Ақын Серік Сатановтың «Халық тағдыры, ұлт абыройы» атты мақаласын оқып шықтым. Естір құлақты енжар қалдыра алмайтындай жан шырылы, жүрек дірілі. Төңірегімізде болып жатқан құбылыстардың, әсіресе, экономикалық тіршіліктің қуантарынан қынжылтары көп екені рас. Алайда, ежелгі дүние данышпандарының: «жылама да, күлме де, байыбына бара біл» деген өсиетін осындайда ескермегенде, қашан ескереміз?!
Байыбына бара білсек, біздің кезеңіміздің ең басты жетістігі — халқымыздың ғасырлап күткен тәуелсіздікке енді қолы жетіп отырғандығы. Бұған дейін дымымызды ішімізде қып, тырп еткізбей келген әлемдік империяны күллі адамзат боп замана ырқына көндірудің орайы енді келгендігі.
Бір кезде дүниені дірілдеткен империялардың қайсысы құласа да, орнында құлдыраған экономика, күйреген әлеуметтік қатынастар, солардан өрбитін саяси алауыздық пен жанжалдар қалады. Ондай жағдайда дүниеге келген азаттық пен тәуелсіздіктің буыны бекіп, бұғанасы қата қоюы да оңайға түспейді.
Қазіргі тұрмыстың ауырлығы, мақалада айтылған экономикалық келеңсіздіктердің барлығы дерлік әлеуметтік әділет қағидаларын сауда-саттыққа салып, адамдар бостандығы мен халықтар теңдігін аяқ асты қылып келген әлемдік империяның құлауына әкеліп тіреген қайшылықтардан өрбиді.
Бүгін кеп, мұндай күй кешуіміздің басты себебі, адамзат жаратылғалы бар әрбір аймақтың игілігі әуелі сол аймақтың халқына, әркімнің таланты мен қабілеті әуелі соның өзінің игілігіне, сол арқылы барып мемлекет пен қоғамның игілігіне қызмет етуі керек екендігімен есептеспегендігімізден екендігіне көзіміз жететіндей уақыт болды.
Кейінгі жетпіс жыл ішінде әркім өз күнін өзі көретін ежелгі үрдісті ұмытып, енжар жағымыз өз мүддең жолында өзгенің мүддесіне қол салмай, бар мүмкіндігің мен қабілетіңді түгел жұмсап, еңбек етудің орнына көппен көрген ұлы той деп, бергенге мәз, тигенге қанағат қылып, епті жағымыз ортақ дәулетті иесіз малдай көріп, қымқырып кетуге, жымқырып кетуге бой алдырдық. Бойкүйездік, қымқырма-жымқырма бар жерде қоғам тыныш, мемлекет бай бола алатын ба еді?! Алақолдық — алакөздікті, алакөздік — алауыздықты, алауыздық — әлеуметтік дүрбелеңдерді өрбітеді. Қолдары бір-бірінің жағасында жүрген жұрттың қай шаруасы оңғарылып, қай ісі өрге басатын еді?! Ондай жағдайда онсыз да тұралап тұрған экономика одан сайын тұралай түседі. Ештеңе өндірмейтін елде не жетісуші еді? Бәрі де жетіспейді. Ал, бір жыл емес, екі жыл емес, қатарынан жеті жыл саяси сергелдеңге түскен қоғамда дүкендегі бұйым түгілі, басындағы миың сарқылып қалуы әбден мүмкін. Ең қатерлісі — адамдардың сабырларының таусылып, ақылдарының шайқалуы.
Сондықтан да, қазіргідей кезде қоғамға былайғы ырың-жырыңды ұмытып, көптің көңілін жұмылдыра алатын ортақ мақсат, ортақ мүдде керек.
Құдайға шүкір, ондай мақсат, ондай мүдде бізде бар. Ол — біздің тәуелсіз мемлекетіміз. Оның саяси, экономикалық мүдделері. Ол жолда күресу — барша қауымның, әрбір азаматтың басты парызы.
Тәуелсіз елдің қуатты экономикасы болғаны жөн. Қуатты экономика елдің табиғи, моральдық күштері мен сыртқы ортамен ықпалдастық арқылы жүзеге асады. Құдайға шүкір, табиғи байлыққа кенде емеспіз. Сол арқылы сыртқы ортамен ықпалдастықты нығайтуға әбден болады. Енді тек әрқайсымыздың жеке іскерлігімізбен жеке бастамашылдығымызды тәуелсіз мемлекетіміздің экономикалық қуатын нығайту жолына жұмылдыра алсақ, соны қамтамасыз ететіндей моральдық, праволық негіз жасақтай алсақ болғаны.
Моральдық негіз жасау үшін әрқайсымыз өз мүмкіндігімізді өзіміз пайымдап, өз тағдырымыздың жауапкершілігін өз қолымызға алуға тәуекел ете білуіміз керек.
Праволық негіз жасау үшін жаңа экономикалық қарым-қатынастарды әрбір азаматтың іскерлік қабілетін түгел ашуына жағдай туғызатындай мүмкіндіктер орнату қажет.
Ал бұған дейінгі жүргізіліп келген экономикалық реформада қалыптасып отырған жағдайдың ыңғайымен кету басым түседі. Өздері қарық болғанмен, өзгелерді ғаріп қылған кооперативтер, берілген еркіндікті қолма-қол айырбасқа жұмсаған өзімшіл кәсіпорындар «отандық іскерлік бастамашылдықтың» құлқынының қандай екенін әбден танытып берді. Әуелде бармақбасты, көзқыстылықтан бас алған «астыртын іскерлік» жария жағдайда бұрынғыдан бетер масайрап, түйені түгімен жұтатын жәбірлігіне басты. Өндіріс ұлғаймады. Тауар көбеймеді. Баға аспандай түсті. Халықтың жиған-тергені күнделікті күнкөріске әзер жетуде. Мұндай жағдайда іскер қауым қатарына жаңа күштер қосыла алмады. Кешегі «көлеңкелі экономиканың» тұтқынында қалған «нарықтық экономиканың» араны ашылып, барған сайын «тағылана» түседі. Мемлекеттік монополизм топшылдық монополизммен алмасады. Өйткені, іскерлер қатары жаңа күштермен толықтырылмайынша бізде таза іскерлік ахуал орнамайды. Болып жатқан экономикалық реформаның бар қызығын тек сол баяғы ішіп қалған, жеп қалған күштер көреді. Ол кешегі «бөліспелі экономика» тұсында-ақ өз ұпайын түгендеп алғандар. Кешегі кооперативтің, бүгінгі шағын жекешелендірудің, ертеңгі орта және үлкен жекешелендірудің қаймағын қалқып ішетін тек солар боп қалса, молшылық та, арзаншылық та алыстай береді. Мұндай жағдай экономикалық қатынастардың да, қоғамдық қатынастардың да демократиялануын қиындатады. Көрер көзге әділетсіздік наразылықты өрбітеді. Дүрдараздық тәуелсіздікке қауіп туғызады. Сондықтан, экономикалық қатынастарымызды, сол арқылы саяси қатынастарымызды ақылға сыйымды жолмен реттеп алмай тұрып, бұғанасы бекіп болмаған тәуелсіздігімізді зобалаңдардан құтқара алмаймыз.
Ол үшін нарықты экономикадан бас тартпауымыз керек. Бірақ, нарыққа да парық керек екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл арада мен бұрынғы айтқандарымды қайталап айтуға мәжбүрмін. Тоқсаныншы жылғы күзгі сессияда үкіметтік бағдарлама талқыланғанда жаңа экономикалық қатынастар жұртшылықтың неғұрлым көп бөлігінің іскерлік бастамашылдығын оята алған жағлайда ғана өз мақсатына жете алатындығын айтқанмын. Ол пікірімді тоқсан бірінші жылғы қысқы, көктемгі сессияларда да нақтылағанмын.
Қысқасы, ұлттық құрамы ала-құла, экономикасының әр саласы әр қилы дамыған біздің республикамыздай мемлекеттерде азаматтардың тұрмыс ахуалының әр Қилы болуына олардың өздері емес, бүкіл игілікті дербес иеленіп келген мемлекет айыпты. Енді сол мемлекет қарамағындағы ортақ дәулетті ақшасына қарап жекелендірсек, кімнің қайда не істеп жүргеніне қарап, ұүжым-ұжымға бөліп берсек, бұрынғы барлар байи түседі. Көп адам мұндай «ханталапайдан» атымен құр қалады. Өйткені, ондай алақұлалық біреулердің әсіре еңбекқорлығынан, екіншілердің әсіре жалқаулығынан тумаған, еңбек бөлісудегі, қаржы бөлісудегі, ресурс бөлісудегі алақолдықтан туған. Жарқыраған бай зауыттың қасына жарлы ауылдың отыруы, өз жерінен табылған, қазынаға өзі ортақтаса алмауы да содан өрбіген. Жаңа реформа кешегі экономикалық әділетсіздікті біржолата заңдастырып беруге емес, түбірімен қайта қарап түзетуге күш салуға міндетті. Оның жолы — қазіргі қазақстандықтарды қай салада жұмыс жасап жүргендігіне қарамастан, жаңа экономикалық қатынастарға көшуге бірдей мүмкіндік жасап беру. Республиканың ұлттық игілігі бір күнде жасалмаған. Оған көптеген ұрпақтардың еңбегі сіңген. Біреулер ғасырлар бойы осынау бай өлкені иемденіп, қорғап келді, біреулер сол байлықты игеруге атсалысты. Еңбек бөлісуде кеткен алақолдыққа адамдар емес, қоғам кінәлі. Ендеше, олардың қай-қайсысы да бесіктегі баладан жасы кәріге дейінгінің бәрі де, ортақ игіліктен бірдей сыбаға дәметуге праволы. Тек сонда ғана әркімнің өз қабілет-мүмкіндігін сарқа пайдаланып, өз тағдырына өзі жауап беруіне мүмкіндік туады. Бәлкім жұрттың бәрі ол мүмкіндікті бірдей пайдалана да алмас. Біреу ұтар, біреу ұтылар. Ұтылғаны, бірақ, қоғамнан көрмейді, өзінен көреді. Ең бастысы, жаңа экономикалық қатынастардың игілігін кешегі бөліспелі экономика тұсында «заңсыз ұпай» жинағандар емес, жаңа еркін бастамашылдық пен бәсекеге төтеп бере алған жаңа күштер көреді. Жаңа экономикалық қатынастар бүкіл ұлттық жасампаздық ахуалды нығайтып, молшылық пен орнықтылыққа қызмет етеді. Ең бастысы — әркім өз қамын өзі жеуге мүмкіндік алады. Ұлттық экономикамызға жаңа іскер күштер мен тың дарындар қосылады. Тек сонда ғана жаңа реформа жұртшылық тарапынан жаппай қолдау тауып, бірдей ынталылық жағдайында жүзеге асады.
Бір өкініштісі, мұндай көзқарас бірден қолдау тауып кете алмады: «Тегін нәрсенің қадірі болмайды. Оны жүзеге асыруға жұртшылықтың бәр-бәрінің іскерлік дәрежесі жетісе бермейді. Оның үстіне, жекешелендіру жұрттың қалтасындағы айналымға түспей жатқан артық ақшаны қайтарып алуды көздейді»,— деген қисындар бел алып кетті. Содан келіп, жекешелендірудің аукциондық жолынан кәсіпорындарды әуелі жалгерлікке алып, кейін еңбек ұжымдарының иелігіне айналдыру немесе акционерлік қоғамға айналдыру түрлеріне көбірек ден қойылды.
Ал ондай жекешелендірудің аяқ алысын көріп отырмыз. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәрелік жағдайының арасындағы айырма аспан мен жердей болмақшы. Ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым, әлеуметтік салада еңбек ететіндер «нарық игілігінен» иманды ауыздары сылп етпей құр қалатын түрі бар. Ол әлеуметтік күйзелістерді күшейтпесе, әлсіретпейтіні белгілі. Мұндай ахуал нарықты да қарық қылмайды. Іскерліктің аяғындағы тұсауы мен басындағы ноқтаны одан әрі қыса түсуді көздейтін саяси күштерге жел береді. Ел басындағы расында да қиын экономикалық ахуалды кешегі саяси жүйені қайта тірілтуге, отаршылдық идеологияны қайта оятуға, сөйтіп, жас тәуелсіз мемлекеттердің әп дегеннен екі аяғын бір етікке тығып ұстауға пайдаланғысы келетін көзқарастар да байқалмай жүрген жоқ.
Ендеше, нарықтық экономикаға көшудің қарқынын тездетумен ғана тынбай, мазмұнын тереңдете түсуге де көбірек күш салған дұрыс. Жаңа экономикалық қатынастардан туындайтын әлеуметтік қиындықтардың алдын алып, оларға жол бермеудін амалдарын жан-жақты қарастырған ләзім. Оларды шешудің тетігі — қосалқы қаржы бөлу ғана емес, мүмкіндігінше, жаңа экономикалық қатынастарды белгілеген кезде әлеуметтік саланың да үлес салмағын ойдағыдай мөлшерлей білу. Оны әр адамның жекешеленуден алатын бірдей сыбағасын белгілемейінше, ойдағыдай шешу мүмкін емес.
Мұндай жағдайды экономикалық реформаға бізден бұрын кіріскен Шығыс Европа елдері де белден басып өте алмады. Мәселен, Чехо-Словакияда жуық арада әрбір азаматқа мемлекеттік компаниялардан акция сатып алуға жағдай жасайтын купон кітапшасы үлестіріліп беріле бастады. Польшада да сол бағытта талпыныстар жасалуда. Ресейдегі көрнекті экономистердің көпшілігі осындай пікірді жиі айтып жүр.
Ұлттық құрамы бір текті, экономикалық жағдайы бізден гөрі жоғары жағдайда өмір сүріп келген мемлекеттердің өзі қалай болса, солай қарай алмай отырған жағдай бізді тіпті ойлантуы керек.
Ойлағанда да алдын-ала ойлануымыз керек. Тұмсығымыз тасқа соққанда барып ойлағаннан шығар пәтуа шамалы.
Біздіңше, оған әлі де мүмкіндік бар. Жекешелендіру енді-енді қолға алынып жатыр. Ұлттық игіліктің дені әлі де мемлекет иелігінде.
Қысқасы, қай-қайсымыздың тағдырымыз да егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің баяндылығы артып, саяси экономикалық өзгерістеріміздің мұқият пайымдалып, ойдағыдай жүзеге асып кетуіне байланысты.
Ендеше, ең алдымен, елдікті ойлайық. Не қиындық көрсек те, әуелі өз қабырғамызбен кеңесейік. Өкпе-бопсаға беріліп, өткен-кеткенге жармасқаннан гөрі ертеңді ойлап, өз жігерімізді өзіміз қайрап, өз мүддемізді өзіміз көздеп, өз ұрпағымызды өзіміз түгендеуге — еңбекпен, ақылмен, ынта-ыждаһатпен түгендеуге бой ұрғанымыз абзал. Әркімнің айтқан әр тарап қисынына бас шұлғи бермей, әр тарап ұранына желкілдеп ере бермей, әркімнің бәрінен бұрын өзі мен ұрпағының өмірлік мүддесі жолында күресе білгені дұрыс. Өз мүддесін заң жолымен, құқықтылық жолымен қорғай білгені жөн. Әйтпесе, ырың-жырың, даудамайды билікке таласқан мансапқор күштер мен жіліктің майлы жеріне ұмтылған пайдакүнем күштер пайдаланып кетіп жүргенін көрмей-білмей отырмыз ба?!
Қазіргі кезең жиын мен тойдікі, дау мен дамайдікі емес, әркімнің, әр жұмыр бас пенденің ертеңгі болашағы ғана емес, бүгінгі күн көрісінің қамын жан-жақты сарапқа сала толғана алатындай сабыр мен ойдікі.
Ойланайық, ағайын! Бүгін ұтылсақ, біржолата ұтыламыз. Бүгін қапы қалсақ, біржола қапы қаламыз. Өйткені, бұдан былай не көрсек те, өз талайымыздан көреміз. Мұндай тізгінді ашу емес, ақыл, уайым емес, пайым, сөзім емес, төзім, арман-қиял емес, еңбек-қарекет ұстаған лазым.
Мамыр 1992 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі