Шерханға хат
Қадірлі Шерхан! Сенің әдеттегідей нәрлі оймен суарылып, әрлі сөзбен өрнектелген кезекті хатыңды үлкен ықыласпен оқып шықтым. Бұрынғы хаттарындағыдай бұл жолы да елдің бүгінгі Қордай асуы секілді қиын асудағы күрделі жағдайы, халықтың өткенге өкінішпен, болашаққа үмітпен қарап отырған халі әңгіме болған. Сен хатты тура әкімдерге қарай бұрғаның дөп түскен. Қазір біз макроэкономикадағы реформаны негізінен аяқтап, инфляцияны қандай амалмен болса да тұншықтыру, өндірістің өрлеуіне жетпесек те, құлдилауын тоқтату, теңгенің құнын бір деңгейде ұстап тұру қамымен болдық. Қазіргідей қиындықтары мол, қиналар кезең әлі де 3-5 жылға созылады. 2005 жылдан әрі қарай жағдай түзетіліп, жеңілдік болуға тиіс.
Біз енді микроэкономикалық реформаға бет бұрамыз, бар күшті соған саламыз. Бұрын бар салмақ орталыққа, республикалық мекемелерге түскен болса, ендігі салмақ тікелей жергілікті орындарға, әкімдерге ауысады. Олар бұрын реформа жүргізгенде айтқанды орындап келген. Ендігі жерде бәріне тікелей өздері жауап береді, ұсынатын да, орындайтын да өздері, жоғары орындарға сілтеп сала алмайды.
Демек, ендігі істің тағдыры да, халықтың халі де сол жергілікті әкімдердің қолында.
Мен жақында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында болып қайттым. Мұнда да сол сен жазғандай малдың бәрін айырбастап, жұмсап бітірген. Ендігі үміт артатындары — жердің өнімі, күріш. Биыл өнім жаман емес. Бар күшті біріктіріп жинап алу керек. Қолында бар техниканы жұмылдырады, егінді бірігіп жинайды. Қарыздарын өтеген соң бірдеңе қалса, жеріне, еңбегіне қарай өнім, төлем алады. Ең бастысы адамдардың психологиясы өзгерген. Бұрынғыдай біреуді кінәлап, басқадан жәрдем күткеннен ештеңе шықпайтынын түсінген. Енді өздеріне ғана сенуі керек екені кетпеннің сабындай маңдайға тиген. Жұмыс істесе бірдеңе болады, істемесе — жоқ. Бірақ соның жолында қиындық көп: балық жүзу үшін су керек, құс ұшу үшін әуе керек. Шаруаға әлі сондай жағдай жетпей жатыр.
Шерхан, мені жақында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдап, журналистер жағдайы, шығармашылық одақтың халі, болашағы жөнінде, елдегі экономикалық, әлеуметтік ахуал жайында әңгіме болды. Реформа жайлы әңгіме қозғалғанда Нұрекең: «Бұл мәселені сіздер, Шерхан екеулеріңіз жазып жатырсыздар ғой», — деп біздің хат алысып жатқанымызды білетінін байқатты. Біздің ой-пікірлерімізге айта қаларлық қарсылықтары жоқ екенін байқадым.
Мен ауылда болғанымда жұрт біздің хаттарымызды зер салып, зейін қойып оқитындықтарын білдім. Бұл хаттар жеке бастың қамы емес, елдің ойында, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді қозғап отыр, — дейді олар.
Осыған орай бір айтатын жайт — оны сен де Жамбылда жүргенде естідім дедің: «Осы сіздердің хаттарыңызда талай мәселелер қозғалып жатады, солардан шығып жатқан қорытынды, нақтылы нәтижелер бар ма?» — деп сұрақ қойып жатады. Отан жауап беру оңай емес. Баспасөздің, журналистің мақсаты — қоғамдық маңызы бар мәселелерді қозғау, көтеру, ел назарын соған аудару, ал содан нақтылы қандай істер, нәтижелер шығатыны сол іс басында отырған адамдардың ой-өрісіне, қабілет-қимылына байланысты.
Біз соңғы торт жылда шетелдік қалталылардан 4 миллиард доллар қаржы алдық деп қуанамыз. Жәй ақылға салғанда өзіміз өндіріп, көзін тауып сатсақ (әлемдік рынокқа басқаны ығыстырып кіру де оңай емес), сол сатылған мұнайдан миллиард, мыстан миллиард, алтын мен ураннан хром мен рудадан, прокат пен болаттан миллиардтаған — барлығы сол 4 миллиард долларды өзіміз алып, өз қалтамызға салмас па едік деп ойлайсың. Қазір сол бағалы қазынаны бөтен адамдар кімге, қаншаға сатады, оны біз білмейміз. Осыны жақында Президент ашынып айтты той. Енді басыбайлы сатуды тоқтатамыз деді. Біз де осыны жазған едік қой.
Біз, Шерхан, хаттарымызда ауылдағы жекешелендірудің қателіктері мен қиындықтарын, ауыл хал-ахуалының ауырлағанын жазған едік. Көргенімізді айтып қоймай, боларын да айтқанбыз. Қазір тараған шаруашылықтар тіршілік ету үшін кооператив, бірлестіктерге ұйымдасып, күш жинау қажеттігін түсініп, соған кірісіп жатыр. Енді өмір өз ырқымен солай жөндеп, жолын тауып жатыр. Шынында да, мыңдаған гектар боп тұтасып жатқан бидай даласын қалай құрақ көрпе секілді бөлесін?
Сондай-ақ аса ірі де пайдалы кәсіпорындарды шетелдіктерге басыбайлы беріп қоюдың алмағайып екенін де, олардың қазір қосып отырған қаржысынан ертең түсіретін табысы әлденеше рет көп болып шығатынын да жазғанбыз. Ең жаманы — біздің оларға бақылау жасап, ықпал көрсетуге де хақымыз жоқ екен. Сөйтіп, біз кезінде Алматы әуежайын немістің «Люфтганза» фирмасына басқаруға бергенде сол әуежай жұмыскерлерінен бастап бүкіл қоғамдық пікір күдік-күмән шығарып қарсы тұрған. Сонда шетел фирмасы әуежайды кайта жасақтап, жаңа техникамен қайта жабдықтауға 46 миллион доллар және миллион неміс маркасын жұмсаймыз деген. Уәде берген. Бәрін сендірген. Ол құжат -шартты Премьер-министр өзі қолдап шыққан.
Шетелдік иелер жұмысшылардың айлығын уақтылы беріп турамыз, жолаушыларға жақсы жай жасаймыз деген. Оның бірін де істемеген. Осы уақытқа дейінгі шығындарды әуежай бұрын өзі жинаған, өзі тапқан ақшамен өтеп келген. Сөйтіп, шетел фирмасы 400 мың доллар қарыз боп шыққан.
Шетел фирмасының жұрт алдында ұятқа қалып отырғаны бұл бірінші емес екен.
Енді мәселе шегіне жетіп, сотқа дейін барған. Ішінде шетелдіктерге берілген Қарметкомбинат, Соколов-Сарыбай кеніші, Құмкөл мұнай орны, барлығы —17 кәсіпорын 1,5 миллиард теңгенің салығы мен кеден ақысын төлемеген. Сол шетелдік қожайындар Алматыда тұрғын үй шығындарын тағы да көтереміз деп отыр. Жылу мен ыстық су 2,2 есе, электр жарығы кемінде 16 пайызға көбеймек, ал 1998 жылы ол тағы да 34 пайыз еспекші. Сонда оның құны шығындап кетпей ме? Биылдың өзінде ғана жылы су, жарық бағасы 22,6 пайызға өсіп шықты. Ал осы жарты жылда айлық мөлшері 2 пайыз тана өскен. Айырма — 10 есе. Бутан үкімет көніп отыр.
Өйткені мемлекеттің қауқары азайып барады. Қолында құралы — қаруы қалмаған соң күштен айырылды. Рынок деген мемлекеттің басқаруын ғана емес, араласуын да қажет етпейді. Жекеменшік қоғамдық меншікке қарама-қарсы, олардың біреуі күшейген сайын, екіншісі әлсірей беруге тиісті дейді.
Қазір мемлекет қарауында өнеркәсіп күшінің 25 пайызы ғана қалыпты. Соған қарай алатын өнімнің де көлемі күрт азайып бара жатыр. Тым асығып кеткен жоқпыз ба? Мемлекетті нақты істен ерте ығыстырып жатырсыңдар дейді шетелдік білетіндер.
Халықтың хал-ахуалын нығайтып алмай, әлеуметтік саланың бәрін мемлекет мойнынан алып, халықтың өз иығына арта салу аса алмағайып құбылыс. Экономистердің есебі бойынша, қазір бізде тұрғын үй-коммуналдық шығындардың бәрін адамдардың өздері түгелдей төлеуі үшін олардың орташа табысы (айлық қана емес) қазіргіден кемінде төрт есе көп болуы керек.
Біз, Шерхан дос, бұрынғы хаттарымызда да сонау 1992—1994 жылдары үкіметтің рұқсатымен, үкіметтің кепілдігімен мыңдаған, миллиондаған шетелдік алтын ақшамен несие алғандар туралы жазғанбыз. Олар мыңдаған доллар тұратын иномаркалар мініп, мыңдаған долларға түсетін сарай-үйлер салып алған. Беттері шімірікпестен, әкесінен қалғандай онды-солды жұмсаған. Енді үкімет кепілдік берген соң несиелерді үкімет қайтаруға келер жылғы бюджеттен 42 миллиард теңге (450 миллион доллар) қаржы берілмекші. Ал байғұс зейнеткерлердің қазір ала алмай жүрген ақшасы да тура осынша екен. Сол жоғалған қарыз әлі де бірнеше жылға созылады. Оларды түгел қайтару тіпті мүмкін емес дейді үкімет.
Демек мына «жаңа көзқарастың» сайрандап, тайраңдап тұрмыс құруына сені мен біз өз қалтамыздан ақша беріп отырмыз. Ол не үшін, Шерхан-ау? Сол еркетотайлар қандай қызмет-қылығымен соншама бай тұрмысқа не болып отыр? Алып бара жатқан білімдері, атқарып тастаған істері болсайшы!
«Керуен кері бұрылғанда ақсақ түйе алға түседі» деген нақыл бар. Қазіргі сауда жасап, бірін-біріне түйістіріп, соғыстырып жүрген пысықтардың біразы кезінде жұмыста көзге түспестен, оқуды шала үлгергендер. Мүмкін, олардың ынтамен оқығысы, беріліп жұмыс істегісі келмеген де шытар. Сол уақытша күн кешіп, осы өзінің сәтін күтіп жүрген болар. Ондай да болады. Бірақ біреуді алдап, біреуден ұрлап (бұрын мемлекетті алдап, ұрлайтын) тапқан олжаның қайыры болмайды. Сен жазғандай бұл дүниеде алдаса да, о дүниеде құлық жүрмейді.
Жекеменшік бәрін жөндейді, жарылқайды деп өңешімізді жыртқанда, олар өзара бәсекеге түседі, сосын бір-бірімен таласып өнімді көбейтеді, сөйтіп барып батасын төмендетумен болады. Содан халық жарылқанады дейтін. Ал біздің бәсекеміз бір-бірімен таласып емес, өзара ауыз жаласып, бағаны бірігіп өсіріп, бірге ұстап тұратын ерекше құбылыс боп шықты.
Қазір қант шығаратын торт компания Қазақстандағы қант өндірісін жаулап, өзара бөліп алып, батасын көтеріп әкетті. Қанттың киләсі 71-75, демек тоннасы 71-75 мың теңге, яғни әлемдік батадан үш есе артық. Бензин де бізде екі есе қымбат.
Тәуелсіз Қазақстанның қабырғасы мықты болуы үшін қазақ мемлекеттілігінің сонау ғасырларға кететін тамыр-тарихын, ірге-тасын қастерлеуіміз, нығайтуымыз қажет дей келіп, Президент әңгімесінде қазақ тарихының біраз беттерін ақтарып шықты. Әбілқайыр ханның тарихтағы орнын әділ айқындау, Аңырақай шайқасынын қазақ тағдырындағы орны, үш жүз билері Ордабасыда бас қосып жоңғарларға қарсы жорыққа шыту туралы сөз байлауы, Ұлытауда Тәуке ханды сайларда үш жүздің бас қосуы жөнінде айтты. Мен 1993 жылы Ұлытау баурайында қазақ халқының тұтастығын паш ететін ескерткіш орнатылар жерге белгі тас қойылғанын, сол жерде өзі де болғанын есіне салдым. Ондай қасиетті жерлерді естен шығармаймыз (Ұлытау ауданының аты сақталғаны мерей болды), қазір Жошы ханның кесенесін жаңартып-жаңғыртып жатырмыз деді Елбасы. Ұлытау төңірегінде тарихи орындар көп. Осыдан бес жыл бұрын, екеуміз, Шерхан, жұбайларымызбен бірге барып, Едіге тауына тағзым еткен едік қой. Ақсақ Темір Тоқтамысқа қарсы қайысқан қолмен бара жатқанда аялдаған Ақшоқы басына өсиет жазып қалдырған қара-қоңыр тасты да көргенбіз.
Жошы мазары дегеннен шығады, Моңғол жерінде жақында сіздер бізге Күлтегін мен Тоныкөк жазу ескерткіштерінің көшірмесін беріңіздер, ал біз Жошының кесенесін жаңартамыз деген уәделестік болды.
Ел болып ес жиғанымыздың белгісі сол — сырт жерде жатқан рухани ескерткіш-мұраларымызды жинай бастағанымыз.
Сен хатында ана тілінде жаңаша басылған «Әліппе», «Ана тілі» және басқа да оқулықтардың тұсаукесерін қуанышпен жаздың. Ризалықпен айтар іс болған. Оларды әлемдік деңгейде соншама сүйкімді етіп басып шығарған «Атамұра» корпорациясы мен оның иесі, қазаққа жаны ашитын, жаны ауыратын Мұхтар Құл-Мұхаммед жөнінде айтқаның өте орынды.
Мен де солай ойлаймын. Расында қазіргі ен сүбелі, ең қастерлі кітаптардың көбі осы баспадан шытып жатыр.
Қазір жаппай сатылып, кейде тегін беріліп жатқан мекен-жайлар мен қарыз-қаржы осындай азаматтың қолына тисе той, қаншама игі істер жасалар еді!
Сөз соңында биылғы ірі оқиға — Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы турасында бір ауыз сөз айтайын. Бұрынғы тойларға қарағанда, бұл жолы сырт даңғаза бәсеңсіп, ішкі мазмұн-мағынаға көп зер салынды. Мұхаңның Париждегі күндері Еуропаның ортасында, еуропалық деңгейде өтті. Жалпылама мақтау-масаттану емес, улы жазушының белгісіз қырларын, айтылмай келген сырларын біраз білдік. Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовімі» ерекше кітап болып шықты. Файзолла Оразаевтың «Заман-Қазақстандағы» мақаласы, Мұханның өзінің 1948 жылғы бір жиында тебірене, ашына сөйлеген сөзі («Жұлдыз» № 7, 1997) тіптен күтпеген жаңаша дүниелер.
Өмір өзінің диалектикалық табиғатын көрсетіп отыр. Бір жағына қарасаң, мереке-қуаныш, әлемдік кеңістікті аралап кеткен ғаламат оқиғалар. Көгілдір туымыздың Эверест басында желбіреуі, қазақ ғарышкерлерінің ғылыми тәжірибе жүргізуі, Қазақстанның, Президент есімінің шетелдерде кенінен тарала, таныла бастауы.
Енді бір жағынан қарасаң, қара нан мен қара шайды қаужап отырған көп балалы отбасыларды, киер киімі болмай мектепке бара алмай жүрген ауыл балаларын, 4 мың, теңге зейнетақысының 2,5 мың теңгесін жылу мен жарыққа, су мен газға төлеп отырған қарияларды көресің...
Өтпелі кезең деген осы, қытайлықтардың өтпелі заманда өмір сүрші деп айтатын уақыты осы, Шерхан! Тек өтпелі кезен өкіндірмесе екен ертең!..
Сәлеммен, досың Канал СМАЙЫЛОВ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі