Өлең, жыр, ақындар

И эхо летит по горам, Халед Хоссейни. Рецензия

Халед Хоссейнидің 2013 жылы шыққан “И эхо летит по горам” атты үшінші туындысы оқығаннан кейін ұзақ уақытқа керемет әсер қалдырады. 

Романның басты тақырыбы - Ауғанстан, соғысқа дейінгі, соғыс кезіндегі және одан кейінгі адамдардың тағдыры. Соғыс роман кейіпкерлеріне әртүрлі әсер етті. Біреу оның эпицентрінде, енді біреуі шет елде болды, ал үшіншілері соғыстан кейін дүниеге келді. Кітаптың әр тарауы - тағдырлары тоғысқан жеке адамдардың оқиғасы. Оларда әділетсіздік те, жалпыға бірдей мұң да, қатігездік те бар, кейде мұны оқырман да сезіне алады. Бірақ осының бәріне қарамастан оларда махаббат пен үміт және “әлем әділетсіз болуы мүмкін емес” деген мызғымас сенім бар. Сонымен қатар, кітап отбасының басты нәрсе екені туралы, оның жоқтығын сан мыңдаған шақырымнан сезіп, жүрегіңде жаңғырық болып үн берердей. 

Әңгіменің стилі кітаптың тақырыбына толығымен сәйкес келеді. Мұндағы жаңғырық романның бірінші бетінен соңғы бетіне дейін барлық кейіпкердің жан-дүниесінен, жүрегінен шығып тұрғандай.  Кейіпкерлердің өмірі, туыстық байланыстары, сезімдері осы жаңғырық арқылы сезіледі. Мен мұндай стильдегі кітапты бұрын-соңды оқыған емеспін, сондықтан да бұл шығарма біршама ерекше, кейбір жерлерінде біршама күрделі болды.

Кейіпкерлердің тағдыры аянышты. Романды оқи отырып көзге жас алмау мүмкін емес. Оқырманды жылату Халел Хоссейнидің қолынан келеді. Бұны жазушының алғашқы екі кітабынан да байқауға болады. Автордың үшінші туындысының басқа екі романынан айырмашылығы - онда соғыстың зардабы, зорлық-зомбылық аз болуы. 

Оқырман оқиғаны өз ой иелегінен өткізіп, соңында бір түйін жасасын деген мақсатпен автор кейбір тарауларды толық аяқтамағандай сезім болады. Бұл сені ой-толғауға жетелейді. Маған романда ұнағаны да осы болды. 

Махаббат, үміт, сенім, мұң, қайғы, аяныш. Осы сезімдерді бір мезет сезінуді қалайтын әрбір кітап сүйер жанға осы романды оқуға кеңес беремін!

Нағашыбай Аружан


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар