Өлең, жыр, ақындар

Шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы мәселені шешу жолдары

Автор: Иджанова Шахноза Розахунқызы, ХБУ 3 курс студенті.
Мамандық: 6В04207-Халықаралық экономикалық құқық.              
Ғылыми жетекші: Жумабаева Құралай Жумабайқызы заң ғылымдарының кандидаты, доцент.
Пән: Халықаралық қылмыстық құқық.

Заң ғылымдарының докторы Арықбай Нүсіпәліұлы Ағыбаев «Қылмыстық құқық» еңбегінде былай деген: «Қылмыстық жауаптылықтан босату, жазадан босату немесе жазаны одан әрі өтеуден босатудың бір-бірінен айырмашылығы оларды қолдану негіздеріне байланысты болады. Әдетте, қылмыстық жауаптылықтан босату істелген қылмыстың қоғамға қауіптілігі онша көп болмаған және оны істеген адамның түзелуі, жаза қолданбай-ақ мүмкін болған жағдайларда қолданылады» [1]. Осы пікірмен келісе отырып, бүгінгі жұмысымызда біз шынайы өкінуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мәселесін қарастыратын боламыз.

Қылмыстық жауапкершілік— құқықтық жауапкершіліктің бір түрі; қылмыстың құқықтық салдары — қылмыскерді жазалау түрінде көрініс табатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.

Қылмыстық жауаптылық негіздері - қылмыстық жауапкершілік пен жазалауға тек қылмыс жасауға, яғни қылмыстық заңнамамен қарастырылған қоғамдық қауіпті әрекетті қасақана немесе абайсызда жасаған кінәлі адам ғана тартылады.

Тек соттың үкімі бойынша және заңға сәйкес болмаса, ешкім қылмысты жасауға кінәлі болып танылмайды, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартылмайды [4].

Қылмыстық жауаптылықтан босатудың түрлері жалпы және арнайы деп екіге бөлінеді. Қылмыстық жауаптылықтан босатудың жалпы түрлеріне бүгінгі қозғап жатқан тақырыбымыз, яғни «шынайы өкінуіне байланысты» және келесілер жатады:

  • қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде;
  • процестік келісімнің талаптары орындалған кезде;
  • татуласуға байланысты;
  • жағдайдың өзгеруіне байланысты;
  • ескіру мерзімінің өтуіне байланысты;
  • рақымшылық актісінің негізінде.

 Қылмыстық жауаптылықтан босатудың арнайы түріне Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің Ерекше бөлімінің баптарында көзделген арнайы түрлері жатады.

Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы мәселені Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 5-бөлімінің 65-бабы қамтиды. 5-бөлім «Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату» деп аталып, оның ішіндегі 65-бап «Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталады. ҚР ҚК зерттеу барысында  «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталатын 68-баптың 3 тармағыда көзге түседі. Ол жерде «Қылмыстық құқық бұзушылықпен қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірілген жағдайларда, осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам, егер ол шынайы өкінсе және қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін» деп көрсетілген [3].

Қылмыстық жауаптылықтан босату мемлекеттің қылмыскерді соттаудан бас тартуынан, яғни айыптау үкімінде көрсетілген жазаға теріс баға беруден, басқаша айтқанда, кінәліні мемлекет алдында жасаған әрекеті үшін жауап беру міндетінен босату болып табылады.

Қылмыстық жауаптылықтан босатуды мемлекет атынан құзыретті мемлекеттік органдар қолданады. Ол процессуалдық түрде қылмыстық істі қысқарту немесе тиісті қаулы шығару түрінде іс қозғаудан бас тарту жолымен рәсімделеді. Дәл осы сәттен бастап мемлекет пен қылмыс жасаған адам арасындағы құқықтық қатынастар тоқтатылады. Мемлекет жасаған әрекеті үшін кінәліні жазалау жөніндегі өз құқықтарынан бас тартады және оны қылмыстық жауаптылықтан босатады.

Осылайша, қоғамдық ықпал ету шараларын қолдануға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған кезде адам қылмыс үшін жауап беру міндетінен емес, нақты қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Айта кету керек, шынайы өкінуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату ҚР ҚК 65-бабының 1-тармағына сәйкес тек қана жасалған қылмыс түрі – қылмыстық теріс қылық болса, болмаса алғаш рет қылмыс жасап тұрған адам болса, қылмыскердің қылмыстық тергеу кезінде өзін қалай ұстағаны негізінде ғана жүзеге асырылады.

 Сонымен бірге ҚР ҚК дәл сол бабында айтылғандай: «Сыбайлас жемқорлық қылмысты алғаш рет жасаған адамды тек қана сот шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін» [3].

Қылмыстық жауаптылықтан босатудың бұл түрі Қылмыстык Кодекстің Ерекше бөліміндегі жеке кылмыс құрамының санкцияларында көрсетілген реттерде ғана қолданылады. Мұның өзінде шынайы өкінген деп тану үшін кінәлінің кінәсін мойындап, өз еркімен келуі, шын жүректен өкінуі кылмысты ашуға жәрдемдесу және келтірілген зиянның орнын толтыруы секілді белгілері болуы шарт.

Кінәсін мойындап келу деп біткен немесе дайындык арасындағы (дайындалу, оқталу) кылмыстарды істегеннен кейін кінәлі адамның өзінің айыбын мойындап, заңда көрсетілген органға келуін айтамыз. Кінәсін мойындап келу көп жағдайларда аяқталған кылмысты істегеннен кейін орын алады. Шынайы өкіну деп істеген кінәлінің қылмысы үшін ағынан жарылып өкініш білдіруі; өзін-өзі айыптауы; істеген ісі үшін кандай да болсын жазаны адал өтеуге даяр екендігіне көз жеткізу; іштей катты күйзеліп, қайғылануы сияқты әрекеттерін айтамыз. Келтірілген зиянның орнын толтыру деп кінәлінің өз еркімен ешкімге айтқызбай-ақ келтірген материалдык зиянның орнын толтыруы, жәбірленушіден келтірген моральдық зияны үшін кешірім сұрап, істеген іс-әрекеті үшін өзінің айыбын толык мойындап, болашақта оны қайталамауға уәде беруі және тағы басқа әрекеттер жатады. Қылмысты ашуға жәрдемдесу деп тергеу органдарына болған мән-жайларды айқын баяндауы, кылмысқа қатысқандарды дұрыс анықтап беруді, қылмыстық құралдарды, қолда болған затты табуға көмек беруін, сондай-ақ жәбірленушіге келтірген моральдық зияны үшін одан кешірім сұрауын айтамыз.

Қылмыстық кодекстің 65-бабының 2-бөлігінде шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға жол берілмейтін жағдайлар көрсетілген: террористік, экстремистік қылмыс, қылмыстык топ құрамында жасалған кылмыстарға, жас балаларға қарсы жыныстық қылмыс істегендерге, жеке адамға қарсы ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандарға Қылмыстық кодекстің 65-бабының 1-тармағы қолданылмайды [1].

Зерттеу жұмысының I кезеңінде айтып кеткеніміздей, тақырыпты саралау барысында UIB студенттер арасында тақырыпқа байланысты сауалнама жүргізу жоспарланған еді. Сауалнаманың сұрақтары келесідей болды:

  • Сіз Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексімен таныссызба? Кодекспен таныстығыңызды 5 баллдық шкаламен бағалай кетіңіз.
  • Қалай ойлайсыз, біздің Республикамызда қылмыстық жауапкершіліктен босату қандай негіздер жүзінде жүзеге асады?
  • Шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы не айта аласыз?

Жас санаты бойынша сауалнама  17-21 жасар студенттер арасында жүрді. Сауалнамаға белсенді түрде қатысып, өз үлесін қосқан студенттерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. 1-сұрақ бойынша студенттердің 69% ҚР ҚК «4» баллдық шкалаға танитынын білдірді. 15% «5» баллдық, ал қалғандары «3» баллдық шкаламен жауаптарын белгілеген. Қуантарлығы, шынымен де біздің жастар ҚР ҚК таныс.

 Екінші сұрақта студенттер көп жаза кетпеген, негізгі нұсқа ретінде: «Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген қаулылар нормалар негізінде шығар» деген жауап болды.

Ал үшінші сұраққа студенттер қызыққан сияқты. «Шынайы өкінуге байланысты қылмыстық жазадан босатуға болады ма?», «Қандай қылмыстарда шынайы өкінуге негізделіп босатады екен? Жеңіл қылмыстарда секілді», «Шынайы өкінуді қалай біледі екен?» дегендей қызықты жауаптар болды. Сонымен бірге, «Қылмыстық жауаптылықтан босату, жазадан босату немесе жазаны одан әрі өтеуден босатудың бір – бірінен айырмашылығы оларды қолдану негіздеріне байланысты болады. Әдетте қылмыстық жауаптылықтан босату істелген қылмыстың қоғамға қауіптілігі онша көп болмаған және оны істеген адаманың түзелуі , жаза қолданбай–ақ мүмкін болған жағдайларда қолданылады. Мұндай жазадан босату тек заңда белгіленген тәртіппен сот арқылы ғана жүзеге асырылады», «Шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату негізі — кінәлінің қылмыс жасағаннан кейінгі қоғамға тигізген зардабының қауіптілігі аз мөлшерде болуы. Кінәлінің шын өкінуі, қылмыстық жауаптылықпен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде Қылмыстық кодекстің 65-бабы қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейді» дегендей жауаптарда кездесті.

Жаңа Қылмыстық Кодексте бұрынғы кодекске қарағанда ізгілік принципі басшылыққа алынып, коғамға онша қауіпті емес іс-әрекеттер жасағандарға оларды қоғамнан оқшауламайтын жаза түрлерін (түзеу жүмысы, шартты жаза, міндетті жүмыс, шын жүректен өкінуіне немесе тараптардың келісімге келуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) қолдануға кең жол ашылған. Мұндай ізгілік қағидалар қылмыспен күресуге пәрменді әрі тиімді жағдай туғызады [1].

Зерттеу жұмысымызды қорытындылай келе, шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы мәселені шешу жолдары бүгінгі күнде өте өзекті тақырыптардың бірі екендігін айтқымыз келеді. Қылмыстылықтың санын азайтуда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жаткан кең көлемдегі саяси, экономикалык және әлеуметтік шаралардың маңызы зор. Экономикалык реформаны дұрыс жүргізу, нарықтық экономикаға кең жол ашу, өндірістің кұлдырауын тоқтатып, еңбекті дүрыс ұйымдастыру, оның өнімділігін арттыру, жұмыссыздықты жою, коғам мүшелерінің өмір сүру кажеттілігін тиісті деңгейге көтеру, қүқықтық реформаны заман талабына сай іске асыру мемлекеттің алға қойған осы саладағы міндеттерін жүзеге асыруына кепілдік береді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. А.Н. Ағыбаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне түсіндірме», Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2015 жыл.
  2. А.Н. Ағыбаев «Қылмыстық құқық» Жалпы бөлім, Оқу құралы, Алматы: «Қазақ университеті», 2016 жыл.
  3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, 2014 ж. 3 шілде № 226-V ҚРЗ.
  4. Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз