Өлең, жыр, ақындар

Адам құны

Камалға хат

Маған жазған кезекті соңғы хатыңды «Қыспақ, пен қиян» деп атапсың. («Егемен Қазақстан», 9-желтоқсан, 1997 жыл).

Аты ұнайды. Дәл тапқансың. Қыспақта тұрып, қиянға көз саламыз. Ол арман. Армансыз қоғам — үміті үзілген қоғам. Үміт үзілмесін.

Бірақ қоғам Қожекемнің көк есегіне ұқсамасын. Есінде ме, Қожанасырдың кек есегі қырсығып жүрмей қалады. Сонда Қожекем ұзын таяқтың ұшына арпа салған дорба іліп қойып, таяқты өзі ұстап отырады. Әккі есек дорбаға жетемін деп желе жөнеледі. Бірақ мойнын қанша созса да, қанша шапқыласа да жете алмайды... Қожанасыр үйіне жеткенде ғана есек жемге тояды.

Анекдот тәрізді бұл әңгіме коғамның көңіліне келмес деп ойлаймын. Әрине, мен қоғамды қорлайын деген пиғылдан аулақпын. Тек сенің «Қиян» деп атауыңнан есіме түсіп кетті.

Алыс та болса да қиянға коғам жетеді. Ол бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жадыра-жайсаң заман.

Ал отан дейін? Батпан құйрық кейін болар. Қазір тым құрыса құйқа керек емес пе?

«Екінші мыңжылдықпен үшінші мың жылдық тоғысқалы тур» дейсің. Дұрыс. Ғарыш заңы бойынша, ғарыштың да көктемі, жазы, күзі, қысы болады екен. Біз өмір сүріп жатқан XX ғасыр ғарыш қысына тұспа-тұс келген деседі. Сен айтқан «қыспақ» сол. Бүкіл планета сияқты, XX ғасырда Қазақстан не көрмеді? Не көргенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Тек ғарыш қысы XX ғасырдың сонымен бірге өтіп, Көктем келсе екен деп тілейік.

Камал, сен өз дағдыңнан айнымай, бұл жолы да Қазақстанның жер асты кен байлығын қопара санап шығыпсың. Баяғы «алтын сандық» қой.

Мен бутан жауап ретінде сатан бірінші жазған хатымды («Алтын сандықтың кілті кімде?») («Егемен Қазақстан», 1-шілде, 1996 жыл) қайталап жатқым келмейді. Өйткені оқырманды жалықтырып алуым мүмкін.

Қазақстан Жаратылыстың рақымымен асыл кенге бай екені рас. Бірақ сол байлықтан біз не пайда көрдік? Бұл сұрақ әркімнің көкейіне шемен болып қатып тур. Оның жауабын сен менен сұрайсың. «Бүгінгі меншік иелері кімдер?» — дейсің. Кімдер екенін ішің біліп тұр. Бәлкім, менен гөрі жақсы білесің. Бірақ айтпайсың. Айтпағаның дұрыс шығар. Өйткені құдіреттілер жендет жалдап өлтірте салуы әбден ықтимал. Мұндай сұмдық жиілеп кетті ғой. Сицилиядағы мафиядан кем емес. Бізге комиссар Каттани сияқтылар көп керек.

Бірақ біздің. қаруымыз Макаров пистолеті емес, қалам ғой. Қасиетті қалам. Қаламды көбінесе санаң емес, жүрегің билейді. Бұрынғылар:

Жалаңаш барып жауға ти, Бір Алла өзі біледі, Ажалымыз қайдан-ды, —

деген. Мысалы, бүгінгі меншік иесі — монополист «Бутя». Мысалы, Тараз қаласын, бүкіл Жамбыл облысын бір кезде асырып тұрған арақ зауытын, қант зауытын иемденіп алған жаңа байлар. (Аты-жөндерін білмеймін). Және сол сияқтылар.

Солар сені мен мен сияқты қара табан. қызыл сирақ болып, жетім өсіп, өмір бойы бой жазбай жұмыс істеп, елдің, мемлекеттің дәулетіне әл- қадарынша үлес қосты деп ойлайсың ба?

Жоқ! Олар өмір бойы сені мен мен сияқты пәруана еңбек қорлардың қолымен жасалған дүние-мүлікті, мүкәмалды әлуетті ағалардың көмегімен лезде иемденіп алғандар. Енбектен қолдарына мүйізгек бітіп, маңдайлары жіпсіп көрмегендер.

Әрине, фирма, банк, т.б. байлық көздерінің, ірі-ірі жекеменшік иелерінің бәрі бірдей халықты алдап баюшылар десем, асыра сілтегендік болар еді. Ішінде адал еңбегімен жеткендер де бар. Бірақ олар аз.

Біздің реформаның әсіресе алғашқы кезеңінде ұлттық дәулеттің «ханталапайта» түскені, оны әлділер арзанға алып, арлылар асықпайық деп құралақан қалғаны айдан анық.

Қалың халық түсіне бермейтін «Лицензия», «Инвестиция» дейтін жұмбақтау, делдал сөздер шықты. Баяғыда Тараздағы Атшабардың базарында делдалдар мал сатарда «ду», «пәнш» (парсыша) деп тұрушы еді. Мынау сол сияқты. Аңқаулар алданады. Лицензия берушінің бір қағазға бір рет қол қойғаны миллиондаған долларға түсті деседі. Қасиетті қалам осындайда қатыгезге, отанын сатқан опасызға қызмет етті.

Шетелдіктерге болмашыға сатылып кеткен небір алыптар мемлекет меншігінен шықты. Камал, мұның бәрін өзің де айтыпсың. Қара суды қайната бергеннен май түспейді.

Бірақ осынын бәрі сұраусыз кетсе — сол қайты. Іздері жоқ, сұрауы жоқ, не қылған иесіз дүние?! Іздеймін, сұраймын, әшкерелеймін деген бірен-саран адал азаматтар тобығынан қағылды.

Бұрынғы хаттарымыздың өн бойында осы қасірет аз айтылған жоқ. Бірақ соларыңнан нәтиже бар ма? — деп сұраушылар көп. Біреулер шын ашынып сұрайды, біреулер табалап сұрайды.

Менің пайымдауымша, «тамшы тас теседі» дегендей, кейбір өзгерістер бар. Барлығы біздің хаттарымыздың аркасында дей алмаймын. Бірақ әсері болғаны айқын. Айдалаға айқайламаған тәріздіміз.

Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық дегендерге қарсы қаһарлы Жарлықтар жарияланып отыр. Тіл туралы жаңа Заң, Көші-қон туралы пәрмен. Не керек, Президент тарапынан игілікті істер бар.

Бірақ Жарлықты да, Заңды да іс жүзіне асыратын тетіктерді тот басып қалған. Шиқылдап, қиқылдап жүрмейді. Шығыршықтар жүрмесе, комбайн не істейді?

Айналып келгенде, жақсылығымыз да, жамандығымыз да адамнан. Тәңірден көрген тәлкегің жоқ. Көк Тәңір Қазақстанға тәуір-ақ қарайласқан. Жерің ұлан-байтақ. Жеріңнің үсті де, асты да қойны-қонышы толған байлық.

Ал енді соның көзін таппасаң, кілтін таппасаң, отан Құдірет кінәлі емес. Құдірет сатан ақыл берді, сана берді. Келістіре алмасаң, өзіңнен көр.

Құмырсқа екеш құмырсқа да қауым болып, тіршілік жасайды. Өз алдына ол да мемлекет. Әттең, мемлекеттік жүйені құмырсқалардан үйренер ме еді... Бұлжымас Заңда сонда, тәртіп те сонда, тәлім де сонда.

«Қазақстанның батысынан Қытайдың батысына дейін үш мың километрге созылған ғаламат кұбыр салынбақ... Он мың адам Қытайдан келіп салады», — дейсің сен, Камал, соңғы хатында.

«Ғаламат» құбыр салынатынынан хабарым бар. Ал он мың адам?.. Бұл деректі сенен біліп отырмын. Онда жетіскен екенбіз. Тақияңды аспанға лақтыра бер. Арысы елу-жүз жылдан кейін... айтуға ауыз бармайды, Қазақстан тұтас қытайланады. Ол саған Қазақстанды үш жүз жыл билесе де, казак деген ұлттың ұлттығын илесе де, исе де сындыра алмаған Ресей емес. Жұтып жібереді! Айдаһардың ауызы Аюдың ауызынан үлкен. Барыс тұрмақ, түйені түгімен шайнамай жұтады. Оған мысал көп.

Саясат, келісімшарт — бәрі жақсы. Бірақ білдірмей, бірте-бірте сорады. Шайнамай жұту деген сол.

Әйтпесе немене, дәл қазір жұмыссыз жүрген қаптаған қазақ, орыс құбыр салуға жарамай қалып па? Жер қазуға жарамайтын не қылған сорлы едік?

Азуы алты қарыс Америкада мен екі рет болдым. Кезінде Африкадан құл ретінде әкелінген миллион негрдің қазіргі ұрпақтары кеудесі керік, басы шалқақ. Қырық құрақ қоғамның әр саласында іске араласып жүр.

Ал сол Американың байырғы тұрғындары, біздің атам заманғы алыс туыстарымыз үндістер («қызыл терілер») бар ма екен деп, ары қарадым, бері қарадым — көрмедім. Көрген жалғыз үндіс қайыршы екен. Мас екен. Құбыр салуға «жарамаған».

Осыдан барып «Адам кұны» деген мәселе шығады.

Камал, сенің хаттарың оқырманды көбінесе нақты, дәлелді цифрлармен қызықтырады. Бұл тұрғыдан осы фактілер көптеген оқулықтарда жоқ білім бұлағы сияқты. Сонымен құнды да. Мысалы, сенің жазуыңша, біздің жеріміздің астында он триллион долларлық қазына-байлық бар екен. Елдегі жан басына үлестірсе, алты жүз мың доллардан келеді екен.

Дұрыс-ақ. Ал жеке адам құны қанша тұрады? Сен осыны есептеп шығара аласың ба?

Енді мен де есепке көшейін. Бір жерден оқығаным бар. Адам денесінде шамамен 50,4 килограмм оттегі болады екен, көміртегі — 16 кг, азот — 2,4 кг, кальций — 1,2 кг, фосфор — 800 гр, калий — 200 гр, натрий — 160 гр, тағы да бірнеше түрлі микро-элементтер бар.

Ал егер осы химиялық элементтердің құнын ақшаға айналдырса қанша болады? Орыс ақшасымен шамамен, 30-40 мың рубль! Курс ұдайы өзгеріп жататындықтан біздің теңгеге шаққанда қанша болатынын дәл шығара алмадым. Шамамен, 500 теңге немесе 6 доллар.

Ал сонда сенің құның, яки менің құным 40-ақ мың рубль болғаны ма?! Немесе 500 теңге, яки алты-ақ доллар тұрғанымыз ба?! Неткен арзан едік...

Мұның атын, әрине, абсурд дейді. Адам денеден, яғни химиялық элементтерден тана жаралмайды. Адамда ЖАН бар. Оны Жаратушы Құдірет берген. Адам жанын ешқандай алтынмен, ақшамен өлшеп болмайды.

Бірақ алтынға бола, ақшаға бола дәл қазір қаншама жан құрбан болып жатқанын, Камал, менен жақсы білесің.

Тәубе,тәубе! Азатты қалдық. Зорлықтан, қорлықтан, құлдықтан азат болдық. Тәуелсізбіз. Егеменбіз.

Сөйтсек, зорлық-зомбылық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық та, заңсыздық та азаттық алған сияқты. Сияқты емес, дәл солай!

Ал енді бұл қай парадокс?

Бізде не көп — заң көп. Заңның көбейгені жақсылық емес. Заң көбейген қоғамда иман аз. Ауру түрі көбейген сайын дәрі-дәрмек көбейеді. Неше алуан бақсы-балгер, көріпкелдер көбейеді. Таяуда тана біздің бір дардай казак газеті бір «көріпкел» әйелдің ғарышқа ұшып барып келгені туралы жазды. Бетперде киген біреулер «көріпкелді» ала кеп жөнеліпті де, ғарышқа алып барыпты. Сөйлетіпті. Қай тілде — белгісіз. Не туралы — белгісіз. Үйіне қайтып әкеліп тастапты. Содан кейін ол «керемет» болып шыта келіпті. Рас, ғарыштан ерекше қуат алатын адамдар болатынын ғылым жоққа шығармайды. Бірақ ғарышқа әлдекім ала қашып, содан «керемет» болу ертекте тана болады.

Мінеки, азаттықтың бір түрі!

Кімді алдаймын десең де өз еркің. Не сөйлеймін десең де өз еркің. Абадан азаттық.

Азаттықты бұлай арзандатуға болмайды, Камал. Рас, азаттықтың бізге бергені көп. Екеуміздің республикалық ең үлкен газеттің беті арқылы бір жарым жылдан бері ашық хат жазысып жүргеніміз де сол демократия пұшпағының арқасы.

Заңның азы, орындалуының көбі лазым. Әйтпесе не, Конституцияда да, заңда да жазылған. Адам еңбегін қанауға болмайды! Адам еңбек етті ме — ақысын алсын. Бұл қағида қасиетті Құран-Кәрімде де айтылған.

Алматыда мына қыстың қырауында көптен бері Жаңатас қаласынын жұмысшылар өкілдері жүр. Ашпаған есігі, баспаған табалдырығы жоқ. Бәрі нәтижесіз. Оларды милиция күшпен қумақшы да болды. Жұмысшылардың бар тілегі: айлап, жылдап ала алмаған еңбекақымызды берсін дейді. Үкімет уәде етті. Орындамады.

Рас, ескерте кететін бір жағдай: біреудің үйі өртеніп жатса, енді біреу сол өртке қойдың басын үйітіп, пайдаланып қалайын деп жатқан көрінеді.

Мұнда да сондай. Әлдеқандай «партия сымақтар» жаңа тастықтардың шарасыз әрекеттерін пайдаланып, өздеріне «ұпай» жинап, көзге көрініп қалмақ. Мұндай қармаққа іліну адал ниетіңді арамдап жіберуі әбден ықтимал.

Әйгілі Бисмарк айтқан екен: «Жұмысшыға дені сау кезінде жұмыс бер, нан бер, ауру кезінде көмектес: мүгедек кезінде қамқорлық жаса, сонда ерекше Заңның да керегі жоқ болады», — деп.

Адам құны деген осы, Камал. Күнкөрістің күйбең түрімен айтқанда — осы.

Ал біздің адамдар жұмыс істейді, бірақ нан жемейді. Құқы қайда Заңда жазылған? Құдай берген жанның құны қайда?

Ал сен болсаң шетел банктерінде біздің байлардың екі миллиард доллардан астам жасырын қаржысы жатыр дейсің. Бұл деректі қайдан алғаныңды білмеймін. Егер бұл дерек шын болса, біздің Заң орындары ол қаржының иә адал, иә арам екенін ажыратып, арам болса қайтарып қазанға салуға, сөйтіп Кентаудың, Жанатастың, т.б. міскіндердің адал ақысын өтеуге шамалары келмей ме, келсе де бұл әрекетке әдейі бармай ма? Егер соңғысы болса, онда жалпы Заң қабылдап керегі не? Заң орындаушы қызметкерлер ұстап не қажеті бар?

Заң қабылдаған екенсің — орында! Сонда ғана басқалар сенімен сый-сияпатпен есептесе алатын мемлекет бола аласың. Сонда тана біз ұлттық ар-ожданымыз таза, намысымыз шарболат ел бола аламыз.

Адам құнының бір парасы — намыс. Жеке бастың намысы бар да, одан құралатын ұлттық намыс бар. Жаңағы сен айтқан шетелдерде миллиардтаған доллар жасырғандар — ұлттық намыстан жұрдай болған имансыздар. Қаттырақ айтсам, кешір,

Камал, олар Отанын, елін сатқандар. Маңдай тер, табан ақысын ала алмай сандалғандардың көз жасы солардың мойнында. Оларға ақша аспаннан жауған жоқ, еңбекші халықтың қайсарлығымен табылған.

Ат төбеліндей аз топқа көпшілікті тонатып қойған Үкіметте намыс бар ма, жоқ па?

Немесе, Камал, Тіл туралы Заңды ал. Кейбір бұлталағын есептемегенде, бұл Заң иман таразы. Бірақ соны орындап жатқан кім бар? Басқа — басқа. Ал сол Заңды қабылдағандардың өздері ше? Парламент кейде улы Новгородтың немесе Тамбов губерниясының Думасына ұқсайды. Бірен-саран депутат болмаса, түгелге жуық орысша сайрайды. Депутаттар орысшаға жүйрік дейді, қазақшаға келгенде күйбіктейді.

Тіл туралы Парламент қабылдаған Заңды іске асыратын Үкімет емес пе? Ол қай тілде сайрайды?

Осыдан кейін басқаларға не шара? Біздің басшыларымыз шетелдерде болады. Түрлі аса маңызды кездесулерге қатысады. Көп мемлекеттердің өкілдері қатысады. Біздің өкіл орысша төгіледі. Сонда басқа елдердің өкілдері не ойлайды екен? «Е, мына байғұс қазақ дегеннің өз тілі жоқ екен-ау», — демей ме? «Е, масановтардың айтып жүргендері рас екен-ау», — демей ме?

Міне, ұлттық намыстың сыналар жері!

Міне, қазақ адамының құны таразыға түсетін түс!

Мұны Міржақып Дулатов баяғыда-ақ айтқан. Бірақ ол заман басқа еді. Біз тәуелді едік. Ал енді Тәуелсіз болғаннан кейінгіміз не жорық?

Жоғары оқу орындарында сабақ түгелдей орысша. Мұның зардабын әсіресе ауылдан келген жастар шегеді. Оқуды шала-шарпы түсінеді. Шалағай мамандар содан шығады.

Әрине, ұлы Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың тілін мен ғайбаттамаймын. Оны үйрен. Бірақ ең алдымен Ана тілінді біл. Бірінші сыныпқа арнап жаңадан жазылған кітапты «Ана тілі» деп атамай, «Туған тіл» деп атайық деп өзеурегендер де табылды. Орыстың «Родная речь» дегені. Анадан артық не бар, Камал?

Бұрын Ұлттық Академиядан дәмелілер қабат-қабат сүзгіден өтер еді. Жасырын дауыс болар еді. Мүйіздері қарағайдай-қарағайдай ғалым-ғұламалар, атақты ақын-жазушы, әдебиетшілер сайлауда құлап қалып жатушы еді. Қазақ поэзиясы алыптарының бірі Әбділда Тәжібаев, заңғар ғалым Бейсенбай Кенжебаев дауысқа неше дүркін түссе де, академик бола алмай қалды. Бірақ олар халық ұғымында зор тұлғалар.

Ал қазір не... Ақша төлесең — академиксің. Екінің бірі — академик. Солар Қаныш Сәтбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің аруағынан сескенсе қайтеді? Солардың қасыңда өздерін үрлеп қойған ойыншық шар сияқты екендерін неге сезінбейді? Тарс кетеді ғой. Жел шыққан соң не қалады?

Ғылым — Адам. Ғылымның құны түскені — Адамның құны түскені. Ғылымы, білімі құнсыз ел еш уақытта алға жылжи алмайды. Отар соңындағы құрттаған ақсақ тұсақ сияқты болады.

Намысың буып, қылқынатын жер осы. Ақша төлеп, сатып алып, «академикпін» деп тұмсығыңды көтеруден бұрын алдымен мұрныңды мұқият тазалап алсаңшы.

Міне, бұл да «азаттық». Демократия. «Ау, бұларың қалай? Ұят емес пе?!» деп үн көтерер біреу жоқ.

Демократия — ең алдымен Заңның қатаң сақталуы. Беталды тайраңдай беру емес. Демократия — тәсірсіз, тәрбиесіз тәйтік баладан мүлде басқа ұғым.

Білім жетілмей, ғылым озық болмай, күр айқай, даңғазаның бәрі далбаса. Президенттің Жолдауында осынын бәрі жүйе-жүйесімен, соқырға таяқ ұстатқандай айтылған. Ал соны іс жүзіне асырушылар адал ардың адамдары болса, шіркін, Алланың рахымы жауған жақсылық жақындар еді.

Камал! «Тауық үлкен бе, жұмыртқа үлкен бе?» деген ежелгі сұрақтың жауабын жұрт әлі таба алмай жүр.

Сол сияқты бір сұрақтары бар. Университет үлкен бе, бастауыш мектеп үлкен бе?

Шеңбер. Шеңберден шығып көрші. Университет (яки колледж) бітірген мұғалім мектепке барады. Бала оқытады. Ал сол мұғалімнің өзі қайдан шыққан? Әрине, мектептен. Кім оқытқан? Әрине, университет (училище) бітірген мұғалім оқытқан.

Сонда нашар шәкірт қайдан шығады? Бұған екеуі де кінәлі. Мұғалімнің құны — Адамның құны.

Мектеп — тұғыртас. Тұғыртасы бекем болмаса, сарайды қанша салтанатты салсаң да құлайды.

Президенттің Жолдауында әсіресе ауыл мектебіне қамқорлық көп қажет деп және айтылған. Рақмет.

Бірақ ежелгі дерт: айтылу бар да, орындау бар. Өркениетті елдер бұл шамада оқ бойы озық тұр. Ауылдағы мектеп әлі байырғы қалпында. Биыл «Атамұра» корпорациясы бісмілласын бастап, жаңаша иманды шыққан бастауыш мектеп оқулықтары көп жерге жеткен жоқ. Бұл шаруаға да суық қол сұғылып кетті. Тегін таратуға жаратылған кітаптарды әлдекімдер сатып жүр. Әсіресе жас баланың ақысын жегендер тозақтың қыл көпірінен, ысырап көпірінен құлайды деуші еді, қорқаулар одан қорқар емес.

«Асылы, істеген жақсылығыңды бала тәуір біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылықтың зая кетеді. Қолдан келсе, баланы қуанту керек» (Бауыржан Момышұлы. «Ұшқан ұя». 13-бет).

Бұл киелі сөзге алып-қосарың жоқ.

«Дүниенің бар байлығы — баланың бір тамшы көз жасына татымайды».

Ендеше мектептен аяр не бар? Аянуға қандай бет бар?!

Адамдар дегенде, Анадан бәрі де пәк туады. Бұзылса, кейін-кейін барып бұзылады. Пәк күйінде сақтап қалуға бола ма? Болса, сол қоғам бақытты. Адам құны сол коғамда бәрінен де бағалы.

Сен айтқандай, «адасып» жүрген миллиардтар адалынан жұмсалса, біздің балалардың көзінен жас шықпас еді той.

Тәуелсіз мемлекет осыған қол жеткізбей деп тілейік, Камал!

Камал! Халықтың бәрі қазір күйбең тіршілік, күн көрістің, нан табудың қамымен кетті. Бұл материалдық әлем. Әрине, қарны аш адам ғылымға да, білімге де соңынан қол созады. «Барлық революциялардың ішіндегі ең қауіптісі — қарын революциясы» деген бар.

Ауылдағылар нан іздеп, күнкөріс іздеп жабыла қалата қарай лап қойды. Мұны кейбір азаматтар прогресс деп ойлайды. Қаланы көріп, өмірді көріп, шынықпақ, тезден өтпек, тез жетілмек деседі.

Ал қала оларға — өгей ана. Қаншама казак үйсіз-жайсыз, баспанасыз, жұмыссыз қаңғып қалды деседі. Әсіресе жастар. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар. Ауылдағы жағдай қиындады. Қолапайсыз, білімсіз басшылар ауыл реформасын қотырландырып, шын ауруға ұшыратты. Ауылды жекешелендіру мүлде қисық-қыңыр жолмен кетті. Ауыл арсыз басшыларға жем болды. Ауыл шаруашылығын білімі аз, жаны ашымас адамдар жоғарыдан басқарды да, өзін-өзі, әрі қаланы асырап отырған халықтың халін мүшкіл етті. Ондай басшылар жазаланудың орнына өсіп кете береді. Сұңғыла шөп сияқты. Бос қапшықты қанша тік қоямын десең де, бәрібір қисайып қала береді ғой. «Бір сынаған жаманды, екіншілей сынама!» — деген жоқ па дана бабамыз.

Президент Жолдауында ауыл мәселесі атынан жарылып айтылған-ақ. Енді осыдан кейін бұл саланы нағыз білімпаз, жанашыр, халыққа адал, алақаны ашық адамдар басқаруы керек емес пе.

Ауылдан халықтың қалаға жаппай көшкені жақсылық емес екенін Әлихан Бөкейхан сонау патша заманында-ақ айтып қойған. Жай пролетариат емес, люмпен-пролетариатқа айналады деген. Бұл нағыз қасірет.

Біз осыдан әлі қорытынды шығармадық. Адам құны деген сұраққа осы жағдайдың әсіресе қатысы бар.

Біріңді казак бірік дос,

Көрмесең істің бәрі бос, —

деді көреген Абай.

Ал одан да бұрын, XVIII ғасырда Ресей империясын билеген қатын патша ІІ Екатерина Орынбор генерал-губернаторына жолдаған нұсқауында:

1) Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен араз етіп, бірімен-бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз.1

2) Сұлтандарың бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз.

3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз», — деп нықтап, мықтап тапсырады. («Айқап», 1913 ж. №20).

II Екатерина патшаның пәрмені орындалды. Қазақ елі ру-ру болып, бірімен-бірі дауласып, айтысып, арыз жаудырып, жала жаудырып, дауды генерал-губернаторға шештіріп, құлдықтың қамытын құтылмастай киіп алды.

Осыдан сабақ болды ма, Камал? Қазір Абайдың айтқанымен к үрім келе жатырмыз ба, қатын патшаның айтқанымен жүріп келе жатырмыз ба?

Құны арзандамаған адам Абайдың айтқанымен жүреді. Құнсыздар қатын патшаның айтқанымен жүреді. Ру-ру болып, бас-басына көсем сайлап, алабажақ байрақ, ала-құла ту көтереді.

Астананың Ақмолаға көшуінде көп мән бар. Әрқилы қисаптан. Бұл Президенттің көрегендігі. Бірақ апыл-тұпыл асығыс болмау керек еді. «Что медленно, то прочно», — дейді орыстар. «Асығыстан ақаулы бала туады», — дейді қазақтар.

Президент Жолдауындағы «әттеген-ай» — мәдениет, әдебиет, өнер, яғни рухани әлем айтылмады. Бұл, сірә, уәзір, көмекшілердің ісі болар. Ал бірақ Адам құнын арттыратын осы әлем еді ғой. Әрине, экономика бөксесін батпақтан шығара алмай жатқанда Pух дүниесінде ақ түйенің қарыны жарылмайтыны белгілі.

Ауылда қазір клуб, кітапхана жаппай жабылды. Елдің иек артары тек теледидар мен радио болып қалды. Ал газет, журнал таралымы күрт құлдилады. Кітап атымен үзілді.

Осыдан соң Рух дүниесі не болады деп ойлайтын бас бар ма? Қарапайым халықты шексіз билеп-төстегісі келетіндер ғана қауымды қараңғылықта ұстайды. Білімсіз ел—жуас. Кітапханалар жабылсын дегенде Қажыгелдиндер осыны ойлаған болуы керек.

Адам басын имандылыққа, адамгершілікке, рақымдылыққа, мейірбандыққа енді кім жетелейді? Теледидар ма? Теледидар, әсіресе қалада жан баласын иманнан бездіріп барады. «ТАҢ», «КТК» сияқтылар әзірше ауылға жетпей құдай сақтап тұр. Бірақ жетуге олар да жанталасып жатыр.

Бұл да бір микроб. Батыстың өзі жиіркеніп, безініп болған «жаппай мәдениет» микробы енді бізге эпидемия таратты. Обадан да адамдар ара-тұра аман қалады. Ал қатыгездік, ұрлық-қарлық, қиян-кескі кісі өлтіру, жезөкшелік эпидемиясы сол теледидар микробтары арқылы адам санасын жаппай улап, жегі құрттай жеп жатыр. Отан қарсы пәрменді күрес атымен жоқ. Неге десең, демократия, сөз, ар-ождан бостандығы дейді.

Дін бостандығы тағы бар. Мысалы, кришнаит дегендер кәрі демей, жас демей, халықты осы дінге кіргізуге жұлқына әрекет жасап жатыр. Ол дін бойынша: ет, жұмыртқа, балық жеме! Тек өсімдіктен жаралған тамақ же. Жаны бар малдың етін жеу күнә. Ау, сонда өмір бойы малдың еті мен сүтін талғау етіп, күн көріп келе жатқан қазақ қайтпек? Жаппай шоп жеуге көше ме? Ал керек десеңіз, өсімдікте тіршілік жоқ деп кім айтыпты? Ендеше, оны жеу де күнә.

Кришнаит бойынша, арақ ішпе, нашақор болма, темекі тартпа. Құмарпаз ойынға қатыспа. Некесіз әйелге жолама. Дұрыс-ақ.

Бұл қағида исламда, мұсылманда жоқ па екен? Бар. Бар болғанда қандай!

— Кісі ақысын жеме!

— Жетім-жесірге қиянат қылма!

— Ұрлық қылма!

Тере берсе, кришнаитыңды он орап алатын асыл өсиет көп-ақ. Бірақ насихаты добал. Біздегі дінбасылар өздері тазалықтың, имандылықтың үлгісін әлемге айдай етіп көрсете алмайды. Содан барып қазақта: «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме!» деген тұжырым қалған. «Дүмше молда ел бұзар» деген де содан шыққан.

Дін басқару, оны уағыздау тек тақуа, аса таза, адалдықтың асылындай пәруана, аса білімпаз, биік парасатты ғұламаның ісі. Ол ең алдымен философ, психолог, педагог, терең білім адамы.

Ал біздегілер... Кеше: «Құдай жоқ! Дін — апиын!» — деп маңыраған парторг бүгін — молда. Соғыс кезінде жетім-жесірдің бір уыс талқанын тартып алған финагент бүгін — молда. О, Тоба!

Осыдан кейін жабырқаған жыртық жанына жамау іздеген міскін кришнайттан пана іздемегенде кімнен іздейді. Мінезі, сөзі жібектей жұмсақ. Жүдеген көңіліңді жұбата алады. Тіпті жоқ-жітік болсаң жәрдем де бере алады. Адыраңдап, әкіреңдеп тұрмайды. Аузынан көбік шашырамайды.

Адам құнын бір білетін жер осы еді. Оның біздегі қасиеті әлгіндей, Камал.

Қалай ойлайсың, Камал, бізде театр көп пе, түрме көп пе?

Адам жанын театр асырай ала ма, түрме асырай ала ма?

Адам құнын театр арттыра ала ма, түрме арттыра ала ма?

Осындай да сұрақ бола ма екен, мен жас бала емеспін ғой дерсің. Адамдар бұл сұрақтың жауабын біледі. Біле тура түзегісі келмейді. Театр көбейсе, түрме азаяр еді. Өйткені театр адам жанын тазалайды. Жаны тазаланған адам қылмысқа бармайды. Ендеше түрмеге де түспейді.

Түрме — адамды түзету орны деген ұғым бар. Бекер. Түрмеден түзеліп шығыпты дегенді бұл кезде естіген жоқпын. Түрмеде түзік адамның өзі бұзылады. Сау адам ауру табады. Газеттерді қара, хабарларды қара: қаншама адам туберкулезден шіріп өліп жатыр!

Ал театрға келген кедей адам байиды (рухани). Кәрі адам жасарады. Ауру адам жазылады. (Руханият күші).

Сонда мемлекетке, қоғамға қайсысы тиімді? Түрмеге шыққан шығынды театрға жұмсаған тиімді ме, жоқ әлде театрдың аузынан азын-аулақ несібесін жырып алып, түрмеге жұмсаған жақсы ма?

Бұл жерде «театр» деп отырғаным жалпы мәдениет, руханият әлемі екенін ұққан шығарсың, Камал.

Заманның зор сұрақтарының бірі осы. Ал Президент Жолдауында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ. Рас, жоқ екен, былайғы шенеуніктер ескерер деп иегің қышымай-ақ қойсын. Президент Жарлықтарын жамбасына басып қойып жатып алатын министрлер, әкімдер Жолдауда жоқ Руханиятты өз беттерінше іздейді деу — қиял.

Әрине, уәзірлердің, әкімдердің ішінде де имандылары бар. Жаны ашығанмен қолы қысқа. Қалтасы жұқа.

Ал қалтасы қалыңдар... жүр той талтаңдап. Жемқорлар, парақорлар... Халық қазынасын тонағандар. Жасырын ақша жатыр іште де, езің айтқан шетелдерде де.

Әттең, бір Зор Магнит болса! Солардың бәрін сорып алатын. Халық қазынасына салатын. Сол Зор Магнитке, миллиардтаған арам ақшалар, арам ақшаға салынған жекеменшік салтанатты сарайлар, жарқ-жұрқ еткен мерседестер, суық қолда нақақ кеткен зауыттар, фабрикалар, кеніштер сол Зор Магнитке өздерінен өздері келіп жабысып қала берсе. Іздеуші де, прокурор да, сот та керегі жоқ. Тек өздері жабысып қала берсе... Арамның қолында тұрғымыз келмейді десе... Қазынаның қақпағы жоқ, Камал. Бар пәле содан. Үмітсіз шайтан ғана болсын. Президент коррупциямен, парақорлықпен күрес туралы тағы да жаңа Заңның жобасын дайындатып жатыр дейді. Мүмкін, бұл жолғысы пәрменді болар. Мемлекеттік қызметкерлерге сияпат алуға, құмарпаз ойындар ойнауға тиым салынады дейді. Пара дегеннің бір жолы осылар көрінеді ғой. Бірақ арамнан амал артылған ба? Тым болмаса бір-екі акуланы ұстап алып, аспанға құйрығынан іліп қою керек еді ғой. Көрсін жұрт. Бәлкім, жегіштердің жүрегі шайлығар.

Адамдардың бәрі де бақытты болғысы келеді. Бақыт құсы тек адал енбек адамдарының ғана басына қонатын көрінеді. Ойбай, өлдік, қырылдық деп байбаламдай бермей, тырысып, тырмысып еңбек етейік. Әрекет түбі — берекет.

Адам құны арзандамасын, Камал. Тәңірден де, патшадан да осыны тілейік. Адам кұны адал еңбекпен өспек.

Біздің басты бақытымыз Тәуелсіздік — Адам құнымен өлшенеді. Осыны ұмытпаған ұтады.

Тәмәм.

Сау бол, Камал!

Шерхан МҰРТАЗА 26-желтоқсан, 1997 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар