Шерханға хат
Қадірлі Шерхан!
Сенің соңғы хатыңнан кейін біраз кідіріп қалдық. Осы әңгімемізді қалай, немен тәмәмдасақ деген ақылдасу созылыңқырап кетті.
Екеуміздің беделді «Егемен Қазақстан» бетіндегі пікір алысып, ой бөлісуіміздің мақсаты жеке басымыздың тіршілігі емес екені, иә, белгілі. Екеуміздің хат алысуымыз бүгінгі журналистикада соңы көрініс болып, жұрт назарын аударыпты. Кездескендердің бәрі «Шерхан екеуіңнің хаттарыңды оқып жатырмыз. Жалғастыра түсіңдер», — дейді. Иә, әңгіменің басы да, өзегі де экономика ғой, сол экономикадағы реформа. Менің бұл мәселелерді көбірек қозғағаным да осыдан. Реформа қиын жүріп жатыр. Біз екі-үш жылда макроэкономикаға баса көңіл бөлдік те, қалай болса да инфляцияны тұншықтырамыз дедік. Сол жол-да біраз нәтижеге де ие болдық. Теңгеміз доллардың ырқына берілмей, тұғырынан таймай тұр. Бірақ қандай нарықты (оны түрік маманы «базар экономикасы» деген дұрыс деді) шаруа болса да ақшадан ақша жасау деген сайып келгенде, Шерхан, өзіңді де, өзгені де алдау секілді. Ақшаның көзі — нақты өнім, бұйым, тағам, ал олардың көзі — өндіріс. Мен осы біздің басшылардың, әкімдердің сөзінен «өндіріс» деген сөзді естімеймін. Бәрі ақшаны айтады.
Ал өндіріс түзелмей ештеңе де оңалмайды. Оны өзіміз ғана емес, шет қонақтар да айтады. Президентіміздің кеңесшісі Алекс Москович «Мен өкіметтің өндіріс жөніндегі саясатымен келісе алмаймын, мен ірі де тиімді кәсіпорындарды шетелдерге сатуға мүлдем қарсымын», — деп жазды ғой. Осыған да ойланып назар аудармаймыз ба? Бұрын басталған жолды, жолда кеткен қателерді түзетіп, реттеп алуға әлі де кеш емес секілді. Реформаның дұрыс басталмағанын, Ресейге еріп бұрыс жолмен кеткенімізді айтуымыз да, мойындауымыз керек. Бес жыл бойы болған құрау мен қирауды тек бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы байланыс-қатынастардың бұзылу-үзілуімен ғана түсіндіру шындық емес. Көп салалар өз бетімен күн кешіп (қажетін өз өніміне айырбастап) кететін еді, бірақ оған жол берілмеді.
Инфляцияны тежейміз деп, бір кезде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға айналмалы қаражат бермей сорлаттық. Соны кайта қозғамай, жандандырмай жағдай түзелмейді. Өз өндірісіміз өліп бара жатыр. Ауылдағы шаруашылықтарды жекешелендіреміз деп өзіміз қолдан үш жыл бойы таратқанымыз бүгін көрініп отыр. Қаншама дүрілдеп тұрған шаруашылықтар қолдан бөлшектенді, әлсіреді. Енді бүгін премьер «Мықты колхоз-совхоздарды тарат деп кім жарлық берді?» — деп депутаттарға сұрақ қояды. Бұл не? Ештеңені білмегендік пе, әлде жалтарғандық па?
Журналистердің көбіне сынай жазып жүргені — өмірдің бүгінгі шыңдығы сондай, солай болғасын солай айтып жатыр. Ол басшыларды мұқатайық, мінейік деген ниет емес. Мүмкін, Үкімет тығырық-тұйықтан шығудың жолдарын, шараларын білетін, ертеңгі жадыраңқы жағдайды көретін шығар. Ендеше соны ашып, түсіндіріп айту керек емес пе? Қазіргі жағдай сонша мүшкіл емес, жалпы шаруа жақсарып келеді деген жалпылама сөздер ешкімді иландыра да, сендіре де алмайды.
Жағдайдың қазір қиын екені шындық, өткен бес жылда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі, малдың басы кұрт төмендеп кеткені шындық, ал оның себептері мынадан болып отыр, оған мынадай шара-әрекеттер жасалынып жатыр деп ресми адамдар рет-ретімен айтып берсе. Болашақтың қиын жолдарын түсіндірсе, соған жұрттың көзін жеткізсе!.. Әйтпесе, қазіргі жарияланып жатқан дерек – дәйектер көңілді жұбата алмайды. 1990 жылмен салыстырған 1995 жылы мұнай 25,8 миллион тоннадан 20,4 миллион тоннаға дейін азайған, қыста жетпей жататын кемір 131 миллионнан 83 миллион тоннаға дейін кеміген, шойын 5,2 миллион тоннадан 2,6 миллионға, болат 6,7 миллион тоннадан 3 миллионға, прокат 5 миллионнан 2,1 миллионға, минералдық тыңайтқыш 1,6 миллион тоннадан 0,2 миллионға, цемент 8,3 миллионнан 1,8 миллионға дейін кеміген. Бұлардың бәрі ешкімге керек емес, ешкім алмайтын өнімдер болса екен-ау. Мұнайды бүгін кім алмайды, өзімізге де жетпей жатқан жоқ па? Болат прокаты, фосфор тыңайтқышын көрші Қытай қанша берсек, сонша алайын деп отыр. Солардың азаюына нендей себептер болғанын ғана емес, енді соларды қажетімізге қарай (соншама тонналар керек емес деген даурықпа) қайтадан көбейтудің жолдары қалай қарастырылып, ойластырылып жатқанын айтуымыз керек емес пе? Әрине, ел біреу, мемлекет бір, ортақ экономиканың жақсы болғаны бәріне де жақсы. Сол жағына қарай жылт еткен жақсылық нышаны болса, журналистер қағып алып жазуға, көрсетуге әзір. Жақында Көкшетаудағы ірілендірілген жеке шаруашылықтардан жылы хабар көрсетілді, көңілге үміт ұялатады. Газеттер Семейдің кей аудандарында да биыл тол көбейіп, қойға қой қосыла бастады деп жазды. Алматы әкімінің орынбасары тоқтап қалған кәсіпорындардың әрқайсысымен жеке-жеке айналысып, қаржы беріп, жұмысын жандандыра бастадық деп айтты. Осындай жаңалықтар көбейе түссе дейміз де. Сондай-ақ бес жылда шетелдерден әр жолдармен алынған 42,6 миллион доллар инвестицияның 6 миллионы ғана игерілген деген дерек жарияланды. Мұның себебі неде? Қайда барсақ, қаржы жоқ деп жылаймыз. Осы қыруар қаржыны неге іске жұмсамаймыз. Оған кім кінәлі? Кемшілік болған соң, оған кінәлі де бар ғой. Соларды атау керек.
Біз әдетте сыртқа жасырын кетіп жатқан каржыларды айтамыз. Оның шамасы да аз емес, жыл сайын кемінде бір миллиард доллар! Ал енді өзіміздің ішімізде талан-таражға түсіп, суық қолдар мен сұғанақ қалталарға сүнгіп кеткен ақша қанша! Ал бюджетке түспеген қаржы қаншама! Біз оны қосымша салықтан, кеден табысымен, лицензиямен, жекешелендіруден түсетін ақылармен толтырамыз дейміз. Ол толтыра алмайды. Бәрін беретін өндіріс. Ол әзір әлсіз.
Егер өмірде бар, қолда жүрген ақша түгел түссе, мына ең қиын мәселе болып тұрған — мұғалімдер мен дәрігерлердің, басқа да қызметкерлердің еңбекақылары мен зейнетақылардың қарызынан толық құтылуға болар еді. Оның да мөлшері 45 миллиард теңге. Шерхан, әлсіреген өндірісті қайта жандандыру қамына қоса, осы бар ақшаны жинап алатын мемлекет орындары қайда отыр? Сен жақсы білетін Жаңатаста жақында 6 миллион доллар із-түссіз жоғалып кеткен. Міне, қалай? Қазір бір мекемеге шаруамен бар-сан, салғырт-салқын тыңдайды да, «бұл сіздің проблемаңыз, өзіңіз шешіңіз», — деп шығарып салады.
Бізде бүгінгі қылмыс-қателер үшін кеңес өкіметін, коммунистерді кінәлау естіледі. Ал олардың биліктен кеткеніне де бес жылдан асты ғой. Содан бері де біраз жақсылықтар жасауға болмас па еді. Рас, кеңес өкіметінің бір кінәсі болған, ол — өз кадрларын қатаң тәртіп, қатты бақылау астында қызмет етуге үйретті де, бақылау-тәртіп жоғалып, өздері қолға тиген ен байлықпен оңаша қалғанда адал болуға үйрете алмай кеткен екен. Президент өзінің бір сөзінде қазіргі шенеуніктердің қаншалық қомағай-қанағатсыз екендіктерін ашына айтты ғой. Солардың бәрін бақылауда ұстауға шама жетпегендіктен, шарасыздықтан болып отыр ғой. Сол ірілі-ұсақ обыр бастықтар үнсіз-түнсіз, тіпті өз өтінішімен («тойдың ғой, енді бара бер» дегендей) босатылып жатады. Солар неге ел алдында әшкере болмайды? Кейбір басшылар «өндіріс жүрмей жатыр, өнімдер өтпей жатыр, шикізат жетпей жатыр» деп бар ауыртпалықты сырт себептерге аударып салып, алдарқатып отыр. Қаржы орындары егер тиісті салықты түгел жинап, жөнімен ғана жұмсаса, еңбекақы мен зейнетақыны уақтылы төлеп тұруға жететін қаржы мемлекет қалтасында қашанда болады дейді. Бірақ сол ақшалар банк есігін аттаған соң алдамшы-обыр бастықтардың қалтасына сүңгіп кетеді.
Ресейде президент сайлауы кезінде Орталықтан берілген ақшаның тиесі иелеріне жетпей қалатыны неден деп тексергенде, жолда талай бастықтардың қолға тиген ақшаны несиеге беріп, «айналдырып» жібергені, немесе қарақан басына жұмсап қойғаны айқындалып, жүздеген адамдар жауапқа тартылды ғой. Амал не, сайлау да бітті, тексеру де тынды.
Өзімізде жүріп жатқан экономикалық реформаға өз бағамызбен бірге шетелдіктердің көзқарас-бағасын білгеніміз, соған қарап ойлануымыз жөн. Жақында Алматыға Қытай Халық Республикасының Экономикалық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің төрағасы Ли Пен мырза келіп, біздің жағдайымызды көріп, Қазақстанда макроэкономикалық реформаның жедел жүргізіліп жатқанын, соның арқасында инфляцияның бірсыпыра ауыздықталғанын атап өтті.
Сонымен бірге ол әрбір экономикалық реформаның негізгі екі мақсат-мұраты болуға тиіс деді. Ол екеу дегенмен төрт мәселені атады. Олар: бірінші, қандай реформа болмасын ең алдымен ұлттық өндіргіш күштерді дамытуды қамтамасыз етуге тиіс. Демек, өндіріс, өнеркәсіп тоқтамай-тоқырамай, қайта өрістеп-өркендей беруі қажет. Екінші, реформа халықтың тұрмыс халін жақсартуға тиіс. Ертең реформа аяқталған соң бір-ақ жарылқаймыз (әзірге шыдай тұрындар) демей, қазір қолма-қол адамдарға жақсылығын көрсетуі қажет. Үшінші, басқа елдердегі реформаға еліктеп, көшіріп алып өз топырағына отырғыза салуға болмайды. Ол Шоқан Уәлиханов айтқандай, көбінесе зиянды болып шығады. Төртіншіден, меншіктің формасы (мемлекеттік пе, жекеменшік пе?) экономикаға тікелей әсер етіп, оның өркендеуін сөзсіз қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да шаруа-шылықты жоспармен немесе нарық жолымен жүргізу керек деген мәселені нақтылы жағдайда нақтылы пайда-зиянын ескеріп шешу керек, өйткені бұл мақсат емес, құрал-қару болуға тиіс.
Бір жағынан «Мерседес» мініп, «особняк» салған байлар — жүздің тоғызы, екінші жағынан тұрмысы нашар кедейлер — жүздің тоқсаны болып отыр. Осыған келдік, Шерхан! Жақында жарияланған Жолдауында Президент Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткен бес жылда мемлекеттік-саяси және халықаралық өмірімізде күрт өзгерістер, жаңалықтар болғанын айтып, жақын болашаққа көз тастап, зер салады.
Менің жоғарыда айтқанымдай, макроэкономика саласы, ақша-қаражат жағдайы біраз реттеле бастаған. Сонымен қатар Елбасы басымыздан кешіріп отырған қиын жағдайға ойлана талдау жасайды. Сыртқы және ішкі саясат салаларына қарағанда экономиканың халі ауырлап тұрғанын ашып айтады. Сол реформаның қолма-қол нәтижелерін халықтың сезіне алмай келе жатқанын айта келіп, «Осының өзі реформаға деген жақтырмаушылық сезім туғызып, мемлекетке деген сенімге нұқсан келтіріп отыр», — дейді.
Келе жатқан жаңа, 1997 жылдың да оңай болмайтынын, қалай дегенде бұрынғы жылдардан жеңіл соқпайтынын сеземіз. Дегенмен кейбір жаңалық-жақсылық нышандарының көріне бастағанына ішіміз жылиды. Ол үшін инфляцияны айына 2,5 — 3 пайыздан асырмай, соған орай несиенің өсімін де пайызбен көбейтпей, сөйтіп барып тоқтап тұрған кәсіпорындарына несие қаржы бөліп, оларда айналмалы қаражат құрауға, сөйтіп өндірісті жандандыруға жағдай жасау — бүгінгі басты жұмыс. Бәрі осыған тіреледі, осыдан басталады. Бұл жұмыс жүйемен жүргізілмек, бес-он жылға арналған жоспарлар жасалмақ.
Әр адамның күнбе-күн басынан кешіріп, қиындықпен көніп отырған әлеуметтік-тұрмыс жағдайын түзетуді, елдің мәдениетін өркендетуді, қоғамның рухани негізін нығайтуды мемлекет өз мойнына алуға тиіс деген сөздер біраз жайлардың басын ашып береді.
Одан әрі Жолдауда мынадай мәселелерге назар аударылған: біздің елде саяси көппікірлілікке (плюрализм), әркімнің өзі қалаған саяси мұрат-мақсаттарын уағыздауға тыйым салынбайды. Сондай-ақ сөз бен баспасөз бостандығы, оның ішінде еркін сынау еркі де заң жүзінде тұжырымдалған.
Әрине, еркіндік пен бостандық шексіз де жауапсыз болуға тиіс емес, сенің еркіндік батылдығың басқа біреудің намысына тиетін, ел арасындағы тыныштықты бұзатын, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін болса, оны да тежейтін, реттейтін заң бар.
Біз сонымен бір-бірімізге хат жазып, біраз мәселелерді қозғадық, айттық. Біз өміріміздің, еліміздің қазіргі өтпелі кезеңнен туындайтын экономиканың халі, халықтың тұрмыс жағдайын әңгімеледік. Ой-пікірімізді нақтылы дерек-дәйектермен тиянақтауға тырыстық. Мақтайық десек халықтан ұят, жамандай берейік десек, басшыларды аяймыз дейді қазір журналистер. Осындай екі ұшты жағдайға кезігіп отырмыз. Ауырлық, қиындық көп, «бәрі жақсы болады» деп бөркімізді аспанға лақтыратындай да күй емес, бәрінен түңіліп торыққанда да түсер пайда не? Өз Отаныңды, өз жерінді өкпелеп тастап кете алмайсың.
Менің алғаш жазған XXI ғасырдағы Қазақстан туралы мақаламның мақсаты жерімізде мүмкіндіктердің мол екенін, бірақ соны әлі пайдалана алмай отырғанымызды айту еді. Кейбір басшылар журналистер бар кемшілікті сынап қана қоймасын, соны қалай түзетудің жолын айтсын, көрсетсін деп талап етеді. Егер ол журналист қазір экономикалық дағдарыс-тығырықтан қалай оңай шығудың жолын көрсетіп бере алатын болса, ол редакцияда емес, Үкімет үйінде отырар еді ғой. Әркім өз жұмысын атқарып, өз шаруасын тындыруы керек. Журналист шындықты жазып, оны оған төзуге болмайтынын сендіре, дәлелдеп жазуы керек те (ол аз жүк емес), ал соның бәрін үкімет басындағылар түзетуге тиісті.
Өзіңнің досың,
Камал СМАЙЫЛОВ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі