтимал екендігін ескертеді. «Мен эволюциялық дамуды, коғамды біртіндеп, жан-жақты дайындап алып барып, реформалауды жақтаймын», — деп тұжырымдайды Елбасы өз ойын.
Осы бағытты мықтап ұстанатын болсақ, әлі де кеш емес. Біз де ойланып, бір қарап алсақ артық болмайды.
Демократиялық мемлекетте бәрі айқын, ашық, бірлесіп қимылдауға жағдай бар емес пе? Өз тарихымыздан да іздейтін, алатын үлгі-өнегелер мол. Біздің қазіргі кезеңіміз, байқап отырсақ, Шерхан, сонау 1917-1920 жылдарды еске түсіреді. Мен жақында Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың, кітаптарын оқып шықтым. Қандай ғажап адамдар! Сол кездегі басшылардың бәрі әрі өткір саяси қайраткер, әрі терең білімді ойшылдар болған-ау. Тұрар Рысқұловтың тұтас Түркістан жолындағы күресі, Әлихан Бөкейхановтың Қазақтың тәуелсіз автономиясын құрған Алаш идеясы, Сәкен Сейфуллин мен Ораз Жандосовтың «қазақ» атын қайтарып алуы, Смағұл Сәдуақасовтың ресми жиында «Мен Голощекиннің сөзіне қосыла алмаймын», — деп айтып салғаны — осынын, бәрі қымбат тағылымдар. Олар кей мәселелермен өзара келісе алмаса да (ірі қайраткерлердің өз көзқарасы, ойы болады), ортақ ел бірлігін, ұлттың қамын ойлағанда бірге болатын.
Осы мақала-хаттың соңында, Шерхан, саған айтар бір сөзім бар. Екеуміз елдің, халықтың, әсіресе ауылдың хал-жағдайы туралы жұрттың айғайлап та, сыбырлап та айтып жүрген сөздерінің төңірегінде ой қозғадық. Жағдай солай, дегенмен реформаны бұдан әрі жүргізгенде халықтың халін жеңілдетер жағы ойландыруға тиіс. Ресей соған барды.
Елдің қорғанысы жайлы мазасыздануың орынды. Енді бүкіләлемдік тыныштық болсын деп тілейміз. Өз ішімізден ешқандай от шығып кете қоймас. Елбасы ол жағын қатаң ескеріп отыр ғой.
Әйтпесе біздің байтақ шекарамызды түгелдей тас түйін қорғайтын әскер жасақтау, оны ұстап тұру бізге әзір ауыр.
Сен кейін сөзінің басын қылмыстық әрекеттерге қарсы күрес жайына бұрып жібердің. Ел айтып жүрген жайларды, адамдарды түстеп айтыпсың. Оған үкімет амал-шарасын қолданар, жазықтыларын жазалар.
Ал осы екеумізге тікелей қатысы бар бір әнгімені сен біліп отырсаңда айтпайсың. Ол мына белгілі бір жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың өзара бет жыртысып, айтысқа барып, баспасөз бетінде салғыласуы. Кейбіреулер өзінің қарақан мүдде-намысын көздеп, халықтың, ұлттық тыныштық-берекесін құрбан етіп жіберуге де бар екен. Осындайдан сақ болуымыз қажет. Мұны айтып отырғаным, Шерхан, біздің қаламгерлердің. сөзіне жұрт құлақ асады. Сол үшін жауапкершілігімізді әрқашан сезініп отырсақ.
Мен, Шерхан, анау, «Қазақстан. XXI ғасыр» атты көлемді мақаланы жазғандағы мақсатым — еліміздің ешқашан банан республикасы болмайтынын, жеріміздің соншалық қыруар байлығы бар екенін айтып, жайып салу еді ғой. Сен оны таратып, жалғап әкеттің, біраз ой қозғадық. Пікіріміздің ұласып, ұйқасқаның көрдік. Сол үшін саған рақмет.
Сәлеммен KAMAЛ досың
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі