Қуан көкем бүгін көңілді көрінді. Жарқылдап амандасып, жалпаңдап сөйлейді.
— Әй, Барсхан, бүгін мен сені бір қыдыртайын деп келдім, — деді тікендей тікірейген сақал-мұртын күс-күс алақанымен ысқылап тұрып. — Қалада ылғи көк түтін жұтып тұншыққан шығарсың, өкпең тазарсын. Мен сені бүгін Ақсу-Жабағылының Мұзартына алып барамын. Тобышақтыдан шығамыз.
— Оу, Қуан көке, ол тым алыс, биік қой...
— Ақсу-Жабағалы Мұзарты алыс болса — жаяуға алыс. Атты адамға мына тұрған жер.
— Дұрыс қой, бірақ Мұзартыңыз қиын екен...
Қуан көкем бір көзін қысып алып, әжім умаждаған бетін алақанымен ысқылап тұрып, тау жаққа қарап:
— Мұзарттың өзіне бармаймыз, астынан қараймыз ғой, — деді.
Қарлы шыңдарға қарадым. Ақсайдың аңғары алшайып жатыр. Тобышақты соның батыс жағы. — Тобышақтыны бала күнімде бір рет көргенім бар. Есімде қалғаны — қып-қызыл семіз суырлар еді. Сол есімде қалған балалық шақтың елесі тартты ма, кім білсін, әйтеуір.
— Жарайды, Қуан көке, — дедім.
— Онда мен аттарды дайындайын, ертең ертелетіп аттанамыз — деп көңілденіп қалды Қуан көкем.
* * *
Тобышақтының аузында қарауыл бар екен. Кіре беріске алаағаш көлденең керіп қойыпты. Қуан көкем орыс қарауылды таниды екен:
— Здрасте, Неколай, — деді.
— Здраствуй, тамыр, — деді анау да.
Көкемнің «тамыры» қиын кісі екен, қыңырайып: — жіберсем, ары қарай өрлейсіңдер, қазір шілде, күн ыстық, қар көшкіні болуы мүмкін, мен сендер үшін жауап бере алмаймын, — деп қисалаңдады.
Қуан көкем қоржынынан бір шөлмек арақты суырып алғаны сол екен әлгі Неколай.
— Ну это другой разговор, — деп түсі жылып сала берді.
— Жолға керіп қойған ала сырықты баппен айқара ашып тастады. Ала сырық әйтеуір айбын. Әйтпесе тосқауыл болар қауқары жоқ. Алдымыздың арғы жағы да, бергі жағы да ашық, айдала.
Сонымен шекарадан өтіп, жалғызаяқ тау жолына түстік. Алда Қуан аға, соңында — мен. Қуан көкемнің астындағы жал-құйрығы қою, қарны жуан, жабыторы. Менің мінгенім шоқтығы биік, жалы сұйық, жирен қасқа.
Бір кездерде аңқайып жатқан кең арна қусырылып, тарыла берді. Үстінен құж-құж тастар төніп, астынан асау өзен арқырап, айдың-күннің аманында, өзімізді-өзіміз ысырат көпіріне әкеліп қамадық та қойдық.
— Төменге қарама! — деп айқай салды Қуан көкем.
Шынында да төменге қарасам, әлдебір күш өзіне қарай тартып бара жатқандай, басым айналғандай; арқырап, аспанға атылып жатқан ақ көбік арасынан қор қыздары қол бұлғап, ән салып тұрғандай болып бара жатып... есімді жиып, екі көзімді тарс жұмып, ердің басынан тас қылып ұстап алдым.
«Ысырат» көпірінен әрі өткен соң аңғардың пейілі кеңіп, көкорай шалғын басталды. «Альпийские луга» деп қойдым өзімше, орысша оқығаным есіме түсіп, артынша: неге «альпийские»? Неге «Тянь-шянские»-дің емес»? деп саясат жағына ойысып бара жатыр едім, ол «ауруым» гүлдердің саналуан салтанатын көріп тарқап, көңілім жадырап сала берді.
Мұндай мұрты бұзылмаған шын табиғатты Қорықтан ғана көресің. Бұл әлемге әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығы. Баяғыда Совнарком болып тұрғанында Тұрар Рысқұлов аштырған.
Енді міне халықтың байлығы, халықтың көз қуанышы болды. Осыншама баға жетпес байлық қалдырған азаматты «халық жауы» деп атып тастады.
Сандалтпа, сайқал саясат, басымды! Онан да жан-жағыңа қара, дедім өзіме-өзім. Жан-жағым тұнып тұрған асыл қазына. Тәңірім мұндай шебер болар ма! Киікотының жұпар иісі мұрныңды жарып, көкірегіңнің тұншыққан сарайын айқара ашып тастайды.
— О, Жасаған Ием, мына байлығыңды көрсеткеніңе шүкір!!! — деп айқай салдым. Төбемнен төніп тұрған тастар жаңғырықты.
— Бұл не қылған жаңғырық? — дедім мен. Саңқ-саңқ етіп төбеден бір-екі бүркіт баяу қалықтап ұшып жүрді.
Кенет көзіме оттай басылып, көп гүлдердің арасынан Еңлікгүл жарқ ете қалды. Міне, саған гүлдердің асылы!
— О, Жаратқан Құдірет! Көрсеткеніңе шүкір! — дедім айқайлап.
Текше-текше сандық тастар тағы да жаңғырықты. Қалықтап жүрген қырандар шаңқ-шаңқ етті.
Қара мақпалы қалың жатқан ойпаң белдің жоғары жағынан қаздай тізіліп киіктер кетіп бара жатты. Біздің мылтығымыз жоқ екенін сезеді-ау деймін, әйтпесе алыста жүрер еді.
— О, шексіз шебер Құдірет! Көрсеткеніңе шүкір! — деп дауыстап жіберіппін тағы да. Төбеден төніп тұрған сандық тастар тағы жаңғырықты.
— Айқайлай берме! — деп ескертті Қуан көкем, — қар көшіп кетуі мүмкін. Немесе анау төбедегі тастар кенеуі...
Сонымен, әлгіде ғана киіктер өткен жерден, солардың ізімен-із күншығыс жақ бетке өтуге бел байладық.
Қуан көкем айтты:
— Мына киіктердің ізімен арғы бетке өтіп алайық. Арғы беткейден Ақсу-Жабағылы өзенінің басы сонау ұшар биіктен құлап жатқаны анық көрінеді, — деді.
Қош, оған да мейлі. Мейлі демеске амал жоқ. Мен бұл жақтың жай-жапсарын біле бермеймін.
Тәуекел деп киіктер өткен ізге түстік. Қуан көкемнің жуанторысы ауылдағы қара жолмен жүргендей жайбарақат. Ойымызда ешқандай секем-күдік жоқ. Менің екі көзім сонау биіктегі сан қилы сарайлар сияқты, текше тастарда, тау басында салтанатты сарайлар тұр.
Сөйтіп, қилы-қилы суреттер көз алдыма келіп, бөтен бір елдің патшалығында жүргендей көңіл-күйім лезде кілт бұзылды: жирен қасқамның алдыңғы оң аяғы тізесіне дейін қарға кіріп кетіп, оны суырып аламын дегенде сол аяғы да батып кетті. Мен аттың басынан асып түсе жаздап жалын құшақтап, айқайлап жіберіппін. Қуан көкем артына бұрылып қарап:
— Түс аттан, ойбай! — деді.
Қардың беті жұмсарып қалған екен, тобығыма дейін батып кеттім.
— Шылбырды маған ұстат! — деді Қуан көкем ышқындап. — Тізгінді өзің тарт!
Жирен қасқа бір сұмдықты сезгендей жан ұшыра алға ұмсынды. Аяқтарын қардан суырып ала алмай, дауылды теңізде батып бара жатқан кемедей шөге берді. Қуан көкем шылбырдан, мен тізгіннен тартып, мықшыңдап-ақ жатырмыз-ау.
— Иә, әруақ! — деп Қуан көкем астындағы жуанторыға қамшы басты. Шамам жеткенше тізгіннен мен де тартып жатып, басыма сумақтаған арам ой кіріп кетіп:
— Мына қар астындағы мұзбен қоса ойылып түсіп, құрдым құзға құлар ма екенбіз, — деп зәрем жоқ.
Сауырына қамшы қатты тиген тоқторы алға қарай жұлқынғанда жирен қасқаның қардың бетіне ілінер-ілінбес алдыңғы тұяқтары көрініп еді, қайта батып кетті. Ендігі үміт торы атта қалды. Сауырдан мен де қамшымен салып қалып едім, тоқторы ышқына жұлқынды да, жирен қасқаны қардың бетіне сүйреп шығарды.
Төрт аяғы да қардан шыққан жиренқасқаның тұла бойы қалш-қалш етеді. Көздері аунақшып, алара түсіп, әлі де үрейден арыла алмай тұр.
Оппасы ойыла жаздаған ажал аранының аузынан аулағырақ кетуге тырысып, көкөрішті жағаға жеттік.
Құрлыққа жеткен соң Қуан көкем аттан түсті. Ертоқым үстінен ескі қоржынды алды. Әлгіде тау қарауылына берген шөлмек сияқты біреуін қоржынынан суырып алған. Мыжылған газетті дастарқан етіп, жайып, үстіне нан, піскен ет, үш-төрт піскен жұмыртқа шығарып қойды.
— Ал, інішек, әруақ-құдай бізді бір ажалдан аман алып қалды. Өмір жасың ұзақ болады екен, мынаны тартып жібер, — деп қырлы стаканға мөймілдете арақ құйып, ұсына берді.
Бір ұрттап едім өзегіме шоқ түскендей, демім бітіп, қақалып-шашалып өліп қала жаздадым. Көзімнен жас ыршып кетті.
— Ой, жолың болғыр, міне, былай ішпейсің бе, — деп Қуан көкем айғыр стакандағыны қылқ-қылқ жұта салды. Тіпті аузын да сүрткен жоқ. — Мейлі, ішпесең ішпей-ақ қой. Жақпаса қайтесің. Ал, мен қуанғаннан ішемін. Мен ел алдында, бүкіл халық алдында масқара бола жаздадым... Сені әруақ-құдай сақтап қалды. Әйтпесе, ана ат-патыңмен тереңге түсіп кеткенінде, мәңгі бақи мұз болып қатып қалатын едің.
— Сол жақсы ғой, қайта — деймін мен қайта көкемнің жынына тиіп. — Ал, ауылда өлсем, апарып қара жерге көме салады. Құрт-құмырсқа жеп іріп-шіріп қор боласың. Үстіңе шыбын қонбай дәл тірідегіндей, бүлінбей мұз болып қатып қалған қайта артық емес пе?! Ол, ақ өлім ғой.
— Тек! Көмусіз қалғанның несі жақсы?! — Қуан көкем киікотына кенедей қадалып, тасы шыққан тақырдан келгендей, қомағайлана оттап тұрған торыатқа қарай жүрді.
— Сонадайдан Еңлікгүл жұлдыздай жарқырап, көзге оттай басылып, баяу ескен желмен тербетіліп тұр екен. Әлгі үрей, қалжырап шаршау лезде тарқап, орнымнан мен де атып тұрып, Еңлікгүлге барып, емірене иіскеп, абайлап үзіп, төс қалтама салып алдым да, жирен қасқаға қарай аяңдадым.
Еңлікгүлдің тағы бір шоғы кездесті. Жұлмадым, әшейін иіскеледім. Бұл қасиетті гүл о басына жазықта да өскен болуы керек. Бірақ адамдар көбінесе парықсыз, жаппай үзіп жұла бергеннен кейін, «тұқымым мүлде құрып кетпесін» деп адам аяғы жетпейтін жерге ауып келген тәрізді.
Еңлікгүлдің — қасқалдақтың қанындай қасиетті екені туралы адамдар ойлап шығарған аңыз да бар.
«Бір жігіт сұлу қызға өлердей ғашық болған ғой. Сонда сол қыз әлгі жігітке шарт қойыпты: — егер Еңлікгүлін сыйласаң, саған тиемін депті, дейді.
Ғашық болуы оңай ма? Жігіт тәуекел деп тауға кетіпті. Сол кеткеннен жоқ, жоқ... оның келуін зарыға күткен қыз басқаларды қаламай отырып қалыпты.
Күндердің күнінде, жылдардың жылында қолына Еңлікгүлін ұстап, ғашық адам сақал-шашы аппақ қудай болып, қайтып келсе, алдында мәржиген кәрі кемпір отыр дейді...
Әне, ғашықтар дертінің дәруі — Еңлікгүлдің хикаясы осындай деседі».
Атқа қайта мініп, Тобышақты алқымынан ойысып, Ақсай жаққа қарай ауысып, ылдилап келеміз. Құйысқаны болмаса, ертоқым аттардың мойнына түсер түрі бар. Құйысқаннан ұстап, шалқалап отырмасаң, қос құлақтың арасынан асып түсуің әбден мүмкін. Сүйте-сүйте Ақсай каналынан да өттік-ау.
* * *
Каналдан өтіп алған соң жағадағы көк-орайға Қуан көкем тағы да «дасқарқан» жайып, газет төседі. Қоржынынан тағы бір шөлмек суырды.
Бізді көріп, ойпаңда жылқы бағып жүрген Ұзақ келді. Амандық-саулық сұрасып болған соң, Қуан көкем Ұзақ жылқышы екеуі әлгі шөлмектегіні қақ бөліп ішіп қойсын. Егер ұмытпасам, бұл жолы тіске басарлары да жоқ еді-ау деймін.
Қайтадан атқа қонып, Керегетас бойымен ауылға қайтпақ болдық. Керегетас сайында қойшылардың қорасы бар. Соған жете бергенде, Қуан көкем былқ-сылқ етіп, аттың жалын құшып қалды.
Шеткі қораға әрең жеткізіп, көкемді көтеріп, аттан түсірдік. Көлеңкеге шалқасынан жатқызып салдық. Аузынан ақ көбік бұрқырайды. Зәрем зәр түбіне кетті. Екі көзі тарс жұмулы.
— Ойбай, не болды? — деймін бізбен ілесе келген Ұзақ жылқышыға.
— Охо, бұл Тұз Кесел! — деді Ұзақ ғаламшардан жаңа бір жұлдыз тапқандай алақандарымен екі санын сарт еткізіп.
— Ойбай-ау, бірдеңе қылсаңызшы!
— Қазір, — деп Ұзақ, құдай тілеуіңді бергір, қой қораның ішіне кіріп кетті. Қуан көкемнің аузынан енді қанды көбік бұрқырай бастады.
Тұла бойым қалш-қалш етеді. Әлгіндегі сап-сау көкем көз алдымда еліп бара жатыр. Құтқаратын дәрмен жоқ.
«Масқара болдым-ау! — дедім, — сап-сау кеткен адамның енді қайтіп өлігін өңгеріп қайтамын?!» деп өкпе-бауыр, қолқа-жүрегім мұздап сала берді.
Сол кезде, құдай тілеуіңді бергір, Ұзақ қолына ат басындай сатал-сатал кетпен тұз алып, жүгіріп жетті-ау. Әлгі тұзды таспен ұрып уатып, уыстап-уыстап Қуанның аузына тығып, тістеріне қышырлатып езіп-езіп, ысқылап-ысқылап жіберді. Қанды көбік бұрқырап ақты да, Қуан көкем, өмір жасы ұзақ болғыр, кірпіктері қимылдап, көзін ашты.
Мен қуанғаннан көкемнің тікенектей түк басып кеткен бетінен сипалай беріппін.
Сәлден кейін Қуан көкем тәлтіректеп орнынан түрегелді. «Ух» деп терең дем алды. Сөйтті де алды-артына қарамай, бізді де елең қылмай, ештеңе болмағандай, жуанторыға қарғып мініп, ауылға қарай тырақайлап шаба жөнелді.
— Оу Қуан көке! — деп айқайлаймын арттан шауып келе жатып. — Оу, Көке, не болды?
— Балаларымды сағынып кеттім, — деп Қуан көкем артына бұрылып та қарамай, торыатқа торсылдатып қамшы басты.
О дүниенің табалдырығынан қайтқан адам балаларын сағынса сағынатын-ақ шығар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі