БІРІНШІ БӨЛІМ
ТЫҒЫРЫҚ
Өткен өмір қу соқпақ,
Қыдырады талайды.Абай.
— Біссіміллә!
Көптен бері қару ұстамай балғын тартқан салалы саусақтар ақ шарқат қалтадан ақ жаймаға саудырап төгілген қырық бір құмалақты, қырық бір жиде тасын, әуелі үшке бөлді.
Сол жақтағы шоғырды төрт-төрттен санап, артылып қалған бір құмалақты сәл жоғарыраққа оқшау апарып тікті. Ортадағы шоғырды санап, артылып қалған бір құмалақты әуелгі біреудің оң жақ қатарына әкеп шаншыды. Үшінші шоғырды да әлгіндей қып санап шықты, үш тас артылды. Оған оқшау тастың оң жақ қатарынан орын тиді.
Қалған құмалақтарды араластырып жіберіп қайта тартты. Бұл жолы сол жаққа — екі, ортаға — екі, оң қанатқа төрт құмалақ шықты. Олар алдыңғы қатардың астыңғы жағынан екінші қатар құрады. Үшінші қатарда сол жаққа бір, ортаға, оң жаққа үш тас түсті.
Дөң маңдайдың астындағы тостағандай томаға көз шашырап жатқан жиде тастарын сұп-суық ызғарымен шағып жіберетіндей шаншыла қарайды.
Мөлт қара сақал-мұрт қыбырсыз. Бозарыңқы дүрдік еріндер бір-біріне жабысып қалғандай.
Тіп-тіке қарайтын дөңгелек жүз, сыз қабақ, ақ сұр кісінің бет алды тұнған сабыр. Шығыңқы шықшыт сүйек пен шытыныңқы қабақтар ғана іште жатқан шытырман ойдан нышан байқатқандай.
Назары алдындағы ақ жаймада. Түйіліп отырды, отырды да, бір бұрышын қайырып бүркей салды. Артындағы құс жастыққа шалқалай бере жамбасына бірдеңе батқандай лезде қайта тіктелді. Алдындағы ақ жайманың бүркеуін ашып еді, қолтиді боп майлақыланып қалған жиде тастары ию-қию араласып кетіпті.
Ала шарқат қалтаның ауызы қайта байланды. Ат шаптырым ақ орданың сол жағында манадан бері үнсіз отырған сүйек басы күйеуіне келетін кең маңдай, қыр мұрын, жайнақ көз бәйбішенің ақ борық тамағына болмашы діріл жүгірді, бірақ бұлтиған етті еріндері сол бүлк етпеген қалпы қала берді. «Шаршадың ғой, дем алсаңшы», — дегендей орнынан бипаз көтеріліп, төрдегі ақ сұр кісінің ту сыртындағы құс жастықтың үстіне тағы бір жастық апарып қойды.
Ақ сұр кісі екі құлағы едірейіп, желкесінен төніп тұра қалған жаңа жастықты жақтырмағандай, иығынан асыра бір қарап, қабағын шытынды. Ләм-мим ауыз ашпады. Қисайған да жоқ. Сол орнында міз бақпай ұзақ отырды.
Көз алдында — әлгінде ғана ақ жайманың әр жер-әр жеріне бүрісе шоңқиған жиде тастары. «Шілдің боғындай шашырап түсті-ау!»
Ақ сұр кісі көз алдында сайрап тұра қалған жиырма бір тастан құтылмақшы болғандай сояу кірпіктерін кілгірте жұмып ойға шомды. Жиырма бір тас бәрібір тізіліп тұрып алды.
«Әттеген-ай! — деді ол ішінен. — Осындайда қасында Тайлан болар ма еді!»
Не де болса, өзі ашқан балды өзі жорымауға бел буды. Есіне екі абысынның әңгімесі түсті. Буаз әйел түс көрмейтін бе еді. Түсінде екі бөлтірік екі емшегін еміп жатпайтын ба еді. Ояна кетіп, абысынына айтса: «Ойбай, сорлы, сені қасқыр жеп қояды екен!» — демейтін бе еді. Отынға кеткен бейшараны, шынында да, қасқыр талап өлтірмейтін бе еді. Апа-сапа боп, марқұмды жерлеп қойған соң, әлгі жайды абысыны енесіне айтқанда: «Қап, жүзіқара-ай, түсті сөйтіп жаманға жорушы ма еді. Ол бейбақ егіз ұл табатын еді ғой», — демеуші ме еді. Бұл күндері бұның да буаз қатыннан айырмасы қанша! Жүрегінің басы май ішкендей кілкіп жүргенде өз балын өзі жорымай-ақ қойсын. Көп болса, Тайланға ат шаптырып жорытып алар.
Көзі шаңыраққа түсіп еді — күлдіреуіштердің арасынан жылт-жылт сығалаған аспан күндегідей емес көгістеу көрінді. Шілденің де нобайлайын деп жүргені ғой.
Бәйбіше байқалар-байқалмас күрсініп қойды. Күндігінің бір жағын түріп, сыртқа құлақ тосты.
Әлдекімнің аяқ дыбысы естілді. Оң жаққа кеп тамағын кенеді.
— Хан-ием!
Бәйбіше бұрын тіл қатты.
— Кел, Мырзатай, кіре бер!
Есіктен қапсағай қара кісі көрінді. Табалдырықтан аттай сала қамшысы салаңдаған оң қолын омырауына апарып тағзым етті. Сөйтті де, бұйрық күтпестен масаты кілемнен төменірек, қошқар мүйіз қызыл ала сырмақтың шетіне кеп тізе бүкті. Сыртын ақ киізбен сырыған далбайын алып тізесіне қондырды. Орда ішіне күңірсіген күн иісі мен тер иісі мүңкіп қоя берді.
— Аманшылық па? — деді келген кісі алдымен өзі тіл қатып.
— Аманшылық. Ал хабарыңды айта бер! — деді ақсары бәйбіше.
Жолаушының есіктен кірмей жатып, мұншалық жайбарақаттана қалғанынан тап пәлендей тосын хабар әкелмегенін сезіп, төрдегі кісінің әлгінде ғана самсап түрегелген сояу кірпіктері қайтадан сұлқ түсті.
— Айта қоярлық хабар шамалы, — деді қапсағай қара, көптен бері ұстара тимей тікірейіп тұрған қылтанақ шашының арасынан жылт-жылт домалап жатқан бүрге тамшыларды жеңімен жасқап.
— Башқұрттар не дейді?
— Не деуші еді, үндемейді.
Хан иығын тіктеп отырды.
— Жол-жөнекей соққан елдерің не дейді?
— Олардікі бір дүрлігіс. Башқұрттар өздігінен қодыраңдап жүрген жоқ, бір шапқанда бес шапқанына қарағанда қолтықтарынан дым бүркушілер бар деседі. Елші аттандырамыз деп, жатқан жыланның құйрығын өзіміз бастық. Қол қусырып мүсәпірсіп алдына барғасын, қанша дегенмен, аты әйел ғой, патша да қайдағы-жайдағы өткен-кеткенді есіне түсірген шығар. Ішкен-жегенімізді мұрнымыздан сығып алатын болар. Енді құтырғаннан құтылған деп, орыс шебінен алыс кетпесек, іргемізге тыныштық бола қоймас. Торғайын да, Ырғызын да тастап, Ұлытау асып кетеміз дейді.
Ханның сұп-сұр беті сол сұп-сұр қалпы.
— Кейбір ауылдардың жымпиып жұрты ғана жатыр. Хан қозғалғысы келмесе, қала берсін. Орыстың қабағы жылып, көсегемізді көгертеді деп қашанғы отырамыз. Қашпаған қашардың уызынан дәметіп, мықтыға арқа сүйеп, тайтаңдаған башқұрттардың талапайына төзе берер жәйіміз жоқ дейді.
— Жә, жолаушылардың хабарын айтсайшы.
Хан қабағын шытынды. Онысы: «Әңгімесін бұзбай тыныш отыр!» дегені болса керек.
Қапсағай қара мынау қабаттаса айтылған екі әмірдің қайсысын орындағаным дұрыс деп көп дағдарып жатпады.
— Олардан хабар боп жатса, өзім де айтар ем ғой. Сол баяғы қаңқу. Патша оларды елге қайтармай ұстап қапты дейді. Баяғыда қарап жүрмей, орыс шебіне көп тиіскен ханның елшісі екенін білгесін тіріде жіберсін бе дейді.
Ханның сол жақ қабағы сәл бүлк етті де, қайтадан тып-тыныш бола қалды.
— Жұрт башқұрттардың баса-көктеп тұрғанын елшіліктен ештеңе шықпағанға жориды.
Бәйбіше мынандай әңгімені әрі қарай соза түсудің қажеті бар-жоғын біле алмай күйеуіне қарады. Хан оны байқамағансыды. Мырзатай өз әңгімесінен өзі жалыққандай.
— Апа, қымызыңыз бар ма, қаталап келдім, — деді.
— Әй, бар, айт. Мырзатайға қымыз сапыра берсін, — деді бәйбіше сол жақ босағаға зекіре тіл қатып.
Үй сыртынан әлдекім тырп-тырп басып алыстай берді.
Мырзатай енді төрдегі кісімен шаруасы жоқтай, ақ сары бәйбішемен сөйлесіп кетті. Базар нарқын, не әкелгенін, айтқан тапсырмаларының қайсысының орындалып, қайсысын орындай алмай қайтқанын баяндап жатты.
Орнынан көтеріле бере:
— Хан-ием, жолда Тайланға қондым. Жездеңе сәлем айт деп еді. Мойыныма борыш болмасын, — деді.
— Сәламат болғай...
— Жездеңе айт, ұрыншылап келген күйеудей тұмшаланып жатып алғаны несі? Ел ұстайтын кісі, ең болмаса, анда-санда жұртқа елтең-селтең қарасын көрсетпес болар ма деді.
Ақсұр кісінің бір жақ миығы бүлк етті.
— Баласын көрдің бе? Өсіп пе?
— Өскенде қандай, аттың құлағында ойнайды!
Құба жонда бір жылқы, бір адам екеуден-екеу бекітіп тартып келеді. Биыл құла түзде құланнан басқа тірі мақұлық кезіксейші! Ал құлан дегенің жерге сыймайды. Ыңып жүр-ау, ыңып жүр. Жаман тұғырмен ит бүлкекке салып келе жатқан жалба тымақ Итжеместі келеке қылғандай жолын олай бір, бұлай бір кескестеп әбден жынын келтіргені. Жөңкіліп бара жатқан тағы үйірге ызасы келгенде кез алдына қазан-қазан қуырдақ, тегеш-тегеш ет елестеп кетеді. Ол үшін әуелі анау шапқылап жүрген төрт аяқтыны ұстап алып, шарта буып жығып салуы керек. Тай қазанға тақ толтырып асып-қуыруы керек. Кең даланы еркін шарлап жүрген төрт аяқтының көкірегіндегі шыбын жан қоңыр үйдің түрулі іргесінен кең дүниеге көзін сатқан екі аяқтының кеудесіне ұшып қону үшін содан басқа ештеңе қажет емес. Бірақ айдалада жалғыз жортқан Итжеместің қолынан оның бірі де келмейтін еді. Енді, міне, көз алдынан бұл-бұл ұшып, сағымға сіңіп жоғалып жатқан қазан-қазан қызыл қуырдақтан қарадай қағылып, аузының суы құрып, соры әбден қайнап келеді.
Қарай-қарай көзі де бұлдырап кетіпті. Итеңдей-итеңдей белі де талып қапты. Ат суытып алайын деп, жусаны мен жапағы қалың көлдеу ойдың ортасындағы алда төмпектің қасына кеп тоқтады. Атын тұсап, отқа жіберді. Сосын төңірегіне қарады. Ұрының жүзіндей жымпиып жатқан кең алқап. Ойына бірдеңе түсіргендей иегін қасыды. «Қап, мынау ойға бекер тоқтаған екенмін, анау қара жалға көтеріліп кідірсемші», — деп өкінді.
Қазекеңнің ең аяғы белін босатып алу үшін де биік жер іздейтін әдеті ғой.
Сосын әлгі отырған жерінен жел жаққа қарай қырық қадам ұзап, шалқасынан түсіп жата кетсін... Көз алдына тағы да тай қазан ет пен мөлтеңдеген сірке сорпаның тұра қалғаны. Қапелімде, жер түбінен түйдек-түйдек көрінген қою шаңды да аңдай қоймапты.
Тек бір уақытта жаңа ғана жамбасының астында өз тақымындағы буырыл тұғырдай мыңқ етпей жатқан қара жердің кенет ысқырынып-пысқырынып, дүсірлеп-тасырлап тулап қоя бергені. Манадан бері қарасы жоғалғандай жым-жылас жатқан түз құстары қалбалақтап әлдеқайда ұша бастады. Итжеместің құлағына күйдей жағып жатқан тышқандардың бейқам шиқылы да тым-тырс бола қалды. Ін аузында күнге қарап «әндетіп» отырған немелер беталды құла дүзге безе жөнелді.
Итжемес не болғанын түсінбей біраз жатып еді, буырыл тұғыр ішін тартып пысқырына бергесін басын көтерді. Қара жер орынында екен. Бірақ бір дүбір құлағын жарып барады. Бурыл байтал басын жерден көтеріп алған. Соның құлағын қайшылаған жағына қарап еді — көкжиек әлемтапырақтанып кетіпті.
Әуелі найзадай тік шаншылып, бірте-бірте жан-жағына жайылып, ұлғая түскен қою шаң жақындап келеді. Жаңа ғана тұнық көлдей мөлдіреп жатқан зеңгір аспан тұяқ басты шалшықтай қоймалжытып сала берген.
Итжемес жағасын ұстады. Кәлимасын қайырды. Үш рет қайталаудың орынына отыз рет қайталаған шығар. Әйтеуір тозған кебістің жұлығындай жайын ауызы әлдене деп күбірлеумен болды.
Құдай біледі, мынау тегін шаң емес. Иә башқұрт, иә жоңғар... Қыстыкүні башқұрттың мың аттысына қоғадай жапырылып, жусап қалған қазақтың тағы қанша боздақтан, тағы қанша қылқұйрықтан айрылатынын кім білсін! Онда осы күннің өзінде пұшпақ тістелеп, зорға талшық айырып отырған қазақ қара судан қаймақ қарап біржола пұшайман боп қалды дей беріңіз.
Будақ шаң бұрынғыдан бетер зорая түсті. Аспан астын түп-түгел топырақ көміп кеткендей.
Мың-сан тұяқ дыңылдаған қатқылдың өзін қарш-қарш шайнап обып барады.
Пісіп, қайратына мініп тұрған қоңыр шөп кірш-кірш жаншылып жатты.
Көкжиектен жалғыз құйын боп қылаң берген шаң енді, міне, жан-жақтан ұйысып тұтаса бастады.
Тұтасқан шаңның астында жиралаңдап әлдебір алып жыландар қаптап келе жатқандай. Бір-біріне ұласып аспан асты түгел шұбарытып кеткендей. Ақыр заман боларда жер астынан шығатын жеті басты аждаһа осы шығар! Ирелеңдеп келіп қалды...
Итжемес қайда кетерін білмеді. Мидай жазықта бұтадан басқа бас сауғалар пана жоқ. Бұтасы да кісі түгілі қоян қалқалайтын қауқары жоқ итсигек пен адыраспантұғын.
Кәлиманы қайталап айта берсе, жаны жай табатындай, Итжеместің жалақ еріні жалпылдап бір тыным тапқан емес.
Қою шаң тақап қалды. Дүсір-дүсір тұяқ үні анық естілетіндей.
Жан-жағына жалтақтап тағы қарады. Енді көзі шалды — анадайдағы қырат күн батыс бетін тастаққа тіреп, көктұмсықтанып бітеді екен. Шамасы, жаңбыр жауғанда су ұстайтын не күп, не тұран болса керек. Ендеше, бұққан кісінің бөксесін көлегейлей алар бір қалқа табылса, сол арадан табылады.
Бұқпақтап салып келеді. Әлдеқайдан қиқу шықты. Есі кетіп, бойын тіктеп ап, жұлдыздай ақты. Кесірткенің басындай көк қасқа тұмсық жеткізер емес.
Уһ! Аяғы тастаққа тиді ме, қайтті?! Бірер рет, тіпті, табанына тас батқандай да болды ғой! Оған қарайтын Итжемес бар ма?..
Екі өкпесін қолына алып көк тұмсыққа жетті-ау ақыры. Міне, сұмдық! Алды -тастақ та емес, күп те емес, аран ор. Қолдан қазған ор. Бір бетін алыстан орағытып, доғаша иілтіп, тас үйіп қоршапты.
Не де болса, ойланып жатарға мұрша жоқ. Доғаша иіліп жатқан ұзынша орға қарғып кетті.
Қарғуын қарғығанмен көзі атыздай болды. Ордың түбі андыздап тұрған көп істік найза. Қазір-ақ біреуі мұның талай-талай тоқтыторымның обалына қалған құзғын құрсағын жайратып жарып түсетіндей.
Міне, қызық! Әлгі андыздаған көп істік андыздауымен тұр. Ал бұл болса, ұшпа жардың дәл түбіне домалап түсті. Жол-жөнекей шынтағын тасқа соғып алғаны болмаса, тұла бойы титтей де зақым көрмепті.
Сөйтсе, оң шынтағында бір істік, сол шынтағында бір істік, дәл тұмсығының алдында және бір істік. Тек ту сыртында ғана істік көрінбейді. Бірақ, ол жақ түксиген жақпар тас қабырға. Арқасын соған тіреп, «уһ» деп бір дем алды.
Қимылдарға дәрмен жоқ. Жан-жағы жалаңдаған істік. Көзін сатып қарап бақты. Әлдекім кәдімгі нар қамысты ерінбей-жалықпай әбден кептіріпті. Ерінбей-жалықпай бір жақ ұшын пышақпен сүйірлеп кесіп, істік жасапты. Оны ерінбей-жалықпай осында әкеп қондырыпты. Біреу емес, екеу емес, сан жетпестей қып самсатып тұрып қондырыпты. Тап келгеннің ішек-қарнын судай шашып, қарнап алуға әзір тұр.
Сол самсаған сансыз істіктің ортасына топ етіп домалап түссе де, тікен кіргендей зақым көрмегеніне масаттанып Итжемес отыр. «Бүйтпесем, Итжемес боламын ба!» — деп қояды ішінен.
Енді, міне, ол өзінің қалай аман қалғанына емес, осынша көп істікті ерінбей-жалықпай кім шанышты екен деп басын шайқап қояды. Бірақ, соның бәрі қандай мақсатпен істелді деген сауал ойына кіріп те шыққан жоқ.
Ерінін бір сылп еткізіп, басын мұздай жарға тіреп, шалқая кетті. Сол-ақ екен көзі қайтадан жұмылып жүре бергені. Жан-жағын тағы да тегеш-тегеш ет пен саба-саба қымыз қоршап алды. Қазан-қазан қызыл қуырдақтың күңірсік исі мұрын жарып барады.
Кенет құлағын жара ащы айқай шықты. Тәтті ұйқы жым-жылас жоғалды. Сөйтсе, манағы қою шаң төбесіне төніп тұра қапты. Аспан дегенің салақ үйдің дастарқанындай күлдібадамданып кеткен. Жан-жағының бәрі бұлқан-талқан...
Итжеместің есіне манағы қашқан жерінде қалай болса солай қараусыз қалған бурыл байталы түсті. «Бейшара не ғып тұр екен?» — деп ойлады.
Сол екі ортада төкпектете шыққан қою дүсір құлағын көмді де кетті.
Әлдене топ-топ түсіп жатыр.
Әлдене шар-шар шыңғырып жатыр.
Қорс-қорс... Дүрс-дүрс...
Тас төбесінен зу-зу өтіп жатқан бірдеңе...
Киіздей ұйысып тұрып алған қою шаңның арасынан батпан-батпан қара тас бұршақтай жауып тұрғандай. Бірақ, үнсіз-тілсіз меңіреу қара тас емес, құлындаған даусы құлаққа жетіп шыңғыратын жаны бар қара тас. Өкіре шыңғырып құлап жатыр, құлап жатыр.
Әлдебір көп дүсір орағыта шапқылап жүр.
Мыңдаған құлынды шыңғыртып қатар бауыздағандай әжептарқы дауыс төбе құйқасын шымырлатты.
Құлағын басып, көзін жұмып алды.
Әлдебір ащы үн мен тасыр-тұсыр басылар емес. Мұның миы зеңіп бара жатты. Не де болса жан-жағына қарамауға тырысты. Не де болса, мынау аламан-асыр басылғанша осы орынынан тырп етпеуге бел буды.
Көзді тарс жұмып ап әлі отыр, әлі отыр... Бірақ, бұл жолы көз алдына тегеш-тегеш ет пен саба-саба қымыз келмеді. Мұрынына қазан-қазан қызыл қуырдақтың күңірсіген исі келмеді. Жүрек лоблытар қан исі, тер исі келді...
Көз алды мұнарытып, миы зеңіп барады. Аспаннан бұршақтай жауып тұрған көп қара тастың біреуі бұның дәл төбесіне түсіп келе жатқандай.
Жалма-жан көзін ашып алды. Қарсы алдына, ордың жиегіне бір аттыдан соң бір атты шауып кеп, қатар түзеп қарап тұр. Бәрінің де көзі шоқтай жайнайды. Бәрінің де көзі ордың ішінде. Тістері ақсиып, бір-біріне әлдене деп тіл қатады.
Олардың қазақша сөйлеп тұрғанынан, қалмақша сөйлеп тұрғанынан, башқұртша сөйлеп тұрғанынан бұл атымен бейхабар. Құлағында — сол баяғы жапатармағай жарыса шыққан көп ащы жаңғырық.
Ор жиегінде тұрған көп аттының көздері бұл жаққа ішіп-жеп қарайды. Бастарын шайқап, таңдайларын қағады. Ыржың-ыржың күліседі.
Бұлар неге мәз-мәйрам? Жан-жағына қарап еді, манағы самсаған көп істікке қарналып қорқырап жатқан көп хайуанды көрді. Кейбірі жандәрмен бұлқынса, кейбірі жарық дүниеден күдерлерін біржола үзіп сұлқ қалған.
Анда қараса да — теңкиіп жатқан солар. Мұнда қараса да — теңкиіп жатқан солар. Бұл қапелімде жан-жағында жайрап жатқандардың қандай жануар екенін де аңғармапты. Сөйтсе — құлан екен. Кеше ғана жолын кескестеп құйындатып өтіп жатқан түз тағылары. Кеше ғана бұл оларға кіжіне қарап қалып еді. Енді, міне, бейшара мақұлықтарды адам аяғандай. Қайдағы бір қаудырлаған қамыс басынан ажал тауып қапы кетіп жатқандары.
Манағы құлақ жарар ащы айғайлар тыйылған. Ордың іші түгел қорқырап жатыр. Осынау жантәсілім дауыстар ор жиегінде үзеңгілерін тебініп шіреніп тұрғандарға маса шаққан құрлы көрінсе, не дейсің? Екі езулері екі құлақтарына жетіп мәз-мәйрам.
Сөйтсе, олардың нәпахасы — мына орда жайрап жатқан көп мақұлықты қалшылдата қорқытқан қара жүзді ажал екен. Сөйтсе, олардың қуанышы — мына тыныстары тарылып, жан ұшыра қорқыраған жазықсыз төрт аяқтылардың шыбын жанын шырқыратқан қаныпезер азап екен.
Әне, олар аттарынан қарғып түсіп, ор ішіне секірді. Қындарынан жалаңдаған сапыларын суырып, жан-тәсілім жатқан хайуандарды бауыздай бастады.
Шүмектей шапшыған қызыл қан қолдарын жуып жүр. Оған қарайтын ақ сапы ма... Күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді.
Ор жиегіне тағы да бір топ атты келді. Топ-топ аттылар жан-жақтан қаумалап қоршай бастады. Міне, мұның дәл алдына сала құлаш көк атты кеп тоқтады. Үстінде — шаншыла қарайтын ақ сұр кісі. Ор ішіне көзі түскенде қасындағылардай күлімдеп қоя берген жоқ. Қайта қаламмен сызғандай жіңішке қасы бір түрлі тұнжырап сала берді. Ызғарлы ала көзі қапелімде ор түбіндегі Итжемеске түсіп кеткендей. Өңменінен өтіп барады.
Оның тұңғиық жанарында қуаныш та, мұң да, аңтарылыс та, абыржушылық та емес, олардың бәрінен де терең, бәрінен де жұмбақ, бұрын бұл жан баласынан көрмеген бір тұңғиық тосын сыр тұнып тұр. Тіпті оның мұнымен де, мынау қан сасып жатқан мол қасап пен қарқ боп жүрген қасапшылармен де еш шаруасы жоқ, әлдеқайда, мынау дүниеде тек өзіне ғана мәлім бір тылсым нысанаға тесіле қарап тұрғандай.
Итжемес сол бір сиқырлы көзқарасқа арбалып қалғандай. Ор ішінде не болып, не қойып жатқанын да ұмытыпты. Сөйтсе, сапысын жалаңдатып, бір қасапшы бұған қарай беттеп келеді. Дәл алдына төрт аяғы көктен келіп теңкие құлаған бозғылт хайуанның басын көтерді. Тани кетті — бурыл байталы! Жануар тостағандай жанары жаутаңдап, осқырынды да, қасапшының қанды пышағына кеңірдегін тоса берді.
Оның да, мұның да көзінен жас ыршып кетті. Қасапшы шаруасын бітіріп болып, сапысын жарқылдатып, артына жалт бұрылды. Итжеместің даусы шығып кетті.
Қасапшының көзі атыздай болды. Ор жиегіндегілер де үрпиісіп қалды.
Жар түбінен жарбиып ол түрегелгенде жұрт ду күлді.
Күн ұясына қона ошақ орынындағы күлдей боп дереу көгіс тартып қоя берген көл-көсір жазықтың төбесіне ырысты үйдің ертелі-кеш оттан түспейтін күйелеш қазанының түбіндей қап-қара түн орнады. Төбеден салбырап төне түскен малақайы қою қараңғыны жасқап кері қайтарғысы келгендей салқын белде самсап от лаулады. Ана жерде де лапылдап жанып жатқан от, мына жерде де — лапылдап жанып жатқан от. От төңірегі — найзалары шошаңдаған күйек сақал еркектер. Бастарында — жалтылдаған темір дулыға, үстерінде — жалтылдаған темір сауыт, белдерінде — жалтылдаған кісе... Мына тұрыстары бір кезде төмен етек ұрғашыны ақ бақанға асылдырып, бебеулете сарнатып дүниеге келген қуыс өзек пенделерден гөрі ұста дүкенінде көрік пен төстің ортасынан шыққан темір өзек бірдеңелерге келіңкірейді. Тіпті жандарына жақындап баруға денең түршігетіндей. Екі аяқты олардан гөрі анадайда пысқырып-түшкіріп түнгі салқынмен қомағайлана жайылып жатқан көп төрт аяқты әлдеқайда етене, әлдеқайда жақынырақ сияқты.
Итжемес кеу-кеу топқа араласа алмай бөлек тұр. Есілдерттері лапылдаған отта боп иін тіресе қалған темір киімділердің мұнымен еш шаруасы жоқ. Алда-жалда ол мынау жалба-жұлба қап-қара түннің қойынына сіңіп жоғалар болса, тап іздеп табамыз деп табандарынан таусыла қоятындай түрлері көрінбейді.
Итжемес екі ұдай... Ту сыртында туырыла қойылып келе жатқан майлақы қап-қара түн. Оған бір сүңгіп кетсең, алдың — ақ жүзді азаттық. Аяғың жетер жерге жетіп өлер еркіндік. Басыңда ноқта, тірсегінде тұсау жоқ бостандық. Жоғалған тайлақтай боса бер, боса бер...
Ал, енді тапжылмай тұра берсең, көретінің — мынау аспанмен тайталасқан алау от. Самала жарық. Жұрт ортасы. Жан-жағың тола оқты көз. Сынай қарайтын, міней қарайтын, қызықтай қарайтын, мүсіркей қарайтын, місе тұтпай қарайтын ала көз, аш көз, жымысқы көз... Көз, көз, көз...
Итжеместей олпы-солпы адамдардың дүниедегі сухандары сүймейтін екі нәрсесінің бірі — көз де, екіншісі — сөз... Екеуі де — анау от басында.
Ол маңайға барғысы келмейді. Бірақ, кете де алмайды. Аяғы қара жерге шеге боп қадалып қалғандай. Қозғап көріп еді — табанының тап желімделіп қала қойған ештеңесі жоқ сияқты. Ендеше, неге кетпейді? Мынау қаралай көзін қарлықтырып тұрған көп қынап, көп найза, көк сауыт, көк сүңгіден неге беталды құла дүзге безе жөнелмейді? Неге? Қорқыныш па... Олай дейін десе, манағы ор жиегіндегі қасапшының қолындағы қара пышақтан басқа дәл бұған қарай тіктеле оқталған ешкім де, ештеңе де жоқ...
Ендеше неден сескенеді? Неге кетпейді? Қаймығып тұрып қашпайтыны, беттей алмай тұрып безінбейтіні несі? Оны мынау бөтен топ, бөтен ортада осынша байлап-матап жібермей тұрған сиқырдың аты не? Итжемес соны білгісі келгендей, мынау қап-қара аспанның астындағы ұлан-асыр тіршіліктің барша құпиясына бір-ақ сәтте түп-түгел қанығып алғысы келгендей, жан-жағына алақтай қарайды. Қалқан құлағы одан сайын қалқайып, жапырақ танауы жыбыр-жыбыр етеді. Қанша дегенмен мынау тұла бойы тұнған қатер қараң дүниеде Итжемес үшін қимас бірдеңе бардай. Соның өзі тап онша алыста да емес, қол созым жерде тұрғандай. Қарасын көрмесе де, бір әзәзіл иіс бойына түсіп, елітіп алып бара жатқандай. Ол не? Оған санасы жете қоятын емес. Әйтеуір бірдеңе: «Кетпе! Кетпе! Кетпе!» — деп үсті-үстіне қақылдап баққандай.
Оның құлағына осынша төніп, осынша қақсап тұрған бұл не болды екен?
Жан-жағына көз тастап еді — жалғыз тұр. Анадайдағы қаз-қатар лаулап жатқан көп оттың басындағылардың бұны көзге іле қоятын түрлері байқалмайды. Тістері ақсиып, өзара әлдене деп жапыр-жұпыр тіл қатысып мәз-мәйрам. Бірақ ешқайсысы тап бұған: «Кетпе!» деп сөз шығындай қоймағандай.
Алақтап төбеге қарады. Жер бетіндегі самсаған көп от аспандағы құжынаған көп жұлдызды да көрсетпей тастапты. Төңірегін тұтаса қоршап алған меңіреу қараңғыда бұны: «Кетпе!» — деп азғыратындай тіл де, көз де жоқтай.
Ту сыртындағы туырылған қараңғыға құлағын төсеп еді, қомағай жылқылардың үсті-үстіне пысқырғанынан, қалың ебелекті күрт-күрт отағанынан өзге дыбыс естілер емес. Олардың қиякелді екі аяқты Итжемеске: «Кетпе!» — деп жалынып-жалбарынып жатуға мұршалары жоқ секілді.
Бұл қайран қалып иығын қиқаңдатты. Тамағы құрғап бара жатқасын жұтынып қалып еді — қызыл өңеші құрғырының шиқ ете түскені. Сол-ақ екен, ішегі шұрылдап қоя берді.
Итжемес манадан бері оған: «Кетпе! Кетпе!» — деп қақылдап баққан әзәзілдің қайда бұғып отырғанына енді барып түсінді.
Танауына әлдеқайдан бір тәтті иістің келе қалғаны. Жел алып келді дейін десе, лүп еткен леп жоқ. Түтін алып келді дейін десе, лаулап жанып жатқан көп оттың ешқайсысынан асулы қазан көрінбейді. Ендеше, мынау сүйек-сүйегін балқытып бара жатқан тәтті иіс қайдан шығып жатыр? Ол анау тас төбеден етпеттеп төне түскен қою қараңғыдан шығып жатқандай. Ол мынау көкке шаншып лапылдап жанып жатқан көп оттан шығып жатқандай. Ол тіпті қара жердің дәл өзінен шығып жатқандай. Бұдан әрі шыдап тұра алмай, жасқана басып от басына жақындады.
Дүниеде не көп десе, білмейтіні көп екен. Манағы көргені башқұрттың да, жоңғардың да қолы емес, кәдімгі қашқан құланның шаңы боп шыққаны. Қуғыншыдан үркіп жөңкіле қашқан тағы үйір жолында не тұрса да, қарамапты. Айдалада жаңғыз жайылып тұрған бурыл байталды да қақпайлап әкеп, өздерімен бірге аранға жығыпты. Енді болмағанда Итжеместің өзін де тұяқтарының астына сап тапап кететін түрлері бар екен. Байтал түгіл бас қайғы деп безе жөнелгені мұндай абырой болар ма! Кейде жүрек жұтқан батыр тәуекелінен таппайтын қайырды қорқақ үрейінен табады екен. Өкшесі күнге шағылысып зытып бермесе, Итжемеске қазір мынандай ылжырап піскен тәтті тамақ бұйырар ма еді, бұйырмас па еді...
Уылжып тұр-ау, уылжып тұр. Тісіңе тимей жатып қарыныңның сонау құрдым құрышынан барып бір-ақ шығады. Дүниеде мұндай да тәтті тамақ болады екен...
Сөйтсе Итжемес бұған дейін босқа жүріпті. Не көп, тағыны оқ шығындамай жайратып салудың жолы көп екен. Оның бірі манағы аран деген пәле көрінеді. Құландар суатқа баратын жол бойына, көлеңкесі мол қалқа-қалтарыстарға ор қазылады. Ордың өне бойына әбден дыңылдап кепкен нар қамыстың басын біздей қып өткірлеп жасаған істіктер шаншылады. Соңынан қиқу шықса болды, аяғына жалынатын аңғал үйір ажалға қайтіп өздері келіп ұрынғандарын білмей де қалады.
Ал, әлгіндей оңтайлы жер табылмағанда, құландар өретін өрістің кез келген жерінен ор қазылып, оның бір жақ қапталы тас үйіп қоршалатын көрінеді. Жарау мінген қайтармашылар қалтарыстан шыға кеп, қаннен-қаперсіз жайылып жүрген тағы үйірді қиқу салып үркітеді. Аңшылардың екінші тобы қашқан үйірмен қапталдасып шауып отырады. Қуғыншының жолын кесіп өтпесе бастары ауыратын жанықас мақұлықтар қапталдасқан жүйріктердің алдын орап өтеміз деп ерегесіп бағады. Арғы жағы белгілі: тығырыққа тірелген ақылсыз хайуандар бұлтаруды білмей аузын ашқан аран орға опыр-топыр секіріп, нарқамыс істіктерге қарналып өледі.
Бұзбай пісірген құланның шылқыған семіз етіне кеңірдектей тойған аңшылар аран жайын мұрттарынан май сорғалап отырып әңгімелейді.
Манағы аран ішінен сүйреп шығарылған қисапсыз құланның көпшілігі түйе-түйе қып ауылға артылып жіберілді. Қалғандарын қасапшы жігіттер бесін ауа осы мортығы, ебелегі көп қара жонға келген соң терілерін сыпырып, ішек-қарындарын аударып тастап, жіліктеп бұзып, әлекке түсіп жатпай-ақ шіліктің сабау бұтақтарымен қайтадан бүрген-ді. Қаз-қатар жарыстырып төрткіл шұқырлар қазылған-ды. Сол шұқырларға әлгі бүрілген құландар салынған-ды. Үстін топырақпен мықтап тұрып көмген-ді. Көмбенің бетіне тау-тау қып отын үйіліп алаулатып от жағылған-ды. Манадан бері Итжеместің көзін арбап тұрған әзәзіл оттар солар-ды. Ал оның бойын балбыратып, әкетіп бара жатқан әдемі иістің көктен де, оттан да емес, кәдімгі қара жердің өзінен шығып жатқандай боп көрінгені де сондықтан-ды. Лапылдаған алаудың жалыны басылды. Орнында жайнаған қызыл шоқ қалды. Ол бірте-бірте қоламтаға айналды. Қоламта бозара-бозара күлге айналды. Күлді жігіттер аулағырақ күреп тастады. Соның өзінде оттың орны қол апартпай өртеніп тұрды. Топырақтың бетінің қызуы басыла шұңқыр аршылды. Жер астының ыстық табы бет шарпыды. Қарулы жігіттер оған қарамастан ақ тер, көк тер боп көмбені аршып бақты. Бір уақыттарда барып буы бұрқырап көмбе де көрінді. Оны киіз қолғап киген жігіттер жер астынан суырып алып, анадай жердегі алаңқай көгалдың үстіне апарды. Бұтамен бүрген көмбе жарылды. Қыныңнан сапыңды суыр да таласа-тармаса жайғасып жатқан жұртпен бірге қатарласып отыра кет. Пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін жейді. Өз буына өзі піскен семіз аңның жас еті таңдайды жұлады. Құныға түсесің. Сұғынған жұртпен бірге сен де өңмеңдеп бағасың. Қашан ішіңе ел қонғанда барып кейін шегінесің. Қай-қайдағы қысыр әңгіме сосын барып өрбиді.
Мынау опыр-топыр да бүгінгі олжаларына жау түсіргеннен бетер масаттанып бақты. Оған басқа түсінбесе де, Итжемес түсінеді.
Шыжыған шілдеде қызылсырап, тісі қышып жүрген қазақтарға мынандай қан қасап күнде-күнде тап бола бермейді. Жұрт жазда жиын мен той болмаса, алыстан бір аса қадірлі қонақ келмесе, бостан-босқа қан шығармайды. Сонда ащы іркітке арам шеміршектерінен керелеген еркектер жағы: «Шіркін, осындайда тіс шұқитын қажаң-құжаң табылмайды-ау!» — деп таңдайларын қақса, әйелдер жағының: «Терлеп-тепшіп ішетін бір тостаған жас сорпа-ай!» — деп ауыздарының суы құриды. Дәу де болса, осы жер басып жүрген қазақтардың көпшілігін шешелері бір тостаған жас сорпа мен аяқ қаптың түбінде қыстан қалған қақпыш боршаға талғаған шығар...
Еріні тобарсып отырған ауылдар барымтаға жұмсайтын қарулы жігіттерін кейде аң қағуға жұмсайды. Қарулы қалың қол боп аттанған аңшылар еті көп тарпаңның үйірі болмаса, қарақұйрық, ақ бөкен секілді «ұсақ-түйектерге» бола қындарын қандамайды. Ондайлардың ажалы ит жүгіртіп, құс салған саятшылар мен бұта торыған қақпаншылардан келеді.
Мұндай ұлы дүрмек саятшылыққа кейде ел басы, ру басылардың өзі бастап шығатын көрінеді. Манағы Итжеместің қақ алдында көк ат мініп тұра қалған ақ сұр кісі хан дейді. Кәдімгі Әбілқайыр хан сол көрінеді.
Мұны естігенде Итжемес түйіліп қала жаздады. Ол білетін қазақта не көп — сұлтан көп, би көп, батыр көп — әйтеуір ел үстіндегі ұлық көп. Бұрын-соңды ондайлармен табақтас болмақ түгілі, ондай дәурен ойына кіріп көрмеген Итжемес ханның қосынан бір-ақ шыққанын білгенде қақалмағанда қайтсін! Қолындағы кәрі жілікті ауызына апара алмай біраз отырды. Тек құрсағына кіріп алған әлдебір аш тышқан: «Ау, неге кідірдің?» — дегендей, тағы да шиық ете қалғанда барып, жалма-жан апыл-ғұпыл асай бастады. Асаған сайын қарыны ғана емес, көңілі де тоғая түсті. Хан ордадағы қаңқасапқа тап болып жатқан қазақ көп қой дейсің бе? Ондай нәпақа да бұйыратын кісісіне ғана бұйыратын шығар. Итжемеске құдай берудей-ақ берген екен. Ол үшін бұрнағы жылы көрісе барғанда екі өркеші баладай тайлақ жетектеткен нағашыларынан, арасына жыл түспей жатып жоғалып кеткен сары тайлағынан, тайлағыңды іздеп кел деп астындағы байталын түсіп беріп, жөн сілтеп жіберген жамағайынан, содан бері тақымында салпақтап келіп, бүгін айдалада бетіне лағып жүрген есірік тағылармен бірге қанды ауыз араннан бір-ақ шыққан бурыл байталынан, жыл он екі ай бойы қоналқыға түнделетіп келгенінде тартынбай табақтас қылған мынау ұлы түздің қарақалпағы мен қазақтарынан, жер түбінде жатып ап жеткізбей қойған башқұрттар елінен, мана ойда жоқта зәресін ұшырып тап бола кеткен қою шаңнан, соншама бір беткей боп қыңыр мінез жаратылған әрі аңқау, әрі ақылсыз түз тағыларынан, оларды осылай оп-оңай жем етудің жолын біліп алған мынау шақша бас екі аяқтылардан, шырқ айналып келгенде, осының бәрінің орайын келтіру үшін жыл жарым уақыт бойына бір хабарын шығартпай қойған тағы да сол баяғы сары тайлағы мен бірер ауылды айналып, еліне қайтып кетпей, не де болса күдерін үзбей, қазаннан қазан сағалап, қазақты қойып башқұрт асып кете жаздаған өзінен жүз айналып, жүз рет садаға кетсе болмас па!» — деп масаттанды Итжемес. Енді міне, ду-ду топтың ортасында.
— Есімің кім?
— Итжемес.
— Кімнің баласысың?
— Салпының.
— Қай атадансың?
— Бәйімбет.
— Қай Бәйімбет?
Итжемес басын шайқайды. Дағдарып қалғандар сол екі ортада тағы бір сұрақ ойлап табады.
— Қайдан жүрсің?
— Қаратау бойынан.
— Қайда барасың?
— Башқұрттарға.
— Не іздеп келесің?
— Тайлақ жоғалтып ем.
— Қашан жоғалтып ең?
— Былтыр көктемде.
— Башқұрттарда екенін қайдан білдің?
Итжемес иығын қиқаңдатады. Отырғандар ду күледі. Олар енді оны қойып, бір-біріне сұрақ жаудырады.
— Қаратау болғанда қай арыс болғаны?
— Қаратауда қай арыс жоқ.
— Бәйімбет болғанда қай ру?
— Бәйімбет қай руда жоқ. Ол арғында да, қыпшақта да, әлімде де, бай ұлында да бар. Бұның қайсысынан екенін ит біліп пе?
— Ата сақалы аузына шыққанша руын білмейтін бұл қандай маубас?
— Сары ала таңнан тұрып ап, тірсегіңді суға кестіріп кетпен шапсаң, руың түгілі қатыныңның атын ұмытып қаларсың.
Қарқ-қарқ күлкі қайта естілді. Семіз етке шылқия тойып алған қазекең кеңк-кеңк күлгеннен басқа не біледі! Көздерінен жас аққанша күледі. Тағы да Итжеместі қажайды.
— Итеке, қандай өнеріңіз бар? Итжемес үндемейді.
— Айдалада бұта түбінде бұқпақтап жүрген қаңғыбастан қандай өнер сұрап отырсың!
Итжемес қитықтанып қалады. Қияқ мұртты бір сипап қойып күңк етеді.
— Бір қазақтың қолынан келетін нәрсе біздің де қолымыздан келетін шығар.
Кеу-кеу әңгіме бір сәт тоқырайын деді. Итжемес күн қарып, жел қағып қызарып кеткен көзін бір бағжаң еткізеді де, одан әрі үндемейді.
Енді жұрт шындап көңіл қояды.
— Итекесі, сонда өнеріңіз ауызыңызда ма, қолыңызда ма?
Итжеместің қызыл көзі тағы бір бағжаң етеді.
— Аузымда.
— Ән саласыз ба?
— Жоқ.
— Билік айтасыз ба?
— Жоқ.
— Сонда ол қандай өнер болғаны?
— Анау бүтін құланды бері әпкелші.
Сөйтіп Итжемеске башқұрттардың дәмінің шамалыда бұйыра қоймас түрі бар. Ол хан орданың маңына біржола тұрақтап қалмаса нетсін! Ас пен жиынға даланың қай шонжары жүйрік жетелемей, бәске түсер палуанын, әншісін, күйшісін, мешкейін ертпей барушы еді. Ханның бұрынғы мешкейі жарты қазақ, жарты қалмақ Анапия ана жолы Хиуада бәсекеге түсем деп жүріп, өрік-мейізден ұшынып, алты ай жаз ауырып жатып, жақында дүние салған-ды. Соның орыны, дәу де болса, осы Итжемеске бұйыратын шығар.
Бұған дейін самиян сахарадағы қай ауылға да сақтана кіріп, ұрлана шығып кететін. Өйткені, анада жоқ қараймын дегенде, астына ат берген жамағайыны: «Абайла, көп ұзап кетпе... Басқа рудың шашау шыққан малын ғана емес, жанын да сіңіріп кеткісі келіп жаланып отырған қазақ аз емес», — деген. Бірақ, қай ауылға келсе де, тап бұны қолды қылғысы кеп сұқтанған ешкімді көре қоймады. Өйтіп, бұны қайбір қысы-жазы елдің шетіне, желдің өтіне қойып жылқымды қайыртам десін. Ол үшін, ең құрығанда, сойыл көтерер білек керек. Итжеместе қой түгілі тай тауысар аран құрсақтан басқа ештеңе жоқ еді. Ал, аран құрсақ пен апандай ауыз, құдайға шүкір, кез келген қазақтың өзінен де табылады. Енді, міне, кісінің бағы жанайын десе, қиын ба!
Итжемес сол түні қуанғаннан ұйықтай алмай, жыл бойы «жайрап қалғырлап» келген сары тайлағын мың қайтара айналып-толғанумен болды.
Жаздың түнінде салқын белге тоқтаған қалың қосында таң атқанша төңбекшіп шыққан жаңғыз Итжемес қана емес-ті.
Қақ ортадағы сары ала шатырда Әбілқайыр хан қанша аунақшыса да, кірпігін айқастыра алмай-ақ қойды.
Жаздың мамыражай кеші тып-тыныш. Шатырдың төрт бұрышында телмірген төрт сақшыда да, есігінің алдындағы екі сақшыда да ләм-мим үн жоқ. Алысырақтан пырт-пырт жайылып жүрген жылқылар пысқырады. Қосын-қосындағы кеу-кеу әңгімелер де тыйылған. Аспан асты, жер үстінің бәрі оған: «Ұйықта, дем ал!» — деп тұрғандай. Бірақ, ұйқысы құрғыр зым-қайым жоғалған. Сары ала шатырдың түндігі айқара ашық-ты. Тас төбесінен жұлдызы жапырлаған түнгі аспан еміне төніп тұр. Мана көкжиекке қаракіреуке іркіле-ақ, әр жерден жасқана жылтыраған жыпылық жұлдыздар, қараңғы қоюлана түскен сайын қатары жиілеп, жарығы молайып, жарқырай түсіпті. Аспан мен жердің ара жігін көміп алған желім қараңғының қара шулан кеудесін тесіп өтіп, сонау зәулім биіктен тылсым тұңғиыққа саулап құлаған самала нұрлар қазір-ақ дүниені көл-көсір жарыққа қарық қылатындай. Бірақ, манағы көл-көсір дүние қазір шырқ айнала тұмшаланып алған қарақұрым шошалаға айналып кеткендей. Жанарыңды қайда тастасаң да, қара күйе тік жарға — қараңғыға тіреледі. Жанарыңның бостандық алып, жарыққа талпынар жаңғыз бағыты -зеңгір аспан ғана.
Ол, міне, Әбілқайырдың көзін де әзәзілдей азғырып, жіберер емес. Быжынаған жұлдыздар бірінен-бірі өтіп жыпылық қағады. Бәрінің де бұл білмейтін бір жұмбағы бардай. Оны ел ұстаған кемеңгер ханның өзі білмейтініне масаттанып тұрғандай. Жұлдыз екеш жұлдыздар да сонау көк аспаннан орын жетпейтіндей, бірін-бірі иықтан қағып, тірсектен шалып, тайталаса, таласа-тармаса жымыңдасатындай. Кейбіреуі аспанның қақ төріне шығып алып: «Мені көрдің бе, мені?!» — деп төсін қағып тұрғандай. Былай қарасаң, қасындағы қалған жұлдыздардан тап онша асып бара жатқан нұры да шамалы сияқты. Қайта одан гөрі самаладай маздаған талай-талай шамшырақ шаршы төрден орын тимей тым төменге, көкжиекке қарай ойысып кетіпті. Әбілқайыр соларға қарайды да қайран қалады. Құдіреттің өзі мынау аспанды жасағанда, ондағы мынау быжынаған көп жұлдызды жаратқанда қандай жосық ұстанды екен? Пенде пақырдың ақылына салсаң, ең жарық, ең нұрлы самаланы қақ ортаға маздатып, оның төңірегіне өзі тақылеттес жарық жұлдыздарды, олардан кейін одан сәл күңгірттеу жұлдыздарды, ең шетке, ең етекке ең көмескі жұлдыздарды орналастырса керек еді. Ал, аспанға қарасаң, ондай қисыныңның күлі көкке ұшады. Жарқыраған талай самала елеусіз етекте қалғанда, өлеусіреген талай сүмірейме шаршы төрге шалжия қонжиыпты. Құдды мынау жұлдыз екеш жұлдыздардың да біреуі бәйбішеден туса, екіншісі тоқалдан туғандай. Біреуі есірген ерке болғанда, екіншісі жаутаңдаған жан бағардай. Біреулері төрге шығуын шыққанмен, жан-жағына шашар жарық таба алмай мөлисе, екінші біреулері етекте тұрып, нұрлы боп көрініп қайтем деп қымсына жыпылықтайтындай.
Жасаған ие жерді аспанға қарап жаратты ма, жоқ аспанды жерге қарап жаратты ма, әйтеуір мәңгі-бақи ермек қылар ойын керектей, өзі жаратқан ұсақ пен іріні, әлсіз бен күштіні, сұңғыла мен су миды балалардың хан талапай ойнағанындай әдейі быт-шыт қып ию-қию араластырып жібергендей.
Әбілқайырдың жұлдызды аспан көрсе болды, әлденеге көкірегі шымырлап қоя береді. Жүрегінің басына запыран боп тұрып алар бір жәйттерді ойлағысы келмей, көзін тарс жұмып алады. Тіршіліктің бақшиған күндізінде де тірсегінен тістелеп тынышын алып жүрген қайдағы бір сімсік сауалдардан солай қашып құтылмақшы болады. Бірақ, оның жанын қинайтын жәйттер тым көп еді. Олардың сесі білінді-ақ, құмырсқаның илеуін жалаң аяқ басып қалған кісідей таланып шыға келесің. Бір сирағыңа жүгірген құмырсқадан жан ұшырып қашқаныңмен, жалақтаған сұмырайдың екінші балағыңды қалай қамап алғанын өзің де біле алмай қалмаушы ма ең! Жамбасқа батар жайсыз ой да тап солай. Бірінен безсең, екіншісі кес-кестеп, шаужайыңнан ала кетеді.
Енді, міне, быжынаған көп жұлдызды көргісі келмей, көзін жұмып еді, манағы аран ор елестеді. Найзадай нар қамысқа қарналып қанға батып жатқан бейшара мақұлықтар көз алдына келді.
Шіркіндердің ажал алдында жан-жақтарына жаутаңдағандары неткен аянышты еді. Төбе құйқаңды шымырлатады екен. Кең дүниеде тақым керіп емін-еркін шапқылаған аз ғана күн тіршіліктерінің қалайша бұлай төтен аяқталғанына түсіне алмай қайран қап жатқандай. Тұтқиылдан тап болған қиянаттың сыры мен себебін қиылып сенен сұрайтындай.
Кісіден тайсалмайтын Әбілқайыр сол бірте-бірте лайытып мағынасызданып бара жатқан өлмеші жанарларға қарай алмай көзін аударып әкетті. Ат үстінде тұрып мынау қоғадай жусап жатқан үйірдің айғырын іздеді. Көпке дейін таба алмады. Бір уақыттарда барып тапты-ау әйтеуір... Өзгелері тілдері салақтап, көздері аларып қылжия құласа, ол екі көзіне қан толып, қара жерді сүзе құлапты. «Апырай, жарықтық-ай мыналарды мынау аранға өзі бастап әкелді ме екен, әлде соңынан қиқу шықса болды, құдайдың кең даласында бұлтарып кететін жер табылмайтындай, қапталдаса шабатын араншымен тайталасып, басқа-көзге қарамай өңмеңдейтін кәрі аруақтары қозып, есірік желікке берілген қалың нөпір оны да ықтырып әкеп орға жықты ма екен?» — деп ойлаған-ды. Сол-ақ екен тұла бойы түршігіп қоя берді. Атын тебініп, жұрт қызықтап тұрған қызыл қырғын ордан аулағырақ кетті. Жүйрік аңның соңына түскен жүйрік жылқының жалынан есер есірік желіктің буы күрт ыдыраған-ды. Көкірек тұсы шым ете қалған-ды.
Енді, міне, ойына тағы да соның түсуі мұң екен, көзін шайдай ашып алды.
«Тайланның ауылы осы тұстан көп алыс бола қоймас. Әнеукүнгі Мырзатайдан айтып жібергені назы болды ма екен, табасы болды ма екен? Не де болса, оның жұмбағы ертең шешіледі. Осы саятқа да соған жолыға қайту үшін әдейі шыққан жоқ па!» — деді әлгі бір тағы үйірдің айғыры туралы жәйсіз ойды ұмытқысы кеп. Бірақ, көз алдында қызыл қырғын, қан қасап бәрібір тұрып алды...
— Бал аштырғалы келдің бе, жоқ түс жорытқалы келдің бе? — деді Тайлан оң қолында отырған сыз қабақ жылтыр қара баланың кекіліне қолын апарып.
Ол үшеуінің отырған жері шықырлаған жалаңаш шоқының басы еді.
Жылмиған кең жазықтың кейде осылай жауыр жылқының бүйіріндей қатпар-қатпар қыраттарға кеп тірелетіні бар. Сол қатпар-қатпар қыраттардың арасынан жықпыл-жықпыл сайлар қашады. Сай басы — жылымшы бұлақ та, сай табаны — оймақтай-оймақтай көгал боп келеді.
Тайланның үйі де бұлардың аңға мінетін ұшқыр керсылаң аттарының әнеугіден бері тақымдарын аямай керіп тастаған алатағанақ жылмағай үстірттің кенет күрт сынып кемерленіп бітетін күн батыс шетіндегі сондай бір жымысқы аңғардың түбіндегі жылымшы бұлақтың басында екен.
Анадайда — алақандай егістік. Бас жарып пісіп қапты. Саумал иісі аңқиды. Торғайлар маза бермей тұрса керек. О жер, бұ жерде әлем-жәлем қарақшылар қылтияды. Айдаладағы жалғыз үйдің азғантай жандығы анадайда үңірейіп тұрған қара аңғарды алқымдай шыққан селеу мұрт көк шидің арасында жайылып жүр. Егістік пен бұлақ арасына қонжия қонған қара үйдің түндігі салқам келіншектің жаулығындай тым шалқалап қалыпты. Қасында басын кекшите қаңтарып суытып қойған күрең байтал тұр. Жақын жердегі кез асудан сау етіп бір топ атты көрінгенде үй алдында жатқан қара ала төбет кәук-кәук үріп атып тұрды. Иттің үргенін естіп, бір әйел етегі далаңдап үйден жүгіре шықты. Таудан түсіп келе жатқан суыт жүргіншілерді көріп, егістік жаққа қол бұлғады.
Алақандай көгіс шаршының күн батыс бетіндегі торғай қайыратын тастан үйген төмпектің басынан екі қарайған қимылдағандай болды. Ол — Тайлан мен баласы еді. Кешелі-берлі үстірт үстіндегі тағы біткен топ-топ боп құлап, күн батыс беттен ұзыннан-ұзақ ай тақырды көсіп өтіп, арғы беттегі ту Ырғыздың жыныс түбектеріне жым-жылас сіңіп жатты. Жаңа бас жарып, дән түйе бастаған уыз салманы тапап тастай ма деп, Тайлан түні бойы көз шырымын алмай, кәукілдек қара ала төбетті ертіп, айтақтаумен шықты. Түз тағыларының түні бойы тысыр-тысыр тас құлатып, үстірт үстінен безіп, жықпылға кіргеніне қарап, сонау ұлан-асыр ұлы түзде және бір ұлы сүргін көтерілмесе жарар еді деп ойлаған-ды. Сөйтсе, аң қуғандар екен ғой... Бірінің соңынан бірі қаздай тізіліп түсіп келе жатқан он шақты атты. Алдындағысы -кереқар қапсағай қара, одан кейінгісі шұбалған қаракөк...
Әкелі-балалы екеу мына келе жатқан бейсаубат жолаушыларды сол екеуіне қарап танып отыр. Бірақ, әліптің артын баққан кісіше, қапелімде қыбыр етіп қозғала қоймады.
Алдыңғы екі атты да бұларды таныды. Таудан түсіп тегістікке шыққасын сылаң қаракөктің үстіндегі кісі шоғырды кідіртіп, атынан түсті. Оны көріп, қалғандары да аттарынан ырғып-ырғып түсе қалды.
— Әбілқайыр! — деп күбір етті Тайлан. Баласы бетіне қарады.
Әбілқайыр тізгінін нөкерлерінің біріне ұстатып, қасына Мырзатайды ертіп анадайдан жаяу салды. Тайлан да орынынан атып тұрды. Еңкейіп баласының құлағына сыбырлады.
— Кіндік әкең келе жатыр, алдынан жүгір! Бір-біріне қарай ентелей басқан екі еркектің ақсиып тістері ғана көрінеді. Қара бала әкесіне жалтақ-жалтақ бұрылып қарап қойып, қонақтардың алдынан салды. Балалар құсап жүгіре жөнелмей, аяңдап келеді. Жете беріп состиып тұрып қалды. Ат жақты, қыр мұрын, томаға көз... «Күшік, шешесіне тартыңқырап кеткен бе, қалай?» — деп ойлады Әбілқайыр. Иіліп маңдайынан сипады.
— Тфу! Тфу! Тіл-ауызым тасқа! Үп-үлкен жігіт болыпсың ғой өзің!
Бала үндемей төмен қарады. Құлағына дейін ду қызарғанына қарағанда, мана қара жалдың басында кездескенде амандаспай кеткеніне қысылып тұрған сияқты.
Қастарына жетіп қалған Тайлан анадайдан ауызы жалпылдап сөйлеп келеді.
— Әйтеуір, танығаныңа шүкір!
— Кісі артын көріп қартаяды деген осы екен ғой. Әбілқайыр емпеңдеп қасына жете берген Тайланға құшағын жайды. Егін шетінде ебіл-себілдеу жүрген Тайлан үстінен қорынғандай сәл кідіріп барып, тұра ұмтылды. Екеуі құшақтасып амандасты. Сосын анадай жердегі жападан жалғыз қара үйге қарай беттеді.
Заманындағы алты қанат ақ орда бүгінде көш жерден құрым сасиды. Үйдің оң жағына шығып, қарап тұрған әйел қарсы жүруге қаймығып, анадайдан тізе бүгіп сәлем етті. Күйеуінің құрдасы болғанымен атасы ұлық Әбілқайырмен басқаша көрісудің ретін таба алмаса керек.
Сол екі ортада аттардың қасында қалған жігіттердің екі-үшеуі емпеңдеп жетіп қалған екен.
— Аңнан келеміз. Мынау жездемнің баласына әкелген сыралғысы, — деді Мырзатай жігіттердің қолындағы семіз қодықты дүрс еткізіп үйдің көлеңке бетіне жыққызып.
Әбілқайыр төрге озды. Әуелден де қызылды-жасыл жиһаз жиып, дәулет қуып көрмеген батырдың үйі кейінгі кезде тіпті жұтаң тартыпты. Керегенің, бау-шудың бояуы оңған. Киіздің ішінен ұсталған шымыраулы ши түйте-түйте. Төрге тастай салған қара ала текемет те аяқ асты боп әбден іріп тұр. Оң жақта тас келі мен томар келсап. Сол жақ босағада астындағы жез легенге тырс-тырс көк су тамшылатып қозы қарын сүзбе ілініпті. Үй-ішінен күңірсіген сыз исі, көң исі, өңез исі шығады.
— Сусап келген шығарсың?
Тайлан қазан-аяқтан жоғары, төрге таман ілінген сабаға жүгірді. Піскекті ала салып күс-күс төкпектете піскіледі. Әйелі байыз таба алмай, етегі далаңдап кіріп-шыға береді.
— Шыптаңды әзірлей бер, — деді оған Тайлан. Ханмен бірге үйге кірген Мырзатай:
— Тайлан аға, шаруаңыздан қалмаңыз, піскекті мен пісе тұрам ғой, — деді.
Тайлан сыртқа шығып, бір құлағы шұнтиған ор қасқа ісекті жетектеп табалдырықтың алдына әкелді.
— Хан-ие, мынау жаман балаңыздың өзіңізге бағыштаған сыбағасы еді, батаңызды беріңіз, — деді.
Әбілқайыр шарта жүгініп отырып қолын жайды.
— Қабыл болғай. Баламыздың ғұмыр жасын ұзақ қылғай. Мерейі асқай, несібесі тасқай. Әллауакпар! — деп бетін сипады.
Үй-ішіндегілер түгел беттерін сипасты. Ісек жетелеген Тайлан көлеңке жаққа кетті. Мырзатай да оған ілесіп бірге шықты. Үй сырты күбір-күбір. Шамасы, мал союға кірісіп кетсе керек.
Қақ төрге шаншыла жайғасқан Әбілқайыр жанына жақындай алмай, анадай жерде шоқиып отырған жылтыр қара балаға қайта-қайта қарап қояды. Баланың отырысы нығыз. Екі қолын алдына сап қақшия қалыпты. Әбілқайырдың есіне қайдағы-жайдағылар келіп отыр. Манадан бері қай арнаға түсерін білмей беталды сапырылысып жүрген көп ой енді-енді жүйе тауып келе жатқан сыңайы бар. «Апырау, осы жылтыр қараның атын кім қойып едік?» — деп ойлады хан. Жадына түспей қойды.
— Қанша дегенмен тасқа жайылған таудың малы ғой, — деді сол кезде үй сыртындағы Мырзатай. — Тұяғы жеміріліп қалыпты-ау!
«Айтпақшы, Тұяқ екен ғой», — деді қалғып бара жатқан хан ойы бір сәт серпіліп.
Жарықтық сол кезде Мәті ақсақал тірі еді-ау. Ол жолы да Әбілқайыр құлан аулап келе жатып Тайланның ауылына соққан-ды. Онда да бұлар осындай оңаша бұлақтың басында отыратын. Ол бұлақ бірақ бұл емес, сонау Қаратаудың теріскейіндегі бір жайпауыт қойнаудың аузында-тұғын. Ол жолы Әбілқайырдың қасындағы қол бұдан әлдеқайда көп-ті. Жалғыз үйлі ауылға жақындатпай алысқа иіріп қойған-ды. Бұл қасына Тайланның өзін, Бөкенбай мен Есетті ертіп жалғыз үйге беттеген-ді. Мәті анадайдан алдарынан шыққан-ды.
Қызарыңқы ала көзінің қиығындағы ұры тамшыны шынтағымен жасқай сап, құшақтай алған-ды.
— Ау, не болды? — деген Тайлан дегбірі қашып.
— Апырай, келгендерің мұнша жақсы болар ма?
— Не боп қалды?
— Келін толғатып жатыр. Не істерімді білмей тұр ем.
— Айдалада жалғыз үй отырғанның... — дей беріп Әбілқайыр тілін тістей қойған.
— Ендеше неғып тұрмыз?
Тайлан атанақтап алға түскен. Жастау жағы кейін іркіліп, бұл тұрғыластар уәделесіп қойғандай айдаладағы жапа-жалғыз ақ боз үйге қарай лап қойған.
Оң жаққа бақан құрып ап безілдеп жатқан келіншек үсті-бастары сұп-сұр боп бір топ еркек сау етіп кіріп келгенде, жүрегі ұшып кетіп, бақырып жіберді. Сол-ақ екен, шырылдап ащы іңгә шықты.
Еркектер состиып-состиып тұрып қалды. Батымды Бөкенбай бүгіліп бара жатқан әйелдің оң қолынан ұстай ап, бұған айқайлаған-ды.
— Ау, нағып тұрсыңдар... Әбілқайыр, жол сенікі. Суыр қанжарды!
Қапелімде не болып, не қойғанына түсіне алмай, абыржып қалған ханның қасына Мырзатай жетіп келген-ді. Қынындағы сапыны суырып алып, қолына ұстатып:
— Құрдасыңыздың баласының кіндігін кесіңіз деп тұр ғой. Жол сіздікі! — деген-ді.
Бұл алақтап әйелге қарады. Оның да көзі шарасынан шығып кетіпті. Ақ тер-көк тер. Мырзатай қолынан мытып ұстап еңкейте берді.
Бұл сүйтіп дүниені шулатып келген шырақ-ты.
Айдалада жалғыз үй. Жалғыз үйдің әйелі жаңа босанып отыр. Бұлар жүрейік десе, Тайлан мен Мәті жібермейді. «Мынандай ақ түйенің қарыны жарылып отырған күні қалай құр ауыз аттанасыңдар», — дейді.
Содан Бөкенбай шыдай алмады. Сыртқа жүгіре шығып, қара қолатта иірулі тұрған қалың қолға қол бұлғады. Бір-екі атты шауып келді. Бөкенбайдың бұйрығын естіп ап кері шауып кетті. Жалаңдаған жиырма шақты жігіт тау баурайының қу бұтасын тау-тау қып үйді де тастады, он шақты жерден жер ошақ қазды. Тай қазанға анадай жерде жайылып жүрген ала биенің жабағысы асылды. Қосындағы көп еркек лапылдатып от жағып, аранға жығып ұстап алған төрт-бес құланды бұзбай пісірді.
Айдаладағы жалғыз үйден басқа жан жуымайтын елсіз қолат тап сол күнгідей кеу-кеуді көрмеген шығар.
Бұлар сонда қонып, ертеңіне аттанды. Аттанарда жас нәрестеге ат қойылды. «Аты — Тұяқ болсын!» — дегенде кешеден бері кеңкілдеп күлумен жүрген Мәті ақсақал алақандай жанарына шып-шып толған ащы жасты жеңімен сілкіп, шарта жүгініп отырып, шашала сөйлеген.
— Енді ештеңе демеймін. Құралайын ертіп шың-құзға шығынып кеткен тағы құлжадай едім. Қарағымның соңына қара ергенін де көрдім. Енді мынау қарашұнағымның ат жалынан тартып мінгенін көрсем, арманым жоқ. Құдай дәл сол күні алса да, пейілмін, — деген.
Бұларға еріп сыртқа шыққан. Үзеңгісінен ұстап тұрып «Хан-ием, мына жаман қарадан анда-санда хабар алып тұрғайсыз. Аруағынан айналайын ата-бабаңыздың бағының өскенін бермесе де, басының өскенін бергей деп тілеймін», — деген.
Олар қош-қош айтысып шыға берген. Ол үй сыртында состиып жалғыз қалған. Дүсірлеп қалың қол қара асып кеткенше қалшиып тұрған да қойған.
Алдыңғы күні ғана балаша шуласып, мәз болып келе жатқан қалың сарбаз сілтідей тына қалыпты. Хан қасында үнсіз жортып келе жатқан игі жақсылардың көздерін бір түсініксіз кіреуке көміп алыпты. Тек мұның оң қолында келе жатқан Тайланның ғана екі бетіне қан ойнап, шабдар аттың сауырына қайта-қайта қамшы апара береді.
Одан бері де сегіз жылдың жүзі ауыпты. Ана бір жылы Тұяқ беске толғанда Мырзатайды жұмсап, арғымақ тай жетелетіп жіберген. Содан бері соғып отырғаны осы. Анадағы: «Ұрын келген күйеудей тұмшаланып жатып алғаны несі?» — дейтін әңгімесінің бір ұштығы да содан өрбіп жатыр. Манағы: «Танығаныңа шүкірінде» де мән бар.
Әбілқайыр қашан да құрдасының бопсасын үндемей жеңетін. Ол да мұның аузынан шыққан сөзді піскектеп одан әрі қаузай бермейтін. Енді, міне, көлеңке бетте Мырзатай екеуі бұлар әкелген құлан мен жаңағы ісекті жайратып жатыр.
Сыңайы мүшелеп болып қалған сияқты. Бұл жөкірінді. Тайлан тіл қатты.
— Бірдеңе айтайын деп пе едіңіз, хан-ием?
— Ендігісін Мырзатай ұқсатады ғой. Тамақ піскенше сыртқа шығып қайтсақ қайтеді.
— Болсын, хан-ием.
Содан олар тысқа шықты. Қасына баласын ертіп Тайлан ерді. Жайлап басқан екеуі түбінен шымырлап бұлақ шығып жатқан қара аңғардың ауызындағы бұлтың төбенің басына кеп тізе бүкті.
Хан қапелімде әңгімені неден бастарын білмей айдаладағы жалғыз үйге, көлеңке мен жер ошақ арасында ерсілі-қарсылы дедектеп жүрген ебіл-себіл әйелге қарап үнсіз отырды. Тайланда да үн жоқ. Оның көзі хан соңына еріп кеп, ши арасында жайғасып жатқан кішкене қосында. Хан жорыққа аттанғалы келсе, қалың қолын шұбыртып жүрер еді. Аңға шыққан қалың қолынан бөлініп, шағын нөкерімен соққанына қарағанда бұнымен бірдеңе жайлы сөйлескелі келген ғой. Ақылдасатын-баталасатын баяғы қиқу қолдың алдында жүрген серке ноян емес, анау шыбыштың сақалындай шопаңдасқан шөкім көк балаусаны баққан жарық өкше, жалаңаш балтыр егіншімен не мәслихат құрмақшы. Шамасы, мұның — құмалақ шашып, жауырын қарайтын шайқы-бұрқылығынан дәметіп келген шығар. Кешелі-берлі арқасы құрыстап жүргізбей жүр еді. Біреу-міреу бал аштыра келеді-ау деп, таң атқалы бері жан-жаққа көзі боталап көп қарап еді. Осыған көрінген ғой.
— Бал аштырғалы келдің бе, жоқ түс жорытқалы келдің бе? — деді Тайлан оң қолында отырған қараша баланың кекіліне танауын көме түсіп.
Хан тамағын кенеді.
— Басы бес әліп, ортада сегіз әліп, аяқта сегіз әліп, жүрегі мен босағасы жұп түсіп, қалғандары ұйыспай, шілдің құмалағындай шашырап кетсе, неге көрінуші еді?
— Іздеген жоғың болса, хабары шыққанмен, қолыңа тиер-тимесі белгісіз. Ал, енді сапардағы жолаушыңа бағыштасаң, белдеуге ат басын тіреп келіп қалыпты, бірақ жүрегінің басында бір зіл бар ма қалай... Қуаныштан күпті ме, әлдебір күдік пе... Не де болса, келуі келіп-ақ қалды...
— Һм! — деді хан.
Орынынан тұрып, жырық балақ құлын жарғақ шалбарына жабысқан шөп-шөңгені сілкіп тастап, етектегі жалғыз үйге қара бау басып жүріп кетті.
Аң-таң Тайлан баласын жетектеп артынан ерді.
Кемер шыңның кемиек аңғарының арасындағы аядай қолаттан ұшан далаға кеше шыққан бір топ салт атты сар желіспен келеді.
Топ алдында — Әбілқайыр. Ауық-ауық қолын қабағына апарып, ілгері жаққа көз тастайды. Сол баяғы боз қылшық дала. Бес қаруын түгел асынып, суыт жүрген түсі суық жолаушылардан секем алғандай сілтідей тына қалыпты. Көкжиекті көмкере сұлаған қара жалдар жалған дүниенің бар құпиясын жамбасына басып алғандай, енді мынау аспан асты тіршіліктің бітпейтін де қоймайтындай көп күйбеңінде еш шаруасы жоқтай, теріс қарап, бүк түсіп жатып апты.
Күн екіндіге таянған. Жарық барында ел қарасына жетуге асығып келе жатқан хан қарсы алдынан күлімдеп тұрып алған күн көзін жақтырмағандай, жүзін төмен салды.
Кеше атына сергек қонған сияқты еді, бүгін бойы зіл тартып қалған ба қалай...
Мынау тағы да таусылуға таяу жаз күні көңілге жабырқаңқы ой қашырғандай. Күні кеше қымыранның бетіндей көпіршіп шыға келген желбірек көңіл арада күн өтпей жатып баяғы кермек дәмін қайта тапқандай. «Әлгі Тайланның үйінде тым желпілдеңкіреп кеткен жоқпын ба осы?» — деп ойлады ол. Көптен ат ізін салмаған досының ықыласының буы ма, жоқ балының жақсыға көрінгені ме — әйтеуір алдына шаншылтып үйіп әкелген шара табақты әй-пәйға қаратпай еңсеріп тастапты. Қасындағыларға да шеңгелін толтырып үсті-үстіне асатып бағыпты.
Сырдесте Тайланнан басқасы таңғалса, таңғалғандай екен. Алды суық сызқабақ хан бүйтіп жалбырай қалса, кім таңғалмайды? Әсіресе, бұның мінезіне қанық емес Тайланның әйелінің не ойлағанын кім білсін! Бәсе, балағын жинай алмайтын далаңбайлығы болмаса, басқа міні жоқ, дөңгелек жүз, қыр мұрын, ұлпа ерін жас әйел төрдегі мейманға тура қарамай, нұр толы үлкен кездерін бір қырын тастап, қымсына жымиып отырғаны бар еді-ау! Әкесінің оң тізесіне мініп алған кекілді бала бұдан көзін айырған емес. Тек Тайлан ғана қаққан қазықтай қадалды да қалды. Мүйіз сап қара пышақпен қолындағы жілікті айнадай қылып тазалап мүжіп бақты. Ара-арасында әйелі ұсынған зерен мен майлық-сулыққа қол жалғап қояды.
Тамақтан соң қонақтар дүр көтеріліп сыртқа шықты. Тайлан құрдасын қолтығынан демеп атына мінгізді.
Әбілқайыр ер үстінен еңкейіп қара баланың маңдайынан сипады.
— Анда-санда өстіп ат басын бұрып тұр!
— Өзің де көпшілікке көрініп қойсайшы!
— Көріскенше күн жақсы!
— Сау тұр!
Анадайда аттарына мініп, бұны тосып тұрғандар тебініп-тебініп қалысты.
Саятқа мінілетін қу аяқ жылқылар қунақ желіспен жалғыз үй отырған құлама қойнаудан ұзай берді. Ұзаған сайын Әбілқайырдың көкірегін кернеп алған бусаң сезім басыла түсті. Бүк түсіп жатып алған бүкіл жалдар да, оқтын-оқтын басын қылтитып, жақындағанында жермен-жексен боп бұға қалатын монтаны төбелер де, түс қыңғасын-ақ іріген шалаптай реңінен айырылып жүре берген бозарыңқы аспан да -бәрі-бәрі: «Сабаңа түс... Тап соншалық алып ұшатындай дәнеңе жоқ», — деп тұрғандай.
Шынында да, осы балаға ұқсап, аяқ астынан лепілдей қалғаны несі? Тайлан бұған тап құлақ селт ететіндей ештеңе айтқан жоқ сияқты еді ғой! Әлде көптен тағатын сарыққан аңсарлы күннің не де болса жуықтай түскеніне, мынау жігеріңді қаралай құм қылатын екі ұдай дүдамал күйден құтылатын болғанына қуанды ма екен... Әйтеуір, неге екені белгісіз, аяқ астынан көңілі өсіп, марқайып шыға келгені. Неге өйтті? Түсінсе, не дейсің?! Тайлан осы жолаушының жүрегінің басында бір күптілік бар деді-ау. Қуаныштың күптілігі ме, уайымның күптілігі ме? Сонда... Сонда... Тағы да бұл баяғыдай ел жұрттың алдында...
Көкірегінің басы кілк еткендей болды. Өзегін удай жалаған ащы кермек алқымына тығылып тұрып алды.
Апырай, расында да, ол жолы да көңілі тап осылай алып ұшқан жоқ па еді?! Ол жолы да тап осылай жыл он екі ай екі көзі төрт болып еді ғой! Ол жолы да осы Тайланға келіп бал аштырып еді-ау...
Тайлан шілдеде сойылған семіз марқаның қалақтай жауырынын тіс тигізбей тазалап мүжіді. Сосын алақандай ала көзін айналасына бір жүгіртіп шықты. Темір ошақты, көсеуді, күлге бөксесін тығып тұрған шойын құманды сыртқа асырды. Босағадағы қазанды түйенің жабуымен тас қып қымтады. Төңірегінде беті ашық жатқан темір-терсек жоғына көзі әбден жеткен соң барып, қолындағы жауырынды: «Бісміллә!» — деп отқа тастады. Үйдің іші қоңырсып ала жөнелді. Майлы сүйек лап ете қалды. Сол бір уыс жалынға ентелей төнген Тайланның қасында көз алмай бағып Әбілқайыр отырды.
От әуелі маздап түтінсіз жанды. Майлақы қарақошқыл қалақтай жауырын ең алдымен қоңырайды, сосын қарайды, сосын бозарды, әбден жанып бола бергенде лапылдаған қызыл жалынның арасында бір сабақ жіптей боп, жіп-жіңішке қошқыл түтін көтерілгені...
Аппақ боп әбден жанып біткен сүйекке түскен болмашы сызаттарға қарап, Тайланның онсыз да қабарыңқы жүзі онан сайын тұнжырай түсті. Қалақ жауырынға қасқиып тіке түскен сызық барып-барып екі тармақтанып, бір тармағы солға бұлтарыпты.
— Жолаушыңыз жол астында. Жүрісі суыт. Бірақ қанжығасы жұтаң, қабағы салыңқы ма, қайдам...
Халық арасында «көріпкелі бар тұқым» атанған әулеттен шыққан Тайланның мынау күмілжі сөзі оның баяғыдан бері кеудесіне сыймай алып ұшып жүрген лүп-лүп жүрегін көрікке ұстаған көсеудің ұшындай боп шыж еткізіп қарып алды.
Тиген жерін ойып түсердей шыжғырып алатын сол бір аяр шоқтың оның көкірегіне түскені тек сол күні ғана емес-ті. Оның, сірә, осылай тыз-тыз шымылдатпай тыныш жатқызған күні бар ма екен, сірә! Мана бұлтың тәбенің басында Тайланға балын жорытқанда сол бір ындыны ашылған жегінің басына бір сәт су құйылғандай болып еді. Енді, міне, қайтадан жыбырлай бастады.
Әлдекім екі иығына екі батпан жүк артып қойғандай, ер үстінде шөге түсті. Көз алдына Қойбағардың мысық мұрты келді. Маймен сылап қойғандай. Жылмиып тұр. «Хан-ием, — дейді күрек тісін кеститіп. — Күлбілтелейтін несі бар! Жылы мұрныңа!..».
Солай деген де, қолындағы екі жерден сойдиып екі безі көрініп тұрған, еменнен ойып жасалған майсіңді қоңыр сапты аяққа бас қойған. Шүкілдеп тұрған қысырақтың қымызын басына бір-ақ көтерген. Сүзбе толы қарындай іркілдек мойыны ақ тер-көк тер боп быршып қоя берген. Шамасы, жұтқыншақ шығар, жұдырықтай бірдеңе бүлк еткендей болған. Үсті-басынан бір таңсық иіс аңқып қоя бермесі бар ма? Әлі қырдың майбалақ тіршілігінің ұйпа-тұйпасына түсе қоймаған су жаңа орыс шұғасының иісі!
Қойбағардың қабағында сәлдекендей реніш болсашы, сірә. Құдды біреу оны жыл он екі ай бойына жер түбіндегі қайын жұртына ұрыншылатып жібергендей. Тұла бойы мұнтаздай. Жүріс-тұрысы шып-ширақ. Қимылдаса болды — аяғындағы құрым етігі сарнап қоя береді. Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр... Қойбағардың құлағына сол бір жексұрын үн майдай жаға ма, жоқ бөтен елден киіп келген таңсық киімімді жұрт керсін дей ме — қойқаң-қойқаң етіп, байыз тауып отыра алмағаны. Сықыр-сықыр... Қойбағар ырғала басып сыртқа шықты. Сықыр-сықыр... Қойбағар хан ордадан ұзап барады. Сықыр-сықыр... Заржақ етік әдейі мұны мазақ ететіндей. Сол бір әзәзіл дыбыс өз елшісі Қойбағардың етігінен емес, жер түбінде сыңсыған қара орманның арасында ат шапшытып ала алмас зәулім тас қорған салғызып, малы түгел, шаруасы орынында, шаңыраққа шырт-шырт түкіріп шалқасынан түсіп шалжиып жатқан орыс патшасының бұның алақан жайып жазған ала қағазын табанына сап аямай таптаған сақтиян етігінен шығып жатқандай. Сол бір селекет дыбыс кейде мұның құлағына жапан түзде жөңкіле қашқан киіктей боп босып жүрген екі аяқты дүрмектің соңындағы ойбайшы билеуші-сымақтың есек дәмесіне шек-сілелері қатқан саба қарын, сары ала иық шонжарлардың сылқ-сылқ күлкісіндей боп естіледі.
Жер түбіндегі сары ала иық шонжарлар не деп күлсе, о деп күлсін! Бәрінен де мұндай іргелерінің көңі қалың, көкіректері азған, сасық кеңірдек майтымақтардың әкелері базардан келгендей боп, екі езулері екі құлақтарына жетіп ыржалақтағандарын айтсайшы...
— Өмәй-ау, — деген олар. — Шіркіннің дәмесін қарай көр! Үш қазақтың екеуін теріс айналдырып, біреуін зорға иліктіріп жүріп, ормандағы орыстың арыстандай ақырған азулы патшасының аузын алмақ дәмесін көрмейсің бе?!
Әйтеуір бұл қыз қойынына баратын күні ай жарық болады да тұрады. Әйтпесе, ормандағы орысқа қазақтың қай билеушісі ат шаптырып, алақан жаймап еді?! Қазақ қазақ болам деп іргесін бөлектегелі тыныш отырған күні бар ма, сірә! Шығыстан тықыр шықса — батысқа, батыстан тықыр шықса — шығысқа, күнгейден құқай көбейсе — теріскейге, теріскейден құқай көбейсе — күнгейге жөңкілген бұ қауым қашан бөтенге кіріптар болмай, біреуге қол жаймай өтіп еді? Ошақтағы асулы асының буы өзінікі де, қазаны біреудікі қазақ қасқаның өйтпеске амалы қайсы? Бағы найзасының ұшында, ырысы құрығының ұшында саяқ халық өрісі тарылып, тығырыққа тірелген қай тұсында жүйріктің аяғы мен ділмардың таңдайына жалынбап еді?!
Өзгеден қайыр, бөтеннен пәтуа іздеді деп мұны тілдейді. Ноқталарын ұстатып, соңдарынан ерген қай көшбасшылары мұның істегенін істемеп еді!
Осы бір ұйтқымасы көп ұрғашы ниеттен арыла алмай-ақ қойды-ау бұ жұрт! Өткенінің бәрі қыз күнінде ата-ананың көзін ала беріп көрген бармақ басты, көз қысты ләззаттарындай діңкелерін құртып бағады да, бүгінгілері беймаза күйеудің беймезгіл мекіренгеніндей сұмпайы көрінеді де тұрады. Оларға айтқызсаң, баяғы пәленшекемдердің тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыра заман енді, міне, аяқ астынан зымыстанға айналып шыға келеді.
«Е, жоғалған пышақтың сабы алтын...» Әйтпесе, қазір екі жалба тымақты кездесе қалса, «аруағынан айналайын деп» қоя беретін Ақназардың өзі де баяғыда төрт тарабы түгел жағаласып шыға келгенде жан-жағында анталап тұрған, мешіт салдырып «аллалап» жатқан мұсылман елдерінің бірін көрмей, жер түбіндегі діні бөлек, тілі бөлек ауызы түкті сары орысқа алты ай жаз ат сабылтып елші шаптырмап па еді! Енді, міне, соны істеген Ақназарды әліге дейін ауыздарынан тастамайтын жұрт оның істегенін істеген бұны күніне сыртынан көк есекке теріс мінгізеді.
Одан бергі заманда қазақтың қалпағын алшысынан кигізді дейтін әз Тәукеңіз Күлтөбедегі қай жиынында қаба сақал саудагердің талайын талтаңдатып төрге шығармап па еді?! Қиын күнде керегі болады деп, патшаға жалтақтамаса, оларды Тәуке қай бір қыз беріп, қыз алысқанынан оң тізесіне отырғызды дейсің!
Басқаны былай қойып, күні кешегі Қайып екеш Қайыптың да ордасының іргесінде екі күннің бірінде көк арба тұрмаушы ма еді?! Олар елші емей, Жәдік тұқымының бәсіре мініп кетуге келіп жүрген жиендері ғой дей ме екен бұл жұрт! Соның ешқайсысына шамданбаған көнтері жұрт бұған келгенде шөлмектей шытынап шыға келеді.
Ертең әлгі патшаға кеткендер тағы да баяғы Койбағардың айтқанын айтып келер болса, онда...
Жә!.. Не де болса, сол күн тезірек келсе екен. Алыс жолдағы жолаушылар мұның көңілінен шығып қайтсын мейлі, шықпай қайтсын мейлі, не оларды ақ патша өткендегі көп тентектерінің қарымтасы қып ұстап қалсын мейлі, әйтеуір мынау екі талай әуре-сарсаң тезірек бітсе екен!
Сонда бұның басы не бүкіл қазаққа ортақ алтын тәждің астынан шығар еді, не қылша мойнынан қыл тұзақ салынып, әумесер көптің тақымында кетер еді.
Әбілқайыр ауыр ойдан серпілгісі келгендей, басын көтеріп алды. Төңірек сол бәз-баяғы қалпы. Дөңбек жалдар бұрынғысынша бүк түсіп жатыр. Алашабыр аспанның сол лайытқан қалпы. Тек төңіректен хабар тосып, екі құлағы төрт болып елеңдесіп отырған хан ауылына тезірек жеткізгілері келген соңындағы көп аттының ғана дүсірі сергек естіледі.
Ауыл қапелімде жеткізе қоймады. Жаздың көлкөсір аспанының күнбатыс жиегі шағырмақтанып, күн еңкейгенде барып, алыстан шұбарытып ауыл көрінді. Ауыл үстінде селдір мұнар тұр. О жер, бұ жерге шоқ-шоқ боп қонған үлкен ауыл қазір тұтасып кеткендей. Әбілқайыр біразға дейін орда тұрған оқшау шоғырдың желкесіндегі кермеде байлаулы тұрған бір топ атты байқай қоймады. Қарсы алдынан жарқырап тұрып алған қып-қызыл күн батыстағы қара жалдың ту сыртына жарым-жартылай жасырынғанда барып көзіне түсті — ордадан алшағырақ келім-кетімге арнап жеке тігілген екі-үш үй мен арадағы мама ағашқа он шақты ат байланыпты. Ер-тұрманы алусыз. Шамасы жақында ғана жүріп кеп тоқтаған, суытуға қойылған аттар болса керек.
Ханның көкірек тұсы лүпілдеп қоя берді. «Апырай, ә... Келіп те қалғандары ма?!» — деп ойлады. Манадан бері асығып келе жатқан аңсарлы сәттен жүрексінгендей тамағы құрғап барады. Алақанын қажап тастаған ақ боздың тізгінін болар-болмас іріккендей болды. Сол-ақ екен ентедеп келе жатқан көп атты аяңға көшті.
Арада жарты ай өтті. Хан ауылы сол баяғы орынында. Ірге тозып барады. Бірақ, екі көзі көкжиекте болып отырған ауыл бұл орынынан жылжып көшсе, күткен қуанышынан біржола айырылып қалатындай, тырп етер емес. Киіздерінің шаңы қалыңдап, күні кешегі ақ уыз үйлер бүгінде бұлдырықтың жұмыртқасындай шұбарытып кеткен.
Ханның отырысы да сол баяғы. Арқасында қос жастық. Екі қапталында екі жастық. Оң қолындағы патсайы жастықтың астындағы шарқат қалта біраздан бері қозғалған емес.
Тайлан айтқан көңілі күпті жолаушының көкжиектен бір көрінбей-ақ қойғаны.
Өткен жолғы бұлар аңнан қайтқандағы кермеде тұратын көп атты — Орта жүзге барып келе жатқан Алдарбай екен. Былтыр мамырдың басында орыс патшасының атынан елші боп кеп Сейтқұл мен Құттымбетті Уфаға ертіп әкететін башқұрт Алдарбай. Орыстармен жағаласа-жағаласа шаршаған көкжал би ақыр аяғында патша жағынан бір-ақ шығыпты. Баяғыда Сейіттің шапқыншылығы тұсында Ноғай жолында танысқандары бар еді. Былтыр соққанда екеуі әбден іш ақтарысқан. Бұның патшаға елші жібермек ниетін о да құптаған. Шамасы, қазақ елшілігін ертіп апарып, орыс өкіметінің алдындағы өз беделін мықтап алғысы келсе керек. Сүйтіп бір кезде олжа жолында бірге тақымдасқан сойыл дос, бүгінде билік төрінде бірге отырар қамшы досқа айналған-ды.
Кешегі жүрісі де тегін емес сияқты. Орта жүздегі жылқы дауы әншейін сылтау болса керек.
Ол бұл ауылда екі-үш түнеп Уфаға аттанды. Қасына Мұхамбетжан қожаны ертіп жіберді.
Енді, міне, олар аттанып кеткелі де екі аптаның жүзі ауып барады. Талай түнді төңбекшіп өткізсе де, Алдарбайдың мына жүрісіне түсіне алмай-ақ қойды. Жолаушылардан әлі хабар жоқ дейді. Осы күнге дейін Мәскеуде жатқанынан да, жоқ жолға шыққанынан да ештеңе білмейді. Ендеше, неге келді? Не де болса, бір гәп бар.
«Жолаушының кешіккенінен дәмет деген ғой», — деп мақалдайды. Жұбатқаны ма, жоқ әлденеге меңзеп табалағаны ма — жарғақ бет, шөлмек көз неме ішін аңғартпайды. Тамыры бадырайған ұзын мойынын табалдырықтан асыра созып, ауылдың алдыңғы жағындағы мұнарытқан көкжиекке көз тастап қояды. Ауық-ауық керме жаққа да көз жүгіртіп алады. Шамасы, «іргеңнен ат сирепті ғой!» — дегісі келгені шығар. Қас қылғанда ол жатқан үш күннің үшеуінде де жан-жақтан ешкім аяқ серіпкен жоқ. Сол неменің өзін орыстар: «Ханның айтып жүргені қандай әңгіме? Ойдан шығарып жүрген бірдеңесі ме, жоқ исі қазақтың ауыз қосып пәтуаласқан әңгімесі ме? Біле кел!» — деп жұмсап жібермеді ме екен?!
Оны ойлағанда Әбілқайырдың сұп-сұр маңдайы тершіп шыға келді. Көзін жұмып отырып-ақ көп нәрсені көретін кәрі түлкі талай нәрсені аңғарған шығар-ау. Орта жүзде де тап мұны кім марапаттай қойды дейсің. Сөзінің шикісі шығып қалып жүрсе, Сейітқұл мен Құттымбет те баяғы Қойбағардың кебін киді дей беріңіз!
Мізбақпай отырған Әбілқайыр құс төсектің астынан әлдекім ине сұғып алғандай қозғалақтап қалды. Сол-ақ екен, баяғыдан бері басын қатырып келе жатқан шытырман ой қайтадан шырмап алады. Бұл осыған қашан, қайда бел буып жүр?
О баста жоңғардан қорқып, орысқа қол жаюға іштей қарсы болғандардың бірі өзі еді ғой. «Маңдайдан жау шыққанда желкеден дос іздеп алақтау әншейін далбаса, қалың жауға қаптай қайрат қылудың орнына елді бекер елеңдеп, есек дәме етеді», — деп ойламайтын ба еді.
Оның үстіне ол кезде орыстар мен қазақтар онша сыр мінез емес-ті.
Қазақ сахарасының батысы мен терістігінде өзен басы бір қамал салып қусыра қоршап келе жатқан көк жаға, қызыл жағалар қазақтың өзі түгілі суатқа барған малын қуалап маңайлатпайтын-ды. Бұрын балаусасы белден келетін көк шалғындар, шалқыған дариялар оты мен саясы мол қыртысты таулар қайдағы бір сүзіткі сүйреткен, өгізге еріп, соқа ұстап жер тілімдеген қара шекпендерге бұйырды. Жаз шықты-ақ ақ жұмыртқа үйлерді тізіп тастап, көгала жылқыны жауып жіберетін талай көл, талай өзен көзден бұл-бұл ұшты. Құйқалы талай өріс ендігәрі тұяқ тимей, сол кеткеннен мол кетті... Қазақ шонжарлары шыжыған құм арасындағы бірлі-жарым кетік-кемеш көне қорғандарға таласып, көрші-қолаңдармен қырқысып жатқанда, саумал көл самиян бетте тас қамалдар самсап тұра бастағанын сезбей де қалды. Жайық, Есіл, Ертіс, Тобыл бойы көрер көзге қолды боп барады. Қиқулап жылқыңды қуып кетпей, дүсірлеп кеп түндігіңді серіппей, жалғыз ат, жалғыз соқамен келіп жер тырналап жатар можантопай қара шекпендер сол үн-түнсіз қалыптары Алтайдың ну жынысына да жылыстап кіре бастады. Қазақтың ту сыртында не болып, не қойып жатқанымен шаруасы жоқ, жоңғармен екі ортадағы баяғы Есім тұсынан келе жатқан ескі дауды қоздатып әлек.
Күндері шөпектеп шөп тістелеген қоңыр шұнақ қошақанның бүйірінің бұлтиған, бұлтимағанына қараған екі арада халық өріске таласып кергілесіп жатқанда ақ патша екеуін ту сырттарынан тас қамал тұрғызып «қайда барсаңдар да — Қорқыттың көрі» қып қамап алмақшы...
Көңіліне осындай күдік ең алдымен қашқандардың бірі осы өзі емес пе еді? Әлі қарақұрым қатар түзеп қайратына міне қоймаған орыс қоныстарының шаңырағын ортасына түсірген ойран-жорықтардың талайына өзі қатыспап па еді? Сол бір жортуылдар тұсында қазақты қазақ қылды дейтін Әз Тәукенің жел жақ іргені ашық тастап, оған қам жеудің орнына Тобылға кеп тоқтаған патша әкімдеріне қайта-қайта екі етек қып елші шаптырғанына зығырданы қайнамап па еді? Ендеше, күні кеше азар да безер болған нәрсесіне бүгін өзі кеп ұрынып, оны қандай түлен түртіп жүр?! Енді, міне, оның бүкіл тіршілігі, түнде ұйқысы, күндіз күлкісі — күллі тағдыры осы жалғыз ауыз сауалға ғана тіреліп тұрған жоқ па? Жұрттың айтып жүргеніндей басына ат тебері де, бағының жанары да тек осыған, осы бір қитұрқы сауалдың жауабының арты қандай боларына ғана байланысты емес пе...
Соны ойлағанда Әбілқайырдың іші қан жылап қоя береді. Түрулі есіктен жылт-жылт сығалап, табалдырықтан бой асырар-асырмас боп, жермен-жексен бұлдырап тұрған көкжиекке қарап телміріп ұзақ отырады. Мұнарытқан көкжиекте қылт-қылт асыр салып жүрген көп бұлдыр көк сағым емес, өткен мен кеткеннің көкейден өшпей тұрған, қапелімде, өше де қоймайтын көлең-көлең көп елесіндей. Сол бір көлең-көлең көп елесте Әбілқайырдың жадына жаңа ойда жоқта түскен тосын сауалдың да жауабы еміс-еміс бұлдырап тұрғандай. Сол бір көлкіген көк сағым көкірегінің басында май ішкендей қып кілкіп тұрған талай шерді ақтара жөнелетіндей. Сол бір көлкіген көк сағым бұның қиялын тағы да өткен мен кеткеннің көл-көсір хикаясына бастағандай. Ойына қай-қайдағылар оралып отыр.
Көз алдына сегіз қанат ақ үйдің қақ төрінде қан күрең қырмызы бөстектің үстінде күрең бұйра үнді шәйін сораптап тартып отырған Мәті келеді, шынашағын шошайтып шәй құйып беріп отырған Пәтшәйім келеді, оның миығына бір сондай сүйкімді, сондай сұсты, сондай тәкаппар күлкі іліккен албыраған алқызыл еріндері мен көкірегіңді шоқ боп қаритын нәркес кездері келеді, шыны аяғыңды беріп жатып, көзінің астымен қарап қымсына күлгені келеді. Өзінің сонда ішінен қатты қысылғаны, артынан бірнеше күн бойы басы қатып көп ойланғаны келеді.
Шынында да, сол бір оқиға мұның өмірін асты-үстіне шығарып, астан-кестен төңкеріп тастағандай болып еді. Күні кеше ғана бұрыс деп жүрген талай нәрсенің аяқ астынан дұрыс боп шыққанына, дұрыс деп жүрген талай нәрсенің аяқ астынан бұрыс боп шыққанына қайран қалғандай еді.
Сөйтсе, барша бұрыс пен дұрыстың, обал мен сауаптың, қиянат пен шарапаттың, бұзық пен түзіктің, ауыр мен жеңілдің, жалған мен шындықтың, азап пен рақаттың бірден-бір сарапшысы баянсыз сылдыр-сұйық уақыт қана екен ғой. Одан асқан қазы, одан асқан ақтаушы, одан асқан даттаушы, одан асқан мәмлегер, бітуажай жоқ екен ғой.
Ол да осындай шыжыған шілде күні-тұғын. Ол да осындай жал-жалдың басында сапырылысып сағым жамырап жатқан бесін қезі-тұғын. Бесін кезі бейсаубат жол шеккен жүргіншіге қауіп деуші еді. Өйткені, бесін кезінде күні бойғы шыжғырған ыстықтан қалқа-қалтарыс сағалап, бұғып-бұғып алған тірі мақұлықтың бәрінің орынын қайдағы бір ібіліс, әзәзілдер жайлап, асыр салып ойнақтап мәре-сәре болады деуші еді. Сол мәре-сәре, мәз-мәйрам болып жатқан жын ойнақтан көзіңе неше түрлі қос көрініп, неше түрлі құбыжық, неше түрлі пәлекет елестейді деуші еді. Сағым шалған көкжиекке көп қарама, көп қарасаң — сайтан иектеп кетуі мүмкін деуші еді. Сондықтан да түздегі жолаушы күн қызғанша бір көлеңкесі мол сай-сала, саяға жетіп алып, бесін ауғанша сонда тыныға тұратын-ды.
Әбілқайыр сол күні не түлен түрткенін өзі де білмейді, ми қайнатқан ыстыққа қарамай бұлтың құланы бүлк-бүлк желдіріп тарта беріпті. Сағым жамырай бастаған бесін кезінде жағасына қалың құрақ өскен жыланшық өзенге кез болғаны. Ат суарып алайын деп тоқтай салды. Атын жерге түсіп суарғанын да білмейді, жоқ ер үстінде тұрып суарғанын да білмейді, әйтеуір ысқырып ат суарып тұрғанын біледі. Атының кенет басын судан көтеріп ап, құлағын қайшылап осқырынғанын біледі. Бұл да басын көтеріп ала қойды. Анадайда бірдеңе қалың қамысты құйын тиген үйдің туырлығындай тулатып, жапыра жарып, жақындап келеді. Бұл қалай екенін білмейді, түк еті шіміріккен жоқ. Қолын қорамсаққа соза берді. Қамыс арасының оқыс тарғылданып бара жатқанын байқады да, әлгі жер-жаһанды түгел сатырлатып келе жатқан жойқын дүлейдің маңдай тұсы, дәу де болса, осы шама-ау деп, шіреніп тұрып тартып кеп жіберді. Әлдене арс етіп жоғары шапшығандай болғасын, бүкір садақты бүгілте тағы да зу еткізді. Сұлқ тұрған сұр қамыс түгел бұлқынып, астан-кестен болды да қалды. Біраз уақыт тулап-тулап, ақыры о да басылды. «Апырау, бұл не екен?» — деп, аяғын еппен басып, жақындап барып көз тастаса — сала құлаш сары ала жолбарыс көлденеңінен түсіп сұлап жатыр. Бұл шап беріп селебесін суырып, жақындай түсті. Кенет... әлгі сұлқ жатқан сары ала жолбарыстың құрсақ тұсы бүлк ете қалды, құлағы жымиған арлан бөрі атып шығып, қалың құрақтан бірақ секіріп қара адырға қарай тұра ағызсын кеп. Бұл да атына қамшыны басып, соңынан тұра қусын кеп. Құлағын тас қып жымитып ап, төрт аяғын тағы айрылғанша құлаштай созған көк бөрі жеткізер емес. Әншейінде бойын жасырып, мойынын төмен салып, бүлк-бүлк желетін бұлтың құлан мұндайда тіптен аруақтанып кетуші еді. Жұлдыздай аққан бөріге бәрібір жетпей қойман деп ол да салды. Ақырында арлан сасайын деді. Қара жонға жете бергенде жата кетіп, кері қайырылып, азу тісін ақситып, арс етіп өзіне атылғаны. Бұл да жалма-жан таралғысын ағытып, шар болат үзеңгімен қақ маңдайдан құлаштай сілтеп бір соғып өтті. Допша атылған дүлей бөрі ауыр соққыдан ашыған қамырдай ирелеңдеп созылып барып құлап түсті. Бұл тағы да қынынан селебесін суырып секіріп түсе бермекші еді. Серейіп жатқан бөрінің шабының арасынан бір қызыл түлкі атып шығып, құйрығын сүйретіп зыта жөнелгені. Әлгінде ғана күдірейіп жатқан тығыншықтай арлан аяқ астынан салаңдаған көк теріге айналып, бұта басына ілініп қала бергені. Оған айналсоқтап жатар жағдай жоқ. Құба далаға зымқайым сіңіп жоғалуға айналған қызыл түлкінің соңынан төпей жөнелді. Әккі түлкі алдырар емес. Жыра-жықпылға салып әбден ит зықысын шығарды. Сонда да соңыңан қалмай келеді. Түлкі енді түзге қашып құтыла алмасын білгесін, өлермендікке басты. Анадайда күмбіреп жалғыз тұрған ақ шаңқан үйге қарай тұра ағызды. Бұлтың құланның да аяғы әбден қызып алыпты. Тапап кетердей боп емініп жетіп барып еді, аяр мақұлық артына жалт етіп бір қарап, жалп етіп жата кеткені. Ағызып кеп дойыр қамшымен бір тартып өтті. «Әй, жаның қанша сірі болғанмен, тап осы жолы ауызыңды бақадай ашқан шығарсың», — деп жалт бұрылып, арт жағына көз тастады. Жағасын ұстады. Әлгінде ғана қызыл түлкі қылжия құлаған жерде әлі дегдіп үлгере қоймаған сиырдың бір жалпиған дәу жапасы жатыр. Бұл қайран қалып, өз көзіне өзі сенбей, жақын келіп еңкейіп еді, тырп етпей жатқан добал жапаның аяқ астынан жыбырлап қоя бергені. Қайдағы бір сумаңдаған сары шаяндар, тарбаңдаған бүйілер мен бұзаубастар, иреңдеген түк-түк ақ-сарыбас құрттар, қара қоңыз, сары қоңыз, қызылқоңыз, есекжеме, қырықаяқ — небір жексұрын мақұлықтардың жан-жаққа тырағайлай қашып, өре жөнелгені. Бұл әлгі жерден аулақ кетуге асықты. Бұлтың құланың сауырын бір тартып, шаба жөнелмекші еді, анадай жердегі алда төмпектің шаңы бұрқ ете түскені. Сөйтсе, әлгі сылаңдаған қызыл түлкі аунап тұрып, тағы да анадай жердегі ақ боз үйге қарай ағыза жөнелді. Бұл енді қуа қоймады. Есалаң кісі құсап біреудің үйіне дүсірлетіп шауып баруға ұялды. Түлкі соны біліп қойғандай, бүкеңдеп желді де отырды. Қуғыншы қалып қоймады ма екен деп, ауық-ауық артына қарап қояды. Қараған сайын жымың етіп күлгендей болады. Сол сылаңдаған жымысқы хайуан ақыры айдаладағы жапа-жалғыз ақ боз үйге де жетті. Үйдің алдындағы жер ошақ басындағы үюлі жатқан тезектің тасасына сіңіп жоқ болды.
Кенет аты әлденеге сүрінгендей болды. Ол селк ете түсті. Тұла бойы оқыс түршігіп кетті. Сөйтсе, індігеш екен. Жолда аттың сүрінгені олжаға көрінеді деуші еді. Қолын созып бұлтың құланның жалынан сипады. Басын көтеріп төңірегіне қарады. Шынында да, айдалада жалғыз тұрған ақ боз үйге жақындап қалыпты. Шынында да, әлгі қызыл түлкі зымқайым жоғалыпты. Сонда атының әлгі сүрінгені қандай олжаға көрінгені? Жаңа неге селк етті? Қалғып келе жатып оянып кетті ме, жоқ атының індігешке сүрінгенінен селк етті ме? Кіл жұмбақ.
Әбілқайыр аң-таң боп басын шайқап, ақ боз үйдің ту сыртына барып:
— Хабарласқандай кім бар? — деп дауыстады.
— Жолың болсын, жолаушым! Аттан түс, амандас! — деді бір таныс дауыс үй-ішінен саңқылдай тіл қатып.
Үйге кіріп келсе — қақ төрде ақ тер-көк тер боп шәй ішіп Мәті отыр. Оң жақта сусыған торғын жібекке малынып Пәтшайым шәй құйып отыр. Әбілқайыр, қапелімде, аңтарылып тұрып қалды. Не дерін де білмеді.
— Ә, сұлтан, қош келдің, төрге оз! — деді Мәті. Пәтшайым орынынан тұрып жол берді. Әбілқайыр төрге шықты. Белін шешіп отырғасын Мәті жөн сұрады. Әбілқайыр шәй ішіп ыстығын басып, өз-өзіне келгенше жолда не көргенін айта қоймады. Ішіне қалампыр, талшын, зәнзәбіл араластырып, айыр түйенің сүтін қатып, қою құйған бұйра шәй әлгінде ғана екі шықшыты зіркілдеп зеңіп келе жатқан басын ә дегеннен жеңілдетіп, өне бойындағы зіл атаулыны түгел қуып шыққандай. Әбілқайырдың бетіне өң жүгіріп, көз алдының да әлгі бір қабарыңқы кіреукесі тарап, кесесін төңкерді. Ол қанғанмен Мәтінің шамалыда қана қояр сыңайы байқалмайды. Шалқая түсіп ысылдап-пысылдап тартып отыр.
— Мәті аға, — деді Әбілқайыр шып-шып терін Пәтшайым ұсынған орамалға сүртіп жатып. — Өңім екенін де, түсім екенін де айыра алмадым. Мен бір нәрсеге қатты таңғалып келіп отырмын.
— Иә, ол не нәрсе? — деді Мәті. Пәтшайым да құлағын тіге қапты.
Әбілқайыр жаңа жол-жөнекей не көргенін рет-ретімен айта бастады. Ауық-ауық Мәтінің жүзіне қарап қояды. Мәті ауыл арасының үйреншікті әңгімесін тыңдап отырғандай анда-санда самарқау бас изеп қояды. Пәтшайымның да езуіне бір үнсіз күлкі үйіріліпті. Әбілқайыр енді айтып отырған әңгімесіне емес, қасындағылардың осынша жайбарақат тыңдағандарына таңғалайын деді.
Әңгіме бітті. Мәті кесесінің аузын алақанымен қағып шәй ішіп болғанын білдірді. Сосын қасындағы сүлгімен маңдайын, мойынын, бет-ауызын қапысыз сүртіп алды.
Сосын сөз бастады.
— Сүйегің асыл, тегің артық сұлтансың. Сен қайдан тегін болайын деп едің, Әбілқайыр. Әлгі көргенің өң де емес, түс те емес, алла тағаланың көзіңе әдейі елестетіп отырған бір нышаны болар, — деп ілгері итініп қойып, көшелі әңгімеге енді кірісе беріп еді, Пәтшайым тамағын кенеді.
Мәті тына қалды.
— Ата, рұхсат етсеңіз, сұлтанның көзіне елестеген нышанды мен жорып көрсем қайтеді, — деді Пәтшайым.
— Иә, айта ғой, балам.
Келіншектің аппақ жүзіне лып етіп қан жүгірді. Жүрексіне шыққан бір әдемі әуезбен әнгімесін бастады.
— Сұлтан, бұл жолға аң қарай шығыпсыз. Сұлтан аңшының есіл-дерті — ойдан қырға жүгірген төрт аяқты тағы ғана емес шығар. Қол астындағы халықтың қамы мен замананың аңғары сейіл құрып келе жатса да, есінен шыға қояды дейсіз бе? Оның үстіне қара сүйек қаңғыма емес, ел ұстаған азаматтың әр қадамына аруақ екеш аруақ та тітіркеніп жатпайды дейсіз бе? Олар да манағы бейуақта бейсаубат жүргеніңізге орындарынан бір-бір аударылып, өзіңіз ойлаған халық пен замана қақында бір тұспал жасағылары келген бодар. Ендеше, әуелі суат басында судыраған қамыс ішінде жолбарысқа кезіксеңіз, ол баяғы халқыңыздың жүрек жұтқан арда кезі шығар. Ол заманда ол кімнен тайсалушы еді, неден тайсалушы еді. Артынан арсылдаған қасқыр боп, өзіңізге тап берсе, оның да жөні бар секілді. Жан-жағынан тап-тап берген сұғанақ жау көбейсе, тайсалмас батырың да қаны қарайып, көзіне қан толып, ызасына мінбей ме? Ызақор мақұлқат ажалына қарсы шабатын жанықас боп келмей ме? Еліңізде де тап сондай ақикөз кезі күні кеше еді ғой. Енді, ашуға мініп айбат шегіп те ештеңе бітіре алмағасын қырық бұлтаққа салар қызыл түлкінің кебін кимей, қайтеді? Онысынан да ештеңе шықпаса, құрт-құмырсқаға айналып, тоз-тоз болып тозып кетуден басқа жолы қалды ма? Құрт-құмырсқадан қайтадан қызыл түлкіге айналғаны, халқыңыздың қанша құқай көрсе де, келешегінен күдерін әлі үзе қоймағаны ғой. Елге жөн сілтейтін азаматқа жол көрсетер аруақ болмайды дейсіз бе? Дырду қуған әнші-жыршының да, қызыл қанды судай ағызар қырғын майдан, жанжал-шайқас іздеген сойқан батырдың да, түн жамылып жылқы торитын қара сойыл жортуылшының да тілдіде бір пірі, тілсізде бір пірі болады дейді ғой. Ата-бабадан ел тізгінін ұстауға жаратылған сізде де желеп-жебеуші пір жоқ дейсіз бе? — деген келіншек көзінің астымен бұл жаққа бір қарап қойып, сосын маңдайын атасына түзеп.
Мәті алақандай ала көзін тарс жұмып, мүлгіп тыңдап отыр екен. Келінінің толықсып шыққан әдемі даусының кенет тына қалғанын байқап, көзін ашып ала қойды.
— Дұрыс айтасың, балам, — деді басын изеп. — Қазақтың бір кезде ештеңеден жүрегі тайсалмаған арда да, асау да болғаны рас. Ол кезде оны жолбарыстан да жүрегі шайлықпайтын нар тәуекел ғана билей алды. Одан кейін ол тап бергенге шап берген көк жұлын арландай намысқой болды. Ол кезде оны алған бетінен өлмей қайтпайтын қайсарлық биледі. Енді, міне, ақылдан пәтуа, қайраттан айбын кеткен кезде халық та қырық құйқылжыған қызыл түлкідей қырық бұлтаң қырқылжың болмасқа шарасы бар ма! Бұндайда бұлтаратын жерде бұлтарып кете алатын, жалтарар жерде жалтарып кете алатын әмбебап айла ғана ел қорғаны бола алады. Бойынан алпыс екі айла табылатын билеуші ғана езінің де, елінің де басын аман алып жүре алып, айласыз, әупірім, алаңғасар қайырмалаған халық құрт-құмырсқаның кебін киіп, бет-бетіне безіп, бордай тозып кететін алмағайып заманның да туғаны шығар. Мұндай әрпіл-тәрпіл кезде ел ұстайтын ердің де жол бастары тәуекелшіл жолбарыс, ашушаң арлан емес айлакер түлкі болатын шығар. Заманына қарай амалы деген осы ғой.
Әбілқайыр айдаладағы жалғыз үй Мәтінің ауылынан аң-таң аттанды. Шиедей ерінін қымқыра тістеп, қымсына жол берген кер миық Пәтшайымның гүл-гүл жайнаған жүзіне көзі аңдаусыз түсіп кетіп еді, әдемі келіншектің бұлтиған бетінде жылт ете қалған бір жұмбақ күлкіні аңдап үлгерді. Қоштап күлгені де, мошқап күлгені де белгісіз. Атына мініп ауылдан ұзап кеткесін де көз алдынан кетпей қойды. Артына бұрылып қарап еді — сүйріктей сұңғақ келіншек бұралаңдай басып әлденелерді жиыстырып, үйге кірмей күйбеңдеп жүр екен. Жүзінде ғана емес, жүріс-тұрысында да әлгі бір сиқыр күлкінің табы жатқандай. Апыр-ай, осы бір монтаны күлкіні тағы қайдан, тағы кімнен көріп еді. Тіпті етене таныс күлкі ғой. Қашан, қай жерде көріп еді? Тіпті жақында, жуық арада ғана көрген сияқты еді ғой. Жоқ, баяғыдан, тіпті, ертеден көріп келе жатқан күлкісі. Ау, сонда... Бұл не тағы? Мана көзіне қос көрініп еді, енді ақылынан алжаса бастағаны ма? Қайда келе жатыр өзі? Айналасына қарады. Сол баяғы жұпыны дала. Жарлының иініндегі елбе-селбе киімдей жұтырайып тұр. Көзіңді кідіртіп, көңіліңді ашатын ештеңесі жоқ. Манағы асыр салып жүрген көк сағым ыдыраған. Онсыз да опырайып тұрған көңілсіз дүние бұрынғысынан бетер құлазып, бұрынғысынан бетер қоңырқай тарта түскен. Ештеңеден тұрақ таба алмай тентіреп келе жатқан кезбе жанардың сауабына қалғысы келгендей күнгей жақ көкжиектен көкшілденіп Қаратау дөңкиеді. Кешқұрымғы ауа таңсәрідегі көл суындай мөлдіреп тұнып тұр. Жер бетіндегі сәл қарайған бадырайып анық көрінеді. Бірақ, көзіне қыбырлаған тірі мақұлық ілікпеді. Манағы қызыл түлкі қайтадан қылаң бермес пе екен деп, жалқаудың желкесіндей қыртыстанып жатқан құж-құж қара адыр жаққа қарап еді, көзіне ештеңе түсе қоймады. «Әзәзіл неме қайда сіңіп жоғалды екен?» — деп ойлады Әбілқайыр. Көз алдында жолбарыс та, бөрі де қалмапты, тек түлкі қалыпты, оның жұлдыздай ағып бара жатып жалт бұрылып артына қарағаны қалыпты. Есіне енді түсті. Әлгі бір жұмбақ күлкіні, бақса, сол төрт аяқты хайуаннан көрген екен ғой. Құдыреті күшті құдай-ай десейші! Екі аяқты адам мен төрт аяқты аңның да арасында тап осындай ұқсастық бола береді екен. Сонда өткен-кеткен жолаушының көзін арбай кететін қырық бұлтаң түз тағысы мен біреудің әлпештеп алақанына салып отырған қырмызыдай құлпырған жас келінінің арасында қандай байланыс, қандай ұқсастық болмақшы? Манағы мұның көзін иектеген сиқыр күш енді мұның ақылын иектейін деп жүрмесе не етсін! Түсінсе не дейсің! Бұл осы қайдағыны қайдан шатып келеді. Жолбарыс... Бөрі... Түлкі... Құрт-құмырсқа... Енді кеп жаңа ғана өзі көріп кеткен Пәтшайым... Шынында да, манағы түлкі мен жаңағы келіншектің кісіге қарағанында бір адам арбалып қалатындай сиқыр күш бар ғой! Ол не күш болғаны? Қырдың қызыл түлкісі де жапан түздің аңғал жолаушысын көрер көзге иектеп сүмеңдетіп соңына ертіп алар жын-шайтанның бір түрі болғаны ма сонда?! Қапелімде, оны ұшырастырған адам да қарадай жолынан қалады емес пе? Ендеше, әйелдің де сиқыры одан аз бола қоймас. Әлгінде көзіне көзі түсіп еді, кермедегі атына зорға жетіп, әзер аттанып кетті емес пе! Екеуінің де сиқыры — қайдағы бір қалғып жатқан құпия құмарыңды төбесінен түртіп оятып, өз-өзінен емексітіп әкете баратыны емес пе! Бірақ, осы бір сиқыр күлкіні түз сылқымы түлкі мен үй сылқымы әйелден ғана емес, бүр мауыздай еркектен де көрген жері бар сияқты ғой?! Сонда мұны еркек адам несімен иектемекші? О тоба! Адам иттің ойының да сімсік тазыдай иіскелемейтін жері болсайшы! Иә, иә... Әлгіндей жымсиған монтаны күлкіні әлдебір қуқыл мұрт пен қуқыл сақалдың арасындағы суға салып жаншыған бүркіттің жеміндей қан-сөлінен айырылып әбден бозарып кеткен жұп-жұқа қаймыжық ерінге ілініп тұрғанын талай рет көрген секілді. Апырау, сол кімнің мұрты еді, кімнің сақалы еді? Тоқта... тоқта... Қуқыл мұрт дейді? Тоқта... Қу самай... Шұнақ құлақ... Келте мұрын... Қысық көз... Қиғаш қабақ... Қытыңқы ерін... Сида сақал... Қияқ мұрт... Ұзын мойын... Апырау, мынау жұрттың бәрі жақсы білетін кейіп қой... Иә, иә... Білгенде қандай? Онсыз да ұзын мойыны басына шошақ төбе зер қалпақты киіп алғанда одан сайын ұзара түсетін. Сонау биіктен қашырта қараған қиық көздің жүзіңе түсіп кеткенін байқасаң, ішіңдегіні көріп қойғандай, дереу көзіңді тайдырып әкететінсің. Ол да әлгіндей қоштағанын да, мошқағанын да байқатпай бір жымиып қоятын. Сол бір болмашы күлкінің болымсыз табы қоңырқай жүзінде ұзақ уақыт тұрып алатын. Ол өңіне бір түрлі жылылық беретін. Жұрт та оны сол өңінің жылылығына бола жақсы көрмейді дейсің бе! Ол қарағанда кім-кім де: «Қолында тізгін отырған неменің жақсы қабағына іліктім білем. Иә сәт!» — деп мансап па, бақ па — әйтеуір бір көкейін тесіп жатқан қызыл құрт әлеңкедей жаланып шыға келетін шығар. Сол бір әзәзіл дәмені өшірмей, өршіте түскен әлгібір жылы жүз, жымың күлкіге әбден құлап түсетін шығар. Әйтпесе, тап осынша өліп-өшетіндей ол қырып келді деген ел, ол түсіріп келді деген олжа, ол қайырып келді деген жау естіле қоймап еді ғой. Туырлығыңнан көк найзаларын күнде сұқаңдатып ата дұшпандарыңның айнала қоршап тұрысы анау. Еркек кіндікті әлдеқашан атқа қондырып, не бүк түсетініміз, не шік түсетініміз белгілі болатын қан майданға бастап шығудың орынына бұта біткеннің түбіне бір-бір бұқпантайлап, түлкі бұлтаққа салып оның отырысы анау. Түлкі бұлтақ демекші... Шынында да, солай екен ғой. Манағы таңы жарқылдаған қызыл түлкіден көрген жымысқы күлкі оның да мынау бүлк етпей жатар да қояр жапан түздей қоңырқай жүзіне тегіннен-тегін қонақтап жүр дейсің бе...
Әбілқайыр мына ойына, қапелімде, қуанып та қалды. Сөйтсе, әлгі күлкіні баяғыдан бері әз Тәукенің жүзінен де көріп келген екен. Сонда оның таусылмайтын түлкі бұлтағы, бұрын бұл ойлап келгендей, жігерсіздік шешімсіздік емес, әлгі Мәті айтатын айлакерлік болғаны ма... Сонда Тәуке айлакер боп не бітірді?
Ол ел тізгінін ұстағалы жоңғарда екі қонтайшы ауысыпты. Екеуі де қазақтарға оңай тимепті. Бірақ, Тәуке тиіп-қашты шапқыншылыққа тиіп-қашты шапқышылықпен жауап беруден аспай тып-тыныш отырып алды. Қанша қоқан-лоқы керсе де, оның ауызынан «аттандаған» ащы ойбай шыға қоймады. Әліптің артын бақты. Қазақ оның тұсында отыз сегіз жыл бойына ереуілдеп атқа мінбей, бейбіт заман кешті. Бұрын-соңды мұндай тыныштық болып көрмеген-ді. Бұрын біреу: «Ә!» — десе, «Мә!» — деп атып түрегелетін ақикөз қазақ енді басына тепсең де, мыңқ етпейтін бір сабырлы салбөксе мінез тапты. Сырттағы жағаласты былай қойғанда іштегі жағаластың өзі күрт азайып кетті. Тәукенің ауызын ашса, айтатыны — тыныштық пен бүтіндік. Билердің де көмекейінде көлкіп сол екі сөз тұрады. Құдай қазақтың қолына қамшыны шарта жүгінген билердің алдына көлденең тастап, «Кессең — бас, міне!» — деп мүләйімсіп мүлгіп отыру үшін ұстатқан сияқты. Көк найзаның да, бүйте берсе, тізеге сап, ортасынан қақ бөліп, ілгері тартсаң, кері шегінетін көткеншек көк есектің құйрығынан түртуден басқаға қажеті болмай қала-тұғын түрі бар. Бұл жұрт енді сауытты сәндікке киіп, садақты қыз ұзатып, бала сүндеттеген той-томалақта алтын қабақ ату үшін ғана асынатын шығар. Желкілдеген жігіттерге бұл қазақтың желкек қаздырып, қызды ауылдың сыртынан қырындатқаннан басқа кәсіп тауып бере қоятын сыңайы көрінбейді. Барымта азайып, жаназа сирегесін бе, кез келген жалба тымақтың іргесінің кеңі қалыңдап, бықыған бай болуға айналды. Жұрттың бәрі ақтылы қойын айдай алмай жатқаны. Соның бәрі бұған ертең жауға айдатып жіберу үшін жиналып жатқан зая дәулеттей көрінеді де тұрады.
Іргеден жау көбейген сайын Тәуке жиынды көбейтті. Ай бойы қауқылдасқан айғыр топ жиын: «Ертең шайқасқа шығамыз, бес қаруларыңды асынып, әзір тұрыңдар!» — дейді екен десең, тағы да екі етегін далақтатып Тобылдағы орыс шонжарына елші шаптырып жатады. Қашан сондай бір елшілік орысқа бара жатып, ойраттарға қолды боп кеткенше солай бола берді. Ал, әлгі бір оқиға азуы алты қарыс әз Тәукенің ел алдындағы беделін шайқалтып жібергендей болды. Енді Күлтөбедегі күндегі кеңестің де мәні кете бастады. Жоңғардың дігірі күшеймесе, тыйылмай, Тобыл әкімнің суық қабағы ызғарлана түспесе, жылымай қойған сол бір қилы кезеңде Әбілқайыр Тәукенің салбөкселігіне іштей ызаланушы еді.
Сөйтсе, Тәукенің басқа амалы жоқ екен ғой. Құдайдың құтты күні іргесіне кеп ат ойнатқан қиық құлақ аламанға абай-құқай болар ма екен деп, Тобыл бойына кеп тұмсық тірей тоқтаған орыстардан дәметпегенде кімнен дәметеді! Күнгейдегі хандықтардың ең үлкені өзі! Өзгелер өзінен дәметпесе, бұған қол ұшын берер қайрандары шамалы. Ал, жоңғарға бір өзі дүрсе қоя берейін десе, шет жұрттардың баяғыдан бергі қоқан-лоқысы мен өзара алауыздықтан әбден титықтаған халыққа біраз уақыт тыныштықтың дәмін татқызып, алдындағы малдың қарасын көбейтіп, ырың-жырың дау-дамайды тыйып, ел ұйтқысын бекітіп алмаса, тас түйін жаудан тас-талқан боп жеңіліп қап жүрсе, одан да мүйіз шыға қоймасы белгілі. Сонда Тәуке әліптің артын бақпағанда не бітіреді?! Бірақ, оның ойындағысының бәрін жайбарақат орындатып жайларына қарап жатса, жаудың аты жау бола ма?! Баяғы еңсегей бойлы ер Есім мен салқам Жәңгірдің тұсындағыдай кеңірдектен кенедей қадалған келелі інайқас көрмесе де, ойрат бірден лап қоймай мысық табандап жылжып-ақ біраз жерге қанатын жайып болды. Бірақ, дәндеген дұшпан қашанғы бүйтіп мысық табандай берер дейсің, бір күні көкірегіңе қарғып мініп, шеңгелді молынан салатын шығар. Сонда еңсеңді көтеріп, беліңді бекем буып қарсы шығуға қазірден бастап қам жемесең, тәсілқойлықтың жөні осы екен деп бұқпақтап бұлталақтағанмен не бітіресің? Ал, қазақтың ішіндегі қырғи тілді қиқарлардың бірі деп жүрген Мәтінің өзі қызыл түлкіні жол бастаушы қып, алпыс екі айла түгенде дейді. Ол айлаң мынандай алмағайып заманда елдің жел жағына қорған болып тұра ала ма, қызыл көз жаудың алдын тосқауыл боп бөгей ала ма? Сонда Мәті бұларға не демекші? Жауға шабар жалаңдаған жас шақтарыңды бұлтақтаған кәрілердің соңынан бұқпантайлап өткізіңдер дегені ме? Әлде... әлде... енді нар тәуекелдің де, көзсіз ашудың да бітірері шамалы, ұтырын тауып іс қыл дегені ме? Онсыз да бұның шаршы топқа шалқып кіріп жүргені шамалы. Әу баста үлкен ұлдың белінен жаратылуды құдай қимай, кіші ұлдың кіндігінен көбейіп, босаға бағып қалған бұл тұқым айлалы болғанда не бітірмек? Әлде көпті көрген көне көз би бұған жуан тұқымның дөң айбатына айлаңды қарсы қой, олар айбын бұлдап, қайрат жұмсап, қарық қыла алмай жатқанда ұрымталдан ұмтылып ілгері шық дегені ме? Бір кезде алты алашты ауызына қаратып, қазір айдаладағы жарбиған жалғыз үйге жарғанаттай тығылып жатып алған сұңғыла шал бұған әу бастан-ақ ішін жылы ұстайтын сияқты еді. Ендеше, манағысының тегін әңгіме болмағаны. Қызыл түлкісі де жәй сөз. Ол бұған босаға сыртында бұқпақтағанды қойып ортаға шық, жұрт күшіне сенсе, сен айлаңа сен дегені. Ендеше, ол мұның арғы аңғарын әлдеқашан аңғарып қойып, оны құптаған болды. Бәсе, ә дегеннен-ақ қырсық шалдың бұған жылы қарап, жұмсақ сөйлеуінде бір мән бар еді-ау. Жан баласына аузынан шықпай, тек қана өзім білем ғой дейтін түп құлтасын жер түбіндегіні көріп-біліп отырған желмір шал түсініп қойған ғой. Тіпті баяғы барысын да әдейі істегенге жорыған шығар-ау. Иә, ол Мәтімен де, Тайланмен де іш ашысуға көптен құмарды. Бірақ, ол ниеті тап сол күні тап солай жүзеге асады ғой деп кім ойлаған!..
Ол бір баяғыда ұлан-асыр қазақ даласының қақ ортасына кеп зорыққан түйедей ұзыннан-ұзақ сұлай жығылған Қаратаудың теріскей бауырындағы бір тар қойнауда болған оқиға-тұғын.
Қай заманда да қалың жиынның шаршы төрі бұйырмай, босағада асық жіліктің табағында күндері өтіп бара жатқан Өсеке балалары іштегі қыжылдарын түздің төрт аяқты тағыларынан қайтаратын. Әкесі Абдолла сұлтан өле-өлгенше аң қуып өтті. Одан туған Жолбарыстың да есіл-дерті аң. Мамай екеш Мамайдың да аң дегенде ішкен асын жерге қойып дігірлеп тұрғаны. Әбілқайыр да көпке дейін тау сүзіп, тағы қуалағанды жақсы көрді. Қырдың қылшылдаған қыршын жасында аңнан басқа қандай кәсіп, қандай ермек болушы еді, Әбілқайыр қазақтың ақ сүйегінің де, қара сүйегінің де талай боздағымен түзде табысты. Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Олардың алдында төремін деп кергімей, қия жақпарлардағы тері төсеген тар лашықтарына бірге жата кетіп, исі мүңкіген арқар сорпасын бірге сіміріп, судай сіңіп, сүттей араласып жүре беретін. Өйткені, мынау жылқы екеш жылқыны да құрық емес найза ұстап қайыруға тура келетін кер заманға тап келген елдің ендігі байы да, биі де, жау жақтағы қарасы да, жел жақтағы панасы да бұрын өштескен ауылдарға барымтаға жұмсалатын сойылы ауыр, қамшысы жылдам содыр нәсіл болуға айналды. Мұрты әлі дұрыстап тебіндей қоймағанмен Әбілқайыр соны бірден ұқты.
Ол кезде Әбілқайыр қасына нөкер ертпейтін. Қолында билігі жоқ әлжуаз әулеттен өсіп келе жатқан бозөкпе сұлтанның қияда тосып, қырындай жолығар, қырғи қабақ жауы болады десін бе! Аяғына қу шоқай, үстіне сұр байтаба шекпен киіп, ерінің артына қазан аяқ жақта ыс қалтаға салынып, атам заманнан бері ілулі тұратын саудыраған қырық кәрі жілікті тағып ап беті ауған жаққа тартып кете барады. Ең азы қасына ит екеш ит те ертпейді. Ал, сосын жұрт мықты болса, жапан түзде жалғыз жорытқан жүдеубас сұрша жігіттің сұлтан екенін, ұлтан екенін біліп көрсін!
Қау пісіп, мәуе түскен құба күзде қуарыңқы даланың өзінен айнымайтын құла ат мініп, көлік терлемес, жолаушы шөлдемес май бүлкекпен келе жатқан осы бір бейтаныс жүргінші, қапелімде, көзге де түсе қоймайтын.
Сондай бір сапарында қатпар-қатпар қара таудың ішіне сұғына бойлаған тар аңғарға келіп кіргені. Екі жақ — өздерінен-өздері үркіп, едірейе-едірейе қалған құз жартастар. Аяғының астында — әлденеге асығып-үсігіп, айналасына бірдеңе деп былдырай тіл қатып, сонау ойға қарай екі етек боп дедектей шапқылап бара жатқан ағын су. Манадан бері сілтіге көміліп, енжар мүлгіп тұрған жабырқау далада іші пысқан бейтаныс салт аттының көңілін сергіткісі келгендей жан-жағынан анталап тұрған тас қоршаудың о жер-бұ жерінен құстар шықылықтайды. Әлдеқайдан көмек шақырады.
Әбілқайыр елсіз аңғардың табанындағы жалғыз аяқ жолмен шоқытып келеді. Қапталдағы тау өзеніне сұғына құлаған дөңбек тастардың сауырында баттиып-баттиып дымқыл іздер жатыр. Сыз басып, топырақ жаншып келген суық шеңгелдердің айғыз-айғыз табы ызғар шашып көзіңді қариды. Жүрегіңді одан сайын мұздата түскісі келгендей о жер-бұ жерден ұйлыға өскен ну құрақ оқтын-оқтын сытыр ете қалады.
Әбілқайырдың астындағы құлтың құла екі құлағын қайшылап, ауыздық сылдыратып қояды. Иесі бірақ түк сезбегендей. Өрге қарай барын салып емпеңдеп келе жатқан жануарды одан сайын тебінеді. Кенет сол жақ қапталынан әлдене сылдыр етті. Сай табанындағы ақсиған жолдың үстіне судыр-судыр тас жауып кетті. Құлтың құла кілт тоқтады. Әбілқайыр басын көтеріп дыбыс шыққан жаққа қарады. Қарсы алдында -бір-бірімен сүзісердей боп екі жақтан ентелей сұғынған екі құс тұмсық жартас. Сол жағындағысының ұшар басында мүйізі шаңырақтай құлжа тұр. Жарық жалғанның қожасы жаңғыз өзі сияқтанып, төңірегіне кекірейе қарайды. Төрт тағандап қаздия қалған нық тұрысы, күнге шағылысып жалт-жұлт еткен дағара мүйізі, қаннен-қаперсіз жалп-жалп еткен ауызы мен желп-желп еткен сақалы, алшайып кеткен артқы екі аяқтың арасына сыймай бұлтия қарауытқан тағы бірдеңесі — осы бір хайуанның тұла бойы толған астамшылық пен асаулық екенін танытқандай.
Жас сұлтан, неге екені белгісіз, осындай қараптан-қарап бұтқа толып жүретін кердең мінезді жек көруші еді. Кекірейген біреу-міреуді көзі шалды-ақ, қайдағы бір құдай атқан қитұрқы сөздер көмейіне лық ете қалатын. Бірақ, сол бір есіл сөздер отыз тістен бері аспай, сол арада дымы құритын.
Әбілқайыр қорамсаққа қол салды. Сумаңдаған сұр жыландай басын қылтитып тұрған сай кез оқ сұп-суық ала көздің алдына келе беруі мұң екен, елсіз аңғардың қатықтай ұйып тұрған уыз тыныштығын пышақтай тіліп зымырай жөнелді. Сол-ақ екен, аспан астын бір өзі толтырып тұрған шаңырақ мүйіз кекжең ете қалды да, әлгінде ғана жақпар жартастың төбесінде найзадай шаншылған төрт қуатты сирақ көктен келіп, таңы айырылғанша семіріп алған зілман тағы ойға қарай домалап берсін...
Аң серкесінің мынау қапия қазасына өкінгені екені де, әлде құралайды көзден тигізетін өз өнеріне сүйсінгені екені де белгісіз, Әбілқайыр басын бір шайқап қойды.
Кенет.
Міне, керемет!
Қарсы алдындағы екі құс тұмсық жартастың оң жақтағысының тасасынан сылаң етіп бір шұбар атты шыға келгені. Шыға келсін де, өзеннің арғы бет жағасына барып құлаған құлжаға қарай бас қойсын.
Әбілқайыр өз көзіне өзі сенбегендей аңтарылып тұрып қалды.
Шұбалаң шұбар атты құлжаның қасына барып тоқтады. Атынан түсті. Шаңырақтай мүйізін тау-тасқа ұрғылап бұлқынып жатқан құлжаны сапы суырып, тамақтың астынан орып кеп жіберді. Сосын текенің бауыздау қанын жуғалы қасындағы өзенге сұлата беріп еді, қолын тартып ала қойды. Аңтарылып тұр. Желкесін қасиды. «Апырау жолбарыстай шұбарды шұбалтып мінген бұл кім болды екен? Не де болса, бір игі жақсының ерке бұланының сойы ғой», — деп ойлады. Сол-ақ екен көзі киіміне түсті. Кигені — кілең жарғақ. Ал, таңданбай көр. Анандай ат мініп, анандай киім киген мына бейтанысты кім деп ұқпақшы...
Жарғақ киінген шұбар атты... Әбілқайырдың ойына әлдене түсті. Тамағын кенеп жөткірінді. Құлжаның қасында тұрған бейтаныс жігіт селк ете қалды, жалт қарады. Торсық шеке, кең маңдай, қоңқақ мұрын. Тостағандай ала көзі шатынап шыға келді.
— Біреудің олжасына осыншама өңмеңдегенің қалай? Одан да сыралғы сұрамайсың ба? — деді Әбілқайыр атын тебініп жақындай түсіп.
Бейтаныс жігіттің екі құлағы ду ете түсті. Сосын мынау төбеден түскендей сап ете қалған көлденең көк атты біреу не деп тұр дегендей ызғарлана қарады.
— Кімнің олжасын айтасың?
— Алдыңдағы құлжаны айтам.
— Оны атқан кім?
— Мен.
— Оны кім айтады?
— Мына мен айтам.
Жарғақ киімді жігіт қанын ішіне тартып сұрланып алды. Бірдеңе дегісі келіп оқтала түсіп, қолындағы жалаңдаған кездікті жеңіне сүртіп, бұған сол алара қараған күйі апарып қынына қайта салды.
Әбілқайырдың назары су жиегінде теңкиіп жатқан құлжаға сонда барып түсті. Шынында да, адам таңғалатындай екен. Екі оқ бірдей тиіпті. Біреуі аш қолтыққа қадалыпты. Екіншісі көзді ағызып өте шығыпты. Екі жарақатынан да даладай боп қан ағып жатыр. Аш қолтықтан қадалған қу жебе Әбілқайырдікіне ұқсамайды.
Бейтаныс жігіт бұның таңғалғанын аңғарып қойды ма, атына қарғып мінді.
— Ау, олжаңды алмайсың ба? — деді Әбілқайыр.
— Саған сыралғым болсын!
Саңқ ете қалған жігіт дауысынан мақтаныш пен мазақ қоса естілгендей болды. Атына қамшы басып аңғардың аузына қарай шоқыта жөнелді.
Әбілқайыр бұралаң тау жолымен бүлкектеп бара жатқан шұбардың соңынан таңдана қарап тұрып қалды. Жарғақ тонды шұбалаң шұбар атты... Енді бұл желкесін қасыды. Тілі салақтап теңкиіп жатқан құлжаның қасында намаздыгердің көлеңкесіндей боп қашанғы сілейіп тұрсын! Бауыздау қаны әлдеқашан сорыққан құлжаны артына өңгеріп, шұбардың соңынан ол да салды.
Көз ұшында құлтылдап бара жатқан шұбар аттының жеткізетін түрі жоқ. Бір уақыттарда барып аңғар да таусылды. Екі жақтан ентелеп тас қоршаған тар қыспақтан шыққан соң шұбар аяңды көсілтіп, тауды бөктерлеп оңға тартты. Әбілқайыр да атының басын солай бұрды.
Бір-бірінің қарасын сонадайдан ғана көріп отырған екі суыт жүргінші түс қыңа тау қойнауынан қия жақпарланбай жайпауыт қолаттанып шығатын жайдақ сайдың жайылма табанында отырған құрым үзік қоңыр үйдің үстінен шықты. Шұбар атты сар желіспен барып, үй сыртына дүрс етіп түсе қап, шылбырын белдеуге ілді. Жарғақ киімді жігіт аршындай басып үйге кірді. Ешкім шығып қарсы алмағанына, үй сыртында тұрып жай сұраспағанына қарағанда мынау өзінің үйі сияқты. Маңайда жайылып жүрген қара-құраң көрінбейді. Ең болмаса, алдарынан ит екеш ит те үріп шықпағаны ма! Әбілқайыр көптен бері жұрт аудармағандықтан жапырайып жерге сіңіп кете жаздаған жатаған үйдің ту сыртына жете беріп тамағын кенеп дыбыс берді.
— Ау, хабарласқандай кім бар?
— Бар, қарсы ал, — деді үй ішінен бір қажыңқы дауыс қасындағы біреуге.
Сол-ақ екен сыртқа манағы жарғақ киген аңшы жігіт шыға келді. Мұның тізгінін ұстап, атын тұсай бастады.
Әбілқайыр ердің артына өңгерген құлжаны көтеріп апарып, үйдің оң жақ босағасына жықты. Арамдап жүрер көлденең сұғанақ тұмсық жоқ па екен деп, төңірекке қарап еді, табалдырықтың сыртынан абажадай екі бірдеңе қарауытты. Итаяқ деуге тым үлкен. Мұндай итаяқтан ит түгілі арыстанға ас берсең де, артықтық етпес түрі байқалады. Сөйтсе, ақ жемденіп тозған, киіле-киіле сірісі қисайған кебіс боп шыққаны. Әуелі көзі шарасынан шыға таңырқады, артынан миығынан күлді. «Үрерге иті жоқ деуші еді, рас екен ғой...»
Жас жігіт үй алдында шымырулы ши есікті бір иығына асып ап, бұны тосып тұр.
Әбілқайыр:
— Ассалаумағалайкүм, — деп үйге кірді.
— Әликісалам, — деді төр жақтан әлгі қажыңқы дауыс.
Ортада жез легенге лықа толып қызыл шоқ тұр. Баялыштың шоғы. Шоқ шетіне қисық тұмсық темір құман бөксесін тығыпты.
Оттың төр жағында бірдеңе бозараңдайды. Ол қарақұйрықтың иленген терісінен жасалған дастарқан екен. Онда ернеуі кемірілген екі кемиек кесе тұр. Оң жақтағысына кенет тарбиған-тарбиған бес саусақ тап берді де, түбінен көсей көтеріп алып, әлдеқайда әкетіп бара жатты.
Түндігі түсірулі қара көлеңке киіз үйдің төрінде отырған еңгезердей қара кісі сонда барып көзіне түсті.
Алпамсадай кісі бұтындағы жарғақ шалбардың балағын тізесінен жоғары шиыршықтап түріп қойыпты. Малдасын құрып отырғанда, екі жіліншігінің дәл қыр арқасына біткен қалың түк құлынның жалындай жалбырап көрінеді. Еңгезердей денесі буылтық-буылтық. Екі емшегі апай төсті қақ бөліп, екі жерден салбырай құлапты. Еңгезердей дене жұдырықтай өндіршек арқылы ересен үлкен басқа барып жалғасқан. Қалған бас сүйектен дөңкиіп бөлініп шыққан ай маңдай. Қалақтай ат жақ. Шықшыттығы да мынау бет деп аталатын ұлан-асыр кеңістікте жымпиып жатып қалғылары келмегендей екі жақтан ереуілдей бой көтеріп, соқиып-соқиып шығып тұр. Дегенмен мырза құдай осынау мол пішілген кісіге де есебін тауып қытыңқылық жасап бағыпты. Шықшыт сүйектің тасасында бұғып жатқан шұнақ құлақты ешкім көре қоймастай. Дәл мынау шарадай бетке анау келте танаудың да тап онша жарасып тұрғаны шамалы. Бірақ, осы бір ұлан-асыр мол дүниені бет-бетіне шашыратып жібермей, бас-аяғын жиып ұстап тұрған әлдебір сиқыр күш бар. Ол алақандай ала көзі сияқты. Қарсы алдынан келгенде, кірпігін қақпай тіке қарайтын үлкен көз қапталынан қарасаң, бір қиығынан сығалай қарайтын сынампаз саңылауға айналып кетеді екен. Сол бір екі сынампаз саңылаудың манадан бері мұның үсті-басын түгел тінткілеп шыққан түрі байқалады.
— Төрлет, шырағым, — деді сәл ысырылып, оң жағынан орын беріп.
Әбілқайыр өрге аттап, шалдың қасынан тері бөстекке тізе бүкті. Әншейінде едәуір бойы бар Әбілқайыр ақсақалдың шынтақ тұсынан ғана келді.
Манағы аңшы жігіт қарсы алдына кеп құман тосты. Әбілқайыр қолын шайды.
— Жол болсын, — деді кәрия кеседегі шайын сораптап.
— Әләй болсын, ақсақал, — деді Әбілқайыр жігіт ұсынған тері сүлгіге қолын сүртіп жатып.
— Ал, жолаушым, жөніңді айта отыр, — деді шал кесесін шәй құйып отырған жарғақ киімді жігітке ұсынып жатып.
— Аң қарай шыққан аңшымыз.
— Қалай, қанжыға қанданып тұр ма? Әбілқайыр шәй құйып отырған жігітке қарады.
— Қанданған сияқты, — деді.
— Ендеше, сыралғы, — деді еңгезердей кісі басын кеседен көтермеген қалпы.
Әбілқайыр тағы да шәй құйып отырған жігітке бұрылды.
— Неге күмілжідің, балам?
Әбілқайыр кесесін сарқып, бетін алақанымен басты.
— Күмілжитін де реті болып тұрғаны, — деді ол сөзін бипаздап бастап. — Мына замандасымыз екеуміздің екі қанжығамызға бір құлжа бұйырып, қайсымыз қайсымызға сыралғы берерімізді біле алмай дағдарып отырған жәйіміз бар. О заман да, бұ заман екі мерген бір құлжаны атып құлатқанды кім көрген?!
Шәй құйып отырған жігітке қарап еді, ол тымсырайып жақ ашпады.
— Сонда өздерің қалай ойлайсыңдар, құлжа мұндайда кімдікі болмақшы? — деді шал бұларды сынағысы келгендей құрағыта қарап.
— Кімнің оғы бұрын тисе, сонікі болатын шығар, — деді шәй құйып отырған қоңқақ мұрын жігіт жұлып алғандай.
Әбілқайыр күлімсіреді.
— Ал, сен қалай ойлайсың, жолаушым?
— Кімнің оғы жықса, соның иемденгені дұрыс сияқты.
Шалдың келте танауы бүлк ете қалғандай болды. Қоштап отырғаны да, мошқап отырғаны да белгісіз.
— Құлжаны қайдан аттыңдар?
— Аңғар бойында құз жартастың басында тұрған жерінен...
— Е... е... Оқ қай арасынан тиіпті?
— Біреуі аш қолтықтан, біреуі көзінен...
— Е...е...
Шал екеуіне кезек-кезек көз тастады.
— Апырай, сонда атқан оқтарыңды өздерің танымағандарың ба?
— Таныдым. Аш қолтықтан тиген менің оғым, сынық сүйем кіріп кетіпті, — деді шәй құйып отырған жігіт тағы да асыға тіл қатып.
— Екінші оқ көзін ағызып өте шығыпты, табылмады.
— Е... е...
Шал отырып-отырып барып, жымия тіл қатты.
— Сонда құлжаны кім жыққанын әлі білмей отырсыңдар ма?
— Сынық сүйем кірген оқ жықпағанда, жанап өткен оқ жықты дейсің бе?
Шай құйып отырған жігіт бұл жолы нығыздай сөйледі.
Шал тағы да құрағыта қарады. Әбілқайыр үндеген жоқ. Бір езуінде байқалар-байқалмас күмілжі күлкі тұрды.
Шал қасындағы қара құйрықтың лағының шап терісінен жасалған шаршы сүлгімен көзіне құйылған ащы терді сүртіп жатқанда да екі ұнжырғасы ұзақ бүлкілдеді.
Екі аңшы аңтарылып қалыпты. Еңгезердей шалдың екі иығының селкілдегені бір уақытта барып басылды. Сосын қайтадан түк көрмегендей байсалды қалыпқа түсіп:
— Мал зорыққандыкі, аң жолыққандікі емес пе? — деді.
Екі аңшы жарыса бас изесті. Әсіресе шәй құйып отырған жігіттің көзі жайнап қоя берді.
— Құлжаны алдымен көрген сен екенсің, балам. Оғыңның сынық сүйем кіріп кеткеніне қарағанда қапысыз көздеп толғап атқан болдың ғой, — деді.
Шай құйып отырған жігіт ыржың етіп күліп жіберді.
— Бірақ, аш қолтықтан кірген оқтың ту текені мұрттай ұшыра қоюы екі талай. Жығылса да, қансырап барып жығылуы мүмкін.
Жігіттің бетінде әлгінде ғана лып ете қалған қуаныш ұшқыны лезде сөнді. Шал қажыңқы даусын одан әрі соза түсті.
— Ал, шың басындағы тағыны көзден тиген оқтың шыңырауға құлатпай қоймасы кәміл. Балам, бірінші тиген оқ сенікі екен де, жыққан оқ — мынау жолаушынікі екен. Оның үстіне сен көздеп атыпсың, ол көздемей атыпты. Көздеп атса, оның оғы да тиген жеріне қадалып қалар еді. Көздемей атып көзден тигізген мергенмен олжаға таласқан әбестік шығар, — деді.
Екі аңшының да беттері ду ете түсті. Соны байқаған шал сөзін сәл үзіп барып қайта жалғады.
— Жәй қол тұспалмен-ақ атқанын сұлата бергеніне қарағанда бұл жолаушы көзінің сұғы мен бетінің сұсы мол Абдолла балаларының сойы сияқты. Қалғандары топырлатып қол шұбыртып, ит-құс ертіп, ызы-қиқы, қым-қуыт қиқулатып жүруге құмар еді, шырағым, сен осы, дәу де болса, әлгі Әбілқайыр сұлтан шығарсың.
Шай құйып отырған жігіт орынынан атып тұрды. Әкесі жаңағыдан гөрі жүзін суыта сөйледі.
— Сұлтанның алдынан жолыққан аңға таласам деп, астыңдағы атыңнан айырылып қалмағаныңа, я мына кәрі әкеңді көргенсіз ұл өсіргені үшін ата сақалы аузына щыққанда көк есекке теріс мінгізіп ел айналдырып масқара қылмағаныңа тәуба де, балам.
Әбілқайыр шалға бұрылды.
— Апырай, Мәті аға-ай, тым төндіріп жібердіңіз ғой.
— Менің Мәті екенімді қайдан білдің, шырағым?
— Мына замандасымның мергендігінен білдім. Шал кеңк-кеңк күлді.
— Е, ол үстіндегі киімінен аңғардым дегенің ғой. Жігіттің боп-боз бетіне қайтадан лып-лып қан шапшыды. Әбілқайыр ыңғайсызданып қалды.
— Мәті аға, мына құлжа сәтке жолыққан болды. Сізді көруге көптен құмар ем, — деді сұлтан жігіт.
Мысқылшыл шал бұл жолы мырс етпеді. Біраз дағдарып отырды.
— Шырағым, алыстан орағытып сөйлегеніңе қарағанда ақылды жас боларсың. Ақыл сүйкімді көрінгенмен, оның дегенін істеп, мүйізі қарағайдай болып жатқан ешкімді әзір көре қоймадық. Өйткені, ақылға айтқызсаң, қапысыз іс, қатесіз сөз болмайды дейді, ең дұрысы, ештеңе айтпаған, ештеңе істемеген дейді. Ал не сөзі, не ісі көңілін қозғамаған кісінің соңынан адам түгілі мал екеш мал ермейді. Мен білсем, мына заманың тап ақыл сұрамайды, абырой сұрайды. Бұ заманда абыройдың да аты өзгеріп кетті. Оны бүгінде бедел дейтін болыпты. Бедел дегенің есігіңнің алдында көлденең түсіп жатып алатын күдіре желке көк төбет сияқты. Ол да үйінің сорпа-суаны мол, дәулетті кісіге бітетін көрінеді. Сонсоң да, балам, біз секілді сөз деп аталатын қотыр шыбыштың шандырын тартқылай-тартқылай, оны да әбден ақта қып суалтып жіберген, күні өткен күңіреншек кәріден гөрі тақымында шоқпары салақтап дәулет қуып, дәурен іздеген, жалыны қайтпаған жастарға үйір болған дұрыс. Тәйірі, жөн білетін текті жігітке ел ұстау деген сөз бе екен! Ол үшін үлкенге ізет, қатарға қадір, ініге ілтипаттан басқа не қажет болушы еді! Бұл жұрттың соңына ереміз бе деп үміттенетін азаматынан бар дәметері сол-ақ қой!
Шал сосын сөзін үзіп кесесін төңкерді.
Әбілқайыр ол күні айдаладағы жапырайған жалғыз үйдің көлеңке бетіне тоқым төсеніп, ер жастанып үндемес аңшы жігітпен бірге қонып шықты. Ол өз басына талай орнап, талай көшер бақ пен сорға тап осы бір елеусіз оқиға да себепші болады екен деп тіпті де ойлаған жоқ-ты. Сөйтсе, сол екі оқ қатар тиген шаңырақ мүйіз шал бас теке түздің сімсік көз аңшыларының талайының қанжығасын қандап, талайының қазанын майлап, ең соңында ауыл сыртындағы бір бұтаның түбін шірітіп қала беретін, талай-талай тағы төрт аяқтылардай оп-оңай ұмыт бола салмапты. Жігіттің атының қайдан шығадысы жоқ екен ғой. Қарқарадай үйің, қақырадай дастарқаның, ызғындай ағайын-тумаң мен шалқыған дәулетің алып бермеген беделді қия тасты қиялай жайылған қиқар тағы алып береді ғой деп кім ойлаған!
Бірде Әбілқайыр үш жүздің басын қосқан бір ұлы жиыннан Әйтеке бимен бірге қайтты.
Ол да бір қазақтың басындағы бұлт киіздей ұйысып қалыңдай түскен бұлыңғыр жылдар еді. Бұрын үш жүздің дастарқаны бірге жайылып, қамшысы қатар жатар мұндай жиындар Сайрам шаһарының көк желкесіндегі Мәртөбеде өтуші еді. Ол дәуреннің шет-шепірін, ол кезде бала болғанмен, Әбілқайырлар да көре қалған-ды.
Көк аспанға елу мың түтін сылаңдап жарыса көтерілген ызғындай шаһардың қыр арқасында шөккен нардай боп оқшау төбе тұрар-ды. Бір құдірет осы жерге қолмен қондырғандай, терістікке сауырын, күнгейге маңдайын төсей жығылған, ұзындығы бес жүз қадам, ені отыз-қырық қадам бар биік төбенің басына шығып қараған кісінің көз алдына қазақ өлкесінің біраз торабы түгел сайрап келе қалар-ды.
Күн шығыста қысы-жазы барыстың жонындай шұбарытып Алатау бұлдырар-ды.
Одан күнгейге қарай сәл еңкейе сол бір алыстағы ала шабыр ұзын шұбақ көштің алдына түсіп, көші-қон барлап келе жатқан көсем көшбасшыдай бодып оқшау қарауытқан оңаша тау Қазықұрт тұрар-ды.
Теріскей батыстан көк пен жердің арасын тұтастыра мұнарытып ұлан-ғайыр Қаратау жатар-ды.
Бір-біріне тұмсық тірестіре жалғасып жатқан осы бір үш биік — көл-көсір ұлы түздің маңдайына біткен үш сеңгір биік бір-біріне сонадайдан омырауын ашып, құшағын жайып, ентелей ұмтылысқан бір белден жаратылып, бір көкіректі емген үш бауыр жігіт секілді еді.
Осынау іргесі ажырамас үш бауыр таудың ту сырттарында үш бауыр ел жатар-ды.
Мәртөбедегі жиынға Алатаудың қойнау-қойнауынан саулай төгіліп, топан судай қаптап ұлан-асыр Ұлы жүз тобы келер-ді.
Қаратауды теріскей айналып, сонау Торғай мен Ертіс арасындағы салқын белдер мен саумал көлдерді сайрандай көшкен жойқын орда — ормандай қалың Орта жүздің қара құрым тобы қаптағайлар-ды.
Қаратауды күнгей айналып жылқысы Жайық пен Жемге, түйесі Жойқындария мен Сойқандарияға, ақтылы қойы Елек пен Ырғызға қаптай жайылып, далиып жатқан киіздей тұтас Кіші жүздің өңмеңдеген өжет қолы батуға бет алған қып-қызыл күн астынан құйындатып құйғыта құлар-ды.
Шартараптан қызылды-жасыл көш көрінер-ді. Көштің бәрі Мәртөбе маңының майсасын баспай, бастарын алыстан іркер-ді. Бір жағы сонау Қошқар ата бойы, бір жағы мынау Сайрам су, алды анау Қазықұрт, жағалай жазыққа алқадай тізіліп ақ жұмыртқа ауылдар қонар-ды. Сайрам маңындағы үш өзеннің бойында бір-біріне жалғастыра тартылған айқыш-ұйқыш желіден көз тұнар-ды. Бүйірі бұлтиған сәл төскейдің бауыр-бауырайы қылаң шатырларға, қыраң-қыраңның басы күмбіреген ақ ордаларға толар-ды. Қақ ортада тұяқ тигізбей балауса ұстаған Сайрам мен Мәртөбені үш жақтан кимелеп қоршай қойған үш ұлыс ауылдардың ажары бірінен-бірі асар-ды. Өйткені, мұнда үш ұлыстың ең аталы ауылдарының ең ажарлы отаулары тігілер-ді, ең дастарқаны мол, пейілдері кең, оралымды келіндері осында келер-ді, шайды бабымен құйып, көңіліңді қаралай тойғызар толықсыған көрікті қыздары осында келер-ді, асты-үстіңе түсіп, ат үстінен көтеріп алар, жүзіктің көзінен өткен жұғымды жігіт-желеңі осында келер-ді. Ол заманда қазақтың қай ақсақалының да айғыр жалдың басын бір өзі толтырар көп ұрпағы болар-ды. Сол көп әулеттің көп отауы Сайрамдағы ұлы жиынға қайсымызды апарар екен деп іштей бәсекелесіп бітер-ді. «Әлгі пәленшенің баяғыда жиынға апарып тігетін отауының сәнін айтсайшы, салтанатын айтсайшы, дастарқанын айтсайшы!» — кеу-кеу «Пәленшенің бәйгеден озып келген атын айтсайшы», «Түгеншенің жауырыны жерге тимеген палуанын айтсайшы» — кеу-кеулерден бір де кем түспейтін. Отаулардың өзара жарысып үй безейтіні де, өзара жарысып сән түзейтіні де, кемпірлердің қолынан ұршық, келіндердің қолынан қайшы, қыздарының қолынан оймақ түспейтіні де сондықтан-ды. Көрші отаудың ермек құрып, киіз қарпып, ши тоқып, талдырғы ойып жатқанын көрсе абысын-ажынның арапшы көргендей апшып қалатыны да сондықтан-ды. Бәрі де: «Пәлен жерде жиынға тігілген отау, түген жерде асқа тігілген отау» атанғылары келіп, тыраштанып бағар-ды. Ауыл көшкенде, елден бұрын жөнелуге жан салатын. Ауыл қонғанда, елден бұрын үйін тігуге жан салатын. Ауыл көшкенде, текемет қоршаған көш бастар түйеге бұрын мінген келіншек, ауыл қонғанда, түндікті айқара ашып тастап, көк сылаң түтінді бұрын шығарған келіншек бозбаланың көзіне іліккен бүлдіршін бойжеткендей екі беті албырап, екі көзі шырадай жанып, гүл-гүл жайнап құлпырып шыға келер-ді. Ол төрін таза, төсегін жұмсақ, дастарқанын кең, тамағын дәмді ұстауға жанталасып бағар-ды. Саба екеш саба ыстағанның өзіне ынты-шынтын салып бітер-ді. Шара толы сары қымызды шайқап ішкен мейманның ауызынан қандай сөз шығар екен деп қаралай қыпылықтап отырар-ды. Сонда аз отырып, көп сынайтын мейман: «Пай-пай, арғын Керімбектің үлкен баласының үйіндегі келіннің ас ұстағаны-ай!» — деп кетер болса, бүкіл бір рулы елдің төбесі көкке жеткендей еді. Ол хабарды естіп: «Айналайын біздің пәленше жан, түгенше екем ауылындағы ең мақтаулы келін көрінеді», — деп айдаладағы төркіндерінің жүрегі жарылар-ды. Қотанындағы малды құдай айдап келе қалған кезбе қонақтың ауызына ұстауға жиятын, кейінгі ұрпаққа сол қонақтың ел арасына жайып кеткен әңгімесін мирасқа қалдыратын қазекемде ат шығарғаннан артық мұрат болушы ма еді!
Әсіресе, Сайрамдағы жиынға қай арыстың қай руларының қай аталарының қай отаулары келгені, қайсысының бұрын тігіліп, бұрын көшкені, қайсысының қымызы тәтті, қайсысының шәйі тәтті болғаны алты арыс алашқа түгел жайылар, жер түбіндегі жеті атаңның аруағы түгел риза болар, жер түбіндегі жеті ұрпағыңның кеудесін аяқ қаптай қылар айырықша әңгіме-тұғын. Ондай атыңды шығарар айырықша шаруаның машақаты да айырықша көп болар-ды. Жиын басталмастан бір апта бұрын кеп, ертең отауыңды тігер жер таңдайтынсың. Көзге түсер, келім-кетімі көп болар оңтайлы орындарға қызыл кеңірдек боп таласатынсың. Кездейсоқ кеш қалып қойсаң, өкінішің естен кетпес-ті. Кім көрінгенге: «Сән-салтанатымыз ешкімнен кем болмаса да, жайбасарлықтан кешірек қалып, көзге түсе алмадық», — деп жағдай айтып, қызарақтап бітерсің-ді.
Сайрамдағы жиынға қонған ауылдардың қай-қайсысының да үстінен күні-түні топыр тарамас-ты. Төрткілдеп қазған жер ошақтарда жабағы мен бағылан бүлк-бүлк қайнар-ды. Үй сайын гүрс-гүрс піскен саба даусы шығар-ды. Ортадағы бас отауға төбел бие сойғызып бүкіл рудың бас көтерерлері жиылар-ды. Ертеңгі ұлы жиында не айтып, не қоятындарын алқаға салар-ды. Қалған отаулар ауыл арасының қыдырмаларына толар-ды. Тобылғы сапты қамшы ұстап, тұмар мойын ат мінген қыдырмашы жігіт-желең бір ауылдан бір ауылға сапырылысып бағар-ды. Әйтеуір, қайда қарасаң да — ығы-жығы ат, ығы-жығы адам. Әйтеуір, қайда қарасаң да — асулы қазан. Күндіз көрсең — сәнқой қатынның иірген шүйкесіндей иретіліп көк сылаң түтін будақтап жатқаны. Түнде көрсең — кең алқаптың ауызы-мұрынынан шыға лықа толып, жұлдыздай самсап көп от маздап тұрғаны.
Алты ай жаз, алты ай қыс құлазыр да тұрар кең алқап тіршілік дүрбелеңіне белшесінен бөгіп, дені бір жайылып қалар еді. Қайда көз тастасаң да — көңіліңді тасытар көрік пен сән. Қайда тұмсық тоссаң да - көкірегіңді ашар тәтті иіс. Қайда құлақ тоссаң да — жабыр-жұбыр үн, кеу-кеу әңгіме, аспан астын шатыната шырқалған асқақ ән, сылқ-сылқ күлкі, боздаған бота, күлдір-күлдір кісінескен жылқы... Мынау ұлан-ғайыр кең жазықтан ертең жиын тарағасын да айлар бойына қымыз исі аңқып, ду-ду күлкі естіліп тұрардай.
Сайрамдағы жиын тұсында жұрт ай бойына арман дегенді ұмытады. Өйткені, армандаған дәуреніңнің тап мынау іргеңдегі ұлы думаннан асар-аспасы неғайбыл-тұғын.
Сайрамдағы жиын тұсында жұрт ай бойына уайым дегенді ұмытады. Өйткені, дәл мынандай шалқар қызықтың ортасында шалқып жүрген пенденің қайтып еңсесі жығылып, қайтып көкірегін кіреуке шалмақшы.
Сайрамдағы жиын тұсында жұрт ай бойына ертегі, дастан, хисса дегендерді ұмытады. Өйткені, мынау тап іргеңдегі дүбірлетіп жатқан сән-салтанат, жыр-думанға қай ертегің тең келмекші.
Сөйтіп, қиялдағы ұжмақ мамыр өте қара жерге, мынау Сайрам түбіне өзі кеп орнай қалатын-ды. Ол кезде күллі қазақ сахарасы шаршысына толып шалқып қоя беруші еді.
Үш перзенті үш ұлыс ел болып көсегесі көгерген кәрі Қаратау ол күндері жайдағы жапырақ белі көтеріліп, аспан астын бір өзі тіреп тұрғандай күдірейіп шыға келер-ді.
Ұлан байтақ даланың түкпір-түкпірін түтінге толтырған ызғындай елдің қара жұрты Қаратау ол күндері жапырағы жайылған үрім бұтағының жан-жақтан жамыраса табысып, қатар отырып бір дастарқаннан дәм татқанын көруге асыққан кәрі анадай еміреніп жатар-ды.
Әуелден еншісі бөлінбеген ен қазақтың ене қазаны Сайрам болған да, аяқтарының ұшынан басып, айбынып кірер ата шаңырағы Түркістан-тұғын. Пәтуа Сайрамда байласылып, бата Түркістанда берілер-ді. Ол күндері Мәртөбе мен Түркістанның арасын жалғастырып жатқан жайдақ табан Оқжетпес сайының атам заманда құрғап қалған қуаң арнасында арғымақ мініп алшаңдай басқан салт аттылардан көз тұнушы еді. Исі қазақтың еркек кіндігі көк найзасын көтеріп, бес қаруын асынып жауға бара жатқандай жарақтанып келе-тұғын. Қару асынбай келген еркек қатарға кіре алмайтын. Мәртөбенің жиыны бүкіл бір халықтың ақыл түгендесіп қана қоймай, қару түгендесер, айбын сынасар айтулы оқиғасы-тұғын. Қазақтың маңдайына біткен шешені мен батырының бәрі осында, палуаны мен жүйрігінің бәрі осында, ең азы, бәсекеге түсіп қазан тауысып, саба сарқа алар тамақсауларына дейін түгел осында.
«Қазақтың қазақ екенін білгің келсе, халық екенін білгің келсе мамыр өте Мәртөбеге кел» дейтін сөз де содан қалған-ды.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — сөйлесе сөзі сай-сүйегіңді сырқырататын қазақтан өткен ділмар халық жоқ па деп қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — жетім қозының жұмырындай ғана қара шанақ, екі шек, он алты пернеге жер-жаһандағы үн біткенді түгел сыйғызған қазақтан өткен күйші халық жоқ па деп қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — даусы төрт кереге, тал шаңырақты ғана емес, аспан астын түгел әлдилеп, ұшқан құсты, жорытқан аңды талмауратқан қазақтан өткен әнші халық жоқ па деп қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — биі сөйлесе, дүиие жаратылғаннан бергі ықылым заманның жай-жапсарын түгел жадында сақтап, келешегін бәрін көрмей біліп отырған қазақтан асқан сұңғыла халық жоқ па деп қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — көпті көрген көнесінің иегіндегі көк шулан сақалдың тұқылына, көпті білген кемел ақыл айтқан сөздің ұтырына бас шұлғи тоқтайтын қазақтан асқан пәтуалы халық жоқ па деп қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — алқалы жиындары азаматы түгілі кермедегі атына дейін бірінің жалына бірі басын тығып шұрқырасып жатқан қазақтан өткен бауырмал халық жоқ па деп қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — дастарқаны жиылмас, сабасы сарқылмас қазақтың жомарттығын көресің.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — қазақтың кәрісінің ақылына, жасының қайратына қайран қаласың.
Мамыр өте Мәртөбеге келсең — жігітінің астындағы атына қарап, қызының иініндегі киіміне қарап қазақ жұртының ырзығы мен дәулетін, сәні мен салтанатын көресің.
Қазақтың өзіне-өзі риза болған мақалдарының қай-қайсысы да сол Мәртөбенің басында туған-ды. Қарға тамырлы қазақ «Ұлы жүзді қолына қауға бер де малға қой, Орта жүзді қолына қамшы бер де дауға қой, Кіші жүзді қолына найза бер де жауға қой», — деп те сонда айтқан-ды. Ел ырысы — малды Ұлы жүзге тапсырса, пейіліне сенгені, ел жыртысы — дауды Орта жүзге тапсырса, білігіне сенгені, ел шырқын бұзар жауды Кіші жүзге тапсырса, ерлігіне сенгені.
Сондықтан да мамыр өте Мәртөбедегі жиында тоқайласатын үш ұлыстың әрқайсысының орыны бөлек, әрқайсысы өзінше ыстық-ты.
Алақандай Сайрам Ұлы жүз тобы келгенде кәрі-жасы аяғынан тік тұрып, әкесін күткендей елпек қағар-ды, Орта жүз тобы келгенде ағасының алдынан шыққандай құрақ ұшар-ды, Кіші жүз тобы келгенде қиырдан қиқар ерке інісі келгендей мәз-мәйрам болар-ды.
Мамыр өте Мәртөбеге келгендер жиын басталмай тұрып ат бегі Әзизбаптан бастап Сайрамдағы сансыз бапқа, Қожахмет Яссауидың әкесі Ыбырайым ата мен шешесі Қарашаш анадан бастап барша әулие-әмбиенің бастарына барып шырақ жағып шығар-ды. Дүкеннен дүкен қалмай аралап қоржындарын толтырар-ды.
Отырықшы басынан қысы-жазы бөркін тастамайтын, қауын екен деп асқабақ жеп қоятын көшпендіні, көшпенді қымыз орнына қысы-жазы бір сары ала суды ертелі-кеш ысылдап-пысылдап тартар да отырар отырықшыны мазақтап, қыран-топан күлкіге батар-ды. Мәртөбені үш жағынан шырқ айнала қоршай қонған үш қосын бірі-біріне шұбырып, былтырғы наурыздан бермен қарай қол алыспаған ағайын-жекжаттың амандығын білісер-ді. Талай үлкенге табақ-табақ сыбаға тартылып, талай кішіге шеңгел-шеңгел сарқыт асатылар-ды. Талай мұрт майланар-ды. Тойған жұрт Ұлы жүздің құйрығы төңкерілген көбесін, Орта жүздің бал татыған қымызын, Кіші жүздің кеңсірігіңді жарып, көкірегіңді ашар қымыранын мақтап өзеуресер-ді. Талай жиен нағашысын, талай жезде балдызын тауып қалжыңға кенелер-ді. Сосын басына қызылды-жасыл кілем, текемет төсеген Мәртөбенің басында жарты айға созылатын қызу жиын басталар да кетер-ді.
Шартарапты өзіне шақырып тұрған шаршы төбенің шырқау басында, шақырайған зер кілемнің үстінде, алтын тақта алшайып алтын тажды хан отырар-ды. Тақыттың екі жағында, қос қанатта тізе қосысып ұлыс бегі төрелер мен сұлтандар тізілер-ді. Тақыттан сәл төмен, хан алдында қолдарына үш арыстың қамшысын ұстап үш жүздің төбе билері жайғасар-ды. Үш биден төменірек үш шоғыр боп үш жүздің ру басы билері мен батырлары отырар-ды.
Кең жазыққа оқшау біткен биік төбенің ұшар басын игі жақсылар иеленіп болған соң, төскей мен етекке қарақұрым қарашы орналасар-ды.
Мұрттарын өрге шанышқан сұңғыла билер ру арасы даудан қайда жайлап, қайда қыстау, қай жұртқа жаушы, қай жұртқа елші жіберу керектігіне дейін түгел қозғап, сол тұстағы қазақ жұртының басында бар мұң мен қамның бәрін түп-түгел талқыға салар-ды.
Сұңқылдасқан билердің әрі ырғасып, бері ырғасып мәмлелескен түп тоқтамын саңқылдаған жаршылар хан атынан жалпы халыққа жариялап, жеңген жақ жеңілген жақтан алапасын алар-ды, бұрыстық қылған жақ ат шапан айыбын, ханға тиесілі хандық, билерге тиеселі билік ақыларын төлер-ді.
Дуылдасқан жұрт қайтадан сапырылыса қыдырып бір-бірімен қоштасар-ды, елде қалған кәрі-құртаңға айтар сәлемін айтар-ды. Далиып жатқан кең даланың пұшпақ-пұшпағына құлтылдаған көп аттылар мен түйдек-түйдек қою шаң тарар-ды.
Жиын өткен соң Мәртөбенің маңы құлазып қалатын. Сайрам базары жылан жалағандай қаңырап бос тұратын. Мәртөбенің думаны қазақ даласының қиыр-қиырында іші пысып бүк түсіп отырған көп ауылдардың жолдарына қарай-қарай көздері талған игі жақсылары, еркек кіндіктері аман-есен оралып, базарлық пен хабарға қарық қылып тастар қақақу жиындарына ұласар-ды. Жиыннан қайтқандар арқылы салқар сахараның түкпір-түкпіріне бұрын естілмеген жаңа хабар, жаңа лақап дүңк-дүңк тарап жатар-ды. Бұрын ешкім білмеген жаңа жүйрік, жаңа палуан, жаңа шешен, жаңа әнші-күйшінің жұлдызы аспандап шыға келер-ді.
Жиыннан кейін ауыл-ауылдағы қыз-келіншектердің иығы жаңарар-ды. Талайдан бергі қырбайлар бір-біріне құда түсіп татуласып қайтар-ды. Араларынан қыл өтпейтін ескі достардың бір-біріне атарға оқтары жоқ боп араздасып оралып жатуы да кездеспей қалмай-тұғын.
Несін айтасың, мамыр өте Мәртөбеде бас қосатын ұлы жиын бір жыл бойы ауыздан түспей айтыла жүретін көл-көсір хикая, хисса, жыр дастан еді ғой.
Несін айтасың, мамыр өте Мәртөбеде бас қосатын ұлы жиын сахараны жайлап, самиянда аунап жүрген етек-жеңі кең, бейқам халықтың маңдайына біткен дәулет пен өнердің, ынтымақ пен парасаттың хан базар жәрмеңкесі-тұғын.
Мәртөбе қазақтың мәртебесі-тұғын. Енді, міне, ол дәурен де көзден бір-бір ұшты.
Бір кезде елу мың түтін сылаңдап көкке атылып жататын ызғындай Сайрам тып-типыл қызыл тәмпекке айналды.
Басынан мәжіліс ауған Мәртөбенің тақ тұрар тақия биігінде қонтайшы жасауылының мамырдың ажырығына жарыла тойып, мажыра боп тұрған месқарын айғыры буын-буынына әлдебір әзәзіл бу жүгіріп: «От пен судан да басқа бір мұқтажым бар еді. Оған тауып берер нелерің бар?» — дегендей танауын желге төсеп талтая кісінейді.
Алатаудың қарлы жоталарының арасынан ту жолбарыстың сауырындай сары ала жібек шатырдың іргесінен шартарапқа түгел шалқып жатқан қазақ даласына сұқтана қараған қанды көзге ең алдымен Сайрам ілігуші еді. Оның жайма базарындағы Қытай мен парсының жібегі, үндінің шәйі, бұрышы, дәрі-дәрмегі, кавказдың күміс қыны мен алмас қанжары, бұқардың кездемесі мен жонынан жарылған торы ала қауыны, самарқанның торғыны мен моншақтай жәудіреген жүзімі, түрікменнің қалы кілемі мен қаншырдай қатқан арғымағы, орыстың сисасы мен шойын бақырашы, қызыл сақтиян былғарысы мен темір шегесі, орман толы аңының терісі мен ай балтасы жан-жақта анталай торып тұрған көп көшпендінің ауыздарының суын ағызатын. Олар осынау көл-көсір базарға жан-жақтан шұбырып келіп жатқан, жан-жаққа шұбырып шығып жатқан онсан керуендердің соңдарынан көздерін сатып қалатын. Қарадан ұзап, тасаға түссе болды, төбелерінен төніп, төмпештің астына алып, түйелерін бақыртып, адамдарын шулатып, тоз-тоз қып тонап та әкететін. Бірақ, олар, бәрінен бұрын, осынау шартараптың қызылды-жасыл дүниесін жиған қызыл көз саудагерлерін өзіне шақырып тұрған әзәзіл қаланың өзіне өлердей ынтазар-тын. Аш отардың майса көрсе тапап кеткісі кеп, шөл табынның көл көрсе көтере жұтып кеткісі келіп тұратынындай, көшпенділер де өзгенің жеріне қол салса, ең алдымен, базарлы шаһарларына тап беретін, бәрі де ондай шаһардың өзгеде болғанынан гөрі өзінде болғанын қалайтын. Бірақ, шаһары құрғыр жайма базардың шашылып жатқан көп жиһазындай емес, қоржындарына сия бермейді. Сондықтан да қоржындарына сиғанынша сықап бағады да, бізге бұйырмаған дүние басқаларға да бұйырмасын деп, қалғанының бәрін қиратып, бүлдіріп бағады. Базарың түгілі шаһарыңның өзі тып-типыл боп, бұрқыраған шаңдағы ғана қалады. Көшпенді сонысына да екі езулері екі құлақтарына жетіп мәз болып еліне қайтады. Көне шаһардың ордалы халқы қырылып қалады да, ойға-қырға тығылып аман қалғандары қайтадан жиылып, қайтадан қалқа көтеріп, қайтадан түтін түтете бастайды. Үйреншікті жерге жан-жақтан қайтадан саудагерлер ағылып, қайтадан үйреншікті тіршілігіне кіріседі. Тағы да бір қызыл көз жау шығып, тағы да бір талапайға түсіргенше, қайтадан ызғындай қалаға айналып, қайтадан жұрттың көзін қызықтыра бастайды. Сайрамды ақи-тақи талқандаған Күлеке батыр, міне, осы үрдістің ініне біржола су құйып кетуді көздеген сияқты. Оған дейін де Сайрам сан рет ойран көрген-ді. Жоңғар тағына бөксесі тимей жатып, көршілерін тулақтай сілкіп, жастықтай жанша бастаған Қалдан Бесоқты мың да тоқсан үшінші1 тауық жылы жер аяғы тарыла күдерлерін үзіп кейін шегінгендей болып еді. Алты ай жаз аяқтарын көсіліп шәй де іше алмаған шаһар тұрғындары түтін басы бір ақсарбас садақа шалып, бөріктерін аспанға атып еді. Жау қамаған қысылтаяң күндері кімнің не істегенін еске алысып, бір махалла екінші махалланы мазақ қып, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ мәз-мәйрам боп қалысып еді. Бірақ, о да ұзаққа созылмады. Келесі ит жылының қысын Іле бойында өткізген жоңғар жер көктер-көктеместе қайта келіп қамағаны. Ол жолы да қорғанды бұзып келе алмаған-ды. Бірақ, бір қапысын тауып, Түркістаннан келе жатқан Тәуке ханның баласын тұтқынға алып, тағы да кері шегінген-ді. Жоңғарлардың ойында не болғанын кім білсін, тұтқын ханзаданы Лұқастағы Ұламаның қол астына жіберген-ді. Бәлкім, өз діндеріне кіргізіп, күндердің күнінде қазақ тағына өз діндестерін отырғызғылары келген шығар.
Сыбан Раптан да қонтайшы бола сала доңыз жылы Сайрамға басып кірді. Елу мың түтіні, сексен шақырымдық майданы бар ызғындай қаланың орынында аман қалса, итаяқ қана аман қалды. Басқа дүние біткен қаптағайлап шауып жүрген қалың жоңғарлардың қоржынында кетеді. Жан біткеннің көбі оққа ұшты, пәлен күндік қоршауға шыдай алмай аштан қырылды. Одан аман қалғандарды Сайрамды алған жоңғар әскерінің қолбасшысы Күлеке көгендеулі қозыдай қаз-қатар тұрғызып қойып, қырық қайтара санап, қырық қайтара тексеріп шықты.
Әуелі еркектерден жауап алынды:
— Кәсібің не?
— Ұста!
— Сенің кәсібің?
— Тігінші.
— Сен ше?
— Зергер.
— Ал, сен?
— Наубай!
— Сен кімсің?
— Делдалмын!
— Сен!
— Тері илеушімін.
— Қасапшы!
— Дәрмекші!
Қолдарына бір-бір дойыр қамшы ұстап, ат үстінде шіреніп тұрған ойраттар мынау екі қолдары артына қайырылып, дірдектеп тұра алмай тұрған қу сирақ тұтқындардың ауыздарынан шыққан әр сөзге әуелі қарқылдап күлумен болды. Естімеген елде көп деген осы екен ғой. Дүниеде кәсіптің түр-түрі болады екен-ау! Өзі малшы, өзі қасапшы, өзі жауынгер көшпендіге мынау мауыздай-мауыздай еркектердің беттері шылп етпей: «Киім тігушімін!», «Қазан қайнатушымын!», «От жағушымын!» деп тұрғандары бір түрлі күлкілі көрінді. Бірақ, басқалар күлгенмен Күлеке күлген жоқ. Күздің салқын таңында қалжырай шыққан қажыңқы дауыстарға құлағын тосып үнсіз тұр.
— Диірменші!
— Етікші!
— Молла!
— Аспаз!
— Шарап ашытушы!
— Боза қайнатушы!
— Бояушы!
— Тас қалаушы!
— Сылақшы!
— Балгер!
— Тас жонушы!
— Түйме сатушы!
Әлдебір уақытта ұзын саптың да шетінен шықты. Көкала аттың үстінде кек ала темір құрсанып тұрған жыланкөз қолбасшы сонда барып орынынан қозғалды. Небір тепсе темір үзгендей, бұлшық еттері бұлтылдаған жігіттерді қырып салып, қайдағы бір сіңірі шыққан сілімтіктерді - темір соғушы, көрік басушы, нан пісіруші, былғары илеуші, тас қалаушы, боза қайнатушы сүмелектердің жиырма мыңын көзінен айдап әкетпекші. Олардың қандай ауруға дәрі болатынын бір құдай мен бір қонтайшының өздері біледі. Тізелері қалтыраған жиырма мың еркек көк найзаларын кезенген көп жасауылдың алдына түсті.
Сұрыптаушылар қалш-қалш етіп қаралай зәре-құттары қалмай тұрған көп әйелдің қастарына келді.
Бұл жолы оларға ләм-мим тіл қатқан жоқ. Көздерін сығырайтып әрі бір өтеді, бері бір өтеді. Сығырақ көздер әуелі әйелдердің құрсақ тұстарына түсті. Жалаңдаған жасауылдар іші сәл-пәл бұлтиғандардың бәрін қолдарынан сүйрелеп ілгері алып шықты. Жау тұқымының ұрпағын арқалаған арам құрсақ ұрғашылардың жоңғар хандығына керегі жоқ. Бейбақтар анадай жердегі кемиек тас дуалдың түбінде себелеп жауған сары жебеге жем болды.
Ызғар шаша қараған сығырақ көздер енді әйелдердің шаштарына түсті. Бір тал ақ шашы барлар желкелерінен түйгіштеліп айдалып шықты. Күндіз көсеуін ұстап қарқ қылмас, түнде төсегін жылытып қарқ қылмас кәрі-құртаңдардың жоңғар сайыпқырандарына қажеті қанша! Әлгінде екіқабат бейшаралар опат болған аждаһа тас дуалдың түбіне енді бүкшең-бүкшең етіп кәрі-құртаң жазғандар кетіп бара жатады.
Кінәмшіл сығырақ көздер сай-сүйектерін сырқыратып қосақтаулы әйелдерді тағы бір сүзіп шықты. Бұл жолы көздері қаралай зәрелері ұшып, қолды-аяққа тұра алмай тұрған мұңлықтардың бет-ауыздарына телміргені. Жанарларына, еріндеріне, бір қызарып, бір бозарып тұрған екі беттеріне сүліктей қадалып, айырылар емес. Көздері қисықтар, мұрындары ерсі үлкендер мен ерсі тәмпіштер, жайын ауыз, секпіл беттер, қалқан құлақ, шот маңдайлар, жырық ерін, жалақ беттер ұзын саптан аласталып, алға шығарылды. Олар да аждаһа тас дуалға қарай сүйретіле басып бара жатады. Күні ертең аспан астын бір өзі билейтін жоңғар әулетінің сиқын бұзып, сұрқын алатын сұмпайыларға мынау қара жердің үстінде орын болмауға тиісті. Жоңғар төсегі түгілі жоңғар есігіне тек көздің жауын алатын сұлулар ғана керек! Селдіреп қалған әйелдер сапын әлгі инедей қадалатын тіміскі көздер тағы да бір тінткілеп шығады. Бұл жолы олар сонау бөкседен төменгі жақты қыдырып кеткен. Ертең қасиетті жоңғар нәсілінен көтерген перзентін жарық дүниеге әкелмей жатып азапқа салатын тар жамбас, тар құрсақ, жұқа сүйектілер мен бұты қисайған, тобығы жантайған ақсақ-тоқсақтар көк желкеден бүре ұстайтын бүркіт шеңгелдерге ілігеді. Дүниеде жоңғар нәсілінен дені таза, сүйегі берік, тұлға-тұрпатты нәсіл болмасқа керек. Қалған нәсілдер тек жоңғарларға есігінде құл, төсегінде күң болып қана өмір сүре алуға тиісті.
Осылай екі жыныстан сығалай сұрыпталып алынған, ертең қонтайшының алдына айдап апарылатын қырық мың құл мен күң бөлек сапқа тұрғызылды. Енді жер бетінен біржолата жоғалатын Сайрамның артын қумастай қылып, кешегі бейбіт заманда бұл шаһарды айтқанына жүргізіп, айдағанына көндірген ауызы дуалы әулеттерден алпыс ақ үйлі аманат алу керек болды. Арғы түбі сонау әзіреті Әлі мен жөйіт қызы Ханифадан туған Имам Мұхамбет - Ханифаның он үшінші ұрпағы, күллі Тұран атырабына мұсылман дінін шашқан Түркістанда түмен бап, Отырарда отыз бап, Самарқанда сансыз бап, бәрінен үлкені Арыстан бап болса, сол Арыстан баптың жүрежаты күллі Сайрамның бас пірі Ишан Саид Камал әт-дин баптан шашыраған араб текті қожа әулетінен жиырма үй, бір кезде Тұран атырабын билеген парсы шахтарының тұсында Сайрамды басқаруға жіберілген ұлықтан өрбіген тәжік текті шах әулетінен жиырма үй, одан беріде Әмір Темір тұсындағы өкімнен тараған түркі текті Әмір әулетінен жиырма үй тұқым-торпағымен, дүние мүлкімен Жоңғар хандығына ауатын болды. Сөйтіп, алпыс ақ үйлі аманаттың соңынан ілескен қырық мың құл мен күң жылап-сықтап кете барды. Қолдарына бұғау киіп, жаяу айдалған қара нөпір сол кеткеннен Ілеге барып бір жыл кідіріп, одан сонау көне Турфаннан бір-ақ шығыпты. Алыс Қашқарстанда Сайрам деген жаңа шаһар салып, біржола мекен теуіпті деген қауесет бар.
Сайрамның басындағы дәурен сол кеткеннен мол кетті. Содан бері Сайрам мен Мәртөбе қазақ көкірегіне баяғы заманның оралмас елесі, өшпес өкініші, жазылмас жарасы боп орнады. Қазақтың содан бергі жиыны Әңгірең бойындағы Ханабадта, Ханабадтағы Күлтөбеде өтетін болды.
Қазақтар жылма-жыл екі дүркін — әуелі мамыр туа, сосын сүмбіле туа тайлы-таяғы қалмай Күлтөбеде бас қосады. Бас қосысқан сайын қарс айырыла бір күрсініп алады. Өйткені, мұнда салқар сахараның маңдайына біткен үш биік көрінбейді, үш ұлыстың ұлан-асыр тарабы көк сағым жалмап, қайдағы бір көз көрмес тасада қалады. Жан-жақтары - кесенің иегіндей жылмың тегістік. Тегістіктің шеті - көлкіген көкжиек. Көз ұшындағы мұнарытқан бұлдыр сағымның ар жағында не тұрғаны белгісіз. Атамекеніңнің қақ төрінде қақырайып отырып мәслихат құрған іргелі халық емес, айдалада бас қосып, пыш-пыштасқан қашқын-пысқын сияқтысың. Қарасаң көзің, ойласаң көңілің құлазып қоя береді. Әйтеуір бір сүлде сүйреткен елпі-селпі тіршілік. Баяғы еңсе біржола жығылғандай. Баяғы айбын біржола тарқағандай.
Жиыннан қайтқандар жол-жөнекей Шаш базарына соғатын. Бірақ, баяғы Сайрамдағыдай сайрандай алмайтын. Талтаңдап қалған шаң етік, далбай тымақ, жайдақ омырау салқам жұрт ұршықтай үйіріліп, асты-үстіне түсіп тұрған тіл алғыш саудагерлердің, қапелімде, қай айтқанына құлақ асарларын білмей, желкелерін қасып, аңтарылысып қалады. Айғайлай сөйлесіп, алшаңдай басып, бұтқа толып қалған немелерге етек-жеңдерін жинақы ұстап, есеппен сөйлеп, еппен қимылдап, сызылып тұрғаннан асқан тауқымет бар дейсің бе? Қазақ үшін қай заманда да ашылып-шашылып жатқан арқайың дүние енді, міне, аяқ астынан қуықтай қуырылып шыға келді.
Бұрынғы кеңпейіл дүниенің кенет танауы қусырылып тарыла бастағанын алдымен аңғарған Тәуке хан жайылма судай бейберекет шалқып жатқан қазақ тіршілігін бір жүйеге салмақшы боп, ел ішінде осының ауызы дуалы-ау дегендерді жиып ап ақылдасатынды шығарды. Жан-жақтан анталай қараған ашкөз дұшпаннан бейқам жатпай, белді буып бекем отырудың жай-жапсарын толғаса бастады. Оған, сірә, қазақ қазақ болғалы бір бүйірден шаншудай қадалып, қасарысып тұрып алған жоңғар найзасының суық сүңгісі аз әсер етпесе керек.
Жоңғар... Бір кезде күллі дүниені қалтыратқан жойқын сөз қазір қазақтың ғана жүйкесінде ойнар жұлынқұрт сөзге айналды. Оны естігенде қазақтың қорқақ жағы қалтырап, қайсар жағы қалшылдап қоя беретінді шығарды. Қазақ қазақ болғалы қақ маңдайынан түйілген жұдырық боп тұрып алып, адымын ашқызбай келе жатқан да сол. Бір-бірінің қалт еткенін қағыс жібермей аңдысулы. Жоңғардың қазақ білмейтін, қазақтың жоңғар білмейтін сыры да шамалы. Ол аз дегендей табан жұртында отырған қара қалмақ пен әдепкі ата қонысын тастап, күн батыстағы Еділ, Жайық, Жем бойына барып орын тепкен құба қалмақтың арасындағы алыс-беріс, қарым-қатынас бір сәт толастап көрген еместі. Ерсілі-қарсылы керуен бастап шұбырып жатқан алты айшылық алыс жолдың көбі қазақ даласының үстінен өтетін-ді. Қалмақтар жол жөнекей үш арыстың үшеуінің де байына қонып, мырзасына түстенумен болар-ды. Сапырылған сары қымыз бен былқыған бағланның үстінде нелер айтылып, нелер ашылмайды дейсің. Өстіп отырғанда екі елдің арасында қандай сыр, қандай құпия жатпақшы! Ел үстіндегі қазақтың екеуінің бірі өзінің жеті атасының жәй-жапсарын қандай жақсы білсе, іргесіндегі жоңғардың жағдайын да сондай жақсы білетін-ді. Әрқайсысы бір-бір арысты ауызына қаратқан көнекөз қариялар түгілі енді-енді қамшы ұстап, қатарға қосылып келе жатқан Әбілқайыр сықылды жастар да жоңғар жайына қанық-тұғын. Әсіресе, Күлтөбенің басында күнде жиын кезде қазақтың басшысынан кещесіне дейін ауыздарынан жоңғарды тастамайтын.
Сөйтсе, жоңғар жұрты өздерін ойратпыз дейді екен. Ойратқа сонау Шыңғыс заманынан бермен қарай маңғұл әскерінің сол қанатын құрап келе жатқан қошауыт, қойыт, шорос, дүрбіт, торғауыт, өлеуіт тайпалары жатады-мыс. Бұл алты тайпаның бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлі қонысы бар көрінеді. Ең шығыс қанатта қойыттар, одан кейін торғауыттар, одан кейін шоростар, сосын дүрбіттер, сосын елеуіттер, сосын қошауыттар жайлайды деседі. Іштеріндегі ең көбі де қазақтармен көршілес көшіп-қонып жүретін қошауыттар секілді. Олар әлі жоңғарлар күшейе қоймай тұрған кезде қалқалықтарға қарсы соғысқанда отыз мың қол шығарыпты, ал ол кезде дүрбіттердің қолы сегіз мыңға, шоростардың қолы алты мыңға, қойыттардың қолы төрт мыңға, торғауыттардың қолы екі мыңға зорға жетіпті. Ал, қазір Сыбан Раптанның қол астындағы тұрақты әскер алпыс мың жорық кезінде жүз мыңнан асады деседі.
Ойраттарды әу бастан-ақ қалған маңғұлдардай Шыңғыс әулетінен шыққан ұландар билемей, бұрынғы түмен басы нояндардың әулеті билепті. Бірақ, олар Шыңғыс әулетінен шыққан күллі маңғұлға ортақ хандарға тәуелді бопты. Жалпы маңғұл тағына Шыңғыс, Үгедей, Күйік, Мөңкелерден кейін бесінші боп отырған Құбылай Қарақорымды тастап, ордасын өзі жаулап алған Ханбалыққа апарып тігеді. Сосын-ақ Шыңғыс әулеті қытай ықпалына ден қойып кетеді. Олардың қол астындағы күнгей маңғұлдары мен шығыс маңғұлдары да жатжұрттық дәпке жабыла көшеді. Маңғұлдардың қытайларға ықпалынан қытайлардың маңғұлдарға жасаған ықпалы әлдеқайда басым түсе бастайды. Оған кейбір маңғұл тайпалары іштей наразы еді.
Наразы болатын да реттері бар-ды. Қытай базары өздеріне ұқсап отырықшы дәпке бүйректері бұрып тұратын күнгей мен шығыс маңғұлдарын көргенде көптен күткен ағайындары келгендей екі етек боп елпек қағып, батыс маңғұлдарын көздері шалса болды, анадайдан-ақ тұмсықтарын көкке көтеріп кекірейіп шыға келетін көрінеді. Әрине, мұндай көпе-көрнеу алалаушылықтан алауыздық қоздамай қоймайды. Алауыздықтың арты жанжалға жалғасары, сірә, белгілі. Жанжалдың арты — бекісу емес кетісу. Шүршіттерге де керегі сол. Пәлен ғасыр бойына желкелеріне мініп келген көшпенділерді бір-біріне айдап салып ірит-соқ қып қояды. Әуелі күллі маңғұл тағындағы Шыңғыс әулетінің ұланы Елбек хан ойраттардың көсеміне қысастық қып өлтіртеді. Оған ызаланған ойраттар Елбектің өзінің көзін құртады. Елбектің көзі құрығанмен, Шыңғыс әулетінің көзі құрымайды. Арада елу жыл өткенде күллі маңғұл тағының жаңа иесі Адай хан асау ойраттарды жуасытам деп жүріп, Елбектің кебін өзі киеді. Бас-аяғы елу жылдың ішінде әмбе маңғұл тағының екі иесінің түбіне жеткен ойраттардың енді қалған маңғұлдармен қайдан басы піссін. Ірге ажыратып кетуге мәжбүр болады. Ойрат байғұстардың бөлініп шыққанмен де, бәрібір, айдарларынан жел есе қоймапты. Бір жақтарында — Қанғай, бір жақтарында — Маңғолстан, күнгейінде — Гоби, теріскейінде — Ертіс пен Енисей арасын ен жайлап жатқан Алтын хан ұлысы. Қай жағында да: «Келе ғой!» — деп бауырын ашып, емешегі үзіліп отырған ешкім жоқ. Бәрі де жер астынан жік шыққандай, ежірейе қарайды. Оның үстіне көшпенді байғұстың базарсыз күні бар ма? Малының еті мен майын — астыққа, жүн-жұрқасын — шыт-шыбырға айналдырып беретін қытай базары енді көздерінен бір-бір ұшты. Көк найзаға табынып қалған аусар жұрт жан-жағына жас бөрідей жалақтай қарап, алқымынан ала кетер, арқасына сала кетер қоңыр қошақан іздеді. Көздеріне Самарқан, Бұқар, Хиуа, Шаш, Сайрамға баратын қасқа жолды кесе көлденең бөгеп жатқан Маңғолстан ілігеді. Есенбұғының заманында Маңғолстан жапыра тиген жоңғарға еш қайран қыла алмай, сонау Шашқа дейін жіберіп қойды. Бірақ, қанша қоңыр қозы болғанмен де, ызғындай Маңғолстанда біраз азу да жоқ емес еді. Шамалыда берісе қоймады. Алайда, терістік батысында Шәйбан тұқымынан, түстігінде Ақсақ Темір әулетінен, шығысында ойраттардан көрген құқайы аз болғандай, ішіндегі итір-қылжың қосылып әбден титықтаған Маңғолстан ақыры қашқарлық тараншының иінінде ит сілікпесі шығып көнерген алажолақ шапандай тоз-тоз жыртылып бітті. Бір шалғайы Шәйбан тұқымының, екіншісі Темір әулетінің, жағасы жоңғарлардың аузында кетті. Ойраттардың дегендері бәрібір болмады. Батысқа қарай өңмеңдеген қыл жалаулы қырғи түмендердің жолын кескестеп жаңа құрылған Қазақ хандығы жатып алды.
Содан бері қазақ пен жоңғардың қолы бір-бірінің жағасында келеді.
Шыңғыс әулетін тақтан тайдырып, бұрын өздерін кіріптар қылған жұртты енді өздері кіріптар етіп алған қытай боғдыхандары мен әмбе маңғұл тағындағы Шыңғыс тұқымы ұлыстарынан қысас көріп отырған ойраттардың өрісі жылдан-жылға тарыла берді. Тайшылардың кейбірі Еділ ауды, қейбірі Көкенұр ауды. Бірақ, жоңғар шапанының етек-жеңі күзелген үстіне күзеле түсті. Олар Алтын хан мен қазақ ұлыстарының арасындағы тар саңылауға сыналап кіріп, Ертістің бойын емін-еркін жайлап, Есілге қарай бет түзеді. Бірақ, ойраттардың алдында жабыла жер тістелеген қоңыр қошақандардың бүйірі бәрібір бұлтия қоймады. Ол қырсықты біреу шүршіттен, біреу халқа маңғұлдарынан, біреу қазақтардан, біреу теріскейден тіміскілеп тыным таптырмай бастаған орыс әкімдерінің шолғыншыларынан, ал біреулер, бәрін де қойып, қанша өріске айдасаң да, шөпектеп жүріп тоюды білмейтін құзғын құрсақ қошақандардың өздерінен көрді. Алайда, істің бүйтіп айрандай бұзылуына осы біздердің де қатысымыз жоқ па екен деген күмән ешбір торғауыт, ешбір елеуіт, ешбір дүрбіт, ешбір шорос, ешбір қошауыттың ойына кіріп шықса, не дейсің! Ойраттар солай қой соңында қой болып та біраз заман көшіпті. Әлгіндей ес кіргізіп, етек жиғызар азамат күндердің күнінде шорос тайпасынан шығыпты. Бет-бетіне бытырап жүрген жоңғар тізгінін бір қолға жинақтауға алғаш рет тәуекелі тұрған Хара-Хула тайшы екен. Ол өз дегеніне жете алмай, арманда кетті. Оның дегеніне ұлы Батыр жетті.
Иә, қай жұрттың да сондай өткінші жанбағыстың соңында далақтап шаба бермей, бір сәт алды-артына ойлана көз салып, басындағы қырсықтың сырына үңіліп, одан құтылудың жолы — өз ноқтасын, жосық білетін көшелі азаматтың қолына сеніп тапсыру екенін ұғатын кезі де болса керек. Тек халықтың сондай кемел іске құлқы құлаған тұста, одан әлгіндей көсем азаматтық туарын айт. Тек әлгіндей көсем азамат туғанда, халқының соңынан ерерін айт. Әйтпесе, халықтың құлқы түзелгенде, бұйда ұстайтын ешкім шықпай, ондай бұйда ұстар туғанда, жұртының басы піспей, қашанғы қара шаңырақтарын қараптан-қарап жығып алып жатқан кемталай халық аз ба? Сорға батар сормаңдай жұрт сондай берекетсіздікке тап болады да тұрады. Алға жүрер халқы бар да, қарынының тойғаны мен иінінің жылтырағанына мәз боп қалғып қалған бұйда ұстарлар бақ байлайды.
Әбілқайыр соны ойлағанда, мойын омыртқасының біреуі күрт омырылып түскендей, еңсесі жығылып еңкейіп кетеді. Шіркін, мынау ай асты тіршілікте өз жұртыңа не керек екенін бес саусағыңдай біліп тұрып, оны жүзеге асыруға тәуекелің де, ақылың да, қажыр-қайратың да жетіп тұрып, бірақ ол ниетіңді жүзеге асыруға алдымен сол емешегіңді үзген еліңнің өзі дес бермей, бетіңнен қақпайлап, көкірегіңнен кері итеріп, сыртың бүтін, ішің түтін күн кешкеннен асқан тауқымет бар дейсің бе! Ал, әлгі Хара-Хуланың ұлы Батыр анасының қағанағынан тәж киіп, тақ мініп туған неткен бақытты жігіт еді! Тізгінді ол алғанда, әншейінде, ала ауыз жоңғар қыңқ демепті дейді. Далайлама оған Ерден2 Батыр қонтайшы деген құрметті атақ беріпті дейді.
Сол Ерден Батыр қонтайшы өз жұртының бас тізгінін бір өзі ұстап, айтқаны болып, атқаны тиіп, шаршысына толып тұрған абыройлы шағында мың да елу бірінші қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қой жылының қыркүйек айында бауырайы семіз жабағының сүбесіндей сары ала, қоңыр ала боп қатпарланып жатқан Тарбағатай аясында Жоңғардың, Көкенұрдың, Халқаның және Еділ бойының тайшыларының бірде-бірі қалмай түгел жиылған Құрылтай3 жиынын өткізеді.
Сол кезде Жоңғар айтып келген қорқынышты әңгімелер қазақтардың әлі күнге жадынан шығар емес. Күллі жоңғар ақ түйенің қарыны жарылғандай қатты қуаныпты. Қазақ қуанса, өз етегіне өзі сүрініп далбақтап бітеді ғой. Ал ойрат қуанса, қабағынан қар жауып, арқырап-күркіреп айбынданып кететін көрінеді.
Құрылтай біткен күні ұлан-асыр той басталды. Майсасы жығылмаған кең көгалға бүкіл бір ауылдың жаны түгел сыйып кеткендей сары ала жібек шатыр тігілді.
Әлгі сары ала шатыр тігілген дөңгелек көгалдың жан-жағы зереннің кемеріндей тіресіп тұрған тығырық тау. Тығырық таудың баурайы бұйра жыныс, бұйра жыныстың іші атқылаған ақ бұлақ. Бұлақ басы ұлыс-ұлыстан келгендерге тігілген қызыл ала, сары ала шатырлар. Қазақтардікіндей күмбіреген бүйірлі емес, шөмеледей шошайған қалмақы үйлер. Үй басы жайрай жығылған жабағы, ақ бақанға асылған қара саба. Тығырық таудың баурайы ығы-жығы адам.
Исі ойрат түгел бас қосып, түгел қуанысқан ұлан-асыр той қызылды-жасыл салтанатымен көзіңді қызықтырғанымен күнге шағылысқан көк найзалары, жалаңдаған ақ алмастары, жер қолқасын суырардай боп күркілдескен кернейлері, даңғыра-дабылдары алп-алп басқан атан түйедей нояндары, бұлт-бұлт еткен бұлшық еттер мен шірене тартылған садақтар қаралай жүрегіңді дірілдетіп, көңіліңе үрей қашырар үлкен шерумен басталды.
Шеруді үстеріне қан күрең қызыл мәнжі киген, үш-үш кісі боп бір-бір ту ұстаған ту көтерушілер ашты. Желк-желк етіп көк аспанға айбат шеккен қыл құйрық туларға төрт кісі боп зорға көтерерлік зіл батпан жез кернейлерін күмпілдете тартып кернейшілер ілесті. Кернейшілерден кейін етектері жер сыпырып, малынған сары шапан жамылып, қос қатар боп ламалар өтті. Ламаларға шикіл сары жапанша киген қырық даңғырашы ерді. Бұл топ бастар шерудің екі жағында шаштары желкесіне түскен діндар тақуалар ілесті.
Жоңғар жұртының аруағын асыратын киелі шеруге өз тайпаларының сұсы мен айбынын көрсететін нояндар легі жалғасты. Нояндар легінде жиырма-жиырма кісіден топ-топқа бөлінген бір қолына шар болат қалқан, бір қолына шашақты найза ұстаған найзагерлер, күнге шағылыстырып, жарқ-жарқ еткізіп нар кескен семсерін жалаңдатқан сайыскерлер, үстеріне тоғыз қабат сауыт киіп, иықтарына орама мылтықтарын асынған мергендер, адырналарын кере тартып садақшылар, қайқы қылыштарын төбелерінен асыра сермелеп қылышкерлер шықты. Осындай айбатты лектің екі жақ шетінде бұзау тіс дойыр қамшылары салаңдаған айдауылдардың алдында белуардан жоғары тыр жалаңаш шешіндірілген, жауырындарына күн ойнап, тірсектері майысып дір-дір етіп қазақтар мен қытайлардан түскен тұтқындар айдалып келеді.
Ортадағы сары ала шатырға жеткен соң бәрі шыр айнала қоршап тұрып ап мінажат қылды. Иіліп-бүгіліп бастарын үш рет жерге тигізіп тағзым етіп, тізерлесіп отыра кетті. Күн сәскеге келгенде бастарына мүйіз байлап, біреуі бұқа, біреуі арқар боп киінген ламалар тайраңдап билей жөнелді. Біресе топ-тобымен, біресе екеу-үшеу боп, біресе әрқайсысы жеке-жеке тапырақтап бақты. Жарықтық Тарбағатайдың киіздей тұтасып жатқан көк майсасынан сонда бір сыңар тозаң көтерілсейші! Ламалар сол тапырақтағаннан бесін ауғанға дейін тапырақтады. Бір уақыттарда екі-үш лама құндақтап ораған бала секілді аппақ бірдемені көкіректеріне басып, асты-үстіне түсіп, аялай көтеріп шықты да, шатырдың шығыс жағында лапылдап жанып жатқан отты көргенде көздері бағжаң ете қалысты. Әлгінде ғана емешектері үзіліп, әлпештей ұстап келе жатқан қолдарындағы құндақтарды лапылдап жанып жатқан отқа лақтырысты. Сол-ақ екен жан-жақтан түксие қоршап тұрған Тығырық тау осы ортадағы сары ала шатырдың төбесіне түгел жалп етіп құлап түскендей, бірдеңе құлақ жара оқыс гүрс ете қалды. Сары шатырдың алдындағы дөңгелек сахнаның үстінде асыр сап жүрген бишілер билерін тоқтата қойып, гүрсіл шыққан жаққа қарай жапа-тармағай жүгіре жөнелісті. Барды да, лаулаған отты шырық айналып тұрып ап, тапыр-тұпыр билеп берсін. Кенет бірнеше лама қаз-қатар тұра қап, жез кернейлерін қылғына қиқылдатып дабыл берісті. Тығырық қойнаудағы ызғындай жұрт аламан-асыр болды да қалды. Әрлі-берлі сапырылысқан көп дүрбелең. Сол екі арада сары ала шатырдан үш жүз қадамдай жердегі қураған қамыстан үйіп қойған шошақ маялар сатырлап жана жөнелді. Шошақ маялардан от көрінуі-ақ мұң екен, әне жерден де, мына жерден де тарс-тарс оқыс гүрсілдер көбейді. Күллі Тарбағатайдың күлі көкке бір-ақ ұшқандай. Көк ала түтін. Күңірсіген иіс. Бет шарпыған қызыл жалын. Бақырған-шақырған ызы-қиқы айқай. Ойраттар мынау аламан-асырдан қорқудың орынына, әлгі гүрсіл шыққан жаққа қарай айқай салып жүгіріп барады. Қолдарына түскен нәрсенің бәрін ілгері қарай лақтырып, күншығысқа қарай қаптағайлай жөнелісті. Сол жабыр-жұбыр жапа-тармағай жөңкілістің қақ алдында қойқаңдап қонтайшының өзі де жүгіріп барады. Сөйтсе, манағы кернейлер: «Ел шетіне жау келді» деп дабыл беріпті. Ер жүрек ойрат жұрты ойда-жоқта тап берген шүршіттердің әп-сәтте-ақ ит терілерін бастарына қаптап, тас-талқандарын шығармақшы. Көп ұзамай әлгі қиқулаған қара нөпір сырнайлатып, кернейлетіп, секіріп, билеп, сары ала шатырдың қасына қайта оралды. Бесін ауа дастарқан жайылып, табақ-табақ ет тартылып, саба-саба қымыз сарқылды.
Сол тойды бастан-аяқ көздерімен көріп, көпшілік алдында жондарын қамшыға тосқан көп тұтқын той өткесін түп-түгел босатылып, елді-елдеріне қайтарылды. Қонтайшы олар өз елдеріне жоңғардың қазіргі айбаты мен қауқарын айтып барып сескендіре берсін деп әдейі босатса керек.
Өліп-талып елге жеткен көп мұңдық, шынында да, ойраттарда тұтқында болғанда не көріп, не қойғандарын айтып зарлай жөнелісті. Олардың әңгімесін тыңдап отырып жұрт жағаларын ұстасты. Қалмақтардың әлгі күбінісі әншейінгі барымта-сарымтаға келіңкіремейді екен. Әсіресе, тұтқында болып қайтқан кәриялар жоңғарлардың жаңадан қабылдаған жосығын ежіктей әнгімелегенде, төбе-құйқаң қараптан-қарап шымырлап қоя береді. Ол мынау неғайбыл ертеңнің алдындағы қорқыныш па, әлде иегіңнің астында отырып ап, сенің қолыңнан келмеген талай нәрсені оп-оңай жүзеге асырып жатқан бөтен жұртқа деген қызғаныш па, жоқ жан-жағыңның бәрі құз басындағы қаршыға құстай тас түйін боп жинақы отырғанда, өз еліңнің делқұлы кісінің етегіндей әлі күнге ашылып-шашылып жатқанына намыстанасың ба — әйтеуір қараптан-қарап іші-бауырың жидіп, он екі жілігің бірдей кеміріліп можап қоя береді екенсің.
Бұл әңгіменің бәрін көп кешігіп естіген Әбілқайырдың өзі әңгімеші қариялардың қасынан сілтіге түсіп шыққандай боп-боз боп, болдыртып түрегелетін.
Ойраттардың Тарбағатайдағы құрылтайға қуанса, қуанатындай-ақ реттері бар екен. Онда әншейін ауыл арасының дау-дамайы талқыланып қана қоймай, елдің келешегі келелі кеңеске түсіпті. Төрт жағы түгел қыспақ елдің бұдан былай қайтіп күн көре алары сарапқа салыныпты.
Дүние жаратылып су аққалы жер бетінде ел бірлігін, ағайын татулығын қазақтан көп айтқан халық бар ма екен, сірә! Баяғыда Шәйбан тұқымымен ат құйрығын үзісіп, Керей мен Жәнібектің соңына еріп, Шу бойына келіп оңаша түтін түтетіскен күні-ақ олар: «Ал бұрынғы сары жұрт сахара елден кеттік. Бөтен ел, бөтен жұрттың ығына кеп паналадық. Енді бізге алдымыз да жат, артымыз да жат. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ қана ел болып, ірге көтеріп кете аламыз. Аузымыздан жазып, арамызға алалық кірер болса, тағы да табанға түсіп, бөтеннің боданында қаламыз», — дескен-ді. Сол қақсау әлі қақсау! Таққа отырар ханыңның тағына отырмай жатып тақылдап айтатыны сол. Алқаға түсер биіңнің қамшы ұстап тұрып сарнай жөнелетіні сол. Қара шоқпар қарақшылардан қансырап қалған шабынды елдің зар еңіреп отырып айтары сол. Қанды бүлік барымтаға бара жатқандарыңның күндей күркіреп жар салары және сол. Қазақтың тойдағы батасынан бастап жаназадағы жылауына дейінгі барлық әңгімесінің «жәрәкімалласы» әлгі. «Тату болайық» айтылмаған сөз қазақтың құлағына тұзы татымай тұрған бәдік әңгімедей естіледі. Бірақ, олар дүниедегі ең бір пәтуалы сөзді орынды-орынсыз көп айтып, бәдік әңгімеге айналдырып алғандарын өздері сезбейді. «Алауыздықты құртайық», «біздің осы алакөздігіміз жаман», «қызғанғанымыз қызыл итке жем болады» деп қақсап айта берсек, қақырап тұрған халық бірлігі өзінен-өзі қалпына түсе қалатындай көреді. «Ел татулығы» деп таққа мінгендер ол жайында ештеңе ойлап, ештеңе бітірместен тағынан түседі. Тақтан түседі де: «Әй, біздің қазақты қойсайшы, басымдағы бақты көре алмады ғой. Жабылып жүріп, етегімнен тартып түсіріп тастады. Бұл жұрт енді мың жылда да ел болмайды», — деп қайтадан етегі толып еңіреп қоя береді. Бірақ: «Сол бірлік, сол татулыққа өзім не істедім екен?» — деген ой миына кіріп шықпайды. Сөйтіп, қазақ талай заманнан бері өз бірлігін өзіне-өзі өкпелеген шалдуар қызыл сөзге қызыл иттей талатумен келеді. Бірлікке сөз бастамайды, іс бастайды. Оны әне қазақтан кем көшпенді, қазақтан кем алауыз емес ойраттың жаңа жосығы көрсетіп отыр. Ол «тату болайық, тату болайық» деп кез келген қуысқа ұя салған сасық көкектей ертеден қара кешке қиқылдап қақсап тұрмайды, татулыққа қол көтергендердің тап беріп қылша мойнынан қырқып ала қояды. Бір ұлыс екінші ұлысқа озбырлық жасаса, зорлықшының дүние-малы түп-түгел талауға түседі, өзі жазаға кесіледі. Талауға түскен дүние-малдың тең жартысын жәбір көрген жақ алып, қалған бөлігі қалған ұлыстарға қылдай бөлініп беріледі. Жәбір көрген жақ тіпті шағын ру болса, онда оған зорлықшы алған малын қайтарып берумен бірге үстіне жүз қалқан, жүз түйе, мың жылқы үстеме айып қосады. Бұдан кейін: «Құдай-ай, бір есерсоқ кеп мені талап алғай да!» — деп тілемесең, өзгенің қызылына өліп кетсең де көз алартармысың!
Елді іс біріктіріп, сөз бұзатынын баяғыдан біле тұрып, қайдағы бір ит жылғы көтен өкпенің соңына түсіп, бітер істі бітірмей, сілекей ауыздың сілімтігіне саламыз да жүреміз. Бүгінге керек әділдіктің арқауын баяғыдағы даумен іздейміз. «Пәлен уақытта әкеңнің әкеме қамшысы тиіпті, шешеңнің шешеме тілі тиіпті», — деп бүгінгі табысқалы тұрған мүддемізді кешегі кикілжіңнің жолына құрбандыққа шаламыз. Ал әлгі ойраттарың оның да жолын қырқыпты. Тарбағатай құрылтайы баяғы торғауыттар Еділ ауып кететін бір мың отыз жетінші4 жылға дейінгі дау-шардың бәрінің заманы өтті, оны бықсытқан адам бүгінгі татулықтың қас дұшпаны деп тауып, өз ұлыстарын өзара өкпе-бопсаны ұмытуға шақырыпты. Бұдан былай ойраттың ойратта кегі болмауға тиісті. Ойратқа өштесетін-кектесетін дұшпан басқа жақтан да табылады. Ойрат батыр болса батырлығын соларға көрсетсін, намысқой болса, намысқойлығын соларға көрсетсін. Ойрат үшін мынау қара жердің үстінде, көк аспанның астында қалқиып тірі жүрген өз қандасынан асқан қасиетті нәрсе болмасқа керек. Оның тілейтіні тек өзінің ғана тілегі емес, өзге қандастарының да тілегі. Оның мұңдайтыны — тек өзінің ғана мұңы емес, өзге қандастарының да мұңы. Сонда ғана әр ойраттың тілегі күллі ойраттың ортақ тілегіне, әр ойраттың мұңы күллі ойраттың ортақ мұңына айналмақшы. Әйтпесе, жан-жағының бәрі тауықша жұмыртқалап, итше күшіктеп жатқан қағындай жұрттардың қыспағында отырған жоңғардың басы қайтіп өспекші, қатары қайтіп көбеймекші. Күштісі әлсізіне, көбі азына қожаңдап бақыт тауып, абырой асырып жатқан мына заманда қанша басың алтын, бөксең күміс дүлділ болғанмен, қатарың селдір, алды-артың тұлдыр боп жатса, өз иығыңды өзің жұлып жегенмен бәрібір қарқ болмайсың. Елдің бағы малының басына қараса, елдің бағы жанының басына қарайды. Олай болса, аз жұрт үшін белі құтсыз еркектен өткен сұмырай, тұл құрсақ әйелден өткен сұрқия болмасқа керек. Өз белін өзі байлаған жұрт өз басын өзі жұтқысы келген жұрт. Халықтың көсегесін арғымақтай сыланған кермиық қысыр сұлудың сылаңдаған сымбаты емес, салпы етек сары балақ ұрғашының қашан көрсең де, қампыйып тұрар кебеже құрсағы көгертеді. Балиғатқа толған қызы отырып, оң жаққа оңаша жатқызып қойған шаңырақтан асқан қарабет қауым болмақшы емес. Сондықтан да, ойраттардың әрбір қырық түтіні жылына ең кемі төрт бойдағын аяқтандырады. Әрбір он түтін өз орталарынан қалың мал жиып, жылына бір жігітін үйлендіреді. Егер ол жора орындалмаса, әлгі он түтін екі түйе, бес жылқы, он саулық айып төлейді.
Ойраттар үшін балиғатқа толған ұл мен қыздан ұрпақ көрмеуден кейінгі ауыр қылмыс — ойратты ойрат өлтіргені. Ел шетіне жау келгенін естіп, біліп, көріп тұрып, хабар бермеген адам ғана, жорыққа жиналатын уәделі жерге дабылды ести тұрып келмей қойған адам ғана, ұрыс даласында ұланына, тайшысына, зайсанына, ноянына, сардарына қауіп төнген кезде қол ұшын бермеген адам ғана өлім жазасына кесіледі. Ондай қатаң үкімді тек қонтайшы ғана шығарады. Ал, ноян қол астындағы жауынгер айтқанын екі еткен күнде қолын шауып тастай алады, құлағын кесіп тастай алады, бірақ кеудесіндегі шыбын жанына қол көтеруге қақысы жоқ. Егер туған әкесі өз белінен жаратылған баласын өлтірсе, масқара азапқа ғана бұйырылып қоймай, бүкіл әулеті, дүние-мүлкі түгел талауға түседі. Ойраттан туған ойрат түгілі жоңғар қаруын ұстай алатын құл мен ойраттың белінен құрсақ көтере алатын күңге жазым салуға жол берілмейді. Құлдың басына қырық бес қара, күңнің басына жиырмас бес қара құн төленеді.
Әрине, малдың басы да, жанның басы да тек уыздай ұйыған татулық бар жерде қаулап өспекші. Ал, ондай татулық, ондай бірлік тек темірдей тәртіп бар жерде ғана жүзеге аспақшы. Өйткені азды құртудың жолы — кеңдік. Мол дастарқанға шаша салған болымсыз дәм кімді тойындырып қарық қылады. Көпті құртудың жолы — тарлық. Тар астаудың басында қаны кеуіп қаталаған төрт аяқтылар бірін-бірі тапап өлтірмей ме?! Аз жетіліп, қатарға қосылсын десең — ұзын арқау, кең тұсау тіршілікке жібермей, белін бекем будырып, сара жолға сал. Көп көбейіп, дені жайылсын десең — тар қамажауға тығып тұмшалай бермей кеңге шығар! Біздің қазақ осыны білмейді. Аяғын көрпесіне қарап көсілмейді. Даласының кеңдігі малының бағы да, өзінің соры болуға айналды. Жан басына бір жал жетеді. Жал басына бір ақ үйді тік те, қыраныңа қойыңды, құрағына жылқыңды өргіз де, шалқаңнан түсіп, шаңыраққа түкіріп жата бер! Жер өзіңдікі, мал өзіңдікі, су өзіңдікі, үй өзіңдікі. Сенде кімнің шаруасы бар. Бір өзі бір өңірдің иесі болса, қазақтың кез келген жалба тымағы шалқақтамағанда кім шалқақтайды?! Қазақтың ақсағы да, тоқсағы да, шартығы да шалқақтайды. Тіпті таз екеш тазыңа дейін шалқақтайды. Бөркім түсіп кетіп, басымның жарасын көрсетіп алармын-ау деп қорықпайды. Айдалада оны көрем дегенде кім көреді. Бір қырдың басында бір өзі ысқырынып отырған қаптаған жер тәңірді кім көндіре алады, кім иліктіре алады. Қара аңсап, айдалада кетіп бара жатқан бейсаубат жолаушыны соңынан қуып барып, аты-жөнін, ата-бабасын сұраса келе қарын-бөле шығып, үйіне шақырып әкеп, бағылан сойып, насыбай атысып, ертеңіне төс түйістіріп жылап айырылысатын бауырмал қазақтардың басын бір алқа қотанға қоссаң, әрқайсысы әр жерден шіреніп, әр жаққа шалқаяды. «Ортақ өгізден оңаша бұзау» деп кергиді. Он қазақты бір дастарқанға жинасаң, бәрі де бір-бір бас, бір-бір жамбас ұстайтындай он басты, он жамбасты, қырық аяқты, жиырма көз, жиырма құлақты қой тауып союың керек. Ондай қой қандай таптырмайтын болса, қазақтың бабы да сондай таптырмайды. Бас-басына шалқаюды бостандық, бет-бетіне шіренуді еркіндік көреді. Олар еркін жүріп, еркін тұру деп осылай тоз-тоз шашырап жүргенді ұғады. Шіркін, замана деген қазағыңа да, жоңғарыңа да, башқұртыңа да, кім екеніңе де қарамайтын, айтқанын істетіп, айдағанына көндіретін қатыгез әкім болмай, байға қонып, мырзаға түстеніп жүрер шаруасы жай, жағасы жайлау қыдырма қонақ болса, онда оның бабын қазақтан тапқыш халық болмас еді. Сорлатқанда заманы құрғыр, уақыты құрғыр төренің төлеңгіті сияқты екі аяғыңды бір етікке тығып, апшыңды қуыра келеді. «Айтқаныма құлақ ас!», «Тында!», «Бағын!» — дейді. Қазекең бағынуға қырсыз халық. Содан ылғи қандай заман кез келсе де, онымен әуелі бір сілкілесіп алмай, тіл табыспай жатқаны. Ол тек бағынса, күнде көзіңе көрініп: «Өйт, бүйт» деп мазаңды ала бермейтін хақ тағалаға ғана бағынғысы келеді. Ол құлақ асса, тек өзі шіреніп алдыңда тұрмаған, айтарының бәрін түсініксіз тілде сары ала қағазға жазып кеткен, онысын қалай ұғып, қалай орындау өз еркіңдегі пайғамбарымның айтқандарына ғана құлақ асқысы келеді. Ал, бір жерді жайлап, бір кәсіппен шұғылданып, бір тілде сейлейтін дәл өзіндей екі аяқты пендеге бағынуға да, құлақ асуға да құлқы жоқ. Оның айтып тұрғаны бұрыс болса да, миына кірмейді, дұрыс болса да, миына кірмейді. Сүйтіп «менен оның несі артық, несі кем» деп жілік санасып, бір пендеге мойын ұсынбай, ешкімге бұйдамызды ұстатпаймыз деп жүргенде бір бұйда ұстардың орынына он бұйда ұстар тауып алады. Сосын бұйда ұстар мен бұйда ұстар қырқысып, екі ортада елдің арасына іріткі түсіп, қиырман-шиырман болып жатқаны.
Ал, Тарбағатайдағы жиында бұдан былай күллі ойрат басшысынан кещесіне дейін бір жосық, бір жөнмен жүреміз деп пәтуа байласыпты. Бұдан былай төрт-бес атадан табылатын аталастар қотан құрып, өз шаруаларын бірге күйіттейді. Өзара аталастығы бар бірнеше қотан аймақ құрып, ортақ қоныс иемденіп, оны көлденеңнің көзінен бірігіп қорғайды. Аталас, өрістес бірнеше аймақ бір тудың астына жиылып бір өтек түзеді. Бірнеше өтектің басы бірігіп бір ноян билейтін ұлыс атанады. Аймақтарды зайсан, ұлыстарды ноян, тайпаларды тайшы билейтін болады. Қай тайпаның қайда жайлап, қайда қыстайтынын күллі жоңғарға билігі жүретін бас тайшы — қонтайшы шешеді. Қонтайшы зайсандар мен зарғарлар (қазылар) кеңесін шақырып шешім қабылдайды. Әркім өзінің жөнін біледі. Бірі екіншісінің билігіне қол сұқпайды.
Ал, біздің қазақта он қараның басын түзесе бай, он баланың басын қарайтса би болып шалқайып алады да, ортақтасып қам жасайтын шаруада ешкімге дес бермей қасарысып отырғаны. Сөйтіп жүріп кім көрінгенге ол көз түрткі болмағанда, кім көз түрткі болады?! Сөйтіп жүріп, бір жалдың арғы жағындағы өзіндей көшпенді, өзіндей малшы елдің не істеп, не қойып жатқанында еш шаруасы жоқ.
Ойраттар мұндай темірдей тәртіп, жойқын жосыққа тегіннен тегін көніп көрген жоқ. Олардың көздегені тек ел бірлігі емес. Олардың ойы әріде. Тек жан басына ғана емес, қару-жараққа да қатаң есеп жүргізіп, ештеңесін шашау шығармай, сақадай сай отырғаны тегіннен тегін ғой дейсің бе? Жоңғарға тек қару ұстап шығар қалың қол ғана емес, сол қалың қол ұстап шығар қару да сондай қадірлі. Әрбір қырық түтін жылына екі сауыт тоқиды. Оны орындамаса бір түйе, бір жылқы айып төлейді. Жоңғарда тышқан тұмсығын қанатсаң да, ат-шапан айып беріп құтыла салмайсың, мінгізген атың, жетектеткен түйеңнің үстіне не қалқан, не сауыт қосып қана құтыла аласың. Жоңғар сарбазы үшін алдындағы нояны, астындағы аты, үстіндегі сауыты, қолындағы қалқаны, мылтығы, қылышынан айырылудан асқан масқара болмақ емес. Жауынгерлік тәртіп тайшыға, да қарашыға да бірдей қатаң. Ел шетіне келген жауды көріп тұрып, біліп тұрып, естіп тұрып хабарламаса, екеуі де бүкіл әулетімен өлім құшып, қара орманы талауға түседі. Ұрыс даласын өз бетімен тастап кетсе, қонтайшы — жүз сауыт, жүз түйе, қатын-бала, қара орманымен елу үй, мың жылқы, тайшы — елу сауыт, елу түйе, қатын-бала, қара орманмен жиырма бес үй, бес жүз жылқы, ноян — он қалқан, он түйе, қатын-бала, қара орманымен он үй, жүз жылқы, қонтайшының қызметшілері — бір үй, бір қалқан, сегіз бас мал, қатардағы сарбаз — жалғыз аты мен жалғыз қалқанын, қарашы — аты мен садағын айыпқа төлейді. Оның үстіне қоян жүрек қорқақтығы үшін басына әйелдердің тіз киімін орап, бетіне күйе жағып, ел алдында масқараға ұшырайды. Ойрат үшін әуелі нояны, сосын қару-жарағы, сосын барып қатын-баласы қадірлі болмақ. Біреудің қалқанын ұрласаң — жиырма жеті бас мал, сауытын ұрласаң — тоқсан бес мал, қылышын ұрласаң — тоғыз бас мал айып төлейсің.
Халық бірлігіне, ел татулығына шыннан тілектес болсаң, осындай қатаң заңға алдымен өзің көн, сосын өзгелерді көндір. Ел ұйтқысы бұлжыр ма екен, бұлжымас па екен!
Тарбағатайдағы құрылтай, әрине, мұншалық темірдей тәртіпті тек ағайынның ауызы ала болмай тыныштықта, ынтымақта отырасың, бөтен біреулер қол сұға қалса, қапымыз кетіп жүрмесін деп орнатқан жоқ. Тап сол жиында қонтайшы бастап қалың нөпірдің шығысқа қарай лап беруі де тегіннен-тегін емес. Олар енді шүршіттердің тыныш қоймасын әбден біліп болған-ды. Сондықтан ойрат жұрты осы бастан оларды қас дұшпаным, ата жауым деп қарап, жан тәнімен жек көруі керек еді. Сол өшпенділіктің арқасында ғана олар өзара ынтымақтаса алады. Әйтпесе бірінің жылқысын бірі қуып, ескі іри-тіри тіршілікке қайта көше салулары да ықтимал-ды. Қандары қарайып, өлердей жек көретін қытай тұтқындарының қасына қазақтарды қосып қойып, қосақтап айдауларында да мән бар. Ойраттардың құмырсқадай құжынаған қалың шүршітке өз беттерінше тойтарыс бере алмасы хақ. Ол үшін әуелі бір кезде маңғұлдардың қол астында болған, қазір де Шыңғыс әулеті билеп отырған сонау Еділден бергі ұлан-ғайыр өлкені жаулап алулары керек. Ойрат сонда ғана өріске де, базарға да қарқ болады. Ақтылы қой, көк ала жылқының алдын Еділге, артын Енисейге жауып, Бұхара, Самарқан, Хиуа, Шаш, Сайрам базарларына ағылатын керуендердің жібек бұйдасын өз қолдарында ұстап отырса, ойраттың мұртын балта шаба алар ма! Күллі маңғұл және бір кезде маңғұлдың қол астында болған елдер түп-түгел тізе қосысып қарсы шыққанда ғана қаптаған қара қытайға бір дауа табылмақшы! Құмырсқадай құжынаған, бүргедей быжынаған ши борбай шүршіттер мен сол бір «үп» десең құлай кеткелі тұрған қуыршақ жұртқа кіріптар болып отырған, арыстандай ақырған айбынды бабадан ұл боп тумай, шажырқай боп туған Шыңғыс әулеті көресіні сонда көрмекші! Бір кезде көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен Шыңғыс жаулап алып беріп кеткен көл-көсір қонысты маңғұлдардың қол астына қытайтекті боп кеткен Құбылай тұқымы емес, әу бастан-ақ төрліктен жөргек, ерден жастық бұйырған жоңғарлар ғана қайтарып бере алмақшы. Олардың бұл арманына кедергі келтіріп тұрған — өздеріндей көшпенді, өздеріндей жауынгер қазақтар. Сол маңқа немелердің жұлынын үзіп, жотасын опырар күн туса, қыл жалаулы маңғұлдың жұлдызы тағы да зырқырап көктен бірақ шықты дей бер! Сондықтан да, келешекте шүршіттің кеңірдегін кесер болар қанжарды әуелі қазақтың қанына суар! Болашақта күллі әлемнің төбесінде ойнар көк найзаңды әуелі қазақтардың шаңырағында ойнат!
Батыр қонтайшының бұл көмейі көп ұзамай-ақ белгілі болып қалды. Ол қонтайшылық құрған жиырма жылдың ішінде қазақтарға қарсы үш рет жорыққа шықты. Жетісудың көп жерін жамбасына басып, бас ордасын жер жетпегендей Қара Ертістің басына тікті. Одан кейін тізгін тиген Қалдан Бесоқты Қара Ертісті де місе тұтпай, сары ала шатырын Іле басындағы Ұрғаға әкеп орнатты. Жетісудың көк шалғынын аз көргендей, Қаратау бойындағы қазақ қалаларына қол сала бастады. Айналасын аждаһадай жұтып, ойраттардың бөркін дағарадай еткен Қалдан Бесоқты да көп асқанға бір тосқанның керіне ұшырап, жиырма алты жыл қонтайшылық құрғаннан кейін бір ақ нөсер сіркіреген көктем түнінде Аша-атымтай деген жерде елу екі жасында у ішіп өліпті. Көкжал неменің сүйегін өртеп, күлін көкке ұшырып жіберіпті. Жер бетінде, ең болмаса, кәрі кемпірдің бөксесіндей опырайып, моласы қалмаса да, естір құлақты түгел тітіреткен айбынды аты қалды. Оның атын естігенде, әсіресе, қазақтардың төбе құйқасы шымырлап қоя беруші еді. Оның орынына қонтайшы болған Сыбан Раптан да қазақтар үшін одан кем сойқан болған жоқ. Тұсауын Сайрамда кескен бұл қонтайшы азуын алдымен Орта жүздің шекесіне салды. «Менің бұл жорыққа шығуыма қазақ ханы Тәукенің екі жүзділігі себепші болып отыр, — деп жар шашты ол. — Қалдан Бесоқтының тұсында тұтқынға түсіп, Лұхаста далайламаның есігінде жүрген баласын еліме қайтара көр деп жалынғасын, қасына бес жүз кісі нөкер ертіп еліне аттандырып ем, жақсылықты білмейтін кісәпір неме сарбаздарымның біреуін де тірі қалдырмай, түгел қырып тастады. Онысын аз көргендей, маған бағынышты Үгедей — батыр тайшыны өлтіріп, адамдарының аяқ-қолына темір кісен салып тұтқындап әкетті. Ұранқайдағы маған салық төлейтін жүз түтінді қатын-баласымен, қара орманымен өзіне қаратып алды. Еділ бойынан келе жатқан керуенімді тонап, қалыңдығыма — Аюке ханның қызына қолын салды. Қазақтар менен енді ешқандай жақсылық күтуші болмасын!»
Мәртөбеден мәжілісті аударып, қазақтардың күнін Күлтөбеге қаратқан да сол Сыбан Раптанның күркірі еді.
Сыбан Раптанның тұсында қазақтың арқасына аяз шындап батайын деді. Бір сәт ауыл арасының дау-дамайы ұмытылып, елдің ертеңі сөз бола бастады.
Ол тұста әуелден туып ел үстінде күн кешкен киелі тұқым-төрелердің емес халықтың өзінен өрбіп, халықтың өзі қамшы ұстатқан жабы тұқым — қызыл тілін безеген билердің абыройы аспандап шыға келген-ді. Сұлтандардың не марқасқаларына бір тайпаның тізгіні не тиіп, не тимей жүргенде, от тілді, орақ ауызды билерге бір-бір ұлыстың тізгіні бұйырды. Қазақтың төріндегі Тәукеден кейінгі аруақты адамдар да солар болып алды. Ұлы жүздің тізгіні де, қамшысы да үйсін Төле бидің, Орта жүздің тізгіні де, қамшысы да арғын Қазыбектің, Кіші жүздің тізгіні де, қамшысы да әлім Әйтекенің қолына көшті. Ол тұста тайпа басы төрелердің қатарынан табылғанға билер емес, орда басы билердің қатарынан табылғанға төрелер масаттанып қалушы еді.
Ол кезде атын біреу біліп, біреу білмейтін бала сұлтан Әбілқайыр қазақ тізгінін ұстаған үш жорғаның біреуі қатарыма жүр деп шақырғанда өз құлағына өзі сенбей, жүрегі жарылып қуанған-ды.
Жиыннан қайтқан ұлы дүрмектің алдында тұрқы есік пен төрдей шұбалған шабдар жорғаның үстінде шалқая ыңылдап екі иығына екі кісі мінгендей апай төс алпамса кісі келе жатты.
Ол — атақты Әйтеке би. Тұлға-тұрпаты, жүріс-тұрысы, жан-жағына көз тастасы елдің қас-қабағын баққан биден гөрі қасындағылардың бәрінен айдынын асырып асқақтай қарайтын батырға келіңкірейді. Бірақ, билік дегенің де батырлықтың бір түрі ғой. Шырғалаңы мен шытырманы көп қыр тіршілігінде қырық құйқылжыған қырқылжың дауларда бір пәтуаға тұрақтау барымтаға барып қайтудан әлдеқайда қиын шаруа. Оған да тілдің ебімен қоса жүректің тәуекелі керек-ті. Ал, тәуекел қазақта бір кісіде жеткілікті болса, осы Әйтекеде жеткілікті болар реті бар. Ол мынау далиған даланың төрдегі ақ сүйегі мен есіктегі қара сүйегіне бірдей қадірлі, бірдей батымды еді. Ана жағы Бұхара мен Самарқан, мына жағы Елек пен Торғай арасын алып жатқан ұлан-ғайыр ұлыста оның бетіне қарсы келе алар кісі жоқ-ты. Оны көргенде көшпендісі түгілі отырықшысы жайылып төсек, иіліп жастық болар-ды. Мақұлы түгілі тентегі мен телісі тілін қайтармас-ты. Оның себебі бар-ды. Әйтеке Кіші жүздің5 сүйегі болып табылатын Алшыннан, Алшынның аға атасы Әлімнен, Әлімнің алты баласының ең жуан тамыры Төртқарадан, Төртқараның Қарашынан, Қараштың Сейтқұлынан еді. Төртқара түгілі Әлімнің, Әлім түгілі Алшынның, Алшын түгілі Алаштың атын шығарғандардың бірі осы Сейтқұл болатын. Әз Тәукенің төртінші атасы, Жәдік ұлы Шығай сұлтан тоғыз жүз тоқсаныншы жылы Кіші жүзді билеп тұрған тұсында күллі ұлысымен жұтқа ұшырап, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап Нұрата тауына көшкенде ең ұлысынан қасына ертіп кеткені де — осы төртқара Сейтқұл еді. Онда Сейтқұлдың сегіз баласының ең атақтысы Жалаңтөс бар болғаны бесте екен. Нұратаға барғасын жеті жылдан кейін он екі жасар Жалаңтөс Бұхар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп отырған Ақназар ұлы Дінмұхамбет ханның көзіне ілігеді. Сосын-ақ әрі ақылды, әрі батыр Жалаңтөстің Бұхара, Самарқан, Гератта отырмаған төрі қалмайды. Әрі Самарқанның өмірі, әрі бес сардар Жалаңтөс заманында көршілес елдерге ханнан бетер қадірлі болған кісі дейді. Оған сыйлыққа келген тарту-таралғының өзі ханнан туып болған небір алтын сүйекті, асыл текті төрелердің ата дәулетінен асып түскен көрінеді. Шектен асқан батыр шектен асқан жомарт та болыпты. Бұхар мен Самарқандағы көрген кезді тәнті еткен талай көк күмбезді сол салдырыпты. Жалаңтөстің бұзау тіс дойыры мұсылман елдерінің шетіне келген талай басқыншының қақ маңдайын қасқита тіліп, ел шырқын қашырған талай сұрқияның шонданайын шортандай шоршытқан-ды. Қазақ тағының қазіргі иесі әз Тәукенің туған әкесі салқам6 Жәңгір қиын шатқалдан тау суындай лап қойған Жоңғар тасқынына қарсы тұрар дәрмен таба алмай жаны қарқараға келгенде жер түбінен қол созған да сол Жалаңтөс-ті. Ендеше, хан Тәукеге атасы атасына қадірін өткізген Әйтеке батымды болмағанда кім батымды болмақшы! Әйтеке — Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туған-ды. Жалаңтөс тұсында төбесі көкке бір жетіп қалған исі Сейтқұл, исі Төртқара, исі Әлім, исі Алшынның қазіргі маңдайға ұстағаны да осы — Әйтеке-тұғын. Сонысын бұлдап, жуан тамырдан өрбіген өктемдігіне баса ма, үш арыс сұхбаттасқан ұлы жиындарда, әйтеуір оның даусы тым ірі шығушы еді. Былайда да ащы дауысты Әйтеке жиын көргенде арқасы қозып, қызыл көрген аш қырандай саңқылдай жөнелуші еді. Онысын жұрт қасындағы екі биден гөрі жуан тұқымынан өрбігендігін көрсеткісі келетіндігі деп пыш-пыштайтын. Шынында да, Ұлы жүздің қамшысын ұстаған Төле би қазақтың ең ірі арысы Үйсіннің, Үйсіннің ең ірі тайпасы Дулаттың, Дулаттың ең ірі руы Жаныстың ең аз тақтасы Қожамбердіден еді. Қожамбердінің ішінде де Төлеге дейін ауылынан он төбет қатар үріп шыққан бай да, тоқтылы қойдың дауын шешкен би де тумай, «тоғыз ұлды қарашоғыр» атанған Құдайберді әулетінен-тұғын. Құдайбердіге құдайдың беріп тұрғаны да осы аузын ашса көмейінен серке сөз секіріп шығатын айтқыш Төленің тұсы еді. Ал, Арғын Қазыбектің өзінің тегін мошқаған бір мейманасы асқан немені: «Әкем — қара түн, шешем — қара күң, өзі болған жігіттің тегін сұрап не етесің?» — деп қалай отырғызып кеткенін білмейтін кісі исі алашта кем де кем шығар.
Халық не десе, о десін, бірақ ол үш жорғаның жұрт алдында бір-бірімен кермар келгенін ешкім көрген емес. Бірі бастап берген әңгіме екіншісі қостай жөнелгенде тоты құстың қауырсынындай құлпырып, аяқ астынан ажарланып жүре беруші еді. Сол үшеуінің аузының даусындай бірлік бергенде қазақтың жұлдызы қалай-қалай жарқырар еді! Қандай қиын түйінді де Әйтеке бауыздап, Қазыбек ұшалап, Төле мүшелеп берер еді. Қандай қиқар даукесің де Әйтеке айтқанда — құлақ аспасқа, Қазыбек айтқанда — құптамасқа, Төле айтқанда — «төресі осы» деп жығыла кетпеске жағдайы жоқ-ты.
Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады деген де содан қалған-ды. Үш арыс қазақ оларды сөйлетіп қойып, қақаған қаңтарда арқар сорпасын ішкендей бусанып, тал бойы түгел еріп, балбырап отырар еді-ау! Тіпті қаралар дау қаралып, шешілер түйін шешіліп біткесін де, тарағылары келмей үш бидің ауызына қарап тамсанып бағар-ды.
Осы жолы да, әз Тәукені күллі қазаққа ортақ хан сайлап, сұпы Әжіні күллі қазаққа пір сайлап, жеті жарғының жосығын қабылдаған ұлы жиын аяқталғасын да жиылған жұрт. «Ертең елге барғанда айта баралық. Үш би бізге не дейді екен? Соны естіп кеткіміз келеді», — деп тырп етпей тұрып алған-ды.
— Сонда үш биден не сұрайсыздар? — деген-ді хан Тәуке.
— Үш би бізге, ең әуелі, заман құлқынан үш ауыз сөз айтсын! — дескен жұрт.
Сонда төбенің басына қамшысын ұстап Төле шыққан-ды.
— О, әлеумет, қалай осы, жылқы біткен көп кісінесіп кеткен жоқ па, әйел біткен көп кісімсініп кеткен жоқ па? — деп қайта түсіп кеткен-ді.
Одан кейін төбеге Қазыбек көтеріліп, сонау мұнарытқан көкжиекке қарап тұрып:
— Жылқы біткен көп кісінесе, ел шетіне бір дүбір жетейін деп жүргені болмасын, әйелдер көп кісімсінсе, қадірлерінің өтейін деп жүргені болмасын! — деп топқа қайта қосылған-ды.
Әйтеке қамшысын көкке көтеріп:
— Ел шетіне дүбір жетсе, атыңның жалы панаң болар, көк сауытың — қатын, көк найзаң — балаң болар! — деген-ді.
Қарақұрым халық үн-түнсіз бастарын шұлғыған-ды.
— Енді не сұрайсыңдар? — деген хан Тәуке.
— Енді үш би бізге кәрілік пен жастық қақында не мәслихат қосады екен? — деген жиылған көп.
— Үй сыртында төбең болса — ерттеулі тұрған атың ғой, ел ішінде кәрияң болса — жазулы тұрған хатың ғой, — деген-ді Төле.
— Жалтылдайды екен деп жастықты сөкпе — бәріңнің шыққан тегің сол, қалтылдайды екен деп қарттықты сөкпе — ертеңгі жетер шегің сол! — деген Қазыбек.
— Ар сатып алған атақтан тер сатып алған мал артық, сақалын тосқан кәріден еңбегін тосқан бала артық! — деген Әйтеке.
— Тағы не білгілерің келеді? — деген Тәуке.
— Енді бізге үш би: жомарттықтың қандайы жаман, сараңдықтың қандайы жақсы — соны айтсын, — деп өңештеген бір шұнақ құлақ, қу сақал.
— Жомарттықта суайттың куәге жомарттығы, молданың дуаға жомарттығы жаман, — деді Төле.
— Жомарттықтың және бір жаман түрі: еркектің жетекке көңілшектігі, ұрғашының етекке көңілшектігі, — деді Қазыбек.
— Дуаға жомарт молда малынан қағылар, куәге жомарт суайт абырой-арынан қағылар, жігіттің көңілшектігі — атының соры, әйелдің көңілшектігі — соры, ең жаман жомарттық — уәдеге жомарттық, — деді Әйтеке.
— Ең жақсы сараңдық: қасың сұрағанда «барға» сараңдық, досың сұрағанда «жоққа сараңдық», — деді Төле қамшысын қолына қайта алып.
— Көрсе қызардың алдында — жарыңа сараңдық, айналдырған аурудың алдында жаныңа сараңдық лазым, — деді Қазыбек көп алдына қайта шығып.
— Тамыр мен тамырдың арасында боқшаға сараңдық, дос пен достың арасында бопсаға сараңдық, — деді Әйтеке екі бидің соңын ала сөйлеп.
Жұрт бұл жолы бір-біріне бас изесіп желпінісіп қалысты.
— Тағы қояр сұрақтарың бар ма? — деді Тәуке.
— Енді үш би бізге ұл мен қыз қақында не айтар екен? — деді көпшілік.
— Ұл өссе — ұрпақ, қыз өссе — өріс, — деді Төле.
— Ұл бала аптыққаннан өлсін, қыз бала тұншыққаннан өлсін, — деді Қазыбек.
— Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білерсің, абыройыңның қадірін қызың өскенде білерсің, — деді Әйтеке.
— Енді үш жорға ерлі-зайыпты екеу туралы бірдеңе айтсын, — деді біреу жиылған жұртты ду күлдіріп.
— Жарақтыдан құтқарса — атың мұра, жалғыздықтан құтқарса — қатын мұра, — деді Төле.
— Төсекте қызық көрмеген, тамұқта жаны шошымас, жар құшып бауыры күймеген, құл сүйіп еріні тұщымас, — деді Қазыбек.
— Азынаған айғырды үйірінде көр, аңқылдаған жігітті үйінде көр, — деді Әйтеке.
Қарақұрым халық тағы да гу-гулей жөнелді.
— Енді де сұрақтарың бар ма? — деген хан Тәуке.
— Үш би бізге енді адам құлқынан үш ауыз сөз айтсын! — деген жиылған жұрт сол тырп етпеген қалпы.
Қамшысын алып Төле би қайта ортаға шығып:
— Биікке шықсаң — көңілің ашылар, жақсымен тілдессең — зейінің ашылар, — деген.
Қазыбек қамшысын ұстап тұрып:
— Аты жаманның арманы кетер, баласы жаманның дәрмені кетер, — деді.
Әйтеке жұртқа қарап:
— Ниеті жаманның иманы кетер, әйелі жаманның мейманы кетер, Алланың сүйгені — азан, халықтың сүйгені — қазан. Күлтөбеге жақын ауыл біздікі екен. Жиналған көп әлеумет, жүріп дәм татыңдар, — деді.
Бұл жолы жұрт гуілдесіп ала жөнелді. Сол-ақ екен біреу арт жақтан саңқ ете қалды. Шабдар қасқа мінген шалғы мұрт еркек:
— Оу, жамағат, не байқадындар? Қазақтың игі жақсысын жиып, батасын алып, исі алаштың ырым-несібесін Жанарысқа қалдырып кетсін деп тұр ғой бұл сығыр! — деп мінбеледі.
Төле мынау әупірім немеге бірдеңе дейін деп, аузын аша беріп еді, Қазыбек киіп кетті:
— Төке, жол үлкеннен, қызмет кішіден деген ғой. Жолымыздан қалмайық! — деп төбе басынан түсе берді.
Күлтөбенің басындағы жиылған жұрт Қызылқұмды желкелей қонған Бөкенбай ауылына қарай шұбырды. Ай бойғы жиыннан қайтқандар үш күн бойы бай ауылдан бағланның етін ащы қымызға малып жеп, мелдектей тойып елді-еліне тарасқан-ды.
Әйтеке Әбілқайырға:
— Бірге жүр! — деп осы Бөкенбайдың ауылынан шыға бере айтқан-ды.
Майқара жусан семіз марқаның жон терісіндей бұйраланып, ақ селеу ақ айран теңіз бетіндей толқынданып, арттағы көкжиек өткен дәурендей көзіңе ыстық көрініп, алдағы көкжиек беймәлім келешектей көмескі бұлдырап тұрған ұлан-асыр жазыққа қайта шыққасын ер үстіне шалжия қонған атақты би үйреншікті көйгөйіне басты. Топ көрсе, көзі шоқтай жайнап, аруақтанып шыға келетін Әйтеке оңаша қалса, осылай өз-өзінен тұнжырап сала береді екен. Не айтып, не ойлап келе жатқаны белгісіз. Әйтеуір күзгі даланың ызынаған желіндей салқын саз. Кәрі би ешкімге ештеңе демейді. Бұлдыр көкжиекке тұнжырай телмірген күйі ыңылдап келеді. Үнемі сырттап жүретін осы бір сұрша жігітпен оңаша сұхбаты бардай. Қалған нөкерді жуытпай, көпке дейін екеуден екеу үнсіз жортысты. Әбілқайыр өз-өзінен ыңылдап келе жатқан бидің ойын бөлгісі келмегендей, астындағы сылаң сұр арғымақты сипай қамшылап жым-жырт келеді. Кенет би сөз бастады.
— Осы Тайлан екеуіңіздің араңызда қандай жекжаттық бар?
Әбілқайыр қапелімде не дерін білмей қалды. Бірақ, бойын тез жиып, сазарыңқы қабағын кере түсіп, сәл ойланып барып жауап қатты.
— Құрдаспыз ғой.
Би тағы да ыңырси жөнелді. Күздің желкем суық желіне дірдектей қалтырап тұрған түз селеулеріне түксие қарап, үнсіз келе жатып:
— Дұрыс қой, дұрыс, — деді.
Содан олар алты шектінің қонысына жеткенше ләм-мим тіл қатысқан емес. Айырылысар жерде ғана би атының басын іркіп тамағын кенеді.
— Тегің — сұлтан. Басың жас. Көрерің алда. Жігіттің есі кіретін тұсқа енді жеттің, Алаштың алмағайып заманы таусылмас. Төренің бағы — қарашының қайраты. Қарымдыдан құрдас жиғаның жөн екен, — деген де, қош айтысып жүріп кеткен.
Әйтекенің әлгі сөзі сұлтанның сұп-сұр бетіне лып еткізіп қан ойнатқан. Өткен жылғы Мамайға атқан оғының мүлт кетпегеніне сонда барып түсінген.
Сұлу ат мініп, суыт желіскен ала шұбар топ елсіз таудың қойнауына кіре бере бейсаубат дүсірді естіп елеңдей тоқтасты. Абалаған иттердің дауысы тіптен тақау келіп қалды. Сол-ақ екен, қапталдағы құж-құж қара шоқының тасасынан сау етіп қырық шақты атты шыға келді. Бұларды көріп, кері жалтаруға мұршалары болмай, кесе көлденең ағызып өте шығуға ыңғайланысып еді, жиынға келе жатқан ала шұбар айғыр топ жапатармағай қол бұлғап, айқайды салсын кеп. Бейуақ жүрген қырық атты қол бұлғағандарды танып, ат басын тежеп, құлықсыз аяңдап, жақындай берді.
Топ басындағыны жұрт бірден-ақ таныды. Мамай анадайдан нарттай қызарып албырап келеді. Жирен тұлымы сусар бөркінің астынан дудырап шығып кетіпті. Екі көзі қараптан-қарап қызарады да жүреді. Ешқашан екі езуіне ие бола алып көрген емес. Қашан көрсең де ыржияды да тұрады. Өңмеңдеп шабынады да жүреді. Шабынып сөйлейді. Шабынып күледі. Ашуланғанда да төсін қайқайтып, басын шалқайтып, кімге де болса, өзеурей тіл қатады. Әне, ат үстінде де күміс бас ердің қасын сындырып жіберердей боп, кіндігімен тіреп, шабына шалқайып апты. Осы мінезінен де ал аузында Сары айғыр атанып кеткен. Өзі сүйтіп жүріп, аң құмар. Қысы-жазы аттан түспейді. Тазымен бірге ас құйсаң, тастай қатып жалап-сұқтап жұтып салуға пейіл, қақпан жастап төсек сап берсең, құс мамықта жатқандай рақаттанады. Ол үшін қасына қарақұрым жігіт ертіп тау-тасты сүзіп жүргеннен артық бақыт жоқ.
Әбілқайыр нөкерінің алдында өңмеңдей басып келе жатқан дөң мұрын інісіне сыздана қарап тұр. Жас жігіт әуелі бір түрлі қобалжығандай еді, қазір қайтадан безеріп алған. Ұлы дүрмекке үн-түнсіз жақындай түсті. Астындағы аты өзгерген бе, қалай?! Мынау әлгі Тайланның анада мініп жүрген шұбары емес пе? Ол мұның тақымына қалай түсіп жүр? Әбілқайырдың жүрегі шым ете қалды. Атты қасындағылар да таныды.
— Мынау Мәтінің баласының шұбары ғой!
— Иә, Тайланның аты!
— Сонда бұл қалай болғаны? Шұбар аттың төгілген жалы түгел қан.
— Ау, жөндеріңді айтыңдар. Мына жүрістерің қай жүріс? — деді астындағы көк теңбілді тебініп ілгері озған Бөкенбай.
— Тайлан қайда?
Жігіттерде үн жоқ. Мамай бедірейген қалпы.
— Ештеңе де болған жоқ. Тірі. Ана тұмсықтың ар жағында жатыр, — деді тістене сөйлеп.
— Ал, атын неге алдыңдар?
— Алдымдағы аңымды үркіткені үшін аударып алдым.
— Айыпқа алған екенсің ғой, — деді топ шетінде ақ боз аттың үстінде түнеріп тұрған ирелеңдеген ұзын бойлы, қапсағай қара сұр кісі Есет. Даусында кекесін бар.
— Айыпты көп алдында алмас болар ма! — деді Бөкенбай бала сұлтанның алдына барып атын іркіп.
— Көп керек болса, өздерің іздеп келіп қалыпсыңдар ғой, — дейді Мамай да мізбақпай қасарысып. Бірақ, неге екені белгісіз, астындағы атын шегіншектете берді.
Топ ішінен әлдекім мырс ете қалды. Әбілқайыр жалт қарап еді — Әйтеке би мұртынан күліп тұр екен.
Айылын жияр Мамай ма! Шұбар арғымақтың тізгініне тас қып жабысып апты. Өлмей айырылар түрі көрінбейді.
Ұлы дүрмек оған бір жалтақтап, Әбілқайырға екі жалтақтап ыңғайсызданып қапты.
— Астыңдағы атты осы қазір өзің барып иесіне қайтарғаның дұрыс қой, — деді Әйтеке енжар тіл қатып.
— О ненің ақысы, — деді Мамай. — Қарашының биі әуелі анау қара табаныңнан менің ат-шапан айыбымды алып бер. Мен айып тартар жерді өзім білем.
— Айып алам деп жүріп айыпты боп қап жүрме! — деді Әйтеке, тағы да селқос тіл қатып.
Мамай қызыл көзін жалт еткізіп Әбілқайырға қарады. Әбілқайыр тым-тырыс. Сосын бір шешімге бел буғанын білдіріп, ыржиған езуін жиып алды. Зорлықпен келген арғымақтың, ең болмаса, тұяғын бір қыздырып алып қайтарайын дегендей, сақтана шегініп барып, шаңқ ете қалды.
— Ендеше, би-еке, төреге қараның алдында атыңнан түс деген қазылығыңызға болайын. Төрелікті мен ханнан сұрармын. Қайдағы бір қаңғыма керейтті төбеге шығарғанда да, сірә...
Атына қамшы баса беріп еді...
Әйтекенің өңі аппақ шүберектей боп кетті.
Онсыз да қара сұр Есет қанын ішіне тартып қалш-қалш етеді.
Бөкенбайдың шара табақ беті қағынған талақтай қабарытып алыпты.
— Апырай, мына күшік не деді-ай! — деп қорамсаққа қолын енді соза беріп еді, ат жалына еңкейе сұлап шауып бара жатқан бала сұлтан ұлы дүрмектен шығар-шықпаста, аттан ұшып түсті.
Жұрт абыржып бір-біріне қарады. Манадан бері үнсіз тұрған Әбілқайыр шаба жөнелді. Жер қауып жатқан інісіне қарамай, шұбар арғымақтың тізгінін қағып алып, кесе көлденең жатқан құж-құж тұмсықтың ар жағына сіңіп жоғалды.
Мамайдың нөкері аттарынан түсіп, төрелеріне жүгірді. Бала сұлтанның қамшы ұстаған қолының шынашағы жұлынып кетіпті. Таяудан атылып, тосын тиген жебенің екпіні, жанап өткенмен, ер үстінен жұлып ап, домалатып кетсе керек.
Әлгінде ғана ұйқы-тұйқы болып үрпиісе қалған көп дүрмек шаруаның «арты қайырлы» болғасын аттарын тебініп, ілгері тартқан-ды. Қаумалаған қырық жігіттің арасында қалш-қалш етіп не істерін білмей Мамай қала берген-ді.
Сол жолы зауза айында Күлтөбеде өткен жиында қазақ қауымын қанына қарайтып жүрген тағы бір күбірткелінің ауызы алынып еді. Ол кезге дейін Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Тілеу, Рамадан, Керей, Уақ, Тарақты рулары үш жүздің үшеуіне де жатпай, шөре-шөре хал кешіп келген-ді.
Мал жарықтық шөп көп өскен жерге емес, көз көп түскен жерге бітетін секілді. Ызғындай іргелі рулардың арасында ықтап өткен әлгі ауылдар бас-аяғы аз уақыттың ішінде мал басып, жұрт жаңартып көше алмайтындай күйге жетті. Қызыл құмның бұта-бұтасының арасына кенедей толып кеткен Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Рамадан, Тілеудің малын найзасы ұзын Әлім мен Бай ұлы талады. Сарысу бойын шаңдатқан Керей, Уақ, Тарақты жылқысы азулары алты қарыс Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найманның тақымында кетті. Қазақтың үш жүзі жылына екі мәрте бас қосатын алаш алқасында әлгі айтылған «өгей рулардың» жылап-сықтамай, көкірегі қайқы, басы шалқақ «аталы рулардың» беттерінде иманы бар игі-жақсыларының шиедей боп қызармай қайтқан кезі болған емес. Ел ұстаған кәрі билер көптен бері соны ойлап күбірлесуші еді. Кәрі билердің арғы көмейлерін айтпай ұғып қойған жас нояндар құрықтарынан шығып кеткелі тұрған кешегі майбөксе жылы-жұмсақ ауылдарға: «Қап, бәлем, сендерді ме!» — деп тістерін қарш-қарш қайраулы. Жігіттерін сойылға жығып, жүйріктерін мініп кетуді әдетке айналдырып алды. Табын мен Таманың үйір-үйір жылқысына көздерін көптен сұқтап жүрген алты шектінің ығай мен сығай сүлейлерінің арасында жүретін Мамайдың әлгі қарс жабық қабағының арғы жағындағы томырық мұз салқындықтың сыры да сол еді.
Кәрі билер жас перілердің кіжінгенін қайтсін! Исі алаштың беліне бес қару асына алар естиярларының алдында қолдарына құран ұстап, қан құйысып, ант берісті. Үш арыстың төбе билерінің оңаша мәслихатынан кейін ортаға Төле би шықты. Бірі Керей, Уақ, Тарақтыны талап, біреуі Табын, Тама, Жағалбайлыларды талап, айыпкер атанып тұрған екі арыстың Әйтеке қамшыларын көлденең ұстап бас иіп тұруға мәжбүр болды.
— Бір кезде қазақ десе, арланатын жұрт едік, — деп бастады Төле. — Енді, міне, қазақ десе, мақтанатын күнге де жетіп отырмыз. Сөйткен қазақтың не төбе шашы дудырап жерден шыққан ештеңесі жоқ, не екі аяғы салбырап көктен түскен ештеңесі жоқ. Арғы жағы Алтайдың тарғыл тауынан өрбіген алты алаш. Бүгінде алпыс екі баулы алаш. Оның дәм айдап бармаған жері, баспаған тауы, көшпеген дәурені қалды ма! Алтайдан Еділге көсіліп жатқан көшпенді даланың бүгін мына пұшпағына бақ бітсе, кеше ана пұшпағы дәуірлеген, ертең тағы бір пұшпағының жұлдызы жанып шыға келуі ғажап емес. Оған қарап өткінші бақ басына қонған бір өлкенің өзге өлкелерге шекелеп шікірейіп шыға келер реті жоқ. Қазір біреуіміз ұлы, біреуіміз орта, біреуіміз кіші атандық екен деп, біреуіміз ылғи төрде отырамыз, екіншіміз ылғи есікте отырамыз деп ойлап қалмайық. Арғы түбі Төбейдің төрт баласы — Қоғам, Құйылдар, Мекірейіл, Майқыдан тараған мына Абақ, Тарақ, Қаңлы, Қатаған әулеті — бүгін біз Ұлы жүз атаныппыз. Бірақ оған бөркіміз дағарадай бола бермесін. Біздің де құдайдың аузынан, пайғамбардың белінен түспегеніміз белгілі. Күні кеше ғана Шағатай балаларының қол астында саудагердің базарына, диханның егісіне жақындай алмай аттың жалы, түйенің қомы күн кешкен көшпендіміз. Басқалардан артық шыққан атағымыз да, артық сіңген еңбегіміз де жоқ. Шағатай балаларынан дәурен кетіп, ордамыз он санға ыдырап, тозып біткенде бұрын бір ханға бағынып, бір таққа табынған өзге қоңсыларымыздың ешқайсысына бұрылмай сонау Сарыарқадан ауып кеп, іргемізден орын алған, сөйлесек тіліміз бір, ұстансақ дәбіміз бір өзіміз секілді көшпенді ағайындарымызға келіп қосылғанбыз. Сонда Жәнібек пен Керей әулетінің қол астындағы жұрт баяғыда Шәйбан тұқымынан құқай көріп, қоныс аударып келгенімізде оң жағынан отау тігіп берген ағамыз едіңдер деп үлкен шаңырақ атандырды. Уа, Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, сендердің де ортадан ойып орын алдық деп одыраңдай берер жөндерің жок. Сендердің де шыққан тектерің мен кешкен кептерің әркімге-ақ аян. Алтын орда қақ жарылып, Жошы тұқымы өзара ұстасып кеткенде Шәйбан балаларын басындырмаймыз деп ат құйрығын үзісіп кеткен Орыс хан торпақтарына еріп Шу мен Таласқа құлағансыңдар. Сонда Жетісудағы Есенбұғы Шу бойы мен Қозыбасынан қоныс бөліп беріп қоңсы қылған. Бұ жалғанда кімнің басына іс түспей, кімнің басынан бақ көшпей жүр. Алшаңдаған Алшыным, саған да айтарым осы. Сен де мұртыңды ысқыртып, іргеңе жақындаған көп момынға қоқаңдай берме! Олар момын болса, бүгін момын болып отыр. Кеше момын болған жоқ, ертең момын болмайды. Баяғыда Арғын мен Найманның басына түскен күн, бүгін кеп Тама мен Табынның, Жағалбайлы мен Тілеудің басына түсіп отырған күн бір кезде сенің де басыңда болған. Едіге тұқымы бір-бірімен қырқысып, ноғайлының басынан бақ тайып, Ысмайыл балалары Қазанды алған Қара Науанмен ауыз жаласып, Қази бастаған аз ауыл Қап тауына асып, Жүсіп билеушілерінің туысқаны Ысмайылдан ажал тауып, артындағы екі баласы ормандағы орыстың қанжығасына өңгеріліп кетіп, айдалада аңырап бассыз қалғандарыңда Сыр бойынан барған Ақназарға бұйдаларыңды жетектетіп жібермеп пе едіңдер. Содан бері бұрын Шағатай балалары билеп-төстеп қалған Үйсін, Қаңлы, Албан, Сыбан елімізді, жерімізді тастап ауып келген жаңа қонысымыздың түп иелері ғой деп Ұлы жүз атанып, оларға Сарыарқадан орыс балаларына еріп ауып кеп, қоңсы болып, қазақ деген жаңа қауымның негізін құраған Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат Орта жүз атанып, ол қосынға кейінірек келіп біріккен, бұрын Едіге балалары билеп қалған Әлім, Байұлы — екі Алшын Кіші жүз атанып, оты бірге жанып, түтіні бірге шалқыған бір жұрт болып едік қой. Қаратауға темірқазықтай байланып, ірге ажыратпай бірге көшіп, бірге жайлап жатыр ек қой. Енді міне, сол дәурендерді де ұмытып, қасымызға кейінірек көп жуыған өз қандастарымызды өзіміз танымай, мінезсіз жылқыдай тісімізді ала жүгіріп, өз шырқымызды өзіміз қашыратын қырсық шығардық. Айналайын Орта жүз баяғыда өзің тастап кеткен Есіл, Ертіс, Тобылда Керей, Уақ, Тарақтымен бірге жайлап, бірге көшпеп пе едің. Күні бүгінге дейін аузыңнан түспей дастан ғып жырлап келе жатқан Ер Көкше мен Ер Қосай Уақ емей кім еді? Айналайын Кіші жүз, баяғыда Ақназарға ілесіп ата қонысыңнан ауа көшкенде Жайық пен Жемді, Ойыл мен Қиылды Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Тілеу, Рамаданға қалдырмай кімге қалдырып ең? Қызыл шеке жырауларыңның жиын-тойда күні бүгінге дейін қызыл домбыраларын алдарына өңгеріп ап, таңды таңға ұрып қақсап келе жатқан «Қырымның қырық батырындағы» жетеуі жеті дастан Қарадөң балалары мен Нәрек ұлы Шора батырың бүгін, міне, өздерің тізе батырып, күн бермей отырған Таманың батырлары емес пе еді! Өз ағайындарыңды өздерің танымай сендерге не көрінген? Ел боламыз десек, бұдан былай өкше көтерісіп, төбе өлшесіп, білек салыстырмайық! Кім бұрын кеп дәм татса, пейіштің төрінен сол шығатын Сыр мен Шудың лай суы кәусардың бұлағы емес. Дәм кеше Жайықтан бұйырса, бүгін Сырдан бұйырып отыр, ертең, бәлкім, Ертістен бұйырар! Айдағаны жылқы, төсенгені тоқым көшпенді жұрттың ордасы қай суға орнамай, қай сайда құламай жатыр?! Орда іргемізге тігілді екен деп одыраңдай берсек, өзіміздей ағайынды ел қылмаймыз, жер қыламыз. Бүгін ағайынның кеудесін біз жықсақ, ертең біздің кеудемізді ол жығады! Өз кеудемізді шұқитын күшіген өзіміз болмайық. Бүтін көйлек пен булы қазанның желіне мастанып, өз жағамызды өзіміз жыртпалық! Бүгінгі бақ пен бүгінгі нәпақаның қашанғы созылатынын кім біліп жатыр?! Ағайын ертең де керек болар. Қазақ болып қалам десе, ең алдымен аталастың емес, ағайынның қабағына қарасын. Исі алаштың жақсысы соны ескеріп ақылын қосып, мынадай кесік айтады: бүгіннен бастап екі жүйе Алшын, үш жүйе, Қадырқожа мен Қыдырқожадан тараған алты ата Әлім, төрт ата Шөмен, он екі ата Бай ұлына Тама, Табын, Кердері, Керейіт, Рамадан, Тілеу, Жағалбайлы — жеті ру ноқта аға боп қосылады. Алты Арғын, үш Найман, бес таңбалы Қыпшақ, сегіз Қоңырат — төрт қазық Орта жүз, бүгіннен бастап сен жетеусің! Уақ, Керей, Тарақты бүгіннен бастап сенің ноқта ағаң! Ноқта інің емес, ноқта ағаң! Босағаң емес, төрің солардікі! Сирағың емес, басың солардікі! Қазақтың бұрынғы руларының момыны жәбір көрсе, жәбірлеуші бір дүре жесе, жеті ру, Уақ, Керей, Тарақтының момынын жәбірлеген екі дүре жейді. Өзіндейді кемсінгені үшін бір дүре, ел бірлігіне қол көтергені үшін екі дүре. Ел болам десең, соған көнесің! Ағайынның ақылы барының айтқаны сол! Пайғамбарымның киелі кітабының меңзегені сол! Осыған ата ғұрпымен Құран ұстап ант береміз!
Жер қайысқан ұлы жиын бұл кесікті жамырай қостады. Кеше ғана жеті ру, Уақ, Керей, Тарақтының көк ала жылқысын сайдан-сайға қуалап жүрген көп найза енді оларды көлденең көзден өздері қорғайтын болмақшы.
Елсіз таудың арасындағы әлгі бір келіссіз оқиға тап сол жиынға кетіп бара жатқан Кіші жүз тобына кезіккен-ді. Ертеңгі талқыда талай керауызға сағыз болғалы тұрған кесірдің орайын жұрт арасында сұр молда атанған, сөйлемейтін, күлмейтін сызқабақ Әбілқайыр өзі келтірді. Жұрт алдында немере інісін төре басымен топырақ қаптырып кеткенін ел елемей қалушы ма еді! Ұлы жиынға шартараптан жиылған қара нөпірдің аузындағы әңгіме тек сол болды.
Ауызы бір қызып алған жұрттың талайдың басын шалатын әдеті ғой. Сол жолы талай сұлтанның атағына тіл тиді. «Олар шетінен бұлғақбас, мына сұрша баладай емес, түйсіксіз», — десті жұрт. Осыдан бірер жыл бұрынғы жоңғармен қақтығыстағы Әбілқайырға байланысты және бір оқиға ел жадына қайта оралды. Кезінде кемді күн сөз болып, кейін атымен ұмытылған сол бір жәй ауызға қайта ілігіп, бұрынғыдан гөрі де аруақтырақ, ажарлырақ айтылды. Ол сонау Талас бойында болып еді. Маңдайларына біткен жердің ең шұрайлысын жамбасына басып жатып алған жоңғарларға қазақтардың қаны көптен қайнап жүретін. Хан әскер шығарып ұрыс ашпаса да, шет ұлыстағы аусар жігіттер оқтын-оқтын бас біріктіріп барып, ойраттардың шеткері отырған ауылдарын бөрі тигендей бөрліктіріп кетіп жүруші еді. Ондайда жауға кеткен жерді кері қайтарып ала алмаса да, ата дұшпанның ажалдыларының басын қырқып, аялыларын құл қып тізіп алдарына сап айдап, ажарлыларын күң қылып, ат көтіне мінгестіріп қайтқандарының өзін бір мәртебе көріп, қалғып бара жатқан кек қайта оянып, ұйып жатқан самарқау қан қайта тулап шыға келер еді. Сондай бір жорыққа Әбілқайырдың да еріп барып қайтқаны бар-ды. Ол кезде әлі жау түсіре қоймаған жасөспірім бозбала-тұғын.
Іле бойындағы жоңғарлардың біраздан бері іргесінен тықыр шықпай бейқам отырған шағы еді. Қапыда ұрынған қазақтарға, қапелімде, еш қайран қыла алмады. Таңғы ұйқыда тап берген жортуылшылар сәске болмай алдын малға, артын құл-құтанға толтырып, кері қайтып келе жатқанда да олардың жолын ешкім кескестемеді. Тек Таластың өткел берер бір тұсына енді жақындап келе бергенде қапталдағы қолаттан сау етіп жоңғардың шағын қолы шыға келгені. Қараларына қарап, оп-оңай жайратып тастаймыз ғой деп еді, жоңғарлар қаша соғысып күш бере қоймады. Оларды тастай салып, басқа өткел іздеп кетуге жер де, уақыт та тар. Жоңғардың жол торушы тобындағылар шетінен мерген бе, көкіректері аяқ қаптай боп келе жатқан қазақ қолындағы талай боздақ баудай ұшып жайрап қалды. Олжаға бөгіп, артынып-тартынып келе жатқан ауыр қол бұрынғы қарқынынан айрылып, шау тартып қалса керек. Тәсілқой шағын топ біресе ол жақтарынан, біресе бұл жақтарынан дүрсе қоя беріп, қатарларын көрер көзге сиретіп барады. Қашқақтай соғысқан шағын қолмен ит әуре боп жүргендерінде арт жақтарынан көкжиекті тұтастыра көмген қою шаң да көрінді. Қуғыншы ауыр қолдың жақындап қалғаны белгілі болды. Оны қаша соғысып жүрген дұшпандар да байқаса керек, жып беріп өзен бойына шегінді. Енді екі жақ та жанталаса соғысты. Жоңғарлардың да қатары селдірейін деді. Олар шегіне-шегіне өткелдің арғы жағындағы анадайдан аузы үңірейіп тұрған ұры кеуекке барып бас сауғалады. Үңгірдің аузына қолына қорам мылтық ұстаған бір еңгезердей қара мерген отырып алды. Оққа қарсы шапқан талай сабаз бостан-босқа жайрап қалды. Ауыр қол алдын су бір бөгеп, оқ екі бөгеп, ошарылып тұрып қалды. Арттағы шаң қоюлана түсті.
Сол екі ортада суға тұмсықтарын тіреп дағдарып тұрған қазақтар жағынан бір сылаң күрең атты шықты да, өткелге қарай беттеді. Сүліктей сұлу күрең сауырында күлің-күлің күн нұры ойнап, билей басады. Үстіндегі қанжардай қатқан сұп-сұр бозбала жігіт қаннен-қаперсіз. Қолына тіпті садағын да ұстамапты. Астындағы сұлу аттың сұлу жүрісінен басқада шаруасы жоқтай жайбарақат, өз-өзінен мәз-мәйрам боп келе жатқандай. Таң атқалы оқ жаудырып тұрған қорам мылтықтың да үні өшкен. Еңгезердей мерген өзі жорға, өзі сұлу сүлік күреңге қарап ауызы ашылып қатқан да қалған. «Шіркін, мынадай жылқыны тақымына басқан жігітте де арман бар ма екен!» — деп тұрғандай. Сұлу аттың ағын судың өзі жақ жиекке өткенін, атқан оғының мынандай қаса сұлу сәйгүлікті емес, үстіндегі мейманасы асқан жағасы жайлау жайбарақат жолаушыны ғана жазымдайтындай жерге жеткенін үнсіз тосып баққан. Жанықас жігіт асығар емес. Жұлындай боп жараған кердең күреңнің үстінде шалқая түсіп қаннен-қаперсіз отыр. Әне судан өтті. Судың арғы бетіндегілер: «Апыр-ай, енді не болар екен?» — дегендей аңтарылып қалыпты. Енді ештеңе де болмайды. Тек мынау кердең күрең жақындай түссін. Үстіндегі елде жоқ сәйгүлік мініп, айдарынан жел есіп, ақылынан қаралай айырылып келе жатқан маңқа қазаққа жаңғыз түйір оқ жалынсын. Оны күміс ердің үстінен күрс еткізіп жерге құлатып, топырақ асатып тастауға бұл әлі-ақ үлгереді. Жақындап та қалды-ау! Әлі де жақындай түссін! Мына күлің жон күрең арғы беттегі бір әумесердің қаңғырма оғына бұйырып кетпейтіндей жерге келсін... Әй, мына маңқа қазаң қайтеді-ай! Шалқайғанды қойып, өңмеңдеп еңкейіп алған ба, қайткен. Күреңнің де аяқ басысы жеделдепті. Жә, жетер... Ақкез қазақ өз обалың өзіңе... Қап, мына адыра қалғырға не болды... От алмағаны несі... Ау, мына су мұрын қазақтың киесі боп жүрмегей... Қап!..
Сол екі ортада күрең мінген қазақтың тақау кеп лақтырған селебесі қақ жүректен қадала кеткені. Еңгезердей мерген құлдилай домалап барып, сонау етектегі ақ ұлпа топырақты бір бұрқ еткізді. Жайбарақат келе жатқан жолаушыны қазір-ақ жер қаптырам деп тұрған астамшыл мерген өзен бойының сыз топырағын өзі қапты.
Сүлік күрең жануар жақпар жартастың бауырындағы қара үңгірдің үңірейген ауызына бір-ақ ытқыды. Сыртқа жүгіре шыққан жоңғарлар қақ төбелерінен тұрып ап оқ атқан күрең атты сұр мергеннің себелей жауған қу жебесіне жем болды.
Сонда қазақтар жұмған аузын ашпай тым-тырыс жүретін осы бір бала жігіттің мынандай жүрек жұтқан ерлігіне жағаларын ұстаған-ды. Енді болмағанда тасырлатып тас сабаған әупірім Таластың аңғарында түгел жайрап қала жаздаған қалың қол ел шетіне аман-есен жетіп алғасын, Бөкенбай мен Есет Әбілқайырды ортаға алып:
— Апырай, көрер көзге ажалдың ауызына қалай бардың? — деп сұраған-ды.
Әбілқайыр:
— Күлің күреңдей жануарға қыл жалаулы жоңғар мен қазақтың қызықпай қалуы мүмкін емес қой. Қарсы алдында ойқастай басып келе жатқан сәйгүлікке ауызының суы құрып тұрған сұқты көз мергеннің мылтығы суынғанша алдарқата тұрайын, суынғасын қорам мылтықтың пілтесі қапелімде қайтадан от ала қоймайтыны белгілі, ол екі ортада мен де бір амалын табармын деп ойладым, — деген.
Қалың қол мынаны естіп бастарын шайқасқан.
— Нағыз жүрек жұтқан екенсің! — деген Бөкенбай.
— Сабазың қалың ел түгел таңғалып жатқанда кірпігін де қаққан жоқ. Сазарып тұрып алды. Сұмдығына найза байламас қу болмаса қайтсін! — деген Есет.
— Аруағыңнан айналайын, қазақтан да Қалдаман туған екен ғой! — дескен былайғы тобыр.
Содан Әбілқайырдың көзсіз батырлығы мен құралайды көзден атқан мергендігі ел арасына жайылып жүре берген-ді. Енді міне, сол дақпыртқа ел арасы екі айырылып кете жаздап тұрған тұста өз бауырына өзі қол көтеріп, алауыз жұрттың ауызына құм құйған ақылдылығы жайындағы жаңа лақап қосылды.
Бұрын топ жарған үш бидің ауызы мен алтын тақтағы әз Тәукенің басындағы алтын тәжге қарап, құлақтарын кесіп алсаң да білмей, аңтарылып қалатын Күлтөбедегі жиын бұл жолы осы бір қаршадай бола тұрып, ішінде не жатқанын білдірмейтін жап-жас сұлтанның сұп-суық жүзіне де алақ-жұлақ қарап, сұқтанумен болған-ды.
Әбілқайыр ол қылығына онша мән бере қоймаған сыңай танытты. Күлтөбедегі жиыннан қайтып келе жатып, табын Бөкенбай қасына келіп: «Апырай, нағашы-ай, қате кетіп, жазым етіп алармын-ау деп сескенбедің бе?» — дегенде: «Қызылқұмның аузы-мұрнын жылқыға толтырған бай болғанмен, қайдағы бір бозбас балаға бола жеті мың жылқы құн төлетіп, Табындарды қаралай қара жұртқа отырғызғым келмеді ғой», — деп қалжыңға жеңдірген-ді.
Бөкенбай ана жолы Мамайға ыза болып қорамсағына шап бергені қате болғанына сонда барып назар аударған-ды. Шынында да, ашу үстінде төре тұқымының төлін зақымдап алар болса, қазаққа тағы да бір таусылмас далаба табылатын еді ғой! Абырой болғанда, қасында Әбілқайыр келе жатар ма! Соны ойлаған Бөкенбай Әбілқайырға әрі таңырқай, әрі сүйсіне көз тастады. Сұлтан онысын аңғарса да, аңғармаған бола салды. Бірақ үш жүздің тізгінін ұстаған үш жорға оның осы бір қылығын ескерусіз қалдырмапты.
Тәуке бастаған ел ұстарлар қазақ руларының арасындағы ірмек-тірмекті түгел жазып, күзді күнгі қатықтай ұйтқылы елге айналдырамыз деп қанша тырбынса да, енді-енді қордалана бастаған үш алаштың қара басын жоңғардың сұғанақ найзасы біресе ол пұшпағынан, біресе бұл пұшпағынан түрткілеп тыныш тұрғызбады. Мұндай жағдайда ел тізгінінің ауызы дуалы кәріден гөрі қолы қарулы жасқа лайық екені мықтап сезілетін еді. Бір кезде жеті жарғыны жасақтаған жеті жорға әз Тәукемен әрі кеңесіп, бері кеңесіп үш орданың жебелі жасағын көздерінің тірісінде жетелі деген жас нояндарға табыстауды мақұл деп тапты. Сонда бұрын Әйтекенің қолындағы Кіші жүз тізгіні бір ауыздан Әбілқайырға бұйырды. Ол енді күні кешеге дейін бірінің қолы бірінің жағасында келген Алшын мен жеті рудың басын біріктіріп, бір тұтамда ұстауға тиісті болды. Арғынның бірер руы мен алты шектіге Қайып бас болды. Арғын мен Қыпшақтың қалың жынысына Сәмеке мен Болат, Найманды Тұрсынханнан тараған Барақ пен Күшік бөліп биледі. Ұлы жүздің ұлы шеруі Иман хан, Рүстем хандар мен Әбілқайырдың әкесі Абдолла сұлтанның қолдарында қалды. Әрқайсысы бір-бір ұлыстың тізгінін ұстаған өңшең жас нояндарға аға хан болып Тәуке сайланды.
Бұрын оқта-текте ғана бой көрсетіп жүретін саяқ сұлтанға енді ел алдына күнде шығатын күн туды. Айда жылда ауызға ілігердей бір іс істеп жайыңа жүру бір бөлек екен де, күні-түні дүйім жұрттың көзінде жүрудің жөні бір бөлек екен. Бұрын айдаладан дақпыртыңды естіп, қаралай мәз болатын тілекші халық енді әр іс, әр сөзіңді көз жазбай бақылап отыратын сыншыға айналады екен. Көңілдерінен шыға алсаң жақсы... Ал, шыға алмасаң, тез тойынып, тез аритын жылқы мінезді жұртыңның сәл нәрседен көңілдеріне дік алып, тұмсықтарын шүйіріп, шегіншектеп шыға келуі ғажап емес. Ондайда ықлым заманнан тақ мінген әулетің болса бір сәрі, ал өлдім-талдым деп билікке қолың енді жетіп отырған шетқақпай тұқымның төлі болсаң, жаманның ауызы асқа тисе, мұрыны қанайдының кебін киесің.
Әбілқайыр жас кезінен намысшыл еді. Біреу-міреу қолымнан қағып тастай ма деп сұқақтап ортаға ұмтылмайтын. Шапағатын тигізер ме екен деп болған-толғандардың да қас-қабағын қарағыштай бермейтін. Жайбарақат жырақ жүргенді ұнататын. Әкесі Абдолладан бастап өзге Өсеке балаларының Жәдік тұқымының қайқытөстерін көрсе құрақ ұшып, құлдық ұратын төмен көкірек монтанылықтарына қаралай жыны келетін. Былайғы аға-інілері сияқты қолында билік бар болсын, жоқ болсын, әйтеуір, тегім төре еді ғой деп, жалпақ көптің алдында кеуде қағып кісімсінуді де ит етінен жек көретін. Жиын мен той іздеп бұтқа толмай, өзімен-өзі оңаша жүретіні, аңға шыққанда да нөкер мен ит-құс ертпейтіні сондықтан-ды. Одан бірақ опық жеген жері жоқ. Керек кезінде жұрт көзіне ызы-қиқы, қым-қуыт дүрбелеңдетіп бағатын өзге туыстары емес, төре басымен бетегеден биік, жусаннан аласа боп, тым-тырыс жүретін Әбілқайыр ілікті. Әуелі жұрт: «Тымсырайған осының өзі қандай неме?» — деп назар аударды. Артынан: «Қойдан қоңыр боп жүріп қарай көр өзін!» — деп түймедейін түйедей қып тамсанып бақты. Енді сол сүйсінген жұрттың көңілін суытып алмау ел тізгініне жаңа қолы жеткен жас сұлтанның тұрса ойынан, жатса түсінен шықпайтын болды. Тіміскі көңілі баяғыдағы Мәті айтқан бір ауыз сөз бен Әйтеке айтқан бір ауыз сөзден шырқ айналып шыға алмай қойды.
Тегіне теңдік тимеген адам ебімен ғана ел қатарына қосыла алады. Ел билеген ұлықтың ебі — жұрт алдындағы қылығы. Әбілқайыр үшін ел — өзі сияқты сұлтандар емес қалың қарашы. Өзінен гөрі жөргегі жібек, түбегі күміс алтын бесіктерден өрбіген өрелі тұқым бұл қанша елпектегенмен бәрібір көкірегінен қос аяқтап теуіп жолата қоймас. Одан қайта айдаса малы, атса оғы мол қалың қарашының қас-қабағын аңдығаны жөн. Төре басымен илігіп тұрған сұлтанды сыртқа итеретін қарашы, сірә, табылмайды. Ал, қазіргідей алмағайып заманда қарашының қайратына сүйенбесең, діттеген жеріңнен шыға алар, шыға алмасың екіталай. Әйтпесе, тақта туып, тақта кіндігі кесілген Жәдік тұқымынын ең жуан тамырынан өрбіген Тәукенің өзі қарадан шыққан қара таяқтардың алдында осынша құрақ ұшпаған болар еді. Құрақ ұшпай да қайтсін, мал да соларда, жан да соларда! Ал қалың қарашының арасындағы үркердей ғана қиғаш қабақ, қысық көз шүлдіреген төре тұқымда баяғыда әйгілі Шыңғысханның белінен тарапты-мыс дақпырттан басқа не қалды?!
Қарашыға ел де өзінікі, жер де өзінікі. Төрені мінгізіп төбеге шығаратын ақ өре киіз де өзінікі. Оны көкке көтеретін, жерге түсіретін самсаған сансыз білек те өзінікі. Ендеше, астындағы алтын тақтың сирағын кім көтеріп тұрғанына байқас болмасаң, күн астында күлім қағып тұрған алтын тәжіңнің күл арасынан бір-ақ шығуы ғажап емес. Әз Тәукенің отыз жыл бойына жұрт төбесінде қаққан қазықтай қадалып отырып алғанының негізгі сыры осыны қапысыз ұға алғанында. Оның қарашыға жүзі ғана жылы емес, қолы да жомарт-ты. Қарашыдан еті пысық біреу шықса, алдымен соның көзіне түсетін. Бір жігіттің маңдайынан сипаймын деп, бүкіл бір тайпа елдің ауызын алатынын хан жақсы білетін. Әйтпесе, алақандай төре тұқымын ғана жарылқағанына мәз болса, әлдеқашан сол «өзімсің, өзімсің» деп өңменін үзген өз қандастарының бір содырының қанды пышағынан жайрап қалған болар еді. Қазір қарашыға арқасын мықтап тіреп алған әз Тәукеге «арқар» ұрандыларының оңаша отырып кіжінетіндері көп те, ел алдына шығып сес көрсете алатындары жоқ. Өйткені, ол десе, жапырыла құлайтын жалпақ қарашының қалың көк найзасынан қорқады. Тәукенің сөзін пәтуалы қылып тұрған да, атағын айбынды қылып тұрған да — қарашының ықласы. Тәуке қарашыдан ықлас бұйыратын сәл жерді қағыс жібермейді.
Қарап отырса, Тәуке төңірегіндегілердің әуелден іргелісі тек Әйтеке. Басқалары бұрын ел арқасына тақымы ілікпеген қоқым төсеніп, қоға жастаған, көкіректеріне нан пісе қоймаған төменшік әулеттерден. Үш арыс алаштың төбе биі Төленің арғы тегі «жаныс көп пе, қамыс көп пе» дейтін қалың елдің батыр мен биді егізден балалатқан шүйделі аталары емес, Алатау мен Қаратаудың арасына сынадай сығылысып әзер күн көріп жүрген әлжуаз Қожамбердісі. Ормандай қалың Орта жүздің қарақұрым қолын басқарып отырған бүгінде сонау Ақжолдан бермен қарай тізгін бермей келе жатқан Мейрамсопының балалары емес, жеті момын тоқал арғыннан шыққан қанжығалы Бөгенбай мен Жанатай, шақшақ Жәнібек пен тарақты Байғозы, бәсентин Малайсары мен Сырымбет. Жылы жұмсақ пен жылтырақ көрсе, өлімін сататын іргелі тұқымдар оларға оңайшылықпен жол беріп жүр ғой дейсің бе? Жоқ. Оларды оздырып жүрген — тек қызыл тілдің ебі мен жуан білектің қайраты ғана емес, мынау ертең не болып кетері белгісіз екі талай заманнын дүмпуі. Жау бетіне, жел өтіне шығу төрге шығу емес. Сосын да қазір білік пен білек ата-тегіңнің аруағы мен даңқынан кем бағалы болмай тұр. Оның үстіне, талай таралғыдан аман қалған кәрі түлкідей қырқылжың Тәуке өз маңына әу бастан бағы аумаған ерке тұқымнан гөрі билік дәмін енді татқан соны әулетті көбірек жинаудың неге керек екенін жақсы білетін. Ежелден бергі ерке тұқым саған еркелігі өтпеген күні ту сыртыңнан пышақ ұрып, тулаққа аунатып кетуге тырысады, ал өз қолыңнан өрге сүйреп, өркенін өсірген тұқымың өле-өлгеніңше алдыңнан жел боп келмей ардақтап бағады.
Соған қарағанда көк найзалы Кіші жүздің көшінің басына Жәдік тұқымының өзге сұлтандары жетпегендей, не Абдолланың әкесі де ақ сүйек, шешесі де ақ сүйек нақ сүйер бәйбішесінен өрбіген өзге балалары жетпегендей қайдағы бір қара шатыс, тоқалдан туған томар бас мұны шығарып жүргендері де тегін болмас. Мұның білегі мен білігінен ғана дәметіп қоймай, ертең ереуілдеп шыға келер күн туса, қарақұрым қарашының алдындағы өтімділігінен дәмететін шығар.
Ендеше, оның қанша құйсаң да, аз көрінер қызыл құмның құзғын шағылындай кенезесі кеуіп қалған өз тұқымынан емес, сәл бүркісініңе қалқып қарқ боп шыға келетін тау бөктерінің қатқылындай қанағатшыл қарашының көңілін аулағаны дұрыс секілді.
Қазақ қазақ атанғалы найзалының малдыға жалынған күні кем де кем, малдының найзалыға жалынбаған күні кем де кем. Ал, қазір найзалының малды, малдының найзалы болып алған заманы. Малын қорғайтын найзалы елін де қорғайды. Өйткені, малдың ауызына қарайтын найзалының елі — қойының өрісі мен жылқысының тебіні. Малы жанына садаға, жаны малына садаға жұртты жауға алдыратын да, жауға аттандыратын да мал. Олай болса, елдің түндігі найзамен ашылып, найзамен жабылып тұрған мынадай заманда бұл ең алдымен малдының көнілін аулауы керек. Малдының көңілінен шықса, найзалының да көңілінен шыққаны. Найзалының көңілінен шықса, сырттағы дұшпанның тауын шағады, іштегі дұшпанның сағын сындырады.
Әбілқайырға қолына мынау екі талай кезде түскен билікті бекемдей түсудің жалғыз жолы — ел тынышын кетіріп отырған жоңғарларға қарсы қайрат көрсетер тұста көзге ілініп бағу. Өйтейін десе, қазақтың жүйкесінде ойнаған ата дұшпан ат басын ол билейтін батыс ұлыстарға емес, ол билемейтін шығыс ұлыстарға тіреп тұр. Күн шығыс жақ іргеге ат байлап жатып алған жауға күн батыс бет іргенің ұлыс бегі өз бетімен тиісе алмайды. Ондай құқ үш орданың аға ханының қолында. Аға ханға қолына тізгін тиер-тиместе «жауға шабайық» деп бара алмайды. Ондайды бұдан бұрын да тізгін ұстап келе жатқандар айта алады, не қалың қарашының бетке шығар ауызы дуалылары айта алады. Ал, ондай ауыз құдыреттерге тоқтасаң, айтатындары белгілі... Көшпендінің алдында ылғи екі ұдай жол жатады. Біреуі — жерді қорғау, біреуі — елді қорғау. Жерді қорғаудың жолы — қасық қаның қалғанша айқасып, басқыншыны басқа ұрып қуып шығу. Елді қорғаудың бір жолы — бастан құлақ садаға деп, бауыр басқан жерді өңмеңдеген қызыл көз жауға-ақ қалдырып, қатын-балаң мен қара шаңырағыңды түйеге таңып ап, азғантай дәулетіңді алдыңа салып ап безе жөнелу, сол бетіңмен бос жатқан жерге, не өзіңнен гөрі әлсіздеу біреудің мекеніне қоныс аударып алу. Жерді қорғаймын деп желпініп шығайын десең, қыл жалаулы жоңғардың дәл қазір саған дес бере қоятын түрі көрінбейді. Жоңғарды жеңсең -ар жағында құмырысқадай құжынаған қытай тағы тұр. Онан да не ұсынған басты балта кеспес деп, үйреніскен жау атыспаққа жақсы деп, ақыр түбі бір есеп деп, қаптағайлап тиген қалың жоңғарға ың-шыңсыз мойын ұсына салған, не мынау ата-қонысты түгел тастап, баяғыда бабаларымыз талай барып-қайтқан Қап тауының терістігінде әлі күнге құлазып бос жатқан ұшан далаларға асып алған, не жекелеп тиіссе, қай-қайсысы да қазақтың үш арысының үшеуіне де жеңістік бермейтін, ал үш арыс тізе біріктіріп қайрат қылса, қай-қайсысы да жолдарында тұра алмайтын Оралдағы башқұрт пен Еділдегі торғауыттың «сен де жазық жоқ, мен де азық жоқ» деп жерін тартып алғанының өзі дұрыс секілді. Қазаққа осы үшеуінен басқа барар жер, басар тау бәрібір қалмағанға ұқсайды.
Әлгілерді тыңдап отырғанда бұл әңгіме Әбілқайырдың да құлағына кіргендей болады. Бірақ, былайырақ ұзап шығуы-ақ мұң, көңілі бәрібір алабұртып шыға келеді. «Осы қазақ төңірегінен құқайды көре-көре әбден қоян жүрек боп алғаннан сау ма!» Батысында Еділ мен Жем арасының қатқылын жайлап, құмағын қыстап торғауыт жатыр. Сәл жолап кетсең, жонын ақ патшаның әскеріне тіреп күйдіріп шыға келеді. Терістігінде нулы жердің балдырғанын тапап, сулы жердің тұнығын кешіп башқұрт тұр. Ол да анадайдан төбең көрінгеннен-ақ қамшысын үйіріп айқайлап бағады. Күнгейдің бұйрат-бұйрат құмына тығылып Хиуа мен Бұхара жатыр. Жел жағынан шығып, бірдеңеден жазып қалсаң, қалашыңды базарына кіргізбей, қатын-балаңды жалаңбұт қалдырады. Су ағатын сай-саланың бәріне тор жайып шаңқылдап казак орыстың тұрысы анау. Шығыста қара бурадай шабынып қалың жоңғардың тұрысы мынау. Бәрінің ортасында өз қонысында өзі сүтке тиген күшіктей боп қазақ жүр. Жалынып барса, қай-қайсысы да: «Жалба тымақты қазақ, жөніңе ойна!» — деп кергиді. Шабынып барсаң: «Бұралқы иттей жортатын да жүретін бұзық қазақ, пәлен жерде керуенімді тонадың, түген жерде егісіме түстің, былтыр айдарлымды айдап кеттің, биыл тұлымдымды зорлап кеттің!» — деп сәл нәрседен ілік шығарып, құдайдың жоқ байбаламын салып, ертеңіне емініп жетіп келіп іргеңді сабап, өрісіңді тонап кетеді. Жауға кеткен қыл құйрықты мен қыл бұрымдыны қайтарып алам деп жауыр атқа жайдақ мініп еркек кіндіктің-ақ қоңы ойылып бітті.
Әбілқайырдың өз көкірегіне салса, жан-жағыңнан түртіп қашқан көп тентектің соңынан тыртаңдап қуа жөнелгеніңнен пәтуа жоқ, бәрібір қуып жетіп ұстай алмайсың. Қуып жетіп ұстағанмен өшің бәрібір қайтпайды. Екі ортада шөре-шөре боп өзің мазаққа қаласың. Онан да тәуекелге мін, ең қорлығы өтіңкіреген біреуін ұстап ал, қапыңнан шыққанша қызылшеке боп төбелес. Жаның шығып кетсе де, жағасын жыртпай тоқтама! Сонда қалғандары да аяқтарын алыстан басатын болады. Кез келген ойын баласы білетін осы ақиқатты қазақтың ауызымен орақ орған ақылгөйлерінің қайтіп білмейтініне қайран қалады. Олар не туралы айтсаң да, үш арыс алаштың ауызының ала екенін айтып зарлай жөнеледі. «Ойбай, бізге өйту қайда, бүйту қайда, ондай істейік десек, пәленше өрге тартады, түгенше ойға тартады», — деп байбалам салып, ат-тондарын ала қашып шыға келеді. Ақылдымын дегендері: «Әуелі елдің ауызын біріктіріп алайық, қалғанын сосын көре жатармыз», — деп кергиді. Елдің ауызын сөз емес іс біріктіретіні қаперлеріне кіріп шықпайды. Бұған әлгіндей ел жұмылып атқаратындай өрелі іске бастайтын өрелі азамат табылса, еретұғын жұрт табылатындай көрінеді де тұрады. Біреудің сәлдей жақсы қылығын шартарапқа шапқылай жайып, ауыздарының суы құрып, аңызға айналдырып әкететін елгезек халық шамасы, ерен істер тындыратын ерлерді аңсайтын сияқты. Қу далада құйын қуып кете жаздап зорға шыдап, іші пысып отыратын елегізбе қазақтың еретіндей кісі табылып жатса, ермей қалуы тіпті де мүмкін емес секілді. Рас, қазақты әуелі, ең болмаса, тамақсаулығыңмен таңғалтып алмай тұрып, бір нәрсеге иліктіре, иландыра қоюың қиын-ақ, ал енді айтқаныңа бір еліктіріп алдың екен, ертіп апарып орға құлатып, жұлын омыртқасын үзіп кетсең де, саған аузын ашып, көзін жұмып тамсанғанынан таймайды. Жұртпен қызыл кеңірдек боп таласып, сені әбден марапаттап бітеді. Қазақтың қазіргі күпілдеп сөйлеп күпсіп жүрген көп жақсысы бір кезде сөйтіп жылт еткен бірдеңесімен ел назарына ілігіп, кейін ештеңе тындырмай-ақ абырой-атаққа оңай ие болып жүргендер. Әбілқайырға ондайлар құйрықтарын зорға көтеріп жүрген семіз кепелердің енелерін көрсе сұғанақтығы ұстап, әлдеқашан көк шандыр боп тұралап қалуға айналған көтерем бейшаралардың бауырларына бастарын сұғып түйгіштеп бағатындарындай сорақы көрінеді де тұрады.
Ол ел алдына шығар болса, тіпті де өйтпес еді. Бірақ, ондай дәурен қайда! Тәж астында жаратылып, тақ үстінде жарыққа келген Жәдік әулетінің кер ауыз кергімелері тұрғанда бұған жол қайдан тисін! Қолдарынан келсін-келмесін тізгін солардікі ғой. Бұларға «барып кел, шауып кел» болмаса, пәтуалы не тиюші еді...
«Кім біліпті, тимесе, енді тиер» — деп дәметеді кейуақ. Заман аңғары тарылып, жандары қысыла бастағанда қазаққа біткен қыл жалаудың бәрі күні кеше төрге ұмтылып, жамбас жілікке жармаспай, төмен отырып сарқыт жеп, сирақ мүжитін салпы етек ауылдардың найза ұстарларына бұйырып жатқан жоқ па! Жәдік тұқымы да мынау алдарына апарған жайпама табақты жапырта малшылап, өздері әбден көресінен шыға тойып алғасын шеңгелдерін лықа толтырып, жұрттың езуін керіп, жағын жыртып, жағалай сарқыт асатудан гөрі ішіне тобық не асық салып жіберіп, асыға қарпып, жұтына алмай қиқылдап жатқан тамақсауларға қарқылдап күліп мәз болудан гөрі қиынырақ іс шығып тұрған тұста, білектері көтере алмас шоқпарды белімізге қыстырамыз деп әуреге түсіп қайтеді, берер... Беріп те жатқан жоқ па!
Ел алдындағы елеусіздеу екі қылығы үшін қазақтың ауызындағы сөз серкесін өзі қағып алып сөйлеген семсер тілді қаржас Бұқар айтқандай «білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын Кіші жүздің» тізгінін өз қолынан әкеп ұстатты емес пе! Кім біліпті күндердің күнінде...
Ондайда Әбілқайырдың көз алдына көкпен таласқан көк күмбез келеді. Күнге шағылысып күлің-күлің еткен көк күмбездің алдында жыртылып-айырылып тұрған жер қайысқан қалың қазақ келеді. Олардың қолында ұзындығы алпыс құлаш, ені қырық құлаш айлапат ақ өре киіз бар екен дейді. Ақ киіздің үстінде қақпақыл боп өзі жүр екен дейді. Қауқылдасқан қарақұрым жұрт көтере серіпкенде бұл зымырай көк күмбезден де биіктеп кетеді екен дейді... Басына бақ қонған кісінің көңіліне құс жете алады дейсің бе... Ақ киізге көтеріліп хан сайланған адамның көңілі де шалқып жатқан шатыра аспанды шатырлата сындырып әрі асып кететіндей болатын шығар...
Түбіт иек бала сұлтан қайдағы-жайдағының бәрін сары майдан қыл суырғандай жүйелеп ойлап келе жатқан сара көңіліне кенеттен киліккен әлгі бір әдемі елеске арбалып мүдіріп қалады. Отырып-отырып барып бір күрсінеді. Күрсінгені — ондай дәурен маған қайдан келсін деп күдерін үзгені ме, жоқ сол бір арманына дәл осы қазір жеткісі келіп асыққаны ма — ол арасы белгісіз. Әйтеуір ойланғанда одан сайын қан-сөлінен айырылып қоя беретін қара сұр жүзі қабарытып, екі шықшыты ойнап шыға келеді. Екі көзі шоқтай жанады. Бірдеңеге мықтап ерегіскені, бірдеңеге мықтап бел буғаны көрініп тұрады.
Жаман айтпай жақсы жоқ... Қазақтың басына күн туса, әз Тәуке асарын асап, жасарын жасап қартайып отыр. Төңірегінде төрелерінің ішінде жау бетке мен шығам деп жағаласа кететіндері шамалы. Кәрі ханның өз белінен өрбіген екеудің бірі тіршілікте жоқ. Екіншісі Бозымбай Болат... Ол да бір жүк астына өсетін ақ шөптей әлжуаз неме. Оның үстіне пәлен жыл жоңғардың тұтқынында болды. Дамасының ордасында жүріпті деп еді. Соның қияпаты тиген бе, әйтеуір өз-өзінен үгіліп бара жатқан ылжырақ бірдеңе. Оның не бір ширақ қимылдап жүргенін, не елдің есінде қалатындай орнықты сөз айтқанын ешкім көрген де, естіген де емес... Күлтөбедегі жылдағы жиынның тұсында көлеңкедей шұбалаңдаған біреу ханға еріп келеді, ханға еріп кетеді. Ел тізгіні түгілі өз тізгінін дұрыс алып жүрсе де, Қорасанға қой айтқандайсың. Орта жүзге хан болып отырған Қайыптың да жасы жер ортадан ауып барады. Ағасының үлкейіп келе жатқанын, інісінің боз өкпелігін аңғара ма, кейінгі кезде аяқ астынан ширақтық бітіп, күйек сақалын көсей төсеп бұрын сөйлеуге, көстеңдеп бұрын жүріп, бұрын отыруға ұмтылатынды шығарыпты. Бірақ, қырқында жау түсірмеген неме алпысында аламан бастап кімді қырар дейсің. Ал, Орта жүз төрелерінің одан кейінгі естияры Апақ ұлы Сәмекенің алдына ағасы жол байлау болды. Күпсіп сөйлегенінен қаралай тыжырынтып бітетін қызыл көз Барақ пен оның әйтеуір ерқара немере інісі Күшікті Жәдік тұқымы төрге өздері де отырғыза қоймас. Сонда...
Сонда қазақтың бас ноқтасы өзіне жақындап келе жатқандай көріне ме, Әбілқайырдың алақаны қышып, тақымы қыз-қыз қайнап қоя береді. Бозбала сұлтан ажарлы қыз көргенде де тап бүйтіп қутыңдамас. Екі көзінің жылты оянып, екі бетінің ұшы албырап, нұрланып сала береді. Тек басқа сұлтандардай сұлу қызы көп ауылдардың іргесін бағып, аң көп таудың жүлгесін бағып дырдулатып жүріп алмаса болғаны. Қимылдап қалар тұсы осы тұс!
Жоңғар оңай жау емес, қазақтың сексен мың әскерін қаудыраған кәріге, не бос белбеу бозымбайға бастатып көсегенің көгермейтіні сөзсіз. Оған қылшылдаған қырғи жүрек жас керек. Қазақ қолдарының бәрінің де басшылары жаңарды. Енді олар өздерін майданға бастар жаубасар сұлтанды да өздері таңдайтын шығар. Талайды көрген тарлан боз Тәуке мынандай қилы кезеңде сұлтандардан гөрі қолбасыларға көбірек құлақ асар ыңғай танытты. Сонда олардың ауызына, шіркін, бұның аты түссе ғой...
Ендеше, «алма, піс, аузыма түс» деп қысыр қиялға беріліп жатып алмай, бір амалын қарастырған жөн. Сонда әлгі әңгімені қай дуалы ауызға айтқызғаны дұрыс болар еді? Өзі Кіші жүзді билеп отырып, Алшындардың батырларына айтқызып абырой таба алмасы белгілі. Қосатын қолының қарасы мол Орта жүздің батырлары өз ауылында толып жүрген көп сұлтанның бірін көрмей, айдаладағы бұның атын ауыздарына тіріде алсын ба! Сонда мұның атын алқалы жиында айқайлап айтар бір игі жақсының табылмағаны ма?
Бала сұлтан манадан бері сумаңдап желе жортып келе жатқан көшпелі ойынан жаңылып дағдарып қалады. Әлгінде ғана бетіне ойнап шыға келген қызыл рең аяқ астында семіп, қайтадан үйреншікті сұп-сұр кейпіне түседі. Қабағын шытынып сазарып отырып қалады. Баяғыдан бері ырысы мол, ауызы дуалы, дауысы жуан бір майтымақтың қабағын алып қоймағанына өкінеді. Бірақ, дуалы ауыз, игі жақсы дегеннің өзі де аударма-төңкерме заманның өзімен бірге аударылып-төңкеріліп жатқан құбылмалы нәрсе емес пе! Ендеше, бұған жылы қарап, жымия күлетіндердің арасында сондай берекелі ауыз біреу неғып жоқ. Неге болмасын... бар... Он сегіз арыс Алшынды былай қойғанда, күні кеше ноқта аға боп қосылған Жеті рудың өзінде қанша шора, қанша жақсы бар! Басқаны былай қойғанда, Жиембет Бөкенбайдың өзі неге тұрады! Қазір қазақтың бар назарын бір өзіне аударып отырған сол емес пе! Қарақұмдағы қаптап жүрген қыл құйрық кімдікі. Бөкенбай мен Есеттікі. Қара құрым қыл құйрықты қуалап қаптап жүрген көп қара таяқ кімдікі? Бөкенбай мен Есеттікі. Өзге қазақ руларынан қысастықты көп көрген кім? Бөкенбай мен Есет. Соның бәрін жеңіп шығып, ел алдында абырой-атаққа ие болған кім? Бөкенбай мен Есет. Оларға мал жағынан тек Садырдың Жомарты мен Матайдың Бәртесі, Кетенің Балпашы ғана жуықтай алар. Бірақ, соңына ерткен жан-жағынан Бөкенбай мен Есетке олар да маңайлай алмас. Күні кеше ғана екеуінің алдында қатарымызға қостық, бұрынғы көзтүрткіге бұдан былай жол бермейміз деп құран ұстап анттасқан үш арыстың игі жақсылары олардың сөзін бүгін кеп жерге тастай қояр дейсің бе? Ендеше қазір ең сөзі өтімді қазақ сол Бөкенбай! Көрші-қолаңнан қысастықты көп көріп, жұмылған жұдырықтай тас түйін қол да соның соңында. Төңіректеген жаумен де ең көп ұстасқан сол. Ендеше мынау «апырай, қайтып кетер екенбіз» деген екі ұдай күндерде «Жоңғарға қарсы шығайық, қол жиып, күш біріктірейік!» — әңгімені тек соған айтқызған жөн. Ертеңгі жиында айтқаны қабыл болса, өзі бастаған шаруаны іс қылып шығару да соған тапсырылады ғой. Сонда қазақтың қалың қолын жауға бастар сардар сұлтанды да сол таңдамай, кім таңдар дейсің...
Әбілқайыр мына ойына қуанып кетті. Көз алдына атан түйедей алп-алп басқан шойқара кісі келді. Оның құлайтын жардай түксиіп қабарытып тұратын шара табақ жүзі келді. Сампылдап көп сөйлей бермейтін, сөйлесе шегелеп сөйлейтін саңқылдаған жуан дауысы келді. Сол бір жуан дауыстың бүкіл қазақ даласын дірілдетердей боп, бұның атын атап гүж ете қалғаны құлағына шалынғандай. Шіркін, сонда: «Иә, дұрыс айтасың!» — деп саңқ ете қалар және бір дауыс болар ма еді! Ол дауыстың иесі Кіші жүз емес, не Ұлы жүз, не Орта жүз болғаны қандай ғанибет! Ол да жұлдызы енді жанып келе жатқан жас перінің дауысы болса, тіптен қатып кетер еді-ау!
Жас сұлтанның лыпыған жүрдек жорғадай татаусыз көңілі тағы да кібіртіктейді. Бірақ, көп ұзамай көзіне қайтадан жылт ойнады. Езуіне күлкі жүгіріп, өзінен өзі жымиып қояды. Есіне жуық арада болған бір оқиға оралады. Тіп-тік шашының арасынан тарыдай шашырап жатқан моншақ терді қамшысының сабымен сілкіп тастап, жүрелей отырып ап сампылдап әңгіме соққан Мырзатай көз алдына елестеп кетті. Ауыл мен базар, ұлыс пен ұлыс арасындағы сапарда көп жүретін Мырзатай әңгімешіл адам еді. Бір жаққа барып келгенде әуелі не тындырып келгенін айтпай, не естіп, не көріп келгенін айтатын.
Құлақ елеңдетер бірдеңе естіп келсе, хан орданың маңында ертелі-кеш толып жүретін көп қызметшілерге анадайдан ақырып-жекіріп, жолын кескестеп сұқақтаған тазыларды қамшымен бір сықпыртып, төлеңгіттерді де тұқым-тұяғымен түгел сыбап, табалдырықтан бұтқа толып зорға аттар-ды. Ондайда сырттан қыңсылаған ит дыбысы шығысымен-ақ төрде отырған Әбілқайырдың бойы жазылып, арқасы кеңіп қоя берер-ді.
— Ә, қара тентек келдің бе? — деп оң жағынан орын ығысар-ды.
Мырзатай талтаңдай басып төрге озар-ды. Апасынан қымыз сұрар-ды. Ал енді ештеңе көрмей, естімей, айта қаларлықтай хабары болмай оралса, онысы да бірден белгілі. Онда құл-құтанның да, төлеңгіттердің де құлағы тыныш болады. Иттердің де жон арқасында қамшы ойнамайды. Табалдырықтан томсырайып аттап, бір керегеден жоғары төрге озбайды. Алты қап алтын арқалап келсе де ауыз толтырып айтар көлденең хабары болмаған соң, отырмай жатып қымыз сұрамайды. Қашан қай тапсырмасын қалай орындап шыққанын тәптіштеп баяндап болғасын, өз үйіне кетерде барып ағарған сұрайды. Ондайда төрдегі Әбілқайыр да құрыстап отырады. Күңкілдеп бірдеңе сұраған болады. Оған Мырзатай үні мұрнының астынан ұзамай, бірдеме деп жауап берген болатын. Жездесі мен балдызының бар мәжілісі сонымен бітеді.
Ал, сол бір жолы Мырзатай базардан онша олжалы оралмаса да, анадайдан айқайлай келді. Төлеңгіт Бәйбектің жеті атасы мен әлі қаралары да жоқ қыз-қатыны адыраңдаған адай батырынан киер киепесін әп-сәтте-ақ киіп шықты. Әбілқайырдың түлкі аулауға ертетін қаншық тазысы да көптен бері төбеттерде кетіп жүрген есесін ханның қақшаңдаған қара шұнақ балдызынан қайтарды. Табалдырықтан тарс-тұрс аттап, етігін қонышынан басып түрегеліп тұрып шешіп, дүрс еткізіп оң жаққа тастай салады. Жұқа мәсімен көстеңдей басып хан қасына озды. Басындағы далбайын сыпырып ап, тікірейіп тұрған тікен шашын қамшының сабымен тыр-тыр қасып:
— Аманшылық па? — деп дүңк етті.
Жездесі езу тартты. Апасы ернін тістеді. Демек, шаруа түгел деген сөз. Бопайдың-ақ осыған сылаңдаған сыпайы төре бола қоймадың деп, өкпесі қара қазандай. Бірдеңе десе, ернін тістелеп, қаралай шаршап бітеді. Туысында жоқ төрелік хан — сұлтанның сарқытын мың жерден жалап-сұқтағаныңмен жұға қоя ма! Жездесіне қайта осы арсы-күрсі мінезі ұнаңқырайтын сияқты.
— Момын жігіт, сөйлей отыр, — дейді Әбілқайыр оң қолымен балдызының тізесін басып.
— Апа, қымыз әкелші. Салған жерден сайрай жөнелетін сендер құсап салқын көлеңкеде саба иіскеп отыр дейсің бе? Құдайдың күні күйіп кетті ғой, тілім таңдайыма жабысып қалды.
— Әй, Мырзатайға қымыз әкеліңдер.
Шара табақ мәймеңдей толып қымыз келді. Мырзатай шөлдеп келген кісі секілді емес, тойып келген кісіге ұқсап, сораптап, дәмін алып, асықпай сімірді. Басын шайқап, көзін жұмып қышырқанып қояды. Сосын қияқ мұртын қолының сыртымен бір сүйкеп, шараны қайтарды. Жездесіне қырындай қарап, қалтасынан шақшасын алып, жайғасып отырды.
— Міне, бүгін алтыншы күн ат үстінен түскем жоқ, — деп бастады сөзін Мырзатай. — Бүгін түнде түзге түнедім. Алдыңғы күні Кеңгір бойында Арғындардың жылқы қосы отыр екен. Соған қонып шықтым. Бет-аузының бәрін қорасан қазып кеткен, онысы аз дегендей, бір жақ езуінің ай тыртығы бар бір құжбан қара жылқышысы бар екен. Бала кезінде тай жуасытып жүріп, ауызын тептіріп алыпты. Жалғыз езуі жалпылдап таң атқанша талай жердің хикаясын сапырды. Егер екі езуі түгел болғанда қаз дауысты Қазыбегіңе жол тимей, Өтеш Атанша мен Әнеттен қалған Арғынның қамшысын өзі ұстайтын түрі көрінді. Сабазың, сөз дегенде, сәуірдің ақ нөсеріндей селдетіп қоя береді. Арғын атамның балаларының қай-қайсысы да өңешінен жарылып, өздері сайрап тұрады ғой. Ал мынауыңа басқа түгілі Арғындардың өздері де ауыздарын ашып, көздерін жұматын шығар. Оның үстіне айдаладағы көрқұлақ жылқышы болса, оған құдай айдап бейсаубат жолаушы тап келсе, ол және өзі құсап суырылған Арғын боп шықпай, не сырдесте Орта жүздің біреуі боп шықпай, бір жақтағы көлденең көк атты Кіші жүз боп шықса, сөйлемек түгілі сұрағаныңа жөнді жауап бермейтін бітеу біреу боп, бар әңгіме, бар көп өзінде қалса, ол ақтарылмағанда мен ақтарылам ба? Жөн сұрасқанда мерекесі енді шалқып келе жатқан жеті момынның бірі екенін біліп ап, онсызда лапылдай жөнелгелі тұрған оттың астын көсеп: «Ә, анау өскен-өнген ауылдан екенсің ғой», — деп қойып ем, күжбан қараң көсілді-ай дейсің кеп...
Әлгі бет-аузын қорасан талаған жылқышыға қанша күлсе де, Мырзатайдың өзі де сөзуар неме-тұғын. Әңгімесі қыза келе кезі шоқша жайнап, қияқ мұрты тікірейіп ауаны тырнап, итініп қойып, сілтеп бергенде таусылмас та сарқылмас сөз дариясына күмп беріп жоғалатынсың. Бірақ, сүйтіп жүріп жұрттың сөзінің ұтырын аңдығыш, көмекейіндегісін көргіш, ең бір елеусіз, әншейін ажалы жетіп айтыла қалған әңгімеге де шұқшия үңіліп, мән бере қойғыш. Әбілқайыр оның әңгімесін сосын да құмартып тыңдайды. Міне, бүгін де ол бұның көкейіндегі бір дүдамалдық төбесінен түсіп отыр.
Жырық езу жылқышының әңгімесін өз әңгімесіндей екіленіп айтып отыр.
— Шақшақтан Бақай, Көшей, Дүзей, Есназар, Ақназар, Тоғай — алтау туғанда әлгі сөзуар жылқышы соның Дүзейінен боп шықты. Бірақ, айтып отырған әңгімесі өзінің Дүзейі емес, Көшей тұқымы жайында. Алты шашақты ең еті пысығы Дүзей болғанда, ең үйден шықпас момыны Көшей көрінеді. Алайда, Шақшақтың найзасы өз тұсында ылғи жел өтінде жүрген Дүзей тұқымына бұйырмай, үйдің ығынан ұзамаған Көшейдің әулетіне бұйырыпты. Оның себебі бар екен. Бар гәп Көшейдің қыздай алған бәйбішесінде деседі. Ол өзі ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, кіріп келген үй қараңғы болса, жарқырап жүре беретін, жарық болса, көзіңді қарықтырып қаратпайтын асқан сұлу адам болыпты. Оның көркі жайындағы лақап сол заманда қазақтың үйінің сыртына кәрі үлектей күркілдеп көп сүйкенетін жоңғардың бір ұрыншақ ханының да құлағына шалынады. Сол сығыр жарақты батыр Дүзейдің ауылынан ұзап шыққанын күтіп, төбе айналып төңіректеп жүреді екен. Бір күні Дүзей бір жаққа жолаушылап кете қалады. Бес қаруы белінен түспейтін Дүзей бел асысымен-ақ қыл жалаулы жоңғар қыр астынан шыға кеп, бейқам қазақ ауылына тап береді. Дүзейдің Шақшақ ауылы да бір, шақшақайдың ұясы да бір екен. Құныққан жау қалағанын алып тайып тұрады. Үйден шықпайтын үйкүшік Көшей айдай қатыннан тал түсте айырылып, күлге шөгіп отырып қалады. Араға бірер күн түскесін жолаушылап кеткен Дүзей ауылға оралады. Ауылында — еңіреп қалған ел, жерге қарап қалған аға. Аттан түспестен жаудың соңынан салады. Үш-төрт күн бұрын кеткен жау артымыздан Дүзей қуып келеді деп күтіп отырсын ба, әлдеқашан ұлысына жетіп апты. Шапанын шешіп, шидем жамылып, Дүзей де бір пақырына бола салады. Ел арасынан ертеректе бір танысқан досын тауып алады. Оған: «Жеңгеммен тілдестір», — деп жалынады. Әлгі жоңғар ретін тауып Дүзейді жеңгесімен жолықтырады. Сөйтсе, жеңгесі: «Қиғаш қабақ жоңғардың төсегіне аунап тұрған қатынның қайтып оралғанынан жамалған кек қалыңдай түспесе, арылмайды. Кегіміз қайтсын десеңдер, ағаңа жоңғар ханының әлі жамбасы жер иіскемеген бүлдіршін қызын алып барып бер. Ол үшін ертең кешқұрым алма бағында тосып жат, ханның үш қызы алма теруге серуенге барады», — депті. Дүзей ертеңіне жоңғар досынан бір айғыр, бір бие жетелеп алма бағына барыпты. Биесін талға байлап, айғырының шылбырынан өзі ұстап, бұқпақтап тосып жатыпты. Зауал ауа ханның үш қызы алма теруге келіпті. Үшеуі де уыздай жас, бірінен бірі өткен сұлу екен. Қапелімде, қайсысының кіші екенін аңғару да оңай болмапты. Сонда Дүзей бір тәуекелге бел байлапты. «Қазір мынау айғырдың басын босатып жіберейін. Ол барып анау биені жағалар. Қазақ пен жоңғар да айғыр мен биенің төжікесіне назар аудармайтын адам аз. Оның ішінде, он төрт пен он сегіздің арасындағы тіршілік қызығының бір дәмін білсе де, бір дәмін білмейтін қыз баланың назар аудара қоймауы мүмкін емес. Егер жамбасы жер иіскесе, «мыналар қайтеді-ай» деп өтірік ұялғансып, сырт айналып, жан-жағына бір көз тастап ап, қайта қарайды, ал он екіде бір гүлі ашылмаған уыз жас болса не мынау тұрпайы көрініске бұлқан-талқан боп ашуланады, не ауызын ашып таң-тамаша боп қарап қалады», — деп ойлайды. Айтқанындай-ақ, үш қыздың екеуі айғырдың азынаған дауысы шыққанда-ақ, беттерін басып, теріс айналып кетеді де, үшіншісі ашуланып, топырақ шашып, айқайлап, шәт-шәлекейі шығады. Тасадан қарап тұрған Дүзей жолбарыстай атылып, тентек қызды бауырына басып атқа қонады.
Көшейден жоңғар ханының сол тентек қызы Аю, Қарабас, Қошқар деген үш ұл туыпты. Үшеуіне жүкті болғанда да бір күні түнде тып қойып еліне қашыпты. Үшеуінде де қайнысы Дүзей соңынан қуып барып, орта жолдан қайтарып әкеліпті. Алғашында келіншек: «Мен бұл баламның тұсында аюдың етіне талғап ем. Ұл тусам, әкемнің сендердегі кегін қайтаратын осы болар деп, көзін ашпай тұрып, қалмаққа сіңіріп жібермекші ем», — депті. Ондай ұлдан Арғын тіріде айырылсын ба! Дүзей жеңгесін алдына өңгеріп ауылға алып келіпті. Екінші жолы келіншек: «Бұл баламның тұсында аққарабас ісектің басына талғап ем, ұл тусам, сендерден әкемнің кегін қайтаратын осы бола ма деп төркініме апара жатыр едім», — депті. Ондай ұлдан айырылып Арғынның басына ат теуіп пе! Дүзей жеңгесін тағы да ауылға қайтарып әкепті. Үшінші жолы келіншек: «Бұл баламды ай мүйізді ор қошқардың олжа торсығына талғап ем. Өзі ғана емес, тұқым теберімен батыр, қол бастаған қошқар болады ғой деп ем. Ең болмаса, осынымды қазақтарға бұйыртпай, төркініме сіңірейін деп едім», — депті. Үш рет бала тауып, үш рет ажал ауызынан қалса да, зорлықпен келген жерге жүрегін сатпай, әкесінің кегін қайтарар көк жұлын азаматты өзі тауып бергісі келген қайсар әйелді аяп: «Еліне жіберсем, жібере-ақ қойсам ба екен», — деп қатты дағдарған Дүзей: «Қой, өйтпейін бүгін көңілшектік жасап, ертең Арғынға ғана емес, күллі алашқа қарсы шабар арлан бөріні қолдан шығарып алмайын», — деп жеңгесін тағы да желкелеп отырып ауылға қуып әкепті. Солай туған Аю, Қарабас, Қошқардың үшеуі де батыр болады. Қалқаман туғанда қалмақтың тентек қызы көндігіпті, еліне қашпапты. Сол екі ортада Арғын жігіттері жоңғарды шауып, Көшейдің қыздай, ноқтасын бұзбай алған бәйбішесін босатып әкеліпті. Көшей оны қырық күн боз биенің сүтіне шомылдырып, қырық бірінші күні қасына алыпты. Одан Тіней туыпты. Бес баласының ішіндегі ең кішісі болғанмен, ақ некелі бәйбішесінің тұла бойы тұңғышы болғандықтан Тіней Көшей балаларынан Қарабас күллі Шақшақтың ішінде Дүзейден кейінгі жоңғар ханының белін жыққан белгілі ері болыпты. Ел көзіне түскен жігіт қыз көзіне түспеуші ме еді! Қарабасқа Кіші жүздегі Жаппастың Сары деген атақты байының қызы Қиялдының, Қиялдыға Қарабастың көңілі құлапты. Іш сарайларын қас-қабақтарынан ұғысқан екі жас ата-аналарымыз бір-біріне құда түсер, құйрық-бауыр асатысар деп жүре беріпті. Батыр аңғырт, бай салғырт. Екі жақ та екі баланың ынтызарына қапелімде назар аудара қоймапты. Қазақтың сұлу қызы бой жетіп, құтты орнына қонып үлгергенше көкжиектен сығалаған сығырық көз жаудың назарына ілікпей қалушы ма еді. Қиялды да сол сімсік жанарға тым ертеден ілінген екен. Бір күні Қарабас іш-құса боп бара жатқасын қолына қара домбыраны алып жіберіп, төрдегі ақ өре киізге қырық екі қара құмалақты шашып жібергенде көзі атыздай болады. Сарының ауылын жау шауыпты. Жаудың олжасының арасында Қиялды да кетіпті. Шапқан жау — Қарабастың нағашысы. Содан Қарабас атқа қонсын. Қуып келеді, қуып келеді. Жау қарасын анық шалғасын атын онша асықтырмай, көкжиектен төбесін ғана көрсетіп, үн-түнсіз ілеседі де отырады. Соны байқаған хан бір күні нөкерлерін шақыртып ап: «Жетпей де, қалмай да қойған мынау жалғыз қара тегін емес. Кеше де осылай көз ұшында бұлтылдады да отырды, бүгін де міне, көз ұшында қылт-қылт етіп өкшелеп келеді. Кім де болса, іш есебі мықты пәле болды. Дәу де болса осы Арғын Қарабас шығар. Барып қолқасын біліңдер!» — депті. Нөкер: «Ләббай, тақсыр!» — деп шаба жөнеліпті. Қарабастан жөн сұраған екен, жөнін айтыпты. «Хандарың — менің нағашым еді. Нағашым болғасын шаңыма қалдырмайын деп сыпайылық сақтап келе жатқаным. Әйтпесе, шаңырағына қобыз ойнататын ретім бар еді!» — депті. Нөкер далақтап ханына шабады.
Хан: «Келсін. Жолығып көрейік!» — деп қолды кідіртеді. Қарабас жеткесін: «Ал, жиен, шаруаңды айт!» — дейді. Қарабас жөнін айтып: «Қиялдыны қайтар, жолыңнан қалдырмайын», — дейді. Хан тұтқын қыздардың бәрін алдынан өткізіп: «Осының арасында Қиялды болса, өзіңе қайтардым», — дейді. Бірақ, тұтқын қыздардың арасында Қиялды жоқ болып шығады. Сонда Қарабас қолына домбырасын алып безілдете жөнелген екен, астындағы тыпыршып тұрған аты жалт бұрылып, анадай жердегі төңкерулі жатқан тай қазанның қасына барып, жер тарпып тұрып алыпты.
Қарабас:
— Көзіңнің тірісінде қазаның төңкеріліп, мұнша не көрінген! — деп кек найзаның ұшымен түртіп қалыпты. Тай қазан аунап түссе, астынан Қиялды шыға кепті. Сөйтсе, сұлуға ынтық хан Қарабастан жасырып, үстіне қазан төңкеріп қойған екен.
Сол арада Қарабас:
— Әттең, басқа жерде алтын тәжді басыңды атыма тептіретін едім. Арам кәлләңді ақ Қиялдымның амандығына бола өзіңе сыйладым, — деп суырулы қылышын қынабына қайта салып, жарын мінгестіріп, жөніне тайыпты.
Сонда хан:
— Кенже қызым ата дұшпанға қолды боп кетіп белімді бір сындырып еді, енді мынадай бөлтірік туып екі сындырды-ау, — депті.
Сөйткен Шақшақтың, сөйткен Көшейінің Қошқарынан тағы да дүр ұл туыпты. Оның белінен тараған Жәнібек, Тінібек, Тұрлығұлдың Жәнібегі қазір күллі Арғынның ауызында. Шешесі оған талғағанда жарап тұрған қара бураның жүрегін тірідей жарып жепті. Әкесі Қошқар жаугершіліктен қайтып келе жатып жол-жөнекей түзде түнегенде аруақтар: «Әйелің екіқабат, өзің түгілі алаштан асқан атақты батыр туады, атын Жәнібек қой», — деп аян беріпті. Содан бала ат жалын тартып мінісімен-ақ үш жүздің атақты абыздарына барып бата алыпты. Сонда қаракерей Соқыр абыз есікті серпіп ашып кіріп келген Жәнібектің дидарын көрмесе де: «Ел бастап жөн алайын деп тұрған ұл екенсің, қол бастап жау алайын деп тұрған ұл екенсің», — депті. Соқыр абыздың айтқаны келіпті де тұрыпты. Орта жүзге қалмақ шапқанда Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сүйіндік Олжабай батырлармен бірге он жеті жасар Жәнібек те аттанып, ақ көз жауды жеңіп қайтыпты. Қазір оны исі Арғын түгілі, исі Орта жүз «ендігі көш бастарымыз осы» деп жүрген секілді. Жұртта есесі кеткендердің бәрі соған барып жалынатын көрінеді. Жуырда күллі Арғынның игі жақсылары Жәнібекті орталарына алып: «Баяғыда біздің ел Кіші жүзге қыз ұзатқанда Таз, Тағышты деген екі жетім баланы апаларының шаңырағына мінгізіп жіберген екен. Сол екі баладан бүгінде екі рулы ел тарапты. Бірақ, Кіші жүз оларды «шаңыраққа мініп келгендер» деп қатарға қоспай, құл орынына жұмсайтын көрінеді. Сол екі ауылды үйіріне қайта қосқымыз келеді», — деп ақылдасыпты. Сонда Жәнібек: «Әуелі ата жолымен Арғынның он екі ауылынан он екі би жіберіп Әбілқайыр ханның алдынан өтейік, оған илікпесе, жерге тастайын деп жүрген ағайынымыз бар ма, тұрысар жерімізді айтармыз», — депті. Орта жүздің он екі биі көп ұзамай Кіші жүздің хан ордасына келетін көрінеді.
Мырзатайдың жырық езу жылқышыдан естіп келген әңгімесінің ұзын-ырғағы осы екен. Балдызы сөзін бітіріп, жездесіне қарап ошарыла тоқтады. Бірақ, ханның сұп-сұр бетінен ештеңе аңғара алмады. Ал Әбілқайыр мына бір ертегісі мен шындығы, көтермесі мен көкімесі қоян-қолтық араласып кеткен ұзын-сонар хикаядан бір керегін тауып алғандай ұзақ ойланды. Жүйрік мініп желмен жарысып өскен қазақтың әңгімесінің де желі мен желпінісі көп боп келетін әдеті. Ауыздан-ауызға, ауылдан-ауылға көшкен сайын әуелдегі түймедей әңгіме түйедей боп өсе түседі. Тек баяғы шежіренің ғана емес, көрші ауылдың күні бүгінгі өсегінің де аңызының қайсы, ақиқатының қайсы екенін аңғара қою қапелімде оңайға түспейді. Қазақтың қай хабаршысы да естіген жәйтін келесі бір құлаққа жеткізгенше ұмытып қалмайын деп әдейі әсірелеп, ересен ертегіге, қырғын қызық хикаяға айналдырып жібере қояды. Жаңағы әңгіме де бет-аузын қорасан талап тастаған жырық езу жылқышыға жеткенше қанша ауыз, қанша құлақ, қанша көкіректе түнеп шыққанын кім есептеп біліп жатыр? Оған әлгі жер түбіндегіні қопара сөйлейтін сусылдақ жылқышының ойдан қосқаны аз дейсің бе? Оның лепірмесіне бұл маңдағы ұлыстан ұлыс, базардан базар тастамай, құлағы ылғи ел аузында жүретін қайқы ерін, қайсы төс балдызының лепірмесі қосылғанда әу бастағы гәптен не қалып, не қойғанын білсе тек бір алла білетін шығар. Бірақ, қазақтың өз сырына өзіндей қанығы да ешкім жоқ. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» — дейтін де сол. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» — дейтін де сол. «Тоқсан сөздің тобықтай түйіні бар» — дейтін де сол. Мынау Мырзатай естіп келген лақаптың да ар жағында әуелде шөп басын қимылдатқан бір негіз бар, оның да әу баста бір отыз тістен шыққан орнықты әңгімеден тарап, ақыр аяғында осындай жартылай ертегі, жартылай лақап халге жеткені кәміл. Тоқсан ауыз сөзі әлгі. Сонда мұның енді тобықтай түйіні қайсы? Кейінгі жылдары Арғында бәйбішеден туған Мейрам сопы балалары ғана емес, тоқалдан тараған жеті момын әулетінен де еті пысық ер азаматтардың көптеп шыға бастағанын жұрт көріп отыр. Соның ішінде, әсіресе Шақшақтың өндіріңкіреп тұрғаны рас. Дүзейін, Аюын, Қарабасын, Қошқарын, Қалқаманын былай қойғанда, түбіт иек Жәнібектің даңқының өзі-ақ қазір үш арыстың құлағын шулатып бітті. Шешесі бураның жүрегіне талғады ма, айғырдың жүрегіне талғады ма, жоқ кәдімгі қазанқаптың түбінде жататын қалған-құтқан қақпыш боршаға талғады ма — онысын өзі біледі, ал, бірақ, жастайынан атаққа ілігіп, елді ауызына қаратқан Жәнібектей жігіт кем де кем. Орта жүз ол дегенде қазір ішкен асын жерге қояды. Бектас бидің жиені деп Ұлы жүз де әз-әулие тұтады екен деп естиді. Ендеше болғанынан болары көп ондай батырдың осы күннен оң қабағын иеленбей болмайды. Жас шамалары қатар. Көп болса төрт-бес жас қана кішілігі бар шығар. Екеуі де бір кезде, бір тұста абырой-атаққа ие боп тұр. Замандастарын бұлдаса да, тоңның ішкі бауындай тіл табыса алады. «Мен тұрғанда сен қайдан шықтың?» — деп күдіреймей, «Заманымыз бір, амалымыз бір бастасым екенсің», — деп іш тарта қарасаң, қай болған жігіт өз тұрғыласын сыртқа тебеді. Сұлтан басымен бұл иліккенде, алаштың қай-қай жасы да жабыдан шыққан тарпаңдай басын алып қаша қоймас... Ендеше, соның сәті енді келгелі тұр екен. Кіші жүз арасында Таз бен Тағышының бары да рас... Олардың әу баста шаңыраққа мініп келгені де рас. Қазір олардың отыз-қырық түтінге жетіп қалғаны да рас. Шаңыраққа мініп келген әңгімелері ұмытылмай тұрып, қатарға қайдан қосыла қалсын, ептеп көзтүрткі көріп жүргендері де рас. Соған, шамасы, Арғын ағайындары апшиды екен ғой. Оның да қисыны бар шығар. Тоқал балаларының аты алшаң басып тұрған мына кезде ел есігіндегі екі жетімнің еңселерін көтергілері келетін болар. Ендеше әлгі айтқан он екі биі де көп ұзай қоймас, келер... Сонда бұл қайтпек керек... «Е, ақсақалдар, жақсы кепсіңдер. Сұрағандарыңды алыңдар да, жетелеп жүре беріңдер», — дегенде ұтары не? Онсыз да көкіректерінің басы бесіннің құйынындай аспанмен тайталасып, астам сөйлер әйгілі атаның шалдары ауылына: «Дүмпуімізге шыдай алмады. Аузымызды ашқанша қолымызға ұстата салды», — деп бөріктерін аспанға атып лепіріп барар. Ондай сақилықтан Кіші жүз не ұтады, Әбілқайыр не ұтады? Жоқ... Сұраушының атының басы ауылыңа қандай еңкек келсе, қалауын алған күнде де, тап солай еңкек қайтатын болсын. Әйтпесе, берушінің мерейі қайтып өспек...
Әбілқайыр бір шытырман ойға батты. Күн ойланды, түн ойланды — бір түйінін тапты. Бірақ, ол жайында ешкімге ләм-мим сыр ашпады. Басын Мырзатай қып, біраз сабау қамшы жігіттеріне көрші Орта жүз ауылдарына ат ізін салдыртып, он екі биден хабар аңдытты. Он екі бидің ордаға жетуіне екі күндік жер қалды дегенде, сый қонақтарға арнап балқашының нәрті кете қоймаған тың тепсеңге үй тіккізді. «Жабағы мен семіз тушадан басқа мал соймаңдар... Уыз қымыз бен жылы-жұмсаққа бағып, жатып жастық, иіліп төсек боп құрметтеп бағыңдар... Мен келгенше қайтып кетпейтіндей болсын», — деді де, айғыр топ нөкер ертіп аңға шығып кетті.
Хан аңға аттанған күннің ертеңіне қыр басынан он екі бидің шошақ бөріктері көрінді. Орда маңы сый қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, ақ боз үй, құс мамық төсекке жайғастырды. Алдарында — жылы жұмсақ, ауыздарында — қысырақтың уыз қымызы. Билер бір күн жатты, екі күн жатты. Ренжиін десе — көрген құрметтерінің кемі жоқ. Жата берейін десе — аңға кеткен ханнан суға батқандай хабар жоқ. Тағы да екі күн тосады, үш күн тосады... Күтушілердің сары қымызды сапырып отырып айтатыны: «Хабаршы кеткен, келіп қалар». Сонымен он екі би ордада жата берді. Хан ұлы түздің құланы мен киігін құртпай қайтпайтындай самиян далада саят құрып жүре берді. Бірақ, ол айналасынан тек аң аңдып қана жүрген жоқ еді. Жағалай жансыз жүгіртіп, өз ордасына да, Арғын ұлысына да құлағын түріп бақты. Көп ұзамай күткен хабары да жетті. Арғын ауылы: «Он екі би хан ордада саржамбас боп әлі жатқан көрінеді. Хан әлі сөйлеспепті», — деп абыржи бастапты. Мұны айтып: «Енді не істейміз?» — деп ақылдасқалы барса, Жәнібек те ауылда жоқ боп шығыпты. Қайда кеткенінен бәрі бейхабар, әйтеуір он екі би жолға шығатын күні оның да асығыс атқа қонғанын біледі.
Мына хабар Әбілқайырдың қабырғасына қатты батты. Оның осы кезге дейін көкірегінде көмбедей қымтап, ешкімге тіс жармай келген бір ойының күлі көкке ұшпаса қайтсін. Атақты батыр құдыққа түсіп кеткендей зымқайым жоқ. Бір күн тосады — ешқандай хабар жоқ. Екі күн тосады — ешқандай хабар жоқ. Енді хан өз ойының орындала қоймасына көзі жетіп, күйзеле бастады. Қап, мына күпілдек Арғындарға құдайдың берудей-ақ беруін-ай. Әлгі он екі би ертең Сарыарқаны бір өздері жаңғырықтырып даурығатын болды-ау тағы да! Оларды енді бұдан әрі тосқызып қойса, іргелес жатқан ағайын жұртпен елдіктен қалар. Бұл он екі биді аңды сылтауратып біраз күткізе тұрмақ еді. Сол екі ортада жалындаған жас батыр қашанғы шыдар дейсің, желпініп өзі де атқа қонатын шығар. Бұған да керегі сол еді. Алдынан шығып, орта жолдан құшақ жайып қарсы алып, төбеге көтеріп, қонақ қылып, бұйымтайын өз аузынан естіп, оны сол бойда орындатып, әбден риза қып шығарып салар еді. Сонда, қанша дегенмен, жас қой, Арғынның пәлен жылдан тізгінін ұстап, ауыздарымен орақ орып жүрген он екі биі, ең болмаса, ханның алдын көре алмай апталап жатқанда, өзі екі ел атысып-шабысып кетердей айқай шаруаны ернін қимылдатып үлгермей жатып, жайғастыра салғанына масаттанбас дейсің бе? Ағайын-жұрт алдында беделін осынша аспандатып берген Әбілқайырға да қатты риза болатын шығар. Сонда Жәнібек желпінгенмен, қалың Арғын желпіне алмас еді. Жел жаққа ұстаған он екі биі мына оқиғаға қуанарын да, қуанбасын да біле алмай, желкелерін қасып қайтар еді. Азуы алты қарыс қалың Арғын баяғыдан бергі бұйда ұстарларына емес, енді ғана ат жалынан тартып мінген жас перендеріне қарыздар боп қалар еді, ал Жәнібек мұның алдында борыштар болар еді. Сөйтіп екі жақтың да мерейі өсіп шыға келер еді. Міне, соның бәрі сорпаның көбігіндей көзді ашып-жұмғанша желге ұшпақшы.
Әбілқайыр енді болмағанда аттың басын ордаға бұрғалы жатыр еді, жалдың басына көк ат мініп көлеңдеп қайын атасы Сүйіндік батырдың шыға келгені. Хан: «Ау, бұл қайдан жүр?» — деп аңтарылып тұр еді, қасындағыларға: «Әрі бара тұрыңдар!» — деп қамшысын бұлғап, өзі мұның оң жақ құлағына ауызын тоса берді.
Сөйтсе, Сүйіндік Табын ауылдарына барып қайтып келе жатып, хан ордаға күн жарымдай жердегі көл табаны астау ойда басын көтермей жайылып жатқан он үйірдей көк ала жылқының үстінен шығыпты. Ен таңбасы Кіші жүздің малы сияқты емес. Жылқы шетінде шалқасынан түсіп бір талыстай жігіт ұйықтап жатыр дейді. Астына көк жона төсеніп, басына сүйек бас ер жастаныпты. Кәрі батырдың іші бірдеңені сезіп, бейсаубат жылқышыны оятпай, хан ордасына да соқпай, аң аулап жүрген ханның қосына тартыпты.
Мұны естіп ап, Әбілқайыр: «Дәу де болса, сол Жәнібек болып жүрмесін. Сәнқой неме деп еді. Айдалада астына көк жона төсеніп, басына сүйек бас ер жастанып ұйықтайтындай ол не қылған жылқышы!» — деп ойлады.
Сүйіндіктің айтқан жеріне қалың қолды тасаға қойып, шағын топпен салып ұрып жетіп келсе, көлдеу ойды шүпілдей толтырып көк ала жылқы жатыр. Жылқы шетінде үстіне өңіріне күміс талшық зер жүгіртіп, боз тайлақтың жүнінен құс таңдай қып тоқыған боз шекпен киіп, астына су жыландай сумаңдаған боз арғымақ мініп, ат жақты, торсық шеке, садақтай иілтіп қап-қара сақал-мұрт қойған бір бейтаныс боз жігіт тұр.
Аңшы киімімен жүрген Әбілқайыр қасындағы төрт-бес жігітпен бейсаубат жүрген кісі бола салып, айдалада жападан-жалғыз тұрған жылқышының жанына жетіп барып, төбеден түскендей қып:
— Ә, Жәнібек, жол болсын! Қайдан жүрсің? — дегені. Боз шекпенді жігіт қапелімде жалтара алмай:
— Әлей болсын! Өздерің қайдан жүрсіңдер? — деді.
— Мен — Әбілқайырмын. Аңнан келе жатыр ек. Жақсы жолықтық. Біздің ордамыз бұл арадан алыс емес, жүріп қонақасыңды жеп кет. Жылқыңа біздің жігіттер қарай тұрар, — деді.
Жәнібекке хан шақыруын қабыл алып, соңына ілеспектен басқа жол қалмады. Әбілқайыр оны ордасына апарып, бір апта қонақ қылды. Ат үстінен аяғын жерге тигізбей түсіріп алды. Кермеден ордаға дейін қалы кілем төсеп, батырдың етігіне топырақ жолатқан жоқ. Кетерінде бұйымын сұрады. Жәнібек жөнін айтты.
— Болсын! Екі ауылыңды ертең жөнге салдырам! — деді хан.
Аттанар алдында он екі биді шақыртып:
— Ал, ақсақалдар, қандай бұйымтайларың бар? — деп сұрады.
Олар:
— Біздің бұйымтайымыз кешегі Жәнібекжанның айтқаны ғой! — десті.
— Ендеше аңның қызығына түсіп, алысқа кетіп қап, көп тостырып қойыппын. Ол үшін алдарыңда айыптымын, — деп әр қайсысына бір-бір арғымақ мінгізіп, үстеріне бір-бір қамқа шапан жапты.
Арғындардың ала шұбар айғыр тобын жолға салған соң, арада бір апта өтер-өтпесте, жел ауыздардың құдайы берсе, енді берген шығар деген кезде Әбілқайыр Мырзатайды тағы да базарға жұмсап, жол-жөнекей баяғы жырық езу жылқышының қосына соға қайтуды тапсырды.
Бір рет дастарқандас болған ескі көзтанысы тағы соққан соң, бұл жолы базаршылап келе жатып, қонып, жаз бойы саумалдан басқа дәм татпай, ауыздары борсып отырған жылқышы ауылды өрік пен мейізге, ақ жүгері мен қызыл тарыға қарық қыла келген соң, жырық езу жылқышының баяғысы баяғы ма, көптен бері тоспасы ағытылмаған тоғанның суындай лекілдей ақтарылды.
— Ай, ай, тіл-ауызымыз тасқа! Әуелден де салымымыз зор тұқымбыз ғой. Бірақ, мырза құдай тап бұл жолғыдай жарылғай алмап еді ғой. Әй, несін айтасың! Жәнібекжанның атқаны тиіп, айтқаны келіп тұр ғой. Ау, ау... жуырда баяғыдан бері Арғынның он екі атасының ақ бұйдасын ұстап, аузымен орақ орып жүрген он екі биі Әбілқайырға барыпты. Сөйтсе, ол ордасында жоқ екен. Сейіл құмар сері хан аң аулап кетіпті. Он екі би әрі жатады, бері жатады. Келетін хан жоқ. Кетейін десе — көріп жатқан құрметтері ағыл-тегіл. Ондай сияпаны аттап, өкпелеген балаша торпаңдап тайып тұруға қияпатынан қорқады. Жата берейін десе — аңның қызығына түсіп алған хан сонау түрікпеннің төріне дейін ұзап кеткен. Қапелімде орала қоймайды. Сөйтсе, он екі би аттанарда Жәнібек оларға: «Егер хан бұйымтайларыңды оңайлықпен бітіріп жатса, таралғысына былтыр қалмақтан айдап қайтқан көкала тұқымнан он айғырдың үйірін тартайық, онда мен он үйірді әншейін бір көп жылқышының бірі боп айдап апарып, кім екенімді білдірмей тайып тұрармын, ал егер Кіші жүз дегенге көнбей кергіп жатса, хабар тез жететін жақын жерде болармын», — деген екен. Сол уәдесінде тұрып, ол үйірді айдап апарып, хан ордадан күн жарым жердегі астау ойда жатып апты.
Хан да бір босқан киік пен құланнан аяқ алып жүре алмастай, түздегі төрт аяқтының не түрі ыңып жүрген жиделі байсын жерге жетіпті. Әлгіндей өріске енді аяқ баса бергенде атының басын кері бұрыпты. Оның мына қылығына қайран қалғанмен амалдары қанша, қасындағы қалың нөкер де жолдарын кес-кестеп жөн жүргізбей келе жатқан түз тағыларына жалтақ-жалтақ қарай-қарай, билеушілерінің соңынан салыпты. Хан ешқайда кідірмей суыт жүріпті. Содан бір күні әлдебір қырқаның басына көтеріле бере қасындағыларға: «Менің алыс жолға шыққанда, алдыма түсіп ап жөн сілтеп отыратын қызыл түлкім бар еді. Анада ойда жоқта тап табалдырығымның астынан сылаң етіп шыға кеп айдалаға қаша жөнелгесін, мен сендерді атқа қондырып едім. Ол қаша-қаша әлгі бір аң ыңып жүрген бейтаныс өлкеден шығарды. Іздеген жерімізге енді келдік-ау дей бергенше, қызыл түлкі жалт бұрылып кері қашты. Содан дәл осы араға дейін бастап әкелді. Мынау қырдың ар жағында көктемде көл жататын астау ой бар еді. Соны қазір тақ толтырып біздің ұлыста тұқымы жоқ көп көкала жылқы жайылып жатыр. Көп жылқының шетінде астына көк жона төсеніп, басына сүйек бас ер жастанып бір бейтаныс жолаушы шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр. Оны екі иығынан екі арлан жолбарыс күзетіп отыр. Мені бастап келе жатқан қызыл түлкі сол екі жолбарыстың алдына апаруға жүрегі дауаламай, осы араға келгенде, мына жатқан көп індігештің біреуіне сүңгіп жоғалды. Жігіт әлі ұйқыда. Екі иығында мізбақпай отырған екі жолбарыс оны сыртынан желеп-жебеп жүрер иесі болса керек. Көп ұзамай бесін де ауады. Салқын түсе жігіт ұйқысынан оянар. Ол көзін ашқанда сыртынан сақшы боп жүрген екі арлан жолбарыс та ғайып болар. Сендер осы арада тоса тұрыңдар. Біз барып жөн сұрасып көрейік!» — депті.
Әбілқайыр қасына төрт-бес жігіт ертіп, астау ойдың төбесінен түссе, Жәнібек ұйқысынан шала оянып, манаурап, көзін бір ашып, бір жұмып керіліп-созылып тұр екен. Көзін жұмып қалғанда екі иығынан екі арлан жолбарыстың басы жылт ете қалады да, көзін ашып алғанда, әлгі екеуі қайтадан жым-жылас жоғалып кетеді дейді. Тегін кісі хан бола ма! Жарықтық Әбілқайыр батырды тұңғыш рет көріп тұрса да, бірден танып: «Ау, Жәнібекпісің, қайдан жүрсің, жол болсын!» — деп жабыса кетіп, ордасына апарып, апта бойы қонақ қылыпты. Бұйымтайын сұрап, Таз бен Тағышыны ұзатқан қызындай қып, алдына ақтылы мал салып, көшін қызылды-жасылды қып түзеп беріпті. Он екі би де елге: «Жәнібекжанның арқасында дауымыз айтпай бітті. Жер түбінен барғанда езуді көріп, бір-бір сөйлеп жел тарата алмағанымыз болмаса, басқалай өкініш өкпеміз жоқ», — деп риза боп қайтыпты. Қазір исі Арғын ұзақ жыл шетте жүрген екі ағайынына орталарынан ойып қоныс беріп, қораларынан жырып сауын беріп, қарасып-қамдасып жатқан көрінеді...
Әбілқайырға да керегі осы еді. Әйтеуір, Жәнібек еліне айдарынан жел есіп риза боп барса болды. Әйтеуір, қалың Арғын мұның да тегін кісі емес деп таныса болды. Әйтеуір, бұдан былай Жәнібек бұның аты аталғанда елеңдеп тұрса болды.
Содан біраз уақытқа дейін жаны жай тауып рақаттанып қалған-ды. Сөйтсе, тегін қуанбапты. Қазақтың кек кернеп қалш-қалш еткен көк найзасы ертең «жау қайдасың» деп шар тартатындай күн туғанда, «Бізге алдымызға түсіп жол бастайтын сұлтан керек!» деп күркірегенде, бұның атын бір атаса, сол Жәнібек атауы мүмкін ғой. Бірақ күмісті шақшасының тығынын ағытқанша еру ел көшін жөнелтіп, ауызына насыбайын салғанша көшкен ел үйін тігіп үлгеретіндей кербез неме әңгімесін бастағанша, ауызы жылдам біреулер керек адамдарын айтып үлгеретін шығар. Оның үстіне «мына шаруама жүре ғой» дейтіндей тізе басты досжар боп кете де қойған жоқ-ты. Өзі сұлу ат, жүйрік тазы, көрікті әйел дегенде ішкен асын жерге қояды дейді. Сол немені қыздары шетінен сүйріктей сұлу келетін алты шектілердің, не өңшең күлімкөз баққан көнек шөмекейлердің ауылын бір-бір аралатып шығатын екен. Тоқтамыс ағасының ауылында да өзінің талай қарындасы сылқып бойжетіп отыр. Кім біліпті, керік немеге солардың біреу-міреуі ұнап қалып жүрер. Не де болса, бұдан былай, шама келсе, ірге қашықтатпай жақын жүруге тырысқан жөн. Көңілін бір тауып алса, әлгіндей алқалы кеңесте бұл жайында өзі бастап әңгіме айтпағанмен, Бөкенбайдың сөзін: «Міне, дұрыс!» — деп бірінші боп қостаса да, талай қазақтың көмейіндегі сөз сол қалпында көміліп қала бермей ме!..
Әбілқайырдың ойлағаны келді де тұрды. Бір мың жиырма үшінші жыл басталмай жатып, Ойрат жағы қайта жанданды. Жетісудың ен майсасына аунап-қунап денелері жайылып қалған немелер қазақтың қалған өлкелеріне көз аларта бастады. Сарысудың ен алқабын жылқы мен қойға толтырып, Бөген, Бадам, Арыс, Қошқар ата, Шаян бойында ақ жұмыртқа үйді тізіп тастап отырған қазақ ауылдарының іргесіне ши жүгірткенді күшейтті. Онысы қазақтың қазіргі қайраны қандай екен деп сыр тартып көру еді.
Іргесіне тықыр таянса, үйіне сыйып отыра алатын қазақ бар ма! Ауыл мен ауыл, ру мен ру, ұлыс пен ұлыс арасындағы ерсілі-қарсылы ала шабуыл басталды да кетті. Күніне бір қызға құда түсіп жатқандай, ақсақалдарының бас қосысуы мен баталасуы көбейді. Сол мәжіліс көбейген сайын Әбілқайырдың жүрегі алып ұшады. Елдің делебесі қозса, ерлерін атқа қондырмай тына ма! Ерлер атқа қонса, қол бастайтын қолайлы ноян іздемей тұра ма...
Таң атпай тұрып, іргені түріп, керегенің көзінен қарауыл қарап елеңдескен сондай бір күні күткен хабары да келді. Ол жылғы жиын Ханабадта емес Қарақұмда өтетін бопты. Онысы бас көтерерлері жиынға кеткенде арттағы ел көзсіз қалмасын дегендері секілді. Үш жүздің өрісіне де бірдей жақын тең орта, шынында да, Қарақұм еді.
Құм арасының қалың бидайық, еркегі қаптай бой көтеріп, белден келе жайқалып тұрған шағы. Теңіздей толқып тұрған көк майса жотаның сауырына қызылды-жасылды кілем жайылды. Үш ұлыстың еркек кіндігі тайлы-таяғы қалмай түгел жиылды. Хан Тәукені ортаға алып мәжіліс басталды. Бұрын әркімнің аузында шала бықсып жүрген күмілжі әңгімелер жалпақ жиынның жария ортасына түсті. «Қап тауы асып кетейік!» — деп біреулер шықты. «Башқұрт пен жоңғардың қай әлсізін шауып алайық!» — деп біреулер шықты. «Бәрін де қойып, қонтайшыға кене салайық. Олар бізді бәрібір өрісімізден айырмайды, ту сырты тыныш болғасын ар жағындағы шүршіттермен жағаласып кетеді», — деп тағы біреулер өзеуресті. Бір-біріне дес бермей, шықшыттары шытынап, қызыл кеңірдек болды да қалды.
Әліптің артын баққан Әбілқайыр оқтын-оқтын Бөкенбай жаққа көз тастап қояды. Тақ толтырған қара қанардай орнықты Бөкенбайдың қылп ететін түрі көрінбейді. Күміс бунақ көк ала дойырын оң тізесіне қадай шаншып сөйлегендерді қалт жібермей қадағалап отыр. Еңгезердей төртбақ денесінің еш жерінен қимыл-қыбыр байқалмайды.
Бір ұлысқа бір өзі-ақ өріс болғандай шара табақ беті бүлк етсе не дейсің! Тек жүндес қабағының астынан томсырая қараған ала көзі ғана айналасындағыларды ішіп-жеп барады. Екі беті нарттай. Қысы-жазы қара күреңденіп жылтырайды да тұрады.
Бөкенбайдың оң тізесін ала отырған Есеттің ұзын мойыны одан сайын ұзарып кеткен. Қалың жұрттың бәрінен басы асып оқшау көрінеді. Өндіршегі сорайған қапсағай қара кісінің қоңқақ мұрынының қыр арқасы күнге шағылысып жылт-жылт етеді. Бөкенбайдың не ойлап отырғанын сол қоңқақ мұрынға қарап біле беруге болады. Мұрынының ұшына күлкі ойнаса, Бөкенбайдың көңіліне онша жаға қоймайтын сөз айтылып жатқаны. Қоңқақ мұрын қорс ете қалса — Бөкенбайдың әбден шамырығып отырғаны. Міне, Есеттің кең танауы қусырыла түсті. Жан-жағына алая қарауы көбейіп барады. Сөйлеп тұрған шешенге, жұртқа, алқа төріндегі игі жақсыларға бір-бір құрағыта қарап қояды. Жастайынан бірге жүріп, бірге тұрып, бірге шайқасқан екі батыр келе-келе бір-бірімен жекжат болып кеткен-ді. Баяғыда бір жорықта жаудың қолына түсіп қап, бес жыл тұтқында болып, әзер қашып құтылса, қара орманы мен қатын-баласының орынын сипап қалыпты. Бес жыл бойы тұтқында ұстаған жоңғарлар Есеттен тұқым аламыз деп істемегендері жоқ деседі. Қайсар батыр сонда да қасарысып болмапты деседі. Сонда жоңғарлар «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп ауылын шауып, тұтқындағы күйеуін күтіп отырған ақ некелі жары мен өзі жорыққа кеткенде іште қалған ұлы Ақмаңдайды алып кетіпті деседі. Қонтайшы сосын: «Енді Есеттің қажеті жоқ, тұқымы қолға түсті. Ақмаңдай, аман болса, ертең әкесінің басын қырқатын қандыбалақ жоңғар батыры болады», — депті-міс. Бес жыл бойы жорғалаған құмырсқаны тірі өткізбей келе жатқан қатулы жоңғар сақшылары сол күні әдейі ұйықтап қалыпты-мыс. Соны пайдаланып батырға көңілі кетіп жүрген бір сұқсыр қараңғыда қасына кеп, қолына қанжар ұстатып, қашырып жіберіпті-міс. Еліне келіп, соқа басы сорайып жалғыз қалған жан досын Бөкенбай қарындасы Еңсеп сұлуға үйлендірген-ді. Одан қазір бір ұл, бір қызы бар. Есетке таяу отырған батпан сары Балпаш би. Кетенің ғана емес бүкіл Әлімнің, бүкіл Әлімнің ғана емес, бүкіл Алшынының асқан байы. Жемді бойлап сонау Атырауға дейін шұбалып жатқан ақтылы жылқы сонікі. Анау екі тізесін басып қылқиып-қылқиып отырған екі ақ сары жігіт — балалары. Әжібай мен Арал. Таманың маңдайға тигізері Көкі баласы Есеттің қойнына жар салған Табын Бөкенбай болса, алдына мал салған осы туған нағашысы Балпаш би. Қазір Есеттің өзі нағашыларынан да, қайнағасынан да қалыспайтын дәулетке ие болып алды. Сөйте тұрып Бөкенбайдың қасынан қалмайды. Қайда барса да, оң қолында сол отырғаны. Тіпті аты екеш атына дейін кермеде Бөкенбайдың атының оң жағына жайғасады. Кіші жүздің бас батырының қандай күйде, не ойда тұрғанын әккі жұрт Есеттің қас-қабағына қарап біле береді. Міне, Есет тыпыршып қозғалақтай берді. Қазір Бөкенбай сөз сұрамақ. Әне ұлы жиынның қақ ортасында қара шоқыдай қарауытып отырған алпамса кісінің оң қолы қимылдағандай болды. Сары үйек жыландай шұбар ала дойыр қамшысын сылқ еткізіп ортаға тастай салды.
— Жамағат! — деді қажыңқы дауыспен жайбарақат тіл қатып. Жұрт құлағы елең ете түсті. — Мынау ұры жортар қалың бытқылдың ортасына неге келіп отырмыз? Қазақтың қай заманнан бергі дау-дамайын кідіртіп келе жатқан киелі төрлерінің бірі бұйырмай шағыр мен жүзген арасында бұқпантайлап бұл отырысымыз не отырыс? Жетіскендіктен ғой дейсіңдер ме?!
Тостағандай ала көз біраз маңдайды ызғарымен жалап ықтырып өтті.
— Бойымызда, ең болмаса, ашыған қымыранның қышқылындай қыжыл болса, осы бір олақ қатынның ышқыр бауындай шұбалар да жатар кергіме дауды тоқтататын уақытымыз жеткен жоқ па! Біз мұнда алшиып алшымыздан түсіп мәслихат құрып, қырмызы бет қызыл сөздің тайтаңдаған тақымын қызықтап отырғанымызда ана жақта артта қалған қатын-балаға қалмақ дігірлеп жатпағанына көзіміз қайдан жетеді? Қылышын белдеуіңе байлап, найзасын шаңырағыңа шаншып іргеде жау жатқанда мына кергілесіміз буаз қыздың құдалығында қалың малға дауласқандай ұят әңгіме көрініп отыр маған...
— Ау, сонда не қыл демексің? — деп айқайлады бір-екі шыдамсыз қызыл көз.
Тәуке оларға «тыныш отырыңдар» дегендей иек қақты. Алая қарап тоқтап қалған Бөкенбай әңгімесін қайта жалғады.
— Еркек кісі екі жерде: «Не қыл дейсің?» — деп сұрамас болар. Біреуі ата дұшпаның қамшысын үйіріп алдыңда тұрғанда, екіншісі ажарлы қатын төсегін салып, шамын сөндіріп қасыңда жатқанда.
Жұрт ду күлді. Әлгі өндіршектеген қызыл көздер бастарын шайқасты.
— Менің айтарым, — деді Бөкенбай. — Бұдан былай әрі ырғалып, бері ырғалатын уақыт жоқ. Қап тауына жеткенше: «Е, сендер келе жатыр екенсіңдер ғой, үстімізден баса-көктеп өте қойыңдар!» — деп қоғадай иіліп, қамыстай жапырылып, құлдық ұша қояйын деп отырған көршілерді сендер көріп отырмасаңдар, мен көріп отырғам жоқ. Көк сүңгілерін көкіректеріңе тіреп тұрып алар әлі. Өз жерін жауға алдырып жаурап келе жатқан жалаң иін қазақтарға жып-жылы баспанасын оп-оңай бере салып башқұрттардың бастарына ат тепті ғой деп пе едіңдер? Ормандай орыспен осы күнге дейін тайталасып келе жатқанда, борбайлап босып келе жатқан боз өкпе қазаққа жүрегі шыдамай, оларға не көрініпті? Қашып бара жатып төгетін қанды біз неге осы атамекенімізде ақтық деміміз таусылғанша шайқасып жүріп төкпейміз? Қыршын боздақтарымыздың төгілген қаны мен ата-бабаның әзіз моласын аттай қашқанда, ол жаққа барып көсегелеріңнің көгере қоятынын қайдан біліп отырсыңдар?
Бөкенбай енді екі құлағына дейін дуылдай қызарып, көзі шатынап, көмейі бітеліп:
— Өз басым осы ата қонысымда мол боп қаламын. Бірақ тірлігімде күн шығыстан босып келе жатқан қазақты көрсем де, мейманасы асып бөсіп келе жатқан ойратты көрсем де, қанжарым сынғанша қарнап, найзам сынғанша шаншып бағам, — деп ашуға тұншықты да, қолын бір сілтеп отыра кетті.
Жұрт тым-тырыс. Қоштап отырғандары да, мошқап отырғандары да белгісіз. «Ау, неге тынып қалдыңдар?» дегендей әлдеқайдан торғайлар шырылдады.
— Қауқарың жетпейтін жаумен жағаласып, қараптан-қарап босқа қырылғанда не бітіреді екен? — деді бір-екі күңкілдек дауыс.
«Кәні, бұған жауап беретіндей қайсың бар?» — дегендей Тәуке басын көтеріп алды.
Шеткерірек отырған Әбілқайыр қолындағы қамшысын жұртқа көрсеткісі келгендей, төбесінен асыра бір көтеріп, ортаға тастады.
— Ағайын, қазақ десек бәріміз күйеміз. Бірақ, қазақ тап еліне өкпелесе де, жеріне өкпелей алмас. Басқалар біздің көл-көсір қонысымызға бола көздерін алартып жүр. Осындай ұлан-ғайыр отаныңды тастап барғанда, орналаса кететіндей иен жер бұл заманда табыла қояр ма екен өзі? Қашып келеді екен деп, қан төгіспей жерін бере салатын бауырмал ағайын да көрініп тұрған жоқ. Шынында да, біреудің жерін тартып аламыз деп төгетін қанды осы арада неге өз жерімізді қорғап төкпейміз? Біреулер қонтайшыға көне салайық, көнсек болды, бізге де, жерімізге де тиіспейді, ар жағындағы шүршітпен шайқасып кетеді дейді. Жоңғар өріс керек болмаса, қазақтың жеріне қалың ойнап келіп жүр дейсіңдер ме! Көнді екен деп қоя салар олар жоқ. Өз іргесінен тыныш кеткесін, сенің іргеңнің бел арқанын қиып отырған дұшпанға елің керек емес, жерің керек, жаның керек емес, малың керек. Менің айтарым, біз осы жиыннан не де болса, бір тәуекелге бел буып тарауымыз керек. Жан-жағымыз анталаған жау, жау алдында намысты қашанғы қолдан бере береміз!!
— Дұрыс айтасың, жан-жағыңның анталаған жау екені рас. Еркек кіндіктің бәрін жоңғарға қарсы салады екеңсің, сонда қалған жағыңа қатыныңды қалқан қылмақпысың? Сол жоңғармен қан төгісіп жатқанда былайғы дұшпандарың жан-жақтан жапыра кіріп, арттағы еліңді талапайға салса, қайтпексің?
Төбеден қойғандай мына сауал кімді болса да, мүдірткендей еді. Жұрттың бәрі сілтідей тынып қалған. Әбілқайырдың сұп-сұр жүзі одан сайын ызғарлана түсті. Дауыс шыққан жаққа шаншыла қарады.
— Жоқ, жабылмайды. Қаптағайлап қазақты жапырып өткен қалың жау ертең өздерін де тапап өтетінін білмей башқұрт, түрікпен есектің миын жеді ғой деп пе ең. Сен шошыған жоңғардан Бұхара мен Хиуа да шошып отыр. Қайта жан-жақтан найзасын сұқақтатқан көп сұғанақты сескендіргің келсе, осы жолы жоңғармен табан тіресіп шайқас. Құқайдың көкесін жеріңді тастап қашқанда көрерсің. Жол-жөнекей жұрттың бәрі жабыла талағанда қай сағанағыңның қай сайда қалғанын біле алмассың әлі. Менің айтарым, енді ырғалып-жырғалатын жағдай жоқ. Қайта ойланып-толғанғанмен қазақтың қару ұстары шамалыда сексен мыңнан бәрібір аса қоймайды. Шаранасын жарып шыққан бойда бес қаруын асынып шабынып тұрар дайын сарбазды қазақтың қатыны да, ойраттың қатыны да тумайды. Сонда не күтіп отырамыз. Енді кідірген сайын жау сұғына түседі де, қазақтың жүні жығыла түседі.
Жас сұлтанның мына сөзіне жұрт қозғалайын деді. Гу-гу көбейді. Ендігі әңгіме басқа жаққа қарай ойысатын ыңғай танытты.
— Сонда қолды кім бастап барады?
Бұл жолы сұрақты Тәуке қойды. Гуілдесе бастаған Қарақұм алқабы жым-жырт басыла қалды. Дуадақтай-дуадақтай болып бөліне отырған батырлар қайсымызды атар екен дегендей халыққа қарап қалған. Мынандай қысылтаяң күнде күллі қазақтың қанын мойынына көтеріп алар жүрек жұтқандық қайсысынан шығар екен дегендей жұрт батырларға қарап қалған. Бұндай екі талай іс үстінде салмақты елдің өзіне салатын сары ала шапан сұлтандар мен билер де үнсіз. Тәуке көзін көп қыдыртты. Орынынан Бөкенбай көтерілді.
— Егер үш арыс батасын берсе, «Алаш» ұрандының туын мен көтеріп барайын, «Арқар» ұрандының туын Әбілқайыр көтеріп барсын!
Жұрт, қапелімде, не деу керек екенін білмей сілтідей тынып қалды. Сосын алқалы жиынның артқы жақ қатарынан «Дұрыс! Дұрыс!» — деген батылсыздау дауыстар шықты. Ол дауыстар бірте-бірте жиілеп алдыңғы қатарға қарай ойысып келеді. Гуілдеген жапа-тармағай дауыстар дуадақтай-дуадақтай болып отырған батырларға кеп тірелді. Батырлар бір-біріне көздерінің астымен қарап қойды. Мұндайда шақшасын суырып алатын Жәнібек қолын қалтасына апарды. Алақанына насыбай төгіп жатып: «Дұрыс қой!» — деді. Сәл кідіріп барып қалған батырлар да: «Дұрыс қой! Дұрыс!» — деп гүж етісті. Ақсақалдар да бас изесті. Хан үш төбе биге қарады. Үш би бастарын изеп: «Дұрыс!» — десті.
Тәуке дауысын кенеді.
— Үш арыстың бас көтерерлері баса көктеп тұрған озбыр дұшпанның алдында намысымызды қолдан бермейміз, табан тіресіп шайқасамыз деп отыр. Қазақтың қолын қандыкөз жауға қарсы Бөкенбай мен Әбілқайыр бастап шығамыз, — деді. Оған үш арыстың Құран ұстап сайлаған үш төбе биі қосылып отыр. Ата-бабаның үрдісі үш арыстың тізгін ұстаған азаматтары Құран ұстап, ақ боз бие сойып, жас қандарын маңдайына жағып анттасқанды талап етеді. Жиынның шешімі осы ғой!
— Осы! Осы! — деп жұрт орындарынан дүр көтерілді. Қалған жұртқа қас қағымдай ғана көрінген осы бір сәт Әбілқайырға жылдай ұзақ көрінді.
Жабыр-жұбыр айқайлар, абыр-сабыр жүрістер басталып кетті. Аспаннан түскендей ақ шаңқан боз бие кеп ортаға тұра қалды. Үш арыстың үшеуінен үш батыр шығып боз биенің аяғын буды. Мұқамбетжан қожа құбылаға жүгініп отырып құдай жолы боз биені қабыл қыла көр деп бата оқыды. Жұрт беттерін сипасты. Үш жүздің үш биі маңдайына бір-бір тигізіп берген ай жүзді ақ селебені Бөкенбай қолына алды. Ақ боз биенің алқымына барып: «Біссіміллә!» — деп орып кеп жіберді. Сау ете қалған қызыл қан үш арыстың үш жігіті ұстап тұрған күміс легенге шүмектей жөнелді. Бір тамшысын жерге тамызбай құйып алған ақ боздың қанына жұрт жапа-тармағай қолын малып, маңдайларына тигізіп жатыр. Бұдан кейін мынау алқалы жиынның пәтуасы бойынша төгілген қанның бәрі мынау халық қамын қамдаған ақ жолға садақаға шалынған боз биенің қанындай пәк, боз биенің қанындай қастерлі болмақ! Көп болып келген ортақ ұйғарымның жолында төгілген қанның бәрі пәк, кесілген бастың бәрі шейіт!
Жұрт маңдайларын түгел қандап болғасын үш жүздің игі жақсылары ата дұшпанмен тізе қосып шайқасамыз деп құдай алдында құран ұстап анттасты. Жұрттың бәрі жер тізерлеп, ғазауат соғысқа жеңіс тілеп алақан жайысты.
Әбілқайыр мен Бөкенбай! Әбілқайыр! Бөкенбай! — деген жабыр-жұбыр айқайдан басы айналып бара жатқандай болды.
Сол бір жер қайыстыра шыққан ащы айқай әлі күнге құлағында. Сол бір жабыр-жұбыр үн есіне түскенде әлі күнге миы зеңіп қоя береді. Міне, қазір де зеңіп барады. Сол бір ұлы жиын баяғыда емес, дәл осы қазір болып жатқандай. Сол бір жабыр-жұбыр айқай баяғыда емес, дәл осы қазір шығып жатқандай... Жер-көк түгел жаңғырығып қоя берді.
Апырау, бұған не көрінген? Сары уайымға түсе-түсе, қысыр қиялды қуа-қуа ақылынан алжаса бастағаннан сау ма? Шынында да, құлағына жабыр-жұбыр үн келе ме қалай? Шынында да, жұрт мұның атын атап, бірдеңе деп жапа-тармағай жабыла айқайлап жатқан сияқты ғой.
Мынау өзі не қылған айқай-ұйқай! Қайдан шығады өзі? Бұл осы қайда отыр?
Төңірекке көз жүгіртіп еді, тұтасып тұрып алған буалдырдың ар жағынан бірдеңелер еміс-еміс бұлдырағандай болды. Ау, мынау өз үйі ғой... Әлекей-күлекей хан ордасы ғой! Иә, солай...
Алақтап жан-жағына қарады. Бопай қайда кеткен? Үйреншікті орыны бос жатыр...
— Хан ием!
Мынау — Бопайдың даусы. Сырттан шығады. Бұл жұртқа не көрінген өзі? Неге осынша у-шу боп жатыр,
— Хан ием, хан ием!
Оқыс шыққан дыбысқа басын көтеріп алып еді, екі босағаны екі иығына іліп кетердей боп аптығып кіріп келе жатқан Мырзатай екен.
Әбілқайыр таң атқалы булықтырып тастаған ауыр ойдан серпіле алмай манаурай қарады.
— Не боп қалды түге?
— Ауыл сыртындағы жалға бес-алты атты көтерілді. Мырзатай екі иінінен дем алып ентігіп түр. Сырттағы жабыр-жұбыр күшейе түсті.
— Әне, ойға құлады.
Хан ауылындағылардың Әбілқайырдан басқалары бірі қалмай тысқа шығыпты. Бәрінің де бейтаныс жолаушыларға ауыздарын ашып қарап қалған сыңайлары бар.
Әбілқайыр сол орынында басын тіктеп қақшиып отыр. Серпіле керілген қасы мен тікірейе қалған шұнақ құлағы ғана сырттан хабар тосып отырғанын сездіргендей. Алақандай ала көзге әлгінде ғана мөлтеңдеп тұнып тұрған тұнжыраңқы ойлар әлдеқайда жым-жылас жоғалыпты.
Мырзатай сыртқа шығып кеткен-ді. Қауқылдаған дауысы қайта естілді.
— Әнебіреулерінің басындағы башқұрт тымақ қой. Алдар байлары күні кеше ғана келіп кетпеп пе еді. Күнара ат құрғатпай шапқылап башқұрттарға соншама не көрінді екен.
— Орталарындағы әнебіреу қазақ емес пе? Башқұрттардың арасында жалғыз қазақ қайдан жүреді? Қыстыкүнгі үсті-үстіне шапқыншылықтарынан кейін олардың қоралы қол болып жүрмесе, қазақ арасына бүйтіп шағын топпен келе қоюы қиын еді ғой. Жолдағы елдер бұларды қалай аман жібере қойды екен?!
— Ананы қара! Әлгі қазақ далақтап шаба жөнелді. Жалғыз өзі оза шауып келеді!
Жалғыз қазақтың қасындағы серіктерін тастап, шаба жөнелгені несі? Қасындағылар қайтты екен?
— Қасындағылар ілесе шапқан жоқ. Сар желіспен салдырып келеді.
Сонда қалай болғаны? Әлде бұдан сүйінші сұрауға жіберілгендер ме екен? Ендеше, бәрі неге шаппайды? Иә, башқұрттар бөтен ауылға, қазақтың ауылына келе жатып, аттарының басын еркіне қайдан жібере қойсын. Сонда қарқарадай хан ауылына тасырлатып шауып кіретіндей ол не қылған жүрегіне жүн байлаған қазақ? Елшілері болса, қалғандары қайда? Неге жалғыз келеді? Қасындағы башқұрттары несі? Бірақ орыспен екі ортаға қазақ қасына не татар, не башқұрт ертпей жүре ала ма?
— Ойбай-ау, мынаның басындағы өзіміздің шөмекей тымақ қой!
— О тоба...
— Не дейді? Не боп кетті өзі?
Ақ орда шыркөбелек айналып барады. Сырттағы жабыр-жұбыр күшейе түсті.
— Мәс-са-ған! Мынау Рысбай ғой!
Мырзатайдың дауысы бірте-бірте алыстап барады. Сонда... Тоқта... Рысбайдың сонда... Жалғыз келгені қалай? Сейтқұл мен Құттымбет қайда? Әлде ақ патша оларды аманат қып ұстап қалғаны шын болғаны ма?
Әбілқайырдың ту сырты мұздап қоя берді.
— Сүйінші! Сүйінші!
— Ойбай-ау, не дейді мынау?! Елшіліктен жалғыз-ақ адам оралса, оған несіне сүйінші сұрайды? Бұл жұртта ес бар ма, түге...
— Сүйінші! Сүйінші, хан-ием!
— Мынау өзі кімнің дауысы?
— Сүйінші!
— Рысбайдың даусы ғой? Не болған сонда?!
Әбілқайыр сыртқа жүгіре шыққысы келгендей, екі-үш ұмтылып еді, буын-буыны қалтырап, орынынан тұра алмады. Сосын қуанғаны да, ренжігені де белгісіз, қолын бір сілтеп, ту сыртындағы құс жастыққа шалқалай берді.
Құдай берудей-ақ берді ғой!
Патшадан Рысбай оралғалы хан ауылынан ат құрғап көрген емес. Бұрын жан-жағыңа көз тастасаң, жағалай құлазып жататын, жамалдатып өлген түйенің көніндей қабарытып алған қара сұр кеңістік аяқ астынан ажарланып сала берді. Ана тұстан да — ақтылы-құлалы боп шұбар топ шыға келеді, мына тұстан да — ақтылы-құлалы боп шұбар топ шыға келеді. Таңертең де солай, түсте те солай, кешке де солай.
Ауыл қарасына ілігер-ілікпесте аттарынан түсіп, тізгіндерін қарларына іліп ап, хан ордаға қарай жаяу беттейді. Ордаға дауыс жетім жер қалғанда тізіліп тұрған жалаңдаған жас жігіттер қонақтардың жүгенін қолдарынан қағып ап, аттарды ауылға шаңы жетпейтіндей оқшау жердегі кермелерге жетелей жөнеледі. Ордаға жүз қадамдай қалғанда самсап тұрған көк найзалы топ меймандардың найзаларын алып қалады. Қырық қадамдай қалғанда иін тірескен өңшең бір төртпақ палуан жігіттер кісілердің түр-түсіне қарап, белгілі билер мен ру басылары болмаса, қалғандарының қанжары мен қылыштарын сыпырып алады. Хан ордаға құрық тастам жерге жеткенде меймандардың кіселеріне ілінген кішкене қындарындағы сүйек мүжитін сапы пышақ пен қолдарындағы қамшыдан басқа қару қалмайды.
Ол екеуін алуға болмайды. Пышағын алғаның — үйіңе төтелеп келген құдайы қонақтың әуелден еншісі бөлінбеген ен қазақтың қай шаңырағынан да тиесілі сыбағалы жілігін алдына қоймаймын дегенің. Қамшысын алғаның — табалдырығымнан аттағасын ауызыңды ашпайсың, көмейіңе құм құйылып кіріп, құм құйылып шығасың, хан алдында датың болса — айтпайсың, дастарқан үстінде дау шықса -араласпайсың дегенің. Өйткені, басына дағарадай қып бөрік киіп, беліне бес қаруын асынып, бет жүздік киімін киіп, бет жүздік атын мініп, азаматпын деп алшаң басып келген еркек кіндіктің мәжіліс үстінде ауызынан бұрын қолының қимылдамағы, алқалы ортаға алдымен қамшысының түспегі шарт. Қамшысын ортаға тастамай қойшы сөйлер, қойманшы сөйлер, ал өзін сыйлайтын ер азамат жағын ашпайды. Қамшысын алғаның — «қадірің жоқ қағырмасың» дегенің. Еркек адамға одан асқан қорлық болар ма! Одан да тымағыңды күлге лақтырып, қатыныңның тіз киімін басыңа орап ап, иығыңа қара ала дорба салып, жайылған сиырдың құйрығын қағып, тезек теріп кеткенің мың бір ғанибет! Қазақ үшін мынау ұлан-ғайыр көк аспанның астында, жеті қат қара жердің үстінде сенің ауылыңнан басқа ауыл, сенің түтініңнен басқа түтін құрып қалғандай, атының басын сенің белдеуіңе бұрып, туралап келген қонақтан қадірлі ешкім болмасқа керек. Ал, төре ауылында, әсіресе хан ауылында қай-қай қазақтың да айырықша тыраштанып бағары белгілі. Өзіңнің кім екеніңді білгің келсе, төренің үйіне түс деген де содан қалған. Хан үстіне пышағың мен қамшыңды тастамай кірсең — қатарда жүргенің. Хан ауылына артыңа тазы ертіп, нөкер ертіп кіре алсаң — ел қатарлы емес, ел үстіндегі қадірлі азамат болғаның.
Ханның қонағын қарашы аттан түсіреді, ағайын-жекжат алдына түсіп жол бастайды, ханзадалар орданың қасынан қол қусырып қарсы алып, есік көтеріп үйге кіргізеді.
Рысбай оралғалы шартараптан ағылып жатқан үлкенді-кішілі меймандарға осы жол-жоралғының бәрі мүлтіксіз істеліп жатты. Төрі мен босағасының арасы ат шаптырым ақ сарайдай ханорда ерте барсаң да, кеш барсаң да тізелерін түйістіріп шалқая жайғасқан жақсы мен жайсаңға толады да отырады. Ханмен мәжілістес болып шыққан мейман анадай жердегі өзіне арнап тігілген ақ отауға барып, сыбағалы қонақақысын жейді.
Осының бәрін бес саусағындай біліп алған Итжемес көкжиектен қарайған көрінді-ақ, төбесі көкке бір жетіп қалады. Қонақ деген қызыр деп, өз сыбағасын өзі ала келеді деп баяғыда пайғамбарлар айтыпты, қонағы арылмаған үйдің құты арылмайды деп қазір жоқ қарап жүрген қазақ та айтады, дау қуып жүрген қазақ та айтады.
Үйінен қырық қадым ұзап шыққан кісінің бәрі қонақ. Үйінен қырық қадым ұзап шыққан кісінің пақыры да пақыр, батыры да пақыр. Алдында асы, басында қалқасы, астында төсеніші, үстінде жамылғысы болмаса, пақыр болмағанда кім болады. Ендеше, қонақ адамның бәрі пақыр. Пақыр адамның бәріне пәтиха тиесілі. Пәтиха беруден бас тартқан адам кісі емес кісәпір, екі дүниеде де бетінің күйесі бес елі қаныпезер. Жал-жалдың басында шілдің боғындай шашырап отырған қазақтың малы жоғалмас па, басы ауырып, балтыры сыздамас па, ұлы ер жетіп, қызы бой жетпес пе, кәрісі опат боп, нәрестесі қырқынан шықпас па, тіпті басқа шаруасы бәрі таусылса да, көкжиектегі көк сағымға қарап мелшиіп отырғаннан, күлдіреуіш санап, шаңыраққа қарап шалжиып жатқаннан құйымшағы ауырмас па, жамбасы ұйымас па, іші пыспас па — әйтеуір бір ретін тауып жүріп-тұрмақшы ғой! Ендеше, жүріп-тұрған қазақ басқаның қазанына қалайша кіріптар болмайды. Ендеше кіріптар кісі қайтіп пақыр болмайды. Ендеше, бір күн атқа тақым салмай үйінде отырса, намазы қаза болғандай тықыршып бітетін қу аяқ қазақтың бәрін пақыр емей патша ғой деп пе ең! Ендеше қазақтың қай-қайсысына да пітір тигендей. Ендеше, басқа кісәпір, басқа қаныпезер болса да, қазақ кісәпір, қазақ қаныпезер бола алмайды, бүгін біреуге сен кісәпірлік қылсаң, ертең саған біреу кісәпірлік қылады. Ендеше, қазақтың қонақжай болмайтын амалы қайсы?!
Оны басқа білмесе де, Итжемес біледі. Әуелде түйе қарап шығып, елден ел асып, жерден жер асып хан қосынынан бір-ақ шыққан Итжемес басқаны білмесе де, қонақжайлықты біледі. Бірақ ханның қонақжайлығын адам көрген емес. Қаз-қатар қазылған жер ошақтарға қаз-қатар асылған тай қазанның қайсысының қақпағын ашып қалсаң да — былқып жатқан семіз жабағы, қалқып жүрген сары ала май. Тұмсығыңды пейіштің бағына бір сұғып алғандай рақаттанып қаласың. Қатар-қатар тізілген торы сабаның бәрі — аузы-мұрнына шыға лықылдап тұрған қысырақтың қымызы. Бір пұшпағына аузыңды төсеп жата кеткің келеді.
Көл боп төгіліп жатқан тамақ. Тау боп үйіліп жатқан тамақ. Соны жан-жақтан анталап кеп, жапа-тармағай жабыла жалмап, ырсылдап-күрсілдеп аттарына әрең мініп, шартарапқа қайтадан шашырап бара жатқан шұбырынды қазақ. Осынша тамақты құла дүзде құландай босып жүрген көп обырдың жемсауына тықпыштап бағу да шамалы кісінің қолынан келе қоймайтын сахилық-ау! Соған қарағанда, хан болу да анау айтқан оңай шаруа бола қоймаса керек.
Осының бәрін өз дәулетіңнен жырып бермек түгілі жалаңдаған табақшы жігіттер аузы-мұрнынан шыққанша, үйгіштеп, төбелеріне қойып ап, төгіп алмайын деп мәймөңдей басып, ақ үйлерге қарай апара жатқан сансыз сары ала астауларды көргенде Итжеместің айдалада тұрып, қаралай іші ұлып қоя береді. Итжемеске айтқызсаңыз, шіркін, қазақтың шаншыла толған сары ала табағынан асқан әдемі нәрсені екі дүниеде де таба алмайсыз. Бірақ, сол әдемі нәрсе Итжемеске сол әдемі қалпында бұйырмай тұр ғой! Қазан басына Мырзатай келсе, анадайда түтінге тұмсығын төсеп тұрған оны шақырып алып қол басындай қазыны, солақпандай құйрықты көмейлете асатып жіберетіні бар. Ал, енді әлгі төлеңгіт Бәйбек келсе, онда мынау кең дүние көзді ашып жұмғанша қаран су алып қалқып шыға келеді. «Қонаққа жетпей жатқанда осылар-ақ сұқақтайды да жүреді екен!» — деп көзін сатқан көп итке қосып, бұны да қуып жібереді. Алпыс алты атасына, жетпіс жеті шешесіне адамдық бітпеген, арғы тегі қырық темірдің құрауынан пайда болған қу шұнақ шата неме мынау сап-сары ала мол дүниені о баста қара көрттің пышақтай арқасына қоңын ойдырып, қыл арқанмен шандып байлаулы келгенде қол-аяғындағы шынжыр бұғаумен бірге арқалап әкелгендей қаралай қорып бітеді. Босаған табақтарды да жылан жалағандай жалап-сұқтап, аузына ештеңе тигізбейді. Ондайда Итжемес өзіне ештеңе бұйырмайтынын білсе де, осыншалық әдемі көріністен көз ала алмай, қазан басындағылар мен табақ тасушылардың әр қимылын аңдып аңырайып тұрғаны. Оның көзін қызықтырып, әлгінде ғана Қаратаудың қара шоқысындай боп үйіліп бара жатқан үйме табақтарды ақ үйлердің айқара ашылған есіктері бірінен соң бірін қылғыта береді, қылғыта береді...
Кейін бұл манағы мол дүниенің қайда сіңіп жоғалғанын білгісі кеп, әр немені бір сұрағыштап табақшылардың мазасын алады. Сонда табақшылар айтады: төсегіне қазы-қарта, жал-жая сап сары ала қылып, ортасына өңшең жүрек, бүйрек салып қоңыр ала қылып, ең үстіне басты жайғастырған төр табақ ханның алдына, төсегін сары ала қып үстіне жамбас пен бас салынған бас табақтар мен сый табақтар сыйлы меймандардың алдына, ал бас пен жамбастың орнына ортан жілік, тоқпан жілік, асық жілік түскен орта табақ пен аяқ табақ олардың шашбауын көтерген жігіт-желеңнің алдына қойылады дейді. Сан жілік пен төс салынған табақ күйеуге, ұлтабар, ішек-қарын, қабырға-омыртқа салынған табақ келін-кепшікке бұйыратын көрінеді. Әйтеуір Итжемес пен ошақ басын күзеткен сімсік көз көп төбеттен басқаның бәріне де табақ жететін түрі бар. Алайда, хан ауылына қонақ келгеніне, өздеріне табақ бұйырмаса да, Итжемес пен иттер де естері қалмай қуанады. Қан-жын, сүйек-саяқ бұйырса да, қарындарына бірдеңе барады ғой, әйтеуір!
Барғанды қойып, Рысбай келгелі Итжеместің тіпті кекірігі азая бастады. Өйткені, хан бас болып, барлық ақсақалдар жұртқа әуелі құйқа үлестіреді, сосын сарқыт асатады. Дастархан басындағылар солардың лықа толы шеңгеліне кезек-кезек ауызын тосып жүріп-ақ тойып болады. Көп табақ бөксесінен төмен түспеген қалпы кері қайтарылады. Ата дәстүрі ақсақалдардан қайтқан табақты сәлем етіп келіндер алуы керек дейді. Хан ауылының келіндері жұрттың малшылап тастаған табағын қайтсін, ошақ басындағыларға асырады. Ошақ басындағылар ең малшынды табақты мұның ауызына тосады. Сонда осы ауылдың ең жаңа түскен кенже келіні Итжемес боп шыға келеді. Игі жақсылар жас келінге табағын сарқытымды жеп мендей бақытты болсын деп беретін көрінеді. Ханның да, сұлтанның да, бидің де, байдың да сарқытын жегенмен хан болып, сұлтан болып, би болып, бай болып жатқан Итжемес жоқ. Бірақ, кейде түн ортасында іш құрғырының су ішпеген жылқыдай шұрқырап қоя беретінінен құтылды. Келін табақ жесін, кепшік табақ жесін — қарыны тойса болмай ма! Алдына келгенді көкесіне көрістіріп қақшып бағады.
Әбден іші сыздағасын барып ауыл ішіндегі малайлар жататын қоңыр үйдің оң жағындағы көп жабудың біріне ұзынынан түсіп құлай кетеді. Шалқасынан түсіп шалжия жайғасып алғасын ағыл-тегіл қиялға батады. Шіркін, осындай шірей тойып кеткенде тоғыңды басатын, аздап күшала қосқан, үш-төрт күн асып аюдай ақыртып, көбігі шеңбірек атып тұрған ащы қымыз болар ма еді! Бірер сапты аяғын салып алсаң, жүрегіңнің басында кілкіп тұрған сары ала май қайқы құйрық қара ала төбет көрген шәуілдек күшіктей жымып жәнелер еді. Әйтпесе, мынау жылқының құрт қосқан сары сорпасы кебеже қарыныңды одан сайын кептіре түспесе, тоқ таратпайды, тақырға түскен қақтың суындай көкірегіңнің басында лықылдайды да тұрады.
Бірақ, бұған қымыз қайда... Ең болмағанда, саба пісуге де жолатпайды. Пұшпаққа қолы бір жетсе, әрі қарай ретін өзі-ақ келтірер еді! Ондай-ондай пайдалы жерді Бәйбек құсағандар қолдарынан тіріде шығара ма! Бұған сол мал сою, ішек-қарын аршу, қой үйту, жер-ошақ қазу... Әйтеуір, шикі тамақ болмаса, піскен тамақтың маңайынан жүргізбейді.
Баяғыда ештеңені білмейді екен ғой. Хан ауылына келгелі көрмегені, естімегені жоқ. Хан дастарқанының басында кімді қалай отырғызғанының өзінде гәп бар деседі. Ол дастарқанға іліккендер биліктен де құр қалмайды деседі. Мынау ақ тауды айырып, қара тауды қайырып келгендей қып төбелеріне көтеріп жатқан Рысбайлары күні кеше базарға жылқы айдасатындай ғана абыройы бар көп шауыпкелдің бірі екен. Енді, міне, хан иығына қамқа шапан жауып, келгендерге Петербордың әңгімесін айтқызып, күні-түні қасынан шығармайтын көрінеді. Рысбайдың осы атқа мінгені мінген деседі. Атқа мінгені құрысын, шетіне қол тимеген сары ала табақты өз алдына алып, шетіне ерін тимеген сары қымыз толы сапты аяқты алақанына салып ап, асықпай сіміріп шіреніп отырар бір күннің өзі неге тұрады! Жұлдызы жанған жігіт деп, әне, сол Рысбайды айт!
Күбірлеп жатып көзі ілініп кетеді. Түсінде хан ордасының көк желкесіне дейін тасырлап атпен шауып барып сүйінші сұрап жүреді. Сүйіншіге жылт-жылт еткен қамқа шапан жамылып жүреді. Игі жақсылар тізе қосысқан алқалы мәслихаттың ортасында отырып жүреді. Сапты аяқ толы сары қымызды қылқытып жұтып жүреді. Қазы-қарта, жал-жая, сыбаға сүйек, сары ала, торы ала шаншыла толған үйме табақ алдына келгенде: «Қазір ет жеп отырғанда қамқа шапанымның жеңіне май тигізіп алмасам жарар еді», — деп уайымдап жүреді.
— Құдай берді ғой! — деп қояды ұйықтап жатып та.
Ала жаздай бір жұртта табан серіппей ошарылып отырып алған ұлан-асыр ауылдың орыны тулақ сүйреткендей қуарып, құлазып қала берді.
Шұбыртпадай шұбатылған шұбар ала көш мизам қонақтап жылт-жылт еткен күзгі шөпті баса көктей жапырып, жаңа бір бағытқа бет алды.
Сүмбіленің туғаны беп-белгілі. Ат құлағының арасынан соққан қарсы лептен инедей шағып алар тікенек ызғар еседі. Көш қозғала жылы көрпенің арасынан тұрғызып ап, түйенің екі жақ бүйіріне төрт құлақ кебежеге әкеп тыққан кішкене балалар иектері иектеріне тимей дірдек қағады. Бірақ, мұндайдағы әдет еткен қыңқыл-сыңқылдарының бәрін ұмытып, ұйқы тығылған сығырайма көздерін бақырайтып ашып алып, мынау тосын көрініске айран-асыр қап таңырқаса қарасады.
Көкжиектің жазда ылғи жанарыңды қажытып бозарытып тұратын кілегей мұнары бүгін жым-жылас. Екі-үш күндікте былпытып бабымен жауған сылбыр жауын шөп басының сіре сілтісін әбден ақжем қып шайып кеткен. Жусан басы қайта құлақтанып, кеше ғана жолбарыстың жонындай сары ала, қоңыр ала боп жолақтанып жататын жұмыр жондардың тағы да көк ніл бояуы көбейе бастапты. Алыс ойпаттар көл бетіндей көлкіп көгеріп көрінеді.
Аспан асты айнадай таза. Таңғы самал ауа көкірегіңді шәйдай ашып, тынысыңды кеңейте түскен. Содан ба жал-жалдың басына шұбан шыға бастаған сәңкитіп шаңырақ артқан, малынтып кілем жапқан, тығырықтап текемет қоршаған, теңкитіп кебеже теңдеген мығым басар сары атандар мен сирағы ұзын қара нарлардың, балалардың тақымына бұйырып, қос қапталда шапқылай жарысып шарқ ұрып жүрген селтең құйрық тай-құнандардың аяқ алыстары тіптен ширақ. Көзің түскен нәрсенің бәрінен әлденеге алабұртқан елгезектік лебі еседі. Тіпті маң басып, маңдып болмайтын маңқиған түйелердің жүрісін місе тұтпай, анадай-анадай жерлерге озып барып, құйрықтарын селтитіп тұра қалып, өзге көштердің иттеріне алыстан әупілдеген ор ауыз төбеттер де бір-біріне үре тіл қатпай, күле тіл қататындай.
Әбілқайыр да көңілді. Көшелі көк ала айғырды тайпалта бастырып, қарақұрым нөкері мен қалың көштен көп ұзап шығып кеткен. Көзінің алдындағы көптен бүк түсіп жатып алған көтерем қаяу жоғалып, тып-тығыз құндыз қара мұрты ашық аспаннан күле қараған күн нұрымен ымдасып жылт-жылт етеді. Сұлу жылқының тостағандай төңкерілген күлің-күлің сауырын ойда жоқта бір қыдықтап алғысы келгендей күміс бунақ төрт өрме қамшы оқтын-оқтын көкке қарғып қояды. Қасындағы қалың шоғыр оның бүгінгі қас-қабағын айтпай танып ауыз жаппай қауқылдасып келеді.
— Апырай, күн де тамаша болып тұр екен!
— Іс оңға басарда ылғи осылай ғой!
— Иншалла, бәрі де дегендей болып шығар!
Хан ол әңгімеге араласқан жоқ. Мұртынан күліп үнсіз келеді. Назары сонау көз ұшындағы оқшау төбеде. Маңтөбе десе Маңтөбе. Бір жағынан Ырғыздың табанынан көктемде жайылып, жазға қарай тартылып қалатын біріне-бірі ілесіп, моншақтай тізіліп жататын көп көл — Аманкөлдің тұраны, екінші жағынан деңбек жалдар еңіс тартып, көлбей тоқайласқан дөңгелек ойпат ұштасар жерде қара бас еркек, ақша отау ұйлыға өскен құмақ төбе мама қатынның емшегіндей дөңкиіп, жер түбінен көзге ұрып түр. Оның төбесіне шықсаң — төңірегіндегінің бәрі құдды алақаныңа салып қойғандай түгел көрінеді. Қапелімде қапы соқтырардай тосқауыл таса, ұры жыра, жымысқы жықпыл — ештеңе жоқ. Қайдан кім келе жатыр — бәрі көз алдыңда. Күн батыс жақтан жер түбінен Айырқызылдың өркеші бұлаңытып, тұмсығымен жер сүзісе құлап бара жатқан қара қабандай Қабанқұлақ тауы қарауытады. Терістікте Текше десе, текше қыз жинаған жүктей қатталып, тік шың кемер тау мен мұндалайды. Торғай бетте семіз биенің сауырындай жылтылдап, еркек пен селеу аралас өскен Қарақұдық алабы жатыр. Ал, құбыла бетте күміс айшықтай иіліп жылт-жылт еткен Шөміш көлдің сабы мен Ақсуат көлінің бір шынтақ иінінің бір-біріне жалғасқан тұсында жан-жағын қаумалай қоршаған Талдыкөл, Шөмішкөл, Сасықкөл, Ащыкөл, Құттыкөл, Сарыкөл, Сабындыкөлдердің арасынан сиыр тіліндей аралшық құрап Қарақоға жатыр. Қарақоға — хан ордасының талай қонған жері. Төңірегің — тұтасып жатқан су. Одан арғы далиған далаға тек пышақтың жүзіндей кішкене иін арқылы өте аласың. Жарақты жау келсе, қапы қалдырардай жайдақ жатқан ештеңе жоқ. Жері тепсең. Жағалай бал құрақ, көп көлдің қаз-үйрегі күні-түні қиқулап құлақ құрышыңды қандырады. Су бойы көкке шоршыған сазан, шортабан, табан лақа. Нағыз жыраулардың ауыздарының суы құрып жырлаған: «Балығы тайдай тулаған, бақасы қудай шулаған» жерұйық мекен. Маңтөбе мен Қарақоғаның арасы шоқ-шоқ ши, шоқ-шоқ жыңғыл. Ертең алыстан келген елшіге «мекенім мынау еді» деп қорынбай көрсете алатындай жер. Анада Рысбай келгесін бірер аптадан соң Петербордан келе жатқан сый қонақтарды шөбі тұяқкешті бола қоймаған шаң-тозаңсыз таза қоныста қарсы алмақшы боп пәлен айтты сабылтып жер қараған. Пәленбай күн ер үстінде жүріп, ақыры, осы араға тоқтаған. Ойы — орыс елшісімен мәмлесі көңілдегідей шығып жатса, мынау домалақ төбенің бауырайының бәрін жер ошаққа толтырып, төбесіне кілем жайып, күллі ұлыстың ауызынан ақ май ағызып, Маңтөбенің атын Майтөбеге аудару, жер түбінен келген шаруасы діттеген жерінен шығып, дені жайылған құрметті қонақпен айлап саят құрып, Аманкөлдің айдыны толы құсы мен жынысы толы қабанын атқызу.
Енді, міне, сол тоқтамына бүгін өзі риза боп келеді. Көкжиектен шұбарытып шыға келген шұбалаңқы көштердің қайсысының қайда қонатынын ойлап қояды. Ханорда сол Қарақоғаға қонады. Маңтөбенің ығы мен шуағы мол күнгей бауырына, ханордадан қарасын көріп отыратындай жерге ақ патшаның елшілігі жайғасады. Маңтөбенің өз бауырына сол сый қосыннан басқа ештеңе жолатпайды. Қалған ауылдар айдаладан көзіңді шұқып тұрған айқай төбені шыр айнала қоршап сонау төменге, тегістікке орналасады. Сонда елшілікті тек төбенің ұшар басында күні-түні көз ілмей қарауыл қарап тұратын сақшылар ғана емес, бүкіл ауыл түгел күзетіп отырады.
Өйтпей бола ма!.. Жұрт арасынан не шықпайды дейсің! Қымыздың буы мен қыздырма әңгіменің желіне ылығып, ақ патшаның елшісіне қараулық ойлап жүрер әулекі біреулер табылып жатса, қапы қалмастай боп абай отырған жөн ғой...
Рысбайдың аман-есен оралғанын сылтауратьш хабар білуге келгендерден сыр тартып көріп еді, жан-жағының бәрі құлақтары түрік отырған сыңай танытты. Әзір іш алдыра қоймағанмен, көбі әліптің артын бағулы. Әсіресе, келе жатқан елшінің жөн-жосығын көп сұрайды. Ноғай мырзасы дегенде таңданысып қалды. Әскер адамы екенін Әбілқайыр әдейі айтқызбай қойды. Елшіліктің жай-жапсарын жұрт түгел біліп қоймасын деп, Рысбайға еріп келген башқұрттарды көп кідіртпей кері қайтарды. Қастарына ертіп жіберген қайын атасы Сүйіндік батырға оларды жол-жөнекей ауылдарға соқтырма, ешқайда аялдама деп қайта-қайта ескертіп бақты. Елшілік қашан төбеден түскендей боп сарт ете қалғанша, оның ішінде кімдер бар екенін, қандай адамдар екенін ешкім білмей-ақ қойсын. Келе жатқан елшінің қасында қару асынған суық қол барын естісе, кім біліпті, үрегей жағы үрейі ұшып, бұл төңіректен өкшесін біржола көтеріп, беті ауған жаққа безіп кетер, әулекі жағы қылыштарын қайрап, найзаларын сайлап, жол торып пәле қылар. Ең дұрысы, қыбыр-жыбырсыз отыра алмайтын жұрт арасына: «Ақ патшаның бізге деген пиғылының түзулігі сондай, елші қып қазақшаға судай, өзіміздің мұсылман мырзаны жіберіпті. Жарықтық діндар неме көрінеді. Алты айшылық жол үстінде де бес рет намазын бір де бір рет қаза қылмапты. Ақ патшаның алтын тағының құбыла бетіне жәйнамазын жайып тастап, құранды судырата жөнелгенде діні бөлек патшаның өзі ұйып қалатын көрінеді. Уфаның мешітінде ораза намазымды оқып аттанамын деп, айт пен шекті күтіп қалып қойыпты», — деп қаңқу таратқан.
Қазір жал-жалдың басында айналаға елеңдеп отырған құр құлақ ауылдардың ауыздары жалпылдап айтпай жатқаны жоқ көрінеді. Көбі хан ауылынан құлақтары шалған азғантай естіміштерін көпіртіп айтып, патшаның елшісін Стамбулда оқу тауысқан ғұлама, Меккедегі байтоллаға барып, пайғамбарымның қара тасын сүйген қажы қып дабырлапты.
— Ау, сонда ақ патшаңның өзі кім болғаны?
— Кәпірдің патшасы кәпір болмай кім болушы еді?
— Ендеше, қасында ұстап жүрген хажысы не? Дағдарып қалған жұртқа аз-мұз кітап ақтаратындар:
— Ақ патшаның қол астында кәпірлер де, мұсылмандар да бар дейді. Сондықтан, ақ патшаны кәпір деу күпірлік. «Патшаңды ұлағат тұт деп Құранда жазылған», — деп көңілдерін бірлеп қояды.
Не де болса, бүкіл ел болып жол қарасқан жағдай бар. Сүйіндікке: «Аузыңды қу шөппен сүрте бермей, айбынды елміз деп бар. Шалқайып та кетпе, еңсеңді көп жыға да берме. Ақ патшаның ақ жолтай елшісіне өзіне лайқатты құрмет көрсетіледі де. Ханның үлкен ұлы бес жүз кісімен бір апталық жерден алдынан шығып тосып тұратынын айт», — деп ескерткен.
Әбілқайырға мұндай батпан құйрық абыройды қия алмай қыстығырылып жүрген іштарлар аз емес екен. Жарты айдан бері жағалай жабағы жығып, ауыздарын майлап жатқан игі жақсылардың бәріне: «Ақ патшаның елшісін ә дегеннен тіксінтіп алмай, келген еліне, жұмсаған билеушісіне лайық қошамет көрсетейік. Алдынан Нұралыға еріп балаларың шықсын. Өздерің ол келгенде менің ордамнан табылыңдар!» — деп қанша қақсағанмен, сол арада олардың қай-қайсысы да: «Сөз бар ма!», «Мақұл!», «Әп, бәрекелде!» — деп қауқылдасқандарымен, былай шығып ап әрқайсысының әрқилы қиялға түскен сыңайлары бар. Көпшілігі сол кеткеннен мол кетті. Өздері де, балалары да қайтып қараларын көрсеткен жоқ. Кейінгі кезде ат ізі тағы да сирейін деді. Ал, айтулы мерзім таяп қалды. Не де болса, шешінген судан тайынбас, ақырына дейін көріп алады. Мұндай тас түйін тәуекелге бел буғалы әлдеқашан... Содан бері ширатылып шиыршық атып келе жатқан жүйкесі құрғыр енді көбі өтіп, азы қалғанда ши шығарып алмаса болғаны. Қазір бұрынғыдай күйіп-піспей жайбарақат жүр. Жайбарақат жүргенмен, көңіл шіркін көзіне түскен жыра-жықпылды бір сүзіп шықпаса басы ауыратын аңшының сумақай тазысы сияқты, қай-қайдағы қиыр мен шиырды кезе жөнеледі. Қайта сонысы жақсы. Ол, әйтеуір, көкжиекке «апырай, ә» деп қараған сайын, жүрегіңнің басын тікендей шағып алатын тылсым уайымды, бір сәтке болса да, ұмыттырады ғой. Ондайда Әбілқайыр өзінің қайда отырып, қайда тұрғанын да есінен шығарып алады. Міне, қазір де қасындағы қауқылдасып келе жатқан көп қошеметшінің кімдер екенін ұмытып, құлағына майдай жағып бара жатқан жапыр-жұпыр үнге ғана елітіп келеді. Кім-кім үшін де мына дүниеде өзінің істемек ойын құптаған тілектес сөздерден жағымды не бар дейсің!
Оны баяғыдағы Қарақұм жиынында қапысыз аңғарған-ды. Сонда бір жыл бойына төбесі көкке жеткендей боп жүрді. Қауқылдасқан дауыстар шықса болды, қасына қарақұрым жұрт жиылса болды, жасөсріпім жігіт екі көзінен шоқ шашырап, қапелімде, өзінің жерде тұрғанын жоқ қанат байлап көкке көтеріліп бара жатқанын аңғара алмай қалатын. Табанының астындағы қара жер мен тақымындағы қатқыл ер де ертегілерде ғана айтылатын маңдайы бес елі айырықша бақытты жандарды әлдебір ғажайып елдеріне алып ұшатын самұрық құстың мамық қауырсынына айналып жүре беретін. Ол басына ағыл-тегіл орнай қалған көл-көсір бақыттың желі ме, жоқ әлі дұрыстап көңіл тоқтатып үлгере қоймаған албырт жастықтың шалығы ма — ол арасын әлі өзі де жөндеп білмейді, сол бір күндер есіне түскенде, әліге дейін бір бусанып қалады.
Несін айтасың, ол тұста дәурендеудей-ақ дәурендеп еді-ау! Бөкенбай екеуі Ырғыз өңіріндегі қатқыл таусылып, шоқалақ-шоқалақ құм басталып, ұлы шөл енді-енді күш ала бастайтын жерде аспаннан тас жауғандай оқыр-шоқыр боп қонжиған Жаманшыңның күн батысындағы қара ойдың қақ ортасына ерттеулі қара арғымақтай қақшия байланған жеке шоқының маңына ұлыс-ұлыстан үсті-үстіне құйылып баққан қара нөпір қалың қолдарды көрген сайын бір масаттанып қалатын. Олар мынадай атой шоқыны әдейі таңдап алған-ды. Содан бері «Бөкенбай шоқысы» атанып кеткен бұл нысана биікті бес жағынан бес жота орағыта қоршап жататын-ды. Терістігінде — шөккен інгеннің екі тік өркешіндей Қызыл айыр мен құбылаға қарай өңмеңдей ұмсынған қаражал Қабанқұлақ, шығысында — ойқы-шойқы Жаманшың, құбыла бетінде — едірейе-едірейе қараған Қызылқабақ шоқылары, батысында -бұлыңғыр мұнар ортасында көгере қарауытқан Темірастау. Құба қалмақ пен қара қалмақтың арасындағы шұбырынды жол бұл арадан бір қиян. Осынау далиған кең қойнау да не болып, не қойып жатқанын қашан тас төбесінен түскенше ешкім білмейді. Қазақтардың көңілінің құртының неге ауғанын қапелімде жоңғар да, қалмақ та сезе қоймастай. Ал енді шартараптан қыбырлап келе жатқан қарайған болса, жағалай бес қара жалдың көлеңке қуыс-қуысына тығылып ап аңдып жатқан шолғыншылар мен қарауыл шоқылардың басындағы сақшылардың байқамай қалуы еш мүмкін емес. Көрді-ақ, үстеріндегі жалпылдақ киімдерінің екі жеңін жалп-жалп қағып, оба басынан ұша жөнелген қара құс боп белгі беріп, ойға қарай жүгіре жөнелер-ді. Ол қақ ортадағы Бөкенбай шоқысының басындағы сақшылардың көзіне қалай да түсер еді.
Сол-ақ екен — дабыл берілер-ді. Қара шоқының бауыр-бауырына қаздай тізіліп тұрған қалың дауылпаз мойындарына асып алған көн даңғыраларын дүрсілдетіп сабай жөнелгенде әлгінде ғана бесіннің сары сағымына малынып тыныш жатқан астау ой аяқ астынан тіріліп шыға келер-ді. Жал-жалдың, сай-сайдың таса-тасасына тығылып, дүкен құрып, көрік басып, қорғасын балқытып, оқ-дәрі жасап, қылыш шындап жатқан жұрт, ат ойнақ салысып, семсерлесіп, садақ атысып, найза шаншысып, бұғалық тастасып бәсекелескен көп сарбаз әп-сәтте жым бола қалысып, сақадай сай боп сапқа тұрады. Әлгінде ғана аузына не түссе соны көкіп, насыбай үгіп, шақша қағысып, жағасы жайлау жайбарақат жүрген бос белбеу жігіттер табан астында қабақтарынан қар жауған айбынды күшке айналып шыға келеді. Иықтарындағы көк найзаның сүңгісі, күлдір мамай, жеке ауыз, бір ауыз, қанды ауыз, жезді ауыз, шиті, берен мылтықтардың қап-қара ұңғысы, белдеріндегі көк семсердің жарқылдақ қыны мен кіселері, үстеріндегі жалаңқат, зере, кіреуке көк сауыттары, бастарындағы темір дулығалар мен түйенің қап-қара көнінен жасалған жылтырақ жағылар ашық аспаннан айран-асыр қарап тұрған күннің нұрынан жалт-жұлт етіп, жағалай тізіліскен қара нөпір қалың қолдың көркіне көрік, сұсына сұс қоса түскен. Үш арыстың әскері ру-ру, тайпа-тайпаларымен топ-топ болып, алдарына сардарларын салып сап түзеген. Астарында — ертең қан майданға тебініп кіретін жаугершілік тұлпарлары, жетектерінде — екеуден-үшеуден төсек-орнын, киім-кешегін, жолым үйлері мен баспаналарын артқан жорық аттары. Бәрі де түгін тартсаң, майы шығып жылтылдап тұр. Ереуілге шақырар керней дауысын естігілері келіп елеңдескендей ауыздықтарымен алысып жер тарпып қояды. О жер-бұ жерден әр рудың қыл-құйрық жалаулары желкілдейді. Әр рудың жігіттері қарларына бір өңкей шүберек байлап алыпты. Ертеңгі аламан-асырдың үстінде бұлар әншейін он екі жілік, бір бас арқалаған жұмыр басты пенде күндеріндегі «пәленшекең», «түгеншекең» аттарынан айрылып, пәлен рудың жігіті, төлен рудың жігіті атанады. Олардың көрсеткен ерлігі мен ездігін де осы қарларына байлаған екі елі шүберектеріне қарап аңғарады. Олардың жасаған мәрттігі бүкіл бір рулы елдің намысын қоздырып, нәмәрттігі бүкіл бір рулы елдің сүйегіне сынық салады. Сондықтан да мынау аламан жиынға әр рудың еркек кіндігінің ең сүлейі, қыл құйрықтысының ең дүлділі келген. Әр рулы елдің ісмерлері мен зергерлері де өнерлерін салып бағыпты. Жұрт мұнда қанды майдан қан қасапқа бара жатқандай емес, ас пен тойға келгендей қызылды-жасылды жасанып келіпті.
Қазірден бастап бір жан, бір тәнге айналатын осынау бір ұлы нөпір Әбілқайыр мен Бөкенбайдың қас-қабағын қалт жібермей аңдып тұр. Осы бір тіл алғыш мыңдардың сұсы аса түскен сайын екі қолбасшының да төбелері көкке жете түседі.
Олардың өздеріне көңілдері бітіп тұрғанын байқап, көк найзалы қалың қолдың да көздеріндегі жылт лып-лып өрши түседі. Бейбіт жүргенде жал-жалдың басына шашырап, әрқайсысы әр жаққа шірене түкіріп, қаралай мардамсып, көкіректері аяқ қаптай болып жүретін бейберекет пәтуасыз тобыр бес қаруын асынып сапқа тұрғанда айбынды елге, асқаралы халыққа айналып шыға келген. Қараптан-қарап көңілің босайды екен. Қазақ деген мынау аспан астын бір өзі толтыратындай болып далиып жатқан сары дала да, сол сары далада бидайдай бытырап бырт-бырт күйсеп жатқан ақтылы қой, көкала жылқы да, сол ақтылы қой, көкала жылқының шетіндегі жар басына жарбия қонған киіз үйлер де емес, міне, тап осы тепсе темір үзетіндей бұла күш, жандарын шүберекке түйген нар тәуекел, бірін-бірі айтпай ұғып, көріп, біліп отырған ынтымақ, жан-жаққа басыңды алып-қашырмай, жұмылған жұдырықтай қып нығыз да сергек ұстар темірдей тәртіп болса керек.
Солай екен... Темірдей тәртіп жоқ жерде көп жұрттың да, тіске ілінер шөп көрінсе, қуалай жүгірген құзғын құрсақ мал да бір екен. Пенденің қызыл еңештің күйтінен аса алмай тұрып адаммын деуге, азаматпын деп алшаңдап ат мінуге, өңшең қызыл көз тобырдың басындағы бақ пен сорды қапысыз танып, бірін-бірі кеудеден итермейтіндей болып жанымыз-тәніміз бірге бір құбылыс, бір ұғым, бір жаратылыспыз деп түсінбей тұрып, халықпыз деп кекірейіп кеуде қағуға қақысы жоқ екен. Ал, бүкіл халық боп жұмылғанда қандай қарлы тау іс те ісмер қатынның қолындағы ұршықтай шырқ үйіріліп шыға келеді екен. Әншейінде кез-келген қазақтың үйінде қашанғы қара шоқпар мен дойыр қамшыдан басқа қару табыла бермейтін әдеті. Не балдағынан, не алмасынан кеткен қылыштың жұрнағы табылып жатса, оның өзін де маңдайларына тигізеді. Оны да сонау Бұхара асып барып сатып алады, не керуен тонап тартып алады. Мұндай құр қол халықты қаруландыру оңайға түспейді. Бөкенбай мен Әбілқайыр Қарақұмдағы жиыннан кейін ұлыс-ұлыстан жаубасар жігіттерді ғана емес миясар қарияларды да жинады. Оларға сонау ойдағы Талдысайдың, желкедегі Айырқызылдың жықпыл-жықпылдарының арасынан қос тікті. Талдысай мен Қайыңды Ырғыздың бойындағы ну жыныстың талын отап кестіріп, төбе-төбенің күнгей бауырына шаштырып тастады. Қатар-қатар асылған тай қазандарға айыр түйенің өркешін турап, шыжғырып ертіп, ыстық майға әлгі әбден қурап дыңылдап кепкен, қапысыз ысқыланып сүргіленген тал, қайың найза саптарды малып, қашан қара қоңыр тартқанға шейін қапысыз суарады. Сосын қайта кептіреді. Сосын барып тиген жерін насырға шаптыратындай қып зәрге суарылған болат сүңгі қадалады. Ертең жер түбінен туырлықтай ұйысып көрінгенде-ақ, жау зәресін алатын көк найзалар солай жасалады. Миясар қариялардың білмейтіні жоқ. Қараптан-қарап азынап жел тұратын айғыр жалдардың басына шымнан, тастан қорғасын айырар, болат құяр қазандықтар жасайды, оған қорытылмаған тастар тастап, оны малдың майын, қи-тезек салып, қатты бұта араластырып өртеп қыздырады, былқыған сұйық арнайы тас науалармен сыз ұраларға барып құйылады. Суынған соң оны тәске тапап, сапы, селебе, жеке ауыз, қылыш соғады. Жаңа соғылған қаруды қызыл жалынға ұстап шыңдайды, артынан не түрлі зәр қосқан сілті сұйыққа малып суарады. Егер қолыңдағы ақ алмас өткір болсын десең — қойдың өті мен есектің зәрін араластырып, соған суар. Неге салсаң да, кетілмейді, кесіп түседі. Егер ылғи қанға малып алғандай қызарып жүрсін десең — бір мысқал қызыл тотияйынды көк тотияйынның ертіндісіне араластырып, соған малып алған теріге орап, бір тәулікке сақтап қой, әлгінде ғана қас дұшпаныңның арам көкірегіне сүңгіп шыққандай, күреңітеді де жүреді. Ақ алмасың көрген жұрттың зәре-құтын қарадай қашыратын көкжендет болсын десең — ақ тотияйын мен сарымсақтың сөлін араластырып, соған малынған шүберекке орап, бір күн топыраққа көміп таста. Қолындағы көк алмастан түскен жара жазылмай, бірден арам қаптыратын болсын десең — қажырдың қаны мен сарымсақтың сөліне суар. Қағындыдан тиер қайсар қанжар сол болады. Шын мияскердің қолына түссе, қажетке аспайтын нәрсе болмайды екен. Егер құзғын қарғаның жұмыртқасын отқа өртеп, түскен күліне есектің қанын араластырып, найзаның сүңгісін соған суарсаң, одан түскен жара көзді ашып-жұмғанша қара талақтай қағынып, жаныңды жаһаннамнан бір-ақ шығарады. Көк сүңгі улы ғана болып қоймай, тиген жерін тесіп өтер қайратты да болсын десең, есектің тұяғын өртеп, содан түскен күл араласқан суға суар. Найзаның сүңгісі, қанжар, селебе қылыш суаруға иттің қаны, есектің қаны, адамның зәрі, сарымсақтың сөлі, арыстанның өті, айдаһардың, жыланның уы — бәрі-бәрі жарай береді. Ақ алмасты тат баспасын деп райханның жұпар иісті майымен, майға ерткен қалайы тұнбамен, қасқырдың майымен сылайды.
Баяғыда Талдысайдың задығында Бөкенбай екеуінің соңына ерген қалың қол жылан, тасбақа, шаян, қарақұрт аулады, құзғынға тұзақ құрды, тау-тасты кезіп, жебеге қадауға керек болады деп, күшігеннің қойлық жүнін, тасқараның тайлық жүнін терді.
Қалауын тапсаң қар жанады деген осы ғой! Қару-жарақ жасатам десең, миясарлар былайғы жұртқа көзіңді сатпай, қазақтың өзінен де табылады екен. Айналасы алты ай жазда үш арыстың салдыр-салақ сарбаздары бес қаруын түгел жаңалап шықты.
Содан бұлар Жаманшыңның түбінде жақсы ырымды бастап, шынтақ қағысып, тебінгі сүзісіп бірге аттанған қазақ қолын ата дұшпанның қақ маңдайына қарай қарсы алып жүрсін. Екі жыл бойына қазақ әскерінің айдарынан жел ессін де тұрсын. Қанша жерде қас дұшпанның құзғын басы түйенің құмалағындай шашырап қалды. Астам жаудың бұрынғыдай емес тауы шағылайын деді. Қанша бай құлға, қанша шал тоқалға жарып қалды. Небір сұқсырлардың уыздай ұлпа тақымдары қайқы бас қазақы ердің қасына қажалып жауыр болды. Қазақтың еркек кіндігіне керме қас ойрат сұқсырларының ұнағандары сондай басы қаржас Бұқар боп: «Отының болсын жантақтан, қатының болсын қалмақтан, қосының болсын қазақтан», — деп мақалдайтынды шығарды. Желі оңынан тұрып, абыройы асып тұрған кісі дүниенің басы-көзіне қарай ма! Алдына түскен олжаны оңды-солды шашып бақты. Бірақ, сонысы ақыр аяғында өзіне тауан боп тиді. Қазақтың игі жақсыларының ауызын қисайтам деп жүріп, қайтадан көз қырларына іліге бастады.
Шіркін, ойраттың басына әңгіртаяқ ойнатып баққан сол бір кемдікүнгі дәуренде қазақтан да талай марқасқалар табылып еді-ау! Бұның баяғыда тау ішінде құлжаға таласып танысатын таутағы құрдасы Тайлан әкесі Мәтіге тартқан көзсіз батыр боп шықты. Тайлан бірақ, Мәтідей емес, қапсағай. Аяқ-қолы жеңіл. Әншейінде сүзетін бұқадай көзін алартып, сыздап үндемей діңкеңді құртатын бір тоға жігіттің айқайлап жауға тигенде қимылына көз ілеспейді. Құдайдың бір қиын-қыстау жерлерінде жанары жалт-жұлт жанып, аруақтанып алады. Тауда туып, таста өскен неме, әсіресе, ұрымталды білгіш. Қиядан тиісер қияндарда ылғи сол жүргені. Содан да болар, екі жылдың ішінде Тайлан аты ұмытылып, Таутайлақ атанып кетті. Қазір қазақта Орта жүздегі қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, шақшақ Жәнібек, Бәсентин Малайсары, Ұлы жүзде Саурық, Райымбек, Кіші жүзде Табын Бөкенбай, Тама Есет, Байбақты Шолан, Адай Ақпан, Сабытай, Табылды, Есенқұл, Беріш Есболай, Итемген, Әлім Киікбай, Жаулыбай сосын осы Тайлан дегенде ішкен астарын жерге қоймайтын кісі жоқ. Оларды өздері сияқты жұмыр басты пенде емес, аспаннан екі аяқтары салбырап түскен жер құдіреттей көреді. Олар туралы шығармаған аңыз лақаптары қалмаған.
Қазақтың қалмақтан пысы асып тұрған сол бір заманда «Арқар» ұранды төренің абыройы да аз болған емес. Орта жүз қолдарын бастаған Сәмеке, Барақ, Қайыптар қысылтаяң күндерде намысты қолдан берген жоқ. Жауға жұдырықтары қатты тиіп, бір-екі аяусыз төмпештеп алған соң, қазекеңнің көкірегіне нан пісейін деді. Қай халықтың да қасіретке батқаны бірдей болғанмен, мақтанып-масаттанғаны әр қилы. Қазақтың бағы жүрсе — кәукілдеген мақтан әңгімесі, гулеген өсегі, кеңірдегін күнге, кіндігін айға ілген кердең жүрісі көбейіп, қараптан-қарап іші жарылып, бұтқа толып болады.
Жоңғардан есе қайтарып, жолдары болған бір-екі жорықтан соң бұрынғыдай исі алаштың жыртысын жыртатын әңгіме күрт азайып, әр ұлыс қай ұрысқа қанша қол қосқанын, қай шайқаста қай батырының қандай ерлік жасағанын айтып, әрқайсысы өзді-өзі оңаша жиналып, оңаша желпінісетінді көбейтті. Аз күндік абыройды қайдағы бір әлжуаз әулет Өсеке тұқымының шөп бас сұлтаны иемденіп кеткеніне іштері тарылатындар да бой көрсете бастады. «Біздің пәленше болмағанда, тап сол арада дәуренінің қалай болғанын көрер едім», — дейтіндер көбейді.
Ондай қаңқу әңгімеге келгенде Жәдік тұқымы әуелден де алдарына жан салмайтын. Тексізден шығып, бағы оза бастаған бала сұлтанды кекеп-мошқағанда аузы-бастары құйын соққан үйдің туырлығындай желпілдеп ала жөнелетін. Ондай әңгімені көбіне-көп Барақ бастайды деп есітеді. Сәмеке өз жанынан сөз шығарып қоспаса да, Барақтың әңгімесіне кеңк-кеңк күліп бір жасап қалатын көрінеді. Құдай Бараққа біраз нәрсені берудей-ақ берген. Ер десе ер, шешен десе шешен, айлакер десе айлакер. Мақтанды да, даңғойлықты да, арамзалықты да, күншілдікті де, құдай екең, кетсе соған-ақ кетсін деп үйіп-төгіп бағыпты. Бәрінен де баққұмарлықты аямапты. Өзіне айтқызсаң, аузын қу шөппен сүрткенмен, құдай оны бақтан да көп қыса қоймаған. Білектісі көп ну Найманның тізгіні сонымен немере інісі Күшік екеуінде. Найман қолы жаумен шайқастың қай тұсында да көзге түсті. Орта жүзде, әсіресе, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайдың ерлігіне ешкім дау айта алмайды. Тек сол екеуінің өзі алып берер абырой талай Барақ, талай Күшік, талай Сәмекелердің көк желкесін күдірейткен-дей.
Ал Барақ көкжал деген сайын күнге қақыратындай кекшие түседі. Астына ылғи жалын тізесіне төгілтіп қара ат мініп, үстіне жалтыраған қара шапан киіп, қара бұйра күйек сақалды жалтырата тарап, соңына бірінен-бірі өткен қара сүлік тазы ертіп, қара жалдың басына қара нөпір қолымен опыр-топыр боп шыға келгенде қазақ ұлыстарының ең кемі бір жыл үзігін тулатар қара дауыл көтерілгендей болар еді. Кісі мен кісіні, ру мен руды, ұлыс пен ұлысты жармастыра қоюға одан епті ешкім жоқ. Ол өсекті өзгелер құсап пыш-пыштап оңаша айтпайды. Шаршы төрге шығып ап, сары аласы мен қоңыр аласы аралас бас табақты буын бұрқыратып алдына қойып, саңқылдай күліп, сампылдай сөйлеп отырып айтады. Талай төрде талай бағыланның басын мүжіп отырып, бұны да жеті атасынан бермен қарай жерден алып, жерге салыпты. «Жарықтық біздің жақсыларымыз да қартайып келеді ғой. Әйтпесе, бір-екі жерде қулық-сұмдығымен ауызға ілікті екен деп, үш арыстың айбынды туын тегінде теке атпаған, теке атпа да, екі атпаған Әбілқайырға ұстатар ма! Жол ана азуы алты қарыс Арғынды ұстап отырған Қайыптікі емес пе, жетпіс мың жылқы біткен Сәмекенікі емес пе!» — деп те талай шалқақтапты. Қайып пен Сәмеке әлгіндей бұра тартар бұралқы әңгімеге бірден құлап түскен түрлері бар.
Қазақтың желкез керегісінің аржағында айтылған желбуаз әңгіме жетпей қалушы ма еді! Аспан астынан ызың аңдып жаланып отырған аш құлақтар мен сүйрең тілдер сумаңдатқан суық сөздер ұшқан құс, шапқан аң жете алмас алты айшылық қиырларға әп-сәтте-ақ атанақтап жетіп баратын.
Әбілқайыр әлгіндей күйдіргі әңгіменің ешбірін қалт жібермей естіп бақты. Бірақ, ешкімге ештеңе деп тіс жармады. Естігені естіген қалпында көкірегінің басына қонақтап, баяғы Қарақұм жиыны тұсында ұялаған желбірек сезімді жаншып езе түсті. Бірақ, сол бес қаруы беліндегі қазақтың бәрін соңына ерткен күндері сәл нәрседен алабұртып шыға келетін ала құйын көңілін қай-қайдағы қысыр қиялға бастаса, қазір «қап, бәлем» деп тіс қайратқан тымырсық ызаға тұншықтырып, қайдағы бір ащы ойлардың азабына салады.
«Жұрт не десе, о десін!» — деп шалқаюға тағы болмайды. Қайта күні кеше қолына ту тигенде төмпештеп көзін аша алмай келе жатқан қазақ жұртының алдында талай боз екпе сұлтанның кемтәуекел, кемпарық сорлылығын бетіне басып берсе, енді олардың сәл ашықса, еңкелеп, сәл тойынса шалқалап қалар пәтуасыздығын әшкерелеп бағуы керек. Ол үшін жұрт өзі туралы не айтса, соған керісінше іс істеуі керек. Қараптан-қарап мардамсып жүрген маңқа немелердің іштерін сүйтіп күйдіруі керек.
Ол жұрттың аузын аңдып бақты. Ел әуелі: «Әбілқайыр кімнің арқасында кім болғанын білмей жүр. Одыраңдаған он шақты батыры болмаса, шіркіннің шама-шарқын көрер едік», — деп кеу-кеулесті.
Әбілқайыр бұл әңгімені естіп: «Ең алдымен батырлардың көңілін табуым керек екен», — деп түйді. Сұлтан басымен «Алаш» ұрандының туын ұстаған Бөкенбайдың бетіне еш жерде жел боп келіп көрмепті. Ол басшы да, бұл қосшыдай, не айтса да, құрақ ұшып тұрыпты. Бөкенбай, Есет, Тайландардың алдындағы ізетіне бола Кіші жүз батырлары Әбілқайырға ә дегеннен іштері жылып сала берді. Оның мұндай кішіктігін «Арқар» ұрандылар әуелден сабы төре, қабы қара шаталығынан көрсе, басқа орданың қарашылары: «Пәтшағар, төре екенмін деп төбелерімен аспанға сүйкеніп аласұрып жүрген өзгелеріндей емес, қашан көрсең де, тал жібектей есіліп тұрады-ау... Ол тіл қатқанда өзі балаңның баласынан да кіші сияқтанып кетеді-ау. Іші-бауырыңа еніп бара жатқан мұндай әдепті жігітке оңды-солды айтылып жүрген әңгіме қайбір оңды әңгіме дейсің. Ішің күйсе тұз жаланың кері шығар», - дейтін көрінеді.
Әбілқайыр одан сайын бойын жасырып, бетегеден биік, жусаннан аласа бола түседі.
Мұндай сөздерге не себеп болып жүргені де есінде. Қазақ қолы бірде қалмақтың шет ұлысын шауып, Түркістанның базарын талаудың талапай малына толтырды да жіберді. Әскерінің олжалы оралғанына мәз болған үш арыстың екі езуі екі құлағында.
Мидай жазықтағы жатаған қаланың төбесінен көкке шаншылып бой көтерген көк күмбездің әлдебір жерінен азаншының сарғайып сар тап боп жатқан көл-көсір даланың қиыр-қиырына жететіндей қып күңіренте шырқаған әдемі үні естіледі. Сай-сүйегіңді сырқыратар қоңыр әуез жорықтан қайтып желпініп келе жатқан жарақты әскердің де, жүректері жарылып алдарынан шығып тұрған мәз-мәйрам халықтың да құлағына майдай жағып барады. Сол бір салқын саз жұрттың бәрін сабырға шақырғандай. Бұрын биік мұнараның басына телміріп тұрып тыңдағанда жермен ешбір байланысы жоқ сонау тылсым көктің құшағындағы көзге көрінбес ғайып перен періштелердің бұлар ұғынбас тылсым сырындай жұмбақ саз бүгін Әбілқайырдың құлағына өзгеше ыстық естілді. Осы бір тіршілікте ылғи бағы жанбай жүрген бейбақ баласының маңдайынан сипай отырып, мұңмен жұбатқан сорлы ананың гөйгөйіндей шерлі әуез бүгін тұла бойын елжіретіп балқытып бара жатқандай. «Маған не болған, бұным не?» — деп ойлады кенет ерінің күміс қасына барып мөлт тамып тұна қалған мөлдір тамшыны көріп. «Ту, мынауым қалай...» Әлде әлгі қуанған да бір, мұңайған да бір дегені осы ма? Бұл мұндай боркемік емес еді ғой. Қаршадайынан қасарыспа еді ғой. Сонау бала күнінен бөтеннің алдында сыр алдырмауға тырысып сазарып өскені қайда? Осал мінезін, олқы қылығын көрсе, онсыз да басынан секіріп кеткілері кеп тұратын өзге бауырларының алдында ылғи нық, шегедей нық көрінуші еді ғой. Өздері басқа төре әулетінен қағажу көріп келе жатқан Абдолла сұлтан балалары өз ошағында өздері бірін-бірі мүйіздейтін. Сонда ақтүйебастың астына көп түсетіні осы Әбілқайырдың емшектестері еді. Абдолла сұлтанның қарадан алған әйелінен туған балалардан Өсеке балалары өз қолдарында бәрібір жоқ бақты қызғанып қаралай бүлінетін. Өйткені, Абдолланың төре қызы әйелі біразға дейін бала көтермей шаңырақтан «іңгә» шықпады деп уайымдап жүргенде алған қарашы қызы әйелі оң жаққа келін боп түспей жатып қойдай қоздады. Тұңғышы Тоқтамысты бәйбіше ырым қып етегіне орап ап, өзі емізіп, өз перзенті санап кетті. Ол сол еркелеткеннен ерке қалпында қалып қойды да, бақ-дәулеттің қызығын көрудей көргенмен билікке құлықсыз болды. Ал бұл әулеттің ел көзінің сұғына іліккені — осы Әбілқайыр мен бәйбішенің бұл туған соң екі жыл кейін көтерген құрсағы Жолбарыс еді. Жолбарысы — Жолбарыс десе Жолбарыс. Еңгезердей жалқын сары жігіт ат жалынан тартып мінгесін-ақ кеудесін жықпас, айылын жимас қалпын танытты. Бұл сабырымен көзге түссе, ол өрлігімен көзге түсті. Жұрт не де болса, Өсеке әулетіне келер ендігі абыройды осы екеуінен күтті. Жолбарыс туғасын Әбілқайырдың көрер шетқақпайы көбейе түсті. Оны отырса опақ, тұрса сопақ қылғысы келген тумаластары: «Найсаптың сазарған түрі жаман ғой. Нағыз безбүйректің өзі ғой», — деп қанша мүйіздесе де, бұл бедірейіп тұрып алатын. Сыр бермейтін. Сөйткен Әбілқайыр тек анасымен оңаша қалғанда ғана балалығы ұстап бұлданып бітетін. Оған өкпелеп бір бұлтиса, қанша айналып-толғанса да илікпей қоятын. Анасы сонда да қасынан кетпейтін. Бұның тікірейген шашынан сипап:
— Әй, балам-ай, қасарыспа қиқарсың-ау. Бұл мінезіңмен өз басыңды өзің тасқа ұрмасаң жарар еді-ау, — деп қояды да, көңіліне қайдағы-жайдағы түсіп гөйгөйлеп ыңырси бастайтын. Анасының сол бір мұңлық даусы ғана бұның көкірегінде тастай түйілген берішті жұмсартқандай болатын. Сонда ғана бұл балбырап ұйықтап кететін. Шала ұйқы қалпы өзін жас нәрестедей сезінетін. Көмейіне бірдеңе кептеліп, көзіне жас тығылатын. Соны көрсеткісі келмей, теріс қарап жатып алатын.
Енді, міне, бүгін де алдынан анталай қарап тұрған мәре-сәре Түркістанды көргенде, мынау манаураған қоңыр сазды естігенде сол бір балалық сезімі қайта оянғандай. Оны да өгей санамай, өз перзенті санайтын адам барын білгенде бір сәт бойын билеп алатын осы осалдығын марқұм анасы өлгелі атымен ұмытып кетіп еді. Бүгін кеп есіне түскеніне қарағанда мына қарақұрым жұрт бұны «өгейім» деп емес, «өз перзентім» деп құшағын ашып тұрған болды-ау.
Әбілқайыр дүниеге қайта туғандай, самсаған сары қолдың жолын тосып тұрған байтақ шаһарға бір түрлі емірене қарады. Оның марқұм анасы тіріліп кеп сонау ұлы жиынның ортасында бұны күтіп тұрғандай.
Қожахмет күмбезінің маңы ығы-жығы. Қақпаның алды самсаған сары қол. Іште — қақ ортадағы кісі бойы қол созым тай қазанды шырқ айнала қоршап ап тұрған қол басылар мен ру басылар. Басына қақырадай қып сәлде орап, тұла бойы түгел аққа малынған, ақ сақалды ақ сұр шал михратқа шығып ап әндетіп тұр. Жұрт оның бордан қашап жасағандай аппақ мүсініне, тарс жұмық көздері мен болар-болмас қыбырлаған қаймыжық еріндеріне қарап мүлгіп қапты.
Жеңіске бата беріліп, қол жайылды. Сұлтандар мен батырлар ғимараттың төр жағындағы нақыштап тастаған емен есіктен еңкейе кіріп, шағындау ғана шаршы бөлмеге өтті. Қақ төрдегі биік тұғырда алтынмен апталған абажа тақ тұр. Тақта алтынға малып алғандай сап-сары ала шапан киіп, есіктен тәжім етіп кірген әр кісіге жеке-жеке басын иіп, қапсағай кәрі шал отыр. Астындағы тағы, үстіндегі шапаны, қақ мандайындағы көзді ұялта ұшқын шашқан қып-қызыл лағыл тасы бәрі жалтырап, жарқырап тұр. Бірақ, жүзі сондай сынық, сондай жабырқау. Бозқырау керік қастың астындағы қысыңқы қой көздерінде де жылт еткен ештеңе жоқ. Тұнжыраңқы. Кеңсірік тұста жапырыла жығылып, қайта көтеріліп, сүйірленбей, екі етегі делдие біткен етті мұрынның астындағы қияқ мұрт пен құп-қу шоқша сақалдың арасынан әзер қылаңытқан солғын еріндері қылп етпей сұлқ жатыр. Шатынаған суық та, күлімдеген жылы да емес осы бір бейжай бет-әлпеттен ашу да, қуаныш та табу қиын. Бәршің орының ар жағында не жатқанын аңғартпайтын тылсым сабыр жайлап алғандай.
Хан қасындағы билер сондай жадыраң. Төле қара сұр жүзіне қан жүгіріп күреңітіп апты. Әншейінде сырбаз Қазыбек қазір біреумен қалжыңдасқысы келіп отырғандай қулана жымиып отыр. Заманында Қаражігіт атанған дойыр қара Әйтекенің селтиіп тұратын буырыл мұрты бүгін жылтырай қапты.
Хан мәжілісі өтетін ақ сарайға шақырылған жұрт түгел жиылып болған соң Тәуке сөз бастады. Ауыр науқастан енді бас көтеріп отырған адамдай баяу тіл қатты. Үнінен қажығандық сезілгенмен, сөзі ширақ. Елдің белін бір көтеріп тастаған абыройлы жорыққа алғысын айтты. Бірақ, дұшпанның әлі айылын жимай шабынып тұрғанын, оның тауын біржола шағып, маңдайын біржола қайтару үшін ылғи да осылай бүкіл ел боп қайрат қылып, бірігіп күресудің қажеттігін еске түсірді. Сосын жаудан келген олжаны бөліске салды. Қай ұлыстың алдына қанша мал, қанша тұтқын түсетінін айтты. Жұрт бір-біріне қарап қойды.
Хан енді бұл жорықта айырықша көзге түскендерге сияпат тартылатынын хабарлады. Аты аталғандар алтын тақтың алдына барып, жер тізерлеп тағзым етіп, орындарына кеп отырды. Батырлар мен сұлтандардың құр қол қалып жатқан ешқайсысы жоқ. Елдің ең соңынан жорық басы болған Бөкенбайдың аты аталды. Оған Шу аяғынан өріс, ақ боз ат пен наркескен қылыш сыйланды. Еңгезердей батыр шалт қимылдап барып, хан алдына тізерлеп отыра кетті. Тәуке арқасынан қақты. Бір кезде Әбілқайырға кезек келді. Хан жас сұлтанның тұсау кесер жорықтарының сәтті боп жүргенін айтып, Ырғыз бен Торғай арасынан жаңа әріс, аспаһани қылыш, жаудан түскен бір сұқсырды сыйға ұсынды. Әбілқайыр тақ алдына именшіктей аттап, тізесін бүгіп, ханның қолына ерінін апара беріп еді, Тәуке иығынан қағып, тұрғызып алып, маңдайынан сүйді.
Қысы-жазы қоңыр салқын қалпынан бір танбайтын ақ сарайдың ішіне аптап кіріп кеткендей болды. Әсіресе, иін тіресіп мізбақпай тұрған жас сұлтандардың құлақтары от боп лаулап барады. Әбілқайырдың да екі беті ду ете қалды. Манадан бергі жым-жырт жұрт гу ете түскендей көрінеді екен.
Ол орнынан тұра бергенде бүйірдегі есік ашылып, ар жағынан әлдене жалт ете қалды. Малынтып шытыра шымылдық жапқан бір бойжеткенді жетелеп төрт-бес әйел көрінді. Қақ ортаға келгесін, маңдайларын алтын таққа беріп жер сүйіп етпеттеп жата-жата кетісті. Хан: «Тұрыңдар!» — деп ишара қылды.
Сол бір сәт әлі есінде. Ақ шытыра сусып түсе қалғанда ішінен шошына қараған қос нәркес көз Әбілқайырды шарпып өтті. Селк ете қалған қыз денесі бірте-бірте бүрісіп бүгіліп бара жатты. Жан-жағынан анталай қараған сұқты жанарларға шыдай алмай, өз-өзінен өртеніп барады. Лүп-лүп еткен алау тамағы, таң қалғаны екені де, шамырқанғаны екені де белгісіз оқыс жарқ ете қалған нәркес көзі, аяғының астында жатқан шытыра жамылғының бір шетінен тас қып ұстап алған сүйрік саусақтары — бәрі-бәрі әліге дейін көз алдында. Болат серіппедей ширығып тұрған жас жігіт өз-өзінен үгітіліп бара жатты. Қызбен қоса өзі де ду қызарып, жан-жағына дұрыстап қарай да алмады. Әйтеуір, алдындағы қалмақ сұқсырына тақта отырған ханнан бастап жұрттың бәрінің көзі тегіс түскенін байқады. Есік жақта әлдекімдер әлдене деп күбірлесіп жатқандай болды. Бұның оң қолында тұрған жас сұлтандар тас бағандай состиып-состиып мелшие қапты. Бөкенбайдың бер жағындағы ұзын бойлы тарамыс денелі Жәнібек батыр қыз жаққа мойынын әнтек бұрып, қызыға қарап тұр екен. Әбілқайырдың көкірегін бір ыстық шоқ қарып өтті. Сол арада барып бойын жиып алды.
— Дат, тақсыр!
— Айта ғой датыңды.
— Тақсыр, бұл жорыққа үш арыстың еркек кіндігімен бірге шаптым. Олардың маған риза, риза емесін бір алла біледі, ал мен жұртыма дән ризамын. Мен мына ықласыңызды жұртыммен бірге бөліскім кеп тұр.
Хан билерге қарады. Билер мақұлдай бас изесті.
— Рұқсат! — деді Тәуке.
Әбілқайыр хан ұсынған көк мойнақ семсерді Бөкенбайдың оң қолында тұрған Ұлы жүз Ошақтының бас батыры Саурыққа ұсынды. Сосын орынына қайтып кеп, жоңғар сұқсырының ақ білегінен қолы дір-дір етіп жасқана ұстап, Жәнібек батырға қарай жетеледі.
— Әп, бәрекелде! — деді біреу жұлып алғандай.
Ол Әбілқайырға әз Тәукенің өз аузынан шыққандай боп естілді. Сол-ақ екен ақ сарай толы жұрттың: «Әп, бәрекелді! Жарайсың!» — деп қауқылдаса жөнелгені.
Содан Түркістанның бас ғимаратының абажа қақпаларынан топан судай лек-лек ақтарылып, ағылып шығып жатқан жұрттың ауызында Әбілқайырдың аты кетіп бара жатты. Қай жағына құлақ тосса да, еститіні: «Бәрекелде, тауып кетті!» Сол бір желпінген кеу-кеу, сол бір мақтаған қау-қаудың құлағына осы орнағаны орнағандай боп көрінген. Бірақ, көп ұзамай көзі жетті: жақсы атақ, абырой, даңқ жүрген жерде ауыл сыртындағы тасасы мол ұры сай жақтан жел солай аунағанда мүңкіп қоя беретін күңірсек иістей бір қолқаңды қабар сасық лақаптар да ілесе жүреді екен.
Әбілқайыр ол лақаптарды естісе де, естімегенсіді. Үндеген жоқ. Үндегенде де бітірері шамалы де. «Қазақ басына іс түсіп, дағдарысқа тап болғанша ақылдысы мен азулысының қадірін білген бе! Тағы да талай күн туар. Сонда көрерміз!» — деп тістенді ол кезде қазіргідей емес, өзіне сенімі кәміл өркөкірек жігіт.
Көп ұзамай ондай да күн туды. Шет ұлыстарын қазаққа шаптырып, қаһарына мінген қалмақ қолы қайтадан жортуылдай бастады. Бұл жолы баяғы бір аз күндік ынтымақтан айырылып, әрқайсысын көкіректеріне нан піскен бір-бір сұлтан билеп отырған әр ұлыс өзінше қайрат қып ештеңе шығара алмады. Жоңғарлар қазақтардың бұдан бір-екі жыл бұрын алып кеткендерін мұрындарынан қайта сығып алды. Іленің ұшар басына қанатын қомдап қонжия қонған жоңғар күшігені Сыбан Раптанның ащы шаңқылы қазақтың талай қара шаңырағын қаралай қақыратып, талай бастың құлақ шекесін қаралай шымырлата бастады.
Тәуке сарайында тағы да кеңес көбейді. Енді төңіректен қол қосысар одақ іздемесек, өз бетімізбен ештеңе шығара алмаймыз деушілер көбейді. Қол қосысар одақ іздегенде де ту сырттарынан туырылып тұрып алған Ресейден басқа ешкім жоқ еді. Көмекейінде көптен тұрған: «Патшаға елші шаптырсақ қайтеді?» — деген пікірін Тәуке қорғалақтап айта алмады. Өйткені, мына жиынның алдында бұл гәптің төңірегінде бұдан бұрын да бірер рет мықтап тауы шағылған жері бар еді.
Ол кезде орыс казактар тұз алатын көлдері мен сүзіткі салар өзендері мол арқа бетте әр жер, әр жерден қалқитып-қалқитып қарағай үйлер тұрғыза бастаған-ды. Әуелі таңсық құмар қазақтар өзенге жылқы жауып келе жатып, не сортаң көлдерден тұз алып келе жатып, жолдарындағы қарағай қиып, қалқа қалқитып жатқан қаба сақал бейтаныс адамдарды көріп, олардың әрбір қимылына айран-асыр қалып, таңдай қағысумен болды.
Олардың, сірә, қызық емес нәрсесі болсайшы! Еркектерінің ауызына насыбай түсіп кетсе, тезек асап қойғандай түкірініп, қайдағы бір қағазды шиыршықтап орап алып, көзіңді жейтін көк түтінін бұйдадай шұбалтып шылым шегетіндері де қызық, қонышы қара сандарына жететін былғары етік киіп ап, белуардан су кешіп жүріп аумағына ауыл сыйғандай тор көз аумен балық сүзетіндері де қызық, бәрінен де қайдағы бір шишаға құйған сылдыраған көк суды жұтып ап, күшала қосқан қысырақ қымызын ішкендей қызара бөртетіндері тіпті қызық. Сүйтіп жүріп, өздері қатыннан салымды. Анадай аршын төс, қаз мойын, ай жүзді, ақ балтыр арулар қайдағы бір тер сасыған қара шекпендерден гөрі қамқа тонды хан қасына лайық емес пе! Сабаздардың иықтарына күнте асып, екі шелек суды іліп ап, балапанын ерткен мама қаздай боп байпаңдап өзен бойлап келе жатқандарын айтсайшы. Әкесінің алдына қырық жылқы, үш тоғызын санап салып, ауылындағы шуылдаған қатын-қалашына қоржыны мен қойын-қонышын түгел тонатып, отыз күн ойынын, қырық күн тойын жасап әзер алып, ел жатқасын түннің бір уағында барып бірер ауыз сөзбен зорға жағдай сұрасатын құдай қосқан қосақтарының шүберекпен қымтаулы омырауы мен тақымын өмір бойы бір көре алмай өтетін қазақтардың көздерін қызықтырғылары келгендей көкіректерін дірілдетіп, ақ балтырларын жарқыратып, аяқтарын басып болмайтындарын айтсаңшы! Сондай бұлғақтаған еркетотай ақ борық келіншектердің байының қауғадай сақалына қарамастан бажаңдап ұрсып жатқандары. Ал, әлгі әрқайсысы бір-бір нар жыққандай қауға сақалдар мауыздай-мауыздай бастарымен өмір бойы бір ғана ұрғашының етегіне байланып өтеді деседі. Дүниеде ондай да сорақылық болады деп кім ойлаған! Әр елдің заңы басқа, иті қара қасқа деген осы ғой!
Олардың жаяу жарысын қызықтаймын деп Жағалбайлы Құмарбайдың сары шілдеде көгала жылқысын сазға байлап жатар салқын жайлауынан айырылып қалатыны өз алдына бір қырғын қызық әңгіме. Сонау Торғайдан бастап Қордайға дейінгі екі аралықта соны естіп, көзінен жас аққанша күлмеген қазақ жоқ шығар!
Құмарбай бірде қой тоғытып келе жатып, орыс қонысындағы тойға кезігеді. Көк суларын ішіп, ақ тер-көк терге түсіп, әбден мәз-мәйрам болған немелерге шер тарқатысайын десе, ермек жоқ. Қырық шақырымнан қарақшы қойып, бәйге шаптыратын су аяқ сәйгүліктерді оларға кім беріпті!
Содан шіркіндерің балақты тізеден асыра түріп тастап, бурадай сандары бұлт-бұлт етіп жаяу жарыссын кеп, қапталдай тізіліп тұрған қатын-балалары кеңірдектері жыртылғанша айқайлап өзеурессін кеп! Мынаны көріп Құмарбай да, оның қасына ерген қара нөпір нөкері де күле-күле ішек-сілелері қатады.
Алты ай жаз бағлан жеп, бас мүжуден басқа, қошқар сүзістіріп, бала күрестіруден басқа ермек таба алмай еріккен байдың көңілі құртқа шауыпты. Мына қызықты өзі ғана көріп қоймай, ауылына да көрсетіп, айран ішіп, ауызы уылып жүрген сарбаздардың сауабын алайын деп, әлгілерді қонаққа шақырыпты. Қауға сақал немелер бір күн ақылдасады, екі күн ақылдасады, бір апта ақылдасады, ақыр аяғында жүрек жұтқан екі-үшеуі арба жегіп, шылымдарын шегіп, Құмарбайдың ақ ордасы қайдасың деп тартып тұрыпты.
Іргесіне кеп салдырлап-күлдірлеп түсіп жатқан бейтаныс меймандарды бай балалары ханзаданы күткендей қол қусырып қарсы алады. Тырайтып тай жығып, шірентіп саба әкеліп, ақ май-көк май қып ауыз-мұрындарын тығындайды. Түрулі іргенің алдына жатқызып терлерін басқызады. Желі басына апарып, қолдарына құрық беріп, құлын ұстатып тоқтарын тарқатады. Баптарына енді келді-ау деген кезде, жейделерін шешкізіп, балақтарын түргізіп, ауыл сыртындағы айқай жазыққа алып шығады.
Атқа мінген Құмарбайдың соңына ерген атты-жаяулыға қызық керек. Тайлы-таяғы қалмай шұбырады. Шаң көрмеген майса көгалға жеткен соң бай қонақтарына қолқасын айтады. Қонақтары Құмарбайға қоятын шарттарын айтады. Пәтуа: «Біз сізден мал да сұрамаймыз, жан да сұрамаймыз. Әуелі біреуіміз жүгіреміз. Оның шаршап жығылған жеріне сіздер екіншімізді атпен апарып тастайсыздар. Ол сол арадан қашан шаршап жығылған жеріне дейін жүгіре береді. Оның жығылған жерінен үшіншіміз жүгіреміз. Үшеуіміз қанша жерді жүгіріп өтсек, сол жердің бәрін бізге бересіз», — деп байланысады.
«Ақтылы қойым аман, көк ала жылқым аман. Сонда бұлардың қолқа сап тұрғаны құдайдың қара жері ғой. Қара жерді қол бастап барып шауып алмаса, жаяу жүгіріп алып, не бүйірім шығады деп тұр екен!» — деп ойлайды Құмарбай.
— Болсын, — деді басын изеп.
Содан үш қонақ жігіт борбайлап шаба жөнелді. Жер алып қайдан қыра қойсын! Айналасы тай шаптырымдай ғана жерді иеленіп, басында шынжыры бар құлақты қазық қағады. Алақандай ала қағазға әлденелерді шимайлап әкеп, Құмарбайдың бармағын бастырады. Сосын олар сол кеткеннен мол кетіп қараларын көрсетпей қойсын. Іші пысқан бай бір күні оларға баласын шаптырсын. «Аналарға барып айт, тағы да екі-үшеуі кеп, көңілімізді көтерсін! Шіркіндердің, ақ тер-көк тер боп шауып бара жатқанын көріп, бір күліп алайық!» — десін. Олар да: «Болсын!» — дейді. Тағы да келіп, бұрынғы алған жерлерінің үстіне тағы да бір тай шаптырым жер қосып кетсін. Сүйтіп әуелі бай отырған қара жал мен орыс қонысының арасындағы ат шаптырым көгал жазық қолды боп кетеді. Қызыққа құштар Құмарбай тағы бір жалдың басына жылжып қонады. Екі арадағы ең жазық тағы да қауға сақал қара шекпендерге бұйырады. Мынандай тегін қызыққа әбден құнығып алған Құмарбай күнгейге қарай жылжып көше берсін, ол босатқан жер қара борбай қара шекпендерге кете берсін... Күз келсін. Күле-күле күміре бола жаздаған Құмарбай Қарақұмдағы қыстауына біржола көшсін. Ел күзеуге қона Құмарбайдың ауылының балалары бұрынғыдай ақ сүйек ойнамайтын болады, ақ таяқты ат қып мініп жарыспайтын болады. Балақтарын тізеден асыра түріп тастап, екі жұдырықтарымен екі омырауын соққылап, құйрықтарын бұлтылдатып жүгіріп жарысып ойнайтынды шығарады. Жазда қара шекпендерді жарыстырғаны Құмарбайдың ауылына қыс бойы ішек-сілелерін қатырған әңгіме болады. Жаз шықсын... Қызыққа құштар Құмарбай баяғыдай күле-күле құмарымнан бір шығайын деп, атам заманнан бері ат басын тіреп үйреніп қалған, балдырғаны батпақтай өз жайлауына көшіп келсін... Сүйтсе, былтырғы бірер лашық көбейген. Құлын байлайтын көгалдары айғыз-айғыз жыртылған. Былтыр ауылына кеп жаяу жарысатын немелер қолдарындағы ауыздары үңірейген қос ауыз мылтықты көкірегіне тіреп: «Көшіңді қайтар, егісімізді таптайсың!» — деп едіреңдей кетсін.
Құмарбай қолындағы бес өрме дойыр қамшымен өжеңдеген қара шекпендерді қасқа маңдайларынан бір жосылтайын деп тұрады да, үңірейген қос ауыз мылтықтан қорқып, «Пәлесінен аулақ!» — деп сазға отырғызып кеткен оларды бір боқтап, сазға отырып қалған өзін бір боқтап, көрші суды жайлайтын қыпшақ құдаларына таман жылжып қонуға мәжбүр болады.
Құмарбайдың өз обалы өзіне! Шынында да, әуелі қойдан қоңыр боп су бойына үй тұрғызып, жалаңаяқ су сүзіп жүрген немелер бірте-бірте көбейейін деді. Жылқы жаятын жайпау кемерді жағалай жыртып тастап, қайдағы бір көк қылтанақтарына бола көшіңнің бұйдасына, атыңның тізгініне жармасып шаңқылдаса кететінді шығарды. Қамшыңнан қаймықпайды, салаңдаған қайқы қылыштарын белдерінен бір тастамайды, үрей ауыз қара мылтықтары да ылғи мойындарында.
Қазекең баяғыдай анадайда ат үстінде тұрып: «Құмырсқадай құнжаңдасқан тірлігіңнің аузын», — деп кеңк-кеңк күлетінінен қалып барады. Құдайдың қара жерінің де сұрауы бар екенін сезе бастады. Өткел мен суат басындағы орыс қоныстарына қодыраңдап тиісетінді шығарды. Әуелі егінін тапап, аулаған балықтарын қайтадан суға ағызып жіберіп, қалпақтары ұшып түскенше қарқ-қарқ күліп қайтқанды қанағат қылып жүрді. Артынан реті келген жерде оңаша кезіккен келімсектерді ұстап ап, Хиуа, Бұхар, Самарқанның базарына айдап апарып сатып жіберетінді шығарды. Артынан іздеп келер жоқшысы жоқ. Бүгін қотыр байталын алсаң, ертең дүркіретіп жылқыңды қуып кететін иә қазақ, иә жоңғар, иә башқұрт емес. Көріп қалса, айырын ала жүгіріп, мылтық атып мәре-сәре болады да, көрмей қалса қолға түскен мұндар көзіне көк шыбын үймелеп кете барады.
Бір дәндеп алса, қанағатты білетін қазақ бар ма! Талай қара шоқпар қалқитып үй тұрғызып жатқан орыс қоныстарын көрсе, шауып барып, тапап кетуді әдетке айналдырды. Ол ол ма, орыс шебіндегі отырықшы елдерге қол салуды көбейтті.
Оның үстіне қолға түскен орыс екенін ғана біледі, атасы қайсы, тақтасы қайсы, руы қайсы, тайпасы қайсы, арысы қайсы — қаперінде жоқ, тіпті дүниеде ондай нәрселер барын туғалы-бітті естіп те көрмепті, ағайын-жекжатын сұрасаң, айлап түгілі жылдап жүрсең де, жеткізе қоймайтын жер түбінде боп шығады, арғы іргелі орыстың бұлармен еш шаруасы жоқтай, әу баста-ақ қатын-баласымен ел айналдыра қуып, айдалаға айдап тастағандай, бұлардың тіпті патша екеш патшаларымен де еш шаруасы жоқтай, оны құрдасының қатынындай қып аузы-мұрнынан түк қоймай шабына боқтай жөнелгендерін көргенде «асакет алла, ақ тоба» деп жағаңды ұстайсың. Ендеше, қазақ ертең құнын даулап келетін рулы елі жоғын білсе, ағайын-жекжаты мен патшасының өзіне атымен керексіз екенін білсе, ондай артында сұраушысы жоқ немелерге білгенін істемегенде қайтеді, есек мінген саудагерге сақалдарынан жетектетіп, бес-алты құлаш сары ала мата мен бірер қап астыққа сатады да жібереді.
Сүйтсе, орыстың да сұраушысы болады екен. Оны басқа білмесе де, Тәуке жақсы білетіндей болды. Бір жағынан дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады деп, орыс шебіне қол жүгірте бастаған қазақ сұғанақтары ши шығарып ала ма деп, екінші жағынан Қалданның қаһарлы найзасына қарсы арқа сүйеу бола ма деп, мың да тоқсан тоғызыншы жылы7 Тобылдағы орыс шонжарына Тәшім батырға бастатып елшілік жібереді. Тәшім батыр орыс саудагерлерін қазақ базарына шақыра барған боп, Тобыл шонжарының арғы көмейін байқауы керек еді. Егер сары ала иық орыс шонжары: «Қап, бәлем, қолыма түстіңдер ме? Сауда дос болғыларың келсе, әуелі ақ патшаға мойын ұсыныңдар!» — деп қодыраңдайтын болса, онда мысықтабандап кері шегініп, «көрмегенім сен болсын» деп, сау басқа сақина салып алмай тұрғанда, аяқ-қолды тартып ала қою керек еді. Егер жылы шырай байқалып жатса, онда орыс өкіметінің қабағын одан сайын жылыта түскен жөн еді, не де болса, бағынам деп бас ұрмағанмен қақ маңдайдан жоңғар найзасы өңмеңдеп тұрғанда, жон арқаңа орыстың көк семсерін сұқаңдатпауға тырысу мақсат-тұғын.
Орыс шонжары Тәшімнің тауын шақпай қайтарды. Сол жылы қабақтың артын суытып алмайын деп, Тәуке бас-аяғы жеті жылдың ішінде Сібірге бес рет елшілік жіберді. Қабай батыр бастаған елшілік Тобыл шонжарына патша сарайына арналған сый-сияпат апарып: «Өткен ереуіл, қалған салауат деп бұрынғы уақытта арамызда болған қателіктің бәрін ұмытайық. Бұдан былай ақылдасып отырып іс қыламыз», — деп шұрқырасып жатқанда, Сары батыр мен Келдей би Жәміш көлінің жанындағы орыс шонжарына барып, Россия мен қазақтардың арасындағы сауда-саттықты күшейту жөнінде мәмле жүргізіп бақты8. Қазақтар бұл шаруаға татар, өзбек саудагерлерін делдал қып тартты. Екі келіссөзде де іс оңға басып келе жатыр еді, орыспен одақтасуға қарсы қара шоқпарлардың Ертістің сахара бетіне шығып ап түз қазып жатқан қара шекпендерді быт-шыт қып талап, тонап әкеткені. Мұндай жағдайда мәмле оңа ма?!
Жәміш көліндегі орыс әкімінің сары ала шатырында Сары мен Келдей екеуден-екеу ұзақ отырып қалғаны. Күте-күте тағаттары таусылар тұста ұлық та көрінсін. Күні кеше ғана мөлтеңдеп қарайтын момақан көздер шатынап шыға келгені. Қайқы мұрттың бір қиығына пәлен күннен бері ілініп алған емексі күлкі жым-жылас жоғалғаны.
— Бұл қай қылықтарың? Сендердің қай сөздеріңе сенуге болады? — десін ұлық, шатырдың есігін серпіп ашып кіріп келсін де.
Мына сөздері манадан бері артқы екі аяғынан қақпанға түскен қасқырдай боп, құйымшақтарын тақылдаған тақтай тесіп, тыпыршып отыра алмай отырған екі елшінің төбелерінен жай түсіргендей болды.
Тас төбелерінен шаншыла төнген шөлмектей суық көк көздерге қапелімде тура қарай алмай бүгежектеп қалысты.
— Тақсыр, қазақ деген Жайық пен Ертістің арасын алып жатқан іргелі халық. Малының саны түгілі жанының санын әлі ешкім жөндеп білмейді. Ондай ызғындай жұрттың ішінде аласы мен құласы болмаушы ма еді. Бізді мұнда ондай-ондай сойылы мен шоқпарына ие бола алмай жүрген содырлар емес, ел тізгінін ұстап отырған игі жақсылар, олардың ішінде де, исі алашқа бас ұрғызған алтын тақтың иесі әз Тәуке ханның өзі жіберді. Ақ патшаның қайдағы бір құрық сүйреткен қиық құлақтардың парықсыз қылығына күйіп-піспей, өзі тектес ел ұстар жақсылар жіберген біздің сөзімізге көбірек құлақ асар деп сенеміз. Біздің халқымыз елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан дейді. Ханымыз сізге жаушы емес елші жіберіп отыр. Үй ішінде елші отырғанда сырттағы тентек-телінің ырду-дырдуына назар аудармас болар. Біздің еліміздің ата-бабадан келе жатқан жөн-жоралғысы осылай, — деді күйзеліп отырған Келдей күйіне тіл қатып.
Келдейдің таусыла сөйлегенін көріп ұлықтың күреңітіп алған жүзіне жылт етіп күлкі жүгірді.
— Келдей мырза, біздің естуімізше, сіз бен мына отырған Сары мырза екеуіңіз қазақтар мен орыс патшалығының арасындағы тату-тәттілікке мейлінше күш салып жүрген кісілер көрінесіздер. Рас па?
Тығырыққа тіреліп, жандары мұрындарының ұшына келіп отырған екі би:
— Әлбетте! О не дегеніңіз! — деп қуана бас изесті. Ұлықтың жүзі қайтадан күреңітті.
— Ендеше, Келдей мырза, өз халқыңыздың орыс патшасына деген көңілінде ала-құлалық бар екенін біліп отырып, біздің кәсіпші адамдарымызды Ертістің қыр бетіне неге шақырдыңыз. Әлде қазақтың қанды балақтарына оңай жемтік тауып бергіңіз келді ме?
Нық отырған екі би мынаны естігенде орындарынан атып тұрды. Манадан бері сабыр сақтап сөзге араласпаған Сары тамағын кенеді.
— Тақсыр, ол тентектерге елші жіберіп отырған Тәуке ханның да, елші боп келіп отырған мына біздің де ешқандай қатысымыз жоқ. Қажет десеңіз, ханымыз алты айшылық жердегі мына оқиғаны әлі естімеген де болар. Естісе, мұндай сорақылықты аяқсыз қалдырмайтыны сөзсіз. Біз оған елші басымызбен кепілдік бере аламыз.
Екі беті шоқтай жанып тұрған қып-қызыл ұлық тағы да күліп жіберді.
— Дұрыс айтасыз. Ойларымыз бір жерден шықты. Тәуке хан орыс шебіне қол салатын тентегі мен телісін тыйып алғанша ақ патша келіссөзді кідірте тұрғанды дұрыс деп санайды. Әлгі қарақшылар қазақ заңымен жауапқа тартылып, біздің кәсіпқорларымыздың шығыны қайтарылып, барымташылар атқа байлап әкеткен тұтқындарымыз өз үйірімізге қосылғанша, сіздерді осында қалдыруды мақұл деп таптық. Көреген де ақылды ханыңыз орыс патшасының бұлай етпеске амалы жоқ екенін түсінер де, біздің мұндай лажсыз шешімімізді мақұлдар, өзінің мәртебелі елшілерін мынау ыңғайсыз жағдайдан құтқарудың амалын тезірек қамдастырар деп сенеміз. Сондықтан да, қапаланбаңыз. Көп ұзамай бұл әңгімені қайта жалғастыратынымызға біздің жақтың сенімі кәміл. Әрине, сіздер біздің қосынымызда бұрын мұндай тұрмыс құрмағандықтан біраз қолайсыздыққа ұшырайтындарыңыз рас. Бірақ, маған сеніңіз, сіздердің мұндағы жағдайларыңыз әлгі қарақшылар артына өңгеріп әкеткен біздің туысқандарымыздың жағдайына қарағанда әлдеқайда жақсы болатыны сөзсіз.
Ұлық орнынан тұрып, басын кекжитіп шығып кетті. Сол-ақ екен, кенет шатырдың есігінің алдына көк сүңгілері жалаңдап сорайған-сорайған екі сарбаз кеп тұра қалды.
Екі би отырған орындарының лезде-ақ елші қабылдайтын мәмлеханадан абақтыға айнала қалғанын бірден түсініп, бір-біріне бас шайқасты.
Мына хабар дүңкілдеп Түркістанға да жетті. Тәуке: «Қайдағы бір қарақшыларға қарымта қып құдай жолды елшіні ұстап қалу деген дүние жаралып, су аққалы естімеген нәрсеміз еді. Алдияр тақсыр, бұ не қылғаныңыз», — деп Петр патшаға хат жазды. Мәскеудегі Петр патша Түркістандағы Тәукенің бұл сәлемін алды ма, алмады ма, кім білсін, Тобылдан елшілік келді. Елшілік сары ала қағазға қызыл сиямен саудыратып жазылған қысқаша хат әкелді. Онда «Тентек-телімді тиям деп уәде бер» деп талап қойылыпты. Тәуке хатты алды. Керуенді ұстап қалмай кері жөнелтті. Онысы орыс әкімдері ашу үсті қылықтарынан әлі де айныр, елшілерімді өздері-ақ қайтарар деп дәметкен еді. Оның үстіне қалмақ жағының да дігірлеуі көбейген-ді. Мұндай жағдайда қазаққа екі жақтың бірдей қырғи қабақ қарағаны қиын түсетіні рас еді. Ол кезде орыс шебіне шабуылдап жүргендер Тәукенің құрығынан әлдеқашан шығып кеткендер-тұғын. Ресеймен одақ болу мәселесі сөз болғанда қазақтың игі-жақсылары әдеттегідей екіге емес, үшке бөлінген-ді. Бір жағы патшамен одақтасуды атымен ауызға алуға қарсы болды. Екінші бір тобы, ол топта Қайып сұлтан да бар, патшадан көмек сұрап қана қоймай, жарым-жартылай бағынамыз деп те дәмелендіру керек десті. Ал, Тәукенің өзі бастаған топ: «Бағынамыз деп азат басымызды құл қылып алмай, ат құйрығын үзісеміз деп, жел жағымызға шығарып алмай, терезесі тең елдерше достық қарым-қатынас орнатайық!» — дегенді жақтады. Ресеймен одақтасуды ұнатпайтындар екі араны шиеленістіре түсуге жанталасып бақты. Мұндай жағдайда, Тәукенің орыс әкімшілігінің үзілді-кесілді талабын орындауға да, орындай алмаймын деп ашып айтуға да жағдайы жоқ еді. Уәде беріп тұрып орындай алмаса, өзінің әлсіздігін сездіріп алады. Орындамаймыз деп ашық айтса, маңдайдан дігірлеген қас дұшпаннан құтыла алмай тұрғанда, желкеден және бір жау тауып алады. Сондықтан да, әккі Тәуке қазақ хандығының шын қауқарының қандай екенін патша сезіп қойғанша, не шік, не бүк түспей, ақырын аңдай тұрғанды мақұл көрді. Бір мың бір жүз он үшінші жылы9 ол Тобылға Тұманшы мен Қабайды елшілікке жұмсады. Орыс шебін бұзып жүрген бұзақыларға ешқандай қатысы жоғын, егер патша әкімшілігі оларды ұстап алып, жазаға тартса, өз тарапынан ешқандай қарсылық болмайтынын білдірді. Мұндай жауапқа Тобыл әкімшілігі қайдан қанағаттансын! Тәукенің мәймөңке жауабы мазақ әңгімедей көрінді. Абақтыда жатқан қазақ елшісіне жүгірді. Сары әрі іш құса, әрі сүзек шығып, дүние салған-ды. Келдей жалғыз қалған. Оған патша ұлығы барып: «Ханың сені босатып алуға ешқандай әрекет жасамай отыр. Қарақшыларына тыйым сала қоятын түрі көрінбейді. Бұл әңгімеге өзің араласпасаң болмайды», — деді. Келдейдің бүйтіп жыл жарым уақыт абақтыда жатып қалғаны, әсіресе, қайын атасы Түркібидің қабырғасына қатты батты. Орыс шебіне үсті-үстіне шабуылды күшейтті.
Іргесінен дүбір көбейіп, тыныштықтарынан айырылған Тобыл шонжарлары оны күллі қазақ ордасының жасап отырған қысымы деп ұғып, Тәуке ханға елші жіберуге мәжбүр болды. Тұманшы мен Қабай келіп кеткен соң бір жылдан кейін қасына Жолай Шаманай ұлы деген татар тілмашты ертіп екі патша елшісі Түркістанға жол тартты. Тәуке ол елшілікті әуелі оңаша әңгімелеспей тұрып, бірден күллі ру басылары бас қосқан алқалы жиынға шақыртты. Ру басылары екі елшіні көргенде бірден жабыла кетті, қашан Келдей босатылғанша Түркістанда ұстап қалуды талап етті.
Ресеймен екі ортадағы қарым-қатынас бұрынғыдан бетер бұзылды. Әсіресе, қазақтардың бір мың бір жүз он бесінші жылы10 Семіз көл жанында орыс-татар жасағын түп-түгел қырып кеткені Тобыл әкімдерінің арқасына аяздай батайын деді. Келдейді тұтқыннан босатпаса, істің арты насырға шабуға айналғанын ұққан олар Петр патшадан Тәуке ханға елші жіберуге рұқсат алды. Дәл осы кезде, Келдейдің абақтыда жатып жазған хатын алған Тәуке Тобылға қасына Түркістанда аманатқа ұсталып қалған орыс елшілігінің қызметкері Александр Алемасов пен тілмаш Жолай Шаманаевты ертіп Тайқұмыр би Аталық ұлын жөнелтіп еді. Оған: «Келдей елге қайтпайынша, орыс елшісі Неприпасов та қайтарылмайды, бұл талабымыз орындалмаса ат-құйрығын біржола үзісеміз», — деп ашып айту қатаң тапсырылды. Тәукенің ойынша, мұндай үзілді-кесілді талап екі жақты иә біржола ұғыстыруға, иә біржола шығыстыруға тиісті. Айтса айтқандай-ақ, патша Келдейді босатып, ат-шапан айыбын төлеп, еліне риза қып аттандыруға әмір етті. Келдей Тобыл казактары Федор Скибин мен Матвей Трошин деген екі елші Түркістанға барған кезде қайтарылатын болды.
Әдетте қазақ ханына келген патша елшілігінің құрамында бояр әулетінен біреу болушы еді. Бұл жолы Тобыл әкімшілігі істің арты не боп кетеді деп әсіресе сақтық жасап, елшілікті қарапайым казактардан ғана құрды.
Екі мың шақырымдай жол жүріп Түркістанға әбден ит зықылары шығып әзер жеткен елшілік Ақ сарайдың табалдырығынан аттамай жатып қайдан келдімге түсті. Сұп-сұр қабырғалар да, иін тіресе тізіле қалған игі жақсылардың тұнжыраған қабақтары да, хан тағының ту сыртындағы жасауылдардың қолындағы көк найзалар да, есіктің екі босағасындағы сақшылардың қолындағы көз қаратпай жарқылдап тұрған жалаңаш қылыштар да ақпанның ақ қырау таңындай назар шашып бақты. Босағадан имене аттаған екі жат жерлік ханға келген елшілер емес, сотқа келген қылмыскерлер сияқты тақ алдына кеп жүгініп отыра кетісті. Оларға дұрыстап көз тастаған ешкім болмады. Оң қанатта өңмеңдей шабынып отырған іркілдек сары кісі күркірей тіл қатты.
— Мыналар өзі қайыршы ма, елші ме!?
Сол-ақ екен манадан бері оқтау жұтқандай кекірейіп үнсіз отырған билер жамыраса жөнелді.
— Иә, десейші... Елші болса, ханға әкелген тарту-таралғысы қайда?
— Ау, бұлардың әлгі ақ патшамен нәсілдес шошақ бөрік төрелері болушы еді ғой...
— Байыр ма еді, бойыр ма еді... Әйтеуір, ақ сүйекпіз деп тұмсықтарын көкке көтеріп кергіп бітетін.
— Дұрыс айтасың. Үш арыстың ноқтасын ұстаған әз Тәукеге кісі құрығындай жапатай киген жапырық өкше қара шекпендерін елшілікке жіберіп, бұл Тобылдың ұлықтарының кеудесіне нан пісейін деген екен!
— Иә, мыналары ашықтан-ашық басыну ғой.
— Тоқтасай, әуелі тілге келейік те!
— Жоқ, тілге келтірмейміз. Аруақты ақ орданың қадірін кетіретін қайдағы бір жалаң аяқтармен мылжыңдасып отырар жағдайымыз жоқ. Бұл ара Түркістанның базары емес, хан ордасы.
— Міне, дұрысы. Тобыл өкіметі астамсыды екен деп келіссөз бастауға рұқсат етпейміз.
Тәуке тостағандай жүзік салған оң қолын көкке көтерді. Жұрт жым болды.
— Баршаңыздың да тоқтамдарыңыз осы ма?
— Осы!
— Иә, солай!
Тәуке сарай ішіндегілерге «басқа ойда отырған қайсың бар?» дегендей шетінен бір-бір шаншыла қарап шықты. Жұрт жабыла бас изесті.
Хан бір күрсініп қойып, есік жаққа белгі берді.
Тақ алдында жүгініп отырған екі елшіні екі төлеңгіт кеп тұрғызып ап есікке қарай алып жүрді.
Содан олар қонақ үй екенін де, абақты екенін де айырып болмас биік шым дуалмен қоршалған оңаша жайға әкелініп салынды. Дуал сыртында — найза ұстаған жасауыл. Дуалдың ішкі бетінде — жалаңаш қылыш ұстаған жасауыл. Ауланың төр жағындағы жатаған үйдің есігінің алдында — айбалта ұстаған жасауыл. Әйтеуір, оларды жау алып кететіндей қорғаштап бағыпты.
Күн шығып келе жатқанда екі-үш тас құманға көк шәй құйып, бір жайпақ табаққа тандыр нан салып, алдына ала жапқыш байлап, омырауын ашық тастап, жолақ шапанды малай кіріп кеп, күйек сақалы жылтылдап:
— Мархамат етіңіз! — деп тұрғаны.
Түс ауып бара жатқанда төбесіне үйме табақ күріш көтеріп әлгі малай тағы да жетіп келеді. Тағы да сол — «Мархамат!»
Күн батарда тас құманын тасырлатып тағы да соның қылқиып келіп тұрғаны.
Бүгін де көретіндері сол ылғи — күйек сақал малай, еститіндері сол ылғи — мархамат.
Ертең де көретіндері сол ылғи — күйек сақал малай, еститіндері сол ылғи — мархамат.
Бүрсүгүні де солай, арғы күні де солай.
Наурыз туа әлгіндей жағдайға тап болған елшілік шілде басталғанша шым дуалдан әрі аттап көрген жоқ. Шілде басталғанда екі жыл бойы абақтыда отырып, сары ауруға ұшырап, бауыры жидіп, өне бойының бәрі сап-сары боп іріп кеткен Андрей Неприпасов одан арғыға шыдай алмай жат қалада жан тапсырды.
Орыс елшілігінің адамдары бір іске бел буды. Тамақ әкелетін малайдан оны-мұны хабар сұрауды көбейтті. Малай бір күні тамақты алдарына қойып жатып, екі елші Скибин мен Трошинді сыртқа оңаша шақырып әкетті. Сөйтсе, Тәуке өз адамдарынан жасырып Бұқарға дейін ешкім тиіспейтін кепіл қағаз беріп жіберіпті.
Қарашаның бас шамасында елшілік орналасқан оңаша жәй қаңырап бос қалды. Қашқындар Бұхараға барып, одан Жайық пен Еділ асып, Уфаға жетіп, екі жыл дегенде әрең-әрең Тобылға оралды.
Сосын-ақ Ресеймен екі ортада аяқ-із атымен суынған-ды. Бұрынғы бұрынғы ма, жоңғарға Сыбан Раптан қонтайшы болғалы қазақтың қабырғасы қақырап сөгіле бастады. Әсіресе, Талас пен Шу бойындағы ызғындай елді қан соқта жасап қырып, айдарлы мен тұлымдыны он мыңдай айдап әкеткені жанға батты. Қазақтардың тентек жағына да ес кірейін деді. Патшамен келіссөзді қайта бастасақ қайтеді деп қыңқылдай бастады. Тәукенің оған жүзі шыдамады. Солай жүріп-жүріп барып біраздан соң Тобылға елші аттандырып еді, онысы орта жолда ойраттарға қолды боп кетті. Әккі хан енді қазақтың өз аузын мықтап алуға бел буды. Бірақ, қазақ ұйтқысының күші он жылға жетер-жетпесте қайтадан тоз-тоз боп іри бастады. Аз күндік табысқа мас болған кер ауыз сұлтандар бет-бетімен кекірейіп кетті. Олардың шалқақ басын жалынып-жалпайып жүріп қайтадан иліктіруге қиық көз жоңғар құдайдың құтты күні қиқулай тиісіп мұрша бермей қойды. Оның үстіне жағадан алып жатқан жауға туды өзі көтеріп, аламанды өзі бастап барып бақ сынауға шамасы жете қояр түрі жоқ.
Ал, қаңқасын сүйретіп барады екен делік. Сонда толғай шаншар көк найзаға қолының қуаты жетпей, саудыраған кәрі жілігін майдан даласында шашып алып, кебенек киіп барып, кебін киіп қайтып жүрсе, мына жұрты қара боранда жер тарпып алға түсетін айғырынан айрылған бассыз үйірдей тоз-тоз боп тозып кетпейтініне кім кепіл!
Бақса, қашанғы ит жыртқан қақпыш қара терілігіне басып, кеше ғана көрместей боп жүз шайысып кеткен ала көз жатқа қайтадан елші шаптырып, елпектеп басын иіп, жалынып-жалпаюдан басқа жолы қалмапты. Орыстың әлгі тепсе темір үзетін жас патшасы: «Қап, бәлем, кәрі қақпас, солай ма екен! Шалқайсаң да, шамаңа қарап шалқаймайсың ба? Шалқаям деп, өз ауыз омыртқаңды өзің омырып ала жаздаған шығарсың!» — деп табалайтын шығар. Табаласа, табаласын... Ақылың жетіп тұрған жерге дәрменің жетпей тұрса, таба болмағанда қайтпексің! Дүниеде арыстан басымен қыңсылаған күшігендерге көш басшы болғаннан артық қорлық бар ма екен? Қарсақтай ғана қауқары бола тұрып, жолбарыспын деп жөнді-жөнсіз жонын күдірейтіп, көрінгенмен шақылдасып тістесіп бағатын тәйтік жұртқа бас-көз болудан асқан азап бар дейсің бе! Еңкейе салар жерде олар: «Шалқайып бақ!» — деп шаптығады, шалқая-шалқая шатың айырыла жаздап тұрғанда: «Ойбай-ау, қарап отырып өлеміз бе, тіліңнің ебі қайда, бір амалын таппайсың ба?» — деп тапсынады. Басыңның алтын кезінде бақырдың орынына жұмсайды, бақырға айналған кезіңде: «Алтынның орынына жүрмейсің, нашарсың, нәмартсың!» — деп дігірлейді.
Ішінен қан жылап тұрса да, көп тобырдың айтқанына көнді. Өзі елші жіберер еді. Өкпелері қара қазандай боп отырған ұлықтардың талақтары тарс айырылып бірден сырт айналып кетуі мүмкін ғой. Сондықтан орыс шебіне жақын отырған ұлысбектерін пайдаланғысы келді. Оларға ойраттардың қолына түсіп жататын орыс тұтқындарын босатып алып солардан Тобыл әкімдеріне: «Қазақтар енді сіздерге тиіспейді. Мәңгі-бақи тату-тәтті тұрғысы келеді», — деп сәлем айтқызды. Тіпті бір-екеуіне ақ патшадан қонтайшыға қарсы соғысқа көмек сұрап жалынып-жалпайтып хат та жазғызды. Бірақ, оның бәріне өзінің еш қатысы жоқтай, әлгі ұлысбектердің өзінен шығып отырғандай қып көрсетіп бақты. Онысы орыс патшасының алдында бетінің шіркеулілігінен ғана емес еді. Ол ақ патша бір кезде өз елшісіне астамдық көрсеткен асау ханды мұқату үшін баяғыдан бері оның айтқандарына құлақ аспай келіп, енді қол астындағылардың қолқасын орындап, қыр көрсетер ме екен деп есеп қылған-ды. Ол есебі оңға басса, сары ала иық орыс сарбаздарын өз әскеріне қосып қонтайшыға қарсы жорыққа аттандырмақ еді. Тіпті мың бір жүз жиырма тоғызыншы жылы Тобылға екі елшісін жібергенде де: «Тәукеден келдік деп жүрмеңдер. Қазақ ордасынан келген елшіміз деңдер. Бірақ, біздің сізге қандай мақсатпен келгенімізден хан да хабардар деңдер», — деп тапсырған. Ондағы ойы — Сібір әкімшілігі елшілікті жылы қабылдап, жақын ыңғай танытып жатса, одан арғы мәмлеге өзі тікелей араласу еді.
Елшілікті сол жылы қыркүйек айында Сібір әкімі Гагарин қабылдады:
— Сібір губерниясынан қазақ ордасына шапқыншылық болмайды. Қол астындағыларға сіздермен тату-тәтті тұруға бұйрық берем, — деп уәде етті.
Тоқтап қалған сауда-саттықты қайта жандандырьш, сауда жасай келген қазақтар мен бұхарлықтардан алым-салық алмауға кепілдік берді.
Сол тұста патша әкімдеріне Тәукемен жарысып, Қайып та үсті-үстіне елшілік жөнелтумен болды. Шамасы, оған өзі әдейі бой тасалай тұрып, сыр тартып көру үшін, өз атыңнан елші жібер деп ақыл беріп жүрген Тәуке болса керек. Сонысын малданды ма, жоқ ағасы қартайып келе жатқанда жұрт алдында абырой алып қалғысы келді ме, — Қайып бұл іске бар ынты-шынтын салып бақты.
Әбілқайыр ол тұста Патшамен одақ жасау жәйі сөз болды-ақ, тіл мен жақтан айырылып бұға қалатын. Әз Тәукенің өзі абырой таба алмай жатқан жаманатты іске араласып жыны бар ма! Оның үстіне ылғи шеткері ұлыстарды билеп, шалғайды жайлап, көрші жұрттардың ақ патшаға деген қас-қабағынан да біраз хабардар-тұғын. Қалмақ тайшылары да, башқұрт тархандары да ол жайында сөз болса, жиралаңдап, қолын бір сілтеп шыға келетін. Оларға айтқызсаң-ақ патшаның да жарылқап жатқаны шамалы.
Әбілқайыр көпке дейін сол пікірмен жүрді. Төукені қостаса, онсыз да қит етсе, шиге шаншып көз түрткі қып бағатын жас сұлтандардың назарына ілігеді, оларды жақтайын десе, өзінен көп үміт артып, қошамет көрсетіп баққан аға хан мен ел ұстар кәрі билердің жел жағынан шығып қалады. Онсыз да екі оттың ортасындағы әуре-сарсаң басын құр бекерге жаманатқа қалдырғысы келмейді. Ол жылдары қазақтардың орыс шебіне жортуылы тым көбейіп кетіп еді. Әбілқайыр оларға тікелей араласпағанмен, қашқын татарлар мен қарақалпақ қолдарына күш қосып тұрды. Соларға ілесіп сонау Қазанға дейін барып қайтқаны да бар. Ресейдің шын жағдайын да сонда сезді. Сөйтсе, олар Тобыл саудагерлері мен қашқын татарлар айтып жүргендей сорлы мемлекет көрінбеді. Қол астындағы қалмақ пен башқұртты сырт жұрттарға басынтпай тұрғандары да рас сияқты. Енді ол орыс шебінен аяғын тартайын деді.
Сүйтіп жүргенде, сонау Ырғыз бойындағы өз ұлысындағы Әбілқайырға аты ақ сабын боп терлеген шабарман келді. Таң атар-атпаста ауыл шетіне «ой бауырымдап» шауып кірген суыт жүргіншінің әжептарқы айқайынан жұрт бірден аяқтарына мініп, тікесінен тік тұрды.
Ат үстінен домалап түскен шабарманның бар айтқаны:
— Әз Тәуке дүние салды!
Мұны естігенде ел үрпиісіп қалды. Еркек кіндік жалма-жан бес қаруын асынып атқа қонды. Ана жалдың басында да — андыздап келе жатқан бір жұрт. Мына жалдың басында да — андыздап келе жатқан бір жұрт. Бәрінің де мінгені қара. Бәрінің де кигені қара. Бәрінің де ұнжырғасы түсіп кеткен. Бәрінің де жүрісі сылбыр. Әншейінде көкке ойнатып жалақтатып ұстайтын көк найзаларын, желектерін жерге салбыратып сүйретіп келеді. Бәрінің де бой түзеген бағыты — Түркістан.
Күллі Түркістан азан-қазан. Күллі Түркістан қара жамылған. Күллі Түркістанның беттері ісіп, дауыстары қарлыққан. Күллі Түркістан топыраққа былғанып жер бауырлап жатыр. Көктегі арсыз күннен басқа жадырап, жарқырап тұрған ешкім, ештеңе жоқ.
Қожахмет күмбезі үш арыстың игі жақсыларына лықа толы. Хан мәжілісі өтетін ақ сарайда ақ шымылдықтың ар жағында жүзін құбылаға қаратып ұзынынан түсіп Тәуке жатыр. Оны исі қазақтың бетке ұстар сұлтандары, билері, батырлары күні-түні мізбақпай күзетіп отыр. Бәрінің де еңсесі түсіп кеткен. Бәрінің де көңілдері қаяу. Бәрінің де өңдері боп-боз. Бәрі де бастарын омырауына алып ойланып қалған. Бір жұрттың бар қадыр-қайратын, ақыл-парасатын арқалап жүрген осы бір азғантай топ ақ шымылдықтың ар жағында ұзыннан сұлап түскен көш бастарларының мынау қазасынан көп жәйді аңғарып, көп жәйға қанығып отыр.
Өрнегіне зер төккен парсы кілеміне оранып шымылдықтың ар жағында еңсегей бойлы ер Есімнің немересі, салқам Жәңгірдің бел баласы Тәуке жатыр.
Оның бойындағы бес жүз жылдан бері дүниені дүрліктіріп келе жатқан өктем әулетінің дүлей қаны қазір жойқын жүрісінен жаңылып әншейін бір қызыл іркілдікке айналып ұйый бастады. Ақ жамылып, кебін оранып жатқан мынау меңіреу мүрденің он алтыншы атасы аспан астын түп-түгелімен тізесіне басқысы келген қаһарлы Шыңғыстың өзі-тұғын. Шыңғыстың тұла бойы тұңғышы Жошы он үш ұл сүйген адам деседі. Онын төртеуі Дұғажіса, Есен, Бәрі, Мұхамбет дүниеден тұқым көрмей өтіпті де, қалған тоғызы - Бату, Шәйбан, Тәуел, Таңғұт, Бұғала, Сұңқар, Жымпай, Тоқа-Темір, Ұдыр әулеттері тарыдай тасып, бидайдай бөртіпті. Қазақ ұлыстарындағы хандар — солардың Тоқа-Темірінің ұрпағы көрінеді. Тоқа-Темірден Орын-Темір, Өз-Темір, Баймұр, Баян деген төрт ұл туыпты, қазақ хандары соның Өз-Темірінен тарайды. Өз-Темірдің белінен Қарақыр, Сарша, Абай, Қожа — төрт әулет жаратылған. Соның Қожасынан Садық, Бәдік деген екі ұл болады. Бәдіктен Алтын Орданың басы піспей, бет-бетіне пышырай бастағанда Ақ Ордадан қалың қолмен аттанып барып, қайтадан қылыштың күші, найзаның ұшымен біріктірмек болатын атақты Орыс хан туады. Орыс хан жеті ұл, бес қыз сүйіпті. Тоқтақия, Құтлықбұғы, Тұғлық, Болат, Құйыршық, Тоқтаболат, Сейдахмет, Сейдалы атты жетеудің қазақ тағын иемденгендері — Тоқтақия мен Құтлықбұғының ұрпақтары екен. Тоқтақияның Болатынан Керей хан туады.
Сол Керей Жәнібек деген сұлтанмен бірге Дешті Қыпшақты билеп отырған Шәйбан тұқымымен ат құйрығын үзісіп, қол астындағы ұлыстарын Шу бойына апарып, өз алдына қазақ деген ел етпей ме! Керей Тоқтақияның немересі болса, Жәнібек Тоқтақияның туған бауыры Құтлықбұғының шөбересі еді. Құтлықбұғыдан Алтын Орданың тағына отырған Құйыршық хан туса, одан әкесінің жолын қуып, тақ мініп, тәж киген Барақ хан тумай ма! Ол Мірсейіт, Мірқасым, Әбусейіт дейтін үш ұл сүймей ме! Соның кенжесі Әбусейітті жұрт Жәнібек деп атап кетіпті.
Қазақ жұрты Шу мен Қордай бойына кеп орнығып, өз алдына түтін түтеткесін алғашқы ханы қып Керейді сайлайды. Ол өлгесін баласы Бұрындық бұйда ұстайды. Бұрындықтан кейін таққа Жәнібек отырады. Жәнібек өлгесін ел тізгіні Бұрындықтан қалған Сайхын, Сәнжар-Жаһан, Жаһан-бақтылардың ешқайсысына бұйырмай, біржола Жәнібек әулетіне ауысады.
Жәнібектің баласы тоғыз екен: Жиренше, Махмұт, Жәдік, Қасым, Айтық, Өсеке, Қанбар, Таныш, Жаныш. Сауранды билеп тұрған Жиренше мен Созақты билеп тұрған Махмұт әкелерінің тірі кезінде-ақ Шәйбан әулетімен шайқаста оққа ұшады. Қазақ билігі екі ағасы өліп, қалған әулетке өзі бас болып қалған Жәдікке солай тиеді, әйтпесе, алдындағы екі ағасының біреуі болмаса, біреуі тірі болғанда Жәдіктің де балалары Өсеке балалары құсап, төрге аттап шыға алмай, оң жақ босағада жамбастарын шірітетін еді. Сөйткен Жәдік Шақыбек, Шақпахыт атанатын, кейін ақсақ Темір әулетін Үнді асырып жіберетін Мұхамбет Шәйбанидың қыспағына ұшырайды. Ақыры сол Мұхамбеттің сойылын соғып жүрген Мұсаның ұлы Шегем мырза Жыланды тауының қасында қазақ сұлтаны Жәдік Жәнібек ұлын екі баласымен бірге өлтіріп кетті. Оның тағына інісі Қасым отырды. Қасымның тұсында қазақтың еңсесі қайтадан көтерілді. Бір жорықта қазақтар екі жүз мың кісіні атқа мінгізіпті деседі. Қасымнан қалған қасқа жол да сол жортуылдардан түскен шығар. Сүйткен Қасым да бұл дүниеден өтіп, сүйегі сонау Жайық бойындағы Сарайшықтың кебір топырағының астында әлдеқашан қурап қалды. Оның орынын баласы Мамаш аз-кем иеленіп, ол да бір жорықта мерт болғасын Жәдік ұлы Таһир таққа отырды. Таһирден кейін тақ мінген Бұйдаш қазақ пен өзбектің бұйдасын қоса ұстады. Бұйдаш өлгесін билік Қасым тұқымына қайтып барды. Үш жүзді үш жүз еткен Ақназар тізгінді сол кезде ұстады. Маңғолстаннан бөлінген тайпаларды Ұлы жүз, Сарыарқадан Шуға ауып барған Ақ орданың тайпаларын Орта жүз, Ноғай ордасынан қосылған Алшынды Кіші жүз атандырған да сол. Алашты алаш етті дейтін Ақназардың артында Маңғытай, Дінмұхамбет дейтін екі бірдей ұл қалғанмен екеуіне де билік тимей өтті. Тек Дінмұхамбеттің ғана Бұхара, Тамды маңындағы азғантай ұлысқа кемді-күн хан болғаны бар.
Ақназардан бергі заманда қазақ тағы Жәдік балаларының тақымына басыбайлы тиді. Ноғай мырзасы Шегеммен шайқаста екі баласымен бірге шәйіт боп, қазір Хиуадағы Бақырған атада жаны жаннатта жатқан Жәдік сұлтан заманында ұрғашы нәсілінен аса салымды кісі болған сияқты. Перзенттен де кенделік көрмепті. Үлкен ұлдары Таһир мен Бұйдаш әкелеріндей емес қазақ тағының қызығын көрудей-ақ көрді. Бұйдаш сұлтан өз бауырынан өрбіген жиырма төрт сұлтанмен бірге Шағатай ұлысындағы бір шайқаста бір төбенің басында жайрап қалды. Тоғыз жирен атанған сойдауылдай-сойдауылдай тоғыз ұлымен Тұғым сұлтан да туған бауыры Бұйдаштың кебін киеді. Жәдік сұлтанның Абайханның туған Шығайы мен Мәлігінен, әсіресе, Шығайынан көп ұрпақ өрбиді. Қазір Бұхара түбіндегі Күміскентте жатқан Шығай сұлтан да әйел жағынан әкесіне дес бере қоймаса керек. Алтынхан бикемнен Сейітқұл мен Ондан, Шағатай тұқымынан алған Жақсыбикемнен Тоқай, Есім, Сабырбек, Бұрындық ханның қызы Дәдем ханымнан Әли, Сұлым, Ыбырайым, Шәйім деген ұл сүйеді. Қазақта мынау Тәуке өліп жатқан күнге дейінгі жүз елу жыл бойына билік бермей келе жатқан осы тоқпақ жілік тоғыз ұлдың торпағы. Шығайдың тұла бойы тұңғышы Онданның атағы заманында әкесінен асып кете жаздапты. Бас сардар Ондан отызға жетер-жетпесінде жоңғардан қаза тауып, міне, бүгін үш арыс қазақ тағы да қара жамылып кеп, қамырыға қоршап тұрған Қожахмет Яссауи ғимаратының астынан мәңгілікке жайлы қоныс тауыпты. Оның Өсеке сұлтанның немересі, Болат сұлтанның қызы Алтын ханымнан туған бір ұлы Шәйхісләм Тәуекел хан исі қазақтың тізгінін ұстады, екінші ұлы Оразмұхамбет он үш жасында әкесінен қалып, он алты жасында Мәскеу патшасының тас сарайынан бір-ақ шығып, жиырма жасында Қама дарияның бойындағы Керман шаһарына хан болады. Бүгінде қалың Найманның делбесін ұстап отырған Күшік пен Барақтың аталары, бір кезде Ұлы жүздің ноқтасын өз қолдарына ұстаған Тұрсын, Құдайменді, Көжектер де Ондан сұлтанның кіші әйелі, Бұрындық ханның немересі Шүйім ханымның етегінен өрбігендер.
Көшпелі бақыт Тәуекел өлгелі Есім топырағына біржолата тұрақтайын деген түрі бар. Еңсегей бойлы ер Есім тақты көзінің тірісінде-ақ үлкен ұлы салқам Жәңгірге берді. Салқам Жәңгір билікті ағасы Сырдақты көрмей, баласы Тәукеге ұстатты. Не де болса, қазақ тағы басы айналған күшіктей тоғыз ұлды Жәнібектің екі баласының ғана ауылдарынан шырқ айналып шыға алмай келеді. Бұдан былай да солай бола бере ме, жоқ па — оны мынау қаралы жиынның артынан болатын сайлау көрсетеді. Сондықтан да бүгін, әсіресе, сұлтандар жағының қабақтары қатуырақ. Олар тек көшбасшыларынан айрылғандарына ғана қабырғасы қайысып отырған жоқ, ертең үш арыстың игі жақсыларының қолындағы уыздай аппақ өре киізге қайсымыздың жамбасымыз тиер екен деп те отыр. Талайының қаралай тамағы ісіп, қаралай жемсауы күлбіреп отыр. Мынау оң жақтағы атлас шымылдыққа қарап емініп отырған арқар ұрандылардың арасында іштерінен ойша әлдеқашан бақилық болған бағзы бабалардың аруақтарын қозғап, баяғыдағы өткен-кеткендердің қиыр-шиыр, екжей-тегжейлерін аударыстырып отырған жалғыз тек Әбілқайыр ғана болмаса керек. Талайлар көптен бергі кетіп жүрген есеміз осы жолы қайтпас па екен деген есек дәменің соңында еді.
Шынында да, бұл жолы ойланса, ойланғандай еді. Жиренше мен Махмұд ерте қаза тапты. Алтын тақты кезек мініп дәндеген екі әулеттің бірі — Ақназар тұқымы әлдеқашан тыйылып қалды. Ал, Айтық, Өсеке, Қанбар, Таныш, Жаныш — бес әулеттен өрбіген ұрпақтың тақ дегенде әлі күнге иманды ауыздары сылп етіп көрген емес. Таныш пен Жаныш жастай шәйіт болып, өздерін де, дүниеге келуге үлгере алмай кеткен ұрпақтарын да бақ дәметкен, тақ дәметкен көз күйіктен біржола құтқарды. Айтықтың да мандығаны шамалы. Қасым тұсында бас қолбасшы боп, бас найзаны ұстаған Қанбар сұлтанның тұқымына да қол тізгіні тигенмен, ел тізгіні тимей келеді. Өсекенің бәйбішеден туған Болаты тұқым-тұяғымен ноғайлардың қолынан қырғын тауыпты. Кіші әйелінен туған Бөлекей-Қоянның балалары қазір бір рулы ел. Бірақ, олардың да тасы онша өрге домалап жатқаны шамалы. Кіші ұлдың кіші қатынынан туған томарбастарға қайдағы бақ, қайдағы тақ! Қайта бірде қол басқарып, бірде ұлыс басқарып қатарға қосыла бастағандарының өзі осы Тәукенің тұсында ғана. Әкелері Абдолла сұлтан ұзақ жыл Ұлы жүз тізгінін ұстаса, балалары Жолбарыс пен Әбілқайыр қазіргі екі арыстың ұлысбегі. Өсеке тұқымының өзі өз болғалы шауып шыққан биігі осы-ақ!
Хан тағы жеген ауыз жесін болып, баяғысынша бір әулеттің ғана қанжығасында қала бере ме, жоқ ел ұстарлар мынау жұртының басына жан-жақтан ентелей төніп тұрған көп қиын-қыстауды ескеріп, бұған дейін тәуекелдері тұрмай келе жатқан жаңа бір пәтуаға бел буа ма — ол арасы қақыра оранып қаралы шымылдықтың аржағында жатқан Тәуке хан қашан қара жердің қойынына біржола түскесін барып белгілі болмақшы.
Мынадай ауыр қазаның үстінде ауызы барып ешкім ештеңе дей алмағанмен, кім-кімнің де түндіктей ұйысқан терең ойда жүрген түрлері байқалады. Әркім ішінен әр қилы тон пішетін сыңайы бар. Біреулері: «Әз Тәукенің өлгенде көрген екеуінің тірлікте қалған жалғызы Болат тұрғанда басқаларға тақ қайда!» — деп кергісе, екінші біреулері: «Болат тым бозымбай. Мынандай алмағайып заманда тізгінге ие болып жүре алса жарар еді. Дәуде болса, әкесі Сырдақтың да есесі кетіп, тақ тимей сырғақсып келе жатқан кәрі мыстан Қайыптың мұрты осы жолы майланатын шығар. Ағасының көзі жұмылмай жатып, жан-жаққа елші шаптырып, байпаңдауы жаман еді», — деп сәуегейлік айтады. Ал енді бір топ: «Көрерсіңдер бұл жолы билер көптен бері тақ сыбаға бұйырмай, қағажу көріп жүрген Өсеке тұқымын жарылғайды. Тәукенің Әбілқайырды қалмаққа шабар қалың әскердің бас қолбасшысы қылып қойғаны тегіннен тегін ғой деп пе едіңдер, Болат былжыр, Қайып кәрі, Сәмекенің қолбасшысы боп көзге түскені шамалы, Әбілмәмбет әкесінің алдын орап кете алмайды, Тұрсын хан балаларын қалған сұлтандар жақтырмайды. Сонда батыр десең батыр, ақылды десең ақылды, ел-жұртқа жұғымды Әбілқайыр хан болмай кім хан болады?! Ойыңның мықтылығы болмаса, сойылыңның мықтылығынан ел билейтін заман өтті деп әз Тәуке өзі талай айтыпты ғой. Кәрі билер замандастарының сол ақылына құлақ аспас дейсің бе», — деп күпілдеседі.
Жұрт ауызына іліккен үш сұлтанның үшеуінің де жүректері күпті еді. Әсіресе, Қайып қақшаңдап кетті. Тәукенің қарасының тұсында тіптен тыңайып алған. Марқұмды арулауға да, жаназасын шығаруға да, құдайы асына да ешкімді араластырмай өзі басшылық етті. Қарасы өткенше тікесінен тік тұрды. Жетісі өткенше тікесінен тік тұрды. Қырқы өтіп, қырық бірінші күні хан сайлауы басталғанда ғана көзінің алды қалталанып шыға келді.
Әбілқайыр өйтіп битін салған жоқ. Жас сұлтан мынандай ызғындай жұрттың алдында сыр алдырып, боламын деп болмай қалса, шалабын босқа шайқап, азын-аулақ абыройына нұқсан келтіріп аларын білді. Ақырын жүріп, анық басып, аңысын аңдады. «Болдың!» — десе, тасымайтындай, «Бола алмай қалдың!» — десе, жасымайтындай болып жайбарақат жүр. Бірақ, жүріс-тұрысынан, бет-әлпетінен, сөз ләмінен ештеңе аңғартпағанмен жүрегі алқымына тығылып, тынысы бітіп барады. Жұрт ішімді біліп қоймасын дегендей, ешкімге жуымай, алыстан иіліп-бүгіліп қашқақтаумен жүр. Өзіне тақ бұйырмаса да, Жәдік балаларының қырқылдасқанын көрудің өзі оған аз ғанибет емес еді!
Майлы жамбастың кімге аунары белгісіз мынандай алмағайып тұста Жәдік балаларының бірін-бірі енді қайтып көрместей болып, шалқайысып шыға келуі де әбден ықтимал-тұғын. Олардың ондай тортаң-тосыраңы бұған жақсы. Кім біліпті, екі қарға таласса, ортасында құзғын қарғаға жем түседінің кері келер...
Қожахмет Яссауи ғимаратының муәзінің ащы айқайы көл-көсір көсіліп жатқан қазақ даласының шалғай-шалғайында шашырап жүрген барша шаңырақтың бас көтерерлерін шартараптан өзіне шақырып алды. Ат мініп, бес қаруын түк қалдырмай түгел асынып келген қату топ көкпен таласқан көне ғимараттың маңында ине шаншар жер қалдырмай жыпырласа қалыпты. Ру басылар, билер, батырлар, сұлтандар намазханаға кіріп, жаршылардың жар шашқанын күтіп тұр. Міне, бір бөлмеден жабағы жүннен басылған ені қырық құлаш, ұзындығы қырық құлаш уыздай аппақ, өре киіз көтерісіп әр рудан бір-бір батыр шықты. Олар алшаңдай басып ақ сарайға беттеді.
Жұрт үн-түнсіз. Көкпен таласқан алып күмбездің астында иін тіресіп тұрған жұрт тіл мен жақтан түгел айрылғандай. Әбілқайырдың құлағында әлдене дүрс-дүрс етеді. Лүп-лүп соғып тұрған өзінің жүрегі. Қайып еңгезердей мол денесін алға төсеп шалқайып тұр. Не десеңдер, о деңдер дегендей, басы кекшиіп кеткен. Қалған сұлтандар қыздың баласындай боп жымпия-жымпия қалысыпты.
— Жамағат!
Оқыс дыбысқа жұрт жалт қарасты. Ақ сарайдың есігі ашылды. Қолына құран ұстап хазірет шықты. Оған еріп үш бас би шықты. Оларға ілесіп Ұлы жүздің тоқсан төрт, Орта жүздің алпыс жеті, Кіші жүздің жиырма бес биі шықты. Сары ала топ сол қалпымен қатарын бұзбастан ортаға озды. Хазірет михрабқа көтерілді. Сұңқылдаған сазды дауыс келте шықты.
— Үш арыстың игі жақсылары бір ауыздан қазақ жұртының бас ханы қып Тәуке ханның бел перзенті Болат сұлтанды сайлады. Жаңа ханның тұсында да жамағаттың басына бақ орнап, замандары тыныш болсын. Әумин, әлеумет!
— Әумин!
— Әумин! Әумин!
— Әумин... Әумин...
Айлапат күмбездің асты күркіреп қоя берді. Қалың қабырғалар сырттағы халықтың жер қайыстыра айқайлаған дауыстарына тосқауыл бола алмады. Жер-көк түгел шуылдасып кетті.
— Әлеумет! — деді сол дауыстың бәрін баса көктей бір күмбірлеген қоңыр дауыс.
Ақ сарайдан қырық құлаш өре киізді топырласа көтеріп бір топ адам шықты. Өре киіздің үстінде су жаңа оқа шапан киіп, басына шиыршықтап ақ қамқадан сәлде байлап, маңдайына бармақтай ғана лағыл қадап, қасы мен қабағы қаламмен сызғандай қиылып, жәудір көздері жылтылдап, қаймыжық ерінінің бір қиығына күлкі жүгіріп әлжуаз Болаттың ақ құба өңі жарқ ете қалды.
Бүгін тіпті ажарланып кеткен. Жұрт көз ала алмай қарап қапты. Солай біраз мелшиісіп тұрды да, кенет ақ киізге жан-жақтан жармасып, жаңа ханды қақпақыл қыла бастады. Өңмеңдеген көп шуылдақтың ту сыртында қалған Әбілқайыр сыр бермегенсіп, өп-өтірік ілгері ұсынған болды. Бірақ қолы бәрібір жетер емес. Қайып неғып тұр екен деп қарап еді, жұрттың алдыңғы жағында тұрған ол қыңынан сапысын суырып, езуін жиырмаған қалпы ұлтарақ болардай қып бір жапырақ киіз кесіп алды.
Қақпақылдаған өре киіз бірте-бірте сыртқа шығар есікке қарай алыстай берді.
Есік алдындағы қарақұрым жұрт өре киізді көкке серпіп, үстіндегі ханды жерге аударып түсіре жаздады.
— Әлеумет! — деді манағы бір өктем дауыс.
Ақ киіз жерге түсірілді. Қасына сегіз палуан жігіт сары шытыра перделеген балдахан алып келді. Хан сол балдаханға көшті. Перденің арасынан басын сұғып:
— Жамағат, пейілдеріңе көп-көп рақмет! — деді. Жұртта ес жоқ. Жаңа ғана ханды көтерген өре киізді жан-жақтан жалаңдай созылған ақ кездіктер жалма-жан жырым-жырым турай бастады. Өре киізден тәбәрік жетпегендер хан отырған балдаханға жармасты. Сол екі ортада қайдан шыға келгені белгісіз, қасына күн ойнаған күміс ер салынған ырғай мойын, ақ боз арғымақ көлденеңдеп тұра қалғаны. Көп нөкер қолтығынан демеп, хан атына қонды. Жаңа ғана жарқ-жұрқ етіп бүп-бүтін тұрған балдаханның да күлпаршасы шықты.
Мына халықтың бұл беттерімен Қожахмет ғимаратының қыш тастарын да бір-бірден таратып әкетуден тайынар түрлері көрінбейді. Енді олар хан астындағы ақ боздың құйрық-жалына пышақ ала жүгірді.
— Әлеумет! — деді манағы өктем дауыс тағы да тіл қатып.
— Хан талапай!
— Алақай, алақай!
— Хан талапай!
— Алақай, хан талапай!
Аты барлар аттарына қарғып мініп, хан әулетінің көк ала жылқысы мен ақтылы қойы жатқан Қаратауға қарай дүркірей шаба жөнелді. Қаратаудың қойнау-қойнауында жатқан ханның малы жұрттың алдында кетті. Арада екі күн өтпей жатып, жан-жақтан үйір-үйір жылқы, қора-қора қой айдаған түйдек-түйдек шаң көз көрсетпей аспанға айналып тұрып алды. Ол — ұлыс-ұлыстан жаңа ханға келе жатқан тақ байғазы еді.
Сонымен қазақ даласын отыз сегіз жыл билеген әз Тәуке өзінен бұрын да талай игі жақсылардың ең ақырғы мекені болған әйгілі ғимараттың астынан біржола орын тапты. Баласы Болат соңғы бір жарым ғасыр өз әулетіне құт боп келген атамзаманда үндінің бір шебері алтынмен аптап, күміспен күптеп, бұл тарапта қарасы да көрінбейтін, сонау алыс елдердің бірінде өсетін әрі қымбат, әрі берік асыл ағаштан жасаған абажадай қазақ тағына алшиып отырып алды.
Түркістанның екі айдан бері дарбазасын жауып ап, қызығын тарқатып жіберген қым-қуыт базары қайта қызды. Үндіден, Қытайдан, Бұқар мен Самарқаннан, Еділ мен Тобылдан мың-мың түйеге жүк артқан ұзыншұбақ керуендер қайтқан құстай тізіліп үсті-үстіне келе бастады. Ғимараттар мен тапал тамдардың маңдайында қырық күн бойы салбырап тұрған тұлымшақ-тұлымшақ тұл жалаулар жиылып алынды. Қараның тұсында аяғы тиылған діндарлар мен белдеріне тасбақаның жауырынын, жыланның басын, маймылдың құйрығын, тауыстың қауырсынын әлекей-күлекей байлап алып, қолдарына тауық боп шақырып, есек боп ақырып, ешкі боп маңырайтын ылдырмақ-шылдырмақ ұстап жырым балақ, жарық табан бақсы-құшынаштар, жарты ғаламды жалаң аяқ, жалаңбас жаяу аралап келе жатқан жалба-жұлба дәруіштер қайтадан еріп кетті.
Мидай жазықта жарбиып жатып алған жатаған қаланың мың-мың түтіні көк аспанға сылаң қағып қайта көтерілді.
Әбілқайырдың көкірегі құйын ойнаған үйдің туырлығындай алай-түлей-тұғын. Түркістаннан сыр бермей шығуын шықты. Қалған сұлтандармен сыр бермей қоштасуын қоштасты, бірақ іші әлем-жәлем болды да тұрды. Жұрты құрғыр қанша пыш-пыштасқанмен, ақ сарайдағы тұрымтай мәжілісте ешкім бұны аузына ала қоймаған сияқты. Бір шүкір етері — Қайыптың жәйі де сөз болып жарымапты. Бірінің көкірегінде не бұғып тұрғанын екіншісі айтпай біліп отыратын өңшең көріпкел немелер жатқан жыланның құйрығын басқылары келмей, Болаттан өзгелерінің басын ауыртпапты.
Сонда үш арыстың тағдыры өз қолымызда деп сөз ұстап жүргендерге қазақтың қай жөнге шығарын білмей құз қиялы қара аңғарға кеп тіреліп, қамалып тұрған тұмылдырықты көшінің бұйдасын кім ұстаса да, бәрібір болғаны ма? Жоңғардың жаланып тұрысы анау! Жалынып барсаң да, илікпей патшаның кекірейіп отырысы мынау. Осындай жағдайда өткен хан сайлауының алдында бірінен-бірі қиын, бірінен-бірі маңызды асқаралы үш сауал қатар тосылып тұрмап па еді! Қоқаңдаған қонтайшының қоқырайған найзасын қобалжымай қағып тастайтындай қолы қуатты кім бар? Шікірейген патша әкімінің кекірейген шалқақ басын иліктіріп, бетін бері қарата алатын көкірегі сылаң, тілі жұмсақ, көзі жылмаң кім бар? Мынандай қысталаң тұста ауызы ала қазақтың басын алды-артына ала қашқызбай бетін оңға, ісін жөнге түзеп, батырымен білек білесіп, ділмарымен тіл безесіп, бойымен көкірек жарыстырып әлек болмай, бәрінің де көңілін тауып жусаннан биік, бетегеден аласа болып жүріп-ак, ақыл асыра алар жүзі жағымды, сөзі жұғымды кім бар?
Ақ сарайға жиылған ауызы дуалылар осы үш сауалдың үшеуіне де бас қатырып жатпапты. Бәрі де тек Тәуке өліп жатқан кезде Тәуке басын қосқан елдің басын шашып алмауды ғана ойлаған. Ол сауалдың да шешімін көп жан қинамай, оңай шешкен.
Баяғы сол Қасымнан қалған қасқа жол, Есімнен қалған ескі жол. Қатынға — аға өлсе, іні мұра, таққа — әке өлсе, бала мұра. Сонау Шыңғыстан да бұрынғы заманнан келе жатқан тақ өз балаңа емес, ініңе не ағаңа, інің мен ағаң жоқ болса, ағаңның не әкеңнің інісінің баласына бұйыратын жора ұмытылғанына бірталай болған-ды. Ақназар өлгесін-ақ, исі алаштың алтын тағы бір ауылдың балалары бірінен соң бірі мініп ойнайтын күл басындағы көк есекке айналып кетті. Баяғы үрдіс бұлжымай сақталатын болса, бұл жолы Қайыптың бағы жанар еді. Баяғы үрдіс бұлжымай сақталатын болса алтын тақ Өсеке әулетіне де талай соғып, талай көшкен болар еді. Не ол үрдіс сақталмайды. Не ақылың мен абыройың таразыға салынбайды. Әйтеуір, сол жеген ауыз жеп қалсын, мінген тақым мініп қалсын. Өнер мен білік сынаспай, тек сынасудан бір халыққа мүйіз шықса, қазаққа шығар еді. Елдің сөзін сөйлейміз дейтіндер мынаның қолынан бастау келеді, мынаның қолынан қостау келеді деп, сарапқа салып, бастарын ауыртып жатпайды, бұрынғы бастап қалғандар бастай берсін, бұрынғы қостап қалғандар қостай берсін деп жалпақшешейлік құрады. Сосын қазақтың қолынан келетіні де, келмейтіні де баққұмар болмай қайтеді?! Баққұмарлық жүрген жерде бауырмалдық жүруші ме еді! Бауырмалдық жоқ жерде ағайынның ауызы, әрине, ала болады. Ауызы ала елдің талабы өрге басатын ба еді?! Ынтымақтың жолы — баққұмарлықты құрту. Баққұмарлықты құртудың жолы — өнерлі мен өнерсіздің, білікті мен біліксіздің, парықты мен парықсыздың ара-жігін айыра білу. Тізгін біліксіз емес біліктіге, парықсыз емес парықтыға, өнерсізге емес өнерліге бұйырса ғана әділдік аяққа басылмайды, тәртіп тәрк болмайды. Тәртіп пен әділдік жоқ жерде елдің де бағы ашылмайды, ердің де бағы ашылмайды. Ынтымақ жоқ жерде өшпенділік өршиді. Өшпенділік елдің де, ердің де өркенін өсірмейді.
Көрер көзге қиянат, зорлық жасап тұрып: «Ел бірлігі болсын десең, менің соңыма ер, менің айтқанымды тыңда!» — дегеніне кім көнеді?! Алтын бел, күміс құрсақтан жаратылсаң да, сенен өнері асқан, білігі асқан, қайраты асқан біреу ақыры түбіңе жетіп тынады. Бірақ, ол екі ортада қанша қан төгіледі, қанша ғұмыр, қанша білік, қанша өнер зая кетеді. Сонау Шыңғыстың өзі таққа солай келмеп пе еді?! Кешегі Керей мен Жәнібек те ұрымталдан ұрт қимылдап, берместі тартып алмап па еді?! Керек жерінде жол-жораны да жотасынан басып аттап өтпей, «көп айтса, көндік» деп, «Ләббай! Ләббай!» — бас шұлғумен жүре берсе, он сегіз мың ғалам жаралғалы адамзат тарихында айқайлап атақтары қалған талай сабаздардың тағдыр-талайының қалай боларын кім біліпті...
Ендеше, ел еңсемді көтермеді екен деп, жермен-жексен бола бергеннен пәтуа жоқ. Еңсе көтерем деп едіреңдеп кетіп, не бастан, не құлақтан айрылып жатқанның да жөні шамалы. Қолына тізгін тимесе де, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың басы алтын, құйрығы күміс ботаға буаз боз інгендей жапырып оттап, сапырып суламай, тыраңдап аунап, бұртаңдап туламай, өз қадірін өзі біліп, басы озар сағатты күтіп, сабыр сақтап, ақырын жүріп, анық баспағы шарт. Оған өзінен озықтардың ақылдысымен сыпайы, ақымағымен әмпейі жүрмесе, өзінен қалықтардың ақылдысының көңілін суытпай, ақымақтарын маңына жуытпай, әр сөздің астарын, әр қабақтың қатпарын бағып абай жүрмесе болмайды. Әйтпесе, өзінен басқа көкірегі ояу екі аяқты көрсе, бағы асқан бағылан әулеттің билік түгілі тірлікті қимай, көзіне көк шыбын үймелетіп бағатын әдеті бар емес пе! Құдай әу бастан етек бастыға лайық ез қылып жаратпай, көкірегіңнің көзін ояу, етіңнің тінін тірі жаратты екен, аман жүрем десең, біреудің есебінен ұтылмайтындай, біреудің ебінен тосылмайтындай боп, өңің түгіл түсіңде өз тізгініңе өзің мұқият болмасқа амалың қайсы! Дүниені білік емес билік ұстап тұрған заманда жүріп келе жатқан соқпағының кез келген кедір-бұдырына сүрініп кетпестей су жорға тәсілқой болған лазым. Әйтпесе, тым батыл болам деп көрініп қалып құрисың, не тыс бәсік болам деп көміліп қалып құрисың!
Соны жақсы білетін Әбілқайыр қанша сақтық ойласа да, қапы қалмай қимылдайтын тұсы енді келгенін сезді. Өйткені, қазақтың жаңа ханы Болаттың астындағы алтын тақты тек бөксемен ғана басып отыратын мамық бөстектей көретін сыңайы байқалып қалды. Не қалмақ тарапынан, не патша тарапынан қам жеп, әрекет жасайтын түрі көрінбейді. Ең болмаса, жыл сайын ауызы ала қазақты алдына бір жиып, басын түгендеп алуға да құлқы соға қоймады. Әркім білгенін істеп, бет-бетіне жүр. Қайып неге орыс шебіне жақындап көшіп кетті, Әбілқайыр неге қалмақ пен башқұрттарға жапсарлас шалғай ұлысынан аттап шықпай жатып алды — онда Болаттың шаруасы шамалы. Таң орнынан атып тұрғасын, күн орынынан батып тұрғасын, ордасына дүрсілдетіп ешкім шауып келіп жатпағасын заң орынында, заман орынында екен деп, аспаз сарттың сапты аяқ толтырып әкелген сары балын қақшып салып, қол қусырып қарап отырған жәйі бар. Мықты еменнің тамырынан дәл өзіндей мығым бала емен де балалайды, алып атасының айлапат көлеңкесінен бой асырып шыға алмас, әлжуаз шыбық та балалайды. Болат соның соңғысы болып жүрмесе, не етсін!
Әбілқайыр енді Түркістан жаққа құлақ түруді қойды. Екі көзі де, екі құлағы да көршілес Қайып ұлысында.
Анада Түркістаннан Қайып та, ол да тырсиып аттанған. Қайып та, ол да ұлыстарына кеп тым-тырыс жатып алған. Көпке дейін дымдарын шығармаған. Кейінгі кезде Қайып ептеп қимылдайын деді. Әбілқайырға да керегі сол еді. Мұндай алмағайып заманда көзге көп түсе бергеннің де жым-жылас жоғалып кеткеннің де қауіп-қатері жеткілікті. Жым-жылас бой тасалап жатып алсаң, алдыңда елтең-селтең жүріп тұрғаныңның өзінде есіне зорға алатын ұмытшақ елдің жадынан біржола шығып қаласың. Ал тым көп селтеңдеп кетсең, не жұртты жалықтырып аласың, не өзге өзің секілділердің көз қырына қаласың. Әбілқайыр жауға шауып абырой алар жерде бұғып та қалмады, желкілдеп оза да шаппады. Басқа сұлтандардың қас-қабағын бақты.
Қайыптың тым-тырыс жатып алмай, қайратқа мінгеніне Әбілқайыр қуанбаса, ренжіген жоқ. Қайып қимылдаса, Жәдік тұқымынан тақта отырған екі сұлтанның арасы ырсиып ашыла бермекші. Ал, егер өзі қимылдап, озып алға шыға бастаса, әлгі екеуі ынтымақтасып бірігіп кетеді. Әбілқайырға қазір Жәдік тұқымы сұлтандарының бітіскені емес, кетіскені керек. Ол Қайыпты қолдауға бекінді. Өйткені, екеуінің ұлысы шектес. Екеуінің қол астындағы кейбір рулар өзара қандас. Оның үстіне, Қайып Болаттай емес жасы жеткен кәрі.
Арада жыл өтіп барады. Таққа отырған Болат ойраттарға да, орыстарға да шөп басын сындырған жоқ. Халық бұған қайран. Қайып соны пайдаланғысы келді. Тәуке өмірінің аяқ тұсында тым суысып кеткен патшамен екі ортадағы қарым-қатынасты қайтадан жандандырмақшы болды. Оның да орайы түсе кетті. Құлан аулап жүріп, қалмақ керуеніне жолықты. Керуеннің соңғы түйесінде арқасы қырдай көртке изеңдеп отыра алмай зықысы шығып бара жатқан еңгезердей сары кісіні көрді. Қайыпқа да керегі сол еді. Қалмақ керуенін қамшының астына алып, әлгі тұтқынды босатып алды. Ол дырдай әскер басы боп шықты. Сорлының көрмегені жоқ екен. Өзін жаудан босатып алып тұрған қазақтардың қолындағы салаңдаған қамшыларын көріп дірдек-дірдек етеді. Қайып оны ауылына апарып бағып-қағып, иінін жаңартып, астына ат мінгізіп қасына Бекболат пен Байдәулет билерді ертіп, Тобылға жіберді. Арада ай өтпей жатып, Тобылдағы Белоусов деген шонжардың Никита деген баласы пәуескесін салдыратып жетіп келгені. Екі ортадағы көптен бергі қатқан тоң жіби алмай жатса керек, елші жігіт Қайып ханға ақ патша әулетінің амандығын орыныңнан тұрып, басыңдағы бөркіңді алып сұрамадың деп біраз кергіп бағыпты, хан төңірегі жатса жастық, тұрса төсек боп жалынып-жалпайып әзер иліктіріп алыпты.
Жыл өтер-өтпесте Тобылдан тағы бір елшілік тағы келді. Үлкен орданың тағынан қағылып, бағы қисайғандай боп жүрген Қайыптың иығы қайтадан шыға бастады. Жұртпен керенау сөйлесетін көрінеді. Есіл бойының ен базарына баса-көктеп бара алатын болса, Қаратаудың шаңдағына қамалып отырған қалың ұлысын орыс шебіне жақын бос жатқан салқын саз самал жайлауға жайлата алатын болса, ол манаурамағанда кім манаурайды!
Әбілқайыр әлі тым-тырс. Орыс патшасының қақаған қаһарлы қабағының бұлай аяқ астынан жыли қалуының ар жағында не тұрғанын білгісі келді. Тобыл шонжары ғой жоңғар қонтайшыларының қазақ даласына кеулеп кіріп бара жатқанын баяғыдан бері көріп отыр. Ойраттар басқаның жеріне баса-көктей кіргенді ұнатқанмен өз жеріне өзгелердің қол салғанын ұнатпайтынын басқа білмесе де, Тобыл ұлығы жақсы біледі. Екі-үш жылдықта Қара Ертістің басына қамал тұрғызбақшы боп жолға шыққан орыс жасағын ойраттардын бір түннің ішінде ойрандап кеткенінен қазақтардың да хабары жоқ емес. Ойраттар сол шапқыншылықта басқа елдерден ат басындай алтын беріп жалдап алған ел барлайтын, жер барлайтын бірер оқымыстыны аяқтарын салақтатып, ат көтіне өңгеріп алып кеткен деседі.
Сонда да Тобыл шонжары ойраттарға ештеңе істеген жоқ. Қазақтың ғой ондай-ондай көрсебасарлығына тұлынын тұтып шыға келеді. Қайдағы бір түз қазған қара шекпендерге бола хан елшісін абақтыда шірітіп өлтіргені баяғы. Ендеше сол астам патша жоңғарға неге мұнша кешірімді?
Әбілқайырдың осыған-ақ басы жетпей қойғаны. Тобылдың татар саудагерлерінің қазақтарды айдап салғанындай, орыстар қауқиған құр кеуде осал халық көрінбейді. Қамшыдан қорықса қорқар. Бірақ қоян жүрек жұрттың сойы секілді емес. Ондай жұрттың елшісі өзі жапан түзде бөтен елде тұрып, ханға қалпағыңды неге алмайсың деп қоқыраңдай ма! Аз да емес сияқты. Қысы-жазы мұз кетпейтін суық теңізден Ертіске дейін қанатын жайып жатқан халық, шынында да, жұрт айтып жүргендей, ормандай қалың болса болар. Дігірлесе, сол көптігіне сеніп дігірлейтін шығар.
Әбілқайырдың көкірегін көптен мүжіген бұл сұрақтың сауалын жуықта өз ұлысына кеп қонып кеткен қара қалмақтың құба қалмаққа барып11 қайтып келе жатқан елшісінің аузынан абайсыз шығып қалған жалғыз ауыз сөз шешті. Сонау әрідегі көп шүршіт қозғала бастапты. Бұрын жоңғарға алыстан абай-қоқай жасап қояды екен, қазір қол жиып кеп соғысып жатқан түрлері бар сияқты. Бәсе, кейінгі бір-екі жылда ойрат бұл тараптан аяғын тартқандай болып еді-ау. Тәуке өліп жатқанда да ешбір ұлыстан «жау шапты» хабар шықпаған. Сүйтсе, арғы жағындағы шүршітпен алысып жатыр екен ғой. Қара қалмақтың елшісі аңдаусыз аңғырт сөйлеп қойғанын біліп, жуып-шаймақ боп:
«Қонтайшының сайып қырандары ши тірсек шүршітті қайдан беттеріне қаратсын. Оң келгенін оңынан, сол келгенін солынан шаншып жайратып тастапты», — деп қойды. Бірақ керуені баяғы бейбіт кездеріндегідей емес жұпынылау көрінді. Керуен жөнеліп кетісімен Әбілқайыр Сейіт пен Әбдіраманға12 хабар шаптырып, әлгі ашық ауыз немені қарақалпақ ұлыстарынан әрі бір елі аттатпай, қашқын татарлардың қолынан о дүниеге бір-ақ жөнелткізді.
Мына хабар Әбілқайырды көптен толғандырып жүрген сұр сауалға жақсы жауап тауып бергендей. Бақса, патша қонтайшыны бекерден-бекер басына секіртіп жүрмепті. Ар жағында аламаны жер-көкке сыймай шүршіт тұрмаса, жоңғарды бүйтіп масайратып қояр ма еді! Құмырсқадай құжынаған шүршіт ормандай сыңсыған орыстан да көп. Сондықтан да ақ патшаға шүршіттің жоңғарды жеңе алмағаны керек. Анадағы оқымыстыларынан кім біліпті, әдейі айрылып қалып отырған шығар. Ендеше шүршіттің жолындағы таптырмайтын тосқауыл шақар жоңғарды өзіндей жұртқа есесін жіберіп отырған қайдағы бір босбелбеу қазаққа бола неге маңдайынан шертсін! Олай болса, Тобыл шонжарының елшілері аяқтары салақтап, Қайыптың ауылына қайта-қайта шауып келе беретіндері несі!
«Онда таңданатындай не тұр! — деп ойлады бір ауық Әбілқайыр. — Патшаға өзіндей қалың шүршітті тойтару үшін шақар да шәлкес жоңғар керек. Найзасы шошаңдап тыныш отыра алмайтын жоңғарды тоқтату үшін күніне қырық төмпеш көріп, тісін қайрап отырар қазақ керек. Үшеуінің бір-бірімен ауыз жаласып, бейбіт отырғаны емес, жағаласып, жағадан ұстасып жатқаны керек, бірақ бірін-бірі жеңе алмай итжығыс күн кешкені керек! Сол үшін де, ақ патша бір-бірімен иттей тістесіп жатқан үш жұрттың ешқашан арасына түспек емес. Алдына келсе, үшеуін де меселдерін жықпай, алдап-сулап шығарып салады...»
Енді, міне, шүршіттің оғы жоңғар мен қазақтың көбесін сөгіп орысқа жеткенше қай заман деп жүргенде, олар келіп жоңғардың іргесін тырналай бастапты.
Аранын ашқан аш жолбарысты қақ маңдайдан бір қойып жеңе алса, тіптен жақсы, ал жеңе алмаған күнде обып жібергелі келе жатқан обырды тоқты-торым болса да, жол-жөнекей тойынта тұрар екі ортадағы екі жемтік жұрттың жай-жапсарын жақсылап біліп алмай бола ма!
Орыс елшілері, сірә, Қайыптың қашан келсе де, алдарына тісін ырситып алып келетін ор марқасының басы мен бағыланның білем-білем құйрығына қызығып емес, әлгіндей ойлары болып шырқ үйіріліп шықпай жүрген шығар.
Ал, Қайып болса ордасына жирен сақал патша елшісі қол қусырып кіріп келген сайын төбесі көкке әзер жетпей қалатын көрінеді. Орыстан қонтайшыға қарсы жорыққа шығар қол алам деп қуанады дейді. Бірақ, Қайып: «Жоңғарға бірге шабайық», — деп қанша жалынғанмен, сары масадай самсаған сары қолын оп-оңай ертіп жібергісі келіп отырған ақ патша байқалмайды. Тобылдың билеушісі де өңшең қисық көздердің ортасында отырып, талай қырық бұлтақты көріп қалған қиық құлақ неме екен. Не айтсаң да Бұқардың саудагеріндей: «Құп болады!» — деп басын шұлғып отырғаны. Бірақ онысымен қарқ қылып жатқаны шамалы. Дегенмен Қайып ордасының іргесіне күнара көк пәуеске доғарғандары сырт көзге жаман болып тұрған жоқ. Қайып маңындағылар: «Тәйірі, Бұқардың бөзінің бүршігі көп, етіңе батады. Ал мына орыстың бөзін атлас екен деп қаласың. Денеңе майдай жағады», — деп бөсетін секілді.
Әбілқайыр Қайып ауылындағы бұл әңгіменің бәрін дөң астынан көріп-біліп жатса да қылп етпеді. Өйткені, орыс шонжарының арғы пиғылын анық біліп отырып, таңертең мұсылман, кешке кәпір боп, құдайдың қысқа күнінде қырық құбылып бағатын өз жұртының ауызы қалай қисаярына көзі анық жетпей тұрғанда, ертеден сыр шашып қайтеді.
Шынында да, бұның ойлағаны аумай-төкпей келді де қойды. Қайыптың жіберген елшілеріне Тобыл әкімшілігі: «Келе ғой!» — деп еңкейсе, Қазанның шонжарлары қайдағы-жайдағыны айтып кергитінді шығарыпты. Олар ақ патшаның қол астына өтеміз десеңдер ғана қол ұшын береміз, әйтпесе, аулаққа ойнаңдар деп ашық айтыпты. Оны естігесін Қайып қалай тұлданбасын!
Қайыптың ауылының іргесі қайтадан қаңырап бос қалды. Тобыл базарында шалқақтап жүріп қалған, күнара келіп тұратын қауға сақал жатжерлік мейман мен оның қасындағы тілі енді шығып келе жатқан баладай шүлдірлеп бағатын көккөз тілмаштың ұйқы ашар былдырағына әбден құлақтары үйреніп қалған хан ордасы кешегі бір күндерін ойлап өңіректейтінді шығарыпты. Баяғы бабаларының кәнігі әдетіне басып, ойда жоқта келе қалған орыс керуендерін ұстап жібермей қалатын болды.
Әбілқайыр бәрін көрсе де көрмегенсіп, сырт орай жүріп бақты. Әуелден де патша елшілерінің базарлығынан бүйірі бұлтиып жарымаған неме берсе қолынан, бермесе жолынан дейтін жұртының ата кәсібіне басып, қазақ пен қарақалпақ жортуылшыларына бас болып, оқтын-оқтын орыс шебіне тиіп қайтатынды шығарып жүр. Жолдағы қалмақтар мен башқұрттардың әңгімесін тыңдайды, Сыбан Раптанның шүршіттермен мықтап ұстасқан түрі бар сияқты. Кеше ғана емпең қағар патша шонжарының бүгін неге кердең бола қалғанының сыры да сонда секілді. Ата жауларымен арыстандай арпалысып жатқан жоңғарлардың көк желкесінде тұрып, қазақтармен сыпсыңдасып, босқа алаң қып не қылсын! Бұл қазақтың нағыз қимылдайтын тұсы екен. Әбілқайыр әуелі өз қабырғасымен кеңесті. Жеке барып жау шауып бітірері шамалы. Оның үстіне өз ұлысы жоңғар шебінен көп алыста. Ал, бұл ойын өзге сұлтандарға айтар еді, олар дұрыс ұқса жақсы, әйтпесе, мынау баяғыда тізгінімізді ұстап дәндеп қалып еді, сонысынан қайта дәмете ме екен деп тіксінтіп алуы да мүмкін ғой. Әліптің артын бағып көруге бел байлады.
Қайыптың ауылы тым-тырыс. Жан-жаққа құлақтарын түріп тың тыңдайды. Орыс елшілерінің аяқ сиретіп кеткеніне қалған ұлыстар не деп жатыр екен деп елегізеді. Бақас жұрттың мұндайда не дейтіні, сірә, белгілі. Табалап жатыр. Бір қызығы, әлі күнге сырын білдірмей, сыпсың шығармай отырған Әбілқайыр ұлысы ғана.
Әбілқайырдың да бір ойлағаны бар еді. Оны қазір бір қолдаса, қалған ұлыстардан қағажу көріп отырған Қайып қолдайды. Оған да мынау жыртылған жырым-жырым абыройын қайта бүтіндеп алу үшін осындай бір тосын оқиға керек қой!
Әбілқайыр Қайыптың ауылына аяғы салақтап өзі жетіп барған жоқ. Әуелі кісі салып сыр тартып көрді. Қайып та қаңтарған аттай жан-жағына елеңдеп әзер отыр екен. Құлағын тоса қойыпты. Әбілқайыр сосын асықпай атына мінді. Қасына өз ұлысының бірер игі жақсысын ертті. Сәлем берген боп әдейілеп барды. Хан ауылы құрақ ұшып қарсы алды. Қайып алдынан шығып құшақтасып амандасты. Қолынан сүйрелеп төрге оздырды. Сосын қонақасыдан кейін көзін тарс жұмып ап, қонағының әңгімесін тыңдады. Әбден естір әңгімесін естіп алғасын кірпігі сирей бастаған жібіскі жанарын сығырайтып ашты. Ләм-мим деместен сынай бір қарап алды. Демек, айтқаны қышыған жерін дәл басқаны. Әйтпесе, сыртқа сесін шығармай, сақал-мұрты селкілдеп ішінен күлер еді, не тізерлес отырған көп бетіне бұрылар еді. Оның бірін де істеген жоқ. Көзін бұдан аудармай шаншылып отыр.
Өз бетімен ештеңе шешпей, ылғи елдің аңысын аңдып әрекет қылатын әккі кісілердің әдеті осы. Аузыңды бағады. Көзіңе үңіледі. Жүзіңді тінтеді. Былайғылардың қасқа маңдайын қақ жарып айғыздап түсетін сай-сай әжім ондайлардың көзінің маңайын ғана торлап алады. Қайыптың да жылтыңдаған кішкене көзі шимай-шимай суыртпақ әжімдердің арасынан торында жатқан қара құрттай боп бағжия қарайды. Бірақ, ондай-ондай қарақұрттан тайсала қояр Әбілқайыр ма! Тап берсе шап берейін деп тас түйін әзір отыр...
Одан бері де он үш жыл өтіпті-ау!
Көсенің иегіндей жылмағай түзде жыланша ирелеңдеп жіңішке өзен жатты. Былайғы кезде түбіне дейін ап-анық көрініп тұратын мөлдір арна қып-қызыл қан лоқсиды. Ту-ту алыс таулардың басында әлдебір жұмбақ құдірет ел естіп, көз көрмеген бір әлемет жануардың желкесіне қонжия қонып әлып, ауыз омыртқаның түбінен алдаспанмен орып кеп жібергендей. Мынау кемерден аса шапшып жатқан қып-қызыл жойқын сол бір бауыздау қандай. Тұнатын түрі көрінбейді. Қойыла түседі, қойыла түседі. Жер қазып, топырақ үйіп биік бекініс жасап, соның тасасынан бір-біріне ерсілі-қарсылы оқ жаудырысқан екі жақ талай талша мойынды қақшып бақты.
Дарияның арғы беті — ойрат, бергі беті — қазақ. Қазақтың саны отыз мың. Қайып хан екеуі басқа ұрып жүріп санап жиған сары қол. Енді, міне, іннен шыға алмай, түтінге тұншыққан саршұнақтай қараптан-қарап қырылып жатыр. Үш күн бойы табан серіппей оқ жаудырысқанда, бір қадам ілгері аттамай қан-қасапқа ұшырауда. Аруағы аттың жалындағы отыз мың қазақ қолы орға бас сауғалаймын деп, өзінен он есе аз қалмақ қолынан төмпеш көруде.
Шайқас төртінші күнге ұласып барады. Екі ортадағы арнаның бұрынғыдан бетер күреңіте түскені болмаса, басқа өзгеріс жоқ.
Бұның шабарманы бұқпақтап Қайып ханға кетеді. Қайып ханның шабарманы бұқпақтап бұған келеді. Бірақ, бәрібір қанжоса молаймаса азаяр емес.
Пәтуа шайқастан бұрын байласылған-ды. Ертістің ар жағынан қол жүгіртіп отырғызбаған ата дұшпанның сағын дұрыстап сындырып, одан әрі бір қадам жер баспау керек-тұғын. Тағы да бір қалмақ қырған ат қалдырып, Сайрам ойрандалғалы етекке түсіп кеткен еңсені тағы бір көтеріп алу ғана мақсат етілген-ді. Оған құдайдың өзі сәтін келтіріп тұрғандай еді.
Сыбан Раптан ар жағындағы шүршіттің сары масадай сары қолымен алысып, үлкен жауға алаң боп, желкедегі қазаққа көп қол жібере алмайтындай жағдайға ұшырапты. Мұндай ұрымтал тұс енді қайтып келе ме, жоқ па! Осы жолы жоңғардың азғантай қолын із-түссіз жойып жіберсе, бұдан бес жыл бұрынғы бір серпілістен кейін қайтадан бет-бетіне бытырай бастаған қазаққа тағы да бір желік бітері сөзсіз еді. Ендігі жолы бұдан гөрі де көбірек қолмен мұрынына су жетпей жатқан қонтайшының ту сыртынан дүрсе қоя берсе, кім біліпті, шалқақтаған неме, ең болмаса уақытша бітім сұрап, елші жіберер ме еді, қайтер еді. Өйткені, қара құрттай қаптаған қара қытай келе жатқанда жоңғарға да жан керек шығар. Желкедегі қазақтың тыныштығын қалайтын шығар. Тек сол ниеттерін өз ауыздарынан айтқызса, ол да аз абырой болмас еді. Одан үлкен сойқан қазақтың қолынан қазір бәрібір келмейді. Жоңғарға мұндай құқайды атақты ханның артында қап, таққа отырған үлкен баласы Болат емес, әрқайсысы бір-бір ұлысқа ғана ие, жолдары кіші Қайып пен Әбілқайыр істесе, үлкен шаңырақтан меселі қайта бастаған ұйытқыма жұрт екеуінің соңынан еріп кетуі де ғажап емес еді.
Бұл ой әуелі Әбілқайырдың басына ана жолы Еділден қайтып келе жатқанда келген-ді. Бірақ, әрі баса-көктеп, басқа шапшыған жоңғар әскеріне, әрі Болатқа бірдей түсетін бұл тұзақты бір өзі құруға жүрегі дуаламады. Оның соңындағылар қанша ержүрек болғанмен аз еді. Қазақтың қалған ну қалыңының аузы әр ұдай. Түтіндері әр жаққа шалқиды. Ендеше сол әр ыңғай көптің ең болмаса бір парасының басын қосып, әлгі ниетін орындап шықса, қазақ алдындағы абыройыма табақтас табылды деп қынжылмай-ақ қояр еді.
Әбілқайырдың аңыс аңдып, алыстан орағытқан сөз ләмін Қайып бірден түсінді. Қара сұр бетін қабарытып тұрған секем бір-ақ серпіліп, мәжілістесінің әңгімесін ден қоя тыңдады. Әуелі сыр бермегісі кеп, мізбақпай тік отырса да, бір кезде сөз ұтыры келгенде, мақұлдап қалай бас изеп қойғанын өзі де аңғармай қалды. Әбілқайыр онысын байқамағансып, қажыңқы қоңыр даусын одан әрі соза түсті. Аузындағы әңгіменің тізгінінен айрылмай, ішінен Қайыптың да жәйін ойлай отырды.
Қайып құптамағанда қайтеді! Тәукеден кейін таққа отырған Болат халық аузына ілігердей ештеңе бітірген жоқ. Жартысы жауда қалған жаралы ел қазір төре бастамақ түгілі теке бастаса да жалтақтамай алға түсетін біреуді іздеп, өре түрегелуге әзір боп жаланып тұр. Осындайда ортадан суырылып, жолын кескестей ме деп жүрген Әбілқайыр: «Қайтеміз», — деп ақыл сұрап, алдына өзі келіп отырса, Қайыптың төбесі көкке жетпегенде, кімнің төбесі көкке жетеді...
Үлкен орданы санатқа қоспай, өздерінше қайрат қылған екі хан бір-бірінің алдында мойын оздырысып жатуға тырыспады. Жұртқа ауыздары бір боп көрінгілері келді. Ол кездегі қазақ тек көсем қолбасшысы ғана емес, жік ажыраспас ауыз бірлікті де аңсап отырғанын іштері сезетін-ді. Оны Қайып та құптайтын сияқты. Екеуі бір-бірінің алдында аяқтарының ұшынан басып байпаңдаумен болды. Әсіресе, Әбілқайыр Қайыптың қасы мен қабағына қарап бақты. Аузынан артық-ауыс бір сөз шықпады. Сонау Қарақұмдағы құрылтайда Бөкенбай батыр ата дұшпанға «арқар» ұрандының туын Әбілқайыр ұстап барсын деп шарт қойғанда, ұрандастарының қанша сыр сақтағанмен де, көңілдеріне зіл алып қалғанын ол байқаған. Білек қосысып, бірге қайрат қылысатын мынау тұста Әбілқайыр аға тұқым Жәдік әулетінің ортан қолдай өкілі Қайыптың алдында жалын жасырып, жабы көрінуге тырысып бақты.
Қайып оған қатты таңғалды. Бірақ, сыр алдырмады. Ол да «өйтсек қайтеді, бүйтсек қайтедіден» бір танбады, Әбілқайыр да «сол дұрыс шығардан» бір жаңылмады.
Аякөз бойына жеткенде, алақандарына түкіріп келген қазақтар жоңғарға дүрсе қоя беріп, ертеден қара кешке шайқас салды. Адам өлігінен ат сүрініп жүре алмайтындай халге жетті. Бірақ, беріле қоятын жау көрінбейді. Қараңғы түсе өзеннің арғы бетіне шегінді. Ет қызуымен қазақтар да суға қойып-қойып кетіп еді, арғы жағаның жай-жапсарын білмейтіндіктен қараңғыдан қаймығып, көп ұзамай кері оралды.
Ертеңінде жау жағы тым-тырс. Қанталай шыққан күн нұрынан қақтай қалқып жатқан жазық дала қаңырап қапты. Қазақтар айран-асыр. Көкжиекке қанша шаншылып қараса да, қаптағайлап шауып келе жатқан қалың жау көрінбейді. Әуелі сілтідей тынып қалысты. Артынан қауқылдай жөнелісті.
— Ау, мына қызыңды ұрайындар қайда құрыған?
— Кешегі төмпештен бастарымен қайғы боп безіп кеткені-ау!
— Әй, қайдам...
— Қап, бір қысық көз қалдырмай, қырып тастағанда дұрыс болатын еді.
— Бір түннің ішінде көзге көрінбеске қайтіп зытып кетті екен!
— Шынында да, оларды жер жұтты ма, көк жұтты ма?
Аттарын тебініп, өңмеңдесіп өзенге келе бергенде, қайдан шыққаны белгісіз сары масадай сары жебе ызыңдап ала жөнелгені.
— Ойбай, сұмдық-ай!
— Мына қызталақтар қайтеді-ай?
— Інге кіріп кетіп, атып жатқаннан сау ма?
— Әне қара!
Талайлар аттан сыпырылып түсіп қалды.
Қазақтар арғы жағаның топырағы қызарып қалғанын енді байқады. Жоңғарлар ор қазып, топырақ үйіп, бекініс жасап алыпты.
Екі хан кеңес құрды. Қайып айтты: «Қазақтың қаптағайлап шапқанына жоңғарлар әбден сыр мінез болып алған. Бұл жолы да далаңбай шабысқа салсақ, кісіні босқа қырамыз. Одан да табан тіресіп шайқасайық. Олар арғы жағаға барып бекінсе, біздер бергі жағаға бекінейік. Жау қашан қырылып біткенше тырп еткізбей оқтың астында ұстайық. Сонда аттандап шапқан арда қазақты ордада жатып-ақ омақастырамыз деген жоңғарлардың есебінің күлі көкке ұшады. Қашан жандарынан күдер үзіп, тырағайлап қашқанға дейін қозғамайық. Сосын жау өздері-ақ пұшайман боп, бітімшілік іздей бастамас па екен!»
Әбілқайырдың да арғы ойы осыған саятын. Бірақ ол жаудың қашқанын күтпей-ақ, қансырағанын көргесін, орындарынан тұрып, арғы беттегі әлсіз жауды біржолата жаныштап тастауға, шайқасты көпке созбай, тез бітіруге ден қойып тұр еді. Шүршітпен жағаласып жатқан жоңғар бұл жаққа ауыр қол жібермесе де, Ертістен арғы өңір солардікі, жылымшылатып күш қосып, діңке құртып жүре ме деп қорқып еді.
Екеуден-екеу оңаша мәслихатта ол күманын айтпады. Қайыпты тіксінтіп алам ба деп сескенді. Арғы аңғарымыз бір ғой, ондай-ондай ұсақ-түйекке бола іш суытысып қайтеміз деп ойлады.
Шайқас барысында Қайыптың айтқаны емес, Әбілқайырдың ойлағаны дұрыс боп шықты. Бірақ, ол: «Арам неме жан қиналар сәтті күтіп, арғы ойын ішінде бүгіп қалған болды-ау», — деп күдіктенер деп, тағы да тілін тістеп қалды.
Төртінші күнге айналғанда адам естімеген сұмдық болды.
Сыз жамбас боп орда жата беруге жалыққан қазақтардың кей шебі орындарынан түрегеліп, арғы жаққа көз тастауды көбейтті. Қалмақтардың әбден берекесі кетіпті. Бар күшті қақ маңдайға салып, қос қанатты бос қалдыруға айналыпты. Бірақ, ағын суға, одан арғы бекініске, айқай сап тап беретін қазақтар бәрібір табылмады.
Түс қайта жау жағы қимылдайын деді. Бекіністің о шетінен бұ шетіне бұқпақтаған жүгіріс көбейді. «Е, бәлем, тықыр таянды ма! Дәу де болса, берілуге, елші салуға не алдыңды түнге салып жөңкіле қашуға әзірленіп жатқан шығарсыңдар», — деп ойлады қазақтар. Сол тырп етпеген қалыптары бесінді күтті. Бесін де ауды. Сол баяғы жым-жырт тыныштық.
Кенет дәл маңдай тұстан ара-арасына елу қадамдай салып бес түйе шыққаны. Әр түйенің соңына бұқпақтап жиырма шақты жау сарбаздары еріпті. Шудалары тізесіне түскен қара буралар су ішуге келе жатқандай бырт-бырт күйсеп маң-маң басады. Арнаға жеткесін суға күмп-күмп қойып кетті. Бір жақтарына көлбей аунап малти бастады. Су бетінде оқ жыландай шаншылып мойындары қылтияды.
Қазақтар аң-таң. Елші деуге көтерген жалауы көрінбейді. Шабуылшы деуге себелеп атып келе жатқан оғы жоқ. Қара буралардың соңына ере шыққандардың бірсыпырасы арғы жағада қалып қойды. Бірсыпырасы мойындары ғана қылтылдап су кешіп келеді.
Бергі жаға қыбырсыз. Тынып қалған. Бастарын жасыруды да ұмытып, арғы жағаға анталай мойын созады. Әбілқайыр «Мынау не болар?» — дегендей Қайыпқа кісі шаптырды. Ол: «Аңсын аңдай тұрайық!» — депті.
Буралар бергі жағаға таяп қалды. Ойда жоқта бұлар бұрын-соңды естімеген оқыс гүрсіл естілді. Әуелі қара буралардың өздері бақырды, артынша-ақ қазақ жағы шулап қоя берді. Сол-ақ екен, қара буралардың баладай-баладай қос өркештерінің арасынан көк түтін бұрқ етті. Лап ете қалған қызыл жалынмен жарыса атып шыққан қазандай қара доп зулап келеді.
Қазақтардың бекінісі астан-кестен. О жерде де, бұ жерде де бұрқ-бұрқ аспанға ұшқан қою шаң, қара топырақ. Жан-жаққа от шашырағандай ойбайлап жатқан бір адам. Кейбіреулер белшесінен топыраққа көміліп қалды. Кейбіреулері тырағайлап қаша бастады. Қашқандарға арғы жақтан садақ оғы себелей жауды.
Көзді ашып-жұмғанша бергі жаға бұрқан-талқан болды да қалды. Пәлен күннен бергі мығым бекініс ат басып кеткен итаяқтай жапырыла қирағаны. Көңілдерге қобалжу енді. Екі хан да абыржиын деді.
Шаруаларын бітірген бес бура байпаңдап кері қайтты. Есеңгіреп қалған қазақтар қолдарында садақ бар екенін де ұмытып кеткендей. Қара буралар ағыс ортасына жеткесін ғана арттарынан әуелі батылсыздау, сәлден соң жиілеңкіреп оқ жауа жөнелді. Екі түйе қиралаңдай аунап суға батты. Түйені тасалап шегініп бара жатқандар дереу бел арқанды қиып жіберді. Әлгінде ғана от құсқан қара пәлелер судың түбіне кетті. Біраз жоңғардың мүрдесі қанды ағыста қалқып бара жатты. Қалғандары арғы жағаға жетіп бекініске тығылып үлгерді.
Сосын-ақ қазақтардың шырқы бұзылды. Гу-гу әңгіме көбейді.
— Жоңғарлардың арасында отпен ойнайтын жирен сақал сиқыршы бар деген әңгіменің рас болғаны ғой.
— Ол неме түйенің өркешінен, аттың тұяғынан от шашыратып, оқ ата алады демеуші ме еді?
— Түйесін жаңа көрмедің бе?! Енді аты да шығатын шығар.
— Ойбай, ол пәленің қолынан келмейтін нәрсе жоқ көрінеді. Қаласа қара суды теріс ағызады дейді.
— Ендеше мына өзен оған сөз болып па! Бір ұрттап құмға төгеді де, қазір-ақ бергі бетке лап қояды десеңші.
— Ау, ау... Оны қонтайшы қасынан бір елі шығармайды деп еді. Сонда арғы жағаға оның өзі де келгені ме?
— Қонтайшы жалғыз келмейді, самсаған сары қолын түгел әкелген болды ғой.
— Оны шүршіттер тырп еткізбей ұстап отыр. Қимылдасақ, бір қимылдайтын тұсымыз осы дегендері қайда?
— Мынандай сиқыршыны қолға түсірген қонтайшы шүршітке де бір амал тапқан шығар.
— Ендеше, шүршітке амал тапқан жоңғар қазаққа амал таппайды дейсің бе?
— Айналайын ата-баба-ай, сендерден де кие кеткен екен ғой!
— Қазақтан аруақ ауғалы қай заман...
Қас қарайғанша осы жапыр-жұпыр бір тыйылмады. Күн ұясына батып, төңіректі майлақы мұнар қоршады. Тымырсық түн орнады. Таң алдында оң қанаттан дүрбелең шықты. Әскердің ту сыртында тасада тұрған қостардан шыңғырған әжептарқы дауыстар естілді. Ерсілі-қарсылы жөңкіліс көбейді. Біріне-бірі соқтығысып қалып жатқан бір адам. Абыр-сабыр.
— Әй, бұл жұртқа не көрінген сонша?
— Жау ту сыртымыздан тап беріпті дейді.
— Қойшы-ей...
— Сонда ол атаңа нәлеттер масаға айналып кеткен бе, арғы беттен бергі бетке ұшып өтпесе, қалай өтіп жүр?
— Итім біліп пе!
— Ендеше, екі өкпеңді бірдей қысып, кешегі өрекпіп келген жүрегіңді суырып алады десеңші...
— Шұнақ құдайдың не қылғаны-ай бұл...
Таң атқанша бекіністің бәрі қаңырап бос қалды. Қайыптың қосы тұрған оң қанаттағылар алдымен зытыпты. Жау қолына түсіп қала жаздаған Қайып қасында екі адамы бар Әбілқайыр қосына кеп қосылды.
Күн енді шығып келе жатқанда сол қанат та бекіністі тастады.
Жол-жөнекей өліктерге сүрініп, атына зорға жеткен Әбілқайыр үзеңгіге аяғы тие түзге қарай тізгін бұрмай, өзенге қарай шапты. Шығып келе жатқан күннің нұры көзіне шағылысып мазақ еткендей. Нақақ қанға малынып күреңіткен асау арна да бүлк-бүлк күледі. Арғы жағадағы жау бекінісінің қызыл топырағы қоянның жонындай жымпия қалыпты.
Әбілқайыр атын ойнақшытып біраз тұрды. Арғы жағалауға бірдеңе деп айқайлағысы келді. Бір жағынан әлдене жүрегінің басынан лық көтеріліп, тамағына кеп тұрып апғ үні шықпай қалды. Екінші жағынан анадайда артында сұқтана қарап қалған Қайып есіне түсті. Ақ боздың санын аямай бір осып, жапан түзге қарай босып бара жатқан қара тобырдың артынан салды.
Екі хан ләм-мим деместен тарасты. Ұлыстарына келген соң да тым-тырыс жатып алды. Бір-бірінен сөз аңдыды. Екеуі де көпке дейін тіс жармады.
Бірақ, кім таратқаны белгісіз, ел арасында қаңқу көбейді. Екі хан әлгі шайқастан бірін-бірі керместей боп қайтыпты десті. Әсіресе, Қайып Әбілқайырға қатты ренжіпті. «Енжар соғысты, әлденеге кібіртіктеп тартыншақтаумен болды», — депті.
Әбілқайыр әліптің артын бақты. Әлгі сөздің Қайыптың өз аузынан шықпағанын іші сезді. Бірақ, шайқасқа қатысқандар түсініксіз жеңілістің түпкі сырын осылай ұққандарын бірден аңғарды.
Оған әуелі ренжіді. «Осы жұртта ми бар ма?» — деп ойлады. Әу бастан өзі түрткі болған шайқасқа неге енжарлық істесін! Барын салды. Бірақ, өзінен жасы үлкен, әрі соңына ерген қолы көп Қайыптың алдын кескестемеді. Әйтпесе, шайқастың екінші, не үшінші күні-ақ тізгінді өз қолына алып алуы мүмкін еді. Жоңғар қазаққа шамалыда көрсете қоймаспыз деген арғы ақырғы амалын істеді. О да қысылғандықтың белгісі. Екі жылдан бері лақабы дүңк-дүңк тарағанмен, әлі де ешқайда пайдалана қоймаған зеңбірегін осы жолы пайдаланды. Жоңғарды оған жеткізбеу керек еді. Бұлардың шешімсіздігі мен сылбырлығынан болды. Енді ел шалқайып кетеді, бітімге келейік деп пұрсат сұрамайды. Қансыраған жауды өкшелеп, қуып, төмпештің астына алатын қауқар бұларда жоқ. Бұл жолы таулары мықтап шағылған қазақтар енді көпке дейін еңсе көтере алмайды. Оған Әбілқайыр қиналмағанда кім қиналады. Қазақтың алдында айдынын аспандатып шығаратын ұрымтал тұс зая кетті. Біреудің көкірегіндегі жібектей есілетін асыл ой екінші біреудің қолына түскенде ит сілікпесі шығып, жүн-жұрқаға айналып кететініне осы жолы әбден көзі жетті. Қайып ханның тұсаулы аттай көзкөрім жерден әрі ұзап кете алмайтын тайыздығына ызаланды. Өзінің көкейдегі ниеті көз алдында күйреп бара жатқанын көре тұрып, сабыр сақтап баққан көнтерілігіне күйінді.
Жігерсіз болса бір жөн ғой. Жігері де, ақылы да жетіп тұрып, өз қолын өзі байлап қалған шарасыздығына ызаланды. «Егер біреумен қосақтасқан ортақ билік емес, дербес билігім болса, бүйтер ме едім», — деп бармағын тістеді.
Сол ыза іші бауырын уша жалап, тақымына ат түскенде оқ өтіне қалай жетіп барғанын өзі де сезбей қалды. Кемерден аса ағып жатқан қызыл су жұрттың босқа төгілген қанындай, өзінің текке өтіп жатқан зая ғұмырындай көрінді. Дарияға барып қойып кеткісі, артындағы азғантай қолмен арғы беттегі бекініске дүрсе қоя бергісі келді. Бірақ қолда жоқ дәрменнің жолында азғантай болса да емексітіп, жүрек жылытып жүрген әлсіз үмітті біржолата қиғысы келмеді. Басын бір шайқап, атына қамшы басты.
Сол жолы оның көкірегіне бір шемен мықтап байланып еді. Елге келгесін де ай бойы жақ ашпай қойды. Құлағы елдің аузында. Күніне қырық ұйтқыған лақаптың саятыны баяғы сол бір түйін: екі хан тіл табыспады, жер қайысқан қолмен барып, азғантай жаудың ойранын шығаруға Қайыптың өнері жетпеді, Әбілқайыр өзіме бұйырмайтын ішек боғымен піссін деп, шайқасқа бел шешіп кіріспеді.
Ел пікірі бәрібір соған бекінді. Біразға дейін пұшайман болып жүрген Әбілқайыр күндердің күнінде қараптан-қарап көңілденді. Жұрт Қайыптан біржолата күдер үзгенмен, бұдан әлі күдер үзбегені ғой. Егер әлгі шайқастың билігін түгелімен бұған бергенде, бұлай бітпейтініне олардың да көздері жеткені ғой. Ендеше, Әбілқайырдың атқан оғы көздеген екі нысанасына дөп тимегенмен, лағып босқа кетпепті, әуелде ойда жоқ үшінші нысанаға барып тиіпті, бірақ, о да керек нысана боп шығыпты.
Мынандай төтен ой оның сынған сағын қайта бүтіндеді. Қайтадан қайратына мінді. Қашан жауда кеткен өшті қайтармайынша, өз дегеніне жете алмайтынына, ал осынау кім көрінгеннің қолында кетіп жүрген көп тізгінді бір тізгінге айналдырып, бір мықты қолға ұстатпайынша, қазақ қанша тырбанса да, алдынан сол баяғы Аякөздің ойраны шығатын да отыратындығына көзі мықтап жетті. Сонда оған өзінің көксейтіні бүкіл қазақтың көкейін тескен істей көрінген-ді.
Ол, бірақ қайтсе жүзеге асады? Оны өзі де білмейді. Неде болса Қайыпқа жолаған жоқ.
Сүйтіп жүргенде құлағына пыш-пыш хабар келеді. Тобыл бойынан елшілік келді дейді. Бірақ жүрісі бұрынғы елшіліктерге ұқсамайды дейді. Суыт жүрмей, ауыл тастамай қонып, асықпай аяңмен келеді дейді.
Ол неткен керуен екенін білмек боп алдынан інісі Мамай сұлтанды жібереді. Өзі қарақалпақтарға суыт аттанды. Орыс шекарасына тыным бермей тұрған тентек-телілерді тезге салып қайтуға кеткен болған-сыды.
Сүйтіп өзінің Қайып ханның бір жыл бойына орыс елшісі Федор Жилинді еліне жібермей ұстап отырғанына ешқандай қатынасы жоқ екенін, қайта ақ патшамен татулықта болғысы келетінін білдіргісі келді.
Сары атанның төрт жағасында орыс13 елшісі Арыс бойында отырған оның ауылына да жетті. Күн кешкіргесін елшіні ордасына шақырып сөйлесті. Сый қонақ та сырбаз, бұл да сырбаз. Екеуі біраз арбасты. Елші бұның биыл көктемде орыс шебіне барып қайтқанын бетіне салық қыла ма деп еді, ол жайында тіпті әңгіме де болған жоқ. Елшіліктің ертең Түркістанда күтіп отырған Қайып ханға баратынын біліп отыр. Екі орданың арасында жат ауызға сөз тасытқысы келмей сақ сөйледі. Алдағы күзде жоңғарға жорыққа аттанбақпыз деді. Қайып ханды аға тұта сөйледі. «Біз жаспыз ғой ақ патшаның, Қайып ханның қызметіне әрдайым әзір тұрамыз», — деді. Бірақ орыс патшасының қол астына кіретіні жайын әдейі аузына алған жоқ. Қайып ханның көмейін біледі. Оның алдын орап кеткен боп көрінгісі келмеді.
Бұл сүйтіп сыпайылап шығарып салған елшілік Түркістанға барды. Қайып хан: «Қазанның елшісін былтыр қалмақтан қорқып жібере алмадық. Олар Бөген, Арыс, Шаян бойындағы ауылдарымызды түгел қырып кетті. Мұндай аламаншылық тұсында ақ патшаның елшісінің басын қатерге байлағымыз келмей, ел арасы тынышталғанша, өз қасымызда ұстай тұрғымыз келді», — деді. Кейінгі келген елші әлгі әңгімеге сенген болды. Түркістаннан шыққан елшілік Қарнаққа жетпей жатып Сауранды билеп отырған Абылай сұлтанның шабуылына ұшырады. Үш солдатын тұтқындап, қару-жарақтарын тонап алды.
Елшіліктің еліне не деп барғанын кім білсін, Әбілқайыр, әйтеуір, орыс патшасының алдында Қайып ханнан гөрі сенімдірек көрінетін болған шығармын деп ойлаған...
Сосын-ақ оның қиялы құртқа шапты да тұрды...
Енді, міне, көптен көңілінде жүрген істің не бүк, не шік түскенін білетін уақыт та онша алыс қалмаған сияқты.
Ол басын көтеріп алды. Маңтөбеге таяп қапты. Көштің алды ойға құлапты. Енді қазір мынау сілтідей тынып жатқан елсіз алқапқа маңырап-жамырап ел қонады. Анау белуардан келетін күзгі қау шөп ауызға ілігіп кетеді. Сонау мөлдірей тұнып жатқан меруерт көлдер де көп ұзамай сары алаланып лайытып ағатын болады. Анау семіз биенің сауырындай ну жатқан баурайға шаршылап жер ошақ қазылады, алқа қотан үй тігіледі, мама ағаштар керіліп, ат байланады, жан-жақтан шұбырып жұрт ағылады. Мынау жым-жырт өлке абыр-сабыр қимылға, абыр-жабыр үнге толады. Бірақ, сол абыр-сабырдың арты немен тынады. Ол мұның атын аспандатып шығарар бақ па, жоқ ел алдында жерге қаратып кететін Қап тауындай масқара ма... Әлгі шаршылап қазылатын жер ошақтарға мұның айтқаны келіп, атқаны тиіп, айдыны асқандығына жасалатын ұлан-асыр тойдың қазаны асыла ма, жоқ қолынан келмес іске ұмтылып, басын жұтып тынып, қарасының дәмі асыла ма — әлі беймәлім. Не де болса көп қалған жоқ.
— Хан-ием, көз ұшынан шаң көрінеді.
Селк етіп басын көтеріп алды. Шынында да, арқа беттен бір сұйқылт шаң сумаңдап жақындап қапты. Жолдағы көштердің ешқайсысына бұрылмай бұған беттеп келеді. Бұл атының басын іркіп кідірді. Әлгі шаң — екі-үш атты боп шықты.
Сүйіндіктің жіберген шабарманы екен.
Елшілік Уфадан шығыпты.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ЕЛШІЛІК
...Ұлы Петр 1722 жылы Персияға жасаған жорығы мен Астраханда болған кезінде ырғыз-қайсақтардың жапан түзді жай лайлаған пәтуасыз халық екендігіне қарамастан, ол Орда қалған Азия елдері мен жерлері үшін әрі қақпа, әрі кілт болғандықтан да, талай кісіден оның жәй-жапсарын сұрастырып бақты.
«Генерал-майор А. Тевкелевтің Орынбор өлкесі мен қырғыз-қайсақ ордасы жайлы әр алуан қағаздарынан. 1762 жыл».
Тағы да бір жанбауыр бел. Тағы да — бір тақтайдай тегіс жылмағай үстірт. Тағы да сол көз ұшында көлкіп тұрып алатын көк ніл мұнар.
Артынып-тартынған он екі түйе, екі жүз ат. Ұлан-ғайыр дөңдерде шұбыртпа із қалдырып, сары желістен бір танбай, салдырып келе жатқалы қанша күн, қанша түн!
Соза-соза мойын да талып, қарай-қарай көз де қажыды. Қара мейлің, қарама мейлің — сол баяғы үйреншікті көрініс. Көкке қарасаң да — мелмиіп жатқан көл-көсір құба сұр кеңістік. Жерге қарасаң да — мелмиіп жатқан көл-көсір құба сұр кеңістік.
Уфадан шыққалы бес аптаның ішінде, ең болмаса, бір рет аспанға бұлт айналып, жаңбыр сіркіресейші. Жоқ, төбеңнен төңкеріліп құлазитын да жататын құба сұр кеңістіктің сол баяғы құлазыған қалпы. Қашан қарасаң да, қанша қарасаң да, бетпақ әйелдің бетіндей бедірейеді де тұрады. Оған аспан деп дабырайтып ат қойып жүрген де бұлт көріп, аспан көріп жарымай, ала жаздай ақ шаңыттың ішінде далақтап шапқылайтын да жүретін құс табан, жарық ерін, жалба тымақ көшпенділер шығар. Әйтпесе, мынау зорығып өлген көк есектің көңіндей боп бозарып жататын да қоятын боз ала кеңістіктің қай жері жер, аспан екенін бір тәңірдің өзі ажыратып алмаса, адам айыра алатындай емес.
Не де болса, осы бір шетсіз-шексіз ұлан-ғайыр пәлен күннен бері жол соқты боп келе жатқан түсі бөлек, түрі бөлек, киімі бөлек, жүрісі бөлек бейсаубат адамдардың іштерін пысырып, естерін тандырып, әбден мезі қып, қайдан келдікке түсірейін деп әдейі безеріп жатқандай.
Бұл өлкеде, сірә, бір өң, біркелкі емес нәрсе болсайшы! Аспаннан оқта-текте бір естіліп қалатын құс шиқылы да біркелкі, бір сарынды. Жол-жөнекей ін аузында күнге қыздырынып отырған тышқандардың шиқылы да біркелкі, бір сарынды. Бірінен-бірі аумайтын дөңдер, бірінен-бірі аумайтын күндер. Кеше де солай еді. Бүгін де солай. Ертең де дәл осылай болатынына еш күмәндана алмайсың.
Былай қарасаң, алға он шақты атты шолғыншы, артқа он шақты атты шолғыншы, қос қанатқа он-он аттыдан шолғыншы салып, қалған аттылар мен арбалыларды қақ ортаға бір шоғыр қып иіріп, ешқандай бытыратып-шашыратпай, жұмылған жұдырықтай жұп-жұмыр, жып-жинақы ұстап, жосылтып келе жатқан әскери керуеннің жүрісі сондай суыт, қарқыны сондай қатты секілді. Жалдарын жел желбіреткен жарау аттардың қатқыл алатағанақ дөңді қадап басып, тағалы тұяқтардың көптен жаңбыр көрмей еңіреп жатқан жентек сазды қарш-қарш асап, дүсірлетіп-ақ баққандары. Атан түйелердің желке шудалары желк-желк етіп, желіп келе жатқандары. Арбалардың төрт доңғалағы да зыр-зыр айналып бір сәт тыным тапқан емес. Бірақ, соның бәрінен шығып жатқан патуа шамалы.
Баяғы сол бір орынында не ілгері кетпей, не кейін кетпей бадалып тұрып алғаның. Қайда көз тастасаң да, сол баяғы көрініс — томсырайған құла түз. Қазір көріп тұрғаның да сол. Мана таңертең көргенің де осы еді. Кеше де солай-тұғын. Бұдан жиырма күн, жиырма бес күн бұрын көргенің де — дәл осы болатын.
Ал, анау қамшылары бұлғақтап жалба тымақтардан сұрасаң, көзіңді ашып-жұмғанша жаныңды жанаттан бір-ақ шығарады.
— Жолдың көбі өтіп, азы қалды. Тәйірі, Ырғыз дегенің бұл арадан тиіп тұр! Аман болса, енді бір аптада ел қарасына ілінбес пе екенбіз. Шіркін, несін айтасың! Ақ түйенің қарыны жарылады ғой! Алдияр хан біздерді асыға күтіп отыр. Ұлан-асыр той жасайтын шығар. Қызыл қуырдақ, сары қымызға қанып алғасын шаршағаныңның бәрі ұмыт боп, құйрығын теуіп ойнаған құлындай сергіп шыға келесің!... Суайттар күрек тістері көстеңдеп сөйлей жөнелгенде бір мүдірсейші, сірә! Ауызымен қарқ қылады да салады. Қалың кілемге жатқызады. Үстіңе шәйі көрпе жапқызады. Езуіңнен ақ майды ағызады.
Олардың бұл ертегісін тыңдағалы да алты аптаға айналып барады, бірақ сол әлі жамбасыңды ер тескен изең-изең. Сол әлі қалайы құтының жылып кеткен жылымшы суы. Сол әлі Уфа воеводасының кенеп қалтаға салып берген қатырлақ қара наны.
Мынау қарғыс атқан даланың шегі мен шетінің, қапелімде, жеткізе қояр түрі көрінбейді. Зығырданың қайнағанда кімді боқтарыңды да білмейсің. Үйде қалған қатыныңды боқтайын десең, ол жазғанның да шұлғауыңды жууға бергеннен басқа жазығы шамалы. Астыңдағы атыңды боқтайын десең, о да ақ тер-көк тер боп барын салып келеді. Патша апайға тіл тигізу құдайдың атына күнә. Оның үстіне ол жарықтықтың бір рота солдат сыйып кететіндей айлапат төсегінен қайдағы бір тілін шайнап шүлдіреген немістерге болмаса, арақ ұрттап, қияр қажаған орыс адамына орын тие қоймайды деседі. Мынау құла түздегі қайдағы бір бар-жоғы белгісіз қаңғырма халықтың қайдағы бір бар-жоғы белгісіз қаймана ханына жер түбінен елші шаптырып отырғанда да сол немістер емес дейсің бе! Әкесінің ауызына ит сарығыр әлгі Бирон найсаптың мынау құла далада несін жоғалтып алып жүргенін кім білсін!? Россияда қазір буаз мегежін іш тастап, қысыр мегежін күйлесе де, сол найсаптың бір қатысы болғаны. Патша апайдың құшағынан бастап кең байтақ Россияның ең түкпір пұшпағына дейінгі қай арадағы қандай өзгеріс те, ең алдымен, сол төбетке байланысты деседі. Ол неме тап мынау бұлар келе жатқан сабылманы да, аңқау халықтың бостан-босқа борбайын созғылау үшін әдейі ойлап тауып отыр ғой. Қайда бар десең де, борсаңдап шапқылай жөнелетін ақ көңіл орыс адамдары қайдағы бір қанішер пұсырмандардың қайқы кездігінен бір-бірлеп болса да, өле берсін дейді ғой. Ана жолы мыңға тарта орыс боздағы қайдағы бір қара мұрт, қара сақал бұралқының соңынан шұбырып, Хиуаға барамыз деп, мынау нәлет атқыр жапан түздің әлдебір пұшпағында сүйектері жиылмастан жайрап қалды емес пе! Мынау ақ көкірек, ақ періште болып келе жатқан жалба тымақ қазақтар мен жарғақ шалбар башқұрттардың да бұларды ен далаға шығарып алған соң қай бұтаның түбінде кәллаларын қырқып, қылжитып кететіндерін кім біліпті?!
Анау қақ алдарындағы солқылдақ сары ала күймедегі мамық төсекте манаурап бара жатқан сары ала иық ұлық та қалмақ дей ме, ноғай дей ме, татар дей ме, тіпті қазақ дей ме, әйтеуір орысқа алпыс алты атасында, жетпіс жеті шешесінде ешкім жуықтап көрмеген қайдағы бір қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын көп бұралқының бірі дейді. Қайран Россияда сонда немістер мен бұралқылардан басқа ес біліп, етек жая алар ешкім қалмағаны ма! Олар болмағанда есіл ел әбден қараң қала жаздаған екен де! Орыс қазынасын теспей сорып жатқан өзге бұратана жетпегендей енді мынау ен далада өз көлеңкесімен өзі жарысып жүрген әуейі көшпенділерді де қол астымызға алып, асыраймыз деп ақ патшаға ант бергіздіргелі келеді дейді. Сонда мынау бедеу қатынның бетіндей жылмиып жатқан даладан не тауып қарық боламыз деп жүргендерін ит білсін! Өлген кесірткенің терісін жинамаса, көзге көрініп тұрған өзге ештеңе жоқ сияқты.
Сонда да міне, талай аптадан бері ат терлетіп өңмеңдеп шауып келеді, шауып келеді. Анау көз ұшында бұлт-бұлт ойнап бара жатқан сары-ала күйме бір сәт аялдауды білмейді. Қос қапталынан жалпылдап жалба тымақтар да қалмайды. Ауыздарын жаппай әлденені айтып көкіп бара жатқандары! Не айтып бара жатқандарын өздері де білмейді. Әйтеуір бір сілекей ауыздардың әңгімесі таусылмайды. Әне біреуі көкжиекке қарап қайта-қайта қамшысын шошаңдатып қояды. Дәуде болса, суайт неме Петербордан келе жатқан ұлықты: «Әне бір таудан ассақ, шалқыған дарияға тап боламыз деп» алдарқатып келеді. Оларының қандай тау, қандай дария екенін басқа білмесе де, бұлар жақсы білетіндей болды. Уфадан шыққалы олар талай «таудан» асып, талай «өзеннен» өткен-ді. «Сонау сәңкиіп тұрған Көксеңгірді көрдіңіз бе? Ол, жарықтық, пәлен деген тау» дейді олар көкжиекке қамшысын сілтеп бетіңе бүлк етпей бажырая қарап тұрып. Алыста көк ніл сағымға оранып, мұнартып тұрғанына қарап, әлгілердің айтқанын шынында да тау екен деп қаласың. Баурайында сылдырап ағып жатқан бұлағы, шоқ-шоқ тоғайлары бар шығар деп ойлайсың. Көз ұшынан көлкілдеп діңкеңді құртып тұрады да, қасына жақындасаң жер тістеген жатаған төбе болып шыға келеді. Ол бұлардың тауларының сиқы. Ал енді өзендеріне келсек, орыс кавелериясының бір эскадроны бел суытып алған жерде қалқып шыға келетін қақ суынан әруақты болса не дейсің. Бұлар үшін қотыр лақ секіріп өте алмас шалшықтың бәрі өзен, бәрі көл, бұтадан биік төмпектің бәрі тау, бәрі сеңгір. Өздерін өздері алдап, өздерінен-өздері мәз боп жүрген бұл әуейлердің елміз, жұртпыз деп жүргендерінің қанша қара құрым күркенің жиынтығы екенін, ал ханымыз бар деп қақырайтып жүргендерінің қоңсы тайпалардың қанша табын жылқысының обалына қалған қандай қарақшы екенін бір тәңірдің өзі білсін!..
Ой, тоба-ай, патша сарайында отырғандар да ойына не келсе, соны істейді екен-ау! Ар жағындағы француз, ағылшын, неміс, шведтер жетпегендей, жер түбіндегі майтымақтармен келіссөз жүргізіп, елші сабылтқандары да еріккендіктің бір түрі шығар.
Әнебір тырсиған сары ала иық бұралқы ақ патшаның елшісімін деп басқанынан жер ойылатындай боп кергиді. Қасындағы қалбағай бөріктілер талтақ бұт орыс офицерін Ғайса пайғамбарымның он екі шәдиярының бірін көргендей жандары қалмай, біресе ол жағынан, біресе бұл жағынан шығып, екі етек боп далақтаумен келеді. Сыртынан қарасаң, баланың ойыны, бақсының жыны сияқты бірдеңе. Әйтпесе, тегінде теке атпаған, бағзы бабаларының өзі орыстың ну орманының қай түкпірінен шыққаны белгісіз, ал бергі аталары Персияға асып кете жаздап, әзер қайтқан, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған жалаң аяқ Уфа казагына салтанатты елшіліктің сапында шеру шегетіндей дәуренді қандай мырза құдай көзі қиып бере салды дейсің!
«Жә, бекерден-бекерге бас қатырып қайтемін! Дүниені өзім құдай болғасын, Россияны өзім патша болғасын бір-ақ түзетіп алмаймын ба! Оған дейін мәңгір басты босқа қаңғыртпай, алдияр ханның ақ ордасына жетіп, қызыл қуырдаққа тойғанша, ұйқымды қандырып ала тұрайын», — деп ойлады арт жақтағы арбада отырған Уфа казагы Сидор Цапаев ту сыртындағы тұз салған қапшыққа басын сүйеп мызғып бара жатып.
Көзі іліне беріп еді — өзінің Уфаның шет жағындағы бөренеден қиып жасаған үйінің ауласынан сопаң етіп шыға келгені. Әйелі Устинья бұның көзі тояр-тоймастай қырмызыдай құлпырып, гүл-гүл жайнап қоя беріпті. Екі беті албырап, екі көзі жайнақтап өртеніп тұр. Әншейінде мыш боп жататын мықындықтан төменгі жағы көшпенділердің жері от жылдары күзде базарға айдап әкеп сататын саулықтарының қараптан-қарап жарылып кете жаздап тұратын құйрықтарындай теңкиіп алған. Қапелімде, бұл оны Устинья емес хорунжий Безруковтың май бөксе Марфасы екен деп те қалып еді.
— Сидор Ефимович, қалай тез оралғансыз?! — деп сыңғырай шыққан дауысынан тани кетті.
Бал-бұл жанып, жайраңдап тұрған әйелін құшақтай алғысы кеп, әзер шыдап тұрса да, көңіліне бір қитұрқы ой қашып, қолындағы қамшысын умаштай тусті.
— Жаныңның барында мойныңа ал, қаншық, сені мен жоқта жардай сауыр біткенше жамбастатып жүрген қай көшенің төбеті! — деп төне түскелі жатыр еді, кенет...
Бұ заманда жұрт бөгет болмай жүре ме! Ең болмаса, жан дегенде жалғыз қатыныңның қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарып, армансыз бір сілкілеп алуыңа да мұрша бермейді ғой, түге!
Біреу иығынан тартқылады. Көзін ашпай ыңыранып біраз жатып еді, әлгінде ғана гүл-гүл жайнап алдында тұрған қатыны құрғырының аяқ астынан айдаһар жұтып кеткендей жым-жылас жоғалғаны. Енді қайтіп көре қоймайтынын біліп, күдерін үзгесін барып, сығырайған көзін ашты. Үстіне манадан бері арбаның арт жағында ыңқылдап келе жатқан жадау сары төніп тұр екен.
— Сидор Ефимович! Сидор Ефимович.
— Екі қатынның обалына бірдей қалып, дүниеге тап мына сен сілімтікті әкеліп жүрген су мұрын әкеңнің тап сапсиған теке сақалын...
— Сидор Ефимович деймін. Әне көкжиекте бірдеңе көрінеді, ол немене болар?
— Көрінсе көріне берсін. Көп болса, баяғыда көшпенділердің күлінің басында арам қататын сенің әлгі қаңғыбас атаңның моласы шығар...
— Қылжақ қылмаңызшы, Сидор Ефимович...
Ойына, қапелімде, ауызының қышуы қанатындай қитұрқы балағат түсе қоймағасын, Цапаев басын көтеріп көкжиекке көз тастауға мәжбүр болды.
Сөйтсе, жұрттың бәрі оң жақ қапталға қарап қапты. Қандай есерсоқтың ерінбей-жалықпай үйіп жүргенін кім білсін, анадайда бір қызыл үйік тұр. Баяғыдан бері жанарын талдырған жадау кеңістіктегі мынау үйік шырайлы қыздың жүзіндей көзіне шоқтай басылды. Қызыл үйіктің басында қонжиып түздің тарғыл бүркіті отыр. Мына ен далада өзіне қол көтерер ешкім жоқтай қаннен-қаперсіз отыр. Жан-жағына дұрыстап көз де салмайды.
— Пай-пай қасқаның маңқиюын-ай!
— Қасынан керуен өтіп бара жатқанымен де шаруасы жоқ.
— Шаруасы болғанда сенен шылым сұрай ма, қайтеді...
— Осының өзі қорқады ма екен?
Бірнеше адам иықтарынан асулы мылтықтарын жұлып алысты. Қызыл үйікке қардай борап оқ түсе бастады. Тарғыл бүркіт не болып, не қойып жатқанына түсінбегендей, гүрс-гүрс үн шыққан жаққа қарай мойнын керенау созып, қанатын қомдап, бірер талпынып қойды да, отыра берді.
— Әй, мынауың былқ етпейді ғой.
— Ендеше, тигізбегенмен, жақындатып атып көрейікші.
Тарғыл бүркіттің тап қасынан бұрқ-бұрқ шаң ұша бастады. Тағы қанатын желпілдетіп біраз отырып барып, ытқи көтеріліп, көкке самғап бір-ақ шықты. Зеңгір көкке аспандатып шығып алғасын қалықтап жүрді-жүрді де, кенет керуеннің төбесінен шүйіп кетпей тұрып алғаны.
Жұрт аң-таң. Тарғыл бүркіт тайсалар емес. Мынау тосын адамдардан, ауызы үңірейген мылтықтардан еті шімірікпесе не дейсің! Төніп-төніп келеді де қайта жоғарылайды.
Біреу бұған күйініп кетті білем, мылтығын көкке көтеріп көздей бастады. Сол-ақ екен сары ала күймені тастай салып далақтап шауып келе жатқан тымақты қазақ әлгінің қасына жетіп барып, қамшымен құлаштап тұрып тартып қалып еді, қолындағы мылтық анадай жерге ұшып кетіп, гүрс ете түсті.
Таяқ жеп қалған солдат жалма-жан қылышын ап тұра ұмтылып еді, хорунжий Безруков жолын кес-кестеді.
Әлденені айтып өжеңдеп, қалш-қалш етіп ашуға мініп тұрған қайқы төс қара сұр қазақтың не дейтініне атымен түсінбесе де, казактар мен солдаттар қолдарындағы мылтықты жалма-жан иықтарына қайта асып алысты.
Тек үрпек бас жадау сарының ғана ештеңемен жұмысы жоқ, қойынынан дәптер суырып, тас төбелерінде шүйіп жүрген тарғыл бүркітке жалтақ-жалтақ қарап қойып, бірдеңелерді шимайлай жөнелді.
Қылжақбас Цапаев тұтыға сөйлеп жатқан оқа шекпенді қазақ пен не болғанына түсіне алмай, ауыздарын ашып қалған серіктеріне басын шайқап, мұртынан күлді.
Қанша дегенімен, сүмбіленің аяғы емес пе! Күн сәскеге дейін қоңыр салқын боп тұрады да, сәскеден кейін ыси бастайды. Ал талма түсте таң атқалы танауыңды қышырқандырып келе жатқан түз шөбінің таңсық исі күрт жоғалып, күн қыздырған киіз бен шүберектің, ат сауырын шылпытып тастаған ащы тердің, доңғалақты майлаған қара майдың, қолаңса сасыған қайыс пен темекінің ию-қию иісі мүңкіп қоя береді.
Осылай ит-зықысы шығып келе жатқан елшінің ұйқысы әлгіндегі бүркіт оқиғасынан кейін шәйдай ашылды. Уфадан шыққалы құлағының құрыш етін жеп келе жатқан сөзуар қазақтардың да жақтары семейін депті. Қабақтарын шарт түйіп, қарсы алдарында кесе көлденең жатқан дөңбек жалға қарап телмірісе қапты. Әсіресе, мана орыс солдатына қамшы көтерген қылыш мұрт, қара сұр қазақ — Сүйіндік батыр өрттей боп күреңітіп апты. Оның қасындағы қою қас, қыр мұрын, монтаны көз Мұқанбет қожа томсарып келе жатқан серігі мен сары ала күймеде ойға батып келе жатқан орыс елшісіне кезек-кезек жалтақтап қояды.
Елшінің көз алдында, тарс еткен мылтық дауысы шыққанда мұнымен шүйіркелесіп сөйлесіп келе жатқан Сүйіндіктің әңгімесін кілт үзіп, атын тебініп, кейін қарай жалт бұрылғанда оқыс жарқ ете қалған суық жанары кетпей келеді.
«Да!» — деп қойды ішінен орысша ойлайтын елші. Манадан бергі шала татарша, шала қазақша кібіртік әнгімеден жүрісі жайсыз көлікке мінгендей әбден ит-зықысы шығып еді. Үйреншікті тілінде қиялға батқанда, ойының аяқ алысы ширап қоя берді.
«Иә, солдаттардың әлгі бір қылығына бұлар осынша шамданып қалды. Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме деген осы ғой. «Дос боламыз, қол астыңызға алыңыз» деп жер түбінен хат жазып, елші шаптырып отырып, қайдағы бір түз тағысына бола талақтары тарс айырылады. Онда тұрған таңғалатындай не бар? Екі халық түгілі екі пенденің басының біріге қоюы қиын. Сонда мынау өмірбақи бір-біріне қырық қайнаса сорпасы қосылмаған, не тілі, не діні, не тегі, не түрі ұқсамайтын екі жұртты жер түбінен бір-біріне ұмсындырып қойған құдіретті айтам-ау...»
Тевкелев өз-өзінен басын шайқап қояды.
Талайдан бері патша сарайының маңында жүріп, көп нәрсенің байыбына бара алатындай болып қалған ақ қаптал Тевкелев Сыртқы істер коллегиясының кеңсесіне бас сұқпай жатып, ақ та жоқ, көк те жоқ: «Сені вице-канцлер Остерман шақырып жатыр», — дегенді естігенде буын-буыны дір-дір етіп абдырап сала берген-ді. Мұндайда салып ұрып жетіп баратын князь Юсуповтың өзі басымен қайғы боп қуғында жүр. Басқа шонжарлардан бұған тап емешегін үзіп тұрған ешкім жоқ. Қапелімде, ақылдаса қоятын адамның да ретін таба алмады.
Жүріс-тұрысы шапшаң Тевкелев аяғын ілбіп басып аулаға зорға жетті. Жез мұрт біреу сыртынан тәптіштеп орап тастаған бума қағазды құдайдан сұрап алған жалғыз нәрестесіндей қып өбектей көтеріп, қасынан өте беріп еді, есіне обер-секретарь Кирилловтың түсе кеткені...
Арғы түбі шарық сүйреткен шаруа, іскерлігімен, білімділігімен әзер ділдалап ерғара боп қатарға қосылып жүрген обер-секретарь біртоға сақ адамды. Кім көрінгенге жарқ ете бермейтін. Екі етек боп кіріп барғанда басын ашып бірдеңе айтса жақсы, айтпаса тауы шағылып қалады-ау. Бірақ не естісе де, ішіне бұқтыратын аузының құлпы мықты кісі. Әйтеуір, Тевкелевтің неге келгенін, не деп кеткенін елге жаймайды ғой. Бұған аз-маз үйірлігі де жоқ емес. Тевкелевтің алыс бір жаққа барып келгенде алдымен Кирилловқа тартатын әдеті еді. Бөтен өлкеден не көріп, не қойғанын, ең алдымен соған айтатын.
Кирилловтың үйі ыбырсыған қағаз. Ана жерде де шиыршықтап ораған бір бума қағаз, мына жерде де шиыршықтап ораған бір бума қағаз. Қайсысының да бүктеуін жазып қарасаң да, шимай-шимай карта боп шығады. Кириллов сондай шимай қағаздың біреуін алдына жайып салып:
— Алексей Иванович, бір кісі дұрысын айтса сіз айтатын шығарсыз. Ішімдікке онша үйір емес деп есітем. Әлгі Сағыз өзені Жайықтың шығысында ма, батысында ма? Ана жолы бір орыс бауырымыз кеп, бір кеш отырып, үйдегі арағымды әбден сарқып ішіп: «Сағыз дегеніміз Жайықтың шығыс жағында ғой», — деп кетіп еді, ертеңінде біреудің сары ала таңнан кеп сартылдап есік сабалай жөнелгені. Ашсам — кешегі сабазым. Табалдырықтан аттамай жатып самбырлап сөйлеп кетті. «Иван Кириллович, кеше мен құдайдың алдына күнаһар боп қалдым-ау деймін. Сізге осы Сағыз Жайықтың шығыс бетінде деген секілдімін. Ал, енді үйге барып есіме түсіріп көріп ем, сол көрі жанғырың Жайықтың батыс бетінде жатқан сияқтанды да тұрды. Барлық пәле әлгі Жайықтың қазақтарынан болды. Жалба тымақты шөшмектердің екі сөздің басын біріктірмей балпылдай беретін балдыр-батпағынан құлақтары сарсып, бастары қатып отырған немелер біздермен армандарынан шыққанша орысша сөйлесіп іштерін босатып, бір жасап қалғандары, Құдайларының бергендері сонша, қара уылдырықты шелек-шелегімен көсіп әкеп, тау қып үйіп қойды. Ішіп-жемнің мол болғаны сонша, ішіңнен: «Мырза құдайдың қайдағы бір кіндік-піндік жасап босқа әуре болғанша, адамға неге бес-алты ауызды қатарынан жаратпады екен?!» — деп өкінесің. Олар алдымызға үйіп-төгіп әкеле беріпті, мен апырып-жапырып соға беріппін. Содан мұздай судың ортасына барып шолп ете қалғанда бір-ақ ояндым. Көзімді ашып алсам - жан-жағым жөңкіген ағыс. Ортасында — мен. Киімшең қалпым. Қаннен-қаперсізбін. Терең суға бүлк-бүлк ойнап, батадай батып бара жатыр екем. Енді болмағанда қай жайынның құрсағында құлындай шыңғырарымды кім білген, қылқ-қылқ су жұта бастағанымда, жағада сандарын шапалақтап мәз боп тұрған сұмырайлар өздері кеп шашымнан тартып суырып алғандары. Ұялған тек тұрмас деген ғой: «Апырай, мына Жайығың тастай суық қой. Сіңірім құрысып қалғанын қарашы!» — деймін жаратқан иемнің жарылқаған бөлек-салағының бәрін түйенің жабуымен қымтап, малмандай іш-киімімді умаждай сығып тұрып. Әлгі оңбағандардың: «Сандалыпсың, Проша, қайдағы Жайықты айтып тұрсың, бұл Сағыз ғой!» — деп күркірей жөнелгендері. Сөйтсем, мен пақыр үш күн бойы шайқалақтаған арбаның үстінде өтпей отырған кәрі қызын алып, сауабына қалған қайын енемнің үйінің төрінде жатқандай, көсіліп салып ұйқыны соғайын кеп. Кескен бөренедей ессіз-түссіз домалайын кеп. Сауығып есін жияр деген үміттері үзілген серіктерім екі қол, екі аяғымнан көтеріп тұрып кемерінен асып шырпып жатқан жойқын өзенге бір-ақ атсын кеп... Әттең, сол оқиғаның Хиуаға бара жатқанда болғанын, жоқ қайтып келе жатқанда болғанын есіме анық түсіре алмай арманда қалып тұрғаным», — деп екі шекесін кезек тоқпақтап, тағы да тақ тойып алып, үйіне қайтып кетті. «Жайықтан өтерде сіз тап өйтіп керелене қоймаған шығарсыз...» — деп Кириллов екі иығы селкілдеп кеңк-кеңк күлетін.
Бұл жолы Тевкелевтің Кирилловқа барғанда айта қоятын тап ондай таңсық әңгімесі жоқ-ты. Петр патша өлгелі ол ешқайда аттап шыққан емес, тек әнебір жолы жоңғар елшілерін ертіп екі-үш күн қыдыртқаны бар. Бірақ олардан жағрафия жайында сыр тартып көру есінде болмапты. Әй, жарайды, қайдан шықса, одан шықсын...
Сенат жайғасқан палата қаңырап бос тұр екен. Оның да реті бар-ды. Париж бен Лондон салондарында аққаптал дипломаттардың күлегеш ханымдардың көңілін көтеретін қылжақбас хикаяларының көбі орыс сарайының төңірегінде болатын. Солар: «Россияда патшаның барын, Биронның барын, сенаттың барын білмейтін жан бұл дүниеде жоқ, бірақ Анна Ивановна патшайымға Россияның неге керек екенін, Биронның неге керек екенін білгенмен, сенаттың неге керек екенін білетін кісі бұл дүниеде атымен жоқ», — деп шек-сілелері қатады дейді.
Шынында да, сенаттың ертелі-кеш ешкім бас сұқпайтын абажадай кең залында столдарды бір-біріне жалғастырып қойып, үстеріне есіктен төрге жететін шытырлақ қағазды жайып салып, жеңін шынтағынан асыра түріп тастап, бір қолында сызғыш, бір қолында қалам шытына ойланып Кириллов қана тұр екен. Қашан қасына барғанша бұрылып қараған жоқ. «Егер патша қалай обер-секретарь боп жүр екен?» — деп ойлады Тевкелев сәлемдесіп жатып.
— Ал, саяхатшы, бұл жолы ат басын қайдан тартпақсыз?
— Не дедіңіз... Мен әлі...
— Тәйірі сонша неге шошыдыңыз!
— Шошыған жоқпын. Қуанып кеткенім ғой. Мен өзіңізге бір төтен хабармен келіп едім.
— Ендеше баяндаңыз.
— Иван Кириллович, мені Остерман шақыртады дейді. Неге екенін құлағыңыз шалмады ма?
Кириллов басын шайқады.
— Остерман шақырса, абыржитындай не тұр? Ушаков шақырмаса болғаны да!
Енді отыра берген Тевкелев кілт кідіріп жан-жағына қарап алды.
— Құдай сақтасын, Иван Кириллович!
— Ендеше, Алексей Иванович, шақырылып тұрған кезде баратын жерге барып қалу керек. Әйтпесе, қайталап шақырып, қайыра бұйым салу деген біздің елде жоқ дәстүр. Бір барғанда жер сыбағаңды жеп, киер сияпаңызды киіп шықпасаңыз, кейін опық жеп қаласыз. Тевкелев орынынан айран-асыр боп тұрды. Әншейінде артық-ауыс сөзге жоқ Кириллов бүгін бұған нағып бүйтіп ағыл-тегіл ақтарылып отыр. Қазіргідей «сөз бен істің»14 қып-қызыл өртінің екіленіп тұрған кезінде тілінің тиегінің бұлай ағытыла кеткені сенгені ме екен, жоқ сынағаны ма екен...
Кириллов ештеңемен шаруасы жоқ. Қаламын сияға малып, көлдей қағаздың үстіне щұқшия қалыпты.
Тевкелев сол жан-жағына жалтақтаған күйі Остерманның үйіне де жетті. Париж бен Лондон дипломаттарының қалжыңына көп іліккен тағы бір нәрсе орыс үкіметінің қызмет орны еді. Олар патша сарайынан шыққан қағаздың қай-қайсысынан да Остерманның бәйбішесі пісірген самсаның исі аңқып тұрады дейтін. Өйткені, орыс үкіметінің өзі Остерман еді. Ал, Остерман анда-санда патшаға шақыртылғанда болмаса үйінен шықпайтын. Қағаздарға да үйінде қол қоятын.
Анна Ивановна тұсында қылмысты істер құпия кеңесінің басшысы болған Алексей Иванович Ушаков патшаға сенімсіздік көрсетті деп мыңдаған адамдарды айдатып, асқызды. Сенімсіз атану үшін біреудің «Сөз бен іс» деп жар салып, куәлік айтқаны жеткілікті еді. (Ә.Қ.)
Есікті бір имең-имең еткен ұзын бойлы селеу шаш сары жігіт ашты. Ыржалақтап күле береді. Тевкелевтің көніліне күдік қашты. Үкімет жағында аз-мұз байланысы бар адамдардың малайы түгілі есіктің алдындағы итінің өзі бірдеңенің исін сезіп үрмесе, бостан босқа үрмейді деуші еді. Мынау ұйпа шаш, сары жігіттің неге екі езуі екі құлағында? Ол тас сатыны тық-тық басып бұның алдына түсті. Олар жүріп келеді, жүріп келеді. Бір уақыттарда барып жетті-ау ақыры. Ашық тұрған емен есіктің тұсына келгенде, алдындағы жігіт «кіріңіз» деп қолымен нұсқады да, сол ырсалаңдаған қалпы кейін бұрылып кетті.
Бұның табалдырықтан аттауы-ақ мұң екен, әлдеқайдан сыбызғыға қосқан ойнақы неміс әуені сызылтып қоя бергені.
Тевкелев әлденеге қымсынып тоқтап қалды. Абажадай залдың төр жағынан бірдеңенің өзіне қарай үн-түнсіз жылжып келе жатқанын байқады. Сөйтсе, үй ішінде жүретін доңғалақты арба зулап келіп алдына тоқтады. Арбада — арық екенін, семіз екенін, бойының қандай, жасының қандай, жынысының қандай екенін ажыратып болмас бір адам отыр. Арық дейін десең арбаның құндағына әзер сыйыпты. Толық екен дейін десең, шеке тамыры баттиып-баттиып шығып тұрған сопақ беті боп-боз. Тапал екен дейін десең, созған қолы ұп-ұзын. Бойшаң екен дейін десең мойны жатаған арбаның арқалығынан асып жарымайды. Жас екен дейін десең, көзінің алды әжім-әжім. Кәрі екен дейін десең тісі бүп-бүтін, үні шып-ширақ.
— Төрлетіңіз, Құтлық Мәмет Мамашев мырза!
Тевкелев қапелімде сасып қалды. Өзінің шын аты-жөні өз құлағына тосын естілді. Петербургта ешкім оны татарша есімімен атамай, орыс үрдісімен Алексей Иванович Тевкелев дейтін. Оның үстіне өзі ұмыта жаздаған нағыз аты-жөнін вице-канцлер біледі екен деп кім ойлаған!
Онсыз да абыржып тұрған Тевкелев мынаны естігенде тіл-ауыздан бірден айрылды.
— Сізді жұрт құранды жатқа соғады дейді ғой. Мұсылмансыз ба?
— Жоқ, православие шеркеуінің үмбетімін.
— Жә, қалжыңға айтам, сіздің христиан екендігіңізге еш күмәніміз жоқ.
Тевкелев үндемеді.
— Уфаны жақсы білетін боларсыз. Сол маңайдан көрінесіз ғой.
— Бабаларымның сол маңайдан шыққаны рас.
— Ендеше, Құтлық Мәмет Мамашев мырза, сол ата-баба топырағына барып біраз аунап-қунап қайтсаңыз қайтеді?
Тевкелевтің демі бітіп барады. Сығырая қараған вице-канцлердің дәл мына сөзіне не дерін білмей аңырып тұр. Ата-баба топырағына аунап-қунап қайтқаны қалай? Қазір қайдағы бір қаңғыбас кірме, ол түгілі Россияны Россия еткен алтын діңгекпіз дейтін ең бір шонжар әулеттердің өздерінің талай жайсаңы сонау Ақ теңіздің маңындағы әлдебір монастырьлердің астындағы жұмбақ ұраларда шіріп жатқан тұста астанадан аласталғанмен, алыс атамекендеріне кеткендер құдайына мың мәртебе тәуба айтып аттанатын. Ендеше, құдай бұған да оң көзімен қарайды екен. Әйтпесе, мынандай қараптан-қарап тұтанып тұрған кезде ойыңда жоқ бір сілекей ауыз: «Сөз бен іс!» деп айқай салып, сыртқы істер коллегиясының шығыс тілдері жөніндегі тілмашты Алексей Мұртаза Мамашев мырзаның баяғыда қалмақ сапарында, не баяғыда парсы жорығы тұсында, не Бекович-Черкасский экспедициясына қатысқан кезінде пәлен деген жерде пәлен деп қойғанын өз құлағымнан естідім деп өзеуреп шыға келсе, қылар қайраның қайсы! Ондайда Уфа түгілі Итжеккен асып кетсең де, тірі қалғаныңа пейіл болмассың ба!
Ендеше, Тевкелев мырза, алыс Уфа воеводасының қарауына жолың түсіп тұрса, оған да мың-мың шүкіршілік айт! Бұл заманда жендеттің қара балтасы мен дар ағаштың қыл тұзағынан басқаның бәрі жақсылық, бәрі шүкірлік!
Ендеше, Тевкелев мырза, алдыңда қол арбада бөксесінен жоғарғы жағының бәрін түбіт орамалмен орап алып, саған сығырая қарап отырған, түріне қарап ұлтын, жынысын, жасын, қызметін ешбір айырып болмас жұмбақ адамға, Россия тағдырын қолына ұстап отырған үшінші адамға, вице-канцлерге, шын мәніндегі канцлердің де өзі граф Андрей Иванович Остерманға кеш қалмай тұрғанда: «Құп болады!» — деп құлдық ұрып қал...
— Алдияр патша қайда жұмсаса да әзірмін! — деді ол даусын ширатып, бойын тіктеп.
— Әлбетте, — дей салды вице-канцлер сүлесоқ.
Ұйықтап кететіндей көзін жұмып сәл ойланып отырды да:
— Ендеше, Алексей Иванович, — деді өңін жылытып. — Қазір өзіңіздің Сыртқы істер коллегиясына барыңыз. Қалғанын сонда естірсіз. Сау тұрыңыз, көгершінім!
Содан бұл абажадай кең залдың табалдырығынан сыртқа аттай беріп еді, манағыдан бері құйқылжып құлағында тұрған ойнақы неміс сазы кенет пышақ кескендей тыйыла қалды. Емен есікті жайлап жаба беріп еді, манағы селеу шаш, сары жігіттің ырсалаңдап алдынан қайта шыға келгені.
Бұл әшекейлі темір шарбақтан шығып бара жатқанда жаңағы ойнақы саз тағы да сыздырта жөнелді.
Тевкелев, сүйтіп, Остерманның үйіне аң-таң боп келіп, аң-таң боп кетіп барады. Бүгінгі жүрісінің, бүгінгі естігендерінің бәрі жұмбақ. Кириллов жұмбақпен бастап еді, Остерман жұмбақпен аяқтады. Бірақ, көңілі орынына түскендей. Не де болса, сөйлескен, әйтеуір, Ушаков емес қой. Ушаков бүйтіп жұмбақтап қайтсін!.. Міне, қызық! Оң табаны қышып қоя берді. Табаны қышыса, алыс сапарға көрінуші еді. Кім біліпті, шынында да, мұны алыс сапар күтіп тұрған шығар.
Табанының қышығаны ештеңе емес, бұғағы дуылдай жөнелмесе болғаны. Бұғағы қышығандар қыл тұзаққа қылғынып жатқандары. Ғайсаға сиынғанын не, аллаға сиынғанын, орысша айтқанын не арабша айтқанын өзі де аңғармапты, әйтеуір әзір талша мойыны иығында, аман-есен жер басып жүргеніне тәуба айтып, ішінен дұға қылғанын біледі.
Сол бір күнгі жұмбақтап басталған әңгіме енді, міне, әкеліп мынау жапан түзден бір-ақ шығарып отыр.
Көсенің иегіндей көксұрланып жатқан ұшан дала Тевкелев үшін тап онша таңсық нәрсе емес. Екі аяғы салбырап көктен түскен дәнеңесі де жоқ. Уфа маңынан шыққан көп мырзалардың бірінің ұрпағы-тұғын. Христиан дінін қабылдап, бірте-бірте орысқа айнала бастаған бұл тұқым біраздан бері патша сарайының төңірегінде еді. Шығыс елдерімен жасалатын қарым-қатынастың қай-қайсысынан да құр қалмай, құрақтай ұшып солар жүрер еді. Соның ішінде де осы Алексей Иванович Тевкелев айрықша көзге түскен-ді. Парсыға жұмсауға да сол керек, Қырымға жұмсауға да сол керек, түрікке жұмсауға да сол керек, башқұртқа жұмсауға да сол керек, қалмаққа жұмсауға да сол керек. Ақыр аяғында қазаққа жұмсауға да, міне, сол керегіпті. Бір жағы Орал тауларынан айналып өтіп, бір жағы Кавказ тауларына жетіп жығылып көл-көсір көсіліп жатқан ұлы далада ол бармаған пұшпақ кем де кем. Желкілдеп шапқылайды да жүреді. Петр патшаға ілесіп Азовқа барды, Персия жорығына қатысты, Аюкенің ордасында алты ай қонақ болды, Даулеткерей мырзаға ілесіп Каспий теңізінің терістігі мен шығыс жағалауын тегіс аралап шықты. Сол сапарларында қазақ даласын да шет-шепірлеп көре қалған-ды. Енді, міне, дәм бұйырып ішіне дендеп кіріп келеді. Алдында не күтіп тұр? Ол жағы әлі күңгірт. Қасындағы хан жіберген адамдардың саудыратып айтып келе жатқан әңгімесін бір сөзін қағыс жібермей мұқият тыңдап алғанмен, ешқайсысын құлағына ілген емес. Қашан өз көзімен көріп, өз құлағымен естігенше біреу туралы біреудің айтқан сөзіне құлап жығылмау қашаннан қатты ұстанып келе жатқан қағидасы.
Оның үстіне, Россияның ертеден қоян-қолтық араласып келе жатқан жұрты, бірақ, соған қарамастан, ең бір біліп-жарымайтын жұрты осы қазақтар-тұғын. Қажет десеңіз, атын екеш атын да жөндеп айтпай, біресе «қазақ», біресе «қайсақ», біресе «қырғыз-қайсақ» деп қырық құбылтып бағыпты.
Қазақ даласында бұрын-соңды болғандардың жазбалары да қым-қиғаш. Біреуі батыр десе, екіншісі қорқақ дейді; біреуі ағынан жарылған ақкөкірек шыншыл десе, екіншісі жөн сұрасаң, иттің өлген жерін «міне, тиіп тұр» деп иегін сілтей салатын суайт дейді; біреуі сәбиден бетер аңғал десе, екіншісі сұмдығына найза бойламайтын арам дейді; біреуі жылқының жабағы жүніндей ұйысқан қалың ел десе, екіншісі көсенің сақалындай селдір дейді; біреуі бәрін бір хан билейді десе, екіншісі әрқайсысы әр ханның соңында бет-бетіне шашырап жүр дейді; ал үшінші біреулері олардың ханмен де, қарашамен де ешқандай шаруасы жоқ, басына жүген-құрық тимеген, түздің тағы аңдарымен бірге өріп, бірге түнеп жүрген, аты екі аяқты демесең, төрт аяқтылардың аз-ақ алдындағы арда жабайылар дейді. Әйтеуір, Россия үшін тұмсығының астында жатқан қазақтардан беймәлім, қазақтардан жұмбақ халық жоқ болады да тұрады. Сол жұмбақты шешуді тағдыр басқаға емес бұған, тілмаш Мәмбет мырзаға, Алексей Иванович Тевкелевке жазған түрі бар. Ол 1722 жыл еді. Орыс кемелері Персияға қарай жорыққа аттанып бара жатқан-ды. Каспийдің шаңқан көк жазирасын бірінен-бірі қалмай тізіле жөңкіліп келе жатқан көп желкен көмді де кетті. Тевкелев тұтқындармен сөйлесем деп, темекінің, насыбайдың, күтімсіз жаралылардың, оларға жағылған қайдағы бір қолқаңды қабар қоңырсақ дәрілердің ию-қию иісіне жүрегі лоблығандай болғасын, бір ауық таза ауаға шығып сергіп алмақшы боп, тұмсық жақтағы оңаша алаңқайға барып, қақ маңдайдан екілене ескен қарсы самалға көкірегін тосып тұр еді, кенет алдарындағы ту көтеруші кемеден бір қайық суға түсірілді. Он ескекші екі қапталға бөліне отырып, жеделдете есіп, бұларға қарай беттеп келеді. Қапталдаса бергенде, ортада отырған біреу кеңірдегін жырта айқай салды:
— Тілмаш Тевкелевті патша ағзам шақырып жатыр!
Бұның жүрегі дүрс-дүрс етіп қоя берді. Кемеден қайыққа тасталған кендір арқан сатымен тілерсегі дірілдеп зорға түсті. Патша шақыртқан сайын осындай хәл кешеді. Онысының қуаныш екенін, жоқ қорқыныш екенін өзі әлі жөнді білмейді.
Жақында ғана терістіктен жел сапырып, бірнеше күн аласапыран боп, ақ айранданып қалған Каспийдің көк реңі енді-енді орала бастаған-ды. Күні кешегі дөңбек толқындар бүгін ақ тымыққа айналып аршындай жүзген орыс кемелерінің біресе ол жақ кемерінен, біресе бұл жақ кемерінен шылп-шылп сүйкеніп шырпынып жатыр. Күн тымық. Теңіз тыныш. Теңізшілер көңілді. Тек патша ғана тұнжыраңқы екен. Серейген аяғын кеменің кенересіне тіреп, қолын тарақтап ойланып қапты. Көз алдында — жер түбінен мұнартқан күн шығыс көкжиек. Теңіздің тентек желінің падишаның қабағының қатыңқы екендігімен шаруасы жоқ, едірейген сұлу мұртының екі шалғысын кезек қақпақылдап, әбден ұйпа-тұйпасын шығарыпты.
— Бері кел! — деді патша кемеге көтеріле берген тілмашты көзі шалып қап.
— Мәртебеңізге құлдық, алдияр тақсыр!
Патша аяғын төмен түсіріп жалт бұрылды. Тевкелевтің желқақты қоңырқай жүзіне қарап сәл ойланып тұрды да, тұнжыраған қалпы:
— Анау арғы жаға жайында не білесің? — деп сұрады, иегімен күн шығыс жақты сілтеп.
Тевкелев қалмақтар, қазақтар, түрікпендер, хиуалықтар жайында бар білетінін саудыратып айта жөнелді. Патша қабағын түйіп:
— Қырғыз-қайсақтар жайында айтшы, — деді.
— Алдияр тақсыр, олар да жапан түзде ұшарын жел, қонарын сай біліп, бет-бетіне босып жүрген көп көшпендінің бірі ғой. Өздерін былайғы көшпенділерден де гөрі жабайы, пәтуасыз жұрт деседі. Малдан басқаны байлық, тойғаннан басқаны мұрат деп ойламайтын болса керек...
Қырғыз-қайсақтарды ма, жоқ әлде тілмаштың өзін бе — кімді мұқатып тұрғаны белгісіз, патшаның едірең мұрты қыбыр ете қалды.
— Ал, жері ше? Жері қандай?
— Құдай оларға басқаны бермесе де, жерді берген. Құм, шөлейт, сортаң боп келгенмен мал жаюға қолайлы. Өздері егін салмайды, астықты Хиуа, Бұхара, Тәшкент, Самарқанд жағындағы отырықшылардан жүн-жұрқаға айырбастап алатын көрінеді, — деді жуықта кездейсоқ оқыған мәліметін сөзбе-сөз қайталап.
— Сонда әлгі елдермен шектес болғандары ғой!
— Дәл айтасыз, алдияр тақсыр!
— Ал Жаркентке ше?
— Оған да тиіп тұр.
Патша тағы да мұртынан күлді.
— Ендеше, ол көшпенділерің қанша пәтуасыз болса да, Азияға шығатын алтын қақпаның кілтін өз қолдарында ұстап отыр десейші...
Тевкелевтің құлағы қыз-қыз қайнап қоя берді.
— Дәл солай, алдияр тақсыр.
— Өздерінің саны қанша екен?
— Ол арасын білмедім, алдияр тақсыр!
— Білу керек, Тевкелев. Егер сен солардың, ең болмаса, бір миллионын қол астымызға қаратып берсең, біз мынау қызылбастармен жыл сайын бүйтіп қызылшеке боп қырқысып жүрмес ек, әлгі Азияның алтын қақпасының кілті де біздің қолымызда болар еді. Индия мен Жаркенттің алтынына бірден-бір төте жол солардың даласы!.. Жә, оны кейін көре жатармыз. Бірақ, бұл әңгімені ұмытып кетіп жүрме, мықтап ойла!
Патша аннан бір, мұннан бір көстеңдей аттап, кеменің тұмсық жағына қарай жылыстай берді. Тевкелев сол тұрған орнында қаққан қазықтай қадалды да қалды.
Арада үш жыл өтер-өтпесте патша ағзам дүние салды. Әлгі әңгіме аяқсыз қалды. Бірақ, Тевкелев қазақтар жайында жазылған хат-қағаздан ештеңе тастамай оқи берді. Онысын Кириллов қана білетін. Қазақ ханына елшілікке жіберетін кісі іздегенде, оның атын атаған да сол көрінеді.
Жолсыз даладағы жәйсіз жүрісі қайта-қайта көңілін бөлгенмен, Тевкелев баяғы бір ойына қайта айналып соға береді. Адам мен адам қан арқылы жақындасып ағайын, көңіл арқылы жақындасып дос, мүдде арқылы жақындасып тамыр-таныс болмақшы. Ал, халықтар ше? Оларды да не жақындастыра алады?
Міне, бұл елші болып келе жатқан екі халықтың арасында қандай байланыс бар? Біреуінің діні — христиан, біреуінің діні — ислам. Бірі — отырықшы, бірі — көшпенді. Бірі — европалық, бірі — азиялық. Бірі — көп, бірі — аз. Біреуін бүкіл дүние жүзі біледі, біреуін Европа түгілі Азияның өзі жөндеп білмейді. Сонда бұлардың басы қайтіп бірікпекші?
Екеуі, әрине, шекаралас. Тіл, дін, қан, үрдіс, нәсіл жағынан еш маңайласпағанмен, жер жағынан қоян-қолтық араласып жатыр. Бір суықта бірге тоңып, бір аптапта бірге қаталайтын жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Тағдыр жақындығы мүдде жақындығын туғызады. Мүдде жақындығы жоқ жерде тіл, қан, дін, үрдіс, нәсіл жақындығы ештеңе бітірмейді.
Тіл мен дін жақындығы бірдеңе бітірсе, жоңғарлар мен халқалықтар өзара қырқыспаған болар еді. Қан, нәсіл, үрдіс жақындығы бірдеңе бітіре алса, қазақтар одақтасты бер жағындағы орыстардан емес, ар жағындағы жоңғарлардан іздеген болар еді. Мүдде жақындығы жоқ жерде жер жақындығы мен шекараластықтың да бақастық пен дүрдараздық өрбіткеннен басқа бітірері шамалы. Шекараластық қаралай туыстырып жіберетін болса, Россия шығысындағы Қазанды қара қанды судай ағызып жүріп бағындырар ма еді. Адам мен адамды, халық пен халықты, мемлекет пен мемлекетті жалғастырар ең берік дәнекер — мүдде жақындығы ғана. Күндердің күнінде күллі адамзат бір ененің баласындай ынтымақтасып кетер заман туып жатса, ол да осы мүдделер жақындығының арқасында ғана орнай алмақшы.
Дүниеге дипломатия деген кәсіпті әкеліп жүрген де — сол елмен елдің мүдделерін тіл табыстыра білудің қамы. Сонда аз бен көптің, озық пен қалықтың мүдделері де ортақтаса алатын болғаны ма? Әрине, көптің көздейтіні — күш асыру, байлық асыру, ықпал асыру. Азға бастың амандығы мен іргенің тыныштығынан басқа мұрат жоқ. Көптің аңсайтыны — асқан, аздың ойлайтыны — қатардан қалмаған. Көп өз мақсатына күшпен де жете алады. Аз ақыл-айласымен ғана күн көре алады. Ақылы болса, көптің көздегенін өз мүддесімен орайластыра алса, аз да есесін жібермейді. Бұл әлемдегі барлық нәрсені тек күш шешетін болса, ақыл мен білік әлдеқашан адыра қалмас па еді. Бірақ, олай емес қой. Адамзаттың оны ұққанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Күні кешеге дейін тарихтың бірден-бір басыбайлы қожасы күш боп келсе, енді міне, ақыл мен білік те қосарласты. Бұрын тек күшімен көп қана шыға алатын тарих сахнасынан ақылмен аз да көріне алатын болды. Көп білегін шаршататын жерге аз басын шаршатады. Тәсілқойлық әскері шағын қолбасыға, пұлы аз саудагерлерге қандай керек болса, аз халықтың бас көтерерлеріне де тап сондай қажет. Шама-шарқына қарамай шалқақтайтын шәлдуар билеуші өзіне де, жұртына да опа таптырмайды. Мақтан мен көкірек аз түгілі көптің өзін мерт етсе, ақыл мен сақтық көп түгілі аздың өзінің көсегесін көтере алады. Ол үшін ешқашан өз мүддеңді өзгенің мүддесіне қарсы қойма, қайта одан олжа түсірер ортақтастық ізде...
Орынымен пайдаланса, орыстар мен қазақтар арасындағы мүдделер ортақтастығы саулап тұрған сауын сиыр ғой! Тек жебеп, қайтармалап, қақтап еме білер епсекті ерін керек. Қомағайланам деп асығыс сорып, шашалып қалма, қазымырланам деп қаттырақ сорып, шошынтып алма! Тісіңді тіліңмен бөгеп, таңдайыңды майда төсеп, бауырын басыңмен түйгіштемей, балбыратып еме біл! Амал не, кейбір сұғанақ немелер ыссылай сұғынып, мама желін марқасқалардың өзін шабынан тістеп, шапшытып алып, ауызынан қағылып жатқаны. Мүдделер ортақтастырған екі жақ ешқашан біріміз сиыр, біріміз бұзау екенбіз деп ойламауы керек. Екеуі де ортақ ененің екі үрпіне жабысқан егіз бұзаумыз деп сезінгендері жөн. Әйтпесе, ашқарақ аз кеңпейіл көпті көнбіс көк сиыр ғып алам десе, ақыры азу тісінен айырылып тынады. Өктем көп әлжуаз азды зорлықпен емемін деп өңмеңдесе, тышқақ бұзаудың бауырына басын ала жүгірген бұзақы бұқадай маңына ешкім жуымай, жұрттың бәрін шығынтып алады. Мүдделер тіл табысатын жерде қарағайдай мүйіздің қайраты емес, қаймыжық еріннің айласы керек!
Іргелі ел болам деген жұртқа мұздай темір құрсанған қарулы қол қандай керек болса, тілі майда, сөзі жорға, көкірегі даңғыл мәмлегерлер де сондай қажет. Оған мысалды алыстан іздеп жатпай-ақ, Тевкелев мырза өзін елші қып жұмсап отырған орыс империясының тарихынан шаш етектен таба алады. Күні кеше, он бесінші ғасырдың басында дүние жүзін былай қойғанда іргесіндегі Европада Россияны кім білуші еді? Ал тап сол ғасырдың аяғында үшінші Иванның тұсында тап сол Россия тап сол Европада аты ауыздан түспейтін аңызға айналды емес пе? Күні кеше біреу біліп, біреу білмейтін елеусіз елдің падишасы Византия императорының қызымен неке қиысар дәрежеге жетті. Күні кеше орыс қалаларын қарадай қалтыратқан қаһарлы Қазан екі бүктетіліп ақ патшаның аяғына құлады. Азуы алты қарыс Алтын Орданың ұлысбектері күні кеше өздері төбесінде ойнаған орыс патшасының табалдырығынан аттай алмай, босағасынан көздерін сатып, мөлиіп тұратын күйге түсті. Ливон сайыпқырандары қақ маңдайдан шоқпар тиген ұры тазыдай қыңсылай қашты. Сөйтіп атағы жер жарған Иван Васильевичтің кезінде Москва князьдігінің жер көлемі жарты миллион шаршы мильден асар-аспастай ғана емес пе еді?! Ал қазір ше? Бүкіл Балтық бойы Россияның қол астында. Бүкіл Еділ бойы Россияның қол астында. Бүкіл Орал бойы Россияның қол астында. Кавказдағы Грузия Россияның қол астында. Ең байтақ Украина Россияның қол астында. Енді, міне, орыс шекарасы оңтүстікте Қаратеңізге барып маңдай тіреп тұр. Қандай құдіретті мемлекет те көк мұхитқа тікелей жол тауып, жаһанның қан базарының қай-қайсысына да емін-еркін бара алмай тұрып, көсегем көгерді дей алмақ емес. Қазір Россияның батыс іргесі теңізге тірелді, терістік іргесі теңізге тірелді, күнгей іргесі теңізге тірелді, шығыс іргесі теңізге тірелуге жақын. Сонда ол осынша жердің бәрін тек қарудың күшімен ғана алды ма? Жоқ. Қарудың күшімен алған жері Орал тауынан зорға асты. Ал, айламен, мәмлегерлікпен алып келе жатқан жері сонау Тынық мұхитқа жетпей жығылар түрі жоқ!
Сонда мұндай ақыл күллі дүниенің дәулетін теспей сорып жатқан Европадан шықсын-ақ, сол Европадан тәлім ала бастаған Россиядан шықсын-ақ, ал бірақ ұшқан құс, жортқан аң қаталап өлер құла түзде бейберекет босып жүрген көшпенділердің көн шоқайлы көсемінен қайдан шығып жүр?! Осыны ойлағанда бір кезде Петр патшаға оларды қарынының бір тойғанынан басқаны мұрат, малдан басқаны дәулет деп білмейтін жетесіз жер көкірек жұрт қып көрсеткісі келген пәтуасыз жауабы жадына оралып, төбе құйқасына дейін қызарып кетеді.
Жетесіз жұрт жер түбіндегі мемлекеттерге елші салып қайтеді? Жетесіз жұрт өзгенің мүддесінен өз мүддесіне қорек табам деп дәмете ала ма? Жетесіз жұрт өз дегеніне жету үшін тілдің шекарасынан, діннің шекарасынан, нәсілдің шекарасынан аттап шыға ала ма?
Бақса, мынау жұрт, ол шекараны баяғыда-ақ бұзып өтіпті. Мына екі ортаға аяқ басқан алғашқы елші бұл емес екен. Қазір өзі келе жатқан құла түзде талай-талай орыс елшісінің миы зеңіп, еріні кезеріпті.
Үш ғасыр бойына Алтын орданың иегінен аса алмай былайғы дүниеден атымен көр құлақ отырған орыс патшалары шығыс жақтарындағы қиық көз, қиғаш қабақ жұрттардың бәрін бір халық деп ойлап, бәрін татар дей салыпты. Сөйтсе, олар сан қилы тайпалардан, сан қилы халықтардан тұрады екен. Оған көздері Қазан мен Астраханды алғасын барып жете бастады. Қазақтар жайлы ызыңды да алғаш сол тұста естіді. Бір мың бес жүз отыз төртінші жылы IV Иван патшаның Ноғай ұлыстарына барып қайтқан елшісі Даниил Губин қазақ деген мықты жұрт барын, олардың ташкенттіктер мен қалмақтарды бағындырып, енді терістіктеріндегі Сібір хандығымен жауласып жатқандығын айтып келіпті. Қазақтар бұрынғы қауқарынан айырылайын десе керек, оларға жан-жағындағы жұрттар жапа-тармағай қол сала бастапты. Ол баяғы Қасым ұлы Ақназардың бет-бетіне бытырай бастаған көшпенділердің басын қайта қосып, «үш жүз» бірлігін құрған кезі еді. Сосын-ақ орыс патшалары алыстан жетіп жатқан әлгі дақпырттардың ешқайсысын қағыс қалдырмай, құлақтарын тіге түседі. Өйткені, олар Орал тауынан арғы далаларға аяқ асырып алу қамына мықтап кіріскен-ді. Бірақ, қырсыққанда жолдарына кесе көлденең түсіп Сібір хандығы жатып алды.
Сол Сібір хандығы орыс-қазақ мүдделерінің алғаш тоғысқан жері болды.
Ақназар көк желкесінен күнде найза сұқаңдатып тұрған Көшім ханның өзінің ту сыртынан одақтас тапқысы келсе, орыс патшасы бір жағынан өз керуендерінің қазақ даласында еш кедергіге ұшырамауын, екінші жағынан Қама бойындағы ұлыстарына тыным бермей тұрған Сібір хандығымен бірге жағаласар жақтас табуды көздеді. Көшім күнгейінде қазақтармен қырқысын аз көргендей, терістік батысындағы ағайынды Строгановтардың қол астындағы Перм өлкесіне көз алартты. Ол кезде татар, башқұрт макси-боғұлдардың Москва князьдігіне ашуы әлі тарқай қоймаған-ды. Көшім сол өшпенділік отына май құйып бақты. Азғантай жұрттардың тілін оңай тапқан Көшім құбыла бетіндегі әлі ешкімнің жүген-құрығы тимей бас асау жүрген қазақ ханы Ақназардың аузын алуды құнттамады. Мұны ол ескермегенмен орыс патшасы ескерді. Ағайынды Яков және Григорий Строгановтардың ақылы бойынша Ақназарға Третьяк Чебуков бастаған елшілік аттандырды. Иван Грозный Чебуковқа қазақ хандығымен Ақназармен Көшімге қарсы бірге соғысатын әскери одақ құру туралы келісімге отырып қайтуды тапсырды.
Елшілік хабары Көшімнің де құлағына жетеді. Ол немере інісі Мәмбетқұлға бастатып торуылшы қол жібереді. 1573 жылы Тобыл қаласынан онша қашық емес жерде, Қама өзені бойындағы башқұрттар ауылында қаннан-қаперсіз түстеніп отырған орыс елшілігі Мәмбетқұл жаубасарларының қанжарына қарналып, түгел қырылады. Бірақ орыс пен қазақ арасындағы байланыстың алды-арты сонымен тынып қалмапты. Бір мың бес жүз сексенінші жылы Тобыл воеводасы Данил Чулков Қара Ертістің бойында қаршыға салып жүрген бір топ саятшының үстінен шығады. Сөйтсе ол Көшімнің бірден-бір бақталасы, Сібір хандығы тағының әу бастағы иесі Жәдігер әулетінің соңғы ханзадасы Сейдақметтің нөкері екен. Қиқулап жүрген қызық құмар топ мұздай темір құрсанып жан-жағынан қоршап алған орыс әскеріне қылар қайран таба алмайды. Сөйтіп Сейдақ хан тұтқынға түседі. Оның қасында қамқа тонды кішкентай бала тұрады. Қорамсағындағы көп қу жебенің арасында қан күрең үш қызыл жебесі бар екен. Ол сегіз жасар қазақ ханзадасы Оразмұханбет сұлтан екен. Қаршадай ханзаданың жел жағынан қалқалай тұрған қаракер атты томаған көз қарасұр мырза Сейдақтың ақылшысы, Оразмұханбеттің тәрбиешісі Қараш мырза — қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыри мырза боп шығады. Соған қарағанда, бесіктен белі енді шыққан Оразмұханбет қазақтың Ақназар ханы мен алты сұлтаны Арыс бойында Моғұлстан мен Ташкент билеушісі Баба сұлтанның біріккен әскерінен жеңіліс тауып, тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен қилы заманда қазақ ұлыстарын қалаған уақытында барып талап тұрған Сібір хандығына тұтқын боп кетті ме, жоқ Сейдақ хан бақталасы Көшім ханнан басым түсу үшін қазақ тағының мұрагерін әдейі өз қолында ұстап отырды ма — оны ешкім білмейді. Не де болса, бір тұтқыннан босанып, екінші тұтқынға тап болған Оразмұханбет ханзада 1588 жылы 16 жасында Мәскеудегі патша сарайына қызметке келеді.
Арыс бойында арандап қалып, шаңырағы ортасына түскен қазақ жұрты Тәуекел ханның тұсында тағы да ес жиып етек жабады. Бірақ, әуелден салымы екі оттың ортасынан бұйырған қазақ ол тұста да бір жағында Сібір ханы Көшімнен, екінші жағында Бұхара ханы Абдолладан құқай көріп бақса керек. Күн батыстағы ноғай ұлыстарымен де тап майлы қасықтай араласып-құраласып кете алмапты. Тәуекел хан төңірегіндегі жұрттардан күдер үзіп, алыстағы Мәскеуге ат шаптыртады.
Бір мың бес жүз тоқсан төртінші жылдың қақаған қаңтарында мәскеуліктер бір әрі оғаш, әрі таңсық көріністің куәсі болады. Қазан жақтан басталған айдау көшелерінің бірінде сүңгілеріне мұз қатқан мылтықтарын көтере ұстап, алпыс-жетпіс жауынгер жеті-сегіз жалбағай тымақ біреулерді қаумалай қоршап астанаға алып кірді. Қақ ортадағы жолаушылардың түр-түстері де, ер-тұрмандары да, киген киімдері де тосын. Бастарында желкелігі жауырынына дейін жауып тұрған, сыртын сары тай жарғақпен қаптаған жалбағай түлкі бөрік, үстерінде ішін қасқыр терісімен астарлап, өңірін көк мауытпен әдіптеп, сыртын қынаға бояған қой терісімен қаптаған қызыл тон, аяқтарында қонышы қара санға жететін қайқы бас саптама етік, аттарына сыртын былғарымен сырып киіз жабу жапқан, ерлерінің басы қаздың мойынындай қайқиып кеткен өңшең сүлік сұлу торы ала ат мінген әлгі жат жерліктер алыстан келе жатса керек. Аяз сорып тастаған беттері қабарып алыпты. Қақ алдарындағы біреу қолына тұмылдырықтап қаршыға ұстапты. Бейсаубат жолаушылар көше бойындағы анталай қарап қалып жатқан аттылы-жаяу көп жүргіншімен істері жоқ, екі көздері екі қапталдағы сеңгір таулардай серейіп-серейіп тізіліп тұрған биік үйлерде. Құдды бір қазір олар үстеріне құлап кететіндей әрі таңырқай, әрі сескене қарайды.
Жұрт бұлардың кім екенін біле алмай аң-таң. Айбалталы айдауылдар орман арасында орыс отрядтарына шабуыл жасаған әр қилы жалба тымақтарды жан-жақтан желкелерінен түйгіштеп қуып келіп жатушы еді. Мыналары атқа отырыстары да тым сәнді, тым салтанатты. Тұтқын емес дейін десең — қашып кететіндей жан-жақтан көк сүңгілі сақшылар қоршап апты. Таңсыққұмар жұрт қаңтардың қызыл шұнақ аязында қыңқ етпестен тосын жолаушыларға ауыздарын ашып қарап қапты. Жоқ, мынау ұзын тізбек Любянкаға қарай бұрылмады, бірден Манеж алаңына тартты. Тұтқын болмады, елшілік болды. Аң-таң жұрт жөн-жөніне тарай бастады.
Елшілік приказы қабағына қырау қатқан қасқыр ішікті мейманды ыссы шай беріп жылытты, астындағы атын патшаның атқорасына апарып жемге байлады, соңындағы нөкерін қып-қызыл боп қайнап тұрған моншаға апарып тоғытып, бит-бүргеден тазартып, асты-үстеріне түсіп, бәйек болды да қалды. Алты айшылық жол жүріп, қырғи қабақ ноғай ұлыстарының тұсынан жал-жалдың тасасымен бұқпақтап өтіп, жаңбырға малшынып, боранға ұрынып көр азапты көріп келген елші Құлмағанбет қою шайға қанып алғасын төрт аяқты былқылдақ мамық төсекке шалқасынан түсіп ойға кетті. «Жауда да бір үйің болсын деген осы-ау! Әйтпесе патшасының байтақ қаласында бүйтіп тыраңдатып жатқызбақ түгілі өсіп тұрған егісінің ық жағынан жүргізбейтін қара шекпенің бұрын бүйтіп бәйпеңдесе, көрмей жүр дейсің бе! Бәрі де әлгі Оразмұханбет сұлтанның арқасы ғой», — деп қояды ішінен. Орыс ордасында жарты патша болып отырған жасы кіші болғанымен жолы үлкен ұлық інісіне қайтіп көрісіп шығар екем деп уайымдап жатыр еді, елшілік приказының жылмаңдаған көп қызметкерінің біреуінің кіріп келгені.
— Елші мырза, — деді иіліп-бүгіліп. — Сені Оразмұханбет ханзада көргісі келеді.
Қуанып кеткен Құлмағанбет орнынан атып тұрып әлгі жігіттің соңына ерді. Оларды бірінен-бірі аумайтын үш жігіт орындарынан тұрып қарсы алды. Құлмағанбет, қапелімде, бұл үш ақ құбаша жігіттің қайсысының ханзада екенін айыра алмады. Жастайынан орыс арасында өскен сұлтанның сүйек бітіміне қарап қана қазақ екенін еміс-еміс аңғаруға болатын еді. Өңі боп-боз. Ұшқын шашқан көзі мен жымиған жүзі ғана көңілінің сергек екенін сездіргендей.
— Құлмағанбет, — деді ол енді жайғасып отыра берген елшіге. — Бүгін сенен көп нәрсе сұрамаймын. Маған, мына Степан және Вельямин Степанов мырзаларға Тәуекел ағайым мен қалған ағайындардың амандық-саулығын, көршілес Бұқар хандығымен, ноғай ұлыстарымен араларының қандай екенін, алдияр патшаның қол астына кіреміз дегендеріңіздің не әңгіме екенін айтып берсең болғаны.
Ханзаданың көзінен-көзін айырмай қадала қарағанынан, аузын ашпай жатып бастырмалатып осынша көп сұрақ қойғанынан, қасында мынау екі бейтаныс жігіттің отырғанынан Құлмағанбет бұл тап өзі ойлап келгендей көптен көріспеген екі ағайынның амандық-саулық сұрасып, емін-еркін сағыныштарын басатын оңаша сұхбаты емес екендігін бірден аңғарды. Манағы мамық төсектегідей емес, көңілі біраз ортайып қалған. Бөркін алып, қамшысын әдет бойынша алдына тастап сөйлеудің ретін таппай, тізесіне шаншып, ханзаданың шұқшия қараған көзіне тайсалмай қадала қарап сөз бастады.
— Ағаң Тәуекел бүгінде қазақ ордасының ханы, інісі Шаһмұхамбет қалмақтардың билеушісі. Ағайын арасында алауыздық жоқ. Қатар көшіп, қатар қыстап, майлы қасықтай араласып отыр. Бұхара ханымен бітімшілік жасасқан сияқтымыз. Бірақ қаншаға баратынын қайдам... Ноғайлардың Алтау ауылымен қас-қабағымыз жаман емес. Ал, Таңахмет балаларымен, Орыс әулетімен сол баяғы бірде бату, бірде тату қалпымыз. Сенің ақ патшаның сарайына тап болғаныңды естігелі алдияр ханымыздың күнде іргеден сұқаңдап тыныштық бермей отырған Бұқарды орыстардың көмегімен біржолата бұқтырып алсақ қайтеді деп ойға кетіп жүргені. Бізге тек оқ-дәрі, қару берілсе болғаны, ар жағын өзіміз-ақ келістірер едік.
Бұхара бүгінде баяғы Бұхара емес. Жан-жағына түгел көз алартып қырып барады. Әзім ханды қуып шығып, Үргенішті қол астына қаратып алды. Енді Сарайшыққа қайтадан қала салмақшы боп, ноғайлармен әмпейі боп жүр. Жайыққа аяқ басса, бергі жағындағы Астраханға құлқыны құритыны сірә, белгілі. Оның мұндай ашкөздігін ақ патша жақтыра қояр дейсің бе деп, осы тұста қайрат қосысып бірге қимылдасақ қайтеді деп айтқалы келдім. Алдияр патша мархабаты түсіп, ол пәтуамызға құлақ асса, орыныңа ханның балаларының бірін аманатқа жіберіп, өзіңді елге қайтарып алмақ ойымыз бар. Біздің жүрісіміздің мән-жәйі осы.
Ханзаданың қасындағы екі жігіт Құлмағанбетке ауыздарын ашып қарап қалыпты. Оразмұханбет сыр алдыртпас сабырлы қалпынан танбай:
— Тәуекел ағайдың балалары қазір қанша өзі? — деп сұрады.
— Үлкені Құсейін онға шықты, ортаншысы Ыбырайым сегізде, кішісі төртте.
— Иә, — деді ханзада. — Ағаларым дұрыс істепті. Бір жақ іргеден жау шығып жатқанда, екінші жақ іргеден дос іздемесең, ертеңгі күніңнің не боларын кім біліпті. Басқа жаққа жалтақтамай, Ресейге елші салғандарың жөн болған. Орыс деген бүгінде қабырғалы халық болып алды. Христиан дүниесінің бас патшасы, Россия тағының иесі, ұлы князь Федор Иванович ағзамның панасына кеп бауыр басып жатқан жұрттар мен ұлыстар аз емес. Алдияр патша олардың ешқайсысын беттен қақпай, қай-қайысын да өзінің шапағатына бөлеп, қамқорлығынан қағыс қалдырып жатқан жоқ. Россияда біз секілді тегі бөлек нәсілдердің әрі ақылшысы, әрі қамқоры, ақ патшаның туған балдызы нұр сипаты Борис Федорович ағзам. Мен сол кісіге ағаларым айтқанында тұрады, бір баласын аманатқа жіберіп, Россияның мейірбан алақанының саясына жығылып, өле-өлгендерінше анттарына адал боп өтеді, тек ар жағында жағаларынан алып, етектеріне жармасып, құдайдың құтты күні тыныштарын қашырып тұрған бұхарлықтармен соғысуға қажетті қару-жарақ беріп тұрсаңыздар екен деп өтініп айтайын. Иншалла, бұл сөзімді ол аяқ асты қалдыра қоймас.
— Ханзада, ендеше, сол ағзамға айтыңыз, қазақ ханы өз сөзінің құлы деңіз. Егер алдияр ханымыз бен асыл текті сұлтандарымыз ақ патшаға деген әлгіндей ықыластары қалтқысыз шындық болмаса, мынандай қыстың көзі қырауда мені бүйтіп жер түбінен сабылтпаған болар еді деңіз. Ол жағынан патша ағзамның ешқандай қам жемеуін сұраймыз. Айтайын деген тағы бір өтінішім, ақ патшаға қызылбас елінен Ғаділбек деген елші келіпті деп естиміз. Мүмкіндігі болса, сол Аббас шахтың елшісімен бетпе-бет жүздескім келеді. Аббас шах та біздің Тәуекел хандай Абдоллаға азуын қайрап жүрген падиша көрінеді. Айлас қатын мұңдас деген ғой. Бірер ауыз тіл қатыссам деп едім.
Арада бір апта өтті. Оразмұханбет елшілер приказында болып Дьяк Василий Шелкаловқа Құлмағанбетпен арада болған әңгімені сол қалпында баяндап берді. Тіпті Құлмағанбеттің қызылбас елшісімен оңаша кездескісі келетінін де жасырған жоқ. Шелкалов тап сол күні Иван Федорович Годунов ағзамға барып жолықты. Годунов бұның бәрін дәл сол күні патша ағзамның мәртебелі құзырына мәлім етті.
Патша қазақ елшісінің қызылбас елшісі Ғаділбекпен кездесуіне рұқсат берді. Оразмұханбет ханзаданы: «Елінен келген мейманды анасына, әйеліне, қарындасына көрсетіп, қонақ қып жіберсін», — деп өзі берген мекен-жайына қайтарды.
Арада бірер күн өткен соң қазақ елшісі қасына Петр Новосильцев деген бекзаданы, тілмаш Бұлғақ Алексеевті ертіп, Оразмұханбет ханзаданың қонысына қонаққа барады.
Тевкелев осы арада жуырда өзі оқып шыққан бір қағаз есіне түсіп жымиып күліп қойды.
«Әмбе Ресейдің алдияр патшасы һәм ұлы князь Федор Иванович ағзамға құлақ кесті құлың, қазақ ордасының ханзадасы Оразмұханбет аяғыңа бас ұрады.
Сен алдияр тақсыр, өзіңнің басыбайлы малайың маған, менің әжеме, шешеме, нағашы апама һәм қарындастарыма өзіңнің алдиярлық құзырындағы бекзада Петр Новосильцовты, оған қосып Қазақ ордасының елшісі Құлмағанбет пен тілмаш Бұлғақ Алексеевті өзің қайыр-патиха қылған менің қонысыма жіберіпсің. Сенің алдияр басыңның тапсырмасы бойынша өзіңнің алдиярлық құзырындағы бекзада Петр Новосильцов елші Құлмағанбет һәм тілмаш Бұлғақты ертіп кеп екі күн болды, алдияр басыңның басыбайлы малайы мына мен, алдияр тақсыр, сенің алдияр басыңның тапсырмасы бойынша өзінің алдиярлық құзырындағы бекзада Петр Новосильцовты, қазақ ордасының елшісі Құлмағанбетті һәм тілмаш Бұлғақ Алексеевті Мәскеуге, саған, алдияр тақсыр, үшінші күні жөнелттім. Сен өзіңнің алдияр басыңмен өзіңнің қонысыңның түсімінен басыбайлы малайың мына маған, өзіңнің үмбеттерің әжем һәм шешеме, нағашы апайым, һәм қарындастарыма қажеттеріне жаратсын деп өзіңнің алдиярлық қазынаңнан өзіңнің алдиярлық құзырындағы бекзада Петр Новосильцев арқылы жүз сом ақша беріп жіберіпсің, өзіңнің алдиярлық құзырындағы бекзада Петр Новосильцов өзіңнің құлақкесті құлың мына мені жарылқаған әлгі жүз сом ақшаның кейін менің өзіңнің алдиярлығыңнан алатын жалақымнан ұсталмайтынын ескерткен алдиярлық сөзіңді жеткізді...»
Әр әрпі аяғыңды жалап, әр сөзі басын шұлғып тұрған осы бір бүгежектеген жәреуке хаттың өзі-ақ патшаның алыстан келген қазақ елшісі өз еліне мақтап барса екен деп тырысқанын байқатады. Ондағы көздегені — Тәуекел бұны Бұхараға қарсы жұмсағысы келсе, бұл оны әлі күнге тыртысып беріспей келе жатқан өлермен Көшімге айдап салу еді.
Боярлар Думасы қазақ ханына тілмаш Вельямин Степановты елші қып жіберуді ұйғарды. Ақ патшаның Тәуекел ханға және Шаһмұхамбет, Күшік сұлтандарға жолдаған грамотасын, Оразмұхамбеттің ағасына Москва мемлекетімен тату-тәтті бол деген дұғай сәлемін, Тәуекел ханның анасы Әзи ханым, келіні Алтын ханым, немере қарындастары Бахты ханым, Күн ханым, Ақ ханымдардың елдегі ағайын-тума, абысын-ажынға жолдаған құндыз жаға, көк сауыр етік, алтын жүзік, күміс қасық, садақ, бәкі, әмиян, шәйі орамал, айна-тарақ сықылды сәлем-сауқаттарын қоржынға лықа толтырып алып, қасына үш серік, соңына отыз жауынгер нөкер ертіп жолға шыққан Вельямин Степанов март айында Қазаннан аттанып, одан Жайық, Ырғыз асып, жолдағы ноғай ұлыстарына соқпай айналып өтіп, май айында Тәуекел ханның алты шатырды қатар тіккен ақ ордасына келіп жетеді. Екі айдан астам аунап-қунап дем алады.
Жас бағылан, тәтті қымыз үстінде Тәуекелмен әбден іш ақтарысып сөйлеседі. Діттеген жерімнен шықтым-ау деген тұсында қонақжай ханмен қош айтысып, Ұлытау арқылы кері сапар шегеді. Содан бір ғасыр бойына екі арадағы елшіліктің аяғына жем түседі. Ол дәстүр Тәуке ханның тұсында барып қайта жанданады. Тәуке ақ патшамен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуды ғана көздейді. Одан кейінгі Қайып тату-тәттілікпен ғана шектелмей жоңғарларға қарсы бірге соғысатын әскери одақ құруды ұсынды. Ал, Әбілқайыр ол екеуінің де көкейінде болмаған жаңа бір пиғылдың соңына түсті. Ол 1726 жылы ақ патшаға елші жіберіп: «Қол астыңа ал!» — деп сұранды.
Патша сарайы бұл ұсыныстардың қай-қайсысына да көзжұмбайлық жасамады. Тәуекел тұсында келетін Степановтан Көшімді бағындыруда қазақтардың одақтас боп жарытпайтынын білді. Оларды тек Сібірдегі соғыс театрынан бейтарап ұстауды ғана көздеді.
Көшім ханның дәурені көпке бармады. Ол Шәйбан әулетінен өрбитін Мұртаза сұлтанның ұлы еді. Бір мың бес жүз елу алтыншы жылы заманында Шыңғыс ханның өзімен ұстасқан Уан ханнан тарайтын керей Жәдігер әулетінің ақтығы Тайбұғышы тақтан тайдырып өзі хан болады. Содан қырық екі жыл бойына жалпақ Сібірді жалғыз өзі дүбірлетіп өтеді. Қол астындағы бірі пұтқа, бірі отқа, бірі шіркеуге табынған ала-құла жұртты түгел дерлік мұсылман дініне қаратуға күш салады. Әскер деген қала салып, оны өзіне астана етеді. Сөйтіп айтқаны келіп, атқаны тиіп дәуірлеп жүргенде 1581 жылы Ертіс бойында Ермак Тимофеевичтен ойсырап жеңіледі. Қашып барып Омбыдан жоғарырақта Қарақала деген қамал салады. Бірақ бір тайған бақ басына бәрібір тұрақтамай, 1598 жылы біржолата жеңіліп, әуелі Есіл даласына, одан ноғайлар арасына қашып кетіп, сол жақта пұшайман боп дүниеден өтеді.
Көшімнің бұлай тас-талқаны шығып күйрей жеңілуіне көрші жатқан қазақтардың селт етпей бейтарап қалғандығы аз әсер етпесе керек. Борис Годунов оған дейін Тоқтамыс әулетіне билетіп келген Қасымов хандығының тағына 1600 жылы қазақ сұлтаны Шығай немересі, Ондан ұлы Оразмұханбетті тегіннен-тегін отырғызған жоқ-ты. Орыс патшасы ол кезде шектес жатқан жатжұрттардың аузын алу үшін олардың ханзадаларын шет аймақ ұлыстарына ұлық қып қоятын.
Ока дариясының жағасындағы Керман шаһары, орысша Қасымов қаласы, сондай бір шет аймақ ұлыс еді де, оған әкім тағайындалған Оразмұханбет сұлтан әлгіндей жатжұрттық ханзада еді. Оған дейін ол 1590 жылы шведтерге қарсы, 1593 жылы Қырым хандығына қарсы жорықтарға қатысты. Патша сарайындағы той-томалақтан да қалып көрмепті. Бірақ, хан болуына ол айтқандардың бірі де емес, Сібірді бағындыру тұсында қазақтарды бейтарап ұстауға сіңірген айрықша еңбегі себеп болған сияқты.
Сібір бағындырылғасын орыс базарлары мен қазақ далалары арасындағы ерсілі-қарсылы керуендер еш толастамағанмен патша сарайы мен хан ордасының арасындағы байланыс пышақ кесті тыйылыпты. Оның да қилы-қилы себептері бар еді. Россия біраз уақыт Екінші Жалған Дмитрийдің зобалаңына ұшырады. Орыс тарихында «Қилы заман» атанған осы бір тұста батыспен де, шығыспен де қарым-қатынас өте әлсіреп кеткен-ді. Сол бір екі талай кезде қазақ ханзадасы Оразмұханбет те жәйіне қарап жүрмей ши шығарып алды. Қасымов қаласына сегіз жыл хан болған сұлтанның түлен түртіп Екінші Жалған Дмитрийдің жағынан бір-ақ шыға келгені. Бірақ, оны жаңа жақтастары да тап онша құшақ жайып қарсы ала қоймапты. Күні кеше ақ патшаға құлақкесті құл болған бұратана сұлтан арамызға сыр тартуға келіп жүрген жансыз шығар деп сенбеді. Ақыр-аяғында оны: «Сен бізді сатқалы жүрген көрінесің!» — деген айып тағып, өлтіріпті. Россия әлгіндей әрпіл-тәрпіл дәуреннен енді құтыла бергенде Польшамен, Түркиямен соғыстар килікті. Оның бәрі орыс патшаларының Жайықтан арғы далаларға байланысты жоспарларын біраз уақыт атымен жиып қоюға мәжбүр етті. Ол жылдары қазақтардың да айдарынан жел есіп тұрмаған-ды. Күн шығысынан жоңғар деген жау шығып, жанының ұйқысы, малының күйісі бұзылды. Орыс пен қазақ ортасындағы қарым-қатынастың қайта жандануына да сол жоңғарлар түрткі бопты.
Тевкелев бұған дейін Сыртқы істер коллегиясы тарапынан көбіне-көп жоңғарларға байланысты тапсырмалар алып келген-ді. Петр патшаның ақылымен Еділ бойындағы Аюке ханның ордасында айлап-жылдап жатып, қалмақ тілін де үйренген-ді. Сонда бір нәрсеге қатты қайран қалып оралған-ды. Қалмақтар басы Аюке болып, кім көрінгенге іштерін аша бермейді екен, Петр патшамен бірге шведтерге қарсы соғысып, қымызды тастап, француздардың шампанын ішуге үйреніп алған әккі хан орыс елшісімен оңаша сұхбат үстінде шамадан тыс сілтеңкіреп жіберіп, қанша рет мас боп қалса да, ауызынан артық-ауыс сөз шығарып көрген емес. Жанына жақпайтындай сауал қойсаң, басқалар құсап қабағын түйіп тырсия қалмайды. Көзін сығырайта қысып, аузын ашып, тісін ақситып сылқ-сылқ күледі. Әлденеге басын шайқап қояды. Бірақ ештеңе демейді. Ондайда Тевкелев Аюкенің жап-жалпақ маңдайына қарайтын. Ханның жазық маңдайы тас бақаның жотасындай боп бүлк етпей тым-тырыс жатады. Орыс елшісі сыр тартып көрмек дәмесімен күдерін үзіп сыртқа шығып кетеді. Сырттағы сұп-сұр дала да ханның әлгі тас маңдайындай тым-тырыс бүк түсіп ап жатқаны. «Далалары да өздері сияқты», — деп ойлайтын іштей. Ол мынау түк болмағандай, түк білмейтіндей жымпиып жатар да қояр көл-көсір монтаны даланың көлгірлігінен сонда-ақ шошынып еді.
Ол мәңгі-бақи тап осылай өлген түйенің тулағындай сұлқ түсіп жата берген, болашақта да тап осы сұлқ қалпынан бір жазбай тырп етпей жата беретін секілденеді де тұрады. Ал тап соншалықты меңіреу даланың төсінде болған оқиғалардың қағазға түскен үзік-үзік шежірелерін үңіле оқып көрсең, қандай шытырман, қандай шырғалаң! Батыс жұрттарының батыстан шығысқа қарай шиырып жазғандарының да, шығыс жұрттарының шығыстан батысқа қарай кесте қайығындай қып тізілтіп жазғандарының да әр әрпі жүрегіңді шағып, әр жолы көңіліңді қырық саққа жүгіртеді.
Олардың айтқанына сенсең мына даланың тыныш тұрған күні, аптасы, айы болса болған шығар, бірақ тыныш жатқан жылы болмапты. Бәрін қойып анау көлкіген көкжиекке қарашы! Көк найзасын самсатып жер қайысқан қалың қол келе жатқандай емес пе! Иә, иә... Бірақ, ол қазір көзден бір-бір ұшып жоғалатын алдамшы сағым ғана. Алайда, дәл осы көлгірдің көз алдында көлкіп тұрған көкжиекті мәңгі-бақи бүйтіп сағым шалып қана жатпаған. Оны талай-талай көк найзалар да көлкештеген. Бірақ, олар да артынан көзден көк сағымдай бір-бір ұшып ғайып болған! Иә, бұл көл-көсір көкжиектен кімдер келмеген, кімдер кетпеген. Анау көк мұнардың ортасынан күндей күркіреп һундар да өтіпті, сақтар да, түріктер де, маңғұлдар да өтіпті. Бәрі де осылай көз алдында көлкіп тұрған көркем көріністен көңіліндегі әншейін буалдыр елеске айналып, су аяғы құрдым боп зым-зия жоғалатын өткінші көк сағымның кебін киіпті. Батыс пен шығыс талай-талай маңдай тіресіп, мүйіз сындырысқан ұлы майдан — тап осы талма түсте талықсып жатқан жансыз жазиралар. Тарихтың талай тарлан бозы дүние-жаһанға қалқанның сыңғырымен, қылыштың сартылымен, жебенің суылымен, тұяқтың дүсірімен, аламанның айқайымен, жан алардың тісінің сықырымен, жан берердің ақырғы рет дем тартқан қорқырымен тіл қатқан айлапат сахнасы да — осы жылмиған жазықтар. Мынау ат тұяғынан шыққан болмашы лептің өзінен зәре-құты қалмай діріл қағып қоя берген селдір бас жусандар талай рет қасіреттің қара қанына бөгіп қурап, талай рет қасіреттің мөлдір шық көз жасына шыланып қайта өнген. Дүниеде дәл осы келе жатқан кең жазығындай қан көп сіңген, бұта сайын бір бас домалатып, жусан сайын бір жілік шіріткен жебір өлке бұл дүниеде кем де кем шығар! Көкжиегін қысы-жазы киіздей ұйысып көк мұнар қоршап тұрғаны тегіннен-тегін ғой дейсің бе! Сол бір тұлдыр кеңістіктің төрінен өз-өзінен шымырлап өніп, ұйыса-ұйыса, қоюлана-қоюлана келіп, адымыңды аттатпастай боп, жан-жағыңнан тіреліп тұра қалар қоймалжың көк кіреуке сиыр сәскеден осы бір өлкеге ежелден көз сүзіп ентелескен ашқарақ дұшпанның әлі сағы сынбай, туы жығылмай тұрған кездегі кескекті кейпіндей сойқан елестесе, бесін ауа дөң-дөңнің басынан бөкенше желе жортақтап, түйдек-түйдек жөңкіліп бергенде әлгі тепсінген басқыншының бұл маңайдан алды-артына қарамай безіп берген масқара сәтіндей бет-бетіне лағып сеңдей сапырылысып қоя береді. Әлдебір сиқыр баяғыда мынау өлкеде нендей сұрапылдар болып, немен тынғанын мөлдір ауаға күнде қайтадан жаңғырып, күнде қайта тіріліп тұратындай қып мәңгі қашап кеткен сияқты. Бедірейіп жатқан безбүйрек далада тек сол көз ұшында жөңкіліп жүрген көк мұнар ғана бірдеңе деп ымдап, сенен сыр тартқысы келетіндей.
Оларды сөйлетсең, мынау құлазыған ну даланың мың-мың тұяқтың ұшында бұрқыраған мың сан тозаңға айналып біржолата із-түзсіз құрып кетпегеніне қайран қаласың! Оларды сөйлетсең, мынау құлазыған қу даладағы ілбіген сылбыр тіршіліктің інін неғып біржола су алып, өшіп қалмағанына қайран қаласың! Оларды сөйлетсең, талай басқыншының семсерінің жүзінде, найзасының ұшында, атының тұяғында қалған, тарих аласапырандарының ақ шаңыт айдау жолында жатқан осынау қу медиенді мекендеп тентірей көшіп жүрген халықтың қайтіп біржола құрып кетпегеніне қайран қаласың!
Олар үстерінен жөңкіліп өткен ақ түтек ағынмен талай жерлерге барып, талайды бастан кешіріп, лағып-лағып, ақыр-аяғында осы бір құлазыған қу даласына қайтып оралады да отырады. Мынау қанға бөгіп, тұяққа жаншылып, пәлен жыл бойына бөртпей жатып-жатып, күндердің күнінде тағы да көзге түсіп, тағы да тіске ілініп кетем-ау деп сескенбей, қайта желкілдеп шыға келетін шөлдің сілті бас көк жусанындай бұл не қылған жаны қас, бұл не қылған жаны сірі жұрт еді! Оның басына түсіп көрмеген зобалаң бар ма екен, сірә!? Қанша рет құдайдың қаһарына ұшырап ала дөңде жүгенін ұстап, айдағанынан түгел айырылып жұтап қалды. Ін бағып, шөп түбін тырмаласа да, өлген жоқ, күнін көрді. Қанша рет басына біржолата жоғалып кету, өзімен көппен араласып, құмға сіңген судай боп, тілінен, дінінен айырылып бөтен боп кету қаупі туды. Бірақ, сонда да, қойдай қосақталып, қырылып жатса да, ұлыс-ұлысымен итарқасы қиянға жер ауып кетіп жатса да, жат жерде жүріп маңдайына шоқпар тигізіп, өз жерінде отырып іргесіне найза жүгіртіп, қорлық пен құқайдан көз аша алмай жатса да, баяғы бір ұлы табан қара жұртына қайтып келіп, баяғы сол бауырсақ құлақ қоңыр қошақанын кіш-кіштеп, баяғы сол қалқиған тал шаңырағын жал басына жарбита көтеріп, баяғы сол талтақ бұт тал бесігін күні-түні тербетіп, таңдағы тамақ тәңірден деп, қырық жыл қырғынға тап болса да, күдерін үзбей, келешекке кеңірдегін созып телмеңдеп баққан бұл не қылған өлермен жұрт еді! Олардың өткені ғой — қашан да өкініш, олардың ертеңі ғой — қашан да уайым. Сөйтіп тұрып бұлар торығуды білсейші, мынау ақыр аяғында бәрібір жамбастарын жаныштатпай тынбайтын жанқаста жағаластан жалығуды білсейші! Жығылып жатса да, көкірегіне айқара мініп алған ата-дұшпанның тұқым-теберін қыра боқтап, тырбынып жатады-ау бұлар!
Міне, бұл да сол бір сан дүрмек оқиғалар өткен сары дөңде, сол бір айдаһардың аузында тұрса да, жарық дүниенің жақсылығынан үмітін үзбей, жау-жағаласқан жалықпай келе жатқан жұмбақ жұртқа бетін түзепті. Мынау соңындағы ақ тер, көк тер аттардың мігірсіз жортағы, қисалаңдаған арба доңғалақтарының беймаза шиқылы, арба үстіндегі әлдекімнің бір сарын жүрістен іші пысып ыңырсып салған мұңлы әні, әңгүдік солдаттардың мана айдалада өзімен-өзі отырған тағы құсқа таласа-тармаса атқан жапа-тармағай оғы, сырдесте емес бейтаныс жұрттың игі жақсыларына ертең емініп кеп айтар көл-көсір әңгімелері әлгі бесін ауа бет-бетіне тырағайлап қаша жөнелер көк сағымдай көзден бір-бір ұша ма, жоқ, сарғайған көп парақтардың көмескі тартқан кене шежіресіндей мағлұмат пен лақапқа ындыны қанбас екі аяқтылардың әлдене ұрпағының жадында әлденеше жыл жаңғырығып тұрар айтулы оқиғаға айнала ма?! Белгісіз. Мынау пәлен күннен бергі сартыл жеңкіліс жер түбінен ат сабылтып келе жатқан көп тобырдың аз күндік бейнеті ме, жоқ артынан қайырын көрер көп күндік зейнеті ме, талай шырғалаңнан әке-көкелеп аман өтіп келе жатқан өз басын асқақтатып абырой аспанынан шығара ма, жоқ өлермен есектің құйрығынан құлаған құмалақтай домалатып жерге түсіре ме?! Кім білген! Аяқ астынан сап ете қалған бұл сапары анау ақ патшадан елші келе ме деп, ертелі-кеш жолға қарап отырған көңілі күпті ханның мәртебесін асыра ма, әлде ел алдындағы абыройын айрандай төге ме? О да беймәлім. Осының бәрі ертең орыс патшасының қол астына қарағандағы күніміз қалай болады деп, қаралай елегізіп отырған қос үрей халықтың маңдайын жарқыратып ашар бағы ма, жоқ мәңгі-бақи қайдағыға қайдан тап болдым деп өз бармағын өзі тістеп өтер құтыла алмас қырсық соры ма? Бәрі-бәрі белгісіз.
Тевкелев өз сауалынан өзі тосылып жан-жағына қарайды. Құбасұр дала сол баяғы бүлк етпеген қалпы. Ол, бәлкім, қашан да тап осылай тарс бүркеніп жатқан да қойған шығар. Қай тарапынан қандай жолаушы аттаса да, қай тараптан қандай хабаршы келсе де, дәйім осылай бедірейген қалпынан бір танбаған шығар.
Сары ала күймеде сан-сапат қиялға батып келе жатқан сары ала иық елшінің ойына сергіткісі келгендей көз ұшынан әлденелер андыздап шыға келді. Орман дейін десең бір-бірімен ұйыспай соқиып-соқиып бөлек-бөлек шаншылып тұр. Адамдар дейін десең бір-бірімен көз қатысқаны, сөз қатысқаны сезілмей мелшие-мелшие қалған. Тевкелев әлгі бір қиялындағы көк найзалы қалың қол самсап, шыннан да, алдынан шыға келгендей аңтарыла қарады. Әлде әлгі мыңға жуық нөкер ертіп шығатын ханзадалары осы ма екен. Ендеше мынау жол бастаушы қазақтарда неғып қимыл-қыбыр жоқ. Оларға көз қиығын тастап еді, көкжиекпен ешқандай шаруалары жоқ бастарын көкіректеріне алып мүлгіп келеді. Тевкелев енді көзін сол қарайғандардан айыра алмады. Алыстан андыздап-андыздап көрінген қара сырықтар жақындаған сайын аласара түсті. Ақыр аяғында бұлардың керуені бір тақтайдай қара дөңге көтерілгенде әлгі серейген-серейген қара бағандар көмескі қара ноқаттарға айналып бұқшиып-бұқшиып жатып алды.
Ылдырмақ-сылдырмақты ұзын тізбек сол көп қарайғанға жақындап келеді. Көп қарайған кілкіген көк сағымның ортасында көл бетіндегі көп салындыдай бүк түсіп, бүк түсіп жатып алды. Бұлар жақындаған сайын әлгі көп қарайғанды қоршап жатқан тербетілген айдын көл де бірте-бірте тартыла түсті. Ақыр аяғында бұлар ай далада жайылған қойдай бытырап жатқан көп қорымға келіп тірелді. Ешқандай күмбез, сағана жоқ. Тап осы араға аспаннан әлдебір тас жаңбыр жауғандай шашырай қағылған қада тас. Бір кездегі төмпек атаулы жермен-жексен шөгіп кеткен. Мына араның қорым екенін әр жер, әр жерде ағарып жатқан сүйек жұрнақтарына қарап қана айыра аласыз. Шамасы, қанды шайқастың ізі. Әуелі әр жер, әр жерден бір қылтиып шашырап басталған қада тастар бір жерге келгенде қолдың саласындай боп әбден ұйысып кетті. Содан біраз жерге дейін сол қалың қада тас жалғасып барады да, қайтадан шашырай бастайды. Соған қарағанда айдалада бейқам кездескен екі қолдың шайқасы. Ешқайда бекінбеген. Қаша жүріп соғысқан. Ырғыз даласында ондай шайқастың талайы болған. Баяғыда Шыңғыс хан айтулы батыс жорығын бастамай тұрғанда, өзіне бағынбай безе көшкен меркіт тайпасын соңынан қуып келіп осы Ырғыз даласында қырып кеткен. Сол қырғынның орнына аң аулап жүрген хорезм шахы Мұхамбет қолы кездейсоқ жолығып, шаруасын бітіріп қаннен-қаперсіз кері қайтып бара жатқан маңғұл шолғыншыларын қуып жетіп шайқасатын. Екеуі де осылай ойда жоқта кездескен ұрымтал ұрыс-ты. Мынау солардың бірінің орыны емес пе екен?! Осынау жарылған жүгерідей бытырай шашылып жатқан көп қада тас маңғолдар мен меркіттердің шайқасының ізі ме, жоқ хорезмдіктер мен маңғұлдар қақтығысының ізі ме? Жоқ әлде маңғұлдардың бұл аймақтағы ең алғашқы екі шайқасының екеуінің де емес, одан берідегі көп қырғындардың бірінен қалған қорым ба? Мелмиген меңіреу тастар үндемейді. Әлгінде осынау тақтайдай қара дөңнен қашып кетіп, көкжиекке барып қордаланып алған көлгір мұнар ештеңе деп жауап қатпайды. Ішмерез әйелдің бетіндей бедірейіп жатып алған бетпақ түзде де еш нышан жоқ. Бәлкім ол баяғы Шыңғыс шолғыншыларының қашқан меркіттерді қуып кеп қырып кеткен қанды шайқасының тұсында да, олардың хорезм шахы Мұхамбет қолымен ұстасқан айқасының тұсында да тап осылай бедірейіп жатқан да қойған шығар. Ол қазір де, міне, үстінен өтіп бара жатқан мынау түрі жат, түсі суық бейтаныс керуеннің не керуен екенімен ешқандай шаруасы жоқ, сол баяғысынша қора сыртында қасқыр ұлып тұрғанда, жылы төсегінде шалжиып жатқан бейқам қойшыдай қаннен-қаперсіз манаурай көлбеп жатыр.
Көшпенділер қырылып-жойылып таласып алатын орыс сисасы, француз бөзі, үнді шәйі, қазанның шегірен былғарысы мен саратовтың темір-терсегінің бір де бірін әкеле жатпаған бұл суыт керуеннің мына далаға не артынып-тартынып келе жатқанынан қайдағы бір тас-топырақ, шөп-шаламның меңіреу жиынтығы қара жер түгілі қайдағы-жайдағының басын шалып қиялға бата беретін ғұлама елшінің өзі де анық хабардар емес-ті.
Білетіні, әйтеуір, бұл сапары мына өлкенің о шеті мен бұ шетіне ерсілі-қарсылы шұбырып жататын өзге жүргіншілердің келісі мен кетісіндей оп-оңай ұмыт бола салатын кездейсоқ оқиға емес. Сондықтан да күймесіне бір сандық қағаз бен бір қоржын қаламсия салып келеді. Көрген-білгенінің бәрін қағазға түсіре бермек. Кім біліпті, ертең басқа бір заманның өзі секілді көне қағазды көп ақтаратын басқа бір шұқыншағы бұның әр әрпі аңшының тазысының құйрығындай шиыршық атып тұратын шимай жазуына қарап, бұл күндердің де көмескі көріністерін көз алдына елестете алар. Бейсаубат сапармен бейтаныс өлкеге аяқ басқан бұның ғана емес, ертеңінің не боп кететінін біле алмай, екі оттың ортасына түсіп отырған жұрттың басындағы дән-дәнәй халді түсінер. Кім біліпті, бұл оқиға, бұл сапар, бұл құбылыстың шын бағасын да солар берер. Олар ол кезде де мына мелмиген қалпында меңірейіп жатар да қояр. Ырғыз даласының, осы бір алатағанақ өлкенің әу бастан-ақ небір әлемет тосын оқиға, тосын құбылыстардың беташарын көруге жаралғанын біліп қайран қалар. Бұдан алты ғасырдай бұрын күллі Тұран қаннен-қаперсіз маужырап тып-тыныш тұрғанда тек осы арада ғана қарш-қарш қадалған қайқы қылыштар мен сарт-сарт тиген садақ оғынан телегей-теңіз қан аққан болса, тап сол Ырғыз тап сондай қан-қасапқа бұдан екі-үш жыл бұрын да куә болғанын естіп таңғалар! Баяғыда да айқайлап жауға тигендердің бір жағы түркіше, бір жағы маңғұлша ұрандаса, бұл жолы да тап сол көріністің тап сол қалпында қайталанғанын естіп таңдай қағар! Алты ғасыр бойына жарғақ құлағы жастыққа тимей жаугершілікпен өткен бұл өлкенің, әсіресе, соңғы бір ғасыры қиямет-қайым қиын болғанына түсінер. Ол тауқымет, ол зобалаңның осы қазір «Жоңғар! Жоңғар!» — деп құлақ жара жаңғыртып тұрған жойқын лақабын олар да еміс-еміс ести қоймас дейсің бе?..
Тевкелев ішінен есептеп көріп еді, дүниеге Жоңғар мемлекеті келгелі де, енді төрт жылда, аттай бір ғасыр толады екен. Сол тоқсан алты жылдың ішінде Азия құрылығында ауызға ең көп іліккен сөз де осы «жоңғар» шығар. Ол сөз сол тоқсан алты жыл бойына арғы жағындағы Қытайдың, бергі жағындағы Түркістанның құлағын сары шаяндай шағып келеді. Жоңғарлар мінген жатаған жабы жылқының тұяғы тиген жерде шашыраған қан, домалаған бас қалады. Жоңғар найзасының ұшы тиген жерде шаңырағы шатынап ортасына түскен орда, адыра қалған тақ қалады. Күні кешегі күндей күркіреген Турфан қайда? Жоқ. Оның басын жұтқан жоңғар. Күні кешегі шаршысына толып шалқақтаған Мағолстан қайда? Жоқ. Оның да көзін құртқан бір мықты әлгі жоңғар. Алтай мен Сібірдің ну жынысын лықа толтырған жыпырлаған мал мен жанды иемденіп атан түйедей алп-алп басқан Алтын хан елі қайда? Оны да жалмаған осы жоңғар. Бұл қалпымен жоңғардың жолында жойылмайтын халық, құламайтын тақ қалмастай түрі бар. Енді, міне, сол жойқын Жоңғардарияның кесепат толқыны мынау ұлан-ғайыр даланы лақылдатып басып кетуге аз-ақ қалып шіреп тұр. Енді қай жұрт та жоңғар атын естігенде елеңдеп қалатынды шығарды. Алыста жатқан орыс патшасы да ойланайын деді. Әп дегеннен жылы-суық шырай байқатпай сабыр сақтап бақты.
Сөйтсе, от іздеп қолды-аяққа тұрмайтын қоңыр қошақандардың соңында анда-санда бір шәйт деп қойып, ат үстінде қамшысына таянып, айналаға қыдырта көз салатын айыр қалпақ тайшылардың да көкейін тескен жер екен. Жер болғанда да, бетіне тебіндеп шыққан көк қылтанақ шөбі екен. Көшпендінің ұғымында жердің барша қадыр-қасиеті сол мал аузына ілінер көк қылтанақпен ғана шектеледі екен. Өріс іздеген жоңғарлар орыс шетіне де тіміскілеп көп келетінді шығарды. Сібірдегі орыс тұрғындары ол кезде жоңғарлар лап берсе, қарсы тұра алардай қауқарға әлі ие бола қойған жоқ-ты. Содан да ма екен, Тоқауқарға әлі ие бола қойған жоқ-ты. Содан да ма екен, Тобыл воеводасы Матвей Гагарин 1607 жылы сол маңайда көшіп жүрген ойрат тайшыларына елші шаптырды. Егер Россияның қол астына өз еріктеріңізбен өтетін болсаңыздар, Сібір өзендерінің бойынан өріс береміз дейді. Ондағы ойы жоңғарлардан сыр тартып көру еді. Елшілік дүрбіттердің тайшысы Далай мен торғауыттардың тайшысы Дзоріктіге барып жолығады. Солардан торғауыттардың тең жартысының 1604 жылы Хо-Өрлік деген тайшыға еріп, қалған жоңғарлардан бөлініп шығып, Қара Ертістің бойына көшіп кеткенін біледі. Ойраттардың арасында да алауыздық бар екенін естігенде князь Гагариннің құдайы бір беріп қалды. Дереу Мәскеуге ат шаптырды. Ақ патша Далайды, Хо-Өрлікті, басқа да тайшыларды өзіне жолығысқа шақырды: «Өзіме келіп сөйлесіңдер, Алтын ханның да, ноғайлар мен қазақтардың да түртпегіне өзім тойтарыс берем», — деді. Бұны естіп тайшылар да орыс әкімдерінің тамырын басып көруге бел буады. Хо-Өрлік 1607 жылы Тару қаласына елші жіберіп, Есіл, Қамысты өзендерінің бойын жайлауға рұқсат сұрайд. Воевода оған: «Хо-Өрлік орыс жерінен өріс алғысы келсе, ақ патшаның қол астына өтсін», — деген талап қойды.
Екі жақ екі жыл бойы аңыс аңдап, тағы да тым-тырыс жатып алды. Воевод 1609 жылы Голубин деген елшісін тайшыларға тағы да жұмсайды. Март айында кеткен елшілік июль айында Тару шаһарына қайтып оралады. Бұл жолы да ештеңе шығара алмапты. Абай мен Қошушы деген екі тайшының қол астындағы екі тайпаның игі-жақсылары қосылып, тұрымтай жиын өткізеді. Жиында орыс елшісінің бұйымтайы сұралыпты. Айыр қалпақ тайшылар: «Орыс патшасы бос жатқан даласын жайылысқа бермесе, басына шайнап жақсын. Қазір қазақтар өзара қырқысып жатыр. Соны пайдаланып жорыққа шығамыз. Патша бермеген жерді солардан тартып аламыз», — депті. Шамасы, сондай жорықтардың нәтижесі болуы керек. Тевкелев анада Сыртқы істер коллегиясында қазақ пен қалмаққа байланысы бар қоңырсыған көп қағаздарды ақтарып жүріп, 1616 жылы Жоңғарияға барып қайтқан елшілер Петров пен Куницынның журналының үстінен шыққаны бар. Сонда олар терістік батыс ойраттарды басқаратын дүрбіт тайшысы Далай батырдың қол астына торғауыт Хо-Өрлік, шорос Шоқыр тайшылардың ұлыстарымен қоса Ұлы жүз қазақтары мен Енисей қырғыздары да қарайды екен деп жазыпты. Дәл сол тұста манжұрлар да қарап жатпағанға ұқсайды. Әншейінде бастары піспей жүретін ойраттардың қайтадан ауыз біріктіріп, Россия патшасына: «Қол астына ал!» — деп қайта-қайта елшілік жіберуі соны аңғартқандай. Михаил Федорович патшаның 1618 жылдың 14 апрельде Далай Батырдан келген елшіге берген грамотасының көшірмесін Тевкелев өз көзімен көрді. Келесі жылы дәл сондай грамота Хара-Хула тайшының елшісіне беріліпті. Ол кезде Хара-Хуланың беделінің күшейгені сонша, 1619 жылы хал-хастардың билеушісі Алтын хан орыс патшасына елші жіберіп, Хара-Хулаға қарсы бірге соғысайық деп ұсыныс жасапты, шіркін, саясат десеңші! Алтай мен Тарбағатайдың ну жынысына сыймай, бір-біріне атарға оғы жоқ болып жүрген екі ханның елшісі Сібірден дәл бір уақытта аттанып, Мәскеуге дәл бір күні — 1620 жылдың 10 январында барады, ал 29 январьда ақ патша бір-біріне тістерін қайрап тұрған алакөз екі елшіні өз сарайында бірге қабылдайды.
Ойраттардың бастары біріге бастағанынан тек Алтын хан ғана емес, қазақтар да қатты сескенген түрлері бар. Ойраттар 1619-1621 жылдар арасында халқалықтар мен қазақтардың екі жақты қыспағына әлденеше рет ойсырата тойтарыс беріпті. Мұндай шапқыншылықтар жоңғар тайпаларын тұтастыра түспесе, ыдырата алмаған. 1625 жылы Далай тайшы мен Хара-Хуланың арасы жарасып, торғауыт тайшысы Хо-Өрлік Еділ бойына қарай ойыса бастаған. Сол шамада өлкеде болып қайтқан Михаил Тарханов: «Еділ сағасы мен Арал теңізінің оңтүстік пұшпағының арасы қаңырап бос жатты, ұшан-тоғайда ит жүгіртіп, құс салған қалмақ аңшыларын көруге болады», — деп келіпті.
Соны оқығанда, неге екені белгісіз, Тевкелевтің жүрегі шым ете қалған-ды. Бәлкім патша сарайының төңірегінде жүрген Сыртқы істер коллегиясының орта қол қызметкері Алексей Ивановичтің көкірегінде кенет өз атын өзі ұмытуға айналған ноғай мырзасы Құтлық Мәмет Мамашев мырза қайта бас көтерген шығар! Аталмыш өлке бір кезде оның ата-бабаларының көк көріне өріске, шөп сарғая қыстауға шұбап, әрлі-берлі сайраңдаған қоныстары ғой. Баяғыда Аюке ордасына барғанда түк көрмегендей жымпиып жатқан жымысқы дала бұны бір кезде осы өңірде тіршілік кешкен жойқын жұрттың жүрегінен шашыраған бір тамшы қан екенін ұмытып қалмады ма екен деп сынап жатқандай көрінген. Жоқ, ұмытқан жоқ... Неге ұмытсын. Аталары орыс дініне күні кеше кірген бұлар түгілі князь Юсуповтың өзі кейде ащы араққа тойып алғанда Жайықтан арғы кең жазық жайында көл-көсір хикая шертуші еді. Князь орыс ақ сүйектерінің қай-қайсысы секілді өзінің ата-тегі жайында қыруар шежіре жинай жүретін.
— Алексей Иванович, ақтарып жатқан көп қағазыңның арасынан біздің шалдардың атын көрсең, дәптеріңе түртіп ала жүр, — дейтін.
Иә, орыс қағаздарының арасында не көп, Ноғай ордасы жайында мәлімет көп. Тевкелев қазақтар мен қалмақтар жайындағы біраз мағлұматтары сол «ноғай істерінен» тапты. Ноғай архивтерін ақтарған адам мынау жалғанның қаншалықты опасыз екеніне көзін оп-оңай жеткізе алады. Бір кезде күндей күркіреген Алтын Орданың ақырғы билеушісі Тоқтамыс болғанда, Тоқтамыстың түбіне барлас Темір жетпеуші ме еді! Ал, ақсақ аяғымен жарты жаһанды жамбасына басқан барлас Темірдің қанжығасына Тоқтамысты тоқтыша өңгеріп беретін маңғыт Едіге ғой! Сол Едіге Ноғай өлгесін, оған қараған ұлысты бір өзі басқарып, Алтын Орданың ең атақты билеушісіне айналмай ма! Сонда күні кеше Тоқтамысқа қарсы шыққан Темір енді кешегі одақтасы Едігенің өзіне қарсы шықпай ма! Сол атағы жер жарған Едігенің қол астындағы ел бұрынғы билеушілері Ноғай өлгесін Қара теңіз жағалауындағы қоныстарын тастап, Еділ мен Жайық бойына аумай ма! Еділден Ертіске, Арал теңізінен Орал тауына дейін созылып жатқан ең байтақ өлкені Едіге Нұрадын, Кейқуат деген екі баласымен бірігіп басқармай ма! Жалпы ұлысты билеп отырған ең үлкен әміршіден кейінгі әмірші Нұрадын, одан кейінгі әмірші Кейқуат атанатын дәстүр сол дәуірден қалған емес пе! Кейін бүкіл Ноғай ордасының тізгіні сол Нұрадын балаларының қолында қалмай ма! Нұрадыннан Ақ Орданың ханы Әбілқайырдың замандасы және сырлы аяқпен бал ішкен сырласы Оқас туған да, Оқастан Мұса, Жаңбыршы, Асан тумай ма! Билік баланың үлкені Мұсаға тимей ме! Бақ қонған Мұса бес әйел алып, олардан он тоғыз ұл сүймей ме! Бәйбішесі Ыбақ ханның қызы құндыздан Шегем, Алшағыр, Сейтек, Көшім, Шаһ-Мамай, Жүсіп, Ысмайыл деген жеті ұл тумай ма! Сол жетеудің жастай өлген Көшім мен Алшағырдан басқасы жастарына қарап кезек-кезек ел билемей ме! Оқастың ұлы Мұса әкесінің досы Әбілқайыр балаларының жыртысын жыртып, қазақтарына қарсы соғысып, Мұхамбет Шәйбанидің сойылын соқпай ма! Сол қырқыстардың тұсында Жәнібек пен Керейден тараған қазақ сұлтандармен бірге Оқас тұқымынан да талай боздақ жер жастанбай ма! Мейманасы асқан Мұса балалары Ноғай ордасын былай қойып, көрші Астрахань, Қазан, Қырым хандықтарының билігіне араласпай ма! Өздері түгілі өзгелерді билеп-төстеп үйренген Мұса балалары ақыры өзді-өзді жауласып тынбай ма! Ол араздықтың ең өршитін тұсы Мұсаның бәйбішеден туған екі кенжесі Жүсіп пен Ысмайылға билік тиген кез еді ғой! Ол тұста бұрынғы Алтын Орданың бір кездегі шалқар теңізі қайтып, әр жер-әр жерден қалған шұқанақ көлдердей жұқанақ хандықтарына орыс патшаларының көз тіге бастаған кезі-тұғын. Олардың жанарына алдымен іліккен Ақ Еділдің бойына самсай қонған Қазанның қара қаласы еді. Ал Қазанға көз тіккен жау сол тұста ноғай ордасын билеп отырған Жүсіптің де жел жағынан шығар еді. Өйткені Қазанның билеушісі — Жүсіптің қызы Сүйінбикенің күйеуі-тұғын. Орыстар Қазанды әуелі айламен алмақшы болды. Қазаның тағы қолдан-қолға өтті. Ақ патша бұл айласынан ештеңе шықпаған соң Қазанды күшпен алуға бел буды. Ноғайлардың тілімен айтқанда Қара Иванның, орыстардың тілімен айтқанда Иван Грозныйдың Қазанға бет алғанын естіп Жүсіп Россияға қарсы жорыққа шықпақшы болды. Бірақ, ақ патша ауызын алып қойған Нұрадыны туған інісі Ысмайыл етегінен тартты. Соның айтқанын істеймін деп аңыс аңдып жүргенде Қазаннан айырылды. Көкіректеріне содан қатқан қан қашан бір-бірінің басын жалмасқанға дейін жібімей қойғаны. Ноғай арасы екі айырылды. Қырым мен Орта Азиядағы мұсылман елдерімен одақтасуды жақтайтындар Жүсіп жағына, іргелеріндегі Қазан мен Астраханды алып тұрған орыстарды жақтайтындар Ысмайыл жағына шықты. Астрахань алынатын 1554 жылдың аяғында алауыз екі жақ ақыры шекісіп тынды. Қанды қырғын соғыста Ысмайыл ағасы Жүсіпті өлтіріп, Ноғай ордасының бірден-бір билеушісіне айналды. Бірақ, екі әулеттің ортасындағы өшпенділік оты онымен өше салмады. Жүсіп балалары өле-өлгендерінше Ысмайылмен арпалысып өтті. Олардың соңғы айқасы 1562 жылы болды. Сол шайқаста Жүсіптен ең соңғы тұяқ Ыбрайым мырза мен Елбек мырза тұтқынға алынып, ақ патшаға аманатқа аттандырылды. Қазіргі орыс ақ сүйектері князь Юсуповтар сол екі мырзаның үрім-бұтақтары болып табылады. Билік Ысмайыл әулетіне көшкенмен олардың да көсегесінің көгергені шамалы. Алшағырдан туған Орақтың ұлы Қази бастаған бір ұлыс ел Кавказ ауып Кіші Ноғай ордасы атанып ол кетті. Шахмамайдан туған алты ұл билейтін ұлыстар Ысмайыл балаларына бүйректері бұрмай, Жем асып, Ырғыз асып қырындай көше-көше қазақ ордасына ауып бұл кетті. Қазақтың Кіші жүзі содан шығыпты деген сөз де бар. Ысмайыл балаларының өзді-өздерінің де ауызы біріге қоймапты. Ағалы-інілі Танахмет пен Орыс ұрпақтары бір-бірінің жағасына жармасумен өтті. Әуелі Танахмет балалары Орманбет, Тыңмәмбет, Бәйтерек Орыс балаларының қолынан мерт тапты. Кейін Естерек мырза ел билеп тұрғанда, Танахмет балалары Орыс тұқымын баудай жусатады. Ноғай ордасын 1600 жылдан 1619 жылға дейін билеген Естеректі арғы түбі ноғай ордасынан шыққан орыс шонжары Борис Годунов қолдайды. Сол тұста Естерек Орыс балаларынан қалған тұқым-теберді ақ патшаға аманатқа аттандырып, ордадан біржолата аластайды. Қазіргі князь Урусовтар әулеті содан тараған. Өздеріне бой бермеген әулеттерді патша сарайына аманатқа аттандырып құтылу ноғай билеушілерінің үйреншікті тәсілі болып алған-ды. Бүгінде орыс дворяндары атанып жүрген Кутумов, Шейдаков, Байтереков, Тахтарев әулеттері арғы түбі сол кепті кигендер еді.
Тевкелевтің Сыртқы істер коллегиясының жым-жырт қоймаларында жатқан сарғыш қағаздардан көз майын сарқып оқып алған сол оқиғалардың бәрі бесіннің бұла сағымына тапталып бұлдырап жатқан мынау құба сұр далаларда өткен-ді. Осы өзі келе жатқан Ырғыз алабында да ноғайлардың көк алалы жылқысы мен қарақұрым қолы талай ойнақ салған-ды. Енді, міне, сол аламан-асыр ала шабуылдар өлкесі жымпиып тыныш жатыр. Сөйтіп алшаң басқан асау ноғайлардың басындағы дәуренді де біржола сап қылған әлгі жойқын жоңғарлар еді. Жоңғардан бөлінген торғауыт өзара қырқыстан әбден діңкелеп отырған Ноғай ордасын әп-сәтте-ақ тоз-тоз қып тоздырып жіберіп, Еділ, Жайық, Жем бойының жылқы жусар қара дөңі мен қой мыңғырар нарын шағылдарын өздеріне қаратып алды. Торғауыттар қалған қалмақтан 1623 — жылан жылы бөлініпті. Содан бері ноғайлардың аты өшті де, одан қалған ен қоныс сонау Алтай ауып келген көшпенділерге бұйырды. Хо-Өрліктің бұл қылығын біреулер жоңғарлардың арасында өріске таласқан алауыздықтың салдарынан сайыса, біреулер бұрынғы маңғол қол астында болған өлкелерді қайтадан өздеріне қаратып алуды ойлаған тайшылардың әдейі уәделесіп ап істеген айласы деп санайды. Оған 1640 жылғы Тарбағатайдағы құрылтайға ойраттардың қалған тайшыларымен бірге Хо-Өрліктің де қатысқанын, 1644 жылы Батыр қонтайшының Астрахань түбіндегі орыс қоныстарының тынышын ала бастаған Хо-Өрлікке қарсы бірге күресейік деп барған Владимир Клепиковтың ұсынысын қабылдамай тастағанын, айдалаға шығындап кеткен торғауыт тайшылары мен табан жұрттарында қалған Тарбағатай тайшыларының арасындағы алыс-берістің әлі үзілмей келе жатқанын тілге тиек етеді.
Баяғыда қалмақ арасында болғанында Тевкелев те бұл мәселеге ептеп назар аударып көріп еді, іші бітеу жымысқы жұрт бәрібір сыр ашпай қойды.
Хара-Хуланың баласы Хотоқосын Батыр қонтайшы 1635 жылы мажұрлардың Қытайды бағындырып, қолдары тимей жатқанын пайдаланып Жоңғар хандығын құрды. Оған Далай-лама Ерден Батыр қонтайшы деген атақ берді. Батыр Қонтайшы әуелден-ақ ешкімге тәуекелсіз билеуші екенін айтып жар шаша келді. Ол 1644 жылы Михаил Федорович патшаға жазған хатында: «Екеуміз де өз мемлекеттеріміздің дербес падишасымыз», — деп терезесін тең ұстай сөйлепті. Бұл арқылы ол боғдыханға да, патшаның да мойын ұсынбайтынын сездірген еді. Патшалар бұндай астамшылықты көп көтере бермейтін. Тевкелевтің ноғай қағаздарын ақтарып отырып мынандай бір күлкілі жағдайға тап болғаны бар. Ысмайыл 1553 жылы орыс патшасына жазған хатында: «Менің сенен жасым үлкен, сен болсаң, менің баламнан да кіші екенсің», — деп «ұлым» деп тіл қатады. Иван Васильевич патша жауап хаттарында біразға дейін «әкей» дей қоймағанымен «достым» деп сыпайысып жүреді де, 1558 жылы елшісі Елизар Мальцов арқылы ноғай мырзасының өзіне «патша алдияр» деп тіл қатуын талап етеді. Михаил Федорович те ата-бабаларының ол үрдісінен хабарсыз емес еді, бірақ өзімен терезесін тең ұстаған жоңғар қонтайшысының аузына өйтіп қақпақ болғысы келмейді. Өйткені ол кезде Россия үшін қонтайшының арғы жағындағы қытай боғдыхандары алдында бас имей, көкірегін жоғары ұстағаны, өзін тәуелсіз сезінгені өте-мөте қажет еді. Сондықтан да оның дербес билеуші сезінген көңіліне шоқ тастап, айтқанын екі етпеуге тырысып бақты. Қонтайшының сұратқан ұсталары мен шеберлерін, сауыт, қалқан, ай балта қару-саймандарын, орыс қазынасынан асыл бұйым, ақшаларды кідіріссіз жіберіп тұрды. Қытай базарынан қол үзіп қалған ойрат тайпаларын орыс бұйымдарына қандай мұқтаж болса, Сібірде күн санап көбейіп келе жатқан орыс тұрғындары жоңғардың малы мен ет, сүт, майына, жүн-жұрқасына сондай зәру еді. Батыр қонтайшының орнына келген Қалдан Бесоқтының тұсында да орыс пен ойрат майлы қасықтай араласты. Ойраттар Россияға өз жерлері арқылы Қытай базарымен сауда-саттық жасап тұруға еш кедергі келтірмеді. Ол тұста Терістік Маңғолияда манжұр-қытай басқыншыларының Орталық Азияның солтүстік батысында Цин империясы үстемдігінің етек алуы Жоңғар қонтайшысын тек ойрат ұлыстары ғана емес күллі батыс Маңғолия қауыпсіздігін мықтап ойлауға мәжбүр етті. Ойрат феодалдары Россиядан көмек сұрай бастады. Бірақ, орыс үкіметі ол кезде Сібірде жеткілікті әскері жоқтығынан әрі ежелден бері желісі үзіліп көрмеген Қытаймен арадағы сауда қатынасына зиян келтіріп алмас үшін 1685 жылы Мерген Қошықтың елшілігіне ашық жауап айта алмады. Қалдан Бесоқты оған қарамастан манжұрларды жақтайтын халқас тайшыларын қаймықтыру үшін Терістік Моңғолияға Жоңғария мен Россия бірігіп соғыс ашқалы жатыр деп оңды-солды лақап таратып бақты. Қытаймен екі ортада ши шығарып алмауды көздеген патша сарайына 1692 жылы Нерчинск воеводасы Ф. И. Скрипицин арқылы қонтайшыға ешқандай әскери көмек берілмейтінін ресми түрде мәлімдеуден басқа амал қалмады.
Қалдан Босықтыдан кейін жоңғарды билеген Сыбан Раптан шығыс майданда да, батыс майданда да елеулі табысқа жетті. Ол 1711, 1712, 1714, 1717 және 1725 жылдары қазақ ұлыстарын қансыратып жеңсе, 1715 жылдан 1726 жылға дейін созылған он бір жыл бойғы соғыста қытайларға да айтарлықтай тойтарыс берді. Манжұрлардың жаңа императоры Юнчжән Сыбан Раптанның манжұр-қытай әскерін ойрат мемлекетінің шекарасынан алып кету жөніндегі талабына құлақ асуға мәжбүр болды. Бірақ бұл уақытша бітім көпке созылмады. Цин империясы Қалдан Сереннің қонтайшы болғанына бір жыл толмай жатып, соғысты қайта бастады. Жоңғарлармен соғыстың бүйтіп сағыздай созылып кеткені қытай жағының қабырғасына қатты батқан түрі бар... Осы жуықта «ақ патшаға Пекиннен елші келеді екен, ол жоңғар хандығын бірге жаулап, жерін бөлісіп алайық деп ұсыныс жасамақ екен» деген сыбыс тарап, ол Тевкелевтің де құлағына тиген-ді.
Олары, әрине, бекер әуре. Іргесіндегі итжығыс екі елдің біреуінің көкірегіне біреуін шығарып беріп, ақ патшаға не көрініпті! Үлкен елге дәл өзіндей іргелі жалғыз көршіден гөрі өзінен әлдеқайда әлсіз ұсақ-түйек көп көршінің болғаны әлдеқайда тиімді. Оны орыс патшалары баяғыдан біледі. Оған осы жорыққа шығар алдында Россияның шығыс саясатының жай-жапсарымен қайталап танысқанда көзі әбден жетті. Басқаны былай қойғанда, қазақтар мен жоңғарлар арасындағы шиеленістің тұсындағы орыс үкіметінің қылығы тап соның айқын айғағы емес пе!
Патша сарайы Сыбан Раптан мен Тәукенің тұсында жаға жыртысып жатқан екі жұртты бір-біріне жығып бергісі келмей, қазақ елшілерінің қай сөзіне де құлақ аспай тырп етпей отырып алды. Сондай саяси көлгірліктен екі жақ та бір-бір елшінің қанын арқалап, бірінің алдында бірі беттеріне шіркеу түсіріп алды.
Тевкелев дәл осы сапарына баяғыда Түркістанда тұтқында шіріп өлетін Андрей Неприпасовтың жиенін тауып алып, ертең бөтен елге барғанда күтпеген жерде шығып қалар көлденең дау-шаралардың тұсында керегі боп қала ма деп ертіп келеді.
Қайыптың тұсында Россия Қытай мен жоңғардың арасындағы кикілжіңдерге мықтап назар аударып, қазақ пен жоңғардың ара-қатынасына мейлінше қанығып алуға тырысты. Сондықтан да Сырдақ баласының үйінің іргесіне күніне бір көк арба доғарылды да тұрды. Тобылға келгенде басқандарынан жер ойылардай боп бұтқа толғандарымен Қайыптың елшілері әуселелерінің шамалы екенін оңай сездіріп алды. «Жоңғарға қарсы бірігіп соғысайық!» — деп күнде қақсайтын Қайып хан бірде қара басып, аузынан жаңылып, бар болғаны отыз мыңдай ғана әскері бар екенін айтып қойды. Қазақтардың шын қауқарының қандай екенін білгісі кеп, Қайып ордасын шыр айналып шықпай жүрген Тобыл елшілері енді мынадан кейін «шу, қара құйрық» деп тайып тұрды. Содан қайтып қараларын көрсетпеді. Ол — әлеуеттілердің әуелден келе жатқан үйреншікті әдеті еді. Әлді екеніңді, әлсіз екеніңді анық білгенше сипаншақтап сыпайы боп жүреді де, осалдығыңды білгесін одырайып шыға келеді. Өйткені, ертең кім біліпті, күндердің күнінде саған қолын салуға тура келер. Сонда кешегі жылы сөзі мен оң қабағы аяғына тұсау, бетіне шіркеу боп жүрмей ме! Сондықтан әуелден-ақ аяз әлін, құмырсқа жолын білгені дұрыс. Ақылы бар әлжуаз әлеуеттімен тіреспейді. Ақылы жоқ әлжуаз әлеуеттіден көмек сұраудың орнына, «дос болайық, одақ болайық» деп кісімсиді. Әлді әлсізді одақ қылып қайтушы еді. Қайыптың қатесі осында-тұғын. Сол қатені, енді міне, бұл жолыққалы келе жатқан Әбілқайыр жақсы аңғарыпты. Ол 1726 жылы Қойбағар Көбековты елшілікке жібергенде қазақтарды Еділ бойы қалмақтары сияқты Россияның қол астына алуды өтінді. Одақ жайлы атымен ауыз ашпай, «ортақ жауға қарсы тұрар күн туа қалса, патша ағзамның әміріне шын жүректен құлдық ұрамыз», — деп уәде қылды. Бірақ, Көбеков елшілігі мақсатына жете алмады. Сыртқы істер коллегиясы бұндай ұсыныстың орыс империясына келер-кетері жоқ деп тапты. Ондағысы ол кезде қазақтарды өз жерінен тықсыра қуып шыға бастаған ойраттармен қарым-қатынасты шиеленістіріп алғысы келмегендері еді. Сөйтіп, «елшіліктің өкілеттілігін танытатын айғақ жоқ» деген сылтаумен Қойбағар еліне құр қол аттанады.
Бір таңғалатын нәрсе, патшадан мұншалық ауыр дипломатиялық соққы ала тұрса да, Әбілқайыр дегенінен қайтпапты. Желкелей қуған ойратпен қайырылып қайта тіресіп, жауда қалған біраз жерді қайтарып алғасын Уфа воеводасы арқылы тағы да елшілік жөнелтіпті. Қол астындағы халқымен ақ патшаның қарауына көшіп, басыбайлы бағынышты болатынын ашып айтыпты. Көрпесіне қарай көсілген Әбілқайырдың бұл ұсынысы Россияның Азиядағы мүдделерінің қай-қайсысына да ешқандай зиян келтірмейтін еді.
Тевкелевтің көз алдына тағы да сол баяғы бір көрініс елестеді. Едірең мұртын жел жығып, көк айран теңіз төсінде мұнартып жатқан шығыс жақ жағалауға ойлана көз тастап тұрған Петр патша келеді. Ол орыс мемлекетінің төрт жақ іргесін де теңізге тіреп алуға соншалықты күш салып баққан еді. Үш жақ ірге, оның көзі барында-ақ, теңізге тірелді. Россияның әлі күнге аптап соғып тұрған ашық іргесі — осы оңтүстік-шығыс жағы. Қалған жақтан қандай жау қоқаңдап жатқан бұл жақ іргеден сүйкенер дұшпанды әзірге сөзбен тоқтата тұрғаннан басқа амал жоқ. Петр патшаның баяғыда Тевкелевтен қазақ даласының жәй-жапсарын соншалықты шұқшия сұрауының себебі осында екен... Тевкелев оған кейін түсінді. Орыс мемлекеті өзді-өзі қырқысып жатқан шығыстағы көршілерін алма-кезек қостап, көмек сұрап келсе, екеуін де құрғақ уәдемен алдап-сулап шығарып салып, сол арқылы екеуін де өз иегінің астында ұстап, тезірек Жәркент пен Индияның алтынына жетіп алуды, Үндістан түбегіне жанталаса қол созып келе жатқан ағылшындардың алдын орап кетуді көздейді. Ол үшін Азия құрлығындағы ең басты бәсекелесі Қытайдың көзі мен көмейін жылмиысқан жылы қабақ, жылтыраған жылы сөзбен алдарқата тұрып, Орта Шығысқа қарай мысық табандап жақындай түспекші. Бұл арада жоңғарлар мен қытайлардың арасындағы қырқыс Россияға кып-қызыл пайда еді. Қытай жоңғармен жағаласып жатқанда Үнді мұхитына бір жетіп алса, ар жағында шүршіт императорларының күні де бір уыс боп шыға келмес дейсің бе!
Россия патшалары қанша сұңғыла болғандарымен жер-жаһанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған көктегі тәңірі емес қой. Олардың да дегені бар-бар уақытта діттеген жерден шыға бермесі хақ. Бір күн тыныш тұруды білмейтін халықаралық саясат мұхитындағы ұйтқыма жел әмісе орыс желкендерінің желкесінен итермелемей, ара-тұра қақ маңдайларынан соғып, қадалып тұрып алатынды шығарып тұр. Орыс флоты әлі Қаратеңізден әрі аса алмай жүрген кезде кейбір мемлекеттердің кемелері Үнді мұхитына шығып ап, емін-емін сайрандай бастапты. Оның үстіне Қытайдың кергіме керауыз саясатшылары шік түс десең, бүк түсіп, айтқанға көне қоймады.
Тевкелевтің өз көкірегі айтады: орыс патшалары шығыс саясатында үш түрлі кезеңді бастан кешкен сияқты. Әуелі олар орыс көпестері сақалын шошаңдатып көп айта беретін Жәркент пен Индия алтынына, Орта Шығысқа жеделдетіп тез жетіп алуды мақсат тұтты. Бірінші Петр «Каспий теңізінің шығыс жағалауына аяқты нық басып тұрып алуға» күш салды. Бұл үшін ол Орта Азия хандықтарындағы алауыздықтарды пайдаланып, жергілікті билеушілерге жеке гвардия ретінде орыс әскери отрядтарын жіберіп, әр жер, әр жерге әскери бекіністер салып, Азиядағы Россия ықпалын күшейте беруді құп көрді. Іздегенге сұраған дегендей оған 1700 жылы Хиуа ханы Шаһнияз қол астына ал деп елші жіберді. Бірақ оны пайдаланып «Каспийдің шығыс бетіне шығып алуға терістік елдерімен соғыс мүмкіндік бермеді. Сөйтіп жүргенде Хиуа ханы тағы өзгеріп кетті. Бұл жолы патша жаңа ханды таққа отыруымен құттықтап өзі елші аттандыруды ұйғарды. Ол жоспарды жүзеге асыруды өзінің сенімді адамы, кабарда бегі Дәулеткерей Бекмурзинге тапсырды.
1715 жылы орыстар Бекович-Черкасский атап кеткен Дәулеткерей Бекмурзин 1760 адаммен Астраханға келді. Март айында қасына 6350 адам ертіп 20 кеме, 150 түйемен Каспийдің терістік шығыс жағалауын зерттеп қайтуға Гурьевке қарай жолға шығады. Осы сапарда ол Астраханнан шықпай жатып бір ыңғайсыз оқиғаға тап болады. Сол жылы Кубань татарларының басшысы Сұлтан Герей отыз мың адаммен қалмақ ұлысын шабады. Үш мыңдай кісіні өлтіріп, көп дүние-малды талап әкетеді. Аюке хан үй ішімен Бекович-Черкасскийдің отрядына барып тығылып бас сауғалайды. Хан өзінің аман қалғанына місе тұтпай, князьге Кубань барымташыларына оқ ат деп қолқа салады. Бекович-Черкасский ол тілегін орындамайды. Кабардалық бек қалмақ ханының қабағынан қар жауа қалғанын байқағанмен, оған онша көп мән бере қоймап еді. Кейін сонысы түбіне жетіп тынды.
Алғашқы экспедицияның нәтижесін Бекович-Черкасский Балтық бойындағы Либаведе жүрген бірінші Петрге барып баяндады. Ол князьге Каспийдің шығыс бетінен қамалдар тұрғызуға, Хиуа ханын Россияның қол астына өтуге үгіттеп көруге, Амударияның бойымен Индияға көпес аттандырып, барлау жасап қайтуға тапсырма берді.
Бекович-Черкасский Астраханға қайтып келіп, екінші жорыққа әзірленді. Жүз отыз сегіз кемеге артынып-тартынып шыққан сол экспедицияның құрамында Тевкелевтің өзі де бар еді. Жиырма екі зеңбірегі, алты мың жарымнан астам жауынгері бар ауыр қол 1716 жылдың 9 октябрінде Маңғыстаудағы Түпқарағаннан шығып, теңізге тіреп кіріп жатқан жалаңаш көсеге Киелі Петр қамалын салуға кісі қалдырады. Одан жүз жиырма шақырымдай жердегі Бектұрлы ишан шығанағының қасынан Александровск бекінісінің ірге тасы қаланды. Ноябрь айында Балқан түбегінде Қызылсу шығанағына жетіп, тағы бір тас қамал салуға кісі қалдырылады. Экспедиция 1717 жылдың басында Астраханға қайтып оралады.
Сол кезде Хиуаға барған орыс елшілері кісі қобалжытатын хабарлар айтып кеп жүрді. «Орыстар бізге елші боп келе жатқан жоқ, басып алмаққа келе жатқан көрінеді», — деп күллі Хиуа дүңк-дүңк етеді дейді. Бекович-Черкасский ол ұйтқыма хабарларды құлағына қыстырмай, Орта Азияға жасайтын жорығына әзірлене берді. 1717 жылдың 11 июль күні үш мыңдай әскер, бір мыңдай көші-қонның қызметшілері небары төрт мың адамы бар ауыр қол ырғалып-жырғалып жолға шықты. Жол-жөнекей көміліп қалған құдықтарды аршып, о жер, бұ жерге шағын керуен сарайлар салдырып жайбарақат келе жатқан керуенге Шілден құдығына жеткенше ешқандай төтен оқиға ұшырасқан емес. Шілден құдығына түнеп шыққан күні таңертең Аюке ерткен жол көрсетуші Меңлі Қасқа мен қасындағы адамдар ұшты-күйлі жоқ боп шықты.
Бекович-Черкасский сонда да елең етпей, ілгері тарта береді. Тағы да тоғыз күн жүріп Жалғыз құдыққа жеткен жерде аттары шаршаған мың кісіні демалысқа қалдырып, астрахандық бекзада Керейтовтың қасына жүз кісі қазақ қосып, Шерғазы ханға хабаршы шаптырды. Хан патшаның елшісіне жатып жастық, иіліп төсек боп, тағзым етіп аяғына жығылып, алдынан шығып қарсы алатынын айтып, кері қайтарды. Өзі сол арада жиырма төрт мың әскермен орыс отрядына тойтарыс беруге жоспар құрып, астанадан асығыс аттанды. Оның бұ хабары Бекович-Черкасскийге де жетеді.
Ханның қарау ниетін естіген бойда Айбұғыр көлінен Қарағаш өзеніне жеткенше екі шақырымдық жерге окоп қазып бекініп, жалғыз құдыққа тастап кеткен казактарына кісі шаптырыпты.
Қарақұрым хан әскері Айбұғырға жете бере алдарына ат бойы топырақ үйіп, жер қазып, алты жерге батарея орнатып, бекініп алған орыстарды көреді. Шерғазының ақалтеке арғымақ мініп, қайқы қылыштарын түре сермейтін түрікмен әскері екі күн бойы шабуылдап, көп адамынан айырылып ештеңе шығара алмағасын айлаға көшеді. Ертеңіне хан орыс шебіне ақ ту көтеріп бітімші жібереді. Бітімші: «Кешелі бергі шабуылдан хан бейқабар. Ол — мынау осы арадағы кейбір тентек бектердің өз беттерімен істеп жүрген бұзақылығы», — деп ант-су ішеді. Сол екі ортада ақалтеке мінген дудар бөріктер тағы да қаптағайлап қоя береді. Ханға тағы да жаушы шаптырылады. Хан тағы да: «Бұл менің ықтиярымсыз болып жатқан жағдай. Айыптылардың ертең өзім жазасын берем», — деп кешірім сұрап, бітімшілік өтінеді. Ол сөзінің растығын дәлелдегісі келіп, кешеден бергі бұзақылыққа осылар айыпты деп екі адамды беттеріне күл жағып, біреуінің мұрнынан, екіншісінің құлағынан таспа өткізіп, қосақтастырып байлап, қалың әскердің алдынан жетелеп өтіп, көп алдында масқаралайды.
Аталмыш жаза орындалғасын хан жағынан екі адам орыс лагеріне келіп бітімге қол қояды. Хан Бековичті өз шаһарына шақырып қонақ еткісі келеді, бірақ мұншама қалың қолды тұтас сиғыза алатын орын жоқ, сондықтан әскердің бір бөлігі осы арада лагерьде қалып, бір бөлігі қалаға кірсін деген ұсыныс жасайды.
Бекович-Черкасский бұл ұсынысқа келісіп, өзінің орынбасары боп қалған майор Франкенбергке әскерді екі бөлуге әмір етеді. Франкенберг үш рет адам жібергенде де ол әміріне көнбей қояды. Ақыр аяғында әскери сотпен қорқытқан соң, отрядты алты жүз адамнан шағын-шағын топқа бөліп, әрқайсысын әр жаққа таратуға тура келеді.
Хан бұл хабарды естіген бойда әлгіндей шағын топтарды жеке-жеке тұтқынға ап, біразын қырып жіберді, біразын шонжарларына құл қып таратып берді. Дінбұзар опасыз Бекович-Черкасскийді офицерлерімен қамауға алып, өзінің көз алдында тырдай жалаңаш шешіндіріп, басын шауып өлтірді.
Бұл хабарды естіген Петр патша Каспий теңізі маңындағы әскеріне Хиуаға қарсы жорыққа шығып кек алуға бұйрық берді. Бірақ, орыс әскері бір қырсықтан соң бір қырсыққа ұшырады. Әскер тиеген флот жол-жөнекей теңіз үстінде дауылға ұшырап, бірнеше кеме сол күйі суға батты, қалғандары өліп-талып шығыс жағалауға жетті. Әбден шаршап-қалжыраған әскерде Хиуаға шабар қайрат қайдан болсын. Жергілікті түрікпен тайпаларының төмпешіне қайта ұшырап көресіні әбден көрді. Ақыр аяғында, оларға іздеуші кемелер аттандырылып, 1718 жылы Астраханға қайтарылып алынды.
Сол бір зобалаңдардың тұсында бүгін, міне, Ырғыз даласында сары ала күйменің ішінде сары ала иық елші боп келе жатқан тілмаш Алексей Иванович Тевкелев те о дүниеден бір-ақ ат басын тіреп тұруы әбден мүмкін еді! Құдай оңдағанда, оған теңіз арқылы Индияға сапар шегіп қайтуға тапсырма берілгені. Оның да кемесі дауылға ұшырап, Астрабадтан келіп бірақ шықсын. Талайды көрген тарланбоз немеге біраз уақыт Астрабад абақтысының дәм-тұзын татып көруге тура келді.
Сөйтіп, Бірінші Петрдің Каспий мен Хиуа арқылы жеделдетіп Индияға жетіп алу ниетін құдайы құп көрмеді.
Бұл жорықтың сәтсіздігін көп адам түп-түгел Бекович-Черкасскийден көреді. Біреулер жорыққа шығар алдында суға кетіп өлген әйелі мен екі қызының қайғысынан ақылынан алжасып, жорыққа дұрыс басшылық жасай алмады дейді, екіншілері ол кейінгі кезде шашын тықырлатып алғызып, қайтадан мұсылманшылықтың жолына түсіп еді, асылы, сатқындық жасаған болар деп бал ашады, үшінші біреулер шығыс мәселесін шығыс адамына сеніп тапсыруға болмайтын еді, ашықауыздық жасады деп Петр патшаның өзін құстаналайды.
Тевкелевке салсаң, ол үш пікірдің үшеуі де дұрыс емес. Рас, Бекович-Черкасский дәл мұндай істі еңсеріп тастауға шамасы келмейтін шалағай кісі боп шықты. Бірақ, гәп оның әйелі мен қыздарының өлгенінде де емес, қайтадан шапан киіп, шашын тақырлатып алдырғанында да емес, Хиуа ханының тұмсығының астында жер ойдық қол шұбыртып, бір Каспийді үш рет айналып, көлеңдеп көп жүріп алғанында еді. Дәл мұндай оралымсыздыққа Бекович-Черкасский ғана емес, ол кездегі орыс үкіметі де айыпты-тұғын. Мұндай жартылай әскери, жартылай дипломатиялық миссияға өйтіп алыстан орағытып, алдын ала екі жыл бойы зерттеу жүргізіп, ырғалып-жырғалудың көк тиынға да керегі жоқ-ты. Елшісінің өзі кеп қамал салып бер деп тұрғанда салып ұрып жетіп бару керек еді. Сонда өзі аузынан жаңылған Хиуа ханының орыс жоспарына тойтарыс беруге еш қайраны қалмас еді. Ханды қолға мықтап ұстаған соң да зерттеліп, салынар қамалдар салынар еді. Ал Бекович-Черкасский болса, патша сарайы тапсырмасының сынық әрпін өзгертпей дәл орындаймын деп теңіз жағасында қаптап отырған қара үзікті түрікмен ауылдарының алдында ақ желкенін жарқылдатып айналсоқтап жүрді де қойды. Кеме толы қызыл жаға, көк жағалыларды, оннан-мұннан мойынын созған мыс зеңбіректерді көрмей жағадағылардың көздеріне теріскен шығып па! Мына ызғындай жұрттың елшілік емес әскер екені белгілі боп қалды. Оның үстіне әлгі Аюке ханды ренжітіп алғаны қосылды. Көз алдында бөтен ұлысты тонап ырғап-жырғап бара жатқан таулық туыстарының озбырлығын көріп тұрып қолдарынан қақпаған кабарда бегін қалмақ ханы қайдан кешірсін! Орыс елшілігінің жәй-жапсарын түгел айтып Шерғазыға жасырын жаушы шаптырды. Оны естігесін Шерғазы бейқам ұйықтай алар ма...
Дәл осындай оралымсыздық дәл сол кезде Орта Азияға Сібір жақтан жеделден жетіп алу жоспарын да жүзеге асырмай тастады.
Сібір генерал-губернаторы князь Гагарин 1713 жылы Петр патшаға Ертіс өзенінің бойынан бірнеше қамал тұрғызып, солар арқылы Жәркент алтынын жәукемдеп кету жоспарын ұсынды. Ол жоспар да патшаға қатты ұнады. Оны жүзеге асыруды бригадир Бухгольцке тапсырды. Бухгольц 1715 жылы үш мың адаммен келіп Жәміш көлінің қасына қамал салып жатқанда, ойда жоқта ойраттар тап беріп, көп адамын, соның ішінде шет елден шақырылған бірнеше мамандарды тұтқын қып әкетеді. Бекович-Черкасский мен Бухгольц экспедициясының дәл бір уақытта бірдей сәтсіздікке ұшырағаны патша сарайын мықтап ойлантты. Мұндай қауырт әскери операциялардан әзір бас тарта тұруға тура келді. Шығыс саясатында әскери рейдтерден гөрі қайтадан дипломатиялық тәсілдерге көбірек мән берілді. Бұрынғы іргелес хандықтарды бір-біріне айдап салатын әдіске олардан бір қабат әрірек жатқан елдердің ауызын алатын әдіс қосылды. Мұндай «секірме саясат» орыс дипломатиясында бұрын да бар дәстүр еді. Баяғыда Көшім ханның іргесіне зеңбірек тірелгенде патша сарайы оның ар жағында жатқан Тәуекел ханның ауызын алып алған-ды. Сөйткен қазақтың өз іргесіне зеңбірек таянғанда ар жағында жоңғардың ауызы алынған-ды. Енді жоңғардың іргесіне тақап келіп қалғанда арғы жағындағы қытайлардың ауызын қисайтпай болмайды. Орыс мүддесі бүйтіп екі өкпесінен бірдей қысқан кезде алауыз хандықтар қайдан төтеп бере алушы еді?! Сүйтіп Россияны терістіктен Мұзды мұхит, батыстан Атлант мұхиты, шығыстан Тынық мұхит қорғап жатса, күнгейінен де олардан кіші емес бір мұхит қоршап жататын. Ол мұхиттың аты — аз ұлттар мен әлсіз хандықтардың арасындағы өзара қырқыс. Алауыздық мұхитында батылдықтан гөрі айла-тәсіл көбірек керек еді. Петр патша тұсында желкесі күдірейіп, желкені биіктеген орыс флоты дүниежүзілік мұхитқа дендеп кіре бастаса, Алауыздық мұхитында да Орыс дипломатиясы дейтін жойқын флотилия аршындап жүзе бастаған-ды. Мұндағы адмиралдар — дипломаттар. Оларға тарғыл жолбарыстардың тайсалмас жүрегімен қоса жылмаңдаған жылпос түлкінің сылаңдаған аяр құйрығы да керек-ті. Асау Кавказ Россияға Таяу Шығысқа жолды өзі ашып берді. Енді мынау ала шекпенді Орта Азия, Орта Шығыс пен Таяу Шығысқа жол ашып берсе, Россияның іргесі Үнді мұхитына барып бір-ақ тірелер еді. Орыс дипломатиясы секірмелеп Қытайдың аузын алып жатқанда, орыс әскері мысық табандап Орта Азияға еніп, Индияның қалақтай жауырынына тұмсығын тіреп тұрып алса, күнгей елдерінің кәп алтыны көзінің алдында анығырақ жарқылдап, түбі жақұтқа толы Үнді мұхитының шуылы құлағына анығырақ естілер еді.
Петр патша ол армандарына жете алмай кетті. Россияның қыл тізгінін қырық үш жыл бойына уысынан шығармай келген ұлы патша 1725 жылы елу үш жасында дүние салды. Өзі елі үшін не керектің бәрін істеген атақты патшаның қолынан келмеген жалғыз шаруасы — орыс тағына өзіне лайық мұрагер қалдыра алмағаны ғана еді. Петрдің көзі жұмылып үлгермей жатып, күні кешегі қойдай қоңыр момақан Россия аяқ астынан дуылдап шыға келгені. Ұлы Петрдің тақымынан қалған тақ әкесі Алексей Михайловичтің бірінші әйелі Мария Илинична Милославскаядан туған Иоан Алексеевтің Екатерина, Анна, Прасковья атты үш қызына да, өзінің Анна, Елизавета атты екі қызы мен жалғыз ұлы Алексейден туған Петрге де тимей, шведтермен соғыс тұсында қас-қабағы ұнап қап үйленген екінші әйелі Екатеринаға бұйырды. Солдаттардың сабан төсегінен патшаның алтын сарайынан бір-ақ шыққан жолы болғыш әйел Меньшиков, Бутурлин, Басевич, Гальстинскийлердің желеп-жебеуімен алтын таққа отырды. Жаңа императрица онсыз да айран-асыр орыс жұртын одан сайын таңырқата түскісі келгендей Петрдің өзі тәуекел етіп үлгере алмай кеткен үш мәселені бірден қолға алды. Россияда ғылым академиясын құрып, оған лейб-медик Блюментросты президент қып тағайындады. Терістік теңіздерге дат Берингке экспедиция бастатып аттандырды. Граф Савва Лукич Владиславович-Рагузинскийді Қытайдың жаңа императоры Юнь-Джинға елшілікке жұмсады.
Петербургтан 1725 жылдың декабрінде шыққан Рагузинский 1726 жылдың 24 авгусында шаршап-шалдығып Қияқтыдан ат шалдырып, 21 октябрьде өліп-талып Пекинге де жетті. Келіссөз столының басындағы кергілестің қасында алыс жолдың азабы ойыншық боп қалды. Дүниеде сөз де көп екен, сөзді құбылтудың жөні де көп екен. Екі жақ жеті айдың ішінде болашақ келісім-шарттың жиырма түрлі жобасын жасады. Жиырмасы да қызыл кеңірдек талқыға түскенде қабылданбай қалды. Кеше ғана нүкте қойып кеткен жерің ертең тәңертең қайтадан үтір боп шыға келеді, ол түс қайта имиген сұрау белгі боп төбеңнен төніп тұрып алады, ақыр аяғында сұрау белгінің де сорайған мойыны жығылып жер бауырлаған көп нүктеге айналады. Кергіме дау сол бетімен 1727 жылға да жетті. Жаңа жылдың 7 февралінде Қытай жағы бейбіт келісім деген атпен жаңа шарт жобасын ұсынды. Ол жоба Сібірдің көп жерін Қытайға беруді талап етті. Рагузинский ол жолы өлген жоқ, бірақ өлгеннен басқа көресіні түгел көрді. Екі жыл бойы шалқайысқан екі жақ 1728 жылдың 3 апрелінде келісіп, шартсымақ бір қағазға қол қойысты.
Сөйтіп, Қытайдың жаңа императоры Россияның күн шығысқа байланысты үміттерінің бір де бірін ақтамады. Енді шығыс мәселесінде орыс әскеріне ғана емес, орыс дипломатиясына да мысықтабандап қимылдауға тура келді.
Жаңа дипломатиялық әдістің алғаш сыналар жері де — осы қазақ даласы болмақшы. Алтынға апарар қақпаның кілті қолға түссе ар жағында қайтіп қимылдау керектігін уақыт өзі көрсете жатар.
Петрдің тұсында да, одан кейінгі патшалардың тұсында да қазақ хандары қанша рет елші салып, көмек сұраса да, орыс әкімшілігі жылтырақ қабақ танытып, жылмия күліп шығарып салғанынан танбады. Өйткені, қазақ хандығының ар жағынан тықсыра қуып келе жатқан жоңғарларға әлдері келмейтіні әбден белгілі еді. Бергі жағында: «Аттап басшы, кәні!» — деп қалмақ пен башқұрт жаланып тұр. Сонда қазақ: «Ойбай, құтқар!» — деп орысқа келмегенде қайда барады?! Ендеше өзі келсін... Аяғына жығылсын... «Бағынам!» — деп бас ұрсын... Сондықтанда әзір оған жылы да, суық та рай танытпай, шыдай тұру керек. Іріңдей бастаған жараны ерте жарып асқынтып алмай, әбден пісіп, өзегін өзі ашқанын күту медицинаға ғана емес, дипломатияға да керек тәсіл. Россия сол қағиданы ұстанды. «Көре кетті де, өле кетті», — демесін деп, Әбілқайырдың алғашқы елшілігіне де елп ете қоймайды. «Россияға бағынуға шын мүдделі болса, қайда кетер дейсің, қайтып келер», — деп ойлады.
Соны алыстан аңғарған, араға ұзақ уақыт салмай, ұсынысын қайталап елші жібергеніне қарағанда Әбілқайыр да нағыз мысықтабан жымысқының сойы сияқты.
Осы жолы орыс үкіметі Бекович-Черкасскиймен Бухгольц сәтсіздіктерін қайталамауға күш салып бақты.
Россиядан басқа барар жер, басар тауы қалмай бара жатқанмен қазақтардың дипломатиялық нарқы көтеріле түспесе, арзандаған жоқ. Жаны қатты қысылса: «Ақыр түбі бір есең, бүгін ол төбеге шықса, ертең біз төбеге шығармыз», — деп бой бермей бара жатқан жоңғарларға бағына салуы да мүмкін ғой. Қазақ ел ұстарларының арасында ондай да пиғыл жоқ емес көрінеді. Ол деген сөз, қанша дегенмен, әлі күнге ешкімге тәуелсіз, бір кезде маңғолдардың қол астында болған қоныстардың бәрін қайтарып алудан дәмелі, шын мәнінде, бүгінгі күні Орталық Азиядағы ең іргелі, ең айбынды мемлекетке айналып отырған жоңғар хандығы бір иығымен Қытайды, бір иығымен Россияны кимелеп күдірейіп шыға келеді деген сөз. Бүгінгі жоңғар-қазақ қырқысының арты әлгіндей боп тынса, ертең жоңғар-қытай кикілжіңінің немен бітерін кім біліпті. Алда-жалда Қытайдың пайдасына шешіле қалар болса, әлсіз де болса, саны өзіңнен әлденеше есе көп халқы бар мемлекет тап іргеңе, Жайықтың жағасына кеп жамбастай сұлап жатып алады деген сөз емес пе! Ал, жоңғарлар жеңе қалған күнде де, оң жақ босағаңнан тағы бір күшті мемлекеттің дүркіреп шыға келгенінен көсегең көгере қоя ма! Екі жағдайда да Россияның Қиыр Шығысқа, Орта Шығысқа аттап басар адымы қысқара түспей ме? Қазақ жоңғармен, жоңғар Қытаймен ұстасып жатқанда Үнді мұхиты болмағанмен Тынық мұхитқа еркін жетіп алуға болады ғой. Қазіргідей қысталаң сәтте күллі Азияның кілті болып тұрған қазақ ордасы Россияның шығыстағы мүдделерінің жүзеге асар-аспасының бірден-бір кепілі боп табылады. Мұндайда, қазақ ордасының дипломатиялық нарқы қайтіп аспандамасын! Ендеше, қазақтардың бар ханы болмағанымен бір ханы әлгіндей оң қабақ танытып тұрғанда қапы қалмай қимылдап қалу керек... Ант қағазының астына Петр патша айтқандай, қазақ хандарының, ең болмаса, біреуінің қолын қойдырып алса, баяғыдан бері көздің жауы, көңілдің құрты боп келе жатқан Азияның кілті орыс патшасының қалтасынан бір-ақ шығары сөзсіз. Сосын далиған далалар картаға да түсер, қамалдар да салынар. Сондықтан да бұл жолы көшпенділер сескенетіндей көп қол да ерткен жоқ, алдын ала ел қараған, жер қараған, зерттеулер де жасалмайды. Ханның өзі айтпаса, қала салу туралы сөз де қозғалмайды. Бұл жолғы міндет — ханның мөрі басылған бір жапырақ қағазды қолға түсіру. Ертең мына даланың асты-үстін иемдендіретін тілге тиек сол болмақ. Сол қолға түскенше, ханның өзі айтып жатпаса, оған көп шарт та қойылмайды.
Патша сарайының нұсқауы өз алдына, Тевкелевтің ойлап келе жатқаны осы. Осы жолы Бекович-Черкасский мен Бухгольцтің кебін кимей, ақ патшаға көкейін тескен ант қағазын алып барса, Россияның шығыс дипломатиясындағы жарқыраған жарық жұлдызы бұл болмағанда кім болмақ!
Тевкелевтің көз алдына Петр патшаның қуанғанда жыбыр ете қалатын едірең мұрты елестейді. Бірақ, құдай мұның маңдайына ондай бақытты қимапты ғой. Патшаны қойып, әлгі індетке қарайтын Остерманның шүңірек көзінің қиығының бір қылп еткенін көрсе де осал болмас еді...
Осыны ойлағанда Тевкелев масаттанудың орнына қобалжып қалады. Бақса, Россияның болашаққа артқан, үміттерінің басқа батыс елдерінің алдына шығаратын шығыстағы мүдделерінің кілті басқа ешкімде де емес, тек мұның өзінде, Сыртқы істер коллегиясының тілмашы Тевкелев мырзаның ақылы мен айласында, тілінің ебінде, осы жолғы сапарының сәтінің түсер-түспесінде екен.
Орыс дипломатиясы бар болғаны отыз екі қағаздан тұратын батыс пасьянсын бес саусағындай біліп алды, ал қажет десеңіз жүз қағаздан тұра беретін шығыс қитұрқысын қаншалықты меңгере алатыны осы жолы белгілі болады... Егер осы жолы да бұрынғы әріптестері секілді бөтен елде опат болса, не иманды ауызы сылп етпей құр қол қайтса, орыс дипломатиясындағы бүтін бір кезең тағы пәлен жылға кейін шегінеді деген сөз. Егер осы жолы ол іс шығара алмаса, өзін адам етіп, санатқа қосқан Петр ағзамның бір асыл арманы бірі Лондон, бірі Париж, бірі Вена сарайының құлақ кесті құлы болып алған қазіргі патша сарайы бюрократтарының көк шұғасының астында әлі талай жыл сүрленері сөзсіз.
Осы жолы бұл құласа, сарай маңындағы мансапқорлардың да: «Пәлі, шығыс мәселесін шығыс адамына сеніп тапсыруға болмайды деп айтпап па едік!» — деп құдайлары беріп қалады. Бұның мына сапарынан ештеңе шықпағанынан қазақтардың несі құриды дейсің! Көп болса, бір-екі жыл аңысын аңдап тыныш отырар. Сосын баяғы Сұбханқұлды патшаға жұмсап, «Кінә бізден болды», — деп бас ұрып, ат-шапан айып төлеудің орнына, сый-сияпат алып қайтатын хиуалықтар құсап бұлар да өтірік мүләйімсір. Бұлардан да сонау Петербургке дейін салпаңдап шауып барып қайтар бір Сұбханқұл табылмас дейсің бе?
Осы жолы құласа, ұтылатын тек Россия ғана! Оның небір керемет жоспарлары тағы да беймағлұм ертеңнің қарауына көшеді.
Осы жолы құласа, Алексей Иванович Тевкелев немесе Құтлық Мәмет Мамашев мырзаның мынау мәңгір басы, ең болмаса, Ушаков тақсырдың ай балтасына бұйырмай даланың көрінген көк ит сүйкенетін бір сасық бұтасының түбінде қурап қала бермекші.
Шіркін, мынау құлазыған құбақай далада бұны не күтіп тұр екен. Әлгі Әбілқайыр хан бұл жайында не ойлап отыр екен, білер ме еді!
Тевкелев басын көтеріп алып төңірегіне қарайды. Көретіні — көкжиекте көлкіп тұрған баяғы сол көк мұнар ғана...
Таяқ жеген адамның жалқылдап ісіп кеткен көзінің алдындай боп көкжиекке көк мұнар көлкиді де тұрады. Ол аласа нәрсенің бәрін жермен жексен қып жерге сіңіріп жібереді де, сәл төбесі қылтиған нәрсенің бәрін серейтіп-серейтіп көкпен тайталастырып қояды. Сосын мына ұшан даладағы қай қарайғанның аласа, қай қарайғанның биік екенін біліп көр. Әне, анадайдағы қарауыл төбенің басындағы сақшының өзі қолындағы найзадан бетер жіңішкеріп, көзге еміс-еміс қана қылаңдатады. Қапелімде, сол бір сабақ жіптей жіңішке нәрсенің қашан қимылдағанын, не деп белгі бергенін аңғарудың өзі қиын.
Ашық іргеге оқтын-оқтын көз тастап отырған Әбілқайырға сол көк мұнардың ішінде теңселіп тұрған қылдырық қарауытқан қимылдап тұрғандай көрінеді.
Бірақ ол қозғалса, бер жағындағы әр жер, әр жерге топ-топ қып иіріп қойған сақшы қостары да қарап тұрмас еді ғой. Шапқылап шабармандар келмес пе еді! Бәрінің де аяғына жем түсе қалған. Ешбірі тырп етпейді. Көлкіген көк мұнар. Құбасұр кеңістік, тылсым тыныштық.
Хан іргеден көзін тайдырды. Бет-аузы ісіңкі. Көзінің алдында жалқаяқ көгіс бар. Онсыз да домалақ бас сүйегі одан сайын тырсиып ісіп кеткендей. Жанары еш нәрсеге тағаттамай айналасына есеңгірей қарайды. Ала көзіндегі ұшып-қонып тұрған қарашық, сидиып-сидиып ұйып қалған аяқтары көптен көңілін құрсап тұрған шыдамның шар болат сауытының да сетіней бастағанын сездіргендей.
Иә, сабыр да қашанға сарқылмасын! Ойлаған ойыңнан шығып жатсаң, бұның бәрі әлі-ақ ұмыт болар-ау, ал...
Хан күрсініп қойды. Көз алдына кешегі бір патшадан елші келеді деген хабар дүңкілдеп жеткен дүбірлі күндер оралды. Сол бір дырду мәжілістердің тұсында жол соқты болып келе жатқан сары ала иық ұлықты Нұралы сұлтан соңына әр рудан жиырма-отыздан жігіт ертіп мың қаралы нөкермен екі-үш күндік жерден алдынан шығып қарсы алатын болып уәде байласылып еді. Содан Әбілқайырдың біразға деген көңілі тоғайып жүрген. Үлкен баласын өңкей бір өң сүлік сұлу ат мінген мың қаралы сүлей жігітпен қадірлі мейманның алдынан жіберетін күнді асыға тосқан. Ол күн де келді. Бірақ баяғыдан бері көңілінде масатыдай қырық құлпырып тұрған аңсарлы көрініс көз алдында бірден жадап-жүдеп сала берді. Ру басылары әуелі жігіттерін уәделі күнге жібере қоймай бір шаршатты, сосын айтқандарының тең жартысына жетер-жетпес жігіт жіберіп екі шаршатты, енді, міне, жігіттері келгенмен өздері қараларын көрсетпей үш шаршатып отыр. Қарауыл төбенің басындағы қарақшы да қашанғы қаққан қазықтай қақшияр да тұрар дейсің. Бір күні басындағы бөркін жұлып алып былғалаңды салар-ау. Сонда бұл ай астының тұтқасын бір өзі ұстап отырғандай бұтқа толып біткен ақ патшаның сары ала иық елшісін соқа басы сорайып жалғыз қарсы алам ба деп қорқады. Үй ішін ертіп, белдеудің қасында тұрып аттан түсіретін ол мұның балдызы не бажасы емес. Іргелі елдің елшісінің алдынан игі-жақсыларының бәрін қаздай тізіп, омырауын тіктеп, иығын қомдап, сән-салтанатымен шықпағасын, келіссөзден не пәтуа күтпексің! Ханмен келісіп шартқа отырам деп келгенде қайдағы бір құйрық-жалсыз қу басқа қайдан жолықтым деп жүреді ме, қайдам...
Соны ойлағанда отырған жері өз-өзінен шөгіп бара жатқандай еңсесі түсіп кетеді. Жүрегінің басынан біреу сілті құйып жібергендей. Іші-бауырының бәрі ылжырап жидіп қоя берді. Кеше ғана аяғының астында нық жатқан қара жер бүгін асау аттың сауырындай, абай отырмаса, көзін ала беріп, аударып тастап кетердей. Кара жер... Қара жер... Қашан өз құшағына алып, өмірем қаптырғанша, жүрегіңнің басын май ішкендей қылшылдатады да отырады-ау... Осы жолы ол басқа бір елден келер бейтаныс мейманын күтіп жүрмегендей... Өлшеулі тағдырдың мерзімді шегін тосып отырғандай. Аяғын бір аттаса-ақ, аз күндік алдамшы болмыстың жеміріліп бара жатқан ақырғы жұрнағы да күрт опырылып, оны аз күндік қана үйреншікті фәниден беймәлім бақидың құрдымына біржола лақтырмақ секілді. Баяғыдан бері діңкесін құртып келген тыпыр-тыпыр тіршілік, өлермендікке салып ілгері өңмеңдеген есек дәме ертеңнен бастап көл-көсір шалқи жөнелетіндей көрінетін де тұратын келешекке артқан телегей-теңіз үміт-арман - бәрі-бәрі мынау ай асты қимыл-қыбырдың қай-қайсысы сияқты пәтуасы жоқ, татуы жоқ тұрлаусыздыққа, мағынасыздыққа айналмақ секілді. Мағынасыздық... Мағынасыздық... Мағынасыздық... Қай жағына қараса да, көретіні, табатыны тек сол ғана! Міне, мынау ертең ақ патшаның елшісі келгенде қабылдаймын деп әдейілеп жаңадан жасаулап тіккен әлекей-жүлекей аңылжыған ақ орданың ішінде құлазыған қу мазар мағынасыздықтан басқа не бар... Қақ төрде алшайта қондырған алтын тақ тұр. Ал, онда не мағына, не қадір-қасиет бар? Құлазыған қу тақты жағалай жайғасқан игі жақсы қайсы? Қасың мен қабағыңа қараған халқың қайсы? Аяғыңның астына етпеттей жығылып еңкілдеп жатқан айыптың қайсы? Айыптыға беріп жатқан жазаң қайсы? Көңіліңді тындырып, көкірегіңді көкке көтеріп жатқан жайсаңдарың қайсы? Оларды есігіңнен жайраңдатып шығарып салып жатқан сый-сияпаң қайсы? «Ә, бәрекелді!» — деп бас шұлғып тұрған көп жәреукең қайсы?.. Жәреуке демекші, қолдағы биліктің одан асқан көрінісі мен куәсі болушы ма еді? Жан-жағына қамаған қалың жәреуке жоқта, қолыңда билік те жоқ, басыңда бақ, ауызыңда абырой да жоқ.
Міне, қызылды-жасыл хан орда қу мазардай құлазып тұр. Ел ұстаған билеушінің ордасынан гөрі өтпей отырған жері қыздың қызылды-жасылды отауына көбірек ұқсайды.
Ханның қадірі қол астындағы көп қарақшының енкіш еңкесі мен сынық назарында емес пе еді? Ал мұның қол астындағы жұрт қандай жұрт? Ел тізгінін ұстадым деп отыр, қолында тізгін, қол астында ел бар ма өзі? Қолында тізгін болса, мынау абажа аппақ орда бүйтіп құлазып тұрар ма еді?! Көптен бері буулы жатып кеше ғана жайылған мынау тақымыңды қыдықтап бағар қырмызы кілемдердің үстінде дуадақтай-дуадақтай боп тізіліп игі жақсылар отырмас па еді? Қазір олар ертең келетін бейтаныс елшіні қайтып қабылдап, қандай қошемет көрсететінін айтып мәслихат құрып жатпас па еді?! Елші келмек түгілі, ертең құда келеді хабар құлағына тисе, алдын ала ат сабылтып шауып кеп, ертеңгі той-томалақтың жәй-жапсарын айтып қызыл кеңірдек боп бағатын қазақ жарықтыққа су ағып дүние жаратылғалы бітпеген сабыр осы жолы біте қалыпты. Мынау көк мұнар көлкіген көкжиектің ар жағында көл-көсір ел жатпағандай, жер тістеген жермешел молалар жатқандай. Жан-жақта бір шошаң еткен оқшау жүргінші көрінсейші, сірә? Көрінбейді-ау, көрінбейді... Басқа ауылдан ат ізін салатын жолаушыларды былай қойғанда, жоқ қарап, ағайын аралап тыным таппайтын осы ауылдың қыдырмаларының да аяғына жем түсе қапты. Не келе жатқан, не кетіп бара жатқан ешкім жоқ. Осындай сүлесоқ ауылда отырып жер түбінен келе жатқан ұлық қонақты күтіп не абырой таппақсың? Қалған қасақана жұрт әдейі сол масқара сәтті күткендей. Баяғыдан бері қылша мойынына салмай келе жатқан қыл тұзақтарын осы жолы лақтырмақ боп, сонау меңіреу көкжиектің ар жағынан мұның өңшең жан аларлары жалаңдап тұрғандай. Мынау мөлдірей тұнып тұрған тылсым ауа да ауа емес удай. Абайсыз молырақ жұтып қойса, табан серіпкізбей қатыра салардай. Осы бір хәлді ол бұдан да бұрын бір рет басынан кешкені бар сияқты еді. Бір рет пе еді? Жоқ, әлденеше рет. Тіпті күнде-күнде көріп келе жатқаны осы емес пе! Жоқ, дәл осындай бір шағырмақ күнді бастан кешкені бар сияқты.
Дәл осы күні де бұл мынау жарық жалғаннан дәл бүгінгідей мағыналы ештеңе таба алмай қатты торыққан сияқты еді ғой... Сол мағынасыз өмірден әбден түңіліп ауыр ойға батып отырғанда бір жылт еткен игі мақсаттың саңылауын көзі шалғандай болып еді ғой... Сол бір көмескі сәулені қуа-қуа осы күнге де жетіп еді ғой... Сонда сол мағыналы мақсат деп қуалап келген көмескі сәулесі де мағынасыздықтың жай әншейін көзді арбай беретін көп алдамшы елесінің бірі ғана боп шыққаны ма?.. Сонда бұның баяғыдан бергі жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жүрген жан азабының бәрі мағынасыздықтан мағына іздеген құр далбаса ғана ма?.. Төңірегі шұбарытып сала берді. Сол бір шағырмақ көктем ойына қайта оралды. Күйзеле түскен сайын көз алдындағы елес анықтала, айқындала түсті. Құдай-ау, сол күні де дәл осылай қараптан-карап құлазып отыр еді-ау! Оған не себеп болғанын өзі де білмейді. Бәлкім, сол жылғы қыстың жайсыздығынан шығар деп ұққан кейін. Иә, жарықтық жаратылыстан білгір не бар дейсің! Қазақтың басына түсер зобалаңды екі жыл бұрын сезгендей. Қыс екі жыл қатарынан көк бет қатынның бетіндей бедірейіп өтті. Екі жыл қатарынан күз аяғында түскен көбік қарды қаңтардың қара суығы аш сиырдың тіліндей жалап-жұқтап жеп қойды. Екі жыл қатарынан сол желтоқсанның басындағы тобықшылар ұшқанақтан басқа ештеңе түспеді. Екі жыл қатарынан қара жер ит жылғы көн тулақтай тақылдады да жатты. Қыстың сиқы әлгіндей болғасын жаз қайдан оңсын! Көктемде қойшының көптен бері майланбаған көн шоқайындай тілініп-тілініп жарылып кеткен жер әуелі көз көрсетпес тас бақаның дауылы боп бір борады. Жаз бойы күн шығыстан адам көрмеген қызыл жел қадалып тұрып ап, жер бетіндегі құм-тозаңды ұшырып әкеп бетіңе шеңгелдеп шашты да тұрды. Одан екіленіп қазанның дауылы соқты. Қыс бойы терістіктен көк сүңгідей ызғырық есті. Жел жеп тастаған тақырға қылтанақ қайдан өссін, түйенің төс табанындай жалтырады да жатты. Мал деген неткен өлермен мақұлық еді. Топырақ жаласа да, тырмысып жан бергісі жоқ. Бірақ, безеріп алған қара суық нені шыдатсын, екі қыс бойы ауыл-үйдің иті мен түздің өлексе жейтін тағы жыртқыштарының құдайлары берді. Көп ауылдың қора-қора қойынан тең-тең қара тері ғана қалды. Әсіресе, екінші жылғы қыс қазақ даласын күйедей жалмады. Қыс қыс қой, көктемнің қара суығынан төбе шашың тік тұрады. Жаңа қоздап, іші-бауыры аңылжып бос қалған аш саулықтар үй көрсе киізі мен шиін, адам көрсе балағы мен етегін шайнап тұра ұмтылатын қасқырға айналды. Ит екеш иттен де қашпайды. Көрсе болды, құйрығына ауызын ала жүгіреді. Малды ауылдың итінің малға тимейтін әдеті ғой. Бірақ, сүмеңдеп соңдарынан қалмағасын, аш саулықтарға жындары кеп ырылдап тұра қалысады. Кейде тіпті шап беріп тістей кетеді. Саулықтардың онымен шаруалары жоқ, ауызы жеткен жерге кенедей қадалып жібермейді. Ит сосын басымен қайғы боп безе жөнелуге мәжбүр болады. Әншейінде аяғын бусаң, мыңқ етпей қылжия салатын момын жарықтық арп етіп аузын ала жүгіретін түйенің айбатынан да, жылқының тұяғынан да шіміркенуді қойды, құйрығы мен жабағысына жабысады да қалады. Туған бойда қозысына тап беріп, үстіндегі шырышын ғана жалап қоймай, қырбық түгіне кірш-кірш тіс қадайды. Талай қошақан көзін ашпай жатып өз енесінің аузынан ажал тапты. «Апырай, мынандай да сұмдық болады екен ғой», — деп жұрт жағасын ұстасты.
Жұрт шошыса, шошығандай еді. Жерден де, елден де, малдан да сән кетті. Тек ит күйлі болды. Желкелері күдірейіп ауыл айналып шапқылайды да жүреді. Есігіңнің алдына келіп бірін-бірі иіскелесіп жыныңды келтіреді. «Ерден бақ таярда қатыны құтырады, елден бақ таярда иті құтырады деуші еді. Қалғаны құрыса құрысын, қазақ тек арғымағы мен азаматына абай болсын!» — депті Мәті би.
Бұрын мал төлдеп, сары уызды бүйенге сап пісіріп, ірімшік қып қатырып, қазан-қазан сүт сапырып аққа қалқып отыратын қазақ ауылында асайын десе қара судан басқа ештеңе табылмай, үй сайын мұрынынан сорасы, көзінен жасы арылмай отырған қызыл қарын жас бала жылайды, оларды немен жұбатарын білмей, жердегі өшін кімнен аларын білмей, көктегі құдайдың құлағына жармасып жатқан бір-бір қара шұнақ қатын шаңқылдайды. Өріске айдаған малың жерге басын салмай ауылға қарап жамырай маңырап тұрып алады. Түйе біткен күңірене боздайды. Жау шаппай зарланып жатқан жапа-тармағай айғайды естігенде тұра қашқың келеді. Тұра қашқанда да қайда қашарсың? Отыра қалып мәңгінің қиялына берілесің. Шіркін-ай, дейсің! Қазақтың ортақ тағы өзіңнің қол астыңда болса ғой? Онда мынау қалың қазақты бүйтіп қаралай жауға шаптырып қояр ма едің? Былтырғы қыстың сылайынан-ақ шошып, барша ер азаматты атқа қондырмас па едің? «Бір күн тудық, бір күн өлдік!» — деп ар жағындағы шүршіттен арпалысып жатқан жоңғардың ту сыртынан, не батыстағы қалмақтың тас төбесінен тап бермес пе едің? Қазақтың жарақтанып барып жеңіліп қайтқан жері жоқ, жеңілген тұсының бәрі — жайбарақат отырып төбеңнен түскенде... Егер баяғыда құдайдың жоғын шығарып, тірілей індігешке кіріп алмағанда Аякөзде де әл бермейтін едік. Жоңғар қытаймен арпалысып мұрынына су жетпей отырғанда тап берсе, ең болмаса, шет ұлыстарының Жетісудың көк майсасына аунап-қунап құйрығын теуіп, құтырып жүрген көп жылқысын қуып әкеп, жіліншігінің жылан қарағы үзілермен болып отырған аш-арықтың ауызын қызылдап, қажаң-құжаңға қарық қылады ғой. Жарайды, жоңғарға тиісуге дәті бармай-ақ қойсын! Су-судың бойына егін салып, ұраларын астыққа толтырып алып, қала шығып барған қазақтардың түйелерін, шапандарын шешіп ап, желкілдетіп үркітіп, ішек-сілелері қатып отырған Бұхара мен Хиуаға күші жетеді ғой. Оларды осындайда неге тезге салып алмасқа! Тәуке өлгенде бұлар енді қайтер екен деп, біраз уақыт аңыс аңдыған айналаның қазір қайтадан жандана бастаған сыңайы бар. Жанданбай да қайтсін! Түркістандағы Болаттың дастарқанға қол созғаннан басқа қарекеті көрінбейді. Қайып қалмаққа шауып та, орыспен әмпей болып та ештеңе бітіре алмай, дүние салды. Удан өліпті деседі. Не де болса, жорықта емес, өз төрінде, өз төсегінде сары жамбас болып сарғайып өліпті. Әйтеуір, әңгіме іздеп қалған қазақтың езуін біраз қиғаштатты. Олар со бір ойда жоқ ажалды әр саққа жүгіртеді деседі. Біреулер оны өлтіріп жүрген інісі Сәмеке екен, Орта жүздің тізгінін өзі алайын деген екен десе, екіншілері Болаттан көреді. Тіпті бәрін қойып, «бір пәле келсе, осыдан келеді» деп жер түбіндегі бұдан күмәнданатындар да аз емес сияқты. Баяғыда азын-аулақ әмпейі болып жүргенде, екеуінің құдандал болған жайы бар-ды. Қазақта жігіт пен жігіт достасса ат алмасатын, жақсы мен жақсы достасса, қыз беріп, қыз алысып, кіндік байласатын дәстүр бар ғой. Сол үрдіспен Қайып баласын мұның немере қарындасына үйлендірген-ді. Ондағы Қайыптың ойын бір алла білсін, ал бұл күндердің күнінде Орта жүздің тізгініне қол созуға қақысы бар жас сұлтанның өзімен жекжат болғанына іштей қуанбаса, ренжімеген. Бірақ, онымен Орта жүздің тізгіні Батырға бәрібір тие қояр түрі көрінбейді. Бір жақтан жалаңдап Сәмеке шықса, бір жақта жаудай жағаласып Әбілмәмбет жүр. Кең далаға сыймай өз иығын өзі жұлып жеп жүрген Барақ пен Күшік тағы бар. Олар, шамалыда Батырға теңдік бере қоймас. Оның үстіне Батырдың өзі де әкесі марқұм секілді, кекірейіп, кеудесін көтере бергеннен басқа ештеңе білмейді. Қасына көшіріп әкеп, алты шектіге ұлысбегі қылып қойды. Қарауында Орта жүздің де кейбір ауылдары бола тұрып, Әбілқайыр оларға Жәдік тұқымының төлін жорта жолатпады. Онда да бір көздегені бар. Өз балалары да үйелменді-сүйелменді болып өсіп келеді. Жан-жағынан селдір болғанмен, мал жағынан қою әлгі үш руға солардың бірін ұлысбек қойса, кім біліпті, күндердің күнінде Өсеке балалары да Орта жүзге қолын іліктірер... Ал Батырдың өз қасында болғаны жақсы. Орта жүз тізгінінен дәмелі бір төре қасында болғаны жақсы. Орта жүз тізгінінен дәмелі бір төре қасында болса, ол елдің де бір көзі мұның жағында жүреді ғой. Оның үстіне, Әбілқайырдың баяғы Аякөз оқиғасынан кейін көкірегіне шемен боп байланған бір ойы бар. Оны жүзеге асыратындай сәт шығып жатса, Батырдың да бір керегі болады. Ұлы жүз тізгіні інісі Жолбарыста, Кіші жүз тізгіні өзінде, Қайыптың қара шаңырағын қасына тігіп қойса, Орта жүз тізгінінен де дәметуге қақысы бар емес пе! Бірақ, ол ойы әлі қашпаған қашардың уызы. Біреу-міреуге тісінен шығарып көрмек түгілі есіне де көп ала бермейді. Ойда жоқта қиялына ілікті де, көкірегіне шемен болып байланды. Мынандай аласапыран заманда буынсыз жерге пышақ ұрғандай болатын ол ниетін күнде жадына алып, өз көңілін өзі қажыта бергісі келмейді. Бірақ бір сәт те ұмытпайды. Одан тек өлім ғана айныта алар. Кісіде көкейтесті мақсаттың ғана болуы аз, сол мақсаттың ұрымталын сарыла күте алар сабыр да керек қой. Ал, қазір... Қазір ол Болат қозғалмай тырп етпейді. Өйткені, Болаттың тап не істесе де, бүлдірмесе күлдіре қояр түрі көрінбейді. Өз басынан ештеңе шықпайды, өз ойына ештеңе түспейді, өз қолынан ештеңе келмейді. Былайғы тұрпаты шынжау жұқа көрінгенмен бас терісі түйенің көңіндей тым қалың білем. Ештеңені өздігінен аңғарып, өздігінен түйсінер сыңайы байқалмайды. Ал, оған ақыл айта қоятын адамның да реті шамалы. Сәмеке, Барақ, Күшікке, сірә, ақыл қоспайды. Сонда Болат қайтер екен... Қашанғы бүйтіп тұяқ серіппей жатар екен. Бұл да, міне, не де болса, көріп алуға бел буды. Өзі тыныш жатқанмен, қасындағы Батырды тыныш жатқызбады. Алты шектінің сен тұр, мен атайын жігіттерін қасына қосып, жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жортуылға қойды. Қазір де, міне, жорықта. Сонау жер түбіндегі түрікмендердің ұраларындағы астықтарын артып, өрістегі малдарын қуып келмек. Сүйтіп мынау аштан өліп бара жатқан өз ұлысына қызыл таратпақ...
Әбілқайыр куйеу баласын жортуылға жұмсап, қос астындағы елдің шиеттей қатын баласының сауабын ғана алып қоймайды. Кәнігі неме ел басына іс түскендегі бұл қайратының із-түзсіз кетпейтінін де іші сезеді. «Малың өлсе — қызылдас, қатының өлсе — жылулас!» дейтін қазақ алмақтың да салмағы бар екенін ешқандай есінен шығарған емес. Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта ұмытылар ма! Ертең естерін жиып, алдарындағы мал аяқтарынан тік тұрғасын қазіргі жеген бір-бір тоқты-торым боп үйірге қосылады. Оның үстіне қол қусырып қарап отырғанда арыстанның ауызындағы, түрікменнің төріндегіні әкеп қызыл қарын халқының ауызына ұстаған мәрт азамат аты жайылады. Бәрінен бұрын Орта жүздің сұлтандарының көзін қызықтырады. Өз сұлтандары мынандай аласапыранда қылар қайрат таба алмай, үйлерінде бұғып жатқанда жолбарыстай жортып жау өтінде жүрген Батыр сынды сұлтаннан көрер көзге айырылып қалып отырғанын көрсін, бәлем! Әбілқайырға да керегі сол — ел алдында Жәдік тұқымының беделінің түсе бергені. Әсіресе өз ықпалы жүрмейтін Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ, Күшіктердің абыройының айрандай төгіле бергені дұрыс. Қайта олардың алдында Батырдың айдыны аса бергені жөн. Қанша дегенмен, өз бауырына кіріп отыр ғой. Батырдың ер аты, еті тірі аты жайыла берсе, Жәдік тұқымының өзара дүрдараздығы өрши түспесе, әлсіремейді. Сонда мынау жалпақ алашта жөн білетін, бас білетін сұлтан бір өзі, кіші баладан туды деп қатарға қанша қоспасаң да, қатар тұрғызып қойып, қай жағынан сығаласаң да, жалы биік тұратын бұл, Әбілқайыр екенін көрсоқырлар да көрер. Көрер де іштері жылыр... Іштері жылыса ар жағындағысын өзі біледі. Қалың қазақты бүйтіп әрпіл-тәрпіл қоймас еді. Бір жағына шығарар еді...
Ол әйтеуір алтын тақ астында, алтын тәж басында, үш алаштың төрге шығарар, төбеге көтерер шікірәсі болып отырып, иә сыртқа айбыны жоқ, иә ішке қайырымы жоқ Болаттай болмайды. Өсеке балаларының Жәдіктің азуы алты қарыс ұрпақтары Тәуеке, Есім, Жәңгір, Тәуке тұсында оң жақ босағада жаңа түскен келіндей боп сықсиғандары да жетер. Қайдағы бір Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ, Күшік сияқты құрт-құмырсқалардың тұсында өйтіп кішірейе алмайды. Кеудесінде жаны, талағында биті бар екенін бір көрсетеді... Мынау не бүк емес, не шік емес екіталай дәурен бүйтіп сағыздай созыла берер дейсің бе?! Оған қазақ шыдағанмен, қалмақ шыдай қоймас, қайта шабар. Қазақта қол бастап, семсер сілтегенмен үш алаштың азаматының басын біріктіре алған әз Тәукенің өлгенін біліп отырып, таққа әкеге тартпай, көзкүйік боп туған нәжегей Болат келгенін, оның, міне, әкесі өлгелі он екі жыл өтсе де, не жақсы, не жаман аты шықпай тірі көлеңке боп отырғанын, сұмырай келсе су құриды деп сорлы жұрттың басқа азабы аз болғандай екі қыс қатарынан жұтқа, екі жаз қатарынан құрғақшылыққа ұшырап, қыста қызылға, жазда аққа жарымай, қу қаудай қурап, жығыла кеткелі отырғанын сығырақ көз сімсік жоңғар қайтып көрмей, қайтып білмей отырғанына бұл қатты қайран қалып жүр. Әй, қайдан байқамасын... Байқап отырған шығар-ау... Былтырғы жыл аңысын аңдады... Ал, биыл... Әй... Қонтайшының басындағы қауашаққа сықап толтырған сасық қоңыздың қиы емес, ми болса, биылғы жаз қазақты үй бақтырып қоймай, ереуіл аттарын ерттеттірер-ау деген қауіпті неге ойламасын. Өзі де көшпенді емес пе? Көшпенділер не күші бойына сыймай, өз буына өзі мас боп, қайраты асқан кездерінде, не ұятты қойып, өзгенің ырысына жармасудан басқа жол қалмаған кезде ғана ат жалынан тартып мінбей ме?! Ондай жанын шүберекке түйіп: «Қайда барсаң да көретінің бір ажал!» — деп қанына қарайған қара нөпір аш-жалаңаш қолын әуелі қоңдыға созбай ма? Қазір қазақпен іргелес жұрттардағы ең қоңдысы жоңғар емес пе? Отырықшы қалаларды шабар еді... Жарайды, ұрасындағы астығын алар. Жарайды, дүкеніндегі шүберегін талар. Жарайды, онымен жалаңаш қатынының иінін, жалаңбұт баласының абыройын жабар. Жарайды, бірер күн қара көжеге тойып, қарынын тыр-тыр қасыр... Бірақ, отырықшы жұрттың ұядай ұрасы қазекеңнің жаламына қанша күн жұғын болмақ?! Тағы да өңіреңдеп шықпай ма? Оған құйрығы теңкиген қой керек, сауыры жыртыла жаздап зорға жүрген жылқы керек, білектей-білектей қазы мен білем-білем құйрық керек. Қыс тісінің арасына сіңір кірмесе, жаз таңдайына өңез қатпаса, қазекең бүкіржік боп орнынан тұра алмай қалады ғой. Қазақтың жаны — малы. Малының арығаны — жанының арығаны. Малынан айырылғаны - жанынан айырылғаны. Қазақты мұқалтатын кісі осындай тұсты аңдиды. Кім біліпті, жоңғар да қазір жер түбінен көзін сатып жалаңдап отырған шығар-ау. Олардың ойына мұндай қара қашпасын, қашса осы қораларынан ұзатпай басады. Малы төлдеген қазақ та бір, жұмыртқа басқан құс та бір. Алысқа ұзап кете алмай, қыстыгүні қара көңінен шырқ үйіріліп шыға алмай жүргені. Ондайда әр шағылдың ығында шашырап қалады. Көк желкесінен түс те, көгендеп қыра бер. Адамында әл, атында қоң жоқ халық қарсыласқанда не бітіре алмақ!
О тоба! Қайдағы пәле қайдан есіне түсіп отыр? Бетін аулақ қыл, жасаған! Мына ойын қонтайшы, сұмырайға жер де жеткізбесін, жел де жеткізбесін!..
Әбілқайыр ішінен кәлимасын қайырды. Ерінін жыбырлатып екі рет қайталап, үшінші рет қайталай бергенде көзі атыздай болды. Ауылдың алдындағы қара жалға қаққан қазықтай боп біреу көтеріліпті. Бас-көзге қарамай борбайлап шауып келеді. Мынандай кезде қазақ болар ма, мал аямас па! Аямағанына қарағанда, бір сұмдықтың кезіккені ғой! Ол не сұмдық екен! Түрікпенге кеткен қол бір нәрсеге ұрынып жүр ме екен! Өй дейін десе тымақ киісі Кіші жүзге келіңкіремейді. Не деп айқайлайды? Дауыс етіп келе ме? Үні неткен жексұрын еді! Баяғыда Тәуке өлгенде «ой, бауырымдап» келетін шабарманның дауысы сияқты екен! Болатқа бірдеңе болды ма? Өлмесе, өмірем қапсын! Оны несіне ат сабылтып, жігіт қинайды! Апырау, мынау не дейді? Қаралы хабар әкеле жатқан кісі ауылдың қарасын көрісімен екі жағына кезек аунап, басын ерге ұрып, өз бетін өзі тырналап, жұлынып бітетін еді ғой. Ал, мынау сол баяғы қаққан қазықтай қалпы. Бірақ, қақылдап ауыз жаппай келеді. Әлде әлгінде ғана өзі ойлағандай жоңғарлардан бірдеңе шықты ма?..
— Жау! Жау! Жау шапты, жау шапты!
Әсекет алла, ақ тоба! Аумай-төкпей келіпті де қойыпты ғой! Әй, бәсе! Орнынан атып тұрды. Жалма-жан есікке ұмтылды. Жаман хабар әкеле жатқан шабарманды атынан сыпырып ап дүреге жығатындай қолына қамшысын ұстай көтерілді.
Содан ол атқа мінді. Жорықтағы Батыр мен Бақтыбайдың соңынан шабарман кетті. Қарақұмға мал төлдетіп жатқан Бөкенбайға хабар кетті. Қызылқұмның арасында қораларынан шыға алмай отырған Есетке хабар кетті. Борсық құмның арасында қалың қалмақтың тап іргесінде маңыратып қой қоздатып, ыңырантып түйе боталатып жатқан кете Балпаш байға хабар кетті. Адаматаның бойындағы Әзіретінің Алатауында отырған сегіз арыс адайға хабар кетті. Тайлан біраздан бері Батырдың қасында жүрген. Оған да хабар тиетін шығар.
Қазақ даласында тағы да бір ұлы дүрбелең басталды. Күндіз көрсең — биік атаулының басында астарына қара ат мініп, үстеріне қара киіп, қолына найза ұстап, өткен-кеткенге қол бұлғап хабар беріп тұрған қарауылдар. Жазық-жазықтарда қара ат мініп, қара киініп, көк найзаларын еңкейте ұстап, «аттан, аттан» сап еміне шауып бара жатқан шабармандар. Түнде көрсең — биік-биіктің басы аспанмен тайталасып алаулап жанған ұран оты. Қараңғыны жамылып, әлдеқайда жұлдыздай ағып бара жатқан суыт шабармандардың қолында да жыландай ирелеңдеген қызыл жолақ ұран оты. Жер-көк түгел өртеніп келе жатқандай.
Бас-аяғы үш күнде ен байтақ ұлыстың қиыр-қиырынан жиылар қол жиылып болды. Қабақтары салбыраған қарақұрым қол Қаратау қайдасың деп жүріп кетті. Жауда қалған ата тау: «Мені құтқаруға қайдан кім келер екен?» — деп өкшесін көтеріп жол қарап тұрғандай. Жер түбінен көгеріп мұнартып тұр. Көкжиектегі сол бір көк ніл биік жақындай түскен сайын қоңырая, жақындай түскен сайын жатағандана түсті. Ата биік аласара түскен сайын жер қайысқан қалың қолдың да көк тіреп келе жатқан көкіректері басылып, еңселері етектеріне кетіп, көңілдеріне мұң, көздеріне дым жүгірді.
Суыт жүрісті Кіші жүз қолы жапырық таудың әбден аласарып, болдыртқан көрттің мүжілген жамбасындай боп сілемденіп біткен күн батыс құйрығына ілікті. Заманында Сары Арқаның сары белінен төтелеп кеп Сығанақ асатын Сұғындық асуына ат басын бұрып еді, сонау Жәнібек, Керей заманынан бермен қарай талай шайқасты көріп, талай боздақтың басын жұтқан аран шатқал сілтідей тынып тұр екен. Құздарынан тырс-тырс тас домалатып арқар қашты. Былтырғыдан қалған қауқиған-қауқиған сұр құрақтың арасынан күтір-күтір қабан қашты. Көкесі келе жатқандай, қуыс-қуыстан басын жылтыңдатып көкек шақырды. Лып еткен келте самал сай бойының енді-енді қылтиып келе жатқан көк майсасының шырын иісін әкелді. Бұл жер әлі бейбіт.
Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет, Батыр тұра қалып ойға батты. Жау Балқаш беттен келе жатса Қаратаудың теріскей бетінде отырған Орта жүз бен Ұлы жүз ауылдарын жапырып өтпей, сонау Қошқар ата жақ тұмсықтан айналып Түркістанға беттей қоймас. Әскерінің бір парасын әлгі айтқан Қошқар ата Бадам жағымен Арыс бойлатып күнгейге аттандырар да, қалған жағына Көсегенің көк жоны арқылы кеп Баба-Ата, Шолаққорған, Созақты шаптырып, Торлан мен Сұғындық арқылы құбылаға өткізіп алуға асығар. Ендеше Сұғындықтың мынау ұйыған қатықтай дірілдеп тұрған тылсым тыныштығы да көп ұзаққа созыла қояр дейсің бе! Бүгін-ертең қалмақтың қарқылдаған қарғадай әжептарқы кернейінің жексұрын дауысы анау түк көрмегендей боп жымпиып-жымпиып тұрған жақпар құздарды тағы да жаңғырықтырар. Олай болса, бұл асуды бұлай елсіз қалдыруға болмайды. Бірақ, бұл араға ертең келер жауды күтіп, бүгін ана жақта бейбіт жұртты шырылдатып жатқан ата дұшпанмен айқасқа түспей қайтып шыдай аларсың! Әскерді амалсыз екі бөлуге тура келеді. Шекті мен жарты Байұлы осында құз-құзға бекініп, қалмақтың Сұғындыққа сұғына кірген қалың қолына ойран салады. Кіші жүздің қалған қолы ілгеріде болып жатқан шайқасқа барып қосылады.
Жартысын жолға тастап, желе-жортып ілгері қозғалған ауыр қол бұрынғысынан да суыт жүрді. Бір қапталда мұнартып қалғып тұрған Қаратау. Оның мынау абыр-сабырмен ісі жоқтай. Екі аяқтылардың әрлі-берлі жөңкілісі ол үшін ештеңеге тұрмайтын әншейін әуре-сарсаңдай. Бұлар қанша жабыр-жұбыр айқайласқанмен оның баяғы мыңдаған жылдар бойғы тылсым ұйқысынан селт етіп оянар түрі көрінбейді. Сол мүлгіген қалпы сұлқ шөгіп жатыр. Ал бұлар болса өрт шыққандай желе жортып жүріп келеді. Баяғы аңшылық құрып жүрген кезде бұл арадан талай өткен Әбілқайыр көзі боталап жан-жағына көп қарайды. Сүйтсе, Тайлан да қалған қолдан ала бөтен ілгері озып, асығып келеді екен. Күнге тотыққан қара-торы жігіт бүгін қаны қашып қуқылданып алыпты. Ала көзін жан-жаққа бұрмай, ту сонау алдағы көкжиекке қадап апты. Иә, оның есіл-дерті — сонау Көсегенің көк жонына шығар жердегі оңаша бұлақ басында отырған өз ауылына жету, жетпістен өтіп сексенге аяқ басқан кәрі әкесін көру, енді-енді тәй-тәй басып жүре бастаған ұлын көру, жалғыз көк ала атпен жүрсе де, қалған қазақты көрмегендей, өзін қалап келген қазақтың ең асқан байы Садыр Жомарттың әлпештеп баққан жалғыз қызы Пәтшәйімді көру. Сол үшін әншейіндегі мығым қалпынан айырылып, міне, елден ала бөтен емпеңдеп келеді. Әбілқайыр ат үстінде құс болып ұшып кетуге амал таба алмай, зорға шыдап келе жатқан Тайланды көріп, аяп кетті. Іш-бауыры мұздап бара жатқандай көрінді. Шынында да, үш жүздің ауызында аты жүрген атақты Мәті бидің, үш жүздің ауызында аты жүрген көк ала атты Тайлан батырдың қара шаңырағы мынау атам заманғы Қаратаудың теріскей бауырындағы талайдан бергі қара жұртында қалқиып тұрса жарар еді-ау...
Алдыңғы жақтағы шолғыншылардың біреуі құйғытып кері шауып келеді. Бұлар ат басын іркіп далақтап шауып келе жатқан қызыл танау жас жігіттің хабарын күтті.
— Алдыңғы жақтан шаң шықты! Қою шаң! — деді жігіт жетер-жетпесте алқына тіл қатып.
Әбілқайыр көкжиекке көз тастап еді. Шынында да, маңдай тұстары манағыдай емес лайыта бастапты. Қалған жақтары сол баяғысынша көк шәйідей мөлдіреп тұр. Тек шығыс жақта ғана жер мен көкті көмкеріп ақ шаңыт көтеріліпті. Иә, бұл тегін шаң емес. Сонау көк аспанды лайлап жатқан қою шаң — қазақтардың пәлен жылдан бері бүгін тап бола ма, ертең тап бола ма деп, үрейлене күткен сұмдығы. Міне, о да тап болды. Қазақ даласының тіршілігінің тұнығын шайқап, аспанын лайлап, мың сан басты аждаһадай жолындағысының бәрін жапыра жалмап жақындап келеді.
Жұрттың бәрі түнеріп тұрып қалған. Бәрі де тілден айырылғандай. Қарақұрым қолдың ішінде ләм-мим үн қатқан ешкім болған жоқ. Бәрі де мұның ауызына қарап қапты. Не дер екен деп тұр? Не дейтін еді? Енді не дегенінде не тұр? Әрине, ақ көз жауды бұған жібермеу керек еді?! Баяғыдан бері ұзын арқау, кең тұсаумен жүріп алмай, кеңнен қайрат қылғанда, бейшара ел бүйтіп босқа қырылмас па еді, қайтер еді. Енді өкін не, өкінбе не? Бәрі кеш! Өз бармағыңды өзің қыршып, қарсы келген қас дұшпаныңмен қасық қаның қалғанынша арпалысып, өз жастығыңды ала өлгеннен басқа, амалың қайсы...
Әбілқайыр қасындағы батырларға:
— Мынандай айдалада, ала тағанақ тақырда шайқасып не абырой табамыз? Онан да әлгі Сұғындыққа шегінейік! — деді.
Батырлар құптап басын изеді. Қалған шолғыншылар да жыра-жықпылмен бұқпақтап жетіп қалған екен. Жау қарасы жақындапты.
Кіші жүз қолы кері шегінді. Бірақ, жаңа ғана жүріп өткен ізімен кері шегінбей, терістігіндегі қалың бұйраттарға қарай бұлтарды, бірер жал асып барып, Сұғындық асуына күнбатыс жақ бүйірден келіп кірді. Ондағылары жаудың басын шырғалаңға салу еді. Сұғындықта бекініп отырған қазақ қолы бар екенін, қапелімде, біле алмай қапы қалсын деген есеп еді. Қазақ қолы Сұғындыққа түгел кірген жоқ. Бір қатары асудан аулағырақта тосқауылда қалып, аңыс аңдай тұратын болды.
Сұғындыққа суыт енген қазақ қолы шатқалдың құз-қиялы қиын түбіне қарай өрмелеп, қапталға бөлінетін ұры жыраларды бойлап, тасаға бекінді де, сай табанына жақын жақпар жартастардың тасасына мергендерін орналастырды. Қауырт қимылдап, тез қамданған қалың әскер әп-сәтте-ақ жақпар-жақпарға, қалың бұталардың ара-арасына сіңіп кетті. Бұлар кіргенде сай түбіне қарай жөңкіле қашқан аңдардың сатыр-сұтыры әп-сәтте басылды. Аждаһаның аран ауызындай қара шатқалда қайтадан меңіреу тыныштық орнады. Бейбіт заман қайта келген екен деп қалса керек, жақпар-жақпарға тығылып отырған шошақай көкектер сұңқылдап қоя берді. Бұта-бұтадағы сансыз құс шуаққа жондарын тосып жамыраса әндете жөнелген. Тек қия жақпарлардың арасынан дүр көтерілген қыран құстар ғана бір дүбірді сезгендей қайта қонбай мазасыз шүйіліп жүр.
Тау арасында көктем иісі білініп қапты. Екі жақ бөктердегі қараған, арша, қаптаған бұталар мен тырбық шөптердің бәрі бөртіп, мұрт жарып үлгеріпті. Сай табанындағы ағын судың екі бетінде бозбаланың түбіт иегіндей боп көк қылтанақ көрініпті. Енді сәл шыдаса, мына шатқалдағы ұлан-асыр тіршілік дүр етіп бой көтергелі тұр. Көктемнің қуатты күні кірпігіңе ойнап, тұл бойыңа бір әзәзіл тіршілік қуатын дарыта түскендей. Сонау көк майсаға барып жата қалып аунағың келеді. Мынау жақпар шоқының басына шығып ап, мына жықпыл-жықпылдың ара-арасынан көзің шалып қалған аң мен құсты бүкір садақтың белі жазылғанша кере тартып атқың келеді. Таудың мынау саумал ауасына көкірегіңді толтырып алып, енді көп ұзамай сонау етектегі қара жалдардың басына самсап қона қалатын ақ жұмыртқа ауылдардың қыз-қырқыны естісін деп аңыратып ән бастағың келеді. Тіпті мынау маңдайыңды қыз-қыз қайнатып бара жатқан күн шуағына омырауыңды төсеп, шалқаңнан түсіп ұйықтағың келеді...
Пәлен күннен бергі ереуілдеген тіршілік тұсында ұмыт болған ұйқы мынау сәл саябырда кірпігіңді қайта айналып тапқандай. Өне бойың делсал маужырап барады. Шатқал жақ бетін тасаға салып, өз қолы жақ бетін ашық қалдырып, қара жартастың күн жақ тасасына жасырынған Әбілқайырдың енді болмағанда көзі ілініп барады екен. Қарсы жақ жақпардан екі-үш «байғұздың» жарыса шықылықтап қоя бергені. Көзін шайдай ашып алды. Сөйтсе, қалмақ қолының алды шатқалдың ауызына ілігіпті.
Сай бойы тым-тырыс. Мынау тас қоршауға сескене кірген ауыр қол жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, жасқана басып ілгері жылжи түсті. Әуелі топырлай кірген қалың қол бірте-бірте сабақтаған инедей жіңішкеріп, ұзын шұбақ көшке айналды. Бірінің ізін бірі басып жоғары өрлеп келеді. Жоңғардың таулы жерге үйренген жатаған аттары тырмысып баурайға да шығып апты. Кейбіреуі жақпар-жартастар мен баурайдың бұта-бұтасының арасына жасырынып отырған қазақ жігіттерінің қасына қол созымдай жерге дейін барып, жан-жағына тіксіне қарап қояды. Ту зымыран биікке шығып алып, аспай-саспай қалықтап жүрген құз тағыларынан басқа ештеңе көрінбейді. Тіпті арқар екеш арқарға дейін құрып кеткен. Сай бойында құлағыңды шағып, шақыр-шұқыр дыбыс көбейді. Жоңғар аттары үсті-үстіне пысқыра береді. Айлакер жау тағылып отырған қазақ жоқ па екен деп, үңгір көрінсе, ну жыныс қалың бұта көрінсе бұрқыратып оқ жаудыра жөнеледі. Атқан оқтары кейде тасқа тиіп шақ-шақ ете қалады. Кейде қалың жынысқа сүңгіп жоқ болады. Бірақ орынынан атып түрегелген ешкім көрінбейді, ыңыранған дыбыс та шықпайды. Бір сәт кідіріп тың тыңдап ап, шұбалған қол тағы да ілгері тартады.
Сұмырай дұшпандар әлгіндей топырлата оқ жаудырғанда Әбілқайырдың жүрегі шым ете түседі. Шаншымай қайтсін — анау қарауытқан қалың бұталардың арасында талай боздақ үн-түнсіз жан тапсырып жатыр. Мана: «Қашан жоңғар қолы тар шатқалға түгел кіріп, алды шатқал түбіндегі тығырыққа кеп тірелгенше, оқ атпаймыз, дыбыс та бермейміз», — деп уәделескен-ді. Енді, міне, ажал алдында жарақатын ауырлап, ыңыранса, дұшпан сырымызды біліп қояды деп, тістерін шықырлатудан басқаға дәрмені келмей талай боздақ арманда жан тапсырды. Қайран сабаздар-ай десейші... Әншейінде, әрқайсысына бір-бір төр, бір-бір бас, бір-бір ат, бір-бір шапан керек, шамалыға басын имей шекелей қарайтын тарпаңдар ғой... Енді, міне, бүгін кеп садақаға шалынған қоңыр қошақандай тіл тартпастан кетіп жатыр, кетіп жатыр. Соны білгендей, жоңғар мергендері жолдың екі жағына тұра қалып, секем алатындай қуыс-қалтарыс, жыныс-жықпыл көрсе болды, бір де бірін тастамай, себелеп оқ жаудырып келеді. Үн шықпаған сайын секем ала түседі.
Қыл жалаулары жалбырап тіптен жақындап қалды. Енді мынау тас қапшықтай тар аңғардан қиялай шығатын жаңғыз аяқ соқпаққа аяқтарын бір іліктірсе, әрі қарай Сығанақ асады. Бірақ, олар қанша жалтақтап қарағанмен қарасұр жақпар тастар бәрібір сыр бере қояр емес. Сол баяғы сазарған-сазарған қалыптары. Кей арада кейін шегініп, далиған-далиған алаңқай жасап, кей арада қайтадан сүзіскен текедей тұмсық тірестіре қалады, кей арада жайпауыт тартып, кей арада тіп-тік найза шыңдарға айналып түксиіп тұрып алады. Сылдыр-сылдыр су ағады. Сықыр-сықыр тас құлайды.
Шұбалаң көштің алды Сығанаққа жол шығатын соңғы асу, соңғы қолтыққа келіп тірелді. Артының да сонау етектегі тар шатқалдың аузына енді-енді іліккен түрлері бар.
Әлі де шыдай тұру керек. Қол басындағылар Сығанақтың жалғызаяқ соқпағына түссін. «Уһ, мынау тас қамалдан құтылдық па, жоқ па», — деп демін бір алсын. Әлгі бір тастүйін сақтықтан айырылсын. Жайбарақаттансын. Қолдың арты да шатқал аузынан ұзаңқырап, сұғына түссін. Мынау жеті жұрт көшіп, жеті жұрт орнаған кең байтақ даланың қай қырқасында да аран өңешін бір қандамай құр тұрмаған құзғын шатқал бүгін де талайдың басын жұтар, бүгін де лық-лық қан құсар. Ләйім сол қан жоңғардікі болғай!
Кенет әлдеқайдан керней тартылды. Жоңғарлар түп-түгел бастарын көтеріп жоғары қарады. Сол-ақ екен, талай көкірекке оқ қадалып, талай аттың жалын қан жауды. Қарғыс атқыр мына таудың бұта екеш бұтасы да садақ атып, тасы екеш тасы да оқ жаудыра білетіндей.
Мынадай тұтқиыл шабуылдан не істеп, не қоярын білмеген қалмақ қолы, қапелімде, алақтап сасып қалды. Төбеге қарасаң ештеңе көрінбейді. Бірақ талай мойынды қылшасынан қырқып түсіп жатқан тажал оқ сол биіктен жауып тұр. Сонау жақпар тастар мен ну жыныстың арасына тығылған мергендер манағы жоңғар мергендері жаудырған оқтан түп-түгел қырыла салмапты. Көбі солай мергендердің қайда орналасқандарын білмек боп көкке қарап ауыздарын ашып тұрғанда қапталдағы ұры қойнаулардан дүрсе қоя берген қазақтар қылыштаса, найзаласа жөнелді. Сәл кеңіске шыққандар сайысып кеткенмен, тар арнаның табанында қалғандар көкке қарай атқылап, босқа оқ шашқандары болмаса, еш қайран қыла алмады. Төбеден жауған оқ олардың қатарын қоғадай селдіретіп барады, ал олардың оғының қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Ілгері аттайын десең, алдыңғы жағың тар қойнауға кептеліп қалған. Кейін шегінейін десең, ол да солай тарс тығындалып, тырп ете алмай тұр.
Әуелі алдыңғы жақтан айқай шыққандай болып еді, енді арт жақтан да баж-бұж дауыстар көбейді. Шамасы ол тарапта да сатыр-сұтыр шайқас қыза түссе керек. Не болып, не қойып жатқанын ешкім білмейді. Әйтеуір, домалап түсіп жатқан екі аяқтыларды көреді. Тақымнан босаған жануарлар мынау тар қамашауда қалғысы келмей, қос қапталдағы өр бауырға жанталаса тырмысып шауып шыққысы келеді, бірақ не тайып кетіп, не оқ тиіп қайтадан сылдыр-сылдыр су ағып жатқан сай табанына қарай сатыр-күтір домалай жөнеледі. Кісінескен, оқыранған, бақырған, шыңғырған, қорқыраған, ойбайлаған, ақырған, боқтасқан жандылардың дауысы шақыр-шұқыр, сатыр-сатыр, тақ-тақ, тырс-тырс, гүрс-гүрс жансыздардың дауысымен мидай араласып құлағыңды жеп барады. Әлгінде ғана тым-тырыс сүлесоқ көлбеп жатқан Қаратаудың тәніндегі сан жетпес жақпар тастарға аяқ астынан жан бітіп оқыранып, кісінесіп, бақырып-шақырып, шақыр-шұқыр тісін қайрап, ойбайлап, боқтасып, тайдай тулап аламан-асырды салып жатқандай. Жер мен көкте алысып-жұлысып жатпаған ештеңе қалмағандай. Қара жердің бетінде не болып жатса да, миына кірмей жымыңдағанынан бір танбайтын күлегеш күн көзі де мына шайқастың егжей-тегжейіне қанып алғысы келгендей, сарт та сұрт қылыштасып жүргендердің біресе ол жағынан, біресе бұл жағынан аунап, жалт-жұлт сығалап қояды.
Жоңғар қолы маңдайын тасқа тіреп тұрып алды. Арттағылар шатқалдың ауызына қарай кері бұрылып, кеңге шығып алғысы келіп жанталасып еді, тасадан «тұлпарлап» лап қойған қалың атты кес-кестей кетті. Әлгінде ғана басқандарынан жер ойылардай боп жер тәңірсіп келе жатқан жоңғарлар бүйендей шұбалған тар шатқалға қамалды да қалды. Қазақтар енді оларды әсіпке туралатын еттей кескілеп бағады.
Қара жақпар тасқа шақ-шұқ жанғырыққан қылыш дауысы жоңғарлардың желігін басып, жүректеріне үрей ұялатса, қазақтардың жігерін қоздырып, қайраттарын шыңдай түскендей. Бұта-бұтаның, жақпар-жақпардың тасасына тығылып жатып алған мергендер бастарын көтеріп алып, сай табанында қамалып тұрған қалмақтарға садақ оғын сары масадай қаптата жөнелді.
Әбілқайыр өз жігіттерінің ұйымшылдығына, мұншалық ержүректігіне қатты таңғалып тұр. Қазақ жағынан шашау шыққан, қате болған бір де бір қимыл, бір де бір әрекет көзіне түспеген сияқты. Мергендер де дер кезінде оқ ашты. Тосқауыл да дер кезінде ұрысқа кірісті. Шатқалдың басы мен аяғы да дер кезінде қоршауға алынды. Бас-аяғы жеті мыңдай жау қолы енді, міне, бұның нояндарының көз алдында торға түскен шортандай бұлқынып жатыр. Олар енді қанша бұлқынса да, бұл қамашаудан тірі құтыла алмас. Әттең, дүние, бұлар сәл кешігіп келді ғой. Бұрынғы шайқастардың қалай болғанын кім біліп жатыр?
Бұл енді сонау сай табанындағы, екі жақ баурайда шоқ-шоқ боп шайқасып жатқандарға қарады. Сығанаққа жол ашар дөңгелек қойнауда ақ семсерін былғалап Тайлан жүр. Қайдағы бір шие байланған түйіндей кескілес болып жатқан қалың шоғырдың арасына қойып кетеді де, әп-сәтте-ақ жайратып шыға келеді. Жалақтап жан-жағына бір қарап алады да, тағы сондай бір қою шоғырды тауып ап, дүрсе қоя береді. Шатқалдың тығырық басынан оқтын-оқтын Бөкенбайдың күркіреген даусы шығады. Сай аяғында да ызы-қиқы айқай. Ту сыртына қарап еді. Ақ боз ат мініп хан туын асқақтата көтеріп Мырзатай тұр. Тентек неме ат үстінен қопаңдап: «Ноқай неме, оң жақтан келе ме екен?! Қап қызыңды ұрайын-ай! Е, бәсе, қолтықтап шаныш! Жарадың! Әй, артыңнан әне біреу келіп қалды. Шешеңнің көрін, маңдайыңдағы көз бе, жоқ без бе?» — деп сай табанындағы біреуге ақырып қояды. Мана қуыс-қуысқа жасырып қойған ру-рудың тулары да желк-желк етіп шыға келіпті. Көп ұзамай бұл шайқастың да біте-тұғын түрі бар. Қыл жалаулы жау тіптен селдіреп қалыпты. Қайдан шыққандары белгісіз қарқ-қарқ етіп қарғалар қаптап кетіпті. «Ау, анау жайрап жатқан жаудың көзін шұқиық! Қылыш, найзаларыңды тарта тұрыңдаршы!» — дегендей кескілесіп жатқандардың төбелеріне төніп-төніп барып, қарқ-қарқ деп қайтадан қалықтап шыға келеді.
Хан көкірегін екі ұдай сезім билеп алған. Бір жағынан мынау жеңіске желпініп тұрса, екінші жағынан көкірегі бір сұмдықты сезгендей, іш-бауыры қалтырап барады. Манағы тұла бойын түгел буып келген ызасы мынау ағыл-тегіл аққан дұшпан қанын көргесін тарап кеткендей. Ширыққан жүйкесі де болбырап сала берген.
Бесін ауып барады. Сай табанында көлеңке ұзарды. Шайқас әлі жүріп жатыр. Күн екіндіге таянды. Сай табанындағы гүж-гүж дыбыстар басылып, шақыр-шұқыр қылыш үні де азайыпты. «Әттеген-ай десейші. Жоңғардың бас қолы мынау тар қыспаққа неден тығылсын. Ол сонау кеңнен оратылып күнгейге шығып алды ғой. Мынау сол Созақты тонап келе жатқан шағын қол болды ғой!»
Неге екені белгісіз, Әбілқайырдың алақанының ду-ду қышығаны басылмай тұр.
— Бұлардың басшылары қайда екен? Тілдесе алдыңдар ма?
— Бір жас тайшы екен! Мана бесін ауа оққа ұшқан.
— Қайда жатыр?
— Денесі сай табанында, басы — міне!
Батыр сұлтан ханның аяғының астына әлденені сылқ еткізіп тастай салды. Шекесі торсықтай ай маңдай біреу қарсы алдына кеп қасқиып жата кетті. Бет-ауызы «менің балам болсын» дейтіндей бір сүп-сүйкімді жігіт. Қусырыңқы қыр мұрнының астынан мұрт тебіндепті. Бетінде ашу да, ыза да, кек те жоқ. Аларған екі көзі сонау көк аспаннан бірдеңе көргендей қадала қапты. Мынау өзі бір таныс неме сияқты ғой. Тіпті басындағы айдары да таныс сияқты екен!
— Біздің осы Нұралы қайда? — деп сұрады хан.
— Мен мұндамын, көке! — деді ту сыртынан таныс дауыс. Ақ боз аттың үстіндегі он бір-он екі жастар шамасындағы торсық шеке ай маңдай бала жігіт тұлымшағы желбіреп ілгері озыңқырап тұрды.
Хан жалт етіп бір қарады да, үндеген жоқ. Байбек төлеңгіт ұстап тұрған атына бұрылды.
— Мынаны қайтеміз! — деді Батыр басты нұсқап.
— Қайтетін едік. Тастай сал! — деді Әбілқайыр.
Ол ерге енді қонғанда Батыр сұлтан әлгі олжасын қимағандай біраз ұстап тұрды да, шатқалға қарай атып кеп жіберді. Кішкентай қара нүкте барған сайын құрдымдана түсті де, аран сайды тұтаса көміп алған қара көлеңкеге сіңіп ұшты-күйлі жоқ болды.
Әбілқайыр басын көтеріп алып еді. Қып-қызыл күн екі шошақ жақпар тастың арасына барып қыстырыла қапты. Сай табанында қимас бірдеңесі бардай көзін сатып сығалай қарап тұр.
Әбілқайырға ол бірдеңені елестеткендей болды. Немене еді сол?! Ойына ештеңе түсіре алмады. Қып-қызыл күн қылмың-қылмың күліп қояды. «Е, қан жалаған қызыл қаншық секілді екен ғой. Опасыз уақытқа қара жерде не болып жатса да, бәрібір екен ғой. Қан ағып жатыр ма, у ағып жатыр ма, адам өліп жатыр ма, шыбын қырылып жатыр ма — оған бәрібір. Оған, әйтеуір, мынау уылжыған дүниенің құлазып бос тұрмай, жым-жырт тыныш тұрмай, дүрлігіп жатқаны керек екен ғой!»
Хан баяу басып жүріп кетті.
Қара көлеңке жамылған қара шатқалдан қара бұлттай түнеріп қалың қол шықты.
Содан бұлар Созаққа келді. Тып-типыл. Шашылған кесек пен көлденең түскен өліктен ат сүрініп жүре алмайды. Анадай-анадайдан ит ұлиды. Басқа тіршілік дыбысы естілмейді.
Содан бұлар Шолаққорғанға келді. Бұл да тып-типыл. Қираған үй. Шашылған қазан-аяқ. Жайрап жатқан өлік.
Баба-атаның басы да жым-жырт. Басына ала-құла шүберек байлаған жалғыз ағаштан басқа аман қалған ештеңе жоқ. Мынау қорқынышты дүниеден үрейі ұшып қара іздегендей қапталдағы қара жоталардың астынан қайта-қайта қасқыр ұлыды.
Баба-атадан шыға бере-ақ Тайлан жұрттан бөлініп шаба жөнелді. Екі иығы бүлк-бүлк етіп бара жатқандай көрінді. Қуып жетіп қатарласуға ешкімнің дәті бармады.
Күн жаңа шығып келе жатқанда бұлар Көсегенің жонына көтерілді. Таныс жон, таныс көріністер Әбілқайырдың көзіне оттай басылды. Мына бір қоянжонданып шыққан қолаттың аяғындағы жалғыз үй көз алдына сайрап келе қалды. Баяғыда Тайлан екеуінің арқарға таласып алғаш келгеніндегі қараша үй есіне түсті. Артынан осы кезге дейін өңі екенін де, түсі екенін де білмейтін, қызыл түлкі қуып жүріп ойда жоқ соққаны тағы есіне түсті. Төр алдында малдасын құрып салып шәй сораптап отырған Мәті би көз алдына келді. Оң жақта шынашағын шошайтып шәй құйып отырған Пәтшәйім көз алдына келді. Неге екені белгісіз, бет-ауызы жыбырлап қоя берді. Алдарынан арсыз күн кеше ештеңе болмағандай, алдыңғы күні ештеңе болмағандай, одан бұрын да ештеңе болмағандай, бүгін ештеңе болмайтындай жымың-жымың күліп жарқылдап шыға келді.
Бұлар сол көз ұшында кетіп бара жатқан Тайланның соңынан салып келеді. Әне Тайлан атынан түсті. Тізгінін қолына алып жаяу кетіп барады. Бұлар да атынан түсті. Қалың қолды сол араға қалдырып, қасына ру басы, қол басы батырларды ертіп бір кезде айдалада көзге шалынып жалғыз үй тұратын оңаша қолатқа қарай ілби басып жүріп келеді. Жалғыз үй ғайып болған. Жұртында ыбырсып бірдеңелер жатыр. Айқай жолдан былайырақ оңаша тұрған жалғыз үйді де аман қалдырмапты. Қараптан-қарап тізесі бүгіліп бара жатқандай, Әбілқайыр аяғын зорға алып келеді. Екі көзі алдындағы Тайланда. Екі көзі алдындағы ыбырсып жатқан жұртта. Бірте-бірте жақындаған сайын жүрегінің шанышқаны күшейді. Мынау айдаладағы жалғыз үйдің өзіне соншалықты жақын, соншалықты қымбат болғанын бүгін сезіп келеді.
Әлгі қарауытқан өртенген үйдің орыны болып шықты. Сау сағанақ қалдырмапты. Қаусаған қара күл мен күйіктің үстінде емен шаңырақтың күйік-күйік қаңқасы жатыр. Адамдарын да бірге өртеді ме екен деп, үйіндіні найзамен шұқылап, аударыстырып қарап еді, адам мүрделері ұшыраса қоймады. Тайланның сұп-сұр беті бүлк ете қалғандай болды. Шамасы, мынау жалған дүниедегі өзіне ет жақын үш адамның қорлық көрсе де, қара жерді басып тірі жүргеніне шүкірлік қылған секілді. Сонда оларды қалмақтар айдап әкеткені ме? Жалақтап жан-жағына қарады. Көзіне ештеңе түспеді. Кенет анадайдағы жаңа тебіндеп келе жатқан алақандай егістікті көрді. Мәтекеңнің біраздан бергі ермегі осы жер тырналау-тұғын. Баяғыда бір ұлы билікте жұрт айтқанын тыңдамағанда, шаршы төрде отырған алқа би басымен орнынан атып тұрған да үн-түнсіз жүре берген деседі. Иығына қақпа шекпенін іліп, шөгерулі жатқан бурасына мініп, шаужайына жармасқандардың қолын қағып тастап, беті ауған жаққа тайып тұрыпты. Сол бетімен барып бір күн түнде үйін теңдеп көшіп кеткен. Тәңертең тұрса, Мәті бидің үйінің жұрты ғана жатыр. Жұрт әр саққа алып қашқан. Біреулері бұның арғы түбі қарақалпақ деуші еді, Хорезм ауып кетті дескен. Біреулер ағайынына өкпелеп, қайындарына, қара қыпшақтарға сіңіп кетіпті дескен. Біреулер сонау Бұқараға барып пірәдар болып алыпты дескен. Жұрт әр қилы лақап шығарып болғанша, Мәтекең Қаратаудың теріскей бетіне ауып, осы бір оңаша бұлақтың басына кеп орныққан. Оның хабарын Шашқа мал айдап келе жатқан қыпшақтар шығарған. Жаңа жұртқа келгесін аурулы әйелі жалғызүйліктен ішқұса боп өліпті. Үйін артып көшіп келген үш көнмойнақтың екеуі бөтен жақтың отына үйренісе алмай, іштері жарылып жайрап қапты. Жалғыз үй, жалғыз шал, қаршадай қара бала мен шудасы тізесіне түскен қара бурамен қала беріпті. Қалың жауға талай жалғыз шапқан Мәті би батырды білмейтін қазақ кем де кем. Талай шаршы дауда қасқиып тұрып билік айтқан әділ қазыны білмейтін қазақ кем де кем. Баяғыда салқам Жәңгірді қамап тұрған қалың қолға бір өзі тиісіп, ханды қашырып өзі тұтқынға түсетін Мәтіні кім білмесін! Артынан мынандай төтен ерлігіне тәнті боп, алдына шақыртып алған қонтайшының: «Дүниедегі ең үш тәтті нәрсені қателеспей айтып берсең, басыңа бостандық берем», — дегенінде: «Ақ некелі жардан тәтті не болушы еді, ақтан туған ұлдан тәтті не болушы еді, азамат екеніңді біліп өлген ажалдан тәтті не болушы еді. Мен осы үш тәттінің үшеуінен де дәм таттым, енді өлтірсең де өзің біл, босатсаң да өзің біл», — деп қас дұшпанынан ат-шапан айып алып қайтатын Мәтіні кім білмесін! Қызыл тілім мен сара көкірегімнің жолына тұзақ болады деп иініне асыл ілмей, алдына мал түсірмей, жанына ағайын-жекжат жолатпай қара қылды қақ жарған тура би атанған Мәтіні кім білмесін! Билікке алған дүние-дәулетті тап сол арада ғарып-ғасырға пышақ үстінен таратып беріп кететін сақи Мәтіні кім білмесін! Биліктен әлдеқашан қалған кезінде бір замандасының артынан бата оқи барғанда: «Көктегі жарылғаушы жалғыз тәңір, жердегі жарылғаушы жалғыз Мәті би деуші еді. Мәті би екенің рас болса, жарылға!» — деп шаужайына жабысқан бір есалаң кемпірге астындағы тақым артар жалғыз көлігі — шудасы жерге түскен қара бурасын түсіп беріп, жаяу кететін мәрт Мәтіні кім білмесін!
Сол Мәті мынау Тайлан туғалы жалғыз үйлі-ді. Сол Мәті мынау Тайланды Қаратаудың бауырайын тырналап нан тауып, шатқалын аралап ет тауып ел қатарына қосып еді. Тері киіп, терсек төсеніп өскен намысқой жігіт: «Әке, менің қатарым атқа мінді. Мен қайтем, қу даладан құлан ұстап жуасытам ба?» — дегенде: «Балам, жұрттан талай алғыс алып ем. Сол алғысым сені жаяу тастар деймісің!» — депті. Аңшы жігіт тағы қуалап, таудан-тасқа ырғып-қарғып жүргенде етекте кетіп бара жатқан бір керуеннің көзіне шалынады. Керуен басындағы шұбалған көк ала атты анадайдан бұрылып кеп: «Жігітім, кім боласың?» — деп сұрайды. Тайлан жөнін айтады. Сонда бейтаныс кісі атынан түсіп, аңшы жігітке ұсынады. Тайлан мынау суреттей атқа қызығып тұрса да, қайдағы бір меймана қазақтың оп-оңай жарылқай салғанын мүсіркегендік деп түсініп, намыстанып оңай келген олжадан бас тартады. Ат иесі: «Жігітім, тартынба, ал! Кісіге бақытта, қасіретте осылай ойда жоқта тап болатын. Бақытыңнан бас тартып тұрғаныңды, жоқ қасіреттен бас тартып тұрғаныңды қайдан білесің? Меселімді қайтарма. Жалғыз-ақ бұйымтайым, әкеңе сәлем айтып барсаң болғаны», — дейді. Сонда жігіт шұбалған көк шұбарға тақым салып тұрып: «Әкеме кім сәлем айтты деп барамын?» — деп сұраған екен. Анадайда өзін тосып тұрған керуенге жаяу аяңдап бара жатқан әлгі бейтаныс кісі: «Қызыл тайынша!» — деп айқайлапты.
Баласының салаңдаған көк ала атқа мініп келе жатқанын көріп Мәтекең: «Балам, атың құтты болсын!» — депті. «Қайдан алдың? Кім берді?» — деп сұрамапты. Кешқұрым жатар алдында баласы манағы бейтаныс кісімен қалай кездескенін әңгімелеп берген екен, кәрі би мырс етіп күліп жіберіпті. Сейтсе, манағы кісі бала кезінде базарға мал айдап кетіп бара жатқан бір байдың қызыл тайыншасын жол-жөнекей ұрлап апты. Қазанын енді түсіріп жатқан ұрының үйіне жоқ қараған бай серіктерімен сау етіп кіріп барыпты. Қазанын күлге төгіп, шешесін бұрымынан ұстап ап, көк ала қойдай қып сабапты. Баланы құлағынан бұрап, шырылдатып отырып, сол маңайда түстеніп жатқан жерінде, Мәті бидің үстіне әкеп кіргізіпті. Сонда Мәтекең: «Сенің баға алмай айырылып қалған малың тамағын таба алмай отырған аш ауызға тап боп сауабына қалған екен. Барымтада кеткен малың болса бір сәрі, қасқыр жеп кететін қызыл тайыншаның дауымен кеп, алдымдағы асты суытқаның үшін маған бір сауын түйе айып төлейсің, өзіңді туған әйелдің шашынан көзіңе шөп түспей тұрып тартқаның үшін мына баланың шешесіне бес бие айып төлейсің, би алдынан өтпей тұрып күш көрсеткенің үшін өзіне он қой айып төлейсің», — деп дау қуып келген дүниеқоңызды басымен қайғы қылып жіберіпті. Жұртқа көрсетпей қызыл тайынша ұрлап соятын батыр бала мынандай ағыл-тегіл малды жұрт көзінше айдап кетуге жүрексінгенде атақты би манағы жолаушының Тайланға айтқанын айтып, қолын жайып: «Қой анасы оннан, түйе анасы бірден, жылқы анасы бестен, өсейін десе астан-кестең», — деп бата берген екен. Манағы жолаушы сол ұры бала болғаны ғой! Баяғы мал адал боп бұйырып, алдына дәулет түскені ғой.
— Сәлем айтса, сәлемат болсын! — деген Мәтекең.
Содан Мәтекең бірде көк шабдар ат мініп көлеңдеп жүрген баласына:
— Балам, базарға барып қайтсаң қайтеді, — депті.
— Одан не бітірем, әке? — депті Тайлан.
— Көк атыңа мініп бар да, көк атыңа мініп қайт, басқа ештеңе істеме, — депті Мәтекең.
Тайлан содан Түркістанның базарына барыпты. Көк ат мініп көлденеңдеп келе жатқан жас жігіттің үстіндегі тері жарғақ киіміне таңғалды ма екен, бір отағасы анадайдан:
— Жолың болсын, балам, — депті.
— Әләй болсын, ақсақал, — депті Тайлан.
— Шырағым кімнің баласысың? — депті ақсақал.
Тайлан жөнін айтыпты.
— Ендеше, балам, осы арада тұра тұр. Анау қым-қуыттың арасына кірмей-ақ қой. Менің бір Мәтекеме беріп жіберетін сәлемдемем бар еді, — депті.
Ақсақал көп ұзамай бір қапшықты арқалап әкепті де, Тайланның артына өңгеріпті.
— Ақсақал, бұны кім берді дейін? — депті Тайлан.
— Мәтекеңнен жақсылық көрген адам аз ба? Соның бірі дей сал, — депті кәрия.
Тайлан үйіне кеп қапшықты ашса, лықа толы өзіне арналған асыл киім екен. Тайланның үстінен жарғақ тон осылай түсіпті деседі. Кейін Әбілқайыр екеуі бірге жорыққа барып жан қиыспас дос боп қайтқасын бірде Мәтекең баласынан:
— Балам, атың түзелді, киімің түзелді, досың түзелді, енді ер жігітке не жетпей тұр? — деп сұрапты.
— Әке-ай, оған үйірімен үш тоғызды, қырық жылқыны қайдан табамыз? — депті.
Сонда Мәтекең:
— Бала әкеге бес жыл жұмбақ, әке балаға өмір бойы жұмбақ деген осы екен ғой. Әкеңнің қадірін әлі түсінбегенің бе, балам, — деп басын шайқап күліпті.
— Әкең — Мәті, досың — Әбілқайыр болса, саған қандай қалың керек. Қасыңа сұлтанды ерт те, сұлтан түсетіндей бір үйдің ту сыртынан барып ат басын тарт. Ар жағын өзің көрерсің!
— Әке, сонда кімнің ауылына барғаным дұрыс дейсің? — деп сұрапты Тайлан.
— Өзіңнің болашақ қадіріңді, әкеңнің атын, досыңның абыройын тегін үйдің босағасына тастай салма. Жалғыз шалдың жалғыз баласы болып та біраз жүрдің ғой. Ең болмаса қайның қалың ауыл болар ма екен? Алысқа ат шаптырып қайтесің, мына Боралдай бойындағы Жомарттың ауылына бара сал, — депті.
Әкесінің «бара салының» өзі байлығы мен сән-салтанаты күллі қазақтың ауызына іліккен Жомарт болғанына Тайлан таңғалмағанда, кім таңғалсын! Қапелімде, іштей жүрексініп тұрса да, әке аузынан шығар сөз шығып қалғасын, қасына Әбілқайырды ертіп, Жомарттың ауылына барды.
Салтанаты асып, Сайрамның ауызын бағып, дүние-малды қайда шашарын білмей отырған Садыр байының ауылы Кіші жүзден ат басын туралап бір төре, бір батыр қонаққа келгесін шашылмасқа жағдайы қайсы. Аяқтарын жерге түсірмей, ат үстінен көтеріп алып, ақ үй тігіп қонақ етіпті. Енді жас жігіт бай ауылда бір күн жатыпты, екі күн жатыпты. Үшінші күні күтуші, даяшылардан ертең жолға шығатын райларын танытқанда, Жомарт келіпті.
— Бұйымдарыңды кетерде емес, келген бойда сұрайтын аса қадірлі қонақтарымсыздар. Бірақ, көмейлеріңді ішім сезіп тұрып, келмей жатып сырларыңды айтқызып алмайын, қысылып-қымтырылмай қонақ бола тұрсын дедім. Сонымен Мәтекең келінін қай шамада алып кетем деп отыр? — дегені.
Пәтшәйым бұл ауылға сүйтіп келген. Жомарт бұлардың бұйымтайын айтқызбай орындады. Бұлар Садырларға қыздарын көрместен құда түсті. Ол жолы қалыңдықты екеуі көре алмай қайтқан. Сөйтсе, Пәтшәйым екен. Жә, ол турасында Әбілқайыр мынандай кер кеткен түс түгілі замананың тынышында да ойына алмауға тырысатын. Жан досының, онсыз да құйрық-жалы селдір жалғыз жігітке құрдасының көңіліне қаяу түсе ме деп ойлайтын. Тағдырдан басқа ешкім жазықты емес сол бір құпияны бұған дейін мынау қара жердің бетінде білсе, екі адам ғана білетін еді. Енді, міне, Пәтшәйым не өзі, не өлігі көрінбей, үшті-күйлі жоқ. Ол сырды бұдан былай Әбілқайырдың өзінен басқа ешкім де білмейді.
Тайлан қараң қалған жұрттың басында байыз тауып тұра алмай сенделіп кетті. Жер ошақтың басында Пәтшәйым ұстаған көсеу аман қапты. Пәтшәйым жақында ғана теріп әкелген тезек аман қалыпты. Баласы ойнап жүріп осында әкеп тастаған болу керек, қынаға салып бояған төрт-бес асық жатыр. Тайланның кешегі, жиын-тойдай дәуренінен қалған бар жұрнақ сол...
Манадан төңірегіне қабарыта қарап, тік тұрған, қаздиып берік тұрған Тайлан сұлқ шөгіп отыра кетті. Шашылып жатқан су күлді жұдырықпен қойып-қойып қалды. Тайланның манадан бері буынып тұрып-тұрып, аяқ асты лық ете қалған өкініші мен қасіретіндей көк сұр күл бұрқ ете шапшып, еңгезердей батырдың жап-жалпақ бет-аузын көмді де кетті. Кешегі бейбіт тіршіліктен қалған осы бір болмашы із оған: «Ошағың мен шаңырағыңды бақпай, қайда жүрсің?» — деп зірк ете қалғандай.
Әбілқайырдың екі жауырынының арасы мұздап қоя берді. Есіл досын от басының қызығынан айырып, қасынан тастамай, көп ерткеніне, енді, міне, бүгін келіп өкініп тұр. Қай бір ақ тауды айырып, қара тауды қайыратын жігіттің мына дүниеде тындырып кетер жақсы ісінің, тастап кетер жақсы атының, қар төсеніп, мұз жастанып жүріп қалған қайратының, елге істеген, халыққа істеген қызметінің, ағайынға, досқа істеген шапағатының жалғыз хиуазы — өз отының басы мен өз елең төсегіндегі кемді-күн көрер қызығы екен ғой. Енді, міне, Әбілқайыр соны да мынау Тайлан досына түгел бұйыртпапты. Бірде жол шығыпты, бірде жорық шығыпты, бәрінде де Тайланды тастамай, кісі шаптырып алдырыпты да отырыпты. Соның бәріне ол өз ошағының жылуын, өз төсегінің рақатын, өз дастарқанының ырзығын, әкесінің мейірімін, жарының ықыласын, тәй-тәй басқан баласының былдырлаған тәтті тілі мен мойынына оратылған ыстық құшағын тастап келеді екен ғой.
Әттең дүние-ай десейші. Биқасиет тіршіліктің пәтуасыз шырғалаңы қай нәрсенің қадір-қасиетін түгел ұқтырып жатыр!
Тайлан орнынан атып тұрды. Бет-ауызын көміп кеткен күл-тозаңды сүрткен жоқ. Тәлтіректеп басып алақандай егістікке беттеді. Егістіктің шетіндегі шаншулы күйінде қалып қойған күрекке барды. Күректің сабын көкірегіне басып біраз тұрды. Сонда барып анадай жерде жайрап жатқан өліктерді көрді. Жүгіре басып қасына барып еді, төрт-бес жоңғар ұзыннан сұлап түсіпті. Қарақұстан тиген ауыр соққының орнына қатпарланып қан ұйып қалыпты. Жексұрын көкала шыбындар гүж-гүж етіп шыр айналып ұшып жүр. Бір жоңғар қос қолымен әкесінің тірсегінен ұстай құлапты. Құбыла бет шетіндегі етпеттей жығылған Мәті би екен. Кетпені анадай жерге ұшып кеткен. Нағілет жоңғарлар жетпістен асқан кәрі шалды қос жауырынының арасынан найзамен шаншып өлтіріпті. Кәрі батыр өлер алдында біраз жағаласты салса керек. Айналасы қорс болып қалыпты. Қасындағы жайрап жатқан төрт-бес өліктің ажалдарын диқан шалдың қара кетпенінен тапқан түрлері бар. Жарықтық сексенге аяқ басқанмен жастығын ала өліпті.
Тайлан әкесінің қасына барып жер тізерлеп, етпеттей құлаған мүрдені шалқасынан аударды. Сол баяғы Мәтекең. Жүзінде өкініш те, ашу да жоқ. Өмір шіркіннің бір күні дәл осылай жер қаптырып кетерін алдын ала біліп қойған кісідей, жайбарақат жатыр. Жығылғанда ауызын бірдеңеге ұрып алса керек, сақалына қан ұйыпты. «Ә, келдіңдер ме», — дегендей әлі ашық жатқан нұрсыз ала көздері телміре қарайды. Ешкімге, ештеңеге реніші жоқ жайбарақат жүз. Егер бұған оған әлі жан тапсыра қоймаған кезінде жетсе де: «Әй, қарақтарым-ай, әлдеқашан айтпап па едім», — деп өкпе-назсыз жөнеле беретіндей.
Әбілқайыр Тайланның қарсы алдына барып отырып, кәрі бидің көзін өз қолымен жапты. Ішінен қатты күйзеліп толғанып отыр. Иә, Мәтеке, сен әлдеқашан айтқансың. Айттың Мәтеке, айттың. Сен баяғыда-ақ айтқансың. Алқалы жиынның төрінен тұрып кеткенде-ақ, сен күндердің күнінде осылай боларын айтып кеткенсің. Сен мынау елсіз, оңаша бұлақтың басына қонып алып жеті атаң, жеті бабаң істемеген кәсіпті қуып, жер шұқып кеткенде де қазақтың қатты ойланатын уақыты әлдеқашан келгенін, олардың бұрынғы ат-жалы, түйенің қомы болған дәуреніне көнбіс уақыт бұдан әрі көне бермейтінін айтып баққансың. Тәуке өліп, күллі қазақтың сақал-мұртынан жас тамып тұрғанда: «Таққа ие табылмайды деп жылап тұрсыңдар ма, жоқ, елге ие табылмайды деп жылап тұрсыңдар ма?» — деп сұраған да жалғыз сен едің. Болат таққа отырып, жұрт ханталапайға аттанып жатқанда: «Жақсы хан таққа мінсе, өзі талапайға түсер, жаман хан таққа отырса, елі талапайға түсер. Осы немеңді бала кезінен білетін едім, тоңқаңдап жырадан шықпаушы еді, көк төбенің басына шығып, белін көтере түріп, бетін желге бұрып шабына қарап түзге отырғанын бір көрмеп едім. Иә, жасық шығар. Иә, пасық шығар. Қайсысы болғанда да, айдарларыңнан жел есе қоймас», — деп анықтап айтқан да жалғыз сен едің. Сен айтқансың, бәрін айтқансың. Тап осы жуырда ғана, биылғы көктемнің сылайынан шошып, ел-жұртқа: «Арғымақ пен азаматқа абай болсын!» — деп сәлем салған да сен болатынсың. Бірақ оныңды қай қазақ құлағына іліпті! Міне, бос белбеу отырып боқ басында жайрап қалдық. Оны және әркім өзінен көрмей, біреу біреуден көреді. Бұл да, міне, Түркістанның көк сарайында көлбеп жатып ап, күні-түні ұйқы соққан Болаттан көріп тұрған жоқ па! Иә, иә, өзі айтсыншы! Ақылды бір кісіге айтсаң, осыған айтып ең ғой. Басқаны қойғанда, сол айтқаныңды осының өзі түгел орындап па екен? Қайдан! Бұл әлі баяғысынша шетке қашып, оңаша күрсінгеннен әрі аса алмай жүр. Сырттай кіжінгені болмаса, бел буып шайқасқа шыққан жер жоқ. Әлі күнге әліптің артын бағулы. Әліптің, арты, міне — жайрап жатқан өзің, жайрап жатқан елің. Жол басшың қызыл түлкі болсын деп ең бұл түлкілікті, айлакерлікті, бұта көрсе, бұға беру деп түсініпті. Бұл бұқпақтап жүргенде жол бастаушы қызыл түлкісі қан жалаған қызыл қаншыққа айналыпты. Баяғыда Пәтшәйым екеуіңе келіп, шәй ішіп кеткенінен бері ол көзіне көрінбеп еді. Кеше көрді. Сұғындықтың асуында көрді. Бататын күн болып, қарсы алдына кеп, қара аңғардың кемерінен аса тасып аққан қара қошқыл қанды шылп-шылп жалап тұр екен. Бұған қарап үшкір тұмсығын көкке көтеріп, қызыл тілін салақтатып құйрығын бұлғағандай болды. Оның не сұмдық екенін бір алла білсін! Бірақ, кешеден бері көріп келе жатқанынан асқан не сұмдық болатын еді. Иә, бұдан асқан сұмдық бар дейсің бе...
Мәті ақсақал бәрін естіп, бәрін түсініп, бірақ не деп тіл қатарын білмей, екі көзін тарс жұмып ойланып жатқандай. Тайлан мен Әбілқайыр оның мынау өліп жатқанда да ой шырмауынан шыға алмаған әжімді жүзіне, ашу-кексіз кешірімді келбетіне аңтарыла қарап біраз отырды. Сосын орындарынан тұрып, құбыла беттен қос құлаш жер қазып, шайқаста шәһит болған кәрі батырды киімшең күйі қара жердің қойынына беріп, үстіне жығылған нардай үлкен қызыл төмпек үйді. Ажалы жеткенше қолынан тастамаған соңғы қаруы балшық пен қан қабаттаса жұққан қара кетпенді басына сайғақ қып шанышты. Дәу төмпешіктің үстіне ұшын шығысқа қаратып жез масақты сұр жебе тасталды. Бұл марқұмның кегін қуған кісі жауын осы жақтан іздесін деген нысана нышан...
Айғыр топ қол құбылаға жығылып намаз оқыды. Жұрт жапа-тармағай атына мініп жатқанда да Әбілқайыр ұзынынан сұлаған Қызылжал төмпектің қасында тұрды. Бұрын жанындағы жалғыз пірім осы бір қайсар қара шал деп ойлаушы еді. Енді жер бетінде ол да жоқ, жалғыз қалды. Бұрын ол ой деп аталатын шалқар мұхитта көз ұшындағы осы бір жалғыз қалтырамас қайсар желкеннің қарасын бағып, қуалай жүзуші еді. Енді, міне, ол да тұңғиыққа батып, бұл әр күні жел әр тараптан шығып, ағыны мен толқыны әр қилы аунап, әр қилы шалқыған сол бір қатерлі ағында қалтаңдаған жаңқа қайық мініп жалғыз қалды. Бұрын өз ой аңғарының дұрыс-бұрысын осы бір қиқар қара шалдың қитұрқы лебізіне қарап бағыттаушы еді, енді оның өз көкірегінен басқа сенері жоқ. Шын жалғыздық деген осы екен ғой! Енді мұның серігі ойда жоқта тап болып, ойда жоқта ұғысқан аты халық ауызында қалар кәрі бидің бұлыңғыр елесі мен заман өткен сайын орынды, заман өткен сайын ұғынықты бола түсер азын-аулақ лебіздері ғана... Соңғы бір келгенінде: «Алаштың талағының биті, көкірегінің көзі бар азаматының қатарынан озбаққа ұмтылған жақсы. Ондай жігіт бойкүйездік жасаса, өзінің де, елінің де бағын байлайды. Ал, қолының ебі болғанмен көкірегі соқыр пысықайлардың төрге шапшығаны бақыт емес, тақсірет. Сорлатқанда біздің қазақтың жақсысы бойкүйез, жаманы өлермен келеді», — деп еді. Оны енді ұғып тұр. Сөйтсе, бұған айтқан бопсасы екен. Жоқ, бұдан әрі бұғып жүре бермес, не де болса, ақыр түбі бір жарып шығар.
Көсегенің көк жолындағы жаңадан түскен жалғыз төмпектен елдің ең соңы боп аттанған Әбілқайыр еді.
Ол орнынан тұрса, Тайлан атын жетектеп манағы күлдің басына қайта барыпты. Үюлі тезек пен күл арасында сенделіп жүрді де қойды. Еңкейсе — темір қазық. Қасында бірдеңе бұлтияды. Қазса — темір таба. Ашса — ішінде сап-сары таба нан. Шетінен біреу бір тістепті. Пәтшәйімнің өзі ғой. Тірі болды ғой, Тайлан таба нанды қойынына тығып, атына мініп, қолдан бөлініп жалғыз кетті.
Сосын... Сосын не болсын... Бір шырғалаң басталды да кетті. Әбілқайырлар ат үстінен түскен жоқ. Апталап шайқасты. Бір жеңді, бір жеңілді. Бәрібір шыққан пәтуа жоқ. Дүниенің төрт бұрышын сықсия баққан сығыр жау қазақтарды қапыда қалдырды. Сәуірдің жарқырап атқан жақсы таңында Боралдай өзенінің бойында Үлкен Тұра тауының қасында бір алқапты бір өзі толтырып тәтті ұйқыда жатқан садыр Жомарттың ауылына жау шапты. Оны әуелі түзге шыққан бір кемпір көріпті. Өзеннің аңғарынан бұқпақтап шығып қалған жоңғарды таң атқанша қыз ойнақ салып, енді ауылға қайтып келе жатқан осы ауылдың көп бозбалаларының бірі деп қалса керек.
— Тәйт әрі, мына көргенсіз қайтеді ей. Түзге отырған адамның алдынан жүре ме екен. Жарымағыр осыдан көзіңе теріскен шығып жүрсе, өз обалың өзіңе! — деп бажылдайды.
Бірақ, сай бойынан шығып келе жатқан «жарымағырдың» оған құлақ асар түрі жоқ, емпеңдеп тартып келеді дейді. «Мынау бір көзіне қарайған неме екен», — деп ойлаған кемпір орынынан атып тұрып, «ойбайлап» ауылға қашады. Шет жақтағы үйлерден сыртқа атып шыға келгендерге, бейшара кемпір: «Бұ заманның еркегіне не болған? Сайға таман барып, дәретке енді отыра беріп ем. Мына бір шешек шыққырдың тарпа бас салғаны», — деп ауылды басына көтеріп келе жатыр дейді. Ал, үйден жүгіре шыққандар түзге отыруға барған кемпірді қуып келе жатқан көрсе басарды емес, ауылды үш жағынан иретіле орағытып жатқан өзен аңғарынан бірінен соң бірі қаздай тізіліп атып шығып жатқан түстері суық бейтаныс еркектерді көріпті.
— Ойбай! Жау! Жау шапты! — деп айқай салыпты сыртқа атып шыққан кісілер.
Сөйтсе, ауылдан бір де бір ат табылмапты. Бәрі жайылыста екен. Ыңыранған бай ауылы ұйқы-тұйқы болыпты да қалыпты. Көп ойбай, көп айқай. Құр ойбай, құр айқай. Сегіз қанат ақ орданың қақ төрінде манаурап жатқан Жомарт орынынан атып тұрып, кереге басындағы көк найзасы мен қылышын қолына ұстап, көйлек-дамбалшаң сыртқа жүгіре шығыпты. Жан-жақта жөңкілген дүрбелең. Есі кеткен халық анадайда аңырайып тұрған Үлкен Тұра мен Кіші Тұра — егіз таудың арасындағы қара аңғарға қарай босып барады дейді. Қара аңғарға тығылып қайдан құтылсын, алдарынан анталаған жау тағы шыға келіпті. Сүйтсе, қаскөй дұшпан көп әскерін сонда қалдырып, ұйқыдағы ауылды үркітуге азғантай тобын жіберген екен. Сай бойындағы сатыр-сұтыр сайыс көпке созылмапты. Бейхабар отырған ауылдың еркек кіндігі сәскеге дейін түгел жер құшыпты.
Сәске тұсында жоңғарлар қараң қалған ауылдың қатын-баласын қиқулатып қамап қойып, сай табанында отырып тамақтанып алыпты. Сосын қатын-балаларды қойдай тізіп, ертең жесір мен жетім қып алдарына сап айдап кететіндерін сұрыптай бастаған екен, бір тайшы кеп:
— Жетім мен жесір алда да жеткілікті. Қатын-қызының ең сұлуын алыңдар. Балалардың ішінде қазақтың белгілі батырларының төлі болса ғана алыңдар! — депті.
Содан он шақты қыз-келіншек пен төрт-бес бала ғана іріктеліп алыныпты. Қалғандары сары масадай жабылған сай кез оққа жем болыпты.
Дәл сол күні дәл осындай оқиға найман Бөрте батырдың да ауылында болыпты.
Осылай басталған топалаң қаулады да жүре берді. Қаратаудың теріскейінің үш қаласы алдымен күйреді. Енді Боралдай, Бадам, Қошқар ата, Арыс бойындағы ауылдар талапайға ұшырай бастады. Қапыда тап болған жаудың хабарын кеш естіп асығыс атқа қонған қазақ қолдары өліспей-беріспей жанталаса шайқасса да, жау екпінін тойтара алмады, небір қиын шатқалдардың ішінде, небір жіңішке өткелдердің ауызында, Иқан, Түркістан, Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Жөлек түбінде босқа жайрап қалды. Ол күндер қазақтардың көкіректері ояу қарияларының баяғыдан қақсап айтып келе жатқан ақыр заманының орнаған күні болды. Жан-жағың жайраған өлік. Арасында әлдеқайда зытып келе жатқан босқын елдің сіңірі шыққан қызыл сирағы. Мал жауда қалды. Бірінен-бірі адасқан жұрт. Ұлы жүз бен Орта жүздің найман, қоңыраты жол-жөнекей Сырдария бойындағы екі Алакөлдің екеуінің де жағасын өлікке толтырып Бұқараға құлады. Орта жүздің арғыны мен қыпшағы ақ шаңытты толарсақтан кешіп, ақ табан боп Торғай бойына тұмсық іліктірді. Кіші жүздің ұлан-асыр көші басын тауға бір, ойға бір соғып, Сауранды бір айналғанда үш айналып, Қызыл құмның қалыңын кешіп, Хиуаның бойына тартты. Қызыл шағылды толарсақтан кешкен аш, жалаңаш... Айқай-жылау... Жұрттың үсті елбе-селбе... Бет-ауыздарын айғыз-айғыз шаң көміп, екі көзі зорға жылтырайтын қалтақ-құлтақ мүскіндерді көргенде, әу баста топырақтан жаратылсақ, жаратылған шығармыз деп ойлайсың. Аш пақырлардың жата қалып құм аса десең құм асайтын түрлері бар. Шөп басында пісіп тұрған дәннен ештеңе қалмады. Су көрінсе жағасына жайғасып ап, бақыраш толтырып шөп қайнатып отырған бір адам. Екі-үш қайнатып, ашуын кетіріп, шайнасаң шағыр екеш шағырдың да ас болатынын ол сонда көрген. Алғидың тамыры, жау-жұмырдың түбі сораңның басын қоңыраттың ақ жүгерісі ме деп қаласың. Құмаршықтың талқанына хан болмаса, қараның қолы жетпейді. Бұрын еріккен балалар қазатын қоян тобық, көсік, мондалақты енді таласып-тармасып сақалдары сапсиған үлкендер қазады. Күні кешегі ақ сәлделі ақсақалдардың шарта жүгініп ап, көсіктің түбін аршып жатқандары. Бұғының мүйізіндей шаңбақтанып өскен көк тарамыс шөптің ең ұзын тармағы қарап тұрған жаққа біреу жоласа, «Кет, әрі жүр, менің қазып жатқан көсігімнің жұбайын қазып қоясың», — деп байбалам салады. Тақыр көрінсе еңгезердей еркектер атынан түсе қалып, қынындағы қанжарын суырып алып, тамыры жарты құлашқа дейін тереңдеп кете беретін қоян тобыққа шап береді. Індігеш кезіксе, біреуі түтін салып, қалғандары жер жұтқыр жәндік қай арадан қашып шығар екен деп, екі көздері төрт болып торып отырғандары. Анада көктем басында күбідей болып семіріп алған мақұлықтардан үрерге ит қалмай барады. Бұрын аяғыңның астына кеп оратыла кететін жәреуке немелер қазір адам көрсе, жер түбінен безе жөнеледі. Мынау көзіне не түссе де, ұстап алып құзғын құрсақтарынан бірақ шығаратын екі аяқты жебірлердің жолында тұрмайық деп ай даланың аңы екеш аңы безіп кеткен. Бұл қара нөпір жолында тұрса, жолбарыс пен арыстанды да ұстап алып тірілей үйтіп асап салудан тайынатын түрі жоқ. Жылан екеш жыланның етінің де майы қалқыған тәтті сорпасы болатынын жұрт сол жылы білген. Құрт ауыруға борсықтың майының ем екенін, өкпенің қағындысына сары үйек жыланның сорпасының ем екенін, мысқыл жараны ыссылай тартқан күшік етінің былауы қағып түсетінін, белдің құяңын құмырсқаға таланып кетіруге болатынын қазақ сол жылдары ұққан. Ол сұмырай жылдары жұрт не сұмдықты біліп, не сұмдықты істемеді дейсің. Тіпті көш сайын ақсақалдарға ертелі-кеш бесіктегі кішкене балаларды түгендеп отыруға тура келген тұстар да болды. «Арпа, бидай — ас екен, алтын, күміс — тас екен» дейтін мақал да сол жылдары шыққан.
Құламаның құла шөлінде өлгендері өліп, жеткендері жетіп шұбырынды халықтың алды барып, Хиуаға құлады. Хиуалықтар әуелі көрместі көріп келе жатқан көп шұбырындыға қолдарынан келгенше қайыр-патихасын берді. Бірақ, бір емес, он емес, жүз емес, мыңдаған қайыршыға қайыр-патиханы қайдан тауып бере берсін. Көп ұзамай мынау көшпенді шұбырындылардан азар да безер боп қашатынды шығарды. Тас дуалға қамалып ап есіктерін ашпайды. Оған қараған көшпенділер бар ма, барып алып базарларын талады. Егін-жайға, бақшаларына түсті. Жайылып жүрген малдары көзапара қызыл қуырдақ боп кетті. Енді хиуалықтар сыртқа есек екеш есегін шығармайтын күйге жетті. Сөйтіп өздері біреуден таяқ жеп қашып келе жатқан қалың босқыншы келе-келе басқыншыға айналды. Қараптан-қарап тал түсте таланып хиуалықтарды қара басып па! Сол жылдары талай қазақтың кәлләсін сұр мойнақ мінген жәуміт жігіттерінің қайқы қылышы қақшыған-ды. Сөйтіп қазақ пен түрікпеннің арасына да қара мысық жүгірді.
Әй, ол жылдары несін айтасың, Ақтабан шұбырындының сұрқиясы мен сұмдығын айтып тауыса алармысың! Әбілқайыр бүгінде сол бір көп сұмдықты көз алдына елестетуге дәті шыдамайды. Есіне ол түсті-ақ төбе құйқасы шымырлап қоя береді. Бірақ бір нәрсені ғана ойына алмай тұра алмайды. Ол баяғы Көсегенің көк жонында қалған жаңғыз мола... Шалқасынан түсіп, көзін жұмып ойға батып жатқан Мәті. Сонда оның басында іштей егіліп отырып ойлаған ойлары. «Көкірегінің көзі ашық, талағының биті бар азаматтардың бойкүйез болғаны өзінің де, халқының да соры...» «Тірі жүрсем ақыры бір жарып шығам...» «Ендігі халқыңның жол бастаушысы — жолбарыс та, бәрі де емес, қызыл түлкі...» «Қызыл түлкінің бір ауық құрт-құмырсқаға айналып, қайтадан қалпына түскені болашағынан әлі үмітін үзбегені шығар...» Құлағына жарыса жаңғырығып тұрған осы сөздер оның мынау аласапыранда жүріп, беталды құладүзге қаңғып келе жатқан өз жұртының осынша талайсыз болғанына күйініп, әбден мұқап-мүжіліп болған жігерін қайта қайрағандай...
Шынында да, қазақ деп аталатын халықтың мынау ұлан байтақ кеңістіктен өз орынын, өз салмағын, өз қадірін таба алмай, тани алмай осы тозып кеткені ме екен? Қай жақтан күшті жел соқса, соның ығына домалай берер қайраңсыздықтан енді қайтып құтыла алмайтын болғаны ма? Оның ендігі тағдыры көк желкеден сұғынған көк сүңгінің айтқанына көніп, айдағанына жүру ме? Енді ол өз тізгініне өзі ие болудан мәңгі-бақи қалып, осылай жел қуған қаңбақтай жұртқа желкелетумен өткені ме? Жоқ, табан тіреп, бір тоқтамға бекініп, кер заманның кергісіне көне бермей, аруақ шақырып, айбын көрсетер күні болар ма екен! Мынау кім көрінген кемсіткен «майтымақ», «бұратана», «көшпенді», «босқыншы», «қаңғырма», «қой соңындағы қой» аттарынан құтылып қайтадан «қазақ», «қазекем» атанар күні туар ма екен? Жан-жағынан қыспаққа алып, арлан қасқырлардай анталап тұрған аран ауыздардан азуларында жаншылып, өңештерінен өтіп кетпей, құрт-құмырсқа екеш құрт-құмырсқаға да орынын тауып, ырзығын айырып, жайбарақат күн кешіп жатқан кең байтақ қара жердің бетінде олар да жұрт қатарлы бастары қарайып жүре алар ма екен?
Ақтабан шұбырындының ала шаңытына ұрынып, басына күн туған бейшара халық, кім біліпті, күндердің күнінде есін біліп, етегін де жинар. Баяғы бір өңі екені, түсі екені белгісіз қызыл түлкі көз алдында құрт-құмырсқаға айналып кеткенмен артынан топыраққа бір аунап тұрып қайтадан қалпына түсіп еді ғой. Кім біліпті, қазақтың да бұл біржола құрығаны емес, қапысын тапқан аяр жаудың аяусыз жер соқтырғаны ғана шығар. Жұртыңды жөнге бастар болсаң, суырылып алға шығар тұсың осы! Тұрғыластарыңнан тұрқың озық екені рас болса, көрінетін тұсың осы! Бойыңды сарысудай сарыуайым ғана жайлап алмай, бір мысқал тәуекел қалса, оны ат қып ерттеп мінер кезің осы!
Әбілқайыр ойға шомды-ақ, әлдебір сиқыр дауыс намысын шабақтап, құлағына қайдағы-жайдағыны құяды да жатады.
Ал тәуекеліне мінсін делік... Сонда не істеп, не тындыра алады? Хиуаның өзбегі мен түрікпені көздеріне шұқып сыйғызар емес. Баяғыда бес қаруы белдерінде, қайраттары бойларында отырған шағында осы бір екі шағылдың ығында тығылып отырып-ақ қарыны тоқ, киімі бүтін, құлағы тыныш хандықтарды мойын ұсынтып көндіре алмапты. Бақса, ертелі-кеш жер ұшық жасағандай жығылып-тұрып тоңқаңдап жүрер біраз диханды қол астында ұстағанның пайдасы болмаса, зияны жоқ екен ғой. Қап, бәлем, осыдан естерін бір жинап алса, бір етегін сонау Сарыарқаның салқын дөңіне қарай созса, екінші етегін мынау лайытып аққан екі дарияның бойына қарай созар-ау. Сонда, міне, қазіргідей тандыр жауып жатқан ала шекпеннің қасына барып алақан жайып, көзін сатып тұрмас едің, әлпештеп баққан ару қызыңды кәудіреген кәрі шалға бір қап арпаға беріп, обалына қалмас едің... Оның бәрі - мәңгінің қиялы. Қазір, мына қазір қайтпек керек. Тентіренді жұртың бұдан әрі тентірей берсе, несі қалады? Жоқ, қазақтарға, әйтеуір, бір тізгін тежер жер керек болса, ол осы ара, осы тұс...
Хан сөйтіп өз ойымен өзі пұшайман болып жүрген-ді. Бір күні сары бесінде атының сауырын ақ көбікке былғап, екі езуі екі құлағына жетіп, тама Есеттің шабарманы келсін. Әбден зәрезап болып қалған Әбілқайырдың жүрегі, қапелімде, тағы бір ойнақшып қалды. Аралдың арғы басына өтіп алып, оң бүйірін башқұртқа, сол бүйірін түрікпенге, қақ маңдайын торғауыт қалмақтарға қаратып, алшая қонып алған Адай, Тама, Табын ауылдарының өздерінің іргесінде де тыныштық жоқ еді, өздерінің өзгелерге де тыныштық көрсетіп отырғаны шамалы еді. Сүйтіп түске дейін «алақайлап», түс қайта «ойбайлап» қала беретін алмағайып кезде кесепаттың қайдан келедісі бар ма! Басына құс қондырып алғандай тымағы жалпылдап екі етек болып келе жатқан шабарман, сау болғыр, әйтеуір, анадайдан «Сүйінші!» «Сүйінші!» деп айқайлағаны.
— Иә, не қуаныш!
— Батырдың қатыны ұл тапты!
— Бауы берік болсын!
Жер түбінен шауып келген хабаршысының әлі күнге екі езуін жиып үлгере алмай тұрғанына қарағанда, батыр бөркін аспанға атып жатқан сияқты. Бармай болмайды екен...
— Тағы кімдерге хабар кетті?
— Бөкенбайға, Батырға, Төлебайға, Байсауға, Сырлыбайға, Шоланға, Есенқұлға, Жаулыбайға, Сабытайға — қойшы, хан-ием, құлағыңызды ауыртып не қылайын, әйтеуір Жанарыстың етегін жауып жүрген біздерміз дейтіннің бәріне...
Хан қасына нөкерін ертіп Аралдың күн батыс бетіндегі теңізге еміне кірген бір қара түбекте отырған Көкінің Есетінің ауылына тартты. Шілде енді басылған, бірақ, сүмбіле әлі туа қоймаған, күннің сүйек балқытар сартап қызуының әлі қайратында тұрған шағы еді. Әбілқайыр тобы ай далада жалғыз жайылған нар түйедей бір сөңкиген биіктің басына шығып күн шалып, айналаға көз тастауға тоқтаған-ды. Күн асты шаңытқандай болды. Жел жоқ тымық алқапта шарбыдай ұйысып тұрып алған түбіттей түтілген шүйке тозаңның күн батыс құйрығы бірте-бірте ұзара түскен сияқты. Сүйтсе бір қашқан құландай түйдек топ күн батысты бетке алып суыт жөңкіліп барады екен.
— Анау не? Аң ба, жүргінші ме?
— Қараптан-қарап жөңкіле қашып, аңға не бопты? Жүргінші шығар.
Биік шоқының басындағы қалың қарайғанның қаптағайлап ойға құлағанын көргесін шүйе тозаң одан сайын зымырай түсті. Хан төрт-бес жігітті жұмсап:
— Анау не шаң екен, біліңдерші, — деді.
Жалаңдаған жас жігіттер аттарына қамшы басты.
Қалаған топ сар желіспен соңдарына түсті. Бір қыр асқанша қолдарын бұлғалақтап, бейбіт жүргінші екендерін, хабарласқылары келетінін білдіріп еді. Көз ұшындағы шүйке тозаң, көрсе де, көрмеген болып қайырылмай тарта берді.
Бірер қыр асқасын қуғыншы жігіттер де аттарын ақ тер, көк тер қып қайтып оралды.
— Жеткізбей кетті. Жақындап барып: «Тоқтаңдар, хабарласа кетіңдер!» — деп айқай да салдық. Тоқтамады.
— Сықпыттары қандай өздерінің?
— Анық білмедік. Жетектерінде бос аттары бар. Бәрі де баран сияқтанды. Шамасы терге батып келе жатса керек. Алыстан шыққан жүргіншілер болмаса қайтсін!
— Қол деуге шағын сияқты. Әрі жүрісі тым суыт көрінді.
— Ендеше, не елші, не жаушы шығар.
— Елшілік болса, ерткен керуені, қарақұрым нөкері болмай ма?
Әбілқайыр сонау күнбатыс жақ белдерге сіңіп жатқан сұрғылт мұнарға біраз қарап келе жатты да:
— Жарайды, Есет күтіп қалар, жолдан қалмайық, — деді.
Күн кешкіре қара түбекте отырған Есеттің ауылы да көрінді. Батыр былтыр Қарағантүпті шапқанда, түрікпеннің бір бегінің он бес жасар қызын тартып алып келіпті деуші еді. Шамасы, сол босанып жатқан шығар деп еді. Шынында да солай екен.
Есет батыр жаңа босанған Жұмабибі сұлуды құндыз ішікпен қымтап, ортадағы лаулап тұрған отқа кесек-кесек шарбы май лақтырып:
— Ақ түйенің қарны жарылды! Ақ түйенің қарны жарылды! — деп алақанын шапақтап отыр екен. «Хан келеді!» хабарды естіп сыртқа шығыпты.
Сол екі арада түйдек-түйдек шаң әр тұстан да жиілей берді.
Жанарыс балалары аранға қамап аулап алған құланның қызыл қуырдағына белшесінен бөгіп отырған Есеттің ауылында екі күн жатты. Әуелі жаңа туған жас нәрестеге ат қойылды. Шешесі құланның етіне талғаған торсық шеке ұлдың аты Құланды болды. Өйткені ол туған қара түбек Құланды аталатын еді.
Той иесінің көңілін сонымен аулап үлгерген үлкен жиын енді ел жайын замана сылайына ауысты. Манағы бір суыт жөңкіген тозаңды жол-жөнекей басқа ауылдардан келе жатқандар да көріпті. Бөкенбайдың жігіттері қуып жетіп, жөн сұрасса Аюкенің елшісі Саған Мәжі болып шығыпты.
Әрине, ол сығыр мынандай ала топалаңның тұсында бекерге құйындатып жүрген жоқ. Бұл сапарында да бір гәп бар.
Есет батырдың дастарханында қолдарына бір-бір жілік ұстаған игі жақсылар сол жұмбақтың шешуін таба алмай бастары қатты. Бәрінің көңілдерінде де құлақтары қалқиып бастары қатты. Оны айтуға әуелі Әбілқайырдың көмейін біліп алғылары келеді.
— Мына жақтан Сыбан Раптан құтырғасын енді мына жақтан Аюке қозғалайын деп жүрмесін. Байластырған шоқайдан бұл екі ит біреуі ырылдағанда екіншісі неғып тыныш жатсын, — деді Бөкенбай «сен не дейсің?» дегендей Әбілқайыр жаққа аңтарыла қарап.
Әбілқайыр ішін ашпай біраз отырды. Сәлден кейін үй-арасының үйреншікті күйбеңін сөз еткендей сүле-соқтау тіл қатып:
— Солай болса, солай шығар, — деді.
Манадан бері тым-тырс отырған Есет дүңк ете қалды.
— Ау, сонда жоңғардан төмпеш жесек жейік, ал мына торғайдай торғауытқа не жоқ. Найсаптар. Көптен бері қазақтың қамшысын жемей, бөкселері қышып жүр-ау, шамасы!
Ақсақалдар сұйықтау езу тартты.
— Соған осы Жанарыс балаларының өзінің де күші жетпей ме? — деді сол жақ қанатта отырған баппен қимылдап, баппен сөйлейтін Есенқұл мерген.
— Не де болса, Хиуаның ақ шаңына қамалып отыра бермей, бір тіршілік жасауымыз керек қой, — деді Батыр қою сақалын күміс бунақ қамшысының сабымен бір сүйкеп өтіп.
— Ендеше, — деді Әбілқайыр қасын кере ойланып барып. — Араға екі-үш күн салып қалмақтардың шеттеу отырған ауылдарына жансыз сіңіріп, хабар алу керек.
Осы бір бұрынғыдай ортаға қамшы тастап, ду-ду жақ жыртыспаған бейбіт әңгіме: «Бет-бетіне тозған тірлікті қойып, тышқан ауласақ та, ешкімге көз сатпай күн көретіндей боп бір қайрат қылғанымыз жөн» деген тоқтамға келісті.
Бәрінің де көмейінде: «Осы қоңыр күзден қалмай, іргеде жатқан торғауытқа топалаң боп тиелік. Малын олжалап қана қоймай, кеше қонтайшының қол астында қалған ен өрістің орынына Жайық пен Жемнің бойына иек артып алайық» деген тұжырым тұрды.
Жас нәрестенің қуанышына жайылған дастарқанға жиылған жақсылар осыған серттесіп тарасты.
Әбілқайыр осы бір бейберекет кездегі әбеқоңыр дастарханның басындағы мөлтек мәжілістен тоғайып тұрды. Жұрт бұдан бір қайрат күтетін сияқты. «Не дейсің?» Не істегеніміз жөн?» деп аңтарылатындай. Оны бірақ бетіне салық қылмай, жазғыра сөйлемей, қайта: «Сенеріміз сенсің. Алдымызға түс. Тәуекелді тағы бір сынап көрейік те!» — дейтін секілді. Қызыл сөзі, қыздырмасы жоқ, үй ішінің: «Ертең қонақты қайтіп қарсы аламыз, қайтіп шығарып саламыз?» — деп оңаша күңкілдескеніндей ағайыншылық әңгімеден көптен бері ширығып шиыршық атып жүрген жүйкесі су бүріккен қайыстай жұмсарып сала берді. Бұрын басын қайда бағыттаса да тірсегіне орағыта кетер қыл тұсау шешілейін дегендей... Алдынан даңғыл жол шықпағанмен, адымын аттатпай діңкесін құртып келе жатқан айнала тығырықтан иек асырар бір соқыр соқпақ сес бергендей. Ақ тақырдың үстіндегі жалғыз сабақ ақ жіптей еміс-еміс қылаңытқан сол сүрлеу көңілдің көптен қапырық уайыммен удай ащы өкініш, ыза жайлап алған қапас күркесіне майға батырып құмалақ шаншып жалғыз тал жалпылдақ шырақ жаққандай, көкірегінде бір ұры сәуле жылт-жылт етеді. Ол енді сол әлсіз шырақты ебедейсіз қимылдап сөндіріп алмайын дегендей, не жайында ойланса да, үркесоқтап, алды-артын сарапқа салып әбден салмақтап бағады.
Кешегі күн астына қарай құйғытып бара жатқан ақ құйын Саған Мәнжі деседі. Ол сығыр қазақшаға судай-тұғын. Жасырақ кезінде, қолына дербес тізгін тимей тұрғанда Аюкені де біраз сығалап көргені бар. Ондағы ойы — бір жағынан башқұрт, бір жағынан түрікпен түрткілеп маза бермейтін өз ұлысының, ең болмаса, торғауыт жақ іргесі тыныш тұрар ма екен деген далбаса еді. Оның үстіне, Түркістандағы үлкен шаңырақтың алдында алақан жая бермей, өз бетіне, өз жөніне жүргісі келгені тағы бар. Әлгі Саған Мәнжіні сол кезден білетін. Ай шеке, қасқа бас, қоңқақ мұрын, салдыр-салақ қатынның екі жеңіндей желпілдеп жүретін желбірек мұрт, ала көз неме ойқы-шойқы тұлға-тұрпатына қарамай қара сөзден қаймақ алатын ділмар-тұғын. Барған жерінен, ең болмаса, бір сабақ жіп жапсырып кетпесе, басы ауыратын алпауыз қатын сияқты құр қол қайтпайтын. Ол, әншейін, «барып кел, біліп келге» жүрмейді. Ол, әншейін, «барып кел, тындырып кел». Оның қонтайшыдан не тындырып келе жатқанын бір алла білсін. Әйтеуір, Аюкені білетіндер: «Саған Мәнжіні жіберсе — артында бір салмағы бар, Меңлі Қашқаны жіберсе — артында бір жанжалы бар», — деуші еді. Торғауыт ханының жалаңдаған қос тазыдай осы бір екі елшісінен жұрттың бәрі тіксініп отыратын. Саған Мәнжінің бүгінгі ақ шаңыт қып арқалап өткен салмағы кімнің мойынына түсетін батпан жүк? Торғауыт пен ойраттың арасындағы салмақ орта жолдағы қазақтан басқа кімнің мойынына түсуші еді. Қазақ болғанда да, мұның мойынына, мұның қол астындағы Жанарыстың мойынына түсетін салмақ шығар. Ойраттың шырғалаңы — исі қазақтың ортақ шырғалаңы болса, торғауыт пен түрікпеннің шырғалаңы — Кіші жүздің енші шырғалаңы. Бәлкім, Түркістанды алып бәлденіп жатқан Сыбан Раптан күн батыстағы ұяласына: «Мен іргеңе барғанша сен неғып тыныш жатырсың? Мен сол бүйірден қысқанда, сен оң бүйірден сықпайсың ба? Сүйтіп маңқа қазақтың екі бөтекесін алқымына әкеліп, алақанына төгіп бермейміз бе!» — деп бопсалайтын шығар. Онда тағы бір зобалаң қоздады дей бер. Қапы қалуға болмайды. Мұндай жағдайда жан-жағыңдағыңның бәріне сүйкенсең — құрдым түбіне бірақ кеткенің. Сондықтан, жан-жағыңдағы анталап тұрған ақикөз көршілерінің көбінің әзірге көңілін аулай тұрғаны жөн. Ол үшін қазаққа қазір қалмақтан басқа ешкіммен жауласуға болмайды. Хиуа мен Қарақалпақтың жерін шаңдатып жатып алмай, тездетіп кеңіске шыққандары керек. Қос қапталдың екеуіне де бұрылмай Еділ мен Жайыққа қарай ентелей бергендері жөн. Қазақ пен қалмақ ұстасса, Башқұрт пен түрікпен аңыс аңдып тыныш тұрады. Әзірге Жем мен Сағыз Елекке сұғынтып үш арыс ұстап, қалың ойрат жатқан кеуде мен бөксені алты шекті мен жеті руға қалқалатып, ілгері ұмтыла бергеннен басқа жағдай жоқ. Түрікпен жақ қанатқа Есенқұл, Назар, Сабытай бастаған адайды, башқұрт жақ қанатқа Бөкенбай бастаған табынды ұстап, Есет бастаған Тама мен қалған Байұлыны торғауыт ұлыстарына қарай ұмсынта берген дұрыс. Адай мен Табынның тентек-телісіне Самның жәуміті мен Мұғаджардың етегіне көз алартпай тұра тұрыңдар деп ескертіп қоймаса болмайды. Бірақ, қазаққа қазір торғауыттармен бірден ұстаса кетуге тағы жәй жоқ. Әуелі қонтайшы мен ханның не деп ауыз жаласып жатқанын біліп алғаны лазым. Ол үшін мал айдап қазаққа жеккөрінішті боп, соқа ұстап өзбек пен түрікпенге жек көрінішті болып: «Қашанғы кім түртті болып жүреміз, Қап тауына кетеміз», — деп кеңірдегін созып отырған қарақалпақтарды алға салу керек. Олар барып: «Өткел беріңдер. Қап тауына өтеміз!» — деп көкірек тіреп тұрып алса, Жайық пен Жем бойын жортқан мал түгілі ұшқан құстан жандары қалмай қорып отырған қалмақтар мен казак орыстардың бір сыр шығарып қалары сөзсіз. Арғысын уақытында көре жатар.
Енді Әбілқайыр тағы да аттан түсуді қойды. Арал теңізін шырқ айналып шықты. Сырдың сағасы мен Амурдың сағасында аяқтарын қияқ тіліп ау сүйретіп жүрген, шағыл мен сордың арасынан сиырдың тіліндей құнар тауып, соқаға жегіліп жүрген азғантай жұрттың ауызы дуалыларымен тастамай сөйлесіп, құлақтарына құйып бақты. «Жазғандар-ау, сендер біз сияқты бір жағыңыз Алатауға, бір жағыңыз Көкшетауға, бір жағыңыз Қаратауға кіндіктеріңнен байланып жатқан жоқсыңдар. Біз ырғалып-жырғалып көшеміз деп жүргеннің өзінде алар жау алып, қаптар топан қаптап үлгереді. Ал, сендер болсаңдар, қашса — қамшысы шапшаң, қуса — құрығы жеңіл бір уыс қана елсіңдер ғой. Мына ала топанның арасында не бітіріп отырсыңдар. Табан жұрттарың Сыр бойынан көтерілер өкшелерің көтерілді. Амударияның арнасына сендерді нанға тойған арғымақ мініп алшаңдаған хиуалықтар сірә жолата қоймас. Желкеңнен ол төмпештеп, кеудеңнен бұл тәмпештеп бекерге құрып кетесіңдер ғой. Одан да Жайық пен Еділ асып, Қап тауының Қарақұмына жетіп алмайсыңдар ма? Ол жақта далиған далалар тіс тимей, тұяқ тимей бос жатыр дейді. Халқының бәрі өздерің сияқты әлім-берім көрінеді. Сендер көш түзеп, жөнге шықсаңдар, мынау Темірден бастап тезекше төгіліп жатқан көп қалмаққа біз де шеңгелді салар ек. Кеш қалмай тұрып, ең болмаса, құба қалмақты төмпештеп алмасақ, ертең, кім біліпті. Сыр бойына табан тіреген қара қалмақпен жең ұшынан жалғасып, екі оттың ортасында қалармыз», — дейді.
Жем мен Жайық бойынан тыныштық кетті. Бүгін көшін шұбыртып қарақалпақ кеп: «Қап тауына өтеміз. Өткел бер!» м деп дігірлейді. Ертең қазақ пен қарақалпақ барымташылары жусап жатқан көк ала жылқыны көзапара тырқыратып қуып әкетеді.
Сол ала шапқыннан қазақ тек аш-арықтың ауызына тосар азық айырып қана қоймай, дүсірлеген жер мен ызыңдаған желге құлағын тосып отырған игі жақсыларының көңілін сан-саққа жүгіртетін хабар да әкеледі. Сөйтсе, бұған дейін Қаратаудың қос қапталын аспанға айналған ақ тозаңға малып, үш арыс қазақты үш тарапқа дүркірете қуып, енді бір секірсе, Аралдан асардай боп жойқын келе жатқан жоңғар әскеріне жер түбінен бөріктерін аспанға атып, айқайлап қуанып отырған торғауыт тайшылары қазір су сепкендей басылып қалыпты дейді. Әнеукүнгі ақ тозаң — осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қонтайшыға кеткен елші Саған Мәнжінің артында шынында да, зіл батпан салмақ жатқан боп шықты. Бірақ, бұл жолғы салмақтың тек орта жолдағы қазақтарға ғана емес, қалмақтардың өздеріне де оңай тие қоймас түрі бар. Аюке хан, қапелімде оған түсіне алмай, тіпті «құдай берген екен» деп санын шапақтап қуаныпты. Қонтайшы оған: «Келесі жылы көктемде, тәңірім дегенге жазса, Еділ мен Жайықтың жағасын жайлайтын болармыз. Арамыздағы қыл өтпестей татулығымыз бұзылмасын десең, екі қызыңды не екі қарындасыңды менің екі балама не екі ініме телі. Алдымыздағы көктемде қар кете біздің балалар, сіздің ұлысыңызға қалың ойнап баратын болсын», — деп сәлем айтыпты.
Аюке бұны естіген бойда үлкен баласының қызын Сыбан Раптанға аттандыратын болып, жасау жиып, Астраханға, Қазанға, Мәскеуге ат шаптырып, біраз шашылыпты. Оның бұл қапылысын өзге тайшылар естиді. Бірақ, ол немелер Аюкедей қуана қоймайды. Қайта көбінің қабақтары түсіп кетеді. Әсіресе, Жайықтың күн батыс бетінде хан ордасының тап іргесінде отырған Досан тайшы табанын шоқ күйдіріп бара жатқандай тызақтап үйінде отыра алмапты. Шауып отырып ханға барыпты. Аюкенің оң құлағының астына ауызын төсеп «Ертең қара қалмақ қаптап кеткенде, өрісіміз тарылмай ма? Тап іргемізде аш бурадай шабынып қазақ пен қарақалпақ тағы тұр. Көрерсіз де білерсіз, Сыбан Раптаннан қыз беріп құдандал боп құтыла алмайсыз. Ертең ол әуелі тайшыларыңызды өз жағына шығарып алады. Сосын сізге бас салады. Екі қалмақ қосылып, бір жұрт болғасын, оған екі билеушінің қажеті қанша! Айтпады демеңіз, мынау ен жайлап отырған Еділдің бойы қонтайшының көз құртын оятып отыр!» — деп зарлап қоя берді.
Жасы ұлғайып келе жатыр еді, алжып қалмаса, ол байбалам қанша миғұла болса да, Аюкені де ойлантар.
Сыбан Раптан үш жылдан бері: «Қазақ пен қарақалпаққа қарсы соғыс ашам, ар жағынан азаматыңды атқа қондырып сен тиіс, бер жағынан аламанына айқай салғызып мен қаптағайлайын, сонда сонау Еділден бермен қарайғы ен өлкеге біз ие болмағанда, кім ие болады. Алтай мен Еділдің арасында ойрат пен торғауыт қана жайлайды. Бір кезде Шыңғыс хан жаулап алған ұлан-асыр өлкені өз қол астымызға қаратамыз. Жойқын маңғолдың жойылып бара жатқан даңқын қайтадан көкке көтеретін біз боламыз», — деп желпіндіріп келіпті. Ондай әңгіме орыс патшасының оң қолында отырғанмен Аюкенің де құлағына майдай жағады екен. Енді, міне, қонтайшы Қаратаудың бойына тұмсық іліктіріп алғасын, әлгі әңгімесін күрт өзгерткен сыңайы бар. Бұрынғы терезесін тең ұстайтын досжар әңгімесіне «қыздарыңды бер», «алдымыздағы көктемде қар кеткенше біздің балалар сіздің ұлысқа қалың ойнап бара алатындай болсын» деген өктем пәрмен араласыпты. «Дәм бұйырса, алдағы көктемде Еділ мен Жайық бойын жайлайтын шығармын», — дейді. Сонда Аюке қайда көшпекші? Ол өзін бұған дейін жоңғар қонтайшысының емес, орыс патшасының боданымын деп санаушы еді ғой. Сыбан Раптанның «Еділден бергі жерді қайтадан өз қол астымызға қаратамыз» деген әңгімені ол «сен маған бағын» деген деп емес, «айтылмыш өлкені екеуміз екі жақтан тиісіп бірге жаулап алайық» деген сөз деп түсінетін. Қонтайшымен терезесін тең ұстап: «Ол қара қалмақтың әміршісі болса, мен құба қалмақтың әміршісімін», — деп ойлайтын. Саған Мәншінің ауызында келген мына сәлемдеме: «Сен, шал, менен көп нәрсе дәмете берме. Қыз беріп, қыз алысқан құдам бол. Содан артыққа бекер тамағыңды ісірме. Ноқтаңды ұстатып боданым бол!» — деп тұрғандай ғой.
Аюкені жұрт «патшаға еріп, ойды орып, қырды қырып жүріп талай пәлеге үйреніпті, удай ақырған ащы айранға орыстан да әрменірек бір жұрттың жараған бураның ақ көбігіндей бұрқыраған тентек суын қосып ішпесе, сусыны қанбайды екен, ал әлгі пәлені сіміріп алғасын бойына дуа түсіп кеткен кісіше мәңгіріп қалады екен» деп қанша пыш-пыштағанмен де, қонтайшының дәл мынау қара матаны ақ жіппен көктегендей олақ та оданы тұспалын түсіне қоймас дейсің бе?
Саған Мәнжінің хабарын естігенде, шарап жұтпақ түгілі шайтан жұтып қойса да, төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей, айығып кеткен шығар-ау. Күні кешегі «бір жағынан ақ патшаның досы, бір жағынан қонтайшының туған құдасы боп, Еділ мен Алтай арасындағы қалпағын алшысынан киген ең бақытты пенде мен болатын шығармын» деген есірік қиялы желге ұшпады дейсің бе? Жайық бойының жағалай жазығы мен Еділ бойының ну шалғындарында маң-маң басып маңғыстап жайылып жүрген аққу мойын аруаналары мен қаз мойын ақалтеке арғымақтарын түре қуып тастап, кенедей жабысып жатқан қонтайшының айыр өркеш, жалпақ төс, жапырақ жарбайлары мен есектен бойы әзер асатын жермен-жексен жабылары көз алдына бір елестеп өткенде-ақ, өз төңірегіндегі өзімен құрсақтас бауырларының бәрін құртып, қалың жоңғардың бар тізгінін бір уысына жиып ап, жыландай ысқырып отырған қатыгез Сыбан Раптанның баяғыдан бері жер түбіндегі бұған неғып емешегі үзіле қалғанын ұққан шығар-ау! Бақса, батырың ай астының зоры болам деп жүргенде өз ұяластарының қоры боп қала жаздапты ғой!
Қап, бәлем, қалай екен... Баяғыда «көршіміз ғой, тату-тәтті болайық!» деп барғанда, Әбілқайырға: «Боданым болсайшы!» — деп шалқығаны бар еді. «Бодан бол!» — деген әңгіме енді өзінің құлағына майдай жағар ма екен көрейік!» Аман болса, қақпанға түскен қасқырдай аласұрып бағар. Айналасына елші шаптыра бастар! Бір баласын шапанын жалпылдатып Астрахандағы орыс өкіметіне аттандырды деген. Көп ұзамас, бір елшісі етегі делбеңдеп бұған да келер.
Аюкеден елші шықты деп естіген күні Әбілқайыр шұғыл атқа қонып, қазақ пен қарақалпақтан жиылған жиырма мың әскермен Темір өзенінің теріскей бетіндегі қара сұр дөңге қарақұрым қосын тігіп жатып алды.
Көк белдің басындағы ақ шатырға хан орданың орынына мінезсіз қатындай көк талақтанып алған қатқыл дөңге қаздай тізіле қонған қара нөпір еру қолды көргенде қалмақ елшісінің жүрегі мұздап қоя берген. Бірінен-бірі өтіп, қабарытып алған, өңдері қату өңшең батырлардың арасында айылын жимай, алшия жайғасқан сұп-сұр ханның алдына келгенде тіпті тілінен айырылып қала жаздады. Әміршісінің айтып жіберген әңгімесін майдан қыл суырғандай қып майдалап айта бастап еді, ханның қиылған жіңішке қасы түйіле түспесе, жазыла қоймады. Талай-талай зобалаңның басы-қасында болған жылпос елші отырғандардың бірі болмаса бірі бұның алыстан орағытып, иінін келтірудей-ақ келтіріп айтқан жүйелі сөзінің бір жері болмаса, бір жеріне бас изеп қала ма деп, тышқан көзін тыным тапқызбай қыдыртып бақты. Бірақ қазақтар шетінен оқтау жұтып, қойғандай кекшие-кекшие қалыпты.
Елші сөзін бітіргенде хан қасындағыларға қарады. Қасындағылар жапа-тармағай ханға бұрылды. Жоңғар десе аузы қышып кететін Есет батыр бұл жолы Бөкенбайдың алдын орай сөйледі.
— Аюке бейбітшілікте болайық дейді екен ғой. Оған да бейбітшілік керек екен-ау.
— Иә, — деді қалмақ елшісі жүзін жылытып, батырға мәймөңкелей қарап.
— Ендеше, бізге елші салғанша, неге қонтайшыға елші салмайды? Сөзі өтсе, соған айтсын! Қазақ қалмақтан бұрын қол салып отыр ма?!
— Талайдан бері ауылымыз аралас, қойымыз қоралас сіздер түсінбегенде, жер түбіндегі қонтайшы... — деп елші сөзді созбақтай жөнеліп еді, Әбілқайыр қолын көтерді.
— Жә, жетер. Қонтайшыға сөзі өтердей Аюке кімнің шікірәсі болыпты. Қонтайшыға салсаң, ол ертең Аюкенің ақ патшаның қолтығындағы басын айбалтамен бір қырқып, Еділдің ойығына лақтырады. Біздің арамызда Аюкемен бітім жайында сөз болмайды. Біз бітім жайында сөйлессек, тек қонтайшының өзімен ғана сөйлесе алармыз. Ол бірақ, бүгін болмағанмен күндердің күнінде болмай қоймасы хақ. Биыл қазақты жоңғар емес екі жыл қатарынан тап болып отырған жұт пен қуаңшылық жеңіп кетіп отыр. Құдай қазаққа қашанға қырын қарай берер дейсің. Ол да еңсесін тіктеп, есесін қайтаратын күн туар. Аюкеге айтарымыз: егер құзғын басын қазақтардың да, анау Алтайдан жөңкіліп келе жатқан ұяластарының да қанды семсерінен есен алып қалғысы келсе, Жайық пен Жемнің бойын босатсын. Бабасы Хо-Өрліктің Тарбағатайдан тайлаққа артып әкелген Еділі мен Жайығы жоқ. Судың да сұрауы бар. Сұраушысы келді!
Елші мүләйімсігені де, кекеткені де белгісіз, езуіне күлкі жиып:
— Аюкеге әлімжеттік жасағанмен, ар жағында ақ патша тұр ғой, — дей беріп еді, хан тағы да киіп кетті:
— Қалмақшаға түсінген патшаң қазақшаға түсінбес деп пе едің. Тіпті болмай бара жатса, көк темірдің cартылымен сөйлесерміз, — деді де, орынынан шапшаң көтерілді.
Онысы «сөз осымен бітті» дегені секілді. Қасындағы қалың жиын да дүр түрегелді. Елшіге орынынан тұрудан басқа амал қалмады.
Байтал түгіл бас қайғы боп, кейін қарай зымыраған Аюкенің елшісі жолындағы қалмақ ұлыстарын дүрліктіре жүрді.
«Ойбай, жау келіп қалды! Жау!»
Бұл жолы да жұрттан бұрын Жайықтың арғы бетіндегі Досан тайшы дүрлікті. Аюкеге тағы да жаушы шаптырыпты. «Назардың Доржысы бес мың қол жиып алға, «тек өз ұлысымды ғана қорғаймын, басқаңды білмеймін деп отыр, қол қоса көріңіз», — деп жанықты. Аюкенің өзінің жаны да мұрынының ұшында тұрған. Астрахандағы губернаторға кісі шаптырып әскер сұратыпты. Оның бәрін естіп-біліп отырған қазақ қолы: «Әзір бізге Жайықтың бергі беті де жарайды», — деп Жем бойындағы Лекбай тайшының ұлысын шауып, мол олжаға кенеліп кері қайтты. Темір даласында тағы да бір «Қалмақ қырылған» ат қалды. Бұл шайқаста, әсіресе, Көкінің баласы Есет батыр күркіреді. Мынау тақтайдай тегіс қара дөңде бір кезде арғы бабасы Қарадөң, одан бергі Жұбаныш, Сүйініш, Бегіс, Көгіс, Тамалар талай ойнақ салыпты. Сүйініш бабасы тап осы Темірдің жағасында бір өзі бір мың қолмен алысып жеңіпті. Ноғай мен қазақ жыр қылып қақсап келе жатқан бұл қоныста бала кезінде өздері де талай қыстап, талай жайлаған-ды. Оның батыр аты да алғаш рет осы ұшан далада шыққан-ды. Бүгінде қазақ арасында өзге түгілі Есеттің өзі де қызыға тыңдайтын бір аңыз бар. Есет батыр жасында бойы сорайған, ештеңеге ебі жоқ, ерең-серең ұйқышыл бала бопты. Он жеті жасында үйдің оң жағында төсекті қалың салып, көрпені қалың жамылып ұйқы соғып жатса, ауылға жау шауыпты. Олар оң жақта ұзынынан түсіп, көрпеге қымтанып жатқан кісіні дімкәс кәрі-құртаң біреу шығар деп ойлапты. Одан басқа еркек кіндіктің қол-аяғына кісен салып айдап әкетіпті, қыз-қырқынның қол-аяғын буып байлап әкетіпті. Есет бесін ауа ұйқысы қанып, көзін ашса, есіктің алдында бір жеңгесі жылап отырыпты. «Сені де шешей сары үйек жыланға талғап, ұл тудым деп қалжа жеді-ау. Елді жау шауып кетті, сенің жатысың мынау», — депті. Көзін уқалап атып тұрған бала жігіт сыртқа жүгіре шықса, көлік жоқ. «Жылқының бәрін жау қуып кетті. Сай бойындағы ақсақ құлынды биеден басқа қыл құйрықтан тұқым қалған жоқ», — депті жеңгесі.
Есет сол ақсақ биені ерттеп ап жау соңынан қуып берсін. Аяғына жем түскен ақ сұр бие тұяғы қыза келе құстай ұшсын. Ақ пен қызылдың арасында жауға да жетсін. Не болғанын өзі де білмейді, ыңырантып олжа айдап бара жатқан қалың жау бет-бетіне қаша жөнелсін.
Есет төсекке байтаба шалбар үстімді қышытады деп тыр жалаңаш шешініп жатады екен. Мына «жау шапты» хабарды естігенде есі шығып кеткен батыр атқа сол қалпы қоныпты. «Бәсе, ол жүзіқара маған қайын атасын көргендей тура қарай алмай қымсына қырындай сөйлеп еді-ау», — дейтін көрінеді өзі кейін сол оқиға есіне түскенде жеңгесін боқтап. Өзінің айтуы, жау жағы ақ пен қызылдың арасында арттарынан ақ боз мініп, қуып жеткен тыржалаңаш кісіні шайтан деп қалса керек. Елдің айтуы, қалмақтар еліне: «Бай ауылдан ырғап-жырғап мәз боп келе жатыр ек. Бір уақытта, артымызға қарасақ, жан-жағымыз өңшең бір ақ боз ат мініп, иреңдеген ұзын қара кісіге толып кетіпті», — деп барыпты. Содан жұрт: «Бұл Есеттің киесі бар. Жаудың көзіне бір өзі бір мың кісі боп көрінетін көрінеді», — деп жайды. Не де болса, Жайық пен Жем бойындағы құба қалмақ Көкінің Есеті дегенде зәре-құттары қалмайды деуші еді, сонысы рас болды. Әлде күшік күнінен талап қалған төбетті жеңе алмайсыңның кері ме! Әйтеуір, жасынан аты шығып кеткен батыр: «Қара бура!», «Қара бура!» деп айқай салғанда, қалмақтарды, шыннан да, пысы басып кететін сияқты. Әншейінде қаңқиып бос белбеу жүретін ұзын кісі жауға шапқанда екі көзі жанып, екі тізесі атының шықшытын қағып, иегін желдей зымыраған жануардың желкілгене кекілі желпіп келе жатады екен.
Ұзын сирақ тарамыс кісі ылғи ақ боз ат мініп жүреді. Апаларынан туған жиендерін кетелер әз әулие көреді. Туған нағашысы Балпаш би жайса белге, жапса көлге сыймайтын көп жылқысын аралап жүріп: «Іштерінде Есетжан мінетіндей біреуі жоқ, өңшең тұңжым!» — деп күйінеді екен. Жай кезде қайнағасы Бөкенбайдың оң тізесіне отырып алып, бас изеуден басқаны білмейтін көнтері жігіт қолына найза ұстап, атқа мініп алғанда тым шытырлақ ашушаң боп кетеді. Темір даласындағы шайқаста қазақ қолының оң қолында сол жүрді де, сол қолында Көкінің тұңғышы атақты Қарабас батыр шайқасты. Жаудың Есет жақ қанаты әп-сәтте селдіреп қалды. Қарабас жақ қанаты біразға дейін киіздей ұйысып тұрып алды. Сонда жаудың біресе оң жағынан, біресе бұл жағынан шығып, бұлағайды салып жүрген Есет ауық-ауық ағасы жақ қанатқа көз тастап, шаңқ-шаңқ етеді:
— Қара басқыр Қарабас, қара басты ма, не болды?
Есеттің туған ағасына «Қара басқыр Қарабас» деп ұрысқан сол шыдамсыздығы ел арасына мәтел боп тарап кеткен-ді. Інісіндей емес, екі иығына екі жігіт мінгендей денелі, ылғи басын бір жағына қарай қисайтып күліп жүретін қолбаң Қарабасты қазір құрдастары қит етсе: «Қара басқыр Қарабас, қара басты ма, болсайшы», — деп мазақтап жүргізбейді. Оған қыңатын Қарабас жоқ, шақшасының тығынын таңқ еткізіп ашып, қара бұйра насыбайын танауына апарып таңқ еткізіп бір түшкіреді де: «Сол енеңді ұрайынның сөзін қойшы», — деп інісін бір боқтап, кеңк-кеңк күледі.
Темір жағасындағы шайқас қазақтардың жығылған жағасын қайта тіктегендей болды. Әбілқайыр да бұрынғы тыз етпе ашуын тастап тыныш ұйықтайтынды шығарды. Қалмақ ұлыстарына баяғыдағысындай маза бермей тұр. Өзінің балдызы Есенқұлдың Есеті бастаған адай қолы Жем мен Сағыздың бойындағы ауылдарын күнара қиқулатты да тұрды. Қарақалпақтардың құлағына үшкіріп-түшкіріп: «Қап тауына өтеміз. Өткел бер!» — дегізіп Жайық казактарының құлағын сарсытты. Тек жүйкелеріне ғана тиіп қоймай бақшаларын тапап кетіп, оқшау жүрген аңшы, балықшы болса, ат көтіне өңгеріп әкетеді. Онда да бір іш есебі бар-ды. Жоңғардан босып келе жатқан қаңғыма қазаққа ақ патша қазір назар аудара қоймайды. Жалынып-жалпайып қанша елші жіберсең де, кекірейіп жөн сөйлеспейді. Патша әкімдерінің назарын аударудың жаңғыз жолы — қалмақтардың құлағын қиқудан, Жайық казактарының іргесін дүсірден айырмау. Сонда олар барып ақ патшаға шағынбағанда, алақанын жайып аллаға да сиынар дейсің бе? Бір күні селт етпес, екі күн селт етпес... Қашанғы шыдар дейсің. Бір күні қауға сақал елші «Здірәсте» деп жетіп келер. «Здірәстесіне здірәсте». Бұған да керегі осы «здірәсте...»
Жайық бойына жортуыл Темір шапқыншылығынан кейін тіпті жиілеп кетті. Оның үстіне торғауыт қалмақтарының да жағдайы қаша бастады. Ентелеп келіп қалған қазақтар мен қарақалпақтардан бір қорқып, олардың көк желкелерінде келе жатқан көк сүңгілі өз қандастарынан екі қорқып, күні кеше жағасы жайлау жайбарақат отырған тайшылар қаралай өріске таласып қырқысып бермесі бар ма! Әбілқайырдың жер қайысқан жиырма мың әскерінің қарасын көрмей жатып қалмақ ханының уәлиі Шырындөндік, Дөндік-Омбы тайшы мен Дармабала ханша «Жайық бойының өрісі азып кетті» деп Сарытауға қарай жөңкіле көшті. Досан тайшы Астраханның түбіне, Еділ бойына жылжып қонды. Жайық бойындағы Теке қаласының маңында отырған Назардың Доржысы мен оның баласы Лобжы Астархандағы орыс әкіміне: «Досан менің жерімді алып қойды», — деп байбалам салды. Соның бәрін өз ұлысында жатып естіп жатқан Әбілқайыр: «Менсіз де қырылысып жатқан тайшылар одан сайын қызыл шиқан бола түссін», — деп бұлар ақтабан шұбырындыда жүргенде башқұрттар кеп қонып алған Елек, Ор, Қарғалы, Қарабұтақ, Ырғыз бойларын қайтадан қол астына қаратып, терістікке қарай шалқайды.
Жайық бойының тынышы кеткені патша әкімдерінің де қабырғасына батайын десе керек, ол кезде Кіші жүз бен қарақалпаққа ортақ билеуші болып алған Әбілқайырға сонау Мәскеуден аяғы салақтап елші келді. Әбілқайыр оны қарақалпақ арасына барып қабылдады.
Басынан сәлдесін, аузынан «алласын», қолынан кітабын тастамайтын жүндес, жіпсік көз, шикіл сары татар молдасы Мақсұт Жүнісұғлы ар жағындағыны айтқызбай біліп отырған көріпкел кісі екен: «И, и, бүйтіп жүре берсеңдер, пышырап кетесіз әлі. Онан да әзір кеш қалмай тұрғанда, патша ағзамның боданында болып, шапағатына ортақтасқан лазым. Әне, өздеріңдей көшіп-қонып жүрген башқұрттар мен қалмақтарды көрмейсіңдер ме! Оларға кім тиіп жатыр», — деп сайрап қоя бергені. Бұл Әбілқайырдың көптен бергі ойы еді. Кім көрінгенге көз түрткі болып жүрген көшпенді жұртпен ормандаған орыс одақтас боп, жоңғарға қарсы жорыққа қол қосады деп жүргенде қазақ, міне, алғидың ала шөлінде қаңғырып қалды. Ендігі жалғыз амалы орысқа одақтас бол деп басын қатырмай, «қол астыңа ал, жауға шап десең, жауға шабайын, қарап отыр десең, қарап отырайын, әйтеуір мынау башқұрттар мен қалмақтар құсатып, іргемді ешкімге шұқытпай бейбіт отырғызсаң болғаны» деу.
Әбілқайыр әрі ойланып, бері ойланып, осыған бел буды. Бұл жолы баяғыдай күллі алаштың билері түгілі Кіші жүздің билеріне де ақыл қосқан жоқ. Олар естіп қалса, қандай байбалам салатындарын кім біліпті деп, патшаның елшісімен әдейі өз ұлысында емес, қарақалпақ арасында кездесті. Жаны ашыса да, ашуланса да, ренжісе де әлденеден көңіліне дік алып жиіркеніп отырған кісідей басын оқ жыландай тіктеп алып: «и, и...» деп ышқына ыңыранып барып тіл қататын түлкідей сығыраңдап, мысықтай сыланып-сипанған кірәп діндардың қасына Қойбағар Көбек ұлын ертіп жіберді.
Тұрымтай тұсына, балапан басына боп, әр қайсысы әр қырдың астына барып тығылған қазақ ұлыстары елеңдеп жан-жағына құлақ түріп отырған-ды. Олар Әбілқайырдың әр адымын аңдып, әр ісін біліп жатты. Жас сұлтанның мынау қиын жылдарда басқа төрелердей бұғып қалмай қайрат қылғаны, Еділ бойы торғауыттарының іргесін түріп, қара қалмақ пен құба қалмақтың майлы қасықтай араласқан татулығының тас талқанын шығарғаны, көптен бері қазақтарды көзіне ілмей кеткен патша әкімдерін қайта иілтіп, алдына елші әкелдіргені кім-кімнің де ішіндегі қатқан тоңды үт айының талма түсінің шуағындай, сәл де болса жібітейін дейді. Әбілқайыр жан-жағындағы жұрттың жоңғардан басқасының бәрімен араласа бастады. Қайсымен қатынасса да, құр алақан қалған жоқ. Башқұрттарды Елек пен Ырғыз бойынан қуып отырып, олардың арасынан да одақтас таба алды. Қарақалпақтың бір жағы жолап кеткен қазақтың атын сабап аулақ қуып жатса, бір жағы Әбілқайырдың айтқанын екі етпей тыңдап, Жайық бойын дүрліктіріп бақты. Сол бір ала топалаң әлімқайым заманның өзінде Әбілқайырдың айтуымен патшаға қазақ пен қарақалпақ атынан екі рет елшілік аттанды. Торғауыт тайшыларының да сүттей ұйып отырған бірлігін бұзып, өзара қырқыстырып қойды. Ол жылдары Әбілқайыр көрші жұрттардың ала жібін аттаса, аттаған шығар, бірақ қазаққа «әй, кәпір» дегізетіндей ештеңе істемеуге тырысты. Ырғыз бойына қайта барып алғасын өзі бұғып жатып ап, басқаның қолымен көсеу көсейтін ескі әдетіне басып, баяғыда Қарақұмдағы жиында қазақ қолының қолбасшысы болған Табын Бөкенбайға үш жүзге сауын айтқызды. Жаманшыңның күн батыс бетіндегі Талды сайдағы жалғыз шоқы қолы да исі алаштың маңдайға ұстар нысанасына айналды. Сол бір нысаналы шоқыға тағы үш жүзден қол ағылды. Тағы да дабыл қағылып, тағы да керней шалынды. Үш арыстың баласы жан-жағын қомдаған атан түйедей сәңкиген-сәңкиген қара жалдар қоршаған баяғы шұқыр ойда бас санасып, жалау түгендесті. Бұл жолы, обалы не керек, әншейінде алып қашпасы, әйтті-бүйттісі көп бопсашыл қазақ елдік жасады. Найзаға таласпаса, туға таласқан ешкім болмады. Үш алаштың туын тағы да азуы алты қарыс үйсін тұрып, арғын тұрып, алшын тұрып күні кешегі кірме табындардың көсемі Қара ұлы Бөкенбай ұстады. Ортаға шығып, қолына құран ұстап: «Ағайынның аманатын жерге қалдырсам, тұқым-теберіммен, әулет-зәузатыммен құрып кетейін. Арым — алашқа, қаным — қазаққа!» — деп ант-су ішті. Одан соң ортаға Ұлы жүз қолының бас сардары Ошақты Саурық, Орта жүз қолының бас сардары тағы да кірме керейіт Тайлан батыр шығып құран ұстап ант берісті.
Обалы не керек, қазақ басына бақ қонғанда емес, басына іс түскенде көретін халық қой, шіркін! Үш арыстың үшеуінде де арыстандай ақырған талай батыр тұрса да, ортаға шыққан төрт батырға ешқайсысы тебеген аттай теріс айналып қыржыңдаған жоқ. Бәрі де көк аспанды күл талқан қып шытыната сындырып жерге түсірердей қып саңқ-саңқ етіп: «Дұрыс, дұрыс! Әп бәрекелде!» — десті.
Ол жолғы жиында ортаға да, қол басына да сұлтандар емес, батырлар шықты. Әбілқайыр да, Болат та, Сәмеке де, Әбілмәмбет те, Барақ та, Күшік те, Батыр да туды мен ұстаймын, қолды мен бастаймын деп кеуделеген жоқ. Өйтсе, мынау қаймағы енді-енді туырыла бастаған жұрттың ауызбірлігін қайта шашып алатындарын бәрі де түсінді.
Содан сол бір жұдырықтай жұмылған қазақ қолы Ұлытаудың құбыла жақ бетіндегі ен далада Бұланты мен Бәленті өзендері қиылысқан Қара сиыр деген жерде Қаратауды місе тұтпай Сарыарқаға қарай еңкілдеп келе жатқан жоңғар әскерімен ұстаса кетті. Күні кеше ғана құлазып тұрған елсіз алқапта әр бұтаның түбінде бір-бір ойраттың басы қалды. Енді бұл арадан өткен адам түгілі аң екеш аң ойраттың басына саритын болды! Үш жылдан бері еңселері түсіп кеткен қазақ сол шайқастан төбелері көкке жетіп желпініп қайтты.
Желпініп кеткендері сонша дәл сол жылы жаз аяғында қазақтар ат басын Еділ бойындағы торғауыт қалмақтарға түзеді. Өйткені, Жайық бойына көшін барған қазақ ауылдарына Назардың Доржысының баласы Ложбы сәурік айғырдай қоқаңдап күн бермейтін көрінеді. Ондай сәурікті ат қылып жіберудің сәті қазақтарға енді түсіп тұр еді. Әуелі қазақтардың құдайы берудей-ақ берген-ді. Батырсынып жүрген Лобжының ауылдарын жер түбінен ат сабылтып келген қазақтар әп-сәтте-ақ қаңбақтай сілкіп тастады. Дүние, мал, күң мен құлдан ештеңе тастамай ырғалып-жырғалып Жайықтан енді өте бергендерінде, арттарынан аспан астын түгел тозаңға бөктіріп ауыр қол көрінді. Қазақтардың әдісі қапияда тиісіп, қыран-топан қылып, аман-есендерінде аяқ асырып алу еді. Қарсы жақтың әдісі — салт келгенде шапшаң да тәсілқой, қамшымен ұрып-ақ қырып кете жаздайтын қазақтарға бетпе-бет келмей, алдарына мал түсіп қол-аяқтары ауырлап, жүрістері шабандағанда, арттарынан қуып жетіп ұрыс салу еді. Бұл жолы да сол әдістеріне басыпты. Оның үстіне алдарында өткел бермей кемерін сабап Ақ Жайық жатыр. Қазақтарға аттарынан түсе қап, малдарын тасаға қамап, өздеріне ор қазып, арқаларын Жайыққа беріп бекінуден басқа жол қалмайды.
«Бекінді-ақ, қазақтардың аруағы қашады» — деп ойлаған жау үш тараптан қатпағайлап шауып, шабуылды үдетсін кеп. Бірақ отыз мың қазақты төрт күн бойы оқ жаудырып ала алмады. Амалсыз ақ жалау көтеріп елші салуға мәжбүр болды. Оған екі жақ та қуана келісті. Қалмақтар көшіріп әкеп самсатып ақ үй тікті. Сол арада екі жақтан сол күні туған бала ат жалынан тартып мініп, қолына садақ алып, жауға шабуға жарағанша бір-біріне соғыс ашпауға пәтуа байласты.
Ақ Жайықтың жағасында уыздай аппақ өре киіздің үстінде қалмақ жағынан жер тізерлеп Шырындөндік, Назардың Доржысы, Дөндік-Омы, Қалдан және Дөржін тұрды, қазақ жағынан жер тізерлеп Әбілқайыр, Сәмеке, Есім мен Барақ тұрды. Араларында бір тіні ақ, бір тіні қара жіптен білектей қып өрген қыл арқан жатты. Оның бір ұшын қазақ батыры, бір ұшын қалмақ батыры шіренте тартып тұрды. Үстіне сары ала, қоңыр ала әлеміш жамылған қалмақ ламасы мен ақ сәлделі қазақ молдасы орталарына дүниеге бүгін келген бір шекесі торсықтай жас нәрестені құндақтай көтеріп бір қалмақ батырын алып шықты. Молда мен лама өз баталарын айтқасын жас нәрестенің әкесі оң қолындағы ақ семсерді бір сілтеп, ортада жатқан білектей ала арқанды қиып түсті.
Екі жақтың игі жақсылары бітім болғанына қуанысып, төс түйістіріп құшақтасты.
Ай далаға тігілген қалмақ ауылы көрші отырған екі жұрттың арасында тыныштық орнағанына той жасады.
Қалмақ жағы іштерінде Бөкенбай мен Есет бар алпыс кісіні алты айға аманатқа алып қалды.
Алдарында мал, арттарында күң болмағанмен бұл жорықтан да қазақтар көңілді қайтты. Жау жағадан алғанда ит етектеннің керін келтіре ме деп жүрген торғауыттармен екі ортада тыныштық орнады. Ол — қазақтар үшін аз табыс емес-тұғын. Енді бар күшті, бар қолды жоңғарға қарсы жұмсауға жағдай туды. Ол аз десең, бұл бітім қазақ пен торғауыттың арасындағы ала арқанды үзгенмен, торғауыт пен жоңғардың арасына алауыздықтың сондай бір ала арқанын шіренте кергені даусыз еді. Бұл бітім де Әбілқайырдың абыройын асырмаса, түсірген жоқ. Өйткені, ол жылдардағы қазақтардың қалмақтарға қарсы қай жорығын да Әбілқайыр бастап барған-ды. Жайық бойындағы торғауытты тоқтатқан Әбілқайырдың тағы да көңілі құртқа шапты. Бұл екі ортада Кіші жүз Қызылқұмдағы, Сырдария бойындағы қоныстарынан айырылғанмен Елек пен Торғай арасындағы сар даланы түгел өзіне қаратып, етек қымтап қалған-ды. Орта жүздің қоңыратынан басқасы Арқадан қоныс теуіп, тірсек бекітіп алды. Ұлы жүз әлі жоңғардың боданында, Қаратау мен қазақтың етегін жауып отырған жиырма шаһар әлі жоңғардың боданында.
Сығанақ пен Түркістанға дейін жапыра келген жоңғар селі сәл саябырсығандай. Осынша үдере шауып, үрт қимылдаған жоңғардың аяғына жем түскендей осыдан екі-үш жыл бұрын алған жерінен бір адым ілгері аттап баспай, бадалып жатып алғаны несі? Күні кеше Жайық бойында торғауыттардың он мың қазақты отыз мың әскермен қамап ап, артын суға, алдын жауға беріп, жан алқымға келіп тұрған жерінен жаншып тастамай, ала арқан қиысып, ақ бітімге келгені несі? Ойланса ойланғандай-ақ нәрсе ғой.
Оған басын қатырып жүрген жалғыз Әбілқайыр емес екен. Сарыарқаны ен жайлап, көршілес жатқан екі ұлыстың арасында тағы да ерсілі-қарсылы ат жүгірту көбейді. Жоңғар боданында отырған Ұлы жүзден түн жамылып шабармандар келіп кетеді. «Күркіреп жүрген Сыбан Раптанның да күні өтіпті», — дейді. «Қытайлармен болған уақытша бітімнің де ғұмырының ұзақ бола қояр түрі көрінбейді», — дейді. «Жоңғардың қазір қазақтарға қарсы отыз мыңнан астам әскер жұмсай алар қауқары жоқ», — дейді. Пыш-пыш бірте-бірте күшейе түсті. Бір күні «қытайлар жоңғармен болған бітімді бұзыпты. Қалдан Сереннің таққа отырғанына жыл толмай жатып, ескі шайқастарын қайта бастапты» деген хабар дүңк ете қалды.
Ұлу жылғыдай емес буынын бекітіп алған қазақтың жоңғарға қарсы қимылдаймын десе қимылдайтын тұсы, шынында да, осы еді. Жоңғардың қолын Қытай байлап, торғауыттың қолын кешегі Жайық бойындағы бітім байлап тұрған кезде атқа тоқым салмаса, кейінгінің бәрі кеш болып қалуы мүмкін ғой...
Өз-өзінен дүрлігісіп, өз-өзінен дуылдасып жүрген қазақ ұлыстарының әңгімесінің ақыры кеп ат байлайтын жері Әбілқайыр ордасы. Жерді жоңғар алғалы сұлтандардың ішінде қайта-қайта қайрат көрсетіп жүргені жалғыз сол. Қазақтың көк найзасы оған бармағанда кімге барады, оған ермегенде, кімге ереді! Енді тәуекелдің тұлпарына ерді біреу салса, сол салады... Жұртының бұл ыңғайы Әбілқайырдың құлағына жетіп жатты. Бұл жолғы ел арасындағы әлгі әңгімені сұлтандар бастаған жоқ. Сұлтан бастайтындай аға тақты иемденіп отырғанда тал түсте елін жауға алдырған Болаттың халыққа қарар беті бар ма! Әбілмәмбет пен Сәмекеге жол тимейді. Жұрт ыңғайлайтын Әбілқайыр аға тақтың иесін, басқа арыстың сұлтандарын баса көктеп кете алмайды. Оның үстіне жұрттың көңілі өзіне аунап жүр. Мұндай жағдайда ыссылай сұғынбай бұға тұрғаны дұрыс. Аңысын аңдып, сақ сөйлеп, сақ қимылдайды. Бұл жолғы әңгімеде билер де бұрынғыдай алшайып отырып ақтарыла сөйлесе алмады. Төле би Жолбарыспен бірге Ұлы жүзді билеп Шашта отыр. Қазыбек Ұлытауда көшіп жүр. Әйтеке қайтыс болған, Сүйегі Сайрамда қалды. Едіге, Әнет, Мәті билер бұл дүниеден өткен. Алқалы жиын шақырып, ортаға қамшы тастап, жүгінісіп жатарға жер тар. Бұл жолғы мәслихаттың қазанын қайнатып жүрген батырлар. Батырлардың қазіргі беделі биіңнен де, сұлтаныңнан да жоғары. Ел басына күн туып тұрғанда олардың алдарын кес-кестеуге жағдай қайда?
Қайта, қазіргідей қысталаң кезде билер қамшысын тастап найза ұстап, хандар тағын тастап атқа мініп, батырлықтың жолын қумаса ел сауырынан домалап түсіп қалуы да әбден мүмкін. Соны білген Әбілқайыр баяғыда, заманның бейбіт кезінің өзінде де, жортуылда көп жүретін, «ақтабан шұбырындыдан» бері ат үстінен бір күн түскен емес. Батырлардың да көңілінен шығып жүргені, бәлкім, содан шығар.
Бірақ, бұл жолы ол батырлар «қол баста!» деп келсе, басын да алып қашпауға, «ал кеттік, алдымызға түс!» — дегенге қолқ ете де қалмауға бел буған-ды. Кешегі екі қырғынға қатысқан батырлардың қай-қайсысы келсе де оңаша сұхбат үстінде бұл жолы бүкіл халық боп қимылдау керек екендігін, бүкіл халық боп атқа қонғасын бүкіл халықтың тізгінін ұстар бас сардар сайламай болмайтынын, оның мынандай шешуші сағатта аға ханнан кем беделі болмауға тиісті екенін ескертіп, бүкіл халықтың алқалы жиын шақырып, сонда аруақ шақырып, ақ киізге көтеріп сардар сайлау керек екендігін құлақтарына құйып бақты.
Үш жүзге сауын айтқан қазақ батырлары халықты алқалы жиынға шақырды. Жиын Қаратаудың күнгей бетіндегі оқшау биік Ордабасында өтетін болды.
Бұл жолғы жиын баяғысындағы Мәртөбедегі, Күлтөбедегі дәстүрлі жиын емес-ті. Бұл жолғы жиынға ақ жұмыртқа ақ отаулар тігілген жоқ, бұлаңдаған бойжеткен, сылаңдаған керім келіншектер келген жоқ. Шешендер тақылдап таңдай сынасқан жоқ. Палуандар ортаға түсіп күрескен жоқ. Талай өнерпаздардың сұңқылдаған үкілі домбыралары ауылдарында, керегелерінің бастарында қалды. Бұл жолы дыр-думан құрып, салтанат жарыстырып жатуға уақыт тығыз, жер тар еді. Оның үстіне, жартысы жауда қалып, жылап-сықтап отырған елде не думан, не салтанат болушы еді?!
Бұл жолғы жиынға қазақтың екі арысының ат жалынан тартып мінер еркек кіндігі түгел келді. Ұлы жүздің де жоңғар боданына бағына қоймаған біраз рулары келді. Бұл жолғы жиынға жұрт тек бұрынғыдай бес қаруын асынып келіп қана қоймай, әрқайсысы үш-төрт жорық аттарын жетелеп, қостарын артып келді. Ол жылы Ордабасының маңының құлпырып тұрған шағы еді. Алдында ұлу, жылан, жылқы қатар келіп қара жердің қырындысына дейін қырып әкетсе де, жаймашуақ кеткен мешін мен жаймашуақ келген Тауық кенезесі кеуіп қалған сахараның тандыр емшегіне нәр жүгіртіп кеткендей еді. Былтыр ғана тері сүйреткендей қуарып жатқан қу топырақ биыл қырмызыдай құлпырып тұр. Білем-білем көк жалдардың басына біреу көк масаты төсеп кеткендей. Бозқылшықтанып жататын ой мен қырды қызғалдақ, сарғалдақ жауып кеткен. Жүлге-жүлгенің бәрі сылдырап аққан бұлақ. Сай-сайдың бәрі сарқырап аққан өзен.
Қаратаудың қашып шығып айқай жазыққа оңаша біткен жалғыз өркеш қара нардай оқшау таудың тұла бойы сылдыраған судың үніне, тамылжыта шырқалған құс үніне, тегіс гүлдеп, тегіс бүрлеп тұрған жас өскіннің жұпар иісіне бөгіп тұр. Терістікке кемерін жапырып асып-тасып Арыс пен Бөген жатыр. Күн шығыста көз ұшында көкжиектің үстімен біреу бір мес қатық сүйретіп өткендей ала жағалданып алыс-алыс Алатау шалынады. «Ау, баурайындағы қосын кім, басындағы жиын не?» — деп сұрағандай Қазықұрт мойын созады. Күнгейдегі қыземшек кішкене бұйраттар барып-барып далиған далаларға ұласады. Арқадан Қаратау мұнарытады. Жан-жағындағы сол көк жалқынданып сағым шалып жатқан кеңістіктің бәрі қалмақтікі. Қазақтың екі арысы сол жауда қалған ескі ұяның қақ ортасында Қаратауды айналып барып кіріп отыр. Сондықтан да Ордабасындағы бұл бас қосу, шынында, жиын емес жорық-тұғын. Жорыққа қай қазақ қатын-баласын шұбыртып жүрген. Ордабасына да тек отау жетелеген бейбіт ауылдар емес, ту көтеріп қолдар келді.
Желектерін желкілдетіп жан-жақтан шұбырған ауыр қол алыстан мен мұндалаған айқай биікті шырқ айналдырып қосын тікті. Қосындар алыс-ұлысына, ру-руына бөлініп бөлек қонды. Ел түгел жиылып, бірер күн еру болып естерін жинаған соң сәрсенбінің сәтіне жиын басталды. Жұрт тайлы-таяғы қалмай түгел атқа мініп тауға шұбырды. Біресе қызыл борпылдақ бос топыраққа тобығынан батып, біресе шықылдаған қара тасқа шашасын қақтырып, жүлге-жүлгені бойлап алқынып, әзер шыққан көп атты бір бетін шығысқа, бір бетін батысқа беріп, көлденең сұлаған дөңбек таудың дәл төбесіндегі сүп-сүйір жалғыз өркешті шырқ айнала қоршай тоқтады. Бір жағы жандатпа, бір жағы тік сүйір шоқының ұшар басына онсыз да азынаған желі тымағыңды алып қашып ұстатпай тұрған заңғар биік аз болғандай, екі кісі бойындай оба үйіліпті. Сол обаның төбесіне қазақтың туы қадалды. Тудан төменгі жағалай кемер биікке ортаға Болатты, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмекені алып қазақтың барша игі жақсылары орналасты. Одан бір саты төмен кемер биікке ру басылар, батырлар жайғасты. Одан төменгі ұлан бауырда бес қаруы беліндегі қара нөпір қалың әскер қаптай шоғырласты. Бәрі де оң қарына, қайсысы қай рудың сарбазы екенін білдіретін қызыл жолақ, сар жолақ, көк жолақ, ақ жолақ шүберек байлап апты. Мынау сәңкиген сойқан биіктің бауырына мынау тұмандай тұтасқан қалың қол, күнге шағылысқан көк найзаны біреу әкеп жимағандай, әуелден бірге бітіп, бірге жаратылғандай. Күн көзімен сүйісіп қылпып тұрған көк сүңгі өз ұңғысына қайтып қадала қалған болса, сол көк найза дәл өзіндей сұсты, дәл өзіндей түнеріңкі сарбаздың қолымен қол боп тас түйін жымдаса қапты. Қаршығадай қасқия қараған тастүйін сарбаз астындағы қыдыра жал қыл құйрықтың арқасына желімдей жабысып қалса, басын кекшие көтеріп, төрт аяғын түгел қадап қаздия қыдыра жал, қыл құйрық астындағы қара шоқының өз тәнінен өсіп шыққандай. Ал тал бойына бүкіл бір жұрттың бойында бар қайратты, ақылды, парасатты, айбатты түгел жиып алған сұсты тау осынау далиып жатқан даланың өз көкірегінен жарып шыққан. Сол далиған дала осы бір жиынға бар назар, бар пейілін төгіп елітіп жатқандай.
Әбілқайыр мынау бірінен-бірі туып, бірінен-бірі өрбіп жатқан жұмыр тұтастықты, нағыз бірлікті, жарастықты көргенде көмейі құрғап, көзінің алды жыбырлай берді. Ордабасын түгел толтырып, сақадай сай тұрған мынау сұсты жиынға дәл қазір ешбір жауың батып кіре алмастай. Дәл мынандай тастүйін жұртқа ешкім дәті барып тиісе алмастай.
Оған көңілі толқып отырған жаңғыз Әбілқайыр емес сияқты. Қазақтың баяғы үш арысты түгел тоғыстырған алқалы жиындарында төр ұстаған үш биден бүгінгі мәслихатқа қатысып отырған жалғыз көз — Қазыбек мәслихат бастар сөзін көпке дейін қайта-қайта тамағын кенеп, үсті-үстіне мүдіріп, әдеттегісінше бірден көсілте сілтеп кете алмады.
Жұрттың бар назары мынау ұшар биіктің басына қонып алған қыран бүркіттің қанат қаққанындай тепсіне желбіреп тұрған қазақтың туында.
Жұрттың құлағы тілімен тас жарған ақыл иесі атақты шешенінде.
Ол бүгін алдында анталап тұрған ағайынының көңілін босатпай бекіте сөйледі. Ұланының қатар емініп, ұранының қатар естіліп тұрған бүгінгі жарастығына «ұзағынан сүйіндірсін» айтты. Ертең басталар ұлы шеруге сәт тіледі. Алқап толы аламан: «Иә, сәт! Иә, сәт!» — деп күркіреді.
Қаз дауысты Қазыбек мынау алқалы жиынға жиылған әр ру, әр арыс, әр тайпаның тізгінін ұстап, тілегін діттеп жүрген игі жақсылардың түгел бас қосып, ел мен жердің тағдыры шешілер ертеңгі жорыққа үш алаштың үш тізгінін бір қолда ұстап барар бас сардар сайлауға пәтуаласқанын айтты.
Қара ормандай қалың өскен көк найзалар: «Дұрыс! Дұрыс!» — деп дүркірей көкке көтерілді.
Әбілқайырдың қараптан-қарап алқымы ісіп, тамағы құрғап, тынысы тарылып, екі шықшыты шыңылдап бара жатты.
Қазыбектің бұдан былайғы сөзін ести алмады. Екі құлағы бітіп қалды. Көзінің астын топан көміп бара жатқандай бұлдырап барады. Әйтеуір әлгі баурай-баурайды түгел толтырып тұрған нөпір аламанның әлденені айтып күркірегенін біліп отыр, әлгінде ғана алдында сұлқ салбырап тұрған қыл шашақтардың тұнық аспанды сабалап желк-желк желпініп жатқанын көріп отыр. Сол бір қаһарлы айқай тынар емес, сол бір дүрлігіс басылар емес. Бір уақытта қолдарына көл-дария өре киіз ұстап, іштерінде қанжығалы Бөгенбай, қара керей Қабанбай, тама Есет, әлім Бақтыбай, ошақты Саңрық, керейіт Тайлан, шөмекей Киікбай, үйсін Ақтамберді, Қалдыбай, керей Сырымбет, тілеу Орыс, адай Шотан, атығай Құлсары, Қыпшақ Шақа, сары жетім Бұданбай бар, қарақұрым қол алдына келіп, тістері ақсиып бірдеңе деді. Қапелімде орнынан тұра алмай қалған Әбілқайырдың бір қолтығынан арғын Жәнібек, бір қолтығынан табын Бөкенбай демеп өре киізге алып келді.
Сол-ақ екен бір алып ақ самұрық құс оны аспанға көтеріп әкетті. Біресе шырқыратып шыңға шығарып әкетеді, біресе құлдилатып әлгі қара нөпірдің үстінен түсіреді. Жұрт ауыз жаппай әлдене айтып жатыр.
Жапа-тармағай ұмсынысып, көлдей ақ өре киізді қақпақылдап жатқан қалың жиын бір сәт кейін серпілісіп, Әбілқайырды жерге түсірді. Бас сардарды қақпақыл қылған өре киізді жұрт пышақ үстінен үлестіріп әкетті.
Әлгінде ғана мынау қара жақпарды қақыратып сөгіп, күл қылып аспанға ұшырып жібере жаздаған қуатты да сұсты сөздер құлағында әлі жаңғырып тұр.
— Әбілқайыр Мұхамбет Қазы баһадүр хан!
— Әбілқайыр Мұхамбет Қазы баһадүр хан!
Мынау Ордасының тау-тасы түгел осыны айтып қақылдап, қақсап тұрғандай.
Содан бұл жарты жылға дейін бұлт арасында жүргендей көңілі алып ұшты да тұрды.
Сол бір күндер көз алдына келгенде осы кезге дейін көңілін бесіннің бір бейсаубат құйыны кеп алай-дүлей соғып өткендей, астан-кестен қып кетеді.
Шіркін, сол бір жылдар-ай десейші! Қаратаудың күнгей бетін, Алатаудың теріскейін туырыла жайлап жатқан қалың қалмақты бөрі тигендей бөрліктіріп еді-ау! Күн батыстан жауар бұлттай болып қарауытып құлаған қалың қолдың жолында тұра алмаған жоңғарлар жөңкіле-жөңкіле кеп Балқашқа табан тіреген-ді. Қаратау бойынан қашып келе жатқан жоңғар қолымен Іле бойындағы, Балқаш сыртындағы, Ертіс алқабындағы жоңғар ұлыстарынан әскер кеп қосылды. Күні кеше босқан бөкендей тырағайлап бара жатқан жоңғарлар қайтадан жабағыдай ұйысып молая бастады.
Жоңғарлардың қашқанды қойып, қарсы шабуылға шықпақ ойын біліп, қазақтар Балқаштың Алакөл деп аталатын шығанағы мен Хан тауының арасына кеп бекінді. Ондағы ойлары зеңбірегін сүйреткен жоңғарды тауға жолатпай ашық далада қарсы алу еді. Сырт көзге бекініп жатқан сияқты боп көрінген қазақ әскері қарсы келе жатқан жоңғар әскеріне қапиядан бас салуға әзірленіп жатқан-ды. Жарты әскермен тау мен көл арасындағы тар қолатқа тығылып алып айқас салып, біраздан соң шегінген боп, әлгі тар қамашауға кіргізе түсіп, екінші жартысымен жау қолының желке тұсынан тап беру еді.
Көктемнің май тоңғысыз күні. Изен мен бұйрығын шыққан тақтайдай тегіс, тақтайдай қатты даңғыл дала. Мынау ұлан байтақ далаға төгіліп кетердей боп табаға құйған сынаптай қалқып Балқаш жатыр. Күйген бауырдай қарақошқыл жеке таудың жүлге-жүлгесіне сіңіп алған қазақ қолы көз ұшынан мұнартып қара нөпір боп шұбырып келе жатқан жоңғар қолының әр қимылын жер түбінен аңдып бағып отыр.
Бір жағы — көл иіні, бір жағы — жеке тау. Қалған жердің бәрі көл-көсір төгілген ұшан дала. Қашқан жоңғарлар бұл далаға әдейі бастап әкелген-ді. Осы беттерімен Ілеге жақын жердегі қалың бытқылға апарып, зеңбіректің төмпешіне алмақшы. Жау сыңайын байқаған қазақ қолы мынау жылмағай жазықта әлдебір керуеннің ауып қалған жүгіндей боп үзік-үзік жайғасқан қызыл қоңыр таулардың тұсына әдейі бөгеліп қалды.
Жоңғар қолы енді бұрынғы ойларынан күдерлерін үзіп, мынау жеке тауларды қазақтардан тартып ап, дүркіреп кейін шегінген әскерге шойын доптан жаңбыр жаудыруды көздеп, алдарына түйеге артқан зеңбіректерін салып көл мен таудың арасындағы тар алқапқа қарай ентелей ұмтылды. Түскен жерінің шаңын аспанға атып бұршақтай жауып кеткен зеңбірек добына қазақ қолы шыннан да беттей алмады. Бірақ, қапталдағы қоңыр таудың тасасында тұрған қалың әскер жоңғар қолы тар қамашауға кіре түскен сайын бұқпақтап шегіне берді. Таудың көл жақ бетіне, терістік жақ бетіне жайғасқан жаукем қол қаша ұрыс салып жүргенде, батыс жақ бет тасаға орналасқан ауыр қол әуелі мысықтабандап күнгейге аунады, сосын бірте-бірте шығысқа қарай жылысып, зеңбірек добынан тым-тырағай безіп жүрген қазақтардың соңынан тұра қууға асығып, үдере жөңкіліп бара жатқан жау қолының ту сыртынан кеп тиісті. Бір жағы көлге, бір жағы тауға тірелген ауыр әскер бұлтара алмай тұра қап соғысуға амалсыз көнді. Түйеге артқан зеңбіректер ілгері кеткен. Кейіндегі зеңбіректер ортадан килігіп ұрыс салған қазақ қолына доп жаудырайын десе, әлгінде ғана еңкілдей ілгері тартып бара жатқан өз әскері қапталдан тиген қазақ әскерімен мидай араласып кетті. Жауды қырам деп жүріп, өздерін қырып алуы мүмкін.
Сартылдаған шайқас басталды да кетті. Шерудің алдыңғы жағындағы от қақырап, қырып-жойып бара жатқан түйеге теңдеген зеңбіректердің де добы таусылса керек, біраздан кейін үндері өшейін деді.
Кейінде келе жатқан ауыр зеңбіректер қапияда тап берген қазақтардың қоршауында қалды.
Құдайдың кең даласы жетпегендей алақандай тар алқапта шайқасқан ауыр қолдар күн батқанша шайқас салды. Күн батып қас қарайғасын қазақ әскері тағы да тауға шегінді. Қазақтардың зәресін алып жүрген үш-төрт зеңбірек соғыс басталмай жатып қолға түсті. Сөйтсе, жоңғарлар әлгі сары сақал сиқыршыларына жасатқан тажал ауыздарын негізінен қытаймен соғысып жатқан әскеріне береді екен де, батыс жақтағы әскеріне қазақтарды күндей күркіреп ауық-ауық зәресін алып қорқытып қою үшін азын-аулақ қана зеңбірек жетектетеді екен. Соны білген қазақтар енді мынау тар қамашаудан сытылып шығып, соңындағы сүмеңдеген жауды айқай далаға алып кетуге әрекет жасады. Түн қараңғысын пайдаланып, таң атқанша жылысып-жылысып мидай жазыққа шоғырланып алды.
Ертеңіне күн айқұлақтанып шықты. Жер де қызыл, көк те қызыл. Айдаладағы жеке таудың айналасы тола жығылған ат, сұлаған елік, төгілген қан.
Күнбатыстағы мидай жазықтыққа тоқтаған қазақ әскері тау жүлгелеріне кіріп алған қалмақ қолын жетелей шықпақ боп, жан-жағынан ат ойнатып, қаша соғысып жүрген сарбаздарына алыстан көз тастап тұр. Жоңғарлар да қазақтардың айласына түсініп қалса керек. Әлгіндей тиіп-қашпа ұрысқа кеп онша еліге қоймады. Сөйтіп, біреуі тауға тығылып, біреуі жазыққа шығып ап аңыс аңдысқан екі әскер күн батқанша табан серіппей жатты да қойды. Кешқұрым Әбілқайырдың шатырында бас қосқан батырлар ертеңіне де осы арада осылай тапжылмай жатып алуға бел байлады. «Жау қашанғы шыдар дейсің... Иә, айқасқа шығар, иә, елші салар. Зеңбірегінен айырылды, қазақтарды бостанға шығарып, өздері тығырыққа қалды...»
Ертеңіне жақындап қалған шілденің қайраты ма, жоқ бүгін де көретіні қызыл қырғын болатынын білгесін бе, күн шағырмақтанып шатынап шықты. Шатынап шыққан шадыр күн жер мен көкті жалын шашыраған қызыл тілімен сұқтана жалап, қуырып күйдіре бастады. Аңылжыған ашық далада қалған қазақтардан жай кетейін деді. Аттар мен сарбаздар қаталап барады. Маңайда құдық қазардай құмақ жоқ. Тырбиған жапақ пен бұйрығын ескен қызыл саздақ. Еңіреп жатқан мынау қатқылды қаз мейлің, қазба мейлің -бәрібір тұщы су шықпайды.
Жоңғарлар да қазақтардан жай кете бастағанын сезіп тырп етпей жатып алды.
— Жоңғарды жын қуып па! Жатқан жері сыз жүлге, көлеңке. Ар жағында тұщы су. Табан тіреп соғысар жерде біресе оңға, біресе солға бұлтарған түлкі бұлтақты кім тапқан! Қулықтың түбі бір-ақ тұтам деген осы! Енді, міне, ақырында ақсиған ай тақырда бізді жау емес шөл қыратын болды.
Әскер арасындағы қаңқуды естіп жақсылар мен жайсаңдар Әбілқайыр шатырына жиылды. Көбінің жүзі кешегідей жайдары емес қату. Әсіресе, алдыңғы күні сұғынған жауға көк желкеден кеп тиісіп ойнақ салып, көп қайрат қылған Әбілмәмбет қабағынан қар жауып кетіпті.
— Сол иттерің бір күн түнде балалап, көбейіп шыға келетін қара шыбын болып кетпесе, біразы кеше қырылған сияқты еді ғой. Әлгі оқ шашқан үлектерінің де үндері өшкен жоқ па? Бүйтіп тығылмақ ойнап жатқанша, неге тап бермейміз? — деді.
Әңгіменің зәрі кімге қадалып отырғанын бірден аңғарса да, Әбілқайыр үндеген жоқ. «Кәні, тағы не айтатындарың бар?» — дегендей төңірегіне қарады. Екі сұлтанның арбаса бастағанын сезген жұрт аңыс аңдып үндемей қалыпты. Әсіресе, Барақтың дудыраған қара сақал, қара мұрты біреу майлап кеткендей жылт-жылт етеді. Күлімдеген жүзін көрсеткісі келмегендей, ауызына бір шеңгел насыбайды ытқыта сап, екі ұртын бұлтылдатып, қайта-қайта есік жаққа бұрылып, үсті-үстіне түкірініп бақты. Былайғыларынан ешкім ештеңе демегесін әңгімеге қыстырылды.
— Ау, сонда тауға тығылып, тарс бекініп жатқан қалың жауға қарсы бас та жоқ, көз де жоқ, атанақтап қарсы шаба береміз деп босқа қырыламыз ғой!
Әбілқайыр сол кекжиген қалпы. Мұзбен қаптап қойғандай сұп-суық жүзі бір бүлк етпей:
— Қырылып қалсақ, бүгін кеп мына шатырда кім қызыл кеңірдек боп дауласып жатар еді. Қырылмағасын да, міне, мауыздай-мауыздай боп отырған жоқпыз ба?! — деді.
Мұндайда жермен-жексен бола кетуге шебер әлжуаз көп бұға түскен де, айбынды-айбындылары әр жер, әр жерде бастарын жықпай, «мынау не дейді-ай!» — дегендей едірейе қалған. Әсіресе, Барақтың жүндес қабағының астына біреу кеп әп-сәтте шақшақайдың жұмыртқасын қыстырып кеткендей, әншейінде кілгіре қарайтын қысыңқы көз аяқ астынан алайып шыға келді.
Ол мінез шығара ма деп қорықты ма, жоқ «шоқ-шоқ» дегені ме, манадан бері еңсесін тіктемей сұлқ отырған Болат Бараққа жүзін бұрып:
— Сонда қайтпек керек дейсің? — деп сұрады.
— Қайтпек керек екенін мен қайдан білейін. Әуелден мынау ел көрмеген тосын тәсіл қолданып шайқаспақ болған бас сардардың өзі білмесе...
Барақтың қитықтанып қалғаны белгілі болды. Көмейіне тас тығылғандай дауысы тұншығып шықты.
Осы бір сұлтан не істеп, не қойса да, назар аудармай қалмайтын Батыр орынынан бір қозғалып қойды. Әбілқайырдың мына қызыл көзді шалқасынан қайырғанына айызы қанып отыр. «Өзі бір араласып қалмаса, дүние күйіп кететіндей, кез келген жерге тұмсығын тықпай жүре алмайтын еді. Сауап болғанын қарашы...»
Жұртта үн жоқ. Бәрінің көзі бас сардарда. Бас сардар түрулі іргеден көк желкелерінде безеріп жатып алған қырсық тауға тесіле қапты. Ауызына аңтарылып отырған жұртқа қарар беті жоқтай теріс айналып кеткен. Соңғы күндері өзі мойыны қылқиып тіптен жүдеп кетіпті. Батыр сұлтан мынау өңшең қызыл көздің сұғында жүрген қайын ағасын бір түрлі аяп отыр. Қалай дегенмен де өзінің жаны сірі. Алакөз ағайынның қай шаншу сөзіне де айылын жимай, әлгіндей ұрымтал сәтті қапы жібермей, жағаласқан қарсыласының жанды жерінен қауып ала қояды. Сыңар езу Барақты сирақтан шалу үшін де біраз азу керек-ау... Дегенмен, мына жұртты осынша қаңтармай айтарын тезірек айтпай ма! Әлде әлгінің сөзіне қыстығып қалып отыр ма екен. Ондайда мына сілекей сілімтірлерге талата бермей жол-жөнекей сөз қыстырып жібергені дұрыс шығар. Ол ойланып алғанша, жұрт бұнымен бола тұрсын! Қанша дегенмен өзінің көкірегі де аяқ қаптай. Әсіресе, әнеу күнгі Ордабасындағы жиыннан бері бұрынғы езу бағып есеппен сөйлейтін әсіре сақ мінезін ұмытып, кім-кімнің де бет жүзіне қарамай жармаса кететінді шығарыпты.
Айлапат шатыр лықа толы, ығы-жығы жұрт әлі үнсіз. Бәрі де, әлгі шәлкем-шалыс әңгіме немен тынар екен дегендей дымдарын шығармай сілтідей тына қалыпты. Батыр тамағын кенеді.
— Маған салса, жоңғарға кешегі өздері келген жақтан тап беріп, жарып өтіп, анау суы тұщы Алакөл жағына шығып алар ем. Сосын жоңғар әлгі таудың бауырына қыстаса да мейлі!
Біреу мырс ете түсті. Намысқой сұлтан жүзін суытып жан-жағына қарады. Жұрттың бәрі жым-жырт. Кенет қарсы алдындағы ханның арқасына көзі түсіп кеткені. Әбілқайырдың екі жауырыны селкілдеп тұр. Батырдың адырая қараған көзі кенет кілгіріп, әлгінде ғана делдиіп тұрған кең танауы қусырыла берді. «Қап, неге мырс еттім... Бұлар бір сәл нәрседен секем алатын кіді тұқым еді. Енді мына сұлтан да маған тісін қайрап бағар», — деп ойлады Әбілқайыр. Бірақ, кеудесіне сыймай бара жатқан ызаны күшпен тежеп, жайбарақат тіл қатты.
— Кешегі жоңғардың киген кебін енді біз киейік дейсің ғой!
Батырдың әдетте тырсиып жүретін жылтырақ жүзі қазанның түп күйесіндей боп қарауытып алыпты. Әлгі оқыс мырс еткені күйеу баласының жүрегінің басына кірш етіп қадала қалғанын хан содан байқады.
— Иә, жау қамалған тығырыққа енді өзіміз барып қамалып, бізге сонша не көрініпті, — деді Сәмеке бір ырғалып қойып.
— Неге? — деді Барақ ауызындағы көк қоймалжыңды іргеден тысқа ытқытып.
— Біз сан жағынан жаудан әлдеқайда көппіз. Бірқатарымыз әлгінде Батыр айтқандай арғы екпе тұстан Алакөлге өтеміз. Қалғанымыз бергі теріс бетінен қаптағайлаймыз. Күші екіге бөлінген жау қашанға шыдар дейсің. Ақыры бір берілер. Алармыз.
Жұрт: «Осының да сөзінде пәтуа бар-ау!» — дегендей бір-біріне қарасты. Көк желкесінде көзі бардай манадан бері іргеге қарап үнсіз тыңдап отырған Әбілқайыр тап осы арада тағы да күңк етті.
— Алуын аларсың-ау, бірақ өзіңнің де қан-сорпаң шығар!
— Ау, енді соғыс болғасын қан төгілмей тұра ма?!
Әбілқайыр жалт бұрылды. «Айтарларыңды айтып болдыңдар ғой, енді мені тыңдаңдар!» — дегендей сазарып алыпты.
— Өйтіп қансоқтыға салар болсаң, бұл шайқас ендігі бір жағына шықпас па еді. Бірақ, өздерің ойлаңдаршы. Жоңғар алып қойған жердің әлі кіндік ортасына да келген жоқпыз. Өзіміз де ойранымызды шығарып, жау тоқтатқанда не пәтуа табамыз? Қазақтың ат жалынан тартып мінер азаматының бәрі осында. Олардың көбін осы арада қырамыз екен, ар жағында қайтіп соғысамыз?
— Ал, сонда не дейсің? — деді Барақ оған сөзін аяқтатпай, тағы да аузына насыбай салып, тағы да теріс қарап түкіріп.
Бұл жолы Әбілмәмбеттің көзі шырадай жана бастады.
Әбілқайыр бір сәтке мүдіріп отырып қалды. Жарқ ете түсіп, дереу сөне қалған көз аңғарына қарағанда өрекпіген Бараққа өңменінен өткізіп айтар бір сөз тілінің ұшында тұрса да «құрысыншы, ұйтқы бұзар өзім боп қайтем» — деп іркіліп қалған түрі бар.
Қалған жұрт бас сардардың аузына қарап еміне қапты.
Әбілқайыр тағы да терістіктегі құж-құж қияңқы тауға қарап бір күрсініп қойды.
«Кеше ғана екі жүлгеме екі ордаңды қондырып, ызғындай ел болып сән-салтанат орнатып ең. Жын қуғандай аяқ астынан түріле көшкен өзің ғой. Енді маған не дейсің?», — дегендей қызылқоңыр жеке тау желкесін беріп күдірейіп тұр.
— Тау басына орныққан дұшпанның әрқайсысы кісі басына төрт-бес жастық алып барып оққа ұшады. Сонда сен жаудан бес есе көппін деп ойлайсың ба? Оның үстіне қазіргі жоңғар қолы баяғы біз көргендей емес, тәсілқой.
Әсіресе, бекініп соғысуға жетілген. Өйткені, ар жағынан құмырсқадай қаптап келе жатқан қара қытайды қаптағайлап шауып құрта алмайды. Қашан ойрат ат ойнатып келіп найзаға шаншып әкетер екен деп, шүршіт те нан пісіріп отырмайды. Қонтайшының өз ақылы жетпейтіндей, қасына қайдағы бір жирен сақалдарды жиып жүргені де тегіннен тегін емес. Зеңбірек те сол бекініп соғысуға керек. Жоңғар жекпе-жек соғысының бәрінде арқасын тауға тіреп соғысуға, жыра-жықпылы, тасасы көп жерлерді паналай соғысуға үйір. Тауда туып, таста өскен олар ондай бұқпантай ұрысқа бізден гөрі шеберірек. Қарап отырсаңдар, жоңғарды жеңе алған шайқастарымыздың бәрі жазықта болған.
Бұл жолы Барақ бұрынғысындай мырс ете қалмай дүңк ете қалды.
— Ендеше, сондай жыра-жықпылды, қуыс-тырысты оған өз қолыңнан апарып беріп отырған жоқсың ба?
— Бердім. Әдейі бердім.
— Әдейі берсең, несіне салғыласамыз. Әлгі көзіңнің қарашығындай қорғаймын деп отырған қазақтың қыршын боздақтарын тауға тағылған жоңғар мергеніне жем етесің бе, жоқ күнге қақтатып өлтіресің бе? Еркің өзіңде. Онда обал-сауабымыз саған. Басымызды ауыртпа.
Әбілқайырдың көзі тағы лезде жалт етіп, лезде сөнді. «Қалғандарың не дейсіңдер?» — дегендей ошарыла тоқтады. Барақтың мына сөзіне мүдіргендей ұзақ бөгелді. Отырғандардың арасында жыбыр-жыбыр әңгіме көбейіпті. Әбілмәмбеттің көзі май аңдыған тышқандай жылт-жылт сығалап тыным табар емес, жұрттың бәрінің бет-ауызын тінткілеп бақты. Барақ иығын қомдай көтеріліп, сыртқа барып таңқ еткізіп, бір сіңбірініп қайтып келді. Әншейінде сәнқой, сыпайы, кербез Барақ біреуге ренжісе болды, өстіп аузы-мұрнымен жағаласып кетеді.
Оның бүйтіп шала бүлінгені көңіліне майдай жақты ма, Әбілқайыр ұйқысырап отырған кісінің әңгімесіндей қып тіптен бәсең сөйледі.
— Мен бірдеңе білетін болсам, қазақтың жоңғар білмейтін сыры жоқ та, жоңғардың қазақ білмейтін сыры көп. Үйреншікті үрдісімізге басып, бас-көзге қарамай атанақтап шаба берсек, қалмақ сыралғы жау, алмай қоймайды. Ең болмаса, оларды сол «қазақтың біз білмейтін не сыры бар еді, тәйірі» деген астам ойынан жаңылдырайық. Кеше құдайдың кең жері құрығандай тауға әдейі тығылдық. Ондағымыз, қалмақ: «Қазақ бекінді-ақ, берекесі кетеді», — деп өңмеңдей ұмтылып, тығырыққа түссін дедік, түсті. Өзіміз тауда, олар ойда тұрғасын, зеңбіректерін де дұрыстап пайдалана алмады. Доптарын құр бекерге рәсуа қылды. Оларды біз қамалар тығырығына қамап, қол-аяғымызға қайтадан бостандық алып жазыққа шықтық. Енді олар тағы да мәз болып отыр. Өйткені, қазақтардың бекінген жауға шауып та береке шығара алмайтынын біледі. Бұл қапияда тиісіп қаңқақсатып кететін барымтаның соғысы емес. Қазір қазақтар жан-жақтан анталай ұмтылғанда жебенің оғымен-ақ жайратып саламыз деп отыр.
— Онысы енді рас қой, — деді бұл жолы Сәмеке шыдай алмай.
— Рас екені рас. Бірақ, бізге бұл таудың қажеті қанша?
— Ау, сонда енді, — деп батырлар қозғалақтады.
— Сонда... Біз оларды ай жазыққа алып шығамыз.
— Тауға бекініп алып отырған қол, күш асырып, қуып шықпасаң, «әй, кет былайыңа» бола қояр дейсің бе?
Әбілқайыр тағы да ішін ашпай, сыздана сөйледі.
— Күш асырмасақ, айла асырармыз.
Жұрт жым болды. Ала шатырдың ішінде ұшқан шыбынның ызыңы естілгенше, Әбілқайыр тіл қатпай қойды. Осынша жұртты өз ойының жетегіне мұрындықтап ертіп алғанына көзі әбден жеткесін барып, жайбарақат сөйлеп кетті.
— Біз бүгін осы арадан тырп етпейміз. Үркер ауа орнымыздан көтерілеміз.
Әбілқайыр жұрт не дер екен деп мүдіріп еді, ешкім тіл қатпады. Бәрінің көзі бұның аузында.
— Таңертең тұрғанда олар біздің бос жатқан жұртымызды көретін болсын, сосын көз ұшында құлт-құлт жөңкіліп бара жатқан біздің әскеріміздің соңының ақ бұрқылдақ шаңын көретін болсын.
«Мынау не дейді-ай!» дегендей жұрт оқыс бастарын көтеріп алды.
— Ал, сонда?
— Сонда, ойрат айдаладағы жалғыз тауда атасының басын күзетіп жата ма, олар да орындарынан көтеріліп жолға түседі.
Барақтың көзі жанып кетті. Әбілмәмбеттің көзі жылт ете қалды. Мырс етіп күліп жіберді.
— Қазақтың артына бір уыс топырақ дейді де жөніне кетеді. Біз қолымызды мұрнымызға тығып елге қайтамыз.
— Қолыңды мұрныңа тығатын жастан кеткен шығарсың? — деді Әбілқайыр бұл жолы өзі тиісіп.
— Өзі шегініп бара жатқан қазақтың соңынан жау қуа жөнеліп өле алмай жүр ме? Елдеріне қайтады. Сонда біз жұртқа не бітірдік деп барамыз!
— Жауды қырдық деп барамыз.
— Ал, әлгінде ғана бұл арадан осы түнде өкшемізді көтереміз деп өзің айтпап па ең? — деді Сәмеке.
Әбілқайыр тағы мүдірді. Оны кекетіп отырғандары, жоқ Сәмекені кекетіп отырғандары белгісіз, Әбілмәмбет те, Барақта жымсия қалыпты.
— Өкшемізді көтерсек жеңілу үшін емес, жеңу үшін көтереміз. Қашсақ, қырылу үшін емес, қыру үшін қашамыз. Бірақ, біз алдағы түнде қашпаймыз, ата жауымызды қуа жаңа жорыққа шығамыз.
— Ал, сонда мынау жеке тауға тығылып отырған жауды қайтеміз?
— Қайтетін едік, қала берсін. Тал түсте көздері көріп отырып, Іле бойындағы елін жауға шаптырғылары келсе, осы арада тырп етпей отыра берсін. Бізге де керегі сол.
Жұрт гу ете қалды.
— Неге қалсын! Соңдарымыздан сүмеңдеп өздері қуып береді ғой.
— Қуса қусын. Қайтадан тауға қашып тығыла алмайтын айқас жазыққа шығарып аламыз да, тоқтай қап, табан тіреп шайқас саламыз.
— Желкелеп сабайды дегенді білуші ек. Енді жетектеп сабайды дегенді де көретін болдық. Естімеген елде көп деген осы екен-ау! — деп гүр ете қалды Бөкенбай.
Жұрт ду күлді. Ала шатырдағылар сыртқа алабұртып шықты. Тек төрт-бес сұлтанның ғана қабағына қаяу орнапты. «Жаумен жағаласымыз да аз болмас, өзара жағаласымыздың да көбейіп кетер түрі бар екен!» — деп кетті жұрт. Шатыр алдында қарап тұрған Әбілқайыр әлгінде ғана алдынан тарағандардың аяқ астынан қарап тұрып, өзіне сырттай күдірейген қандастарынан иығының қаншалықты шығыңқы екенін үш арыстың есі барларына сездірудей-ақ сездіре білгенін байқап тұр.
Ертеңіне таңертең жоңғарлар, шынында да, күні кеше жерге сыймай шіреп тұрған қалың қолдың бос қалған жұртын көрді. Аң-таң ойрат жалтақтап жан-жағына, алақтап артына қарады. Көз жетер жерде жау көрінбейді. Маңайдағы шоқы-шоқының басына шолғыншылар шаптырады. Ешқайсысының көзіне ештеңе түспейді. Қазақтарға не көрінген? Бір күн түнде үдере көшіп кеткендері қалай? Әлде, елдеріне ойламаған жерден бірдеңе тап болды ма екен? Бірақ, қазір қазаққа жоңғардан басқа жау бар ма? Көздерін сатып әрі қарайды, бері қарайды. Тұнып тұрған көк ніл ауадан басқа ештеңе көре алмайды. Сөйтсе, олар таң атқалы кеше әскер жатқан күн батыс жақ көкжиекті, түстік пен терістікті тінткілеп бағыпты.
— Ойбай, анда қараңдар! — дейді бір шолғыншы күн шығыс жаққа көзі түсіп.
Жарқылдай көтерілген күннің асты аспанға айналған ала шаң. Қазақ айласын асырып кетіпті. Бұларды мынау айдаладағы жеке тауға екі күн босқа қамап, енді кеп түн қараңғысын пайдаланып қара үзіп кетіп, Іле бойындағы елді таламақ. Ұлу жылы ұлып қалғандарының өшін солай қайтармақ. Еркек кіндігінің бәрі мында қалған жоңғар ұлыстары оларға не қайрат қыла алады? Баудай түсіретін шығар.
Үсті-үстіне дабыл қағылды. Күркіретіп керней тартылды. Жеке таудың жүлге-жүлгесіне сіңіп кеткен қол атып-атып шықты. Көзді ашып-жұмғанша атқа мініп алған ауыр әскер күн астында будақтап бара жатқан қою шаңның соңынан салды.
Жеке таудың баурайында не болып, не қойып жатқанын Әбілқайыр көрмей біліп келеді. Бүгін ол үрдіс бойынша үдере жортқан ауыр қолдың алдына түспей соңында қалыпты. Өйткені, қазір көкжиектен шаң көріне-ақ, суыт жортқан жүрісті баяулатып, жау жақындай бере кері бұрылады. Сонда мынау жөңкіліп бара жатқан қара нөпір қолдың арты қызу шайқастың алдыңғы шебіне айналып шыға келеді. Сұлтандармен екі арадағы кешегі тәжіке бойына тың қуат бітіргендей, бүгінгі шайқастың қақ ортасында жүріп қолма-қол араласпақ. Әйтпесе, кеше ел алдында еңселерін жығып алған намысқой кергімелердің қандай ши шығарып жүретіндерін кім біліпті! Шаң көрінбей ме екен деп, арт жақтарына ауық-ауық мойынын созып қарап қояды. Әзір ондай ештеңе жоқ. Әбілқайыр көкірегіндегі көркем ойдың не боп бітеріне көзі жетпей абыржып келе жатқан түрі бар. Ақ тозаңды аспанға атып аршындап басқан ауыр қолдың біресе ол жақ қапталына, біресе бұл жақ қапталына шығып шаншыла шолып тұрады. Жұрттың жүрістері ширақ. Жүздері жарқын. Кешегі шөлді ұмытқан. Бәріне де жау кереккендей жалаң-жалаң етеді.
— Уһ, көрінді-ау ақыры! — деп айқай салды арт жақтағы шолғыншылардың бірі.
Дереу керней тартылды. Суыт жүріп келе жатқан ауыр әскер аяңға көшті. Маңайда бас қалқалар бірде-бір бұта жоқ тықыр ойға келгенде кілт кідіріп, жүздерін кері бұрды. Соңдарынан еңмеңдей жөңкіген ойрат сол ет қызуымен орталарына кеп түссін дегендей үш тарапқа бөлініп иіріліп тұрды. Қазақ әскерінің не істеп, не қойып жатқанын байқатпау үшін Батыр бастаған ұшқыр қол қуғыншылардың алдынан қарсы шығып шайқас салады. Олар шайқасып жатқанда былайғы әскер ақ шаңытты жамылып барып жан-жақтарынан қамап алатын болып келісілді.
— Иә, сәт! — деді Әбілқайыр.
— Иә, сәт! — деп күркіреді аламан үш тарапқа бөлініп бара жатып. Үдере шауып келе жатқан жоңғар қолы қарсы шауып кеп дүрсе қоя берген қазақ қолымен сатыр-сұтыр шайқаса кетті. Не болып, не қойып жатқанын біліп болмас ала шаң аспанға көтерілді.
Әйтеуір шақыр-шұқыр найзаласқан темірлердің салдыры, жылқы шұрқыры, бірін-бірі алыса алмай жүрген сайыпқырандардың өжеңдей өкіре тіл қатысқан дөрекі дауыстары естіліп қояды. Сол бір әжептарқы дауыстар көбейген сайын әлгі көз көрсетпес ала шаңыт та жабағыдай ұйысып қоюлана түсті. Манағы жарқырап көкте тұрған күн көзінің де қайда батып құрығаны белгісіз. Жерге қарасаң да, көретінің — туырылған қою шаң, көкке қарасаң да, көретінің — туырылған қою шаң.
Үстіндегі адамынан айырылып, құйрығын теуіп шыққан тұл аттар ала шаңның арасынан сытыла қашып, құйрық-жалдары қан-қан болып бет алды құла түзге безіп барады. Бір-біріне ұзында өші, қысқада кегі қалғандай, өңмеңдей, өзеурей ұмтылып, темір үзеңгіні қабырғаларына кенедей қадалтып, мойын омыртқалары бырт-бырт үзілгенше тұқырып, тірсектері майысып, жіліншіктері күл-талқан боп үгіліп түскенше жер табандатып тұрғызып қойып, қызыл кеңірдек боп жұлқыласқан опыр-топырдан құтылдық па, құтылмадық па, көрмегеніміз енді екі аяқтылардың тақымы болсын дегендей алды-артына қарамай зытып береді.
Екі аяқтылардың, бірақ, олармен еш шаруалары жоқ, жандарымен қайғы боп жүр. Сол баяғыларынша аламан-асырды салып жатыр. Гүрс-гүрс құлап жатқандар қаншама, ат жалынан айырылмай өкіріп-бақырып жан дауысы шығып шыңғырып жатқандар қаншама, аяқ алып жүргізбестей боп жайрап жатқан көп өлікке сүрініп мұрттай ұшып, мерт боп жатқандар қаншама, жерге түскен бойда ат тұяғының астында қап, тірілей тапталып жатқандар қаншама... Көп жылқының сауырын қызыл барқыт жабу жапқандай қан жуып кетіпті.
Әлгінде ғана қолмен қойғандай қып көз алдына елестеткен керемет шайқасының неге айналып кеткеніне өзі де жөндеп түсінбеген Әбілқайыр мынау ию-қию дүрбелеңге ешқандай қатысы жоқтай қайран қалып қарап тұр. Кімді-кім шауып түсіріп жатыр, кімді-кім кеңірдектен алып қылғындырып түсіріп жатыр, кімді-кім ер үстінен алып ұрып жерге атып жатыр, кім қылыш та тимей, найза да тимей жойқын дүбірдің екпініне шыдай алмай аттан домалап түсіп жатыр — айырып болар емес. Кім батырлық жасады, кім қорқақтық жасады, кім өлермендікке басты, кім қандай тәсіл қолданды — о да белгісіз.
Мұншалықты аласапыранды, мұншалықты қым-қуытты белгілі бір арнаға, белгілі бір жүйеге салу еш мүмкін емес сияқты. Сөйтсе, соғыс деген де топалаңның бір түрі екен ғой. Бір басталуы мұң екен, басталғасын қау шөпке тиген өрттей қаулап жүре береді екен.
Қаншама сұңғыла қол басшы, қаншама ержүрек батыр болсаң да, жүйесізден жүйе табу, мағынасыздықтан мағына табу қолдан келмейтін шаруа екен. Ағыл-тегіл қан төгілген жерде ақылға тізгін тие қоя ма! Жұрт әбден еліріп алған. Өлгендеріне қарар емес. Мынау орта жолда бір айлапат оқпанға тап боп, құрдымға жөңкіген жойқын дарияның тау-тау тасқынындай алапат сұрапыл ештеңені шашау шығартпай, бәрін де опыр-топыр өз көмейіне тығып, обырлана қылғытып бақты.
Әбілқайыр әлі қайран. Манағы тып-тыңғылықты, түп-түсінікті жоспары қайда? Желге ұшқаны ма? Мынау ұлы сүргін айқай топалаңда дуылдап шекеңе шапшыған ыстық қаннан, көз алдыңды тұтаса көміп алған соқыр ызадан, қылыштың сыңғыры, үзеңгінің сартылы, кірш-кірш кірген көк сүңгі үні күшейген сайын еліре, лепіре түскен әлдебір әзәзіл желіктен басқа не бар? Бұл арадан ақыл не алады, сана не қарқ болады! Ендеше мынандай жойқын қимыл, қым-қуыттың үстінде адам аңға айналады. Шынында да, мынау ұмар-жұмар алысып жүргендер адам емес, аңдар. Қазақтар да, ойраттар да емес, темір тор, тар қамаудан босанып шыққан қабыландар, қотанға тиген аш арландар. Оларға мынадай желік үстінде ештеңе деуге, былай жүр, былай тұр деуге тіпті де болмайды.
Қолбасшының бар данышпандығы қол астындағы екі аяқты пенделерді қай уақытта, қандай жерде, қалай аңға айналдыра білуінде ғана екен. Одан әрі ол болып жатқан опыр-топыр оқиғаға тырнақтай да әсер ете алмайды.
Алыс-жұлысқа бір түсіп кеткен екі аяқтылардан сосын қайтып ешқандай ақыл, ешқандай пәтуа іздеме...
Әбілқайыр, міне, кешегі тәуекелінің дұрыс болғанын әлде теріс болғанын біле алмай қаралай пұшайман болып тұр. Өйткені мынау қырқыстың немен тынып, немен аяқталары әлі белгісіз.
Сол бір әлем-тапырық, аламан-асыр түс ауғанша созылды. Түс ауғасын манағы көз көрсетпес қою шаң сейілейін деді. Ол екі жақтың да қатарының селдірегені. Шайқасты бұл бағыттарымен соза берсе, жеңген құрлы да қансырап жетер сыңайлары бар. Жоңғарлар әбден қандарына қарайыпты. Өліспей берісе қояр түрлері көрінбейді. Шаң сейілген сайын ортаға ойысып, тас түйін боп топтанып, қатарларын жиілетіп, араларына ат сіңіртпей, жан-жақтан жапа-тармағай тап бергендерді қақшып салып қарап тұр. Бүйте берсе, бұл арадан қазақтардың аман қайтатындары аз болар. Не істемек керек? Мынау жұмылған жұдырықтай болып тұтасып алған жоңғар қолын қайткенде ыдырата алады? Шіркін, осындайда зеңбірек болар ма еді! Анау тас түйіннің төбесінен томп еткізіп бір допты тастап жіберсең, күлдері көкке ұшар еді-ау! Бірақ, ондай сұмдықты ойлап табатын жирен сақалды қазаққа қай құдай беріпті! Бәсе, әне қарашы. Қазақтардың мынау ажалға бастарын тігіп, әбден қандарына қарайып қасқиып тұрып алған қаһарлы шоғырдан жүректері шайлығайын депті. Семсер сілтестері тым сұйылайын депті. Сонда да, өлермендікке басып ілгері ұмтылады. Құдды бір отқа жүгірген көбелектей бірін-бірі баса көктеп өңмеңдей түседі. Әлгі бір тастүйін шоғыр найза дарытар емес. Еліре шауып жанай шайқасқандар қанаты күйген көбелектей жалп-жалп құлап жатыр. Ақкөз жауға қайтадан желік бітіпті. Аршындай қимылдайды. Қазақ қолы бәрібір жанталаса шауып, сол тұсқа барып ұйлығысып жатыр. Манадан бері өрге шапшыған тентек көңілі кенет жүрегінің басын аш төбеттің азу тісіндей қомағайлана қарпып кеміре бастады. Апырай, бұл жолы да төбесі қылтиған жеңіс зып беріп қайта жоғалар ма екен? Ендеше бұның бір жола күйрегені. Әбілқайыр бұл шайқастан кезекті бір еңсе тіктеуді емес, ақкөз жауды тұқым-тұяғымен типылдап түгел құртып жіберетін айтулы жеңісті дәметіп еді. Онда ар жағындағы қаптаған қалың қытайлармен айқасып жандары мұрындарының ұшында жүрген жоңғарлардың баяғыда Аякөзде сұрамаған сауғасын осы жолы сұрауы мүмкін еді. Онда қазақтың жоңғардағы өшін алып берген Әбілқайырдың алдына кім шыға алады?! Кім біліпті, кешегі Ордабасындағы ақ киіз бұған тек қазақтың қыл шашақты туын ғана емес, ортақ алтын тағы мен алтын тәжін де алып берер. Көрдің бе, сөйткен жеңіс те, міне, қақ ортада қалып, қияметтің қыл көпіріне тірідей тап болған пұшайман топтың ызалы семсерінен көзапара күйреп барады. «Апыр-ай, бір амалдарын таппағаны ма?» Хан көзі қанталап әлгі аламан-асыр жаққа қайта көз тастады. Сол баяғы қанжоса...
Әбілқайырдың көз алды бұлдырап қоя берді. Манағыдан бері дүниедегінің бәрін қоңыр тоқты сойғандай ұшалап-мүшелеп тұрған қасапшы қара ақылы кенет пышағы өтпей қалғандай мүдіріп, жігері құм болып, миы зеңіп барады. Жүрегінің басын үрей емес, удай кермек ыза тұтып алыпты. Қос шекесі шытынап, құлағының түбі шыңғырып сала бергені несі?! Көзін тарс жұмып алды. Миын зыңылдатқан әжептарқы үндер өшті. Апырай, еш айлалары қалмағаны ма?.. Жан ұшырған санасы, қапелімде, ой таба алар, пікір түйе алар емес. Көз алдында шыр көбелек айналып жүрген қызыл жолақ, көк жолақ, сары жолақ сәулелер ұйыса-ұйыса бір қиыр-шиыр көмескі елесті тірілтті. Түлкі... Ит... Жоқ... түлкі... Баяғыда Мәті бидің ауылына бара жатқанда көзіне шалынған, сосын қайтып көп елестей қоймаған сол бір жұмбақ хайуан, міне, енді аяғын жалап қызыл тазы боп қыңсылап, төңірегінен шырқ үйіріліп шықпай жүр. Құйрығын жымып алған ба қалай... Баяғыда жымсиып күлген адамдай ырсия қарайтын сияқты еді. Бұл жолы өйтпеді ғой. Теңгешік көзі лайытып, бірте-бірте бөксесін көтере алмай, қиралаңдап құлап бара жатқандай... Ау, бұған не көрінген! Құлағына бір жер қайыстыра күркіреген үн келеді ғой... Біреулер айдала айтақырға құлан қуып келе жатқандай... Ит... Құлан... Аң... аран... А!
— Абылай! Абылай!
— Манадан бері бұның ту сыртында шайқас салып жүрген Әбілмансұр қолы да әлгі қызыл қуырдақ болып жатқан жаққа қарай ойысыпты. Ол маңай — сол баяғы аламан-асыр. Көз алдына баяғы сол қан қасап келді. Шынында да, мынау баяғы аран ғой... Онда да елірген түз тағысы өлгеніне қарамай осылай өңмеңдеп бағушы еді ғой. Бірін-бірі кимелей ілгері ұмтылған қазақ қолының сол өлермен құландардан несі өзге? Мына түрлерімен қазір-ақ жуадай жусап қалады емес пе? Апыр-ау, мынау жұртқа не көрінген? Мынау баяғы аран екенін көрмей тұр ма? Баяғы талай аң аулағандары, талай төрт аяқтыны тап осылай талапайға жыққандары естеріне түспей ме! Ендеше, неге өңмеңдейді? Таулары шағылғансып кері лықсып қашпас па? Сонда мынау қапияда жандәрмен айла тауып айдындары аса бастаған ақкөз жау соңдарынан тұра келіп қумас па! Қуды-ақ, анау жұмылған жұдырықтай тас түйін ыдырамас па! Тағы да бұл өзінен басқа ешкімнің есіне келмеді? Тағы да амалды өзі тапты. Енді, мұны оларға тезірек жеткізуі керек. Сонда кімге айтқаны жөн? Бараққа айтып онсыз да бұтқа толып жүретін немені ертең шалқақтатып шаңырағына түкірткізіп қайтеді! Батырға айтса, кешегі мәслихаттағы астам сөзінің уын қайтарғысы келгені ғой деп ұғар... Сәмеке мен Әбілмәмбет те бір. Барақ та бір... Сонда айтса... Иә... сол дұрыс... Кешегі мәслихатта босағадан аттамай ұрын келген күйеудей сызылып отырған сыпайы сұлтан Әбілмансұр келді көз алдына. Жұрт қызылшеке боп айтысып жатқанда ол үн қатқан жоқ. Не «Сенікі дұрыс!» — деп ешқайсысының сөзіне бас изеген жоқ. Үнсіз кіріп, үнсіз шығып кетті. Бар болғаны он тоғыздағы жігітке осынша сабыр қайдан біткен?.. Оны ойлағанда бір кездегі өзі есіне түсті. Өзі де осылай бойын жасырып бағып еді ғой. Әбілмансұр ол да, міне, үндемей келіп, Бұланты қырғынында бір-ақ көзге түспеді ме! Сабалақ-сабалақ сары ат мініп қалың жауға: «Абылайлап!» жалғыз тиіп, баудай сұлатқан Әбілмансұр сұлтан сол шайқастан Сабалақ батыр атанып қайтқан-ды. Ол бұл жолы қол бастап келді. Екі жағына қылыш жанығандай қарасұр томаға көз сұлтанның өн бойында бір оқ жыландай ысқырынған суық ызғар бар. Сонысынан ба, Әбілқайыр да одан бой тартып, әлі ішін ашпай келеді. Бірақ, ондай болғалы тұрған сүлейдің осы кезден ық жағын ала берген кім-кімге де зиян емес. Түбі жылы қабақ аңдатар болсаң, қапы қалмас тұсың осы! Әлгі ойыңды соған айт! Әлде кешелі бері көздерін алартып, көмейлерінде түтіндеп жатқан бықсық шаланы байқатпайын деп езулерін жымқыра тістеніп алған Жәдік әулеті оның да құлағына жармасып бірдеңе деп үлгерді ме екен? Бірақ, мұндай-мұндай кергіге алғаш түсіп отырған бала сұлтан бас сұлтанның бұл ықыласын бәрібір ұмыта қоймас. Ендеше, бұл тұрысы не тұрыс?
— Әй, Мырзатай!
Хан туының астынан шықпайтын кәукіме неме қайда жоғалып кеткен. Әне, бір айдалаға қолын бұлғалап тұрған сол емес пе?
— Алдияр тақсыр! Алдияр тақсыр!
Көлденеңдеген мына біреуі кім еді! Жалы тізесіне түскен қара атты. Барақтың қолынан ғой. Бұл не ғып жүр? «Мынандай қиямет тұсында айтар қандай пәрмені бар екен? Біліп кел!» — деп Барақ қой жіберіп отырған. Оған тіріде айтсын ба! Оны көрсе де көрмеген боп теріс айнала берді.
— Әй, Мырзатай қайда құрыдың?
— Алдияр тақсыр, мен мұндамын!
Жолбарыстай шұбалған ұзын айғырдың үстіндегі ханның ар жағынан құла жиренді Мырзатай қапталдаса берді. Сөйтсе, хан қасына қол басылардың бәрінен де бір-бір шабарман келіп жиылып қалған екен. Әлгінде ғана абдырап тұрған хан дереу бойын жиып ала қойды.
— Мына қазаққа не көрінген, — деді ол саңқылдай сөйлеп. — Аранға жүгірген құландай бәрі бір жерге топталып не көрінген? Өздерінде ми бар ма, түге! Бар, Әбілмансұрға айт, анау тобырдың өкпе тұсынан кеуделеп бір кірсін де, қалмақтың қалың найзасынан қаймыққан боп, жалт беріп кері қашсын. Сонда жау ет қызуымен қуып бермес пе екен? Топ бір ыдыраса, ар жағын өздері біледі ғой.
— Құп тақсыр. Ұқтым! — деп Мырзатай атына қамшы басты.
— Ай, ақылыңнан айналайын, хан-ием-ай! Тауып кеттіңіз-ау. Мына тығырықтан басқаша құтылудың жолы жоқ екен ғой!
Жан-жағынан анталай тоқтаған көп шабарман жамырай жөнелді.
Әбілқайыр көзі жалт ете қап, шұбар айғырды бір шапшытып топтан шығып, анадай жердегі оймақтай ашық алаңға барып, талтайып тұра қалып еді, манадан бері аттың бүйірін темір құрсаудай қысып тұрған екі аяғын үзеңгіге шірей тебініп қалғанда әлдене күтір ете қалды.
— Ойбай, хан-ием, таралғыңыз үзіліп кетті ғой!
Әлдекім атынан домалап түсіп таралғысына жармасты. Аяғын жалағандай боп, қайыс таралғының бір үзігін аузымен тістеп, қайта жалғай бастады. Анадай жерде қаңтарулы тұрған қара атқа көзі түсіп, әлгі жәреукенің кім екенін біле қойды. Барақтың шабарманы екен. Оған жүзін де бұрмай, майдан жаққа масаттана көз тастады.
Манағы ат сіңірмей, найза батырмай тұрған тастүйін ойраттың ортасы ойылыпты. Жан-жаққа тартыншақтап шегінген қазақ әскерінің қанаттарын тықсыра қуамыз деп жүріп бытырап кетіпті. Жау туы ортада оқшау қапты.
Манағы манағы ма! Қанды шайқас енді қызған. Ана жақта да өкіріп құлап жатқан жоңғар! Мына жақта да өкіріп құлап жатқан жоңғар! Қазақтар қайтадан еліріп алған! Әр рудың кеңірдектерін жырта салған ұрандары құлағына майдай жағып барады. Бұл есіл-дерті шайқаста болып, алдына келіп, қолын көкірегіне апарып тағзым етіп тұрған Болаттың төлеңгітін де көрмепті ғой..
— Алдияр тақсыр! Алдияр тақсыр!
Құлағына ештеңе кірмейді. Майдан даласына қарап екі езуі екі құлағына жетіп ыржия күліп тұр. Төлеңгіттің көзі шарасынан шығып кеткен. Таңдансын, таңдансын! Таңданбағанда қайтсін! Әбілқайырдың ыржалақтап күлгенін кім көрген. Оны көру де бір, темірдің гүл шашып, кірпіден түбіт қырыққанды көру де бір! Таңырқа... Таңырқа... Әбілқайыр бүгін күлмегенде қайда күледі. Жетесіз неме-ау, бұның бетінен май шығып келе ме екен! Одан да анау шайқас салып жүрген сайыпқырандарға қарасайшы! Шіркін, дүние өз әміріңді бұлжытпай іске асырып жатқан қарақұрым жұртқа осылай сырттарынан масаттанып қарап тұрудан асқан бақыт бар дейсің бе! Сенің көкірегіңнен шыққан санаулы сөз жұрттың көкірегінен ағыл-тегіл қан болып ақтарылып жатыр. Сенің талай түн басыңды қатырған ойларға қарайған жұрттың алша мойыны талша боп қиылып түсіп жатыр. Сенің көкірегіңдегі көкейтесті ниет біреудің бағына, біреудің ажалына, талайдың қашып құтыла алмас тағдырына айналып жатыр. Бұндай тіл алғыш жұртпен ақ тауды айырып, қара тауды қайырмассың ба! Бұндай тіл алғыш жұртпен қандай басқыншыны да қақ маңдайдан қақырата соғып қуып шығуға болады ғой. Әттең тек ол барлық уақытта өз қол астында болса ғой! Дүниеде ешкім бетіңе келмейтін, ешкім айтқаныңды екі етпейтін өктем биліктен асқан құдірет, одан асқан сиқыр бар дейсің бе? Бұның, міне, есін кіресілі-шығасылы қып қаралай мас қылып тұрған да сол сиқыр ғой. Шынында да, мынау не өзі? Өңі ме, түсі ме екен? Өңі дейін десе, қайтіп бәрі оп-оңай оңға басып кете қойды?! Түсі дейін десе... Тағы келмейді. Аяғын қимылдатса қимылдайды. Қолын қимылдатса қимылдайды. Көзін бір жұмып бір ашады. Күркіреген дүбір мен дүсірді естіп тұр. Адамның тап бұлай ұйқыға шомуы мүмкін бе? Қиялы дейін десе... Тап бұнша есін жия алмастай қиялға батып бұл бала боп кетіп пе! Жоқ, шындық... Шындық... Шындық екеніне сенгісі келгендей көзін бадырайтыңқырап, төңірегіне көз салып еді... Әр жер, әр жерге бытырап-бытырап шайқас салып жүрген шоқ-шоқ ойрат құрып бітуге айналыпты. Құлағына келіп тұрған мынау не сарын? Өзі бір таныс сарын ғой. Ау, мынау, шынында да, не қылған ызы-қиқы. Тоқта, тоқта. Тіптен таныс... Күні кеше, жоқ баяғыда тап осындай жағдайға тап болған сияқты еді ғой.
Расында да осы ұйықтап тұрғаннан сау ма?! Анау жылдары Қаратаудан ел босқанда да жер мен көкті осындай бір әжептарқы үн жайлап кеткен-ді. Дүниеде үннен қорқынышты ештеңе жоғын бұл сонда байқаған. Қаратаудың қолат-қолатынан шығып жатқан қалай болса солай қомдалып, қалай болса солай теңделген жалба-жұлба шұбырынды көштер дәл қазіргідей дүниені басына көтеріп зарлап келе жатар-ды. Жетім ботаның боздағаны, жетім інгеннің аңырағаны, жетім бұзаудың мөңірегені, жетім қошақанның жақ жаппай маңырағаны, жетім құлынның қоңырауы сыңғырлап қолды-аяққа тұрмай күлдір-күлдір кісінегені, тұл қатынның бетін тырнап жыртына дауыс еткені, ағадан, әкеден айырылған қаралы қарындастың шашын жұлып еңірегені, мына дүниеде не болып, не қойып жатқанына түк түсінбей зәресі ұшқан жас нәрестелердің кебежелерінен бастарын қылтитып, иектерін кемсеңдетіп жылағандары, аттарының екі жақ қапталына кезек жығылып, жалдарын құшақтап ап, еңселерін көтере алмай бара жатқан ерлердің екі иықтары бүлкілдеп солқ-солқ өксігендері, қаражұрт, қара қонысынан ауып бара жатқан бейбақ ауылдардың әншейіндегі құйрығы қайқақ сырттандарының іштерін өртеп бара жатқан ызаларын сыртқа шығарғылары келгендей тоқтай қап жер тырналап, мойындарын көкке созып, қоймай кеп ұлығандары ию-қию қосылғанда қандай тас жүрек, темір жұлын, сіңір жүйке кісінің де төбе құйқасын шымырлатып, ет-бауырын езгілеп қоя береді екен. Әбілқайыр үшін заманақырдың өзі сол баяғы ақтабан шұбырындының аласапыраны болып елестейді.
Мынау ызы-қиқы, қым-қуыт, әжептарқы дауыстар да сол бір қилы заманды еске салғандай екен. Бірақ, бұл жолы неге құйқасы шымырламайды, неге жүрегі тызылдап бебеу қақтырмайды. Қайта өз-өзінен өрекпіп қаралай лепіріп тұр ғой. Неге өйтеді? Мынау да ызы-қиқы жылау ғой! Мынау да жер-жаһанды бастарына көтерген жаппай аңырау ғой... Апырау, мынау мауыздай-мауыздай еркектердің бүйтіп өз бастарын өздері төмпештеп дауыс еткендері несі? Несіне жылайды? Бес қаруы белінде, мұздай темір құрсанған, тепсе темір үзетін еркектер асай-мұсайын асынған бойда-ақ қуыс өзекті пенделіктен айырылып найзаның ұшын сынар, қылыштың жүзін сынар, дұшпанның ашуын сынар, мергеннің дөптігін сынар жансыз, арсыз, бет-бейнесіз өлі нысанаға айналмай ма? Оны адам деп кім аяушы еді! Тәйірі, мына ойраттар соны білмей ме? Түп-түгел ит болып ұлып кеткендері несі? Ұлыған ит пен жылаған жауды кім мүсіркесін! Өздері шетінен шеке-тамырлары бадырайып ызақор боп келеді дейтін. Шақар адамдардың әбден амалы таусылғанда қатынша долырып, өз шаштарын өздері жұлып өкіріп қоя беретін әдеттері емес пе! Мыналар да жандарынан түңілді білем. О тоба, бұны да көретін күн бар екен ғой. Шіркін, осыны баяғы ала-топалаңда арыстарынан айырылған бейбақ жесірлер көрер ме еді! Шіркін, мынаны баяғы алапатта боздақтарынан айырылған жыртық өкпе аналар естір ме еді! Шіркін, баяғыда жеделдес аға-інілерінен айырылып, түн баласы өксік атып жата алмас ай жүзді ару қарындастар болар ма еді! Олар мынау қызыл қырғын шайқастан шыққан қазақ сарбаздарының өздері түгілі астарындағы ақ тер, көк тер аттарының толарсақтан қан кешкен сатпақ-сатпақ шашасын айқара құшақтап ап сүйген болар еді! Қуанғандарынан ағыл-тегіл жылаған болар еді. Қуан, қазақ! Қазақ, қуан! Сенің де есең қайтып, өшің қанар күн болады екен. Шіркін, мынау жосылып жатқан қара қанды, шашылып жатқан көп өлікті, маңдайларын ердің қасына соғып еңіреп бара жатқан ата дұшпандарына қапияда опат тауып арманда кеткен асыл азаматтар, бір сәтке болса да, қара жердің астынан бастарын көтеріп, көз қиықтарын бір салар ма еді! Ой, дүние-ай, бұған да жетер, бұны да көрер күн бар екен ғой. Өлі аруақ, тірі халайық риза болса, бүгін риза болар. Бұндай күнді көргізген кім, бұндай бақытқа жеткізген кім? Ол Апырау, мынау мына Әбілқайыр... Босаға баққан Өсеке тұқымының қарадан шыққан қатынынан туған кем абырой, кем нәсіл төлі! Осы бір шойын езу, сыз қабақ сұрша жігіттің ең болмаса езуін жиырар күні болар ма екен деуші едіңдер ғой! Ал, маңдайларыңа мүйіз шықса, көріп алыңдар! Жымимақ түгілі екі езуін жинай алмай сақылдап күліп тұрған жоқ па?! Ал, енді не дейсің, жұртым?! Бұдан кейін де менің бетіме айтар айыптарың мен сыртымнан айтар ғайбаттарың болар ма екен?! Көріңдер, көріп алыңдар! Енді мұндай жойқын жеңісті маңдайларымызға жаза ма, жоқ па?! Ұлыған иттей шулап бара жатқан ата дұшпандарыңның аңыраған дауыстарына құлақтарыңды әбден қандырып алыңдар! Бұндай бақ тағы басыңа қона ма, жоқ па?! Қапы қалма, халқым, қуан, қызықта! Бұл бір сенің мерейіңнің артқан күні! Ту, ту, мына дүние не болып барады өзі?! Жер мен көктің шыр көбелек айналып кеткені несі?! Тақтайдай тегіс жалпақ жазықтағы сансыз өлік топан судың бетіндегі салындыдай қалқып барады ғой, түге! Ау, мынау өзін шыр айнала атанақтап шауып жүрген не болды? Баяғы қызыл түлкі ме? Жоқ... Жоқ... Әлгінде ғана көзіне елестеп кететін қызыл тазы емес пе?! Мана бұл қиралаңдап белін көтере алмай жатқан сияқты еді ғой. Енді қолды-аяққа тұрмай тызақтап шауып кеткен бе! Өзі бұған бірте-бірте жақындап келе ме, қалай? Шалғайына оратыла ма, қалай!! Аяғын жалай ма, қалай?! Е, көптен бері көңілін қызылқұрт боп жеп жатқан әлгі бір бақыт дегеннің өзі осы болғаны да! Кейбіреулер оны аспандағы жұлдыз дейтін... Енді біреулер зеңгір көкте ұшып жүретін сиқыр құс дейтін... Қайдағы жұлдыз... Қайдағы құс... Сөйтсе, осындай бір жәреуке күшік екен ғой! Бақыт деген ешқашан маңдайыңа қонбайды. Бақыт деген әрқашан осылай шалғайыңа оратыла жүреді, аяғыңды жалайды. Сосын да сен оны байқай бермейсің. Мә, мә, жалай ғой, күшігім, жалай ғой! Шапқылап қал, күшігім! Осылай төңірегімнен шырқ айналып шықпа, күшігім! Осының өзі ақылынан алжаспаса жарар еді... Маңайынан мынау жәреуке күшіктен басқа ештеңе көрмегені қалай? Әлгі бір қым-қуыт жылау қайда? Әлгі бір қызыл-қырғын шайқас қайда? Мына біреу жалбаңдап шаужайына неге оратылады? Кім өзі? Қамшысын көтере беріп еді... Е, әлгі төлеңгіт әлі кетпеген екен ғой! Болаттың жылмаң төсі мұнда не қып жүр? Тісі ақсиып не дейді өзі? Құлағына ауызын төсеп неге өкіреңдейді. Не дейді, түге? «Хан өлді!» дей ме?.. Қайдағы хан... Тәуке баяғыда өлген жоқ па еді... «Оқ тиді!» — дей ме? Бүгін кімге оқ тимей жатыр?! Оқ тиген кісіні, тіпті опат болған кісіні санап тауыса алармысың? Бірақ, жеңдік қой, әйтеуір! Ата жауды тұқым-тұяғын қалдырмай қырдық қой, әйтеуір?! Жоқ, осы әлгі жылап жүргендер қайда кеткен? Қашып кеткен жоқ па? Қашқанда қайда құтыла алар дейсің? Қазір бәрін қуып барып көздеріне көк шыбынды үймелетеді ғой!
— Немене?
— Алдияр тақсыр, Болат ханға оқ тиді.
Әбілқайыр сол екі езуіне ие бола алмай ыржалақтаған қалпы. Оның мына тұрысына түсіне алмай дал боп тұрған төлеңгітке енді қайтып сұрақ та қойған жоқ, жауап та берген жоқ. Басы шыркөбелек айналып барады. Шапқылаған қызыл тазы әлі шыр айналып шықпай жүр. Осының өзі есеңгіреп қалғаннан сау ма?! Мейлі, есеңгіресін... Есеңгіретпеген, естен тандырмаған бақыт бақыт боп па! Мейлі, мейлі... Әлгі төлеңгіт не деді осы? Қайда өзі?
Жан-жағына қараса, әлгінде ғана шаужайына оратылып жүрген төлеңгіт те, шырқ айналып шапқылап жүрген қызыл тазы да жоқ. Айдалада аңырап жалғыз өзі тұр. Жайрап жатқан өлік. Ағып жатқан қызыл қан. Манағы бір аңыраған дауыс алыстап кеткен. Оларды қуып жетіп құртпай мыналар неге ошарыла қалған. Әйда, кеттік! Атына қамшы басты. Әлдеқашан қыр асып, көз ұшында шаңы қылтылдап бара жатқан жоңғарлардың соңынан салып келеді. Тек Бөкенбай ерді, Есет ерді. Былайғылары тырп етпейді. Неге бүйтеді? Еміне шауып келеді. Біраз шапты. Ойраттар алды-арттарына қарар емес, ағызып барады. Бір уақытта Бөкенбай қатарласты.
— Алдияр, артымызда қол селдір! Алдымыз — жоңғардың ұлысы. Қолайсыз бірдеңеге ұшырап қап жүрерміз. Қайтайық. Оның үстіне Болат ханға оқ тиіпті. Әл үстінде жатыр дейді. Әлгілер соған қарайлап қалған шығар. Қайтайық, алдияр.
Қап, жоңғарлардың туын аман жіберіп қойғанымызды қарашы! Ешкімін қалдырмай түгел қырып тастауымыз керек еді. Бұл жеңісіміз де жартыкеш жеңіс болды-ау. Әскерін осы арада түгел жайратып, Іле бойындағы ұлыстарын да шауып ап қайтқанда қатып кететін еді. Баяғы ақтабан шұбырындының есесі сонда қайтатын еді.
Олар қайта оралып келгенде әл үстіндегі Болатты Әбілмәмбет Түркістанға әкетіпті. Барақ пен Күшік шала-шарпы қоштасып өз ұлыстарына тартты. Жәнібек, Бөкенбай, Қабанбайлар бас сардармен қоштасып, есендік айтысып, бұдан былай Абылай атанар Әбілмансұр сұлтанды ортаға ап оқшау кетті.
Әбілқайыр қасында қалған Кіші жүз қолы жығылған ат пен жайраған өліктен көз тұнатын ұшан жазыққа қарап біраз тұрды да, аттарына қамшы басты.
— Әлгілердің аңыраған дауыстары құлағымда әлі тұр! — дейді Батыр.
— Е, бұл жолы бір сұрапыл шайқас болды. Ойраттардың аңыраған дауысын күллі қазақ түгел естіген шығар. Енді мына жазық Аңырақай атанады ғой, — деді Бөкенбай.
Жер де қып-қызыл, көк те қып-қызыл. Күн енді бата бергенде жаңа ғана Аңырақай атанған ұлан-ғайыр дала құлазып бос қалды.
Содан Әбілқайыр біраз уақытқа дейін ұйқысыраған кісідей дел-сал жүрді. Анадағы шайқас есінен шықпайды. Жылмиған жазық, жайраған өлік, еңірегенде етектері толып безіп бара жатқан жоңғарлар... Бірақ, ол елестер баяғы майдан даласында тұрғандағысындай көңілін бірлеп, рақатқа батырмайды. Су бетінде жүзіп жүргендей бір жансыз сүлделер... Абыр-жұбыр қимыл-қыбырлар... Еңкілдей қашқан жоңғардың еңіреген дауыстары да құлағына келмейді. Арада сонша көп уақыт өте қойғаны ма?! Неге сонша тез ұмыт боп қалған? Бүгінде екі қазақтың басы қосылса, Аңырақайды айтады. Сол бір желпінген әңгіме мұның миына кіріп те шықпайды. Оған ешқандай қатынасы жоқтай... Маңынан жүрмегендей. Тіпті сол ел айтып жүрген шайқас атымен болмағандай. Ордабасы жиыны деген жиын да өтпегендей. Мынау дүниеде ешқандай Аңырақай, ешқандай Ордабасы жоқтай. Соның бәрі сан тарапқа сандалып әбден далбаса болған сананың шым-шытырық сезімдер сергелдеңінен мезі боп, жүндей түтіліп кете жаздап жүрген жүйкені тыныштандыру үшін әдейі ойлап тауып жүрген айла-шарғысындай. Әйтпесе, ондай ұланасыр шайқас болса, оның аяғы осылай қиырман-шиырман боп біте ме? Ордабасындағы жиындай пәтуалы мәслихат болса, оның ақыры осылай аяғы құрдым боп кете ме!..
Сергелдең көңіл күніне қырық қайтара ойланып, қырық қайтара толғанса да, осы бір екі әзәзіл сұрақтың ындынын қандырар тұрлау, тоқтам таба алмайды. Екі ұдай сана бірде: «Бұның бәрі де әншейін лақап. Арманшыл көңілдің қайдағыны қайдан тауып ап жүргені. Сенбе, сенбе!» — деп азғырса, бірде: «Бәрі де рас әңгіме. Есіңнен қалай шығып кете қойды. Шайқас та, жиын да тап биыл, биыл болғанда да осы үш-төрт айлықта болған оқиға. Болмады десең, достарыңды қойып, атарға оғы жоқ қастарыңнан барып сұрашы! Не дер екен? Түркістандағы Әбілмәмбет базарға барған кез келген майтымақ биді ұстап ап: «Әбілқайыр алтын тақтың иесі, әз Тәукенің баласы Болат хан өліп жатқанымен шаруасы жоқ, бір бес жүз жоңғар аман кетті екен деп талағы тарс айырылады», — деп құстаналап жатпаса, қыдыра жалды қара атты тайпалта жорғалатып, жал-жалдың басындағы әр ауылдан бағылан жеп жүрген Барақ: «Ел болып қайрат қылып жеткен жеңісімізді Әбілқайыр тағы да бір өзі иемденіп кетпекші... Баяғы Жайық бойындағы қалмақтармен болған шайқастардағы азғантай абыройдың бәрін өз қанжығасына өңгеріп кетіп дәндеген. Бұл жолы қысылтаяң жерде Абылай айла таппағанда ұрыстың артының «қой болды» боп кетуі әбден мүмкін еді», — деп кәукіп отырмаса, маған кел! Ал, Абылай ешкімге ол жайында ештеңе деп ләм-мим тіл қатпайды. Өтірік те, рас та демейді. Бірақ, сол соғыста көзге түскен Жәнібек, Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Сырымбеттерді шатырына күнде шақырып алып мәжіліс ашады да жатады. Жоңғарлардан Аңырақайдағыдан да асырып өш алудың қамы болмаса, қатын үстіне қатын алудың жайын ақылдасады ғой дейсің бе? Аңырақайда қызыл қырғын шайқас болмаса, Балқаш бойында аман барған Болат қағынды тиіп қайтыс болды ғой дейсің бе? Болды! Болғанда қандай! Ол соғыста жұрт не десе, о десін, тек сенің ақылыңның арқасында ғана жеңдік. Одан да зор абырой табатын ек, «арқар» ұрандастарың ақыры аяқтан шалып тынды», — деп қақылдайды.
Қанша айтсаң да, миына кірмейтін кер құлақ сана тағы күмілжиді. «Ау, сонда қазақ өлгенде көрген айтулы жеңісін араға айлар түсер-түспесте осылай аяқ асты қыла салғаны ма?» — деп кергиді. Күмілжіп сөйлеп күңірсітіп бағатын Күдік көлгірге шыбын-шіркей боп шықшыты шытынай қалатын шындық пақыр тағы да күйіп-піседі. «Мүмкінбесі несі-ай! Ағайындарыңды бүгін көріп отыр ма едің! Ордабасына дейін еңселерін жықтырып барған баяғы ақтабан шұбырындының тұсындағы абыройсыздықтары ғой. Кешегі Аңырақайда діттеген жерден шыға алмағанда бар ұятқа сен қалатын едің. Олар: «Әбілқайыр өйтпегенде, бүйтпегенде былай болатын едік», — деп кеу-кеулесер еді. Құдай сақтағанда, шайқастың алдында ауызыңнан не шықса, шайқастың тұсында соның бәрі аумай-төкпей келді де қойды. Саған ондай абыройды «Алаш» ұрандылар қиғанмен, «Арқар» ұрандылар тіріде қияр ма! Іздегенге сұраған дегендей қайдағы бір қаңғыма оқ ат үстінде қауқиып тұрған Болатқа тиер ме! Сені дегеніңе жеткізбеуге тамаша сылтау табылды. «Хан өліп жатқанда шайқасты қайдан жалғастырамыз. Онсыз да жеңдік қой!» десті. Болат өліп, аға ханның тағы босағалы тұрғанда олар өлсе де, саған ерер ме! Ертең тағы да тақ таласқа түскенде ойраттың әскерін де, ұлысын да типылдап шауып қайтқан бас сардар тұрғанда қалған сұлтандар қалай бақ сынай алады?! Ондай бас сыбағаны саған неге бұйыртып қойсын! Ойда жоқ өлімді пайдаланып, сенің ойыңды ақырына дейін орындатқызып шығартпады. Ол үшін әуелі Әбілмәмбет айла жасады. Ажал ауызында жатқан әкесіне жаны ашыған боп, жұртқа қарамай Түркістан асып кетті. Оның бүйтіп бүйректен сирақ шығарғаны Сәмеке, Барақ, Күшікке жақсы болды. Олар да жалма-жан өз ұлыстарына тайып тұрды. Былай қарасаң, көрер көзге қиянат жасаған ешкім жоқ. Әбілмәмбетке айтқызсаң: «Алтын тақтағы аға хан өліп жатқанда қанға құнығып қайтіп соғыса береміз?» Қалғандарына айтқызсаң: «Бір жағынан хан өліп, бір жағынан Әбілмәмбет қара жамылып жатқанда біз қайтіп қалайық. Жеңер жоңғарды жеңдік, одан арғысы өлермендік болар еді». Тек сенің ғана жүрегің қан қақсайды. Оларға да керегі сол, сенің дегеніңе жете алмағаның. Жеңістің аяқсыз қалғаны. Сенің ұпайыңның түгелденбегені. Енді, міне, Болат өлгелі қанша уақыт өтті?! Әншейінде тақ мінген марқұмның қырқы өтер-өтпесте, ақ өре киізді құрағыта бастайтын төре тұқым бұл жолы неғып тына қалды! «Қазір қазаққа аға хан сайлаудың керегі жоқ, өйткені үш жүздің басы түгел емес», — деп сылтауратады. Ал, шынына келгенде, қазаққа аға хан қазір керек болмағанда қашан керек болады? Елдің жартысы жаудың боданында, жердің жартысы жаудың табанында жатқанда ауыз біріктіріп, аруақ қоздырар тізгін ұстау неге керек болмасын! Ондай атаққа «Арқар» ұрандының қайсысының жемсауы жыбырламай жүр дейсің. Бірақ бәрі сенен сескенеді. Мынандай қиын күндерде бірталай абыройға қолы жеткен соң, бас тақ та соған бұйырып кете ме деп қорқады. Сол себепті де дүниеде қазақтың аға ханы, бас тағы бұрын-соңды болмағандай, ол туралы қазір жұмған ауыздарын ашпай отыр. Әрқайсымыздың қол астымызда, құдайға шүкір, бір-бір ұлыс бар ғой, соны шүкіршілік етейік дейді. Ал, жеке-жеке қалғанда, қай-қайсысы да есіктегі қойшының «Маған бұйырмайтын көтен боғымен піссін» — дегенінің керін келтіріп, «бізге бұйырмайтын бақыт ешкімге де бұйырмай-ақ қойса екен» — деп тілейді. Бар гәп, міне, осында!
Бір жағынан күдік күңсітіп, бір жағынан шындық шыжбалаңдап әр-сәрі болған Әбілқайыр әлі бір тоқтамға келе алмай жүр. Бүгінде оның жатса, тұрса ойлайтыны сол. Қандай шешімге бел буғаны жөн?
Орыс шебіне жақын Торғай өзенінің Нұра тарауларын орағытып өтер мүйісіндегі Қаратүбекке кеп қонғаннан бері бар ермегі — тарыдай шашыраған тартымсыз ойлардың басын біріктіру.
Бір тұстан Шалқар Нұра үстіртінің кемер шыңдары қалқалап, екінші тұсынан Торғайдың кең арнасы көмкеріп, үшінші жағынан бір-біріне жең ұшынан жалғасқан үш көл - Соркөл, Көлжарма, Бораншы, төртінші жағынан айдын тақырға ұласып қысы-жазы шалқып жатар Шөміш көл қоршап жататын сиырдың тіліндей сүп-сүйір Қаратүбек, шамалыда, қай жауың да жақындап келе алмастай алдырмас қамалы. Әбілқайыр биыл сол түбекке күз басында қонып, қыстап шықпақ. Терістігіндегі тағадай орағытып жататын Айыр көлге іреп кіріп жататын ту түбекке малын айдап салса, ығы да жеткілікті, шөбі де жеткілікті. Қаншама қанжауды қысында да онда қыстаған мал бөтекесі бітеу семіз шығады. Ал күнгейінде Шалқар Нұраның үстіртін жиектей жарысып жатқан ай тақырдың бір пұшпағына малдың талағындай боп жалпая жабысқан жайдақ көл — Байтақ көл. Одан ұшқан құс, жортқан аңның түр-түрін табасың.
Әбілқайыр таң атса болды, қасына Мырзатай мен бірер мергендерді ертіп сол Тар түбекке аттанады. Қасындағылар аң мен құсты қанша атса да, құмарларынан шықпайды. Ал, Әбілқайырдың қуалаған аңы Тар түбекте емес, өз көкірегінде. Оған атқан оғың, жүгірткен тазың, салған құсың бәрібір жетпейді. Қасындағылар мәре-сәре боп, қанжығаларын қалай майлағанын есептеп жатқанда, ол басы көкірегіне кетіп дел-сал отырады. Бірақ, өз ойының ұштығына бәрібір жете алмайды. Бұл қазаққа қанша еңбек сіңіріп, қай жыртысын жыртысса, абырой таба алмасын біліп болды. Мына халық көз алдында істеген қай ерлігіңді де, қай еңбегіңді де көзапара есепке алмай кете барады. Оны мойындатқызу үшін қазақтың өз басы жетпес, өз ақылы таппас басқа бір сыртқары ықпалдың айырықша шапағаты керек. Ондай ықпал тек құдайдың ғана қолында шығар. Құдайдың берген өнері, қайраты, ақылы, айласы мынау қауқылдаған майтымақтар үшін бәрібір ештеңе емес. Одан әйтеуір, елден ерек бірдеңе талап етеді. Ол елден ерек нәрсенің не екенін өздері де білмейді. Бұл тегін бұлдап көрейін десе — кіші ұлдың қарадан алған қатынының баласы. Күндік байланыстарын бұлдап көрейін десе — одан да шығып жатқан пәтуа жоқ. Қараның да, төренің де талай шоншарларымен ілік-шатыс боп бітті. Бірақ, содан көгеріп жатқан көсегесі қайсы! Өзіне салса, мына керік немелерге өзінің жерде жатқан аяқ асты кісі емес екенін сездірудің бір-ақ жолы қалған сияқты. Ол — қазақтан тысқары бір пәрмендірек патшаның шапағатына ие болу. Қазақтың маңында ондай патшалық та толып тұрған жоқ. Бірі — орыс та, бірі — жоңғар. Жоңғармен әмпейі боп не абырой табарсың! Ал, орыс патшасына қазақтың жүгірткен қанша аты, жұмсаған қанша елшісі босқа арам тер болды. Патшамен әмпейі болам деп Тәуке ештеңе шығара алмағанда, Қайып ештеңе шығара алмағанда бұл не шығарып көктетер дейсің! Тағы да шаптырған елшіні баяғы Қойбағар құсатып қайтарып жіберсе, не істейсің?! Онсыз да төбеңде ойнап отырған жұрт одан сайын төмпештің астына алмай ма?! Бірақ, бұл жолы: «Қол астыңа бодан болып кіремін, сен — басшы да, мен — қосшы», — деп басын ашып айтса, қайтеді... Сонда да арқаңнан бір қағып шығарып салар ма екен?! Қойбағардың жөні бөлек қой. Ол тұста кісінің табанында жатқан ез жұрттың әңгімесіне кім құлақ ассын, ал қазір қазақтың ойраттың тепкісіне оңай көне салатын осал жұрт емесін орыстар да көріп, біліп жатқан шығар. Ондай абыройды кім алып беріп отырғанын анау Омбы, мынау Уфа, сонау Астрахань естімей, шеттерінен көрқұлақ болып қала қойды дейсіз бе?! Ендеше, үш жүзге ортақ тақтың иесі аға хан, сірә, жоқ. Қазір қазақ сұлтандарының арасында үш арыстың үшеуінің ортақ әскерінің бас сардары болып сайланған бұдан жолы үлкен, бұдан дәрежесі үлкен кім бар?! Ендеше, ол тек өз ұлысының ғана емес, күллі қазақтың атынан неге сөз салмайды?! Сонда, патша бұнымен қайтіп шекесінен сөйлесе қояр екен. Жоңғардың да күні ертең не боп кетері белгісіз. Ар жағында қаулап қытай тұр. Мұндайда ақ патша, ақылы болса, тап қазақтың ұсынған қолын қаға қоймас. Қайта мына хабарға қуанып қалар. Оның үстіне, бұрынғы Петр патша өліп, орынына бір әйел патша болыпты дейді. Жана патшаның аты жаңа патша. Бұрынғы патша не десе, бұл да соны тап сол қалпында қайталай қоймайтын шығар. Егер мұны ақ патша күллі қазақтың аға ханы деп танып жатса, онда қазақ күні кешегі бірі қалмай соңына ерген бас сардарынан қайтіп бас тарта алады?!
Әбілқайыр мынау ойда жоқ ақылына өзі күмәнданып, өзімен-өзі дауласа бастайды. Жарайды, патша әлгі ұсынысын қабыл ала-ақ қойсын. Бірақ, оған қазақ көне ме? Одақтас десе бір жөн, бодан боламыз дегеніне шалқаларынан түспес пе екен? «Жоңғарға бодан болмаймыз деп қызыл қанға батысып жатқанда орысқа өз аяғымыздан барып бодан боламыз деп бізді қандай жын ұрды?» — дейтін шығар. Жә... Жоңғарға бодан болсаң, ар жағында жаланып қытайы тұр. «Ақырзаман боларда қара қытай қаптайды», — деп кітапта жазылған ғой. Сол ақырзаманды көзапара өз басына өзі тілеп ап қазақтың басына ат теуіп пе! Ал, жоңғарды үйреніскен жау ғой деп, бір күні олар, бір күні бұлар жығып итжығыспен жүре тұрсын делік. Сонда мынау күнара қым-қуыт, күнара ойбаймен отырған жұрттың көсегесі қайтіп көгереді. Ал, орыс ше... Орысқа сенің малыңның қажеті шамалы, өрісіңнің қажеті шамалы. Шектес жатқан суларыңның бойына егін салар. Өзің түгілі итің жемейтін судағы балығыңды сүзер. Ал, сосын неңді алады? Келіп қолыңдағы құрығыңа таласпайды, астыңдағы тағыңа таласпайды... Құла түз, құба шәліңде шаруасы жоқ. Әйтеуір, «алыстан «мен сендікпін» деп басыңды изеп қойсаң болғаны. Жоңғар қолына түссең не істейтінін баяғы ақтабан шұбырындының тұсында көрсетті. Оның ар жағындағы құрт-құмырсқа, бақа-шаянға таласып, қырылысып бара жатқан ызғындай шүршіт жоңғардан асып түспесе, кем түсер дейсің бе? Төбесінде отырған Құбылай тұқымын өз дініне, өз қанына сіңіріп, өз тілін, өз үрдісін ұмыттырып жіберіп отырған Қытай табанында жатқан қазаққа: «Сенің де шашың қара, менің де шашым қара, сенің де көзің қысық, менің де көзім қысық, кел бір жұрт болайық», — демес деп отырсың ба?! Ендеше, қай күні қай аждаһа келіп жеп кетер екен деп қалтырап-дірілдеп отыра береміз бе? Мынау әлсізді күшті иемденіп, азды көп иемденіп жатқан заманда бәрібір басқаға телінуден басқа күн көрісің жоқ екен. Онан да өз тағдырымызды өзіміз табайық. Басыңа ноқта бәрібір түсетін болса, дініңе қол сұқпайтын, тіліңе қол сұқпайтын, күн көрісіңе қол сұқпайтын іргелі патшалықты көріп отырып, жетегіңе ал деп неге жармаспайсың! Дәл өзіңдей көшіп-қонып жүрген қалмақ орыс патшасының арқасында көршілерінің құқай-сұқайынан құтылып отыр. Анау башқұрттар да солай. Сонда қазақ қашанғы шөре-шөре болмақ.
Осыны айтса, қазақ неғып түсінбейді? Бірақ, өңшең кер ауызға түсінбеу деген сөз боп па! Бір екі көбік езу ділмар шығып кеткеншектеп тұрып алса, қалғандары да алды судан өтпегесін, басын алып қаша беретін жасқаншақ түйелердей тартыншақтап тұрып алатын шығар. Ол ол ма? Артық қылам деп жүріп, тыртық қылып, басыңа қатер тілеп алуың да мүмкін. Сонда не істегені жөн. Қаңғыма ой тағы да кеп бір тығырыққа тіреліп тұрып алды.
Осы қазақ арасында ауызы дуалы дегендерден ептеп сыр тартып көрсе қайтер еді? Олар не дер екен? Әуелі кімнен бастағаны жөн. Әрине, Бөкенбайдан... Екеуі әрі нағашылы-жиенді. Ол қыздан, бұл ұлдан туған. Әкесі Абдолла сұлтан қара найза Қара батырға қарындасы Құттыбикені беріп қолын ұзартса, бұл одан туған Бөкенбайға нағашылығын бұлдап қолын ұзартып отыр. Оның үстіне жау тиіссе: «Ал қайтеміз?» — деп тағы да соған елден бұрын хабар жібереді. Енді мынандай келелі кеңес керек жерде оның қайтіп алдын кесіп өте алады! Бөкенбайдың өзін қойғанда, оның ықпалында сен шап, мен атайын деп ызғындай жеті ру отыр. Жеті руды былай қойғанда тама Есеттің: «Апамнан туған арыстаным» деп асты-үстіне түсетін кетелер де соны жақтайды. Бөкенбайдың аузын алдым деген сөз Есеттің аузын алдым деген сөз. Ол екеуін бері қараттым деген сөз арқамды тамға тіредім деген сөз. Талай жерде үш арысқа сауын айтып қол бастаған да солар. Талай жылдар көз түрткі көріп келген Жетісуға әз Тәукенің алдында жеңісті алып берген де солар. Олардың аузы қисайса, біраз жұрттың аузы қиясады. Бәрін былай қойғанда қазір орыс шебіне ең жақын отырған да Бөкенбай. Уфа саудагерлеріне үйір-үйір жылқы, отар-отар мал керек кезде салып ұрып соған жетіп келеді. Базармен де байланысы мықты. Башқұрттың ел ұстарларымен де тамыр-таныстығы мол. Бөкенбайды көріп, қалған табындар да Елек, Қарғалы, Қайыңды Ырғыздың жыныстарынан қабан атып, су бойындағы орыстарға апарып ақ астыққа айырбастайды дейді. Сонда бұның көкірегін көптен мұжып келе жатқан әлгі ойды орыстың нанын алдымен жеген Бөкенбай қостамағанда кім қостайды? Ендеше онымен тезірек сөйлесу керек. Ол ауылдан біраздан бері хабар да алмапты. Бәлкім, Бопайлар құлағдар шығар...
— Бөкенбайдың ауылынан ешкім соққан жоқ па?
— Жоқ... Ренжіп жатпасын...
— Неге ренжиді?
— Құдайдан сұрап алған Тіленшісінің қырқынан шығып, құйрық басқанына да, қаз басқанына да құр тастамай барып жүріп, биыл тыйылып қалдық қой?
— Биыл ол неме нешеге шығатын еді?
— Төртке шығады ғой.
— Ендеше, ол баласына тоқым салар той өткізеді екен ғой!
— Әрине.
Ертеңіне Әбілқайыр Бопайды алып, Мырзатай мен Бәйбек бастаған бір топ нөкер ертіп, кілем жауып, арғымақ тай жетелеп жолға шықты.
Күз сыңайы айқындала құмға жақындап, Ырғыз бойын тастап Жабысайға кеп қонатын Бөкенбай Әбілқайырды алдынан шығып, кілем жайып, аяғын жерге тигізбей ат үстінен көтеріп алды. Анадайдан ауылға жалпылдап қағыта сөйлеп, бұны көрсе, төбесі көкке бір жетіп қалатын қара атандай талтаң да тарпаң жездесі Қара батырдың дүние салып, бір айғыр төбенің басын бөлек иемденіп жатып алғанына біраз болған.
Күйеуі өлгелі Құттыбике апасы да можаңқырап қалыпты. Әдеттегі паңдығын ұмытып, есіктен емпеңдей шығып, қарулы жігіттердің қолында келе жатқан інісінің маңдайына жабысты.
Хан қонаққа келіп, табындардың ауылы мәре-сәре болды да қалды. Есет пен Құдайназарға, Жетірудың барша игі жақсысына ат кетті.
Өз төңірегінде жүретін билер мен батырлардың қай-қайсысының үйінде де Әбілқайырдың бір-бір кіндік баласы болатын. Ондай балаларды бүкіл рулы ел боп бетінен қақпай өсіретін. Тіленші де әбден ерке екен. «Кіндік әкең келді, қолыңды бер!» — дегенде сыртта асық ойнап жатқан жерінен шаң-шаң боп кіріп келген қара шұнақ бала төрде отырған ханның мойынына бір-ақ ырғып мініп алды.
— Мына доңыз қайтеді-ай, түс шапшаң, — деп Бөкенбай ақырды.
— Қамшысын бермесе түспеймін, — деп Тіленші тепсінді.
— Апырай, қазақ пен қалмақта ешкімді иығыма шығармаспын деп жүргенде мына қара сирақ табынның қылғанын қарашы, — деп Әбілқайыр күлді. — Жарайды, жарайды. Болсын. Ау, мынауың түбінде әкесінен де асқан батыр болар, — деп қояды Әбілқайыр.
— Жоқ, батыр болмаймын, қасапшы боламын, — дейді Тіленші.
— О, неге? — деп күлді кіндік әкесі.
— Қасапшы болсам күнде бөтеке жеймін, — дейді тентек бала.
Үйдің іші мәз-мәйрам.
— Әулиеден-әулие қоймай тілеп алғанда, қасапшы болсаң, қатырады екенсің, — дейді Құттыбике әжесі күлем деп шашала сөйлеп.
Тентек бала ханның сары ала бунақ қамшысын ұстап ауыл-үйден байғазы жинауға шапқылай жөнелді.
Бөкенбай ұрпақтан кемдік көрген кісі еді. Әйел үстіне әйел ап, талай перзент көрсе де, бесіктен белі шықпай жатып шәйіт боп кете берді. Тұрақтағаны осы — Тіленші. Тіленшіге екіқабат жылы шешесі шәмекейдегі төркініне барып босанам деп, некелі босағасын тастап, отауымен көшіп кеткен. Содан Бөкенбай бірде жорықтан қайтып келе жатса, Қарақұмға енді іліге бергенде, тау-тау шағылдың арасынан алба-жұлба біреу шыға келді кеп:
— Бөкенбай батыр, жаудан алып келе жатқан олжаңды мойынымдағы мына дорбама айырбастайсың ба? — деп алдын кес-кестеп тұрып алады.
Тізгініне жармасқан мына мүскінді кім деп түсінерін білмей аңтарылып қалған батырдың қасына Есет келеді. Оның қайнағасының қасынан шықпайтынында да мән бар-тын. Біреу-міреу Бөкенбайға: «Қасыңа қара ермеген», — деп тіл тигізбесін дейтін. Ен таманың тәуекелін ұстап тұрған атақты үлкен батыр үлкен басын кішік қып, өзіндей кісінің қол баласындай солаңдап соңынан қалмайтын.
Сол Есет мынау жол бойынан шыға кеп тобылғының сабындай қызыл тарамыс қолын Бөкенбайдың ақ танау тұлпарының жалына созып, жабысып айырылмай қалған, ит жұлған торғайдай қара сирақ біреуді көргенде жүрегі әлденеге шым ете қалды. Бұл да бір жақсылықтың нышаны шығар деп ойлады. Әйтпесе, даңқы жер жарған Бөкенбай батырдың тізгініне тегін кісі жармаса ала ма!
— Бөке, қайда қалмай жатқан дүние. Жауға кеткенше мына пақырға кетсін. Пәтихасы тиер. Ауызына құдай салып тұрған шығар, — деді.
— Ал, пақыр, ала ғой. Олжа сенікі! — деді Бөкенбай. Арт жақтағы жігіттерге:
— Анау айдап келе жатқан қыл құйрықтарыңның маған тиесілін мына кісінің алдына салыңдар, — деп желе жортып жүре бермекші еді, қайыршы алдын тағы кес-кестеді.
— Ау, батыр, мен сенен садақа сұрап тұрған жоқпын, саудаласып тұрмын. Алдыма жылқы салсаң, астыма ат мінгіз. Қанжығама қоржын іл. Қолыма қару бер. Әйтпесе, ол жылқыңды жал асқасын бір қарақшы қуып кетсе қайтем?! Ат мінгізгенде де, астыңдағы ақ танауды түсіп бересің, қоржын ілгенде де мынау қанжығаңдағы қоржынды ілесің. Қару бергенде де беліңдегі бес қаруды түгел сыпырып бересің.
Батыр атынан түсуге мәжбүр болды. Сонда қайыршы атқа қарғып мініп:
— Қайыршының бұл дүниедегі жаңғыз дәулеті — мойынындағы дорбасы. Содан басқа несін айырбас қылсын. Қауыс-қауыс екен деп қомсынба! Сен көп дәулетіңнің шетінен бөліп беріп тұрсың, мен бар дәулетімді бүтін беріп тұрмын. Осы қауыс-қауыс дорба мына кешегі жеңісіңнен бетер желпінтпесе, төбеңді көкке жеткізбесе, маған кел. Абайлап ұста, қолыңнан түсіріп алма, қатты нәрсеге тигізбе, ине-тікен кіргізбе! Анау көз ұшындағы айқай шағылдан асқанша ауызын ашып қарама! Айқай шағылдан асқасын ауызын ашып қарағасын, ертең елге жеткен бойда ұлан-асыр той жасағың кеп кетер. Сол тойыңа байғазым болсын, әлгі маған берген жылқыңды өзіңе қайтып бердім. Қауыс дорбалы қайыршы едім, енді, міне астыма ат мінгізіп, қолыма найза ұстатып, қандыбалақ қарақшы еттің. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген ғой. Өз малымды өзім тауып алармын, — деп атын бір тартып, шауып ала қайқайды.
Аң-таң қол тұрып қалады. Батыр алдындағы айқай шағылдың басына шыққанша асығады. Айқай шағылдың басына шығып қараса... Мұрыны пыс-пыс етіп қызыл шақа ұл бала жатыр. Жүрегі жарыла қуанған Бөкенбай мен Есет сол арада соңдарындағы Жетіру қолына: «Ертең елге барған бойда ұлан-асыр той болады!» — деп жар шашады.
Бөкенбай жүрегі жарылып еліне жетсе, үйі қаңырап бос тұр. Төркініне кеткен әйелі әлі келмеген. Батыр қайын жұртына ат шаптырады. Барса — әйелі бетін тырнап жылап отыр дейді. «Батырға көрінер бетім жоқ. Жорықтан қайтқанда алдынан алып шығып қуантам ба деген шекесі торсықтай сәбиім дүниеге келгесін бір аптадан соң шетінеп кетті», — деп зарлайды дейді.
Сондағы қайыршының қауыс-қауыс дорбасында хан ордасының төрінде жатқандай рахаттана ұйқы соққан батыр осы Тіленші еді. Атын да қайыршы беріп кеткен бала деп Тіленші қойған.
Одан бері төрт жыл өтті. Тіленшінің тегін ешкім білмейді. Пішініне қарасаң — аумаған әкесі. Біреулер: «Бөкенбай тегін кісі емес қой, баяғыда қайыршы боп алдынан шығып жүрген қызыр екен», — деседі. Біреулер: «Бөкенбайдың әйелі балаларым көз тиіп тұрмай жүр деп, жер түбіндегі төркініне барып босаныпты. Сол арада бір пірәдардың айтуымен жас нәрестені бір ел кезіп жүрген тентірендіге беріп жіберіпті. «Қызырдың бергеніне тіл өтпейді, қайыршының ұстағанына көз тимейді. Бірақ, бұл сырыңды ешкімге айтпа. Тіпті, төсектес күйеуіңе де айтпа», — депті дейді әлгі киелі кісі. Сосын да Бөкенбайдың әйелі Тіленшіні айналып сүймейді екен. «Бұл менің балам емес, менің балам нағашыларының қорымының шетінде қалды», — дейді екен деп соғады.
Не де болса, Бөкенбай Тіленші дегенде отқа түсіп кете жаздайды. Оны көріп Бөкенбайды сыйлайтындар да Тіленшінің асты-үстіне түседі. Міне, бүгін, сол Тіленші төртке толып, тоқым салдырар той жасатпақ. Тайға мініп, тақым баспақ. Мінер тайын Әбілқайыр ханның өзі әкеліп отыр.
Нағашысы мен жиені бірін-бірі қағытып қояды.
— Апырай-ә, төренің де қолынан мал шығады екен-ау!
— Тұяғының тұяқ ертіп оралатынын біліп отырса, төренің қолынан неге мал шықпасын!
Әбілқайыр Бөкенбайдың қолында екі күн жатты. Тойға келген Жеті рудың жақсыларымен мәслихаттасты. Олар «Ханның бұл жүрісі тегін жүріс емес шығар. Енді қай жаққа жорыққа аттанбақ екен?» — деп келсе керек. Әбілқайыр жүректерін орынына түсірді. Екі күннің ішінде жорық жайында бір ауыз сөз болған жоқ. Екі күн асып, үшінші күні Бөкенбай мен Есет ханды ордасына шығарып салды. Нөкер Бопайдың қасында қалды да, үш салт атты ілгері кетіп оңаша шер тарқатысты.
Әбілқайыр әңгімесін әріден бастап, сөзінің аяғын жұтып қорғалақтай сөйлеп еді, Бөкенбай бірден түсініп:
— Иә, бізге, шынында да, таудың ығына тығылсақ та, пана іздемей болмайды! — деді.
Оған Есет те басын изеді. Хан енді ойындағысын түгел ақтара бастады. Бұл гәпті алқаға салмаса, арты даулы боларын, ал алқаға салса, орысқа бодан боламыз деген әңгімеден жұрт үркіп кете ме деп қорқыныш айтты. Бұл жолы екі батыр аңтарылып қалды.
— Біз бодан боламыз демесек, одақтас болайық дегеніңе ақ патша сөйлеспейді де.
Бөкенбай батыр ойланып қалды.
— Ал, осы мына отырған қалмақтар мен башқұрттар өздерін орыс патшасының боданымыз дей ме, одақтасымыз дей ме!
— Боданымыз дейді.
— Ендеше, сол қалмақ пен башқұрт өліп жатыр ма?
Тиіп кетсең, ар жағынан «тәйт» деп патша шыға келеді.
— Әлгі Аюке еліне барымташы шапса да «ойбай, әскер бере көр» деп патшаның әкіміне жүгіреді дейді ғой. Әбілқайыр екі батырдың бодан болудан да қаша қоймас түрін байқап:
— Ал осыған басқалардың көзін жеткізе аламыз ба? — деп еді.
— Әй, қайдам, — деп екі батыр бастарын шайқады.
— Ендеше, ақсақалдардың жиынына орысқа одақ бол деп елші аттандырайық деп рұқсат ап, елшіге бодан боламыз деп айтқызсак, қайтеді.
Ұзақ уақыт үнсіз отырысқан үшеу бұдан басқа амалдары жоқ екенін ұқты.
Содан Бөкенбай башқұрттарға барып, ру басыларымен сөйлесіп көрді. Олар қазақтардың көңіліне не қашып жүргенін Уфа әкімдерінің құлағына салды.
Келесі жыл көктемде Әбілқайырдың ордасына иісі Кіші жүздің, Кіші жүзге жақын отырған уақ, керей, қыпшақ, арғынның кейбір руларының тізгін ұстарлары бас қосты. Бәрі де: «Қазақтың өзіне салсақ, жоңғарлармен жағалас ұзаққа созылып кетер түрі бар. Орыстан көмек сұрамасқа амал қалмады», — деген әңгімеге келісті. Олар хан ордасынан бір-бір бағылан жеп: «Патшаға біздің атымыздан елші аттандыруыңа келісеміз», — деп тарасты. Көктем басында башқұрт Алдарбай келіп қазақ елшілігін Уфаға алып кетті.
Енді, міне, сол елшілік соңына ақ патшаның елшілігін ертіп Уфадан бері шыққанына да біраз күннің жүзі болды. Баяғы сырды тек Бөкенбай, Есет үшеуі ғана біледі. Басқа жан баласына әлі күнге ауыздарынан шыққан емес. Ертең елшілік келгесін не де болса, көріп алмақ. Қазір Әбілқайырды бір жағынан бітеу жарадай іште бұғып жатқан сол бір құпия қинаса, екінші жағынан ру басыларының кейінгі кезде бір-біріне ерсілі-қарсылы шұбырысып жасырын мәслихаттасқаны жанына батып жүр. Әдейі уәделесіп қойғандай ақ патшаның елшілігін қабылдаймын деп ақ отау тігіп әбігерленіп жатқан хан ордасына ешқайсысы жоламайды.
Жер түбінен «қол астымдағы ұлысыммен боданыңа кірем» деп елші шақыртып, ол келгенде соқиған қара басынан басқа жан шықпаса тірідей жерге кіргені де.
Кейінгі кезде Уфа жақ көкжиекке үрейлене қарайтынды шығарды. Әзір әйтеуір бұлдыраған көк сағымнан басқа ештеңе көріне қойған жоқ. Қашанғы солай тұра берер дейсің. Нұралының кеткенінің өзіне сегіз күннің жүзі болып барады. Енді көп ұзамас, бір хабары шығып қалар.
Әбілқайырдың қарай-қарай көзі талды.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
АРБАСУ
Бақ қараған жігіттің
Басында болар айласы.«Қобыланды батыр» жырынан.
Көсенің иегіндей көк сұрланып жатқан жылмағай тегістік біресе күміс қылшықтанып тұратын боз селеулі далаға, біресе тырбиып сораң, жапақ өскен сортаңыт жазықтарға кезек ұрынып, жер реңі өзгерейін деді. Көз ұшында көгеріп тұрып алып, маңына жуытпай жігеріңді құм қылатын мұнар таулар енді жолдың екі бетінен кезек ұшырасып, зорыққан нар қоспақтай сұлай жығылып қалып жатыр. Алыстан аспанмен тайталасып айбынды көрінгенмен, қасына келсең — бір-бірімен жалғаспай әр жер-әр жерге сәңкиіп-сәңкиіп оқшау біткен кертік-кертік кемер биіктер екен. Ешқайсысының бауырынан өсіп тұрған көгеріс, жорытқан аң, жайылған мал, қыбырлап-қимылдап жүрген тіршілік белгісі білінбейді. Кейбіреу осынау алатағанақ тегістікке дірілдеп-дірілдеп қата қалған бауыздау қандай қарақошқылданып қатпарланып қалыпты, ал екінші біреулері баяғы ертегі дүниенің таусоғар алыптарының бірі ұшан даланың пұшпақ-пұшпағында отырған ауылдардың барлық күлін жиып әкеп бір жерге үйіп кеткендей күп-күлгін. Шынында да, мынау белуардан шалғын кешіп, көкке бойлаған қара орманның арасында өскен бейтаныс жолаушылар үшін төңірегіндегі көл-көсір кеңістік бір ғаламат өрттің орнында қалған айлапат өртеңдей еді. Қайда қараса да, көретіндері — сол қара қошқыл қатпар-қатпар төбешіктер мен күл шашып тастағандай сұп-сұр алқап.
«Таң атқалы көздерің қажыған шығар. Бір ауық маған қарай қойыңдаршы!» — дегендей кейде жыландай ирелеңдеп Ырғыз арнасы жарқ ете қалады да, артынша-ақ қайқаңдап қайта қаша жөнеледі. Өзен жарқ ете қалғанда шолп етіп балық секіреді, қалың құрақты сытыр еткізіп құс ұшады. Манадан бері қалғып келе жатқан сүлесоқ керуенге де жан бітеді. Гүрс-гүрс мылтық атылып, кеу-кеу әңгіме, кеңк-кеңк күлкі естіледі.
Ырғыздың тағы да сондай бір жер түбінен орағытып келер үлкен иініне енді жақындай бергенде алда кетіп бара жатқан сары ала күйменің қасындағы нөкердің бірі шауып кеп:
— Мылтық атылмасын. Енді көп ұзамай өткел болады. Өткел аузында бізді күтіп ханзада тұр, — деді.
Жұрт мылтықтарын жалма-жан қаптарына салды. Алдарынан тағы да бір қайқаң дөң кезікті. Қайқаң дөңнің басына көтеріліп еді, Ырғыз ирелеңдеп тағы да алдарынан шықты.
Сары ала шатырдың ішінде салтанат киімін киіп, бүгінгі кездесудің жөн-жосығын ойлап отырған Тевкелев бір сәт басын көтеріп ілгері қарады. Сүйіндік батыр айтып келген мың атты қара шоғыр көзіне түсе қоймады. Сосын тағы да басын бауырына алып Сыртқы істер коллегиясының нұсқауында айтылған ресми сөзді әуелі татаршалады. Орысша жазылғанда етікшінің қаққан шегесіндей өз орынында қадалып тұрған мығым сөздер татаршалағанда сәл солқылдақтау шыға ма қалай? Ал өзі шала-пұла білетін қазақшаға аударып көріп еді, бет-бетіне қашып пышырады да кетті. Бірақ, амалы қайсы, келіссе де, келіспесе де айтады ғой.
Елші тағы да басын көтеріп алға қарады. Керуен өткелге келіпті. Өткелден алдымен сары ала күйме өтті. Ханзада қай жақтан шығар екен деп төңірегіне көз салып еді, дәл қарсы алдарындағы қыраңның басында қақшиып тұрған төрт-бес атты қимылдайын деді. «Бар болғандары осы-ақ па?» — деп ойлап еді, қыраңның ар жағынан қылтиған-қылтиған шошақ бөріктер самсап қоя берді. Қайдан мың болсын, айналасы екі жүз-үш жүзден асар-аспас. Тевкелевтің көңілі бір түрлі ортайып сала берді. Пәлен күннен бергі жол соқты жүріс енді білінейін деді. Кенет белі кілт ете қалып, екі қолымен бүйірін таянып, мықшиып біраз отырды. Қарсы алдынан қаптай қыбырлап келе жатқан қара шоғырға тісі ауырғандай тыржия қарайды. Бірақ есіне тағы да нұсқау қағаз түсті. «Келіссөз кезінде өзіңді ұлы император ағзамның атағына лайық еңсеңді жықпай кербез ұстауың керек, қандай қиын жағдайда әдептен аттамай сыпайы бола білуге міндеттісің».
Аттарын аяңдатып жақындап келе жатқан айғыр топтың қақ алдындағы мына бір құндыз бөрік, дәу де болса, ханзада шығар. Жер түбінен тісі ақсиып күліп келеді. Қалғандары ханзададан бір ат бойы кейін келеді. Шеттерінен паң. Ханзададан басқа езу жиырған ешқайсысы жоқ.
Ханзада сары ала күймеге жиырма адымдай қалғанда атынан түсті. Оны көріп қасындағылар да жапа-тармағай аттарынан түсе бастады. Бұларына да шүкір. Елшіліктегілер мұны сыртынан сынап-мінеп келеді ғой. «Патша апайымыздың жер түбінен елші жіберіп отырған елі қандай екен, кәні, көрейікші!» — деп сыпсыңдасып келе жатқан шығар-ау. Мынау бейтаныс елдің ханзадасы жол үстінде хабар сұрай жолыққан жолаушыдай қасына тасыраңдап шауып жетіп келсе, қайтер еді... Қайта өздерінің жөн-жоралғыдан хабарлары жоқ емес екен...
Аттарын жетелеп жаяу келе жатқан қазақтарды көріп, бұның да күймесінен түсе салғаны дұрыс болмас. Қанша дегенмен, ол ертең боданың боламын деп отырған көшпенді жұрттың ханзадасы да, бұл атағы жер тітіреткен іргелі империяның елшісі ғой. Олар әлі де жақынырақ келсін. Екі арада бес қадамдай жер қалғанда барып күймесін тоқтатты. Бала сұлтанмен құшақтаспай да, қол алыспай да, иығынан қағып амандасты.
— Күллі қырғыз-қайсақ ордасының бас ханы Әбілқайыр Ғазы баһадүр хан, оның қол астындағы күллі қырғыз-қайсақ жұрты мен күллі қырғыз-қайсақ ғаскері, қадірмен ру басы билер мен батырлар тегіс сау-саламат па?! — деді даусын созып, ханзаданың қасындағы нөкерлері де тегіс естісін деген оймен.
— Рақмет. Шүкір, алдияр ханымыз да, күллі қазақ жұрты да тегіс аманшылықта. Ұлы мәртебелі һәм шарапатты, һәм ержүрек, һәм кемеңгер Ресей елінің алдияр патшасы Анна һиуан қызы ағзамның қадірменді елшісі Құтлұқ Мәмбет мырза, біздің елімізге қош келіпсіз! — деді Нұралы бала болса да орнықты сөйлеп.
— Құдайға шүкір, — деді Тевкелев.
— «Қанша дегенмен жол ұзақ, шаршаған шығар. Бейтаныс жердің ой-шұқыры көп, алдынан барып өзің бастап әкел!» — деп алдияр хан жіберіп еді, — деді Нұралы.
— Көп-көп рақмет! Орда бұл арадан алыс па?
— Біз шыққалы төрт күн болды.
Тевкелев ханзаданы күймесіне шақырды. Ханзада қипақтап төңірегіне қарады. Елшінің Нұралыға таяу тұрған отыз шақты ру басыларына сонда барып көзі түсті. Ханзаданың оң жақ иығында құлағалы тұрған қара шоқыдай тұнжырап бір дөңгелек жүз етжеңді қара сұр кісі тұрды. Шойыннан құйғандай шомбал кісі. Қас-қабағынан сәл болса да, жылы шырай, ықылас табы көрінсейші, сірә. Бет-ауызына бес батпан зіл жиып алғандай. Тырысқан маңдайының әжім екеш әжімі де білем-білем. Түксиген жүндес қабағы, екі танауы делдиген етті мұрыны, томсырайған қап-қалың еріндері өз салмақтарын өздері көтере алмай тұрғандай салбырап-салбырап кеткен. Сол бір шетінен салбырап, шетінен тұнжырап тұрған зіл-батпан бет-әлпеттің бар салмағы соған түсіп әбден болдыртқандай кіржиген ала көз кісіге түспей, айдалаға кілгіре қарайды. Одан бір адым кейін қаз-қатар тізіліп тұрған сусар бөріктілер тілдеріне теріскен шыққандай томсара-томсара қапты. Елші басын иіп сәлем мезірет жасады. Ру басылары оған, қапелімде, қандай жауап берерлерін білмей сасқалақтап қалғандай бір-біріне қарасты. Тевкелев күймесіне беттеді. Ру басылар екі бөлініп, күйменің екі жақ қапталына шықты. Қалған нөкерлер де олардың істегенін істеп, арттары керуеннің екі жақ қапталын ала жүрді.
Бір-біріне сынай қарасқан сыпайы екі қара шоғыр сол үн-түнсіз қалыптары Ырғызды жағалап ілгері тартты.
Нұралы сұлтанның соңына ергесін де үшінші күні түс ауа жолбарыс жонданып жатқан құмақ жалдың қыр арқасына шыққан жалғыз өркештей оқшау біткен Маңтөбенің қарасы көрінді. Оқшау төбені шыр айнала қоршап ақ жұмыртқа үйлер тігіліпті. Көлеңке біткен ығы-жығы адам. Бәрінің де көзі мынау кербез аяңдап келе жатқан өзгеше керуенде.
Ауылға екі шақырымдай жер қалғанда өңкей ақ боз ат мінген елу шақты егде кісілер алдарынан шығып, домалақ төбенің күнгей бетіне қарай бастап жүрді. Алдарынан былайғы ауылдың бәрінен бөлектеп тігілген төрт-бес үй шықты. Сол ала-бөтен төрт-бес үйдің желкесіне қолдарына ширатыла оралған бірдеңелерді ұстап сыптай-сыптай сымбатты жігіттер тізіле қалыпты. Күйме солардың тұсына жете беріп тоқтады. Жігіттер қолдарындағы ораулы нәрсені жайып жіберіп еді — қызылды-жасылды қалы кілемдер жарқ ете қалды. Бір-біріне жалғастырыла жайылған қалы кілемдердің бір шеті ортадағы ақ жұмыртқа үйдің табалдырығына тіреліп, екінші жақ шеті күйменің есігінің алдына жетті.
Күймедегі елшіні сойдауылдай-сойдауылдай екі жігіт екі жақ шынтағынан кеп көтеріп алды.
Еңгезердей екі жігіттің иығында кетіп бара жатқан елшіге өз нөкері ауыздарын ашып қарап қалыпты. Үй-үйдің көлеңкесінде де жабыр-жұбыр әңгіме. Маңтөбенің күнгей тұсында моншақтай тізіліп жатқан оймақ көлдердің ортасына орналасқан сәнді ауылдың желкесіндегі үстеріне оқа, қамқа жамылып, күнге шағылысып жалт-жұлт етіп тұрған оқшау топ бұлар жаққа иектерін сілтесіп бірдеңе деп қояды.
Елші өзіне арнап тігілген күмбіреген ақ орданың қақ төріне кеп жайғасты. Босағадан төрге дейін тұп-тұтас қалы кілем төселіпті. Жоғары қарасаң — шаңырақтың қарынан, қаз-қатар уықтардан ұзынды-қысқалы, қызылды-жасылды күлтелер төгіліп түр. Жан-жағының бәрі бірінен-бірі өткен түкті кілем.
Тевкелевке мынау отау ұнап отыр. «Қалмақтардан гөрі мыналар үйлерін әлекей-күлекейлеуге көбірек мән береді екен-ау», — деп қойды ішінен.
Үйге ханзада мен бір топ нөкер жігіт кірді. Жігіттердің бірі сол қол жақтағы арнайы аспаға ілінген көш құлаш қара сабаны піспектей бастады. Үй ішін мұрныңды қытықтар күмілжі қышқыл иіс жайлап барады.
Саба пісіп тұрған жігіт шүпілдете толтырып берген сары қымызды ханзада алақанына салып әкеп елшіге ұсынды.
— Сусап келген шығарсыз, сусын алыңыз.
Тевкелев зереннің бетінде шүпірлеп жүрген қозының құмалағындай қап-қара майлақы домалақтардан тіксініп, ерніне әзер апарды. Бірақ, дәм татып көріп еді. Мейілі тартып барады. Маңдайына суық тердің қалай шып еткенін білмей қалды. «Қымыздары да қалмақтардікінен өзгешелеу», — деп ойлады көрген-білгенінің бәрін іштей жіпке тізе бастаған елші.
— Ал, енді, елші мырза, мынау өзіңізге арнап тігілген үй. Демала беріңіз. Хабар өзімізден болар, — деп Нұралы орнынан тұрды.
Абажадай ақ отау құлазып бос қалды. Тевкелев ірге жағындағы құс жастыққа шалқалай жығылып, ашық қалған сықырлауық есіктің арасынан қылаңытып тұрған күнгей беттегі ауылға көз тастады. Әлгінде ғана бұдан шыққан ханзада манағы түксиген-түксиген отыз шақты ру басшыларының қоршауында көл ортасындағы ауылға қарай беттеп барады. Көл жақтағы ауылдың қақ ортасындағы күмбіреген ақ үй хан ордасы болса керек. Желкесінде сыптиған-сыптиған сыптығыр жігіттер қаздай тізіліп тұр. Әлгі сары ала топтың анадайдан алдарынан шығып, қолтықтарынан демеп түсіріп алып, аттарын әлдеқайда жетелеп ала жөнелісті. Дуадақтай-дуадақтай семіз билер омыраулары жарқылдап ақ орданың күнгей бетіне айналып кетті.
Жүріс соқты Тевкелев хан орда жаққа қарап жатып, көзінің қалай ілініп кеткенін де білмей қапты. Бір уақытта әлдекімнің қасына кеп үсті-үстіне тамақ кенегенінен оянып кетті. Қасына келіп тұрған башқұрт Таймас екен.
— Елші мырза, хан малдарын ұры-қары алып кетіп жүрер, біздің бақташыларға қосып қойсын депті.
Тевкелев онша ойланған жоқ. Басын изей салды. Бірақ, сосын қайтып көзі іліне қоймады. Үй маңында жапыр-жұпыр дауыстар көбейді. Шамасы, елшілік адамдарының бұдан басқасы түгел сыртта жүрсе керек. Солдаттарға шатыр тігіп жатыр ма, арбадағы заттарды үйлерге кіргізіп жатыр ма — әйтеуір абыр-сабыр.
Ол күні хан орда жақтан кешқұрым аузы-мұрнынан шығарып үйме табақтар көтеріп әкелген даяшы жігіттерден басқа ешкім аяқ ізін салмады.
Елші тамақтанып алғасын салқындайын деп сыртқа шығып еді. Түн орнап қалған екен. Шаршысына әбден толған жарық ай жер мен көктің арасын манағы шара толы сары қымыздай жұп-жұмсақ нұрға малыпты. Айнала түгел аппақ. Күндіз жарықта қара шағыр мен қара жусан мол өсіп қарауытып көрінген Маңтөбе қазір сілтіден шыққан сүйектей бозарытып кетіпті. Оның қақ төбесіндегі көк найзалы сақшы да ақ мәрмәрдан қашап шығарған тас мүсіндей. Сақшыдан анадай жерге барып, жан-жағына көз салып еді, төңірегі шүпірлеген от. Үйді-үйдің алдында лыпылдап жанып жатқан жалпылдақ оттың қасында ерең-серең қимылдап қатын-қалаш, бала-шағалар жүр. Бар маңайға жарқылдатып жақұт моншақ тізіп тастағандай. Көз ұшында балқыған қорғасындай мөлтеңдеп ойдық-ойдық көлдер көлкиді. Су ортасынан әлденелер жарқ етіп көкке қарғып шығады да, қайтадан шолп етіп көлге күмп береді. Аспандағы ай шатынай сынып жерге түскендей айналаға жарқ-жұрқ от шашырайды. Ол мынау саумал көл, айлы түн, маужыраған тыныштыққа рақаттанып шоршып ойнап жүрген балықтар еді. Су еркесінің әлгі қылығына мәз болғандай көл жағасындағы қарауытқан қалың құрақтың арасынан бақа шулайды, шілделік шырылдайды. Әлдебір мақұлық сақ-сақ тіс қайрайды. Желсіз түнде жым-жырт мүлгіп тұрған көк құрақ кенет біреулер ұмар-жұмар алысқандай өз-өзінен бұлқынып қоя береді. Сол саумал көлдердегі түн ішінде тыным таппай жатқан мігірсіз тіршілік үніне еліккендей жайылып жүрген жылқылар үсті-үстіне пысқырады. Желі басынан құлын кісінеп, үй сыртынан бота ыңырсиды. Жер түбінен: «балам, абыржыма, мен мұндамын» дегендей енесі әндете боздайды.
Тевкелев мынау айдын көлдерді жағалай қонған айлы түнгі ауылды неге теңерін біле алмай тұр. Әйтеуір бұл түп түйсігімен түгел түсініп, таусыла елігіп тұрған әдемі көрініс. Басқалар қайтіп тұр екен деп, қасындағы серіктеріне қарап еді, олардың да ауыздары ашылып қапты. Осынау айлы түнгі жайбарақат тіршілік, мынау ұлан-асыр дүние тек делсал рақатқа, көңіліне қанағат пен рақымның нұрын дарытқан маужыр тыныштыққа жаратылған, оның үстіндегі бір-біріне сұқтанған найза, бір-біріне шытынған қабақ, бірін-бірі аяқтан шалмақ айла-шарғы, құлта-бопса — бәрі-бәрі күпірлік, тек жұмыр басты пенделердің өздеріне ғана емес, жасаған ие жаппар хақтың өзі аса зор шабытпен, махаббатпен, мейіріммен жаратқан мұншалықты мінсіз, мұншалықты көркем ғажайып дүниеге де кесірі тиетін кешірімсіз қиянат деп тұрғандай.
Судағы, құрлықтағы барша мақұлық өзіне біткен тіл-түйсікпен мынандай бейбіт түнге рақаттана алғыс айтып, бір-бірімен тіл қатысып жатқан маужыр түнде тек адамдардың ғана не ойлап, не істеп жүргендері белгісіз. Мынандай тымық кешке көрік қосқан көп үннің ішінде тек солардың ғана үні естілмейді.
Шынында да, мынау жыпырлай қонған көп ауылдың адамдары неге тып-тыныш? Бәрі де әлдебіреулерді көз жазбай бақылап, әлденеге құлақтарын түріп тың тыңдап жатқандай. Бәлкім олардың аңдығаны бұлар шығар, мынау жер бетінен самсап жетіп келген жат өң, жат тіл бейтаныс жандар не істеп, не қояр екен деп бағып отырған болар. Ұлан-асыр табиғаттың қалған бөлігінің бір-бірімен ұғысып-түсінісіп, бір тұтас жарастықты әлемге айналып кете қоюы қаншалықты оңай болса, мынау түрі алуан, түсі алуан, тілі алуан, мүддесі алуан екі аяқты пенделердің таныса, табыса, түсінісе кетуі соншалықты қиын шығар. Сондықтан да күнде өз қызығы өзінде мәз-мәйрам абыр-сабыр болып жататын мынау қазақ ауылы да бүгін бөтен көзден сыр сақтап, бүйтіп жым-жырт бұйыға қалған шығар.
Тевкелев қарауыл төбеден түсіп баурайдағы өзіне тігілген үйге беттеді.
Пәлен уақыттан бергі селкіл жүріс пе, әлде алдында тұрған әлі беймәлім, әлі дүдамал ертеңгі күн бе, жоқ мынау барша жан иесінің бәрінің бойына әлдебір елегізу мен елігудің сиқырын шым-шым дарытып тұрған айлы түн бе — елші ол күні таң атқанша төңбекшіп ұйықтай алмай шықты.
Ертеңіне таң жарқырап атты. Күн шықпай жатып үй-үйден бір-бір келін тұрды. Желектерін желкілдетіп барып серпіп түндік ашты. Білектерін жарқырата жүріп жуынды. Сосын үйге кіріп, қолдарына көнек ұстап барып түйе сауды. Үй алдындағы жер ошақтан ирелеңдеп тағы да түтін ұшты. Сол бір мамыр айының көбелегіндей ошақ басы мен үй арасында көлбеңдеп жүрген жас әйелдердің қай қимылы да бипаз, паң, әдемі.
Енді бір уақытта үйді-үйден қолдарына бір-бір жез құман ұстаған кәриялар шығып, ауыл сыртына қарай маң-маң басып ұзап барады. Барып-барып жалп етіп отыра кетеді. Арқаларына жамылған мол шапандарының астында екі иықтары бүлкілдеп біраз отырады да, қайта түрегеледі. Маң-маң басып үйлеріне беттейді. Олардың қимылы әлгіндегі келіншектерден де кербез, паң. Асығыс қимылдап, аптығып жүрген ешкім жоқ. Осынша бойкүйез тіршілікте дау болуы, далаба болуы еш мүмкін емес сияқты. Мынау маң-маң басқан маңғаз адамдар біреуге қанжар ала жүгіреді, біреудің жағасынан жармасып, аяғынан шалады дегенге сеніп болмастай. «Дүниеде қойдан қоңыр момын халық болса, осылар шығар деп ойлап қалатындай екенсің», — деді Тевкелев ішінен, таңғы самалға төсін тосып төбенің басында тұрып.
Күн шыға басталған мимырт қимыл әлі сол қыбыр-қыбыр қалпы. Мандымайды да, тоқтамайды да. Әне бір еркек бір жаққа жол жүргелі жиналса керек, үйіне қырық кіріп, қырық шықты. Сонда да бірдеңесін ұмытыпты. Анадай жерге ұзап шыға беріп қайтып келді. Үйінің көк желкесіне тоқтап, атынан түспей, дауыстап әйелін шақырды. Үйден үстіне малынтып шұбалаң көйлек киіп, басына малынтып шұбалаң орамал тартқан әйел созалаңдап шығып, қалқи басып, ат үстіндегі күйеуіне бірдеңе апарып берді. Сөйтсе — шақшасы екен. Жігіт шақшасын ерінің қасына тықылдатып, шетінен алақанына насыбай төгіп, аузына апарып, тілінің астына басты да, аяң бүлкекпен кете барды.
Тевкелев мынау жайбарақат елдің іш пыстырар тіршілігінен жалығып кеткендей, жалт бұрылып үйіне беттеді.
Үйде де бастан асып жатқан шаруасы шамалы еді. Қақ төрде құс жастыққа шалқалап біраз жатты. Одан жастықты шынтағына басып біраз жамбастап көрді. Одан ашық тұрған есіктен хан ордаға қарап біраз түрегеліп отырды. Бұлай қарай аяқ басқан ешкім көрінбеді. Бүгін кешегідей емес, хан орданың қасы қаңырап бос тұр. Кермедегі аттар сиреген.
Тевкелев үйдің оң жағына әкеліп қойған темір сандығына барды. Қалтасынан кілт шығарып, құлпын қоңыраулата сыңғыратып төрт бұрап ашты. Ішінен сыртын былғарымен тыстаған екі түтікше суырды. Сосын олардан гөрі әшекейі аз қара былғары түтікшені алып, ішінен шиыршықтап оралған сары қағазды суырып, көзіне көзілдірігін киіп, бажайлап оқи бастады. Ол — Сыртқы істер коллегиясының оған мына жабайы өлкеде қырғыз-қайсақтармен қалай келіссөз жүргізу керектігі жайында берген нұсқаулары еді. Аяғына канцлер граф Головкин сойдақтатып, вице-канцлер Андрей Остерман ұсақ шиырып қол қойған осынау ширатылған жіңішке қағаздарда оған жат өлкеде қалай түшкіріп, қалай түкіруден басқаның бәрі тәптіштеліп көрсетілген екен. Ең алдымен, бұл өзімен бірге келе жатқан қазақ елшілерінен Әбілқайырдың бұндай шешімге неге тәуекел еткенін, оған өзге қазақ билеушілерінің қалай қарайтынын сұрастырып әбден бажайлап біліп алуға тиісті. Ол немелер Мәскеуде не айтса, жолда да соны айтты.
«Әбілқайыр қазақтардың ең басты ханы. Ол бұл жағдайды барша қазақ ру басшыларымен ақылдасып шешті». Енді ол, нұсқау бойынша, қазақ ордасына жеткен бойында, бөгде ешкімді қатыстырмай ханның өзімен кездесіп, патшаға хатта жазған, елшілерінен ауыз екі айтып жіберген ұсыныстарын қайта бір пысықтап шығуы керек. Сосын жұрт көзінше хан ордаға барып, Әбілқайырға және басқа да сұлтандар мен ру басшыларына патша алдиярдың Құттымбет Қоштаев және Сейітқұл Құдайқұловтан беріп жіберген хаттарын өз қолына алып оқып, айтып жіберген сәлемдерін өз құлағынан естігенін, Әбілқайырды өз қаруындағы ұлысы мен ұлы орыс империясының қол астына алуға келісім білдіргенін, осыған байланысты Әбілқайыр ханға, басқа да сұлтандар мен ру басыларына, күллі қазақ ғаскеріне арнайы хат жолдап, мына өзін, Сыртқы істер коллегиясының шығыс елдері жөніндегі тілмашы Алексей Иванович Тевкелев мырзаны елшілікке жібергенін мәлімдейді. Ханға және жиналған жұртқа ұлы мәртебелі патша ағзамның жаңа боданы — қазақ ханына, қазақ сұлтандары мен ру басыларына, күллі қазақ ғаскеріне өзінің нұр сипатты алдиярлық шапағатын ешқашан аямайтынын, бірақ тек өз сөздерінде тұрып, сенімді де адал қызмет атқаруларын талап ететінін айтады. Сол үшін де ол, елші Тевкелев мырза, қазақ ханынан, сұлтандар мен ру басыларынан орыс патшасының қол астына өз еркімізбен кіреміз, оның алдында бодандық парызымызды адал атқарамыз деп, қолдарына құран ұстатып, ант алуға келгенін баян етеді. Россияның қол астындағы Аюке хан да, өзге қалмақ тайшылары да, башқұрт ру басылары да осылай еткенін ақ патша өз мәртебесіне бағышталған бұндай ықыласты әрдайым аяқ асты қалдырмағанын және қалдырмайтынын, ант берген адамдарға ұлы мәртебелі ағзамның беріп жіберген сәлем-сауқаты таратылатынын естеріне салады. Тевкелев хан ордаға жиналғандарға қолдарына құран ұстап, ант қағазына мөрлерін басқасын, әрқайсысына ел алдындағы қызметі, абырой-атағына лайық тарту-таралғы таратады. Сосын барып елші ант бергендерге манадан бергі ішінде тұрған және бір шартты — қазақтардың да Россияның қол астына қараған башқұрттар секілді салық төлейтінін және текті тұқым өкілдерінен аманат беріп тұратындарын естеріне салады. Егер хан мен ру басылары бұл айтқанға келісім берсе, ант қағазының әлгі шарт жазылған тұсына арнайы қол қойдырып алады. Ал егер олар бұл шартқа онша құлық көрсете қоймай жатса, қайталап айтып жатып ауызын ауыртпайды. Әбілқайырдың анада өз елшілерінен айтып жіберуге үлгермеген, жадына кейін түскен жаңа талап, жаңа шарттар болса, оны Тевкелев келісім шартқа өзі кіргізіп, қазақ ханына арнайы қолхат береді. Хан келісім шартқа қол қойғасын орыс елшісі оған патша сарайына өзімен бірге жаңа елшілік жөнелту керек екендігін, оларға Москвада барлық жағдай жасалатынын айтуы керек. Әбілқайыр ақ патшаның қол астына өз еркімен бағынғанын айғақтайтын елшілігін жібергесін екі жақ та қолға түскен тұтқындарды елдеріне қайтарады.
Тевкелев қазақ еліне бара жатып та, келе жатып та қойын дәптерін жан қалтасынан тастамауға міндетті. Оған былайғы кісілерге көрсетпей көрген-білгендерін түгел жазып отырады. Әсіресе, қазақ елінің жер-суына, онда қандай табиғи және қазба байлықтары бар екеніне, қай ұлыстың қайда орналасқанына, жаудан қорғанатын қалалары мен қамалдарының қандай екеніне, өзендері мен өткелдеріне, хан мен ру басыларының қайсысында қанша мал, қанша өріс бар екеніне, олардың Әбілқайырға қайсысының бағынып, қайсысының бағынбайтынына, ханның сайланып қойылатынына, әлде мұрагерлік жолмен тағайындалатынына, өз бағыныштарынан қандай алым-салық жинап тұратындығына, діндерінің қандай екеніне, сауда-саттыққа қалай қарайтындарына, қандай кәсіппен шұғылданатындарына, қару-жарақты қалай табатындарына, зеңбірек, мылтық, оқ-дәріні өздері жасайтынына жоқ біреулерден сатып алатынына, егер сатып алса, қандай нәрсеге айырбастайтындарына, қандай елдермен шектесетіндіктеріне, олармен қазір ара-қатынастарының қандай екендігіне, Россияның қай қаласына қандай төте жол бара алатындығына, баспаналарының жағдайына, әдет-ғұрып, тұрмыс-салттарына айырықша назар аудару өте-мөте тапсырылды. Мүмкіндігінше, көрген нәрселерін суретке салғызып, картаға түсіріп бағуға, ол үшін екі геодезисті ала кетуге әмір етілді. Бірақ, барлау жұмыстары бұратаналардың өздері байқай алмайтындай құпия жүргізілуі керек. Егер хан аманат беріп жатса, оларды Уфаға әкеліп ұстай тұрады. Қазақтардан босатылған тұтқындарды Уфа воеводасына әкеп тапсырады. Ондай жағдайда орыс қолындағы тұтқындарды босатып ұлыс-ұлыстарына жібереді. Осының бәрін ойдағыдай орындап шыққасын Москваға оралып, Сыртқы істер коллегиясына не істеп, не қойғандығы жөнінде жазбаша есеп беріп, өзі алып кеткен қаражат пен мүлікті қайда жұмсағаны, кімге бергені туралы алушылардың қолдары қойылған ведомость тапсыруы қажет.
Бәрі де мың қайтара айтылып, мың қайтара оқылған үйреншікті сөздер. Бірақ бүгінгідей жауапты шаруаның алдында әр әрпіне дейін қағыс қалдырмай, қайталап оқымай болмайды. Оған не тапсырылғанын осы қосында өзінен басқа біреудің де біліп, мынау шала орыс, шала мұсылманның қайсысын қалай орындайтынын көз жазбай бақылап отыруы да ғажап емес қой. Оның кім екенін біліп қойған да теріс болмас еді. Жә, оны уақытында көре жатар...
Бәрін айт та, бірін айт — мына хан орданың осы уақытқа дейін тым-тырыс жатып алғанын айт. Бүгін кешегідей піскен тамақ әкелмей, елшіге қонақасыға соғым мал айдатып, саба көтеріп жіберіпті. Ал, шығыс жұрттары мен шығыс тілдерінің күллі Россиядағы алдына жан салмайтын білгірі Құтлұқ Мәмет Мамашев мырза, түсінгіш болсаң, қазақ ханының дәл осы қылығына түсініп көрші! Уыздай аппақ төрт отау, жан-жағың жалтылдаған қалы кілем, құс мамық төсек, жиырма қой, төрт үйге күніне төрт саба қымыз және не істеп, не қоям десең де ешкім қолыңнан қақпайтын еркіндік пен жым-жырт тыныштық — қазақ жұртының бас билеушісі Әбілқайыр ханның әзірге көрсетіп отырған құрметі осы ғана! Ең болмаса, кешегі жылмаңтөс ханзаданың көзіне бір көрінбей қойғанын қарашы! Әлде бұлар жіберген елшілері Москвадан қайтып оралғанша райларынан айнып қалды ма екен?! Жоқ, оның да қисыны жоқ. Осы жуырда ғана Уфада жатқан бұған хан қайын атасы Сүйіндік батырдан хат жіберіп еді ғой. Онда таққа отырған Анна Ивановна патшаға құтты болсын айтып, орыс империясының қол астына тек өзі ғана бағынып қоймай, басқаларды да бағындыруға жан сала әрекет жасап жатқанын айтқан-ды. «Бұхар ханы Әбілпейіз, Хиуа ханы өз бауырым Жолбарыс, Хожа-Шенет өзенінің бойында көшіп-қонып жүрген Ақбатыр бек менің айтқаныма құлақ асты, қарауында төрт мың адам және Ташкент, Сайрам, Түркістан қалалары бар Барақ хан біздің жағымызға шықты» деген-ді. Сол хатында хан ақ патшаның керуендері келсе, құшақ жая қарсы аламыз деп көрсеткен-ді. Ендеше, бұлардың құшақ жая қарсы алғаны осылай тым-тырыс жатып алу болғаны ғой...
Қанша телміріп қараса да, хан орданың ақ үзігі бүлк етпей қойды. Бүгін тіпті кешегі үй-үйдің көлеңкесіне шығып ап, бұлар жаққа шүпірлеп қарап отыратын қызықтаушылар да көрінбейді. Әлде бәрі бұларды іргеден тым-тырыс бағып жатыр ма екен?
Тевкелев хан орда жаққа қарай-қарай көзі талып кеткен соң, тағы да сандық ақтара бастады. Бұл жолы қолына мұқият оралған ең құнды, екі құпия документ ілікті. Елші көзілдірігін киіп, императрица ағзамның біреуі көк жасыл, біреуі нарт қызыл сафиян түтікше қорапқа салынған шиыршықтаулы грамоталарының беліндегі атлас ленталарын шешіп, орауын жазып оқи бастады.
Екеуі де бір күні — үстіміздегі 1731 жылдың 19 февралі күні жазылыпты. Екеуі де күллі қырғыз-қайсақ жұртының бас ханы Әбілқайырға бағышталыпты. Екеуіне де алдияр тақсыр Анна Иоан қызы ағзам қол қойыпты. Бірақ екеуіндегі жазу бірдей емес. Біреуі ұзақ, біреуі қысқа. Көк-жасыл сафиян түтікшедегі грамотада патша Әбілқайырға елшілері Құттымбет Қоштаев, Сейітқұл Құдайқұлов арқылы жіберген өтінішін шын жүректен қабыл алып, бұдан былай оның өзін, қол астындағы күллі қырғыз-қайсақ жұрты мен қырғыз-қайсақ ғаскерін өз боданым деп танитынын, соның куәсі ретінде өз елшісін, тілмаш Мәмет Тевкелев мырзаны жіберіп отырғанын, оның ұлы мәртебелі патша ағзамның алдиярлық атынан айтатын тапсырмаларының қай-қайсысын да екі етпей орындап, өзін аман-есен елге қайтаруға пәрмен ететінін, ханға ұлы мәртебелі императрица ағзамның алдиярлық мархабатының белгісі болсын деп оқалатқан шапан, бөрік, қылыш, асыл шұға және жеке тізбе қағазда атап көрсетілген басқа да бұйымдардан тұратын тарту-таралғы жіберіліп отырғанын жазыпты. Ал нарт қызыл сафиянмен тысталған түтікшедегі грамотаның ұлы жобасы көкжасыл түтікшедегі грамотаға келгенмен онда әлгі «екі етпей орындалуға тиісті» «тілмаш Тевкелевтің ұлы мәртебелі патша ағзамның алдиярлық атынан айтатын тапсырмаларының» қандай тапсырмалар екендігі егжей-тегжейлі атап көрсетіліпті. Ол тапсырмалардың төртеуі Әбілқайыр ханның Құттымбет пен Сейітқұлдан айтып жіберген ауыз екі шарттарынан туындайды екен. Біріншіден — қазақтар ақ патшаға адал қызмет көрсетіп, башқұрт сияқты уақтылы жасақ (салық) төлеп тұрады; екіншіден — орыс мемлекетіне бағынатын өзге жұрттар тарапынан жәбір-жапа шекпейді және өздері де оларға жәбір-жапа көрсетпейді; үшіншіден — Россияға бағынышты жұрт болғандықтан да, бөгде мемлекеттер мен жұрттар тарапынан қысымшылық көре қалған күнде қазақтар ұлы мәртебелі патша ағзамның өзінен ғана қорғаныс іздейді; төртіншіден — қазақтар Россияға боданындағы башқұрт және басқа жұрттардан түскен тұтқындарын өздеріне қайтарып беріп, олардың қолындағы өз тұтқындарын қайтарып ала алады. Патша ағзам қазақ ханы айтып жіберген бұл төрт шарттың төртеуін де қабыл ала отырып, олардың сыртында өз шарттарын да айтады. Ол қазақ жұрты мен қазақ ғаскерінен патша ағзам мен оның мұрагерлерінің бұйрығы бойынша, қалмақ, башқұрт, басқа да бағынышты жұрттардың ғаскерлері сияқты керек жағдайда ұлы Россия империясының мүддесі үшін қан төгуге тура келетін шайқастарға сақадай сай тұруды, патша ағзамның қол астындағы елдердің ешқайсысына ешқандай қиянат келтірмеуді, орыс көпестері мен сауда керуендерін өз жерінде ешбір қауіп-қатерге ұшыратпауды талап етеді.
Қазақ ру басыларының жиынында бұл екі грамотаның қайсысын оқу керек екендігін жағдайға қарап Тевкелев өзі шешеді. Егер ақ патшаға бодан болуды барша билер мен сұлтандар түгел жақтайтын болса, онда әлгі нарт қызыл сафиян түтікшедегі соңғы грамота жарияланады, ал олай болмаған күнде елші аш құлақтан тыныш құлақ деп көкжасыл сафиян түтікшедегі алдыңғы грамотаны оқиды. Ол мәселенің басы түпкілікті тек ханмен алдын ала ақылдасып, қазақ ордасының бүгін таңдағы ішкі жағдайына толық қанығып алғасын ғана ашылмақшы.
Бірақ мынау күллі бір халықтың түп-түгел тілі кесіліп қалғандай жым-жырт тыныштықтан талай елдің дәмін татып, талай келіссөздердің шырғалаңдарын бастан кешірген Тевкелевтің көңіліне бір түрлі түсініксіз секем қашты. Түске дейін хан ордадан біреу болмаса, біреу аяқ ізін салатын шығар деп көп дәметіп еді, түс қайта ол күдерін үзе бастады. Қазақ ұлыстарының хал-жағдайы мынау хан ордасының маңындағы қатықтай ұйып тұрған жым-жырт жайбарақат тіршілікке ұқсай қоймайтынын бейтаныс мейман енді-енді сезейін деді. Сөйтсе, мынау домалақ төбені шыр айнала қонған монтаны ауылдарда айқай-ұйқай ұлы сүргін болмағанмен, қыбыр-жыбыр жүрістер жеткілікті екен. Әсіресе, желке тұстағы ұлы шоғырда топтанбай, қару асынбай, қалай болса солай киінген бір жүдеубас жүргіншілер көбейіп кетіпті. Олар шет жақтағы үйлерге кеп топ етіп түсе қалады да, көп кідіріп отырмайды. Кейбіреулері тіпті аттан түспейді, сыртта тұрып амандық-саулық сұрасады да, ілбіп басып қайта тайып тұрады. Көкжиекке барып жым-жылас сіңіп жатқан сол бір бейсаубат жүргіншілердің неге келгені, неге кеткенінің бәрі жұмбақ. Хан орда жақ қыбырсыз. Ол маңайдан келіп жатқан да, кетіп жатқан да ешкім көрінбейді. Соған қарағанда, сонау көз ұшындағы жолбарыс жонданып, дөңкиіп-дөңкиіп тұрған сарғыш жалдардың ар жағында не болып, не қойып жатқанын білсе, бір құдайдың өзі ғана білетін шығар.
Тевкелев төңіректі іргеден бағып, тың тыңдап түс ауғанша жатты. Қасындағы башқұрт билері олай өткен, былай өткен жүргінші қазақтардан, төбе басындағы сақшылардан ештеңе біліп жарымады.
Бұлардың келгеніне де, міне, бір тәулік болып барады. Бірақ сол екі ортада селт еткізердей ештеңе болған жоқ. Сол баяғы жым-жырт жатыс. Тевкелев оңаша үйдің қақ төрінде күнделік дәптерін қолына алып көп ойланды. Қанша ойланса да, жадына мардымды ештеңе түсе қоймады.
«Бесінші октябрь күні Ырғыз өзенінің бойында Маңтөбе деген жерге келіп жеттік. Сол күні тілмаш Тевкелевтің Әбілқайыр ханның ордасына жақындап келіп қалғанын көріп, Әбілқайыр хан оны, Тевкелевті екі шақырымдай жерден алдынан шығып қарсы алуға тапсырма беріпті... Оған әзірленген киіз үй ханның киіз үйінен онша алыста емес екен. Әбілқайыр хан Тевкелевтің аттары мен түйелерін, атап айтқанда 200 ат пен 12 түйені, өз бақташыларының қарауына алып бағып-қағуға бұйырды».
«Тағы да не жазсам екен?» — деп біраз ойланды. Талай жерде байқап жүр, орысша жазғаны ойлағанындай жатық шықпайды. Онысын бұрын тегінде бір шыпа барлығынан көретін. Сөйтсе, Сыртқы істер коллегиясының іс қағаздарын ақтарып отырып байқады: басқалардың да жазғандары ойқы-шойқы шығады екен. Оның сыры әкімшілік үрдісте кімнің, қашан, кімге не істеп, не қойғанын әбден бажайлап, қырық қайталап ежіктей жазуды талап ететіндігінде болар. Мәселен, мына күнделігіне: «Тевкелевтің өз ордасына жақындап қалғанын көріп, Әбілқайыр хан екі шақырымдай жерден алдынан шығып қарсы алуға тапсырма беріпті», — деп жазса, қандай жатық, қандай түсінікті. Бірақ, біраз басын қатырыңқырап түсінбесе, ештеңені оңай ұққысы келмейтін патша әкімшілігі «Кім-кімнің ордасына жақындап қалғанын көріп, кім екі шақырымдай жерден кімді алдынан шығып қарсы алуға тапсырма бергенін» егжей-тегжейлі жазуды талап етеді. Сөйтіп, егжей-тегжейлеймін деп отырғанда әр сөзі әр жаққа бытыраған әлгіндей әжептарқы сөйлем шығады.
Қолы арапша жазуға да, орысша жазуға да бірдей дағдыланғандықтан ба, әріптері соншалықты ұсақ түсті. Неге екені белгісіз, қай әрпіне қараса да, шеттерінен тазы иттің құйрығындай шиыршық атып тұрады екен. Ол өз жазуын бүгін көріп отырғандай көз алмай қарап көп отырды. Сосын біреу-міреу көріп қалмасын дегендей қалың дәптерді тарс жауып темір сандықтың ішіне ытқытып жіберді. Күн батқанша шалқасынан түсіп ап, төбесінен күлтеленіп төгіліп тұрған қызылды-жасыл уық баулар мен жел баулардың шашағын санап жатты да қойды.
Түн ортасында есікті мысық құсап ұрланып ашып бір қара кісі кіріп келді. Ешкім естіп қалмасын дегендей сыбырлай сөйлейді.
— Елші, мырза, — деді ол. — Мені сізге хан жіберді. Не өзі маған келсін, не мен барайын дейді. Екеумізге бүгін түнде кездеспей болмайды дейді. Ру басылары қашан патшадан келген жарлықты жұрт алдында жария қылғанша екеуміз оңаша жолықпасын деп сыртымыздан аңдушылар қойды дейді. Біз соларға байқатпай жасырын кездесуіміз керек дейді.
Тевкелев оның қасына Таймас деген башқұрт пен Юмаш деген башқұрт та емес, татар да емес, орыс та емес, бірақ үшеуінің тілін білетін әсіреңкі біреуді ертіп жіберді. Бір уақытта екі иінінен дем алып Юмаш қайтып келді.
— Елші мырза, маған сізді жарлы-жақыбай қазақтардың бірі қып киіндіріп ертіп әкел деді. Хан өзі бізді ауылының сыртындағы қалың жыңғылдың арасында күтіп тұрмақшы.
Тевкелев Юмаш қолтығына қысып әкелген жыртық шекпен мен жыртық тымақты киіп сыртқа шықты. Ай сүттей жарық. Екеуі енді қастарындағы ауылға хабар сұрай бара жатқан боп күн шығысқа қарай жүрді. Ши арасына кіргесін жып беріп басқа жаққа бұлтарды. Бұқпақтай-бұқпақтай қалың жыңғылдың да арасына жетті. Әлдебір күмілжі қышқыл иіс мүңкіп қоя берді. Әлдеқайдан шілделік шырылдады. Юмаш солай қарай бастады. Сөйтсе — шілделік боп шырылдап тұрған Таймас екен. Жыңғылдың қалың өскен бір тұсында айдың жарығымен аруақтай ағараңдап, үстіне құп-қу түйе жүн шекпен киген хан тұр. Мынадай бозалаң түнде оның адам екенін де, бұта екенін де, қапелімде, аңғара қоймайтындайсың. Екеуі құшақтасып көрісті. Сосын анадай жерге төсеп қойған бозғыл бөстектің үстіне барып отырды. Таймас пен Юмаш қалың жыңғылдың арасына сіңіп жоғалды.
Екеуі оңаша қалғасын хан сөз бастады.
— Ал аман-есен жеттіңіз бе? Жол-жөнекей қиындық көрген жоқсыз ба?
— Шүкір. Өз жағдайыңыз қалай? Есендік пе?
— Қалай болары әлі белгісіз. Ертең ру басыларының жиынына шақырмас бұрын өзіңізбен оңаша сөйлесіп алғым келді. Олар Сейітқұл мен Құттымбет орыс патшасынан жоңғарға қарсы бірге соғысатын әскер сұрай кетті деп ойлап жүр еді. Елшілік келе жатыр деген хабарды естіп, көңілдеріне бір секем қашып, менің әр адымымды аңди бастады. Кеше сіздің қасыңызда ғаскер адамдары барын өз көздерімен көріп келген билер маған келіп, сізбен оңаша кездесуге тыйым салып, тек біздердің көзімізше ғана сөйлесесің деп шарт қойып кетті. Содан бері ешқайсысы қараларын көрсеткен жоқ.
Өзара не деп пәтуа байласып жатқанын бір алла біледі. Бірақ, оларға бодан болу жайындағы әңгімені абайлап айтпай болмайтыны белгілі болады.
Тевкелев мынаны естігенде тамағына тас тығылғандай қылғынып қалды. Қапелімде не айтарын да білмеді. Сонымен манағы ойлаған күмәнінің рас болып щыққаны ғой. Асқар таудай боп келген көңілі аяқ астынан жер болып жеміріліп жүре берді. Ай астында бордай боп қуарып томсырайып отырған бейтаныс ханның сұп-сұр жүзіне тесіле қарап қатыпты да қалыпты.
Елшінің ойын айтпай түсінген Әбілқайыр:
— Сіз бүйтіп абыржымаңыз. Әлі де үміт бар, — деді.
— Ру басыларының қолдамайтынын біле тұрып, ақ патшаға елші салғаныңыз қалай?
Хан жайбарақат жымиып қойды. Тевкелев одан сайын аң-таң.
— Мәмбет мырза, — деді. — Енді екеуміз, не де болса, бір қамытқа жегілдік. Бір-бірімізді құстаналағаннан екеумізге де пайда шамалы. Одан да мына жағдайда не істеп, не қойғанымыз дұрыс болатынын ақылдасайық. Жарайды, сұрап қалған екенсіз, айтайын. Менің бұдан басқа ешқандай амалым жоқ еді. Бір кезде ата-бабамыз сонау Қаратау бойын жайлапты. Ташкент, Сайрам, Түркістан шаһарларын билепті. Енді, міне, ол өлке түп-түгелімен қонтайшының қолында. Жау алған жерде менің әйелім мен өгей шешем қалды. Маған мынау жапан түзге қоныс аударуға тура келді. Атамекенінен көтеріле көшкен жұрттың қоңсыларына тынышсыз келетін әдеті ғой. Мен де, міне, бұхаралықтармен, башқұрттармен, қалмақтармен жүз шайысып отырмын. Қазір Бұқар мен Хиуаны бірдеңе етіп иліктірген сияқтымыз. Ал Оралдағы башқұрттар мен Еділдегі қалмақтардың сол баяғы қырбайы қалыптары. Қалмақ тайшылары әуелден де баянсыз жұрт. Бүгін тіл табысса, ертең тағы атысып-шабысып шыға келеді. Ал башқұрттар алдияр патшаның өзі айтпаса, келісімге келмейміз деп кергиді. Сосын мен ақ патшаның қол астына өтсем, қалмақ пен башқұрттан іргем тынышталып, қонтайшымен армансыз алысуға жағдай туа ма деп ойлап едім. Оның үстіне, көзіміз көріп отыр, қалмақтар мен башқұрттарға біреу-міреу жолап кетсе болды, ақ патшаның ғаскері дікеңдеп жетіп келеді. Боданында болсаң, кім біліпті бізге де сөйтетін шығар.
Әбілқайыр: «Бұл айтып отырғаным дұрыс па?» — дегендей сөзін үзіп, Тевкелевке көз тастады.
— Жарайды, бұныңыз түсінікті. Бірақ, оған қол астыңыздағы ру басылары қарсы болып отырса, ол ойыңызды қайтіп жүзеге асырмақшысыз. Әбілқайыр мырс етіп күліп жіберді.
— Ғафу етіңіз, елші мырза. Сіз әлі біздің жұртымызбен сыралғы бола қойған жоқсыз. Атының сыры иесіне мәлім дейді ғой. Егер сіз боп, біз боп бірігіп қайрат қылатын болсақ, әлгі айтқаным тым онша үміт үзе қоярлық қиын шаруа емес.
— Сонда қалай?
— Елші мырза, біздің жұртымыздың арда екенін естуіңіз бар шығар.
Тевкелев тамағын кенеді.
— Ендеше арда малдың асау келетінін білесіз ғой. Асауды күшпен емес айламен алады. Күш көрсетсеңіз, күшігенді де иліктіре алмайсыз, ал айламен арыстанды да ноқталауға болады емес пе? Біздің халқымыз қазір арыстан сияқты. Әлсізге тап келсе, мерт қылады. Әлдіге тап келсе, өзі мерт болады. Екі жақтан да қайраты асқан әулеттілер қамап тұрғанда мен оны көзапара қайтіп мерт қып қоймақпын. Әрі ойладым, бері ойладым, екі мықтының әупірімімен арпалысып мерт болғанша, сабырлысымен арбасып тірі жүргенді жөн көрдім. Өзіңіз айтыңызшы, менде бұдан басқа амал бар ма еді? Жұрт бұл қылығымды не деп ойласа, о деп ойласын, ал өзім тек бір басымның ғана емес, бүкіл елдің мүддесін ойлағанда тапқан жалғыз амалым деп білем. Сондықтан мені жұртты жер түбінен босқа сабылтып жүрген жәй әншейін суайт қой деп ойлап қалмаңыз.
Тевкелев тағы да тамағын кенеді.
— О не дегеніңіз? Белгілі бір қорытындыға келуге әлі ерте ғой.
— Дұрыс айтасыз. Әлі ерте. Сондықтан да, елші мырза, біз бүгін сол жетегімізге ермей, басын алып қашып отырған асау жұртқа қандай айла жасайтынымызды ақылдасайық. Бұрын олармен жападан-жаңғыз алысу маған өте-мөте қиынға түсіп жүрген. Енді, міне, сіз келдіңіз. Екеулеп алыссақ, иншалла, бірдеңе шығаратынымызға сенімім кәміл.
Тевкелев үндеген жоқ. Хан сөзін қайта жалғастырды.
— Біздің жұртымыздың «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген мақалы бар. Ол оның ықылас-ілтипатты бәрінен жоғары санайтынын көрсетеді. Сіз де оларға бірден «ант беріңіз» демеңіз. Онда үркітіп аласыз. Әуелі әрқайсысына ілтипат білдіріп, сый-сияпат ұсынып ауыздарын алыңыз.
Тевкелевтің ойына мана өзі оқып шыққан нұсқау қағаз түсті. Онда «Әуелі ант ал, сый-сияпатты әрқайсысы ант қағазға қолдарын қойғасын тізім бойынша үлестір және ол тізімді кейін Сыртқы істер коллегиясына тапсыр», — деп жазылған-ды. Ал мына хан «ант жағын ауызға алма, әуелі әрқайсысына алапа үлестір», — дейді.
— Игі жақсыларының ауызын алып алсаңыз, қазақ деген қыңқ етпейді. Айтқаныңызға жүріп, айдағаныңызға көнеді. Сондықтан бар гәп ру басы билерде. Сондағы жанына жағатын қошаметтің түрі «өздеріңіз білесіз», «бұған не дейсіз», «осы дұрыс шығар» секілді ізет мезірет те, сый-сияпатының түрі — ертең әйтеуір жұрттың алдында бір мақтанып қалуға жарайтын жылтырақ киім, таңсық бірдеңе.
Тевкелев жиырылыңқырап отыр. «Мынаның аузынан айладан, сый-сияпаттан басқа сөз шықпайды екен. Осының өзі менен бірдеңе дәметіп отырғаннан сау ма!» — дегендей көзінің астымен бір қарап қойды. Ханның сол сұп-сұр қалпы. Елшінің қозғалақтап қалғанын байқап сөзін тия қойды.
Тевкелев ренішті дауыспен:
— Сіздің елшілеріңіз Мәскеуде де, жолда Уфада тоқтағанымызда да қайталап сұрағанымызда бұл әбден ақылдасып-мақұлдасқан басы ашық мәселе деп еді, артының бұлай болып шыққанын қарашы, — деді.
Ханды абыржытам ба деп айтып еді, ол мұны мүсіркеп тұрғандай мұртынан күліп:
— Оның жай-жапсарын жасырғам жоқ, жаңа ғана айтып бердім. Егер «бодан боламыз» деп айтсам, билер маған ақ патшаға елшілік жіберуге рұқсат бермес еді, ал «бодан боламыз» деп айтпасам, ақ патша да маған елші жібермес еді. Елшілік келмесе, мен мына жұртты өз дегеніме көндіре алмас едім. Енді, міне, сіз келдіңіз. Менің өз дегеніме жетуге аз да болса, жағдай туып отыр. Сіз екеуміз елді ақ патшаның боданы болуға үгіттеп көреміз. Ол ойымыздан шықсақ, ақ патша менің еңбегімді ескерусіз қалдырмайды деп білем. Мынандай әрпіл-тәрпіл жағдайда әрқайсысы әр жаққа қашып тұрған өз жұртымның бас ноқтасын бір өзімнің қолыма ұстатып, басқа хан-сұлтандардан абыройымды асырып берсе, мен алдияр тақсырға да, қазаққа да опық жегізбес едім. Қазір қазақтың қамын мендей ойлай алатын кісі жоқ. Оған талай жерде көзім жетті. Бірақ, оң мен солын бірде біліп, бірде білмей қалатын аңғал жұрт соны әлі түптеп түсінбей келеді. Құдайдан жасырмағанда сізден несіне жасырайын. Бұл істі іс қылып шығара алсақ, патшаның да, қазақтың да, менің де табар пайдамыз шаш етектен, — деді.
Тевкелев тағы да тергей қарады. «Мынауы шыны ма, жоқ көлгірсігені ме?» — десе керек. «Қалай түсінсең, олай түсін» — деп Әбілқайыр да мізбақпады.
— Ал, еліңіз ол айтқаныңызға бәрібір көнбей қойса қайтер едіңіз?
Ханның қиылған сұлу мұрты тағы да бір бүлк етті. Тевкелев, қапелімде, сасқалақтап қалды.
— Егер әлгі әрекетімізден ештеңе шықпаса, олар маған, ақ патшаның елшілігіне қастандық ойлап жүрмей ме? Ондай қиын жағдай тап бола қалса, сіз қандай қолқабыс бере аласыз?
Әбілқайыр сол қырындай қараған қалпы самарқау тіл қатты.
— Егер қазақ шонжарларына көңілдерінен шығатын сыйлық тауып бере алсақ, олар ешқандай да қастандық жасамайды, ақ патшаның боданы болуға да көнеді. Бәрі енді сіз бен бізге байланысты.
Хан қайтқысы келгенін білдіріп қалың жыңғылдың арасында қылт-қылт төбе көрсетіп тұрған қызметшілеріне қарады.
Тевкелев соны аңғарып:
— Ал, алдияр патшаның жіберген грамотасын қашан алмақшысыз? — деп сұрады.
Хан:
— Хабар өзімнен болады. Әуелі мынау ірі-ірі билердің бірқатарының ауыз-ләмін байқап көрейін, — деп орнынан көтерілді.
Бұнымен қол ұстасып қоштасты да, күлтеленіп тұрған қалың жыңғылдың арасына сіңіп жоғалды. Жолда Таймас пен Юмаш қарсы жолыққан екен.
— Сен мені шығарып сал, — депті хан Юмашқа. Таймас мұны ертіп Маңтөбеге қарай беттеді. Ай батып, жұлдыз бозарып жаңа таңның хабары білініп қалыпты.
«Бәсе, қайдан түскен батпан құйрық деп едім-ау. Нағыз шырғалаң енді басталатын шығар», — деп ойлады Тевкелев құланиектеніп қалған күншығыс жаққа бір қарап қойып.
Ертеңіне, шынында да, таң атпай жатып шырғалаң басталды да кетті. Түнде Әбілқайырды үйіне шығарып салуға кеткен Юмаш сиыр сәскеге оралмай қойды. Елшіліктегі башқұрттар дүрліге жөнелді. «Орыс елшісінің келгенін башқұрттардан көріп жатқан болды. Әлгі Юмаш аман болса жарар еді», — деп Таймас жүз келіп, жүз кеткен шығар. Сәскеден аса бере Юмаш келді. Сөйтсе, түнде Әбілқайырды шығарып салып, қайтып келе жатса, жолда бір сойыл көтерген адамдар тап болып, таң атқанша аяқ-қолын байлап, сай бойында ұстап отырыпты. Таң атқасын бір үй толы ақсақалдардың алдына алып барыпты. Ызғар шаша қарап иін тіресіп отырып алған қазақ билері бірінен соң бірі сұрақты қарша жаудырып, Юмашты тергеп-тексере бастапты.
— Түн ортасында неғып жүрсің?
— Ханның ас үйіне барып келе жатыр ем.
— Онда не бітіріп жүрсің?
— Ет жей барғанмын.
— Немене, өздеріңде тамақ жоқ па?
— Бар. Бірақ елден шыққалы жас ет жегем жоқ еді, ет жегім келіп кетті.
Ін түбіндегі тышқандай сығалай қараған тіміскі көздер оның бұл сөзіне онша илана қоймаса керек, бастарын шайқап бір-біріне қарапты.
— Әй, естек, — депті бір шеке тамыры білеуленіп тұрған қызыл сары еркек өндіршегін созып өңмеңдей тіл қатып. — Сенің әлгі былшылыңа сенетіндей бұл арада есектің миын жеген ешкім жоқ. Онан да шыныңды айтсайшы. Әйтпесе, сен секілді қаңғырманың құны бес-ақ тиын екенін білмейсің бе? Қол-аяғыңды байлап ана көлдің ар жағындағы жұтпаға тастай саламыз. Түні бойы ел адақтап жүрген су аяқ есектің қайда құрығанын кім біледі? Құныңды даулап әлгі қатын патшаның өзі келсе де, бір жіліншігіңді таба алмай арманда қайтады. Кәне, айт, түнде қайда болдың?
Юмаш әлгі айтқанын қайталап айтыпты. Одыраңдаған екі-үш жігіт бұзаубас дойырларын салақтатып қасына кеп тұра қалыпты. Біреуі қамшысының сабымен желкесінен нұқып тұрып:
— Соқпа өтірікті! Сен әлгі шоқыншық елшіні ханға апарып оңашалап жолықтырып қайттың ғой! — деп гүр ете түсіпті.
Юмаш сонда да мізбақпай:
— Ал, алар жанымды ала қойыңдар. Мен айтарымды айттым. Түнде мен елшіні де, ханды да көруден аманмын. Олар бір-бірімен жолықты ма, жолықпады ма, одан да бейхабармын. Бірақ, ит те болсақ мұсылманбыз ғой. Қапы қалып жүрмеңдер. Орыстар сендерге бүгін бату, ертең тату болып итырқылжың боп жүре беретін башқұрт пен қалмақ емес. Кісісін өлтірмек түгіл, сынық бұрауын белдеріңе қыстырсаңдар, жез зеңбірегін сары үлектей желкеңе шөгеріп, жатып алады. Сендерге бодан бол деп зорлық жасаған ешкім жоқ. Болсаң болатындарыңды, болмасаң болмайтындарыңды ашып айтыңдар. Бірақ әлім-жеттік жасаймыз деп, сау бастарыңа сақина тілеп алмаңдар, — депті.
Үй толы еркектердің бірсыпырасы оның бұл сөзіне мұрттарынан күлсе, бір тобы көздерінің астымен бір-біріне қарасыпты. Манағы шеке тамыры бадырайған өжеңбай қазақ итініп тағы ілгері шығыпты.
— Сен өйтіп көп былшылдама! Орыстың жәйінен біз де құр құлақ емеспіз. Ақ патшаның ондай мықтылығы бар екен, онда баяғы Дәулеткереймен бірге өлетін көп орысына неге құн сұрамайды? Хиуаны шауып алатын болса, баяғыдан бері қолына бүйен байланып қалып па, неғып отыр?
— Сол Хиуадан ауызы күйгесін де енді ол аяушылық жасамайды. Өзің бір өжеңдеген неме екенсің? Кәні батыр екеніңді білейін, өлтірмек түгілі тұла бойымнан бір қылшығымды орынсыз шығындап көрші, не болғаныңды білейін! — деп Юмаш қарсы ақырыпты.
Манадан бері қақ төрде үнсіз отырған қаба сақал қара қолын көтеріпті.
— Жә, жәйіне жіберіңдер. Бірақ әлгі қожайыныңа айта бар, біздің сыртымыздан ханмен жолығысар болса, екеуіне де жақсылық жасамаймыз. Ақ патшаның не айтып жібергенін бәріміз түгел отырған жерде айтатын болсын. Біз сені осы сәлемдемемізді елші мырзаға айтып барсын деп әдейі ұстап алдық, — деп қол-аяғын шештіріпті.
Тевкелев кешегі ханмен болған әңгімеден екі түрлі ойда қайтып еді. Оған ханның Мәскеуге елші шаптырып жүргені әншейін ақ патшаның көңілін аулап, сый-сияпат киюді ойлаған қулық сияқты көрінген-ді. Қазір төбесіне қарлы Қаратау құлап кететіндей сары уайымды сапырып сөйлегенмен отырысы, жүріс-тұрысы, бет-әлпетіне қарағанда тап онша алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ, әншейін елшіні алдын ала зәресін алып қорқытып қойып, ертең өз дегеніне жүргізу үшін әдейі істеліп отырған айла-шарғы секілді көрінген-ді. Таң атқанша көз ілмей ойланып шықса да, сол алданып қалмаудан басқа, көңіліне ешқандай қауіп-қатер кірмеген-ді. Енді, мынау әңгімеге қарағанда ханның кешегі сөзінің жаны бар сияқты. Хан мен екі араға кісі аттатпауға қауқарлары жеткеніне қарағанда мана Юмашты тергейтін айғыр топ би онша оңай жау бола қоймаса керек. Бірақ бұл қоқан-лоқыға ханның өзінің араласы жоқ па екен? Сол неме осының бәрін артынып-тартынып келген елшінің бар дүние-мүлкін тартып алып, өзін еліне құр қол қайтару үшін әдейі істеп отырған жоқ па! Кім біліпті, бұл немелерден ол да шығар. Көз алдында түнде көрген Әбілқайырдың бордан қашағандай құп-қу жүзі елестеп кетті. Сазарған түрі жаман екен! Қулығына найза бойламайтын сұм кісінің сойы сияқты.
Енді ол мынау төңірегіне үн-түнсіз торып отырған жым-жырт ауылдың әр қимыл-қыбырын көз жазбай аңдып бақты. Мана Юмаштың тергеліп шыққан үйінің тұсында ат көбейді. Жан-жақтан шоқ-шоқ жүргінші келіп жатыр. Кешегідей бұқпақтауды, жасыруды қойған. Ауыл сыртына төртеу-бесеуден оңашаланып барып, әлгі үйдің қасындағы бес-алты үйге топырлап кіріп жатыр. Мынау, сірә, тегін жиын болмас. Хан орда жаққа көз салып еді. Ол жақта қара-құраң аз. Бірақ, орда маңында жүргендердің бар назары әлгі топырлап кісі жиналып жатқан шеткергі ауылда отырғаны байқалып-ақ тұр.
Тевкелев басы дал болып ойланып отыр. Сонда ханның түндегі айтқаны шын болғаны ма!
Орыс елшісінің не ойлап тұрғанын сезіп қалғандай әлгі ауыл шетіндегі айғыр топ аттарына мініп хан ордаға қарай беттеді. Хан орданың тұсына жете бере аттарынан түсті. Мұндайда аттан көтеріп түсіріп ап, қауқылдасып жататын әдеттің ешқайсысы істелмеді. Состиып-состиып хан ордаға кіре бастады. Әншейінде қолды-аяққа тұрмайтын хан қызметшілерінің аяқ алыстары самарқау. Елбек қағып жүгірмей, тың тыңдап орда маңынан шықпай жұр.
Қасында тұрған Таймас.
— Әлгілер бір пәлені бастамаса жарар еді. Хан орданың төңірегі сілтідей тынып қалды ғой. Көзге шыққан сүйелдей боп бұл арада тұрып алмайық. Үйлерімізге барып ақырын күтейік, — деді.
Бұлар үйлеріне кіре сала хан ордадан төрт-бес төлеңгіт шығып елшілікке беттеді. Біреуі Тевкелев отырған үйге кірді де, қалғандары сыртта тұрып қалды.
— Елші мырза, м деді үйге кірген төлеңгіт. — Хан билерге тиесілі сый-сияпатты тезірек беріп жіберсін, қазір таратып бермесек, істің насырға шабар түрі бар дейді.
— Хан құран ұстап ант бергенше, ақ патшаның сәлем-сауқаты ешкімге тартылмайды, — деді Тевкелев.
Төлеңгіт иығын бір қиқаңдатты да шығып кетті. Содан бесін ауғанша елшіні ешкім мазалаған жоқ. Хан ордадағы жиын да тараған жоқ. Бесін ауып кеткесін ханның манағы төлеңгіті тағы келді. Бұл жолы өңі тіптен қату.
— Елші мырза, — деді төлеңгіт нығарлай сөйлеп. — Хан мені тағы да жіберді. Егер осыдан бар дүние-мүлкін осы қазір беріп жібермейтін болса, мына билердің екеумізді де түтіп жейтін түрлері бар деді. Маған тиесілі сый-сияпатты ант алғасын тапсыра жатар, қалғандарын дәл қазір жіберсін, бастарымыз аман тұрғанда қызылкөз пәлелерден құтылайық деді.
— Ендеше, — деді Тевкелев. — Мен әуелі сый-сияпат үлестіретін жайым жоқ. Сәлем-сауқаттарын қазір алғылары келсе, ақ патшаның жіберген грамота қағазын да қазір қабылдайтын болсын.
Төлеңгіт тағы да құр қол қайтты. Хан ордада тағы да мәжіліс қызса керек, біраздан кейін ақ ордадан тағы біреу шықты. Бұл, бірақ, жаңағы төлеңгіт емес, басқа адам болып шықты.
— Мені сізге, елші мырза, хан емес, билер жіберіп отыр. Осы қазір ақ патшаның хатын алып хан ордаға келсін, — деді.
— Жарайды, барамын деп айтты де, — деп оны кері қайтарып жіберді.
Міне, қызық, билер бұдан сый-сияпат емес, ақ патшаның хатын талап етіпті. Сонда қалай болғаны. Хан қайта-қайта дүние сұрағанша, билерге не керек екенін бірден неге айтпаған...
Тевкелев әрі ойланып, бері ойланып, әбден қас қарайып, түн болғасын қасына екі геодезист, жеті башқұрт биін ертіп, патша жіберген көк сафиян қапты түтікшеге салынған хатпен біраз сый-сияпат алып хан ордаға беттеді. Орта жолда алдарынан төрт жасауыл шықты. Хан орданың қасынан екі би қарсы алып, алдарына түсіп бастап жүрді.
Айлапат ақ орданың іші ала көлеңке. Екі жақ босағадан бастап иін тіресіп отырған билердің өңі қарауытып көрінді. Қақ төрдегі Әбілқайыр хан мен қасындағы екі би орындарынан түрегелді. Тевкелев патшаның хатын ханның қолына тапсырды. Хан оны маңдайына тигізіп алдына қойды. Елшіге ысырылып сол жағынан орын берді. Жайғасып болғасын Тевкелев сөз бастады.
— Сен, Әбілқайыр хан, күллі Ресейдің ұлы мәртебелі императоры, біздің нұр сипатты алдияр падишамыз Анна Иоан қызына өзіңнің елшілерің Құттымбет Қоштаев пен Сейтқұл Құдайқұловты жолдап, алдияр тақсыр патша ағзамнан қол астыңдағы жұртыңмен Ресейдің қарамағына алуды өтініп, Ресейдің басқа бағыныштыларымен тату-тәтті қарым-қатынас орнатқың келетінін айтып хат берген екенсің. Ұлы мәртебелі император, нұр сипатты һәм шарапатты алдияр тақсыр патшамыз Сізді, Әбілқайыр хан, билеріңіз бен күллі қырғыз-қайсақ ғаскерін мейірімі түсіп, өз үмбетім деп танитынын білдіріп, мені арнайы хатымен осы сапарға аттандырды және Әбілқайыр хан, сізден және күллі қырғыз-қайсақ ғаскерінен әрдайым өзінің қамқорлығы мен шапағатын аямайтынына сөз беріп, хан мен қырғыз-қайсақ ғаскері өз уәделерінде тұрып, ұлы мәртебелі патша ағзамның алдында адал қызмет атқарады деп сенетінін мәлімдеуді тапсырды. Хатыңызда айтылған шарт бойынша, мен сіздердің ұлы мәртебелі патша ағзамның мейірбанды қол астына бағынатындарыңызды өз ауыздарыңыздан естіп, өз қолдарыңызбен куәландыруға келдім.
Патша жолдаған екінші грамотадағы шарттарды әдейі айтпай қалды. Онсыз да сазарып отырған билердің шаптарына шоқ тастап шоршытып алмайын деп ойлады.
Үй-ішіндегілер оның сөзін үн-түнсіз тыңдады.
Елші сөзін бітіріп, жан-жағына көз тастап еді, ханның оң қолында отырған би:
— Елші мырза, үйіңізге бара беріңіз. Кейін өзіміз хабарласармыз, — деді.
Тевкелев ауырлап басып сыртқа шықты. Қасына еріп барған кісілер ере шықты. Оларды ауыл сыртына шығарып салған төлеңгіттерге қарап еді, біреуінің өңі таныс сияқтанды да тұрды. Ол қазақша киініп алған жансыз башқұрт еді.
Бұлар ұзай бере ақ ордадан әжептарқы айқай-ұйқай дауыс шықты. Әлденелер сарт-сұрт ете қалғандай болды.
— Жанжал енді басталды! — деді Таймас хан орда жаққа құлағын түріп.
Сөйтсе, бұлар шыққан бойда айқай дау басталыпты. Бұның тастап кеткен сый-сияпатын ортаға үйіп, таласып-тармасып бөлісе жөнеліпті. Бір-біріне қамшы сілтесіпті. Қызыл кеңірдек топ бұл елшіні еліне аман жіберуге болмайды, өзін өлтіріп, дүние-мүлкін талап алу керек деп шешіпті. «Қайдағыны қайдан шығарып жүрсің?» — деп ханның өзіне тап-тап беріпті.
Әлгі төлеңгіт боп киініп үй сыртында қалған башқұрт хан ордада сол түні не болып, не қойғанын аудармай-төңкермей айтып келді. Долырып алған билер орыс елшісіне жол басшы боп келген башқұрт билерінің де бірін қалдырмай түгел қырып тастау керек депті. Башқұрт билері мұны естіп, Тевкелевтің үйіне кіріп келді. Содан таң атқанша мәслихат болды.
— Е, бәсе, қазақтар неғып бір дүрлікпей көне салады деп едім-ау! — деді елшінің оң тізесін баса отырған Алдарбай Есеке ұлы.
— Алдияр аға-ау, оны білсеңіз, баяғыда елшілерін Уфаға ертіп әкелген өзіңіз едіңіз ғой. Әуелден басын ашып алмадыңыз ба? — деді Таймас Шәйім ұлы.
— Ханға ноқтасын ұстатпай отырған қазақтар Алдияр-ағаға қайдан бола қойсын, — деді Ақмолла ақын.
Нарттай қызыл Шима батыр мынандай қысылтаяң жағдайда қызыл тілге дес беріп отырған үш серігіне жақтырмағандай жалбыр қабағының астынан сазара бір қарап қойды.
— Одан да не істеуіміз керек, соны ақылдасайық та, — деді тәпелтек бойлы төртпақ Көсемше Бекқожа ұлы.
Сұйық қас қолағаш мұрын бұжыр кісі Отжаш Разманқұл ұлы қамшысының сабымен қолын сабалап отырып:
— Не де болса, тезірек бір шешімге келмесек болмайды. Таң атқанша олардың тағы қандай зобалаң шығаратынын кім біліпті, — деді.
— Баяғыда осы қазақ ұлыстарына талай елшілікке келіп едің ғой. Сенің не ойың бар, Таймас, айтсаңшы? — деді манадан бері үнсіз отырған жарғақ құлақ жарғанат бет Оразбай Абазынұлы.
Таймастың орнына аққұба таразы жігіт Қыдрияс Молақаев сөйледі:
— Бұл топалаңды бір тоқтатса, Бөкенбай тоқтата алады. Немере інісі Құдайназар мырза, күйеуі Есет батыр үшеуі бұл өлкедегі ең дәулетті, ең беделді адамдар. Оларға көңілдерінен шығатындай сый-сияпат беріп, өз жағымызға шығара алсақ, мынау есер тобырға бір қайран табуға болады. Ал, олар көнбесе, онда үмітті үзе бергеніміз жөн.
— Сонда ол Бөкенбайға қалай хабар бере аламыз?
— Мына Таймас екеуі көптен сыралғы достар ғой.
Бозала таңда боз ат мінген Таймас батыр Бөкенбайдың ауылын іздеуге аттанды.
Араға екі күн салып қасына Бөкенбайды ертіп Таймас батыр қайтып оралды. Қақ төрге Бөкенбай кеп отыра кеткенде елшінің құлазып тұрған кең үйі аяқ астынан толып кеткендей болды. Тевкелев мынау еңгезердей кісі бұл әңгімеме қалай қарар екен дегендей, жалтақ-жалтақ қарап қойып сөз бастады.
— Батыр, Таймастан жол-жөнекей өзіңіз де естіген шығарсыз. Мен Әбілқайыр ханның ақ патшаға жазған хаты бойынша ант алуға келгенмін. Сөйтсем, мұнда жұрт іри-тіри екен. Енді, міне, қайдан келдікке түсіп, пұшайман болып отырғанымыз. Қазақты орыс патшасының қол астына зорлап кіргізгісі келіп отырған ешкім жоқ. Әңгіме жоқ жерден әңгіме бастаған өздері. Енді кеп ақ патшаның елшісіне қол көтергілері келеді деп естиміз. Ақ патша өздігінен ешкімге тимейді, ал өздері тигенді оңдырмайды да. Егер қырғыз-қайсақ жұртының көңіліне ондай қара қашар болса, шектес тұрған өз ғаскерін, сондай-ақ өзіне бағынышты башқұрт, қалмақ ғаскерін қара құрттай қаптатады да жібереді. Орыс өкіметі өз елшісінің қанын сұраусыз қалдырмайды. Қазақтар одан да патшаның қол астына кіргіміз келмейді деп, ашып айтсын да, мені аман-сау жөніме жіберсін.
Бөкенбай елшінің бетіне бұрылып бір қарады да, байсалды дауыспен:
— Осы ана жолғы орыс елшісін өлтірген хиуалықтарға ақ патша қандай жаза қолданды? — деп сұрады.
Нар түйедей маңқиған батырдың аңқаусып айта салған мына сұрағы Тевкелевтің шымбайына батып кетті.
— Хиуалықтар адам көрмеген хайуандық істеді. Ақжолтай елшіні өлтіргенді ешбір ел, ешбір дін қолдамайды. Ондай кісәпірлықтың арты ақыры жақсылыққа соқтырмайды. Князь Бекович опасыздықпен қаза тапқанда орыс патшасы терістік елдерімен соғысып жатқан-ды. Сондықтан Хиуа өкіметінен өш қайтарып жатуға ол кезде мұршасы болмады. Әлгі соғыс аяқталған кезде Хиуа ханы ақ патшаға «әке-көкелеп» елші салып, баяғы білместіктеріне кешірім сұрады. Ол екі ортада Хиуаның тағына басқа хан отырған екен. Патша соны ескеріп бір жолға кешірім жасады, бірақ бұдан былай ол өз елшісіне қол көтерген елге ешқандай аяушылық жасамауға шешім қабылдады.
Бөкенбай: «Әлбетте!» — дегендей бас изеп қойды. Манадан бері оның қасы мен қабағына қарап қыбыжықтап отырған елші тілінің тиегі енді ағытылайын деді.
— Батыр, сізді осы аймақтағы қазақтың ең беделді кісісі дейді. Сіз қостамасаңыз ханның өзі де аттап баса алмайды дейді. Халқыңыздың алдындағы зор беделіңізді пайдалансаңыз, бір пайдаланатын жеріңіз осы. Ол жақсылығыңызды ақ патша өле-өлгенше ұмытпайды. Өз басыңызды, бүкіл жұртыңызды ұлы мәртебелі патша ағзамның мейірбаншылығына бөлеуді мен өз мойныма аламын. Тек мынау тар жерде қол ұшыңызды берсеңіз болғаны. Еңбегім зая кетеді деп ойламаңыз. Алдияр патшаның қазақ жұртының сіздей ізгілікті адамдарына тарту-таралғы қып тарт деп жіберген азғантай сый-сияпаты да бар.
Саулап сөйлеп отырған елші осы араға әдейі кідірді. Бөкенбай сол тұнжыраған қалпы қабағын ашпады.
— Сонда олар сізден не талап етіп жүр? — деп сұрады.
— Өзіме ештеңе деген жоқ. Бірақ, мен кеткесін орыс елшісінің өзін өлтіріп, дүние-мүлкін талап аламыз, оған жол бастаушы болып келген башқұрттарды бірін қалдырмай қырып тастаймыз, — депті.
Бөкенбай біраз ойланып отырды да:
— Пәтшу! — деді. — Уайымдамай тұра тұрыңыз. Олармен өзім сөйлесіп көрейін. Тевкелев батырмен жарыса түрегеліп:
— Батыр, қызметіңізге алла риза болсын. Ақ патшаның арнайы жолдаған сәлем-сауқатын алсаңыз қайтеді. Сіздей жақсыдан ештеңе аяма деген. Әзірге жарты мың сомның затын бере тұрайын, — деп сандыққа ұмтылып еді.
Бөкенбай қайырылып тұра қалды.
— Әуре болмаңыз. Мен тарту-таралғыға бола қызмет қылады екен деп ойламаңыз!
Тевкелев есікті серпіп ашып шығып кеткен батырдың артынан аң-таң боп тұрып қалды. «Ренжітіп алдым ба?» — деп уайымдады.
Бөкенбай батыр қол ұшын беруге уәде қылғанмен, Тевкелевтің жаны жай таба алмады. Олай-былай боп кетіп жүрсек, бәріміз түгел қырылып қалмайық деп бес кісі дворян, бес кісі қазақ, жүз башқұртты Уфаға аттандырып, қолдарына воеводаға апарып тапсыр деп хат беріп жіберді. Олар Уфаға аттанып кеткен күні кешқұрым Бөкенбай келді. Ол ертең билер жиыны болатынын, оған Тевкелевтің де шақырылатынын айтты.
— Бірақ, топ алдында қысылып-қымтырылмай батыл сөйлеңіз. Біздің халқымыз сыпайы адамдардан гөрі өжет адамдардың сөзіне көбірек ден қояды. Ешқандай қам жемеңіз. Орталарында өзім боламын, — деді.
Тевкелев сонда да сене қоймай:
— Батыр, осы айтқан сөзіңізге осы қазір оңаша ант берсеңіз қайтеді, — деді.
Бөкенбай сәл аңырып тұрып:
— Жарайды! — деді.
Тевкелев жалма-жан сандығын ашып ішінен құран суырып Бөкенбайға ұстатты. Бөкенбай құранды алып:
— Ақ патшаға және елшісіне бар қар-қадарымша адал қызметімді аямаймын, — деп маңдайына бір тигізіп, қайтарып берді.
Тевкелев көлдей ала қағазды алдына төсеп еді. Оң жақ ортан қолындағы жүзігін алып мөрін басты.
Ертеңіне күндіз билер шақыртып жатыр дегенге хан ордаға барып еді, табалдырықтан енді аттай берген Тевкелевке жан-жақтан алара қарасты. Тевкелев тәкаппар басып төрге озды. Ашудан жарылып кете жаздап отырған билер оған дүрсе қоя берді.
— Сені мұнда кім шақырды? Біздің жұртымызға неге келдің?
Тевкелев аспай-саспай сөз бастады.
— Мені мұнда өздерің шақырдыңдар. Ақ патшаға елші жіберіңдер деп сендерді қыстаған ешкім жоқ. Орыстың қол астына өз еркімізбен бағынамыз деген өздерің. Сол уәделерің бойынша мені осында жұмсап жіберді. Қалған хабарды анау Құттымбет пен Сейтқұлдан сұраңдар. Ақ патшаға бағынышты болғандардан не талап етілетіні соларға айтылған.
Мынаны естіген билер енді Әбілқайырға жабылды.
— Билермен ақылдаспай тұрып, хан ешқандай шешім қабылдамайды деген ата-баба жолы қайда? Орысқа бағынамыз деген сөз біздің ауызымыздан қашан шығып еді? Ата дәстүрін аттап, қарауындағы жұртпен ақылдаспай, басқаға бодан болғысы келген ханның қандай жазаға бұйырылатынын неғып білмейсің?
Ханның онсыз да сұп-сұр жүзі сілтіге салған сүйектей қурап кетті. Жартылай жұмсақ көздерін жарқыратып ашып алды. Жанарында қылыштың жүзіндей суық жылт оянды.
— Жә, шуылдамаңдар, түге! — деді зекіре тіл қатып.
— Ел басына күн туса, хансың ғой, алдымызға түс деп жағалағанда жақсысыңдар. Ал хан екенмін деп бірдеңе істей қалсаң болды, өстіп әрқайсың әр шалғайымнан тістелеп шыға келесіңдер. Сонда менің хан болғаным қайсы? Хан екенім рас болса, қол астымдағы жұрттың қамын қайтіп ойлаймын! Көздерің көрмей ме, иесі бар жылқының басы бағулы, жемі салулы, сусыны қанулы, күн суытса сауырына жабу жабылады, балшыққа батса үсті-басы жуылады. Ал, иесі жоқ, түзде жүрген тарпаң ше? Оның қай жәйі болып жатыр? Адам көрсе атып алғысы кеп тұрады, аң көрсе тарпа бас салғысы келеді де тұрады. Мені мен менің қол астымдағы халықтың көрген күнінің сол тарпаңнан несі артық?
Тарпаңмын деп беталды құла түзге тасырлап жүргеннен бір халықтың ауызы күйсе, қазақтың ауызы күйетін болған шығар деп ойладым да, ашықсам жем, тоңсам жабу салатын ие іздедім. Ондай иені таптым. Ол — анау ақ патша. Айтқанымды қабыл алып, елшісін жіберіп отыр. Мен міндетімнен құтылдым. Басқалардай басымызға пана, иінімізге ық, арқамызға сүйеу керек дейтін болсаңдар — маған еріп, мына келіп отырған елшіге ант бересіңдер, ал сол баяғы өз құйрығымызды өзіміз тепкілеп жүргенімізге мәз бола береміз десеңдер, бір борбайымызды бөрі тістеп, бір борбайымызды жаудың тұзағы қармап, сол баяғы сүрген дәурендеріңді сүре бересіңдер. Өз басым ондай тірліктен мезі болып біттім. Өлтірсеңдер өлтіріңдер. Аңмен аң болып арпалысып өткеннен гөрі қара жердің астында аяғымды еркін созып тыныш жатқаным жақсы.
Ханның шамына тигендеріне масайрап отырған билер тағы да Тевкелевке бұрылды.
— Біз ханға орыспен тату-тәтті тұрайық, одақтас болайық деп елші жібер дедік, бірақ бағынамыз, басыбайлы бодан боламыз деген жоқпыз. Оны шығарып жүрген өзі. Енді, міне, сен келіпсің. Қазақтардың қандай жұрт екенін, ғаскерінің қандай екенін біліп алуға келгенің бірден сезіліп тұр. Жансыз екеніңді айтпай көріп отырып, еліңе қайдан аман-есен жібере салайық?!
Саған қандай жаза қолданылатынын мына бүгінгі жиын шешеді. Үй толы жұрттың біразы бастарын изесіп қауқылдасып қалды. Тевкелевтің екі жауырынының арасынан мұздай тер шыққандай болды. Екі шықшыты солқылдап қоя берді. Көзі Бөкенбайға түсіп кетіп еді, батырдың беті қабарытып буырқанып отыр екен.
Тевкелев енді, не де болса, тайынбасқа бел буды.
— Ағайын, — деді жұртқа көзін бір-бір қыдыртып. — Жаңылмасам, сендердің халқыңның «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген сөзі бар сияқты еді. Сол өздерің шығарған мақалды өздерің ұмытып қалғандарыңа қайран қалып отырмын. Сендер орыс мемлекетін кім деп ойлайсыңдар? Құлмен де, құтанмен де одақтас болып оған не көрініпті? Ресейдей ай астын тітіретердей айбынды елге одақтас бол деуге ауыздарың қалай барады? Жапан түзде аңмен аң боп жортып жүрген жабайы халықты ақ патша одақтас қып қайтеді? Ондай елмен тату-тәтті тұрамын деп уәде де бере алмайды. Өйтіп алтын басын қор қылмайды. Өйтетіндей, қырғыз-қайсақ Ресейге не істей алады деп қорықсын. Ал, Ресейге келсек, оның өзі түгілі қол астындағы бағынышты халықтардың өздері-ақ қырғыз-қайсақтардың төбелерінен жай түскендей жайратып кете алады. Бір жағыңда — қалмақ, бір жағыңда — башқұрт, бір жағыңда — Сібір қалалары, бір жағыңда — Жайық казактары. Қауқарларың кімге жетеді деп кергисіңдер?
Өз еріктеріңмен бағынғыларың келмейді екен, бағына көр деп сендерге жалынып отырған ешкім жоқ. Ал, бірақ сендермен одақтас боламыз деп келісім шартқа отырып қасиетті Ресейдің атағына дақ сала-тұғын жәйім жоқ. Ресей сендерсіз де одақтас таба алады, сендерсіз де бағыныштылар таба алады. Сендер сияқты ысқырса желдің алдында, қуса аңның алдында жөңкіліп жүрген жабайы халық түгілі анау грузиннің патшасы, қалмақтың ханы, маңғұлдың Әліқұл ханы, қалпақтың Өсмей ханы, кабардиннің, құмықтың, тердің, барағұнның, ақсайдың дербес князьдері ақ патшаның шарапатты қол астында болуды өздеріне зор бақыт санап отыр. Олардың қасында сендер кім болыпсыңдар?! Ресейдің қол астына кірсеңдер кіретіндеріңді айтыңдар, кірмесеңдер — жолымнан қалдырмай жайыма жіберіңдер!
Орнынан тізерлей көтеріліп сөйлеген Тевкелев қайтадан басылып отырды. Үй ішіндегілер бір-біріне қарап дүрліге бастады. Шамасы, баяғы Юмашты тергеген би болса керек, бір шеке тамыры бадырайған қызыл қазақ:
— Ау, мына шоқыншықты жер-жебірімізге жеткізіп қоямыз ба? — деп ілгері итініп шыға беріп еді, төр жақтан Бөкенбай гүр ете қалды.
— Бұл әңгіменің енді саудаға салатын несі қалды? Қазақтың басына түскен қай ауыртпалықта да тартынып қалған жерім жоқ. Ағайын, бір кісіге риза болсаңдар, маған риза болатын жөндерің бар. Әлі де тартысатын жаумен тартысуға, айтысатын жаумен айтысуға дайынмын. Бірақ қызыл тілде буын жоқ екен деп жөнге тоқтамау ата-бабаның салтында жоқ. Қазақтың қара көшінің қара бұлттың айтқанымен көшіп, ала қиқудың айтқанымен босып жүре бермей, ертеңін ойлап, белгілі бір тұрақ табатын кезі болды дегеннің түсінбейтін несі бар? Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысудың жөні осы екен деп төрт тарабыңмен түгел теке көзденіп отырмай, бір жағымызды желге ұстасақ, бір жағымызды ыққа ұстайық, бір қолымыз болмаса, бір қолымызды жау жағасынан бос ұстайық, өйтпесе көк ит боламыз деп жүріп, көп иттің талауында кетпейік дегеннің түсінбейтін несі бар? Әбілқайырға жау іздегенде ұстатқан ноқтамыз, дос іздегенде ұстатпайтын жәйім жоқ. Қол астымдағы рулы еліммен ақ патшаның боданында боламын деп алдымен мына мен айтам. Сол үшін алланың атымен пайғамбарым ұстаған киелі кітапқа маңдайымды тигізіп ант беруге дайынмын. Ал, осымен қызылкеңірдек дауды қояйық. Ант бергілерің келмейтіндерге зорлық жоқ. Ант беретіндерің бері шығыңдар. Ал, алдияр хан, жол сіздікі! Алдымен ант беріңіз!
Жаңа ғана қайнаған қазандай буырқанып отырған үй іші сілтідей тына қалды. Әбілқайыр хан ортаға озды. Ақ атлас орамалдың үстіндегі құранды қолына алып:
— Ақ патшаның алдында айтқан сөзімді алла алдында да айтамын. Сөзім сөз, уәдем уәде! — деп маңдайына тигізді.
Сосын тілмаш ұсынған шиыршық қағазға мойнындағы дөңгелек күміс мөрін алып, бір түкіріп: «Бісміллә!» деп баса салды. Дөңгеленіп түскен арапша жазудың қасына Тевкелев орыс әрпімен бадырайтып: «Әбілқайыр ханның мөрі» деп жазды. Ханнан кейін құранға Бөкенбай батыр қол апарды. Бөкенбай батырдан кейін, Есет батыр қол қойды. Есеттің орнына Құдайназар мырза барып тұрды. Олардан кейін Кіші жүз бен Орта жүздің кейбір руларының жиырма жеті биі ант берді.
Қалған билер ант беріп жатқандарға тістене қарап біраз тұрды да, сол тоң-торыс қалыптары аттарына мініп аттанып кетті. Бір жағынан ант қағазға қол қойғызып, екінші жағынан ант бергендерге сый-сияпат үлестіріп тұрған Тевкелев іштей сынық тиынға дейін шашау шығармай санап тұр. Бүгін небәрі 110 сом 60 тиынға тарту-таралғы тарапты. Ал бұны мен ханды, құран ұстап ант беріп жатқан билерді ала көздерімен атып атқа қонғандардың саны тіпті көп. Аяқ астынан үн-түнсіз қалғандарына, басқандарынан жер ойылардай боп нығыз аттағандарына, ерге қонғанда аттарының бүйірі солқ ете қалғандарына қарағанда әбден қандарына қарайып, іштерінен: «Қап, бәлем, сендерді ме!» — деп зіл жиып кеткендері белгілі болып тұр.
Осыншама көп атты шұбырып шыққан үлкен ауыл өлік шыққан үйдей болып жым-жырт тыныштықтың құшағында мүлгіп қала берді.
Иығынан жүк түскендей болып қоналқы үйіне көңілді келген Тевкелев есікті енді аша беріп, артына қарап еді, мойындарын омырауына алып асықпай аяңдап бара жатқандар көкжиекті түгел көміп кетіпті. Арасына ат сіңе алмастай тығыз кетіп барады екен. Елшінің жүрегі мұздап қоя берді. Мынандай көп, мынандай айбарлы топ оны аман қоймаса, аман қоймайтыны рас та шығар.
Содан бір күн бойы ешқандай хабар шыққан жоқ. Екі күн бойы ешқандай хабар шыққан жоқ. Үш күн бойы ешқандай хабар шыққан жоқ. Төртінші күн де солай, ал құлақтан тыныш құлақ өтті. Ал, бесінші, күні, октябрьдің он бесі күні...
Таң атпай жатып хан ордадан баяғы бір орақ мұрын төлеңгіттің жалаңдап тағы жетіп келгені. Жалмаңдап біресе ол жағынан, біресе бұл жағынан шығады. Өзі өзге қазақтарға ұқсамайды. Кавказдықтарға келіңкірей ме қалай? Аты жөні де қызық екен: Бәйбек Ағлұқ.
Жылмаңтөс неме есіктен аттай сала сайрап қоя берді.
— Ойбай, елші мырза, анау күнгі көрместей болып кеткен қыңыр билердің қатары күн сайын көбейіп келеді. Олар біреуді қорқытып, біреуді үркітіп өз жақтарына шығарып жатыр. Хан айтады, біз де қол қусырып отырмайық деді. Олар жұртты қорқытып көндірсе, біз сый-сияпат тартып көңілдерін аулап бағайық дейді. Сосын сізге алпыс аршын шұға, елу аршын қырмызы, жиырма мәлін, қырық құндыз, жиырма иленген қызыл тері, бес құлаш қамқа, бес түлкі, үш құлаш қытай жібек беріп жіберсін деп сәлем айтты.
Төлеңгіттің аузы-аузына жұқпайды. Тевкелевтің жыны келіп отыр.
— Ханға сәлем айта бар, — деді. — Сұрағандарын бере алмаймын. Өйткені соншалықты қыруар дүние менің өзімде де жоқ.
Содан тағы да екі күн бойы айналадан тас саңырау бейхабар боп жатып алды. Хан орда да тым-тырыс. Ең болмаса, мата сұрап төлеңгіт те келмейді.
Үшінші күні кешқұрым Бөкенбай батыр келіп елшінің қасына қонып шықты. «Өңшең шуылдақтардың өлтіреміз дегеніне қорықпа, олар тулап-тулап әлі-ақ көнеді», — деді. Тевкелев оған тар күнде қол үшін бергені үшін алғыс айтып, ұлы мәртебелі патша ағзамның алдындағы адал қызметі туралы тиісті орындарға жеткізуге уәде берді.
— Қазақтардан несіне қорқайын. Маған жамандық жасаса, орыстарды қойып, қалмақтар мен башқұрттардың өздері-ақ оларды тігерге тұяқ тастамай қырып тастайды, — деп салды.
Бөкенбай үндеген жоқ. Күлді де қойды. Ертеңіне ол өз ұлысына жүріп кетті. Бөкенбай кеткесін елшіліктің іргесінен тыныштық кетейін деді. Тападай тал түсте әлдекімдер айқай сап шауып кеп жүктеулі тұрған арбаларын сарт-сұрт сабап кетеді. Түн болды-ақ тұстарынан дүрсілдетіп олай шауып өтіп, бұлай шауып өтіп ұйқы бермейді. Таңертең қараса — бір-екі жылқысы жоқ болып шығады.
Тевкелев кешқұрым қоңыраулатқан темір сандығын ашып, қойын дәптерін алып, көрген-білгенін жазып қояды.
Октябрьдің жиырмасы күні Байбек төлеңгіт тағы келді. Хан баяғы сұрағанын тағы сұрапты. «Бізге қарсы билер әбден өшігіп алды. Ол қызыл көз пәлелерді көзінің жауын алар қызылды-жасыл дүниемен ғана тоқтатуға болады. Егер осы жолы айтқанымды екі етер болсаңдар, онда дүние-мүлкіңізді өзім барып шауып аламын. Ол үшін алдияр патша маған ешқандай айып таға алмайды. Өйткені мен жұртымды ақ патшаның қол астына көндіру үшін жанталасып жатырмын», — депті.
Тевкелевке ханның сұраған дүние-мүлкін беріп жіберуден басқа амал қалмады. Өзі алып баруға әрі намыстанды, әрі әрдайым дымы ішінде болып, мелшиіп отыратын үндемес ханның тағы не ойлағаны бар екенін кім біліпті деп қорықты. Беретін нәрселерінің бәрін Таймасқа ұстатты. Не де болса, қас-қабағы түсініксіз қазақ ханының ық жағын ала беруге бел буды. Онсыз да таң атқан сайын төрт-бес аттан айырылып, әбден қара жаяу қалатын түрі бар. Елшінің аттарын қуып бара жатқан екі жігітті Әбілқайыр ұстап алып, қол-аяғына кісен салып байлатып тастапты.
Тевкелевтің түн баласы аузынан түспейтіні — «Тәуба!» Күн баласы ойынан кетпейтіні — «Тәуба!» Қасындағы нөкерлерінің де мойындары ырғайдай боп әбден арықтады.
Сүйтіп қаралай жаны қара тырнағаның ұшында жүргенде октябрьдің дәл жиырма екісі кешкі сағат алтының шамаларында хан ордадан екі етек боп жүгіріп келе жатқан біреуді көрді. Төбе құйқасы шымырлап қоя берді.
Қорықса, қорыққандай да екен. Әнеугүнгі Әбілқайырдың ұстап алып кісендеп қойған екі жігіті жаппас руының адамдары болып шығыпты. Оны естіген Баймұрат қаһарына әбден мініпті. Алдымыздағы түнде қол жиып кеп елшіні де, ханды да, шауып алмақ көрінеді.
Хабаршы жігіт хабарын айтып болғанша ханның өзі де жетті.
— Ал, елші мырза естідіңіз ғой. Енді не істейміз?
Сол екі ортада башқұрт билері де жиылып қалды.
— Бөкенбайдың ұлысы бұл арадан алыс па?
— Үш күндік жер.
— Ойбай, соған хабаршы жіберу керек.
— Ол хабаршы барып келгенше, мұнда болары болып, бояуы сіңіп қоймаса...
Хан Бөкенбайға хабаршы шаптырды. Өзі хан ордаға қайтып кетіп, елшілікті ордаға қарай көшіре бастады. Бірақ үлгере алмады. Қас қарайып ымырт үйіріле күн шығыс жақ түгел қауқылдасып қоя берді. Даурыға сөйлескен адамдардың дауысына дүсірлеген тұяқ дыбысы қосылды. Бейуақтағы мынау жортуылдан қара жердің өзі қаралай тітіркеніп жатқандай. Жан-жақ жапыр-жұпыр үнге толып кетті.
Көп ұзамай күн шығыс жақтағы дөңбек жалдардың басына орнаған ымырт ала бөтен қалыңдап кеткендей қара түнек боп түнеріп қоя берді. Ол — Баймұрат еді. Соңына ерткен қолы, шынында да, қарақұрым екен. Әлгінде ғана Әбілқайыр айтып тұрғандай, Тосын құмын жайлайтын жаппастар тайлы-таяғымен түгел келе жатса керек. Маңтөбенің маңындағы ауыл әп-сәтте ақ шаңыттың астында қалды.
Тевкелев қарауындағыларды жиып алып:
— Ал енді басымызға қандай қиындық түссе де, ұлы мәртебелі патша ағзамның атын, киелі Россияның абыройын аяққа бастырмайық. Өліспей беріспейік, — деді.
Қолдарына мылтық, қылыш найза ұстаған орыс солдаттары мен башқұрттар елшінің мекен-жайын шыр айнала қоршап тұрып алды. Жаппастар хан орданы да қамап алып айқайды салып жатыр. Ақ сұр ат мінген шаңқылдақ кісі әрлі-берлі шапқылап жүр. Баймұрат сол екен. Баяғы шеке тамыры бадырайған қызыл сары би боп шықты. Біресе хан орданың тұсына барып шаңқылдайды. Біресе елшіліктің тұсына келіп шаңқылдайды.
— Кісендеулі екі жігітімді ат-шапан айыптармен қайтармайтын болсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер. Түн ортасы ауғанша мұрсат берем. Сол екі ортада талабым орындалмайтын болса, обалдарың өздеріңе. Ордаңды шағып, отын етіп жағам. Елшіңді мойнына қыл тұзақ салып сүйретіп әкетем. Жауабын патшаның алдында мен емес, сен бересің, Әбілқайыр!
Оның мына ащы даусынан қаймыққандай ай да сол күні шағырмақтанып туды.
Түн ортасынан енді ауа бергенде Баймұраттың жігіттері лақтырған қыл тұзақ Тевкелев отырған үйді белдеуінен орап ап сытырлатып ырғай бастап еді, ханның бір адамы шауып келді.
— Тоқта батыр, екі жігітің босатылды. Бір жолға ашуыңды қи! — деді.
— Пәлем, солай ма екен! — деп Баймұрат тістенді. Соңындағы қалың қол қарқылдап күліп, дүсірлетіп шауып ала жөнелді. Ертеңіне таңертең тұрып санаса — тағы да он бес жылқысы жоқ боп шықты. Шамасы, Баймұраттың әнеугүннен бері кісенде жатқан екі жігітіне алған «ат-шапан айыбы» болса керек.
Жаппастар кеткен бойда елшілік хан ордасының қасына көшіп келді. Сол күні түнде Тевкелев Уфа көпесі Иван Кормщиковті бірқатар товарымен кері қайтарды. Қасына бірнеше башқұрт ере кетті. Оны тіпті ханның өзі де білмей қалды.
Тағы да бір апта тым-тырыс өтті. Мынау беймезгіл тыныштықтан сескенген Тевкелев кісілері сыртқа аттап шығудан қалды. Күндіз ұйықтап, түн баласы тістері тістеріне тимей үй айнала күзетіп шығады. Сөйтіп жүргенде ноябрь туды. Ноябрьдің үші күні тағы да бір топ адам келіп таң атқанша қамап тұрып алды. Қарап тұрмай оқ атып елшілікке тігілген үйлердің үзіктерінің дал-дұлын шығарды. Енді болмағанда елшілік қараптан-қарап жебе оғына жем болар түрі бар. Тевкелев адамдары мылтық атуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен, шырқ айнала қоршап алып, қауқылдасып тұрған қазақтардың бірі ат үстінен гүрс етіп құлап түсті. Таң атып қалған кез еді. Оққа ұшқан кісіні алдарына өңгеріп алған қазақтар: «Ойбай, бауырым» — деп дауыс қылып, әлдеқайда ызы-қиқы қым-қуыт жөнелді. Өздері сүйтіп жүріп, он жеті жылқы, үш түйені алдарына сап қуа кетуді ұмытпапты.
Ноябрьдің бесі күні Бөкенбай батырдың ұлысы жақын жерге көшіп қонды. Көштерін қондыра сала қасына немере інісі Құдайназарды ертіп Тевкелевтің қосына келді. Екі ескі көзтаныс құшақтасып көрісті.
Бөкенбай:
— Қапа болма. Қасық қаным қалғанша өзім қорғаймын. Енді олар тиіп көрсін, — деді.
Тевкелев көзіне жас алардай болып алғыс айтып, қадірлі меймандарына тоқсан сомның дүниесін сыйға тартты.
Енді бұрынғыдай емес арқасы кеңиін деді. Бүгежектеп үйден шықпайтынды қойып, қайтадан қарауыл төбенің басына шығып жан-жағына көз салатынды шығарды. Дала баяғыдағы бұл келгеніндей емес құлазиын депті. Тойған қозының бүйіріндей томпиған жалдардың бәрі сарғыш тартыпты. Күні кеше күнге шағылысып күлің-күлің етіп жататын күміс көлдер қарауытып көрінеді. Көл жағасындағы қалың құрақтың да базары тарайын деген бе, бұрынғы ызы-қиқы үндер естілмейді. Қарашаның да аяқталып қалғанын сездірейін деп терістіктен түстікке қарай үшкіл-үшкіл шеру тартып құстар ұша бастапты. Әнеу күнгі ақ жұмыртқа ауылдың киіздері ылғал тартып қоңыраяйын депті. Күн ашылса болды, жұрт үйлерін қып-қызыл қып жалаңаштап киіз жамайды. Әйелдер топ-топ болып жиылып білектерін сыбанып ап шуылдасады да жүреді. Біреулері үйлерінің ық жағына екі ашаға ақ бақанды асып салып, үстіне жіпке тас байлап жыпырлатып іліп қойды, оған анадай жердегі Қара ойдағы еркектердің беліне орап-орап күрт-күрт тартып әкелетін құшақ-құшақ шиді бір талдап салып, әлгі жіп байлаған тастардың біреуін әрі, біреуін бері жып-жып алмастырып ши тоқиды. Қолдарына көз ілеспейді. Түске дейін бір құлаш шыптаны бір-ақ тоқып тастайды. Енді біреулері әлгіндей ши шыптаны төсеп тастап үстіне қап-қап жүн әкеліп жұқалап жая бастайды. Әбден жайып болғасын бірнешеуі бірнеше жерден тұрып алып сапты аяққа құйып әкелген суды ұрттап ап, алдарындағы бұрқырап жатқан мамық жүннің үстіне бүркіп шаша бастайды. Сосын әлгі шиді ішіндегі су бүрккен жүнмен қосып шиыршықтап орап екі-үш жерден арқан салып, екі жақтан екі топ болып тұрып алып, әрі-бері домалатып бағады. Бір уақытта домалатқандарын қоя қойып, ораулы шиді қайта жазады. Манағы бұрқырап жатқан жүн енді бір-бірімен ұстасып, талдырғыға айналыпты. Енді әйелдер оны бір шетінен шымырып бүктеп шиыршықтап орай бастайды. Ораған жерлерін жапа-тармағай жата қап шынтақтарымен жаныштап, тағы да орайды, тағы да орап, тағы да жаныштайды. Бір уақытта әбден шанышталып сілікпесі шыққан жүн киіз боп шығады. Киізді күн жаққа апарып жайып қояды. Ауылдың тағы да бір жақ шетіне көзің түссе, тағы да сондай шуылдасып жатқан көп әйелді көресің. Сөйтсе, олар киізін сыпырып тастаған ашық керегеден шірене тартып арқан ширатып жатады. Кемпірлер жағы қолдары шошаңдап ұршық иіреді. Қыздар жағы алдарына қызылды-жасылды боялған жүнді шашып тастап ши орайды.
Күнде қарасаң, күнде көретінің осы. Шамасы, мынау аспандағы бұлтқа әкесіндей телмірген қазақтар қыс қамына кіріссе керек. Жат елдің ызғарына енді жат жердің қысының ызғары қосылмақ. Мынау бөтен өлкеде тап болатын суық күз бұларға қандай сый-сияпат тартпақ? Бұл алып келген ант қағазына анадағы жиырма тоғыз биден кейін бір тірі пенде қол тигізбепті. Сонда бұл ертең не істемекші? Мынау кежегелері кейін тартқан жұрттан біржола күдерін үзіп, қолда қалған азын-аулақ көлікке тақым артып түн жамылып тайып тұра ма... Өйткенде де мынау ұлан-ғайыр далада шұбырып жүрген көшпенділер аман-есен жібере қояр дейсің бе? Жал аса бергенде жалпита бір соғып ауызыңды бақадай ашыратын болар. Тіпті ол қандыбалақтардан құтылып шыққан күннің өзінде қолын мұрнына тығып құр қол оралған жұтаяқ елшіні кім құшақ жайып қарсы ала қояр дейсің... Мынау ызғырық жел ескен ызғындай дала бұның талай бұралаңнан өткен бұралқы тағдырының жеткен жері, таусылар шегі болып жүрмесін! Бұл да сол баяғы Бекович-Черкасскийдің кебін киетін шығар. Оның қайта соңында жер қайысқан қалың қолы болды ғой. Ал бұл ше? Бұл оған қарағанда өз үйірінен адасып өзге үйірге қосылып кеткен қотыр тай сияқты іздеусіз-сұраусыз емес пе? Ондай құдай айдап келген олжа тайды мынау жан-жақтан жалақтап отырған қырық пышақ жұрт тіріде тегін қояр ма! Қуана-қуана жайратып тастайтын шығар...
Бұл өзі де бір кезде дәл мыналар сияқты қонарын жел, ұшарын сай біліп, беталды лағып жүрген көшпенді жұраттан шықса да, қазір мынау құла далада не істеп не қоярын білмей жападан-жалғыз құлазып тұр. Анадағы Уфаға кеткендерден де хабар жоқ. Олар, бірақ, жете қойды дейсің бе? Жолда кетіп бара жатқан шығар. Тек әйтеуір бір жерде қара сойыл барымташыларға қолды кетпей, аман-есен барса екен. Олар аман-есен жетсе, мына жақта қандай ала топалаңның болып жатқанын естісе, орыс әкімшілігі қарап отырар дейсің бе, бір шарасын жасар. Тек соған дейін бұлар сайда саны, қырда ізі табылмай қырылып қалып жүрмесе! Қазіргі бар үміті әлгі Бөкенбайда. Үш күндік жерден ұлысын көшіріп әкелгеніне қарағанда, расында да жан аянбай қорғап бағар. Бірақ, ол неге бүйтеді? Жер түбіндегі патшадан пайда табам деп, іргесіндегі ағайын-жұртынан неге шығысады? Бәлкім, бұның бәрі әлгі әккі ханның бір арам есебінен тауып жүрген айла-шарғы ғана емес, қазақтардың біразының арғы пиғылында бар ортақ ниет шығар. Ендеше, олар анау күнгідей ашық тайталаста неге бой көрсетпейді? Тап бұл далада бірінен-бірі қорқып бүгежектеп отырған ешкім жоқ сияқты ғой. Бәрі өзіміздікі дұрыс деп өңмеңдеген өңшең бір қызыл көз сияқты ғой. Кісіні белден аттатар, кісі сөзін басынан асыртар сықпыттары көрінбейді. Ендеше, ақ патшаға бағынуға көңілі ауып тұратындардың да бары рас болса, олардың ауызына құм құйып тастайтын қайрат кім-кімде де жоқ сияқты. Әне әлгі жиырма тоғыз би ешкімге жалтақтамай қолдарын қойды емес пе! Былай қарасаң, бас қатырар түгі жоқ, бәрі белгілі, бәрі түсінікті жағдай сияқты. Ал, бірақ, білмеген жердің ой-шұқыры көп деген. Қазақтар бұл көріп жүрген жұрттардың ешқайсысына ұқсамайды. Шеттерінен тәкаппар, қараң түгілі ханыңның бетінен тырнап, шабалаңдап жатқаны. Шынында да, бұлардың ханының тек хан деген атынан басқа ештеңесі жоқ сияқты. Ендеше, бұларға хан неге керек? Ханның да қит етсе, Бөкенбайға елші шаптырғанына қарағанда, бұл елде ықпалыңды өткізу үшін ақ сүйек болуың, төре болуың шарт бола қоймас. Дәулетің мен күшің асып жатса, ханды да жалтақтатып қояр түрің бар секілді. Сонда, бұлардың Бөкенбай сияқты кімдері бар екен? «Ықпалды билердің ауызын алсақ, қалғандары өздері-ақ еріп кетеді», — деп Әбілқайыр зар қақсайды. Бірақ, судан шыққан суыр құсап жымпиып отырған сол немеге бұл сене алмай-ақ келеді. Әуелі ыңғайын біл, теріс емес сияқты болса, сый-сияпат тартып, құрметтеп бақ деудің орнына әуелі тарту-таралғы тартып, ауызын алып ал, қалауыңды сосын айт дейді. Патша ұлықтары соқыр тиынына дейін санап беріп, ертең ежіктеп есебін сұрайтын қып-қызыл дүниені қырық пышақ қызыл-көз қазақтардың көңілін аулаймын деп бостан-босқа желге шашып жіберсе, Мәскеуге не бетімен барады? Не де болса, бұларың қызыл көрсе, кенедей жабысатын дүниеқор халық екені рас болды.
Қарашаның қара суығының алдын алып үйреншікті күйбеңмен жатқан күздікүнгі ауылға қарап тұрып қай-қайдағы ойлардың соңына түсіп лағып кеткен елшінің қасына Таймас келіп тамағын кенеп қойды.
— Елші мырза, — деді. — Жүріңіз, қонақтар келді.
— А! Не дейсің? — деді Тевкелев ұйқыдан оянғандай. Үйіне оралса, қақ төрде Әбілқайыр отыр. Оң қолында — Бөкенбай мен Құдайназар. Сол қолында — бұрын бұл көре қоймаған еңгезердей-еңгезердей үш кісі. Бәрі де ала көз, дөң мұрын, түріңкі ерін. Ағайынды кісілер екендері бірден көрініп тұр. Ханға таман отырғанды Қара батыр деп таныстырды. Қалған екеуінің есімін естігенмен құлағында қалмады. Әйтеуір, Қара батырдың інілері екенін ұқты. Олар асықпай отырып түстік жеді.
Әбілқайыр үндеген жоқ. Ал, Бөкенбай ішінен бұрыш қосып, қант қосып пісірген кеудірек тәтті нанды қатырлата шайнап:
— Орысыңның да қолынан келмейтін нәрсе аз білем, — деп қояды.
Ал, өз шоғы өзінде, бұрқырап самауыр келгенде, хан шыдай алмай:
— Мәмбет мырза, мынауыңды ертең еліңе қайтарда бізге тастап кетерсің, көзіңдей көріп ұстап жүрейік, — деді.
Сары самауырдың қою шайы сіңген сайын қазақтардың тілі ағытыла түсті. Олардың тілі ағытыла түскен сайын Тевкелевтің де арқасы кеңи түсті.
Меймандар оған:
— Біздің жұртымыз әлі де бала мінезді. Қапелімде, дұрыс пен бұрысты бірден ұға алмай, біраз дүрлігіп барып жөнге түсетін әуелден де әдеті. Сол әдетінен де талайларға есесі кетіп жүр. Құдай әрқайсысының аз күндік нәсібесі мен аз күндік нәпақасын өз үй, өз іргесіне иіріп қойғасын, былайғының ақылына құлақ аса қоймай, өзі қожа болып қалған немелер ғой. Бірден ығымызға жығыла салмайды деп мұқамайық. Аңысын аңдап, ақылмен іс қылайық. Бала мінезді жұрт ақырғаннан гөрі алдағанға оңай түседі. Тәтті сөз, жылы қабаққа салмақты салыңқырайық. Ал, біз болсақ, әрқашан қасыңнан табылып, сөзіңді сөйлеп, сойылыңды соғамыз. Ауызымыз бір, амалымыз ортақ болса, қазір шідеріне қол апартпай шіреніп тұрған тентектердің ертең өздері-ақ илігеді. Соны айтқалы келдік. Біздің жұртымыздан күдерін үзбесін деп келдік, — деді. Оған Тевкелев:
— Мен өздеріңнің өтініштерің бойынша келдім. Өз еркімен патшаға бағынам деп келген кісі болса, бетінен қақпаймын. Оның ықыласы мен еңбегі ұлы мәртебелі әм шарапатты ақ патшаның мейір-пейілінен қағыс қалмайды. Ал, енді көнбеймін де, көрмеймін де дейтіндер болса, оларға соңдарынан екі етек боп жүгіріп, жалынып-жалпайып жүрер жәйім жоқ, — деді.
Аз-маз үнсіздіктен кейін Әбілқайыр тіл қатты:
— Елшілікті шақырған мен екенімді ешкімнен жасырған жоқпын. Бірақ елге шарапаты, шапағаты тиеді деп шақырдым. Ол үшін өкінбеймін. Қалған қазақтың бәрі менен теріс айналып кетсе де, алған бетімнен қайтпаймын. Қазір кеп, мойыныма ала арқан салып, жанымды алатын болса да, осы айтқаным айтқан.
Тевкелев ханның соңғы сөзін естіп орнынан тұрды. Сыңғырауық сандықты ашып, ішінен құндыз тон, құндыз бөрік, қылыш суырды. Сосын Әбілқайырдың алдына кеп:
— Бұны ұлы мәртебелі патша ағзам Анна Иоан қызы саған өзінің ұлы императорға лайық шапағатты қолынан көрсеткен қызметіңіз бен артқан сеніміңіз үшін аса зор ризашылықпен ұсынады, — деді.
Хан орнынан түрегеліп құндыз тонды иығына жамылды. Құндыз бөрікті басына киді. Күміс қынап алмасты беліне іліп:
— Алдияр тақсыр патша ағзамға алланың нұры жаусын! Басым жерге жеткенше риза боп өтемін, — деді.
Серіктері орындарынан түрегеліп ханға құтты болсын айтты. Меймандар көңілдене күлісіп шығып кетті. Көп ұзамай Бөкенбай қайтып келді.
— Ханның әлгі айтқандары дұрыс. Шалқайғандармен шалқайыса бермеу керек. Олар қайбір ақылы жеткеннен істеп жүр дейсің. Ақылсыз бен ақылсыз болғаннан ақылды ұтылмаса, ақымақ ұтылмайды. Әуелі жылы сөйлеп беттерін бері қаратуға тырысып бағайық. Болмай бара жатса, басқа амалын қарастырармыз, — деді.
— Оны енді өздеріңіз білесіз ғой, — деді Тевкелев. Бөкенбайды хан әдейі қайта жұмсап отырғанын ұқты. Әлгінде өзі түгел айта алмай кеткен сөзін батырдың ауызымен қайталап пысықтатып отыр.
Тевкелев Бөкенбайды шығарып салып тұрып, хан орда жаққа қарап басын шайқады. «Мына даланың бар жұмбағын шамалыда шешіп тауыса алмассың».
Дегенмен, ол күні Тевкелев жастыққа басы тиген бойда қор етіп ұйықтап кетті.
Ал Әбілқайыр қырық төңбекшіп көзін жұма алмады. Ақ патшаның жіберген сиының бәрі қақ төрде, адал бақанға ілулі. Бірақ, келіп, көріп, қызықтап жатқан ешкім жоқ. Пәлен уақыттан бері бола ма, болмай ма деген оқиға болып, келе ме, келмей ме деген қонағы келіп, дегеніне жетіп отырса да, осы өткен айдың ішінде көңілі бір селт еткен емес. Мана ақ патшаның жіберген сый-сияпатын киіп тұрғанда да, әншейінде өрекпіп, ауызына келіп тығылатын жүрегі бүлк етпестен жатып алды. Қайта көңіліне қаяу түсті. Мына қазақ менің қай дәуірлегеніме де қуанбай, бәрінің артын қой болдыға айналдырып жіберді де отырды-ау деп ойлады. Ордабасындағы жиын көрген түстей, мәңгінің қиялындай болып ол өшті. Аңырақайдағы жеңіс арты төбелеске айналған тойдай тырым-тырағайлап бұл бітті. Енді, міне, ауылыма ақ патшадан елші түсіріп айбынымды асырам ба деп едім, бұ да жетім қыздың тойындай іри-тіри боп барады. Билер, ең болмаса, алыстан келе жатқан сый мейманның алдынан шығып қарсы алуға жарамай, ауыл-ауылдарында бұғып-бұғып жатып алды. Төре тұқымы төбе көрсетпей қойды. Ондағы ойлары да мынау жер түбінен келген елшінің алдында мұны жансыз-жақсыз, халық тарапынан ешқандай қолдау таппайтын беделсіз, ақ патшаға жұртпен ақылдаспай өтірік уәде беріп, ыңғайсыз шаруаға ұрындырып отырған пәтуасыз суайт біреу қылып көрсету. Соның бәрін көріп отырып ол баяғы ескі досы айладан басқа одақтас таба алмады. Жарайды, ақ патшаның елшісін алдынан Нұралыны, Ералыны, Бөкенбайды, Есетті жер қайысқан қалың нөкермен шығарып қарсылап-ақ алсын делік. Бірақ, артынан ол елші ордаға келгесін ханның айналасының ақ тақыр екенін бәрібір көреді ғой. Одан да елші алдында не күтіп тұрғанын ептеп-септеп сезе берсін деп Нұралыны аз нөкермен шығарды. Бөкенбай мен Есетті жақын жерге көшіріп алмай, әдейі өз қоныстарына отырғызып қойды. Егер әуелден басы бірігіп жүретін бұл жолы да жұбы жазылмай отырғанын керсе, қалған шонжарлар илікпей шалқайып кетер деп, оларға аңыс аңдатып қойды. Мүмкіндігінше басқалардың ауызымен сөйлеп, басқалардың қолымен әрекет қылуға тырысты. Сондағы тапқаны Батыр болды. Ақ патшадан елші келе жатыр дегелі ат ізін салмай, тым-тырыс жатып алған күйеу баласының өзінен хабар тосып біраз жатты. Бірақ, оның өз аяғынан келмесіне әбден көзі жеткесін Нияз сұлтанды жұмсады. Қанша дегенмен қайын атасы ғой, бір иліксе, соған илігер деп ойлады. Иліккенде де Ниязды сыйлағаннан емес, ертең ақ патшаның алдында бедел алып қалу керек екендігін түсініп илігер деп ойлады. «Петр патшамен хат жазысқан Қайып ханның баласысың. Орыс үкіметі сенің әкеңді жақсы біледі. Ертең елшінің алдынан қарауыңдағы билеріңді ертіп Нұралы екеуіңнің шыққандарың жөн шығар», — деп сәлем айтып жіберді. Батыр сұлтан арада Ниязға тіс жарып ешқандай жауап бермепті. Бірақ, Нұралы елшінің алдынан енді аттанғалы отырғанда, оның да қарасы көрінді. Шамасы, ақ патшаның елшісі келгенде, қайнағасымен иық тіресіп қатар отырып келіссөз жүргізетін болармын деп дәметкен шығар. Оған Тевкелевтің тек Нұралы сұлтанмен ғана амандасып, оны қалған ру басыларымен бірдей санап, салғырт бас изей салғаны себепші болған сияқты. Елшінің керенау сәлемінен орнаған сәлдекендей зіл елге жеткенше әбден Қап тауындай қағынды өкпеге айналыпты. Ол өкпесін, әрине, орыс елшісіне емес, қайын ағасы Әбілқайырға бағыштады. Оның қабағына орнаған ренішті қасындағылар да айтпай түсінді. Әрқайсысы дербес ықылас дәметіп барған билер күйме мініп кекірейген ұлықтың шыбандаған жылқыдай бір бас изей салғанына қайдан қанағат қыла қойсын! Оны орыс елшісінің білместігі деп түсінген жоқ, Әбілқайырдың әдейі істеп отырған астамшылығы деп ұқты. Уфада жатқан елшіге үсті-үстіне хат жазып, хабаршы жөнелткенде қол астындағы ұлыстың жақсысы мен жайсаңын неге алдын ала хабардар қып, алдын ала ескертіп қоймады. Бұның бәрін былайғыны кемсітіп, өзінің ғана басын оздыру үшін әдейі істеліп отырған сасық қулық деп санады. Бозбала сұлтан сары ала күймеге кіріп кеткесін:
— Мына Өсеке балаларының да көздерінің еті өсейін депті-ау, — деп күбір ете қалысты.
Онсыз да лапылдай ала жөнелгелі тұрған қау шөпке сол бір әлсіз тамызықтың өзі-ақ жеткілікті еді. Ырғыз жағасында тұтанған от Маңтөбеге келгенде гүр ете қалар өртке айналған-ды. Елшіні арнайы тігілген ақ отауға кіргізе сала бәрі дүр көтеріліп, хан ордаға келді. Өрт сөндіргендей қабырытып кірді.
— Ал, жолаушыларыңыз қалай жетіпті? — деп хабар сұраған ханға да:
— Жетті ғой! — деп кіржің ете қалысты.
Әккі хан әрі қарай сұрақ қойса, істі насырға шаптырып алатынын бірден ұқты да, үндемеді. Сол екі ортада билер:
— Өздері елші емес, бүтін бір бексауытты қол ғой. Әлгі ноғайы да мәмлегер елшіден гөрі үйірге енді түскен сәуірік айғырға көбірек ұқсайды. Шікірейіп кісіге көзі түспейді. Ел бар, жұрт бар деген ойында да жоқ. Ханзададан басқамызға пысқырмайды да. Ал, ханзаданы да іргелі елдің сұлтаны көріп, терезесін тең санамады. Құдды елші емес, ақ патшаның өзі құсап арқасынан қақты. Ақ патша ондайды басыбайлы боданына істер. Ал, біз, құдайға шүкір өз тізгініміз өзіміздегі басы еркін жұртпыз ғой, — деп салды.
Хан:
Біздің еліміздің Біздің еліміздің әдет-ғұрпынан бейхабарлықтан кеткен ағаттық шығар. Сыпайылап есіне салармыз, Біздің еліміздің дей беріп еді, күжілдеген билер жолын кескестеді.
Біздің еліміздің Жоқ, оған кімнің-кім екенін білгізу керек. Аяғын тарта жүретін болсын. Тақсыр хан, онымен біз жоқ жерде кездесіп, келіссөз жүргізуіңізге рұқсатымыз жоқ. Қандай әңгіме болса да біздің көзімізше айтылуы керек. Сондықтан ол мырзаны қай күні қабылдайтынымызды ақылдасып-кеңесіп өзіміз айтамыз.
Әбілқайыр билерден басқаны күтсе де, тап бұны күтпеп еді. Мына ақылдың кімнен шыққанын біле алмай дал болды. Жиырма тоғыз бидің қамшыларын ортаға тастап қойған шарты әлгі. Бәрін естіп отырған Батыр ләм-мим үндеген жоқ.
Біздің еліміздің Айтқандарың болсын, Біздің еліміздің деді Әбілқайыр онсыз да қиуы қашқан әңгімені одан әрі ұшықтырғысы келмей. Билер бір шаруа бітіргендей көздері жылтылдап көңілді кетті. Әсіресе, есікке қапталып тұрып алған Батырдың жалпақ жауырыны көз алдында. Күйеу баласының бірдеңеге әбден разы болғанда не ойындағысы орындалып, көңілін бірлегенде осылай екі иығын қомдап, онсыз да көл-көсір жауырыны одан сайын далиып кетуші еді. Демек, ол бұл жолы да әлденеге әбден разы болып, бұл жолы да ойындағысын орындап көңілін бірлеп бара жатқаны ғой. Демек, әлгі билерді осынша сұңқылдатып отырған да сол болғаны ғой. Иә, оның бұл жолы айызы әбден қанып барады. Өткен жолы Аңырақай соғысында хан оның да сөзін жоққа шығарып келеке қылған. Намысқой сұлтан соған ерегесіп өршелене соғысып көзге түскен. Бірақ, бас қолбасшының қарайған жұрттың көзінше ештеңені біліп жарытпайтын маубас біреудей тойтарып тастағанын ол өлсе де кешіре алмақшы емес. Аңырақай шайқасынан ол өз қолымен бөлек қайтты. Кейінгі кезде Орта жүздегі қандастарымен көбірек араласып-құраласып жүргенін естіген. Әбілқайыр кеше оны елшінің алдынан шығарғанда да баққұмар сұлтан әкесі Қайыптың баяғыдағы орыстармен көже тамырлығы есіне түсіп, бұл шаруаға елігіп, белсене кірісер деп, өйтпесе кейінгі кезде қайтадан ауыз жаласып жүрген өз қандастарымен екі араларына қайтадан сына қағылар деп әдейі істеп еді. Елші ноғайдың ноғайлығы ол ойының быт-шытын шығарды. Енді, міне, ол бұнда көптен кетіп жүрген есесін қайтарып мәз боп барады. Даңғой мақтаншақ неме осы отырғызғанына қанағат қылып, осынысымен тоқтаса да шүкірлік. Әй, бірақ тоқтай қояр дейсің бе... Қымызға өкпелеген қазақтың өзі жыл он екі ай тоңторыс жүрмей қабағын жылытпайды. Бұның да бұл кергуі біразға созылатын шығар. Бірақ сол тасырлап жүріп, таңқылдап сөйлегеннен басқаға зердесі жетпейтін таңқы көкірек неме кергігенде не бітіре қояр дейсің... Жә, оны ит біліп пе? Одан бүгінгі мына сұмдықты күткен кім бар еді? Біреудің қолын кескестеп кесір тигізуге көп ақылдың қажеті қанша? Ондай азғын ақыл Батырдың өзінен де табылмас. Бірақ, Батырдың бүгінгі істеп кеткенін ондай арзан қулыққа жатқызуға бола ма? Жер түбінен өліп-талып енді жетіп отырған елшімен өзімізден хабар болмай кездеспейсің де, сөйлеспейсің де дегені тап онша анау айтқан таңқы қулық емес. Жат жұрттық елші кімнің кім екенін әу бастан біліп, аяғын тарта жүрсін деген салқын сөздің бар ызғары, түптеп келгенде, бұған, Әбілқайырға бағышталған. Сенің біздің ықтиярымызсыз елші шығаруға да, келіссөз жүргізуге де қақың жоқ дегені. Елшіні біздің ықтиярымызбен шақырғансың, енді онымен келіссөзді де біз жүргіземіз дегендері. Қандай әңгіме болса да, біздің көзімізше айтылсын дегені — бұның ақ патшаға айтып жіберген сәлемінің мазмұнына күмандана бастағаны. Елші Нұралымен терезесі тең мәмлегерлікке келген кісіше амандаспай, болары болып, бояуы сіңіп қойған боданындай амандасты дегені де, бұның арғы ойын анық түсіне қоймағандарымен, секем ала бастағандарын аңғартады. Бәрінен де өзі сөйлемей, билерді сөйлеткені Әбілқайырдың жанына қатты батып барады. Бір кезде Тәуке бәсекелестеріне әкелері Есім хан мен салқам Жәңгірдің абыройымен қоса билердің сөзінің дауасын қару қылып пайдаланғаны сияқты Әбілқайыр да мынау екіталай жылдарда өзіне жылы қабақ таныта қоймаған арқар ұрандының қысастығына алаш ұрандының мақұлдастығын қарсы қойып келе жатыр еді. Сондықтан да ол алаш ұрандының еті пысықтарының абыройын асырып бағуға тырысатын-ды. Қазір алдына бес жүз бас пысқырып түскен шаруаның бәрін бай атандырып, бес ауылдың басын құрап, сөзін ұстанған кісінің бәрін би атандырып, жүз қара сойылды соңына ертіп шыға алғандардың бәрін батыр атандырып, талай майтымақтан көзін жерге түспестей қылып еді. Онысына Жәдік тұқымы қаралай ыза боп, «қарашымен қарашы боп кеткен хансымақ» деп кекететін. Не істесе де, безбеннің басын билер мен батырларға аударып, солардың сөзін сөз қылып шыға келетін. Бұл жолы да ол әлі көзі көрмей тұрса, айдаладағы ақ патшаға өр еркімізбен бағынайық десем, мақұлдай қоймас, бірақ қақырайтып елшісін жіберіп, сый-сияпатын беріп жатса, кісілікке қолы енді жетіп жүрген немелер соның өзіне-ақ қаралай мәз болып, дегенімен шыға қоймас деп жүр еді. Мынау таңқ-таңқ сөйлейтін тасыр сұлтанның алдын орап кетіп, сол өз қаруын өзіне қарсы салып отырғаны. Бұл оның күтпеген сұмдығы еді. Жәдік тұқымы билерді өз жағына тап бұлай оңай шығарып ала қояр деп ойламап еді. Мұндай ақыл бұл тасырға қайдан бітіп жүр?! Осының бәрі, шынында да, содан шығып жүрген шаруа ма?
Әбілқайыр осыны ойлап жегені желім болды. Жарайды, енді-енді қатарға іліккен немелердің соншама баққұмар, соншама атаққұмар, соншама намысқой, соншама кіді келетін әдеттері. Батыр сұлтан елшінің әлгіндей білместігін пайдаланып, шамшыл немелердің шабынан түртіп, әлгіндей сөйлетсін делік. Сосын не істей алады? Елші мен бұл ондай кер ауыз кергімелерді ақ патшаның сарайынан жіберілген тарту-таралғылар беріп әлгі райларынан қайтара алады, ал Батыр сұлтан сонда оларды немен алдарқатып, немен ұстап тұрмақшы? Әбілқайыр әлгі бір өз буларына өзі пісіп бара жатқан немелердін олқы жерін енді тапқандай масаттанып қалған-ды. Жиырма тоғыз бидің тиырымына қарамай елшімен астыртын кездесуге бел буған. Оған ішіне құлта сақтамай ашық сөйлескен. Онысы елші мынау бейтаныс өлкенің шын жағдайынан мейлінше толық хабардар болса, бұның айтқанына бірден құлақ асып, тізе қосысып әрекет қылар деген ой еді. Бірақ, шығыс жұрттарының мінез-құлқын мейлінше жақсы біледі дейтін тілмаш мырза әп дегеннен сыр беріп алды. Бір тізгін, бір ноқтадан қашып, бет-бетіне кісімсіп жүрген кергіме халықтың алдында кекірейіп сөйлеп жындарын келтірді. Қошамет құмар, сый-сияпат десе әкесінің атын ұмытып қала жаздайтын мақтаншақ халықтың қақ ортасына қызылды-жасыл қыруар дүниемен келіп отырып, тиын санап іштарлық жасады. Қазақтың сый-сияпатқа әуестігін мақтанқұмарлық деп ұқпай малқұмарлық, дүниеқұмарлық деп ұқты. Дүниеқұмардың аларын алып, дегеніне жеткесін де танымай кететінін жақсы білетін елші мақтанқұмар кісілердің жұрт алдында басын оздырып, мәртебесін асырған сәл қылығына бола астындағы атын түсіп беріп, айтқаныңа екі етпейтін мәрттігінен атымен бейхабар боп шықты. Тиын санап қалған елшінің мынау орынсыз сараңдығы күні кеше ақ патшаның елшісінен қошамет көреміз деп тамағы ісіп отырған игі-жақсылардың өкпе-бопсасын бірте-бірте нағыз өшпенділікке айналдырды. Астамсыған елшінің қолынан бермегенін жолынан аламыз деген жаубасарлық көбейді. Бірақ, әзір қайрат көрсетіп жатқандар тек ру басы билер ғана. Төрелер мен сұлтандардан хабар жоқ, тым-тырыс. Олардың не ойлағандары бар? Ол арасы бұған жұмбақ. Орысқа бағынбаймыз деп туласа қарашылар тулар. Бірақ, мынау екі оттың ортасында қалып, өз жұртының алдында абыройдан әбден айырылып болуға айналған төре тұқымының қарсы болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Орыс патшасымен ауыз жаласуды әуелден де қазақтың қарашасының ойлап шығарған ештеңесі жоқ, төрелері ойлап шығарған-ды. Олардың қай-қайсысының да ындынын құртып жүрген нәрсеге Әбілқайырдың қолы бұрын жетіп қоя ма деген қорқыныш қана оларды мынау қыңыр билердің одақтасы қылып отыр. Орыс елшісі Әбілқайырдың ауылына түспей, олардың ауылына түссе, тастай қатпағанын көрер едің! Олар қазір орыс елшісін Әбілқайырдың ұлысынан басымен қайғы ғып бездіріп алып, артынан өлім аузынан әзер құтылған елшіге жақсылық жасаған боп, алдияр патшаның шарапатына өздері ие бола қойғысы кеп құлқындары құрып жүрген шығар. Ендеше, ол найсаптардың бұл арам пиғылдарын қайткенде жүзеге асыртқызбайды?
Әбілқайырдың басына ендігі туып тұрған қарлы Қаратау мәселе сол. Ол үшін, әлі де болса, өз құйрығын өзі теуіп тулап жүрген асау билерді жылы-жылы сөйлеп райдан қайтарып көрейік деп елшіге барып еді, Бөкенбай болып, Қара батыр болып қанша айтса да, ол неменің сол баяғы кергіген қалпы. Екі арба қоқыр-соқырын жұмыртқа басқан тауықтай бауырына басып алып: «Ант беруге келген кісі болса, сый-сияпат тартуға мен дайынмын, ал шалқайған кісіге мен де шалқайдым», — деп шақ-шақ етеді. Манағы елшінің үйінен түстеніп шыққасын да бұлар біраз кеңескен. Елші бұрынғы райынан қайта қояды деген дәмеден Әбілқайыр күдерін біржола үзіп шыққанмен, Бөкенбай әлі үзбепті. Тағы да барып айтам, алдынан өтем деп тағы да кеткен. Бірақ, не шығара қойды дейсің. Егер бір беткей сыңаржақ елшіні дегенге бұл жолы да иліктіре алмайтын болса, онда басқа бір амалдар қарастыруға тура келеді. Ондай ой анада Тевкелевпен жыңғыл арасында кездескенде-ақ басына келіп еді. Бірақ, аңысын аңдай тұрайық деп ойлаған. Бақташы жігіттері Баймұрат бидің екі көз баушы ұрысын ұстап әкелгенде бұл жағынан қуанған. Кекірейген елшінің зәресін бір алса, кеудесінен ешкімді аттап өткізе қоймайтын осы асау би алар деп, екі тұтқынның аяқ-қолына кісен салып, ауылдарына астыртын хабар бергізген-ді. Дүлей неме орыс елшісінің ғана емес өзінің де шаңырағын ортасына түсіріп кете жаздады. Соны естіген шектінің қызыл шеке, қызыл көзі Бәби бидің жігіттерінің киген кебі анау. Бірақ бұл жолы орыс елшілігінің басына, шыннан да, үлкен зобалаң туды. Кикілжіңге қан араласқасын-ақ, істің арты насырға шабары белгілі емес пе? «Қанша өр, қанша асау болса да, бір иліксе, илігер тұсы осы ғой», — деп ауыз-ләмін байқайын деп барғандағы көргендері манағы. Қыр тұрмысының қиырман-шиырмандарынан атымен бейхабар елші біреу иегінің астына темір қазық қағып қойғандай әлі кекірейіп отыр. Әумесер топ ат қызуымен елшінің басына қауіп төндірсе де — сазға отырып қалатын Әбілқайыр. Олардың ар жағында жел беріп тұрған жымысқы топ, айлаларын өзгертіп, Кіші жүзге кім түртті бола бастаған орыс елшісіне қол ұшын беріп, өз жақтарына шығарып алса да — сазға отырып қалатын Әбілқайыр. Сондықтанда оған істі бұлай сөз бұйдаға сала бермей, бір нәрсеге белді бекем бууға тура келеді. Оның алдында, бірақ Тевкелевке тағы бір барып жолығып шығуы керек. Бұл жолы оған бұрынғы айтып жүргендерін айтпайды.
Ол күні Әбілқайыр көрер таңды көзімен атқызды. Ертеңіне түс қайта Тевкелевке қайта барды. Күн батқанша әр нәрсені бір әңгіме қылып отырып, кенет:
— Мәмбет мырза, мынау қиқар жұрт менің айтқанымды тыңдамай, ақ патшаға бағынбай қойып жүрсе, онда нұр сипатты падиша мені өз қамқорлығына алып, мынау бөрідей талағалы тұрған тағы жұрттан қорғай ала ма, оларды сөзбен иліктіре алмасам, күшпен иліктіруге әскер бере ме? — деп сұрады.
Тевкелев шоқ басқандай кілт тынып қалды. Бірақ көп ойланып жатпастан:
— Әрине. Ақ патша өзіне сенім артқан қай үмбетін де тағдырдың тәлкегіне тастамайды. Өзіңізді де, үрім-бұтағыңызды да мейірбанды падиша өз қамқорлығына алады, — деді.
Әбілқайыр «мына сығыр алдарқатып отырған жоқ па» дегендей елшінің бетіне тағы да көз жүгіртіп еді. Тевкелев оның жүзіне тайсалмай тура қарады.
— Бұл жайында маған ақ патшаның арнайы айтқан тапсырмасы бар. Ханның өз тарапынан қояр шарттары болса, айтсын, қысылмасын деген. Ол шалғай шеттегі билеушілердің қай-қайсысына да қалаған кезде әскери көмек бере алады.
Әбілқайырдың сұп-сұр жүзі мына сөзді естігенде біртүрлі лып-лып қан ойнап нұрланып кеткендей болды.
— Ендеше, ақ патшаның жолында жаным пида. Өзім не болсам, ол болайын. Әйтеуір, артымдағы ұрпағым қорлық көрмесе болғаны! — деді.
Тевкелев ханның мына сөзін естігенде әуелі елп етіп қуана түсті де, артынша көгілдір көзінде жылт ете қалған от лезде сөніп, орынына әлдеқандай бір тымырсық уайым тұнып шыға келгендей болды. Шамасы: «Мына ханның сонда өз халқынан күдерін біржолата үзгені ме, ендеше менің күнім не болмақ?» — деп ойлап отырған тәрізді. Ойласа, ойласын... Бұған да керегі сол еді.
Ертеңіне таң атар-атпаста ақ жұмыртқадай тізіліп отырған ханның ауылы үйлерін жыға бастады. Есік алдында қаз-қатар шөгіп жатқан кәтепті қара нарлар мен жазылы сары атандарға жүк артыла бастады. Ұйқысынан енді оянған елші бұны көріп қатты таңырқаса керек, үйінің күн жағында бұлай қарай телміре қарап көп тұрды.
Әбілқайыр оған Байбекті жұмсады:
— Бар, анау елшіге айт. Үйін жығып, жүгін тиесін. Бірге көшеміз, — деді.
Содан мынау жүзген мен сексеуіл өскен қара бұйрат құмдарды белуардан кешіп түстікке тартқан ала шұбар көш қайтқан құстай тізіліп мігірсіз шеру тартқалы бірнеше күн өтті.
Көстеңдей басып көсіле аяңдаған ұзын сирақ қара нарлардың ізімен келе жатқан сары ала күйменің қиқалаң жүрісі Тевкелевтің әбден ит зықысын кетірді. Бірінен ассаң, бірі қарауытып тұрып алатын дөңкиген бұйрат жалдардың да шамалыда таусыла қоятын түрлері көрінбейді.
Бұл жақтың құмы Тевкелевтің бұрынғы көрген құмдарына атымен ұқсамайды екен. Тыр жалаңаш еспе қызыл шағыл жоқ. Дөңесі — майқара жусан мен қара шағыр қалың өскен бұйрат жалдар да, еңісі — ну жыныс тоғай. Оқтын-оқтын сексеуілден өріп шеген салған құдықтар кездеседі. Суыр көш оларға да тоқтап жарымайды. Бір астау су бір-ақ сыйып кететін көп қауғамен су тартып, түйелерді сырп-сырп суарып алады да, тағы да ілгері тартады.
Хан қасына бір топ салт атты ертіп анадай жерде оқшау кетіп барады. Алдарынан жүзген, сексеуіл, шағыр қалың өскен қара түлейлер кезіккенде бірнеше жігіт қатар тұра қап көнек даңғырлатады. Қара түлейдің ішінде қаптап жүрген аң біткен безіп шығады. Қолына қаршыға ұстаған саятшылардың, садақтарын кере тартқан мергендердің құдайлары береді де қалады. Хан төңірегі соған мәз бе, әлде көңілдерінің басқа да бір желігі бар ма — жыртақтап көп күле береді. Тек Әбілқайыр ғана үнсіз. Оның анау жанынан қалмай тырағайлап шауып бара жатқан жандайшаптарының неге көңілді екенінде, сол жыртақтаған көп жандайшаптың орталарында қақырайып келе жатқан ханның неге көңілсіз екендігінде ешқандай шаруасы жоқ сияқты. Әркім өзімен-өзі.
Әсіресе көш қапталында бір бөлек келе жатқан орыс елшісінің қабағы қатыңқы. Онсыз да аяқ қолы бір тұтам тығыншықтай кісі абажадай кең күйменің бір бұрышында бүрісе қапты. Айналасына қарай-қарай әбден мезі болғандай, борпылдақ құмақ жолға малтыға жорғалаған қос торының ақ сабын боп терлеген сауырына тесіле қапты. Мынау пәлен күнгі жайсыз жүрістен әбден мәңгіріп қалғанға ұқсайды. Тек жартылай жұмық көзінің бір қиығында қашқан түлкідей тығылып жатқан көкшіл жылт қана мынау арбаның жүрісіне былқ-сылқ ырғалып келе жатқан болбыр дененің әлдебір жерінде әлдебір тіршілік нышаны бар екенін сездіргендей. Көзінің жауын қамап алған қоянның жымыңдай көк шиыр осынау үн-түнсіз кісінің көкірегін торлап жатқан көп уайымның ізіндей.
Уайымдамай да қайтсін. Ар жағында не жатқаны белгісіз, қараған сайын жігеріңді құм қылатын мына бір бытқылдың шамалыда таусыла қояр түрі көрінбейді. Ол таусылғанмен, бұл мұратына жете қоя ма? Алдында қандай күннің күтіп тұрғанын кім біліпті? Хан: «Көш!» деді — көшті. «Ер!» деді — ерді. Қайда келе жатыр, неге келе жатыр? Түсінсе бұйырмасын! Оны келіп түсіндіріп жатқан хан жоқ.
Құйрық жалы шұбалған сары аттың үстінде сазарып кетіп барады. Тұмшаланған сары күйменің ішінде тұнжырап бұл келе жатыр. Құдай салды, біз көндікпен әлі келеді. Көнбегенде қайтеді. Аюдай ақырған ақ патшаның ақжолтай елшісі екеніңді кім құлағына қыстырып жатыр! Енді анау алдыңда кетіп бара жатқан сыз қабақ, сұр кісінің етегінен тас қып ұстап алмаса, күні қараң... Соны біле ме, хан үндемейді. Мынау шетсіз-шексіз құмды өлкеге сүйрей жөнелуге не себеп болғанын да айтқан жоқ. Ал, бұл бетімен қалған қазақтардан алыс кеткенде келген шаруасының не күйге ұшырайтынын да ақылдасқан жоқ.
Не ренжірін, не қорқарын, не өкпелерін біле алмай пұшайман болып Тевкелев келеді. Ана жақта, жау да болса, ызғындай ел-жұрттың көз алдында еді. Біреуі болмаса, біреуі хабарын жеткізер еді. Ал, мынау тау-тау шағылдың арасында оның не күйге ұшырағанын кім естіп, кім көреді? Уфа болса, бір жақта бұру қалды. Одан барған сайын алыстап барады. Алдында баяғы Бековичтің түбіне жететін Хиуа көп онша қашық емес дейді. Сонда мынау ішінде ит өліп жатса да байқатпайтын сыз қабақ хан елші боп келген бұны оп-оңай тұтқынға айналдырып алғаннан сау ма? Соңында қарайған адам бар? Жоқты бардай, барды дардай қылып ақ патшаны алдап, жер түбінен елші шақырып, әуре-сарсаңға салып жүрген су аяқ неме, кім біліпті, артындағы екі арба толы дүние-мүлікті былай қойғанда, қасындағы солдаттары мен башқұрттарын әлгі Хиуаға апарып сатып жіберсе, не істей аласың? Сосын ақ патшаңмен ат құйрығын үзіседі де, Персияға ма, Ауғанға ма, Индияға ма бодан бола салады. Бұларға кімге бодан болғанда не? Мынау құлазыған қу далаға кеп, кім бұлардың бастарына ноқта, аяқтарына тұсау сала алады? Ондай қолынан келсе тек Жоңғарияның ғана қолынан келер еді. Соны біліп те, бұлар одан зыр-зыр қашып жүр ғой!
Тевкелев пәлен күннен бері осыны ойлап уайымның ұшы-қиырына жете алмай қойды.
Ал, Әбілқайырдың онымен еш шаруасы жоқ. Әне, мұның жүрегін зырқ еткізіп, тағы да бір айғыр жал қызыл шағылдың құйрығына ілікті.
Бұл мынау түсініксіз сапардың таусылатынынан әбден күдерін үзіп көзін тарс жұмып алды. Көз алдына сол бұйрат-бұйрат шағылдар, бытқыл-бытқыл ну жыныс, көсіле аяңдаған қу аяқ түйелер, көнек сабалаған саятшы жігіттер, сары аттың үстінде сазара шаншылған хан мен екі жегін торының терге малшынған су-су сауырлары елестеді. Ол үшін дүние осы бір өзара еш байланысы жоқ үзік-үзік көріністермен шектелетін сияқты. Уфаны, воевада Бутурлиннің үйінде емес тостағанға құйып ішкен Сібір арағы мен тұздалған қозықұйрықты көз алдына елестеткісі келіп еді, одан ештеңе шықпады. Бірауық астананы көз алдына елестеткісі келіп еді, одан да ештеңе шықпады. Күнде барсаң да, құлазып тұратын Сенат залын, көлдей қағазды жайып салып, екі білегін түрініп сызу сызып жатқан Кирилловты көз алдына елестеткісі келіп еді, одан да ештеңе шықпады. Қылқан мойнына дейін түбіт орамалға оранып ап сығырая қарап отырған Андрей Остерманды көз алдына елестеткісі келіп еді, одан да ештеңе шықпады. Шалшық кешіп бара жатқан көк құтандай аннан бір, мыннан бір басатын Петр патшаны көз алдына елестеткісі келіп еді, одан да ештеңе шықпады. Өмірбақи Россияда болмағандай. Россияны құлағы естігенмен, көзі көрмегендей. Көз алдынан қайдағы бір сидиған сексеуілдер, ұйысқан шағырлар, теңкиген қу томарлар, сырп-сырп су сораптаған жырық ерін түйелер кетпей қойды.
— Анау көгеретін не болды екен?
— Теңіз ғой!
— Оттапсың, қу далаға біткен неғылған теңіз!
— Қайдағы бір сор балшық бірдеңе шығар.
Жан-жағындағы жабыр-жұбыр дыбыстан көзін ашып алып еді — анадай жерде, шынында да, кемеріне шырп-шырп соғып теңіз жатыр. Көзін қайта жұмып, қайта ашты. Екі қолымен бірдей уқалап тағы қарады. Теңіз. Күзгі салқын желмен қарын жарып, ақ жалданып жатыр. Мұрынына күңірсіген таныс иіс келді. Ерініне тұздың дәмі келді. «Шыннан да бұл теңіз... Сенбесеңдер, міне, бізге қараңдар!» — дегендей ақ жал толқындарға шүйіле құлап, қайта самғап шығып шағалалар шарқ ұрып жүр.
Неге екенін білмейді, өз-өзінен көңілденіп кетті. Бұрын хан қасындағы нөкердің әр қылығы жынына тиіп зығырданын қайнатып келе жатыр еді. Бұл жолы олардың көз ұшында қылт-қылт зымырап бара жатқан әлденені көре сап, қолдарындағы қаршығаны жалп-жалп ұшырып жайраңдап шаба жөнелгеніне де мәз болып қана келеді. Олар бес шақырымдай ұзап кетті. Өзді-өздері қиқуласып барады. Сол-ақ екен қапталдағы ақ тұмсықтың тасасынан жүзден астам салт атты сау етіп шыға кеп бұған беттеді. Бұл қасында садақ асынған он башқұрт, Бөкенбайдың мылтық асынған алты жігіті, екі Уфа казагі бар оңаша келе жатыр еді. Қалған адамдары артта қалып қойған жүктің қасында-тұғын.
— Ойбай, жүкке қарай шабыңыз. Сізді ұстап алса, бәріміз құрыдық. Ал сіз аман болсаңыз, бізге зақым жасай алмайды, — деп башқұрттар шу ете түсті.
Бұл күйменің алдына көлденең тоса берген салт атқа қарғып мініп, қасына екі казак пен бір башқұртты ертіп ап кейін шапты.
Тевкелевтің кейін қарай шауып бара жатқанын көріп қалған қазақтар аттарын борбайлатып қуа жөнелді. Күйменің қасында қалған башқұрттар оларға қапталдан тиісіп жолдарын бөгеді. Сол екі ортада Тевкелев жүкке де жетті. Жеткен бойда арбаның артында келе жатқан башқұрттарды шайқасып жатқандарға жұмсады.
Өздеріне қарай қаптағайлап шауып келе жатқан башқұрттарды көріп қап, аң қуып келе жатқан хан нөкерінің де кері бұрылғанын көріп, әлгі қапталдан тиген қазақтар Таймас Шайым ұлының қол-аяғын буып, байлап алып зытып берді.
Тевкелев төңірегіндегілер жүз қаралы салт аттының соңынан қуып барып Таймасты арашалап алып қалуға жүрегі дауаламады.
Улап-шулап қалған үлкен көш бұрқ-сарқ шырпынып жатқан көк теңізді айналып өтіп, оның күн батыс жақ қапталынан іреп кіріп жатқан қара түбекке сұғына түсті.
Қара түпке қонған хан ордасынан дауыс естім жерге елшілік жайғасты. Қара түпке қонған күні таң атпай жатып бозғыл тұман түсті. Тұманның арты жібіскі жаңбырға айналды. Еңсеңді езіп бара жатқан осы бір бұлыңғыр күн жан біткенді өз баспаналарына қуып тыққандай. Бөтен өлкенің бұрын көз көріп, құлақ естімеген жаңа бір пұшпағына кеп аяқ басқалы Тевкелевтің қасындағылардың назары тым сынық. Оның үстіне кеше жолда белгісіз салт аттылардың қапияда тиісіп Таймасты алып кеткені онсыз да май ішкендей болып жүрген жүректі одан сайын шошытып тастады. Көрер көзге бір кісіден жырып алып кете берсе, бұлардың ертең-ақ сайда саны, қырда ізі қалмай тозып кетуі мүмкін ғой. Ол жаубасарлар кім? Ондай жол торушылар алып кеткен Таймастың артынан жоқшы шығармай хан неге үн-түнсіз жатыр?.. Бәрі жұмбақ...
Тевкелевтің де ойлай-ойлай басы қатты. Ойланған сайын мынау ұшан далаға келгелі көріп жатқаны, естіп жатқаны бұрынғысынан гөрі де шым-шытырық шырғалаңға шешуі табылмас шытырман жұмбаққа айнала түседі. Бір сауалыңның ізін тауып, жауабына енді жеттім бе деп тұрғаныңда, ойда жоқта жаңағыдан да жұмбақ, жаңағыдан да шытырман жаңа бір жұмбақ килігеді де, манағыдан бергі бас қатырып ойлап отырғаныңның бәрі бос әуреге, түбіне жетіп болмас, түсініп болмас мағынасыздыққа айналып шыға келеді.
Әбілқайыр ханның бір сөзі көңіліңе болмашы үміттің әлсіз нұрын сеуіп кеткендей болады да, артынан істеген ісі әлгі айтқанына қырық қайнаса сорпасы қосылмай, онсыз да дал болып отырған басыңды одан сайын дал қылады. Хан әдейі істей ме, әлде қолы тимей ме, бірнеше күн қатарынан хабар алмай тып-тыныш жатып алады. Өстіп жатады-жатады да, бір күні салпақтатып төлеңгітін жібереді, не бұты салақтап өзі шауып келеді. Бірақ оларынан шығып жатқан еш пәтуа жоқ. Қайда басыңның бұрынғы шырғалаңы аздай, жаңа бір шырғалаң, жаңа бір жұмбақ қосып кетеді.
Әне хан ауылында тағы біреу атқа қонды. Атының басын қалай қарай бұрар екен... Шоқырақтап ауыл сыртына шықты. Қырға көтеріліп жан-жағына қарап алды. Сосын бері салды. Ал, тағы да бір жұмбақ, тағы да бір шырғалаң келе жатыр. Келсін, келсін, келмей жүр ме? Салар шырғалаңын салсын, бәрібір салмай жүр ме?
Ол ханның немере ағасы Нияз сұлтан болып шықты. Хандай емес ойқы-шойқылау қара кісі. Атқа отырғанда екі тізесі аттың алдыңғы екі тірсегін қағып келе жатады. Ерге отырысы да қолқ-қолқ. Сөйлегенде де қоңқылдап сөйлейді. Сонысынан ба, жұрт оны төре тұқымы екендігіне қарамастан басынып, қомсынып бағады. «Әй, сол Ниязды қойшы... Соның қолында не тұр дейсің. Оның айтқаны не, менің айтқаным не?» дейді. Ел ішінде елеусіз осы сұлтан аяғы салақтап ауыл аралайды да жүреді.
Міне, дүрс етіп, үй іргесіне түсе қалды. «Ассалаумағалейкүм!» деп есікті мойнына іліп алып біраз тұрады. «Әликісалам!» — демесең, кері қайтып кететін кісі құсап, кірмейді. «Әликісәлем, төрге шықты» естігесін барып қамшысы салаңдап ішке озады.
Міне, айтқанындай, есіктен бас сұқты. Міне, кеңірдегін кере созып: «Ассалаумағалейкүм!» — деді. Міне, естір жауабын естіп ішке кірді. Етігін шешпестен төрге озды. Екі құлағы салақтаған далбайын алып, ішіндегі көк барқыт телпегімен қыр мұрынды, сопақ бетін бір сыдыра сүртіп шықты.
— Ал, халдарың қалай, елші мырза? — деді сосын.
— Хал, өзің естіп жатқандай, сұлтан.
— Мен олардың кім екенін біліп отырмын. Дәуде болса шекті Сырлыбайдың жігіттері. Анадағы түндегі атыста өлетін соның немере інісі ғой. Бәрі де Жақайым шектінің Тоқбурасынан. Бердіқұлдың төрт ұлының бел балалары. Кешегі Таймасты соған өтеу қып әкетті. Көп ұзамай, тағы келеді. Өлген бауырына құн сұрайды. Көр де тұр. Тап сөйтеді. Қызылкеңірдек пәлекет мына сіздің үйдің іргесінде тұрған қызылды-жасылды дүниеден, ең болмаса, өлген бауырының борбайын сатып болса да, бос қалғысы келмейді ғой. Қой, бұл дүние шіркін жаман ғой. Оның үстіне қазір жұрттың шүберектен әбден жұтап отырған кезі. Баяғыдай базарға бара алмайтын болды. Төбенің астына апарып талапайлап әкететін керуендердің де аяғына жем түсті. Енді қайтсін. Қатын-балаңның абыройын қайтіп аңғал-саңғал ашып қоярсың. Сосын ғой, мынау, өзіңізден қалмай қуып келіп отырғаны.
— Дүние керек кісіге ақ патшаның сый-сияпатын қайтіп алу қажеттігі айтылды ғой. Жөнімен келмей ме?
— Пәтшу, — деп күлді Нияз сұлтан. — Мына заман жөніңді тыңдап тұр ма? Бұл қазақты қойсайшы. Әбілқайырдың ауылына ақ патшадан елші келгенінің өзін көре алмай, қырып бара жатқан жоқ па? Сол тулап жүргендердің өздеріне ақ патшадан елші келсінші, бетегеден биік, жусаннан аласа боп, құрдай жорғаласын. «Мен көнгенде, сендер неге көнбейсіңдер!» — деп қамшы үйіріп шыға келсін. Барлық пәле сол іштарлықта болып тұр ғой.
Қазаққа амандық-саулық сұрасқасын қалтасынан шақша суырудан басқа шаруа қала ма? Нияз да сөйтті. Енді аузына насыбай салып ап, екі ұртын бұлтылдатып шүлжіңдеп сөйледі.
— Бұл Сырлыбай — Әбілқайыржан мен мына сіздің іргеңізге жүгіртіп жатқан қара таяқтың ұшы ғана. Сабы әзір көріне қоймас. Бірақ, қашанғы шыдар дейсің. Көрінер.
«Елші мырза бұныма не дер екен?» — деп кідіріп еді, Тевкелев, қапелімде, не дейтінін де білмеді. Бұл қазақтармен сөйлесу кім-кімге де оңай болмас. Өңкей бір жұмбақ. Бірдеңенің шекесін шығарады да, «өзі не дер екен?» деп аузыңа қарайды. Үндемесең — «жә, оны қойшы» деп, басқа бір әңгімеге аунап түседі. «Әй, сол Ниязды қойшы» деп жүрген Нияздың өзі, міне, мұның көмейін білгісі кеп көлгірсіп отыр. Былайғыларынан не жөн сұрайсың?!
— Ойбүй, — деп Нияз орнынан көтеріле бастады. — Бүйтіп отырғанда әлгі бара жатқан ауылыма жарық барында жете алмаспын.
— Кімнің ауылына бара жатыр едіңіз?
— Мына Кіші Борсыққа биыл қандай ауылдар қыстайын деп жатыр екен, біле қайтайын деп едім?
— Сырлыбайлардың ауылы қай тұста?
— Олар да сол маңда шығар. Қазір баяғы Қызылқұмның ен шағылы қолды боп кетті, Кіші жүздің таласып-тармасып қыстайтыны кешегі өткен Қарақұм мен осы Борсыққұм ғой. Бұл араның да жетісіп тұрғаны шамалы. Бір жағың — түрікпен, бір жағың — қалмақ.
— Сонда Сырлыбайдың ауылына да соғасыз ба?
— Шаруа шығып жатса, соғып қайтуға болады.
— Кешегі Таймас не күйде екен, біле келмейсіз бе?
— Жарайды. Барсам, оны білмегенде не бітірем?!
— Ендеше, әлгі бізге қарсы топтың қарасы қазір қандай екен? Не істемек ойлары бар екен? Оған да құлағдар боларсыз.
— Әлбетте.
— Ой, көп-көп рақмет сұлтан. Жолыңыз болсын! Қаңқиған-саңқиған солбыр неме еріне басып есікке беттеп еді, Тевкелев табалдырықтың алдынан тағы да тоқтатты.
— Айтпақшы, сұлтан, мен осы сіздің иығыңызға ештеңе жаппаған сияқтымын. Сәл кідіре тұрыңызшы. Барып сандығын ашып, ішінен бір бума көк шұға алып шықты.
— Мынадан шапан тігіп киерсіз. Амандық болса, сыбағаңыз әлі алда. Тек осылай бізге де тілдес, құлақтас болғайсыз. Ел арасына көп жүріп-тұрасыз. Мына жұрттың ақ патшаға пиғылы қалай аунап тұр екен. Біле жүрерсіз.
— О не дегенің, мырза. Бұнсыз да жолыңызға гүл бітсін деп тілейтіннің бірі менмін. Әбілқайыржан екеуіңіздің бұл шаруаларың ақыр түбі қайырлы боп шығып жатса, маған жаман бола ма?
Сұлтанның сопақ бетіне бір шырай жүгірді.
— Апырай, орыстың шұғасы мықты болады дейтін еді. Жарықтық осы сендердің маталарыңның бояуы оңбай тұр-ау, ал мына Бұхардың шүберегі бүгін кисең, қыздың тамағындай үлбіреп тұрады да, ертеңіне көрсең — ақ айранданып шыға келеді.
— Ал, сау тұр, мырза.
— Жолың болсын, сұлтан!
«Бұл бір оңынан оралған шаруа болды», — деп ойлады Тевкелев, кімге қандай сый-сияпат тартқанын тіркейтін журналға «Нияз сұлтанға 12 сом 05 тиын» деп жазып жатып.
Нияз сұлтан келіп кеткен күннің ертеңіне қасында Әбілқайыр хан бар, Есет бар, Құдайназар мырза бар, Бөкенбай батыр келді. Тағы да түс ауғанша отырып мәслихаттасты. Тағы да әлгі Таймасты алып кеткендермен сөйлес жайы әңгіме болды. Бұл жолы да оларға ашу жұмсамай, ақыл жұмсап: «Тұтқынды қайтып беріңдер», — деп алдарынан өткен дұрыс деп шешілді. Ол шаруаға Құдайназар мырза баратын болды.
Қазақтар өздері айтқан шешімге өздері пәтуа байласып, тағы да тарап кетті. Бірақ одан Тевкелевтің көңіліндегі күдік көбейе түспесе, азайған жоқ. Бұл қазақтардың түзік жағы ылғи бітуажада жүреді де, бұзық жағы әрекетте жүреді білем. Әйтпесе, ел ұстаған хан отырып, қол бастаған батыр отырып, қайдағы бір бұта торыған бұқпа тентектерге қайрат қыла алмайды деген не сұмдық! Мына халық қызыл тілге салғанда сай-сүйегіңді, сырқырататын кемеңгер сөздерін осындай кергіме дау, керауыз бітуажаға тәрк қылып, атысып-шабысумен өтетін шығар. Бұларға бұғалықты сол бір қапталдан шеттен біреу кеп салмаса, өздері біліп жөнге көшер түрлері жоқ екен! Мынандай ұлан-асыр жерді қайдағы бір қаңғыма арда халыққа кім жайлатып қояды? Мына жағында орманның талындай балалап өсіп орыс жатыр. Мына жағында қауызына сыймай асып-төгіліп Кытай отыр.
Өздері жер-көкке сыймай жандары мұрындарының ұшында отырғанда бұлардың бұтқа толғанын, ардалығын, асаулығын қайтсін! Қыл тұзақты біреуі болмаса біреуі бәрібір әкеп салады. Бұлар қайта әлгі өздері көп айта беретін жылы-жылы сөйлегеннің қадірін білмей отыр ғой. Үндінің алтынына ындыны құрып отырған ақ патша ертең жоңғар олай-бұлай боп кетіп, қалың қытай бері ойысса, бүйтіп, «құраныңды ұстай ғой», «антыңды бере ғой», «шен-шекпеніңді ала ғой» — деп жалынып отырмас, жез зеңбіректі желкеңе шөгеріп мылтықтың дүмі мен қылыштың жүзімен сөйлесер. Бұлардың мықтылығын сонда көрерсіз. Бұлар еңкейгеннің қадірін білмейді, еңкейген сайын шалқая түседі. Кешегі көшке тиіп жүрген бұзықтарға да бекер еңкейеді. Олар онан сайын асқақтай түсетін шығар. Бұл Әбілқайыр неге бүгежектей береді. Қол астындағы халқының сырын білмей ме? Әлгі Сырлыбай, анау айтқан, ірі шонжар болмаса, онымен осынша саудаласпай-ақ, қасындағы қара тұяқтарын жауып жібермей ме? Әй, осының өзінің түбі шикі болып жүрмесін. Жұртын ақ патшаға еркімен көндіретін ойынан ештеңе шықпағасын, бұғалығынан шығып бара жатқан халқының қайткенде қайтадан көңілін табам деп жанталасып жүрген болмасын? Елшіні Уфадан алыстатып, мынау көз көрмеске алып келді. Жол-жөнекей қарақшыларына тонатып, қолдарына тұтқын апарып берді. Ертең Таймас әлен-пәлен болып кетсе, бұрынғы бұрынғы ма? Орыс елшілігімен ат құйрығы біржола үзіледі. Жұрт мынау сұмпайы елшіліктің түбіне жетуді талап етеді. Хан қол астындағы халқының дегеніне көнген болады. Одан бұл хабар сонау ақ патшаға жеткенше қашан! Оған дейін, кім бар, кім жоқ. Бұл немелердің ойлап жүргені осы болмасын!
Тевкелев өз ойынан өзі шошып орнынан атып тұрды. Сыртқа шықса — терістік беттен есек мінген кісідей етегі жер сызып Нияз сұлтан келеді. Сонадайдан ырсиып күледі. Бұның бір жоғын тауып келе жатқандай пәлденіп атынан түсті, пәлденіп тізгінін белдеуге байлады, пәлденіп шымыраулы ши есікте біраз тұрды, үйдің іші қаңырап бос тұрғасын, амандасар кісісі өзіне ілесіп келе жатқасын аңырайып ашылған ауызы сол ашулы қалпы табалдырықтан аттады. Талтаңдап төрге озды. Алшайып келіп отырды. Елшінің оң тізесіне барып отырғанын күтті. Сосын барып сөз бастады. «Жаман» десең табан астында жақсартып жіберетіндей.
— Ал, халдерің қалай? — деп қояды.
— Сол өзің көрген.
— Манағы ауылдан шыққалы аузыма насыбай салмаппын-ау! — дейді, айтқалы отырған хабарынан гөрі сол маңыздырақтай, тері шалбарының қалтасынан шақша суырып.
Алақанына төккен насыбайын бас бармағымен үгіп жатып:
— Қой, биыл Борсықтың әр бұтасының түбінде бір-бір ауыл отыр. Бұл мал дегеніңде пәтуа жоқ мақұлық екен ғой. Осыдан сегіз жыл бұрын жоңғар қырғанда қойдың өзі түгілі көлеңкесін көре алмай қалып едік. Ал, бүгін Борсықтың қай жақпылында да бықып жатқан отар. Тіл-аузым тасқа, ыңып кетіпті-ау, ыңып кетіпті. Алдағы қыс сиыр ма осы? Ол өзі бір ауызы былшыраған жайлы мал ғой. Аман болсақ, келесі көктемде, елші мырза, мына қазақтың даласында қой дегенің қоңыздай өріп кететін шығар, — деп бір қойды.
Тевкелев ішінен «қойда басың қалғыр, сенен оны кім сұрады» — деп тызалақтап отыр.
Нияз соны аңғарды ма:
— Айтпақшы, — деді. — Әлгі Сырлыбайдың ауылының да тамырын басып білдім. Бейшара Таймастың кеудесінде жаны бар демесең, әйтеуір, енді санатқа қосыла қоймас дейді. Күніне бес-алты рет барып бақыртып сабайды дейді. Итаяққа құйып ас апарады дейді. «Бұ да дінін сатқан арсыз. Көзі көк, шашы жирен, көрмейсіңдер ме? Жирен кісінің қылшығы тіл-көзден бірден-бір ем. Мынаның тұла бойынан түк қоймай бәрін жұлып алыңдар!» — деп уыстап шашын жұлады дейді. «Бұл итің сүндеттелді дейсің бе? Сүндеттелмесе, бұның сіңірін затың ұрланғанда отқа тастасаң, ұрлықшының сол бойда бар сіңірі тартылып, тобан аяқ болып қалады», — деп киімін шешіп көрсе, пақыр молданың алдын көрген екен. Жаны бір жолға қалыпты.
Мынау сарсық сұлтанның «Мың бір түннің» хиссасындай ауызының суы құрып рақаттана айтып отырған әңгімесін тыңдағанда Тевкелевтің қараптан-қарап тұла бойы тітіреп кетті.
Бұлар қанша сарсық болғанмен тыңдаушысын көз жазбай бағып отырады. Әне, қарашы, әңгімесін қалай кілт бұрды.
— Бұл ит те болса, бір кезде мұсылманшылық құрды ғой. Ал әлгі шоқыншық ноғайға бұдан да өткізіп, көзіне көк шыбынды үймелетеміз депті. Ол найсаптың тұла бойына пышақ дарытпай, инемен шаншып алып тауысамыз. Өзін тірі қойып, терісін бармақтайдан сыдырып алып түйенің қара санына жапсырамыз. Қағынды келмейтін болады. Өзінің екі көзін ойып, тілін кесіп, анау Арал теңізінің ішінде бір алапес арал дейтін арал бар. Соған апарып тастаймыз. Енін сылып алып, қасындағы бір солдаттан қатын патшаға беріп жібереміз. «Мұндай бізге емес саған керек шығар», — деп хат жазып жібереміз дейтін көрінеді. Ал, дүние-мүлкі мен қалған нөкерін талап аламыз, — деп желпініп отыр шетінен.
Бұрынғы бұрынғы ма, қазір өздері қара құрым көбейіп кетіпті. Башқұрттарды бұдан былай елші ертіп әкелмек түгілі өздері аяқ баспайтындай қып, қол жиып барып шауып аламыз деп қоқаңдайды. Құдай көрсетпесін, әлгі жаман Сырлыбайдың мұрынынан ақ сары бас құрт ыршиды. Күні кеше қазақ пен Басқалардың арасына ат қатынатпай отырған қандыбалақ неме әбден қанасына толып апты. Маған айтады: «Ағаңа айт, есі барда, елін тапсын. Әйтпесе, бір шүлжің шүршіт өлді екен деп бұл қазақтың ештеңесі кетпейді. Төре түгел қырылып қалса да, қазекеңнің қылы қисаймайды», — деді. Ол ол ғой, оның әлгі Бәби деген інісі тура жараған бурадай. Аузынан ақ көбік атады. Өлген Байқара әкесі Қожастан ерте қалып, соның қолында өсіп еді. Таймас егер соған тап болғанда, ендігі қарақұсына құзғын қонып отыратын еді. Қайта Сырлыбайға тап болып, құдай сақтаған десейші!
Ақырзаманды орнатып Нияз да жөніне тайып тұрды. Пәтшағар, осынша сұмдықты айтып отырғанда бет-ауызы бір бүлк еткен жоқ. Ертегі айтып отырған кісідей екі көзі жылт-жылт етеді.
Ол түні Тевкелев көрер таңды көзінен атқызды. Ертеңіне күні бойы хан ауылы жағынан олай қарай ешкім аяқ басқан жоқ. Қарай-қарай көзі төрт болды. Кешегі айтқан хазарларын қасындағыларға айтқан жоқ. Олар қаннен-қаперсіз. Орыс жағы «Волга, Волга матушка...» деп ыңырсып, башқұрт жағы керегенің сынған сағанағынан сырнай жонып әлек.
Күн ұясына қонуға бет алғанда хан ауылынан атқа мініп төрт-бес жігіт шықты. Тарс-тұрс шауып келді де, көк желкеге түсе қалды. Біреуі сол баяғы мысық мұрт Байбек...
— Е, елші мырза, аманшылық па... Мал-жан, бала-шаға, дені-қарын, қол-аяқ түгел аман ба? — деп жалпылдай кетті. «Барып кел, шауып келде» көп жүріп жылпылдап сөйлеп, жымия күліп үйренген әдеті болса керек. Әкең өліп отырса да, есіктен осылай масайрап аттайды.
— Ал, елші мырза, тағы да көнбейтініңізді, тағы да ашуланатыныңызды біліп тұрмын. Хан тапсырғасын, айтпай болмайды. Мынау дүние-мүлкіңізден ештеңе тастамай түгел беріп жіберсін дейді.
Тевкелевтің жүрегі зірк ете қалды. «Кешегі ойлағаның аумай-төкпей келді де қойды ғой» — дейді ішінен. Жалма-жан башқұрт билерін шақыртты. Алдарбай, Қожаш, Қадрияс, Юмаш келгесін ханның әлгі әңгімесін айтып ақылдаса бастады.
Бұны естігенде башқұрттар да үрпиісіп қалысты.
— Ой, мынауы сұмдық қой.
— Сонда енді өзі зорлық жасайын дегені ме?
— Жоқ, дүние-мүлікті беруге болмайды. Одан айырылғасын біз кімге керекпіз. Біздің айтқанымызды кім тыңдайды.
— Бермейік. Тартып ала алмас. Күш көрсетіп жатса, біз де тірі жанбыз ғой.
— Иә, бұға беруге болмайды.
м Күші тасып бара жатса, өзінің тентегі мен телісін тыйып алмай ма?..
Тевкелев ойланып қалды. Ханмен жанжалдасқанда да күні не болмақ? Одан да аңысын аңдып көргені дұрыс. Ең болмаса, Бөкенбайдың алдынан өтпей ханмен кетісуге болмайды. Жандәрмен тапқан ақылы сол болды.
— Жоқ, әзір ханмен ат құйрығын үзіспейік. Онда мынау құла дүзде басымызға қандай зобалаң туатынын кім біліп тұр. Одан да қазір оған дүние-мүлкімізді бере алмаймыз дейік. Тартып алып жатса, өзінен қалсын. Көп ұзамай Бөкенбай келуге тиісті. Сосын ханға Бөкенбайды салып көрерміз.
Хан адамдары тағы да құр қол қайтты. Бірақ, көп ұзамай тасырлаған төрт атты қайта қайтып келді. Бұл жолы хан:
— Елшіге айт, екі тай шүберегімен қабырғамды бүтіндейін деп отырған мен жоқ. Сол бір екі арбасы мына жалаңдаған жұрттың ындынын құртқан көздің құрты болды. Айтқанға көнбей ауыздығымен алысып жүрген асау топ оны бәрібір алмай тынбайды. Қолдан алмай, жолдан алғасын, оны да, мені де аямайды, екеумізді өлтіріп, қасындағы нөкерін құл қылып таратып әкетпек. Одан да, бәрібір айырылатын дүниені сол қызылкөз пәлелерге өз қолымыздан беріп, көңілдерін аулап керейік. Кім біліпті, үмітсіз сайтан деген. Тірі жүрсе, талай боқша табылар. Ал, ертең келіп әңгір таяқ ойнатар көп тентектің тақымында кетсе, дүние түгілі басымен қайғы болар, — депті.
Тевкелевке одан әрі сөз таластырып жатуға жағдай қалмады. Екі сандық, екі тай жүкті, оның ішінде өзінің киім-кешегін де түп-түгел беріп жіберді.
Көрген-білгенін көзінен тізіп жүретін журналының «19 ноябрь» деп белгі соғылған бетіне Әбілқайыр ханға сегіз жүз сексен жеті сом он бес тиынның дүниесін беріп жібергенін қолы қалтырап зорға жазды.
Ол күні елшіліктің қосында ешкім ұйықтаған жоқ. Әбілқайыр алар дүниесін алды. Енді не өзі адам жібереді, не анау өзіне қарсы боп жүргендерге хабар шаптырады. Сөйтіп, мынау елшіліктің ертеңгі таңды көрер-көрмесі белгісіз. Жұрт бір-бірінен қағаз сұрап алып хат жазды. Тевкелев мына қия шеттен Уфаға қалай хабар жіберерін білмей састы. Қасындағы нөкерінің қайсысын мына түннен қалдырмай қашырып жіберуді ойлады. Бірақ, жан-жағына құрылар тор құрылып қалған шығар. Аттап бастырар дейсің бе? Дегенмен, Қыдриясты шақырып алып, қалған нөкер ұйықтағасын, бір жүйрікті мініп, бір жүйрікті жетелеп Бөкенбайдың ауылын іздеп кетуге тапсырма берді.
Ертеңіне таңертең Тевкелев өз көзіне өзі сенбеді. Үстіндегі үйі орынында, астындағы төсегі орынында. Аяқ-қолы бәрі аман. Тек таң алдында ғана көзі ілініп, ұйқысы қанбай оянғандықтан ба, басы ғана зіп-зілдей. Дегенмен, әлі де сене алмай сыртқа шықты. Елшілік қосы орынында.
Елші бұл таңды да аман-есен көріп тұрғанына енді сенейін деді. Әлде кешегісі жәй әншейін бір көрген түс болды ма екен! Қырық күдіктің ортасында шөре-шөре үрейдің ұшып жүргенде олай да болуы мүмкін-ау!
Үйіне кіріп күнделік дәптерін алды. Жазылған парақтың ең соңғысының шекесінде «19 ноябрь» деген жазу тұр. Бүгін әлі ештеңе жазған жоқ. Сонда кеше не көріп, не қойғаны мына соңғы парақта болса керек. Тұр ғой, міне... Хан кеше бұдан сегіз жүз сексен жеті сом он бес тиынның затын әкетіпті. Демек, шындық. Демек, бүгін аман өргені, шынында да, таң қаларлық оқиға! Алайда олардың сені күндіз емес, түнде келіп шабам деп алдын ала серттесіп қойған несі бар? Анада Таймасты тал түсте-ақ әкеткен жоқ па? Күші жетсе, күндіз-түніңді не қылсын! Тал түсте-ақ салар ойрандарын салады.
Бірақ... Кешеден бері есіне келсе, не дейсің! Ол сұмпайылар елшілікке шауып не қылады! Олардың өлтірмегі бұның нөкері емес, өзі ғой. Оларға керегі — мұның артып келген дүниесі. Оны түнде алып кетті. Енді, мұның құзғын қара басы ғана қалды емес пе! Қалған башқұрттар мен орыстардың бір қылын түсірмей аман-есен күйлерінде ауыл-ауылға құл қып таратып аламыз деп жүрген көрінеді. Ендеше, олардың көрер жарығы әлі таусылған жоқ. Таусылса, тек бұның ғана жарығы таусылады. Бұл үшін тал түсте елшілікке тиіп не қылсын! Қазір хан бір төлеңгітін жіберіп, шақыртады. Алдына барғасын, аспанға асып қоя ма, бауыздап сала ма, кешегі мылжың сұлтан айтып келгендей шабақтап өлтіре ме, жоқ алапестердің арасына апартып тастай ма — өзі біледі. Әне, қазан басында тұрған тығырық бөрікті төлеңгіт хан ордаға қарай емпеңдей жөнелді. Дәу де болса, оны осында жұмсайды. Елшіні шақырып кел дейді. Әне, хан ордадан ол ұры тазыдай жылмың етіп қайта шықты. Әне, бері беттеді. Емпеңдей басады. Сонша неге асығады екен! Бірақ, ол бейбақ өзінің қандай шаруамен келе жатқанын біледі дейсің бе? Білгенде не істейді? Бар деген жерге барып, істе дегенді істеп қайтудан басқа қолынан не келеді? Жұрттың бәрі солай. Жұрттың бәрі өз дегенін істеп жүрген жоқ. Ақ патша екеш ақ патша да өз ақылымен істемей, қойынындағы Биронның айтқанын істейді деседі ғой. Ал Биронның кімнің айтқанын істеп жүргенін кім біліпті! Сонда жұрттың бәрі де әйтеуір біреудің басыбайлы төлеңгіті екен де! Ендеше, құлақкесті құлдан қандай пәтуа сұрап, қандай айып таппақсыз! Ендеше, бәріміз де мына дүниеде не істеп, не қойсақ та айыпсыз екенбіз ғой. Ендеше, ханда да айып жоқ. Ол да біреулердің айтқанын істейді. Ол біреулер де біреулердің айтқанын істейді. Сонда мынау тал түстегі қара ниет қастандықтың еш айыбы болмағаны ма? Әрине... Солай... Солай болмағанда ше... Сонда мынау адамның атынан, ханның атынан, патшаның атынан, тіпті құдайдың атынан істеліп жатқанның бәрі қылмыс болғаны ма? Сондықтан не істесең де, осыным зорлық емес пе, осыным қиянат емес пе деп қылпылдап отыруың керек екен ғой. Ол ой, ол ниет өзіңнен шыққанда зорлық-зомбылық екенін білерсің. Ал, біреуден шықса ше... Онда қайдан білесің? Онда білсең де, обал-сауабын арқалайтын басқа біреу ғой деп өзіңді-өзің алдарқатпайсың ба? Құдай біледі, мына төлеңгіт те осы тапсырманың артында бір пәле жатқанын біледі, бірақ обал-сауабын көтеретін басқа адам бар ғой деп ойлап келеді... Тап солай, әнеукүнгі жылмаңтөс төлеңгіт... Бәйбек... Жер түбінен ырсиып күліп келеді. Қазір де қасына жете беріп: «Елші мырза, хал қалай, мал-жан, қатын-бала, аяқ-қол, дені-қарын сау ма!» — дейді. Әне, сенбесең, қарап тұр. Мысық мұрт жыбыр ете түсті.
— Қайырлы күн, елші мырза, ал хал қалай? Мал-жан, қатын-бала, аяқ-қол, дені-қарын сау ма?
Амал қайсы, күліп келген ажалға күле амандасу керек шығар.
— Сау, тамыр, сау!
— Ұйқыңыз шала болған ба, бет-аузыңыз домбығып кетіпті ғой.
Бұл енді мазақтағаны. Мазақтаса, мазақтай берсін! Енді кімнің не айтып, не қойғанында не тұр!
— Сізді хан шақырып жатыр.
Айтпады ма!
— Сескенбеңіз! Елшіге бар, шақырып кел, бірге отырып тамақтансын деді!
«Сескенбеңіз» — дейді! Қандай кесепатпен келгенін біліп кеп тұр. Демек, мұны тірілей шабақтамайтын болғаны. Демек, алапестерге де апармайтын болғаны. Демек, мұның етінен ет те кесіп, алмайтын болғаны! Ол үшін тамақтанудың қажеті қанша! У беріп қатыра қоймақ қой...
— Тоқтай тұр. Қазір барам. Мына үйге кіріп шығуым керек еді.
Башқұрттар отырған үйге кірді. Бұл кіріп келгенде бәрі орындарынан түрегелді. Шамасы, мұның өңіне қарап бір сұмдықты сезген шығар. Тек ауызы қиысып бірдеңе айта алса жарар еді.
— Мені хан шақырып жатыр!
— Ойбай, ол итке тағы не керек болды екен! Кеше алар дүниесін алды емес пе!
— Бармаңыз. Жақсы пиғылмен шақыртып жатпаған шығар.
— Жібермейміз! Не көрсек те бірге көрейік!
Тевкелев жалт қарады. Мына дүниеде жүргелі бұдан ыстық, бұдан қымбат сөз естімеген секілді. Көзі жасаурап кетті.
— Дегенмен, барайын. Өлтірсе, тал түсте өлтіріп қайтеді. Жұрт көзінен жасырын, ешқандай айғақ-куәсіз де өлтіре алады емес пе!
Бірақ өзі айтып тұрғанмен, өз сөзіне өзі сенген жоқ.
— Бармай қалсам, кешегі сандықтарына бола өкпелеп келмей қалды дер. Одан да барайын. Ештеңе болмаған сияқты боп, ойнап-күліп барайын. Жаман ойласа, өз ниеті өзіне жолдас болсын. Осыншама орнықты, осыншама ақылды сөйлеп тұрғанына өзі қатты қайран қалды.
Башқұрт байғұстар сыртқа шықты. Бәйбекке еріп кетіп бара жатқан елші мырзаға қылар қайрандары болмай қала берді.
Тевкелев жолда келе жатып ханның қазір өзін қалай қарсы алатынын ойлады. Бұл кіріп барғанда жымсия күліп орнынан тұрады. Қол беріп амандасады. Оң қолына отырғызады.
Міне, хан орда да жақын қалды. Бұл жолы олар анада екі рет есігінен аттаған ат шаптырым ақ орданың тұсынан өтіп кетті. Одан арғы бүйірлі ақ боз үйге жақындай беріп Бәйбек бұған қарап:
— Елші мырза, осы арада сәл тоқтай тұрыңыз, — деді де, өзі жып беріп кіріп кетті. Біраздан соң қайта шығып, ши есікті иығына салып көтеріп тұрып:
— Кіріңіз, елші мырза, — деді.
Табалдырығына дейін жеткізіп масаты кілем төсеген ақ боз үйдің қақ төрінде бұқары пүліш бөстектің үстінде Әбілқайыр хан отыр екен. Оның үстінде ақ, сары, қызыл селдір жібектен шымылдық ұсталыпты. Ханның сол қол жағында дәл сондай жібек шымылдықтың ішінде үш ханым иін тіресе жайғасыпты. Ханға таман отырған бәйбішесі түп-түгел қызыл торғынға малынып апты. Басында алтын зерден кесте тігілген биік сәукеле киіпті. Қалған екі әйелі қызыл көйлек пен қызыл мақпал бешпет киіпті, бастарына малынтып ақ жібек жаулық тартыпты. Тевкелев қапелімде төрге оза алмай босағада бөгеліп қалды.
— Ә, елші мырза, хош келіпсіңіз, төрге шығыңыз!
Хан орынынан тұрды. Жымсия күліп қарсы ұмсынып қолын алып амандасты. Оң жағынан орын ұсынды. Өзі бұл отырғасын барып отырды. Жаңа бір сәтке абыржып қалған Тевкелев бойын лезде жиып ала қойды. Бәрі де манағы өзі ойлағанындай. Тек бұл жолы хан оны ханымдар үйіне дастарқанға шақырыпты. Ақырет алдында хан орданың бар салтанатын армансыз көріп алсын дегені болар.
— Қалай ұйықтап тұрдыңыз?
Сыр алдырғың келмесе, алдыртпайтын тұсың нағыз осы! Ал, күле сөйлеуге тырыс. Ерні құрғыры қорғасын құйғандай ауырлап кеткен бе қайткен?! Неге қимылдамайды?!
— Жаман емес. Шүкір, ұйқым дұрыс.
— Мен бүгін жайсыз жаттым ба, денем ауырлап, зорға тұрдым.
Әңгімені қашқақтата бастауын қарашы! Анадай сұмдықтың алдында кісінің аузына пәтуалы сөз түседі дейсің бе! Әншейін тек пейіл мезірет қой!
— Ас алыңыз! Мен шәйға Басқаланың қалампыр, талшын, зәнзәбілі салып дәрмектеп ішкенді жақсы көрем. Дәмі ұнамаса айтыңыз. Сізге басқа дүмшеден құйсын!
Бәсе, нағыз әңгіме енді басталған шығар. Мына шәй ақ патшаның елшісінің мына дүниеден ақырғы рет тататын атау асы боп жүрмесін...
— Ештеңе етпейді, сіздің ішкеніңізді іше берем ғой!
— Бәрекелде!
Әңгіме тағы да үзіліп қалды. Тевкелев алдына келген шыны аяққа енді қол соза бергенде:
— Осы орыстар да шәйқор жұрт білем, — деді Әбілқайыр.
— Иә, шәйді жақсы көреді.
— Сонда ғой олардың жері біздің жерімізден ыстық емес, шөлдемейді, неге ішеді?
— Тоңбасқа ішетін шығар.
Хан кеңк-кеңк күлді. Бұл да күлді. Шіркін, босағада айна болар ма еді! Бет-ауызының қалай болып отырғанын байқар еді.
— Шәй алмадыңыз ғой.
— А... Солай екен ғой.
Сыр алдырса осы арада алдырған шығар.
Шәйді аузына апарды. Сораптап жұта бастады. Бір өткір иісті қышқыл дәмі бар. Бірақ, таңдайына жағып барады. Удың да тәттісі болатын шығар. Арман тәтті ме, ажал тәтті ме деп неге айтты дейсіз! О да адамды еліктіре келетін шығар.
Хан бірдеңеге қиналып отыр. Әңгімесі шырқ айналып тамақтың төңірегінен шықпай қойды.
— Азықтарың қалай болып жатыр? Таусылып қалған жоқ па?
— Рақмет. Әзір бар.
— Енді бірер аптада Басқалаға шығарайын деп жатырмын. Астықтарың азайған шығар.
— Шүкір. Әзір жетерлік.
Тевкелевтің алдына шыны аяқ бірнеше рет келіп-кетті. Әзір аман. Бірақ, бұл үй шәйден де басқа тамақ бермес дейсің бе...
Шәйдің дастарқаны жиылды. Хан малдас құрып қақшиып отыр.
— Елші мырза, беліңіз ауырар, — деп жастық ұсынды.
— Рақмет.
Хан қыбықжықтап сөз бастады.
— Кеше жігіттерді жібергеніме ренжіп қалған жоқсыз ба? Тевкелев ханның бетіне күле қарады.
— Неге олай деп ойладыңыз?
— Қайдан білейін, бұрын қанша рет жігіт жұмсасам да, сан рет жүгіртпей ештеңе татырмайтын едіңіз.
— Әуелден қолым қатыңқылау еді. Әйелім сөй дейді, — деді Тевкелев күле тіл қатып. Әбілқайыр бұл жолы рақаттанып күлді. — Әй, сол жеңгеміз бірдеңе білетін шығар. Оныңызды байқадық. Сосын да бәрібір осы қазақтың тізгін ұстарларына бұйырмас нәрсе ғой деп, ұятты қойып алдыртып алдым. Әйтпесе, қолтығына бірдеңе кыстырып, ауыз лебін түзетіп алар кісі келген сайын сізге ат шаптырып саудаласып жатамыз ба? Оның үстіне бұл өлкеде қай кісімен қалай сөйлесу керектігіне сіз менен гөрі әзір шорқақтаусыз. Екеуміздің де илейтініміз бір терінің пұшпағы болғасын әдейі осылай істедім. Маған өңін жылытқан адам, ақ патшаға да өңін жылытқан адам. Аз-мұз сияпаны сіз таратқаныңыз не, мен таратқаным не? Бәрібір, бұл маталарды менің бәйбішемнің өрмек құрып тоқып жатпағанын біледі. Бұл жолы Тевкелев те рақаттанып күлді.
Сөйтіп отырғанда табақ келді. Тевкелевтің көңіліндегі ұры уайым тағы да қыңсылай бастады. Хан өзіне арнап салынып алдына әкеліп қойылған табақшаны қонақтың сый табағы келгенше қозғамады. Сый табақ келгесін қолын созып:
— Мәмбет мырза, сіз осы қаражоңқалау етті ұнататын сияқтысыз. Сіздің табағыңыз шұбарала болып кеткен екен, ол мына біз құсаған түздің кісісіне лайық. Табақ алмасайық, — деді.
«Бұл менің секем алып отырғанымды сезіп қойды-ау», — деп ойлады Тевкелев.
Хан табағы шынында да дәмді болады екен. Онша етқұмар емес Тевкелев өзі алдындағы табақты біраз еңсеріп тастады. Сорпадан да бөтен ештеңенің дәмін байқай қоймады.
Ортадағы айлапат дастарқан жиналған соң екі қызметші жігіт екі иір мойын жез құманмен хан екеуінің қолына шылапшын әкеп су құйды.
Олар сыртқа шығып кеткен бойда ішке басқа бір қызметшілер ұзынша емен күбіні әкеп қақ ортаға орнатты. Қасына жалтыраған дөңгелек сарытегеш пен бес-алты сары зерен әкеп қойды. Сосын барып ақ жібекке малынған бір көрікті келіншек имене кіріп, емен күбінің қасына келіп, сары тегешті тақ толтырып қымыз сапыра бастады. Үйдің ішін тәбет оятар таныс иіс жайлап ала жөнелді. Тевкелевтің жүрегі тағы да шаншып қоя берді. Сырттан тағы да сыптиған-сыптиған екі қызметші жігіт келіп, көрікті келіншек мөлтектете толтырған қысырақтың қымызын алдарына әкеп қойды. Сосын барып оң жақ босағаға бір тізерлеп отыра-отыра кетісті. Тағы да есік ашылды. Қолында домалақ бас домбыра ұстаған бір бала жігіт пен скрипкаға ұқсайтын тағы бір бүкірейген күй аспап ұстаған ақ сақалды шал кірді. Хан қымыз толы зеренді қолына ұстап:
— Елші мырза, сусын алып отырыңыз, — деді.
Сол-ақ екен ақ орданың ішін бір сай-сүйегіңді сырқыратқан зарлы әуез кернеп қоя береді. Малдасын құра жайғасқан ақ сақалды шал қолындағы күй аспабын сол жақ санына шанши қондырып, оң қолындағы жіңішке таяқпен ышқынта ыспалап бақты. Құлағыңа бұрын-соңды келе қоймаған таңсық үн болса да, ет жүрегіңді елжіретіп, өн бойыңды алып барады. Қараптан қарап жүйкең талмаурап, жүрегіңнің басы қабынып ісіне түскендей. Көзіңнің маңы жыбырлап қоя бергендей мынау, апырау, азаның сазы ғой. Мынандай сәнді дастарқаннан кейін мынандай ықылық атқан өксік күйді бекерден-бекер тартқызып отыр дейсің бе? Шамасы, мынау бал татыған сары қымызға анау шұбалаң жең келіншектің қолынан не тамып, не төгіліп кеткенін кім біліпті. Әлде мана сырлы зеренді әкеп қойғанда түбіне бірдеңе сала келді ме екен? Тевкелев босағада жер тізерлеп отырған екі қызметші жігітке қарады. Олар күйге ұйып қалғандай қыбыр етер емес. Қымыз сапырып отырған ақ келіншекке қарап еді, сыр алдыра қояр түрі көрінбейді. Бұлтиған етті ерінінің бір қиығын қымқыра тістеп қырын қарап кетіпті. Баяғы сол именшек қалпы. Ханнан, бейтаныс қонақтан ұялып отырғанын, бір шыпалы істі іші сезіп қысылып отырғанын түсініп көр. Ақсақалды кәрі күйші жалбыр қабағын түгел жауып жіберіп қыл ішектен шығып жатқан ызғырық сазды шекелей тыңдап мүлгіген де қалған. Домбырашы жігіт сарнаған қыл інектің бойымен бүйе жорғалап бара жатқандай одырая қарап отыр. Ақ сұр шал оң қолындағы қыл таяқшаны ышқына ыспалап, қыл шекті бармағымен қағып-қағып қалып күйін бітірді.
— Мына кісі қобызшы Қойсары деген кісі, — деді хан. Қобызшы шал сый қонаққа қарап оң қолымен көкірегін басып тағзым етті. Әбілқайыр:
— Рақмет, — дегендей басын изеп әңгімесін жалғастырды. — Әлгі тартқан Қорқыт сазы дейтін күй. Қорқыт деген ертеректе өткен әулие кісі екен. Моласы мынау Сырдарияның бойында. Көш жөнекей талай көріп жүрміз. Дария беттен жел шыққанда жар басындағы жаңғыз мола әлгі қобыздың сазындай зарлы үн шығарып, сарнап қоя береді. Жарықтық жасы ұлғайған шағында ажалдан қорқып шартарапты түгел шарлап шығыпты. Қайда барса да — алдынан тұқшыңдап жер қазып жатқан адамдарға жолығыпты. «Ау, кімсіңдер?» — дейді Қорқыт. «Қабыршылармыз», — дейді әлгі мүскіндер. «Не істеп жатырсыңдар?» — деп сұрайды Қорқыт. «Қорқыт деген біреудің көрін қазып жатырмыз», — дейді. Содан Қорқыт ажалдан қашып құтылам деген дәмесінен біржола күдер үзіп, мынау өткінші дүниенің опасыздығына налып, қарағайдан ойып, сыртын түйенің көнімен қаптап, шегіне жылқының қылын тағып осы қыл қобызды жасап, әлгі бір сазды шалған екен. Біздің қазақтардың қиыны кеткен қыңыр іске тап болғанда «Қайда барсаң да — Қорқыттың көрі» дейтіні сондықтан. Ажал айтып келе ме! Айтып келмейтін ажалдан қайда қашып құтыла аларсың. Мәмбет мырза, қымыз алмадыңыз ғой. Алсаңызшы, нағыз бабында тұр екен.
Тевкелев аңырайып қарап қалыпты. Ханның мына сөзі дәу де болса тұспал әңгіме! «Келіп тұрған ажалдан қашқанмен құтыла алмайсың. Онан да алдыңдағы зеренді таусып, кереңді іш», — дегені шығар. Маңдайы шып-шып терлеп қоя бергендей болды. Үй толы жан бұның ауызына қарап қалғандай. Тевкелев қанша сабырлы болам дегенмен сол арада бір сыр алдырған сияқты. Алдындағы зеренге қинала көз салып:
— Тамаша күй, тамаша аңыз екен! — деді шалдың өнеріне риза болғансып дауысын соза сөйлеп. Қолындағы зеренді әрең көтергендей, жайлап ерініне апарды. Әлі ақырып аши қоймаған бабындағы қымыз. Таңдайында майша еріп сіңіп барады. Кері қайтарсам, «ішуге қорқып отыр» деп ойлар деп, бүйірлі зеренді бөксеріп барып тоқтады.
Сол-ақ екен манадан бері кезек тосып отырған домбырашы жігіт безілдете жөнелді. Бұл жаңағыдай емес бір ойнақы саз. Әлгінде ғана санаңды шамырықтырып, денеңді салқындатқан самарқау сезімді қуып шыққысы келгендей дедектетіп алып барады. Көктемнің нөсеріндей тасыр-тұсыр төгіп жатыр. Асыр салып ойнаған тай-құлындай тапыр-тұпыр дүрлігіп, көңіліңді еліктіріп барады. Арқаң, қас-қабағың, маңдайың еріксіз жазылып барады. Манадан бергі уайымың да ұмыт болғандай. Имеңдеген қара жігіт бауырындағы қара домбыраның асты-үстіне түсіп, емініп өліп барады. Найза ұстауға жаралған көшқұлаш ұзын қолы жыландай ирелеңдеп сілтеп отыр, сілтеп отыр. Күйші жігіттің маңдайына шып-шып тер шығыпты. Екі бетінің ұшына албырап қан ойнапты. Манағы жасқаншақтау тұнжыр көзі жарқ-жұрқ от шашады. Қашқан құландай зулай аққан екпінді күй бірер бет арғып-қарғып барып басылды.
— Ой, пәлі! Жарайсың, — деді хан күйшіні мақтап.
— Рақмет. Көңілді күй екен, — деді мейман.
Мейман жүруге ыңғайланды. Хан ере түрегелді.
Біраз жерге дейін өзі жаяу шығарып салды. Елшіліктегі адамдар да ол қашан шығар екен деп абыржып тұрса керек. Бәрі сексиіп-сексиіп сыртқа шығыпты. Хан екеуінің күле қоштасқандарын көріп, олар да тістері жарқылдап бір-біріне бірдеңе десіп жатты. Тевкелевтің мойынынан таң атқалы бері зілдей боп басып келе жатқан қара тас сусып түсіп қалғандай болды.
Қосына қарай шалқақ басып, сергек адымдап келеді.
Ол күні Әбілқайырдың мойынынан да бір ауыр жүк түскендей болды. Басында ақ патшаның елшісі кешегі қылығыма өкпелеп қалды ма деп, ренішін басқалы шақырып еді. Сол үшін де дастарқанын Бопай ханымның отауында жайдырған-ды. Біраздан бері жат жерде, от басының қызуын көрмей, қоңторғайсып жүрген немеге дәм татырып, пейіл көрсетіп, көңілінің құрыс-тырысын жазып жіберейін деп ойлаған-ды. Тевкелевтің бұл келісі Әбілқайырдың ойлағанынан гөрі де орындырақ болып шықты. Оны хан елшінің дәм үстіндегі қылығынан байқады. «Осынын өзі бірдеңеден сескеніп отырған жоқ па!» — деп ойлап еді, келе-келе көзі айқын жете түсті. Ет пен сорпаның тұсында елшінің көгілдір көзі қараптан-қарап лайытып қоя берді. Ал қымыздың тұсында: «Біткен жерім осы екен!» деп зәре құты қалмағаны бірден белгілі болды. Ол кезде Әбілқайыр алдыңғы тағамдардың тұсындағыдай көңіл басытқы әңгіме де айтпады. Қайта сол жанынан түңіле түссін деді. Қобызшы шалды шақырғаны да дұрыс бопты. Онсыз да иненің ұшында отырған неменің төбе құйқасын шымырлатайын деп Қорқыт жайлы аңызды әдейі айтты. Домбырашы бала тартқан шалқыманы тыңдағанда байғұс өлген әкесі тіріліп келгендей есі қалмады. Дүниеде ол тап бүгінгідей, бұл үйден аман шыққанындай қатты қуанып көрген жоқ шығар. Ендеше, ол әлі де талай нәрсені қуантқан да ешкім жоқ. Ендеше, ол әлі де талай нәрсені ұмытқанмен тап бүгінгі күнді, тап Әбілқайырды ұмыта алмас. Бүгін ол дүниеге қайта туғандай болған шығар. Бұған керегі де осы еді!
Анада ақ патшаның алдындағы еңбегіңді алдыңнан қайтарамын деген күні-ақ орыс елшісін басыбайлы өз жағына шығарып алуды ойлаған-ды. Ол үшін әлі де аспанға түкіріп отырған асау елшінің асқақтаған көңілін баса түсу керек болды. Ол мақсатына сол жақта жүріп те жете алатын еді. Күн батса болды, шырқ айнала қамап, таң атқанша көрер таңды көзімен атқыздыратын барымташылардың өзі-ақ ақ патшаның адамдарының әу бастағы аптыққан көңілін басып, көкіректерін жердей қып жентектей бастап еді. Біраздан бері тонап алар керуен таба алмай, бір-біріне шабуға онсыз да жоңғардың қыспағында отырғанда құдайдан ұялып, көрші қарақалпақ, қалмақ, естектерге найза шошаңдатуға да жолдары жабылып, қолдары қышып отырған жаубасарларға қызылды-жасыл дүние малмен құдай айдап келе қалған жат жерлік елші нағыз іздегенге сұраған еді. Оны сөйтіп біраз төмпештетіп, қашан әке-көке дегенше, айтқаныңды істейін дегенше, оң қабақ танытпай отырып алуға болар еді, парықсыз бөрі басарлар жазым жасап алып, ақ патшаның алдында қараптан-қарап құныкер болып қалам ба деп бір қорықса, елшінің төмпеш жегенінен гөрі бұның төмпеш жегенін көбірек тілеп отырған өзге сұлтандар оны «мынау күн бермей отырған бұзақы» ұлыстан өздерінің «маңдайларын шыбынға шерткізбейтін», «бейбіт», «тәртіпті» ұлыстарына көшіріп әкетіп, екі ортада өзін сазға отырғызып кете ме деп екі қорықты. Әсіресе, Бәби бидің ақикөз жігіттері боздақтарынан айырылатын әнебір кесір түннен кейін тіпті зәре-құты қалмады. Тентек бидің қара сойылдарының тым-тырыс жатып алғанынан қорықты. «Өзіне салғанда қылышын жалаңдатып, ертесіне-ақ жетіп келер еді, тым-тырыс бола қалғанына қарағанда, бұдан да өткен бір сұмдықты құлағына құйып жатқан әзәзіл біреу бар шығар», — деп сескенді. Бәрінен де, мынау қанды оқиғаны пайдаланып Жәдік тұқымы елшіні «бұл Әбілқайыр саған қазақты көндіріп бермек түгілі, қара басыңның амандығына қамқор бола алмайды» — деп азғырып жүре ме деп қорықты. Сондықтан да мынау кілең қорқаудың ортасындағы жаңғыз қорғаушы өзі болып көрінуге тырысты. «Нендей қатер көрсе де, ақ патшаның жолында басын пидаға шалып, оның ақжолтай елшісін қорғаған болып, бір күні түнде үдере көшіп, мынау шалғай өлкеге жылысып кетті. Жылдағы қыстауларына қонбай, бір жағын теңіз, қалған жағын қалмақ, түрікпен, хиуалықтар қоршап алған мына бір түпкірге жетіп ірге басты. Бұл араға Жәдік тұқымы өкшелеп келе алмайды. Бұрынғы қыстауына қонбай, бұның соңынан ере көшкен Батыр сұлтанның бір өзіне бұл бәрібір дес бермейді. Ол неменің бұған әзір жасаған қастығының түрі — анада Сырлыбайдың жігіттеріне көш жөнекей Таймасты тартып алып қашқызғаны. Қайта онысына да шүкір. Егер оны Бәби алып кеткен болса, Таймастың бұл күнге дейін тірі жетер-жетпесі неғайбыл еді. Өз бауыры үшін қан төккен Бәбиді ешбір қазақ жазғыра алмас еді. Ақ патшаның алдында да, алаштың алдында да бұл қарабет боп қалар еді. Құдай бір оңдағанда, Батырға ондай ақыл бермепті. Ал, Сырлыбай қанша ағайынға жан тартқанмен де ақ патшаның алдында, бұның алдында да қолын қандап құныкер бола алмасы хақ. Бір жағынан, інісі өлгенде бой көрсетіп шыққан жалғыз бауыры боп Бәбиді алдарқатса, екінші жағынан, ақ патшаның елшісі мен Әбілқайырды аз күнге болса да, бас игізіп кіріптар қып алдына әкеп, ел-жұрттың алдында абыройын асырып алмақшы. Өткендегі Нияздың барып қайтқан сапарынан бұның ұққаны сол. Егер жылы-жылы сөйлесе, інінен шыққысы кеп басын қылтитып отырған нағыз сұр жылан сол Сырлыбай. Бірақ, оған оның икемі жеткенмен мынау орыс елшісінің икемі жете қоймасына күмәнданғасын Бөкенбай мен Құдайназарды шақырып ақылдасып еді, олар Тевкелевтің алдынан тағы да бір өтіп алғанды жөн көрді.
Таймасты мәмлегерлік жолмен босатып алуға күш салатындарын, бірақ ол үшін елшінің өз тарапынан да ықлас керектігін қанша сездіріп баққанмен, ол баяғы «бәрі өздеріне байланысты», «мен тек қол жайып келгендермен ғана сөйлесемін» деген үйреншікті әніне басты. Елшіден шыққан соң Бөкенбай, Құдайназар үшеуі тағы да ақылдасып, патшаның қазақ шонжарларына жіберген сый-сияпатын өз қолдарына түсіріп алмай тұрып, ру басыларымен жасалатын келіссөздерінен еш нәтиже шықпасына көздері жетті. Құдайназар шектілердің ауылына барып қайтқанша бұл елшідегі дүние-мүлікті өз қолына алып алуға уәде берді. Елшінің барып шағым айта алар кісісі — Бөкенбай. Ол елшіге мұндай озбырлық жасаудан басқа жол қалмағанын айтып түсіндіреді. Түсінбесе, жартылай тұтқынға айналып болған елші бұлардың тұтамынан енді қайда қашып құтыла алады. Астарындағы көлік талапайға түсіп, әр қазақтың алдында кетті. Қолындағы мүлік бұлардың қарауына көшеді. Сонда елшің қанша асау болғанда да ноқталы тайлақтай жетелеген жағына еріп жүре бермей ме!
Үшеуінің келіскен пәтуасы сол болған-ды. Сөйтсе, сол есептері дұрыс боп шықты. Тевкелев бұған сенбейді ғана емес, қорқады да екен. Жылдағы жерін қыстағанда оның ендігі Жәдік тұқымының жағына шығып кетуі әбден мүмкін еді. Ал, мына арада оның Бөкенбай мен Құдайназардан басқа барар жер, басар тауы қалмайды. Ол бұдан қорыққан сайын Бөкенбай мен Құдайназарға бауыр баса түседі, ал оларға бауыр басқан сайын бұған тәуелді бола түседі.
Тевкелев елшілігінің тізгіні өз қолына біржола өткеніне Әбілқайырдың тек бүгін ғана көзі жетіп отыр. Енді тек «Іске сәт!» де! Құдайназар осыдан шектілерден бірдеңе шығарып келсін де! Таймастың басына бостандық алып бере алса, патша елшілігінің алдында бетіндегі шіркеуінен құтылып, қалған қазақтардың алдында абыройы бір көтеріліп қалар еді. Жалына қол апартпай кеткен қиқар топ та басын сеңге ұрған балықтай бір мәңгіріп қалар еді.
Құдай оңдағанда, Құдайназар ол жақта көп кідірмеді. Бір күні қасына Дәумбай би бастаған отыз ақсақалды ертіп жетіп келді. Әбілқайыр ол күні баяғы Аңырақайдағысынан кем қуанбаған шығар. Бірақ жылт-жылт сығалап отырған сыншы көздерге сыр алдырғысы келмей, үйреншікті сұп-сұр қалпына түсіп алды.
Дәуімбай би нарт қызыл жүзі одан сайын албырап, көкірегіне түскен ұзын сақалын оң қолымен салалай отырып сөз бастады. «Баяғыдан бері талай қиында қасынан табылып жүріп, мына бір тосын оқиғаның тұсында сырмінез емес елді тосырқады ма, әлде елшіні тосырқады ма, жоқ жаманды-жақсылы басы бостан өмірді қимады ма, қабырғаларымен көп кеңесіп, ұзақ уақыт толқып жүріп алғандарына кешірім сұрады. Бірақ, бәрібір мына заман жұт жылдың қысындай арқаңнан аяздай қысып, ық іздемесіңе, пана іздемесіңе қоятын түрі жоқ. Әр ру, әр ата бөлек-бөлек қамсау іздеп не қарқ қылар дейсің. Одан да, біздің тапқан панамыз өзіңсің. Кіммен одақ болам, кімнен ық дәметем десең өзің біл, біздің ештенеге анық көзіміз жетіп тұрған жоқ, не де болса, етегіңнен ұстадық, ендігі обал-сауабымызды арқалайтын бір өзіңсің деуге келдік», — деді.
Әбілқайыр мына сөзді естігенде қатты қозғалып кетті. Көзінің астына лып ете қалған ащы жасты сырт айнала беріп ішіне жұтты. Сосын біраз отырыңқырап, өзіне-өзі келгесін барып тіл қатты.
— Дәке, рақмет. Әуелден де ақсақал едіңіз. Ақсақалдығыңызды істедіңіз. У ішсең руыңмен деген ғой. Енді адассақ та, жөн тапсақ та күллі жұртымыз боп қимылдамасақ, қараптан-қарап арам қататын уақытқа кез келдік. Мықты түгілі өзіміз секілді дегелшіктердің өзі сырт айналып сөйлеспейтінді шығарды. Әйтпесе, анау башқұрттар екі жылдан бері екі көздерін төрт қылып елге жібермей ұстап отырған бір-бір боздақтарыңды баяғы заман болса, ендігі не сөздің, не қарудың күшімен босатып алар едік қой. Қазір олар: «Біз ақ патшаның боданымыз. Бізге жасаған зорлықтарың ақ патшаға істеген қиянаттарың. Өзіне қиянат жасаған қай халықпен қалай сөйлесу керек екенін біз білмейміз, ақ патша біледі», — деп бет бақтырмай отырып алды емес пе! Енді мынау шаруадан бірдеңе шықса, ең болмаса, сол жігіттерімізді дау-далбасыз босатып аламыз ғой. Бостанбыз, бостанбыз дейміз, анау ел ардақтап садақа сұрап жүрген қайыршы да, бостанмын деп ойлайды. Қай сайдың бойында арам қататынын білмей отырған оның бостандығында тұрған не пәтуа бар? Ойлап қарасам, біздің тіршілігіміздің де пәтуасы азайып барады. Қай жағыма қарасам да, бір-бір мықтыға арқа сүйеп алған бір-бір жұрт. Асық ойнағанда «ағама айтам» деп әлім-жеттік жасайтын аусар бала сияқты. Сенің ғана ағаң жоқ, сенің ғана арқа сүйерің жоқ. Әрқайсысы бір-бір жылы баспанаға басын тығып ап қызара бөртіп отырған өңшең бір жайбарақат жұрттың ортасында жел өтінде сирағы қызарып, панасыз қалған қайыршыдай қаңғырып жүрген тек бізбіз. Өйтіп кім көрінгенге көз түрткі қылып қойған бостандықтың да дәурені қашанға барар дейсің, ең болмаса, өзіміз құралпылардан таяқ жегізе қоймайтын қамқоры бар бодан болғанды жөн көрдім. Обал-сауаптарыңды маған артсаңдар, менің айтарым сол. Ақ патшаның қай уақытта қайтіп жарылқайтынын әзір өзім де біліп отырған жоқпын. Ал, әйтеуір, башқұрттағы балаларыңның мына елші Уфаға қалай аман-есен жетсе, солай бостандық алатынына сенімім кәміл, — деді.
— Ой, рақмет! Аузыңа май! Сол айналайындарды бір көргенімізден артық не жақсылық керек! — деп манадан бері үнсіз отырған былайғы шалдар да бір қозғалақтап қалды.
Әбілқайыр орнынан тұрып:
— Мынау ақ патшаның қазақтың өздерің сияқты игі жақсыларына жіберген сый-сияпаты көрінеді. Шамасы ықыласым жерде қала қоймас деп ойлаған болар, — деп әрқайсысының алдына кешегі Тевкелевтен алынған дүниенің шетінен бір-бір шекпендік мата тастады. — Енді мына Құдайназар елшіге ертіп барар. Ықылас-пейілдеріңізді оған өз ауыздарыңнан айтарсыздар.
Үй толы билер ханға рақмет айтып орындарынан көтерілді. Орданың іргесінен қауқылдасып атқа қонып жатқан отыз бидің даусы ханға пейіштің үніндей естіліп, құлағына майдай жағып барады. Кейіндеп шыққан Құдайназарға:
— Әлгі шоқыншыққа оңашалап айт. Бұларды жақсы қабылдап, жылы сөйлессін. Сірескен көк мұзға алғаш қызыл су жүгіртетін осылар болады де, — деп жіберді.
Ол неменің де миына бірдеңе барайын десе керек. Отыз биді құшақ жая қарсы алып, әрқайсысына бір-бір шапандық мата ұстатып, маңдайларын құранға тигізіп, ант қағазға қолдарын қойғызып апты. Аузына құдай салды ма, кім білсін оларға: «Ертең тағы да осында кеп, түстік жеп кетіңдер. Кең отырып сөйлесейік», — депті.
Ертеңіне бұл қасына Бөкенбайды, Құдайназарды, жаңадан ант берген отыз биді ертіп, Тевкелевке қонаққа барды.
Елшінің ат шаптырым ақ боз үйінің қақ ортасына көл-көсір дастарқан жайыпты. Дастарқанда түз қазақтары көре бермейтін башқұрттың сары балы, татардың сүт қосып, қаймақ қосып, қант қосып, пісірген небір қытырлақ тәтті наны, орыстың ақ тоқашы, сыртынан қарасаң су тас секілді қап-қатты, аузыңа салсаң болды, өзінен-өзі шырын боп еріп жүре беретін небір тәттілері жал-жал боп үйіліп жатыр.
Бір башқұрт алабажақ жайпақ табаққа салып көк мұздай боп сіресе қатқан семіз еділбай қойдың құйрығындай төңкерілген бас қант әкелгенде жұрт тіпті қайран қалды.
— Мынаның бәрі қант па?
— Енді не деп едің?
— Сонда бұны қайтіп жейміз?
— Жан-жағынан жата қалып жарысып жалаймыз.
— Мынауыңды бүкіл бір ауыл бір қыс жалап тауыса алмас.
Қазақтарды таңғалдыра түскісі келгендей елші сандығының түбіндегі бар таңсық асын шығарып бағыпты. Дүр тасындай қап-қатты, сап-сары науат, кептірген жеміс, тұздаған балық, жемістен қайнатқан неше түрлі қақтар, қатты, қоймалжың, шұбатылған сан қилы тәттілер үсті-үстіне шығып жатыр.
Үйдің ішін жұпар атқан иран бақтың ішінде жүргендей бір әдемі хош иіс жайлап барады. Сол иістің өзі-ақ талай қазақтың көңілінің құрыс-тырысын жазып, дендерін жая түсті.
— Жарықтық мынау әлгі ақ құйрық шәйдің исі ғой!
— Бұл орысыңда да не жоқтың бәрі бар екен-ау.
Әбілқайырдың құдайы беріп отыр. Жан-жағындағы қауқылдасқан мақтау әңгімеге бір ауыз сөз қыстырмай, масаттанып мұртынан күліп отыр. Мынау ажырықты жерге тап болған аш жылқыдай естері кете қаужаңдасып жатқан қазақтарға «Қап, бәлем, қалай екен!» — дегендей көзінің астымен қыдырта қарап қояды. Ара-арасында елші жаққа көзін тастап, оның екі езуі екі құлағына жетіп мәз болып отырғанын көріп: «Бұлар дегенің, міне, осындай ғой. Баяғыдан бері неге қақсап жүр дейсің», — дегендей белін жазып, иығын тіктеп, «а құдая» деп алақанымен бет-аузын сипап қояды. Тәуба, тәуба... Тек осы бағытыңнан жазба! Мына дастарқанды қазір отырған отыз ауыз отыз есе асыра мақтап, отыз есе асыра сырлап, аңыз қылып айта кетеді ғой. Қазақтың тізгіні қашан да қаңқу сөздің қолында емес пе! Баяғыдан бері қабағың осылай жазылып, қолың осылай ашылғанда ғой, ендігі мына отырған майтымақтардың талай жүзі алдыңнан өткен болар еді.
Жаңадан ант берген билердің Тевкелевтің дастарқанына риза болғаны сонша, Дәуімбай би жүріп бара жатып, елшінің қолын қайта-қайта қысып:
— Таймастың жағдайын уайымдама. Барғасын Сырлыбаймен дұрыстап сөйлесетін шығармыз, іншәлле құлақ асар, босатар, босаттырармыз, — деп кетті.
Содан-ақ, Тевкелев арқасын тамға сүйегендей болып, жоқтан өзге нәрсеге шықылықтап күле бастады. Дәу де болса, бұл отыз, кешегі Құдайназар айтқандай ертең алдына келіп, жүгініп отырып, құранды маңдайына тигізіп, ала қағазға не мөрін, не бармағын басып, азды-көпті алапа алып аттанатын талай майтымақтың басы екеніне оның да түсінген түрі бар. Башқұрттарды жиып алып:
— Сендер тіл білесіңдер ғой. Маңайдағы ауылдарға барып, аңыстарын аңдап қайтсаңдаршы, — деді. Ырғай мойын, селеу шаш Сергей Костюков Юмашқа:
— Мені де ерте кетші, — деп жата қалып жабысты.
Юмаш ол ерең-серең немені ерткісі келмеді. Қай ауылға апарса да, жұрттың көзі бірден соған түсіп, қолдарын шошайтып күлетінін білді. Жоғалған тайлақ құсаған неме жәйіне қарап жүрмейді. Не болса, соны сұрап мазасын алады. Қасындағы Сидор Цапаевтың шақшадай басын шарадай қылып бітіп, енді Юмашқа жабысып отыр. Мына пәледен қалай құтыларын білмеген Юмаш елшіге барды. Артынан мойыны сорайып Костюков та жетті.
— Алексей Иванович, әбден ішім пысты. Мен бұл жаққа қазақтарды көрем, тұрмыс-салттарын зерттеймін деп келгенмін. Сіз болсаңыз, үйден шығармай жатқыздыңыз да қойдыңыз.
Елші мынандай сартабай даудан сасайын деді.
— Әзір орыс адамдарының ешқайда шықпағаны дұрыс. Жаман айтпай жақсы жоқ. Анадағы Таймас құсатып алып кетіп жүрсе, артының немен тынарын кім біліпті.
— Жоқ, қазақтар Таймасты анадағы өлген жігіті үшін ұстап отырған жоқ па? Біз одан басқа ешкімге жазым салған емеспіз. Ал, егер құн даулайтын болса, баяғы нағашы атамның құны қайтарусыз. Соны естеріне салсаңыз, билер өзі-ақ жым болады.
— Ол марқұм да осы пұшмайшылығынан қазақтардың көзіне түсіп қалыпты деп еді. Сен де сол нағашы атаңның жолын қуып жүрмесең.
— Онда патша алдында сізге сөз келмейтіндей қып, қолхат беріп кетейін...
Қаршадайынан Тобыл әкімінің қасындағы азғантай орыс оқығандарының ортасында өскен бір жағы швед, бір жағы поляк, бір жағы орыс шата неме әншейінде аяқ-қолына әзер ие боп, ерең-серең қимылдайтын икемсіз неме сөзге келгенде есесін жібере қоймайтын түрі бар екен. Қапелімде Тевкелев оған қандай жауап берерін білмеді.
— Жарайды, ала кет! — деді Юмашқа.
Юмаш оған:
— Жүр, — деді көзін алартып.
Әлгінде елшінің алдында тілімен тас сындырып тұрған пысық неме сыртқа шыққасын, қабағынан қар жауып түксиіп алған Юмаштың пысы басты ма, қайтадан болбырап сала берді. Атын ерттей алмай бір шәй ішім уақыт жіберді. Іші пысып кеткен Юмаш өзі ерттеп берді. Сосын: «Не болсаң, о бол!» — деп атына қарғып мініп, шоқырақтай ала жөнелді. Артында ат үстінен ауып түсе жаздап, қомпаң-қомпаң етіп Костюков кетіп бара жатты.
Көптен бері езулерін жиырмаған елшілік адамдары ішек-сілелері қатқанша күліп мәз болысты.
Борсықтың қалыңына әлі бойламай тұрып күнгей жақ шетіндегі жайпуат шағылдардың арасындағы бір шұқыр ойда отырған ауылдың үстерінен шықты. Анадайдан ауыл көрінгесін-ақ екеуі бір шағылдың тасасына барып киім алмастырды. Юмаш Костюковтың басындағы былғары тысты құлақшынды өзі алып, оған басындағы екі құлағы шұбалған түлкі бөркін кигізді, үстіндегі қара тонын өзі алып, оған өзінің томар бояуға боялған сары тонын кигізді. Енді желкілдеген селеу шашы жалпылдаған түлкі тымақтың астына кіргесін қыр мұрын, қой көз, ырғай мойын, ерең-серең ұзын жігіттің қапелімде орыс екенін аңғара қою қиын еді. Сонда да екеуі қорқа басып ауыл шетіне келіп кірді. Шеткергі үйдің тұсына тоқтап, Юмаш:
— Хабарласқандай кім бар? — деп дауыстады.
— Кім болсаң де есік ашық, кіре бер! — деді іштен бір күңкілдек дауыс.
Екеуі аттарын тұсап, қаңтарып, есіктен бас сұқты. Үйдің іші бықсыған түтін екен.
— Төрлеңдер, — деді түтіннің ішінен біреу.
Юмаш төрге озды. Оның қасына барып Костюков ерең-серең аяғын әзер жиып тізе бүкті.
— Бұл кімнің ауылы? — деп сұрады Юмаш.
— Бұл — масқар Телебай сақаудың ауылы.
— Ал өзіңіз кімсіңіз?
— Мен — бұл ауылдың табан нәсілінен емес, кірмемін. Зердебай зергер деген кісі болам.
— Ендеше бұл ауылда неғып жүрсіз?
— Біздің шаруамыздың сиқы — мынау қара керік.
Осыдан басқа қырға жабар қойымыз, көлге жабар жылқымыз жоқ. Қолыңды қарап отырғызбайтын жер болса, бірге көшіп жүре береміз. Биыл мына алаша Байсау би сары жетім арғынға қыз ұзатам деп ала жаздай қасында ұстады. Соның қызына ерткен көшін көріп, енді мынау Төлебай сақау қасына көшіріп алып отыр. Оның бір қызына мына кіші шектідегі Мойнақ батыр құда түсіп жүрген. Аманшылық болса, келесі жазда ел жайлауға шыға той жасамақ түрлері бар. Соған қызымның жасауын жасаулас дейді. Қызды жасаулағанда көк ала жылқыны жауып жіберіп, Хиуа, Бұқар, Сайрамның базарын бір өзің көтеріп әкетер баяғы заман жоқ. Қазір қанша бай болсаң да, біз құсаған ауыл арасының күлді-көмеш ісмерлеріне күнің түсетін кез. Би қызыма алты қанат ақ отаудың сүйегін жасап, тұсап, ішін жасаулап бер, алтын, күмістен білезік, сырға, алқа соғып бер дейді. Соған, міне, күн жаумай су болып, үйдің ішін түтіндетіп отырғанымыз.
Костюковтың екі көзі зергерде, қозының қарынындай кішкене көріктің ауызында, лып-лып жанып жатқан сексеуілдің шоғында, шоқ үстінде жылт-жылт балқып жатқан күміс құюлы кішкене бақырашта, жылқының тобығыңдай томпиған төс пен кішкентай ағаш балғада.
Сол екі ортада ауыл шетінен әлдене шу ете қалды. Ауыл-үйдің иті, бала-шағасы, қатын-қалашы айқайлап-ұйқайлап солай қарай жүгірді.
— Не боп қалды? — деп сұрады Юмаш ұстадан.
— Бидің Жәдік деген үлкен баласы былтыр жазда Уфаға базаршылап барып жүргенде, баяғыда бізге барымта жасағансың деп башқұрттар ұстап қалған. Ол әлі сол жақта жатыр. Артындағы әйелі екіқабат еді. Сол пақыр бес күн бойы толғатып ақ бағанға асылулы тұр.
Ауыл арасының бақсы-құшынаштарының ем-домынан ештеңе шықпады. Содан мынау Батыр сұлтанның ұлысына біреулер Хиуадан дейді, біреулер Бұқардан дейді, біреулер Ғираттан дейді, әйтеуір жеті жұрттың тілін білетін бір ғұлама келіп жүрген көрінеді. Ауру кісіге зікір салады, бала пішетін, кітап ашатын, бал жоритын — әйтеуір қолынан келмейтіні жоқ кісі деседі. Осы төңіректегі ғұзырлы, құсалы кісінің бәрі солай қарай ағылып жатыр. Батыр сұлтанның үйінен аттап шықпайды деседі. Төлебай би үш күн қатарынан ат шаптырып алдыра алмаған. Талай жұртты: «Бойыңда бір шалық бар, не жын, не кәпір азғырып жүр. Әлде жуық маңда теріс оқулы біреу-міреумен табақтас болып па ең. Әлде соның аяқ ізі түскен жерге не табаныңның, не етегіңнің тигені бар ма? Не де болса, бойыңдағы шалық алладан емес, адамнан болған», — деп қарамай қайтарыпты. Әсіресе, осы байұлы мен жеті ру ауылдарынан барғандарға: «Сендердің қоныстарыңды бір кесепат жайлап келеді. Адамдарыңа ғана емес, малдарыңа да қауіп. Биыл бір сиыр дейтін жайлы жыл еді. Тоңың қатпай, тоғың басылмай шығатын жақсы жыл еді. Бірақ, соның да шырқы бұзылайын деп тұр ғой. Тұманы мен тұмау-сүзегі көп бола ма қалай? Қотандарыңа жұт емес індет тиеді ме, қалай?» — деп кергитін көрінеді. Жұрт: «Ойбай, жарықтық, көріп тұрып қырасыз ба, ем-дом, дұға ішірткіңіз жоқ па?» — деп жалынса: «Бұл бір теріс оқудан болып тұрған пәлекет. Теріс оқудың дұғасын қайыру оңай емес. Не маған, не өзіңе қауіп болуы мүмкін. Теріс оқудың кесірі адал малдың қанынан кетпейді. Садақа шалып әуре болмаңдар. Ол үшін көне қабір көрсеңдер, соның шашы мен тырнағын қуырып, не қанын тамызып ішірткі жасап ішіңдер. Бір дауа болса, содан болады», — дейді екен. Төлебайға да ауылыңның маңында аруағымды құрыстырып тастайтын ібіліс ұялаған жер бар-ау деймін, кіріп келгеніңде-ақ екі жауырыным билеп қоя берді деп, теріс қарап кеткен екен, дегенмен мына азапқа түсіп жатқан бейшараны аяған шығар, келіпті ғой.
Юмаштың іші қылп ете қалды. Тобыл мен Уфа маңында өсіп, татаршадан аз-маз хабары бар Костюковтың да зергердің әңгімесін тыңдаған сайын ылғи қызарып тұратын жіпсік көзі одан сайын әпірейе түсті. Бірақ, мына хабарға қорқып емес, қызығып отырса керек, «барайық, көрейік» дегендей, серігінің тақымын шымшылап бітті.
— Зердеке, онда біз де барып көрейік, — деді Юмаш.
— Көрік басып, күміс соққан кісіге ондай жерге баруға болмайды, өздерің бара беріңдер, -деді зергер.
Жан-жағы жал-жал шағыл шұқыр ойды аузы-мұрнынан шығара шүпілдей қонған үлкен ауылдың күн шығыс жақ шетінде оңашалау тігілген Төлебай бидің отауларының қасы ығы-жығы адам. Бір жақтарынан кимелеп бұл екеуі де келді. Толғақ әйел отырған үй ішіне жүз сиырды қатар жіберіп сүзгілетіп қойғандай өз-өзінен бүлкілдеп тулап тұр. Біресе оң жақ керегесі, біресе сол жақ керегесі шатыр ете қалады, біресе шымырулы ши есігі, біресе түндігі желп-желп көтеріліп барып басылады. Біресе оң жақ үзігі, біресе сол жақ үзігі ырсиып сыпырылып келе жатып, қайтадан жалп етіп орынына түседі. Жұрттың бұл екеуімен ешқандай ісі жоқ, бәрінің көзі әлгінде ғана әулие адам кіріп кеткен ақ отауда. Соған еріп келген біреу болса керек, еңгезердей бұжыр қара ауызы жалпылдап әңгіме соғып тұр:
— Жарықтық кеше бидің шабарманы кеткен бойда орынынан қарғып тұрып, жер-көкке сыйып отыра алмады. Кешке дейін өзімен-өзі күбірлеп сенделіп жүрді де қойды, күннің қызылы бата сарнағаннан таң атқанша сарнап шықты. Мана сары таңнан тұрып алып: «Кешегі толғатып жатқан әйелдің қасында бұрын-соңды мен жолықпаған бір жаңа албасты тұр деседі. Шашы сары, көзі көк деседі, өзі ыржаңдап жәй күліп тұрып-ақ жұрттың қол-аяғын шырмап алады деседі. Менің перілерім кеше бесінде құлағыма сыбырлады: «Барма, барсаң қауіп», — деді. Бірақ, бармайын десем, аруағым қозып, сүйек-сүйегімді сырқыратып, отырғыздырмай барады. Не әлгі бейбақтың, не менің сорым шығар, барайын», — деді. Ауылдан енді ұзап шыға бергенде, құбыла бетке қарап: «Қайт, қайт!» — деп ақырды, жалынды, жылады, біраздан кейін басын шайқап: «Әй, осы сапарымнан аман қайтсам жарар еді, екі түмен перім бар еді, біреуі оң қолымда, біреуі сол қолымда жүретін еді. Оң қолымдағы түменді Әлбет деген пері басқарады. Ол айтқанын тыңдасам да, тыңдамасам да, қандай қауіпте де қасымнан табылады. Ал сол қолымдағы түменді Албат деген пері басқарады. Ол Әлбеттен гөрі қайраттырақ. Бірақ қайсар айтқанын тыңдамасаң «Шу, қарақұйрық» деп тайып тұрады. Сонау құбыла беттегі қара жолдың басындағы ақ тозаңды көрдің бе, сол түменін шұбыртып, шақырғаныма қарамай, кетіп бара жатқан Албат, — деді. — Енді, бірақ, не де болса, шығып қалдық қой, барайық», — деді. Жолда қараптан-қарап ақ тер, көк тер боп терлеп келе жатты, мына бейбақты буып тұрған албасты да тегін бола қоймас. «Бейшараның перзент жолын шынашағымен басып тұр екен, соған Әлбеттің әлі жете қойса, болар еді», — деп уайымдап келе жатты.
Ақ отаудың ішінен арсы-гүрсі дауыс шығады. Әйелде, бірақ, үн жоқ.
— Бейшараны албасты әлі буып тұр. Тіпті үні де шықпай қалды ғой, — дейді бір топ кемпір күндіктерін ысырып құлақтарын түріп.
Сол-ақ екен үйден басын маңдайшаға ұрып әлгі әулие адам атып шықты. Бет-ауызын тер жуып кетіпті. Басындағы сәлдесі шешіліп кеткен. Екі шалғайы ашылып кеткен. Орақ мұрынын жерге тіреп гүрс етіп жығылғанда қолындағы аса таяғы анандай жерге ұшып кетті. Бір қолында сүйек сапты ақ қанжар. Жығылғанда ұшып кетіп еді. Дәл қасына шаншылып кеп тұра қалды.
Жұрт жарыла жол беріп кері ығысып кетті. Әулие адам қара жерді қос қолымен бірдей төмпештеп әлі жатыр.
— Албат! Албат! — деп айқайлайды да, қара топырақты қарс-қарс асап шайнай жөнеледі.
Жұрт жағасын ұстап, кәлималарын қайырып тұр. Кенет әулие адам орынынан атып тұрды. Соңындағы құлаштай шұбалып жатқан сәлдесін лақтырып, әлдебір мақұлқаттардың кішкентай жіліктерін жыпырлатып тізе қадаған дөңгелек телпекпен қалды. Сосын кіршіксіз аппақ шұбалған матаны басына қайта орай бастады. Әр ораған сайын: «Мұнымен, сабырсыздық сенің аяқ-қолыңды матадым», «мұнымен, іштарлық сенің аяқ-қолыңды матадым», «мұнымен, көрсеқызарлық, сенің аяқ-қолыңды матадым», «мұнымен, дүниеқоңыздық, сенің аяқ-қолыңды матадым», — деп күбірлеп қояды. Костюков ішінен санап тұр. Мына кісінің бір басында алпыс құлаштай мата жүрген болды. Сосын ол тіктеліп отырып үстіндегі шапанын түзеді. Беліндегі кемер белбеуін алып: «Мұнымен менмендіктің жолын кесіп, мейірімділіктің жолын ашам. Мұнымен ашудың жолын кесіп, сабырдың жолын ашам. Мұнымен сараңдықтың жолын кесіп, салиқалықтың жолын ашам. Мұнымен надандықтың жолын кесіп, діндарлықтың жолын ашам. Мұнымен нәпсінің жолын кесіп, құдайға құлшылықтың жолын ашам. Мұнымен ашқарақтықтың жолын кесіп, қанағаттың жолын ашам. Мұнымен әзәзілдің жолын кесіп, әулиенің жолын ашам», — деп жеті рет буып, жеті рет шешті.
Әлгінде ғана бақсы-құшынаш секілді алба-жұлба кісі қайтадан перуайлы пірәдарға айналды. Мойынындағы тоқсан тоғыз жиде тасынан өрілген таспиығын алып санай бастады. Әрқайсысына қолы тиген сайын бірдеңе сыбырлап қояды.
— Жарықтықтың молдалығы да мықты екен-ау! Алланың тоқсан тоғыз атын түгел біледі екен, — дейді бір шал қасындағы шалдың құлағына.
Қақ ортадағы бейтаныс кісі шарта жүгініп мүлгіп қалған. Сояудай ұзын кірпіктері кілгіріп, қаймыжық еріндері сып-сып етеді. Қолындағы дестенің шетіне шыға бастағанда кең танауы қусырылып, іші-бауыры тартылып әндете бастады.
— Иә ил-аллаһ ил аллаһ! — дейді ол күңіреніп.
— Иә ил алла! ил алла — дейді жұрт жапа-тармағай қосылып.
— Иә аллаһ, — дейді ол күңіренте сарнап.
— Иә алла! — дейді жұрт қойдай маңырап.
— Йә һу! — дейді ол даусын созып.
— Иә ху! — дейді жұрт та ілесіп.
— Иә хақ! — дейді ол көзін ашып.
— Иә қақ! — дейді жұрт та жамырап.
— Иә һай! — дейді ол көзін ежірейтіп.
— Иә қай! — дейді жұрт басын иіп.
— Иә кәюм! — дейді ол жан-жағына алақтап.
— Иә кәюм! — дейді жұрт мүлгіп.
— Иә қаһһар! — дейді ол мойынын тіктеп.
— Иә қаһһар! — дейді жұрт көкіректеріне қолдарын апарып.
Әлгінде ғана жер тізерлеп мүлгіп отырған пірәдер бірте-бірте тіктеліп, жан-жағына жалтақ-жұлтақ қарай бастады. Қараған сайын бойы тіктеле түседі. Бойын тіктей түскен сайын жан-жағына алақтай бұрылғанын көбейтті. Мойыны көз ілеспес жылдамдықпен бұлғақтай бастады. Бүкіл тұла бойы қалтырап-дірілдеп қоя берді. Әлгінде ғана орталарында отырған қойдан қоңыр тақуа қайтадан қақшаңдаған құдіретке айнала бастады. Мойыны қалт-құлт еткен сайын қос қолын жұлып алып көзіне апарады, қайтадан жұлып алып тізесіне қояды. Екі көзі аларып, ойнақтап, тыным табар емес. Қаумалай қоршап тұрған жұртты шетінен ішіп-жеп барады. Сол көзін алартқан күйі орынынан ұшып тұрды. Өз-өзінен шырқ айналып билеп кетті. Тұла бойы, үстіндегі киімі, басындағы сәлдесі түгел дірілдеп кетті. Қарсы тұрған жұртқа жер мен көк шыркөбелек айналып билеп жүргендей. Ортадағы кісінің басы айналар емес, ұршықтай үйіріледі. Ұршықтай үйірілген сайын әлгінде ғана сықитып ораған сәлдесі біртіндеп шешіле бастады. Шешіле-шешіле шұбалып жерге түсті. Сосын беліндегі белбеуі қараптан-қарап сарт етіп ағытылып жерге түсті. Үстіндегі жеңсізі желбірей-желбірей әуелі оң қолынан, сосын сол қолынан сыпырылып түсе бастады. Сосын анадай жерде шаншулы тұрған алмас қанжарды жұлып алды. Сол селк-селк билеген күйі аларған көзінің алдына апарып қатты да қалды. Ол тесіліп қараған сайын алмас қанжар оттың табына ұстағандай әуелі қарайды, сосын көгерді, сосын қызара бастады, бір уақытта әбден балқып төгіліп кететіндей болған кезде «пүп» деп түкіріп жіберіп еді, қызыл болат быж ете қалды. Сол шыжғырылып тұрған ыстық болатты далаңдаған шапанының бір шалғайына апарып тигізіп еді, бықсып күйе бастады. Күйген шүберектің исі мүңкіп қоя берді. Енді ол қып-қызыл қанжарға қайта-қайта тілін тигізіп жалай бастады. Ол ыстық қанжарға тілін тигізген сайын жұрт бір ышқынып қалады. Әулие қолындағы қанжар-ды ақ алмасынан аузына тістеп алды да, ақ боз үйдің шаңырағына бір-ақ қарғыды. Аузындағы қанжарды қайтадан қолына алып, күнге білеп, бақырып-шақырып біраз тұрды да, сарнай бастады. Өз сарнауына өзі қосылып билей жөнелді. Ол билеген кезде аяғы тиіп кеткен киіздің бәрі өз-өзінен сыпырылып түсе бастады. Ол болса қолындағы қанжарды ештеңеге тигізбей күнге білеп тұр. Ал ақ жұмыртқадай ақ отаудың барлық бауы қиылып түсіп қызыл ағашы жалаңаштанды да қалды.
— Албат! Албат! — деп билеген әулие әлі шаңырақта тұрды.
Ақ бақанға асылған боп-боз әйелде үн жоқ, екі көзі көкте.
— Албат! Албат! — деп әулие құбылаға қарай айқай салды.
Жұрттың бәрі құбылаға қарады. Ештеңе көрінбеді. Сол екі ортада шаңырақта тұрған кісі топтың ортасына қарғып түсіп, ауызы аңырайып тұрған Юмашты ортаға қарай сүйрелей женелді. Еңгезердей Юмаш қаңбақтай ұшып толғатып тұрған әйелдің алдынан бір-ақ шықты.
Әулие қолындағы қып-қызыл қанжармен Юмашты көк желкеден бір-ақ қойғанда шашын тықырлап алған ақ сары бас қара былғарымен қаптаған орыс құлақшынның соңынан жерге домалап бара жатты...
Ақ бақанға асылып тұрған әйел шыңғырып жіберді де іңгәлаған баланың дауысы шықты. Сол-ақ екен, енді болмағанда топыраққа томп етіп түсе жаздаған бас ырсиып тұрған ауыз омыртқаға сарт етіп қайта орнай қалды.
Әулие адам сыртқа атып шықты да, белдеудегі атына қарғып мініп, қанжарын жалаңдатып:
— Айналайын Албат, айналайын Албат. Құлдығың болайын Албат! — деп бірдеменің соңынан қуып бара жатқандай, құйғытып шауып ала жөнелді.
Аңтарылып қалған жұрттың әйелдер жағы жаңа босанған келіншекке жүгірді, еркектердің бір қатары: «Шүйіншілеп!» Төлебайдың ақ боз үйіне қарай атанақтап барады, енді бір қатары Юмашты қаумалап алды.
— Апырай, аман қалдың ба?
— Аман болмай, маған не болыпты?
— Желкеңнен қанжармен шауып жібергенде қайттің?
— Оның бет-аузыма жақтырмай тыржиып қарағанын білем, желкемнен қолының қырымен қойып қалғанын білем, басымды бұғып қалғанда, қасымда тұрған оның күңірсіген тер исінің танауымды жарып кете жаздағанын білем, әйелдің шыңғырған даусы мен сәбидің шыр еткен дауысын естідім, басқа ештеңе сезген жоқпын. Тек мойыным әлі ұйып тұр, — деді Юмаш.
Жұрт оның сөзіне сенер-сенбесін білмей, жалт-жалт қарап тарай бастады.
Бейсаубат екеу ауылдың шет жағындағы зергердің үйінің белдеуінде қалған аттарына мініп қостарына қайтты.
Өз көздеріне өздері сенбеген аң-таң ауыл соңдарынан аңырайып қарап қалды.
Юмаш пен Костюковтың айтып келген хабарына орыс елшілігі қатты дүрлігісті. Башқұрттар мен орыс солдаттары екеуіне көрген білгендерін қайталап айтқызып, бастарын шайқасумен болды. Сол екі ортада-ақ Әбілқайырға шабарман келіп жетті. Хан елшілікке барып екі жігіттің хабарын өз құлағынан естіді. Екеуі де көздері атыздай болып әбден қорқып қалыпты. Әсіресе, елшіде зәре жоқ. Сонда бұл қалай болғаны? — деп бұған жалтақ-жалтақ қарай береді. Бұл не десін, басын бір шайқады да шығып кетті. Анадағы Нияз айтып келген әңгіменің астары енді белгілі болды. Орыс елшісінің терісін тірідей сыпырып алып, қанын инемен шабақтап сорып алу керек деген әңгіменің де қайдан тарап жүргені енді белгілі болды. Әлгі қаңғырманың сәлде орауына, жүріс-тұрысына қарағанда Хиуадан келген дәруіш сияқты. Хиуаның Бекташ дәруіштері ғана әрі пірәдар, әрі бақсы болып келуші еді. Ендеше, оны Хиуаның ханы жіберіп отыр. Анада бұның жіберген едшісіне «мақұл» деп еді, онысы, әншейін, шығарып салма әңгіме болды. Бірақ, оны істеп отырған өзі дейсің бе? Әлгі инактары15 шығар. Сол пәлелер-ақ бұның арғы пиғылын алдын ала біліп қойғандай, қай айласының да күл-талқанын шығарып келеді. Көңіліне осындай ой қашқаннан Хиуаны да өз ықпалында ұстайын деп, баяғы орыстың елшісін өлтіретін Шерғазы ханды ғұламдары16 у беріп өлтіргесін, орнына інісі Мамайды апарып таққа отырғыздырып еді, дәл сол күні жұма намазға бара жатқанда аты тулап, өлтіріп кетіпті. Қаңғалақтаған неме қандай ат мініп келе жатқанымен де шаруасы болмаса керек. Қайғылы хабарды естірте келген Ешмұхамбет биге айтып, осы Батыр сұлтанды хан қылып сайлатқызып еді, жарты жылдың ішінде қол астындағы халықтың көңілінен шыға алмасын біліп, басы аманда құтылайын деп, бір күн түнде қорғаннан арқан ұстап салбырап түсіп, елге қашып келді. Оның артынан хан қоюға қазақ арасынан төре іздеп келген Ешмұхамбет би мен Жұмақұл аталыққа осы күнгі Жолбарысты ертіп жіберген-ді. Жолбарыстың қызы бұның екінші баласы Ералыға айттырулы-тұғын. Енді, міне, Хиуаны ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстайтын инактар мен ғұламдар бұның құдасын да қолға ала бастағаны ғой. Иә, олар орыстың жақындағанынан қорқады. Бүгін қазақ даласына кеп ат басын тіресе, ертең Хиуадан бір-ақ шығарын біледі. Хиуадан шықса, баяғы Дәулеткерей бектің кегін өліп қалған Шерғазы ханнан емес, оның қолымен от көсеп, әлі тірі жүрген өздерінен қайтарарын біледі. Сондықтан да, қазақ ханының патшаға өз еркімен бағынам деген әңгімесін олар қайдан жақтыра қойсын. Бір кезде өздері былғанған қара қанға енді қазақтардың қолын малмақ қой. Сонда тапқандары Батыр сұлтан боп шықты. Сұлтанның сонда бір кезде өзі қашып кеткен таққа қайтадан жемсауы бүлкілдей бастағаны ма? Әлде... Әлде... Батырды айдап салып жүрген хиуалықтар емес, оларды айдап салып жүрген осы Батырдың өзі болмасын. Оған қазір Әбілқайырдың тасының өрге домаламағанынан басқа не керек! Арам пәле Әбілқайырдың биыл неге бұлай қарай жылысып кеткенін байқап қалған болды-ау. Егер қазақ арасы бүйтіп ырсия берсе, Хиуа ханы мен қарақалпақ ханын азғырып, ант қағазға қол қойғызып, ақ патшаның елшісін аман-есенінде қалмақ ұлысына жеткізіп салмақ еді. Сөйтіп, өзінің ақ патшаға деген пейілінің дұрыс екенін білдіріп, оның болашақ шапағатынан бір өзі ғана дәметпек еді. Егер орыс мемлекеті ақыр түбі мынау өзіне қоңсы жерлерге бәрібір қол салатын болса, оның алдында көшкен Батыр сол ойын біліп қап: «Мына орыстар сендерден өш алғалы келе жатыр», — деп хиуалықтардың шабынан түртіп жүрген болды ғой. Хорезмдегі көп хазірет: «Олай болса, атасы мұсылман ғой, қазақтардың өзін айдап салайық!» — деп әлгі ала бүлігін осында жұмсаған ғой. Оның бұл жарапазанынан бірдеңе шығар-шықпас, бірақ, бүйтіп аңыс аңдып тым-тырыс жүре беруге болмайды екен. Ол немелер ертең қарақалпақтың да ауызын теріс айналдырып қойса, істің арты насыра шабады емес пе?! Ол үшін не істеу керек?
Батыр орысқа бағынуға қарсымын деп те, жақпын деп те айтқан жоқ қой. Ендеше соның өзіне күш салу керек. Ақ патшаның елшісі: «Бір кезде Петр патшаға хат жазған Қайып ханның баласы бар деп еді, қайда жүр?» — деп сұрап жатыр десе, баққұмар неменің аяғы салақтап өзі-ақ жетіп баруы мүмкін-ау! Өйтсе, аузынан қағынып, қазіргі одақтастарының алдында бетіне шіркеу түседі. Ал, оған илікпей қойса, ақ патшаның елшісінің алдында өз бетін өзі ашып алады. Әбілқайыр үшін оның екеуі де пайда! Егер ақ патшаға ант беріп жатса, қарақалпақтардың қолындағы тұтқын башқұрттарды босатып әкелуге соны жұмсатады, орыс мемлекетіне адал қызмет атқарар, атқармасы сонда белгілі болады. Өйтіп Батырдың өз қолымен өзін матаудың сәті түссе, мынау Кіші жүз арасындағы толқудың да ініне өзінен өзі су құйылар еді. Орта жүздегі Жәдік тұқымына да «неміз кетіп бара жатыр» деп ат шаптырып көруге болар еді. Не де болса, көңілі ыңғайлас билерді тағы бір жиып ақылдаспаса болмайды екен. Анадағы Дәуімбай биден хабар болмай кетті. Таймасты көп ұзатпай босатып алмаса, орыс елшісінің ана жолғы райынан айнып кетер түрі бар.
Әбілқайыр дереу Бөкенбайға, Есетке, Құдайназарға, өзіне жақтас билерге ат шаптырды.
Араға бірер күн салып шақырылған билердің бәрі жиылды. Әбілқайыр оларға Батырдың ауылында Хиуа адамы бар екенін, оның ел арасына уағыз таратып жүргенін айтып берді. Оны билердің көбі біледі екен. Көпшілік Әбілқайырдың айтқанын қостады. «Бұған елші қалай қарайды?» — екен деп Бөкенбайды сөйлестіріп көріп еді: «Өздерің білесіңдер ғой!» — депті. Жұрт Батырға Бөкенбай мен Нұралы сұлтанды жұмсайтын болып келісті.
Бөкенбай мен Нұралы Батырдың ауылындағы әулиені қоңсы ауылдардан біреу-міреу шақырта қоймас па екен деп хабар тосты. Батыр сұлтанның үйінде отырған мейманның дегенінен шыға алмай қалуы әбден мүмкін еді. Ал, ол жоқ болса, ақ патшаның елшісі Қайып ханның баласын іздетіп жатыр деген хабарға қолқ ете қалуы ғажап емес-ті. Бұл іске Әбілқайырдың араласы барын сездірмей, оның еркінен тыс болып жатқан шаруа қып көрсеткендері жөн. Сонда ол: «Қап, бәлем, солай ма екен? Сендер қанша көз тасаға тықпалап баққанмен, ақ алмастың сынығы қап түбінде жата ма!» — деп Әбілқайырды мұқату үшін-ақ атқа қонады.
Бір апта бойы шектілер ауылынан хабар тосқан Бөкенбай батыр мен Нұралы сұлтан келген пірәдарды шөмекей ауылдары шақыртып кетті дегенді естіп, сол бойда салып ұрып жетіп барып сұлтанның үйіне түсе қалды. Нұралының дымы ішінде боп, Бөкенбай сөйледі.
— Ал, сұлтан бізден бір ағаттық болыпты. Ақ патшаның елшісі Әбілқайыр ханның маңында баяғы Петр патшаға хат жазатын Қайып ханның баласы жайлайды деп еді. Оған хабар тимей жатыр ма, неге ат ізін салмайды деп сұрағаны. Біз: «Ойбай, ол сұлтан баяғыда алдыңыздан шықты ғой!» — деп едік. Ендеше, неге жөндеп таныстырмадыңыздар. Мен білмей қалдым ғой!» — деп ренжіді.
Мәмбет мырза күнде-күнде құлағымызды қажай берген соң, мына сұлтан екеуміз соның «келіп кетсін» деген сәлемін әкеліп отырмыз.
Алпамсадай қара торы сұлтанның дөң маңдайы жалтырап қоя берді. Бірақ, бет-аузы белдей неме алақандай ала көзін жарға өскен қарағандай қалың біткен жүндес қабақтың астына жасырып томсырайып отырып алды.
— Қайыпты керек қылмаған ақ патшаға Батыр керегіпті дейсің бе? «Сондай бір сұлтан бар еді, шақырып сөйлессеңіз қайтеді?» — деп жүрген өздерің шығар.
— Жоқ, елші тек бізге ғана емес, сізге де өкпелеп жатыр. «Орыстың талай елшісін қабылдаған аталы тұқымның ұрпағы бола тұрып, өздері талай сый-сияпатын көрген ақ патша сарайының алыстан келген өкіліне арнайы кіріп сәлемдесіп шығуға да жарамағаны ма?» — деп әлденеше рет айтты. Енді бармасаңыз не ойлап қалатынын кім біліпті. Әңгімесіне қарағанда сіз оның ат басын тіреп келген екі кісісінің бірі сияқтысыз.
Сұлтан біраз сазарып отырып:
— Жарайды, ол мырзаға да өкпеміз жоқ емес. Бірақ барып айтайын, — деп атына мініпті.
Түс қайта елшінің үйінің іргесіне ат байлап, есігінен аттамай жатып:
— Ақ патша біздің қазақтай ұлы табан іргелі жұртқа жөн білмейтін, жосық білмейтін ноқай кісіні елшілікке жұмсамайтын шығар деуші едік. Әлде ауыл арасының ақ сайтаны араласты ма екен? Сіз келгелі қостың сыртына шығып, ат мініп, мал қарап жүрген кез келген майтымақты қол бұлғап шақырып алып, иығына шапан жауып, қолтығына сыбаға қыстырып жіберіп жатыр деп естиміз. Мына Кіші жүздегі тізгін ұстап отырған екі «Арқар» ұрандының біреуі ғой деп, өзімді сыйламаса да, Петр ағзаммен хат алысып тұрған әкем Қайып ханның аруағын сыйлап, мені де шақырып, ықлас білдіретін шығар деп біраз тостым. Мәмбет мырзаның, ең болмаса, өлі-тірімізді білгісі келетін сыңайы көріне қоймады. Сосын мына балдызым мен Бөкенбай батырға: «Соның өзі неғылған неме. Әуселесін көрейік, апарыңдаршы!» — деп әдейі өзім еріп келіп отырмын, — депті.
Бұндай сөз орыстың елшісінің көңілінен онша шыға қоймаса керек. Ол да жүзін жылытпай тымсырая сөйлепті.
— Сұлтан, жөн білместіктің қайдан болып жатқаны, кімнен болып жатқаны бір тәңірдің өзіне аян шығар. Әлгі сіз айтқандай іздеп келіп алапа алып жатса, қара алып жатқан шығар. Ал өздеріңдей жөн көрген, жосық көрген ақ сүйектер алыстан келген өзіміздей асыл нәсіл алтын тәждің өкілі ғой деп өздері ықылас білдіріп, төрлерін көрсетіп жатыр. Содан да ма, Батыр сұлтан осы ұлыстағы ханнан кейінгі жолы сыйлы кісі еді, іргесіне келіп айлап жатқанда, кіріп-шықпағаны тегін емес шығар, бірақ, өзім іздеп барсам, алтын тәжді падишаның басын кішірейткен болармын, алдыма шақырып ап, сый тартсам, асыл сүйек сұлтанның басын кішірейткенім болар, әлі күнге келмегені не менің өзімді, не мені елші қып жұмсап отырған алтын тақты менсінбей, әдейі көзге ілмей отырғаны шығар деп, қолға ұстай келген азғантай сый-сияпатымды жұмсап қойып едім. Қап, ыңғайсыз боп қалғанын қарашы, — депті.
Батыр сұлтан қанша атасын бұлдап, астамсып сөйлегенімен тап осы арада аяғынан шалдырыпты. Ата-баба, аруақ, тек деген де алысқа қыстатып қойған малың сияқты ғой. Санын айтып, айбарымен қорқытпасаң, керек кезінде табыла бермейді. Ал, ақыл деген жарықтық, керек жерінде орынымен жұмсай қоятын, қолға ұстап отырған қоңыр қошақаның секілді. Бірақ, Батыр сұлтанның ол жағынан іргесі тым жұтаңдау еді. Соны бірден сездіріп алыпты.
— Бәлкім, басқа жұрттардың салты солай болса солай шығар. Бізде ондай салт жоқ. Мейман кісі келе жатқан адамының көңілін елеп, өзі кәделей келетін еді, — депті.
Ұялған тек тұрмастың кері ғой. Соны түсініп қалған елші көзінің астымен Бөкенбайға қарапты. Бөкенбай мен Нұралы желкелерін қасыпты.
— Ақ патшаның өзін сыйлаған кісіге сыйы да, қошаметі де, тарту-таралғысы да жетеді. Бірақ, жер-аяғы алыс. Қыстың көзі қырау. Көп ештеңе әкеле алмап едім, — деп Тевкелев сандығын ашып, елу сомға мөлшерлеп, алдын ала өлшеп-кесіп қойған бір бума матаны сұлтанның алдына тастайды. Батыр оған еңкейе қоймайды. Мейманының қабағын байқаған елші тағы да сондай бір бума тастайды. Сұлтан сонда барып еңкейіп:
— Әбілқайырдың үйіндегі ханымға ақ патшаның өзі киетін қамқадан көйлек әкеліпті деп естідік. Ол төренің қатыны болса, біздің әйеліміз төренің қызы, мынаның ішінде оның неғып сыбағасы жоқ, — депті.
Елші тағы да сандығына еңкейіп бір көйлектік қамқа тастапты. Сосын Нұралы сұлтанға қарап, оған да елу сомның матасы мен бір көйлектік қамқа тастапты. Жас сұлтан оң қолын кеудесіне апарып, басын иеді.
Екі сұлтан жер тізерлеп құранға жүгініп, ант қағазға қол қояды. Батыр сұлтан патшаға жылына мың түлкі, мың қарсақ, ханзада — мың түлкі жасақ төлеп тұратын болып уәде береді.
Батырдың елшіге барғанынан, елшінің Батырдың келгенінен қандай қанағат алғаны белгісіз, ал әлгі хабарды естігенде Әбілқайырдың арқасы бір жазылып қалды. Баяғыдан бері мына даладағы талай жұрт «ол қайтер екен» деп жалтақтап қарап отырған бір адамы Батыр орыс елшісіне өз аяғынан барып ант беріпті деген хабар тек Кіші жүзге ғана емес, күллі қазаққа тарап кетеді. Күні кеше ақ патшаның елшісіне илікпестей болып отырған талай-талай ру басыларының көңіліне ой түседі. Басқаны қойғанда, осы уақытқа дейін Қара мен Бәйімбеттен басқасы тырп етпей отырған алты шектінің мына хабарды естігесін қайтетінін көру керек. Анадағы Дәуімбек байдан да хабар шықпай кетіп еді. Сырлыбай мықты болса, енді шыдап көрсін. Ұлыс бегінің өзі кеп ант бергенін көріп-біліп отырып, қалай тырп етпей қалар екен. Бұрын тек батырдың қас-қабағына аңдап қолы байланып отырған алты шекті енді Сырлыбай мен Бәбиге бола ошарылып қала қояр дейсің бе?
Тевкелев үшін бұған дейін Батыр сұлтанның келмей жатқаны қандай жұмбақ болса, мына келіп-кеткені де сондай жұмбақ күйінде қала берді. Сонда пәлен айдан бері қырын қарап жүріп алғанда не бітірді? Енді өз аяғынан салақтап келіп ант бергенде не бітірді?
Елші Батыр сұлтан ант беріп кеткесін үш күн бойы ойланып осы бір қарапайым сұрақтың жауабын таба алмады. Қанша ойланса да тіліне:
— Қызық жұрт! — дегеннен басқа сөз түспей қойды.
Ант қағаздағы күміс мөрлердің күйелеш-күйелеш іздері мен бармақтардың табына қарап отырып күліп қойды. Қойылған қолдың саны жетпіске жақындап қалыпты. Бір-ақ, мынау бүгін күлкі, ертең түлкі болып сынаптай сусып отырған халықтың қай қылығынан пәтуа табарсың. Олардың өздерінде не пәтуа тұр, сөздерінде не пәтуа тұр...
Осындай бір дүдамал ойлардың құшағында отырып басы қатып кеткесін бір ауық сыртқа шығып таза ауа жұтып қайтайын деп табалдырықтан енді аттай бергенде... Өз көзіне өзі сенбеді. Анадай жерде қауқылдасып он шақты атты келеді. Алдыңғы жақтарындағы екі баран аттың бірі жуырда ғана келіп кеткен Дәуімбай да, қасындағы... Таймас. Алпамсадай Таймас қу таяқтай болып қалыпты. Анадайдан ырсиып күліп келеді. Екеуінің соңында он шақты атты. Бәрі де таралғыларын үзіп жіберетіндей шірене тебініп-тебініп алыпты. Қақ ортадағы көк ала аттың үстінде дөңкиіп отырған әлгі аты шулы Сырлыбай болмасын. Қалған жұрттың бөріне төбелерінен төніп шекелеуі жаман екен. Басында құлағы салпақтаған түлкі тымақ. Үстінде бурадай қасқыр ішік. Желсоқты томпақ жүзі қызыл мақпалдай боп күреңітіп тұр. Томаға көзі өңменіңнен өте қарайды. Қайта, ат үстінде жинақы отыра ма, еңгезердей денесі тап онша көзге шалына қоймап еді. Үйінің желкесіне кеп дүңк етіп түсе қалғанда қол-аяғы серейген көк сұр ат оның емшегіне зорға жетіп тұрды.
Тевкелев әшейін сәлем мезірет жасап салқын амандасты. Меймандар үйге кіріп төрге озды. Таймас елшімен құшақтасып көрісіп, көрші үйдегі серіктеріне кетті.
Жұрт жайғасып болғасын Дәуімбай сөз бастап меймандармен таныстырды.
Тевкелев Таймасты өздері біліп босатқандарына рақмет айтып, келген кісілерге бір-бір орам көк шұға сыйға тартты.
Манадан бері қақ төрде мұрыны қолақпандай боп қақырайып отырған Сырлыбай шаңқ ете қалды.
— Әй, Дәуімбай, — деді ол. — Айт мына ноғайыңа... Бұл неме біз келгенде неғып тауыққа жем шашқандай шөпектей қалған. Ана сандығына қолын батыра түссе, түбінде шаян жатқан жоқ шығар, шағып алмас. Қасындағы мынау жуынды ішіп семіріп, есірген башқұрттардың бұдан үш жұма бұрын немере інімді өлтіргенін ұмытып қала қойды дейсің бе? Қазақтың санда жоқ жаны, санатта жоқ азаматы болмайды. Қанға қан, жанға жан деп бір башқұртын ұстап алып, ертең қырқын беретін күні қаралы ошақтың басына апарып, маңдайын құбылаға қаратып, кеңірдегінен шалып, қара қанын шашайын деп едім, бәрің кеп «әке-көкелеп» қолыма жабыстыңдар. «Шырық бұзса, солар-ақ бұзсын, біз ертең елдің бетіне шіркеу салмайық», — дедіңдер. Ағайын ғой, жаман болсын деп тұрған жоқ шығар деп айтқандарыңды қылдым. Сондағы жасаған жақсылығымның қиуазы мынау бес елі көк шүберек болғаны ма! Қазақтың бетіне шіркеу түсірмеймін деп, қағынды алып қарайған жүрегімнің жарты қанын жерге төгіп, қолыма түсіп тұрған қандықол қарақшыға кешірім жасап, кеңпейіл болғанымда, ертең, ең болмаса, иығым жарқырап бармайтын болса, елге не бетімді айтам, Ойбай-ау, ағайын екен десем, өңшең жау ма едіңдер, түге! Бүйтіп жерге қаратып шығаратын жерге бастап әкеліп, Дәуімбай, менде немене, ала алмай жүрген өшің, қайтпай жүрген кегің бар ма еді! Тілінді алдыра алмайтының бар, шарғаң жетпейтін жердің дау-шарына неге араласасың?! Тевкелев ләм-мим үндеген жоқ. Сырлыбайдың алдына тағы да елу сомның матасын тастады. Дәукес бидің әлгіден гөрі жүзі жылиын деді. Бірақ әлі де көңілінің бір ортасы бардай мырс етіп қойды.
— Пәлі, бұларыңды мен ана жақта қанды қол қарақшыны аяғынан тік бастырып апарып, он екі жілігін, отыз омыртқасын, қырық қабырғасын саудыратып түгел санап бергенде қолтығына не қыстырып қайтар екен деп жалаңдап жолыма қарап отырғандарға таратып берем ғой! Сонда менің өзім ше... От төсеп, оқ көсеп жүргенде иінім қурап құр қол барам ба? Маған берсең, ана үстіңдегідей асыл жағаңнан бер. Көк ала шүберекті жұрт сенен туғанынан айырылып бауыры күймей-ақ «ассалаумағалейкүм» — деп алдыңа кіріп шыққаны үшін де киіп жатырған көрінеді ғой...
Елші үн-түнсіз орынынан тұрды. Беліндегі дөңмент белбеуін шешіп бидің алдына тастады. Сосын алқызыл мауыты шекпенін шешіп, иінінен бір сілкіп, әлгі белбеудің үстіне тастады. Сосын күрең барқыт бешпетін шешіп ұсынды.
— Пәлі, баяғыдан бері осылай істемедің бе? — деді Сырлыбай алдындағы үйіліп жатқан дүниенің бәрін өзіне қарай ысыра тартып.
Сақал-мұрты селтиген дәукес бидің қызара бөрткен жалпақ беті біреу майлап кеткендей аяқ астынан жылтырап қоя берді.
— Иә, деймін-ау, мұндай мәрттік жасап тұрып, не қара айдап қайтпасам, не жаға киіп қайтпасам, ертең кім көрінген көзіме шұқып жүргізбейді ғой.
Сол екі ортада есік түріле ашылып:
— Ассалаумағалайкүм, — деп бір топ кісі сау ете қалды.
Қақ алдарында — Әбілқайыр хан, орталарында қалмақ тымақты қысық көз біреу, он бес шақты ақсақал-қарасақал кіріп жетіп келді.
Төрде отырғандар оң жаққа қарай ысырылып кейін келгендерге орын ығысты. Амандық-саулық сұраса келгенде ханның қасындағы Шерін Дөндіктің елшісі болып шықты. Орта жүздегі Сәмеке ханға барады екен. Жолдағы байұлы ауылдарына қонған екен, олар орыстың елшісі келіп жатыр деп, Әбілқайырға әкеліпті. Әбілқайыр мынау дәукес билер аттанып кетпей тұрғанда, үстерінен басайын деп осында ертіп келіпті.
Мынау бейсаубат қонақ қалмақтың елшісі дегенге жұрт ошарыла түсті. Мейманның шешініп, амандық-саулық сұрағанына да мұрша бермей, жан-жақтан сұрақ жаудыра жөнелді. Бәрінің білгісі келетіні — қалмақтарға орыс патшасының қандай жақсылық жасап отырғаны. Шерін Дөндіктің елшісі бар өнерін салып бақты. Оның айтып отырғандарының мынау Әбілқайыр мен Бөкенбайдың айтып жүргендерімен дәл келгеніне көбісі-ақ таңғалып отыр. Әңгіменің бас кезінде қалмақ елшісінің сөзінен өтірік тапқысы келіп, аяқтан шалып мұқатып, кекеп-мошқап баққан кер ауыздардың да бірте-бірте мысқылшыл мысық мұрттары салбырап, көздеріне жылт қаша бастады.
— Не десеңдер де, өздерің біліңдер. Бәріңнің де естіп-көрген жерлеріңдегі екі үлкен сулы дарияның көк шалғынын ар жағындағы шеркестер мен ноғайлар, бер жағындағы башқұрт, қазақ, түрікпендер ақ патшаның айбынынан ықпаса, бір уыс қалмаққа бір күн жайлатар ма, — деді ІІІерін Дөндіктің елшісі.
Мынандай аталы сөзге манадан бері саудырап отырған қазақ билері ештеңе тауып айта алмады. Оған Әбілқайыр мен Тевкелевтің айызы қанып отыр.
Қазақ билері үйден үн-түнсіз шығып, аттарына үн-түнсіз мінді. Аттарының сауыры бұлт-бұлт етіп ауылдың сыртындағы қара жалдан асып кеткенше үй сыртында тұрған Тевкелев сол бір жиектен әрі асып жоғалып жатқан көп елеске қарап талай ойдың басын шалды.
Әлгінде ғана өз төрінде болған оқиға көз алдында тұр. Сонда бұл дәукес Таймасты осынша уақыт әлгі қос уыс шүберекке бола ұстағаны ма? Әлде, қанша дегенмен, ақ патшаның кісісіне қол көтеруге жүрегі дауаламады ма екен? Ендеше, оны тапа тал түсте көшке тиіп неге тартып әкетеді? Бұның бәрі ар жағында ешқандай есеп, ешқандай астар жоқ, ойына не келсе, соны істейтін пәтуасыз жұрттың әншейін бір шөлдуарлығы ма?
Талайды көрген тарланбоз елші басымен осы жұрттың-ақ құлқына түсіне алмай қойды. Сонда бұлар мұндай қиқарлықты нелеріне сеніп істейді? Әлде бұнымен де, елшілікпен де ешқандай шарусы жоқ, тек Әбілқайырдың беделін түсіру үшін істей ме? Не де болса, бұлар тап баяғыларындай шалқая алмай тұр-ау! Анадағы қызыл көз сұлтан да тегіннен-тегін келді дейсің бе? Орыс патшасынан қоқан-лоқымен ештеңе шығара алмасын білген шығар. Бір айдан бері ақ патшаның адамын тұтқын қып ұстап отырған әлгі қиқардың да оп-оңай иліге қалуының ар жағында бір сыр бар ғой. Не де болса, мұның бәрінің төңіректен тосын хабар іздеп, елеңдесіп отырған құрқұлақ жұртты бір шайқалтып өтері хақ. «Істің бағыты тап анау айтқандай жаман емес қой», — деп түйді Тевкелев ішінен. Іс бір оңалайын десе осы-ау! Әлгі дәукес бидің үстіне қаңғалақтап мына қалмақтың келе қалғаны қандай жақсы болды? Өзі бір бедірейіп айтқанынан қайтпайтын пәле екен! Оның жаңағы сөздері ертең-ақ талай жалба тымақтың ауызында жүреді ғой...
Тевкелев анау дөңкиген-дөңкиген қара жалдардың ар жағында не болып, не қойып жатқанын енді ұғайын деді. Бақса, әнеукүнгі Құдайназарға еріп келген отыз бидің де, бүгінгі Сырлыбайдың да келісі тегін келіс болмады. Қазір билердің көкірегіне анадағыдай емес бір күмән орнай бастағандай. Екі жақ құлақтарынан екі түрлі уағыз айтып сарнаған кереқар екі топтың қайсысына иланарларын біле алмай жүр екен ғой. Әбілқайыр мен Бөкенбайдың «жылы сөйлейік», «көңілін аулайық» деп неге қақсай беретіндерінде де бір мән бар боп шықты. Иә, мұндай жағдайда «ант берсеңдер бергендерің, бермесеңдер, бере көріңдер деп жалынбаймын», — деп қол қусырып қарап отырып алуға болмайды екен. Мынау ұшан даладан Россияға қазақтардың бағынамыз деп қол қойған сары ала қағазы ғана қайтара алатынына көзі енді жете бастады. Сол қағаз қолға түскенше, не көрсе де, шыдап бағуы керек.
Түні бойы Шерін Дөндіктің елшісімен сөйлесіп шықты. Сөйтсе, Әбілқайыр төңірегінің қазір бүйтіп селдіреп қалуы тегін емес көрінеді. Кейінгі жылдарда талай шайқастарда жеңіске жетіп, үлкен абыройға ие болып жүрген бұл ханға қазақ сұлтандарының атарға оқтары жоқ дейді. Әсіресе, Жәдік тұқымы сұлтандарының жұлдызы қарсы екен. Олар Әбілқайыр ұлысында отырған Батыр сұлтанды да өз жақтарына шығарып алуға жанталасып жатса керек. «Батыр сұлтан Әбілқайырдың немере қарындасын алып отырғанмен, жеті бабасынан жауласып келе жатқан тұқымдар ғой, іштері жыли қояр дейсің бе?» — дейді.
Қалмақ елшісінің әлгі сөзінен кейін Әбілқайырдың сұп-сұр маңдайындай боп сазарып жатып алған мынау салхар сахарадағы саясат деп аталатын көзге көп көріне бермейтін қан тамырларының лүп-лүп соғысын анық аңғара бастағандай.
Мына қалмақтың келгені бұның біраз нәрсеге көзін ашып берді. Ханның мынау итарқасы қиянға неге әкеліп отырғанына да енді түсінгендей. Арал теңізінің шығыс бетіндегі жылдағы қоныстарына қыстаса, көршілес Батыр ұлысына ат құрғатпай қатынасып тұратын Жәдік әулеті төрелерінен ши шығып қала ма деп қорыққан ғой. Бірақ, Батыр да ханның сол ойын байқап қалып, үйреншікті қонысына қонбай теңіздің теріс бетіне қыстап отырған көрінеді. Әбілқайырдың тағы бір ойлағаны — егер істің арты насырға шауып бара жатса, елшіні Уфа арқылы қайтармай, Бөкенбай, Есет ұлыстары арқылы қалмақ асырып жібермек екен.
— Әй, бұл күлмес ханның білмейтін пәлесі бар дейсің бе? Қалған сұлтандар осындай найза бойламас сұмдығына бола жек көреді ғой, — дейді қалмақ елшісі.
Ол Тевкелевтің көптен бергі бір уайымсыз тыныш ұйықтаған түні болды.
Желтоқсан ортасынан ауып барады. Күз бойғы тері былау жіпсік жауыннан дымқыл жатқан қара жер екі-үш күн қатарынан күн батыстан қадалып тұрып алған шымыр желден дыңылдап қатты да қалды. Хан ауылы іргелеріне белуардан топырақ үйіп көмді. Оны көріп елшілік те үйлерінің іргесін көме бастады. Жұрт түйе жығып, тай жығып теңкитіп-теңкитіп қой үйітіп әбігер. Қан-жынға тойған иттер ауыл айналып шапқылайды да жүреді. Бастарына шаңырақтай ғып ақ жаулық ораған, қақырайтып сәукеле киген бәйбішелер атан түйеге жазы салып, сыртын ақ шаңқан өре киізбен қоршап, жасы үлкен, жолы үлкен ауылдарға соғым сыбаға тасып, табандарынан таусылып бақты. Әсіресе, хан ауылы күні-түні жиын. Тай жетелеп, үйіткен қой өңгеріп келіп жатқан бір жұрт.
Иығына түлкі ішік жамылып қақ төрде шаншылып отырған хан ант берген ауылдардың адамдары келгенде:
— Биыл ортамызда мына сый қонақ бар. Сол соғым сыбағадан құр қалып жүрмесін, — деп ескертіп бақты.
Тай жетелегендер мен қой өңгергендер елшілікке де шұбыра бастады.
Әбілқайыр жылы тонға оранып ап көп ойланатынды шығарды. Кейінгі кезде жер бетіне қатқан тоң ептеп жіби бастаған сияқты. Анадағы Хиуадан келетін қақсауықтың да үні өшкен. Батыр сұлтан ұлысына қайтып барғасын тұяқ серіппей жатып алды. Қарындасының жылда осы уақытта әкесі мен ағасына сыбаға жіберетіні бар еді. Биыл ондай мезірет көрсете қойған жоқ. Анадағы Бөкенбай мен Нұралының барғаны оңай тимесе керек. Егер елші үн-түнсіз жатып алса, ол не айтып, не көкісе де айыбы жоқ ауызына да, қолына да ешкім тыйым сала алмас еді. Ал, енді «Патшаның елшісі сізді іздеп жатыр», — деп барғанда тырп етпей жатып алуға сабыры да, тәуекелі де жете қоймасы белгілі. Сабыры жетпейтіні — шүлен тартатын жерден құр қалып кермеген сорлы басы кім көрінгенге көк мандала шекпен таратып жатқан сахи елшінің сыбағасынан қалай бас тарта алсын! Оның үстіне әкесі Қайып ханның аты аталғасын даңғой неме ондай иығың есіп қалар жерді неге қаза жіберсін! Тәуекелі жетпейтіні — ақ патшаның елшісі өзі ілтипат білдіріп отырғанда илікпей қойса, ел ішіндегі бүліктің бәріне өзі мұрындық болып отырғанын мойынына алғаны болып шығады. Батыр өйтіп ақ патшамен ашықтан-ашық жауласып өле алмай жүрген жоқ. Ол жұртты айдап салып, сырттан қызықтап, әзір аңыс аңди тұрғысы келіп еді. Бөкенбай мен Нұралының алдарынан өткені ол ойын да күл-талқан етті. Енді ол өзі айдай жұрттың алдында ақ патшасының елшісіне барып, қолын алып, құран ұстап ант беріп отырып, былайғы жұрттың бұрынғыдай құлағына салып жүрген қызылкөздердің тентектеу жағы: «Бұдан мал шықпас», — деп күдерлерін үзсе, солқылдақтау жағына: «Өзің ант бердің ғой, бізге не қыл дейсің», — деп аунап шыға келуге жақсы болды.
Ақ патшаның елшісінің алдында қадірлі екенімді көрсетіп, айбынымды асырып қалам деген дәмесінің де күлі көкке ұшты. Мәмбет мырзаның салқын қабылдап, қырыс сөйлегені іргеден тың тыңдап отырған қазақтың құлағына жетпей жатыр дейсің бе?
Кекірейіп жүрген Батыр қалай сазға отырғанын аңғара да алмай қалды. Жақтастарының алдында бетіне шіркеу түсірді, бұрынғы дұшпандарының алдында табаға ұшырады. Оның ант берген хабарын кешегі қалмақ елшісі Орта жүзге де жаяды, бұл көрші қарақалпақтарға да, аралдықтарға да, хиуалықтарға да сәл нәрсені сылтау қып үсті-үстіне ат шаптырып бақты. Бөкенбай мен Есетке айтып түйе жоғалтып, жылқы жоғалтып жүрген жоқ қараушыларды көбейтті. Бәрінің де ауызындағы хабары — Батыр сұлтанның орыс елшісіне өзі барып ант бергені. Бұрын ірит-соқпен тұрған екі жақтың қай жағына шығарын білмей май ішкендей боп қобалжып жүргендердің әуселелері енді белгілі болмақшы.
Әбілқайырдың қуанышында шек жоқ. Енді мына жақсы хабардың ізін суытпай тұрып тағы да бір топтан ант алдырса, ақ патшаның елшісінің алдында түсіп кеткен еңсесі біржола тіктелер еді. Қазақ ру басылары әлгіндей аяқ асты өзгерістің алды-артына түсіне алмай ой үстінде жүр. Орта жүздің төрелеріне осы кезде елші жіберткізу керек. Олар да беттерін ашып көрсін. Ақ патшаның елшісінің ғана емес, өзінің де атынан хабаршы жөнелткені жөн. Сонда олар қитықтанып бірден қолқ ете де қалмайды, патша елшісінің тауын да шаға алмайды. Шөре-шөреге түседі. Әйтпесе, мынау кергіген елші әлгінің бәрін өз беделіне теліп, қайтадан ноқтасын ұстатпай шалқақтап кетуі мүмкін. Әрі Жәдік тұқымының төрелері бірден қолқ ете қалса, кім біліпті, ақ патша келіссөзді әуелден осылардан бастамаған екенмін деп өкініп жүрер. Сондықтан да Жәдік тұқымының бұл мәселеде онша құлықты емес екендігін байқатпай болмайды. Ол үшін патшаның елшісінің шабарманынан бұрын өз адамын шаптырып, хат жібереді. Онсыз да көкке қарғып отырған асау тұқым бұның хатын оқып шалқасынан түседі. Бұған керегі де сол. Оған дейін қарақалпақ жағынан пәтуа шығарып алса, тіпті қатып кетер еді. Сонда Жәдік төрелеріне, қанша кереметпіз деп кеуделері аяқ қаптай болса да, Кіші жүзден, қарақалпақтан ант алып үлгерген, Батыр сұлтанның өзін де иліктірген Мәмбет мырзаның меселін қайтара салу оңайға түсе қоймас. Көне салғанмен, ақ патшаның алдында бәрібір бедел ала алмайды. Оларды өз құрығына іліктірудің қаншалықты күшке түскенін Тевкелев бәрібір ұмыта алмайды.
Әбілқайыр енді Аралдың арғы бетіндегі қарақалпақ ауылдарынан қандай хабар шығар екен деп елеңдеп бітті. Олар да екі жарылып отыр еді. Бір қатары баяғы ақтабан шұбырынды кезінен-ақ бұған иек артса, екіншілері бұл дегенде ер-тоқымдарын бауырына алып, жондарына қол апартпай тулай жөнелетін. Бірақ, бірін-бірі аңдыған бәсекешіл екі топтың бірі иліксе, екіншісін иліктіру қиынға түспейді. Бірінің көріп жатқан қошеметінен екіншісі құралақан қалып, қайтіп отырсын! «Сен Мәмбет мырзадан бес шапан кисең, мен он шапан кидім» деу үшін-ақ жандарын салып бағады. Тек оған дейін қарақалпақтарға «бірден қолқ ете қалмаңдар» деп ескертіп қойған жөн. Ақ патшаның алдында ешкім бұдан құлықты, бұдан көп еңбек сіңірген боп көрінбеуі керек. Кейінгілердің оңай көнгені — Ресей алдындағы Әбілқайыр еңсесінің аласара түскені. Олар кекірейген сайын ақ патша бұның қадірін біліңкірей түседі. Бірақ, «кекірей, кекірей» деп атымен шалқайтып алуға тағы болмайды. Алдын ала Тевкелев мырзамен сөйлесіп «Жұртты ант беруге көндіру үшін ақ патшаның айтып жіберген барлық шартына бағын дей бермеу керек, өз еркіммен бодан болам деген сөз ауыздарынан бір шықты-ақ, кейін иліктіріп алу қиын емес қой», — деп құлағына құйып баққаны дұрыс. Асау елші баяғыдай емес, қазір тезге түсіп келеді. Мына даладан құр қол қайтпау үшін ондай икеміңе келсе, келіп қалуы да ғажап емес.
Әбілқайыр Мырзатайды Қара батырдың ауылына шаптырды.
— Патшаның елшісі келгелі хан ордадан басқа қазақ шаңырағын көрген жоқ. Үйіне шақырып дәм татырмай ма екен, — деді.
Қара батыр сол бойда-ақ атына мініп, елшілікке барыпты. Ертеңіне Қара батырдың ауылына бұл да барды. Қызыл қуырдақ тәтті шайдың үстінде Әбілқайыр:
— Көп ұзамай қарақалпақтардан елші келмек көрінеді. Бірақ олар сол жасақ пен аманат беру жағын ауырсынатын сияқты, — деп бастай түскен әңгімесін үзіп тастады. Көзінің астымен Тевкелевке қарап қойды.
Алдындағы үйме табаққа керенау қол созып отырған елші мына хабарды естігенде құлағын түре қалды. Соны байқаған хан:
— Бұл асаулықтары қашанғы созылар дейсің. Ауыздарынан «бодан боламыз» деген сөзді бір шығартып алсақ, артынан тулап қайда барады, — деп бір қойды.
Елші ләм-мим ауыз ашпады. Бірақ, баяғыдай «өзі келмеген адамға келе көр» деп жалынбаймын деп кергіген жоқ.
Расында да, арада бес күн өтер-өтпесте, Әбілқайырдың ауылына бір топ дудыраған сеңсең бөрікті сау етіп түсе қалды. Олар әуелден бұған иек артып жүретін қарақалпақ ханы Қайып пен бас пірлері Мұрат шайқының елшілері Сейіт қожа, Халует шайқы, Сүлеймен шайқы, Оразақ батыр, Төлеш батыр, Өтеген батыр, Базарбай би, Моллақара би боп шықты. Қолдарында «Ұлы мәртебелі император ағзамның ғазиз да абзал елшісі Мәмбет мырза, біз, қарақалпақ ханы Қайып хан мен бас пірі Мұрат шайқы қазақ хандары мен сұлтандары Ресейдің қол астына өтіпті деген хабарды естіп, біз де ұлы император ағзамның қол астында болғымыз келетінін білдіріп, елшілерімізді жолдап отырмыз», — деген хаттары бар екен. Хан да, пір де: «Келіссөздің шарттары жайында Әбілқайырмен ақылдасыңдар. Олар қандай шартқа көнсе, біз де сондай шартқа көнеміз. Бірақ, біздерге қазақтарға қойған шарттарынан асырып қатал шарт қойып жүрмесін», — депті.
Мына хабарды естігенде Әбілқайырдың мұрты жылтырап қоя берді.
— Біз бірінші болып ант беріп, біраз жәйді байқай алмай қалыппыз. Ақ патшаға жасақ төлейміз, аманат беріп тұрамыз демей-ақ, бодан боламыз десек те, тақиясына тар келмейтін түрі бар екен. Бірақ, оны кейін біліп қапы соғып қалып отырмыз. Сондықтан сендер әуелі мына хаттарыңды көрсетіңдер, сосын бодан болудың шарттарын сұраңдар. Оны естігесін, бірден біз құсап ант бере салмай, қабырғамызбен кеңесейік деп бір күнге пұрсат алыңдар, — деді.
Ертеңіне қарақалпақ елшілері Тевкелевке барып, қолдарындағы хатты тапсырды. Тевкелев оларға Әбілқайыр ханның, Батыр сұлтанның, Нұралы сұлтанның ақ патшаның қол астына өз еркімізбен бағынамыз деп ант беріп, жасақ төлейміз деп, аманат береміз деп, ант қағазындағы әрбір шарттың тұсына қолдарын қойып, мөрлерін басқандарын айтыпты.
— Ендеше, сол шарттарыңды бізге де оқы, — депті Сейіт қожа.
Тевкелев оқып береді. Қарақалпақтар бір-біріне қарап:
— Ертеңге дейін пұрсат беріңіз. Қабырғамызбен кеңесіп, жауабымызды таңертең келіп айтамыз, — дейді.
Кешкісін ымырт үйіріле қарақалпақтардың бір кісісі орыс елшісінен жасырып Әбілқайырға келді. Оған хан:
— Ертең барып бодан болуға келісеміз, бірақ қалған шарттарды қабылдай алмаймыз деңдер, — деді.
Елшілер ертеңіне Тевкелевке барып:
— Ақ патшаның қол астында болып, адал қызмет еткіміз келеді. Ол үшін ант беруге әзірміз. Ал, бірақ, жасақ төлеуге, аманат беруге, қолымыздағы Ресей бағыныштыларын ақшасыз-пұлсыз тегін қайырып бере салуға келісе алмаймыз, — дейді.
— Ендеше, ол үш шартты орындамайтын болсаңдар, мен сендердің ақ патшаның ырқына өз еркіңізбен көніп, адал қызмет ететіндеріңізді қайтіп куәландыра алам? — дейді Тевкелев.
Қарақалпақ елшілері бұл жолы да бір-біріне қарасып, ертеңге дейін пұрсат сұрайды.
Кешкісін ымырт үйіріле тағы да бір қарақалпақ елшісі Әбілқайырға жетіп келді:
— Ертең тағы да барып кешегі айтқандарыңды айтыңдар. Көнсе көнгені, көнбесе тағы бір күнге пұрсат сұрап, «жарайды, біз келістік» дерсіңдер. Бірақ ол қайда қашар дейсің, әуелі әлгі өз шарттарыңды өткізіп көруге тырысыңдар, — деді.
Олар ертеңіне Тевкелевтің алдына тағы барады. Бұл жолы да кешегі айтқандарын айтады. Мәмбет мырза одан әрі қыстай қоймайды. Осы жолы анттарын алып қалмасам, біржола уысымнан шығарып алармын деп қорықса керек, жалма-жан ант қағазын алдарына жайып салып, темір сандыққа қолын сала бастайды.
Бұны естігенде Әбілқайыр иығындағы қынаға боялған сары тонының жағасын бір тартып, ешкімнің көзіне көзін түсірмей, маңдайшаға қарап бір мырс етті.
Қарақалпақтардың алдында сыр алдыра қоймағанмен олардың өздері іздеп келіп ант бергеніне Тевкелев қуанып қалды. «Бұл мынау әлі күнге дейін сіресіп отырған кейбір қазақ руларына әсер етуі мүмкін ғой», — деп ойлады. Бұл іске Әбілқайырдың да араласы жоқ емесін байқады. Қарақалпақтардың келген күні хан ауылына қонып шыққанын көріп біліп отыр. Ертесіне елшілік пен хан орданың арасына өз қостарын тігіп ап, жарық барында екі жаққа да аттап баспай тым-тырс жатып алған немелердің ымырт үйіріле бұқпақтап қазақ ауылына барып қайтып жүргенінен де хабары жоқ емес. Мұның қарауындағы иненің көзінен өтетін башқұрт жігіттері хан орда маңының қойшы-қойманшысымен майлы қасықтай араласып үлгерген-ді. Бірақ хан мен қарақалпақтар арасында қандай әңгіме болғанын анық біле алмады. Әлгі шарттарды қарақалпақ елшілері әу бастан пәтуаласып келді ме, жоқ орта жолда Әбілқайыр құлақтарына сыбырлады ма — ол арасы белгісіз. Егер оны Әбілқайыр айтып жүрсе, онда бұл ханның көрші халықтарға ықпалының сорлы болмағаны. Онда ол бұны мына құладүзге қазақтар айтқанына илікпей қойған күнде көрші қарақалпақтар мен хиуалықтарды көндіріп беру үшін әдейі көшіріп әкелген болды.
Енді Тевкелев бұрынғыдай емес Әбілқайырдың әр сөз, әр адымына байыптырақ зер сала бастады. Әбілқайыр мен ұлы Нұралы сұлтан, Қайып хан ұлы Батыр сұлтан, Қарақалпақ ханы Қайып пен Мұрат шайқы ант берді. Бұрынғыдай құр қанжыға емес. Ақ патшаның алдына да ұялмай бара алатындай болды. Бірақ оған әлі қанағаттана қояр түрі жоқ. Әбілқайыр енді не ойлап табар екен? Біразға дейін бұйдасын соған беріп айтқанына көне бергені жөн шығар.
Қарақалпақтар елдеріне аттанып кеткесін үш күннен кейін Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр келді. Екеуі Орта жүздегі Сәмеке ханға: «Біздер бүкіл ұлысымызбен ақ патшаның қол астына өтіп, жасақ төлеп тұруға ант бердік, сені де ақ патшаға өз еркіңмен бағынып, қол астыңдағы руларды да соған көндіруге шақырамыз, ондай еңбегің ақ патша тарапынан ескерусіз қалмайды. Ресейге арқа сүйесек, жұртымыздың басына тыныштық орнатар едік», — деп елші шаптырмақ екен. «Соған сіз де өз адамыңызды қосыңыз», — деп келіпті.
Тевкелев Әбілқайыр мен Бөкенбайдың адамдарының қасына өз елшісі Таймас пен тағы да екі башқұрт қосты. Қоржындарына Сәмекеге апарып бер деп, әрқайсысы төрт аршыннан үш түрлі түстен қырмызы, бір көйлектік қызыл қамқа, қызыл шұға тон, алты бас иленген қызыл шегірен, бес күзен, екі құндыз, екі сусар, Қазбек биге апарып бер деп төрт аршын қызыл қырмызы, бір құндыз, бір сусар, бір бас иленген қызыл шегірен сыйлық салды.
Орта жүзге аттанатын елшілерді жолға салып жібергесін Әбілқайыр ордасына кетті де, Бөкенбай батыр қонып шығуға қалып қойды. Тевкелев көптен көңілінде жүрген көп түйткілдің шетін бүгін шығармақшы. Ортадағы темір астауға үйіліп әкелінген сексеуілдің шоғына маңдайларын төсеп, ұзынсонар әңгімеге кірісті. Бөкенбай бұның сұрақтарын тыңдады. Бұрынғыдай емес, қажыңқы. Көзінің айналасы қазыла түскендей. Нардай денесін ілгері ұмсынып, үн-түнсіз тыңдап қалған. Біраз уақыт ойланып отырды. Сосын шоққа қақтаған қос алақанымен бет-ауызын бір сипап өтіп, жағын кере есінеп алды.
— Ендеше, Мәмбет мырза, біздің қазақ жұртымыз Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген үш ортаға бөлінеді. Ұлы жүз қазір алыста, сонау Бұқар жағында. Оны Жолбарыс деген хан билейді. Әбілқайыр ханның туған бауыры. Екеуі Абдолла сұлтанның екі әйелден туған екі баласы, Абдолланың ол екеуінен басқа Нияз, Мамай, Қылыш-Мұхамбет деген үш баласы бар. Мамайы Хиуаға хан болып тұрған жерінде өлді. Қалған екеуі ешқандай ұлыс билемейді. Сөйтіп, Өсеке балаларының қолында қазір Ұлы жүз бен Кіші жүздің билігі бар. Ал, Жәдік балалары негізінен Орта жүзді билейді. Орта жүз сан жағынан да, дәулет жағынан да қазақтың ең мол ордасы. Оны Сәмеке, Күшік деген екі хан, Барақ, Әбілмәмбет деген екі сұлтан билейді. Мынау Кіші жүздің шекті руын билеп отырған Батыр сұлтан да сол Жәдік тұқымынан. Ол Әбілқайырдың немере қарындасы, Нияз сұлтанның қызын алып отыр.
Қазақ сұлтандары бұрын Ташкент, Сайрам, Түркістан қалаларын билеп, ондағы егін салып отыратын жұрттан алым-салық алып тұратын. Астыққа, киім-кешекке деген мұқтаждарын ел сол қалалардан айырып тұратын. Олардың қонтайшыға қолды болып кеткеніне біраз болып қалды. Олар барда қазақтар қазіргідей бет-бетіне шашырап кетпей қоян-қолтық араласып, бірге қыстап, бірге көшіп жүретін. Жыл сайын екі рет үш орданың түгел бас қосқан жиындары болып тұратын. Қазір Ұлы жүзбен атымен байланысымыз жоқ. Ал Орта жүз бен Кіші жүз әлі де бірге бас қосып, жиын өткізіп тұрады. Кейінгі жылдарғы Бұланты бойындағы, Жайық бойындағы Аңырақай даласындағы ұрыстарда екі орда бас қосысып бірге ақылдасып, тізе қосысып бірге шайқасты. Аңырақай даласындағы шайқастан кейінгі сұлтандар арасындағы ырың-жырың болмаса, екі орданың халқының ауызы әлі де бір, жиын-асы, той-томалағы бірге өтеді. Бұрын жігіттің нағашысы Ұлы жүз болса, қайыны Орта жүз болып, кіндіктен матасып жатушы ек. Жақында Әлім мен байұлы екі алшын бір-бірінен қыз алған тойда адай Көшке би: «Алашты қойып, алшын деген елім болды, Қаратау қалып, Қарақұм деген жерім болды, арысты қойып, рудан ру қыз алып, қарындасым келін болды, бұл не деген керім болды?» — деп қымыз ішіп, қызара бөртіп отырған жұрттың есіне баяғы өткен дәуренді салып, бір толқытып алған-ды. Халқымыздың жайы, міне, осындай.
— Хан сонда қазақтардың өзінен ешқандай алым-салық алып тұрмай ма?
— Қазақтардан дауларын шешкенде алатын хандық, осындай соғым тұсындағы сыбаға, бір жаққа жорыққа шығардағы лау, ауылыңның үстіне келіп қалғанда беріп тұратын қонақасы болмаса, жылма-жыл түтін басына, жан басына алып тұратын басыбайлы салығы жоқ. Олардың бас асау болып жүргені де сондықтан ғой. Әркім өзінің азғантай мал-дәулетіне, нәпақасына ие. Сосын сенің хандығыңды неғылам, билігіңді неғылам деп бет-бетіне кететін тентектер де аз емес.
— Қазақтың саны қазір қай шамада екен?
— Сол сексен мың үйден аса қоймас.
— Әбілқайырдың қазақ арасындағы беделі қандай? Анада елшілері қазақтардың бас ханы деп еді, сол рас па? Бас хан дейін десең, қасында көшіп-қонып жүрген ұлысы аз ғой. Бөкенбай ала көзін жарқ еткізіп бір бұрып қойды.
— Қазақтың бас ханы бұрын Түркістанда отыратын. Үш жүздің бас қосқан жиынын өткізіп, ел басындағы жағдайларды талқыға салатын. Ондай ханның соңы — бұдан он бес жыл бұрын өлген Тәуке. Сол Тәуке ханнан кейін қазақта әзір Әбілқайырдан беделі аса қойған төре жоқ. Ол Тәуке ханның тұсында-ақ хан атанып көзге түскен. Қазақтың қазіргі ханмын, сұлтанмын деп жүрген төрелерінің ешқайсысының елге Әбілқайырдай еңбегі сіңген емес. Ол үш арыстың басын қосқан талай-талай іргелі шайқастарды басқарды. Жоңғар мен қалмақтан абырой алған соғыстардың бәрінде де тізгін соның қолында болды. Тәуке тұсында да қол басқарды. Оны жұрт осыдан екі жыл бұрын ақ киізге көтеріп бас сардар сайлаған. Қазақ ғаскері оның алдына шыға алмайды. Ал төрелерге, сұлтандарға келетін болсақ, баққа, таққа таласу қай халықта да бар шығар. Әбілқайырдың ақылын, абыройын көре алмайтындар қазақта да бар. Сондай қырбай төрелердің азғырынды әңгімесінің қырсығынан да жұрт қазір ханға тоң-торыс болып жүр. Бұрын ешқандай елдің иегінің астында жүріп көрмеген асау халық ақ патшадан емес, бодан деген сөзден қорқып жүр. Бірақ қайда кетер дейсің! Ертең ақ патшаның қол астына қарап, ата дұшпаннан кек алатын күн туса, бәрібір алдымызға шығарып, ту ұстатарымыз басқа ешкім де емес осы Әбілқайыр болады.
Тевкелев Бөкенбай батырдың онша ағыл-тегіл ақтарыла қоймай, бір астарын қалтарыс салып, салғырт сөйлеп отырғанын іші сезіп, арты сұйылып кетуі мүмкін әңгіменің бұйдасынан айырылмай, қайта-қайта, сұрақ қойып, шым-шымдап сыр тарта бастады.
— Анада Уфаға хазған хатында Батыр сұлтанды күйеу балам, Хиуа ханы Жолбарысты інім деп еді. Әбілқайыр мынау төрелердің көбімен ілік-шатыс қой деймін.
— Батырдың немере қарындасын алып отырған күйеу баласы екені рас. Оның үстіне сұлтанның Қайып деген баласына Мамайдың бойжетіп отырған қызын атастырып сүйек жаңғыртпақ.
Хиуаны билеп отырған Жолбарыс інісі емес, құдасы. Жолбарыстың қызы — ханның екінші баласы Ералының қалыңдығы. Ұлы жүзді билеп отырған Абдолла баласы Жолбарыстың ханның туған бауыры екенін әлгінде айттым. Қалың найманды билейтін Күшік ханмен де құдандалығы бар. Ол — Нұралы сұлтанның қайыны. Күшікпен құдандалы болса, оның інісі Барақпен де құдандал болғаны.
Елші батырдың ауызынан шыққан әр сөзді көңіліне тоқи отыра, оның бет-әлпетін де көз жазбай бақты да отырды. Барақ пен Күшік туралы айтқанда шықшыт сүйегі бүлк ете қалды. Әбілқайырға жаны ашитыны, жақсы көретіні байқалып тұр.
— Батыр, хан екеуіңіздің араңызда қандай туысқандық бар?
— Хан нағашым, анам Құттыбикенің туған ағасының баласы.
— Сонда қалай болғаны?
Батыр табадағы шоқты бір көсеп қойып әңгімеге кірісті.
— Қазақтар аталастықтан өрбитін туысқандықты ағайын дейді, құдандалдықтан өрбитін туысқандықты жекжат дейді. Ағайындықтан өрбіген ұрпақты әулет дейді, жекжаттықтан өрбіген ұрпақты жұрағат дейді. Өзіңнен туған бала — бел бала, одан туған бала — немере, немереден — шөбере, шөбереден — шөпшек, шөпшектен — жүрежат, жүрежаттан — туажат туады. Туажаттан әріден табысатын ағайын әншейін аталас саналады. Ал жұрағатқа қосылатын мыналар: қыз алысып, қыз беріскен жерің м құдаларың, құданың әйелі -құдағиың, құданың ұлы — құда балаң, қызы — құдашаң. Қазақ құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық дейді. Онысы құдандалдықты ел ұйытқысын ұстар мықты тірек санағаны. Ұзатылған қызыңнан туған бала м жиенің, жиеннен туған бала — жиеншарың, шешеңнің тумалары — нағашы жұртың, әйеліңнің тумалары — қайын жұртың болып есептеледі. Әйеліңнің әкесін — қайын ата, шешесін — қайын ене, апасын — қайын бике, ағасын — қайын аға, інісі мен сіңлісін — балдыз санайсың. Ал нағашы жұртыңның үлкенін де, кішісін де, әйелін де, еркегін де — нағашы ата, нағашы шеше, нағашы апа, нағашы аға дей бересің. Бір кісінің ұлдарынан өрбіген ұрпақ бір-бірін ағайын атаса, қыздарынан өрбіген ұрпақ бір-бірін беле тұтады. Сонда Әбілқайыр екеуміз ата жағынан біріміз — төре, біріміз — қара боп, қырық қайнаса, сорпамыз қосылмаса да, шеше жағынан бір кісінің ұлы мен қызынан тараған туған нағашы, жиен боп шығамыз.
Тевкелев қанша сұңғыла болса да, Бөкенбай батырдың мына айтып отырған шым-шытырығы миына бірден орнай қоймай, қатты қиналды. Қайталап сұрауға қысылды. Не де болса, жекжаттық пен туысқандықтың әлгі бір шым-шытырық ара жігі онсызда жұмбақ жұртты одан сайын жұмбақтандыра түсті. Мынау ен далада бет-бетіне бытырай кеткен ызғындай жұртты бір-біріне қарайлатып жүрген де хан-төренің қолындағы билік емес, әу баста бір ата, бір енеден жаралдық деген ұғым, тамырларында бірдей ағып жатқан ортақ қан, ағайын-жекжаттықтың қимас көңілі мен таусылмас парызы ғана екен. Ол қандай халыққа да ұлтаны сетінемей, бір жұрт, бір қонысында бейбіт отырғанда берекелі дәнекер бола білгенімен, мынандай ел басына зобалаң туған қысталаң замандарда тым осалдық көрсетпес пе екен. Тіршілік күйттеп бет-бетіне кеткен жұрттың туысқандық күйттеп қайтадан бастары қосыла қоймағы екі талай-ау! Бірақ, Әбілқайыр хан өз мақсатына жетпек үшін билік пен өктемдіктің қыл арқанымен қоса, ағайын-жекжаттықтың тал жібектің суыртпағындай нәзік желісін де мықтап пайдаланбақшы екен ғой.
Елшінің көз алдына қазақ ханының қашан көрсең де, бір қалпында тұратын сұп-сұр жүзі, тұнжыр жанары мен салыңқы қабағы келді. Бұның бәрі бұрын оған қайдағы жоқ сұмдықтарды ойлап отырған ішмерездік қана сияқты көрінуші еді, енді байқаса, ішіндегі қара қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан әлем-тапырық көңілін байқатқысы келмеген ерекше бір ұстам, сабыр екен ғой.
Ертеңіне Тевкелев мейманын ауылына аттандырып салып, күнделігінің жаңа парағына «16 декабрь» деп жазып, Бөкенбай батырдан түнде естіп алғандарын қағазға түсіріп отыр еді, Әбілқайыр хан кіріп келді. Төрге шығып отырғасын онша ділмар болмаса да, ширақ қимылдап, ширақ сөйлейтін шапшаңшыл хан көп сөз бұйдаға салмай, келген шаруасын қысқа қайырды. Ол Нұралы сұлтанды қол астыңдағы халқыңмен Ресейдің қол астына өт деп айтуға Хиуаны билеп отырған Жолбарыс ханға жібермек екен. Ондағы ойы Бұқара мен Хиуаның Ресейге баратын керуендерін өз ұлысының үстімен өткіздіріп тұру көрінеді.
Тевкелев сыз қабақ ханның бет-ауызына бір қарап қойды. Сол баяғы тұнжыраңқы қалпы. «Бұныма қалай қарайсың?» — дегендей үн-түнсіз жауап тосып отыр. Орыс елшісі мынау сұп-сұр ханның бүлк етпей жатқан сазарыңқы бетінен ар жағындағы астарлы ойдың сүрлеуін таба алмай біраз дағдарып қалды. Бұл тек қазақ ұлыстары ғана емес, көршілес хандықтарды да өз уысында ұстаудан кет әрі емес екен-ау! Басты күн көрісі сауда болып есептелетін Бұқара мен Хиуаның ерсілі-қарсылы шұбырып жатар шұбар ала керуенінің ноқтасынан өзі ұстайтын болса, ар жағында ақ сарайларына кіріп, тақтарына мінбеген несі қалды? Ақ патшаның айбарымен қорқытып жоңғардан басқа жұрттың бәрінің тізгінін бір уысына жиып алмақ қой. Жоңғар бұнымен сосын сөйлесіп көрсін! Мынау айдаладағы алақандай оқшау теңіздің бір уыс шалғай түбегіне тығылып, бас сауғалап отырған кішкене билеушінің дәмесі қандай үлкен! Бет-ауызында ешқандай қысылу-қымтырылу жоқ. Тас түйін. Сәл жағдай туды-ақ, әлгі ойын жүзеге асырып шыға келетініне күмәнданбасаң да болатындай. Неткен жұлын жұтқан жан! Ақ патша шарапатына алса, ертең-ақ мынау қиқар қазақтарды ақ семсердің ұшымен өз бауырына қуып тықпақ, бүгін базарына жолатпай отырған Хиуа мен Бұқарды да мұрындықтап алмақ. Ар жағында жоңғардың да жұлынына жармасып, Жайық пен Алтай екі ортаға екі борбайын созып сап, алшысынан түсіп жатып алмақ. Сонда Ресейге ақ патшадан кейінгі ең ірі билеуші өзі болып шыға келмей ме! Оған Россия да, қазақтың ауызбірлігі де, жоңғардың жеңілгені де, Хиуа мен Бұқардың саудасының гүрлеп өскені де — тек сол үшін, астындағы тақтың биіктей, өз қолындағы биліктің үлкейе түсуі үшін ғана керек! Неткен батылдық! Ай тақырда отырып, тас қорғанның ішіндегі алтын тақтан дәмету, бір қарағанда, есерлік сияқты! Бірақ мынау қыр мұрын, ашаң өң, сұңғақ бойлы дала сұлтанының тал бойында не есерліктен, не аңқаулықтан сәл жұқанақ таба алмайсың! Шынында да ақ патша ертең Әбілқайырды күллі қазақ жұртының бас ханы деп таныса, әлгі ойларын жүзеге асыру да тап онша қиынға түсе қоймас. Шығыс билеушісінің жымысқы ойына орыс зеңбірегінің күркірі қосылғанда, мына далада талай нәрсе істеуге болады. Әбілқайырдың да ойлап отырғаны осы. Әлі ақ патшаның шарапатына, сеніміне ие болмай жатып, тек өз ордасына орыс елшісінің келгенінің өзін пайдаланып, қоңсықара қалпақ, хиуа жұрттарына ықпалын нығайтып ала қоймақшы. Мұндай түп ниетін біліп қалған күнде ертең патша сарайы қалай қарар екен? Ақ патшаның маңында өзіне тең келетін күшті билеушінің болғанын жақтырмайтыны белгілі. Ал, енді қол астындағы билеушілердің ондай әсіре дәмелерін аямасы сөзсіз. Ай, сұлтаным-ай, мына қалпыңмен сенің ертең ақ патшаның қол астында да айдарыңнан жел есе қоймас түрі бар ғой! Оған сендей өркөкірек, баққұмар, пысық бағынышты емес, қой аузынан шөп алмайтын, құдай мен ақ патша қатар келе жатса, алдымен ақ патшаға бөркін алатын, айтқанын екі етпейтін салпы етек, салыңқы иін момын билеуші керек-ау! Ақ патшаға ұлысыңның бас бостандығын бердің екен, ойыңның да тізгінін ұстатқаның жөн еді ғой. Онсыз тағы да сол екі қошқардың басы бір табаққа сыймайдының кебін киесіңдер ғой. Жә, оны әзір сенің білмей-ақ қойғаның жақсы. Бұл үшін сенің әзір осал емес, осылай мықты болғаның керек. Сенің осылай біреуден айлаңды асырып, біреуді айбыныңмен ықтырып, бұның темір сандығындағы сары ала қағаздағы шатпақ-шимай жазулардың санын көбейтіп бергенің керек. Сосын сенімен қалай сөйлесетінін ақ патша өзі шеше жатар. Дәл қазір мынау таудай талабыңды тойтарып тастауға болмайды. Бірақ, құптаймын деп те айтуға болмайды. Егер ауызымнан ғайыптан тайып ондай сөз шыға қалса, сен осыны қағазға түсіріп, қолхат бер деуден де тайынбассың. Қолыңа ондай қағаз түссе, ертең онымен не істейтініңді кім білген! Сондықтан да сенің мына үмітіңнің көзіне біржола су құймағанмен, әзірге тежей тұруға тура келер. Ол үшін қандай сылтау ойлап тапсам екен. Жарайды, сен қулық ойлағанда мен неге ойламаймын! Сен өзіңе керек жылы-жұмсаққа осы күннен қолыңды батырыңқылап қойғың келсе, ондай ой менде де жоқ емес!
Көз алдына анада Уфадан келе жатқанда көрген бір жері келді. Жайық пен Ор өзені қосылатын кішкентай аша түбектің екі жағы су екен де, бір жағы тау екен. Соны көргенде Тевкелевтің көзі шоқтай жайнап қоя берген. Бірақ, көңіліне не қашқанын қасындағы башқұрттар біліп қалмасын деп отыз тісін бірдей тістеніп, дымы ішінде болған. Бір Уфаның өзін ауырсынып, әлі күнге тулап келе жатқан башқұрттар мұның әлгі ойын біліп қалса, бір бұтаның түбінде өздері-ақ бауыздап кетуі ғажап емес еді.
Қазір де Тевкелев оңаша үйде екеуді-екеу отырса да жан-жағына алақтап бір қарап алды.
— Қазақ даласы арқылы сауда-саттық жасау дәл қазір біз үшін онша сенімді емес, — деп бастады әңгімесін Тевкелев. — Кез келген сойыл ұстаған содырдың соңында жүрген мынандай көп тентектің ортасына қандай жүрегіне жүн байлаған саудагер келсін. Одан олар да, сіз де абырой таба алмайсыз. Әуелі мына халықты өз ханының дегеніне жүретіндей қып тәртіпке көндіріп алайық. Анада келе жатып көрдім, Ор өзенінің Жайыққа құятын сағасы нағыз қорғаныс қала салуға таптырмайтын жер екен. Сіз ұлы мәртебелі император ағзамнан сол араға бекініс қала салып бер деп сұраңыз. Сол шаһардан өзіңізге қора-жай салып ап, ылғи сонда қыстап, қасыңызға әр рудан кезек-кезек бір-бір би, қазы ұстап отырар болсаңыз, қол астыңыздағы халқыңыз да дегеніңізден шыға алмайды. Басыңызға қатер төнсе, орыс қаруы өз панасына алады. Әне, әлгі айтқан сауда-саттықты да сонда өркендетуге болады.
Елшінің мына сөзін естігенде ханның қиылған қара мұрты жылтырап қоя берді. Шамасы, Тевкелев оның көкірегінде көптен жатқан қызыл құрттың төбесінен дәл түссе керек.
— Мына сөзіңіздің жаны бар екен. Бұған билер де көп қарсы бола қоймас. Дегенмен, үмітсіз шайтан деген ғой. Нұралы Хиуаға жүремін деп жиналып қалып еді, барып қайтсын.
Хан үйден көңілденіп шықты. Қолымдағы қыл тізгінді орыстың тас қорғанының ішінде жайлы төсекте жайғасып отырып алып, қос ауыз қара мылтықтың көк сүңгісіне шие байлап тастар болсам, қай қазақ қыңқ ете алады. Қыңқ етсе, әумесер асаулардың көк желкесінен көк ала түтінді бұрқ еткізбей ме...
Тевкелев те масаттанып қалды. Қазақ жерінің шекарасынан әскери қамал салу мәселесін оп-оңай шешіп алды. Қажет десеңіз, бұл Сыртқы істер коллегиясының да ойында болмаған шаруа.
Нұралы сұлтан 19 декабрь күні Хиуаға аттанып кетіпті.
Әбілқайырдың әлгі хабарын естіді ме, жоқ ойына бір ой қашты ма екен, декабрьдің жиырма төрті күні, кешқұрым ала көбеңде Бөкенбай батыр кіріп келді. Бұрынғысындай емес қабағы салбырап тұнжырай кірді. Төрге шыққасын да біраз түнеріп отырып барып сөз бастады.
— Мәмбет мырза, мынау пәтуасыз жұрт жігерімді әбден құм қылып бітті. Ел шетіне жау келеді-ақ: «Ойбай батыр, қайтеміз», — деп қаумалай кетеді. Ал, артынан сәл тыныштық орнады-ақ, кешегі еңкек бастары аяқ астынан шалқайып шыға келеді. Солардың айтқанын тыңдаймын деп, кешегі қонтайшымен шайқаста төрт бірдей бауырымнан айырылдым. Бұрын да біреу бірдеңе десе, екі етегі далақтап шаба жөнелетін жел өкпе халық еді. Енді мынау Әбілқайыр ханның ақ патшаға бодан болам деген хабарын естігелі жалдарына қол апартпай тайрақтап кетті. Ақ патшамен айбын салыстырғылары келеді. Осы бір диуана жұртпен алыса-алыса қажыдым.
Енді орталарынан біржола кетіп, өз алдыма бір тыныш өмір сүрейін деп едім. Бостан жүріп бастарына мүйіз шықсын. Ақ патшаның қол астында болам деп, осылардан іргемді түпкілікті ажыратып кетсем, алдияр тақсыр маған Жайық бойынан қоныс берер ме екен?
Тевкелев, қапелімде, не дерін білмей қалды. Бірақ, әккі неме Бөкенбай батырдың баяғыдан бері бұл дегенде неге екі етек болып жүргеніне енді түсінейін деді. Алайда, Бөкенбай бұндай сөзді бұрын айтпай, кейінірек айтпай, бүгін неге айтып отыр? Әлдебір күні күлік, бір күні бүлік болып отыратын қазақ арасында тағы да бір шатақ шыққаны ма...
— Бұл қолқаңызды барған бойда ақ патшаның құлағына салайын, — деді.
Батырдың мұншама түнеріп келгеніне қарағанда қазақ арасы бұрынғыдан да бетер іри-тіри боп кетті ме екен деп ойлаған Тевкелев, ондай жағдайда өз басына төнетін қауіптен тек осы Бөкенбай құсаған кісілердің етегінен мықтап ұстағанда ғана аман құтыла аларын сезді. Оның ақ патшаға артып отырған әлгіндей үмітін одан сайын өршіте түскенді жөн көрді.
— Патша ағзам мынандай қиын-қыстау кезде көрсеткен қызметіңізді өте жоғары бағалап, сіздің қандай қолқаңызға да айырықша мән беретініне менің сенімім кәміл.
Батыр көңілденейін деді.
— Егер мынау бізге қарсы болып жүрген қиқарлар бұл тулағандарын қоймаса, ақ патша маған башқұрттар мен Жайық казактарынан көмек берсе, мен қазақ ордасын екі жылдың ішінде-ақ қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен Ресейдің қол астына бағындырып берер ем.
— Міне, бұл ойыңыз өте дұрыс. Бұны естісе, ақ патшаның да қуанары сөзсіз. Сондықтан да, батыр, қазақ жұрты бағынсын мейлі, бағынбасын мейлі, өз басыңыздың ұлы император ағзамға ақтық қаныңыз қалғанша адал қызмет ететініңізге қайтара ант беріңіз. Оған күйеу балаңыз бен ініңізді, Әбілқайыр ханды да көндіріңіз. Ол қылықтарыңыз ертең қазақ жұрты Ресейге түгел бағынған күнде де ақ патшаның сендерге былайғы шонжарлардан өзгешерек қарауына жағдай жасайды.
Екі иығы түсіп тұнжырап келген Бөкенбай қуанып аттанды. Тевкелев те мынау жаңа қатқан солқылдақ мұздың үстінде тұрғандай дүдамал жағдайда сәл де болса, үміт сәулесін көргендей болып көңілденіп қалды. Бірақ, батырдың мұнша неге ұнжырғасы түсіп кеткеніне түсіне алмады. Әлде Орта жүзге кеткен елшілерден жайсыз хабар естіді ме екен...
Әрі-сәрі боп қалған Тевкелев тағы да айналаға құлақ түрді. Ештеңе естіле қоймады. Бір күні таңертең арсалаңдап жетіп келген ханның төлеңгітінің ауызына аңтарыла қарады. Бірақ, о да: «Хан қыз ұзатар тойға шақырып жатыр», — дегеннен басқа бөтен хабар айтқан жоқ. Той үстінде де әркімнің ауызын бақты да отырды. Онда да ерсі ештеңе байқай алмады. Үйіне келген соң күнделігіне: «Декабрьдің жиырма екісі күні Әбілқайыр хан немере қарындасын Батыр сұлтанның баласы Қайып ханға ұзатты, өзін жақтайтын ру басылары жиылған бұл тойға ол Тевкелевті де шақырды, онда биенің сүтінің ашымалынан басқа ешқандай ішімдік, туралған еттен басқа ешқандай тамақ болған жоқ, етті олар қасықпен емес, қолмен жеді, Тевкелев олардың арасында үш сағаттай болып, қосына қайтып кетті», — дегеннен басқа жазатын ештеңе таба алмады.
Бірақ, жүрегі өз-өзінен алабұртып тыншыр емес. Бұнысының қуанышқа не қорқынышқа көрінерін біле алмай дал болды.
Декабрьдің жиырма бесі күні Сәмеке ханға кеткен елшілер келді. Астарындағы аттарын аямай-ақ сабылтқандары көрініп тұр. Әншейінде айшылық жол жүретін жерге айналасы он күнде барып келіпті. Сәмеке ханның ордасына декабрьдің он тоғызы күні жетіпті.
Таймас:
— Ардақты хан, Тевкелев мырза сізге айрықша сәлем айтты. Жер алыс, қыстың көзі қырау болып өзі келе алмағанына көп-көп кешірім сұрайды, — деген екен, хан:
— Онысына көп-көп рақмет. Елші мырзаға ешқандай өкпем жоқ. Ұлы император ағзамның атынан келіп отырған ақжолтай елшіге өзім барып сәлем берсем де болатын еді. Бірақ, ел алдымен ебелек ұшады деп, ешқайсымыздың алдымыздан өтпей, мұндай маңызды істі жұрттан жасырып, ұры қылғандай оңаша істеген Әбілқайыр ханға өкпем қара қазандай. Сондықтан да бармай қалдым. Таймас мырза, елші мырза қыстың көзі қырау болғасын келе алмады дегенің де жәй әншейін әңгіме екенін біліп отырмын. Мәмбет мырза Уфадан алып шыққан көлігінің бәрінен айырылып қалып құр тақым отырса, иттің өлген жеріне қайдан келе алсын.
Ақылдаспай істеген асығыс шаруаның арты оңушы ма еді! Егер елшілік күллі қазақ халқының ақылдасып-мақұлдасқан қалауымен келген болса, ондай жағдайға душар болар ма еді! Енді, міне бәрін қойғанда Мәмбет мырзаның өз қара басына қауіп төніп тұрған жоқ па! Әбілқайырдың бәрімізден жолы үлкен екені рас. Бірақ, ол үшін емес, патша алдиярдың аруағын сыйлағандықтан әлгі өкпемді ұмытып, Ресейдің қол астына өтуге ант берейін. Әбілқайырдың айтқанын істеп отыр деп ойлап қалмаңдар, өзімнің адал көңілім осы, — депті.
Сол бойда ант қағазына мөрін басып, жыл сайын Москваға өз адамдарын жіберіп, екі мың түлкі, мың қарсақ жасақ төлеп тұратынын, бірақ аманат бере алмайтынын айтып хат жазып беріпті. Ертеңіне Құдайназар мен Таймасты шақырып алып, қолдарына ұлы император ағзамның атына жазылған хатты ұстатып:
— Май айында бүкіл Орта жүз бас қосқан жиын болады. Оған барлық ұлыстың бас көтерерлері келеді. Тевкелев мырзаны соған шақырамыз. Оған дейін де қарап жатпаспыз. Билермен, батырлармен жеке-жеке сейлесермін, — деді.
Таймас Сәмеке хан, Барақ сұлтан, Әбілмәмбет сұлтан және бір Жәнібек батыр деген беделді адамның алты мың әскермен қонтайшыға қарсы жорыққа шыққалы жатқанын айтып келді.
Елшілердің хабарына Тевкелев қуанғанмен, Әбілқайыр қуана қоймады. Сәмеке бәрін біліп, бәрін естіп отырған болды. Ендеше Кіші жүздегі мынау бүліншілікке күллі Жәдік тұқымы түгел араласып отырғаны! Барған елшілерге жауабының дәл бұлай дайын тұрғаны да кісі тіксінетін жәйт екен. Орыс елшісі мен бұның сәлемі ол үшін төбеден түскендей төтен оқиға болмады. Бәріне де алдын-ала сақадай-сай отырған болды. Ендеше, оның мына хаты да, Батырдың анада келіп ант бере салғаны да әншейін шығарып салма әңгіме екен. Іштерін бере қоймапты. «Ақылдаспай істеген шаруаның арты оңушы ма еді! Мәмбет мырзаның өз қара басына қауіп төніп тұрған жоқ па!» — деген сөздер де тегін айтыла салмаған. Бұның артында бір зілі тұр. Олар ақ патшаның алдында ант берген парыздарынан құтылды. Бірақ, ел арасына іріткі салудан, елшіге қастандық жасаудан тыйылмайды. Қайта обал-сауабын Әбілқайыр көтеретін болғасын, бұрынғыдан бетер күшейте түсуі мүмкін. «Біз өз антымызды бердік. Кіші жүздегі оқиғаларға ешқандай араласымыз жоқ», — деп ертең ауыздарын қу шөппен сүртіп шыға келмек.
Әбілқайырдың анадағыдан бері арқасынан тау түскендей болып жүрген бойы қайтадан ауырлайын деді. Қарсыластарының біраздан бері сілтідей тынып қалғанынан да енді сескенейін деді. Сәмеке Құдайназар мен Таймасты аттандырып салған бойда оларға да кісі шаптырған шығар. Аман болса, енді бір-екі күнде Батырдың ұлысынан да бір хабар келмес дейсің бе? Ендеше, ол жуықта мұның ауылындағы қалыңдықтарын алып кетуге неге асықты? Бұл анада ант бергесін, енді барар жер, басар тауы қалмағасын, орыс елшісі мен мұның жүзін біржолата жылытып алғысы келді ғой деп ойлап еді. Олай болмай шықты ғой. Сонда бұлардың не ойлағандары бар.
Хан тағы да түн баласы төңбекшіп шығатын болды. Сүйтіп жүргенде сау етіп шекті ауылының билері жетіп келді. Ақ орданың керегесінен көз тастамай тізіле жайғасып алғасын:
— Орыс елшісімен бірер ауыз сөзіміз бар еді. Шақырып бермейсің бе? — деді.
Хан мынау аяқ астынан сау ете қалған топтың бірдеңеге қитықтанып келіп отырғанын байқады.
— Елші шақыртылады ғой, қайда кетер дейсің? Алдымен ондағы шаруаларыңызды айтыңдар, — деді.
Ай маңдай, торсық шеке, бурыл сақал Жантума би сөз бастады. Тостаған көз көрікті кісі сақырлаған сары аязда жүріп келгендіктен бе, әлде ашу буып отыр ма тұла бойындағы бар қаны бетіне шауып күреңітіп апты.
— Әбілқайыр, былтыр осы уақытта Бекболатты төрт жігіт серігімен Тобыл шаһарына өзің аттандырдың. Содан бері олар ұшты-күйлі жоқ. Мына ноғайыңнан өзің бір хабарын шығарып бере ме деп, әне тостық, міне тостық. Ауыздарына су толтырып қойғандай не әлгі шоқыншығың үндемейді, не өзің үндемейсің. Енді, міне, сол жігіттердің тағдырын елшісісымағының өз аузынан естиік деп келіп отырмыз.
Әбілқайыр Бәйбекті шақырып, Тевкелевке жұмсады. Елші есіктен аттар-аттамастан-ақ үй ішінде отырғандар ала көздерімен ата қарап, бірінен соң бірі кимелей сөйлеп, жан алқымға алып берді.
— Осында келген кейбір орыстар елдеріне қазақтарды жерден алып, жерге салып жамандап баратын көрінеді. Ондайлар ақ патшаның алдында өзінің бәсін асыру үшін: «Ойбай, ол жақта көрмеген қорлығымыз жоқ. Дүние-мүлкімізді тонап алды. Өзімізді тұтқын қылып қамап қойды», — деп бөседі дейді. Міне, келгеніңізге үш айдай уақыт боп қалыпты. Өлген-жіткен ештеңеңіз жоқ қой. Ал, ана жақтағы әкімдеріңіз сіздердің сондай ғайбат сөздеріңізге сеніп, біздің адамдарымызды жазықсыз ұстап алып жібермей жатыр. Былтыр осы уақытта қасында төрт кісі жолдасымен Тобыл қаласына кеткен Бекболат деген елшімізден әлі күнге хабар жоқ. Өлі-тірісін біле алмай отырмыз. Сізді бұл жаққа жұмсағанда бастықтарыңыз ол жайында ештеңе демеді ме?
Тевкелев мынау ежіреңдеген қазақтарды дауласып жеңе алмасын білді. Сондықтан да өз басын арашалай сөйледі.
— Ресейде елшіге қысым көрсету, оның дүние-мүлкін тонап алып, басына қауіп-қатер төндіру сияқты бұзақы қылық ешқашан орын алып көрген емес. Ондай бассыздыққа болашақта да жол берілмейді. Ал Бекболат елшінің Тобыл қаласынан неге қайтарылмай отырғанынан мен атымен хабарсызбын. Тіпті Ресейде қазақтың ондай елшісі жүр деп те естіген емеспін. Сондықтан да бұл мәселеге менің ешқандай араласым жоғы өз-өзінен түсінікті. Ал, былтыр кеткен елшінің биылға дейін оралмай қоюына келетін болсақ, әрине, бұл арада бір гәп бар. Шамасы, орыс әкімдеріне елші аттандырып, олардың аман-есен оралып келгенін күтпей, патшаға бағынышты ұлыстарға жортуыл жасап, малдарын, адамдарын алып кететін шығарсыңдар. Сосын олар, әрине сіздерден барған кісілерді барымталап әкеткен мал-мүлік пен тұтқындарды қайтарғанша аманат қып ұстай тұруға еріксіз мәжбүр болады. Түптеп келгенде, әуелден өздеріңнің түптерің шикі. Әйтпесе, орыс әкімшілігі тыныш елге өздігінен ұрынбайды. Бірақ Бекболатқа бола уайым жемеңдер. Орыс үкіметі қолындағы аманатқа тұтқын деп қарамайды. Жұмыс істетпейді, зорлық-зомбылық көрсетпейді. Барлық жайын жасайды. Мен сендерге Бекболатты Ресейге барған бойда босаттырып жіберткізем деп уәде бере алам.
Ешкім ештеңе дей алмай қалды. Жұрттың мына мінезіне риза болмаған бір би:
— Сендерде Шам мырзаның баласы Шәмамбет би тұтқында жатыр. Оны да босаттырып бере аласыз ба? — деп сұрады.
— Алдымен, оның неге тұтқындалғанын білу керек. Тұтқындардың босатылу-босатылмауы да өз қолдарыңдағы нәрсе. Ұлы императрица ағзамға өз еріктеріңізбен бағынып, өз ұлыстарыңыздағы орыс бағыныштыларын түгел қайтарып берсеңдер, Ресей де өзіндегі қазақ тұтқындарын түгел елдеріне қайтарады.
— Құнын төлемесе, жұрт қолындағы құлынан тіріде айырылар ма? — деді әлгінде ғана сұрақ берген би. Тевкелев иығын қиқаңдатты.
— Елші мырза, сіз боссыз, — деді Әбілқайыр. Елші қосына кеткесін хан:
— Мәмбет мырзаның жауаптарын өз құлақтарыңнан естідіңдер ғой. Ресейдегі тұтқындар аман қайтсын десеңдер, бұларға қол тигізуге болмайды, — деді.
Билер сол тұнжыраған қалыптары атқа қонды. Қыс ызғары әбден қайратына мініп апты. Күн тағы да суыта түседі дегендей аспан тым шағырмақтанып кеткен екен.
Жал асып ауыл-ауылдарына тарап бара жатқан билердің соңынан қарап тұрған Әбілқайырдың іші өз-өзінен қалтырап қоя берді. «Бұлар, әрине, тегіннен-тегін келген жоқ. Бекболат та жәй әншейін сылтау. Ілік іздеп келіп еді, таба алмады. Бірақ бүгін таппағанмен, бір күні табады ғой», — деп ойлады ол.
Тевкелев журналын ашып, осында келгелі не жазғанын қайта бір қарап шықты. Неткен шырғалаң жол, шытырман оқиғалар, шатақ жұрт еді! Бірақ, әйтеуір, көңілге медет етері -қазақтың екі арысының ханы ант беріпті. Қарақалпақ жұртының да ақ патшаға берген анты мен сәлем хаты бар. Осыдан үш ай бұрын ант алмақты былай қойғанда байтал түгілі бас қайғы бола жаздап еді ғой. Уфадан шыққандағы екі жүз ат, он екі түйенің орынын сипап қалды. Екі арба дүниеден жарты арбадай бірдеңе қалды. Бірақ оның есесіне мынау сары ала қағазға түскен күйелеш таңбалар бар. Сол — мұның ертең елге оралғанда алдына ұстап барар бет жүздігі.
Сүйтіп 1731 жыл да өтіп барады. Енді бір-екі күнде жаңа 1732 жыл келеді. Ақ патшаның елшілігі оны мынау жып-жылмағай қар басып жатқан қазақ даласында қарсы алады.
Қаратүптің үш жағы жазда — өкірген теңіз, қыста — еңіреген мұз. Тек бір жағында ғана құрлықтан келер тар саңылау жол бар. Оның аузында қазір Есет батырдың қол астындағы тама ауылдары отыр. Азу тістерін сықыр-сақыр қайраған қарсыластарынан қаймыққан Әбілқайыр биыл қыстаққа бұл араны әдейі таңдап алғандай.
Елшілік пен хан орданың отырған жері — жан-жақтарын тырбық бұталар өскен қара бұйраттар қоршаған екі егіз шұқыр ой. Солдаттар мен башқұрттардың үйден шыға келсең, күліңнің басына көкжиек шөгіп шатқан мынау тығырық тар қамашаудан ара-тұра қатты қамығып кететіндері бар. Ондайда олар жағалай жал-жалдың басына шығып төңірекке көз салады. Зиновьев пен Писарев әлдебір ылдырмақ-шылдырмақтарын алып жер шолады. Көргендерін қағазға сызады. Анадайдан қылт еткен қара көрінсе болды, аспаптарының бәрін қазақтардың байтаба қаптарына сала сап, томар шауып, отын алып жүрген бола салады. Әлгі қарайған көкжиектен қайта құрығасын барып, өз шаруаларына қайта кіріседі. Елшілік адамдары сол екеуіне еріп көмек беруге әуес. Бәрі де басыр болып отыра бермей таза ауаға шығып, жарық жалғанға құмардан шыққанша қарап алғылары келеді.
Сондағы көретіндері — сол баяғы шетсіз-шексіз кеңістік. Қарасаң — көзіңді қажытар, ойласаң — көңіліңді қажытар тұлдыр дала. Көз ұшында — сіресіп қатып қалған шалқар айдын. Алатағанақ аппақ сордай сұрқай. Мынау бір жері қар, бір жері қара ала шабыр дала сол бір ұлан-асыр кеңістікке барып ұстасып жатыр.
Ашық даланың ызғырық желінен ала қаншық борасын борап әлгінде ғана түскен әлсіз ізіңді жып-жылдам, жым-жылас қып шығарады. Мынандай тұлдыр кеңістіктің із атаулыға, белгі атаулыға, тұрақтылық пен баяндылық атаулыға әуелден-ақ жұлдызы қарсы болса керек. Кеше үйіліп күртік жатқан жер бүгін жып-жылмағай тақыр. Кеше дыңылдап қатқақ жатқан жер бүгін белшеңнен кіріп кетер күртік.
Жан-жағың өз-өзінен жиралаңдай қозғалып, мың-мың жылан жарыса жорғалап келе жатқандай бір өңкей, бір қалып қимыл-қыбыр. Шалқыған дала әлдебір құдірет аппақ қып сүт төгіп, ақ шалап қып жіберген жаяу борасын білем-білем майда толқындар сияқты. Кейде өзіңді осындай ақ саумалданып жатқан айдын теңіз төрінде дауылға ұшырап, бір елсіз аралдан келіп шыққан бейбақ теңізшідей сезінесің. Шалқар мұхитқа қайта шығып шарлай жүріп кетейін десең — астыңдағы кемең күл-талқаны шығып күйреген. Әр таң сайын бір орынынан атып, әр кеш сайын бір орынынан бататын күн көзінен басқа мынау тұлдыр уақыттың қаншасы өтіп, қаншасы қалғанын өлшейтін мөлшерің де жоқ, мынау тұлдыр кеңістіктің қай жерінде жүріп, қай жерінде тұрғаныңды байқайтын бағдарың да жоқ. Ертелі-кеш есеңгіреп сол күнге қарайсың. Ертеңіңнің не болатынын сол айтып, сол сездіретіндей. Бірақ, ол неме ештеңе де аңғартпайды. Күлімдеп атады, күлімдеп батады. Аяр кісінің бетіне қарағандай одан да көңілің қалады екен.
Бұлардың жағдайының сол пақырана теңізшілерден несі артық! Мынау қанша білгің кеп, түсінгің кеп үңілген сайын қымтана, құпиялана түсетін сыз қабақ бөтен жұрттың күн сайын жұмбақ тартып бара жатқан шытырман қылықтары абайсыз аттап бастың-ақ, құрдымнан бір-ақ шығаратын өгей мұхиттан кем тұңғиық, кем қатерлі ме...
Міне, күн сайын көкжиекке тесіліп, үміт желкенін іздегендеріне үш айдың жүзі ауыпты. Сол баяғы неғайбыл мен дүдамалдан басқа ештеңе көре алмай келеді. Қасындағы орыс солдаттары мен казактардың сақалдары қауғадай боп өсіп кетіпті. Башқұрттардың шегір көздері үңірейіп інге кіріп алған. Тевкелев қазақтардың ызы-қиқы итжығыс тіршілігінің сырына қанығам деп, серіктерінің де не күйде жүргеніне көп мән бере қоймапты. Оның мұндайдағы бас ақылшысы Таймас еді. Соны шақырып алды.
— Ертең ғой жаңа жыл! Орыс адамына қазір көк шыршаның түбінде шайыр исін құныға жұтып, қызара бөртіп дуылдасып отырғаннан асқан рақат жоқ. Петр патша соған үйретпеп пе еді. Кәні, жігіттердің бір көңілін көтерелік. Әйтпесе, бәрі су тимей ылғал боп, ұнжырғалары түсіп кетіпті ғой.
Юмаш Есеттің ауылына кетті. Жаңа жылдың алдында тай жықтырып, қой үйттіріп әкелмек. Таймас қалған-құтқан шишаларды санап шықты. Екі кеспек самогонның аузы ашылмапты. Тевкелевтің мына шаруаның арты қайырлы боп жатса, қазақ шонжарларын шақырып дәм татырам ба деп жүрген бір сандық қымбат шарабы бар. Уфа воеводасынан жалынып-жалпайып әзер алған француз шампаны. Кілті өз қалтасында. Үмітсіз шайтан деген ғой. Асыл сандыққа әлі ешкімді жолатқан емес.
Солдаттар жан-жақтағы құмақ бұйраттарды аралап жүріп кісі бойынан асатын сексеуіл тауып әкелді. Оған үш-төрт күпіні сөгіп, ішіндегі мақтасын алып, майдалап түтіп, сидиған бұталарға ұп-ұлпа ақша қар қып ілді. Қостағы темір-терсектің бәрінен ойыншық жасалды. Мұндай шаруаға бұты қисайып жүріп Сергей Костюков шебер екен. Қауға сақал Цапаевты Аяз ата қып киіндіріп әлек. Цапаевтың көкірегіне түскен жирен сақалын жасыру үшін жарты қап мақта жұмсалды. Насыбай атса, танауы жыбырлап, тыныш тұра алмайтын неме таңқ етіп түшкіріп қалған сайын, өліп-талып зорға жасалған сақал-мұрт бет-бетіне ұшып кетеді. Қар ханшайым болуға Сергей Костюковтан басқа ешкім келіспеді. Малынтып ақ көйлек, ақ қалпақ кигенде ұзын тұра жігіт әжептарқы бірдеңе болып шыға келді. Қылжақбас Цапаевтың құдайы берді де қалды.
— Мынандай қалыңдықтың біреуі ерініне, біреуі етегіне жабысар екі күйеу тауып бермесең, өмір бойы пұшпағы қанамай өткені ғой, — деп еді көптен бері үйлерін көрмей, ошақ басы тіршілікті сағынып жүрген жігіттер көздерінен жас аққанша күлді.
Ертең жаңа жыл күні елшілік қосы таң атқанша думандатып шықты. Орыстардың тойын көруге келген Есет ауылының, хан ауылының адамдары мынау үсті-үстіне қарқылдап күліп, аузы жабылмайтын адамдарға қайран қалысты. Әсіресе, аппақ қап арқалап, ақ киім киіп шыққан қауға сақал шалдың сақилығына қатты тәнті болды. Үйлерінде қалған балаларының аттарын атап барған сайын, бір уыс шақпақ қант пен тәтті нанды ұстата салады.
Әншейінде түстері суық елшілік адамдары дастарқан басында қандай көңілді! Әне бір көк шөлмектен сылқ-сылқ құйылып жатқан мөлдір судың мүңкіген иісінен маңына ашып кеткен қымыран ішкендей ашырқанса не дейсің! Тартып салады да, жұдырықтарын бір иіскеп, шылқыған қызыл қуырдаққа бас салады.
Елші түн орталай бере:
— Ал, жаңа жыл! — деп еді.
Бәрі өрт тигендей айқайлап-ұйқайлап орындарынан атып тұрды. Мауыздай-мауыздай еркек адамдар бас салып бірін-бірі құшақтап, шылп-шылп сүйісе бастады.
Елші ту сыртындағы темір сандықтан төрт-бес жалтырақ шөлмек суырып, жігіттердің қолына ұстатты. Олар әлгі жалтырақ шөлмектің мойнындағы темір ноқтаны босатып еді, үсті-үстіне гүрс-гүрс ете қалды. Қазақтар құлақтарын тас қып басып алған. Орыстар күліп мәз-мәйрам болысты. Жараған бураның езуіндей ақ көбік атып тұрған ақ мойнақ шөлмек тостағанға қыж-қыж тамған тентек шарапты толтырып құйып, қазақтарға ұсынып еді, ешқайсысы қол апара алмады.
— Мына келген жаңа жыл бәрімізге жақсылық әкелетін жыл болсын, алып қойыңыз! — деп елші қайта-қайта қиылғасын Нияз сұлтан шыдай алмады.
— Орыстың наурыз көжесінен де бір дәм татып көрейікші! — деп аузына апарып, жалма-жан қайта қоя салды.
Орыстар қарқ-қарқ күліп, мәз болысты. Қазақтар бір-біріне қарап:
— Не болып қалды, сұлтан? — деп үрейлене сұрады.
— Мынауың былай қарағанда су сияқты ғой, ал енді аузыңа апардың-ақ көмейіңе бір уыс бүрге шашып жібергендей дуылдатып қоя береді екен.
Енді қазақтар қарқ-қарқ күліп, орыстар: «Апырау, мыналарға не болды?» — деп үрпиісе қалысты.
Таймас Нияз сұлтанның не айтқанын түсіндірді. Орысы, қазағы, башқұрты, үй іші түп-түгел қыран-топан күлкіге батты.
Тойдан қайтып келе жатып, Нияз сұлтан үсті-үстіне сүрініп жүре алмады. Шамасы, манағы ерініне тигізе беріп қайта қойған тентек судан мас болып қалдым екен деп ойласа керек.
Думандата келген жаңа жыл жым-жырт өтіп жатыр. Міне, январьдың он бес күні артта қалыпты. Тевкелевтің журналына жарты бетке толар-толмас қана жазу түсіпті.
«1732 жылғы январьдың бесі күні тілмаш Тевкелев Арал теңізінен Уфа дворяны Кирил Барабанщиков пен Қыдрияс Маллақаев арқылы Мемлекеттік сыртқы істер коллегиясына почта жіберді, олардың қасында арнаулы хаттар, атап айтқанда, Әбілқайыр ханның хатын, Сәмеке ханның хатын, Батыр сұлтанның хатын, қарақалпақ ханының тілмаш Тевкелевке жазған хатын, қарақалпақ ру басылары мен дін басыларының хатын алып қазақ елшілері еріп кетті».
Бары осы-ақ. Содан басқа ақ қағаздың бетін күйелеуге тұратындай ештеңе табыла қоймапты. Январьдың алғашқы аптасында жер бетіне күрпітіп көбік қар түсті. Іле-шала шыңылтыр аяз тұрып, жердің беті ақ мамыққа оранды да жатты. Хан қансонарда түлкі аулап қайтуға шақырды. Былтырғы Таймастан айырылып қалатын оқиғадан аузы күйген елші: «Рақмет, зауқым соқпай тұр», — деп бармай қалды.
Қазіргі бар ермегі — омбылап қыр басына шығады. Аппақ қарға көміліп жатқан ұлан байтақ өлкеге қарайды. Ұн шашып тастағандай жылмиған аппақ жазық. Не ағаш, не тау-тас жоқ. Әншейіндегі ой-шұңқырдың бәрін омбы қар бітеп тастаған. Көк шыңылтырланып қатып қалған киіз күртіктің бетінен, ең болмаса, із де көрінбейді. Сонадай-сонадайдан жер теуіп тебіндеп жатқан жылқылар қарауытады. Қойларын Қарақұм мен Қызылқұмның арасына тастаған хан бұл өңірге тек жылқы ғана ұстап отыр. Жалдарын желге таратып, жер сабалаған қыл құйрықтардан басқа жан иесінің бәрі бір-бір жайлы баспана тауып тығылып алған. Қараларын көрсетпейді. Жыландай жиралаңдап жатқан борасын, шөлмектей шақырайып тұрған ашық аспан, ойпаңдағы ауылдың ирелеңдей көтерілген қарақошқыл түтіні, қарға аунап, асыр салып жүрген тоқ иттердің ойыны — қыр басына қашан шықсаң да, қанша шықсаң да — көретінің тек осы. Әрине, мұндай өлкеден ішің пысады. Анада Сыртқы істер коллегиясына жолданған почтаны алып кеткен Кирил Барабанщиков пен Қыдрияс Маллақаевтың қуаныштары қойынына сыймай аттанған шығар. Мынандай кісенсіз тұтқын өмірден құтылғанға кім қуанбайды дейсің! Жұрттың бәрі елдегі қатын-балаларына хат жазып, бір жағынан қуанып, бір жағынан құлазып қалды. Тіпті өзіне салса да, тап осы қазір жаяу-жалпылап жүре бер десе, жүре берер еді. Онысы әншейін мәңгінің қиялы ғой. Оны мына даладан кім аттап шығартсын!
Тевкелев бүгінде қазақ сахарасында қыбырлап жер басып жүрген екі аяқтыларды «хан партиясы», «қарсы партия» деп екі топқа бөледі. «Қарсы партияның» да үні өшкелі біраз боп барады. Анадағы хан ордадағы жиыннан кейін ешқандай хабар жоқ. Уфаға жөнелтілген почтаның әңгімесі оларға әлі күнге жетпей жатыр дейсің бе! Әбілқайырдың Бақа батырды, Сәмекенің Құлеке батыр мен Жайылмысты, Батыр сұлтанның Мұхамбет қожаны, Нұралы сұлтанның Шаханы елшілікке жұмсағандары ел ішінде неше саққа жүгіріп жатқанын кім біліпті?!
Мынандай тас керең тыныштықтан қызылкөз даукестердің айқай-ұйқайын естіп отырудың өзі ғанибет екен ғой.
Күні бойы күртік кешіп қаңғырып-қаңғырып келіп, сары қидың шоғына таптанып маужырап бара жатқан соң, жылы төсекке енді кіре берген елші үйдің ту сыртынан дүсірлей шыққан тұяқ дыбысынан басын көтеріп алды.
Түн ортасында біреу:
— Хабарласқандай қайсың бар? — деп дауыстады.
Дауысынан тани кетті. Жуықта ғана кеп, бір түстеніп кеткен Балтабек деген ру басы. Мынандай бейуақта келгеніне қарағанда тегін жүрмеген болар.
— Атыңнан түс, үйге кір!
Түнгі аяздан бар қаны бетіне шығып, қызарып кеткен Балтабек аптыға сөйледі. Бәби мен Жантума қарайған қол жиып Әбілқайыр мен Тевкелевті шауып алмақшы көрінеді.
Елші Балтабекке жанашырлық қызметі үшін рақмет айтты. Башқұрттар жатқан көрші үйге қоналқыға жіберді. Ертеңіне таңертең ханға хабаршы жүгіртті.
— Әй, бәсе!
Елшінің шабарманының айтып келген хабарын естігенде Әбілқайырдың ауызына алдымен түскен сөз осы болды.
— Бара бер! Келеді деп айт!
Шабарман шығып кеткесін де, хан қапелімде, орнынан тұра алмай қалғандай, ошарылып біраз отырды. Орнынан қинала көтерілді. Жолда келе жатып та, «Әй, бәсе!» — деп қайта-қайта басын шайқап қояды. Анада Сәмекеге кеткен елші теп-тез оралғанда-ақ ойына түскен қауіп осы еді ғой. Енді Жәдік тұқымы орыс елшісінің күллі жауап-сауабын бұның мойнына арта салмақ. Өшіккен қызылкөздерді айдап салып, өздері тың тыңдап отырмақ. Бірінші болып ант беретін абыройдан айрылып қалғандарын түсінді. Енді, не де болса, өздері ие бола алмаған абыройды Әбілқайырға да бұйыртпау. Ол үшін орыс елшісіне неше түрлі қауіп-қатерді төндіріп бақпақшы. Тевкелевке бір жаманат бола қалса: «Берер антымызды бердік. Ұлысымызға кел деп шақырып едік, келмеді», — деп ауыздарын қу шөппен сүртіп шыға келмекші. Сонда елшіге жасалған қастандық үшін ақ патшаның алдында Әбілқайырдан басқа кім жауапкер болмақшы?!
Соны сезген Әбілқайыр анада Батырға адам шаптырған. «Мына ақ патшаның елшісі қарақалпақтардың қолындағы башқұрт тұтқындарының жағдайын қатты уайымдап отыр. Соларды өзің барып қайтарып алып қайтсаң қайтеді. Ақ патшаға берген антың бар. Соның жолында істелген бір қызметің болсын», — деген. Мынандай алмағайып тұста ол алысырақта жүрсе, ел арасы тыныш болар ма екен деп ойлаған. Оның үстіне орыс елшісіне Жәдік тұқымының ақ патшаның жолында адал қызмет етуге қаншалықты құлықты екенін көрсеткісі келген. Егер сұлтан анада берген анты есіне түсіп, өз сөзінен өзі тая алмай, қарақалпаққа аттанып кетер болса, мына жақтағы соңына еріп жүрген көп шуылдақтың алдында абыройы айрандай төгілер еді. Сұлтан: «Әбілқайыр мені, қарап жүрмей, қарақалпақтармен араздастырмақ қой. Башқұрттарға жаны ашып бара жатса, барып өзі құтқарып әкелмей ме!» — деп талағы тарс айрылыпты. Ол шаруаға Есет пен Бөкенбай батыр аттанды. Міне, Батыр сұлтан мына бүлікті де сол екеуі жоқта әдейі шығарып отыр.
Тевкелев көзі атыздай болып отыр екен. Бұл кіріп келгенде, орнынан атып тұрды. Сұп-сұр ханның сабырлы жүзін көріп орнына қайта отырды. Түнде естіген хабарын айтты.
— Әлгі Балтабектің өзі қайда? — деп сұрады Әбілқайыр.
Көрші үйдегі Балтабек ханға өзі кеп, көрген-білгенін баян қылды. Әбілқайыр сол бойда екі кісіні Есет пен Бөкенбайға, тағы бір жігітті осы маңайда қыстап отырған Мойнақ батырға шаптырды. Мойнақ түс ауа жетіп келді.
— Батыр, осы сенің Жантуманың ауылында туған бажаң бар емес пе? Соған сәлемдескелі соққан боп, барып қайтпайсың ба?
Мойнақ батыр қауқиған сары ала тонының белін де шешпестен атына қайта қонды.
Әбілқайырдан да жәй кетті. Елшінің қосына күніне қырық барып, қырық қайтады. Бірақ, онсыз да астына ине шаншып қойғандай үргелектеп отырған немені үркіте бермейін деп ештеңе демейді. Қайткенде мына қатердің алдын ала алады? Ойына тағы да шырқ айналып сол Батыр түседі. Сонымен солай жасырынбақ ойнай бере ме? Қайдан шықса, одан шықсын: «Ақ патшаға екеуміз де ант бердік. Оның елшісі екеуміздің де қонағымыз. Елшінің басына төнген қауіп-қатер екеумізге де абырой әпермейді. Ендеше, ана қарауыңдағы тентегің мен теліңді тый. Мәмбет мырзаға қоқаңдағанын қойсын!» — деп неге айтпайды?! Даңғой кісілер қорқақ келуші еді ғой. Оны бір тоқтатса, осындай дөң айбат әңгіме тоқтатады. Тек анадағы Мойнақ батыр келсін. Балтабектің айтқаны рас болып шықса, бұл бір күн де кідірмейді. Батыр сұлтанға кісі шаптырады. Бірақ, бұл жайында Тевкелевке ештеңе сездірмеуі керек. Мына қылығын қорыққанға жорып, өзге төрелермен бармақ басты, көз қыстыға түсіп кетіп жүрмесін.
Мойнақтан ешқандай сыбыс шықпады. Бірақ, үрейлі хабар күннен-күнге дүңк-дүңк күшейе түсті. Мойнақ батыр кеткесін үш күннен кейін екі етегі далақтап бір жалбатымақ хан ордаға шауып келді. Сөйтсе қайын атасы Сүйіндік жіберіпті. Есіктен елпі-селпі боп алақтай аттады.
— Е, балдық, белдеуге жеткенше шауып жын қуып келе ме? — деп еді, әншейінде әр сөзіңе жармаса кететін қылжақбас тұқым әзіліне жауап бермеді.
— Батыр жіберді. Кеше жоқ қарап жүрген кісі боп бір танысы келіп айтып кетіпті. Әлгі шектінің тентектері ертең осында қол жиып келіп, хан мен елшіні ұрып өлтіреміз, ханшаны бұрымынан сүйреп ат құйрығына байлап көкпар қып тартамыз деп алақандарына түкіріп отыр дейді. Сыңайлары жаман көрінеді. Неден болса да, тайынатын түрлері жоқ сияқты.
Ол күні елшіліктегілер де, хан ордадағылар да көрер таңды көздерімен атқызды. Әбілқайыр Батыр сұлтанға жасырын кісі аттандырды.
Хан мен елшіде көз қырлары бары бұрыннан белгілі. Ал, Бопай ханшаға нағып осынша кәрлерін тіккенін бір алла білсін! Әлде анадағы почтамен орыс патшасына оның да хат жазып жібергенін естіп қалды ма екен? Ханша Анна патшаға: «Сіздің ұлы императорлық мәртебеңізден көп-көп өтінішім, алдиярлық шарапатыңыздан мына біздерді, өзіңіздің үмбеттеріңізді, ешқашан құр қалдыра көрмесеңіз екен. Өйткені, қазір дұшпандарымыз тіпті көбейіп кетті. Бірақ өзіңіздің ұлы императорлық мархабатыңызға сеніп, олардан етіміз сескеніп отырған жоқ», — деп жазып еді. Соны естіген қызылкөз немелер: «Қап, жүзіқара, сенің ол батырлығыңды ертең бұрымыңнан сүйреп ат құйрығына байлағанда көрерміз!» — деп кіжінбейді дейсің бе!
Өліп-талып күткен күндері де келді. Күн айқұлақтанып шатынап шықты. Лүп еткен леп жоқ. Сақырлаған сары аяз. Аузы-мұрныңнан шыққан леп сол бойда-ақ сақал-мұртыңа ақ қырау боп қонақтап үлгереді. Әншейіндегі ойыншыл иттер ыққа тығылып шықпай қойды.
Қыстың күнінің бұлай аяқ астынан қақшаңдап кеткеніне Әбілқайыр қуанбаса, ренжіген жоқ. Бір көзі малында жүретін қазақ мынандай ақшұнақ аязда сойыл ұстап атқа қона қоймас. О да құдайдың қарасқаны шығар. Түске таман күн батыстан жалаулары желкілдеп қол көрінді. Мылтықтарын оқтап сақадай-сай тұрған елшілік, қапелімде, кімдер екенін білмей қап, атыс шығарып жүре ме деп қорықса керек, анадайдан бір аттыны ілгері жіберді. Дедектеп шауып келе жатқан жалғыз атты анада өздері жұмсаған шабарман екен.
— Апырай, амандасыңдар ма? — деп қуана амандасты.
— Аналарың кім?
— Бөкенбай мен Есет.
Жұрт «Уһ!» деп бір дем алды. Башқұрттарды босатып аламыз деп қарақалпақта жүрген Бөкенбай мен Есет ханның шабарманы барған бойда-ақ, кері салыпты. Қарақалпақ рулары тұтқын башқұрттарды қайтарып беруге келісіпті. Құдайназар мырза оларды көшіріп әкелетін болып сонда қалыпты.
Ол күні әлгі батырсынған билер қараларын көрсетпей қойды. Шамасы, Бөкенбай мен Есеттің қарақалпақтан қайтып оралғанын біліп қалса керек.
Ертеңіне Батырға кеткен жігіт те келді. Сөйтсе, ол дәл бұл баратын күні Борсық құмнан соңына мың жарымдай қол ертіп, Қараған түптің түрікпендерін шауып алуға кетіпті. Кеме қатынайтын көктем емес, не күз емес, қыстың көзі қыраудағы бұл не жорық екенін өзі білсін! Әдетте қазақтар Маңғыстаудың үш қиян түбегінде отырған түрікпендерге Үнді мен Иранның Ресейге баратын саудагерлері Қараған мен Қабақтыға жиылатын мамыр айында, не олар Астрахань мен Қазанға барып қайтатын қара күзде шабатын. Ондай жорықтар тұсында түрікпендердің орыс кемелерінен алған астықтарын тартып алып бір қарқ болса, жол-жөнекей шет жұрт керуендерінің дүние-мүлкін тонап екі қарқ болатын. Ал, мынау ақырған дәлудің күнінде ызғыған Үстірт пен бықсыған Маңғыстаудан қандай олжаға қарық болатындарын ит білсін!
— Әй, ол қу тегін кетті дейсің бе, бір ойлағаны бар ғой, — деді Есет.
— Ендеше, мындағыларына бір дүрбелең шығартқызып, оған өзінің ешқандай қатысы жоқ болып көріну үшін жер түбіне әдейі кетіп бара жатқан шығар, — деді Бөкенбай.
Әбілқайыр хан сазарып біраз тұрды да, үндеген жоқ.
Айналаға алақтап қараумен тағы да бір апта өтті. «Шауып аламыз» — деп қорқытып жатқандар көріне қоймады. Бөкенбай мен Есет елшілік пен хан ордадан бір елі аттап шыққан емес. Мынандай суық хабарды естіген тілеулес билер мен батырлар шұбырып келіп жатты. Қорқынышты көк найзалар қай жалдың басынан қаптағайлап шыға келер екен деп, жандары тырнақтарының ұшында жүргендердің бұрынғы үрейі басылайын деді.
Сондай күндердің бірінде Бопай бәйбіше:
— Елші мырза, барған жұрт сіздің дастарқаныңызды көп мақтайды. Туғалы татып көрмеген тәтті тағамдар жедік деп шеттерінен таңдайқата болып келеді. Біздің де тамағымыз ісуі мүмкін-ау деп ойламадыңыз ба? — деді Тевкелевке, ақ сары жүзіне қан шапшып.
Әзіл-шынды қып айтқан қылықты бәйбішенің мына қолқасы елшінің жанына батайын деді:
— Ғафу етіңіз, ханым. Сіздей аруға бойдақ солдаттардың пісірген ботқасынан дәм татқызып ұшынтып алам ба деп сескеніп жүр едім. Егер өзіңіз қаласаңыз, онда сөз бар ма, қуана-қуана қарсы аламыз. Бүгін мына ауылдарыңыздағы меймандарыңызбен түгел біздің қосқа келіп түстеніп кетіңіздер, — деді.
Хан, ханым, ханның балалары, Бөкенбай батыр бастаған бір топ ру басылары елшілікке барып түстік жеді. Шынында да, орыс тағамы Бопай ханымға қатты ұнады.
— Бұл ештеңе емес қой, — деді Тевкелев. — Іс оңға басып, дәм тартып астанаға бара қалсаңыз, орыс аспаздарының қолынан не келіп, не қоятынын ақ патшаның қонақасында көрерсіз.
Ақылды бәйбіше ду етіп бір қызарды да үндеген жоқ. Бір тәтті қиялға батқандай еркектердің ду-ду әңгімесін тыңдап үнсіз отырды.
Елшіліктегі қонақасыдан кейін жиналған ру басылардың бір тобы әңгіме бір жақты болғанша осында қала тұратын болды да, Бөкенбай батыр бастаған бір тобы ауылдарына қайтты. Дәл соны бағып тұрғанындай, ертеңіне масқар биі Төлебай батыр келді. Қарсылар қарақұрым қол жиып алыпты. Ертең Аралдың күн батыс шығанағынан айналып өтерде, ұрымталдан тосып тұрып, елшіні соққыға жығып, қасындағы адамдарын ұлыс-ұлысқа таратып әкетеміз дейтін көрінеді. Қарақалпақтан келе жатқан башқұрттарды Тевкелевке жеткізбей талап әкетеміз деп жаланып отыр дейді.
Әбілқайыр өз ордасында жиналып жатқан тілеулес билердің біреуін Бөкенбай батырға жұмсады. Бөкенбай ертеңіне қас қарая хан ордаға жетті. Алакөбеңде екеуі елшіге барып ақылдасты. Тұтқыннан босап келе жатқан башқұрттарды қарсы жақ атқа қонбай тұрып, тезірек жеткізіп алу үшін қарақалпақтарға қайтадан кісі шаптырылды. Ертең шығанақтан айналып өтерде тілеулес рулардан қол жиып, ұрымтал тұстарға алдын ала қарауыл қойылып, аса сақтанып көшу керек деп шешілді. Қарсы жақтың тағы қандай ойлары бар екенін біліп келуге Төлебай батыр қайта жұмсалды.
Арада тағы да жылдай ұзақ төрт күн өтті. Әбілқайыр тағы да ойға батты. Қарсы жақтың шабамыз деп тұрып, шаппай қалғанын не деп түсінуге болады! Батырдың аяқ астынан түрікпенге аттанып кеткенін не деп түсінуге болады? Ертең Арал айналып көшерде бұрынғыдай ханды да өлтіреміз деп қорқытпай, елшіні ғана өлтіреміз дегендерін не деп түсінуге болады? Осы бір әзәзіл үш сауалдың түбіне тереңдеп бойлаған сайын Батыр сұлтанның бұрын-соңды өзі байқамаған ақылдылығына қайран қалды. Хан екеуін сабап, ханымды көкпарға тартып өлтіреміз десе, ел алдында Әбілқайырға деген өшпенділікті күшейткісі келгені, ертең Арал айналып өтерде елшіні ғана өлтіреміз десе, хан екеуінің арасына сенімсіздік түсіргісі келгені. Ел ішінде дүрбелең шығарды да, өзі ит арқасы қиянға кетіп қалды. Енді мұнда не болып, не қойса да, оның ешқандай қатысы жоқ. Осы батырдың ойынан шығар ақыл, қолынан келер іс пе? Бұның бәрін Батыр ойламаса, орайластырып отырған кісі кім? Қасындағылар да өңшең өзі сияқты ұрдажықтар еді ғой. Әлде бұның бәрін орайластырып отырған сонау Сарыарқаның сары аязында жатқан Жәдік әулеті ме? Әрине, алты шекті осы қияңқылықты анада Сәмеке елшілері келгенше істесе, көрмей жүріп пе?
Осыны ойлай-ойлай Әбілқайырдың шақшадай басы шарадай болды. Арада төрт күн өткесін масқар Төлебай қайтып келді. Қарсы топтағы ру басылары жиын құрып, өзара ақылдасыпты. «Патшаның елшісін қайтеміз?» — деп кеңесіпті. Пікір екі жарылыпты. Біреулері: «Елшіні екі арыстың елі де жақсы қабылдап жатыр. Жұрттың көбі патшаға бағынсақ, тыныштық табамыз деп ант бере бастады. Соның бәрін көріп-біліп отырып, Мәмбет мырзаға қол көтерер болсақ, ертең ел мамыр айындағы жиында орыспен екі ортаға араздық отын тұтаттыңдар деп бізді жазғырып жүрмей ме? Осы райдан қайтсақ қайтеді?» — десе, біреулері: «Ол сенің қазағыңа жаны ашып келіп отырған адам емес, еліңді-жеріңді көріп қайтуға келіп отырған жансыз. Одан айрылып қалуға болмайды. Ертең Арал айналып Ресей бетке өтерде ұстап алып, өз ұлысымызға апарып өлтіруіміз керек», — деп бет бақтырмапты. Төлебайдың айтуынша, қасарысып тұрғандар, көбінесе, бұрын санатта жоқ ұсақ аталардан қамшы ұстап шыққандар көрінеді, ал іргелі рулардың билері баяғыдай емес, қастандық жасау ниеттерінен айнып қалған секілді.
Тағы да сол дүдамал хал. Тағы да сол екі ұдай жұмбақ. Үрей мен үміт қосарласқан әуре-сарсаң тіршілік. Әсіресе Тевкелевтің басы бауырына түсіп кетті. Соны байқаған Әбілқайыр оны ешқашан оңаша қалдырмауға тырысты. Бопайды ертіп барып түн ортасына дейін әңгіме-дүкен құрып отырады.
Бір күні Дәлудің аяқ жағында елшімен сөйтіп оңаша мәжілістесіп отырғанда қасында алты жігіті бар Бәбидің баласы Ақша кіріп келгені. Бұлар аң-таң. Сойдауылдай-сойдауылдай жеті жігіт бұл екеуін одан сайын танқалдыра түскілері келгендей, оң жаққа кеп, қаздай тізіліп монтиып-монтиып отыра кетті. Үйдегілер жөн сұрап еді, ортасындағы құс мұрын, томаға көз, ақ сары жігіт сөз бастады. Бидің өзі жібереді. «Біз райымыздан қайттық. Маңымызға жиналған қолды елді-еліне тараттық. Хан мен елшіні қайдағы бір тар қолтыққа тығылып алмай, ортамызға көшіп келуге шақырамыз», — депті.
Жұмбақтың үлкені мынау болды. Үш ай күз, үш ай қыс «әне шауып алам, міне, шауып алам» деп, алты қырдың астынан айқай салып жатқан ақикөз ақыр аяғында өзі келіп қол ұсынды. Бұнысы қалай? Бұрын келмеген ақыл, бүгін неге келе қалған? Әлде анадағы жиында алты шектінің ру басыларының пікірі екі жарылғаны әсер етті ме? Ештеңе өндіре алмастарын біліп, баяғы дәмелерінен баз кешті ме екен? Әлде күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасауды қойып, айлаға көшкені ме? О да мүмкін ғой. Бұрынғы одақтастардың жартысы ниеттерінен айнып қалса, қол жиып кеп шауып алудың қиынға түсетіні рас. Не де болса, ағайын боп ақылдасар мәселе. Хан сол бойда-ақ Бөкенбай батыр мен жақтастарына кісі шаптырып, мәслихатқа шақырды. Мәслихат басталмас бұрын ол Бөкенбаймен оңаша сөйлесті. Ол да Бәбидің бұнысы айла, хан мен елшіні алдап қолға түсірмек деп ойлайды. Билер алдында жауапты Бөкенбай беретін боп келісті. Әбілқайырдың бұл тұста үндемей қалғаны жөн. Қарсы жақ ханның не ойлағаны бар екен деп күпті жүрсін.
Ақша келген күннің ертеңіне-ақ билер хан ордаға түгел жиылды. Хан жұртқа Бәби бидің сәлемін айтты. Бірінші болып Бөкенбай сөз бастады:
— Хан егер ол ұлысқа көшем деп жатса, өз еркі. Менің оған билігім жүрмейді. Ал, бірақ, елші мырзаны қасымнан жіберіп, ертең ел-жұрттың алдында обалын көтерер жағдайым жоқ. Мамыр орталағанша өз қасымда болады. Мамыр айында болатын жиынға өзім алып барамын. Оғанға дейін тартып әкеткісі келетіндер табылып жатса, қасық қаным қалғанша шайқасамын.
Жұрттың бәрі одан асып ештеңе айта алмады. Ақшаның әкесіне айтып барар жауабы осы болды.
Дуылдасқан жұрт жөн-жөніне тарасты. Ертеңіне қарақалпақ тұтқынынан босаған жүз алпыс үй башқұрт ауылы көшіп келді. Енді ақ патша елшілігі бір қауым елге айналды. Олай-бұлай күн туса, атқа мінер үш жүздей жігіт Мәмбет мырзаның өз қасынан да табылады. Содан да Тевкелевтің соңғы күндері қарс жабылып алған қабағы ашылайын деді.
Нұр үстіне нұр деген ғой. Ант берушілердің біраздан бері аяқтары сиреп кетіп еді. Үт туа қарақалпақ жұртының ірі шонжары Оразақ батыр келді. Ол Тевкелевке барып:
— Арал теңізінің жағасында Хиуадан екі күншілік жерде Сәтемір ханның ордасы бар. Оның қол астындағы жұрт біраздан бері Хиуамен жауласып келеді. Сол елді Ресейдің қол астына өтуге көндірсем, алдияр патша оған қалай қарар екен? — депті.
Елші батырға әлгіндей ықыласы үшін төрт аршын шұға мен бір түлкіні сыйға тартты.
Ол жалдан аса бергенде қарақалпақтың белгілі биі Сүйіндік бастаған тоғыз кісі сау етіп түсе қалды. Олардың ант беруден гөрі сыйлық алғылары келіп құлқындары құрып отырғандарын көре тұрса да, Мәмбет мырза құшақ жая қарсы алып, қонақасы қылып, ант қағазға қолдарын қойғызып алып қалды.
Оларды жолға салып тұрғанда Орта жүзден қасында бір серігі бар Алшақ батырдың ат арытып, тон тоздырып жетіп келгені. Елші олардың да бармағын бастырып, қолтықтарына азын-аулақ сәлем-сауқат қыстырды.
Оларды да белдеуден енді аттандырып тұрғанда қара жалдың басынан тағы бір тайпала басқан қара жорға көрінді. Дәу де болса, ант беруге келе жатқандардың бірі ғой деп ойлаған елші темір сандығында қанша мата қалғанын қарап тұрғанда жүргінші үй іргесіне жетіп, белдеуге ат байлады. Сөйтсе — Құдайназар мырза екен. Бөкенбай мен Есет жіберіпті.
— Әбілқайырдың ана жолғы күмәні бұл жолы да рас болып шықты. Қарсы топ та елшінің көшіп-қонғанына көмектескенсіп, жүз түйе, жүз ат жібереді. Хан мен елшіні алдап қолдарына түсірмек, абай болсын, — депті.
Сол арада үшеуі отырып ақылдасты. Үттің екі жаңасында Қаратүптен әуелі ханның ауылы көшіп шығады. Сосын араға сәл уақыт салып елші көшіп шығады. Елшіні көшіруге көлікті Бөкенбай жібереді. Құдайназар көш өтетін жерлерді жігіттерін ертіп келіп, өзі торып тұрады. Пәтуа осылай байласылды.
Ол жылғы үт құрт жұмсақ түсті. Дәлуде апшыңды куырып тұрған ақ шұнақ қыс кенет сынды. Жылтырап күн көзі көрінді. Күн көрініп еді, қар тесілді. Қар тесіліп еді — бықсық тұман көбейді. Сәске болмай жатып бу көтеріліп, сыртқа шықтың-ақ, лақтың түбітіндей селдір ақ тұман көз шолаңды қамап алады. Мал баққан жұрт мұндай тұманға қуана қоймайды. Арты тұтас жылынып кетсе жақсы, ал жылынбай қойса, қыстан қажып шыққан әлжуаз малдың түбіне осындай бықсып-бықсып тұрып күрт қатаятын көктем алды әзәзіл борандар жетеді. Сондықтан да олар Үтке сенбейді. Түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып тұратын аунақшыма ай жер соқтырып кете ме деп қорқады. «Үт жақсы болса — сүт, жаман болса — жұт» дейтін сөз де осыдан қалған-ды.
Әбілқайырдың биылғы үттен қорқынышы тек қана ол емес-ті. Хан болғанмен оның да малдан басқа сенері жоқ. Малға тәуелді кісінің малшы болмасқа жағдайы жоқ. Малшы кісі малдың жайын күйттемей отыра алмайды. Биыл мынау ақырған теңіздің елсіз қолтығына қыстап шыққан хан күн жылтырады-ақ құм арасындағы малын ойлап жәйі кете бастады. Қазір бәрінің де бауырымен жер сызып, желіні ағарып қалған кезі. Мұндай тұста қасында бас-көз болып отырмасаң, ұйтқыма жел бір үйіріп кетсе, сақал сипап қалуың оп-оңай. Малдан айырылғасын ханның бәсі де соқыр теңгешік. Онсыз да мынау қайтіп кетері белгісіз алмағайып заманда құдай ондай ноқтаңды ұстап қалар қараң күннің бетін әрі қылсын. Соның бәрін бес саусағындай білетін хан мынау қиян қолтықта бұдан әрі қайтіп отыра алсын! Оның үстіне мынау өкірген теңіздің ертең сең жүріп, көктемнің ескек желі қайратына мінген кезде тоқымдай түбекке топан қаптап кетуі ғажап емес. Сондықтан да, қазір кеңге шығып, құм арасына кіріп алғаны дұрыс. Бірақ, өйтейін десе, кеңде бұларды қайбір кеңшілік күтіп тұр!
Биыл ұйтқыма үттің қаупіне ұйтқыма жұрттың қаупі қосылып тұр. Қарсы топтың бірде бату, бірде тату боп қырық құйқылжып тұрғаны әлгі. Бәби бидің анадағы әңгімесінің де көмейі белгілі. Қарақұрым қол жиып кеп шауып алуға ағайынның ауызы ала боп кеткесін енді айламенен қолға түсірмек. Ол Сырлыбайдай емес, қасарған жерінен қан алмай қоймайтын қасарыспа еді. Шаш қараған кемпірдей ерінін жымқырып ап бір тиісіп кетсе, сөзге де дес бермейді. Оның үстіне Байқараның үйелмелі-сүйелмелі екі баласы Әділ мен Жанкелді соның панасында қалды. Байқараның әйелі де бір еріні қайқаңдаған ділмар-тұғын. Былтыр күзде Байқараның өлігін салақтатып, «Ой, бауырымдап!» шауып барып, бытырлатып үйін сабай жөнелген жолсыз қолдың алдынан қолына шырақ алып жүгіре шығып, өз шаңырағын өзі бірге өртесетін долы қатын ала қыстай: «Айдаладан қаңғып келген естекке арысын алдырып шекті әлі де елмін деп отыр-ау, еркектері де бір ат пен қатынның белінің обалына қалып еркекпін деп жүр-ау», — деп зарлайды дейді. Құлақтарының түбінен құзғындай сұңқылдап отырған қақсауық қатыннан қалай құтыларын білмеген жұрт ереуіл атқа талай тақым сала жаздапты. Бірақ, алты шекті түгел көтерілмегесін талай жерде тәуекелдері судан қайтыпты. Анадағы Ақшаның келісі — амалсыздықтың келісі болар. Енді айламен алдап қолға түсіріп, кек алудан басқа амал қалмағаны шығар.
Әбілқайыр сол қызыл оттың ортасына қарай жыл-жып қонуға қанша дегенмен жүрегі дауалай алмады. Биыл Бөкенбай, Есет үш ұлыс жұп жазбай қатар көшіп жүруге бел байласты. Бірақ, дұшпанның көкейін анық білмегесін қиын екен. Үттің екі жаңасында ақ тұманмен араласып жұрттарынан көтерілгенде сабырлы ханның ат үстінде тізесі дірілдегендей болды. Суық шық-шыламнан ба, тұла бойы инедей шаншып қоя берді. Ердің құны да — қазақ үрдісінің бір талма тұсы. Осыдан Байқараның өлімі үшін елші мен хан мерт тауып жүрсе, даңғой қазақтар Бәбиді батыр деп мадақтамаса, жазғыра қоймас. Сырлыбайдай даңғой емес Бәби бұл екі ортаны қалай салмақтайтынын кім біліпті. Ауыл арасының бір барымташысының кегін қуам деп, күллі жұртын онсыз да аранын ашып тұрған арыстанның аузына өзі апарып түсіре ме, жоқ болса бір жолмен бітім табуға ақылы жете ме — ол арасы беймәлім. Бөкенбай елшіні өз панама алам деп тұрса, Бәби, ақылы болса, тап бұрынғысынша тепсініп отырып алмас деп ойлағанды. Бөкенбайға: «Егер хан барам десе, өзі білсін», — деген сөзді де әдейі айтқызған. Күндердің күнінде жылы сөз, жұмсақ рай кергіп жатар күн болса, бір қолымыз бос тұрсын деген есеп еді. Енді, міне, «иә, сәт» деп көштерінің басын кеңге бұрды. Көз көрсетпес соқыр тұманның арасында бір-екі жерде қарауытқан-қарауытқан қатулы шоғыр кезігіп еді. Олар ұрымтал тұстарға алдын ала қойылған Құдайназардың жігіттері болып шықты.
Олар үйлерін тігіп үлгергенше сылбыр жауын себелеп қоя берді. Сол ақ жауын ертеңіне таң атқанша басылмады. Күллі дүниенің иінінен су кеткендей. Төңірек сілтідей тына қапты. Жаңбыр сытырынан басқа үн естілмейді. Кавказ буркасына оранып алған Тевкелев таң атқанша көз ілмеді. Бұрын Қаратүпте отырғанда терістікке қарай жүрсе де, шығысқа қарай жүрсе де, түстікке қарай жүрсе де, өкіріп жатқан көк теңізге тірелетінін, ал күнбатысқа қарай жүрсе — ызғындай боп иін тіресіп отырған Есет ұлысына тірелетінін білетін. Ал, қазір батысында да, шығысында да, терістігінде де, күнгейінде де аузын арандай ашып, қауіп тұр. Үстіндегі тоғыз қабат кіреукесін сыпырып шешіп тастап, қардай борап тұрған оқ өтіне жалаңаш тұра қалғандай тұла бойы түгел түршігіп, қанша сабырлы болғысы келгенмен тағат таба алар емес. Мынау сырт-сырт себелеген көп тамшы кейде жан-жақтан түн жамылып арғымағын жебелеп үн-түнсіз қоршап келе жатқан қалың дұшпанның тұяқ тысырына ұқсап кетеді. Ондайда басын жастықтан көтеріп алып, айналаға құлақ түреді. Сол сытыр-сытыр жаңбыр үні... Шылп-шылп тамшы дыбысы. Аңылжыған дүниеден сыз исі, салқын леп аңқып қоя береді. Денең тітіркеніп кайтадан жылы төсекке тығыла түсесің. Бірақ, бәрібір көзің ілінбейді. Тағы да жан-жағыңа құлақ төсеп, тосын үн, тосын сыбдыр іздейсің. Бірақ бәрібір сол шетсіз-шексіз сытыр-сытыр, тысыр-тысырдан басқа ештеңе естілмейді. Сол бір қалыпты тысыр-тысыр дүниеден іші пысқандай таң алдында көзі ілініп барады екен, дәл түндіктің төбесіне қонып ап байғыз шақырғаны. Көшпенділердің арасында көп жүрген Тевкелев осы бір жексұрын үнді естісе болды, төбе шашы тікірейіп қоя береді. Мынау құзғын құс үсті-үстіне шықылықтап, қуанышқа шақырып тұрған жоқ, үзіп-үзіп қорқынышқа шақырып тұр.
Тевкелев сосын қайтып басын жастыққа сала алмады. Бір тұрды, бір отырды, шынтақтап қисайды, әйтеуір көз ілмеді. Бір уақытта жаңбыр басылды. Ол далаңдаған буркасының екі өңірін қаусыра ұстап сыртқа шықты. Таң атыпты. Жан-жақтың бәрі су өтіп қоңырайып көрінеді. Шәп басы мөлтеңдеген шық. Жым-жырт. Құлақ селт етердей сыбдыр-сыбыс жоқ. Дөңкиген-дөңкиген құм шағылдардың ту сырттарына не жасырып тұрғаны белгісіз. Бұл кешеден бері қап-қараңғы киіз үйдің ішінде бүркеніп, басыр болып жатып-жатып, қай жақтың шығыс, қай жақтың батыс екенін де ұмытып қалыпты. Кенет бір дөңбек шағылдың жалпақ сауыры бірте-бірте қызара түсті. Көп ұзамай сол шағылдың үстінен дөңгеленіп күн көтерілді. Қостағылар ояна бастады. Бұдан кейін екінші боп сыртқа шыққан Юмаш Минаев болды. Үйде отыра алмайтын кезбе. Ермегі таусылғанда төңіректі шарлап, тышқан аулап кетеді. Қазір де, міне, мынау бұрын аяқ баспаған бөтен қоныстың жан-жағын бір шарлап қайтқысы кеп жаланып тұр. Бір кезде солдаттықтан қашып қазақ арасында көп жүрген. Қазақша сөйлегенде судай ағады. Сонысынан ба мынау жан-жақтан тұзақ құрып, жалақтап отырған көшпенділердің арасына тез сіңісіп кетеді. Нағыз су жұқпас. Талай күдеріңді үзіп отырған жерден дым көрмегендей боп аман келеді. Бірақ, қасына кісі ерткенді қаламайды. Жаңғыз жүргенді ұнатады. Жаңа қонысқа қонған елшінің маңайдан хабар білмей тыныш отыра алмасын біліп, бүгін де әдейі тұрып тұр. Басқа біреуді емес, өзін жұмсар ма екен деп, таң атпай жатып ербиіп қасында тұр.
— Юмаш, — деді Тевкелев. — Бүгін маңайдағы қазақ ауылдарының біріне соғып, хабар біліп келмейсің бе? Бірақ, алысқа ұзап кетіп жүрме! Мал қайтарған, жоқ қараған біреу-міреуіне жолық та, дереу кері қайт. Бұл қазақтарға сенім жоқ екенін білесің ғой...
Тевкелев үйге кіріп, төсегін жинай бастап еді, сырттан сытыр-сытыр дыбыс шықты. Ол атына мініп, күн шығыс жақтағы қызыл шағылға беттеп бара жатқан Минаев еді. «Бұл атын түнде ерттеп қойған ба, қашан үлгерген?!» — деп ойлады елші.
Юмаштың аттануы қандай тез болса, оралуы да сондай тез болды. Сол күні бесін ауа үй желкесіне кеп дүрс етіп түсе қалды. Жылдам басып кіргенінен, көзіндегі жылтылынан, басындағы далбайын тез сыпырып алғанынан, не де болса, ауыз толтырып айтарлықтай маңызды хабармен келгенін сезе қойды.
— Мына күншығыс жақ шетімізде Ожырай кетелердің ауылы отыр екен. Біздің осы араға келіп, қонып жатқанымызды кешеден бері естіп-біліп жатыпты. Сол ауылдан естідім, бұл өңірге тағы да бір үлкен пірәдар келіпті. Баяғы кісідей бақсы-құшынаштығы жоқ дейді. Сәлдесі дағарадай инабатты адам көрінеді. Шамасы, Бұхарадан келген түрі бар. Осы маңайдағы аузы дуалылардың үйінен үй тастамай аралап: «Орталарыңдағы кәпірдің елшісін еліне тірі қайтарушы болмаңдар. Онда өз бастарыңа өздерің пәле тілеп алғандарың. Ол сендерді ертең қалай жаулап алу керек екенін білейін деп, жер барлап келіп жүр. Сендер де баяғы Хиуаның істегенін істеңдер. Хиуаға ештеңе істей алмаған орыс, сендерге не істей алушы еді?! Ертең әскерін бастап әкелетін жол көрсетушісінен айырылғасын, ақ патша қарға адым жер мұң болып отырады да қалады. Әбілқайыр мен Бөкенбайдың айтқанын тыңдамаңдар. Орыстар мен башқұрттар іргемізге тыныш бермейді деп қорықсаңыздар, Бадахшанға қарай көшіп алыңыздар. Егер осыдан орыстың елшісін аман-есен кері қайтаратын болсаңдар, сендерге күллі мұсылман жұрты қарғыс айтатын болады. Жерлеріне адамдарың түгілі жоғалған малдарыңды аттатпайды, — деп уағыз таратып жүр дейді.
— Келгеніне қанша болыпты?
— Осы жуық арада.
— Қазақтар ол әңгімесіне қалай қарап жатыр екен?
— Әр қилы. Біреулері онша елп ете қалмай салғырттық көрсетсе, кейбіреуі бұл Әбілқайыр бізді мұсылмандықтан да қалдырар-ау деп тулайтын көрінеді.
Тевкелев Юмашты сол бойда Әбілқайырға жұмсады. Әбілқайыр оның табалдырығынан тұнжырап аттады. Анадағы Хиуаға кеткен Нұралы кеше түнде оралыпты. Хиуалықтар айтқанын тыңдамақ түгілі, өзін басымен қайғы қып зорға босатыпты. Хан алақанына түкіріп отыр.
— Жыланның қырық кескенде де, кесірткелік әлі бар деген. Сол немелерді осы барып шауып алсам ба екен, — деп қояды.
Тевкелев Юмаштың айтып келгеніне тап онша сескене қоймап еді, ханның мына хабары қабырғасына батайын деді. Қазақтың өз арасындағы қызылкөздері ғана емес, жанжақтағы айдап салушылардың да көбейе түскені ғой. Өткен жолы Хиуа азғырса, енді Бұхара қосылып, мынау көшпенді мұсылмандардың қолға түскелі тұрған бұйдасын бұл түгілі Әбілқайырдың өзіне ұстатпайын дегені ғой. Мына Юмаш Бұхара пірәдары қазақ дін басыларына: «Құдай жолына, құран жолына қол көтерген хан басындағы бақ пен астындағы тақты өз еркімен мансұқ еткен хан», — деп жүрген көрінеді деп айтып келіп еді.
Қабағы түсіп, қабарытып отырған ханның бетіне мүсіркей қарады. Ол кейінгі кезде қатты жүдепті. Онсыз да ұзын мойыны ырғайдай боп жіңішкеріп кеткен. Тостағандай көзі аларып, маңдайдағы әжімі қазыла түсіпті. Қап-қара мұрты мен ерінінің қызылы болмаса, алдында отырған қырықтардағы жігіт ағасы кісі емес, қаусаған шал деп қалатындайсың. Хиуаның хабарына алдына ұстаған, қол бастаған азаматы болды дегенге ешкім сенер еместей, соққыны жей-жей өн бойында соқыр ызадан басқа ештеңе қалмағандай. Уысын босатса, өзінен-өзі үгітіліп күйреп кетердей, қолындағы қамшысын сығымдап қыса түседі.
Тевкелев Әбілқайырға қараған сайын осы бір сызқабақ адаммен өз арасында бір жақындық барын сезінеді. Оларды соншама етене жақын қылып тұрған не? Мына екеуінің басына бірге туып тұрған зобалаң ба? Әрине, әлгі Бұхардың қаңғырмасының дегені болып жатса, екеуінің қара құсына бір қара балта төніп, екеуінің мойынын бір қыл арқан қылғындырмақ. Шынында да, мынау ай астында дәл бұл күндері бұдан жақын, бұдан тағдырлас ешкімі жоқ екен.
Оны бұл, міне, дәл осы жолы сезіп отыр. Оны аяғаны сонша, жаңа ғана Юмаштан естіген хабарын айтуға да жүрегі дауаламады. Онсыз да көкірегі әлем-жәлем болып отырған ханның жанын жарақаттағысы келмеді. Минаевтан не естігенін егжей-тегжейлеп жатпай:
— Былтыр күздегідей тағы бір қақсауық шығып, ел арасына іріткі салып жүр дейді ғой.
Хан алара бір қарады да үндеген жоқ. Мүдіріп қалған Тевкелев әңгімесін қайта жалғады:
— Бөкенбайға, Есетке айтып, ел арасына сондай азғырынды әңгімеге ермеңдер деп кісілер жіберу керек шығар.
Хан үн-түнсіз басын изеді. Қамшысына таянып орынынан әзер тұрды. Жерге төселген қалы кілемнің қамшының ұшына жаншылып, жапырылып қалған түгіне қарап, елші Әбілқайыр екеуінің басына төніп тұрған қауіп пен қатердің шын салмағын сезінгендей болды.
Хан атының тыпыр-тыпыр тұяқ дүрісі әлсірей-әлсірей ақыры жым-жырт жоғалды. Төңірекке құлаққа ұрған танадай тылсым тыныштық орнады. Сол тыныштық аттай бес күнге созылды. Суық жауыннан соң тұманға ұрынып, онсыз да берекесі кетіп отырған елші қосындағылардың еңсесін одан сайын езе түсті.
Бір күні іңірді жамылып ағалы-інілі Қара батыр мен Бәйімбет батыр кеп аттарынан түсе қалды. Жақайымның маңдайға ұстар екі биінің түн жамылып жүргендері тегіннен-тегін емес екен. Қарсы топтағы Бәби би, Бәтжан, Жантума би, Еспембет би, Өтеғұл би, Байжан би, Малынбай би, Өтеп батыр, Ақша батыр, Сартай батыр ат жалынан тартып мінер азаматтың бәрін жинап, дүрлігіп жатқан көрінеді. Не істемек ойлары барын бұлар білмейтін боп шықты. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ деп, елшіні алдын-ала ескертуге келіпті.
Бұл хабар Бөкенбай мен Есеттің де құлақтарына тиіпті. Ертеңіне айғыр топ адаммен олар да жетті. Бәрі елшіні ортаға алып, хан ордаға барды. Әбілқайыр Мойнақ батырды шектілердің ауылына жұмсады. Түн жамылып кеткен Мойнақ ертеңіне түн жамылып қайтып оралды. Бәби төңірегі: «Байқараның артын құр жібермейміз, не былтыр күзде оны атқан башқұртты таптырып алып, қанын төгеміз, не құн төлетеміз», — деп пәтуаласыпты.
Мойнақтың мына хабарын естігесін Әбілқайыр ордасында таң атқанша мәжіліс қызды. Хан елшінің құн төлеп құтылғанын жөн көріп еді, елші: «Қайдағы бір қарақшы үшін құн төлейтін жәйім жоқ. Құн төлесем, айыпты өз мойныма алғаным. Мына тағы далада мойыныма айып алсам, әңгіменің арты ұшығып, өз басыма зобалаң тууы мүмкін», — деп келіспей қойды. Бөкенбай мен Есет өз пікірлерін айтпай әліптің артын бақты.
Хан ордадағы мәжіліс бір тоқтамға келіп үлгермей жатып, Бәби мен Жантума бастаған қалың қол елшілік қосының көк желкесіне топталып тұрып алды. Араларынан екі кісіні бөліп елшіге жіберді. Елші олардың талабын тыңдады. Кешегі сол Мойнақтың айтып келгені: «Не былтыр күзде Байқараны атқан башқұртты артымызға өңгеріп берсін, не ата салтымызбен жүз жылқы, бір қалқан, бір жесір, бір сауыт, бір мылтық, бір түйе құн төлесін. Екінің бірі. Мәмбет мырза осы екі шарттың бірін орындамай тұрып, бізден аман-есен құтыламын деп ойламасын».
Тевкелевтің де жауабы тым қысқа болды.
— Былтыр күздегі оқиғаға қазақтардың өздері айыпты. Елшілікке шабуыл жасаған солар. Он жеті жылқы, үш түйемді айдап кеткен солар. Желкемнен келіп оқ атқан солар. Жау тигенде қорғанба деген заң ешбір елде жоқ. Менің адамдарым өз бастарын қорғау үшін оқ атуға мәжбүр болды. Байқара сондай атыс үстінде өлді. Әлгідей қылмысты іске ол өз еркімен келсе, өз обалы өзіне, ал біреу жұмсаған болса, оның құнын сол айдап салып отырған адам төлесін. Мен үшін Байқара тыныш отырған адамдарға түн жамылып кеп тиіскен бұзақы ұры. Қарауымдағы инабатты адамдарды қайдағы бір қиық құлақ бұзақының өтеуіне берер жәйім жоқ. Өзі кеп ұрынып, ажалын тапқан қарақшы үшін құн төле деулерің зорлық. Ақ патша ешкімнің ондай зорлық-зомбылығына көнбейді.
Екі елші оның бұл сөзіне ләм-мим үн қатпастан, аттарының басын кері бұрып, анадайда топталып тұрған өз топтарына қарай далақтап шаба жөнелді.
Жал басында анталай қарап тұрған айғыр топ екі елшінің хабарын естіген соң, елшілік орналасқан шұқыр ойды шырқ айнала қоршап жатып алды. Содан он күнге дейін елшіліктен ешкім ешқайда аттап шыға алмады. Аттап шыққан адам болса, Байқараның өтеуіне кетері белгілі болды. Отын таусылды. Су бітті. Елші қасындағылардың жәйі кете бастады. Сонда да тырп етпей жатып алды.
Қазақтар мынау басыр ауылды одан әрі қоршап жата беруге шыдамдары жетпеді. Марттың жиырма бірі күні түн ортасында елшілікті шыр айнала қоршай қонған қарақалпақ тұтқынынан босаған башқұрттарға дүрсе қоя берді. Ойда жоқ шайқас таң атқанша созылды. Таңертең жал басына қаптап шыға келген Бөкенбайдың қолын көріп, қарсы топтың қазақтары өкшелерін көрсетіп тайып тұрды. Башқұрттардың қырық алты жылқысын алдарына сап, қуып кетіпті. Шайқас болған жерде ауыр жарақатты үш адамы қалып қойыпты. Елшінің жанына бәрінен де көбірек батқаны сол болды.
Мынау қансырап жатқан үш еркек бұның қасында ажал табатын болса, Байқараның дауының үстіне жаңа дау қосылады. Екі арадағы өшпенділік одан бетер өрши түседі. Сондықтан да олар әзір тірі жатқанда Байқараның құнын төлеп, мына даудан аман құтылуға тура келді. Екі жақ бітімге келіп, елші қарсы жақтың талап еткен құнын үш жүз қырық жеті сом елу алты тиын төлеп, ақшалай қайырды. Қарсы жақ башқұрттардан алып кеткен жылқыларының отыз бесін қайырып, он бірін бермей қалды. Бірақ, құтырғаннан құтылған дегендей, Тевкелев ол он бір жылқыны даулап жатпай, елшілердің жандары алқымға келіп, бебеулеп жатқан үш жаралыны арттарына өңгеріп жал асып кеткендеріне қуанды.
Қызылкөз топ жал асып қараларын жоғалтқасын барып үйіне кірді.
— Уһ, құтылдық па, ақыры, — деді қалы кілемге бөксесін енді баса беріп. Әбілқайырдың қиылған қара мұрты жылт ете қалғандай болды.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
АЙҚАС
Жарға біткен жантақты
Жанынан безген нар жейді.Халық мақалы.
Жер түбіне жортуылдап барып қайтқан ауыр қол наурыз басында елге оралды. Қақаған қаңтарда Борсыққұмнан үн-түнсіз суыт аттанып кеткен бұл жорықтың басталуы қандай жұмбақ болса, аяқталуы да сондай жұмбақ еді. Одан ай жарымдай салақтап, ат үстінде жүріп қайтқан екі мың адам атымен бейхабар-ды. Білетін тек Батыр сұлтанның өзі ғана.
Тең-тең олжа артып, үйір-үйір жылқы айдап қайтпаса да, сұлтан бұл жорығына риза. Қыстың көзі қырауда ат ерттеген ауыр қолдың жолына кім қызылды-жасыл дүние жайып, көк алалы жылқы үйіріп қойсын... Ел арасынан жал асып шығар-шықпаста-ақ жұрт арасында күбір-сыбыр күңкіл көбейді. Қырын қарап, қырыстана сөйлеуді шығарған кішкене шектінің батыры Бақтыбай. Оттан-судан тайынбайтын көк жұлын неме кемді-күнгі тауқыметті ауырсынбаса да, ит арқасы қияннан барғанда алдымыз құр, қанжығамыз жұтаң қайта ма деп қоңылтақси бастады.
— Бір қолын Хиуаға, бір қолын орысқа жайып телмендеп отырған Қараған түрікпендерін жылда ақ түйе бас қылғанда не табамыз? Одан да мынау Жайық пен Жем бойындағы ызғындай құба қалмаққа неге тиіспейміз? — деп қыңқылдайды.
Шабдар қасқа шалқұйрық айғырдың үстінде түйенің жарты етіндей боп шалқалап жатып алған Батыр сұлтан кеңірейіп құлақ аспай қойды.
Бақтыбайдың бір дәметер жері — Асмантай-Матайдың құмы еді, Жәуміттер кей жылдары ойға құламай, сонда қыстап қалатын. «Жер түбіндегі Маңғыстауға аяқ салақтатып жүрмей-ақ, құм сағалаған түрікпендердің сылаң мойын арғымақтарынан бірер үйір қуып қайтсам да, ішім майлы», — деп дәметіп келе жатқан батыр ешқайдан жас тезек ұшыраспай, құлазып жатқан қу шағылдарды көргенде шалқақ басы көкірегіне қарай біржолата үзіп, жан-жағына жалбыр қабақтың астынан керенау көз тастап үнсіз келе жатты.
Жөңкілген қол сол бетімен Манатаның ернегіне жетті. Жалғыз аяқ тау соқпағына тіреліп, алды-артына амалсыз көз салды. Арттарында — мың бір жылан ирелеңдеп ойнақ салғандай жаяу боран үйдей соққан жадағай Үстірт, алдарында — ішіне құйрық-бауыр салып, құдаларға ұсынған қара тегештей дөңгелек алқап, ақ шыңдар мен қара шоқылар ай құшақ қауып жатқан Маңғыстаудың қара ойы. Ақ таулардың етегінде ойдық-ойдық сор жалтыраса, қара шоқылардың күнгей баурайында кемпірдің қолынан жел алып қашқан шүйкедей боп шөкім-шөкім тұман кілкиді. Арлан бөрінің азу тістеріндей андыздаған ақ тұмсықтардың арасынан жалғыз сабақ ине жіптей ширатыла құлаған жіңішке жол тақтайдай тықылдаған тақыр сорды басып өтіп, ойдағы ақ шоқы, қара шоқыларды орағытып бұлғақтай қашып отырып, қазір көзге көрінбей тұрған, бірақ анау түтіндей жатқан көкжиектің құшағындағы күркіреген көк теңізге барып бір-ақ тіреледі.
Ұшы-қиырсыз қара ойдың әр жер, әр жеріндегі жылымшы бұлақтардың басында бүрісіп-бүрісіп отырған егдір, шәудір, абдал, салдыр, бозашы түрікпендердің қара үзік ауылдары. Анадай-анадайдағы ақ шоқы, қара шоқылдардың басында қысы-жазы қарауыл. Алыстан шаң көрінді-ақ, бөріктерін бұлғалап белгі береді. Етектегі құрым үйлер ұйқы-тұйқы болады да қалады. Азғантай малы мен дүниелерін құз-қиядағы ұры кеуектерге тығып, өздері жан-жағы шаппа шың ойдық таулардың басына көшіп алады. Хиуаның да, қалмақтың да, орыстың да қол астына түгел қарап болмаған осы өлкеге қазақтар айдап кетсең, артында сұрауы жоқ тұтқындары мен шалқұйрық аруаналарына, серең аяқ, серек мойын арғымақтарына қызығып үсті-үстіне жортуылдап тұрады. Соңғы бес-алты жылда Батыр сұлтанның өзі мынау қуаң түбекті әлденеше рет ала тозаң етті. Әншейінде ол мұндай жорыққа сонау Қарағантүптегі айлаққа жан-жақтан саудагерлер шұбыратын мамыр мен қарашаның тұсында аттанушы еді, бұл жолы қыстың көзі қырауда не түлен түрткенін кім біледі?..
Қолдың алды қасқа шыңнан ирелеңдей түсіп жатқан жалғыз аяқ жолмен шұбалып төмен құлай бастады. Бақтыбай пәлен күннен бері омырауына түсіп кеткен сұлқ басын сол арада көтеріп алды. Соңындағы үркердей топ — өз жігіттеріне бұрылды. Айналасы екі жүз елудей ғана жолшора шектінің жігіттері нояндарының одырая қарағанынан бірдеңе анғарғандай аттарының басын тежеп іркіле түсті. Басқа қол ернектен түгел құлап, төмен асып кеткенде Бақтыбай аттың басын кері бұрды.
Батыр сұлтан тағадай иіліп қоршай ораған аппақ шыңның етегіндегі ақ тақырға жете беріп кідірді. Қолдың алды-артының түгенделгенін тосты. Жұрт жанына тегіс жиылып болғасын жоғарыдағы қасқа шыңға қарап біраз тұрды. Бақтыбай көріне қоймады. Әккі сұлтан қияс батырдың арам ойына бірден түсінді. Кеуде кергісе, бес қаруы белінде келе жатқан қалың қолдың көз қырынан ілігеді. Мынандай тар жерде енді ешкім қиямет шыңға қайта өрмелеп, азғантай қиқар топтың артынан қуып жатпайды. Бұл жорықтан елге қайтып оралғанша кім бар, кім жоқ. Ертең ызғындай ел-жұрттың алдында көрер зобалаңын көріп алар. Ал, қазір Жем, Сағызға төтелеп тартып, қалмақтың шет ұлысына тиіседі. Шашау шыққан жылқысы болса, қуып кетеді. Бұл сапардан Батыр олжалы орала ма, Бақтыбай олжалы орала ма — оны бір алла біледі...
Сұлтан оң қолындағы Тәңірберді би бастаған қабақтар қолынынан екі жігітті шақырып алды. Оны Жем бойындағы Лобжы тайшыға жұмсады. Бақтыбайдың бара жатқанын хабарлады. Екі жаушы жаңа өздері түскен Маната құлауының күнбатыс бетіндегі Қаратүйе асуынан әбден көтеріліп кеткенше күтіп тұрды да, аттарына қамшы басты.
Жолдарында кесе-көлденең сұлап жатқан үздік-создық Қаратаудың екі бетіндегі түрікпен ауылдарын кезек-кезек дүрліктіріп сүзіп шықты. Бірақ ешқайсысынан іздеген хабарын шығара алмады. Қай-қайсысының да айтатыны: «Былтырғы қарашадан бері әрлі-берлі өткен керуен көрсек, көзіміз шықсын».
Қара жұрт, қара үзік ауылдарды қан жылата отырып, көк теңізге орап кіріп жатқан Қарағантүпке барып бір-ақ тірелді. Суға сұғынған тар көсенің басында о жер, бұ жерде қалқиып-қалқиып қарауытып тұрған түрікпендердің жел қайығынан басқа ештеңе көзге түсе қоймады. Қорғантастың басындағы тас қоймадан да көңілге сезік қашыратындай ештеңе табылмады. Былтыр күздегі кемелерден қалып қойып, енді көктем шығып, су аяғы кеңігенін тосып қыстап жатқан дағара сәлделі, алабажақ шапанды үнді, парсы, ауған, қызылбас саудагерлерін көкіректерінен бір-бір итеріп, омақастырып тастап кетті. Жылқының қартасындай қыртыс-қыртыс қара ойдың қай қойнауын да аралап шыққанмен Бұхара мен Хиуаға беттеп бара жатқан сезікті керуеннің хабары естілмеді.
Елден шыққалы екі көзі шоқтай жанып, өз-өзінен алабұртып, аруақтанып келе жатқан Батыр сұлтан аяқ астынан қыңырайып сала берді. Мынадай ақ шұнақ боранда осындай ит арқасы қиянға жол шығуында, шынында да, бір мән бар еді. Ақ патшаның әлгі кергіме елшісі ел шетіне аттамай жатып, мұның көкірегінің басына орнай қалған көкше мұз жібісе, осы жолы жіби ме деп еді. Енді, міне, оның да неғайбыл боп бара жатқаны...
Қайып өлгелі қайнағасының қасында келе жатқан Батыр оның қай айтқанын да екі етіп көрмепті. «Бар!» — деген жағына барыпты, «шап!» — деген жауын шауыпты. Бірақ оны Әбілқайыр ешқашан қолбала санап көрген емес. Терезесін тең ұстады. Күллі жанарыс өз қолында болғанмен, мұның қарауындағы алты шектінің ешбір шаруасына килікпейтін. Оны Батыр өзі билеп, өзі төстейтін. Қайып баласын қағынан жерінген құландай өз әулетінен осынша қол үздіріп кеткен Әбілқайырға Жәдік тұқымының да атарға оғы жоқ-ты. Батыр сұлтан оны да іштей сезіп-біліп жүрді. Сыр бермеді. Қайта олардың солай күйіп-піскендеріне айызы қанатын. Оның да себебі бар-ды. Тәуке өлгесін аға хандықтың жолы Қайыпқа түсіп тұрса да, алдын кескестеген сол өз ұяластары еді. Ақ патшамен одақтасып, жоңғарға қарсы күреске шықпақ болғанда да, тұяқ серіппей тым-тырыс жатып алған тағы солар-ды. Тіпті, кісі қолынан мерт болған әкесінің түсініксіз ажалын да Батыр ішінен сол өз тұқымынан көретін. Ал Әбілқайыр Қайып өз ағайындарынан құқай көріп жүргенде, елден бұрын қол ұшын берді. Оның орыстан одақ іздеу ниетін де, елдің ең алдымен сол құптады. Қайып ойда жоқта опат боп кеткенде баласын қасына алып қарасқан тағы сол. Екеуі қостас болғалы бұған ешқашан қоқырайып, қоқан-лоқы жасап көрмепті. Қайта бұның атағын дабырлап, абыройын асырып бақты. Бұл да аға ханның қасы мен қабағына қарады. Күні кеше қол ұшын бермей кергіген ағайын енді мұны сыртынан «күшік күйеу» деп құстаналайтынды шығарды. Өзара әңгімелерінде мұның атын да атамай, «әлгі Әбілқайырдың қол шоқпары», «Өсеке тұқымының итаяғын жалап кеткен жалаңбұт» — деп отырады дейді. «Жаман қатын байсақ, жаман күйеу қайынсақ» деуші еді, Батыр қайнағасы түзге шыққанда дәрет құманын өзі ұстап тұратын көрінеді» — деген пыш-пыш та құлағына тимей қалып жүрген жоқ. Жәдік тұқымы бұл екеуінің арасына қырбайлықтың қара сынасы қашан қағылар екен деп, қанша сығыраңдасып, оңды-солды сөз гулетіп баққанмен, оған Әбілқайыр да, бұл да апши қоймады. Қайта екеуі де дұшпандарының өйтіп өттері жарылғанына іштей масаттанатын. Жәдік әулеті батырды: «Намысына қанша шоқ салсаң да, былқ етпейтін жігерсіз неме», Әбілқайырды: «Шайтанның да басын айналдырып ала алатын жады неме» — санап, екеуін атыстырып-шабыстырмақ ниеттерінен өздері торығып келе жатқан-ды, бірақ құдай олардың көктен іздегенін жерден берді.
Батыр сол бір күнді әлі ұмыта алмайды. Қаракесек Келдібеқұлы Қазыбектің қаңқылдақ дауысы:
— Қазақ ғаскерінің бас сардары Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр! — деп саңқ ете қалғанда Ордабасының адамы түгілі, тау-тасы жаңғырыға айқайлап қоя берген-ді. Неге екені белгісіз, аяқ астынан тамағы құрғап, жағын аша алмай қалды. Қапелімде, ол мұны жүрек жарды қуаныштан шығар деп ойлаған-ды. Тісі-тісіне желімделіп қалғандай, көзі алақтап, жан-жағына қарай берді. Жұртта ес жоқ. Желекті найзаларын шошаң-шошаң көкке көтеріп, желпілдесе шуылдасып жатыр.
— Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр!
— Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр!
— Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр!
Оған бір сәт тіпті көктегі күн көзіне де тіл бітіп:
— Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр! — деп күркіреп тұрғандай көрініп кетті.
Жұртқа қосылып айқайлағысы келіп еді, тамағы қыжылдап үн шығара алмады. Ұран төбенің басындағылар ауыз жаппай қақылдап жатыр. Хан қайтіп тұр екен деп Болатқа қарады, о да Қазыбекке қосылып ауызын жыбырлатқан болады. Бірақ екі иығы қуышып, еңсесі жерге кетіп, шөге түсіпті. Сәмеке күйек сақалы жылтырап, көзін жұмып, тісін ақситып апты. Мынау қошаметшіл көптің айқайын мақұлдап тұр ма, жоқ еліріп алған ессіз топты мазақтап күліп тұр ма — біле алмайсың. Топ арасынан Барақ пен Әбілмәмбетті іздеді. Олар да манадан бері мұны бағып тұр екен. Мынандай мелшиген қалпын көріп, бір-біріне жымың ете қалысты. Бұл жалма-жан жанарын ала қашып, топ алдындағы Әбілқайырға бұрылды. Қызыл көрген қырандай емініңкіреп, алға шығып кеткен Әбілқайырдың беті шүберектей боп-боз. Атын атап еліре айқайлап жатқан қарақұрым халыққа да, түксиген-түксиген жақпар тастарға да көзі түспей, сонау көктегі күн көзіне қарап тұрғандай, иегі тым әуелеп қапты. Бұған дейін талай шайқас, талай айтыстарда, талай жаудың беті, желдің өті тар жерлерде көріп жүргенде әрдайым сырын шашпай, өте бір ұсынақты шебердің қолынан шыққан мінсіз бұйымдай жып-жинақты, жып-жылмағай жүретін осы бір ұстамды, ақылды кісіге ылғи риза болатын-ды. Оның дене бітімінен, бет-әлпетінен, жүріс-тұрысы мен айтқан сөзінен ешқандай мін таба алмайтын. Ол не істеп, не қойса да, бұл таңғалып бітетін. Ал, бүгін... бүгін оның бойынан тап осынша ел болып, жұрт болып таңдай қата боп тамсана қалатындай оқшау ештеңе таба алмай тұр. Кемсіту мен қорлық, жәбір мен жапа көріп жүрген кезінде соншалықты асқақ, соншалықты сырбаз берік кісі бүгін етек жеңін жия алмай жайдақтанып кеткен сияқты. Құрмет пен бақыттан ылғи қағажу көріп жүретін жарым көңіл неме ақ түйенің қарыны жарылған күні әншейіндегі ұстамдылығын жоғалтып алған секілді ме, қалай... Бүгінгі мынау көкке қарап кекшиіп кеткен басы да, құлағы бітіп қалғандай мәңгіріп тұрысы да, боп-боз өңі де - түгел ерсі, түгел сөлекет көрініп кетті. Бұрын ылғи сүйсініп жүретін адамына бүгін ол бір түрлі мүсіркей қарады. «Апырай, мына сабаздың тіпті есі шығып кетіпті ғой», — деп ойлады ішінен. Бірақ ол арада бұл ойының мүсіркеушілік емес, кенет қау тамызықтай лап ете қалған қызғаныш екеніне, адамдар арасындағы өшпенділік пен бақастықтың бықсып жатар пілтесі де сол болатынына әлі жөндеп түсіне қойған жоқ-ты. Оны кейінірек сезді. Бірақ, бір ғажабы, Ордабасындағы жиыннан кейін-ақ Әбілқайыр Батырдың көз алдында бұрынғы қадір-қасиетінен айырылып сала берді. Оның ат үстінде де, тақ үстінде де сарсаң кесек секілденіп суық отыратыны, қас пен достың арасына айырма салмай, екеуімен де қабағына сыз жиып самарқау сөйлесетіні, сен арызшы, өзі қазы секілденіп, қашан айтарыңды айтып біткеніңше жақ ашпайтыны, көкірегіңді жарып жіберердей боп қыстықтырып келген сырыңды лақ еткізіп ақтара салғаныңда не езуін жиырмайтыны, не көзі күлмейтіні, мелшиіп отырып тындайтыны — бұрын ойлап келгендей сарқылмас сабыр, тұңғиық ақыл емес, өзімнен басқа неме жоқ, су ішінде кеме жоқ деген астамшылық пен өркөкіректік қана екенін енді-енді аңғара бастағандай. Жұрттың оны қараптан-қарап жек көретіні де осы шығар!
Жер көрмей де қайтсін! Бұл далада кім-кімге сәлем бергендей. Құлазыған қу даладағы қой баққан қазақ та, жол шыққан қазақ та жападан-жалғыз. Оның көз шоласындағы кеңісте өзінен басқа қыбырлап-қимылдап жүрген тірі пенде кездесе бермейді. Оған «әй дер әже, қой дер қожа» да көп жолыға қоймас-ты. Сондықтан да жапан түздегі кез келген жалбатымақ өзін ешкімге тәуелсіз бай-батшамын деп сезінеді. Шетінен намысқой, шетінен өркөкірек келетіні де осыдан. Сәл нәрседен кеуіп күпілдеп шыға келулері қандай оңай болса, сәл нәрседен талақтары тарс айырылып тас-талқан боп шыға келулері де сондай оңай. Алдыңа ісі түсіп келген кез келген пақырана айтқанын қылмасаң, ендігәрі сені көрместей боп бетіңе түкіріп кетеді. Бұрын Батырға Әбілқайыр жайында айтылып қап жүретін әр қилы алып-қашпа қаңқуды ол әлгіндей өкпешіл жұрттың орынсыз бопсасындай көруші еді. Енді, міне, одан өзінің де көңілі екі жерде мықтап қалып отыр. Біреуі — баяғы Аңырақай шайқасы тұсында. Сол кездегі Әбілқайырдың бет-бейнесі әлге дейін көз алдында.
Ханның әншейінде жымпиып тұратын жылмағай беті сол күні өз-өзінен ісініп желіндеп апты. Бас сардардың сары ала шатырына талтаңдай енген сұлтандар мен батырларға тұнжырай көз тастады. Сөйлегендердің не айтып, не қойып жатқандарымен де ісі болмады. Жүзін қырын салып немқұрайды тыңдады. Бұның көкірегіне: «Мынаның мейманасы тасайын деген екен!» — деген суық ой алғаш рет сонда қашқан-ды. Тап сол сөйлеп, сол араласпаса, қара су теріс ағатындай, ауызы жалпылдап қыстырылмас жерге қыстырыла кететін Барақты төтеден тойтарып, тұқыртып тастағанына іштей қыбы қанса да, артынан іле-шала өзі де дәл соның кебін кием деп ойламап еді. Әбілқайыр оны онсыз да «күшік күйеу» деп сыртынан сыпсыңдап жүретін дұшпандарына оңдырмай жығып берді. Айтып тұрғанын ақымақ баланың бос былшылындай құлағына ілмеді. Әншейіндегі ішінде ит өліп жатса да, байқатпайтын көрбеттігін қойып, желбезегі желп-желп етіп осқырына тыңдады. Әлгінде ғана маңдайларын тасқа ұрғандай болып отырған Жәдік тобына құдай берді де қалды. Баяғы Ордабасынан бері көкірегіне шым-шымдап жиылып жатқан түсініксіз кірбің аяқ астынан қорғасындай ауырлап, зіл-заһар өшпенділікке айналып бара жатқанын тұңғыш рет сонда аңғарды. Әбілқайырға көзі түсіп еді — сол баяғы сұп-сұр қалпы. Бұның қадала қараған қату жанарынан түк тайсалған жоқ. Ештеңе болмағандай. Әр сөзін талмап дәмін алып тұрғандай өзінен-өзі рақаттанып тамсана сөйледі. Сосын бұл да ішінен тынып, екі иығын қомдап, бойын жиып ала қойды. Сыртынан мысқылдай қарап отырған өз аталастарынан да қысылған жоқ. «Қап, бәлем...» деп сазарып, бедірейіп алды. Ол арада бұл ашуын Әбілқайырға ма, жоқ өзімен көптен дүрдараз ағайындарына ма — кімге бағыштағанын өзі де дұрыстап аңғармаған-ды. «Мені бір жүндеуге жақсы жуас тайлақ санап жүр екенсіңдер, көрерміз!» — деп кіжінді. Ертеңіне Аңырақай даласындағы шайқасқа әбден битін салды. Ала шаңыт ішінде ханның өзіне масаттана қарап тұрғанын әлденеше рет көзі шалған. «Қап, бәлем, солай ма екен!» Одан әрі Әбілқайырдың иегінің астында жүре алмайтынын сонда сезген. Әбден өзімсініп, бұның бар-жоғын елеуден қалған астам немені мықтап тұқыртудың да, тойған жерін сағалап кетті деп табалап жүрген аталастарының көмекейіне құм құюдың да жалғыз жолы — өз ноқтаңды өзің ұстау екенін сонда түсініп қайтты.
Осындай күпті көңілмен елге оралған Батыр сұлтан көпке дейін Әбілқайырмен хабарласпай үн-түнсіз жатып алды. Оған: «Не істеп, не қойып жүрсің?» — деп іздеп барып жолыққан Әбілқайыр, сірә, жоқ. Сүйтіп жүргенде ханның ақ патшаға «бодан болам» деп елші аттандырған хабары шықты. Бұндай алмағайып тұста онсыз да іргесін аулақ салғысы кеп жүрген Батыр қайнағасына қайдан жоласын! Жұрттың көбі: «Ханның бұнысынан не шығар екен?» — деп әліптің артын бақты. Талайы: «Тәуке мен Қайыпқа илікпеген керік патша бұған қайдан қайырыла қойсын, тек әншейін мәңгінің қиялы да?» — деп ойлады. Іштерінен «Әбілқайырдың осы жолы тұмсығы тасқа тірелер болса, ел алдындағы абыройы айрандай төгіліп, бас сардарлықпен де біржолата қоштасар еді» деп дәметті. Болат өлгелі бос тұрған бас тақтың төңірегіндегі әңгіме де пышақ кескендей тыйылды. Әбілқайырдың әлгіндей аяқтан шалдырар кезін тосты. Содан да ма, «арқар» ұрандылар бұрынғыдай жоқтан өзгеге ат терлетіп жүріп тұрмай, ұлыс-ұлыстарына барып бұғып-бұғып жатып алды. Батыр сұлтан да қайнағасынан неғұрлым алыс көшіп, неғұрлым алшақ қонуға тырысты. Кенет «Әбілқайырға елші келе жатыр!» деген хабар шыққанда, неге екені белгісіз, екі күн қатарынан тамағына бірдеңе көлденең тұрып алғандай ас жүрмей қойды. Баяғыда әкесі «одақ болайық» деп жалынғанда, патша түгілі Тобыл ұлығының көп шабармандарының өзі жер тәңірсіп ат ізін бірде салса, бірде салмай, кекірейіп бағушы еді. Енді мынаған алтын таққа алшысынан конжиған қатын патшаның өзі артынтып-тартынтып елші жібертті деседі. Бағың жүрейін десе, дауа жоқ деген осы да!
Батыр қараптап-қарап жүдеп сала берді. Енді Әбілқайыр астамсымағанда кім астамсиды?! Қазақты орысқа қаратып берсе, бас ноқтаны ақ патша Әбілқайырға ұстатпағанда кімге ұстатады? Болат өлгелі қалған төрелер Әбілқайыр иемденіп кетпесін деп ауыздарына алмай қойған бас тақыт та бәрібір соған бұйыратын болды. Қазақ сұлтандарының қызғыштай қорығанын ақ патша неғылсын!
Шіркін, мұндайда қазақ ұлыстары ауыз біріктіріп, аға хан сайласа, ақ патшамен келіссөз жүргізуге құқы бар адам сол болар еді де, Әбілқайырдың мына өлермендігі әншейін бос әуреге айналар еді. Бірақ, қазаққа ондай пәтуа қашан бітті! Бас тақытқа отырғызам дегенде де, отырғыза қояр кімі бар? Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ, Күшіктер бірін-бірі тірсектен тістеп, тақ түгілі атқа әзер мінгізіп жүр. Ең болмаса, өз алдына дербес ұлысы жоқ бұл ешкімнің де ауызына түсе қоймайды. Әбілмансұр болса, әлі жас. Оның үстіне, күні кешегі атасы білмес арсыз құл аты өше қойған жоқ. Қайтсең де, Өсеке тұқымының осы баласының жолын бөгей алар «арқар» ұранды азамат тумай тұр ғой! Сыз қабақ, сұп-сұр неменің маңдайы неткен жырта қарыс еді! Бағзыдан бері ешкімге тізгін ауыстырмай келе жатқан Жәдік тұқымы тап бүйтіп тозып, құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кете қоюы мүмкін бе!.. Жоға тәйірі... Осы күні жер басып жүргендердің өздерінің Әбілқайырдан қайсысы кем? Басқасын былай қойғанда, анау арыстандай арпалысып, қолы ылғи біреудің жағасында жүретін қызылкөз Барақтың өзінің одан байлығы кем бе, батырлығы кем бе? Сәмеке мен Әбілмәмбет ше? Олардың соңына ерген қарақұрым қолдың өзі неге тұрады? Жарайды, Әбілмансұр жас бола қойсын. Күшікті санда бар да, санатта жоқ бір жан дейік. Ал, бұл, бұның өзі ше... Бұның өзі кімге сәлем бергендей? Бір кезде қазақтың Тәукеден кейінгі бетке ұстары Қайып емес пе еді? Ендеше, сол Қайыптың тігерге тұяқ жалғыз ұлы Батырдың жөні бір бөлек тұрмас па?! Жәдік тұқымы мұның сыртынан күңкілдегенде де, сол өз жөнін өзі білмей, Өсеке әулетінің қанжығасында кетті деп қаңқулайтын шығар. Ал, бұл өзімен-өзі болсын-ақ делік, сонда Жәдік тұқымы аға хан мінер ала тақты бұған қияр ма еді...
«Патшаның елшісі Уфаға келіпті» деген хабар жетісімен-ақ, Жәдік тұқымы бұған ат ізін жиілетті. Кешкі алакөбеңде келіп, таңғы алакөбеңде аттанып жататын суыт жүргіншілер Қайып баласының Өсеке тұқымының тап бұлай бастан секіріп жатқанына қалай қарайтынын білгісі кеп келеді. Батыр олардың өз көмейлерінің қандай екенін қаузастырып келіп еді, аңыс аңдай тұрғылары келетін сыңайларын аңғарды. Ол да қаралай қызылға ұрынбай, әліптің артын баға тұруға бел буды. Сөйтіп жүргенде, бір күні апақ-сапақта Нияз сұлтан келе қалды. Әбілқайыр жіберіпті. «Әкесі Петр патшамен хат алысып тұрған кісі, орыс елшісінің алдынан шықпай ма екен?» — депті.
Сұлтан мына сөзге ойланып қалды. Әккі хан мұны бостан-босқа айтпайды ғой. Ақ патшадан алар абырой-атаққа басқа «арқар» ұрандыны тіріде ортақтастырар ма! Шамасы, патша сарайының Қайыптың атын да, хатын да ұмытпағаны ғой. Өсеке балаларынан елші барғанда: «Баяғы Қайып ханнан тұқым бар ма?» — деп сұраған да шығар-ау! Әйтпесе, Әбілқайырдың бұған қайбір ет-бауыры елжіреп барады дейсің! Патша ұлықтары өйтіп өздері іздеп жатса, бұл неге тартынады? Жәдік тұқымынан басқа ешкімді де емес, тек өзін ғана сұрастырып жатса, бұл неге озып тұрған маңдайын жария жарыққа қарай созбай, құпия көлеңкеге тығылады?!
Қол астындағы алты шектінің жақсылары мен жайсаңдарын түгел ертіп, Нұралымен бірге Мәмбет мырзаның алдынан шықсын...
Сары ала күймеден домалап түсе қалған тығыншықтай қызыл шырайлы ұлық бұны да, қасындағы қақыра қалпақ киіп, жарқырап барған қайқы төс билерді де ит екен, кісі екен деген жоқ, кекірейіп ханзадамен болып кетті. Жүрегінің басына әлдекім кірш еткізіп біз сұғып алғандай болса да, сыр бермей шыдап бақты. Бірақ ол аңғарғанды қасындағылар тіріде аңғармас па!
Ұлы шеру орынынан қозғала оң қолында келе жатқан Жалтыр би:
— Итпен құда болсаң, тойында боқ асарсың деген осы. Әлгі көргенсіз неме бізді құйрығына да қыстырмады ғой! — деген.
Апай төс, қайқы маңдай, қара сұр жігіт қырғыштай қыр мұрнының астына ала бөтен ызғар жиып, көзінің қиығын ғана салғырт тастап, сынай қарады. Сөйтсе, оның ар жағындағы құж-құж бет күжбан қара Қосыбай ағасы да өкпелеген баладай бұртия қалыпты. Атақты Әйтеке бидің азу тісі балғадай төрт ұлының қазір ат мініп, аруақ қуып жүргені осы кенже екеуі еді. Екеуі де Әбілқайырды өлердей жек көреді. Бір кезде күллі Жанарысты ауызына жығып, айылын жидырған атақты бидің көзіне түсіп, соның батасымен ұлысбегі атанған жас сұлтан қолына билік тиген соң, өзін кісі еткен әулетпен шаруасы болмай кетті. Алдында малы көп байлар мен соңында қолы көп батырларды сағалап, бір кезде иісі алшынның ағасы саналған әлімдерден гөрі, қара да болса, ақтылы-қара қойымен, көк алалы жылқысымен қатарға қосылып, әкесі Абдолламен кіндіктес Құттыбикені құшып, талтаңдап өткен табын Қара батырдың баласы Бөкенбай билеп-төстейтін жеті ру мен өзінің аузын майлап, баурын жайлап алған Бопайдың төркіні — он екі ата байұлын көбірек арқа тұтып кетті. Әлімнің де ежелден қолдарынан қамшы түспеген, бөкселері төрден кетпеген жуан аталарын емес, қатарға кейін қосылған, тоқалдан туса да, топылтып баланы көп өрбіткен, ұрыдан жиса да, шұбыртып мал көп өргізген кіші аталарын ішіне тартып, азуы алты қарыс шектінің сүлейлерін оң қолына отырғызбай, кірме күйеу баласы Батырдың соңында сүмеңдетіп қойғаны да соның бір белгісі. Осының бәрін сүйектеріне түскен дақ деп білетін екі би, міне, Әбілқайыр түгілі оған сонау жер түбінен ат сабылтып әзер жеткен ақ патшаның елшісінің өзін місе тұтпай келеді.
Жалтыр мен Қосыбайдың қас-қабағын аңғарып қалған өзге әлім билері де тоңторыс бола қапты. Нұралыға еріп келген он екі ата байұлы ақсақалдарының да тап қағағаны қарқ, сағанағы сарқ боп жарқылдап жатқандары шамалы. Содан олар Маңтөбеге жеткенше әкелері бүгін өліп отырғандай қабақтарынан қар жауып түксиіп келді. Жат-жұрттық елшіні алдынан арнайы тігілген ақ боз үйге кіргізіп жайғастырған соң бәрі бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай: «Ханға барып алдынан өтейік. Елшімен біз жоқ жерде кездеспейтін болсын. Әйтпесе, мынау аузы түкті сары кәуір бір-бір атаның тізгінін беліне байлап жүрген дуалы көмей билеріңді ит жуадай көре-тұғын түрі жоқ қой», — дескен.
Әбілқайыр олардың мына талаптарына, қапелімде, жауап таба алмай сазарып отырып қалды. Билер оған одан сайын масаттанды. Артынан бір жал асып кеткен соң да, иіріліп тұра қалып қайта қауқылдасқан. Әсіресе, дау десе, жанжал десе, астындағы атын түсіп беретін Баймұраттың екі шекесі білемденіп шыға келді.
— Жаман ноғайдың мына қылғанын тіріде түгілі, өлсем, көрде де ұмыта алмаспын. Боқмұрын баладан басқамызды көзге ілмеді-ау! Шікірейген неме қайда келгенін білмей тұр ғой. Қатын патшаның алдында борсалаңдап қалған майбөксе ұлық бұл елде жұртты кім аузына қарататынын біліп алсын. Өзіне көресіні көрсетіп, көзіне көк шыбынды үймелету керек.
Құйрығына ер батып бара жатқандай ырғалып қояды. Қып-қызыл шоң мұрыны бұрынғыдан бетер қампиып кеткен.
Оның сөзіне қалғандары құба-құп десті. Жұрт онсыз да қаралай алақанына түкіріп тұрған мақтаншақ биді одан сайын күпілдетті.
— Пәлі, дұрыс айтасың. Басымен қайғы қылу керек.
— Ноғай ноғайлығын істесін, бар пәле Әбілқайырда ма деп қалдым.
— Ит арқасы қиянға кеткен елшісінен елді кімдер билейтінін айтып жібермес пе?
— Пәлі, ол қазақтарды хан билемей билер билейтінін айтып өле алмай жүр дейсің бе?
— Онда патша ханға емес, билерге елші салады да...
— Ендеше, хан айтпағанды біз айтайық. Өзіміз жоқ жерде бір-біріне аттап бастырмай қояйық.
— Ханның қауқарының қандай екенін білсін.
— Ол рас. Бірақ, ол екі орданы біреу торыса, әлгі әккі сұм құмырсқа боп жорғаласа да, бір ебін тауып кетуі мүмкін.
— Ендеше, бұл шаруаны мен қолыма алайын, — деді Баймұрат. — Құмырсқа түгілі маса боп ұшып кетсе де, екеуін кездестірмеймін.
Жау десе, сауытын киюді ұмытып жалаңаш шабатын, дау десе ішкен асын жерге қоятын, оның үстіне аузынан абайсыз шығып кеткен сөзінің өзін орындатпай қоймайтын қасарыспа Баймұрат хан маңындағыларды елшінің қасына аттатқызбай қойды. Тегі Байұлына жатқанмен, нағашысы Қыпшақ, қонысы Тосынның құмы мен Торғайдың суы, Бекарыс пен Жанарысқа телі тентек боп өскен алтын Жаппас әулетінің бұйда ұстары Баймұрат әлгіндей қызыл шатаққа өзі сұранып тұрғасын Әйтеке балалары Батыр сұлтанға:
— Әзір ештеңе демей тұра тұралық. Мына қызылкөз не тындырар екен? Ханның өз қол астындағы байұлы ауылдарынан шатақ шығып жатқанда құйысқанға қыстырылып қайтеміз. Тек мұндай кеппе немелердің ауық-ауық шабынан түртіп қойып отырмасақ, желі басылып қап жүретіні бар, — дескен.
Баймұрат көктен тілегенін жерден бергесін әбден шаршысына толды. Ханның қолына абайсыз түсіп қалған екі жігітін қайтып бермегенде патшаның елшісін ат көтіне өңгеріп кетуі әбден мүмкін еді. Әбілқайыр райынан кезінде қайтты. Мақтаншақ би елші мен ханның көзін байпақтай қылғанына мәз болып жөніне кетті. Бұрынғыдан бетер үрпиісіп отырған елшілік қосы мен хан ордасын тағы бір тулақтай сілкілер кім табылар екен деп отырғанда Жалтыр биге құм арасынан қоян аулап қайтып келе жатқан жақайым шектінің жел өкпе жігіті Байқараның жолыға кеткені. Жүйрік ат, сылаң тазы дегенде есі қалмайтын әумесер неменің көңілдегі қызыл құртты әккі би айтпай біліп тұр.
— Байқара, сен осы хан ауылына соқтың ба?
— Онда не жыным бар?
— Ақ патшадан елші келіп жатыр ғой.
— Ол неме қақпан құрып, қоян аулап жүрген мені қайтеді. Маған еріп, қызы бар үйдің сықырлауығын сылдырататындай бозбала жігіт бола қоймас.
— Соңындағы қалың нөкердің мініп келген аттарын көрсең ғой. Таң атқалы кекірейіп тұрған Байқара ер үстінен ентелей еңкейді.
— Әлгі Қап тауындағы Қарабақ пырағы дейтін темір тұяқ нағыз сол көрінеді. Жылқының сұлтаны! Оның қасында бір әз-әулие көретін теке жәуміт тек әншейін қылқұйрық екен.
Арсалаң жас жігіт бидің тізгініне оратылды.
— Ағаке, оны қайтіп қолға түсіруге болады?
Би мырс етіп мұртынан күлді.
— Кім көрінген шауып барып, айдап кетіп жатқан тегін малдың қолға түспейтін несі бар? Қасыңа елу-алпыс жігіт ерт те, қараңғы түсе қаралай зәрелері ұша бастайтын қоян жүрек елшілікті тыпыр еткізбей қоршап ал. Сен түгілі анау айғайшы Баймұрат та жуықта жиырма сәйгүлікті бір түнде қуып кетіпті. Асықпасаң, жұрт мынау құдай өзі айдап әкелген оңай олжадан саған сыңар тұяқ та қалдырмайды, — деп жөніне тайып тұрсын...
Ертеңіне даңкөкірек Байқараның оққа ұшқанын естіп, жымысқы би Батыр сұлтанға келді.
— Әбілқайырдың құйысқанына бір күйген шала мықтап қыстырылды. Шектіде Сырлыбайдай көппе, Бәбидей қасарыспа ешкім жоқ еді. Енді екеуі де ханның соңынан сүмеңдеп түсіп береді. Хан мен елші қайда қашып құтыла алар екен, көрейік! — деді.
Арада апта өтпей жатып, Әбілқайырдың ауылының көшіп кеткен хабары шықты. Жалма-жан Батыр да орнынан көтерілді. Қарақұмның бытқыл-бытқылын бойлап, құбылаға қарай шұбалған хан көшін араға бірер бел тастап өкшеледі де отырды.
Байқараның кегін қайтармақ болған Сырлыбай көш жөнекей елшінің қосына тиісіп, бір башқұртын тартып әкетті. Мынандай көлденең оқиғаның дау-шарынан өзін жырақ ұстағысы келген сұлтан хан ауылын одан әрі өкшелемей, Борсыққұмға қона салды. Бірақ ел арасындағы сыпсың Сырлыбай оқиғасына бұның да араласы барға сайыды. Оған көрші ұлыстардың әбден иланып қалған сыңайы бар. Тіпті Хиуа мен Бұхара да апта сайын бір жансызын сүмеңдетіп: «Ақ патшаға бодан болуға қарсы шық!» — деп азғырды. Жәдік әулеті де бірінен соң бірі кісі салып: «Әбілқайыр ордасындағы орыс елшісін қорқытқан үстіне қорқыта беру керек», — деп сыбырлап бақты.
Батыр олардың ешқайсысына ішін ашпады. Бірақ белден салған құс төсекте талай түнді төңбекшумен өткізді. Бұрынғыдай емес көңілі көтеріліп, бойына бір түсініксіз желпініс біткен. Атқа мінгісі, әлдебір жақтарға саятқа шыққысы келеді де тұрады. Қашаннан жортуылда жүріп қалған неменің қараптан-қарап тақымы қышиды. Бірақ, дәл қазір ұлысынан ұзап шықса, жан-жақтан қарауыл қойып, іргеден аңдып отырған жұрттың ойына не қашатынын білмей, тағы да тоқтап қалады. Егер жұрттың түн жамылып кеп айтып кететін қолқасын ашықтан-ашық мақұлдаса, арты не болып кетері белгісіз дүдамал шаруаның күйтін күйттеймін деп жүріп, босқа арам тер болып, ертең ақ патшаның алдында жалғыз айыпты өзі болып шыға келуі де мүмкін ғой. Ал егер әлгіндей әзәзіл қолқашылардың бетін бірден қайырса, қазақ арасында күннен-күнге дабырайып бара жатқан абыройынан қайта айырылып қалары сөзсіз. Әншейінде түксиіп жүретін сұлтанның соңғы кезде қабағын жадыратқан сиқыр да осы ел арасында атының шыға бастағаны еді. Енді сол ойда жоқта өзінен-өзі тап бола кеткен беделін абайсыз төгіп алудан қаймығып, қараптан-қарап қорқасоқтап, ештеңеге тәуекелі тұрмай, әліптің артын баға түсті.
Оның осынша сақтанса, сақтанатындай да реті бар. Құдайға шүкір. Жәдік әулетімен жүзін біржолата жылытып алды. Құдайға шүкір, көрші хандықтар да санаса бастады. Қанша аспанға түкіріп, астамсығанмен Әбілқайыр мен Мәмбет мырза да қайда кетер дейсің!
Ақыры бір кез көз қиықтарын салар. Мұндай жағдайда ол төңірегінде болып жатқан қуды-қашты оқиғаларға қайтіп араласа алады! Олардың ешқайсысына өзі кіріспей, Әйтеке балаларын салып қойды. Солардың ауызымен тал түсте елшінің керуеніне тиісіп, көмекшілерінің бірін ат көтіне өңгеріп әкетіп, көзсіз батыр атанып, бұтқа толып отырған Сырлыбайдың құлағына: «Хан мен елші қашан өз аяқтарымен келіп, бас ұрғанша қолыңдағы тұтқынды босатушы болма!» — деп күні-түні құйып бақты. Солардың ауызымен ел арасына тұтқындағы Таймастың басына төніп тұрған қауіп пен қатер жайында неше түрлі алып-қашты лақаптар таратты. Сол әсер етті ме екен, әлде тек ханға ғана арқа сүйегенінен ештеңе өнбесін білді ме екен, елші оған Нұралы сұлтан мен Бөкенбай батырды жұмсапты.
Бұл — Батырдың күтпеген оқиғасы еді. Бармаса — елшілікке жасалып жатқан баяғыдан бергі зорлық-зомбылықтардың бәрін өз мойнына алып шығады. Тап онша құлқыны құрып тұрмаса да, Мәмбет мырзаның қосына бас сұғуға амалсыз көнді.
Шікірейген неме әлі ештеңе ұға қоймапты. Нұралы мен Бөкенбайды жұмсап отырған ол емес, хан екен. Бедірейген елшінің бет алдын көңіліне ауыр алғанмен, оның қасында қандай сияпат көргенін ешкімге тісінен шығарған емес. Бірақ, өзінен ханның шындап қаймыға бастағанын сезіп қайтты. Жұрт арасында: «Хан мен елші Батыр сұлтанға кішірейіп өздері сөз салыпты», — деген әңгіме гуледі. Сол қаңқуға сенген, әрі бір жағынан шектілердің солқылдақтау ауылдарының бопсасына шыдай алмаған Сырлыбай тұтқын башқұртты өз қолынан апарып үйіріне қосты. Батыр оған да тырс етпеді. «Алаштың арты жоқтаусыз азаматы болушы ма еді? Азуы алты қарыс алты шекті қыршын кеткен Байқарадай арысының кегін сұраусыз жібере қояр дейсің бе? Сырлыбайдың иі жұмсарғанмен, әкесі кеп жалынса да, өз дегені болмаса, былқ етпейтін Бәби иліге қоймас. Ертең-ақ ақ сойылды өзі ұстап, айқайды өзі салып шыға келер», — деп ойлады. Қосыбай мен Жалтырдың арғы аңғары да сол төңіректен шықты. Бөкенбай мен Есеттің көп жылқысы мен көп жігітін сағалап, өзі алаш алдына оздырған Әйтеке тұқымының еңбегін ұмытып, меселін қайырған ханның тасын өрге бастырмай, ойға домалатар қандай іске де, ынты-шынтын салып кірісетін екі би батырдың ауылынан шықпайтын болды. Енді олар Әбілқайырдың жер түбіндегі орыстан қолдау іздеп, қазақ алдындағы беделін күрт төмендетіп алған мынандай ұрымтал тұсында Қайып баласының асығын алшысынан түсіруге биттерін салып бақты. Кіші жүзде Батырдың наны жүргені өздерінің наны жүргені деп ойлайды. Біреуді жылатпай, біреуді күлдірмейтін, біреуді құлатпай, біреуді оздыртпайтын опасыз бақыттың бір кезде ойда жоқта ойсырап, налып қалған Қайып шаңырағына қайтып оралғанына күллі Жәдік тұқымының қуанатынын іштері білді. Оған қазір исі қазақтың: «Бәрекелді!» демесе, «Әттеген-ай!» — демейтін түрі бар еді. Ендеше, Әз Тәуке көз жұмғалы үш арыс алаштың алдында ай мүйізін әлдекім қағып ап, тоқалдап тастағандай қоңылтақсып жүрген айтулы тұқымының баяғы ел үсті дәуреніне қайтып оралар, орала алар бір сәті де осы еді. Олар Батырдың қолтығына дым бүркіп бақты. Сырлыбай тұтқынын өз қолымен апарып, қамқа шапан киіп, қарқылдай күліп қайтқанда, өз-өзінен булығып, жарылардай болып отырған бұны сабырға шақырып, етегінен басқан да солар-ды. Елші мен Әбілқайыр бұның алдын орап, Сәмекеге ат шаптыртып, ант қағазға қол қойдыртқанда, абдырап қалған Батырға кеп ақыл айтып, күлдей боп көгеріп кеткен бетіне өң кіргізген де солар-тын. Сәмеке орыстың елшісімен қоса бұған да елші шаптырып: «Ант бер деп алдыма келгенде, қолымды қоймасам, ақ патшаның қаһарына өзім жол ашатын болғасын, амалсыз істедім. Бірақ, үміт әлі де үзілген жоқ. Елшіні еліне тірі жіберуге болмайды. Енді оның басына төнген қай қауіпке де дұрыстап пана бола алмаған Әбілқайыр жауап береді. Ақ патшаның алдында біз бен сіздің арымыз таза», — деп мәймөңкелегенде де, әліптің артын бағуға көндірген де солар-ды. Олар қазақ, қарақалпақ шонжарлары қол қойған ант қағазын ақ патшаға алып баратын асығыс шабармандар аттанып кеткенше көлденең көзге түспей, тым-тырыс жатып алуға ақыл берді. Ақ патшаға кеткен қағаздардың ішінде Сәмеке мен Батырдың да қолхаттары бар еді. Ол Мәскеуге аман жетсе, патша ағзамның мархабатынан Жәдік тұқымының да құр қалмасы кәміл. Сондықтан да орыс шабармандарын жол-жөнекей шауып алмақ боп қопаңдаған содырларды тыйып тастаған. Ақ патшаның елшісінің шабармандары аман-есен осы ұлыстан аттанып кетсе, бұның қолын байлап отырған қыл арқан шешіледі. Қол астындағы тентектердің бірінен соң бірін айдап салып, хан ордасы мен елші қосына зобалаңды күшейтеді. Қашан елші мырза жанынан баз кешіп, қазақ арасында беделі қалмаған қырсық ханның қасынан өзі безіп шыққанша қоқан-лоқысын тыймайды. Мәмбет мырзаға қазақ даласынан аман құтылудың жалғыз жолы — Әбілқайырдан безініп, Жәдік тұқымынан пана іздеу. Оны қашан өзі түсінгенше ешкім айтпайды. Әйтпесе, хан орда мен елшілікке жасалып жатқан қысастықтың қайдан шығып отырғанын өздері білдіріп алады. Мәмбет мырза гәптің неде екенін өзі сезіп, қатерлі ханның қасынан өзі безіп, Жәдік тұқымының панасына барып құлағы тыныш табар болса, Әбілқайырдың баяғыдан бергі еңбегінің бәрі зая кеткені. Ол халқына қадірі жоқ, ешкіммен келіспей елші салып, ақ патшаны алдап жүрген алаяқ атанады. Елшінің басын аман алып қалған да, қазақтарды көндіріп берген де Жәдік тұқымы боп шыға келеді. Өйтпеген күнде қазақтарды өз боданым деп танитын ақ патшаның алдында баяғыдан бері бас бұйданы ұстап келе жатқан Жәдік әулеті абыройынан көрер көзге айырылып қалады. Сөйтіп, күллі әулеттің бүгінгі абыройы мен ертеңгі бағы Батырға тіреліп тұр. Қанша дегенмен діні бөлек, тілі бөлек елге бодан боламыз деген хабардан қаралай дүрлігіп жүрген қара халықтың да бүйректері бұра бастаған-ды. Кіші жүздің әуелден іргелі тұқымдары бұны сағалайтынды шығарыпты. Кешегі жортуыл жылдарда жорыққа ерткізер жігіттерінің санына қарай кейін қатарға қосылған кенже ауылдардың қас-қабағына көбірек қарап кеткен күнбағар Әбілқайырға деген қара қазандай өкпелерін бір қайтарса, осы Қайып баласы қайтарар деп ойлайтын секілді. Ресейдің патшасы бүгін қазаққа қол салса, ертең бізді де тыныш тастамас деп жүректері лүпілдеп отырған көрші мұсылман хандықтары да Әбілқайырдан безініп, бұның шашбауын көтере бастады. Не керек, Батырдың абыройы аяқ астынан аспандап шыға келді. Тап осы жолы бірдеңе шығара алса, Кіші жүздің тізгіні түп-түгелімен өз қолына өтетініне еш күмәні қалмай барады. Әбілқайырдың ығынан біржола бездіріп, өз қанатының астына алар болса, Мәмбет мырза да ақ патшаға ертең ең беделді, ең ықпалды сұлтан деп осыны айтып барар. Ақ патша да, кім біліпті, боданына жаңа өткен жұртты басқаруға бірден бір қолайлы кісі екен деп осыған тоқтар. Бұған дейін өңі түгілі түсіне де кіріп шықпаған аға хандықтың ала тағы тап онша қол жетпейтіндей алыс арман көрінбей кетті. Егер ақ патша қалап жатса, Жәдік әулетінің қай баласы бұған қарсы шыға алады?! Шынында да, бүгін таңда қазақтың екі арысының ноқтасын ұстап отырған Өсеке балаларының мәселін қайтарып беретін бұдан басқа ешкімнің реті шықпай тұр екен ғой! Батыр сұлтанның қимылдаса қимылдап қалатын тұсы осы екені даусыз. Әншейінде бірінен соң бірін алып әуре-сарсаңға түсірер көп асу бұл жолы бір-ақ асуға айналып тұр. Ол - күллі Жәдік әулетіне түгел жеккөрінішті, сүтке тиген күшіктей кіші атадан өрби тұра, бас тақытқа өңмеңдеген өлермен Әбілқайырды орға құлату. Оның жолы — баққұмар неменің орыс патшасының алдында абыройын айрандай төгу.
Батырдың жатса-тұрса басынан шықпайтыны — сол. Өз тұқымдастарының алыстан ымдап бағатыны — сол. Әйтеке балалары бастаған айтулы ата өкілдерінің де құлағына күні-түні құйып бағатындары — осы.
Ақ патшаға хабар алып кеткен шабармандардың ауылдан қара үзіп шығуы-ақ мұң екен, қазақ арасы қайта қимылдай бастады. Онсыз да ілік іздеп отырған Батыр сұлтанға қызыл танау боп Әбілқайырдың шабарманы жетіп келді. Хан Сұлтанға: «Қарақалпақтардың қолындағы башқұрттарды тұтқыннан босатып әкел», — деп тапсырыпты.
Бұны естігенде Батыр бір қызарып, бір бозарды. Айлакер хан жанды жерден қауып отыр. «Ақ патшаның алдында берген антыңа адал болсаң, оның бағыныштыларын барып қорлықтан құтқарып ал!» — демекші ғой. Ал, ол айтқанын орындап, жорыққа аттанса, өзінің Әбілқайыр ханның алдында тәуелді екенін мойындаған боп шығады. Сұм ханға керегі де осы. Оның үстіне Хиуа мен Бұхараның түнделетіп келіп жүрген қыбыр-сыбырын көрмей-білмей отыр дейсің бе? Олардың алдында бұған ақ патшаның сойылын соқтырып, бетін күйелеп қоймақшы ғой. Бірақ, хан қанша сұңғыла болса да, Батыр сұлтанның байлаулы қолын өзі кеп шешіп беріп отырғанын байқамай қалыпты. Бұл да көзі бар, құлағы бар жұрттың алдында Өсеке балаларына атымен тәуелсіз екенін көрсетіп беретін ұрымтал сәтті көптен күтулі еді. Оның орайы енді келді. Шабарманды жалма-жан кері шаптырды. «Башқұрттардың жоғын жоқтап, сүттей ұйып, судай сіңіп отырған көршілеріммен жаманаттасар жайым жоқ», — деді. Бұнысын, аман болса, күллі Кіші жүз де, патшаның елшісі де, Жәдік әулеті де, көрші хандықтар да түгел естиді.
Әрине, оның бұл шешімі де артында зілі бар шешім. Ол Әбілқайырға да, өзіне де оңай тимейді. Ханға оңай тимейтіні — ақ патшаның алдында табаға қалмай, бағыныштысын бүйтіп бастан секіртіп қоймай, дереу жазалауы керек. Өзіне оңай тимейтіні аузынан әлгіндей асау сөз шыққасын, шын тәуелсіз екенін ісімен дәлелдеуі қажет. Ол үшін елшілік пен хан орданың басынан зобалаң айырмай, не Әбілқайырды тізе бүктіреді, не елшіні Өсеке әулетінен басқаға біржола бездіреді. Екінің бірі.
Әйтеке балалары шектінің барлық ру басыларын жиып тұрымтай мәслихат өткізді. Оған Батыр сұлтанды әдейі қатыстырмады. Қақаған қыста күбідей-күбідей боп үйге сыймай отырған көп би Бәбиді ортаға алды. «Байқарадай арыстың артын сұраусыз жіберіп, қалай жер басып жүреміз!» — десті. «Жақайымның басы артық азаматы бар болса, бар шығар, берісі шектінің, әрісі алаштың жерге тастай алмай отырған жігіті жоқ», — десті. Жиынның бас жағында атасы әлімнің жуан жерінің билері гүрілдеп сөз бермесе, арт жағында кіші ата балалары қайыртпай кетті. Басы Жалтыр мен Қоңысбай болып, ілгері ауылдардың билері әдейі кіші ата балаларының жанына шоқ тастай сөйлеген-ді. Байқара шектінің тілеу мен қабақтай тоқымы қаннан, тақымы терден кетпейтін зілойыр жуан аталарынан емес-ті. Жасы үлкен болғанмен Жақайым алты шектінің арасында көбіне-көп қақ-сұқта жүретін. Тіпті кешегі жоңғардан босып кеп, Арад мен Жайықтың арасын қалмақ пен башқұрттан тартып алып, алты шекті қоныс бөліскен жиында да иненің көзінен өтетін жылмаң төс інілері аңқау ағаларын жерге отырғызып кеткен-ді. Үстірттің кеңінде, ағаның ауылында өзара кеукеулесіп отырған інілерінің не айтып жатқанын естіп келсін деп жұмсап жіберген жансызы: «Орыс, Бәубек, Мәку балалары «Жер көкесі Беларан ғой. Жарықтықтың басына шығып, желге қарап бір желпініп алғаныңның өзі неге тұрады! Бірақ Жақайым ағалығын жасап, алдымызды орап бермей кетеді ғой» деп отыр», — деп келіпті. Ертеңіне жиында Жақайымның биі қонысқа Беларанды сұрайды. Інілері желкелерін қасып қиналғансиды. «Айтқанымды істетпесем, ағалығым қайсы!» — деп Жақайым шіренеді. Сүйтіп оған суы беліңнен, шөбі көкірегіңнен келетін не Қарақұм, не Борсық құм тимей, екі теңіздің арасындағы азынаған ай тақыр тиіпті. Әккі інілері аңғал ағаларын алдап түсіру үшін Беларанды әдейі мақтапты.
Шынында да, бір қызығы, алты шектінің ішіндегі ең даңғойлар да жақайымда, ең момын да жақайымда, қасарған жерінен қан алатын ерегіспе де жақайымда, елді ауызына қаратқан би де жақайымда.
Соны білетін қалған шекті аңғал Байқараның абыройсыз ажалының артын қаузап, жақайымға бар салмақты салып бақты. Жақайымның сабыры көбі мен ақылы молы ақ патшаға ақ сойылмен қарсы шауып абырой таба алмастарын біліп бүгежектесе, даңғойы мен қасарыспалары Жалтыр мен Қонысбайдың сөзінен қаралай танаулары қусырылып, тыныстары тарылып бітті. Қағынған қара талақтай қарауытып алған Бәби: «Ал, не дейсіңдер?» — дегендей руластарын көзімен жеп барады. Мұндайда алдымен дүрлігетін Сырлыбай анадағы асығыс қылығынан ауызы байланып шөге түскен. Қыр мұрын, сыз қабақ Бәйімбет мына желөкпе сөзге желпілдеген аталастарына қаралай жыны келіп сазарып алыпты. Бәбидің де, Жалтыр мен Қонысбайдың да, абажадай қоңыр үй тола билердің бәрінің де көзі Байжан би мен Сартай батырға қадала қапты. Оның да мәні бар еді. Бір кезде Әбілқайырдың атағын асырған Бұланты бойындағы шайқасқа қызыл тілдің ебімен Хиуадан он мың атты қол қостырған Байжан би де, сол ұрыста жауға айқай салып бірінші тиген, оның мына отырған батыр баласы Сартай-тұғын. Хан үшін қалған шектінің жөні бөлек те, бұл екеуінің жөні бөлек-ті. Бұл екеуінің қарсы шыққаны оған қабырғасын сөккендей қатты тиері сөзсіз. Қазір атар таң қайтіп атар екен деп, батар күн қайтіп батар екен деп, аңыс аңдып шөре-шөре болып отырған көп ауыл бұл екеуі аунап кеткен жаққа аунап кетуі ықтимал. Өйткені, бұлар Асан бидің Тоқбикеден туған бес ардасынан емес, Қалдыбикеден туған бес томар басынан. Ханның арқа сүйейтіндері де ылғи осылар секілді өз ағайындарына есесі кетіп жүргендер-тұғын. Бұлар тартынса, хан соңындағы қара-құраңнан талай көткеншек табылары даусыз. Әккі билер соны біліп, міне, өз ақыл, өз білектерімен қатарға қосылған атақты би мен атақты батырдың жанын әдейі қинап отыр. Сүйегіңе тартасың ба, жоқ салпаңдатып соңына ертіп жүретін еді деп ханға тартасың ба?..
Мынау үнсіз сұқты көздердің шыңырау түкпірлерінде жатқан жымысқы сауал әлгі!
Оны би де, батыр да бағана-ақ мықтап аңғарған. Аңғарған сайын жандары қинала түсті. Маңдайларынан тер шықты. Өлген тумалас бұлардікі, Байқара Тоқбура болса, бұлар Ақбура. Намысын жығып, сүйегін қорлап, жараланып қалған ел бұлардікі. Енді, міне, сол ел, сол ағайын екеуінен жауап тосады. Қазақтың, қай азаматы әуелі ағайынның, сосын елінің жоғын жоқтамаушы еді? Өз ағасын ағаламай, кісі ағасын жағалаған қай азаматты қазақ тектіге санап еді? Өйтіп, ақылды болғанда, батыр болғанда бәрібір абырой таба ала ма? Әбілқайырдың бір басында қырық кісінің ақылы бар хан екені рас болса, бұлардың орта көңілін толтырсын, жыртық көңілін жамасын. Айла тапсын! Өйте алмаса, өз обалы өзіне...
Әуелі Сартайдың мұртына жыбыр бітті. Сосын Байжанның әжімді маңдайы білемдене түсті. Екеуі де ағайын жағына шықты. Қара талақ Бәбидің бетіне сонда барып қан жүгірді. Енді жұрт арасында гуіл-гуіл әңгіме көбейді. Бір жақтан кеңірдектеп Жантума шықты. Оны Есмембет пен Өтеғұл қостады. Бәтжан, Малыбай, Өтеп батыр, Ақша батырлар да: «Бір жігіттің кегін кектей алмасақ, енесін ұрайын, несіне ел атанамыз!» — десті. Ол жиыннан іш ашпай аттанысқан билер Бәйімбет, Қара, Балтабек қана. Қалғандарының атқа қонғасын да, қауқылдары екі-үш асқанша естіліп тұрды.
Жұрттың арасына: «Шектілер ханды да, елшіні де өлтіргелі жатыр екен», — деген хабар дүңк ете қалды. Ол — ханның қауқарын сынап көрумен қоса, қалған қазақтардың мұндай қанды шараға қалай қарайтынын білмек айла-тұғын. Көп рудың басшылары мұндай арты даулы іске араласқылары келмей тайғақсып шыға келді. Бірақ, бірден Әбілқайыр жағына да аунап кете қоймады. Батыр төңірегінің бітірген шаруасы — әдетте ханның шашбауын көтеріп шала бүлінетін кіші ата балаларының арасына іріткі салды. Олар әуелден ел үстінде күн көріп, әдіс алып қалған санаттағы салауатты аталардың балаларындай емес, ел арасына сыбыс жүгіртіп, іргеден тың-тыңдап жату дегенді білмейді, «Қайда қылыш, қайда найза?!» — деп жалаңдап шыға келеді.
Мынадай алмағайып жағдайда қан төгілмей тынбайтындай іс шығып жатқанда, жаманатын әлгі ұрыншақ ауылдар арқаласын деген аталы тұқым өздері салған өртке өздері отын болғылары келмейді. «Ақ патшаға өкпеміз жоқ. Өкпеміз басымыздан секірген Әбілқайырда. Сол үшін де, Мәмбет мырза Өсеке ауылында отырғанда өз аяғымыздан іздеп барып ант бере алмаймыз. Ант алғысы келсе, Әбілқайырды тастап, өз қасымызға келсін!» — деп тайсақтады. Бұлары әрі шындық, әрі айла еді. Ақ патша, шынынан да, мейірбанды боп шығып, желеп-жебеп жатар болса, шарапатынан құр қалғылары келмейді. Ал арты шикі ес боп кетсе, алданған қазақтың обал-сауабын түп-түгел Әбілқайырдың мойнына арта салмақшы. Екі ортада ауыл арасының тентек-телісі шақырусыз қонақ елші мен алаяқ ханның жандарын жаһанамға жөнелтіп жіберіп жүрсе, оған ешқандай араластары жоқ, сүттен ақ, судан таза боп шыға келгілері келеді.
Батырдың жағындағылар мынандай өздері тұтатқан өрттің көкала түтіні көзді ашыта бастаған қиын-қыстау тұста бұл маңайдан қараларын жоғалта тұрғанды жөн көрді. Ол үшін көрші Хиуаға да, қарақалпаққа да, қалмаққа да тиіспей, сонау ит арқасы қияндағы түрікпен ауылдарын тонағаннан басқа амал жоқ-ты. Астық пен шүберектің зарын тартып отырған қазақ ауылдарына тіске басар түйір дән мен әбүйір көлегейлер лыпаны қайдан тауып әкелсең де, бәрібір-ді. Оның үстіне, алдында ғана: «Қарақалпаққа аттан!» — дегенде аттанбай, айдаладағы түрікпенге қарсы жорыққа шыққаны Батырдың Әбілқайырға атымен тәуелсіз екендігіне таптырмас айғақ-тұғын.
Ертең жолға шығамыз деп отырған күні мұрттарына мұз қатқан төрт-бес жолаушы Батырдың үйінің белдеуіне кеп ат байлады. Калмақтар екен. Жем бойындағы Лобжы жұмсапты. Аюке шаңырағымен алысып жүрген асау тайшы Батырды өзіне мұңдас санайтын секілді. Құпия хабар жіберіпті. Астраханнан орыс керуені аттаныпты. Бағыттары — Бұхара мен Хиуа дейді. Керуенді бастап бара жатқан — әскери ұлық көрінеді. Қазаққа көрші екі мұсылман хандығын да патшаға бағын деп азғырмақ секілді. Оған жол-жөнекей Кіші жүздегі Тевкелев мырзамен жолығып, әлгі екі хандыққа өзіңмен бірге ала кет деген тапсырма беріліпті. Шамасы, Тевкелев мырзаның мындағы күнінің мәзді емес екені ақ патшаның да құлағына жетіп жатса керек. Елшіден айырылып қалса, Батыр сұлтанның баяғыдан бергі арманының желге ұшқаны. Ондай кесапатты керуенді бұл төңірекке аттап бастыруға болмайды. Сонда күні кеше ант беріп отырып бүгін керуен тонағаны томпақ боп шығып жүрмес пе екен? Бірақ, басқа амалы қайсы? Оны тоқтата алатындай бұл маңайда тағы кім бар? Қалмақтар олай ете алмайды, қанша дегенмен, ақ патшаның боданы. Хиуа мен Бұхараға өткізіп жіберсе, олардан да бір Әбілқайырдың шыға келмесіне кім кепіл? Тевкелев қазір аман-есен құтылып кетсе, баяғыдан бері көріп келген қорлығының бәрін басқа ешкімге де емес, тек бұған, Қайып баласы Батыр сұлтанға жабады. Ол сөзсіз. Сөйтіп, Әбілқайырдың көктен сұрағанын құдай жерден береді. Жоқ, жоқ... Ол қырсық керуен мынау жапан далада із-түзсіз жоғалған құтсыз керуендердің жолын құшуы керек!
Бұл жәйді білетін тек сұлтанның өзі ғана. Қажет десеңіз, алыс жорыққа өзімен бірге еріп бара жатқан өзге ру басыларына да айтқан емес. Ертең жол-жөнекей көре қалса, айдалада қызылды-жасыл дүниеге жолығып тұрып, құр алақан қалар қазақ па? Қолдарын бір былғап алғасын артынан келер қай зобалаңына да пейіл болады ғой. Бірақ алдын ала дабырламайды. Шын жағдайды естіп қойса, қасындағы мынау далаңбай көптің біразының тәуекелі тұрмай қалулары да мүмкін. Ондай хабар құлағына тисе, Әбілқайырдың қарап жатпайтыны сөзсіз. Содан соң да, Батыр дымы ішінде болып тұншығып алды. Қажет десе, Қосыбай мен Жалтырға да тіс жармады. Ол екеуін арттағы елге бас-көз болуға тастады. Хан мен елшіге қандары қатып отырған жақайымдарды шаптарынан шабақтап бағатын біреулер керек еді. Кім біліпті, бұлар қайтып келгенше ол шаруа да бір жақты боп қалар...
Әрі үміт, әрі күдікпен жолға шыққан Батыр сұлтанға іздеген керуеннің не өзі, не ізі жолықпады. Анадағы түнделетіп келген қалмақтардың айтқанына қарағанда, орыстар бұл жолы керуенін Сарайшық арқылы жіберуге Лобжы ұлысынан сескенсе керек еді. Астрахандағы ұлық Аюке шаңырағын қолдаймын деп Доржы мен Лобжыны мықтап өкпелетіп алыпты. Ренішті ұлыстардың үстінен әлгіндей керуен жөнелтуге, қанша дегенмен, сене қоймас. Мұндайда теңізден басқа жол жоқ. Қазір су қатып қалды. Еділ мен Жайықтың орыстары оған бола бас қатырып көрген емес. Жүктерін шанаға тиеп, мұз үстімен бергі бетке өткізеді де, Маңғыстау түрікпендерінен түйе жалдап, Хиуаға тартады.
Батыр қалмақтардың бұл хабарын естігенде тіптен қуанып кеткен. Ел ішіне алдын ала жайып қойған лақабы өтірікке шықпады. Маңғыстаудағы түрікпендерге деп еді, аттанатын болды.
Сорлатқанда, түрікпен жайлаған үш түбектің үшеуі де орыс керуенінен атымен бейхабар екен.
Қаратау бойынан күдер үзген Батыр сұлтан теңізді жағалап Жемге беттеді. Бір жағы — шыныдай жалтыраған көкше мұз, бір жағы — ала тағанақ сор жапан түзде қаралай құлазып келе жатыр еді, көзіне жер түбінен еміс-еміс қараңдаған бірдеңелер шалынды. Қайдағы бір қарақұстар қанаттарын сермеп далбаңдай ұша жөнелгендей. Сұлтанның жүрегі шым ете қалды. Иә... Ондай-ондай «қарақұстардың» сырын басқа білмесе де, бұл біледі. Көшпенді жұрттардың қай-қайсысында да бар белгілі қулық. Қарауыл қарағандар биік-биіктің басына шығып ап, төңіректі шолып тұрады да, көздеріне сезікті бірдеңе іліксе болды, қарақұс боп далбаңдап тасаға қарай жүгіре жөнеледі. Демек анау айнала сордың ортасындағы шөгіп жатқан ақ үлектей жеке шыңның ар жағында ел болды. Аттарына қамшы басты.
Жаман Айрақты тауының құйрығынан аса бере алдарынан тығырық таулардың ығында отырған көп ауыл қылт етті. Қапыда жау басып қалған ауыл, қапелімде не істеп, не қоярын білмеді. Олар талай сүргінді көріп жүргенмен, тап бұлай қыс ортасында төбеден түскен басқыншыны көрмеген-ді. Қатын-бала қара үйлердің есік-тесігінен сығалап, сыртқа бастарына дудыратып сеңсең бөрік киген селкілдек шалдар шықты.
Қара ағаштай қақшиған-қақшиған тарамыс шалдар таяқтарына сүйеніп кекірейіп тұр. Қақ ортадағы біреуі анадайдан тісі ақсиып күліп жіберді.
— Тоқта, — деді Тәңірберді. — Мынау Меңлібай бек қой.
Екеуі бірін-бірі таниды екен, құшақтасып көрісті. Емініп келген қазақ қолы жалаңдаған көк найзаларын жалма-жан тартып ала қойысты, үйді-үйге тығылған қалың жұрт сау етіп сыртқа шықты. Бір-бірімен қауқылдасып көрісіп жатқан екі шалдың қалған жұртпен ісі жоқ. Әсіресе, қанжардай қатқан түрікпен шал сеңсең бөркі селкілдеп мәз боп тұр.
— Ау, жөндеріңді айтсаңшы, — деп айқайлады Батыр сұлтан.
Тәңірберді жөнін айтты. Бұл — түрікпеннің бозашы руының бегі Меңлібай деген кісі екен. Баяғыда Ақтабан шұбырындының тұсында Хорезмнің ойында танысыпты. Он ұлды бектің бір баласы Хиуаға қарайтын бір кішкене қалада атқамінер көрінеді. Сол Тәңірбердімен көже тамыр боп, қиын кезде қол ұшын беріпті.
— Ендеше, тамырыңнан сұрап біл. Бұл маңайдан Хиуаға қарай орыс керуені өткен жоқ па екен?
Батыр сұлтанның іздеп жүрген керуенінен Меңлібай бек хабардар екен. Шерін Дөндік «Орыс керуенін Хиуа мен Бұхараға бастап апар» деп Меңлібайға сөз салыпты. Ол белінің құяңы ұстап қалып, баласы Қыдырды жіберіпті. Керуен Астраханнан шығып, теңіз айналып қара жолмен келе жатқан көрінеді. Ендігі Жемнен өтіп қалар уақыты бопты. Қыдыр керуенді Асмантай-Матай арқылы Арал теңізіне апарып, содан құбылаға беттеп, Амударияны бойлап Хиуаға, Бұхараға бармақ дейді.
Мұны естігенде, Батыр сұлтанның көзі жайнап қоя берді. Түрікпен бегінің қонақасысына да қарамай, үстіртке көтеріліп, тұп-тура Асмантай-Матайға тартты. Жайдақ құмның Жем жағынан көп із кешкен қол айғыр шағылдардың арасында жіпсіз қамалып жатқан керуеннің үстінен шықты. Шұқыр ойда қаз-қатар шөгерулі жатқан түйелердің ығында қалың тонға оранып алып отырған жез мұрт орыстар жер астынан шыға келгендей сау ете түскен қалың жасақты көргенде әпірейісіп қалысты. Көздері жаутаңдап аттарының түгіне боз қырау қатқан қатулы жандарды ішіп-жеп барады. Шыр айналдыра түйе шөгеріп, ортасына тіккен жабындыдан біреулер шықты. Алдарындағы екі беті нарттай алпамса еркек — Бақтыбай... О тоба! Бұл сабаздың да жүрмейтін жері жоқ екен ғой!
— Жағдайларың қалай? Олжалы қайттыңдар ма? — дейді қарап тұрмай.
— Өзің ше?
— Көріп тұрсыңдар ғой!
Шөгерулі түйенің саны бес жүзден асады. Жүзден астам ұзын сирақ арғымақ дірдек қағып тағы тұр. Жүз шақты сеңсең бөрік түрікпен жігіттерін қолдарын арттарына байлап, матап тастапты. Осылай ошарылып жатқандарына бірнеше күн өтіпті.
Бақтыбай сұлтанның жүзіне ұрлана қарап күліп қояды. Қияңқы Батыр анада Күйкеңнің тұмсығынан аса бере көз ұшында сылаңдап бара жатқан қос арғымақты шырамытқан. Шырамытқан да, аттың басын бұра қойған. Енді Ложбы ұлысына басына тауан іздеп бармаса, олжа түсіріп оңдырмасы белгілі болды. Құм арасын сағалап, елге қайтып келе жатыр еді, көлденеңдеп көп із жолыққаны. Ізге түсіп салып бересің. Салып ұрып жетіп барса — керуен. Жалақтаған бейсаубат жүргіншілерден қорғалақтап, осы бір тығырық құмға келіп тығылыпты. Керуен бастап келе жатқан түрікпендер ойда жоқта тап болған барымташылармен шайқасқа ұмтылған екен, орыс ұлығы: «Босқа қан төгіс жасамалық. Көп болса, дүние-мүлкімізді олжалатып құтылармыз», — деп оқ атқызбапты. Содан бері Бақтыбай оларды ешқайда аттап шығартпай қамап отырған көрінеді. Ондағы ойы — көп ұзамай Батыр да оралар, мына керуенге не істеу керек екенін сол шешер...
Жер түбінен қанжығалары қаңсып келе жатқан ауыр қол аяқ астында бос жатқан оңай олжаны көргенде өз көздеріне өздері сенбеді. Теңкиген-теңкиген теңдерді түртіп көріп:
— Ішінде не бар екен? — деп қояды.
Көбі мынау тегін дүниені талап алып, қолға өздері келіп түсіп тұрған көп тұтқынды ауыл-ауылдарына таратып әкетпек. Алақандарына түкірген бір жігіт. Екі жақтың көзі бір-бірінде. Қаралай ішіп-жеп барады. Батыр сұлтан ойда тұр. Анау еңгезердей қоңқақ тұмсық қызыл сары, дәу де болса, керуен басы шығар. Мынау дудар бөрік ақ тондылардың Жайықтың казак орыстары екені айтпай-ақ белгілі. Жағаласа кетсе, Бақтыбайға әл бере қоймас шамалары бар. Жау жағаластан қашқандарына қарағанда, анадағы қалмақтардың айтқаны рас секілді. Жол-жөнекей қан төгіп келген елшіліктің әңгімесін кім тыңдасын! Қазақтарға ойран салып келгендерге Хиуа мен Бұқар құлақ асар ма! Мұрыны аузына түскен мынау нән сарының білмейтінін ит жесін... Тегі, жөн сұраспағандары дұрыс шығар. Айдалада бейсаубат кездескен қандыбалақ қарақшылар бола салады. Қажет десе, өзі сөйлеспей, Тәңірбердіні сөйлетеді. Бақтыбай мен керуеннің арасына сол делдал болсын. Бес жүз түйе керуеннің жарты жүгін бұларға қалдырсын да, қалғандары кейін қайта ма, Хиуасына бара ма — өздері білсін, бірақ қазақ ұлыстарына қарай аяқ басушы болмасын...
Бақтыбай мынау тегін олжадан тіріде айырылсын ба! Тәңірбердінің айтқанын құлағына қыстырар емес. Бес жүз түйе жүк, жүз түрікпен, елу шақты орыс солдаты қазақтың жаламына жұғын болып па! Әлде өздері құр тақым қаңғып келе жатқанда мынандай көл-көсір байлыққа тап қылған абыройды Бақтыбайға қимай тұр ма екен? Айдаладағы сары орысқа неғып ет бауырлары елжірей қалды? Орыстар мен түрікпендер өжеңдескен екі қазаққа қарап аң-таң. Тәңірберді ақсақал күңгірлеген қоңыр даусын созып байсалды сөйлесе, Бақтыбай нарт қызыл жүзін шоқтай лаулатып, қабағын түйіп, қамшысын үйіріп саңқ-саңқ етеді. Анадай жерде тымпиып тұрған Батыр сұлтан бірдеңе демей көне-тұғын түрі көрінбейді.
Сұлтан да қу. Әңгімеге өзі араласпай, қасындағы қызыл шырайлы, төртбақ кісіні — Абағайды жұмсады.
— Айт, анау Бақтыбайға! Дауды қойсын. Жарты керуен олжаға қанағат қылсын. Қалғандарын басы-көзіміз аманда жөндеріне салып, бұл арадан тезірек аттанайық. Сұлтанның бір ойлағаны бар де!
Қызыл кеңірдектесіп тұрған екеу араларына Абағай киліккесін де біразға дейін бой бермеді. Дау ұзап бара жатқасын Батыр сұлтан қасындағы бір топ жігітпен Бақтыбайдың қасына барып кимелей тоқтады.
— Ау, қойсаңшы енді! — деп күңк етті.
Бақтыбай салаңдаған дойыр қамшысын салбыратып, түрікпендердің қасына барды.
— Басқасын жіберсем де, дәл мына күшікті жібермеймін. Не байлап әкетем! Не бауыздап кетем!
Қақ ортадағы екі көзі жұдырықтай боп ісіп кеткен талдырмаш қара жігітке тап-тап берді.
Сүйтсе, анадағы Меңлібай бектің баласы сол екен. Құм арасына он күн бойы қамалып өлерге келгесін барлық пәленің осы бір күдірейген немеден болып тұрғанын байқап, матаулы түйелер мен байлаулы тұтқындар арасында әрлі-берлі талтаңдап жүрген Бақтыбайдың ту сыртынан қанжар лақтырғалы жатқан жерінен қазақтардың бірі жүгіріп барып аяғынан шалып жығыпты да, буып тастапты. Местей қып сабапты. Енді ат көтіне өңгеріп ауылына апарып, көк шыбынды көзіне үймелетіп, ит қорлықпен өлтірмек...
Тепсініп тұрған Бақтыбайдың қасына Тәңірберді жүгіріп барды. Тентек батыр бұл жолы бәрібір илігер емес. Әңгімеге Батыр сұлтан араласты.
— Жарайды, аяқ-қолын байласын да, алып жүрсін!
Екі жүз елу түйені жетелеп алған қазақ қолы пәлен күннен бері тұяққа тапталып, жермен-жексен болуға айналған жапырақ құмның арасынан асығыс аттанып кетті. Әлгі тығырық ойда қалып қойған орыс керуені кері қайтты ма, жоқ Хиуаға қарай ілгері тартты ма — шаруалары болған жоқ. Құм арасынан бір күншілік жер ұзап шыққасын Тәңірберді Бақтыбайдың тұтқын түрікпенін өзіне тиесілі жиырма түйе жүкке айырбастап алды. Ауылына апарып, жарақатын емдеп, есін жиғасын астына ат мінгізіп әкесіне қайтармақ.
Батыр «уһ» деп көңілін бір бірледі. Кесір керуен енді қазақ ұлысына қарай өзі де беттей қоймас. Тевкелев мұның уысына біржола түсті. Әбілқайыр екеуін бір тайдың шідерімен бірге матайды да, бір ұшынан шым-шымдап тартып қылғындыра береді, қылғындыра береді. Елшіге жан керек болса — жанықас ханның қасынан безіп шықсын. Ал, әлгі талапайға түскен екі жүз елу түйе жүк үшін ақ патшаның алдында жауап беретін бұл емес, Бақтыбай. Ол қайта құмның арасында бостан-босқа қырылуға айналған мұңлық керуенге төбеден түскен қызыр Ілияс құтқарушы боп елестеген шығар. Қазақ арасына, түрікпен арасына сондай лақап тарамас дейсің бе...
Соңындағы қалың қолдың сұлтандарының не ойлап, не қойып келе жатқандарымен шаруалары жоқ, езулері құлақтарына жетіп мәз-мәйрам боп келеді. Әркім өзінің олжасын айтып күпілдеседі. Әсіресе, кертік мұрын, жайын ауыз Сағалбайда тыным жоқ. Қолындағы жылтыраған бірдеңені анаған да апарып, мынаған да апарып көрсетеді. Мұндай үлкен жорыққа алғашқы шығуы еді. Әлгінде құм арасынан аттанып бара жатып мұрыны аузына түскен нән орыстың күйек қапқа ұқсатып мойынына асып алған былғары дорбасын ат үстінен жұлқи тартып ала қашқан. Еңгезердей орыстың тырп етпей қала бергеніне бір мәз болып еді; былғары дорбаның ішінен сопақша қара қорапшаны тауып алып екі мәз болды. Шалдардың сақал-мұрттарын бастыратын ұстараларын осындай мүйіз қорапшаға салып алып жүретінін көрген. Сонда ұстара шығар деп ашып көріп еді, ішінен бұның өзі түгілі, жеті атасының бір де бірі көрмеген жылтырақ бірдеңе шыға келгені. Әрі қарады, бері қарады, не екенін біле алмағасын әркімге бір апарып көрсетті.
Біреулер: «Іскек қой», — десті. Олай дейін десе, әлгі аша темірдің екі жағы бірдей ине. Инемен мұрт іскектелуші ме еді?! Енді біреулер: «Тіс шұқуыш шығар», — деді. Мынандай тебен инемен шұқу үшін темір тіс керек шығар! Бақтыбай: «Боқмұрын, қамшы жемей тұрғаныңда, басымды ауыртпай тайып тұр», — деп ақырды. Тәңірберді: «Барғасын Әбілқайырдың шоқыншақ ноғайынан сұрап аларсың, алып қой!» — деді. Әуестік жеңген бала жігіт ұятты қойып Батыр сұлтанның өзіне келді. Сұлтан әуелі оның не деп келе жатқанын түсінбей, едірейіп біраз тұрды. Сосын: «Орыстар тамақты темірге шаншып жейді дейтін. Сонысы осы шығар», — деді.
Бала жігіт мәз болды. Қанша дегенмен, қараның аты қара да, төренің аты төре ғой. Қарайған халықтан мына темірдің не екенін ешкім тап басып айта алмап еді, Батыр сұлтан ойланбастан сарт еткізді. Әрине, мына екі істікке ет шаншылады. Сыпайы орыс бұның бір инесіне шаншып жейді де, қомағай орыс бұның екі инесіне бірдей шаншып жейді.
Ол тезірек үйіне жетіп, мынау орыстың жарқылдақ темірімен қазанның үстінен бөтеке шаншып алып жеп көргісі келіп кетті.
Ұзын шұбақ шеру Борсықтың құмына кеп ілікті. Батырдың ойына тағы да артындағы ауыл түсті. Жақайымдардан не шықты екен? Елші мен хан бұл дүниеде бар ма екен, жоқ па екен?
Қалың құмның арасына шұбырып кірген шұбалаң қолдың сол жағында елу түйені бір өзі жетелеп бара жатқан Бақтыбай бірдеңе деп айқайлады. «Қап, бәлем, шоқыншақ ноғай, көрерсің!» — дей ме? «Сені де өстіп шауып алып, қасыңдағы есірік естектеріңді қой соңында қаңғыртармын!» — дей ме? Ауынан жарылған мақтаншақ неменің ел қарасы көрінгесін еліре бастағанын қарасайшы! Апырау, сонда... Елшінің әлі аман болғаны ма? Қаратүпті тастап, құм арасына кіріп алған екен ғой. Сонда Бәбиден де ештеңе шықпағаны ма? Қасарған жерден қан алады дейтін ол сығырға не болған? Апырмай, мына жақайымдарды-ай! Бауырларынан айырылып отырып осынша бор сүйек болар ма! Әлде бұның жағындағы біреу-міреулер ерегіспе неменің жел жағынан шығып қалды ма екен? Ендеше, бұлардың жол-жөнекей орыс керуенін тонаған хабары көп ұзамай елшінің құлағына де жетеді десейші! Ендеше, бұтадан-бұта асқан сайын ұлғая, дабырая, даурыға түсер ұзынқұлақтың алдын алмаса болмайды. Елші хабарды өзі барып айтады. Қырылғалы жатқан керуенді құтқарып жібердім дейді. «Бақтыбай айтқанымды тыңдамай, жарты жүгін жұртқа пышақ үсті таратып берді. Оған тырнақтай да араласым болған жоқ», — дейді. Жоқ... Оған әуелі өзі бармағаны жөн. Абағайды жібергені дұрыс. Кіші жүзбен баяғы ақтабан шұбырынды тұсынан бірге көшіп келе жатқан кірме. Арғы сүйегі Ұлы жүз. Көлденең ағайын. Әлгі хабарды әуелі сол айтады. Артынан өзі әдейі іздеп барады. Батыр анадай жерде әлденеге қарқылдасып мәз-мәйрам болып келе жатқан Абағайды қасына шақырып алды.
Құба сұр даланың астын үстіне шығаратындай боп бұрқырап қыс пен көктемнің тоғысы да өтті. Ай бойы біресе қар жапалақтап, біресе мұздай қара жаңбыр төпелеп, біресе шағыл құмдарды уыстай шашып көзге ұрып шаңыт борап, шат-шәлекейі шыққан жапан түз қайтадан тыншыды. Басы сидаланып, түбі сояуланып әбден қара қылтанақтанып қалған өлі шөпке жан жүгіріп, мұрты бөртіп, бірер күншуақтан соң тозған киіздей ылым-сылым боп қуарып жатқан қырқа-қырандар түлеген бөрінің жон арқасындай көк шуланданып шыға келді. Боз қылшық далада ойдық-ойдық көк майса көрінді. Өз түтініне өзі бықсып тұншығып отырған қара үйлердің оң жағынан жаңа жаздың жас төлі маңырайды. Қазақ аулы ертелі-кеш азан-қазан. Аттың да екі қапталында — байтаба дорбадан бастары қылтиып бара жатқан бауырсақ құлақ қошақандар. Түйелердің де екі жағына теңдеген кебежеде — бастары қылтиып бара жатқан бауырсақ құлақ қошақандар. Мынау аспан асты тіршіліктің өзге дырдуын солар тыйып тастағандай. Қайда құлақ тоссаң да — қой қоздатып жатқан ауылдың ызы-қиқы үнінен басқа ештеңе естімейсің. Жұрттың да есіл-дерті сол ауыз жармаған құлында, аяқтанбаған ботада, үсті-бастары сілекей-сілекей қозы-лақтарда ғана сияқты.
Міне, екі аптадай болып қалды, орыс елшілігінің босағасынан ешкім аттаған емес. Бәби анада олар құнын алып тынғасын ба, жоқ қазақтар мынау өріс пен ауыл арасында ертелі-кеш тырп-тырп аяқ тозды жүрістен мұршасы болмай, жандары мұрындарының ұшына келіп шаршап жүргендіктен бе — төңіректен ешқандай хабар жоқ. Ауыл-ауылға аяқ ізін сала бастаған елшілік адамдары да сол мал төлдетудің абыр-сабырынан басқа ештеңе көрдік, ештеңе естідік демейді. Құр құлақ отырған елшіліктің біраздан бергі бойкүйез тіршілігін бұзғысы келгендей марттың жиырма тоғызы күні сонадай жерден улап-шулап бір қара-құраң өтті. Шашақтары жалбыраған жүз елу найзаға қарап, біраздан бері тыншып қалған қызылкөздер дүрбелең салып тағы келіп қалды ма деп еді, теңкиіп-теңкиіп жүк артқан елу түйе және көрінді. Не көш емес, не керуен емес, не жортуыл қол емес сол бір қара шоғыр бұлар жаққа қарап әлдене деп айқайлап бара жатты.
— Шоқыншық ноғай, тұра тұр бәлем! Көп ұзамай күліңді көкке ұшырамыз!
Бейуақта бейсауат адамдардың әлгі айқайына үрпиісіп қалған елшілікке арада бір сағат өтер-өтпесте бір суыт жүргінші кеп тоқтады. Басында алтайы бөрік, үстінде қасқыр ішік, қолында қайың сап дойыры бар бейтаныс жолаушы өзін Ұлы жүз қазағы Абағаймын деп таныстырды. Тевкелев, қапелімде, сонау жоңғар боданында жатқан Жолбарыс ханнан елші келіп қалды екен деп қуанып еді. Сөйтсе, мынау қызыл іңірде келген жолаушының жүрісі тіптен бөлек екен. Ол әңгімеден ұққаны: Батыр сұлтан қыстыгүні аяқ астынан аттанып кеткен жұмбақ жорығынан оралыпты, орта жолда шектінің бір көк жұлыны Бақтыбай батыр қамап жатқан орыс керуеніне тап болыпты, Батыр сұлтан керуенді жөніне жібер деген екен, Бақтыбай тыңдамапты, жарты жүгін тартып алып, қалған керуенді жөніне жіберіпті, егер үстінен сұлтан шықпағанда, орыс керуенінің көретін күні беймәлім еді...
Абағайдың келісі қандай суыт болса, кетуі де сондай суыт болды. Ол не қылған керуен? Оның хабарын неге бұған айтады. Жаманат хабар деп естірткені ме, жоқ жақсылық жасадық деп мардамсығандары ма... Түгіне түсінсе бұйырмасын... Не де болса, әлгі кергіме қияс сұлтан келіпті... Тағы қандай зобалаңдар қоздағалы жатқанын кім білген? Тевкелев бір түрлі қараптан-қарап жиырылып қалды. Біраздан бергі тыныш ұйқысы қайта бұзылды. Аш бүргедей мазасыз ойлар қайта қамап алды. Таң атқанын тосты.
Ертеңіне сиыр сәскеде айғыр топ адам кеп дүрс етіп түсе қалды. Әбілқайыр, Бөкенбай... Имене аттап Батыр да көрінді. Он бес-жиырма адамы тағы бар.
Сөзді Әбілқайыр бастады. Кіжіне сөйлеген хан тоналған керуен жайын айтып, ақ патшаның алдындағы антымыз бұзылып, кірерге тесік таппай отырмыз деді.
— «Бір қарын майды бір құмалақ шіртеді», — деген осы. Қайдағы бір ашкөз сұмырайдың қырсығынан ақ патшаның қаһарына ұшырайтын болдық, — деді.
Шыннан қорқып келіп отыр ма, жоқ қасындағылардың үрейін ала түсейін деп әдейі айтып отыр ма, өзінен-өзі таусыла сөйледі.
Бөкенбайдың да қарыс қабағы ала көзін айқара жауып алыпты. Қалғандарында тырс үн жоқ. Бәрі көзінің астымен Батырға қарап қояды.
Тевкелев олардың тым-тырс жатып алмай, қолайсыз хабарды естіген бойда бастарын құрап келе қалғандарына, бір жағынан, іштей масаттанып қалды. Дегенмен, ақ патшаның ығына жығылып, оның алдындағы айыптарының арты сұраулы боларын сезіне бастағандары ғой. Мұндай пиғылдарын құптау керек. Қашан еттері үйренісіп кеткенше үркітіп алмай, кешірімді болғаны жөн. Қашан біржола мойын ұсынып, әбден тәуелді болып алғасын тәр мен тәртіпке көшіріп алсақ та, кеш бола қоймас! Сондықтан да, мынау үрпиісіп келіп отырған қазақтарға басу айтқаны дұрыс болар.
— Аса мархабатты да шапағатты ақ патша ешкімді жазықсыз жазғырып, асығыс айыптамайды. Керуен тоналса, оның жәй-жапсарын түгел тексеріп, анық-қанығын түгел біліп алғасын, шын жазықты, шын кінәлі кісілерге тиесілі жазасын бере жатар. Оған бола, алдияр хан, абыржымаңыз. Сіздің ақ патшаға адалдығыңызға өз басым ешқандай күмән келтіріп көрген емеспін, — деді.
Әбілқайыр оң қолын көкірегіне апарып тағзым етті. Енді Батыр сөз алып, не көріп, не қойғанын баяндай бастап еді, Бөкенбай дүңк ете қалды.
— Бақтыбай мың жерден тентек болса да, жүз елу жігіт қолмен тұрып, екі мың кісі ерткен сұлтанға қарап қыңқ ете алатын ба еді, тәйірі! Онанда бұзақыға тыйым салуға тап онша зауқым бола қоймады десеңші.
— Иә, ақ патшаға «міне құран, міне шыным» деп ант берген адам оның бағыныштыларына көзапара зорлық жасап жатқандарды көре тұра қарап қалар ма?
— Иә, десейші-ау, ондайдан келген он түйе олжамен неше күн абыройыңды жабармын дейсің!
Батыр керуен тонауға ешқандай араласпағанын, керуеннің жарты жүгін беріп, бостандық алуға керуен басы мен Бақтыбай өздері келіскенін, бұл киліксе, істің арты насырға шауып кетуі мүмкін болғандықтан үндемей қалғанын, керуенге жол бастап келе жатқан түрікпенді бауыздап өлтірейін деп жатқан жерінен, Тәңірберді екеуі ара түсіп, зорға алып қалғанын айта бастады. Зіп-зілдей боп сазарып отыратын неме өз-өзінен жұлынып, көкірегін төмпештеп, ант-су іше бастады.
— Таланған орыс керуенінен соқыр тиын бойыма сіңірсем қара орманымның қызығын көрмейін...
Анада ант бере келгенінде басқасынан жер ойылардай боп бәлденіп біткен мынау еңгезердей қараның өз-өзінен қарғанып-сіленіп, тұлынын түте бастағаны тек Тевкелевке қана емес, ханға да, қасындағыларға да ұнап отырса керек. Ешқайсысы ләм-мим үндемеді. Сол сазарған қалыптары тыңдап отыра берді.
Тевкелев Батыр сұлтанға басу айтты.
— Мәмбет мырза, патша ағзамға көңілімде зәредей де арамдық жоғын айтсаңыз болды. Қазір қазақ баяғы базарларынан айырылып, құйын көтеріп бара жатқан бір шаршы шүберек көрсе, қуып жетіп ұстардай боп, әбден зарығып отыр. Мұндай жоқ-жітік жағдайда, айдалада өзі кезіккен тегін олжаны қолдарынан қайтіп шығара қойсын. Төрт-бес түйенің басы тіркелсе шауып барып, талап алып әдеттенген халық үйреншікті әдетін әзір ұмыта алмай жүр. Ертең ел ақ патшаға басыбайлы қарағасын мұндай бассыздықтан тыйылады ғой. Уақытша болып жатқан іс екенін түсіндіре көріңіз, — деді сұлтан, елшінің бетін бері қаратам ба деп таусыла сөйлеп.
— Жарайды, сұлтан, патша ағзамға ол жағдайлардың бәрін жеткізем.
Тевкелевтің мына сөзіне риза болды ма, жоқ әуелде ойлап келгендері сол ма, иін тіресіп отырған көп жақсы қуана бас изесіп, жапа-тармағай:
— Біздің халықтың басшысынан кещесіне дейін жылына асыға күтетін бір мерекесі — құрбан айт. Ертең — шек, арғы күні — айт. Сізді соған шақыра келдік, — десті.
— Айтпақшы, — деп күлімсіреді Әбілқайыр Бөкенбайды нұсқап, — мына батырдың әйелі тағы бір ұл туды. Ол айтпен жарыстырып шілдехана жасамақшы.
Елші сандығына қол созып, Бөкенбайдың алдына жаңа босанған әйеліне бір көйлектік қамқа, нәрестесіне екі сом елу тиынның төрт аршын қырмызы шұғасын тастады.
Қазақтардың өмірінде, шынында да, айттан үлкен қуаныш болмайтыны рас болса рас шығар. Ертең айт дегеннен бастап қазақ ауылдары «айт құтты болсын» айтамыз деп ерсілі-қарсылы шұбыра бастайды екен. Айттаған жұрт үстіне бар жақсысын киіп, астына бар жақсы атын мінеді екен. Сосын ана ауыл, мына ауылдан топ-топ болып шығып, жолға қарасып, атасы үлкен ең сыйлы ауылдан бастап қыдырады екен. Айт күні ғаріп екеш ғаріптың өзі қырық үйдің есігін ашып шықпағы шарт көрінеді. Ол күндері үй біткен бар дүниесін жарыққа шығарады. Төр сайын адалбақан құрылып, оған сол үйдегі ең асыл киім, асыл жаға ілінеді. Теңде, кебежеде жатқан қымбат жиһаздың бәрі алынып, жұрт көзіне түсетін көрнекті жерге қойылады. Қазан біткен ертелі-кеш оттан түспейді, кірген-шыққан жұрт ертелі-кеш сапырылысады да жатады. Айт күні қазаны толмаған үйдің ырысы кем болмақшы. Айт күні көзге түспеген дүниенің игілігіңе бұйырмағы екіталай.
Тевкелев барған ауылдарының бас көтерерлерінен айттың жай жапсарын қадала сұрап бақты.
«Биылғы айт төл жас, жер сыз, күн әлі жылынбаған беймезгілдеу уақытқа тап болып отыр ғой. Айт деп баяғы үш жүздің басы бір жерде Қаратау бойында отырған кездегі айтты айтсаңшы! Ол кезде әншейінде құлазып бос жататын құба сұр дала әрлі-берлі жөңкілген қыдырма жұрттан қызылды-жасыл шалқар теңізге айналып кетуші еді. Жал-жалдың басына жарқырай қонған ақ жұмыртқа ауылдардың арты қаңтарулы аттан, алды асулы қазаннан көз тұнатын. Үй-үйдің арасына адалбақан керіліп, үйге төселіп, тұтылып ұсталған жиһаздардан ауысқан дүние-мүліктің бәрі соған жайылатын. Қалы кілемдер, жібек, торғын, патсайы, қырмызы, шұға — сан алуан маталардан, бұлғын, сусар, құндыз, түлкі, жәннат — сан алуан асыл терілерден тігілген жағалы киімдер, көйлектер мен орамалдар — бәрі-бәрі самсап ілулі тұратын. Ауылдардың желкелерінде алтыбақан қызып, қыз бен жігіт мәз-мәйрам күлкі, әдемі әнге қарық болатын. Ақсақалдар жағы ду-ду мәжіліс құрып, кеудесінде жаны бардың бәрі бір жадырап қалатын. Онда мынандай шағыл-шағылдың арасына тығылып отырған ел көрмейтінсің. Жұрттың бәрі кеңге, көзге түсер биікке ұмтылатын. Ауыл мен ауыл, ру мен ру, ұлыс пен ұлыс бәсекеге түсіп, бір-бірінен сән-салтанат асырып бағатын. Ұлы жүздің үлкендеріне барып сәлемдесіп, Орта жүздің ділмарларымен сөз қағыстырып, Кіші жүздің палуандарымен бел сынасатын. Әр ұлыс, әр ауылдың әні екеш әндерінде де айырмашылық болушы еді. Ұлы жүз қыздарының қылқылдатып салған қылықты әндері Орта жүздің үкілі жігіттерінің үзілдіре шырқаған назды әуезіне қосылып, құлағыңның құрышын қандыратын. Сол бір бал дәурендей тәтті мәжіліске Кіші жүз жырауларының қайдағы бір ықлым заманның өксік зары мен ашу-ызасын арқалаған ащы айғайы мен тепсінген тентек сарыны араласқанда, әлгінде ғана бал-бұл жанып, балбырап отырған рақат жүздер бірден томсарып, бірін-бірі ішіп-жеп бара жатқан ләззатты көздерге аяқ астынан шатынаған айбар тұнып, аруақтанып шыға келетін. Үш арысқа аралас жайылған айт дастарқанының басында отырғанда үшем тапқан бір ененің үш баласындай осы бір үш ауылдың мәжіліс екеш мәжілісі де тек бәрінің басы қосылып, түгел отырғанда ғана бар қызық, бар көркімен құлпыра қызатындай көрінетін, ал үшеуін үш жаққа бөліп жіберсең, әлгі қырық құлпырған жылты мен шырайы, көркі мен ажары аяқ астынан жүдеп-тозып шыға келетін секілденетін, кешегі алды дарқан, арқасы жазық кеңпейілің — қой аузынан шөп алмас көнтері момынға, жігерсіз ынжыққа, кешегі қызылсөзден түйін түйген кемеңгер ділмарың — әншейін жағын сауып зар қақсаған арзымсыз бәдікке, кешегі ерке шора ерің — өз жағасын өзі жыртып, көрінгенге көз алартқан арсыз ұрыншаққа айналып шыға келер-ді. Қазақтың ажары майдан даласында үш жалауы қатар желбірегенде, қарашоқыдан үш жүйрігі қатар оралғанда, дастарқан басында үш тарабының әнші, күйші, ділмары қатар отырғанда кіреді екен ғой. Үшеуден біреу қалып қойғанда, көрер көзге жүдеп, бір ұпайы кем түсіп шыға келетін жұрттың үшеуі үш жаққа қаңғып жеке-жеке кеткен кезінде қай тойы оңып, қай айтының шаршысы толатын еді! Биылғы айттың әйтеуір айт деген аты ғана ғой. Шіркін, мынау тұрымтай тұсына, балапан басына тоз-тоз боп жүрген қилы заман да өтіп, үш арыс қайтадан қатар көшіп, қатар қонар күн туса, нағыз айтты көрер едіңіз. Бірақ, оған дейін кім бар, кім жоқ. Ондай заман қайта туғанда да ұйытқысын бір шайқап алған елдің сабасы баяғыдай боп уыздай қата қала ма, жоқ тауда туып, таста өсіп, ағайыннан басқа өсіп бет-бетіне би болып қалған жат бауыр кейінгі ұрпақ баяғы жол-жораның бәрін ұмытып, мынау азған заманның арсыз пысықтарының керін ұстап, бір-біріне бұта түбінен бұқпантайлап оқ атып, бірін-бірі аяқтан шалып, олақ қатын ұйытқан айрандай құс-құс ыдырап, бастары бірікпей қоя ма!»
Асарын асап, жасарын жасап боп қалған кәриялар айт туралы сұрасаң, міне, осылай зарлана сөйлейді.
Соған қарағанда бұл халықтың баяғы болған-толған кезіндегі айттары мына биылғы айттарынан әлдеқайда қызық, әлдеқайда салтанатты өтетін болса керек. Ал, Тевкелевтің серіктері осы айттарының өзіне ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Әсіресе, Сергей Костюковте ес жоқ. Қай үйге кіріп барса да, жағалай жайылып қойған қызылды-жасыл жиһазды көріп: «Неткен тамаша! Тап мұнандай бояулар тасқынын ешқашан көрген емеспін! Мына көшпенділер әдеміге неткен әуес! Не ұстап, не тұтса да әлекейлеп-күлекейлеп бағады екен!» — деп таңдай қағады. Ал, оның қасынан екі елі шықпайтын Сидор Цапаев та не көріп, не естісе де, ауызы жалпылдап бір сөйлеп қалады. Бірақ, ол Костюковтай жеті атасына жеті жұрттың қаны араласқан «ілім соққан» тұқымнан емес, өгіз айдап, соқа ұстаған түс шаруаның ұрпағы-тұғын. Сондықтан да оның мақтағаны мен таңданғаны да Костюковтың мақтағаны мен таңданғанына атымен ұқсамайды. Ол: «Бұл шіркіндерде ес болсайшы, сірә! Кез келген жалбатымағың ерінің қасын күмістен қақтаған, кез келгеннің басында не түлкі, не сусар бөрік, кісесінің өзі сап күміс! Сонда ол шіркіндер өздерінен гөрі астындағы ері, қолындағы қамшысы, беліндегі белбеуі, басындағы бөркі қымбатырақ екенін біле ме екен!» — деп мәз болады.
Не де болса, айттың болғаны жақсы болды. Той дегенде қу бас домалайды деп санайтын жұрт бұндайдағы жүрісті тергеп-тексеріп жатпайды екен. Елшіліктегі орыстар мен башқұрттар топ-топ боп айттап, біраз ауылды сүзіп шықты. Бұрын оңашадан-оңаша қамалып жатқанда көре алмаған көп нәрсені көрді, байқай алмаған көп нәрсені байқады. Оларға қазақ ауылдарының да көзі үйренейін деді. Ылғи мойынын көкке созып, қол-аяғы ерең-серең етіп көстеңдей басып келе жататын Сергей Костюковке «Сары тайлақ» деп ат қойып алыпты. Ал сынаптай сусылдап біресе о жағыңнан, біресе бұ жағыңнан шығып, шырқ үйірліп тұратын сұңғақ бойлы, ақ құба өң, жылмаң төс жігіт Юмаш «Ұры тазы» атаныпты. Ол екеуінің соңында талтаңдап келе жатар домалақ қарын, келте аяқ шәртік Цапаевқа «Балпақ» деген айдар тағылыпты.
Костюков пен Цапаевтың көзі жүйрік болса, Юмаштың құлағы жүйрік. Құдайдың естімесін естіп келеді. Қалған нөкерлерінен гөрі осы үшеуі олжалы оралғыш. Қай ауылға барып келсе де, Тевкелевке бір шәй ішім уақыт айтар әңгіме тауып қайтады. Бірі айтып болғанша екіншісінің тағаты жетпей тықыршып бітеді. Әншейінде созалаңдап қимылдап болмайтын Костюков көрген-білгенін айтуға келгенде ылғи қасындағы екі серігінің алдын орап кетеді.
Ертең айт деген күні ылғи хан ауылынан бір жал алыс отыратын Төлебайдың ауылына Зердебай зергерге барып қайтқан Костюков табалдырықтан аттай сала таңдайын тақылдата бастады.
— Апырай, адамда да мұндай сұлу болады екен-ау. Беті қандай аппақ! Көзі қандай қап-қара! Тостағандай-ау, тостағандай. Көзінен ұшқын ұят, иман төгіліп кетердей боп мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп тұр! Бұлтиған етті еріндері май айының қызғалдағындай үлбіреп тұр! Қаз мойын, аршын төс! Көрерге көз керек. Құм мен желдің ортасында шаң-шаң боп көшіп жүрген қарақұрым киіз бен шидің арасында да мұндай перизаттар туады деп кім ойлаған! Мен кіріп барғанда тағы киіктей сыртқа ата жөнелді! Әттең, ең болмаса, сәл кідіре тұрсашы!
— Сәл кідіргенде не істейтін ең? — деді осындай болымсыз хабарға бола босқа уақыт алып отырған Костюковке жыны келіп отырған Юмаш.
— Көзі қарауытып жүрген мұндай неме тарпа бассалмай тұрғанда құтылып кеткен ол өзі ақылды қыз екен, — деді Цапаев көзін қысып, мұртын сылап.
Костюковтің бір нәрсеге таңдай қата болып талып түсуі қандай оңай болса, жоқтан өзгеге өкпелей салуы да сондай оңай-тұғын. Цапаев пен Юмашқа қолын бір-бір сілтеп бұлтиып отырып қалды. Юмашқа да керегі сол, еріні ерініне жұқпай жалпылдап сөйлей жөнелді.
— Анадағы қазақтар тонайтын керуеннің басшысы әскери ұлық екен. Оны патша ағзам Арал теңізінің маңында жүрген сізбен жолық деп жіберіпті. Батыр сұлтанды жақтайтындар сізбен ұшыраса алмасын деп әдейі тонапты. Оның мына сөзіне Тевкелев түгілі әлгінде ғана өкпелеп, енді көрместей болып отырған Костюковтың өзі құлағын түре қалды. Елшінің бірдеңеге абыржығанда қан ойнап шыға келетін жүзі аяқ астынан күреңітіп сала берді.
— Ал, сен не айтасың? — деді Цапаевқа.
— Мен кеше хан орданың қызметшілеріне насыбай сұрай барып едім, малайлар жататын шошалада киіз жамап отырған бір бойжеткеннің үстінен шықтым. Үстінде түгі қырылған мақпал бешпент. Басында бояуы оңып кеткен шарқат орамал. Қыр арқасына жарыса құлаған білемдей-білемдей екі бұрымы көзіме оттай басылды. Біздің орыс бойжеткендерінің алтындай жарқыраған жуан бұрымы. Тіл қатып үлгергенімше болмады, сырттан ханның төлеңгіті кіріп келді. «Ішінде еркек отырмаған үйге кіруге болмайды. Тамыр, басың пәлеге қалады», — деп қолтығымнан ұстап, сыртқа сүйрелей жөнелді. Қазан-ошақ басындағы еркектерге барып, насыбай атып, біраздан соң соларға еріп, шошалаға қайта бас сұқсам, әлгі бойжеткен ұшты-күйлі жоқ, — деді.
Елшінің көгілдір көзінен бір жұмбақ ұшқын жарқ ете қалды.
— Мынауың бір ойланатын жәйт екен. Босқа жүрмей, барған ауылдарыңда орыс тұтқындары жоқ па екен, қарай жүріңдер. Ал, әлгі қыз енді қайтып көзге түспес пе екен, байқап бағыңдар. Бірақ, хан төңірегіне сездіріп алмаңдар. Ол жайында онымен кейін сөйлесерміз, — деді.
Тевкелевтің көкірегі қос шаншу қадалғандай сыздап қоя берді. Айтқа шақырған үйлерде де төңірегіне көз жүгіртіп, құлағын түріп бақты. Бөкенбайдың үйінде де, Есеттің үйінде де, Құдайназардың үйінде де, хан ордада да әлгі қызметшілері айтып келген әңгімелерден ешқандай нышан байқалмады. Ол ауылдардың ошақ қасында, күл басында жүрген адамдарының арасынан шашы сары, көзі көк ешкім шалына қоймады.
Бұйығы даланы бір дүрліктіріп айт та өтті. Ауыл-ауылдағы топ-топ аттылар тарады. Қосына кеп анадағы қызметшілер айтқан хабарды сарапқа салып отырған Тевкелевтің көңілінде не барын біліп қоғандай, дәл тоғызыншы апрель күні Уфадан сау етіп жеті атты кісі жетіп келді. Қасында алты серігі бар Мың болысының тұрғыны Мәулет Ілімбетов. Сыңси сөйлейтін секпіл бет башқұрт жігітті воеводаның өзі жұмсапты. Шалбарының бөлтірлігіне бір қабат мақтаның астынан қайып тігіп берген астыртын хат әкелді. Онда Сыртқы істер коллегиясы Тевкелевке Арал теңізінің маңында артиллерия полковнигі Гарбер мырзамен жолығысуды, әрі қарай Гарбер мырза апарған нұсқау бойынша әрекет жасап, керуенге ілесіп Бұхара мен Хиуаға баруды, ол екі хандықты билеушілермен Россияның қол астына өту туралы келіссөз жүргізуді тапсырыпты. Әнеугүнгі сумақай Юмаштың айтқаны аумай-төкпей келді де қойды. Тоналған керуен сол полковник Гарбердің керуені болып шықты. Ол қайда? Қайтадан Астраханға қайтып кетті ме, жоқ алған бағыт-тарымен Хиуаға тартты ма — белгісіз. Сыртқы істер коллегиясының нұсқауы бұның қолына тимей жатып жүзеге аспай қалды. Онымен жолығыспақ түгілі құм арасындағы елшіліктен аттап шыға алмай отырысы мынау...
Сонда анадағы Батыр сұлтанның көзінің жасын көл етіп сүттен ақ, судан таза болып сөйлегені әншейін көлгірлік екен ғой! Қасындағы қазақтардың оның айтқанына сенбей қызарақтап бағуларында бір мән бар еді-ау! Төңірегіне манаурай көз тастап әкіреңдеп сөйлейтін беті-ауызы белдей сұлтанның осынша қулық қай жеріне сыйып жүр? Әңгімесіне қарасаң — әкіреңдеген әупірім. Бет-ауызына қарасаң — не айтсаң да, шамалыда мыңғырына дыңғыр ете қоймас та маубас. Жүріс-тұрысына қарасаң — ұйқыдан жаңа тұрғандай енжар. Ендеше, одан мұндай қулық қайтіп шығады? Ал, әлгі оқиғаға ешқандай араласы жоқ дейін десең, ауылдан бірге аттанған Бақтыбай жол-жөнекей неге бөлініп кетеді? Бөлініп кеткесін, айдаладағы керуенге жолығып, алатынын алып, жөніне тайып тұрмай, Маңғыстау асып кеткен Батырлардың қайтып келуін неге тосады? Пәлен күн бойына жалынып-жалпайғанға көнбеген Бақтыбай Батыр мен Тәңірбердінің айтқанына неге көне салады? Егер, ол, Батыр сұлтан айтқандай, айдалада жолыққан керуенді ақ патшаға ешқандай қастандық ойламастан, үйреншікті әдеттеріне басып, пәтуасыздықтарынан жаулап алған болса, қайтып келе жатып, мұның қосының қасынан: «Қап бәлем, тоқтай тұр, көп ұзамай көкеңе көрістіреміз», — деп неге қоқиланып қиқулап өтеді? Ол да, Батыр сұлтан айтқандай, парықсыз кісінің дарақылығы ма? Жоқ, даңғойлық пен дарақылықтан гөрі астыртын қастандыққа келіңкірейтін секілді. Ондай істің басында Бақтыбайдай бір ру, бір ауылдың басшысы қайдан жүрсін? Қомақты істің басында жүруге қомақтырақ дәреже керек емес пе?! Ендеше, бұл шаруаға Батырдың ешқандай араласы жоқ деген жәй әншейін сөз. Анадағы Бақтыбайдың өндіршегін созып, өңешін жыртып айқай салғанына қарағанда, бұл әлгіндей қастандықтың тек басы ғана... Шын зобалаң алда... Батыр сұлтан да атын танаулатып тегін келіп жүрген жоқ. Ертең басталып кеткелі тұрған зобалаңға өзінің ешқандай қатынасы жоқ боп көрінуі үшін әдейі келіп жүр. Ендеше, ол бәрін біледі. Бәрі соның айтуымен, соның басқаруымен болып жатқан шаруа. Бірақ, ол Астраханнан керуен шыққанын қайдан біледі? Оның мұнымен жолықпақ екенін қайдан біледі? Бұның ар жағында жатқан мынау ұшан далада қайдан болды, қайдан кезіктісі жоқ кездейсоқтық па, жоқ алдын ала ойластырылған, қапысыз қамдастырылған қасақана әрекет пе?
Анада ғой, қарсы партия қыс ортасында хан орда мен елшілікті шауып аламыз деп елді дүрліктіріп жатып, су сепкендей тыйыла қалды? Артынан жиылған қолдың жер түбіндегі Қараған түрікпендеріне жорыққа аттанып кеткені мәлім болды... Соның бәрін тегін істемеген екен ғой! «Ертең шауып аламыз!» деп бұларды қорқытып, өздерінің алыс жорыққа әзірленіп жатқанын жасырды. Есептеп қарағанда, ол тұс әлгі керуеннің әлі Астраханда жүрген кезіне тұстас келеді. Сонда полковник Гарбер сапарының мән-жайы Батыр сұлтанға басталмай жатып-ақ белгілі екен-ау! Бұл мүмкін бе? Неге мүмкін болмасын! Орыстың Бұхара мен Хиуаға қарсы қандай жорығына да не түрікпен, не қалмақ араласады, солардың даласы арқылы өтіп, солар жол көрсетуші болады! Батырға да хабар солар арқылы жеткен. Жер түбіндегі түрікпенді шабуға кеткен қазақ қолының жол-жөнекей жолыққан орыс керуенінің екі жүз елу түйе жүгінен басқа олжасы жоқ дейді. Сонда олардың түрікпенді шапқаны әншейін жәй әңгіме боп шықпай ма! Демек, бұларға Гарбер керуенінің хабарын жеткізген түрікпендер! Әлгі керуен бастап келе жатқан түрікпенді ала келулері де тегін емес! Жоқ, Батыр сұлтан тап анау айтқандай қулығына найза бойламас сұм емес екен. Оның барлық жоспары олақ қатынның көктеген көрпесінің тігісіндей мен мұндалап көрініп тұрған жоқ па!
Жарайды, Батыр сұлтан түрікпендерден хабар алып тонайтын керуенін тонады делік, полковник Гарбердің мұнымен жолықпақ жоспарының күлін көкке ұшырды делік. Ендеше дегеніне жетті емес пе? Олай болса, әлгі Бақтыбайдың: «Тоқтай тұр, бәлем, көкеңе көрістіреміз!» — деп көкіп жүргені қай қылығы? Сонда не істемек! Бір құтылып кететін жеріңнен қағылдың? Сырлыбай мен Бәбидің амалын тапқаныңмен, біздің амалымызды таба алмайсың, енді сенің тағдырың біздің қолымызда!» — дегені ме? Ендеше бұның көзін тезірек құртып тынуға асығады десейші. Бұрынғы бірер жалдың астында жатып қоқан-лоқы жасағандарын қойып, ашық шабуылға көшпекші екен ғой. Ашық шабуылға шығатын болса, Батыр неге осынша мәймөңкелейді? Әлде ертең ақ патшаның алдында көп қолжаулықтарының бірін ұстап беріп, өзі аман құтылып кеткісі келе ме екен? Сонда Батырға бұдан не түседі? Елшінің опатқа ұшырағаны — Әбілқайырдың абыройдан айрылғаны! Оған керегі де сол. «Қайнағасының орнына хан болғысы келеді», — деп Бөкенбай анада айтпап па еді! Оған хан болудың қанды жолынан басқа қандай жолы қалды! Соған бас тіккен ғой...
Ендеше, мына хабар Әбілқайыр мен Бөкенбайға да жетіп жатқан шығар. Олардың не ойлағаны бар екен. Уфадан келген башқұрттар кеше ұлыстарының үстімен өтті. Хабаршы шаптырмаса да, келер. Бейсауат жүргіншілер көздеріне түспеді дейсің бе?
Айтқанындай-ақ, ертеңіне ауылдың желкесіндегі шағылдың ар жағынан қауқылдасқан көп дауыс шықты. Қасына бір топ билер ерткен Әбілқайыр мен Бөкенбай екен.
Келе сала:
— Кешегі Уфадан келген башқұрттарың не айтады? Анадағы Мәскеуге кеткен елшілерден не хабар бар? — деп сұрады.
Әсіресе, Бөкенбай қадала қарады. Ханнан елші боп кеткен Бақай батыр соның туған балдызы деп естіп еді. Соны уайымдап отыр ма екен...
— Елшілер аман-есен жетті. Ақ патшаның қамқорлығындағы кісінің неден уайымы болушы еді. Жағдайлары жақсы дейді.
Бөкенбайдың сынық қабағы жазыла қоймады.
— Жақсы болғаны дұрыс қой, — деді ерінінің ұшымен салғырт күбірлеп. Аң-таң Тевкелев ханға қарады.
— Қазақтар мен башқұрттар тағы да шекісіп қалыпты деген не сөз? — деп сұрады Әбілқайыр.
— Бір топ аң аулай жүрген башқұрттарға қазақтар тиісіп, аулаған аңдарын тартып ап, жиырма шақтысын жаралап, астындағы аттарын айдап кеткен көрінеді. Іштерінде мерт болғандары да бар деседі. Біразын тұтқын қып әкетіпті.
Хан басын шайқады.
— Болмаған шаруа екен. Бірақ мамырдағы құрылтайға дейін ештеңе істей алмаймыз. Сонда тентек-телілеріңді тыйып, башқұрт жағының шығынын қайтар деп Орта жүз билеріне шарт қоярмыз.
Хан қасындағы қазақтардың да қабағы түсіңкі. Кешегі айт күндергі аңқылдаған жағасы жайлау жайбырақат кісілерге ұқсамайды. Бәрі де маңдайларын шытынып тұнжырай қалыпты.
Елші енді не дер екен деп жүздеріне үңіліп еді, біраз отырып барып, Бөкенбай сөйледі:
— Мәмбет мырза, — деді. — Анадағы керуеннің жағдайы біздің де қабырғамызға қатты батып жүр. Бірақ, болар іс болып қойды. Әлгі екі жүз елу түйе жүк те тап ешкімнің қабырғасын жаба алмас. Соны таптырып бер деп сіз де ешкімге салмақ салмаңыз. Онсыз да жел қуық, қос үрей жұртпыз ғой. «Керуенімді тонапсың, дүниемді тауып бер» десең, құлағымыз шекемізге секіріп, не істеп, не қоятынымызды кім біліпті? Зәремізді алмай тұра тұрыңыз. Етімізді үйретейік. Қаралай қашқақтап жүргендердің беті бері қарасын!
Елші аңырып қалды.
— Оған сөз бар ма! Анада келістік емес пе! Ақ патша анық-қанығына жетпей ешқандай шара қолданбайды. Оған бола уайымдамаңыздар?
Хан мен Бөкенбай бұл сөзіне онша селт ете қоймады. Қалғандарының маңдайы жазылып сала берді.
Хан мен Бөкенбай аттанып кеткесін де Тевкелев көп ойланды. Бұл екеуінің бұл жүрісі қай жүріс? Қабақтары неге түсіп кеткен? Әлде қарсы партияның анада басын қайтарғандай болған қызыл құрты тағы да қыбырлайын дегені ме! Құлағына Бақтыбайдың анадағы ақ пен қызылдың арасындағы әжептарқы даусы келгендей болды. «Шоқыншық ноғай! Тоқтай тұр, бәлем! Көп ұзамай көкеңе көрістірерміз!»
Айт өткелі Сергей Костюков ұста Зердебайдың қасынан шықпайтын әдет шығарды. Әбілқайыр тағы да бір қарындасын аралдықтардың ханына ұзататын болып ордасына ұсталарды, зергерлерді, шеберлер мен ісмерлерді жия бастады. Қай ауылға барса да, іші-бауырына кіріп, араласып кетпей, үріккен торғайдай оқшау отыратын кірме Зердебайдың төрт қанат жаппасы абыр-сабыр хан ауылының елшілік жақ шетін ала тігілді. Талай байдың үйін жиһаздап, талай бикештің үстін әшекейлеп атағы шыққан зергердің алдына мал түспейді емес, бірақ сол баяғы төрт қанат шатпа, көк ала түтін, әбеқоңыр күнкөріс. Соған шебердің өзінің де, әйелінің де әбден еті үйреніп алған. Зердебай енді зергер болғасын көрік баспай, сексеуіл бықсытпай, тық-тық балға соқпай қайдан отырсын! Ал, әйелі Жаңыл ұстаның жыл сайын тауып жатқан қарайған малын көріп, үйге жаратуды, үстіне жаратуды білмейді. Қашан көрсең, үйдің ық жағында жалба-жұлба жабындының астында жүн сабап, тері шелдеп отырғаны. Ол жүн, ол терінің де қайда кетіп жатқаны белгісіз. Төрт қанат қоңыр үйдің үзік-туырлығы сол баяғысынша ылым-сылым, төрі — сол баяғысынша тырдай жалаңаш, қақ ортаға төсей салған жұқа жалаң алаша қашан көрсең де, көк долы қатынның маңдайындай жиырылады да жатады. Кіре беріске төселген тұлақтың беті-жүзі қыл-қыбырдан көрінбейді.
Мынау түйе-қаздың еркегіндей қоқиған орыс жігіт сонда да осы үйден шықпайды. Қақ төрдегі жалғыз алашаға көлденең түсіп ап, Зердебайдың іш пыстырар жыбыр-жыбыр қимылына қарайды да жатады. Қалтасынан қағаз шығарып, әлденелерді шимайлай бастайды. Тық-тық балға соғып отырған Зердебай да қақ төрде етпеттеп жатып ап, қағаз шимайлаған орыс жігітке көзінің астымен қарап қояды. Екеуі де таңдайларын қағысады. Орыс жігіті мынау қара бұжыр қазақтың мынадай от басында бықсып отырып, қайдағы бір болмашы құралдармен не керемет сұлулық жасай алатын асқан өнеріне таң қалса, зергер аяқ-қолын алдына сыйғыза алмай жүрген мынау ерең-серең жігіттің сексеуілдің шырпысындай ебедейсіз саусақтарының арасына қыстырылған әнебір сиқыр таяқшаның ұшынан түсіп жатқан шимайларға қайран қалады. Бұның манадан бері көзінің майын сарқып, итшілеп отырып әзер жасап шығарған жүзігін, не алқасын ол әлгі сиқыр таяқшасының ұшын төрт-бес қозғап айнытпай сала қояды. Оған таңғалмағанда, қолынан тірі адам жасаудан басқаның бәрі келетін Зердебай неге таңғалады? Ерең-серең сары жігіттің қолынан шыққан әр шимайға басын шайқап қайран қалып отырғаны. Сосын жарықтық көзіне не түссе, соның бәрін сұрап, аузына не түссе, соның бәрін әңгіме қыла береді екен! Алты айшылық жол жүріп келер ақ патшаның астанасы түгіл, бір жалдың астында отырған көрші ауылдан келген мейман қазақтың аузын ашуы бір түлік шаруа. Қараптан-қарап пәлденіп, манаурап бітер еді. Аузын ашқан ғұрлы да, әңгімесін баяғы әлімсақтап бастап, осы заманның ат мініп, алшаң басқан төре-мырзаларының төңірегіндегі пыш-пыштан басқаға аяқ баспас еді. Ал мынаның айтпайтыны, сұрамайтыны жоқ. Оған сексеуілдің қайтіп өсетіні, қайтіп оталатыны, қайтіп отқа жағылатыны да әңгіме, мынау қыртыс-қыртыс қара көріктің ненің терісінен қалай тігілетіні де әңгіме, ана жайнап жатқан қызыл шоққа ұсталғанда күмістен қасық түбіне неге қақ қалатыны да әңгіме... Екеуі ертеден қара кешке мылжыңдасады да отырады. Зердебай өзінің қазақ тілінде сөйлеп отырғанын біледі. Ал, мына Сартайлақтың қандай тілде сөйлеп отырғанын өзі білсін! Бір жері ноғайшаға маңайлағандай сияқтанады да, бір жері әлдеқайда лағып кетеді. Ондайда бұл түк түсінбедім деп басын шайқаса, анау қолымен, көзімен ымдап әлек-шәлек болады да қалады. Не де болса, ішін пыстырмайды. Не де болса, қарақұрым күркеде көк түтіннің қасында көзі удай ашып, бықсып отыратын Зердебайды кісі деп елеп-ескеріп келетін тек сол ғана. Не де болса күнде сиыр сәскеде ол келгенде қолындағы балғасын қоя қойып, күліп амандасады. Не де болса, күнде бесін ауа ол кеткенде қауқылдасып, күліп қоштасады. Өзі бір қызық жігіт, Зердебай күнде қажыға барып келіп отырғандай, көрсе болды, құнжыңдап қолын ала жүгіреді.
Мамыр туды. Қозы-лақ аяқтанды. Құм арасы ала бөтен ысып, ірге көң сасып, жұрт кеңді аңсайтынды шығарды.
Хан ауылының қызылды-жасыл ирелең көші жылдағыдай Ырғыз, Торғайға тартпай, биыл Мұғаджардың күн шығыс жақ сілемдерін бөктерлеп, мысық табандап терістікке беттеді. Әдетте хан ауылдарының батыс жағын ала көшетін жеті ру биыл екі жарылып, Есет Мұғаджардың арғы бөктерін ала жылжыса, Бөкенбайдың көк ала жылқысы Ырғыз алқабын бір өзі шаңдатып сел дариядай жөңкіліп келеді.
Ханның қалмақ бетін ала жүретін екі батырдың көші-қонын биыл бүйтіп өзгертіп жіберуі тегіннен-тегін емес-ті. Мыж-мыж Мұғаджардың жыра-жылғасында жылымшы бұлақ, шоқ-шоқ тоғай мен ойдым-ойдым жыныстар қанша жеткілікті болғанмен, тұнықтан су ішіп, шалғында аунап қалған хан үйірлеріне бақасы қаздай шулаған, балығы тайдай тулаған Ырғыз, Торғай бойындай, екі судың арасында бірінің етегінен бірі ұстап, жалғасып жататын жүздеген шұбыртпа көлдердей қайдан болсын.
Әбілқайыр жайласа жазығы, саят құрса қалыңы мол жылдағы қонысын қайбір жетіскендіктен тастап отыр дейсің.
Биыл Жәдік тұқымының, жылдағыдай емес, ымы-жымы бір. Анада көктемде Батыр құм арасында патша керуенін тонап алып жатқан тұста, Арқадағы қандастары аң қуып жүрген башқұрттарды талады. Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады деп Уфа екі ортаға кісі бастыруды қойды. Тевкелевтің қасындағы башқұрттар мен солдаттар хан ауылынан басқа тарапқа аяқ аттап шығудан қалды. Мәмбет елшімен әрі ақылдасып, бері ақылдасып, анадағы қарақалпақтан шыққан жүз алпыс үйді көктем кіре бойларына күш жүгіріп, қайтадан жорта бастаған барымташыларға қолды болып кетпей тұрғанда ішкі жаққа аттандырып жіберуге ұйғарысқан. Еліне беттеген башқұрт көшін хан мен Бөкенбай Ырғыз бойына дейін шығарысып салысты. Оларды жол-жөнекей қызылкөздерден қорғау үшін Бөкенбайдың інісі Құдайназар атқа мінді. Әбілқайыр, елші, Бөкенбай өткелден әрі өтіп елдеріне бет түзеген ұзын тізбек көшке қош-қош айтып кері қайтулары-ақ мұң екен, сонадай-сонадайда желдеген түйедей сәңкиіп-сәңкиіп тұрған саяқ жалдардың таса-тасасына бөлініп ап, ұрымталды күтіп тұрған үш жүз атты лап қойыпты. Арт жақтарында шаң қойылып кеткенін байқаған Әбілқайыр мен Бөкенбай табынның тағы бір көк жұлыны, Бөкенбай батырдың тағы бір немере інісі Төлебайды қастарындағы қолдың тең жарымын қосып беріп, көш соңына аттандырған-ды. Сөйтсе, әлгілер оларға да бой бермей, ертеңіне таң атқанша ұрыс салыпты. Оны естіген Әбілқайыр мен Бөкенбай іздерінше кері қайтып, Ырғыздан әрі өтіп алған көшті тағы да үш күндік жерге шығарып салды. Көздері қорқып қалған көшке Уфаға жеткенше бас-көз болсын деп Құдайназардың қасына Төлебайды да қосты. Содан хан мен Бөкенбай батыр қарсы жақтың дәл мынандай ақ көздігіне ауылдарына жеткенше бастарын шайқасып, қайран қалумен болды.
Шынында да, қайран қалса, қайран қалғандай еді. Мәмбет елшіні жол-жөнекей қасына қосып ап, Хиуаға өтіп кетем деген патшаның сары ала иық ұлығын елсіз шағылдың арасында он күн бойы қамап, түйенің бауырынан шығатын ащы дыммен таңдайларын шылайтын халге жеткізіп, бастарымен қайғы қып жібергендері анау. Қазақ сұлтандары мен ру басыларының бірқатарынан ант алып, қағаздарын ақ патшаға жөнелттім, қалғандарымен мамыр айында өтетін құрылтайда кездесіп, сөйлесем деп іштей тоғайып отырған елшіні қараптан-қарап іш құса қылып қойғандары мынау! Сонда Жәдік тұқымының екі бірдей өкілінің анада ақ патшаның елшісінің алдында құлдық ұрып берген анттары қайда? Бұрынғы іргеден ши жүгірткен бұқпантайды қойып, ашықтан-ашық ұстасайын дегені ме? Бұларға бұндай желік қайдан бітіп жүр? Ел арасына құлақ тосса — айтпайтындары жоқ. Анадағы Бақай батыр бастап кеткен елшіліктен ештеңе шықпапты дейді. Уфа мен екі ортада екі рет қазақтардың шабуылына ұшырап, жұлған торғайдай болып ит сілікпесі шығып барған ол немелердің балдыр-батпақ әңгімесін ақ патша не қылсын! Көзі шатынап: «Ресейге қарағандарың рас болса, қолдарыңдағы орыс тұтқындарын неге босатып әкелмедіңдер! Сендер бодан болайын деп жүрген пәтуалы жұрт емессіңдер, әшейін сыйлық көріп, тарту-таралғы алуға келіп жүрген суайтсыңдар!» — деп ұстап ап, абақтыға қамап қойыпты деседі. «Қазақ арасында тұтқын боп жүрген орыстарды бірін қалдырмай босатып әкелгендеріңше жібермейміз», — деп аманат қып алып қапты деседі. Оның үстіне орыс керуенінің тоналғанын естісе, ақ патша қанша көнтері болса да, шыдай қоймас, салар ала бүлікті деп үрейленіседі. Бәлкім, бұлары алақашпасы көп сара елінің ойдан шығарып алған өз лақабына өзі сеніп, дүрлігіп жүргені де шығар. Бірақ бұның бәрі тек құзғын құлақ халықтың қайдағыны қайдан қиыстырып жүрген қысыр қиялы ғана ма?! Осының бәрін ойлап тауып, ел арасына жайып бағушылар жоқ па екен?
Осындай қатпар-қатпар ауыр ойға белшесінен батып, күйзеліп отырған ханның үстіне қасында мысық мұрт, теке сақал, сығырақ көз біреуі бар Бөкенбай кірді. Қолп-қолп аяқ-басысы, қамшысын зірк еткізіп тастай салғаны, тұнжырап көзіне мініп алған жалбыр қабағы оның жақсылық хабармен келмегенін сездіргендей. Қасындағысына көзімен нұқып, «отыр» деп ымдады. Онысы оң жаққа кеп сылқ етіп отыра кетті. Киім киісінен, жүріс-тұрысынан қалмақ екенін айтпай біліп отыр. Қалмақтың елшісін көрмей жүрген Әбілқайыр ма! Бірақ мынаның бүгежектеген қимылы, ауызыңа қарап жалтақтаған жаутаң көзі оған таңсық еді. Бұрынғы қалмақ елшілері кергіп, кісімсіп бітетін, ал мынауың «үп» десең ұшып кетердей боп қаңбақтай елпілдеп тұрған бірдеңе.
— Сөйле! — деді Бөкенбай оған есігіндегі құлындай зеки тіл қатып.
Әлгі мысық мұрт, теке сақал, сығырық көз қойынынан қолын күйдіріп бара жатқандай күйбеңдеп бірдеңе суырды. Шиыршықтап оралған қағаз екен. Онысын не ашып оқымастан, не Әбілқайырға ұсынбастан, ыңылдап сөйлей жөнелді.
— Менің аты жөнім — Мөңке. Мені сізге, алдияр хан, Назардың Доржысының баласы Лобжы тайшы жіберді. Доржы тайшы мен Шерін Дөндіктің арасында кикілжің шықты. Шерін Дөндік жаны қысылғасын патшадан әскер сұрады. Патша оған жиырма мың әскер жіберді, бірақ ол әскері атты қалмақтардың тегеурініне шыдай алмай быт-шыт боп жеңілді. Енді әкелі-балалы екеуі «бәрібір ашылар бетіміз ашылды» деп, Ресейге қарсы соғыс ашпақ боп жатыр. Мені олар «алдияр тақсыр мен Әбілқайыр хан орыстарға қарсы одақтасып, бірге соғысуға қалай қарайды екен, біліп кел» деп жіберді.
Хан мынаны естігенде қайран қалды. Доржы мен Аюкенің ұстасып келе жатқанын біраздан білетін. Баяғыда Аюке жоңғардың қонтайшысын құшақ жая қарсы алмақ болғанда жолын кескестеген де осы Доржы-тұғын. Оның бірақ ақ патшаға қарсы қол көтере бастағанын естіп отырғаны осы. Сөйтсе, Доржы мен Лобжы Аюкенің ұлы Шерін Дөндікпен ит пен мысықтай көрінеді. Шерін Дөндікпен өштесем деп жүріп, ақ патшаға да жауығып алғанға ұқсайды.
Мынау мысық мұрт, теке сақал бет ауызы бүлк етпей:
— Қатын бастаған көш оңатын ба еді! Петр патша барша қалмақ ұлыстарына бірдей қарайтын еді. Мынау әйел хан тұқымынан басқаны көзге ілмейді. Зеңбірегі бар, добы бар деп қанша дабырайтқандарымызбен патшаның әскері қазақ пен қалмақтың алдында тай мінген баладай болып қалады екен. Талай жерде көріп жүрміз. Егер қазақ пен қалмақ тізе қосып соғысар болса, патша ханымыңның талай сыры белгілі болып қалар түрі бар. Алдияр тақсыр, айтқанына келісер болсаңыз, Лобжы тайшы бүлдіршіндей қызын қара ормандай қалың дәулетімен сізге ұзатпақшы. Бөкенбай мен Есет батырға да екі жүз жылқы, жүз түйеден тарту-таралғы дайындап отыр. Енді патшаға жалтақтайтындай нелеріңіз қалды. Елшілеріңіздің киген кебін өзіңіз де естіп жатқан шығарсыз, — дегені.
Әбілқайыр ләм-мим үндеген жоқ. Ұмсынып қолындағы хатын алды. Сырттан Бәйбек төлеңгіт кіріп, Мөңкені басқа үйге ертіп әкетті.
Әбілқайыр мен Бөкенбай бір-біріне қарасты. Батырдың бұрынғыдай емес бұл күндері қабағы салыңқы жүр. Қай ауылға барса да, жұрттың сыртынан: «Байғұс ақ патшаның елшісі дегенде ішіп отырған тамағын тастай беріп, атына мініп, аяғы салақтап шаба жөнелуші еді. Кәпірлердің падишасы ол еңбегінің хиуазын қайтарудай қайтарыпты ғой. Онсыз да бір күн ауру, бір күн сау отыратын қатыны қазір екі күннің бірінде құлап қалатын талма ауруға ұшырапты. О бейшара өйтпегенде қайтсін! Ызғындай төркін жұртынан қалған жалғыз інісін ақ патша абақтыға салып тастапты. Бөкенбай босқа шапқылап, Бақайдың басын жұтатын болды», — деп кеңк-кеңк күліп жатқандарын естімей-ақ сезетін. Үйіне барса, жаз ортасында қағынды алып бара жатқандай тарс бүркеніп, әйелі теріс қарайды. Бөкенбай бүгінде үйі екеш үйіне де сазарып кіріп, сазарып шығады. Ешкімге қабағын ашпайды.
Міне, Әбілқайырдың қасында да ұртына су толтырып алғандай үн-түнсіз тырысып отыр. Оның мынау салғырт жүзі мен салыңқы қабағына қарағанда жұрттың әлгі айтып жүрген қаңқуына Әбілқайырдың өзі сеніп қала жаздайды. Шынында да, сенбей-тұғын несі бар? Қыстың көзі қырауда жер түбінен барған елшіліктің ақ патшаға шимай-шимай ала қағаздан басқа алып барған қай бетжүздігі бар?! Құрғақ сөз, құр уәде. Оның үстіне Уфа ұлығы патша ағзамға Мәмбет елшінің мұнда қандай нәпақа көріп жатқанын айтпады дейсің бе? Мәмбет мырзаның тағдырын ойлап тынышсызданбаса, анадағы керуенді аттандырар ма еді? Оның немен тынғаны белгілі. Соның бәрін көріп-біліп отырған ақ патша қолындағы қазақ елшісін қайдан аман-есен қайтара қойсын? Ашу үстінде абақтыға салса, салған да шығар. Бірақ, енді Батыр сұлтанның мына сорақылығын естісе, ол байғұстардың күнінің не болатынын бір Алла біледі. Бақа батырдың бар тумаласы Бөкенбайға еріп, жорыққа аттанып, оққа ұшты. Бүкіл бір әулеттен қалған жалғыздың жәйі батырдың жанына батыңқыраған сияқты. Оның үстіне осы ала шабуыл жүрісіміздің соңы неге ұрындырар екен деген күмән да ойында жоқ дейсің бе! Бұрын біреуі жақтырар, біреуі жақтырмас, әйтеуір, аузымызға жұрт қараған алаштың азаматы едік, енді, міне, кім көрінгенге күлкі болуға айналдық. Алдымыздағы жұрт тоз-тоз боп бөлініп кетті. Біреулері құйрық-жалдарын бір-ақ кесіп безіп кетсе, біреулері «әй, осыларыңның түбі қайыр болса, жарар еді» деп сенбей қарайды.
Шынында да, ойланса ойланатындай-ақ жағдай. Ақ патша қаһарына мінсе, мінуі де мүмкін. О заман да, бұ заман әйел билеп көрмеген елде өскен бұларға қатын патшаның не істеп, не тындыратыны атымен беймәлім. Ақыл қысқа, шашы ұзын нәсілдің өкілінің қолына өкімет бергенде қандай сұмдықты шығаратынын кім біліпті? Аюке тұқымының қалмақ арасындағы ықпалының жылдан жылға әлсіреп бара жатқаны да құлаққа тимей жүрген құпия емес. Ақ патшаның Аюке баласын қорғай алмай, әлгіндей күлкілі жағдайға ұшырағаны рас болса, оның қазақ арасындағы беделінің құлдырап шыға келері сөзсіз. Ақ патшаның беделі өйтіп аяққа тапталса, Әбілқайырға не жорық! Соны біліп әккі Доржы мен Лобжы бұған әдейі салмақ салып отыр. «Бізге ерсең қазақтың да, қалмақтың да арасында айдының асады», — демекші. Қыз бен қылқұйрықты да сол үшін ауыздарына алып отыр. Қазақтың да басы мынау желді күнгі бидайықтай толқып тұрған кезінде Әбілқайыр да найзасын орыс шекарасына қарай түре созар болса, «Әттеген-ай!» — деушілерден гөрі, «Е, бәсе!» — деушілердің көбірек болары белгілі. Ондайда жырылып жырақ көшкендердің жиылып қасына қайта қонуы да ғажап емес-ті. Табалаушылардан гөрі мақұлдаушылардың көп болары да рас. Жаңадан көсем іздеуден гөрі, көзі үйренген, құлағы үйренгенге айналып үйірілуге қашан да әзір тұратын бойкүйез халықтың: «Қашанғы кәрі тарлан ғой!» — деп тағы да алдарына салуы мүмкін. Бүгін таңда әлгінде ғана алдында болып кеткен мысық мұрт, теке сақал, жылан көз елшінің айтқанын орындаса, кейінгі кезде іргесін сиретіп кеткен қалың қазақ қарындасының ертең-ақ қауқылдасып кеп қайта қаумалары күмәнсіз. Хан орданың маңының да мынау ай далада жалғыз қалған ұрының үйінің іргесіндей құлазып тұрмасы кәміл. Иә, ойланса, ойланғандай. Бөкенбайдың қабағы түссе, түскендей. Жіберген елшің абақтыда отырса, бастаған ісің адыра қалса, ағайының сырт айнала бастаса, қайтіп қабағың түспес. Сондайда Құдай әлсірей бастаған шырағыңның астына қайта май құйып, алдыңнан тағы да бір үміт сәулесін төксе, қайтіп ойланбассың, қайтіп басың қатпас...
Жарайды, бұл райынан қайтсын-ақ! Бүгін теріс қарап кеткен жұрты қайта айналып қасына келіп, «Әп, бәрекелде!» — десін-ақ. Қалмақтың ханы қызын берсін, алдына алалы-құлалы жал-құйрығын қаптатсын-ақ. Ал, сосын... Сол қарқаралы дәурен қашанға созылады? Ертең шығыстан қонтайшының көзі қанталап қайта шаппасына кім кепіл! Сонда, «Қап, бәлем, сенің кешегі ісің бе!» — деп ақ патшаның көк жаға ғаскерінің тап бермесіне кім кепіл! Екі оттың ортасында онсыз да шыжғырылып жатқан жұрттың екі жағының да ошағына өзің тамызық тастап, тамұқ отын қаралай тілеп алған сор маңдай сонда болмайсың ба!
Жарайды, бұл райынан қайтсын-ақ! Патшамен әмпейі болдың деп шешек шыққандай қып айналасын тыр жалаңаштап кеткен қалың қазақ қайта жиналсын-ақ! Бірақ, ол ынтымақтың қаншаға созылатынын қайдан білдің!? Бүгін топырласып сені тапқан тобырдың баяғы Аңырақай жеңісінен кейінгісіндей қылып, ертең-ақ кекжиіп-кекжиіп кекірейіп кетпейтініне көзің жете ме?! Жәдік тұқымының қайта таламайтынына көзің жете ме? Түркістандағы ақ сарайдағы аталарының жамбасын шіріткен бас тақытты көздері қиып саған бере қоятындарына көзің жете ме?! Бас тақыт қолына түспей тұрып, мынау алаусыз жұрттың алдына шыққан қай азаматтың басына бақ баяндап еді? Іріген айрандай ұйтқыма еліңді ұйтқылы қылам десең, ең алдымен, сол бас тақытқа талас. Бастағы бақыт — тақымдағы тақыт! Оны саған бір берсе, сол ақ патша береді! Ендеше, сен райыңнан қайта алмайсың. Ол райыңнан қайтқаның тірілей масқара болғаның! Қысық көз қалмақтарды сенің жауларыңның айдап салмай отырғанын қайдан білдің! Олар сені сүйтіп райыңнан қайтқызып, қазақтың да, орыстың да алдында масқара қылғысы келіп отырмағанына көзің қайдан жетеді? Райыңнан қайтсаң, қазақ береді дегеннен күдеріңді үзіп, енді ақ патша бере ме деп жүрген есек дәмеңнен де біржола айырылғаның. Қоқан-лоқыдан ештеңе шығара алмаған аяр жау енді айлаға басар. Сенің бүгін ақ патшаның алдында бетіңді бір шіркеулі қылып алса, бақ пен тақтың жолында бастарын құрбанға шалуға бар Жәдік әулеті илікпей кекірейіп отырған патша сарайының алдында ертең өздері елпіл қағып шыға келмесін кім біліпті? Анада қыста Мәмбет мырзаның елшісі барғанда Сәмеке сүйтпеп пе еді! Елші шақырып жатыр дегенде шаңырағына қақырып отырған шалқақ бас Батыр жем жеп үйренген жетім қозыдай телмеңдеп жетіп келмеп пе еді. Ендеше, мынау Мәмбет елшінің етегінен бір ұстадың екен, айрылма! Өлсең бірге өл, тірілсең бірге тіріл! Ендеше, Доржы мен Лобжының сатқындығын әшкереле! Қазір ақ патшаның елшісін шақырып алып әлгі сүмелек әкелген хатты қолына ұстат! Не дер екен, тыңда! Сосын ақ патша саған сенбей көрсін!
Бұл үшін енді мынау жан-жағынан бірдей қаптап келе жатқан топан судан аман қалудың жалғыз жолы — орыс елшісінің етегінен тас қып ұстап алып айрылмау. Мына хабарды естісе, оның да зәресі зәр түбіне кететін шығар.
Қазақ арасында Сартайлақ атанып кеткен қаңғыбас Сергей Костюковтың жүрмейтін жері жоқ. Таңертең сиыр сәскеге дейін, кешке бесін ауа азан-қазан боп мал сауып, қозы айырып жататын ауылдың көгенінің басында сол жүреді. Қатын-қалаш қазық қағып өрмек құрса, қолына бір домалақ ұстап ап, жіп керіп сол жүреді. Кемпірлер күмп-күмп май шайқап жатса, балалармен қосылып екі алақанын кезек жалап сол отырады. Кейде томар келіні қайың келсаппен тарс-тарс ұрып тары түйісіп жатса, кейде ши шыптаға құрт жайып жатады.
— Қазақ қатындарының етегі алты қанат үйдің ішіндей айлапат келеді екен. Бір кіріп кетіп, адасып қап шыға алмай жүрме! — деп қостағы серіктері әжуалайды.
Оның біріне пысқырып қарайтын Костюков жоқ. Тәңертең төсегінен тұра қазақ аулына қарай аяңдайды. Ол күні ұстаның үйіне енді жете бергенде ауыл балаларының бір-бір тай мініп, әлдеқайда аттанып бара жатқанын көрді. Өзіне бала үйір еді. Бір-екеуі бұрылып шауып келді.
— Сартайлақ! Алақай, Сартайлақ! — деп айқайлап келеді.
Жолдарын сермеп, тау жақты нұсқағандарына түсінбесе де, біреуі атынан түсе қап, серігінің артына міңгесіп, тайының жүгенін ұстатқаннан «Бізбен бірге жүр!» — деп тұрғандарын түсінді. Ойнақшыған құла тайға ырғып мініп, шуылдасқан көп баланың соңынан салды.
Мыж-мыж қоңыр таудың бір жүлгесіне келіп кіріп еді, екі баурай тырбық бұталардан көрінбейді екен. Бұта басы мөлтектеген қарақат, бүлдірген, ит жидек, бәрі жидек. Балалар тайларын тау етегіндегі көк майсаға тастай салып, қалың бұтаның арасына сүңгіп кеткен. Әлгінде ғана бірге келген екі серігінен адасып қалған Сартайлақ біресе ана жынысқа, біресе мына жынысқа қойып-қойып кетеді. Бірақ екі серігін таба алмай қалды. Оларды соңыра тайларын тұсап кеткен жерлерінен ұшырастырармын деп ойлаған Костюков тікен-тікен бұталардың басында әбден пісіп мөлтеңдеп тұрған қап-қара, нарт қызыл жидектерге бас қойды. Мынадай айдалада тап бұлайша қаптап тәтті миуа өседі деп кім ойлаған! Көздің жауын алар көп тәтті моншақты көргенде балалығы ұстап кетті. Жұлып алып аузына сала берді, сала берді. Бір уақыттарда әлгінде ғана ауызында шие татып тұрған тәтті дәм кермек татып бара жатқанын байқап, үстіндегі кенеп бешпетін шешіп ап, бір жеңін түйіп, ішіне терген жидектерін сықап сала бастады. Әуелі бір жеңін толтырды, сосын екінші жеңін толтырды. Көз алдына тәтті десе құныға тиісетін Цапаевтың семіз әукесі елестеп кетті. Қотыр сөзден басқада шаруасы жоқ немені соңыра бір қарқ қылсын да тастасын! Енді бешпетінің етегі мен жағасын да бүре түйіп, ішін жидекке толтыра бастады.
Шырқау көкке шығып алған күн маңдайын қыздырып, көзіне күлкі үйірді. Қалың бұтаның арасындағы кішкене алаңқайға шалқасынан түсіп жата кетті. Құлағында әлдеқайда бұтаның басына қонып ап, дамылсыз сайрап отырған әлдебір құстардың үндері, қалың жынысты жара сүңгіп жидек теріп жүрген балалардың сыбдыры. Қандай рақат! Баяғыда бала кезінде дәл осы уақытта жидек теретін қалың орманның қақ ортасында жатқандай. Дүниеде аспан біреу, жер біреу, күн біреу. Олардың ортасындағы тіршілік те ортақ. Жидек қайда да дәл осылай өседі. Оның дәмі қайда да осындай. Оны балалар қайда да осылай құныға тереді. Жидек терген балалар қайда да осылай есі қалмай қуанады. Әйтеуір, бұған салсаң мынау жапан түздегі жарық өкше жалбатымақтардың өз еліндегі жалаң ерін, жыртық шарықтылардан ешқандай айырмасы жоқ сияқты. Бұлар да дәл солардай аңғал! Бұлар да дәл солардай секемшіл! Жаман ойың жоқтығына көздері жетсе болды, бұлар да дәл солардай ішек-қарынын жайып салады. Ал, Цапаевқа айтқызсаң, бұлар шетінен сұм, шетінен суайт, шетінен сені алдап арам қатқызып кеткісі келеді де тұрады. Екеуі жатып алып дауласады. Бұл кінәнің бәрін оның өзіне, өзінің секемшілдігіне жабады. Ол бұған: «Сен әлі бозауыз баласың, ештеңе білмейсің», — дейді. Бұған салса, оның өзі ештеңе білмейтін сияқты. Ол бірдеңе білсе, мына жидек теріп жүрген балаларға қарасыншы. Мұғаджардың бауырында жидек теріп жүрген мына қара сирақтардың Орал тауының баурайында жидек теріп жүрген сары сирақтардан несі өзге? Олардың да еріні тілік-тілік. Олардың да шашы жалбыр-жалбыр. Олардың да тұмсығының асты сауыс-сауыс...
Қиялшыл Костюков қайдағы-жайдағыны ойлап жатып көзі ілініп кетіпті. Кенет дүние тым-тырыс тына қалғандай болды. Басын жұлып алды. Күн еңкейген. Көлеңке ұзарған. Баурай жым-жырт. Манағы сытыр-сытыр сыбдыр түгел өшкен. Алақтап жан-жағына қарады. Ештеңе көрінбейді. Орнынан тұрды. Қалай қарай жүрерін білмеді. Әрлі-берлі жыныс кешіп көріп еді, ештеңе таба алмады. Көңіліне бір қорқыныш кірді. «Адасып кеткенім бе?» — деп ойлады. Тұра қалып жоғарыға көз салды. Жатаған мыжық шоқыларға қарап, еңіске қарай салды. Сүйтіп сай табанына шықты. Сай табанындағы көктемде жүрген судың жырып кеткен ізіне қарап, ағыс бағытын аңғарды. Біраздан кейін шықыр-шықыр тас азайып бір көгал тепсеңнің үстінен келіп шықты. Тепсеңде, о жер, бұ жерде жас тезек жатыр. Мана тайларын тұсап кеткен жері. Балалар, шамасы, ауылдарына қайтып кетсе керек. Улап-шулап жүріп бұны ұмытып кеткен ғой.
Күншығысқа қарай салып келеді. Көп ұзамай өзен кезігетін сияқты еді. Мана таңертең әр жер, әр жеріне ойдым-ойдым қара су жиылып қалған ырсиған аңғар сайдан өткен-ді.
Сай табанына түскенде тұла бойы түршігіп кетті. Жан-жақ жым-жырт. Ең болмаса, суға жабылып жатқан мал көрінбейді. Түздің әлдебір күңірсіген қышқыл шөбінің исі мұрнын жарып барады. Кенет бірдеңе сытыр ете қалды. Селк ете түсті. Жалт қараса — анадай жердегі ойдым қара суға аяғын малып біреу отыр. Бұнымен ешқандай шаруасы жоқ. Бар назары суда. Еңкейіп үңіліп алған. Бұл аяғын еппен басып жақындай түсті. Әлгі адам селт еткен жоқ. Бұл оның ту сыртына барып тоқтай қалды. Мынау бейтаныс адам неге қарап отыр екен деп суға үңілді. Бір шиедей еріні үлбіреген ақша жүз, нәркес көз қыз жәудірей қарап тұр екен. Су бетіне түскен бұның суретін көріп жалт бұрылды. Баяғы — зергер Зердебайдың үйінде көрген сұлуы. Содан бері көзіне түспей кеткен. Орнынан атып тұрды. Сосын иығындағы орамалын қолына ұстай-мұстай қаша жөнелмек болды да, бұны көріп тоқтап қалды. Әлгінде ғана ақ шүберектей боп қуарып кеткен жүзіне қайтадан қан жүгірді. Әлгінде ғана шарасынан шығып кете жаздаған отты жанары орнына түсті. Сосын бұның тұла бойына, тікен қонақтап қалған үсті-басына қарап бір жымиып қойды. Онысынан қайта үркіп, дереу орамалын басына байлап, анадай жердегі серейген ала қапшығына жүгірді. Бұл бұрын жетіп, қапшықтан ұстай алды. Іші қаудыр-қаудыр етеді. Бұл оны да өзі құсап, балалармен бірге жидек теріп жүріп қалып қойған ғой деп еді. Сөйтсе, тезек теріп жүр екен. Бұл қапшықты иығына сала беріп еді, қыз жүгіріп кеп қолынан жұлып алды. Сүйтті де апыл-ғұпыл жардың басына өрмелей жөнелді. Аңырып біраз тұрып қалған Костюков сай бойынан шыққанда анадай жердегі ауылға қарай жүгіре басып бара жатқан қызды көрді. Ала қапшықтың тасасында судағы балықтай сылаң қағып бара жатқан сұлу дене көзіне оттай басылды. «Неткен сұлу! Неткен үркек!» — деп ойлады.
Кенет ат пысқырды. Анадай жерде жалы тізесіне түскен қара атты біреу ауылға қарай емпеңдей басып бара жатқан қызға бір қарап, аңырып тұрған бұған бір қарап, басын шайқап сай бойына түсіп кетті.
Әбілқайырдың хабарын естігенде Тевкелев орнынан ыршып түсті. Батыр сұлтанның қолтығына баяғыдан бері кімнің су бүркіп келе жатқаны енді белгілі болды. Гарбердің керуенінің қашан шығатынын хабарлаған да басқа ешкім емес, тап сол екеуі Доржы мен Лобжы. Әкелі-балалы екі қорқау Шерін Дөндікте кеткен еселерін қазақты орысқа айдап салып қайтармақ. Ол суайттардың сөзінде тырнақтай қисын болсайшы, сірә! Ресейдің әскери дайындықтан өткен жиырма мың солдатына ол екі қарақшының қара таяқтары түгілі күллі қалмақ жұрты, қалмақ түгілі мынау ұшарын сай, қонарын жел білетін барша көшпенділерің төтеп бере алар ма! Құдайдың жоғына сенетін ашық ауыз аңғал жұртты оп-оңай алдай салғылары келген ғой. Мынау ханның да, көрмейсің бе, көзі төрт бұрыштанып кетіпті. Әншейінде әлдекім желкесінен тартып тұрғандай кекшиіп көкке қарайтын неме бүгін кірпігімен жер шұқып, тұқшиып кетті. Ішінен әлгі көбік ауыз көкімелердің айтқанына сеніп қалған түрі байқалады. Бұлардың басынан бұндай есірік ойды осы қазір қуып шыққаны жөн. Әйтпесе, бұндай қаңқудың арты насырға шауып кетуі әбден мүмкін.
Мамық төсекте үрген доптай тырысып, томпиып отырған елші, қапелімде, не дерін білмей, қолындағы хатты отқа лақтырып жібере жаздады. Бірақ ертең патшаға апарып көрсетуі қажет екені ойына түсіп, ханға қайтармай, жалма-жан қойынына тықты. Сосын ауызына сөз түспей, екі тізесін сарт-сарт қойып қалды.
— Россия жер қозғалса қозғалмас алтын діңгек болғанда, қалмақ дегенің үп десең ұшып кетер қаңбақ емес пе! Оны ормандай орыс түгілі Жайық казактары мен башқұрттың өзі-ақ оп-оңай төмпештеп тастамай ма! Мұндай суайттардың соңынан халық қайдан ерсін! Сондықтан да торғауыттар олардың айтқанын тыңдамай Шерін Дөндіктің жағына шығып кеткен ғой! Өз жұртын дегендеріне көндіре алмаған соң, енді сендердің құлақтарыңды тоздырмақшы. Біреудің қолымен от көсемек! Анада Гарбердің керуенін тонатты. Енді сендерді патшаға қарсы айдап салмақ. Патша оларды бүйтіп талтаңдатып қоймас. Ертең-ақ көкелеріне көрістірер. Ол ант аттаған арамзаларды патша неге қолдасын, ал анау антқа адал Шерін Дөндіктердің бетіне тірі шыбын қондырар ма! Мына хатты әкеліп бергендеріңе көп-көп рақмет!
Елшінің бүйтіп күйіп-піскені ханға қатты әсер етті. Егер ол бұлай тызалақтамай, сабыр сақтап сөйлегенде, әлгі сөздерінің бәрі әншейін көз арбау, көңіл алдарқату болып көрінер еді. Оның мынау өз шашын өзі талдап жұлардай болып, отырған жерінен ыршып-ыршып түскені, аузына, қапелімде, сөз түсе қоймай, біреу қылғындырып жатқандай, ықылық атып тұтыққаны, шырылдақ даусының шаңқылдап қатты шыққаны ашуына шындап мініп отырғанына, жапан даладағы жалғыз елшісінің өз жалына қол апартпай осынша тұлданғанда азу тісі балғадай патшаның кім көрінгенді басынан секіртіп қоя алмайтынына, әлгі әңгүдік тайшыларды түйе тарпыған бақадай бір-ақ тылпитып түсеріне, осындай айбынды билеушіге қарсы шығып жүрген Доржы мен Лобжының, расында да, әумесер немелер екеніне көзін әбден жеткізе түскендей болды.
— Елші мырза, біз олардың бұл былшылына сенген жоқпыз. Сенсек, бүйтіп жазған хатын өз қолыңызға әкеліп бермейміз ғой, — деді Әбілқайыр. Тевкелевтің сонда да иегі-иегіне тиер емес.
— Жоқ, ол бөспебайларды көкесіне көрістіру керек. Әлгі екі сөлімбай елшіні ат көтіне өңгеріп, осы бойда Уфа воеводасына айдатып жіберу керек.
Шатынаған суық жанары Әбілқайырдың көкірегін қарып өткендей болды. Сырбаз хан, қапелімде, не деп жауап берерін білмей мүдіріп қалды. Елші тап бүйтіп қатты кетеді деп ойлаған жоқ еді. Қалмақ хабаршыларын қол-аяғын буып воеводаға айдатып жіберсе, онсыз да сырт айналып тұрған халықтың не істеп, не қоярын кім білген?..
— Мәмбет мырза, — деді Әбілқайыр жайбарақат тіл қатып. Мына хаттың ар жағында қандай пиғыл жатқанын қайдан білеміз? Бәлкім, оларға біздің бүйтіп қатты кеткеніміз, хат әкелген елшілерге қол көтергеніміз керегіп отырған шығар, соны сылтауратып тағы бір бұзықтықты бастап кетсе қайтеміз? Мынандай алмағайып кезде абайламай іс қылғанымыз келіспес.
Арғы көмейлерін әбден білгенше сөз бұйдаға салып, елшілерді қайтармай тұра тұрайық. Ал егер қоңсы жатқан қалмақ ұлысының одақтас бол деп келген елшілерінің қолын артына байлап, айдатып жіберер болсақ, қарсы топ түгілі біздің жағымызда жүрген ру басыларының өзінің көңілдерін суытып алуымыз мүмкін ғой. Мына хатты патшаның қолына апарып тапсырсаңыз, жазаларын өзі-ақ тартқызбай ма? Мен сіздің етегіңізден бір ұстадым, енді өлсем де, өзіңізбен бірге өлемін. Менен көңіліңізге секем алмай-ақ қойыңыз. Мені патшаға берген антымнан ешқандай қыз, ешқандай пара, ешқандай әзәзіл айныта алмайды. Құр босқа ант-су іше беріп қайтемін. Ертең, Құдай дегенге жеткізіп, еліңізге қайтар болсаңыз, балам Ералыны қасыңызға аманат қып ертіп жіберем.
Манадан бері төсегінің астынан тікен өскендей қиқаңдап отыра алмай отырған елші мына сөзді естігенде шатынаған көзіне нұр ойнап, көгіс тартып кеткен дөңгелек жүзіне шырай теуіп, орнынан атып тұрды. Жүгіріп кеп Әбілқайырдың иығына қолын салып:
— Көп-көп рақмет! Міне, дұрыс! — деді.
Әбілқайыр елшінің қосынан әлденеге ауырлап шықты.
Ақ ордалардағы күбір-сыбырлардан бейхабар жұрт үйреншікті тіршіліктерінде еді. Мамыр орталап, бұта басы малдың балақ жүніне толып, қыста жанға сая болған жабағы түктің дене ауырлатар артық азапқа айнала бастаған шағы-тұғын. Қай-қай ауылдың да ту сыртында қой қосақталып, шақыр-шұқыр қырықтық қайралып, екі білектерін түріп, бастарын орамалмен буып алған алпамса еркектер жаңа көктемнің көк майсасына тойынып бүйірлері бұлтиып қалған жануарлардың төрт аяғын мықтап буып, көтеріп ұрып, кеудесіне албастыдай қона-қона кетіскен-ді.
Қырықтықшыларын маңына жолатпаған тек хан ауылы ғана. Ірге шуаш сасып кетеді деп, малдарын елсіз түзге иіріп, сонда қырықты. Қырықтық басына иірілген жұрт кешқұрым аттарына мініп, ауылдарына қайтады да, тау-тау боп үйілген жүннің қасындағы қоңыр үйде Итжемес пен орыс қызы Мәриям ғана қалады. «Құдайдың бергені ғой!» — деп қояды Итжемес, қырықтықшылар жал-жалдың тасасына сіңіп, қараларын батырып, тағы да екеуден-екеу оңаша қалғанда. Оның мына сөзін естігенде Мәриям да ыржың етіп бір күліп қояды.
Итжемеске құдайдың бергеніне, міне, екі айдың жүзі болып барады. Құрбан айттың қызып жатқан шағы еді. Қас қарая ауыл шетіндегі ас үйде ақ үйден келген табақтардың бірінің сарқытын біріне қосып, білекті сыбанып тастап, малшынды етке тиісіп берген кезінде есіктен қызыл танау боп кіріп келіп:
— Сені Бәйбек төлеңгіт шақыртып жатыр дегені.
Әлі еңсеріле қоймаған сары тегешті қия алмай жалт-жалт қарап, табалдырықтан зорға аттады. Алдындағы ұзынтұраға томпаңдап еріп келеді. Ол бір үйге келіп сүңгіп кетті. Әлгі үйге соңынан Итжемес те бас сұқты. Қақ төрде қайқы мұрты тікірейіп Бәйбек отыр. Көзі шатынап кеткен.
— Әй, сүмелек, — дейді бұған амандық жоқ, саулық жоқ зеки тіл қатып.
Итжемес созалаңдап оң жаққа өтті.
— Қазір мынау үй сыртында тұрған шолақ тұғырға мінесің де, қасындағы шегерулі жатқан қара атанды жетектейсің. Сосын мынау ұзынтұраның соңынан ересің. Ар жағын бұл өзі айтады. Бірақ, қара атанның үстіндегі кісінің қасына жарты қарыс жақындаушы болма. Өйтпейді екенсің анау солаң басың кертік танауы таңқиып күл басына бір-ақ лақтырылады, — деді.
Орақ мұрын, қайқы мұрт, қара кісінің ала көзі ызғарлана жылт етті.
Сырттағы шолақ тұғырға өзі бастап апарды. Колтығынан демеп, көтеріп мінгізгелі жатқан кісідей қолын сумаң еткізіп, оң жақ аш бүйірінен үзіп шымшып алды.
— Әлгі айтқанды ұмытқан жоқсың ғой?
— Иә, — деді Итжемес міңгірлеп.
Содан бұлар қара түнді жамылып әлдеқайда тартып келеді. Алдындағы ерең-серең қара көлеңке - мана мұны ас үйден ертіп әкеткен ұзынтұра. Соңында салп-салп желіп, қара атан келеді. Қара атанның үстінде қаққан қазықтай боп үн-түнсіз біреу келеді. Итжемес оған тіл қатпақ түгілі бұрылып қарауға қорқады. Төңірегінің бәрі түнек, бәрі жұмбақ.
Олар таң атқанша жүреді. Таң құлақтана бір қазан шұқыр қара түлейге кірді. Құмақ бауырдан емпеңдей құлаған екі атты бір түйелі жүзген мен сексеуіл өскен ну жынысқа кеуделеп кіре бастады. Бұлар ілгерілеген сайын арбиған-арбиған сойдауыл бұталар жиілей түсті.
Ну жыныстың шудадай ұйысқан қалың тұсына келгенде оймақтай алаңқай жолықты. Алаңқайдың қақ ортасында шөккен түйедей боп бірдеңе бұлтияды. Ұзынтұра соның қасына барып атынан түсті. Бұл да соның қасына жеткесін атынан түсті. Ұзынтұра қара атанның бұйдасын қолынан жұлып алып, анадай жерге апарып шөгерді. Үстіне әлем-жәлем бірдеңе киген бейтаныс адам анандай жерге барып состиып тұрып алды. Ұзынтұра жүгіріп барып, түйенің теңін шеше бастады. Аузын тырситып буған екі ала қанар дүрс етіп жерге түсті.
— Неғып тұрсың, көмектессейші! — дейді ұзын тұра айқайлап. Бұл қасына барып, ала қанардың бір жақ басынан ұстады. Екеуі ырсылдап-күрсілдеп ала қанарды әлдеқайда ала жөнелді. Әлгі шөккен түйедей бұлтиып жатқан жертөле үй боп шықты. Төбесінен әлдене өлеусірейді. Ол қарын тұтқан жарық түсер жаңғыз саңлау. Оң жақта опырайып қазандық тұр. Айқұш-ұйқыш сексеуіл бұталарын салып, арасын шағырмен жапқан жермен-жексен төбеге ыс тұрған ба, өрмекші ұя салған ба сүмелектеніп қапты.
Ұзынтұра қолындағы қанарды сылқ еткізіп оң жақ босағаға қоя салды. Екеуі жермен-жексен есіктен еңкейіп зорға шықты. Жатқан түйенің екінші қапталындағы ала қанарды ыңқылдай көтеріп тағы да жер үйге беттеді. Оны да сылқ еткізіп бір босағаға қоя салысты. Содан екеуі үсті-бастарын қағып қайтадан жарыққа шықты. Әлгі бір әлем-жәлем бейтаныс адам сол орынында состиып әлі тұр. Ұзынтұра шөгерулі жатқан қара атанды орнынан тұрғызды. Оның бұйдасын, бұл мініп келген шәлтік тұғырдың шылбырын қосақтай ұстап, барып атына мінді. Бұнымен сол ат үстінде тұрып сөйлесті.
— Бұл арадан ешқайда аттап шығушы болмаңдар. Қашан өзім қайтып келгенше тырп етпеңдер. Анау туралы манағы төлеңгіттің не айтқанын өзің естідің ғой. Ал, сау тұрыңдар.
Едірейген қара атан бір мыңқ етіп керенау басып екі аттың соңынан ерді. Үш қарайған ну жыныстың арасына батып жоғалды. Аңтарыла қараған екі адам сілейіп әлі тұр. «Иә, құдай бергеніңе шүкір!» — деді Итжемес жағы жыртыла бір есінеп алып. Сол-ақ екен қарын тұсынан әлдене шұрқ ете қалды.
Есіне кешегі тауыса алмай кеткен сары тегеші түсті. Әлгі ала қанардың ішінде не бар екен? Итжемес еңкейіп, аяғының астында шашылып жатқан қу бұтақтарды жиыстыра бастады.
Бір құшақ отынды опырайған қазандықтың қасына тастай салып, екі қанарға бас қойды. Аузын бүріп байлаған шуда жіпті тісімен үзіп еді, ар жағынан салаң етіп бір көк ала шүберек шықты. Ішінде ораған ештеңесі жоқ па екен деп жазып қараса — ауы салаңдаған әйелдің тіз киімі. Итжемес ол қанарды бір теуіп, екінші қанарға бас салды. Әлдене қаудыр ете қалды. Сөйтсе, қатырлаған жарғақ шалбар. Тозған түйе жүн шекпен. Ұлтарған көн етік. Итжемес аңтарылып тұрып қалды. Әлгі бас төлеңгіт бұларды тері-терсек талмайтын көртышқандар ғой деп ойлады ма екен. Сол-ақ екен әбден зығырданы қайнап кетіп, етіктің басымен бір періп еді, зіп-зілдей бірдеңеге тиіп, башпайын ауыртып алғаны. Қоқыр-соқыр ыбырсып жатқан қос қанарға қайтадан бас қойды. Әйелдің қоқыр-соқыр шүберектерінің астынан екі үйіткен қой шықты. Еркектердің қоқыр-соқырының астынан бір дорба арпа мен бір дорба тары шықты. Итжемес мұртынан күлді.
Тұмсығының астынан әлденелерді айтып, ыңылдап ну жыныстың арасына сүңги түсті. Қалың сексеуілдің арасында жасырулы жатқан көн қауға мен тас астауға тап болды. Өңшең қу сексеуілдің тасасына тығып тастаған бұл не қылған қауға мен астау екеніне жақын тұрған жүзгеннің бұтағынан шірене тартып, қанша ұзақ отырып ойланса да, түсіне алмады. Қабат-қабат киімнің барлық бау-шуын байлап жатып та, көн қауға мен тас астаудан көзін айырған жоқ. Сосын асықпай аяңдап басып, көн қауға мен тас астау жасырулы жатқан көп томардың қасына келді. Әуелі аяғымен түртіп көрді. Қауға да, астау да бүтін. Желкесін бір қасып, жертөлеге қарай бұрылып кетіп бара жатып, қайтып келді. Қауғаны қолына алды. Қаудырлап қатып қалған көн тулақты қолтығына қыстырып, енді аяңдай беріп еді, әлдене аяғынан қағып қалып мұрттай ұшты. Сөйтсе жер астынан соқиып бір таяқтың ұшы шығып тұр екен. Бұл не қылған таяқ деп үңіліп еді, әлгі жерді біреу қолдан топырақ үйіп көмген сияқты. Итжемес қуанып кетті. «Мына жерде көмбе болды ғой. Мынандай ұры-қары жүруге лайық қалың жықпылдың арасында талай қазына тығулы жатқан шығар-ау», — деп ойлады. Әлгі соқиып шығып тұрған таяқтан ұстап тартып еді, қалың жыныстың арасындағы бұлтиған қызыл төмпек жыбырлап қозғалайын деді. Опырылып ойылып барады.
Итжемес мойыны салбырап жер қазбаға беттеді. Келсе — сыз жер қазбаның іші бұрынғысынша қоқырсып жатыр. Бақыр қазанның іші сол баяғысынша ит жалап кеткендей жылтырап тұр. Итжеместің көңіліндегі әлгі бір жұмбақ тоқтық басылып, қайтадан қарыны ашып қоя бергендей болды. Жем тілеп тұр. Сәл бос қалса, қыңсылап бітетін құрымағырдың ындынын басу үшін мына қазанды ана қазандыққа орнату керек. Сосын одан әлгі үйткен қойдың еті мен не арпа, не тары салуы керек, оған су керек...
Сол-ақ екен Итжеместің көзі қайтадан жайнап қоя берді. Әлгі құдықты тауып алғаны қандай жақсы болған! Қаудырлақ қауғаны иығына асып ап кері жүгірді. Ол күні бір тыным таппады.
Оттың жарығымен сығыраңдап отырып, манағы бірге қалған бейтаныс адам екеуі тамақ ішті. Мыжық табаққа құйылған қоймалжың бірдеңені екі кетік қасықпен малшыласып бақты. Қасындағы бөтен кісіден қымсынған Итжемес көзін табақтағы ботқадан көтермеді. Ауызы босаса әңгімелесуге тура келеді деп қорыққандай, ысылдап-пысылдап ыссы тамақты тыққыштап бақты.
Тамақтан соң Итжемес ас қайтарғанның ырымын жасады. Серігі қолын жайған жоқ.
Белін босатқысы кеп сыртқа шыққан Итжемес үйге қайтып кіре алмай күйбеңдеп көп жүрді. Қара түлейдің іші тастай қараңғы. Ана жерден де, мына жерден де шабынған бурадай әлденелер қарауытады. Қап-қара аспан да қара жабағыдай ұйысып қалыпты. Мынау елсіз түлейде оны не күтіп тұр? Мына бір бейтаныс кісі екеуін мұнда әкеліп тастауларының себебі не? Қасындағы неғылған адам? Түсінсе не дейсің? Бірақ, соны кеше бас төлеңгіттен, мана ұзынтұрадан батылы барып сұрай да алмапты. Енді, міне, жан-жағынан анталаған қорқау сауалдардың ындынын бітейтіндей қомақты жауап таба алмай дал болып тұрғаны. Қиналғанда не, қиналмағанда не... Құдайдың салғанын көреді де... Осы кезге дейін талай қысталаңнан құтқарып келген Құдай бұл жолы да қол ұшын бермес дейсің бе... Бір күрсініп, ішке кірді. Қазандықтың ішіндегі от қып-қызыл қоламтаға айналыпты. Жертөленің іші бұлыңғыр. Серігі төсек салып жатып қалса керек, төр жақ бұлаңытады. Ғұмыры босағадан жоғары озып көрмеген Итжемес, жер төленің ішінде орын жеткілікті болса да, есіктің қыр көзіне төсегін салып, шидемін жамылып, ішінен: — «Иә, Құдай, өзің жар бола көр!» — деп күбірлей-күбірлей көзін жұмды.
Жамбасы қатты ұйып қалған екен. Астына сыз өтті ме, сыртқа шыққысы келіп кетті. Таң әлдеқашан атыпты. Түнде шабынған бурадай ентелей төніп тұрған айғыр бұталар қазір бұға-бұға қалған. Қорқынышты қап-қара реңінен айырылып, тосапқа түсіп шыққандай, күп-күлгін тартып бозарып кетіпті. Тығырық түлейдің бір жақ кенерінен сексеуіл бұталарының біреуіне ілініп қалған қызыл шарқат орамалдай боп бірдеңе күреңітеді. Шығып келе жатқан күн екен. Кеше мынау ернектің қай тұсынан кеп құлағанын есіне түсіргісі келіп еді. Айыра алмады. Демек хан ауылының қай тұста екені белгісіз. Өздерінің қайда екенін өздері білмейді.
Итжеместің ұйқысы шайдай ашылды. Денесін суық қармап, дір-дір сілкініп алды. Жертөлеге қайтып келе жатқанда қасындағы серігі жадына түсті. Сонда ол кім болғаны? Төр жаққа барып жатқанына қарағанда бұдан гөрі бағы зорырақ, дәрежесі үлкенірек біреу. Мына жалғанда бұдан дәрежесі төмен жан болуы мүмкін бе? Сондықтан да ол кешегі күні бойы тырбыңдап құдық аршыды. Кеш бойы тұқшаңдап от жағып, тамақ пісірді.
Бірақ, ол адам кім? Оның қасына бұны неге қосты? Ас-суын әзірлеп, қызметін қылсын деген шығар. Ендеше, тап сондай қадірлі кісі мынандай елсіз түзге аластап әкеліп тастайтындай неден жазды екен! Оны жазалап, жазғырып отырған кісі кім? Сонда бұл оның сақшысы ма, қызметшісі ме? Әлде ол бұның сақшысы ма! Итжемес жертөлеге қайтып кіруге айбынып тұр. Ту сырты тызылдап барады. Бірақ, Құдайдың салғанын көреді де...
— Иә, біссімілдә! — деп есіктен аттады.
Төрдегі төсек әлі жиылмапты. Сауыс-сауыс көк көрпенің арасынан әлдене ағараңдайды. Жаңа қатқан сары ірімшіктей әлдене дір-дір етеді. О тоба! Мынау әйел ғой! Анау жастықтың үстінде салбырап жатқан сары үйек жылан емес, бұрым ғой! О тоба!
Итжемес төр жаққа көзін сатып қарап тұрғанымды біреу-міреу көріп қалды ма дегендей, ізінше кері қайтып, сыртқа шықты. Төңірекке тағы да көз тастады. Құдықтың басына барды. Күйбеңдеп жүрді де қойды. Сәске тұсында жертөлеге беттеп еді, мыжық мұржадан будақтап шығып жатқан түтінді көрді.
Содан екеуі әлгі түлейдің ішінде бір айдан астам уақыт тұрды. Әуелі бұл оның әйел екенінен қымсынып, бір аптадай тіл қатыспай қойды. Сосын оның ханша үйінде жүретін орыс қызы екенін біліп, қазақшаға түсінбейді ғой деп бір аптадай сөйлеспей жүрді. Бір күні қанша аунақшыса да, ұйқысы келмей қойғаны. Қозғалатын сияқты, уһілейтін сияқты. Енді аңғарды, тыпыршып жатқан қыз екен. Сол-ақ екен, бұның көкірегіне бір сұр көжек кіріп кеткендей жүрек тұсы лүпілдей ала жөнелді. «Апырай, менде де ес жоқ екен, — деп ойлады. — Сендей көн тұлағы бұтына қатқан жаман жалшыны ол қайтсін! Найсаптың көк демесең, көзі қандай жайнап тұр! Салып ұрып қасына жетіп барса, не болар еді? Әй, бірақ, сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деген бар емес пе!? Жанынан пышақ суырып алып, қарнап алса, текелік құрам деп жүріп, текке көмусіз қалар... Одан да осы басының амандығына, қарнының тоқтығына тәубе деп тыныш жүргені тәуір шығар!»
Соны ойлап еді, көзіне ұйқы үйірілгені. Бір есінеп ап, теріс аунап, қор ете түсті. Бірақ, ертесіне де көпке дейін ұйықтай алмай шықты. Төрдегі қыздың аунақшып жатқанын құлағы шалды. Енді күндіз тамақ пісіріп отырған бойжеткеннің бетіне жалтақ-жалтақ қарайтын-ды көбейтті. Бір күні төңіректен томар жинап келсе — ол кір жуып отыр. Омырауы түгел ашылып, бүлкіл салып билеп тұрған екі алмасынан Итжемес, қапелімде, көз айыра алмай қалғаны. Кенет қыз жалп-жалп еткен маңдай шашын жинап жатып:
— Жарымағыр, сонша неге бажырая қалдың? — дегені.
Итжеместің екі көзі атыздай боп тас төбесіне шықты. Мына қыз қазақшаға судай ғой! Қуанғаннан ыржың етіп күліп жіберді.
Сол күні кешке Итжемес қанша зорланса да, ұйықтай алмады. Көкірек тұсы толып, демі бітіп барады. Ойына нелер түсіп, нелер кетпеді. Біресе, сары сайтан қыз алмас кездік суырып ап кезеніп жүреді. Біресе, бас төлеңгіт сегіз өрме қамшысын сумаңдатып ауыл айналдырып сабап жүреді. Біресе басы дағарадай молла сәлдесі селкілдеп, теріс бата беріп, қарғап жатады. Қараңғы үйдің ішінде көз алдынан ию-қию өтіп жатқан сол елестердің өңі екенін, түсі екенін айыра алмай басы қатып барады. Одан әрі шыдап жата алмады. Басын оқ жыландай бір көтеріп, бір бұғып, әрі-бері сергелдеңге түсті. Сосын: «Не де болса, Құдайдың салғанын көреміз де!» — деп төрдегі төсекке қарай жылжыды. Теріс қарап жатқан қыздың жұп-жұмыр сауыры имиген Итжеместің іші-бауырына кіріп кетті. Омырауын оттай жандырып барады. Қу қыз өп-өтірік ұйықтағансып, ештеңе білмегенсиді. Итжемес бұдан әрі кідірсе, біржола балқып кетердей, жалма-жан теріс қарап жатқан қыздың иығына қолын салды. Өзіне қарай тартып, бауырына қысты. Сол-ақ екен тым-тырыс жатқан қыз:
— Мына жарымағыр қайтеді-ай! — деп иығын жұлып алды. Бірақ шалқасынан аударылып түсті.
Ертеңіне Итжемес сиыр сәскеде барып бір-ақ оянды. Ірге жағында ешкім жоқ. Босағадағы бұның төсегі жетім тоқтыдай бұлтиып бос жатыр.
— А, Құдай, бергеніңе шүкір! — деп қояды.
Содан бұлардың дәм-тұзы жарасты. Хан отырған үй мен ханша отырған үйден алты көш алыс жүретін Итжемес осы бір жайын ауыз, жалақ ерін, жайнақ көз қызды бұрын да көзі шалып қалатын. Ол ылғи ханшалардың үйінің маңынан шықпайтын. Оның тұтқынға түскен орыс қызы екенін де естуі бар-ды.
Бірақ, орыс қазақ тілін біледі деп кім ойлаған. Жалғыз Итжемес қана емес, осы даладағы шұбырып жүрген қаймана қазақтың қайсысын шақырып алып сұрасаң да, орыс қазақтың тілін білуі, қазақ орыстың тілін білуі мүмкін деп ойламады, қайсысының да айтатыны: «Қазақтың тілін ноғай біледі, ноғайдың тілін орыс біледі». Соған қарап, Итжемес мына қыз да ноғай емес пе екен деп қалып еді. Сөйтсе, орыс қызы екен. Қайдан шыққанын, қайдан келгенін өзі де білмейді. Әйтеуір, бұл тумай тұрғанда әке-шешесін барымташылар тұтқындап әкетіпті. Әкесін бір жылдай ұстап, бір жақтан келген саудагерлерге сатып жіберіпті. Екіқабат шешесін хан ауылына сауғаға апарып беріпті. Ол босанып, қыз туыпты. Атын қазақтар Мәриям қойыпты. Шешесі Мария дейтін. Марқұм тұтқында жүріп тапты ма, жоқ әуелден солай ма, көкірегі сырылдап жүретін дімкәс кісі еді. Қызымның аяғына мініп, оң мен солын танығанын көремін, елінің қай жақта екенін сілтеп беріп өлемін деп жанталасып біраз жүрді. Ол Мәриядай емес аршыл екен. Ауыл маңынан шашы сары, көзі көк жолаушылар өтсе, барып жолығып қалам деп, шыж көбелек болады екен. Бірақ, аждаһадай ысқырынған атақты ауыл қайдағы бір күңнің дегенін жасатып қоя ма! Бейсауат жолаушылар көрінсе болды, оңаша күркеге қамап тастайды екен. Бейшара өле-өлгенше арпалысып өтіпті. Анасынан сегіз жасарында қалған Мәриям оның тірісінде үйренген бірен-саран орысшасын түгел ұмытқан. Енді, міне, одан бері де тоғыз жыл өтті. Есінде ештеңе қалмапты. Содан ба, жоқ жасынан орыс көрмегендіктен бе, сары шашты біреу көрінсе болды, хан орданың көп күңі отыратын қоңыр үйге өзі зып береді. Ешқайсысының көзіне түскісі келмейді. Анада айт күні абайсызда еңгезердей сары кісі үстіне кіріп келгенде көзі тас төбесіне шыққан. Іле-шала Бәйбек көрінгенде-ақ мұның арты тегін қалмайтынын іші біле қойған. Хан: «Орыстың елшілері көріп қалса, біздің бойжеткен қызымызды тұтқындап отырсың деп шатақ шығарар. Пәлесінен аулақ. Көзін жоғалта тұрайық», — деген шығар. Енді, міне, хан ордасының төңірегі сыртынан ішек-сілелері қатып жүретін осы бір күлкілі адам екеуі мына ну жықпылдың арасынан кеп бір-ақ шықты. Бұрын қыз мына жалшыға жұрттың бәрі тікенектей жабыса қалатынын көріп, сыртынан аяп жүруші еді. Оны да өзі секілді басқа бір жұрттан келген тұтқын шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, қазақ көрінеді.
Шынында да, өзі күлсе күлерліктей. Екі апта бойы қасындағы мұны көрмей, айдалада жалғыз қалған адамдай меңірейді де жүрді. Күнде бұл жатып қалғасын келіп, қараңғыда төсегін салып, босағаға барып жатып алады. Таңертең бұл оянбай тұрып, киініп шығып кетеді. Жалбатымақты жалшыдан да бұндай әдептілік шығады деп кім ойлаған! Бопай бәйбіше күңдеріне қатал-тұғын. Қазан-ошақ басында жырқылдап жүргеніңді көрсе, шашыңды жұлып қолыңа беретін. Сондықтан да, қарайған көп құл мен көп күң бір-біріне жуымай, алыстан ығысып, аяғының ұшынан басып, құр сүлдер көлеңкедей жымып бағатын. Оның үстіне, бұл күні кешеге дейін бала еді. Мұның омырауының тырсиып тола бастағанын алғаш байқаған Бәйбек төлеңгіт. Қос қабағы бүркіттің қанатындай жалбырап, көзінің қызыл тамыры шатынай қанталап, түксиіп жүретін осы бір орақ тұмсық айбатты адамнан хан орданың қызметшілері қаралай сескенетін.
Мәриям бір күні сай бойында тезек теріп жүргенде сол Бәйбектің сап етіп үстінен түскені. Сұмырай төлеңгіт атынан қарғып түсіп, қызды тезек-мезегімен көтеріп алып, анадай жерде өсіп тұрған қараған бұтасының көлеңкесіне қарай ала жөнелді. Көп ұзамай жал-құйрығы сүзілген еңгезердей қара атты сай бойынан ыңылдап әндетіп шығып кетті.
Қалқиған қараған бұтасының көлеңкесінде өне бойы аласа болып, бүлдіршін қыз қалды. Не болып, не қойғанына түсінбегендей жан-жағына есеңгірей қарады. Дорбасын алайын деп еңкейе беріп еді, әлгінде ғана қауқиып тұрған ала қапшық жермен-жексен жанышталып қалыпты. Қыз манадан бері тұқшыңдап тезек терген есіл еңбегінің зая кеткеніне өкінді ме, әлде басынан қандай сұмдық өткеніне енді түсініп, өзін-өзі аяды ма, бүк түсіп отыра кетті. Солқылдап ұзақ жылады. Одан бері де бір жыл өткен-ді. Бәйбектің мүңкіген әжептарқы ашқылтым исі жадында қапты. Сол есіне түскенде бір түрлі құсқысы келетін. Сол бір иіс енді, міне, мынау жертөленің ішіне біржола орнап алған. Түн баласы тұмсығын қыдықтап шығады. Әуелгі кезде тұла бойы дүр түршігіп, қараптан-қарап жиырылып жүрді. Сол бір оспадарсыз иіс дәл қазір қасына жетіп келіп, омырауын мытқылардай, көкірегінен басып жаныштардай көрінді. Бірақ, босаға жақтағы жығылған жетім тоқтыдай томпақ төсек қыбыр етпейді. Бір күн қайран қалды, екі күн қайран қалды. Әлгібір жексұрын иіс мұның осы кезге дейін өзі де байқамай келген бір жұмбақ аңсарын түрткілеп оятқандай. Бұрынғыдай одан жиіркенбейтін, тыжырынбайтын сияқты. Енді мынау босаға жақтағы тып-тыныш төсекке әрі таңғалып, әрі бір түрлі елегізіп қарайтынды шығарды. Еркектің мұндайы да болады деп кім ойлаған. Бұл оларды шетінен арсалаң, шетінен қол сала кететін озбыр санаушы еді. Мынау қылп етпейді. Әлде бас төлеңгіттің анау күнгі абай-қоқаңынан сескене ме екен! Ол еркек болғанда, бұл еркек емес пе! Одан несіне сескенеді?! Шірік неме, бұны қаралай қызғанып, тызалақтап қалды. Бұған да оның сүйтіп тызалақтағаны керек. Одан өшін өзі қайтара алмайды. Бұның оған кеткен өшін өзге бір еркек қайтара алады. Ол еркек, бәлкім, мынау елсіз түлейде өзімен бірге тұрып жатқан үнсіз серігі шығар. Ендеше, ол неден жасқанады? Мынандай бостан дәурен ертең де басында тұратынына көзі қайдан жетіп қойыпты? Неге қимылдап қалмайды? Бір күн тосты, екі күн тосты. Енді үмітін үзе де бастап еді. Қасына кеп, ту сыртынан қапсыра құшақтап жатып алғанда жүрегі тоқтап қалғандай болған. Ол иығына қолын салып, өзіне қарай тартқанда таңырқағаны екенін де, әлде, шынымен, шамданғаны екенін де өзі білмейді, «мына жарымағыр қайтеді-ай!» деген сөз ауызынан абайсыз шығып кетіп еді. Сол бір беталды құла түз бейсауат сөз екеуінің арасындағы тас дуал шекараны біржола күл-талқан қып бұзып жарып жүре берді.
Екеуден-екеу тұрғандарына бір айдай уақыт болған шамада баяғыда бұларды осы елсіз түлейге әкеліп тастайтын ұзынтұра соқты. Келді де, бұның бетіне бір қарап, Итжемеске бір қарап ыржың-ыржың күле берді. Итжемес бір шаруамен сыртқа шығып кеткенде, бұған төне еңкейіп:
— Ауылда жүргенде бетіңді безеу қаптап кетіп еді. Мына жаман сауабыңды алған білем. Айнадай жалтырап қалыпсың ғой. Қап, әлгі төлеңгіттің салымы судан қайтатын болғанын қарашы. Мына біздер қайдағы бір қақпыш құшақтап қор болып жүргенде, сен секілді ақ жұмыртқа қатынды оңаша құшып Итжеместі Құдайдың оздырғанын-ай, — деді.
Әншейінде еркек адам бетіне қарап бірдеңе десе ду ете қалатын Мәриям бұл жолы түк тайсалған жоқ, езу тартып күлді де қойды. Ұзынтұра жерге бір түкіріп, атына мініп жүріп кетті. Алакөз төлеңгіттің ішіне бүгіннен бастап бір от түсті дей бер! Түссе түссін! Табаға түскен шыжықтай шыжғырылып неге кетпейді!
Араға көп уақыт салмай, аяғы салақтап бас төлеңгіттің өзі де келді. Бұны көрді де, жым болды. Қарашығының білектей-білектей жуан тамырлары қанталап, алара қарап біраз тұрды, бұл қылп етпеген соң, иегімен меңзеп, Итжеместі сыртқа шақырып әкетті. Бір уақытта әлдеқайда дүрсілдете шауып бара жатқан тұяқ дыбысы келді. Әлі келер Итжемес жоқ, бері келер Итжемес жоқ. Сыртқа шықса — Итжемес жер төленің желкесіне ұзынынан сұлап түсіпті. Жүгіріп қасына келсе — маңдайы даладай қан. Қарымды кісі құлаштап бір тартқан бұзау тіс қамшының ізі қасқаны қақ маңдайдан ырситып тіліп кетіпті. Аяғанынан Мәриямның көзінен жас шығып кетті. Бір көзін қан басып кеткен Итжемес сыңар көзімен соны көрді ме, ыржиып күлді.
Ол күн Итжемес үшін қандай болғанын өзі білсін, Мәриямның төбесі көкке жеткендей болды. Өзі біреудің есігінде жүрсе де, қалған дүниенің қонышынан басқысы келетін қайдағы бір әумесердің аяққаптай көкірегінің аяқ асты болған күн еді. Мәриямның жүрегінің басын сары шаяндай шағып жатқан бір ызаның қайтқан күні еді. Сол күннің ертеңіне-ақ бұның қараптан-қарап жүрегі айнитынды шығарды. Ақтаған тарыға да, қауызын аршып қуырған арпаға да, үйіткен қойдың етіне де пейілі шаппайды. Әлденені аңсайды. Нені аңсайтынын өзі де білмейді. Оның ауызына ас алмай, басы айналып құлап қалардай боп, ілініп-салынып әзер жүргенін көріп, Итжеместің де шығарға жаны басқа. Қаңғалақтап сыртқа шығады, қаңғалақтап ішке кіреді. Ауық-ауық қалың жынысты аралап қайтады. Бірақ, көзіне ештеңе түспейді. Түздің тағы аңдарының күнгейден әлі орала қоймаған шағы. Жер астынан өсіп-өнер көсік, қоян тобық, жуа, мондалақтардың әлі түйін салып үлгірмеген кезі. Мәриямның аңсарының неде екенін біле алмай әбден дал болды. Сүйтіп жүргенде бір күні апақ-сапақта ұзынтұра келе қалды. Соңында бір ат, бір түйе. Сол күні қонып шықты. Ертеңіне таңертең төсегінен тұрарда қайыс белбеуін таба алмады. Шыр айналдыра қарап шықты. Оған қосылып Итжемес те біраз жерді қорс қылды. Бір уақытта Мариямның астындағы алақандай тоқымның астына қолын жүгіртіп еді, қайыс белбеудің салаң етіп шыға келгені. Тоға жағы бар да, қалған жартысы жоқ. Бұл Мәриямға қарады. Мәриям жерге қарады. Ұзынтұра қалтасынан насыбай алып, оны тілінің астына басып:
— Ымм, — деп бір ыңыранды.
Түс қайта олар азғантай қоқыр-соқырын бір түйе, бір атқа теңдеп әлдеқайда жол тартты. Қайда келе жатыр, неге келе жатыр, оны біліп жатқан, ол жағдайды сұрастырып жатқан Итжемес жоқ. Тағы да бір шәлтік тұғырға мініп, бұл жолы баяғыдай қара емес, бір мыңқ етпес сары атанды жетелеп келе жатып:
— Иә, Құдай бергеніңе шүкір! — деп бір есінеп қойды.
Сол бетімен олар тоғыттың қасынан бір-ақ шықты.
Тоғыттан онша алыс емес тепсең жазыққа көген құрылып, оған қой қосақталып, хан ауылы жабағы жүн қырқа бастапты. Айдаладағы тау-тау жүнге бас-көз болатын адам керегіп, оған осы Итжемес мен Мәриям қолайлы деп табылыпты.
— Ақ патшаның елшілері аттанып кеткенше мына қызды ауылға жуытар түрлері көрінбейді. Әй, бәсе, аузың әуелден де итаяқтай еді-ау. Сөйтсе, ырысың мол пақыр екенсің ғой. Тек қапы қалып жүрме! Мына пәлеңнің қайыс қажауы жаман. Талғақ шығар. Енді бірер айда ішін бұлтитып шығарсаң, сенің мұртыңды балта шаппайды, — деген ұзынтұра.
Одан бері де бірталай уақыт өтті. Мәриямның қайыс қажағаны басылып келеді.
Екі қалмақ елшісінің Әбілқайыр ханның ауылында сазарып жатқан да қойғанына жарты айдың жүзі болып барады. Төңірекке құлақтарын қанша төсесе де, әкелген хаттарына не бүк, не шік жауап ала алмай әбден іштері пысты. Доржы мен Лобжы тым-тырыс. «Әбілқайыр хан енді не істер екен?» — деп әліптің артын бағып жатса керек. Әншейінде тасыған қазандай бұрқ-сарқ қайнайтын да жататын қарсы топтан да ешқандай хабар жоқ. Ауыл-ауылдың үсті киіздей ұйысқан ала шаң. Ол бірақ қырықтыққа айдалып келе жатқан, қырқылып қайта айдалып бара жатқан мың-мың тұяқтан ұшқан тозаң.
Хан ауылынан анда-мында жоқ қарап барып қайтатын жансыздар да төңіректен тап онша құлақ селт ете қоярдай ештеңе естіп келмейді. Тап мынандай тылсым тыныштыққа хан да, елші де қатты қайран. Бәрін айт та бірін айт — қарсы топтағыларға неғып тыйым бола қалғанын айт. Әлде олар суға батып кеткендей тым-тырыс жоғалған қалмақ елшілері Әбілқайыр мен Бөкенбайдың әлдеқашан ауыздарын алып қойған шығар деп жатыр ма екен? Әлде бұлары ақ патша жағына шығып кеткен Әбілқайыр мен Бөкенбайдың алдынан ең соңғы рет өткендері ме екен? Жоқ, тіпті осы арқылы орыс елшісінің көңіліне үрей қашырғылары келе ме! О да мүмкін ғой. Бір жақ иығын тіреп отырған қалмақтар арасында алауыздық тұтанып, енді олар қазақтардың да арасына сөз жүгіртіп, Әбілқайыр мен Бөкенбайдан сыр тарта бастағанын естіген елші Өсеке тұқымынан секем алып, Жәдік тұқымынан пана іздеуге мәжбүр болар ма екен деп ойлайтын шығар.
Көп күмәннің талауына түсіп, жан-жақтан мұнарытып тұрып алған көк белдерге көз сүзген көп күндер өтіп жатыр. Елші хан ордаға кімдер келіп, кімдер кетіп жатқанын аңдиды. Біресе түрулі іргеден, біресе түрулі есіктен тінтіне қараған екі тіміскі көзге ошаң еткен оқшау ештеңе түсе қоймайды.
Сол жалтаң-жалтаңмен саратан да өтіп барады. Бір күні құла бесінде күншығыс жақтан жолбарыс жон шабдар ат мінген жолаушы көрінді. Соңына ерткен қырық шақты нөкері бар. Хан ауылына бұрылмай, бірден елші қосына тартты. Бір өңкей аттары, ер үстіндегі отырыстары, қамшы ұстағандары алыстағы арғыннан келе жатқандарын байқатқандай. Жылда жазда Торғай мен Ырғызды бойлай көшіп, Бесшола атанып кеткен Толыбай, Жантай, Қошалақ, Қызылжар жайлап, Өлкейек бойындағы арғындармен, Қабырға бойындағы қыпшақтармен қатар көшіп, қатар қонып, майлы қасықтай араласып қалған хан ауылы ту сырттарынан қырындай өтіп бара жатқан қырық қылаңның арғын екенін, арғын ішінде де жеті момыннан тарайтын шақшақтар екенін бірден біле қойды. Жәнібектің аты айбынданыңқырай түскен сайын төс сүйектері қайқайыңқырап бара жатқан әупірім ауылдың еркек кіндіктері әрдайым осылай сән түзеп, сайқыланып жүруді әдетке айналдырып алып еді.
Әбілқайырдың көз алды бұлдырап бара жатқандай болды. Жазда Сыр бойынан шұбыртып хан ауылы көшіп келгенде басқа ұлыста болса да, шақшақтар марқасын сойып, саба-саба қымызын алып, алдарынан шығушы еді. Күзде күнгейге қайта көшкенде қозы көш жерге дейін ұзатып салушы еді. Хан ауылының тұстарынан көштері өтіп бара жатса, жан біткені жер түбінен көліктерінен түсіп, жаяу өтуші еді, әйелдері тізелерін бүгіп сәлем етуші еді. Қатар көшіп, қатар жайлаған рулардың жылқылары жоғалып, малдары араласып кеткенде болмаса, бір-бірін жер түбінен киімдерінен танып, желпілдесіп қалар алабөтен сыйластығы болушы еді. Сол дәуреннің де өткені ғой. Әйтпесе, анау қырық қылаң бұның ауылын танымай бара жатыр дейсің бе! Бір қайырылып қарамай, қыңырайып-қыңырайып өтіп барады. Кісі өлтіріскен жерлері жоқ еді. Бұл неткендері? Ақ патшаның елшісі келгенде Орта жүз ру басыларының ішінде әлі сырын байқата қоймағаны Қошқар ұлы Жәнібек демейтін бе еді? Мыналардың қырындап өткені оның да қыдиықтанып қалғаны ма? Ендеше, елшіден не алам деп бара жатыр? Бәрі де бұның төбесінен секіргісі келеді де тұрады. Сонда Жәнібектің де Сәмеке маңындағы керауыздарға қосылғаны ма?! Ол сілекей ауыз сүмелектер ханға да басын иіп сәлем бермейтін керік неменің аузын қалай алып жүр екен? Сұлу қатыннан басқаға көзі түспейді дейтін еді, Сәмеке әлде баяғы бұл сыйлаған қалмақ сұқсырынан да асқан перизат тапты ма...
Қырық қылаң бұның ауылының тұсынан өтіп кетті. Хан іргеден көзін тайғызды. Ішіндегі бұлқан-талқанды байқатпайын деп тығыз өскен қара сақалын бір сипап қойды. Манадан бері байқамапты. Оң жақта Мырзатай отыр екен. Жездесінің ойын желкесінен аңғарып қойғандай үн-түнсіз орнынан көтерілді. Сол-ақ екен елші қосы жайғасқан күнбатысқа қарай шауып бара жатқан ат тұяғының дүсірі шықты.
Әбілқайыр ханның көзі алайып барады. Іштей тымырсық ашуға булыққанда, өзіне-өзі ие бола алмай сабыры сарқылар тұста ғана сөйтуші еді. Апырай! Апырай! Көңіліне сөз оралмай, көмейіне әлдебір сиқыр қыл арқан тығып жібергендей қылғынып бара жатты. Жәнібектің де олардың жағына шыққаны бұның өрісінің біржола тарылайын дегені ғой. Қарсы топ Бөкенбай екеуінен күдерін үзген ғой. Қалмақ елшілеріне оң жауап қайтармайтындарын білген ғой. Сосын бұған дейін бет пердесін ашпай келген Жәнібекті салып, елшіні Сәмеке ұлысына шақырып алып кетпек қой. Сөйтіп бұны бұйыра ма, бұйырмай ма деп қаралай күпті болып отырған есек дәме үміттен де айырмақ қой! Жан-жақтан сығалай қарап отырған қызылкөздердің алдында біржола масқара қып кетпек қой! Жоқ, ол дегендері бола қоймас. Егер елшінің көмейі ондай солқылдақтық байқатар болса, азғырғанға еріп, мұның іргесін құлазытып көшіп кетер болса, онда оның да жолына жуа бітер. Оны істейтін көктегі Құдай емес, жердегі өзі. Жәдік тұқымын өйтіп масайратып қойғанша, көрер масқараны көріп, Доржы мен Лобжының тентектеріне қосылып, асырды салып өтеді. Ендігі гәп елшіде! Бұ да бір қылпылдай бермей сынап көрсін! О неме де басы болса, қалмақтан елші келіп жатқанда, айдаладағы Жәдік тұқымының айтқанына көне қоймас. Егер олардың айтқанына көнер болса, Әбілқайыр ұлысынан асар-аспаста қанды кездікке жолығар, сосын оның обал-сауабын ақ патшаның алдында кергіме тұқым өз мойындарына көтеріп алар. Мейлі, сөйтсе, сөйтсін. Мынандай бола ма, болмай ма деген екі ұдай хәлден сонысының өзі артық! Құдайдың мана тал түсінде көздеріне біреу құрым киіз байлап қойғандай оң мен солын таба алмай, көрінгенге соқтығып жүретін көрсоқыр қазақ Жәдік тұқымының да көкейін тескен, өздері айтатындай, кең далада армансыз көсіліп арсалаңдап жүретін бұла халықтың еркіндігі емес, үш арыс алаштың бас ноқтасы мен бас тақыты екенін, оны ұстатып жатса бүгін өздері пәлекеттеп отырған орыс патшасының аяғын жалауға олардың да ындыны құрып отырғанын білсін... Бірақ бұл өзіне бұйырмаған алтын тақты оларға бұйыртып қоя ма! Өздерінің істемегін өздеріне істейді.
Әбілқайыр бұл жолы елшінің үйінің іргесінен сығалап суқақтамайды. Не де болса, өзі білігіне салады. Пайдам дегенін қылсын...
Орта жүзден елші келгелі хан ауылымен арадағы жалғыз аяқ соқпақтың шаңы тағы да басылып қалды. Ертелі-кеш сұқақтап шықпай қоятын орыстар мен башқұрттардың да қарасы құрыды. Ондай-ондайды елең етпейтін тек Сартайлақ қана. Сәске болар-болмаста ерең-серең етіп сол келе жатады. Ымырт үйіріле ебіл-себіл боп кетіп бара жатады. Ол қазір бұрынғыдай ертелі-кеш балға тықылдатып отыратын Зердебайды ғана жағаламайды. Табалдырықтан аттамай жатып жан-жағына жалақ-жұлақ қарайды. Көзіне Торғын түссе болды — салбырап сыртқа айналып кеткен жаялық ерінін жия алмай ыржың етіп күліп жібереді. Торғын әуелде оның осы бір арсалаң мінезінен сезіктенуші еді. Қазір бойы үйреніп келеді. Қанша дегенмен, аты еркек қой, осы бір жайын ауыз жігіттің көрсе болды, ыржыңдай кететіні ме, жоқ бірде ол әкеліп сыйлаған айна мен тарақ па — әйтеуір не әсер еткені белгісіз, бұрын шешесі құсап балағын жинай алмай, қалай болса солай жүретін салпы етек қыз, кейін үсті-басына көп қарағыштайтынды шығарды. Қолы қалт етті-ақ сандық ақтарады. Шешесінің көптен бері қоқыр-соқырдың арасына тығылып қалған әлекей-күлекей дүниелерін шығарып ап, үсті-басына өлшеп көреді. Сыртынан біреу қарап тұратындай ойқы-шойқы жүріс-тұрысы да түзеліп қапты. Онсыз да ақ пен қызылдың жарастықты үйлесімінен тұратын әдемі жүзі кейінгі кезде тіпті бал-бұл жанып кеткен. Ұшқын атқан тостағандай жанарын бір төңкеріп қарағанда, кім-кімнің де көкірегі дауыл шайқап өткендей алай-түлей болады. Сарытайлақ жігіт келген-кеткенінде мынандай періште сұлудан көзін ала алмайды. Тіл қатуға жүрексіне ме, жоқ айдалада өскен қыр қызы сөзіме түсінбейді ғой деп сескене ме, көмекейіне тығын тығып қойғандай, көзі көкшірейіп үн-түнсіз телміреді де отырады. Онсыз да жалақ еріні тозған жаялықтай жалбырап барады. Сонысын қызықтай ма екен, қыз да оны көргенде, оң жақ мықыны бір бүлк етіп, мырс етіп күліп жібереді.
Бұрын ұстаның үйінде үсті-басына қайдағы бір алба-жұлбаны іліп ап күл-күл болып жүретін бала қыздың мына өзгерісін Сартайлақтан басқалар да аңғарып қалған сияқты. «Бопай ханша өй деп жатыр, бүй деп жатыр», — деп бас төлеңгіт келгіштейтінді шығарыпты. Шалғы мұрты жылтырап, орақ мұрыны салбырап, әйел көрсе әукесі салақтап кететін бұл неме кіріп-шыққан сайын Зердебай ішіне мұз жиып, жиырылып қалады...
Мәмбет мырза оңаша қалды-ақ, темір сандықтың түбіне тығып, жұрт көзінен жасырып сақтап келген қатырма қалың дәптерін алып ақтара бастайды. Оны оқыған сайын мынау қазақ даласына келгелі өз басынан өткерген көп тауқыметі көз алдында сайрап келе қалады.
Кейде ақ қар, көк мұз қыста, ақ түтек боранда тас төбеңнен бір жылт етіп, қайта жоғалып кететін күн көзіндей баянсыз үміт әуре-сарсаңға сала-сала енді, міне, әбден торықтырыпты. Қалың дәптерге қосылып жатқан әр бетті оқыған сайын бір күрсініп қояды. Күрсінбей қайтсін, көңіл орнықтырардай бір жылт еткен жылы шырайлы сөйлем кездессейші. Бәрі де үрпиген жүрегіңнің басына су бүркіп шошынта түседі.
«Майдың жиырма бірі күні Орта жүзден жылда осы уақытта өтетін қазақ ру басыларының дәстүрлі құрылтай жиыны жуырда қалмақ қонтайшысы қол жиып, қазақтарға қарсы жорыққа шықпақ деген хабар келіп, әр ұлыс өз басымен қайғы боп кеткен себепті биыл жиылмайтынын айтып, Тевкелевті Орта жүзге ертіп кетуге шақшақ арғынның биі Бөкенбай келген-ді. Бұл қазақ та кім көп, Бөкенбай-ақ көп екен. Бұған дейін Тевкелев өзінің досы табын Бөкенбай Қара ұлын ғана білуші еді. Енді, міне, шақшақ Бөкенбай келіп отыр. Ол: «Атым — Бөкенбай» — дегенде, бұл қайран қалып еді. Мейман: «Таңданбаңыз, Найманда қанжығалы Бөкенбай тағы бар!» — деді. Тевкелев оған екі-үш апта жол жүріп жететін жерге елшілігін көшіріп баруға, көлігінің бәрінен айырылып, құр тақым отырғанын, егер Орта жүз билері өздері келіп ант берер болса, құшақ жайып қарсы алатынын айтты. Шақшақ Бөкенбайдың хабарына қарағанда, Лобжының елшілері Орта жүзге де барған көрінеді. Олар ол тарапта да жұртты Шерін Дөндікпен орыстарға қарсы жорыққа шығуға азғырып жүр дейді. Тевкелевке анада Әбілқайырға айтқанын шақшақ Бөкенбайға да айтып берді. Бөкенбай орыс елшісінің жүйелі сөзіне мойын ұсынып, қасына еріп келген бір қазақты «Қалмақтардың азғырғанына еріп опа таппайсыңдар!» деп айтуға Орта жүзге қайта шаптырды. Ол қайтып келгенше өзі орыс елшісінің қосында жата тұратын болды.
Майдың жиырма бесі күні тілмаш Тевкелевке Бекшора деген башқұрт келді. Оны қазақтар тарапынан қайта-қайта барымтаға ұшырап, талан-таражға түсіп отырған Сібір башқұрттары жіберіпті. «Қазақтардың мынандай еліріп жүргеніне қарағанда, ақ патшаның елшісі аман бола қоймас, өлі ме екен, тірі ме екен, біліп кел!» — деп жұмсапты.
Майдың жиырма сегізі күні Тевкелев Бекшораны еліне аттандырды. «Хат берсем, жол-жөнекей қазақтар ұстап алса, басыңа қауіп төндірер. Менің мындағы хәлімнің қалай болып жатқанын аман жетсең, ауызекі де айтасың ғой!» — деді шығарып салып тұрып.
Майдың отызы күні қарсы топтағылардан екі адам Әбілқайырға келіп: «Орыстың елшісін басыңның аманында бізге бер. Берсең бергенің, бермесең қара-құрым қол жиып кеп, тартып аламыз. Шаңырағыңды ортаңа түсіріп, басыңды күлге домалатып кетеміз!» — деп қорқытыпты. Хан қаһарына мініп, екеуін де ұстап алып, аяқ-қолдарына кісен салып байлатып тастапты. Екі-үш күннен соң біреуінің кісенін шешіп: «Сені жұмсағандарға барып айт. Өз бастары өз мойындарына салмақ боп жүрсе, келіп көрсін. Әбілқайыр да қолына бүйен байлап отырған жоқ. Кімнің басының күлде домалайтынын бір Алла білер. Өйтіп, жал астынан жұдырық түйгенше, ол немелер келіп сөйлессін. Егер әлгіндей ойларынан тыйылар болса, сыйға-сыйды Әбілқайыр да біледі. Хан ауылынан құр иін аттанамыз деп қорықпасын. Ал мына серігің солардан жауап келгенше осылай темір тістелеп жата тұрады», — депті.
Июньнің он үші күні елшіге Әбілқайыр, табын Бөкенбай, тама Есет батырлар келді. Олар Доржы Назаров пен оның баласы Лобжының жіберген елшілерін елдеріне қайтармақ көрінеді. Айтар жауаптары: Шерін Дөндікпен орыс қалаларын шабуға ешқандай әскер бермейміз. Егер ұлы императрица ағзам қазақ әскеріне қалмақ бұзақыларын тыйып бер деп бұйрық етсе, ондай жорыққа аттануға әрқашан да әзірміз.
Әбілқайыр елшіге: «Ұлы патша ағзамға адалдығымызды білдіру үшін мынау қалмақ ұлысбектерінің бізді азғырып жазған хатын апарып тапсыруға арнайы кісілер аттандырсақ қайтеді?» — деп ақыл сұрады.
Оны тілмаш Тевкелев қуана мақұлдады.
Бөкенбай батыр елшіге өткен февраль айында кейбір қазақ руларының қалмақтарды шабайын деп жатқанын айтып жеті жігітін Доржы Назаровқа жұмсағанын айтты. Ол кезде Доржының орыс патшасына опасыздық жасап жүргенін білмепті. Сөйтсе, ол жіберген жеті жігітті жолда Жайық казактары ұстап алыпты. Батыр елшіге: «Сол жазықсыз жеті жігітті тұтқыннан босату керек деп Мәскеуге хат жазбас па екенсіз», — деп өтініш қылды.
Июньнің жиырмасы күні тілмаш Тевкелев қолына хат беріп, Иван Курчевті Уфаға аттандырды. Әбілқайыр қалмақ ұлысбектерінің хатын апарып беруге шақшақ арғын Жабай деген қазақты қасына ертіп жіберді.
Июньнің жиырма бесі күні Россияға бағынамыз, оны айтып Мәскеуге барып қайтуға әзірмін деп жоғары қарақалпақтардың бас пірі, Хиуа ханының қайын атасы Ұланқожа келді. Жоғарғы қарақалпақтардың саны отыз мың түтіннен аспайды. Қалалары, қыстаулары жоқ, бәрі бір жерге жиылып ірге ажыратпай отырады. Жер жыртып, егін егіп күн көреді.
Ұланқожа Тевкелевке соғыс қыларсың деп қабырғасы ырсиған бір аңғал-саңғал арық бие жетелеп кепті. Әкелген сыйлығының сиқы сол.
Тевкелевтің қапшығының да түбі қағылып қалған кез еді. Оған бір бас қызыл былғары, екі шаршы қытайы жібек берді.
Июньнің жиырма тоғызы күні көңілдес ру басылары қарсы жақтың адамдары үш топ болып барып, башқұрттардың жылқысын айдап кеткелі жорыққа әзірленіп жатқанын айтты. Тевкелев башқұрттарға қапы қалмасын деп астыртын адам жіберіп хабар салды.
Июльдің үші шақшақ Бөкенбай Тевкелевке тағы да жолығысқа келді. «Маған еріп жүріңіз. Орта жүз билерінен ант алуыңызға қолқабысымды аямаймын», — деді. Тевкелев: «Күні кеше ғана Уфа башқұрттары Орта жүз барымташыларынан отыз кісіні өлтіріп, екі жақтың арасында қан төгіліп, шалқайысып тұрған кезде қайтіп барам?» — деп жағдай айтты. Шақшақ Бөкенбай өз ұлысына жалғыз қайтуға мәжбүр болды. Шақшақ Бөкенбай ұлыстас ру басыларын орыс патшасының қол астына өтуге үгіттеуге уәде берді. Тевкелев бидің ол сөзіне разы болып, Жәнібек батыр екеуіне отыз сомға тарту тартты.
Июльдің тоғызы күні қарақалпақ тұтқынынан босаған башқұрттарды Уфаға апарып салған Құдайназар мырза қайтып оралды. Оны Әбілқайыр мен ханды жақтайтын ру басылары орталарына алып көп әңгімелесті. Құдайназар мырза өте көңілді екен. Уфаның жаңа воеводасы Кошелев тақсыр құшақ жая қабылдап, тарту-таралғыны мол тартыпты. Құдайназар Уфаны айтқанда ауызын ашып, көзін жұмады. Қаланы күзетіп тұрған атты әскер мен жаяу әскердің өзі жиырма мыңнан асады дейді. Бұл хабарды естігенде ру басыларының жақтас жағының көздерінде жылт ойнап, қарсылас жағы үрпиісіп қалысты.
Июльдің он бірі күні Тевкелевті Бөкенбай батыр қонақасыға шақырды. Онда Әбілқайыр хан мен оның жағындағы ру басылары түгелге жуық жиналды.
Июльдің он екісі күні кеше Бөкенбай батырдың ауылында қонақта болғандарды баяғы ақ патшаға елші боп баратын Құттымбет би шақырды.
Июльдің жиырма төрті күні Әбілқайырға Сәмеке ханнан хабаршы келді. «Қалмақ қонтайшысы отыз мың әскермен жорыққа шыққалы жатыр, қапы қалмасын», — депті. Әбілқайыр өз ұлысының пұшпақ-пұшпағына кісі шаптырды.
Июльдің жиырма алтысы күні Әбілқайыр қонтайшы әскерінің саны қандай екенін, қай жерге келгенін, бастап келе жатқан кім екенін біліп келуге Ақжігіт деген кісіні Орта жүзге жұмсады.
Августтың он бесі күні Тевкелев капитан Дубровиннен полковник Гарбердің керуенінің қалай тоналғанын естігенін, бұны қазақтар тұтқынынан босатып алу үшін ақша жібергелі жатқанын жазған хат алды.
Августтың он алтысы күні Орта жүзге кеткен Ақжігіт қайтып оралды. Қалмақтар мен қазақтар арасында тағы да шайқас бопты. Оған қалмақ жағынан Шақпақ басқарған жеті мың әскер қатысыпты. Қазақтар жиырма үйінен, қарайған малынан айырылыпты. Тевкелев башқұрттары былайғы қазақтардан қонтайшы бұл жолы 200 үйді, алты мың жылқыны, он мың қойды алдарына сап айдап әкетті деп естіді.
Августтың жиырма бірі күні бұларға жақтас қыпшақ биі Төле батырдан адам келді. Ол Төле ауылдарына Орта жүз қазақтарынан қырық шақты кісі келіп қонғанын, төрт орысты тұтқын қылып айдап бара жатқанын, егер оларды құтқарып қалуға Әбілқайыр мен Тевкелев көмек жіберсе, өзінің де қолқабысын аямайтынын айтыпты. Әбілқайыр қасына Құдайназар мырза мен жиырма кісі алып, Тевкелев отыз башқұртты ертіп әлгі қазақтарды қуып жетуге аттанып кетті...».
Қалың дәптерді қанша ақтарып оқыса да, осыдан басқа айтары жоқ. Тевкелев өзінің тышқанның ізіндей ұсақ жазуына қарап отырып ойға батты. Жан-жақтан көзіне көрсетпей жайылған қыл тұзақ бұрынғысынан да тарыла түсіпті. Қалмақтар ереуілінен іс шықпаған соң Орта жүз әміршілері іргелеріндегі башқұрттарға соқтығуды көбейтті. Башқұрттар да қанға қан, жанға жан деп қазақтардың өрістегі жылқысына тиіп, қуып кетуді жиілетті. Уфамен екі ортаға адам қатысудан қалып барады. Орыс шекарасына тиісіп, малдарынан айырылып, көп жігітін тұтқынға қалдырып әбден қандарына қарайған Сәмеке қол астындағы рулар сонау Уфадан жолаушылап келе жатқан орыс пен башқұрт көрсе, төбе астынан бұрқ етіп түсе қалып, ноқтасынан ұстай алып, өз ұлыстарына жетелеп кетеді. Кіші жүздегі Әбілқайырға қас қарсы топтағы ру басылары да Тевкелевтің маңындағы орыстар мен башқұрттарды оңаша шықса, ат көтіне өңгеріп әкетіп, Сәмеке ұлысына асырып жібергілері келіп жаланып-ақ отыр. Енді Тевкелевке қалған қазақтардан да ант алу былай қалып, мынау құтырына бастаған есер даладан басын аман алып кетудің өзі арман бола бастады. Ол баяғы келгендегідей қып, қара нөпір нөкерімен аттанып кете алмайды. Ал, биылғы жер қатқақта құтылып алмай, келесі қысқа қалса, күнінің не болары белгісіз.
Тевкелев қолындағы дәптерді темір сандыққа салып, орынынан тұрып, аядай киіз үйдің ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп кетеді. Сонда не істемек керек. Әуелі мынау қасындағы нөкерден құтылғаны жөн. Оларды өзі осында отырғанда Уфаға аман-есен бір жеткізіп салса, артынан өз басына не күн туса да, көріп алар еді. Тіпті болмай бара жатса, бір күні түнде қашып кетер! Қасындағыларды қырып алмай аман апарса, ақ патша қашып кеткенін кешпес дейсің бе?! Енді, не де болса, ебін тауып аман құтылғаннан басқа амалы қалмай барады. Аз де, көп де, қазақтың екі арасының басында отырған екі хан, екі сұлтанның анты бар. Жүздеген қазақ билерінің орыс боданы болуға ризамыз деп қол қойып берген қағаздары тағы бар. Қазақ жеріне бағыт түзегісі келіп жатса, ақ патшаға соның өзі де аз сылтау, аз ілік емес. Енді мынау бір жақтан жоңғар тіріліп, бір жақтан қалмақтың аузы бөлініп, бір жақтан башқұртпен екі орта бүлініп тұрған кезде Орта жүз билері жер түбінен ант береміз деп келе қоймас. Ал, өзінің Әбілқайыр мен Бөкенбай маңынан аттап шықса, күнінің не болары беймәлім. Мұндай қиын-қыстау кезде Батыр сұлтан бастаған қарсы топ та ымыраға келе қоймайды. Қайта былтыр күзде Құдай айдап, Батырдың өзі келіп ант бергені қандай абырой болған десейші! Енді сол антынан айнып қалған сыңайы байқалады. Бұндай жағдайда антты бұзудың жалғыз жолы — елшіні өлтіру. Енді, бұл далада әр күн, әр сағат қауіпті. Сондықтан қасындағы Уфадан ертіп келген нөкерін амалын тауып аттандырып жіберіп, өзі қазақтардың қолында әзірге аманат болып қала тұрғаны жөн. Кешегі шақшақ Бөкенбайдың да не пиғылмен келгенін бір тәңірдің өзі біледі! Башқұртпен алыс-жұлысты күннен-күнге көбейтіп, орыс шекарасымен шиеленісті күннен-күнге күшейтіп отырған Сәмеке қарауындағы ұлысқа өз аяғынан барып, бұны өле алмай жүр дей ме екен! Алдап ертіп әкетіп, баяғы Дәулеткерей мырзаның кебін кигізбек шығар! Жоқ, онысы бола қоймас. Бірақ, екі қолын танауына тығып, бос барғанын көргесін, Орта жүз билеушілері қараптан-қарап отырар дейсің бе! Бұрынғы бұрынғы ма? Шын шиқыман енді басталар.
Мынау жым-жырт тыныштық тегін ғой дейсің бе? Бұлар осылай үн-түнсіз жатып алады да, төбеден түскендей қып бірдеңені бұрқ еткізе салады. Айтушылардың хабарына қарағанда, маңайдағы ауылдарда тағы да баяғы Маңтөбенің қасындағыдай астыртын жүріс-тұрыс, жиын-мәжіліс, күбір-сыбыр көбейіп тұрған секілді. Төбе-төбенің тасасымен суси жылысқан суыт жүргіншілер бұны мен Әбілқайырға соқпайды. Екеуін тағы да бөлектей бастады.
Елші күні бойы көзін іргеден айырмайды. Бірақ ешқайдан қылт еткен бөтен жолаушы көрінбейді. Көк мұнарға көмілген дөңбек жалдар өкпелеген кісідей дөңкиіп-дөңкиіп теріс қарап кетіпті. Мына даланың адамы түгілі жеріне дейін жымысқы. Көзін сатып отырған жатжұрттықтың ызасына тигісі келгендей, еш шырай танытпай, көк сағымға малынып, қырық құбылып күлміңдейді де тұрады. Міне, жеті күн болды, төңіректен ешкім ат ізін салған емес. Құдды бұларды әлдеқашан жоққа санап санаттан шығарып тастағандай. Кейде бүйтіп пұшайман қып қойғандарынан қаумалап кеп шауып әкеткендерінің өзі дұрыс көрінеді. Бірақ, мынау қаскөй жұрт айтқанға көнбейтін қыршаңқы елшінің өкініштен өті жарылып, өз зәріне өзі тұншығып өлсін дегендей тұяқ серіппей тып-тыныш жатып алды. Дәл мынандай қыршаңқылық тек осылардың ғана қолынан келер.
Жаз да өтіп барады. Көкжиектің көзді алдайтын көлгір сағымы да сұйылайын деді. Бедірейген құла түздің үстіндегі безерген сұп-сұр аспаннан басқа көзге түсетін де ештеңе жоқ. Қарай-қарай төңіректе қанша адыраспан, қанша итсигек өсіп тұрғанын жатқа білетіндей болып алды.
Терістік бетте көз ұшындағы көк тастақтың тұмсығынан екі бұта қарауытатын. Кесірткеден басқаға сая болып жарытпас қос тапал қараған мынау көсенің иегіндей жылмық жазықтағы жалғыз көз қуаныш еді. Бүгін түс қайта, міне, сол екі бұта аяқ астынан төртеу болып шыға келгені. Тевкелев керегенің көгінің маңдайына батқанына қарамай ашық іргеден телміре түсті. Көзіне қос көрініп отыр ма, жоқ анау екі қарайған шынында да қимылдай ма? Қимылдайтын сияқты. Төрт қарайған біресе бір-біріне қосылып, біресе төртеуі төрт жаққа бытырай қашқандай болады. Екеуі жүргінші болсын, олар қозғалсын-ақ. Ал, бірақ баяғыдан бері көк тасқа жабысып жер бауырлап өскен екі бұта қалай, қимылдайды?! Шамасы, бұның ақылынан алжасайын дегені шығар. Көзі жасаурап барады. Әлгінде ғана көкжиекке қадалып тұрған төрт қарайған төрт қара шыбын болып көк аспанға көтеріліп барады. Ол жалма-жан көзін сүртіп қайта қарады. Әлгі төрт қарайған, шынында да, жұп-жұптан екіге бөлініпті. Арғы екеуі бұрынғысынан да құрдымдана түссе, бергі екеуі күдірейіп ірілене түскен сияқты. Мыналар, расында да, жүргінші болды. Бұл жападан-жалғыз ыржың етіп күліп жіберді. Неге күледі, неге қуанады... Әйтеуір, бір тірі жанның аяқ басқанына ма...
Қайдан шыға келгені белгісіз, жылмаңдап Юмаш жетіп келді.
— Тілмәш мырза, терістік жақтан екі атты көрінді.
Оның да дауысында қуаныш бар. Шамасы, мынау жым-жырт тыныштықтан жұрттың да іші пысайын дегені. Не де болса, анау екі атты көз ұшында ербеңдеп тұрып алмай, тезірек жетсе екен...
Көрші үйлерден де қауқылдасқан дыбыстар шыға бастады. Енді бәрі іргеден көз алмай екі жүргіншіні тыпыршып тосты. Екі баран атты жүргінші елші қосының өздерін асыға күтіп отырғанын сезгендей баяғы сол бүлкек желісінен танбай қойды. Ауылға жақындағасын аяңға көшті. Аттарын маңғаз бастырып желкеге кеп тоқтады. Алдарынан шыққан башқұрт жігіттерге жүгендерін керенау ұсынды. Аттарынан шіреніп түсіп, қамшының сабымен үстерін қақты. Сосын башқұрттардың біріне: «Алға түсіп, өзің баста», — деп белгі берді.
Қақ төрге шірене жайғасқан екеу әуелі қымыз ауыз тиді. Тақуалықтары қыстап бара жатқандай, қолдарын жайып ағарғанға бата қылды. Бір-біріне қарап қойды. Төр жақтағы сида сақалды сөз бастады. Оның әр сөзін оң жақтағы бұйра сақал бас изеп қостап отырды.
— Бізді ру басыларының кешегі өткен жиыны жұмсап отыр, — деді олар. — Ақсақалдар бір ауыздан елші мырзаның адамдарын өзінен бөлек жібермейміз, керек кезінде бәрін бірге аттандырамыз деп пәтуа қылды.
Тевкелев мынаны естігенде төбесінен жәй түскендей болды. Әлгі екі хабаршының сосын не айтқанын, өз қосынан қашан кеткенін, өзінің не істеп, не қойғанының ешбірін анық білмейді. Тек қасына қамшысын тізесіне басып, еңгезердей боп Бөкенбай жайғасқанда барып есін жинады. Батырдың күн қақты қоңыр жүзіне, тозаң қонған бозғылт қас-қабағы мен сақал-мұртына қадала қарап біраз отырды. Дүниедегі ендігі сенері осы бір еңгезердей адам. Мына тамұқтан құтқарса, тек осы ғана құтқара алады. Бірақ кейінгі кезде бұның да иіні салыңқы, қабағы түсіңкі жүр. Тек, әйтеуір, қайдағы пәлеге қайдан тап болдым деп опынып жүрмесе болғаны!
Елші әлденеден қаймығып отырғандай даусы дірілдеп сөз бастады. Сөйтсе, Бөкенбай бәрін біледі екен. Кешегі жиында өзі де болыпты. «Елшінің өзін ұстап қалайық та, адамдарын елдеріне жіберейік», — деп қанша айтса да, өңшең өжеңдеген қызылкөз бой бермепті. Даурықпа тобырдың бір тобы: «Бұл шоқыншақ ноғай біздің арамызға келгелі көргені зорлық пен қорлық. Оның адамдары ертең елдеріне барады да, мында не көріп, не қойғандарын айтып көздерінің жасын көл етеді. Оған ашынған ақ патша зеңбірегін күркілдетіп бізге салады. Оларды жылдан аса бірге қаңғып, қай сайымызда құдық, қай жылғамызда бұлақ бар екеніне дейін түгел біліп алған мына сығырлар бастап келеді де, сайда санымызды, құмда ізімізді қалдырмай түгел қырып кетеді. Одан да сұмырай елшінің көзін құртып, су мұрын башқұрттарын ауыл-ауылға бөліп әкетейік», — деп бой бермесе, Орта жүзден келген төрт би: «Мәмбет мырзаны нөкерімен бізге ертіп жіберіңіз. Елдеріне қайтарамыз ба, жоқ па, барғасын өздеріміз білеміз», — деп өзеурепті. Бөкенбай батыр қайта сөз алып: «Орыстарды ойларына не келсе, соны істейтін біздің қазақ екен деп қалмаңдар. Олар өз басшысының бұйрығынсыз тышқан мұрынын қанатпайды. Қазір елдеріне жіберсек, баяғыдағыны қазбалап жатпайды, қайта риза болып аттанады. Олар мынау жылқымен бірге жусап, қоймен бірге жайылып жүрген біздің жұртымыздан ештеңе дәметпейді. Ал, егер ақжолтай елшісін өлтірсек, ақ патша бізді бүйтіп алшаңдатып қоймайды, бір күнде жетіп келіп көкемізге көрістіреді. Ондай арам ойларың болса, басқаңды білмеймін, мына мен қол қусырып қарап отыра алмаймын. Елші түгілі қасындағы қара таяқ нөкерінің тұмсығын қанататын кісі табылып жатса, қолында өлем. Қол астымдағы ұлыстан тігерге тұяқ қалмағанша шайқас салам. Егер ақ патшаның елшісіне қол көтереміз деп, өз ағайындарымыздың қанын арқалағыларыңыз келсе, өздеріңіз біліңіздер!» — деп орнынан тұрып, шығыпты да жүре беріпті. Содан кейін не болып, не қойғанын білмеді. «Шамасы, әлгі сөздері әзір мынау қасыңыздағы нөкерден айрылып қалмау үшін ойластырған айла-шарғысы болар. Бұл желөкпе халықтан ондай сұмдық шығады деп те, шықпайды деп те айта алмаймын. Бірақ, кешегі сөзім сөз. Мен сендерді көзім тіріде ешкімнің зорлығына беріп қоймаймын!» — деді қара торы жүзі одан сайын қабарытып.
Мұны естігенде елшінің көзіне дөңгелеп жас келді. Шашала тіл қатты.
— Батыреке, мың да бір рақмет. Шынында да, ендігі бар үмітіміз өзіңізде. Сіздің бұл жақсылығыңызды Құдайдың да, адамның да алдында ұмытпаспын. Аманшылық болып, ақ патшаға жетер күн болса, аузыма алдымен өзіңіз түсерсіз. Сіздің бұл артықша қызметіңізді ол да аяқ асты қалдырмас.
Бұл сөзіне Бөкенбай да толқып кетті.
— Айтқаным айтқан, Мәмбет мырза. Мен сіздерді ол қорқаулардың тырнағына талатпаспын. Өз қолымнан жетектеп жеткізсем де, Уфаға аяқ асыртармын, — деп орнынан тұрды.
Елші көңілі біржолата орнықпаса да, батырдың мына сөзінен бір түрлі сабасына түсейін деді. Бірақ онысы көп ұзаққа бармады. Көкжиектен ерең-серең тағы да бір төрт салт атты көрінді. Олар — Орта жүзден келген билер болып шықты.
— Біздің ұлысқа жүрмесеңіз, Уфаға жібермейміз. Нөкеріңізбен бізге жүріңіз. Бізге соқпай қазақ жұртында болдым деп ақ патшаның алдын қалай көресіз!
— Ау, Кіші жүзде болғанда бізге соқпай, олар бәйбішеден туған да, біз тоқалдан туыппыз ба!
— Аты жер жарған ақ патшаның елшісі бола тұра, өйтіп сүйегімізге сынық түсірмеңіз.
Бірінен-бірі өткен төрт сұңқылдақ қанша сылап-сипағанмен, Тевкелев те илікпеді. Оларға да әнеугүнгі Бөкенбайға айтқанын айтып, күні кеше башқұрттардың қолынан отыз бірдей арысынан айрылып отырған ордаға қазір барса, ашу үстіндегі халықтың қаһарына ұшырап қалармын деп сескенетінін айтып сылтауратты.
Төрт би аттарына түнеріп мінді. Әнеугүннен бері іш пыстырады деп қарғап-сілеп келген жым-жырт тыныштық көзден бір-бір ұшты. Елшінің күндіз күрсінуі, түнде уһілеуі көбейді.
Сергей Костюков қаннен-қаперсіз. Тал түске дейін ұйықтайды. Сиыр сәскеде тұрады. Жан-жағындағы жапыр-жұпыр әңгімемен ешқандай шаруасы жоқ. Жуынып-шайынып, ысылдап-пысылдап шай ішіп алады да, хан ауылына қарай аяңдайды. Хан ауылы да үрпиісіп отыр. Ол ауылдың да ашық іргелерінен жан-жаққа тіміскілей қарап отырған бір көз. Үй-үйде сыпсың-сыпсың әңгіме. Ол ауылдағы ештеңемен шаруасы жоқ кісі Зердебай. Баяғы сол төрт қанат шатпаның ішінде баяғысынша көк ала түтін сап отырғаны. Бір күні жан-жағы ағаштың жаңқасына толып жатса, бір күні қиқым-сиқым былғарыға толып кетеді. Өзі ұста, өзі зергер, өзі етікші, ағаштан түйін түйетін шебер. Аспаннан қар жауып, дүниені қараң су алса да, өзінің керегі барын біліп болған адамдай айналадан хабар да сұрамайды, хабар да айтпайды. Біреу бірдеңе айтып жатса тыңдайды, өздігінен ешкімнен «Не естіп, не көрдің?» — деп сөз қаузамайды. Мынау Сартайлаққа да әбден еті үйреніп кеткен. Ол келмесе елеңдеп отыратынды шығарыпты. Табалдырықтан аттаса, ыржың етіп басын бір изейді де, өзімен-өзі болып кетеді. Сартайлақ та нағыз жалықпас саппастың өзі. Төр алдына етпетінен түсіп ап, жағын таянып оның қимыл-қыбырына қарайды да жатады. Кейде күн батқанша ауыз жаппай әлденелерді сұрастырумен болады. Кейде күн батқанша ләм-мим тіл қатпайды. Кейінгі кезде ауыз жаппауды азайтып, тіл қатпауды көбейтіп барады. Ауық-ауық есік жаққа қарап қояды. Есіктен бүгін де одан басқа ешкім аттап жарымайды. Анда-санда екі босағаны бірдей сықырлатып, сатыр-сұтыр аттап Бәйбек төлеңгіттің кіріп-шығатыны бар. Оны көрсе, Сартайлақ өз-өзінен тыжырынып қалады. Бәйбектің жүрісі де бір түйе жоғалтқан кісінің жүрісіндей. Алым-берімі жоқ, сәл тізе бүгіп отырып, жағдай сұраған боп қайта шығып кетеді. Зердебай ұста ол келгенде сазарып қалады да, ол кеткенде бір жымиып қояды. Орақ тұмсық неменің діңкесінің неге құрып жүргенін біледі. Орда маңындағы қараша ауылдың қыз-қырқынын жағалау — хан төлеңгіттерінің үйреншікті әдеті. Бұл үйге де сол Торғын көзіме түсер ме екен деп келеді ғой. Торғын бүгінде ол түгілі бұның көзіне түсіп жарымайды. Соңғы айларда қараптан-қарап сылана беретін әдет шығарыпты. Күні кешегі бала, о да бой жетейін дегені ғой. Өтіп бара жатқан заман-ай! Зердебай оны ойласа, бір күрсініп қояды. Бет-аузы шешесіне тартқан ажарлы, мінезі бұған тартқан орнықты. Қол қусырып қарап отыруды білмейді. Осы үйдің отын-суы соның мойнында. Азғантай жандықтарына қарайтын да сол. Кәсіпқорға біткен мал отарға қосылмайды. Ауыл маңында жеке жайылады. Оны өріске айдап салатын, айдап әкелетін Торғын. Иығынан дорба түспейді. Тезек тереді, әкесі көрік қыздырар томаша отын жияды. Әйтеуір күні бойы үйге тұрмайды. Қолды-аяқтай бала боп, кісінің көкесі боп өсіп келеді. Құдайдың тек тілінен байлағаны болмаса, басқа міні жоқ. Жалғыз қызы көзі жаутаңдап, үйге кіріп-шыққан сайын Зердебайдың көкірегін бір уайымның суық ызғары шарпып өтеді. Бірақ, онысын баласына байқатпайын деп бір жымияды да, тық-тық балғасымен болып кетеді.
Күнде осы бір сарынды тіршілік. Сартайлақ та осылай жатады-жатады да, бесін ауа Торғын келген соң, оның бет-аузына бір қарап ап, қосына қайтады. Есіктен қыз кіріп келгенде жымың етіп орнынан көтеріліп, қағаз-қаламын суыра бастайды. Тақтайға қадаған қатырма қағаздың бетіндегі шимай күннен-күнге бір таныс кейіпке көшіп келеді. Сартайлақ Торғынды оң жаққа тізе бүктіріп отырғызып қойып, оған бір қарап, қағазға бір қарап шимайлай жөнеледі. Қанша дегенмен, жас немелер ғой, бір-біріне қарағанда беттеріне қан теуіп күреңітіп алады. Бірақ, екеуінің беттерінде балаға тән аңғалдақ пен адалдықтың табынан басқа ештеңе білінбейді.
Бүгін де Сартайлақ бесін ауғанша жатты. Бесін ауғасын тыпыршып отыра алмады. Зердебаймен қоштасып қосына қайтып кетті.
Зердебайдың үйінен шыққан Костюков аяғына жем түскендей ілбіп келеді. Ауық-ауық артына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Иығына бір дорба тезек асып ап үйіне қайтып келе жатқан Торғын бәрібір көрінбеді. Костюковтың көңілі құлазып не істер, не қоярын білмеді. Қосқа қарай беттеген сияқты еді, бірақ аяғы әлдеқайда алып қашып, беті ауған жаққа лағып келеді. Қайда келеді, оны өзі де білмейді. Мынау құла түзде сенделгенде де, маңдайыңды түзер нысана табыла бермейтін. Елшілік қосынан да, хан ауылынан да желке жақтағы қос қарайған көзге ұрып тұратын. Бұл да, міне, солай беттеді. Қос қараған ескен көк қасқа тастақ сиырдың тіліндей салпыншақтана созылып барып, терең сайға жалғасады екен. Сай басы жақпар-жақпар тастан басталып, аяғы жайдақ қара қолқаға ұласып кететін болса керек. Сергей Костюков, неге екені белгісіз, сол сайды көргісі келіп кетті. Тастаққа жаңбыр жауғанда су түсетін көрінеді. Ірілі-ұсақты малдардың қураған тезегі көп ұшырасты. Еңсесі төмен түсіп келе жатқан Костюковтың көзі жылт ете қалды. Торғын тезекті осы арадан теретін шығар-ау!.. Алақтап жан-жағына қарады. Бірақ баланың алақанындай кішкене тастақ құлазып бос жатыр. Маңайда анау жымпиып жатқан жұмбақ жүлгеден басқа көз тоқтатардай ештеңе жоқ. Костюков соған беттеді. Жақпарланып басталатын жіңішке сайға жалғыз аяқ қасқа соқпақ құлайды екен. Қасқа соқпақ сай табанына апармай тоқтамаймын дегендей сумаңдай жөнелді. Сай бойынан бір дымқыл леп есті. Шамасы, маңайда бұлақ бар тәрізді. Екі қапталдан түнере төнген көлеңке ұзара түсті. Костюков бір түрлі елегізіп кетті. Бірақ не де болса, ілгері жүрді. Аңғар сайға тереңдеген сайын тұла бойы тітіркеніп, мынау қара көлеңке тар қамашаудан кеңге шыққанша асықты. Кенет алдынан орағыта құлаған жақпар мүйіс ұшырасты. Жақпар мүйістен әрі қарай сай табаны жайдақтанып сала берді. Жайдақ қолатқа қалың ши өсіпті. Қалың шидің арасынан тысыр-тысыр дыбыс шығады. Ауыл маңынан ұзамайтын азғантай жандық малдың осында жайылатын түрі бар. Шамасы, Зердебайға біткен тұяқ та осы арадан қорек айыратын шығар. Ендеше, Торғынды осы маңда ұшырастырып қалуы мүмкін...
Бала жігіт жүрегі лүп-лүп етіп асыға аяңдады. Қалың ши төңіректі көлкештеп алған. Жайылып жүрген малдың пысқырғаны, тұяқ тысыры естілгенмен, өздері көрінбейді. Кенет алдыңғы жақтан ат пысқырғандай, ауыздық сылдырағандай болды. Костюков қалт тоқтады. Қасындағы жуан түп шидің тасасына барып, ілгеріге көз тікті. Бір жал-құйрығы төгілген баран ат жайылып тұр. Аяғын тұсап, жүгенін сыпырмай, ауыздығын бос салыпты. Өзі ерттеулі. Сай бойынан өзі ұнататын шөп көрді ме екен, анда-мұнда шапшып жайылады. Бұл неғылған ерттеулі ат? Елсіз сайға кеп ат жайған бұл неғылған жолаушы? Костюков аңтарылып тұр. Ілгері жүрерін де, кейін қайтарын да біле алмады. Ілгері жүрер еді — мына баран аттың иесінің неғылған адам екенін, не істеп жатқанын кім біліпті? Кейін қайтар еді - мынау елсіз сайда жалғыз жайылып тұрған баран аттың жай-жапсарынан бірдеңе білмей тұрып, қалай қайта алады?! Баран ат қаннен-қаперсіз, ауыздығы сылдырап шапшып-шапшып қояды. Бұл әлгі шидің тасасында тырп ете алмай әлі тұр. Кенет аттың арт жағындағы қалың ши қозғалғандай болды. Әлдекім келе жатқандай. Әне бірдеңе қылаң етті. Боз шекпенді біреу. Қазақтардың шиді топтап-топтап беліне салып тартып қалатынын, сонда бір уыс ши күтір етіп суырылып шығатынын, оның қабығын аршып, сыртына қызылды-жасыл жүн орап, ақ бақанды көлденең құрып, оның екі жағына қалақ-қалақ тас теңдеп, үйге ұстайтын әдемі жасау тоқып шығатынын Костюков талай жерде көріп жүр. Шиді көбіне еркектер тартып, әйелдер тоқитын. Бірақ мынау қалың шидің арасында басы ғана қарауытып жайбарақат кезіп келе жатқан боз шекпенді адам ши тартып жүрген кісіге ұқсамайды. Біреумен сөйлесіп келе жатқандай арғы жағына шұқшия бұрылып апты. Әне қалың шидің арасындағы алаңқайға да шықты. Қасында біреу ілесіп келе жатыр. Көйлегі шұбатылған әйел. Боз шекпенді оны бауырына тартып құшақтай ұстапты. Ар жағындағы әйелдің тек делеңдеген көйлегінің етегі ғана көрінеді. Екеуі жайылып жүрген баран аттың қасына барды. Әйел аттың тасасында. Боз шекпенді еркек еңкейіп атының тұсауын шешті, әйел буырыл аттың жалынан ұстап жаяу барады. Екеуі жайдақ сайдың бір жақ қапталына шығып жатқан жалғыз аяқ сүрлеуді бойлап кетіп барады. Сайдың жиегіне жете бере тоқтай қалысты. Аттың тасасындағы кісі қасындағы әйелге құшағын созып еңкейіп сүйді. Әйел артына бір бұрылып қарап сайдан шығып кетті. Баран атты әлгі орнында қалқиып біраз тұрды. Сосын атына мініп, сайды бойлап төмен тартты.
Костюков қалың шидің тасасында ербиіп әлі тұр. Тысыр-тысыр ат жүрісі де естілмей қалды. Жым-жырт сайдың бойында жападан-жалғыз қалғанына көзі әбден жеткен соң барып, ізінше кері қайтты. Манағыдай ентелемей ілбіп жай басып келеді. Мынау аран қара сайдың қара көлеңкесіне де елегізген жоқ. Бірақ бір түрлі қараптан-қарап көңілі құлазып қоя берді. Әлгі адамдар мұнда неғып жүр? Әлгі әйел кім? Баран атты кім? Көкірегіне ойда жоқ орныққан осы үш сауалға ол ешқандай жауап таба алмады, өз ойымен өзі болып келе жатып төңірегіне көз де салмапты. Күн еңкейіп қалған екен. Хан ауылы жаққа қарап еді, Зердебайдың үйінің алдында жер ошақ басында әрлі-берлі көлеңдеп Торғын жүр. Ол үйге енді баруға кеш. Амалсыз қосына қайтты. Кешке жатарда Костюков манағы көргенін Цапаевқа айтып еді. Дөкір неме мазақ қылды.
— Қатын мен еркектің елсіз сайдың бойы түгілі үй алдындағы шошалада екеуден-екеу оңаша қалса, не істейтіні белгілі емес пе? Соған да ақылың жетпей ме, маубас неме?
Сергей Костюков бір бұрқ етіп теріс аунап түсті.
Өз іргеңді өзің қымтап, өз қайғыңмен өзің болған тағы бір ай өтіп барады. Төр алдында жата-жата жамбасы ұйып қалған Тевкелев аяқ-қолын созбаққа сыртқа шығады. Сыртқа шыққанмен көз тоқтатар, көңіл алдарқатар ештеңе таба алмай, қайтадан ішке кіреді. Ішке кіргесін де көңілі байыз таппай, не істеп не қоярын білмейді. Баяғы сол сыңғырама сандығын барып ашады, баяғы сол былғары қапты қалың дәптерін тауып алады. Ішін ашып оқи бастайды. Бәрі де сол белгілі хикая. Оқымай-ақ көңілінде жатталып жатқан оқиғалар. Кейінгі сентябрь айында жазу түсіп жарымапты. Оған қарап ол айда ештеңе болмаған екен деп ойлауға болмайды. Қайта бұны қақпанға түскен бөрідей қан жылатқан ең ауыр ай, ең пәлекет ай сол болды. Бұрын әйтеуір ілуде біреу соғып тұратын. Бұрын әйтеуір анда-санда шығып қайтқан серіктері ауыз толтырарлық хабар айтып келетін. Ал сентябрьде оның ешбірі болған жоқ. Әйтеуір ине жұтып қойған иттей тызалаңдаған тіршілік. Қасындағы нөкерлері елге әне қайтамыз, міне қайтамыз деп көптен күбінулі. Бұның көзін ала беріп сыпсыңдаса жөнеледі. Айтатындары — сол баяғы Уфаға қайтып, аман-есен аяқ асырып алатындарының жайы. Ал бұның сол іргеге телмірген, есікке телмірген басыр күйі. Бұрын күн ыссыда іргені түріп қоятыны бар еді, енді таң суып, сол түрулі есіктен басқа төрт болған көзіңді төңірекке салдырар саңлау қалмай барады. Үй сыртында қашанғы қалқиып тұрарсың. Сентябрь солай сенделумен өтті. Бүкіл ай бойына белдеуіне бар болғаны екі рет қана ат байланды. Бір рет Шерін Дөндіктің Сәмекеге тұтқын даулап бара жатқан екі елшісі соқты. Ол екеуі бұны біраз хабарға кенелтіп кетті. Доржы Назаровтың Шерін Дөндікпен ашықтан-ашық айқасқа шыққаны рас керінеді. Бүкіл ұлыс атқа мініп ереуілдеп кетіпті. Екі елші күндіз қалқа-қалтарыстарға тығылып, түн бойы сәуір салып, ереуілшіл ұлыстың үстінен итшілеп зорға өтіпті. Бір байқағандары — Доржының еліндегі өрттің исі қазақ даласында да көңірси бастапты. Батыр сұлтанның қол астындағы ауылдардың қай-қайсысының да желкесі қаңтарулы аттан көрінбейді. Қазақтардың бүйтіп тал түсте ат қаңтарып жүргендері тегін емес сияқты.
Қалмақтың екі елшісі Сәмеке ұлысына аттанып кеткен соң, екі күннен кейін, қасында үш кісі жолдасы бар Қосбармақ деген қазақ келді. Көктемде қалмақ ұлысына барып сауда жасап қайтамыз деген сегіз адамын жолдағы Жайық казак орыстары ұстап қалып жібермей отыр, соларды босат деп қолхат берсейші деп жалынды. Елші де безеріп алды. Кейінгі кезде Жайық бойында да, Тобыл бойында да қазақтардың орыс қоныстарына тиісуі көбейіп кетті. Әулекі біреулер бұған қыр қылып орыс тұтқындарын қолдарын қыл арқанмен буып, ауыл сыртынан айдап өтеді. Анада Әбілқайыр аңнан келе жатып сондай төрт орысты шырылдатып ат көтіне өңгеріп бара жатқандарды көріп қап, соңынан қуып жетіп екеуін әзер айырып алыпты. Елшінің есіне сол түсіп, Қосбармақтың жалынып-жалпайғанына илікпей қойды.
— Зорлықты батпан бөксе жуан ауылдар жасайды да, зардабын жүдеубас біздер тартамыз, — деп күйініп, ол кетті.
Содан соң ешкім ат ізін салмады.
Енді, міне, сентябрь өтіп, октябрь туды. Жылмаңтөс Юмаш тағы бір тосын хабар тауып әкелді. Қазақтарға Доржы мен Лобжыдан тағы да бір елші келіпті. Аты — Бөлек. Сол Бөлек: «Ақылдарың болса, Әбілқайыр мен Бөкенбайдың айтқандарына ермеңдер. Есет үшеуінің көзін құртыңдар. Ақ патша жарылқаса, баяғыдан бері қол астында отырған қалмақтарды жарылқамай ма? Аюкеден қалған жалғыз шаңырақты қарқалази еткенмен, қалғандарымызды қан қақсатып отырған жоқ па?! Ертең сендерге де соны істейді. Әлгі Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет — үш жәреукелерінің аузынан ақ майды ағызады да, сендерді көк мұзға жалаңбұт отырғызады. Желкелеріңнен көк сүңгісін оқтап тұрып алғанда мына күндеріңе зар болғандарыңды бір-ақ білерсіңдер. Одан да бізге қосылып, патшаға қарсы соғыс ашайық. Олай ететін болсаңдар, біз сендерден алған тұтқындарымызды түгел қайтарып береміз. Арамыздағы өткен-кеткен ашу-араздың бәрін ұмытамыз», — деп үгіт таратып жүрген көрінеді. Бұл жолы қазақтардың әлгі арапшының айтқанына едәуір ылығып қалған түрлері байқалады. Екі арыстан жиырма мың әскер жиып, қалмақтарға қолқабыс береміз деп желпініп жүрген қызылтанаулар жеткілікті көрінеді. Олар ақ патшаның елшісін енді ешкіммен кездестірмейміз, ешкімге хат жазғызбаймыз, ешқайда аттап шығартқызбаймыз, жасырынып еліне қашып кетуіне жол бергізбейміз деп жағалай қадағалау қойғызыпты. Бәсе, соңғы күндері алыс-алыс жалдардың басынан әлдеқайда әлдеқандай бір жүргіншілер өтуші еді. Ешқайсысы не бұның қосына, не хан ордаға бұрылып соқпайтын. Көкжиектен қылт-қылт көрінетін де, қайтадан жоқ боп кететін. Хан ауылынан анда-мында шығып тұратын Нияз сұлтан тағы да қап-қап хабар өңгеріп қайтатын боп жүр. Күйеу баласының ауылын күні-түні ат қамайды да жатады дейді. Бұны бұрынғыдай жалбырай қарсы алмай, ерқашты аттай қыржыңдап қалатынды шығарыпты. Ұры тазы құсап Барақ ұлысының жігіттері сұқақтайды да жүреді. Әйелдердің де талай өсекке кенеліп қалған түрлері бар.
Батыр сұлтан баласы Қайыпқа Барақ сұлтанның қызын әйел үстіне алып бермекші көрінеді. Сонда Қайып қарындасын алып отырған Кіші жүз ханы Әбілқайырға да, қызын алғалы отырған Орта жүз сұлтаны Бараққа да бірдей күйеу, бірдей жұрағат болмақшы. Өткен қыста Батырдың Өсеке тұқымымен сүйек жаңғыртуға сонша неге өліп-өше қалғанының сыры да енді анықталды. Күйеу бала боп сызылып-мызылудан құтылып, құдандал боп терезесін тең ұстауға асыққаны екен ғой. Баласына Өсеке тұқымынан тағы бір қызды қосақтап, өз басына бостандық алса, енді оған Тұрсын тұқымынан қыз алып беріп, баласының басына бостандық алып бермекші. Бір ауылдың дербес күйеуінің қайын жұртымен қажасып жатпағы әдепсіздік, ал екі іргелі ауылдың ортақ күйеуінің қай қайын жұртына қырын қарап, қай қайын жұртына оң қарауы өзінің еркі. Соны жақсы білетін сұңғыла сұлтан әуелден бір-біріне тіс қайрап өткен екі әулеттің екеуімен де құда боп, екеуін алма кезек саялап, екеуіне алма-кезек қарап, қыт-қытпен күн көрмекші. Біраздан бері іргесі ажырамай бүтін отырған жанарыс ауылдарына алыста жатып азуын айға білеген Барақтың ықпалының өте бастауы көп ұзамай бір топалаңға ұрындырмай қоймады...
Қандай атқа мінсе де, аяғы салақтап жерге түсіп кететін, қуанышта да, қайғыда да — қандай жағдайда да, аузын ашса, көмекейі көлкілдеп көрініп тұратын осы бір мылжыңбас сұлтанның әңгімесіне Тевкелев те көп илана қоймаушы еді, бірақ осы жолы қай сөзі де, көңіліне тебен инедей қадалып-қадалып тұрып алғаны. Хан ауылына қайта-қайта адам жүгіртеді. Күні-түні құлағы түрік. Бірақ, жіпсіз маталып отырған көр құлақ елшіге мардымды ештеңе естіле қоймады. Бәйбек Ағлұқ Бөкенбайдың ауылына соғып қайтқан екен. Уфадан келіп жатқан саудагер қазақ Жаубасар Қасболатовтан қоржынның екі басын толтырып үнді шәйін әкеліпті. Оны өзіне шақыртып алып, воеводаға хат беріп жібермек. Күндіз бұл ауылдан ешкім хан ордадан басқа жаққа аттап шыға алмайды. Тымырайып жатқан қара жалдардың ар жағында оларды қандай қауіп күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Ай бата Таймасты Бөкенбайға жұмсады. Астына меңсіз қара мініп, үстіне мөлттей қара киіп, қара сойылды тақымына басып, талай барымтаны бастан кешкен Таймас батыр қара түнге сүңгіп жоғалды.
Ертеңіне күздің күні жылдай ұзарып батып болмағаны. Тевкелев те тызақтап кіріп-шығып отыра алмағаны. Башқұрт билерін жиып ақылдасты.
— Таймас, аман-есен жетті ме екен?
— Жетпесе, ендігі бір хабары шығар еді ғой.
Жан-жақтың тым-тырыс жатқанына қарағанда, аман-есен жеткен болар.
— Ал, бүгін екеуі торушыдан қапысын тауып өте алар ма екен? Жолдан ұстап ап, бізбен сөйлескізбей кері қайтарып жіберсе қайтеміз?
Башқұрттар әрі ақылдасып, бері ақылдасып амал тапты. Текелев пен Юмаш жарық барында киімдерін өзгертіп, хан ауылының қой тоғытып жүрген адамдарына қосылып, өзен бойына барады да, жұрт ауылдарына қайтқанда тоғыттың маңындағы шоқ тоғайға жасырынып қалып қояды. Қараңғы түсе Юмаш қалтарыстан шығып, Бөкенбайдың ауылынан келе жатқан Таймастың жолын тосып, Жаубасар екеуін тығылып жатқан Тевкелевке апарып жолықтырады.
Күн батып, ымырт үйіріле елшілік қосы мен хан ордасы отырған тепсеңнің ту сыртындағы құныс бел қара ормандай қарауытып шыға келді. Кейінгі кезде елшілік қосына да бір қозғалыс біткені қарсы жақтың назарына ілініп қалса керек.
Бір жағы жарлауыт, бір жағы ойпаң жылайшық өзеннен қырға қашып сексие біткен бір шоқ талдың арасына етпеттей жығылған Тевкелев пен Юмаш қауқылдасып хан ордаға қарай жылысып бара жатқан шолғыншы топтарды көріп жатты. Маңайда аяқ басылып, түн қоюлана Юмаш Бөкенбай ауылынан келетін адам осы маңнан өтеді-ау деген тұсқа барып, қарағанды қара жүлгенің арасына жатып алды. Түн ортасы ауа екеуі де қара киініп, қара мініп, аттарының тұяғын дүсір шықпасын деп киізбен таңып, үнсіз жылжып келе жатқан екі елесті Юмаш сонадайдан көзі шалып қалды. Бұқпақтап барып тізгіндеріне жармаса кетті. Шошып қалған, талдың арасында үсті-басы әлем-жәлем боп күтіп тұрған Тевкелев Жаубасарға жағдайды келте баяндап, қойын қалтасынан көнетоз әптиек шығарды.
— Кошелев мырзаға апарып бер, — деді.
Воеводаға хатын әптиектің соңғы бетіндегі ашық жерге кітаптың өз жазуынан аудармай әдемілеп, арап хәрпімен орысша жазып еді.
Жаубасар қою қараңғыға қайта сүңгіді. Елші екі серігімен сай бойынан шыға берді. Әлдеқайдан шаң-шұң дауыстар шықты. Жаубасар бұта-бұтаның тасасында тығылып жатқан торуылшылардың төбесінен түссе керек. Шаң-шұң әңгіме көп ұзамай басылды.
— Енді қолыма түссең, көзіңді құртам. Бұл араға аяқ басушы болма, — деп біреу кіжінді.
Жаубасарды босатқан секілді. Тұла бойынан киелі кітаптан басқа сезікті ештеңе таба алмаған сияқты.
Қарашаның қара суыққа ұрынбай май тоңғысыз боп өтер түрі бар. Аспан ашық. Көз жетер жерде көңіліңді жабырқатардай ештеңе жоқ. Керілген дала кенезесін кептірген ыстықтан құтылғасын етек-жеңі кеңіп далия түскен. Мизам шалған шөп басы күміс шашқандай күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Ауылдар тағы да көген құрып, қой қосақтап күзем алуға кірісті. Бірақ қай ауылға барсаң да, қырықтық басынан қатын-қалаш пен кәрі-құртаңды ғана көресің. Тепсе темір үзетін тегеурінді жігіттер жым-жылас. Олардың бәрі ат үстінде. Бірақ жағаласып жатқан жаулары жоқ. Ауыл мен ауылдың арасын шаңдатып, ер үстіндегі изеңдескен ерсілі-қарсылы бір жөңкіліс.
Күні-түні топылған қара нөпір аттан талай ауылдың үсті тозып, үзіктерін тозаң көмді. Бірақ, ондай топылысқа басқа ренжісе де, Батыр сұлтанның ренжи қояр түрі көрінбейді. Қиыр-қиырдан жарақтанып келген жау түсірер жігіттердің қарасы көбейген сайын көңілі тоғая түседі. Олардың кеңк-кеңк күлкісі мен кергіме дауы да құлағына майдай жағады.
Бір төлеңгітін әдейі жиылып жатқан жігіттерді санауға қойды. Екінші төлеңгіті кермедегі аттардың оң тақымындағы айқұш-ұйқыш таңбаларға сығыраңдап әлек. Жігіттің саны төрт мыңға жетіп қапты. Кермедегі аттардың санынан тек алты шектінің ғана емес, исі алшының талай руының таңбасын табуға болады. Әзірге көзге ілікпей тұрғаны жеті рудың ғана таңбалары. Соған қарағанда хан маңайының тақырлана түскен сыңайы бар.
Кейінгі жылдары Қайыптан қалған көне орда қақырадай боп ағарды. Қашанғы қайың шаңырақтан басқаның бәрі жаңарған. Сырдың аяғындағы қарақалпақ миясарлары басып берген қан күрең тор көз керегелерді көрерге көз керек. Қыпша бел бойжеткендердей сылаңдаған сүйрік уықтар да иінді-ақ. Есік пен төрі ен жайлау сегіз қанат ақ орданың іші қызылды-жасыл. Оның көбі осы соңғы жылдары жиылған. Көрші Бұхара, Хиуа хандықтарынан келген тарту-таралғы. Кейінгі кезде қошаметшіл жұрт: «Хан орда сіздің ордаңыздың қасында жетім қыздың үйіндей екен», — дегенді көп айтып жүр.
Батыр өз ордасына жұртты көп кіргізе бермейді. Келім-кетімді басқа үйде қабылдайды. Мұнда қадау-қадау сенімді кісілер ғана аттайды. Бұрын өз ауылына туралап келе жатқан кісі көрсе, алдынан шығып қарсы алғысы кеп табаны қышып тұрар еді. Қазір іздеп келген мейманды қоналқы үйде саржамбас қып күткізіп қоятынды шығарып жүр. Міне, екі-үш күннен бері сый қонақтар түсетін жасаулы үйде Барақ ұлысынан келген екі-үш жігіт алдын көре алмай сарғайып жатыр. Олардың неге келгені де белгілі. Сондықтан да күткізе түсті. Өйткені, бұл ойланбай жауап қайтара салар оңай шаруа емес-ті.
Анада көктемде шаруасы шығып, Әбілқайырдың ауылына барып қайтқан Барақ ұлысының кісісі Жансары жол-жөнекей бұған соғып, бір тосын хабар айтқан-ды. Оны естігенде бұл ішін тартқан. Ақ пен қызылдың арасында солаң етіп кіріп келген әлгі қаба сақал суық хабарын Бараққа да жеткізіпті. Көкейіндегі қызыл құрт көмекейінен басын қылтылдатып тұратын көкіме неме араға апта түсірмей, бұған бір сенімді жігітін жұмсапты. Қалтасына хат салып беріп жіберіпті.
Ол жігіт өз ағайындарынан қысастық көріп қашып шығып, Батырдың панасына кеп бас сауғалаған рай танытты. Сабазың менің балам болсын дейтіндей сүйкімді неме. Жазық маңдай, қыр мұрын, жайнақ көз.
Батыр сұлтан оны жеке ұстайды. Көп ешкімге қоспайды. Оңаша шақырып тапсырма береді. Оның не істеп, не қойып жүргенін бұл ауылда Батыр, ана жақта Барақ қана біледі. Қонақ үйдегі үшеу сол шаруадан не өнетінін білмек. Батыр үйінен шықпай қабырғасымен кеңесті. Қанша дегенмен, өзі бір кісінің жүрегін тітіркендіретіндей тосын шаруа еді. Бірақ, бұл жолы тәуекел етпесе, қолына бірте-бірте бой үйретіп келе жатқан бақыт құсы пыр етіп қайта ұшып кетуі әбден ықтимал. Қазақтың бас ноқтасына қолымды енді жеткізем бе деп отырғанда, ол бақытынан өзі айырылып қалғысы келмейді. Онысын мынау төңірегіне төрт тараптан жиылып жатқан қарақұрым жұрт бет-бетіне шашырап безіп кетеді ғой. Сосын оларды маңына қайта жинап алып көр! Мансап деген де етегін жел ашпаған балапан бойжеткеннің уыз ықыласындай өтпелі неме көрінеді. Дер кезінде қапы жібермей қауып қалмасаң, өмірбақи өкінумен өткенің. Ал, бұл жолы ойланбай-толғанбай көз жұмбайлыққа басуға тағы болмайды. Ел алдында біреуді масқара етем деп жүріп, өзің масқараға ұшырап қалып жүрсең...
Батырдың ойы олай бір көлбеп, былай бір көлбеп, ақыры бір шешімге келген сияқты. Не де болса, елшіні тап осы қалпында еліне аман жіберіп қоя алмайды. Не де болса, Өсеке тұқымын бүйтіп басқа секіртіп қоя алмайды. Ендеше, бір қанды оқиғаға бел бумай болмайды. Ол үшін тек ел үстіндегі игі жақсылардың аузын алу аз. Жалпақ жұрттың өзі сенің жағыңа шығуы керек. Әбілқайырды сыртынан қанша ғайбаттағанмен дегеніңе жете алмайсың. Ол үшін одан жұртты біржолата түңілтуің керек. Сонда ғана сенің қан төккен қылмысың қасиетке, қараулығың ерлікке айналып шыға келмекші. Міне, сонау мамыр айынан бері жер түбіндегі Барақтың күнара кісі шаптырып құлағына құйып баққаны осы. Оны қайтіп жүзеге асыратынын да өзі айтып берген. Бұл жайында ешкімге тіс жарып көрген емес. Тіпті Жалтыр мен Қосыбай да білмейді. Ертең болары болып, бояуы сіңген соң барып төбелерінен бір-ақ түсірмек. Егжей-тегжейлі хабардар тек Барақ екеуі ғана. Барақты бұрын арам шеміршегін аспанға төсеген әңгүдік біреу көретін. Сөйтсе, білмейтін қулығы жоқ қырық қалта қырқылжыңның нағыз өзі екен. Батыр сұлтанның шалғайына қолым тиді ме, тимеді ме дегендей Қайыпқа қызын теліп жүрген де өзі. Оны да төбеден түскендей қылмай, жер түбінен тұспалдап жеткізді.
— Өзіңді де, балаңды да Өсеке тұқымына кіндіктен байлап тәуелді қып қоямысың. Жігіттің жеті мүшесіне жеті әйел деген. Қайыпжанға қалған әулеттерден де бір-бір төс жегіз. Өсеке балалары саған сосын қалай кекірейе алар екен!
Барақтың бұл сөзі де көңіліне бірден қонды. Құшақтасып құйрық-бауыр асаспаса да, жекжаттықтан қаша қоймайтын рай танытып еді, екі арыс ел бұлардың құдандылығынан құлақтанып үлгерді. Құлақтандырып жатқан да бұл емес, еріні епсекті Барақтың төңірегі. Одан, бірақ, айылын жиып отырған бұл жоқ. Күні кеше «Өсеке тұқымының қолбаласы» деп кекетіп жүргізбейтін кергімелердің бірі бүгін өзі кеп, қызының етегін бұның баласының шалғайына байластырып, онысына ақ түйенің қарыны жарылғандай алақайлап қуанып, өткен-кеткеннің тізгініне оратылып сүйінші сұрап жүрсе, масаттанбаса, неге ренжісін!
Болашақ құда жатса-тұрса мұның қамын ойлап, күнара бір атшабарын аяғын салақтатып жібереді де тұрады. Кешегі келген үш жігіттен жіберген хатын оқығанда қайран қалды. Бәрін қолмен қойып, көзбен көргендей қып мөлдіретіп жазыпты.
«Егер сөйтіп жатса, бүйткеніміз дұрыс», «ал бүйтіп жатса, өйткеніміз дұрыс». Әйтеуір қапы қалмайтындай қып барлық жағын қарастырып бағыпты. Төңірегіне топтасып жатқан қату қолдың көптен кіжінгенмен, аттап өте алмай келе жатқан ала жібін қазақтың кіндік араласы шешіп бермек. Егер бұл ойлағандары іс боп шықса, мен қазақпынның бәрі Әбілқайырдан теріс айналып шыға келетіні сөзсіз. Бірақ оған дейін де солқылдақ ру басыларын ушықтыра, өшіктіре түсу керек. Ол жолда қандай тәсіл, қандай айладан да тайынуға болмайды.
Батырдың енді ойланып-толғанатын реті де жоқ екен. Жарақты көптің басын құрап алғасын не ойланатыны, не толғанатыны бар! Енді тек тәуекелге мінуі ғана қалды. Дауыстап сырттан төлеңгітін шақырды. Едірең басып төлеңгіт кірді.
— Бар, әлгі кірмені шақыршы...
Төлеңгіт ештеңе аңғармасын деп жайбарақат сөйледі.
Үстінде құс таңдай сап тоқыған түйе жүн шекпені бар, сусар бөрікті, сұрша жігіт табалдырықтан еппен аттады. Сексеуілдің шоғындай жылт-жылт еткен екі көзін сабаудай-сабаудай қою кірпіктің астына көміп, оң қолын көкірегіне апарып тағзым етіп тұра қалды. «Еркек адамның мүләйім болғаны неткен жексұрын! — деп ойлады ішінен мынау тал бойында бір міні жоқ сұлу жігітті жақтырмай қалған Батыр. — Бұндай жылысу немелерді кергенде он екіде бір гүлі ашылмаған бала қыздарда ес қалады дейсің бе? Барақ қу қайдағыны қайдан тауып жіберген!..»
— Қалай, айтқан тапсырма орындалды ма?
Мәймөңке жігіт басын изеді.
«Үн қатпауын қарашы... Бірақ үндегенде де не дейді бұл сығыр...»
— Қанша рет жолықтыңдар?
Жігіт қапелімде тамағы құрғап қалғандай шашала тіл қатты.
— Сол... төрт-бес рет...
Екі беті ду қызарды.
— Бара бер!
Жігіт зып беріп шығып кетті.
«Төрт-бес рет кездессе, екеуі оңаша сайдың бойында көсік қазып жүрмеген шығар», — деп ойлады Батыр мұртынан күліп.
Май тоңғысыз шуақ көзден бір-бір ұшты. Аспанның көкірегі аяқ астынан ит талағандай жұлмаланып шыға келді. Әлдебір құдірет терістіктен күнгейге қарай шудаларын желкілдетіп мың-мың бура айдап өткендей, қара сұр бұлттар ертелі кеш түйдек-түйдек көшеді де жатады. Жерге кейде ақ жалқаяқ бірдеңелер түсіп, олары сол бойда еріп кетеді. Олардың неге жөңкілісіп жүргені белгісіз. Ал жердегілердің неге астарынан су шыққандай сергелдеңге түсіп жүргенін әркім-ақ білетінге айналды. Жал-жалдың тасасына тығылып, тың тыңдаған құлақтарды селт еткізер жаңалық күн өткен сайын көбейіп барады. Уфадан елшіге Қауым Топаров деген башқұрт келіпті. Қасына ерткен он кісі саудагері бар. Орта жүздің жерінен асып, Кіші жүздің жеріне жете бергенде бір терең сайдан тондарын теріс айналдырып киіп алған елу қаралы әлем-жәлем біреулер шыға кеп, соңдарындағы керуендерін жетелей жөнеліпті, өздерін местей қып сабап, жол бойына тастап кетіпті. Ол бұзықтардың екі арыстың қайсысына жататынын да ешкім білмейді. Қауым Топаровты воевода Кошелев Тевкелевтің хабарын біліп кел деп жұмсапты.
Арада он шақты күн өткесін Шерін Дөндік пен Лекбайдан үш салт атты хабаршы келді. Екі қалмақ билеушісі Әбілқайырға хат жолдапты. Онда қалмақ тайшыларының арасында алауыздық барын, бірақ оған қалмақ ханының еш қысылмайтынын, өйткені орыс жандаралы Борятинскийдің қол астында елу мың атты әскер, отыз мың жаяу әскер, үш мың зеңбірек қай жақтан «аттандаған» айқай шығар екен деп жаланып тұрғанын жазыпты. Оны өңшең қоқан-лоқының ортасында қалған Әбілқайырға қобалжымасын деп орыс әкімдері әдейі жаздыртып отырғаны белгілі болды.
Бірақ жер түбіндегі генерал-губернатордың мұндай жұбату хаты ханға да, елшіге де басу бола алмады. Өйткені, қазақ ұлыстарының қай пұшпағынан да келіп жатқан хабарлар бұл екеуінің мойынына қыл тұзақ бүгін түспегенімен, ертең түсетінінен сыңай танытып баққан-ды. Батырдың маңындағы әскер күннен-күнге көбейіп барады. Алты шектіні былай қойғанда, Әлім мен Бай ұлының басқа ауылдары да Батыр сұлтанмен ауыз жаласа бастапты. Қайып баласы Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ ұлыстарымен де ат құрғатпай хабарласып тұрады деседі.
Хан орда мен елші қосы мынау аламан-асыр сең жүре бастаған ұлы дарияның ортасындағы қос аралдай. Қай күні топан басып қылғытып салары белгісіз. Жан-жақтан еміс-еміс жетіп жатқан хабардың бәрі үрейлі, бәрі қорқынышты. Белдеуге кеп тірелген ат дүсірінің қай-қайсысы да төбе құйқаңды шымырлата келеді.
Аралдың етегінде отырған Шатемір ханмен бірігіп, Хиуаны жаула деп жіберген Нұралы сұлтан ел жаулап алмақ түгілі өз басымен қайғы боп төрт ай жат жұрттың ортасында пенде боп отырып-отырып, елге зорға аяқ іліктірді. Ол Нұралының қырсыздығын емес, Әбілқайырдың одақтастарының алдында қадірінің кете бастағанын көрсетеді.
Күнгейдің хабары әлгіндей болса, теріскейдің хабары одан да сөлекет. Жаны ашитын азғантай ру басылардың бірі Есенбай бидің айтып келген хабары бұлардың басындағы қара бұлттың бұрынғыдан да бетер қоюлана түскенін байқатқандай. Мың атты башқұрт жарақтанып келіп Орта жүзді шауыпты. Қырық жігітті мерт етіп, екі мың жылқы, жүз тұтқынды айдап әкетіпті.
Бәрінен де осы башқұрттың барымтасы жанға батып тұр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, Тевкелев пен Әбілқайырдың жандары онсызда мұрындарының ұшында жүргенде мынандай күйге тап қылды. Әлде олардың арасынан да осының бәрін қасақана істеп жүрген қаскөй біреулер табылды ма екен...
Тевкелевтің күйінгені сонша, бөксесін жерге тигізе алар емес. Отырса болды, қол-аяғы қалтылдап қоя береді. Екі қолын көкірегіне айқара қаусырып алып сенделеді де жүреді. Әбілқайырды шақыртып еді. Оның да жетісіп жүргені шамалы екен. Көзінің алды жалқылдап ісініп кетіпті. Мынаны естігенде ішін тартып, шөгіп отырып қалды. Онсыз да сұп-сұр беті онан сайын бедірейіп, бұдан көзін айырмай тесірейіп алды. Егер қазір көзі тайып кетсе, бұның өзі де одан жалт бергелі тұрғандай.
— Бәсе, — деді хан ыңырсығанға да, ышқынғанға да ұқсамайтын біртүрлі әжептарқы үн шығарып. — Мана сары ала таңнан Орта жүзден бес кісі біз келгенше Тевкелевті қолыңнан шығарушы болма деп, ігір де жоқ, мігір де жоқ, дәм ауыз тиместен кері шаба жөнеліп еді-ау.
Бұны естігенде Тевкелевтің екі көзі төбесіне шықты. Мың күн сынбас шөлмектің бір күн сынар сын сағаты жақындап қалғаны ғой. Онсыз да түтіп жеуге дәлел таба алмай отырғандарға дәлел табылды. Енді не істемек керек?
Бір-біріне не дерін білмеген екі үрейлі адам меңіреуленіп әлі отыр. Екеуі тек тілден ғана емес, ес-түстен түгел айырылып қалғандай. Екеуі де бірінің бетінен бірі көз айыра алмай бажырайып қарайды. Екеуі де бірін-бірі жұбатқысы келеді, бірақ ауыздарына сөз түспейді. Біраздан кейін барып естерін жинасты. Алдымен, Әбілқайыр тіл қатты.
— Ендеше, Орта жүзден қол жеткенше, қарап отыруға болмайды. Тезірек Бөкенбайға адам жіберіп ақылдасайық. Жауға шабылып, қанына қарайып отырған ұлыстан қол келсе, ол ешкімді де аямайды. Не істеп, не қоятындарын бір Алла біледі! Бірақ олар не істеп, не қойса да жаманатын арқалайтын мына менмін. Сондықтан, мен сендерді олар келгенше елдеріңе қайтаруым керек. Ақ патшаға берген антыма адал екенімді өзіңіз де көріп тұрған шығарсыз. Бірақ, мынау жалына қол апартпайтын жабайы жұрт діңкемді әбден құртып болды. Дәл қазір оларды бұғалықтай алар дәрмен менде жоқ. Сондықтан алдияр патшамызға айта барыңыз. Біріншіден, жер түбінен жіберген ақжолтай елшісіне ұлы ағзамның ұлық дәрежесіне лайық сый-сияпат көрсете алмағаныма ұяттымын, екіншіден шарапатты да шапағатты патша ағзам біздей мұңлық үмбетінің қол астындағы жұртты дегеніне көндіріп жөнге сала алмағанына ашуланбасын. Бұл қазақ осы бетімен кете береді екен деп ойламасын. Егер ұлы алдияр өзі қол ұшын берер болса, бұл жұртты да жөнге салуға болады. Ол үшін мынау көзіңіз көріп отырған қиқар ру басыларының бірсыпырасын жазалап, бірсыпырасын Ресейдің алыс шаһарларына жер аударып, бұл арадан аластау керек. Басы Батыр сұлтан қып көздерін құртқан жөн. Сонда олардың орнын алатын жас билер әлгілер құсап дәліріп кетпей, тізгіндерін тарта ұстап, аяқтарын аңдап басатын болады. Бұның бәрі әуелі бір Алланың, сосын ақ патшаның пәрменімен ғана жүзеге аса алатын шаралар...
Әбілқайыр өз сөзіне-өзі сенбей тұрғандай бұның көзіне алақтай қарайды. Іші қан жылап отырса да, Тевкелев ханның мынау таусыла сөйлеп тұрған түрін көріп біртүрлі аяп кетті.
— Қапа болмаңыз. Ресейге аман жетер күн болса, сіздің адалдығыңызды, ұлы императрица ағзамның ақжолтай елшісіне еткен ақ, қалтқысыз еңбегіңізді түгел айтам. Егер әлгі ниетіңізді расында да жүзеге асыратын болсаңыз, қазақ жұртының да жөнге келіп, салауатты ел боп кететініне мен сенемін.
Хан елшінің жүзінде кекесін жоқ па дегендей, жалтақ-жалтақ қарап қояды. Бірақ Тевкелевтің көзінен де, жүзінен де ондай кекесін нышанын таба алмады. Сосын барып жүрегін басып, орнықты сөйледі.
— Егер алдияр патша біз пақырдың өтінішімізді құп алып, Ор өзенінің бойынан қамал тұрғызып, сол қамалдың ішінен маған арнайы үй, қора жай салып берер болса, әлгі әулекі билерді тарту-таралғы таратамыз деп алдап-сулап жинап алар едік те, көк желкелеріне көк сүңгі қадап қойып, ішкі Ресейге айдатар едік. Олардың көзі құрыса, қалған елдің жым болатынына мен кепіл.
Тевкелев ханның бұл өтінішін де мізбақпай тыңдап, ақ патшаға бұлжытпай айтып баруға уәде берді. Бірақ ханның ұлы императрица ағзамға өле-өлгенінше адал болатынын айғақтайтындай бір ишара жасағаны дұрыс болатынын сездіртті.
Әбілқайыр, бәріне үйінен алдын ала кесіп-пішіп келгендей, тез жауап берді.
— Алдияр патшаға елшілікке ұлым Ералы сұлтан мен немере ағам Нияз сұлтанды өзіңізге ертіп жібергелі отырмын. Бұдан былай ұлы ағзамның қарауына жыл сайын бір баламды аманатқа жіберіп тұрмақпын. Ақ патшаның алдындағы адалдығымды бұдан басқа немен дәлелдей аламын. Сізден жалғыз өтінішім, ұлым мен сұлтанды көп ұстамай, елге тезірек қайтарарсыз. Әйтпесе, мұндағы аузымен орақ орған көп кергіме жұрт алдында тағы да табаға ұшыратып жүрер. Алдияр тақсыр әлгі айтқан өтінішімді қабыл алып, мені үй-ішіммен қалада тұрғызар болса, әрі бүкіл әулетіммен сенімді аманат болар едім, әрі мынау бұзақы жұрттың тарапынан ешқандай қауіп-қатер көрмес едім, олардың тізгін ұстарларын сескентіп, тентек-телісіне тіземді мықтап батыра алар ем. Не де болса, ақ патша өзі шешеді ғой. Мен әйтеуір алдияр патшаның айтқанын екі етпеймін. Елші мырза, ақыл айтқаны несі деп ашуланып қала көрмеңіз, Ералының қасына Бөкенбайдың немере інілерінің біреуін, бізге жақтас ру басыларының не өздерінен, не балаларынан біреу-міреуді ерте кеткеніңіз жөн сияқты. Қанша дегенмен, мынау ұйтқыма халық өз ұйтқысынан да бірдеңе араласпаса, айдаладағы төре тұқымның қай төлінің қайда шашырап жүргеніне бас ауыртып неғылсын! Ертең көз тайғасын кешегі уәделерінен айнып кетіп жүрмес үшін олардың кіндіктерінен де мықтап-мықтап матап ұстап отырмаса болмайды.
Тевкелев мынаны естігенде қуанып кетті. Екеуінің бұл сұхбаты бір тентектен әлімжеттік көрген екі момынның бірін-бірі жұбатқанындай бірдеңе еді. Бірақ, беттеріндегі үрей табы әлі түгел тарай қойған жоқ.
Әбілқайыр елшінің қосынан қайтып келе жатып, Зердебайдың үйінің белдеуінде тұрған төрт-бес аттыны көргенде көңілі мұздап қоя берді. Ордаға жеткесін төлеңгіттерін шақырып сұрастырып көріп еді, Барақ ұлысынан шебердің сақау қызын бала жасынан айттырған құдалары келіпті. Үндемес зергер мен оның қашан көрсең де, самай шашы қопырап, алау-далау боп жүретін жырым балақ қатыны жүректері жарыла қуанып жатқан көрінеді.
Тевкелевтің хабарын естігенде Бөкенбай сазарып отырып қалды. Онсыз да ауыр денелі адам бөксесі жерге сіңіп бара жатқандай сәл ілгері итініп барып тіл қатты.
— Бұған Әбілқайыр хан не дейді?
— Ханның айтқаны: Орта жүздің қара-құраңы көп. Әрі қазір башқұртқа мал алдырып, жан алдырып өте ызалы. Кешегі башқұртқа кеткен еселерін сендерден қайтарғылары келуі мүмкін. Олар келмей тұрып елдеріңе асырам, қастарыңа балам Ералы сұлтан мен немере ағам Нияз сұлтанды елші қып қосып жіберем, — деді.
Батыр ерінін жымқырып біраз отырып барып, бір бүлк етті.
— Мұнысы ақыл екен.
Бөкенбай басындағы дағарадай бөркін алып, барқыт тақиясының астына қамшысының сабын жүгіртіп бірер қасып қойды. Онысы, шамасы, қатты ойланғаны болса керек.
— Жөн, жөн, — деді әлден соң қайта тіл қатып. — Мен де қасыңызға бір немере інімді ертіп жіберем. Құдайназар Уфаға дейін шығарып салады. Бірақ, оны Уфаға барғасын әрі алып кетпей, елге қайтарыңыз.
Тевкелев құптап басын изеді. Тамағын кенеп тіл қатты.
— Батыреке, әнеугүнгі Шерін Дөндіктен келген екі елшіні сізге қалдырам. Өз ұлыстарына аман-есен жеткізіп салыңыз.
— Жақсы айттыңыз, — деді Бөкенбай. — Ол екеуін елдеріне жеткізіп салуды өз мойыныма алайын. Бірақ, қастарына Шөребай деген немере інімді қосып жібергелі отырмын. Ол былтыр керуен тартып келе жатып, қалмақ ұлысында тоналып қалып еді. Соған жәбір көрсетпей, алған дүниелерін қайтарсын деп Шерін Дөндікке қағаз жазып беріңіз.
Тевкелев батырдың ол өтінішін сол бойда орындады.
Бөкенбай батыр ауылына енді қайтқалы жатқанда терістіктен бір қарайған көрінді. Көкжиекте аттылыдан гөрі түйеліге ұқсаңқырайтын тәрізді. Біраздан соң түйе жетелеп келе жатқан жаяу адам екені көзге анық шалынды. Бұнысы қалай? Қолында бұйда тұрып, түйеге мінбей жаяу келе жатқаны несі?
Елші қасындағы аң-таң жұрт одан әріге шыдай алмай, бір-екеуі атқа мініп алдарынан кетті. Қалғандары әлгі жұмбақ түйелі қастарына келгенше тарамай көлеңкеде тұрып алды.
Жырық мұрын қара нар елшінің үйінің оң жақ бетіне: «Уһ, жеттім бе?» — дегендей сылқ шөге кетті. Үстіне екі адамды мінгестіріпті. Екеуінің де тұла бойы айғыз-айғыз қан. Жер түбінен ілесіп келе жатқан көк шыбындар әлі айырылғысы келмегендей құж-құж жабылып жатыр. Түйе жетелеп келе жатқан жаяу жігіт әбден болдыртып жалп етіп отыра кетті. Қолымен ымдап бірдеңе дейді. Жұрт арқасы қырдай қара көрттің үстіндегі, екі кісіні шандып буып тастаған қыл арқанды әрең шешіп, түсіріп алып, көрші үйге алып кетті. Ал екі тізесін топыраққа көміп, сұлқ отыра кеткен жігітті екі қолтығынан демеп тұрғызып, елшінің үйіне алып жүрді. Оң жаққа әкеліп отырғызып, үстіндегі шаң-шаң сырт киімін шешкізіп, беті-қолын жуғызды. Алдына апарған жез құманның шүмегіне шап беріп еді, су құйып тұрған жігіттер зорға айырып алды.
— Әбден қаталап келген екен, бойына түсіп кетіп жүрер. Әлсін-әлсін аузын шайғызыңдар.
Жігіт біраздан соң барып есін жинады. Уфа маңында тұратын Бораш деген қазақ екен. Бұны да полковник Кошелев Тевкелевке хат апарып беруге жұмсапты. Қасына осыдан екі ай бұрын Уфаға кеткен ханның бір жігіті мен Бөкенбайдың бір жігітін қосыпты. Үшеуі үш ат мініп, бір-бір аттан бос жетектеп, алты атпен шыққан екен, алдарынан сексендей атты кісі қарсы жолығыпты. Ешқайда қашып құтылуға жағдай жоқ. Амалсыз тоқтапты. Сөйтсе, әлгілер башқұрттар боп шығыпты. Орта жүзден жылқы қуып қайтамыз деп барып, соққыға ұрынып, бірер жігіттерінен айырылып, өштерін кімнен аларын білмей келе жатқан ызақор топ, Құдай айдап тап қылған үш қазаққа бөрідей шүйлігіпті. Үшеуінің аяқ-қолын буып, ат көтіне өңгеріп алыпты. Жол-жөнекей тоқтаған жерлерінде бұлардың кім екенін анықтап, воеводадан келе жатқан Борашқа көп тимепті. Ал хан мен Бөкенбайдың жігіттерінің тұла бойында найзаның ұшы мен дойырдан түскен жарақаттан саутамтық жер қалмапты. Ол екеуін ішін кептіре сабап арқасы қырдай көртке мінгестіріп, жол-жөнекей құлап қалмасын деп қыл арқанмен шандып байлап, бұйдасын Борашқа ұстатып жіберіпті.
Ит қорлықты көріп келген үш мұңлықтың сөзін тыңдап отырып Бөкенбай мен Тевкелев бір-біріне көздерін көтеріп қарай алмады. Елші қосындағы мына қарбаласты көріп Әбілқайыр да келген екен. Үшеуі ақ патшаның елшілігі қазақ ұлыстарынан аман-есен аттанып кеткенше мына жәйді ешкімге айтпауға, жарақатты екі жігітті ел көзіне шығара бермей оңаша бағып-қағуға пәтуаласты.
Содан елші қосы, сыртынан қарағанда, баяғысынша жым-жырт тұрғанымен, іштей буынып-түйініп жолға жинала бастады. Әбілқайыр мен Бөкенбай да алыс жолға аттанатын адамдарының жол жабдықтарын әзірлеп әлек.
Хан мен елшіден қалыспағысы келгендей шет жақтағы Зердебайдың үйі де абыр-сабыр. Ертелі-кеш балға тықытып отыратын неменің қара көрікті атымен жиып тастағанына бір апта болып барады. Күні бойы қараша үйіне бір кіріп, бір шығып тыным таппайды. Самайы қопыраған бәйбішесінің де етек-жеңі жинақталып қалыпты. Анадағы құдалар келіп кеткеннен бері қашаннан бері аузы ашылмаған сандық-кебежелері мен жібі шешілмеген теңдерін түгел ақтарып шықты. Бар жылтырағын әуелі қызына, сосын өзіне жапсырып әлек. Әншейінде жалғыз үй кірменің мұндайда ағайын-жекжаты да көбейіп шыға келеді екен. Күйеудің ұрын келетін хабары шыққасын-ақ, қоңсылас рулардың арасынан ағайын табылып, екі-үш үй әкеп тікті. Соғым жетелеп, саба өңгеріп келген ағайындар Зердебайдың өзін ортаға алып кеу-кеулесе, үй тігіп, жиһаз әкелген абысын әйелін ортаға алып сампылдасады. Әйтеуір, Зердебайдың үйінің маңы ертелі-кеш жапыр-жұпыр әңгіме. Белдеуінде ертелі-кеш қаңтарулы ат. Жалғыз үй ұстаға жан-жақтан құйылып келіп жатқан жүргіншілерге елші де, Әбілқайыр да жақтырмай қарайды. Мынау абыр-сабырдың бәрін қарсы жақ әдейі істеп отырғандай. Осы арқылы хан мен елшінің не істеп, не қойып жатқанын білгілері келгендей. Анау жер ошақ басында топылып жүрген қаба сақалдар тек қазан қуып, пышақ қайрап, мал сойып жүрмегендей, сонымен қоса хан орда мен елшілік қосын сырттан бағып, тың тыңдап жүргендей. Сондағы көрген-түйгендерін төсеніш іздеп, ыдыс-аяқ сұраттырып жан-жаққа шаптырып жатқан салт аттылардан айтып жіберіп жатқандай.
Не де болса, сақау қыздың той-томалағының дәл осы тұсқа сәйкес келуі тегіннен-тегін емес. Әбілқайыр сыр тартқысы келіп төлеңгіттерін жіберсе, тойлы ауыл аяқтарын тартып, ауыздарын тыйып, сыртқа тебетін көрінеді. Тевкелевтің адамдарынан Зердебайдың үйімен әуелден араласы бар Сергей Костюков. Ол Сартайлақ десе сартайлақ, жоғалған түйедей қаңғалақтап барып қалады да, аңырайып тұрып-тұрып кері қайтады. Оған зергер мен қызынан басқа жұрт онша жылы шырай таныта қоймайды. «Сұқақтап мынау қайдан шыға келді?» — дегендей, теріс айналып, тыжырынысып қалады. Зергердің онымен бұрынғыдай ерінбей-жалықпай мылжыңдасып отыруға уақыты жоқ.
— Ә, Сартайлақ, келдің бе? — деп бір ыржиып қояды да, не мал сойып жатқандар, не үй жасаулап жатқандар шақырып, кетіп қалады. Жалғыз қызының жөнін тапқанына мәз болған еңгезердей кісі мынандай шаруаның тұсында қол ұшын беріп жатқан ағайындардың бір сөзін қаза жібермей, елпек-ұшып жүр.
Торғынның да мұршасы жоқ. Біресе ана жеңгесі шақырып алып, жаңа тігіп жатқан көйлегін кигізіп көргізеді, біресе мына жеңгесі шақырып алып, ертең келін боп барғанда киіп баратын әшекейлерін қаратады.
Сергей Костюковтың абыр-сабыр тойлы ауылдан күні бойы төңіректеп жүргенде айтып келетіні: «Зердебайда ес жоқ, сондай қуанышты. Торғын бұрынғысынан да әдемі болып кетіпті. Гүл-гүл жайнайды. Қазақтардың қыз ұзатқаны қызық... Әншейінде алау-далау болып жүретін шешесіне дейін құлпырып кетіпті».
Мұны естіген Цапаев тағы да шағып алады:
— Сен енді қызынан күдер үзгесін, шешесіне көз салайын дедің бе?
Не де болса, хан ауылының о шеті мен бұ шетінде күні-түні мігір жоқ, абыр-сабыр.
Іргеден аттанбай жатып, жер төмпештей жөнелген көп дүсір бірер қыр асқанша құлағында тұрды. Сол бір қияңқы дыбыс басылғасын да көңілі орнықпай, Әбілқайыр үйге кіре алмады. Желтоқсанның екілене соқпаса да, дене түршіктірер ызғар желінен күздігүнгі қоңыр жусанның тарам-тарам сілті шашағы бой көтере алмай, дірдек-дірдек етеді. Ханның іші-бауыры да қыс алдының сол әлем-жәлем қара шөбіндей бебеу қағып қалтыратып алып барады. Бірақ, енді басқа амалы бәрібір жоқ. Не де болса көріп алады. Әлгінде ғана көкжиекке сіңген үш жүз аттының ала тозаңы аспанға айналып әлі тұр. Ежіреңдей сөйлеген дәукес билердің қабарыңқы жүздері көз алдында, сөздері құлағында. Ешқайсысы ақырып-бақырған жоқ, былайғы даулардың тұсындағыдай қамшыларымен жер сабамады да. Сыздана, тістене сөйлесті. Ауыздарынан шыққан әр сөздерін қорғасынмен қаптап қойғандай, көңілін опырып түсердей ап-ауыр. Алдарынан шығып, аттан түсіріп алған жігіттерімен де жөндеп амандаспапты. Үйге кіріп жайғасқасын, сырттан қарш-қарш пышақ қайралып жатқанын естіп:
— Жігіттеріңізге айтыңыз, әуре болмасын. Көп отырмаймыз. Әлгі шоқыншағыңды шақыр. Екі ауыз сөзіміз бар, айтамыз да қайтамыз, — деді топты бастап келген қабақ Тәңірберді.
Хан сәл ойланып барып, Бәйбекті шақырмай, Мырзатайды шақырды. Мыналардың келмей жатып кергіген қатал жүздерінен көңіліне бір үрей қашты. Өткен жолы елшімен оңаша мәслихатта: «Енді екеумізді де тыныш қоймас. Қарсы жақтан біреулер келер. Қайбір ағайындық әңгімемен соғады дейсің, қоқан-лоқы жасап қоқаңдай келер. Сонда хабаршы жібергенде қапы қалмайтындай боп ойланып алайық», — деп пәтуа байласқан. Егер бұл Бәйбекті, ол Юмашты жіберсе: «Қауіп-қатер ештеңе жоқ, келе бер», — дегендері, ал бұл Мырзатайды, ол Таймасты жіберсе: «Ойлан, қапы қалма», — дегендері.
— Елші мырзаға барып, билердің шақыртып жатқанын айтшы, — деді хан балдызына.
Мырзатай үй-ішінде отырғандарға алара бір қарап шығып кетті. Көп ұзамай қайтып оралды. Соңына елші емес, Таймас ілесе кірді.
Билер мынау өндіршегі сорайған құс тұмсық башқұрт биімен сөйлескісі келмей:
— Әлгі ноғайың қайда? Өзі неге келмейді? — деп еді, Таймас ханның оң тізесінен кеп орын алып:
— Ұлы императрица ағзамның алдияр елшісі қазақ билерінің өз ғұзырына жеткізбек өтініш-ғарзаларын естіп қайтуды маған, башқұрт биі Таймас Шаимовқа тапсырды, — деді.
Онысы: «Мен, немене, тақияларыңа тар келіп отырмын ба? Мен де тап сендердей қамшы ұстаған қадау бимін. Патша ағзамның ақжолтай елшісімен тізе тиістіріп қатар отыратындай теңдікті сендерге кім беріпті, өңшең жыртық шидем, жалбатымақтар!» — дегені еді.
Ханның сол тізесіндегі ат жақты, айыр сақал Тәңірберді ажырая қарады.
— Біз өтініш-ғарзамен келіп отырған жоқпыз. Талаппен келіп отырмыз. Талабымызды мына Әбілқайыр ханның алдында елшінің өзіне айтқымыз келеді, — деді.
Таймас та ызғарлана сөйледі.
— Ханға айтар талабыңызды қайда айтатындарыңызды өздеріңіз біліңіз. Елшіге айтар талабыңызды маған айтыңыз. Тевкелев мырза қазақ сұлтандарымен, билерімен өзі сөйлесе ме, жоқ өкілін жіберіп сөйлесе ме, оны сендердің мынау жиындарың емес, өзі шешеді.
Керегенің көгі басына бір-бір биден иін тіресіп отырған қарақұрым жиын түгел күреңітіп алды, бірақ бәрі де ұяттан емес, ызадан қызарып отыр. Таймастың мынау батыл жауабына айызы қанып отырған тек Әбілқайыр ғана. Бұлардың бәрібір илікпейтіні белгілі болды. Кетісу керек екен, осылай шекісіп кетісу керек. Ендігі мәймөңкеден бәрібір опа жоқ.
Қазықтай қағылып қақ төрге жайғасқан еңгезердей Тәңірберді қызарыңқы көзін төңірегіне шола тастап, сөз бастады.
— Ендеше, біздің бұл келісіміз Ресей патшасының қол астындағы башқұрт жұртының бассыздығына байланысты болып отыр. Олар осы биылдың өзінде Орта жүз ұлыстарына бір емес, бірнеше рет шабуыл жасады. Тек соңғы жортуылдың өзінде Орта жүздегі ағайындарымыз қырық арысынан өлідей, жүз азаматынан тірідей, екі мыңнан астам жылқы мен түйеден, қарайған дүние-мүліктен айырылып қалды. Біз қарындасымыз бүйтіп басына күн туып, отқа түсіп жатқанда ақ патшаның елшісін алшаңдатып, еліне аман-есен жіберіп қоя алмаймыз. Башқұрттар алған жесірі мен жетімін түгел қайырып, өлтірген арыстарымыздың құнын төлегенше, екі жұрттың арасында бітім болғанша, Әбілқайыр ханға келген елші аманатқа алынып қалынады. Біз соны ескерткелі келдік.
Таймас манадан оң көзін сығырайта тыңдап отыр еді, мынаны естігенде басын көтеріп ап, оқыс саңқ ете қалды.
— Бұндай талапты қойып отырған кім?
— Біз. Кіші жүз руларының билері.
— Ендеше, Кіші жүз ұлыстарына башқұрт тиді деген хабар естілмеп еді ғой. Ресей патшасының қол астына өз еркімізбен бағынамыз деген Кіші жүз руларына орыстар тарапынан да, қалмақтар тарапынан да, башқұрттар тарапынан да ешқандай қысастық болған емес. Ал, Ресей патшалығының қол астына әлі өтіп болмаған Орта жүз ұлыстарының тыныштығына ақ патшаның елшісі ешқандай кепілдік бере алмайды және ол үшін аманат боп басын қатерге тіге алмайды. Егер анттарыңнан айнып, ақ патшаның елшісін қайдағы бір башқұрт шапқыншылығына ұшырап отырған ұлыстарға аманатқа ұстап берер болсаңыздар, ертең ұлы императрица ағзам мен оның айбынды ғаскерінің алдында әлгі Орта жүз ру басылары емес, мына сіздер, ант қағазға қол қойған күннен бастап, Ресей мемлекетінің боданы болып есептелетін Кіші жүз ру басылары жауап бересіздер. Бұл қылықтарыңыз біздің мемлекетіміздің заңында патша тағының алдындағы опасыздық, сатқындық саналады.
Жұрт сілтідей тына қалды. Тәңірбердінің қолындағы төрт өрме қамшының былғары шашағы дір-дір етіп қалтылдап тұр.
— Сонда, — деп сөз алды оң жақ қапталдан Бақтыбай батыр, — ақ патша бізді ағайынымыздан айыра ма?
— Бәсе, десейші-ау, — деп оны төменірек отырғандар құптай жөнелді. — Ақ патшаға бағынамыз деп, сүттей ұйып, судай сіңісіп отырған ағайындарымыздан бөлініп бөтен жұрт болып кетеміз бе? Қарындастың басына күн түскенде, біз қалай қабырғамыз қайыспай, қол қусырып қарап отыра аламыз!
— Сонда бір шоқыншақ ноғайдың басы қазақтың өлі қырық, тірі жүз азаматының бастарынан артық бағалы болғаны ма?
— Қалған елшілікті аман-есен қайтарамыз. Ұстап қалсақ, тек елшіні ғана ұстап қаламыз. Онда да ақ патша башқұрттардың бассыздығын тыйдырсын деп ұстап қаламыз ғой!
Таймас жұрттың жапыр-жұпыр әңгімесін түгел тыңдап алды. «Айтарларыңды әбден айтып болыңдар» дегендей әрқайсысының аузына қадала қарады. Бірақ билер кеңге көсіліп кетпей, бүгежектеп отыр. Шамасы, осынша бидің бәрі бірауызды әңгімемен келіп отырған жоқ. Көбі шарпысқан екі жақтың ауыз ләмін өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен естиін деп әдейі аңыс аңдып келгендей. Сыр шашпай тымпиып-тымпиып қалыпты. Әбілқайыр екі жақ босағадан бастап, иін тіресе отырған билердің әр қайсысына көзін сұқтап, үнсіз тергеп-тексеріп шықты. Мына жиынның алдында бүгежектей бермей, айбын көрсетіп қалған дұрыс екен деп ойлады.
Таймас қайта сөз алды.
— Осында жаңа тек тілмашты ғана ұстап қаламыз, қалғандарыңды елге қайтарамыз дедіңдер. Мен өзім Мәмбет мырзаны мында тастап, елге қарай жарты қадам аяқ баспаймын. Менен басқа башқұрттар да сөйтеді. Біз ұлы патшамыздың аты мен абыройын арқалап келіп отырған ақжолтай елшіні өйтіп аяқ асты ете алмаймыз. Бірге келдік екен, бірге кетеміз. Жаңа осында тағы бір әңгіме болды. Ағайынымыздан айырмақсыңдар дедіңдер. Сендерді ешкім зорлап ағайындарыңнан айырмақшы емес. Соншалықты бауырмал болсаңыздар, әу бастан-ақ Сәмеке ұлысындағы ағайындарыңызға біз қол астына қарап отырған елге тиіспей тыныш жүріңіздер деп айтпадыңыздар ма? Барымтаны бастаған кім? Солар ма, башқұрт па? Баяғыдан бергіні былай қойып, осы сендер ант бергеннен бермен қарай қазақтардың орыс мемлекетіне қарсы істемегені қалды ма? Ақ патшаның керуенін айдалаға сусыз қамап, тонап алған кім? Сендер! Жайық бойындағы орыс қаласынан казак орыстардың қатын-баласынан он алты адамды ат көтіне өңгеріп алып, қашып кеткен кім? Сендер. Башқұрттардың қырық кісісін өлтіріп, алты мың жылқысын қуып кеткен кім? Сендер. Ал, енді шеттеу шыққан жалғыз-жарымды қымқырып кетіп бара жатқандарың өз алдына. Оның есебін ешкім білмейді. Сонда кім кімге обал жасап отыр? Егер Сәмеке ұлысы өзі тыныш отырса, башқұрттар тисер ме еді? Жоқ. Олар да анада шеккен тауқыметінің қарымтасын енді қайтарып жатыр. Ендеше, ұлы императрица ағзам қол астындағы қай халықтың да бүйтіп жылап жүріп зорлық жасағанына шыдап отыра алмайды, ешкімді өйтіп басынан секірткізіп қоймайды. Егер, ақ патшамен тату-тәтті болғыларың келсе, мынау елшісін бір күн де кідіртпей еліне қайтарыңыздар!
Үнсіз сазарып отырған қалың топтан тағы біреу тіл қатты:
— Дәл қазір қазақтардың елшіні еліне қайтара алатындай жағдайы жоқ. Алдияр тақсырдың атына лайық сый-сияпат жасамай, қайтіп құр қол жібере аламыз?
Таймас: «Осыны да сөз деп айтып тұрсыңдар ма?» — дегендей кекете жымиды.
— Ақ патшаға сендердің адал көңілдеріңнен артық сыйлық керегі жоқ. Іргелі мемлекеттің басшысы өздері етек-жеңдерін дұрыс қымтай алмай отырған жарлы-жақыбай жұрттан не дәметуші еді! Тағы да Бақтыбай дүңк етті.
— Сендерді аман-есен жіберсек, осының бәрін ақ патшаға жылап-сықтап айтып барып, ертең жыл өтпей жатып, біздің құлағымызды кесіп алуға қайтып келесіңдер ғой.
Таймас оған жалт бұрылды.
— Ақ патша ешкімге өзі тиіспей тиіспейді. Тыныш отырсаңыздар, сендердің құлақтарыңды қайтсін! Ал, егер соқтықпаларыңды қоймасаңдар, әр тентектің маңдайынан бір сипап отыратын ақ патша сендердің нағашы әжелерің емес, құлақ түгілі бастарыңды қырқып алады. Бірақ, естерің болса, ондайға өздерің де ұрынбассыңдар. Ұрынып жатсаңдар, сендерді тезге салатын айбынды әскерін бастап әкелетін адамды бізсіз де табады. Онан да әр гәпке бір соқтықпай, әлі де басымыз піспей, істің байыбына бара алмай отырмыз деп ашық айтпайсыңдар ма?
Манадан сілтідей тынып тыңдап отырған жұрт мына тұста гу ете қалды.
— Әй, басымызда нең бар?
— Абайла!
— Мына жаман естек қайтіп-қайтіп көстеңдейді-ай!
— Ақ патшаның бауыр еті, көз нұры өзі құсап, шекемізден шертіп тұрып сөйлейді ғой!
— Орыс нанын бұрын жегеннің бәрі бүйтіп әкіреңдей беретін болса, ақ патшаға қараған күніміз де күн болмайды екен.
Сұлқ отырған Тәңірберді: «Жә, қойыңдар енді!» — дегендей қамшысын жоғары көтерді.
— Біз елшіге айтарымызды айттық. Елшінің айтқысы келгенін естідік. Енді біздің сенде ешқандай сөзіміз жоқ. Ендігі сөзіміз мына Әбілқайыр ханда. Бірақ, сен де естіп ал. Ал, хан, исі алшының айтары қашан башқұрттар Орта жүзге салған ойранының орынын толтырғанша елшіні ешқайда шығарушы болмайсың. Бұл айтқанды орындамайды екенсің, төрелік түгілі тірлігіңнен күдеріңді үзе бер.
Әбілқайыр ыршып түсті.
— Өйтіп, қоқилана берме, Тәңірберді. Сенің ышқырыңа қыстырылып тұрған сары шаянның да құйрығы көрініп қалды. Сақалыңды сапситып, осындай өнбес дауға кім жұмсаса да, айтып бар. Менің ақ патшаға берген антым ант. Кейбіреулер құсап бүгін биенің құйрығы, ертең түйенің құйрығы болып, қырық құбылып отырар жәйім жоқ. Ондайлар бүгін шолжаңдағанмен, ертең шолжаңдай алмайды, ақ патшаның алдында сазайын тартады. Олардың опасыздығы үшін бар айыпты бір мойныма артып ап, мен де өле алмай жүрген жоқпын. Егер елшіні аманатқа ұстаймын десеңдер, өздерің ұстаңдар да, обал-сауабын өздерің көтеріңдер. Елші — менің тұтқыным емес, қонағым. Қайтам деген күні қайтарам. Қасына балам Ералыны ақ патшаға елшілікке жіберем. Егер бұл қылығым үшін қатын-баламмен түгел қырып тастасаңдар да, артым сұраусыз қалады екен деп ойламаңдар. Ералыжан орыс патшасына тірі жетсе, біздің кегімізді сол қуады. Егер оның да періште қанына қолдарыңды былғамай, құмарларыңнан шыға алмайтын болсаңдар, бұл опасыздықтарыңды ақ патшаның өзі-ақ із-түзсіз жібермейді. Ол кім-кімнің де кеше бағындым, бүгін қағындым деген шайпаулығын көтере қоймайды. Әуелде жайына қарап жүре алмай, өз аяғынан келіп ант беріп, енді бүгін онысынан жалт беріп отырғандар жазасыз қаламыз екен деп ойламасын. Бастарыңда ми болса, әлі де қабырғаларымен кеңессін. Менін айтқаным айтқан, елшілер елдеріне жүреміз деген күні жүреді. Мен оларды қайдағы біреулердің қапы кеткен ұпайы түгелденгенше ұстап отырар жәйім жоқ. Ойланам-толғанам деген кісіге аз ойлану, аз толғану болмаған сияқты!
Әбілқайыр орнынан өзі бұрын көтерілді. Онысы: «Сөз осымен бітті!» — дегені еді.
Үй толы жиын сол сазарған қалыптары сыртқа шықты. Сол сазарған қалыптары аттарына мінді. Сол сазарған қалыптары «қош» айтыспастан жүріп кетті. «Қап, бәлем, сені ме!» — деп кеткендері бірден белгілі болды.
Бел асып бара жатқан қатулы шоғырды көріп тұрып Әбілқайыр: «Тіресер жерге енді келдік», — деп ойлады. Үйіне қайтып кіргісі келмей құла түзді бетке алып жүріп кетті. Мәреден енді оралып, тұяғы әбден қызып алған бәйге атындай бір жерге тұрақтай алар емес. Қарсы ескен суық леп те бетін шымылдатқанмен, етіне өте алмай келеді, сонау көкірегінде өртеніп жатқан қордалы күйікті үрлей түспесе, сөндіре алар түрі керінбейді. Әлгі айтқанына еш өкінген жоқ. Бірақ «енді не болар екен» деген бір желік әуестік бар. Ертең, тіпті бүгін түс қайта мынау жым-жырт ауылға тап болар зұлматты бір сәт көз алдына елестеткісі келеді. Бірақ, көзінің алдын жыбырлатып келе жатқан соқыр ыза көңілінде ешқандай көрініс оятпады. Қайда қараса да, сол құлазыған тұлдыр кеңістік. Аспан асты, күллі дүние, алай-түлей көңілі бәрі-бәрі құлазып бос қалғандай.
Ауылдан біраз ұзап шығып кетіпті. Кенет көз алдындағы көкжиектен қылт-қылт бірдеңелер қарауытты. Қалт тұра қалды. Әлгі баяғыдан бергі қорқытып келе жатқан топалаңдары осы болмасын. Жаңағылар ауыр қолын жал астына иіріп қойып, өздері тағы да бір бұның алдынан өтіп, мезірет жасауға келіп жүрмесін. Ат құйрығын үзіскен әңгімеден соң барып, манадан бері жаланып тұрған жарақты қол қанша айтса да көнбеген қайсар ханның шаңырағын ортасына түсіргелі қаптағайлап қоя бермесін...
Көңіліне бір түсініксіз діріл жүгірді. Өкініш деуге өкінішке ұқсамайды, ыза деуге ызаға келмейді, қорқыныш деуге қорқыныш тәрізді де емес. Айлап-жылдап ауырып, әбден сүлдері құрып, онсыз да күдерін үздірген күлдікөмеш тіршіліктен кетер алдында иегін кемсеңдеткен үмітсіз науқастың далбаса наласындай бір әлсіздік бойын билеп барады. Талай топаланды көріп-біліп жүрсе де, тап мынандай сергелдең халді бастан кешіп көрмеген екен. Аяғының тиген жерінің бәрі шоқ боп қарып жатқандай. Бетіне қырын тиген терістік желі де тандырдың деміндей күйдіріп бара жатқандай. «Маған не болған? Маған не болған?» деген мазасыз сауал құлақ шекесіне қадалып ап, қазанның түбін тесетін темір бұрғыдай зыр көбелек айналып, нелер көрмеген мәңгір басты үн-түнсіз үңгіп жатқандай.
Көкжиектегі қылт-қылт қарайғандар андыздап-андыздап, жал басына көтерілді. Бар болғаны он шақты ат. Қол емес... Тағы да бір бейуақ жүргіншілер... Бұлардың кім болғаны?
Хан жолаушылардың жолында тұрмайын дегендей ауылдың күншығыс қапталын бетке алып, баяу басып жүріп кетті...
Өңшең қара сүлік ат мінген бейтаныс меймандар ауыл шетіндегі Зердебайдың үйіне қарай беттеді.
«Е, әлгі күйеу жігіт осы екен ғой. Бұ да қалың ойнай келетін уақытты тапқан екен!»
Қыз ұзатқан ауыл — қашан да қызыққұмар жұрттың көзінің құрты. Әлгінде ғана сазарып-сазарып атқа қонған зілді топты шығарып салып, бүгежектеп қалған үрегей ауылдың ендігі назары түп-түгел Зердебайдың үйі жаққа ауыпты. Қатын-қалаштың құдайы берген. Еріндері еріндеріне тимей сыпсың-сыпсың.
— Күйеу жігіт Барақ сұлтанның жекжаты көрінеді.
— Тәйірі-ай, ұлыс билесең, қол астындағы елдің адамы түгілі иті шешен мырзаның үйінің қаншығымен ұялас еді деп мақтанатын әдеті ғой.
— Төренің жекжаты болса, кер сақауға ұрындап оны не Құдай ұрыпты?
— Бесіктен атастырған дейді ғой. Жөргектегі нәрестенің ертең қандай боп шығарын қайдан білсін!
— Сонда немене, қалың малын төлеп қойған ба?
— Қалың малын кім білген... Бірақ, құда — құдайдың аты демей ме? Ант аттай алмағандары да.
— Бір пайдасына жарамайтын болса, Барақ ант түгілі Алланың басынан аттап кетпес пе?! Басқа бір есебі бар шығар...
— Иә, деймін-ау, жігіттерді қойшы. Жеті мүшесіне жеті қатын ала салады. Бұнысы сақау болғанмен, басқасы сақау болмас. Беріп қойған малын неге зая жіберсін!
— Тілі жоқ демесең, бұ жазған көрерге көз керек сұлу ғой!
— Күйеуі қандай екен? Сұлулардың су мұрынға жолығатын әдеті еді.
— Сұлу кеседегі сүтке ит өш. Қаймағынан айырылғасын қай итаяққа төгілгенде не...
— Қандай күйеу болса да, бұл байғұстың тақиясына тар келе қоймас.
— Зердебай пақырда ес жоқ.
— Қайтсін, тірілей көз күйік бола ма деп уайымдап жүргенде, баласы құтты орнын тауып жатса, ол қуанбағанда кім қуанады!
Жұрт үйді-үйдегі мұндай әңгімені місе тұтпай, күйеу келіп жатқан төрт-бес үйдің маңына жиыла қалған. Әсіресе еріні қайқайған қарасұр қатындар есік алдында иін тіресіп тұрып алып, ошақ басынан табақ әкеле жатқандарға жол бермейді.
Тойлы ауылдың адамдарының мұндайда айбындары асып шыға келетін әдеті. Әншейінде аз үйліктен бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін зергердің ағайындары бүгін едірең-едірең етеді.
— Әй, қатын, бөксеңе сорпа төксін демесең, былай тұр!
— Жалақ ерін бейбақ, аулақ кет, ауыңа шоқ түсіп кетер!
Қызыққұмар халық оның бәрін кешіреді. Біресе ана жақтарынан, біресе мына жақтарынан қақсоқтаған даяшы жігіттердің алдында әрлі-берлі жөңкіліп, бәрібір сол маңайдан кетпей толып жүр.
— Күйеу баласы қайсысы?
— Төрдегі анау екі күйек сақалдан басқасы өңшең бір қылқандай жас, қайсысы екенін кім білген?
— Әне бір есік жақтағы шоң мойын дейді ғой.
— Шіркіннің сүзетін бұқадай аларған көзі жаман екен...
— Қой, қасындағы сабау кірпік шығар.
— Не де болса, сол екеуі былайғы жұрттан алабөтен сызыла қапты.
Осы бір жапыр-жұпыр жиынның арасында Сергей Костюков та жүрген-ді. Мойынын қанша созып қараса да, иін тірескен жұрт ештеңе көрсетпейді. Кенет бір қарулы қатын үйдің оң жақ беттегі үзігінің шетін ырсита түрді. Жұрт жапатармағай солай жүгірді. Елден бұрын Костюков жетті. Оң жақ босағаға бес-алты жігіт тізіле қапты. Арасынан желкесі шоттиып кейін шығып кеткен, қабағының астынан алара қарайтын торсық шеке нән бас біреу бұған «Сен сығырға не жоқ?» — дегендей ежірейе көз тастады. Баяғы қара сайдың бойындағы боз шекпенді осы болғаны ма? Мүмкін емес. Мұндай немеге Торғынның көңілі қайдан құласын... Ал, әне біреу... Әлгі ала көздің сол қолындағы сабау кірпік, қиғаш қас, аққұба жігіт ше... Күйеу жігітке соның сыйы келіңкірейді ғой. Торғыннан сұрар ма еді. Бірақ, оны бүгін күйеу жігітке көрсетпейді дейді. Өңшең қыз-келіншектің ортасында оңаша үйде отыр.
— Ау, мына Сартайлаққа мұнда не бар? Сораң-сораң етіп осындайдан осы-ақ қалмайды екен!
Жұрт екі жағынан тықсыра бастады. Костюков амалсыз топтан шықты.
Ол күні күйеу қайын жұртынан қонақасы жеді. Зердебайдың үйінің маңындағы абыр-сабыр ертеңіне де тарамады. Ертеңіне күйеу жігітті ортаға алып отырмақ жасалды. Қаз-қатар тігілген төрт үйден домбыра безілдейді, біресе асқақ дауысты жігіттер шырқайды, біресе қыз-келіншектің күміс қоңырау үндері сылдырайды. Кешке дейін ойын-күлкі басылған жоқ.
Зердебай үйінің маңындағы топыр қараңғы түсе тарады. Кешеден бері дуылдатқан төрт үй енді оңаша қалды. Бірақ, ол маңайда әлі де қыбыр-қимыл жеткілікті. Әсіресе, келіншектердің сылқ-сылқ күлгені бір басылмай қойғаны. Қолдарына бірдеңе ұстап, үй-үйдің арасында ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Қалған үлкендерде дыбыс жоқ. Тек сол күлегеш келіншектер ғана мынау жалғанның жалғыз қожасы боп қалғандай.
Бүгін — ұрын келістің ең жауапты күні. Қалыңдық пен күйеудің алғашқы жолығысы. Егер бір-бірінің көңілінен шығып жатса, соңыра түн ортасында әлгі күлегеш келіншектер алақайлап жүгіріп, қыздың шешесінен сүйінші сұрайды. Онда қызықтың көкесі ертең басталады. Мына ауылдың барша қатыны, қыз-қырқыны, жігіт-желеңі жиылып күйеу таламақ жасайды. Үсті-басындағы ұнатқан нәрселерін сыпырып алады, атымен үй-үйдің алдындағы күлді тасиды, құдаларды шаңыраққа кереді. Қыз беретін ауыл қыз алатын жаққа, әйтеуір не істегілері келсе, соны істейді. Сондықтан да мынау жан-жақтағы жым-жырт үйлер түн ортасынан ауғанын тосып жатыр. Түн ортасында «сүйінші» шықты-ақ, ертең тағы да тойға түсетіндерін білдіріп, оң езулері тартып, қаннен-қаперсіз ұйқыға кетеді.
Күздің түні осыншама ұзақ болар ма... Сол күні жұрт тыпыршыды да жатты. Бір уақытта тойлы ауыл жақтан оқыс ойбай шықты.
— Қап, атаңа нәлет-ай, қылған қорлығыңды ма?
— Қап, мына масқарасын-ай!
— Жыртық тоқашын шелпек деп сатып, көңілімді арамдағанын-ай!
Бір әжептарқы гүжбан дауыс жер төбелеп өкіріп отыр, өкіріп отыр.
Мынау бір ел естімеген сұмдық болды. Қыздың үйі түгілі маңайдағы ауылдар, сілті жұтып қойғандай, қапелімде үндерін шығара алмай қалды. Жұрт түгел оянса да, ешқайсысы сыртқа шықпады. Әлгі бір өгіздей өкірген неме әлі балпылдап отыр.
— Қап, көріңде өкіргір-ай. Жер қылдың-ау, әбден!
— Қап, ақ-адал малым-ай!
— Қап баяғыдан бері есек дәме боп келген есіл үмітім-ай!
Өлген әкесіне жоқтау айтып отырғандай жұрттың бәрі естісін деп әдейі даусын соза түседі. Төңірек тынышталған сайын өршелене айғайлайды. Кенет қақпанға түскен аюдай арсылдаған басқа бір дауыс шықты. «Қу, құдай-ай, мұнша жерге кіргізетіндей неңді алып ем!» Сол-ақ екен, «Ойбай, ойбай! Ұста! Шауып тастар!» — деген әжептарқы айқайлар естілді. Зердебайдың үйінің маңында гүж-гүж дауыс көбейді. «Жібер деймін, жібер! Оны да өлтірем, өзім де өлем!» «Жібер деймін, жібер!» Зердебайдың дауысы. «Қап, жүзіқара, қап!» Қызы жатқан үйге ұмтылып жүр. Қауқылдасқан еркектер ашулы ұстаны қызы мен күйеуін салған оңаша отауға жібермей, қолына жармасады.
Жұрт жылы көрпенің астынан-ақ сыртта не болып, не қойып жатқанын біліп жатыр.
Таң атқанша сол бір абыр-сабыр басылмады. Ел ол күні ұйқы көрген емес.
Ертеңіне күн шығар-шықпаста күйеудің тобы қарабет ауылдан дүрсілдетіп шауып шықты. Көкжиектен асқанша артына қарамай шапты. «Масқараға ұшырадық!» — деп намыстанып бара жатқан адамдардан гөрі, «Құдай берді!» — деп қуанып бара жатқан адамдарға келіңкірейді екен. Бастарын асқақ ұстап, шалқая шабады. Солардың атқа отырыстарынан-ақ Әбілқайыр көңіліне секем алып еді, бесін ауа жан-жақтан жиналған ақсақал-қарасақалдар әлгі күмәнінің үстінен шықты.
Қаумалаған ағайын төр алдында теріс қарап жатып алған Зердебайдың бетін бері қаратыпты. Қызыл тіл неткен епсекті еді. Қара тастай боп қатып қалған ұстаның қасіретті көңілін де жібітті. Алақандай қос жанарға дөңгелетіп жас келтіріпті. Бұл шаруаны бұл күйінде тастамайтын болыпты. Құдайдан зекет тиетіндей боп бақытсыз туған тірі мүскіннің періште көңілін аяққа басқан әзәзілді тауып, мына айыбын мойнына алдыртып, қаралай бетпақ болған мұңлыққа некелестіретінге серттесіпті. Оны орындамай тірі жүрмеске бүкіл ағайын боп ант-су ішісіпті. Сосын кешқұрым батар күннің жалқынында қарақұрым ауылдан ірге ажыратып алшақ қонған хан орда жаққа жалтақ-жалтақ қарап қойып, елді-еліне тарасып бара жатты.
Төбеге тау құлағандай зіп-зілдей тағы бір күн тағы өтті. Ол күні ешқайдан хабар шыққан жоқ. Үшінші күні күн шығар-шықпаста сау етіп отыз атты Әбілқайырдың іргесіне түсе қалды. Өңдері қату, иіндері салыңқы. Бұның есігінен бір түрлі қаймыжықтап аттады.
Қақ төрге алшиып Қонысбай отырды. Әйтеке тұқымын алға салып келгендеріне қарағанда, бұл келістері оңай келіс болмады. Атақты бидің балаларының отырыс-тұрысында, сөйлеген сөздерінде аталарына тән ірілік бар еді. Қонысбай да қалған дәукес билердей шаршы төрге шығып ап, шақшақай құстай шақылдай жөнелмей, қоңыр домбыраның үніндей күмбірлетіп сөз бастады.
— Алдияр, сары ала таңда түскенімізге қарап та, жайсыз хабармен жүргенімізді біліп отырған шығарсың. Оразамызды ашпай тұрып әңгімелесетін төтенше іс тап келді. Табалап келіп отырғанымыз жоқ, өзіңмен бірге сүйегімізге дақ, бетімізге таңба салатын сұмдық оқиғаның бетін әрі қылғай деген ақ тілеумен жиылып отырмыз. Зердебайдың қызының кешегі абыройсыздығын жұрт мына іргесіндегі орыс қосынан келген пәлеге жориды. Ішінде бір ерең-серең жас жігіт бар дейді. Соны жұрт талай рет бейуақта Зердебайдың үйінің қасынан көріпті. Мұсылман болса бір сәрі, қайдағыны қайдан шақырып, аузы түкті кәпірге қызымыздың етегін ашқызды деп сені пәлекеттейді. Ағайындықпен алдыңнан өтейін деп келдік. Салмақ салайық деп келген жоқпыз, ақыл айтайық деп келдік. Мынандай масқарадан құтылудың үш жолы бар. Біріншісі: «Адал көңіліммен, ақ дастарқаныммен қарсы алғанымда, кәпір, кәпірлігіңді істедің!» — деп бізді жиып пәтуамызды алып, әлгі Сартайлақты дарға астырасың да, қалғандарын бір күн кідіртпей еліне қайтарасың. Екіншісі, атасы кәпір орыс елшілігінің мұндай қылмысына ешқандай араласым жоқ деп ел алдында іргеңді аулақ сап, оларды ызалы жұрттың қолына бересің. Үшіншісі, әлгі Сартайлақтың ешқандай күнәсі жоқ деп ата аруағы жатқан қызыл үйіктің басына барып ант бересің.
Әбілқайыр мынаны естігенде шөжіп отырып қалды. Қонысбай да оған ес жиғызғысы келмей үстемелетіп түйдек-түйдек сөйледі.
Хан тамағын кенеді.
— Оразамды ашпай тұрып, айтар адал сырым, Зердебайға да, қызына да қысастық ойлаған жерім болған емес. Жұрт гу ете қалды.
— Әлбетте. Ондай ой бізде де жоқ.
— Көзсіз көбелек бейшараны отқа итеріп жүрген орыстар деп тағы айта алмаймын. Олар да тірі пенде. Анық-қанығына көзім жетпей тұрып, бекер обалдарын көтергім келмейді.
— Әрине. Анығына жету керек.
— Дәл қазір аруақ басына барып, ант-су ішуге де әзір емеспін.
— Ойлан. Сарапқа сал. Асықпа. Болар іс болып қалды. Патшаның елшілігін мынандай жағдайда жұрт бәрібір аттап шығартпайды. Өз бетіңше тергеп-тексер.
Сосын келген шешіміңді хабар салып бізге айт. Бірақ бір ескертетін жағдай, ант беруге бел бусаң, антқа басыңдағы бағыңды, алдыңдағы малыңды, кеудеңдегі жаныңды тігесің. Ағайынды ренжіткен жәбірдің емес, аруақты апшытқан кесірдің тұсындағы анттың шарты сол. Ол деген сөз бағым деп басыңдағы тәжіңді антқа ұстайсың, малым деп астыңдағы тұлпарыңды антқа ұстайсың, жаным деп тек өзіңнің ғана жаныңа бататын емес, күллі елдің қабырғасы қайысатын ең қадірлі, ең аяулы кісінің балиғатқа толмаған періште перзентін антқа ұстайсың. Өз тұқымың, Есет пен Бөкенбайдың тұқымы ол санатқа кірмейді. Антқа баласын ұстайтын адамың олар да болмасын, олардан кем де болмасын. Ал, біз жүрдік. Ойлан, мықтап ойлан!
Әлгінде бұған елжірей қарасқан отыз би үн-түнсіз шығып, аттарына қонып жүріп кетті.
Соңғы екі жылдың ішінде бұның төріне сабырмен аттап, есігін сабырмен жапқан тек әлгілер екен. Неге бұлар мынандай аруаққа тіл тиген кезде терілеріне сыймай күйіп-піспейді? Киені үркіттің деп туырлығын тіліп, төрін неге сабамайды? Неге қиястанып кіріп, қыжырына сөйлемейді? Неге бәрі кеңпейіл, кешірімді бола қалған? Неге, неге, неге ойбай... Неге...
Әбілқайыр астындағы ала-құла кілемді өзі төмпештеді. Не негесі болушы еді! Белгілі ғой бәрі де! Бүгін таңда бұл өңірде бұдан қор, бұдан мүсәпір кім бар дейсің? Онсыз да мүсәпір кісіге кім қиястанып, кім қырсығады? Өзі жер болып отырған кісіні кім төбесінен төмпештейтін еді? Қазақтан шапағат көргің келсе, мүсәпір бол! Сәл дәулет, сәл қасиет, сәл абырой, сәл бағыңды көре алмай қыржыңдап қалғыш жұрт, мүсәпірлерге дегенде қандай кешірімпаз, қандай кеңпейіл, қандай шапағатшыл! Әлгілердің бүйтіп жібектей есіліп тұрғаны да ертеңнен бастап бұны кісінің қоры, мүсәпір санағандары ғой. Әлгіндей сұмдық, қылмысты бұдан көріп отырып, бұны қайтіп кісәпір санамай, мүсәпір санайды екен? Өйткені, бүгіннен бастап ол ешқайсысының жағасына жармаса алмайды, жолында тұра алмайды. Сонда мүсәпір болмаған несі қалды. Аруақтың көңілін бүтіндеп, рулы елдің ұпайын түгендейін деп жүрген олар жоқ. Оларға керегі бұның осылай тірілей жер болғаны. Алдына қойған үш шартының өзі соны көздемей ме? Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі деген осы ғой! Сартайлақты дарға астырып, қалған елшілікті еліне қайтарсаң, ақ патшамен бәрібір ат құйрығын үзіскенің. Сосын оның шарапатына Жәдік тұқымының бір жылмаңтөсі оп-оңай ие болып шыға келеді. Ертең ел алдында орыс елшілігімен ірге ажыратып, оларды мынандай қысылтаяң кезде тағдырдың тәлкегіне тастасаң, тағы да сол ақ патшаның алдында қара бет боп шыға келгенің. Бұл айырылған абыройды Жәдік тұқымы тіріде мақұрым жіберер ме! Бұны антынан айнытып, бағын тайдырады да, бөтен елде қорғансыз қалған елшілікті сын-сағатта өз қанатының астына алғансып, тағы біреудің жұлдызы жанады. Ал ант берсе ше? Алдымен, айдалада осынша уақыт бойдақ жүрген жат-жұрттық еркектерден не шығып, не шықпайды деп кепіл бола алмақшы? Абыройын айрандай төккен сұмырайдың кім екенін мылқау бейшара бәрібір айтып бере алмайды. Сонда ештеңеге көзі анық жетпей тұрып, ант алдына қайтіп бармақшы? Ал, ата-бабаның аруағы басындағы бағын атсын! Онда баяғыдан бергі өз етін өзі жұлып жеген әуре-сарсаңның не керегі бар еді!? Ал, алдындағы дәулетін атсын... Ел алдында бәрібір қарабет болмай ма?! Ал, кеудесіндегі шыбын жанын атсын... Сонда біреудің жазықсыз періште перзентінің шырылдатып көзіпара обалына қалай қалмақшы!
Бұл қазір тор жайып ұстап алған арлан қасқыр сияқты. Алдына үш қақпанды қатар құрып қойып: «Осының біреуін таңда! Өлсең — өлгенің, өлмесең — шойнаңдатып, құр сүлдеңді тірі жібереміз. Бірақ азу тісіңді өз қолымыздан қағып аламыз!» — деп тұрғандай. Сонда арланға азу тіссіз тіршіліктің қажеті қанша! Арлан арлан ғой! Өзінің ындыны болмаса, арттағы ұрпағын ойламайды. Мұндай тығырыққа тірелгенде қаның қайнап, қара сойылға қарсы атылып, өз еркімен ажал құша алады. Ал, бұл ше... Бұл мынандай масқарамен қара жердің қойынына қалай кіре алады?! Артындағы ызғындай ұрпағын қалай қарғысқа тастап кете алады? Оның үстіне, бұл осының бәрін тек өзі үшін ғана істеп пе еді? Мына маубас қандастары бұдан аяған бақ пен абыройды қызыл итке жем қылғанда, қаралай есі шыққан үрей жүрек бейшара жұртты тағы қандай кесапаттарға бастамақшы? Жел етек ұрғашының абыройының ашылғанына осынша тұлынып тұтып жатқан есер елдің ертең бір-бірімен не деп ұстасып кететінін кім біліпті?! Жоқ, басқа түскен тауқыметті ақырына дейін көріп алады. Сонда қарсы алдында құрулы жатқан үш қақпанның қайсысына пейіл болғаны жөн. Алдыңғы екеуіне жоламайды. Өйтіп, тірілей өліп жүре алмайды. Ендеше, үшіншісі... Тақтан, дәулеттен, жаннан баз кештіретін үш серіппелі болат қақпан. Оны басуға әуелі тәуекелі тұра ма? Тәуекелі тұрса, тірсегі шыдай ма? Үш серіппе бірдей қаппай-ақ, бір-екеуі қарш етіп қармап алғанда, қақсал сүйек омырылып кетіп жүрмес пе екен? Не де болса, нар тәуекел... Ол үшін бірақ патшаның елшісімен сөйлесіп, Сартайлақтан сыр тартып көру керек емес пе? Сол бір аш ішектей немеге түтін-түтін құрым күркеден шықпай не көрінді екен десейші? Елші де бір маубас неме... Соңына ертіп келген қу сирақтарын ауыл-үйден тыйып ұстамас па! Қайдан тыйып ұстасын! Қайта оған керегі де, олардың сол жүріп-тұрғаны, естіп-білгені емес пе... Ендеше, міне, естіп-біліп қарқ болды! Ал, жарайды, ол неме адал-ақ болсын! Қызы бар үйге кім сүйкенбейді, ауыл-үйдің ұры тазылары-ақ қарап жүрмей қара жақсын! Сонда Қызыл үйіктің басындағы ант ошаққа басындағы тәжін тастасын, астындағы атын ұстасын, ал әлгіндей бүкіл рулы жұрттың тілегі бір өзінің үстіндегі ала бөтен аяулы перзентті қайдан табады? Бөкенбай ол санатқа кірмеді. Есет ол санатқа кірмеді. Мұның өз тұқымы ол санатқа кірмеді. Сонда кім? Әлгілерден кем болмасын дейді? Ондай кім бар еді?
Әбілқайыр мүдіріп қалды. Есіне ештеңе түспеді. Бұның төңірегіне тек өз тұқымы ғана емес, қайын жұрты, нағашы жұрты, бүкіл зәузаты түгел жатады. Сонда бұның өзі де, елі де жанындай жақсы көретін тағы кімі бар?
Е... е... Сол, сол ғой! Ол қырсықтардың тұспалдап отырғаны соның дәл өзі. Бұған да, ел-жұртқа да аяулы. Аяулы болғанда қандай? Бұл төңіректе, тіпті, бұл білетін жерде одан аяулы, одан қадірлі кім болушы еді? Қой, қой, бұлардан сұмдық артылған ба?
Біраздан бері мынау өз төңірегіндегі итырқылжыңмен әбден басы қатып, өткен-кеткенді көп есіне ала бермейтін болған Әбілқайырдың жадына тағы да сол ұмыт бола жаздаған алыс оқиғалар оралды.
Апырай, ә! Бұл тағдырға сөз жоқ екен ғой. Баяғыдан бері екі ортада талай жүйрікті болдыртып, талай сұңғыланы жаңылтып, талай патша мен талай ханның құлағын талай мәмлегердің таңдайын жауыр қылған мына мәселе күндердің күнінде бесіктен белі енді шыққан тап соның тағдырына кеп килігеді ғой деп кім ойлаған?! Дүние жаратылып, су аққалы иті қырын жүгіріп, маңдайы бір ашылмай қойған кем талай халықтың ежелден тартып келе жатқан тауқыметі, бүгін де белшесінен кешіп отырған батпан-батпан бейнеті мен азабы, ертеңге деген есек дәмесі бәрі-бәрі жиылып кеп тап соның қылқандай мойнына қылыштың жүзіндей қылпылдай төніп тұрып алады деген үш ұйықтаса түсіне кіріп пе еді?! Пәлен уақыттан бері екі жақтың да жер түбіндегі көрмей біліп отыратын көсемдері қанша өлшеп-пішіп, ауызымен орақ орған шешендері қанша жақтарын сауып, пәтуасын таба алмаған қырсың түйін тап сол әке-шешесінің жылы бауырында қаннен-қаперсіз мажыра боп ұйқы соғып жатқан бейкүнә сәбидің кеңірдегіне кеп, кептетіле тұрып алады деген ой кімнің басына келіпті?!
Соны ойлағанда тұла бойы дір ете қалды. Онсыз да ол тұқымның алдында бұл аз қарыздар емес еді. Қыршаңқы жұрттың ортасында қиқалаң ғұмыр кешкен бұл оның тұқымының білігіне аз жүгініп, білегіне аз сүйенбеп еді. Соларының қарымтасын бір қайтарсам, осы балаларының тұсында қайтарған шығармын деуші еді. Енді, міне, сол там-тұм жақсылығы қарлы қаратау қиянатқа айналмақшы. Дүниеде бір кісі бұған қарыздар боп өтсе, сол бір баяғыда о дүниелік боп кете жаздаған шикі өкпе шарана қарыздар боп өтетін шығар деп ойлайтын. Құдай бұған оны да көп көріпті. Мынау екіталай шаруаның арты насырға шауып жүрмей, жақсылығымен бітсе, оған тек бұл ғана емес, исі қазақ түгел қарыздар қалмақшы.
Оразаларын ашпай жатып, опыр-топыр кіріп шыққан отыздың меңзегені басқа ешкім де емес, тап сол. Баяғы бір оқиға олардың да есінде. Әбілқайырдың бір кісіге жаны қатты қиналатын болса, тап соған қатты қиналатынын олар да жақсы біледі. Сондықтан да мұны жанды жерінен қауып отыр. Ақ-қарасы анық емес мына даудың тұсында антқа оны ұстап, біреудің көзінің қарашығындай жалғыз ұлының басын қатерге тіксе, Әбілқайыр ертең елдің көзіне не бетімен көріне алмақ? Соны біліп әдейі қинап отыр. Бұны ертеңгі көл-көсір бақ пен дәрежеден ғана емес, кешегі аз-мұз абыройынан да айырмақшы. Халықтың көкірегінен бір кездегі батыр Әбілқайырдың, ақылды Әбілқайырдың, әділ Әбілқайырдың атын қағынды тиген қара түйнемедей біржолата сылып тастамақшы. Бұған көңілін күпті қылатын ертеңді ғана емес, көңіліне медеу тұтып, ауық-ауық шүкіршілік қып қоятын кешегіні де қиғылары келмейді. Жоқ, ол оқиға мұның қос шырағы әбден өшіп, қара көрге түскенше, көкірегінде сайрап жата бермекші.
Баяғы сол алай-дүлейдің тұсында Әбілқайыр бастаған ауыр қол жыра-жықпылы ай құшақ қауып құшақтаса жығылған қазақ пен жоңғардың өлігіне толы Қаратауды шырқ айналып шықты. Әуелі Көсегенің көк жонынан көтеріле бере бұлардан бөлініп, алды-артына қарамай салдырта жөнелген Тайланның көз ұшында бұлаңытып бара жатқан қарасына ілесіп біраз шапқыласты. Бірақ, көкірегін қасірет құрсаған қайсар батырдың бәрібір көңіліне алған нәрсесін орындап шықпай, қайта оралмасын білген Әбілқайыр аттың басын құбылаға бұрды.
Қайда барса да — ойран болған ошақ, ортаға түскен шаңырақ. Қайда барса да — ұлып қалған ит пен үйіліп қалған елік. Асу-асу, ұрымтал тосқауыл тұстардың бәрінде де жастықтарын мол қармап, жер қауып жатқан қазақ қолдары. Теңкие құлаған аттардың қара санынан Ұлы жүз бен Орта жүздің талай руының таңбасы көзге ұрады. Талай жерде Әбілқайырдың артындағы қалың қол талай жорықта үзеңгі соғысып, бірге шайқасқан көз таныс сүлейлерін көріп, іштей егіліп келеді. Ең болмаса, қара жердің астына беттерін жасырып, бір уыс топырақ тастауға мұршалары болмай суыт жөңкіліп келеді.
Соның бәрін көре-көре әбден қандарына қарайып келе жатқан ызалы қол жақпар-жақпар шоқылардың қоршауынан құтылып, күнгейге де ілікті. Жұрт аттарын тебіністі. Әншейінде далиып жатар кең жазық бүгін бір түрлі мұнарға көміліп кіреуке шалып тұр. Жер түбінен көзге ілігетін Қожа Ахмет күмбезі де ғайып боп кеткендей. Еңкілдей шапқан ереуіл қол жан-жаққа көз тастап, жау әскерінің қайда бекініп, қазақ қолдарының қайда қорғаныс құрып жатқанын біле алмай келеді. Кенет көз ұшынан бір үйдек-түйдек қарайған көрінді. Ол бұларға беттемей көлденеңдей жылжып бара жатқан тәрізді. Онсыз да ақ тер, көк тер аламан одан сайын өлермендене әлгі бір қалың шоғырға қапталдай шапты. Қалың шоғырдың ұлы нобайы енді айқындалайын деді. Бір түрлі сары ала, қызыл ала. Ортадағы қызылды-жасыл керуен де, жан-жағындағысы найзасын көкке білеген ауыр әскер болып шықты.
Көздеріне қан толып келе жатқан ауыр әскер алдарынан жау тап болып, алақайлай қуанып, қиқулап дүрсе қоя берді. Сарт та сұрт шайқас басталды да кетті. Ақ семсер, көк найзаның тілегендері де осы еді. Аман қалудың жағдайын атымен ұмытып, екілене соғысқан екі жақ бірін-бірі із-түзсіз құртпай тынатын түрлері көрінбейді. Құлатқан сайын құныға, өлтірген сайын өшіге түскен аусар желік қапелімде басылар емес. Қазақ жағы тіпті кімінің оққа ұшып, кімінің топқа түсіп жатқанына да қараған жоқ. Соқыр ыза оларға бәрібір ештеңені көрсете қоймас еді.
Қалың ойнай бара жатқан сәнқой күйеудің салтанатты шеруіндей маңғаздана басқан жоңғар қолы манағы ажар-көркінен түгел айырылып, бесін ауа қозы жамыратқан қойлы ауылдай бытысып кетті. Ойламаған жерден қапталдан тиген қалың жауға, қапелімде, айла таба алмай қалса керек, бықпырт тигендей жайрап қалыпты. Енді жан дәрмен жүк артқан түйелерді қаз-қатар шөгеріп тастап, бекініп жатып алды. Қара атандар мен қара нарларды бық-бық бақыртып гүрс-гүрс мылтық ата бастады. Ет қызуымен анталай шапқан қазақтар тең-тең жүктердің тасасынан сары масадай жауып кеткен садақ оғынан баудай түсіп жатыр.
Әбілқайыр желкесін қасып тұрып қалды. Мынау ойран көлгір ойсыл қараларға не айла істегені жөн! Жандарын аямаса да, малды аяйтын қазақтарға түйелерді көздеп, көздегенде де көзден көздеп, оқ жаудыруға пәрмен қылды. Көздері ағып түскен талай түйе матаулы екендеріне қарамай орнынан атып тұрмақ болып, бақырып-шақырып тулап жатыр. Талайы жан-жағына ақ жын атып арпалысып кетті. Түйелерді қалқалай шайқас салғылары келген жоңғарлар бұйдамен алысып, бастарымен қайғы болды. Олар жақтан төпеп тұрған қара нөпір оқ та сирейін деді. Соны пайдаланған қазақтар түйелі бекіністі ту сырттарынан айналып өтіп, қылыштаса, найзаласа жөнелді. Бұны көріп бергі беттегі қазақтар да лап қойды. Жандары мұрындарының ұшына келген жиырма шақты жоңғар түйеге теңдеулі кебежелерден сықитып ораған бірдеңелерді қолдарына алып ап, құйғытып қаша жөнелді. Қашқанда да кері қарай қашты. Әбілқайыр шайқас басына Бөкенбай, Есет, Батырларды тастап, өзі қасына елу шақты жігіт ертіп әлгі жиырманың соңынан салды. Жоңғарлардың тақымындағы ен қазақтың қараң малынан таңдап мінген сәйгүліктер бұлардың пәлен күннен бергі борбай созды аттарына жеткізе қояр емес. Бұлар енді қорамсаққа қолды мол салып, аттан көздей бастады. Талай жүйрік мұрттай ұшты. Домалап түскен жоңғарлардың бірқатары атып тұрып, жаяу жүгіріп барады. Қолдарындағы түйіншектерін бәрібір тастар емес. Бұлар қуып келеді, бірақ қайран қалып келеді. Не де болса, қолдарындағы буыншақтарды атқан жоқ. Аттарынан айырылған бір-екі жанықас жоңғар әлгі түйіншектерін анадай жердегі күнгей жақтағы әлдебір қарлы таулардан бас алып, ақ айрандана сапырылыса жөнелген көктемгі көк дүлей дарияға лақтырды. Әбілқайырға қазір дариядан әлдене гүрс ете қалатындай көрінді. Баяғыда жасырақ кезінде ойраттарда тұтқында болып келген кәриялар айтатын еді. Олар жиын-тойларының артында бала құсап орап алған түйіншектерін отқа лақтыратын көрінеді, сонда күллі дүние төбеңе тау құлағандай гүрсілдеп қоя беретін көрінеді. Бірақ, мына түйіншектері олай болмай шықты.
Бұл соңына түскен ақ боз атты қашып құтылудан күдерін үзсе керек, ат-матымен дарияға қарай салды. Бұл да емініп қуып келеді. Дарияның жағасына жете беріп, әлгі ақ боз атты қалмақ артына жалт бұрылып, қылыш сермеп қалып еді, бұның оң иығы салдырап қоя бергені. Иығын жуып бара жатқан қызыл қанға қараған жоқ, сол қолымен қайқы селебесін суырып алып, қарсы алдында қайқая шауып бара жатқан ақ боз аттыға қарай атып жіберді. Ақ боз атты жоңғар шалқалаған күйі ат-матымен жардан домалап жөңкіліп жатқан ақ түтекке күмп берді. Көзіне қан толып келе жатқан бұның астындағы қара кер де тік жардан бір-ақ секірді. Мұздай су кеңірдегінен келсе де, үзеңгіден аяғын суырған жоқ. Атының қайда кеткенін білмейді. Құла аттың жалындай көпірген сары ала толқынның үстінде алшысынан түсіп алшайып отыр. Әлдене тақымынан тартып құрдым түбіне батырып барады. Кенет қалқып су бетіне қайта шықты. Бет-аузын жуып кеткен лай суды сүртуге мұршасы болмай, жан-жағына көз салды. Қарсы алдынан қара кердің қалқиған екі құлағын көріп көңілі орынына түсті. Аты аман екен. Малтып келеді. Анадай жерде ақ боз ат бос жүзіп барады. Сауырындағы қаба сақалды, шұнақ құлақ жоңғардың қайда сыпырылып қалғаны белгісіз. Кенет қапталдаса жүзген екі аттың ортасында қалқып келе жатқан бір түйіншекке көзі түсті. Манағы ақ боз атты жоңғардың қолындағы түйіншек. Қолын соза қармай алды да, қолтығына қысып, атының басын көлденеңдей киліккен қызыл мүйіске қарай бұрды. Бұның дарияға қойып кеткенін көрген төрт-бес атты алдынан жолықты. Қара кер жануар саздақ жағаға шатқаяқтай тырмысып әзер шықты. Жағада тұрған төрт-бес атты секіріп түсіп, бұны көтеріп алысты. Оң қолы салбырап қалған хан қолтығындағы буыншақты қасындағыларға ұстата берді. Сол-ақ екен жас нәрестенің шырылдаған дауысы шықты. Опыр-топыр ұрт қимылдан шошып қалған бала есін жинады ма, әлде бұрқ-сарқ дарияға малшынып жүріп, Әбілқайырдың құлағы бітіп қалып енді ашылып тұр ма, мына дыбысты манадан бері бірінші естіп тұр.
— Ойбай, мынау бала екен ғой!
— Алда, мүсәпір-ай!
— Өлім аузынан қалды-ау!
Серіктері түйіншекті шешіп, жөндеп су өте қоймаған баланы қойындарына тықты. Хан құрғақ атқа ауысып мініп, шайқас болып жатқан жаққа қарай салды. Майдан орыны жайрап жатқан өлік пен шашылып қалған дүниеге толып кетіпті. Тіздеулі түйелер тіздеуін ағытқан соң алды-артына қарамай бет-бетіне безіп барады. Керуенде көзінен тізіп айдап бара жатқан қазақ тұтқындары да бар екен, қандастарының аяғын құшып шұрқырасып жатыр. Түркістанды әлдеқашан жау алыпты. Жоңғарлар осылай олжа артып, күніне он сан керуенді елдеріне жөнелтіп жатыр дейді. Кешегі керуенмен жүздеген тұлымдыны шулатып айдап өтіпті. Қазақтың қыз-қатынының шырайлыларын шырылдатып күңдікке алып кетіпті. Бүгінгі керуендегілер Түркістан, Сауран, Қарнақ, Иқандағы он қолынан өнер тамған шеберлер екен. Қаратаудың екі бетін жайлаған қазақ ауылдарының талай дәулетін бастыра артқан бұл шерудің қақ ортасына да екі-екіден кебеже теңдеген он түйе келе жатқан-ды. Ол ойраттар шапқан іргелі ауылдардан алынған бір-бір тұяқ еді. Қазақтардың ең атақты билері мен батырларының қолға түскен бір-бір нәрестесі ертең жоңғардың қолындағы мықты қаруға айналары сөзсіз. Сол бір күшпен алынған аманаттарды пайдаланып, ертең қонтайшы қазақтардың ауызы дуалыларын өз жағына шығармақ боп саудаласып бағары анық. Сондықтан да олар жаңа қалған керуенге қарамай, әлгі жиырма түйіншекті кері қарай алып қашты. Енді, міне, сол сәбилердің көбі әлгі бір алыс-жұлыстың үстінде шәйіт кетті. Ал, әлгінде хан қолтығында келген кішкене түйіншек жер-көкке сыймай бұлқынып жатыр. Жұдырығын түйіп ап, қып-қызыл боп жылаған қара шұнақ балаға ханның көзі түсіп кетіп еді, жүрегі дір ете қалды. Апырау, мынау Тайланның баласы ғой. Тұяқ қой...
Әбілқайыр кішкене түйіншекке қайта ұмтылды. О, тоба! Әншейінде мықты кісінің бойын сол арада бір бусаңдық жеңіп, құйтақандай жып-жылы түйіншекті омырауына қыса түсіпті. Тұяқ! Кіндігін өзі кесіп, атын өздері қойған. Сол күнгі Мәтінің қуанышы да көз алдында. Күні кеше Көсегенің көк жонына шығар жерде бетін өздері жасырып кеткен жарықтық екі тұяғының да жер басып тірі жүргенін білсе, о дүниеде де мұңсыз жататын шығар. Қайран Мәтекең бұл туғанда жүрегі қалай жарылып еді. Әншейінде лекілдеп көп сөйлеуді білмейтін сыншыл қария осы туғасын қабағы ашылып, кім-кіммен де жарқылдай амандасып, жалпылдай қалатынды шығарып еді. Елден шеттеп кеткен жалғыз үйлі бұйығы мінезін тастап, той-думандарға баратын болған. Жомарттың ауылындағы бір жиында артық дәулетке көкірегі азып, астамсып сөйлеген бір әулекінің Мәтіге төрді қимай:
— Апырай, жер тырмалап, індігеш баққан мына жаман жатақтың той не теңі екен, кіммін деп, қай қалың ағайынын, қай мол шашуын бұлдап келеді екен! — дегенін естігенде кәрі би айтыпты деген бір сөз исі алашқа түгел тарап кетіп еді.
— Жарлығымды сұрасаң, жалғыз қара бурамен елден бөлініп көшкенім рас, мырзалығымды сұрасаң, сол жалғыз бурамды сұраған мүсәпірге түсіп беріп, күркем жұртта қалғаны рас, ерлігімді сұрасаң, Тәуке ханды жау қамағанда туын ұстап, қапияда туым жығылып, жау қолына түскенім рас, билігімді сұрасаң, сол жауды қызыл тіліммен балқытып, өлімнен құтылғаным рас, барлығымды сұрасаң, тістелеп баққан жалғыздың соңына қара еріп, жылқысы жайса белге, жапса көлге сыймас Садыр Жомартпен құда болғаным рас, бар малым бір бура болғанда жарлық бұдан өтіп не болсын, сол бураны мүсәпірге түсіп беріп жұртта қалғанымда, мырзалық бұдан өтіп не болсын, ту ұстап жауға шаптым, батырлық бұдан өтіп не болсын, қызыл тілдің жүйріктігінен ажалдан құтылдым, билік бұдан өтіп не болсын, жалғыз балама Қаратаудың терісін бір өзі малға толтырған Жомарттың жалғыз қызын ап бердім, байлық бұдан өтіп не болсын, қаршадай ұлым қарқарадай отау тігіп, торсық шеке немере сүйдім, барлық бұдан өтіп не болсын, өзім батыр, өзім бай, өзім би де, өзім бар, мен бұл тойға не бетіммен келмеймін, қотаның толып, қойыртпағың молайғанда бұтқа толып отырған жаман қойшы мен тұрғанда саған төр қайда! — депті Мәтекең.
Айдалада басыр боп жалғыз үй қалған кәрі бидің ауызын астам ашырып, еңсесін тіктеткен осы бір қызылшара шарана-тұғын. О да, міне, енді болмағанда, шешесі құсап жауға қолды боп кете жаздапты. Бүгін Құдайдың осынау ұлы шоғырға тап қылғанына мың шүкір! Исі қазақтың абыройын арқаласып келе жатқан айтулы тұқымның мына тұяғының аман қалғанына мың шүкір!
Содан Әбілқайырға ерген қалың қол әлдеқашан жау алып қойған Түркістанға беттей алмай, Сауранды бір айналғанда үй айналып шырғалаңға түскен Кіші жүз ауылдарының бас-аяғын жинап Хиуа ауған... Ата-анадан тірі айырылған кішкене Тұяқ хан көшінде кете барған. Ай өтті. Тайлан мен Пәйтшайымнан хабар шықпады. Жыл өтті. Тайлан мен Пәтшайымнан хабар шықпады. Екі жыл өтті — кішкене Тұяқтың әке-шешесінің тірілігінен еш белгі ұшыраспады. Сүйтіп жүргенде бір күні Бөкенбайдың көшіне қапталдан бір бейтаныс әйел мен бір бейтаныс еркек кеп қосылды. Мынандай алмағайып заманда талайды бастан кешкен қазақ көші айдалада жалғыз атқа кезек мініп келе жатқан әйел мен еркекке еш таңданған жоқ. Қашан қастарына кеп жөн сұрасқанда барып, ұлан-асыр ұлы дурмек гу ете қалды.
— Ау, мынау Тайлан ғой.
— Қасындағы Пәтшайым ба...
— Жоқ, ол емес...
— Алда жазған-ай, тірі екен ғой...
Күнгейден теріске қарай шеру тартқан ұзыншұбақ көш кілт кідіріп, тайлы-таяғымен Тайлан батырға жылап көрісті. Екі жылдан бері ел қарасын көрмей жат боп кеткен Тайлан бір түрлі кеңірейіп, илікпей тұр. Қос самайы қудай боп ағарып, қобаған мұрынының үстінен шаншылып, бір сызық әжім түсіпті. Жүріс-тұрысы делсал. Көзқарасы суық. Қаумалаған қарындас: «Алда, асылым-ай, азаматым-ай!» — деп иірілген халық күні кеше алдарына ұстап, төбелеріне көтерген азаматтарының бүйтіп тасбауырланып, тапжылмай тұрғандарына еш таңырқаған жоқ.
— Қайтсін, көрмеген қасіреті бар ма?
— Тақсірет деген осы ғой, күллі дүниеден көңіліңді қалдырады ғой!
— Айтпақшы, одан сүйінші сұрамайсыңдар ма?
— Иә, Тұяқ тірі!
Сонда ғана Тайланның тас кесектей көк сұр жүзі қыбырлағандай болды. Екі жылдан бері тілі байланып қалғандай ешкімге тіс жарып көрмеген үндемес батыр қинала езу жиырды.
— Тұяқ тірі ме? Қайда өзі?
— Тірі. Балаң қазір Әбілқайыр ханның қолында.
Тайлан мынаны естігенде көзін жұмып, теңселіп тұрып қалды. Не істер, не дерін білмей жапа-тармағай жалпылдасып жатқан ағайынға жалтақ-жалтақ қарай берді. Қасындағы бейтаныс әйел де әлгі хабарды естігенде көзі дымданып, батырдың жүзіне жаутаңдады. Тайлан сол арада ат аударып мініп, ханның ауылына тартты. Хан ордаға еңкейіп кірген еңгезердей батыр құшағын жая ұмтылған құрдасының иығына басын тығып тұрып қалды. Күн исі, тер исі аңқыған қылшық-қылшық беті Әбілқайырдың жағын оттай күйдіріп барады. Бопай бәйбіше көтеріп әкелген, кекілі жалпылдаған екі жастан жаңа асып бара жатқан қара баланы «келе ғой» деп шақырмады. Ебіл-себіл үсті-басымнан қорқа ма деп, ауық-ауық көз қиығын тастап қояды. Хан мен ханымның ортасында отырған қара бала: «Мына бір бейтаныс еркек қайдан келді», — дегендей көз алмай қарап қапты.
Содан Тайлан хан ордада бір айдай жатты. Кекілі жалпылдаған қара баланың да оған бойы үйренейін деді. Шақырса барып, тізесіне отырып алады. Батыр баласын түнде қойнына алып жататынды шығарды. Енді екі жетім бір-бірінен бір елі ажырамайтындай күйге жетті. Хан досынан сосын барып жағдай сұрады. Сөйтсе, Тайлан баяғы Көсегенің көк жонынан бұлардан бөлініп кеткесін, жоңғар ұлыстарын бетке алып, бет алды құла дүзге лаға беріпті. Күндіз қалтарыста жатып, түнде қараңғыны жамылып жорта беріпті. Не істеп, не қоймақ екенін өзі де білмейді. Төрт жағын түгел қоршап тұрған асқар тауларының бәрі құлап, аяқ астында мынау аңылжыған айдалада жаңғыз қалған неме әйтеуір көкірегін бірдеңенің жарып бара жатқанын біледі. Сол қыжылдың бір төтен қимылсыз басылмасын біледі. Анада өзі топырақ салып кеткен шәйіт әкенің, қазір мына жердің үстінде бар-жоқтары белгісіз пұшайман жары мен тірі жетім ұлының кегін қайтіп қайырарын білмейді. Жоңғар ұлыстарына керуен шұбырып жататын ұлы жолдың бойындағы бір жақпар құз қапыны торып екі жыл жатады. Әрлі-берлі өткен талай жоңғар керуенін дүрліктірді — өші қайтпады. Талай-талай жоңғар қолына қапияда тиісіп қанға бөктіріп кетті — өші қайтпады. Не де болса, мынау жарық жалғанда тыныш жүргісі келмеді. Екі жыл тау тағы боп кеткен тентіренді қара іздемеді. Жоңғардың не марқасқа батырларының қапысын тауып қанын ішті, бірақ іші-бауырын өрттей жалап бара жатқан ыза бәрібір қайтпады. Ақар-шақар құз жартастардың арасынан әлем-жәлем боп бұл шыға келгенде жұрт жын көргендей қашатын болды. Тасты төсек қып, тағыны тамақ қып сол бетімен жүре берер түрі бар екен, бір күні елсіз бұлақтың басына кеп атын суарып, өзі шөлін қандырып құз арасына қайта сіңіп бара жатқанда бір кеу-кеулескен бес-алты аттыны көзі шалыпты. Атынан түсіп, бір жақпар тастың тасасына тығылып, әлгі бейсауат жолаушылардың өтіп кеткенін тосыпты. Ол бұл кезде кез келген жүргіншіні үркітпей, олардың да аттарының алшаң басына қарап, менменсінген сүлейлеріне ғана тиісетін болған-ды. Әлгінде ғана бұтқа толып келе жатқан сабаздарды бөрі тигендей бөрліктіріп, тым-тырақай еткенінен бір түрлі кеудесінің басына кептеліп тұрған зіл сәл де болса, жеңілейгендей көретін. Мынау алты атты оған тап ондай айдынды дұшпан көрінбеді. Қазір елсіз тұмаға ат суытып жөндеріне кетсін деп, тым-тырс тосып жатты. Алты атты қаннен-қаперсіз қауқылдаса жақындап, оңаша бұлақтың басына келгесін аттарынан түсті. Қол-аяғын шандып матап тастаған біреуді сылқ еткізіп ерден түсірді. Суат басында отырып, қоржындарынан азық алып тамақтанды. Елсіз таудың тұнық ауасына әлдеқашан ұмыт бола бастаған қара қазанда піскен үй тағамының исі аңқып қоя берді. Тайлан жұтынып қойып тұра берді. Алты атты қауқылдасып, бірдеңе туралы таласады. Тамақтанып болған соң сайдың арғы бетіндегі жақпар тастардың тасасына бір-бірлеп барып, іш босатысып қайтты. Ол алтаумен ешқандай шаруасы жоқтай қол-аяғы байлаулы біреу тасқа сүйеніп сұлқ отыр. Бұған теріс қарап отыр. Бет-бейнесін көре алмады. Әлгілердің біреуі оның қасына барып тамақ ұсынды. Сайдың арғы бетіне барып шаруасын тындырған біреу жүре ышқырланып қайтып келе жатып, бергі беттегілерге бірдеңе деп айқайлады. Оған бергі беттегілер қарқ-қарқ күліп мәз болды. Әуелі солай мәз-мәйрам басталған әңгіме бірте-бірте өңмеңдеген дауға айналып барады. Тіпті бірінің бірі қолынан қағып, жағасынан жұлқылап қояды. Бұл не туралы талас болып жатқанына, қапелімде түсіне алмады. Бар түсінгені — анау әрі қарап, тасқа сүйеніп отырған қол-аяғы шандулы мүсәпірден басқаның бәрі өжеңдесіп кеткен. Әлгілер әрі қарап отырған адамға бірінен соң бірі тап-тап береді: оның қолын екіншісі қағып тастап, өзі еңмеңдейді. Әне, әне... Бір қаба сақал, қасқа бас қанжарын суырып ап, әрі қарап отырған адамның қол-аяғын матап тастаған қыл арқанды кесіп жіберіп, қолынан сүйрелеп көгалға алып шықты. Оған қалғандары дүрсе қоя берді. Осылай өзді-өздері алысып-жұлысып кеткен кезде шеткерірек тұрған біреуі әлгі қол-аяғы арқаннан босаған мүскіннің үстіндегі лыпасын жұлқып қалып еді, дар айырылды.
Мәссаған... Әйел екен. Жалма-жан қос көкірегін көлкештей алды. Шашы уда-дуда боп, қос бұрымы қопырап алдына түсіп кетіпті. Манағы қасқа бас маңына ешкімді жолатпай, оң келгенін оң ұрып, сол келгенін сол ұрып аламан-асырды салып жатыр. Шалбарының бір балағы шешіліп, бір балағы тілерсегіне жабысып жалпылдап тұр. Әлгінде ғана тұтқын қыздың омырауын жалаңаштап тастаған ұзынтұра опыр-топырға қосылмай оқшау барып, кеудеден төменгі жағындағы киімдерін енеден туғандай тыржалаңаш сыпырып тастады. Саны жарқылдап қызға қарай ұмтыла беріп еді, қасқа баспен жағаласып жатқандар аяғына оратыла кетті.
Бұл одан әрі шыдап отыра алмады. Атын әлгі жерге қалдырып, құз баурайды қиялай құлаған ұзын жақпар тастың тасасымен мысық табандап, опыр-топырға қарай жақындай берді. Жақындап барып алдындағы сандық тастың үстіне ырғып шығып, анадай жерде асыр салып жатқандардың ортасына топ ете қалды. Айқай салып ақ семсерін суырып алды. Көзіне қан толып оңды-солды сермеленіп бақты. Жан-жағынан жабыла кеткендерді біреуін шынтағымен түйіп құлатып, біреуін теуіп құлатып, біреуін түйреп құлатып ойран ботқаларын шығарды. Көзді ашып-жұмғанша оңаша бұлақтың басында мүрдем қатқан екі-үш өлік пен ыңыранған екі-үш ауыр жарақатты сұлап жатты. Тайлан қылышын қынабына салып, жан-жағына қараса, әлгі тұтқын қыз зым-қайым жоқ. Құлағына шақыр-шұқыр тас дыбысы келді. Сөйтсе, көкірек жағында еш лыпа жоқ уда-дуда қыз анадай жердегі құс тұмсық жартасқа қарай салып барады. Жетсе — мынау масқараға арланған қыз құздан құлап өлмек!
— Тоқта!
Жоқ, тоқтар емес. Бұл қуғанмен кеш болып қалды. Енді сәлден кейін құс тұмсық тастың төбесіне қарғып шығады да...
Тайлан не істеп, не қойғанын өзі де білмеді. Қорамсағына қол салды да, балағы далаңдап жүгіріп бара жатқан қыздың тірсегінен көздеп, тартып жіберді. Қыз баж етіп, жеткен жеріне отыра қалды. Тайлан жүгіріп барып ұстай алды. Қыз қалш-қалш етіп, қолын тырналады:
— Ағеке, мені осы араға өлтіріп кет. Маған енді тірліктің қажеті жоқ. Болды бәрі, құрыды. Ағеке, өлтіріп кет!
Қазақ қызы! Сорлы мұңлық! Әлгінде ғана арыстандай арпалыс салған батыр делсал шөгіп отыра кетті. Солқылдай жылаған сорлы қыз көріп келе жатқан азабынан, әлгі масқарадан, мынау ұяттан әбден болдыртып, дауысы да шықпай, иегі кемсеңдеп талып жығылды.
Тайлан үстіндегі түйе жүн шекпенін қыздың жалаңаш иініне жауып жерден көтеріп алды. Бұлақ басына кеп қыздың қара санына қадалған садақ оғын жұлып ап, жарасын жуып, үстіне исі күнірсіген нарпоздың жапырағын жауып таңып салды. Сосын қаңтарулы тұрған екі аттың екі қоржынын иығына салып, жаралы қызды құшақтай көтеріп атына жетті.
Сосын Тайлан бұрынғыша тау тағы боп жүре алмады. Ойда жоқта тап болған әлгі қызды тастап кете алмады. Ызақор неме бұның көзі тайды-ақ, өзін-өзі өлтіргісі кеп арпалысып бағады. Бұның екі қолына жармасып, жарасын таңдырмай отырып алады. Тайлан күшке салып, зарлаған қыздың ұялғанына қарамай, тәнін жалаңаштап, қара санындағы жарасына шөп бастырды. Ай жарымдай ешқайда аттап шықпай, тас үңгірде отырды да қойды. Ай жарымдай айдалада кездескен екі мұңлық бір-біріне ләм-мим тіл қатпады. Тек жарасын таңарда ғана қыз: «Құрысын, керегі жоқ, жоламаңыз!» — деп бақырады. Тайлан: «Тәйіт!» — деп зекіп тастайды. Содан басқа ауыздарынан бір ауыз сөз шыққан емес. Қайдан жүріп, қайдан тұрған адамдар екенін айтып жөндерін де сұрасқан емес. Ай жарымнан кейін қыздың жарақаты жазылды. Тайлан үйреншікті аңғарды тастап, басқа бір ұры мекенге көшіп алды. Енді қыз өзімен-өзі арпалысқанды қойды. Бұл кеткенде қу тізесін құшақтап отырып қалады. Бұл қайтқанда — қу тізесін құшақтап қарсы алады. Бір-біріне ләм-мим үн қатпайтын екі мылқау үн-түнсіз тамақ ішеді. Екеуі екі жаққа телміріп, теріс қарап жатып алады. Жаз өтіп, күз сылайы біліне Тайланнан маза кетті. Бұрынғыдай қасқа жолдың бойына қалаған уақытында шыға кеп, аламан-асырды сала алмайтын болды. Елсіз қуыста өзін сарыла күтіп отырған сол бір бейбақ есіне түсіп кетеді. Биылғы қыста мына құзқияда қала алмайтын түрі бар. Күн жылы, жер қарада ел қарасына жетіп алмай болмайтынын сезді. Күні кеше жалғыз жүргенде оған тірі жан керек емес еді. Ел де, баяғы дәурен де есіне түспейтін. Әкесін, әйелін, баласын ойлағанда ғана көкірек тұсы шаян шағып алғандай тыз ете қалатын. Ондайда көзіне қан толып, жолға қарай тұра шабатын. Ойранды салып, ойынан шығып қатқасын тояттаған бүркіттей елсіз таудың басында түнеріп кеп отыратын. Енді сөйтіп өзімен-өзі бола алмайды. Қасыңа адам жолады-ақ, көпшілік керек, ел керек болады екен. Ол қыс түсіп кетпей тұрып, мына бейбақты қазақ арасына жеткізіп салудың талабын жасады. Әрі ойлап, бері ойлап Қаратаудың маңына жоламауға бел буды. Бетпақтың шөлімен башқұрт асып кетпек. Әнеугүнгі Бөкенбайдың көшіне солай тап болыпты. Ойламаған жерде өлгені тіріліп, өшкені жанды. Енді не істейтінін біле алмай отыр. Әрине, мынау жалғыз тұяғының қасынан қарыс қадам ұзап шыққысы келмейді. Ол үшін ат үсті жортуылдың бәрін тастайды. Бір кездегі атасы құсап, жер бауырын еміп, бір оңаша судың басына барып, алақандай жер көгертіп, соны бағып-қағады. Тұяғын балапанын шіркей аулап асыраған қарлығаштай қасынан шықпай көз алдында өсіреді. Ендігі арманы — баласының ат жалынан тартып мінгенін көрмек. Ендігі арманы — баласының соңына қарайып қалып бара жатқанын көріп, көз жұмбақ.
Хан оның бұл сөзіне ештеңе деген жоқ.
— Ал, әлгі әйелді қайтпексің? — деді біраз үнсіз отырып барып.
— Білмеймін, — деді Тайлан да аңтарыла қарап.
— Қайдан білейін, — деді хан. — Балаң екеуіңнің кір-қоңдарыңды жуып берсе де...
Содан Тайлан баласын алдына мінгізіп, хан ауылынан аттанып кетті. Содан Тайлан жолда Бөкенбайдың ауылына соқты. Баяғыда соңына еріп келген бейбақ қыз соңынан ере жүрді. Үшеуі Шерубай Нұра үстіртінің күнбатыс жақ кемер ернегіндегі бір оңаша бұлақтың басына барып, қоныс тепті. Шешесінен көзін ашпай жатып айырылып, бет-бейнесінің қандай екенін ұмытып қалған кішкене бала мынау қастарынан қалмай ербеңдеп жүрген ебіл-себіл әйелді: «Апа!» — дейтінді шығарды. Бауырына басын тығып ұйықтайтынды шығарды. Қараңғы түнде омырауына тұмсығын тығып, пысылдап жатқан кішкене сәбидің кекілін сипап, кемсеңдеп жылап шығатын атымен бөтен бейтаныс әйелдің көкірегіне сүт жүгірді. Соны ұйқылы-ояу ыңырсып соратынды шығарды. Кішкене Тұяқ беске дейін емшек емді.
Тайлан әуелі баяғыдан бері тіл қатыспай келе жатқан әйелге сол тіл қатыспаған күйі біраз жүрді. Бірақ талай түнде қайдағы бір бөтен әйелдің қасына барып жатып алған баласын жоқтап, тыпыршып ұйықтай алмай қойды. Сосын баласының бер жақ қасына жақындап жатып, көз жұматын болды. Бір күні түнде баласының маңдайынан сипап көрем дегенінде қолы әйелдің ыстық білегіне тиіп кеткені. Қапелімде, жалма-жан тартып ала жаздады да, Тұяқжанның асты-үстіне түсіп жүрген бейшараның жанын жарақаттап алармын деп қолын қозғамады.
Сол күні екеуі де көз жұмбай шықты. Әйелдің не ойлағанын өзі білсін. Ал, Тайлан көрген түстей баяғы келте дәуренін ойлады. Өзін тістелеп жүріп жеткізіп кеткен әкесін ойлады. Мына жердің бетінде бары-жоғы белгісіз Пәтшайымды ойлады. Оның жарқылдаған жанары көз алдына келді. Сол-ақ екен жарық жалған қайтадан аңылжып сала берді. Бір уақытта баласы ар жағындағы бөтен әйелге қарай аунап түсті. Әйел оттай лаулап жатқан ыстық білегін тартып алып, баласын қымтады. «Құдая, жалғызымды қасымда қалдырғаныңа да шүкір! Енді саған ешқандай өкпем жоқ», — деп ойлады Тайлан сол күні таң атқанша көз ілмей жатып.
Бір шаңырақтың астындағы үш адам бір-бірімен солай үн-түнсіз табысып, бір үйлі жан болып кетіп еді. Бәрінің ортасындағы дәнекер, бәрінің де тірлігінің мағынасы — сол кекілі жалпылдаған жалғыз Тұяқ-тұғын.
Енді, міне, Әбілқайыр сол Құдайдан бір сұрап, адамнан екі сұрап алып қалған Тұяқтың басына өз қолынан зобалаң төндіргелі тұр. Бұған деген өштестіктің бар қияпаты ақыры айналып соған тірелмек.
Әбілқайырдың бағын соңғы рет сынайтын жері жалпақ алаштың алдында айрандай төгіліп бара жатқан абыройын қайта жиып алса, бір жиып ала алатын жері, ала алмаса мәңгілікке біржола айырылатын жері осы. Осы жолдан қалса, баяғыдан бергі есек дәмесінің бәрі желге ұшып, мойынына қияметтің қыл арқаны тірідей байланып, ат құйрығында кетеді. Мынау жанын талай шүберекке түйіп, талай жаумен шайқасқа шыққан құба сахарада көзі де, аты да біржола өшеді. Енді ешкімнің жадына да, ауызына да оралмастай боп, жым-жылас құриды. Баяғыдан бері осының бағының жанбағанына тілектес боп, сырттай көз сатып отырған талай қара жүректің құдайлары береді де қалады. Жұрт мұны талай қиында оқ отша шығарып, алға ұстағанын, ел басына күн туған қилы заманда екі рет ақ киізге мінгізіп төбелеріне көтергенін, атынан айналып, аруағына сиынғанын — бәрін-бәрін ұмытады. Күні кеше Қарақұмның қалың жықпылында, Ордабасының қара шоқысында күндей күркіреп қошамет айтқан жұрт енді аузы-мұрындары қисаймай қарғыс айтады. Сол кездегілеріндей бұл жолы да басын қатер мен қауіпке байлап, тек өзі үшін ғана емес, солар үшін де, өзінің абыройы, солардың игілігі үшін де нартәуекелге бел буғаны үшін лағнет естімек. Арғы-бергіде қазақтың талай ноқта ұстарының көкейін тескен, бірақ ешқайсысы соңына мықтап түсіп, іс қылып шығара алмаған шаруаға бас тіккені үшін сөз естиді. Ол қарғыстың қияпаты тек бұған ғана емес, айдаладағы кінәсіз сәбиге тимек. Бұның басындағы қырсықтан ешкімге ешқандай жазығы жоқ бейкүнә адамдар зардап шекпек. Бұның дүниедегі ең бір іші жылып еміренетін адамының талай өртеңнен соң қайта бой көтеріп келе жатқан жас терегін, мына жарық жалғаннан қармап қалған жалғыз талын, жасыл боп түсіп жайратып кетпек. Жоқ, жоқ... Беті аулақ... Үрім-бұтағымен қарғысқа ұшырап кетсе де, Тайланның жалғызын антқа ұстамайды. Мынау қорқау жұрт не істесе де, бұның өзімен болсын.
Әбілқайыр өз төріне өзі үйелеп, шөкедей шөгіп отырып қалды. Жан-жаққа ешкімді шаптырмады да. Тіпті орыстың елшісі мен Бөкенбайға да хабар бермеді. Оның мынау ештеңеге көзі жөндеп түспей, әлемтапырақтанып кеткен бет-аузына ешкім дұрыстап қарай да алмады. Әншейінде сабырлы Бопай бәйбіше хан ордаға қаздай мамырлап бір кіріп, бір шығады. Жүрегі дауалап ешқандай сұрақ та қоя алмады. Ханнан дін ашып ештеңе біле алмасына көзі жеткен соң Мырзатайды Бөкенбайға жұмсады.
Мырзатай барса, Бөкенбай да жер-көкке сия алмай отыр екен. Билердің кесігі оған да жетіпті. Аяғы салақтап Есет те келді. Ағалы-інілі екі жақайым Бәйімбет пен Қара да іргесіне кеп ат байлады. Алты шектінің ішінде біржола Батыр жағына шығып кете қоймаған осы екі би. Ол екеуінің айтуынша, қарсы жақтың қабағы тым қату көрінеді. «Кәпірді іргесіне шақырып ап, қой ауызынан шөп алмас момынның қызын қойынына салып береді дегенді кім көрген? Сүйекке түскен бұл даққа бейшара Зердебай да, бейбақ қыз да емес, анау сұмырай хан жауапты. Енді ол бір басына бақ қондыру үшін неден болса да, тайынбайын дегені. Осы жолы ата-баба аруағының алдында ол кісәпірдің көзін біржола құрту керек. Әрине, Тайлан сорлыға обал болатын болды. Бірақ, обалы досына, Әбілқайырға...» — деп желпінісіп жатыр дейді. Бұған дейін аңдап, екі жақ бірдей көз сүзіп отырған тыныш ауылдардың талайының аты Батырдың іргесіне барып байланып та үлгеріпті.
Ағайынды екі шектінің айтып келгендері төбе құйқаңды шымырлатады. Ертең қарғыс атқан ханды нәлеттеуге Кіші жүздің жиырма бес атасынан жиырма бес биді осы күннен іріктеп жатқан көрінеді. Батырдың ауылындағы қызды-қызды жиында біреу: «Кәпірдің қолынан сарқыт асаған Әбілқайырды әлгіндей қылғанда, бала құсап алақандарын жайып құлақ жеген Бөкенбай мен Есетке не істейміз?» — деген екен. Жалтыр: «Жадының өзін аластасақ, жадыға арбалғандарға қол көтеріп қайтеміз. Жұрттың басын айналдырып алмаса, жадының аты жады бола ма! Есет пен Бөкенбайға ештеңе де жасамаймыз», — депті дейді. Олары қулық. Әбілқайырдан енді Бөкенбай мен Есеттің де іргелерін аулақ салдырмақ. Көзінің қарашығындай жалғызын антқа ұстауға Тайланның көнер-көнбесі белгісіз. Онсыз да тау тағы боп қалған неме ақ-қарасы белгісіз қиямет-қайымға бас тігіп, тұқымсыз қалғанша, бір күн түнде тып қойып Орта жүз асып кетсе де, башқұрт асып кетсе де, күнін көрмей ме!.. Енді онда күнкөрістен басқа не мұрат қалды... Бейшара мынау қасындағы қаңғып келген әйелмен қанша жыл тұрса да, бір шарана сүйе алмады.
Бөкенбайдың үйінде айтылмаған сөз қалмады. Оның үстіне батырдың шешесі Құттыбике де зарлап жатыр. Төре тұқымынан туып, ағасы Ұлы жүзге ұлысбек болып, одан туған екі бала екі арыстың тізгінін ұстап, өз құрсағынан шыққан Бөкенбайы ханнан кем қадірсіз болмай тұрса да, өмір бақи: «Енді қайтіп кетер екенбіз?» — деген қос үрей тіршіліктен әбден қажыған бәйбіше кейінгі жылдары төсек тартып жатып алды. Құдай қосқан қосағы табын Қара батыр Ырғыздың арғы бетіндегі бір оқшау төбенің басын бұлтитып ол жатыр. Кәрі кісінің ендігі тілегі баласы мен бауырларының үстінде. Былтырдан бері Әбілқайыр мен Бөкенбайға жан-жақтан жасалып жатқан қоқан-лоқыны ести-ести әбден жүрегі шайлығып болды. Екі-үш күннен бері байғұс түн баласы: «Ойбай, Әбілқайырдың үйі өртеніп жатыр ғой! Бармай, неғып отырсыңдар!» — деп айқайлап шығады. Ертеңіне оянғасын: «Ол ауылдан хабар алдыңдар ма? Аман ба екен?» — деп қайта-қайта қақылдап сұрай береді. «Аман», — десең сенбейді. Әлгінде ғана Бөкенбай Мырзатайды жетектеп апарып: «Мынау Бопай келініңнің інісі. Ханның ауылынан жаңа келді. Аман көрінеді», — десе төсекте тек құр қаңқасы жатқан тірі аруақ: «Әй, жаман адай, алдап отырған жоқсың ба, аман ба, тек шыныңды айт!» — деп қадала кеткені. Өлім аузындағы кәрінің мына сандырағы одан сайын зәресін кетіріп отыр. Бөкенбай мен Есет әрі ойланып, бері ойланып, Әбілқайырдың алдынан өтпей-ақ, Тайланға баруға бел буды.
Тау аңғарында отырған жалыз үй аяқ асты келген сыйлы қонақтарға, қапелімде, қапылып қалды. Бөкенбай мен Есет көптен көрмеген достарымен құшақтасып көрісті. Баяғы жайбарақат кездегідей асықпай отырып амандық сұрасты, асықпай отырып қонақасы жеді. Сосын ат басын ауылдарына туралайтын кезде үй иесін ертіп, анадай жердегі оқшау төбенің басына шықты. Қазақтың бас білікті азаматтарының талай оңаша сұхбаты осындай домалақ төбенің басында өтетін. Өткен жылы Әбілқайыр да осылай амандаса келіп, Тайланды дәл осы домалақ төбенің басына жетелеген. Міне, Есет пен Бөкенбай да бұны дедектетіп, солай қарай жетектеп келеді. Бұл келістері тегін келіс емес. Екі күннен бері бұның ұйқысы қашып кетті. Тек бүгін түнде ғана таң алдында көзі ілініп кеткен екен, баласы ақ боз ат мініп, бір ақ шаңқан бауырына өрмелеп барады екен. Оған қуанып оянған. Көптен аяқ ізін салмаған Есет пен Бекенбайдың келе қалғанын да жақсылыққа жорыған.
Енді байқаса... Екі мейманының да қабағында қаяу бар. Бұлар екеуі бірдей қосақтасып неғып жүр? Әлде жаманат хабар естіді ме екен? Бұның жаманат хабары шығатындай да кімі қалды?! Пәтшәйім енді бұл үшін құрыған кісі. Анда-санда көкірегінің бір шаншып өтетіні болмаса, осы күндері ойына көп ала да бермейтін бопты. Ол жәйінде жаманат естісе, оның несін оңашалап айтады! Жаманат хабарды өз төрінде, өз шаңырағының астында естіртуші еді ғой. Бұндай оңашаға не бір бұйымтайы бар кісі, не бір төтен шаруа жайында ақылдаса келген кісі сүйрелетін сияқты еді ғой! Ендеше, бұлардың бұнда қандай бұйымтайы болмақ? Құда түсетіндей қызы жоқ. Кәрі аруағын қозғап, жорыққа шақырғылары келсе, шабарман жіберсе де болады. Бірақ, қазір бұл ондай-ондайына шақырса да, бармайды. Тұяғын тұлымшағын жалбыратып қалай жалғыз тастап кетеді. Ол мұны жорыққа жібермек түгілі екі адым аттатып шығармай, шалғайына оратылып еріп келеді.
Бұлар тасы шықырлаған оңаша төбенің басына да шықты. Үш батыр қаршадай қара баланы ортаға алып, тізе бүгіп отырысты. Сөз бастаған Бөкенбай. Есет пен Тайлан тек тыңдаушы. Тайлан әуелі ештеңеге түсінбеді. Айдаладағы ақ патшаның елшісінің Зердебайдың қызына қандай қатысы бола алатынын ұға алмай бір дағдарды. Әлгі Сартайлақ баланың Құдайға болмаса, адамға ешқандай жазығы болмаса, оған Батыр төңірегіндегілердің сонша кәрін төгетіндей несі бар екенін түсіне алмай екі дағдарды. Жар түбіндегі Барақ ұлысындағы атыкелді күйеудің намысына бола Батыр сұлтанның шабына қалай шоқ түсетінін біле алмай үш дағдарды. Сол бір шым-шытырыққа бола Әбілқайырдың жаны неге күйзелетіні де миына тіптен кірмей қойды. Кенет Тұяқтың аты аталғанда селк етіп шошып кетті. Екеуі екі жағынан жүрелей жайғасқан екі батырға алақтай қарады. Олардың бастарына бір қарлы қара тау тауқымет түсіп отырғандай түнере қалғандарын көріп, қайта ойланды. Бұл екеуінің мұнша күйзелгені, шынында да, анау-мынау емес қиын шаруа болғаны ғой. Бұл тауқымет, бұл масқарадан тек Тұяқ қана құтқара алады дейді. Бірақ, Тұяқтың өзіне де қауіп бар дейді. Абыройсыздыққа ұшырап қалған бейшара қыздың бақытсыздығына орыс елшілігінің де, Әбілқайырдың да ешқандай араласы жоқ дейді. «Соған сенсең аруақтың әділ екеніне сенсең, Тұяқжанды антқа ұстауға ертіп кетейік деп келдік», — дейді. «Жалғыз балаң, зорлығымыз жоқ. Өзің пейіл болмасаң, ертпей-ақ қой», — дейді. Сонда не болмақ! «Құтырынған жұрт Жәдік тұқымының тілін алып, Әбілқайырдың нақақтан нақақ қанын ішпек», — дейді. Мынаны естігенде Тайланның тұла бойы дүр түршігіп кетті. Ойына қай-қайдағылар түсті. Толғатып жатқан Пәтшәйімнің алдында қынабынан қанжарын суыра алмай абдырап тұрған Әбілқайыр көз алдына келді. Енді болмағанда жау қолында кете бармақ баласына Құдай айдап Әбілқайырдың тап келгені есіне түсті. Егер оның тәуекелі тұрмағанда, мынау тұлымшағы жалбырап қасында отырған жалғыз баласының қорқау дарияның түбінде шіріп қалуы мүмкін екені есіне түсті. Елден, жерден, өмірден безіп, адамшылықтан безіп, тағы боп түзге қаңғырып кете жаздап тұрғанда мына жарық дүниеге, адамдар арасына, ағайын, дос-жаранның ықыласына қайта оралтқан да сол Әбілқайыр екенін ойлады. Көз алдына хан мен бәйбішенің ортасында көзі жаутаңдап, өзіне қарап отырған қызыл шақа нәресте елестеп кетті. «Дүние-ай!» — деп ышқынды ішінен. Ол екеуін, Тұяқ пен Әбілқайырды тағдыр әуелден кіндіктерінен матастырып жаратқандай екен ғой. Тұяқжанға мына тіршіліктің жарығы бұйырар-бұйырмас боп екі талай тұрған кездің бәрінде де Әбілқайыр тап бопты да отырыпты. Енді сол Әбілқайырдың өзінің көрер жарығы сынға түсіп тұрғанда, Тұяқты бейтарап алып қалғаны бүгін былай ұйытқыса, ертең олай ұйытқитын бейпәтуа екі аяқтыларды былай қойғанда, ертең жаратқан Алланың алдында бетіңе шіркеу түсірер қиянат емес пе! Жігітті достың назарынан, көптің назарынан сақта дейтін еді. Достың назарын, көптің назарын қалдырған жігіт оңбас дейтін еді. Тұяқжанның Әбілқайырдың басына іс түскен сын-сағаттан қалып көрген жарығының қалай болып бұйырарын кім білген! Ендеше, екеуі де пейілдерінен көріп алады да! Бұл дос назарын, жұрт назарын жығып қайтеді. Жердегі аруақтың, көктегі бір Алланың көзі оң болса, кісінің қара ниеті не істей алады дейсің! Жазмышы солай болса, қашқанда не істей алады?! Оның үстіне тек қара ниеттілердің есесі ғана ылғи түзу боп шыға беретін болса, мына дүние әлдеқашан қараң қалар еді ғой. Оның әлі өз орынында тұрғанына қарағанда аспан астында шындыққа да орын бар шығар!
Тайлан қапелімде қарысқан жағын аша алмай, ыңыранып барып:
— Сонда бүгін ертіп кеткелі отырсыңдар ма? — деп сұрады.
Түнеріп отырған Бөкенбай мен Есеттің жүзінде үміт нышаны лып ете қалды.
— Иә.
Тайлан орнынан көтерілді. Жолай ши арасында жайылып жүрген Әбілқайыр мінгізген меңсіз тобылғы торыны жетелей жүрді. Ләм-мим жақ ашқан жоқ. Баласының атын өзі ерттеді. Өзі киіндірді. Атқа өзі мінгізді. Сосын оң жақ жауырынына алақанын апарып:
— Ал, жолың болсын! — деді.
Ештеңеге түсіне алмай қалған әйелде үн жоқ. Көз ұшындағы қара жалдан асып кеткенше Тұяқ ауық-ауық артына қарап қояды. Үйдің қасында әкесі мен шешесі ербиіп әлі тұр. Көзі тостағандай қара бала мына дүниеде өзіне ең ыстық екі жанды тасасына тығып, көлбей сулаған қара жалға бір сәт тесіле қарап келе жатты да, жүзін тіктеп алды. Содан хан ордаға жеткенше үндемеді. Мұншалық текті балаға сүйсінген Бөкенбай, Есет, Мырзатайлар бір-бірімен тіл қатыспай үнсіз жортысты.
Олар жолда келе жатып, шөмекейлердің ауылына қонған түні Әбілқайыр бір түс көрді. Түсінде осы Нұра үстіртінің үстіндегі көл-көсір кең жазықта қалың қолмен құйғытып, құлан қуып келе жатыр екен. Дүркірей қашқан есер тағы қайырмалағаныңа қарамай топырағы қызарып шығып жатқан аранға қарай тартып бергені. Тайсалатын түрлері жоқ. Хан қос құлағын жымып алған қалың нөпірдің мұншалық соқыр ызасына, ештеңеге қайырылмайтын есер қайсарлығына риза болудың орнына, ыза боп келеді. Кенет артына бір қарап еді, өзі қуғыншы емес, қашқыншы сияқтанып кетті. Бір қызығы әлгінде ғана алдында кетіп бара жатқан қалың дүсір соңында келеді. Жер қайысқан қара нөпір құлан басқа ештеңемен шаруасы жоқ, өңмеңдеп мұны қуып келеді. Апырау «бық» дегенде зып беретін қоян жүрек тағыларға мынандай қасиет қайдан біткен?! Бұрын жалғыз ат пен жалғыз тазы көрсе, дүркірей жөнелетін ессіз мақұлық қуғыншыны алдына салып ап, өзі сүркіте жөнелгені не сұмдық? Көздері аларып кеткен. Бұны өзі қаздырған аран шұқырға айдап апарып құлатпай тына-тұғын түрлері көрінбейді. Тұяқтары қара жерді қарш-қарш шайнап обып барады. Енді, міне бір қараса, өзіне шұбатылған құйрық бітіпті. Иығында да бірдеңе жалпылдайды, әлдене бетін тырналап желп-желп ұрады. Сөйтсе, құлан болып кеткен екен дейді. Мына қашқын дүсірді өзі бастап келе жатыр екен дейді. Сол бір соңындағы есер топ өзін қуып жетіп, тапап кетер ме екен деп қорқып келеді. Міне, тажал аранға жете беріп жандәрмен қарғып кетті. Бұның соңындағы қалың дүсір омақатып құлап жатыр, құлап жатыр. Кенет жалт бұрылып артына қараса, әлгінде ғана ырсиып жатқан аран жым-жылас жоқ. Қара жер қайта желімделіп қалғандай. Әлгінде ғана дүсірлей шауып келе жатқан қара нөпір де жоқ. Бөрін жер жұтып кеткендей. Бұл жалғыз қалыпты. Ешқандай құйрығы да, жалы да жоқ. Ешқандай құлан да емес. Кәдімгі екі аяқты адам. Кәдімгі сұлтан Әбілқайыр. Өзіне-өзі танданып жатып оянып кетті.
Сол күні ұйқысынан сергек тұрды. Бірақ күндегі әдетімен үстіне ешкімді жібермеді. Ешкіммен тіл қатысып сөйлеспеді. Бесін ауғанша маңдайшаға телміріп отырды да қойды. Бесін ауа ауыл адамдары абыр-сабыр болды да қалды. Үй сыртынан Мырзатайдың қауқылдаған дауысы шықты.
Бөкенбай мен Есет алдарына Тұяқты салып, хан үстіне кіріп барды. Әбілқайыр алая қарап отырып қалған. Тұлымшағы жалбыраған қара бала жүгіріп барып, алдына тізерлей отыра кетіп, маңдайын тосқанда, сұп-сұр хан итініп ілгері ұмтылды. Қос қолын бірдей созып, баланың басын омырауына қысып, екі иығы үнсіз селкілдеп біраз тұрды да: «Жоқ, жоқ. Беті әрмен!» — деп шалқалап құлай берді.
Үй-іші оның қатты жүйкелеп шамырыққанда осылай құлап қалатын талма ауруға тап болғанын біраздан бері байқап жүрген. Жаңа кісілермен бірге жарыса ішке кірген Мұханбет қожа Әбілқайырдың қасында қалды. Қалғандары тысқа шығып: «Біз ант беруге әзірміз!» — деп Батырдың ауылына хабаршы аттандырды.
Қыста қар басып, жазда шөп өсіп, біресе ақ, біресе көк, біресе сарғыш тартып қырық құбылып тұратын осы бір он екіде бір гүлі ашылмаған бала қыздың енді-енді қылтиып келе жатқан ұялшақ көкірегіндей бұлтың төмпекті жұрт «Қызыл үйік» деп атайды. Баурайындағы әр жер, әр жерден ұшырасып қалып отыратын қыш кесектер ме, ұшар басындағы айналасын таттандырып быт-шыт сынған көне қарудың жұрнағы ма, етегіндегі сәл су түссе қан күрең боп қалқып шыға келетін қызыл саз ба — не себеп болғаны белгісіз -әйтеуір атам заманнан әлгіндей атанып кеткен көрер көзге сондай жұпыны осы бір жапырайған болмашы биікті ел әулие тұтады. Анадайдан аттарынан түсе қап, құран оқиды. Сол жаққа қарап: «Сақтай көр! Қолдай көр!» — деп қол жайып жалбарынады.
Томпақ төбенің басындағы ойылып, топырағы ортасына түсіп кеткен беймәлім қабірге біреулер: «Күні кешегі ноғайлы замананың аты жер жарған батырларының бірі жерленген», — десе екіншілері: «Жоқ, баяғы Жошы заманынан қалған мола», — деп жеңістік бермейді. Ақсақалдарды сөйлетсеңіз, ол қабірді мынау ұлан-асыр даланы бізден бұрын жайлапты-мыс жеті жұрттың жетеуіне де телиді.
Олар: «Бұл төбенің шын аты «Қызыл үйік» емес, «Дәурен биік», ата дұшпан осы маңға да жетіп, әлгі төмпектен бір уыс топырақ алар болса, онда ол жұртыңның басынан дәурен ауғаны. Баяғыда Шәйбан тұқымына көңілдері қалып, ірге суытысқанда Жәнібек пен Керей осы «Қызыл үйікке» келіп, бір уыс топырағын ала кеткен екен. Содан түкірігі жерге түспей тұрған үстем әулет қоныс жаңартып, бастарындағы бақыттан айырылып, бақа-шаянға айналғанда, бұл өңір бір кезде солардың тізесі батып, ел ауып, жер ауып кеткен Орыс хан әулеті екі сұлтанның қол астындағы қазақ жұртына қайта бұйырыпты», — деседі.
Оларға айтқызсаңыз — «Қызыл үйіктің» топырағын алдырғаның ата-бабаның аруағына қас дұшпаныңның итін сарытқаның, етегін жел ашпаған бойжеткеніңнің уыз көкірегін басқыншы дұшпанның озбыр қолына баса-көктеткенің.
Оларға айтқызсаңыз — жұрт болар жұрт қызыл өңешінен гөрі ата-баба аруағы мен қыз баласының абыройын көбірек күйттейді, ата-бабаның аруағын салғыртсынғаның — жұртыңның кеше кім болғанын ұмытқаның, қыз балаңның абыройын қастерлемегенің — жұртыңның ертең кім болатынын ойламағаның.
Оларға айтқызсаңыз — жұрт болар жұрт ата-бабаның аруағы мен қыз баланың абыройы жолында халықты ұстаған атан жілікті азаматтың алтын басын садағаға шала алады.
Оларға айтқызсаңыз — бізден бұрынғы жеті жұрт бұл өңірден осы «Қызыл үйіктің» топырағын қори алмағандықтан айырылып қалған.
Бұл әңгіме өтірік пе, шын ба — анығын айтып бере алар ешкім жоқ. Оның анық-қанығын тіл бітсе, тек жұмбақ биіктің басынан ертелі-кеш бір кетпейтін тарғыл бүркіт қана айтып бере алар еді. Талай ғасырды көзі көрген тарлан бүркіт бір кезде осы арада опат болған баһадүрдің қолындағы саят құсы екен. Әлгі жалғыз моланың жан-жағында шашырап жатқан қып-қызыл тастар сол баһадүрдің қару-жарағының жұрнақтары екен. Төбенің етегінде шашылып жатқан көп сүйек оның тұлпары деседі. Дүниеден бәрі өтіп, бәрі жоғалғанда тек бүркіті ғана қалыпты. Осы бір нысаналы бүркіттің мойыны мен тұмсығындағы ерекше сарғыш жолақ иесінің сыпыра алмай кеткен томағасының орыны көрінеді. Сол бір тарғыл бүркіт қонып отырғанда төмпектің астында жатқан беймәлім ата-баба аруағына еш нұқсан келмекші емес. Ата-бабаның аруағы ренжісе, тарғыл бүркіт әлдеқайда ұшып кетеді-мыс.
Мынау ұшан даланың иесі тарғыл бүркіттің «Дәурен биіктің» басында отырғаны жұртыңның басынан әлі дәурен өтпегені. Оның жүрегін шошытып, көңілін қалдырмаған жұрттың басындағы бақ мәңгі аумақ емес.
Әйтеуір мынау сағым шалған далада көзге түсер жалғыз нысана көнелікті обаның басында жұдырықтай түйіліп, мізбақпай отырған қашанғы тарғыл бүркіт қылауытады.
Көл-көсір кеңістікте сүйелдей боп қана қылаңытар қалжасы бар оқшау төмпектің басында ертелі-кеш қанатын қомдап отырған тарғыл бүркіт ай асты тіршілікте өткіншілік пен өкініштен, үміт пен тәуекелден, күдік пен күмәннан басқа тұрақты ештеңе жоғынан хабар бергендей.
Жұрт басына сәл іс түссе, осында ағылады. Беймәлім молаға кеп шырақ жағып түнейді. Жақсы түс көрсе, ақ түйенің қарынын жарып, ұлан-асыр той жасайды. Не бір жылдан-жылға ұласып келе жатқан шытырман көне даулар осының басында шешіледі. Не бір мойынына жала артқандар күнәсыздығын дәлелдеп берер куә таба алмағанда, осында келіп ант береді. Аруақ шамданар қара істің тұсында ант ауызға алынғанда Құдайдың күнінің өзі бұрқ-сарқ бұзылып жүре береді деседі. Қараға бола ант беріп тұрған талай қарабет табан астында тобан аяқ болып та қапты. Талайының төбесіне қызыл көргендей тарғыл бүркіт шаңқылдап тап-тап беріпті. Қара істің тұсында ант берген адам да, антқа ұсталған адам да оңбайтын көрінеді. Сондықтан да антқа халыққа әрі қадірлі, әрі ешкімге қиянаты тимеген бейкүнә адамның әлі балиғатқа толмаған ер баласы ұсталады. Егер ант беруші қара іске ант берсе, антқа ұсталған адам да қияпатсыз қалмайтын көрінеді. Ондай жағдайда қараға бола ант беріп, біреудің обалына қалған кісі әлгіндей қияпатқа ұшыраған сәбидің ата-анасына жеті батырдың құнын төлейді. Қараға ант берген қара беттің басы қырқылып, дүние малы талауға түседі. Сондықтан да жұрт қанша өштесіп жүрсе де, ант жайын ауызға ала бермейтін.
Бұл жолы Әбілқайырға жеке бірен-саран кісінің емес, бүкіл ел тарапынан сенімсіздік туып отыр. Қараға бола ант берсе, одан келер қияпатты өзі көтеріп алады. Ел-жұрттың алдында да, Тұяқ пен Тайланның алдында да, Зердебай мен қызының алдында да тек сол ғана қара бет боп шығады. Егер әулие оның ешқандай жазығы жоқ, адалдығын меңзеп нышан білдірсе, хан ешкімге маған нақақ жала жаптың деп өштесе алмайды. Өйткені, билер кесігі — бүкіл елдің үкімі. Сондықтан да, Әбілқайырдың ендігі тағдырын бүгінгі ант шешеді. Сондықтан да жұрт бүгін «Қызыл үйікке» қарай тайлы-таяғы қалмай шұбырып келеді.
Омырауларын желге төсеп, «Қызыл үйікті» бетке алған топ-топ жүргінші бұта басының сәл қимылына дейін жіті бағып, әр жер, әр жерден бұрқ-бұрқ көтерілген оқшау шаңдардан қаралай шошынып жағаларын ұстап келеді. Біреулері Тұяқты аяса, біреулері Әбілқайыр ханның мынау арам іске, шынында да, қатынасы болған жоқ па екен деп қуыстанып келеді. Көбі мұндай кесір істің артынан елге тигізер кесапатынан қорқады. Бопай бәйбіше сол бір ылдырмақ-шылдырмақ жасалмағанда байсыз қалатындай, қайдағы бір саяқ кірмені іргесіне амалсыз қондырғызған, ертең күйеуге кеткелі жатқан өз қайын сіңлісін іштей қарғап-сілеп бақты. Жер түбіндегі ақ патшадан елші шақыртқан Әбілқайырды біреулер аяп мүсіркесе, біреулері ашына құстаналайды. Не де болса, айдаладағы жалғыз төмпекке жапа-тармағай жөңкілген жұрт табандарының астына ине шаншып қойғандай қаралай қалтырап-дірілдеп келеді. Қазір олардың сәл нәрседен жүрегі ұшып, талып жығылуы мүмкін. Бәрінің де көздері аларып кеткен, қосүрей.
«Қызыл үйік» бірте-бірте жақындай түсті. Шаңыт бірте-бірте басылайын деді. Лек-лек шоғыр оқшау шығып, Мұханбет қожаға құран ұстатып, киелі әулиенің құбыла бетіне қырық құлаш ала арқанды көлденең тастап, бір басына қап-қара ат мініп, қап-қара киім киген Тұяқты, бір басына жауға мінер ақбас жиренінің тізгінін қарына ілгізіп, басындағы алтын зермен қайыған асыл қалпағын қолына алғызып, Әбілқайырды тұрғыза бергенде, сонау теріскей дөңнен инедей шаншылып шыға кеп, тұп-тура бұларға қарай бұралаңдай тартып келе жатқан түйдек шаң желкедегі қара ойға келіп, жерге сіңіп кеткендей ғайып болды. Көздері бақырайып кеткен жұрт қайтадан ақ сәлделі қожаға қарады.
Қоңқақ мұрын қожа танауын желге төсеп, мынау жан-жағынан анталай төніп тұрған қара нөпір жұртқа емес, сонау көктегі тәңірдің өзімен тілдесіп тұрғандай бір бейтаныс мақаммен сөз бастады.
— Уа, Құдайдың пендесі Әбілқайыр Абдолла оғлы...
Күні кешегі жұрттың аузынан ащы ішектей шұбатылып шығып болмайтын айтулы ханның атақ-лауазымы бүгін ұры иттің құйрығындай бір тұтам боп шолтаң ете түсті.
— Мына жұртыңның саған дін аттап, ата-бабаның ғұрпын аттап, Мұхамбетке үмбет емес, Шәдиярға дос емес теріс оқулы жаттың шылауына ілігіп, тірінің мерейін, өлінің үрейін қорлап, аруаққа тіл тигізіп, жүрегі теріс, жүзі бөтен, жады кәуірге біреудің ақ жұмыртқа, сары уыз перзентінің абыройын тонатты, басындағы бақ пен абыройдан, кеудесіндегі жаннан, алдындағы мал-дәулеттен айырылуға лайық ел құлағы естімеген қылмыс жасады деген айып тағып тұр. Оған не дей аласың?
Хан жер тізерлеп, қос қолын көкірегіне апарып үш рет:
— Нақақ, нақақ, нақақ! — деді.
Мұхаметжан қожа: «Естідіңдер ме!» — дегендей жұртты шолып, біраз тұрды. Жым-жырт. Адам түгілі жылқы екеш жылқы да осқырынбай, пысқырынбай сілтідей тына қалыпты.
— Ендеше киелі кітапқа қолыңды тигізіп, аруаққа бас иіп, ел-жұртыңның алдыңда әлгі сөзіңді растап, басыңдағы бақты, алдыңдағы малды, кеудеңдегі жаныңды пидаға шалып, ант беруге пейілмісің.
Хан сол жер тізерлеген қалпы:
— Пейілмін, пейілмін, пейілмін, — деп үш рет басын иді.
— Құдайдың пендесі Әбілқайыр Абдолла оғлы тағылған айыптың нақақтығына басындағы бақытын пидаға шалып, ант-су ішіп тұр. Уа, құдая, тірі әулие, өлі аруақ, көрдіңдер ме, естідіңдер ме! Әбілқайыр Абдолла оғлы киелі кітапқа маңдайын тигізді. Басындағы тәжін антқа тікті.
Хан қолындағы зер қалпақ ала арқанның үстіне қойылды.
— Адалмын, — дейді.
Хан арасын сиретіп:
— Адалмын, адалмын, адалмын, — деп үш рет ант-су ішті.
Күнге шағылысқан зер қалпақтың не өзі, не маңындағы топырақ бүлк еткен жоқ. Үш би зер қалпақты жерден көтерді.
Мұхамбет қожа тамағын кенеп, тағы да мақамдай жөнелді.
— Уа, жасаған, тірі әулие, өлі аруақ! Көрдіңдер ме, естідіңдер ме! Құдайдың үмбеті Әбілқайыр Абдолла оғлы алдындағы әулеті мен ұрпағының ырзығын пидаға шалып ант-су ішеді.
Хан тағы да құранға қолын тигізіп, үш рет:
— Адалмын, адалмын, адалмын, — деді.
Ала арқанның қақ ортасына қойылған шабдар ат көзі жасаурап, жайбарақат тұр. Еш жері бүлк еткен жоқ. Ең болмаса, жал-құйрығын жел тарамады.
Мұхамбет қожаның желкесінде тұрған жиырма бес бидің үшеуі тағы да бөлініп шығып, шабдар атты ала арқанның қасынан аулаққа ап кетті.
Мұхамбет қожаның дауысына діріл жүгірді. Жұрт бір қозғалақтап қойды.
— Уа, жасаған ие, өлі аруақ, тірі әулие! Көресіңдер ме, естисіңдер ме! Құдайдың үмбеті Әбілқайыр Абдолла оғлы қара іске ант беріп тұрса, кеудесіндегі шыбын жанынан айырылуға пейіл боп, бұл күнаға ешқандай қатысы жоқ, ақ, адал Тайлан Мәті оғлының балиғатқа әлі толмаған перзенті Тұяқ Тайлан оғлының обалынан сескенбей пидаға шалып, «адалмын», «ақпын» деп ант-су ішеді.
Қожа жайлап басып, ханның қасына жақындады. Әбілқайыр қожаның қолындағы құранды алып, үш рет маңдайына тигізді. Содан соң тамағына бірдеңе көлденең тұрып қалғандай қырылдай, қылғына тіл қатты.
— Адалмын, ақпын! Адалмын, ақпын! Адалмын, ақпын!
Қара ат мінген қара баланы ала арқанның үстіне әкеп тұрғызды. Әлгінде ғана селк етпей жатқан жіп арқан енді әб жыландай суытып, қиралаңдап қозғалып кетердей үрейлі көрінді. Жұрттың бәрі бозарып кеткен. Жер тізерлеп отырған ханның екі самайына шып-шып тер шыға кепті. Аспанда алақандай бұлт жоқ. Тарлан бүркіт анадайда жайбарақат қалықтап жүр. Не қара аттан, не қара баладан селт еткен бір қимыл байқалмады.
— Құдайдың құлы Әбілқайыр Абдолла оғлы сөзінде тұрды. Жаратқан ие, тірі әулие, өлі аруақ оның айтқанын теріске шығарған бір де бір нышан байқатқан жоқ. Құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбеті, Шәдиярдың досы Әбілқайыр-Мұхамбет Ғазы баһадүр ханға тағылған айып нақақ деп табылады.
Майда топыраққа тізесі қарыс кіріп, жерге шөгіп отырып қалған ханды Есет пен Бөкенбай екі қолтығынан демеп, тұрғызып алды.
Ала арқанды қақ ортасынан қанжармен қырқып, ханның, Тұяқтың, шабдар ат пен қара аттың басынан бір-бір айналдырып, анадай жерге лақтырып жіберісті.
Мұхамбетжан қожа тағы дауыстады.
— Билердің құран ұстап пәтуаласқан кесігі бойынша, Әбілқайыр ханға тағылған айып нақақ боп шықса, Зердебай Ерен оғлының аяқ-қолы аман, ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған қызы Торғын төгілген абыройына әуелі өзі, сосын әкесі Зердебай Ерен ұлы жауап беруге тиісті. Талапкер Сүлей Күшікбай оғлы Құдай жолы, ата-баба үрдісі қалыңның аманатын аттап, ант бұзған қайын жұртынан ақ, адал малының үстіне айып төлетем десе де, қара бет жесірін жар қылып құшам, күң қылып жұмсаймын десе де, оны төгілген арымның құрбандығына шалам десе де өз еркі. Не жан десін, не мал десін! Не де болса, өз ауызынан айтсын! Ешкім ақыл қоспасын.
Әлгінде ғана жапыр-жұпыр гуілдесе бастаған жиын қайтадан жым болды. Әлгінде ғана шайдай көкжиектің әр жерінен қылтиып, ала бұлттар шыға келді. Терістік беттен ызғырық жел тұрып, жұрттың етек-жеңін желпілдете бастады. Бір күнде қырық аунақшып тұратын күздің күнінің құбылмалы мінезі ме, жоқ шын күнаһардың аты енді аталғасын аруақтардың шамырқанғаны ма, жұрттың қабарынқы жүзін мұздай леп қарып, айнадай жарқырап тұрған төңірек қайтадан алашағырмақтанайын деді. Дөңбек жалдардың баурай-баурайынан бүлкілдеп тозаң жортақтай бастады.
Жұрт тағы да қанын ішіне тартып алған. Батыр сұлтанның мол тобынан бөліне тұрған жиырма-отыз қара атты бар еді. Ол күйеудің жұртынан екен. Барақ сұлтанның әдетіне басып, жалын төгілдіріп қара ат мінген сәнді топтың қақ ортасындағы алақандай көзінің қызылы мен ағы шарпысып жатқан гүжбан қара гүж ете қалды.
— Мал керек емес, жан! Жан, жан, керек!
— Жан керек болса, ал!
Анадай жерде бетіне күл жағып, маңдай шашын кесіп, бұлқынтып ұстап тұрған Торғынды ортаға алып шықты. Зердебайдың ағайындары қорқарын, не қуанарын білмей үрпиісіп қалыпты. Жұрт от пен суға салуға жаудан түскен етекбасты ұрғашыны да алып жатады ғой. Кім біліпті, мынау гүжбан күйеу Торғынды жар қылып қасына жатқызбағанмен, күң қылып есігінде ұстауға көнетін шығар.
Үрпиісіп тұрған жұрт ат үстіндегі гүжбан қараға анталай қарай қалысты. Ұйпа-тұйпасы шыққан бейшара қызды қара атты гүжбан қараның алдына апарып, зорлап тізе бүктірді. Бұрым қып өргізбей бос салдырған қолаң шашы алдына төгіліп, бет-аузын көрсетпей тастады. Бейбақтың тек екі иығы ғана бүлк-бүлк етеді. Оны аяуға аруақтан қорыққан еркектер сыр бермейін деп тістеніп-тістеніп апты.
Айыптан құтылып, өз дүрмегіне барып қосылған сұп-сұр хан әлгінде ғана өзінің екі тізесі қазып кіріп кеткен ұлпа топырақтың үстінде жүгініп отырған бейшара қызға есеңгірей көз тастап тұр. Әлгінде ғана өз басынан өткен мүсәпір халдің соншалық қорлық кейпін енді аңғарып, енді танып тұр. Ішінен: «Тәуба, тәуба!» — деп сан рет қайталады.
Жұрттың көзі қол-аяғы тоқпақтай жалды қара аттың үстінде ентелей тебініп тұрған гүжбан қарада. Ол да шойыннан құйылғандай мол денесін бір қыбыр еткізбей, қаққан қазықтай қақшиыпты да қалыпты. Ту сыртындағы өңшең қара аттылар мен Батыр сұлтанның тобы: «Мынау неғып тұр-ай!» — дегендей жабыла қарап, телміре қапты. Гүжбан қара жан қалтасынан шақша суырғысы келгендей қолын ербеңдетіп, жан-жағына қармана қаранып, анадай жерде ер-тоқымсыз екі қара құнанды ұстап тұрғандарға иек қақты.
Мана Батыр сұлтандарға ілесе келген қарақұрым топтың ішіндегі екі ер-тоқымсыз құр атты біреу көрсе де, біреу көрген жоқ еді. Енді жұрттың бәрі соған қарады. Өздері шу асау екен. Жер табандап, тартынып ортаға әзер шықты. Жұрт қақ жарылып жол берді. Қара киімділер тобынан тағы бір екеу қолдарына қыл арқан ұстап ортаға озды, біраз кісі еріксіз ышқынып қалды. Әсіресе, Әбілқайыр ханның көзі атыздай боп барады. Мынау қыл арқан әу баста бұған бағышталған ғой. Мана ант бергенде бұл қара боп шықса, мұның шаруасын осы қыл арқан мен мына екі шу асау бітіреді екен ғой.
Аршынды жігіттер қыл арқанның ортасынан тұзақтап, гүжбан қараның қолына ұстатты, қалған екі ұшын тұзақтап, екеуі екі шу асаудың қасына барып тұрды.
Гүжбан қара қолындағы тұзақты әуелі Мұхамбет қожаға, содан соң билерге, содан соң ту сыртына бұрылып, Батыр сұлтанның тобына, ең артында былайғы тобырға көрсетті. Жұртта үн жоқ. Бірдеңеге қатты толқығаны екені де, жоқ әлденеге көңілінің хошы келіп құлшынғаны екені де белгісіз, тайға бас білдіріп, асау жуасытып қалған әдетіне басып, шалт қимылдап, шұғыл еңкейіп, қолындағы қыл тұзақты басын иіп, жер тізерлеп отырған Торғынның мойнына көз ілеспес жылдамдықпен кигізе салды. Екі жігіт қолдарындағы тұзақты көз ілеспес қимылмен асау құнандардың мойнына іле-іле салысты. Сосын екі шу асаудың ноқталарын жып еткізіп сыпырып ап, сандарынан құлаштап тұрып бір-бір тартты. Екі құнан құйрығын теуіп, тулап ала жөнелді. Жұрт жан-жаққа тым-тырағай қашты. Торғынның: «Апа!» дегені де, «Алла!» дегені де белгісіз, жан дауысы бір-ақ шықты. Құйғытып бара жатқан қос шу асаудың соңында бaуырымен жер тырнап бара жатқан құр сүлдер әп-сәтте-ақ көзден алыстап кетті.
Жұрт аттарына мінді. Манағыдай қарақұрым лек құрмай шоғыр-шоғыр боп жан-жаққа бытырай бөлінді. Әлгі сұмдықты көргендер мынау қанды оқиғаның орнынан да, бір-бірінен де тезірек безіп кеткілері келгендей суыт жортақтасты.
Батыр сұлтанның маңындағы қара манағысындай емес азайып қапты. Алды-арттарына қарамай шығысқа салды.
Әлгі сұмдықтан әбден есеңгіреп қалған Әбілқайыр сәлден соң көзін ашып қайта қарап еді, көкжиектегі күн көзіне аяқ бітіп, әлгі бір қан-жынның соңынан қызыл тазы боп тілін салақтатып, қуып бара жатқандай көрінді.
Ертеңіне Әбілқайыр кешегі бастан кешкенінің өңі екенін, түсі екенін біле алмай біраз уақыт дел-сал отырды. Сәске шамасында сыртқа шықты. Анадай жердегі қараша ауылдың шетіндегі Зердебайдың үйінің жұрты таздың басындай тықырайып бос жатыр. Демек, кешегі көргені түсі емес, өңі екен. Аршыл ағайындары Зердебайды бір түннің ішінде хан орданың қасынан көшіріп әкетіпті.
«Сонда... сонда...»
Әбілқайыр әлденеге ойы мүдіріп, жан-жағына алақтай қарады. Сонау көз ұшындағы елшілік маңында ат бар. Бұл иығына жаба шыққан, жағасын қамқамен әдіптеген жұқа шапанының жеңін киіп, солай беттеді.
Келсе — Бөкенбай мен Есет сонда екен. Көзі шарасынан шығып, үрпиіп қалған елші Әбілқайырды көре сала орнынан атып тұрып, құшақтай алды. Балпылдап бірдеңе деп еді, хан ести қоймады. Жәй басып төрге өтті.
Патшаның елшісі кешегі оқиғадан хабардар болып шықты. Торғынның не күйге ұшырағанын естігенде, Сартайлақ талып қалыпты. Көзін жаңа бір әзірде ашыпты. «Мүмкін емес, мүмкін емес!» — деп әлі сенбей жатыр дейді. Оған қылжақбас Цапаев: «Мен саған баяғыда айтпап па ем. Бұл тағылардан бәрі де шығады. Не сенбейтіні бар!» — деп өжеңдейтін көрінеді.
Не де болса, орыс елшілігінің зәрелері зәр түбіне кетулі. Бөкенбай мен Есет ой үстінде.
— Енді не істейміз? — деп Мәмбет мырза қылғынады.
Не істейтіні бар? Кеше қарсы жақ оңбай омақасты. Әбілқайырды сүріндірем деп жүріп, өздері қалай шалқаларынан түскенін білмей қалды. Бүгін олар естерін жия алмай есеңгіреп жатыр. Бірақ ертең жамбастарын бір-бір сипап, қайта түрегелер. Тағы бір дауды бастайды. Олар сол жаңа дау, жаңа сылтауын таппай тұрып, елшіліктің қарасын бұл арадан өшіру керек. Әйтпесе, кешегі гүжбан қараға мал керек болмай, ар керек бола қалғаны тегіннен-тегін емес. Оларға кеше қалай да біреудің қанын төгу, сөйтіп ескі дауды біржолата тындырмай, жаңа дауға ұштық шығарып беру керек болды. Зердебайдың қызының мұндай масқараға ұшырағанын аузы жүйрік Жәдік әулеті ертең көрші ұлыстарға жаяды. «Жалғыз үйлі ағайынға жасаған қысастығы анау!» — деп бұлар жаққа күнде қол шошайтады да отырады.
Мейлі, олар ертең нені істесе оны істесін! Тек мына елшілікті тезірек бұл арадан аттандыру керек. Кеше қапы қалған қас дұшпан қайта есін жиып алғанша бұлар орыс шебіне бір жетіп алса, ар жағын көре жатар.
Ханның бұл ойын Бөкенбай да, Есет те, елші де қостады.
Елең-алаңда атқа қонған қалың түйдек күн кештете Найзакескеннің құлауына еңкейді. Баяғыда Қарақұмдағы құрылтайдан кейін үш жүздің қара ормандай көк сүңгісіне сап тауып берген қалың жыныс, бүгінде арасына қол жасыра алмастай боп әбден сиреген. Бірақ уәделі ауылдар кеше бір-біріне ат шаптырысқанда, ызғыған далада аз да болса ықтасыны бар ғой деп, осы араны қолайлы көрген.
Хан ауылы бүгін күні кеше қақырайып-қақырайып тұрған елші қосының қаңырап бос қалғанын бір-ақ көреді. Әбілқайыр елшілік жайғасқан ақ отауларды жыққызбай, әдейі тігулі күйлерінде қалдырды. Елшіліктің бір күн түнде көшіп кеткенін жұрт қапелімде сезбей қалсын деді.
Бүгін Сәмеке, Барақтарға шабарман кетіп, олар хабар тигізгенше елшілік орыс шебіне жетіп те үлгереді. Бұл жақтағы Батырдың кешегі масқарадан кейін қылар қайраны шамалы. Сондағы дүрбелең «Қызыл үйіктің» басында-ақ тарап кеткен.
Найзакескеннің басына әуелі Есеттің тобы келіп, тосқауылдай тұрды. Оған көп ұзамай тек жеті рудың ғана емес, басқа да тілеулес ауылдардың ру басыларын жинап, Бөкенбай қосылды.
Бір күншіліктей жол жүріп, елдің ең соңынан жеткен хан мен елші тобы алдарынан қайың арасынан жамырай шыға келген қалың қолды көргенде жүректері жарыла қуанысып қалды. Олардың арасында көптен бері ат ізін салмай кеткен ауылдардың да ақсақалдары бар екен. Шамасы, кешегі «Қызыл үйік» оқиғасы қай тарапқа шығарын білмей, шөре-шөре болып жүрген біраз жұртқа жөн сілтеп берсе керек.
Күн еңкейе селдір қайың арасындағы дөңгелек алаңқайға жиналған билер ақ патшаның елшісінің алдына ақ дастарқан жайып, ақ сарыбас марқаның басын ұстатып, ақжол тілесті. Мәмбет мырзаның қасына қазақ жұртының елшілері боп он екі жасар Ералы сұлтан, Нияз сұлтан, Кіші жүзден Шәдік би, Құдайназар мырза, Бөкенбай батырдың немере інісі Мырзакелді батыр, Масқар Төлебай би, Орта жүзден Қыпшақ Күдері, Байкенже батырлар, бірсыпыра қызметші жігіттер еретін болды.
Дастарқан жиналған соң Әбілқайыр елшіні оңаша шығарып әкетті.
— Ал, Мәмбет мырза, — деп сөз бастады былайырақ шыққан соң. — Сөге жамандамай аттанасыз ғой. Біздің арамызда болған бір жылдың ішінде басыңыздан жақсы да өтті, жаман да өтті. Жағдайды өзіңіз білесіз. Әйтеуір, ақ патшаға берген уәдеме адал екеніме, ол жолда ештеңеден тайынып, тайсалмайтыныма көзіңіз әбден жетсе, оны алдияр тақсырға бұлжытпай айтып барсаңыз болғаны. Сіздей ақжолтай елшінің қанжығасын бүйтіп қаңсытып құр қол қайтарамыз ғой деп ойламап едік. Мынандай қилы заман кез келіп, жоқтық жомарттың қолын байлап тұр. Кездесуіміздің алды-арты бір бұл болмайтын шығар. Бұдан былай сіз бен біз қалқыған дарияның ортасыңда қалтылдақ қайыққа бірге мінген жандай, бір-бірімізге тілектес боп жүреміз ғой деп ойлаймын. Мұнда көргеніңіздің бәр-бәрін жіпке тізіп айта бермей, жақсысын асырып, жаманын жасырып, патша ағзам көңіліне секем алып қалмайтындай ғып жеткізгеніңіз дұрыс шығар. Өйткені, бұл шаруаның абыройы да, ұяты да екеумізге бірдей ортақ қой. Қазақтың бәрі кешегілердей тентек-телі екен деп ойлап қалмаңыз. Халық болған соң аласы да, құласы да жеткілікті болады. Азын-аулақ сотқарлардың сотанақтығына күллі халықты күйдіріп қайтеміз. Қазақ жұрты қанатының астына алар рақымды қамқоршы табылып жатса, қуанбаса қашпайды. Сырттан жұдырық түйген жаудың қоқан-лоқысынан да, өз тентектерінің ырың-жырыңынан да әбден титықтап отырған жәйі бар. Сондықтан сіздің бұл сапарыңыз, не де болса, із-түзсіз қалмайды. Айтқанымыз айтқан! Не көрсек те, сертімізде тұрамыз.
Әбілқайыр ханның мына сөзін естігенде Мәмбет мырзаның кірпігі шыланып бара жатқандай болды. Бүгінгі күн — оның да бір жыл бойы армандаған күні еді. Ханның қос қолын қаусыра қысып:
— Ол не дегеніңіз, алдияр. Сіздің ұлы мәртебелі императрица ағзамның алдындағы адалдығыңыз, орыс елшілігіне жасаған қалтқысыз қызметіңіз адамға да, Құдайға да аян шығар. Ол жағынан ешқандай қам жемеңіз, — деді.
— Мына баламды бір өзіңізге сеніп жіберіп отырмын. Көз қырыңызды сала жүрерсіз. Үстіндегі киімі патша сарайына кіріп-шығуға жұпынылық етер ме екен деп те сескеніп тұрмын.
— Ол жағын уайымдамаңыз. Өзім реттеймін. Маған осы алған бағытыңыздан айнымағаныңыз, қарсы жақтың қиянаты мен қысастығынан қаймықпағаныңыз қажет. Ақ патша сіздің ақ-адал қызметіңізді аса жоғары бағалайтынына менің сенімім кәміл. Тек шыдап бағыңыз.
— Сіз де қам жемеңіз. Орыс шебіне жетіп алсаңыз, ол немелер аяқтарын өздері-ақ тарта жүрер. Ал, ертең көрсек те, аман тұрайық! Көріскенше күн жақсы!
Хан мен елші мұсылман ғұрпымен төстеріне төстерін тигізіп, құшақтасып қоштасты. Әбілқайыр елшіге еріп келген башқұрт ру басылармен қоштаса бастады. Елшінің қасына қазақ ру басыларын ертіп Бөкенбай келді.
— Ал Мәмбет мырза, алдыңыздан ақ күн тусын дейміз. Ақсақалдар оның сөзін қағып алып кетті.
— Ұшан далада ұшып-қонып жүрген қиқу-құлақтау жұрт едік. Ерсі мінез көрсеңіз, ертең ұмытыңыз. Жақсы қылық көрсеңіз, өмір бақи ұмытпаңыз. Азын-аулақ тентек-теліге бола жалпақ көптің көл-дария көңіліне түкірмессіз.
Тевкелев ру басыларымен жеке-жеке қол алысып, құшақтасып, қоштасып шығып:
— Өздеріңіз де сөге жамандай көрмеңіздер. Қай-қайсыңыздың да адал ниет, ақ пейілдеріңізді, еткен қызметтеріңізді тәрк қылмай, ақ патшаға айтып барамын. Сұрайтыным — азғырынды әңгімелерге ермеңіздер. Бүгіннен бастап патша ағзамның құлағына жайсыз хабар тимейтіндей боп, жақсы жүрерсіздер деп сенем, — деді.
— Уәде — Құдайдың аты. Құран ұстап айтқан сөзден неге айныйық! Екі жағымыз да сертке берік болайық, — деді ақсақалдар. — Бізді ақ патша мынау жоңғардың құқайынан құтқарса жеткілікті. Басқа ешқандай қолқа салмаймыз.
Елші елдің ең соңында кеп, Бөкенбайдың қолын алды. Тығыншықтай Мәмбет мырза алпамсадай Бөкенбайдың құшағына көміліп, көрінбей қалды.
— Құдайназарды Уфаға барған соң елге қайтарарсыз, — деді батыр.
Жұлдыздай ақ меңі бар күрең төбелдің үстінде құлағы қалқиып, ырғай мойын, ақ сұр бала Ералы отыр. Көзіне түсе берген сусар бөркін қамшысының сабымен жоғары көтеріп, жаутаң-жаутаң әкесіне қарап қояды.
— Ал, балам, қадамыңа гүл бітсін, — деді Әбілқайыр Ералыны арқасынан қағып.
Баланың кішкентай қорамсағындағы жалғыз тал қызыл жебені түзеп қойды. Ол — Ералының ханзада екенінің белгісі еді. Бала зорлана жымиған болды.
Жүзден астам салт атты қайың арасынан саудырап шыға берді.
Хан тобы кетіп бара жатқандардың соңынан сексие қарап әлі тұр. Қасындағылар: «Қайтамыз ба?» — дегендей ыңғай танытып еді, Әбілқайыр тұрған жеріне желімделіп қалғандай тырп етпеді. Жүргіншілер қашан көкжиекке көтерілгенде барып, атын тебінді. Баласын тағы бір көріп қалайын дегендей артына бұрылып қарап еді, қара жалдың тасасына қылт-қылт сіңіп бара жатқан көп атты қайсысының кім екенін ажыратып болмастай жерге ұзап кетіпті.
Әбілқайыр енді ешқайда көз салмады. Астындағы атының ербеңдеген екі құлағына телміре қарап, үнсіз келеді. Қасындағыларда да сыбыс жоқ. Дүсір-дүсір тұяқ дыбысынан ештеңе естілмейді. Жұрттың бәрі бір тұңғиық ой дариясына шым батып кеткендей. Әншейінде екеуінің жолы бір түссе, қауқылдасып кең даланы бастарына көтеріп ала жөнелетін қазақтардың ауыздарына бүгін не тиырым бола қалғаны белгісіз. Тек түн жамылып барымтаға аттанғандар ғана тап осылай тіл мен жақтан айырыла қалатын еді. Ал, алыс жолға кісі шығарып салғандар аламан көрген құр аттай біразға дейін тұяқтары қызып, желіктерін баса алмаушы еді. Бұл жолы олай болмады. Бұған келгенде қай нәрсенің де тонын теріс киіп шыға келетін әуелден әдеті. Жеңісі жеңіске, қуанышы қуанышқа, тойы тойға ұқсамай кете барады. Әйтпесе, бүгін Әбілқайыр үшін ақ түйенің қарны жарылған күн емес пе? Бір жылдан бері жанын тырнағының ұшында дызылдатып келген мына бір шаруа жақсылығымен бітті. Айтқанын істетті. Дегеніне жетті. Жолын кескестеген дұшпанның еткені ем болмады. Осы ара сын болады-ау деген жердің бәрінен Құдай тағала сәтін салып, сүрінбей өтті. Аруақ екеш аруақтың өзі бұны жақтады. Ендеше, мына жұрт неғып әкелері бүгін өлгендей түнере қалған?! Бұны іштері жаратпай келе жатса: «Тап осы шаруаға жиыла көріңдер!» — деп тап осы жолы ешкім жалынбаған еді ғой! Өздері келмеп пе еді? Көпшілігі Батыр сұлтаннан күдерлерін үзіп, бұның жағына біржола шыққан сияқты боп келген еді ғой. Тіпті әлгінде орталарында ақ патшаның елшісі тұрғанда бірінің аузындағы сөзді бірі қағып ап, жалпылдасып жатпап па еді? Ендеше неғып көмейлеріне құм құйыла қалған? Әлде бүгін бұл қайтер екен деп, әдейі сынап келе ме екен...
Жоқ, ешқайсысының бұнымен шаруасы жоқ. Бәрі де аттарының жалының қылын санап келе жатқандай тұқшиып-тұқшиып алыпты. Бәрі де түнеріңкі. Ой үстінде. Ойланғанда бұлар не ойлайды? Бұдан басқа барар жер, басар тауларының қалмағанын неғып түсінбейді? Жан-жақтан анталаған сояу тіс сойқандардың ортасында отырып, қайтіп пана іздемессің?! Анталаған арыстандардың аузында кеткенше, оларды тайсалтатындай айбын іздегеннің несі айып!? Егер оған түсінбейтін болса, баяғыдан бері бұны айналсоқтап не жындары бар еді? Енді, ойлан мейлің, ойланба мейлің, болар іс болды емес пе! Бұйда, бәрібір, ақ патшаның қолына өтті. Тек ол оңға бастағай деп тіле!
Бәлкім бұлар да соны ойлап, тұнжырап келе жатқан шығар. Тұмсығын тестірген нар қоспақтай өз бұйдамызды өзіміз қолына апарып ұстатып, салпақтап соңына ергенде, діні басқа, тілі басқа, түрі басқа, түсі басқа патшайым көлге бастай ма, шөлге бастай ма? Оның не ойлап, не шарапат тигізерін, шынында да, кім білген? Мәмбет мырзаға айтқызсаң, аузымен орақ орып, қарық қылады да салады. Онысы рас па, өтірік пе? Көп ұзамай белгілі болады ғой...
Шіркін, мұндайда қасыңда Тайлан болар ма еді! Осындай дағдарып келе жатқанда ол шөп басындағы мизамға қарап, ат үстінен еңкейіп жұлып алған жусанның тармағының айыры мен бітеуіне қарап, көктегі жұлдыз, жердегі сағымға қарап, бал ашып беретін еді-ау. Сонда балы жақсылыққа түссе, қараптан-қарап желпініп қалатынсың. Қанша дегенмен, үміттің аты үміт қой! Қолыңа ұстап тұрған ештемең болмаса да, алдыңда жақсылық бар деген далбасаның өзі-ақ төбеңді көкке бір жеткізіп тастамай ма!..
Апырай, күн бүгін неткен тымық! Желтоқсанның ортасы бүйтіп сауыны болған биенің желіндей балбырап тұрмаушы еді ғой?! Әнеугүні қарап тұрып ызғып тұрар «Қызыл үйіктің» басында Құдайдың ұйтқыма шаңыты аяқ астынан сап болып басыла қалып еді. Осының бәрі тегін дейсің бе? Істің оңға басайын дегені шығар. Құдай мынау бейшара жұрттың күнде көлдеткен көз жасын көрейін дегені шығар. Бұл осынша азап, осынша тауқыметті тек бір басының бағы үшін тартып жүр ме? Елі үшін, халқы үшін де өліп-өшіп жүрген жоқ па? Еліне не керек, не қардар екенін бір кісі білсе, осы-ақ білер. Сол білгендігінен де осындай тәуекелге мінбеп пе еді? Қоянның құйрығындай күнде қыпылықтап отырғаннан, обал-сауабың да біреуге артып, тыныш отырғанды жөн көрмеп пе еді? Аз жұрт та бір бойжетіп, толықсып отырған қыз секілді нәрсе екен ғой? Оның да біреудің білегінен ұстамаса, күні қараң көрінеді. Әңгіме тек оның алжаспай кімнің білегінен ұстай білгенінде... Құдай тек содан жаңылыстырмаса болғаны...
Түһ, түн неткен қараңғы еді! Жұлдыздар да шілде ортасындағыдай шүпірлей қапты. Анау — темірқазық, анау — жетіқарақшы. Анау — ақбоз, көкбоз... Анау... Апырау, мынау ат құлағының арасынан қылаңытқан күлдей бозаң шоғыр Үркер ғой! Жарықтық, бұдан ұсақ, бұдан солғын жұлдыз жоқ шығар. Бірақ, соған қарамастан, қаншама самала шырақтар самсаған түнгі аспанда оны көзің бірден шалып тұр-ау! Оның сиқыры неде екен? Әлде жұп ажыратпай бірге туып, бірге бататынынан ба? Жұлдыз екеш жұлдыз да неғұрлым саны аз, неғұрлым жарығы солғын болған сайын жиі тұрмаса, көзге түсе алмайтындарын білген ғой! Өздері неткен ыңғайтөк еді! Жаздың жаңбырлы, құрғақ, қыстың жайлы, жайсыз боларын жұрт осы Үркерге қарап біле қояды. Бәрін алдын ала осы бір шөкім солғын шырақтар сезіп қоятындай. Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар! Бәлкім, олар да мынау ұйтқымасы көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып, дауыл мен боранды Үркердей алдын ала біліп, алдын ала ыңғайға аунап отыра алса ғана, аман қала алатын шығар...
Жол шыққанда Үркердің маңдайынан туғанын жақсылыққа жорымаушы ма еді! «Үміт артсаң, Үркерге қара!» деуші еді ғой. Желтоқсанда да Үркердің ат құлағынан асып көтерілмегені алдағы қыстың жайлылығы шығар. Алдың жақсылықтан асқан бақыт бар дейсің бе!
Үркердің қарсы алдыңнан туғаны маңдайының ашылайын дегені ме екен?! Не де болса, үміт бар ғой. Қаршадай Ералы көз көрмеген алыс жолға сол үмітпен аттанды ғой. Бұрын қайда аттап басса да, үрей анталап тұрмаушы ма еді. Жоңғар қайтер екен, қалмақ қайтер екен, башқұрт қайтер екен деп қаралай қылпылдап бітуші ек қой. Енді, не де болса, бір үміт бар емес пе. Үрейден үміт қашан да жақсы емес пе. Ендеше, мынау Үркер де жақсылығымен туған шығар. Тек бұның, тек мынау талайды көріп, талай тауға басын соққан көнтері жұртының алдынан ылғи осылай үміт шырағы туып тұрғандай!
Хан ішінен: «Е, жаратқан, бұныңа да шүкір! Тәуба, тәуба!» — деп сан рет қайталады.
ТІЛМАШ ТЕВКЕЛЕВТІҢ КҮНДЕЛІГІНЕН
Эпилог орнына
«... 1733 жылғы ғинуардың екісі. Тілмаш Тевкелев Уфаға келді.
Ғинуардың mөpmi. Санктп-Петербургтан қайтып келе жатқан қырғыз-қайсақтардың елшісі Құлеке хан баласына улы мәртебелі императрица ағзам керуенінің тоналғаны үшін қатты ашуланып, елшілерді жібермей қалды деген хабар айтыпты. Оны естігенде, ханның баласы, өзге қырғыздар, әсіресе Бөкенбай батырдың інісі Құдайназар мырза ас батпай жаман ауырып қалды.
Ғинуардың тоғызы. Тілмаш Тевкелев қасындағылардың ас-судан қалып, азып-тоза бастағанын көріп, Құлеке елші әлгі хабарды әдейі оларды қорқыту үшін айтқанын, ондай-ондай қаңқу сөздерге құлақ аспау керектігін ескертті.
... Оның бұл сөзіне ешкім илана қоймады... Құдайназар мырза Уфадан еліне қайтаруды сұрады... Тілмаш Тевкелев оған: «Марттың аяғына дейін кідіре тұр, оған Бөкенбай екеуіңнің адал қызметтеріңіз үшін сый-сияпат бермей, қалай құр қол қайтара алам? Ол жайында Москваға хат жазып жібердім, содан жауап келсін», — деді. Ол хат келгенше өзінің Қазанға барып, улы императрица ағзамның әмірі бойынша, губернатормен ақылдасып қайтатынын, ол жақтан келген бойда оны еліне жіберетінін айтты. Ал егер де ол жақта оған елшілікті Санкт-Петербургке өзің апарып қайт деген бұйрық берілсе, Қазаннан әрі Петербургке асып, одан елшілікпен бірге Уфаға оралып, бәріңді елге бірге қайтарамын деп уәде етті.
Тілмаш Тевкелев қырғыз-қайсақ ортасында болған кезінде қырғыз-қайсақтардың зеңбірек құймайтынын ондайларының болмайтынын және пайдаланбайтынын, сол сияқты оқ-дәрілі мылтықтарды да өздері жасамайтынын, Хиуа мен Бұхарадан қойға, жылқыға айырбастап алатынын, оқ-дәрі мен тотияйынды әркім керегінше әртүрлі әдіспен жасап алатынын, ірі-ірі заводтарының жоқ екенін, садақты аз қолданатынын, соғыста көбінесе шүріппесі жоқ пілтелі мылтық пайдаланатынын байқады. Башқұрттар соғыс жағдайында тек жебе мен садақты ғана пайдаланып, оқ-дәрілі мылтықты атымен білмейді екен.
Тілмаш Мәмбет Тевкелев».
Июнь 1978 жыл — март 1980 жыл.
Бірінші романның соңы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі