Өлең, жыр, ақындар

Ақ Жайық. II кітап

Ақ Жайық. I кітап

Ақ Жайық. III кітап

(трилогия)

ЕКІНШІ КІТАП

ШЫҢДАЛУ

ҮШІНШІ БӨЛІМ

Ұзын аққан, міне, Еділ мен Жайығың

Талай ерлер ерлей салған қайығын...

Сәкен.

БІРІНШІ ТАРАУ

1

Қара Оба болысының жері байтақ — бір жағы Жайық, бір жағы Есен Аңқатысының басына қарай ойысып, жалпақ жатқан Жымпиты даласымен ұштасып кетеді. Атпен жүрсе айналасы әлденеше күндік бұл самиан сардаланың құбыла беті қырат та, арқа жағы ойпаң. Сан түрлі шөп өсетін құйқасы кілемдей қара топырақты осы жазық алапты үстінен шықпасаң көрінбейтін терең-терең сайлар мен ұзын-ұзын өзендер ғана жарып өтіп Жайыққа құлап жатыр. Тауы да жоқ, орманы да жоқ тақтайдай дала; алыстағы аласа адырлар мен жұмыр бел жонайттарының үстін жаз күні қалтыраған сағым орап алып, көкжиекпен тұтасып жатқан теңіздің төріндей етіп көрсетеді; ал қыстыгүні: белесі мен обасын, ойпаты мен саласын қартадай сары қар бүркеп, бетіне көз аялдар қарасыны аз күн астында тұтасып жатқан шетсіз бір-ақ аяң.

Жайық бойын мекендеген шоғын-шоғын Кердерілер мен Тамалар кеше жайлап мал жайып, жиегіне шұқылап егін егіп бұл ұшан теңіз шұрайлы өңірдің бір қолтығын да игерерлік емес-ті. «Бүл жерге өнегелі өмір үлгісін көрсететін егіншілік ісіне жетік ел қондырсаң күрлеген өлкеге айналар еді» деп көксеген көрі Бақытжан Екінші думаның мәжілісінде: «Ресейдегі қалың шаруа ағайындардың жері жоғы бізге де батады, біз оларға ығысып жер беруге әрқашанда әзірміз», деген-ді. Бірақ ағайыншыл Бақытжанның адамшылығын ескеріп, оның өнегелі өмірді көксеген тілегіне сай қоныстану болған жоқты. Әлсізді жаншып, теңдік тілегенді езіп үйренген отаршыл үкімет 1900 жылдары тап сол ұлан байтақ жерге топырлатып «ел қондырды». Бұл, әрине, жер иесі қазақ елінің қалауымен де, қоныстанушы қарашекпеннің тілеуімен де жүргізілген іс емес-ті. Помещиктер мен шіркеу иелерінің, құлақтар мен шен-шекпенділердің жері мен суына «біз де адамбыз» деп көз алартқан шабаталы шаруалар көшіру тізімінің нақ басына ілікті де, көгендеген қозыдай вагонге тиеліп әкелініп кең сақыраға бір-ақ ақтарылды. Ол желкесінен ұстап отарбаға малша тиелген мұжықтардың көбі бір соққыдан екі соққы жеген «хохолдар» еді. Қазақты киргиз деп кеткені сияқты, бұл украиндықтар да ол күнде өз аты өзіне бұйырмай хохол (айдарлы) атанған болатын. Әрине, бұларға Жайықтың оң жағасын бүтіндей иемденіп қалған казак-орыстардың арасынан орын «ауысқан» жоқ, «бар, ана киргиздармен қырылысыңдар» дегендей, бұл Украина егіншілерін әміршілер қазақ жерінің қақ ортасына — үлкен өзеннің қорғансыз жатқан арғы бетіне апарып тастады. Сөйтіп қазақ даласы ескі Қара Оба болысының жерінде Федоровка, Богдановка, Покатиловка, Алексеевка, Долинка, Керенка, Павловка деген селендер пайда болып еді.

Басында жер қожасы Кердерілермен қонысты тартып қонған қарашекпендер арасында қырық пышақ ұрыс-талас та, жазы-қысы үзілмейтін дау-жанжал айтыс та болып жүрді. Бұл, әрине, жер-су жетпегендіктен емес, түсінісудің тапшылығынан туған егес еді. Бірте-бірте ішкі беттен келген бейнетқор егінші елдің жер жыртып, егін еккенін, қала боп үй салғанын, мектеп ашып бала оқытқанын көріп қазақ еңбекшілері де кәсіпке араласа бастады, бірден екі отырықшылық тұрмысқа қарай бет алды. Айлар, жылдар өтіп жатты. Жері мен суы, базары мен кәсібі аралас бұл көрші қонған қарашекпендер мен қазақ ауылдары мидай араласа бастады. Таныстықтан тамырлыққа жол ашылды. Қазақ тілі мен орыс тілі егіз тілге айналды. Келе-келе өгей ұлдай патша үкіметінен көз түрткі болып өскен бұл жағадағы ұлты басқа екі ел ағайынды адамдай қол ұстасып, басына бостандық, еліне теңдік алу күресіне бірге аттанатын күн де туды.

Орал ойранынан кейін Әбдірахман Қара Обаға ай жарым дегенде оралды. Бірақ ол Жайық жағасындағы өзінің аулына да, адамы шетінен таныс Федоровка селосына да бармай, қырдағы Әжі ағашына келді. Әжі ағашы Богдановка селосының түбінде, ертеректе ел жайлап, қазір шабындыққа айналған шөбі мол, суы тұщы, ауыл табанынан қырғарырақ тұрған бір тамаша сала еді. Былтырдан қалған бір кебен пішен мен жапанда тұрған жалғыз ағаш жолаушыға аялдау үшін әдейі қойғандай — түбі әрі көлеңке, әрі ық.

Күн кешке айналған шақты, күндізгі ыстық алдақашан бәсеңсіп, ағаш түбі тіпті салқын тартып қалыпты. Әбдірахман сол көлеңкесі ұзарған ағаштың саясына етбеттеп жатыр. Даланың мұрын мейірін қандыратын қышқылт жұпары — киік отын иіскеп-иіскеп қояды. Он бес шақырым жер жаяу жүріп келген адамға көкорай үстінде көлбеп дем алған қандай жақсы! Ол Қаленнің мінгізіп жіберген атын да, ат алып қайтуға қасына қосқан баласын да «Қырық үйдің» жерінен асқан соң, Ащыбұтақтан кері қайтарып жіберген. Көлденең көрген адамға майданнан қайтқан солдат сияқты: сақал-мұрты қырылмаған, етігінің жұлығы аппақ, күнге күйген сүр гимнастеркасының түсі қуарған ақ шатыр сияқты, үсті де шаң-шаң. Бірақ ол кездескен адамға: «Мына бір қыстан қалған пішенді мал бүлдірмесін деп орлай келіп едім, күн де ыстық болды. Әбден қалжырадым...» демекші. Бұған жұрт нанарлық та. Не көп майданнан қайтқан солдат көп, — олардың ел шаруасынан ала бөтен көзге түсетіні де күнге күйген гимнастеркасы мен әскер етігі және бәрі де бірнеше жыл қолына тимей, азапты соғыстың құшағында жүріп азып, сағынып зар болған үй шаруасына өші бардай-ақ жан-тәнімен кірісіп кеткен. Қай селоны алсаң да үй төңірегін тараштаған, шалғы көтерген, ат суарған, арба оңдап жатқан солдат киімді шаруадан көз сүрінерлік. Қазақ ауылында бір-екі жылдан бері сұр шинель мен сұр гимнастерка киген шаруалар толып кетті.

Сөйтіп Әбдірахман «ор қазған солдат киімді шару а» болып жалғыз ағаш түбінде дем алып жатты.

Жусанын иіскеп, бетегесін жастың етіп талай аунаған, жаз күндерінде жылқы күзетіп талай түнеген бұл кіндік кескен жер елі мен үйін сағынған Әбдірахманға салулы төсек, салқын үйдей көрінді. Ол әлденеше рет аунап түсіп, етбетінен де, қырынан да жатып Қара Обаның кешкі сағым орай түскен жасыл қырларын көзі тойғанша қарады; шалқалап жатып айдын шалқар аспанына көз жіберді; ойпаң салаға орын тепкен орыс деревнясының алыста жатып үйлерін санады. Бәрі таныс, бәрі жақын жер мен ел! Бәрі де кеше ғана көріп-көрісіп жүрген жандар! Қандай рахат сақара! Жүрекке өзгеше жылы!...

Ол әлдене бір қиял тербетерлік алдағы өмірдің аса айқын болмаса да, бақытты, шатты, даңқты суреттерін көз алдына зорлап елестеткендей болып жатып көзі ілініп кетті. Қанша уақыт өткенін көзін ашқаннан кейін батуға таяу тұрған күннің ұясына кіріп кеткенінен ғана шамалады, он-он бес минут қана өткен шығар. Бірақ көп уақыт сияқты. Өте көп уақыт! Қатты дауыл соғып жердүние солқылдап тұрғандай, ысқырған желдің дыбысы құлаққа келеді...

Басын көтеріп алғанда алдымен оның көзіне пішен жақтан келе жатқан жаяу адам түсті. Қалың шөпті жапыра басып жақындап келеді. Қолында таяғы бар шаруа орыс. Ысқырған жел болып естілген осы жаяу адамның шалғынмен жүрген аяғының дыбысы екен. Әбдірахман басын көтерген күйі, орнынан тұра қоймай, екі аяғын көсіліп отырды. Төрт-бес қадамдай-ақ жерге келіп қалған бұл адамның түрі де, киімі де қырдан келе жатқан шаруа екеніне күмән келтірерлік емес. Сонда да сергек ұйықтап, сақ жүріп қалған революционердің оң қолы ақырындап ішкі қалтасына қарай жылжыды. Бұл қимылды келген шаруа сезген, сезбегенін кім білсін, әйтеуір ол Әбдірахманның күні бұрын дайындап қойған жауабының үстінен шықты.

— Солдат молодец! — деді ол. Сөйтті де арғы жағын қазақша сөйлеп кетті. — Пішенді жақсы орлагансін! Малға шаштырмай, вақытында қандай ақылды жұмыс істегенсін? Мен анада көріп едім: осы пішенді бір өгіз иіктап жатыр еді. Сабанга түскен өгіздікі арка кішиді. Пішенге сүйкенеді. Өгіз пішенді көрсе құтырып кетеді. Осы күні ат аз, өгіз көп. Сен жақсы орлайсын; терең орлайсын. Окоп қазып үйренген солдатсын, а? Солдат жұмысқа жақсы. Молодец!

Әбдірахман оның мақтағанына емес, жайбарақат жүрген момын шаруа екеніне және жасының өзінен әлдеқайда үлкен екеніне қарап өте-мөте жылы үнмен:

— Здравствуйте, дед, здешний, — деп сұрады.

— Здрасти, здрасти. Осы жердікі. Мына Боғдандікі, — деді шаруа. Ол мақтауға әбден тұрарлық. Пішен иесі (кім екенін Әбдірахман білген жоқ-ты) кеше ғана бетін жайпақ, астын тап-тар етіп және ара-арасында ат жалындай қыр қалдырып бөлмелеп орлапты; келген мал аттап та өтерлік емес, ордың ішіне түссе айналып та шыға аларлық емес. — Бағана Әбдірахманның өзі де қарап тұрып шаруаның адам сүйсінерлік әрі шебер, әрі мұқияттап берік орлаған орына қатты риза болған еді. Ол мына шаруаның ыңғайына екі ұштылау етіп жауап қайырды.

— Келісті орлаған дейсіз бе? Әрине, кім орласа да еңбегім зая кетпесін деп мұқият орлауға тырысады ғой. Бірақ шаруа байғұстың пішеніне түсетін мал қазір көбейіп тұр ғой, кәрия. Ана атты казактар, өгізден де жаман. Бейнеттеніп шапқан шөбіңді жаздың қақ ортасында-ақ аттарына жегізіп бітірді. Ауылға келсе болды — аттарына шапқан шөп салдырады. Мұндай екі аяқты айуанды мен өзім бұрын-соңды көріп-білген жоқ едім. Сіздердің Богдановкаларыңыз аяқ асты емес. Мойны қашық жерде, әдейі арнап келмесе кез келгені соға бермейтін шығар, — деді.

Көмейден шығатын «Ң» мен «Ғ» сияқты күңгірт дыбыстарды ғана жіңішкертіп айтқаны болмаса мына шаруа орыс, қазақ тіліне судай көрінді. Және өзі қазақша сөйлеуге құмартып қалған адамдай, орысшаны қойып, қазақшаға ауа береді. Сондықтан оған жауапты Әбдірахман да өз тілінде қайырды. Ал, шаруа бара-бара тілге де, астарлы сөзге де жетік екенін, тіпті, саясаттан да құр алақан емес екендігін дәлелдей түсті.

— Мына сияқты сен қазған ордай етіп, екі аяқты айуандарға да op қазып, алдын бөгеп қою керек, — деп күлді шаруа. — Ол соған құлап мойнын үзіп алсын, а... сен өзің қай ауылдансын, Сүгірбай ма, Кисік ауылы ма? Әлде Жарма ауылы жақтан ба?

«Мынау менің өзімді танып тұрған қу ғой. Барлық ауылдың атын білгенде, мені де талай көрген шығар...» — деп ойлады да, Әбдірахман күліп:

— Кәрия, отырыңыз. Мен Сүгірбай ауылынікімін. Ал, сізге шынын айтайын: бұл орды мен орлағаным жоқ, бірақ кім орласа да ерінбей еңбек істейтін адал шаруаның қолы көрініп тұр. Сіз де жақсы байқаған екенсіз. Бұл орға өгіз түсе алмас. Ал, екі аяқты айуандарға орды менен басқалар, яки шаруалар, мына сіз сияқты адал ниетті шаруалар қазып жатқан жоқ па? Мен сіздің Богдановкаларыңызды жаппай ор қазуға шықты деп естідім... — деді.

Ол қарттың өзі бастаған жұмбағын өзі қалай шешер екен деп, жүзінен де жауап іздегендей бетіне қадала қарай қалды. Бірақ шаруа Әбдірахманның сұрағына тура жауап қайтармай, көзінің астымен қадалған Әбдірахманға бір қарап алып өз ойын түптей түсті.

Сүгірбай ауылынікі болсаң, мен білмейтін ол жерде кім бар? Көзге түсетін жігіттер Айтеке мен Нісеке тұқымы. Айтеке баласы Оральскідегі казактар бунтында ұстатпай кеткен дейді. Әлде сен солмысың?! Айтекеге ұқсайсың! Мен көрмеген едім, — ол болсаң сен бұрын шетте, Күйікқалада жүрдің... Жарайды, айтбасаң да болады. Сүгірбай ауылында карательдер жатыр дейді. Олар Парамоновты да іздеп жүрген көрінеді. Бізге де келді...

Әбдірахман сасып қалды. Бұ бәрін білетін адам болып шықты. Ол жалма-жан тая жауап беру ниетімен қарсы сұрақтап сыр тарту әдісіне көшті.

— Кәрия, оны сізге кім айтты?

— Нені айтасын?

— Айтиевтердің атамандар қолынан қашып шыққанын кімнен естідіңіз?

— Естідік. Біздің Михаил Макеевичтен естідік. Хабар ертеңінде келді. Жаман хабар жата ма. Ізінше карательдер де келді. Михаил Макеевич деп мен Довженконы айтамын. Мен сезіп тұрмын сен Довженконы да, Петр Петрович Парамоновты да білесін. Менің ішім сезеді. Сен білесін ғой жасырма, — деді шаруа күліп.

Орал советінің атқару комитетіне мүше болып сайланған Парамонов пен Богдановканың басшысы большевик Довженкомен кездесу үшін Әбдірахман тап осы жерге келген-ді, ымырт жабылғанша аялдап, селоға өз бетімен елеусіз түрде кірмекші еді. Ал, мына ақпейіл шаруа көп нәрселердің ұшын көрсетіп тастады. Сондықтан Әбдірахман жолдастарын анықтап сұрауға бел байлады.

— Кәрия, мен Довженконы да, Парамоновты да бұрын көріп едім, екеуімен де таныспын. «Оларды сен білесін» деп сіз дұрыс болжап тұрсыз. Ал, Довженко қазір үйінде ме? — деп сұрады Әбдірахман.

Әбдірахман кәрия деп сөйлегенмен бұл шаруаның жасы елуден көп жоғары емес-ау деп шамалады. Бойшаң келген таразы адам; таяуда қырған сүйір иекке көк бурыл қылтанақ қайтадан қаптап келе жатыр да, ал ұстара тимеген қою мұрт әлі қоп-қоңыр, оның ішіндегі азын-шоғын ақ талдар көзге аса ілінерлік те емес: үлкен қырлы мұрны мен тік маңдай жүзіне жарасты сұс беріп тұр; бірақ бет әлібі ызғарлы емес — кез айналасындағы жұмсақ сызықтар мен оның жұқа өңі, әсіpece сөйлеген кезде күле түсетін көз құйрықтары жылы шырайдың белгісі сияқты. Бетіне қарап отырып: «Ақылың да, сұмдығың да мол шығар, бірақ тегің мейірімді жансың ғой», деп бағалады Әбдірахман.

— Айттым ғой оларды білетініңді мен бірден шамалап едім, жолдас Довженко бүгін селода, — деді ол Әбдірахманға таман жақындай түсіп, — ол да қашып жүр. Үйінде жатпайды. Бірақ біз өз адамдарымызды зәбірге бермейміз. Сен жасырма, кімсің, айт. Оларға айтатын сөзің болса жасырма...

Әбдірахманның жүрегіне кәрияның сөзі елжіретерлік бір аталық мейірім құйып жібергендей болды. Оның қиылғандай сұрап «кімсің айт» дегендегі лебізі шексіз есіркеген үн боп естілді. «Енді сақтың етіп бұл адамға жөн айтпау күнә болар» деген оймен ол:

— Біз оларды зәбір-жапаға бермейміз деген сөзіңіз саналы адамның ғана аузынан шығатын адамшылық сөз. Мұны езілген еңбекшілердің ғана шын тілектес адамдары айта алады. Мұндай бауырмал, ерлік сөзіңізге рахмет. Мен сол екеуінің жолдасымын. Сіз мүмкін танып та тұрған шығарсыз. Менің атым Әбдірахман, фамилиям Әйтиев, — деді.

— Моисей Кисляк, Богдановка селосынікімін, — деп шаруа Әйтиевтің жанына қазақша жүгініп отыра қалды да, қос қолын беріп амандасты. — Мені сіз танымайсыз, Айтиев жолдас. Бұрын көрген жоқсыз. Бірақ мен сізді шырамыттым. Ініңізге, әкеңізге ұқсайсыз. Басқа әңгімені селоға барғансын жолдастарың айтар. Жүріңіз.

— Рахмет, ақсақал, көп рахмет. Жылы сөзіңізге сансыз рахмет.

Кисляк балаша күліп, өзінің топшылағанын дәлелдей түсті.

— ...Мен сіздің пішенші емес екеніңізді әп дегеннен білдім. Сонда да хитрить еттім: солдат, орды жақсы қазғансын дедім. Ор қазған кісі терлейді, шаршайды, қолдары күлбіреп кетеді. Сіздің қол күрек ұстамаған қол, оны ап дегеннен көрдім. Сонсын темір күрек те жоқ қой сізде, — деп күліп айнала бір қарап алды да: — етік жүлігі ағарған көп жүріп аяқ ауырған, гимнастерка күнге күйген. Алыстан келгенсін, шаршап келіп көз іліндіріп жатқансыз. Ана «кірік үй» жақтан. Ащы бұтақтан келгеніңізді мен көрдім егін басында отырып. Дұрыс па, Айтиев жолдас. Кәрия біле ме?

— Дұрыс, кәрия, бәрі дұрыс... атыңызды қалай дедіңіз, кәрия?

— Моисей Антонович Кисляк.

— Моисей Антонович, арғы жағын айтпай-ақ қойыңыз. Мұндай кезде кімнің кім екенін сұраспаған да жақсы. Ал, Довженконы сіз хабарлап маған жіберсеңіз жақсы болар еді.

— Жоқ, өзің жүр... өзіңіз жүріңіз. Жуынып, тамақ ішіп, сақал алып, ұйықтап алыңыз. Мен өзім күзетіп тұрамын, ешкім келмейді. Келсе де жасыратын жер бар, — деді Кисляк Әбдірахманның қолын ұстап жалынғандай пішінмен.

Село алыс емес еді, бұлар оған андағы-мұндағы көзден жасырып жетпеген кезде келіп жетті.

Жолшыбай әңгімешіл Кисляктің кім екенін білгісі келіп Әбдірахман:

— Қала жақта не болып жатқанын білмейсіз бе? Үлкен фронт жақындады деген әңгіме естілмей ме? — деп сұрап еді.

Кисляк оған:

— Менен ондай әңгімелерді сұрамаңыз. Мен шаруа кісі, ауыл арасының кәкір-шүкір әңгімесі болмаса, ондай үлкен жайларды білмеймін, — деді. Сөйтті де морт қайырған жауабы Әбдірахманның көңіліне келіп ауыр алып қала ма деген адамдай жалтаң-жалтаң қарай берді. Қонақ есебінде мүсіркеп алып келе жатқан бұл жұрт үшін бейнет шеккен жанның көңілін көтеруге тырысты ма, болмаса басқа бір ниеті болды ма, әйтеуір ол:

— Киргиз көршілер бай ел. Мен көп араластым, екі-үш жыл Меновой дворда жұмыс істедім. Сонда киргиз көршілерімнен тіл үйрендім. Богдановкаға келген соң да ауылмен араласып тұрамын, ана Қожалар тамыр, күнде барып тұрамын, қымыз ішемін, жақсы адамдар, — деп қазақ көршілерін мақтады. — Біз жарлы селомыз. Бір сиыр, бір аттан басқа мал жоқ. Көбінде ат та жоқ. Егін де мәз емес. Жер жыртуға күш те аз. Бір-екі семья ғана күйлі тұрады, — деді.

Шынында да Әбдірахманның көзіне дәулетті селоның пішіні келе қалмады. Жері құйқалы, суы мол, аяғы бөгетті Тереңсайдың бойын қуалай салған кішкене үйлердің бәрі біркелкі. Төбелері сабанмен жабылған. Алыстан қарағанда жағалай тіккен егіншінің қосындай шошайған төбелері ғана көрінеді. Шағын аула, жинақты қораның төңірегінде мал басы көзге іліне бермейді. Өзі ұзын, өзі жалғыз көшенің екі жағы осы сияқты тізілген төрт бұрышты үйлер ғана. Село жанында көрінім жерден қол бұлғап тұратын жел тиірмен де, асты дүкен, үсті сарай қос қабат үйлер де, шошайған шіркеу де жоқ. Үй сыртында үйілген мая-мая пішен де көрінбейді. Адал бақанның қысқа-қысқа ашалары сияқтанып, ұзын көшеден сайға қарай бұтақтап шыққан келте орамдар да томпиған үйлерге толып тұр. Бәрін бір қалыптан шығарғандай және бәрінің сырты ақ балшықпен сыланыпты.

Сырт көрінісі жұпыны, қара-құрасы аз, қыбыры кем, даңғыр-дұңғыры жоқ жым-жырт жатқан дала қойнындағы бұл момақан село адамға бай екен, әсіресе бала мол көрінді.

Кешке таман көшемен өтіп бара жатқан солдат киімді, сақал, мұрты өсіңкіреген қара қазаққа қарап көшенің екі беті әйел мен баладан өріліп қалды.

— Мама, мама, дядя Кисляк солдатты айдап келеді, қарашы. Әне, қарашы, — деді бір бала көріп тұрған мамасының етегінен тартып.

— Цып. Солдат емес, киргиз, — деді шешесі баланың төбесінен нұқып қойып.

— Әрине, киргиз. Сен солдат пен киргизді айыра алмайсын, — деп әйелдің екінші баласы білгішси қалды. Бірақ бірінші бала да өз пікірін дәлелдеу үстіне тапқырлық көрсетіп жатты.

— Киргиз да, солдат та, — деді ол. — Көрмейсін бе, гимнастеркасы бар. Ал, өзі қап-қара.

Кисляк пен Әбдірахман ұзын көшемен көп жүрмей, бір үйге бұрылды. Үйдің арт жағындағы қарағаймен шегендеген биік қақпақты құдықтың жанында бір қолымен атының мойнын, бір қолымен жас келіншектің белінен орай құшақтап ұзын бойлы, қапсағай қара жігіт өзіне қарай тартып тұр еді.

— Ваня, ақымақтанба... жібер шелекті, үйде жұмыс көп, кеш болды. Қараңғы түсіп барады, — дейді келіншек, жігіттің қолынан аса босана қойғысы келмейтін жұмсақтау үнмен.

— Мен шелекті ұстап тұрғаным жоқ, сені ұстап тұрмын, сонсоң, сенің үйіңде жұмысың бар екен деп мен атымды суармауым керек пе, ақылды келіншек? — деп қыса түседі Ваня дейтін ұзын жігіт.

— Жібер деймін, Ваня! Ақымақтанба деймін, Ваня. Жұрт көріп тұр ғой...

— Бөтегеңді бұлтитып, өзіңді шелегіңмен қосып атқа өңгеріп алып кетейін бе?

— Қолыңнан келмес!

— Алып кетсем қайтесін?

— Ваня, ақымақтанбай жібер. Әне, Моисей Антонович келіп қалды. Ваня, сен нағыз ақымақсын. Жұрттың жолын бөгейсің, жібер деймін шелекті, — деп әйел даусын ширата, өзі жұлқына түсті. Бірақ жігіт оны босата қоймай, қолымен белін құшақтаған күйі бұрылып қарады да:

— Е, Моисей Антонович келіншек көрмеді дейсін бе. Жас кезінде ол өз деревнясында первый порубок болған кісі. Солай ма, Моисей Антонович? — деді кішкене шарбақ қақпаның алдына келіп қалған Кислякке қарап күліп.

Әбдірахман ұзын жігіттің әйелді құшақтап тұрғанын жаңа ғана көрді. Жігіт те оны көзі шалып қалып, танитын адамдай ыржия түсті.

— Ваня, — деді Кисляк орысша, даусын көтеріңкіреп, — госпитальдан шыққан солдат. Алыстан келеді екен. Сен де солдатсың ғой, сенің үйіңде болсыншы таң атқанша, — деді. Оның даусын қатардағы үйлер түгіл, көшенің арғы бетіндегі адамдар да естігендей болды. Сөйтті де ол: — бері келіп кетші, — деді ат суарған жігітке ақырын ғана. Суға қанған ат, қақпа алдындағыларға едірейе қарап ақтық ұрттаған суын құдық басының қақ тұра бастаған көк балшығына ағызып тұрып бүйірін шығара демін бір-ақ алды. Ал, «шелегімді бер деп» асыққан әйел, енді әбігерленген жоқ. Ол қақпа алдындағыларға «қайдан келіп қала қойып едіңдер» дегендей, аузын томпайта қарады да, белін босатып, ұзын қолын сермей түсіп адымдап бара жатқан Ваняға қабағын шытты.

— Сен Ваня, ешқайда шыққан жоқсын ба? Батькоң үйде ме, — деп сұрады да, — мына кісіні Довженко мен Петр Петровичтің біріне алып бар, — деп сыбыр ете қалды Кисляк оған.

2

Петр Петрович Парамонов Әбдірахманды Богдановка ячейкасының мүшелерімен таныстырды.

3

Аңдыған жау аяқ астынан да шыға келеді. Парамонов пен Әбдірахман іңірде село шетіне ақтар отряді келіп кірді деген хабар алды.

— Петр Петрович, бір взводқа жуық адамымен офицер Белов келе жатыр. Қазір село шетіне кірген де шығар. Өкше арты Покатиловка, бірақ мен Кобецпен кеше ғана хабарласып едім — ол «қозғалыс жоқ» деген. Соған қарағанда дұшпан отряді тура келе жатқан сияқты, — деді жас Белан «тықырға» есік ашқан екеуіне.

Бұл жұрт орынға отырған кез еді. Тереңсай беттегі Моисей Кисляктің кішкене шоланында сығырайған май шамның шүберек білтесін қайта-қайта түзеп, Петр Петрович Парамонов тізім жасаған Әбдірахманға жарық етіп отырған. Жасырын комитеттің бұл екі мүшесі соңғы күндері елеусіз жүріп керек адамдармен ауызша тілдесіп «Халық дружинасына» жазылғандардың тізімін тағы да сыннан өткізген. Ең табанды, ең алғыр жігіттердің бір тобына қолда бар қаруды ұстатып, Оралдағы ақ казактар мен Жымпитыдағы Досмұхамбетовтер үкіметіне қарсы амал жасауға бел байлаған: бұл «екі үкіметтің» еріксіз ат пен жігіт, ақша мен астық жинап елді ығыр еткені күн санап, ай санап еңбекшілер өшпенділігін арттыра берді де, қарсы күресушілер тобын бұрынғыдан да молайта түсіп еді. Осы жайды есептеп күрес әдісін жобалаған бұл большевиктер алдымен елден салғырт жинатпауға әрекет етпекші болды. Онан кейін қазақ даласын қолына берік ұстап, Жымпиты қаласын мықтап сүйенерлік іргелі пункт ету ниетімен Оралдан күні-түні қару-жарақ пен интенданттық мүлік тасыған жау жолына бөгет жасау міндеті туды. Сондықтан жау-жорыққа жұмсап алатын қиып түсерлік отряд тізімінің ең басында Иван Белан тұрған. Бұл кәдімгі жас кезінде деревняда жүйріктігімен Ванька-Ветер атанған, жиһангерлік соғыста «тіл» алып келудің жойқын «маманы» болып, Иван-Вихорь деген ат тағылған Иван еді.

Қазір Әбдірахман мен Парамонов отырған шоланның сырт жағынан келіп Кисляктің балтамен ағаш шабатын сандалына әдетінше екі рет теуіп, жерге бір түкіріп қалып, дыбыс беріп, ішке кірген бұл жас Беланның әкелген хабары селт еткізерлік хабар еді.

Әбдірахман мен Парамонов та орындарынан командымен тұрғандай ұшып тұра келді, екі адамның оқыс қозғалысынан май шамының өлмеші жарығы лып етпестен-ақ өшіп кетті. Әбдірахман қараңғыда шырпы іздеген Парамоновқа:

— Петр Петрович, жақпасаң да болады. Қағаздар менің қолымда, — деді.

— Облава жасау ниетімен келген шығар, бір взводтай болса бұл тегін жүрген отряд емес. Алдымен селодан шығып кетейік, содан кейін бүл отрядтің не пиғылы барын және қалай қарай қозғаларын — сырттан байқайық, — деді Парамонов.

— Дұрыс ақыл. Ал, жалғыз біз емес, басқа жігіттер де білдірмей селодан тегіс шықсын. Бірақ байқасын, қолға түсіп қала көрмесін. Ваня, сен хабарландырасың ба Сорокаларды, — деді Әбдірахман есік алдында тұрған Беланға қарап.

Ол Беланның жүзінде қандай өзгеріс барын қараңғы шолан ішінде тұрып көрмесе де шамалағандай болды, нендей құдіретті жау болса да қырқып түсерлік алмастай өткір жас солдаттың айта қалғандай бір қимылдап қалуға желіккен түрі бар екені үнінен де байқалып тұр еді. Беланның үні бұйрық күтіп командирдің алдында тік тұрған жауынгердің селт етпес тастай үні.

— Мен Сорока мен Науменкоға айтып келдім, — деді Белан, — олар қазір осында келеді.

— Жарайды! — деді де Парамонов пен Әбдірахман ауланың ішіне қарай шыға берді.

Кисляктың үйі селоның шетінде еді де, оның бір жағын жиілеп шанышқан қадамен қоршаған бақшасының нақ түбіне жыраның иіні тірелетін. Бұл жыраның басы қыр жақтан, сонау Арқа беттегі жонайттан шығады да, аяғы терең саймен ұласып кетеді. Жазғытұры қар суы қырдан жылап ағып, малдың жалғыз аяқ жолындай етіп салған бұл жыра қылдай болып басталып, бара-бара ұлғайып, кеңейіп, тереңітіп барып сайға құйып кететін. Ауладан шыққан күйі бұлар сол жыраға түсті. Бұрын балалар ғана жасырынбақ ойнайтын бұл жыраны көптен бері үлкендер де жақсылап біліп алған-ды. Оның ойлы-қырлы жері де, шөбі мол бұйра жиегі мен түксіз, тақыр иіндері де мәлім; ал оның түбі ұзын бойына, қара жолдың тармағындай, шөп шықпаған ирек жырынды. Осы жыра мен аяғы жалпақ қара су — Тереңсай көптен бері Богдановкадағы комитет штабының жиналып мәжілістесетін, мәжілістен кейін көзге түспей жан-жаққа тарап кететін бүркеме орны болып кетіп еді. Тап осы жыраның Тереңсайға құятын жерінде қару тыққан қуыс та бар-ды...

— Ваня, сен қалғандарды тезірек жеткіз; өзің онан кейін жыраның аузында бол. Ал, келген отрядтің қайда тоқтағанын, не ойы барын байқауға қарттарды салған мақұл болар. Сен батькоңды түсіндірерсін, — деді Парамонов ақырын ғана Беланның құлағына төніп.

Сөйтті де ол еңкейіп, Әбдірахманды қолынан жетелей ілгері қарай жылжи түсті.

Жыраның бұл тұсы адам еңкеймей жүрсе де бойын жасырарлық, теп-терең еді және түбі де нақ жиегіне дейін бидайығымен кей жерде қарабарағы аралас өскен қалың жыныс-ты. Бұлар селодан екі жүз қадамдай аулақ шыққансын шөбі сирек тықырлау бір иінге тоқтап, өрмелеп жиекке асылып, кейінгі жаққа көз салды. Бұл кезде отряд село шетіне келіп кіріп те қалған еді. Көп аттың тұяғының күңгірт дүрсілі, адамның дыбысы, иттердің қаша үріп қаңсылай абалағаны жіңішке селоның бір шақырымдай жердегі екінші басында әбігерленген даң-дұң шығарды. Осы кезде жыраның бас-жағынан екі кісінің қараңдаған төбесі көрінді де, төменге түсіп жоқ болды. Бұл қараңдағандардың өз кісілері екенін біліп Әбдірахман мен Парамонов екеуі тез қимылдап бір амал істеудің жолын айылдасты.

— Бір взводпен айқасу оңай жұмыс емес, бірақ ебін тауып бұларды қарусыздандыру керек, қалайда қарусыздандыру керек, Әйтиев. Дұрыс айтамын ба? — деді Парамонов.

Әбдірахман жыраның жиегіне білегін сүйеп, білегінің үстіне иегін қойып, екі көзі селода, ойланып тұр еді. Парамоновтың пікірі бәріне де ортақ, көптен бері ортаға салып шешілген пікір сияқты. Өйткені реті келген жерде қарсы тұрып, жау жағының ардаңдай басқан аяғына тұсау салу — ең болмағанда жолын бөгеу арман еткен міндет қой. Бірақ қайтіп қарусыздандыру керек? Бұл жұмыстың айла-тетігі қалай болар — неден бастап, қалай тындыру керек? Ішкі беттегі көп селолардан ат пен азық жинап, берген жерде қолынан, бермеген жерде жолынан алып жүрген бұл Белов отряді көптен көзге түскен отряд. Солай бола тұра бұл отрядтің Богдановкаға қашан келетіні, қанша адаммен келетіні және қай кезде келетіні мәлімсіз-ді. Мұны күн бұрын ойлап, жан-жағын өлшеп-пішіп қапысыз соғу тәсілі шешілген жоқ-ты. Ал Парамонов айтқандай бұл облава жасауға шыққан болса деревняны жан-жақтан қоршай келмегеніне кімнің көзі жетеді. Уақыт қорғанған адамға да, бас салатын адамға да дегендей: кәдімгі қара ымырт, ай жоқ; аспанды жұқалап жылы бұлт бүркей түскен — жұлдыз жарығы да мәз емес; жалпаң даланы да, селоны да түн қымтай бастапты.

... Ал отряд бұл жерге аялдамай ма, аялдаса қона ма? Бұл да мәлімсіз жай...

— Петр Петрович, менің ойымша алдымен қолдағы бар адамды бар қарумен құралдандырып, осы «траншеяда» ұстап отыру керек. Сонан кейін тың тыңдауға адам шығарамыз, — деді Әбдірахман.

Парамонов оған жауап қатқан жоқ. Әбдірахман сөзінің орындылығын іспен дәлелдегендей жыра ішімен аяқтарын жүгіре басып келген екі адамға:

— Науменкомысың? Тез жүгір, жыраның сай жақ сағасын күзет. Артық дыбыс шығарма, қара-құра көрінсе қару жұмсамай тез хабарла. Ұқтың ба? Жау қулығын асырып кетіп жүрмесін, байқа. Түсінікті ме? Ал, Сорока, сен мылтықтарды жеткіз. Патрон бөлек. Науменко орнын көрсетеді. Шырпы шағушы болмаңдар. Ұқтың ба? Тез, достым, тез. Түсінікті ме? — деді де жыра бойымен жүгірген екеуінің соңынан өзі де ілесе кетті.

— Петр Петрович, мен барайын, сіз мұнда қалыңыз, — деп еді, Әбдірахман сыбырлай сөйлеп, ал Парамонов:

— Мыналар патрон тыққан орынды жаңылып қалуы мүмкін. Түсінікті ме? — деп артына қарамастан жүгіре берді.

4

Беланның Әбдірахман мен Парамоновқа: «Бір зводқа жуық адамымен Белов офицер келе жатыр» дегені әбден көзі жетіп айтқан дәл хабар емес еді, өйткені бұл отряд бір взводтан әлдеқайда саны кем отряд болатын. Ал, Беланды шатастырған төмендегі жайлар болды. Войско үкіметінің интендантствосында қызмет істейтін офицер Белов бұл жолы өзінше үлкен тәсіл жасаған. Ол өз қарауына тиген Жайықтың сол бетіндегі қыруар деревняларды шетінен түсіп жағаламады, шахмат ойынындағы аттың жүрісі сияқты етіп, бір, деревнядан екінші деревняға қиғаштап асып түсіп отырды. Ондағы ойы күтпеген жерден үстінен шығып, елдің қолдағы бар ат пен азығын аңдаусызда шашау шығартпай алу еді. Ал, айла-қулығы мол украин шаруалары өткен жолы ретін тауып, кейбір жерлерде атын да, азығын да жасырып қалған. Долинноеда Белов қона-түстене жатып үй қалдырмай тінтсе де, бір түйір дән таппай, ыңғыршағы айналған мәстектен өзге қолға ілігерлік жылқы кездестірмей қайтқан-ды. Сондықтан ол бұл жолы айласын асыруға тырысты: отыз шақырымнан астам жердегі Новопавловкадан түстен кейін шығып, жолдағы Покатиловкаға соқпай, оның қыр жағымен айналып өтіп, ымырттата осы Богдановка селосына жетіп еді. Және мұнда жай кірген жоқ, қасындағы он бес солдатына селоның жайылыста жатқан бүтін саяғын жолшыбай жинаттырып, алдарына салып айдай келген болатын. Осы кезде Белан өзінің көңілі қалаған Мариясымен құдық шегенінің үстінде құшақтасып отыр еді. Қас қарайып қалған, алыстағы дүбір алдымен құлаққа шалынды да еңкейіп қараған жіті көзге басында топталып, жұмарланып көрінген қалың қарасын келе-келе қаптап өріп келе жатқан аттылы адамдарға айналып кетті. Белан олардың құр ғана аттылы емес, мылтықтары шошайған солдат екендерін де біраз жерден айырып қалған. Бірақ ол ашу қысып, ұзақ отырып әбден байқап алмай аттылысын да, аттылар айдап ортаға алған жылқысын да қарулы солдатқа санап еді.

Мына бандиттер тағы да келіп қалды, — деді ол орнынан ұшып тұра келіп. — Маша, сен Моисей Антоновичке жүгір, қапы қалмасын, отряд келіп қалды, мен Петр Петровичке кеттім...

— Сол Белов офицер ме екен? — деп еді Маша таңданып, оған бүркітше шүйілген Белан:

— Жап аузыңды! Офицер емес, бандит! Ел тонаушы! Жесір әйелдерді аңдыған төбет! Ендігәрі ол тағы да «шәлі» берсе, мен сені де, оны да өлтіремін. Ол бандиттің сүйегінен сенің басыңа крест қоямын, — деді даусы да, түсі де бұзылып, жер астынан шыққандай болып.

— Сен Ваня, қояншықсың! Босқа күйдіресін. Мен өзім өлтіремін ол бандитті, ендігәрі шәлі сыйласа, — деді Мария да түсін өзгертіп.

Бірақ Белан оның соңғы сөзіне құлақ ілмеген сияқтанды. Оның қаны қайнап, түсі бұзылып кеткенін Маша тісінің шықырлағаны мен қолын жұлқып тастаған қимылынан анық сезді; жүзін анықтап көріп, көзіне қарай алмады. Әйел тек қана «бір үлкен бақытсыздыққа өзіңді де, өзгені де ұшырататын шығарсын» деп ойлап, ақырын дауыспен:

— Моисей Антоновичке не дейін, — деп сұрады.

— Қапы қалмасын, бір взвод отряд де...

Белан аршындай ұмтылып, екінші үйдің ауласынан әрі асып жоқ болды да, Мария старостаның үйіне қарай жүгіре берген.

Үлкен-кіші деп, таңдап түсетіні жоқ, бәрі біркелкі, қара торғайдың ұясындай томпиып тізіліп тұрған шаруа лашықтарының шеттегі бір тура келгеніне тоқтап, отряд айдап әкелген аттарды аулаға иірді. Жалма-жан жүген жинауға жұмылған солдаттар өгіздің басжібін, ноқта мен шылбырды, жеңіл-желпі арқанға дейін қоймай сыпырып, айдап әкелген аттарды ұстап тізе бастады. Жүген мен ноқта жетпегенін арқанмен матастырып жатты. Топтап айдаған дүбірге, қару-жарақты адамдардың өктем қимылы мен абыр-жұбырына елегізіп, кейбір қамыттан мойны босап, белін көтеріп қалған аттар аулаға кірмей, кіргеннен кейін де қайтадан қашып шығып әлекке салды. Сороканың өз қорасынан басқа жерге тұрмайтын үлкен көк аты жем жеп үйренген астауына қашып кетті де, оның соңынан Беланның сары аты ере жөнелді. Сатып алған малдай-ақ, өзгенің жылқысына қожайынсып қалған солдаттың бірі бұл екі атты қайырмақшы боп соңынан шоқақтай түсіп еді, бағанадан бері, кешкі дүрмекке ызалана шабалақтаған бір ит желіп бара жатқан атқа қосыла кетті. Әрі артынан айқай, әрі ит қабырғалаған ат құйрықты көтеріп елірген бойы Беланның кішкене қақпасына тұмсығы тірелгенше шапты...

Село шетіне отряд келгенін кәрі Белан ести қойған жоқ-ты. Ол мезгілсіз қайтып келген атты қақпаны ашып, ішке кіргізді, де мойнынан сипалап, лапас астына қарай жетектеді. Бірақ артынан ере келген аттылы солдат аттың кірген қақпасын байқап қалып, шал жайлап үлгіргенше, ол да келіп жетіп еді.

Ләззәтті минутін бөліп, еріксіз құшағын жаздырған жауды Иван Белан атып жібергендей болды. Ол құдық басынан тұрып, хабар беру үшін — Парамоновқа жеткенше ашу мен кектің құшағында болды, жауынан қалайда өш алудың жолын ойлады. Деревняға кештетіп кірген отрядтің Белов бастаған ат, азық жинаушы топ екеніне ол шек келтірген жоқ, өйткені сол маңда бұлардан басқа қарулы солдаттар болмайтын.

... Айнала шарлап, шаруаның күн көріп отырған жалғыз атымен, шоланындағы ақтың астығын тиетіп жүрген бұл мейманасы асқан әмірші осы селоның тағы да там-тұмын тақырламақшы ма? Бұл жолы кімнің атына құрық салынбақшы? Сары аттың кезегі ме?.. Онан да әрі... Еріккен офицер өткен жолғы ермек еткендей Машаның иегінен көтеріп мөлдір көзіне мөлимекші... өзіне-өзі сеніп, білгенін істеп, кеудесін көтерген иттің баласы!..

Беланның ойына офицер Беловтың алдымен өзін қолға түсіру амалы өріле берді. Оның көз алдында жас кезінде әкесімен бірге базарға торай апарғаны елестеді, Иван торайды қуып жетіп аяқпен қағып, домалатып жіберді де, оны орнынан тұрғанша желкесінен ұстап қапқа тығып та үлгірген. Зар қаға шыңғырған торай арбаға салғаннан кейін де тулап көп заман бебеу қаққан! «Сол торайдай етіп қапшыққа тығамын мен сені» деп тістенді ол офицер Беловқа сыртынан кіжініп, «торайдан да жаман шыңғыртармын әлі, тұра тұр, иттің баласы!» Ол тап сол минутте Беловты қапшыққа салып көтеріп келе жатқандай иығын көтере түсіп: — Жоқ, шыңғырса жұрттың бәрі естиді. Тап әлгі Туриндегі қолға түсірген Герман фельдфебеліндей етіп желкеге бір нұқып: «Өшір үніңді, әйтпесе котлет етіп жіберермін», — деп күбірледі.

Бірақ түтеген Белан Парамоновтарға келіп отряд туралы мәлім еткенде өзінің ойлап-пішкен: «Қапшыққа салып алу жоспарын» айтпады.

Жұртқа бойлай ақыл айтып, жөн сілтейтін әрі білгіш, әрі шешен Парамонов пен атаққа шыққан оқымысты қазақтың алдына келіп тік тұра қалғанда ашудан көрі оны әдеп сақтау сезімі жеңіп кетті. Бұл екі басшының нұсқаусыз өз бетімен іс істеу оған ақылсыздық сияқты көрінді. Айлап, жылдап оқытқан ұстазындай дүниеге көзін аштырып саяси санасын оятқан Парамоновқа ол өте-мөте ден қоятын, оны ең қадірлі адамы есебінде құрметтейтін. Оның айтқан әрбір сөзін азаппен тапқан асыл қазынадай, бір түйірін жерге түсірмей қағып алуға тырысатын. Сол Парамонов: «Ваня, сен қалғандарды тез жеткіз. Өзің жыраның аузында бол. Отрядтің не ойы барын байқауға қарттарды салу керек. Сен батькоңді түсіндірерсің», — деді. Бұл салмақтап айтқан қысқа-қысқа сөздер Беланға тап осы минутте істейтін істің программасы сияқты көрінді де, ол басшының берген нұсқау-бұйрығын тапжылдырмай орындау үшін кері қарай жүгірген болатын.

Жолда ол көшемен шапқан аттың дүрсіліне құлағын тосып тұра қалды. Жүресінен отыра қалып қараған Беланның көзіне тап өз қақпасына қарай бұрылған аттылының түн ішінде шамадан тыс зорайып көрінген бейнесі ілінді: бұл аттылының солдат екендігіне Беланның иненің жасуындай да шұбасы болмады. Өйткені мылтығы шошайған қарулы адам. Ендігі мұның ойына келгені: «Мұның біздің үйде қандай жұмысы бар? Мені іздеп келді ме? Онда қалай болғаны — бір бұзық сырттан көрсетті ме, коммунист деп? Парамонов айтқандай бұл облава болды ғой?!» — деген ұшы-қиыры жоқ жалғасып жатқан күдікті болжал мен сұраулар болды. Бірақ көп ойлауға уақыт жетпеді, — солдаттың не үшін келгені екінші минутте-ақ белгілі болды...

Белан өз қақпасының алдына таман жақындай түсті. Атымен ішке қарай еніп кеткен солдат оны байқамады. Үйдің есігіне төніп барды да:

— Кім бар үйде? Ана атты тез ұстап жүгендеп лапас астынан шығарып бер! — деді солдат дауыстап.

— Сіз кімсіз өзіңіз? — деп сұрады шал лапас астынан.

«Атты шығарып бер» деген әмірші оны байқаған жоқ екен, дауыс шыққан жаққа қарай ол жалт бұрылып атын омыраулатып ілгері ұмтыла түсті. Аттылының кім екенін білуге тырысқан шал, лапас астынан шығып оған жақындай берді.

Солдаттың неге келгенін шал Белан жаңа ғана ұқты. Лапас астынан шыққан әкесінің арғы тасасынан сары аттың түн ішінде ағараңдап көрінген сауыры иесінің көзіне ап-анық көрінеді. «Ым, бал ашып, суға қарағандай біліп едім сары атқа кезек келерін...» деді ол тістеніп.

— Сіз кімсіз, өзіңіз? — деп сұрады тағы да шал жақындап, — ат біздің ат. Қырдан қайтып келген, үйге жем жеуге оралған.

Солдат қазақтың қолындағы өткір қамшы шалдың басына шарт ете қалды. Қамшының белгілі шартылымен қатар «еһ!» деген шал аузынан шыққан оқыс дыбыс та Беланның құлағына қасында тұрғандай естілді. Арғы жағын оның өзі де талдап жатпады, не істеп, не қойғанын да айқын түсінген жоқ, тіпті өзінің күндіз де иіліп-бүгіліп әрең кіріп шығатын сенегінің ап-аласа сыртқы есігінен еңкейместен ішке қалай кіріп кеткенін де байқамай қалды. Әкесі Лазарь шалдың күндіз көлеңкеде отырып жонып әзірлен қойған үш шегіршін айырсаптың оның қолына ең ұзыны ілінді де, ол көз жұмғанша іштен қайтадан қарғып шықты.

— Таныдың ба енді кім екенімді? — деді солдат казак басын қос қолдап ұстап отыра кеткен шалға кекесін үнмен, — жүгенде жылдам атты, сойдауылдай болған айуан...

Арғы жағында не айтарын кім білсін, солдат әйтеуір сөзін аяқтап үлгермеді, желкеден меңзеп бар пәрменмен сілтеген шегіршін соққының екпінімен ол атынан ауытқып кетті; соққыдан сескенген ат та солға қарай жалт бұрылды. Ал бастан алып тиген қамшының ұшы шал бетін шоқ басқандай күйдіріп кетті де, жалма-жан баса қалған қос алақанға қан да жып-жылы боп сорғалай қалып еді. Сондықтан да шал, үстімді былғар дегендей, дуылдаған бетті төмен ұстап, қанын жерге ағызу үшін отыра кеткен болатын. Ол аттылы солдаттың ел емес екенін де, оның жай келмегенін де жаңа ғана түсінді. Бірақ онымен қайтадан тілдесіп қарсылық айтуға баласы мұрса бермеді.

— Түрегел, батько, атты жіберме! Ұста! — деді әкесіне, өзі соққы тиіп ер үстінен есеңгіреп құлап бара жатқан солдатты қапсыра құшақтап, аударып алып жатып.

— Сен Иванбысың?.. Әлде Иван емеспісің? — деп сұрады шал сасып қалып, оның дыбысы да зорға шықты.

Ол ұмар-жұмар болған жердегі екеуіне де, лапас астына қарай тығыла түскен солдаттың атына да ұмтыла қоймады, басын ұстаған күйі орнынан тұра келіп үйге қарай қалталақтады.

Ешбір қарсылықсыз, илеген терідей, қолға жұп-жұмсақ тиген еңгезердей казакты Иван, тұрып кететіндей, жерге етпетінен салып тіземен түйгіштей түсті. Сөйтті де оның қылғынған адамдай қырылдап ыңырсыған әлсіз дыбысын естіп, жалма-жан, үстіндегі қару-жарағын сыпырып алды.

— Батько, бол, жүгір, үйден қапшық алып кел. Картошка салған үлкен қапшықты, — деді ол әкесіне. — Батько, бассайшы аяғыңды, мынаны іздеп басқалар келіп қалады. Бол!

Шал үлкен қапшықты қалтылдап келіп баласының қолына ұстатып жатып:

— Күнәлі іс істеліп кетті, Иван! Өте күнәлі іс! — деді қараңғыда басын шайқап.

Бірақ Иван әкесімен күнә тексерісіп жатпады. Ол үн қатпастан солдатты жұмарлап қапшықтап, ә дегенше аузын буып, сүйрелеп лапас астына апарды, сөйтті де:

— Батько, мына қапшықтың үстіне ана ескі пішеннен бір-екі құшақ пішен тастай сал. Атты байла. Қақпаны бекіт. Шамды сөндір. Өзімнен басқа ешкімге жауап қатпа. Жата бер. Мен қазір қайтып келемін, — деп ауладан қарғып түсіп, село үстін мықтап қымтаған түн қараңғысына сүңгіп кетті.

Солдаттың мойнынан сыпырған қылыш пен винтовканы ол өзі алып кетті.

2

Кешікпей-ақ деревняға айдап кіргізген қырық жылқыны түгеліне жақын аулаға қамап ұстатып, жүгендетіп байлаттырды да, офицер Белов:

— Екі адамды бөліп күзетке шығар. Деревняның ішін де, сыртын да көз ілмей түнімен бақылап шықсын. Хохолдар, хайлакер, астығын тығып тастамасын. Жақсылап қадағалат! — деді жирен сақал хорунжийге оңашалап бөлек шығарып алып, — қалған адамдар түгелімен ат төңірегінде болсын. Бір елі аулақ шықпаңдар. Қазаққа ең алдымен керегі ат пен қылыш екені естен шықпасын.

Ауырлау денелі қартамыс хорунжий капитанның алдында қорбаң қимылмен честь беріп, өкшесін сарт еткізді. Бірақ оның бірнеше шақырым жер ат үстінен түспей құрысыңқырап, әрі салығып қалған кәрі денесі қазықтай шаншылуға ырық бермеді, — оның қол ұшы да иығынан аспады, кеудесі де керіле қалмады. Сонда да ол:

— Құп, капитан мырза, екі адамды селоны қадағалауға, қалғандарды көз ілмей ат күзетіне қоюға! — деп жарлықты қысқа мазмұндап, қабыл еткенін білдірді.

Хорунжий айналып, аулаға сыймай дүрліккен бір қора аттың төңірегіндегі солдаттарға қарай кетті.

Сабаннан бері бос жайылыста қоңын жинап, көбеңсіп қалған шаруа аттары бірін-бірі омыраулап, итерісіп, тістесіп қалып, тынышсыз қалыпта шағын ауланың ішін әлекке салды. Бір-екеуі шыңғырып, тебісіп, қасындағы жекірген адамға қарамай, қамшы тигеннен кейін ғана әрең тоқтады.

«Мықты аттар. Бір тәуірін мініп алса боларлық. Оны жарамай қалған күнде де отызы пайдаға асар, бұлар бір қолға оңай іліккен қомақты кесек болды. Қаныңды бұзып айқаймен жинатып жатпайсың, қазір міне киргиздердің сауын биелеріндей қолда тізіліп тұр. Ертең ертемен жарық түскеннен кейін жарамдысын іріктеп шығарып алу жұмысы ғана қалды. Мына село жеті түнде астықтарын тиеп бір жаққа алып кете қоймас. Бүгінгі жұмыс жақсы аяқталды», — деді ішінен Белов, ойламаған жерден бұл Богдановка аттарының қолға жиналғанына риза болып. Ол: «Деревня старостасын тауып алып кел» деп, көрші үйдің қолбаңдаған бір шалын жұмсады да, жайланысып дем алатын жер көздеді. Ал, мұндай аялдайтын үй көптен бері оның ойында жүретін.

Бұл өзі оңаша, өзі таза, өзі көп жағынан ыңғайлы Петровнаның хатасы. Петровыаның үйінде ол күні кеше, апрель айында ғана болып кеткен. Жайлы төсек, дәмді борщ пен пирогынан өзге де ол үйде көңіл сергітерлік нәрселер бар. Самогонның арақтан артығы бар Петровнада...

Жуынып, бір стакан жандырма самогон, ыстық тамақ ішіп, дем алса теріс болмас еді, өте-мөте теріс болмас еді. Және... Сол бөтегесі бұлтиған келіншектің жоқ жерден сәті түспей қалып, қолдан сытылып кеткенін-ай! Жұрт хохолдарды ақкөңіл дейді. Ақкөңіл емес, алдауыш. Әсіресе әйелдері сұм. Жоқ себеппен қорқытты. Әй, бүгін бір қолыма түсе қалсаң... Тәтті ойларға елжірегендей күлімсіреп және аяғын жай қалпындағыдан анағұрлым шапшаң басып Белов сол жылқы қамаған қатардағы бесінші үйдің қақпасына қарай бет алды.

Ол кетіп бара жатып қартаң хорунжийге:

— Мен Петровнаның үйінде боламын. Бір сағаттан кейін соғып кетерсің. Бір стакан жандырма самогон ішсең денеңнің салыққаны қолмен сылып алып тастағандай жоғалады, — деді.

Қақпа ашық, аула оңаша. Белов ақырындап қораға кіріп келіп, ас үйдің терезесінен ұрлап ішке көз тастады да, адам көрінбегенсін есік қақты. Іштен әйел даусы:

— Есік ашық, кіріңіз, — деді.

— Қайырлы кеш, Петровна, — деді ол сабырлы пішінмен, жасы елуге келген, бірақ өңі ескірмеген, толық денелі әйелге.

— Рақым етуіңізді сұраймын, Семен Степанович, бері жүріңіз! Рақым етуіңізді сұраймыз. Құрметті қонақты қуанышпен қарсы аламыз. Әскер келді дегенге бұл қандай әскер десем, Семен Степанович екен ғой, — деді үй иесі жайдары пейілмен.

— Қалай тұрасыз, Петровна?

— Құдайдың мейірбандығы мол. Жақсы тұрамыз, Бері өтіңіз, танымаған адам сияқты неге тұрып қалдыңыз, Семен Степанович.

— Айып етпеңіз, Петровна, кештетіп мазаңызды алатын болдым. Жұмыс бабы ерте-кешті таңдатпайды. Рұқсат болса сіздің үйге тағы да сол көктемдегідей аялдап шығуға келдім, — деді Белов өте әдепті, жұмсақ үнмен.

— Семен Степанович, ешқандай айыбы жоқ. Сіздей таныс адамды қуанышпен қарсы аламыз. Қалайынша қарсы алмасқа, сіз сияқты үлкен дәрежелі ұлық адамды. Ешқандай айыбы жоқ, ана бөлме оңаша. Сол күйінде, мен өзім ас үйде жатамын. Ешбір келім-кетім болмайды. Жатсынбаңыз, жуыныңыз, жайланыса беріңіз. Мен қазір борщ ысытайын. Сіз украин борщын жаратасыз, мен білемін. Сіздің келуіңізге қарай пирог та бар еді. Бірақ жандырма жағы кемтарлау, астық аз. Дегенмен сіз сияқты адамға табылады. Табамыз.

Кемпірдің бейілді әңгімесіне басын иді де, Белов сөзбен жауап қайырмастан ілгері жүріп барып үстел жанына отырды, қылышын шешіп бұрышқа сүйеді, сумкесін терезе алдына қойды.

«Жандырма жағы кем, дегенмен, сіз сияқты адамға табылады... — дейді. Қандай сүйкімді кемпір! Бұрын болған адам; жақсыны, жаманды айыра білетін көргенді әйел. Мұндай алыста жатқан надан, қара сирақ хохолдар деревнясында мұндай адамдар көң арасында жатқан алтынмен тең. Бала, ер дегеннен айырылғанмен жасымаған қайратты жан екен!» — деп бағалады капитан Белов үстел жанында отырып қонақ жай Петровнаны. — Жандырма жақсы сусын. Әсіресе осы Петровнаның жандырмасындай самогонды мен кездестірген жоқпын еш жерден. Үйін, шаруасын баптағандай, мұны да адам айтқысыз өзгеше етіп істейді екен. Дақыл дәнінен қайнатып, буын тоқсан түтіктен өткізіп, аса мөлдір дәрежеге жеткізген самогоншыларды көріп едім. Мұныкі оның бәрінен асады. Жандырмасынан да ана бүйрегі бұлтиған кішкене мұрынды, қоңыр көз хохлушка келсе!..

Мінезі қатал, шаруаға ұқыпты, бір тиынды екі тиын, екі тиынды бір сомға оп-оңай айналдырып отырған өз пайдасын білетін Петровна капитан Беловқа есін кетіргендей ұнаса, орта жасқа келген, толықша денелі бұл әскери қызметкер де үй иесіне мықтап ұнап қалған-ды. Беловтың Петровнаға көбірек ұнаған жағы: салмақтылығы, қызбай сөйлеп, ұтымды жауап беретіндігі, әйелдерге өте-мөте жұғымдылығы болды. Ол басқалардай жапырып келген жоқ, сіз-бізбен, құрметпен сөйлесіп көңілін тапты. Ол жесір әйелді жәбірлемеңдер, алым-салық салмаңдар дегенімен қоймай, өткен жолы старостаға мықтап тапсырып кетті. Және деревнядан жинаған астықтың бір қапшығын Петровнаның үйіне «байқатпай» түсіртіп кетті. Оның үстіне Петровнаға тамақ пісіріп сыйлап, күткен еңбегің үшін деп ақша да берген. Бірақ мұның арғы жағында тәжірибелі капитанның өз есебі бар-ды: бір көргеннен-ақ ұнаған «бөтегелі» жас келіншекке Петровнаны жеңгетайлыққа салған-ды. Басы бос, көруге өте сүйікті, сөзге де тапқыр, жанып тұрған өткір Марияны ол реті келсе басыбайлы әйелдікке бейімдеуге тырысқан. Онымен бір кеш бірге болып жақсы әңгімелесіп, бірақ аяғында Мария себеп тауып үйден шығып кеткен болатын. Қатты көңлі ауып, үлкен үміт еткен жас келіншекке ол кетерде, көгершіннің аяғынан жіп тағып белгілегендей, әдемі шәлі тастап кеткен болатын. «Сенің нең кетіп барады. Тарту еткен сыйлықтан қашатын адам бола ма? Ал да басыңа тарт. Сенің қай күйеуің бар шәлі әкеліп беретін. Ана делқұл Иван бір аршын білегі мен мойныңнан құшақтағанда жақсы, осы күнге дейін саған ол не нәрсе сыйлап еді?! Ақымақ болма! Мә, ұста!» — деп Петровна ол шәліні зорлағандай етіп Машаның қолына ұстата салған. Алжас басқан аяқ пен аңсыз айтылған бір ауыз сөз ел арасында көзге түспей, құлаққа шалынбай қала ма, Иван Белан осы «тарихы бар шәліні» әлденеше рет Машаның бетіне шоқтай басып, келіншекті жыларманға дейін апарған болатын.

«Бір стакан жандырма самогон ішсең тынығып, аттай желіп кетерсің, бір сағаттан соң кел» деген капитан сөзі қартаң хорунжийға қатты ұнап кетті. Ол музыка үні құлағына келген әскер атындай елегізіп, аяғын ұшынан басты. Капитанның берген жарлығын сол минутында орындады, селоның ішін де, сыртын да мұқияттап бақылауға екі жас казакты күзетке шығарды. Ауладағы аттарды көз ілмей қадағалауға төрт адам қойды; қалған солдаттарды сол жердегі екі үйге тең бөліп, тамақ ішуге қосты. Сөйтіп, өзіне жүктелген міндетті жалма-жан орындап болып хорунжий өз қамына кірісті.

Әскер жұмысында, соның ішінде, әсіресе, интенданттық қызметте көп жыл істеп жабдықтау ісіне жетілген тәжірибелі хорунжий дәмді тамақ пен күшті шарап табуға өте епті еді. Майданда да, бейбітшілік жағдайда да оның ішкіліктен құтысы құрғамайтын.

Ол село шетіндегі үйлерден шұбырып шығып, қамалап ат ұстаған солдаттардың қызығын тамашалаған көп баланың бірін шақырып алды да:

— Балақан шырағым, өзің бір командир болайын деп тұрған пысық бала екенсің. Сендей күнімізде үлкендерге қызмет етуге құмар едік. Менің мына тісім сырқырап, бастырмай тұр, сөйлеуге де халім кеміп барады. Ой, ой-ой. Спиртпен шайқасам басыла қалатын еді. Ең болмаса самогоні бар үйді білесің бе, көрсетіп жібере қойшы, — деп аузын басып бабаулай қалып еді, бала ойланбастан:

— Мына үйде бар, — деді.

Әлде апырып-жапырып, бүкіл селоның аты біткенін қуып әкелген солдаттардан үрейі ұшты ма, әлде басқа бір қорқыныш қаупі басына төнді ме, әйтеуір самогоны бар деген әйел өте қатты қобалжып кетіпті. Ол «тісім қақсап тұр» деп сылтауратқан әскери адамға бір стакан емес, кішкене құмыра толған самогонді ұстата салды.

— Сұлу келіншек, тәңір жарылқасын, — деді хорунжий стаканды толтырып жатып.

Ол тез сіміріп тастады да, аузын томпайтып алақанымен оң жақ жағын екі-үш минуттей басып отырды. Екінші стаканды қалай ішкенін әйел байқаған да жоқ, тек қана алдына қойған сыңар қиярды иіскеп отырғанын көрді. Жаны жай тауып аузын шайқағаннан кейін тез шипа тапқан хорунжий соншама тіл қажасқысы келіп:

— Мына жандырма самогонды қайнатқан әйел жай ғана адам емес, нағыз алтын! Кәдімгі сары алтын! Дәру-ақ болды. Ерің қалаға кетіп пе еді? Самогонді өзің де ішесің ғой, ә? — деп еді, бірақ жабырқау әйел үн қатпай сенекке шығып кеткенсін, бұл да қалған самогонді бітіріп далаға шықты.

Аш қарынға ішкен үш-төрт стакан самогон ұзамай-ақ басқа шапшыды да, қиял буалдырланып, көңіл қошы арта берді. Үй жанындағы орындықта отырып, тартқан ащы махоркеге елітіп шала бурыл шамырқанған хорунжий капитанға қарай аяңдады.

Беловтың бір сағаттан кейін соғарсың деген сөзіне қарамастан, жарты сағат өтпей-ақ ол қатардағы бесінші үйге жетіп келді.

— Капитан Белов сіздің үйде ме, сұлу келіншек? — деді хорунжий есіктен кіре беріп, жалт қараған Петровнаның жауабын күтпестен, әйелдің денесін бұлдырлау көзбен тұтас қамтып, мықынына қадала қарап тұрып: — Міне сұлу бел! Бел деп осыны айт, шіркін! Кіруге болады ғой, бойжеткен?! — деп көзді қысып қалды да әрі қарай асты.

«Жұмыстан келген шығар. Әскери адамдардың мінезі де түрлі-түрлі. Кәрі болса да, қара мұның сөзін...» деп ойлады әйел, басын шайқап.

Хорунжий бөлмеге кіріп келгенде Белов жаңа ғана тамаққа кірісе бастап еді, Петровнаның үстелге әкеліп қойған қызыл-күрең борщын ішер алдында қосарлана келген «жандырманың» бір стаканын орталап қана қоя салған. Хорунжий табалдырықтан аса беріп:

— Ыждағатты екі солдат селоның ішін де, сыртын да бірдей күзетуге жіберілді; аттар жанында төрт қазақ тұр. Қалғандары тамаққа отырды. Бұйрығыңызды орындап келгенімді мәлім етуге рұқсат етіңіз, капитан мырза, — деді тік тұрып.

Капитан қасығын үстелге қоя салып хорунжийдің жүзіне көз тоқтатып, сәл уақыт қарап қалды. «Даусы да, қимылы да ширап қалыпты. Шамасы тамақтанып алған-ау. Іздеп келгені мына самогон ғой, бұйрықты орындағаның жарайды», — деп ойлады да, орталап ішкен стаканды да, бутылкадағы самогонды да үстелдің шетіне қарай сырып, үндеместен иегімен көрсетті. Өзі бастаған тамағын тауысуға қайтадан кірісті.

Хорунжий көп ойланбай-ақ, үстелге жақындап келіп стаканды толтырып алды да:

— Сіздің аса бағалы ден саулығыңыздың берік болуы үшін, капитан мырза, — деп ішіп салды да: — у, ғажап жандырма екен. Қалай жақсылап дайындаған! Мынаны қайнатқан әйел тегін әйел емес, алтын әйел, нағыз сары алтын! — деді ол кіріп-шығып жүрген Петровнаға естірте, тамсанып қойып.

Ол аздан кейін:

— Капитан, сіз рұқсат етсеңіз! — деп самогонді стаканға қайтадан толтыра бастады.

Капитан үндемеді.

Казактардың станицасы мен хуторларындағыдай атаманы жоқ, аз ғана уақыт басқарған совет председателі жоқ, бұрынғыдай сайлаумен болатын старшинасы жоқ. Богдановканың тап сол кездегі келген әкімдерге хал-қадарынша жауап беретін бас көтерген азаматы Моисей Кисляк болатын.

Даланың алыс түкпірінде жатқан бұл шағын деревиняға да бостандық желі алыстан есіп, ертерек жеткен-ді. Соғыстан қайтқан саналы солдаттар 1918 жылдың басында Орал большевиктерінің нұсқауымен Богдановкада селолық совет құрып билікті жарлы шаруалардың қолына берген. Бірінші сельсовет председателі болып сайланған жігерлі шаруа Михаил Довженко сходтың ұсынуымен Оралда болатын жұмысшы мен шаруалар сьезіне депутат болды да, Богдановка халқының атынан Оралда совет өкіметін құруға қол көтерді. Ақтар ойраны болар алдында Довженко облсовет мүшесі, жұмысшы Петр Парамоновпен бірге қызыл отряд жасақтау жұмысына селоға шықты. Атамандар мен генералдар үстемдік алған кезде бүл екі қайраткер жасырын үгіт жұмысын басқаруға кірісті. Олардың астыртын іс жүргізетін тұрағы сол Богдановкада, бас қосып жиналатын жері — Кисляктің үйі еді. Аласапыран кезінде советке қарсы тұратын қас адамдар село билігін қолға алмасын деп, жасырын ұйым өз адамы болып саналатын адал ниетті Кислякті староста есебінде басқарушы етіп ұйғарған, мұны селоның жиналысы арқылы бекіткен...

«Бұларды жыртқыш аң нәсілдес хайуандар десең болмас па? Штаныңды сыпырып алып жалаң бұт жүргізуге де ұялмас. Өткен жолы осы Белов: жүз елу пұт бидай ұны, 15 ат керек. Ертеңгі сағат алтыға даяр ет. Егерде айтқанымды екі етсең деревняның қанша астығы бар — бір түйір дән қалдырмай тиетемін. Ат жөнінде де солай. Бар. Ертеңгі сағат алтыда орындағаның жөнінде мәлім ет, — деді. Арғы жағын сөйлескен де жоқ. Ақырып-жекірмей жайлап сөйлесе де іші қатал жан екен, мұрдар түсін бір бұзған жоқ, ең болмаса бет тамыры бір бүлк етсейші! «Табасын! Бар! Арыз қабылдамаймын! Мәлім ет!» деп безеріп қалды. Жыртқыш аң нәсілдес хайуан десең болмас па мұны! Жазықсыз жанды тапа-тал түсте атып кеткен карательдерден де рақымсыз, үйі жетім балаға толы, жесір қатынның ақтық қапшық ұнын алуға да беті бүлк етпейді-ау, бүлк етпейді. Астығы мол Савенко мен Полторацкий болмаса, бізге қарызға астықты кім берер еді, күз қайырып берсек те солардың арқасында құтылдық көктемдегі салықтан. Енді кімнен қарыз аламыз, бұл жер жұтқырлардан құтылу үшін», — деп басын шайқады Кисляк, қараңғыда аяғын сүріне басып келе жатып.

«Отрядімен офицер Белов келіп қалды!» дегенде өмір бойы нанның зарын татумен келе жатқан Кисляктің ең басты қаупі нан болды. Ол Беловты қалайда астық алу үшін келді деп ойлады. Өйткені Кисляк бұл өмір бойы жауласумен өткен казактардың алдымен жинайтыны ат пен астық, оларға мұнан басқаның керегі аз деп ұғатын. Бұл былтырдан бері дәлелденген шындық қой. Бірақ бұл ең ауыр, ең қиын, өліммен тең нан күресіне ол не істемекші? Мына қарулы отрядтің әміріне қалай қарсы тұрмақшы? Қарсы тұрса — атады, асады. Бермесе тартып алады, тінтіп алады, ерегесіп екі есе етіп өндіреді. Капитан солай деп өз аузымен айтты және айтқанын істетті де. Ал, талшық етіп отырған ақтық астықты сыпырып кетсе не болмақшы? Онда деревня болып шұбырып кету ғана қалады. Шұбырғанда қайда бармақшы?..

Бірінен-бірі ащы және ұшы-қиыры жоқ сұрақтар Кислякпен бірге үйге ере кірді, — ол тек үстел басындағы капитан Белов пен шетірек шығып темекі тартып отырған хорунжийды көргенде ғана ойы бөлініп кетті. Сәлемдескен Кислякке шырпының сынығымен тісін шұқып отырған Белов жауап қатпастан бір қарап қойды да, бастаған шаруасын ақырындап соза берді. Оның бұл жұмыспен көзін жұмып қойып шұғылданғанына қарағанда, табалдырықтан аттай беріп тоқтап қалған шаруа сол күйі тұра беруі мүмкін еді. Капитан лебізін ұзақ уақыт күтуі кәміл еді. Үйде отырғандар да, кірген адам да бірнеше минуттей үнсіз қалды. Адамды босқа сарғайтарлық жайсыз қалыпты бір аздан кейін қартаң хорунжий бұзды. Ол Кисляк үйге кіріп келгенде-ақ қораз кептердей қопаңдай түскен. Келгеннен бері сөзге сараң начальнигімен де, мықынына көзі түскен Петровнамен де еркін мылжыңдаса алмай іші пысып отыр еді. Оның үстіне күшті самогоннің буы желіктіріп өзінен-өзі көмейге лықсып келген ағыл-тегіл сөз құйылуға дайын тұрған-ды. Және бұл келген адамды ол «атынан айырылып арыз айта келген шаруа ғой» деп ойлады. Өйткені оның староста екенін де, оны Беловтың шақыртып отырғанын да ол білген жоқ-ты. Тұйық мінез, аз сөйлейтін капитан оны самогон ішкеннен кейін мылжыңдап көп сөйлеп, ұзақ отырып уақыт оздырар деп әңгімелеспей қойған.

Сауықта болып, өлең айтып, би билеп шықтың ба, село жігіті? Танауың қашқан киіктің танауындай желпілдеп кетіпті ғой? Әлде арыз айтайын деп асығып-үсігіп жеткенше жүгірдің бе? Не айтасың, сайрай қойшы, кәне? — деді хорунжий көзін аздап сығырайта түсіп.

«Бұл жыртқыш құлықты жандар тағы қанша астық сұрап жұртты күйзелтер екен» деп үрейлі ойда тұрған Кисляк хорунжийдің жүзіне қарай қалды. Ол хорунжийді өткен жолы көрмеген. Сондықтан бұл жүз таныс емес адамның не қалжыңы, не кекесіні екенін айыра алмай, ілесе жауап бере қоймады. Ол әлі тісін шұқып, бір көзін тас жұмып, екінші көзін төбеге қарай төңкеріп мехнаттанып жатқан Беловқа қарады. Оның бұл қарасы «сіз шақырып жатыр дегенсін келдім. Әлде менің керегім жоқ па?» деген сауал бергендей болды.

Ac бөлмеден Петровна шығып, есік алдында ебдейсіз тұрып қалған Кислякке:

— Моисей Антонович, отырыңыз, мына сәкіге отырыңыз, аяғыңнан басып тұрып ақиқат таппайсың деген соң бар, — деп бөгеліп қалған Кислякке дем бергендей болды.

— Кеш келген қонақ аш жатпасын деп борщ ысытып, үйде барын беріп сыйлап жатырмын, бәрімізге бірдей таныс құрметті адам болғансын.

— Рахмет, Петровна, мен отырмаймын. Бір минутқа ғана келдім, әлде жұмыс болып қала ма, қалай болар деп! Бүгін егін басына бардым. Жауын аз болғансын бидай да нашар. Сабағы тізеден де аласа, әлі дән құяр емес. Шаруаның наны сарқылды. Осында әне жеcіp Богданиха мен Елисей дедтың үйінде бір уыс ұны қалмай тісіне тісі тиіп отыр. Қарызға алатын жер таппайсың... нашар егіннің өзі де тез пісер ме, байқап келейінші деп қырға шығып қайтып ем, — деді Кисляк әйелге.

Бірақ Кисляк әйелдің «бәрімізге бірдей таныс, құрметті адам болғансын сыйлап жатырмын» деген сөзін құлаққа ілмеген болды. Оның бұл сөзді алдын орап ақталу үшін айтқанын бірден түсінді. Ертең біреу: «Деревняның қызыл шақасына жеткізіп терісін сыпырған офицерге самогоның мен пирогыңды аузына тосып жалбаңдадың» десе, «старостаның қонағы бәрімізге бірдей сыйлы деген дәлел дайын тұруы керек... Қандай айлакер, сұм қатын! Мұндай бас пайдасын алыстан көздейтін адамды аз кездестірдім өз өмірімде», — деп ойлады Кисляк кәрі әйелдің қойқаңдаған ерсі жүрісіне күлкісі келіп.

— Ым... тілің жоқ па десем, сайрап тұр екенсің. Сен де комитетчик болдың, а? Мына тілмен сен боларсың. Богдановканың наны жоқ? Ым... Моисей Соломонович комитетчик!? Пантелеевна, солай ма? — деді хорунжий тілі бұралып.

Оның көзі бұлдырап, самогонға былқылдап отырғанын Кисляк жаңа ғана байқады да, ым-ым деп тамағын кенеп қойды.

— Пантелеевна емес, хорунжий мырза, мені Петровна дейді селоластар. Мына Моисей Антонович та Соломонович емес. Бірақ оқасы жоқ. Бір естіген атты адамның бірден есіне ұстап қалуы оңай емес.

— Дегенмен Моисей комитетчик қой, а!?

Әйел жауап қайырмады.

— Білемін. Комитетчик. Олар: жесір көп, ұн жоқ — деп келеді. Большевик көп пе!? Жесір көп пе әлде? — деді мас хорунжий, тамағын кенеп, таңырқап қараған Кислякке.

— Мен надан шаруамын. Есеп-қисап жүргізу біз сияқтының миы жететін жұмыс емес, тәрбиелі хорунжий мырза. Ал, біздің селодағы онға таяу жесірді білуге ғалымдық қажет болмас, — деді Кисляк.

— А, большевиктер оннан көп пе? Мұны сен... ғалым болмасаң да білесің... әлде... оннан... а... са... р...

— Қайдан білейін, бәлкім асар. Бірақ құртты деп еді ғой большевиктерді. Карательдер деревня сайын бестен-оннан атып, асып бітірді деген. Соған қарағанда оннан аспас та, — деді Кисляк іштей кекетіп, тілі бұралып, еркін де, қимылын да есірік билеп бара жатқан хорунжийдің быршыған бетіне қарап: — Сіздің өзіңіз жақсы білетін шығарсыз, бәлкім көрген де шығарсыз, мәртебелі хорунжий мырза, қандай болады екен большевиктер? Әркім әртүрлі айтады. Өткен жексенбіде бір кемпір: екі мүйізі бар большевик көрдім, бір мүйізімен мырзаларды, бір мүйізімен дәулетті алпауыттарды сүзеді екен дейді, жынды қақбас. Мен күлдім, сен есалаң шығарсың, мүйізі бар адам бола ма екен деп. Әй жұрт та қызық. Әркім әртүрлі сөйлейді...

Тісін шұқып болған капитан қабағын түйіп хорунжийға қарап еді, оның ызғарлы жүзін көріп, бұлаңдай бастаған хорунжий жалма-жан мұртын сипады, жинақталыңқырап, тік отыруға тырысты. Кислякке кезекті жауабын қайтаруға бастығынан сескеніп, ол қайта-қайта тамағын кеней берді, ақырында жөтеліп те қойды. Оның начальнигінің бір қарағанынан жым бола қалған бишаралық халіне Кисляк жаны ашып есіркегендей мұрнын сәл тыжырайта түсті, бірақ өзі құлағын Беловқа тосты.

— Қанша аттарың бар? — деді Белов мойнын бұрмастан, хорунжийға қабағын түйген күйі, салқын жүзбен.

«Маған берген сұрақ па, әлде мынадан сұрай ма» деп бөгеліп, Кисляк ойланып қалды.

— Қанша аттарың бар? — деді тағы да Белов таңырқаған Кислякқа жаңа ғана тура қарап.

— Қалай, қанша ат, мәртебелі капитан мырза?

— Орыс тілін білмейсің бе? Мен орысша сұрадым.

— Мәртебелі капитан мырза, селоластар уақытша староста бол дегенсін көңілін қимай көне қойып едім. Бірақ мен көптің атына да, асына да қожа емеспін. Кімде қандай ат барын да білмеймін. Өз шаруамды ғана қолдан келгенше тырысып істеп жүрген адаммын. Мұны жинап алып халықтан сұраңыз, — деді ол ақырындап қана сөйлеп.

Капитан Кисляктің қою қасты бетіне, лайқат ер пішінін беретін шеңберлі мұртына қарап: «Білмейтіні шыны ма, әлде қулығы ма екен? Түк білмейтін маубас болса мына сияқты ер келбетті болмас еді. Ана отырған хорунжиймен екеуін салыстыруға да келмейді», — деп ойлады. Ол бұрылып хорунжийға қарап еді, хорунжий оған: «Мен тауып айттым ғой, комитетчик осындай келеді» деген адамша ыржия түсті, «Құдалықта отырғандай ыржиюын? Беті быршып, көзі жансызданып кеткен» деп, ішінен өз адамын сөкті.

— Сен білмесең, селода қанша ат барын мен білемін. Ойлан. Әлде Войско үкіметіне шыныңды айтқың келмей ме? — деді Белов. Кисляк үндемеді.

— Большевиктер келіп сұраса айтар ма едің?

Кисляк үн қатпады, тура қараған күйі тұра берді.

— Селоңда қанша ат бар, қанша фургон бар, қанша жұмысқа жарайтын адам бар, әйелдерді пропаганда, сонсын... Қанша астық бар, — осының есебін екі сағаттан кейін маған хабар ет. Содан кейінгі жарлықты тағы естисің. Бар! — деді Белов оған.

Кисляк бір жауап қайырайын деп:

— Капитан мырза... — дей беріп еді, жай сөйлейтін сабырлы капитан:

— Дискуссия жоқ. Арыз да, дәлел де қабылдамаймын.

Бұйрықты орында. Бар! — деді даусын көтеріп.

Кисляк күбірлеп кері бұрылды. Өткен жолғыдай бәрібір мұнымен келісімге келмейтінін ол айқын-ақ ұқты.

«Аты — ат. Ал, фургон мен адамды қайтпекші? Екі сағаттың ішінде хабар ет дейді. Жұмысқа жарайтын адамның есебін бер дейді. Бұл не болғаны, бүкіл халықты соғысқа айдамақшы ма?! Бұларды жыртқыш нәсілді демей не деп атарсың», — деп ойлады Кисляк қақпадан шығып бара жатып.

Пеш жанында күйбеңдеп жүріп, бұл әңгіменің бір нүктесін қалдырмай тыңдаған әйел:

— Ат дейсіз бе, Семен Степанович? Аттарды сіздің солдаттарыңыз айдап әкеліп қамапты ғой. Дұрыс еткен. Астықтан гөрі ат берген жөн. Атты қайтарып береді ғой соғыс біткен соң, солай ғой, Семен Степанович, — деп сұрады.

— Петровна, сіз қапаланбаңыз, сізден астық та, ат та ала алмас біздің адамдарымыз. Петровна, сонсоң... а, сұрайын дегенім, осы келіп кеткен қандай кісі өзі. Хорунжий мырза айтқандай, комитетчик емес пе?

— Семен Степанович, тап өзін комитетте бар деп күнәлі бола алмаймын. Бірақ комитетчиктер Кислякті жақсы көретін сияқты, адал адам деп, қайдан білейін, біз түсінеміз бе ондайды...

— Ым... адал адам... — деді капитан ернін жымқырып.

Басына соққы тиіп, есі ауған солдатты жалма-жан қапшыққа тығып, аузын тас қылып буып, лапастың қараңғы бұрышына тастай беріп, қақпадан жүгіріп шыққан Иван Белан алды-артына қарамай жүгіре берді. Бұл қас пен көздің арасындай тар уақытта кездескен отряд та, мына солдаттың уақиғасы да оған ойланып іс істеуге мұрша бермеді, оны тек ілгері қарай сүйреп бара жатқандай болды. Тап сол минутте ол артымда бір қора солдат бар-ау деп те ойламады, оның ісі дерті тек жолдастарына жетіп шапшаң амал жасауға ғана ауды, — біреу байқап қалып соңыма түсер деместен, еңкейместен, бұқпастан жүгіре берді. Бірақ ол көшемен кетпеді, үй-үйдің арт жағымен, Кисляк ауласының сыртындағы Парамоновтар ішінде қалған жыраның бүгілісіне қарай тура тартты. Көше жақ айналма, бұл жол төте болғанмен мұның басқа бөгеті мол еді. Ол: жағалай жатқан бақшаның қоршауы мен оры болатын. Көрінген шөке мен шұңқыр, қоқыр-соқыр көң мен төмпешіктері жеті қараңғыда әдейі алдына үйіп қойғандай сүріндіріп діңкені құртты. Оның ежелден жүгіруге ғана жаралған ұзын сирағы мен тарамыс тірсегі жазыла алмады, өрлеген аттай жүрісі өнбей қойды. «Ау» дегендей-ақ жер оған жеткізбейтін даланың ұшы-қиыры жоқ ұзын жолындай көрінді. Оның үстіне мезгілді дәл шамалатпайтын түн көп уақыт өтіп кеткендей күдік туғызып, аптығу пайда бола бастады. Шұғыл іс, кенет қимыл, еріксіз қайнатып жіберген қан жүректі онан әрі тулатып, қос самай жарылып кеткендей солқылдады. Ол асыққан күйі Кисляк үйіне жақындай бастады. Бұл жерден жыраның иініне дейін небәрі үш қана бақшаның орлап қоршаған, әрқайсысының ені мықтаса он таяқтан аспайтын шаршы жерлері ғана қалды. «Жеттім» деген сезім оның ойына жаңа ғана кірді. Енді бірер минут аялдап ентік басу үшін ол сәл кідіріп жүрегін баса қалды, баспаса жүрек орнынан шығып кетерлік, және дүрсілі де шапқан аттың дүбіріндей еді. Бірақ оның тұра қалған кезде құлағына жүрек тарсылынан өзге бір дүрсіл шалынғандай болды. Ол бұл күтпеген дыбыстың қай жақтан шыққанын байқамақшы болып жалма-жан отыра қалды. Көзіне оң жақтағы үйдің нақ алдынан қараң еткен аттылы адамдардың түн ішінде отырған адамға өзгеше ірі көрінетін бейнесі түсті. Бұлардың кім екенін, қалай қарай бара жатқанын байқауға мұрша болмады, аттылының бірі:

— Тоқта, кім бар онда? — деп жекіп қалды.

Белан бұлардың солдат екенін бірден білді және өзін көріп қалды деп ұқты, өйткені солдаттардан өзге бұл жеті түнде атқа мініп жүретін жанның реті жоқ, көрші деревнядан келе қоярлық адамның түрі шамалы. Ол Покатиловкадан түстен кейін ғана қайтқан, — ол жақтан мұнда келетін адам естілмеген. Бұғып отырып ол: «Енді дыбыс берсе дауысынан белгілі болады», деп ойлап еді, аттылы оны күттірген жоқ:

— Кім бар онда? Кім де болсаң шың бері қарай, әйтпесе атамын! — деді.

«Мына ұйыққан иттей қосарланған нәлеттер сол Беловтың отрядінен күзетке шыққандар болды, мені анық-ақ көріп қалған екен», деп Белан жерге етбеттей еңкейіп айналаны көзімен жалмап жібергендей қарады : екі аттылы Довженконың ауласын кесіп өтіп, шеткерірек тұрған моншаның қабатына түсті. Аралары жап-жақын, шамасы елу қадамдай-ақ жер «бұлар мені кәміл-ақ көрді, көріп тұрып мылтықтың қарауылына алды, көздеп тұр. Қимылдасам атуға да дайын, қашсам ұмтылуға да дайын», деп ойлады ол. Аттылы адамдардың оны ап-анық көріп тұруы мүмкін де еді, өйткені мұның отырып қалған жері бақшаның орта шеніндегі бас паналар бір не бұдыры жоқ, не шұқыры жоқ, қырмандай тегіс екен. Беланға ойланып жатуға да уақыт болмады, оның үндемей, бұққан күйі бұғып қалуға да лажы болмады.

— Кім керек еді, мен дәрет сындырып отырмын. Кәзір тұрамын, — деді ол атып жібере ме деп сескеніп.

Оның даусы тұрғандарға анық естілді.

— Өз дәретіңе өзің батқыр, қарғыс атқан суайт. Неге жүгірдің, дәрет сындырған адам бір жерде отырмай ма? — деп еді бірінші дауыс: Екіншісі оны: қостап:

— Қысқарт, суайт. Бері кел. Әйтпесе өз дәретің үстіне өзіңді жалпайта салармын! — деп біріншісінен де қаттырақ жекірді.

Белан бұл ат үсті ойлап тапқан дәлелінен қайтпады; солдаттар тілге келгеннен кейін, бұларды қалай да сөзге алдарқатып уақыт ұтуға кірісті, бір қапысы табылар деген үмітке иек сүйеді.

— Дәретте отырған адамға күш көрсетіп соншама қыстаған қай жақтың батырысың өзің?! Кім болсаң да құдай үшін бір минутке пұрса берші... Ух... ішімді айдап кеткенін қарғалған квастың. Қайдан ғана ішіп едім, ас болмағыр асты... ух... — деп ыңқылдады ол, солдаттарға естірте уһілеп.

Жан ұшырғандай асығып, бір минутын екі ете алмай аптыққан Беланға аяқ астынан кездескен бұл бәле маңдайға тап келген бір қырсық шырғал болып көрінді. Ол шақпақтың ұшқынындай жарқылдаған көз тоқтатып қарап, қолға ұстап байқап болмайтын ұшқыр ойлардың қайсысына жабысуға білмеді. «Тура барсам қайтеді, сонда маған бұлар не істейді?.. Менің ана қапшықтап кеткен «товарымды» бұлар әлде көріп қалды ма?.. Алдына бір барғаннан кейін сытылып шығу оңай болмас... жалт берсем... атады! Иесін таппай есалаң оң жаңылып маған тисе, Иванның «дәрет» үстінде шынымен қалғаны да!.. Қасына барып жағадан ала түссем, әлім келе ме екеуіне? Бірін ұрып жығып, екіншісі ақылына келгенше жалт берсем бе! Тап осы тұрған жерде екеуін мылтықпенен басып салсам, онда ана басқалары дүрліккен иттей бүкіл деревняны басына көтереді... жоқ!..

Не де болса...

Ол жалма-жан қолындағы олжа винтовка мен қылышын шөп-шөлеңге құр қолымен шала көміп көлкештей салды да, «ух», деп орнынан тұрып, аттыларға қарай жүрді. «Міне бірден бұлар пісіріп жемес. Тұтқындау ниетіне кіріссе, оны да көріп алармын» деп ойлады, ол жауына қарсы келе жатып.

Екі солдат қараңғыда ат үстінен жүгірген адамды анықтап көре алмай, дыбысынан ғана шамалап айқайласа керек.

Және дыбыс шыққан жақтан сескеніп, моншаны бетке ұстай, бой тасалағанға ұқсайды. Мұны Белан төрт-бес қадам жер қалғанда білді: өйткені екеуі де ер үстінен еңкейіп басқа жаққа қарай кезеніп тұр екен. Бірақ оған енді жалт беруге болмай қалды.

— Ө, сайтан! Аруақбысың өзің, әлде тірі жанбысың? Дауысың соншама жердің астынан шыққандай күрілдеп... — деді бірінші дауыс, қасына келіп қалған Беланға үңіле қарап.

— Селонікімін.

— Неге жүгірдің? Не істеп жүрсің жеті түнде?

— Айттым ғой. Дәретке қысылып қаттырақ адымдағаным рас. Ана үйден шықтым. Кешкілікте бір квас ішіп ем, ішімді айдап кеткені нәлеттің, — деді Белан ішін ұстап, аздап бүгіле түсіп.

— Өтірік. Айтып тұрғаның тап-таза өтірік. Тың тыңдап жүрген бір сұрқия шығарсың. Фронтовик? Айда хорунжийге. Алға түс! — деді әлгіндегі жекіріңкіреп сөйлеген екінші дауыс.

— Хорунжий қайда, алыс па? Менің ішім алып барады, барғанша бүлдіріп алмасам...

— Қайда екенін барғансын көресің. Тарт. Алға түс! «Мына үйден былай айнала бергенде я сен жатарсың мына топырақтың үстінде, я мен...» деді ішінен Белан тістеніп. — «Біреуін астыма ала түссем, екіншісі ата да алмайды, шаба да алмайды. Ол аттан түскенше ана шарбақтан қарғып кетсем, арғы жағын екі аяққа тапсырдым! Әйтпеген күнде Ванька-Ветер атым құрсын».

...Оның ойына жас кезіндегі бірінші рет Ванька- Ветер атанғаны түсіп кетті.

Осы атты оған айдарындай таққан кәдімгі Кисляк еді. Кішірек кезінде ол алдына адам салмаған жүйрік, нағыз жел аяқ болатын. Бұл оқиға берегірек келгенсін, тіпті Иванның ересек кезінде болып еді. Осы Богдановкаға орын тепкеннен кейін, бір күні кешке таман Кисляк кездесті. Кәрімен де, жаспен де көп қалжыңдасатын Моисей Антонович Тереңсайдың басына шөп жинап келе жатқан. Ол арт жағынан жолдың шаңын бұрқыратып келіп, деңінен өтіп бара жатқан Беланды тоқтатып: «Тоқта, желаяқ Иван. Сенімен жарысқан балалар шаңыңа да ілесе алмайды. Сен нағыз желаяқсың. Ал кеше сен Покотиловкадан аттың текірегінен озып Богдановкаға жарты сағатта жетіпсің. Осы рас па? Рас болса менімен жарысасың ба? Селоға дейін екі шақырым жер қалды. Шөмеле тартып шаршаған ат, сонда да екі шақырымға өлмес. Озсаң: ертең сен қырға менің атыммен барып, менің атыммен қайт. Мен жаяу барып, жаяу келейін» — деген. Белан ойланбастан: «Дядько, атыңды суар, әйтпесе арбаңмен шапсаң менің өкшемнен ұшқан шаңның астында қаласың», — деген-ді. Басында ойнап айтып, бірақ соңынан қызып кетіп, Кисляк көк атты туара салып шаба жөнелген болатын! Аттылы Кисляктен озбаса да Иван селоға қатар кіріп, үйіне жеткенше онымен құйрықтаса келген. Содан бері оны Моисей Антонович Кисляк «Ванька-Ветер» дейтін... Қазір Иван Белан «арғы жағын екі аяққа тапсырдым» деп жел аяқтығына сеніп еді.

Екі солдаттың еріксіз алдына түсіп, Довженконың екі көшенің иінінде тұрған үйін айналып өтпей-ақ алдарынан қатты аяңдаған жалғыз жаяу шыға келді. Қараңғыда жер астынан пайда болғандай серең ете қалған бұл ұзын бойлы адамнан екі солдат селт еткендей болды да қатарынан үйреншікті жекіріспен:

— Тоқта! Кім бұл? — десті кілт тұра қалып.

Жаяу адам:

— Менмін. Моисей Кисляк, — деді қатаң үнмен.

Белан қуанып кетті. Ол: «Түнгі күзеттегі солдаттардың қармағына аңсызда ілініп қалғанымды Кисляк білсе құтқару амалына кірісер. Қалайда енді бір жөні келер. Ең болмағанда бір қапысын тауып сытылып кетуге сеп болар» деп ойлады.

— Қалай дедің, Кислый дедің бе? Жеті түнде не істеп жүрген адамсың, бұл жерде? — деді солдаттың біріншісі.

— Үйіме қарай келе жатырмын. Капитан Белов шақырып, содан шықтым. — Беловтың атын естіген екі солдат үндемей қалды.

— Бұл біздің селоның старостасы Моисей Антонович Кисляк, — деді Белан жалма-жан түсіндіріп: — осы кісіден сұраңыз менің кім екенімді. Мен де осы селоның адамымын, өз бетіммен жүрген. Маған хорунжийға барудың керегі жоқ. Және өзім... ішім өтіп.

— Сен Иванбысың? — деді Кисляков Беланды даусынан танып. — Иван, капитан маған селода қанша ат, қанша жігіт, қанша фургон бар, соның есебін бер деп бұйырды. Мен өзім түнде жүре алмайтын кәрі адаммын және мен кімде не нәрсе барын білмеймін. Ал, капитан екі сағат ішінде толық мәлімет бересін деді. Менімен бірге жүріп осыны есептес. Сенен басқа селода адам жоқ, мен өзім хат танымайтын кісімін, — деді ол Беланның қолға іліккенін түсініп.

— Мына әскери адамдар хорунжийға мені апара жатыр, әйтпесе, Моисей Антонович, ат пен жігіттің санын есептеуге мен әзірмін ғой, — деді Белан.

— Сен шын старостасың ба? — деді бірінші солдат ат үстінен еңкейіп Кисляктің жүзіне үңіліп.

Казактардың атамандары еліптес мұртты, айбынды және селт етпей сөйлеп тұрған ұзын бойлы шалдың сенімді түрін көріп солдаттың көңлі көншігендей болды. Ол басын жоғары көтеріп алды да, жолдасына дұрыс деп ым қаққандай ишара берді.

— Өзім де сол шын староста болмай-ақ қойсам деп тілеймін. Өйткені мына түн ортасында үй аралап қақпа қағып, ат-көлік есебін алғанша, пеш үстінде жатып ұйықтағаным артық болар еді. Мені де капитанға алып жүріңдер: мына солдаттарың түнде үй аралауға рұқсат етпейді, тақсыр, сондықтан бұйрығыңды орындай алмадым деп мәлім етейін, — деді Кисляк кекесінді үнмен.

— Ну, ну! — деді екінші солдат. — Қызмет адамын біз тоқтатып, жолын бөгемейміз.

— Онда, Ваня, кері бұрыл, тездетпесе болмайды. Капитан екі сағат қана срок қойды, — деп Кисляк «капитан бұйрығы» деген сөздің солдаттарды майдай жібіткенін біліп бұйыра бастады.

6

Кисляк ертеден кешке шейін қара жерді қарыстап әлсіз арық атымен бір жүріп, бір тұрып, өзі сүйрегендей қажып, шаршап, ұзын күнде бес таяқ жерді жырта алмай жігері құм болып, қырдан салпақтап талай рет жаяу қайтатын да, күндізгі бар бейнет, қасіретті кешкі от басы ұмыттыратын. Ол алған астық қарызын өтеу үшін өлшеусіз еңбектеніп біреудің жерін жыртып, пішенін үйісіп, егінін жинасып сілесі қатқан шақта да үй іші демеу болатын; қаншама қажып, налып келсе де кең сарайға бергісіз кішкене үйіндегі ошақ басы арқа сүйеуді. Ол тап қазірде өзінің ошағының басында, үй ішінің жан жай табатын ортасына келгендей болды.

Беланмен екеуі белгілі жыраның көшеге жақындап келген бүгілмесіне жеткенде Парамонов пен Әбдірахман біртіндеп жиналған он коммунистің әрқайсысына бір винтовка мен он оқтан үлестіріп, не жамандық болса да қырқысып қалуға дайын отыр еді. Селоның терісін тірілей сыпырып алуға келген безерген әміршінің пәрменін тыңдап, салы суға кетіп не істерін білмей налып қайтқан Кисляк жыраның қожыр-қожыр шаңды жарына арқасын тірей түсіп:

— Уһ, бойымды жаңа жаздым ғой! — деді.

Оған мына отырған көсем серкедей екі алғыр адаммен ішінен тынып қоршалап алған он шақты жігерлі жандардың түрі мен қимылы сүйенерлік қайыспас тірек сияқтанды; селоның қамын жейтін бір өзі емес, мына отырғандар да бірге, қазір бәрі қосылып Беловқа жауапты бірге беретіндей көрінді. Ол өз ошағының басында жайбарақат тыныққандай сезді, иығынан басып-жаншып келген ауыр зіл ана жараның жиегінде, сыртта қалғандай болды.

Үрейлі, қысылшаң тар кезеңді артқа тастап, кең сарайдың төрінде отырғандай арқасы кеңіген Кисляктің тілі де жай қалыптағыдай ұштала түсті.

— Бұл Беловың аумаған баяғы пан Луцко, ішінен әр сөзін сығып зорға шығарады. Ух, аң нәсілдес хайуан!

Сен әмір күтіп, тізеңді бүгіп төмен қарап тұрасың, ал пан Луцко баспалдақ үстінде ақшыл мұртын құлаққа қарай көтеріп шиырады. Сен тамағыңды кенеп, жөткіріп қоясың не айтар екен деп. Ол пан Луцко, ақ көйлегінің жағасын жөндейді... Бұл Белов тап сол пан Луцко. Мен есік алдында тұрмын, босағада, ол тісін шұқиды. Мен күтіп аяғымды он рет суытып, он рет алмастырдым, ол бір көзін қысып, бір көзін жұмыртқа салған тауықша, жоғары сығырайтады. Ух, аң нәсілдес хайуан. Аяғында: қанша ат бар, қанша жігіт бар, қанша фургон бар және қанша астық бар, соны есептеп екі сағатта мәлімет ет деді. Бұл тап сол Луцко да, біз бір оның құлы сияқты. Ух!.. Өзі жалпақ Петровнаның үйінде. Қасында Сороканың қара қабанындай қорсылдап хорунжий отыр. Бұл соңғы сабаз жалпақ Петровнаның жандырмасын артығырақ жалап қойса керек, — аусал сиырдай аузы басы сілекейленіп кетіпті. Ат пен астық бұл панның ежелгі кәсібі еді, ал жігіт пен фургонның саны оған неге керек болды? Миымды әлденеше рет аударыстырсам да бұған жауап таппадым, — деді Кисляк.

— Сен не дейсің, Моисей? — деді Парамонов қараңғыда мойнын ілгері соза түсіп.

Парамоновтың сөйлер алдында, әсіресе, бір нәрсеге өзгеше түйілер кезде, жағасы қысып тұрғандай, мойнын соза түсіп, жұтқыншағын бір қозғап қоятын әдеті бар еді. Және оның бойына сіңіп кеткен екінші бір әдеті: жасы үлкен болсын, кіші болсын жолдастарын жә атымен, жә фамилиясымен атайтын, ол әкесінің атын қосып өмірде ешкімді «ұлықтап» жатпайтын.

Әбдірахман да, басқа жолдастарды да қараңғыда жүзін анықтап көрмесе де, қимылы мен сөз, аяқ алысынан, мойнын соза түскенінен бір нәрсеге қадала сөйлейтінін де сезе қойды; оның сөзін бөлмеу үшін Кислякқа да, оған да сұрақ қоймай ішінен тынды.

— ...Сен не дедің, Кисляк? Жігіт санын бер деп айтты дейсің бе? Демек, бұл пан, атаман буржуйларға жігіт те керек болғаны. Гім, тынысының тарыла бастағаны. Қаланы бермеу ниетімен бекініске кіріскені. Жігіт қара жұмысқа, топырақ тасуға керек. Фургон да соған. Топырақтан айнала қамал жасауға тырысқаны. Моисей, солай деді ме? Фургон керек деді ме? Бұл жақсы хабар! Сұраңқырасын. Тағы не сұрады? Россия жұмыскерлерінің ауыр жұдырығы буржуйлардың төбесіне төнгені дей бер, Моисей. Солай ма, жолдас Әйтиев? Ауыр жұдырықтың төнетін уағы жетті. Бұл буржуйлер неғұрлым қысыла түссе, төңірегіндегі бағыныштыларға солғұрлым ауызды сала түседі. Қасқырды қуып әкеліп қораға тықсырсаң — бұрышқа тығылып алып, айбат шегіп, тісін ақситады. Орал казачествосының атамандары тап сол, қораға тығылған қасқыр болуға қалғаны. Моисей, сен буржуйларды аң нәсілдес деп, дұрыс айтасың. Сенің сөзіңнің бәрі әділ сөз. Дәл айтасың. Сен бұлардың өңін байқадың ба, өңі қашып кеткен жоқ па? Жандырманы көп жалағаны да қуаныш кернеп кеткендіктен емес шығар, ә?! Жоқ, бұл қасқырларды, аң нәсілділерді айдап шығу керек селодан! — деді Парамонов, біреуді жеп жіберерліктей кіжінген үнмен.

Оның даусы шығыңқырап кетті.

— Петр Петрович, ақырын, ақырын. Даусың қатты шығып барады, — деді Әбдірахман оның иығынан тартып отырғызуға тырысып.

Бірақ, Парамонов даусын бәсеңдеткенмен, отырмады. Ол жыраның ұзын бойына қарай қолын сермеп қалып үзілген сөзіне көшті.

— ...Бұлай болмауға мүмкін емес. Дмитриевтің айтқаны келді: ақтық демге келгенде аяғын қатты серпеді. Ал, аяғын неғұрлым қатты серпісе, жаудың солғұрлым жан беруге жақындағаны. Өзің ойлашы — осы күнге дейін ат пен астық жинап келген казактар, енді жігіт пен фургон жинауға кіріскен. Жігіттің неге керек болғаны? Майданға аттандыруға ма? Жоқ, казак крестьянды жауынгер деп есептемейді, оны адам деп санамайды, оның қолынан жау жеңу келеді деп түсінбейді. Бұл топырақ қазуға, тылды бекітуге, қалаға келтірмейтін қамал жасауға. Мұны осылай түсіну керек, мұның басқаша түсінігі жоқ. Солай ма, Әйтиев?!

Әбдірахман оған жауап беріп әңгімені созбау үшін, Беланға:

— Ваня, есебін білдіңдер ме, қанша солдат екен, небәрі? Бір взвод отряд дегеніңнің жартысынан көбі селоның саяғы көрінеді ғой. Қырдан айдап әкелген, қараңғыда атты да адамға есептепсіңдер. Сенің қолыңдағы винтовка ма, оны қайдан алдың? Сенің винтовкаң мұнда емес пе, — деді үңіліп, Беланның қолындағы қаруды көріп.

— Жолдас Әйтиев, қатемді тұтасымен мойындаймын. Бір взвод деп мен ақымақ аттарды адамға санаппын, кешір. Ашу қысып, анықтап қарамай, әлгі пәле келіншек... бөгет болып... бұл өз алдына... ана. Азағаш жақта селоның қырық екі аты жатыр еді, соны айдап әкеліпті сүдінсіз дұшпан. Ішінде менің атым да бар екен... Бір сөзбен айтқанда менде қазір екі ат, екі винтовка болды, егерде қапшықтағы дұшпан есін жиып, атын жетектеп кетпесе, — деп Белан атын қуып ауласына келген солдатты ұрып жығып қапшыққа салып кеткенін сыбырлай бастады.

Жырада отырғандар Беланды қоршалай түсті де, ал жасынан бірге өскен аңқаулау, ақкөңіл Сорока оның сүйреп келген олжа винтовкасын қолымен қозғап, құндағын сипап-сипап, оның бір ғажайып өзгешелігін ізденгендей жетесін, қарауылын, шаппасын байқап, шанышқысын түртті. Сөйтті де басқалардың қаруынан ешбір өзгерісі жоқ, бұл мылтықтың да тап сондай екендігіне көзі жеткенсін:

— Нағыз үш қырлы винтовка, — деді.

— Енді қандай деп ойлап едің? — деді Науменко.

— Жоқ-ау деймін. Сонда да, — деп тамсанады Сорока.

— Жігіттер, оны қойыңдар. Винтовканың аты — винтовка, бәрібір үш қырлы. Ал, Ваня, сонда енді, сенің қапшықтағыңды қоспағанда неше адам? Санаған жоқсың ба, — деп сұрады Әбдірахман, ойында бір кенет келген айла-амалдың шет-жағасын көз алдына келтіргендей қараңғыда төмен қарай түйіліп отырып.

— Жолдас Әйтиев, есептен атты шығарып тастасақ алпысқа қырық екісі жетпейді. Ат саны кәміл қырық екі, оған шүбәланбау керек. Бұлар далада ат қалдырмаған болуы керек.

— Сонда, анық, дәл саны он сегіз адам ба?

— Жоқ, қапшықтағымен қоса есептегенде он сегіз.

— Сонда енді әлі он жеті қапшық керек болды ғой, — деп Довженко мырс ете қалды да, қатты күліп жібермейін деп тамағын кеней берді.

— Ал, енді былай, хлопцы, — деді Парамонов, тағы да мойнын ілгері соза түсіп: — Ваня, сенің солдаттың айуандық қылығына қызып кеткенің заңды. Шалға, әйелге қамшы соққан айуанды ұрып жыққаның жөн. Сені бұл үшін айыптамаймын. Мақтаймын. Үйткені тап жауына, буржуйларға қаталдықтан басқа рақым болмасын. Бірақ сенің өз бетіңмен жалғыздан жалғыз іске кірісуің қате. Ақылдаспай іс істеуің әнтектік. Сен біреуін ұрып жығарсың, Ваня, екеуіне де әлің келер. Ал, үшіншісі сенің басыңа казак қылышын бір-ақ соғар. Сонан кейін не болмақшы? Жоқ, Ваня. Сен жалғыз іс істеуші болма! Сен алғырсың, қайраттысың. Оның үстіне сен еңбекшінің жауына қайтпай қарсы барасың. Буржуйларға қарсы барасың, сенің таптың сана-сезімің күшті... Бүл қасиетіңді мақтаймын. Ал сен осы алғырлығыңмен буржуйға өш қаһарлы күшіңді мына жолдастарыңмен бірге қазір Белов отрядіне қарсы жұмса. Қалайда бұлардың қаруын тартып алып, аттарымызды кері қайтарып, өздерін енді қайтып бұл жерге аяғын баспайтын ету керек. Бұл — бәріміздің борышымыз, жолдас Әйтиев, айла-әдісіңді айтшы, неден бастау керек.

— Петр Петрович, мен тұтасымен мойындаймын. Сіздің айтқаныңызға мен толайым қосыламын. Шыдамағаным рас. Ақылдасып жатуға уақыт жоқ болды және өзім жалғыз болдым... Ендігіде есте болсын, мен тұтасымен мойындаймын. Ал, қазір маған Сороканы қосыңыз, Беловты алып келемін, желкесінен басып отырып, байлап алып келемін. Оны қалай ұстайтынымды ойлап та қойдым. Петр Петрович, жарты сағат ішінде, Белов алдыңызда тұрмаса мені Иван деп атамаңыз...

Демін ішінен алып тыңдап, бәрінің сөзін ірі құрандай көрген, бірін-бірі жауға бермес қалқандай санаған бір уыс жандардың сол бір қиын-қыстау кезеңде, сонау алыстағы Богдановкада, жыра ішінде отырып кеңескен түнгі мәжілісі үлкен бір армияның штаб мәслихатындай болды.

— Ал, хлопцы, біз Петр Петрович екеуміз кеңесіп мынадай пікірге тірелдік: Беловқа бір түйір дән, бір қотыр мәстек бермеуге деп мақұл таптық. Бұл пікір көптің ойынан шығады деп ойлаймыз, төңкеріс кемесіне бірге мінген жолдастар. Бір түйір дән, бір мәстек бермеу аз! Жауды екінші айналып осы маңға соқпайтын, бұл аймақтан, қақпанды сезген қасқырдай, айналып өтетін ету шарт! Аяғын дұшпан бір басып, бір қарайтын болсын. Дұрыс па?! Әрине дұрыс! Ол үшін не істеу керек? Петр Петрович айтқандай, буржуйлардың тісін қағып алу керек. Тісін қағып алу деген: мына Белов отрядінің қару-жарағын тартып алып, еңбекші мүлкі сенің әкең берген еншің емес, аулақ жүр! — деу керек. Бұл келген он жеті — он сегіз қарулы отряд селоның айдап келген аттарын қамаған шеткі қораның төңірегінде көрінеді, — қасындағы екі үйде қонып жатқан сияқты. Сол екі үйді қазір бәріміз барып қоршап алып, қол көтергенін тірі қалдырып, қарсыласқанын жоюымыз керек. Жаңағы Моисей Антоновичтің әңгімесінен кейін маған мынадай ой келіп тұр, жолдастар, Кислякті есеп-қисап жұмысына шығарыпты ғой офицер, сол Кислякті бетке ұстап екіден-үштен бәріміз сол ат қоралаған аулаға жетіп алайық. Түн қараңғы, жер таныс, село өзіміздікі. Ал, жетіп алғаннан кейін арғы жағын тағы ақкылдасып көрейік. Дұрыс па осы жоба?..

— Жолдас Әйтиев, дұрыс. Мен бұған түгел қосыламын. Ал, содан кейін менің айтатыным: ең алдымен Моисей Кислякті ертіп Сорока екеуміз кетейік. Күзетші кездессе — бізді таниды, тоқтатпайды. Белов офицерге кіріп: «Он екі жігіт, қырық екі ат дайын еттік, кәне пистолетіңді үстелдің үстіне сал, салмасаң басың үстел үстіне түсіп қалады» дейім, — деді Белан.

Әбдірахман оны қостай түсті.

— Дұрыс-ақ. Сен оған, Баня, ат-көлікті мәлім еткеннен кейін екі қолын артына тас қылып байлап, оған көнбесе желкесінен нұқып қойып, ісін бітіресің. Онан арғы жағы оңайланады; ол үйге сендердің өкшелеріңді алып біз де жетейік, Петр Петрович екеуміз. Сонан соң «офицер Белов бір-екеуің келсін деп шақырып жатыр» деп Кислякті жіберейік. Түсінікті ме? Моисей Антонович бірге еріп келгенін біреу болса, біреуін, екеуі болса екеуін, сенектен бері асырмайық. Қалай асырмау керек — оны өзіңіз білесіз. Сорока мен Иванды сенекке қойсақ, рұқсатсыз үйге кіргізбейді. Осы әдіс дұрыс әдіс. Және бұл жаудың өз әдісі. Біз Червяков екеуміз март айының 27 күні Оралдың телеграфын басып алмақшы боп екі солдатымызбен түнгі сағат он екіде жетіп келгенімізде, ақтардың адамдары қараңғы сенекте бізге бас салды. Алдымен Червяковты олар ұрып жықты да, маған деген шоқпары қараңғыда ауытқып келіп мына иығымнан тиген-ді. Жан-дәрмен күн, әйтеуір, кері шегініп, өзіміздің есік алдындағы екі солдатымыз ара түсіп, мен сыртқа шығып үлгіргенмін. Міне, тап осы әдісті бүгін бұйырса, сол дұшпанның өзіне қолданғанымыз жөн, — деді ол.

— Қалай дейсіңдер, дұрыс жоба емес пе? Жолдастар! Егер де екіден-үштен шақырып алып капитанның үстіне кіргізіп ұстап ала берсек!.. Жақсы, бұл алдағы жәйт. Мұны тап уақытында көрерміз. Мақұл ма? Мақұл. Олай болса енді іске кірісейік. Дайынсыңдар ғой! Тоқта-тоқта, бір секунд. Бұл іске Кислякті қоспайық. Ол үйінде отырып «ат пен фургонның есебін ала берсін». Түсінікті ме? Мұның мәнісі бар. Ол староста есебінде, ортақ адам есебінде араласпай тұрғаны жөн. Ертең ол басқа жұмысқа керек. Жолдас Кисляк, бұл дұрыс па? Біз жоқта сенен келіп сұраса, сен екі жаққа бірдей болып қала берерсің, а?!

Парамоновтың бұл пікірін бәрі де қостай түсті.

— Өте табылған ақыл. Қазір бізді бірден-екіден ертіп капитанның пәтеріне жеткізсін. Арғы жағын өзіміз бірдеме етерміз, — десті.

Өзі аз сөйлейтін және арақ ішіп есіруге онша әуес емес капитан Белов хорунжийдің, тойда отырғандай, беті баржиған түрін де, сөзқұмар езбелігін де ұнатпады. Басында өзі «бір стакан самогон ішерсің» деп шақырып қалды да, ал қазір онан құтылғанша асықты. «Мына парасатсыз маскүнем неме істің жайына бір ми жүгіртіп ойлай ма екен, сірә?! Ар, абырой, қызмет бабы мұны ешбір толғандырмайтын-ақ шығар. Бойдағы бар күш-қуатын араққа жеңдірген әлжуаз шіркін!» деп ойлады ол, Кисляк шығып кеткеннен кейін хорунжийдің бетіне қарап отырып, оған: «Бар, адамдарыңды бақыла. Бұл деревняға құда түсе келген жоқсың ғой» деп айтпақшы болды да, бірақ өзінің тымырсық мінезімен үндей қоймады, әсіресе үй иесі әйелдің көзінше оған әкімшілік көрсетіп бұйыруды орынды көрмеді.

Петровна қонағына арнап қойған сыйлы жандырмасының бәрі хорунжийдің құлқынына құйылып кеткенін жаратпай қалып «мына жау жеңбес оңбаған кәрі немеге ысырғанша өзі ішсе нетті, ең күшті, ең таза аққаны еді» деп қынжылды ішінен. Ол үстел үстін жинай:

— Семен Степанович, сіз хорунжийді сыйлап, өзіңіз ішпедіңіз ғой. Ең таза бірінші аққанын сізге деп арнап едім. Азырақ қалғаны бар, бірер стакан ішсеңіз жақсы ұйықтап, жақсы тынығарсыз, — деді.

— Жоқ, Петровна, рахмет. Маған сол жарты стаканы да жеткілікті. Ал, хорунжийге артық ішуге болмайды. Әскер жұмысындағы адам. Қазір шығып күзетшілерді тексереді. Басқа бақылайтын ісі де толып жатыр. Рахмет, — деп алдындағы ыдыстарды ысырып, жинай беріңіз деген ишара білдірді.

— Жоқ, жоқ, мен де... Рахмет, хозяйка, — деді хорунжий тұрып жатып.

Бірақ ол ішінен капитанның бұл алдын ораған тұжырымды шешуін қолдай қоймады білем, Петровнаға да, капитанға да қош айтыспастан тамағын кенеп, жөтеле түсіп, әлденеге асыққан адамша әбігерленіп, үйден шығып кетті.

«Өздігінен біліп іс істер ниеті жоқ. Ескертпесең таң атқанша самогонды сораптап отыра беретін. Бір жақсы жері бұл жерде әзірге большевиктердің жасырын әрекеті жоқ. Егер де крестьяндар бунт көтере қалса мына сияқты жауынгерлермен су түбіне кете берерсің. Ашынған крестьяндар көп, бұл жердегі крестьяндар жерлі де, бай да. Бұлар әлі соғыс салмағын көтерер»... деп ол ішінен хорунжийға қатты наразы болды да, ойының аяғы шаруаларға тіреліп, бірақ тереңге бармады, ол ой саласын кеңірек қамтып крестьяндардың не үшін ашынатынын талдап жатпады. Мүмкін деревня өмірі оған мына Петровнаның дастарханындай пирокқа толы, самогоны сарқылмаған тоқ тұрмысындай көрінген де шығар...

Хорунжий шығып кеткеннен кейін Петровна он минуттей қонағын үйде жалғыз қалдырып кетті де, қайта айналып келіп:

— Семен Степанович, кешіріңіз. Жалғыз болғансын бәрін өзім істеуге тура келеді. Қонақтың қасында отыруға да мұрша жоқ. Қамыр басысып, пісірісіп-түсірісуге Маруськені шақырып едім, басым ауырды, ертемен барып жәрдемдесейін деді. Басының сақинасы бар бишараның. Жақында пайда болды, жап-жас басынан жесір қалған оңай ма, өмір сүріп те үлгірген жоқ бишара қыз. Қайдан үлгірсін, неке тойы ұмытылмай-ақ ері соғысқа кетіп қайтпай қойды. Әрі жұмысқа ынталы, әрі қайратты, өмірі шаршауды білмейді, күліп, шауып жүрген бір көбелек. Пішеннен жұрт болдырып қайтса, Маруся өлең айтпай деревняға бір кipген емес... Семен Степанович, ұйықтайсыз ба? Қазір, кровать жөндеп, өзіңіз көктемде жатып кеткен төсегіңізді салып берейін. Таза төсек-орын, бельесы жуылған, жиренбессіз, — деп әйел оның асты-үстіне түсе қалды.

Көктемде не бәрі бір қонып кетсе де сырлас адамдай таныс болып қалған бұл «жөн білетін, төсегі таза, тамағы дәмді» кемпірдің үйіне бұрылғанда Белов сол жап-жас күліп, шауып жүрген келіншекпен кездесермін деп үміттеніп еді. Өткен кездегіден сәті түспей тағы да басы ауырып қалғаны оның көңілін суытып тастады. Атап айтпаса да кемпірдің оны шақыра кеткенін ол іштей жақсы сезген-ді. Малмаға салған терідей былжырап самогонге езіліп кеткен хорунжийді жөнелткені де сол оңаша қалудың қамы еді. «Кемпірдің ниеті түзу. Менің кешті көңілді әңгімемен өткізуімді қалайды. Ниеті айтпай-ақ көрініп тұр. Ал, ана әйелдің басы ауыра қалатын не әдеті екен. Түсініксіз. Әлде қорына ма, әлде басқа себебі бар ма... жарайды, мейлі...» Ол орнынан тұрып сәл уақыт ойланып қалды да, терезе алдына барды. Петровнаның сөзіне де, әйел туралы өзінің шала үмітті ойларына да аса мән бермеген болды. Бірақ қаншама сыр бермейін десе де іштей қобалжу оны еріксіз толқыта түсті. Кемпірдің жату, демалу жөніндегі райлы сөзіне де жауап қатпастан сыртқа шығып кетті.

Ай жоқ, түн қараңғы. Қараңғылық әлдеқайда қалыңдап кеткен сияқты. Үйден шыққан адамға бір қадам жердегі нәрсені байқап боларлық емес. Капитан Белов үйден шыққан күйі бейнесі көзге әрең ілігерлік өзі аласа, өзі сирек қапталды тар қақпаны шамамен келіп ашты да, ауласына айдап келген аттарды қамаған шеткі үйге қарай жүрді. Ішінен жаратпайтын, бірақ амалсыз ер қара етіп алып шыққан хорунжийға сенбей, ол түнгі күзетті өз көзімен көріп тексеріп өтпек болды. Екі үйдің деңінен өтпей-ақ оған аттың дүбірі естілді де, тұрып тыңдап әбден анықтап қарағанша болмай жақыннан шыққан аттылар көшемен қарама-қарсы келіп қалды. Бұл «күзетшімісіңдер?» деп сұрап үлгіргенше:

— Бұл кім, тоқта! — десті аттылар.

— Куркинбысың? — деді ол өткір жас казакты дауысынан танып.

Казак оны тани кетті.

— Артың мәртебелі капитан мырза, тап өзі, Куркинмін және...

— Күзетте жүрсіңдер ме?

Начальнигінің баяу, күңгірт даусына қуанып кеткендей бірінші дауыс ілесе жауап қатты:

— Тап өзі, артық мәртебелі капитан мырза, түнгі күзетте жүрміз, бейсуіт жүріс те, мезгілсіз уақытта қимылдаған қыбыр да білінбейді.

— Жақсы. Әрбір жарты сағат өткен сайын жайды мәлім етіп тұрыңдар. Менің қайда екенімді білесіңдер ғой.

— Хұп, артық мәртебелі капитан мырза, әрбір жарты сағат өткен сайын келіп хал-жайды мәлім етіп тұруға. Пәтеріңіз шеттен санағанда бесінші үй.

— Рұқсат, сақ болыңдар.

— Хұп! Артық мәртебелі...

Соңғы сөзін әбден аяқтамастан солдаттар аттарын тебіне түсіп жүріп те кетті. Олардың тізгінді бұрынғыдан гөрі қытыңқырап ұстап, аттарын сыдырта аяңдатқаны өзара сыбырын тоқтатып тыңдай қалған Белан мен Сорокаға, және олардың қасындағы Марияға, ап-анық естілді. Бұлар капитан жатқан үйге таяу келіп енді кіруге бет алған кезде күтпеген жерден Белов сыртқа шыға келді де, тоқтамастан қақпаны тез ашып әрі айналып кеткен еді.

«Сезіп қалмағай еді» деп ойлады баста бұл үшеуі, отырған күйі отряді жатқан үйлерге тура жүрген Беловтың қараңдаған бейнесінен кезін алмай. Бірақ ол қарсы шыққан күзетшілермен тілдесті де, айналмастан ізінше кері қайтты.

Оның кері пәтеріне келе жатқанына әбден көзі жеткен Белан Сороканы қолынан жетектей, еңкейген күйі үш-төрт қадамдай жерді бір-ақ адымдап келіп Петровнаның ауласына кірді. Ол капитаннан бұрын тез үйге кіріп алды.

— Иван, саған не болды? Сорока! Не керек?!.. — деді, суыт кірген екеуінің түсінен шошып кеткен әйел.

— Өшір үніңді. Әйтпесе... жұмыс бар! — деді Белан оған күрілдеген дауыспен. Сөйтті де бұрышқа сүйеулі тұрған қылышты, орындық үстінде қалған Беловтың наганын жалма-жан Сорокаға ұстата берді. Өзі екі көзін Петровнадан алмастан бір аяғын пеш жақтағы сәкіге салып қызбен әңгімелесетін адамдай тізесіне шынтағын сүйеп тұрып қалды.

Адамның еркін кейде өзінен биліксіз көлденең күш билеп кетеді. Қимылы жай, сөзге сараң, бірақ ісін ойлап істейтін өте сақ офицер бұл жолы кідірместен, ойланбастан үйге аса шапшаң кіріп келді. Ол оң жақ босағаға жақын тұрған ірі денелі Сорокаға да, сәкіге аяғын салып, тізесіне сүйенген, түсі суық, ұзын бойлы қара украинға да назарын аудармастан үстелге таяу, өзі отырған орындыққа қарай барып, командымен қозғалған адамдай аяғының үшімен айналып кері бұрылды. Бір минуттей уақыт үнсіз өтті.

— Сендер кімсіңдер? Не керек? — деді Белов жай салмақты үнмен.

— Сен өзің кімсің? Түн ішінде тыныш жатқан деревняға отрядпен келіп не жұмысың бар? — деді Белан, сол тізесіне шынтағын сүйеген күйі мойнын бұрып.

Оның үнінде де, жүзінде де суық ызғар түтеп кеткендей болды. Сәл ойланып, офицер:

— Мен Войско үкіметінің бұйрығымен селолық жердегі шаруалардың басы артық ат-көлігін фронтқа шығаруға мәжбүр болып келдім. Қазір соғыс кезеңі болғандықтан соғыс тәртібі қолданылып жатыр, отряд сол үшін. Ал, хлопец, сен тәртіпсіздік жасама. Үкіметтің аты үкімет, оның әміріне қарауындағы жандар бағынуға тиіс. Ана жердегі қаруды орнына қоюларыңды сұраймын, — деді.

Белан аяғын сәкіден түсіріп, басын көтеріп алды. Оның ұзын бойы деревняның орта қолды үйінің төбесіне мол жетіп тірелгендей көрінді.

— Мен Оралдың губерниялық атқару комитетінің атынан...

Белан мүдіріп қалды... есіктен Парамонов пен Әбдірахман және олардың өкшесін ала Довженко кіріп келді.

— Айта бер, айта бер, — деді Парамонов Беланға қарап.

— ...Мен Оралдың губерниялық атқару комитетінің яки совет өкіметінің атынан заңсыз түрде ат пен азық өндіріп, деревня тонап жүрген сені ұстауға келдім. Қаруың болса жаныңда үстелдің үстіне сал! — деді ол.

— Жоқ, жоқ, қолыңды көтер! Иван, сен өзің тінт қалтасын, — деп Парамонов жалма-жан кірісе кетті де, Беланға Беловтың қалтасын қаратты. Сөйтті де ол, Сорокаға иек қақты.

— Ондай өкімет жоқ... бұл бассыздық... бунт... — деді Белов қолын артына қайырып жіберіп жатқан Сорокаға.

— Как нет! Қалай жоқ! Міне, шаруа мен жұмыскер үкіметі: председатель — Парамонов. Комиссар — Әйтиев, член — Довженко Михаил Матвеевич, красный командир — Иван Белан... — деді Сорока оған тұрғандарды жағалай көрсетіп, шындығын дәлелдеген адамша.

Белов үнсіз қалды. Ол Парамоновқа көзін тоқтатқан жоқ, түрін әбден анықтап алайын деген адамша, қолға түспей жүрген кәдімгі «комиссар Әйтиев» дейтін қара қазаққа қадала қарап қалды.

Ал Парамонов есік жаққа бұрылып, үйге кірмей сенекте тұрған Марияға:

— Бір солдатын ертіп хорунжий келсін, Белов шақырып жатыр де, тез келсін! — деді.

7

Саратан түнінің бір күрмеуге шақ келетін тұсаудай-ақ кезі еді. Белов отрядының бірін-біріне қоспай ап-сап еткенше қара көк аспан мен қоңыр жердің шығыс беттегі түйіскен жиегі сарғыш тартып, құлан иектеніп қалыпты.

Бұл түні көзін ілмеген тек қана Парамонов пен Әбдірахман бастаған бір топ адам емес-ті. Бүтін деревня болып дүрлігіп сол түні бесіктегі жас баладан өзгенің басы жастыққа тимей шыққан. Басында жұрт сескеніп, қарулы жандардың көзіне түспей үйді-үйіне бұққанмен, жеме-жемге келгенде шаруалар дүрліге бас салып, ат күзетіндегі екі солдатты көптеп өздері байлап алған-ды.

Сол түні бойы тізе бүкпеген жұрт «қандай екен, аты шулы офицерді жарықта бір көріп алайықшы» дегендей тұтқындарды қамаған үйдің төңірегіне таң ата өзінен өзі жиналып қалды. Бірақ ол үйде офицер жоқ еді; Белов пен хорунжийді солдаттарынан бөлектеп Парамонов басқа жерге қаматқан болатын.

— Терентий, қалай жуас па, мыналарың? Отыр ма, — деп сұрады Сорокадан бір қарт, тұтқын солдаттарды қамаған шоланды иегімен көрсетіп.

— Дидко, сен қызықсың. Жуас болмағанда байлаулы солдаттар қайда барады? Әлде сен байлаған адамды көрмедің бе? Ванямен екеуміз фронтта фрейторды да байлап алғанбыз, бұзаудан да жуас. Қапшыққа салып сүйреп әкелгенбіз, — деді Сорока қартқа ешнәрсе білмейсің дегендей кінәлаған үнмен.

— Імм. Көп пе?

— Қалай, көп пе?

— Санын сұраймын.

— Сайтанның санындай, — деп Сорока он саусағын көрсетіп бір бүктеп және үшеуін қосты.

— Імм. Бірқатар адам екен. Атаман мен офицері де бар шығар? — деді тағы да қарт, ежіктеп бәрін біліп алуға тырысып.

— Дидко нақ сәби сияқты, — деді Сорока қарттың сұрағына қайран қалған пішінмен. — Офицерсіз солдат болмайды, ал отряд болғаннан кейін атамансыз болмайды. Офицер Белов және хорунжий Иванның шоланында. Тағы да бір солдат бар қасында.

— Імм, саны оның үстінде және алты де.

— Тағы да екеуі қашып кетті, дидко.

— Імм. Қалғандары қайда барады? Тұтқын ұстайтын жер де жоқ қой.

— Дидко, мұны мен білмеймін. Бұл председательдің миға жүгіртетін жұмысы.

Қақпа алдындағы бұлардың солдат пен офицер жөніндегі әңгімесін Парамоновтар бөліп жіберді.

— Село азаматтары, еңбекші шаруалар! Революциялық комитет қарулы отряд жасақтап буржуйлардың зорлығына қарсы күреске шығуды мақұл тапты. Бүгін түнде мына өздерің білген-көрген атышулы Белов офицерді отрядымен қосып біздің жауынгер дружинамыз ұстап, тұтқынға алды. Мұнан былай қолдағы бар қару, бар күш пен ақ казак атамандарының бірде-бір солдатын деревня маңына жолатпауға бел байладық. Жалғыз біздің Богдановка емес, ана Алексеевка, Долинка, Покатиловка, Федоровка селолары да қару ұстап қарсы шықпақшы. Онда да жауынгер дружиналар бар. Ана Самар мен Саратовтан келе жатқан Қызыл Армия Орал өлкесін босатқанша қайрат етеміз деген саналы шаруалар мына біздің дружинамызға жазыла берулерің керек. Шаруаның жері мен нанын, үйі мен мүлкін өзі қорғамаса, басқа ешкім күзетіп тұрмайды. Мен сендерді қырағы болуға, іштегі, тыстағы жауға қарсы тұруға, Совет өкіметіне, оның губерниялық атқару комитетіне жәрдем етуге шақырамын, жолдастар! Жұмысшы мен шаруаның бостандық алу үшін біріккен одағы жасасын! — деді Парамонов, еркегі мен әйелі, үлкені мен кішісі аралас топталып қалған бір қауым адамның алдына шыға келіп.

Ол жиналыс ашып жатпады. Жұрт тегіс біліп, өздері де араласқан түнгі оқиғаны түйіндеп, қысқаша ғана мәлім етті.

Село үстінде бұл секілді бұрын-соңды болып көрмеген оқиғаны әркім өзінше ұғып, өзінше бағалап, өзара күбірлесіп, сөйлесіп отырған түрлі мінезді жандар Парамонов сөзіне құлағын тіге қалғанмен, елегізіп үн қоса қоймады. Бірқатары тіпті бұл сөзді түсінбей қалған тәрізденді. Сорокамен сөйлескен қарт:

— Імм. Ол дружина деген не нәрсе, — деп сұрады.

Парамонов жауап бергенше болмай, топтың ішінен біреуі:

— Дружина деген соғысқа бел байлап, қолына қару алып шыққан адамдар. Мысалы, дед Елисей, сен қолыңа мылтық ұстап казак Бойскосына қарсы шықсаң дружинник боласың. Жазыласың ба? — деді кекесін үнмен.

— Імм. Дружина әскермен соғыса ма...

Парамонов қартқа жауап берген адамның кекесінін аңғарса да, байсалды түрде толық түсінік беруге тырысты.

— Дружина деген елдің, халықтың басына ауыр күн туған кезде жұрттың, Отанның қамы үшін жауға қарсы шығатын қолқанат күш. Яки қанаушы буржуазиямен күресетін мына еңбекші шаруалардың өз арасынан шыққан отряды дружина деп аталады. Бұған қайратты, жігерлі, саналы азаматтар жазылады. Қолыңыздан жауласу келмесе де, мына сіз де дружинаға тілектес, көмектес бола аласыз. Түсінікті ме, қарт? — деді ол.

Жұрт басын изесті. Кейбіреулер мақұлдаған ашық пікір білдіріп:

— Әрине, мына офицер сияқты ат-көлік, астық алғандарға тиым салған ақыл болды.

— Атсыз сыпырылып қалатын едік, бұларды тұтқындамағанда, — десті.

— Демек, біздің дружинаның жұмысшы мен шаруаның таптық мүддесін қорғаған ерлігі мақтаныш іс қой, жолдастар. Солай ма? — деді Парамонов көпшілікке қарап. Қартқа ілкі жауап берген адам:

— Селоластар, істің түбіне көз салу керек. Қызу үстінде келіссіз жұмыс жасалды. Соңы ауыр соғып жүрмесін, ойланыңдар. Миға салыңдар! — деді.

— Імм, — деді қарт.

Бірақ ол да, басқалары да сөйлеген адамды жақтап бас изесе қалмады. Көбі Парамоновтың қасында тұрған Довженкоға қарады. Өйткені Довженкомен бұл адамның әлденеше рет сходта пікір таласы болып, талай-талай қызу сөзге барысқанын бұл тұрғандар жақсы білетін. Мұның Довженкоға қарсы екенін де көптен бері селолықтар іштей сезіп, бірақ Довженконы ашықтан ашық жақтауға сескеніп жүрген-ді. Көптен бері жасырын жұмыспен селода тұрмай, атамандар қуғынынан тайқақтап жүрген Довженко бүгін ашық күреске шыққанын көрген жұрт оған «сен не айтасың? дегендей көзін тігіп еді. Довженко жұрттың бұл ниетін жақсы түсінді. Ол жаймен салмақты түрде:

— Савенко, сен ойыңды түптеген жоқсың ғой. «Соңы ауыр соғып жүрмесін» деп жұртты сақтандырғаныңды ашық айтсайшы. Бір селода тұрғаннан кейін селолықтар әбден түсінсін, — деді.

— Менің ойым — жұрттың бәрінің басында тұрған ой, — деді Савенко іле-шала сөйлеп. Біз момын шаруамыз. Біз казак та емеспіз, ана сахара халқы киргиз да емеспіз. Біз Ресейден көшіп келген крестьяндар. Біздің жолымыз бір басқа, әркімнің өз тілегі бар. Біздің тілегіміз соғыс емес, соғысқандарды жақтау да емес. Біз ешкімге тимейміз. Ал, егер біз ешкімге тимесек — басқаның да бізде жұмысы жоқ болады. Солай ма, дед Елисей? Ойлану керек. Казак Войскосына қарсы шығып, біз абырой ала алмаймыз. Милы жігіттер осыны миға салып әрлі-берлі қозғауға міндетті, — деп ол тамағын кенеп алып, Кислякқа қарады. — Кисляк, сен селоның басшысы болып тұрсың. Сен селоға жауаптысың. Солай болса сен ойлануың керек. Казак Войскосы бүгін кешке Богдановкаға қылышы жарқылдаған екі жүздік демей-ақ қояйын, бір жүздік жіберсе біз не істейміз? Сен не істейсің? Казактың қылышты қалай сілтейтінін білесің бе? Иығының үстінде ешкімнің жұмыр басы қалмайтынын сен ойлайсың ба? Алдымен сенің басың ұшады. Онан кейін қалғанымыздың басымыз ана Тереңсайдың түбінен жайлы орын табады. Міне менің ойым осы. Мына жұрттың бәрінің ойы осы, — деді ол Кислякқа қадала түсіп.

Кисляк үндемеді. Елисей қарт күрсініп төмен қарады. Довженко тыпырши түсті. Ол Парамонов пен Әбдірахманға, сонан кейін әрегіректе тұрған Беланға мойнын созып қалғандай болды.

— Жоқ, Савенко, сен дұрыс сөйлеп тұрған жоқсың, — деді Довженко. — Сен теріс сөйлейсің. Теріс сөйлейтініңді мына жұрттың бәрі біледі. Сен босқа үрей туғызасың. Сенің ойыңша ақ казактар ат сұраса — айдап әкеліп аттарымызды беруіміз керек пе? Ат бергеннен кейін жұмыс біте ме? Жоқ. Астық та беру керек. Ат та, астық та Войско үкіметіне аз. Оған тағы жігіт керек. Фургон керек. Кисляк, айтшы, қанша жігіт сұрады түнде Белов? — деді ол Кислякқа бұрылып.

— Қызметке жарайтын адамның бәрінің тізімін сұрады, — деді Кисляк.

— ...Міне, сенің ойыңша мен де, сен де. Кисляк та, ана Белан да, дед Елисейден басқамыз бәріміз тегісінен казактардың орын қазуға барамыз ба? Жігітті неге сұрап жатқанын білесің бе? Олардың арғы жағынан Чапай келе жатыр, Самардан 4-армия келе жатыр. Казактар қайда тығылуға білмей, хохолдарды топырақ тасытып, қаланың айналасына траншея қазуға жинап жатыр. Сенің пікіріңше атты казактардың қаһарынан қорқып, біз өз көрімізді өзіміз қазуға бармақшымыз ба? Жоқ, Савенко, сенің теріс айтып тұрғаның айдан анық. Сен қорқақтыққа айдайсың. Күрескер халықтың жігерін жасытасың. Мұның жарамайды, — деді Довженко салмақпен.

Савенко даусын үдете түсті.

— Довженко, сені көктемде қауым болып председатель сайлады. Қарсы болғанымыз жоқ. Тізгінді қолыңа бердік. Мықты болсаң сен сол қауым берген тізгінді неге ұстап тұра алмадың? Казак үкіметінен сен неге тығылдың? Сен өзің баспаналап басқа жерде қашып жүріп. Кислякты неге бетке ұстайсың? Әлде сенің жаның басқаның жанынан қымбат па? Басқаларды алға қарай итеріп, казак қылышының астына қарай итермелеп өзің аман қалмақ боласың, ә? Сенің төрі көрініп тұрған хайлаң Кислякқа да, маған да, басқаға да керек емес. Мұнан сен ештеңе шығара алмайсың. Сен селоны өртке, селолықтарды оққа ұсынасың, — деді айқайлап.

Бір-екі адам күбірлеп Савенконың сөзін қостады.

— Күштімен тіреспе деген. Деревняға казак жүздігі келсе торғайды ұмаштаған қырғидай, жүнімізді жұлар.

— Құдай басқа бермесін.

— Казак келсе сен шал, сен бала деп тұрмас, жаппай қырқу басталар, — десті.

— Селолықтар! Күрестің әдісі бар. Көктем мен кәзіргі жағдай бір емес. Көктемде атамандар күш алды. Ал кәзір халық армиясы күш алды. Қанаушы алпауыт, помещиктерге көктемде он адам қарсы шықса, кәзір жүз адам қарсы шығады. Жұрттың санасы өсті. Көп қарсы тұрса — казак атамандары мен алпауыттар ешнәрсе істей алмайды. Олар аз, біз көппіз, — деді Довженко.

— Мұның бәрі жел сөз, қызыл сөз, — деді Савенко.

— Менің айтып тұрғаным шындық, Савенко. Ел тегіс қару алса, жеңілмейтін дұшпан жоқ.

— Сенің күресің, басқаны оққа байлап, өзің аман қалу. Мұны сен әлдеқашан дәлелдегенсің.

— Савенко, сен провокатордың әдісін қолданып тұрсың.

— Мен емес провокатор, Довженко, сен өзіңсің. Провокатор болмасаң сен Кислякті бетке ұстамайсың. Беланды еліртпейсің. Белан іс істейді. Кисляк жауап береді. Сен подпольщик болып қашып кетесің. Бүгін кешке Оралдан казак жүздігі шықса, ол сөзсіз шығады мына оқиғадан кейін, сонда алдымен кімнің басын шабады? Алдымен Сороканың, Беланның, Кисляктің, ана Науменконың басын шабады. Қолымен істеген солар. Сен оларды орға жығуға кіріскеніңді біз жақсы білеміз, — деді Савенко.

Парамонов мойнын алға соза түсіп, қос қолын сермеп.

Довженконы да, Савенконы да кері итермеледі, өзі шеткерірек шықты.

— Тоқтаңдар! — деді ол дауыстап. — Савенко, сенің айтарың не сонда? Күреспеу керек пе? Мына ақтардың солдатын босатып қоя беру керек пе? Сендер қалай ойлайсыңдар, жолдастар? — деп ол басқаларға қарады. Жұрт бірнеше секунд үнсіз қалды.

— Ойланыңдар! — деді тағы да Парамонов. — Бұл Савенконың сөзі дұрыс сөз емес. Бұл өте зиянды сөз, миға салыңдар.

— Сен заводыңа барып, сондағы заводшыларыңды үгітте. Бұл жерде біз тұрамыз. Сен ертең кетесің. Казак атаманы бізден сұрайды, бізді атады. Қашып жүрген сені атпайды. Сен оның қолына түспейсің. Қолына түсетін мына біздер. Сондықтан, жолдас комиссар, сен маған да, мына тұрғандарға да қожа емессің. Өзімізге қожа мына біздердің өзіміз. Өзіміздің ісімізді село болып мына өзіміз шешеміз. Солай ма, Кисляк? Селоластар, мен дұрысын айтамын. Біз өзіміз болып ойласуымыз керек.

Алты жылдық село мектебін бітірген, жиһангер соғысында кіші офицер шеніне ие болып төрт жыл ұдайы майданда болған, сауатты Савенконы селолықтардың көбі «білгір адам» деп құрметтейтін. Әсіресе оның сөзгерлігіне, пікірін дәлелді етіп айтатын шеберлігіне сауатсыз шаруалар аузын ашып қалатын. Осы жағдайды біліп Әбдірахман бұл кеселді адамның теріс ағымына бөгет салмақшы болды.

— Савенко жолдас, кәне ақылдасып көрейікші. Сен пікіріңді толық айт. Не істейміз? Бәлкім біздің, мына революцияшыл комитеттің ісінің теріс жері бар шығар. Мүмкін біз еңбекші шаруалардың мүддесін қорғаймыз деп қате қадам басқан болармыз! Бірақ селоның бар атын, бар астығын, бар жігітін ақтарға сыпырып беріп жіберсек, бұл адамшылыққа қарсы, еңбекшілерге қарсы болмас па? Ертең мына халық аш-жалаңаш, жан-жақтан шапқан жаудың жолында босқа қырылса — біздің азаматтығымызға нұқсан келмес пе еді... — дей беріп еді, Савенко оған да қарсы жекіріп, ауыз сала бастады.

— Мен киргиздардың да не істеп жүргенін білемін. Мысалы алыстан іздемеймін. Ана Нысанов Әбілді алсам да жетеді. Әбіл кәзір мына Бұхар беттен орыс біткенді көшіріп, бар жерді өзіне қайырып алуға әрекет жасап жатыр. Киргиздар билік алып, өз үкіметін құра қалса, бізге не істейтінін де жақсы түсіндік. Сондықтан, оқымысты киргиз, бізге, біздің ісімізге араласпаңыз. Біз қоныстанған крестьяндармыз. Біз казак үкіметіне де, киргиз үкіметіне де қосылмаймыз. Бізге өз орнымызда бейбітшілік өмір сүру керек. Менің айтқаным түсінікті шығар, селолықтар! — деді төңірегіне қарап қойып.

— Түсінікті, — деп жақындай түсті Иван Белан. — Өте түсінікті! Бұл контрреволюция. Мұны мен түгел түсіндім. Сен, Савенко, контрреволюцияңды көрсетпе: әрегірек жасыр, әйтпесе...

— Ақымақ. Надан. Революция және контрреволюция сенің үш жылдан бері үйренгенің. Басқа сөзді білмейсің.

— Не дейсің? Сен контрик, тіліңді тартасың ба? Буржуйларда ғалым көп. Бірақ маған оның пұты бір тиын. Сені мен кәзір тұрған жеріңде шауып тастайын...

Ілгері ұмтыла түскен Беланды жолдастары қоршай қалды.

— Иван, сен қызба. Савенко әуелден ағымға қарсы. Қырсық жүзеді. Мейлі, жүзе берсін. Күшіңді сен басқаға жұмса, — деді Довженко арашалап.

— Бұл ең зиянды пікір, жолдастар. Оңбаған пікір Савенконың пікірі. Естідіңдер ме: «Казак үкіметі де керек емес, киргиз үкіметі де керек емес», — дейді. Мақұл солай болсын. Ал, Совет үкіметі керек пе Савенкоға? Жоқ, оған Совет үкіметі де керек емес. «Біз крестьяндар, біз өз алдымызға бөлек тұрамыз, ешкімге де қосылмаймыз», — дейді. Осы дұрыс па? Мұнысы алдымен өтірік. Ол Совет үкіметіне қосылмаса — басқаға қосылады. Ешкімге қосылмай ешбір адам өз бетімен қалмақшы емес. Бұл алдарқату, жаңылдыру. Біз крестьяндар өз алдына бөлек тұрамыз дегені де революцияны қой деген сөзі. Күреспе дегені. Контрреволюция деген міне осы. Жұрттың бәрін бірі-біріне айдап салып. Кислякқа ана Довженконы, маған Беланды, Әйтиевке біздің бәрімізді қарсы қоймақшы. Өнбейді бұл ісіңнен ешнәрсе! Бостандықты бізге патша да, бай да, құдай да алып бермейді. Оны білесің бе өзің, Савенко, сен?! Белан дұрыс айтты, сен контрреволюцияңды әрмен алып кет, — деді Парамонов өжеттеніңкірей сөйлеп.

— Деревня үлкен, оның ішінде шаруа көп. Бірақ шаруаның бәрі Савенконың соңына емес, ана Совет үкіметінің соңына ереді. Қару көтеруге жарайтын еркек Советті қолдауға міндетті. Ал, егер әңгіменің бәрі мына қолға түскен офицер мен солдаттарды босату, босатпауға тірелсе, онда менің айтарым: офицердің яки Беловтың қылығы осы маңдағы деревняға аян. Оны жазалау керек. Ал, солдаттарды «енді қайтып казак жүздігіне жазылмаймыз» деген уәдесін алып босатуға мен қарсы емеспін, — деді Довженко.

— Мен де осыны жақтаймын, — деді Килсяк — Довженко сөзі әділ.

Басқалары бастарын изесті.

— Бірін жазаладың не, бәрін жазаладың не, айырма жоқ, бұл отрядтың бәрі де Войско үкіметінің адамдары. «Солдатарымды босатқаныңа да рахмет» деп, атаман алғыс айта қоймас Довженкоға. Ақымақтың сөзін әділ дейсің, ұят емес пе. Кисляк, соншама жасқа келген адамсың, — деді Савенко Кислякті жерлеп.

Сөйтті де өз үйіне қарай жүре берді.

— Атаманның алғысын сен ал, Савенко, біз оған мұқтаж емеспіз, — деді Белан айқайлап.

ЕКІНШІ ТАРАУ

1

Тап сол күні Аңқатыдан шыққан жолаушылар Теректідегі үлкен бір селоның шетіне төніп келгенде сіркіреп ақ жаңбыр жауып өтті де, електің бетіндей бұжырланып жол шаңы шөгіп қала берді. Бірақ нөсерлеп жаумаса қақ тұрмайтын қомағай топырақ сусынын да қандыра алмай ақ шұбар тартып жатыр; әлденеше рет жауса да бұл сияқты ұшықтап бүрккенге өңін де берер емес.

Хакім жаңбыр тамшылағаннан-ақ бөркін қолына алып, омырауын аша түсіп еді: тәні де тегіс суланған жоқ, сонда да рахат ылғал оның тынысын кеңейтіп жіберді, жүзіне салқын леп тиді, денесін жұмсақ самал желпігендей болды, бойы сергіп, ойы өрлей түсті. Күндізгі қапырық ыстық ауа бейне ығысып, жылжып, қырға қарай асып бара жатқан сияқтанды...

Өзі атын қабырғаға байлап, Бәйестің тері-терсек салған арбасына мініп келе жатқан Қажымұқан:

— Бұл жақта да жаңбыр жоқ екен ғой өзі, жердің қуқылдануын-ай, шіркін! Ана бір бұлт бермен ойысса қандай көркем болар еді, Бәке, ә?! — деді, арқа беттегі кесек қара бұлтты көрсетіп.

— Қайда ойысса дейсің?

— Бермен қарай, қырға қарай деймін.

— Ол ойыспайды. Оның өзінің жолы бар, Жайықты жағалап тоғайға оқтын-оқтын төніп су бүркіп кететін өзен бұлты ғой, — деді Бәйес Қажымұқан көрсеткен жаққа мойын бұрмай-ақ жауап қайырып.

Бұлт жаққа ат үстіндегі Хакім де қарады. Оның ойы алдағы селоға тезірек жетіп дем алуда еді, ер соғып салыққан денеге тыныс беру — оған қол жетпейтін арман сияқты болып келе жатқан. «Өзен бұлты» деген сөз оны ойға қалдырды, шынында да аспанның құбыла жағы шайдай ашық, ал арқа жақ жартысы тегіс торланып, жауынды қара бұлт тарам-тарам болып, Күйікқала жағынан ығысқан күйі алқапты, тоғайлы, ағашты Жайықтың үстімен Текеге қарай төмендеп барады. Ол ішінен: «Даланың бұлты түбіттеніп жоғары ұшады да, түнеріп бір жерге жиналмай тарап кетеді. Ал, мынау ше... Ә, бұлт тек сызатты, дымқыл, сулы жерді ғана сағалайды екен ғой! Будың суға айналу заңы... Мұны Бәйекең қайдан біледі? Ен салып қойғандай «өзен бұлты» дейді. Бәрі тәжірибеден алынған... Шаруаның білмейтіні жоқ...» деп ойлайды.

— Жайықтың суы аздай-ақ нақ үстіне жаууын қарашы, — деді Қажымұқан әлдекімге наразылық білдіргендей теріс қарап.

Әңгіме сәл үзіліп кетті де, қайтадан басталды.

— Осы хохолдардың бидайды көп салатыны жауыны мол eгic шықпай қалмайды, жері жақсы болғандықтан-ау деп ойлаймын. Қарашы, ана селеннің күншығыс жағы көз жеткісіз жалпақ жатқан жайқалған бидай, біздің Мыңшұқыр мен Қос Обаның екі аралығындағы ақ селелі кең дала сияқты, — деді тағы да Қажымұқан.

— Хохолдардың бидайлы болатыны жалғыз жерінің жақсылығынан ғана емес, онда басқа да мән бар, — деп қойды Бәйес үлкен бір сыр аңғартқандай. Сөйтті де ол:

— Үйінде бола қойса жақсы болар еді, — деп селеннің батыс жақ шетіндегі шеткерірек тұрған үйге көзін тікті. Бұлардың бет алып келген селосы Орал қаласынан жиырма бес-отыз шақырым жердегі орыс пен украиндықтар аралас тұратын Бұқар беттегі бір үлкен деревня еді. Бәйестің көзін тіккен үйіне келіп жолаушылар аттарының басын қақпаға да тіреді.

Бәйестің «үйінде бола қойса жақсы болар еді» деп күдіктенген Фроловскийі алдынан шықты. Қаба сақалды, орта жастағы бұл қара кісі қолында балтасы, алдына кенеп алжапқыш байлаған күйі күткен адамын қарсылағандай қақпаны аша берді.

— «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» деген рас, Карпич, сені үйде ме, жоқ па деп екі ойлы болып келе жатыр едім, — деді Бәйес арбадан түспестен ауланың ішіне ене беріп.

— Аман, Махмедович, маржа cay, бала аман? — деді қожайын қазақша амандық сұрасып.

— Шүкір. Өздерің де аман ба, қатын, бала-шаға, мал-жан тегіс амандық па, Карпич?! Күн ысып кетті, мына жауын сендерге де соқпай кетті, ә?!

— Жаңбыр аз, егін күйіп барады, Махмедович. Қалай сауда жақсы ма? Теке барасын?

— Иә, Карпич, қала тыныштық па?

— Тыныштық?! Тыныштық ауылы алыс... — деді Фроловский, соңғы сөзіне үлкен мағына бергендей созып сөйлеп. Оның үнінде де, жүзінде де әлденеге налып, ренжіген сарын байқалды. — Тыныштық болады, Махмедович, болады... Алыс болса да болады.

Аттарын доғарып жолаушылар лапас астына көлеңкеге байлады, сонсоң қожайынның айтуымен үйдің жанындағы сәкіге отырысты. Қажымұқан қалтасынан қағазға ораған құрғақ насыбайдан болар-болмас иіскей түсіп бірнеше рет түшкіріп салды да, келе жуынуға кіріскен Хакімнен босаған қара шәйнекті алып қолын жуды, мұрнына су атып танауын тыңқылдата сіңбірді.

Тыныштықтың болуына күмән келтірмейтін, бірақ бейбітшіліктің жолы қиын ғой деген ойын нықтағандай бұл кеуделі келген палуан денелі кісі соңғы сөзін төмен қарап отырып айтты. Ол топырақ арасынан шабақ құрт іздегендей қолына түскен кішкене жаңқамен жерді шұқылап, қайтадан жауып отырды да, салмақпен:

— Жаңбыр аз болса да бидайдың шығымы жақсы, қазір дән құйып сабағы ұзара бастады. Бірақ соны уақытымен жиып алып, бастырып қамбаға салуға мұрса берсе... Мына жақ біз сияқты мұжықтарға жайлы болмай тұр ғой, — деді ол, көзін жерден алмастан иегімен Орал жақты меңзеп.

Қажымұқан бұл адамды бұрын көрген жоқ еді;

«Егін еккен бай қара шекпендердің бірі ғой, сірә. Бәйесекеңнің таныс емес адамы жоқ. Қақпасын ашып қарсы алуына қарағанда, осы жақтағы мимандос тамырларының бірі болды» деп ойлады. Хакім бұл үй иесін өзінше сынап: «Байсалды, бір орнықты адам екен. Көзі ақылды адамның көзі. Сөз саптауын көрдің бе! Тілі қандай жатық! Орыс крестьяндарының ішіндегі бір көзі ашығы болуы керек. Бұл көп нәрседен хабардар адам шығар. Әбекеңнің «осы кісіге бір соғарсыңдар, мені іздесеңдер. Сол жөн сілтер» дегені тегін емес. Кез келген кісіні атамайды ғой, революционер болмаса! » деп кесіп-пішті.

Үй иесі басы артық сөз айтпады, келгендерден шұқылап ешнәрсе сұрай қоймады. Бірақ Бәйес қуыстанғандай, ертіп әкелген адамдарын таныстыруға асықты.

— Мына кісі, Карпич, біздің ауылдың бір балықшысы. Бізде балығы көп көл бар ғой, оны сіз жақсы білесіз. Биыл осы соңғы кезде балықшы кедейлер артель болып бірігіп тіршілік етіп жатыр. Сол кішкене артельдің бастығы, Қажымұқан дейтін кісі. Осы жаққа қарай тұз іздеп шыққан екен, жолда кездесіп, осылай қарай, сіздікіне ат шалдырайық деп және мына жігіттің бір шаруасы болып... (ол Хакімді көрсетті). Мен өзім, баяғы сол тері-терсек жинау жұмысындамын, — деп арбадағы илеусіз, қатқан қой терілеріне көзін тікті.

— Шаруаға қазір не керегін білемін ғой, Махмедович, сабын, спичка, тұз керек. Көп нәрсе жетіспейді, ей, көп нәрсе, — деді үй иесі.

Өзі бірнеше минут төмен қарап отырды да, Бәйеске қарай:

— Махмедович, өте дәмді борщ бар. Біздің әйел жазды күні жеңіл болады деп окрошка жасайды. Қолдан ашытқан квас. Окрошка да жақсы. Бірақ өзім борщты сүйемін. Кәдімгі Украинский борщ. Қазір әйел әзірлейді, — деп орнынан түрегелді.

Бұрын борщ ішіп үйренбеген Қажымұқан сыпайыгершілікпен шыжымдай ұрттап қайта-қайта түшкіріп пысқырумен болды. Ол бір тарелке борщты тауыспастан, орталап қана ішіп, үстелдің жиегіне қарай тарелкесін ысырып қойды. Тұздаған капустамен араластырып қуырған қызғылт өңді етті ол «шошқанікі шығар» деп ауыз да тиген жоқ.

Бәйес пен Хакім оның бұл сырын жақсы түсінсе де, үй иесінің көңіліне келер деп «Қажекеңнің күн тиіп басы ауырып отыр» деп жуып-шайған болды. Өздері Карповичтың көрсеткен сыйлығына алғыс айтып, берген тамақты сарқа жесті.

Тамақтан кейін сыртқа шығып, Бәйес Карповичты оңашалап лапастың астына шақырып алып әңгімелесті. Оған келген жұмысын тура айта алмай, алыстан орап, ұзақ әңгімелеп, Орал қаласындағы болған жайларды баяндады; ел ішіндегі алым-салықтың көбейгенін, жұрттың оған наразы екенін айтты. Аяғында:

— Маған Әбдірахман Әйтиевке жолығу қажет еді, өте қажет, Карпич. Сіз мені сол кісімен кездестірсеңіз, мың рахмет айтар едім, сізге, — деді.

Карпович оның жүзіне аса қадалмай анда-санда көз қырын салып тыңдады. Бірақ білдірмей оның үнінен, сөзінің ыңғайынан сыр іздегендей болды. Бәйесті ол бұрыннан біле тұрса да, инабатты адам екеніне көзі жете тұрса да, тартына жауап қатты.

— Бәйес Махмедович, мен сені жақсы білемін. Сен сауда ісіне жетік адамсың. Акчуриндердің бәрі де іскер, деловой кісілер... Саған, маған сауда мен егіншілік жұмысынан өзге керек болмайды. Солай ма? Біз басқаны білмейміз, дұрыс айтамын ба? Маған қаладан машина майын қарастырарсыз, аса зәру боп тұрмын, дозарез керек, (ол алақанының қырымен сағатын кесе сипады) Махмедович, — деді.

Оның сөзінен Бәйеске «саудагерсің саған сенуге болмас» деген ілік танытқандай үн байқалды.

— Карпич, сен түлкіқұйрыққа салма. Мен Әбдірахман Әйтиевтің досымын, — деді Бәйес Карповичтің құлағына таман еңкейе түсіп. Ол сыбырлай сөйледі, қақпа жаққа жиі-жиі қарады. — Оның өзін, болмаса өзін білетін адамды кездестірсең болады. Әбдірахман менің үйімде болып, біздің ауылдан кеткеніне екі жұмадай-ақ болды. Мен керек болсам Карпичке соқ, сол жерден білесің деген. Мектеп жөнінде ақылдасатын шаруа бар... — деді Бәйес.

Бәйес те сақтық етіп, ақылдасар шаруасының шын түр-түсін ашпады.

Карпович желкесін қасып, азырақ ойланып тұрды да:

— Біз шаруашылықтан басқа ешнәрсені білмейміз, тәңірі айғақ шын айтамын, Махмедович... Айтқандай оның осы селода інісі жүрген кеше. Петро, ә, Петро! Бері келші, — деп қораның төрінде шетен дуалдың басына жайған ауды тараштап, жинастырып жатқан баласын шақырды. — Петро, сен Аблашканы көрген жоқсың ба?

Талдырмаштау келген бала жігіт әкесіне жалт қарап, Бәйеске күдіктене көз тастады да, қабағын тыржитты.

— Тать, көрген жоқпын-ау деймін... Иә, көрген жоқпын, — деді.

Бәйес баланың жасырып, көмейіне бір сыр бүккендей босаң жауап бергенін сезіп қалды.

— Көрген шығарсың, Петро, Аблашканы көрмесең басқасын көргенсің...

— Тать, ол жоғары кетті ғой... Біз Малыш екеуміз түнде оны...

— Онда сен Малышты шақыр, — деді Карпович.

— Малышқа мен мына жігіттің өзін ертіп барсам болмас па, тать?

Карпович баласының бұл сөзіне ойланып қалды да:

— Танымайды ғой... Дегенмен жарайды. Ертіп бар, Сөйлестір... — деді.

Аздан кейін бұлар екінші деревняға кетті. Бұл деревня жеті-сегіз шақырым жер екен, Хакім мен Петро онда жеткенше ымырт жабылып қалды.

Деревня өте алыс болмаса да, Хакім мен Петро ұзақ жүрді, өйткені кекілді жігіт төте жүрмей, із жаңылдырған қояндай, селоны айналып екінші жағынан шықты.

Хакім онан:

— Неге алыстан орағытасың, ана жол төте еді ғой, — деп сұрап еді, Петро оған жауап қатпады. Ол өз деревнясынан шыққаннан бастап сызғырған әнін сызғыра берді. «Әлде менсінбей ме, әлде сөйлесе білмей ме? Қызық жігіт екен. Қарауға жап-жас сияқты, беті уыздай. Кекілі жалбырап тұр. Мінезі де, жүрісі де баланың мінезі мен жүрісі. Бойы ұзын болғанмен әлі жас шығар. Орыс халқы тез өсетін бойшаң халық қой», деп ойлайды Хакім оған көзінің астымен қарап қойып.

Хакім қалай ойласа да, аздап сөз тартқысы келіп, оқтын-оқтын сұрақтар берсе де, Петро онымен келгенше сөйлеспеді. Іздеп келе жатқан Малышының кім екенін де айтқан жоқ. Әкесінің айтуына қарағанда Малышты Әбдірахманмен, болмаса жөн білетін басқа біреуімен кездестіретін қазақ шығар деп ойлады Хакім, Бұл бір хутор сияқты шағын ғана деревня екен, өзенге тақау, сайдың жағасына салынған, жиырма-отыз үй ғана. Сай жақтағы шеткі үйден асып Петро екінші үйдің ашық жатқан ауласынан келіп кірді. Ол есіктен тез сүңгіп кетіп, бірнеше секундтің ішінде қайтадан шықты. Ізінше есіктен Әмірдің басы көрінді...

2

Хакім Әмірмен құшақтасып қатты-қатты сүйісті, дұрысы: Әмір аса ыстық сияқты көрінбеді, ал, бұрын өте самарқау амандасатын, көбінесе Әмірдің найзадай ұшты сөздеріне құлақ та ілмейтін Хакім, неліктен екені белгісіз, бұл жолы Әмірді құшақтаған күйі жібермей ұзақ уақыт қысып тұрды, оның бетіне қадала қарап өзгеріс іздегендей үңілді:

— Өзгерген жоқсың, тек аздап күнге күйіңкірегенсің... Сендерді қатты сағындым. Әсіресе сені сағындым, Әмір, бірге жүргенде адам білмейді, ал бөлініп кеткеннен кейін жолдастың зары өтеді екен... Сырласатын адам жоқ елде. Ой, сұрама, оқу, класс, жолдастар, клуб — бәрі көзден бір-бір ұшты, — деді Хакім ентіге, елжірей сөйлеп, оның ірі шеңберлі мұрнының үлкен танаулары ендей түсті. Хакімнің көзіне сырт көрініс өзгермегенмен Әмірдің мінезі, құлқы, қимылы, тіпті сөзі де бұрынғыдай емес-ті: салмақты пішін, жай қимыл пайда болған, сөзге де анағұрлым сараң және қуақы ұшқыр лебізден салуалы пікір, ойлы сөзге көшкен. Мұны Хакім бірден аңғармады, ол құшағын жазып, бірақ қолын ұстаған күйі жібермей тұрып:

— Неге үндемейсің әлде сағынған жоқсың ба? — деді ол тағы да Әмірдің бетіне үңіле қарап.

Әмірдің тура қараған мойылдай қара көздеріне жалындаған бір ұшқын пайда болды да, ол жолдасын «жасытпайын» деген адамша көзін төмен бұрып, отты жанарын аударып әкетті.

— Сен сөйлесін деп тұрмын, — деді ол ақырын ғана, «әлде жатырқап қалған ба? Әлде әкесінің қайғысы ма?» деп ойлады Хакім ішінен, жолдасының тосырқап, бір нәрсеге қам жегендей пішінін көріп.

— Мен сөйлесем, әңгіме көп, Әмір. Бір күн айтсам таусылар емес. Ең бастысы: Әбекеңді іздеп келдім; ол біздің елде болды...

Әмір «тсс!» деп сұқ қолын шошайтты.

Хакім оның жүзіне қарай қалды; сөзін аяқтамады. Әмір бір нәрсені ұмытып қалып таба алмай, не бір айтатын сөзі аузына түспей тұрған адамша төмен қарап ойланып тұрды да, Хакімді ертіп келген Петроға:

— Петро, сен жүре бер. Менің жолдасымды ертіп әкелгеніңе көптен көп рахмет, — деді.

Петро оған тіс жарып жауап та қатқан жоқ, алғысына алғыс та айтқан жоқ, ешнәрсені көрмеген адамша, келген ізімен кері қақпадан шығып кетті. Аздан кейін ол ақырындап қана бастап, деревняның оңаша қайырылыс көшесымағымен орыстың «Тройка» деген әнін сызғырып айтып бара жатты. Ауланың ішінде қалған екі жас жігіт сезді енді неден бастарын білмей тосырқаған күйі ұзақ тұрып қалды. «Ей, Аллай, кәдімгі Әмір! Бұл жерден кездестіремін деген ойым жоқ еді. Өзгерген жоқ, сол күйі! Тек қана мінезіне аздап сабырлылық пайда болған. Әбдірахманның атын ататпағаны түсінікті... Көлденең құлақ шалып қалмасын дейтін шығар...»

— Ей, Аллай! — деп Хакім ақырындап қана таңдайын қақты. — Әмір, сені мен бұл жерден кездестіремін деген жоқ едім. Ойыма да келмеген нәрсе. Қызық екен-ау өзі... Ал, жайық қалай? Бұл жерде не істеп жүрсің? Онекең тыңдауға дайын.

Ол күлімсіреп, Әмірді қайтадан құшақтай бастады.

— Жүр үйге, мен сені папаммен таныстырайын... Сен айтқандайын таныссың ғой, былтыр көрдің... Жүр, жүр! — деп Әмір Хакімнің сөзіне жауап қайтармастан оны қолынан ұстап үйге қарай жетектеді.

«Папамы несі? Тағы да бір баяғыдай қуақылық нәрсе ойлап күлдірейін деп жүр ме?» — деп ойлады Хакім. Екеуі қолдасқан күйі жас балалардай құшақтасып, тап-тұйнақтай жинақты ғана келген орыс үйінің кішкене есігіне беттеді. Бұлар есік ашып, үйге еніп жайласқанша көше жақтан Петроның үзіп-үзіп сызғырған әні құлақтарынан кеткен жоқ.

Үйге кіре бергенде-ақ Хакім терезе жанында тұрған Әмірдің әкесін тани кетті...

Aп дегеннен ол сасып, не дерін білмей, Меңдікерейге бір, Әмірге бір қарап, табалдырықтан аса алмай тұрып қалды. Өңі де бұзылып кетті. Өлген адам... Казактар турап тастаған Меңдікерей... Солай деп естіді ғой... Хакім басындағы дөңгелек қара бөркін алып ғибадат үстінде шіркеуге кіріп келіп, не істерін білмеген адамша, екі-үш рет басын изеп қалды. Сонан кейін ғана:

— Ассалаумағалайкүм! — деді.

Оның үні де өте ақырын және өте жасып шықты.

Хакімнің кім екенін тани қоймаса да, оның сасып қалғанын байқап, Меңдікерей сөзге айналдыруға кірісті.

— Уағалайкүм ассалам. Сәламат па, шырағым... Жоғары шың, жоғары шық! Үйдің нағыз төрін бірден таба қою да қиын, сонда да осылай қарай өтсең шатаспайсың, — деді Меңдікерей, өзі тұрған терезе жақты меңзеп. Бірақ Хакім олай өте қоймады. Ол есіктен жылжып, Әмір бұрылған пеш жаққа қарай ығысты. Пеш жанында аласа сәкі тұр, соған отыруға ыңғайланды.

Бөлме іші тар. Есіктен кіргенде сол қолда кішкене үстел мен бір арқалы ескі отырғыш тұр. Меңдікерей алдында тұрған жалғыз терезе сол үстел жақта. Ал, қарсы бітеу қабырғада үстіне көрпе жапқан ағаш койка көрінеді. Сырт көрінісіне, ауласына, іштегі пешінің түріне қарап үйді орыс үйі десе де болғандай, еденсіз және ішіндегі көрпе-көпшікке қарап қазақ үйі десе де сиярлық.

«Папаммен таныстырайын дегені рас болды. Сол ғой... Сол кісінің өзі. Кәдімгі Әмірдің әкесі большевик Меңдікерей. Өлгені өтірік болғаны ма? Әлде жаңылыс бір оқиға кездесті ме? Нанайын ба, нанбайын ба?»..

Таңырқаған пішінде, Хакім онан көзін алған жоқ.

— Мен танымадым ба, бұл баланы. Сенің әлгі айта беретін жолдасың емес пе, Әмір? — деді Меңдікерей баласына бұрылып.

Үй іші қара көлеңкелеу, шам жағылмаған шақ. Бірақ Меңдікерей мойынын бұрғанда Хакім оның оң жақ құлағының артынан бүтіл мойнын, желкесін осып кеткен қамшының ізіндей білеуленіп тұрған жуандығы бармақтай ұзын қызыл таңбаны көзі шалды.

— Папа, сол — Хакім Жүнісов дейтін реальноеде оқыған жолдасым. Былтыр күздігүні көріп едің ғой Текеде, — деді Әмір.

— Мен де солай деп шамалап едім. Есімнен шығып кетіпті бұл баланың жүзі. Бір көргеннен есте қала бере ме!.. Былтыр және сен ертіп келген көп жігіттердің ішінде көрдім білем...

Меңдікерей Хакімге қарап, сәл уақыт, өткен күндерді еске түсіргендей ойланып қалды.

Хакімнің басына да әлде бір шым-шытырық уақиғалар сапырылыса кіріп, ұшы-қиыры жоқ буалдыр көріністер бірінен соң бірі елестей түсті. Ол қанша тырысса да Меңдікерейдің көргенін, сезгенін ең болмаса шамамен де көз алдына келтіріп, ойына өре алмады. Өлді деген Меңдікерейдің өлмей қалғаны, бірақ өлім аузынан қалып көп шырғалды уақиғаларға кездескеніне Хакім күмән келтірген жоқ, өйткені бұған анау мойнындағы білеудей қызыл тыртық таңба, денесін бүтіндей қозғап мойнын әрең бұрып тұрған бұл кісінің ауыр қимылы айғақ та еді. Бірақ бұл адам зорға нанарлық, өмірде шын кездескендіктен ғана күмәнсіз сенерлік тарихты Хакім соңынан — сол күні түнде жолдасының аузынан естіді...

3

...Марттың 27 күні Быковтардың көршісі Иван Андреевич Гречко ат қамытының сөгіліп кеткен шұжығын таспалап отыр еді. Игнатты іздеп терезеден қараған Марфаны ол байқаған жоқ-ты. Көзілдірігі имек мұрнының нақ ұшына дейін ығысып, жіптіктей смолалы таспамен шұжықтың сөгілген жерін мұқияттап қайыған, бар ынта-жігері қамытқа ауған болатын. «Берігірек болсын» деп ол сөгілмеген жерін де сирегірек етіп жөрмеп, көпке дейін қамытты енді қайтып жамамастай еткен.

— ...Көктем жақын. Ат күйлі. Темір сабанның түрені мен қылышы да шыңдаулы. Қамыт, постромка да сай тұрғаны жөн. Иван Андреевич дөңгелек шаруашылықтың бүйірін орта түсіріп, ажарын сындырған емес. Жер уақытында жыртылып, тұқым уақытында себіледі. Әйелі мен екеуі пішенді де алдымен шауып, егінді де ешкімнен кейін жинаған емес. Қора-қопсысы да күзге дейін майланып-сайланып, ат пен сиырдың, шошқаның сарайлары да үй сияқты әрі таза, әрі жылы.

Иван Андреевичтің құжырасы да сыртынан қарағанда жұмыртқадай... Өмірінде сөзге сараң Иван Андреевич сход, жиылыс түгіл үй ішінде де тіл беземейтін. Сөйлеуге бос уақыты жоқ аттың, сиырдың, шошқаның астын тазартып, шөп салып, жемдеп, жайластырғаннан кейін де оған іс көп. Ол ескі киіз байпақ ұлтарады, етік жамайды, тырнауыш, айыр, күрек саптайды. Балтаға, балғаға қол қалт еткенде бірнеше басы артық сап дайындап қояды. Бала жас, әйел үй шаруасында. Өзі болмаса кім істер!

Бүгін де сол көктем қамы, басқасының бәрін бірыңғайлап, енді қамыт жамап, оны бітіріп, жұмысына насаттанғандай, бір көтеріңкі пішінде отыр.

— Иван Гречко, киін, жұмыс бар, — деді Архип, үйге кіріп келіп.

Иван Андреевич оның қалай кіріп келгенін байқамай қалды, Архиптің дыбысы да естілген жоқ. «Сыртқы қақпа, ішкі сенектің тиегі салынған сияқты еді» деп ойлады ол есіктің қақ көзінде талтайып тұрып алған төртбақ Архиптің қызыл-тарғыл көзіне қарап.

— Танымай тұрсың ба, неге едірейе қалдың, қорасынан үріккен саулықтай, — деді Архип жуан дауыспен, Калашниковтар мен Песковтардың өктемдігіне Гречко түгіл сол маңдағы казактардың өздері де қарсылық ете алмайтын. Оның үстіне Архип Песков арақ ішіп келген, сүзеген бұқадай басын қисайтып талтайып тұрып алатыны — арақ ішкендегі әдеті. Мұндай кезде ол қол да жұмсайды, оның бұл мінезі жұрттың бәріне белгілі.

— Сен сүдінсіз хохол, біз комиссарларды қамап жатқанда үйіңде жасырынып отырасың ә? — деді Архип күрілдеп. — Бол, тез! Қолыңа... сүймен ал!

Иван Андреевич жалма-жан аяғына киіз байпақ, үстіне шолақ тонын киді. Қайда баратынын, не істейтінін ол сұраған да жоқ, сұрауға шамасы да келмеді. Басқалардай сөз айтып, қарсыласып, таласып көрмеген шаруа, қарбалас уақытта кіріп келіп дауыс көтерген әміршінің алдына түсіп жүре берді.

Үйден шығып, ауладан сүймен тауып алғаннан кейін Гречкоға:

— Анда, жағаға! — деп бұйрық берді Архип.

Архиптің қараңғыда иек меңзеген жағына қарай Иван Андреевич жүріп отырып селоның шетіне шықты. Ямбулатов өзені Гречконың үйінен алыс емес еді, не бары жарты шақырымдай-ақ жер-ді. Нақ жағаға келгенде сол жақ қолда, қыр басында қарауытқан бір нәрсе көрінді. Сол қарауытқанға қарай қолын сілтеп Архип Песков:

— Көрдің бе ананы? Менің шапқан комиссарым... Төмен түс. Мұзды ой да, сүйреп апарып сүңгіт жылымға, түсіндің бе? Қимылда, сүдінсіз хохол...

Жатқан адамның кім екенін, қайдан келгенін, оны Архиптың қалай шапқанын Иван Андреевич білген жоқ, ол тек төмен өзенге түсті де, алып келген сүйменмен Ямбулатовканың қалың мұзын қаршылдата соғып, жылым оя бастады. Өмірде көп нәрсені көрген тәжірибелі шаруа «сүйреп апарып сүңгіт жылымға» дегенде мұздың қай жері жұқа, алдымен соны ойлаған. Қыс қар қалыңдау түсіп, мұзы жұқалау қалатын бір иіннің қайрылысын ол бірден тапты да, сол жерді тесуге кірісті. Бірақ қысы ұзақ әрі суық бұл өлкенің жұқа деген мұзы да аршынға жуық болатын. Өткір сүймені өндіре омырса да, Иван Андреевич қапелімді суға жете алмады. Ол біраз соққаннан кейін бусанып құлашы жазыла түсті, бірақ жылым оя салу жеңіл жұмыс болмады.

— Әлі де ұзақ оясың ба сен, хохол? — деді тағы да Архип.

Ол бұл жолы аса мұқатпай, «сүдінсіз» деген сөзді қоспады.

— Оямын ғой, — деді Иван Андреевич күмілжі дауыспен.

Ұзақ уақыт оятынын, әлде тез бітіретінін ол әңгімелеп тұрмады, топтап қызметші жалдап, оларға қожайындық етіп үйреніп қалған Песковтар момын шаруаларға да, көршілес деревняның адамдарына да теңдік бермейтін. Әсіресе Гречко сияқты дау-жанжалға бармайтын жасқаншақ адамдарға дегенін істетіп әдеттенген-ді.

Гречколар көп заманнан бері осы өлкеде орын теуіп, байырғы халық болып кетсе де, өзгеге озбырлық істеп көрмеген, өз еңбегімен ғана жер-су байлығына иемденген жандар еді. Олардың тіпті «хохол» аты қалмаған болатын, алдақашан казактар қатарына қосылып әскер есебінде болса да, бұл жердегілер өзінен бір елі болса да төмен санайтын.

Жасынан бір кісімен қарсыласып көрмеген Иван Андреевич үлкеннің де, кішінің де айтқанын істейтін жан-ды. Әсіресе станица атаманы қызмет жөнінде жұмсайтын шабарман керек болса Гречконы жұмсайды; ал ат керек болса — оның атына ең бірінші кезек келеді де тұрады. Атаманның сынған қақпасы мен қираған арбасын да түзей салатын Гречко.

Бүгін өлген комиссарды ағызып жіберуге шыққан мас Архиптің қолына сол Иван Андревич ілікті.

Сотқар бұқадай көзінің астымен сүзе қарап гүрілдеп пәрмен еткен Архиптің ол алдына түсіп емпеңдей берді де, ләм-мим деместен сүйменді қазір қалың мұзға бойлата соғып жатыр. Оның жылымды ойып, өлікті ағызып, бұйрықты екі етпей орындап қайтатынына Архип күмәнданған жоқ. Ол Дарьинскіден бұйрық алып келген Захармен бірге большевик Быковтың «ісін» аяқтасуға асықты. Мұз ойған еңбегіне қалтасынан төлейтін ақысындай ұсынып Архип:

— Иван, сен ана комиссар киргиздің шинелін шешіп ал. Мұз астында ол шинельсіз де тоңбайды. Керек десең етігін де аларсың, — деп, аяғын аюша теңселе басып, кері қайтып кетті...

Өзен басына неге әкелгенін Иван Андреевич ғана түсінгендей болды. «Комиссар? Киргиз!.. Жарамсыз іс істеген соғылғандар. Құдайдан да қорықпайды», — деді ол ішінен, — Быков қолына түссе оны да өлтіреді ғой. Неше күннен бері тісін қайрап жүр Калашниковтар. Кіріскен ісіне ыждағатты шаруа қалай да жылымды ойып бітіру ниетімен болды да, ол ілкі ойын түптемеді. Қайдан келген киргиз комиссары, оны қалай қолға түсірді деген сұрақтар ойға бірден келе де қоймады.

Кешке қарай күн едәуір суытып, күндіз беті жібіген қар мен мұз қатып та үлгірген. Бірақ, Иван Андреевич суықты сезген жоқ, сүйменді бір қалыппен, бусанып алған күйі соға берді. Үздіксіз қимылдап, өлік кептелмей сиярлық жылымды ойып болғаннан кейін ғана ол тонының түймесін ағытты; еңсесін көтеріңкіреп, демін алды, сүйменге сүйеніп тұрып жан-жаққа көзін салды.

Сай іші терең. Бұл жердің суы да мол. Ала қыстай селоның малына жетіп жатқан су. «Мал ішетін, су алатын үлкен ойықтан төмен болғанмен бұл адам сүйегі су тасығанша мұз астында қалады... Мал сезгіш. Әсіресе ат өлік бар жерден су ішпейді. Адамға да ауыр қанды су...» деп ойлап ол басын шайқап тұрды да, әлденені іздегендей жоғары қарады.

Өзен үстіне төңкерілген қысқы аспанның боз күмбезі.

Есепсіз баяғы көп жұлдыз... Аспан үлкен қырман сияқты да, құс жолы бейне бір күрекпен ұшырған бидайдың жонданған үйіндісіндей: оның құйрық жағы сүйір құйымшақтанып барып шашылып кеткен.

Сонау құс жолының әрмен кеткен бас жағында Калмыков бар — Иван Андреевич туып-өскен жері. Бержағы жалпақ жатқан киргиз даласы. Киргиз даласымен көшіп ол жас кезінде Құрманбай селосына келіп орналасқан. Құрманбай киргиз ішіндегі орыс деревнясы. Орыс, киргиз араласып жатқан тамыр-танысы мол жер. Ол сол жерлерді көз алдына келтіріп бір оралып өтті де, «киргиз комиссары» жатқан жаққа мойнын созды. Мүмкін сол жақтан келген киргиз ажалын осы жерден тапты ма?!

Темірқазық пен үркердің алшақтығына қарап Иван Андреевич жаздың, қыстың кейбір сипаттарын болжал ететін, қараңғы түндерде жаз күні бағытты, уақытты айыратын. Сол әдетімен қазір де темірқазыққа қарап «түн ортасы» деп ернін жыбырлатты.

Ол қыр басына шыққанда шынында да село үсті әрі үнсіз, әрі қимылдаған жанның қыбыры білінбейтін еді. Үйлердің терезелерінде жылтыраған шам жарығы сирек, әрегіректегі станица атаманының конторы жақта ғана жарық бар; не аттың, не адамның жүрісі тәрізді бір болмашы дыбыс құлаққа шалынып, ол да кешікпей жоғалып кетті.

Өлікке екі-үш қадамдай қалғанда оның құлағына әлсіз ғана ыңырсыған адамның дыбысындай бір дыбыс шалынды да, ол кілт тұра қалды. Бір минуттай уақыт озды... Дыбыс енді қайтып шықпады. Сеңсең бөркінің жиегін көтеріңкіреп қойып Иван Андреевич құлағын тосып тағы да бір минут демін ішіне тартқан күйі, қимылсыз шаншылып қалды. Үн де жоқ. Қыбыр да жоқ. Ол жатқан адамға жақындай түсті. «Мүмкін емес. Құлақ қателескені ме?! Дыбыс болған күнде...» Жатқан адамға төніп келіп еңкейе түсті. Адам етбеттеп түсіп, қарға тұмсығын тыға, шаншыла құлаған, бір қолы аста, бір қолы созылған күйі қалыпты. Бас киімі бір қадамдай жерде, сол жағында жатыр. Оң жағындағы қарауытқан бір кішкене затқа үңіліп еді, оның қарға шаншалып қалған наган екенін айырды, наган оң қолдан бір қарыстай жерде жатыр да, қолдың алақаны жазылып кеткен, білезігіне дейін ашық. Сол ашық жатқан білезігінен ұстап көтере тартып Иван Андреевич өлікті шалқасынан салмақшы болды. Оның жүзін көруге, қандай адам екенін байқауға тырысты. Ұстаған қолы қанға былғанып, мұздап қатып қалған, бірақ білегі жылы сияқтанып кетті. Ол жалма-жан аударып шалқасынан салғанда өлік болар-болмас ышқынып дыбыс берді...

Өліктің тірі екенін Гречко алғашқы әлсіз ыңырсыған дыбыс шыққанда-ақ сезіп еді, қазір бұған оның көзі анық жетті. Ол шапшаңдап жанында жатқан шошақ тымақты жаралы жанның басының астына жастық етіп салды да, көзіне түсіп бетін қаптап қалған қазақы қара бөрікті басына дұрыстап кигізді, қолдарын жөндеп, аяқтарын түзеді. Шинельдің түймелері салулы, жағасы көтерулі екен. «Тіріліп, адам боларлық жан ба, әлде ақтық демі жақындаған үмітсіз тірі өлік пе?» деген ой келді оған. Күдікті екі ұшты ой оның қолын шала-жансар адамның қойнына еріксіз апарды. Жүрек соғып жатыр...

Үш жылдай Герман соғысында болып, талай қиыншылықты бастан кешірген, талай өлікті жерлеп, талай жаралы жанды сүйреп, ұрыс өртінен кері алып шыққан кәрі солдаттың жүрегі елжіреп кетті, аяныш сезімі билеп, қалай да құтқару, ғаріп жанға көмек көрсету борышы өзінен өзі жетектеді. Қалай апару керек? Арқалап тез жеткізе алар ма? Қанын сүртіп, жарасын байлап, аузына сусын тамызбаса әлсірей бермей ме? Ол көп ойланбай-ақ үйге қарай жүгірді. Үйге жеткенше: қайда жатқызу керек, жарасын қалай байлап, қалай күту керек, бәрінен де қиыны — жұрт көзінен қалай тасалау керек, ол бір мүлтігін қалдырмай мұқияттап жан-жағын әбден ойлап шықты.

— Тез моншаның шамын жағып, ішін сүрт, есік-тесігін қымта, пештің төбесін қайтадан жап, — деді ол әйеліне, есіктен асыға кірген бойы.

Әйелі ешнәрсеге түсінбей оның жүзіне таңдана қарап, аузын ашып қалды. «Атаман бір жұмыс тапсырды ма? Моншаның керегі не?..»

— ...Тездет, қатын, соңынан көресің... Уақыт жоқ, — деп ол кері шығып кетті.

Жарты сағаттай уақыт өткен шамада кішкене боқ "шанаға салып әкелген жаралы адамды ерлі-зайыпты Гречколар моншаға кіргізді. Сәті болғанда, кеште ғана өздері шомылған кішкене моншаның іші әлі ыстық екен. Астына палас төсеп, басына жастық етіп шинелін салып жатқызып, бүкіл мойын мен желкені, бет-аузын жауып кеткен қанды сүртіп тазартып, байлап, есі кірмеген жаралының аузына спирт тамызды. Гречконың әскери флягы да, оның ішінде «керек күнге» арнаған спирті де сандық түбінде жатыр екен. Жаралы жан біраздан кейін көзін ашты... Бұл Гречконың тамыры Әбілқайыр Әйтиевтің үйінде әлденеше рет көрген таныс адамы екен...

Жұмысты тиянақтап бітіріп, жатқан кезде:

— Архип біліп қойса басыңа пәле келеді. Бұл сенің сорыңа тап келген адам, — деп әйелі уайым айта бастап еді, оған Иван Гречко:

— Білмейді. Бүгін моншада, түнейді. Ертең түнде Аблашкаға жеткізіп беремін. Мұз ойдым, өзі көрді. Салмағанымды қайдан біледі, өзеннің астын тінте ме? Ұйықтай бер, — деді.

Көп уақыттан бері көрмей іші пысып, күнде аузынан тастамайтын жолдасымен екеуінің әңгімесін бөлмей Меңдікерей баласына «жарамды байлап бере қой» демеді, бір қолымен бинтін өзі шешіп, өзі қайтадан орап байластырып жатты.

— ...Маған папамның қасынан қыл елі шығуға болмайды. Жарасы әлі жазылып біткен жоқ. Көрдің бе әне, өзі байлап жатқанын. Ауру болса да қарап отырмайды. Осы күні отряд ұйымдастыру жұмысын қолға алып күні-түні соның қамында ұйықтамайды, қолым дәрменсіз, халім нашар деп бір айтқан емес. «Мұнан да жаман болуға мүмкін еді, бұған да шүкіршілік» деп жазып-сызып, келген жігіттерге ақыл айтумен болады. Шынында шүкіршілік! Ойбой, талай ауыр минуттер бастан өтті ғой. Әбекең мені Текеде пәтеріне шақырып алып папамның «өлгенін» естірткендегіні айт... ой, менің сол күндерде құр сүлдем қалды ғой...

— Білем ғой.

— ...Аллай, сонан үйге келсем, адам нанғысыз хикая. Қой, оны сөзбен жеткізіп боларлық емес. Мамамды мен: «Жай күнде жылап отыратын бос адам, қазір шашын жайып алдымнан шығады ғой» деп ойласам, «Айналайын Әміртай, әйтеуір молда қайным жанын алып қалды әкеңнің. Ой, құлыным, әйтпегенде жетім қалатын едің! Боздағым! Ботам!» деп құшақтай. түсті. Алыстан-ақ көңілім бұзылып, іштей қалтырап келген басым бақырып қоя бердім. Мұндай ащы жас көзден шығып көрмеген болар! Түсінгенім жоқ. Мамамның сөзі менің домбыққан миыма қонған жоқ, не айтқаны құлағыма жеткен жоқ, өксіген күйі өкси бердім... «Қайтсін-ау, қарғатайым, өледі деп ойлаған ғой» дейді мамам маған қоса өкіріп жылап тұрып. Не керек, ол күнгі менің жайымды сен көрсең, есің шығып кетер. Бірақ, сен өз басыңа келмегенсін, түсінбейсің ғой. Және оның үстіне белгілі Онеке болғансын...

— Әміржан, сен менің тарихымды айтып отырсың ба? Ол ұзақ әңгіме, оны қой, — деді Меңдікерей ақыры екеуінің сөзін бөліп. Сөйтті де Хакімге қарап: — Шырағым, мұнан да жаман болуы мүмкін еді. Бұған да шүкір. Егер де Гречко сияқты адал жан тал келмегенде, әбден қиын болатын еді. Әбден қиын. Егер де қанішер казактың бірі кез келсе қайтер еді — су түбіне кетер едім. Бәріміз де шаруаның баласымыз,. Дүниеде шаруадан адамгер жан жоқ. Өзін бұрын көруші едім, Абылқайырдан талай рет қой терісін алып кетіп жүруші еді бір шаруа орыс, Мен бұрын оның фамилиясын да білмейтінмін.. Анау, күні Әбілқайыр айтты бар уақиғаны. Гречко дейтін Требуханың адамы екен. Ажалымның жоқтығына қарай сол Әбілқайырдың танысына тап келгенім және Нұрғалидың үйде болғаны мұндай көрім болар ма! Оң қарымның сылып тасталмаған жері жоқ, ішпеген дәрім де жоқ, ақырында әйтеуір ай жарым жатып тәуір болдым, шырағым. Мина иығымды көтере алмағаным болмаса, ештеме емес. Топшы сіңіріме зақым келген бе қалай, ей, бір қолсыз да адам іске жарай береді, ештеме емес, — деді Меңдікерей, қозғалмайтын оң қолының саусақсыз алақанын ашып, жұмғандай қозғап отырып.

Хакім оның оң қолының қозғалмайтынын және саусақтарының үсіп түсіп қалғанын жаңа ғана көрді. Ол бірер сағат бұрын Меңдікерейдің қисайыңқыраған басы мен білеудей қызыл таңбалы мойнын ғана көріп, ішінен аяп отыр еді. Ал, оның үсіп түскен молтақ саусақ орындарын байқаған да жоқ-ты.

— Сен жөнінде мен, шырағым, Қален учитель мен Әбдірахманнан естігенмін, жақсы білемін, сыртыңнан қанықпын. Оқыған саналы жігіттің еліне қызмет етуі — адамдың борышы. Революцияға араласып, оны қолдау — сол борышыңды атқару деген сөз. Бұл қадамыңды мен қатты қолдаймын... — деді аздан кейін Меңдікерей Хакімге.

Араларында болып бұрын-соңды сыр-пікірлерін білмесе де, өзі басқа оқушылардан көрі революционерлерге қашықтау жүрсе де Хакім Оралда Дмитриев пен Червяковтың, Әбдірахман мен Сақыпкерейдің аттарына көптен қанық-ты. Әмірден Меңдікерейді де шет-пұшпақтап естіген болатын, оның мезгілсіз өлімін, жолдасымен бірге азалаған-ды. Бұл адамдардың бәрін ол жұрттан асқан шешен, ер жүректі қаһарман, теңдесі жоқ білгір жандар деп түсінетін. Бұлардың ісі екенін бірінің қолынан келмейтін, істей алмайтын іс деп ойлайтын. «Алмағайып, екіталай, қаупі мол, қатері күшті іс» деп кейде ойлауға да қорқатын. Ал, Меңдікерейдің «өлім аузынан қайтқанын», адам нанбастай қилы-қилы кезеңдер мен ауыр бейнеттерді басынан кешіргенін естігеннен кейін Хакім бұл адамды өте-мөте құрметті, асқан кемеңгер деп білді.

«Оқыған саналы жігіт... Революцияға араласып, оны қолдау — борышыңды атқару. Бұл қадамыңды мен қатты қолдаймын», — дейді. Осылардың қатарына ілігуге жарағаным ба?!

Оның бойын не бір адам сипаттап болмайтын сезім билеп кетті. Ол Әбдірахманды да, мына отырған үлкен кісіні де құшақтап, бетінен сүйіп алғысы келді.

— Әбекең қайда, қазір? — деді ол не дерін білмей күлімсіреп.

— Әбекең бе? Әбекең... — деп Меңдікерей созып, жауап әзірлегендей мүдіріп қалды. — Әбекең осында... жоқ... бір тапсырманы орындауға кетті. Сенің атың Хакім ғой. Хакім, сен қарағым, пәленше қайда, қай жерде жүр, не істеп жүр деп сұрама. Мұндай жұмысты адамның іші ғана біліп қойғаны жақсы...

Ол Хакімнің бетіне қарап езу тартты.

Хакім басын изеді.

— ...Мен сені мұнан былай қарай «студент» десем, оған арланбайсың ба? Бізде осындай бір сақтық есебінде шын атын атамау әдеті болады...

Хакім тағы да басын изеді.

— ...Әрине, қазір емес, кейін. — Меңдікерей Хакімге енді шүйілгендей пішінмен ойлана қарады да: — Сендермен ауылдас та, болыстас та кісі емес, бірақ сен оны білуің керек, білмесең де атын естіген шығарсың. Сендердің жағыңдікі. Ақметше дейтін бір белгілі адам бар...

— Қай Ақметше? Мұқамметшин бе? — деді Хакім жұлып алғандай.

— Тап өзі. Айттым ғой, сен оны білуге тиістісің. Белгілі адам.

— Ол бізге жақын жиен. Қызыл нарлы Ақметше.

— Імм. Тіпті жиен бе сізге?! Қызыл нарлы. Арғымақ жылқылы. Оқымысты Ақметше. Жиен болғаны жақсы да, жаман да. Туған жиен бе?

Хакім қысылып қалды. «Неге сұрайды!.. Бір нәрсеге... күдіктене ме?..» — деп ойлады.

Меңдікерей жағын сипап ойланыңқырап тұрды да:

— Осы Ақметше жөнінде бір әңгіме біліп қайтсаң қалай болар қаладан? Бәрібір «қалаға барамын, мектебімді көргім келеді» дедің ғой. Ешкім тергеп-тексеріп жүрмес пе, қалаға барғаныңды? Казак-орыстар қатал және сақ халық.

Хакім басын изеп:

— Өте жақсы. Біліп қайтайын, — деді.

— Ендеше, Хакім, сен былай ет: сол сіздің жиен Ақметшеңіз қазір Текеде. Ноғай мешітінің түбінде пәтері бар, соны тауып ал. Жиеніңмен нағашысы есебінде «жақындық» тілмен сөйлес. Бірақ сақ бол, ешбір сыр беруші болма біз жөнінде. Ақметше Жымпиты үкіметінің подрядін тасып жүр. Бұл жолы аса құнды бір жүк жеткізіп бермекші. Сол жүк не жүк? Қай күні қаладан шығады, қай жолмен жүреді, қасында кім бар, міне осыны біліп қайту керек болып тұр. Сен осыны істей аласың ба?

— Бұл жұмыстың ешбір қиындығы жоқ...

— Қиындығы жоқ деуге болмас. Бірақ қолдан келмейтін нәрсе емес.

Хакім ішінен балаша қуанып кетті. «Тапсырма деген осы сияқты болатын шығар. Мен мұны бүгін-ақ барып біліп қайтайын. Кешікпеспін».

— Мен бүгін бар десеңіз, бүгін барып біліп қайтайын. Бірақ Әбекеңде бір шаруа бар еді... Біз екі-үш адамбыз осы жерге келген. Ол кісілер кейін ауылға қайтуы керек.

— Құпия жұмыс па? — деп сұрады Меңдікерей.

— Құпия ғой, әрине. Бірақ сізден жасыратын іс емес.

Сіз де, Әбекең де бір...

Меңдікерей басын изеп, қостай түсті.

Хакім болған уақиғаны сұлулап айтып, әдемі сөз таңдап жатпады. Ол келген жұмысын тез бітіруге, Орал қаласына барып қайтуды да жеделдетуге кірісті. Шапшаң сөйлеп, сәл сөзінің аяғын жұтыңқырап:

— Сіз естіген сол Қален учительді Досмұқамбетовтердің қарулы адамдары келіп болыс кеңсесіне айдап кетті. Жұрт оны Жымпитыға апарып түрмеге қамайды, соттайды деседі. Мені де ұстап еді, бірақ... қолдарынан жырылып шығып кеттім. Әкем жігіт жинап жатыр, «қалай да Қаленді босатып аламын. Босатпаса болыстың өзін қолға түсіремін. Ауыл үстіне күнде ат ойнаттырып, ер азаматты тоқтыша өңгертіп жібере алмаймын», — дейді. Менімен бірге біздің елдің балықшылар артелін басқарып жүрген бір жігіт келді. Балықшылар және басқа да ел жігіттері: «Бүтін ел болып көтерілеміз. Салық төлемейміз, жігіт бермейміз. Қару тапсақ — қарсы тұрысамыз» деседі. Осы жөнінде не ақыл айтар екен деп Әбекеңе келіп едік, — деді.

Меңдікерейдің көз жанары жайнап кетті.

— Тоқта, тоқта! — деді ол Хакімге жақындай түсіп. — Қаленді неге ұстайды, не айып тағады, оны білген жоқсыңдар ма, — деп сұрады.

— Әбекең жиналыс жасап сөз сөйлеген... Осыны естіп: «Большевиктерге тілектес, сход ашты, үкіметті жамандап, ат пен жігіт жинауға қарсы тұрды» деп старшина донесение беріпті.

— Білемін, білемін, Әбдірахманның сөз сөйлегенін. Ал, «әкем жігіт жинап жатыр» дейсің жігіт жинала ма? Жиналса шамасы қанша болар?

— Біздің өз аулымыздан қырық-елу адам атқа мінеді. Балықшылар мен тағы басқалар қосылса жүзден артады ғой.

Қарағым-ау, манадан бері осындай әңгімеңді неге айтпадың... Тоқта, бұл ойланатын жұмыс. Бұл өте мағыналы жұмыс... Сен, қарағым, бүгін сол келген адамдарыңның қасында болшы. Ертең осы маңда жиналысымыз болады, соған келерсің. Әмірді жіберіп мен өзім хабар берермін. Әмір, жолдасыңды шығарып сал, — деді Меңдікерей.

Хакім қош айтысып шығып кетті.

4

1918 жылдың майы мен июнь айларында Саратов советі жасақтаған Саратов, Тамбов, Пугачев, Новоузень отрядтарынан құралған «ерекше армия» және онан басқа да толып жатқан қарулы күштердің бәрі Орал майданына аттандырылып, 4-армияның командир! М. В. Фрунзенің қарауына берілген еді. Және сол күзде жас Қызыл Армияның күшімен ақ казактардың қолындағы Астрахань, Пугачев, Симбирск, Самара, Казань қалалары босатылып, айнала қоршай бастаған жаудың ілкі қарқыны бәсеңдеген-ді. Оның үстіне Еділ бойынан шыққан бір үлкен отряд жер үшін күрескен крестьяндар және помещик-алпауыттардың қолында жұмыс істейтін батрактармен тобын көбейтіп, бірте-бірте молайып, ұлғайып, соғыс ісіне жетіле бастаған құралды күшке айналған болатын. Ол қара шаруалар арасына аты көбірек жайылған, бас командирі де қара бұқараның ішінен шыққан Чапаев отряды болатын.

Сан жағынан көптігі бір полктей-ақ болса да Чапаев отряды жаз бойы Орал қаласына үш рет төніп келіп қиян-кескі қырғын соғыспен Жетікөл-Жекендіні, Шипов пен Тасқаланы алған еді. Бұл казак атты әскер корпусының командирі генерал Акутин дивизияларынан кейде еріксіз кері шегініп, кейде полкін полкіне қоспай талқандап атамандар армиясына бүйідей тиді. Сүзеген бұқаны басы-көзіне соғып қораға тыққан адамдай, Чапаев Орал казактарын сол жаз өз губерниясының шетіне шығармай қойды. Бұл тықсыру екпіні қатты ақтар әскерінің өктем қимылын су сепкендей басты да, Оралда болған ойраннан кейін ішінен тынып, күш-қуатын бойға жинаған жерсіз, сусыз, малсыз, теңдіксіз, казак қамшысының астында ашынған халықтың аянбай алысуына дем берді.

Өзінен бұрын алыстағы құлаққа да: «Шаруа батыры!», «Көзсіз ер Чапай!», «Чапай жапырып келеді!» деп даңқы жер жарған. Еділ ерін қалың бұқара, жаңбыр тілеп аспанға көзін тіккен егіншідей күтті. Чапайдың аты көп елдің жылы-жұмсағын шайнамай сорып үйренген алпауыт купецтердің, чинді генералдар мен шекпенді сұлтандардың үрейін шындап ұшыра бастады.

Осындай кезде әділдік, теңдік іздеп аңсаған халықтың құлағына жаңа армияның жайын баяндауға, оның қатарын молайтуға, күреске үйретуге Петроград пен Мәскеуден, Саратов пен Самардан Орал өлкесіне насихатшылар ағылды. Насихатшы революционерлер ақтар туын тіккен Орал қаласына да, губернияның байтақ деревнялары мен ауылдарына да, «Хан» ордасы мен казак жүздіктерінің ішіне де тары талқанына құйған сүттей сіңіп жатты.

Осылардың бірі Тереңсай түбегіне келіп крестьяндардың съезін өткізген жас комиссар Андреев еді.

Жаздыгүні өткен жасырын съездің жиналу тәртібі аса шебер болды.

Жайықтың Бөрілі бетінде Тереңсай түбегі жатыр. Бүл бір елсіздеу жатқан шабындығы мол кең алқап. Тереңсайдың Жайыққа құяр жері ол күнде ит мұрыны өткісіз жалпақ жатқан қоға, қыр беті тал өскен тоғайлық та, ал, арғы жақ — орман болатын.

Он екі орақшы тырна тізбекпен үлкен жылғаның бойын екі рет оралып шыққанда көл-көсір жерді күлтеленген қалың шөппен жауып салды. Ертеңгі кездегі көп шалғының дауысы тұп-тұнық ауаның көзге ілікпейтін бір пернесін үзіп басып, үзіп басып құлаққа шамырқанарлық күңгірт шыңылды дыбыс құйып тұрғандай. Жылғадан нәзік самал есіп жас шөптің қалампыр исін ерге қарай ысырып жайып бара жатқан сияқты. Жағымды дыбыс, сүйкімді иіс, көз тояттарлық алқара көк көрініс шалғы ауырлығын білдірер емес...

Жылғаны төртінші рет оралғанда орақшылардың ең соңындағы қожайынның алдында келе жатқан Қажымұқан: «Осы құдай атқанның пішенін шауып беруге келдім бе мен осында. Мұның әлгі сыбырлап жүрген үлкен жиналысы қайда? Әлде алдап бар пішенін шапқызып алмақшы ма? Мына ұзындығы ширек шақырым шөптің күлте жолының бір жолы бір дығал шөмеле, құдай біледі мына жердің өзінен тұп-тура бір кебен тұратын болды. Әй, шіркін-ай, осындай шабындық та бір қолға тимей қойдың-ау! Ең шабынды деген біздің Ханжұртымыз мынаның ширегіне де келмейді», деп ойлады.

Артта келе жатқан қожайын үйіне түскен қонағының осы ойын сезген адамша, жалтақтап жан-жағына қарай берді. «Бұлар неге көрінбейді? Әдейі шөбімді шаптыра келген кісіше, келіссіз болар сілтете беруім» деп:

— Ал, бір тоқтай қалып темекі тартып алайық. Шөлдеген жігіттер ана квастан қана-қана ішіп алыңдар. Әлде азырақ тамақ жеп аламыз ба? А, осы да теріс болмас, — деді.

Алды тоқтап, артқылары алдыңғылардың деңіне жетіп шалғысын иығына салып, айнала атырапқа көз жіберісіп, бірі ілгері, бірі кейін келіп он екі адам алқа-қотан отырыса бастады. Еті қызып алған жастау жігіттер екі беті албырап квасты тұрып ішті, біреулері сояудай-сояудай екпе темекіні cap қағазға шиыршықтай шиырып, шымқай көк түтінді түйдектеп жұтып, ішінен оны бозғылдата өңін қашырып шығарып жатты. Қажымұқан көзінің астымен жұртқа сығалап қарап қойып, қоныштан алған насыбайын шым-шымдап иіскеп қойды.

— Әне, төбелері көріне бастады. Бәсе, сағат оннан қалмай жиналамыз десіп еді. — Фроловский қалтасынан сағатын суырып: — Тура, — деп қасындағы Қажымұқанға көрсетті.

Қажымұқанның бағана келгеннен көзіне түскен, айналасы қоғалы бір кішірек айдында құрма ау салып жүрген балықшылар, бұлар отыра берген кезде жағаға шығарып ауларын жайды. Олардың әрі жайылымда балақтарын беліне дейін түрген, қолында шанышқысы бар үш-төрт адам ау жайғандарға жақындай берді. Осы кезде Жайықтың арғы бетінен екі қайыққа мініп он шақты кісі бері өтті. Олардың да қолдарында айыр, тырнауыш бары көрінді. Өзен жағасы мен сай қолтығына, қыраттың басы мен жылға бойына біріндеп жиналған адам қарасы молая бастады.

Және осы кезде Жаманбөрілі жағынан бұқа айдаған екі аттылы тап осы қойнауға қарай беттеп келе жатты. Бүлкілдеген екі аттылы соңынан жете бергенде бөксесі шөмейген, сыптығыр құйрық маубас қазақы бұқа, басын бұлғап қойып алға қарай желіп кетеді; нысана оқ атым жер озып барып қайта аяңдайды; кейде ол қылғына өкіріп, топырақты шеңгелдеп алып лақтырып-лақтырып жіберіп, кеудесін көтере желе бүлкілдейді.

Тағы осы кезде жеңдерін сыбанған, балақтары түрілген екі жігіт өзенді жағалап қармақ салып келе жатты. Қажымұқан оларды алыстан-ақ таныды. Біреуі Хакім, қасындағысы бұлар түскен үйдің иесі Фроловскиймен кешкілікте келіп сыбырласып кеткен кішкене қара жігіт, кәдімгі оның Малышка дейтіні. Түнде Хакім Қажымұқанға: «Ертең үлкен жиналыс болады, басшыларды сонда көріп сөйлесеміз. Сіз ертемен мына үй иесінің арбасына мініп пішенге шығыңыз. Солай келістік. Шөп шабуға жалданған адам болыңыз, көлденең жұрт сезбесін Бәкең сізді тұз іздеп жүрген балықшы деді ғой. Шөп шапқан ақыма тұз аламын десеңіз болды» деген.

— Әке-шешесінен. жасырынып, ертемен балалар осылай қармақ салуға кетуші еді. Бұлар да тап сондай екен. Айлашылын-ай өздерінің, өй, шайтандар-ай! — деп Қажымұқан Хакімдерге қарап күбірлеп, басын шайқап қойды.

Бұқа айдаған екеу келіп бұлардың жанына аттарын тұсағанда Қажымұқанның есі шығып кете жаздады.

— Әбеке! Ә, Әбеке! — деп ол орнынан ұшып түрегеліп, аттан түскен Әбдірахманның қолына жармасты. —

Ойпырым-ай, өзгеріп кетіпсіз ғой, Әбеке! Нағыз біздің қара сирақ балықшылар сияқты болыпсыз. Мә, мынау біздің... апайдың баласы, жиен... Аман-есен бе, жиенжан. Міне кездесу керек болса! — деді ол Әбдірахманның жолдасына бұрылып.

Қажымұқан келген екеуінің аттарын тұсасып, амандық сұрасып, балаша қуанып қалды. Қажымұқан соншама-ақ сөйлескісі келіп еді, бірақ Әбдірахман сәлемдесіп болып, үй-ішінің амандығына түсті сұрады да, бөгелместен, арғы беттен қайықпен өткен адамдар тобына кетті де, Қажымұқан жүзі таныс, сырттан жақсы білетін Оразбен әңгімелесе бастады.

Кешікпей екі адам бұл «әлдеқалай кездескен» орақшы, аушы, қармақшы, сиыршы, шөп жинаушыларды басқа ұрып түгендегендей аралап шығып, қолмен меңзеп сайдың ішіне қарай жиды.

Бұлар сайға әбден жиналып, алды отырып, арты орын таңдап, қаумалай топтасқан кезде, оң жақ қолдағы талдың, сай сағасындағы қалың қоғаның арасынан әскерше киінген қарулы адамдар топ-тобымен, шыға келді. Қажымұқан селт ете түсті.

«Шынымен-ақ қамап алғаны ма? Жұрттың жиналуын аңдап жүргені ме? Осыншама жанды қызмет үстінде...» деген жаман ой келді Қажымұқанға.

— Бұлар кім? — деді ол сасқанынан қасындағы Оразға, қарулы адамдарды көрсетіп.

— Қажеке, қарулысы да, қарусызы да — бәрі де Комитеттің адамдары. Білесіз бе төңкерісшіл комитет дегенді. Қазір съезд болады. Соған жиналып жатыр. Сіз де келіпсіз ғой. Шақырып па еді? — деді ол Қажымұқанның сасып қалғанын байқап.

Қажымұқанның көңлі жайлана түсті.

— Е, бәсе! Өзім де солай ойлап едім... Әбекеңді іздеп келдік жұмыспен. Осында, осы жерге келіңдер деген екен біздің Хакім дейтін баладан. Соған келгенім... Апырым-ай, қызық екен. Кәдімгі қазақша далаға жинала ма, көк шөптің үстіне, ауылдағыдай? Орыстары көп қой. Қазақ неге аз?

— Қажеке, үндемеңіз. Тыңдайық. Қазақтан орыс көп қой қай жерде де! Сонсоң көбірек жиналғаны. Дұп-дұрыс айтасыз, қазақша көк шөптің үстіне малдас құрып отырамыз. Аспан асты кең, сай іші самал, әрі жұп-жұмсақ. Тар үйге жиналғаннан осы жақсы емес пе? — деді Ораз Қажымұқанды иығынан ұстап күле сілкіп қойып.

Сайды — клуб, көк орайды — орындық, төмпені — мінбе етіп, шаруалар съезі сол кезде осындай бір кең түкпірде жиналып еді.

Күн сәскеге жетпей-ақ жер-дүниені күйдіріп жіберетін жаздың бір ыстық шағы еді. Лезде ақ шақылтақтана қалған қыр басынан ескен жел шоқтың лебіндей, бірақ аңғары кең Тереңсайдың іші әрі жасаң, әрі сая, орақ басынан әлдеқайда жеңіл екен.

Ыстыққа аса сыр бере қоймайтын және күнге күюге де онша бейім емес қара Қажымұқан да сайға түскенсін көңілденіп кетті.

— Міне рахат, тап біздің Шалқардың сағасы сияқты екен, шіркін! Қощы бала, бері кел, мына жерге отырайық, — деді ол Хакімге шөбі қалыңдау тепсеңді көрсетіп. Сөйтті де қонышынан қағазға ораған құрғақ насыбайын суырып алды. Оны қолының ұшымен ептеп қана шымшып алып танауына тигізер-тигізбес бір түшкіріп те қойды. — Шалқардың сағасы сияқты екен деп мен саясын айтамын, жасаң лебін. Ал жері қайда, біздің жерлерден мың есе артық екен. Бала, сен байқайсың ба, бұл саланың кез келген жері шабындық та, аяқ бассаң суы мөлдіреген бұлақ көрінеді. Ал, қырлығы тек құдай егінге жаратқан да қойған, таяқпен шұқып тұқым сепсең де бір жылдық қорегіңді аларлықтай. Жақсы жерді орыстар қайдан тауып алады десейші! Ай-ай, яй! — деп басын шайқап қойды Қажымұқан.

Білімі жоқ болса да еті тірі, айналасындағы нәрсені өте аңғарғыш, өмірдің күнделікті қыспағында әбден жырынды болып шыныққан Қажымұқан «көзі ашық» Хакімге:

— Менің орысша онша шалымды емес екенімді, бала, сен білесің ғой, қасымда отырып мына жұрттың не айтқанын түсіндіре бер. Бұл маслихат-сиязда біз естімеген әңгімелер айтылады дедің, кәне, мен оны зердем жетсе түсініп көрейін. Елдегілер Жұмекеңнің ертегісін аузынан сілекейі шұбырып тыңдайды, көрген, білгенімді мен де оларға барғансын шұбыртып берейін. Первой алдымен мыналар қандай хакімдер — соны көзінен тізіп айтып шықшы. Анау табан аудың көзіне тұрмайтын көк серке сияқты, шылтырықтай сап-сары орыс баласы кім? Айналасындағы жандардың бәрі кісі көрмегендей соған көзін тіге қалыпты ғой, — деді.

— Самардан келген жігіт көрінеді, сондағы бас командирдың жіберген адамы дейді. Осы біздің гүбернамызда құралып жатқан қызыл отрядтардың басын біріктіріп, күні ертең Жайық өлкесіндегі бай алпауыттарға қарсы шығаратын көрінеді. Тыңдаңыз, Қажеке, мен оның сөзін қазір асты мен үстін, секіні мен үтірін де қалдырмай түсіндіріп отырайын, — деді Хакім.

— Бәрекелді! Орыстың жұқа сары баласы, солай жоғарыдан келді де! Бұлар жас басынан бәрін біліп туады-ау. қарашы, шияз аштырып, сөз сөйлеп, ғаскер жинақтап жүргенін. Өзі ауған жоқ, нағыз біздің Әйтім мағзұм сияқты майысып тұр екен. Ал, ана қолын сілтеп тұрған арық қара орыс ше?

— Ойбай, ол нағыз үлкен жетекші. Ең бірінші бастық сол...

— Қойшы, — деп Қажымұқан Хакімнің сөзін бөліп жіберді. — Бастық дейтін емес қой өзін. Тері илеуші адам сияқты сұмпиып тұр, мойыны да жіңішке, ілгері қарай созылып кетіпті. Оң көзін неге ақырайтады — ағы бар емес пе?

— Қажеке, бұл бір қажырлы адам көрінеді. Фамилиясын мен де жаңа естідім. Нағыз кедейден шыққан, кедейдің қамын ойлайтын, тап мына өздеріңіз сияқты жалпы-малшыларды, балықшы-шаруаларды теңдікке жеткізетін адам. Сіз қайдан шамалап қойдыңыз? Тері илеуші екені рас — Теке қаласындағы заводтың жұмыскері дейді. Парамонов дейтін кісі. Губернадағы құрылған кедей үкіметінің басшысы...

Қажымұқан таңданғандай, Парамоновтың еңкіштеу келген қағылез денесіне, еті жұқа ашаң өңді жүзіне қарап отырып: «Жігерлі адам шығар өзі. Біреуді көзге шұқып алатындай-ақ шүйіліп, қолын сермеп қояды. Ал, анау солдаттардың қасынан келген шот маңдай қара кім болды екен? Біздің Атақбелдің Ешесі сияқты ұзын және сіңірлі, мықты құдай ұрған шығар! Елу басы ма екен, жүз басы ма екен?!» деп ойлады ол Беланды көріп.

— Ана Әбдірахман Әйтиевтің оң жағында отырған Сақыпкерей Арганичев дейтін белгілі революционер. Ал, оның қыр жағындағы мойынын таңып алған Меңдікерей Ипмағамбетов — губерналық советтің мүшесі, комиссар. Көктемде атты казактар оны қылышпен турап тастаған жерінен тіріліп кеткен. Нағашы, ұмытпа. Меңдікерей дейтін осы, кәдімгі өліп тірілген большевик, — деді Ораз Қажымұқанды иығынан ұстап шайқап қойып.

— Турап тастаған жерінен тірілгені қалай?

— Бір жақ мойнын, иығын, топшысын қылыш қиып кеткен. Бірақ ажалы жоқ болған соң өлмей қалған. Көмуге барған орыс шала-жансар жатқанын көріп жасырып шанаға салып алып кеткен де, еліне әкеліп тастаған. Араласып жүрген таныс орыс болса керек, бірақ аты-жөнін айтпапты.

— Апырма-ай, ғажап екен! Енді бұл кісі мың жасар. Атты казактар не қылмайсың деп шабады?

— Большевиксің, большевиктің комиссарысың деп шабады. Нағашы, сен білмейсің бе ақтардың қызылға өш екенін? Жұмыскерді, шаруаны, жетім-жесірді қолдайтындарды қызыл дейді. Мына осы жиналғандардың бәрі кедейшіл қызылдар...

— Білемін, жиенжан, жақсы білемін қызылдың кім екенін. Ана Әбекең біздің көзімізді ашып, оңымыз қайсы, солымыз қайсы танытып кетті ғой, өркенің өскір. Әйтпесе қараны ақ деп келген наданның ішіндегі наданбайы біз болатынбыз. Сол көзімізді ашқандықтан осы жерге келіп отырғанымыз. Сабаз-ай, Меңдікерейдің де қылышқа туралып жүргені біз үшін, кедей үшін!.. Жиенжан, әлгі жоғарыдан келген әскер адамның солдаты көп пе екен әйтеуір? Ана, жұқа сары орыс жігітінің деймін.

— Әскері де көп, қаруы да жеткілікті, Қажеке, саспа, жетпеген жерін қолға қару алып мына өзіміз толтырармыз. Солай емес пе, а? — деді Ораз күліп.

Жиналыс басталып, басқарған адамдар іс-әрекетіне көшті де, Қажымұқан орнынан қозғала түсті.

Көрінім жерде көзге тізіліп жағалай жатқан орыс қыстақтары мен шоғыр-шоғыр қонған қазақ ауылдары мол Жайықтың бұл шөпті-егісті, сай-салалы кең алқабы Қажымұқанға үлкен әсер етті. Ол кешеден бері үнді, қимылды шыңылдаған базарлы өмірдің ортасына түсіп кеткендей болды. Әсіресе сырт қарауға жайбарақат жатқан бұл еңбекқор түбектің тереңінде бұрқанған бір үлкен тасқынның сарыны естілгендей, әлденеге құлақты айқара түріп, білекті мықтап сыбанған қалың топтың қаптап молайып келе жатқан қара құрымы көзге елестеп кеткендей болды. Жер де, ел де, адам атаулының бәрі де тегіс қозғалып орнынан тұрып кеткен сияқтанды. Ол ішінен: «Мына Жайықтың жалпақ жағасы дүбірлеген адам ғой, айналайын! Кешеден бергі көрген орақшы, егінші, балықшы, балташы, малшы, жалшы, дегеніңнің бәрі осында ғой. Апырым-ау, бала-шағаға дейін жүр! Мынау біздің үйге түскен қожайын да әбден қу екен. Апырым-ай, түк білмеген кісіше атын жегіп, айырын саптап, квасын алып, орағын көтеріп пішенге алды да шықты! Біздің Танабайларды құлғана деуші еді жұрт, құлғана деп мыналарды айт! Әй, жарайсың, Әбдірахманым! Осылай етіп мынау бет-бетімен жүрген халықтың басын біріктіру аз жұмыс емес. Басшы болсаң осылай бол. Мынау да бір қайыс аяқ, қадалған жерінен қан алған қайсар жігіт шығар. Көрдің бе түбін тесіп жібергендей қолмен нұқып, сөзбен шегелеуін...» — деді жиналысты ашып, қысқа мәлімдеме беріп жатқан Парамоновқа қарап.

— Мен шамамен ғана топшыламасам сөзінің тең жарысын ұқпадым, Хакімжан, — деді ол Хакімге.

— Сабыр етіңіз, Қажеке. Орыстардың сөзін қазақшалайтын тілмаш бар...

Қажымұқанның шыдамай отырғанын байқап, Ораз ақырындап түсіндіре бастады.

— Мына мәжілісті бастап жатқан сол жаңағы айтқан Парамонов деген кісі. Жайықтың арғы жақ, бергі жағынан жетпіске таяу адам келді: мұның бәрі поселкелік, ауылдың советтердің мүшелері болған мұжықтар мен кедей қазақтар. Не бәрі жиырма жеті деревня, он екі ауылдан уәкілдер келді. Буржуйлар советтің үнін өшіреміз деп жан таласса да, жұмысшы мен шаруаның еркін тұншықтыра алмайтынына бұл жиналыс айғақ. Ортаға салатын мәсһәләміз: Россияның басқа жерлерінде қандай уақиғалар болып жатыр, сонсоң біздердің алдымызда не жұмыс, не міндет тұр, міне, осыны ортаға салып ақылдасып аламыз, — дейді. Әзірге айтқаны осы, — деді Ораз.

Аздан кейін жаңа мандала бешпет-шалбар киген қара бөрікті қазақ жігіті кекілі желбіреген жап-жас сары орыстың сөзін қазақшалап берді. Бұл бала тәрізді беті уылжыған жас адам өте қатты сөйлеп еді. Қажымұқан оның, бәйгенің алдымен келген дөнендей, ағызып сөйлеген сөзінің бірін де ұға алмай, тек жіңішке даусының үніне ұйып, аузына қарап қалған-ды. «Аллау, адам да осындай құйындатып шапшаң сөйлейді екен. Мынаған жан ілесе алмас, ілессе де ұғынып үлгере алмас», деп ойлаған. Ал, қазір оны дақпа-дақтап әрбір сөзін салмақтағандай баптап баян еткен қара мұртты, дембелше қара жігіттің сөз саптауына мәз болды.

— Қазақшалап тұрған Күрлештің Мырзағалиының баласы, Жезбұғаның бойындағы Құтсиық, адамгершілігі мол ақылды жігіт, — деп Ораз оның құлағына сыбыр етті.

— Бәсе, сорлы кісінің баласы болмас деп едім өзім де. Атақты адамның баласы да кедейшіл болады екен ғой, — деді Қажымұқан.

— Тыңда, нағашы. Күш әкесін танымайды деп, әділдік іздеген саналы жандардың талайын көрерсің құй бай, құй жарлы болсын.

«...Самардағы қолбасының жіберген мына алдарыңызда тұрған жас жігіт мағыналы сөзінің аяғын былай түйді: революция тасқыны жағаға сырып шығарып тастаған шөп-шөлеңдей — мына Орал қаласы мен төменгі Орал өлкесінде ақ генерал мен казак атамандары бір ғана үйінді көң-қоқырдай болып қалды. Россияның жұмыскерлері мен қара шаруалары бұларды кешіккпей айырлап Жайықтың арнасына лақтырып ағызып жібереді. Бірақ бұл көптің жұмысы, мына сіз бен біздің қажымай қайрат көрсетіп күн демей, түн демей қимылдайтын азаматтық борышымыз. Көп жұмыс істепсіңдер: көп деревняларда, коммунист партиясының ячейкелерін құрыпсыңдар. Мұнан бұрын Богдановка еңбекшілер съезін өткізіпсіңдер; қызыл отрядтың топтарын жасақтапсыңдар. Бұл көп жұмыс. Игілікті жұмыс. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, Орынбор мен Оралдың екі арасында ғана алпыстан аса ірі деревня барын өз көзіммен көріп келдім. Ірі деревнялар. Бір-бірінде мыңдаған үйлері бар селолар көп. Сол алпыстай селоның әрқайсысынан қырың-елу адамнан қолға құрал алып шығып, жауға қарсы тұрса, атаман Мартыновтың алты полкіне ешбір көлденең жәрдемсіз өздерің де төтеп бере алар едіңіздер. Амал не, отрядтарыңыз әлі аз және пышырап, бестен-оннан бөлініп, бір жерге басын қоса алмай жүрген көрінеді. Және көздеріңізге айта кететін нәрсе: өте жайбарақат жатырсыңдар. Күрес қызбаған. Жау жарасын сілкілемей бос қойғансыңдар, туысқандар. Өзеннің екі бетінде де атаман адамдары білгенін істеп жүр, оның алдына шығып, кесе көлденең тұра қалған жан жоқ. Елдің атын алып, астығын сыпырып, арба-көлігін жиып, құда түсе келген адамдай көлбеңдеп жүрген казактар. Ана бұзық атаманның күнәкар басы алда қашан дар ағашын көксеп тұр. Оны халық сотының алдына жүгіндірмей тыныштық жоқ. Ал, бұл қарап отырып қана бітіретін жұмыс емес, туысқандар. Кімнен қорқасыңдар, айтшы? Ертең Самар мен Саратовтан, Қазан мен Орынбордан қозғалатын көп әскерге көмек пен дайындық ісі әлі жеткілікті емес. Атаман адамдарын іштен шалып, жолын кесіп, әрекетін бұзып, жүгін тартып алып, қарусыздандырып айнала қуалап маңға жуытпау керек емес пе?! Қасқыр аулағанда, жұрт болып қамалап, бұқтырмай айнала қуып берекесін алмаушы ма еді аңның! Бұл да сондай ғой, онан да жаман, зиянды жыртқыш. Зиянды жыртқышты деревнядан ит қосып шығарып салмасаң бола ма? Көтерілетін, сілкінетін уақыт жетті, ағайындар. Таптық санасы оянған қажырлы еңбекшілер ақтық айқасқа аянбай аттанайық! Бостандық, бақыт көктен келмейді. Өзіміз жасаймыз оны. Жеңімпаз Қызыл гвардиямыз жасайды. Ал, сол Қызыл гвардия мына өзіміз. Төңкеріс гвардиясының қатары молайып, өркендей түссін, жолдастар! Ура!» — деп ұран тастады шешен жігіт, — деді қазақшалаған Мырзағалиев.

Қазақшалаған бұл сөзі жатық сүйкімді адамға Қажымұқан қатты риза болын кетіп орнынан ұшып тұра келді, бір-екі рет қолын да шапалақтап қалды. Бұл өткір сөз ана сары баланың сөзі емес, мына қара торы әсем жігіттің сөзі сияқты көрінді. Ол қобалжыған үстіне қобалжи түсті. «Жайбарақат жатқан біз ғой. Бізге айтып тұр ғой мұны. Мына Жайықтың жағасындағы халықтардай жатпай-тұрмай әрекет жасай берсек — Әбекеңнің айтқан өз билігін өз қолымызға алдақашан алып қояр едік. Ай, біз жайбасармыз. Әмәнда артта жүреміз. Асықпаймыз. Көрдің бе?» — деп өкінгендей болды ол. Сөйтті де тілмаш қазаққа қарап тұрып:

— Дұрыс айтасың. Біз әлі жайбарақат жатырмыз. Әлі тіпті бұғып отырмыз. Біреу «әйт!» десе шошып кетеміз. Жоқ, ағайын, енді тұрамыз. Енді біз де қозғаламыз. Мына мен өзім бастап қозғаламын. Қару бересіңдер ғой, әйтеуір! — деді айқайлап.

Шеттен келген Андреев Қажымұқаннан көзін алмай қарап қалды. Оның не сөйлегенін қасындағы Әбдірахманнан сұрады. Ал, аздан кейін Мырзағалиев орнынан қайтадан тұрып Қажымұқанның сөзін орысшалап көпке жеткізді де, оны тегіс қостаған халық тұс-тұстан қол шапалақтап айқайлап жіберді.

— Бұл кісі балықшылар артелінен келген, алыстан келген еңбекші, — деп Әбдірахман түрегеліп қолын ұрып тұрып қалды, ал Андреев жүгіріп келіп Қажымұқанның қолын алды.

Жоқ жерден жұрттың бәрі назар аударғанға, әсіресе, жоғарыдан келген мына жас жігіттің қолын қысып құрмет еткеніне Қажымұқан қатты сасып қалды. Ол не қыларын білмей езу тартып жан-жағына жалтақтап қараумен болды. Қажымұқанның мейлінше күнге күйіп, желге жарылған қара қайыс жүзі, уысына зорға сиярлық дөкір ірі саусақтары, тарамыс әлді денесі, етсіз шықшыты жайылып, езу тартқанда ақсита қалған аққаладай тістері, көзінің айналасындағы мәз болып жиырылған жұқа қыртысы, қалтқысыз шырайы Андреевтің көз алдына қырдың еңбегі еш, тұзы сор көп еңбекшісінің бала мінезді батыл кейпін алып келгендей болды.

Бірнеше адам сөз сөйлеуге рұқсат сұрап ойындағы пікірлерін айтты. Қажымұқан олардың ішінен Әбдірахман мен Парамоновтың айтқандарына өзгеше құлақ қойды, бар ынтасын салып тыңдады. Кәдімгі өзінің бұрын әлденеше рет сөйлесіп, талай әңгімесін қанбай тыңдаған Әбдірахман жұрт алдына күреске шыққан палуандардай көрінді.

Оның сөзі өзгеше сенімді, өзіне өзі палуан адамның бар нәрсені көзге көрсетіп, қолға ұстатып тұрғандай айқын. Және көбінесе Қажымұқанды басқаларға үлгі етіп сөйледі. Бұл жай Қажымұқанды тіпті елжіретіп жіберді. Әбдірахман:

«Жұмыстың баяу жүріп жатқаны шын. Жау бізден әлдеқайда ыждағатты, әлдеқайда шапшаң қимылдап, күшін тез жинап алды. Бізді ес жинатпай есеңгіретіп тастауға тырысты. Тәжірибесі мол, білімі терең, іске алғыр, сөзге шешен Дмитриев сияқты бір топ көсем, серкелерімізді қараңғы үйге қамап, бір қатарын табанда атып, асып жібергеннен кейін де атаманның адамдары айнала қоршап алып бой жаздыртып, бас көтертпеді. Күні-түні деревня біткеннің ішінде де, сыртында да қарулы отрядтар күзетіп ізімізді аңдып жүр. Байшыл-буржуазияшыл оқығандар сөзін де, құралын да бізді жамандап, бізді құртуға жұмсап жатыр. Осындай айнала қоршау қиын-қыстау кезеңде қалың еңбекшінің таптық санасын ояттық. Күресшілер тобын жасақтадың. Бұл ақталу да емес, мақтану да емес. Бұл шын істің айқын бейнесі. Ана отырған Моисей Кисляк шаруа адам, оқымаған жан. Бірақ болғанынша адал, ішкі тілегі жұмысшы мен еңбекші шаруаның үстем болуы жағында. Ешкім сұрамай-ақ Кисляк жаудың көзінен өзімізді де, ісімізді де тасалап қалды. Ал, ана отырған Қажымұқан Жантілеуов деген кедей сонау алыстағы Шалқардан осында бізді іздеп келген. Бізді емес, коммунист партиясын, совет үкіметін іздеп келген. Старшиндар мен болыстарға қарсы бас көтеріп жатырмыз, қандай ақыл, қандай күш көмек көрсетесіңдер деп келген. Міне, бұл қалың шаруаның күреске шыққанына айғақ.

Бұлар жалғыз емес, көп. Осы көптің басын жаңа ғана құрап алдық, жолдастар. Мына жиналыс та сол бас құрағанымыздың көрнекті дәлелі...» — деді. Ал Парамоновтың сөзінің аяқ жағы Қажымұқанның құлағын жарып өткендей болды:

— ...Қажымұқан сияқты сахараның пролетариаттары күреске тегіс көтерілгеннен кейін буржуйлардың күні санаулы қалды дей бер! Солай ма, жолдастар?! Солай, санаулы! Іске көшіңдер, жолдастар! Қазірден бастап, ертеңнен бастап қолға құрал ұстап ақ атамандарға қарсы аттаныңдар! Түсінікті ме, жолдастар! Түсінікті! Қаулыны осылай деп аламыз! — деді жұдырығын көтеріп, мойнын ілгері қарай соза түсіп.

Сөйлеушілердің рухы теп-тегіс осы сияқты көтеріңкі болды да, жасырын съезд қаулысына: Жайықтың екі бетіндегі бүкіл деревнялар мен ауылдардың саналы еңбекшілерін съезд атынан Қызыл Гвардия қатарына жазылуға шақырамыз!

Март айының ішінде жалпы губерниялық съезде сайланған Орал советі — біздің жауынгер штабымыз. Саяси үгіт жұмысын, әскер құрастырып оны басқару ісін сол штабқа, яки Совдептің бар мүшелеріне тапсырамыз, деп жазды.

5

Сәске кезіндегі Тереңсайдың ішіне жиналғанындай жұрт біріндеп бет-бетімен білдірмей тарап кетті де. Хакім де Әмірмен бірге Меңдікерейдің кішкене пәтеріне оралған еді.

— Көкем сені шақырып жатыр, — деді Әмір Хакімге, үйіне алдымен өзі кіріп шығып.

Күндіз терезесі тас жабық құжырадай бөлмеге кіріп келгенде Хакім еріксіз селт ете қалды: үйде Парамонов пен Әбдірахман отыр... қысылмасын деген болуы керек, — екеуі де кірген жас жігітке назарын аударған жоқ, жайбарақат қалыпта сыбырлап сөйлеп, әлденені әңгімелесіп отыра берді; тіпті Хакіммен ісі жоқ адам сияқты Әбдірахман жабық терезеге қарап ойын жинақтағандай сәл мүдіріп қалып, қайтадан әңгімелеседі. Бірақ олардың бұл үйге қалай тез келіп қалғанын, не жөнінде күбірлесіп отырғанын Хакім білген жоқ. Ол тек «не дер екен!» деп Меңдікерейдің лебізін тосты.

Кеше кеш және бүгін таңертеңгідей бір жақ қолымен иығын икемсіз сүйреп, жай қимылмен аяғын қиналып басып жүрген Меңдікерей қазір қолды-аяқтай балаша зырылдап тұр. Ол Хакімді қолынан ұстап сәкіге отырғызып, аса ықыласты рай көрсетті.

— Шырағым, саған штаб атынан тапсырма берейін деп шақырттым. Ол тапсырманың шет жағасын түнде өзің естідің де. Сен, Хакім, күрескен адамды көргенің бар ма? Әрине, әлденеше рет көрдің. Тіпті өзің де құрбы-құрдастарыңмен талай алысқан шығарсың. Үйткені жасында алыспаған, белдеспеген бала кемде-кем ұшырайды. Солай ма?

Хакім үндеместен басын изеді.

— ...Күрескенде адам жығамын деп күреседі. Жығыламын деген жанды мен өзім кездестіргенім жоқ. Атақты палуандар да жығамын деп топқа түседі, бала екеш бала да өз теңдесін жығып салып, басынан аттап кетуге тырысады. Дұрыс па? Бірақ сол жығу үшін нендей шарт керек? Күш керек. Күшің жоқ болса күресемін деп те, жығамын деп те ойламайсың. Ал, күшке серік не керек? Әдіс керек. Әдісқой болмаса, қара күшің көп жерде түкке аспай қалады. Әдіс жасай алмай әттең күшім зая кетті деп соңынан өзің өкінетін жай да кездеседі. Ал, күш пен әдіске қосымша тағы бір нәрсе керек; ол — қалай да жығамын деген таудай талап, қайтпас қажыр. Міне, шырағым, саған осыны ескертем. Дұшпаның ұйықтаған кезде ғана қалғы, онда да бір көзің ашық қалсын. Көргеніңді, білгеніңді тісіңнен шығарма, ішіңе ғана түй. Тапсырған істі орындасаң — орындадым де, орындай алмай қалсаң, хабар ет. Үйткені басқаша шара қолданамыз. Ал, білетін нәрсең: сол айтқан Ақметшенің жүгі. Ол: қару-жарақ. Егер де Жымпиты үкіметіне жолын бөгеп қарсылық көрсетпей оқ-дәрі мен мылтық, пулемет пен зеңбірек тасытып қойсақ — арғы жағының не болатынын өзің шамалайсың ғой. Бар, шырағым, жолың болсын, — деді Меңдікерей.

Отырған екеуі мақұлдағандай, үнсіз бастарын иісті.

Хакім шығуға ыңғайланды да, тағы да пысықтап алу ниетімен:

— Қалаға барып біліп, ізінше қайтып келейін бе? — деп сұрады.

— Жоқ, жоқ. Ізінше қайтып келе алмассың. Жүкті әбден анықтап білмей қаладан шығуға болмайды. Мүмкін қонып қаларсың, тіпті бірнеше күн жатуға да тура келер. Керуеннің қашан жүретінін білгеннен кейін төрт-бес сағаттай алдын ала шығып кетсең болады.

Барбастау басында малшы Әлжан дегеннің үйі бар, сонда я сол кісінің құлағына сыбыр етерсің, я өзің танитын бір жігітті жолықтырарсың. Арғы жағы басқалардың міндетінде. Онан кейіи өзің асықпай келуіңе болады. Келістік қой.

— Жақсы!

Хакімді сенекте Ораз қарсы ұшыратып күлімсіреп жүзіне қарай қалды да:

— Құлағыңа дейін қызарып кетіпті ғой, емтихан беріп шыққан жоқсын ба? — деді әзіл үнмен.

Жайланысып отыруға да келмейтін тап-тар жерде үлкен адамдардың алдында болып әбден қысылып, терлеп шыққан Хакім, оның сөзіне жауап таба алмай қалды. Және Ораздың атүсті әзілі оған орынсыз көрінді. Ол ішінен жаратпай: «Сен де бұл жерге от ала келіп тұрған жоқсың ғой. Қызарған-қызармағаныңды көрер ем, бірақ күтуге уақытым жоқ», деп ойлады жүріп бара жатып.

Хакім Оралға тез жетуге асықты.

6

Совдеп мүшелері Жүністің ереуіл көтеруін қолдап, оны қай жағынан да демеуді мақұл тапты да, Жымпиты үкіметінің қолтығында елеусіз жүріп үгіт жұмысын күшейтуге өткір жас жігіт Оразды бөлді.

— Ал, Қажеке, мен сіздің ауылға соғып, көптен көрмеген нағашы жұртыма тегіс сәлем беріп, сонан соң өзіміздің елге аспақшы болып тұрмын. Арбаңызға мінсем ауырламайсыз ғой, делбеңізді өзім ұстаймын. Сұрамай-ақ, ат-арбаңызды жиендік етіп мініп жүре берсем де болатын еді, бірақ ыстықта жаяу борсаңдатуға сізді аядым, — деді Ораз күліп Қажымұқанның иығынан қағып қойып.

Қажымұқан «жақсы» деудің орнына күйбеңдеп жауап қата қоймады. Ол қайта-қайта, бір нәрсесін жоғалтып алған адамша, басын шайқап, ойланып өзіне-өзі күбірлей берді. Ораз оның теріс айналып: «... Құр сөзге жұрт сене ме?.. Құр аяққа бата жүрмейді дегендей, не қағазы жоқ, не басқасы жоқ...» — деген күңкілін естіп қалды. Ол Қажымұқанның мына сөзін өзі жөнінде деп жорамалдап: «Арбасына мінгізгеніне ақы алғысы келгені ме бұл кісінің? Құр аяққа бата жүрмейді дегені не?» деп ойлады да:

— Қажеке, мен сіздің арбаңыз болмаса басқа көлік қарастырайын. Бірақ екеуміздің қалайда бірге жүргеніміз мақұл еді. Сіз маған өте керек болып тұрсыз, — деді.

— Жоқ, жоқ. Арба өз алдына... — деді ол, теріс айналған күйі міңгірлеп.

— Енді не себеп? Бізге тез аттану керек еді...

— Қағазсыз жүруге болмайды. Ауызша уағда бір басқа, дәкімент бір басқа. Біздің ел қағазға сенеді. Оның мәнісі де бар. Қағаздың орны бір бөлек. Қол қойып, мөр басқан сары ала қағаз болмаса закон болып саналмайды. Айналайын жиенжан-ау, сен білесің ғой, оқыған адамсың. Заң-зақұнның күші қағазда тұр. Қағаз алмай болмайды, — деді Қажымұқан қиналған пішінмен.

Ораз оның қиналған жүзіне аянышпен қарап:

— Нағашы, міне жаным, оллаһи, бір сөзіңізге түсінсем бұйырмасын. Ол не закон, не қағаз? Әлде болмаса жолға жүруге қолыңызға қағаз алғыңыз келе ме? Бұл жерде ешкім қолға документ бермейді. Берудің және керегі де жоқ. Түсіндіңіз бе? Құпия жүріс...

— Жоқ, жоқ, атама. Дәкіментсіз жүруге болмайды. Қолыңда қағазың болмаса саған кім нанады? О не дегенің, қарағым-ау, қолға дәкімент бермейді, дегенің? Міне дәкіментің! Танисың ба, мұның қандай дәкімент екенін! Кәдімгі өзіміздің кедейшіл хүкімет берген «дәкімент!» деп етектей етіп алдарына жайып салсам, старшинаң да, судьяң да жымдай болады. Менің айтып тұрғаным хақиқат нәрсе. Макаров пен Кердері Шорақтың сала құлаш дәкімент әкеліп: «Мына көл де біздікі; көлдің ішіндегі балық та біздікі. Балықты ана Аңқатыңнан аулаңдар, ұғындың ба?!» деп көзге түрткенін өзіміз көрдік қой. Көзге түртіп қана қойған жоқ, жылымға салып малшылады. Маңына барып көр, қолында дәкіменті бар құдайдың! Қарағым, сен қызықсың, қызық болмасаң осыны ойламайсың ба. Егер де менің қолымда сол Макаровтың дәкіментіндей қағазым болса — Шалқардың үстінен көлденең құсты да ұшырмаймын, ау салу былай тұрсын. Әбекең осы жайды жақсы біледі, ол дәкімент жасап беруі керек, — деді Қажымұқан сенімді үнмен.

Ораз оның бетіне қадала қарады; сөзін аяқтағаннан кейін басын изеп:

— Мен сіздің документіңізге жаңа ғана түсіндім. Шалқар жөнінде екен ғой. Бәсе, Макаров пен Шорақ дегеннен кейін ғана аңғара бастадым. Ия, Әбекең документ әперемін деп уағдаласып па еді?

— Ойбай-ау, Шалқарды айтпай мен нені айтып тұр дейсің. Әбекең бізге көлің де, көліңнің балығы да өздеріңдікі. Бұрын қожа болып қоқаңдағандар енді аяғын да аттап баса алмайды, — деп бізге әлгі сағаны темір торлап буып қойған межесін суыртты ғой. Мұның бәрі жақсы. Ал, егерде мына күзге қарай ескі қожалар айналып соғатын күн болса, мен міне артель, міне көлдің қағазы, міне мөрі, міне қолы! — деп көрсетпеймін бе! Сонан кейін менен алып көрсін Шалқарымды! Бұл зақұн бе? Әлде зақұн емес пе?

— Ым! — деді Ораз. — Мұның закон екенінде дау жоқ. Көлге де, жерге де қожа болатыныңа ешкімнің шәгі болмас. Бірақ ондай қағазды қазір сізге бере қойса. Жер мен су еңбекшінікі деген жалпы совет хүкіметінің берген нұсқау заңы, яки декреті. Бірақ соны қазір қағаздатып ала қоямын деуіңіз келіске келер ме екен, Қажеке!?

Қажымұқан шап ете қалды.

— Е, оныңыз келіске келмейді дейсің? Неге келіске келмейді? Макаров пен Шорақ Шалқар біздікі, біз хүкіметтен сатып алдың деп бізді қуып шыққаны келіске келеді де, ал, менің артельдікі, қырық кедейдің суы, балығын өзіміз ұстап, өзіміз жейміз деп алған қағазым ұят па? Ол қалай болғаны. Қазір күз келеді, мұз қатады, балық маусымы басталады. Сонда біз тағы да қайыр сұрағандай Шорақтың алдына барып мөлиеміз бе? Қапысын тауып қожайындар қайтып келіп бар байлықты су астынан суырып жатқанда біз қатын, бала-шағамызбен аш-жалаңаш дірілдеп үйде отырамыз, а?

Мұның, қарағым, нағыз балалық қой, келіске келмес деуің...

Қажымұқанның даусы көтеріліп кетті, ол Ораздың сөзіне қатты ренжіп қалды.

— Ойбай, ағатай, мен білмеймін. Жүріңіз, жүріңіз Әбекеңе. Ондай қағазды беретін болса — қазір барып алайық, — деді Ораз сасып.

— Е, сүйдесейші. Келіске келмейді деп жасыта бергенше. Осы жасығанымыз да жетер. Көрінген келіп көліміздің үстінде талтаңдап, осы күнге дейін қожайынсынғаны да жетер. Мен ол қағазды аламын. Қалайда аламын. Өлсем де аламын. Алапес деген бір ұры болыпты. Кәсіп болмағаннан кейін шиеттей жас балаларын ұрлық жасап, мал айдап әкеліп асыраса керек. Ұры болған кісі қай бір жетісіп тұрғаннан істейді дейсің, бәрін істететін аштық қой. Бір күні Алапес кешігіп қалып, қарны ашқан қара сирақ балалар пеш түбінде отырып шырылдай бастаған көрінеді. Сонда Алапестің қатыны айтады дейді: жылама, қарағым, жылама. Алапес өлер, өлмесе жаман сиыр әкелер деп. Қуып келген сиыр тышқақтамай ма, оны балалар талай көрген ғой. Тап сол әйел айтқандай, мен де қара сирақ кедейлерге: Қажымұқан өлер, өлмесе бір дәкімент әкелер, деп кеткемін. Сондықтан мен дәкімент алмай кетпеймін, — деді Қажымұқан.

«Мына қара сирақ қасқа кедей айтқанын істемей тынбас. Әбден ашынып алған екен. Көзі көріп, қолы ұстамаса, несие сөзге сенбейтін қазекеңнің осы мінезі жақсы», — деді ішінен Ораз Қажымұқанның қайсарлығына риза болып.

Ораз Қажымұқанды Әбдірахмандарға қайтадан ертіп келіп оның тілегін мәлім етті. Балықшының бұл тілегін Әбдірахман ойланбай-ақ орындауға кірісті. Ол жиналыста жұрттың сөзін қазақшалаған екі тілге де жүйрік салмақты Мырзағалиевке:

— Исполком атынан жаз, қаулы есебінде жаз. Жер мәселесі жөніндегі совет үкіметінің декретіне сүйеніп Шалқар көлінің суы, байлығы балық кәсібімен күнелткен жағадағы еңбекшілердің пайдалануына берілсін. Оның қожасы сол еңбекшілер, яғни Қажымұқан сияқты көп балықшылар деп келістіріп жаз. Өзіміз қол қоялық, Богдановка советінің мөрін бас, — деді.

Өзі сияқты тарамыс келген арық Парамонов ілгері қарай мойнын бір созып қойып, Қажымұқанның келіп иығынан қақты.

— Мына мен де жұмысшымын. Сен де жұмысшы, кәсіпкер шаруасың. Жер де, су да өзіміздікі. Шалқарыңды қайырып алғаныңды құттықтаймын. Енді ешкімге берме, — деді Қажымұқанның қолын қысып.

Қажымұқан оның сөзін қазақшалатпай-ақ ұқты.

Парамоновтың достық шырайын ежіктеуді керексіткен жоқ.

— Бай казак-орыс Макар Кердері Шорақ пен Шұғыл байдікі тамыр. Сен рабочай Қажымұқандікі тамыр. Қонаққа кел! Жайын құйрығын жегіземін, — деді Қажымұқан оған ыржиып. Қажымұқанның аққаладай тістері күлгенде ақсиып кетті. Оның орысқа түсінікті болсын деп тілін бұзып сөйлегені ұғымды-ақ болды білем, Парамонов:

— Барады. Барады, тамыр, — деді.

ҮШІНШІ ТАРАУ

1

...«Түн қатып жүріп, түс қашпай... Ерлердің ісі бітер ме!» — деп осындай суыт жүрістен алған екен ғой, — деді Хакім ат үстінде келе жатып есінеп. — Біздің Нұрымның білмейтін жыры, айтпайтын өлеңі жоқ. Осы сөз кімдікі екен? Кімдікі болса да, Нұрымның аузынан түспейтін осы өлең тауып айтылған, нағыз көкейіңнен шыққан асыл сөз. Ар жағы қалай еді өзінің...

Ол бүгін таң сәріде шығып қырық шақырымнан астам жерді аттан түспей жүріп келіп, қазір Орал қаласын көргеннен кейін көңілі көтеріліп кетті.

Жолда ол оқтын-оқтын ыңырсып ән салып келе жатқан. Көбінесе оның аузына орала беретін әні «Зәурешті». Әрбір ән әркімге түрлі-түрлі жағынан ұнап, жүрекке өзінің өзгеше бір пернесімен ыстың көрінуі мүмкін. Неге екенін кім білсін, — Хакім «Зәуреш» әнінің мұңды жағынан көрі сағынышты сарынын ұнататын. Ұнатқаны сол — ол оңаша шықса-ақ:

Біздің ел көшсе жайлар Бәлтен сайын,

Жайылған жылқы білер жердің жайын.

Бойымда алып-жұлған ауруым жоқ,

Сағындым Зәуреш қыздың құйған шайын, —

деп жаяулата жөнелетін. Қазірде де ол осы шумақты Мынанайдан төмен түскеннен кейін, қатты көтермей қоңыр әндетіп жіберді. Бірақ өзі мұны байқаусыз салды. Ән ойламаған жерден аузына түсіп кетті. Және өлеңнің соңғы жолын өзгертіп «Сағындым Зәуреш қыздың құйған шайын» деп қалды...

Мынанай мен Орал қаласының арасы жеті шақырым тоғайлық. Орманы аса қалың болмағанмен, жол ағаш арасын жарып өтеді. Күн сәске түс болып қалса да, жол үстінде тірі жан кездеспеді. Жапырағы тынымсыз дірілдеген көк терек пен шаңырақ бөрікті бақа қара ағаш кей жерде жолға әдейі еңкейіп тұрғандай жапырағы бетті сипап қалып өткізіп жібереді. Орман ішімен иреңдеген жылан жол кейде суы мөлдіреген бала бұлақтарды аттап кетеді.

Оңаша орман, иесіз жол, салқын лепті мөлдір су, лекіте аяңдаған ат Хакімнің еңсесін көтеріп жіберді. Ол үзеңгіге шіреніңкіреп тақымын жазды, ер үстінде қанатын қомдағандай, бойын керіп, кеудесін көтеріңкірей түсті. Атты сипай қамшылап қойып ол ән салып жіберді. Ойланбай-ақ, толғанбай-ақ желпіне түскен кеудеден дарқан жүріс, тентек қимылдан туған «Аязбай» есіле көтерілді де, қоңыр дауыс орман ішін мәтөк әнмен бір көтеріп тастағандай. Ән Хакімге аса жақсы салынған сияқты көрінді. Ол өзіне-өзі риза болып насаттана түсті. Бұл әнді мұнан бірнеше күн бұрын ол Нұрымнан естіген еді. Бірақ оны саламын, үйренемін деген ой әуелде оған келген жоқ-ты. Ал, қазір әнінің, Нұрымның салғанынан кем шықпай, ойға бірден қонып қалып, сөзінің бәрі тегісінен аузына келе қалуы — шаттықтың қол жетпейтін бір биігіне шыққандай әсер етті. Әбден үйреніп алайын деген адамша Хакім әнді қайтадан салды. Екінші шумағын ол қанша тырысса да таба алмады, өз жанынан қиыстырып қоса салуға — дұрыс өлең қол-аяғы жып-жинақты болып ауызға түсе де қоймады. Сөйтіп ол, әнін жақсы сала білгенмен, сөзін тұтас келтіре алмай әуре болып келе жатып, жолдың көпірге қарай бұрылатын жеріне жетіп қалды. Бұл Жайықтың жағасына жарты-ақ шақырымдай жер еді.

Хакім мұнан бір ай бұрын қаладан елге кеткенде пароммен өткен болатын. Қазір көпір түскен, бірақ онан әу дерлік жерде паром да жүріп жатыр. Аттан түсіп, жетектеп мініп, жетектеп шығатын машақаты көп паромнан қашып Хакім көпірге қарай бұрылды. Көпірдің үсті бос, паром басы ете көпшілік көрінді.

Хакім жағаға жақындай бергенде паромнан шығып келе жатқан көк аттылы, шекпенді бір қазақ қарсы келіп таныған адамдай:

— Бала, аман-есен бе! Көпірге барасың ба? — деді. Көк аттылы бұрын көрген таныс адам, бірақ оның кім екенін Хакім есіне түсіре алмай, сасқалақтаңқырап:

— Ассалаумағалейкүм, — деді.

Көк аттылы қазақ, күнде көріп жүрген адамша Хакімге жай-мәністі түсіндіре бастады.

— Көпірмен өтейін деп пе едің? Әрине, реті келсе көпірмен жүрген жақсы. Бірақ онымен жүргізбейді, ана құдай қарғағандар. Бұларға оқыған адамың да, оқымаған мына біз сияқты қыр қазағының да бәрібір, біреуін де маңына жуытпайды, көпір басында тұрған ана жасауыл казак-орыс. Өзі Қосатардікі, қарғалғаның қазақпен өмір бойы араласып жүрсе де, үстемдігі қалмайды. Арда киргиз, саған көпір керек, а? Мынау керек емес пе? деп қамшысын көрсетеді. Былтыр мұндай емес еді, бұл құдай атқандардың биыл бізге қастері жаман тігілген. Сәбет жақсы. Бар сәбетке, береді, — дейді тәңір алғыр қолының жұмырын шығарып. Ай, қағынған казак-орыстар-ай, бұлардың білмейтін құлғанасы бар ма! Сүтей деген бір барқын айтқан екен: «Дүкенші Матрей де маған қылып еді қылықты, мен де оған аз қылмадым. Сол керек Матрей итке» деп. «Сүтеке, сен оған не қылдың?» десе, Сүтей айтатын көрінеді: «Дүкеніне кірсем-ақ, сен мәкру киргиз аяқ-қасықтарды ұстап босқа арамдайсың. Сатып алуға ақшаң жоқ, шық дүкеннен деп айдап шығады. Бір күні мен жұртпен бірге араласып кіріп, Матрейге көрсетпей сатуға қойған қасықтарын жалап-жалап кеттім» деп. Сүтекеңнін бар қылғаны Матрейдің қасығын жалап арамдағаны-ақ. Осы да кек алу ма екен? — деп күлді паромнан шыққан көк аттылы қазақ. — Бұларға қасығын жалап арамдағаннан көрі, арқасына дүре салып, өздерінің істегенін өздеріне істесе, сонда тура келер еді. Қасық жалау деген сөз бе екен! Құдайдан безгендер көпір екеш, көпірді де қызғанады. Барсаң мылтығын төсеп тұра қалғаны. Мылтықпен қорқытқаны өз алдына, бәрінен де бататыны жер-жебіріңе жетуі: киргиз, арда киргиз, арам киргиз кайсак деп кемітеді. Құрысын одан басқасы да толып жатыр. Өздеріне қарамайды-ау, бұл бай казак мұндарлар. Таңына таңба басқандай етіп сәбет он мыңнан, жиырма мыңнан салғыртты басқанда арқасына шыбыртқы тиген қызыл өгізше қайқаңдады деп еді пәлем. Сәбетті жеңіп қазір тағы қожа бола бастады. Ай, Жайық бойының қара қасқа казак-орыстарының оңғаны бар ма! Нағыз тамұқтың төрінде жататын кәпір осы Жайық бойының жалмауыздары. Тамұқтан басқа бұлар қайда кірер дейсің. Кәпірге керегі де сол ғой...

Хакім тұрып тыңдаса бұл көк аттылы қазақ ішіне сыймай тұрған талай әңгімесін түйдек-түйдегімен ақтарғандай-ақ еді. Бірақ Хакім бөгелмеді. Ол қалаға кіруге асықты және мына қазақты бұрын көргенмен аты-жөнін есіне түсіре алмағанына қысылып, жақын адам болса ұят болып қалар деп ойлап одан тезірек кетуге тырысты.

— Жақсы. Мен паромнан өтейін. Асығыс едім, — деп ол жағаға қарай асты.

Арғы бетке кеткен паром қайтып оралғанша атын жағадағы бір қалашының арбасына байлай салып, Хакім суға түсті. Ол көптен құлаш ұрмаған Жайық суының сағынышты құшағына енгенше асықты. Жүгірген бойы түбі көрініп жатқан қайраң жағаның ақ маржан суына күмп етіп сүңгіп кетті де, тарбақа тебіспен ағысы қатты ортаға қарай қос қолдап серпіп он бес — жиырма құлаш жерден барып шыға келді. Кеуде толтырып дем алып, басты кері серпіп тастады да, әсем жылжыған енді айдынның ақша бетін жеңіл құлаштап рілеп кетті. Иықты, сұңғақ Хакімнің денесі өңкей көк теректің ішінде сирек кездесетін Жайық жағасының сұлу қайыңы сияқты еді. Жүзі күн мен желге қызыл қоңыр тартқанмен татрандай тұлға су бетімен жарқ-жұрқ етіп есіп бара жатқан сияқтанды.

Ағынды судың асты ойлы, қырлы, сарқырамалы келеді. Ақ қайраң өрге жүзіп, сол ағысы қатты capқыраманы іздейді. Екпінді арнаның сағасына жеткенде ол көлденеңдеп жатып қалады, ерке балықты ағын асырып айдап әкеліп құламаның жарынан төмен тастап жібереді. Балық екінші жақтан айналып шығып, тағы жатып, тағы құлайды. Ақ қайраңның жазғы ойнағы осылай басталады.

Жасынан ағынды судың бойында өскен Хакім, бала кездегі «Ақ қайраң» ойынын бастағысы келіп, кербез аққан жалпақ судың ортасына барып, шалқасынан жатып алып ақ балықша төмен сырғыды. Үздіксіз ағын бойшаң су оны әлдеқайдағы алыс түбектен шығарарлық, бірақ уақыт тар, жол ұзақ. Ол кері құлаштап біраз жер жүзгеннен кейін, тағы да мауқын баса бір сүңгіп алып, судан шықты.

Тер мен шаңнан арылған дене бейне бір ауыр жүкті иықтан сырып тастағандай жеңілейіп кетті. Көңіл де әлдеқайда шарықтап кеткен сияқты. Жалғыз-ақ: келген жұмыс қалай бітер — Хакімнің киініп жатып ойлағаны тек сол.

Паром бергі жағаға жете бергенде көпір басынан шығып келіп екі адам документ тергеді. Екеуі де қару-жарақ асынған тергеуші. Казактар, қайырма, бөрік, қазақты шекпен киген базаршы қазақтар мен ноғай бешпетті татар саудагерлеріне аса назар аудара бермейтін сияқты, — атүсті көз жүгіртіп қағаздарын шапшаң қайырып жатты. Орманнан жидек теріп қайтқан шелекті бір-екі әйелдерге тергеушілер көздерін де салған жоқ. Бірақ атын шылбырынан жетектеп, қазақ арбасымен қатарласа паромға жылжи берген Хакімді бірден тоқтатып, күдікті көзбен училищенің билетіне бір қарап, жүзіктің көзінен өтерлік бойшаң денелі жас жігіттің бетіне бір қарап, тергеушілер мошқай түсті.

— Қалада не шаруаң бар?

— Училищеде аттестатым қалды, соны ала келдім.

— Оны қайтесің?

— Аттестатсыз оқуға да, қызметке кіруге де болмайды.

— Оны қайдан білесің.

«Сағақтан ілді...» деп ойлады Хакім. Таңданған адамша казак-орыстың бетіне қасын кере қарады да:

— Бұл белгілі шындық емес пе, мырза. Мектеп бітірген қағазың қолыңда болмаса, құр сөзге кім сенеді?! Ұзақ әңгімеге бармай, қысқа жауап қайырып, тез құтылуды тілегенмен казактар асықпады.

— Шын айтасың. Сенің құр сөзіңе нануға болмайды. Әскер қызметінде неге жоқсың?

— Мырза... есауыл мырза, (әскери адамның есауыл шенінде екенін Хакім жаңа ғана байқап қалды). Бізде әскер қызметі міндетті емес, ерікті. Алайда мектеп бітіргеннен кейін әскери жұмысқа кіру парыз ғой.

Соның үшін аттестатымды алып, кіші шенді әскер қызметіне кіру талабымен келдім.

Хакім ойға келген жауапты айта салды, онысы орынды да көрінді. Көпір басын бақылаушылар өзара күбірлесіп қалды.

Жол бөгеп масқара қылмаса жарар еді. Енді не істеймін. Аттестаттан басқа тағы не себеп бар бұған айтатын? Басқа бір сылтау айтсам, маған жүдә сенбей қалуы мүмкін. Күдіктің үлкені сонда тумай ма? Ойламаған жерден ілігіп қалаға кіре алмай кері қайтсам, онда барлық істің қарап болғаны, деп састы Хакім. Сырт пішіні бұрынғы қалпынша қалғанмен ол іштей қатты қобалжып кетті. Оның ойы бір минуттің ішінде шарқ ұрып ауылды, Қара Обаны аралап шықты. Парамоновтың, Әбдірахманның, Меңдікерейдің сөздері құлағына қайта келгендей болды.

«Саналы азамат халқы үшін басын тігеді, күресте ақыл мен айла, ерлік пен тапқырлық жеңеді... Көз алдымызда жау әскерін сақадай сайлап, көкпеңбек қару-жарақ асындырып жатқанда, бір іс бітірмей, — салған жерден сағағынан ілінген балықтай бұлаңдап, мыналардың қолында қалып қойсам, не болғаным?! Құрал-жабдықтарын бөгеусіз алып кетіп, ертең өзімізге қарсы жұмсағаны ма?! Сеніп жіберген менің ана басшыларым не дейді маған?..» Хакімнің маңдайынан мұздай тер шығып кетті, түсі көре көзге қуқылданып жүре берді. Тергеушілер жайлана түсті. Паром үсті адам мен көліктен лық толды. Жағада жалғыз Хакім ғана қалды. Су басындағы бар жұрттың көзі енді тек Хакімге ғана тігілді. Паромды Хакім әдейі тоқтатқандай:

— Не күтіп тұрмыз?

— Мына жігіт не деп тұр?

— Ay, бізді бөгемеңіз, екінші пароммен келерсіз, — десті бір адамдар Хакімге қарап. Басқалар да абыржи бастады.

— Сен әскер қатарына кетуге тиіс киргизсін. Реальное училище әскери тәртіпті мектеп. Сені біз Джамбейтаға жөнелтеміз, онда әскер бөлімі бар, соған, — деді, есауыл Хакімге.

Хакімнің көзі ұясынан шығып кете жаздады, ол жалма-жан есауылдың алдына қазықтай шаншыла қалды.

— Асыл текті есауыл мырза, мен өзім де сол Джамбейтаға бара жатырмын, сондағы сіздің одақтас дос хұқіметіңіздің дружинасына кіші шенді офицер болып өту үшін қолда документам болмай бір тәулік мерзіммен қағазымды алып қайтуға келдім. Егер де бүгін реальное училище аттестатын алып ертең сәскеде комиссияға табыс етпесем, отан алдында жеке жауапты болмақшымын. Бұл жөнінде қолымнан подписка беріп кеттім. Мына оқушылық билетімді сізге залог орнына қалдырып, үш сағаттан кейін аттестатымды әкеліп көрсетіп, сізден қайтарып алуға рұқсат етіңіз! — деп құлақ қағып, ізет көрсетті.

Есауыл да белбеуін түзеп қойып, ширатыла түсті.

— Сендердей түк бітірмей бостан-бос сенделіп жүрген шайтандарды кезі келген жерде ұстап алып конвоймен жөнелтуге наказной атаманның айрықша бұйрығы бар. Киргиздерді киргиз бөліміне, казактарды казак жүздіктеріне аттандырамыз. Ал, сен секілді білімді киргиздарды ім... төтенше бақылауға міндеттіміз, — деді есауыл қатаң үнмен.

Оның түсі қатаң болғанмен үнінен икемге келерлік Хакім бір дыбыс естігендей болды да, «не де болса мұның ыңғайына көше сөйлеп, мадақтай түсейін», деген ниетке бой ұрды.

— Өте әділ айтасыз, асыл текті есауыл мырза. Бос жүрген сенделбайларға тиым салып, әскерлік тәртіпті сіздер нығайтпасаңыз басқа ешкімнің қолынан келмейді. Біздер жөніндегі наказнойдың бұйрығы да аса құнды бұйрық. Әскери бөлімшелерді жаңадан құрып, сіздердің инструкторлық басшылығыңыз арқасында көсегеміз енді көгере ме деп тұрмыз. Енді қайтып оралғанда сіздің алдыңызда тұрған тәжірибесіз оқушы да тап өзіңіздей әскер мәдениетіне әрі жетік, әрі ісіне шын берілген солдат болатынына күмән келтірмеңіз. Өте беруге рұқсат қой, асыл текті есауыл мырза?! — деп сұрады ол, шаншылып тұрған күйі.

— Ым... үш сағат көп, екі сағат ішінде қайтып оралмасаң, ұстап алып үш күн каталашкаға отырғызамын да, онан кейін темір тәртіпті конвойдың қолына беремін. Кәне, марш! — деді есауыл.

— Хұп болады, асыл текті есауыл мырза! — деп Хакім атын паромға сүйрелей жөнелді.

2

Ақметшенің пәтерін Хакім бірден тапты — бұған қызыл нарлар себеп болды. Көпір басындағы есауылға екі сағатта ораламын деп уәде берген Хакім, әрине, есауыл үшін емес, өз ісін тез аяқтауға асықты. Меңдікерей айтқан шамамен Ғайнолла мешітінің арқа бетіндегі бір қысқа орамға келіп Хакім қарағайдан салған шағын татар үйлерінің жағалай жүріп қақпаларын сығалады. Үш-төрт қақпа өткен соң тізілген көк арба мен өңкей қызыл нарға лық толы үлкен аула оның көзіне алыстан-ақ шалынды.

«Ақметшенің пәтері тап осы шығар» — деді Хакім ішінен. Бұл сияқты біркелкі нарлар мен фургондар басқа ешкімде бола қоймас. Орыстарда арба болғанмен нар жоқ және олар тап осы ноғай көшесіне түспес те...

Хакім қақпадан кіріп, аулада ешкім көрінбегеннен кейін кек арбаларға қарай бірнеше адым жер жүрді де, терезеден қарап тұрған адам болса ниетімді сезіп қалар деп, есікке бұрылды. Бір қарағанда-ақ оның аңғарғыш көзі ауланың екі жақ бұрышына иірілген сeгіз арбаның үшеуіне жүк тиеулі екенін байқап қалды. Фургон арбаның қалқанынан жарты метрдей биік тиелген жүк жонайтталып үсті торпышпен жабылған да, кендір арқанмен белдеулеп шандып тасталған. Бірақ торпыш астынан (тап қалқанға таяу жерлері ашық) ұзын-ұзын қарағай жәшіктер көрініп тұр.

Есікке жақындап келгенде ол терезеден қараған әйелдің және бір еркектің басын көзі шалып қалды. Аулада ит жоқ, екен, содан да адымын керіңкірей басып келіп есік қақты. Есік ашқан татар әйелден:

— Жеңгей, айып етпеңіз, мен қателеспесем Ақметше Мұқамметшин дейтін кісі сіздікінде тоқтаған шығар деймін. Кіріп сәлемдесіп шығуға рұқсат етсеңіз, сізге көп-көп алғыс айтар едім. — деді Хакім, есік алдында тұрып әйелге сәл басын иіп.

— Болады, болады, кіріңіз, ол кісі үйде, — деді әйел бөгелместен. «Оқыған өте әдепті жігіт екен. Қазақтардың осы кезде білімді, көркем жігіттері толып кетті», деп ойлады әйел Хакімнің әдептілігіне де, көркіне де қатты риза болып.

— Шырағым-ау, сен Хакімжан емессің бе? — деп Ақметше қарсы тұра келді, сәлем беріп қол созған Хакімге. — Хакіммін, жиен аға, Хакіммін, — деді Хакім қос қолдап көрісіп.

— Жүзі таныс, өзі де сол жас күніндегі көзі күлімдеген күйі. Бірақ, серейген ұзын жігіт, әдемі киінген, жас оқымысты, Хакім деуге келер емес... Терезеден қарап тұрмын бұл кім деп... Жоғары шық, жоғары шық, нағашы. Соншама тез өсіп кеткенсің. Жаңылмасам, Жымпиты мектебін бітірген жылы көрдім ғой деймін. Төрт-бес жыл ішінде соншама өзгергенсің, Хакімжан! Сен ана тентек Нұрыммен екеуің сірә, бізге тартып бойшаң болдыңдар ғой деймін. Әйтпесе нағашым ұзын бойлы емес. Нағашы жеңешем де орта бойлы ғана. Бұл қалай болғаны, бұрын жұрт жиені нағашысына тартады деуші еді, енді нағашысы жиеніне тартқаны ма?! Сонда жиені бойшаң болса, нағашысы ойшаң бола ма? — деп Ақметше жаңылтпас сөзін араластырып сөйледі. Оның көзінің қиығы күлімдеген жұмсақ шырайдан босамады.

Әзілі аралас жылы сөзбен қарсылаған Ақметшеге Хакім ішінен қатты қуанды. Бірақ ол аса жығыла кетпейін деген оймен сыпайы амандасып, әдеппен сөйлеп, өзінің жай қалпындағы салмақты мінезінен шет шықпады, сұраған сөзіне жарқын жүзбен қысқа-қысқа жауап қайтарды. Әке-шешесінің есен-саулығын және басқа да үй ішінің амандығын білдірді.

Жүністің бұл өте жақын жиені, ілгеріректе жиі қатынасып жүргенмен, Хакім ес білгелі көп араласпайтын. Сондықтан оның мінез-құлқын да, тіпті түр-түсін де Хакім жете білмейтін. Әкесінің ғана анда-санда: «Үлкен білімді жиен. Ақылды, сөзге ұтқыр адам. Өз пайдасын білетін, дүниенің тетігін тапқан жан», деген қысқа-қысқа сараң мінездемесінен өзге Хакімнің білері аз-ды. Оған бұл бұрын сырлас болып көрмеген атақты адамның бетпе-бет отырып ашық сөйлескені өте жақсы ырым сияқтанды. Ол Ақметшенің жүзіне байқатпай қарап алып отырды: ашаң жүзді, ат жақты, ұзын қара сақалды, келбеті аса келіскен адам. Ақыл мен сияпат иесі боларлық келбет. Көз құйрығының ұдайы күлімсіреп тұратыны, сөз мұқамының жұмсақтығы әрі сынағыш, әрі алдамыш адамдардың шырайы ма, қалай?! Ноғайша тіктірген мандала бешпет, шалбардың тос қалтасынан күміс сағатының күміс бауы көрінеді, кигені кебіс пен мәсі. Киім түріне қарағанда татар саудагерлері сияқты. Сырт пішіні Петербургтағы жоғарғы дәрежелі ауыл шаруашылық мектебін бітірген үлкен білімді адамның түріне аса сай емес.

«Зымиян адам екеніңді сөзің де, түрің де айтып тұр. Мейлі не болсаң о бол, маған — бәрібір, өз пайдасын білетін, дүниенің тетігін тапқан жан деп көкем тауып-ақ айтқан шығар сірә. Пайда іздемесе Жымпиты үкіметінің подрядін айдай ма?! Мұндай білімді адамдардың бәрі іс басында үлкен төре: бірі правитель, бірі оның мүшесі, бірі судьясы, бірі докторы... мына оқыған жиеннің кәсібін қара! Жүк тасушы!.. Бірақ малдың түрін жақсартқан деуші еді, — рас екен, ауладағы нарлардың кеспірін-ай, көруге көз керек, сурет сияқты, бәрі біркелкі, өңшең қызыл аруана! Аруана емес — біртума нарлар! Ал, арба дегеніңіз тізілген көк фургон. Хакімдік дәрежені қойып баюға кіріскен кісі екен», деп ойлады Хакім сәкіге құйрығын қойып отырып.

— Шешін, Хакімжан, шай ішеміз, тамақ жейміз. Әңгімелесеміз. Жақсы келдің, өте жақсы келдің. Нағашыма барып сәлем берейін, көрейін, балалары қандай болып өсті екен, білейін деп ойлап жүр едім. Бірақ қолы құрғыр босамай, бір қалт етер уақыт таппай жүргенім. Апам марқұм қайтқаннан бері нағашым да біздің елге беттеуді қойды, — деді Ақметше сағынғандай бір баяу үнмен. Хакім әңгіменің ұзаққа созылғанын тәуір көрді. Сондықтан оған шайға қараудан басқа амал болмады. «Арбаның үшеуі-ақ тиеулі, қалғаны бос. Үшеуін ғана жөнелтпес, қалғандарын да тиетер. Соған қарағанда бүгін жүрмеуі керек. Енді не істеу керек, неден бастау керек?...» Хакім терезеден ауланың ішкі жағына көз тастап, сәл ойлағандай болды да.

— Жиен аға, мен биыл реальное училищені бітірдім. Бірақ көктемде осында сапырылыс болып кетіп сабағымыз да дұрыс аяқталмай, көбіміз аттестат алып үлгіре алмадық. Бүгін сол мектеп бітірген қағаздарымды алайын деп келдім. Қалада тәртіп қатаңсып кеткен: документсіз ешбір жанды әрі де, бері де өткізбейді екен. Мені де ұзақ тексеріп, аттестат қағазымды алып, Жымпитыға, әскери қызметке кіретінімді айтқаннан кейін, екі сағатқа деп зорға еткізді. «Білімі бар әскер басындағы адамдардың істен тыс жүргендерін әскери дала сотына береміз» деп қорқытты. Өз ойым Жымпитыға бару. Осында сіз бар дегесін, сізден ақыл сұрайын деп келдім, — деді.

— Мектеп бітіргенің жақсы болған. Қайырлы болсын! — деді де Ақметше Хакімнің бетіне қарап ойланып қалды. Сөйтті де аздан кейін сол қолымен қара сақалды иегін бір нәрсе шағып алғандай қасып-қасып жіберіп, сипалап қойды да, аздап тамағын кенеді. Ол көре көзге ойын жинақтап, айтар сөзін салмақтаған адамша бөгеліске түсті.

— Сен әскер жұмысына кірме. Өзіңнің де соған алып-жұлып бара жатқан зауқың шамалы ма деп ойлап тұрмын, — деді Ақметше күліп.

— Жоқ, жиен аға, неге, зауқым болмаса осындай кезде қалаға келемін бе...

— Қалаға келуге себеп көп, оны қой. Әскерге кіргің келсе әлдеқашан Жымпитыда отырар едің... Бұл әңгіме өз алдына. Сен маған өзің тура қарашы. Біздің тұқымның не айтайын дегені жүзінен де көрініп тұрады. Бірақ мен сені тергеп-тексермей-ақ қояйын. Сенен және ана большевик жігіттермен сөйлестің бе, сөйлескен жоқсын ба деп те сұрамаймын. Өйткені сен өз жолыңды өзің табарлық дәрежеге жеткен жассың. Оның үстіне: әкең Жүкең... сол Жүкеңнің баласы бола тұрып, орта кеуде білімің бола тұрып, сені басқадан ақыл сұрайды дегенге менен басқа кісі нанар, бірақ өкпелесең де айтайын, мен өзім нанбаймын. Сен ағайынды Әлібековтерді білесің ғой, сендердің елдеріңе елі іргелес Қамыстыкөл Тоқсабасы, ағайынды үш жігіт, үшеуі де оқыған. Үлкені Ғұбайдолла, оған тетесі Хамидолла дейтін бар. Кішісі Ғалиасқар реальное училищені бітірген жігіт, бірақ ол сенен көп бұрын бітірді. Сол ортаншы Әлібеков Хамидолла қу, маған бір күні былай деді: «Менің бұл дүниеде құдайға күпіршілік келтіретін бір күнәм бар, ол: адамның не ойлап тұрғанын, ішіндегісін білетіндігім. Іштегіні білу — құдайдың ғана жұмысы. Міне сол құдекеңнің үлесіне қол сұғамын деп ауыр күнәға батып жүргенім. Сондықтан ертеңді-кеш тілейтінім: я құдай, сенің білгеніңді білемін деп күнәгер болдым. Осынымды кешіре көр деп сиынамын», — дейді. Сол Хамидолланың күнәсі қазір жұрттың көбінде бар. Хакімжан, мұндай күнә әзір сенде басталған жоқ па? — деді Ақметше күлімсіреп.

Хакім сасып қалды. Қапелімде не дерін білмей, жалтаң-жалтаң Аңметшенің бетіне қарай берді. Ол Ақметшеге: «Бұл күнәнің нағыз ұялаған жері мына өзіңізсіз ғой» деп айтып қала жаздады.

— Бүртік атқан жазғытұрғы жас талдың қабығы сияқты сенде де сол ішкі сырды біліп қою қылтиып келе жатқан шығар. Үйткені сен Жүкеңнің баласысың. Ал Жүкең ақылды адам. Сыр білу, болжау, сынау, алды-артын байқау деген нәрселер ақылдан ғана туады. Маған жас кезімде нағашым: «Дүниеде өлмейтін үш нәрсе бар, ол: ұстаздық, шаруашылық, саудагерлік. Ұстаз болу үшін білім керек. Білімі көп кісі ғана басқаға сабақ бере алады, шәкірт ұстай алады. Ал шәкірті бар кісінің ісі өлмек емес. Екінші шаруашылық. Тілін білсең тілдей жерден жылдық қорек табасың. Ұстай білсең бір малдың жүз малға тұратыны бар. Сондықтан шаруашылықтың тетігін тапқан адам қор болмайды. Үшінші саудагерлік. Саудагерлік жер танытады, ел танытады. Ақметше, сен осының бірін ұста. Ұста дегенім оқы дегенім», — деді. Менің оқуыма нағашымның сөзі ғана қамшы болған жоқ, оның жәрдемі де тиді. Ол кісі мұсылманша ғана оқыған адам, онда да түркі танырлық дәрежеден асып оқымаған. Міне, ақылдылықтың белгісі. Сондай шағын оқу, шағын біліммен дүниенің пәлсапасын жақсы біледі. Бұрынғы данышпан Лұқпан сияқты; жұрт нағашымды тентек деседі, үйткені басқаға оның алғырлығы тентектік болып көрінеді. Бұл әрине, ғаділ сын емес. Менің саған аңғартайын дегенім: Жүкең болжағыш — ол ұлықтардың сөзіне емес, ісіне қарайды. Жұртқа жағымдылығына қарайды. Қазіргі болып жатқан сапырылысты ол, мұғайын-ақ, өлшеп-пішіп отыр. Кімнің безбені басым: Жаншаның жағы салмақты ма, болмаса ана Бақытжан бас бұрған белгісіз сонар жол бір қараға соқтыра ма?! Сен мұны әкеңнің лебізінен аңғаруың тиіс. Сен маған қарама, менен ақыл да сұраймын деп дәметпе. Әскер жұмысы деген сөз — алдауға шеберлену, ал, зәбірді — игі іс, зорлық — нағыз пайдаң осы, деп сендірмесең қолыңнан билік құсының қалай шығып кеткенін де байқамайсың. Мұны саған білмейді деп айтып отырғаным жоқ, осыларды ойлай бастады-ау деп тұрмын, — деді Ақметше.

«Мынау әлде менің не істеп жүргенімді сырттан біліп алған да, жә болмаса тұзағына шырмап алып, сыр білудің айласына түскен зымиян. Көкемді қалай-қалай мақтайды? Шыны ма, әлде көзге күлімдегені ме... Әкеңнің лебізінен аңғаруың тиіс... мұның айтуынша біз жағы басым, мұны көкем біліп отырған сияқты... жоқ, бұған сыр берудің жөні келмес. Алжас басқан адымнан бүтін жолға кесел келуі мүмкін» деп ойлады Хакім.

— Жиен аға, Сіздің сөзіңізден мен көп лұғат алатын болдым. Мені сіз көпті көрген, білімі дариядай, өзіңізге теңей сөйлейсіз, оныңыз әрине маған шақ баға емес. Көкемнің сырын сіз жақсы білуге тиіссіз, бірақ саясат жұмысын болжарлық хасиет ол кісіде тап сіз айтқандай болмас. Мен не істерімді, не қоярымды өзім де әлі түптеп ойлағаным жоқ, ол кісіге де айтқаным жоқ. Мына тек қана сізге келіп бірінші рет ойымды ортаға салып ақылдасу талабы ғана еді. Көзге шыққан сүйелдей болып ауыл ортасында отырғанша, әзірге Жымпитыға барып, сіз сияқты ақылгөй ағалардан тәлім-тәрбие алып, жақсы сөз есту де білім ғой дегенім еді. Түп мақсатым әлі де оқи беру. Қайда оқуды, қалай оқуды белгілеп алуға да ақылшы керек. Менің сізге келген басты жұмысым осы. Сонан кейін... Қалаға бір саудагердің арбасына ілесіп келіп едім, ол ертемен Мынанайра шығып кеткені. Өзім қазір жаяу қалып тұрмын, — деді Хакім.

Ақметшенің қаладан қашан жүретінін біліп алу үшін ол тәсіл қолданды — арбаңызға мінгізе кетіңіз, демекші болды.

— Уә, уә, жаңа-жаңа келдің сөз түйініне. Бағанадан бері «мені ат-арбаңызға мінгізіп ала кетіңіз!» демейсің бе?! — деп күлді Ақметше. — Қазақ солай келеді. Істейін деп тұрғанын жасырып, алыстан орағытып қоян шарлауға түседі. Қызық халық. Атың жоқ болса менің арбама мін. Бірақ мен де алыстан орағытайын: бүгін-ертең жүрмеймін; қалада ең кемі екі-үш күн боламын. Ал саған бүгін кету керек шығар? Солай ма?

«Жылан жорға. Құйрығын ұстатпайтын бір пәлеге ұшырадым... бұл мені бұлтаққа салып, сілемді әбден қатыратын болды», — деді Хакім ішінен.

— Жиен аға, сіз менің сөзімді әзіл-қалжыңға салып жібердіңіз бе, қалай? Мен: нағыз шыным, қалтқысыз айтқан сырым деп сізге ант-су ішіп жатуды мақұл деп ойламаймын. Жиендік жасауға сіз үлкенсіз, сондықтан мен сізге «нағашылық» жасап, өз пайдамды көздеп кетсем кешірерсіз. Менің не айтатынымды, не ойлағаным көш жерден көріп отырған ақылды ағасыз ғой. Сондықтан сізге тура айтайын. Жұмысым өте тығыз. Жалғыз іске тұру ғана емес, басқа да Жымпитыда істейтін шаруам толып жатыр. Сондықтан мен сіздің алда-жалда өз тарантасыңызға асыламын демейін. Көпірліаңқатыға дейін ана жүк арбаңыздың біріне мініп барсам арғы жағы тиіп тұр, үйдің іргесі деуге болады, біздің Тілеубай туысқандар көпірден екі-ақ шақырым жерде отыр. Үйге барып, ат мініп шығып, сізді Жымпитыдан тауып алармын, — деді.

Хакім өтірік айтқанына жүзі шыдамай, Ақметшенің көзінен қашып, бөлменің ішін ажайыптаған болып, бұрыштағы шар айнаға, оның басында асулы тұрған қызыл жиек үлкен сүлгіге, жардағы жағалай қадаған тақиялы, бешпетті, жіңішке мұртты, алқа таққан, шәлі тартқан татарлардың әйел, бала-шағаларымен аралас түскен суреттеріне көз жүгіртіп өтті.

— Жарайды, Хакімжан, — деді Ақметше жұлып алғандай. — Онда сен де мені айыптама, таса бассам: сенің осы жүрісің маған оғаш көрінеді де тұрады. Жасырынбақ ойнағанда балалар көрініп тұрса да, көзін жұмған болады ғой, мен де сол сияқты көзімді жұмдым. Өйткені Қызыл үйге барып сен бас офицер бола алмайсың, біреудің шашбауын көтеріп жүретін кіші офицерлікке сен көнбейсің. Ал, бар билікті қолыңа алып кетуіңе саған әлі бір он жыл керек. Сондықтан сенің іске кіремін деуің бос сөз бола ма деймін. Оқу дегенің дұрыс, бірақ оны күту қажет. Сен осы ана совдепшілдердің қатарында емессің бе? Олар жастар жағына көбірек құрық салады, әсіресе сен сияқты қолға ұстауға тұрарлық әр жағынан да салмағы бар адамға үйір, сен олардың кәдесіне жарайсың да! Ал, қалай болғанда да көбірек ойланатын кез... Жақсы. Егер де өзің қомсынбасаң жүк арбаның біріне мініп баруға болар еді, алайда оның тағы бір келіспейтін, тіпті жарамсыз жағы бар, жүктің үсті отыруға тынышсыз. Жаман айтпай жақсы жоқ, түнде жүк үстіне мінемін деп бір жеріңе әлдеқалай зақым келтіріп жүрсең, нағашым менің есігімді өмірі ашпай қояр «атыңды аядың» деп. Ең қиыны осы жағы. Қалай дейсің?

— Ұйықтап қалып арбадан құлайтын мен бала емеспін ғой, Ақа. Оған үркіп, қорқып саспаңыз. Мен бүгін кешке дейін шаруамды бітірейін қаладағы.

— Жарайды. Жұмысыңды бітір. Бірақ кешке орал. Сен менің сөздеріме тура жауап берген жоқсың, бәрін көлікке бұрып кеттің.

— Әзілдейсіз ғой, Ақа. Мектептің табалдырығын аттап өтпеген адам қандай кәдеге жараушы еді... Жарайды, кешке келіп кетейін бірақ өз пәтерімде қонармын.

— Хакімжан, сен жүруге бел байлаған болсаң, өз пәтеріңде қонба. Біздің көліктер, мүмкін, бүгін түнде жүріп те кетер.

— Жақсы, жақсы, — деді Хакім асығып, орнынан көтеріле түсіп. — Онда мен тездетейін. Қалада барып шығатын үйлерім бар еді.

— Шай іш. Үлгіресің, кешке дейін көп уақыт бар.

— Жоқ, Ақа, рахмет. Шай ішіп отыруға уақыт тар. Кешке ішерміз шайды.

— Онда мен, ат-арбамен баратын жеріңе апарып тастайын. Қазір мен де қала аралаймын. Күн ыссы, қала іші жаяу адамды тез соғып тастайды.

Хакім кешігемін деп шай ішуге де, бөгет болады деп, ат-арбаға мінуге де көнбеді. Ол «рахметті» үсті-үстіне жаудырып:

— Хош, көргенше сау болыңыз, — деді.

Істің сәті түсе бастады. Ақметшені тез тауып алып, оның жүк тиейтінін де, қаладан қашан шығатынын да Хакім оп-оңай білді. Үйден көшеге шыққанда оның өн бойын қуанышты сезім билеп кетті. Ол кителінің жағасын ағытып, тершіген денесін желге қақтыра түсті, бойын еркіндеп жазды. Тергеуші сияқты жұмбақ сөздермен алдын орап, сыр тартпақшысы болған Ақметшенің алдынан ілдірмей кету — жас Хакімге жеңіл де тиген жоқ. Кімнің ішіне кім кіріп шыққан. Ақметшеге сыр бермеуді ол аса қажет нәрсе деп тапты. Өзінше мұны орындап та шыққан сияқты. Хакімнің документ ала келдім, қызметке тұру жөнінде сізбен ақылдаспақшымын, көлігіңізге міне кетсем, деген сөздері өте дәлелді, өте орынды көрінді. Қалай болғанда да ол әрі жұмбақ, әрі тартысы мол үлкен жолға басқан ілкі қадамының оңға айналатынына шек келтірген жоқ. Бірақ... штабтың тапсырмасы: тез хабар жеткізу. Бұл хабарды жеткізу үшін он тоғыз шақырым жердегі Барбастауға барып келу керек. Кешке дейін қырық шақырым жер жүріп қайта оралуға уақыт жетсе де паром басындағы есауылға не демекші? Көпірге соқпайтын басқа жол да жоқ. Өткел де жоқ. Енді не істеу керек? Хакім Кожевенная көшесінен шығып қиялап келіп үлкен тас көшені кесіп өтті де, Сенная 55-үйге қарай жүре берді. Оның ендігі бар үміті Бәйесте болды. «Егер де Бәйес қалада болса — іс бітті. Ал, болмаса...»

Документтің керек жері де, тар жерде ақылдастың жолдастың күні де енді туды.

3

Жас кезінде медіреседе оқығанмен, орысша мектеп бітірмеген, бірақ көп жүріп, көпті көріп ысылған адамның бірі приказчик Бәйес еді. Ол көп жыл бойы қалада және қазақ оқығандарының арасында жүріп «оңы мен солын» мықтап айырған, көзі ашық адам-ды. «Теңдік», «бостандық» деген ұғымдарды Бәйестің көкейіне құйған адамның бірі Әбдірахман Әйтиев болатын. Ол әрине, Бәйеске өмірде болып жатқан өзгерістерді жекелеп үйреткен жоқ. Әйтиевтің жолдастар арасында, көпшілік алдында сөйлеген сөздерін тыңдап, оның істеген істерін бағалай келіп, Бәйес оны: «Қазақтың қамын жейтін азамат нағыз осы екен» деп білді. Осы ұғым Әйтиевке жақындай түсуге еріксіз себеп болды.

Басында ол Әйтиевтен: «Баламды қайда оқытсам екен» деп ақыл сұрау үшін пәтеріне келіп әңгімелесіп жүрді де, соңынан өте жақын адамдай болып кетті. Ал, аласапыран кезінде Әйтиевтің татарлар арасында жасырынып жатқанын естіп қалып, Бәйес оны қаладан білдірмей алып шығып, өз еліне әкеліп, өз үйіне паналатты... Революционер Әбдірахман сенімді, көзі ашық Бәйеске үлкен жұмыс тапсырып кете алмады. Оған Сағадан кетерде жалғыз-ақ айтқаны: «Өлетті селосында Фроловский. Оралда Земствода істейтін Зубков дейтін адамдар бар. Маған жеткізгендей тығыз хабарларың болса, я басқа бір жұмыспен мен керек болып қалсам осы адамдар арқылы хабарларсыз.

«Степной учитель» жіберді десеңіз олар түсінеді деген-ді».

Осы уәде бойынша Бәйес Хакім мен Қажымұқанды Өлеңтіге бастап әкеліп Фроловскиймен кездестірді, ол селода бір қонып, өзі қалаға асты. Қалада ол, елден жинаған екі өгіз терісі мен жиырмаға жуық қой терісін Сәлімгерейдің складына тапсырып, онан ауылға керекті азын-шоғын товар алған. Ол бүгін басқа жұмысын да бітіріп түстен кейін Аңқатыға жүрмекші еді.

Көңілінде қуаныш пен күдік алма-кезек ауысып, күзгі күндей қабағы бір ашылып, бір жабылып келе жатқан Хакім ауладағы Бәйестің атын көргенде қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Аттың арғы жағында лапас астында Бәйестің өзі де отырған. Бірақ Хакім оны көрмей аяғын шапшаңдап басып үйге қарай жөней берді.

— Бала, бері кел? — деді Бәйес оған, әдейі өзін іздеп келгенін сезіп.

Хакім жалт қарады да, не дерін білмей сасып қалып:

— Кеткен жоқсыз ба әйтеуір? — деді.

Сөйтті де өзінен өзі мәз-майрам болған жас балаша езу тартып, Бәйеске қарай жүрді. Оның сағынған адамдай қатты қуанып кеткеніне Бәйес те күліп жіберді.

— Жоқ, жоқ, кеткенім жоқ. Бірақ жүруге дайындалып отырмын. Немене, жай ма, қарағым?

Хакім жан-жағына бір қарап алды да:

— Үй оңаша болса, үйге кіріп сөйлессек, — деді.

— Жоқ, үйде адам бар. Бір-екі кердері отыр... Бері кел, мына лапас астына. Осы жер оңаша.

Хакім Бәйеске қалаға жаңағы әзірде ғана келіп жеткенін, кімдерді көргенін, не үшін келгенін сыбырлағандай құлағына жақындай түсіп, отырмастан, еңкейіп тұрған күйі айтып берді де:

— Мені көпірден өткізбейді, үйткені документам жоқ. Олда-білдә дегендей жалынып қалаға зорға кірдім. Енді кері жүрдім дегенше казак-орыстардың каталашкасына тура кірдім дей бер. Сондықтан мен Ақметшеге көлігіңізге мінгізіп ала кет дедім. Ондағы ойым керуенмен бірге көпірден тергеусіз өту және екінші жағынан сәті түссе... (ол даусын мүлде бәсеңдетіп, Бәйестің құлағына аузын тақай түсті), — деді асыға сөйлеп:

Хакім соңғы сөзін өте сыбырлап айтты, тіпті өз сөзі өз құлағына да зорға шалынды.

— Ақметшенің жүк тиетіп жатқанын мен де естідім, — деді Бәйес. — Сол жүкті енді орта жолдан қағып алу керек қой, солай ма?

Хакім басын изеді.

— Бұл үшін анда... хабарлау керек пе?

— Жоқ, Барбастаудағы Әлжан дегенге айтса болғаны. Арғы жағын өздері біледі. Біздің адамдар дайын болуы керек...

— Әңгіме Әлжанмен бітсе бұл оп-оңай ғой. Бұған сенің баруың не керек; Мен-ақ айта салайын жолшыбай. Тіпті Қара Обаға бару керек болса оған да барайын, — деді Бәйес.

— Менің сізге жүгіріп келгенім, Бәйеке, міне осы жұмыс еді. Осыны ақылдасайын деп, не істеуге білмей, қатты сасып келіп едім. Енді әңгіме бітті. Әлжанға айтқанда «көлік үстінде біздің адам бар. Ханкөліне жеткенде ән салып, дыбыс береді» дерсіз.

— Жақсы ойлап тапқан ақыл.

— Ал, атымды қалай етемін.

Бәйес Хакімнің бетіне қарап тұрды да:

— Хакімжан, сен әлі бала екенсің ғой. Ат деген кез келген ағлуптың жанына байлап жіберсең кете бармай ма? Ал, егер де өзіңе керек болып қалмаса, атыңды өзім-ақ алып кетейін. Ауылға барғансын, Жүкеңе жеткізіп беремін, — деді Бәйес.

— Аттың тап қазір керегі болмай тұр ғой, көрмейсіз бе?

— Бала, ойлан, қазір керек болмаса, ертең зәру боларсың. Атсыз адам — мүгедек адаммен бірдей ғой. Мен оны алып кетіп, сол Әлжанның өзіне беріп кетсем қайтеді. Керек уағында келіп мініп кетерсің. Хакім ойланып қалды. Бәйестің айтып тұрғаны өте орынды, таптырмайтын ақыл. Бүгін болмаса ат ертең керек...

— Келістік, келістік, Байеке. Сол Әлжанның өзіне тастап кетемін дейсіз бе? Шамасы, бұл жұрттың бәріне белгілі Әлжан болды ғой.

— Белгілі екені рас, Барбастау басында одан басқа Әлжан жоқ. Көптен орыстардың малын бағып келе жатқан адам. Әлжан қайсы десең, балаға дейін анау деп бармағын шошайтады. Ал, Хакімжан, сен менің құлағыма өз естіп-білгеніңді сыбырладың ғой. Енді сенің құлағыңа мен де естігенімді сыбырлайын: қала қазір дүрлігіп жатыр. Казак-орыстардың көпір аузын көбірек тергеуі де, базардың ертемен ғана болар-болмас жинала түсіп, күн сәскеге келмей тарап кететіні де, ине мен шырпының құруы да — бәрі де осы дүрлігудің салдары көрінеді. Орыс әйелдері де, татар әйелдері де қалада шырпыға дейін алып тыққыштап жатыр екен. Мен емге бір түйір шырпы таба алмадым. Басқасының да оңып тұрғаны жоқ. Осының бәрі тықыр таянғаннан дейді. Ал және күні-түні дамыл жоқ ағылып келіп жатқан әскер. Бұл Жайықтың бойы тек казак-орыстан толып болған екен ғой өзі. Жүздік-жүздігімен, арбалы азық-түлігімен, қос дөңгелекке иегін сүйеп сүйреткен пулеметімен, зеңбірегімен жосып жатқан бір халық. Күні бойы, кеше түні бойы Арқаға қарай Шағанды өрлеп шұбылған әскерден көз үзілген жоқ. Енді бұған не болды де? Шапай дейтін бір қызыл командир шығып қойға тиген бөрідей бөріктіріп келеді дейді. Қаланың орыстары кешікпей біздің Оралға да келеді деп күбірлесетін көрінеді. Екі ноғай бас қосса айтатыны: «Генерал Акутинді мешітке кірген иттей қылып Тасқалаға дейін қуып әкеліпті. Мына тынбай шығып жатқан гүрсіл атамандардың күш сынап әскер ойынын жасап жатқаны емес — шын соғыс көрінеді ғой. Хуторлар мен станциядағы казак-орыс байлары мал-мүлкін сатқанын сатып, сатпағанын арбаға тиеп босып кетуге бет алыпты. Ал, осындай жақсылық хабар болып жатқанда Нұртаза қазірет намаз үстінде: «Бұл ақыр заман. Мұсылмандар, әр мешітке жиналыңдар. Малғұнға тас атыңдар. Тажал шығыпты», деп қорқытатынды шығарған. Тажал дегені большевиктер. Осыған мен түсінбеймін. Мына жерімізді, суымызды билетпей, атып-асып, теңдік көрсетпей келген казак-орыстардың хүкіметін құлатқанға қай мұсылман қарсы тұрар. Осы қазірет жарықтықтар да әйтеуір бір қыңыр жүреді. Базарға бар да бағыңды сына деп, біздің Әбекеңдердің жөн сілтеген жағына жанды пида қылса болмас па, а бала?! Сілтей бер, тайынба. Осы бағытың — бағыт... айтқандай біздің Қажымұқандар қайда қалды? Съездерің өтті ме? — деді Бәйес, Хакімнің құлағына, тап өзі сияқты аузын тақай түсіп.

«Осы, Бәйекең өзінен өзі жүріп большевик болып шығатын... бара-бара бізден де асып түсер бұл» деп ойлады Хакім.

— Қажекеңнің екі езуі екі құлағына жетті қазір, «дәкімент» алды, — деп Хакім Бәйеске Қажымұқанның Совдептен алған қағазын, съезде болған әңгімелерді баян етті.

Кешікпей Хакім Бәйесті көпір жақтағы ең шеткі көшеге дейін шығарып салып, оның паромнан аман-есен бөгелмей өтіп кеткенін өз көзімен көріп тұрып, кері қайтты. Бәйестің Әлжан арқылы керекті хабарды тиісті жеріне жеткізетініне ол мықтап сенді. «Баекең өзімнен де артық орындайды» деп ойлады. Сөйтті де «сыртынан болса да бір көріп кетейінші» деп Құрбановтардың үйіне қарай аяңдады.

4

Баяғы жасыл қиықты таныс үй, сол биік баспалдақпен ішке қарай ашылатын үлкен есікті көргенде Хакімнің жүрегіне әлде шаттық, әлде мұң, белгісіз бір қобалжу пайда болды. Ол байқамай күрсініп қалды. Қуанышпен қосарлана жүретін бұл мұң белгісі оның ішінен еріксіз шығып кетті. Біреу естіп қалды ма деп жан-жағына елегізе көз тастап, баспалдаққа көтеріле берді. Бірақ оның жүз құбылысын байқайтын, күрсінгенін еститін төңіректе тірі жан жоқ еді. Кешке қарай адамның нағыз ағылатын кезі болғанмен үлкен көшенің бойы қазір халқы тарап кеткен Мынанайдың базарындай, иесіз жатыр. Хакімге Құрбановтың үйі де жансыз, аясарсыз көрінді. Бұрынғы кәшекті терезелердің көркін ашып тұратын оймышты перделердің бірі жоқ, есікке таяу баяғы өзінің ашылатын терезесін ішінен газетпен жауып қойыпты. Не заманнан беpi тұрған қағаздай ол перде орнына жапқан газет сарғайып, қуарып күнге күйіп кеткен. Баспалдақ үстінің шаңы бір елі, көптен адам аяқ салмаған сияқты, Хакімнің етігінің ізі ап-анық түсіп қалып жатыр. «Көшіп кеткен жоқ па екен» деп ойлаған ол есікке жақындай түсті. Сонда да ол өзінің ескі әдетінше есікке құлағын тосып, қағуға ыңғайланған қос саусағының қыры сырлы қарағайға тиер-тимес жерде сәл уақыт бөгеліп қалды. Іште ешбір дыбыс та, қыбыр да сезілмеді. Ол демін ішіне тартып есікті тықылдатып қағып-қағып жіберді. Оның жүрегі енді қобалжыған жоқ, бейне аттай тулады — соққаны өзі түгіл өзгеге де естілерлік болды. «Егер де Мүкарама шыға келсе! Ондай бақыт аяқ астынан табылар ма?!»

Іште дыбыс білінбеді де, ол есікті қайтадан қаттырақ тықылдатты. Бірер минуттей уақыт өтіп те кетті, бірақ ешкім дыбыс бере қоймады. «Үйін бекітіп көшіп кетті ме» деген ілкі ой Хакімнің күдігін күшейте түсті. «Қу кемпір мүмкін ұйықтап қалған шығар» деп, ол ақтық рет жұдырықпен есікті соғып-соғып қалды. Аздан кейін ішкі аула жақтан дыбыс естілді де, жүрген адамның аяқ басысы, құлаққа шалынды. «Мынау сол кемпірдің аяқ басысы...»деп Хакім ойлап та үлгірместен:

— Уәлимісің. Қақпадан кір, қақпадан. Сыртқы есік жабық, — деді кемпір әрегіректе тұрып.

Безерген кемпірдің сол баяғы саңқылдақ даусы, бірақ бүл жолы Хакімнің құлағына мейрімділеу, жұмсағырақ үн естілгендей болды. Кім екенін айтпастан Хакім баспалдақтан жүгіріп түсіп қақпаға келді де итеріп жіберіп, бір жақ жартысы бір кісі сиғандай ғана ашылған жерінен ішке кірді. Ол қарсы келе жатқан кемпірді де көрді. Баяғы кемпір, үстіне кигені де бұрынғы сары ала шыт көйлек, қоңыр алжапқышы да, басындағы түре тартып, артынан байлап қойған орамалы да сол күйде... сарғыш бетінің әжімдері де, қысыңқырап қойып, инедей қадап, ұдайы жақтырмай қарайтын көздері де өзгермеген. Кемпір Хакімге сәл уақыт аңтарыла қарап қалды да, екі көзін айырмастан, терісі кереге көзденген қолымен алжапқышын төменірек түсіріп, көйлегінің кеп-кең бүрмесін жазыңқырай түсті. Сөйтті де, ерні жыбырлап:

— Ей, міскін. Сен қайдан келдің... сен тігі...

— Сәлем бердік, әже! — деді Хакім, кемпірдің қобалжып, сөз таба алмай, көре көзге абдырап қалғанын байқап. — Деніңіз сау ма? Аман-есен тұрасыздар ма? Сізге сәлем беріп шығайын деп келдім, әже! Үйге кіруге рұқсат па? — деді.

— Аллаға шүкір. Бик рахмәт. Kip. Кір. Ұмытпағансың. Ғұмырың ұзақ болсын. Kip, — деді кемпір, бірден мейірлі сөзге көшіп.

Ойламаған жерден көріп кемпірдің сасып қалғанын және бұрынғыдан жүзінің анағұрлым жылы екенін Хакім бірден байқады. «Байдың асын байғұс қызғанады» деп, бұрын маңынан жүруге риза емес еді; қазір қорғасындай балқып қалған екен. Құдай не қып иді мұны соншама? — деп таңданды ішінен Хакім, оң қолдағы Құрбановтың кабинетіне қарай адымдай түсіп.

— Бері жүр, бері жүр. Минхайдардың бөлмесі жабық, өзі үйде жоқ. Көптен бері тігі Жымпиты шәһәрінде, — деді кемпір аяғын елбеңдей басып.

— Білдім, — деді Хакім ішінен: — мұны жібіткен жалғыздық екен. Мұкарама да жоқ, мына қаңыраған үйде жалғыздан жалғыз көшкен жұртта қалған жетім тайлақ сияқты әбден жасып біткен. Әйтпесе бұл қаһар соққан қырық тұрбаның кілтшісі сияқты «саған кім керектен бастар еді».

Құрбановтың үйіне бұрылғанда Хакім Мүкараманың бөлмесіне кіріп «бұрыштағы шар айнасына бір қарар ма еді» деп арман етіп еді. Бұл тілегі аяқ астынан орындала қалғанына ол қыздың өзін көріп құшақтағандай қуанды. Кемпірге еріп ол қыз бөлмесіне қалай еніп кеткенін де байқамай қалды.

Кемпір күйбектеп, сөз айтқысы келген адамша Хакімге бір қарап, бөлмеге бір қарап, аузы жыбырлай түсті де, бірақ еденде жатқан қаз қанат сыпырғышты алып, оны қоярға жер таппай, сенекке алып шығып кетті де, аздан кейін қайта оралды. Бұл екі арада Хакім бөлме ішін көзімен бір сүзіп шықты. Мүкарама бардағы заттардан бөлмеде кровать пен шар айна ғана қалған. Жардағы жағалай тізілген суреттердің бірі жоқ, бұрыштағы кішкене туалет үстел жұрдай, үсті жалаңаш тұр; мамық жастықты, шәйі көрпелі, алдында қырмызы кілем жататын үлпілдеген қыз кроваты да көнетоз қоңыр мауыт одеяломен жаба салынған. Терезені де кемпірдің шыт көйлегі тәрізді бір солғын матамен перделеп қойыпты.

— Әже, жалғыз тұрасыз ба? — деп сұрады Хакім тамағын кенеп қойып. — Ден саулығыңыз қалай? Ауру-сырқаудан амансыз ба? Қартайғанда қиын ғой жалғызлікті деген нәрсе, — деді, шынымен-ақ кемпірдің саулығын тілеп, жалғыздығына жаны ашып қалған адамдай.

— Жалғызбын, малай, жалғызбын... Сенің есімің осы Хакім ғой?

— Хакім, әже. Ұмытпаған екенсіз.

— Ия, Хакім, Хакім. Неге ұмытайын... Жалғыз тұрғанда адам өткен күндерін тасбиқ санағандай, күнде санап, көргендерін көз алдынан кетірмейді... Минхайдар қайтпады, көп болды кеткеніне. Мүкарама сол Жымпиты шәһәрінде. Сонда тұрып қалды. Сөйлей түссін деген ниетпен Хакім кемпірдің сөзін бөле қоймады, бірақ аяғын баса алмай қалған қолау жылқыдай Мүкарамаға келгенде кемпір мамырлай берді.

— Жақын жер ғой, хат-хабар алып тұратын шығарсыз ондағы... адамдарыңыздан?

— Хабар бар. Кеше қара Уәли келген еді — аман. Мүкарама соның үйінде тұрады. Бик сағынам депті. Әниім орнына әни болған апамды бик сағындым деген... мен де бик сағындым...

Кемпір мырс етіп жылап жіберді де, бөлмеден шығып кетті. Хакім кемпірді қатты аяп кетті.

... Жасы алпыстан асқан, мүмкін жетпістің өзіне де жетіп қалған шығар. Сорлы-ай, оңай емес қой мына сияқты ала сапыран кезде, атыс-шабыс заманда жалғыздан жалғыз тұру. Құдай сақтасын, мына сияқты бес бөлмелі аңыраған үйде кемпір түгіл, мен де елегізіп бір күн қонып шыға алмаспын... Қайта өзі қасқыр адам екен, осынша жасқа жеткенде бір үйді бір өзі ұстап тұрған. Дегенмен қыстыгүні... жоқ тіпті жазғытұрғы мінез жоқ, мүлде басқа әже. Қалай өзгерген! Бұрынғыдан сөзі де қарусыз, өте жасып, қартайып қалған адамның жүрісі мен сөзі... Бұдан Мүкараманы қалай сұрасам екен? Қырсығып айтпай қоюы да мүмкін... Хакім терезенің алдына барып сырт жаққа көз салды. Кәдімгі өзі асылып қараған терезе. ... Мүкараманың жылап отырған жері тап осы еді ғой.

Ана айнадан көргем. Сонда не үшін жылады; соңынан айтам дегені... әлі айтылмай кетіп бара жатыр. Құдай атқан шапқыншылар-ай далада жүрген мені де ертемен қырық тұрбаға қуып кетті-ау. Сол түнгі ұран жапсырып жүрген бала қайда екен. Нағыз революционер бала деп міне соны айт! Кімнің баласы?! Мұнда кім біледі ол баланы?! Еске келмепті, Әмірден сұрасам ол білер еді. Бәйекең де бәлкім біліп қалар ма еді, әттеген-ай, сұрамаған екенмін!.. — деді ол ішінен басқалармен аралас ойына Сәми де түсіп:

— Әже, мұныңыз не, сіздің жылайтын келісіңіз жоқ. Минхайдар да, Мүкарама да келеді ғой кешікпей. Жымпиты оларға бір жолы қалатын жер емес, — деді Хакім, қайта кірген кемпірді жұбату үшін.

— Сен әлде оларды көрдің бе? — деді кемпір жұлып алғандай.

— Жоқ. Әже, көргенім жоқ. Көрмегеніме үш айдан асып барады. Амандықтарын сізден сұрап білейін деп ойлап едім. Мектепті бітіргеннен бері елде болдым...

— Іс басындамысың?

— Ия, — дей салды Хакім, қарт кемпірлерге іс басында болу үлкен дәреже екенін ойлап.

Кемпір:

— Еһ... — деп басын изеді. — Мен де сол кеткеннен көрмедім Мүкараманы... Хат жаздыратын да кісі таппадым. Сағындым... Қара Уәли ертең кері қайтады, келіп кет деп жазып жіберсем...

Кемпір соңғы сөзін қайта жұтып қоятындай Хакім жалма-жан қағып әкетті.

— Хат жазатын кісі таппағаныңыз ба осы қаладан. Ойбай, әже-ау, «келіп кет десеңіз» сізді қуанту үшін сол күні, хатты алған күні жетіп келеді, жап-жақын жер ғой, не бәрі жүз отыз шақырым... Кәне, қағаз әкеліңізші, мен жазып берейін. Өзіңіз айтыңыз не жаздыратыныңызды, мен қалдырмастан хатқа тізейін, — деді ол кемпірге жақындай түсіп.

— Алла ғұмырыңды ұзақ етсін, Хакім, сенің. Олай болса мен қазір қағаз келтірейін. Минхайдардың кабинетінде қағаз да, қалам да бар, — деп кемпір елбеңдеп сыртқа екінші рет шықты.

«Құдай ұрған қу кемпір, жаңа ғана Минхайдардың кабинеті жабық, кілтте тұр деп еді. Көрдің бе, мыстанның өз пайдасына келгенде бәрін де істейтінін. Тоқта, сен кемпір, Сүтей айтқандай дүкенші орыс маған да қылып еді, мен де оған қылдым қылықты деп сенің хатыңды да жазайын, өз хатымды да бірге жөнелтейін бәлем, маңына жуытпай қызғанған Мүкарамаға, сен кемпір болмағанда Мүкарама екеуміздің арамыз бұлай томаға-тұйық қалмайтын еді...»

— Әже, осы күні почта жүрмей ме Жымпитыға? Сіз жазбасаңыз да Мүкарама жазуға тиіс қой сізге, — деп сұрады Хакім, қалам, сия сауыт алып келген кемпірден.

— Почта бұрын аптасында бір жүретін еді, қазір оны да қойды. Қара Уәли айтты: Сағиттар қазір почта айдамайды деп. Сол үшін хат келмей жатыр. Хакім, сен малай, жаз: бик сағындым сені, Мүкарама. Әбиің қартайды, Мүкарама. Өзім өсірген, Мүкарама, келіп кет. Мен бара алмаймын. Үйді тастап кетуге болмайды деп жаз. Келістіріп жаз.

— Жақсы, жақсы, әже. Конверт бар ма?

— Бар, қазір келтіремін кабинеттен. Минхайдар да бәрі де бар, орыстың басынан өзгенің бәрі бар. Тоқта, сен асықпай жаз. Мен шай қойдым, шай ішеміз Алла жазса... Орыстар бик зәрені алып тұр. Орам бойы ғаскер толып, түні бойы шапқылайды. Қорқыныш. Бик қорқыныш, Минхайдар да келсін, жаз. Екеуі де келсін. Алла мұсылмандардың мерейін үстем қылсын...

Кемпір кіріп-шығып айтатындарын қалдырмады: киімдеріңді сандыққа салып, еден астына ырғыттым. Жуырқандарды шуланға, бұрышқа жасырдым. Минхайдардың көйлектерін де жуып, өтектедім. Кабинет кілтін жасырып қоям. Өзінде деймін... Тағы осы сияқтыларды да қостырды, сөйтіп кемпірдің үлкен сары самауырын қайнағанша Хакім терезе алдында отырып екі хат жазып шықты. Шай алдында хатын кемпірге оқып берді.

— Бик шәп жазылған. Алла ғұмырыңды ұзақ етсін, — деп алғыс айтып, кемпір қатты қуанды.

Ол кемпірдің хатымен қоса, байқатпай өз хатын да бірге конверттеп, сыртына: «Мүкараманың өз қолына тапсырылсын. Әниден» деп жазды.

«Пәмлі» шайы үшін Хакім де кемпірге көп-көп рахмет айтып, екеуі бұрынғы қырын қабақ араздықты тастап, одақтас, тілектес жандар сияқтанып қоштасты.

5

Ақметшенің пәтеріне Хакім ақшам кезінде қайтып келді. Қақпадан кіре бергенде оның көзіне ең алдымен түскен нәрсе: ауланың іші сыналанып тығып қойған сияқты, түйе мен арбаға лық толы, әрең сиып тұр. Және бәрі біркелкі түйе — өңшең қамшыдай қатқан жарау, жас нарлар түсі түгелімен қызыл. Хакімнің көзіне тек біреуі-ақ қоңырқай көрінді. Күндіз келгенде ол не бәрі сегіз арба және сол шамалы-ақ түйе санаған. Ал қазір түйе онан үш есе көп, арба да молырақ. «Мұнысы қалай? Әлде түйесін күндіз далаға бақтыра ма екен?» деп ойлады ол. Сәлден кейін шеткі арбаның сыңар жетегін көріп, бұлардың нарды арбаға қос-қостан жегетінін аңғарды. Нарлардың сұлулығына таңдана қарап ол көзімен сүзіп шамамен санын белгіледі, жиырма бір түйе. «Дақ болмау керек қой, саннан жаңылған шығармын» деп екінші қайтып түйені санамады да Хакім, қақырынып, сіңбірініп, жайбарақат жүрген адамша, қораның төр жағындағы күндіз көрген дәретханаға қарай нарлардың арасымен жылжып өте берді. Бірнеше арбадан әрі, танығандай мойындарын бұрып, көздері жаудырап қарай қалған нарлардан асып, өзгелерден гөрі биігірек тиелген фургонның артқы дөңгелегіне тақала түсті. Ол айналаға бір қарап қойып адам көрінбегеннен кейін көк арбадағы жәшіктердің үстін жапқан торпышты ашып, ішіндегі жүкті білмекші болды. Ертеден бері оның ойынан шықпай қойған: «Сол ма, сол емес пе? Білші, білші» деген күдік еріксіз итермеледі. Шегесі сиректеу жерін таңдап, жәшіктің жұқа тақтасының бірін бармақпен көтеріп көрді. Қолға солқылдақтау тигенмен, тақтаның басын қайыс темірмен белдіктеп тастапты, күшпен көтеріп, орта жерінен омырып жібермесе қолын әрі жіберерлік емес. Сонда да ол екінші қолымен демеп, тақта арасына зорлап саусағын сұқты. Алдымен жұп-жұқа айыл жайқы тиді де, одан әрі бойлатқанда сұқ қолдың басы жіңішке жұмыр темірге тірелді. Темір әрі мұздай, әрі майлы сияқты... Сөзсіз мылтық жетесі... Тырнақтай да күмән болмауға тиіс. Хакімнің кенет жүрегі аузына тығылып, демі бітіп бара жатқандай тынысы тарыла түсті. Ол қолын кері тартып, торпыштың ашылған жерін жауып үлгірместен аула іші бүйі тигендей дүрлігісті...

Үрліккен қойдай жапырылған түйелерге жалт қараған Хакім: тұрған нарлардың жапырыла жол беріп шөгіп жатқандарының «маңқ» етіп ұмтыла түскенін, бос тұрғандарының біріне-бірінің соқтығысып жатқаны лапас астынан көптің арасын иықтап, бұзып-жарып келе жатқан адамша басқалардан анағұрлым бойшаң қара нардың мойнын созып өзіне төніп қалғанын көрді. Ол шошып кетті. Жәй желігіп иесімен ойнаған түйенің келбеті емес. Кісі алатын үлектей, жолындағы арба-қараны жапыра ұмытылып, бас салатын ниетпен омыраулаған қарабасқырдың түрі, тапап-тапап тастамаса да қарпып қалатын ойы кәміл. Түйенің құсығын шашып қалғаннан жаман нәрсе жоқ — жынынан киіміңді тазартып ала алмайсың! Ал, қарпығаны адамға жеңіл жарақат емес. Түйелі елдің баласы болғанмен жас кезінде бір қатты шошынғаннан кейін ол өз бетімен түйе арасына жуымайтын. Оның ойына тап сол сәтте өзінің тентек кіші қара нары түсіп кетті.

Кіші қара нар Хакіммен түйдей жасты-ды. Әлі есінде: Хакім де сегізде, қара нар да сегізде. Қара нарды жегіп тезек теруге шыққан әйелдер Хакімді де арбаға мінгізіп алып кетті. Қабақтың етегіне келіп нардың ұзын бұйдасының ұшын Хакімнің қолына ұстатты да, әйелдер қаптарын арқалап бет-бетімен тезек теріп кетті. Ойында ешнәрсе жоқ, Хакім бір қолымен бұйданың ұшынан ұстап, екінші қолымен құлық қазып отырғанды. Белгілі балалардың ырымынша аяққа құлықты неғұрлым көп жақсаң, соғұрлым жүйрік боласың... «Құлық! Құлық! Құлықтап!» шұңқырайған топырақты бұлғалап отырып кішкене қоңызды шығарып алды да, Хакім езіп-езіп табанына жағып жіберді. «Енді менен қайсысың озар екенсің, бәлем. Ұзын сирақ Нұрымға да жеткізбен» деп қуанышы қойнына сыймай, ұшатын құсша қанатын қомдап жүгіре жөнелуге ыңғайлана түскен-ді. Бірақ ол ұмтылып үлгергенше болған жоқ — өзінің екі аяғы аспанда, басы төмен қанкөбелек ойнап құлап бара жатқандай, әуелеп кеткенін бір-ақ сезді.

Жүрек зу ете түсіп, қалай бақырып жібергенін өзі де білмей қалды. Оң аяғының жіліншігінен қапсыра тістеп, тентек қара нар баланы делегейлетіп жоғары әкете берді, бойшаң нардың басы сонау биік өркештің деңіне асқанда дөңгеленіп көрінген жер Хакімнің көзіне мұнарадан қарағандай болды. Ұршықтай үйіріліп кетті... «Өлдім!» деген бұлдыр сезім оның айқайын көш жерге жеткізгенін өзі білген жоқ, тек улап-шулап жан-жақтан жүгірген қатындардың қара нарды қарғап-сілегендері ғана құлағына келді. Тентек нар Хакімді қайтадан жерге қоя салып, «тұмсыққа соғады-ау!» дегендей, басын онан әрі аспандатқанын, әйелдердің оны басқа соғуға қолы жетпегенін, өзін зорға жұбатып, арбаға әрең мінгізіп алып қайтқанын ол кейін естіген-ді...

Содан бері Хакім қара нардың маңынан жүруді қойған. Қара нар түгіл түйе атаулыны ол есейіп жігіт болғанша жек көрумен кеткен-ді. Ал, кіші қара нар өте ойыншыл, әсіресе баланы көргенде делебесі қозып, өзін көтермесе де, бөркін алып қашып кетуге даяр тұратын бір есті хайуан-ды. Оның сыры жұрттың көбіне мәлім, сондықтан да ауыл оны тентек қара нар атап кеткен-ді...

Ал мына төніп қалған қара нар қандай нар? Бүл да бөрік алып қашу ниетімен төніп келе ме?...

Хакім шошып кеткен күйде, денесі мұздай боп, қарғып екінші арбаның үстіне шықты. Арба үсті нарға тосу боларлық кедергі емес, ол әрі секіріп, үйге қарай жүгірді... Бірақ оның жолында әлі екі арба және бірнеше түйе бар-ды. Бірақ ең сенімді бас пана: есік, үйдің есігі!

Нар Хакімнің қашқанын көргеннен кейін мүлде жынданып кетті. Ол жолындағы түйелерді қарпып-қарпып жіберіп, тұрып үлгергенше мұрша бермей, бір түйенің үстінен қарғып та кетті, екіншісін қағып қалып, жығып кете жаздады. Ол: Хакім есікке кіріп кетер дегендей, оның жолын кесіп, үй жақтан айналып шықпақшы болды. Нар — мысық, Хакім — тышқан, үй — ін сияқтанды. Мұның бәрі бірер минуттей уақыттың ішінде ғана болғанмен, Хакімге бұл құтылмас бәле — ұзын күн бойы тап болған тілсіз жаудай көрінді. Есікке қарай енді бірнеше қадам аттаса — нармен бетпе-бет келіп қаларлық. «Бұл жауыз үлек шығар!» деген үрей оның тұла бойын жарып өтті де, мұздай тер алты арысынан бірдей ағып кетті. Арқа шымырлап, шеке солқылдағандай!.. Айқайлау ұят және Хакімнің айқайын естіп үйден кісі шығып айырғанша түйе «білгенін істеуге» мүмкін. Аула иесіз, арашалар жан жоқ. Ол жан дәрмен қып, айналып келіп, биік жүкті фургонның астына кіріп кетті. Нар омыраулап келіп арбаның үстіне килікті де, мойнын созып арғы жағынан шығады-ау деген Хакімнің басын күтті...

«Барлық шырғалды құдай менің басыма жазған екен! Мына жалмауыз нар тапап кететін болды-ау! Енді не қылдым?! Қой, не де болса дыбыс берейін Ай... Ай»...

Хакім айқайы аузынан шығып та үлгергендей болмады. Ол тек «шөк» деген зекумен бірге нардың нақ жанында тұрған үлкен қара кісіні көзі шалды.

Нар Хакімге басында аса ірі көрінбегенмен қазір өте бойшаң және тұрғысы аса ұзын көрініп кетті. Ал, нардың жанындағы «шөк» деп оң қолын сермеп қалған қара кісінің бойы да нардың қомымен шамалас, тіпті өркешке таяу сияқтанды. Сасқан адам, таршылық жерде төңіректегі нәрсені дұрыс өлшеп-піше алмай, қорыққаннан қос көрінуі де мүмкін. Оның үстіне арба астында жүрелеп отырған Хакімге төменнен қарағанда бұл адамның ұзын көрінуі ғажап та нәрсе емес еді, бірақ түрегелгеннен кейін де бойшаң деген Хакім оның иығына да келмей қалғанын жақсы байқады. «Шөк!» деген өктем үнге нар селт еткендей кері шегіне түсті де, қашқан мысықтай жалт беріп лапас астына қарай аяңдады. Ал, Хакім, нардан да тез жалт беріп, қорқып тығылғанын сөзбен жуып-шаймақ болды.

— Ассалаумағалейкүм, ақсақал. Нарларыңыз қабаған иттен де жаман бір бәлекет екен. Дәретке отырайын деп арба арасына кіре беріп едім, тура ұмтылғанын көрдің бе, қаһар соққанның. Мүлде мойнын салып ұмтылды, үлек емес пе, өзі жау айдағыр? — деді, арба астынан шыға келген бойы, үстінің шаңын қаққыштап.

Қаншама сыр бермейін десе де, оның шапқан аттай дүрсілдеген жүрегі мен күні бойы домбыраның шегіндей шерткен жан-жүйкесі даусын дірілдетіп жіберді.

Үлкен қара кісі Хакімнің сәлемін алмады. Оның орнына ол жемге көз тастаған қара құсша жалт етіп бір қарап алды да, етігінің қонышына қолын созып, ақырындап шақшасын суыра бастады. Aп дегенде Хакім: «Мына сиықсыз неменеге еңкейіп жатыр, жерден қару алып соғып жіберейін деп тұрған жоқ па?» деп қауіптенді де, шақшаны көріп көңілі жайланғандай болды. Шақшасы да иесіне лайық — тұтас мүйізден істеген ұзын шақша. Сол қолдың саласымен қысып оның тығыны алынды, екі рет екшегенде тырнақтың терең шұңғылы қара қоңыр дымқыл насыбайға жонайттала түсті. Хакім анық-ақ көрді: ол басқалардай насыбайды иіскелеген де жоқ, иіскеп болып соңынан мұрнын таңқылдата сіңбірген де жоқ, ол тек тырнағын оң жақ танауына жақындатқандай болып еді, толы тырнақ ортайып қала берді. Қалғанын екінші танауға жақындатпастан бұрын ол тағы да Хакімге көлденең көз тастады.

«Мына дәу қайдан пайда болды? Арбаның арасынан түрегелді ме, әлде үйден шықты ма? Қайдан шықса да, кәміл-ақ, менің не істегенімді байқап қалған адам болуы керек, сәлемімді алмады.., Түрі қара нар сияқты. Жоқ, қара нар емес, қара құс сияқты, кәдімгі қорғандардың басында отыратын даланың қара құсынан ауған жоқ! Көз қарасты қара! Насыбай атысын қара! Насыбайды атпайды — танауға жақындатса болды, үлкен пештің көмейі сияқты алыстан тартып кетеді..»

Қара кісі шынында да Хакімге көлденеңнен шүйіле қарап тұрып, тырнағын сол жақ танауына жанастырып өтті де, шақшасының тығынын тығып, қонышына қайтадан қыстырды.

Хакім аң-таң болып оның насыбай атқанына, таңғалдай түріне, ұзын түйе жүн шекпеніне, ақ киіз қалпағына, балықшылардың етігіндей, қонышы тізесінен асқан былғары етігіне қарап түйені де, үйді де ұмытып кетті.

— Үйге жүр! — деді ол Хакімге жуан дауыспен, есікке қарай иек қағып. Оның бұл сөзі Хакімге бұйрық сияқты естілді.

— Ақаң үйде ме? Мені күтіп қалған жоқ па? — деп сұрады Хакім, басқа сөз таба алмай.

Қара кісі оған да жауап қатпады. Таңырқаған Хакім үйге қарай жүрді.

Хакім үйге кіргенде Ақметше офицер формалы ашаң жүзді қазақ жігітімен сөйлесіп отыр екен.

— Кеш жарық, — деді Хакім, аздап басын иіп.

Офицер басын изеді де, Ақметшенің сөзіне құлағын тосты. Жаңа ғана бір әңгімені бастап, соның аяғын күткен пішінмен ол үй иесінің аузына қарап отырып қалды, бірақ Ақметше үлкен қараға бұрылып:

— Нарды байладың ба? — деп сұрады.

Хакімнің бүйрегі бүлк ете қалды. «Нарды сұрағаны менің түйеден қашып арбаның астына тығылғанымды біліп көріп отыр екен ғой мыналар, бала сияқты түйеден қорыққаным масқара ұят болды. Мейлі, енді не болса да, болары болды.. Омыраулап бас салуға ұмтылған нардан кім болса да қашар еді. Тек басқасын білмесе жарады», — деді ол ішінен бағанағы өзі отырған сәкіге құйрығын қойып жатып.

— Хакімжан, сен шешін, бермен, мына жаққа, төрге шық. Тамақ дайын шығар. Ас-су ішкенсін жүріп кетерсіңдер. Сен мені күтпейсің ғой, Көпірліге дейін барып қалуға әбден бел байладың ба? — деп сұрады

Ақметше Хакімнен. Сөйтті де ол Хакімнің бас изеп мақұлдағанын көріп, офицерге бұрылды: — Мына жігіт жаңағы айтқан Хакім Жүнісов дейтін нағашым. Жақында Жымпитыға барады. Сізге арнап тапсырдым, аман-есен Көпірліге дейін апарып саларсыз. Керуеннің шетінемеуіне де көз боламыз ғой. Ақшаға қызыққандық емес, Жаншаның сәлемі үшін ғана көлік жібергенімді өзіңіз жақсы білесіз, — деді.

Офицер Хакімге тесіле қарады да, азырақ ойланып қалып, әлденеге таң қалғандай:

— Жымпитыға жай барасыз ба? — деп сұрады Хакімнен.

— Жай деуге де болады, қызмет бабында жасы үлкен ағалармен ақылдаспақшы едім. Өзіңізді танымағаныма айып етпессіз, — деді Хакім.

Офицердің жауабын Ақметше берді.

— Бұл кісі хакімшілік ісін атқаратын өте елеулі офицерлердің бірі — Айтқали Абылаев дейтін ағаң, Хакімжан. Ерекше тапсырмамен келген, бәріңіз бір жүресіз, — деді.

Айтқали Абылаевтың атын естігенде Хакімнің денесі мұздап жүре берді. Бірақ ол аты өзіне мәлім офицердің бетіне қадала қалмады, қалай еткенде сыр бермеу керек — оның бар ойы тек осының ғана төңірегінде болды.

— Өте жақсы болды, — деді ол ақырын ғана Ақметшеге қарап. Бірақ есепсіз күдік, түпсіз ой басқа бір кіріп, бір шығып, аңдаусызда аяқ тиіп кеткен құмырсқаның илеуіндей болып кетті.

...Нағыз жаумен бетпе-бет келу деп осыны айтады! Көпір басы, қара нар дегендер мынаның қасында ойыншық үшін кездескен кедергілер! Офицер Абылаев екеу болса өзі біледі, ал егер біреу болса — бұл сол Қаленді ұстап әкеткен, Бақының атын оққа ұшырып, өзін өлім аузына тіреген, мені айдатып су басына алдырған сабаз!.. Шұқшия қарауында бір мән бар еді-ау! Атым мен фамилиямнан және Көпірлі Аңқатыныкі деген сөзден бұл кәміл-ақ мені таныды. Енді не істеу керек? Мына беделді, атақты Ақметшенің алдында «мен нахақ едім» деп кешірім сұрау керек пе, бұл жаудан?! Елемеген болып отыра бергенде не болады?! Бас салып ұстаймын десе, оған да құдіреті жетер, өйткені бұл конвой бастығы, адамдары да бар... тіпті. Мына Текенің әміршілеріне хабар бере қойса — су түбіне кеткен Жер осы болды. Әлде Ақметшені араға саламын ба? Мұның аты не — бас сауға ма? Жаудан жасып аяғына жығылудың бұл бір ең барып тұрған абыройсыз түрі... Әдіс, айла, тапқырлық, батылдық қайда? Сеніп жіберген басшы аға қайда? Уәделі жерде беретін белгі қайда?! Күндізгі ойлап шешкен нәрселердің бәрі ағып кеткен селдей-ақ аяқсыз кете бара ма?..

...Төңіректің бәрін көзден тасалап бара жатқан мынау қоңыр іңір, ауладағы қызыл нарлар да көзге әрең-әрең елестейді. Бірақ аяқтыны есептеген аттылы казак. Қарауылды көпір. Орап жатқан жалпақ Жайық. Қоңыр іңірде жалпақ Жайық бөгет пе? Оның жағасы жайлау, бойы дарқан. Шомп еткен бір адам — тастап жіберген шырпымен бірдей — оны кім көріп, кім іздер?! Арғы бет орман. Онан әрі кең дала...

«Ақметшені араға саламын ба?» деген әлсіз ой йен далада құлаққа ызыңдаған сары масадан жаман мазалады. Бірақ ол ақылға салып, айнала салмақтай келіп:

«Жоқ! Мұнымен ақтық сілкісуге дейін бармай қыл елі шегінбен!» — деді ішінен.

Қойдың басын салған бір табақ ет қызу әңгімемен желінбеді, бір-екі алғаннан кейін Абылаев:

— Ақа, рақмет. Жаңа ғана тамақ жеп шығып едім. Рұқсат болса мен жиналайын, Жол ақысы — жүру деген ғой, — деп Ақметшеден рұқсат сұрап шығып кетті.

— Хакімжан, ал. Тағы да ал... Аз жедің ғой — деген Ақметшенің мақтамен сипағандай, жұп-жұмсақ сөзіне қарамастан, Хакім:

— Күндіз күн тиді ме, басым ауырып отырғаны, — деп етті бұл да өндіріп жей алмады.

Оның ойы: «Осы жерден шатақсыз жүріп кетсек — арғы жағын көріп алдым. Кімге-кім бас иерін Алланың өзі білер!» деген тәуекелге тірелді.

6

Хакімнің шамалауынша офицер Абылаев та сыр бермеуге тырысқан сияқты. Жарты сағат өтпей-ақ ол қайта айналып келіп керуенді тез жүргізуге жарлық берді де, өзі көлік жегілгенше үйде отырды. Бірақ бұл сүт пісірім шамасы ұзақ уақыттың ішінде ол Хакімге «ләм-мим» деп тіл қатпады, бұрылып жүзіне де қарамады, бейне оның әдейі бар-жоғын байқамаған адамша шылымын тартып, түнгі терезеге үңіліп қайта-қайта ауланың ішіне қараумен болды. Көп сөйлеспегенмен анда-санда ол Ақметшенің сұраған сөзіне жауап қайырып, өзі де бірнеше рет қарсы сауалдап қойды. Бірақ мұнан Хакім өзіне керекті ешнәрсе аша алмады, — оның не жүзінен, не лебізінен жадыраған жақсылық шырай да, түйілген жамандық нышан да таба алмады.

Керуенмен жүретін қарулы адамның мол екенін Хакім сыртқа шыққаннан кейін білді. Қақпаның ішіндегі мылтығы шошайған солдаттардың санын ол онға жеткізді де, көшедегі күбірлеген адамдардың қанша екенін шамалай алмады. Қараңғыда мұны санаудың өзі күшке түсерлік. Кешікпей, шумағын жазған арқандай шұбатылып ауладан шыққан көлік пен аттылы адамдар қысқа көшенің бойын тұтас алып кетті.

Көпір аузында бұлардан ешкім қағаз сұрап, не жүк екенін тергеп жатпады, қайта қош келдіңіз дегендей, Абылаев қарауылшының күркесіне жетер-жетпесте, көпірдің көлденең ағашы көтеріле де бастады.

Таңертеңгі билетін алып қалған есауыл кездесіп қала ма деп Хакім арбаның теріс жағына шығып бой тасалай жүріп отырды. Бірақ көпір басында ол есауыл болмай шықты. Болған күнде де оның түнде Хакімді тануы екі талай нәрсе еді.

Айдың қараңғылығы өзен басынан әрілегенсін білінді. Әсіресе қалың орманды тоғайға кіргенде бейне бір түн ішінде есік-түндігі жабық, шамы жоқ киіз үйге кіргендей айналаны қап-қара түнек тас бүркеп алды. Қарыс аттам жердегі жанды-жансыз затты көріп, танып боларлық емес. Жанды-жансыз заттың көзге бедерін ғана түсіретін қоп-қою қараңғылық деңкиген тораңғыларды басы қазандай жалбыр шашты, әлде не бір ғажайып денелі алыптарға ұқсатып жіберген, оларға бір қараған пенденің көңіліне үрейлі бір қорқыныш құйылып кетерлік. Ал сол тастай түндіктің ішінде шымқай қара көк аспанның үлкен күмбезінің төбесі бозқылау тартады. Өйткені оған жалқысы, егізі аралас жамырап жатқан ірілі-уақты жұлдыздар күміс нұрын шашыратып, сәуле сеуіп тұрған тәрізді.

Пар-парлап нар жеккен он бір арбаның Хакім кейінгі жақтағы біріне мінді, керуенді бағанағы шақшалы ұзын қара кісі бастады. Ол «бұзық» қара нарды дара жегіпті де, қабырғасына ат байлапты. Татар ауласынан шыққанда Хакім мұны байқаған жоқ еді, керуен басының жанында ат келе жатқанын көпірден өткенсін ғана көрді! Аты ерлі, бірақ ер үсті көпшіксіз, аттың бүйіріне соқпасын деп үзеңгісін қайырып ердің қасына іліп тастаған ба қалай? Алыстан қараған кісіге мұның жеккені де пар түйе сияқты, өйткені атының өзі де түйеден кем емес, есік пен төрдей ірі жылқы көрінді, айырмасы тек қана ақшылдығы — түсі қылаң жылқы екен. Керуен басы болған адамның бәрі осылай жанына ат байлай ма, әлде бұл мына ірі қара кісінің ғана әдеті ме, жетектегі аттың неге керек екенін Хакім түсіне алмады.

Нарлардың көбі-ақ тіркеусіз, алдыңғы арбаның ізімен бос қоя берген, бірақ жүгін тартпай шегіншектеп қалған біреуі жоқ, алдағы фургонды омыраулап, теп-тегіс жолмен желіске бергісіз сары аяңға салып келеді. Дөңгелегінің күпшегі қажалып, кегейі сылқылдамаған өңкей көк арбалар сыңқ-сыңқ етеді де, оған қара нардың оқтын-оқтын «маңқ» еткен дыбысы түнгі жолдың сиқырлы сәні тап осы деп қоштаған тәрізденеді.

Дала түнінің атпен жортқан адамға жігер құйып, арбалыға күдікті ой туғыза. беретіні бар. Әлде осыдан ба, әлде күндізгі кездескен шүбәлі жайлар мен кейбір адамның түсініксіз қулықтары себеп болды ма, әйтеуір Хакімнің көп күдігі шешуі қиын, айнала жұмбақ, шытырман ойларға айналып кетті. Ол жекжат болғанмен сырлас емес Ақметшенің не пиғылды жан екенін, оның көріп келгендей сөйлеген сөздерінің не астары барын әбден аша алмады. Керуен басы қараның да Хакімге түрі мен ісі ұнамады. Ұнау былай тұрсын, оның жан шошырлық келбеті мен сөзге сараң тұйық мінезі сақтануды керек еткендей болды. Бұл керуенде қауіптенбейтін жан жалғыз-ақ бала жігіт, ол түнде түйе бағатын, қазір көлік айдап келе жатқан қара кісінің қосшысы. Ал тосыннан кездескен офицер Абылаев Хакімнің ойлаған ойы мен жобалаған ісіне бөгет болу үшін әдейі тап болған қырсық сияқтанды. Жолға көлденең жығылған бөрене сияқты оны төңкеріп тастау да, үстінен аттап кету де оңайға соғарлық жұмыс емес.

Тоғайдың қалың ағашының ішіне кіргенде бір тобы көліктің соңында, бір қатары алда келе жатқан қарулы қазақ жігіттерінің екеуі Хакім мінген арбаның екі қабырғасын қаумалай қалды да, аттарын арбаға омыраулата төндіріп, бетін көріп алайын дегендей біреуі еңкейіп оған үңіле түсті. «Мені тұтқынға алмақшы болған екен» деп ойлады Хакім, жүк үстінде тоңған адамдай бойы жиырыла түсіп. Сөйтті де ол кителінің етегін көтеріп, орамалға орап шалбар ішінен беліне қыстырған наганын ұстай алды. Өзінен өзі созылған қол жан таласқандай шапшаңдап, тар жерде бас қорғар қаруды ораудан босатып жалаңаштай бастады. «Егерде тұтқынға алып, тұла бойды тінтетін ниетке көшсе наганмен екеуін екі тартып жіберіп арбадан қарғып кетейін. Басқалары қамданып үлгіргенше, мына жол жанындағы қалың ағашқа сүңгіп кетермін. Қараңғыда қалың тоғайдың кез келген шөкесі баспана емес пе?» деген арты неге соғарын ойлатпайтын асығыс амал, оны жедел қимылға жетеледі. Бірақ екі жақ қабырғадан Хакімге жақындай түскен бұл екі солдаттың ойы мүлде басқа еді: олар керуеннің жинақты жүріп, іркілмей ілгері аса беруі, көзге түртсе көргісіз орманды тоғайдан тезірек өту ниетінде болатын. Олар және өзінен өзі қуыстанып қит етсе қару жұмсауға әзірленген Хакімнің кім екенін де, оның не ойы барын да білген жоқ-ты. Хакімнің оң қол жағынан келіп, бетіне үңілген адам:

— Сақ бол, бала, арттағы көлік бөлініп, тұрып қалмасын; оны да қара, ілгергіден өзің қыл елі қалма, — деді.

Бұл қарулы қазақтың жайбарақат үнімен «көлікке сақ бол, бала!» деген момақан ақылы үрейленген Хакімге су сепкендей әсер етті. Ол аузынан:

— Жақсы, жақсы. Қадағалап отырамын! — деген сөздің қалай шығып кеткенін де білмей қалды.

Оның енді тістегендей қатты қысқан саусақтары наганның құндақшасы мен шаппасын босатып, жалма-жан алған орнына оны қайтадан тыға бастады. Қарулы адамдар кері шегініңкіреп, ат тізгінін жол жиегіне бұрды.

«Апырым-ай, асығыс іс әнтек амалға ұрындыра жаздады. Мыналар маған бір ұнамсыз сөз айтса болды, мен тап беріп қару жұмсауға дайын едім. Мұным өте асығыстық, ақырын ойламағандық болып шығар еді. Түбі зиян нәрсені адам байқамай істеп салады екен ғой. Мені тіпті осылар тұтқынға алып-ақ қойсын. Сонда не қылар еді? Ана аттанысқа шыққан біздің адамдар бәрібір мені босатып алмай ма? Егер де мен тоғай ішінде қалып қойсам? — Құрысын, бір шырғалдан құдай сақтап қалды!.. Абылаев мені кәміл-ақ танып келе жатыр. Танымауға мүмкін емес. Ақметше аты-жөнімді, бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берді ғой. Не зұлымдық болса да бұл қаскүнем ішіне түйді. Адамдарына әзір айтпауы да мүмкін. Айтса сыр білдірер еді жаңағы ақыл айтқан солдат», — деп ойлады Хакім, арба үстіне жайланысыңқырап отырып.

Хакімнің Абылаев жөнінде: қаскүнемнің не ойласа да зұлымдығы ішінде болды, дегені дұрыс болжал болды. Хакімді таныстырып Ақметше сөзін аяқтай бергенде-ақ Абылаев оны танып қана қойған жоқ, бұл Аңқаты басында қолдан жырылып шығып, жұрт алдында масқара етіп, аттылы-жаяулы жүгірген бүтін ауылды соңына салған студенттің бетіне киімімен жұтып қоятындай қарап еді. Ақметшенің пәтерінде ол Хакімге тура бас салуға да даярланған-ды. Бірақ үлкен адамдарға жалтақтап қалған офицер жұрт қадірлейтін, тіпті Жанша Досмұқамбетовтің өзі ауызекі сөйлесіп жүрген Ақметшенің сөзінен жасқанып қалған болатын. Ол Абылаевқа жүрерде: аса қадірлі адамның баласы — нағашым, сізге тапсырдым. Көліктің аман болуын ойларсыз, ақша үшін емес. Жаншаның бір ауыз сөзі үшін бердім деген-ді. Осы сөз оның ілкі ойын тез өзгертуге себеп болды. «Ақметше ара түседі, нағашысын тұтқынға алуға рұқсат етпейді. Тіпті Жаншаның өзіне айтып арашалап қалуы да мүмкін. Онан да мұны өз қолыма еркін тигенде ғана бір жайлы етейін. Ал егерде Хакім Жүнісов бір себеппен қалада қалуға бел байласа — онда полиция басқармасының қолына беріп кетейін» деп шешкен еді.

Абылаевтың іңірде ас жемей, асығып кеткені де осы себептен еді. Кейін бұл ниетінен «хабары жоқ» Хакім керуенге ілесіп, ұзын жолға бірге шыққаннан кейін Абылаев: «Я, бақ, я, аруақ! — деді. — Сұрқия студентті құдайдың өзі айдап келіп қолыма ұстатты. Анау күнгі айрылып қалғанның есесін қайтарып, ана әлгі ат жақты ұзын учителімен бірге Һарон сұлтанның қолына берейін. Атаңа нәлет азғындардың өтін алып... құйсын! Бірақ бұған тап қазір үндемейін. Білмеген күйде арба үстінде отыра берсін. Ана Көпірлі Аңқатысына барғанда, таң ата, екі қолын артына байлап, өзін арбаға таңдырайын. Әйтпесе бұл мына тас қараңғыда тағы қолдан бұлт етер», — деп тісін басты ол ат үстінде келе жатып. Бұл ойын ол солдаттарға да айтпады.

Абылаевтің өмірбаяны аса ұзын да емес, аса дәріпті де емес. Қатал тәрбие, қатаң мінез құшағында өскен қайырымы аз, қанын ішіне тартқан жан. Бұған мүмкін өмірдің теріс аққан бір ағыны айыпты шығар. Кім біледі, тұрмыс түрлі, адам түрлі ғой...

Ол әкесі жас кезінде өліп, өгей әкенің қолында өскен, жан біткенге наразы, жалғыз жүріп, жалғыз тұратын бала болды да, оқуға кірген кезде де ешкіммен достаспай қойды. Мұнан көп жыл бұрын әскер тәртібінде бейім реальное училищені бітіргеннен кейін Һарон төре оны әскер жұмысына қосты да, бірақ жиһангер соғысы кезінде майданға жібермей тілмаштық ісіне баулыды. Сөйтіп бірнеше жыл крестьянский начальник кеңсесінде болды. Патша тағынан құлап ескі үкімет өзгергеннен кейін бір жылдай бостан-бос қалған Абылаев былтырдан бері жаңа құрылған Жымпиты үкіметінің ішкі тәртіпті басқаратын қызметіне офицер болып іліккен-ді..

Сол Жымпиты үкіметінің Войско үкіметінің алған қаруын тиген атақты Ақметшенің қызыл нарлы керуенін де бірі ат үстінде, бірі арбада, біріне-бірі қабыспайтын қарама-қарсы мақсатты екі жан тас қараңғы түнде дала жолының жұмбақ қойнына тереңдеп еніп бара жатты.

Көктегі жұлдыздай жамырап жер бетіне жарық төгіп жататын қаланың самсаған шамы сияқты оты жоқ, жә болмаса түн ішінде алдыңнан шыға келетін шоқ-шоқ орманы мен қарауытқан тауы да аз, жылмиып жатқан саңыра көзге ілінерлік сырт белгіден жұрдай. Қай шамаға келіп, қай жерге жеткеніңді жер мен жолдың түріне қарай айырасың. Ал жер реңі мен өсімдік бітісінен жаңылып аяқты жазым баса бастаған кездерде әккі түйе мен ақылды ат жол бастайды. Басқан жерінен жаңылмайтын жануар өзіне тізгін берген шақта керекті қарасынға адастырмай алып келеді. Көп жүріп жолдың ойы мен қырын, шөбі мен шөкесін талдап білмесе де, Хакім де жерді жақсы шамалайтын. Бірақ арба басына екі адамнан келетін қарулы жандар мен керуен бастаған қара кісі Хакімнің бойын да жаздырмай, ойын да көсілдірмей, көзін де алысқа түсірмей уыстарына мықтап ұстап жұмып алған сияқты. Оған төмен түсіп еңкейіп қарауға да, арба үстінен жан-жағына жақсылап көз жіберуге де мүмкіндік бермеді, желе аяңдап зырлап келе жатқан жарау нарлардың жүк тиеген биік арбасынан секіріп түсудің өзі де қауіпті, түскен күнде не үшін түскеніңді тексерсе, бәрінен осы жаман — күдік туғызатын жай. Ал, қай жерге келгеніңді шамалап, әбден қатесіз біліп алмай уәделі жерде дыбыс беруге де болмайды. Бұл дыбыс жә ілгері, жә кейін берілсе істің қара сабындай бұзылғаны емес пе?!.

Дала түні күдікті молайта берді. Күдікпен қосылып шым-шытырық ойлар қабаттасты.

«Меңдікерей Ақметшені тауып, оның не жүк тиейтінін біл; Оралдан қашан жүретінін анықта», — деді Бірақ ол бұл керуенді кім қарсылайтынын, қалай қарсылайтынын айтқан жоқ. Мұны мен де сұрамадым. Егер де мына Абылаевтың жиырма шақты қарулы адамына қарсы тұрып қаруын қолға түсіре алатындай отряд келіп үлгірсе жақсы. Егер де он шақты адам қарсылап, мыналардың қарсыласқанына төтеп бере алмаса не болмақшы? Таң атқанша келетін адамдар қара жолға жетіп үлгермесе не істейміз? Мен мыналардан қулығымды асырып, ойлаған ойым сәті түсіп орындала қалса бір жүк, ең мықтағанда екі жүк қару жырып алып қаламын. Жаман айтпай жақсы жоқ, оған да жеткізбей, Абылаев Барбастаудан асқан кезде мені тұтқынға алуға ойласа — онда бас қорғау ғана қалады. Ол бас қорғау әрекетінің өзі де өте қымбатқа түсуі мүмкін», деп ойлады Хакім бір кез. Аздан кейін оның ойы онан да әрі, онан да терең нәрселерге тірелді.

«Меңдікерей күрестің әдісі көп. Бұған алдымен батылдық пен тапқырлық керек», — дейді. Менің осы ісім де күрес пе? Мыналардың жеті түнде қару тиеп, оны қоршалап келе жатқаны да күрес пе? Жақсы, осының бәрі күрес болсын. Онда ендеше, бірнеше сағаттан кейін шарт-шұрт ұрыс басталады да, жә бұлар бізді кескілейді, жә болмаса бұларды біз атқылаймыз. Атқылау түбі — өлім. Сонда мына жанымда келе жатқан жайбарақат үнді жалпақ қазақтың жазығы не? Болмаса ана қарақұс реңді ұзын қара кісінің кінәсы керуен айдағаны ма? Оған керуен айдатқан Ақметше, Ақметшеге жүгімді жеткізіп бер деп сұраған Жанша, ана Абылаев пен мына солдаттарды да жіберген Жанша. Сонда бәрі бір Жанша үшін жанын бермекші ме?! Жаншаны Жанша етіп, мықты етіп — адамның жанына шейін билеттіріп қойған қай құдірет?.. Жоқ. Мұным балалық ой. Жалғыз адам емес, өкімет. Бүкіл өкімет. Патша да жалғыз еді ғой, бірақ оның сүйенгені өкімет, жұмысшының құлатқаны да соның үкіметі. Бұл да сондай. Ал, адам өледі деп аясаң — өзіңді өлтіреді. Сондықтан жау аяған — жаралы дейді. Қолына түссе олар да аямас. Оны ойлаудың керегі жоқ екен. Қолына түссем мына Абылаев мені қазақ екен деп аяй қоймас. Ол адамшылық жауда бола бермес. Бір түнде Оралдың советтік үкіметін құлатып, басшыларын түрмеге тықты; Меңдікерейді шауып тастады, ол тек әлдеқалай өлмей қалды; Орынбордан келе жатқан 300 әскерді ақтар түнде бас салып төсекте жатқан жерде қанды қырғынға ұшыратты; бүгін мынау Жымпиты үкіметі атып, асып, түрмеге тығып ат пен жігіт, ақша мен киім жинап жатыр; ел қорғаймын деп қару-жарақ тасуда. Бұлар мына керуенді аман-есен Жымпитыға жеткізсе не болмақшы? Он бір көлікте ең кемінде мың винтовка бар шығар. Бұл мың винтовка бір полкке қару; полк оны ертең бізге қарсы жұмсаса!.. Егер де бұл керуенді бұрып өзімізге — штабқа алып кетпесек, көре көзге жауды өз қолымызбен қаруландыру болмай ма? Басымызды байлап кіріскен ісіміздің түбі — қаруда. Ана отрядке жазылып, теңдік аламыз деп жатқан жігіттерге қару керек. Мен де сол қару үшін шыққан жоқпын ба, сонау Шалқардың жағасынан. Қолыңа қару ал да, өзіңді өзің биле деп ұран тастаған жоқпыз ба, ана қалың шаруа мен жұмыскерге. Жоқ, өліп кетсек те мұны Жымпитыға жеткізбеу керек!» деп тістенді Хакім.

Кешікпей керуен Барбастауға келді де, тоқтамастан оның аяқ өткел суын кешіп өтіп, Тереңсайдың арғы қырқасына иек сүйеді.

Керуен жалпақ жазық далаға шыққаннан кейін көсілген сары аяңға түсті. Барбастау қырқасы арттағы қала шамын бірте-бірте көзден жасырып, қою қараңғылық айналаны тегіс қымтай түскен сияқтанды. Қырлықтың шаңды жолына күрпілдете басқан жалпақ табандар, керуен соңынан жеті түнде көзге ілінер-ілінбес боз тозаң — арқан сүйретіп келе жатқандай. Дала әрі тымырсық, әрі үнсіз. Ат пен түйенің аяғын өлшеп басқан күнгірт дүбірі, арбаның ақырын сыртылы ғана үздіксіз құлаққа келеді... Арба үстінде еңкейіп Хакім түнгі далаға құлағын тосып отырды да, жанамалап келе жатқан жалпақ қазақтан сыр тартпақшы боп, ақырын ғана ыңырсып, өзінің үнемі оңашада айтатын: «Біздің ел көшсе жайлар Бәлтен сайыңды» әндетті. Оның даусы ете ақырын және аса нәзік шықты, қасындағы қарыс аттам жердегі адамға болмаса, көк арбаның үздіксіз сыңқылынан, керуен басындағы адамдардың құлағына үні шалынарлық та емес. Жалпақ қазақ:

— Ей, ақырын, бала, немене ішің пысып келе ме? — деді. Бірақ ол сонымен бірге жайлап күрсініп қалды да, бұл келіссіз күрсінісін жауып-бүркеу ниетімен әлденеше рет тамағын кенеді. Оның жекіріп тастамағанына (түн жамылып ұзын жолға шыққан құпия керуен жол үстінде ән салдырмай қоюға да мүмкін еді). Хакім қуанып кетті. «Ақырын!» деген сөз «дыбысыңды шығарма» деген сөз емес және оның үстіне күрсіне түсіп, осыны жөтелмен тұншықтыруы көңіл күйін тебірентетін әнді ұнатқаны деп білді. «Ақырын!» деген сөзді тіпті елемеген сияқтанды. Ол дыбысын алдыңғыдан әуелетпей, сол мақаммен:

Шыңғырлау тасығанмен Жайық емес,

Біздерге өлең айту айып емес,

Түн қатып, түсің қашып, іш пысқанда,

Азырақ ыңырсыған айып емес, —

деді ол әдейі өлеңнің кейінгі екі жолын өзгертіп, қазіргі шаққа бейімдеп жіберді. Ат үстіндегі қазақ үндемеді. Бірақ бұл баяу үнді, ой сергітерлік тәтті ән басқаларының құлағына да шалынды. Ешкім ешқандай қоштау да айтпады, тиым да салмады. Хакімнің жалы күдірейе түсті. «Уәделі жерге жеткенде салатын «Аязбайға» дейін мен сендердің құлақтарыңды әбден үйретіп алайын. Қаншама көреген, жаннан асқан қырағы конвой болсаң да жүрегің бір селт етпей қалмас» деп ол «Зәурештің» бір таңға жетерлік әрі зарлы, әрі мұңды өлеңдерінен таңдап-таңдап бірінен соң бірін суырып сала берді. Ол «Құлпы тас төрт бұрышты аяу биік» деген сай-сүйекті сырқырататын шумақты керуеннің о шеті мен бұ шетіне жеткізе зарлатты. Бірақ қатты көтеріп алыстан қайырмады. Ілкі әуезді күшейтіңкіреп қана, мұңды жерді дірілдетіңкіреп қана салды. Аздан кейін ол ән әсерін әбден күшейтіп тыңдаушыны ынтықтыра түсейін деген ниетпен кілт тоқтатты да:

— Ұйқы келгеннен кейін бой сергітейін деп едім, мына бір ән онан әрі қалғытып жіберді ғой өзі. Ұйқыны шайдай ашатын Мұхиттың «Айдайы» сияқты бір айқайлап салатын ән болса, шіркін! Қара түнді қақ жарып жіберер еді! Осындайда сондай әндерді білмеген де бір қорлық екен. Сіз, отағасы, Ерғали Аязбайұлының әнін білесіз бе? Білсеңіз салып жіберсеңіз қайтеді, ә? Мен салар едім, бірақ сөзін білмеймін бар болғырдың, — деді Хакім әлігі оң қолда келе жатқан қазаққа.

Сөйтті де ол аттылының бетіне үңіле түсті. Бірақ оның жүзінде не барын көре алмады, жасының қай шамада екенін де білмеді. Жалғыз-ақ мұрты қалың сияқты көрінді, денесі де толық, әрі жалпақ екені байқалды. Аттылы Хакімнің сөзіне тез жауап берместен, үндемей қалды да, аздан кейін ақырындап бір сіңбіріп алып, арбаға жақындай түсті.

— Сен, шырақ, мырза жігіт, әлгі ән қалғытып жіберді дейсің. Қалғытқан жоқ, қайта ол менің сай-сүйегімді босатып жіберді. Зарлы адамның шығарған әні ғой, қу бас адамның. Қырық ұлдан қалған жалғыз қыз өлгеннен кейін не болсын!.. — деді.

Оның даусы өте ақырын және дірілдеп шықты. Қараңғыда көре алмағанмен оның жүзінің қатты құбылғанына да Хакім шек келтірген жоқ. Енді бірер сөзден кейін ол Хакімнен «тағы да ән сал, шырақ, жол қысқарсын!» дейтін-ақ.

— Сонымен, отағасы, Ерғалидың әнін естіген жоқ па едіңіз? — деп сұрады Хакім тағы да.

— Ерғалиың қай Ерғали?

— Аязбайдың.

— Жоқ. Ондай адамды естігенім жоқ. Әнін де, өзін де білмеймін.

— Ерғали дейтін ер көңілді батыр жігіт еді деседі. Ерегіскен жауының жылқысын қуып ала ма қалай. Өзі кім болса о болсын, әнін айтсайшы. Жылқы алып, шаттанып, ат үстінде келе жатқанда таң ата аспандата салатын әні көрінеді сабаздың. Бір ауызын ғана білемін өлеңінің. Осы түннің қай уағы болды екен, отағасы. Таң әлі алыс шығар?

— Түн ортасы болып қалды ғой. Шама қазір Барбастау мен Ханкөлдің екі арасы.

— Барбастау мен Ханкөлдің ортасына, әй, жете қоймаған шығармыз! — деді Хакім, аттылының сөзін әбден дәлелдету үшін.

— Дәл ортасы. Уақыт шамасы да, жер ыңғайы да Қарақыстаудың дөңіне келгенімізді аңдатады.

— Онда Шолақ Аңқатыға таң білінбей жетеміз ғой.

— Асып та кетерміз, нарлардың жүрісін көрмейсің бе? Ертең сәскеде Қызылүйдің өзіне жетіп бір-ақ тірелер, мына сары аяңмен, — деді аттылы, бұрынғыдан көрі дауысын шығарыңқырап.

Хакім еңкейіңкіреп жолдың оң жаң бетін көзімен жеп жіберетіндей қадала түсті. Әрігіректе, жол бойында қарайған үйінді сияқты бір нәрсе көзге ілінді. Ол ішінен: «Мынау кәдімгі Қарақыстау. Белгілі нысана!.. Сол, сол!» — деді. Оның тұла бойы кенет шіміркеніп кеткендей болды.

Астымда атым мінген Шайтан қара

Жайықтан жылқы айдадым өңшең ала,

Осыдан осы жылқы бойға сіңсе,

Тағысын, тағы айтармыз, қосшы бала!..

Қалың мұртты аттылы қазақ жақындай түсіп:

— Ақырын, ақырын! — деді Хакімге жалынғандай боп. Бірақ осы әнмен тап осы Қарақыстаудың тұсында дыбыс бермекші боп уәделескен Хакім, дуда делебесі қозып, қызып алған әншідей-ақ өршеленіп, өлеңнің екінші шумағын жалғастырып жіберді. Еркін далада бөгеусіз шалқитын ер көңілді тентек ән түнгі дыбыссыз тұнық әуені шарқ ұрып өресі көтеріле берді де:

Қай қала, мына қала, Теке қала,

Текемет тұр салдырдым теңбіл ала,

Түн жортып, таңмен салдым тентек әнді,

Жаратсаң ақ боз үйден шық та қара! —

деп көтерді. Ән айналасы әлденеше шақырым тегістікте кірпік ілмеген жандар болса, құлағына тегіс естілетіндей болды.

7

Сырт қарауға көз тоқтатар белгісі жоқ жылмиып жатқан жалпақ даланың түкпір-түкпірінде ел аузынан тастамайтын ескі қорғандар мен төбелер көп. Солардың бірі «Сырым шыққан». «Сырым шыққанның» басына көтеріліп ертеңгі кезде кең атырапқа көз жіберсең: арқа бетті көк алқалы Жайықтың ұзын шеңбері орап жатады; шеңбер алқабындағы тізілген селендер төменде, тап аяғың астында жатқандай көрінеді: батыстағы үлкен қаланың мұнаралы, нар үйлері бұлдырайды; берегіректегі Ханкөлі жасыл тостағандай иегің астында тұрады; Барбастаудан Көпірліге асқан үлкен қара жолдың бойындағы жүргіншілер құмырсқадай қыбырлап, кей кезде керуендері жіпке тізген балықтай өріліп жатады; ал, қыр жақтағы тақта бел өріс үсті: ораздының он екісі шығып жұптап-жұптап қойған балшының тасындай, текшеленген жылқы; кейде олардың үйір-үйір шоғыры бейне бір жасақ-жасағымен жылжыған әскердей, көзді үйіріп кетеді...

Отыз-қырық шақырым жердегі жау шебін қияда тұрып барлау үшін, Сырым батыр осы обаны мың жігітке сүт пісірімде үйдіріпті деседі.

Әбдірахман бүгін сол обаның басында. Әліптей тартылып, Барбастау жаққа қарап тұр. Оның көзі жол үстінде емес, жолдан көп қашық жатқан Теректі беттегі шоғыр-шоғыр жылқыларда еді. Қазір сол шоғырлардан бөлініп, шетке домалаған түйір тарыдай, бірден бірге алшақтай бастаған жалғыз ноқатқа қадалды.

Күн еңкеуден төмен құлап ыстың буалдыры сейілген кез еді. Жалғыз ноқат көзге ілінбей жылжып, аз уақыттың ішінде сынық сүйемдей беріледі; келе-келе ол жылқы тобынан арқан бойы алшақтай түсті. Мүмкін бұл бір қиядан арқан бойындай-ақ көрінген шағын аралық, тай шаптырым да жер шығар!

Бұл ноқаттай қарасын аттылы адам еді. Оба басындағы, жалғыз тал жусандай болып тұрған Әбдірахманды көріп, ол атынан түсті де, шылбырының ұшынан жетектеп бірнеше қадам жер жүріп көлденеңдей берді. Оның істегенін Әбдірахман да істеп жаяулап обаның екінші шетіне барып тұрды. Бұлардың арасы ең кемі он бес шақырым жер еді. Бірақ жазықтағы бұл екі адамның алысқа үйренген жіті көздері бір-бірін жақсы айырды. Өйткені жалғыз аттылы қайтадан ерге қонып күн батысқа — сонау Ханкөліне қарай көлденеңдеп шаба жөнелді. Ол көп жерге шапты, бейнебір жер бауырлап ұшып бара жатқан құс сияқты сырғыды. Сөйтті де ол алыстағы аттылы ілкі тұрған жеріне қайта оралды, қадала қарағаннан көзі бұлдырай бастаған Әбдірахманға үлкен қотандай жерді айналып шыққанға ұсады, оның бұл оралып шабуы — бұғалық суретін салғаны еді, мұны Әбдірахман жақсы түсінді. Аттаныс алдында алыстан атойлап шауып бұғалық бейнесін көрсететін ежелден келе жатқан сақыра әдеті еді. Мұны істеген сонау жалғыз аттылының Қапи екеніне Әбдірахман енді шектенген жоқ. Үстеріне өңкей кеп-кең түйе жүн шекпен киіп, ер қасына ілген қаруларын етегімен жасырып, қарларына құрық іліп, елтірі бөріктерін едірейте жортқан Қапи отрядіндегі қазақ жігіттері жылқышылар сияқты еді. Олар кеше ымырттатып қырға шығып қонып, бүгін таңертең жылқы арасында аялдап, Барбастау аузынан Хакімнің хабарын күткен болатын. Қазір міне, уәде бойынша Қапи жолды қысқартып, қиырдан белгі беріп тұр еді.

Оба басынан жортып түсіп Әбдірахман төмендегі Беланға отрядті үшке бөлгізіп, шоғырландырмай батысқа қарай жүргізді. Ымырт жабыла Ханкөліне жетіп жолдан екі шақырымдай жердегі Қарақыстауда бас қоспақшы болды.

Хакімнің әні Абылаевқа да ұнады... «Ақбоз үйден шық та қара... дейді, келістіріп-ақ айтады-ау, әншілер. Мына сұрқия студенттің көрдің бе Аязбайдың тап өзіндей шырқырауын! Бұған бір нәрсе көрініп келе жатқан болар. Бұл сенің ақтық әнің болсын, тоқтай тұр!» — деді ол ішінен. Сөйтті де қасында келе жатқан еңгезердей үш ірі жігіттің атқа қолапайсыздау отырған шеткісіне:

— Анаған үніңді өшір де! Бұл қыз алдында отырып ән салатын жер емес. Бар! — деді зекіп.

Шеткі ірі жігіт бұйрықты түсінбей қалды. Ол:

— Не дейсіз? Қыз алдында отыратын дейсіз бе?.. — деп кідірістеп ат тізгінін тежей түсті.

— Есалаң милау! Ана әнді тоқтат деймін. Марш, түйір ой жоқ, түйедей болған неме! — деді Абылаев солдатына жекіріп.

Солдат ат басын кері бұрмай:

— Хоп, тақсыр! — деп тізгінін тежеген күйі заулап жүріп келе жатқан артқы түйе-арбаларды тосып тұрып қалды.

Абылаев солдаттың атын да, фамилиясын да атамады. Соған қарағанда офицер бір қатар адамының аты-жөнін жақсылап білмейтін де сияқты. Оның себебі де бар. Орал қаласына төтенше тапсырмамен шығарда казармадағы «әскер ойынына үйреніп жатқандардың» ішінен он бес адамды бойына қарап тұрып өзі таңдап алған еді. Бұл еңгезердей ірі жігіттердің оған біреуі де таныс емес-ті. Аты-жөнін жазып берген елубасыға ол:

— Маған бұлардың аты, фамилиясы, жасы, білімі қажет емес, көргенде адам шошырлық түйедей түрі ғана керек, — деген болатын.

Сол сырт көзге сұсты, бойлары сырықтай, екі иығына екі адам мінгендей өңкей дәулердің бірі кәдімгі сыбызғышы Қайыпқожаның Кәрімғалиы болатын.

Кәрімғали арба үстінде келе жатқан керуен басымен оның түйе бағатын жас бала жігітін ғана білетін. Ал, мына ән салып келе жатқан адамның ол түрін де, өзін де көрген жоқ, оның әніне де аса құлақ тоса қойған жоқты?! «Бұл қайсысы ән салған? Жеті түнде ән салғандай не бар деймін-ау!.. Сыбызғы мен домбыра болса бір сәрі. Шіркін, көкемнің күжілдетіп отыратын сыбызғысы болса! Пай-пай-пай! Шеке тамыры білеудей болып кетеді-ау!.. Мына сияқты түнде тартса біздің ауылға да естілер еді күжілі» — деп ойлады ол. Хакім мен оның қасындағы аттылы солдат деңдесе бергенде:

— Бұл қыз алдында отырып ән салатын жер емес. Мұқым, ауыздарыңды ашпаңдар. Ашады екенсің бар ғой, мына дойырмен жондарыңнан таспа аламын! — деді Кәрімғали, өзінің кәдімгі туғаннан бері Хакімге таныс дүңкілдек даусымен.

Хакім үнсіз қалды. Ол аузын ашарын да, ашпасын да білмеді. «Егер де мені таныса бұл әңгүдік Кәрімғали бүтін керуенді басына көтерер. Бұған дыбыс бермейін», деп түйді Хакім ішінен. «Маңдайының соры арылмаған сор қасқаның кездескен жерін қара! Егер де біздің жігіттер тұра бас салса — алдымен оққа Кәрімғали ұшады ғой... енді қайттім?!» Хакім ойын аяқтап үлгіре алмады, алдыңғы жақтан «тоқта!» деген ащы айқай шықты.

Хакім селт ете түсті. Ол түнгі уақиғаның басталып қалғанын шамалап үлгіргенше болмай винтовканың қатар шыққан қос күрсілі қара түнді қақ жарып, мызғып қалған даланың көзін ашып жібергендей, отты демі жарқ ете қалды; тып-тынық түнгі салқын ауаны білдірмей тесіп өтіп алыстағы көкжиек жақты ұңғылап бара жатқан оқтың талмалы суылы да жоғалып кетті. Алдыңғы жақта дүбір де, дауыс та молая түсті. Төбеден түскендей тосын шыққан мылтық даусы бірден-екіден көп көлікті қоршалап, бытырап келе жатқан Абылаев жігіттерінің де үрейін ұшырып жіберді. Хакімнің жанында әнге ұйып келе жатқан үлкендеу адам «Алла!» деп қалды да, пана іздегендей арбаға тақала түсті. Мұны Хакім анық көрді.

Бірақ ол екі саржандай жердегі «ауыздарыңды ашпа...» деп бұйрық берген Кәрімғалидың шошып кетіп, аттан ауып қалғанын байқаған жоқ еді. Сонда да ол әрі аңқау, әрі жүрексіз Кәрімғалиды босқа өліп кете ме деп ойлап арбадан қарғып түсті де:

— Кәрімғали, Кәрімғали! Мен Хакіммін. Түс аттан, шапшаң түс! Әйтпесе оққа ұшасың. Бүл келген қызылдар. Керуенді қамап алды. Шапшаң түс. Бері кел! — деп дыбыс берді.

— Не дейсің? Не дейсің? Қызылдар келіп қалды дейсің бе?.. — деп арбаға тақалған адам басын темен бұғып Хакімге үңілді. Оның даусы сыбырлап қана шықты.

— Сен де түс аттан, отағасы! Ана жолдастарың да арбаның астына тығылсын жан керек болса! — деп Хакім ілгері қарай жүгіріп барып өзінен үшінші түйенің иық қайысын шаппа пышақпен орып-орып жіберді. Қос нардан ортасындағы дара жетек сылқ етіп жерге түсіп кетті. Нарлар оқыс тоқтап, кенет иығының жүктен босап қалғанына таңданғандай қайырылып мойындарын арт жаққа бұрды. Бірін-бірі омыраулай келіп килігіп, артқы арбалар да іркіліп қалды. Арбаның қалқанына бұйдасы ілігіп, мұрындығын жұлқып қалған бір нардың наз еткендей «ах!» деген дыбысы шықты. Тоқтаған көліктерге көздерін тігіп және алдыңғы жақта не болғанын білмей үрпиіскен екі-үш қарулы жігіттерге Хакім өзінің «Аттан түс! Әйтпесе өлесің!..» деген аузына тез оралған сиқырлы сөзін қайталай берді. Өң мен түстей, ойламаған жерден шыққан Хакімнің даусын естіп, сөзін жаңа ғана ұғып Кәрімғали ері ауған атын қоя беріп арбаға ұмтылды.

— Хакім... сен қайдан келесің? Ауылдан келесің бе? Қай жерге тығыл дейсің?.. — деді Кәрімғали ентігіп.

Оның есі шығып кеткеніне Хакім таңданған жоқ. Үйткені ол ақты-қараны әрең деп айыратын Кәрімғалиды екі жұманың ішінде ысылған солдат бола қалды деп ойламаған да еді.

— Мына жерге тығыл. Бәрің де осы жерге тығылыңдар. Мылтықтарыңды лақтырып, қылыштарыңды ағытыңдар. Әйтпесе босқа өлесіңдер, сорлы қазақтың балалары, — деп бұйырды Хакім.

Үрейі ұшқан жігіттер Кәрімғалимен бірге арбаны баспана етті де, Хакім бес көлік пен бес жігітті иіріп тастап өзі ілгері қарай жүгірді.

Ап дегенде Абылаев та шошып кетті. Бірақ бұл жерде қарулы қызыл отряд кездеседі деген оның миына қонатын ұғым емес еді. Сондықтан ол түнгі рейдіде жүрген атты казактар шығар деп, мылтық атып тоқтатқан қарулы адамдармен салмақты түрде терезесі тең адамша сөйлесуге кірісті.

— Сіздер кім боласыздар? — деді Абылаев ілгерірек шығып. Оған жауап берудің орнына:

— Бастаушы офицер қайда? Бұл кімнің жүгі? — деп сұрады, бірінші «тоқта!» деп бұйрық еткен өктем дауыс.

— Мырзалар, айқайсыз, даңғырсыз түсінісуіңізді сұраймын. Біз бейбіт ниетпен Войско хұкіметінің Жымпиты уалаятына жіберген азық-түлігін әкеле жатқан адамдармыз. Қағазы міне. Жолдама қағаз. Бастап келе жатқан офицер — мен. Фамилиям Абылаев, — деді жүк әкеле жатқан отряд бастығы.

Екі бүйірден киіп Әйтиев пен Беланның қарулы жігіттері Абылаевты да, оның жанында келе жатқан екі адамын да қоршалай қалып еді.

— Конвой мен офицерді тұтқындап, жүгін тінтіңдер. Егер де жүктен қару шықса, офицердің басы алынсын. Тез, жігіттер! — деп бұйрық етті оң қолдағы атқа етегі жайылыңқырап отырған адам.

Абылаев мұның қазақ екенін шамалағанмен, көктемнен бері соңына түскен белгілі Әйтиев екенін білген жоқ. Ол тек «әлі де казак-орыстар ғой» деген оймен:

— Мырза, бұл жүк қалада да, көпір басында да қаралған жүк. Сіздің жол бөгеуге қақыңыз жоқ. Войско хұкіметі берген куәлік міне. Бассыздың істемеңіздер. Мен рұқсат етпеймін... — деді.

Бірақ оны екі жолдасымен қоса қоршалай қалған қарулы жандардың жалаң қылыштары көз үйрене бастаған қоңыр түнде жарқ-жарқ етіп төбеге төніп те қалды. Бір адам оның жағасынан, екіншісі — тізгінінен алды да, үшінші қолдың беліндегі наганға жармасқанын Абылаев жұлқып қалғаннан ғана сезді.

Ол сонда да өз ісін ақтап:

— Мырзалар, бұл хұкімет тауары... Бұларыңыз әділсіздік. Түн ішінде бас салып күшпен жол бөгеу аса келіссіз іс. Бұған хұкімет алдында жауап бересіздер, — деді, аттан аударып түсіріп, қаруын сыпырып алып жатқан адамдарға.

Бұл кезде жаңағы орысша сөйлеген қазақ кейінгі керуен жақтағыларға дауыстап:

— Керуен бастап келе жатқан жігіттер! Қарсыласпай қылыш-мылтықтарыңды тастаңдар. Егер де қару жұмсап, күш көрсететін болсаңдар — қырылып қаласыңдар. Алдарыңда екі пулемет құрулы тұр. Ал, айналаң қоршаған ғаскер. Кәдімгі қызыл ғаскер, — деді.

Ұрыс-соғыс түгіл, мылтық даусына да әбден құлағы үйреніп жетпеген бұл қазақ жігіттері мына түнгі шабуылдан үріккен қойдай жапырылып қалып еді. Оның үстіне Әйтиевтің сөзі аяқты аңдаусыз басып құлама жардың қараңғыда қақ басына келіп қалғандай әсер етті.

Офицер Абылаевтың бойына қарай таңдап ерткен бұл ірі жігіттері қаруларын лақтыра бастағаны былай тұрсын, көбі аттарынан қарғып түсіп арба мен түйені баспана етуге тырысты. Бағанағы Хакімнің жанында әнді күрсініп қойып тыңдап келе жатқан үлкендеу кісі Кәрімғалидан:

— Қазақша сөйлеп тұр ғой... Сонда қызылдар да қазақ болғаны ма? — деп сұрады күбірлеп. — Атамыз қазақ, бізге әйтеуір тие қоймас...

Бірақ баста үрейі ұшып кетіп, соңынан Хакімді танып қалып әке-шешесін көргендей қуанған Кәрімғали оған жауап бермеді. Мүмкін оның мына сияқты өзгеше уақиғаларды, әсіресе «қызылдар», «ақтар» деген мағынасы терең сөздерді жете түсінуге шамасы да келмеген шығар! Әйтеуір, ол жолдасына жауап берудің орнына:

— Біздің Кәкім. Өзіміздің кәдімгі білгіш Кәкім! Пай, пай, Кәкімнің де жүрмейтін жері жоқ-ау! Жеті түнде кездесе кетті! Қараңғыда ақсүйек ойнап жүрген балаша... пай, пай, қызық-ау өзі! — деді.

Оның жүзінде мүмкін балаша мәз болған пішін де пайда болған шығар, бірақ тап сол шақта Кәрімғалидың бетіне үңілген ешкім болған жоқ — әркім өз басымен қайғы болды.

Көрінгенге қожайынсып қалған өзіміздің кәдімгі ұрыншақ «казак-орыстар шығар» деп Абылаев қатты үрейлене қоймай, тіл қайратын көрсетуге тырысып еді, бірақ Әйтиевтің «айналаң толған қызыл ғаскер» деген сөзін естігенде жүрегі су ете қалды да, майысқан жездей екі бүктетіліп, жүресінен отыра кетті. Оның кенет дымы құрып қалды, тілі сөйлеуге келмей көзі қарауытып кетті. Буынсыз адамдай сылқ ете қалған офицерді жағадан ұстап тұрған жігіт қайтадан көтеріп аяғынан тік бастырды.

— Күйеуін көрген қалыңдықтай сен неменеге былқ-сылқ етесің. Шығар, тағы қандай қаруың бар бойыңда, тез! Әйтпесе мойныңды бұрап жұлып алармын, — деді ол Абылаевты «қол қатама, қайтеді» деп ойлап.

Бұл Мырзағалиев жігіттерінің ішіндегі Әбілқайыр Әйтиев еді. Қасындағы Сорока оның ниетіне әбден түсінбей:

— Шекесін сындыра сал, үгіттеп не қыласың итті, — деді қасқырша гүрілдеп.

— Ағатай-ай, менің жазығым жоқ... өлтірме... қазақ баласымыз ғой... — деді Абылаев үні шықпай зорға сыбырлап.

Аз уақыттың ішінде-ақ қоршап алған көп адам қарсыласуға да жарамаған нашар конвойдың қару-жарағын сыпырып алып, өздерін шоғырлап бір жерге жиды. Бұлардың тағдырын күні бұрын ойлап шешіп қойған отряд басшысы:

— Не бәрі қанша көлік, қанша адам еді? — деп сұрады зыр жүгіріп жүрген Хакімнен.

— Қарулысы он бес, екі керуеншімен не бәрі он жеті кісі. Түйе — жиырма бір, арба — он бір. Тиеген жүк — қару-жарақ, қанша екенін офицер Абылаев біледі. Сұраңыз, — деді Хакім аптығып сөйлеп.

— Ымм... Абылаевсыз да есебін табармыз. Ал, кәне, қаруын тастаған хан солдаттары, бері қараңдар, — деп Әбдірахман ақырындап тамағын кеней түсті. — Сендерді солдат деуге де болмайды. Жөні, адасып жүрген адамдар деп есептеуге келер. Үйткені сендер Жымпиты хұкіметіне қызмет етіп жүрсіңдер. Бірақ не істеп жүргендеріңді жақсы білмейсіңдер. Мына жүктерің қару-жарақ, мұны сендерге беріп отырған қалың бұқараның қас жауы атаман Мартынов дейтін жауыз. Ал — бұл қаруды сұрап отырған Жанша бастаған қазақ оқымыстылары. Олар бұл қаруды момын елдің аузын аштырмай билеп-төстеу үшін алып жатыр. Атаман Мартыновпен бірігіп тағы да қазақ еңбекшілерін езіп, құл ету ниетімен ғаскер жинап жатыр. Міне осыған түсінбей мына Абылаевпен бірге керуен қорғап, қару ұстап, жүк күзетіп келе жатқандарың адасқандықтың белгісі. Түнде жүрген ұрыны түнде ұстайды, ұрлық істеп жатқан жерінде қолға түсіреді. Сендер тап сол сияқты қылмыс үстінде қолға түстіңдер, Алайда сендердің надандықтарыңды ескеріп жазадан босатпақшымыз. Бұдан былай тірі қаламын десеңдер хан әскеріне бармаңдар. Тура үйлеріңе қайтыңдар. Офицер Абылаевтан өзгеңді босатамыз, — деді.

Үрейі ұшып біріне-бірі тығыла түскен жандар Әбдірахманның соңғы жылы сөзі аузынан шыққанда жылап жібере жаздады.

— Ағатай-ай, өркенің өссін. Зорлықпен жүрген адамбыз. Еріксіз жүрміз. Енді қайтып хан маңын көрмеуге ант етеміз, — деді жыламсырап бағанағы Хакімнің әнін ұйып тыңдайтын үлкендеу кісі.

Нақ жанынан жай түсіп есі шығып кеткен адамдай буыны құрып қалған Абылаев, аздан кейін құтылу жолын жан таласа іздеп еді. Ол басын көтеріп алып:

— Тақсыр, менде не жазық бар. Мен де бұйрық орындап жүрген адаммын. Мұнан былай мойныма ілмейін. Жанымды қиыңыз, — деді дірілдеп.

Көптен бері өзіне аты да, ісі де таныс Абылаевтың бүгін Хакімге түрі де рақымсыз жанның түріндей: қанын ішіне тартқан қарасұр, көзінде жылы шырай жоқ, ашаң өңді, суыр жүзді, иілмейтін қайсар адам сияқты көрініп еді. Ал қазір офицерлік атын ұмытып қорыққаннан іс-мақсатынан бір жола безгені табансыз бишара екенін көрсетті.

— Абылаев мырза, атыңа ісің сай келмеді, офицерлік абыройдан көрі жаның қымбат екен, — деді Хакім оған. Сөйтті де Жүнісов Әбдірахманға жақындай түсті.

— Жүнісов мырза, қалай десеңіз де мен басымды идім. Өйткені мен жазықсызбын. Ешбір қазаққа қастық ойлаған жерім жоқ. Мұны сіз жақсы білесіз. Бүгін Ақметше мырза тапсырғаннан бері сіз менің қарауымда болдыңыз. Жамандық істесем қолымнан келер еді, бірақ опасыз ойдан аулақ болдым. Сол ақтығыма қарап және ежелден келе жатқан қазақтың ескі ерлік әдеті бойынша сіздерден жан сауға сұраймын. Өле-өлгенше ешбір қазаққа қол көтермеуге ант етемін, құдай бір құран шын. Ал, жазықсыздан жазықсыз жазалаймын десеңіз — басым міне, — деп Абылаев төмен қарады.

Әбдірахман үндемеді. Оның қасындағы қазақша жақсы білетін Довженко да үнсіз қалды. Басында жек көрсе де қазақ баласымыз ғой, деген сөзге Хакімнің де іші жібіп кетті. Ол Әбдірахманға қарап:

— Әбеке, жігіттің аяққа жығылғаны — тірілей өлгені. Абылаев мырза ант-су ішті.. Қайтесіз енді, жан сауға беріңіз, — деді.

Әбдірахман бұл сөзге де жауап қатпады. Ол тек Беланға қысқаша түрде:

— Командир жолдас, қозғалайық, — деді.

Әскер қоршаған ұзын керуен ырғалып-жырғалып күн шығысқа қарай бет алды.

Кешірім алып жол үстінде жаяулап қалған топ жігітті қоюлана бастаған таң қараңғысы қымтай түсті. Олардың арасында көптен тісін басқан қас дұшпаны жан сауға беріп, Абылаев та қалды.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

БІРІНШІ ТАРАУ

1

Бала қойшы етектеп теріп әкелген ақ жапаларды айнала қалап, кәдімгі ошақтың ортасындағы жалыны бетті шарпитын үйдегі оттай етіп-ақ жаққан. Алаураған қызыл тапқа жапамен араластыра қалаған тастары да қызарған. Өзінің дөңгелек беті де қып-қызыл... Отқа қызған тарғыл тастар қандай әдемі, әсіресе күн көзі қоңырқай тартып бұлт арасына жасырынғанда тастар ал қызыл тартады да, күн бұлттан шыққанда қаракүреңденіп кетеді. От үдеп, шоқ молайып әбден қызған кезде тасы қайсы, шоғы қайсы айырып аларлық емес. Жалпағынан жатқан қызыл далап, қара ноқаттары қаптаған тарғақ-тарғақ бетті ақ тастар да тегісінен қызғалдақ түстес. Сонда да қойшы нағыз шымқай қызылын теріп, шеті кетік қара тостағандағы сүтке «быж» еткізіп тастап жібереді. Қызыл тас түскен жер шымырлап сүттің беті қаймақши түседі. Қойшы үзбей тас артынан тас салады, сүт бетінің шымыры тұтасып, ұсақ-ұсақ отауланған көбік пайда бола бастайды. Аздан кейін шұңғыл қара тостағанның қызыл тастар көтерген сүтінің етегі де, беті де көтеріліп теп-тегіс бұрқылға айналып кетеді...

Бала қойшы өзінің үйреншікті күндегі әдетінше тостағанға қой сауып, оның сүтін тас қыздырып қайнатып отыр. Бүгін оның сүті әдемі қайнады, — ауыз күйдірелік әрі ыстық, әрі ұзақ піскен дәмі таңдай тамсандырарлық. Өрім-өрім жыртық көйлекпен жаңбырға жаурап, жауын соңынан желпіген салқын желге дірілдеп құс еттенген дене өзі ыстық, өзі аяққа жұққандай қоп-қою қой сүтін қандай керексітеді! Әсіресе бүйрек бетің албырап, шарпып тұрған қызыл шоқтың жанында отырып ұрттаған сүтке не жетсін!..

Жауыннан кейін аспан қандай әдемі, жер қандай жасаң тартқан! Қазір бетеге — жастық, жер — төсек! Кішкене қойшы қан тамырға тұтас тараған сүттің буымен денесі бусанып, балбырай бастады; аз уақыт бір шынтақтап, жантайып жатты да таңымын керіп шалқалай түсті...

Аспанда бір жағы ақ шағырмақ, бір жағы қарақошқыл бұлттар іркіс-тіркіс, бейнебір көш керуені сияқтанып қалған. Анау арқа бетте Сырым шыққаннан бастап Ханкөлге дейін адарғы көрген өрмектің жібіндей тарам-тарам болып бозқылау жаңбыр жауып барады. Сол жаңбыр желді өзіне тартып кетсе керек — әлем ішінен тынып қалған сияқты, қыбырсыз, үнсіз маужырай түсіпті. Толқынданып жататын даланың үлпек шаш бетегесінің де бір талы қозғалмайды; дамылсыз көшіп, тіркесе домалап, ойдан сайға ентелеген ебелек-қаңбақ та қалт тұрып қалыпты. Қос Обаның басын көлеңкелеп тұрған түндік бұлттан әрігірек көшкен елдей бір бұлттар тізбегі тұр: тең-тең жүк артқан нарлар, қос өркеші баладай тайлақтар сияқты... Шұбаған ұзын көштің алдында ырғақ мойын ақбас атанды ұп-ұзын жел бұйдасынан соза жетелеп, сеңсең бөрікті көш басшысы да кетіп бара жатқандай...

Осы бұлттарға қарап жатып ішінен: «Бұлттар да адам сияқты көшіп жүреді... Анау жүк артқан түйелері... Қойлары да бар... Бұлттың үсті шыжып тұрған шығар, күнге тиіп тұр ғой...» деп ойлап қойшы қалғып кетіп, көзін жұмып қалып, қайтадан зорға ашып, қайта жұмып, бірер минут ішінде-ақ мызғып кетті. Жаңбыр соңынан жасаң тартқан шөпті құныға қырқып, ендеп жайылған қойлардың әрілеп кеткенімен кепі жоқ, қойшы ұйықтап жатып та: «Шәйт! Шәйт!» деп дауыстайды. Бірақ өзі ұйқының құшағына мейлінше еніп кетті...

Сыбызғышы Қайыпқожаның кіші баласы Қалидың қойшылыққа жарағаны биыл. Шұғыл хажы оны екі жылдан бері жаз жалдап алып, ауыл жанында қозы-бұзау бақтырып жүрген. Түсте қозы көгендеп, қой келген кезде сауатын саулықтарды қосақтасқаннан басқа Қали желінің басына бие қайырып береді, бірақ мұнан өзге оған сеніп тапсыратын жұмыс шамалы болатын. Әйелдердің ұсақ-түйекке жұмсағаны есеп те емес. Тіпті тезек теруге алып шығып хажының еріккен келіндері мен ауыл қыздарының әңгіме соғып отырып Қалиға тезек тергізетіні, қабының түбі жер сызып мықшия көтеріп баланың тезекпен бір арбаны бір өзі толтыратыны, қой қырқысатыны, жүн жинайтыны, тағы басқа толып жатқан жұмыстары санға қосылмайды. Оның қолынан іс келетіні, істеген ісін тыңғылықты етіп бітіретіні хажыға да, басқаларына да белгілі болатын. Бірақ оны сонда да екі жыл бойы үй төңірегінде жүргізумен болған. Тек биыл ғана қойшылыққа жарады. Онда да екі қойшының бірін Шұғыл сататын, соятын бір қора қойды Жымпиты түбіне бақтыруға бөлгеннен кейін ғана Қалиды қатарға қосып, бақташы еткен-ді. Қалидың «қойшылыққа жарамауының» себебі де бар: ол өте кішкентай, көзге тым қораш; он алты жасар дерлік емес. «Бардың баласы он бесте отау иесі» болса, Қалиды жиырма жаста да «жігіт болыпты» деу қиын. Ат жақты келген, ұзын бойлы, қапсағай, нар өркеш мұрынды әкесінің, жауырыны қақпақтай, кеудесі кере құлаш алып денелі Кәрімғали ағасының бойы мен қияпатын Қалидан құдай әдейі аяп қалған ғой. Ол аумаған Жұбай: бойы әлі күнге келіден екі-ақ елі биік, беті де шешесінің бетіндей дөп-дөңгелек және күйіп піскен бауырсақтай, қып-қызыл; ал мұрны шымшып ұстағанда ғана қолға зорға ілінерлік, оның үстіне титтей танауы, таң қалған адамдай қабағына қарап қалған. Мысқылшыл Шұғыл оны «мысық мұрын» деп тауып та қойған ба, қалай?!

Қалидың бұл сырт көрінісі есепкер Шұғылдың көңілін көншіте қоймаса да, оның тіл алғыштығы мен аңғарғыштығы шотын бір-екі қақтыруға жарап қалатын. Бірақ Қалидың ең нашар, тіпті қағуға келмейтін нәзік пернесінің бірі ұйқышылдығы еді. Әрине, оның мінезінде мұнан өзге кетіктері толып жатыр, олардың ішінен көзге бірден түсетіні қорқақтығы. Осы сияқты жақтарын салмақтап-салмақтап, адам жоқта бір жағы амалсыздан, бір жағы көлденең шығынсыз арзан қойшы болғандықтан Шұғыл:

— Мысық мұрын, сені қойға саламын. Жақсы бақсаң — ақың бір тоқты емес, қозылы қой. Қозылы қойды өсіре білсең он жылда қанша болатынын білесің бе?.. Жауап орнына Қали аңқиып Шұғылдың тұп-тура аузына қарап қалды. Басын көтерген сайын, кішкене таңқы танауы одан әрі шалқалады.

— Бірақ сенің анау шақша басыңдағы миың оны есептеуге он жыл жүгіртсең де жетпес. Бір қой он жылдың ішінде мың қой болып шығады, — деді Шұғыл оған. — Сана, сана. Екінші жылы бір қойың екеу болады, үшінші жылы төртеу, төртінші жылы сегіз, бесінші жылы он алты болады, алтыншы жылы отыз екі, жетінші жылы алпыс төрт болады, сегізінші жылы жүз жиырма сегіз, тоғызыншы жылы екі жүз елу алты болады. Ұқтың ба? Оныншы жылы бес жүз он екі, ал он бірінші жылы бір мың да жиырма төрт қой болады... — деген еді. Елтіп қалған Қалидың тіл қатуға да шамасы келген жоқ — қозыдан қой бағуға көшіп «есейген» Қали, аяқ астынан мың қойдың иесі болды да шықты. Шұғылдың айтқанына шүбалануға оның миы жеткен жоқ. Шұғыл айтса қалай болмайды. Болады! Шұғылдың айтқаны келмей, дегені болмай қалған күн бар ма? Бүтін елге, бүтін болыс қоластына атағы жайылған Шұғылдың білмейтіні бар ма? Содан бері Қали қой бақты, мың қой болатын қозылы қой ойынан шықпай қойды. Қазір ұйықтап жатып та ол «Шәйт! Шәйт!» деп жатыр кім білсін, түсінде сол өзінің есепсіз көп қойын өрістетіп «оты мол жерге қайырып, Шұғыл сияқты, атпен келіп алыстан бақылап тұрсам» деген арманы тілге оралды ма...» Бірақ өзі қазір ұйықтап жатыр. Өрісте ұйықтап қалу оның бойына сіңіп алған. Жаяу жүріс, зеріктірерлік жалпақ дала, жансыз қыр, ертеден кешке шейін ерген қойдың соңы — ұйқының бесігі сияқты. Әсіресе бұйықтырған қоңыр салқын күндерде қою сүтті ыстықтай ішіп алғаннан кейін ауыз есінеуді, самарқау дене керілуді керексітеді де тұрады...

Әкесі Қайыпқожаның қайтыс болғанын өткен жұмада Қалиға жылқышы Аманқұл естірткен-ді. Ешкім жібермесе де Аманқұл жылқыдан шығып қой соңындағы Қалиға әдейі келді. Ол Қалиды баласынған жоқ, кәдімгі үлкендерше, тіпті билердің осындайда айтатын сөздерінше бастады. Сәті түскенде Қали қой соңында екен, әдетінше ұйықтап қалмапты. Келе жатқан аттылыны көре салып, пысықтығын көрсету үшін қойды қайырғыштап, «шәйт-шәйтін» жиілеткен Қалиды Аманқұл:

— Қалижан-әу, ә, Қалижан! Бері кел, Қалижан! — деп айқайлап шақырып алды да: — Қалижан, сен үлкен адам болдың ғой, соншама қойды бір өзің бағып. Үлкен кісінің ісіне ие болдың. Мұқым, жігіт боп кеттің.

Сенің өзіңе айтатын, ауыр болса да амал жоқ, естіртетін жай бар. Кел мына жерге отыр. Қойы құрғыр қайда барар дейсің, қойдан да қымбат нәрселер... — деп бір қойды. Жылы шырай, жақсы сөзді сирек еститін қойшы жайнай түсті. Әсіресе Аманқұлдың: «Үлкен болдың. Өзіңе айтатын әңгіме бар» деп тең санап сыр айтпақшы болғаны оның төбесін көкке жеткізерліктей әсер етті, бала езу тартып, Аманқұлдың сөзіне басын изей берді.

— Әкең Қайыпқожа Жүрсебай баласы, — деді Аманқұл салмақты үнмен: — Жүрсекең батыр болған адам. Ал, Қайпекең батыр болмаса да өнерпаз болды, өнерімен сыбызғының тілін білді, арқалы сыбызғышы болды. Қаз болып қаңқылда десе — сыбызғысы қаз болып қаңқылдады; киік бол десе — ақсақ киік болып шойнаңдады; ботасындай боздап, мұқым, нарды иітті. Марқұм... (ол «марқұм» деген сөз аузынан ерте шығып кеткеніне шошып кетіп, Қалидың бетіне жалт қарап еді, Қали әлі басын изеген қалпында бейғам отыр екен)... Иә, марқұм Қайқаң алты арыс Қараға аты тегіс жайылған сабаз еді. Жақсылардың аузынан түспейтін, жамандардың қолы жетпейтін арыстан еді. Үй ішінде — пана, ел ішінде — дана еді, — деп көп сөзді шұбыртып келіп аяғында: — сол Қайқаңдар да өтті дүниеден. Бұл шіркін, жалған кімге жолдас болар дейсің. Өзі де көптен көкірек ауру еді ғой, үйірге қосылмайтынын мен, мұқым, алдақашан білгенмін. Жаны жаннаттың төрінде болсын. Сенің қадірлі әкең, менің қымбатты ағам илаһи иманды болсын! — деп бетін сипаған-ды.

— Илаһи иманды болсын! — деп Қали да оған ере езу тартқан күйі қосыла бетін сипаған болатын.

Жұрт сияқты еңіреп жіберер деген Қали езу тартқан күйі, ойында ештеме жоқ, бетін сипағанына қайран қалып Аманқұл: «Біреуден естіді ме екен, әлде күні бұрын ауру әкесінің өлетініне көзі жетіп күдерін үзіп, еті өліп кетті ме екен? Мұндай да тас бауыр жан болады екен? Әлде сорлының дені дұрыс емес пе?» деп ішінен таңданды да:

— Қали, сен жігітсің. Қайқаң марқұм сияқты ақылды болмасаң да, Кәрімғалидай боласың. Қош! — деп атына мініп жүре берген еді.

Қалың қой дүрліге үріккен кезде Қали тағы да: «Шәйт! Шәйт!» — деді, бірақ өзі оянбады. Бес жүзден астам қойдың бір ауыр кесегі Қалиға қарай төңкеріліп мыңдаған тұяқ жерді жеміріп жібере жаздады да, қойшы жатқан тепсең тегіс солқылдап кетті. Алыстан күркіреген күндей күңгірт дүрсіл түйдектеліп шапқан қойдың зуылымен араласып қыр астын тұтас дүрілдетіп жіберді... Шаң-тозаңнан арылып жаңбыр соңынан жасаң тартқан тұнық ауа қой иісін қасқырдың желге қарай көтерген тіміскі тұмсығына көш жерден-ақ жеткізді. Тосқауылдап көбірек шоңқайып, қара тұмсығын көкке жиі-жиі қадап келе жатқан бөрі, жабағылы қойдың шуаш исі шыққан қырға қарай өндіре текіректеп кетті. Бауырын көтермеген көп бөлтірікті жарау жыртқыш жылы-жұмсақ жемнің дәмін алғандай шауып келе жатып аузын арандай ашып бірнеше рет ауаны қауып-қауып жібергенде балғадай азу тістер біріне-бірі етті. Ол бір қыр асқан соң-ақ қой қарасын көріп бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалды; бұққан күйі бойшаң алашағырды тасалап біраз жер жүгіріп келіп, әудем жер қалғанда жүрелей қалды. Қасқырдың қызылтарғылданған көзіне жер құйқасына кенедей жабысып қалған қалың қойдың ендеген алабы тұтас ілікті; оның жерден қарыс сүйемдей ғана көтеріліп, желді ішіне тарта шүйірген қара ноқат тұмсығына ащы қара жусанмен араласқан қой жынысы құйылып кеткендей болды. Сабалақ жүнді сұр жыртқыш елтіп кетті, тарамысты тірсектері дір-дір қағып, езуі ыржиып, аузы ақсия түсті. Ол көрген төстіктей боп жермен-жексен жылжи жөнелді: болат серппедей бүгіліп жазылған сіңірлі тірсектер төстек денені алға қарай аршындай жылжытты. Жатқан қойшының әлсіз шыққан адам иісін ол елеген де жоқ. Оның есі-дерті тек қана қарсы алдына көлденең тартылған жемінде еді. Ойланғандай, шөпті баяу қырқып, басын үздіксіз көтеріп далаға қарап тұрған мықшықтау келген үлкен азбанды ол бір-ақ сілкіп, жұмсақ бөксесін тұтас жұтып қойғандай болды.

Алысқа көз тіге алмайтын, аяғын жыбыр-жыбыр басқан өнімсіз қимылды, момақан мінезді жануар жыртқыштың таяу келіп қалғанын сезді ме, басын көтерген күйі, бөрі бетке ұстаған шөкенің қимылын аңдағандай қарап тұрды да, алдыңғы сол аяғымен жерді тарпып-тарпып қалды. Қалған қойлар оған елең ете түсті...

Садақтың оғындай ытқып, қарғыған бөрі үш саржандай жерге бір-ақ түсіп, тағы да екі-үш ұмтылғанда, бұрылып қана үлгіріп тарпаңдай шапқан қызыл азбан бөрінің бассалып қатты-қатты сіліккенінен екі рет домалап кетті. Азбан орнынан қайта тұрғанда екпінмен асып кеткен бөрі олақ айналып алыстан орағытып, дүркіреп бара жатқан қалың қой жағынан келді. Азбан әлде айбат шеккісі келді ме, әлде бұрыла алмады ма, әйтеуір ол қасқырға қарсы келіп қалды да, ақсиған тіс, ашылған ауыз, албастыдай ұмтылған жыртқыштың төніп қалған бетінен жалт бұрылып қойдан бөлек алды ашық маң далаға қарай қашты. Қашқанда қойдың да атқа жеткізбей кететін жүйріктері бар, ал мына ірілігі тай өгіздей азбанның көсіле шапқанда аршыны да кішігірім аттың өресіндей керіліп кетті. Оның үстіне, құйрықты болғанмен, майы салпы бітпегені қандай көрім, денесі ықшам азбан жеп-жеңіл, бейне бір шапқан аттай зулады. Қасқыр төніп келіп тістерін сақылдатқанда жануар одан әрі ышқына шауып бөріні артқа тастап, оқшау шығып кетеді. Бірақ аңқау азбан бөлтірікті бөрінің көптің ішінен қалағанын ғана бөліп алып, алыстағы апанына арқалап барғаннан көрі әрі тез, әрі жеңіл айдап жеткізу амалына көшкенін сезген жоқ. Ол тек, құтылу жолы осылай деген соқыр сезімнің билеуімен шапқылай берді...

Үріккен қойдың ауыр бір тобының ұйықтап жатқан Қалидың үстімен дүрліге асқаны тап осы кез еді. Ояна кетіп ол көзін уқалап-уқалап жіберді де жапырыла, ұйлыға, бірін-бірі сыналай жабысып, ұйысып қалған шүйкедей жұмарланып бара жатқан қойға қарады. Қапелімде ол не болғанын түсінбеді: үшке бөлініп, төңкеріле шауып, жұмарлана ойысқан қора-қора қой... Бірде дүрсілдеп, бірде сатырлап жер-дүниені солқылдатқан бір дүрлігіс... Адам не болғанын айырып білер емес. Екінші рет көзін уқалағанда Қали оң қол жағындағы жеке шауып бара жатқан қызыл азбанды, оны тірсектей алқындырып, ауыз салуға таяу қалған бөріні көрді. Бөрі, нағыз бөрі! Ол бөріні жақын жерден көрмесе де алыстан көзі талай шалған. Жұрттың айтуынан да ол жақсы біледі... Мың қой кездессе де бірін қалдырмай тамақтап жым-жылас ететін бөрі ғой! Мына дүркіреген қойдың біразы мойны астына қайырылып қылжиып-қылжиып қалған шығар...

Қалидың көзі бұлдырап кетті: оған қызыл азбан да әлденешеу, қасқыр да екеу-үшеу болып көрінді. «Ана қойларды да қуып бара жатқан қасқырлар... Мынау да бірнешеу... Толған қасқыр...» деген ой оның қиын жай оғынан да шапшаң жарып өтті. Ол алды-артына қарамастан жүгіре жөнелді. Бірақ үшке бөлінген қой ауылға қарай ойысты да, қырдың арғы астына түсіп кетті; қызыл азбанды тірсектеген қасқыр — Мыңшұқырдан арғы қыратқа беттеді, ал, Қали басқа жаққа, тауға қарай жүгіре берді... Ол таудан да әрі — Аңқатыға, өз үйіне қашуға бет алды...

2

Өлген адамдай шетенге салып көтеріп әкеліп, Бекейдің үйіне төсекке салған Бақы тап сол күні ессіз-түссіз күйі тілге келместен дүние салды...

Оброчная жайлауындағы ауылдардың басын жиып, садақа жасап бас жегізіп Жүніс хажы сөз сөйлеп, Асан Жол старшынның знагін жұлып алатын күні ымырт кезінде ауру ыңырсып тіл қататын тәрізді бір шырай беріп, басын қозғай түсіп еді, бірақ жан-жақтан сүйемелдеп абыржыған туысқандарының үміті ақталмады — аузынан зеңгіл құсық ақтарылып ауру қайтадан қимылсыз қалды. Түні бойы әлсіз ғана ыңырсып, анда-санда баяу қырылдап жатқан бұл үмітсіз ауруды Бекей мен Тояшқа кезек күзеттіріп, Жүніс ертеңіне сәске түс кезінде өз атарбасын жектіріп оны таудағы үйіне жөнелткен-ді.

Бірі аттың делбесін ұстап, бірі аурудың басын сүйеген Нұрым мен Тояш Шұғыл аулына жеткенше өте ұзақ жүрді.

Дала да жап-жалпақ, қазақтың етек-жеңі кең, өзі мол түйе жүн шекпені сияқты өңір-өңір болып жарыса жонданып кеткен қыраттары мен ұзын-ұзын ызаттары шекпеннің қос тігісті сайындай, бірі таусылса, екінші біреуі әзір тұрады, шетіне жеткізбейді. Аспан да баяғы төңкерілген күйі, я әрі, я бері жылжыр емес; оның терең төріндегі қадау-қадау ақ шағырмақ бұлттар да табан жылжымастан, тасбиық тартқан сәлделі сопылардай, мүлгіп тұр. Сонау, қазығын айналған арқандаулы аттай, қалықтап қанкөбелек ойнаған қарақұс та ерінбей шүйіліп, асықпай әрілейді, — көп уақыт көзден үзілмей, үтір сияқтанып шүйіледі. Алтын омырау, сары бауыр шегіртке де бота тірсектерін біріне-бірін үйкеп алып шыр қағады да, содан кейін біраз уақыт саябыр тұтады. Айнала бейғам, айнала саябыр дүние! Бірі тынып, бірі зырғып, бірі мүлгіп, бірі дамылсыз дөңгеленген әлем...

Арба да тынбай жылжып келеді, басын шұлғып тастап ат та бірде бүлкілдеп, бірде аяңдайды. Бірақ ауруды үйіне жеткізуге болмады. Ол Ханжұртынан асқан соң-ақ меңдей берді. Рессорлы арбаның жүрісі жұмсақ, үсті жайлы болғанмен даланың шоқалақты жолы халі нашарлаған Бақының ақтың минуттерін азапқа айналдырды. Тояш басын арбаға соқтырмай, қолын жастық етіп көтеріп отырғанмен, дене ырғалып-теңселіп, кейде ойдым-ойдым шұқырға дөңгелектер зірк еткізіп соққанда аурудың демі күні бұрын үзіліп кетерліктей селкілдейді.

— Тоқтат атты, қысылды ғой сорлы, — деп Тояш оң қолы ықылық атқан аурудың басын сүйеген күйі, сол қолымен Нұрымның делбе ұстаған жақ қарынан тартты да, өзі еңкейіп иман айтты.

Артына жалт-жалт қарап қойып: «Үйіне тірі жеткізсек екен бишараны» деп ұзын жолды қалай қысқартуға білмей келе жатқан Нұрым атты тоқтата салып арбадан қарғып түсті. Ол Тояшқа жақындай беріп аурудың бетіне таман үңілгенде қос танауы қусырылып, түсі шүберектей болып кеткен Бақы ақтық демін бітіріп біржола тынып қалған еді...

Екеуі де үнсіз: төмен қараған күйі бірнеше минут қалт тұрысып қалды. «Елсіз далада неге тоқтадың?» — дегендей делбесін жерге тастай беріп дыбыссыз тұрған Нұрымға ат бұрылып бір қарады да, бүйірін солқ еткізіп дем алып, күрсінгендей болды. Жолдың жанындағы іннің төмпе төбесінде шаншылып тұрып ат-арба жақындап келгенде сүңгіп кеткен сарышұнақ тышқан қара моншақ көзін жылт еткізіп, басын қайтадан қылтитты.

— Айы біткен айында, күні біткен күнінде. Ажал айдаса амал жоқ, себебі аттан болды. Нұрым, мін арбаға, делбеңді ұста. Үйіне апарып оң жаққа салып, ақ жуысып жерлеп қайтармыз. Марқұмға біздің басқа не жәрдеміміз бар, — деді Тояш, басын көтеріп.

Ол өліктің екі қолын жиып кеудесіне қойды; ескі елтірі бөркінің ішінен басын таңған орамалын алып бетіне жапты, аяқтарын жөндеп көсілдірді. Сонсоң өзі теріс айналып көзін сүрткендей болды да, ұзақ уақыт сіңбірініп, қақырынып, арбаның енді арт жағына мініп Бақының аяғына отырды.

Көңілі бұзылып, қатты қобалжып кеткен Тояш Нұрымның бетіне қарай алмай екі көзін жол жанындағы селеудің шөкесіне тікті. Бірге өсіп, тұрмыс бейнетін бір көріп, көп заман ащы мен тұщыны қатар татып келе жатқан замандас ағайыны Бақының өлімін азалап келе жатқан Тояштың жүзіне Нұрым да қадалмады, үлкен адамның босаған көңілін босата түсуді, жә оған бөгеу болуды лайық көрмеді. Нұрым да Тояштың көз тіккен шөкесіне қарап «менің де ойым бір жерде, мен де азалас» деген сияқтанды.

Тояштың көзін тіккен селеуі үздіксіз жүрген арба дөңгелегіне мүжіліп қу түбір болып қалыпты. Бір кезде ақ жалы төгіліп желге толқындана желбірген ақ селеу шашағы қырқылып, тоқал ешкінің басындай аруақсыз. Ал, арба соқпайтын тегістік жердегі жалпақ жатқан ту селеулер мұрты да сынбастан, жерді көрсетпей жайқалып тұр.

Делбе қағылып, ат жүріп кетті. Бірақ Нұрым ойы бөлінбейді, ол қайта, ат аяғын ілгері басып, арба тынымсыз жылжыған сайын бүгінге дейін сезбеген, білмеген ауыр ойдың құшағына еріксіз кіріп бара жатқандай болды.

Жасынан албырт өскен, мұсылманша қисса кітапты көп оқыған, ән мен өлеңге бейім, топта іркілмей жанынан шығарып та төгіп-төгіп жіберетін жыршы ақынның көңіліне қасірет құйылып кеткендей болды. Ол ұзақ уақыт тұнжыр пішінде жерден көзін алмады, қолы делбені мағынасыз қаққылап назары селеуден селеуге ауды... «Айы біткен айында, күні біткен күнінде. Ажал айдаса амал жоқ. Себебі аттан болды» деген Тояштың сөзіне ойы үздіксіз орала берді. Бейне бірінен соң бірі жалғасып жатқан селеу сияқты: ат болмаса Бақы өлер ме еді? Бекейдің таяқ жегені де ат үшін! Сүлейменді салықшылардың сабағаны да ат үшін! Қаленнің ұсталуы! Хакімнің ұстала жаздап солдаттар қолынан әлдеқалай жырылып шығуы! Бірі мен бірі жалғасқан уақиға! Рас! Хакімнің айтқаны ып-рас. «Үлкен көш өзеннен өтіп жатқанда қызығына қарап қана тұруға болмайды. Ең болмаса малын айдасып судан өткізісесің. Жүгін түсірісесің. Қайығын жөндейсің. Біреуге болыспай, біреуді қолдамай қарап тұруға бола ма? Әділсіздік іс істеп біреуге біреу зәбір көрсетсе — оған қарсы тұрмау жігіттік пе!...»

Соңғы кезде Хакім мен екеуі пішен басында түнеп, кейде түні бойы әңгімелесіп, қала мен далада болып жатқан нәрселерді айтып көп сырласатын. Бұл сырлардан Нұрым бұрын ойламаған, сезбеген, ауызға алмаған жайларды аңғарып қалған-ды. Бір күні үйдей пәле өз басыма да келуі мүмкін. «Тулақтай сілкіп, сақалымыздан алмасына кім кепіл» деп көкем дұрыс айтты. Анау күні мен де қарап қалғаным жоқ... «Түбі бір шырғал болады ғой» деп ойлады Нұрым.

Жүністің үлкен баласы бұл Нұрымның мінезі жұрттан өзге еді. Ол жасынан «тентек Нұрым», «жынды Нұрым», «өлеңші Нұрым», «есер Нұрым» атанды. Бала кезінде ауылдық молдаға оқытып, ақты-қараны танығаннан кейін қатар өскен екі баласының Жүніс бірін медресеге, бірін орысша оқуға берген-ді. Бірақ орысша оқуға берген Хакім Жымпитыда алты жыл оқып «адам болып» кетті де, медресеге берген Нұрым дін тәртібіне, сабақ берген ұстаздарының дегеніне көнбей «бұзық» атанып жүріп үш-төрт жыл оқыды да, ақырында қашып кетті. Елдің игі жақсылары сөзін екі етпейтін беделді әкесінен де тайынбай: «Мен молда болмаймын көке. Мені де, өзіңізді де, медресені де босқа әуре қылмаңыз. Бәрібір арқандасаңыз да мен медреседе тұрмаймын» деген-ді Нұрым. Өз дегенін жүргізетін жүзі суық қатал Жүніс Нұрымды медресеге қайтадан апарып беріп еді, үш күннен кейін Нұрым «ұшты-күйді» жоқ болды. Нұрымды үй іші алты ай жаз сұрастырып таба алмай үміт үзіп «суға кетіп өлді», деген қауіпке тоқтағанда, ол атақты нағашысы Шағатпен бірге күз елге қайтып келді. Арада бір күн жүріп, бірнеше ел арқылы баратын алыстағы Ақберлі нағашысына барып Нұрым: «Нағашы, мен сенен ақындық өнерін үйренуге келдім» деген. Әрі әнші, әрі сал Шағат іздеп келген жиеніне өнер үйретіп, бүтін жаз қасына ертіп, ел аралап жүрген. Бұдан кейін Жүніс: «Жоғалып табылған мал олжа деуші еді, сен сол болдың» деді де қойды. Оны енді қайтып медресеге апармады. Сөйтіп Нұрым нағашысының үйреткен өнерін қуып қайда ойын, қайда той болса — соның басында болды; той бастау, бет ашу, қыз айтысқа түсу — оның шаппай алатын бәйгесі сияқты басы байлы ісіне айналды. Ішінен жаратпаса да әкесі баласын бұл өнерден тия алмады, келе-келе: «Есі бар тентек, шаруасын ұмытып кетпесе болды» деп Нұрымның «ісіне» аса назар аудармайтын болып кетті...

Сол «есі бар тентек» Нұрым қазір өмірінде бірінші рет өзгенің өмірі мен өлімін ойлап отыр. Оған ой салған Бақының өлімі. Онан бұрын да ол биыл көп нәрселердің сырына түсіне бастаған еді. Ал мына өлімнің себебі тіпті бөлек, құны арзан өлім. Жұртқа өмірінде бір жақсылық етіп көрмеген Шұғылдың бір тайын қорғаймын деп өлу — ешнәрсені ойламай мағынасыз, ажалдың арандай аузына барып кіре беру, сақтанбау деген сөз. Соншама жанын қиғандай Бақыға Шұғыл не жақсылық көрсетті?!

— Ақкөңіл, аңқау жан. Алдауға көніп, еңбегің зая, тұзың сор, енді мынау Шұғылдың бір тайы үшін жан бергенің. Бір тайы үшін! Бір тайы үшін! — деп Нұрым қолын бір жалын шарпып кеткендей, кенет сілтеп қалды. Қатты серіпкен делбе бүйіріне сарт етті де, ат оқыс ытқып кетті.

— Бала, ақырын, — деді Тояш басын көтеріп Нұрымға таңданғандай қарап; ол аттың оқыс ұмтылғанынан кері қарай лықсып кетті де, қорабын алып тастаған жайдақ тарантастың шеткі арысынан ұстап қалды.

Нұрымның қарақошқыл жүзіндегі жарлау қабағы түксиіңкірей түсіпті де, сопақша келген етсіз жақтары қуқыл тартыпты, көздері де шұңғылдау ұясына берегірек келіп қалған сияқты, оты шығып кеткен.

«Жазатайым өлімге ұшыраған мына кінәсіз туысқанына күйініп отыр ғой. Албырт жігіт қызумен біреуге тиісіп қалмаса қайтсін. Ағайын арасында қырын қабақтықтың керегі жоқ-ақ, әсіресе Шұғыл сияқты шөңгелді жерге аяқты аңдап басқаннан артығы бар ма» деп ойлап Тояш:

— Бала, сен сабыр ет. Бақаңның өлімі аянышты, бәріміздің де арқамызға аяздай батады. Әйтсе де сабыр түбі сары алтын деген бар. Жазмыштан озмыш жоқ, — деді сөзіне шалалау білетін дін нақылын қосып.

Оның сөзіне жауап қайырмастан Нұрым сол төмен қараған күйі, анда-санда делбені қағып қойып ой құшағында отыра берді.

Тау етегіне іліне бергенде Нұрым алдыңғы жаққа көз тігіп жол бойының тұтасқан биік ақжал селеуінің арасынан қылтыңдап көрінген бір баланың басын көзі шалып қалды. Баланың басы бірде анық көрініп, бірде елбеңдеп шөп арасына сүңгіп кетеді. Жүрісі де оғаш, бейне бір аяғымен ақсаңдап ойнап ырғалаңдаған бала сияқты. Тек жол иіні жазылғанда ғана баланың денесі көзге тұтас ілікті — жүгіре-жүгіре болдырып енді жортағынан аяңы басым қарға секеңге салып келеді. Шырмауықтай шырмаған қалың ойы серпіле түсіп Нұрымның бар назары балаға ауды. «Елсіз баурайда жалғыздан жалғыз емпеңдей ұмтылған бұл кім баласы? Алдында жуық маңда ел де жоқ. Әлде жаз иесіз жатқан қыстау жаққа аман-жаманын білу үшін көз салайын деп келе жатқан бала ма?» Тағы да басқа осы сияқты жорамал ойлар бірінің соңынан бірі тізбектеліп үлгергенше бала «ау дегендей жерге» келіп те қалды. Жүз кейпін айыруға әлі де алыс болғанмен Нұрым Қалиды аласа бойы мен кеспелтек денесінен-ақ таныды.

— Мынау Қали ғой, айналайын-ау! — деді де, Нұрым қасындағы Тояшқа, басын көтеріп, көзін қолымен көлкештей қарап баланың кім екенін айырып жауап беріп үлгіргенше: — дәу де болса Шұғыл сабап, мына бала сонсоң үйіне қашып бара жатыр екен, — деп топшылады ол, күні ұзын ойынан шықпай келе жатқан Шұғылдың алдымен аузына зұлымдығы түсіп.

Тояш сығалап қарап, баланың кім екенін әбден қатесіз айырып, Нұрымның сөзін қоштайтын кісідей басын изеп тамсанып тұрды да, көзін төмен өлікке түсірді. Ол үндемеді.

Жүгіріс те емес, аяң да емес, қарға секеңін бәсеңдете түсіп Қали арбадағыларға бір қарап, арт жағына бір қарап алды да, үріккен бұзаудай, жолдан оқыс бұрылып жалт беріп бір бүйір қашты. Баланың неге шошынғанын Нұрым екінші рет тау жаққа көзі түскенде ғана сезді, таудың Жыланбел қырқасынан шыға келген адам далбақтай шауып бұлар бұрылған жолдың иініне қарай ойысты. Атқа жайдақ мініп, екі аяғы екі жаққа кеткен бұл қуғыншының:

— Ұста! Ұста! — деген жіңішке даусы Нұрымдардың құлағына да шалынды.

Бұл зәрдей тиген құлаққа жағымсыз айқайды естіген бала өзінше атқа жеткізбестей-ақ ұмтылып жөней беріп еді, бірақ арбадан қарғып түсіп, адымы кең ұзын Нұрым оның жүгірмей-ақ алдын орады.

— Бері кел, Қали, бері кел. Неге қашасың? Әлде мені танымай қалдың ба? — деді ол балаға жақындап барып. Бала Нұрымды жаңа таныды. Арттағы айқайлап қамшы үйіріп шапқан «жаудан» берік пананы енді ғана тапқандай:

— Нұр ақа, бұлар мені өлтіреді. Менің жазығым жоқ... мен... мен... — деді бала қойшы аптығып Нұрымға тығыла түсіп.

Ол сөзін аяқтай алмады. Қыруар жер жүгіріп алқымы ісінген және үрейі ұшып булыққан баланың не айтарын күн бұрын түсінген Нұрым, оны қолынан ұстап арбаға қарай жетектеді.

— Қорықпа. Деміңді ал. Сабатпаймын, — деді ол сөзін бөліп-бөліп сөйлеп.

Жүгірмеген, алқынбаған Нұрымның сөзі де, қылғынған адамдай, терең көмейден шықты. Күні бойы қайнап келе жатқан іштегі бір белгісіз ашу қазаны енді бұрқырап қақпағын көтеріп тастарлықтай халге жетті, оның түсі бұрынғыдан да қуқыл тартты; ішінен мықтап тістенгені шықшыт етінің бүлкілдегенінен ғана байқалды. «Тоқтай тұр. Сені бір тәубаға келтірмесем менің Нұрым атым құрысын. Қаленнің ұсталғаны да сені мен Жолдың кесірі. Хакімнің шырмалғаны да сенен. Бақының ажалы сенің тайыңнан. Енді мына қарғадай жетімді...» Нұрымның тұла бойы дір-дір етті, оның түрі бейне бір безгек ұстар алдағы адамның түріндей болды.

— Сені неге сабайды? Шұғылдың әкесі Бүркітті сен емес қой өлтірген?

— Мені сабаған жоқ, — деді Қали. Демін алып үлгеріп, ұзын Нұрымға арқа сүйеген бала пысық жауап қатты. Баланың қорқақ болғанмен аса жасық емес екенін Нұрым да білетін. — Сабау қайда, Шұғылдан басқасының маған әлі келмейді.

Нұрым оның бетіне жалт қарады да, сенімді түрде, нағыз шын көңілмен айтып тұрғанын сезіп, басын шайқады. Баланың мақтанғаны оған ақ көңілдік болып көрінді.

— Онда, сен неге қашып бара жатырсың?

— Қашпауға болмады, Нұр ақа. Қызыл азбанды қос қасқыр, қалған қойды бес қасқыр қуып кетті. Өз көзіммен көрдім. Қазір Мыңшұңқырдан асып кеткен шығар. Арғы жағы не боларын Алланың өзі біледі, қалғаны хажінікі, қалмағаны — Қос Обамен екі ортада жусап қалған шығар. Қызыл азбанды қуған қос қасқырға деңімнен өте бергенде таяқты жіберіп қалып едім, арс етіп өзіме қарсы тұра қалды. Арлан екен, үлкендігі тура хажының көк бұқасындай. Адам қарсы тұрарлық емес... Қой қырылғанын хажы естісе мені өлтіреді деп қашып келем. Онан басқа... өлтірсе оған ешкім ешнәрсе айта алмайды. Сондықтан көрмегенім хажы болсын. Қойлы қозысы да өзіне, бәрі де өзіне.

Тояш бұларға арбадан түспей қарап, әңгімелеріне құлағын түре тыңдап отыр еді.

— Сонда енді ауылға, өз үйіңе қашып бара жатырсың ба? Әй, Қалижан-ай, бағың ашылмаған сорлы екенсің. Саған пана болатын үйіңде әкең де жоқ. Әкең болғанда не істер еді, бәрібір мына жойқын хажының дегеніне бөгет бола алмас еді. Бәлкім, пәледен машайық деп, кері қайтарар еді сені. Хажының қойына қасқыр шапқаны, көбіңнің сорыңа болған қырсық қой. Ұрысар, сабар — оған көнбесең болмайды. Малын иесіз тастап қашуың жөн болмас, онда айып үстіне айып тағады, шырағым, — деді Тояш қынжылған пішінмен.

Кей жері оғаш болса да, асырмайтын сөзді асырып айтып тұрса да, баланың сөзі Нұрымға кінәсіз сәбидің қалтқысыз лебізіндей көрінді де, өзі бұтаға паналаған торғай сияқтанды. Қалидың: «Мені өлтірсе, оған ешкім ешнәрсе айта алмайды дегені дұп-дұрыс» — деп ойлады ол. «Мына біреуі өлді ғой Шұғылдың дәулетін қызғыштай қоримын деп. Ешкім ешнәрсе істей алар ма бұл үшін».

Ол баланы қорғай, Тояшқа жауап беріп:

— Тоеке, әкесі жоқ болса да, жетімді арашалап, төңірегіне паналататын мына біз бармыз. Шұғыл пәлен, Шұғыл шүлен деп бағына есірген дүлей немені құдайсына бермеңіз. Бір асқанға бір тосқан, қолынан келсе мені шауып алсын. Баланы мына мен қайтарам үйіне. Қасқырдан қалған қойына топалаң тисін, бақпа! Ана қартайған шешеңнің қасына бар да, сиырының сүтін талшық етіп отыра беріңдер. Аштан өліп, көштен қалмайсың. Күрекке боқ көп, Шұғылсыз да бағуға қой табылады, — деді Нұрым дауысын күрілдете сөйлеп.

Бұл екі арада Қалиды қуған жайдақ аттылы да жетiп келіп, арба үстіндегі қимылсыз жатқан адамға бір үңіліп, арбаны айналып өтіп, астындағы аттан да жаман ентігіп, кепкен таңдайын түкірігімен жібіткендей қайта-қайта жұтынып қойып, түсі бұзылып кеткен ұзын Нұрымға жалтақтай қарап қалған еді.

Әбден айыра алмаса да, Нұрымның соңғы сөзі оның да құлағына шалынып қалған-ды. Туысқанына ара түсетіні Нұрымның түрінен де, түсінен де оған анық байқалды. Бірақ аң қуғандай еліріп, қашқан қойшының қарасын көргеннен бері әбден екілене шапқан жас жігіт екпінмен:

— Тал түсте қойыңа ие болмай қасқырға тастай қашып. Жаман неме, сояйын ба өзіңді қазір?.. — деп салды, қорқа сөйлеп, Нұрымнан көзін алмай.

Қасқыр түгел қырып кетсе де Шұғылдың қойына жаны ашыр пиғылы жоқ Нұрым, қанша қой қаза болғанын білгісі келіп:

— Ең болмаса жиырма-отызын жусатқан шығар, ә? Нешеуін өлтіріп, нешеуін тамақтапты? — деп сұрады қабағын қарс жапқан күйі, аттылыға жақындай түсіп.

Нұрымның үні құлағына жылы тиіп жігіт ашыла сөйледі. Ол басында Нұрымды ақырып-жекіріп тастай ма деп сескенген еді.

— Өрісте өлген қой жоқ, тамақтап кеткен қойды да кездестіре алмадық. Бір рет санап та шықты, ұлы саны аман деседі, бірақ түстеп келгенде «үлкен қызыл азбан жоқ» дейді ағам. Мен кеткенде қайтадан түгендеп қалған. «Қашарсойған бетте қасқырдың ұясы бар, күн ара қозы, бұзау жетектеп кетіп тұрады. Сірә қызыл азбанды сол қаншық қасқыр жетектеп кеткен шығар. Бөлтірігі ермей бөрі көп шығын жасамайды», деп жорып тұр. Ағамдар біледі ғой. Тек мына Қали қара қасқаның қойды бетімен жіберіп қашқанын айтсайшы. Жүр, менің артыма мінгес, — деді ол Қалиға қарап.

— Қой аман болса, шығын жалғыз қызыл сек болса, сен неменеге қызыл танау боласың соншама едіреңдеп? Әлде Шұғыл саған сол қойдың тең жартысын бөліп бере ме «міне еңбегің» деп. Келген ізіңмен кері қайт. Қали барса өз еркі, бармаса өз еркі. Онда сенің ежіреңдейтін жұмысың жоқ, — деді Нұрым оған.

Қуғыншы да Шұғылдың көп жалшысының бірі еді. Арбадағы өлікке күні бойы шошына қарап, бірақ не деп сұрауға білмей тұрған. Ақырында ол өзінің топшылаған ойын білгісі келіп:

— Тоеке, киімі Бақаңның киімі... Мына жатқан сол кісі ме? Бағана пішен басында: «Аттан құлап талып қалыпты» деп естіп едік... — деді баяу үн қатып, Тояштың төмен қараған жүзінен жауап іздегендей еңкейе түсіп.

— Бақаң. Сол естігенің дұрыс. Жаңа, жолда қайтыс болды... Өздерің сияқты бұл да сол кеше ғана шабуылдап жүріп, хажының саяғын іздеп барып, ажалына қарай бақытсыздыққа ұшырады, — деді ол басын көтерместен төмен қарап отырып.

Жігіт бетін сипап, ішінен дұға оқығандай аузын жыбырлатты. Аздан кейін ол бұрылып Қалиға:

— Қали, қайтасың ба, әлде үйіңе кетесің бе? — деп сұрады.

Қали ойланбастан:

— Көрмегенім хажы болсын. Қойлы қозысы да өзіне, өзі де өзіне, — деді.

Қали өзінің үйреніп кеткен әдетінше: «Қойлы қозы» деп сөйлейтін еді де, оны басқалары: «Жоқ, олай емес. Қозылы қой аласың ақыңа» деп түзететін. Жігіт оның сөзін қазір түзетіп жатпады.

— Өзің білесің. Бірақ Шұғылға мен не дер екенмін: келмеді деймін бе, болмаса таба алмадым деймін бе. Жарайды, бір жауабын тауып айтармын, — деп атының басын хажының аулына қарай бұра берді.

Жігітке сөзінің әсер еткенін және өліктің қатты ойландырып тастағанын көріп Нұрым:

— Жүністің баласы ара түсіп Қалиды маған бермеді, үйіне қайтарып жіберді дерсің. Сен жаманатты болма, Шұғыл қолынан келсе мені-ақ шауып алсын, — деді.

Қуғыншының қайтқанын көріп Қали пыси бастады.

— Әнеу күні Алпысбайды «қойың құрттап кетіпті, сен қарамадың», деп ат бауырынан өткізіп сабаған Нұрышқа, хажы өзі көріп тұрып «жонынан таспа ал, тегі жарымаған Сасайдың өлсе құнын төлеймін» деп ұрғызған. Қойы қырылғаны үшін мені тура өлтіреді. Шұғылдың таяғында өлгенше өз үйім босағасында жатайын, — деді бала.

«Атаңа нәлеттер, Қайыпқожаның балаларының шетінен дені дұрыс емес. Қали нақұрыс деп жайып еді. Кеміту үшін, қорлау үшін айтпайтындары жоқ. Мынаны ешнәрсе түсінбейді деп кім айтар. Айыбы бағы ашылмағандығы, сорлы баланың» деп, Нұрым ішінен аяп кетті.

Ал, Тояш басын шайқап:

— Жарайды, қарағым, үйіңе жүре бер. Соңынан дау-далабаңды көре жатармыз. Үйіңді таба аласың ғой, адасып кетпейсің бе? — деді.

Балаға мына жаны ашыған екі үлкен адамның маңдайынан сипағандай жылы лебізі қатты демеу болды. Ол енді шоқтығы шыға сөйледі.

— Аға, мен біздің елдің жерін сай-саласына дейін, қуыс, тесігіне дейін білемін. Осы жолмен жүріп отырып Жалғансайдың бойындағы үлкен қара жолға түсемін де, Ақпанның нақ желкесіне келгенде бұрылып Үлкен Қарақоғаның сыртымен үйге барамын, — деді.

Тояш ойланып, аздап бөгелді де, қынжылғандай даусын бәсеңдетіп:

— Сендердің үйлерің... Жалғыз шешең арғы бетте, біздің үймен бірге. Жақында көшіріп алғанбыз, Қайқан марқұмды жерлегеннен кейін. Аңқатыдан жалғыз өтемін деп суға кетіп қалып жүрме. Айқайласаң ар жақтағылар қайық әкеліп өткізіп алады, су басынан кісі арылмайды, — деп балаға жөн сілтеп, ақылын айтты.

Бала басын изеді де, жолға түсіп, Тояштар келген жаққа қарай аяңдап бара жатты. Арбадағылар да жетімге қарай-қарай ілгері жылжи берді.

3

«Қысқа айғыры оққа ұшып Бақы ессіз-түссіз өлім үстінде жатыр. Көк бестіні ханның жігіттері мініп кетіпті» деген хабарды сол күні таңертең жылқышы Аманқұл жеткізген еді.

Шұғылдың аулы Қарамектептің сыртында отырған, ал жылқы өрісі Мыңшұңқырдан әрі Қурайлы беттегі сары жонда болатын. Ортадағы ауылға жұмысына ең кемі бір соғып кететін түн жорытқыш Аманқұл сол күні ымырттатып сағадағы балықшыларға келіп, суыт жүрген Асан мен Сүлейменге жолықты. Ол бұл екеуінен болған уақиғаны бастан-аяқ естіп алып тез кері Қарамектепке шапты. Жаздың бір күрмеуге келмейтін тапшы түні Аманқұлдың айналып келуіне жетпей Қарамектепке қайтып келгенде құлан иек боп таң да атып қалды. Ауылдың қыруар қойы да олқы жататын шеңбері кішігірім көлдей мол қотанның тау жақ шетінде, қағып қойған қарақшыдай, ұзын Уәли тұр еді, Аманқұл естіген хабарының қырындысына дейін қалдырмай, демін алмастан, сөз арасына тыңғы да қоймастан оның тебінгідей құлағына ат үстінен әдейі еңкейіп тұрып құя салды. Асықтай жұтқыншағы ерсілі-қарсылы жүгіріп, «бұл, бұл, бұл қалай болғаны?!» деп тамағын кенеп алып, ежіктеп түсінуге ыңғайланған Уәлиге мұрша берместен Аманқұл сөзін бітіріп атын тебініп те қалған-ды. Қаһарлы Шұғылдың көзіне түспей жылқыға тезірек жөнеу үшін ол асыққанда тұтығып қалатын Уәлимен ұзақ сүреге бармады. Естіген әңгімесін сырлаңқырап, кем-кетік деген жерін толтырыңқырап өз жанынан қосып, әңгімені әбден күшейту үшін аяғында:

— Жүністің соңына еріп өз аулынан алпыс жігіт атқа мінбекші Сүлейменнің айтуынша. Бастағы ауылдан ең кем дегенде қырық жігіт, Сағадан отыз жігіт ермекші білем. Сағадан отыз жігіт ойнап-күліп отырып-ақ табылады, құрдай шұбырған қара сирақ Танабайың шетінен сойылшы емес пе?! Сонда таудағы ауылды қоспағанның өзінде де жүз отыз жігіт шығады екен! Алқакөлдегі Тоқсаба тұтас еремін десе керек. Жүніспен олар әуелден сыбайлас. Болысты шауып алғаннан кейін Құл мен Олжаорысты, Бүкі мен Қожакелдіні жинап бүкіл Қараның баласы болып Қызылүйді қиратамын депті. Сүзеген бұқадай тоң мойын Жүніс істеймін дегенін істейді. Ел ана жылғыдан да жаман дүрліккен көрінеді. Дүрлікпей қайтсін-ау: Қален ағамды ұстатып, Жүністің баласына құрық салып, Бақы ағамды оққа сұлатып! Бұл болысты ма... Әкеңнің аузын... Бұларға бір тиым салмаса болмайды, — деп Аманқұл өрістегі жылқыға қарай жөней берген еді.

Аманқұлдың ала таңмен борандай боратқан бұл суық хабары Уәлидің үрейін ұшырып жіберді. Ауылдан әрі аспаған, өмірі мұндай жамандық жайды құлағы естіп, көзі көрмеген момақан шаруаның есі шығып кетті. Қаленді... кәдімгі білгіш Қаленді ұстап әкеткен! Мылтық атып ауыл үстіне әлек салған.

Аты оққа ұшып Бақы құлап қалған! Мүмкін оған да оқ тиген шығар! Еркек, әйелі сеңдей соғылып, ел дүрлігіп жатыр! Енді мұнан кейін соғыс бола ма? Ақыр заман! Одан әрі не болмақшы?!..

Ауылдан арқан бойы шықпай-ақ текіректей шауып, алакөлеңде таудың қоңырқай бауырына қарай әрілеп бара жатқан Аманқұлдың артынан қарап Уәли ұзақ тұрып қалды. Сонсын ол мойнын Шұғылдың шеңберлі үлкен үйі жаққа бұрды, көзі бозғыл түндікке түсті. Түндік жабық, үй төңірегінде қыбырлаған жан да жоқ. Әлі ерте. Сиыр сауатын әйелдер де әлі тұрмаған. Нұрыштың отауы да тым-тырыс, — таңғы тәтті ұйқы өзінен өзгенің бәрін тас қылып құшақтап бауырына қысып алса керек... «Бұл, бұл, бұл қалай болғаны?» — деді Уәли тары да күбірлеп. Ол ішінен Аманқұлдан естіген бұл әрі жан түршігерлік, әрі ұзын әңгіменің желісін қайтадан бір жинақтап тіл ұшына келтірді. Қаленді ұстап әкеткен... Қасқа айғыр қаза тапқан... Көк ат пен қарагер жорға қолды болған... Жүніс жұртпен жасақ құруға кіріскен... «Қой, мұны, мұны Нұрышқа, Нұрышқа айтайын. Сол бір амалын табар қалай да», — деп қойды Уәли естірте сөйлеп. Сөйтті де Нұрыштың отауының қазан жақ жанынан келіп:

— Нұрыш, ә, Нұрыш! Үйде бармысың, Нұрыш?! — деді. Бір минуттей үйден ешбір дыбыс естілмеді. Содан кейін әйелдің сыбырлап ерін оятқан биязы үні құлаққа шалынды. Қатал әкенің тәртібі, көп малдың тауқыметі еріксіз сергек еткен Нұрыш елегізе басын көтерді де, бірақ орнынан тұра қоймай, шынтақтап отырып іштен іргені көтеріп:

— Уәлекеңбісің? Жай ма? — деді.

— Жайын жай, жайын жай...

Аманқұлдың бес минут ішінде қардай боратқан әңгімесін Уәли Нұрышқа сырттан сыбырлап, үздіксіз тұттығып, терлеп-тепшіп сүт пісірім уақыт өткенде әрең айтып аяқтады. Бұған оның тұтықпасын, шұбалыңқы сөйлейтінін былай қойғанда Нұрыштың қайта-қайта сұрақтап, сөзін бөліп жібергені де себеп болды.

Нұрыш жалма-жан түрегеліп киіне бастады, бірақ әкесіне өзі барып айтуға сескеніп, кәрлі хажіге не де болса Уәлидің өзін жібермекші болды.

— Уәлеке, көкеме естігеніңді өзің айтып бер. Мен де соңыңнан жетейін. Қазір киініп болғансын жетейін, — деді ол Уәлиге.

Бұл кезде Шұғыл да тысқа шығып төңірекке көз салып тұр еді. Ол Мыңшұңқырға қарай өріп бара жатқан ақтылы ойға біраз уақыт көзі шаттанғандай қарап тұрды да, мойнын тау жотасына бұрды. Көз жететін жерді алыстан шолып пішеншілерінің тұрғызған мая-мая шөптерін санап шықты. Таудың екі жақ жонын, сонау жалпақ құмақ пен Қос Обаға дейін созылған үлкен ойпатты машиналарының ұстарадай сипағанына екі жұмадан асқан болатын. Сол алқап қазір енді ендеп жайылған қалың қой сияқты. Жыпырлағая шөмеле мен ұзыннан ұзын шұбақ керуенше тіркескен маяға толып қалыпты. Көз сүрінерлік көп пішен, біраң Шұғыл хажының шұңғылдау біткен кішірек көздерінің аясы оны олқысынғандай қысылыңқырап, ыңшамдала түсті, «тағы да осындай қырық-елу мая үйілсе» деп тұрған сияқты. Пішенмен қосарлана күнде бастан кетпейтін ойлар да тап осы минутте тағы да тізбек-тізбегімен шұбатылды.

...Бұл пішен қойға, қолда қалатын сиырға, жегетін, мінетін көлікке жетіп қалар, жетпесе де бір қара көрсетер... Жылқыны төменгі Жайық бойына тебінге салуға жаңа Байбақты құдалар мен Нұрыш пәтуға келді ғой.

Биыл қыс сиырдың қолда қаншасы қалар екен? Шұңқыркөлдің бор сатқан Сасайы мен Дуана бойындағы қу сирақ Қынықтардың асырап беруге сиыр алмағаны жоқ. Өсімге де біраз жандық кетті. Қойдың бойдағы мен сүбелісі Апшенниктікі. Апшенник болмаса не істер едік? Онда малды теп-тегіс Үйшікке айдар ма едік?! Ол үйің өртеңгір орыс та бір жеті басты жылан. Күз қой алар кезде базар нарқын бір көтерген емес, бес тиын болса да төмен түсіруге тырысады. Ала жаздай «кіш-кіштеп» баққан малыңды көріне қақынан арзан сатасың. Былтыр айналасы елу тиыннан арзан алды. Биыл қаншадан кемітер әлгі қоңыр қағазын? Қой басы елу тиыннан болғанда жүз қойдан елу манет. Мың қойдан бес жүз манет. Міне тегіннен тегін пайда. Бір өзімнен екі жүз елу манет пайда алды-ау ол үйің өртеңгір. Нығыметтен, Қоданбайдан қанша пайда шығарды? Басқа байлардан қанша қой алды, қанша пайда етті десейші! Әлгі ана келе жатқан Әшібектің қолына бір түспейді-ау сол көп ақшаң мен көп қойың. Бәлем сонда бір тәубаға келер едің!..

Шұғыл тамағын кенеп, ойын қайта жинақтағандай болды.

...Құдай Әшібектің бетін аулақ етсін. Жамандық тілемейінші, орыс болса да Апшенник соғылғанға. «Самар мен Сарытауға малдарыңды өздерің апарыңдар. Сендердің де адымдарыңды ашатын кездерің жетті» деп Ықылас дұрыс айтады. Өзіміз мал айдап үйрену керек... «Мына көк құтан неге мойнын созып жүр таң атпай», — деді ол Нұрыштың отауы жақтан шыға келген Уәлиді көріп.

Осыншама ойын бөліп жіберген Уәлиге ішінен күбірлеп әлде небір «күпірлік» сөзді былш еткізді де, хажы үйге кірді. Ол кебісін шешіп, төрге жетіп үлгергенше ізімен Ұзын Уәли де есіктен бүгіле кіріп ошақ орнына жетер-жетпес шамада бір тізерлеп отыра кетті.

Шалының соңынан намазын оқып бітіріп, қаза қалған бірер парызын өтеп болған Айтолыш ертемен кipген Уәлиге қарап:

— Шырағым-ау, бойшаң қайным, сен не қып жүрсің торғай төбеге келмей? — деп аузын сылп еткізді.

Нұрышпен ақылдасып, айтар сөзін ықшамдап, жат сабақтай әзірлеп алған Уәли:

— Көк атты мініп кеткен Хакімді Бақы қуып жетіп сойылмен соққан кезде қайырыла беріп атып кетіпті. Атып кетіпті... Қасқа айғыр сеспей қатыпты. Бақы кескен томардай домалап қалыпты, домалап қалыпты. Жануар сөйтіп қаза тапқан, қаза тапқан. Бәшекең көлінің сыртында Қаленді ұстап кеткен Хакімдер, Қаленді ұстап кеткен Хакімдер... — дей беріп еді, Шұғыл әдетінше жан-жағын қармана қалды.

— Мойның сорайып, сен не жұтып едің соншама қылғынғандай? Қай Хакім? Қай қасқа айғыр? Сен бүгін қотан күзетіп пе едің? Әлде ел қыдырып келдің бе, есалаң дуаналар сияқты? — деді көзі тікендей қадалып.

Оның шоқша сақалды төменгі иегі шошаң ете түсті де, кішкене көздері қоламта тәрізденіп кетті.

— Мен бүгін ауылда болдым. Ауылда болдым. Алакөлеңде Аманқұл келіп айтып кетті, ол жылқышылардан естіпті...

— Нені естіпті, немене болыпты? Ол қай құдай менің айғырыма көзін алартқандай? — деді хажы түйіліп.

Уәли қайтадан бастап, Аманқұлдың айтқанын қысқартыңқырап, қиналса да түсіндіріп айтып шықты.

— Қасқа айғыр сеспей қатқанша Аманқұлың да, сен де, Нұрышың да — бәрің де неге сеспей қатпайсыңдар, ә? Шақыр, ана мырықты. Бәрі соның ісі. Айғырды мінгізіп саяқ қаратып, тапқан ақылын қарашы миғұланың?! Бес малдың басын қосақтай алмай, етігінің жұлығын жалап жүретін нағашысы Жабағы ғой ол мырықтың! (Жабағы сенің төркінің ғой дегендей ол мұқата, езуін тыржитып Айтолышке қарап қойды). Менің көзім тірісінде бұлай етеді, бұл жаман ертең мен өлген күні бар малын айдағанның алдына, тістегеннің аузына салып бітіреді, — деп Шұғыл бар ашуын баласынан ала тістенді. «Бәріне де мойынсұндым» деген Жанша, көзін жұмып, мойнын қаздай иіп қалған естігенін айтқанынан басқа жазығы жоқ Уәли үйден шегініп шығып Нұрышты шақыруға кетті.

— О, жасаған! — деді Айтолыш кемпір. Уәли үйден шығысымен. — Ат үшін құдайға тіліңді тигізіп, балаңды қарғайсың. Малы құрысын, малы құрығыр. «Тоба!» де, хажы, «тоба!» де.

Шұғылдың ашуын құдайдың атымен, аруақпен бөгеп, жұмсартып әдет алған кемпір «дауылдың» бетін баласынан басқа жаққа бұруға, «жазмышқа жабуға» тырысты.

— Біреудің азаматы кетіп, біреудің басына қайғы мен бейнет кездесіп жатқанда, хажы-ау, бұған да шүкіршілік етсейші. Палуан қайным да, Нұрыш та қас қылып істемеген шығар. Қаза мен бейнет қайда жоқ?!

Кемпірінің сөзі әсер етті ме, әлде басқа себеп болды ма, болмаса айлалы бір сұмдық іс есіне сап етті ме — әйтеуір бұл жолы Шұғыл тез басылды. Ол сәл ойланып қалды да, жүзі бірден екі жадырап, тіпті оң қабағының үсті күлкі шырайын бергендей болды.

Мойнына су кеткен адамша екі иығы салбырап, түсі бозарып, айыпты баладай аяғын ептеп басып үйге кipген Нұрышқа ол:

— Сағаға барып қайт. Шоқыншық хажының аулында не болып жатқанын өз көзіңмен көріп, өз құлағыңмен естіп кел. Ал сен, Уәли, Аманқұлды тауып ал, тез келсін. Жылқыны өздерің қараңдар, мен оны Қызылүйге, аттардың артынан қудырып жіберемін, — деді.

Нұрыш қуанып кетті. Ол өзіне де жерден алып, жерден салып ұрысып, үй-ішін де тас табақтай қағыстырар-ақ деп ойлап келген, ал қаһарлы әке оған қабағын түйіп, даусын көтермеді. Бірақ мұның себебін ол іштей түйе қойды: әкесінің ашу зілі кәміл-ақ басқаға ауған. Ол бір адамға шүйілгенде басқаны ұмытып кететін. Шүйілген адамы қазір алдында жоқ, сондықтан ол, сөз жоқ өз ойының құшағында...

— Жақсы, көке, жақсы, — деді, Нұрыш жүзі жадырап түсіп. — Өзім барып бәрін де білейін. Бүлікші Жүністің не бүлдіріп жатқанын өз көзіммен көріп қайтайын. Құдайдың билігімен сайланған әкімдеріне қол көтерген адам кімді оңдырады дейсің. Соған арқа таңып ана тегі жарымаған кедей туысқандары қара бураның көзін ағызып жіберген. Бұлардан әлі онан да зорын күтуге болады...

Өзі де ішінен тісін қайрап отырған Шұғылға бураның көзін еске түсіріп баласы әкесін тағы бір қайрап өтті. Бұдан да Шұғыл ешнәрсе дей қоймады.

Уәли де, Нұрыш та үлкен үйден тез шықты. Ертеңгі шайға айналмастан бір-бір тостағаннан айран ішіп алды да, екеуі де аттарына ерлерін жедел салды.

Олар үйден шығысымен:

— Сен не дедің? Тоба қыл, шүкіршілік ет, дедің бе?

Мына бүлінген ел малыңды қасқырдай талап, күнде бір пәлесімен жаныңды жегідей жеп жатқанда сен кез келгеніне тоңқай да бұға бер, олар сұға берсін дейсің ғой, ә? — деп Шұғыл енді кемпіріне ежірейе қалды.

— Ой, тоба! Енді зікір тілін ұмытып, қартайғанда, қайдағы мәкру сөздерді айтатын болдың ба? Бала бар, келін бар, хажы, саған не болған. Мына сөзіңді менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын. Өлсе бір тай өлді, мал бас садағасы, шүкіршілік ет, құдай бергенінен жаңылмасын. Ана балаларың мен немерелеріңнің тілегін тілеп, солардың тіршілігін сұра. Даладағы ана Ехласжан мен Нартайдың тіршілігін сұра, — деп Айтолыш үнемі Шұғылды баса сөйлейтін, қатал тізгінін тежей отыратын әдетімен. Айтолыш өте байсалды және аса сабырлы кемпір еді. Кішірек келген шағын денелі, пысық қимылды, шүңгілдеу, тесе қарайтын өткір көзді, әрі ашушаң, әрі тілді Шұғылға қарағанда ол тіпті басқаша еді.

Оның мінезіне келбеті де сай келген; әлі еңкеймеген, ұзын бойлы, ірі денелі, ат жақты, жасында сұлу болмаса да, қайратты, ұстамды, ақылды бәйбіше атанған-ды. Қазір тек бір кездегі тығыз еттен арылып екі жақ солпылана бастаған, көз нұры әбден жоғалып бітпесе де кіреукеленіп, бұрынғы қайрат оты бірте-бірте сөніп бара жатқан қоламтадай бозғылт тартқан.

Жаратпаған адамына жыланша тілін қадап алатын Шұғыл қазір ежірейе қараған күйі Айтолышты қалай да мұқату үшін оның мінін іздеді. Мін тапқыштығы мен қиқар тілі сол аймаққа мәлім Шұғылдың теңеуінің көбі ит пен құстан, бақа мен шаяннан келетін. Жолды — «Құлағын айырған тазы», Уәлиді — «Көкқұтан», Бақыны — «Есек құлақ», қойшысын — «Мысық мұрын», баласын — «Мырық» деп, мұнан басқа талай адамға ат қойып, айдар таққан Шұғыл енді кемпірін де ажуалап кемітпекші болды. Ол әлгіден бері салықшылардың қолында кеткен аттарды қалай қайырып алуды, өлген қасқа айғыр үшін «Есек құлақ» Бақыны иттей қылып қуып, көшіріп, қаңғыртып жіберудің амалын, дүние пәленің түп-төркіні болып отырған анау жұртқа көнбейтін бұзық Жүністі қалай мұқату жолын ойлап отырған. Осы жайды білмей, «шүкіршілік ет!» деп ақылды бола қалғанын қара мұның?! деп ойлады да, ол кемпірді әбден тіл қайырмастай етіп масқаралап тастағысы келді. Осы минутте оның көзіне ең күшті жауы Айтолыш қана болып көрінді.

— Таптым, таптым! — деді ол бойы ұзын кемпіріне төменнен жоғары қарап жақындай түсіп. — Сен, сен бе, сен... — Нені «тапқаның», не айтайын дегенін ұға алмаған Айтолыш екі көзі мыстандықпен сығырая қалған шалға аң-таң болып қарай қалды.

— Таптым! Сенің неге ұқсайтыныңды таптым. Сен бе, сен... сен аумаған біздің ала саулықсың! Қой оңға жайылса, ол солға кетеді. Қазір сиырға еріп кететінді шығарды. Қайырайын десең — таныған адамша көзі боз быламықтанып тұрып алады. Солпиған сүдіні тап сенің сүдінің сияқты. Көзі де сенің көзіңдей, әппақ ноғала жауып кеткен. Және ең ғажабы: миына түк кірмейді-ау, түк кірмейді. Айдасаң өзіңе қарап «мә, мә, мә!» деп созып маңырап тұрып, шорылдата бастайды.

«Қартайған сайын адам әбден естен айырылады деуші еді. Олай дейін десем, алпысқа келгенше әлі атқа қарғып мінеді, сөйлесе сөздің түбін түсіреді» деп ойлап, кемпір шалының бетіне тура қарап тұрды да:

— Мейлі, мені не десең ол де, боларым болып, бояуым сіңген. Әйтеуір, басқаға орынсыз тиіспесең болғаны, — деп ақырындап сабадағы қымызды пice бастады.

Қоңсы-қолаңы көп Шұғыл аулына бұл уақиға тез тарады; қауданды жерге тиіп айнала шарпыған отша, ол төңірекке де түске шейін жайылып болды. Бірақ Бақының әйелі Шүйкеге жұрт тек қасқа айғыр жөнінде ғана айтты, Бақыны аузына да алған жоқ.

Түскі сусынға келген пішеншілер бастарын шайқасып:

— Бұл сұмдық екен. Айдың күннің аманында екі аттың және қасқа айғырдың шығын болғаны!

— Ат болғанда қандай аттар десейші! Алдына қара салмайтын қасқа айғыр малдың құты еді жануар!

— Қара көк ат ше? Қасқа айғырдан кем бе екен? Қарагер жорға өңірде бір ғана өзі еді.

— Ой үшеуінің де мынасы қалай дейтіні жоқ. Әй, мұны қайырып берер ме екен, әлде тастай батып, судай сіңіп кете бара ма? Әлгі ана мініп кеткен екі атты айтамын!

— Хажіге бас салғаны ма бұлардың? Оязда мықты баласы бар Шүкеңді бұлай еткенде, басқаны сирағымен үйітіп жейді ғой бұлар, — деп жатты.

Ал, түскі қой сауатын екі әйел, қозыларды көгендеп жатып әңгіме етті.

— Осы еркектер де қызық қой. Аттан жығылып ессіз-түссіз арғы беттегі батыр хажының үйінде өлім халінде жатқан Ермектің әкесін ауызға да алмайды. Хажының ырысы кететіндей бәрінің тамсанып, таңдайын қаққандары баяғы бір айғыр, — деді жасы үлкендеу сары бұжыр әйел.

— Сүйегін қашан әкеледі екен сорлының? Шүйке жеңешем де бір бақытсыз адам екен, — деп пысықтау келген қара келіншек күні бұрын бал аша сөйледі.

— Жағың қарыссын сенің, аузыңа бір жақсы сөз түспейді-ау өле-өлгенше. Қайдағы жамандықты айтып күні бұрын қара қарғаша қарқылдайсың да тұрасың. Палуан қайнағам жазым болып, Шүйкені шиеттей қос жетіммен жесір қалдырғанда саған не түседі? Көріп келген адамдай сөйлейсің тіпті. Періште жазып қойса қайтесің сөзіңді, перінің қызы, — деп сары бұжыр ұрсып тастады.

Қара келіншек оның сөзін кек те тұтқан жоқ, өз айтқанынан қайтқан да жоқ.

— Ессіз, тілсіз жатқан адамның қатарға қосылғанын көріп пе едің, жеңеше-ау?! Кейде тіпті бала сияқты сөйлейсің. Қашағанды қуамын деп аттан ұшып түскен кербез шешейдің баласы былтыр тіл тартпай кеткен жоқ па? Әлде палуан қайнағаңыздың екі жаны бар деп ойлайсыз ба?

— Ол бишараның мойны үзіліп кетті ғой.

— Е, мұның қай жері үзілгенін қайдан білесің. Аманқұл «өзіне де оқ тиген шығар» депті, кім біледі, қай жері үзіліп, қай жері жұлынып қалғанын. «Жарлының жалғызына бөрі өш» дегендей, ажал да біреудің жалғызына, жә біреудің бар сенгеніне ұшырай кетеді, — деді қара келіншек.

— Аманқұлың құрысын, келді ғой әне, суайтың. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп, елдің о шеті мен бұл шетіндегінің бәрін жұрттан бұрын сол естиді, — деді сары әйел.

— Аманқұлың... суайтың... деп, мен бір мойнына қарғы тағып қойғандай, — деді келіншек Бақының үйіне кіріп бара жатқан Аманқұлды көріп: — Аманқұлдың өзінен сұрау керек, — деп келіншек Шүйкенікіне қарай беттеді.

— Ойбау-ау, қой келіп қалады ғой. Аманқұлды көріп есің шығып кетті ме?

— Жеңеше, топалаң тигірді сен көгендей тұр. Адам өліп жатқанда қой қайда барар дейсің... Мен палуан қайнағаның жайын анықтап біліп келе қояйын.

— Жаңа ғана Қос Обаның түбінде биемді арқандай салып, көз шырымын алдыруға жантая кетіп едім, ізге түскен аңшыдай. Уәлекең де әйтеуір сорайып, қайда қисайсаң да үстіңнен шыға келеді. «Хажы шақырып жатыр» дейді. Хажы мені қайтеді, сағынып қалып па соншама! Неге шақырғанын мен білдім, Жүністікіне жіберейін дейтін шығар Бақы ағамды алып келуге. Арыстандай адамның аттан құлап есін жинай алмай жатқаны оңай емес. Бірақ басын көтерсе Бақы ағамның өзі де келмей ме, — деді Аманқұл Бақының үйіне кірген бойы, әйелмен аман-сау сұраспастан.

Шүйке аң-таң болып оның бетіне қарай қалды, бірақ сөзіне әбден түсіне алмады. Әйелдің қасында тұрған жеті жасар қыз «Бақы ағам басын көтерсе өзі де келмей ме?» деген сөзге үрейлене түсті. Бұл есі кіріп қалған қыз бала ертеден кешке дейін мал сауудан қолы босамайтын шешесінен көрі әкесіне көбірек еркелеп, үйге келгенде оның алдынан түспейтін еді. Кешеден бері ол саяқ іздеп үйіне қайтпаған Бақыны әлденеше рет жоқтаған-ды. Түнде көпке дейін ұйықтамай, дүбір шықса «көкем келе жатыр» деп елегізіп шыққан-ды.

— Суылдақ қайным-ау, сен не деп отырсың, біздің үйдегі ме аттан құлаған? Әлде менің құлағым қате естіп тұр ма? — деді әйел көзін қатты-қатты жыпылықтатып.

— Жеңеше, ештеме емес. Сен, мұқым, үрейленбе. Аттан құлаған кісінің бәрі мертіге береді деймісің. Бір қазақ аттан көп құласа мендей-ақ құлар. Әлігінде де қырда биеме міне бергенде ері ауып кетіп, оң жамбасымнан жалп етпесім бар ма! Жеңеше, күн ыстық екен, мұқым, тілім аузыма симай кетті. Кезерген ерінді жалай-жалай қызыл шақа қылатын болдым, бір сімірім шалабың болса, мүмкін салқын айраның да бар шығар, берші, — деді Аманқұл.

Ол бағанағы Уәлиге: «Бақы ессіз-түссіз жатыр дейді. Әлі тілге келмеген көрінеді. Адам болмас білем, сірә», деп сырлап, безеп асырып айтқан сөзін енді жаймашуақ қатерсіз әңгімеге айналдырды.

— Қайдағы аттан? Қай жерде құлапты? О, жасаған тәңірі! Кеше сол қара қарын тигір саяқты іздеймін деп жоққа сабылып, үйде тұрмады. Бүгін мынау енді... Өледі ол сорлы жылқы, жылқы деп, өледі...

Әйел зарлана бастады. Оның уайымы орынды болса да, Аманқұл аса назар салмаған болды. Ол берген шалапты дем алмай жұтып орталады да, тостағанды шайқап-шайқап жіберіп қайта ішті. Көк ірмек сұйық шалап тостағанға жұғар емес, бірақ Аманқұл төңкере көтеріп мұқияттап, сарқып ішіп болып, аяқты жерге қойды. Сонсын тамсанып, аузын сипады; қара сызаттанып шығып келе жатқан жіңішке мұртты сол қолымен шиыршықтай түсті.

— Жеңеше, ештеме етпейді, — деді ол әйелге сенімді түрде. Сөйтті де бір тізерлей орнына көтеріле түсіп: — құдай ажалға сабыр берсін, не қылушы еді. Бақы ағамдардың желкесі күждей, балтырлары мына менің санымнан жуан, анау-мынау сүрінгенге майыса қоятын дөңбек емес. Кеше қасқа айғырға мініп алып жылқыдан шыға бергенде күжілдетіп бір жөнеп берді деймін, мұқым. Әзірет Әлиден кем емес! Па, шіркін, қасқа айғырдың аяң басуы-ай! Жерді дүмп-дүмп еткізеді. Тас кездесті бар ғой тұяғымен жеміріп жібере ме деймін, Мен артынан көзім талғанша қарап тұрдым. Ішімнен ойлап қоямын: саяқ ұстаушының бірі ғайыптан тайып, Бақы ағамның қолына түссе қайыстай илер еді. Кәріне мініп кеткен. Аруағы бар, құдай біледі, қарсы келген жанның үрейі қаларлық емес... Сол Жүністердің қыстауына барғанда Нұр-ақаңның жүйрік қаракөк атын бір солдат ұстап мініп көлбеңдей берсе керек. Бақы ағам ақырған екен, солдат қаша жөнелген көрінеді. Қасқа айғырдан қыл құйрықты хайуанның құтылып кететіні бар ма, қуып жетіп солдатты көк желкеден құрықпен періп жібергенде құрық арқасындағы асынған мылтығына тиіп шарт үзілген. Екпінмен асып кетіп, енді оралып құрықтың қолындағы тұтамдай сынығымен соғамын дегенде солдат қайырыла беріп «мұның атын өлтірейін, әйтпесе қуып жетіп өзіме жазым қылар» деп, қасқа айғырды қақ шекеден атқан. Айғыр омақата құлапты да, Бақы ағам қарғып кетемін дегенде аяғы үзеңгіден шықпай қалып, айғырмен бірге өзі де ұшып түскен. Аздап есеңгіреп қалып, кеше Бекейдің үйінде қонып қалса керек, қазір оны өзім барып алып келемін. Хажы, дәу де болса, мені соған шақырған болар, сірә, — деді ол.

Аманқұл әйелді жұбату ниетімен естігенін жұқалап және бұрыңқырап айтты. Бірақ «Суайт қайным» деп ат қойып, сөзіне онша мағына бере қоймайтын Шүйке бұған нанбады.

— Ол өледі, түбі оны жылқы құртады. Айғырды атқанда оған да оқ тиіп, менен жасырып тұрсыңдар... — деп жылай бастады.

Шешесіне бір, Аманқұлға бір қарап үрейі ұшып кеткен кішкене қыз бақырып қоя берді.

— Жеңеше, өтірік айтсам, қатынсыз қара атан өтейін. Бір түйір қоспасы жоқ. Сүлеймен айтты, мен естідім. Айтқан тілде, естіген құлақта жазық жоқ, — деп қарғанды Аманқұл.

Бірақ үй ішінің қобалжуы басыла қоймады. Жалғыз-ақ төрт жасар домалақ қара баланың бұл әңгімемен ісі болған жоқ, босағаға таман отырған күйі, қолындағы асығын есіктің қақ көзіндегі тапталып ақтақыр болған жерге шиырып ойнай берді. Оның жыртық, ескі боз көйлегінің астынан шаң-топыраққа былғанған сәби денесі тұтас көрініп тұр. Күнде көріп жүрген кір көйлекті Шүйкенің жылағанына, кішкене қабағы тырысып көзін уқалаған қызға да бөгелместен Аманқұлдың көзі есіктің алдында отырған балаға тоқтады. Бірер минуттай ол баланың денесін тұтас қамтып: сәл талтақтау келген топ-толық бұтына, шалқақ біткен кеудесіне, қалқиған құлағына таңқалғандай басын шайқады. Ол баланы келген сайын қолынан түсірмей көтеріп, жиі ойнатып жүрсе де байқаған жоқ еді, қазір бірінші рет: «Ауған жоқ Бақы-ағам. Бірақ бет әлпеті басқарақ, Шүйкеге жақын. Дегенмен ауған жоқ. Көзі де қой көз, тап әкесі!» — деді ішінен.

4

Барқын тауы дейтін үлкен жон-ды. Жонның шалқар көліне төнген шоқтығы біп-биік те, ал оның шығысқа қарай көлбеген сілемі жайын құйрықтанып барып қыр-қабақты дөңеске айналып кетеді. Өмір, Төлес атанатын сол таудағы ауылдардың қыс қыстауы таудың солтүстік баурайында еді де, жаз жайлауы күнгей бетіндегі Қарамектеп дейтін жерде болатын.

Таудың бауырын, үстін құжыната шөмеле салған Шұғылдың төрт-бес машиналы пішеншілерінен асып Тояштар сол Қарамектепке қарай беттеді. Аманқұлдан: «Оқ қақ маңдайдан тиген көрінеді, қасқа айғыр табанда қатыпты, Бақы да адам болмас, сірә, ессіз-түссіз жатыр екен» деп естіген пішеншілер — «Бақыға да оқ тиген шығар» деп жорып қойып еді, қазір мына өлікті әкеле жатқанын көргеннен кейін, олар егжей-тегжейін сұрамай-ақ, «Бақы орыстың оғынан ұшты» деп таратты. Арба ауылға жеткенше де жұрттың басы құралып, бұрын-соңды «атып өлтіргенді» көрмеген, тіпті естімеген халық қырдағы малдан, пішеннен шұбап ауылға ағылды да, ал қаз-қатар қонған қалың үйлерден әйел мен бала, шал мен кемпірлер ат басы тірелген Бақының қараша үйіне қаптап кетті.

Үй ішінде Шүйкеге қосылып бірнеше әйелдер зарлап үн сала бастады, сыртта жұрт жағасын ұстап, таңдайын қақты.

— О, тоба! О заман да, бұ заман оққа ұшқанды да көрдік!

— Апырым-ай десейші! Күні кеше сап-сау адам, бүгін міне, арыстандай сұлап жатқаны.

— Қай жерден тиіпті оқ?

— Шырағым-ау, мен қайдан білейін қай жерінен тигенін.

Жууға сүйегіне кірген адам айтады ғой, қазір.

— Әлгі суайт Аманқұл аттан құлапты демеп пе еді?

— Аманқұл басы-қасында болды дейсің бе, ол да естігенін айтқан шығар.

Өлікті үйге кіргізіп, Шүйкеге көңіл айтып жылап, көзі қызарып шыққан Тояшты сырттағылар қоршалай түсті...

— Тояш шырағым, Бақы ағаң дүние салыпты, тәңір иманын жолдас қылсын. Жалғыз сенің ағайының емес, бәрімізге де жақын, ақкөңіл адам еді. Басқа не айтамыз, — деп екі-үш шал қосарлана сөйлеп көңіл айтысты.

— Оққа ұшып өлсе шәһит қой. Аманқұл маған «аттан құлап, есі ауып қалыпты» дегендей қылып еді, ол қате екен ғой. Оққа ұшқаны жақсы болды ғой, шәһит қой, — деді Уәли.

Тояш оның сөзіне тосырқағандай бетіне жалт қарады да, бірақ аттан қалай құлағанын, қашан жан тәсілім қылғанын айтып жатпады.

— Хажы үйде ме? Нұрыш қайда? — деп сұрады.

— Хажы үйде. Нұрыш та жаңа ғана келді. Сағаға барып қайтты, — деді Уәли шапшаңдап, тұтықпауға тырысып.

Нұрым не қыларын білмей, өлікті көтерісіп үйге кіргізген бойы, жылаған әйелдер мен үрпиісе қараған балалардың ортасында қалып қойды. Ол Тояш сияқты Шүйкеге көңіл де айта алмады, зарлаған әйелдерді жұбатуға да кірісе алмады; есеңгіреген адамша біріне-бірі жабысып үрейі ұшып тұрған екі балаға қарады. Қас пен көздің арасында жетімдікке душар болған жеті жасар қызы мен төрттегі ұлы іргеге қарай тығыла түседі; қимылсыз, үнсіз, киімімен жатқан беті жабық әкесіне де, үн салып жылаған анасына да үрейлене қарайды. Жүздерінде қорқыныш аралас таңырқаған пішін де бар, өмірдің ащы-тұщы толқыны шайқамаған екеуінің сезім дариясы әлі тұнық қалпында тұрған сияқты, бірақ бастарына түскен ауыр халдің зілдей салмағын жете сезбесе де, аңғарып қалғандай; жұрттың тегіс қобалжыған дүрмегі анасының шашын жайып жылауы, мағынасын анық білмесе де, мірдің оғындай «өлік» деген сөз екеуін жұрттан бөліп, қауыздай жерге тықсырып, тығып тастағандай...

Бұрын өлікті өз көзімен көріп, қолымен ұстап көтерісіп, оның қайғысын жұтқан жандарды тап осындай көз алдында өткізбеген Нұрым шыдай алмай сыртқа шығып кетті.

Ол сыртқа шыға келгенде Нұрыш пен Тояш бұлардың жегіп келген ат-арбасының қасында сөйлесіп тұр екен. Үйден булығып, терлеп шыққан бойы ол орамалмен мойнын, маңдайын сүртіп, қара бөркін басынан алып бетін біраз желпіді де, сөйлесіп тұрғандардың жанына келді. Нұрымның сәлемін алып Нұрыш онымен жай ғана амандасты, үй ішінің аманшылығын сұрап жатпады. Өйткені ол үлкен үй жақтан шыққан әкесінің белгілі шаңқылдақ дауысына құлағын тосумен болып еді. Шұғылдың он қанат ақ ордасы жүз елу қадамдай жерде болғанмен және күннің өте ыстық, бесінге төнген үн буарлық тымырсығына қарамастан хажының сөзі құлағын тіккендерге толық естіліп жатты. «Ералы мен Сералының қасына көмбексіңдер ме?..» деген сөздер Нұрымның да, Тояштың да құлағына анық шалынды. Екеуі біріне-бірі қарады да, бұл сөздің мағынасын толық ұғынғандай болды. Екеуі де: «Бақыны қай жерге қою туралы... Оны Ерекең бейітіне жерлеуге рұқсат бермей жатыр Шұғыл...» деп ойлады. Бұл ойға Тояш та, Нұрым да бірден келіскендей болды. Өйткені «Ерекең бейіті» дейтін белгілі әулие орын. Бұл орынға атақты адамдар, аса қадырлы жандар қойылады. Ерекең бейітіне Шұғыл хажының тұқымынан басқалар іріктеліп қана әкелінеді. Әрине, Шұғылдың билігінсіз ол жерге өлік апаруға болмайды... «Сонда біз мына сорлы Бақыны қайтадан сонау Ақпан моласына алып кетеміз бе? Күннің шыжып, аспанның жерге түсіп тұрғаны мынау. Бұл қалай болды өзі. Әлде Тоекеңді мұнда тастап, өзім кері қайтамын ба? Көкем не дер? деп ойланды Нұрым. Әкесінің айтып жатқан әңгімесін толық естіген Нұрыш қипалақтап, үлкен үй жаққа қарай берді.

— Хажіге сәлемдесіп, болған жайды ауызша айтып шығайық. Бақы марқұмды жерлеу жайында не ақыл айтар екен, оны да естиік, — деді Тояш Нұрымға. Нұрым оның сөзін мақұлдады да, екеуі Шұғылдың үйіне қарай аяңдады. Әкесінің айқайын естіп отырған Нұрыш мына өлік үстінде тағы да «ағайын-туғанның көңілін қалдыратын сөз айтып тастай ма?» деп қысылып, бірақ оны тоқтатарлық шамасының жоқ екенін білді, сөйте тұрса да амалсыздан бұл да үлкен үйге беттеді.

Сөзінен де, сұсты түрінен де, бақ-дәулеті өрлеп тұрған атынан да ығып бір жан қарсы келмейтін хажіге барып амандасу, онымен сөйлесіп ақылдасу Тояшқа да оп-оңай болмады: кенет жүрексіну пайда болды, буын-буыны дірілдегендей бір әлсіздік сезім билеп кетті, аяғын зорға басты; ол жанындағы адымдай ұмтылып өзінен оза түскен өр мінез, бойшаң Нұрымның батыл пішініне жалтақ-жалтақ қарады. Әдет бойынша қос отаулы үлкен үйдің артымен айналып келіп, оң жақтан кіру керек, ал бұл екі ара да едәуір жер еді, сондықтан Тояш осы екі ортада өтетін бірнеше минуттың ішінде толқуын басып, айтар сөзін саптап, мықтап ойланып үлгірер-ақ еді, бірақ оның әлде соры, әлде бағына қарай болды ма кім білсін, әйтеуір, Шұғыл айқайлап сөйлеген күйі Уәлидің өкшесін баса үйден шыға келді де, қотанды кесіп бұларға қарсы жүрді. Үйден шыққандар мен келе жатқандардың екі арасы апшырыла түсті. Үйдегі өліктің, оның зарлаған әйелі мен балапандай үрпиісіп босағаға тығылған шиеттей жетім балаларының түріне қатты қамығып, әлденеге ішінен тістенгендей болып шыққан Нұрым Шұғылды да, оның сөзін де құлаққа ілген жоқ; қабағы қату, түнерген пішінде қарасұр беті күннің ыстығымен іштегі белгісіз ашудың булықтыруымен одан әрі қарақошқылдана түсіп хажыға жақындап та қалды.

— Ассалаумағалайкүм, — деді ол бөгелместен, Шұғылдың қасына жетіп келіп.

— Уассалам... Е...

— Мына Бақы туысқаныңыз уақытсыз қаза тапты, соның сүйегін алып келдік...

Бұл екі ортада Нұрымды бетке ұстаған адамша оның арт жақ тасасынан шықпай тұрып Тояш та:

— Ассалаумағалайкүм, хажеке! — деді ақырын ғана.

Шұғыл соңғының сәлемін алмады, оның екі көзі, жас болса да именбей алғыр сәлемдескен Нұрымға қадалды. «Оңбағанның балаларының бәрі ірі, бәрі бетті екен... Беттілігі өзіне тартсын, ал ірілігі кімге тартқан бұл сойдауылдай немелердің?» деп ойлады ішінен, жұртқа я бір мін, я бір ат тақпай қалмайтын Шұғыл: «Жан шошырлық сүдінін көрдің бе өзінің, жол тосушы қарақшылар сияқты, бәдәуи қара...» деп қойды күбірлеп.

— Неге сол жақта жерлемедіңдер? Әлде ана Ералы мен Сералының қасына көмбек болдыңдар ма есалаң туысқандарыңды, — деді Шұғыл мұқата сөйлеп.

«Есалаң тусықандарыңды» деген жер-жебіріне жете кеміткен сөзі мен Шұғылдың ащы кекесінді үні Нұрымның өңменінен өтіп кеткендей болды, ол булығып жауап таба алмай қалды, беті лап беретін ерттей түтіндене түсті. Жастар арасында әрі сөз тапқыр, егесе кетсе қолы жүйрік, бір адамға әлі де толық жететін қылыштың жүзіндей Нұрымның бас салуға дайын сиқын көріп Тояш ортаға таман жылжи берді.

— Хажеке, Бақы марқұм жолда жан тапсырды... Сол күні аты оққа ұшып, өзі жығылғаннан бері ессіз-түссіз бір тәулік жатып, ақыры бүгін осында алып келе жатқанымызда тілге келместен дүние салды... Жақсы көретін ағайынымыз еді, сіздің де көптен бері шаруаңызға көз болған туысқаныңыз еді «қай жерге, қашан жерлейміз» деп, сізбен ақылдасайық деп келдік, — деді ол кешірім сұрағандай мүләйім пішінмен.

Өз бетімен топты жарып сөйлеп көрмеген, Жүністі бетке ұстап ел арасының егесінде соған ғана арқа таңып өскен Тояш талас-тартыстан қашық жүретін момын жан еді. Бірақ кейде кенет ашуланып қалатын томырық мінезі де бар, замандастары арасында қыза-қыза келгенде анда-санда аталы сөздер де айтып салатын. Бірақ ол қазір басында жасып қалғандықтан сол күйбектеген қалпы, хажының қаһарлы бетіне қарсы сұс көрсете алмады, құдіретті Шұғылдың оған не айтса да сөзінің бәрі орынды көрінді.

— Мен сенен қашан өлгенін сұрағаным жоқ, неге сол жаққа жерлемедіңдер, мұнда әкеліп Ералы мен Сералының қасына қоймақсыңдар ма деп сұрап тұрмын, — деді Шұғыл айқайлап.

Бақының үйіне жиналған жұрт тегісінен Шұғыл хажының айқайына құлақ тікті: кейбіреулер тура аяңдап, кейбіреулер алыстан орағытып жанжал шыққан жерге жақындай берді. Бақының неден және қалай өлгенін анықтап естіп, ежіктеп біліп болмаған, бір жағы аяныш, бір жағы үрейлі сезім билеген халық қаумалап Тояш пен Нұрым төңірегіне топтана түсті. «Біздің не жазығымыз бар, өлікті үйіне әкелдің деп айыптай ма?» деп күңк ете түсті Тояш Нұрымға қарап. Мұның бұл сөзі Шұғылға жетпеді, ал Нұрымның жүзі түтеп, екі көзінен ұшқын атқан тәрізденді, «тілің бар ма сенің, әлде ана Бақы сияқты байланып қалды ма?! Мұнша жасығанша өлсейші!» дегенді Тояшқа оның көз жанары атқылап ұқтырғандай болды.

— Хажы, Бақыны үйінің оң жағынан ақ жуып арулап шығару үшін алып келдік. Сіз айқайламаңыз. Мұнда тоқал қатынның баласы жоқ, неге ақырасыз сонша, — деді Тояш дірілдеп.

Баста Шұғылдың атағы мен айбатынан қаймығып бұйыға сөйлеген Тояш, енді ашу қысып дірілдеп кетті. Нұрымның түтеген түрі оған демеу болды, «қасында мен тұрғанда, ана жақта сөзіңді сөйлейтін менің әкем Жүніс тұрғанда сен кімнен қорқасың? Ағайынның кегін жіберме? Сөйле! Айт! Жасыма!» деген сияқтанды. Даланың бет қаратпай тұрған үскірігіндей Шұғылға Тояштың «айқайламаңыз!» деген әлсіз сөзі де май табанға кірген шөгірдей қадалды. Мұнан бір сағат қана бұрын қасқыр шауып, тас-талқан болып төртке бөлініп үріккен қойды әрең жинастырып, түгендетіп болғаннан кейін, ол ала жаздай кездескен жаманшылықты бармағымен басып санап шыққан еді. Жаманшылықтың басы әнеу күнгі мешіттегі медіресе жайлы Жүніспен сөзге келгеннен басталды. Мұнан кейін қарабураның көзі шықты. Құлағын қайырып байлаған тазы — старшина, «большевик, схот» деп оттады. Кеше екі бірдей ат қолды болды. Ырыс йесіндей қасқа айғыр қаза тапты. Бүгін қасқыр қызыл азбанды жетектеп кетті. Қашқан қойшыға Жүністің есер баласы дем берді. Бұл не қырсық! Жалғасып жатқан пәленің басы Жүністен, Жүністің тұқымынан! Бұлай бола берсе мұнан да зорын көрерсің. Бұл басынғандық неден?! Бұл... «бұл Нұрыштың жасықтығынан. Көзі бозарған сары жағал саулықтай шешесі жаман ғой кәпірдің. Мына мен тұрғанда, ана Қызылүйдегі інісі Ықылас тұрғанда бір шыбықпен айдамай ма бұл бұзылған ел мен шеннен шыққан бұзықтарды! Не болыс болуға, не мықты старшын болуға жарамайды боз ауыз жасық неме!» деп кіжініп, үйде отыра алмай бір кіріп, бір шығып тұрғанда көзіне Тояш пен Нұрым түскен-ді.

— Мына жаманның сөзін қара, маған айқайлама дейді!.. Сен түгіл сенің әкең Жүрсебай да төңірегімнен жүре алмаған. Қара, мұның қарсы жауап қатуын! Олай болса алып кет кері, ана боқ басында өлген туысқаныңның сүйегін!.. Әкемнің моласының басына да жуытпаймын... Мен сендерді, әлі тұқымыңмен жоқ қыламын, — деді.

Шұғылдың көзі қызарып, сақалы шошаң ете қалды. Бұл кезде жұрт та қоршап қалған еді. Кейінгі жаңтан біреулер:

— Астағыпыралла, өлікке де тілін тигізгені ме? — деп жағасын ұстады бір жігіт.

— Қалай өліпті сорлы? — деп сұрады онан бір жігіт кимелеп келіп.

— Қалай өлуші еді, Шұғылдың жылқысын қуып барып аты оққа ұшқан, өзі омақата құлап жұлыны үзіліп кеткен, — деді жағасын ұстаған жігіт.

— Енді соны кері алып кет, мұнда көмдірмеймін дей ме?

— Иә.

— О, тоба. Мұнан шығар, шығар. Ертең бәріміз де осы сияқты сойқан хажының малын бағып, шөбін шауып жүріп өліп, көмусіз де қалармыз, — деді алға қарай ұмтылып кимелеген адам. Бұлар Шұғылдың пішеншілері, бірқатары сауынға сиыр алған жарлы-жақыбай тумалары болатын. Біреулер сөзге келіп қалған Тояш пен Шұғылдың тобынан теріс айналып өзара күңкілдесе бастады:

— Малына сенеді, алдына жан шығып көрмеген дінсіз. Өлік үстінде айтып тұрған сөзін қарашы.

— Баласына сенеді...

— Бұған да бір зауал...

— Ана Жүністің баласы сыбап бір берсе өзін! Қорқып тұр ма екен сойдауылдай болған сопақ!..

Тап осы сөз қайрауын жеткізгендей:

— Хажы, көмусіз тастайтын туысқанымыз жоқ. Әкетеміз сүйегін. Бірақ байқаңыз!.. — деді Нұрым аптыға сөйлеп. Ол сөзінің аяғын бітіре алмады, ашу қысып булығып, демін ала алмай қалды.

— Хажы, асқақтамаңыз! Асқанға да бір тосқан. Хажының да, халпенің де, сорлының да жатар жері жалғыз. Ералымен қатар жатпаса өз атасы батыр Шалмен бір жатар...

Тояштың бұл сөзін біреу айқайлап қостап кетті:

— Бақының ата-бабасы ешкімнен де кем емес, бақ-дәулетім басым екен деп өліктің аруағына тіл тигізу асқандық... Бұл мұсылманшылық емес. Өзіміз көмеміз адал ниетті ағамызды. Ол шейіт!.. Хажының қотыр тайын қорғаймын деп ажалға қарсы барған кісіні көрдіңіздер ме міне не істегенін?! «Боқ басында өлген туысқаныңды кері алып кет!» деп қорлады. Көрерміз әлі! Мұны тегін жібереді деп ойламаңыз, хажы. Бірақ қазір өлік үстінде сөз көтермейміз, — деді.

Соңғы сөзді айтқан Асан еді. Ол Сағадан бермен. Хан жұртындағы тау үстіндегі шөп шауып жатқан пішеншілерді аралап болысқа аттанамын деп, жігіт жинап жатқан Жүністің сәлемін тарата келген-ді. «Ел болып аттанамыз. Бұл қорлыққа шыдамаймыз. Қаленді босатамыз. Жарлы-жақыбайға тізесін батырып келген болысына да, болысты қолдайтын би мен бегзаттарға да төбе көрсетіп теңдік сұраймыз» деген. Асан сөзіне жалшылар тегіс еріп, ауылға келген еді. Кішкене Асанды көп ішінен байқамай тұрған Нұрыш:

— Асан, сен неге қызасың? «Бақы менің туысқаным деп қызасың ба? Бақы саған туысқан болса — маған да туысқан. Оның өлімі екеумізге бірдей. Төңірегіме бұтаға тығылған торғайдай он-он бес жыл дәмдес болып отырды. Мінуіне ат, саууына сиыр бердім. Жарылқасаң сен қайда қалдың? Көзіңді шегірейтпе, кімнің алдында сөйлеп тұрғаныңды білесің бе өзің, — деді.

Күйгелек Асанның қаны қайнап кетті.

— Он бес жыл бойы торғайдай паналаған пақырға көрсеткен жақсылығың мынау болса — мұсылманшылықтың да біткен жері осы болды. Мен орыстың малын бақтым — атасы басқа, діні басқа болса да, ақымды жеген жоқ. Осы күнге дейін қысылып барсам, наны мен суын алдыма қойып барын аямайды. Сен кәпірден де жамансың. Хақын жегенің бір басқа, өлгенде қоюға алақандай жерді де қызғанып отырсың. Ана Қайыпқожаның баласына түк бермей үш жыл қой-қозыңды бақтырып, ақыры сабап-сабап қашырып жібердің. Мына қоршалап тұрған жігіттердің сен ақысын түгел бере қояды деп мен өз басым ойламаймын. Туысқаны жоқ деме — Бақыны көметін адам бар. Оның ана жесір қатыны мен екі баласының хақын сұрайтын да адам бар. Сабыр ет. Ертең сөйлесем мен сенімен. Бір мен емес, мына тұрған жігіттерді ертіп келіп сөйлесемін. Тасқан екенсің сен, алдыңа жан шықпағанға! — деп Асан алға қарай шыға келді.

Асанның көзі көк еді, ол ашуланғанда шегірейіп кететінін Нұрыш білетін. Қазір сол көзі тіке қараған Тояшқа жасылданып кеткен сияқтанды. Жоқ жерден шыға келіп сөзін сөйлеген Асанға Тояш қуанып кетті. Ол Нұрышқа кимелей жақындап:

— Не басында, не аяғында жоқ. Табанын тас пен шөңге тіліп соншама қойды қаршадай бала қалай бақпақшы? Ең болмаса астына ана жауыр байталыңды мінгізбейсің бе? Аттылы кісінің маңына қасқыр да жуымас еді. Бәрі өзіңнен. Анау күні Сасай Сарқожаның баласын сабап-сабап өлтіріп қоя жаздапсың. Сенен қорыққаннан жанын сақтап қашып барады қойшың, өзі қу жетім... Бақыға көрсетіп тұрғандарың мынау, — деді ол, кішірек көзі қылилана қысылып.

— Дұрыс айтасың, Асан! Тояш, сен де дұрыс айтасың. Мырза, мырза деген Нұрышымыздың мырзалығы осы... Басқадан не үміт, не қайыр! — деп шулап қоя берді бірнеше адам жамырасып.

Зорлығы мен әділсіздігін көзімен көріп тұрса да, жұрт Шұғылдың атын атай алмай кекті сөзді Нұрышқа қарай меңзеді. Ал адамның беті-жүзіне қарамай егескен адаммен шап етіп ұстасып, өткір тілін қадап алатын Шұғыл Асанға тіл қата алмады. Әлде ол жұрттың сұсты жүзі мен ашынған сөз үнінен сескенді ме, әлде болмаса өзінің орынсыз қатаңдығын мойындады ма — әйтеуір ол Асанға да, Тояшқа да енді қайтып ұрынбай, баласына ғана киліге кетті.

— Бәрі сенің жамандығың. Айтар сөз, істер ісіңді білмейсің, атадан тумай кеткір! Жоғал көзіме көрінбей! — деді ол Нұрышқа жекіре айқайлап.

Жұрт үндемеді. Қабақтарын түйген күйі, қадамын жерге қадай басқан кішкене Шұғылды көздерімен үйіне шығарып салды.

— Тұратын ешнәрсе жоқ. Жуып кебіндеп, кері алып жүріңдер. Өзіміз көмеміз. Ана Шүйке мен жетімектерін ертең келіп көшіріп әкетеміз. Бір тиынын қалдырмай Бақының неше жыл малыңның соңында жүрген ақысын есептеп аламын. Қапыда қалма, бермесең... — деді Асан Нұрышқа, сөзінің аяғын жұтпа.

Сонсоң өзі бастап Бақының үйіне кірді.

— Құтырған екенсің, сен бүкір мерген. Мен де көрермін сені...

Нұрыш кештетіп Қарамектептен Жымпитыға қарай жол тартты.

ЕКІНШІ ТАРАУ

1

Сол өңірде зеңбірек даусын ең алдымен естігендердің бірі Жүніс хажы болды. Бірақ мұны Жүніс ап дегенде біле қойған жоқ.

Таң намазын оқып болғаннан кейін хажы жайнамазын жинамастан малдасын құрып, жайғасып отырып тасбих тартты. Санай-санай жылтырланып біткен десбі тасының үздіксіз сыртылы, отыз үштен қайырып тынымсыз қайталаған тәңірінің сырдаң есімі әбден жалықтырды білем, хажы бір мезет десбісін қоя салып, көз жұмған күйі отырып қалды. Киіз үйдің ішіне кедергісіз енген ертеңгі тұнық ауа оған еліттіре әсер етті; оның үстіне үй ішіндегі ұйықтап жатқан балаларының бейғам пысылы, күн шығар алдындағы бозторғайдың төбеде ұршықтай айналып ұйып салған әні қосылып, мүлгіп отырған қартты одан әрі маужыратып, көзіне қалғу пердесін кигізіп жібергендей болды. Ол басын төмен түсіріп алып қайтадан көтеріп, түсіріп алып тағы қайтадан көтеріп отырып, сәл уақыт ұйықтап кетті. Бірақ жайнамазға қисаймады, отырған күйі тізесіне шынтағын тіреп, оң қолымен басын сүйеп ұйықтады. Бұл бір минут ішінде де денеге күш-қуат құйып жіберетін бал қаймақ қалғудың қаншаға созылғанын Жүніс білген жоқ, тек селт етіп басын көтеріп алды да, орнынан тұрып кетті. Әдетінше мал өрер алдында сыртқа шығып, төңіректі көзбен шолу үшін ол есікке қарай беттеді. Табалдырықты аттап, аяғын бірер адымдағаннан кейін оның екі көзі қарауытып, басы айналып кетті де, ауыр денесі ауытқып барып, тәлтіректеп есік алдындағы құрт жайған арбаның қалқанынан ұстап қалды.

Ол ұзақ уақыт тұрды. Бұл өмірінде бірінші рет кездескен басы айналып, көзі қараюдың себебін анық білмесе де, ол жүрегі әлденеден сескеніп, қалпына келгеннен кейін де қозғалмады. «Қозғалсам құлап кетем» деген қауіп көңіліне келді. Аздан кейін «жан бар жерде қаза бар» деген бір үрей пайда болды да, бірақ тап сол мезетте оның құлағына алыстан күннің күркірегені естілді. Оның ойы бөлініп кетті, құлағы қатесіз шалды — анық күн... Тап осыны дәлелдегендей тағы да дүңк ете қалды, бүл өте қысқа күркіреудің күңгірттеу шыққан дүңкілінен кейін жер болар-болмас дір етіп қозғалып кеткен сияқтанды. Хажы басын көтеріп алды. Ол басы айналғанын ұмытып кетті, құлап қалармын деген бұлдыр қауіптен де көңілі басқа жаққа ауды. «Дүңк етіп күн күркірей ме? Сұбхан Алла?..» Жүніс ойын аяқтап үлгірмеді — дүңкіл бірнеше рет жалғаса шығып, сілкінген жердей зеңбірек дірілі аяққа ап-анық білініп тұрды. Тағы да «сұбхан Алла!» деп жыбырлады оның еріндері. Бірақ енді қайтып дүңкіл де естілмеді, діріл де сезілмеді.

Көрген-білгенін ортаға сала бермейтін Жүніс таңертеңгі басы айналғанын да, бұрын-соңды естіп көрмеген бұл белгісіз дүңкілді де ешкімге әңгімелемеді.

Хажы сол күндер азалы адамдай тұнжыр жүрді. Қаленді ұстап кеткеннен бері оның көңіл күйі қалпына келмей қойды.

Нұрым мен Тояш таудан қайтып келіп Бақы жөніндегі әңгімені қалдырмай айтып бергенде де жә налып, жә сабырсыздыққа салынған жоқ, сол қабағы қатыңқы күйі төмен қарап отырды да:

— Түнде көкем марқұм түсіме еніп еді. Қыстауда екенбіз деймін, қайдан келгенін білмеймін. Бақы босағада қол қусырып тұр екен. «Бақы шырағым, жүрші, екеуміз жел жаққа аққала соғып келейік. Үйді қар басып қалар» дейді көкем марқұм. Сөйтті де екеуі ақ тон киіп шығып кетті. Біліп едім Бақының бұл дүниенің адамы болмайтұғынын, — деді.

Шұғылдың қылығына ол құлақ та салған жоқ. Ол зират басында да әңгімеге кіріспей жұрттан бөліне берді.

Осы хажы ауырып жүрген жоқ па? Сөзге өте сараң болып кетіпті. Көңлінің тіпті бір қошы жоқ. Өңі де солғын, — дед бір күні Тояш Бекейге.

Бекей оған өзінің белгілі шырылдаған даусымен:

— Жоқ әрі. Басы ауырып, балтыры сыздаса әжі-аға жатпай ма? Ауру адам жатады ғой. Жатпаған адам ауру бола ма?! — деп жаттап алған жат сабағындай мүдірместен өзінше дәлелдеген болды.

Қадес пен Ақмадия басқаша жорамалдады.

— Жүкең бір үлкен хабар естіген болуы керек, — ғаламат жуықтаған шығар, зеңбірек даусы жиіледі деседі ғой іштен келгендер. Заманның не боларын ойлап, бұл кісіні ой жүдетуі де мүмкін, — деді үнемі қала жақтың әңгімесіне құлағын көбірек түретін Қадес, қандай өзгеріс боларын алдын-ала шамалау ниетімен.

Оны Ақмадия қостап:

— Пай-пай, біздің Жүкеңдер де милы-ау, тіпті сөзге қысылмайды ғой, талай тар кезеңдерде ақыл тауып кетеді. Адамды көп ақыл да жүдетеді. Өткір ой қоймайды ғой қажамай, — қайрай берсең қайрақ та мүжіледі. Қадес, дұрыс айтасың, бұл кісі бір хабар естіген шығар. Ішкі жақта ұрыс күшейіп кеткен көрінеді, біздің елдің үстіне келіп жүрмесін бұл ылаң. Зеңбіректің бір оғы түскен жер тып-типыл болады дейді. Жым-жылас етіп кетіп жүрмегей мал мен жанды, — деп уайым білдірді.

— Уайымдауға ерте әзір, Ақа.

— Ертесін ерте ғой. Сонда да жаман айтпай жақсы жоқ, хажы тұнжыр... Мен сонан қорқамын. Сырын аша бермейтін адам ғой. Бірдемені біліп, қатын, бала-шағаны үркітпейін деп іштей уайымдап жүрмесе!

Әркім әртүрлі топшылады, бірақ Жүністің сырын ешкім аша алмады. Ол Қара Обадан келген жиен жігіттің әңгімесінен кейін біраз серпілгендей болды. Болысқа аттанысты ол табанды және алғыр түрде бастады. Бірақ қабағы жадырап, көңіл жазы ашылмады... Қайта күздің ашылмайтын ызғарлы бұлтындай барған сайын түнере түсті...

2

«Нағашы жұртына сәлемдеспекші» болып Қара Обадан ерген Оразды Қажымұқан күн бата ортадағы ауылға алып келді.

Ауыл алдындағы Қисықсайдың қабағына шыға келгенде, алқаптағы кешкі ауылдың сырт көрінісі көз алдына тұтас тартылды: бестен, оннан шоғыр-шоғыр болып бейне бір өреге жайған құрт сияқты жағалай тігілген киіз үйлер, көзді жерге түсірмей жапырлап тұр; сай мен өзен арасы аса алшақ емес, екі шақырымдай-ақ енсіз ойпат, бірақ өте ұзын, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін құйқалы теп-тегіс сала, сол саланың ұзына бойына қонған ел өте етекті көрінді. Бұрын бұл елдің жайлауын көрмеген Ораздың көзіне сол көп ауылдың үстіне кешке салым қыбырлаған қарақұрым мал симай жатқан сияқты. Және малмен аралас аттылы-жаяулы адам аяқ алып жүргісіз, үйді-үйдің, ауыл-ауылдың арасына лық толы. Тіпті жаяу қатынасарлық жерге де ат мініп барып қайтатын сияқты.

Жүніс жігіт жинап Қаленді босатуға аттанатынын жариялағаннан кейін, ел жігіттері тәуір деген бір-бір ат айғырын қолға ұстай бастаған-ды. Бұл кез және ораза айтының қарсаңы еді. Айт мейрамында мүшеге шабатын, бәйгеге қосатын жүйріктерін кешке қарай мініп түсіп таң асыратын шақ, бәйге аттарына сүт беріп, күндіз жабулап жүргізіп, түн жетектеп отыратын кез-ді.

Нұрым саяқтағы кер атты ұстап мініп өзіне жаратып, жүйрік қаракөк биені Хакімге арнап, суыттырып жүрген. Бүгін ол қаракөк биені мініп шығып, молалы тоғайды бір айналып, Сүлейменмен бірге үйге қарай келе жатты.

Сирек құлындайтын жіңішке қаракөк бие әрі жүйрік, әрі сұлу жылқы — жұмыр жон, тұрқы ұзын, қазақтың байырғы жылқысындай емес, қамыс құлақ, құлын жалды жануады. Аяңына жанындағы ат бүлкілдей еріп отыратын. Екі-үш таң асып, бүгін тағы біраз жер желіп денесі қызып алған бие аяғын өте жеңіл басып, ауыл сыртында көлбектей берді. Жіңішке қаракөк биені аяңынан да, көлденеңдей бергендегі есік пен төрдей тұрқы мен шұлғып тастайтын әдемі басынан да жұрт алыстан танитын.

— Анау қаракөк биелі Жүністің үлкен баласы, дәу де болса айтқа қарсы ат жаратып жүр. Қасындағы Сүлеймен болуы керек, үзенгіге шіренуі сол сияқты, — деді Қажымұқан қасындағы жолдасына.

Ораз бүтін ауылды көзбен тұтас орап, қай жерде қандай байдың ауылы барын сыртынан өлшеп, пішіп, туған нағашысы кедейлеу молда Мерғалидің үйін шамамен «анау-ау» деп келе жатыр еді, ол Қажымұқанның сөзіне жауап қайырмастан:

— Менің Мерғали нағашымның үйін шамамен табуға болады. Ұмытпасам, Нығмет қой олардың бай туысқаны. Анау жалғыз отырған үлкен үй сонікі болу керек, алға қарай шығыңқырап қонған, көрдің бе басқаның үйлерінен озық бөп-бөлек, шаңсыздау тепсеңге тіккен үйін. Міне, әгәр осы үй Нығметтікі болса, сол жағындағы кішірек екі қоңыр ала үйдің бірі Мерекеңдікі. Баяғыда бір келгенмін, оған алты-жеті жыл болып кетті. Таптым ба? — деді Қажымұқанды иығынан ұстап сілкіп қойып.

— Жиенжан, сенің табатыныңды мен баяғыда білгенмін. Саған басшының керегі жоқ, тек қосшы бола берген жөн. Екі қоңыр ала үйдің Нығметтікі жағындағы Сүлеймен дейтін салт атты, салбыр қамшы, өзіңе айтқан ер көңіл жігіттікі. Өзі ана келе жатқан ұзынкөк биенің жанындағы. Ал, шеткі қоңыр ала үй сол өз нағашыңдікі. Өздері қызық. Мына Сүлеймен мен Нығмет байды айтамын. Нығметтің малы бүтін алқапқа симайды. Екеуі бел немере, Нығмет Ақботаның баласы, Сүлеймен Нарботаның баласы. Ал Сүлейменде өмір бойы бір сиырдан артық мал болып көрген емес. Мінетіні Нығметтің бір биесі — оны да жұрттан ұялғанынан берді-ау деймін, түгі жоқ немере інісіне. Сонда да Сүлеймен Нығыметтен кедеймін деп ойламайды, ат үсті сонікі, ойын-сауық сонікі, жиын басы сонікі. Үйінде төсеніп жататын көрпесі жоқ, бірақ барсаң мал сойып береді. Сиырының бұзауына ауыстырып алса да, қарызға алса да, ұрлап алса да, жырлап алса да тоқты сойып сыйлайды. Қызық жігіт. Қазір келеді, бізді көрді... Қасындағы Нұрымды ала келсе тіпті көрім болар еді, өлең айтқызар едік... — деді Қажымұқан.

— Нағашы, Жүністің үлкен баласы болғанда Хакімнен үлкені ме?.. Әлде тентек ағам бар дегені ме?.. Імм... келсін, келсін, — деді Ораз.

— Тап өзі, түбі жоқ өлеңші. Өздері бір дегдардың тұқымы: бірі өлеңші, бірі оқыған. Әкесі болса анау — өзі батыр, өзі би, ең қымбатты жағы — болғанынша ақылды адам, әділ адам. Осы хажының мен жарлыға жамандық істегенін, ағайынды ренжіткенін көргенім жоқ... Әне, бізді көрді. Бермен қарай ойысты. Сүлекең көрмес пе?

— Елдеріңіз қалың отырады екен және малды екен. Мынау не деген мал! Түу, ғажап! Өзен жақ бет те, қыр жақ бет те қаптаған қой мен сиыр ғой. Жылқы қазір болса болмаса да қырда. Түйе де. Біздің ел мұндай емес. Әрі аз ел және кедей ел. Кәсіп қылып күнелтеді көпшілігі. Байы бірен-саран. Мына Нығметіңіздің қанша қойы бар?

— Осының қойын кім санаған! Мың жарым болар. Ал, мұның байлығы жылқы ғой. Сонау Сырымшыққаннан бергі алқапты Нығмет пен Қодамбайдың жылқысы ғана алып жатады. Ауылға тек байлайтын бие, екі айғыр үйір-ақ жылқы келеді. Біздің елдің ең байы Шұғыл мен осы екеуі ғой. Басқалары шамалы. Біздің Орынбек, Жұманияз дейтіндерімізде жылқы үш-төрт жүзден ғана, қойлары да шамалы, — деді Қажымұқан жас жігіттің таңданғанына онша көңіл бөлмей.

— Азық үш жүз, төрт жүз жылқы болса!..

Бұлар Мерғалидікіне жақындап қалды. Сайдың қыратынан бергі тепсеңнен боз жусанның пияздай қышқыл иісі мұрынды жарып, қолқаны кеулеп кетті.

Кешке қарай күн қоңырқай тартып еді, бірақ жаңбыр жаумай, төніп келген қара бұлт жыртылып-жыртылып тарап кеткен болатын. Қазір кешкі бір тымық кезде батқан күн аспанға әдемі сәуле шашып жіберген. Қотанға иірген бұп-бұйра мәліш қойлардай шоғырланып, аспан еңсесінде бұдырмақ шарбы бұлттар дүрмектеліп қалыпты да, ал, ақ сарғыш сәуле оларды орнына өргізіп, бірте-бірте ыдыратып, бозғылдандырып бара жатыр.

Ораз сәлем беріп үлгіргенше, жасы үлкен болса да Сүлеймен оларға:

— Ассалаумағалайкүм, Уаһа! Жиен, аман-есен бе? Үй ішіңіз тегіс аман ба? Кәне, біздің үйге қарай. Қажеке, біздікіне түссін. Белкүллі, өзіміз оңаша отырып сайрандаймыз. Шалдарға сәлем беріп шықса болды. Өздерінің аузы берік. Ренжімейді. Бұр, Қажеке, аттың басын, бұр! — деді Сүлеймен.

Қажымұқан мен Ораз бұлармен амандасып, азырақ тоқтап тұрды да, ақыры Сүлеймен болмағаннан кейін, ат-арбасын Сүлейменге беріп, өздері Мерғали молдаға сәлем беріп, амандық сұрасуға кірді.

Кешікпей-ақ Сүлейменнің үйі әңгіме-кеңеске құмар қара сақалдар мен өлең-жыр тыңдауды аңсаған қара мұртты жігіттерге лық толды; үлкендермен аралас балалар да қаптады, есіктен, іргеден сығалаған жас келіншектер мен қыздардың да қоңыр көздері жылт-жылт етіп, шашпау, шолпылары сылдыр-сылдыр қақты.

Көп ұзамай-ақ:

— Толға, Нұрым, толғап жібер. «Үш қиянды» айт, ана жиеніне. Нағашысының күшін көріп кетсін, белкүллі, — деді Сүлеймен домбырасын Нұрымға ұстатып.

Нұрым домбыраны алып, құлағын аздап қана бұрап, шертіп қалды да:

— Мынау, сыңғырап тұр ғой, Сүлеке, — деді.

Жұрт Нұрымды қаумалай түсті.

— Уа-а-а, — деп бастады Нұрым кеудесін керіңкіреп, басын жоғары көтере түсіп:

...Уа-а,а
Жайықтың бойы жайлы қиян,
Еділдің бойы елді қиян.
Маңғыстаудың бойы малды қиян —
Адыра қалғыр үш қиян!
Үш қиянның мына бойынан
Талай жұрт жосып жол салған,
Көшудің жолын мол салған!
Түндігін түнде түсіріп,
Іңірде сүтін пісіріп,
Жас балаға ішіріп,
Түні бойы дүрлігіп,
Теңдеп буып мүлігін,
Төртке бөліп түлігін,
Таң ата иесіз жұрт қалған,
Өреде жайған құрт қалған,
Қаңғыған жалғыз ит қалған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Адыра қалған неткен жер!
Ердің соңы Исатай
Ерліктің туын тіккен жер —
Жауды басқа тепкен жер,
Махамбетін ертіп ап,
Жәңгірге шеп құрған жер.
Жасқұстың арғы тұмсығы
Қамал етіп тұрған жер,
Уа, дүние-ай, қапыда
Санын батыр ұрған жер!
Қабыршақты Қарасу
Үйрек пен қазын атқан жер,
Ханнан бермен ығысып,
Шатыр тігіп жатқан жер.
Көпірі жоқ Ақ Жайық,
Атын жалдап өткен жер.
Мұз үстінде от жағып
Ала қыстай кезген жер.
Жылы төсек, ақ орда
Жар қойнынан безген жер.
Қара қазан, cap бала
Қамы үшін қайғы татқан жер,
Өкінішке батқан жер,
Уа-а-а, батқан жер!
— Е, уай де! — Уа, шіркін!
Семсерін сермеп айқайлап
Бір жол жүзін кескен жер,
Көк сүңгісін оң сілтеп,
Жау кеудесін тескен жер.
Ақ табан ат жануар
Сүрінбес тұяқ бола ма,
Қапыда орға түскен жер.
Биден пәтуа таба алмай,
Ханнан кегін ала алмай,
Ақ ордасын бұзып шаба алмай,
Тайманның батыр баласы
Торы ат басы тауында
Сүйтіп бір
міне, уай, сол заман
Қаза бір тауып, уай,
қалған жер.

Жұрт ду етті. Біреулер көзіне жас алып теріс айналды, біреулер тамағын кенеп қалды. Енді біреулер:

— Уай, шіркін десейші! Ұл ғой Исатай!

— Дегеніне жетпей кеткен арыстан!

— Қарадан туған хан ұлына бергісіз сабаз!

— Өркенің өссін, Нұрым. Айналайын, тағы да сілте! Тағы да, тағы да. Көп еді ғой сенің термең.

Ораз ұшып тұра келіп Нұрымның қасына жетіп барды.

— Уа, нағашым, жарайсың. Кәне, бетіңнен бір сүйіп алайын... — деп Нұрымның мойнынан құшақтады. — Айналайын, айтыңқыра. Мынау өзіңнің толғауың ғой. Әй бәсе, менің көрген түсім түс болса, осылай болу керек жігіттің серпуі. Аяғы қалай? Аяғы болмаса Махамбеттің өзінен сілтеп жіберші. Ана бір топ жігітімен Исатай қақаған қыстың ішінде Ілбішіннің тұсынан өтіп, елсіз далаға түнеп, таңертең бүгежектеп тоңып, орнынан тұра алмай жатқанда жігіттерге дем беріп, Махамбеттің ауызша шығарып жібергенін айтшы, — деді.

Ораз енді Нұрымды қарақшыға жақындаған аттай көтермелеп, нақ жанында тізерлеп отырып алды.

— Мен оны білмеймін ғой, жиенжан. Білсем саған айтпағанда кімге айтамын, — деді Нұрым шын пейілді, ақжарқын жүзбен. Өзі тағы да кеудесін көтеріңкіреп, қанатын қомданған бүркіттей желпіне түсті.

— Білмесең өз термеңді айт! Бізге, белкүллі, өзіңдікі де жетеді, — деді Сүлеймен тершіген омырауын аша түсіп. Нұрым азырақ ойланды да:

— Басқа біреуін айтайын, — деп айқайлап әндетіп, бұрын өзі көп айтпайтын Махамбеттің бір ауыз өлеңін айтты:

Атадан туған аруақты ер
Жауды көрсе жапырар,
Үдей бір соққан дауылдай,
Жамандарға қарасаң,
Малын көред жанындай.
Жүйрік аттың белгісі —
Тұрады құйрық, жалында-ай.
Айтып айтпай немене
Халық қозғалса, —
(Уа, жиенжан) —
Тұралмайды хан тағында-ай.
Ай-ай.

— Не дейді, не дейді? Хан тағында тұра алмайды дей ме? Қайта айтшы, Нұрым нағашы, мен бұл өлеңді бірінші рет естіп отырмын. Бұл да Махамбеттікі ғой, — деп Ораз қолқа салды.

Нұрым өлеңнің соңғы төрт жолын жаяулатып айтып, домбырасын ақырындап шерте берді.

— Міне, міне, — деді Ораз, үйдегі қалған адамның бәрін бір жерге жиыстырғандай қолымен айналаны орай көрсетіп — Махамбет өлеңі екені үдей соққан дауылдай орап алғаннан-ақ көрініп тұр. Батырлығы мен қайраттылығы жалындап тұрған жоқ па, айтшы нағашы? А, солай емес пе? Дәл айтпай ма? «Халық қозғалса, хан тағында тұра алмайды» дейді. Тап бүгінгі күнге де арнап айтқан, қараңдаршы! Бүтін қара халық табан тіресіп қатар тұрса тыпыр еткізбес, хан, сұлтандарыңды! А, солай ма, нағашы? Әулиенің лебізіндей ақиқат сөз!

Сүлеймен оны қостап:

— Дұрыс, дұрыс. Нұрым өлеңнің, белкүллі, марқасқасын тауып айтады. «Қыз Жібекті» біледі. Ал, «Қырық батырды» жыр қылса, Қалекешіңнің өзінен артық, үш түнге таусылмайды, белкүллі, бұлақ, — деді.

«Қыз Жібек» те жақсы, алайда, мынау теңдесі жоқ асыл сөз ғой. Қарашы, қайраты мен даналығы қатар тұрған жоқ па! Бұл нағыз көк найза өлең, халыққа арнап айтылған, жетпіс жыл жер астында жатса да, жасуды білмейтін шын алмас! Жарайсың, нағашым! Өлеңді көптен айтып келесің бе? — деп сұрады Ораз, Нұрымды арқасынан қағып.

Нұрым ақырын езу тартып, домбырасын ермек етіп қаға берді, жауапты Сүлеймен қайырды.

— Бала кезінен өлең айтып келеді. Нағашысы сері болған адам, өнерлі сойдың тұқымы. Белкүллі, түпсіз ақын. Айлап, жылдап елден кетіп қалатын да уақыттары болады, — деп күлді ол.

Асан мен Қажымұқан да Сүлеймен сөзін демдей түсті.

— Суырып салма ақын. Жиын-тойдың жанын кіргізіп жіберетін жайсаңымыз ғой, — деді Қажымұқан.

Асан оған басын изеді. Бұл екеуі өзара сөйлесіп күбірлесе қалды да, бірақ Ораз олардың сөзіне құлақ тоса қоймады, оның бар ойы мен назары бір Нұрымның басында ғана болды. Бұл өлеңінен жалын шығып тұрған ақын-жыршы оған ойламаған жерден кездескен қазына сияқтанды.

«Мына Нұрымды Жанша жігіттерінің арасына апарып қойсаң не болар еді! Өлеңіне аузын ашып, көзін жұмып шұлғыр еді де, ақын қалай ұйытқыса көп солай толқыр еді. Егер де қарсы үгіт-тастайтын өлең болса?! Еріксіз жиналған қазақ жігіттері қарасабындай іріп жөнелмей ме? Қақ ортасына тастап жіберген зеңбірек оғынан да күшті болмас па?! Орнында айтылған бір өлең мың үгітшіге тең түсер еді...» деп ойлады ол.

Ораз Нұрымды өз жанынан шығармауға,. онымен көбірек сырласуға тырысты.

— Күрес нағашы, қарт пен кемпірдің Хакім мен екеуіңнен өзге баласы бар ма? — деп сұрады ол Нұрымның иығына қолын салып.

— Бір-екі қозы бағарлары бар, — деді Нұрым оның неге сұрағанын ойланып жатпастан.

— Үлкен адамдар баланы аяқтандыруға әуес келеді, онда өзіңді үйлендіріп, қарт пен кемпір бөлек отау етуге ыңғайлап-ақ жүрген шығар, — деді ол Нұрымның жайымен шұғылдана түсіп.

— Белкүллі, солай. Қарттарға қалса тап бүгін-ақ үйлендіріп Нүресіңнің аяғын жіпсіз тұсайтын. Бірақ қашаған құлындай зымырап бұл да құрыққа жуи қоятын емес. Дегенмен жақсы қыз тапсаң, жиен, өзім жаушы боламын, — деді Сүлеймен Нұрым үшін жауап қайырып

— Жоқ, жоқ, нағашы. Әзірге ұстатпағаны жақсы. Үйленуге әлі уақыт бар. Қазір мына жыр мен өлең, ән мен күй базарын дуылдата берген жөн. Нүрес көнсе екеуміз бірге Жымпиты жаққа сапар шексек пе деген ойға да келіп тұрмын. Бірақ бұл алдағы нәрсе. Оны соңынан көрерміз. Солай ма, Нүрес? — деді Ораз иығынан бүріп ұстаған күйі Нұрымға бүркітше шүйіле түсіп.

Асанмен сөйлесіп отырған Қажымұқан бұлардың әңгімесін бөліп жіберді.

— Ол қандай қожайын тағы жер астынан шыға келген? Мен көрсетейін оған дәкіменттің қандай болатынын, — деп Қажымұқан ішкі қалтасынан ақша салатын шиланын алып ашып жіберді де, төртке бүктеп салған губерналық советтің қағазын Асанның алдына тастай берді. — Оңы мынаны, оқымасаң да бір қарап қой, кім қол қойып, қандай мөр басылды екен өзіне! Әттеген-ай сен тек хат танымайсың. Мен де орысша сөйлей алғанмен, құрғырыңды жүргізе білмеймін. Әйтпесе бір келістіріп оқып берер едім шіркінді. Мен бұл дәкіментті қалай алғанымды айтсам, оның өзі бір кешке таусылмайтын әңгіме. Бұл соңынан. Қырық үй балықшының қолынан суы мен балығын бір құдайдың өзі тартып алмаса, енді ешкім ала алмайды, — деді ол үйді басына көтеріп сөйлеп. Сөйтті де Асанның шақшасын сұрап алып, Қажымұқан алақанына түсірген насыбайды қос бармағымен шымшып иіскелей бастады. Сүлеймен мен Асан да документке үңіле қалды.

— Қырық үй емес. Мына Асекеңмен мен де кірейін деп отырмын балық артеліне. Белкүллі, жүз үй боламыз күзге қарай, — деді Сүлеймен қағазды қолына алып, алдымен оның мөрі штампына қарап.

Асанның көзі де үлкен мөрдің көк сиямен басылған айқын таңбасына түсті. Сүлеймен қағазға қатты риза болған пішінмен ыржия езу тартты да, бірақ Асан келген бойдағы тұнжыр қалпында қалды. Ол ішінен: «Мынаның мөрі де мықтысын мықты сияқты. Бірақ ана Нұрыш әкелген қағаздың да мөрі осал көрінбейді және біреу аз дегендей екі жерден басқан, атаңа нәлетті» деп ойлады, күні кеше өз көзімен көрген жаңа қожайындардың аренда қағазы есіне түсіп.

— Айналайын, мынаны оқышы, көктен тілегенді жерден берді емес пе, мұның аты! Бұл белкүллі, үлкен тойдың басы. Жалғыз сиырымды сойып той жасаймын мен бұған. Бүкіл Аңқаты бойындағы халықты шақырамын. Ол аз болса болыс қоластын тұтас шақырамын. Бүкіл ел-елге жар саламын. Аман болса Текеңнің базарын балықтан толтырып, Сарытауға дейін жеткіземін, Мәскеу мен Петербурыңа да жіберемін Шалқардың cap сазанын! — деп көтеріле сөйлей бастады.

Насыбай иіскеп отырған Қажымұқанның еңсесі де бұрынғыдан едәуір жоғарылай түсті.

— Сүлеке-ау, менің орысша оқи алмайтынымды өзің білесің, маған неге ұсынасың. Әлде қазақша жазылған екен деп қалдың ба? — деді Нұрым қағазды Оразға ысырып.

— Маған белкүллі, бәрібір. Кім оқыса да оқып берсе болды, құй қазақша, құй орысша жазылсын.

Қажымұқанның көзіне бұл қағаздың құдіреттен де күшті көрінетінін Ораз алдақашан білген еді. Жалғыз Қажымұқан емес, бүкіл шаруа атаулыға бұл документтің мәні өзгеше екенін сезіп Ораз жалма-жан оны оқып беруге кірісті. Бірақ ол қағазға қарап ежіктеп аударып жатпады — дәл мағынасын өз тілімен айтып берді.

— Тыңдаңыздар! Совет хұкіметінің декіреті бойынша Ресей қоластындағы жер мен су маңдай терін ағызып еңбек ететін қалың қара шаруаға беріледі. Бұрын бар байлыққа ие болып келген арам тамақ, жатып ішер алпауыттар мен бай-бектер бұдан былай жер мен суға қожа емес. Хұкіметтің де, жердің де, судың да, темір жолдың да, фабрик-заводтың да қожасы кедейлер. Сондықтан Оралдың губерналық атқару комитеті казак-орыс байлары мен қазақ бектерінің мүлкі болып келген Шалқар көлін айналасындағы қалың кедейге яғни балық кәсібімен күн көрген шаруаларға берілсін деп ұйғарды. Бұдан былай көл иесі — балықшы артелі.

Орал губерналық советінің атқару комитеті.

Төр аға орнына: Петр Парамонов.

Атқару комитетінің мүшелері: Меңдікерей Ипмағамбетов, Әбдірахманов Әйтиев, Андрей Колостов.

Хатшы орнына: Қапи Мырзағалиев, мөрін басқан Багдановка советінің төрағасы депутат Довженко. — Міне документтің қысқаша мазмұны. Түсіндіңіз бе? Ал, түсінсеңіз, ақсақалдар, әңгіме мынадай: қолында асыл қазынасы бар адам «қазынам бар!» деп айқайламайды, оны ақылмен пайдалануға кіріседі. Өйткені достан бұл күнде дұшпан аз емес, азғын адамдар аяқ астынан шыға келеді. Араларыңда азғырушы жүрмесін. «Байларға, бектерге қарсы ештеме бітіре алмайсыңдар», деп жасытушылар да кездесер. Бірақ онан қорықпаңдар. Бір қол, бір жең болып қолдарыңа берген асыл қазынаға не болуға тырысыңдар. Сендерді қолдайтын хұкімет барын міне көрдіңдер ғой, — деді Ораз.

— Естідіңдер ме? — деді Қажымұқан Асанға қарап, — бұрынғы қожайындардың маған енді пұты бір тиын.

— Илаһи, солардың пұты бір тиын-ақ болсын. Мейлі тіпті жарты тиын болса да, менің көңілім баяғыдай — оған қайғырар мен жоқ. Бірақ ана сенің Нұрыш туысқаның кеше маған су да, балық та менікі, міне қағазы деп, қалтасынан суырып алып, екі жерден мөр басқан сала құлаш сары қағазын көрсетті. Көрсетіп қана қойған жоқ «кәсіп еткің келсе менің ауымды тартасың, тартпасаң Шалқарға аяғыңды қия баспайсың» деп мыңқылдады. Мен міне, соны көріп келіп отырмын. Ол ол ма, онан да зорын істеп жатыр Шұғылдың баласы, — деді Асан.

— Нұрыштың сөзін сөз деп, сен де, Асеке, жоқ нәрсені айтасың-ау, сол үшін мұңайып, а? — деді Сүлеймен.

— Тағы не жасапты? — деп Қажымұқан айқайлай түрегелді.

Асан оған ренжіген пішінмен:

— Маған неге айқайлайсың, сен. Шұғылды қожайын қылған мен деп ойлайсың ба? Көлің, балығын оған аз. Ана Ханжұртын бұрнағы күні бар машинесін салып сипап салған. Сағадағы сорлыларың «жалғыз сиырға он-он бес шөмеледен пішен аламыз деп отырған шабынымызды да шауып алды» деп зарлап отыр, — деді.

— Мен қазір кетемін. Көрсетемін мен ол Шұғылдың баласына көрімді, ол шапса — мен шапқан шөбін тасып аламын. Жалғыз мен емес, бүтін Сағадағы елді ертіп шығып мен оған көрсетемін көресісін. Елірген екен, мырық неме. Әкем бай, інім хакім болды деп. Менің де табан тірер жерім, сойылымды соғатын елім бар, — деп қызынды Қажымұқан. Үйде отырған Сүлеймен, Асан, Нұрымдар болып оны қайта отырғызды.

— Жеті түнде ештеме бітірмейсің. Ертең ертемен кетсең де кештік етпейді. Бірақ туған-туысқандармен ақылдасып алып, іс істеу керек, — десті.

3

Асанның шамалауы дұрыс болды. Жүніс тұйық көрінді.

Сәлем беріп кірген Қажымұқан мен оның жолдасына хажы салқындау пішінмен амандасты да төрден орын көрсетті.

«Мұның кірбің қабақ отыру себебі не болды екен?

Мені баласымен бірге Қара Обаға аттандырғанда «Әбдірахман не ақыл айтар, Қален екеуі заманы бір дос жандар еді. Мына бүлікке өздері тиым сала ма, болмаса кәрі Жүніс атқа мінсін дер ме? Біл. Тез қайт», деп еді. Қазір жүзінде не қуанған, не асыға хабар сұрайтын пішін жоқ. Әңгіменің басы не болар, түбі неге соғар? Хажы көзінің астымен Оразға бір қарап қойды да, Қажымұқаннан:

— Мына баланы мен танымадым білем. Бұл қай бала? — деп сұрады, «оқыған, ел басқаратын» деген сөзге елең еткендей болып.

Бірақ ол жас қонақтың оқыған жігіт екенін кіргеннен-ақ шамалаған-ды, киімі қазақы болғанмен, жүріс-тұрысы білімді жанның сипатын аңғартып-ақ тұр еді. Қажымұқан шапшаңдап тамағын кенеп алды. «Қалай, икемге келіп қалған жоқ па? Тінін тауып тартсаң қартыңның қыртыс-тыртысы жазылар» дегендей ол Оразға жымың ете қалды.

— Хажеке, сіздің танымай қалуыңыз ғажап емес. Бұл бір біздің ауылға сиректеу қатынасатын жүнбастау жиен. Алма апайдан туған, Қынық Жанұзақтың баласы Ораз деген жігіт осы болады. Бор мен жоса сатпайтын Қынық пен Сасай бар ма, Жайық бойында жоса сатып жүр екен, менімен бірге келді нағашыларыма барамын, деп. Бүгін сізге сәлем беремін дегенсін ертемен алып келгенім.

Жүніс Оразға тура қарап:

— Ә, Мерғалидың жиені ме. Енді білдім. Аман-есен бе, шырағым. Әке, шешеңнің дені сау ма? Жанұзақтың оқыған баласы бар деп естуші едім, сен сол екенсің ғой, — деді.

Жүніс мәсісінің қонышын тартып, қыртысын жазды да, желбегей жамалған сары нәнке бешбетінің омырауын қаусыра түсті. Оның жүзі аздап сергігендей болды.

Ораз жүгініп отыр еді, сөйлерде орнынан қозғалып еңсесін көтеріп алды.

— Шүкір, нағашы! Өзіңіз де сау, сәләматсыз ба? Атам Исаның кім болғанын анық білмеймін, ал, әкем Жанұзақ Ілбішін мен Бударин казак-орыстарының қасқа сиыры қанша, ала өгізі нешеу — соны түгендеп күн көрген адам. Сонда да оның көңілге медеуі бар еді, ол — Сырым да қой баққан, атадан арызымсыз алтау да туады, жемін алып жей білмейтін жетеу де туады; бар болсаң — аспа, жоқ болсаң — саспа; үлкенге сәлем бер, кішіден әлик ал, — дейді. Сол әке сөзі кеудеге хат боп, ақылгөй кәрияға сәлем беріп шығайын деп келдім. Және нағашысы жаманның жиені оңбас деген ат маған сіз жағынан жұқпайтынын білсем де, қызыл тілге тиек жоғын ескердім. Ертерек келгенімді кешірерсіз, — деді.

Жүніс Ораздың бетіне тік қарады. Ол үндемей бір сәт ойға тиек берді.

Сөзді орынды жерде ғана орнына дәл жұмсайтын, реті келмесе жас түгіл кәрімен де шешіле сөйлеспейтін Жүніс кешікпей Оразбен жарасымды әңгімеге көшті. Бұл жігіттің Жүніске ұнағаны: алғыр сөйлейді, жүйелі сөйлейді; арғы жағында сенер ой бұлағы мен сөз жүгірер арнасы түзең сияқты. Қален учитель де ақылды, салмақты, білімді адам, бірақ сөзге жүйрік, тіл безеген адам емес. Ал мынау топқа түсер белі бекім палуандай еркін, аяқшыл аттардай еңсесі жоғары. «Нағашы жағында кім бар... Құлбарақ бидің сөз саптасы деуге арасы алшағырақ. Мүмкін өз тұқымында бір сой бар шығар», деп ойлады Жүніс Оразға риза болып.

— Шырағым, Қажымұқан жиен деп әзіл айтты, ол да жөн. Алайда өнер түрлі, кәсіп — өнер арқауы. Жоса қазып, бор сатқанды мен айып демеймін. Ал менің байқауымша бұл бас кәсібің де емес, қанағатқа жарар өнерің де емес. Сөз әлпіңнен көрініп тұр — жақсыдан өнеге алған баласың. Баяғыда әкеміз айтып отырушы еді: әр кезеңде ұл да туады, ұлға жарарлық ат та туады; Нұралының өктемдігі — ақылды Сырымды, хан Жәңгірдің ақылсыздығы — ер Исатайды туғызды, — деп. Бірақ заманның жыры басқа. Ит сүйекке қақалмас дейтін қағидамен жүретін жебір би мен ардаңдаған әмірші елге өнеге емес. Елге өнеге беретін жігер мен ақыл иесі жандар. Сен біздің баламен замандас екенсің, өрер жерің мен өрісің бір жотаның асты мен үсті болған. Сол баланың не істеп жүргенінен хабардар емессің бе? Қала беттен келесің ғой, кеше ертемен дүңкіл естідім, әркім оны әртүрлі жориды, бірақ бұл соғыс алды деп білем. Жақсылар не дейді екен, ел үсті майдан астында қалып һәләк болмас па? — деді қарт Жүніс жас жігіттен үлкен үмітті жауап күтіп.

Ол бұрынғыдан анағұрлым жадырап сөйлеп, жас оқымыстыға жоғары бағалап терең сауал бергенмен, оның қандайлық жауап қататынын сынау ниетінде болды. Мұны Ораз да түсінді. Ол бұрын топқа түсіп жарып сөйлеп жүрмесе де, дос-замандастар бас қосқан жерде әрі батыл, әрі тапқыр жауап айтқан. Бірақ бұл жауап үлкен сын, мұнан көп нәрсенің тағдыры шешілетіндей көрінді. Өмірде көпті көрген үлкен сынды жерлерде ел тағдыры шешілетін қиын тартыстарға түсіп жүрген тәжірибелі шалдың көңіл қошының жоқтығы үлкен өзгерістің дүмпуінен екенін аңғарып қалды. «Ел үсті майдан астында қалып һәләк болмас па? Жақсылар не дейді екен?» дегені — мені ұлы дүбірмен бір дегені, менің жауабым — жақсылардың жауабы болғаны. Қарт екі жолдың айырығында тұр. Әбдірахманды, Сақыпкерейді, Бақытжанды, бізді қолдап Қаленге ара түсе ме? Әлде шынтуайтқа келгенде жасыған жездей майырылып, бектер мен сұлтандар, қазіреттер мен билердің сапында тұрып қала ма? Онда мына дүмбірлеген көп кедей өзіне езі палуан боп Жымпиты әміршілеріне шүйдесін көрсетуге тұрыса алар ма? Жоқ, штаб барлық күшті негізгі жауға қарсы шығар деді ғой...» деп ойлады Ораз.

Ол Жүніске таман жылжи қомдана түсті; еңсесін көтеріңкіреп алып, бір шалды билей алмайтын несі бар дегендей, төстеп сөйлеп кетті.

— Ардақты нағашы, әділ сөзге бала да тоқтайды, дана да тоқтайды. Әр кез өзіне лайық бетке ұстарын белгілейді деген данышпандық сөзіңіз бізге сабақ есебінде. Біздің бетке ұстар жақсыларымыз бар. Олар: жер бітіп, су аққалы көксеп келе жатқан теңдікке, әділдікке аяқ басып тұрмыз. Бұл бірақ оңай қолға түсер олжа емес: ерлік пен тапқырлықты керексітетін, құрбандығы мол, қару айқастырып, қан төгісетін жол деседі. Ана сіз айтқан дүңкіл сол майдандасқан екі жақтың зеңбірегінің дауысы. Қазір майдан үсті Тасқаланың арғы жағы, кешікпей Текеге төнбекші; күзден қалмас, күзден қалса — қыстан әрі кетпес. Жайық өлкесінде озбырлық етіп келген атамандар мен жандаралдан, жер мен судың шұрайлысын атасының ақ мүлкіндей иемденіп, жатып жеп ыңғыршағы айналған борсықтардан босатамыз; қамшы үйіргендерден құтқарамыз; хан мен сұлтандарға қарсы тайталасып келген қара қазаққа теңдік әпереміз, жетім мен жесірге қамқор боламыз, барға жоқты жем етпейміз, бағасын түсіріп еңбекті қор етпейміз деп тұр. Мына Қажекең сияқты (ол Қажымұқанды қол шошайтып көрсетті) балықшыларға, біздің ел сияқты сіңірі шыққан кедейлерге тәңірдің өзі берген бай қазына — балықты Шалқарын қолына ұстатамыз, — дейді. Міне, жақсыларыңыздың айтатыны. Іні — ағаға қарайды, аға — данаға қарайды. Жайықтың саласы мол, бірақ ол салалардың құяр арнасы бір — басы бұлақ, аяғы теңіз. Сондай-ақ жалпақ сахарадан жас талапкер аңдап өрсе — олардың құшақтасар жері халқы емес пе? Халық дегеніміз мына сіз сияқты ардақты атаның алды ғой. Өзіңіз айтқан Хакім мен біздің өрер жеріміз де, өрісіміз де биік жонның асты мен үсті — ел. Мінгеніміз бір кеме, жүзеріміз бір дария — ел. Алма, піс, аузыма түс деп шалқамыздан жатсақ, сіз бізді ұл деп танымас едіңіз. Сондықтан, көш алдына жүгірген қолды-аяқтай балаңыз біз болып тұрмыз; ал, көштің қонар жерін сіз дайындағансыз, — деді. Қажымұқан қымызды сіміріп-сіміріп жіберді, «ой, шіркін, мынау Жүкеңнен басым жатыр сөзге. Бәрекелде! Алдын орай бастады», деп ойлады ол. Хажы Ораздың аздап қызғылт шырай жүгіре бастаған үлкен көзді ақшыл жүзіне қадалып қалды. Ол сақалын сипады, сөз саптады.

— Семіздікті қой көтереді дейді. Опасыздың — көбіне байлықтан. Жиреншенің көсіліп жатар жері де болмапты деседі. Ал, ақыл мен адамшылыққа Жиреншеден асқан адам аз ғой. Сен шырағым, көзін май жапқан балпаң жүрісті мырзалары көп шіренген елдің баласы емессің. Мен мұны жақсы білемін. Сенің елің аузы тұщыдан көрі ащыны татыңқыраған, жамбасы жұмсақтан көрі қаттыны көбірек көрген ел. Сондықтан сен де, мына Қажымұқан да еріккеннен салтанат үшін сарғайып жүрген жоқсыңдар. Мен сырттарыңнан не істеп жүргендеріңді, не ойлайтындарыңды шамалаймын. Өз жемдеріңді өздерің алып жейтіндеріңе көзім жетеді. Сондықтан батамды бергеннен басқа, айтар ақыл, көрсетер күш менде шамалы қалды... — деді Жүніс.

Ораз қымызды бір жұтты да, тостағанды жерге қойды. Атақты Қостәйке палуан айтқан екен, — деді ол: — Өй, шырағым, Бүкінің баласы күпілдегенде сөздің түбін түсіресің, батырлық айтсаң сенен асқан ел жоқ. Ал әгәрда бар Бүкі бір күнде өлсе, көміп үлгеру менің қолымнан келер-ау; ал мен өлсем, мені бәрің жиылып бір күнде көміп үлгіре алмайсыңдар ғой, деп қорқамын, — депті. Жұрт Қостәйкенің айтқаны келген екен деседі. Қазған қабырдың лахаты тар келіп бір мәртаба оны қайтадан кеңітіпті; онан кейін аяғы симай қабырды үш мәртәба ұзартып қазып, қараңғы түскеннен кейін жерлеуді келесі күнге қалдырыпты-мыс. Сол сияқты, сіздің игі батаңызбен бірге, айтар ақылыңыз да, көрсетер қайратыңыз да әлі ұшан дария, ол Қостәйкеден де зор. Онымыздікін қоссақ — сіздің топ бастар тәжірибеңізге жетер ме, болмаса бәріміздің ақылымыз — сіздің алқалап айтқан жалғыз сөзіңізге тұрар ма? Өзіңіз айтқан адыраңдаған әміршілердің арсыз ісіне тиым салуға, атқа мініп әділ сөз айтуға жиын жасап жатыр деп естідік, жолыңыз болсын. Сіз басшы, біз қосшы, — деді жас жігіт хажіге сәл басын игендей ишарат етіп.

— Імм... қымыз іш, шырағым, қымыз іш, — деді Жүніс, ақырын ғана сақалын жұмсақтап бір сипап өтіп.

Ораз оның ойланғанын, бірақ тағы да көмейінде сөз қалғанын сезді. Қымыз сіміріп жатып, ол да ойлана түсті. «Қажымұқанның жүз шырайына қарағанда орынды айтқан сияқтымын. Бірақ жеңіл қолбалалық сөз болып қартқа қанағатсыз көрінбесе», деп күдіктенді ол, айтқан сөздеріне аса көңілі толмай.

— Қылтиып өсіп келе жатқан көк құлақ тарыдай ана жас балаларға тәлім-тәрбие берерлік, мына Қажымұқан сияқты еті тірі жігіттерге ақыл-өнеге айтарлық, көбімізге ыстық жайда көлеңке болған өшетілімізді тал түсте мылтықпен келіп айдап кетті. Үш-төрт күн өтті. ұшты-күйді хабарсыз кетті. Сол азаматымыздың жайын білуге адам жіберіп едім, «қамап, жауаптау үшін Қызылүйге асырып жіберіпті» деген бүгін тіл алдым.. Шұғыл сияқты адамдар бір тайы жоғалып, тескен тау өтіп кетсе де, оны жар салып, адам аттандырып тауып алады. Тайы үшін майдан тігісіп тұруға бар. Ал, менің қуайын дегенім азаматтық ар, жоқтайтыным жұрт серкесі. Ел шауып батырлық көрсетейін деген парықсыз жел кеуделік емес. «Қызыл ит сені білемін!» деп Қожа Насредин айтқандай, болысқа: «Мен сені білемін, айдаттырып алған сенсің, тауып беретін де сенсің. Қален сенің жесіріңді алып, желіңді кескен жоқ. «Бармақ көтерсең — жұдырық бар, қамшы үйірсең — қада дайын» деген әділ талап еді. Бірақ ат жалынан ұстап мінер қайрат кеткеннен соң топ бастап біз ұқсата алмаспыз. Кейінгі жастардан он бес-жиырмасын жіберіп қана теңдік сұрайын деп отырмын, — деді қарт.

Сөздің жақсы арнамен басталып кеткеніне, тұнжыр қарттың бірден бірге серги түскеніне, жас жігіттің ақылды сөзіне іштей қатты риза болып, көзі жайнап отырған Қажымұқан, тізерлеп еңсесін көтеріп алды.

Жүке, мен өзіңізбен келісіп Әбдірахманды іздеп тауып жөн-жосық сұрауға Қара Обаға барып келгенімді өзіңіз көріп отырсыз. Айналасын көрмейтін көртышқандай жыбырлап үйден шықпайды екенбіз, ештемені көрмейді екенбіз, ешбір ғадалат сөз бен асыл істі естіп-сезбейді екенбіз. Мен дүниеге жаңа келген адамдай болып қайттым. Сөзімізді сөйлейтін, басымды қорғайтын хұкімет адамдарын көзіммен көріп, қолыммен қолын ұстап қайттым. Жер мен су яки соның барлық байлығы маңдай тері мен жұлын күшін жұмсаған кедейдікі деген қағаз алып қайттым, міне қағазы. (Ол қалтасынан Совдеп берген документті суырып алып Жүністің алдына тастай берді.) Өзімді комитет боласың, кедейіңді қорғайсың деп тағайындады шияздан кейін. Қолыма қару берді. Керек болса ертең келіп мың мылтық ал деді. Миыма ми қосты. Әкем Жантілеу көрден тіріліп келгендей болдым. Мен енді ешкімге қолжаулық бола алмаймын. Мені сүйейтін күш көп, оның шетін өзім көріп қайттым: Жайық жағасы толы ғаскер, жыпырлаған адам, бас құраған шияз, ағылып келіп жатқан халық. Соның ішінде сіздің балаңыз бен екеуміз де араласып кеттік. Ми жетпейтін жұмыстар көп, мен оны ептеп Хакім мен мына Ораз жиеннен әбден қанып білдім, сұрамағаным жоқ. Міне менің көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп келгенім. Бүкіл тау алқабының, Қарақабақ пен Қос Обаның шабыны аздық етіп Шұғыл кеше біздің ана бір-бір сиырға деп отырған Ханжұртының шөбін шауып кетіпті. Шөп — шөп қой, онан да зорын шығарыпты. Шиеттей бала мен қатын-қалашты асыраймыз ба деп отырған, талшық етіп отырған Шалқарды менікі депті. Бұрынғы қожайындармен бірігіп, Жымпитыдағы мықты баласынан қағаз алып келе ме, қалай, әйтеуір көлдің балығы менікі, ау тартса кедейлерге ақысына жүзден бес балық беремін дейтін көрінеді. Мен ана қара сирақ кедейлердің жүзін жинап апарып, бүгін барлық Ханжұртының шөбін тасып аламын, бұл — бір. Артельдің билігінсіз Шорақтың баласы әкесін, Шұғылдың баласы көрдегі атасын алып келсе де көлге аяғын бастырмаймын. Атысса атысамын, шабысса шабысамын. Бірақ мені басқа ағайындар бұзықтық істейді деп түсінеді. Сондықтан маған сіздің әділ-қазылық сөзіңіз керек. Қасымда ақыл беретін өзіңіз отыруыңыз керек. Шалқарды Мақар мен Шорақ тонап, ояз бен жандарал келгенде біздің сөзімізді сөйлеген сіз емес пе едіңіз?! Кеше, жігіт аларда болысты байлап алуға ертіп алып шыққан сіз емес пе едіңіз?! Осы күнге дейін сөзімді сөйлеп келіп, енді нағыз теңдікке қол жетер деп үміт кемесіне мінгенде сіз жағада қалмақсыз ба? Жоқ, Жүке, сіз ошақ басының адамы емессіз. Ошақ басында отырушы шалдар сансыз. Жұрт сізді біледі. Қажымұқан әлі белгісіз адам. «Кім бар екен — Жүніс бар ма екен?» — деп сұрайды ертең жұрт. Ана Құл мен Тоқсаба, Бүкі мен Қожакелді: «Қараның бір әділ биі Жүніс еді, ол шықса біз онымен біргеміз», — дейді. Ана бастағы, Сағадағы, таудағы, осы жердегі, ортадағы ауылдың бәрі де Жүністің сөзін тастамайды, Жүністің соңына ереді. Батагөй қарт ішімізде боласыз. Тап бүгін бөлініп қалуыңызды мен өз басым түсіне алмаймын, — деді Қажымұқан.

Жүністің түсі бұзылып кетті. Ол Қажымұқаннан тап мұндай аталы сөз шыға қоймас деп ойлап еді. «Тентек кедей. Бұзықтығы да аз емес еді. Бұл сөзге де жетіліп қалған екен. Комитет... Большевик... Біздің бала да осылармен бір, Бақытжан, Әбдірахман, Қален, мына Жанұзақтың үлкен көзді өткір баласы! Қара қазақ тұтас...»

— Мен Қаленді босаттырамын деп айттым ғой, Қажымұқан, сендерге айтатын сөзімді. Сөзім — сөз, — деді Жүніс қабағын түйіп.

Қарттың қабақ түюі зәрлі болмаса да, керексіз екенін сезіп Ораз жұмсарту әдісін іздеді. Ол сәл ғана кідіріс беріп, қымызды ішіп алды да, Жүніске бұрылып:

— Әжі нағашы, менің бір сізге айтар тілегім бар. Бола ма? — деп сұрады.

— Болады, шырағым, — деді Жүніс азырақ босаңдау үнмен.

— Әжі нағашы, жеткізіп айта алмасам кешірерсіз. Біздің елдің жақсы адамдарының аузынан естіп едім... Атақты «Ел ауада» босқан жұрт арып-ашып, әрі жүруге дәрмені келмей, мал қырылып, жан өліп, Бабатайқайыңнан кері қайтыпты. Жасыған елді жазғыру үшін патша хұкіматының адамдары елге шығыпты. «Ереуіл жасап, бас көтеріп елді бұзған адамдарды тап» деп, ел жақсысын жиып қыспаққа алыпты. Әсіресе босқан елді күшпен қайыруға шыққан «Капитан Акутинді кім өлтірді, соны тап» деп қысқан. Іс қиынға айналып, жазықсыз жандар жазалануға бет алғаннан кейін Жарқын Жүніс би айтыпты: Ақ-көтенді Сеңгірәлі батырдың өзі өлтірді, Жүністің сөзі өлтірді. Өлтірушіде кінә жоқ, көзеушіге айыптарыңды сала беріңдер, — деп. Сонда тергеуші: «Жүніс кім? Ол не деп көзеді?» дегенде, он екі жасар жас бала (Ораз Жүністің жүзінен өзгеріс іздеп, көзін айырмай тура қарап сөйледі) ортаға шығып: «Жүніс — мына менмін. Мен Сеңгірәлі батыр мен Бегімбет садақшының атын бағып, түнде жасаңға оттатып, ертемен суарып, ерін салып жетектеп әкеліп, жүйріктерін алдына тартушы едім. Жалаң қылышын жарқылдатып көшке шауып келе жатқан Акутинді көріп Бегімбет садақшы Ақ-көтен қайсысы? — деп сұрады. Сонда мен алдыңғы екеудің оң жақтағысы, — дедім. Бегімбет жауырынын қиғаштап, садағын тарта берді, қозы жауырын оқ аттың мойнын жарып өтіп кетті де, Ақ-көтен құлады, екінші оқ, үшінші оқ кейінгілерінің өздерін сұлатты. Кері шапқан әскерге араласып кетіп Сеңгірәлі үшеуін шаншып түсірді. Батыр қайтып келгенсін: ата, Ақ-көтен өткен жұмада тамашалап жас сәбиді найзаның ұшына іліп, шырылдағанына шаттанғанын өз көзіммен көрдім. Енді өзі қайтер екен, шаншып көтеріңізші дедім. Сеңгірәлінің найзасы төнгенде Ақ-көтен бауырымен жорғалап батырдың алдына барды. Не дегенін түсінгенім жоқ. Бірақ еңірегенін көрдім. «Міне, менің тіліммен өлтірді» депті Жүніс. Би Жүніс оған: «бала, сенің атың да Жүніс пе еді. Шырағым, болып тұр екенсің. Уақытың алда, істер ісің мен сөйлер сөзің де алда. Жолың ұзақ әрі даңқты болсын!» депті ғой сізге... — деп Ораз Жүністің иығына таман қолын созып қалып, жалма-жан кері қайырып алды. Жүніс күліп жіберді.

— Оны кімнен естідің, шырағым Ораз?.. Айтушылар асырып айтады. Ажарлап жібереді... «Емшектегі баланы шанышқанда бет тамыры бүлк етпейді, өзін шанышқанда шіміркенер ме екен, Сеңгірәлі аға», деген бір-ақ ауыз сөз айтылған шығар... Жұрт қосып айтуға ежелден бейім... — деп қарт сақалын бір рет жұмсақтап сипап өтті.

— ... Тап сол жас Жүністей сөз кәдесіне аспасам да, ат қосшылық кәдесіне асармын. Мына үлкен сапарыңызға мен де ерсем қайтеді? Нағашы, тілегім осы еді, — деді Ораз.

Жүніс Ораздың иығынан қақты.

4

Жаз күні кішкене землянканың есігін шалқасынан тастап ұйықтайтын Қажымұқанның ежелгі әдеті болатын. Үйдегі ерінің үйреншікті қорылына құлағын салып Манар біраз уақыт көзін жұмбай есіктен сыртқа қарап жатты. Дала тып-тыныш. Ай орағы таң білінер кезде ғана көрінетін түннің бір қараңғы кезі еді. Ал қара көк аспанның есіктен көрінген үшкілдей бөлшегі бейне бір нілдеп-нілдеп жайып қойған біртартар сияқты — арғы жағынан әлде нелер қараңдап кеткен сияқтанады. Манар мезет көзін жұмып, сыртқа құлағын тіге түсті, — сай жақтан дүбірлеп басқан аяқтың дыбысы естілгендей болды. Ол көзін қайтадан ашты да:

— Ақырын, үйді басыңа көтердің ғой, — деп шынтағымен Қажымұқанның бүйірін түртіп қалды. Бірақ қатты ұйқыға кірген Қажымұқан оған селт етпеді. Оның үздік-үздік шыққан ілкі іркіс қорылы қазір құйқылжыған күйге айналып үй-ішін жайма-қоңыр дыбысқа толтырып жіберген еді. Манар әрігіректегі дүбірді анық айыра алмай басын көтеріп отырып тыңдады, үйге келе жатқан бірнеше адамның аяқ басқаны енді оған анық естілді және есіктен көрінген қара қошқыл аспанның кішкене бөлшегінде ербеңдеген қоңырқай көлеңкелер елестеді. «Жаман қайнаға мен Кенжекейлер ме қайтадан келе жатқан? Түн ішінде тағы не тығыз жұмыс туып қалды. Мына бишараның ұйқысын бөліп жібереді-ау, рақаттанып қорылдап жатыр еді», деп ойлады әйел ерін аяп. Үйге жақындағандардың саны, дүбірге қарағанда, көп адам сияқтанды, бірден екі зорайып, есіктің қақ көзінен келе жатқан елес, көлеңкелер де бір топ болып көрінді. Әйел түрегеліп есікке таман келді де, үйге жақындап күбірлесе қалған адамдардың сөзіне құлағын тосты.

— Осы үй ме? — деп сұрады бір дыбыс. Оған өте ақырын үнмен екінші адам:

— Осы, осы. Есігін ашып ұйықтайды, әне үңірейіп тұр, — деді.

Есігі мен төрінің қарыс аттам арасын қармалап басып келіп әйел ерін жұлқылап оятқанша дүбір есікке де таянып қалды.

— Бұ не, бұ не, қызыл өгіз бе? — деді шала ұйқы Қажымұқан басын көтеріп.

Ыстықта сенекке кіріп үйренген қызыл өгіздің үйге басын сұғатын да әдеті бар-ды, дүбірді құлағы шалып қалған Қажымұқан үйге өгіз кіріп келе ме деп ұйқылы көзін уқалай түсті.

— Жоқ... дүбірлеген көп адам «үйі осы ма?» деп сені сұрап келе жатыр. Жеті түнде бұл қандай дүрлігіс? Қайдағы адамдар? — деп әйел үрейлене бастады.

— Адам?.. Қайдағы адам?.. мені сұрайды дейсің бе? Қажымұқан сөзін аяқтап үлгірмеді — топырлаған адамың екеуі үйге кіріп келді.

— Бәйбіше, шам жақ! — деді алдыңғысы өктем үнмен. Кейінгісі шырпы шағып қалды; төсек үстінде отырған Қажымұқан да кіргендердің таныс адам емес екенін көріп әйеліне:

— Шам жақ, шам жақ! — деді.

Қазандық иығында тұрған май шам сығырайған кезде есіктен басын сұққан кейінгілер, жасырынбак ойнаған баладай, жылт етіп кері шегініп кетті.

— Қажымұқан Жантілеуұлы, сенбісің? — деді ілкі өктем үнді адам.

— Ия, менмін. Жол болсын, жоғары шығыңдар, — деді Қажымұқан орнынан тұрып.

— Киін.

Аң-таң болған Қажымұқан:

— Не шаруа... осы жерде айтуға да болады ғой. Қай жақтан келген жігітсіңдер, танымадым? — деді.

— Киін, киін! Былай шыққасын білесің! — деп өктем үнді оған жақындай түсті. Бей уақта келген қатаң лебізді түсі суық адамдардың тегін жүрмегенін әйел ерінен бұрын сезді.

— Ел болсаңдар — елміз деп, жау болсаңдар — жаумыз деп жөндеріңді айтпайсыңдар ма. Жеті түнде қайда барады — өзі жолдан келген адам... — деді Манар дірілдеп. Әйелдің көрікті ақшыл беті май шамның өлмеші сәулесімен келгендерге сары жолақтанып және өте-мөте ат жақты болып көрінді.

— Сары қатын, саған қалған әңгіме жоқ. Тез байыңның киімін тауып бер, әйтпесе ат құйрығына көйлекшең байлап әкетем, — деді тосыннан келген әмірші адам.

— Бұл Нұрыштың... Шұғылдың ісі... Ана ізің кесілгір старшын қайнағаның ісі... Жеті түнде келіп жазықсыз адамды жетектеп, ат құйрығына байлаймыз деген не сұмдық! Кім барсың! Сыртта кім бар? Қайдасыңдар! Ойбай, кім бар!..

Әйел айқайлап жылап сыртқа қарай ұмтылды. Бірақ есік жақта тұрған екінші адам Манарға:

— Өшір үніңді, жағың қарысқыр. Өшір дегенсін, өшір! — деп жекіріп, кері итеріп жіберді. Сөйтті де ол: — Әй, әкел арқанды! — деді кейінгі жақтағыларына. Тағы екі адам кіріп келіп бешпет-шалбары мен етігін киіп үлгірген Қажымұқанның екі қолын артына қайырып байлай бастады. Апыр-топырмен сөніп қалған шамды бірі қайтадан жағып, екіншісі шырпы шағып жарқ еткізіп, жайбарақат жатқан Қажымұқанды жабылып байлап алды да, үйге кірген бесеуі кері шықты. Бұларға сыртта қалған тағы бір-екі адам қосылып бірі арқанның ұшынан жетектеп, бірі екі қолы байлаулы адамды желкелеп айдап дүркіреген күйі үй алдындағы Жалпақсайға түсіп кетті.

Бұлардың ізінше үйден айқай салып ойбайлап жылап шыққан Манардың даусы бүтін сағаны басына көтерді, Аздан кейін тас қараңғыда ана жер, мына жерден жүгірген жалаң аяқ, жалаң бас жандар толып кетті. Бірақ та, келгендер кім, Қажымұқанды олар қай жаққа алып кетті, оған жеті түнде не істемекші? — Мұны олар аша алмады.

5

Бірнеше күннен бері ауыздан ауызға көшкен аттаныс басталды.

Тәуір ат пен белді биелер екі-үш күн бойы белдеуге байланып, мезгілімен суарылып, түнде өрістетілмей ауыл алдындағы Қисықсайдың бойында өреленіп еді. Үйірден ұстаған тоқ жылқы бірер қайтара таң асырылып та алынған. Көптен бері қолға ұсталмай, жұбын жазып қалған бес қарудың тең түбінен ақ қанжары мен қайқы қара қылыштары алынып мойынға асылды, ер қасына тұқырта бірнеше құс мылтық ілінді. Тояш пен Шайдолла палуан тақымдарына айбалта қыстырды да, Асан мен Нұрым олжа винтовкаларын алды.

Сәске кезінде бестен-оннан топтанып үйді-үйдің арасында теңселе бастаған қарлығаш мұртты желпінген жастар мен қара сақалды салуалы адамдар өзен жағасына, Тартоғайға жинала бастады.

Ертеден бері дүбір-дүрмекке елегізіп, тай-құнанды балалар кең жайлаудың о шеті мен бұ шетіне мүше алып қашқандай, шапқыласып еді, қазір қару асынған жандардың соңынан құрт шабақша қаптап, олар да өзенге қарай ағылды. Сақалы күзгі селеудей желбіреген үш-төрт кәрі адам мардымсыз жылжып Қисықсайдың қыратына шықты. Ұзақ жылдардың бір ыстық, бір суығына қуарған қолдары мен жасыған көздерін көлкештеп олар да Тартоғайға қарасты; бастарын шайқап заман сүреңін тілдеді, бенденің азғанын айтысты.

— Ойда — ойран, қырда — қиқу басталды деген осы!

— Бұрнағы жылда ел осылай дүбіліп, басы зармен басталып, аяғы қарғыспен тоқтап еді!

— Бәрі адамның азғандығы! Ғаділ би қалмады, абыройлы іс болмады. Хакімдер елін талады, жетім мен жесір зар қақты!

— Міне, ел күйзелді деген осы да. Жүніс айтқандай: ауыл үстіне күнде-күнде ат ойнатса, азаматты сабаса, тоқтыдай өңгеріп кісімізді әкетсе, жазықсыз жанға мылтық кезеп, аттан құлатып өлтірсе — ел күйзелмей кім күйзеледі! Күйзелтті ғой азған хакімдер.

— Жүністі қозғаған да осы бастан асқан қылық, — десті әлгі қариялар.

Ауылдың өзен жақ шетінде кемпірлердің күңіренгені де құлаққа келді. Әсіресе зарлауық Дәмештің үні ала-бүле шықты. Оның: — Сен, болыс, ергізде екі болма! Мұншама сергелдеңге салғандай не жазып едік? Уә, көрер күнің көп болғыр, жалмауыз! — деген ашынған қарғысы су басына да естілді.

Ауыл үсті үн мен дүбірге толды. Үйде қалған еркек, әйел, бала-шаға түгел далаға шықты.

Сөйтіп, күнде, күнде қоқаңдап елге тақымы тиген жаңа әкімдердің көрсеткен зорлығынан ішке симай қайнап келген ащы зығыр лаң етіп сыртқа шыққандай болды; іркілген ыза-кектің бәрі болысқа ауды... Бас пәленің бәрі болыстан емес екенін Жүніс көптен түсінген. Бірақ ол ежелгі сақыра әдісін қолданды — болысқа шапты.

«Қызыл ит, мен сені білемін дегендей, болысқа: аттан құлатып өлтірткен Бақының жесір қатыны мен жетім баласын асыраудың қамын көзде. Айдатып жіберген азаматымды босаттыр. Мәгерки мұны істемейді екенсің, еруліге қарулы: жетім үшін — малыңды, азаматым үшін — ағаңды қолға ұстаймын. Жоғарғы хакіміңмен өзің сөйлес деймін. Әйтпеген күнде көк қару жастанған қалаға қыр көрсетуім терезеге тас атқан тентек баланың ісіндей болар. Ал іргелі еліңнен бөлек қонып, үркердей шеттеп отырған болыс ауылын сыңар уысыма да сиғызып алармын» деп ойлады Жүніс. Бірақ ол бұл ойын көпке салмай, істі әдіспен істеуге кірісті. Әрі болыстас, әрі іргелес отырған іргелі елдің бірі Тоқсаба еді. Болыс та сол Тоқсабаның бір атасынан шыққан болатын. Сондықтан ру намысын қозғап алармын деп, Жүніс көлденең көзден болысқа аттанғанын да жасырды. Тартоғайға келгеннен кейін жиналып тұрған жұртқа:

— Кәне, берегірек келіңдер, алқа-қотан иіріле қойыңдар, — деді.

Өзара қыжыңдап бір-біріне көз алартуы қалмайтын бұл бірнеше атаға бөлінетін ортадағы ауылдың тұтас атқа мінгеніне Жүніс қатты риза болды. Өз жігіттерімен келетін Қажымұқанды қоспағанда алпысқа тарта адам атқа мінген.

«Қадестен басқасы тегіс шыққан екен. Бұл жақсы ырым. Осы адаммен де бір төбенің басына іркілмей шығып, ыдырамай түсуге болар. Әттеген-ай, Қадесті бүйі шағып шыға алмай қалғанын, көп сөзді болғанмен аузының желімі күшті. Керек жері бар еді» деді ол ішінен өзіне қарай қаумалап келген жұртты түгендей қарап.

Ол тарантас үстінде отырған күйі:

— Қадес жоқ, сондықтан Ақмадия, Тояш, Сүлеймен, Нұрым болып, он бес жігіт былай шығыңдар. Сендер Аңқатының осы бетімен жүріп отырып болыс ауылының өкпе тұсынан өтесіңдер де болыстың өзін, жә әрі биі, әрі туысқаны Тілеуғалиды Қызылағаштың түбіне ертіп келесіңдер. Келмеймін десе зорлаңдар. Бірақ орынсыз қамшы үйіру болмасын, керексіз қызу сөз сөйленбесін. Мәгер жігіт жинап отырып қарсы күш көрсететіндей болса — біреуің бізге шабыңдар. Табысатын жеріміз Қызылағаш. Басқа ешбір ауылға соқпаңдар. Сұраған адамға Жымпитыға жөнеп барамыз дерсіңдер, — деді.

Он бес жігіт бөлініп шыға берді. Жүністің көзі атын қайта-қайта тебініп, қабағы тыржия түскен Ақмадияға қадалды.

— Ақмадия, сенің сары атың қайда? Оны кімге бердің? Мына астыңдағы қолау қара байталмен қозы қайырайын деп шықтың ба? — деді ол ренжіген пішінмен. — Мен сені Қадестің орнына бір топты бастар, сөзін сөйлер деп ем... былай шық. Сенің орныңа Құбайра барсын.

— Қолау емес. Қайдан қолау болады, — деп күбірледі Ақмадия, көпке қарай кері бұрылып.

Қазір аяғының сылтығаны көзге түсе бермесе де, бұл байталдың ақсап бір айдай мінуге жарамай қалғанын Жүніс өзі көрген-ді.

«Бар атын мінбей, бұл не қылғаны?.. Біреуін жоқ жерде бүйі шағып, біреуі атын аяп, оңбайтын адам солай келеді. Қатын-қалаштың арасында билік айтып аттай желгенде ұртың қандай желпілдер еді?!» — деді Жүніс ішінен.

Ду-дүрмекпен бұрын байқамай, Ақмадияның астындағы қатпа байталды жаңа ғана көрген жұрт жабыла көз тастап, жамырай сөз етті.

— Қолау болса да, оның қара байталы жүйріктің тұқымы — шапқан сайын өз шаңынан оза беретін жануар, — деп кекетті Асан.

— Қыза-қыза келгенде аяғының үшеу екені де білінбей кетеді десейші, — деп арт жақтан бір адам Асанның кекесінін қостай түсті.

— Онда мұны ана болыстың жүйрік қара айғырынан шығартып ала қайту керек болды ғой.

— Е, Ақаң ақымақ дейсің бе, екі жүріс жасамай, осы сапарда-ақ қара байталды қара айғырға кездестіріп, көрімдігін өзі алады ғой.

— Оның тағы қол ұстатары бар емес пе?..

Бүл әзіл-кекесін онан да әрі созылар ма еді кім білсін, бірақ Жүніс қолын көтеріп, тоқтаңдар деген ишара берді.

— Қалғандарың Аңқатыдан өтіп қырғы жолмен Қызылағашқа тура асыңдар, бәріміз де сол жерден табысармыз, — деді.

Сөйтіп Жүніс өзеннің бір бетімен қырықтан астам адамын Жымпитыға қарай шығарып, он бес жігітін екінші бетімен болыстың аулына жөнелтті. Өзі Бекейге делбесін ұстатып, Ақмадияны қасына салт ертіп көршілес отырған Тоқсаба Құлмырзаның аулына кетті.

Ақылдасар адамын шақырып алып сөйлесетін ежелгі әдет еді; сол жол-жора бойынша Жүніс, ауылының сыртына келгенсін «Құлмырзаны шақырып кел!» деп Ақмадияны жіберді де, өзі ат-арбасын жолдан шығарып қырғарырақ тұрған Майтөбенің басына қарай бой ұрды. Төбенің етегіне келіп арбадан түсіп, көгәлдау жерге Бөкейге кілем жайғызып, өзі үстіне жантайып жатып төңірекке көз салды. Алқакөлдің жаз бойы өңін бермейтін бетегелі қыраты, одан арғы Қызылқұмақтың үйіткен төстіктей қоңыр жолақтанған қара егісті етегі, Арқа беттегі Аңқатының ирек-ирек жар қабағы Жүністің көзін көп бөгеген жоқ, үйткені бұл маң да өзінің күнде көз алдында тұратын Шұңқыр сайындай ес білгелі көріп келе жатқан алқабы болатын. Оның бар назары дөңгелене қонған шағын ауылдың ден ортасында тұрған Құлмырза үйіне ауды; бар ойы Тоқсабаның сөзге жүйрік бетті биінің қалай қарсылап, не жауап берерінде болды. Жүністің жадына Құлмырзаның айтқан талай билік сөздері де, ашынып айтқан ащы кекесіні де түсті. «Жер дауында да, жесір дауында да іргелі елінің басын біріктіре алмай еңбегі еш, тұзы сор болып жүрген сабаз. Соңына бүтін елі тұтас ермесе де, өз аулымен шығып, дем берсе үлкен игі. Кім біледі — кейде қайыстай созылып патуаға келмейтін де қайсарлығы бар еді. Осындай да ептілігі мол, аңдып сөйлеп, ұта жауап беретін Қадестің де болмағанын. Сері боламын деп, қабағын керген, ой боламын деп аузын толтыра сөйлеген мына одағай қимылды Ақмадия биге әдепсіздік көрсетіп жүрмегей», деп ойлады Жүніс.

Бірақ ағайынды екеуінің ойы әдепсіздіктен де әрегірек жатыр еді. Өткен кеш бұлар оңашалап сөйлесіп, бұл сапардан қалай да бұлтарып қалу әдісін тапқан болатын. Ол әдістің бірі — «Қадесті бүйі шақты» болды да, екіншісі — Ақмадияға жолдан қайтуға сылтау — ақсақ байтал еді. Ал, Құлмырзаны шақыруға кетіп бара жатқан Ақмадияның есіне кешегі Жолдың Қадеске айтқан: «Тоқсабаның біреуіне «байқамай» қамшы сілтеп қалар ма еді, шіркін! Арадай дуылдап өзіне бас салып, Жүністің жолын бөгер еді» деген сөзі түсіп кетті. Бірақ мұның қай түрде, қай жерде істелерін Ақмадия білмеді. Ол тек өзінің аужар мінезімен үй сыртына барған соң ат үстінде шірене берді; үйге кіріп атақты адамға сәлем беріп, жүгіне сөйлеудің орнына, анадайдан:

— Ау, кім бар? — деп айқайлады.

Ойламаған жерден оның бұл әумесерлігі «дуылдаған арадай көп Тоқсабаның біреуіне тиіп кетудің» басы болуға айналды. Үйден бір жігіт шыға келді де, жасы отыздың шамасындағы едірейген жас адамның кеудесін көтере түсіп, аузын толтыра сөйлеген сиқын көріп:

— Кім керек еді? — деп сұрады.

— Маған Тоқсабаның биі Құлмырза керек. Айт, шығып кетсін, — деді Ақмадия үзеңгіге шірене түсіп.

Үйден шыққан жігіт оған таңданғандай қарап, сәл бөгеліп қалды да:

— Құлмырзаны ат үстінде тұрып шақыратын сен өзің кім едің соншама? — деді ол даусын көтеріңкіреп. Жігіт өзі ес біліп, басына бөрік, аяғына етік кигелі үй сыртына келіп ат үстінен Құлмырзаға «шығып кет» деген жанды көрген жоқ еді. Бидің өзі теңдес адам болса бір сәрі, ал мына арық байталға мінген есер адамша едірейе қарап шірене сөйлейтін неменің анадайдан аттан түсіп, үйге еңкейе кіріп, бас иіп сәлем берудің орнына «Құлмырзаны шақырып жібер. Шығып кетсін!» деуі оған күпіршілік сияқты көрінді.

— Менің кім екенімді сен Тоқсаба кейінірек білерсің. Болыс өз туысқаным деп кеудеңді көтересің бе? Болысыңды алдымда құрдай жорғалатармын әлі. Бұл әңгіме соңынан: шақыр Құлмырзаңды, — деп аңырая түсті Ақмадия.

5

Жігіт көп ойланбады. Ол жалма-жан кері бұрылып үйге басын сұққандай болды да, қайта шығып:

— Жақсы! Жақсы, мырза! — деп Ақмадияға жақындай берді. — Қазір көресің Құлмырзаны. Өзің үйге түсіп сусын ішпейсің бе? Танымадым — айыпқа бұйырма, — деді Ақмадияның қасына келіп.

«Жаман Тоқсабаны бірден жасыттым» деп ойлады Ақмадия. Ол даусын бұрынғыдан да көтере түсті.

— Үйге түсуге уақытым жоқ, ет жеп, қымыз ішіп отыратын шақ емес. Шыға ма, әлгі билерің, шықпай ма? — деп өктемсіді.

— Жоқ, түсіңіз, қос ағасы. Түсіңіз — күн ерте, — деп жігіт жалынғандай болып тізгінінен ұстап үйге қарай тартты.

Ақмадия тағы да бірер ауыз сөз айтпақшы боп кезеніп, бірақ кідіріп қалды. Үйден басқа бір ірі жігіт шығып:

— Бері жүр, бері жүр, — деді.

Ақмадия жүрмеді, бірақ тізгіннен ұстаған жігіт, зорлағандай тартып, атты үйге қарай жетектей түсті. Ақмадияның ат үстінде сіресіп тартып, жердегі жігіттің қолынан тізгінді күштеп босатпақшы болғанын көрді де, үйден шығып жүр-жүрлеген жігіт жүгіріп келіп ат үстіндегі Ақмадияның секіріп жағасына жармасты. Жағадан алып өзіне қарай жұлқып тартқан адамның еңсеруіне шыдамай белсіз арық байтал бұраң ете қалды да, Ақмадия ауған ердей сырғып ат бауырына кетті. Бірақ ірі жігіт оның түйе жүн шекпенінің жағасын да босатпады, өзін жерге де көлбетпеді — дедектетіп үйге қарай сүйрей жөнелді.

— Жібер. Өлтіремісің, сонша қылғындырып, — деп жұлқынды Ақмадия, аяғы жерге дұрыстап тиіп жөнделіп күш ала бастаған кезде. Бірақ бір кісімен алма-кезек түскендей әлі бола тұрып, жүрексіз Ақмадия қол қатып қарсылық көрсете алмады, жасыған үнмен: — Босат деймін жағамды. Мені Жүніс хажы жіберді. Құлмырзаны шақырып кел деді. Бұларың жолсыз ғой... дей берді. Жағадан алып сүйреп келе жатқан жігіт үн қатпады.

— Жөн білмейтін көргенсізді осылай үйретеді, біздің ел. Өздігіңнен аттан түсіп, үлкенге сәлем беруді білмейді екенсің — енді үйреніп ал, қалай етіп түсіріп, қалай етіп жүгіндіретінін, — деді бірінші жігіт.

Ол қолындағы байталды шылбырын сүйретіп қоя берді де, қарысқан Ақмадияны арттан келіп итермеледі. Екпіні жар жыққандай екі әлді жігіттің бірі сүйреп, бірі итермелегенсін ол еріксіз емпеңдеп кетті. Сонда да, үйге жақындағанда ақтық рет қарысып көрейін деген адамдай, қамыттан қашқан өгізше шегіншектей түсіп еді, арттағы жігіт оны желкеден түйіп-түйіп жіберді. Ақмадия алға қарай еңісіп кетті де, жағадан ұстаған жігітке сүйеніп қалды.

— Өлтіресіңдер ме, бұларың жолсыз ғой... — деп күбірледі ол есіктен еріксіз сүйретіле кіріп бара жатып.

Қазан жақта, төрден төменірек, өз орнында отырған Құлмырза би есіктегі әбігерге бір қарап қойды да, орталап келген қымызын бабымен шайқап тостағанына үңіле түсті. Күнде әлденеше рет көріп жүрген көне сары тостағанның да, ішіндегі ішіп отырған сары қымыздың да ол үңілгендей ешнәрсесі жоқ сияқты еді. Көп ұсталса да кетігі жоқ, тек қана шеті аздап жарылып, бірақ кірігіп кеткен кәдімгі өзінің түбі қоңыр сары тостағаны! Ол аздан кейін қымыз шайқауды тоқтатты да, бірақ басын көтермей:

— Бұл кім өзі? — деп сұрады.

— Сөз саптауы барқын көрінеді, — деді ілкі жігіт.

— Ия?

— Жүніс хажы сізді шақырып кел депті. Өзі ана дөң басында отыр білем.

Құлмырза Ақмадияның бетіне енді тура қарап:

— Сені қосшы етіп алып шыққан Жүністің де алжуға айналғаны екен, — деді ол қабағын түйіп.

Сөйтті де бурыл сақалды, ер келбетті би қалған қымызын жұтып бітіріп, бетін сипады да, орнынан тұрды, таяғын алып үйден шықты.

Қашып кететіндей әлгіден бері айрылмай ұстап отырған жігіт Ақмадияның жағасын босатып, өзі есік жаққа отырды. Құлмырза Ақмадияны я қоя бер, я ұстай тұр деген жоқ.

Жүніс отырған Майтөбе мен Құлмырза үйінің арасы бір шақырымға таяу жер болғанмен хажы болған уақиғаны әбден ұқты. Ол «Әттеген-ай, бекер жібердім Ақмадияны. Шығасыға иесі басшы деген осы», деп өкінді. Бірақ, үйден шықан Құлмырзаны көріп, істің ақырын сабырмен күтті.

Сәлем берген Құлмырзаға Жүніс орнынан тұрып құшақтасып көрісті; екеуі бір-бірінен амандық сұрасты, сәл уақыт үнсіз отырысқаннан кейін, жүріп келген адамынан жөн сұрап, Құлмырза сөз бастады.

— Төбеге көтеріліп, жорық алдында жамағатқа түгел сөз тастайтын Сырым бише, биікке шыққаныңнан-ақ ат маңдайын алысқа меңзегенің көрініп тұр. Жолың болсын, хажы, атқа ер жүк, ерге қамшы ауыр боп қайтпауына тілектеспін, — деді ол күрілдеген жуан үнмен.

Құлмырзаның келбетті бетіне лайық даусы да тарғылданып басталып, бірақ бірте-бірте әуені қоңыр қалыпқа көшетін. Ол Жүністің бетіне тура қарап отырып жүзінен үлкен сынықтың тапты. «Сырқат жандай көзі кіреукеленіп, жақ еті босаң тартқан ба, қалай?! Сақалы да селеулене түскен екен. Бірақ денесі нық, сөз салмағы безбеніне ие сияқты, — деді ол ішінен.

— Алай болсын, жақсы тілекте жарты ырыс. — Жүніс аздап тамағын кенеп қойды. Оның кідіріп сөз жұбын іздегенін біліп, Құлмырза жетектей түсті.

— Ұзын жолдың да қысқасы бар — сәті түскен сан сапарға теңеу, шегіршінге бергісіз тораңы бар, сүйене кетсең беліңе медеу. Хажы, толқымалы құбатал да емес, қолыңа жаңылыс қурай ұстап шыққан екенсің, оқыс сүйгенде шырт сынып қала бермесе игі еді, — деді ол еңсесін көтеріңкіреп.

Сан рет сөз салмақтасып тізерлесе отырып билік айтып қалған бұл екі адам бір-бірінің сырын да, тіл бедерінің түрін де жақсы білетін. Жүніс Құлмырзаның бұл сөзі қосшысы Ақмадия жөнінде екенін бірден аңғарды, оның бұлай айтарын күтіп те еді, тілді бидің үнінде кесінділік болмағанына, қайта қынжыла түскендей бір әуен сарынның құлаққа келгеніне көңілі көншігендей болды.

— Дос алдында дос қынжылса — сүйенерінің берік екені де. Хақтан өзге қатесіз пенде жоқ. Мына ердің қасындай қажалып азамат өңі қуқыл тартқан шақта, көп шегіршін ішінде қол жаңылыс ілінген бір қурайдың басқадан бұрын, би, сенің көзіңе түскені істің оңға айналғаны, — деді Жүніс.

Құлмырзаның жүзіне күлкі шырай жүгірді.

— Ал, жақсы, Жүке, бөрі қойға ұмтылғанда, күшік сүт жалап кетті деп қуаламайық. Бас сөзіңіздің жұбын жазып жібердім бе? Сөйлеңіз. Кеңес басы келістен басталады деп, менікі ілік те емес, көзге шұқу да емес, көңілде күдік қалмасын деудің қамы.

— Оны өзім де көріп отырмын. Би, мен саған тіл безеп, түйткілдеп сөйлеп, өнер көрсетем деуден аулақпын. Үйткені бүгін бүккен сырдың, сүңгуі үйректей, ертең-ақ төбесі шошаң ете қалатынын екеуміз жақсы білеміз. Сол үшін қымтанбай, бүркенбей, омырауды сенімен қатар отырып бір желпісіп, ой күрмеуін бір жерде түйіссем деп шақырттым. Жадау жайдың мол екенін өзің білесің. Сонда да есіңе түсірейін: ұялы қасқыр қанаттас елге ауыз салмаушы еді — қазір дағды басқа болса керек. Жымпиты хакімдері cap қасқа шегірткедей қаптаған атамандарды жіберсе, болыс шабармандарын жұмсап, бір келіп ат алды, екі келіп адам сабады, бұл аз деп, өзі бұғып қалып, шабуылшыларға кісімді өлтіртті, азаматымды жетектетті. Өгізге туған күн бұзауға да туар. Бүгінгі менің басыма түскен лаң ертең көп жұрттың төбесіне төнер. Ерлік қысып, күш буып, алпысқа келген шақта батырлық атаққа ие бола шыққаным жоқ; ағарған сақалдың да ары үшін атқа мінбедім; ел белі қайысып тұр — міне, орнымнан тұрғызған себеп. Бұл бел осы қайысқаннан қайыса бере ме деп сескенем. Сол үшін таяқ таңдап жатуға мұрша келмей қолға іліккен қурайды да медеу бола ма деп қарманғаным. Би, қабырғалы елің бар, біріміз қанат, біріміз құйрық боп қамдансақ, жолсыздықтың жолын бөгеуіміз хақ, — деді Жүніс Құлмырзаның бетінен шырай жауабын іздеп тура қарап. Жүніс қаншама қарманып бет құбылысын ұқпақ болса да би бетінде қостады дерлік жұмсақ қобалжу да, қарсы қыдырған қатқыл толқын да сезілмеді. Құлмырза өңіне ойын ұттырмай сол жай қалпында қалды.

— Бөрі алыста, бөлтірік інде. Алыстағысына аңшының молы керек. Сермегенің қате кетпеген сен көк сүңгі едің, алты-арыс ағайынды бастамақ боп шықтың ба, әлде ініндегі бөлтірікті іліп алып кері бұрыласың ба? — деп сұрады Құлмырза, Жүніске жауап қайырмастан. Жүніс қабағын шытты. Оған Құлмырзаның боспалап сұрап, істер ісін болжалдағаны ұнамады.

— Бірінші сөзіңе бап, би, — деді ол: — Бөрінің аты бөрі. Көкжал да бөлтіріктен өседі. Аулағансын оны соғу мақсат. Ал, қайсысынан бастау қажетірек — бұл әдіс-айланың ісі. Екінші сөзіңе: «сермегенің қате кетпеген көк сүңгі едің» дейсің. Сүңгінің де сабы бар. Сапсыз сүңгі құр ұңғы. Мен сүңгі болсам, соның нақ қолға ұстар жері сенсің. Алты-арыс ағайынның бірі де өзің. Бөлтірікті іннен суырып алуға менің өз әлім де жетеді, оған сенің ара тұрмайтыныңды да білемін. Сол үшін төбе басында сенімен түгел сөйлесейін деп келдім.

Жүніс Құлмырзадан көзін аударып, әлденені іздегендей, төмен үңілді.

Құлмырза ойланып жатпады.

— Қалай болғанда да талап үлкен, мақсат зор көрінеді. Үш күннен бері не істеп жатқаның еміс-еміс құлаққа да тиіп еді. Енді міне өзің келіп отырсың. Ел белінің қайысқаны кімнің арқасына аяздай батпас дейсің, хажы. Бұл сөзіңе бәріміздің де басымыз құл. Алайда, ауыз лебізің абыз болысты қанжығаға байлап алып, теңдан сұрау сияқты. Бұған мен ара да түспен, алқалап билік те айтпан. Онымен ісің бітсе игі еді. Атармандарды жіберген Жымпиты хакімдері деп өзің де айтып отырсың. Ал, менен көмек керек болса бүкпей айтарым: күні кеше Тоқсабаға бір бол деп қақсап, жағым жар болғаннан кейін, бір болмасаң екіге жарыл, екі аз десең төртке бөлін деп тобынан шығып кеттім. Бүгін сол «Қабырғалы ел» дегенің төрт бөлек. Ең кішкене бөлшегі осы отырған Алқакөліңнің айналасы, — деді.

— Сонан соң? — деді Жүніс төмен қарап отырған күйі.

— Арғы жағы ащы: алты-арыс ағайыныңның бірі тозған бөздей тігісінен ыдырап барады.

— Ыдырау әр жерде де бар...

— Біздің ел сияқты бой-бойымен кеткені аз.

— Басын бесікке ұрған баладай жұлқынып, арын арлап, абыройын бүркеген жұртыңның түгел тұрмауы өкінішті. Көрегендігіңе шек келтірген жерім жоқ. Алайда, би, ертеңгі буалдырды тұманға есептеп жүрмегей едің.

— Олай болса өз тостағаным кетігі — айналдырып ұрттап жүре берер едім. Дауа болмай тұрғаны қара қазан құлағының шетінеуі ғой. Шетінеу емей немене: бір тобы қалаға бой ұрып, қалам ұстап ұстаған адамды қаумалап жүр, бір тобы болыстың шашбауын көтеремін деп әуре, мұның бәрінің көздегені бас қамы, әр жерден бұғып қарап өзін де, өзгені де әуре ету. Ал, жүні жығылып, үрке қарап, шегіншектеп тұрған көпті ілгері жетектер адам жоқ, — деді Құлмырза, бұрынғыдан көре өзгерген қоңыр үнмен.

— Би жаңылыспа, топ бастар серке елден туады, ел іргесі табанында. Қартаң тартқан Құлмырза да тұғырдан түскен жоқ... Жетектер адам бар.

— Жоқ, хажи, біз... біз демейін, мен дейін. Мен ескірдім. Ескіге адам әуес емес, жұрт жаңаны көксейді. Жаңаның бабын ескі таппайды.

Жүніс ойланып қалды. Ол үндемей біраз отырып, басын көтеріп алды да, жұмсақ үнмен:

— Көптен әңгіме-дүкен құра алмай, жүзіңді көксеп жүр едім, Құлмырза. Бүгін міне, шын лебізіңді естідім. «Жаңаның бабын ескі таппайды» дейсің, — дана сөз. Осыған көре Қален ошетільді серпер қанатымдай етіп, оң жағыма ұстап едім, сол топшымды қиғансын шыдамадым. Әйтпесе Тоқсабадан құн сұрап шыққаным жоқ. Өзім жетпесем де даусым жетсін, сұраусыз ұл жоқ, бос жатқан пұл жоқ дегенім еді. Үлкен бөріге қолым жетпесе де, даусым жетер деп ойлаймын. Сөзіңнің төрін де, босағасын да көзбен көргендей болдым. Атқа мініп шығып айқайласпайтыныңды да шамалағанмын. Маған сен жанбастап жатып қазылық сөзіңді айтсаң болғаны, — деді.

— Дұрыс айтасың, құн сұрасаң тек тартыс болмас еді, өйткені бас жауың Тоқсаба емес қой, болыс Тоқсабаға да, саған да бірдей, өтірік болса да оған шар салынды. Сонан соң, заман басқа, үн басқа. Қабағына қарыс сүйем мұз қатып, қырау жалды, арлан бөкселі айғыр мініп, ақ қарға қарғыған қабландай ұзын із тастап жүрген шақ алты қырдың арғы жағында қалды ғой!..

— Алайда, би, шыбындай жан арудай аяулы көрініп, табанға кірген шөгірді найза ұшымен барабар тұтып өкшеден басу жарамас. Заман басқа — хақ сөз. Заман кері көшпейді — бұл да хақ. Ендеше қарға адымымен болса да ілгері басар заманмен бірге жылжыр бала бар. Қош тұр, Құлеке. Қызылағаш түбінде тосып отырған адамым бар, — деп Жүніс орнынан тұрды.

— Хажи, мен сенімен қоштаспаймын, қайтарда күтемін. Барым әзір, дастарқаным жаюлы, — деді Құлмырза.

Қызылағаш Шалқардан Жымпитыға асатын қара жолдың үстіндегі ат шалдырып өтетін жер-ді. Жүніс хажы жолда Құлмырза бимен ұзақ әңгіме-дүкен құрып, ат-арбамен ақырындап жүріп жеткенше сол уағдалы жерге оның екіге бөлініп кеткен жігіттерінің екі тобы да келіп үлгерген еді.

Ат үсті қашан да адамның делебесін қоздыратыны мәлім, әсіресе жасақ-жасақ болып қызу іске аттанған жандар өзгеше желігіп, дүрліккен жүріспен жай кезде жарты күндік жолды тез қусырып алған болатын. Жастар жағы аударыспақ ойнап, тақым күшін сынасып, бөрік алып қашып, ат тақымын жазып, кейінгілерді тосып алып, тағы алға озып отырған. Ал, үлкендер жағы істің немен тынарын алдын-ала топшылап, көрінген қараға көз тігіп, көлденең дыбысқа құлақ түріп елегізген-ді. Он бес жігітті бастап болыс ауылына кеткен Құбайраны дүрліккен жұрт айнала қоршай қалды. Бірақ жалғыз атын жоғалтып, жүгенін арқалап қайтқан адамша иығы салбырап кеткен Құбайра:

— Ауылы жылан жалағандай, құлынға құрық салар еркек жоқ. Босқа ақымақ болып қайттық; қатын, бала-шағаға күлкі болдық, — деді.

— Үлестен құр қалатындай аттарын тақымдап омыраулата ұмтылған жұрт енді қайтқан судай кері лықсыды. Біреулер таңдайларын қағысып, біреулер қабақтарын шыта сөйледі.

— Болыс ақымақ деп пе едің, бізді күтіп үйінде жататын!

— Қызылүйге сызып тұрған ғой, дүмпуді сезіп!

— Ана жылғыдай қара айғырмен қайқайғаны.

— Күні бұрын хабар алған ғой, Аңқаты бойы атқа ер салып жатыр деп Жол шығар мұны жеткізген.

— Жол старшын үйінде, бүгін көрген кісі бар.

— Жол үйінде жатып та ебін табар.

— Енді не істейміз?

Үзеңгісіне шіреніп, көптен бір аршын жоғары көтерілді де, шулаған жұртты бөркін бұлғап Сүлеймен тоқтатты.

— Тоқтаңдар! Не істеп, не қоярын Жүкеңнің өзі айтады. Әне келе жатыр, — деді ол айқайлап.

Халық су сепкендей болып тоқтай қалды да, жабыла кейінгі жақтағы қара жолға қарады. Жол үстінде жанында екі-үш салт аттылы адамы бар ат-арба көрінді. Асан кішкене көкшіл көзін сығырайта қарап, сәл тоқтап тұрды да:

— Мынау қырғы жолмен тау жақтан келе жатқан адамдар және жеккен аты қылаң көрінеді, — деді.

Басқалар да жамырап:

— Солай.

— Солай, — десті.

Ағаш түбіндегі самсаған қалың аттыларға қарап шошынғандай келе жатқандар кілт тоқтап қалды, олардың біреуінің астындағы қаз мойын көк ат бойын көрсеткендей тап сол кезде көлденеңдей түсті.

— Мә, мынау Нұрыштың көк аты, белкүллі, сол. Нұрым, қарашы, көзің жіті ғой, — деді Сүлеймен.

— Сол, сол. Бұл қайда бара жатыр? Қызылүйге хабар бермекші ғой шамасы! — деді Нұрым тістене түсіп.

— Көрелік. Бері келсін, — деді Құбайра.

Бірақ бір шақырымдай жердегі арбалы, аттылы адамдар ілгері де жүрмеді, кері де бұрылмады — не істерін білмей дағдарып, үрпиіскен күйі жол үстінде тұра берді.

— Кім болса да барып, біліп келіңдерші, өткелден шегіншектеген түйедей едірейіп, аяқтарын баспай қойды ғой, — деді Құбайра Сүлейменге.

Сөйтті де ол шетірек шығып аттан түсіп, терлеп келген атын желге қаратып қаңтарды да, шылбырын жерге бос тастады; езі ағаш көлеңкесіне кетті. Басқалары да жапырласып аттарынан түсіп, көлеңкедегі Құбайраның төңірегіне шоғырлана бастады.

— Мен де барамын.

— Мен де барамын! — десіп, аттан түспеген жігіттердің бір қатары, жол үстінде тұрған арбалыға қарай бет алған Сүлеймен мен Нұрымның соңына ерді.

Арбаның жанындағы үш аттылының бірі Нұрыш еді. Ол топтан бөлініп шығып, лекітіп келе жатқан Сүлеймен мен Нұрымды және оның соңына ерген жігіттерді танып қалды да, тез аттың басын кері бұрып алды.

— Мынау, бұзық хажының жігіттері... Әттеген-ай, ойламаған жерден кездескенін көрдің бе!? Аманқұл, бұр аттың басын, ана Олжаорыстардың қырғы жолына қарай тарт, — деді.

Арба үстінде отырған Аманқұл да, қасындағы салт аттылы адамдар да жолдан шығып әрегіректегі ауылға бет бұрды. Бұлардың бұрыла салып қашуға бет алғанын көріп Сүлеймен:

— Тоқта, тоқта! — деп айқайлап бөркін бұлғап, атын тебіне түсті.

Нұрыш Сүлейменнің айқайын да естіді, бұлғаған бөркін де көрді. Бірақ ол тоқтамады. Қасындағы екі адамымен арбадан арқан бойы бөлініп шыға берді. Осы кезде қорапты арбадан басын көтеріп бір адам қалталақтап түрегелді де, делбені үсті-үстіне қаққан Аманқұлдың иығына асыла түскендей болды. Бір мүшелік жердей арбадан ұзаңқырап кеткен үш аттылыны қумай Сүлеймен мен Нұрым алдымен арбадағыларды тоқтатпақшы болып, жолдан бұрыла сала салдырлата жөнелген тарантастың жолын кесті.

— Көк аттылы ғой Нұрыш, оған сез жоқ, ал оның қасына ергендері кім? Арба үстіндегі не қылған адамдар? Құдай біледі дейін, бұл тегін жүріс емес... Көрерсің — тегін емес, — деді Сүлеймен жортақтап келе жатып деміккен адамша, үзіп-үзіп сөйлеп.

— Тегін жүріс болса мына сияқты әр төбенің астынан қасқырша қарауылдап адамды көре сала жалт бермейді ғой, — деді Нұрым.

Бірақ Нұрымның сөзін Сүлеймен ести алмай қалды, үйткені ол арба үстіндегі жұлқынған Қажымұқанды көрді де, барлық ынта-назары соған ауды.

— Астағпыралда, мынау, Қажымұқан ғой! Белкүллі, сұмдық! Бұл қалай болғаны, Нұрым-ау? — деді Сүлеймен жағасын ұстап.

Қажымұқанның түрінен Нұрым шошып кетті: оның оң жаң шекесінен аққан қан беті мен мойнын тұтас жауып, қызыл қабыршақтанып қатып қалыпты; қан тимеген екінші жақ беті де шаң мен терге былғанып айғыз-айғыз; шықшыт сүйегі шығыңқы қара қайыстанған бетін кезерген еріндері онан әрі жүдете түскен.

— Мыналар өлтірді ғой... Сүлеймен, су жоқ па?.. — деді Қажымұқан даусы жер астынан шыққандай қырылдап. Оның даусы қарлығып, таңдайы құрғақсып, сөйлеуге де дәрмені келмей қалған екен. Үстіндегі сары нәнке бешбетінің омырауы мен жағасы дал-дал; артына қайырып қыл шылбырмен байлаған қолдың білезігі қанталап кеткен.

— Басын жарып, қол-аяғын байлап, тапа-талтүсте арбаға таңып, енді кісі өлтіруге кірістіңдер ме, атаңа нәлеттер! — деп арбаға жеккен аттың басына дойырмен тартып қалды да, Нұрым аттан қарғып жерге түсті.

Ат қашқақтап кері шегіншектей берді. Қапелімде не дерін білмей қалған Аманқұл да арбадан секіріп түсіп «тутулап» делбесін жиды.

— Мен сендердің осы шамадан кездесетіндеріңді күні бұрын білгенмін. Қызылағаш жолымен жүрейік деген мен. Құдай атқандар Қажекеңді күнәсыз жазғырып, қол-аяғын байлап тастағаны... — деді ол лекіте сөйлеп.

— Сен суайт, көп оттамай Қажекеңнің қолын шеш. Нұрышқа қосылып өнді сен де жау болдың ба? — деп Нұрым оған төне түсті.

— Әй, Нұрым, сен маған неге ақырасың. Ақырғыш болсаң ана Нұрышқа ақыр. Қажекеңді мен байлатқандай-ақ көзіңнің бұқасын шығарып, ежірейе қалыпсың, мұқым, осының бәрін мен істеткендей, — деп Аманқұл қарсыласа қалды.

— Жер-көкті кезіп жүрген желаяқ, шауып келіп хабар беруге де жарамадың, — деді Нұрым Аманқұлға тесе қарап. Сөйтті де, өзі жалма-жан Қажымұқанның қолын шеше бастады.

Артынан келген жігіттің бірін Сүлеймен сусын әкелуге кері шаптырды да, бірақ әлсіреп қалған Қажымұқанды күн көзіне ұстамай көлеңкеге жеткізбекші болып, Аманқұлға ат-арбаны ағаш түбіндегі көпке қарай жетектетті.

Көп сөзді Аманқұлға жұрттың көбі сенбей уақиғаны Қажымұқанның өз аузынан естуді күтті. Бірақ түні бойы қорлық көрсетіп он-он бес шақырым жердегі Шұғылдың ауылына жаяу айдап әкелген Қажымұқанның ұзақ уақыт сөйлесуге халі келмеді. Жеген соққының үстіне байлап тастаған адамды арба да мықтап соғып тастаған екен. Сусын ішіп, иығынан дем алып, қолы мен басын ұстап төмен қарап, біраз отырғаннан кейін:

— Иттер дәкіментімді алып кетті... Шырт ұйқыда жатқанда ойламаған жерден басты... әйтпесе... — деді ол ентіккен адамдай демін үзіп-үзіп зорға дегенде алып... — екеуі Дуаннан келген адамдар ма деймін... «Бірақ Шұғыл Қызылүйге... Һарон төреге тапсыр», — деді.

Аузын ашып, тұнып қалған жігіттер әңгіменің арғы жағына құлағын түре түсіп еді, бірақ үлкен көзді, өткір Ораз аяғын ырғай басып Қажымұқанның қасына жетіп барды.

— Нағашы, әңгіме түсінікті. Жат та дем ал. Жүкең келгенсін ақылдасамыз. Документ кетсе, басқасын аларсың. Ал, жігіттер, сендер де баспаламаңдар, Қажекеңнің түрін көріп тұрсыңдар ғой. Күшін жинап көлеңкеде демін алсын, — деді ол қолымен жұртты арайлап кері ысырып.

— Ойбай, Қалекең, келе жатыр! — деді арт жақтан бір жігіт.

— Қайда? Қай жақта?

— Қайдағы Қалекең? — деп Қажымұқанды қамалаған жұрт жапырыла арт жағына қарады. Шегірейген көзін тағы да қолымен көлкештей қадала қарап тұрды да, Асан:

— Рас... Қалекең. Қасындағысы Тілеуғали білем, — деді.

— Қой, Қаленді босатушы ма еді. Басқа біреу шығар, — деп еді біреуі.

— Жоқ, Қалекең. Белкүллі, өзі, — деді Сүлеймен. Жымпиты жақтан келе жатқан екі аттылыны көзімен бір-ақ шалып.

— Қалекең болса — іс бітті, жолымыз болды десейші.

— Жоқ, іс біткен жоқ, Сүлеймен, Қаленді бүгін қорыққаннан босатып отыр мына болысың. Қасындағысы соның туысқаны ғой, көрдің бе. Қажи келгесін мұның түбін түптеңкіреу керек. Қызылүйіне барамыз десе — оған да дайынбыз, — деді көп сөйлемейтін Шайдолла палуан. Бір кіжініп, бір дүрлігіп, бір қобалжып, бір толқыған көп жоқ жерден кездескен олжа Қажымұқанды қоя салып, енді келе жатқан екі аттылы мен кейіндегі Жүністі күтті. Бірақ соңына елі ермей тауы шағылып тұғырға қонған Құлмырзаның сөзінен кейін ауыр ойға батып жалғызсырап келе жатқан Жүністің не дері мәлімсіз еді. Мына келе жатқан шын Қален учитель болса, бұл жасақтың ілгері жүрер-жүрмесі де бимағлұм нәрсе сияқтанды.

ҮШІНШІ ТАРАУ

1

Учитель бұл уақиғаны ойлап та, талдап та үлгермеді... Ұзын дестенің бойына асықпай жылжып етектеп тұқым шашқан егіншідей, кең сахарада еркінше жүріп түйірлеп білім сепкен Қален де оқыс жерден қыспаққа түсіп еді. Үй іші, от басының қамы учительді аса елеңдетпейтін. Сондықтан да ол жұрт пішенді еңсеріп алғаннан кейін ғана (онда да Мәкканың дігірлеуімен!) Жүністің шөп машинасын сұрап алып еді. Ойы: бір қалт еткенде туысқандарының қолқабысымен бидайығы белуардан келетін Бәшекең көлінің сыртындағы қос бұлақты екі күн ішінде түсіріп алмақшы болды. Бірақ түске жетпей-ақ қару-жарақты алты аттылы адам өз қыстауы жағынан шыға келіп:

— Көптілеуов, болыстың кеңсесіне жүресің! — деген.

Жүрісі де суыт, түстері де суық бұл әскери жандар сабырлы учительдің:

— Мен пішен шауып жатырмын. Аса қауырт жұмыс болса ертең барайын. Мына бір аядай жерді бүгін-ертең шауып алмаса шөбі қатып кетеді, — деген дәлелді сөзін құлаққа ілмеді. Қален жыға танымайтын, бірақ өзін бұрын Жымпитыда көрген, формалы киім киген өктем офицер сұсты үнмен:

— Аядай жеріңнен көрі үлкенірек әңгіме бар шаруашыл, учитель, әңгімелесіп тұруға уақыт жоқ. Мін ана арбаға! — деді жайдақ тарантастың үстінде отырған Жартай жаққа қолын сермеп. Шұғылдың аттарын мініп, айғырын атып кететін күні Абылаев Қаленді сол пішен басынан жөнелткен-ді. Жолшыбай ол іші аса жарата бермейтін сыздаған Жартайдан әңгіме сұрамады. «Мыналарың кім? Сен қайдан келесің, бұлармен қалай кездестің?» деп жаймәністі білуге көңілі бармады. Бар ермегі: ұзын жағының ұштылау иегіне біткен үркердей сақалын анда-санда бір сипап қойып, жазғы даланың көзге үйреншікті көріністеріне қарай берді. Өзеннің қазір елсіз бетіндегі көп қыстаулар, иірім-иірім түбектер, алыстағы егісті қабақ пен жатаған белдер мүмкін оған өзгеше ой салған да шығар! Жайдақ арбаның соңынан тақымдай жорытқан қазақ жігітінің балаша елегізген дөңгелек жүзі, иығына асынған мылтығы мен белге байлаған қылышы да көптеген ой түйінін жазып жіберді ме, қалай? Әйтеуір ол: «Иә, солай. Осылай болуға тиіс!» — деді өзіне өзі, әлденені ойлап-пішіп, осы қорытындыға бір сенімді пішінмен тірелген адамша. Шақырды деген болыс оны кеңсесіне тоқтатқан да жоқ.

— Сізді мен емес шақыртқан, мына кісілер. Қызылүйге жауап беруге апара ма қалай?! — деп, Жартайды босатып, басқа арбаға мінгізді.

Оған Қален:

— Өзім де солай болар деп шамалаймын, — деді. Сөйтіп ол «Жаңа өкімет» орнаған Қызылүйге келіп, кешке қарай өзенге таяу жердегі сопақ гауптвахтаға «орналасқан». «Бұлардың каталашкасы осы екен ғой», деп ойлады ол іші өте тар және мейлінше ыстық бөлмеде отырып. Бұл бөлменің бой жазып жүрер жері, және аяқ созып отырарлық орны жоқ, жүк ағаш сияқты тапал кереуетшенің ұзын бойына зорға сыйып тұр. Түнімен көзін ілмей құжынаған аш қандаламен алысып және дем алуға ауа жетпей тұншығып әбден қалжыраған учитель ертеңінде:

— Сізді төре шақыртып жатыр, — деген кешегі балаша елегізген дөңгелек жүзді жас жігіттің сөзіне қуанып кетті. Оған мына қапастан шығу, кең дүниеге, ана үлкен жарық әлемге біржола босанып, еркін аяқ басқандай көрінді. Сонда да өзінің үйреншікті әдетімен:

— Шақыртпаған шығар, айдап әкел деген болар, — деп сабағынан жаңылған шәкіртінің сөзін түзеткендей жөндеп қойды. Сөйтті де бешпентін қолтығына қысып, бөлмеден тез шығып кетті. Бірақ тысқа шыққаннан кейін киімін қағып-сілкіп, еркіндей дем алып, аяғын асықпай басты. Соңына ерген жігіт те оны қыстаған жоқ, төре отырған кеңсеге жеткенше бойын жазсын деген адамша өз билігін өзіне берді.

Орал өңіріне аты шыққан белгілі полицмейстер төрені Қален көптен білетін, оның аты мен ісіне әбден қанықты. Бұрын бірер рет Һаронның жүзін де көрген болатын. Кіріп келгенде ол ойламаған жерден тосып кездескен Һаронға таңырқаған жоқ; оны ойға салған басқа нәрсе: заманнан бері патша үкіметіне қызмет етіп шен-шекпен алған бұрынғы үлкен дәрежелі адамның мына жаңа үкіметке басшы бола қалғанына таңданды. «Автономияны да осы азулы сұлтандар басқарғаны ма? Халықтың қолын теңдік, бостандыққа сонда бұрынғы жұртты бір шыбықпен айдаған әміршілер жеткізбекші ме?.. деп ойлады да, кенет бұл ойының теріс екенін ұға қойды. «Бұлардың автономиясы еңбекші халықтың көздеген автономиясы емес. Бұлар халықтың қалауымен сайланбаған әкімдер...» Өзі оқыған Совдеп үндеуінің сөздері көз алдына келді.

Сыпайы амандасып, айдап әкелсе де, рұқсат сұрап кірген ұзын бойлы учительдің парасаты жүзіне отырған шағын денелі Һарон жерде тұрып төбеге қараған адамша қарады. Төренің ойына ең алдымен келген нәрсе: «Осы Байбақты біткеннің бәрі шетінен сырғауылдай ірі келеді екен. Қара жүктен өзгеге жарамайтын түйедей болған немелер, әлеумет ісіне кірісу бұлардың қай атасының қалдырған мұрасы екен?.. Бірақ мынаның маңдайы кере қарыс көрінеді, ойлы адам болуы да ғажап емес...» деген сырт пішіндеме болды. Ол осы ойымды сезіп қалар деген адамша көзін жалма-жан басқа жаққа бұрып:

— Отырыңыз! — деп босаға жақтағы отырғышты көрсетті.

Орал қаласындағы үлкен мекеме, үлкен орында, сый-құрмет үстінде, сұқ қолымен нұқып қана пәрменін жүргізіп қалған Һарон сұлтан кішкене қаладағы көлемi шағын іске өлгенше наразы. Мұндағы мекемеде іс те, аппаратындағы адамдар да оның көзіне олқы көрінеді де тұрады. Олқы емей немене? Қолынан іс келеді деген жалғыз ғана Айтқали мырзаның өзі де бұйрық-пәрменді дұрыс орындап қайтпады. Бес-алты солдатымен топталып жүріп бір студентті ұстауға амал-айласы жетпеді. Мұндай топас адамдармен тыңғылықты әрекет істеуге бола ма?! Оның үстіне осы жерге келгелі ол күндіз де, кеште де дұрыстап дем алатын сая таппай қойды. Күндіз көше әрі шаң, әрі ыстық. Кеш ауа тымырсық. Көлеңкесі түсетін ағаш жоқ шаң басатын бір тамаша жауын жоқ. Не бір кеш музыка тыңдайтын саялы сарайы бар, бейілді бике болса. Көңіл көтеріп әңгімелесетін жамағат қауымнан жұрдай құтының қу шоқысы...

Ертеден бері ол қабағын ашпай, орнынан да тұрмай, тек терезеге ғана қарап тұнжыр отыр еді. «Мейманасы асып болған бұзықтардың» бірі қолға тисе бас саларлықтай кәрлі кейіпте болатын. Қален кіріп келгенде Һарон ақырып қала жаздады да, оның байсалды түрін көріп өзін-өзі еріксіз тоқтатты. Оның ойынша бүл біреуді біреуге айдап салушы, жылпос, елден бөлек алаяқ, ісіне түсі сай сиықсыз сұмырай адам сияқтанған. Ал мынау қияпатты, тіпті ойлы адам болуы да ғажап емес, учитель оның ойын да, мінезін де еріксіз өзгертіп жіберді. Һарон әңгімені жай бастап, ұтымды сөйлеудің жолын іздеді. Бірақ билерше алыстан орап, мақалдап, тыпыр еткізбейтін жарқын бейнелермен әшекейлеп сөйлеуге шорқақ сұлтан ұзақ мүдіріп қалды. Кеңселік тергеу тілімен шырмап алуға да дәлел тапшы. «Сход ашты» деген старшинаның жалаң қағазынан өзге тұлдыр жоқ. Әйтиевтің не айтқанын, оны мына алдында тұрған учительдің қалай қолдағанын, істемекші болған әрекеттерінің түрін сипаттайтын ешбір дерек, не айғақтардан куәлігі болсайшы! Алыстан құрық салуға мына сияқты адамдар мойнын тоса бере ме?!..

Һарон сұлтан оспақтан кінәлап, жауапкердің өз сөзіне өзін сүріндіру әдісіне көшті. Өйткені учительді «ойлы адам» деп тапқанмен ақкөңіл жан ғой деп те шамалады. Ақкөңіл кісінің нанғыш келетінін адам сынауға тәжірибесі мол Һарон жақсы білетін.

— Большевиктер партиясына қашан кіріп едіңіз? Олардың түсінігі бойынша құдай жоқ. Құдай жоқ деу мұсылмандық пен мұсылмандық әдеттерден безіну болады ғой. Сізді мұсылмандықтан безген учитель десек жастар, шәкірттер не дер? Осыны қалай деп ойлайсыз, Көптілеуов мырза? — деді Һарон сұлтан, барынша салмақты сөйлеп.

Сөйтті де ол «ең бір жанды жеріңнен жалтартпастай етіп ұстадым, бұған не дер екенсің!» деген оймен Қаленге қадала қарады. Осы үйдің үлкендігін шамалап алайыншы деген адамдай Қален Һарон сөйлеген кезде бөлменің төрт бұрышын көзімен өлшей шолып, терезе жақтауларына дейін сүзіп өтіп еді. Ол төренің тосын сауалына елең ете қалды. Мұндай ірі әңгімеге соғады деп, дін жөнінде бұл сияқты тереңге кетеді деп ол мүлде ойлаған жоқ-ты. Сол қолымен сақалын сипап қойды да, Қален де Һаронға тура қарады. Һаронның көзінде ащы кекесін шырайы, мұқату, мүдіртіп тастау ниеті барын байқады. Учитель ойлана бастады. «Большевиктер партиясына? Кіргенім жоқ. Кірмедім деп ақталып жату лайық іс пе? Менің қандай партияда бар-жоғым таразыға салып ақылдасатын нәрсе ме? Дін...» Көбірек ойланып, асықпай сөйлейтін Қаленнің жауабын онан әрі бөгей, сол сәт оның қыр мұрнының ұшына өшіге ызылдап келіп бір сары маса қона қалды. Өзінен өзі сақалға қарай ақырын жылжып келе жатқан қол масаны қағып жіберіп, кешеден бері әбден мазасын кетірген бұл тістеуік шіркейді қаржып ұстау әрекетіне көшті. Оның бар жігер-ынтасы мен ой-еркі сол масаға ауған тәрізденді. Жауап күткен Һароннан мүлде бөлініп кетті.

— Сары масаның шаққанынан ызылы жаман. Биыл осы жерде маса көбейіп кеткен екен. Бұрын мұндай емес еді. Кешеден бері мазаны әбден алғаны. Еһе-he, — деді ол құшырлана қаржып. Бірақ маса қолға түспеді, терезеге қарай ұшып, үйдің төбесіне қонақтауға кетті.

— Мен сізден масаның қай жылы көбейіп, қай жылы азайғанын сұраған жоқпын. Менің сұрағыма сіз жақсы түсіндіңіз, учитель, соған жауап беріңіз, — деді Һарон.

— Солай, сұлтан, түсіндім. Сол айтқанға тура келіп тұр...

Һарон құлағын тіге түсті. Учительдің аса жай қимылы, созып сөйлеген сөзі, қайта-қайта қолға іліге бермейтін сақалы мен иегінің ұшын сипай беретін әдеті төреге өте-мөте оғаш көрінді. «Бұл өзі әдейі істеп тұрған жоқ па, бес тал сақалын жау шауып кете ме екен қайта-қайта түгендеп» — деп ойлады.

— Бұл не сөз айтып отырғаныңыз? «Сол айтқанға тура келіп тұр» дегенді қалай түсінуге болады?

— Менің жолдасымның айтқаны дәл келді, соны айтамын, сұлтан, тура келіп тұр деп. Бұл сіздің сұрағыңызға жауап емес.

— Жолдасыңыз кім?

Қаленнің қолы тағы да иегіне қарай жылжыды.

— Жолдасым... оны сіз білесіз. Бұрын Мировой судьяның хатшысы болып істеген. Өткен күзден бері қазақ шаруаларының съезін шақыруға, халыққа бостандық жемісін әперуге қайрат қылып жүрген адал жан. Әбдірахман дейтін кісі.

— Неге білмейін, білемін. Сол Әйтиев жөнінде... Қашып жүрген большевик Әйтиев. Ол не деп еді?

— Жоқ, оның айтқанын маған сізге жеткізудің орны жоқ, оған менің ұжданым бармайды. Бұл біздің өзара ісіміз, — деп еді Қален, Һарон сұлтан кекесін күлкімен:

— Сіз айтпағанмен Әбдірахман Әйтиев бізге бәрін жеткізді. Сіздердің большевик екендеріңізді растап жатыр, растамауға шамасы да келмеді, бәрі анық, бәрі белгілі нәрсе. Сіздің ауылда сход ашқанын, онда не әңгіме болғанын, Жымпиты уәлаятына қарсы әрекет, үгіт жасағанын түгел айтып берді. Қазір оның тергеуі аяқталып қалды, түрмеге отырғанына біраз күн өтіп кетті, — деді. Қаленнің түсі аздап сұрғылт тартты.

— Халықшыл ер азамат еді, — деді Қален созып сөйлеп. Ол басын шайқады, жүзінде қынжылу пайда болды. Ал Һарон тергеу айлакерлігімен сенгіш учительді аңсызда қолға түсіргеніне ішінен насаттана түсті.

— Халықшыл... Сіз де халықшыл учительсіз. Әйтиев, сіз — бір идеялы адамсыздар. Бірақ ер атағын алғандай оның қазақ халқына істеген жақсылығы жоқ, қайта ол жаңа ғана құрала бастаған қазақ мемлекетінің басшыларына қарсы азған адамдардан топ жинап қарашекпендермен бірігіп кетті. Осы да абыройлы іс пе?

— Мен сізге, Һарон сұлтан, кім абыройлы, кім абыройсыз; мұны айырып бере алмаймын, — деді Қален ақырын ғана. — Ал, менің идеямды сіз де білесіз, басқа да жақсы біледі. Халық үшін қызмет ету, ағарту жұмысына бар күшімді сарп ету. Сондықтан халық учителі деген атақ берілген. Әбдірахман да бұрын халық учителі. Ер атағы жауға шапқан батырларға ғана емес, басқаларға да айтылады ғой, сұлтан, оның не айыбы бар?

— Айыбы айқын... Айтарыңыз дәлелдеуді керексітпейді. Әйтиев те, сіз де большевиксіз. Мұнан артық айып бола ма? Мұны сіз әлде игілікті іске балайсыз ба? «Сақ адам еді, қалай ұсталды екен? Бұл рас сөз бе, әлде жай сынау ма?» дейтін қосарлана жүретін керекті күдік бұл жолы Қаленнің ойына келмеді. Тек: «Әбдірахманға не істер екен? Қазақ атамандарының қолына түскені өте қауіпті болды» деген ауыр қорытындыға келді. Өзі жөнінде ол қысылмады.

— Мен халық учителімін, — деді ол тағы да. — Халықшылдығым айып болып тағылмасқа тиіс. Ал егер де сіз «большевиксіз, дінсізсіз» деп кінәласаңыз, мұныңыз орынсыз. Көзқарасы үшін, ойы үшін адам заңның тезіне салынбауы керек. Сізді жұрт монархияны қолдайды деседі. Осыған қарап мен сізге монархист екенсіз, мұныңыз жарамайды, бұл пікіріңізден қалай да безіңіз деуге хақым жоқ. Патша көңіліңіз не қалайды, ерік өзіңізде. Әркім де осыны салт етуге тиіс.

Һаронның қарақоңыр жүзі көгілдір тартты, бірақ ол да ақырын сөйледі. Бейне Қаленнің мұқамдап, асықпай сөйлейтініне еліктеген адам сияқтанды.

— Сіз сияқты оқыған, көзі ашық қазақ учительдерінің бұлай деуі ғажап нәрсе. Қылмыстың бәрі осы ой-пікір бостандығы деген алдамшы азғын сөздерден қоздап жатыр. Ана Әйтиев бастаған, мына сіз қостаған қылмысты тобыр «хақ дін, хақ патша, хақтың жолын қуып ағарту» дейтін құдай қолдаған кіршіксіз халал ережелерді аяқ астына таптады. Есікте жүрген құл-құтандар мен төлеңгіттерді төрге шығаруға даяр. Бардың дәулетіне, жақсының атағы мен сәулетіне қол көтеретініңізді біз де жақсы білеміз... Өз сөзіңізбен айтқанда, сізге де... ім... өз пікіріңізге ие болуға еркіңіз бар... Біздің сұрайын дегеніміз, қай уақыттан бері большевик партиясына тілектессіз, яки мүшесі болып қызмет істегеніңізге көп уақыт болды ма? Және қазақ оқығандарының арасында сіздерді қолдайтындар көп пе? Осыны айтсаңыз... — Һарон аз кідіріп учительге көзін тоқтатты. — Сонсоң Көптілеуов мырза, өз шаруаңызға босатармыз. Бізге де бұл мәселеге уақыт оздыру пайдалы емес. Мына анкетаны толтырып қол қойыңыз.

Һарон Қаленге бланке ұсынып, үстелге шақырды. Қален ішінен төренің айтқан үш таған насихат ұранын орысша аударып, «хақ дін, хақ патша, хақтық жолымен ағарту» дегенін «православие, просвещение, самодержавие екен ғой. Осы таныс ұран француздардан орыстарға, енді орыстардан қазақтарға көшкені ме? Мұның бізге қандай керегі бар? Әлде осы төренің өзі православиені үгіттеуге кірісті ме?» деп ойлады. Ол ұсынған қағазды алды да, тез оған көз жүгірте бастады.

Бірнеше минут үнсіз өтті. Һарон: «Түрмеге отырды. Әбдірахман бәрін де мойындады» дегенге күдік келтірмеді. Енді тезірек жауап беріп өз шаруаңызға қайта берерсіз дегенге нанса, бұл түйедей болған ат жақты ақымақ қолға оңай түсті. Дегенмен өзінде парасатты адамның сиқы бар: «Жақтары мен маңдайы қандай келісті, нағыз марқасқа! Бұзық идеяға аумай ғалымдық карьераға кіріскен болса, бұдан бір мән шығар ма еді, қайтер еді» деп ойлады. Ол айдатып әкеліп тырнағының шеңгеліне алған құрмандығын ішінен өте жек көрсе де, оның сабырлы мінезін, бұл келбетті пішінін, тіпті ақыл иесі екенін сынан-мінеп, жоққа шығара алмады.

Қален қағазға көзін жүгіртіп қана қойған жоқ, оны оқып шығып ойлана бастады. Ол Һарон көрсеткен үстел жанына отырмады. Түрегеліп тұрған бойы Һаронға:

— Рахмет, сұлтан. Аядай жерде кешеден бері отыра-отыра зеріктім. Түрегеліп тұруға мен үйренген адаммын, енді бірнеше сағат тұрсам да ауырламаймын, — деді. Оның шынында да іші тар, қапас, қандалалы бөлмеге кері оралуға зауқы да жоқ еді. Бірақ оған бармау үшін мына қағазды толтырудың келісі келмейтінін бірден сезді. Басынан аяғына дейін айыпты адамның қылмысын мойнына алып кешірім сұраған қағаздан айырмасы аз. «...Мен кінәмның ауыр екенін білемін бірақ сот, тергеу орындарына әділдікті ашып кешіреді деген сенімім зор...» деген жерлері ойланған адамға бетін бүркеп қойған дозақ сияқты. Ұзақ үңілсе қағаздың сыры ашылатынын Һарон да байқап қалып:

— Іс басталғаннан кейін жауап алу шарт, ал жауап алған жерде осындай формальный жақтары болады. Тезірек толтырсаңыз... Менің де қызметім бар еді басқа жерде, сіздің де айнала беруіңіз шаруаңызға ыңғайлы емес қой, — деді ол, учительдің шаруасына жаны қатты ашитын адамша, аяған болып.

Учитель асықпады. Ол қағазды тағы бір аударыстырып, сырт жағына үңілді. «...Кінәмның ауыр екенін білемін...» Мұндай сөздер ат ұрлап, кісі өлтірген, болмаса басқа бір әлеумет тыныштығын бұзған қылмыстыларға махсұс. Бұл қалай болғаны?

— Імм... — деп басын изеді. — Әлеумет тыныштығын бұзу қаупі. Ие, соған тиым салу...

Қален бұл жолы жағын асықпай сипап қағазды Һарон төренің алдына таман ысырып қойды.

— Мені осы үшін шақырсаңыз, бұл жаңылыс іс, төре. Әлеумет тыныштығын бұзу Қызылүйден шыққан салықшылардан басталып жатыр. Ешнәрсеге түсінбейтін надан жігіттерге «алып кел, шауып кел!» деп, жұмсауды тоқтатқан жөн. Қазақ мал баққан момын шаруа, оған ел болуды, шаруасын өңдеуді түсіндіру керек, оңы мен солын айыртып, білімге, жарық дүниеге қол созуды үйрету керек. Мына осы Қызылүйді кім билеп тұр. Бұл баяғы патша үкіметі ме, болмаса халықтың қамын жейтін, әділ тәртіпті қолдайтын хакімдер ме, осыны да білмейді ел. Сол елді келіп шетінен бөріктіріп атын тартып алып, өзін сабап, солдат боласың деп жігітін айдап, салыққа малын қуып саттырып жатқандарды не дейміз? Әлеумет тыныштығын бұзу осы болмас па? Сұлтан, осы сияқты бейбастақ істі істеп жүрген жандарды тыйсаңыз жұрт сізге ең мейірімді алғысын айтар еді. Сіз шақыртпай-ақ, мен өзім келмекші едім... — деп учитель тамағын кеней түсті.

Һарон орнынан түрегелді. Сырт көзге жуас, ақкөңіл, реңді жауапкер мұндай қарсы айып көтерер деп ол ойлаған да жоқ еді. Сұлтанның әкімдік, өктемдік серпіні өзінен өзі еріксіз бұлқынғандай болды.

— Уәлаят тәртібін қалай жүргізуді сұрау үшін алдырғаным жоқ, Көптілеуов. Қайда, кімнің алдында тұрсын, білесің бе өзің? Сендей большевик үгітшісін қазір жерге қазықша қағып жіберуге менің құдіретім.

Қален оған таңырқағандай қарады; ол атағы бар, лауазымы зор сұлтан істі ойлап-пішіп, ақылмен шешер деп еді. Олай болмады, төре күш көрсетті.

— Олай болса, сұлтан, сіз мені, Жаһанша адвокаттың өзімен сөйлестіріңіз. Сол кісінің алдына жүгінейік. Менің айтарым көп еді, бірақ сізбен әңгіме бітпейтін болды, — деді.

— Мен не, ойыншық болдым ба саған? — деді Һарон сол көтеріңкі дауыспен.

— Жоқ, сіз ойыншық емессіз. Шаруаға жағымсыз іс істеліп жатыр деген менің сөзім сізге ойыншық болды білем. Ел қамын жейміз деген адамның бірі ғой, ауылда болып жатқан бассыздықты сол әділ қазыңыз Жаһанша Досмұқамбетовтың алдында сөз етейік. Менің сізге басқа айтарым жоқ, сұлтан, ғапу етіңіз, — деп, Қален бас киімін киді.

2

Тап сол күні Жымпиты қаласындағы бұрынғы крестьянский начальниктің кеңсесі болған көп терезелі қарағай үйдің ең түпкі бөлмесінде Батыс уәлаятының бастығы адвокат Жанша Досмұқамбетов пен доктор Халел Досмұқамбетов екеуден екеу оңаша әңгімелесіп еді. Адвокат Жанша Орал қаласынан таң біліне шығып, жолда Ханкөл мен Көпірлі Аңқатыда екі рет ат ауыстыртып жектірді де. Жымпитыға ертеңгі сағат онның шамасында жетті. Оның бұл сапары да аса суыт, қимылы да өте жедел еді. Келген бойы үйге көп аялдамастан қаланың ішінде жегетін жеңіл фаэтонына мінді де, ол жолшыбай Халелді алып «махкамасына» келген-ді.

Алдыңғы бөлмеде ұлықтың алдын тосып жаңа ғана кірген қолқанат офицер Қаржауов, есікке таман толық денелі ел билері тәрізді екі адам және олардан әрі босаға жақта бір шаруа отыр еді. Досмұқамбетовтер кіріп келгенде бұлар, молданы көрген шәкірттердей, орындарынан ұшып-ұшып түрегеліп жапырыла тағзым етісті. Би әлпетті толық келген екі адам тіпті еңселері еденге жеткенше, бейне бір сәжде қылған жандардай еңкейіп қалды. Бірақ кірген екі ұлық бұлармен амандасып, болмаса бас изесіп жатпады, кipген бойы іркілместен ортадағы бөлменің есігінен ене берді. Қауырт жұмысы жөнінде мәлімдеме жасауға асыққан Жаншаның әрі сенімді, әрі басқалардан жақынырақ көретін офицері Қаржауов ілесе кіру ниетімен оларға ере түсіп еді, соңында келе жатқан доктор Халел оған қайырылып қату пішінмен қабағын түйіп, кері қарай қолын сермеп қалды. Офицер басқа ұрған балықтай, кілт тоқтады да доктор кері сермеген қолымен кірген есігін жауып кетті. Кейінде қалғандар мұны байқап үлгірмеді, олар сол еңкейгені әлі еңкейген күйінде, қол қусырғандары бүгілген қалыпта қалғанды. Ал, Қаржауовқа бұл ұлықтардың соңынан ере кіруге рұқсат етпегені соққыдан жаман тиді, оның өн бойын ар ашуы кернеп кетті. Ол ерте демей, кеш демей, Жаншаның кеңсесі түгіл үйіне де іркілмей ене беретін; еркін сөйлесіп, ұлық пәрменін мүлт еткізбей орындайтын, өзі және рулас, әрі сенімді, әрі өткір жалаң қылыш сияқты болатын. Көлденең жұрттың көзіне де ол Жаншаның тонының ішкі бауындай көрініпті, қолқанат офицері атанған. Соңғы кезде оны қала халқы қорықса да, сыйласа да ауыздан тастамайтын болған-ды. Әсіресе оның қаталдығын кездесе кеткен екі адам әңгіме етпей қалмайтын: «Әне, Қаржауов кетіп барады!», «Жігіт бермейміз деген Олжаорыстың Қаржауов он адамын айдап келіпті!», «Ант ұрған, казак-орыстың атаманынан да қатал қарсылық қылған бір Бұғанайды қылышпен жауырыннан тартып жіберген екен, кешікпей бәлнесте өліпті ғой?», «Қаржауов шыдатпас, түсі суық!» Базардағылар әңгімелеп тұр: «Қаржауовтың қамшысы тимеген Бұлан жоқ дейді», «Жаншаға сүйенеді ғой, әйтпесе көрер ек оның мықтылығын!» десетін.

Сол Қаржауов оңаша сөйлеспекші болған Досмұқамбетовтермен бірге түпкі бөлмеге кіре алмай, бірнеше секундтай көгеріп тұрып қалды да, кенет кері айналып:

— Көтер бастарыңды, жарайды! — деді қатал үнмен. Еңкейген екі қара сақалды адам мен шаруа реңді кісі бастарын көтеріп, үкімет басшысы кірген есікке меңзей елжіреген үнмен:

— Мерейі үстем болсын тақсырдың. Алла ғұмырын ұзақ етсін, ұлық төренің! — десті.

Әскерге алынған жігіттерге «хан салауатын» айтқызып үйретіп, Жанша өтіп бара жатқанда бас идіріп бата бергізіп әрекеттенген офицер мыналардың бұл алғысына көтеріліп қалды; тіпті бұл елжіреген ізгі тілек Қаржауовтың тап өзіне айтылғандай жылы көрінді.

— Рахмет! Жарайды! — деді ол жайланысып қайтадан отыра бастаған ұлық тосушыларға. Оның даусы аздап бастапқы қалыптан жұмсағырақ шықты. Бірақ сонда да ол түсін суытқан, қабағы қату күйінде қалды.

Осы кішкене қаланың бар билігі бір өзінде ғана сияқты боп жүрген өр көкірек офицер, басшылардың құпияласу себебін іздеді. «Былтыр күзден бері біріндеп құрала бастаған, биыл көктемде кемеліне келіп үкімет болған уәлаятқа мен аз еңбек сіңірдім бе? Отына күйіп, суығына тоңып Ойыл мен Текенің, Ілбішін мен Шыңғырлаудың арасын шаршылап шапқыламадым ба? Атын жиысып, әскерін құрастырмадым ба? «Қазақ ел болсын!» деген ұранға мен қызбадым ба? Мені енді неге шеттетеді? Әлде екеуінен өзге жан естімейтін уақиға туды ма? Әлде менің жақпас бір қылығым бар ма?..» деген ойлар Қаржауовтың қабырғасын қақыратып жібергендей қынжылтты. Ол бұрылып бөлмедегі адамдарға қарады. Қос қара сақалды күбірлесіп әңгімелесіп қалыпты да, әрегірек отырған шаруа бүрге шаққандай тыпыршып, теріс айналып күйбеңдеп қалған. Осы адамның жүзі көлденеңнен қараған Қаржауовқа таныс сияқты көрінді. Оның ойына кенет: «Топырлап есік алдын босатпайтын осындай дау-жанжалмен арыз әкеліп жүрген дәукестер-ақ мазаны алып бітірді. Осы хайуандардың кесірі әлгілерді ығыр қылып тастаған. Артына қарамастан, тығылған адамша кабинетке кіруге асықты» деген топшылау келіп қалды. Және көптен бері көп арызшыларға өз билігін айтып келістіріп үйренген Қаржауов:

— Сен не жұмыспен келдің? — деп мошқады, өзіне таяу отырған қара сақалды, толық қара кісіні. Толың қара кісі Қаржауовты сыртынан жақсы білетін және сөзге де шебер адам екен.

— Рахмет, мырза, сіздің атыңызды сыртыңыздан естіп жүздесуге құмар едік. Қазір Алланың қалауымен сол тілек қабыл болды. Мен бір дау-далабаны, өтірік-өсекті қудалап дуанға шауып ұлықтың алдын аңдып, сыртынан қарауылдап жүрген жан емеспін. Бетегеден биік, жусаннан аласа, жақсыдан рауаят, ізгіден шапағат көксейтін, сыртыңыздан мерейіңіздің үстем болуын тілеп жүрген бір жаман ағаңмын. Ұлық дәрежелі елі құрметтейтін сүйікті Жаһанша мырзаға ауыз екі айтпақ болған бір жәйтім бар еді. Соны айтып, сол кісінің пәтуалы аузынан шыққан таптырмас асыл ақылын өз құлағыммен естуге мағшуқ болып едім. Үйіне тура баруға қымбатты жұбайы ренжіп қала ма деп, махкамасына келіп едім. Егер де сіз Жаһанша мырзаға: «Қарындасыңыздың хал үстінде жатқанын айтуға, тағы да басқа аманат әкелген Хайырша қазидың інісі келіп тұр» десеңіз, мен сізге екі дүнияда Алла тағала разы болсын дер едім. Ал, мына кісі, Халел доктордың жақын адамы, Беріш. Алыстан іздеп келген. Ол кісінің үйін таба алмай, бағана таңертең менімен кездесіп, екеу болып осы жерге келіп отыр едік, деп ол қасындағы өзінен де толығырақ қара сақалды үлкен кісіні қолымен нұсқап, өзі басын иді.

«Мына кісі Хайырша қазидың інісі, ал мына кісі Халел доктордың жақын адамы», деген сөздер Қаржауовтың қатал пішінін ыстық суға малып алған қайыстай жібітті. Хайырша қазидың қара сақалды інісінің сөз лебізі мен келген жұмысының жай-жапсары Қаржауовтың әкіреңдеуіне жол қалдырмауы былай тұрсын, тіпті оның алдында қызмет етіп, рай білдіруді керексітті. Өзі ішке кіре алмай, ұлықтарға тап сол минутте қолы жетпей тұрса да, Қаржауов:

— Жақсы, жақсы, ақсақал. Мен қазір мағлұмдаймын. Сонан кейін ол кісі сізді қабыл алады. Өзім бәрін де реттеймін, — деді. Сонсоң ол есік жақтағы жүзі таныстау көрінген шаруаға бұрылып еді, бұл шаруа тап бұдан үш күн бұрын өзі... «көрген» адам болып шықты.

— Сен тағы неге келдің? Әлде менің бітіміме риза болмай шағым беруге келдің бе? — деді.

Қаржауов қадала түсті, оның үні бұрынғыдан да қатал естілді.

— Мен бе?.. Мен сол жесірімді тартып алған масқаралардың қылығына шыдай алмай келдім, Рақым мырза. Аз ата, нашар ата құдайдың құлы емес пе? Бұғанайсын деп мұндай қорлық жасау шариғатқа да, заң-закүнге де хилап емес пе? Сіз айттыңыз... Бірақ ғадалат бар... әділ қазы... — дей беріп еді, Қаржауов оның қасына жетіп барды.

— Сен тағы енді менің үстімнен шағым ғарза беруге келген екенсің ғой. Мен кім, білесің бе, өзің? Менің айтқаным — айтқан, істегенім — істеген. Бұл жерге аяғыңды аттап басушы болма. Келген ізіңмен кері қайт. Ал, бұлай етпейді екенсің ғой, бір бұтыңнан ана бағананың басына іліп қоямын. Жоғалт қараңды, — деді ол түсі бұзылып.

Шаруа күйбеңдеп, беліндегі белбеуін жөндеп қойды. Басындағы бөркін алып қайта киді. Әлденені күбірлеп есікке қарай жылжыды.

Екі қара сақал ішінен: «Мына сорлыға тықыр таялды-ақ. Қаржауовтың үстінен шағым беріп мұның маңдайының соры да бес елі екен» деп ойлады. Өздері назарын аудармаған болып сақалдарын сипап, қолымен ұшын қайырып әкеліп ауыздарына салып, тамақтарын кеней түсті.

3

Екі Досмұқамбетов кірген бойы түпкі бөлмеге кетті, бұл Жаншаның қызмет кабинеті еді, ал ортадағы ұзын бөлме — мәжіліс залы болатын.

Еденіне үлкен қалы кілемдер төселген, іші кең кабинеттің кіре берісіндегі киім ілгішке Жанша қара қалпағын іліп, төрдегі үстел жанына барды да, Халел өзінің үйреншікті орыны — оң жақ бұрыштағы биік креслоға отырды. Ол қалпағын терезе алдына қойып, сүртігінің етегін жөндей түсті. Бір жұманың ішіндегі барлық хал-жайды естуге және үкімет басшысының Оралда бітіріп қайтқан жұмыстарын тыңдауға құмартқан доктор Жанша сөзін бастағанша асықты. Ол ұзын бойлы Жаншаның ірі қолымен шашын тараштағанына, қатырмалы тік жағалы ақ көйлекке таққан қара бантигін түзегенінен, қыры сынбаған қара желеттің омырауын тағы бір сипап өткеніне наразы пішінмен қабағын шытты. «Мың кісінің алдында мінбеге шығып сөйлейтіндей... бой түзеп, сөз қуған осы адвокаттардан берекетсіз халық жоқ», деп ойлады Хал ел мақпал бұлықты жұмсақ креслоның кенересінен қос қолдап ұстаған күйі адвокаттың зор мұрынды, қара сұр бетінен көзін алмай.

Екі Досмұқамбетовтің мінездері де, түрлері де екі басқа, сырт көзге де бірден көрінетін айырмалары мықты еді. Жанша сүйекті, келбетті, ашық, билеп-төстеп еркін сөйлейтін және әрі жиі, әрі қатты күлетін адам. Ал, жез сағақты сопақ көзілдірік киген орта бойлы, дөңгелек қара сақал қойған, қараторы доктор өр мінезді жан. Қазір ол қадалған жерінен қан алатын сүлік сияқты, қабағын шытып орындықта тік шаншылып отыр. Ескі заманның көзі — аяқтары оймышты үлкен қоңыр үстелдің жанында тұрған бойшаң Жаншаның қасында Халел ұсақ көрінеді, оның үстіне қақырайған биік, арқалы үлкен орындық оны шамадан тыс кішірейтіп көрсетіп тұр, ол, — бейне ұяда отырған өткір көзді кішкене күйкентай сияқты.

Адвокат көп күттірген жоқ, қоңыр дауыспен, қолын жиі-жиі сілтеп қойып, екпіндете сөйлеп кетті.

— Қалада ең алдымен көзге түсетін нәрсе, — деді Жанша оң қолының сұқ саусағын шошайтып: — Бір қазақ жоқ. Мұның жақсы ырым екенін ішім бірден сезді. Қоржынның басы оңға қарай, Текеден Жымпитыға ауған. Көрмейсіз бе, көше де, базар да, махкаманың алдары да далбай-тымақ, малақай, бөрікке лық толы. Тап осы үйдің төңірегінде қазір қаптап кетеді. Өз қотырын өзі қаситын өз үкіметі іргеде тұрғанда халық қайда барушы еді. Қазекең біледі. Бұрын Текенің іші солай еді. Қазір онда тек ел қазағы базарда кездеспесе, көшесінде де, тіпті қаптап отыратын земствоның алдында да біреуінің төбесі көзге түскен жоқ. Қазақ чиновниктері де сиреген. Мақтаныш емес пе, Халеке, ә? — деді Жанша дауыстап күліп.

— Мақтануға әлі ерте, — деді Халел езу тартпастан.

— Ертесін, әрине, ертерек. Бірақ бар нәрсені көрмеуге де болмайды. Егер де мата, шай, шекер саудасын біздің саудагерлеріміз жақсылап жүргізсе Жымпиты бірер жылдың ішінде ауызға аларлықтай әкімшілікпен бірге шаруашылық жағынан да күш алар еді... Ал, Текенің қазіргі түрі: ғаскер тұратын казарма. Іші-сырты бірден ғаскер. Мерген, Қожақар, Князь жақтан тағы да көптеген полктар келіп жатқан көрінеді...

— Жақында болған ұрыс немен тыныпты?

— ... Ол ұрыс Бұзаулықтан төмен Еділ бойынан шыққан қызыл отрядтарға қарсы шыққан генерал Акутиннің операциясы көрінеді. Бір дивизияға жуық қызылдар күшін талқандап жіберген. Акутин енді Самар түбіне қарай жорыққа шықпақ. Ақ казактар соғыс үшін туған жауынгер заңғар емес пе, ә? Ха-ха-ха!

Алдында бір ғана кісі отырса да адвокат Жанша, сот залында сөйлеп тұрғандай, қолын әсемдеп сілтеп, салалы саусақтарымен әлденені нұқып көрсетіп, қызып кетті. Оның қатты күлгені алдыңғы бөлмедегілерге естілсе де, сөзін ешкім құлағы шалар емес, қосқабат терезелер тысқа дыбыс шығармастай тас жабық, перделері де түрусіз. Қақпа алдындағы және ұзын көше жақ бұрыштағы қарулы жасауылдар, күзетшілігіне насаттанғандай, айбатты пішінмен бейне қаққан қазық сияқты шаншылып-шаншылып қалған. Олардың мынау ұлықтар кірген үйге шет құлақты тостырмау былай тұрсын, тіпті бейсауат көзді бұл үйге ұзақ тіктіріп, тоқтап қаратарлық түрі жоқ.

Халел Жаншаның сөзіне ұйып тыңдағаны соншалық, тіпті кірпік қақпастан, көзін айырмастан сөйлеушінің аузынан шыққан сөзін санағандай қадалып қалған. Жанша әңгімесін жалғастыра берді.

— ... Наказной атаман қалада жоқ, Толстовтан нұсқау алу үшін Гурьев қаласына жүріп кеткенге ұқсайды. Правитель Михеевтің көңілі қазір көтеріңкі, үні өзіне-өзі палуан адамның үніндей ашық шығады, жүзі де өте жарқын көрінеді. Махкамасында әңгімеміз сол келіскен қару-жарақ, машина және ғаскер жұмысына үйрететін военспециалист жөнінде болды. Ал, саяси жағдай, болып жатқан уақиғалар жайында бастықтың үйінде сөйлестік...

— Үй жағдайында еркін сөйлеседі ғой адам.

— Әрине, өте еркін сөйлестік. Михеев сияқты аса сақ, аса сөзге ұтқыр адамның тамырын ұстап сыр тарту үшін: «Бейбастақ ескен бала да үйдің әңкі-тәңкісін тап осындай етіп шығармаушы еді, Ресейдің темір тәртібі қашан қалпына келер екен? Елірген баланың құлағын жұлқу осыншама ұзаққа созылды» деп едім, правитель менің бетіме ұзақ уақыт қарап отырып: «Сіз адвокат Жиғанша Досмухамедович, тиеген жүгі ауып қалып, жолда мехнат шеккен пішеншілерді көргеніңіз бар ма? Мына біздің іс тап сол тамызда терлеп-тепшіп, ауған пішенді қайта тиеп жатқандар сияқты», — деді. Сөзден сөз шығады, менің ойыма тап сол мезет болған бір уақиға түсті, бастан кешірген жайымды айтып, оған мысал есебінде былай дедім: «Мен жас кезімде ауылда, кәдімгі қазақтың самиян сары даласында, орта дәулетті шаруа әкемнің қолында өстім. Қысқы, жазғы мекен-жай, шабындық, егістік жеріміз, толып жатқан жылқы мен қой бар еді. Сол малға пішен шауып, оны жинап, тасып, үйетін жалшы, көмектесетін ағайындармен бірге мен де жұмыс басында болатынмын. Ауыл өмірі өте жақсы ғой: кең дала, иісі мұрынды жаратын шалғын шөп, кешке дейін шомпып, құлаш ұрып, жағалық ойнап, қалжырап, ерінің көгергенше ішінен шықпайтын өзен суы — өткен жастық шақтың бір қайта айналып келмейтін, сағым сияқты қолға ұстатпай әрілеген кезі емес пе?.. Міне сол алыстағы өмірдің бір суреті әлі есімнен кетпейді. Шөп көп сиятын үлкен-үлкен ырдуан арбаға тиеп бір күні шөп тасыдық. Хохолдардан үйренген әдетіміз бар, ол кезде парлап ат жегетін болғанбыз. Біздің үйде, жаңылмасам, хохол арба да ең бірінші рет қоныс тепті ғой деймін. Арбаның бір-біріне он шөмеледен тиеді ғой деймін. Өйткені мен бір тура тауға шыққандай болдым — алдыңғы арбаның үстінде мен отырғанмын. Менің бітірер жұмысым: «шүу-шүулеп» аттардың делбесін қағып, тоқтатпай айдап отыру. Пішен болған жерде сона болатыны мәлім емес пе, айғырдай бір сарқасқа сона сол қолдағы торы аттың қарақұсша шүйіліп, жұқа шабының астына бір кіріп, бір шығып, қайта шүйіліп, қайтадан сүңгіп, маза бермей-ақ қойды. Бастырықтың нақ басынан ұстап алып, аттың термен көпіршіген сауырына төне тоңқайып, шыбыртқымды ыңғайлап ұстап, сонаны соғып түсіруге мен де әзірлендім. Шыбыртқым ұзын еді, бірақ мен оны қатырып, үшін сағасына қайырып байлап, қысқартып алғанмын. Аттар құйрығын бұлғап қойып, бастарын тыным таппай шұлғиды. Кейде тіпті артқы аяғымен шыдамсыз шабын үйкелеп соғып қалып келе жатты. Тап сол кезде арба жанында келе жатқан пішенші жігіттер ұзақ әңгімеге кірісіп арбаны да, атты да ұмытып кетті-ау деймін, екеуінің маған төбелері көрінбеді және «бала, делбеңді қағып қой» демеді. Аттар түсе берісі тік Қисықсайдың жарлау қабағына да келіп қалды. Мен сайды да, жарқабақты да, қақырайта тиеген пішенді де ұмытып кеттім: есі-дертім шүйіліп келіп аттың жұқа шабына қойып кеткен ызылдауық сонаны соғып түсіруде болды. Көріп келе жатқанмын, дыз ете қонып бір минуттей тоқтаған жерінен қызыл моншақ шыға келеді. Сол арсыз сона торы аттың күнге күйіп, шабдарлау тартқан сирек түкті шабына қадала түсті... Арғы жағы менің есімде жоқ, тек шыбыртқымның шапқа сарт еткенін, аттың ыршып кеткенін, арбаның ойға қарай жантая түскенін, өзімнің әлдеқайда домалап кеткенімді ғана білемін. Әлі есімнен кетпейді, күн өте ыстық еді. Көптеп жабылып арбаны қайта тұрғызып, шөпті қайтадан тиегенше шөлдеп тіліміз ауызға симай кетті. Соны ойласам қазір де аузым іші құрғақсып тұрған сияқты, ұлы дәрежелі мырза. Сіз осындай жүкті айтасыз ғой. Ауған жоқ, ауған жоқ, тап осы сияқты дегеніңіз тамаша теңеу. Енді, бірақ осы жүкті арба сияқты аңсызда құлаған мемлекетті... дедім. «Білем, білем, Жиғанша Досмухамедович сіз сияқты балалың істеп арбаның делбесіне ие бола алмай жүгін жығып алған Александр Федоровичтің аңғырт ісін түзетіп жатырмыз, көп болып түзетіп жатырмыз. Кавказ бен Доннан, Сібір мен Оралдан, Каспий мен Орынбордан көтерілген даңқты қазақ ұлдары, оларға көмектесіп жатқан ер жауынгерлер тез тұрғызады; бұған сенім зор, — дейді. — Енді мына қызыл өрттен құтылу керек. Өрт салушы ішкі жақта болғанмен, ана Россия түкпірінен әкеліп қоныстандырған біздің мұжықтарымыз да соны үрлеп жатыр. Надан басшылардың кезіндегі жер дауынан туған киргиз ағайындардың да алакөздігі сол өртті қоздыруға дем береді. Қазір ақылды басшы, батыл қимылды қосшы керек. Войско үкіметінің серігі жастың қуатын аямай жұмсайтын шағы осы ғой деп үміт етеді біздің қажырлы Наказной атаман генерал Мартынов, — дейді Михеев. Генералдың сөзі де, ойы да, істеп жатқан әрекеті де, төңкеріспен тез күресуде шыныға түсер кезіңіз келді, тыл тұтастығын берік ұстау сіздің көмегіңізді керексітеді» дегенге тоқтайды.

— Сіз не дедіңіз, адвокат?

— Менің айтарым белгілі ғой, Халеке. Жымпиты үкіметі ұйымдасу дәуірінде тұр. Күш көп, айлық мол, адам жеткілікті. Ал, осыны тәртіптеп алғанша бізге ағайындық көмек керек, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, инспекторлық жәрдемге мұқтажбыз, мұны сіздердің жомарт қолыңыз санаспай ұсынатыны маған айдан анық, — дедім. Солай емес пе, Халеке, ә? Ха-ха-ха.

— Солай. Дұрыс айтылған сөз. Орынды. Күш те, байлық та мол деп тауып айтылған. Осал еместігіңді досың да біліп қойсын. Ағайының да белді болсаң, бар болсаң сыйлайды, — деді Халел.

Доктор Халел Жаншаның соңғы сөзіне азырақ тоқпейіл тартқан адамның пішінін көрсетіп кеңи түсті. Орындыққа шалқалаңқырап отырып жағасын босатты, көзілдірігін алып сүртіп қайта киді, ішкі желетін ағытып, ақырын ғана желпіп қойды. Ішінен: «Сөзшеңсің! Сөйлесе білесің! Айла-амалға жүйріксің...» — деді. Бұл іштей ризалығын әбден бекітіп күдіксіз етпекші болып адвокатқа:

— Қолма-қол көмек қай түрде? — деп сұрады.

— Екі мың винтовка патронымен, он екі пулемет, бұл да оқ жабдығымен. Полковник Белоус штаб маманы ретінде келмекші болды. Тағы басқа интенданттық мүліктер. Сонсоң Халеке, бір жеңіл машина... автомобиль ала берді.

Сенімді, іс білетін бір жігіт бар еді. Әңгіменің аяғын сұлтан Һарон төре мен доктор Ехлас бөліп жіберді, бұл екеуі кірген бойы Досмұқамбетовтермен қол алып амандасты да, ауыр жайды баян етті.

— Ұлұғ мәртебелі Жаһанша мырза, сіздің жоғарғы хұзырыңызға арналған донесениені оқып шығуға лұқсат етіңіз, — деді Һарон төре, іззетпен тік тұрып. Жаһаншаға қарап құлақ қағып.

— Айтыңыз, айтыңыз, хұрметті сұлтан Һарон төре, құлағымыз сізде, — деді Жанша.

Ол бұл суыт кірген екі үкімет мүшесінің бір жағымсыз нәрсені айтуға келгенін шамалады да, бірақ сыр бермей жайбарақат қалыпта тыңдаған болды.

Һарон төре формалы киімінің төс қалтасынан төртке бүктеген бедерлі бланкеге қара сиямен жазған мәлімдемені алып жазып жіберді де, сол қолымен тез-тез қос миығын кезек сипап өтті. Сонсоң тамағын кенеп қойып қатаң дауыспен:

Ұшбу жылы саратан айының пәнчәмбі күні, Көпірлі Аңқаты болысының волостной правителі Бекбасов мағлұм етті: оның хұзырындағы нөмір төртінші ауылдың киргиздары большевик Әйтиевтің ағуландыруымен сход ашып, желік сөз сөйлеп, жаңа құрылған Жымпиты уәлаяты хұкіматына бойсұнбауға қарсы наразылық көрсетуге, төре нәшелніктерге бағынбауға, волостной, аулный старшиналарға келіспеуге, Войско правительствосын танымауға бас ұрып, байлам еткен. Бұл сходты құрушы сол аталмыш нөмір төртінші ауылдың киргиз учителі Қален Көптілеуов болғаны анықталды. Қайсы учитель, сенімсіз учитель болғаны үшін бұрын да учительдік қызметін атқарудан босатылғаны мағлұм. Теріс ниетті Қален Көптілеуов учительді әлеумет істеріне кесел жасағаны үшін тергеу астына прокурор санкциясыз, мен өзіме берілген үлкен хұқуқыңызбен, бағынышты тұтқын еттім. Осы айтылмыш істер, яки учитель Қален Көптілеуов хақында сол нөмір төртінші ауылда тұратын киргиз Жүніс Шалов дейтін бір беткей қыңыр қырсық жүретін адам жігіт жинап, жасақ құрап, қару тауып, екі жүзге жуық киргиздарды волостной правительге қарсы ереуілге шақырған, правитель волостнойды кіріптар етіп байлап алу пиғылыман саратанның жиырманшы күні шаһаршамбыда атпен келіп шабуыл жасаған. Волостной правитель Бекбасов мылтық асынып, найза көтерген, қылыш таққан ереуілшіл ниеті бұзық айтылмыш киргиздардан қашып шыққан. Бұл қисық Жүніс Шалов

1916 жылы патша ағызам хазіретләрінің биік указы еғлан етілгенде Герман патшасының Россия империясын соғыс арқылы бағынышты етуіне тілек білдірген, тыловая работыға киргиз балаларын бермей волостной управительге күш көрсеткен. Бұл тұғырысында Ояз крестьян начальнигінің махкамасында 227 распоряжение барлығы мағлұм.

Жоғарғы жазылған мағлұмдаманы сіздің жоғарғы хұзырыңызға бас иіп жолдап, алдыңғы уақытта беретін парманыңызды бұлжытпай орындайтынын сендіруші: Жымпиты уәлаяты хұкіматының ішкі жағдайын тәртіптеуші начальник сұлтан Һарон төре Қаратаев мөр басып қолымды қойдым.

Ұшбу жылы, саратан айының 22-інші, жұмға күні өз апартаментімде составит қылынды, — деді.

Сұлтан миығын тағы бір сипап өтті, сөйтті де ол мағлұмдаманы Жаншаға ұсынды. Халел Досмұқамбетов Һарон төренің әлде «мағлұмдамасына», әлде пішініне шошынды ма, орнынан ұшып түрегелді. Бірақ ешнәрсе айтпастан Жаншаға қарап: «Осы да іс пе?» деген наразы көзқараспен қайта отырды. Жанша:

— Отырыңыз, сұлтан! Жақсы. Ал, сіз не айтайын деп едіңіз, Ехлас мырза? — деп Шұғыловқа бұрылды. Жаншаның да өңі құбылып кетті, бірақ ол Халелдей шыдамсыз мінез көрсетпеді, ойға салыстырып іс істейтін адам сияқты қысылмаған шырайда қалды. Ол тіпті қуақы сөздер айтуға тырысты.

— Мұны не дейді, Халеке, қазақ ұлтының ежелден келе жатқан алтыбақан алауыз мінезінің қалдығы, жаңа аламан дейміз бе? Солай деп атаймыз ба? — деді қарқылдап күліп.

Бірақ оның бұл күлкісі өзінен өзі шыққан еркін күлкі емес, әріден келмеген, бергі көмейден ғана лықсып шығып кеткен күлкі тәрізденді. Халел Жаншаға қарай қалды. «Не істеу керек екенін айтпай, мұндай өте нашар жағдайда бала сияқты кеңкілдеудің не керегі бар?! Бұл аяқ астынан шыққан ала ауыздық емес, бұл мағынасы терең ала ауыздық. Үлкен руларды бастайтын адамдар аяғынан қаз тұрған хұкіматты қолдаудың орнына төбесінен қамшы үйіруі жыларлық іс... Бұл тегін емес. Мұның түбінде үлкен бүліктің ұрығы жатыр. Мұны қоздырушы бар...» Халелдің түсі көрер көзге қуқылдана бастады. Бұл ойы оның қанын ішіне тарта құбылған осы қуқылдануынан да, қатты түйілген қыртысты қабағынан да күні бойы қаққан қазықтай шаншылып отырған кісінің қазір ұшып тұра келіп, жарқ еткізіп көз тастауынан да айқын көрінді: Халелдің риза болмай қалғанын, әсіресе «күлкіге салады» деп ойлағанын Жанша да сезді. Ал, Ехлас Жүністі құбыжық етіп көрсетуге тырысты.

— Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дегендей, осындай бір есер адамдар елді бүлдіретін болды. Медіресені мектеп етемін деп мешітте бүлік шығарыпты. Бірақ хазірет, ишандар қатты ренжіп, тиым саламыз деп уағадаласса керек. Ауылының үстінен көлденең көк аттыны жүргізбейтін бір пәле — «мен сайлаған хан жоқ, ата-бабам хан мен сұлтанға шоқпар соғумен өтті, мен сол ата жолын қуған кісімін», дейтін көрінеді. Надан халық айқай-шуды жақсы көрмей ме, шабамыз, қиратамыз, деп бардың дәулетін көре алмайтын сөздерді қошемет тұтады екен, — деді.

— Ата тегі кім еді өзінің, сіздерге жақын ба, — деп сұрады Жанша Ехластан.

— Жақын дегенде — бір рулы елміз. Ата тегі ел бұзған тентек. Біздің қарт: «Бұл соғылған мұнан елу жыл бұрын бала кезінде-ақ патшаның көзін құртамыз деп айқайлайтын. Әкесі «Ел ауада», найза шаншып, садақ тартқан бас бұзар» дейді. Һарон төренің жазғаны ақиқат: 1916 жылы волостной правительді шауып алуға аттанған әпербақан адам, — деді Ехлас.

— Қален де сіздерге жақын ба?

— Туысқандыққа екеуі де бірдей, бір аталы ел... Бұл екеуінің ең жаман жағы: кедей, қойшы, жалшы, кем-кетіктердің бәрі ақыл сұрап, солардың елірткеніне құтырып кетіпті. Волостнойға қарай шыққанда жолдағы елдерді ертіп, қара көбейтіп келе жатыр дейді.

Һарон жарлық күтті, Халел ала ауыздықты қалай басудың жолын ойлады. Ал, Ехлас онсыз да төрт жағы бірден теңелмейтін бақыттың жолын бөгей беретін қырсықтарды жоқ етуді тіледі.

— Ехлас мырза, алдыңғы бөлмеде Қаржауов бар сияқты көрінді. Соны шақырып жіберсеңіз, — деді Жанша оған.

Ехлас басын иді де, тез Қаржауовты шақыруға шықты.

Бұл кезде алдыңғы бөлмедегілер төрдегі төрелердің жә шығарын, жә шықпасын біле алмай сарғая күтіп, әрқайсысы өз ойымен болып отыр еді. Жаншаның қарқылдап күлгені оларға да естілді.

Қос қара сақал дыбысын шығармай өзара сыбырласып, біріне-бірі іштегі ұлықтың күлкісін мақұлдағандай жымың-жымың етті. «Жесір дауымен» келген шаруа Қаржауовтың сөзінен кейін кетпекші болып ыңғайланды да, бірақ іштегілердің көңілді қарқылы оны да екі ойлы етті. Оның ойына: «Бәлкім шығып қалар. Мүмкін хан әділ билігін айтып салар, ол Қаржауов емес қой дойырын ала жүгіретін», деген қу үміт келді. Сондықтан ол күйбеңдеп, айналақтай түсті. Және осы кезде Қаржауов ішке кіріп кетіп еді. Ол алдыңғы бөлмеде қабылдау күткен қарапайым адамдармен бірге отыруға арланып, Досмұқамбетовтердің үстіне кіре алмаса да, орта бөлмеде теңселумен болды да, шыдай алмай тағы да алдыңғы бөлмеге шықты.

Ұлықтар кеңесінен шет-қақпай қалған офицерге бар пәле осы алдыңғы бөлмеде отырғандарда сияқтанды. «Неге топырлайды, куәлікке келгендей, сіресіп отырғанын көрдің бе? Бұлар түгіл мені де кіргізбеді...» Оның көзі «Дәукес қазаққа» түсіп кетті. Кет дегенді құлағына да ілмеген, алтынын жоғалтқан адамдай күйбеңдей қалыпты. Қаржауовтың ашуланғаннан өті жарылып кете жаздады. Жүзінде шағуға ыңғайланған жыланның зәріндей бір улы пішін пайда болды. Жел жарып, күн қарайтқан қара қайыс беті күреңдене түсті, көзінің аң еті де талаурап, тіпті қарашығына дейін қызғылт тартқан сияқтанды.

— Әлі күнге кетпей нені күтіп тұрсың? — деп, ол манағы жесір дауымен келген шаруаға төне түсті.

Оның шықшыт еті бұлтиып шығып кетті.

— Мен тақсырдың өзіне... Жаһаншаның...

Қатал офицердің бұзылып кеткен түрінен зәресі ұшқан шаруа сөзін де айтып бітірмеді, шегініп те кете алмады, тек қана басын қорғағандай екі қолын ербеңдете түсті. Бірақ ол қорғанып та үлгіре алмады, Қаржауовтың шықшыттан тиген жұдырығы оны сыртқы есікке қарай ауытқытып жіберді де, ал шегіне беріп, нәлді етікпен бөкседен тепкені мұрттай ұшырды. Құлаған жанның денесіне тағы да әлденеше тепкі тиер ме еді, кім білсін, ол тек Ехластың:

— Қаржауов мырза! — деген даусына жалт қарап кері айналды.

Ехлас құлап қалған адамға «анықтап қарайыншы» дегендей алтын пенсінесін мұрнының ұшына таман түсіріп жіберіп тұзақ көрген құрдай шұқшия қалды.

— Рахмет, мырза, сізді Жақаң шақырып жатыр. Імм, мына кісі неменеге тәртіп бұзды? — деп сұрады ол Қаржауовтан.

— Қазір, доктор, қазір. Ғапу етіңіз, осында қабылдауға мұрша келмей жатқанда топырлап есік алдын босатпайды. Бұларды еркімен жіберсең айнала бунт шығып жатқанда!..

Қаржауов жалма-жан белбеуін дұрыстап, костюмін тәртіпке келтіре бастады.

— Імм... іште де, тыста да толып кеткен бассыздық... Жақсы, тезірек кіріңіз, — деп, Ехлас шыққан есігіне қайта кірді.

Қаржауов ұлықтар отырған кабинетке кіріп келіп:

— Бұйрық сізден, тақсыр, — деп құлақ қағып, есіктен бір адым ілгері жер жүрді де, Жаншаға қарап шаншыла қалды.

— Гауптвахтада Қален Көптілеуов деген учитель отырған көрінеді... Көптілеуов пе еді? — деп Жанша Ехласқа бұрылды.

— Көптілеуов.

— Сол кісіні қазір осында алып келіңіз, — деді Жанша Қаржауовқа.

— Хұп, тақсыр.

— Қаржауов кіргеннен де тез шығып кетті.

4

Жүніс ереуілі Жымпиты басшыларына аңсызда аяққа басылған шоқтай әсер етті.

Орал генералдарының «ішкі тылды берік ұстау басты міндет. Бүлікшілермен күресіміз әлі де өте әлсіз; большевиктердің қарсы үгіті қауданды жерге салған өрт сияқты» деген қорытындысынан кейін бұл Досмұқамбетовтерге ауыр ой туғызды. Бірақ Жанша мен Халел бұл жөнде екі түрлі қорытындыға келді.

«Ішкі Ресейден келген жерсіз, сусыз қайыршы крестьяндар мен фабрик-заводтарда істейтін жалаң аяқ, жалаң бас жұмыскерлер орыс хұкіметіне қарсы қолына құрал алып шықса — мұның себебі толық: аш қасқыр адамға да бас салады, сол сияқты олар аш-жалаңаш ашынған халық. Ал, мына қазақтікі не? Талағанның тырнағында, асағанның аузында мал сияқты жосып жүріп, бүгін өз алдына ел боламыз деп «әу десіп», бас қосқанда сойыл көтеріп шығу!.. Жүніс кім? Ол нені көксейді? Қойшы емес, қолаң емес, бір елдің бас көтерер еті тірі адамы емес пе! Бұл елдіктен айыратын қазақтың қара басқан ала ауыздығы. Өзінің басшысына шүйдесін күжірейте ме? Әлде билікке ұмтыла ма? Жоқ, мұның себебі терең. Бұл азғыру ісінен туған бүлік. Жүністі айдап салушы бар. Ал, мына учитель деп отырған бұзыққа не керек? Бұл да большевик пе? Соның тілекшісі ме? Ана қарашекпендермен ауыз жаласып жүрген Кердерінің соғылғандары ғой осының бәрін аздырып жүрген. Әйтиевің, Арғаншаевың, Ипмағамбетовің, Мырзағалиевің — қазақ емес, сатылған шүршіттер. Большевиктер бір майлы құйрық асататындай, мұрдарлар түге! Бұлардың ұлын Рұмға, қызын Қырымға жөнелтуден басқа амалы жоқ», деп қорытты Халел Досмұқамбетов ішінен. Бірақ бұл пікірін Жаншаға ғана айтуды, сонымен оңаша ақылдасуды мақұл тапты. Мына отырған бұрынғы патша уәкілі сұлтан Һаронның алдында, болмаса хакім болуға тырысып жүрген, бірақ өзінің сары уызы кеппеген Ехластың көзінше ел билеу сырын бөлісуден бой тартты. Бұл екеуін Халел онша ақылды, тапқыр, кеңес бере алатын адамдар деп есептемейтін.

Ол Қоспада болған съезден кейін жалпы қазақ оқымыстыларына да көңлі қатты қалған-ды. «Қолында билік күші бар адамды ғана сыйлайды қазақ. Бұл отаршыл хұкіматтың бұратана елдерге еккен мерезінің бірі. Сондықтан қалыптасып ел болып кеткенше, ағайыншылықты тыйып, қатаң қимылмен темір тегеуірінді саясат қажет деген. Халел осы пікірін Жаншаның құлағына сіңіре беру үшін сөз арасында: «Жаһанша мырза, ел басқару деген, қымыз сапырған бәйбішенің сауырынан сипап қойып, мәз-майрам болып отыра беру емес. Ел билеу үшін де батырдың жүрегі, палуанның білегі, Жиреншенің тапқырлығы болсын. Сенде соңғы бар, алдыңғыларын көрсетуің шарт», дейтін.

Халел қазір орнынан көтеріле түсіп, бұрынғыдан көрі жайланыңқырап отырды. Ол төрені сынау үшін және Жаншаны алыстан бір қайрап өту үшін:

— Һарон сұлтан, мына жай естір құлаққа да, көрер көзге де жайсыз жағдай екенін байқаған шығарсыз. Бұл бәріміздің де тегіс ойланатын, алты арысымыздан суық тер шұбыртатын іс. Баланы жастан, қатынды бастан тый дейтін еді, бұл қалай болды? Ішкі тәртіп сіздің тәжірибелі қолыңызда емес пе?! — деді.

Һарон бөгеліп қалды. Ол Жаншаның не айтарын, қалай бағыт берерін білмей тұрып жазалау түрін кесіп айтуға аузы бармады.

— Доктор, мен уәлаят басшысы мәртебелі Жаһанша мырзаның пәрменіне бас ұрамын, соған қарай амал істеуге күш саламын, — деді сұлтан Һарон.

Халел оның бетіне жалт қарады да:

— Қойшы қолына таяқты қой шетінде сүйеніп тұру үшін алмайды, — деді.

Халелдің түсі бозарып кетті, ол ішінен: «Чиновник! Осы күнгінің жансыз қарақшысы. Азғындап туған! Атаң Қаратайдың атына ғана иесің, ақылы мен қайратынан махрұм қалған төрешік», — деді ерні қыбырлап. Ол мұны естіртіп айтып қала жаздады.

— Халеке, қойды шашау шығармаймын деп бүгін қуалап иіре бергеніммен, ертең ол жөнге жайыла қояр ма екен. Оны енді көрерміз. Сұлтан да өз ісіне ойланыңқырап кірісер... — деді Жанша Һаронды арашалап.

Ол Халелдің мінезін жақсы білетін, оның тап қазіргі ойын да жақсы түсінді. «Бірақ Жүністің ереуілін басудың жолы көп; Халелдің қолдайтыны қатал шара, күш көрсету. Қарулы отряд шығарып жолын кесіп, енді қайтып бас көтерместей етіп елірген шалдың жігіттерін қырып тастауға да болады! Онда басқа елдер не дейді? Жанша ел билеу тізгінін қазақтың қанын шашудан бастады демей ме? Топ жинап үйренген, әлі күнге асаулығы басылмаған надан халқын бір ауыз сөзге келмей шамданып, қырып салды демес пе? Қыру саясаты мен ру саясаты қарсы әділдіктің түрін молайтып жібермес пе? Ана көптің көкейіне қонатын сөзді де, істі де тапқыш қарт Бақытжан, алғыр Әлібековтер мен Әйтиевтер, ана Меңдешев пен Жолдыбаев бастаған қалың учительдер не дер? Ел Жаншаның таяғынан, оның аңғырт басқан аяғынан қашып солар жағына шығып кетпес пе?..» Жаншаның ойы осы сияқты он тарапқа бөлінді де, аяғында оның әдіскер адвокаттық айлакерлігі жол тауып бергендей болды. Ол түрмеге түскен Қален учительге де лайық айлалы әдісті де, Жүністің бетін қайтарарлық құрал күшті де тез көрді... Әкесінің Қаленге қойған мін-мысқыл аты есіне түсіп: «Тауып қойған ат. Сен саржағал теке Халекең айтқан қатал қойшының жуан таяғы. Жүніс пен екеуіңнің шекеңнен сарт ете түскенде кімнің кім екенін жақсы білерсің» деп, күні бұрын насаттана бастаған Ехластың ойынан шықпады. Жаншаның үкімі бұлар ойламаған үкім болды.

Өзінің жұп-жұмсақ даусымен ақырындап қана сәлем беріп кірген Қаленге отырған төрт ұлықтың төртеуі де бірден қарады. Аңдаған адамға бұлардың үшеуі бірі тікенді, бірі ызалы, бірі кекесінді көзбен атып жібергендей қадалған еді, ал, Жанша қанатының астына алған қамқоршы жандай Қаленге бір белгісіз жұмсақ шырай көрсетті.

Учитель терезесі тең адамдай ілгері жүруге де, босағада тұрып қалуға да ыңғайсыз көріп, (отыра кетуге келісі жоқ) сәл дағдарып қалды. Бірақ ол отырғандардың назарын басқаға аудару үшін:

— Сіз жүріңіз, ілгері өтіңіз! — деп арт жағындағы Қаржауовқа жол берген болды.

Арбаға тездетіп мінгізіп: «Бас аяғыңды! Ханға сәлем беруге барасың. Кере қарыс ана маңдайыңнан сипау үшін шақыртып жатыр. Сендей саранау учительдер ел бүлдіруге керек!» деп, кекетіп Қаржауов оны гауптвахтадан уәлаят үйіне он минуттың ішінде жеткізген; бірақ өзі Қален қашып кететіндей көзін алмай, өкшелей жүріп, іле кірген.

— Пәрменіңізге құлдық, тақсыр! Көптілеуовті алып келдім, — деді Қаржауов.

Ол құлақ қағып тағызым етіп, тағы да тік тұрып Жаншаға қарап шаншыла қалды.

— Иә, учитель, берегірек келіңіз, — деді Жанша зәрсіз шыраймен.

Сөйтті де ол Қаленге отыруға орындық көрсетті. Басқалары ілкі суық жүзбен оны бейне бір құрбанға шалатын қошқардай әрі мінеп, әрі сынап қарап жатты.

Һарон төреге: «Жанша мырзаның алдына жүгінелік, алып барыңыз!» деп талап қойғанмен бұл тілегі орындала қояды деп ойлаған жоқ еді. Ал жүрісі асыр-тасыр, мінезі шәлкес, бетінен зәрі шығып тұрған Қаржауовтың:

«Ханға сәлем беруге барасың!..» деген кекесінін ол елеген жоқ-ты. Қазір сол «мықты Жаншаның» алдына келіп қалды. Жаншаның өзі... Қален Жаншаны мұнан біраз жыл бұрын көрген болатын. Оған көп уақыт өтті. Осы Жымпитының алты кластық орыс-киргиз мектебінде сабақ беріп жүрген кез. Сабақ үсті. Оқушылардың зеректігін байқау үшін болу керек, әйтпесе Жаншаның ағарту жұмысына байланысы жоқ. Тақта алдына шыққан шәкірт кім еді... Осы Хакім емес пе еді сол! «Артель крепка атаманом, а атаман могуч только при артели», — деп жаздырды. Онан соңғы сөйлемі: «Беда в том, что киргиз кайсацкий народ страшно темен и отстал от других на целые века». Сол ұзын қара сұр Жанша. Ағартар ма сол артта қалған надан елін?!.. Менен қазір жауап алмақшы. «Страшно отстали, но надеемся на другие» дермін мырзаға!.. Анау атақты доктор Халел болуы керек. Сұраңыз, мырзалар. Менің де айтарым аз емес! — деп ойлап, Қален әдетінше қолын иегінің сүйір ұшына қарай жүгіртті.

— Әлеумет жұмысына көмектесу үшін сізді осы кезге дейін шақыра алмағанымыз аса өкінішті деп білемін, Көптілеуов мырза. Бірақ мұның да себебі бар: басқұр мен бауын, шиі мен түс киізін дайындап үлгермей, шаңырағын ғана көтерген отау сияқты жас автономияның жабдығы кең отырып кеңесуге мұрша бермей жатыр. Қолынан іс келетін, халықтың қамын жейтін оқыған жігіттеріміздің санын да алып болғанымыз жоқ. Мына сіздің жүзіңізді де ғайыптан көріп қалып отырмын, келіссіз жағдайға кездесіп қалғаныңызды естіп қалып, алдырып отырмын. Бұл бір реттен өте өкінішті жай, бір реттен құдай кездестіргендей, ниетке қарай табысқандық. Сіз сияқты біз көрмеген, біз атын естімеген елде әлі де талай ардагер ақылды азаматтарымыз көп. Сол сіздер мен біздер басымызды тұтас қосып, бір жеңнен қол шығарсақ, мынау самиян сары далада ұшарын жел, қонарын сай білген ебелектей көшіп-қонып жүрген қазақты ел ете аламыз, соның өзіне лайық мемлекетін құра аламыз. Бұл үшін парасатты ой мен күрделі іс істелуі керек. Алдымен бірлік керек. Қазақ атаулының басын біріктіру керек, Әнестен өрбіген алаш баласының аласы мен құласы жоқ. Сіз мына аяғын аңдамай басқан аңғырт жігіттердің бассыздығы мен өкінішті қылықтарын кешірерсіз, — деді Жанша Қаленге. Сонсоң Қаржауовқа бұрылып қатаң үнмен: — Көптілеуов сияқты аяулы ағаларыңнан ақыл сұраудың орнына оны алаяқ бұзықтармен қоса кіріптарлыққа ұшыратқандарың үшін аяғына жығылып кешірім сұра. Атаңның әділ жолы — айыбына астыңдағы атыңды мінгіз! — деді ол.

Қаржауов шошып кетті: Шын айта ма, әлде сынап тұр ма дегендей, ол Жаншаның бетіне қадала қарап еді, адвокаттың сұсты жүзінің сұрлана түскенін және оның қабағының үстінде қатулық пайда бола қалғанын көрді де:

— Шөреңізге құлдық, тақсыр... Бірақ мен емес, бұл кісіні тұтқындаған. Әлгі ана Абылаев еді, — дей беріп еді, Жанша оның сөзін бөліп:

— Қарсы жауап қайырып, солдат әмірді екі етпес болар. Сен қазақ уәлаятының солдатысың, — деп жекіріп қалды да, орнынан түрегелді.

Офицерлердің ішінде жақын болғанмен өте қатты сескенетін және өзгеше құрметтейтін Қаржауов Жаншаның ызғарлы бетін көріп, әмірін екі еткендей болып қалды.

Ол жалма-жан қасындағы Қаленнің алдына бір тізерлеп отыра қалды да:

— Кешіріңіз, учитель. Қателік бізден, ғапулық сізден. Ат-шапан айып мойында, — деп басын иді. Бұл күтпеген жерден істің бұлай сәтті шешіле қалуын Қален әбден ойлап, талдап үлгірмеді. Ол үні ұяң, мағынасы ұзынсонар Жанша сөзінің ұшына жеткенше өз айтарын ғана — қарсы жауабын ғана түйіндеп тұрған. Жұрттың хан дәрежесінде көтеріп жүрген жүйрігінің бүгін ғапу өтініп босататынын ол ойлаған да жоқ-ты. Ғажап өзгеріс! Әсіресе кешегі айбатты Һаронның бүгін бұл қойдан қоңыр болып, мына ұр да жық офицердің қазір енді алдына бас иіп тұрғаны ақкөңіл учительге құдіреттің ісіндей көрінді. Ол тіпті Қаржауовты аяп кетті. «Сорлы қазақ жігіттері білмей отқа да түседі. Сәби сияқты. Шап десе шабады. Түсінсе — аяғыңа жығылады» деп ойлады.

— Рахмет! — деді Қален не дерін білмей.

Бұл алғыс Жаншаға ма, айыпты болып қалған Қаржауовқа ма, — әлде екеуіне де арналған алғыс па, — оны учитель арнап, меңзеп жатпады, әйтеуір орны келген сөз ауыздан өзінен өзі шығып кетті. Қаржауов бірақ мұны өзіне арнап айтылған тәңір жарылғасын деді білем, ризалық пішінмен Қаленге бір қарап алып, Жаншаға:

— Артық сөзге ғапу етіңіз. Бұйрығыңызды орындап, учительді аттандыруға рұхсат етсеңіз, тақсыр, — деп тағызыммен құлақ қақты.

— Барыңыз, — деді де, Қаленге бұрылып: — учитель, көргенше қош болыңыз! — деді.

Қален отырғандарға сыпайы түрде басын иіп қоштасты да, енді алдына түскен Қаржауовтың соңынан ілесе шықты.

Әңгіменің басынан аяғына дейін бір де лебіз қатпаған, бірақ салқын жүзбен қозғалмай, сол баяғы арқасы биік жұмсақ орындықта шынтақтай сүйенген күйі тік шаншылып отырған Халелдің бетіне Ехлас көзілдіріктің астынан ақырындап қарап қойды. Ол бірақ қара сақалды жас ортасына жеткен доктордың ашаң, қараторы жүзінен бұл істі жә қостаған, жә қостамаған нышан таппады. «Бұл екеуінің Қален жөнінде менен бұрын ойласып алғаны ма? Қалай-қалай болып кетті. Жүністі де осындай қошеметпен қарсылай ма? Бұл қандай саясат?! Жоқ, Халекең түсіндіріңкіреп айту керек», — деп ойлады Ехлас.

— Қадірлі, Халеке, ардақты Жанша-ағай. Ертең біздің ауылға барып қайтсақ. Қарт сіздерді «қонаққа алып кел» деп маған тапсырған екен, күтіп отырған көрінеді. Және саяхаттап Шалқар көлінен құс атсақ, көңіл көтерсек деп ойлаймын, — деді Ехлас екі басшыға әдеппен бас не сөйлеп.

— Қанша жер? — деді Жанша, жұлып алғандай.

— Жақын. Жаңа машинамен сағат жарым ғана уақыт керек. — Барамыз, Халеке. Құс атамыз. Ел қарияларына сәлем береміз.

Халел қабағын түйе қарады да, бірақ үндемеді. Жанша оның көңіл-күйіне көз салмады, тек қана: «Ел қарияларының назарын аударуға бұл іздегенде сұраған саяхат болды» деп ойлады.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

1

Әркімнің өз мұңы өзіне жеткілікті... Шөбі сары теңбілденген даланы қуырып тұрған күн онан әрі сарғайта бастаған. Көз тартар көгеріс Шідерті саласы ғана. Саланың бойындағы бір сыдырым Бұлан ағашы сол айнала құлазыған далада бейне бір құла жылқының қоңыр жалындай боп көрінеді.

Аманқұл Шідертіге күн ұясына сүңгіп бара жатқан шақта жетті. Бұл Шідерті өзені деген үлкен жылғадай ғана, сонда да оның көк шалғынды, ызатты бойы аңызақ қырдың бетіне оқтын-оқтын самал жіберіп, қырысқан жүзін желпіп тұрған сияқты. Аманқұл сол рахат самалға шекпенінің омырауын ашып жіберіп, жалаңаш кеудесін тоса қойды. Бөркін алып, шашсыз көк құйқа басының терін кептірді. Өзі де салқын сусынды қана сіміргендей сергіп кетті.

Атты ол енді бүлкіл аяңнан бөкен желіске салды. Ауылға жақындағанда оның білдірмей тебіне түсіп, тізгінін қыса бастайтын әдеті бар-ды, қазір де сол сыдыртып келіп қыдыңдатып аяңдау ниетіне кірісті. Бірақ оның алдында ауыл жоқ, көгерісі мол, шөбі қалың, оннан астам көлеңкелі ағаштары бар Кіші Сарыалжындағы Ехластың жалғыз үйі ғана тұр. Көктемдегі бояуы кетпеген жап-жасыл ойпаттың ішінде қуқыл ыстың даладан бетін көлкештеп жасырынып тұрған, салқын саяда түндігін күн де шалмаған ақ үйді көргенде Аманқұл:

— Шіркін, мынау ұжмақ екен! — деді.

Ақ орданың төңірегінде де, қасындағы жыланның жұмыртқасындай ақ бозғылт қостың маңында да тірі жан жоқ. Үйдің сырт жағындағы ат байлайтын бағанаға биесін байлай салды да, ол аяғын асыға басып үйге аяңдады.

Ехластың әйелі жүгіріп жүрген баласын жуындырып жатыр екен. Үйге екпіндеп кіріп:

— Ақ жеңеше, денің сау ма? Ехлас ағам аман ба? Аман-есен тұрасыңдар ма? Нартай өсті ме? — деді Аманқұл.

Еркін сөйлеп, амандықты шұбырта сұраған Аманқұлға әйел көзінің қырымен бір қарады да, қатаң үнмен:

— Скучно! — деді, даусы өте ақырын шықты, іштен білдірмей күрсінгендей болды.

Қыздың аса сұлулығы Аманқұлға қатты әсер еткен жоқ. Ол басында «орыс па» деп бірер рет Мүкарамаға қарап алды да, соңынан шығып бара жатқанда ғана Ехластың қазақша сөйлегенінен: «Е, татар екен ғой», — деді. «Арғымақтай... О, бишара Жамал! Қазақтың қара дүрсін келіншегі. Аузың аңқиып қалады ғой бір күні сенің. Мына бикешті Ықаң... деп ойлады Аманқұл Жамалға жаны ашып. Оның Жамалға соншама неге жақтасқанын, іштей Ехласты дәлелсіз айыптағанын түсіну қиын еді, бірақ кейде адамның ішкі сырын жүзіне бір қарағаннан да сезіп қалатын бір ғажап кезеңдер де болады.

Ехлас Аманқұлды ертіп бәлнестің ауласынан алып шықты да, оңашалап елдегі болған әңгіме-жәйтті қалдырмай сұрады. Сөйтті де ол Аманқұлға ешбір жауап қайырмастан:

— Үйге бара бер. Мен кешке қарай оралармын, — деді. Ол ат-арбасына мініп Һарон сұлтанның кеңсесіне келіп ұзақ отырып қалды.

Күн екіндіге таялып қалғанда ғана Ехлас Шідертінің бойындағы ақ қосты, үлкен ақ отауына келіп жетті. Оның жүзінде әлденеге ренжіген пішін бар еді. Ол пішін суыт жүріспен келіп отырған ағасы Нұрышты көргенде үрейлі сезімге айналып кетті.

— Шүкір! — деді.

Ол елден келген жігіттен атасы мен енесінің, қайнағалары мен абысындарының амандығын сұрамады, Аманқұлдың шұбырта есен-сау сұрасуына жекелеп жауап та қайырмады. Сол жуындырып жатқан баласының беті-қолын, аяғын жез шылапшынға салып сабындап жуып болып, алақанында қораздың суреті бар қызыл жиекті қазан сүлгісімен сүртіп, таза көйлек кигізіп, қазан жақтағы үлкен болскей кроваттың үстіне отырғызды.

Жасы төртке жаңа ғана шықса да бала өте бойшаң — биік кроваттан салбыратқан аяқтары жерге шаққа тимей тұр. Және оның маңдайы да кере қарыс, сопаң бет, жағы ұп-ұзын. Көлденең кісіге ересек баланың беті сияқты, қарауға елібі ірі.

— Нартай, үлкен болып кетіпсің ғой. Ой, жігітім, Ехлас ағамнан аумағансың, — деді Аманқұл оған шын таң қалып. Оның ойында баланы сылтау қылып, Жамалды сөзге тарту ниеті де болды.

— Келмей жатып неге суылдайсың? Баланың кімге тартқанында сенің қандай жұмысың болып қалды? Бұл Ехластың баласы емес. Айта бар ана барқыныңа, Наржан мына өзімнің балам. Барқынның біреуінің де жұмысы жоқ мұнда, — деді әйел бірден тойтарып.

Аманқұл не дерін білмей дағдарып қалды. Төсек үстіндегі Наржан оған бір қарап, шешесіне бір қарап:

— Суылдама! — деп Аманқұлға қабағын түйді. Бала бұл елден келген «таныс» жылқышыға шешесінің қату үнмен жаратпай сөйлегенін жақсы сезді.

— Мәссаған! Мұқым, ақ жеңеше, маған ренжігендей...

Аманқұл сөзінің аяғын жұтып, сақтана бастады. Әйел үндемеді. Екеуі тіл қатыспай біраз отырды да, анасы баланы төсекке жатқызып, шешінбестен бір қырындап қасына өзі де қисайды. Наржан анасының басына тартқан ақ жібек шарқатын ысырып түсіріп жіберді де, жұбатқандай, бетін, қасын сипалап мойнынан құшақтады.

...Тік мінездеу болғанмен Жамал бұрын мұндай емес еді ғой. Мынаған бір нәрсе болған. Ашық сөйлесіп, кезі келгенде әзілдесуден де қашпайтын. Қазір ғажап, мұқым, өзге әйел сияқты. Сөзінің кесірін қара: «Барқынның біреуінің де жұмысы жоқ мұнда», — деді, тап бүгін баласын Барқын тартып алып жатқандай! Зілі бар сөз. Бүлік сөз! Әйелдің айтар сөзі емес. Әсіресе оқыған үлкен әкім адам Ехластың әйелі... қалай-қалай сөйлейді! «Ехластың баласы емес» дейді, імм! Бұл сөзіңді Шұғыл естісе? Бірақ, Шұғылдан мұның тұқымы да кем түспес! Дығалдар ғой иттер біріне-бірі желкесін күдірейтіп жататын. Імм... қызық...

Аманқұл әйелге байқатпай басын шайқап, көзінің астымен бір сәт қарап отырды да, орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті.

Ехластың әйелі Жамал сұлу болмағанмен, сүйкімді ғана, қазір жасы жиырма үштен жиырма төртке аяқ басып, нағыз толықсыған, орта бойлы, қараторы келіншек еді. Ехлас гимназияны бітіріп, Пайтахыт-Петербурға оқуға жүретін жылы Шұғыл баласын жас кезінде айттырып қойған қалыңдығына үйлендіріп аттандырған. Шұғылдан да дәулетті адамның қызы он жеті жасар Жамал он екі түйеге артқан жиһазы, қысырақтың үйірі, бір дорба алтын, тай-тұяғы аралас бір қолсандық күмісімен атақты Бүркіттің Шұғылының табалдырығын аттаған-ды. Он екі түйеге артқан жүктің бастысы: алты қанат ақ орда еді. Оның керегесінің көздері, көк өткізген жерлерін күміс бүркеншікпен қаптаған, таңғыштары мен уықтың аяң баулары жібектен ызылған-ды. Сол үй әлі сол қалпында — киізі жылда жаңарып, биыл осы жерде тігулі тұр. Отау бес қанат, әрі кетсе алты қанат болады. Ал, Жамалдың отауы сегіз қанат ақ ордалардан кеңірек болатын...

Әрі жас, әрі ерке өскен бай қызы және оның үстіне әкесінің берген мол еншісін ала келген Жамал басқа келіндердей Шұғылдың сиырын сауып, сүтін пісірген жоқ. Отын жағып, күлін де шығарған жоқ. Бірінші жылы ел аузына ерте іліккен оқымысты күйеуімен ілкі айларын балқаймақ өмірдің бетінде жүзіп өткізді. Малжанды болғанмен өктем ата да бетке ұстар баласының бай қалыңдығын үй шаруасына бейімдей қоймады. Бірақ Ехласпен бірге сонау алыстағы сиқырлы, жұмбақ шаһарға келінін жүргізе алмады. Өмір дәмін алып болмаған Жамал да, алысқа сапар шегуді талап етпеді. Ол айырылудың ащы зарын да бірден тартқан жоқ. Байқаусызда күз бен қыс өтті де, жаз оқудан Ехлас келді. Ала жаздай қызық дәурен, ен жайлау, ойын-сауық, сайран-шаттықпен күндер байқаусыз өтіп жатты. Бірақ сол келесі күзде үлкен шаһарға бірге жүруге қол созған Жамал екі қабат болды да, ата мен ене, қайны аға мен абысын — бүтін ауыл болып рұқсат етпеді. Келесі жылы Наржан дүниеге келді. Аяққа тұсау мықтап ілікті. Жас баламен Петербурда тұру, ұзақ жол жүру — орындалатын арман болмай шықты. Сондықтан Жамал жыл құсындай Ехласты тек жаздыкүні ғана екі айға, әрі кетсе үш айға ғана қолына қондыратын болды. Бұл да сабыр ететін, көнетін жайды. «Оқу мәңгі емес, ол бір күні бітеді де, алдағы айырылмас тәтті ұзақ өмір басталады, қызықты дәурен жетеді, Наржан өседі, ауызбен құс тістейтін ең бақытты, салтанатты шақ келеді...»

Осы үміт Жамалға мызғымайтын әрі табанды, әрі жақын, әрі берік, әрі құдіретті, күшті сүйеніш болды. Бірақ кейде мұңайып, сағыныш жасын басқалардан таса жерде білдірмей сығып алатын; оңаша қоңыр кештерде ыңырсып салған әнмен ғана шер тарқайтын. Мұндай кез де босаған тінді ширататын, тез ұмыттыратын үміт — шекесі тоқпақтай ұл! Бес жылға жуық ұзақ уақыт үмітпен өтті!...

Өзекті өртеп, ішті мұздатып жіберерлік ащы күдік Жамалға былтыр тап осы кезде пайда болды. Үлкен доктор болып келген Ехлас ауылға соқпай Жымпитыға асып кетті де, екі-үш ай өткеннен кейін оралды. Онда да «кемпір мен шалға сәлем беру үшін» үш күнге келді. Бұрын ыстық құшақтап, қысып сүйіп, балаша ойнап жүретін, «доктор болып шыққан күні бірге қалаға алып кетемін» дейтін Ехлас бұл үш күнде бірге тұру жайды «ләм-мим» демеді. Бұрынғы сырласу, күлу, ойнау, алыста ұмыт қалған сияқты. Көшу жөнінде ағасы әңгіме еткен кезде: «Қазір қалт етуге мұрша жоқ. Үй ішін ойлауға қазір шама келер емес.

Бүкіл ояздың докторлық жұмысы, бәлнестің жұмысы, земствоның жұмысы бір өзімде. Оның үстіне тағы да автономия мәселесі бар. Жақында Оралға барамын. Саратовқа да жүріп кетуге тура келеді» — деген сөздер жауды, толып жатқан міндеттерді санауға саусақ жетпейтін болды. Бұған аға да, әке де ешнәрсе айта алған жоқ-ты.

...Тек биыл ғана таза жерге үй тігіп, қымыз ішіп бір жаз үй тәрбиесін көруге көнді... Сонда да істеп жүрген ісі мынау.

Әйелдің кенет өзгеріп кеткен мінезін түсіне алмай Аманқұл атының қасына келді. Шыбынсыз қоңыр салқын жерде тері дегдіп қалған биенің ерін алып жақсылап қаңтарып суытуға қойды да, ол жататын тегістеу жер іздеді. «Қоста қарт жылқышы Қарымсақтың әйелі болу керек, бірақ әлі күнге көзге түскен жоқ. Ол қайда кетті екен?» деп ойлады, ерді басқа жастың ете, жонаны төсеп, бөстекті оның үстіне жайып, жатар орынды ыңғайлап болып, шекпенін шешіп төсектің үстіне қойды. «Бұл қалай, бұ құдай атқан қатын ең болмаса қымыз да бермей жатқыза ма? Шіркін, қарпып асайтын бір шайнама болса! Ертеңгі қу шалаптан басқа түк нәр татқан жоқпын. Жолдағы түскен үйдің қатыны да бір көрмегір екен, көздей тостағанмен жас саумалдан ауыз тигізді де қойды. Ішің шұрқылдап тұрғанда көзге ұйқы келе ме?» деп уайымдады Аманқұл. Ол бәлкім: «Үйге кір, Аманқұл. Тамақ іш! деп айтар деп үміттеніп қақырынып, сіңбірініп, бірнеше рет «бар екенін» аңғартып, тамағын да кенеп қойды. Біраз күтті. Ақырында үйге кіріп шығуды мақұл тапты.

Есікке төніп келгенде Жамал оған қарсы шықты. Жол берген болып Аманқұл күйбелектей бастап еді.

— Кіріп тамағыңды іш! — деді Жамал сол ілкі қатал үнмен.

Сөйтті де өзі ошақ басына қарай кетті.

Аманқұл қатты қуанып кетті. Жалма-жан үйге басын сұға бергенде оның көзіне алдымен түскен нәрсе оң жақтағы төменірек төселген қарала текеметтің үстіндегі поднос, оның үстіндегі үлкен екі тілім нан мен сары май салған аяқ болды. Ол қалай отырып қалай бастауды ойлана қойған жоқ, үлкенірек кесекті майға батырып жіберіп, ауызды толтыра-толтыра екі-үш рет қарпып алғаннан кейін жан-жағына қарады...

«Шұғылдың үйінде өзім өз болып жылқы баққаннан бері өмірі мұндай үлкен кесек нан тиген жоқ. Ең құдай иді дегенде қасық басындай қос берендік нан мен бір алақан май. Ол да жыл құсындай. Көбінесе ақ ірімшік пен сарысу ғой шайнама дегенің: «Жарайсың, Жамалым! Тұртисаң байыңа тұрти, менің онда араласар күйім шамалы, май мен нанға, қымызға тойғызсаң болды... Әй, бұл құдай атқан неге тұртияды екен? Осыларға не жетпейді екен! Бұл құдай атқан екі қолын жылы суға малып отыра бермей ме. Бие сауатын, қымыз пісетін, от жағатын, тезек теретін, кір жуатын кісі бар. Бай — анау. Үй — мынау! Болскей креует... Үстіне бір жатар ма еді өзінің! Төрдің алды толған қызыл ала кілем. Текемет, ши кілем, басқұр, жібек уық бау. Шаң тимейтін мынау — ақ орда... Бала анау, маңдайы кере қарыс болып ұйықтап жатқаны. Саранау тұқым, мұндар!» деп ойлайды Аманқұл, нан мен майды тауысып, аяқтың ішін әйел келгенше бірер рет жалап та үлгеріп.

Жамал кіріп бір-екі рет піce салды да, иіндеп тұрған сабаны болмашы ғана қисайтып еді, қымыз үлкен керсенді «лық» етіп ернектетіп жіберді. «Жарайсың, Жамалым», — деді ол тағы да ішінен, керсен қымызды қос қолдап алып жатып. Нан мен майға тойған адам қымызға қандай аңсап тұрады! Керсен анау-мынау тостағанның екеу-үшеуіне тұрарлық болса да, Аманқұл мықтап екі сіміргенде-ақ төтеп беріп тастады. Аздап шайқап қойып, қалғанын ішті...

— Рахмет, ақ жеңеше! Бай бол! Балалы бол! Қосағыңмен қоса агар... — деп зулатып бара жатқанда:

— Болды, болды, суылдама. Сенің батаңсыз да жетіп жатыр, — деді әйел зекіп.

Аманқұл жым болды.

— ... Ана текеметті алып астыңа жай, далаға. Басыңа мә жастық. Мына көрпені төсен. Ана Ехластың шинелін жамыл... Неге едірейе қалдың үріккен түйеше?! Шұғылдың тұқымы оңбаған деп, басқа жұрттың бәрі сондай ғой дейсің бе? Жетеді менің көрпем мен жастығым мырзаға да, жалшыға да! — деді Жамал тәкаббар пішінмен.

Аманқұл ауыз ашпастан текемет, көрпе-жастықты құшақтап, далаға шықты.

Тоқым төсеп, ер жастанбақшы болған Аманқұл қара-ала текеметті кең етіп жайып, жұмсақ көрпе, мамық жастықтың үстіне көлбей түсті; жатып алып ол жан-жаққа көз жіберді: үйдің қазан жақ бетінде сәукеледей шошайып оқшауырақ тігілген қос тұр; қостан әрі ағаштың түбіне иірген қой жатыр, ірі қара мал жоқ; қотан төңірегінде адам да көрінбейді: қостың шошақ төбесінен сарғыш тартқан шамның әлсіз жарығы көрінеді. Есік алдында біреу қараң еткендей болды да, қотан жақтан дыбыс берді.

«Е, бәсе, қоста адам бар екен ғой. Мынау, дәуде болса Алпысбай ғой, сөлекет басып қой күзетуге шыққан», деп ойлады Аманқұл қараңдаған адам жаққа көз тігіп. Алпысбай қойшымен оның сөйлесуге аусары ауып-ақ кетті. Орнынан көтеріліңкірей беріп:

— Алпысбай, әу, Алпысбай! — деді ол ақырындап, бірақ қос жанындағы адам естірлік етіп дыбыстады. Қараңдаған адам, дыбысқа құлағын түре қалды да, үй артына қарай еңкейе түсіп, атын атап шақырған жаққа қарай жүрді.

— Әй, бассайшы аяғыңды, аманбысың? Кешке қарай сенің қараң қай жаққа батып кетті? — деді Аманқұл, аяғын асықпай басып жақындаған қойшыға.

Қойшы Аманқұлға сәлем беріп амандасты да үстіне шаң жұғып қалатындай, текеметтің шетін қолымен сыпырып тастап, алақанымен қағып-қағып жіберіп отыра бастады.

— Иә, Алпысбай, қай жақтан шықтың? Әлде бір жерге барып қайттың ба? Кеште сен жоқ едің ғой, бар болсаң солақпандай болып көзге түсер едің. Қарымсақ жылқыда ма? Аман-есен тұрып жатырсыңдар ма? Қойшы қаракөлеңкеде үңіле қарап, осы сенбісің, сен емеспісің, деген адамша, қолын созып жамбастап жатқан Аманқұлдың иығынан қысты.

— Ей, сен не қып жүрсің түнделетіп? Жай ма? — деп сұрады қойшы Аманқұлдың ұшы-қиыры жоқ көп сұрағына жауап қайырмастан.

Алпысбай Аманқұлмен жасы шамалас, денесі ірі, Аманқұл айтқандай солақпандай жігіт еді. Бірақ оның жайбасар, еріншек мінезіне қарап Шұғыл қойшылықтан шығармай қойған, — жұмсауға ыңғайлы, іске шалымды, ерінбейтін, жұмысты көп істейтін жылқышылар мен жалшылардың қатарына қосуға жарамсыз деп тапқан болатын. Сондықтан Алпысбай есейіп ер жеткенше қой соңында қалып қойды.

— Жұмыс болып келдім, солдаттар мініп кеткен аттарды өзім тауып алып қайтпасам, басқаның қолынан келе ме! Ал, Алпысбай, не жаңалық бар? Не болып жатыр? Ехлас ағам қайда? Ол үйіне қонбай, қалада қонып жүр ме? Жамал неге тұртияды? Кімге ашуланып талағы тарс айырылып отыр? Сөйлеспейді, мұқым, әкесін мен өлтіргендей. Сөйлесе келіп сөйлейді, мені жылқы бақтыруға бір өзі жалдап алғандай. Сонсоң, Алпысбай, мен саған бір қызық айтайын: мынау бәйбішең аузына түскенін сөйлеп, сұмдық сөздер айтты. Мен: «Нартай, өсіп қалыпсың ғой. Ехлас ағамнан ауған жоқ, ой, жігіт, қара мұның үлкен болғанын!» деп едім, «Сенің Нартайда не жұмысың бар? Кімге тартқаны саған неге керек? Білгің келсе, бұл Ехластың баласы емес. Барқындарыңа айта бар» деп көкіп отыр. О не дегені? Мұнысын Шұғыл естісе бір шатақ шығары айдан да анық. Не жетпейді, тұлданады? О, тоба! — деп Аманқұл жағасын ұстады.

Алпысбай жантая түсті. Ол Аманқұлдың айтқан аттары жөнінде де ештеме сұрамады; елдің аманшылығы мен жаманшылығы да оны онша тебірентпеді. Бірақ «Жамал неге тұртияды!..» деген сөзге ол елең ете қалды. Айтары ішіне симай, тыңдайтын тыңдаушысы болмай, Аманқұлды қолына түсіре алмай бөтен елдің ортасында жалғызсырап қалған қойшы әңгімеге орайласа кетті.

— Оның мәнісі бар, — деді Алпысбай, дыбысын өте ақырын шығарып. — Сен «Жамал неге тұртияды» дейсің бе? Ехлас ағаң тоқал алғалы жатыр, ақ жеңгең... Ақ жеңеше соған тұртияды. Біреу қатын ала алмай қайғырады, біреу қатын алдың деп қайғырады. Белгілі ғой жай, Амантай. Үлкен әкімдерге бір қатын жете ме? Олар сенімен мен емес қой. Бізге бір-бір қатын да жетер еді. Тіпті бар ғой, шамалы жарым-жарты қатын да жетер еді маған. Оларға бір қатын аз. Сен қара, бәйбіше мынау үйде, тоқал — қаладағы үйде, тіпті, Ехлас сияқты адамдарға елде тағы да бір қатын ұстауға да болады. Малы жетеді қатын алуға. Ехлас сенімен мен емес. Қаладағы қарағай үйіне мықты қатын керек. Осы мен, Амантай, таңым бар: Шұғыл қажы неге тоқал алмаған? Әлде өліп қалды ма? Ана Айтолыш кемпір алдырмады ма? Қой, Шұғыл оған қарамас. Соның неге қос қатын алмағанына миым жетпейді... — деді Алпысбай таңданып.

Ол тағы да бірнәрселерді айтқандай ыңғай көрсетті де, Шұғыл жөнінде Аманқұл не айтар екен деп жауабын күтті.

Аманқұл күліп жіберді.

— Әй, шамалы, жарым-жарты қатын да жетер еді дейсің бе? Қалай жарты қатын жетеді? Бір қатынды екіге бөліп жартысын аласың ба, әлде біреумен бірлесіп ортақтасып аласың ба? Егер екеу ара бір қатын алатын болсаң сен менімен бірлес. Саған мен қиянат қылмаймын, ұпайың кетпейді, — деп Аманқұл сықылықтай қалды.

— Амантай, сен тәлкек қылма. Мен сөзге шорқақпын, сендей сөзшең емеспін. Мен: бізге шамалы қатын да жарайды дегенім. Толық милы болмаса да, аса би болмаса да. Сонсоң онша көркем болмаса да. Есі жарым-жартылап болса да деймін. Әйтеуір ертеңді-кеш сиырыңды саууға, шай қайнатуға жараса болады. Тек ұрысқақ болмасын. Сен, Амантай, құдай атқан, бұрып кетесің сөзді. Келеке қыласың. Дұрыс.

— Ойнап айтам, Алпысбай. Сенімен біріктіріп құдай қатын алғызбасын, мына кер бұқадай күжбан сиқыңмен, мұқым, сен екі қатынға да ие боларсың... Жарайды, оны қой. Ехлас тоқалды қайдан алайын деп жатыр? Кімнің қызы? Сұлу ма? Көркі Жамалдан қалай? Әй, бәсе, енді түсіндім. Сол екен ғой, Жамалдың «Барқыныңа айта бар» деп балаға дау салып жатқаны. Бұл көкайыл мықты, төркініне тартып та кетуге бар. Сөз саптауын көрдің бе, — «Ехластың баласы емес, Нартай менің балам» деп. Әй, бәсе, бір шатақтың барын кіріп келгеннен-ақ сезіп едім. Өзі қара сұр кісі, беті онан бетер сұрланып кетіпті. Оңай сауда емес, күндес болу. Күндестердің талайын көріп жүрмін... — деді Аманқұл.

— Кім қызы деп, мен қайдан білейін әкесінің атын. Осалды ала ма? Өзі сияқты дөктір деп келді ғой, Қарымсақ. Қалада көріпті. Ехлас екеуі Ехластың арбасына мініп келе жатыр дейді. Қатын алса ағаң сенің алатын. Бізге пайда жоқ. Маған пайдасы Жамал жеңгеңнің қолы ашылып кетті соңғы жұмада. Кірсең болды — пісіп жіберіп сабаны, керсенмен береді қымызды. Нанның жарты табасын тұтас ұстатады. Маған Ехластың көне көйлегін, мына шалбарын (ол бұтындағы шалбарға қарап қойды) берді. Тарлау. Сонда да асыл шекпеннен тіккен. Аты мауыты дей ме, бірдеңе деп еді, ұмытып қалдым, — деді Алпысбай.

— Ім-ім, — деді Аманқұл созып сөйлеп. — Рас жомарт болған. Тура жомарт болған. Бәйбішелігін білдіре бастаған. Жақсы тоқал дейсің бе, әй? Сұлу ғой шамасы! Жамалдан да сұлу ғой айтуы. Сенің сөзіңнің жаны бар, Алпысбай. Шамалы қатын болса да дегенің емес, жарты қатын дегеніңнің өзі дұрыс. Сен Жұмакеңнің қыздарының айтқанын естідің бе? Жұртқа мақал болып кетті. Ауылда жігіттер аузынан тастамайды. Жұмекеңнің төрт қызы тезек теруге шығыпты. Бойжеткен үлкен апалары қаптарын арқалап әрегірекке ұзап кетсе керек. Арбада қалған екеуінің кішісі айтады дейді: «Бізден өзге жұрттың қызының бәрі ырысты; ана Құлекеңнің қыздарын көрмейсің бе, үлкенін ұзатқалы жатыр, екіншісінің күйеуі келіп кетті, кішісін айттыруға жаушы келді. Жақында оның күйеуі де қалыңдық ойнауға келеді. Көзіміз жаудырап жүргеніміз мынау, күйеу де жоқ, жаушы да жоқ. Осындай шақта құдайдан құдай болып, аспаннан күйеу жауып, апаларға дара-дара, біздерге екеу ара біреуі тисейші тым болмаса» деп. Сол апаларға дара-дара, біздерге екеу ара дегеніндей, қазір екеумізге бір құдайдан құдай болып...

Аманқұл сөзін аяқтап үлгермеді, үй жақтан:

— Аманқұл! — деген Жамалдың даусы шықты.

— Ойбай, естіп қалған екен әңгімені, бүлдіреді... — деп Алпысбай орнынан ұшып түрегеліп, еңкейе бүгіліп, қосқа қарай қорбаңдай жүгірді.

— Ә, ақ жеңеше, мен мындамын. Қазір, — деп Аманқұл жалма-жан шешіп тастаған етігін кие бастады. Сәлден кейін әйел даусы қайтадан шықты:

— Жарайды, жата бер? Құлағының сағын. Қой шетінде қандай қорылдар едіңдер. Жата бер! — деді, қатал үнмен. Аманқұл аң-таң болып иығын көтерді де, қайтадан отырды. Киіп алған етігін ол қайта шешпеді, бірақ үйге қарай жүруге де бата алмады. «Бұл не? Неге шақырды? Неге жата бер деп зекиді?..» Аңдысын аңдып, ол құлағын тосып біраз отырды да, төсегіне қайтадан қисайды. Бірнеше күннен бері Ехласқа, Ехластың тұқымына лағынат айтып, үнсіз булығып жүрген әйел бүгін Ехластың қалада қонғанына жарылып кете жаздап еді. Үнемі тұйыққа кептеліп келген шым шытырық ойлар қазір лық етіп бір сәт сыртқа шыққандай болды. Ол Аманқұлды түнде Ехластың артынан шаптырмақшы болып, орнынан басын көтерді де, шарт сынған теректей жастыққа қайта құлады. Ол өзіне өзі: «Тоқта! Тоқта!» деді. Еріндері таң әппақ атқанша: «Тоқта! Тоқта» деп жыбырлап жатты.

2

Мүкараманың Жымпитыға келгеннен бергі күндері мағынасыз бір буалдыр — алысты көрмейтін, жақынды жақсылап аңдай алмайтын тұман сияқты өтіп жатты. Қазақ даласының қақ ортасындағы бұл кішкене қаласымақтың көшелері де қызық: келте-келте, жазық, елсіз далаға қарай шығып жатқан тұтамдай орамдар. Жалғыз-ақ кең көшенің бойы ұзын. Мұның бір шеті бойня жақ түкпірден басталады да, сонау екі кластың орыс-қырғыз мектебіне қарай созылып кетеді. Мектептен әрі үйездік бәлнес. Бәлнес бір көш жер және жазға салым аяқ алып жүргісіз жолы балшық. Монша түбіндегі Қара Уәлидің үйінен бәлнеске жеткенше Мүкараманың екі беті албырап кетеді, етегін қолымен түре, қара бәтеңкеге жабысқан томардай қызыл балшықты аяғын сілкіп жеңілтіп, әлденеше рет тоқтап, кейде жол жиегіндегі шөпке сүртіп тазартып алады. Бәлнестің қақпасының алдында қар суы иіріліп қалған, сол суға аяқ киімін жуып кіреді. Әрі әппақ, әрі жұп-жұмсақ сүйріктей саусақтар жел мен суға жарылып, терісі қоңырқай тартқан, бұрынғыдан анағұрлым қатқыл. Үлбіреген беті де қарақошқылдана түскен. Жаз шыққаннан кейін де өңі бұрынғы әппақ қалпына келген жоқ. Шаң мен тозаң, жел мен күн онан әрі тотықтырды. Ақтиын шолақ манто, дөңгелек қара бөрік киіп жүретін Оралдың ақ Мүкарамасы қара қоңыр қызға айналып кетті. Сонда да сұлу дене, ажарлы жүз, Хакімнің жанын қытықтайтын тік кірпікті, мөлдір қара көздер әлі сол қалпында, тіпті бұрынғыдан да құмарлы, бұрынғыдан да ыстық ләззат себелеп тұрғандай. Бірақ Мүкараманы тап қазір Хакім көрсе: алдымен оның басқалар елемейтін көз алдындағы жұқа кірбікті көрер еді; бүтін өңінде: көзде де, қабақта да басқаға білінбейтін қыз мұңының нәзік ізі жатқанын байқар еді...

Бүгін де Мүкарама өзінің үзбей келіп жүретін екі ауруының жарасын қайтадан байлап беріп, терезенің жақтауына сүйеніп далаға қарап тұр. Аурудың біреуі: сол жақ білегіне шиқан шыққан еңгезердей қара кісі. Мұнан үш күн бұрын Ехлас доктор оның жарасын тіліп емдеген. Ушығып келсаптай болып кеткен білек бүгін аздап ісігі қайтып қалыпты.

— Қатты байла, лөктір, ісігі тез қайтсын бүрсүгүні Текеге жүремін, — дейді қара кісі гүрілдеген дауыспен қара құстай көзін жалтылдата қарап.

Қара кісінің келбетінде де қарақұстың түріндей бір әрі ожар, әрі шүңірейген сиық бар. Тура қарауға адам сескенерлік: ұзын бойлы, қара сұр, жақтары аттың жағындай, мұрын үлкен, көз ұясы шұңғыл, қабағы ызғарлы; бір қолының өзі бір құлаш дерлік, ал бармағының үлкендігі ғажап, жарасын тілерде қолын керіп ұстаған Мүкараманың уысына симады. Ілкі көргенде Мүкарама оған аң-таң болып тұрып қалды да, Ехлас доктор жымия күліп:

— Зарқұмды оқысаңыз, сондағы Хақан батыр осы Құнекең, — дегеннен кейін аздап үйрене бастады. Кейін екі рет жарасын байлап бергеннен кейін шиқанды ауруға көз үйреніп кетті. Бірақ аурудың аты-жөнін дұрыстап білген жоқ, өзінен сұрауға келісі келмеді. Бірінші күні доктор: «Құнеке, Құнеке» деп ауруға үлкен құрмет көрсетіп, мұқияттап емдеп: «Ертең де келіңіз. Бәлнесте мен болмай қалсам, мына Мүкарама бикеш емдейді», дегеннен кейін Ехлас доктордың «таныс, жақын адамы ғой» деп ойлаған-ды. Сондықтан аурудың атының кім екенін доктордан да сұрап алмаған болатын. «Мүмкін Құнеке шығар. Қазақтар шетінен Хелеке, Құнеке, Әреке, Жұмеке, Сәбеке болып келеді ғой. Татарларша Жамалетдин азби, Камалетдин азби, Сәлімгерей азби, демейді» деп ойлап қойған.

2

Терезеге сүйеніп тұрып, сол қарақұс келбетті «Құнекені» Мүкарама қазір көзімен ұзатып салды. Аузына келіп қалған бір сөзді оған айтып қала жаздап, бірақ үлкен кісінің көз қарасынан сескеніп, іркіліп қалды. «Көзінде Әзірейілдің жан алғыш сұсы бар. Адам қорқарлық... Кім екен өзі? Оқыған да жан емес, бай да болмас, би де болмас, мал баққан шаруа да сияқты емес. Қазақ халқының өзі қызық, біріне-бірі ұқсамайды. Ехлас абзи... жоқ Ехлас доктор, біртүрлі... Мынау қара кісі біртүрлі. Жаһанша да біртүрлі. Соңғы екеуі біріне-бірі көп ұқсас. Екеуі де ұзын, екеуі де қара сұр, екеуі де мұрынды, екеуінің де даусы зор. Бірақ Жаһанша оқымысты, әдепті, сөзге ұста, үлкен ұлық, княздар сияқты адам. Мынау: дөрекі, батыр, түйе жүн шекпенді қара қазақ. Жұдырығы шоқпардай шығар. Жас күнімде әни: қазақтардың арбасына салып жіберемін, шалит етпе, деуші еді. Сол қазақтар мына осы сияқты екен ғой. «Мені сіз Оралға ала кетіңіз, қаланы, үйді сағындым, деп айтпағаным қандай жақсы болған, өйткені ол: «Жарайды, лөктір, жүр!» десе не айтпақшымын? Бір арбада отырып, түрінен, қимылынан жеткенше менің жүрегім жарылып өлер едім.

3

Аманқұл мұнан бұрын да Жымпитыға, көктем шыға келіп кеткен-ді. Сол Ехластың отауын көшірісіп келген сапарда ол бәлнесті де көрген. Бүл жолы ол Ехластың ауру қарайтын бөлмесіне тура кіріп келді. Ешкімге жөн де сілтеткен жоқ және ешкімнен рұқсат та сұрап жатпады. Қауырт іспен ол суыт жүріп, болған жайды тез жеткізуге асықты.

Ойламаған жерден кіріп келген Аманқұлдың сәлемін де алмастан:

— Не болып қалды? — деп сұрады Ехлас.

Ол Аманқұлдың жай келмегенін жүрісінен де, түрінен де сезіп қалды. Өзінің де өңі қуқыл тартып кетті. «Өлім-жітім бар ма?.. Әлде Жамал жөнінде әңгіме тарап кетіп...» Оның ең қауіптенгені соңғы әйелі жөніндегі мәселелер еді. Мінезсіз әкесінің де, беделді, дәулетті атасының да мұның дегеніне көнбейтінін ол іштей сезетін.

— Ехлас аға, алдыңғы күні елге барған салықшылар біздің саяқты ұстап алып, бар іліп алар атты қалдырмай мініп кетті. Осы Жымпитыға Қаленді айдап кеткендер көрінеді. Соны қажы тез тауып берсін деп мені жіберді. Табысымен кейін алып қайт деді. Және әлгі жиыннан кейін ол дүрлігіп, бас көтеріп жатыр... — деді Аманқұл лекіте сөйлеп.

Ехластың жүрегі орнына түскендей болды.

— Ой, аттарың бар болсын сендердің, осы сендерді-ақ жау шабады да жатады екен, — деді ол қолын сілтеп, аса мағына бермеген пішінмен.

«Ат мәселесі жеңіл. Оған аптығып-үптігетін ешнәрсе де жоқ. Мұнда аттан гөрі ірірек мағыналы нәрселер де бар», деп ойлады ол. Сөйтті де қабағын шытып:

— Ол тағы қандай жиналыс? Ел неменеге дүрлігеді? — деді.

— Ойбай, Ехлас аға, сұрамаңыз. Бақаңды атып кетіпті осыдан барған солдаттар. Қасқа айғыр өліп, өзі хал үстінде көрінеді. Қален ағамды ұстап әкеткен... Оңай жұмыс емес қой. Жүніс жігіт жинап сол Қален ағамды босатып алмақшы болып жатыр... (Аманқұл аздап мүдіріп қалды да, ойын бүкпей айтуға кірісті) Жүнісекең босатам десе босатады. Ана жылы болысты қуғандай, елді тұтас көтерсе... Қазір де көп жігіт жиналып қалды. Сөкет, құндақты мылтықпен көк найза көтергендерге көз сүрінерлік. Ана жылғы қайда, мұның сирағына да келер емес. Жолдағы Тоқсаба мен Құл, Олжаорыс пен Бүкі қосылады деседі (бұл жерде ол Сүлейменнен естіген болжал әңгімені шын етіп айтты)... Айтып тұрмын ғой сөкет. Қажы сізге қалай да аттарды...

— Тоқта, тоқта!.. — деді Ехлас Аманқұлға.

Аманқұлдың келген жұмысы аттарды тауып алып қайту еді. Елдің дүбілісін ол көрмеген, тек қана Сағадағы жігіттерден естігенін «солай болар» деп шамалап Ехласқа қосыңқырап айтты. Ехлас не істерін білмей, және әңгіменің неден басталып, қалай болғанын түсіне алмай сасып қалды. Кең дүниені тарылтып, аспанды алақандай, жерді тебінгідей етіп «ат алды, жау шаптылап» келген Аманқұлдан келіссіз әңгіменің жай-жапсарын толық сұрап бәлнестің кабинетінде отырып тыңдау лайықсыз болды да, Ехлас Мүкарамаға:

— Мына жігіт біздің шалдың жылқысын қарайтын бала еді. Шаруаның арызы таусыла ма, маған келген ғой... Мен бүгін қайтып орала алмаспын бәлнеске. Жаңадан ауру келсе, ертең кел дерсіз, — деп бөлмеден шыға бастады да, бір нәрсесін ұмытып кеткен адамша күйбелектеп қайта кірді.

Қыз докторға жауап қатпастан, жақындай түскен Ехласқа үстел үстінде жатқан күміс портсигарды алып ұсына берді. Доктор қыздың ұсынған қолын портсигармен қоса ұстап алып бетіне қадала қарап еді, өзінің белгілі әдетінше Мүкарама ұзын, тік қара кірпіктерін қақпастан әлдеқайда асырып көзін жоғары тікті. Үлбіреген құду тамақтың асты, әдейі көргендей, қыз жоғары қараған сайын керіле түсті де, сұлу мұрынның ұшы болар болмас едірейе көтеріліп, жұп-жұқа танауы әлсіз ғана қыбыр-қыбыр етті. Доктор тез еңкейіп бала білекті томпақ қолдың сыртынан сүйіп алды да, қылмыс жасаған адамдай шапшаңдап есіктен шыға жөнелді. Қыз орнынан қозғалған да жоқ, я қарсылық, я сүйсінгендік ешбір шырай сезім де білдірген жоқ, тек сол сурет сияқты тұрған күйі бірнеше секунд қозғалмай, кірпігін де қақпай тұрып қалды...

БЕСІНШІ ТАРАУ

1

Оралдан хат келген соң...

Мүкарама больницадан шығып пәтеріне жеткенше шағын Жымпитының біраз халқын күнде көз алдынан өткізетін; өйткені оның пәтері қаланың қақ ортасындағы Өтеш дүкенінің арт жағында еді де, ал больница ұзын көшенің біткен жерінен әрі сонау шығыс жақ бетте оқшау — екі ара бір көш жер еді. Ол жолдағы қызыл мектептің мұғалімдерін үзбей кездестіретін; қалаға кіре берісте күнде бесін намазына ағылған татар шалдары, азаншы Сағитты, толып жатқан купецтер мен дүкеншілерді бойлай санап өтетін. Бұлардың қалада қайсының жоғын да бірден табатын. Бұлардан өзге соңғы кезде көбірек жол кесетін хан әскері мен офицерлері... Әсіресе офицер Абылаев Мүкараманы әдейі кездестіруге шыққан адамша үлкен көшемен сыдырта желіп келе жатады. Артында екі атқосшысы он-он бес қадам жерде, аңшыны жанамалап шапқан тазыдай, текіректеп шауып келіп, офицер тоқтай қалғанда, олар да кілт тоқтап, ін аузындағы суырдай шаншыла қалады. Ең баста Абылаев қызды тоқтатып, Ехлас докторды сұрады. Келесі күні Мүкарамаға ол: «Комиссияға ертең жігіт әкелеміз» деп мәлім етті. Үшінші күні де «іскер адам» екенін көрсетіп, комиссияның актысын сөз қылды. Оның арғы жағында амандасу үшін бұрылғанын баяндайтын болды. Сол күнде алдынан шыға келетін ерсі жүрісті офицер үш күннен бері ғайып болды. Оның қалада жоқ екенін Мүкарама бірден білді: үш күн ішінде көзге түспеуі — кәміл-ақ бір жаққа жол жүріп кеткені. Қара Уәли де үш күннен бері қалада жоқ. Қара Уәлидің жоқ екені де беп-белгілі: дүкен жабылар кезде ол уақшының алдында мас болып, бұлаңдап тұрып алатын. Ал маскүнем жоқ болғансын, айнала тып-тыныш, моншаның алды да жынынан айрылған бақсыдай жым-жырт — өзін де, өзгені де әбігерге салатын оның берекесіз иесі жол жүріп кеткен-ді.

Пәтеріне келе жатып Мүкарама өзінен өзі күліп жіберді. Ерекше көзіне түсетін бұл екі адамның жоқтығы оған өзгеше — орны үңірейіп тұрғандай көрінді. «Интересно! — деді қыз қақпасының алдына келгенде өзіне өзі. — Ертеден кешке шейін көшеде оңды-солды жортып жүретін офицер Абылаев болмағансын, бүгін бүтін бұл көше ұйқыда жатқан сияқты тып-тыныш. «Артықшылығын» көрсетіп күнде алдымнан өтетін еді, есер... Қара Уәли аби Оралға кеткелі дүкеншілер қатары да тарқап кеткен базардай. Ей, Алла, әркімнің өз орны бар».

Алдыңғы бөлмеде Қара Уәли шалқасынан түсіп қорылдап жатыр еді. Еденде жатқан Уәлидің есікті ашқанда өзінен бұрын Мүкарамға қорылы естілді.

— Майсара апа, мен тек қақпа алдында абиды ойлап та үлгіргенім сол болып еді. Қашан қайтты Оралдан? — деді күліп.

Мүкарама есіктен әрі аспады, Уәлиге қарап тұрып қалды. Қызды таңдандырған Уәлидің қап-қара боп түтеген баржиған сиықсыз беті мен үйді басына көтерген ышқынған қорылы емес, оның өз орнында жатқаны болды. Уәли тап осы жерде, тап осы қалпында, тап осы ышқынған күйі, тап осылай жататын. Үш күннен бері бос тұрған орны қайтадан толып қалған сияқты.

— Келді абиың, келді. Келіп, есіріп те үлгірді. Дәулетті Ақшуриндер де бұлай жатпас! Рахаттанып жатыр: басында жастық, астында төсек те жоқ, өз орнына жетті де, жығылды, — деді әйел ащы кекесінмен. — Танауларын көрдің бе, қаһар соққанның, теміршінің көрігіндей желпілдейді, бүтін потолокты көтеріп тастарлық. Бір қора доңызды бір қосып айдасаң да мұндай музыка бермес.

Мүкарама ашынып сөйлеген әйелге я қостап, я қарсылық білдіріп тіл қатпады. Әдетінше сыпайы күлімсіреп, төргі бөлмеге қарай аса берді.

— Оралдан хат келтірді... Үстелдің үстінде, — деді әйел оған аздап жұмсарған үнмен.

Хатты ашып жіберді де, Мүкарама Хакімнің жазуын тани кетті. Ол жалма-жан хаттың аяғына қарады: Жазған сүйікті әбиің деп оқырсың деген». «Бұл қалай? Көзім бұлдырап тұр ма?» деген адамша, қыз ұзын кірпіктерін қайта-қайта жыпықтата түсті де, «әбиің» деген сөзге әбден көзі жеткеннен кейін мұңая қалды. Көзін хаттан алып терезеге бұрды.

...Бұл қалай? Жазу Хакімдікі, жазған әби... Әлде мен Хакімнің қолын ұмытып кеттім бе? Мүмкін емес! Соныкі. Жоқ. Жоқ...

Ол хатқа екінші рет үңіле қалып, бірінші жолын оқып шықпастан қағазды аударып қарап еді, бір жағы ақ — жазусыз екен. Хат кемпірдің хаты. Бұл анық. «Бұл қалай?» деген сұрау оған үшінші рет айналып келіп, нақ көз алдынан өтіп кеткендей болды. Қыз ойға қалды. «Бәлкім Хакім жазған шығар бұл хатты. Олай болса, өзінен неге бір ауыз сөз қоспайды? Ең болмаса бір ауыз сөз қосу керек қой».

Қыз хатты тез оқыды; Оның уылжыған жұқа еріндері көктемнің қоңыр желі үрген қызғалдақша қозғала берді. Ол кемпірдің: «Бөбегім Мүкарама...» деп бастап, қатты сағынғанын, қала ішінің осы күні қорқынышты екенін, үйді тастап ешқайда шықпайтынын, жалғыздан жалғыз қалып, ертеден кешке шейін терезеге қарайтынын тізіп келіп, мұңын шаққан сөздерін желіп өтті де, аяғындағы «ифрат сағындым; сені бик көргім келеді» деген тілегінен бір-ақ шықты. Сөйтті де күліп, қағаздан көзін жоғары көтерді. Оның бойын бір бұлдыр шаттық билеп кеткендей болды. «Жазу да, тіл де Хакімдікі. Сол жазған. Татарша олақ сөйлейтіні көрініп тұр», — деді қыз ішінен. Мезет ол сол қолындағы жұмарлап ұстаған конверттің сыртына қайтадан бір көз жүгіртті де, жоғын іздегендей, оның ішін ашты... Конверттің ішінде қалған екінші хатты қалай шапшаң суырып алғанын өзі де байқамай қалды. Екі бетін толтыра жазып төрт бүктеген кішкене қағазды тік жазып жіберіп қадала қалды, ілкі хаттан да шапшаң оқыды, тіпті оқымастан, сөз артынан сөзін жұтып жатқан сияқтанды. Оқып шығып, өзінің қадала қарайтын әдетінше, терезеден жоғары бір нүктеге әлденеше секунд көз алмай қарады да, тап сол хат оқып тұрған жеріне — еденге отыра кетті. Екі тізесін балаша құшақтап төмен қарап қалған Мүкараманың екі иығы солқ-солқ етті, бөлме ішінде оның ақырын ғана жыламсыраған дыбысы да құлаққа анық шалынғандай болды... Қыз мінезін түсіну қиын. Мүкараманың көптен күтіп жүрген сағынышты хатты оқып жыламсырағаны да түсініксіз жайдың бірі, бұл адам мінезінің құбылмалылығына байланысты болса керек. Аздан кейін ол асықпастан орнынан тұра келіп терезе алдына барды, қол орамалмен көзі мен мұрнын сипап өтті де, хатты қайтадан оқуға кірісті. Бұл жолы ол оқып тұрып езу де тартқан жоқ, тұнжырап қабағын да шытқан жоқ — жай қалпында, өзінің сабырлы қалпында қалды. Хатты да әрбір сөзін салмақтағандай аса жай оқыды.

«Жан сүйгенім Мүкарама! Сенен айырылғалы үш ай болды. Үш ай деген көп уақыт емес, бірақ маған бұл үш ай — үш жылға татыды. Неге бұлай? — Мен мұны сөзбен дәлелдей алмаймын. Мүмкін ынтық жүрек күн санамай сағат санайтын шығар. Сондықтан оған қысқа күн ұзын көрінетін шығар. Бәлкім... Өмірдің бұрын біз көрмеген естіп-білмеген, тіпті, ойласаң қиялың да жетпейтін бір селді арнасы алысқа сүйреп, арамызды сағат санап, күн санап алшақтатып бара жатқан болар. Осыны сезген жан әлде тақатсыз күтіп, уақытты ұтуға құштар ма екен?! Білмеймін...

Біздің мұсылман халқында «ғашық» деген сөз бар. Қазақ бірін-бірі мықтап сүйген жастарды «Жүсіп пен Зылиқадай», «Сейпілмәлік пен Жамалдай» екен дейді. Тіпті кәдімгі: «Ауған жоқ, Қыз Жібек пен Төлеген сияқты» деп парластырады. Күнде айтылып жүрген бұл құлаққа таныс сөздерге бұрын мағына бермейтін едім. Ал, қазір «ғашық» деген сөз маған дүниедегі ең мағыналы сөз сияқты: оның көзбен көріп, қолмен ұстап бар сыр-сипатын ұғып алған тәріздімін. Ғашықтың дегеніміз — кәдімгі ғашықтық: менің сүйгенім бір ғана сен!? Сенен басқа адамға еш уақытта көңілім аумақ емес. Үйткені сен Мүкарамасың. Сенен өзге маған Мүкарама жоқ. Мүкарамасыз маған өмір де құнсыз. Бұл өзінен өзі дәлелденіп тұрған ақиқат. Ал, бірақ бұл ғашықтықтың қиын-қиын жолдары бар көрінеді, сол қиын жолдарды бастан өткізбей және болмайды екен. Осы жолдардан аумай, талмай, адаспай, иілмей өткен жастарды Жүсіп пен Зылиқа, Сейпілмәлік пен Жамал дейді екен. Мен осыны ойлап, қаншама асықсам да «сабыр еткен жетер мұратқа» деген данышпан сөзге тоқтала беремін. Сені де тап әзімдей деп ойлаймын. Мұратқа жетеміз — бұған мен сенемін.

Мүкарама! Қағаз тапшы, уақыт тар. Сондықтан аз жаздым. Әбиіңнің хатын жазып беріп, өзімдікін соған қоса конверттеп отырмын. Кемпірмен екеуіміз татуластық. Бізді татуластырған да уақыт пен ағым. Бишара кемпір жалғыздан жалғыз сені сағынған. Адам біткенді сағынған. Мені де «сағынып» қалған! Қаншама еріктіміз десек те, өз билігіміз өзімізде емес қой. Біреу ескі әдет пен ғұрыптың құлдығында, біреу өмірдің шыңырау түбінде, біреу өз басын қорғай алмай басқа жанның жетегінде жүр. Енді біреулер дегеніне ете алмай талпынып келеді. Кемпір бишара да солай. Ескі ғұрыптың күшімен мені жек көріп келіп еді... Жалғыз кемпір ғана емес. Талай апа мен қарындас, аға мен іні елден еріксіз, тар қапаста жатыр: надандық, қараңғылық, әділсіздік, қаталдық, жоқтық, жетімдік, тағы да осы сияқты бастан асып жатқан «дық» пен «діктер» тұншықтырып бітті. Мен мұны жаңа ғана көрдім. Көріп қана қойғаным жоқ, жарық сәулеге қарай ұмтылуға бел байладым. Өзіме де, өзгеге де сол ерік сәулесін түсіруге аттандым! Мен қазір сенен алыспын, алыс та болсам жақындаумыз күннің атуы мен батуындай хақ нәрсе. Мүмкін мен сені әлі де бірнеше ай кездестіре алмаспын. Бірақ жолдағы өткелдерді аттап өтіп, сені тауып алатыным айдан анық. Құшақтаған қолын жазбай, қанбай сүйетін Хакімің».

Шақпақ тастан төгілген көп ұшқынның бірі мақтасына тура келгенде от алып кететіні сияқты. Хакімнің хаты Мүкараманы тұтатып жібергендей болды. Ол хатты қайта-қайта сүйіп алды да, көкірегіне басты.

«...Өзіме де, өзгеге де ерік сәулесін түсіруге аттандым... Мен қазір сенен алыспын, алыс та болсам жақындаумыз күннің атуы мен батуындай хақ нәрсе», — деді қыз Хакімнің сөздерін қайталап оқып. Ол терезе алдында тұрып қалды. Ойға, терең ойға енгендей болды. Ол осы күнге дейін өзі жөнінде де, өзгелер жөнінде де салуалы ойға келген емес-ті. Оған өмірде бәрі оңай, бәрі дайын секілді еді. Қағусыз, қамсыз өскен шақ, бейнетсіз оқу, қаяусыз тәрбие — оның ұсынғанына қолын жеткізіп келген сияқты еді. Әсіресе сүйріктей мүсін, қызғалдақтай ажар өзін ауызға мақтан, көзге нысана етіп келгенін де жақсы білетін. Бірақ таныс аз, қызығы жоқ, үйренбеген жат түкпір оның ұлпа жүзіне белгісіз бір қыз мұңының көлеңкесін түсіре бастап еді.

«Қаншама еріктіміз десек те, ез билігіміз өзімізде емес қой...», — дейді Хакім. Қандай ақылдылық. Ешкімде ерік жоқ. Еркім болса осында отырамын ба?! Аби! Аби! Осында жіберген ойыңды да әбден түсіндім, мен сенің!.. Мүкарама түнімен ұйықтай алмай, таңды көзімен атқызды да, почта айдаушы Сағиттың ат-арбасына мініп, ертемен Оралға жүріп кетті. Ол Хакімді кездестіремін деген үмітпен кеткен жоқ, Жымпитыдан бір жола кету ниетімен жол тартты.

2

Оралдың қысы суық, жазы ыстық.

Июнь айының ми қайнатарлық шаңқан күні тас төбеде жылжымай тұрып қалған сияқты — бір күн бір жылдай. Қала үстін күндіз ақ шаңылтақ мұнар басып, ақырын жылжып күн еңкеуден зорға құлағанша түкірікті жерге түсірмейтін аңызақ болады да тұрады.

Қаңылтыр төбелі үйлердің қиығы балқып кеткен — былқылдаған сыр төңірекке тамақты қырып, демді тарылтарлық зілдей бір қоп-қою иіс төгіп тұр.

Өзеннің жақша иілген жар қабақты иініндегі үлкен қаланың ірі үйлері де мол. Атақты Краевтің үш қабат зәулім үйі көп түйенің ішіндегі қызыл нардай өркеші өзгеден едәуір биік, көш жерден көзге түседі. Қаланың арқа жақ беттегі темір жол станциясымен екі арадағы үлкен алаңда сол Краев байдың қызыл тас сарайынан да еңселі кәдімгі «Қырық тұрба» атанған Николайдың атақты абақтысы тұр. Өзге үйлер мүжіліп, құлап, ескіріп бітсе де, бұл тозығы жетпейтін аңғал денелі жалмауыз үй сынық тасы шетілместен әлі баяғы қалпында, алаңды айнала салған құжынаған шағын құжыраларды иығынан басып, жаншып жермен жексен етіп, езіп тұрған сияқты. Абақтының ауыр қақпалы қақырайған биік тас дуалдары, төрт бұрышындағы едірейген төрт қарауылшығы — кей кезде көзге дәурендеп өмір сүріп дүние салған атақты байлардың адырайған төрт құлақты моласындай болып көрінеді, қасына барған жанға түсі көрден де суық: зұлым заманның жақсыны жалмап, жұтып жатқан жаһаннам аузындағы алпыс басты айдаһарындай. Бұған кірген із сансыз, шыққан із санаулы!..

Бірақ... Терезесі темір торлы, есігі шойын, асты-үсті көк тас бұл жаһаннам пішінді зынданға тығып, кіріптардың қолына, аяғына қос қабат кісен салса да, сонау Ферғауындардан бастап осы күнгі құдіретті әміршілерге дейін, ешбір жан тұтқынның еркіндікке ұмтылған, кең дүниені көксеген ойы мен тапқырлығын бөгей алған емес.

Сол сұр заманда төңкерісшіл кіріптарларды жасырын азаптан, білдірмей өлтіріп, халықтың жадынан шығарып, ұмыттырып барып көзін жоғалту үшін қаншама рақымсыз, қатаң айлалар істесе де, зұлымшылық әшкереленбей қалған емес.

Ағын судың алдын бөгеп, ағысын тоқтатсаң да, ол өмірі сол жерде тұрып қалмақ емес — топырақты жырып, кедергі, шөке-шөленді айналып өтіп, жылап ағып, жолындағы кедір-бұдырды жуып, із салып, баяғы өз жолын табады. Тар қапаста отырған жандар да сол ағын су сияқты қысымнан кеңшілікке, қараңғыдан жарыққа тынымсыз тырбанып, құмырсқаша жол салады.

Казак атамандары мен ақ генералдар большевик Дмитриевті 1918 жылдың 15-июніне дейін «Қырық тұрбаның» қос құлыпты дара камерасына жапты; бұл аздай-ақ, оның қол-аяғын қоса кісендеп, қаңылтырмен қаптап, темірмен белдіктеген, қақ ортасында жыланның көзіндей жалғыз тесігі бар есігінің сыртына жеке қарауыл қойды. Тергеушінің алдына жауапқа апарғанда Дмитриевтің алдында екі адам, артында екі адам, екі жанында екі солдат кісенді қолынан ұстап жүрді, көлденең көзге түсірмеу үшін тергеуді түнде жүргізді; ондаған тыңшылар күні-түні абақтының айналасы мен оның пәтерінің төңірегін торлады; бейсеуіт жүрген адамды полицияға жетектеп, астыртын ұйымның ізін кесті; қала мен даладан оның қолын бір жола үзуге әрекет етті.

Бірақ, тиірмен жұмысшылары мен тері-тон заводының, темір жол бойының, баспахана орындарының еңбеккерлері басшы большевиктің қай сағатта жатып, қалай ұйықтағанын да біліп отырды. «Қырық тұрбаға» жақындағы қала түгіл, алыстағы дала да құлағын түріп, көзін тікті.

Тұтқынға тамақ әкелген шағын бойлы, жүзі сынық, аш өңді талдырмаш қыз түрмешіден ыдыспен берген тілдей қағазды алды да, үйіне қарай жүрді. Күндегі әдетінше ол ешбір жерге тоқталған жоқ — өзінен өзге тірі жан жоқ оңаша үйіне жеткенше асықты.

Көлеңке түспейтін қақырайған тас дуалдың алды күйдіріп жіберерлік тандыр сияқты еді де, тұтқынға тамақ қабылдайтын кішкене құжыраның іші иін сұғатын жері жоқ, халыққа лық толы болатын. Еркіндеп дем алуға болмайтын қапырық ыстықтан кең алаңға шыға келгенде қыз бейне тар қапастан шыққандай болды. Тамылжыған күннің бетке соққан ыстық лебі де оған салқын самалдай-ақ көрінді; ұсақ бедерлі шыт көйлегінің омырауын аша түсіп, екі қолтығын кезек-кезек желпіді. Қыз жеп-жеңіл аласа тақалы кебіс тәрізді бәтеңкесін қолына алып жүгіре басып келеді. Мойны, екі иығы, білегі мен сирағы күнге күйіп, ашаң денесі мейіздей боп қатып қалған, ол қолындағы әлденешеге бүктеп алақанына жұмған қағазды дүниедегі ең бір қымбат бұйымдай онан әрі жымқыра түседі.

Қағазда жазылған сөз көп емес, оны тар құжыраның ішінде-ақ көзімен жүгірте оқып шыққан. «Кішкене Дусенькам! Әкелген тамағыңды алдым. Ертең темекі әкеліп берсең жақсы болар еді. Қатты сүйетін папаң» деген.

Қатты сүйетін әкенің «кішкене Дусенькам» деген сөзінен артық жүрекке жылы, жанға ыстық сөз бар ма? Ең қымбатты, ең жақсы, есейгенше иығына асылдыратын мейірімді әке! Дауыл алдында ұяда жалғыз қалып үрпиген балапанша елеуреген қызға «кішкене Дусенькам» деп басқа кім айтар! Алыстағы айдаудан жыл құсындай күткен әке! Маңдайын сипар ананың жоқтығын білгізбейтін әке! Өмірдің кілең дауылды сұрапылына қарсы барған әке! Бүтін гимназия, бүтін қала сыйлайтын білімді әке! Халық сөзін тыңдайтын шешен әке! Бүгін тағы жеті қабат тас қамаудың түкпірінде отырсың! «Ертең темекі әкелсең жақсы болар еді» дейді. Темекі тартпайтын кісі — темекі сұрағаны несі? Әлде ана әміршілер тағы да алысқа, көз көрмес жерге жөнелтпекші ме?!

Жүгіре басып келе жатқан қыздың ойы да өзінің жүрісіндей ұшқыр еді. Оның ойына іштей ойран ететін, жүректі тілгілейтін, көзден ащы жас ытқытатын талай қасіретті ойлар тізілді. Бірақ қыз жыламады. Оның жылауға мұршасы келмеді — үйіне жетіп қағаздағы жазудың астарын ақтарғанша асықты.

Бұл революционер Дмитриевтің қызы — «кішкене Дусенька» еді. Дуся оңаша қораның ішкі есігінен кіре бергенде екінші қақпадан шыққан Зубков ақырындап қана тамағын кенеп қалды. Қыз оны дауысынан танып, бұрылып қарамастан ішке қарай ене берді. Әкесі сияқты болып кеткен бұл адамның үйге ілесе кіргеніне қыз таңданған жоқ, оны ойға қалдырған Зубковтың қасындағы Хакім болды. Қыз Хакімнің бетіне қадала қарады.

...Кәдімгі Мүкарама Құрбанованың жігіті. Кеш болса жұбын жазбайтын қос қоңыр, бағана Мүкарамасын да көрдім. Бірақ түрмеге асығып бара жатып сөйлесе алмадым. Екеуі бірге келген ғой. Үйленді ме екен... — деп ойлады Дуся.

Қызды Хакім де таныды. Бірақ ол бас иіп амандасты да, не дерін білмей, үнсіз тұрып қалды.

Дмитриевтің кім екенін бұрын білмесе де, Хакім март айынан бастап оның жайына сыртынан қанғанды. Атақты адамды бір көруге оның құмарлығы күн санап арта түсіп, бұл күнде ол қол жетпейтін алыстағы көп арманның бірі сияқты болып кетіп еді. Кей кезде Хакім қиялымен бүтін дүниені уысына жиып, шарықтаған ойын бөгетсіз орындап тастайтын. Ол қаптаған қалың әскермен бірге Орал қаласын қоршап алып, атаман Мартыновтың жеңіліп, қол көтерген штабын өзі қарусыздандыратын. Ол анау жексұрын «Қырық тұрбаның» қақпасын ашқызып жіберіп, Дмитриев пен Қаратаевты өз қолымен босататын. Бұл қиял еді, оның шарықтаған ойы еді. Ал, мына қарсы алдында тұрған Дмитриевтің қызын бүгін көремін, оның үйіне кіріп, басшы большевиктің хабарын өз қызының аузынан естимін деп ойлаған жоқ еді; бұл қиялға да соқпаған нәрсе еді.

Хакімнің тосырқап қалғанын сезіп, Дуся алдыңғы бөлмедегі орындықты көрсетіп:

— Отырыңыз! — деді.

Хакім оған тағы да басын изеді. Ілкі минутта Дуся, бұл басқалардан өзгеше өте сауықшыл, жастық қызығына шомып жүретін оқушының астыртын қызметке араласып жүргеніне шек келтіргендей болып еді, бірақ соңынан сенімді Зубковтың ертіп келгені есіне түсіп, күдігі сейіле бастады.

Бұл кезде Зубков сенекте тұрған шамды алып келіп жақты да, қара жиектеніп жанған тілдей сарғыш отқа қыз берген жазулы қағазды таптай бастады. Хакім оның не істейтінін түсінген жоқ еді — оған бүгінгі жүрісінің, көргендерінің бәрі жұмбақ сияқты еді. Ал, мына көп үндемейтін Земство қызметкерінің істеп отырғаны жұмбақтың жұмбағы сияқтанды. Ол шамның отына қызған қағазға көзін басқа жаққа аудармастан қарады. «Мұны жағып жібермекші ме» деп ойлады. Бірақ Зубков қағазды қыздырған сайын, қағаздың түсі қызғылт тартқан сайын жұмбақ шешіле бастады... көп заман күн көзінде жатқан қағаздай өңі өзгеріп қызыл шабдарланған сызықты дәптер бетінде қоңыр бедер жазу пайда болды. Жазу сөзден басталып, сөйлемге толды да, қағаз беті қызған сайын молайып, жол соңынан жол тізілді. Зубков қағазды оттан сынық сүйемдей жоғары ұстап тұрып, бір қалыпта, асықпай қыздырды, отқа ұстаған бетін қайта-қайта қарап алып, тегіс шығаруға тырысты. Кешікпей ол бейне бір су болған ақшаны отқа ұстап мұқияттап кептіргендей, қағазын әбден шамға таптап болып, басын жоғары көтеріп, бойын жазды; үй іші жарық болса да, ол терезе алдына барып, әрбір жолдың әріптерін санағандай үңіліп, қағаздың астарлы жазуын көзінің алдынан өткізе бастады. Оның қағазды бетіне тақап оқығанын көріп Хакім ішінен «көзі бұзылған екен» деп ойлады. Бірақ Хакімді қатты қобалжытқан Зубковтың қағазды көзіне тақап оқығаны емес, оның жер қозғалса да қозғалмастай мінезі мен жұрттан өзгеше ісі болды. Зубковты Земство кеңсесінде бірінші рет көргенде Хакім оны «мынау бір дөрекі чиновник қой. Мен қателесіп келген жоқпын ба» деп ойлаған еді. Бірақ қара жіппен құлағына асып қойған үлкен шеңберлі пенснесі, шоқпардай мұрны, сақал, мұртын қырған ат жақты беті, екінші бөлменің нақ төрінде отырған орны — тап Меңдікерейдің түсіндіргеніндей болғансын ғана оған қағазын ұсынған. Қағазды оқығаннан кейін де ол Хакімнің бетіне қараған жоқ-ты. Жуан дауыспен:

— Қашан бітеді сендердің дауларың? Құдайдың жері жетпегендей, өзен бойының тілдей жағасын даулайсыңдар. Сыртқа шығып күте тұр, — деп төмен қарап, қағазға үңілген күйі отырып қалған.

Бұл өткен жолы — Ақметшеге жолыға келгендегі болған уақиға еді. Ал бүгін сол сөзін қайталап:

— Сендердің даудан өзге білетіндірің бар ма өзі. Алдыңғы бөлмеде күте тұр, — деді.

Жарты сағат өткеннен кейін ол көшеге шығып бара жатып Хакімге көзінің астымен қарап өтіп, ілгері жүре берді. Хакім оның соңынан өкшелемей кейінірек қалды. Екінші көшені айнала бергенде жүгіре басып қуып жеткен болатын. Бұл жолы ол таныс Хакімнің бетіне тура қарап, түрі-түсін белгілеп жатпады. Тек оған ақырындап қана:

— Алыстан жүріп отыр, менен көз жазба. Мен кірген үйге кірерсің, — деген.

Сол кірген үй осы Дусяның пәтеріне көрші қора болатын. Сонан кейінгі көргені атақты Дмитриевтің қызы мен Зубковтың мына сиқырлы хаты! Хакім мұны шынында да сиқырлы нәрседей көрді. Зубковты әлде не бір ертекте кездесетін ісі жұмбақ, өзі үнсіз, дүниенің барлық жан білмейтін тетігі жалғыз ғана соның қолында тұрған өзгеше сияқты көрді. Хатты Зубковпен бірге үңіліп Дуся да оқып шықты. Екеуі бірер минут уақыт үндемей терезеге қарап тұрды да, Зубков жалма-жан бұрыштағы кішкене үстелге отырып, хатты көшіре бастады. Дуся әлі де біраз уақыт терезенің алдында үнсіз тұрды да, Хакімге бұрылды. Бірақ қыз бірден тіл қата қоймай, мұңайған пішінмен бетіне қарай берді:

— Қалай екен? — деп сұрады Хакім ақырын ғана.

Біреу естіп қала ма деген адамша ол өте жай сөйлеп және қыздың мұңайған пішініне қатты қобалжып, оның үні аса аянышты шықты.

— Папамды айтасыз ба? — деді, кімді сұрағанын қыз оның үнінен ұғып.

Хакім басын изеді.

— Тар қапаста отырған адам қалай болушы еді... — деді қыз төмен қарап.

Хакімнің құлағына қыздың үнінен кінә қойғандай бір дыбыс шалынды. Ол сасып қалды, аузына:

— Мен де болғанмын. Тар қапас деген рақымсыздық пен әділетсіздіктің ұясы, — деген сөз түсті.

Бұл шындық сөз еді. Бірақ Хакім қосақ арасында бос жүріп, әлдеқалай түрмеге түскенін дәріптеп «мен де болғанмын» деген орынсыз мақтанышына ұялып қалды. Оның ұялғанда құлағына дейін қызарып кететін әдеті еді, — қазір құлағы түгіл бүтін мойнына дейін қара күрең тартып кетті. Қыз басын көтеріп алып тағы да оның бетіне қарай қалды.

— Сіз де Совдеп жағына шығып, езілген халық үшін қызмет істеп жүрсіз бе? — деп сұрады қыз, сәл бөгеліңкіреп.

«Сенбей ме?» деген оймен Хакім де қыздың бетіне қарай қалды, бірақ ол Дусянің жүзінде сұрақтан өзге, риза болып қуанғандай шырай барын көрді.

— Бұрын жастықпен бейғам жүріп өмірді түсінбеппіз. Көктемнен бері кім дос, кім қасын айыра бастадық, — деді Хакім, қыздан кешірім сұрағандай көзінің астымен қарап.

Дуся тағы да ойлана түсті. Оның қату қабағы көре көзге ашыла бастады.

— Мүкарама Құрбановамен бірге келдіңіз бе Оралға? — деп сұрады Дуся.

— Жоқ, жоқ, Евдокия Петровна, — деді Хакім, «Дуся» деуден көрі дәріптеп сөйлеуді жөн көріп — Мүкарама алыста — Жымпиты қаласында. Мен басқа жерден келдім. Сол өзіңіз айтқан Совдептің тапсырмасымен. Мүкараманы көктемнен бері көргенім жоқ.

— Мен екеуіңіз де бір жерде, бір жолда жүр ғой, Оралға да бірге келген шығар деп ойлап қалып едім. Құрбанованы бүгін таңертең көрдім. Папама тамақ апара жатып, асығып ұзақ сөйлесе алмадым. Осындағы больницада істегім келеді, кеше келдім деді, — Дуся қағаз жазып отырған Зубковқа қарап қойды да, ақырын ғана: — Сіздер бақыттысыздар. Мүкарама екеуіңізді айтамын. Екеуіңіз билегенде бүтін жастар көзін алмайтын сіздерден. Сіздер бізден көп бақыттысыздар, — деді.

Дусяның үнінде де, жүзінде де тағы да ауыр мұң пайда болды. Хакімнің көзіне қыз жаны қатты қиналып қабағын шытқан сияқтанды. Бірақ ол қыздың қам көңілін көтерерліктей бірден лайықты сөз таба алмай қалды. Ойланып жауап беруге уақыт тар болды.

— Міне, қағаз. Петр Петровичқа бересің. Жаңағы келген ізбен Шағанға қарай шығып кет. Сау бол, — деді Зубков Хакімге төрт бүктелген қағазды ұсынып.

— Жақсы. Сау тұрыңыз, — деді Хакім екеуіне басын кезек иіп.

Зубковтың сөзінен кейін Хакімге бөгелуге мүмкіндік болмады. Ол артына қарамастан үйден тез шығып кетті.

3

Дусянің үйінен Хакім қатты қобалжып шықты. Оның жан-жүйесін толқытып жіберген қыздың түрі мен сөзі болды.

Саусақтары мен білегінің нәзіктігіне, денесінің өте талдырмаш әлі толысып жетпегеніне қарағанда Дуся бала қыз дерлік. Бірақ қабағының қатулығы, бетінің ашаңдығы, езуіндегі мезгілсіз пайда болған кішкене сызық жүзіне суық рең беріп тұр да, үлкендерше байсалды сөйлеуі, өмір азабын көп көріп, үздіксіз қайғы шегіп келе жатқан адамның бейнесін елестетеді. «Сіздер бақыттысыздар. Мүкарама екеуіңізді айтамын» деген сөзден Хакімнің құлағына: «Жас шағымда мен мынадай әрі жалғыз, әрі бақытсыз халде қалдым; сендер сияқты өмір қызығынан үлесімді ала алмай, қайғының қазанында ғана күйіп-піскен жанмын» деген шағым үні естілгендей болды. Ол қызды қатты аяп кетті. «Әкесінің жау қолында отырғаны жеңіл қайғы емес қой. Бұл рақымсыздар кімді кіріптар етпеді? Кімді айдап әкеліп түрмеге тығып, кімді азаптамады! Талай әйел ерсіз, талай бала әкесіз қалып жатыр. Бұлар әлі талайдың басын жұтар. Әлі де талайды зар еңіретер!» деп тістенді ол ішінен үлкен көшеге қарай келе жатып.

Оның келе жатқаны Құрбановтардың үйі еді. Бірақ Дусянің «Мүкараманы көрдім» деген сөзі Хакімге қатты әсер етпеді. Ол көптен көрмеген шын сүйген адамының бейнесін күнде-күнде көз алдына келтіріп бір көруге зар болып жүрсе де, сол минутта асықпады; арт жағына қарай-қарай келе жатты. Оның көзіне Дусянің мұңды пішіні мен жүріс-тұрысы елестей берді. Ол белгілі қақпаның өткен жұмада келіп кіріп кеткен кішкене есігін тықылдатқанда да бұрынғыдай жүрегі лүпілдемеді, аяғын тырпылдата басып жақындаған кемпірге де, оның таңырқап қараған пішініне де онша назар аудармады. Ақырын жылжып ішке қарай кіре берді.

— Мүкарама жоқ, больниске кетті, — деді кемпір басын иіп амандасқан Хакімге сәлемдесудің орнына.

Бірақ кемпір оған таңырқап қарағанмен «кет әрі» деген қабақ көрсете қоймады, тек қана өзінің ескі әдетінше:

— Бик келгіш малай. Хазір енді келмесе де ярар еді, — деп күңкілдеді.

Хакім оның күңкіліне құлақ қойған жоқ.

— Шеше, бір сағатқа ғана келдім. Мүкараманы көру үшін және сізге сәлем беру үшін кірдім. Уақытым аз — тезінен кері ауылға қайтамын, — деп ішке кіріп, анау күнгі өзінің хат жазған үстелінің жанына отыра кетті.

Ол бөлмеге кірместен, сенекпен жүріп аулаға қарай кеткен кемпірдің дыбысын тыңдап отырып, үйдің ішін көзімен бір сүзіп өтті де, қалтасынан Зубковтың берген қағазын суырып алды. Бүгінгі көрген көп жұмбағының бірі түрмеден шыққан қағаздың ақ жеріне жазылған көзге түспейтін жазу еді. Мына қағазды ашып жатып ол бұл «сиқырды» тағы ойлады. Бірақ оның соданың суымен жазылғанын Хакім тап сол күні білген жоқ, оны кейінірек түсініп еді. Қағазда мыналар жазылған екен: «Айыптау қорытындысын кеше жариялады. Ертең сот болады. Сот емес — жазалау ғой. Жұмысшы табының бас көтергендерін жою үшін шығарған июнь заңын қолданады. Жаудан жақсылық күтпеу — күресудің басты шарты. Бірақ коммунист жолдастардан тілейтінім: бізді халас ету мақсатын халық бостандығынан тыс қоймаңдар. Мыңдаған, миллиондаған аш-жалаңаш жандарды құлдықтан құтқару ісін шапшаңдатқан сайын түрмеде отырған біздің таңымыз да тезірек саз береді. Таң жуық. Кішкене отрядтен үлкен отряд туып, бір қол мың қол болып молайса, Жайық бойын тегісімен бір жола жау қолынан босатып аламыз. Қала мен даланы тез тоғыстырып қапысыз, дәл қимылдау керек. «Октябрь төңкерісін жиырма төрті күні жасау — асығыстық, ал жиырма алтысы кештік етеді, дәл қимылдар күн — жиырма бесінші октябрь», — деді ғой Ленин. Сондай-ақ, дәл күнді Самардағы штаб айтады. Әзір болыңдар. Жеңістің жақындығына мен сенемін, — Дмитриев».

Зубковтың бұрышта отырып көшірген бұл Дмитриев сөздерін Хакім басынан түсіп қайтадан тағы оқып шықты да, аяғындағы арасына бір жол тастап жазған қосымша хатқа үңілді.

Біздің біліп отырғанымыз:

1. Қалада қазір үш полктың жалауы ілулі.

2. «Қырық тұрбаның» төрт бұрышында төрт пулемет, екі босағасында екеу. Қарауылдау міндетін Бударин жүздігі атқарып тұр.

3. Овчинниковтың қойлары Войско қазанынан аспайды. Қала етсіз. Қыр халқы ақшаның құнына сенбей, базарға мал әкелмей жатыр.

4. Темір жолшылар бас көтерді. Жүкті казактардың өздері тиеп, өздері түсіреді.

5. Акутин әлі сол Чижа бетте Чапаймен жұлқысып жатыр.

6. Богдановкаға карательдер аттанды. — Тистбеков. Хакім Зубковтың жасырын атына күліп жіберді де, шошып кеткендей жалма-жан басын жоғары көтеріп алды. Бұл қағазды жазған адамның аты езу тарттырғанмен оның мына хабарлары жүрекке мұз басқандай тиді. Не істеліп жатқанын ауызға ала бермейтін Меңдікерей сөзінен Хакімнің ұққаны түрмедегілерді босату әрекеті еді. Бірақ оны қалай босататынын, бұл үшін не істеу керек екенін ол анықтап білген жоқ-ты. Ұстамдылығы мен батылдығы мықтап ұнап, бірінші сапарынан кейін Хакімді Меңдікерей аса жақсы көріп қалған-ды. Сондықтан да Хакімнің қалаға екінші рет барып қайтуына қарап болмай:

— Қиын іс. Сақ бола көр, қарағым! Жолың болсын! Не болса да әйтеуір тезірек біліп қайтқайсың. Қағаз берсе — сөзін жаттап ал да, өзін жағып жібер! — деген.

Кешеден бергі оның ең басты арманы сол түрмедегілерді шығаруға жәрдемдесу еді. Қандай игілікті іс! Ана Дусянің мұңды жүзі қандай жарқ ете қалар еді! Қарғалған түрменің ішіндегі қанаты қайырылып отырған сұңқарлар кең дүниеге шығып қандай шарықтар еді! Көктемдегі өзімен бірге қамалған адвокат, кәрі шал, төңкерісшіл өлең айтатын татар, басын таңған қара шаруа да — бәрі босар еді. Онан бері қанша адам қамалды? Бірақ қалай босатпақшы? Ана жасанған жау — атты казактарға қарсы түрмеге қалай бармақшы? Жайықтан қалай өтпекші? ...«Бізді халас ету мақсатын халық бостандығынан тыс қоймаңдар... Дәл күнді Самардағы штаб айтады» дейді. Бұл не дегені! Түрмені босатамын деп әуре болмаңдар дегені ме? Бізді соттар, жазалар, бірақ үлкен бостандық алда, соған әзірленіңдер деген ғой. Асықпа дегені ғой. Дәл күн. Дәл күн...

Ой соңынан ой тізіліп, есі-дерті Дмитриевтің және оның қызының аяулы өміріне қайткенде жәрдем беруде болып, Хакім басқа дүниені ұмытып кетті. Оның ойынан бір кез кемпір де, үй де, тіпті Мүкарама да шығып кетті. Бұл жерге неге келгенін, не үшін отырғанын да ұмытты. Біраз уақыттан кейін қолындағы қағазға қайтадан қарап, оның ең ақырғы жолына көзін тікті. «Карательдер аттанды...» Атты казактар тек жатпас. Жымпиты хұкіметі де жынынан айырылған бақсыдай жан таласар. Егер де аңсызда бас салса! Біздің адамдар карательдер шыққанын біле ме, білмей ме?.. Мен мұндамын, олар хабарсыз отырса не болды?..

Хакім орнынан ұшып тұра келді де, бірақ қағазды қолына ұстаған күйі жылжымастан тұрып қалды, ол тек қана кірпігін жиі-жиі қағып есіктен көзін алмады. Есік алдында Мүкарама тұр еді.

Бірнеше секундтар ойда жоқ жерден кездесудің таңырқауымен өтті — екеуі де не істерін білмей қалды, табалдырықтан қыз да аттай қоймады, қызға қарсы Хакім де жүрмеді. Қыздың тап сол минутте не ойлағанын кім білсін, бірақ Хакімнің көзіне Мүкарама бұрынғыдан да өзгеше шалынды: кәдімгі жанды ерітіп жіберетін Мүкараманың ұзын кірпікті тұнық көзі сол күйі, сол қалпы, сол әдетінше Хакімнің көзінен аздап қана жоғары қарап тұр; шоп-шошақ сұлу мұрын, көтеріңкі бала иек, үлбір тамақ, такаббар кеуде бұрынғыдан да тартымды: қараңқырашы, көрініңкіреші, сүйіндірші деп тұрғандай! Жүзі де түлеген аққудың қанат астындағы ең түпкі қауырсынындай қоңырқай тартып мөлдірей түскен. Хакім ұялған адамша көзін тамақ астынан төмен түсіріп омырауға жылжытты да, қызарып кетті...

Күтпеген жерден жолыққан Хакім де Мүкараманың көзіне өзгеше көрінді. Ол қысты күнгі кезден, әсіресе көктемдегі қалпынан әлдеқайда салуалы: көзқарасы орнықты, жүзіне салмақты шырай енген, әлде толқынданған ұзын шашының жоқтығынан ба, — маңдайы бұрынғыдан көп жазық, бойы да өскен сияқты; үлкен көздерінің ақ еті молайып, жанары өткірлене түскен бе, қалай! Хакімнің бүтін өн бойынан қызға аса көрікті ер пішіні елестеп кетті.

Көп уақыттан бері өзіне де белгісіз бірте-бірте іркіліп келген сағынышты сезім ерікке көнбей, қыздың өн бойын билеп кетті; ол Хакімді құшақтап алып, мойнына асыла кеткісі келді де, аяғын шапшаңдап басып ілгері ұмтылды. Бірақ жігіттен бұрын сыр білдірмеу намысы келіп бөгеп, Хакімге бір адым қалғанда қыз кілт тоқтай қалды.

— Сәлеметсіз бе? — деді ол ақырын ғана Хакімге қолын созып. Сасып қалған Хакім, оң қолын босатып, қағазды сол қолына алды да, үндеместен көрісе бастады. Хакімнің көптен бері көрмей жатырқап қалғанын, қапелімде не айтып, не істеу керек екенін шеше алмай қысылып тұрғанын көріп Мүкарама:

— Маған жазған хатыңыз ба мынау? Міне мен өзім келдім енді. Жазбасаңыз да болады, — деді езу тартып.

— Жоқ, жоқ. Бұл хат басқа адамның хаты... Мағынасы да басқа хат. Соны ойлап байқамай қалғаным, — деді Хакім кешірім сұрағандай Мүкараманың қолын қыса түсіп.

— Басқа адамның хатын неге оқисың? Жарамайды ғой, — деп қыз әзілге бұрып Хакімнің сол қолындағы қағазды алды да, артына ұстады; сөйтті де, сынағандай оның үлкен көзіне тура қарай қалды.

Мүкарама бетіне тура қарағанда Хакім «Хан бауының» үлбіреген ақ жағал алмасын көргендей, еріксіз қол созатын, қазір ол қолын созып қана қойған жоқ, кенет қызды құшақтай алды да, қатты-қатты қысып, аймалай бастады. Оның мезетте ойы да бөлініп кетті, таң атқалы көрген жұмбақ оқиғалары мен аянышты сезімдері бір сәтте кері серпіліп тасқындаған құмарлыққа жол бергендей болды — ол бейне бір ләззәт дариясына еркіндеп құлаш сермеп, балқып-елтіп құштарлық балын қанбай жұтып жатқан сияқтанды...

Аяғын тырпылдата басқан кемпірдің кесірлі жүрісі мен ашушаң бейнесі екеуінің құшағын жұлқып қалғандай жазып жіберді — Хакім бір адым кері шегінді де, қыз төмен қарап хатқа үңілді.

— Бигірәктә килгіш малайсың... Мүкарама барда килмәсәң де шул яри. Килмәсәң де яри... — деді кемпір күбірлеңкіреп. Кемпірдің үні бұл жолы қаттырақ шықты. Бірақ Мүкарама оны елемеген болып хатпен шұғылдана түсті. Ол Зубковтың орысша жазған сот... жазалау... отряд деген түсініксіз сөздерін жүгіртіп оқып шықты да, аяғындағы революция, Октябрь, Дмитриев деген өзінің көптен бері естіп жүрген, бірақ қыз ұғымының шеңберіне сыймайтын дабысы жер жарған ірі сөздерге тіреліп, басын жоғары көтеріп алды.

— Дмитриев... Таңертең Дуся Дмитриеваны көрдім... Түрмедегі әкесіне тамақ апара жатыр. Сұрай алмадым — асығыс екен, — деді Хакімге таңырқаған пішінмен. Сөйтті де, хатқа қайтадан қарап, сәл бөгеліп тұрды да: — Хакім, сен де революционермісің? — деп сұрады.

Қыздың жүзінде ірі сөзге бір жауап күткендей ішінен тына қалған, бар ынтасын тек қана Хакімнің аузынан шығатын өзгеше лебізге аударған бір мейірлі пішін пайда болды. Хакім көзін қыздан бұрын есікке ене түсіп, кері шегінген мазасыз кемпірге қарады. Соңғы сөздері құлаққа анық шалынбаса да, күбірлеп сөйлеген күйі кемпір сенекке шығып кетті.

— Ия, — деді Хакім жауап күткен Мүкарамаға басын изеп.

Бірақ өзі шапшаңдап қыздың қолынан ұстай алды да, терезе алдындағы үстелге жетектеді.

— Бірақ революционер деген өте ірі, өте жауапты сөз. Мен тап бұл сөздің шын мағынасындағы төңкерісшілмін деп айта алмаймын. Революционер ана түрмеде отырған Дмитриевтер, қырда Совдеп ісін басқарып жүрген атақты адамдар... мен солардың соңына ерген көп қосшы балаларының бірімін, — деді ол қызды отырғызып жатып.

Өзі үстелге бір шынтақтап сүйене түсті.

— Қорықпайсың ба? — деп сұрады Мүкарама сыбырлап.

Хакім Мүкарамаға қарап езу тартты да, қыздың шын пейілін көріп, кемпір келіп қала ма деген адамдай тез-тез оны сүйіп-сүйіп алды.

— Мен де басында қорқынышты, қолдан келмейтін, озат шыққан өзгеше адамдар ғана жүргізе алатын ғажайып іс қой деп сескенетін едім. Әрине, ерлік пен тапқырлықты, ақыл мен өжеттілікті керек ететін романтикасы мол жұмыс. Мен мұны осы кезде түсініп келемін. Басында мен қосақ арасында бос кетіп түрмеге әлдеқалай түсіп қалдым. Бірақ оным өзіме пайда болды: әділсіздік пен зұлымдықтың, қорлық пен зорлықтың не екенін жүзбе-жүз өз көзіммен көріп шықты...

— Сені де түрмеге жапты ма?

— Ойбай-ау, түрмеге жаппаса сені шығарып салмаймын ба?

Мүкарама таңданып басын шайқап қойды. Хакім көктемдегі көргендерін бастан-аяқ жыр етті.

— Одан кейін неге Жымпитыға келмедің? Өзіңнің уағадең бар емес пе еді, мен де сонда барамын деген?

Мүкараманың бұл ілігіне жауап есебінде ол елге барғандағы кездескен қиын жағдайларды, ұстауға келген Абылаевтың қолынан қалай сытылып кеткенін, одан кейін Оралда болып түнгі керуенмен кеткенін айта бастады. Бірақ қызға тек өз қара басынан кешкен оқиғаларды ғана айтты. Совдеп басшыларын, олардың санқилы өзі көрген істерін, бұл жолы Оралға неге келгенін әңгімеге қоспады. Сонда да жеке істері де қызға жан тітіркетерлік қыл көпір үстінде жүріп істеген істей көрінді. Оның үстіне Хакімнің көңіл күйі шалқып тасып, суреттеп сөйледі, оның тілі безеле түсті.

— ...Қазақтың кәдімгі көзге түртсе көрінбейді дейтін тас қараңғы түні. Айнала жым-жырт жатқан дала. Көзге ілігер қарасын жоқ, құлақ шалар дыбыс жоқ. Сыртылдаған фургон арбаның дөңгелектері ғана тырс-тырс етеді де, анда-санда мыңқ еткен алдыңғы нардың үні шығады. Керуенді жанамалап келе жатқан қарулы солдаттар. Қаскүнем Абылаев қашан бас салып ұстайды? Белгілі жерде біздің отряд кездесе ме, жоқ па? Әрі жұмбақ, әрі үлкен қатер төнген сағат. Заманнан бері оң қолда тұратын Қара қыстауға жеттік пе, жоқ па? Енді қашан деп келе жатырмын... мезет шуыл пайда болды да, қатарынан тасыр-тұсыр еткен мылтық даусы естілді. Арғы жағы белгілі. Жайшылықта шаш ал десе, бас алатын офицер Абылаев қол көтеруге де жараған жоқ, жерге жүгіне салып, жалбарынып, жан сауға сұрады. Ұсынған мойынды қылыш кеспейді де, сөйтіп ол қарусыз, атсыз, керуенсіз, көшкен елдің жұртында қалған жетім лақтай, жеті түнде жол үстінде қалды...

Мүкарама Хакімнің қолынан ұстай алды.

— Ол қалаға алдыңғы күні барды. Жаралы адамша басын таңып алған... Досмұқамбетовтердің үстіне кіріп келді. Һарон сұлтан далаға шығып сөйлесті... Көп адам, Ехлас абидың үйінде қонақта отырғанбыз... мені ол үйге Ольга ханум ертіп барған... — деп Мүкарама бөліп-бөліп Жымпитыда болған уақиғаны айта бастады. Хакім қыздың бетіне таңданғандай ұзақ уақыт қарап отырды да:

— Ол қаскүнем Жымпитыға барып қалғаны ма. Жанын алып қалған мен едім... «Мұнан бұлай Жымпиты үкіметіне қызмет етпеймін» деп ант-су ішкеннен кейін. Жауыз тағы бізге қарсы шығады екен ғой, — деді.

— Даяр қонақасыға қарамай ұлықтар тезінен қалаға қайтып кетті. Біз де көп отыра алмадық. Абылаевтың бір «жаман хабар» әкелгенін сезіп едік, бірақ не екенін мен білген жоқ едім. Хакім, сен нағыз революционерсің... енді білдім... сен, — деп Мүкарама арғы жағын айтпай, Хакімнің қолын өзіне қарай тартты.

Бар ойы Абылаевта болып үндемей қалған Хакімнің өзіне қарай бейімдеген қыз қолына көзі түсіп кетті: таралып еті қашпаған жас баланың қолындай кішкене сүйрік саусақтар Хакімнің салалы қолын уысына сиғыза алмай әуре болып жатыр, көк көйлектің жеңі күн шалмаған ақ білектің шынтағына дейін түріліп кеткен, одан әрі жұмыр қар, құду иық көрінеді... Хакім жалма-жан қыз қолын өз уысына алды. Ол зергер соққан міні жоқ күміс бұйым сияқты тап осы қол менің өзімдікі дегендей жоғары көтеріп өзіне қарай тартып еді — қыз қолы ақырындап мойынға орала берді. Тап сол минутте Хакім Мүкараманы жаңа ғана көргендей болды — шынында да қыздың мөлдірей қалған көзқарасында да, мойнына оралған білегінде де, асыла түскен бүтін салмағы білінбейтін денесінде де бұрын Хакім байқамаған, сөзбен сипаттап жеткізе алмайтын балқу бар еді.

Хакім аймалай құшақтап, мейірлене қысып біраз отырды да, Мүкараманың қолындағы қағазды сұрап алды. Сөйтті де хаттың аяғындағы «Тистбековтың» қосқан: «Богдановкаға карательдер аттанды» деген соңғы жолын көрсетті.

Каратель деген сөздің шын мағынасын Мүкарама ұға алмай қалды. «Богдановка... каратель» деген сөздің Хакімге қандай қатынасы бар? деп ойлап қыз таңырқағандай болып еді, Хакім оған түсіндіріп:

— Богдановка — орыс шаруаларының қолға құрал алып, казак-орыстардың озбырлығына қарсы көтерілген жер. Сол жерге Оралдан әскер шыққан... Мүкарама, сен кешір, мен жүремін. Кешігуге болмайды, — деді.

Хакім орнынан түрегеліп, кетуге ыңғайлана бастады.

— Мен де су басына дейін барамын, шығарып саламын, — деді Мүкарама ақырын ғана.

— Аңдыған адам болса танып қояды. Және мен көпірден өтпеймін, тиірменнен әрі тері заводының тұсынан барып қайықпен өтемін. Бірге жүруге болмайды, — деп Хакім басын шайқады.

Қыз мұңайып қалды. Ол:

— Мен Жымпитыдан осында ауысқым келіп жүр. Адамдары да, жері де — бәрі көңілсіз, — деп төмен қарады.

Хакім аз ойланып тұрды да, кенет үнін өзгертіп:

— Фронт жақын, сені казак-орыс басшылары әскерге жібереді. Сондықтан жаудың жарасын байлағанша, қырдағы өзіміздің шаруаны емде. Кешікпей біз де келеміз, — деп Мүкараманың қолын алды.

Хакімнің үні батыл шықты. Мүкарама бағынғандай басын изеді.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

1

Жар қайғысы күреске де сүйреді...

Ұзын Жайықтың өнбойы жасыл орманды, көк шалғын тоғайлы, иірім-иірім түбекті, сансыз салалы.

Қазақ елі жайлаған сол жақ беттегі саланың аттары — Ащыбұлақ, Тұщыбұлақ, Ақбұлақ, Тұнықсай, Тереңсай болып келеді. Сол көп саланың бірі Бұлақсайдың бойында Сүгірбай ауылы отыр.

Ауылдың шетіндегі артқы үзігі ақ, орта қолды киіз үйден жас әйел екі шелек көтеріп шықты да, ошақ басына барып иін ағашын алды.

— Шеше, мен қараңғы түспей суға барып келе қояйын. Шай қайнап тұр, өзіңіз әзірлерсіз! — деді ол жер ошақтың басынан дауыстап.

Күн батып бара жатқан, жаздың бір тымық кеші еді. Нәзік болғанмен әйелдің ашық үнді даусы өз үйіндегі кемпір түгіл, қатар отырған екі-үш үйдің жандарына тегіс естілді, тіпті әрегіректегі тұрған үлкен ақ үйдің жанындағы адамдардың да құлағына айқын шалынды. Жас әйел даусын соларға жеткізе әдейі сынап айтқан адамша үлкен ақ үйдің төңірегіндегілерге көзінің астымен қарап қойды.

Үлкен ақ үйдің көлеңкесінде сөйлесіп отырған екі адам суға бара жатқан әйелдің сөзінен гөрі дауысына елең еткендей құлақтарын ғана болар-болмас тосты да, әңгімелерін бөлместен сөйлесе берді, Ертелі-кеш әйелдердің өзеннен жә құдықтан су әкелетіні, суға кейде бас қосып екеу-үшеу болып баратынын, кейде жалғыз кететіні жұртқа ежелден-ақ мәлім нәрсе. Сондықтан да бұл әйелге көбінің көңілі бөлінбеген сияқты. Жалғыз кемпір опырайған тіссіз иегімен ымдап: «Бар қарағым, тез бар!» — дегендей етті. Өзен ауылдан екі шақырымдай жер, оған барып су алып қайтып келгенше қас қарайып кететін шама. Күн ұясына сүңгіп, сай бойы қоңырқай тартатын кезде, қыздың жә әйелдің суға жалғыз баруы сирек, өйткені сол ым қағып, «бара бер!» деген кемиек кемпірдің өзі: «Су бойы кешке қарай жын-шайтанның ойнайтын жері. Алакөлеңде суға жалғыз барма, қарағым. Су перісі қағып кетеді» деп бұрын зар қақсап жібермейтін. Ал бүгін оны қойып, тезірек барғанын тәуір көрді. Тіпті әйелдің жанына төрт жасар қыз баласын да ертпей, жалғыз кетуін тіледі...

Жас әйел қос шелекті иін ағашты оң жақ иығына сәндене іле салған болып, аяғын тездете басып кетіп бара жатты. Киіз үй тігіп қырға шыққалы өзенге үздіксіз шұбырған мал мен адамның жалғыз аяқ жолы тартқан сызықтай, ауылдан тұп-тура Бұлақсайдың Жайыққа құйған сағасына қарай созылып жатыр. Шыңдалып, тапталып қалған, шаңсыз, бұдырсыз.

Әйел орта жолға жеткенде шелектерін жерге қойып, кейінгі жақтағы ауылға қарады: түрулі есіктер үңірейіп-үңірейіп тұр да, ошақ басындағы, көлеңкеде салқындап отырған жандардан өзге ешкім көрінбейді. Соңынан ілесе шыққан ешбір жанның жоғына, оңаша бір өзінің ғана өзенге жақындағанына қуанғандай ол күлімсіреген күйі басындағы ақ орамалын жөндеп қайтадан тартты, тершіген сүйір мұрнын алақанының сыртымен сүрте салып иін ағашын қайта көтерді. Бұл жолы шелектерін бір иығына іле салған жоқ, екі иығына тең бастырып қос қолдап ұстады; аяғын да шыққандағыдан салмақтырақ басып, ақырынырақ аяңдады. Тең адыммен, нық басып, жүріс ырғағына түсірген шелектер енді қазір бұлаңдап иыққа да соққан жоқ, бұрынғыдай иін ағаш та екі иінді жаншып сүйекке батқан жоқ. Шелектер бос емес еді, олардың судан өзге әлденеге толы екенін күдіктене қараған адам болмаса ешбір жан байқар емес...

— О, тәңірі. Бұл аңдудан қашан құтқарасың бізді?! Бұл бұғаудан, бұл қысылудан құтылар күн бар ма, жоқ па? Әлде өмір бойы осы Нысан тұқымының дегені болып, мәңгі-бақи көз түрткі болып кеткеніміз бе! — деді әйел өзен жағасына жақындағанда. Әйелдің аузынан тарыққан сөздер шыққанмен, үнінде жасығандық, болмаса бас ұрып құлдық ету сарыны естілген жоқ. Қайта оның лебізіндей белгілі жауына меңзеп кішкене жұдырығын түйгендей ызалы үн бар еді. Аяқ басуы оның ширай түсті: өзеннің жағасына жақындаған сайын, бір өзі емес, бүтін үй ішінің ауыр жайын ойлаған сайын оның жүрісі де өзгеріп кетті.

Сүйгенін көруге асыққан жас жандай, жағаға жетуге ынтыққан бұл әйелді жарқын өзен қоңыр самалымен қарсы алды — жиегі жасыл бүлісті жалпақ айдыннан салқын леп есті.

Көктем тасқыны кезінде арнасына сыймай, лықсып, шалқып, жағаның орманды тоғайы мен ойпатты алқаптарын көк ала дария етіп теңізге жүгірген Жайықтың жалпақ суы қазір боз быламық емес, түсі ақшыл тартқан: ағысы да самарқау, ені де алдақашан апшырып, мүсіні сұлу қалпына қайта түскен: бейне бір қасын керген, маңдайы жазық, бойшаң арулар сияқты, кербез жылжып, керіліп ағып жатыр.

Арғы беттегі қыр-қабақ орманды жағаның шеңберлі келген нақ жиектегі жатаған қара ағаштары мен сида көк теректері кешкі тымықта Жайықтың айна бетіне үңіле қалыпты: олардың төбесі төмен төңкерілген судағы көлеңке елесі түрлі-түрлі: кейбіреуі суға шаншыла құлаған шоп-шошақ көк сәукеле сияқты да, енді біреулері жүнін сілкіп тірілткен үлкен-үлкен сеңсең бөріктерге ұқсайды. Су беті қаймақшып майда желге дірілдеп кеткен кезде су ішіндегі бұл сәулелер де қосыла дірілдейді. Су дыбыссыз, оның жылжығаны да көзге ілінер-ілінбес. Әлдеқайдан құлап түскен шөп қиқымы, болмаса орашолақ ұшып су бетіне жығылған шыбын-шіркейдің төмен сырғығанын көрген кезде ғана ағысы барын сезесің.

Қос шелекті әйел жағаға жеткен кезде күндіз жым-жырт жатқан өзен бойы жанданып кетті: суы сарқылып, сағасын айыл қоғамен ит-садақ басқан шолақ бұлақтарының бір кезде бақасы шулай бастады. Күндіз көздері бақырайып көк-тосапты балшықта отырған көк бақалар, мергендерше бұқпалап, бір жерде «қырқ» ете қалып еді, сәлден кейін бірі үздіксіз таңдайын қағып, бірі көмейінен қолқылдап сөйлеп, бірі тынымсыз қырқылдап саналуан үнмен бақа базарына айналып кетті. Бұған ықтасын жердегі үздік-үздік тулаған үлкен балықтың шолпылы, алыстағы әупілдектің, бүтін көлді көтеріп жатқандай ауыр күмпілі, әлдеқайдан ойысып келіп жылқышының жаны шыға безектеген қиқуы араласып бүтін алқапты жаздың құлақ құрышын қандыратын салтанатты жырына толтырып жіберді.

Әйел судың нақ жағасына иін ағашын тастай беріп, биік ақ шелектің ішіндегі қымыз құйған торсықты, бүйендегі майды және қозы қарынға салған жентті жерге қойды. Сөйтті де өзі жүресінен отырып мөлдір сумен шелектерінің ішін шайқады, қаңылтыр шелекті қатты-қатты біріне-бірін соғыстыра салдырлатып жіберді. Шелектің салдырын кешкі өзен бойының жаңғырығы көтеріп көш жерге жеткізгендей болды; арғы беттегі қойнаудың жарына соғылып екінші жақта тағы бір әйел тап сондай шелек жуып салдырлатып жатқан сияқтанды.

Мұнан кейін әйел әлденеге құлағын тоса отырып, басындағы біртартарын шешті, жеңін сыбанып, күміс білезікті жұп-жұмыр ақ білектерін, құба жүзін, күн тимеген ақшыл мойнын тұнық сумен тершіген дене әбден салқындап мейірі қанғанша жуды. Ол орнынан тұрып орамалымен бетін сүртіп, бұрымын жөндеп сылана бастаған кезде бір адам жөтеліп қалғандай болды... Бұл дыбыстың қай жақтан шыққанын, алыстан ба болмаса таяу жерден бе — оны айыру қиын да еді. Әйел жалма-жан биіктігі кісі бойындай жағаның қыратына жүгіріп шықты да, ауыл жаққа қарап қойып, өзеннің арғы бетіне көзін тікті; орамалын бір-екі рет бұлғай түсіп басына тартты, қатты-қатты дыбыстап, екі-үш рет тамағын кенеді.

Көп уақыт өтпей, арғы беттегі суға жантая өскен үлкен жалбыр қара ағаштың түбінен кішкене қайық сумаң етіп шыға келді де, әйел тұрған жерден жоғары қарай, ағысқа қарсы өрлей берді. Қайық үстіндегі шапшаңдап есіп еңкейе бүгілген екі адамның бейнесі алыстан-ақ көзге шалынарлық. Ескекшілер бір бүйір есіп жоғары қарай біраз өрлеп барып өзеннің ортасына жеткен кезде тез бұрыла салып, әйел тұрған жерге тура тартты. Екі адамның қос ескекті қатар салып қайыстай созылып құлаштай ескеніне ағыс күші қосылып қайық оқша зулады.

Ескекті тары да өршелене тартып-тартып жіберіп ескекшілер қайықты зулаған үстіне зулатып әйел тұрған жерге көзді ашып-жұмғанша жетті. Жиектің құмды сазын тіліп келіп, сүйір қайық тоқтар-тоқтамаста, «жігіттік» көрсетейін деген адамша, шұңғыл көздеу ақсары бала ескегін қайыра салып қарғып түсіп жерге дік ете қалды.

— Ақырын, ақырын! Ойпырым-ай, жау қуғандай, соншама асығып, аяғың сынып қалса қайтесің. Абайласайшы, айнам-ау! — деді әйел.

Бірақ бала онан да ерлік көрсетіп:

— Е, мұндай қайраң түгіл, біз жеті түнде де биік жарқабақтан секіріп түсіп, қол созар жерден қарғып мініп үйренгенбіз. Апа, сен де бір мамам құсап қорықпас нәрседен қорқады екенсің! — деді.

— Қорқамын, айнам, осы күні болмашы нәрсенің бәрінен сескеніп, үрейленетін болдым. Тіпті, көрінген шөке сендерге сүріну үшін тұрғандай көремін. Пайдасыз ерліктің не қажеті бар. Әсіресе көз байланған кезде зәре жоқ...

— Қорықпас келін қой басынан қорқады деп мамам қоймайды. Апа, сен де тап сол мамамның айтқаны болдың. Көз байланған кезде су басына неге келесің? Ә, иә, білдім, апа, білдім...

— Түздегілерге ас жеткізіп бермеймін бе? Ерғали ағам мен шебер қайныма. Олардан не хабар әкелдің?

— Олар емес, айтайын дегенің жездем ғой, ә?

Әйел ұялып қалды. Ойын інісі айтпай-ақ біліп қойды. «Менің Әбәшті сағынғанымды бұл да сезеді. Біз бала дейміз, баланың білмейтіні жоқ», — деген ой келді оған. Көруге жас болғанмен және үй ішіне сәбидей көрінгенмен бұл онша жас бала да емес еді. Ол су басына «түздегілерге» жасырын тамақ әкелген жас келіншек Күлшанның інісі, жасы он алтының шамасында. Тіпті оны үй іші: жылға ілікпей қалған, әйтпесе ай есебімен он жетіге шықты десетін. Бірақ ауыл мұны бала дейтін, осы күнге дейін «жас жігіт» деп бір жан айтқан емес. Бұған дәлел де бар: ол булығып өсіп келе жатқан, сүйегі шағын және өте нәзік денелі жас-ты. Аты Ықылас, бірақ бұл атын білетін әкесі мен шешесі ғана, басқаның бәрі Ықатай деп кішкене күніндегі еркелетіп айтқан атымен атап кеткен-ді. Ал, Ықатайды

араласып жүрген көршілес орыс балалары, неге екені белгісіз, Юра дейтін.

Әйел інісінің болжалын мойындай сөйледі.

— Жездеңді айтқанмен не пайда. Қазір бізден ол алыс... Бұл арада қайықтың бас жағындағы ескекте отырған орыс баласы баппен ескектерін қайыққа қайырып салып, өзі асықпай-саспай түсіп, тұмсығындағы шолақ шынжырдан ұстап қайықты көтере сүйреп құрлық жерге шығарыңқырап қойды. Сонсоң ол тұмсық жағы көтеріліп биікке шығып кеткен қайықтың арт жағына іркілген суды бақырашпен шашып болып, жағаға шықты.

— Юра, тездет, баратын жер алыс, — деді де, Ықатайға қарап, сонан соң өзі әйелге бұрылып: — Мынаны осылай саламыз ба, төгілмей ме? — деп торсықты көрсетті.

— Петра айнам, сала бер, төгілмейді. Торсыққа не ғылушы еді, қайықтың түбінде жата берсін; су кірсе де ештеңе етпейді, айнам. Майға салқыны жақсы. Жентке де, — деді Күлшан.

Сөйтті де әйел Петро асықтырар деп қысылып, «түздегілердің» жайын сұраңқырап қалуға тырысты.

— Ықатай, шебер қайным үйге соғып кетпей ме, саған ешнәрсе айтқан жоқ па? — деп сұрады.

Апасын сынап қалжыңдауға да білмей, алып келген хабарын естіртуге де асығып жымың қаққан бала:

— Әбілқайыр құданы қайтесіз, жездемді сұрай берсеңізші, апа, көмейіңізде әуелден сол жездем тұр ғой, — деді. Сөйтті де өзі сақтанып Күлшанның қасы мен қабағына қарай қалды.

— Өзіңнен үлкен апаңмен де ойнайсың ба? Жездеңді сұрасам сенен ұялып жә қорқып тұрғаным жоқ, айттым ғой, жездең алыста деп. Шебер қайнымның жайын атам біле кел деді. Екі бірдей баласы үйінен безіп кеткені оңай дейсің бе, кәрі шал мен өлмелі кемпірге?! — деп ұрсып тастады Күлшан. Сонсоң інісіне ұяң шыраймен: — Ықатай айнам, өзіңнен үлкендерді сынап қайтесің, сен әлі жассың, ешнәрсеге түсінбейсің. Сағыну, сарғаю деген сенің басыңнан кешпеген нәрсе... — деп мұң шаққандай болды. — Немене, жездеңнен хабар бар ма, әлде бір нәрсені естіп әдейі бүгіп тұрған адамша жымыңдайсың?!

— Естідім. Сүйінші бересің, апа, бермесең айтпаймын. Бересің бе? Ә, бересің ғой?

— Не деп сүйінші беремін, мен саған? Рас па? Көріп пе? — Күлшан күле берді. — Сүйінші сұрағандай ұрын келген жездең бе, сенің соншама?! Иә, қайда дейді?

— Өзіңіз айттыңыз ғой жаңа: сағыну, сарғаю, күту, тарығу, жабығу деп. Жездемді көрмегеніңізге үш айдан асты. Сүйінші бермегенде...

— Қой, қалжыңбастанба. Мен сенің құрдасың емеспін, әзілдесіп ойнайтын. Жұрттан ұялсайшы. Апасымен қалжыңдағанды қай жерден көрдің, кімнен үйрендің. Күту, тарығу, жабығу деген сөзді қайдан тауып алдың тағы? Бала апасының қабағы қатулана бастағанын көріп сескеніп қалды. Тік мінез Күлшанның балаға қату екенін, ыңғайына көнбесе шапалағы да әзір екенін білетін, бұл әдеті бала күннен мәлім. «Жігіт болған баланы шапалақтау ұят болар» деп шәлкес апа ойланып та тұрмайтын.

— Әбілқайыр құда айтты: бүгін я ертең екеуміздің біреуіміз шал-кемпірге соғып кетерміз. Маған: «Сен алдын ала барлап келерсің» деді. Күлшан апа, өте сақ болуымыз керек. Ана төбеттер арс етіп етектен алып жүрмесін, — деді Ықатай байсалды түрде.

Ол енді қалжыңбас балалық мінезді салып, салмақты, ақылды сөзге көшті. «Төбеттер» дегені Күлшанға түсінікті, жездесінің соңына түсіп жүрген қас дұшпандары еді, осыны ол қадап, нығарлап, қыр жаққа қолын шошайтып тұрып айтты.

Күлшанның жүзі гүл-гүл жайнап кетті. Ол жалма-жан Ықатайды құшақтай алып, екі бетінен кезек-кезек сүйе бастады.

— Аман ғой. Шебер қайным көрген ғой шамасы. Атам менен енем «бір көрсек арманымыз болмас еді» дейді. Енем байғұс мейіздей қатып жүдеп бітті. Ұзақ түнге көзін бір ілмейді. Тілейтіні Әбештің тілегі. Кеше түнде екеуі ала таңды жайнамаздың үстінде отырып аттырды. «Қадір түні. Тәңірім тілекті беретін түн. Бізге басқаның керегі жоқ. Әбешім аман болып, досына күлкі, дұшпанына таба болмай, елі-жұртының алдында қадірі артса болғаны. Тілегіміз осы», — дейді. Шешем маған күнде Қобыландының қиссасын оқытады. Аналықтың қоштасқан жеріне келгенде еңіреп отырып алады. Ой, Ықатай айнам, қиын. Кемпір мен шалға қиын, — деді ол ентіге сөйлеп.

Баланың көңілі босап, сәл уақыт төмен қараған күйі үндемей тұрып қалды. Сонсоң ол:

— Жарайды, Күлшан апа, құдағиды қуантыңыз. Біздің мамам сияқты ол кісі де бір көңілшек адам. Ерғали ағамды ол да тап осылай күтіп жүр. Кешігіп қалсам менің де алдымнан зарлап қарсы шығады. Бүгін атарман-шабармандардың төбесі көрінген жоқ па? Ана сұмырайлар қалай? Әбілқайыр құдаға не дейін, жамандық білінбейді дейін бе? — деді.

— Жоқ, әзір жаманат сезілмейді. Шебер қайныма сәлем де. Ағасымен бірге келсін. Біреуден екеу жақсы. Және кемпір мен шал екеуін қатар көрсе — арманы жоқ, — деді Күлшан қайыққа қарай жүруге ыңғайланған інісіне.

2

Орал қаласында болған ойраннан кейін, Әбдірахман Әйтиевтің өлі-тірісін елде ешкім білген жоқ еді. Тек үш күн өткенен кейін қарулы отряд келіп бүтін ауылды қуыс-тесігіне дейін қалдырмай тінтіп, інісі Әбілқайырды «большевик ағаңды тауып бер» деп, ұзақ күн сабағансын, үрейі ұшып кеткен үй іші «тірі екен» деп үміт еткен-ді. Тағы бір көңілге тоқ саналған нәрсе: ел ішінде жаман хабар мен жасырын сөз жатпайтыны белгілі: «Әбдірахманды Үйректі көлден де іздеп жүр екен. Онда да, мұнда да аңдуға жансыз тастап кетіпті. Жансыз болғандар ел адамдарының ішінен көрінеді. Әбдірахманды бұрыннан жек көретін, «әй, сені ме!» деп жүргендер жабыла ізіне түсіпті» деген сыбыс таралып еді. Бірақ қорқу, үрку, күні-түні үрейлену үстінде көп күндер өтіп кетті. Тірі деген Әбдірахман тірілігін білдіріп өз аузынан ешбір хабар бермей қойды. Онымен бірге қызмет істеген жолдастарының тағдырын да біліп болмады. Азамат басына ауыр күн туып, біреуді біреу сұрап-біліп болмастай кезең тап келді.

Ақтар Жайық жағасындағы көп поселкелер мен сан ауылдардың ауылдың, поселкелік комитеттерін таратып, басшыларын ұстап, атып, қырып-жойып ап-сап еткеннен кейін де екі айдай уақыт өтті. Бірақ үлкен басшылардан хабар-ошар болмай кетті. Сол торығу күшейген кезде осы Сүгірбай аулына Ілбішін тұсындағы бор, жоса, әктас сататын кәсіпқор елден бір жігіт келіп жоса сатты. Бір күні сол жосашы жас жігіт Әйтей қарттың үйіне қонып, нағыз хабарды сол жеткізді, ол: «Мен Қарасу мектебін бітірген Әбекеңнің қолқанат есебінде жұмсайтын көп інісінің бірімін.

Атым Ораз. Әбекең ел арасында жүр, жұмысы көп... Сіздерге қорықпасын-үрікпесін, — деді. Маған өз көзіңмен көріп, ауыз екі дұғай сәлем айт деп тапсырды», деп сыбырлаған-ды. Оған да көп күн өтті. Міне содан кейінгі хабар осы еді...

Күлшан өзен жағасынан үйге жан ұшырғандай тез жетті. Жайықтың сап-салқын екі шелек тұнық суы оған құр иін ағаш көтергендей де болған жоқ. Екі беті албырап, демін жеделдете алған күйі, ол үйге тура шелегімен кірді. Үйдің етек киізін қос босағадан бастап, төсектің тұсына дейін түріп тастап, кемпір мен шал іңір алакөлеңінде шайды орталап қалған кез еді.

— Я, Алла, бергеніңе шүкір! — деп қарт кеп-кең, ақ көйлегінің етегін желпіп-желпіп қойды. Келінінің қимылына ол аса назар аударған жоқ. Бірақ қамқор кемпір:

— Ақырын, қарағым, ақырын. Қараңғыда ана қазандағы сүтті төгіп алма. Суыңды есік алдына қоя салмадың ба, бетін жапсаң ит тимейді ғой, — деді.

Ол келінінің бір қуаныш әкеле жатқанын алыстан-ақ сезген. Үй алды қоңырқай тартқанмен, қызылы сембеген батыс жақтың бозала сәулесі жап-жарық. Іргеден қарағанда жағадан бері жазық жердегі қыбырлаған жанның бәрі көрініп тұр. Күлшан судан шыққаннан бір жерге де кідіріп иінін суытқан жоқ, оң иығындағы иін ағашын сол жағына алмастырмастан дедектеп келе жатқан. Оның жүгіре басып ұшып келе жатқаны жалғыз кемпірге ғана емес, сол жердегі үйлердің көзіне тегіс шалынды.

— Бір хабар естіді ме, келін ұшып келе жатыр. Жақсылыққа болғай тағы, — деп кемпір күрсіне дем алып, шалына қарап еді.

Бірақ қапелімде жауап бере қоймайтын маңғаз қарт:

— Я, Алла, бергеніңе шүкір! — деп жайбарақат пішінмен көйлегін тағы бір желпіп қойды.

Қарттың сақалы ұзын да емес, қысқа да емес, қою да емес, аса сұйық та емес, әппақ сұлу сақал. Ол сол сақалының сұлулығын әдейі байқатқандай, біреумен амандасқанда, жә жұрт ортасында отырып сөйлескенде сөзді доғара салып, сұлу сақалын қос қолдап сипап, ұш жағын екі айырып қояды.

Кемпірінің қатты қобалжып айтқан сөзі оның құлағына жеткені ме, жетпегені ме — оны кім білсін, әйтеуір ол елеңдемесе де, көйлегін бір желпіп, сақалын қос қолдап сипады...

— Ене, шешетай, сүйінші! Балаңыз келеді! — деп сыбырлады Күлшан отырған кемпірдің иығына балаша асылып.

Кемпір жылап жіберді.

— Әбешім менің... Тұңғышым... Алпыс екі тамырымды иіткен құлыным...

— Қойшы, шеше. Қуанған кісі жылай ма?! — деп келіні оған жылағанын білдірмеу үшін мойнына асыла түсті.

Кемпір жылаған күйі, езіліп Күлшанды екі бетінен кезек-кезек сүйіп:

— Тентек келінім, Әбешімнің серігі... Сен екеуіңнің алдыңда ал деп тілеп едім, құдайдан... — деді еңкілін баса алмай.

Әжесі мен шешесінің не қуанғанын, не қорыққанын айыра алмай кемпір мен шалдың ортасында жалтаңдап қарап отырған кішкене қыз да бақырды.

Әйтей қарт:

— Я, Алла, бергеніңе шүкір! — деді.

Сол күні кештетіп жатқан үй іші түні бойы кірпік ілмей тағы бір таңды көзімен атырды. Өткен қызықты шақтары бұл үйдегі әртүрлі адамның көз алдына әртүрлі жағынан елестеді...

...Ол Әбідрахманның оқуға баратын жылы болуы керек... Шөптікөлге ауыл тегіс қонып болмаған кез. Бір күні Әйтей құс салуға баласын ертіп шықты. Бала дауылпаз қағуды үйреніп алған. Тақылдақ дауылпаздың даусы қандай, үсті-үстіне соғып бала Оймақкөл үстін даңғыр-дұңғырға бөлегенде қаздар қанатымен су сабалап дүрліге көтеріледі. Үріккен қойдай жан-жаққа ұмтылған құстар сап түзеп алдымен көлбей ұшады да, сәлден соң аспандай бастайды. Бала көлді айнала шауып кеткенде Әйтей үлкен кер биенің үстінде дөң басында қалған. Бабына келтіріп асықпай салмасаң құс та, нысанаға дәлдеп келтірмесең мылтық оғы да дарымайды. Көл үстін орала ойысқан қаздар деңіне келгенде қара сақалды құсбегі көк қаршығаны тастап кеп жібереді. Қанатын жыпылықтата қағып қаршыға жер бауырлап кетіп бара жатады. Қаршыға төмен, қаз аспанда. Ара әлі алшақ. Тұстасты... Қаздар шошынғандай екеуі ілгерілей түсті де, үшеуі бір бүйір бөлінді. Бірқатары төмен ойысып кетті. Тура кетіп бара жатқан қаршыға артына қараған иесіне жұдырықтай-ақ. Әбден деңдесті. Өкпе тұсы нағыз сол Құрқопаның үсті. Енді көтеріледі... Қазір көк тұйғын тіп-тіке көкке шоршиды. Әне! Әне! Кішкене құс сары садақтың қозы жауырын оғындай өрге сызды. Айқасты. Бауырдан ілді. Жұмарлана құлап барады. Биік шаңырақтан қан-көбелектеп жерге құлаған үлкен үкілі малақай сияқты. Бала да көзікті... Жирен құнанмен құйындата жөнелген Әбдірахманның соңынан желе бүлкілдеген Әйтей:

— Бала, ақырын шап, ақырын. Жыра-мыраға кездесіп жазым боларсың. Ақырын! Көрдің бе? Құс ана Құрқопаның түбіне құлады. Ау, ақырын!..

— Ақырын, ақырын, тарт қолыңды, тарт. Немене құс салған адамша қолыңды жұлқына сермейсің?! — дейді өз ойымен шырмалып жатқан кемпір.

Кемпір қартының темірдей қатты қолын, қорғанғандай, әрегірек ысырып тастап: «Айналайындарды аман қыла көр. Осылардың жаманшылығын көрмей, алдында өлсем болды. Басқа арманым жоқ!» — деп жыбырлатады тісі жоқ кемсиген аузын.

...Оң жақта, өз төсегінде, шәйі көрпені қайта-қайта ысырып тастап Күлшан жатыр.

...Бәрі алыста қалды, бірақ тап күні кеше сияқты. Ол күнде Тама Бәйестің ауылы Қос Жайықтан Қос Обаға көшеді. Жұрт алды дәулеті бар, атының үлкен ұлы мырза, қызы көрікті. Шөптікөлде жаз ауыл аралас, мал қоралас кердері бастасып жатады. Ит жүгіртіп, құс салған салқам Әйтейдің оқыған үлкен баласы Бәйестің күйеуі. Қалыңдық Күлшан. Өткір Күлшан, ерке Күлшан, ашық Күлшан. Астында Кер жорға, сауырына құйған су төгілмейді. Көш алдын ойқастап келіп ол топ қызға қосылып шырқап ән салады:

Салмаймын сәндікпенен балағымды,

Ораймын ақ торғынмен тамағымды

Көш бастап, нар жетектеп мен мәз-майрам, —

Әлдекім ермек қып жүр қарағымды.

Өз тобымен Ерғали кетіп бара жатыр. Астында жүйрік буырыл. Жас қыздардың шырылдаған әні құрбыларымен салтанат құрған мырза ағаға ойыншық сияқты. «Көштен ұзамаңдар. Біз жайлауға асамыз!» деп бұйрық етеді аға жас қарындасына. Баласынады. Көштен аулақ шығармайды. Өздері ұзап бара жатып ән шырқайды. Аға әні қарындас көңілінің қайда жатқанын сезе ме?!

Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы,

Жылқысын көптігінен баға алмайды,

Жайлауда екі рулы ел бас қосқанда

Жесірін керделілер неге алмайды.

Қос Оба көп жер. Ән де таусылмайды. Ойын да сарқылмайды. Әзіл, қалжың көзі бар бұлақтай. Жібекше бастап, сәукеле киіп көш бұйдасын бір қырдан екінші қырға дейін жетектегенде қоныс қараған ақсақал да көрінеді... Жарыса шауып обаның тасасынан шыға келген топ жігіттің ішінде Әбеш... Ұялады. Өлең айтпайды. Қыстаған жігіттердің бетіне қинала қарайды.

Дуылдаған жұрт.

— Уа, Күлшан келді. Әндет, Күлшан. Кердерінің келіні, шырқайтын жерің келді. Сені тентек атандырған әнің емес пе деседі. Жас кезде ес жоқ еді-ау, үлкенді-кішілі қаумалаған еркек-әйелдердің арасынан шыға келіп, былай дейтін ем:

Басы екен өлеңімнің айым-қайым,

Бітеді қия тауға тал мен қайың.

Сарғайып ай мен жылдар қыз күткенде

Жас шақта жігіт сезбес жардың жайын...

... Бір күні атам келді. Кәдімгі сері Әйтей. Сері емес, кербез Әйтей. Үстінен түйе жүріп кетсе де сақалын тараштап асықпайтын Әйтей. Қызық адам-ау атам да! Өте қызық жан! «Құда, сен ренжімесең... құдағи ренжімесе... бала беру қиын ғой» деп біреу үшін қиналады. Мен сыртта босағада тыңдап тұрмын. «Іштен шыққан баласын беріп жіберу қиын ғой. Оңай емес мен де амалсыздан сұрай келдім. Келін жұмсап, баламды аяқтандырып, қызығын көремін, бар, сұра, деп құдағиың болмай жіберді» — дейді... Сол Әбеш міне... Тағы осы сияқты кезеңдерді көз алдынан шұбатып өткізіп жатып Күлшан жаздың қысқа таңын тәтті күндер мен ұзын ойдың, бал қиялдың құшағында атқызды.

Бірақ ертеңіне бұл сарғайып күткен ең бақытты сағаттар қайғылы арманға ұласып кетті.

3

Қызыл шапақ шашып ұясынан көтеріліп келе жатқан күн әлемді аяғынан лезде тік тұрғызған сияқты: Жайықты жағалай қонған ауыл үсті өрген мал мен жүрген жанның қимыл-дыбысына толып жүре берді; алыстағы бөкен бел қыраттарды өрмелеп жылқылар да жоғары жылжып барады, ал ана арқа беттегі өзен бойының жасыл тымақты орманы сілкініп-сілкініп жіберіп, тұрып жатқан бір жанды нәрседей боп көрінеді.

Ертеңгі шақ демге қандай жеңіл — ауыр басатын кәрі аяқ та жерге тиер-тимес, адам бейнебір салмақсыз үкі тәрізденіп дөңгеленіп кетеді. Әйтей қарттың аяқ басысы да әлдеқайда ширақ. Оның бүгін қолындағы кіршігі жоқ ақ таяғы әр жерден бір тиеді. Жасына, мінезіне қарамастан ол жорғалап келе жатқан сияқты, әсіресе, қырдан төмен қарай түскенде дөңгелеген ақ қаңбақтай болып кетті. Оның үстіндегі ақсұр көйлегі де аппақ, көп жуылған бөз дамбалы да көйлегіндей. Танымаған адам оны тап осы кезде таң сәріден тұрып далада оңаша тағат етіп қайтқан ізгі сопылардың бірі дерлік. Айнала атырапқа сүйсіне көз жіберіп жас балаша мәз болып келе жатқан бұл кәрі адамның, мүмкін, сырт көрінісі секілді ішкі дүниесі де кіршіксіз шығар.

Қарт аса сабырлы адам болғанымен түні бойы кемпірі мен келінінің бір күрсініп, бір сыбырлап, көптен көрмеген Әбдірахманды тақатсыз күткені оны да мықтап қобалжытқан еді. Ол да аунақшып, ол да әлдене бір өткен күннің алыста қалған сағымды елесін көз алдына келтірумен болған. Үлкейген шақта қара шаңырақтың қайғысыз болып, келін қамсыз, немере шат, от басында кемпір күрсінбеуі оның да арманы еді. Өзгеше толқып, елегізген күйі ол ертемен тұрды. Күн қызғанша қыр отына жайылсын деп сиырын қырдан асырып айдап салды; енді мына төмендегі үйіне қайтып келе жатыр.

Кейде ауыл арасы алшағырақ отырып, кейде қаз-қатар қанаттас қонып жүретін Әбіл өткен айдың аяғында Әйтей қарттың нақ іргесінен келіп үйін тіккен-ді. Бұл қоралас қонудың мәнісін Әйтей шал аса көңіл бөліп талдап жатпады, үй ішінің іштей: «Бұл қара қағынды келгірді кім шақырды? Бауыры шіріп бара жатқандай іргеге ірге тақауын қара! Пәледен машайық қашады дегендей, қарт, жұрт ауыстырмасақ болмас» деген күңкіліне де Әйтей құлақ қоймаған-ды. Бұл Қара Оба болысына бүтіндей аты мәлім белгілі. Нысанның баласына момақан қарт ежелден жанама ағайын, тату көрші болатын, оған үнемі райлы ниет, ізетті құрмет көрсететін. Бұл жолы да ол жасы үлкен бола тұра кіші Әбілге өзі келіп «Жайлы қоныс!» тілеп, ата дәстүрімен ерулігін беріп сыйлаған-ды. Кемпірі күбірлеп, келіні түксие қараса да, шал Әбілден жұмсақ лебізі мен жылы шырайын аямай, елпеңдеген еді. Сөйтіп әзірге көше қашып, жұрт жаңартпай қой қоралас, көршілік күндері ақырын жылжып өтіп жатты.

— Я, Алла, бергеніңе шүкір! — деді Әйтей қыр беттегі Әбіл үйіне жақындап келіп. — Баяғыда да, Нысан марқұм тірі кезінде де, осылай бір қаз-қатар қонып отырушы еді ауыл. Әлі де сондай. Қисықтан өрбіген баланың ішінде қара шаңырағы қыл елі мызғымай, аузымен құс тістеген жігіт осы Әбіл. Өркені өссін шіркіннің, бұл өңірдегі өз қатарының алғыры!

Ол Әбілдің кішігірім кебендей, етекті келген үлкен он екі қанат ақ ордасына көңілі көншігендей болды. Киіз үйі мен қыстауын салыстырғандай ол алыстағы Қисықтың дәу қара ағашына да бір қарап қойды; айнала атырапқа көз жіберіп, қойнау-қойнауы ұйысқан орманды өзенді шолып өтті. Дүниенің бәрі өзгеріссіз, жайбарақат қалпында және бүгін ағаштар да, үйлер де, адамдар да нұрлы сияқты; тіпті оған өзінің бетегелі келген орта қолды ақбоз үйі де жарқырай түскен тәрізді.

Әлгінде қыр басында зығыры қайнағандай зарлап келіп қона қалып, алдына түсе жүгірген ораң тұмсық жылқышы «күйт-күйт, күйт!» деп тағы да бүкшеңдей жөнеліп еді. Ол алдап әлдеқайда жетелеген бұл айлакер құсты көңілін аулау үшін қайтып оралған досындай көріп қалды. Ол бала шақтағы ұша алмайтын құсша бүгежектеген қызғыш пен жылқышыны қуалайтын әдеті есіне түсіп кетіп «күйт, күйт!» деп құстың соңынан ере түсті де, сайдан атын жетектеп шыға келген. Әбілді көріп тұра қалды; сақалын сипай көршісінің өзіне де, атына да кезек қарап баптана түсті; ол әдейі тоқтап Әбілмен лебіздесуге көңлі кетті.

— Әбіл шырағым, бір жаққа жүргелі жатырсың ба, ертемен ат жетектеп келесің, әлде басқа біреу міне ме? — деді ол, басын жоғарырақ көтеріп Әбілге тура қарап.

— Я, жүргелі жатырмын, Текеге жүремін. Қарт, немене құс қуып ойнап жүрсің бе, істейтін жұмыс болмағансын? — деді Әбіл кекесінді үнмен баптай сөйлеп.

Ол Әйтей қарттың «күйт, күйт!» деп құс соңынан ере түскенін көріп: «Қартайғанда мынау бала болып құс қууға айналған екен. Мұндай кісіден шығар, ел аралап жүрген дуаналар сияқты түрін қара: ақ көйлек, ақ дамбал киіп, қолына ақ таяқ ұстаған: Бұтында шалбары да жоқ. Құтты дуана Жүзіндегі есалаң адамның езу тартқаны сияқты елжіреген сиқын көрдің бе! Бұл неге мәз болып жүр таң атпай?!» — деп ойлап еді, қалайда оны бір мұқатып, кеміту жолын іздеп.

— Жоқ, жоқ. Әшейін. Жай қорқытып, таяқ сілтегенім ғой, айлакер құс алдыма түсіп жорғалай бергенсін, — деп Әйтей сасып қалды. — Текеге жай барасың ба, Әбіл шырағым?

Әбіл қабағын түйіп оған бір қарап қойды да, ауыздығын салмай жетектеп келе жатқан атының мойнын сипай түсті. Өзінен өзі балаша мәз-майрам болған мына шалдың түрі мен мінезі оның іште жатқан бір шеменін қозғап жібергендей болды. Былтырдан бері жиналыс-мәжілістерде, қазақ оқығандарының бас қосып әңгімелескен жерлеріне жаңашыл, алғыр Меңдікерейлермен оның соңына ерген Әбдірахманды жә сөзден, жә іспен жапыра алмай жүрген Әбіл қазір олармен белдесе түсуге дайын еді. Сондықтан ол қолға түспей жүрген қашаған большевиктің әкесін болса да бір жаншып өтуге кірісті.

— Текеге жай барасың ба деп сұрайсың ба, қарт? Жай емес. Қазір жай жүретін уақыт емес. Азу тісін батыра алмаған азғындар енді етектен тартып жатқанда адам мына сен сияқты дуана құсап мәз-мәйрам болып секіріп жүрмейді. Бұрын болыстың шабарманы болсаң да қатарласа отырып, халық алдында өз пікірін айта алатын Әйтей деп сені кім айтар! Өз баласына: әй, сен не істеп жүрсің, деп бір ауыз сөз айта алмаған әке өз шаңырағына бәле төнгенде тілі шығып қайратын жинап қам істей алар ма?.. Әбіл тізгін ұстаған оң қолымен атының жалын тараштай түсіп, көзі қысылып қалған Әйтейдің аппақ сақалына көзі қадалды.

— Әбіл шырағым... не болды... жамандық естідің бе?..

— ...Сен аға едің. Сенімен осы күнге дейін ища деспегеніме мына аппақ сақалың куә. Ал менің «әй кәпір атанып» ағайын арасын бұзған жерім болса айтшы! Баяғы алғыр Әйтей, шабарман Әйтей, құсбегі Әйтей болып жүрген кезде де: «Әбіл, сенің мынауың иттік» дей алған жоқсың. Рас па, осыным?

— Рас қой... Әбіл шырағым. Айтқаныңның бәрі рас...

— Рас болса, тыңда! Дұшпан күлдіре айтады, дос жылата айтады. Мен жылата айтамын. Сен бүгін секіріп қуанбауың керек, жылауың керек. Неге? Тыңда...

Толық денелі, дөңгелек жүзді, сақалды, баппен сөйлейтін атақты ірі Әбілдің жанында кәрі Әйтей айдаһардың алдында күржеңдеген сұр көжектей дәрменсіз қалды. Ол Әбілдің сызды лебізін бір жағынан баласына бір пәле кездесті ме деп үрейі ұшып, бір жағынан құрандай бас иіп, қыбыр етпестен тыңдады.

— Қартайғанда бала сияқты болып кетсең де, сен тегінде ақылды адамсың. Сол сен ақылды адам болғансын айтайын деп тұрмын мен мұны. Әйтпесе сөзге түсінбейтін қалың наданға жағымды ауыртпайтынымды өзің де білесің ғой. Адам әкесінің өлімін де естиді, мен мұны өзіңе көптен бері естіртейін десем де, жөні келмей жүр еді. Әрине, менің естіртетінім өлім емес, өлімнен де күшті, өлімнен де ауыр, саған да, маған да бататын жай... Өйткені Әбдірахман сенің балаң да, менің қатар өскен ағайыным. Бірақ ол өлген жоқ, өлсе — бұл әңгіме бүгін айтылмас та еді: сынды бір ақаулы ағаш, жарылды бір қаяулы жұмыртқа, дер едік те қояр едік. Күні жетсе бастан жақ та айрылады дейді қазақ. Міне сол жақтың бастан айрылатын кезі келіп тұр...

— Я, Алла, бергеніңе шүкір!... — деп күрсініп қалды шал.

— Ескі Ғарап елінде Құрайыш таһифасы дейтін белгілі белді ру болған. Сол Құрайыш тұқымы Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) Алланың жіберген елшісі деп бас ұрып, сәжде қылып, дінге көнгенде — Әбу-Жаһил деген адам хақ дінге көнбей, кәпір қауымында қалған. Жалғыз Құрайыш тұқымы емес, күллі Ғарап елі, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ақ туы астына жиналғанда Әбу-Жаһил қарсы тұрған. Міне біздің Кердеріден де кәзір Әбу-Жаһил шықты. Бұл жалғыз Кердері емес, күллі қазақ халқына қарсы шыққан Әбу-Жаһил. Бұл мына саған да, қасында тұрған мына маған да қарсы шықты. Бұл ата-анаға қас, халқына қас Әбу-Жаһил. Бұл бүгінгі заманның Әбу-Жаһилының аты — Әбдірахман...

— Я, Алла... Әбіл шырағым?..

— ...Әйтеке, мен сені сол аузыңдағы Алланың атынан жаңылмасын деп айтып тұрмын. Әбдірахман қазаққа қалай қас? Мына саған қалай қас? Маған қалай қас? — міне осыны тыңда...

...Сиырын сауып болды да Күлшан ескі сүттің қаймағын алып қазанға құйды. Өзі терген құрғақ ақ жапаны ошаққа толтыра қалады да, отты тұтатып жіберіп сүт пісірді. Сүт піскенше ыдыс жуды. Сарғайып күткен жарды қалай қарсылауға білмей жан таласқан келіншектің жұмысы да өнбеді. Уақыты да жылжымаған сияқтанды. Ол үйге бір кіріп, бір шығып, екі көзі өзен мен қырда болды. Бірақ кеш алыс, күн ұзақ, дала жалпақ, қимыл жай.

Қалбалақтаған ата қырдан төмен түсіп, Тортоғайдың бергі иінінен ат жетектеп шыққан Әбілге кездесіп тұрып қалды. Ат жанындағы Әбілдің баптанып, жалын тараштап, қайта-қайта қара жорғаның кекіліне қол апарғанына қарағанда ол бір әңгіме айтып тұр... Сөйлерде оның жә күміс сағатының бауын, жә кеудесін сипайтын әдеті. «Бұл не сөйлеп тұр соншама! Атам неге төмен қарап сақалын сипай қалды?» деп ойлады да, Күлшан ошақтағы жанған тезегін аударыстырып қойып қайтадан қарады. Сөз қыза түскен сияқты. Әбілдің көзі қартта, бос қолы кеудесінде көрінді.

— Шеше, сүт тасып кетпесін. Мен түзге кеттім, — деді де, Күлшан Әбілқайырдың түйе жүн шекпенін бүркене салып сайға түсіп кетті. Келіншек екі-үш жүз қадамдай жерді аяғын жүгіре басып, тез игеріп, сөйлесіп тұрған екеуінің өкпе тұсына жеткенде Әбілдің ұзын әңгімесі аяқталуға да жақын қалып еді. Бірақ оның соңғы сөздерінен басты пікірінің неге тірелгенін әйел әбден аңғарды.

— ...Қазақ-қазақ болғалы Жайық оның арналы суы еді, — деді Әбіл кеудесін көтеріңкіреп... — Сол арналы судың мына жатқан мұсылман бетіне он жылдың ішінде орыс орналасып кең қонысты тар етті. Мұны өзің жақсы білесің, өйткені көзіңмен көріп келесің. Жауыз патша тағынан түскенде бүкіл қазақ халқы болып сәждеге бас ұрдық — теңдік тізгіні қолға тиіп, тарылған тыныс енді кеңейер деп үміт еттік. Қазақтың көзі ашық азаматы басын қосты: «әу» десіп мәжіліс құрды, өз алдына ел болуды ұйғарды. Көзің хат танымағанмен көңілің ашық, мұны сен жақсы білесің. «Өз жерің мен өз суыңа не бол!» деген ұран тасталды. Ал, осы ұлы істің ұлы күнінде Әбдірахман не істеп жүр? Әбдірахман сол қазақтың өз алдына отау тігіп бөлек мемлекет болуына қарсы шықты. Қазір ол анау Богдановка қаласында бұзылған бұзықтармен қазақ үкіметіне қарсы, хан Жаншаға қарсы үгіт таратып жүр. «Бізге бөлек мемлекет керек емес, біз хохолдармен, қарашекпендермен бірігеміз» деп жатыр. Ол қарашекпендерге сатылды. Ол мұсылман дінін тастап орыс дініне кірді. Әбдірахман сенің балаң, сенің балаң қазақтың жерін, суын, елін сатты. Мына сені мен мені сатты. Сондықтан бұл мұсылман да емес, қазақ та емес, бұл нағыз дінсіз Әбу-Жаһил.

— Алла, Әбіл шырағым, қатты кеттің ғой, олай болмас. Достан дұшпан көп, қате айтып жүрмегей, — деді Әйтей төмен қарап.

Ол қатты жасып қалды. Әбіл сөзіне қарсы дәлелді жауап та қайтара алмады, нанар-нанбасын да білмеді.

— Қате емес, ақиқат. Кеше маған Богдановка қаласынан Савенко дейтін орыс келіп кетті. Әбдірахманның оның соңына еріп жүрген бұзықтардың астыртын әрекетін сол орыс айтты. «Көрген жерде атып тастаңдар!» — деп Текедегі үкімет те, Жымпитыдағы қазақ үкіметі де жарлың берген. Ұстамаған адамның өзін ұстаймыз деген. Текеден екі жүз әскер, Жымпитыдан жүз елу әскер шықты. Большевик болғандарды ұстап алып дарға аспақшы, жасырған адамдарды атып тастамақшы. Егерде деревня мен ауыл жасырса, тегісімен өртеп жіберуге бұйрық бар. Міне, осыны ойлан. Шаңырағыңның қамын ойлан. Жауызға рақым жоқ, үй ішіңнің аман болуын көзде. Кешкілікте шелектеп қымыз тасып, бүйендеп май мен жент тасып, ана салдақы келінің бұзықты асырап жүргенін осы төңіректің бәрі біледі. Мен сенің екінші балаңның қайда жүргенін де білемін. Ертең ана келініңе де дүре соғады. Маған олар емес, мына сен аяныштысың.

Шал күбірлеп, міңгірлей берді. Күлшан арғы жағын шыдап тыңдауға халі келмеді. Ол сайдан жүгіріп шыға келді де:

— Саған шал атам аянышты екен, аясаң жақсылығыңды көрсете қой, кәне! Баласына тұзақ құрып, келініне дүре соқтырғаның — сол жақсылық істегенің бе?! — деді Күлшан тұтанып.

Әйтей қарт шошып кеткендей басын жоғары көтеpiп алды; ол тілді келінінің сөзге араласқанын жамандықтың алды деп түсінді; Күлшанға жалынған пішінмен:

— Келін қарағым, қайтесің. Туысқан арасында түсініспеушілік болады ғой. Сен сабыр ет. Әбіл шырағым, жақсылығың болса аяйсың ба, туысқанбыз ғой! — деді мұңая түсіп.

Әбіл тоқтай қалды да, аздан кейін қабағын шыта сөйлеп, әйелге әдейі қырын шығара түсті.

— Маған балаң мен келінің аянышты емес, мына сен аяныштысың. Ежіктеп айтамын: мына сақалыңның қудай болған шағында саған қиын. Бұзық бала өз кінәсін өз мойнымен көтерер. Ана кемпірге, ана шаңыраққа күн тумасын деймін. Мен бүгін Текеге жүремін, одан әрі Жымпитыға асамын. Менің көздейтінім елдің бүтіндігі. Түсіндір балаңды, келіп басын исін. Ұсынған мойынды қылыш кеспейді. Өкімет алдында мен қолдан келген жеңілдікті пайдалануға жәрдемдесермін. Әйтпеген күнде...

— Әйтпеген күнде не болады? Айт, айт! Неге тоқталдың? — деді әйел зығыры қайнап.

— ...Әйтпеген күнде кештік етеді. «Қолға түскен жерде Әйтиев сотсыз атылсын» деген бұйрық бар. Енді кешіксе оған ешкім де ара түсе алмайды. Ал, өзі келіп басын исе жеңілдік. Көп жеңілдік болады.

— Осы ма көп сөзіңнің түйіні?

— Күлшан, мен сенімен сөйлесіп тұрғаным жоқ. Мына Әйтекеңмен сөйлесіп тұрмын. Әйелмен сөз басқаша.

— Сом темірге балға бар, сомсынғанға Алла бар. Бүгін кеш алып, жалыңды күдірейтіп Әбдірахманды жұрттың алдында да, әкесінің алдында да қараламақшы боласың. Оны дінсіз де қылдың, орыс та еттің, сөзіңнің мен бәрін де естідім. Осы сезді сақалы қуарған шалға айтқанша өзіне неге айтпадың Әбдірахманның «сен орысқа сатылдың» деп, Әлде құдай деген атам мен еңкейген енемді қорқытып алып, басқаларын уысыңа түсірейін деген айлаң ба бұл?

— Мен сенімен сөйлеспеймін, Күлшан...

— Сен сөйлеспесең де мен сөйлесемін. Сенің әкеңнен әкем кем болып көрген жоқ, атаңнан атам кем түскен жоқ. Бес малың артық болса — ол ақылдылықтың айғағы емес. Өзі болған жігіттің түп атасын сұрама дейді. Сен неге қалмайсың Әйтей тұқымының көтінен, соны айтшы?! Поселке салдырмаймын деп Әбдірахманның соңына жеті жыл үзбей түстің, ол дегенің болмады. Әйтиевтің салдырған Сүгірбай поселкесі әне тұр. Бүтін Кердеріні билеймін дедің — қолыңнан келмеді. Маған билетпеген Әбдірахман деп өштестің. Бостандық заманы келіп былтыр Әбдірахман Жайықтың жағасындағы малшы-жалшының басын қосты — бұған қарсы шықтың. Жуан ата қожа емес, кедейдің де құдайы бар деп еді, атып жіберуге мылтығың болмады. Бүгін Әбдірахман аяғын жазым басып, ел табанынан аулақ баспана іздеп еді — ит қосып артына түстің. Алласынан басқа аузыңда әуезі жоқ шалды көрген жерде көлденеңдеп келіп жаны түршіккендей сөз айтасың. Не кегің бар сенің бізде, сонша қудалап? — деді әйел.

Күлшан өрттей боп қызарып кетті. Жұмыр, шағын денесі дір-дір ете қалды. Ол кішкене жұдырығын қатты түйіп алды.

— ...Әйтейдің тұқымын құртсаң құртып шыққын, құрта алмадың бар ғой... — Әйел түйген жұдырығын Әбілге қарай көтерді. — Құрта алмасаң бар ғой, асқанға тосқан. Сенімен де сөйлесетін күн туар...

— Сенен келген бәлені көріп алармын, — деді Әбіл, даусын көтеріңкіреп.

— Көрерсің әлі.

— Көк айылданба, безер қатын. Еліре берсең екі қолыңды артыңа байлатып айдаттырып жіберермін.

— Қатынмен жауласуға қалдың ба енді! Бірақ Күлшанның қандай қатын екенін сен әлі дұрыстап білмейтін шығарсың.

— Білемін, — деді Әбіл даусын көтеріңкіреп, өте баптап сөйлеп. Оның жүзінде кекесінді бір күлкі шырайы да пайда бола қалды. — Білемін, бәрін де білемін. Еркек боламын деп он жетіге келгенше бұтын тері шалбар қажап, басына ер жастанып жылқышылармен бірге өрісте ұйықтап өскен Тама Бәйестің есер қызын да көргенмін. Онан кейін міне, би қатын атанамын деп езуін қайыстай созып, еркектермен жарыса сөйлеп, атаны ата деп, енені ене деп білмейтін ұяттан үш күн бұрын туған без бүйрек Күлшанды да көріп тұрмын... Енді оған құдайдан безген бұзықтар мен алаяқтарға қосылып хохолдың қара нанын шайнап, квасын жұтып түрмеде отыруы ғана қалды...

Күлшан шыдамады, даусы қатты шығып кетті.

— Мен еркек болуға ұмтылсам — маған бұл дәреже. Ал, қатын өсекке үйір, қатынмен ұрысуға әзір, суға барған қатынның шелегінің ішінде не бар екен деп үңілген сені кім дейміз? Өзің айтшы! Сен әуелден де сиыр арасынан шықпайтын көкем үйінің кер бұқасындай, кердең-кердең етіп, баққаның қатын еді. Қыздар сені «кер бұқа» деп ернін шығаратын еді. Сірә, осы ат тауып қойылған ат шығар! Кәколды «кәкол» деп менсінбейтін, Шаянның кедейін «пәсток» деп мұрныңды көтеретін сен сияқты Әбдірахманның кеудесіне нан піскен емес. Жыртық үйдің де құдайы бар деп, бізге кәколдың қара наны мен кібасы да тамақ. Ал сен сияқты май кекірген мырзаның басына күн туса — қиын әңгіме сонда болар...

— Келін, қой, шырағым, жетті. Замандас деп артық сөзге баруың келіспес. Ұят болар, келін, қой, — деді Әйтей, күйбеңдей түсіп.

— Жарайды, ата, үйге жүріңіз. Жеткенін өзім де біліп тұрмын, — деп Күлшан жұлқына түсіп, қартты қолынан жетектей жөнелді.

Әбіл де атын шылбырынан тартып өз үйіне қарай жылжыды. Ол үндемеді. Тек қана үй жанында жатқан адамдарға қарай күбірлей түсті. Үйінің көлеңкесінде жатқан бұл адамдардың Әбілдің құшалары емес, солдаттар екенін Күлшан әлдеқашан олардың орысша тіккен бөз көйлегінен-ақ таныған еді. Бұрын да иненің жасуындай жақсылық күтпейтін Әбілдің қулықпен бастап, қызумен айтып салған сөздерінен әйел көп нәрсе аңғарған болатын. Әбілдің «енді келмесе кештік етеді, онда оған кешірім жоқ дегені» орыс арасында жүр деген Әбдірахманды тұзаққа түсірудің айласы екенін Күлшан бірден білді. Әбдірахманның ізін аңдып, не істеп жүргенін жіпке тізгені де айқын көрінді. Бірақ оның тап қазір қай жерде жүргенін анық білмей ақкөңіл шалдан сыр тартпақ болғаны да байқалды.

Үй арасында үй жоқ, іргелес отырған дұшпанның таңертеңгі айтқан уы тамған қастық сөзінен кейін Күлшанның тұла бойын ызалы кек кернеп кетті. Ол ішінен тістеніп, істеген жұмысының бірін де тиянақтап бітіре алмады: аяқ-табағын да күндегідей етіп жуа алмады, жүгін де дұрыстап жинай алмады, кішкене қызының басын жуғанмен, шашын тарап, айдарын әдемілеп шашақтай алмады. Оның есі-дерті Әбілдің сөзінде болды.

«Құдай бар болсаң мейманасы асқан Әбілге көрсет көрсететініңді! Қатын, баласын мендей етіп зарлат! Көрген, күнін көп ет! Құдай! Құдай!» деп қарғады. Содан кейін тағы да Әбілдің айтқанын бір түйірін қалдырмай ойына түсіріп түске шейін ойлаумен болды да, түстен кейін қолына шелек алып, су жағасына келді. Ол аңдыған жаудың көзін алжастырып айла-шарғы жасады: жар астымен өзенді жағалап жүгіріп отырып төрт шақырымдай жердегі Тұнықбұлаққа жетті де, сайдың бойымен тіп-тіке қырға қарай асты. Ол қырдағы Өлетті поселкесіндегі Фроловскийдің Петросын тауып алып сол арқылы Әбілқайырға хабар беруге жол тартты. «Мүмкін Әбдірахманның өзін де кездестірермін», деп ойлады әйел. Бірақ Әбдірахман Қара Обада болғанмен оған жолығу оңай да емес еді.

Күлшанның шелегі су басында қалды.

4

Адамның арманы көп те, бірақ оның орындалуы сараң ғой. Күлшанның көктемнен бергі басты арманы Әбдірахманды бір көру болатын. Іңірде сүйінші сұраған Ықатайдың сөзінен кейін оның тәтті қиялы ерін көз алдына алып келіп, қолына ұстатқандай болып еді. «Ертең көрісемін... Ертең көрісемін Әбешпен. Ертең Ертең...» деп жыбырлап еді оның еріндері түні бойы. Түн де өтті. Түн өткенмен жуық арман әрілеп кетті.

Аңдысқан Әбілдің сыздаған пішінмен бүгінгі жер-жебіріне жете сөйлегені оған ерінің ту сыртынан найза салғанмен бірдей болған. Күлшан қалайда Әбдірахман мен Әбілқайырға хабар бермекші болды, ол алыстағы орыс деревнясына жүгірді; көру, көрісу арманы бір шетке ығысып, енді Әбдірахманның елден де, жаудан да алысырақ жүруіне жол берді. Ол ерін әлі де бірнеше ай көрмесе де — тек оның аман болуын тіледі.

Бір көш жердегі шала таныс орыс деревнясына жан ұшырып жеткен Күлшанның жолы болмады, ол Фроловскийді таба алмады. Ал, оның Ықатаймен бірге жүрген, кәдімгі қол баладай болып кеткен Петросы бүгін сөзбен жауап қатпай, иығын көтеріп қойып, басын шайқаумен болды.

Петро бұрын да аса көп сөйлемейтін, көлденең көзге алаңғасарлау бала сияқты еді. Бірақ ол сұраған сөзге дәл жауап беретін. Қазір мылқау адам сияқты мелшиіп қалған.

Күлшан Петродан:

— Әкең қайда, — деп сұрады.

Бала басын шайқады. Әйел аң-таң болып тұрды да, қасына жақындай түсті. Иығынан құшақтап:

— Петрожан, маған Әбілқайыр керек. Олардың қай жерде екенін сен білесің. Жөн сілтесең болды, өзім тауып барамын, — деп жалынды.

Бірақ Петро басын шайқап қойып үн қатпады. Не істерін білмей, әйел терезеден үңіліп үйдің ішіне көз жіберді. Үйде де, аулада да Петродан өзге ешкім көрінбеді. Бір жағы шетен шарбақпен, бір жағы қарағаймен қоршаған кең ауланың төрінде қыл темір желіге шынжырлап байлаған ит қана жатыр.

— Ықатай қайда? Елге қайтып кетті ме? Бүгін бұл жаққа келмей ме? — деп сұрады Күлшан тағы да.

Бала жауап берудің орнына не күй емес, не ән емес бір нәрсені сызғыра бастады. Күлшан оның бетіне қарап отырды да:

— Tiпy, пәлекет. Сендерді де адам деп сеніп жұмыс тапсырып жүр-ау, есінен айрылған есалаңдар. Милау жексұрын, тілің байланып қалды ма, неге үндемейсің? — деді зығыры қайнап. Бала оған да селт еткен жоқ, ерегіскендей сызғыруын үдете түсті.

Олай ойланып, бұлай ойланып, қайда баруға білмей, әйел орнынан түрегелді. Оның көзіне кең дүние тарылып бір қауызға сиғандай көрінді. Ақылдасар адам, сырласар дос қалмаған сияқтанды. Өмірінде бірінші рет күйініштің ащы дәмі аузына келгендей болды. «Екеуінің біреуі аңсызда бүгін үйге келетін болса, Әбілдің аңдып жатқан адамдары бас салып ұстайды. Шұнақ құдай, қайдасың! Бар болсаң бір жәрдем беретін уағың жетті! Құдай! Шыныңмен дұшпанға таба, досқа күлкі еткенің бе?!» деп күйінді әйел деревнядан шығып келе жатып. Баланың қай жақтан шыққанын Күлшан білмей қалды.

— Жүр! — деді Петро оған, бір бүйір тұрған хуторға қарай иек қағып. Сөйтті де өзі үн қатпастан әйелдің алдына түсіп жүре берді.

Хуторға жеткенше әйел де оған ләм-мим демеді. Ол хуторда кім барын, неге әкеле жатқанын да білген жоқ. Бірақ баланың теріс жолға жетектемейтініне оның жүрегі палуан болды.

Сай жақтағы шеткі үйден асып Петро бір кішкене құжыраның ашық жатқан ауласынан келіп кірді. Сәл ғана кейінірек қалған Күлшан келіп жеткенше бала кішкене үйдің сенегіне кіріп айналмастан қайта шықты. Сөйтті де Күлшанға «кір!» деп ым қақты. Әйел үйге кіргенше бала жалт беріп екінші үйдің тасасына түсіп те кетті.

Күлшанның кіріп келгеніне Меңдікерей де таңданған жоқ, ойда жоқ жерден бұл атақты кісіге кездескеніне Күлшан да таңырқана қалмады. Үйткені Меңдікерейдің басында болған оқиғаны ол естіген жоқ еді. Әйел тек қана ішінен: «Біздің Әбеш те мына Меңкең сияқты осындай бір елеусіз жерде жатыр екен ғой. Мына кісінің мойны қалай қисайып кеткен! Желкесін таңып алғаны несі?» деп ойлады, бір иығын көтеріп жаралы мойнына күш түсірмей басын қисайтып тұрған Меңдікерейден көз алмай.

Амандасқаннан кейін-ақ Күлшан ішке симай кеткен қайғы-мұңын ашық сөйлесетін қайнағасына ақтара бастады. Ол көбінесе Әбілдің қылығын баса айтты. Аздан кейін ол долданып жылап жіберді.

— ...Құдайдың бізге деген жақсылығы бар ма, жоқ па? Әлде болмаса Нысан тұқымының қорлығында мәңгі-бақи осы қалғанымыз қалған ба?! Әбешке айтыңыз: үйге келемін деп әуре болмасын. Кемпір мен шалды ешкім жемес, шыдар. Тек ана қас дұшпанның қолына түспесе болды. Үйі толы солдат. Күндіз-түні киімін өзгертіп киіп қаптап кетеді. Бұрнағы күні түнде ит үре бергенсін сайдың жағасына қарай барсам, құс ататын мергендей еңбектеп жүрген бір адам. Мені көріп шөке-шөкенің түбіне бұқты. Сай астында ең кемі он адам жатыр екен. Бүгін таңертең өріске мал айдап шығарған атамды ұстап алып, әлгі сыздаған мырза: «Сенің балаң кәпір. Сенің балаң Әбу-Жаһил! Сенің балаң қазақты құртуға жүр! Сенің балаңды казак-орыстар ұстаған жерде дарға асады. Келіп кешірім сұрасын!..» деп көзге шұқыды Әбіл. Кешірім берер ме ондай жауыз. Үйінің көлеңкесінде аңдушылардың бесеуі жатыр. Құдалыққа келгендей шіреніп ұйықтап жатыр төбеттер. Бұл қарабасқырлардың Әбдірахманды аңдығаннан басқа бітіретін жұмыстары жоқ па екен? Күні-түні бір арылмайды... — деді Күлшан сөзінің аяғында.

— Жақсы, жақсы, Күлшан шырағым. Сен сабыр ет. Бізді аңдығаннан басқа олардың жұмысы жоқ екені рас. Қайтесің аңди берсін. Ал Әбдірахман сен келмесең де, бүгін-ертең үйге соға алмайтын еді. Жұмысымыз көп, шырағым, үйді ойлауға уақыт жоқ. Шыдау керек. Амандық болса — бәрі де өтер. Сағыну, сарғаю дегеніңіздің бәрі де ұмытылар. Бір күндей де болмас — ауыр күндер көшкен жұрттай, кейінде қала барар. Сен келген ізіңмен кері қайт. Ешкімге тіл қатушы болма. Сенің бұл жерге келгеніңді Әбіл сияқты адамдар көрсе — бізге жақсылық жасамас. Тез қайт, қарағым. Біз бәрін де біліп отырмыз. Уақыт солай, — деді Меңдікерей.

Меңдікерейдің сөзі Күлшанға үлкен арқа сүйеу болды. Әбдірахманды көрмегеніне ол өкінген жоқ, — бір қуанып, бір суынған жүрегі орнына түскендей болды. «Әбдірахман жалғыз емес екен. Меңкең сияқты ақылды ағасы бар кісі қор болмас. Қандай сабырлы кісі! Өздері тіпті жақын жерде жүр екен ғой. Екінші рет мен өзім де тауып келемін» деп ойлады әйел үйге қайтып келе жатып. Ол өте қуанышты қайтты. Бірақ арт жағынан келген аттылы орыстың Богдановкадан шыққан Савенко екенін, оның Әбілмен көбірек кездесіп жүргенін, мұның мақсаты да Әбдірахманды ұстату екенін Күлшан ол күні білген жоқ. Бұл үйіне жеткенде Савенко да атының басын Әбілдікіне тіреді.

Қайнысы мен ағасына екі баладан күн ара тамақ жіберіп тұрғанмен Күлшан олардың не істеп жүргенін анық білмейтін. Ал Меңдікерейге жолыққаннан кейін әйелдің көзі көп нәрсеге жеткендей болды. Алдымен ол Әбдірахманның жалғыз емес екенін білді. Оның қасында бүтін елге белгілі Меңдікерей мен Сақыпкерей және өзі білмейтін де көп оқыған білімді адамдардың топталып жүргенін жақсы сезді.

— Күлшан шырағым, талай қиыншылық бастан өтіп келеді. Әлі де көп бейнет, көп қайғы-уайым кездесер, бірақ бәріне де шыдау керек. Берік болу керек. «Сабыр еткен ғана жетер мұратқа», деген сөз бар. Сабыр ету керек. Әбдірахман жалғыз да емес және жай жасырынып қана жүрген жоқ. Ол әділеттік іздеген, теңдік іздеген көп адамдардың, сан елдің басын қосып жауға қарсы әрекет істеп жүр. Орыс, қазақ болып бас қосқан өзіміздің ортамызда басшылық етіп жүр. Әбдірахман болмаса саналы азаматтарды кім бастар еді? Көп адам тұтқында, бір қатарымыз жүріп жұмыс істеуге жарамаймыз. Мен міне сырқатпын... үйіңе қайт. Көрген-білгеніңді әзір ішіңе сақта, — деген-ді.

Осыдан кейін Күлшанның көңілі бір жайлы болып, күні-түні тас қылып бүркеп тұрған уайым тұманы серпіле түскен-ді. Оның үстіне үш-төрт күннен бері Әбілдің қарасы батып, әйелдің иығынан зілдей жүк кенет жерге түскендей, аяқ басуы жеңілденіп кетіп еді. Бірақ күннің батуын жарындай күткен Күлшанның өзен басына келгенде шайдай ашық қабағы тастай жабылды.

— Ерғали ағамды тауып бер деп біздің үйдің де, ауылдың да әлегін шығарып жатыр. Мені қызылдарға тамақ тасиды деп біреулер айтып қойыпты. Солдаттардың төбесі көрінгеннен-ақ қашып кеттім, — деді Ықатай күлімсіреп.

Күлшан інісінің білегінен ұстай алып не айтуға білмей қалшиып тұрып қалды. Көп сөйлемейтін Петро әдетінше, қайық ішіне іркілген суды бақырашпен төгіп, шелектегі торсықты өзінің бұрын қойып жүрген орнына салды да:

— Юра, тездет. Баратын жер алыс, — деді.

Екі балаға жазғыз ауыз тіл қатпастан Күлшан отыра қалып кебісі, мәсісін шешіп қолына алды да, балағын түрді. Сөйтті де, жалма-жан қайыққа мініп алып, бетіне қарай қалған Петроға:

— Петра айнам, ес! — деді.

Бала жауап қатпады, сәл ғана басын шайқағандай бір болмашы қимыл жасады да, орнына отырды. Мінген екі адамның салмағымен басы жоғары көтеріліп кеткен қайықты қол ұшымен сырып жіберіп, Ықатай да ескек жанына дік ете қалды.

Қос ескекті құшырлана сермеп тартып, кішкене Ықатай, ағысқа бір бүйір, қайығын арғы жағаға қарай зулатты. Еңсесі биік арғымақ басты қайық су бетін шұлғып сызып келе жатқан сияқты. Оның тұмсығын алыстағы қазан бөрікті қара ағаштан қыл елі аудармай бұрып, тұралап отырған Петро атын қамшылағандай, күрегімен оқтын-оқтын ол да есіп-есіп жібереді. Бұл кезде қайық балалардың май жалатқан кесегіндей, түбі су бетін сипап қана бара жатқандай болады...

Арғы жақтың өзен бетін көлкештеп тұрған биік ағаштарының қоңыр көлеңкесіне түскеннен кейін қайықты екі бала бір қалыппен есіп, ағыстың жылжыма арнасына салды. Үшеуінде де үн жоқ.

Екі баланың ойы: тезірек есіп Тұщыбұлаққа ертерек жету — пішен түбіне азық апарып беру болды.

«Қыл көпір үстінде жаумен жағаласқан, сүйікті Әбіш! Ардақты аға! Құрметті қайны! Тірі болсаңдар сендердің біреуіңді өз көзіммен көремін, ең болмаса соғып кететін жерлеріңді біліп аламын. Мүгедек жанша, қашанғы екі баланың қайығын күтумен сарғаямын?! Жоқ, көруім керек білуім керек...» — деп ойлады Күлшан. Ол жағаның әсем көрінісін елемеді, кешкі әлемнің балқыған түрін де байқамады. Оның бар ойы тағы да сол көру, көрісудің тәтті арманына бөленді.

Үнсіз орман. Қоңыр кеш. Жұмсақ ауа. Жалпақ өзен. Жүйрік қайық үйреншікті Тартүбекке қарай дыбыссыз сырғып бара жатты...

Жеті-сегіз шақырым жердегі Тұщыбұлақтың сағасына олар өте тез келді. Бірақ уағдаласқан белгілі жердегі пішенге жете алмады. Қайықты жағаға жасырып, бұлақтың бойымен өрлей бергенде-ақ партизандарды тосып жатқан Абылаев пен Әбілдің жігіттері үшеуін де бас салып ұстап, Өлеңті селеніне айдап кетті.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

1

Қарсы тарап қан төгуге кірісті.

Офицер Абылаев тоналған түнгі уақиғаның астарын айналдырып жіберген болатын. Ол Һарон сұлтанға: «Түн ортасы ауған кезде Ханкөлінің тұсынан өтіп бара жатқан керуенге жол жанында аңдып жатқан жүз қаралы басқыншы тұра бас салды. Өзінен он есе көп жауға кішкене отрядім қаһармандық ерлік көрсетті. Қолма-қол ұрыста жеті жігітім қаза тапты да, бесеуі ауыр жаралы болды. Өзіммен қатар тұрып қылыш сермескен бір жігітіммен екеуіміз аман құтылдық — түннің қараңғылығы жәрдем етті. Сонда да жарасыз емеспіз... аттарымыз тегіс оққа ұшты. Жау жағынан шығын болғандардың саны оннан астам. Бір жігітіміз бас қорғап, арба астына тығылған екен, жылап-сықтап таңертең соңымнан жетті.

Керуен тонаған қызыл бүлікшілер. Әбдірахман Әйтиевтің команда бергенін мен өз құлағыммен естідім. Және қорқып арба астына тығылған қара басқырдың айтуына қарағанда оған: «Біз қызыл гвардиямыз. Қаруыңды таста да елге қайт. Біз кінәңді кешірдік» деп үгіттепті. Өзін босатып жіберген. Керуеннің маңдай алды — кәдімгі өзімізге белгілі Богдановка селосы» деген.

Өзіне де мықты кіршік келтіретін бұл жайсыз хабар сұлтанның төбесіне мұздай су құйып жібергендей болды да, арғы жағын ол сұрамады. Оның бар ниеті төңкеріс ұясы болған Богдановканы өртеп жіберу, қолға түскен күдікті жанның бәрін атып-асу болды. Үкімет мүшелерінің төтенше мәжілісінде Һарон сұлтан осы қатал шараны қолдап шықты. Ол мәжілістен кейін Қара Обаның правителі Әбілге жиырма бес жауынгермен Абылаевты қосып қолға түскендердің бәрін атуға бұйрық берді. Ал, өзі қарулы деревняларды жазалауға шыққан әскердің соңына ерді.

Қызыл отрядке қарсы аттанған жазалаушы әскермен қатар ереуіл көтерген Жүніс қажыны мешіт алдында сөгуге сол күні иман да елге шықты.

2

Меңдікерейдің жасырын пәтері Жайық жағасынан он бес шақырымдай қырғары тұрған сол Өлетті селенінде еді. Бұл селеннен Богдановка отыз шақырым жоғары болатын. Апрельдің бірі күн шала-жансар күйінде Гречко әкеліп тастағаннан бері Меңдікерей сол жерден қозғалмаған, басында екі жұмадай оны доктор інісі емдеп, аты-жөнін өзгертіп, басқа фамилияға көшіртіп «мерез ауру» есебінде сол жердің фельдшеріне тапсырған. Сөйтіп, бір ауру казак-орыс арасында емделді де жатты, оның Меңдікерей екенін баласы Әмір мен большевик жолдастары ғана білді — басқа тірі жан оны елеген де жоқ, революционер деп шұбаланған да жоқты.

Ай жарымнан кейін тәуір болып, бас көтергенсін Меңдікерей Оралмен де байланыс жасады, Богдановкамен де астыртын жалғасты. Ел ішіндегі сенімді жігіттермен де сырттан тілдесіп үгіт жұмысын қолға алды. Бірте-бірте Совдепті жақтаушылардың санын ұлғайтты; ауыр жарадан кейін оң қолынан айырылса да, амалдап арбаға мініп, алыстағы жасырын съезге қатынасты. Ал, соңғы кезде, қолға қару тигеннен кейін, іріктеп-іріктеп қазақ жігіттерінен құралған халық дружинасын құрған. Кеше кешке атты казактардың жазалау отрядіне қарсы тұру үшін Меңдікерей сол Богдановкадағы Беланға қырықтан астам жігіт аттандырып салды. Ол өз қасында жәрдем беретін Әмірді де қалдырмады. Үйткені қысылшаң кезеңде адам санының азаймауын көздеді. Тіпті отрядтің арасында өзі де болғысы келіп еді, бірақ оқыс қимылдар жасап алып, соңғы кезде оның шала біткен оң иығының жарасы ашылып кеткен-ді. Жарасының қанын тоқтатып, қалпына түсу үшін оған қозғалмай жату керек болды. Және оның үстіне қалаға жіберген адамдардың табысатын жері де осы жасырын пәтер болғандықтан Меңдікерейге үйде қалуға тура келген.

Жұрт орынға отыра берген кез еді. Үйге үш адам кіріп келгенде қара көлеңке бұрышта жатқан Меңдікерей басын көтеріп алды. Белгі бермей кірген адамдардың өз жігіттері емес екенін ол жақсы сезді. Бірақ ол асықпастан шырпы шағып жанындағы шамды жақты да, бірі наган кезеніп, бірі жалаң қылыш ұстап тұрған үнсіз үш-төрт адамның жүздеріне қарап, қайтадан төсекке қисайды. Ілкі минутта оның ойы «осыны қайда көріп едім?» деп алдына жақындай түскен Абылаевта болып шарқ ұрды да; «е, мейлі, кім болса да...» деп қабағын тыржитты. Оның күндіз қан сорғалаған оң жақ топшысы шаншып-шаншып, кенет бір тұла бойына ыстық су құйылып кеткендей болды. Аз уақыт ол көзін жұмып қалды. Сонан кейін келгендерге қайтадан көз жіберіп:

— Кім керек еді? — деді.

— Қаруыңды таста! — деді Абылаев қатаң үнмен.

Меңдікерей оның жүзіне енді анық танитын адамдай қадалды.

— Қаруым болса, мен бұлай төсекте жатпаймын ғой. Алжасып тұрған шығарсың, кім керек еді...

Есіктен Әбіл бір қырындап кіріп келе жатты. Меңдікерейдің көзі Әбілдің сазарған жансыздау көзімен ұшыраса кетті.

— Сен енді полицияға тыңшы болдың ба... мұның таң қаларлық та ешнәрсесі жоқ. Орныңды табатыныңды мен жақсы біліп едім, — деді Меңдікерей Әбілге.

Әбіл үндемеді, Меңдікерей жиренген адамша, тағы да мұрнын тыржитты.

— Тұр, киін! — деді Абылаев Меңдікерейге бұйрықты үнмен. Сөйтті де ол арт жағындағыларға бұрылып: — Жәрдемдесіңдер, — деп иек қақты.

Адам ұстап дағды алып қалған екі жігіт жарасы шаншып қозғалтпай жатқан Меңдікерейді жұлқылап тұрғызды да, киімін кигізді, екі қолын артына байлай салып, сүйрелеп сыртқа алып шықты. Дөрекі қолдардың аяусыз қимылынан бүтін оң жақ иық пен жауырынының көбесі сөгіліп кеткендей қан қақсап ауырып, бірақ есер офицер мен керілген Әбілге сыр бермей Меңдікерей тістеніп келеді, оның жағы бір кез қатты күштенгеннен қарысып та қалды, көз алдына қиналған жанның ұшқындаған оты төгіліп жатқандай болды...

Үйден жүз қадамдай жер жүргеннен кейін ғана ол еріксіз жұмылып кеткен көзін ашып, қасындағыларға қарады. Жетектеп келе жатқан сол төсектен жұлқылап тұрғызып, сыртқа сүйрелеп шығарған екеуі екен. Офицер Абылаев та, басқалары да кейінде, үйде қалып қойған. Тас қараңғыда селеннің шетіне қарай сүйреп келе жатыр. «Бұлар шетке шығарып ататын шығар» деп ойлады Меңдікерей. Бірақ ол мылқау жандай тән мен жанның ауырғанын сезбейтін адамдардан «қайда апара жатырсыңдар» деп сұраған жоқ.

Бұл кезде селеннің шетіне жақындаған Хакімнің құлағына дүбір шалынды. Ол атының тізгінін тежей түсіп, мезгілсіз уақытта шыққан дүбірге құлақ тосты. Дүбір селеннің қыр жақ шетіне қарай жылжыған сияқты болды да, аздан кейін арбаның шиқылдаған дөңгелегі мен аттың аяқ дүрсілі қосылып мол дыбысқа айналды. Әлде жүргінші ме? Әлде қырға пішенге жиналған шаруалар ма екен? Бейне бір топ жігіт бас қосып ауылдан ауылға айттап жүргендей. Жұрт ұйқыға кеткен бейуақта не қылған көп атты? деп Хакім қозғалмастан бірнеше минут тұрды да, арбалы әрілегеннен кейін атын ақырындап тебініп ілгері жүрді.

Меңдікерейдің пәтері селоның қыр жақ шетімен өтетін жолдан қашық, өзен бетте еді. Ол бұл үйге бұрын атсыз, жаяулап келіп жүрген. Бүгін де сақтық етіп биесін бір ойтаңға қаңтарды, шылбырының ұшын бүл жерде көбірек кездесетін тобылғы түбіріне іле салды да, үйге қарай беттеді. Алыстағы арбаға үрген иттің даусы да бәсеңдеп, төңірек бір сәт тыныштала қалғандай болды. Отыра қалып айналаны қайта-қайта еңкейіп қарап, Хакім үйдің терезе бетін айналды. Шам да жоқ, дыбыс та жоқ, көзге түсерлік өзгеріс те жоқ — бәрі сол бұрынғы қалпында тұрған сияқты. Тағы да еңкейіп екінші үй жақты бір шолып қарап мойнын кері бұра бергенде, оның көзіне үй ішінен жылт ете қалған от шалынып кетті Хакім демін ішінен алып — селт етпестен тұрып қалды, үнсіз-қимылсыз ол кірпік қақпастан терезеге бақты. Бір минуттей уақыт, бір сүт пісірерлік мерзімдей өте ұзақ көрінді. От қайтадан жылт етіп тартқан шылымның шоқтанған басы кішкене терезенің әйнегіне тиіп тұрған сияқтанды. Мені күтіп ұйықтамай терезе алдында шылым тартып тұр ғой шамасы. «Әмір Бөрліге барып қайтамын деп еді. Меңкең үйде жалғыз қалған екен» деп ойлады Хакім. Ол бұрылып кішкене сенектің қапсырулы тұрған есігін қатарынан екі рет тықылдатып үйге құлағын тоса қойды. Бірақ үйден қимыл да, қыбыр да білінбеді. Тықылға беретін Әмірдің белгілі жауабы да, шалдың «тамақ кенеуі де» естілмеді.

«Бұ неге жауап бермейді? Әлде менің өз сыбдырым өзіме бөгет болып ести алмай қалдым ба? деп ол құлағын қолымен қалқалап есікке тақай түсті; демін өзіне де білдірмей алып, ұзақ тұрды. Бірақ қаншама іштен тынып тыңдаса да ешкім дыбыс бермеді, тірі жанның қимыл нышаны да сезілмеді. «Енді не істеу керек? Әлде терезеден көрінген темекінің оты болмай көз жаңылғаны ма? Мүмкін емес. Шоқтанып қызара түскен нағыз темекінің оты, тартқанда».

Оның құлағына сыбыр естіле қалды да, сол заман есік те сықыр ете түсті.

Хакімнің тұлабойы мұздап жүре берді. Үйде иесі емес, басқа адамдар екен деген күдік оның ой жүйесін жарып өткендей болды. «Шынымен-ақ жау білгенін істеп кеткені ме? Жаңағы дүбір мен арбаның сықыры тегін болмады ғой... Бұл сонда бұғып тұрған жаудың қолға түсіру амалы ма? Енді не істеу керек?» Хакімнің қысылғанда аузына еріксіз келіп әдет болып кеткен «енді не істеу керек?» деген демеу сұрағы тап сол сағатта әлде неше рет келіп те үлгерді, оның еріндері үздіксіз жыбырлады.

«Не болса да мұның ақырын күту керек, кім екенін білмей жалт беру жарамас» деген ойды Хакім түйіп үлгергенше болмай, іш жақтан ептеп басқан аяқтың сыбдыры естілді. Шағын үйдің сыртқы есігінен оң жаң бұрышына дейін екі-ақ аттам жер еді. Бірақ Хакім бұрышты пана етуден бас тартты — ол сыртқа қарай ашылатын сенектің кішкене есігінің қайырылысында арқасын жарға тіреген күйі қала берді. Оның ойы есік артына бұқты деп ойламас, ойласа да іштен сыртқа шыға келген адамның көзі үйренгенше, қарсы қару жұмсап үлгерермін деген қорытындыға тірелді. Ол жалма-жан шалбардың ышқырына орамалға орап қыстырған алты атарын суырып алып, қайрат істеуге қам жасады.

Түнде жасырын үйге келгендерді ұстау ниетімен іште бұққан Абылаев Хакім есік қаққанда үйге кірсін деп дыбыс бермеді де, бірақ қатарынан екі рет тықылдатып іштен жауап ала алмаған адам қашып кетер деп қорықты.

Қасындағы жігіттерінен бұрын алдымен сенектен оның өзі шықты. Есік алдында бөгелмей ол жалма-жан оң жақ бұрышқа қарай жүрді. Хакім мұны көрмесе де жақсы түсінді. — Іштен шыққан адам екі аттағанда ол мойнын созып, бетіне қалқан етіп тұрған есіктің үстінен қарады. Бұрышқа барған адам еңкейіп алдыңғы жаққа үңіле түсті де, көзіне ешкім шалынбағасын бойын жазып кері қарай жүгірді.

Өзін бұл адамның байқаған-байқамағанын Хакім білген жоқ, оның бар ынтасы тек қана кері айналған әскери киімді, шағын денелі жанда болды. Ол көзімен мұны жұтып қоярлықтай қадалды. Түн болса да оның өткір көзіне тап сол сәтте иненің жасуы да шалынғандай, құлағына құмырысқаның қыбыры да естілгендей еді.

...Абылаев! Сол! Еңкіштеу мүсіні, етсіз жағы, едірейген екі құлағы — бар пішіні сол қалпында! Анадағы Орал қаласында Ақметшемен сөйлесіп отырған кезіндегідей! Жоқ, ондай емес... Түнгі айқаста жан сауға сұраған сиқы!.. Хакім жыландай жиырылды, ол шеңгелдеп бүріп астына ала түскісі келді. Бірақ кенет бұл ниетінен бас тартты. Офицер онымен деңдесе қалды.

«Антын бұзған арсыз! Сен бізді тегіс құртуға кіріскен екенсің!» деген ойдан да шапшаң көтерілген оның алты атар ұстаған оң қолы Абылаевтың қара құсына сарт етті; алға қарай емпеңдей ұмтылған офицер екпінмен жерге жалп ете қалды..

Абылаев ұшып түскенмен оны соққан Хакімнің де көзі қарауытып кетті — қара құсқа дөптеген жұдырық ілгері асып тиіп, шекеде соққан май жұдырықпен білезіктің қоспасы үзіліп кеткендей болды; Хакімнің оң қолы ұйып қалды да, алты атары жерге сылқ етті. Не болғанын білмей үйден шыға келген екі адам сұлап түскен Абылаевтың басына үңілді. Жаудың біреу емес екенін Хакім алдында сыбырынан сезіп еді, бұларға құр қолқайрат қылуға болмайтынын түсініп, ол екінші бұрышқа қарай жүгірді. Жердегі алты атарын іздеуге де оның мұршасы келмей қалды. Офицеріне еңкейгендер басын көтеріп үлгергенше бұрышты айналып кетті де, арт жақтағылардың балағаттаған сөздерін ғана естіді. Оның бар ойы алдындағы үйді баспана ету болды. Бірақ, он бес, жиырма қадамдай жүгіргеннен кейін қуған адамның дүбірі құлаққа шалынды да: «Ат! Ат!» деген дауыс шықты. Сол мезет оның сол жақ санын шық басқандай бір нәрсе қарып кетті де, сонымен бірге мылтық даусы да таңқ етті. Қуғыншылар екінші рет атқанша ол кішкене үйдің тасасына да ілікті.

Дабырлаған дауысқа да, тарсылдаған жүгіріске де, удай ашып кеткен санына да қарамастан Хакім ілгері қарай жүгіре берді. Жан қаруы жалғыз алты атар құлаған офицердің жанында қалды да, онан басқа қолында қуған жауға сермер пышағы да жоқ еді. Оның жалғыз-ақ үміті аты болды, — атына жетуге жан таласты.

Бұл кезде үйдің арғы жағынан шыққан дүбір оның құлағына молайып жетті: әлденеше адамның жүгіргені мен қатты сөйлеген дабыры, екінші рет атылған мылтық даусы, әрегіректегі аттың шапқанына қосылып әп-сәтте азан-қазан дабырға айналды.

Ауырлайтын киімі мен қаруы жоқ жеңілтек Хакім бірнеше қарғып өзіне таныс кішкене үйдің ауласынан әрі асып түсті де, атын қалдырған ойтаңға қарай ұшты. Бет алды ашық, аяқ сүрінер шөкесі де жоқ теп-тегіс жермен ол жан ұшырғандай құлдырап әп-сәтте-ақ екі жүз қадамнан астам жер алыстап кетті. Оның қалай қарай бет алғанын білмей көз жазып қалған қуғыншылар бой тасалады ма деп кішкене үйді айналып шыққанша ол атына да жетіп қалды. Байлаған тобылғы түбірін шырқ айналып, құлағын қайшылай елегізе түскен биеге ол ақырындап таңдайын қақты да, өзі жүресінен отыра кетті.

Көбірек отырып ентігін басуға да, кездескен уақиғаны саралап ойлап жатуға да, шымырлап ұйыған санын сипауға да Хакімнің мұршасы келмеді — селен жақты бір қарап алып ол жалма-жан атының шылбырын босатты. Аяқ ұшы үзенгіге ілігуі мұң екен, қос құлағын қайшылап тұрған елгезек жануар бірден жорта жөнелді. Асыққан иесі атының басын аспанның қасқа айдынындай жарқырап жатқан сонау құс жолының түпкі төріне бұрды. Бұл жақта үміт қазынасындай болып, көңілге демеу штаб орнаған Богдановка жатыр еді. «Меңдікерей де, оның жанындағы жәрдемшісі Әмір де қабат қолға түсті» деп ойлады ол. Бұрын ана Орал торынан отырған аяулы жандарды босатам деп көксеген Хакім, енді мына ең жақын адамдарын арашалауға жан таласты. Бірақ Дмитриев айтқандай, бұлардың азаттығы да бұғаудағы қалың еңбекшінің босануынан тыс емес еді.

Хакім мұны соңынан білді.

3

Тапсырған жауапты жұмыстың біреуін дұрыстап орындай алмай, офицер Абылаев көптен бері ішкені ас болмай жүр еді. Әсіресе қару тиеген керуенді алдырғаннан кейін ол «бақ пен шен, атақ пен абырой менімен бір жола қоштасты» деп ойлаған. Әуелден бір өзіне ғана мықтап сенетін Һарон сұлтан оны тағы да жарылқап Жайық бойын талқандап келуге жұмсағанда, Абылаевтың бақыт құсы басына қайтадан қонғандай болып еді. Ал, тісін басып, көзіне қан толып, қолға түскен большевиктерді рақымсыз кескілеуге шыққан офицер екі бала мен бір әйел және Меңдікерейді ұстағанда төбесі көкке тигендей болған.

Бірақ офицер түндегі өзін өлтіріп кете жаздаған белгісіз большевикті ұстай алмай қалғанына қатты ызаланды. Ол бір жағынан ыза кернеп, екіншіден большевиктердің жасырын жұмысына баспана болған мына селенге сенбей, қолға түскен тұтқындарды түнде атып тастауға да оқталды. Алай да бұл ниетін ол кешікпей өзгертіп жіберді: уалаяттың ірі жауы саналған Меңдікерейді қалайда Жымпитыға жеткізу оған ең жоғарғы мақтан көрінді. Сондықтан төрт тұтқынды селеннің бір берік деген шоланына қамап, сыртына бар жігітін қарауылға қойды, өзі түн бойы көзін ілмей шықты.

Ертемен баласының қолға түскенін естіп, ажал айдағандай, қаны қарайған офицердің алдына Фроловский келіп кірді. Ол баласының жазықсыз екенін дәлелдеп арашалап қалу ниетімен Абылаевқа: — Қайығы бар жас бала сұраған адамды өзеннен өткізіп салуды әуес көрді. Арғы беттегі пішеншілерге ас апарады. Ал, құрметті офицер, жасы толмаған баланы үлкендермен қатар айыптауыңыз әділдік емес... — деп еді, Абылаев оған:

— Жақсы. Жақсы. Балаңызды қазір бірге алып кетесіз. Сіздің фамилияңыз Фроловский ғой, ә? Қазір бірге алып кетесіз, — деп езу тартты. Сөйтті де ол бір солдатына: — мынау өзі іздеп келді. Жақсы болды. Баласымен бірге о дүниеге аттандырасыңдар. Аналардың қасына апар! — деп бұйырды. Фроловский оның сөзін ұға алмай қалған адамша жалма-жан орнынан ұшып түрегеліп, сыртқа қарай ұмтыла түсті. Бірақ дайын тұрған екі жігіт оның жолын бөгеп тұра қалды.

— Бұл қалай, офицер мырза!? Мен шаруамын. Балам жазықсыз. Кінәсі жоқ адамдарды ұстап зәбірлеу әділеттік емес қой, — деді ол.

Жауап қайырудың орнына Абылаев солдаттарына:

— Мынаны ішке кіргізбей-ақ, ана ағаш арбаның қалқанына байлап таңыңдар. Тез! — деп ақырып қалды.

Қолын бермей қарсыласып Фроловский жармаса түскен жігітті түйіп жіберіп еді, екіншісі оның басына наганмен соғып, ұрып жықты. Жүгіре барып Абылаев жығылған шаруаның басына теуіп-теуіп жіберді...

Арбаның оң жақ қалқанына басын сүйей отырғызып таңып қойған Фроловский бір кез есін шала жиып, қайда отырғанын есіне түсіре алмай, жан-жағына көзін сүзе қарады. Оның толықша денесі арбаның арт жағын тұтас алып, басын күлтелеп буған баудай, қалқаннан салбырап кеткен еді. Қазір ол басын жоғары көтеріп алған. Наганның жетесі шықшыт сүйекті сындырып, беттің етін жыртып жіберген сияқты, бірақ құлағында жүзін тұтас жуып кеткен қан жараның қандай екенін анықтап байқатар емес. Қара қошқылданып ұйи бастаған қан көйлектің де, бешбеттің де жағасын тегіс бояп, омырауды тұтас жуып, шалбардың ышқырына құйылып жатыр...

Шоланнан шығарған екі баланы қолдарын артына байлаған күйі әкеліп жазалаушылар Фроловскийге қарама-қарсы арбаның екінші қалқанына таңды. Петро әкесін алғашқы минутта танымай қалды да, соңынан әкесіне қарауға қорқып, жерге үңілді. Ал, Ықатайдың көзі ұясынан шығып кете жаздады. Оның жүзін адам ұғып болмайтын бір қасірет пен үрейдің қою көлеңкесі торлап кетті.

Екі қолы байлаулы, жарасынан қан кетіп және кешегіден бері үзбей шанышқан аурудың азабынан өңі көгілдір тартып, ажары сынып қалған Меңдікерей Абылаевтың не істейтінін шамалай алмады. Арбаның қалқанына таңып-таңып тастаған Фроловский мен екі балаға кезек-кезек қарап жендеттей түйілген жандардың жетелеуімен ол қорапты тарантасқа мінді. Қасына Күлшанды отырғызып, жазалаушылар арбаны да, тарантасты да селеннің шетіне қарай жүргізді.

Арбаның ырғалған тынышсыз жүрісі шайқап, сүйенер қолы байлаулы Меңдікерейдің жаны енді бұрынғыдан да жаман қинала бастады. Оның оң жақ жауырынның көбесі мен топшысы жыртылып жатқан сияқтанды; ол қатты тістеніп екі көзін тас қылып жұмып алды, қалайда шыдауға, рақымсыз жандардың алдында сыр білдірмеуге тырысты.

Абылаев құрбанға шалуға арнаған жандарды ұзақ жүргізбеді: селеннің ең шеткі үйінің деңінен өте берісімен көліктерді тоқтатты. Сонан соң Фроловский мен екі бала таңылған арбаны жолдан шығарып, елу қадамдай жерге қойды. Сөйтті де өзі ілгерірек шығып:

— Сапқа тұр да, қылыштарыңды суыр! — деп команда берді. Жиырмадан астам атты жазалаушылар екі-екіден тізіліп тұра қалды да, қылыштарын қынабынан суырып, аттарының тізгінін тежеді.

— Шабыңдар байлаулы үшеуін! — деп айғайлаған екінші дауыстан кейін арбада адам көзін тоқтата алмастай зұлымдық басталды.

 

Арбаның екі жағынан бірінен соң бірі шауып өтіп жатқан жазалаушылардың қылышы байлаулы жандардың «кірш» етіп денесіне де, сартылдап арбаның қалқанына да соғылып жатты. Тарантаста отырған Күлшан еңіреп жылап жіберді де, қасындағы Меңдікерейдің ауру иығына бетін басты — оны құшақтап еңіреуге екі қолы артына байлаулы болды. Әйелдің құлағына Ықатайдың «апалаған» ащы даусы естілген сияқтанды...

Үш адамды арба үстінде турап тастап, қанды қол офицер артына қайырылмастан жөнеп берді. Ол Меңдікерей мен Күлшанды бұл жерден тезірек алып кетуге, Жымпитыға «аман» жеткізуге асықты.

4

Қораға шапқан қасқырдай түн ішінде бас салған Абылаевтың опасыз қылығына қаны қайнап Хакім атын тынымсыз тебіне берді. Жан ұшырғандай бір желіп, бір шоқырақтап, құс жолының сүйрік құйрығынан маңдайын аудармай отырып ілгері ұмтылумен болды да, ол қысқа түннің қалай өтіп кеткенін де білмей қалды. Шығыс жақтың боз жолақтана бастаған жиегіне ұштасып, бір кез Ақадырдың жайын жон сілемі көзге шалынды, кешікпей қоңырқай тартқан Әжі ағашының шошақ төбесі де бұлдырады. Тастай қара түнде қарта қыртыстанған жондардың белін шамамен басып өтіп, жолсыз компассыз Богдановкаға тұп-тура келгеніне ол қуанып кетті. Таң сәрі шақта, керуендей тізіліп, селоның үйлері көзге анық шалынғаннан кейін оның ойы да тұрақтай бастады. «Бұларға қарсы аттану керек. Қашанғы бұға береміз. Қолда кәзір күш те бар, қару да бар... Түрмеде отырғандарды босату қиын болса болар, ал мына Қара Обаның жерінен шығып кетпей тұрып, Абылаевтың қолынан Меңдікерей мен Әмірді қалай да айырып алу керек», — деп түйді ол ұшы-қиыры жоқ шашыраған ойларын. Сөйтті де, өзі атының ілгері кеткен ерін кері ысырып, айылын қайтадан тартпақшы болып Әжі ағашына бұрылды. Алыстан нысана етіп бет алып келген ағаш оң қолда он шақты саржандай ғана жерде еді. Ол атының тізгінін бұрып үлгірмей-ақ ор ішінен екі адам тұра келіп, мылтықтарын кезене қалды. Ілкі минутте селк ете түсіп «тағы не пәлеге кездестім?» деген үрейлі ой келіп қалса да, мылтықты жандардың түрін көріп Хакімнің көңілі тоқырай бастады. «Кімсің? Қай жақтан келесің? Не жұмыспен жүрсің?» деп жаңбырдай жауған сұрақтарға жекелеп жауап қайырмастан:

— Штабтарыңа алып бар. Ерекше мәлімдемем бар айтатын. Кім екенімді сол жерде білерсіңдер, — деді Хакім едірейе сөйлеген жас жігітке.

Бұрын көрмесе де бұлардың Белан жігіттері екенін ол тілінен де, киімінен де, қаруларының түрінен де жақсы аңғарды. Белінде патронтажы жоқ, сопиған құр винтовка көтерген шаруа киімді украиндықтардың атты казак емес екені өзінен-өзі-ақ көрініп тұр еді.

— Өзің тіленбесең де штабқа алып барамын. Бойыңда қару болса бері бер, — деп бұйырды жас жігіт, қашып кете ме деп Хакімнің тізгінін берік ұстап.

Хакім күліп:

— Баланың ойыншығындай кішкене алты атарым бар еді, жолда одан да айрылдым. Қаруды өздеріңнен алмасам, кәзір құралсызбын, — деді.

Хакім шынын айтты да, бірақ оның езу тартып күлгеніне риза болмай, екінші адам:

— Жә, жә! Әзіліңді барған соң айтарсың, сөйлесуге уақыт жоқ, алға түс! — деп жарлық етті.

Жас жігіт тізгінінен жетектеп, екіншісі мылтығын кезенген күйі соңынан еріп, аттылы Хакімді екі жаяу селоға айдап келді.

Селоның үсті жым-жырт: қыбырлаған не бір жан, не бір мал көзге түспеп еді, ал жанындағы Тереңсайдың іші қаптаған адам мен толған ат-көлік екен. Хакімнің көзіне бүтін осы маңдағы ел тегіс жиналып, Тереңсайдың ішінде думан-базар ашып жатқандай көрінді. Ол мән-жайды ешкім түсіндірмей-ақ ұқты. Сай ішіндегі құмырысқадай қыбырлаған адамның бәрі тойға жә болмаса базар базарлауға жиналған жандар емес, қолдарына қару ұстап ат-сайманымен келген, бестен, оннан топ-топқа бөлініп, ала таңмен ұрысқа дайындалып жатқан қарулы қол екені көрінді.

Сай ішіне түспей екі жауынгер бірі жетектеп, бірі айдаған күйі Хакімді қабақта отырған екі адамға алып келді. Екі адамның бірі Сақыпкерей, бірі Әбдірахман екен. Аттан секіріп түсіп жалма-жан қағаз ұсынған Хакімді қолынан ұстай алды да, Әбдірахман:

— Бала, өңің қашып кетіпті, жау отрядына ұшырасып қалдың ба? — деді. Сөйтті де оны айдап келген екі жігітке «жүре беріңдер» деп басын изеді. Хакімнің өз адамы екенін біліп, жаңағы едірейген жас жігіт кешір» дегендей жымия күліп, басын иді де, кері бұрылып кетті.

— Жоқ, Әбеке, отряд емес, әлгі анау күнгі сұрқия офицер түнде аңдып тұрып бас салғаны... Меңкеңді ұстап кеткен. Әмірді де, — деді Хакім өзінің оң жақ санына қарап. Оның көзіне ілесе Әбдірахман да шылқып шалбардан өтіп Хакімнің етік қонышына құйылған қанның ізіне қадалды. — Ауыр жара емес, қуып атқан оқ санымды жырып кеткен, сүйек аман. Бірақ ұзақ күн ат үстінен түспегенге ме — аяғым ұйып, бастырмай қалыпты, — деді санын қолымен демеп ұстап.

— Тоқта, тоқта, — деді Әбдірахман оның сөзіне анықтап түсіне алмай: офицерің кім? Қайдағы сұрқия?

— Анау күнгі жан сауға беріп босатқан опасыз Абылаев...

Хакім тіктеп қараған Әбдірахманның өткір көзінен жүзін бұрып әкетті де, кінәлі адамша, сөзін бітірмей төмен қарады.

Әбдірахман да ойланып қалды.

— Сонсоң, — деді ол аздан кейін.

Хакім Өлеңті поселкесінде болған түнгі уақиғаны айтып берді де, сөз аяғында:

— Ана Орал түрмесінде жатқан басшыларды босатып ала алмасаң та, мына антын бұзған Абылаевтың қолынан Меңкең мен Әмірді айырып алуға кісі шығарыңыз. Мен бастап барайын. Он адам болса жетеді, Әбеке, қалай да кісі бөліңіз, — деді.

Қиылып, тілек етіп, жолдасына жаны ауырған пішінін көріп Әбдірахман оны аяп кетті.

— Сабыр ет, сабыр ет, шырағым. Әмір жолдасың аман, ана қыр басында қарауылда тұр. Ал Меңкеңді ұстауы, әрине ауыр қаза... Апырым-ай, шығасыға иесі басшы деп, орын өзгерт дегенге көнбей қойып еді. Мен кеше ғана сол жерден кет деп, тілек етіп едім... Енді міне, кәзір оны жау қолынан босатуға мұрша да келмей қалды. Істің қиынға айналғанын байқайсың ба, ана Алексеевоны Қызылүй басшылары түнде өртеп жіберді. Көрдің бе түтінін, әлі басылған жоқ, — деп Әбдірахман күншығыс жаққа қарады. Оған ілесе мойнын бұрған Хакімнің көзіне тарқаған бұлттай тарамданып, алыстағы ақшыл түтін ғана шалынды. Көзін қаншама қадап қараса да күндіз бәсеңсіп қалған от жалыны оған көрінбеді. — Енді мына Богдановканы өртеу үшін жау осында келе жатыр. Жалғыз Қызылүйдің ғана бас кесерлері емес, Оралдан шыққан казак отряды да ана қырдың астында жақындап қалды. Екі жақтап тиіспекші. Біздің күш көрсететінімізді жау жағы естіп қалса керек. Бірақ көбінің жанын жаһаннамға жібермей біз де табан жылжытпаспыз, — деді Әбдірахман.

Сөйтті де ол Хакімнің берген қағазын оқып шығып, оны қасындағы үндемей тыңдап отырған Сақыпкерейге ұсынды.

Оралдан казак жүздігі, Жымпитыдан сұлтан Һарон бастаған жазалау отряды шыққанын Совдеп мүшелері күні бұрын естіген-ді. Және жаудың Богдановкаға бет алып келе жатқанын біліп, большевиктер де бар күшті осы селоның түбіне жинақтаған болатын. Кешеден бері жағалай жатқан деревнялардан ячейка мүшелері мен ашынған шаруалар ағылып келіп жатыр еді. Олардың қолына анау күннен бергі тапқан олжа қару-жарақ тегіс үлестіріліп, әскер тәртібімен бөлімшелер, взводтар жасақталған. Селоны орап жатқан өзі ұзын, өзі терең сайдың екі иініне екі пулемет орнатып, ыңғайлы жыраларды траншеяға айналдырып, жағалай атқыштар жатқызып, түнімен көз ілмей шыққан Иван Белан Хакімді көре салып бір шеттен ол да шапқылап жетті. Село жақтан Парамонов пен Довженко, қазақ жігіттерінен басқарып жүрген Мырзағалиев те келді. Хакімнің әкелген қағазын енді бәрі жиналып оқып, Дмитриевтің сөзін талқылады. Қосымша өз атынан жазған Зубковтың хабарына өзгеше мән беріп:

— Е, солай, атамандардың тынысы тарайған. Әлі де тарайту керек, жолдастар. Мына келе жатқан карательдерінің тұмсығына қан жалатып жіберу керек. Қан жалатпай болмайды, жолдастар. Сонда Дмитриев айтқан жаппай бостандыққа жол салынады, жолдастар. Иван, қалай, жігіттерің дайын ба? Казактар қылыштасуға құмар, екпіндеп ұмтылады. Тайынбау керек, — деді Парамонов әрбір сөзін шегедей қадап, Беланға қарап сөйлеп.

— Атқыштардың жатқан жерін жағалай жүріп қарап шықтым. Пруссиядағы траншея сияқты, ауған жоқ. Казактардың мойнын үзбей, бір хлопец те кейін шегінер емес, Петр Петрович. Ал пулеметшілердің мен өзім қасында боламын, — деді Белан честь беріп.

Бір үлкен шайқасқа жау жарағын қамдап жатқан мына жұрттың қобалжыған түрі, жүздеріне имандай ұйып қарайтын басшыларының ерлік сөздері, тойбастар шақта омырауын ашып тастап кірісетін Нұрым сияқты екпіндеген ұзын Беланның қимылы Хакімге қатты әсер етті. Оның кеше күні бойы қалада тынымсыз жүгіріп, түнде ұйқысыз ат үстінде теңселіп, аяғы ұйып, шаршап қалжырап тұрғаны — бәрі есінен шығып кетті. Дүбілген жандармен бірге қол ұстасып, іске араласып кеткісі келді.

— Жолдас командир, мен жәрдемдесейін. Жаудың алдын барлауға Әмірдің қасына жіберіңіз, — деді Хакім Беланға жақындай түсіп.

Белан оның өзіне бір қарап, тізгіні қаңтарулы, қара терге малынған биесіне бір қарап басын шайқады.

— Дем ала тұр, басқа да іс көп. Малышканың кәзір өзі де шапқылап жетеді. Сонау қырдың бауырында, көрдің бе, қарауыл қарап тұр, — деп Белан батыс жақ бетке көзін тікті. Сөйтті де ол алысқа қадала қарап сәл бөгелгеннен кейін, жалма-жан мойнын кері бұрып алды. — Бәсе! Шақырмаған қонақтардың төбесі де көрінді. Ал мен кеттім, жігіттерді іске дайындаймын, — деді.

Қағаз оқып, істің жайын кеңесіп отырғандар тегісінен түрегелді де, Белан қараған батыс бетке қарай қалысты. Белан атына мініп алды да, сайдың қабағымен, ең шеткі атқыштарға қарай шапты. Ол шауып келе жатып алыстағы Үлкен дөңнің басынан қылт етіп бері түскен аттылыдан көзін алмады. Аттылының соңынан алдымен екеуі, сәл кейінірек үшеуі қатарласа шапты. «Ә, құтырған иттің балаларын-ай! Аң қуған сияқты. Еліріп кеткен. Әмірді қуып келеді. Қу! Қу! Көрсетермін мен саған қуудың қалай екенін!» — деп тістенді Белан.

Дөңнен төмен құлаған бұл аттыларды Тереңсайдың қабағында отырып қарағандардың бәрі көрді де, әркім өз орнына қарай жүгірісті. Мырзалиев сайдың күншығыс жағындағы өз жігіттеріне кетті. Парамонов пен Әбдірахмандар тоған түбіндегі ат-көлік жанында тұрған қалың адамдарға қарай аяңдады.

«Бұл қашқан аттылы кім екен? Әлде Беланның кәзір өзі де шапқылап жетеді деген Әмірі ме? Казактар қуып жетсе турап тастайды ғой кім де болса» деп ойлады Хакім, атын төмен, сай ішіне түсіріп байлап, өзі қайтадан қырға қарай тырмысып келе жатып.

Дөң басынан төмен қарай шапқан аттылы Әмір еді де, ал оның соңына түскендер казак жүздігінің алда келе жатқан барлаушылары болатын. Көктемнен бері зағипті әкесінің қасынан ұзақ кете алмай зығыры қайнап келген Әмір, кешеден бері, томағасын сыпырып алған бүркіттей жаутаңдап еді. Ол сай ішіндегі істің бәрі іш пыстыратындай-ақ, кеңге, жазыққа ұмтылған болатын. Қоярда қоймай астына Қапи Мырзағалиевтің атақты жүйрік қара атын сұрап мініп, ол таңсәріден карательдердің қай шамаға жеткенін барлап келуге кеткен еді.

5

Үлкен Дөң Богдановка селосынан жеті шақырым жер-ді. Ол бүлкіл аяңмен жүріп отырып дөңнің үстіне күн ұясынан шыға бергенде көтерілді де, ат үстінде тұрып жанжақты көзбен шолып шыққан. Ертеңгі ауа қандай мөлдір. Айнала атыраптың бәрі сағыммен көтеріліп самсап келіп жаныңа тұра қалғандай. Жайық жағасындағы селендер мен өріске қарай қыбырлаған мал тұнық судың түбінде жатқан ұп-ұсақ қоңыр ала тастар сияқты, жыпырлап жатыр. Жуық маңда не топтанған, не қадау-қадау жүрген бейсеуіт жанның қыбыры көзге ілінбегеннен кейін, Әмір атынан түсіп, шылбырының ұшынан ұстап көкмайсаға етбеттеп жата кетіп еді. Бұл жердің сиректеу шыққан боз жусанымен аралас аңқыған киік отының исіне елітіп, оның қанша уақыт жатқанын, не ойлап, қандай қиялға жүзгенін кім білсін, әйтеуір бір кез Әмір басын тез көтеріп алған. Ол арқа беттегі жіңішке жылғаның бойын қуалап, жалғыз аяқ жолмен шұбырған малдай тырна тізбектеліп келе жатқан адамдарды көрген-ді. Жылғаның бірте-бірте таязданып, дөңге жақындап келіп біткен жері жарты-ақ шақырымдай болатын. Бұлардың атты казак солдаттары екенін Әмір бірден аңғарып, ілкі сәтте жүрегі аттай тулап кетіп еді. Бірақ тапқыр Әмірдің жүрегі қорқып-сасып жұлқынбаған — бойтасалап аңдып келе жатқан адамдардың қайта жақындай түскенін күтіп лүпілдеген. Ол дөң басында тұрған жалғыз атқа және қасындағы қылтиып отырған кішкене адамға, таңданғандай көз тіккен жауларының өн бойын тегіс тінткендей болды, бұлардың иығында да, ер қасында да ілген винтовкасы байқалмады, ал өздері тоқтай қалып, тізгіндерін тежеп, өзара бір пәтуаға келгендей, сәл ғана бөгеліп, қынаптарынан суырып алған қылыштарын ап-анық көрді. Кірпік қаққанша болған жоқ, аттылар қатарласа лекітіп, дөңге — тура Әмірге қарай ұмтылды. Әмір де жалма-жан үзеңгіге аяғын салды. Ол ер үстіне дік ете қалды да, тақымын жиды. Бірақ қаша қоймады, — тамашалаған адамша желе-бүлкілдеп келе жатқан түсі суық жандарға тесіле қарады. Ә дегенше болмай аралары мүше алып қашарлықтай-ақ жақындап қалды. Сан рет тұра ұмтылып, мүше алып қашып, ағып алға шығып кетіп үйренген қырдың бозбаласының бұл жолы да делебесі қозып желпіне түсті. Қара аттың сыры мәлім: ағыны қатты, ап дегеннен-ақ ол қанша аттылы болса да алдына шығып жүре беретін. «Тоқтай тұр, бәлем, мен сендерді оқ бойы озып отырып, пулеметшілердің үстінен түсіріп, орға жығылған өгіздей сұлатайын. Қылыштарын жарқылдатып еліруін қара иманың күйгір, безбүйрек, қорқау қасқырдай сай жағалаған малғұндар!» деп ойлады Әмір, атының басын селоға қарай бұра беріп. Сөйтті де ол: «Осы құрғырлар тұра ұмтылса ат бауырын жазғанша қуып жетіп жазым етіп тастар» деп қара атты тебініп қалды. Тақыммен ойнайтын жануар шу дегеннен-ақ жерді жеміріп жіберетіндей ұмтылды да, бірақ пәрмендетпей, тежеген тізгінге сүйеніп аяқты топ тастап, тайойнақ шабысқа салды — ол бейне қыр көрсеткендей жау көзіне көлбеңдей түсті. Басында жортақ жүріспен қоқақтап келе жатқан казактар қашқан жанды көріп қуа жөнелді. Әудем жер шапқаннан кейін Әмірдің соңында тасыр да молайды, қиқу да күшейді. Ол артына жалт қарап еді: омырауы есіктей бір торы ат басқаларынан үздік шығып арқан бойы жер бастырмалатып келіп-ақ қалған екен; алға қарай еміне түскен казактың папақ бөркі түндіктей желпілдеп, қолындағы қамшыша үйірген қылышы күн көзіне шағылысып келеді. Әмірдің құлағына казак атының ырсылы мен зуылдаған қылыш дыбысы қоса шалынғандай болды. Ол тақымды қысып, тізгінді босата берді де, қара аты, екі аяғын шеңгелдеп серпіп құлдырай жөнелген қосаяқша зымырады. Ызғыған желмен жас толып Әмірдің көзіне жер-дүние бұлдырап көрінді...

Көрінім жерден көз айырмай қарап етбеттеп жатқан Белан елірген жаудың қара аттылы Әмірмен құйрықтаса қалғанын көріп жыландай жиырыла түсті. Оның арқасы құрыстап кетті. «Шынымен жете ме, иттің баласы?» — деді ол тістеніп, Әмір мен казактың екі арасын көзбен өлшей бастады. Бірақ екінші минутта қуушы мен қашушының аралары алшақтай түсті де, өздеpi едәуір жер бері келіп қалды. Тіпті казактардың кейініректегі үшеуі де Тереңсай мен Үлкен Дөңнің екі арасын қусырып тастады.

— Жүз елу қадам жерге келмей атпаңдар! — деді Белан атқыштардың қасына жүгіріп келіп. — Науменко, сен дыбыс берме, пулеметсіз-ақ бұлардың сыбағасын береміз, ұқтыңдар ма?

Қарсы алдынан қаша жөнелген Әмірдің барлаушы екенін сезіп селоға жеткізбей оны ұстап алғысы келді ме, әлде аттарының жүйріктігін сынағысы келді ме — кім білсін, әйтеуір қылыштарын иіріп еліре шапқан казактар Тереңсайдың қабағына тез келіп қалды.

— Малышканы өткізіп жіберіңдер де, казактарды алыңдар оқ астына! — деп айқай салды Белан, орнынан тұра келіп.

Жарқабақты шынтақтап, әлдеқашан жауды қарауылдың ұшына алып жатқан атқыштар мылтық шаппасын тартып-тартып жіберді де, қатар шыққан он шақты гүрсіл жерді солқ еткізді. Үлкен балықтың торсылдағындай ақ отауланып бұрқ-бұрқ ете қалған түтіннің арасына алдындағы үлкен торы атты казак ат-матымен тоңқалаң асып сүңгіп кетті, екпінмен оның үстінен қарғып кеткен екінші аттың иесі алдыңғы жолдасымен қосылып жерге жұмарланып қалды. Бұларды көре сала тізгінін бұрып үлгірген үшінші казак ойқастап бұрылып кері жөней бергенде Беланға таяу жатқан атқыш тура оның атын оққа ұшырып жіберді, казактың езі бірнеше метр жерге домалап кетті.

— Қарақасқа төбеттер, мен сендердің әкелеріңнің көрін көздеріңе көрсетейін... — деп Белан өзін-өзі тоқтата алмай біресе пулеметші Науменкоға, біресе қатарласа Қара атпен ағызып келіп сайдың ішіне түсіп кеткен Әмір бәйгіден келген адамдай алыстан орағытып барып тоқтап, атын желге қарай аяңдата бастады. Ол көпке дейін ентігін де баса алмады, ешкіммен сөйлесе де алмады. Жүгіріп қасына барған Хакімге, танымайтын адамша, тосырқап қарады...

Бұл кезде дөңнен бері түсіп селоға қарай ойысқан атты казактар екі қанатын кең жазып қаптап келе жатыр еді. Олар мылтықтың даусын да, ұмар-жұмар болған барлаушыларын да байқап қалды, бірақ құс атқан мергендердің жеке-жеке шыққан тарсылындай бұл кішкене шайқасуды елеместен тоқтаусыз ілгері заулай берді. Бірен-саран шығынға бұлар бөгелетін де емес, өйткені өте көп, өте екпінді еді. Оралдан шыққан атты казак жүздігімен қосылғанда бұл сұлтан Һаронның отряды екі жүзден де асып кеткен-ді. Түнде келіп иесіз жатқан дәрменсіз Алексеево селосын оп-оңай өртеп, қарусыз қатын-баланы бостырып жібергеннен кейін, төреге Богдановканы жоқ ету аса қиын көрінбеген.

— Жүзбасы мырза, көрдіңіз бе, мына бұзылған хохолдар қарсылық көрсеткісі келеді білем. Біздің жеңімпаз атты казак ұлдарының өнері мен ерлігін көрсететін сағат туды. Қалай деп ойлайсыз, жалаң қылышпен атакалап бір үрейін ұшырып берсеңіз, қалғанын біздің жігіттердің өздері де жайластырады, — деді, отрядтың алдында келе жатқан Һарон төре.

— Жалаң аяқ хохолдар түгіл, Кайзердің әскері де казак қылышына шыдай алмаған. Бір батальон қарсы тұрса да кәзір мен жүздігіме шашлыктай туратам, — деді жүзбасы, сұлтаннан да астам сөйлеп. Сөйтті де ол селоның сыртындағы Тереңсайға екі шақырымдай жер қалғанда отрядына команда берді, алдында қайрат көрсетер жан болса екпінмен келіп жапырып тастамақшы болды. Ал Һарон төре кейінгі жақтағы өз жігіттеріне бұрылды.

Тұс-тұсынан көз тіккен Совдеп штабының адамдары атты казактардың бұл ниетін бірден түсінді. Сайдың екінші жақ иініндегі пулеметті жалма-жан бері әкеліп Науменконың қасына орнатты. Адамның көбін де пулеметтердің түбіне топтады. Жауынгерлер де, басшылар да ішінен тынып, дауыл алдындағы орманша түнере түсті.

— Жә өлім, жә өмір! Біздің ісіміз әділ іс, жолдастар! — деді Парамонов пен Әбдірахман жағалай жүріп — Қорқу-үрку болмасын. Тек қана мына командир Беланның әмірін тыңдаңдар!..

Сай терең болғанмен жақындап келген атты казак отряды тоғанның арғы жағындағы шоғырланған ат пен көліктерді көрді. Бірақ сайдың қабағының нақ астында, — өкпе тұсында, жағалай жатқан қызыл жауынгерлерді де, жыра ішіндегі бүркемелі екі пулеметті де байқай алмады, тіпті, оны бар деп те ойламады. Тек қана топталыңқырап келген қалың отряд мезетте серіппедей жазылып, жарты шақырымдай жерге ендеп кетті. Қылыштары самаладай самсап казактар ілгері ұмтылды. Қиқулаған шабыс басталды. Мыңдаған тұяқтың дүбірі құлақ тұндырарлық бір дүрсіл қаптатты да, күнге шағылысқан атты казак қылышының жарқылы көзді тіктеп қаратарлық болмады.

Өзінен өзі қалшылдап кеткен Белан қаз-қатар тізе қосып шауып келе жатқан казактардың алдындағы жүзбасы офицерге жұтып жіберетіндей қадалды; үзенгіге шірене көтеріліп, екі жағына кезек көз тастап, ол шиыршық аттырып жеңіл үйірген қылышымен басқалардың делебесін қоздырып, дем беріп келе жатқандай көрінді. Аралары екі жүз, жүз елу қадам. Енді бірнеше секундте ат тұяғының астында езіліп, жаншылып қаларлықтай-ақ жер...

— Науменко, Кобец, борат пулеметті! — деп ұзын Белан орнынан ұшып тұра келді де атқыштарға: — Атыңдар! — деп айқай салды.

Сансыз мылтық қос пулеметтің тырылдаған үніне жамырай қосылып айнала ың-жың, тозаң мен түтін, тарсыл мен күрсіл, айқай мен дүбірге толды да кетті. Казактардың алдыңғы сапы ілкі сәтте бауша жапырылды да, ал жығылған ат пен адамның үймелеген шоғырын үздіксіз бораған оқ жым-жылас етіп жусатып сала берді. Аздан кейін үріккен қойдай дүр етіп казак шебі кері ойысты. Бірақ оқ жететін жерден сытылып шыққанша жұбын жазып, бет-бетімен қашқақтаған жауды Беланның атқыштары енді топтамай-ақ біріндеп құлатып жатты. Бір кез кейін сайдан интернационал үні шықты да, бейне бір қолмен көтергендей, қызыл жауынгерлер тізбек-тізбегімен мылтықтарын кезенген күйі, қырға көтеріле берді...

Екінші кітаптың соңы

ТҮСІНІКТЕМЕ

Қазіргі қазақ прозасының ішіндегі өзінің сюжеттік желісі мен композициялық құрылысы жағынан ерекше назар аударатын көлемді көркем шығармалардың бірі — Хамза Есенжановтың үш кітаптан тұратын «Ақ Жайық» романы.

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық.

Теңдікті, малды бермедік, —

деп жауынгер ақын Махамбет айтқандай, Еділ мен Жайық бойы сулы да нулы қолайлы қоныс болумен бірге ел қамын ойлаған еңіреген ерлер туғызған батырлардың ежелгі мекені. Оның бойында бір кез хан қорлығына шыдап, өз елін шабуға қимаған Ер Тарғын өмір сүрсе, одан берегірек патшаға қарсы қарулы қол жиып, тұнық жатқан Россия түнегінің астан-кестеңін шығарған, Россияның қара шаруасы мен қалың бұқарасына күрес жолын көрсеткен Емельян Пугачев пен Степан Разин бастаған шаруалар көтерілісінің болған жері. Қара қазақ баласын хан ұлына теңгермек болған Сырым Датов пен Исатай Таймановтар көтеріліске шыққан жер. Күні кеше ғана адам баласының ғасырлар бойғы аңсап күткен арманы бостандық үшін ер Чапайдың қынаптан қылыш суырған жері. Осындай табиғаты бай, тарихы шежіреге мол, құнарлы өлке шебер жазушымыз Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясына бай материал берген.

Трилогияның бірінші кітабы «Төңкеріс үстінде», екінші кітабы «Шыңдалу», үшінші кітабы «Тар кезең» деп аталып, әрқайсысы Оралдағы отты күндердің белгілі бір белестерін көрсетуге арналғанмен үш кітапта айтылар ой біреу-ақ. Ол жазушының Қазақстанның батысында Совет өкіметінің орнауын көрсету идеясы. Жазушы романға Қазақстанда болған азамат соғысының ең бір елеулі кезеңін арқау етеді. Шет аймақтарға көсеміміз В. И. Ленин жіберген Петр Дмитриев сияқты революционерлердің келуі, олардың жергілікті жердегі коммунистер мен саналы жұмысшыларды ұйымдастыра отырып, ақ генералдар мен атамандарға, помещик» тер мен бекзада, байларға қарсы күреске шығаруы сенімді баян« далады.

Алты бөлім, 50 тарау, 182 эпизодтан тұратын үш кітапқа 1918 жылдың 29 мартынан 1919 жылдың февралына дейінгі он біp айлық оқиға бөліп-бөліп орналастырылған. Ал, оған дейінгі өткен күндер оқиғалары мен характерлер тағдыры лирикалық шегініс арқылы беріліп отырған.

Жазушы бірінші кітапта ақтар әскерінің Орал қаласын басып алуын көрсетсе, екінші кітабында халық санасының оянып, өзара бас қосып күреске шығуын бейнелеген.

Романдағы оқиға дәуір тынысына қарай баяу жылжып, бірінен кейін екіншісі кезек баяндалып отырған. Бір жыл ішіндегі оқиғаның молдығы мен ой тығыздығы романдағы оқиға желісін қызықты етіп баяндауға мүмкіндік берген.

Бірінші кітаптағы Орал ойранынан кейін ел ішіне шығып кеткен Әбдірахман Әйтиев сияқты революционерлер балықшылар мен жайлауда отырған малшылар арасына барып үгіт жұмысын жүргізеді. Ел ішінде жүрген Савенко сияқты контрреволюционерлерге қарсы күрес ашады. Ол өзінің ел арасындағы революциялық ісін орыс шаруалары Парамонов, Довженко, Фроловскийлермен бірлесіп істейді. Жазушы бұл арқылы сана сезімі оянып, өз бостандығын алудың дұрыс жолын түсіне бастаған қазақ халқы мен оның қаналған қалың бұқарасына шын бостандық орыстың жұмысшы табы мен шаруаларының көмегі арқылы келетіндігін аңғартады.

Тереңсайда өткен шаруалар съезі романның жарқын беттері. Съезге не бәрі жиырма жеті деревня, он екі ауылдан уәкілдер келеді. Съезд орталықтан келген комиссар Андреевтің сөзін тыңдап, жеңіс күнінің таяу екенін естиді. Бірақ әлде де болса алда тұрған қиын жорықтар барлығын жақсы ұғады. Жеңіс күнін тездету үшін қазақ жігіттерінің де Қызыл гвардияшылар қатарына жазылуы керек деген шешімге келеді. Осы шешімді орындау жолында батыл іске кіріскен революционер Әбдірахман Әйтиев бейнесі трилогияның екінші кітабында да өсу үстінде көрінген.

Оралдағы Совет өкіметін құлатып, уақытша үкімет басына келген патшаның ақ генералдары мен казак атамандарына қарсы күрес барлық жерде де тоқталған жоқ. Тартыс тас қамаудың ішінде де жүріп жатады. Ер жүректілер қырда қырқысып, ойда айқасып жатқанда түрмедегілер де қарап жатпайды. Сол ержүректілермен байланыс жасап, үнемі ақыл кеңесін айтып, нұсқаулар беріп отырады. Ол нұсқауларды жеткізіп, екі арада байланысшылық қызмет атқарушы Хакім Жүнісов болады.

Бірінші кітапта революциялық күреске сырттай қарайтын Хакім екінші кітапта революция ісінің белсенді көмекшілерінің бірі есебінде көрінеді.

Түрмеден босанғаннан кейін Аралтөбедегі аулына келіп, жергілікті жердегі жолсыздықтарды өз көзімен көреді. Елден ат пен ақша жинап жүрген Маймақовтардың жауыздықтарын көріп, қайран қалады. Асан мен Сүлейменге еріп, Сағадағы елден жігіт жинауға аттанады. Балықшылар арасынан Бәйес пен Қажымұқанды ертіп, әкесі Жүністің қол жинап жатқанын айту үшін Әбдірахманды іздейді. Ол жолда революционер Меңдікерей Ипмағамбетовпен кездесіп, өз ісінің дұрыстығына сенгендей болады. Арнайы тапсырмамен Орал қаласына барып, Абылаевтың хан ордасына алып бара жатқан қару-жарағын қолға түсірткізеді.

Оралдан әкелген Дмитриевтің хаты мен Зубковтың жау әрекеті жөніндегі мәліметін Богдановкадағы штабқа әкеліп тапсырады. Богдановка селосының түбінде болған ұрыста қолына қару алып карательдерге қарсы күреске шығады. Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі М. Қаратаевтың сөзімен айтқанда: «Хакімді талай-талай оқиғалардан өткеріп саналы қайраткерліктің ең биік деңгейіне көтергенде автор оның тек сырт өзгерістерін баяндаумен шектелмей, ішкі сана-сезімі мен нәзік жан құбылыстарын... реалистікпен тәптіштеп суреттейді» .

Тере бермей түйіп айтсақ, трилогияның екінші кітабында бұрынғы реальное училищенің студенті Хакім Жүнісов дұрыстық жолды түсініп, революциялық іске белсене араласады.

Хек Хакім ғана емес, Орал өңірін мекендейтін еңбекші халық та бірте-бірте дұрыстық жолды түсініп, ортақ жауға қарсы бірлесіп күресу керектігін ұққандай болады. Трилогияның «Шыңдалу » атты екінші кітабында осы жайлар көркемдікпен баяндалған.

Трилогияның екінші кітабынан алғашқы үзінді 1969 жылғы 12 июньде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған. Содан кейін Орал облыстық «Октябрь туы» газетінің 1959 жылғы июль, август, октябрь, ноябрь айларындағы сандарында (16 июль, 22 июль, 31 июль, 1 август, 20 октябрь, 23 октябрь, 31 октябрь, 3 ноябрь, 10 ноябрь, 14 ноябрь, 16 ноябрь, 21 ноябрь) үзінді күйінде жарияланған. 1961 жылы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасы «Ақ Жайық» романының бірінші және екінші кітабын қосып, 1968, 1969 жылдары «Жазушы» баспасы трилогияның үш кітабын жеке-жеке басып шығарған.

Біз жазушының 6 томдық шығармалар жинағына «Ақ Жайық» трилогиясының осы басылымын пайдаландық.

М. Атымов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер