Жар астынан жау шығып, тайпалы ел таусылып, аз үй қалған күйзеліс жанға батқан кез екен.
Осындай бір кезеңде,арнасы кең өзенде, кісінеуік тайы бар, маңырауық ешкісі бар бір үйлі жан болыпты. Соның ішінде күйзелуден үһісі ұшып, күңіренуден есі ауысқан бір шал мен кемпір бар екен. Оған сай келте ақыл келіні болыпты. Жалғыз ұлы жан бағудың қамы үшін жалшы боп алыс отарда жүреді.
Бір күні кемпір мен шал келінін жалғыз қалдырып, сол манда ас берген біреудің ауылына кетеді. Жалғыз қалған келін қарыны ашқан соң тоғайдан алма теріп әкеп жейді. Біраздан кейін кекіре бастайды. Ол кекіргенде үйдің жанында тұрған көк ешкі маңырайды. Ата-енесінен ырым-сырымды көп естіп, күпті боп жүрген келіншек күдіктене қалады.
— Апырай, кекіргенім жақсылық па, жамандық па? Мен кекірсем көк ешкі неге маңырайды? – деп, алма жеуді, тоқтатады. Бірақ кекірігі үдей түседі. Соған қоса күмәні де күшейеді. Жайланып отыра алмай, тысқа шықса, көк ешкі одан арман маңырайды. Бұдан күдіктенген келіншек:
— Қап, мына хайуан кекіргенімді естіп, соны айтамын деп айқайлап тұр екен ғой, енді қайттім? –деп барып, ешкіні мойнынан құшақтайды,— жануарым, жазатайым кекіріп қалдым. Ата-енеме айта көрме! – деп жалынады. Оның жалбарынғанын қайдан білсін, көк ешкі мойыны жыбырлаған соң, басын шайқайды.
Келіншек:
— О жануарым, сөзімді ұғып «айтпайын деп тұр екенсің ғой басыңды шайқап» деп міңгірлейді де, ешкінің мойнын құшып отыра қалады. Адамға әбден үйір болып алған ешкі келіншектің омырауын иіскелеп, түйме-сөлкебайларын жалайды.
Сөйтіп отырғанда тағы кекіреді. Ешкі тұмсығына тиген түйме танауын жыбырлатқан соң, пысқырып жібереді. Сонда келіншек:
— Мені мазақ қып тұрсың, ә, ерніңді шығарып. Мейлі, кекіргенімді айта көрме. Сұрап тұрғаның түйме ме, мә, сен-ақ ал! – деп, омырауындағы сөлкебай мен сабақты түймелерін үзіп алып, ешкінің кекіліне байлай береді.
Әлден уақытта үйдің арт жағынан жалғыз ала тайы кісінейді. Орнынан тұра бере кекіріп қалған келіншек қасында тұрған келіні құлатып алады. Келінің түбі тиіп, ешкінің аяғы ауырып қалады. Ешкі бүрсеңдеп, келіншектен алыстап қашақтайды.
Сонда келіншек:
— Ала тай, айқай салып ең, көк ешкім көсіле қашты. Құдай біледі, екеуің менің кекіргенімді елге жаймақсындар ғой. Сендер айтқанша, өзім айтайын, – деп, жүгірген бойы тоғай жаққа кетеді. Алдынан атасы мен енесі шыға келеді. Әбден үйренген ала тай кісінеп, көк ешкі маңырап, екеуі қатар жүгіреді. Келіншек жығылып-сүріне енесіне келіп:
— Апа, мен кекіре беремін, жақсылық па, жамандық па? – деп сұрайды. Кемпір жағасын ұстап:
— Не сұмдықты айтып тұрсың, келіннің кекіргені қай жақсылық? – деп көзін алайтады. Сөйтіп тұрғанда келін үсті-үстіне бірнеше дүркін кекіреді. Не айтарын білмей қалған кемпір артынан жеткен шалына:
— Үй шал, о заманда, бұ заман келін кекіргенді көріп пе ең? Мына келінің кешке дейін кекірдім деп тұр. Менің алдымда тағы кекірді. Бұл не, жақсылық па, жамандық па? Бал аштырайық, әлгі балгерді ертіп келші, – дейді бажалақтап. Қабағы түксиіп, белі бүкшиіп, аңқия қараған шал:
— Ойпырмай, кұдай өзің сақтай гөр. Келін кекірсе, қыз секірсе – жақсылық емес деуші еді. Барсам барайын балгерге.
Шал артына қарай-қарай бүкшеңдей жөнеледі. Күн бата балгерді ертіп келеді. Жайланып төрде отырған балгер ахуалды ұққан сон қызыл көрген жезқұйрықша қылмың қағады.
— Түйнек болмаса – тоқты өкірмейді, жүрек қараймаса – келін кекірмейді. Істегенім бақсылық, айтқандарым жақсылық. Көңілдерің жәй болсын, дастарқан май болсын. Кекірік сонда жоғалар, отбасың да оңалар, – деп сарнайды балгер кекіріктің мәнісін.
— Алда қарағым-ай, айтқаның келсін, дәл басып жорығаныңды қарашы. Көңіліміз хош болды, – дейді шал.
Сонымен қуаныштары қойнына сыймаған кемпір мен шал қонағының қонақ асына жалғыз көк ешкісін сойып береді де, ертесіне қонақ аттанған кезде жалғыз ала тайын жетелетіп жібереді.
Арада айлар өтіп, күндердің бірінде отарға кеткен баласы арып-ашып келеді. Ауласында ешкісі, қорасында тайы көрінбеген соң әкесінен:
— Тай кісінемей, ешкі маңырамай қалыпты ғой, қасқыр жеп, қарақшы әкеткеннен сау ма? – деп сұрайды.
— Апырай, балам, соны айтсаңшы. Жануарлардың дауысы үйімізге қоңырау еді, амал қанша, бір сұмдық болып... Мына келін бала кекіріп қойып... Сонымен... – деп шал қомпандап, кемпір кемсендеп, болған істің мән-жайын айтады. Іштей қатты опық жеп, ызаланған ұл:
— Бүйтіп көрген күн құрсын... Темір таяғым тебендей болғанша тентіреп жоғалайын. Әлемнен сендердей ақылсыз жомарт кездессе қайтып келіп асырайын. Кездеспесе қаңғып жүріп топыраққа бетімді жасырайын, – деп еңіреген күйі үйінен шығып, безіп кетеді.
Ұл сол бетімен өзендерден өтеді, тау асады, құм басып, шөлде қақталады. Беті ауған жағына жүре береді... Қанша жер басқанын, қанша азап шеккенін кім білсін, әйтеуір, бір көктем мезгілінде шалқар көл жағасына тігілген ақ отауға келіп:
— Кеш жарық, келіп тұрмын арып, – деп дауыстайды. Сарыкідір тартқан әйел сыртқа шығып, қонақты үйге кіруге ілтипат етеді. Жігіт үйге кіргенде оның өсіп кеткен сақал-шашына, түте-түте боп жұлмаланған үсті-басына қараған екі бойжеткен қыздың бірі қиқылдап, бірі шиқылдап күліседі. Шаршап келген жігіт ала көзбен ата бір қарайды да, ернін жалап шөлдегенін сездіреді. Үй иесі әйел берген айраннан екі үлкен шараны арты-артынан сіміріп алған жігіт сәл ес жияды.
— Рақмет, осы да үлкен конақасы. Қатты шаршадым, ұйықтап, демалайын, – дейді. Әйел басына тең қойып, астына сеңсең төсеп төсек салып береді. Жігіт жантая кетеді де, сол жатқаннан ертеңіне түске таман бір-ақ оянады.
Қонақ тұрған соң кіші қыз екі ағаш шелекті бақанға іліп, суға жөнеледі. Көпке дейін келмеген соң:
— Әлгі қыз нағып жоғалды барып келші, – деп, шешесі үлкен қызды жұмсайды. Ол да келмей, шешесінің көзін көгертеді. Қонақтан ұялған әйел енді екі қызының соңынан өзі кетеді. Жігіт үйде отыра береді.
Ақыры үй иелері келмеген соң, тағаты таусылған жігіт сыртқа шығып, олай-бұлай қарайды. Көл жақтан ойбайлаған әйел дауысы естіледі. «Әкау, жазым болып, біреуі көлге түсіп кеткеннен сау ма?» деп ойлаған жігіт жүгіріп бір төбешікке шықса, ұмар-жұмар шұрқырасып жатқан қыз бен шешесін көреді. Жүгірген бойы қасына барса, бұлар түлкі алған бүркітше шеңбектесіп, озан сала жыласып жатыр:
— Суға кетсем келмедің-ау,
Бірде-бірің ермедің-ау.
Толқын тартып кеткен,
Қайран менің Ермегім-ау.
Кіші қыздың құмдай егіліп айтқан жоқтауын естіген жігіт: «Мына қыздың жақсы көретін адамы суға кетсе керек» деп ойлайды да, алдымен шешесін айырады. Жылауларының мәнін сұрайды. Сонда қыздардың шешесі былай дейді.
— Не болғанын қайдан білейін, қарағым. Суға кеткен қыздарым кешіккен соң, артынан келсем, екеуі бірін-бірі құшақтап, тастай қатып, озандап жылап отыр. Бұған қарап көңілім босап кетті де, екеуін бас салып мен де жыладым. Не болғанын үлкен қыздан сұрашы.
Жігіт екі қыздың қасына барып, зорға ажыратады. Одан кейін үлкен қызды оңашаға шығарып, не болғанын сұрайды. Қыз айтады:
— Сіңлімді іздеп келсем, бір шелекті құшақтап өкіріп отыр. Тындасам: «Ермегім-ау, Ермегім» дегенді айтады. Бізден жасырып жүрген ғашығы болып, сол бір сойқанға ұшыраған екен ғой деп ойлағанымда көзімнен жас парлап кетті. Бұл жылаған сайын менің жасым суша ақты. Ермектің кім екенін озі біледі.
Жігіт енді кіші қыздың жылауын әрең тоқтатып, жөн сұрайды.
— Көлбасына келсем, – дейді қыз,— көл толқып жатыр екен. Көлге қарап отырып толғандым, көңілім алабұртты. Көлдің бетінде бір аққуды бір аққу қуалап жүргендей көрінді. Тәтті қиял арты-артынан үйіріле берді. Апам мені өзіңнің теңіңе барасың деген екен деймін. Мен өз теңім Ермекке уәде байлап, осында келген екенмін. Ермек көлден аққудай ұшып шығып, менімен қоштасқандай болды. Сол сәтте бір үлкен толқын жұтып қойды. Басымды сілке көтеріп, көл бетіне қарасам, Ермектің ішінде тұншығып, жанталасқанын байқадым. Содан не болғанымды білмей, жылай беріппін. Артымнан тәтем келіп еді, оны құшақтап одан әрмен жыладым. Апам келгенде тіпті даусым қарлығып, сілем қатып еді...
Мұны естіген жігіт мырс етіп күліп жібереді де, көңілімде күмән қалмасын деген оймен:
— Ермек деген жігітің бар ма еді? – деп сұрайды. Қыз:
— Қайдан болсын, еріккенде қиялдағы ермек қой, соны айтқаным да, – дейді.
Жігіт жатып кеп күлсе, қыздар қосыла күледі. Шалқар көлдің айдынына көз тастаған жігіт:
— Ақылсыз, ессіздер менің үйімде ғана екен десем, мұнда да бар екен ғой. Сондықтан ашуға жеңдірмей, ақылға жүгініп, ауылыма қайтқаным жөн екен, – деп, кері үйіне қарай бет бұрыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Несібелі
керемет
Бекзат
Қызық ертегі