(трилогия)
ҮШІНШІ КІТАП
ТАР КЕЗЕҢ
БЕСІНШІ БӨЛІМ
...Бұзбай құлан пісірмей
Мұз үстінде от жақпай...
Махамбет.
БІРІНШІ ТАРАУ
Тартыс тас қамаудың ішінде де жүріп жатты.
Төтенше әскер сотының председателі генерал Емуганов жиырма бес істің ішінен сары папканы бөлектеп берді. Оны қайта-қайта ашып, әлденені анықтай түсті. Басын шайқады.
«Отыз бес жыл адвокаттың қызметте! Сұлтан! Дума мүшесі! Дала өлкесінен депутат! Імм!..»
Ескі емен столдың үстіндегі кішкене күміс қоңырауды генерал қарамастан қолымен тапты да, екі көзін сол сары папкадан айырмай төмен қарап отырып, шылдыр еткізді. Қоңыраудың сыңғыр-сыңғыр төгілмелі жұп-жұмсақ дыбысына есіктен жалт еткен офицердің:
— Не бұйырасыз, ұлы дәрежелім? — деген бұйрыққа бой ұсынғыш жаттама лебізі қосыла шыққандай болды.
Генерал басын көтермеді.
Маған тұтқын Қаратаевты келтір, капитан.
— Құп болады, ұлы дәрежелім.
Генералдың жарлық беруге бөлінген бір минуты оны іс қараудан айырған жоқ-ты. Оның көзі анкетада еді.
«...һмм!.. 1860 жылы туған. Үйлі. Ұлы бар. Гимназист. Қызы қалалық мектептің екінші класында... Бұрынғы кадет! һмм!.. Қазір Ресей социал-демократ партиясының мүшесі! Жұмыскер, крестьян және солдат депутаттарының Оралдық Советіне сайланған комиссар...» Бірнеше парақты біржолата аударып жібеpiп, ол белгі салған жеріне бөгелді — көзі тағы да қыр билерінің приговорына түсті. Ол басын шайқады, ішінен күбірлеп оны қайтадан оқып шықты. Онда:
«Аса құрметті, ұлы дәрежелі, казак-орыс войскосының даңқты генералы Емуганов мырза! Ақ патшаға қол беріп, оның мархабатты хұзырына енгелі қазақ даласы сан игі іске араласты. Патша ағзамның сыртқы әлем алдында дәрежесі мен даңқы артуына тілектес болды, ішкі байлығы молаюына көмектесті. Ескі кездегі алауыздық пен тайталас егеске түскен замандар біржолата ұмытылды. Қазір заман да өзгерді, заң да өзгерді, ақ патша да орнынан түсті. Сондықтан өткенге салауат, барға шүкір деп дұға етеміз. Қазіргі кезде де қазақ даласы ағайындық шеңберден аяғын аттап басып отырған жоқ. Ежелден мейірімді көрші іргелі елдің ілгері өрлеуіне, жаңа бағыт, жаңа абыройға ие болуына тілектеспіз. Өйткені Ресей ілгері өрлесе, қазақ даласы да гүл жайнайды деп білеміз. Сондықтан, жаңа заманда ежелден езіліп келген сахараның бұрынғы күшпен өзгертілген ел билеу тәртібін қайтадан қаз қалпына келтіру мақсаты туды. Кәрінің де, жастың да ізгі ниеті мен қол созған арманы осы... Қазақ сахарасында бас көтерген азамат саны аз екені, құрметті генерал мырза, сізге ежелден аян нәрсе. Әсіресе қара халықтың қамын көздейтін әлеумет ісіне жетік, көзі ашық азаматтарымыз бес саусақпен санағандай. Жұрты тегіс сүйетін, кәріге ақыл айтатын, жасқа лұғат беретін, білім мен парасат иесі, көп заманнан бері елінің жел жағына пана болып келген, өзі көпті көрген көреген, сөйлесе тілінен бал таматын білгішіміз, әрі ардагер ақылгөйіміз сұлтан Бақытжан Қаратаев еді. Сол аяулы азаматымыз, ақ сақалды данышпан көрінеміз қазір Орал абақтысында кіріптар. Ол жалаға ұшырады, ғаділетсіздікке душар болды, олай дейтініміз: сұлтан Бақытжан адал ниеттен өзгеге, ғаділетті істен басқаға қол созбақ емес, адамгершілікке қарсы тұрарлық мінез көрсетпек емес. Қара қазақ баласы оны еш уақытта сахарасына мін келтіреді деп түсінбейді, ғаділеттік жолдан өзгеге мойын бұрады деп есептемейді. Сол себепті сізді, ұлы дәрежелі генерал мырза, ел сүйген ақылшы кәрие сұлтан Бақытжан Қаратаевты кіріптарлықтан халас етеді деп сенеміз. Сіздің ғаділет таразысын пәк ұстайтыныңызға шек келтірмейміз. Үлкен құрметпен хұзрыңызға өтініш жолдап қалушы: Байбақты руының билері Әнжан Жұбаналы ұлы мен Кенесары Отар ұлы; халық учительдері: Хабибрахман Қазиұлы, Ехсан Ізқұлұлы және басқалары...» деп жазылған еді.
Әлде тұтқынға жақсылық ойлады ма, әлде бұл тұтқынның қыр халқына аса қымбатты адам екеніне таң қалды ма, әлде... әйтеуір генерал әдетіне көшіп, мойнын оң жағына қисайтып отырып, онан арғы қағаздарды ақтарып көз жүгіртіп өткенше, тұтқын генералдың алдына да әкелінді.
Еһе! — деп қалды генерал Емуганов, кіріптардың жүдеу жүзі мен өте ұзын түрме халатына қарап. — Юриот Қаратаев! Сұлтан Қаратаев! Һмм!..
Бақытжан кірген бойда сәлемдескендей генерал отырған столғасәл ғана бас иіп тұрып қалып еді. Ол сол күйінде ұлы ұлықтың сөз түйіні қайда тірелерін күтті.Үндемеді. Генерал орнынан қозғала түсіп ойын түптеді:
— Хан нәсілді сұлтан, атағы бар, білімді юристің қара табан тобырдың соңына ергеніне жол болсын!..
"Барлау, жасыту әдісін қолданбақшы» деп түйдіде, кәрі тұтқын келте жауап қайыруды жөн тапты.
— Көне заманнан бері өмірдің бар мағынасы екі-ақ сөзге тірелумен келеді. Сұлтан да, князь да, юрист те, генерал да осы екі сөздің жә жоқтаушысы, жә боқтаушысы, генерал мырза!..
— һмм! — деп, құлағын тіге қалды кабинет иесі.
— Ол екі сөз: Азаттық. Теңдік. Мұны сіз бен біз жақсы білеміз, генерал мырза.
Әлде жасынан бойға біткен кемшілігі ме, әлде әдет болып кеткен нәрсе ме — әйтеуір үнемі мойнын оқыс бұрып, сөйлегенде басын қырғауылша қисайта қалатын бұл алтын погонды ұлық әлгідегі сол қисайып отырған күйі жауап қатпастан түрі де, түсі де басқадан өзгеше тұтқынға кішірек келген шегір көздерін қидап отырып қалды.
Біраздан кейін ғана ол сұлтанды алып келген босағадағы екі конвойға иегін қақты — екі солдат тәртібінен де, келген ізінен де қыл елі жаңылмастан, бірі алдында, бірі артында, жалаң қылыштарын иықтарына сүйеп жоғары көтерген күйі кері алып кетті.
"Кәрі қасқыры даланың! Бетінің сыңар тамыры да бүлк етпейді» — деді генерал тұтқын кеткен соң.
«Білемін сырыңды. Кәрі ағашты қанша шайқасаң да түсер жапырағы түсіп болған», деді ішінен тұтқын, екі солдаттың ортасында келе жатып.
Тағы да «қырық тұрба» аран аузын аша түсті — ауыр қақпа үнсіз жылжып, дыбыссыз жұтып жіберді.
Табалдырығы мен төрі екі адым камераның зілдей есігі де кіріптарды сағынып қалғандай құшақтап, қапсырма құлпы салдыр ете қалды; ішкі-тысқы қыбыр мен дыбыс бұрынғыдай біржола тұншықты.
Үн жоқ. Ол темір сирағы еденді тістеп қалған жұмыр койканың жиегінде отыр. Әлі қою, әлі ақселеу тартпаған бурыл сақал, әрі ұзын, әрі сұлу — шықшыт сүйегі шығыңқыраған ашаң бетін толық көрсетіп тұр. Сол жаң шекесінен оңға қарай қайырған шаш та қою және сақал түстес — көк бурыл; аса биік емес, бірақ кең келген ұсақ әжімді маңдайдың шекелігін қою шаш қомақты көрсетеді. Жұқа танау, келісті мұрын — парасатты жанның сүйкімді келбетіне жарасты біткен. Ал, жазық қабақ пен сыдырым қас осы сәтте жиырыла түсіп, ірі көздің баяу нұрымен қосыла ренжіп тұрған сияқты.
Бақытжан Қаратаев. Бір өңірдің белгілі Бакесі. Түрменің де басты тұтқыны.
Бақытжан әлі де еңкейген шал емес. Жасы алпысқа төніп тұрса да бұрынғы әлді денесінің мүсіні бүгілмеген, қайраты арылмаған жан. Тоғыз ай темір тор жігерді жанышса да көңіл сергек, ой айқын.
Ол көп оқиды, көп ойлайды: Басынан өткен ұзақ өмірдің өзі көріп келе жатқан қилы-қилы оқиғасын кәрі әкесі құлаққа құйған әрідегімен салыстырады. Бұл әрідегі мен берідегі тізбектелген көштей — көз алдынан бұл күнде үздіксіз шұбырады. Әрідегі мен берідегінің ішкі сыры тұтасқан бір қасіреттің ұзын жолы болып елестейді. Сонау әріде де еңіреген елдің ызыңы құлаққа келеді. Басқа пана бола алмай аңыраған даланың ызғырық уілі естіледі. Ақтабан шұбырынды келеді кәрі адамның көз алдына.
Бұл әрісі ғой. Берісі ше?..
Қарттың ойын кенет күлдір ете қалған қатар камераның есігі үзіп кетті. Оның әрідегі ойы тіпті берідегіге жармасты — бірге отырған тар қапастағыларға ойысты.
«Мұны да алып шықты, — деді Бақытжан күбірлеп. — Мұны да әлгі генерал сыр тарту үшін алдырған шығар. Бірақ Петербург жұмысшылары шыңдап шығарған Дмитриевтен қандай сыр тартпаң?! Онан да сотын-ақ бастай бермей ме. Тергеуі бітті. Айыптау қорытындысы жазылды. Енді соты ғана қалды ғой. Әскери сот. Әскер соты деген не? Ресейде бұл күні бұрын белгілеген үкімнің жарияланатын орны ғой. Кәдімгі белгілі жазаның... Ату, асу, каторга. Жазаның мөлшері осы — үшеуі. Бұл дағды болып кеткен. Сенат алаңындағы декабрь геройларының асылғанына, каторгаға айдалғанына, Кавказға жіберілгеніне 90 жыл-ақ өтті. Сонда да осы үш мөлшер. Кешегі бесінші жылғы ату ше? Тіпті мұнан алты жыл бұрын адвокат Керенскийдің қорғаған Лена қырғыны! Жоқ, патша Ресейіне ем жоқ. Жаңаның жендеті, азаттықтың жауы, теңдіктің таптаушысы. Табанға салып таптаушысы!
Бұлар қолына түскен совдепшілерді жарылқар ма! Оралдың бір уыс большевигін асу-ату бүйім болып па!
Сұлтан деп кекетеді, генерал. Иә, казак-орыс генералдарының қолында қамауда отырған Бақытжан Қаратай ханның бел немересі. Қаратай Нұралы ханның баласы. Бірақ қалмақ қатынынан туған төрт ұлдың бірі. Нұралы Әбілхайыр ханның ұлы, көп ұлдарының бірі.
Орал өңірінде туып-өсіп, қызмет еткен генералдар менің ата-бабамды жақсы біледі. Қазақ даласын бес саусағындай біледі. Тілін де үйренген. Бәрін де біледі. Бірақ даланың соңғы ғасырда не істегенін бұлар біле берер ме екен?! Ұлт теңдігі дегенді езілген ұлттан өзгелер бағалай алар ма екен?! Түрмедегінің жүрегі қалай соғатанын дарқанда жүрген жандар сезе ме екен. Бір тілім нанға зар болған жүдеу жетімді төрт қабат көрпе үстінде жал мен жая жеген жан ойлай ма екен? «Арда киргиз», — деп, сүйектен өтетін сөздің ащы дағы кеудеңде мәңгі қалатынын казак-орыс атамандары ойлай ма екен. «Сұлтан» дейді. — Қаратабан тобырдың сөзін сөйлегеніне жол болсын!» дейді. Отыз бес жыл Ресей патшасының заң безбенін салмақтаған «сұлтан» әділетсіздіктің басып келгенін көзімен көрген. Қараның ақ есептелгенін санаумен шаршаған...»
Кіріптар Бақытжан сол жұмыр койкасының жиегінде төмен қарап қозғалмай отырып қалды. Аз уақыт өткеннен кейін орнынан тұрып сансыз рет санаған есігі мен төрінің екі адым ұзындығын тағы да өлшеп кетті. Бірақ ол бұл жолы басым айналар деген үйреншікті қорқыныштың құшағында біраз кібіртіктеп, алпыс рет қана адым санады да, койкаға қайта отырды. «Тергеу қорытындысы бойынша ескертпелерімді жазамын» деп сұрап алған қағазға ұсақ етіп қара қарындашпен жазу жаза бастады. Оның бұл жазуы да ескертпе еді. Терең ескертпе еді. Кім білсін, кейінгі келер ұрпақ көз салсын деді ме?!
2
«Азаттығы үшін алысқан ел жан қияр ерлер шығарады, — деп жазды тұтқын. — Бұл тарихта талай болған. Оны дәлелдеу аса алысқа көз жіберуді керек етпейді. Біздің кешегі ер Исатайымыз патша мен ханның қарулы әскеріне қарсы қол жинап тоғыз жыл алысты. Ақырында өзі ерлікпен қан майданда қаза тапты. Халың үшін жан қиған ер деп осыны айтады. Өлшеусіз ерлікті өз құлағыммен де есіттім, көрдім де.
...Оған елу жыл ғана өтті. Тоғыздамын. Орыс тілін үйрететін татар мектебінде оқимын. Бесқонақ шықпай жатып мені Орынбордан елге алып кетті. Көкем марқұм сырқат еді, әрі кәрі болған соң «көруге алдырған екен» деп ойладым. Бірақ бас себеп ол болмай шықты. «Ел көтеріліп жатыр, үркіп қоныс аударғалы жатыр, — деді көкемнің жіберген кісісі, — қала мен дала соғысады...» Үрейлі хабардан жан түршігеді. Бейнебір апат — тасқын сел келе жатқандай.
— Жер мен суды алады!
— Мал мен басты қаттайды!
— Қазақ даласы тегіс қазыналық болады!
— Елге поп шығады, мұсылман діні жоғалады.
Ел біржола сілкінгендей. Қысқы қонысты тастап,кең байтақ даланың көз жетпес өрісіне жетуге асықты, қой қоздап болмай-ақ ірге көтеру жабдығына кірісті.
Ауыл тез Сұлукөлге көшті. Ал жайлау үсті дабылды дүбірге айналды. Сұлукөлге жан-жақтан көшіп келіп бас қосқан сан рулы ел сан түрлі жауынгерлік ұранды қоса ала келді.
— Байбақты тұтас бас көтеріпті!
— Алаша Сейіл батыр атқа мініпті!
— Сұлтан Қанғали Арысланов губернаторға қарсы қарулы әскер жинапты!
— Табын Айжарық батыр екі мың жігітімен Жем бойынан бері қарай өтіпті!
Кешікпей:
— Соғыс! Соғыс! — деген ащы хабар жер жарды. Біздің елден қырық жігіт атқа мінді. Бұл Дәулетше жасағы атанды. Ер қаруы — бес қару — найза мен садақ, айбалта мен қайқы қара қылыш — қайрауы жетіле түсті. Шүріппелі мылтық иыққа ілінді. Ат жалын тартып мінуге жараған жас балаға шейін түнде ат бағуға шықты, күндіз қыр басын қарауылдауға барды.
Садақаға ақ сарбас айтылды. Қырық қошқар құрбан салынды. Кәрілер сәждеге басын қойды, кемпірлер мойынға бұршақ салды.
Түн бойы от жағып қыз-келіншек кірпік қақпай мал күзетті. Қанғали сұлтанның әскеріне қосылуға Дәулетше қырық жігітімен жорыққа аттанды.
— Боздағым!
— Ботам!
— Қырық шілтен ғайып пірлер қолда! — деген кемпірлердің сарыны сай-сүйекті сырқыратты. Дала күңіреніп кетті...
Қанғали айтып еді... Бәрі сол «низамнан» басталды. Тама мен Табын елінің көзі ашық азаматы деп Оралдың генерал-губернаторы генерал-майор Веревкин маған жарлық жіберген. Онда: «Ояз начальнигі подполковник Черноморцев мемлекеттің жаңа заңын жүзеге асыру үшін киргиз еліне шығады. Соған барлық көмек күшіңізді көрсетесіз» депті. «Өлмей көнбейміз» деп ант еткен халық Айжарық батырды қол басы, мені оның ақылшысы етіп тағайындап:
— Ал баста, біз соңына ердік, — деп еді.
Алдымен губернатор жарлығын бетке ұстап Черноморцевтің шын ниетін ашу үшін Електің бойын өрлеп Қарасуға келдім. Бұл начальник жаңа заң бойынша болыстық управительдер мен ауылдық старшиналар сайлауын өткізе шыққан. Халықты жинап істің мән-жайын баяндау үстінде-ақ жұрт комиссияға:
— Келген ізіңмен кері қайт! — деген талап қойды.
Бұл наразылықты Черноморцев алдымен менен көрді. Бірақ сыр білдірмей, мені алдап тұзаққа түсіру ниетіне кірісті.
— Генерал-губернатор Веревкинге хат жеткіз, өте тығыз хат. Соған жауап алып қайтасың. Тапсырманы аман барып бұлжытпай орындаған жақсылыққа жақсылық табасың, — деді ояз начальнигі.
Мен де сыр берместен:
— Құп, подполковник мырза, ізгілік істен бас тарту біздің салтымызға хас нәрсе емес, — дедім.
Қасыма қалмақсолдатын қосып берді. Мен Орал қаласына аттандым. Әрине, ұзамай-ақ подполковниктің берген жасырын пакетін ашып қарауға тура келді. Онда: «Осыны табыс етуші киргиздарды бүлік шығаруға ағуалаушының өзі», депті. Мұнан кейін не болары белгілі ғой.
— Комиссияның басын кесіп аламыз, — десті жұрт.
— Жоқ, бір комиссияны құртумен іс бітпейді. Ойыл бойына барып сол жақтағы халықты тегіс көтереміз, — деп, мен бір сан қолмен Електен Ойылға аттандым.
Зұлымдыққа қарсы аттаныс осылай басталып еді...
Жемқойнындағы ерлік
«...Дала низамына» екінші Александр патша 1868 жылы 21 октябрьде қол қойып бекіткеннен кейін-ақ оны орындау ісі бірден қарулы күшке сүйенді. Оралдан подполковник барон Штемпельдің отряды Аңқаты мен Шідертіні кесіп өтіп Қалдығайты өзеніне қарай бет алды. Ал, Орынбордан шыққан подполковник Новокрещеновтың отряды қазақ даласының қақ ортасына орын теппек болып, Жем өзенінің бойына әрлейді. Бұл сақадай сайланған 500 казак-орыс Байұлының мойнына бұғау салып тыпыр еткізбеу айласын көздеген-ді. Айнала бекінген зеңбіректі, көк қарулы, тас қамал құрған айбатты әскер бейғам жатқан көшпелі елге әзірейілдей әсер ететіні анық қой. Бұл және бір жерде емес, әлденеше жерде: сонау Маңғыстаудан әрі Теңіз төрінде, Жайықтың бойын мекендеген қалың елдің нақ ортасындағы Калмыков тұсында, Орынбор аузындағы Шекті мен Табынның ортасында ту тікті. Бірақ азаттық үшін жан беруге әзір ерікті ел көзсіз ерлерін бірінен соң бірін жау бетіне шығарып жатты.
Казак-орыс әскері Орынбордан бері шықты дегеннен-ақ тосқауыл хабаршылар қойылған еді.
— Жол тосамыз, аңдып бас салып ілгері жүргізбейміз, — деген ер көңілді жігіттерге мен бой бергенім жоқ.
— Ілгері асыңқыраған сайын, қазақ даласының ішіне кіріңкіреген сайын жаудың күші азая береді. Оқ-дәрі алатын, азық-түлік дайындайтын, ат-көлік ауыстыратын жері қашықтай түссе, жол азабын көбірек шексе, жорық салықтырып әскерді әлсірете берсе оны жұмарлау оңайға түседі деген менің пікірімді Айжарық та қолдаған еді.
Сол жақ бетте тәуліктеп асатын кең сахара — Маңғыстау даласы. Оң жақ қолда сулы шөпті, жылан қырқалы Жем өзенінің кең алқабы, Қарақобда мен Сағыз саласындағы елдерге ат шаптырып күш жинап Алкелдіде екі мың қолмен Айжарық жатты. Жорыққа не сенімді. Таңдап мінген тарландарға бел босатарлық жанама жүйріктер жетектеп отырады. Қару-қайқы қылыш пен айбалта. Шиті мылтық он адамға біреуден-ақ, оның орнына сары садақ. Садақшылар бейнебір кірпінің терісінен сауыт кигендей — белденген қорамсағынан самсаған оғы иін тіреседі. Екі жүз қадамнан атқанын мұрттай ұшыратын мергендер бар, мергеннің қолында ұсыным жерден ат мойнын жарып өтетін сұр жебелер бар. Жалғыз садақ өнері емес, шауып келе жатып жерде жатқан жетім құмалақты түйреп кететін найзагерлер мол-ды. Бәрінен де күштісі бет қайтпас батыл жүрек жігіт қой. Сол жігіттің көбі өнерлі әскердің от құсқан зеңбірегі мен бұршақша бораған мылтық оғының астында қалып қаза тапты-ау!..
Жем бойында бір кең алқап бар-ды, алқаптың сол жақ бетінде басына шығып қарауыл қарайтын биік дөң болатын, сол дөңнің басынан күні-түні қарауыл қараған жігіттер мезгіл-мезгіл атой салып:
— Ал келді! Жау келді! — деп, жайбарақат жатқан қолды аяғынан тік тұрғызумен болып жүрді. Жауынгер кездегі осы сақтың ұраны сол төбені «Алкелді төбесі» атандырды да, бері келе ол «Алкелді» болып қалды.
Осы төбені Новокрещеновтың отряды да ұнатып, болашақ қамал құратын жайлы орын тапса керек. Жем бойын өрлей-өрлей келіп қалың қазаққа қарсы сол жерге сұр шатырын тікті; обозын иіріп, түтін түзетті;оннан бестен қарулықарауыл қойып зеңбірек құралын орнатты, жайланысып, біржола иемденетін пиғыл көрсете бастады.
— Енді жетті! — деді Айжарық басты батырларын жиып алып. — Бұдан әрі жетектеуге ар-намыс көтермейді. Емін-еркін жүріп, тоқтаусыз келген жауға енді адым атауға жол .жоқ. Қара қазан, сары баланың қамы үшін! Ата қонысы, жер мен су үшін! Дін үшін! Күн үшін! Өлсек шаһитпіз! Тарт, батырларым!
Төртке жарылған екі мың қол сап-сабымен шеру тартты.
— Ағатай! Қайдасың, ағатай!..
— Қаратаз! Қолда Қаратаз!
— Жылқышы ата!
— Қарекете! — деген ұрандар жарға құлап, дөңге соғып жатты
Алдымен Ысық Кейкіман батыр ат қойды. Оның үш жүз жігіті тегісінен найзашы еді, он екі ғана садақшысы бар-ды. Садақ, әрине, атүсті тартыла бермейді, тосқауылдап, нысанасын көздеп тартатын жерлерде ғана жұмсалады.
Сондықтан көк найзалы қалың аттылы екі дүркін оралып казак-орыс әскерінің қамалын бұзбақ болды да, бір тобы жұбын жазбай екі шақырым жерден cap желіспен жақындай түсті. Қылышқа үйренген казак-орыс та жүз-жүзден екі топқа бөлінді, қанаттарын жая түсіп, басшының жарлығын күтті.
— Кейкіман қолы араласқанда жабыла шап! — деп бұйрық етті, Айжарық айқайлап.
Кейкіман жалаң қылышпен ұмтылуға әзір тұрған казак-орыстар сапына жетіп те қалды. Екі ара мүшелік жердей-ақ, онан да кем, апшыра түсті.
— Аруақ!
— Аруақ! — десті кейінгілер.
Найзашылар аттарын тебініп те қалған сияқтанды. Қиқулаған дауыс та құлаққа шалынды.
Енді түйреседі, енді түйреседі! — деп, ішінен тынды төзбей көз тіккен жандар.
— Ал басталды. Әне ығысты. Шыдамады...
— Кері серпілді. Бәсе! Серпілді!..
Айтып үлгергенше болмай казак-орыстар қақпаның аузын ашқандай серпіліп екі жаққа ығысты да, арасынан шыға келген ,жаяу тізбек қаз-қатар тұра қалып жүз мылтық шаппасын бір қолмен тартқандай күрс еткізді; жер солқ етті, қиқулап шапқан Кейкіман қолын от-жалын жалап қалғандай болды. Көк түтін көлбеп жерге шөгіп үлгергенше найзалы топтың алды жапырылып қалды...
Казак-орыстар айласын асыра түсті — дала жауынгерлерінің қолында зеңбірек түгіл мылтығы да аз екенін, жалғыз-ақ қол қаруы найза мен айбалтаға сүйенген атам заманғы әскер тәртібін көріп, оларды қолдасып соғысуға келген жерде түтеген оқтың астына алуды көздеген. Бұл ниетті әдіспен бүркеп жалаң қылыш ойнатқан аттылы жүздіктердің тасасына жаяу атқыштар қойған.
Кейкіман әскері лекіте төніп келіп, қиқу салып найзаласуға ұмтылғанда аттылы жүздік арасын ашып қалып, атқыштарға оқ жаудыртқан екен. Бірінші саптағы жігіттердің алдыңғы қатары оққа ұшқанда, кейінгі топ екпінмен оның үстіне келіп қалып, оқ тиген жандар мен ойнап шыққан аттарға араласып кетеді, екінші дүркін жаудырған оң оларды бейне баудай түсіріп жібереді. Сол алдыңғы сапта араласқандардың ішінде Кейкіман батырдың өзі жазым табады. Бұл аттан құлап бара жатқан басшының сүйегін жерге түсірмей кейінгі жақтан шауып келіп, қағып алып шыққан екі жігіттің қолындағы батырдың денесімен бірге қол да кері шегінеді. Істің теріске айналғанын көріп, төбе басында тұрып айқай салған Айжарықтың:
— Қарсы шаппа қамалға! Сабыр ет, Кейкіман! Жігіттеріңнің сапын түзе! — деген жарлығын ол естіген жоқ. Қолбасшының өзі ілгері шапты. Ол не болғанын анықтау үшін, түйдектелген жауынгерлерге тәртіп беру үшін шапты. Бірақ оның бұл ниетін анық түсінбеген екінші бір топ Кейкіманға көмек беруге бір бүйірден ат қойды. Ол топтың алдында ақбоз атты Қобыланды ақын көзге шалынды.
Бұл Алашаның арқалы ақыны еді. Қобыландының соңында алпыс жігіті айқай салып дүрілге шапты, олардың аузына тап сол сәтте, мүмкін, ақынның жау жапырар өлеңі түскен шығар. Өйткені ол:
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол тартып
Жауырынына мұз қатып,
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда! —
деп жортатын.
Кейкіманның найзагерлері алды жапырылып, арты топталып кері ығысқан шақта екінші бүйірден ат қойған мына ақынның отряды Новокрещеновтың. әскерін селк еткізгендей болды, өйткені қырық-елу найзагердің көбі аттан құлап, бірқатары ат жалын құшып қалғаннан кейін шошып, кері ығысар деген қазақ тобы бейнебір өліміне қарамастан лап қоятын пішін көрсетті. Ысқырған садақ оғы жауа бастады. Айқайлап салған ұрандар жер жаңғырықтырды.
Бәрінен де үрейлісі тобын жазбай сілтеген алпыс аттының шаңы мен дүбірі, желге ысқырған жал аулы найзасы, қиқулаған дабысы жолында тас қамал тұрса да жапырып өтетін сияқтанды. Бейнебір бүйірден соққан темір тоқпақтай көрінді. Алдыңғы сапта тұрған казак-орыс қылышкерлері бір сәт жапырылып кері ығысқандай қимыл көрсетті, ал, Кейкіманның жігіттерін оқ жаңбырымен қарсы алған жаяу атқыштар ілкі мылтық кезенген жауынгерлік сапында қалды. Ақынның құйындатқан тобын кері қайтаруға Айжарықтың да дәрмені жетпеді, оған олар қайрылатын да емес еді.
Бұл күтпеген жерден, бейнебір жауды бүйірден түйрейтін найзадай, тобын жазбастан ұмтылған ер жүректі жандар қылышты казак-орыстар жүздігіне жүз қадамдай-ақ барып қалды. Алдында жұлдыздай аққан ақбоз атты Қобыланды оң қолы шүйген найзасында, сол қолы тізгінде, қақ жауырынына қадаған күшіген үкісі айдардай желбіреп «Енді араласты! Енді араласты!» дерлік жерге жетті. Мұның түрінен де, түсінен де, мына атқан оқтай айнымай ағызып келе жатқан қаныпезер тобынан да казак-орыстар шошып кетті білем, жалт бұрылып, үріккен жылқыдай, жаяу әскердің тасасына жөңкілді.
Не екені белгісіз, тап осы кезде бағанағы жарлық беремін деп ілгері ұмтылған Айжарық алпыс аттылы ақын тобының соңынан шапты. Ол да бірден-бірге жабысты үдетіп, аспанды жерге түсіргендей айналаны бөрліктіре төнген қас батырлардың соңында шылбыр тастарлық жерде кетіп бара жатты...
Жаяу әскер қауіп төнгенін жаңа ғана көрді. Олардың командирінің шырылдаған даусы шықты. Кейкіманға кезенген коп мылтық енді сарт-сұрт бұрылып, бір бүйірден келіп соққан Қобыландыға бақты...
Адам бабын таппастай оқиға болды: жүздеген мылтықтың жамырай күрс еткен даусы жерді жеміріп келе жатқан аттылы адамдарға соғылып тұншығып қалғандай болды; шаң мен түтін араласып кетті; аттың дүрілі, адамның үні, әлдекімнің айғайы қосылып түйдектелген дүңкіл дыбыс шығарды: ұмар-жұмар болған адам мен аттың қараңдағаны көк ала тозаң ішінен дауыл жыққан үйдей қопырады...
Сәлден кейін не болғаны айқындала берді: оқ жаудырып үлгеріп қалған жаяу солдаттардың үстіне алды құлай, арты жығылғандарын жапыра еніп кеткен найзагерлер бейнебір аузын ашып тұрған ажал аранына жапырлап түсіп қалған сияқтанды, бір адам кері бұрылмай үсті-үстіне үйіліп, өзі де өліп, өзгені де өлтіріп, өлмегенін жапырып, таптап, жаншып, бірнеше минут ішінде-ақ сап болуға таянғанда, жаяу әскердің кейінгі жақтағылары дүркірей қаша жөнелді. Бірақ олардың сапының да тең жарымы найзагерлердің түйреуі мен тапауына ілікті. Осыны көріп жалаң қылышқа жарлық күткен атты казактар үйме-жүйме болып қырылысқа ұшыраған Қобыланды жігіттерінің қалғанын турауға ұмтылды... Алпыс адамнан тірі жан кері шықпады. Алпыс бірінші Айжарық та туралған жандардың арасында қалды. Ат жалын құшып, қолы қарысып қалған ерлерден бірнешеуін аттары ғана кері сүйреп шығарды. Соның ішінде қоянша қарғып ақбоз ат бір бүйір, желдеп шауып бара жатты...
... Бірінші шайқастың қанды қырылысы қабырғаны қайыстырып кетті — иықты зіл қара тас басқандай болды, денеге у жайылғандай мең-зең етті. Бірақ есеңгіреген дене жан-дәрмен іздейді, аңғырттық іс ілесе ақылға жол береді. «Жоқ, бұл істің басы ғана. Жандасар тартыс әлі алда» деп серт еттім өзіме. Сөйтіп, Айжарықтан айрылғаннан кейін, оның жан серіктерін қасыма алдым. Алдымен Кейкіманның найзагерлері Тұңғатар мен Амандық батырды шақырып алып:
— Батырлар, ерлікке серік ақыл бар. Ендігі шайқас айлалы шайқас, жаудың айласынан сендердің амалың асып түсуі керек. Сондықтан екеуің қалған найзагерлеріңмен сонау Майшоқының арғы астына бой тасалап бұғып қалыңдар. Қалғандарымыз қашқан болайық. Бізді қумай дәндеген жау тұрып қалмайды. Алдымен аттылы жүздіктер шабуыл жасауға тиіс. Сол кезде зеңбіректі жаяу әскерінен бөлініп шыққан жалаң қылышты казак-орыстарға көк сүңгінің күшін көрсетесіңдер.
Топталмай, оннан-жиырмадан бытырап-бытырап жөнеле беріңдер. Сап түзейтін жерлерің Майшоқының асты, — дедім.
Екінші пәрменім: ат-тұрманы берік, сақадай сайланған қылышты-айбалталы Дәулетжанның қырық жігітіне «жаудың жынын қоздырту» болды.
— Оқ атым жерге келтірмей, шетке шыққан обозына шабуыл жасаңдар, бөле-жарылған адамдарын мазалай беріңдер. Қуса қашыңдар, Майшоқының үстіне қарай жетектеңдер. Қалайда болса атты әскерді жаяуынан бөліп найзагерлердің бұққан жеріне жеткізіңдер!
Сөйтіп, өзім қалған топты тез жинақтап, ығысуға бет түзеттім. Бытыраған топ Майшоқыға, қалың қол Жемнің оңтүстік бетіне маңдай түзеп, біржола ірге көтергеннен кейін, казак-орыстар бізді қашты деп ойлады. Ал, ана Дәулетжанның қырық жігітін «жол бөгеу үшін қалдырды» деп түсінді білем, аздан кейін-ақ сап түзеп жинақталған казак-орыстардың жүздігі қуа шабуылдауға кірісті. Алдымен жүздік жақындап келіп, айқай салып балта көтерген қырық жігітке ұмтылды. Бірақ атына сенген жігіттер жалт беріп, кейінгі обозға шабу ниетін байқатты — қиқулап, бөлегірек тұрған он-он бес көк арбаға қарай шапты. Тіпті құйындатып келіп, қазан көтеріп от жағып, тамақ жабдығымен болып жатқан орыстарға ат үстінен ысқыртып бірнеше садақ тартып өтті. Бірақ аттылы жүздік кері серпіліп қырық жігітті өкшелей түсті. Мүшелік жерге келгенде жігіттер жалт бұрылып, ат басын Майшоқыға бұрды.
Қаша жортып, кейде кері бұрылып садақ тартып, алыстан қыр көрсетіп, казак-орыстардың шынымен-ақ жынын қоздыра бастады. Бір кез «осыларды қуып жетіп, турап тастайтын, көп болса екі-үш шақырым жер шабар, одан әрі шабысқа жарарлық ат сиқы жок,» деп шешті білем, казак сотнигі қылыш суырып айқай салып атакаға шаба жөнелді...
Біздің топ жеті-сегіз шақырым Жем қойнына бойлап та жетіп еді. Ал, қырық жігіттің бет алған Майшоқысы ең кемі алты шақырым жер-ді. Егерде бес-алты шақырым жер бөлініп шыққан жүздік, кері қашып жаяу әскері қалған қамалына жеткенше бір сойқан болары айдан анық еді.
Шапқан атқа жер жақын, әсіресе қызып келген казак-орыс жүздігі әп-сәтте-ақ шұбатылып бір кеш жерге созыла қалды. Алды қырық жігітті қусырып, қоралы қойдан бөліп дүркіреткен қасқырша қарыштады. Енді жетіп, енді қылыштап, біріндеп түсіріп, жусатып саламын деп үміттенді білем — озат шыққан он-он бес казак-орыс өкшелегендей болды. Бұл жайды көргеннен кейін әлдеқандай күн туар деп жәрдемге екі жүз жігітті ертіп өзім де ұмтылдым. Майшоқымен екі ара аса қашық емес, көлденең ұмтылған топ казак-орыстар жүздігімен қатар жетіп айқасарлық жер. Бірақ іс оңға айналды. Дәулетжанның қырық жігітінен бір-ақ адам кейінде қалды. Оның казак-орыстар қолына түскен-түспегені мәлімсіз, ал қалғандары тегісімен Майшоқының қыратына ілікті де, тырнадай тізіліп тұра қалысты және ат басын кері бұрып «келсең, кел!» дегендей мүшелік жер жуықтап қалған казак-орыстар жүздігінің алдыңғы шоғырын күткендей болды. Әлде екпінмен ентеледі ме, әлде күшіне сеніп ат басын тежемеді ме — тап сол сағатта жаудың ойын айырып боларлық емес-ті. Тек алды жақындай түсті де, шұбатылған жүздіктің кейінгі топтары сол алдыңғыларына жетуге асықты...
Бір кезде адам денесі дір етерлік уақиға көзге шалынды. Қыр басындағы тырнадай тізіліп қалған жігіттердің арғы жағындағы баурайдан өре түрекелген Түнғатар мен Амандықтың көк найзалы ерлері самсай қалды. Самсай қалған жоқ, бөрікті баса киіп, оны ақ орамалмен бастыра байлаған жігіттердің көк сүңгірлері атмойнынан құлаш озып, төніп қалған казак-орыстарға сүзе килікті. Бағанағы сәтсіз шабуыл білекке күш, көзге қан құйып жіберсе керек, екі батырдың екі жүзден астам найзагері жүздігінен оқшау шыққан он бес-жиырма казакты қораға түскен қасқырдай қоршал алды. Бірнеше минут өтті ме, өтпеді ме — көзді ашып-жұмғанша жерде домаланған дене, шұрқырап шыққан иесіз аттар ғана артта қалды. Құйын-шыбын ұмтылған қиқулы дүбір кейінгі казактарға бас салды. Казак-орыстар дүр етіп бір бүйір ойқастады да, нажағайдай түйреп, нөсердей төнген жойқын қолдан ығыса жөнелді. Майшоқының бауырын қым-қиғаш шапқан дүрсіл, қиқулы үн — ысқырған найза мен садақ үні жауып кетті. Көлденең көзге анда-санда ойнап шыққан иесіз ат ойқастады, дүрліккен қолдың ат бауырында шоршып түсіп, тұра жүгіріп, қайтадан жер құша құлаған адам денесі тулап жатты. Ашынған ызалы қол жеткенін баудай түсіріп, ұтылап қуып, қашқан казак-орыстың тобын сирете берді. Алыста қалған қамал мен жаяу әскер жәрдемі жер қойнына енер жүздікке дарымады — көлденеңнен күрс еткен зеңбірек добы қашқан мен қуғандардың жанталасынан аулақ жетімсіреп жарылып жатты...
Бірінші жүздіктің отызы ойда, қырқы қыр басында қалғанын көріп тұрса да, екінші жүздік ойқастап қана бой көрсетті — ол көре көзге әзірейілдей төніп келген ажалға қарсы шаппады. Қамалға жеткізбей ашынған найзагерлерді жарлықпен жігіт шаптырып, мен де кері қайтардым.
Алыстан айбат шегісіп, қолдың бас-аяғын жинап, Новокрещенов те, мен де шығынды есептестік. Казак-орыстардан бір жүздік тұтасымен және жаяу әскерден бірнешесі қаза тапса керек. Ал Қобландының алпыс жігітімен бірге Кейкіманның қолынан жүзге тарта адам ата-бабаның жандасып өткен құт сахрасының торқалы топырағын құшақтап қалды...»
Қанғали Арыслановтың басынан кешкен ащы хикаясын жас шақтағы өз көргендерімен қоса оймыштап қағазға түсірді де, Бақытжан өзгеше бір жайлы тынып тапқандай болды: өмірі айтылмаған әңгіме тар қапаста ақтарылып, ана кең дүниеге иек артқан сияқтанды, тұтқынның. көңіліне белгісіз шаттық құйылып кетті. Ол жалма-жан ұсақ жазуға лық толы бөлшек-бөлшек қағаздарды мұқияттап бүктеп, шапан-халаттың әлдеқайдағы ішкі қалта-қуысына тыққыштады. Сөйтті де темір есіктің көздей тесігіне жымия бір қарап алып, ұзын сақалын тараштай түсті. Ол тіпті біраз уақыт көңіліне кенеттен құйылып кеткен өткінші шаттықтың құшағында отырды, көңіл күйі шарықтап отырды. Бірақ тар қапастың шаттығы қысқа, қасіреті қалың — бейне бұлт арасынан шыққан күндей жалт еткен жарқын шырайға ілесе жүзге қара көлеңке қаптайды. Бақытжан әлгідегі жазу шаттығынан сарқылмас ауыр ойдың құшағына қайта енді.
Ол тағы да басын көтеріп, көзін жоғарыдағы бітік көз терезеге тікті.
... Көкемнің ақтық ашқан көзі әлі қарап тұр. «Бар үмітім .сен» деді ол көз жұмарда. Найзаға салып әкелген інісімен қатар жатып қалды, мәңгі жатып қалды. Оққа ұшқандарды күтіп отырғандай бірге кетті. Бәрі қатар қалды сонау Тұздыкөлдің төрінде...
...Неше ай өтті онан кейін? Кім біледі қанша күн өткенін. Екінші күңіреніс басталды, қаралау-жазалау басталды. Бұл бәрінен де ауыр тиді. Бас көтерген ерді үйімен көшірді, ұрпағымен алысқа айдады. Бүкіл Орманға қарағанның бәрін айдады. Кәрі Күсепті, оның ұлдарын: Ахметшені, Шәңгерейді, Сәлімгерейді, Әділгерейді... үй іштерімен көшірді. Көк қарулы солдаттар келіп көшірді. Мені де көшіретін еді, бірақ көкем дүние салып кетті, сондықтан қалдым, жас болған соң қалдым. Дәулетше ағамның Батыры да жас қалды. Екеуміз ғана қалдық бір тұқымнан — біріміз тоғыз жаста, біріміз жеті жаста. Ол күнде айдау орынның қай жерде екенін де білген жоқ едік. Кәдімгі Екатеринославская губерниясындағы Старосербск деген қала екен ғой. Бүтін сұлтан атаулыны сол жаққа аудармақшы болған екен. Қазақ даласын билеп қалған сұлтандарды даласынан да, елінен де біржола көзін жоғалтып жіберу саясаты. Бұл тек қана 1869 жылы тап болған саясат емес, мұның төрі әріде, сонау Нұралы ханның кезінен басталған еді ғой. Нұралының өзі жер аударылып, сүйегі Уфада қалды. Баласы Орман Нұралиев Петербург түрмесінде өлді. Енді сол Орманның баласы Күсеп Нұралиев барлық баласымен кетті. Жалғыз сұлтандар ғана емес, 1868 жылғы «Дала низамына» қарсы бас көтерген Байбақтының төрт жүз биі мен батырлары каторгаға жөнелтілді. Жарқын Жүніс би мен Барқын Сеңгірәлі батыр Орынбордың тар қапасында өлді. Сөйтіп мыңдаған жандар өз даласында жан берді, жүздеген жандар Орынбордың, Сібірдің қараңғы үйі мен айдауында жүріп дүние салды. Осы еді ғой елу жыл бұрын күңіренгені даланың! Осы еді ғой бостандық іздеген арманды ерлер! Сол еді ғой теңдік жолына қол созып, қараңғыда қарманған асыл жандар. Қазір мына біз отырмыз! Отаршыл патшаның қанды тағы мен тәжін жоқтаған ақ генералдардың рақымсыз шеңгелінде отырмыз...
Камераның есігі кенет салдыр ете қалды.
— Киргиз бабай, — деді темір есікті салдыр еткізіп ашқан түрмеші, — сақалыңды қырғыз.
Түрмешіге мойнын баяу ғана бұрған Бақытжан басын шайқады. Түрмеші:
— Қырғызбайды, — деп, кейінгі жақтағысына жауап қатты да, есікті күлдір еткізіп қайта жапты.
— Сотқа әзірледі... — деді Бақытжан өзіне-өзі.
Әскер сотында айыптаушы прокурор да, жақтаушы адвокат та болған жоқ. Сот мәжілісі өрт сөндіруге асыққан адамдардың қимылындай болды. Сот председателі генерал Емуганов екі заседатель подполковникпен кіріп келіп тез стол басына отырды да, істерді шетінен ашып жіберіп:
— Айыпкер Дмитриев бар ма? — деп бастады.
— Бар, — деді Дмитриев түрегеліп.
— Аты, жөнің?
— Петр Иосафович Дмитриев.
— Айыптау қорытындысында көрсетілген июнь заңы бойынша өзіңді айыпты деп санайсың ғой?
— Жоқ.
— Отыр. Айыпкер Червяков бар ма?
— Бар.
— Аты, жөнің?
— Павел Иванович Червяков.
— Айыптау қорытындысында өзіңе тағылған айыпты мойындайсың ба!?
— Жоқ.
— Отыр, — деп, әрмен қарай соза берді.
Айнала казак-орыс жүздігі қоршаған сот үйінің іші де жалаң қылыш көтеріп тік тұрған офицерлерге толы еді. Сол көк қарулы әскери адамдардың ортасында жиырма бес айыпкердің сұрау тәртібін генерал бір сағатқа жеткізбей-ақ бітірді. Ақтық сөзді баса айтқан Дмитриев пен Червяков қана болды. Басқалары қысқа-қысқа сөйлеп «жазықты емеспіз, босатуыңызды сұраймыз» деумен тоқтады. Ал қолы сынып, денесі ауыр жарақатқа ұшыраған Нуждинді носилкаға салып әкеліп еді. Ол:
— Революция жендеттеріне жауап бермеймін, — деп, бар жауабын бір-ақ ауыз сөзбен бітірді.
Кезек Бақытжанға да келді.
— Алдын ала тергеу үстінде бізді: «Хұкіметті құлату әрекетін жасап, бағынып тұрған заңды мемлекеттеріңді қарулы күшпен жоқ етуге кірістіңдер» деп айыптады. Прокурор осы айыпты қолдап, июнь заңы бойынша ең ауыр жаза берілсін деген қорытынды шығарды. Әскер сотының председателі сіз де осы алдын ала тергеу мен айыптау қорытындысына иек сүйедіңіз — тексеру, талдау, екі жақтың пікірін салыстыру тәртібін қолданбастан істі өте жұмарлап, тек қана үкім шығаруға — жаза кесуге тіреп отырсыз. Сондықтан мен жалпы тәртіп бойынша өзімді өзім жақтау правосымен пайдаланғым келеді. Сіздің айтуыңызша бұл ақтың сөз болып саналады. Жоғарғы «Хұкіметті құлату әрекетін жасадыңдар», деген айыпқа қосымша маған тағы да: «Қырғыз халқын қайырымды Ресей патшалығына қарсы қоюға үгіттеп, сахарада бүліншілік туғызып келдің» деген кінә тағылды. Менің бұл бірінші айыппен екінші пункттегі кінәға қысқаша айтарым: менің алдымда жауап берген облыстық Совдеп председателі Петр Иосафович Дмитриев жолдас бізге қойылған «айыптың» айып емес екендігін дәлелдеп өтті. Бұған қосар нәрсе мына төмендегі аксиомалық жағдай. Ол: сіздердің бізге құлатпақшы болдыңыз деген хұкіметіңіз әлдеқашан, 1917 жылы 12 февральда құлаған. Оны құлатқан Орал қаласының азаматтары емес, бүкіл Ресей азаматтары, яки орыс халқының өнеркәсібін жүргізіп, халық байлығын жасап жатқан жұмыскерлер мен империяның тең жарымы болып есептелетін крестьяндар, солдаттар мен оқымыстылар. Бұларға ұлт тізгінін өз билігіне алуға тырысқан буржуазия өкілдері де қосылды. Осылар монархияның тозығы жеткенін дәлелдеп, үш жүз жылдан астам патшалық етіп келген Романовтардың ақтық уәкілі екінші Николай императорды тағынан бездірді. Бұл оқиға тарихтың қалауымен болды — бүкіл әлемге әйгілі шындық болып табылды. Ал, ескі тәртіп жойылып, енді жаңа тәртіп орнататын бүкілхалықтык, Құрылтай бас қосқанша уақытша хұкімет басқару ісі буржуазияшыл партиялардың уәкілдері Родзянко — Милюков — Керенскийлердің қолына көшті. Бұл уақытша хұкімет Ресей халықтарының жүзден тоқсаны көздеген мақсатты орындамағаннан кейін, яки соғысты тыюға, қара шаруаға жер беруге, алпауыт помещиктердің озбырлық құлқынына тыйым салуға қабілеті жетпегеннен кейін барлық билікті Советтер өз қолына алды. Екінші сөзбен айтқанда Ресейдің жұмыскер табы мен крестьяндар және солдаттар өкілдері революцияшыл хұкіметін құрды. Бұл жаңа хұкімет Петербург пен Москвадан бастап барлық ірі қалаларда — ішкі Ресейде тегіс орнатылды. Біздің Орал облыстык, Совдеп осы революция жолымен құрылған бұқарашыл хұкіметтің бөлімі болып есептеледі. Өйткені Орал губерниясының барлық уездерінен сайланған халық өкілдері съезд ашып, сол съезде Советтің облыстық атқару комитетін тағайындады. Айта кететін басты жайт: екінші Николай императордың тақтан безуі заңды жолмен істелді, Романов тақтан бездім деп өзі мәлім етті. Ал Родзянко — Керенокийдің уақытша үкіметі өзінен-өзі мансұқ болды. Уақытша нәрсенің бәрі де осылай, олардың ұзақ өмір сүруін халық қаламайды. Бұл тарихтың логикалы жолы.
Енді маған тағылған екінші айып жөнінде. Бұл — менің қырғыз халқын рақымды Ресей патшалығына қарсы үгіттеуім жайлы. Ең алдымен: қырғыз халқына Ресей патшалығы рақымды болған жоқ. Мұны мына тарихи документтерден айқын көруге болады. Бірінші документ: Орынбордың генерал-губернаторы Неплюевтің ұсынысы бойынша сенаттың 1744 жылы шығарған қаулысы. Екінші документ тайный советник Левшиннің «Қырғыз-қайсақ елінің тарихын шолу» деген еңбегі. Үшінші документ — либерал жазушылар — Н.А. Середа мен А. И. Добромысловтың 1891 жылғы, 1902 жылғы «Русская мысльдағы» еңбектері.
Бірінші документ бойынша, яки 1744 жылғы сенаттың — мемлекеттік советтің құпия қарары бойынша қырғыз-қайсақ ордасының Орынборға қараған бөлігі тегісінен жоқ етілмекші болды. Бұл қырғынды бастау үшін генерал Неплюев Орынбор мен Орал атты казактарының полктарын, Астрахань мен Қазан қалаларындағы полктарды, Дон бойының казактар мен қалмақ полктарын қазақ даласының кіре берісі Орынбор өлкесіне жинақтай бастады. Бірақ қазақ халқының бақытына қарай Азия мемлекеттері мен Ресейдің екі арасы қатты шиеленісіп кетті де генерал Неплюев бастаған зұлымшылық аяқталмай қалды. Азия елін, әсіресе көрші отырған Орта Азия хандықтары мен Түркия, Персия мемлекеттерін өзіне қарсы қойып алу хаупі Елизавета патшаны қазақты қырып тастаудан бас тарттырды...
— Орындалмаған идея заңды документ болып саналмайды.
— Генерал мырза. Бұл идея орындалса мен сіздің алдыңызда мазаңызды алып тұрмаған да болар едім. Әлбетте, бұл зұлым идеяның орындалуын тарих қаламады. Кешіріңіз, мен ақтық сөзімді айтып бітіруге праволымын деп білемін. Міне, осы документтің өзі-ақ Ресей патшалығының рақымды еместігін дәлелдеп отыр. Ал, екінші документ: сұлтан Қаратай Нұралы ұлының, яки менің атамның 1805 — 1818 жылдардағы көтерілісін, сұлтан Қайыпқали Ешімұлы мен Беріштің биі Исатай Тайманұлының 1829 — 1838 жылдардағы көтерілісін, батыр Есет Көтібарұлының 1847 — 1858 жылдардағы көтерілісін баяндайды. Ал, Середа мен Добромысловтың белгілі еңбектері осыдан елу жыл бұрын болған 1869 — 1872 жылдардағы Кіші жүз елінің патша хұкіметіне қарсы жаппай көтерілген көтерілісін баяндайды. Өткен ғасырдың екінші жартысында болған қазақ елінің бұл соңғы көтерілісі патша хұкіметінің біржола табан асты ететін отаршыл тәртібіне қарсы тұру еді. Өйткені 1868 жылғы патша хұкіметінің қазақ даласын билеу тәртібі жөніндегі «Жаңа низамы» қазақты жерінен айырды. Тіршіліктің көзі-болған жерді қазақ шаруасының қолынан алып, оған жалға беретін болды. Бұрынғы сұлтан-правительдер билеген тәртіпті жойып, уездік начальник билейтін болды, болысты сол уездік начальник бекітетін болды. Бір болыста Пір мешіт қалдырып, оның молласын да сол уездік бастық тағайындайтын тәртіп орнатты. Алым-салықты бұрынғыдан екі есе арттырды. Жермен бірге су да қазынаның қарауына көшті. Балықты көлдер жеке адамдарға сыйлық есебінде берілді. Жердің шұрайлысы да губернатордың қарауымен, хұкіметтің жарлығымен патша сыйлығы есебінде құрметті адамдарға тарту етілді. Сөйтіп, жерден, судан айрылған, өзін-өзі басқару тәртібінен жұда болған, діні де патша чиновнигінің қарауына көшкен халық бас көтерді. Бірақ, қарулы әскердің күшімен бұл көтеріліс рақымсыз түрде тұншықтырылды. Мыңдаған адам. қаза тапты, сансыз үй малсыз, қарасыз қалды. Бас көтерген азаматтардың төрт жүзден астамы өлім жазасына кесілді, көп адам Сибирьге каторгаға айдалды, бірқатары түрмеде қаза тапты. Міне, осындай күшпен езуге кіріскен, теңсіз мал есебінде ұстаған патша хұкіметін рақымды хұкімет деп қазақ халқы айта алмайды. Сондықтан отаршылдықтың зардабын тартқан қазақ елі бас бостандығын көксеумен келеді. Бұған кешегі сіз бен біз куә болған 1916 жылғы қазақ даласының ақтық бұлқынысы бірден-бір дәлел.
— Юрист Қаратаев, киргиз халқына бас бостандығын Ресейден бөлініп мемлекет болу арқылы ғана әпермек болдыңыз ғой?
— Жоқ, генерал мырза...
— Онда Досмұхамбетовтерге неге қарсы боласыз? Досмұхамбетовтер өз алдына терезесі тең автономия құрып, Войско хұкіметімен союз есебінде игілі іс істеп отыр.
— Азаттық пен теңдік бөлініп шығумен ғана кемеліне келмейді. Кім азат болды, кім теңдік алды деген екінші сауал бар. Азаттық Ресейден босану ғана емес. Азаттық пен теңдіктің түп тамыры адамды адам тең санамау, адамды адам құл етумен байланысты. Бір мемлекеттің ішінде тоқсан түрлі ұлт болуы, сол тоқсан түрлі ұлттың праволары бір-бірімен тең болуы мүмкін. Сонымен қатар бір мемлекеттің ішінде бір ұлт қана, қоспасыз, тек өзі ғана өмір сүруі мүмкін. Алайда бұл жағдай азаттық пен теңдіктің толық түрде жемісін жегізеді деу қиын. Өйткені азаттық деген: басың бос, еңбегің бос болсын деген ұғымнан шыққан, біреуді біреу құл етпесін деген тілек-арманнан туған. Мен құлдықтың ашық түрін өз көзіммен көрдім. Калмыков уезінде уездік начальниктің серігінде қызметкер болған Жарқынбай Есниязов деген азамат болды. Бұл азамат орысша, қазақша білім алған саналы жігіт еді. Менің он бес жасар кезім, сол Есниязовтың үйінде Төлебай дейтін шалды көрдім. Шал сол кезде 75-те екен. Жас кезінде он бес-жиырмадағы Төлебай мен Еснияз қазақтың жауынгер руының бірі Серкеш Бопылдақ деген батырдың түрікмендермен жауласқанда қолына түседі. Бопылдақ Есниязды бір серігіне тарту етеді де, Төлебайды малшы етіп өз қолында қалдырады. Ол жақсы малшы болады. Бері келе Төлебай өзіне жар табады. Жары өте сұлу бір қазақ кедейінің қызы екен. Әрі батыр, әрі бай Бопылдақ құл орнында жүрген Төлебайды піштіреді де, сұлу келіншегін тоқал етеді. Сол Төлебайды 75 жасына келгенде інісі Еснияздың оқыған баласы Жарқынбай келіп, Бопылдақтың балаларына 600 сом ақша беріп босатып алады. Міне, қазақ даласындағы құлдықтың соңғы кейпі. Бұл құлдықтың жабық түрі бар, ол: дәулетті, құдіретті би мен байлардың қолында өмір бойы қоңсысы болып, тамағы үшін бар жұмысын атқаратын кедейлер, байдың байлығын арттыратын солар. Олардың орыс крепостнойларынан айырмасы шамалы. Орыстың крепостнойлық правосының жойылуы да біздің бала кезімізде. Құлдық жолы көп азаппен, қанды күреспен ғана шешіліп келеді. Бірақ, қанша ауыр болса да халық оны біртіндеп жоюмен келеді. Мына алдыңызда отырған Дмитриев крепостнойдан босаған Иосафтің баласы. Әңгіме қазір басқада, азаттық деген сөздің өзегінде болып кетті. Ал, сіз генерал мырза, «мына Жымпитыдағы Досмұхаметовтер өз алдында автономия құрды, терезесі тең мемлекет жасауға кірісті» дедіңіз. Сөз жоқ, олардың автономиясы ұлт теңдігіне бір адым жақындаған автономия. Тек қана бір адым. Неге дерсіз? Біріншіден — ол Родзянко мен Керенский құрған уақытша хұкімет тектес. Мұндай автономия Қоқанда да құрылды. Оның бастығы да Жанша Досмұхамбетов сияқты адвокат Мұстафа Шоқаев. Бұл Жанша мен Мұстафаның автономиясы елдің ең беделді деген билері мен дәулетті жандардың қолдауына сүйенген автономиялар. Билік солбір уыс дәулеттілердің қолында.Әкімшілік тәртібі Керенскийдің жетегінде болды. Өйткені бөлек мемлекет болу үшін алдымен ақшаң болуы керек, ақшаң болуы үшін банк системасының құрылуы шарт. Банк системаңа негізгі тірек өз ұлт байлығыңды өндіретін өнерлі кәсіпорның болуы қажет, ол кәсіпті өркендетуге керекті ішкі-тысқы базарың, базарға жеткізетін жолың, ол жолды тәртіптейтін аппаратың — осының бәрін қорғайтын ұлт әскерің дайын тұруы шарт. Ілкі пікірге қайта оралсақ: ұлт теңдігі азаматтың бостандығын, еңбектің азаттығын тілейді. Еңбек азат болса халықтың ең қымбат асыл мүлкі өз қолына көшкені. Өйткені бар байлықты табатын, бар қазынаны өндіретін ұлт азаматтарының жүзден тоқсаны. Сол тоқсан өзін-өзі билемей азаттық пен теңдік жоқ...
— Қысқасы, сұлтан Қаратаев Досмұхамбетовтердің афтономиясына да қарсы!.. Большевиктер платформасын жақтаушы, солай ғой, тұтқын Қаратаев? — деді Емуганов кекесінді үнмен. Жанындағы екі полковник кәpі адвокатқа түйіле қарады. Бірнеше секунд сөз үзіліп кетті.
— Ғапу етіңіз, генерал мырза, мен сөзімді аяқтауға тырысамын. Алпысқа таяу жастың ішінде өмірдің көп оқиғасын бастан кешірдім, көп көрдім, көп білуге тырыстым. Осы тәжірибем жоғарыда айтқан азаттық пен теңдіктің мағынасын талдап түсінуге соқтырды. Шын мағынасында социальный теңдік пен азаттық орыстың жұмыскерлерікөксеген теңдік пен бостандыққа ғана тіреледі. Орыстың крестьяндарына да нағыз бақытты теңдікті сол жұмыскерлер әперді деп білемін. Ал, патша хұкіметінің отаршылдың саясатының арқасында жаншылып қалған қырғыз, татар елдері ең тәуір, ең әділ теңдікті, ең бақытты азаттықты сол жұмыскерлермен,қол ұстасып қана табады деп ойлаймын. Осыған сенемін...
— Бітті ғой, Қаратаев, сөзіңіз?
— Бітті, генерал мырза. Сіз бен біз кетерміз. Біздің орнымызға басқа адамдар келер, жаңа адамдар келер. Өйткені ол жаңа адамдар көп, олардың тілегі мен арманы бөгетсіз, ол өмірдің өзі сияқты тасқын судай кемерден шығып келе жатқан тіршілік тілегі. Бойға сіңген ескі әділетсіздікті, анадан туғанда бірдей туған, тең туған адамды сен жоғары, сен төмен деп бөлуді бұл өмір тасқыны жуып кетер. Адамды адам деп қана қарайтын әділ қазы келер. Мүмкін біз мұны көрерміз, мүмкін көрмеспіз. Бірақ тап осы сөзімізді жә бүгін, жә ертең оқитын талапты ұрпақ келер. Солар бәрін де салмақтар, бәрін де ұғар. Өйткені көп азап шеккен, көп қасірет тартқан адамның арманы орындалмай қалмайтынына менің көзім әлдеқашан жеткен. Мен болдым, генерал мырза.
— Түрекел! — деп айқай салды сот хатшысы.
Кіріптар большевиктер біртіндеп орындарынан көтерілді.
Нуждин орнынан тұрмады.
— Сот мәжіліс бөлмесіне кетеді деп жариялаймыз, — деді генерал Емуганов.
Ол ауыр нәрсе арқалаған адамдай, оң иығы қисая түсіп екінші бөлмеге жүрді. Екі офицер оның соңына ілесті.
Әскер сотының хүкім шығару мәжілісі бірнеше минутқа ғана созылса да, бұл қарт Бақытжанға өте ұзақ көрінді. Оның ойы тағы да Жем бойын аралап кетті; елу жыл бұрын болған қанды қырылысты қайтадан көріп өтті, ойымен көріп етті...
— Ия, — деді кәрі адам өзіне-өзі. Ол сәл ғана күрсініп қойды. — Олар ер жүректі адамдар еді...
Қатарында отырған тұтқындар оның өзімен-өзі сөйлескеніне таң қалған жоқ. Жасы келіп қалған адамның тарығуы оларға тіпті орынды сияқты көрінді. Бірнеше сағаттан кейін ақтық күрсіну... ақтық дем ғой...
— Қайда сол ер жүректі жандар? — деді Бақытжан басын көтеріп.
Оның көзі қоршап тұрған қарулы солдаттардан жоғары, сот үйінің терезесіне қадалды, терезеден де әрі Жайықты арғы жағындағы қазақтың жалпақ даласына тігілгендей болды... Жалпақ даланың ер жүректілерін іздегендей болды.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Ер жүректілер қырда қырқысып, ойда айқасып жатыр еді.
Жазда Қызыл ағаш түбінен қайтқаннан кейін Нұрым тұнжыр жүрді.
Ер көңілді жастарға бұл бір шала шабуыл болды. Учитель оңай қолға тиіп, егескен болысқа бір қамшы сілтемей қайту ежелден тентек елдің дүрліге аттанған жігіттеріне аңнан құр қол қайтқаннан да ауыр тиді. «Ең болмаса болыстың інісін тақымға басып қайту керек еді», — деп опынғандар да аз болған жоқ-ты. Бірақ, қартайғанда жігіт жинап шабуылға аттана беруге аса зауықты болмаған Жұныс хажы: «Қален келді. Шаруа түгел, енді кері қайтыңдар», — деп жарлық берген соң ешкімнің сыңар лағына да зиянын тигізбей, жер қайыстырған қалың топ келген ізімен кері елге ойысқан еді.
Бұл сапар бәрінен Нұрымның көңіл-қошын қаусатып кеткендей. Көздегеніне қол ұсынбай қалмайтын және ойға алғанын орындамай көңіл тынбайтын алғыр ақын тіл өнерін де, қол өнерін де бір армансыз алға сала алмай келе жатқан сияқты. Өзі сөзге шешен, көп оқып, көпті көрген жас оқымысты Ораз оған әлденеше рет: «Нағашы, сен алқалаған көптің ортасында ғана жүретін жансың. Әсіресе сенің орның жастардың арасында. Сен солардың аузындағы жыры, кеудесіндегі үнісің», деп еді. Бұл Нұрымды үлкен ойға салған. «Мен не бітіремін елде жүргенде?» деген бір беймаза ой оны тынымсыз мазалайтын болған. Бірақ «Қайда барамын елде жүрмегенде? » деген қарама-қарсы екінші ой мұны тұншықтыра қоятын. Қазір не жаз басындағы жастардың арасында таң атқанша отырып өлең айтатын сайранды сауық жоқ, не көңіл көтеретін ел-елдің бас қосқан той-топыры жоқ. Не сырласарлық Хакім жоқ, екі күндей бірге жүрген ақылгөй Ораз жоқ — бейнебір жынынан айрылған бақсыдай, бар ермек пішен... Пішен басындағы құржың-құржың қыбырлаған Бекейдің белгілі бейнесі. Ұзақ күнге оның сары алтынға сатып алғандай-ақ айтатын жалғыз ауыз сөзі.
Қайыпқожаның жесір кемпірінің жапырайған шым кепесіне қарай асып кеткен жалғыз аттылы ғана оның көзіне ілікті. Бірақ мұның кім екеніне назар салып көз тікпестен Нұрым шөмеле түбінде бір жанбастап жатып алды. Ол бір сәт ойға кетіп, еш нәрсеге көңіл бөлмегендей болды. Бірақ қанша уақыт өткенін аңғармады.
— Пішен болса мынау, әлі шөмеледе жатыр. Жаңбыр жауса құрыдың, — деп, тап құлақ түбінен ызыңдаған шегірткедей Бекей шыр ете қалды. — Сен жұмысқа қожырап кеттің.
Бекейдің бұл сөзі нақ өзіне арналған кінаратты сөз болса да ол жауап қатпады. Қисайып жатқан күйі қайдан келіп ауызға түскенін әзі де байқамай, жақында естіген бір ауыз өлеңді ішінен күбірлей берді:
Бұзбай құлан пісірмей,..
Мұз үстінде от жақпай...
— Бала, сен айтқанды естисің бе... жұмысқа қожырап кеттің...
Нұрым өлеңін тағы қайталап, өзімен-өзі сөйлесіп жатқан сияқтанды... Аздан кейін Бекейге жүзін бұрды. Бірақ оның сөзінің аяғына назар салған жоқ, тек қана «Бекең бүгін сөзге суырылып кеткен бе?» деген таңырқаған пішінмен бетіне қарай қалды. Шынымен күйіп-пісіп келген бұл адамның жүзінде бір аянышты пішін пайда бола қалған. Екі көзі Нұрымның жыбырлаған ернінде, үрейі ұша қадала қарап тұр. Тіпті Нұрымға көз жанары ылғалданып, жас баланың жылар алдындағы түрі елестеді. Нұрым күліп жібере жаздап, тез өңін сұрландыра қойды.
— Астағыпыралла, аруақ! — деді Бекей, онан жаман үрейленіп. — Астағыпыралла, аруақ!
Ол кейін шегінді, бірақ көзін Нұрымның жыбырлаған ернінен айырмады. Нұрым Бекейдің қорқып кеткен себебін жаңа түсінді.
— Арқам ұстап жатыр; ауп, ауп, ей ауп! — деп, Нұрым жауырынын қайшылай түсті.
Бекей Нұрымды бұрыннан арқалы деп түсінетін. Оның кей кезде ішінен өлең жаттап, басқамен ісі болмай, ерні жыбырлап, даусы күбірлеп кететін кезеңдерін ақкөңіл, әрі надан Бекей «аруағы келе жатыр» деп сескеніп, кері шегініп кететін. Қазір де күні бойы қабағы салынып, жарытып жұмыс істемей, қара сұр беті көгілдір тартып кеткен Нұрымды «аруақ қысып, құрыстап қалған екен» деп білді.
— Нұрымжан, қарағым, бабам де!
— Кетті, Беке, арқам жазылды, — деп күлді Нұрым басын көтеріп алып.
Ол бала құлықты Бекейді үрейлендіре беруге аяды. Қабағын да тез жазып жіберді, жүзіне де жарқын шырайжүгіртуге тырысты.
Е, қарағым, бәсе, құрыстағаның жазылады. Бабам де, бабаның аруағы, бабам десең болады...
Бекейдің жүрегі енді орнына түсе бастады.
— Мен сені жай жатыр екен десем...
Бекей Нұрымның жатқанын да, «арқасы ұстағанын да» қоштағандай жұмсақ шырай көрсетті. Нұрым орнынан түрекеліп, керіліп:
— Беке, домбыра тартқым келіп тұр. Бүгін Сүлекең үйіне барып қайтпасам болмас. Қайда кеткенімді қартқа айтпай-ақ қоярсыз, — деді.
— Жоқ, жоқайтып қайтейін. Пішенді Тояш екеуміз де ақырындап үйе береміз, — деді Бекей, Нұрымның қыдырып қайтуына қарсы болмай.
Нұрымға керегі де сол еді. Ол жалма-жан Бекейді шап беріп белінен құшақтай алды да балаша жоғары көтерді.
— Қалай, ініңнің күші жете ме? Лақтырып жіберіп қағып алсам ба екен қақпақыл етіп.
— Ой, Нұрымжан, айналайын, қоя бер. Қой қарағым, қой, қате болып бір жерімді мертіктіріп алармын, — деп шырылдай қалды, Бекей.
— Көтеріңкірейін бе? — деді ол, кішкене Бекейді екшеп-екшеп иығынан жоғары аспандата түсіп.
— Айналайын, Нұрымжан! Садағаң болайын, қой! Қате жасайсың...
Нұрым оны көтеріп тұрып, Қайыпқожаның жесір кемпірі үйі жағынан шыққан аттылыны, аттылының алдына түсіп құржың-құржың жүгірген баланы көрді.
— Анау кім, Беке, жоғарыдасың ғой, көзіңіз жете ме? — деп сұpaды аттылы мен баланы көрсетіп.
Бекей жерге түсуге тырысып, Нұрымның кеудесінен төмен сырғанай бастады. Нұрым оны аяғынан дік еткізіп жергеқоя қойды да:
— Ана аттылыны айтам, — деп қолын шошайтты.
Бекей бірден таныды:
— Нұрыш қой.
— Ол не қылып жүр бұл жақта?
— Қалиды алып кете келген. Қойшы емес пе. Қашып келіп не күн көреді ол...
Нұрым үндемей қалды. Оның көз алдына Бақының өлігін алып барғаны, Шұғылдың қарсы шыққаны, әкесінің зиратына қоюға рұқсат етпегені, Қалидың қызыл азбанды қасқырға алдырып үйіне қашқаны, оған арашашы болып қуып келген жігіттен айырып алғаны тізіле қалды. «Мені ұрып өлтіреді...» деген кішкене Қалидың үрейлі үні құлағына шалынып кеткендей болды. Сұрланып, өңі өзгеріп кеткенін Нұрым өзі сезген жоқ. Бірақ «арқалы» өлеңшінің тағы да жауар бұлттай түнере түскенін Бекей бірден көрді.
— Нұрым... сені буып түр білем, бабам де...
— Бабам... — Нұрымың тістері шықырлап кетті. — Бабам... бала болып кеткенсіз бе?
Бекей Нұрымның неге ашуланып, неге түтеп кеткенін түсінбеді. «Мұның қалай» деп сұрауға бата алмады. Бар болғаны:
— Бабам деген жақсы ғой... бабам деген жақсы ғой, — деп күмілжи берді.
Аттылы Нұрыштың алдына түсіп бөденедей бүгежектеген Қали, бір кезде кері қарай жалт беріп қаша жөнелді. Нұрыш тез бұрыла алмай, атпен алыстан орағытып, қолбаңдай шауып келіп оған қамшы сілтеп қалды. Бала ұршықша үйіріліп оның екінші жағына шықты. Аттылы енді тез айналып, баланы бой жаздырмай, тақымын тежей қимылдап, қамшыны сілтеп-сілтеп жіберді...
Нұрым ойланбады, жүгіре жөнелді. Ұзын адам аршындап аяңдағанда да мүшелік жерді әп-сәтте алып қоя береді, ал жүгірген кезде бұратылып ебедейсіз көрінсе де ізінен жел естіріп жібереді. Нұрым бейне аяғын көсіле тастаған бурадан бүктетіліп, зулап бара жатты. Бір пәленің боларын біліп қалған жанша, бірақ оған амал-айласы жоқ, дәрменсіз үнмен Бекей:
— Қап, мына бәленің көрдің бе? Қап, мына бәленің, — деп тамсанды, әлде жүгірген Нұрымға, әлде бала қуған Нұрышқа риза болмай.
Нұрыш жүгірген Нұрымды байқамады. Ол таспасы мен бізін кезек-кезек. жұмсап жұлықты көктеген етікшіше басын көтермей, біресе аттың тізгінін оңға, біресе солға бұрғыштап, қамшыны дәл сілтеп, баланы алты өрменің астына ала берді. Әудем жер келіп қалғанда ғана ол Нұрымға бұрылды. Бірақ, десбісінен жаңылып кеткен тақуадай, ерні жыбырлап:
— Өңкей оңбаған! Бас пайдасын білмейтін немелер! Көрдіңбе мұның! Қап, қарашы, — деп жүгіріп келе жатқан адамға назарының бекерге ауғанына өкінгендей болды. Ол Нұрымды қапелімде танымай қалды. Оған «қайда көрген адамым?» деп таңырқаған жанша қадалды. Сөйтті де қашқан қойшысын ұстап беруге келе жатқан адам деп ойлап:
— Ұстап берші, ана бас пайдасын білмейтін есалаң немені, — деді.
Қуа соққан арқасына қамшы батқан бала бой жазып құтыла алмайтынын білгеннен кейін айла жасап аттылыны шыр айналып әрекет жасап еді. Ол қасарып көзіне жас та алмай, ызалы пішінде, тіпті қолына табылса тас кесек алуға да ойы бар-ды. Бірақ үлкен Қарақоғаның тақыр қырқасында қолға ілігерлік кесек жоқ еді. Сонда да ол қару етуге ыңғайланып жерден тырбанып жүріп бір түбірлі қурайға қолы ілікті. Енді басын көтеріп ыңғайлана бергенде, оң жағынан екпіндеп келіп қалған Нұрымды көрді. Нұрымды көрді де оған арқа таңып, түйеге басын қисайтып айбат шеккен лақ текедей, қурайын қос қолдап ұстап, сол иығын көтере, оң иығын қиғаштай кері тастап, соқпақшы болып ат үстінде тұрған Нұрышқа ұмтыла берді.
— Әкенің құны бар ма бұл балада, Шұғыл тірі ғой, — деді Нұрым ентігіп. Оның екі иығы бір жоғары, бір төмен көріктей көтерілді, жүгірген үстіне ашу қысып дем ала алмай булығып кетті. Жүгіріп жеткен адамның белгілі Нұрым екенін, оның баланы ұстап беру емес, қорғау ниетімен келгенін ғана түсінгендей, Нұрыш таңырқап, бір сәт кідіріп қалды. Бірақ, өзі ғана емес, әкесіне, кәдімгі Шұғыл хажыға тіл тигізе киліккен жынды Нұрымның сөзі оның өңменінен найза салғандай болды.
— Не оттап тұрсың, аттылыға көлденеңнен жүгірген иттей арсылдап. Әлде сенің де жауырының қышып тұма мынаны көрген соң, — деп, Нұрымға қолындағы жылан бауыр өрмені көрсетті.
— Ия, қышып тұр... Байқап көр!
Нұрыш ойланған жоқ. Адам сабап атағы шыққан ұрысқұмар болмаса да, мейманасы асып жүрген Нұрымды ат үстінен бір соғып өтейін деген озбыр ниет оны біржолата билеп кетті. Тебініп қалып ол құр қол Нұрымға атын омыраулата ұмтылды. Нұрым қорғанудан гөрі бассалуға дайындалды — оның екі көзі ат үстіндегі адамның қимылында болды да, денесі бүктеген болат серіппедей жиырыла түсті. Сол қол төбесінен төнген қамшыны қағуға, оң қол жағаға жармасуға ыңғайланды. Жаяудан аттылының ежелден кеудесі жоғары, қимылы басым келетіні мәлім. Нұрыш бұл ұзын қараны атқа да тапатып, қамшыға да арқасын остырып беруді көздеп, үзеңгіге шірене қолын қарыштай сілтеп өтті. Бірақ жыландай кезенген адамға бетпе-бет тақап келгенде ат жалт берді де, сілтеген қамшы Нұрымға деп тимей делегейлене қалған оның нанке бешпетінің етегіне оралып былқ етті. Нұрыш екінші рет оралды.
— Құтырған екенсің сен, бір емес, екі емес, менің қойшыма ара түсіп. Әкем би деп сен де көрінгенге жалыңды күдірейтетінді шығардың ба? — деп ол ақырып жіберді. Нұрыштың аты бұл жолы тайсалмастан Нұрымға омыраулап келіп қалды. Қашса қуалай соғатынын, қашпаса атпен қақтыратынын көріп, Нұрым оған қалайда жармаса кетуге бел байлады. Бірақ алдынан жармасып атты тоқтатып болмайтынын, тоқтатпаса өзі астына түсіп қалатын қаупін сезіп, ол көлденеңнен ұмтылуға тырысты. «Қап, атпен келмеген екенмін. Қамшысын қағып жіберіп, өзін жағадан алып бір, жерге сілкіп түсіретін» деп өкінді ол ішінен. Ол арғы жағын айла-әдіске салып әрекет етуге үлгермеді. Алдындағы қарғитын мысықтай күдірейген адамнан ат жалт беріп бұрылып кетті. Тағы да қамшы сарт ете қалды. Бірақ бұл жолы алты өрме Нұрымның етегіне оралған жоқ, оң жақ қарын орай тиіп, ұшы асып барып жанбасқа сарт етті де, кері тартқанда қарғып ұмтылған ұзын қолға топшысы ілікті. Осып кеткен жылан бауырдың төрт қырлы топшысы қарысқан уысқа қадалып қалған сияқты болды — оны жә ортасынан үзіп, жә ат үстіндегі Құрыштың қолынан жұлып алмай айрыларлық болмады. Екпінімен жанамалай жүгіре түсіп, сонсоң тоқтай қалып шалқая бір тартты да, аттылы солқ еткен кезде, қарғып барып оның етегінен ала түсті. Нұрым қамшыны да босатпады — басқа соғар деп қауіптенді. Мықты атты, қарулы мырза жерден жармасқан жігіттің қолында балаша төңкеріліп қала бермеді, сол қолымен аттыңжалын құша, тақымды қысып жіберіп, ат қабырғасына өкшесін қадай түсті. Ол Нұрымды дедектетіп сүйреп, аттың күшімен көк парша тартпақшы болды; есік пен төрдей жерге дырылдатып алып кетті. Нұрыштың үстінде бешпет, сыртынан киген мақталы қызыл шапаны бар еді, оның қамшымен қоса қос қолдап ұстаған өңірі Нұрымды сүйреуге жарарлықтай екен — не жыртылып, не жұлынып кететін бәле көрінбеді, ал жә иесін аттан төңкеріп түсірмей, не қолға іліккен қамшымен қоса шапан етегін жұлып алып қалмай Нұрымның қолы да жазыларлық емес еді. Әрі денесіне қамшы тиіп, әрі мына көкпарша сүйреген ит қорлыққа шыдамай ол түтеп кетті: екі көзге қан толды, түсі қара бұрыл тартты, шықшыт ет түйіліп қалғанға ұқсады. Ол қалайда бұл мейманасы асқан адамды астына басып жаншып тынбай онан айрылмауға бел байлады.Егес-керіске түсіп жүрсе де, қолма-қол ұрысқа барып көрмеген Нұрыш аты белді, өзі де әлді болмағанымен ебін тауып мына құр қол жігітті майырып тастай алмады.Ол басында батыл қимылдаса да, кейінірек жасып қалды. Енді ол тіпті тайсала бастады. Жапырып тастаудан гөрі құтылып кету әрекетіне кірісті, жұлып ала алмаған соң қамшыны қоя беріп, етегін босату ниетіне көшті. Ол үшін босаған қолымен шапанын жинақтап, тағы да атын тебініп қалды. Жармасқан адамнан сескене қорсылдап, дірілдей бастаған бөктерлі қара көкбейне ордан қарғитындай көкке шапшып орғып-орғып кетті. Төс айыл шарт үзіліп, кері төңкерілген Нұрыш Нұрымның басынан асып барып жерге соққан тымақтай-ақ торс етті. Ерсіз, иесіз сопаң ете түскен ат тізгініне оралып осқырып тұра қалды. Ал, не болғанын жаңа ғана Нұрым шапан етегін енді ғана босатып, жерге шүйіле түсті: әлденеге соғылып, әлдене нәрсе жырып, бетін қызыл қан жапқан Нұрыш үнсіз-түнсіз жатыр. «Өліп кетті ме?!» деген ой жүйіткіп өтті булыққан Нұрымның көз ұшынан.
Не аяныш, не өкініш сезімінен тыс, бір сәт мең-зең боп тұрып қалған Нұрымның сыбызғышы Қайыпқожаның жесір кемпірінің жер кепесі жаққа мойын бұрды. Қурай ұстаған кішкене Қали шыжымдап шыққан әлсіз түтіні бар түймедей мұржалы кепеге жақындап қалған екен. Нұрым шөмеле басында қалған Бекейге қарай жөнелді.
— Иығы шығып кеткен болуы керек, Бекейдің айтуына қарағанда, бірақ есін дұрыс жинамаған сияқты, — деді кешкілікте Қален учительмен ақылдаса келген Нұрым. Қален басын шайқады. Бірақ ол Нұрымды кінәлаған жоқ. Тек ақыл ретінде бір-ақ ауыз сөз айтты:
— Бұл заманда қаралаудан гөрі ақ екеніңді дәлелдеу қиын болып бара жатыр, Нұрым. Менің кешегі сау басымды саудаға салғаны осының айғағы. Жоғарыға жасырын түрде жалған приговорын жеткізетін старшина мен болыс дайын тұрғанда сенің олардың көз алдында жүруің келіссіз болар, Сөз басылғанша бой тасалай тұр. Менің берер ақылым осы, — деді Қален оған.
— Сонда елден аулақ кету керек пе, Қален аға?
Қален ойланып отырды да:
— Ия, — деді. — Ақберлі өзіңе жақын, етекті ел. Тіпті қалаға барып онда не болып жатқанын көремін десең, ақыл беретін, бір адамды паналатуға шамасы келетін учитель нағашың Ехсан Ізқұлов бар ғой.
Құрым ертеңіне Бекейдің ақтабан кер атын мініп, ертеңгі мал өрер шақта ауылдан шығып кетті. Кетуінің себебін де, елге қашан ораларын да ол әкесіне айтқан жоқ. «Ауылдан апталап, айлап кетуім бірінші рет емес қой. Мән-жайды соңынан Бекейден есіте жатар» деп ойлады Нұрым.
Ол қаланың өзіне қарай түзеді ат басын.
2
Уездік қалаға ерте шықса бесінде келе беретін атқа жүрдек Нұрым бүл жолы да түс ауа жететін. Ол айдалада айқайлап ән салумен өткізді жарым жолын. Бірақ оның қалаға жақындағанда жүрісі де, көңілі де кілт өзгеріп кетті.
Ол ер жетіп, ес кіргенше бейғам өсті, өзі өз болғалы ертең не боларын ойлап көрмеген жан-ды. Жасынан мал мен жан қайғысынан аулақ, өз дегенімен өсіп, қатал әкенің уысынан шығып кеткен Нұрым жас арасында өлеңші, кәрі ортасында жыршы, жүрген жері думай — ел серісі еді. Қайда барамын, қайда түсемін деген жолаушылық қамы да оған өмірі кездеспегенді. Ал бүгін, «қайда, кімге келе жатырмын?» деген мазасыз ой асуы жоқ бір асқар сияқты кесе түсе берді. Тіпті кейде:
— Нұрым, қайда бара жатырсың? Қалада не шаруаң бар? — дегендей болады әлдекімдер.
Бұған жауап та бар: елден аулақ шығуым бүгін ғана ма? Былтыр бір ай сонау Ақберлі, Шолан жақта жүрмедім бе! Алдыңғы жылғы ше? Айлап-апталап жүрмеуші ме ем! Қайда той, қайда жиын болса — сонда кетпеуші ме ем!
«Жоқ!» деп шылбырына орала түседі екінші бір кесір ой. — Ол сапарлар басқа, мына жүрісің бір басқа. Ойын-той емес, ойлашы, басқа ғой, — дегендей болады.
Қаншама ойламайын десе де, бұрынғыша бейғам жүріп барар жеріне бір-ақ ат маңдайын тіресем деп бақса да Нұрым бір күдіктің шырмауынан шыға алмай қойды. Ол күдік бірден-екі айқындала түсті. «Қаһарлы хажының баласы түнеугі Бақыға ұсап өліп кетсе не болмақ? Бақы да тап Нұрыш сияқты аттан ұшып түспеді ме? Бекейдің айтуынша иығы сынған. Бекейдің сөзіне сену де қиын. Иығы сынса ол ұзақ уақыт ессіз-түссіз жата ма? Баласы жазым болса Шұғыл ауыл үстіне ат ойнатумен болар. Ат ойнатып қана қоймас — айдатып, аттырып, астыруға да барар. Өзі тиісіп, өзі аттан құлаған Нұрышты жазықты деп өмірі айтпас» деп қорытты ол бір кез ойын. Сөйтті де бұл келе жатқан сапары мағынасыз сапар екенін, қорғалауға пана іздеген жазық адамның ғана әрекеті екенін ұқты. Ол тынышсыздана түсті. «Сен қорқақсың? Өмірден босқа өткен жансың! Өз басыңның күнәлі еместігін де дәлелдей алмайтын бейшарасың? Өзіңдей жігіттер оқу бітіріп, ел билеп, әлеумет-бұқараның сойылын соғып, қамын көздеп жүр. Сенде не өнер бар? Сенде не кәсіп бар? Ауызға аларлық сенде не қасиет бар? Сен бір жүрген қаңбақ. Көшіріңді жел, қонарыңды сай білген шерменде!» деп тілгіледі олөзін-өзі.
Ау! Сен!.. — деді оған Шідерті бойынан шоқытып шыға келген бір қару асынған ірі қара жігіт. — Сен кәдімгі Шағаттың жиені, өлеңші қарамысың?
Нұрым бұл кенеттен тап бола кеткен белгілі жампозды көргенде не айтарын, не дерін білмей сасып қалды, ойламаған жан ойда жоқ жерде кездесті.
Ассалаумағаликум, Мәке! — деп, ол атының тізгінінтежеп, тосын жолшыға таңымдай бұрылып, жанамаласа кетті де көрісуге қос қолын созды.
Хан жасағына жазыла келе жатырсың ба? — деді суыт жолаушы, Нұрымның ұсынған қолын алып жатып. Нұрым бұл сұраққа да не дерін білмей, аттылыдан көзін де айырмай тосырқай қарады.
— Кәдімгі Мәкең... бүтін бір болысты шулатып жүретін... — деп сыбырлады Нұрым.
— Ай, сен оны қой. Өзің қай жаққа барасың?
— Қалаға барам, Мәке. Мен де аз-мұз кейінгі жақты шулатып кеттім.
— Қалада той жоқ, ойын-сауық та жоқ. Сен қаланы қой, менің соңыма ер. Сен өзің кәдімгі қара сирақ Нұрымсың ғой, өлеңші Нұрым?!
— Ойбай, Мәке-ау, жөніңді айтып өлтірсейші. Қайда жүр дейсің? Қайда барасың құйындатып?
— Мәмбет жүрген жерде у-шусыз болғанын көрдің бе? Тағы да сол алдыңғы жылдың кебі: онда-соңыма болыс түссе, енді хан мен қарасы жабыла түсті. Бұл ұзақ әңгіме. Мұны соңынан естірсің. Ал өзің маған ересің бе, жоқ па? Ерсең жүр!
— Қайда?
— Ғұбайдулла қарттікіне.
— Мен ол кісіні танымаймын. Және өзі не жай, Мәке? Айтсайшы, қайда барасың?
Суыт жүрісті жолаушы қолды бір-ақ сілтеді.
— Уақыт жоқ, айналайын, сөйлесуге. Ертең... жоқ, бүгін түні көрісерміз... Сен Пазылдікіне түсесің ғой? Неге ақырайдың, кәдімгі Шағаттың Пазылы, өзіңнің нағашың. Ол қалада ғой. Сонда түс, мен соғамын... Пазылдың үйі қасап бетте.
Сөйтті де жолаушы атын тебініп қалып, бірден жорта жөнелді. Күшті жанның астындағы аты да аса белді. жылқы екен — алдыңғы аяқты шеңгелдей тастап, жалды мойнын ілгері соза түсіп бөкен желіспен желдей есіп бара жатты; жұмыр және әлді біткен ірі денелі, толысқан жігіттің қар салмағын ат бұйым көретін емес, күдере белі солқ етпестен сауыр бұлшығы толқындай түйіліп жазылады.
— Астағыпыралла! Жүрісіңе болайын! Алды дауыл, арты өрт, Мәмбет? — деп жіберді ол дауыстап. Бірақ Нұрымның бұл таңырқауын Мәмбет естіген жоқ... Ол «ә» дегенше көрінім жердегі Бұлан ағашына иек артып қалды.
Тұрып-тұрып басын шайқап, аяңмен жолға қайта түскен Нұрым ішінен бір кез: «Тәңір жарылқағыр, қайдан кездесті, ойда жоқ Пазылды тауып берді. Мен Пазылды қалада тұрады деп естіген жоқ едім. Қап, жақсы болды, сонда түсемін» деді.
Нұрым аз жүргеннен кейін Мәмбетке .тағы да бұрылып қарап еді, өмірі суыт жүріске бейім жаралған бұл қыр жігіті құлан жал біткен сырдақ ағаштың арасына сиіп те кеткен екен. Ол әр жерден бір төбесі көрініп қылтыңдаған аттылыға бұрылып қараумен мойын тағаннан кейін жүзін өз жөніне бұрды. Бірақ енді аттылы жанның тұрпаты Нұрымның көзінен кетіп, ойына оралды. — Мәмбеттің өткен кездегі өр сипаты мен өзгеше ерлігі біріндеп тізбектеле берді.
«Әй Мәкең! Әй Мәмбет!» деп күліп жіберді ол бір кез. Оның көз алдына Мәмбеттің окоптан қашып келе жатқандағы бір ісі елестеп кетті.
... Жалғыз келе жатқанда және өзің талай тар көпірдің басынан өтіп сыналып келе жатқанда ойыңа не түспейді! Өзіміздің қазақ даласына шыққан соң тіпті өткен-кеткеннің бәрі кеудеңде сайрап кетті. Жалғыз келе жатып ән салам, жол қысқартам. Кейде айқайлап та жіберем, іш пысады, сөйлесуге адам іздейсің. «Осы маңда отырушы еді ғой күзем кезінде Күрлен ауылы. Сол ауылға бір қонып ассам» деп келем. Күрленнің бұрынырақта көрсеткен бір қорлығы есіме түсіп кетті. Қорлық болғанда кәдімгі сөз сүйектен өтеді дейтін сөз қорлығы. Ол кезде өзім жаспын, аса сөзге де ұста емеспін, ұстаса кетсем алып ұрарлық та әуселем жоқ, талдырмаш, майысқақ, кезім.
Жаз бойы Мерген байы Сорокиннің малын бағамын да, күз елге кайтып келемін. Сондай бір кәсіптен қайтып келе жатып Күрленнің үйіне соққанмын. Күрлен есік алдында тұр екен.
— Ата, ассалаумағаликум, — дедім.
Маған жалт қарады да, көзінің бұқасын шығарып:
— Сәлемің сартқа, мұндар! — деді.
«Бұған не жаздым» Деп сасып қалдым да желкемді қасып не дерімді білмей қипақтай бердім. Бақсамбай — правитель дәретке отырып, әлі сол іш киімінің бауын айналдыруда екен.
— Дәретке отырған адамға сәлем беретін қай көргенсіз едің, жөнел әрі, — деді тағы да ол жекіріп.
— Ата, ғапу етіңіз. Білмедім... Құдайы қонақ едім, Ішкі беттен келемін. Қонуға рұқсат етсеңіз, ауыл алыс, отыз бес шақырым жер жаяу жол жүріп шаршап келемін, — деп, жай-мәністі айтып өтіне қалдым. Бірақ правитель — бай:
— Сендей орыс жерінен бұзылып қайтқан жалаң аяқтардан күтерің только жамандық. Ең момын дегені шекпеніңді киіп кетеді. Жөнел, қараңды көрсетпей, — деп ақырды.
Арғы жағын енді жайма-шуақ сөзден боранға көшіретіні көзінен-ақ көрініп тұр. Төбеттен ыққан жалбыр күшіктей жөніме тарта бердім. Бірақ ішімнен: «қап бәлем, тоқтай тұр! Мәмбет өлер, өлмесе — саған бір Мәмбеттігін көрсетер деп тістендім. Мейманасы асқан сол Күрлен енді кездессе деп келемін. Сонау жаһаннамның терінен окоп қазып Бобруийскінің түбін суырша тескен көп халықтың ішінен жырылып шыққан Мәмбет, сен Күрленге сондағы ісіңді алдыңа келтірсем деймін. Және ойлаймын: бұл соққан содырдың баяғы атаққа шыққан ақ байталы әлі бар ма екен? Болса ол ендігі талай жер баспас құлын туған шығар. Біреуін тақымыма бассам деп те ойлап қоямын. Ай, бұл адамның кейде ойлаған ойының бұлжымай орындалатын да кезі бар. Орыс мәстегімен тырбаң-тырбаң шоқытып, кейде оны бауырлап-бауырлап алып, қазақша аяңдатып келе жатсам, қырқаның астынан ендей жайылған бір қора қой алдымнан шыға берді. Қараймын, қой мыңға аяғын жиятын емес. Екі шетінде екі қойшы, екеуі де жаяу. Ал шеткерірек бір тебенің басында дәу торы аттың үстінде бір адам маңқия қалған. Байқаймын, мал иесі байдың өзі болуы керек. Жақындағы қойшыдан жөн сұрасам: қой Күрлендікі., доң басында тұрған торы аттылы белгілі Күрленнің тап өзі екен. Ойлағаным жоқ, аттың басын бекзаттың өзіне тура бұрдым. Қандай болды екен, не дер екен мені таныса деп ойлаймын. Тағы да баяғыша:
— Ассалаумағаликум, құрметті ақсақал, — дедім.
— Уағалайкүмассалам. Қай туған болдың. Қабағың қатыңқы, алыс жолдан келе жатқан жігітсің ғой, — деді шалалау орысша киінген киіміме тесіле қарап.
Білдім, танымады. Сөйтті де Күрлен ерінің қасына іліп қойған күміс бағдарлы және үлкен сүйек шақшаны алып насыбай атуға ыңғайлана бастады. Бірақ, екі көзі менде — байқаймын кім екенімді білуге құмартып тұр.
— Ақсақал, алыстан келемін. Аңсап келемін. Ана шақшаңызды көріп алты арысым жыбырлап кетті. Рұқсат етіңіз, қане бір иіскейін, — дедім.
Көзіме қараған күйі шақшаның тығынын алып, тырнағына қарамастан насыбай толтырды да тығынын қайта тықты. Нығыздап тізесіне басып, оны нықтап қойды. Сөйтті де әлденеден сескенген адамша, әлденені есіне түсіргендей маған қадалыңқырап қарап, кідіріп қалды. Шақшаны ұсынудан бас тартты. Мүмкін, ол тап сол сәтте менің ниетімді де сезіп қалған шығар. Әйтеуір шақшасын ұсынбай:
— Тос алақаныңды, жақында! — деді.
Менің де ойыма өрескел ниет сарт ете қалды.
— Кәне, — деп, оң қолымды соза бердім.
— Алақаныңды тос. Менің шақшамды өзімнен басқа ешкім қолына ұстап көрген жоқ, — деді.
— А, жақсы онда, — деп жанамалай беріп алақанымды тоса қалдым.
Күрлен атының тізгінін ерінің қасына іле салып, ыңғайланыңқырап, жақындаған алақанға насыбай қағуға кірісті: бір рет лұқсытты, жарытып түсе қоймады. Екінші рет лұқсытты... Шақшаны сарт еткізіп ұстап, қолынан жұлып алдым да, атты тебініп қалып шеткерек шыға бердім. Күрлен шошып кетті. Түрім де, түсім де жан шошырлың болуы керек, ақыра да алмады, қайрат көрсетіп жармаса да алмады.
— Мұндар, не қылған әдепсіз мұндар едің. Кәрі адамға бұл не қылғаның, шақшасын қолынан қағып алып, — деп күбірлей түсті.
— Сен Күрленсің. Қырық жыл күрлеген правитель Күрленсің. Атың да өзіңе лайық. Ісің де өзіңе лайық. Мен Мәмбетпін. Оразбайдың Мәмбеті. Баяғыда Сорокинге мал бағып, арып-ашып жаяулап келе жатқанда үйіңе қондырмадың. «Сендер мал ұрлайсыңдар. Ең момын дегенің қонған үйдің шекпенін киіп кетесіңдер» деп жазықсыз сөктің. Міне, сол қылығыңды алдыңа келтірдім. Артымнан қуушы болма. Шақшаңды ұрлап алғаным жоқ, қолыңнан алдым. Бұл ақың шыққан мүлік емес, қырық жыл управитель болып тұрғанда бір зергердің ұлыққа тартқан сыйлығы. Енді бұл шақша менде бола тұрады. Жүріп бара жатқанда:
— Бұзық... орыс жерінен бұзылып қайтқан жарты бас. Құдайдан безген, — деген сөздер естіліп жатты.
Оны мен тыңдағаным жоқ, ойым: мұның үйіне де түсе кетейін. Шақшасын бәйбішесіне тастап кетейін деп келем. Жан ұстамаған шақшасын ұстадым. Еруліге қарулы айтарымды да айттым. Кіріп келіп бәйбішеден сусын сұрадым. Бірақ бәйбішесі өзіндей емес, мейірімді жан екен. Күзгі сары қымызды сапырып-сапырып жіберіп, көрсең аяқты толтыра құйды. Мен де жеміре жұттым. Рахмет айтып, шақшаны суырып алдым да:
— Мынаны правительге берерсіз, — деп тұрдым да жүре бердім.
— Әңгіменің зоры соңынан шықты. Біраздан кейін:
— Аттан! Аттан! — деген айқайға қосыла адамның жаны түршігерлік шуыл шықты. «Бұл не шу, шынымен әлгі шонжар менің соңыма жігіттерін салғаны ма. Қой, олай етпес. Шақшасын бәйбішесіне тастап кеттім ғой», деп ойлаймын. Аздан кейін қиқу ит қосқан дүбірлі шуға айналды. Ауылдан екі-үш шақырым жер шықпай-ақ соңыма сойыл көтерген екі адамтүсіп берді. Мен қашпадым, бүкіл аяңмен келем. Бірі жастау келген, бірі орта жастағы адам екен. Үлкенінің дауысы жер жарып, атын бауырлап-бауырлап төпеп келеді. Қашсаң да құтыларлық емессің. Әсіресе жасының астында жұлдыздай аққан бір аң жылқы. «Уа, ақ байтал, сол баяғы ақ байтал» дедім ішімнен. Жыным келіп кетті. Атаққа шыққан ақ байталды көргенде қаным қайнап кетсе. керек — мен де атыма қамшыны басып жібердім. Ақ байталды зулап жанымнан өте шықты — қолындағы қаруы жіңішкерек келген жылан бауыр, бірақ сілтеуі оңға келмеді ме дарымады. Иесі де соқыр болмауы керек, он төрт, он бес жастағы бала екен. Ол алдымды орап қайта оралғанша жуан торымен төпеп еңгезердей келген бір әукебас неме жетіп-ақ қалғаны. «Мына бәлекет бас жарып, көз шығара ма қайтеді» деп ойлап, көк мәстекті көлденеңдете қалдым. Ойым: соққысын қағып жіберу, ретіне келсе қамшымен қару жасау. Шамасы шеберлігіне сенбей, күшіне сенген адам болуы керек, өйткені сиыр ұратын қатындарша бақандай үлкен соққыны қос қолдап жоғары көтеріп төніп келеді. Ал астындағы ат аршындай көсіліп алқымдап қалған. Ойлануға келген жоқ — не де болса көрейін деп жуан торыға тура қарсы шаптым. Мұндайда қашсаң жеткізбей кеткен жөн де, ал сойылды адам жетер күн болса, ана соққыны я бастан, я иықтан тигізері даусыз. Қарсы ұмтылып келгенде бақан соққы бастан асып,.ат сауырына соғуы тиіс, тіпті тимей қалып ұшы жер тіреп, иесінің өзіне қатер жасауы да мүмкін. Мен айла жасадым — атымды тебініп жіберіп, өзім жалына бұқтым да, сойылшы сілтеп үлгергенше сүзетін қошқарша тұңырып қолтығының астына барып тақалдым. «Ап» дегенше болмай, оң жақ тақымынан алып жіберіп собалақ немені екінші жаққа қарай атынан төңкеріп тастап жайыма кеттім. Аты ілгері, соққысы бір жаққа, өзі бір жаққа ауды да жау жайына қала берді. Ендігі ойым ақ байтал.
«Ия, сәт! — деп қоям ішімнен алақаныма түкіріп, — қуып жетіп ала алмаспын, алдап жармасайын деймін. Баланы еліктіріп шоқақтап ілгері аса бердім. Аттан құлап қалған жігітке айналмастан, атына сенген бала тағы да құйындай жүйткіп алыстан қамшы сілтеп өтті. Қарағаным да жоқ, қуғаным да жоқ, өз жөніммен мен де кетіп барам. Үшінші айналғанда бала өте жақын келді. Онда да көңіл аудармадым, мойнымды бұрмастан жүре бердім. Төртінші рет бала мүлдем жақын келді.
— Шақшаны таста! — деп бұйырып өтті.
Бала ілгері асып кеткенше ежелден ердің артқы қасына орай салған жіңішке арқанның тұзақты басын оң қолға ыңғайлап, екінші ұшын сол қолға орап-ақ алдым. Тек бала байқамаса екен деп тілеймін. Ат үстінде елірген жас бала не байқаушы еді.
— Шақшаны таста. Бәрібір жібермеймін. Артыңнан жігіттер жеткенше тақымдаймын, — деп шіңкілдейді бала. «Қалмағаның ғой маған да керегің» деп қоямын ішімнен. Не керек, елірген бала әбден құрық салатын жерге келгенше сыр білдірмей, ақыры оныншы рет пе, әлде онанда кеп пе, әйтеуір бір таяп келген кезде ақ байталдың мойнына бұғалықты тастап келіп жібердім де, керіп кеуделеп кетуге жібермей үзеңгіге шіреніп тартып-тартып қалдым. Бие кілт тоқтап қылжаң ете қалды. «Іс бітті!» дедім мен дауыстап. Сонда да бой алдырмай шірене тартып, биенің бауыздауын қиып жіберердей жұлықтым. Жануардың қырылы құлағыма келді. Бала бақырып қоя берді. Еш нәрсеге де қарағаным жоқ — арқанды құлын ұстағандай саумалай, төрт тағандап сіресіп тұрған ақ байталдың тізгініне де жармастым. Бие дір-дір етеді. Балада өң де жоқ, түс те жоқ. Жалма-жан аттан түсе қалып, бұғалықты сыпырып жіберіп, биенің тамағын сипадым, қырылын тоқтаттым. Көк мәштектің ерін сыпырып биеге салдым. Атты балаға ұстаттым да, үн қатпастан ақ байталға мініп алып жөнеп бергенім бар емес пе...
Мәмбеттің өз аузынан естіген әңгіменің бірі осы еді, Ақ байталдан өзге де оның сан жырын Нұрым талай тыңдаған-ды. Ол: «Әй, Мәкең! Әй Мәмбет! Сенің ісіңнің бәрі білгенге жыр, білмегенге сыр-ay. Тағы да осы сияқты біреудің жүйрігін алып кетті ме екен? Әлде ана жылғы уезд қол астын шулатып Лұқпан болысқа жасаған шабуылындай бастықтарды әлекке салды ма екен? «Соңыма хан мен қарасы жабыла түсті» дейді. Сондай бір іс бар ғой» деп ойлады Нұрым.
Кездейсоқ жолыққан жұмбақ жүрісті Мәмбеттің ойда жоқ жерден атаған Пазылы Нұрымның туған нағашысы — Шағаттың баласы еді. Оның қалада тұратынын Нұрым білмейтін. Шамамен үйін тура тапты да, Пазылдікіне ол сәлем беріп кіріп келді.
— Уә, тентек жиен! Әнші жиен! Жоғары шық! Жоғары шық! — деп ақ жарқын Пазыл құшағын жайып, Нұрымды аймалай түсіп. — Ойпырмау, сен жылына бір аршын өсесің ғой деймін. Былтыр бойың менімен бірдей еді, қазір тура бір аршын, жоқ, екі аршын өскенсің.
— Жас еседі, жарлы байиды ғой, — деді Нұрым сасып, белгілі мақалды өңіне айналдырып.
— Жарлының байығанын көре қойғаным жоқ, ал сенің өскеніңді көріп тұрмын. Апам мен жездем аман ғой?
— Аман-ақ, сәлем айтты, — дей салды Нұрым.
Бірақ ол қызарып кетті. Оның үйден қашып кеткені, Пазылдікіне түсемін деген ниет бұрын ойына да келмегені, қазір жалған сөйлеп «сәлем айтты» дей салғаны бейне бір ауыр күнә сияқтанды. Бірақ Пазыл оның бұл «күнәсін» сезген жоқ еді.
— Сен де жасаққа жазыла келдің бе, тентек жиен? — деді Пазыл әлденеге ренжігендей, тез түсі өзгеріп.
Өзінен-өзі қысылған Нұрымға бұл сұрақ жолда кездескен Мәмбетті қайта көз алдына алып келді.
— Пазеке, жаңа жолда әлгі Мәкеңді кездестіріп едім, өзі суыт жүріспен желдей есіп бара жатыр. О да жасаққа жазыла келдің бе? Жазылсаң менің жасағыма жазыл дейді. Тіпті соңыма ер деп жармасты. Шамасы қалаға келген жұрттың бәрі тек хан жасағына жазылу үшін келеді ғой деймін. Сіз әлденеге ренжіп тұрсыз ғой, қабағыңыз... — деді ол.
Сөйтті де түрегеліп тұрған Пазылдың еңкіштеу келген нық денесін, қызыл тамырланған бетін, көсе иегін, кіртиіңкіреген көзін, әлденеге шытынай қалған қабағын көзбен бір шолып өтті.
Мәкең деген сөзге Пазыл құлағын тіге қалды.
— Мәкеңің кім?
— Кәдімгі Мәкең. Әкесінің атын ұмытып қалыппын.
— Дүниеде не көп, Мәкең көп.
— Жоқ, бұл өте аз Мәкең. Кәдімгі шойқара Мәкең.
— Мәмбет пе?
— Ия.
— Оразбайдың Мәмбеті! Ол қай жерде кездесті?
Пазылдың қабағы енді жазыла түсті, жүзіне таңырқау нышаны пайда болды.
— Кәдімгі балуан Мәкең. Мықты Мәкең. Домбырашы Мөкең, — деп, Нұрым Мәмбеттің бар қасиетін үйіп-төгіп тастады. — Оған неге таңдандыңыз, Пазеке? Астында баяғы дәу қара аты. Жүрісі де сол екпінмен үй жыққандай. «Әңгіме бар... бүгін кешке сөйлесеміз» деді. Өзі Ғұбайдолла учительдікіне бара жатыр.
— Тсс! — деді Пазыл біреу естіп қалатындай. — Ақырын сөйле, Нұрым. Не көп, тыңдаушы көп. Мәмбетті іздеуші көп. Бүтін қала болып іздеп жатыр...
Нұрым да дауысын бәсеңдете қойды.
— Ия, ол не жасапты соншама қала болып соңына түскендей?
— Оны мен айтпаймын, сен тыңдама. Сұмдық. Сұмдық емес-ау, үлкен оқиға, жұрттың тегіс аузында.
— Болар, болар. Мәкеңнен шығар. Дегенмен не істеген екен?
— Мәмбет Оразбаев десе жылаған бала жылағанын қоя қоятынын білесің ғой. Ол осы жаздың басында он шақты жігітімен келіп, Жаншаның жасағына жазылған-ды. Өзі орысша білетін, өзі күшті, не істеймін десе де қолынан келетін Мәмбетті осындай бүкіл әскердің ат-жабдығын басқаратын үлкен начальник етіп қойған. Жаншаның мінетін арғымақтары да, командирлердің ойынға жетік аттары, солдатқа арналған жылқының бәрі сол Мәмбеттің қолынан өтеді. Ол ат беремін десе береді, Бермеймін десе Жаншаның өзіне де бермейді.
Кеше подполковник Кириллов Мәмбетті шақырып алып:
— Ат саны азайып кетті, сен салақтық жасап ат ұрлаттың, қарамайсың, — деп ұрысқан екен.
— Мен саған бағынбаймын, казак-орысқа бағынғаным жетті. Маған сен қожа емессің, — депті. Кириллов оны гауптвахтыға қамауға бұйырған екен, айдап барамын деген екі солдатты ұрып жығып, Кирилловтың кеңсесіне кіріп келіпті де:
— Осы сағаттан бастап кет, атаман Мартыновыңа бар. Әйтпесе басыңды кесіп аламын, — депті. Сөйтіпті де Кирилловтың қолындағы наганын жұлып алып, екі қолын артына байлап, есікті сыртынан тарс бекітіп шығып кетіпті. Сыртта тұрған қазақ жігіттері білмепті, білсе де Мәмбетке қол қата алмапты. Ал, қолын шешіп босатқаннан кейін Кириллов: «Ұсталсын, әскер сотына берілсін!» деп жарлық еткен екен, еш жерден Мәмбетті таба алмай, бүкіл қаланы тінттіріп жатыр, деп еді, шамасы ол қырға шығып кеткен ғой...
— Көзіммен көрдім, Шідертінің бойында... — дей беріп еді Нұрым.
— Тсс! Үндеме! Тісіңнен шығарма! — деп бөлді Пазыл Нұрымның сөзін. — Онан да зоры бар «көрдім, білдім» дей көрме. Арон төре оны: «Қызыл. Окоптан қашып келген большевик, хан әскеріне жасырынып кіріп бүлік жасау ниетінде жүрген бұзылған Кердерілердің адамы» деп жариялапты. Бұзылған Кердері деп кімді айтатынын білесің бе?
— Кердері көп қой, Пазеке-ау. Қайдан білейін. Ой, жігіт! Жігіт болсаң осындай, Мәкеңдей бол! Кәдімгі жанаралды байлап кетіп пе? — деп таңданды Нұрым.
— Кердері көп болғанмен мынау басқа... Мәмбетті «бұзылған Кердерілердің адамы» дегені әлгі қызылдар жағында дегені. Әйтиев пен Бақытжандардың жағында дегені... — Нұрым қабағын кере қалды.
— Әйтиев біздің елде ала жаздай болды. Аладай емес, жазғытұрым, екі айдай жатты. Бұзылған деп бекерге өсектейді. Нағыз елін сүйгіш учитель. Көкем оны жақсы көреді. Біздің Хакімдердің ақылшысы. Егерде Мәмбет Әбекеңнің адамы болса — онда ақылшы адамды тапқан, — деді Нұрым.
Пазыл бұл әңгімені қазбалағысы келмеді. Ол:
— Оны енді көрерміз, — дей салды екі ұшты етіп.
«Әбекеңнің адамы болса, ақылшысын тапқан» дегенге үй иесі іштей жек көрмейтін бір жарқын шырай көрсетті; ол жоқ сақалдың орнын бір сипап өтіп, сонсоң сиректеу келген селеу сары мұртын сәл ғана шиыршықтап қойып, аз отырды да, Мәмбеттің мінез-құлқына көшті.
— Қалай деуге болады, мұндай жігіттерді: дене десең анау томардай жұп-жұмыр. Бет алқа-салқа. Бір-бір жұмырығының өзі салмағымен де қазықты жерге кіргізгендей! Жүрген жері, кәдімгі шабындықты жарып өткен жанның жолындай жапырылып қалады десе боларлық. Мұндай жігітті жойқын демей ме! Солай, ә?! Құлқы да, мінезі де қызық қой оның. Бір күні ауылдың бар әйелі, үлкенді-кішілі барлық жеңгелері жиналып алып: «Осы қағынғырды жабылып жығып, тері шалбарын сыпырып алып басына қаптайықшы. Қолы темірдей, ұстаған жерін көгертеді, алыссақ алып соғып киіміңді басыңа бүркеп тұншықтырады, асыңды жасырсаң түп көтере ішіп-жеп, барыңды біржолата құртып кетеді», — деп уәделесіпті. Сөйтіп бәрі бір үйге жиылып, он бес әйел Мәмбетті шайға шақырыпты, біреулері тіпті Мәмбеттің қол-аяғын байлап тастаймыз десіп, бұзаудың ноқта жібін әзірлеп қойыпты деседі. Не керек Мәмбет келіп, қаннен-қаперсіз май мен нанды асап, қызыл шайға қол қойған кезде, көбірек әзілдесіп, алысып ойнай беретін бір мықты жеңгесі:
— Құрғыр, әрірек қисайшы. Кескен томардай болып, бүтін төрдің алдын бір өзің алып жамбастап қалыпсың, — деп шынтақтай түсіпті де, әзір тұрған басқалары жабылып Мәмбеттің үстіне үйіле қалыпты.
— Әй, сендер ана шынаяқты қиратасыңдар. Маған отызың жабылсаң да еш нәрсе ете алмайсыңдар. Абзалы қойыңдар. Оңдырмаймын дейтін көрінеді Мәмбет.
Не керек аздан кейін у-шу болып жатқан үйге ауылдың қатын-қалашы қалмай шұбырып келсе, он бес әйелді төрдің алдына буған теңдеп етіп, өзі бәрінің үстінде отыр дейді. Ең астында қалғандар тұншығып өліп қала жаздаса керек, ал үстіңгі жағындағылары құлында-құлыны шығып шыңғыратын көрінеді. Өйткені тыпыршығандарын «тыныш жат!» деп сандарынан бір-бір үзіп, шымшып-шымшып алады екен...
Нұрым күлкіден шексілесі қатып қалды.
— Ана жылғы Күрленнің ақ байталын мініп кеткенін, оны екі елдің дауына айналдырғаның айтсайшы, — деді Нұрым күлкісін жия алмай.
— Мәмбеттің қызығы ақ байтал ғана емес, оның әңгімесі бір кештік. Бір кешке де таусылмайды. Окоптан қалай қашқанын айтсайшы оның. Ол бір жыр. Жырдан да қызық. Қызығынан да ерлігі көп. Сонау Ресейдің төрінен Жайыққа жеткенше істемегені жоқ. Ақ байтал Жайықтан өткеннен кейін кездескен оқиға ғой.
— Ия, — деп Нұрым Пазылдың әңгімесіне құлағын түре қалып еді. Бірақ үй иесі:
— Оны кейін айтып беремін. Жұмыстан келген соң. Қазір мен де асығыспын, сен де дем ал, тамақ ішкен соң жат та ұйықта, — деді.
Нұрым амалсыз көнгендей:
— Жұмысқа асығып тұрсыз ғой, әйтпегенде Мәмбеттің жайын естіген қызық еді. Малды түнде соясыздар ма?
— Түнде де соямыз, күндіз де соямыз. Мына әскер басы құралғалы екі дүркін істейміз. Менің кезегім түнге келіп тұр.
Пазыл шайды асығыс ішіп қасапқа кетті де, жалғыз қалған Нұрым өз жайын ойлаумен болды. Оған Мәмбет те, Мәмбеттің «менімен бірге жүр» деген сөзі де әлдеқайда жетектей түскен сияқтанды.
Етке дейін де, ет жеген соң да бар ойы Мәмбетке жолығудың айналасына орала берді.
3
Атпен алпыс шақырым жер жүріп келген Нұрым қатты ұйықтап қалған-ды. Және оның неше күн бойы бір толқып, бір басылып, домбыраның шегіндей керілумен келген жүйкесі қалпына жаңа ғана түсіп, рахат тынысына батып жатыр еді.
— Шаңқай түске дейін шырт ұйқыда жатырсың. Олда-білдемен атыңды әрең алып қалдым. Онда да әйтеуір жақын жігіт кез келген соң ұялғаннан тастап кетті, — деген таныс дауыс құлағына ап-анық келіп жатқан сияқты. Бірақ Нұрым бұл сөздердің мағынасын әбден ұқпады білем, енді ол аударылып оң қырынан жатты. Дауыс қайта басталды.
— Атың да көруге көз керек жануар екен: сауыры төңкерілген ақбақай кер! Омырауы есіктей, шіркіннің құлаң бітісі қалай, тура қамыстай! Жағында қармаққа шаншар ет жоқ. Бәйгені шаппай алып жүрген қыл құйрық қой дәуде болса, сіңірі мен сәкөйі көз тартады.
Пазылдың дауысы... Мен қайда жатырмын?.. Көзін ашқан соң да Нұрым кім үйінде жатқанын қапелімде жадына келтіре алмады. Ол тек қана Пазылдың үшінші рет келіп:
— Нұрым, жеңгеңнің шайы даяр тұр. Ұйқың қанған шығар, а! — деген тап қасынан шыққан дыбысына құлақ асты.
— А, Пазеке, сіз бе едіңіз. Мен түсім бе деп дел-сал болып жатсам. Ат дедіңіз бе? Не дедіңіз? Менің атым кетіп қалып па?
— Кетіп қала жаздады. Әрең алып қалдым...
— Оның ауылға тартатын әдеті бар.
— Ауылға тартса еш нәрсе емес, мына жайлап кеткен әскердің қолына түссе оны қайырып алу жесір дауынан да қиынға түсер.
— Ия, солдаттар айналдыра ма?
— Айналдырғанды қой, тура «қазынаға аламыз» дейді. Заң бар ғой — ат-айғырды еріксіз алатын. Әсіресе мына сияқты ақтабан керді тақымына басуды қай хакім жек көреді дейсің.
Ат жөнінде елде де қиян-кескіні өз көзімен көріп келген Нұрым:
— Бұл не қылған пәле, ат бермейсің деп елде милициясы сабайды, қалаға келсең қазынаға аламын деп әкіреңдейді, — деп, жалма-жан орнынан тұрып, киіне бастады.
— Бәрі кешегі шойқараның әлегі...
— Шойқара әкесін өлтіріп пе, соншама?
— Сен оның қызығын естіген жоқсың. Кешегі кешегі ме, бүгінгісін айт, — деп Пазыл жүресінен отыра кетті.
— Тағы не жасапты? — деді Нұрым.
— Түнде казармаға келіп, өзінің жолдастарын ертіп шығыпты. Бүтін казарманы басына көтерген дейді. «Казак-орысқа бағынбаңдар! Кирилловты екі қолын артына байлап, Оралға айдап жіберіңдер! Сендерді қызылдарға қарсы айдап салмақшы. Көнбеңдер! Ақ офицерлерді ұрып өлтіріңдер!» деп ұран тастаған дейді. Не керек, ақырында Кириллов мінетін көк арғымақты бас етіп ең жақсы деген аттарды көзінен тізіп, жеті ат жетектеп кетіпті...
— Қойшы-ай!
— Ойбай масқара! Түні бойы қаланың іші астан-кестең шабуыл. Мәмбеттің соңына бүтін офицер біткен түскен дейді. Бірақ ізім-қайым жоқ болған. Қайда кеткені белгісіз...
Нұрым қозғалмай, Пазылдың аузына қарады да қалды.
— Ол ұстатпайды, — деді Пазыл аздан кейін. — Мәмбетті ұстауға күш керек. Және ол тегіндікпен долға түспейді. Мүмкін ол осы күні баратын жеріне барып та қалған шығар.
— Баратын жері қайда?
Пазыл тағы да Нұрымның бетіне қарап тұрды да:
— Кердерілерге, — деп сыбырлай қалды.
— Оның несін сыбырлайсың, Пазеке-ау, айттым ғой онда ақылшысын тапқаны деп.
— Сен онда Мәмбетке қосылады екенсің, — деді қасапшы.
— Кім біледі, — деді Нұрым. — Сонымен Мәмбет «Кердерілерге» кетті ме?
— Солай. Кердеріге кетушілер көбейер әлі.
Нұрымға Пазылдың сөзі қатты ой салды. «Осы меннеге сол Хакімнің соңынан кетпедім!? Біріміз анда, біріміз мұнда болғанша — екеуміз, тәңірге тәуекел, тізе қосып бір жүретін. Жоқ, олай болмас... Мұнда Ораз бар ғой. Оразды көру керек. Соған ақылдаспай еш нәрсе істеуге болмас. Уәдеміз бар-ды» деген ойдың құшағында Нұрым жуынып-киінуге кірісті.
Шай үстінде ол Пазылдан Ораздың жатқан жерін сұрап еді, Пазыл оған Ораздың қашан келгенін, кімнің үйінде жатқанын, кімдермен ақылдасатынын да айтып берді.
— Жарке тігіншінің үйінде, жұмыс істейтін жері сонау почта беттегі әскердің жабдықтау махкамасы, — деді.
— Онда Оразды жақсы біледі екенсің ғой, — деп еді Нұрым, Пазыл:
— Жарке біздің қаланың көпке таныс тігіншісі ғой. Тігінші де, тігішінің үйінде жататын адамдар да белгілі, — деп күлді.
Бұл сөздің арғы жағында қандай сыр жатқанын Нұрым аңғара қойған жоқ, сонда да ол Пазылды тек мал союшы жұмысшы ғана емес, әр нәрседен хабардар, тіпті қалада не болып жатқанын бес саусағындай білетін, оның үстіне ішкі беттегі «Кердерілердің» не істеп жүргенін түсінеді екен деп шамалады. Әсіресе Мәмбеттің жайын толығырақ естуге құмартып:
— Сонымен Мәмбетті таба алмайды дейсің ғой. Тапса да қолға түсіре алмас дейсің, Пазеке, а?
Үйге жүгіре кірген Иба Нұрымның сөзін бөліп жіберді. Пазылдың жауабын күтуге де шақат келтірмеді.
— Ана өріп кеткен солдаттар жиеннің атына жармасып жатыр, шырағым-ау, сен бірдеме демейсің бе, шығып, — деп еріне айқай салды.
Нұрым мен Пазыл жалма-жан сыртқа ұмтыла берді. Бұл екі арада үйге домалана кірген бір кішкене кісі:
— Пазыл, мен әкелгенім жоқ оларды. Өздері қора-қорадан ат іздеп таң атпай тінту жүргізіп жатқан. Мына қонағыңды көрген ғой. Белгілі әңгіме ат алу деген. Қайдан келген қонақ еді? — деп, бір жағы Пазылдың алдында ақтала, бір жағы қонақтың жөнін білуге тырысты.
— Сен әкелмесең иіскелеп табатын ит емес қой олар...
— Оллаһи, мен әкелгенім жоқ. Сіздің үйге солдат әкеліп мені құдай қара бастырып па, соншама. Айналайын, Ибажан, сен айтшы Пазылға, мен олардан бұрын келдім, мен үйге кіре бергенде келді. Өзің көрдің ғой, Ибажан.
Ақтала бастаған кішкене кісіге қолды бір сілтеп, Пазыл да үйден шықты. Аяғын адымдай басып Нұрым да көлеңкедегі байлаулы тұрған кер атқа жетіп барды. Аттың тізгінін шешіп қолына алып үлгерген қазақ солдаты:
— Мынау кер ат кімдікі? — деді Пазылға паңдана сөйлеп.
— Иесінің аты, — деді Нұрым қатал үнмен.
— Жәке, бұл менің қонағымның аты, менің жиенімнің аты, — деп, Пазыл бастырмалата қалды, Нұрымның қатал лебізін жуып-шаюға тырысып.
— Ия... — деп созды әкім дақпа-дақтап. — И-есінің аты! Дұрыс жауап екен хұкімет адамына. Иесінің аты кім? Ол кімнің шекіресі?
Шірене сөйлеген солдатқа Нұрым қадала көз тікті де, жүрегі лүп ете түсті. «Мынау сол жексұрын... Бір пәленің басы болмағай тағы да...» деп ол аяқ астынан ұшыраған қатерлі ойдың құшағында қалды, Бірақ ол жалма-жан жүзін бұл өзіне таныс шамбыл сарыдан бұрып әкетті.
— Жоқ, Жәке. Жиен танымай жатыр ғой сіздің қандай хакім екеніңізді. Әйтпесе ол тура жауап қатады ғой, хұкімет адамына. Оның өзі де жасақшы. Осында ғаскерге жазылуға келген, — деп Пазыл жаймалай бастады.
Теріс айналған Нұрым Пазылға көзін қысып қалып, «кім екенімді айтпа» деген ым қақты. Әлдене бір керексіз сөз айтып қала ма деп қысылып, Пазылдың алдын орай, қай жерден келгенін бұра сөйледі.
— Сонау Дуана болысынан старшын ғаскерге жазыл деп жібереді. Ал мындағы ғаскер «атыңды аламын, кімсің?» деп мұқшайды. Пазеке, қызың екен қалаңыздың тәртібі, — деді Нұрым.
Сөйтті де атының тізгінін ауланың жапсарына қайтадан байлай бастады.
Пазыл Нұрымның бұл болысын жасырғанын сезе қойды, бірақ оның неге олай еткенін түсінбеді. Сонда да ол ыңғайға көшіп:
— Ия, сонау Дуана болысынан .келген жиен. Енді аты да, өзі де қазыналық болады ғой ертеңнен бастап, — деп «түсіндірді» әкімді.
Бұл шамбыл сары жазды күні Аңқаты бойында әлек салған, кәдімгі Сүлейменнің биесін тартып аламын деп езін қамшының астына алған Маймақов болатын. Бірақ, жөні болып, ол Нұрымды танымады, әйтпесе аттан аударып тастап, қару-жарағын сыпырып тартып алып жаяу айдап қоя берген. Жұныстың тентек қарасын тани қалса, жақсылық етпесе-ақ еді. Бұл құдіретті әкім бойняның мал сойғыш Пазылы «қонақ менің жиенім» дегеннен кейін езіле түсті.
— А, жиенің бе?! Жақсы, жақсы, — деді әкім сары мұқамдап. — Дұрыс екен онда. Жиенің солдат бола келсе атын мобилизациядан қалдыруға болады. Сен үшін қалдыруыма болады. Ие, солай, реттеуіме болады. Мал көп сойыла ма, осы күні, Шағатов?
Маймақовтың етке назар аудара қалғаны тегін емес еді. Сол тегін еместігіне куә бола қалғандай оның жүзі де қаймақши қалды. «Ештеме жоқ па?» деген дәмету нышаны көкшіл көзі мен шикіл бетінде шылқып-ақ кетті. Екі көзі Пазылдың аузынан не жақсылық шығар екен деп аңдыды да, Нұрымды мүлде ұмытып кетті. Ал, осы өңірге белгілі салық жинаушыны етші Пазылда талай майлы жамбаспен сыйлаған болатын. «Пәледен машайық қашады», деп ойлап, үйіне келген қонағының атын арашалау ниетімен және әлденеге аты-жөнін жасырып қысыла түскен Нұрымның түрін көргеннен кейін Пазыл қипақдай түсті.
— Жәке, мал аздап сойылып тұрады. Пәлендей табыс жоқ, сонда да әйтеуір сорпа-су әзірге баршылық. Кешке... — деп Пазыл қасап иек қақты.
Шамбыл сары шапшаңдап бас изеді. Сөйтті де «іс бітті» дегендей:
— Ал біз жүрдік, — деді жанындағы қарулы жігітке: — Әлгі атаңа нәлеттің кесірі, — деп қалды ол әлденеге кіжініп. — Қорадан қора қоймай сығалауға тура келеді.
«Бір пәледен құтылдым» деген ой Нұрым мен Пазылға қаз-қатар келді білем — екеуі біріне-бірі қарап қабақ қағысты да, Пазыл енді «атаңа нәлеттің кесірі» деген сөзді түптеуге кірісіп кетті.
— Жәке, ол қандай атаңа нәлет? — деді таңданған пішін көрсетіп.
Бірақ әңгіме Мәмбет жөнінде екенін Пазыл бірден түсініп еді.
— Мен баяғыда айтқанмын, бар пәле Мәмбет сияқты содырлардан шығады деп. Кеше бастығымен төбелесіп, бүгін түнде өзінің жігіттерін ертіп қашып кетті. Мұндар! Соның кесірі емес пе, жұртты алакөлеңнен атқа мінгізген. Екі отряд қуып кетті. Қайда құтылар дейсің, ұстап әкеледі ғой. Мен сотталсын дедім. Кәдімгі стройдың алдынан өткізіп жазалау керек дегенді қолдадым, — деп мақтана қалды сары шамбыл.
Дұрысы: Мәмбеттің қай жаққа кеткенін де, оны қуғандардың қай жерден іздейтінін де бұл анық білмейтін. Оның үстіне қашқынды ұстап алып келгенше «бұл оқиға елге жарияланбасын» деген жарлық та болып еді. Бірақ әкімдікке. әкімдік сөз айтуға құмар, реті келген жерде өзінен төменгілерге бой көрсетуге бейім бұл салықшы Пазылдың алдында «ұлықтығын» салмақтай қалды.
— Апырмай, а! — деді Пазыл басын шайқап. — Ондай іске батылы барады деп кім ойлаған. Қарулы неме, қуғыншыға күш жұмсауы да ғажап емес қой оның.
— Менің қолым тимеді оны ұстауға. Әйтпегенде өзім-ақ байлап әкелетін едім. Ондай собалақтардың талайын жуасытқанмын, талайын қойдан қоңыр еткенмін. Биыл Аңқаты бойында, құлағына қол апартпайтын асау Жұныстың ауылын да жымдай еткенмін. Құдіретті қажының өзі келіп алдыма құрдай жорғалаған. Сол елдің жігіттерінен мықты дейсің бе, Мәмбетті! Өзіміздің алдымызда бір ауыз сөз сөйлей алмайтын Мәмбет қой, — деп қодырая түсті Маймақов.
Пазыл мырс ете қалды. Ал, Нұрым көгеріп кетті. «Мына итті не қылсам екен өзін! Жапалақтай ербиіп, ат үстінен бір тартуға келмеген сүмпек! Қара, мынаның сырттан мақтануын» деп кіжінді ол. Бірақ ол мырс еткен Пазылдың Маймақовтың өтірігіне күліп тұрғанын көріп жұмсара түсті.
— Жақсы. Мен соғамын, — деп, сары шамбыл атқа дік еткізіп қонды да, ауладан шыға жөнелді.
Пазыл басын шайқады.
— Тфу, мұндар. Мәмбеттің шынашағына тұрмайтын күйкентай, хан сыртынан жұдырық көрсетуін көрдің бе? — деді ол жерге түкіріп.
Маймақовтың ауылынан қалай кеткенін, қандай сыйлықпен аттанғанын Нұрым Пазылға бастан-аяқ жыр етті.
— Қазір де соны істейтін едім, әттең тек қаланың іші, жер тар, — деді ол.
— Пазылжан, мен емес Маймақовты жетектеп үйден үйге сығалатып жүрген. Оның неге келгенін енді түсіндің ғой. Мен әлгі... посемейный списокты тағы да мұқияттап тексеріп шығу үшін шыққаным, — деп жоқ жерден пайда болған шүңкиген кішкене кісі оң қолтығындағы папканы алып, сол қолтығына қысты. Күштің бәрі осында ғой деген жанша оны және оң қолмен сипап-сипап қойды.
— Списокке таңсәріден кіріскеніңіз бе? Әлде бұл жүртты бір жаққа қашып кетеді деп қорқасыз ба?
— Орнынан ертемен баспаса, жұрттың шаруасы бар, үйден таппайсың... Оқасы жоқ, сенің жаның белгілі ғой, Иба келін мен өзің ғана. Пазылжан, мына жігіт?.. Жаңылмасам көрдім ғой деймін...
— Көрмеген боларсыз. Елден келген, Дуанадан.
— Жоқ, көрдім, анық көрдім...
— Мен сізді бірінші рет көріп тұрмын. Сондықтан оныңыз қате, — деді Нұрым, бұл ұры адамдай көзі бір жерге тұрақтамайтын, керуге де сүйкімсіз кісіні бірден бойына жуытпай сөйлеп.
Кішкене адам да Нұрымның түрі мен сөзінің сұп-суық екенін сезіп, әңгімені доғара бастады.
— Мүмкін, мүмкін... Жақсы, жақсы, — деді ол әлденені қоштап. — Мен кетейін.
Сөйтті де күйбелектеп Пазылға бір қарап, Нұрымға бір қарап алып, өзіне-өзі:
— Дуанада мұндай жігіт кездескен жоқ еді. Мен онда талай болдым. Ол жердегі Қынықтың мен білмейтіні жоқ, — деп күбірледі.
Пазыл оған жауап қатпады. Нұрым атының тер қатқан сауырын сипап кетті.
— Адамның жексұрыны, — деді Пазыл кішкене кісі қақпадан шығып кеткеннен кейін. — «Күндегісі осы, жетіп келеді де тұрады. Себеп жоқ жерден себеп табады. Және айтпайтыны жоқ. Біресе Жаншаны мақтайды, бұл патшамен сөйлескен қаза деп күмпілдетеді. Біресе қызылдар келіп қалыпты, Текені алыпты. Енді Жымпитыға келуге жиналып жатқан көрінеді. Кердерілердің әдресін білесің бе!» — деп сыбырлайды.
Нұрым бұл сөзге құлақ аса қоймады. Ол тек атының енді жалын тараштап тұрып:
— Мәмбет... апырмай, кешегі сөзін айтамын-ау. «Маған ер, менің жасағыма жазыл» дейді. Ергенде қызың болады екен?! — деп басын шайқай берді.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Ісі жұмбақ, өр мінез Мәмбетке Нұрым енді қайтып кездесе алмады. Оған Мәмбеттің аяқ астынан тап болған жойқын оқиғасы себеп болды. Ол оқиға былай.басталып еді.
Жолда Нұрымға кездесіп, «Кешке қайта ораламын, сені де ертемін» деген Мәмбет атының басын атақты Ғұбайдолла Әлібековтың үйіне тіреді. Ғұбайдолланың қысқы қыстауы да, жаз жайлауы да қатар — Қамысты көлдің жағасы болатын. Қамысты көл Жымпиты қаласынан он жеті шақырым, атпен жортқан Мәмбет сияқты суыт жүрісті жандарға сүт пісірім ғана жер-ді. Сәлем де берместен іс-міс жоқ, үйге кіріп келген Мәмбет:
— Ғұба-ақа, ана төренің басын кесіп алып қанжығама байлап жүрмесем, менің Мәмбет атым өшсін, — деді.
Он алтыншы жылы Лұқпан болысты ауылынан алдына салып бұзауша айдап алып кеткен, сонау ішкі Ресейдегі окоп жұмысынан қашып келген, қалаған атын мініп, көздеген жеріне қолы жетіп жүрген заманның батыр Мәмбетін Ғұбайдолла учитель жақсы білетін. Ол оған бұрын талай ақыл да айтқан, жарамсыз істерден жолын да бөгеген. Сондықтан Ғұбайдолла Мәмбеттің жүрісіне де, сөзіне де таңданған жоқ. Оған сұсты жүзін бұрды да, өзінің нақылды үнімен:
— Мәмбет, сен көптен бері көрінбей жүрсің, жұмысбасты шығарсың. Алайда, өнбойы қалада болғанша сахараға жиі шығып тұруың қажет. Сен қаладан шыға алмайтын чиновник емессің ғой, — деді.
Сөйтті де, екі көзін Мәмбеттің ерекше кескінінен айырмай, аузын ашып қалған баласына:
— Мержан, мына ағаңа қымыз жұтқыз, аңсап келген шығар, — деп жайбарақат адамның міз бақпас қалпын көрсетті.
Ірі жүзді үлкен әкенің елібінен гөрі, таразы анасына тартыңқырған өткір көзді сұлу шәкірт, молда алдын көбірек көрген балаша, әдеппен бас иіп шығып кетті.
Учитель ақырындап сақалын тараштап, қалың шашын дүрдиіп тұрмасын деген адамша, сол қолымен сипап жатқыза түсті; түрулі тұрған есіктен далаға көз жіберді, әлденені ойға түсіргендей, етті келген қалың қабағын жазыңқырай бастады, басын да шалқайтыңқырап орындыққа жайласыңқырап отырды. Ол Мәмбетті өзіне де, сөзіне де аса назар аудара қоймаған адамның пішінімен сабырлы қалыпта қалса да, ішінен ойлай бастады. «Төренің басын кесіп алып қанжығама байламасам, менің Мәмбет атым өшсін» дейді. Мұның қолынан бас кесу де келер, бас қорғау да келер. Бір келіспес жағдайға кездесті-ау шамасы.
Бәсе, әскердің атшы офицері болып ат жабдығын басқарып қана отыра алмас деп едім. Мұндай жандардың жапырып іс істемесе көңілі көншімейді. Жүрген жерін шулатып кететіні де содан...
Аз уақыт учитель үнсіз қалды. Мәмбет те ілкі екпінін баяулата түскендей болды. Жалғастыра тіл қатпады. Үй қожасының рұқсатын да, иек қағуын да күтпестен келген бойдағы адымдап озған үй теріне таяу кілем үстіне отыра кетті де, тап сол мезетте шәкірт Мерхайырдың екінші үйден қос қолдап көтеріп келген үлкен көрсең қымызына бас салды, оны ойсырата жұтып-жұтып жіберіп, бір демде жарыдан төмендетіп-ақ тастады. Ғұбайдолла киіз үйдің оң жағындағы стол жанында арқасы тік, биік орындықта отыр еді. Ішіне қырық-елу адам мол сиярлық сегіз қанат кең үйдің іші стол мен орындықтар қойғанға тарылмаған, төрге таман отырған сом денелі Мәмбет едәуір жерде, кішірейіп қалғандай көрінеді. Ол қымызымен болып жатты да, аз уақыт учитель өз жайы мен өз ойының құшағында қалды. Екеуі екі жерде отырғандықтан ба, кім білсін, әйтеуір бірі мен бірінің ісі жоқ адамдар тәрізді. Шыны: қарауға да бұл екі жан ұқсас жағы жоқ — екеуі екі басқа; түрі де, ісі де бөлек, екеуі де екі әлемнің адамы дерлік. Бірі Европа салтына көшкен, учительдік семинарияны бітіріп, көп жыл бойы бала оқытып, білімді ғалым, ақылды ұстаз атанған атақты адам. Оның үстіне сырт пішіні де ішкі ұлықтығына сай өте айбынды жан: жалпақ бетті, маңдайлы, қалың қасты, шеңберлі мұрынды, қара сақалды, қалың қара қоңыр шашты, толық денелі адам. Өзгеден бөлек қабілетіне өзгеше сұс беріп тұрған оның ұзын және қою шашы. Ол кезде шаш қойған жандар сирек — ілуде біреу болғандықтан, Ғұбайдолланы көп жұрт: «Жеті қат жер астындағы Нужум ғылымын бітіріп шыққан Абуғали Сина сипатты» десетін. Онан молда-қожалар ығатын, әкімдер аулағырақ жүретін. Оның үстіне Ғұбайдолла Әлібек ауылы атанған дәулетті, оқымысты ағайынды Әлібековтердің үлкені болатын. Орыс-қырғыз мектебінде оқып, орта білім алған інісі Хамидолла ел билеу ісімен айналысса, кішісі Ғалиасқар Әлібеков Реальное училищені бітіргеннен кейін «қызылдарға қол бергендердің бірі» еді. Оның бұл күнде не істеп жүргені жұртқа аса аян емес-ті.
Ал, жүрісі мен түрінен көрмеген адамның жаны шошырлық және әңгімені төренің басын кесуден бастаған жойқын жолаушы да атақты. Оның атағы басқа түрде. Мектеп босағасын аттап көрмеген Мәмбет орыс тіліне оқығандардан жүйрік, көргені де сахара халқының кебінен артық. Жас шағын Жайықтың арғы жағасындағы казак-орыс байларының малын бағып, оны күз базарға айдасып, ішкі ірі қалаларға жеткізісіп өткізген жан. Ол қысқа да емес, аса ұзын да емес, жуан да емес, бірақ сом келген жұп-жұмыр, жұлқынса үзбей тынбайтын, кәдімгі талай-талай қармақтан да жырылып, маңайды жайпап, қолындағыны үркітіп, бір көлді бір өзі ен жайлап жүрген қара шұбар шортан сияқты; ерегессе екі кісілік әлі бар, кеуделіге кегін жіберіп көрмеген, тойда жығып, топырда жапырып келген Мәмбетті; өңі қара қошқыл, ет бетті, қасы сирек, қабағы жазық; көзі әлде желге, шаңға көбірек тосылғандықтан ба, әлде аңдаусызда бір нәрсе тиген бе — әйтеуір ағы қанталаңқыраған қызылтарғыл. Ал, оң құлағының қалған шеміршегі үлкен етіп ойың салғандай, кетік мұрны бетіне лайық — әрі етекті, әрі ірі; бойы аса ұзын, өзі аса етті болмаса да жұмыр сом біткен денені отырған орнынан екі кісі қозғалтар емес, нық, бейнебір өңдеуге қарсы бұтағы мол, жонуға қабығы қалың, дауылға иілмейтін жатаған келген даланың емені сияқты. Мәмбеттің жасы отызға иек сүйеп қалған болуы керек, өйткені Нұрым сияқты жиырма-жиырма беске келген жігіттер оны жә «Мәке», жә «Отағасы» деп тіл қатысады.
Оқымысты учитель мен кескен томардай осы адамның арасында желім боларлық нәрсе жоқ сияқты — не мінезде, не іс-әрекетте, не сана-салтта ешбір ұқсастық байқалмайды. Бірақ қазығына айналған аттай, суыт жүрісті Мәмбет оқта-текте осы атақты адамға «сәлем» беріп кетеді. Әсіресе өмірдің бір оқыс кезеңдерінде келеді. Ақыл сұрағандай оғаш сөздер тастайды. Бұдан екі жыл бұрын: «Лұқпан болысты желкесінен қысып отырып списогін түзеттірдім: менімен жасты інісін отыз бесте де жазыпты» деп бір келген. Сонсоң «Қорлық-ызасы өткен Күрлен правительдің тірі жанға ұстатпаған күмістеп алтын жалатқан сары ала шақшасын ұстадым.
Басқаның тақымы тиіп көрмеген аң байталын алып келдім деп баяндағаны бар-ды. Ол екі істің екеуі де екі болыс елге бітіспес дауға айналып, аяғы Мәмбеттің елден кетуімен тынған-ды. Ал, қазір «Төреңнің басын кесіп алып қанжығама байламасам атым өшсін» деп серт етті. Бір жақсы жері бұл соңғы іс әлі орындалмаған, күш көрсету ғана сияқты, «білімді Ғұбайдолла не дер екен?» деп алдынан өтуі ме қалай? Ол тосын сөз қатып, өзіне лайық әкелген үлкен көрсең ащы қымызды дем алмастан көтеріп жатыр, әдемі қара торы жас шәкірт оның өзіне де, қымыз жұтысын да таңырқай қарап тұр. Шәкірттің шәкірт екені, гимназистер киетін жұқа қара мауыт бешпет-шалбарынан да, таразы келген түрі мен әдепті тік тұрған қалпынан да, учитель отырған столдың шетінде жатқан тіл құралы мен есеп кітапшасынан да көрініп тұр.
Мәмбет сарқылуға таяу қымызды жерге қоя салды да:
— Күн санаулы төреңнің, Ғұба-ақа. Айттым ғой, басын кесіп алып қанжығама байламасам Мәмбет атым өшсін деп, — деді ол тағы да Ғұбайдоллаға сынағандай тура қарап.
Мерхайырдың жұқа қабағы шытынай қалды, ол әлденеге денесі түршігіп кеткендей, Мәмбет пен әкесіне кезек қарады. Оның барлық бет әлпетіне «папа, мынаған қой десейші» деген жалынышты шырай жүгірді. Бұл жолы Мәмбеттің бұл ожар сөзін ақыл арнасына бұру қажет деп білді ме — учитель оған енді ғана туралап қарап, оның өзгеше бейнелі күрт жүзіне көзін тікті. Бір сәт ол сыр тартқандай көзін бақты: талаураңқыраған көзден ерліктен өзге босаңдық белгі таппады да: «Бұл ойлағанын орындауға бел байлаған екен. Төресі қай төре? Егерде билеуші әкімдердің бірі болса, ол оңай бас кестіре ме, кестірсе мұны өзгесі әлек етпей ме? Қалай болғанда да бұл бір оқыс іске белін буған жан екен» деп ойлады.
— Сен, Мәмбет, — деді Ғұбайдолла өктемдеу қоңыр үнмен. — Өжет ойыңды жасырмай айтып саласың. Көбінесе істеген ісіңді жайып тастап: міне мынаған не дейсіңдер, мұны қалай деп табасыңдар? Мен сындырарымды сындырдым, жапырарымды жапырдым, — деп келесің. Мұның ерлігің, ақтығың. Ал, қазір бір ойранды жарамсыз жолға бет алғаныңды айтып тастадың. Бұл әрі келіссіз, әрі ұғымға қонбайтын іс және түсініксіз сөз. «Басын кесіп қанжығама байламасам ба» деп серт еткенің қай ұлықтың басы? Мұндай жарамсыз іске неге бел будың? Күнәлі жандардың біріндеп басын кесумен қай ата-бабаң әділдік орнатып еді?
Мәмбет бөгелмеді.
— Қалада бұзық төре біреу, Ғұба-ақа. Оның бұзықтығы елге аян. Және Мәмбет айтпайды, айтса айтқанынан қайтпайды, ондай бұзықты аяғынан тік бастырып қоймайды.
Ол осы сөзді дәлелдегендей, безерген пішінмен бір шынтақтап, отырған орнында қисая бастады. Оның бұл бір беткей мінезіне учитель көзінің аласын көрсетумен ғана тынды, басқаларға баса айтып, ақыл тезіне салуға әдеттенген ұстаз бұл жолы үнін жұмсартыңқырап сөйледі. Көбіне Мәмбеттің ашық сөйлемеген сөз бұлдырын айқындатпақшы болды.
— Төре деп, бұл күнде жұрт хұкімет қызметіндегі лауазым иелерін атап жүр. Ал бұрын қазақ жалғыз ғана хан болып нәсілі сұлтандық атақ алып келген ақсүйектерді «төрелер» дейтін. Мәселен: Нұралы хан, Жәңгір хан, Қаратай хан, Айшуақ сұлтандар төре атанады. Біздің Күсеп тұқымы да төре. Сондықтан...
— Мен бір ғана төрені білемін. Ол белгілі бұзық Арон төре, кәдімгі окопқа жігіттерді желбезегінен тазген сазандай етіп айдаған Арон. Менің кесетінім соның басы, — деді Мәмбет оның сөзін бөліп.
Өзі жақында ғана Жымпитыда көрген сары ала шенді полковник Аронның басын кесіп-ақ алғандай, Мерхайдар көзін жұмып қалды. Нәп-нәзік бет тамырлары денесінің шіміркене қалғанын айқын көрсетіп жиырыла түсті.
— Сен шыға тұр, Мержан, — деді учитель баласының үрейлене бастағанын байқап. Бала әдеппен басын иіп қалды да, ақырын ғана есікке жылжыды.
— Ия, Арон төре, ол ұлың төре. Сенің жолың басқа, Аронның лауазымы бір басқа. Сен ғаскердің ат-жабдығын басқармайтын ба едің? — деп еді Ғұбайдолла, Мәмбет ілесе істің мән-жайына көшті.
— Әңгіме аттан шығады. Ақметші берген үш көк арғымақтың бірі жоғалып кетті. Аттың қашатыны бар, сірә жем беріп баққан жеріне кеткен болар. Соны подполковник менен көрді, бұл соның мінетін арғымағы еді, — деп Мәмбет подполковник Кирилловпен шатасқанын, оның гауптвахтаға салуға тырысқанын, бірақ Мәмбет екі солдатты ұрып жығып, қайтып келіп подполковники байлап тастап, қаруын сыпырып әкеткенін айтты.
— Мені Кириллов баяғыдан білетін. Мергеневканың бай казак-орысының баласы. Мен олардың екі жыл малый баққанмын. Маған бұрын да талай қолы тиген, мен де қарап қалмағанмын. Зәбір берген соң ақым үшін атын мініп кеткенмін. Бұған көп жыл өтті. Сол адам сабап үйренген казак-орыс маған конокрадсың деп ақырды. Мен оған: сен мықты болсаң ана қызылдарға көрсет күшіңді. Ертең көтіңе дүре салып қызылдар саған ат бақтырады дедім. Егес осылай басталды.
— Кирилловке кеткен кегіңді Арон төреден алмақсың ба?
— Жоқ, Кирилловке кегім кеткен жоқ. Ал, Ароның жер бетінде тірі жүруге тиіс емес. Менің түбімді қазып жатыр. Он алтыншы жылғы Лұқпан болысты желкелегенімді, окоптан қашып келгенімді бетіме басып, сен қызылдарға қол берген бұзықсың, сені дарға астырамын деп жатыр.
Арғы жағын Ғұбайдолла мұқшап сұрамады. Бұл әкім қараға бас имей келген «Шойқараның» Жанша әскерімің бастығы Кирилловпен ғана емес, полицмейстр Арон торемен қарсыласып қашып шыққан әрекеті толық көз алдына келгендей болды. «Мұны ұстаса соттайды. Соттаса не болары белгілі ғой. Мұны қайда жасырып, қалай арашалауға болады? Бұлар менің өз басымды да...» деген ойын түптетпестен Мәмбет:
— Ғұба-ақа. мағaн Ғалиасқардың қай жерде жүргенін айт. Mенсоларға қосыламын. Және жалғыз қосылмаймын — мына .хан жігіттерінің ішіндегі серіктерімді ала кетемін , — деді.
— Ғұбайдолла бұл соңғы сөзге құлағын тіге қалды. Тәжірибесі мол, өмірдің сан қилы жасырын астарын байқап көріп отырған учительге «Ғалиасқарға қосыламын» деген талап жоқ жерден табыла қалған ақыл сияқтанды «Бірақ қалай қосылады? Ғалиасқар қай жерде қазір,? Хан жігіттерінің арасындағы серіктерін бұл қалай алып кетеді? Өзі барып қақпанға түсіп қалса, өкінішті кете ме? Арон төрені өлтіремін деуі де хауіпті іс?» — деген сұраулар оны сан тұйыққа тіреп, күрмей берді. Мұғалім бұл қиын жұмысты ақылға салып шешпекші болды.
— Мәмбет, сен біздің қырдағы күтірге бар да жат. Іші таза, өзі оңаша, көзден таса жер. Өрістегі жылқышылар келіп мазаңды алмаса, ешкім бармайды. Тамақты жігіттер жеткізіп берер. Басқасын соңынан сөйлесерміз, — деді.
«Күтірде жата тұр» деген сөзге ойланғаннан кейін Мәмбет те көнді. Бірақ оның ойы Ғұбайдолланың ойлағанынан әлдеқайда басқа еді. Ол өзінің елден өзге оғаш мінезіне бақты — оның тағы да жұрттың аузынан түспес бір істері айқындала берді.
Қамыстыкөлден төрт-бес шақырым төмен, Қашар-сойған беттегі қос күтірге барып, жан-жақты көзбен бір шолды да, Мәмбет ымырттатып қалаға қайта оралды.
2
Ол Ғұбайдолланың: «Күтірде жата тұр, басқасын соңынан сөйлесерміз» деген ақылын алған жоқ. Ол бұл оқымысты адамнан кеңес те сұрай келген жоқ-ты. Тек қана істейтін ісін және істеп салған ісін дереу мәлімдейтін ескі әдетінше айтып салған сөзі еді. Бірақ, учительдің күтірге иек қаққаны оған екінші бір жойқын ой салды. «Күтір оқшау тұрған бір қамал. Арғы жағы өріс, өрісте жатқан көп жылқы. Тоқтай тұр, сен Кириллов, мені конокрад дейсің?! Конокрадты мен саған енді көрсетейін. Тігерге тұяқ қалдырмай полкының атын ондап-жиырмалап айдап әкетейін де тұрайын. Коп тарының ішінен тауып алып кер ала тарыны? Қабыл мен Науырызалының есепсіз жылқысының ішіне қосып алып, біраз күннен кейін ат біткеніңді Ақшат тауға, онан әрі Ақбұлаққа қарай қызыл тұйғындардың жатқан жеріне жөңкілтейін бәлем» деді ол ішінен қалаға қарай атын аяңдатып, терін кептіріп келе жатып. Ол бір кез тіпті Арон төрені енді қайтып аузына да алмай қойды, бар қаһары Кирилловне ауды. Кеше, «Мишка, сен шын көрме, конокрад деп ойнап айтып ем» дейді астымда жатып. Баяғыда да соны айтқан. Бірақ қолымнан босанып кетісімен Мергеневканың барлық жігітін жинап алып келіп, ен далада жабылып ұрып кеткен жоқ па еді. Өрісте бір күн, бір түн жатып, дед Митрейдің үйіне еңбектеп зорға жетіп жығылдым. Мынау соның салған таңбасы емес пе? — деп, Мәмбет оң жақ құлағының қалқан шеміршегін қамшы ұстаған қолымен сипап қалды. «Бұл итті алқымынан алып біржола езе салмаған екенмін. Содан кейін мейлі, маған істерін бұл сары ала погонды мырзалар істей берсін. Тентектің ақылы түстен кейін келеді дейді. Өзімізде де бар, несін аядым екен! Енді қайтып қолына түссем Кириллов мені өз қолымен атар» деп ойлады Мәмбет, кешегі ісіне бүгін есеп беріп. Талай сабалып, талай тепкіге ұшырап құлақ-еріні әлденеше рет жырылған бұл Мәмбет бейнебір өмірдің оты мен суына түсіп шыңдалғандай. Оның ешбір жаннан сескенбеуі де, ұдайы тек ұлық біткенмен айқаса кетуі сол қаршадайынан жүрегіне шемендей қатып, еріксіз дүмпіген тірі қорлық пен ащы зорлықтың өшпейтін зардабы болуы керек. «Қап!» деп тістеніп қойды ол тағы да Кирилловты бір жайлы етпегеніне өкінгендей.
Есіктен кіріп келген бойы төрден бір-ақ шығып, таңданғандай қарай қалған үлкен көзді сұлу қара торы қызға:
— Төре қайда? — деді Мәмбет.
Үстінде әскер киімі болса да «шойқараның» алқа-салқа түріне қарап және жан шошырлық қызыл-тарғыл көзінен көзін алмай қыз сәл бөгеліп қалды. Бірақ қаланың да, даланың да түрлі жандарын көріп жүрген, өзі оқыған, әрі өткір қыз Мәмбеттен сескене қоймады. Ол тіпті мұны ертегі, қисса-жырларда кездесетін дәуперілердің бір адамға зиянсыз, жә бір көлді бір ұрттайтын, болмаса тау мен тауды алақанына салып салмақтап тұратын «зұмқара» ма деп қалды. Әйелдің көбі нәзіктен гөрі берен күшті, aқылдан гөрі оғаш істі, көріктіден гөрі шомбал тұрматты адамды жақсы көре береді. Әәсіресе дүлей ерліктің иесі, бет қайтпас қара дүрсін Мәмбеттерді алыстан да сезіп, біліп қашудың орнына оған үйіріле кетеді. Арон төренің жалғыз қызы гимназистка Шаһизада да сол оғаш жандарды сүйгіш қыздың біреуі екен.
— Папамды сұрайсыз ба? — деп қыз қабағын кере қалды.
— Қаратаев Арон төрені сұраймын, — деп, Мәмбет алыстан күңкіреген күндей дүңк-дүңк етті.
— Полковник сұлтан Гарун Ахметович мемлекет советінде — Батыс уалаятының бастығы ұлы мәртебелі хұзарында. Сіз... хорунжийсіз бе — деді қыз аз мүдіріп қалып, Мәмбеттің қара мауыт кең гимнастикасының иініндегі әскерлік чин белгісіне қарап тұрып.
Мәмбет те қызға қарай қалды. Оқыған қазақ әйелдерін көрмеген, тіпті бай казак-орыстың ақтиын ішік, шәйі көйлек киетін, қолына алтын балдақ салатын үлпілдеген ақ денелі қыздарынан сұлу жан бар деп ойламайтын Мамбет мына қарсы алдында тұрған жайнаған өте көрікті қара торы қызды көктен түскен арудай көрді. Mұның да үстінде әсемдеп тіккен асыл шәйі көйлек, қолында алтын балдақ, құлағында мың құбылған жақұтты сырға, аяғында алтын зермен оқалап тіккен қызыл сақтиян етік. Әсіресе қыздың өзгеше нұр шашқан өткір сөздері баурап-тартып бара жатқандай болды. Ол өмірінде бұл төренің үйінде мұндай сұлу қыз бар деген жоқ-ты. Сұлулығының үстіне салтанатты, оқыған, сымбатты ару кездесерін ойлаған емес-ті. Ол бөгеліп қалды, қызға не дерін таппай кідірістеді; оның үстіне қаншама «бас кесемін» деп серт берсе де Мәмбет сан қатерге кездескен өзгеше өмірінің ішінде адам өлтіріп көрмеген жан-ды. Ғұбайдолла учительдің үйінен кеткеннен бері оның есі дерті кенет сол жерде ойға алған, полктың атын қуып әкетіп, ежелден егесіп өскен Кирилловты қаражаяу қалдыру еді.
— Бикеш, сен Арон төренің қызымысың? — деді ол ойда жоқ жерден босаңси қалып. Оның үні өктем түрінен күрт өзгеріп, баланың үніндей жіп-жіңішке болып шықты.
— Офицер клубында болғаныңыз жоқ па? — деп қарсы сұрақтады қыз езу тартып.
Қыздың қап-қара қасы мен ұзын кірпіктеріне сай оң жақ бетіндегі қара меңі бірге езу тартқандай тебіренді.
— Мен офицер емеспін ғой... — деп күбірлей түсті Мәмбет өзінің ақсүйек, төре, болмаса, атақты адамдардың тобына кіре алмайтынына қорынғандай.
— Сіз де офицерсіз, хорунжий белгіңіз бар, оқымаған шығарсыз, бәлкім. Оқымасаңыз да... — деп қыз сөзін аяқтамай, оның алқа-салқа түріне, офицерге керекті тәрбие-тәлімінің жоқтығына және дөкір тіліне кешірім бергендей аяныш шырай көрсетті. Сөйтті де:
— Отырыңыз. Ия, мен полковник сұлтан Гарун төренің қызымын. Ол кісі кеш қайтар. Лейтенант-помощниктерін ертіп төтенше мәжіліске кетті.
— Отырмаймын, кетемін, — деді Мәмбет тез даусын өзгертіп.
Оның ойына қазарманы бөрліктіріп, жолдастарын ертіп шығу ниеті түсіп кетті.
— Жай келдіңіз бе, хорунжий мырза? Папама кім келді дейін? Атыңызды айтсаңыз, — деп қыз бір адым ілгері жүріп, кім екенін білуге қатты әуестенгенін байқатты: — қазақтың балуан офицері келді дейін бе? Әлде батыр келбетті ер жігіттің бірі келді дейін бе?
— Мәмбет келді де, бикеш. Әкең... бұзық Кирилловты жақтап менің соңыма түсуін қоймаса — айтпады деме, онда жақсылық жоқ...
— Мәмбет!.. Сіз Мәмбетсіз бе? Кәдімгі подполковник Кирилловтың сыйын берген Мәмбетсіз бе?..
Қыздың өңді жүзіне таңырқау мен шаттық қосыла жүгірді — қиылған қап-қара қастары керіле қалды; көздері әрі оттай жайнап, әрі үлкейіп кеткен сияқтанды, бетіндегі қара мең күлім қақңаннан гөрі мәз-мейрам болып билеп бара жатқанға ұқсады.
— ...Жұрт әңгімесі тек қана сіздің кешегі қимылыңыз жайында, Кирилловты масқаралағаныңыз туралы. Ольга ханум: «кеудесін көтерген подполковниктің өзіне де сол керек еді» дейді. Құрбанға шалатын ақ сарыбас қошқардай етіп қол-аяғын байлап кету сұмдық қой, Мәмбет аға! Айтыңызшы, қалай етіп байладыңыз, өз аузыңыздан естиін. Отырыңызшы, Мәмбет аға! Осы заманның нағыз Хақан батыры сияқты екенсіз ғой?.. Отырыңызшы!
Қыз қолқалай қалды. Оның ойына: «Бұл адам әкеме де жазым жасар-ау!» деген жаман ниет кіріп те шыққан жоқ.
— Апыр-ай сұмдык, іс! Ешбір жанның қолынан келмейтін сізге ғана... сіздің мына батырлық келбетіңізге сиятын іс! Жасынан әскер қызметінде жетілген жауынгер казак-орысты байлап тастау!.. Әскер басы, штаб бастығы подиолковникті!..
Мәмбет сәл кідіре түсті де:
— Жоқ, бикеш, — деді тағы да ілкі жер астынан шыққындай дүңк еткен өктем үнмен: — мен бұл үйге әңгіме соғуға келгенім жоқ...
Mәмбет сөзін тауыспай есікке адымдады.
— Жоқ, Мәмбет аға, сіз айтыңыз!.. Жақсы, бұл жолы айтпасаңыз, екінші жолы айтыңыз. Келіңіз, Мәмбет аға. Ертең келіңіз, күндіз. Келесіз ғой, Мәмбет аға?! Мәмбет мойнын бұрмады, тек қана есіктен шығып бара жатып, басын шапқап-шайқап қойды.
Қапелімде Мәмбеттің бұл түн жортып жүрген жүрісіне де, айтып кеткен сөзіне де жете түсіне қоймаған қыз көруге жан қорқарлық жанның ізіне сәл уақытқарап тұрып қалды да, сол таңданған күйі екінші бөлмедегі үй күтуші татар әйеліне жүгірді.
— Сіз Мәмбетті көріп пе едіңіз? Кәдімгі подполковникті байлап кеткен Мәмбетті? — деді ол әйелге ентіге төніп.
— Жоқ, жоқ! Көргенім де, естігенім де жоқ Мәмбет дегенді. Ол кім еді?
— Уай, жеңгей! Кәдімгі дәу Мәмбет! Нағыз Мәмбет. Нағыз алып адам! Қазір ғана шығып кетті. Әлі қорадан шығып кетпеген шығар.
Сөйтті де қыз әйелді қолынан ұстай алып, сыртқа қарай сүйреді.
Біраң сырт қараңғы екен, үйден шыққан адамның көзіне ешбір қарасын ілікпеді. Тек қана қақпадан шығып әрілеп кеткен аттылының дыбысы құлаққа келді.
— Ол келеді, жеңгей. Ондай ер адам қорықпауға тиіс. «Ондай адамға тиме» деп папама айтып қойсам — тимейді. Кирилловтың намысын қорғап айыптауға болмайды ғой бұл сияқты екі кісіге әлі келерлік хорунжийді, — деді қыз өзін де, әйелді де жұбатқандай.
Бірақ, әйел қыз сөзіне зер сала қоймады, оның кім екенін, не үшін келетінін сұрап жатпай, ыңғайға көшіп:
— Келсе, көрерміз қандай адам екенін, бикеш, — деді де қойды.
Ал, жарты сағаттан соң келген Арон төре, қызының әңгімесінен шошып кетті. Ол сонда да сыр бермей тыңдап, жай-жапсарды өзінше түйді де:
— Шаһизада, сен жата бер. Сағат он екіге жуық, — деп офицер Абылаевты екінші бөлмеге алып шықты.
— Бүл бүлік жасауға келген. Подполковникті жазым етуі мүмкін. Тез Кирилловтың үйіне жетіңдер. Мүмкін, сол жерден қолға түсірерсіздер. Қасыңа үш-төрт жауынгер ал да сол үйді торы. Түрменің күзетшілеріне хабарла, ондай бұзық түрмеге шабуыл жасауы да мүмкін. Тез қимылдаңдар! — деп бұйрық берді.
Мәмбет те ойға алғанын тезірек орындауға кірісті; оның ойға алғаны: «алдымен казармадағы серіктерімді алып шығайын!» болды. Сондықтан ол Арон төренің үйінен шыға сала қаланың солтүстік бетіндегі казармаға қарай жортты. «Қазақ уалаяты қазақ әскерін құрады. Саналы жігіттер қолына қару алып, сол уалаятын корғауға тиіс. Атқа мін, азамат! Өз алдыңа ел болып, тізгін алуға ұмтыл!» деген ұран Мәмбетке ғана арналған сияқты болып еді. Ол жазға салым өз соңынан ерген жігіттерін бастап келіп, сол болашақ әскерге бірінші болып жазылған-ды. Әрі жігерлі, әрі орыс тіліне жетік, оның үстіне сан жігітке бас боларлық батыр атақты Мәмбетті «Командир ету керек» дегендер де болды. Бірақ әскерлік білімі жоғын еске алып, оған «Полк бастығының бірінші серігі» деген атақ қана берілген болатын. Бірінші серіктің міндеті: болашақ полктың барлық шаруашылығын басқару еді де, оның ішінде атпен, ер-тұрманмен, жем-шөппен, қора-қопсымен қамтамасыз ету бір ғана Мәмбеттің мойнына жүктелген. Атсыз келген жасақшыларға ат сатып әперу, атымен келгендерді есепке алып тәртіптеу, құрал-жабдық, қора-қопсы әзірлеп, казарма салдырып оны жабдықтау, жем қорын жасау, пішен дайындау Мәмбеттің сыбағасы болған. Ол қанша ақша аламын десе алып, қанша ат керек болса тауып, қанша мүлік керек десе оны жинап, өзіне-өзі қожа болып келген. Бірақ осы лауазым оған кенет жақпай қалды. Жақпаудың алды подполковник Кирилловты көргеннен-ақ басталды.
— Мен өмір бойы казак-орыстардың жекіруін есту үшін тудым ба? — деді бір күні Жаншаның өзіне кіріп келіп. — Теңдік алдым, әскер болдым десем — бәрі баяғы қаз-қалпында. — Арғы жағын Мәмбет айтқан да жоқ, қайрылып тілге де келген жоқ, уалаят бастығының мекемесінен шықты да кетті. Бұрыннан сыры белгілі Мәмбетті де үгіттеп, не қорқытып ұстауды орынды деп таппай, Жанша:
— Уа, тентек! Солай демесең Мәмбет боласың ба?! деп қарқ-қарқ күлді де қойды.
Осыдан кейін еді, Мәмбеттің, Кирилловпен сөзге келуі.
Оның серіктері, ашса алақанында болатын серіктер. Xaн әскеріне біpгe келіп, бір жазылған жігіттерінің бірі Әжіғали-ды. Әжіғали он алтыншы жылы окопқа бірге барып, бірақ «жолы түспей» Мәмбет өз бетімен елге жөнелгенде Бобруйскіде қалып қойған-ды. Бір жыл жарымнан кейін ғана ол «шойқарасымен» елде кездескен. Ал енді бірі Мәмбет қайда жүрсе — сонда жүретін, ат қосшысындай болып кеткен кішкене Жапалақ.
Жаңа ғана ұйқыға кеткен казармаға кіріп келіп Мәмбет:
— Әжіғали мен Жапалақты оят! Танымай тұрсың ба, көзіңді неге жыпылықтатасың? Тез! — деді түнгі қарауыл жасақшыға зекіп.
Жасақшы оның әмірін екі еткен жоқ.
— Қазір, Мәмбет аға. Қазір оятам. Әжіғали ат басында, күзетші, — деп бұрышқа қарай жүгірді.
Қарауыл жасақшы Мәмбеттің не оймен келгенін де, не іске бет алғанын да білген жоқ. Жұрт көзінің қырынан ығып жүре беретін Мәмбетке оның қарсы жауап қатуы да мүмкін емес еді. Кешегі күндізгі ісін еміс-еміс естісе де, бұл мықты жанды бір Кирилловнһке бола қашып әрекет жасайды деген солдат ұғымына сыймайтын да. нәрсе ғой.
— Мәмбет аға келді, Жапалақ! Түрегел. Жапалақ! — деді күзетші бұрыштағы жасақшыны жұлқылай түсіп. Жұлмалап үлгергенше аяғынан тік тұрып та қалған Жапалақ:
— А, а-а, қайда Мәкең? Қашан келді? — деп қаңбақша дөңгеленді.
Жапалақ шешінбей, киімін сүр шекпен одеялының астына кіре қойған екен, бейнебір «жау келді!» деген атойға күні бұрын әзір жатқан адамдай ұмтылды. Бірақ ол қаншама тез ұмтылса да, Мәмбетке күзетші жасақшы бұрынырақ жетіп:
— Ояттым, Мәмбет аға, міне! — деп мәлімдеді.
— Әжіғали ат басында, Мәке. Екеуміз жетеміз бе? — деді Жапалақ, бейнебір барлық сыр.бір өзіне аян адамша.
— Жетпейсің, — деп дүңк етті, Мәмбет. — Қара жауғашты мен бүкіні, жиенің мен собалақ сарыңды ерте шық. Қару-жарағыңмен. Мен Әжіғалидың қасында тосамын.
Мән-жайды оған Мәмбет түсіндіріп жатпады. Бұрыштағы Жапалақтың қасында жатқан бірлі-жарымнан өзге бас көтергендер болмады — үйренбеген жігіттер ертеден кешке әскер ойынынан салығып, қорылы мол қалың ұйқының құшағында жатыр еді. Ал, бас көтерген бір-екі адам Мәмбетті көріп орындарынан қобалжи түсті — қапелімде не болып жатқанын ұға алмай ақырады.
— Қашып кетті демеп пе еді? Қайтып келгені ме?
— Қашып қайда барады, келген ғой, — десті олар балаша таңырқап.
— Мәмбет олардың сөзін естіген жоқ, кім бас көтеpiп, кім таңырқағанына да көз жіберген жоқ. Ол есікке таяу жердегі мосылап қойған винтовканың бірін алды, қатарындағы жауынгердің оқшантайын беліне қыстырды, сөйтті де келген ізімен казармадан қайта шықты.
Көп ұзамай Жапалақ та аты аталған адамдарын төсегінен тез тұрғызып, өртке жөнелген жандай ат бағанаға жүгіртті. Бұларға Жапалақтың айтқаны:
— Ат басындағы Әжіғалиға жүгіріңдер; сендерді Мәкең күтіп тұр, — деген бір-ақ ауыз сөз болды.
Мәмбеттің сөзін хан жарлығындай көретін бұл адамдар сол сәтте жағалай жатқан тізбек-тізбек ат бағандарының түбіне жиналып та қалды. Ал, Мәмбеттің бұларға айтқан сөзі мән-жайды ежелеп түсіндіру емес, тікелей бұйрық есебінде шықты.
— Мына казак-орыстар жайлаған хан әскерінде мен сендерді тепкіге тастап кете алмаймын. Аттарыңа мініңдер де соңымнан еріңдер. Өзім барда ешкім маңдайларыңнан шерте алмайды. Барар жер — Ақшат. Мына екі арғымақ пен қара айғырды жетекке алыңдар. Әжіғали, мұнан басқа тәуір ат болса тастама, — деді ол шәшкелеп астауға салған шепті бір шайнап, бір тыңдап тұрған қамыс құлақ бойшаң аттарды нұсқап.
— Тастамаймын! — деді Әжіғали.
Оның жауабы сонымен бітті де, жігіттеріне иек қақты. Не борі ширек сағат ішінде казарма мен ат баған түбінен еркек қойдай бөлініп шыққан бір шоғыр адам қаланың арқа бетіне қарай жорта жөнелді. Бұл шоғырдың саны шағын болғанмен ісі өзгеше еді. Қарулы күшкe қасақана қарсы шығып адамын ертіп, атын айдап кету басқаға ой салатын, мұнан да үлкен бүлікке бастама сияқты іс-ті. ІІІоғырланып шыққан не бәрі тоғыз адамның жетегінде қос арғымақ пен жүйрік қара айғыр ғана емес алдарына іріктеп салған бір үйір аты да бар-ды.
3
Ертеңіне...
Жасақтанып жатқан әскері бар, ішкі тәртібін басқаратын әкімшілік орындары мен полиция басқармасы бар, қарауыл взводы мен түрмесі бар, прокуратурасы мен соты бар бұл Жымпиты үкіметі өз тізгінім өз қолымда деген ниетте еді. Бірақ орынсыз зорлықпен сорақы түрде жазалау ісіне қарсы бас көтерген елдің қырын қабақтығы, әсіресе Жұныстың болыс кеңсесіне жігіт жинап келгені және оның үстіне Әбдірахман отрядының Орал атамандары-жөнелткен қару-жарақ керуенін өзіне бұрып алып кеткені «уалаят» басшыларына ауыр тиіп еді. Енді мына Мәмбеттің ісі көлденең қырсық болды. Екі күн оны қолға түсіре алмай әуре болып жүргенде аяқ астынан шыға келіп полицмейстр сұлтан Арон төренің үйінде күш көрсеткені, казармадан адам ерткені, күзетті ат қорадан сан жүйрік айдап кеткені қастандықтың ұлғайғаны сияқтанды. «Бұл тегін іс емес. Мұның түп тамыры арғы беттегі қызыл бәлелерде жатыр, бергі жақтағы оның жалауын көтеруші Әйтиевтің астыртын әрекетінде жатыр. Жасырын жиналыс ашу, бұқара арасында іріткі салу, хұкіметке қарсы топ жинау соның ғана әдісі. Мына елден шыққан Оразбайдың бұзық баласы соның қол шоқпары. Тал түсте штаб бастығын ұрып-жығып, қаруын тартып әкету тек осы сияқты бас кесер бандиттердің қолынан ғана келеді, — деп түйді Арон төре. Ол бұған енді не істеу керек екенін ойлап-пішті. — Бұл бұзық қашқанда қайда барады? Орал өлкесінде оның ашықтан-ашық қылмыс жасап бас паналар жері жоқ. Елде сенімді адамдар мол: болыс пен старшина, судья мен салықшы және құпия қызмет атқарушы азаматтардың көзінен таса қалуы мүмкін емес. Оның құтылар жолы жалғыз Әйтиевтің тобына қарай асу... Богдановкаға жеткізбей тосқауылдау керек.
Арон төре түнделетіп Қараоба болысына шабарман жөнелтті. Қабанбай мен Қақпақтыға да адам шаптырды. «Белгілі бандит Мәмбет Оразбаевты қалайда ұстап, хұкімет қолына табыс етіңдер» деген жасырын жарлық жіберді. Сөйтті де полицмейстр төре болған жайды жасырмай, тіпті оны «бунт» деп атап, уалаят бастығы адвокат Жаншаға мәлім етті.
Жанша ұзақ ойланды. Әдетінше тез жарлық бере салудың орнына, ол төренің сөзіне сын таққандай болды. Оның: «қуғыншы шығардым! Қалайда таптырам! Ондай бұзықты тез соттатып, стройдың алдына жазалатам» дегеніне басын шайқады.
Екі иығын селтең ете түсіріп, «мұнысы несі?» деген тұйық сұраққа тірелген сұлтанға:
— Көрерміз, — деді Жанша.
Бірақ ол Арон төре шығып кеткеннен кейін адъютант Қаржауовқа:
— Біздің жігіттер адам танымайды. Тани қалса — оны орнына жұмсай білмейді. Мәмбет сияқты берен қимылды адамды ебін тауып мыңға қарсы шығаруға болады. Ол мыңды да селт еттіре алатын көзсіз ер. Бізге осындай ер жігіттер керек. Оны әлгі төре, ит қосып үркіткен асаудай, әрілетіп жіберуге қалды. Меніңше Мәмбет беделді адамдардың жетегінде; жетегінде болмаса да — соларға арқа таңады. Мұны тоқтататын ана Ғұбайдолла сияқты учительдер. Мен оны Ғұбайдолладан ақыл сұрап жүреді деп естігенмін. Жылы сөзбен кері қайырып алу амалын көздеген жөн. Мәмбетті өзімен тілдестірсе, ол бір жағы аталас та адам еді, — деді.'
— Ол кәрі тарланды шақыртайын, — деп еді адъютант, Жанша оған:
— Шақыртпа. Ғұбайдоллаға өзің барып: «Жанша сәлем айтты, азамат бүтін болмай, ел бүтін болмайды. Пікір таласы қастыққа емес, достыққа жеткізуге тиіс. Уалаят Ойылға көшкелі жатыр, соны білдір деп еді. Уалаят басшысы ел ағасының есен-сау болуын тілейді, осыны сізге айта келдім» дерсің. Сөз арасында Мәмбет жайында әңгіме болса «бір тентек ел ішінде жүрмес болар ма. Адасқанның арты жөн, — қайтып үйірін тапқан соң, ол сондай тентек дейді» деп түйерсің. Арғы жағы өз билігіңде, — деді.
Сөйтіп Қаржауов Ғұбайдоллаға жолығуға, оған басшысының сәлемін тапсыруға аттанды.
Ал, Арон төре басшысының «көрерміз» деген солқылдақ сөзін басқаша ұқты. «Бүлікшілермен күресіп көрмеген, сот мәжілісінде тіл безеп шешендікке салынғаннан өзге өнері аз. Аяқ астынан жасырын ұйымның, жасырын отряд құрып, іштен шалуға отрядтарын қаптатып жіберген Әйтиевтердің қылығы насырға шауып бара жатқанын білмейді» деп секті ол Жаншаны ішінен. Ол өз ойын түптеуге кірісті. Түрмедегі хауіпті адамдарды тез соттау жағын ойлады. Ал, «Ең ірі жау» деген Меңдігерей Епмағамбетовты тез Ойылға жеткізуге — сол жерде соттауға тырысты. Оны Ойылға жеткізудің қажеттігін «түрме сенімсіз» деп дәлелдеді. Ол басшыларды «мына Мәмбет сияқты бас кесерлер көбейіп кетсе алдымен түрмеге шабуыл жасауы мүмкін» деп қорқытты.
Мәмбетті қолға түсіріп, оған ең ауыр жаза беруді подполковник Кириллов Ароннан да қатты қолға алды.
— Бұл белгілі конокрад! Сахараның нағыз жортып жүретін көк бөрісі. Оның бөрілігін мен о бастан білемін. Оны атып тастаған кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ. Осындай күнәкар бұзықты басшылардың әскер маңына жуытқанына таңым бар. Жуыту өз алдына, бұл бас кесерді командирдің жәрдемшісі етіп белгілеу идиоттың ғана ісі. Бұған одан өзге баға жоқ, — деді ол штаб басшыларына.
Кирилловтың Мәмбетті мал баққан бақташы кезінен бастап білетін, жас шақта онымен талай қырқысып та қалып, ерегіспен өлтіріп тастамақшы болғаны да кешеден бері көз алдына қайта оралған суреттер еді. «Осындай жандардан арылмай әскер де, әскерден тыс қауым да адамшылық қалыпқа келе алмайды. Орыстың осы типтес соғылғандары патшаға, Христосқа, дінге қол көтерумен келеді» деді ішінен, Орал атты казагінің шен-шекпеніне ие болып келген ежелгі, әрі дәулетті, әрі атақты жауынгерінің бірі.
Арон төре мен подполковник Кирилловтың Мәмбетті қас дұшпан санауы тегін де емес сияқты. Мәмбеттің түп тамыры бітіспес тартыстың терең түбінде жатқанын олар сезсе керек. Өйткені...
Өйткені сол күні, тап сол сағатта, сол қаланың ішінде, жалпақ төбелі көп қазақы үйлердің бірінде екі жас жігіт сөйлесіп отырды. Олардың сөздері бозбалалық сөз емес, бұл да сол кәдімгі «уалаят» басқарып отырған атақты адамдар мен әскер басындағы полковниктердің қолға түсіреміз деген Мәмбеті жайында еді. Бұл жас жігіттердің жолдары да қилы-қилы. Бір сол жердегі Аронның қолында тұтқында отырған Меңдігерейдің баласы Әмір болатын. Аблаевтың Өлетті поселкесіндегі ойранынан кейін бар жайды Хакімнен естіп, Әмір қолға түскен әкесінің соңынан келген. Бірақ, жас жігіт түгіл әйел Күлшанды да тұтқынға алып, бала мен шалды қылышпен туратқан қатал жандардың көзіне түспей Әмір жасырын жүріп, жасырын әрекет істеуге кіріскен-ді. Ал оның қасындағысы: сонау Ілбішін түбіндегі Дуана болысынан шығып, ішкі жақтағы орыс поселкелерін аралап, жоса сату сылтауымен жүріп, үш ай бойы жоғалып кеткен, Меңдігерейдің жабық пәтерінде болған, жасырын съезді көрген, Аңқаты бойындағы болысқа жабуыл жасаған Жұныстың жігіттерімен сөйлесіп, оларға дем берген, алты жылдық Қарасу мектебін бітірген, сөзге ұста, жас Оразды. Бұл өзі аса зор іс бітіре қоймаған жас болса да, тамшыдан су тасыған қарлығаштай, халық қамын жеген алғыр ағаның жетегінде теңдік пен бостандыққа қол созған талапты жастың бірі еді. Талапты жас әрқашан да, әр заманда асқақ қиял, ұшқыр ой, биік мақсат, кіршіксіз махаббатқа қол созған ұрпақтың серкесі ғой...
«Дмитриев пен Қаратаев жеті басты жалмауыздай қорыған атамандардың қолында. Оларды халқымен бірге босатамыз, «Қырық трубаның» қақпасы Оралдың қақпасымен бірге ашылады» деген Әбекеңнің сөзі қосары да, алары да жоқ ақиқат. Ал мына полицмейстрдің қолынан Меңдекеңді қалайша жұлып алмаймыз! Айналайын, сен Мәмбетті қалайда тап. Қалайда сөйлес онымен. Мен Ғұбакеңмен ақылдасайын. Әттеген-ай, білмей қалдым Мәмбеттің кім екенін. Оны...
— Тсс! — деп Әмір Ораздың сөзін бөліп жіберді.
Бұл үй тігінші Жарке дегеннің үйі еді. Сырттанкірген сол Жаркенің әйелі екен, жас жігіттердің сөзі бөлінгенін аңдаған жоқ, өз естігені ішіне сыймай:
— Сұмдық есіттің бе? — деді әйел еріне аптығып.
Кішкеве қонақ бөлмеде әңгімесін доғара қойғанекеу де, өз ісімен шұғылданып терезенің нақ түбінде машинаны тырсылдатып отырған ері де құлағын тіге қалды.
— ... Сұмдық! Әлгі соғылған Мәмбет әскердің бар атын айдап кетіпті!
— Қой әрі.
— Әй, мен өтірік айтып тұр дейсің бе, батыр-ау! Жұрттың бәрі шулап жүр. Әлгі Керіл ме еді, кім еді, кешегі қол-аяғын соятын, тоқтыдай етіп байлап кеткен!? Соның арғымағына дейін... тіпті бар ғой... (әйел сыбырлай түсті) ханның арғымағын да алып кетіпті дейді. Бетім-ау, бұл соғылған оны қайда апарады?
Қонақ бөлмедегі екі жігіт мырс ете қалды. Жәрке әлі сенбеген пішінмен:
— Әй, қойшы. Сендер де бір қайдағы жоқты шығарасыңдар. Базарға ат айдап сататын Мәмбетті ұры дедің бе соншама.
— Ойбай-ау, мен жанымнан шығарып тұр дейсің бе? Ана жақтағы оқымысты қайнымнан сұрашы, маған нанбасаң. Жалғыз ат емес, әскердің тең жартысын ер тіп кеткен соңына.
— Сендердің өсектеріңе енді оқымысты қайныларың араласпақшы ма?
Тұйык, мінезділеу тігінші, әйелінің сөзіне қолды бір-ақ сілтеді де, машинасын қайтадан тырсылдатты. Шын сөзі зая кетіп бара жатқан әйел шыдамады. Екінші бөлмеге басын сұғып:
— Қайным, айтшы, менің сөзім рас қой. Мәмбеттің барлық жігіттерін ертіп, бар атты қуып кеткені рас қой... Ораз анықтай түсті. Ентіккен әйелдің сөзін құлаққа ілмеген Жаркені де мақтай сөйледі.
— Барлық атын айдап кеткен жоқ, жеңгей. Жұрт асырып айтады. Жәкең нанбаса оның да жөні бар — жұмыс адамы көлденең сөзге аса құлақ қоя бермейді ғой.
— Жоқ, айдап кеткені рас қой; біздің қожайын тіпті соған нанбайды.
— Рас, рас. Жиырма қаралы ат алып, казармадағы сегіз жолдасын ертіп кетіпті Мәмбет.
— Сегіз адам аз ба екен! Ертең Мәмбет он сегізін ертіп кетер. Ол қайта келмес деп пе едің. Мәмбет қорқар дейсің бе!
— Міне, бұл сөзің дұрыс, жеңгей, Мәмбет қорқатын жан емес. Ол бүгін сегізін ертсе, ертең онан да көбін ертер дегенің дәл болжал. Әкімдердің қорқып жатқаны да сол істің түбі қиынға шаба ма деген хауіптен.
Жәрке машинасын қайта тоқтатты. Ол басын шайқап қойды.
— Соның саған қанша керегі болды? Ана қонақтарыңның шайын тездетсейші. Жұмысы бар ғой, кеңсе адамы, — деп әйеліне тоқтау салды.
Көп сөйлей бермейтін және бұйрығын екі етуді жаратпайтын ерінің ыңғайына көшіп әйел де:
— Әйтеуір, айдап кеткені шын ғой. Әрине, бірден бәрін айдап кете алмайды, — деп әлде өзін, әлде Мәмбетті жұбатқандай болды.
Шай үстінде Ораз үй иесіне:
— Менің жолдасым. Қызметке тұрсам ба деп келген екен. Бірақ жайлы жер болмай тұр. Ыңғайлы орын болса өзім хабарласармын деп елге қайтарғалы отырмын. Аты Әмірғали, — деп таныстырды жолдасын.
— Үй кең болмаса да бейіл кең. Қанша күн тұрамын десе де рұқсат, — деді үй иесі пәтердің тарлығына қысылды ма деп ойлап.
Мәмбет жөнінде де, бұл жаңа қонақ жайында да Жәрке Ораздан. еш нәрсе сұрамады. «Әркімнің өз жұмысы өзіне жеткілікті» деген қағида — оның аузынан тастамайтын, өмірі өзгертпейтін қағидасы еді. Соған барып ол басқаның ісіне кіріспей, өз ісімен бола берді.
— Мен осында қонамын ба, әлде етшінің үйіне барамын ба? — деді Әмір, шығуға ыңғайланған Оразға.
— Осында бол. Ғұбакең келуге тиіс. Сол кісінің жәрдемі керек. Ақылы... мен «ақсақалға» кіріп шығуға тырысамын. Ол кісі не дер?! Сен үйде бол, кітаіп оқырсың.
— Аурухана жаққа барып қайтамын...
— Байқа. Көлденең көз көп. Қауырт жұмысың болмаса, шықпағаның жөн.
— Аманат хат бар, соны табыс етемін.
Ораз оған тура қарады да, бірақ үндемей «мейлің, өзің біл» деген ұғымды лебізсіз ұқтырды. Ол үйден шығып бұрынғы гауптвахты — қазіргі түрме жанындағы интендант басқармасына қарай кетті. Оның ойы түрмедегі «ақсақалмен», яки Меңдігерей Епмағамбетовпен тілдесу еді. Ал әкесін іздеп келген Меңдігерейдің баласы Әмір «аманат хатын» тапсыру үшін ауруханадағы Мүкарамаға жолығу жайын ойлады.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Әркімде бір арман. Тап сол кез Мүкараманың арманы да созса қол жетерлік еді. Бірақ оның қолға түсері аз, сондықтан да ол арман атанумен келеді ғой...
Хакіммен ең соңғы кездескеннен кейін қыз елегізумен болды. Қиырға, сонау Жайық жағасына көз тігумен болды.
Жағасында жалаң аяқ жүгірген, айдынына құлаш ұрған, су астынан сүңгіп сүйрік алған Ақ Жайық қой!
Аппақ анау аязда ақша бетің албырап, шана сүйреп жүгіріп сырғанақ тепкен жаға ғой!
Мектепке еніп, ер жетіп, кітап оқып, сән түзеп, биге үйренген қала ғой.
Алып ұшқан жас шақта, қол ұстасып жүгіріп, бүгіннен қызың ертеңді сүйіктісі Хакіммен бірге күткен қала ғой!..
Соңғы кездесу! Бәрі көз алдында! Өзгеше! Хакім өзгеше. Бойшаң тартқан. Ақша беті қара қоңыр тартқан сайын ажарлана түскен. Сөзі де салмақты, өзі де парасатты, ойлы адамға айналып кеткен! Мағыналы, пәрменді сөз айтты: «Мұнда келіп жаудың жарасын байлағанша, қырдағы өзіміздің шаруаны емде! Біз келеміз!» — деді.
Қыз сол сәтте бұл сөздің терең мағынасын көз алдына келтіре алған жоқ-ты. Ойлауға, сөз саралауға мұрша болды ма! Ыстық жүрек тайдай туламады ма! Көп уақыт көрмеген ынтық дос ақылмен жауап беруге ырық берді ме! Оның үстіне ашулы әби! Қаптаған әскерлі қаланың сұсты түсі! Қыбырлаған аяқты есепке алған полициясы! Бәрі қарап тұрғандай болды, бәрі асықтырғандай болды.
— Су басына баруға, тіпті бір көше жер шығарып салуға да рұхсат жоқ! Көлденең көзге қарауыл боласың, — деді асығып сүйген Хакім. Өзі аяғын асыға басып, артына қарайлай-қарайлай кетті. Көзді ашып- жұмғанша Пішенді көшенің қалтарысына түсіп көзден ғайып болды.
Ал, Мүкарама ше? Жалғыз жүріп сағынған Мүкарама. Ұзақ уақыт көрмей жан тілеп, жүрек іздеп capғайған Мүкарама, кенеттен кездесіп лап еткен бақыт шоғы шарпып, ләззат буына елтіп қалып еді, айтуға сөз таба алмай қалып еді, ең асыл ой мен ең нәзік жүрек сезімін жеткізуге лебіз таппай, қақпа алдында шаншыла қарап, кірпік қақпай тұрып қалып еді...
Ол үйге кіріп, терезе алдында ұзақ отырып, тәтті кездесудің ащы айрылуынан есеңгіреп қалған-ды. Бірақ өзгермес қалып жоқ, алмаспас сезім де аз. Айрылу ащылығы мұңды өкініштің мазасыз сыбырына да айналған. «Не бөгет?! Не қимастың? Туып-өскен үйден де аулақтамын. Сәнді қала да сағымдай алыста қалды. Түсі суық, іші жұмбақ аға да бір жақта. Мен неге шетке кеттім? Мен неге қол ұстасып жүруден қаштым? Неге?.. Неге Хакіммен бірге емеспін?! Неге айтпадым бар сырды! Неге бас изеумен тындым?» «Қырдағы шаруаны емде» дегенде неге мен: «Әлгі казак-орыстар кескілеген революционерді емдеймін» демедім? Аты кім еді оның?
Меңдігерей ме еді? Соны күтуге, басқа да жауынгерлердің жарасын байлауға неге кетпедім? Хакім жүрген жерде мен неге жүрмеймін? Майданда қыз-келіншектер жоқ па? Менен олар артық па?..» Мазасыз ой құлаққа ызыңдап, тынымсыз сыбырлай береді. Ұзақ күн, ұзақ түн дәйек таптырмаған да сол ой. Баяғы ой...
Күн өтті. «Уәде» деген сенім жетті. «Кешікпей келеміз! Күт! Біз келеміз!» — деді.
«Ол уәдесінде тұрады! Ол айнымайды! Ол ер! Ол. жаннан бөлек! Ол өзгеше! Ол келеді! Ертең келеді!» — деді Мүкараманың жүрегі.
Күн өтті, ай өтті. Тынымсыз жылжып уақыт өрмегі .үздіксіз өріліп жатты. Мүкарама Оралдан кеткелі қашан? Қанша заман! Қаланың астын үстіне шығара қопарып тастаған жойқын көктем «ә» дегенше көз алдыңнан ғайып болды. Ақ шақылтақ Жымпиты жазы дажылжып кетті. Енді міне, көңілсіз күз де жуық. Айнала ажарсыз: жер де өңсіз. Көңіл де жүдеу, қыз да мұңды. Өмір де күдікті.
Бұрын ерте тұрмайтын Мүкарама бүгін күн ұясынан көтерілмей жатып сыртқа шықты. Көзді үйірері аз көшеге оның назары да ауған жоқ. Есік алдындағы қазық басына қадаған қол жуғыштан тез-тез жуына салды да үйге қайта кірді. Шала-пұла сүртіне салып, өзінің кішкене терезесінің алмалы әйнегін суырып тастады, бөлмесін желдетті. Сөйтті де, үстіне айна қойған бұрыштағы кішкене столын тінткіледі. Онан қағаз алды, қарындаш тапты. Сонсоң жалма-жан столға бір шынтақтап отыра кетті де, жазуға кірісті. Оның бірінші лебізі де қағазға өте тез, көзінен тізген моншақтай қатарласа қалды.
«...Сүйген мағшухым Хаким Юнусовке сағынышли сәлем...» Бірақ бұл ыстық сөз, қолын шарпып кеткендей, тізіліп қалған жолды солдан оңға қарай сызғылай салды да, сап-салқын ертеңгі самал ескен кішкене терезенің әйнексіз көзіне қадалып отырып қалды.
Не жұмбақ — қыз ойы жұмбақ. Әлде көңіл текшелемеген бұл жалынды лепті қағазға қол еріксіз тізді ме?! Әлде ауызбен айтылмайтын, хатпен де бейнелемейтін тереңде жатқан қызғанышты сыр аңғырттықпен ақтарылды ма?! Әлде ой түбінде бұққан өзге бір пішін кенеттен көз алдына көлденеңдей қалды ма?! Әлде... әлде... әйтеуір көп толғанбай жазған бірінші лебіз, көл толғанбай белден сызылды.
Қыз терезеге қарап отыр. Бұрын Хакімнің аласы мол үлкен көзінен асып, біп-биік маңдай өріне тігіле қалатын қылықты қарас бүгін жапырайған терезенің жоғарғы жақтауына мағынасыз қадалды. Тік қарағанда керіле көтерілетін уыз иек, жұқа тамақ та бұл күндері де үлбірей түскендей. Сұлу мұрын да суретшіге әдейілеп тосқандай шошаяды. Үріккен еліктей елегізе қалатын астыңғы асау кірпік тесе қараған көзді терезеге түйретіп тұр. Күміске қондырған қарабағдар қас ажарлы маңдайға әлі де еркелеген күйі. Бірақ жансыз...
Дала да жансыз... Кешкі шапақта, қыз қасындай нәп-нәзік боп, Өлеңті айдынына құлаған ай алқасы да марқайып үлгерген. Марқайып үлгеріп, енді қырынан мүжіліп таусылуға таяу.
Бидайық басы шалдуар тартып, бір кездегі көк тебетейлі майысқақ шилер енді ақ үлпек кимешек бүркенген. Олардың сұңғақ бойлары ақ жаулықты кемпірлердің бақанға құрған тоқыма өресінен тырна-тізбек орын алуға аттанған.
Өткел бермейтін Өлеңті суы да жаз бойы, иірген шүйкедей жіңішкере-жіңішкере келіп, көп жері қазір үзіліп те кеткен. Емін-еркін сайрандап, бір қиырға шығандап кеткен қысырақтай, аспан әлемін аралап жүрген үркер де үйіріне қайта оралыпты.
Қыз хатқа қайта оралмады. Жансыз пішін шаттық шырайға қауыса алмады.
Ертеңгі шайға қарамастан Мүкарама үйінен шығып ауруханаға кетті.
Сөйтіп қызметіне ерте шыққан және күндегіден қатты аяңдаған Мүкарама жолда көзіне ешкімді ілмеді, ол мектеп жанынан шығып жолын қиялаған Әмірді байқамады — көре көзге жолығуға ниет еткен бұл жас жігітті өзінде жұмысы бар деп ойлаған да жоқ.
— Мүкарама, тоқтаңыз! — деп, екі-үш қадам жер келіп қалған Әмірдің даусы ғана оны кенет селк еткізді.
Қыз жалт қарады да, кілт тұра қалды. Ол Әмірді бірден таныды — кәдімгі гимназияның жігіті — Хакімнің жолдасы, айтып аузынан тастамайтын жолдасы... «Бұл қайдан шықты, әлде Хакімнің жанынан келді ме?» деген үмітті ой жарқ етті, жаңа ғаңа хат жазбақшы болып аласұрған қызға. Бірақ сирек сөйлеп, көзбен ғана көбірек сынайтын Мүкарама, тіл қатпастан, күнге тотығып бұрынғысынан да қарақошқылданып кеткен оқушының жүзінен ғана жауап іздеді. «Хакім... сәлем айтты» деген лебіз күткендей қадалды. Әмір де тіл қатпады. Ол қалтасын қармағандай болды да, сәл ойлана түсіп, қыздың бетіне қарады. Сол күйі, сол баяғы басқадан өзгеше сұлу қалпымен қарап тұр. Тіпті бұрынғыдан да бойы да таразыланып, жүзі де сұлулана түскен сияқты. Көзінің кіршіксіз қарашығы тікірейген, кірпіктерімен қосыла Әмірдің көзін тайдырайын деген жанша дәл жанарын тесе қарап қалған.
«Хакім де қызық жігіт. Айнала от пен судың ішінде жүріп қызға хат жазады. Шын ғашық деген осы ма екен? Мына қыз жаздырмай қоймас...» деп ойлады Әмір. Қыздан көзін бұрып, гимнастеркасының төс қалтасына қарады да, онан әлденеше рет бүктеп-бүктеп екі шетін желіммен жапсырған қағаз алып ұсынды. Қыз қағазға бір қарап, Әмірге бір қарап «бүл кімнен?» деген лебізсіз сұрау қойды.
Хакім Жұнысов беріп жіберді.
Ақыры күткені қолына тигендей, қыз хатты ала салды да:
— Рахмат! — деп жүре берді.
Бірақ ол он-он бес қадамдай жер жүргеннен кейін кілт бұрылып:
— Әмір, сіз кімнің пәтеріндесіз? — деді.
Қалаға қарай бет бұрған Әмір де тоқтай қалды. «Адресімді айтсам ба, айтпасам ба?» деген екі ұшты ой бір сәт бөгей түсті де, бірақ қыздың жүзіндегі қуаныш шырай мен өзгеше естілген шатты үн Әмірге еріксіз жауап қаттырды.
— Мүкарама, мен тігіншінің үйіндемін, — дей салды.
«Біледі екен ғой мені. Атымды ұмытпапты» деп, Әмір сұлу болса да аса ұната бермейтін дәулетті, атақты адамның қызына риза болғандай жарқын жүзбен қарады. Бірақ ұзақ тоқтауға да, енді қайтып әңгімеге кірісуге де ретін таппай өз жөніне кетті. Ал, қыз ұзамай-ақ хатты ашып жіберіп жүріп келе жатып оқыды. Бірінші жолдан бастап қыз жүрегі теңіздей толқыды. Әр сөз, әр жол оны жастық арманының құшағына еріксіз өндіріп, тәтті дүниенің қол жетпес қақпасына жетектеп кетті.
«...Сағынышты сәлем хат. Мүкарама, сені осы минутте көрмесем де нақ қасыңда ынтыға қол созғандай болып тұрмын. Қатты-қатты құшақтап қысып сүйгендей болып тұрмын. Көрмегелі көп күн өтіп бара жатса да, тап күні кешегідей алдымда, өз бөлмеңде тұрсың. Кәдімгі Оралдағы үлкен көшенің бойындағы көзге ыстық, көңілге хош үйіңде тұрсың. Бәрін көз алдыма келтіріп тұрмын — қарсы алдымда тұрсың. Тек құшақтауға қолым жетпей тұр. Құмарым қанғанша қысып сүюге қолым жетпей тұр. Сонда да мен ол тәтті күнді, асық күнді, арман күнді алыс деп санамаймын, сені күні ертең көремін деп тұрмын. Ал, қазір, күні бүгін көруге қанатым жоқ, ұшып барар едім қанат бітсе! Күніне үш рет ұшар едім, әттең құс қанат жоқ!
Мүкарама! Сол айрылып кеткен күні мәңгі есте қаларлық ұлы күннің үстінен шықтым. Бұл көп заман ауыздан тастамайтын күн. Ең даңқты тойдан да дәрежелі күн болды. Ойда жоқ жерде, ойға келмейтін ұлы істің айғағы болдым. Біздің көп екенімізді, ісіміздің ұлы екенін, үлкен мақсатқа жетуге бөгет боларлық ешбір күш жоқ екенін мен сол күні білдім. Бұл біздің ардақты ағалырымыз бен ер замандастарымыздың теңдік пен бостандық, махаббат пен бақытқа қолымызды жеткізеріне шәк келтірмейтін ұлыстың ұлы күні болды. Мың-мың жандардың арман еткен сағатына жуықтатқан күн болды. Қай күні, қай сағатта жолығарымызға жол көрсеткен күн болды. Мұны хатпен айтуға мүмкін емес, ауызбен ғана жеткізерлік жырдың жыры. Ертегі сияқты ұрпақтан ұрпаққа жететін жыр. Мұны өзіңе айтамын, бір өзіңе ғана айту үшін сақтаймын. Ер адамдар мен данышпан адамдардың жыры деп айту үшін сақтаймын...
Мына хатты беруші өзің білетін гимназист... Ол ауызша ешнәрсе айтпас, өйткені оған сыр ақтару ауыр. Оның сыр ақтаруға правосы да жоқ, көңілінің хошы да жоқ. Қас дұшпанның қармағына түскен әкесінің соңынан... арғы жағы белгілі ғой. Мың сан адамның бас бостандығы да сол айтқан ұлы күннің, ұлы істің аяқталуымен сабақтас қой... Ол күні ертең... Мен ертең көремін сені. Ертең құшақтаймын, көп достармен бірге құшақтаймын...
Өзіңе ауызша айтқан уәде: біз кешікпей табысамыз!
Сол үшін қол созып тұрмын!..
Сүйген Хакімің».
Өз қолын ұстағандай, Хакімнің хатын кішкене уысына қысқан күйі қыз аурухананың қақпасына ене берді... Ал, қақпа алдында көп адамның ішінде қыз жүрегін толқыта түсейін дегендей, оған тағы бір жақын жан тап болды...
2
Сол күні Жымпитының қызыл кірпіштен салған үлкен ауруханасының ауласына қазақтың қоңыр жігіттері қаптап кетті. Бұлар он екі болыстан ерікті де, еріксіз де салғырт салғандай тізіп жинаған болашақ «хан әскерінің» бір бөлшегі еді.
Кигендері қақпа шекпен; кейбіреулерінің қолтығында етегі жер сызған шидем күпілер де көрінді; жұрынды-жұрынсыз өлтірі бөріктердің түсі — қазақ саулығынан туған қозылардың түсі қанша болса, бұлар да соншалық: қара мен қоңыр, ақ пен қызылды былай қойғанда, ала бөріктілер мен лақ терісін кигендер де толып жатыр. Көбі-ақ жұпыны киінген: тізелігі мен шынтағы жамаулы нанке бешпет-шалбардың ішіндегі иніші жыртылған қызыл бұрансұз көйлектер тері шалбар мен без көйлектің қасында ханның киіміндей; ал сірісінен басқан киіз байпақты қисық жамбас етіктілер жалаң аяқтардың жанында тойда тарту тартып жүрген адамдардай қадамдайды...
Бұл комиссияға жиналған ала-құла киімді жалаңаш-жалпы жандардың жүзден тоқсан бесі бұрын қала көрмеген, ауылдан «ау» дерлік жер шықпаған, қолы қалам ұстап, көзі қағазға төніп үйренбеген, мүлгіген даланың бейғам өскен момақан ұлдары болатын. Сонау алыстағы Маңғыстау беттегі Қаракөл мен Қарабаудан, Жалғызағаш пен Тамдыдан, Орынбордан бергі Шыңғырлау мен Бөрліден, Жайық түбіндегі Қосатар мен Дуанадан, Аққаты мен Ащысайдан там-тұмдап жиналып келіп, тап бүгін тоғыт аузында тоғысқан қойдай үрпиісіп, сығылысып аурухана алдында үйме-жүйме, не боларын білмей елегізген бұл бір қора жанның ішінде Нұрым мен оның қасындағы тосын таныс — топ бастайтын көк жағал серкелердей көрінеді. Топырласқан қоңыр жүзділердің жаудыраған көздері сөйлесіп отырған бұл екеуінің аузына жетім қозыдай тілемсектене қарайды; олардың сөзіне кейде жамырай күліп, кейде үрейлене қабақ шытады.
— Жалпақ бас, сен білесің бе, Қызылүй неліктен Қызылүй атанған? — деді Нұрым қасындағы жігітке.
— Немене, Қызылүйді мен салдырды дейсің бе, әлде менің әкем отау орнына маған еншіге берді дейсің бе! Қай жердің қандай аты барын, ол атының ата-тегі, үрім-бұтағы қайдан шығып, қайдан қойғанын теріп жүретін мені бір шежіреші ғой деп пе едің? Теке — Теке, Қызылүй — Қызылүй; Үйшік — Үйшік! Көк биеден сұра, қара құлынды неге туғанын, — деді дембелше келген қызыл шырайлы жігіт.
Оның шынында да басы жап-жалпақ көрінді. Жалпақтығын әдейі көрсеткендей, ол жалаң бас отыр. Қайырмасы екі елі қара бөркін белін бостау буынған түйе жүн шекпенінің қойнына тығып алыпты.
— Өзің Өлеңтінің жағасында туып-өссең де көшесінің тозаңын күнде бұрқыратып жүретін қалаңның қалай Қызылүй атанғанын білмейсің. Осы жерде ең бірінші салынған үйлер мына аурухана мен ана мектеп екеуі де қызыл тастан қаланған. Қазекең осыған қарап «қызылүй» атап кеткен. Ұғып ал...
— Қара собалақ, бері қара! Қақпаға қара! Қызылүйді, көкүйді қайтесің. Немене, көкке мойныңды созып бұлт арасынан бір қазына көріп қалдың ба? — деп, қызыл шырайлы жігіт Нұрымды шынтағымен түйіп қалып, сөзін бөліп жіберді.
— Ақырын, атаңа нәлет, бүйірімді түсірдің ғой, — деді Нұрым, өзінің тізесін құшақтап отырып жоғары қарап сөйлейтін әдетінше, көзін төмен түсірместен.
Сөйтті де ол, бүйірін қолымен бір сипап өтіп, мойнын қақпа жаққа бұрды... Қақпадан ішке қарай жалаңаш балтырлы қайың қазықтай, өзі аппақ, өзі тіп-тік аяғын жерге қадап басып, тәкаппар кеуделі, шошақ мұрынды таразы бір аққұба қыз кіріп келе жатты. Қолымен нұсқап, атын атап ешкім көрсетпесе де Нұрым қыздың Мүкарама екенін бірден таныды. «Тап сол Хакім айтқан: бойшаң, сүйріктей сұлу қыз. Домалақ иек, тамағының асты үлбіреп тұр. Өзгеше нұрлы мойылдай көзінің ажарын әдейі сәндеу үшін қойғандай — қастары бейне күміс белбеудің қара бағдары сияқты, қап-қара. Ал, тіп-тік кірпіктері жаныңды қытықтау үшін жаралған, қарағанда қадалып тұрады...»
«Кәміл сол Мүкарама. Ауруханға одан өзге сұлу қыз жауып кетті дейсің бе?! Шұғылдың Ықыласы өз ауруханасына алып кетті деп еді ғой» деп ойлады Нұрым қыздан көзін алмай.
Қыз, әрине, Нұрымның кім екенін білген де жоқ, тіпті оған көзінің қырын да салған жоқ. Күндегі әдетінше тоқталмастан, төңірегіне бұрылып көзін де салмастан, тік жүріп, аурухананың кішкене баспалдағымен жоғары көтерілді де, жарақат байлайтын бөлмесіне кіріп кетті.
— Қамыстыкөлдің Жарқопа жақ беттегі ықтасынына келіп таранып, жаздай сыңар жүзетін жалғыз аққу сияқты! Атып аң мамығын қандамай-ақ, тұзақпен ұстап, үлпілдек сағағынан сипап қойып, ана өр көзіне өлгенше қарап қана отыратын бір перизат екен, — деді әлгі Нұрымды шынтағымен түртіп қалған бөріксіз, қақпақ жауырын, дембелше қызыл.
Ол Мүкараманы қақпадан кіргеннен-ақ едәуір жүріп жететін есікке дейін көзімен жетелеп, баспалдаққа шығарып, қыз ақ сырлы есіктен кіріп, шаршы бөлменің ішінде кішкене ақ жекетін шешіп, оны қабырғаға ілгенше қадалып қарап, тамсанумен болды.
Нұрым оның кесірлі сөзін де, қыз бойын қалдырмай тінткен сұғанақ көзін де жаратпай қалды. Оның өн бойын өзіне белгісіз бір қызғаншақтық сезім билеп кетті. Мүкарама оған көлденең көзден жасырып, желден, күннен тасалап, мәпелеп жүрген аяулысы сияқтанды. Қасындағы сөзге ұста, ашық мінез, өткір көз дембелше қызыл жігіт ешбір жанға қимас қызды шап беріп қысып, жарылған көнтек ернімен үлбіреген тамақтан үйкелеп, жапырып жаншып, аймалап езіп, аш қасқырдай иыққа салып алып, оңаша бір жықпылға қарай ала жөнелетіндей көрінді. Нұрым қабағы аздап жабыла түсіп, дембелше жігітті ұзын қолымен итеріп жіберді.
— Сенің аққу мен ақ мамық не көтіңе керек. Алдымен ана жалай-жалай жарылып кеткен ерніңнің қызыл шақасын жазып алсайшы. Өлеңтінің бармақтай көк шыбындарының бірі тышып кетсе, жолың болар, — деді.
«Жарқопаның түбінде сыңар жүзетін аққу сияқты екен. Ақ мамығын қандамай, ақсағасынан сипар ма еді» деген сөзге ыржия тамсанған жалбыр жігіттер енді Нұрымның сөзіне ду күліп жіберді. Жауырынды жігіт сәл бөгеліп, айналасына тосырқай қарады. Ол мұндай әзілі аралас қатты сөзді күткен жоқ еді — жаңа жолдасының қостауын қалап еді. Жолдың шаң-топырағына жарылып тырысып мазасын ала берген соң ол шынында да ернін жалап жұмсартып қойып отырған.
Кеше казармаға кіргеннен бері бұл сөзшең жігітті Нұрым көп жуастың ішінен қалап алғандай, ішкері көріп қалған болатын. Оның Нұрымға: ашықтығымен, билеп-төстеп басқаны аузына қаратқан өткір жүзі мен тапқыр сөзділігі бірден ұнаған. Үйреніскен дос пен таныс жерден аулақ кеткен адамға жылы амандасып, бір шақшадан насыбай иіскеу де үлкен жақындық. Жылы шырай мен жатық сөз жетекші боп, бұл екі жігіт қатар жатып кеште әңгімемен түн қысқартқан. Сарқылмайтын бозбалалық шаң түні бойы жыр болып екеуі таң аппақ атқанша көп жерді шарлап, сан елді аралап, талай сауық, талай жиын-тойды басқа ұрып санап, басын бастап, аяғын аяқтап шыққан-ды, Ертеден берлі де бұлар көп жылдар бір жүріп, бір тұрып өскен жандарша бір-бірін иықтан қағып, бүйірден түртіп қалжыңдасып отырған-ды.
— Немене, қотырыңа тиіп қан-қақсатып кеттім бе, әлде болмаса үлде мен бүлдеге оранып, қасын керіп, қабағын шытқан алма мойын аруыңа көз қыстым ба? Алқа келдің батпағын қорыған қызыл көз қызғыштай бай-байлап айдаладағы бір маржаны да қызғана бастадың ба? Соншама түтігіп не болып қалды. Шалқардың балығына таласып, қырқысып ескен қара түрік, — деді жалпақ жігіт Нұрымды аяусыз тілдеп.
Нұрым бөгеліп қалды. Ол түнімен «сырласқан» жаңа достың сөз саптауына қарап ішінен: «Жә домбырашы, жә жыршысың ғой», деп қойған. Оны әзілдеп те, қалжыңдап та жеңе алмайтынын байқап және «сыр білдіріп алдым ба, қайттім» деген оймен ілкі қатаң үнін жұмсарта сөйледі.
— Менің алма мойын аруыма көз қыса алмайтынын; өзінен өзі-ақ белгілі нәрсе. Ол үшін кер шабдарыңды босқа борбайлап арам тер болмай-ақ қой. Алдымен маржа мен қызды, орыс пен ноғайды айырып алсайшы, — деп күлді Нұрым, Мүкараманы жолдасының орыс қызы деп қалғанын сезіп. — Мұндай сұлу бикештердің ауылы екеумізден алыс көшіп, шалғай қонып жүретінін естен шығарма, оны қой. Онан да бізді қай жерге иіріп, қай қораға қамайды, соны айт! Жүн түспеген сабалақ қара төбеттей, шидем шекпенімізді сүйретіп ертең кімнің көтіне еріп зіркілдейміз? Әлде құйрық-жалын күзеген тайдай сыптитып, шошақ тымақ, сұр шинель кигізіп Текенің казак-орыстарына қоса ма?! Қымыз ішіп, қызға көз қысып, келіншектердің алдында жантайып жатып домбыра шерту — екеумізден едәуір қашықтаған шығар.
— Біз сияқты сені желкеңнен ұстап, тұмсығыңа тұмылдырық кигізіп әкелген жоқ. Сен өз еркіңмен еріккеннен келген есерсің. Сөйте тұрып «бізді қай қораға қамайды» деп несіне уайым жей қалдың? «Қожаны көрдім дегенше — шүметегіңнің басымен қош айтыса бер. Ар жағы ақ жапаның күлі тигенде бір-ақ білерсің» деген екен сүндеттен құтылған бір бала жолдасына. Сол айтқанындай мына лөктірге түскеннен кейін қорасын да, шинелін де, орысын да, орманын да күте бер, — деп, жалпақ қызыл Нұрымды тағы да бір тілдеп өтті. Сөйтті де ол бір жақ тақасы желініп, сірісі қисайған түзу табан қазақ етігінің қонышынан қағазға ораған насыбайын қос бармақтың ұшымен шым-шымдап алып, үнемдеп иіскеді; сонсоң оны мұқияттап орап қайтадан қонышына қыстырды. — Маржа емес, бикеш дейсің, құлды соның кіндігін өзің кесіп, жаялыққа бірге орасқан адамдай. Сонда қазан ат қызды ноғай дегің келе ме? Жатаған жамбас, қыртық мойын, қайқы бел қарагер бие сықылды — ноғай қатындарын да көріп жүрміз. А, мына сияқты құду бел, қазық аяқ,.шекесінен қараған арғымақ қыз Қазаннан келмесе Теке мен Жымпитыдан шыға қоймас, — деді ол.
— Біздің бір Қадиша дейтін жеңгеміз бар еді қос малтаны көже қатыққа үш күн езетін. Сенің мына шымшуыңмен насыбайың алты ай иіскеуіңе жететін шығар! Әйел болсаң үнемшіл-ақ болар ең. Түзде жүргенде азықты үнемдегенің айып емес, насыбай да азық қой ататын кісіге. Ал жігітім, сен шатаспа, бұл қыз ноғай қызы, мен жақсы білемін. Көзінше қолайсыз сөз айтып қопыратып жүрме, — деді Нұрым оған, күні бұрын ескерте сөйлеп.
Мүкараманы кәміл танитынын және оны іштей жақын санайтынын Нұрым баста білдіргісі келмесе де, қызды алсуа сөзден қорғаймын деп ақырында ол сырын аша бастады. Мұны қызыл шырайлы жігіт те алыстан болжап, сырды аңғара бастағандай болды. Бірақ Нұрымның бұл қызбен қалай таныс екенін, не жақындығы бар екенін жете ұға алмады. Ол не де болса Нұрымның зығырын қайната түсуге, «тілін шығаруға» тырысты.
— Онда анау алтын көзілдірік киген қазақ лөктірі, зекет алатын молдалардай мөлиіп, бір күні некесін сайтанға қидырады десейші. Сен, Нұрым, қызбен таныс екенсің, ең болмаса көрпе қимылдатарын өзің алып қал. Бәсе, шап ете қалуың жаман еді, біледі екенсің, құр қалма. Өгіз су ішкенде бұзау байғұс мұз жалайды ғой...
Нұрым көре көзге ашу қысып қатты сөз айтуға ыңғайлана бастады да, екеуінің теке тірес сөзі ұзаққа созылуға бет алды. Бірақ комиссияға түсетіндерді бастап алып келген есаул киімді қазақ жігіті келіссіз әңгімені үзім жіберді. Ол аурухана басқышына жүгіріп шығып: Қаз-қатар екі-екіден есік алдына тұра қалыңдар! Шапшаң! Арш!.. — деп команда берді.
Сөзі көмейінде қалған ашулы Нұрым да, сөзге ұста, тікен тілді оның қасындағы жолдасы да орындарынан ұшып түрегеліп сапқа ұмтылды. Бұрын-соңды әскер тәртібін көрмеген, тек қана екі-үш күн ішінде қатарласып тұруды үйрене бастаған қорбаң жүрісті, аңқау пішінді, шабан ұғымды қыр жігіттері есікке қарай дүрліге бет қойды. «Қаз-қатар!» деген команда оларға анық жеткен жоқ, тек «есік алдына!» дегенді мықтап ұстап қалғандай, баспалдаққа бұрынырақ жетуге топырласты...
3
Қызыл шырайлы дембелше жігіт дәрігерге Нұрымнан бұрын кірді. Бұл екеуінің алдымен кіреріне жанындағы топырлаған өңкей қоңырлар таласқысы келмеді білем:
— Кәне, жүріңіз, жүріңіз, сіздер бастаңыз! — десті.
Бір жігіт тіпті дәрігер алдына баруға жүрексініп тұрғанын да байқатып:
— Сіздер бастаңыз, кім біледі, лөктыр деген атын естігеніміз болмаса, алдына барып көргеніміз жоқ. Не істейді екен өзі? — деп қалды.
— Шешіндіреді.
— Шешіндіргені жаман екен... Абыройдың ашылған жері десейші!
— О, жасаған, орыстың қаламына ілікті деген осы енді.
— Орыс емес, қазақ қой лөктырың, — деп күбірлесті басқалары.
— Малша қарап, аузыңды ашып, тісіңді басып, саныңа таңба салады, — деді дембелше жігіт олардың үрейін ұшыра түсіп.
Бұл дембелше еш нәрседен тайсалған да жоқ, дәрігер отырған бөлмеде әйел барын да елеген жоқ. — Kipген бойы сан рет комиссиядан өткен жанша, киімінің бәрін шешіп тастап, өзі суға түсетін кісіше тыр жалаңаш қалды.
— Фамилияң кім? — деп сұрады Ехлас оның бұлшықты қары мен құйған қорғасындай тып-тығыз, әрі жауырынды, әрі төстек келген тығыз денесіне риза болған пішінмен жіті көз тастап.
Жігіт:
— Атым Жолмұқан, — деді сәл бөгеле жауап қатып.
— Ымм, Жолмұқан... ал, әкең аты? — деді дәрігер Жолмұқанға жақындай түсіп.
Жолмұқан оның сұрағын жаңа ғана ұққандай болды.
— Е, лөктыр, солай сұрасаңызшы, қазақша. Әкем аты — Барақ.
— Берірек, жүре түс, қорықпа. Фамилия деген сөзден де үрікпе. Ертең «Әкең аты кім?»деп сұрап жатпас командирің. Қысқаша: «фамилия, марш», — дегендерді осы бастан үйрене бер, — деп езу тартты Ехлас, қарсы алдына келіп тұра қалған Жолмұқанның иығына қолын салып.
Ол дені сап-сау екені көрініп тұрса да, Жолмұқанды айналдыра қарап, аузын аштырып тісін де, теріс айналдырып көзін де мұқияттап көрді. Сонан кейін столға отырып жаза бастады.
— Жасың нешеде, Барақов?
— Жиырма беске іліктік білем осы биыл.
— Үй-күйің?
— Шешем бар, лөктыр.
— Әйелің?
— Әйел алуға қол тимей жүр, лөктыр.
Ехлас басын шайқады.
— Лөктыр деме, доктор де.
— Екеуі де орысша емес пе, ағайын.
— Әзір жауапқа шеберсің, туысқан. Еркіңмен қалап келген шығарсың уалаят әскеріне?
«Өткір жан. Сөзі де өзіне лайық дөңгеленіп тұр» деп ойлап Ехлас, Жолмұқаннан жарасымды жауап күткендей, алтын пенсненің үстінен оның міз бақпас жүзіне бағып күлімсірей қалды.
— Ешкімге желбұйдамнан ұстатып көргенім жоқ, лөктыр-доктыр. Ағайын жақсы ат беріп, хүкімет қолға қару ұстатса, кежегемнен кері тартатын нем бар.
Ехластың күлкі шырайы жоғалып, жүзі сұрғылт қалпына көшті.
— Жақсы ат пен винтовка үшін жүргенің бе?
— Жүйрік ат, әсем тұрман, сыпайы киім, ер қаруы — бес қару қай жігітке лайық емес, ағайын!
Бұл жолы дәрігер басын шайқамады, сәл ғана қабақ шытты. «Ат пен мылтыққа ғана, бос жүріп ел қыдыруға ғана құмар надан қаралар. Ел болу, хүкімет құру, оның ішкі-тысқы тәртібін қорғау қашан миына кірер екен!» — деп ойлады Ехлас іштей ренжіп. Бірақ мына балуан денелі, ашың жүзді, ұтымды сөзбен ойын бүркей сөйлейтін алғыр жігітке кешірім бергендей қабағын қайта жазды. Оның көз алдына бірнеше күннен бері алдынан өтіп жатқан көзге қораш, дене бітімдері күйкі, бұлшықсыз, бет ажарлары да біркелкі қоңыр домалақ, көбінің еріндері жарылып, көздері кірбиіп, қаланың топырына жүзі сынып қалған, қырыққан қозыдай қорбаң қимылды дала жігіттері қайтадан тізіліп еді. Олармен ұзын бойлы, сымбатты дәрігер мұндай салуалы сөз бен тіл де қатысқан жоқ-ты,
— Елде не кәсіп жасадың? — деді Ехлас салмақты үнмен.
Жолмұқан бұл сұраққа құлағын тіге қалды. «Бұл оқымысты сайтан, менің кәсібімді құлағы шалды ма екен?» деген шұба қылт ете қалғандай болды. Ол:
— Кәсіп — нәсіп, жігіт — жел. Жел күндіз де еседі, түнде де еседі. «Сен неге естің?» деп кім сұрар. Қай белді басып, қай сайды асып кеткен ізде не тұрар! Қырдың желін тау қумас, таулы жерде жел тумас, — деп жартысы тақпақ, жарымы жұмбақ сөзді желдіре жөнелді.
Сонда да бұл желдей ескен сөздің түйінін ұстауға тырысып, Ехлас әлгідегі көзілдірік үстінен қарай қалған күйінде сәл бөгелді де: «Тапа-тал түсте өрістен жылқы қуып кететін бау кеспенің бірі ғой. Ат пен дару да соған керек болғаны. Жау бетіне ұстарға жарыған екенбіз...» — деп күбірлеп, Жолмұқанға «шыға бер» деген ишара берді. Жолмұқан оның сөзін есітті ме, есітпеді ме, — кім білсін. «Мені көрдің бе» деген жанша бұрышта тік тұрған сұлу қызға көзін қысып қалды, өзі есікке беттеді.
— Екінші кім? — деген командир даусына ілесе иіліп-бүгіліп Нұрым кіре берді. — Тез, Жұнысов, тез! — деді ол бойын жиып үлгермеген бойшаң жігітті сөзбен қамшылап.
Үйдегілер тегісінен Нұрымға қарай қалды. «Мынау кәдімгі бұзық Жұныстың есер қарасы ма? Бұл қалай келіп қалды? Әлде Қайыпқожаның есалаң Кәрімғалимен бірге мұның да зербесі шықты ма екен? деп ойлады Ехлас әлденеге қызара түсіп. Ол көрер көзге Нұрымды жақтырмаған пішін көрсетті: көрікті жазық қабағын шыта қарады. Ал дәрігердің оң жағында бұрышта түрегеліп тұрған Мүкарама баяғы шұғылалы көзді Нұрымның қарақошқыл тартқан сопақша маңдайына қадады, асау кірпіктер бұрынғыдан да үрке тіксиіп қалды, иек те көтеріле түсті. Байқап қалған адамға оның оймақтай аузы жыбырлап та кетті: «Жұнысов, бұл қандай Жұнысов?!»
Дәрігер Ехлас пен Мүкараманың бірі танып жарытпай көз тігіп, бірі танымай тек қана «Жұнысов» деген фамилиясына ақтарылса, Нұрым бір сәт олардың екеуін де танығанынан ақтарылды. Бірақ ол өзінің ежелгі батыл мінез, топжар қимылына басып:
— Ехлас аға, айып етпеңіз, үйіңізге барып сәлем беріп шығуға мұрса болмай жатыр. Домбырадан өзге құрал ұстап кермеген асау қол мылтықты жатсынып ырық бермесе, жайлауға сыймайтын бас казарма шаңырағын қорашсынып көндіге алмай әлек. Оның үстіне тастай тәртіп тізгін босатар емес, — деп, оқымысты ауылдасына әдейі бас араздықпен бармағанын жуып-шаюға тырысты.
— Ымм, — деп қабағын бұрынғыдан гөрі шыта түсті тәкаппар дәрігер.
Есаул формалы қазақ командирі «мына собалақ дара шамасы дәрігермен таныс-ау. «Ехлас аға, кіріп сәлем беруге мұрса келмеді» дейді. Әлде ағайыны ма екен?» деп көзін тіге түсті. Ол тағы да:
— Тез, Жұнысов, тезірек шешін, адам көп комиссиядан ететін, — деді. Бірақ, оның даусы бастапқы бұйрық түрден өтініш райға көшті. Ол Нұрымды «үлкен дәрігердің» жақыны деп түйді білем.
Осы күнге дейін ол Ехластың дәрігер екенін білсе де, оның тап жігіт алатын жерде кездесетінін күткен жоқ еді. Ең қиыны: Нұрыштың аттан құлап өлім халінде қалғаны. Соның кесірінен ғой Нұрымның бой тасалап, аулақта бола тұру ниетімен тап осында келгені. Әрине, одан өзге де себептер бар албырт жігітті шулы думанды қалаға жетектеген. Бірақ, бас себеп Нұрыш еді ғой. «Мына саранау сары ағасының кегін алуға тырысады. Алдымен әскер қатарына алдырмас. Мейлі, алдырмаса алдырмасын. Аса қызығып тұрған мен де жоқ. Үстімнен іс көтеріп бәле жасамаса болды. Басқасын көріп алармын. Қап, Мәмбетті жолықтыра алмай қалғаным-ай. Мәмбетті кездестірсем бірге жүріп, біраз уақыт ел ішін аралап, жер көріп қайтар едім» деп ойлады Нұрым, Ехластың қабақ шытқан жүзінен сыр іздей бастап.
Жаратпайтын, тіпті дұшпанындай жек көретін Жұныстың баласының «айып етпеңіз, сәлем беруге бара алмадым» деп «ағалаған» сөзі дәрігерді жібіткендей болды. Нұрым мықтап қуыстанса да, Ехлас Нұрыш жайын білген жоқ-ты. Білмегені: ағасы болған оқиғаны үй ішінен жасырған болатын. Ол бір жағы алысып аттан жығылдым деуге арланған да еді және әкесінен қорқып шын сырды әдейі бүккен еді. «Жұныстың баласы аттан аударып жығып қолын сындырыпты» деген сөзді естісе Шұғыл алдымен Нұрыштың өзін жазалауы айдан анық нәрсе болатын.
Бұл сырды бірақ Нұрым да білген жоқ, Нұрымды комиссиялауға кіріскен Ехлас та білген жоқты. Ол бұл оқиғаны естіген сағатта Жаншаның қара машинасын сұрап алып, «аттан құлап мертіккен» ағасының қолын салып, «бейнеттен өзге хауіп жоқ» деп үрпиіскен үй ішін жұбатып қайтқан еді.
— Елден қашан шықтың? — деді Ехлас Нұрымға.
— Кеше кешке, — деп Нұрым бірнеше күн өткенін жасыра қойды.
Дәрігер мошқамады. Басы артың лебіздесуден қашып, ол, тәртіп бойынша керек мағлұматты тізіп сұрап та жатпады. Балуан денелі батыл Жолмұқанмен бірге бұл ұзын қараның да «гөден» деген бағаға қылапсыз ие боларына шәк келтірген жоқ. Жалғыз-ақ оны ойландырған: «ереуіл көтеріп, жігіт жинап болысқа шабуылдап отырған сотқар Жұныс Жаншаның жасағына баласын өз еркіне жіберіп, алаштың азаматы бола қалғаны қалай? Әлде мұнда да бір арам пиғыл бар ма?» деген күдік болды. Ол өзі білетін Нұрымның аты-жөнін, бойын, түрі мен түсін, дененің саулығын сұрамастан жазып отырды да:
— Қанша жігіт іліктіңдер ауылдан? — деді,
Бұл дәрігердің ойынша: сездірмей сыр ашар сұрақ еді. Ол даусын жұмсартыңқырап, момақан пішін көрсетуге тырысты. Іштей «не дер екен, не шырай көрсетер екен?» деп көзін алмай тұрған Нұрым жұмсақ тіл қатқанға қуанып кетті.
— Мен тізімге ілігіп келгенім жоқ, Ехлас аға, — деді ол лепірген үнмен.
— Өз еркіммен де!..
— Ия. Біреудің жетегімен, болмаса әлдекімдердің итермелеуімен жүрмейтін тентек Нұрымды балықша желбезегінен тізіп бере қояр адам болған жоқ.
— Мықтымын. Саналы азаматпын, түзіктікке бет бұрдым де!..
Нұрым ойланып қалды. Бұл сөздің көкесіні барын ол жақсы аңғарды да, бірақ өз жауабының да мақтаншақ үнін байқап қалып, іліп-шалудан бас тартты.
— Ықа, алдағыны бір тәңірінің өзі білер. Бұрын бұзықтың жасаған жерім жоқ, бүгінгім түзіктік болса болғаны. Ер азамат атқа мініп жатыр деген соң, жиынсыз жерде қол қусырып көрмеген ініңіз үйде қала алмады.
— Бұл ойын-сауықтың орны емес. Темірдей тәртіп пен ғаскер өнеріне үйрететін жер екенін естіген шығарсың?
— Әлбетте, Ехлас аға.
— Керек болса, қара қазан, сары баланың қамы үшін түтеген оққа да қарсы баруға тура келер.
— Шешінген судан тайынбас дейді ғой. Көппен көргеннің бәрі ұлы той емес пе, Ехлас аға. Балтыр түріп бозбалалық та еттік, өлең айтып ойын-тойды да басқардың. Енді сары азамат сардар бектің ортасында Махамбет батыр ұстаған сүңгіні көтеріп те үйренейік.
Ехлас онан әрі созбады. «Сөз үшін туған дегдардың баласы жауапқа іркілмес. Кешегі Оразбайдың бас кесеріне ұсап кетіп жүрмесе не қылсын! Офицері сақ болса...»
— Бар. Жарайсың, — деді дәрігер әңгімені тез қысқартып.
«Бұл жігітсің дегені ме? Әлде ғаскер балуға жарайсың дегені ме?» деп ойлап үлгергенше, алып келген офицер:
— Жұнысов, сен ондық болуға да жарайсың. Сені өз жүздігіме аламын, — деп иығынан қақты.
4
Тып-тымық бір жазғы кештерде қаймақшып жатқан айдын бетін ұйтқытып өткен қума құйын сияқты, ойда жоқ жерден кездескен Нұрым Мүкараманың маужыраған жүрегін хаттан да қатты толқытып жіберді. Комиссия үстінде қыз не істерін, не дерін білмей қалды. «Ехластан «бұл қай Жұнысов?» деп те сұрай алмады, түрлері де ала-құла, мінездері де әлем-тапырық қырдың бір топ тарпақ жігіттерін бастап келген офицер формалы басшы қазақтан да жай-жапсарды сұрай қою орынсыз көрінді. Оның үстіне ең қиыны: Хакімді кім деп сұрайды? Таныс еді демекші ме? Әлде көңіл қосқан болашақ жар деп сыр шашпақшы ма?!
Келісі келмеді. Бірақ қыздың анық түйгені: мына Жұнысов сол Хакімнің ағасы, өйткені елібі аумаған Хакім. Бойынанан ұзын, өңі қара сұр болса да сүйкімді.
«Сол ғой! Хакімнің ағасы ғой! — деп ойлады қыз. — Інісінің қайда жүргенін бұл жігіт анық біледі ғой. Мүмкін хат та әкелген шығар. Маған көп қарады, бірақ дәрігерге де, басқаларға да байқатпауға тырысты».
Аздан кейін ол күдік келтірер жер қалдырмауға тырысып, Нұрымның не сөйлегенін де еске түсірді. «Аға, сәлем беруге бара алмадым», деді Ехласқа. Дәрігермен бір ауылдан, тіпті ағайынды жандар. Хакім солай деген. Әттең, Хакімнен мен Оралда жүргенде «ағаң бар ма? аты кім?» — деп неге сұрамадым екен. Бірақ ол күнде туған-туысқандарын сұрауға уақыт болды ма?! Уақыт болмады. Уақыт болса да алдағы күнге көз жіберуге мұрша келмеді. Алып ұшқан балалық шақ не нәрсені байқатар?! Және мұндай алыс сапарға, ұзақ уақыт айрылып кететінімізді білдік пе!» деп өкінді қыз, Нұрым шығып кеткеннен кейін. Сол сағаттан бастап қыздың бар ойы Нұрымда, бар ынтасы оның кім екенін анықтап, білуге ауды... Ехластың сөзіне де ол аса зейін салмай, айтқанын тек шамамен орындап, ауруды да дағдылы әдетпен қалай болса солай шығарып сала берді. Ал, комиссия үстіндегі әңгімелерді құлағына да ілмеді.
«Бұл қалай болғаны?» деген сұрақ кездесті бір кез оған. — Хакім революционерлермен бірге. Ол ана өзі де, ісі де жұмбақ Әйтиевтермен бірге! Түрмеде отырса да қайыспайтын Дмитриевтермен бірге! Атуға да, асуға да сескенбей қарайтын батырлармен бірге! Көптің алдына шығып қысылмай сөз сөйлейтін ер қимылды батыл жандармен бірге. Жаздыгүні көк қарулы казак-орыстардан сескенбей әлденені сылтау етіп, Хакім Орал қаласына келіп, тіпті төрт бұрышында пулемет құрып қойған ажалдың аузындай зәрлі түрмеге барып, революционердің қызы Дуся арқылы хабар алып жүр. Өз ісінің дұрыстығына сенген жандар ғана осылай істейді. Хакім де солай. Ол алған бағытынан, көздеген мақсатынан таймайтын жас болып алған. Маран: «Біз тез келеміз! Күт! Кешікпей келеміз!» деп еді соңғы көргенде... Соңғы хатында тағы соны айтыпты. Үлкен күннің жақын екенін айтыпты, тез келетінін айтыпты. Мен оған сендім! Ол келеді! Бұл имандай таза, берік серт. Мен де сенем бұл уәдеге. Өйткені Хакімді сүйемін... Ал, мына Жұнысов сол менің Хакімімнің ағасы. Бұл да Жұнысов. Хакімдей оқымаса да, бұл да бетінен қайтпайтын ер келбетті жан. Солай бола тұра бұл Жұнысов Жаһаншаның жасағына неге жазылды? Жаһанша Хакімге де, оның серіктері — революционерлерге де қарсы емес пе? Әлде бұл жігіт надандығымен жазылып жүр ме Досмұхамедовтердің дружинасына?! Бұл қалай? Бұл Жымпиты басшыларының казак-орыс атамандарымен дос екені қару-жарақ алып жатқандарынан-ақ белгілі. Өткен жолы офицер Аблаев жолда қолға түсіп, бар жүгінен. айрылған. Оны өздері жасырып, Ехлас дәрігердің үйінен қонақасы жемей кетті... Бірақ осының бәрін Ольга-ханум ертеңіне-ақ маған айтып салды. Бұл қалай? Ағайынды екі Жұнысов біріне-бірі қас болып кеткені ме? Әлде бұл басқа адам ба?.. Жоқ, бұл соның ағасы!»
Мүкарама ауруханадан үйіне қайтып келіп, тап ертеңгідей әйнегі алмалы терезенің алдына барып тағы қзақ отырып қалды. Бірақ бұл жолы хат жазу емес, алған хат пен Нұрымды ойлап қалды. Ол Хакімнің хатын тағы да оқып шықты. Енді хатты қайда жазбақ?! Қай адреске жібермек? Ертеңгі жүрек түбінен ытқып шыққан бір ауыз ыстық лебіз де осы сұрақтарға соқтығып еді.
Ой!
Ой терең!
Ой шеті ұшы-қиырсыз!
Беттен желпіп өткен кешкі самалдай, жеңіл-желпі ой кейде белгісіз бір рахат шаттығына бөлейді. Алыста қалған балалық шақтың кіршіксіз бейнесі көз алдыңа келгенде «сол кез қайта келсе!» деген тәтті арманға шомдырады.
Ал, ғашықтық арманы алдыңды ораса ше! Бастан кешкен сағат, минут есепке алынса ше?! Өткеннің көбі өкініш болып көрінсе ше? Неге олай дейтін сұраққа көбірек сүріндірсе ше?!
Мүкарама ой тұңғиығына бойлай берді. Оралдағы өткен қыс, ойраны мол көктемнің ойда жоқ жерден кездескен ащы айрылысын көбірек көз алдына алып келе берді.
— Жоқ! — деді ол бір кез өзіне-өзі. Бірақ даусы шығып кетті. Дауысын әлдебіреу есітті ме деп ол сасқанынан орнынан ұшып түрегелді.
Үйде өзінен өзге жан жоқ еді.
— Жоқ! — деді ол тағы да. Бұл жолы әдейі өзіне өзі дем берді, сөзін өзі естігісі келді. — Қалайда табамын! Хат әкелген Әмірді де табамын! Солдат Жұнысовты да табамын! Хакімді де табамын! Табамын! Табамын!
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Жан медеуі ән мен жыр...
Ауылда да, қалада да бірнеше күннен бері Нұрымды зілдей бір ой екі иығынан басып көтертпей тұрған сияқтанып еді. Сол зілді қазір ол аздап ысырғандай болды, бірақ әлі де біржола иықтан түсірген жоқ...
«Мен қайда отырмын?» дейді тынымсыз түрткілеген күдікке төтеп бере алмаған Нұрымның үнсіз тілі. Сөйтеді де ол ұзын үйдің ұзын жарын жағалай қойған қарағай койканы, оның үстіндегі сұп-сұр шинель, сұп-сұр шекпен көрпе жамылған қара қоңыр жігіттерді көзімен аралайды. Олардың бірі тұрған күйінде, бірі отырған қалпында әлденемен шұғылданған: боз көйлектің үзілген ілгегін қадайды; бұрын киіп көрмеген қисық табан ауыр етіктің қонышын сипалайды, жалтыраған сары жез түйменің үстіндегі самұрықтың суретін сығалайды, былғары белбеуін шиыршықтайды; шамырқанғандай шатты пішінде қарлығаш қанат мұртын сылағыштайды. Орамалын бүктегіштеп жастық астына басқан, сүргінің ізі сарғаймаған ақ қарағай тақтаның үстін үргіштеп, шаң жұқтырмай жатқандар да аз емес. Шинель ілетін жерге тықылдатып қосымша шеге қағып, гимнастерка, шалбарын ұқыпты іліп, қалтасындағы тиын-тебенін алысырақ қалта түбіне тыққыштап жатқандар да бар...
«Мен қайда отырмын?»
Әрі жат, әрі түсініксіз жаңа жерге киліккен күні топырлаған жандар:
— Нұр-аға, өзің бастамасаң мынадай моншаңды көру түгіл, атын да естігеніміз жоқ!
— Нұреке, командир не деп кетті?
— Нұрым, мына қағазды тануын танып-ақ тұрмын, жазу-сызуы бар қағаз. Ал, сен оқып көрмесең, мен шорқақтау едім... — дегендер қаумалай түсіп еді. Келесі күні Нұрымның өзі көрмеген тәртіп пен өзі білмеген нәрсе қаптап кетті: мылтық, мылтықты қалай ұстау, қалай оқтау, қалай көздеу асың ойнағанмен бірдей екен.
Ал, оның бөлшектері мен аттарын, қалай ұзын, қалай саптау, қалай жүру, қалай бұрылу, қалай қадамдап, қалай шегіну өлеңші Нұрымға, тапқыр Нұрымға, беті қайтпаған Нұрымға қиямет-қайымның тар көпіріне тірелгенмен бірдей болған.
«Мен неге оқымадым? Жасымда неге өнер-білімге ұмтылмадым? Ана Хакім, мына Ораз менен артық па еді? Бұлар біз білмегенді білді, біз көрмегенді көрді, біз естімегенді естіді. Орыс тілін білді, қала сырына жетілді. Не жақсылармен табақтас болды, не асыл ағалардың ақылын алды. Енді өздері әділдік қуып жүр. Қатарының алды болып жүр. Екеуінің де қолынан не тілесе сол келеді; іс десең — іс, билік десең билік келеді. Ел басқар десең — ел басқара алады. Бала оқыт десең — бала оқыта алады...
«Мен кімімін? Мен көп қара дүрсіннің ішіндегі өнерден бос қалған қара дүрсінімін», — деп тілгіледі ол өзін өзі. «Біздің орын бүгін мына ұзын қазарманың қарағай төсек, қамыс жастығы. Кеше пішен шауып, жер жыртып, өлең айтып, мал бағу еді. Ал, ана екі інім кеше де елден өзгеше еді, бүгін де жұрттан бөлек ауызға ілігіп жүр...
Бұл не, қызғаныш па? Әлде күндеу ме?.. Жоқ, олай емес. Олай болуға тиіс емес», — деп жұбатты ол бір кез өзін. «Ораз бен Хакім — бірі — бас, бірі — көз. Ұшсақ бізге олардың бірі қанат, бірі құйрық. Олардың орны басқа, біздің орнымыз басқа. Олардай болмасам да, мен де бір кәдеге аспаймын ба?! Мені ешкім зорлаған жоқ.
Өзім келдім, өзім жазылдым. Әрине, бұған көлденең сөз қамшы болды. Мәмбет қамшы болды. Пазыл қамшы болды. Көптің дүрліккені қамшы болды. Жоқ, мен... мен сол желдей ескен Мәмбетпен біргемін. Мені ешкім байлай қойған жоқ. Мен де қолдан келгенін істеуге ұмтыламын. Мен де сол біздің екі жігітпен біргемін. Мен де:
Бұзбай құлан пісірмей,
Мұз үстіне от жақпай...
Тебінгіні теріс тақпай...
неге тынам?!..» Нұрым жалма-жан бас жағында тұрған көк домбыраға қол созды. Көк домбыраны кеше Пазыл:
— Мынау өз нағашыңның домбырасы. Анда-санда шала шертсем де, үйде тұрсыншы деп әкеліп едім елден. Енді иесін тапты, — деп еді.
Тыңқ-тыңқ еткен домбыраның бұраған үніне бір сәт құлақ елегізе қалды. Түйме қадап, етік сипағандар, белбеуін шиыршықтап, мұртын сылағандар мойындарын Нұрымға бұра бастады. Шеге қаққандар тықылын тия қойды, қисайғандар бастарын көтерді.
— Е, қабағыңды тыржита бергенше көк домбыраның шегін шерткілесейші, — деді Жолмұқан қасындағы жігітті бүйірден түртіп Нұрымға қаратып. — Нұрым деген қарамын, қарадан туған дарамын. Мың кісіге бір өзім, қорықпай жалғыз барамын, — деп соқ!
Жолмұқанның әлдеқалай айта салған тақпағы Нұрымға кенет Қарт Қожақты ауызға салды.
— Әй, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ!
Мен Қырымның ішінде
Ақша ханның қызы едім,
Атам менен анамның
Асыранды қазы едім.
Қойда бағлан қозы едім.
Жылқыда шаққан бозы едім.
Әй!..
Менің немді сұрайсың?
Бұхар барсаң қолаң бар
Қолаңды көр де шашым көр.
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр.
Молдаға барсаң қасында
Қиюлы жатқан қалам бар.
Қаламды көр де қасым көр.
Имран барсаң пісте бар,
Пістені көр де мұрным көр.
Әр шаһарға қарасаң
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де көзім көр.
Самарқан барсаң сандал бар,
Сандалды көр де тісім көр.
Ұстаға барсаң қасында
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де қолым көр.
Тоғайға барсаң тоғайда
Томаланған қоян бар
Қоянды көр де жоным көр.
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар
Қанды көр де бетім көр...
Ұзын казарманың әр жерінен мойнын бұрып, бастарын көтергендер бір сәтте Нұрымның қасына сайға үйрілген қанбақтай ұйысты.
— Ой, сілте, сілте, ағатай!
— Ой, біздің арамыздажырау да бар екен ғой!
— Болмағанда! Көк домбыраны көзің шалмап паеді!
— Кім білген, ақын екенін Нұрекеңнің. Домбыра күй шертуге, ән шырқауға да керек, — десіп жыр құмар жастар ду ете қалды.
— Ай, сендер тұс-тұстан жамырамаңдар, — деді Жолмұқан екі қолымен Нұрымның үстіне ентелей түскендерді кері ысырып. — Неге шулайсыңдар, енесін көрген қозыдай еміреніп. Бұл кәдімгі Қарт Қожақ, арғы жағын айтсын.
Нұрым айқайлап алды да, домбыраны ,қағып-қағып жіберіп:
— Ау Қарт Қожақ, Қарт Қожақ!
Бес жасыңа келгенде
Жас шыбықтан жай тарттың.
Жалғыз...
Қос ішек үзіліп кеткендей «дың» етті де, Нұрымның қолы кілт тоқтап, домбырадан құйылған үн жым-жырт бола қалды. Домбыраға төне үңіліп, айқайлап алып, басын көтерген жыршының көзі қаумалаған қалың адамның кейінгі жағынан қарап тұрған Мүкарамаға түсіп еді. Кәдімгі Мүкарама қадала қарап тұр. Көп адамның шетінде, әлдеқалай келіп қалып, не болып жатқанына түсінбей таң қалған киік сияқты. Тұрпат, мүсін, көз жанар — бәрі киік! Жым болған топ ақтарылып, Нұрымның көз тіккен жағына бұрылды. Қызды көріп бұлар да су сепкендей болды. Бірінде үн жоқ, қыбыр-қимыл да жоқ! Бір сәт казарма ішін шыбын ұшпастай бір тыныштық басты.
Қыздың таңданғаны: өлеңшіні де, тыңдаушыны да бұрын көрген жоқ еді. Ең ғажабы — сырт көзге қораш, тұр ойпаттары ала-құла, мінез-құлықтары да басқа-басқа, бірі ұялшақ, бір пысық, оның үстіне тіпті хат танып, қалам ұстай білмейтін өңкей топыраш өлеңге, әнге, домбыраның үніне ұйып қалған; дүниеден безгендей, бар ынтасы, бар жігері, бар қолқасы жыршыға құлап кеткен. Жыршының аузынан шыққан жыр мен домбырадан төгілген үнге бесіктегі сәбидей тербетіліп, елтіп қалған:
Ал, осының бәрі бағанағы солдат Жұнысовтың аузынан ағылған жыр мен он саусағынан төгілген үннің сиқыры! Ұзын бойлы, қара түрік тәрізді көруге епсіз, қимылға олақ дала жігітінің өнері! Балға қонған арадай үймелеп, соны қоршап алған. Бұл өнерші, бұл әнші, бұл домбырашы болғаны ма? Мына надан деп жүрген қара домалақ даланың момақан жастары әсерлі үн мен толқыған күйге қала жастарынан артық ұйығаны ма?
Мүкараманың бөлшек-бөлшек ойы да үзіліп кетті, таң-тамаша қалған түрі де өзгеріп кетті; оны Нұрымнан бұрылып, енді өзіне қарай ауған көп қара көздердің жалыны шарпып кеткендей болды. Қыз жүзін казарманың адам сирек жағына бұрды. Әлденені көзімен іздегендей, әлденені байқап қарап, жадына жаттағандай пішін көрсетіп, жұрт назарын басқа жаққа аударуға тырысты. Бірақ, тез іліп түскіш, тез байқағыш және астарлы сөзге ұста Жолмұқан орнынан түрегелді де:
— Мен жаңылмасам бұ сұлу, оразаның соңынан көп күттірген айдай боп арамызда пайда болған ару... Кәдімгі лөктырымыз! Аңызақ қағып аңсап тұрған даланы себелеп өтетін нұрлы жаңбыр сияқты, мына жұтаған көздерді тым болмаса ақ жүзіне бір қаратып тамсандыру үшін келген ғой. Күндіз дене-сырқатын, кеш көңіл сырқатын емдеші, шырағым! Жоғары шық, төріміз мынау, — деп Нұрым отырған бұрышты меңзеді.
Қыз оған қарай қалды. Бұл комиссиядан шығып бара жатып көзін қысқан жігіт.' Бір сәт көз тоқтатып, бет әлібін көңіліне түйгендей болды. Бірақ тіл қатпады. Ал, Жолмұқан тағы да сөз бастады.
— Жанға медеу он мен жыр. Ал оған теңеусіз сұлу тап келсе — тәңірім бақты ашқаны!..
— Рахмет, сізге! — Басқа сөз айтпастан Мүкарама Нұрымға жақындай берді. — Мен сізге жолыққалы келдім, Жұнысов мырза. Айып болмаса сыртқа шығып, мені бір көше жер ұзатып салсаңыз...
— Уаһа! — деді Жолмұқан Нұрымға қарап. — Бақты тәңірім ашты. Ән мен жырға сұлу қосылды. Жұлдызың оңыңнан туған жігіт едің, енді ай...
Нұрым қабағын қарс жауып бір қарады да, домбыраны Жолмұқанға ұстата салды, өзі есікке қарай аяңдады. Ол Мүкарамаға еріп казармадан шығып кетті.
2
Нұрым өмірі сөзге іркіліп көрмеген, кәріге де, балаға да тіл тауып жанаса кететін жан-ды. Ал елдегі қыз-келіншектің арасында ол нағыз сәнді әзілдің кеш басшысы еді. Ол жүрген жерде жарасымды күлкі мен тапқырлық сөздің сыр сандығы ақтарыла бастайтын. Бозбала жиынында өлеңнен бәйгені шаппай алатын да Нұрым, жақсылардың тобында жырдан өрмек өретін су жорға дасол. Сол ашық жүзді, топжар мінезді, ақын Нұрым бүгін Мүкараманың алдында кенет өзгеріліп кетті, ол тілдесуге лайық сөз таппай қызарды, өзінен өзі бөгеліп, ұзын шинелінің жарқырауық жез түймелерін шұқылай берді. Ол сұлу татар қызының жүзіне тура, қарауға қысылды — ажарлы арудың пак пішініне кіршік келтіретіндей қорынды. Оған үстіндегі ұзын шинель, дөкір белбеу, қостың төбесіндей шошайған биік шлем, жуан етік, жел мен күн жеген қара қошқыл бет пен қара қайыс қолдар қуыршақтай үлбіреген жанның жанында қиссаларда кездесетін қара құлдардың пішініне ұқсап кетті. Сылдыраған қыз лебізіне қарлыққан жуан қоңыр дауыспен жауап қату да құран хатіміне күпіршілік келтіргендік сияқтанды. Оның аршындаған адымы да жас,қозының қадамындай бала-бұлтақ қыз жүрісіне серік-сыңар еместігі көрінеді.
«Неге келді? Не айтпақшы? Мен не демекшімін? Менің елдегі тұздығы ащы, шоқпардай сөзім көлдегі бала қазды үркіткен дауылпаздың даңғырындай-ақ бірден бездірер! Егерде Хакімнің туған ағасы мынадай адыр-бұдыр собалақ болса, оның әке-шешесі, басқа туған-туысқандары қандай сөлекет жандар екен демей ме? Әттеген-ай, әзірге мені білмегені, кәрмегені жақсы еді.
«Мен сізге жолыққалы келдім, Жұнысов мырза» дейді. Біліп келген, әдейі сөйлеспекші...» деп ол ішінен білдіртпей, басын шайқап қойды.
Аз жүргеннен кейін Мүкарама сез бастады.
— Сіз мені күтпеген шығарсыз, Жұнысов мырза. Бұл қандай қыз ұялмай іздеп келіп, мың жігіттің ішінен адаспай тауып алған, деп ойлап келе жатырсыз ба, а? — деп күлді қыз.
Даусы шынында да Нұрым шамалаған «Құран хатіміндей» нәп-нәзік мұқамды және күмістей сылдырап шықты.
— Жоқ, жоқ, ондай деп ойлағаным жоқ... айып етпеңіз, лөктыр. Мен басқа бір заттарды ойлап келе жатыр едім...
— Басқа затты ойлағаныңыз келіспейді. Қасыңызда лөктыр келе жатқанда басқа затты ойламаңыз, — деп Мүкарама тағы да ақырындап күліп қойды. — Сіз мені «лөктыр» демеңіз, мен доктор емеспін. Доктордың айтқанын орындайтын сестрамын. Бізді «медсестра» дейді.
Нұрым үндемеді. Бірақ, ол бұрынғыдан гөрі сәл жүрек тоқтата бастады. Қыздың сынап-мінеуден аулақ ойда екенін аңғарды.
— Сіз қай жердікісіз? — деп сұрады Мүкарама.
Нұрым жерінің атын атап, ауылының жайын айтты.
— Сіз Хакім Жұнысовтың ағасысыз ғой?
— Оны қайдан білдіңіз? — деді Нұрым, ақырын ғана.
Ол бұл сұрақты әдейі алға тартты — біле тұра іштей қыз сөзіне разы болып тартты; інісі үшін төбесі көкке жеткендей шаттанды, сұлу қыз, аса сұлу... Тек тілім тимесін, Хакім жар тапқан, — деген жүйрік ой жанталаса теңеу іздеп жатты. «Құлақ естіп, көз көрген жерде бұл сияқты сұлу адам кездескен жоқ. Білім, тәрбие қандай! Ашық жүз, сөзге ұсталығы! Татар халқы ашық келеді. Біздің қыздар мына сияқты іздеп келіп керек адамын сұрауға ұялады...»
— Сіз ауруханаға комиссияға келгенде фамилияңыздан білдім. Доктор Ехласпен сөйлескеніңізден аңғардым. Хакім: «Біз Ехлас доктормен бір ауылдыкіміз» деген еді. Және сіз Хакімге тартқансыз.
— Ол жеріңіз қате, — деді Нұрым езу тартып. — Хакім ұқсамаған. Ол және менен кіші.
— Жо... жоқ, таласпаңыз, Хакім сізге тартқан, — деді Мүкарама тағы да күліп.
Сөйтті де, қыз кенет қабағын шыта қалды. Ай жап-жарық еді, Нұрым оның жүзін күндізгіден де анық көріп келе жатыр еді. Қабағын шыта қалған қыздың көзі оған тура қарады.
Аздан кейін тіпті Нұрымның көзінен жоғары оның басындағы шлемге қадалған тәрізденді. Ұзын кірпіктері теп-тегіс қадалатындай едірейген, шошақ мұрнының ұшы сәл көтеріліңкіреп, тамағы үлбіреп тұр.
— Қазір қайда Хакім?
Сасып қалған Нұрым:
— Білмеймін, — деп қысқа жауап қайырды.
— Жасырмаңыз. Сіз бір кісінің баласысыз, ініңіздің .қайда жүргенін білесіз.
— Оллаһи білмеймін, тап қай жерде екенін, — деп Нұрым қарғана түсті.
— Жоқ, жасырмаңыз... Маған керек... Хат жазуға керек...
— Сіз наныңыз, мен жасырып тұрғаным жоқ. Ақиқат шындық, қайда жүргенін білмеймін.
Мүкарама қабағын бұрынғыдан да гөрі қаттырақ түйді. Бірақ оның әлі сызық тартылып көрмеген аппақ маңдайы жиырылған жоқ. Тек қана әлгіде қиылып тұрған қастары шоқтанып, дөңгелене қалды.
— Ағайынды адамдар... — деп қыз бөгеліп сөзін жұтты да, риза болмаған бір назды үнмен: — Сіз бұл жерге неге келдіңіз? — деп сұрады.
— Әскерге үйрену үшін. Жастар тегіс жазылып жатыр.
— Ағайынды екі адам екі әскерге жазыла ма?
— Хакім әскерде жоқ.
— Қайда жүргенін білмеймін дедіңіз... олай болса оның әскерде жоқ екенін қайдан білесіз?
Нұрым бұрынғыдан жаман састы. Сөзден ұсталғанын мықтап сезіп және Хакімнің қайда жүргенін әшкерелеуге бармай, ол міңгірлей түсті.
— Әскерге кірмейді дегенім...
— Кірген. Кіргенде қандай әскерге кірген, — деп Мүкарама балаша өршелене түсті. — Жасырмаңыз, мен бәрібір білемін. Сіз айтпасаңыз да білемін. Мен әдейі іздеп Жұнысов деп келгенде, сіз маған сенбейсіз...
Нұрым оның өкпелеп қалғанын сезіп жаны шығып жете жаздады:
— Сіз, Мүкарама, ренжімеңіз. Маған ренжуге болмайды...
— Неге болмайды? Ініңізді сұрағаннан айыпты боламын ба? Маған оның не істеп жүргені керек емес, мен оны өзім де жақсы білемін. Маған қазір тек адресі ғана қажет хат жазуға.
— Мен өзім де білмеймін, лөктыр... мен де хабарсызбын. Көптен хабар жоқ. Оллаһи шыным, — деп қарғанды ол, Мүкарама ренжіп - кетеме деп қысылып. — Білсем сізден жасырамын ба? — Сіз бір сөзіңізде ағайынды екі адам екі әскерге жазыла ма дедіңіз, бұл менің ойламаған ісім еді. Ешкімнен ақыл сұрамай өз еркіммен келіп едім.
— Ол да өз еркімен жүр, — деп салды қыз, әлденеге жұдырығын түйгендей, қолын көтеріп. — Бәрі де өз еркімен жүреді. Мен де өз .еркіммен келдім.
Қыз «өз еркіммен келдім» деген сөздің аузынан еріксіз шығып кеткенін байқап қалды да, сөзін аяқтамады, бөгеліп, көзін төмен түсірді. «Мінхайдар аби ғой жіберген... Ехлас доктормен бірге» деген ой келді кенет. Осыны жасырып, жалған сөйледім. Неге жалған айттым? Мен өз еркіммен келгенім жоқ. Мына Жұнысов еркімен келген. Оны доктор Шұғыловқа да айтты...»
Қыздың бөгелген себебін, оның өзі жөніндегі айтқан сөзі жалған екенін, әрине, Нұрым білген жоқ. Ол тек қыздың ашуы қайта бастағанына қуанып кетті.
— Мен Хакімді білетін осындағы бір азаматтан анықтайын, локтыр. Ол кісіні ертең барып көруіме болады. Мүмкін ол бір хабарын айтар, — деді.
— Ол кісі кім? — деп қадала қалды қыз.
Ол кісіні сіз көрген жоқсыз. Осындағы әскердің киім-кешек алатын махкамасында... — деді Нұрым, Ораздың атын атағысы келмей.
— Жақсы, — деді Мүкарама, — олай болса сіз ертеңнен қалмай маған біліп беріңіз Хакімнің адресін.
«Адресі» деген сөзді шалалау түсінген Нұрым, шамамен:
— Жүрген жерін білетін шығар, өйткені ол да жақында Жайық бетінен келді, — деді.
— Ертеңнен қалдырмай хабарлаңыз. Маған келіп айтарсыз. Уәде бересіз бе?
— Жақсы, жақсы.
— Сонсоң... — Мүкарама ойланып қалды да, — сонсоң сіз мені лөктыр демеңіз, мен медсестрамын. Медсестра да демеңіз, просто Мүкарама деңіз, — деді.
Ол жалма-жан Нұрымға қолын ұсынды. Қызбен қолдасып коштасып көрмеген Нұрым ақтарылып қалды.
— Қолыңызды неге бермейсіз? — деді қыз тағы да қатаң үнмен.
Нұрым қысылғаннан қолын созды. Кішкене сүйрік саусақтарымен уыстап Нұрымның үлкен қолын бір сілікті де қыз жүре берді. Нұрым орнында тұрып қалды.
3
Нұрым қапелімде не істерін білмеді. «Казармаға қайтсам ба екен, әлде Оразды тауып алып, Хакімнің қайда екенін сұрасам ба екен? Ол білуге тиіс. Ол білмесе не істеймін? Ертеңнен қалдырмай маған хабарын беріңіз» деді. Апырмай, Ораз білмей шықса? Жоқ, Ораз білуге тиіс. Олар бірінің қайда жүргенін бірі біледі...» деп, Нұрым Пазылдан Ораздың пәтерін сұрамақшы болып, қасапқа қарай жүгіре түсті де, кілт тоқтай қалды. Кетіп бара жатқан Мүкараманың кешкі ала-көлеңде қараңдаған бейнесі әлі жоғалып кетпеген, тіпті тақыр көшенің бойында тық-тық басқан аяғының дыбысы да құлаққа келеді. Қыз «соңымнан ерді, дер... ұят болар» деді ішінен өмірде ешкімнен қымсынбайтын Нұрым. Сөйтті де ол «мені жоқтап жүрер. Казармадағыларға айтып кетейін» деп кері бұрылды.
— Мен жатқан пәтеріме барып қайтамын, — деді ол казармаға аяғын асыға басып кіріп. — Балуан, есіттің бе? Мені жоқтаушы бола қоймас...
— Есік пен төрдей жерді бір-ақ аттайсың және танауыңның желі де үй жыққандай. Естімегенде?! Мұндағыларға жыл тиді деп пе ең? Жоқтаса айтармыз: қаланың бірінші сұлуын «Ақжүністің» жырымен әлдилей кетті, жақында Жанша ханның сарайынан алып қашып кетеді, Қарт Қожаққа қудырмаса да болады, — деп. Ертең ораласың ба?
— Жолмұқан, әзіліңді қойсайшы. Ол қыз маған үлкен жұмыспен келген. Мұны соңынан айтам...
— Айтпасаң да болады. Жұмыссыз қыздар әке-шешесінің ірге жағында жатады, кештіқұрым жігіт іздеп казармаға келмейді...
Жолмұқанның сөзін аяқтатпай Нұрым казармадан шығып та кетті.
Пазылдың сілтеуімен іңірде ол Оразды іздеп, Жәрке тігіншінікіне келді. Жәркенің үйі де Пазылдың кішкене зілменкесі сияқты аядай қонақ бөлмесі бар, қазан жағына кебеже, сандығын қатарлап жинаған бір құжыра екен. Нұрым бұрын көрмеген жайдың қай жағы төр, қай жағы ас бөлме екенін айыра алмай еңкейіп кірген табалдырығы екі елі есіктен ұзап әрі аса қоймады.
— Кеш жарық! — деп тұрып қалды.
Сығырайған бестік шамның өлімсіреген жарырынаүңіліп іс тігіп отырған үй иесі кіріп келген жігітке мойнын бұрды, «мұндай да ұзын жігіт болады екен-ау» деген қараспен ол иіліп-бүгіліп әрең кіріп, енді шошақ шлем бөркі үйдің төбесіне қыл елі тимей тұрған Нұрымның тура қисық қара етігінен түсіп, тірсегінен бастап кең кеуде, ұзын мойнын, ат жақты жүзін көзімен өлшеп шықты. Оның бір жақ сабағын қара жіп жалғап құлағына тұзақтаған көзілдірігінің үстінен асып түскен баяу нұрлы көздері әлде күлкі, әлде таңырқау тәрізді бір жұмсақ нышан себеледі. Нұрым мұны анық байқады да, бірақ сөзді неден бастарын білмей бір сәт бөгеліп қалды. Оң жақ бұрыштағы қазан жанында нан илеп жатқан әйелге көз тастап еді, әйел келген адамға мойнын да бұрмастан оқтауын құшырлана ысқылады.
— Мен жаңылмасам осы үй тігінші Жәрке деген кісінің үйі болуы керек, — деді ол ақырында босаңдау үнмен.
— Тігінші екенім көрініп тұрған жоқ па? — деді. Жәрке күліп, алдындағы ескі зеңгірге қарап. — Иә, жол болсын, танымадым, бойшаң жігіт.
Тігіншінің қуақы адам екенін біліп, Нұрым да оның ыңғайына көше салды.
— Бойшаңдықтың кесірінен төменге көзім түспей байқамай қалыппын. Машинаңызды да, мен сияқты бір собалақтың бойына шақ етіп тігіп жатқан бешпетіңізді де жаңа көрдім, — деді ол езу тартып.
— Шын сөз: ұзындығы екі аршын бешпет. Бірақ еркектікі емес, Хауана нәсіліне бағышты киім. Иығы сиса — ұзындығы өзіңе де жарап қаларлың, — деп Жәрке мырс етті де, ренжіп қала ма деп күлкісін тия қойды. Сөйтті де салмақты үнге көшті. — Ұзын адам әділ болады деседі, Ғұмар шаһарияр сияқты. Оқасы жоқ қалжыңға айтам.
Үй иесінің сөзіне енді Нұрым да парасатты жауап қайтаруға тырысты.
— Айып етпеңіз мезгілсіз уақта кіріп мазалағаныма. Шалқар жағасынан келіп ем қаладан шай-шекер сияқты керек-жарақ алу ниетімен. Басқа да аз-мұз шаруам бар. Апама да барайын, тайлағымды да үйретейін дегендей, осында бір жақыным бар — сырт хабардан сіздің үйіңізде тұрады деп есіттім. Соны көрейін деп ем — Ораз деген жігіт...
— А, — деді Жәрке. — Бар. Ораз деген жігіт осында. Жоғары шық.
«Қай жерге шығамын?» деген сұрау жүгірді Нұрымның жүзінде. Ол оң мен солына кезек қарады. Бірақ Нұрым ұзақ ақтарылған жоқ. Атын атап үлгермей-ақ оның іздеген Оразы екінші бөлменің есігінен шыға келді. Нұрым қуанып кетті.
— Айналайын Оразжан, әрең таптым ғой. Көп іздедім өзіңді, ақыры таптым әйтеуір...
Ораз үндеместен оған үлкен көзін онан әрі адырайта түсті. Оның бұл қарасында «сен қайдан келіп қалдың?» деген сұрақ өзінен өзі көрініп тұр еді.
— Ия, неге таңданып қалдың, Оразжан? — деді аздан кейін Нұрым, өте ашық, сөзге де іркілмейтін Ораздың бөгелгенін көріп.
Жөн сұрап, амандасудың орнына Ораздың бірінші сөзі:
— Қайда түстің? — болды.
— Пазылдікіне.
— Жақсы. Мен қазір өзім барамын саған. Сөйлесеміз...
— Айтатын әңгіме бар еді...
— Сол жерде сөйлесеміз, — деді Ораз сыбырлап.
Нұрым онан көзін айырмай қарап, басын шайқады да:
— Жиен, сен қалаға келген соң өзгеріп кеткенсің бе? Анау күні елде мұндай емес едің, менен үркіп тұрсың ғой. Әлде менің жасақшы болғаныма көңілің толмай жатырқап қалдың ба? — деді.
— Ойбай, жоқ. Өте жақсы. Жасақшы болуың іздеген де сұраған... Кейін бәрін де сөйлесеміз.
— Менің бір-ақ ауыз сұрайтын сөзім бар. Өте тығыз... Ораз елең ете қалды. Нұрым оның қысылғанына қарамастан сұрар сөзін аяқтауға асықты.
— ...Маған Хакімнің қай жерде жүргенін білу керек. Өте тығыз жұмыс бар... Хат жазамын...
Ораз шошып кетті. Оның ойына жамандық жүгірді: «Мына ақкөңіл жыршы. Аронның қармағына түсіп қалып жүрмегей? Хакімнің адресін .қайтеді? Оған хат жазуға бола ма? Бұл не сөз? Мені іздеп келгені де?..» деген үздік-үздік күдікті сұрақтар жанталаса қалды.
Сонсоң:
— Қазір, Нұрым, қазір. Мен шығайын. Шыға сөйлесейік. Бұл жерде әңгімелесуге жарамас... — ,деді ол үй иесіне көзін жалт еткізіп.
Сөйтті де Ораз шыққан есігіне қайтадан кіріп, әлдекімге күбірлегендей болды: «Бұл неткен жұмбақ? Кеше ғана желдей есіп, жан-жағыңды орап, сөзден жаңбыр жаудыратын ашық жігіт. Бүгін ісінің бәрі құпия. Сөйлесуге де қысыла ма, сыбырлайтыны несі?» деп ойлады Нұрым таң қалып. «Мүмкін, менің мына шинель киген түрімнен шошып қалған шығар».
Ораз екінші есіктен тез шықты, бірақ ол сыртқа шығуға әзірленіп киінген жоқ, қайта көйлегінің түймесін ағытып жіберіп, сөйлеуге кірісетін жанша тамағын босата түсті.
— Жәке, сіз Ғұбевеңнің қасына бара тұрсаңыз қайтеді. Мына жігіт менің нағашым еді, бір шаруасы бар ма қалай. Өзіңіз де естіп тұрсыз сөзін... — дей беріп еді, тігінші жөнге көше қойды.
— Болады, қарағым, болады. Жиеніңізді мына төрге отырғызыңыз, сөйлесе беріңіз. Қатын, сен де бара тұршы, — деді.
Әйел наразылық пішін көрсетті.
— Жеті түнде қайда бармақшымын? Астың нанын салып, үлкен қайнағаны жатқызуға жанталасып жатсам, — деп, оқтауын бұрынғыдан да қаттырақ ысқылады.
— Жеңгей, сіз жұмысыңызды істей беріңіз, істей беріңіз, — деді Ораз әйелдің үйден шыға қоймайтынын көріп.
«Бұлардың бір үлкен қонағының үстінен шығып әбігерледім-ау, шамасы. Ғұбекесі кім! Әйел «үлкен қайнаға» дейді. Енді не де болса...» Нұрым Оразға жүзін бұрып алды. Бестік шамның білтесін көтере түсе ме деген бұл жастың да, кәрінің де бабын тапқыш жігіт, Нұрымға оны басыңқырап жатқандай көрінді. Бірақ жарығы жұпыны шам Ораздың бедер-бейнесін бұрынғыдан әлдеқайда ашыңқырап кетті. Көлденеңнен қараған жыршыға оның мұрны сәл таңқылау және етектілеу көрінді де, ал ашық .қабақты, жазық маңдайына құс қанаттана біткен қою қара қасы бейне деңбіт белбеудің қара бағдарындай шалынды. Бұл жайнаған үлкен көзбен келісті жаққа да өзгеше ажар беріп тұрғандай, әсіресе ұзынша жақ ауыздан шыққан екпінді сөзді жетер жеріне жеткізе түскендей сияқтанады. «Қандай келісті бет, келбетті жүз? Біздің ,қарт: ақыл көрікке үйір, шешеннің сөзіне жағы сай келеді, — деуші еді» деп Нұрым ішінен шаттана түсті. Өзі енді бір-ақ ауыз сөз сұрап кете Доюды мақұл көрмей, мән-жайды тегіс сұрауға, ақыладасуға бет бұрды. Ол Жәркенің машинасына таяу келід, тақтаға отырды.
— Қызылүйге неге барасың дегенде «Іс басына тұруға барамын» деп ең. Жиен, қайда істейсің — қай махкамада? — деді Нұрым.
Ораз оған қысқа жауап қайтарды.
— Мына өздеріңізді киіндіретін, тамақтандыратын махкамада, нағашы. Жасақшы болғаныңа құтты болсын деу керек пе?
— О, құтты болсынды сұрап алуға болмайды ғой, жиен-ау, — деп күлді Нұрым. Сөйтті де әлденеге опынғандай сазара қалды. — Іске орналасу үшін білім керек. Білім болмаған соң ғой біздің мына жасақшылыққа жазылғанымыз. Аламан болып мылтық асынудан өзге. қолдан келері аз.
Ораз оның бетіне қарай қалып, ер көңілді жігіттің білімді қатты арман ететінін байқады, сөзінің үніне лайық жүзінде де мұңайған пішін бар екен.
— Олай деме, Нұрым. Сен өнерден құр алақан жігіт емессің. Орысша оқымадым демесең, мұсылманша бәрімізден де жүйріксің. Ал жұртына жұмыс істеу талаппен байланысты.
— Жалғыз нар тәуекелге сүйену де жеткіліксіз екен, көппен бірге болғаннан кейін сол көптің тілегіне сай ақыл беру керек көрінеді.
— Оны сен бересің...
Нұрым басын шайқады.
Жаңағы Мүкарамамен кездесу оған өкінішті ой салып еді. «Қаланың әдет-ғұрпына жетік, оқыған адамдардың тіліне сай сөйлесе білетін жанның да арманы бар ма екен? Өзімдей жігіттер жүзді басқарып жүргенде мен сол қара дүрсін жүздің бірімін» деп қынжылған. Ал, қазір келеке еткендей, «көпке сен де ақыл бересің» дейді Ораз. Жоқ, көкесін емес... шын жүрегімен айтқаны көрініп тұр. Ораз кекетпейді. Ораз ауылда: «Жарайсың, нағашым! Айта бер өлеңді. Махамбеттің өлеңін айта бер» деп жаурынынан қаққаны бар. Жоқ, Ораз кекетпейді. Ол біздің қандай кәдеге жарайтынымызды біледі.
— Нағашы... — деп Ораз бөгеліп қалды да, қайтабастап: — мен Нұрым дейінші бұдан былай. Жарай ма?
Нұрым езу тартты.
— Енді не дейін деп ең?! Нұреке деуге ертерек қой.
Ораз нан илеп болып, енді кесіп жатқан әйелге көзінің астымен қарап қойды. Әйелден сөзін жасырайын дегендей даусын бәсеңдете к,алды.
— Нағашы деген сөз Жүкең хажыларға, Мерғали нағашыларға ғана лайық. Ал біз жас жағынан қанжығалас адамдармыз. Бір жас, екі жас үлкендік ете бермейді, — деп ол тамағын кенеп алды да, басын Нұрымның басына жақындата түсті. — Сенің көзіңе мақтағаным емес, бұл турасын айту: Жүкең ақылды адам...
Нұрым «бұ не айтпақшы» деп ішінен тына қалды.
— ...Жүкең аса ақылды кісі. Сол ақылды кісінің бір ауыз сөзі бар. Мұны сен менен «қайдан естідің» деме. Жақсы сөз жерде қалмайды. Әділет іс естен шықпайды. Сондықтан мен бұл сөзді жадыма тұттым. «Біздің ата-бабамыз ханды ақ «иізге салып көтеруден гөрі, найзаның ұшымен көтеруді артық санаған» — депті хажы бір мәжілісте. Осыны біз есте ұстап қана қоймай, өсиет есебінде қолдансаң... сен маған «Қызылүйге іс басына тұрамын деп едің» деп сұрадың. Қаламыммен қағаз шимайлап болса да, сөзіммен жөн сілтесем де, тап сол Жүкеңнің өсиетін ақтау үшін қара қазақтың қақортасында болайын дедім. ақылды аға да, зейінді іні де бүгін осындай ниетте. Сенің інің, менің әрі құрдасым, әрі замандасым Хакім де осы ниетте...
— Хакім қазір қайда? — деді Нұрым сөзін бөліп.
— Хакімнің қайда екенін... соңынан. Соңынан... — деп сыбырлай түсті Ораз.
Нұрым ойланып қалды. «Бұл не дегені? Жүкеңнің сөзін ақтау үшін дейді. Маған сенбей ме?..»
— Мына шекпенді маған ешкім зорлап кигізген жоқ. — Нұрым сұр гимнастеркасын нұқып қойды. — Өз айтқаның бар ғой, жиен-ау, «сөзіңмен, жырыңмен қызмет ет» деп. Мен сол үшін келдім хан ордасына. Махамбеттің ізін қуып келдім. «Бұзбай құлан пісірмей, мұз үстіне от жақпай» іс бітпес деп ойладым.
— Аузыңнан айналса болмас па, — деп Ораз құшақтай алды.
Нұрым қысқа-қысқа, асыға сөйлеп, Мәмбетті көргенін, комиссияда Ехластан қысылғанын, Нұрышты аттан аударып тастағанын және ақырында Мүкарамааға берген уәдесі бойынша Хакімнің қайда жүргенін сұрауға келгенін баян етті.
— Ертеңнен қалмай білгенімді хабарлайын, — деді Ораз оны құшақтай түсіп. — Бірақ, Нұрым, ешкімге тіс жарып сыр жайма. Досыңнан дұшпаның аз емес.
Осы уәдемен Нұрымды ол шығарып салды.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Әр басшының бір көз тіккені бар. Уалаят бастығы адвокат Жаншаның беделді адамдар ішіндегі көбірек қауіптенетіні Ғұбайдолла учитель еді.
Белгілі Қоспада өткен оқымыстылар съезінде автономияны басқару тәртібіне және алым-салық жүйесіне қарсы шыққан Меңдігерей Епмағамбетов, тобына дәм бергеннің бірі осы Ғұбайдолла Әлібеков болды да, бірақ бұл жасы елуге иек сүйеген жасамыс адам екі жаққа да қосылмай елдегі оқытушылық жұмысында отырып қалды. Тек қана оның інісі Ғалиасқар Әлібеков Орал ойранынан кейін Меңдігерей мен Әбдірахман жағына ашық шығып кетті — ол жасырын ұйым, жасырын отряд құру ісіне араласты, астыртын елдегі дос-жаран жігіттерін өз төңірегіне үйіре бастады. Осы жайды сезіп, бірақ аса беделді Ғұбайдолланы айылтаудан гөрі өз жағына тартуды жөн көрген Жанша Ойылға көшер алдында өзінің жәрдемші офицері Қаржауовты оған сыр тартуға жұмсаған. Бұл Мәмбеттің казарманы дүрліктіріп кеткен күннің ертеңіне еді...
Сол күні Ғұбайдолла кешегі өзі сілтеген күтірге Мерхайырды жіберген.
— Папа, кешегі Шойқараңыз күтірге түнемепті. Оның қай жаққа кеткенін көрген де, білген де адам жоқ, — деп келді баласы ертемен.
Бұл жойқын жігіттің айналып соқпай кеткені Ғұбайдолланы үлкен ойға қалдырды. Өмір бойы өз бетімен жүріп, ойына не келсе, соны істеп келе жатқан бұл сахараның тентек ұлы, бұлай жүре берсе не өзіне, не өзгеге жақсылық істемей қолға түсіп қор болар. Ақылдаса келгенде оны игі жолға сілтемеуім азаматтың арға жатпас. Ғалиасқардың қайда жүргенін сұрап еді, мұны қалайда сол жаңашыл-жандардың арасына жіберіп Арон төренің қармағынан құтқарайын. Қаладағы жігіттер оның қай жаққа кеткенін шамалап отырған шығар деп ойлап, учитель баласына:
— Мержан, ат жектір, қалаға барып қайтамыз, — деді:
Сөйтті де Ғұбайдолла киіне бастады. Кешікпей ат жөктіруге шыққан Мерхайыр үйге қайта кіріп:
— Папа, қонақ келіп қалды, түсуге рұқсат сұрап тұр, — деді.
Учитель басын изеді. Кешікпей үйге капитан Қаржауов кіріп келіп, үлкен учительге қос қолдап көрісіп төрге озып та үлгерді.
Бұл күтпеген қонақтың лауазымын да, өзін де Ғұбайдолла жақсы .білетін. Алты жылдың орыс мектебін бітіріп, учительдік курсте оқыған. Бірақ оқытушылық жұмысқа араласпай әкімшілікке айналып кеткен бұл адам Жаншаның жәрдемші секретары жөне уалаят кеңсесін басқаратын әкім-ді. Үлкен лауазымына оның қосымша даңқы: жүрген жерін бөрліктіріп кететін қатал адам болатын. Әсіресе биылғы жылы уалаятқа алым-салық арқылы қаржы жинау, әскер ісіне байланысты ат-көлік дайындау ісінде төңіректегі елдерде Каржауовтың қамшысы тимеген шаруа аз-ды. Ғұбайдолланың өз аулына тізесі тимесе де, көршілес отырған Бұлан мен Қожажелдіге салған ойранын учитель өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген, Ал қазір енді жүзбе-жүз кездескен бұл қатал әкімнің жұмбақ жүрісі түрлі ойға түсіріп, учительді іштентындыра бастады. Еңқиынықалай қабылдау керек — алдымен ол осыны ойлады. Сый-сияпат көрсету қажет пе, жоқ па, осыған бөгелді. Қонақ етіп мәжілістес болған жайда ол Қаржауовпен қалай сөйлесуді де ойға жүгіртті. Оның қылығын бетке айтып, қарсы бару лайықсыз көрінгенімен, зұлымдық ісін көрмегенсіп, күлгірсу де учительге өліммен тең сияқтанды. Сондықтан Ғұбайдолла бұл ойда жоқ жерден келген қонақтың нендей талабы болса да ұттырмау жағын көздеді. Тіпті жүйелі сөз, батыл пікірмен оның сағын сындыруға дайындалды. Өр көкірек Қаржауов көп күттірген жоқ, столдың төр жағына жайланыса отырып сыпайы түрде есен-сау сұрасқаннан кейін сөз бастап кетті.
— Құрметті ақсақал, — деді ол жайбарақат пішінмен. — Бұрын келмеген адам бұл үйге әдейі арнап ат басын тіреуі қауырт жұмыстың салдары шығар деп ойларсыз. Аса қауырт жұмыс жоқ. Алайда Жанша мырзаның асығыс сәлемін әкелдім. Ол кісі уалаят орталығын қазақ елдерінің қақ ортасына көшіруді ұйғарып Ойыл қаласына жүргелі жатыр. «Өзім барып сәлемдесуге тығыз істер бөгет болды. Алыста болсақ та, іргелес отырсақ та құрметті қарияны қадірменде тұтамыз, осыны айт» деп жіберді.
Ғұбайдолла оның қара сұр бетінен бұл сөздің кілтін іздегеңдей тесе қарап еді, бірақ қонақтың жүзі солғын, көздері жансыз, ой көлеңкөсі жүгіретін езулері де көнтерілі көрінді; жылы шырайсыз қара жусан жүз. «Тапсырған сөзді алмай-қоспай жеткізіп отыратын, берген әмірді иілмей орындайтын ағаш мінез адам шығарсың. Басшының Орал фронтының түтегін бетіне шыдамай айлалап қаша қоныс аударғанын қазақ ортасы Ойылға жайлы орын тебу деп түсінуің де мүмкін. Қаталдық топастықтан шығады, ұр да жық тереңдіктің нышаны емес» деп сынады учитель Қаржауовтың сөзі мен үнін, отырысы мен жүз елібінің жансыздығын салыстырып. Сөйтті де ол қонақтың сөзіне жауап қайырмас бұрын баласына иек қағып:
— Кеп келмейтін әкім ағаңа лайықты қонақасы дайындат, Мержан, — деді.
Лайықты қонақасы дегені — мал басын жегізу екенін Мерхайыр әкесінің иек қағуынан-ақ ұқты. Ал, қонақ оны түсінсе де, түсінбесе де үй иесі мен баласының өзірлігіне үн қоспады. Қанатын қомдаған қара құсша көтеріліңкіреп сөйлеген күйінде қала берді.
Бір минуттік шақты шәкірт бала әлде қонақтың «асығыспын, рахмет, дегенін күтті ме, әлде әкесінің екінші жарлығына қарайлады ма, әйтеуір сәл айналып екеуіне жезек көз тастады да, «құп болады» дегенді бас изеумен білдіріп үйден шығып кетті.
Ілкі сөзге учительдің жауабын күтпей, Қаржауов тағы да тіл қатты. Енді Ғұбайдолланы мүсіркегендей болды.
— Ғұбеке, сіздің орныңыз қаладағы алты жылдың орысша-қазақша оқытатын екі класты мектеп қой. Мына ауыл школасында отырып не бітіресіз. Мұнда жаңадан курс бітірген жастар да істей алады, — деді.
Ғұбайдолла бұған іле жауап қайырды.
— Ұстаздықтың қала мен далада айырмасы аз. Ал, елдегі мектептің қаладағы мектептен кем көрінетіні мына өздеріңіз сияқты басқарушы азаматтардың «ой, сол ауыл школасын қойшы» деп қарауынан туады. Өз басым осы сияқты ерін шүйіруден құтылу жолы — ауылдағы мектептерді жоғары дәрежелі бастауыш мектепке айналдыру деп білемін. Алты жылдық, жә тоғыз жылдық орта мектеп жалғыз қалада ғана емес, далада да өмір сүру үшін әрекет жасап келемін. Қалған өмірді осыған сарп ету біздің мақсат.
— Уа, сіз ренжіп қалдыңыз ғой.
— Жоқ, мен ренжігіш адам емеспін. Ақиқаты сол, мен соны айтамын. — Учитель тамағын кенеп алды да «басшы азаматтың» сәлеміне көшті: — Жанша мырзаның қадірмен тұтамын дегеніне көп рақмет. Бұл жөнінде сізді әдейі арнап жіберсе — оған қосымша алғыс...
— Әдейі арнап жіберді, — деп қалды Қаржауов... — Әдейі арнап келдім.
— ...Сонымен бірге, сіздің Ойылға көшіп жатырмыз деген хабарыңыз менің құлағыма өрескел естілді. Өрескелдігі: мына Жымпиты қаласы Ресей жері емес...
Қаржауов учительдің сөзін бөліп кетті.
— Ресей жері болмаса да қазақтың қалың ортасынан мойны қашық қала, учитель.
— Шын айтасыз ба? — деді Ғұбайдолла оған тіктеңкірей үн қатып.
Қаржауов таңданған шырай көрсетті.
— Әлбетте. Бұл қалжыңға шаптыратын әңгіме емес, — деді жәрдемші секретарь.
— Шырағым, мен бұрын-соңды жүзбе-жүз тілдеспесем де, сыртыңыздан сізді уалаяттың басшы жігіттерінің бірі деп есептеймін. Теке мен Орынбордың базарынан аулақ, өнер-білім үйренетін олардың үлгісінен қашықтап кеткен уалаят орталығы жапан түздегі жалғыз ағаш сияқты тамыры суалып, жапырағы қуарып қалмай ма? Оқыған азаматтар мұны есепке алмады деу қиын. Мұнда басқа бір себеп бар шығар. Менің: «Ойылға көшіп жатырмыз деген сөз құлағыма өрескел естілді», — дегенім осы.
— Жоқ, басқа себеп жоқ. Бұл басшы азаматтардың ұйғаруы.
— Олай болса бұл ұйғарыс баланың ойынымен тең. Балалардың кәдімгі үй артына тығылып тұрып: «мені тауып ал!» дейтін жасырынбағына бара-бар.
— Бұл сөздің астарын аша кетіңіз, учитель. Мемлекет ұйғарымы баланың жасырынбағымен бара-бар дегеніңіз менің құлағыма да өрескел естіліп тұр.
Қаржауов көрер көзге сұрланып «етті; Ғұбайдолла ойын жинақтап, тамағын кенеді; стол үстінде жатқан «Орал жаршысын» жанындағы кітап тақтасына қарай ысырды, сөйтті де қонақтың сұрлана бастағанына жауап есебінде бұл да қабағын шытты.
— Астарлап сөйлеу әдетім емес, Қаржауов мырза. Ұстаздың жолды қуған адам бүркеп сөйлеуді білмейді, әр кез ойын ашық айтып, тыңдаушысын жете түсіндіруге тырысады. Мұны сіз жақсы білесіз. Егерде Жымпиты уалаятының Ойылға кәшетіні ұйғарылған іс болса, мұны тек Крыловтың мысалындағы орманнан қашып келген қасқырдың кебімен ғана салыстыруға болады. Бұл баланың жасырынбағынан әлдеқайда терең теңеу. Ойлап қараңыз: Жайықтың кең алқабындағы Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі, Қанкөл, Қосатар, Үйректікол, Жезбұға, Қарасу, Дуана, Үлкен аңқаты, Шолақ аңқаты, Тайпақ, Өлеңті, Шідерті, Бұлдырты, Жымпиты, Сабандыкөл, Қаратобе, Тамды болыстары — Түбек елі атанады. Осы Түбек елінің орта қазығы Жымпиты. Сондықтан да мұны патша хүкіметі уездің орталығы етті. Қазір бұл батыс уалаяты деп атаған уалаяттың жағырапиялық орталығы. Осы жерден жүз елу шақырым қырға көшу — жаңағы болыстардан ығысып Маңғыстау даласына арқа сүйеу деген сөз. Дәлірек айтсақ: бұл шығанға шығып кету болады. Осы шығандауды «қазақтың қақ ортасы болғандықтан көніп жатырмыз» деп лақап тарату сыныққа сылтау ғана.
— Мен сіздің не айтайын деп отырғаныңызды түсінбеймін, учитель. Бұл уалаят басшыларының істеп отырған игі ісін жерлеу ме, әлде хұкімет көшінің соңынан күл шашып қалу ма?
Қаржауов орнынан ұшып түрегелді.
— Қаржауов мырза, сіз отырыңыз. Мен сізді ренжіту үшін, жеке басыңызды сынап-мінеу үшін айтқан сөзім емес. Мәселе ел мен жердің мүддесіне соғады. Солай болса ары бар азамат бұған өз пікірін қоспауы, ойын ортаға салмауы мүмкін емес...
— Жоқ мен... — деп Қаржауов шинелін шеше бастады. — Үй ыстық екен... — Қонақ көре көзге мінезін өзгерте қалды. Бұрынғыдан гөрі жайланыңқырап отырған болды.
Ғұбайдолла үйге кіріп-шығып, әкесінің не жарлық берерін күтіп жүрген баласына шайды тездетуді бұйырды. Өзі ішінен: «Мынау шаш ал десе, бас алардың өзі екен. Бірақ бұл күйіп-піседі екен деп көзім жеткен шындықты мен де бүкпеспін. Осында бір тықыр таянған соң келдің.
Әйтпесе мені сыйлап, сәлем беруге келмегенің бесенеден белгілі. Бұл мүмкін Мәмбеттің де ізіне түскен шығар...» — деп ойлады. Оңға қайырған қою шашын уыстап жинап жығыңқырап қойды. «Ендігі сөзді бұл неден бастар екен?» деп күтті. Сөзді шай бөгеді. Шөліркеген қонақ стол басына келген соң шаймен ғана болды. Әңгіме көрер көзге толастана бастады. Тек аздан кейін сырттан кірген Хамидолла ғана қонақтың көңіл күйін көтере түскендей болды. Ол Қаржауовтан қала жайын қалдырмай сұрады. Әлгіде ғана учительдің әділ сөзіне шамданып, іштей тіпті тіксініп қалған уалаят чиновнигі өзімен замандас Хамидолланың өзімсінгендей еркін сөйлескеніне жадырай түсті.
Үлкеннің де, кішінің де тілін тапқыш Хамидолла сыр тартайын деді ме, әлде уалаят басшысы жөнінде өз бағасын сенімді серігінің алдына тартып қалғысы келді ме кім білсін, әйтеуір ол: бір кез Жаншаны мақтап кетті.
— Әрі шешен, әрі қырағы юрист қой. Әр кездің өз өрені бар. Сырт көзге ешкім Жанша мырзаны көреген емес деп кеміте алмас. Оның бастаған ісі де кезеңнің тілегінен туған көкейдегі арман. Ал аз уақыттың ішінде әкімдерін сақадай сайлап ел басқаруға қосқаны досы түгіл, дұшпаны да сүйсінерлік іс. Әсіресе әскер ұйтқысын тез ұйыстырғаны аса шеберлік, — деді.
Хамидолланың Жаншаны мақтағаны Қаржауовтың көкейіне бал қаймақтай қонды.
— Әділ сөз, Хамидолла, дәл баға. Жаншаның даналығына досы түгіл дұшпаны да піәк келтіре алмайды. Алайда үлкен істі ұқпайтын дөрекі надандар көп. Кеше ғана Мәмбет деген бір есер уалаятқа пайда келтірудің орнына белден зиян жасады. Басшының салтанатқа мінетін арғымақтарын қуып әкетті, оның үстіне казармадағы надан жігіттерге жел беріп кеткені қиын болды, — деді Қаржауов.
Ғұбайдолла құлағын тіге қалды да, бірақ үндемеді. «Ол тентек қалаға қайта соққан екен ғой. Бәсе, бүгін күтірде болса тілдесер еді» деп ойлады.
— Ол есерің Жаншаның ағайыны емес пе? Ол да Тана ғой, — деп еді Хамидолла, Қаржауов бар жаманшылықты Мәмбеттің басына үйіп-төге бастады.
— Бір енеден ала да, құла да туады деген сөз ып-ырас. Біздің Тананың тең жарымы оқымысты дана келсе, бір бөлегі мына Мәмбет сияқты жарты бас мінезді шеннен шыққан бұзық. Ежелден елді бөрліктіріп келе жатқан бұл сотқар қолыма түсетін күн болса, туысқан деп тұрмас ем, өзім атып тастар ем ондай ала бүлікті.
Хамидолла басын шайқады.
— Апырм-ай, а. Ат алумен тынбай жігіттерге дем бергені!
Қаржауов келіссіз әңгіме айтып салғанын жаңа түсінді де аңдаусызда ауыздан шыққан бұл сөзді жалма-жан жұмсарта қойды.
— Дем беріп не жасаушы еді. Саналы жігіттер оған ере ме. Оныкі ат алу ғой, баяғы үйреншікті қарақшылығы.
— Ымм. Ат алып қайда сіңірер дейсің, табылады ғой.
— Әлбетте.
Інісі мен қонағының бұл жуып-шайған әңгімесі учительге тағы да ұнамады. Әсіресе Хамидолланың әкімнің ыңғайына көшкені. Мәмбетті қарақшы деген сөзіне тікелей қол қойғаны оны шыдатпады.
— Мәмбет қарақшы емес. Ат алса ол аттан да зор себеппен ұрынады. Кегі кеткен адамға жармасады. Ол ер, мен оның сырын жақсы білемін, — деді.
— Қандай себеп болушы еді! Бәрін Кирилловқа ерегісіп істеп жүргені жүгенсіздің.
Ғұбайдолла оған таңырқағандай қарап алды да, қыза сөйлеп кетті.
— Міне, себеп деп осыны айтады. Тізесі батқан казак-орыс офицеріне ерегіссе — бұл жөнсіздік пе екен? Қашанғы көнеді оның тепкісіне? Сол казак-орыстың тепкісінен құтылу үшін теңдік алдық деп жүрген жоқсыздар ма? Бұл ар-намыстың ісі...
— Сіз сияқты оқымысты адамдардың тап осындай құтыртпа сөзіне сүйенеді Мәмбеттер. Әңгіме түсінікті... Мәмбет осы маңға соқпай кетпес деп басшы дұрыс топшылаған екен. Түсінікті. Түсінікті!.. — деді Қаржауов.
— Шырағым, мені Мәмбетпен қосақтағыларың келе ме?
Бұл не сөз?
— Қосақталып тұрған өзіңіз. Біз Ғалиасқар Әлібековтың де қайда жүргенін білеміз, учитель.
Қаржауов орнынан тұрып кетті. «Бар пәле осында екен. Мәмбетті жұмсап отырған осы кәрі бүлікші. Сөз жоқ осы. Мұның інісі де большевик, өзі де солардың жасырын тілекшісі...» деп кіжінді ол ішінен.
Ғұбайдолла ойланып сөйледі.
— Шырағым Қаржауов, әр сөзге ақылды адам жауапты қарайды. Мен Мәмбет емеспін, Мәмбет мен емес. Әркімнің өз төбесі бар шығатын, өз орны бар отыратын. Түсінікті дейсің, Ғалиасқар Әлібековтің де кім екенін білемін дейсің. Бұл сөздер ойланып айтуды керек ететін сөздер. Менің кім екенімді Жанша мырзаның өзі де жақсы біледі. Пікір таласы о бастан бар бізде. Бірақ бұл қолға қару алып жауласуды керексітпейді...
— Жауласпаса Ғалиасқар мен Әйтиев неге құрал жинап, жасаң құрып жатыр? Әлде Ғалиасқар сізге іні емес пе? Мұны қалай деп дәлелдейсіз?
Ғұбайдолла сәл ойлана түсті де, дәлелді жауап тапты.
— Ағайынды адам бір пікірде, бір ойда, бір мақсатта қала береді деген заң жоқ. Тіпті әке мен бала да кей кезде бір-біріне бейтарап қала береді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ табуға болады. Бақытжан да Қаратаев, Арон да Қаратаев. Екеуі де сұлтан, екеуі де оқымысты, алайда осы екеуі екі идеяның адамы екені баршаға аян. Тіпті Арон төре Бақытжан төрені өз қолымен атаманның қолына ұстап берді деседі. Осыған қарағанда Ғалиасқардың өз пікірі, өз мақсаты, өз идеясы болуы мүмкін-ақ нәрсе. Ал оның жолын қуу, қумау менің өз билігімде. Мүмкін, мен оны жақтармын да, жақтамаспын да. Мұны бірақ мен ешкімнің төрелігіне салмаймын, өз ожданымның төрелігіне ғана сала аламын. Бұл менің жеке басымның ғана ісі. Сондықтан саналы, оқымысты, ойшыл адамға «інің анадай еді» деп табалау орынсыз.
— Қойыңыз, сіз де, сіз де қойыңыз. Рақмет, мырза, отырыңыз. Шай суып қалды, — деді Хамидолла араға түсе сөйлеп.
Бірақ Қаржауов енді қайтып отырмады. Үй ішінде көз тоқтатар текшелеген кітаптар мен іргеге жағалай жинастырған газет-журналдар будасы да мол-ды. Тіпті учительдің әр кезде түскен суреттері мен кереге басына тізген көне қаружарақ нұсқалары да бар екен. Келгеніне риза болмай, қалай кетудің мәнін де таппай тұйыққа кептелген ашулы қонақ сәл уақыт сол кітаптар мен газеттерге көз жүгіртті, аяқталып қалған шайды жинастырғанша уақыт оздыру ниетімен суреттерді тамашалағандай болды. Бұл жайды сезген Ғұбайдолла «қолқалап қайтесің мына сияқты кеудесіне нан піскен жанды» дегендей інісіне қарап еді. Хамидолла арбайтын жыланша, толғана оқталып, қонаққа тағы да лебіз тастауға мойнын бұрып алған екен. Учитель қабағын түйді. «Батырып айтудың орнына асты-үстіне түспекші. Көрдің бе, сабыр ет, отыр» деуін...
Ұстаздың әдетімен тура сөйлеп, ашық ақыл айтуға үйренген Ғұбайдолла ел басқарып қалған інісінің осы мінезін жаратпайды-ақ. Бұл белгілі түлкі бұлаңдық. «Жел соққанда ықтасын керек» деп дәлелдейді інісі мәймөңкелеп сөйлеуді жақтап. — Сөзбен белдескен адамның қату қабағына қарсы түксигеннен гөрі, маңдайыңның қос қыртыссыз, жүзіңнің жұмсақ шырайлы болғаны әлдеқайда тиімді. Өйткені суықтың бетін қайтаратын жылы леп қой. Тап сол сияқты берместің бетін бері бұру үшін: «мырза, сіздің жомарттығыңызды жұрт сынар шағы осы бір мезет емес пе десеңіз, бұл да жарылған ерінге қаймақ жаққанмен бірдей» дейтін Хамидолла қазір де сол әніне басты.
— Рақмет, мырза, — деді ол Қаржауовқа жұмсақ лебізбен. — Ауыр ғой хүкімет басшысы болу. Әсіресе қазіргі уақытта аса қиын. Әлгі айтқан Мәмбеттерді тәртіпке салу өзіңнен басқаның қолынан да келмес еді. Іске жетік, сіз сияқты жігерлі жігіттер молайса елдің еңсесі көтеріліп кетер еді.
Ғұбайдолла қабағын түйіп қана қоймады. Інісін тойтарып тастауға бет алды және Қаржауов сияқты адамдықты белінен басып жүрген әкімдердің қылығын бетіне басуды жөн көрді.
— Хамидолла, сен қоя тұр. Мәймөңкелеп сөйлеуді о бастан жек көретінімді өзің білесің... Ал, Қаржауов мырза...
Ғұбайдолла бөгеліп қалды да Қаржауов оған тез мойнын бұрып алды. «Абыройын айрандай төгіп, айдап кетсем бе екен өзін» деп ойлады түксиіп.
— ...Маған көп нәрсе жұмбақ. Әсіресе Жанша сияқты оқымысты, тарих сырына жетік азаматтардың ісі жұмбақ. Жұмбақ демей не дерсің. Өзіндей жандарды — ой таласы, пікір таласы тең түсетін жандарды қудалауы адамшылық арға жатпайтын қылың. Атаман Мартынов монархияшыл адам. Сондықтан оның бостандық көксегендерді, атуы, асуы табиғи. Ал, өзімен бірге ұлт теңдігін көксеген, қазаққа азаттық әперемін деген Бақытжан Қаратаев пен Меңдігерей Епмағамбетовты қудалауының мәнісі не? Қалың қазақты жақтайды, жетім мен жесірді қолдайды деп қуғындай ма?
— Олардың көздегені қазақтың мүддесі емес, олар қара шекпендерге сатылғандар, — деді Қаржауов шатынап.
— Олай емес, Қаржауов мырза. Азаттық, теңдік сөзді бетіне қалқан қылып ұстап, ескі әнге басу. Ескі әннің қайда соқтырары бимағлұм, ал тіке мақсаты — ана келе жатқан орыс революциясын жек көргендік, жек көрмесе оны түсінбегендік. Ағын судың алдына қазық қағып бөгет қоюға болмайды — орыс революциясы сол ағын судан да күшті. Ол жердің бетіндегі жарамсыз нәрсені жуып, тазартып келе жатқан тасқын. Мұндай тасқындар ағылшын елінде де, француз жерінде де болды. Оған бөгет жоқ. Мұны қара шекпендер революциясы деп, оны жақтағандарды қара шекпендерге сатылғандар деп кіналау азаматтық емес. Түп тірегіне көз салсақ: егінші қара шекпен мал баққан қазаққа қас болып көрген жоқ, қайта достыққа бейім. Ал, Жаншаның қол ұстасып отырған атамандары ежелгі жау...
— Мен кетемін, — деді Қаржауов Хамидоллаға. — Мына кісімен басқаша сөйлесемін...
— Жоқ, жоқ... мал сойылып жатыр, — деді Хамидолла. — Ас жеп кетесіз.
— Жоқ, отырмаймын, бұл табақтас болатын кісі емес.
2
Бұрқыраған әкімді аттандырып келіп: — Ғұба-аға, хакімің соқыр болса бір көзіңді қысып жүр деген ата сөзі зая айтылмаса керек... — деп бастай беріп еді, Хамидолла сөзін ағасы тоқтатып тастады.
— Не айтарың маған мәлім, қоя тұр, шырағым, — деді Ғұбайдолла қолымен иығынан басқандай тоқтатып. — Хакім деп хакімнің зұлымдығын көрмей астына төрт қабат көрпе тастап төр көрсете берсең «дүниеде менен әділ, менен ақылды, менен алғыр жан жоқ» деп ұғады әлгі бассызың. Ал, сен оның ыңғайына неге көшпедің, осқырған неменің неге маңдайынан сипамадық дейсің. Мұндай сөзді екінші қайтып менің құлағым естімейтін болсын!
— Жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады деп, ол хатер жасауы да мүмкін, осы күні шағушы мол.
— Шағатын жыланнан қашып құтылғаннан көрі, оның тілін суырып алу әлдеқайда артық, екінші қайтып оның саған да, өзгеге де зәрі болмайды.
Ағайынды екеуінің әңгімесі осымен бітті де, Ғұбайдолла қонақ келген соң тоқтатқан атын қайта жектіріп баласына делбе ұстатып қалаға жүріп кетті. «Жыланның тілін суырып алу әлдеқайда артық...» деген сөз учительдің аузына қайта оралды, бірақ оны қалай суыру керек, деді ол өзіне өзі. Осы пәле, Хамидолла айтқандай, қатер жасауы да мүмкін. Өкімет дегенің ақылдының, дананың қолында ғана дұрыс өкімет. Ал жаңағы сияқтыларға ұстатқан өкімет тізгіні теріс жаққа да бұрылуы мүмкін. Уалаят басшысына ол, Ғұбайдолла қойдан қоңыр екен демес-ақ, әңгімені асырып айтуы да сөзсіз. Тіпті қаралап салуы да ғажап емес... Алайда менің ой-пікірімді әкімдігімен бөгеп, абақтысымен тұншықтыра ала ма?!
Үйден шығып қала жолына түскен соң Ғұбайдолла тарантастың көрпе-жастың салған жұмсақ отырғышына жайланыса нықталып отырды да, баласына:
— Мержан, ақырын, шаңдатпай айда, — деп қойды.
Ғұбайдолла әлденеге елегізе берді. Ол ойымен тағы да әлгі Қаржауовтың мінезі мен құлқына оралды. «Мені жазғырғандай оның қолында қандай дерек бар? Ымм, қиянат істейтін жанға деректің қажеті қанша? — деген екінші бір қайшы пікір қарсы тұра қалды. — Қиянатқа үйренген жан деректі, дәлелді, аталы сөзді қайтсын! Қиянат! Қиянат дегеніміз әділсіздік пе? Ал, әділдік қайсы, әділсіздік қайсы: ежелден езіп келген, сонау малшы болып жүрген кезде ит қорлық көрсеткен Кирилловке бүгін бағынбай жұлқынып шыққан Мәмбеттің қылығы әділ қылық па? Әлде «менің дегеніме сен неге көнбейсің? Мен сенің өмір бойы қожаң» деген офицердің өктемдігі әділдік пе? Мұны саралап жатқан кім бар? Офицер өзінше түсінеді әділдікті. Ол да мына Қаржауовтың сыңары. Бәрінікі де бұрмалау, бәрінікі де алдау...
Учитель неге екені белгісіз басындағы қалпағын алып, оны қайтадан киіп, қалпақ жиегінен шығып тұрған шашын жинақтады. Бірақ мұны неге істегенін өзі де байқамады — әлде не бір ой тұйығына тіреліп, сонан шығу жолын іздеп қарманғандай болды. Оның қолы тіпті, жолда үстіне шаң тигізбеу үшін сүртек бешпеттің сыртынан киген ұзын түйе жүн шекпеннің омырауын да қапсыра түсті.
— Алдау! — деді ол күбірлеп. — Алдау деген билеу әдісі емес пе?! Сонда не болды? Билеуің — алдау, алдауың — қиянат, қиянатың — зорлық. Міне, осы ғой жүз жылдан бергі дала салты. Дала салты емес, далаға енген зұлымдық.
Былтыр мына уалаяттың басқару аппаратына, армиясына керекті қаражат жинау тәртібі сөз болды. Сонда учительдер тобы болып салғырт әлді адамдарға салынсын, жетім мен жесір алым-салық тартпасын, яки қаражат ауыртпалығын бай байша, кедей кедейше көтерсін деген әділдікті қолдадық. Сонда басшы азаматтарымыз не деді! Хүкімет ортақ, теңдік қазақтың бәріне бірдей, ендеше уалаятқа керек қаражат мұржа басына бірдей бөлінуі керек, — десті. Сөйтіп барға да жүз сом, жоққа да жүз сом түсті. Міне, билеу әдісінің алдауға айналғаны! Енді уалаятты қорғайтын жасақшыны қалай жинады деңіз! Алдымен тізімнің басына қарсы кедейдің баласын жазады. Атты да бай бермейді. Момын кедей жә болмаса орта дәулетті шаруа береді. Қазір жасақшылардың ішінде би мен болыстың, бай мен ишанның балалары жоқ, болса ілу де біреу ғана. Сонда хүкіметті қорғайтын да, оны асырайтын да тек кедейлер болғаны ма? Сонда билеуші кім? Қаржауовтар...
Учитель бұл жолы қалпағын қозғап басып киген жоқ, мұрнына шыбын қонғандай оң қолымен әлденені қағып өтті, бірақ оны мазалаған шыбын емес еді, әділсіз істің әділсіз көрінісі шағып алғандай әсер етіп еді.
— Ақырын айда, Мержан. Жақын жер, ат терлетпей-ақ жетерміз.
Бала атты қатты жүргізіп келе жатқан жоқ-ты. Ол әкесінің бұл сөзді жай ғана айта салғанын түсініп қалды, сонда да «ақырын келе жатырмын ғой» демеді.
Бір кезде Ғұбайдоллаға «осы Қаржауовтар жұртқамын неге ойламайды екен? Жүрген жері лаң. Ісінің бәрі адамшылықтан тыс. Қарсы келген адамға жә қамшы ойнатады, жә сөгіп тастайды. Тіпті болмаса үстінен шағым жасап абақтыға қаматады. Осының көздеген мақсаты не? Алғыр атану ма?» — деген ойлар келді де, ол өзіне өзі басын изеп — бұл мансапқорлық деген қорытындыға тірелді. — Өз басының дәрежесі өзгеден жоғары тұру керек. Сол үшін қатал, сол үшін өр кеуде, сол үшін басқаны жапырып, үстінен жүріп өту керек. Өзгенің ары, өзгенің тілегі оған арзан. Бұл қайдан шыққан зұлымдық? Қазақта осындай зұлымшылдық о баста бар ма еді, жоқ, әлде беріде пайда болған нәрсе ме?
Ол көп ойланды. Көп нәрселерді көз алдына алып келді. Орыс білгіштерінің жазғандарын ойға түсірді. Оқыған журналдар мен кітаптарды шолды. Әлдеқайдан оның көз алдына «Русская мысль» және Левшиннің «Қыргыз-қайсақ ордасының тарихы» келе қалды. Қырғыз даласын бағындыру... жаңа тәртіп орнату...
Ғұбайдолла жоғалтқан нәрсесін жаңа ғана тауып алғандай қобалжып кетті. Оның ойына бірінің соңынан бірі өткен соңғы кездегі өзгерістер, олар жөніндегі түрліше пікірлер мен айтыстар түйдектелді. Ол сол көп материалдардың ішінен мансапқорлық дегеніміз не? Ол қайдан шықты? — деген бір-ақ мәселені іріктеп шетке шығарғандай болды.
... Мансапқорлық — екпе зұлымдық. Отаршылдық дәуірінің қазақ баласына басқан қара таңбасы. Бұрынғы ру басы билеп, өнері озған шешендер әдет-ғұрып заңымен билік айтып жүрген кезде мансапқорлық болған емес. Бұл руды румен, елді елмен ит пен мысықтай етіп ұстаудың құралы. Бұл Сперанскийдің даланы билеу ісіндегі тапқан айласы. Елдіктен айырудың, аздырудың жолы ғой. Тоқсан бес жыл бұрын арқаға аға сұлтандық тәртіп орнады. Бұл тәртіп елу жылдан кейін батысқа келді. Бұрынғы көше қонып, мал жайып тіршілік етіп жүрген тайпаларды араластырып жіберіп, қырық бір тастан бал ашқан бақсыдай, жұптап-жұптап болысқа. бөлді, болысты нөмерге бөлшектеді. Бір болыста бірнеше рудың тараулары қалып қойса, ал старшина қол астында да ата-ананың балалары бас қосып әкімшілік ауыл болып есептелді. Бұрын ру мен рудың, ата мен атаның арасында жақсы қонысқа — суы мен оты мол жер шұрайына көз алартысып қоятын, бірақ етек-жеңі кен сахараға қырылыспай сиысып келген жұрт енді жер шұрайы шағындалып, ел етегі жинақталғаннан кейін талас тәртібін басқаға бұрды. Болыс болып өкімін жүргізуге, старшина тағына жармасып ауылды билеуге ұмтылысты. Болыс балу үшін, старшина болу үшін көпті ақылымен ұстайтын, шешендік тілімен ұйытатын, тапқырлық жолымен билік айтатын жұрттан озған көсемдіктің керегі болмай қалды. Күн ақшаға ауды. Отаршиналар мен судьяларды уезд бастығы бекітті. Сайлаушы да, сайлауды басқарушы да қалтаның қалыңдығына қарады. Уезд начальнигінен бастап елу басыға дейін сыйлыққа көз тікті, сыйлық. қонақасыдан басталып, ат-шапан беруге, тіпті жең ұшынан жалғасып ақшалай параға көшті. Мансапқорлық парақорлықты туғызды. Парақорлық — адамшылық қасиеттен айырды. Адалдық, уәдеде тұрушылық, арын сатпаушылық аяқ асты болды. Әрі-беріден кейін адалдықты ақымақтық деп табатын болды. «Әкімің соқыр болса сен де бір көзіңді қысып жүр» деген сұмпайы нақыл шықты. Тап бүгінгі Хамидолланың маған айтқан накалы. Мұны ата сөзі деп ұғады, зая айтылмаған нақыл деп біледі. Міне, зұлымдықтың игі қасиет аталып, әділдіктің әділсіздікке айналған түрі...
Арбада отырған учительді ауыр ойлар басты. Оның он бойын езіп-жаншып тұрған бір пәле басын жоғары көтеруге де ырық бермеді. Ол төмен қарап келе жатты. Бірақ сан рет жүрген, сан рет көрген бұл Қамыстыкөл мен қаланың екі арасындағы жер көрінісі көз тартқан жоқ, үзілген ойдың жалғасын қайтадан ұстау үшін ол көзін жерден алмай есіндегіні күшпен жиды.
— ... Неге баққұмарлық пен шенқұмарлыққа ауды атқа мінген азаматтың бар ынта-жігері? Иә, бұл елдік, тұтастық, бірлік деген ежелгі халықтық қасиетті жою үшін ғой. Сперанскийдің айлап-жылдап комиссия шығарып елдің ғұрпын, әдетін, неге бейімділігін, тіршілік әрекетінің түрін, құлқын, мінезін зерттеп алып шығарған низам-тәртібі. Ол бір болыста түрлі рудың уәкілі болуын көздеген ғой. Патша хүкіметіне бағынышты дала чиновниктерін шығарудың бұл бірде-бір таптырмайтын жолы емес пе! Баққұмарлық пен шенқұмарлыққа, руруға бөлініп қызыл шеке таласқа түскен жұрт тұтастық қамын не қылсын! Ел болуды ұмытып, бірін-бірі жегенге мәз емес пе! Бұрынғы бағынбай бүлік шығарған тайпалар үлкен тартысты қойып ұсақ тартысқа, өз ішінен болыс қою күресіне көшкен жоқ па?! Осы ғой түпке жеткен. Осы күнгі мына жаңа әкім дейтіндер де сол патша чиновниктерінің бір сыңары. Егіз қозы тәрізді. Қазір де болыстың мөрге талас, қазір де старшиналыққа жақ жинау, қазір де пара алу, қазір де жұртты алдау, көре көзге алдау...
Ғұбайдолла қала бетке көз тастап қойды да, тағы да тынышын алған Қаржауовқа оралды.
— ... Ия, солай. Бір кезде әдетке құрылған әділдік ғұрып сан ғасыр бойы өмір сүрсе, оны келе-келе шен тағып, шекпен кию тәртібі жоқ етті. Бұл адамшылық абыройдың бәрін қара бастың қамына ғана айналдырып жіберді. Әр қамалға бір зауал деп, енді бұған не дауа? Адамшылық қасиетке сүйенетін заман туа ма, әлде ол қолға ұстатпас сағым болып қала бере ме? Жоқ, олай болмасқа тиіс. Бұған ана Мәмбет сияқты қара халықтың арасынан шыққан жандардың жұлқынуы куә! Мәмбет біреу емес, Мәмбет көп. Ол көптің қимылы. Ашынған жандардың бұлқынысы. Оны қалайда өзінің іздеген адамдарымен көздестіру керек. Ғалиасқарларға жіберу керек!.. Мыналар мейлі, Ойылдан әрі Маңғыстау түбегіне тығылса да өздері біледі. Мәмбеттің жолы да, арманы да ана алыстағылармен ұштасқаны жөн...
Сөйтіп ойда жоқ жерден үйіне келген уалаят чиновнигінің мен-менсіген сөзі, әсіресе оның әзір қонақасыға қарамай дастарқан аттап кеткен астамдық мінезі Ғұбайдолланы іштей түтетіп еді. Ол арба үстінде ащы ойлардың талайын ақтарды, жаңа басшылардың әділсіздігін мінеді, шенқұмарлығын сөкті, азаматтық арды аяқ асты еткенін жерледі; тіпті, бұл көпті көрген тәжірибелі адам бар зұлымдықтың түп тамырын да барлап көрді, оның қайдан шыққанын тапты. Бірақ, «енді не істеу керек?» деген ең басты бөгетке тіреле берді, бұл бөгеттен жә аттап өту, жә айналып өту жолын көз алдына келтіре алмады. Ол осыны білмей дал болды.
«Мәмбеттерге жел беретін сіздің осындай сөзіңіз» деді, Қаржауов. Бақытжанға құрың салған өкімет, Меңдігерейлерді қуғынға ұшыратқан мына адвокат мені де әңгімеге іліктіруі мүмкін» деген күдік туды бір кез. Оны көбінесе үйден қозғаған да осы күдік еді. Бірақ бұл күдікке ол үрейленген жоқ, тек қана ойдағы бар сырын ақтаратын дос іздеді, өзімен ойлас болып жатқан оқиғаларды жіктей білетін адамды көкседі.
Ондай адам қалада бар да еді. Өзінің түсіп жүретін пәтеріне соқпай, бұл жолы Ғұбайдолла сол рухани сүйеніш көретін өзіндей учительдің үйіне келіп түсті.
Бұл Жымпиты қаласындағы көп заманнан бері білім ордасындай болып кеткен алты жылдық екі класты орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Хабибрахман Қазиевтікі еді.
Оқыған да, оқымаған да Қазиевтер көп болатын. Ал солардың ішінде Хабибрахман Қазиев басқа Қазиевтерге ұқсас та емес, теңдес те емес. Әсіресе қырық жыл управитель болған, қазір Жымпиты уалаятының бас мүшесі Салық Омаровтан ол бір басқа. Бұл екеуі де атақты Сырым батырдың шөбересі, Жәңгір ханның он екі биінің бірі белгілі Қазының бел немересі және белді ата, даңқты рудан шықса да екеуінің өмір жолы екі басқа. Бірі — биліктен өзгені білмеген, Байбақтыны жалғыз ауыз сөзімен тоқтатқан құдіретті Салық Қазиев болса, екіншісі, көп жылдар бойы ұстаздық жолын қуған, орта дәрежеге таяу білім беріп сансыз шәкірт шығарған, шәкірттерінің көбі қала мен далада еліне қызмет етіп жатқан, әрі халыққа беделді, әрі білгір ұстаз атанған Хабибрахман Қазиевті. Салықтан жұрт сескенсе, Хабибрахманнан ақыл сұрауға асығатын, жұрт Салықтың өз үйі түгіл, ауылынан рұқсатсыз тоқтаудан айбынса, көмек-жәрдем іздегендер Хабибрахманның үйінен күні-түні шықпайтын...
Ірі денелі, маңғаз пішінді, асықпай сөйлейтін, үлкен көзді, қияпатты Хабибрахман Ғұбайдолланы өзі қарсылап алды, арбадан түсіріп, үйіне кіргізді. Құрметті қонағын мектеп жанындағы қызыл кірпіштен салған көп бөлмелі, төбесі биік, терезелері жарық, кіршіксіз таза, ақ балшықпен сылаған өзгеше пәтерінің төріне шығарды — үлкен столдың жанына, жұмсақ орындыққа отырғызды. Сөйтіп жайланысып отырғаннан кейін асықпай амандың сұрасты.
— Қалаға көп келмейсіз, Ғұбеке. Барым-әзірім сізге. Қонақ боласыз. Атыңызды жайлайтын адам бар. Мына шәкірт Мерхайырға да ермек табылады: кітап бар, журнал көп суретін қарауға, — деді үй иесі, төменгі жақтағы орындыққа отыра бастаған жас шәкіртке қарап.
Хабибрахманның сөйлегенде оң жаң беті жыбырлап кететін әдеті бар еді. Мерхайыр көзін алмастан оның тынымсыз тартқан бет тамырларының бүлкілдегеніне қараумен болды.
Ал, үй иесі әрі жасы үлкен, әрі көргені көп Ғұбайдолланың сөзін күтті, өзі бастап әңгіме-дүкен құруға лайық көрмеді. Жалғыз-ақ қонақтың:
— Оқу жайы қалай болып жатыр? — деген сұрағына ғана жауап қатты.
— Қаражат қиыншылығы кездесіп тұр. Ақша арзан және тұрақсыз. Әйтпесе биыл бірінші класқа қосымша шәкірт алу ниетінде едік. Отын мол болғанмен пансионның азық-түлігі тапшылау, — деді.
Ғұбайдолла құрметпен қарсылап, ашық сөйлесетін ақылды Хабибрахманға бөгелмей сөйледі. Ол бүгінгі Қаржауовтың келуін, оның оғаш мінезін, өр көкірек қылығын айтты. Ішіне сыймай келген шерін ақтарды.
— Осындай жандардың-жарамсыз істері жұртты тегіс түңілте бастады. Кейде ауыр ойларға кетесің: «елдік дегеніміз осы болса» мұндай тәртіп кімге керек деп түңілесің. Аяқ бассақ бәрі жалған, бәрі алдау, бәрі зорлыққа айналды. Автономия болып шаттанады деген жұрт, алым-салық жинау ісі мен ат-көлік алушылардың төбесі көрінгеннен-ақ қашатын болды. Өйткені ауыл үстіне қамшы үйірушілер көбейді, айдап кету, жауапқа тарту молайды. Мінекей әлеумет өмірін жоғары сатыға көтереміз, езілген елді мәдениетті, білімді етеміз, әділдік туын жоғары ұстаймыз, жер мен су байлығын тегіс пайдаланамыз, жетім мен жесірге зәбіржапа шектірмейміз деген әкімдердің сөзі бір басқа, ісі бір басқа болып шықты. Бұл ілгерілеу емес, кері кету болып табылады. Бұл саналы адамды қынжылтарлың жай, халықты қараңғыдан жарыққа жетектеген мына өзіңіз сияқты ұстаздарды ойландыратыи жай. Қалаға сирек келесіз дедіңіз, бұл рас. Жиі қатынасуға зауың жоқ, зұлымдықтан жүз таса қылуға айналып барамыз, — деді Ғұбайдолла.
Хабибрахманның оң жақ көзінің асты бұрынғыдан да қатты жыбырлап кетті. Ол ойланып алудың қамын көздеді. Бұл үшін шай әзірлеген әйелінің дастарқанын жайысқан болды, самауырынның булығын ашып қойды, шыны аяқтарды поднос үстіне жая бастады. Бірақ оның кермелей кеткен ой толқынын бір арнаға түсіріп жинақтау ішетімен істеген бұл уақыт үту әдісі өзінен өзі-ақ көрініп тұр еді. Өйткені қол қимылы өте епсіз, үйренбеген іске әлдеқалай араласқанын байқатса, жүзелібі түйіліп, терең пікірге қарманғанын көрсетті. Үлкен қонақтың қатты қобалжып, ойындағысын бүкпей айтып салғаны оның салуалы жауап беруін керек етті. Сондықтан Хабибрахман әзірге басталған әңгімені үзіп тастамау үшін:
— Рас, солай ғой, Ғүбеке, жарамсыз іс мол, әділдіктен алшақтау көзге көбірек шалынатын болды, — деді. Сөйтті де: — шай алыңыз, — деп, қонағын жайланысып тағам жеуге меңзеді, әңгіменің жалғасын кейінге ысырғандай болды.
Шай үстінде әңгіме саябырлап қалды да, дастарқан жиналғаннан кейін түйіліп келген Ғұбайдолла»тағы да бағанағы өз үйінде басталған түбі терең әлеумет қамына көшті.
— Менің ойымша автономия басшыларының орыс революциясынан үркуі қажет емес еді. Жаңа туған автономияны неде болса сол жаңа тасқынға бейімдеу керек еді. Кемені ағынға қарсы айдамай, табиғи кең арнаға бұру көрегендік болар еді. Мына атамандар мен патша генералдарының тозығы жеткен монархияны қайтадан жамап-жасқап іске асырамын деген кері кетпе идеясынан іргені аулақ салу әлдеқайда абзал іс қой. Осындай ілгері ойдан, тарих керек еткен өзгерістен бой тасалап «әкіммін, басшымын, көрдің бе менің құдіретімді?» деп елге қамшы үйірген чиновниктерді қалайша шенемессің, олардан қалайша жиренбессің! Тырнадан әкім қойсаң, басыңнан қиқу кетпес деп мұндай берекесіз қиқуға қашан тыйым салынады? Бұлар қашан ақылға сүйенеді? Қашан парасатты іс істейді? Қашан бұқараның қамын жейтін көргенді, білімді, ақылды басшы бола алады? Қашанғы өтірік-өсектің жетегінде кете барамыз? Қашанғы ашық айтып, айқын мақсатқа сілтеуден бас тартамыз?..
Хабибрахман төмен қарап отырып тыңдап, бұл әділ қобалжуды бас изеумен қоштады. Ол тағы да ұзақ ойланып қалды. Бір кезде қонақтың тамағын кенеп тынышсыздана бастағанын көріп, ол да қозғала түсті. «Менің пікірімді білгісі келеді ғой кәрияның. Жарайды, айтайын» деді ол ішінен. Сөйтті де Ғұбайдоллаға мойнын бұрып еді, оның өзінен бұрын оң жақ көзінің асты мен еріндері қосыла жыбырлап сөйлеп кеткендей болды.
— Ғұбеке, — деді ол сабырлы үнмен, — сіздің өткен кездегі бір сөзіңіз әлі есімде. «Біз халқымызды іштей түлетіп ой-санасын жаңартып шығаруымыз керек, ол жасты жаппай оқыту, оған білім мен тәлім-тәрбиені қоса беру шарт дедіңіз. Бұл сөз есте тұтып қана қоймай, өмір бойы алға нысана етіп ұстайтын түпкі мұрат болып келелді. Сол мұратқа жету үшін мына жаңа оқу инспекторының алдына: Жымпиты мен Қарасу, Қараоба мектептерін жоғары дәрежелі бастауыш мектептеріне айналдыру, сіздің және Үйректікөл бастауыш мектептерін алты жылдық етуге, келесі жылдан бастап гимназия ашуға, бастауыш арнаулы қыздар мектебін ашуға жоба тапсырдым. Бұл жоба іске асса жыл сайын, жүздеген орта дәрежелі білімі бар жастар ел-елге таралуы хақ, болашақ семинарияға ірге тас қаланбақ-та. Бұл ұлы игілікті істің басы болады деп шамалдаймын. Ал, біздің жаңағы айтқан орыс революциясы жөніндегі үлкен ойыңызға менің кішкене пікірім қанағатты жауап таппас. Сондықтан сізге оқыту, ағарту жұмысынан басқа еш нәре айта алмаймын. Жалғыз-ақ есіңізге салатыным, кішкене аузымен тамшылап су тасыған қарлығаштай біз де әділетсіздікке қарсы қолдап келген амалды істеп жатырмыз.
Анау Орал түрмесіндегі аяулы Бақытжанды босатыңыз деп атамандар хұкіметінде билердің, халық учительдерінің атынан приговор тапсырдық. Бұл алыстағы кіріптар азаматқа созған елдік қол. Ал жақында ішіміздегі бір адам денесі түршігерлік сұмдықтың үстінен шықтым. Почтада жұмысым болып гауптвахтаның түбінен өтіп бара жатсам айқайлаған әйелдің даусы шығады. Аттың басын бұрғызып жақындай бердім. — Кішкене түрменің қақпасының алды құлақ тұнарлық: «Қатынмен жауласқан хакімді қай заманда, қай елде көріп едік. Апар мені ана Жаншаңа!» деп жұлқынған бір жас келіншек, мені көріп: « Құтқар мырза! Мына бас кесерлер, ерді қойып, енді қатындармен жауласты. Казак-орыстың қамшысынан құтылдық па десек көресіміз әлі алда екен» деп зарлады. Шыдамадым. Түрме аузындағы офицерден сұрап білсем: бұл әйел Әбдірахман Әйтиевтің келіншегі екен де, ал арбада сұлық жатқан шала-жансар жан Меңдірегей Епмағамбетов болып шықты.Бұл екеуін сонау Қараобадан айдап әкеліп түрмеге қамап жатыр екен. Мен офицерді қоя салып Жанша мырзаның өзіне барып «мына сұмдықты тыс қызды сұраймын» дедім. Сол менің сөзім әйтеуір себеп болып уалаят басшысы әйелді босатуға, ана өлім халіндегі тұтқынға дәрігер жіберуге жарлық берді. Міне, әділсіздік деген аяқ астынан шығып жатыр. Бірнеше күннен бері ойланып, осындағы бар учитель болып Жаншаның атына өтініш жаздық. «Меңдігерей күнәлі болса атамандар алдында күнәлі, бірақ оның өз еліне жасаған жамандығы жоқ. Түрмеден босатыңыз» дедік...
Хабибрахман орнынан түрегеліп, екінші бөлмеден жазған өтінішті алып келді.
— Міне, сіз жақсы келдіңіз, мақұл десеңіз бас болып қолыңызды қоясыз. Не бары ойдағы-қырдағы он екі учитель қол қоймақпыз, — деді.
Ғұбайдолла үй иесінің адамшылық істеріне қатты риза болды. Ол өтінішке қол қойып, енді соның қалайда аяқсыз қалмауын, бұған Хабибрахманның бар күшін, бар беделін жұмсауын сұрады. Ол қонақжай үй иесінің қонақасысы дайын болғанша тігінші Жәркенің үйінде (бұл өзінің түсіп жүретін пәтері болатын) жатқан жас жігітке жолығып қайтпақшы болды. Бұл жас жігіт ішкі беттегі Ғалиасқарлардың жіберген «елеусіз» адамы екенін ол бұдан бұрын білген. Мұны сол Ораздың өзі айтқан-ды.
Ал, кешке келіп Оразбен сөйлескеннен кейін Ғұбайдолла Меңдігерейдің хал-жайына әбден қанды. Оның халі аянышты болса да, сол ауыр жағдайда істеген ерлік істеріне дос сүйсініп, дұшпан күйінерлік-ті.
3
Оның халі...
Ауыр жараның зардабынан тән азабын қатты шегіп аса жүдеген Меңдігерейдің жағы суалып, көз үңгірі тереңдеп кеткен еді. Бұрын көзге ілікпейтін шеке тамырлар қазір адырайып сыртқа теуіп, өте-мөте көкшіл тартқан. Бір қарағанда, тіпті, самайын әлденеге соғып, көгертіп алған сияқты көрінеді.
Богдановкадан шыққан күні конвой тоқтаусыз айдап, аялдауға, сусындауға бас бұрғызбай қол-аяғы байлаулы жанды рақымсыз қинап еді. Соқпалы жол шоқалақты жерден де ауыр тиіп, астында шөбі де жоқ арба зағипты тұтқынды есеңгіретіп тастаған. Қалаға жеткенде оны арбадан сүйреп түсіріп тыға шала-жансар күйінде кіргізді. Бас-аяғы он адам сиярлық шошайған гауптвахтаның бір көздей оқшау бөлмесінде есіз жатты. Тыныстауға таза ауасы жетпейтін қапас бұрышта оның аузына дұрыстап су тамызатын да жан болған жоқ. Үшінші күні ол орнынан аударып салып, кезерген еріндірін су мақтамен шылаған әйелді көрді...
— Жұтыңыз... — деген сөз келді оның құлағына.
Бірақ бұл сөздің мағынасын ол біраз жатқаннанкейін түсінді. Аузына жақын төндірген стаканға қолын созды, бірақ оны ұстай алмады. Тек қана әйелдің демеуімен көмейге сап-салқын тиген сусынды жұта бастады. Көзін аша алмай ұзақ жатты...
— Жұтыңыз... — деді тағы да әйел дауысты.
Көз алдында бұрын көрмеген сестра тұр...
«Қайдан келген жан?» деп таңданғандай пішін көрсетті де ауру тағы да қайтадан көз жұмды.Дауыс анық естіледі.Әйел сөзі, еркек даусы құлағына шалынады.
— Тамақ әкелген әйелді жіберіңіз, — дейді сестра әлдекімге.
— Құп болады, лөктыр бикеш, — дейді алысырақ дауыс.
«Бұлар кім?» деген ой оралады.Бірақ көз ашып, тіл қатуға дәрмені келмейді.
Арғы жағын Меңдірегей ертеңіне тамақ әкелген Күлшаннан сұрап білді. Жылап қоя берген әйелге ол басын шайқап «жылама» деген ишарат берді де, ұсынған стакандағы сүтті басын көтерер-көтермес қалыпта жұтып-жұтып жіберді. Аз заман рақат тынысқа батқандай болды.
— Сені босатты ма? — деп сұрады ол Күлшаннан бірнеше минуттан кейін.
Күлшан өзін келген күннің ертеңіне абақтыдан шығарып жібергенін, Ерғали ағасының осы қалада тұратын балдызының үйін тауып алғанын, сол құдашасымен бірге осында екі күннен бері келіп жүргенін, бүгін доктор татар қызының рұқсатымен тамақ әкелгенін айтты.
Есін жинай бастаған Меңдірегей, біраз жатқаннан кейін:
— Шырағым, сен елге қайт. Кемпір мен шалың, балаң бар. Солардың қасында бол, — деп еді.
Бірақ Күлшан оған тік жауап қатты:
— Кемпі мен шалды берген құдайдың өзінен басқа ешкім алмайды.Сіз аяғыңыздан тік тұрмай мен бұл жерден кетпеймін. Мына сүттің қалғанын ішіңіз. Кешке сорпа әкелемін. Әл-қуат жинауға тырысыңыз. Кеше Жаншаның өз үйіне барып «қатынмен, ауру адаммен жауласуға кірістіңіз бе?» деп айқайлап едім, ұялды білем, лөктырын жіберді, тамақ әкеліп тұруға рұқсат еткізді, — деді.
Сүттің қалғанын жұтты да Меңдігерей үндемей, Күлшанға ұзақ уақыт көзін алмай қарап жатты...
Қатты дауыл желден кейін жер құшқан бойын бірте-бірте қайта жаза бастаған даланың жатаған біткен күнге, желге көнбісті қара ағашындай, әлді тән тіршілік тамырын жандандыра түсуге жанталасты. Меңдігерей бір жұмадан кейін орнынан тұруға жарады. Ол сүт пен сорпадан басқа ет жеп, қымыз ішуге де жарап қалды. Денеге қан жүгіріп, бойға әл кіруге айналды. Бірақ та шеке тамырлары көгеріп, көз үңгірі әлі терең, жақтан ет қашып, жүзден нұр тайған қалпы ұзаққа созылды.
Бір күні тұтқынға ойда жоқ жерден пайда болған Ораз сырттан тіл қатты. Сырт емес, кәдімгі түрменің бастығы отыратын бөлмеден сөйледі. Ол интендантствоның мүлкін қаттаймын деген сылтаумен келіп түрме бастығының аядай бөлмесінде қағаз жазып отырды да, тамақ ішуге кеткен начальниктің рұқсатымен қалып қойды, Терезе, есіктері көбіне ашық қалатын, бақылаушы аса қатты күзетпейтін бұл кішкене үй тұтқынмен тілдесуге қиыншылықкелтірмеді. Еңкейіп отырған әлсіз тұқынды Ораз бірден көрді де, тамағын кеней қойып:
— Меңді аға, — деді.
Көлденең дыбысты аңдып қалған тұтқын дыбыс шыққан жаққа жалт қарап, қарсы терезеден Оразды көрді.
— Белан отряды батальонға жетті; жағадағы біздің жігіттердің тобы сол батальонның бір қанаты есебінде деп келді Әмір. Ал, Әбекең, Темірден бері шығыпты. Беланның күшіне бара-бар күш жинақтаса керек. Қазір Шыңғырлау маңында деседі. Ішкі беттен дарияның тасқынындай гвардия өрлеп келеді, Орынбор ақтан арылды, Текенің екі жақшекесінен тоқпақ тиюге таяу екен. Мына уалаят Ойылға көшіп жатыр, бір дүмпу тақалғанын іштері сезіп қойған білем, — деп Ораз ішкі-тысқы хабарды лекітіп айтып-айтып салды да, есікке бір, терезеге бір көз тастап қойып Мәмбеттің Оқиғасын жеткізді. «Енді не істеу керек?» деген сұрақпен тоқтады.
Сырт пішіні мықтап қажыған тұтқын Меңдігерей түңірейе түскен көздеріне жаңадан жан біткен сияқтанып кетті, жел үріп өткен шоқтай жинай түсті.
— Бәрі жақсы, бәрі ойдағыдай. Әттегене-ай. Мәмбетті тұғырына қондыраалмай қалған екенсіңдер, олбүркіт есебінде қалаған аңға түсер еді.Төрт жүз адамның ішінен он адамды ертіп кету аз — жасақшы атаулыны тұтас толқытуы керек еді. Тағы тәртіпке, теңдіксіз, малшы айдауға наразы топ бастар адам болса жаппай ереуіл жасауға бейім тұрады ғой. Әлде де осыныойлаңдар. Мәмбетті қуғыншы қолына түсіртпей Әбдірахманмен кездестірген жөн. Оны үлкен іске бастаңдар, үлкен күреске баулыңдар. Қызыл Армияға қосуға күш салыңдар. Бірақ байқап қимылдаңдар. Сонсоң осында маған Күлшан тамақ әкеліп жүр. Мен оған елге қайт деп едім. Өжет әйел: «Әбілдің қорлығына көнгенше, жастығымды ала өлетін Беланның отрядына кеткенім жақсы» дейді. Мүмкіндігі болса Әмір Күлшанды! Әбдірахманға бастап апарсыншы — ең болмаса еріне
көмек етсін. Әмірді тез аттандырыңыздар. Әбдірахманға тез жетсін. Әбдірахман мұнда «мырзаны» жіберсін,«»: « түсінеді «мырза» десе. Есіттің бе, шырағым. Өзіңе сақ бол! Көп келе берме бұл жерге, — деді тұтқын.Ораз басын изеді. Аздан кейін ол өз жайына кетті.
Сөйтіп, ашық күрес пен жасырын тартыс қос қабаттаса бастап еді.
ЖЕТІНІШ ТАРАУ
1
«Оралды қорғауға сахараның барлық күш-көмегі тегіс жұмсалар деп сенеміз. Войско үкіметі: Мартынов, Михеев».
Гинералдардың телеграмымен қабат Бүкілресей правителінің Оралдағы комиссары Бизяновтың хаты...
Хаттың мазмұны жігер бергендей. Адмирал Колчактың Қиыр Шығыс өлкесі мен байтақ Сибирьді өзіне қаратып, енді ол Орал тауынан асқанын, Малороссия менКавказды бағындырып келе жатқан генерал Деникинің армиясымен жүзге дейін түйісетінін, екі жақтапОрталық Ресейді алдына жүгіндіретінін айтқан; Алаш хұкіметінің Шығыс пен Жетісудағы бөлімдері адмиралдың өзімен тікелей байланысып отырғанын, ал, Жымпиты уалаяты Омбыдағы Кіндік хұкіметпен комиссар Бизянов арқылы байланыс жасап тұру қажеттігін ескерткен...
Телеграммаға да, хатқа да Жанша жауап әзірледі. Ол атақты би болса да, білімі жоқ Салық Омаров пен хазірет Қуанайдан ақыл-кеңес сұрау артық деп санады, олардың айтары аз екенін ескерді. Ал Халелмен ақылдаспауға уалаят бастығының амалы болмады. Дәрігер Халел тізгінді берік ұстауды талап ететінін біле тұрса да:
— Доктор, сіз қалай деп ойлайсыз: Войско хүкіметі дағдарыста отырса комиссар Бизянов шын жағдайды сұлулап баққан, а? — деп күлді Жанша, хат сыртындағы уақытша хұкімет мөріне қарап отырып.
— Бұл Бизянов нағыз шындықтан аулақ, жаңа правитель шарт сынған ескі державаны қайта қиындастыру мақсаттан қашық жатыр деген сөз бе, Жанша мырза? — Халел Жаншаға «Несіне күлесің» деген салқын шырай байқатты.
— «Орал жаршысының» ақбары да Бизянов сөзіндей қайрат беруге бейім; «Ержүрек Дутов Орынборды тастап, ығысып кетті... Колчак Батыс Сибирьді қызыл бүлікшілерден тазартып, тоқтаусыз шеру тартып келеді» депті. Қатар берілген осы екі хабар мосының бұты сияқты әрқайсысы әр жаққа тіреліп тұрған жоқ па?
Халел ойланып қалды.
— Ал, Кіндік хұкіметпен байланыс жасау хақында?
— Ресми түрде ғана.
— Қолма-қол берері жоқ ол кіндік кімге қажет? Онан да Семейдегі, Торғайдағы басшы азаматтармен қол ұстасу жағы көзделсе. Қол бір жеңнен, бас бір жағадан шықса ғана елдің елдік сипаты көрінеді. Бақа мен шаян сияқты, Сырдария, Қоқанға, Жетісу, Қашқарға, енді тағы біреуі тағы бір жаққа тартса, автономияның басы бапан, аяғы сапан боларына күмән жоқ.
— Доктор, бұл пікіріңіз ақиқаттың ақ жолына бастайтын асыл ойдан туған пікір. Кіндікке сүйену мақсатқа жеткізер жол емес, бұл ежелден келе жатқан сыпайыгершілікпен бас изеу ғана сияқты дәстүр. Мұны сондықтан қарым-қатынас демесе де болады, ресми ғанa байланыс деу жөн. Абылхайыр хан Анна патшаға қолды оның шашпауын көтеру үшін емес, өнегелі, іргелі елдің өнерін үйренуге, құл болып бас ию үшін емес, есейіп алып терезе теңестіруге, одақтасып отырып Жоңғарға жал күдірейтуге берді...
Жаншаның сөзі Халелге ұнап кетті. Ол көре көзге әлгідегі салқын шырайды жұмсарта бастады. Сұлу қара сақалын тараштап қойып, биік арқалы орындықтың жақтауына сүйене түсті, шіреніңкіреп отырды, қостауға сараң мінезін өзгертіп жіберді.
— Әлбетте! Сол мақсатты ұқпаған Абылхайырдың итбересіне Беріш биі Исатай мен ақын Махамбет иықтасуға барды. Бұл Николай Романовна көрсеткен иық еді.
— ...Доктор, иық тіресуге тұтас ел керек екенін сол сексен жыл бұрын өткен кішкене тартыс дәлелдеп еді. Қазір де сол шағындық қол бөгеп келеді. Әлгі айтқан бақа мен шаянның кебі келіп жүрмегей.
— Бұл бақталастық жөніндегі уайым ба, адвокат?
— Бағы да бар, жағы да бар.
— Әлекең мен Ақаңның көзі тірі кезінде өз бағым, па жағым деуші алаяқтар алашты алтыға бөле алмас. Сол үшін де уалаяттың жұдырығы жұмсақ болмауға тиіс. Баланы жастан, келінді бастан тый. Ана Аронды мен жаратпаймын. Патшаға сатылған чиновник. Бірақ (оның алаяқтарға дегенде қолы қатты. Оның қолындағы құдайдан безгендерге қатал жаза қолданамын деген сөзін қолдаймын.
Жанша дәрігердің жүзіне қарай қалды. Қатал жүзді, жылы шырайға сараң, өктем үнді бұл оқымыстыны ол ішінен «саясатқа жүрдек емес, сондықтан көлденең көзге қарыспа, тік бақай көрінеді» деп бағалайтын.
— Саясат та өнер, доктор. Ал өнер зеректік пен іске жетіктікті қос қабат керек ететін талаптының ғана ісі ғой. Осы жағын ескерерсіз, — деп күлді тағы да Жанша.
2
Сол күні кішкене қала Батыс аймағының барлық байлығы мен атақ-даңқын шағын бойына сыйғыза алмай жатқанға ұсады.
Сиыр түсте қалаға Адайдың атақты Ниязы алпыс жігітімен келіп кірді. Алдыңғы пәуескеге шаққан қос боз ат жеккен; басына тік қара бөрік киіп, оны ақ орамалмен бастыра байлап алған ысқаяқ қара жігіт, шылбыр тастап сүйреп келе жатқандай, есік пен төрдей үлкен қара атқа жайдақ мініп пәуеске алдында төңіректеп келе жатты. Тап сол алдыңғы аттылы сияқты жайдақ мінген, бастарын ақ орамалмен баса таңып алған үшеу пәуескенің шаңын шашау шығармай жұтып үлгерейін дегендей тірсектесе қалған; бұл үшеудің қолында тобылғы сапты жалаң дойыр ғана; іш тартып алған бөкен сан қара аттар алдыңғы атпен бір енеден туғандай мойыл қара; кекілі ғана ақ шашақты, басқа жерінде жалғыз тал ақ қылшық жоқ; ерсіз, жалпаң құрмен бастырықтап алған, жалаң жоны да қара; мәсі тәрізді өкшесіз етікті ұзын аяқтары салақтап келеді. «Мынаны көрдің бе?» дегендей, бүлдіргесін білезігіне орап алған көк қасқа дойырларын оқта-текте үйіріп-үйіріп қояды. Бұлар батыр бидің күтуші, атқосшылары еді. Бұлардан кейінгі аттылар да біркелкі, бір түсті, өңкей қара көк мінген; бірақ бұлар бес-бестен келе жатыр.
Бірінші бесеу оң қолдарына көк сүңгі ұстап, ұшын үзеңгідегі аяқтың басына тіреген; ал қалғандары тегісінен қиғаштап садақ асынған, белдеріне қорамсақ байлаған. Қарудан өзге бәрінің де білектерінде көк дойыр көрінеді. Ең соңында: қос қара ат жеккен пәуеске бос келеді. Оның козлосында жалғыз ғана делбеші отыр. Бұл қосалқы пәуеске.
Бүгін Нияз атақты Салық правительдің үйінен шығып еді, салтанатың мен шырышыңды бұзбайын дегендей, белгілі Қазы бидің немересі бұл шорман Тобанияздан бөлек өз нөкерімен келді. Оның қасында гимназияда оқыған баласы Ғабдынасыр бар. Уалаят басшысының лайықтауымен белгілі ағайынды көпестер Мұса мен Жаншаның орайына Ниязды түсіріп хүкімет адамдары қол қусырып қарсы алды. Салық өзінің бай татары Уәлидікіне тоқтады.
Жауынгер Адай елінің әрі биі, әрі көсем басшысы Тобанияз бен белгілі би помощник және Батыс уалаятының мүшесі Салық Омаровтан басқа сан билер мен байлар, хазіреттер мен хажылар, оқымыстылар мен мырзалар жиналған-ды.
— Игі жақсылардың мәжілісін Жаншаның өзі басқарып, өзі сөз сөйлейді екен. Шіркін, қызыл тілге мұнан шешен жан туған ба?
— Нияз ше! Нияз аузын ашқанда бесіктегі бала да мүлги қалады деседі!
— Дұрыс айтасың. Ол шешендігімен емес, құдіреттілігімен қожа. Елі Нияз жат десе жатады, тұр десе — тұрады; онсыз ұл үйленбейді, қыз ұзатылмайды.
— Бұл да осал қазақ емес қой!
— Салық олардан кем түсіп пе? Крестьянский начальники сходтан қуып шыққан губернатордың помощнигі емес пе!
— Бұлар билігімен атақты болса, біздің Қабыл байлығымен атақты. Қабыл сияқты бес мың жылқысы, мың жарым ақбас атаны бар қазақ та губернатор алдында жорғалай қоймас.
— Қызыл нары мен көк арғымағы «Шеген құдықты»ендеп жатқан Ақметше білімімен атақты. Бір арғымағының өзі мың сом алтын көрінеді ғой! Өсіріп көр сондай малды!
— Қуанай хазірет Ая София масжидінде де имам болған!
— А, ағайынды Мұса мен Жаншаны неге айтпайсыңдар. Бұл Текенің Қаревінен кем түспейтін көрінеді ғой. Петербургтің банкісінде екі жүк алтыны мен күмісі бар дейді!
Осы сияқты, сол күнгі жиналған атақты адамдарды мадақтаған, көтермелей сөйлеген, тіпті әркім өз болысы, өз ауылына қарай бұра тартқан сөздер дүкен ішінде де, мешіт жанында да, базар алаңында да құлақ тұндырарлық болды.
— Ардақты ағайындар! Кіші Жүз елінің игі жақсылары! Бала дүниеге келгенде ата мен ана қуанады. Аға мен іні шаттанады, апа мен қарындас гүл-гүл жайнай түседі. Ал, еңбектеп төрге жетіп, қаз тұрып табалдырық аттап, ұл ашамайға қонған кезде ел дүрлігеді. Егерде ол ұл ержетсе не болады? Егерде ол ұл нөкер жинап салтанат құрса? Егерде ол ұл ту көтерсе! Онда жан тілеген мақсат, тәңірі қостаған мұрады орындалды дейді.
Жаһанда әр нәрсе бір-біріне сипаттас келеді. Ұл перзенттің дүниеге келуі — ерте кезде билігінен айрылып, өз тізгінін өзі ұстауды арман еткен алты алаштың автономия болуына, мемлекет құруына ұқсайды. Бұл да нәресте. Бұл да шілдехана тойындай шаттықпен бас қосады. Бұл да қырқынан шығып, бесікке бөлеп әлдилеуді керексітеді, қаз тұрып аяқ басқанша күні-түні мәпелеуді тілейді. Мәпелеу — жас бөбекті таза ұстау, үзбей қоректендіру, әл-қуатын молайту, баптау, өсіру, буынын бекіту, сахараға қарату, кеңшілікке талпындыру...
Мемлекет және оны басқаратын орындар тап осы айтқандарды басынан атқарып келеді. Қазір осы нәресте хұкіметтің бөлімдері Торғайда, Жетісуда, Арқада дүниеге келіп, аяғынан қаз тұра бастады. Мына өздеріңіз көріп отырған Батыс уалаяты талпынып табалдырық аттады. Табалдырың емей немене, өзінің администрациями, яки басқару орындарын жасақтады, қаражат ісін жүйеледі, әскер мәселесін тәртіптеді, — деп бастады сөзін Жанша Досмұхамедов.
Ол аса ұзақ сөйлемесе де тыңдаушысын ұйытып, ұлттың сезімін қозғарлық сұлу сөздерді лекітіп-лекітіп тастады.
— Ескі Иран мен Торан патшалығы сияқты, Хиуа мен Бұхар хандықтары тәрізді қазақ елі де мемлекет болмақшы, оған байлық та, басшылық ететін білімді азаматтар да мол. Тек жұмдың керек, бірлік керек, өз хүкіметім өзгенікінен артық деген биік сезім мен азаматтық ар керек,: — деп түйді.
Жиналған адам көп болса да, мәжіліске қатынасқандар санаулы еді — бас-аяғы қырық жеті кісі үлкен кабинетке жағалай отырған болатын. Олардың хұкімет мүшелері: Қуанай хазірет, Салық правитель, дәрігер Халел Жаншаның оң қолында, құрметті қонақ Нияз бен оның биі және жергілікті оқымыстылар Ақметше мен Дәулетше сол жағында тізілген-ді. Бұл қатардың ең түбінде молдадан қысылған шәкірттей жаутаңдап Қабыл бай және оның жанында кішірек көзін сол қасындағы тыпыршыған Қабылға тікендей қадап, Шұғыл хажы отырды.
Жаншаның сөзі біткенде, оны қол шапалақтап мадақтау орнына, Қуанай хазірет:
— Мерейің үстем болсын, әмин! — деп қол жайып дұға етті де, отырғандар жамырап:
— Әумин!
— Аллаһу акбар! — десті. Ал, үйге сыймай есіктен сығалағандар, иықтап қаумаласып аула ішіне толғандар:
— Не айтты? Не айтты? — деп анталасты.
Жұрт тамақ кенеп, сақал сипасты, отырғандар орындарында қобалжи түсті. «Енді кім сөйлер екен? Не сөйлер екен?» — деп күтті.
Орнына отыра берген Жанша оң жақтағы Қуанайға көз тастады да, бірақ оған тоқтамай, сол жағындағы Нияздан әрі отырған Ақметшеге қарады. Оған «кезек сенікі» дегендей болды. Осы кезде есікке таяу жердегі Шұғыл хажы:
— Шытыр жеп жаталақшыған түйедей тыпыршисың. Әлде айтып көрмеген аталық сөзіңді осы жерде айтып қалғың келіп шыдамай отырсың ба? Сөзден көрі Шідертінің сорына сыймай жатқан түйенің бірер жүзін уалаят игілігіне бөліп бермейсің бе? — деп Қабылға қадала қалды.
Жұрт тегісінен Шұғыл мен Қабылға көз тікті. Қабыл сасып жан-жағына алақтай бастады. Аздан кейін жүзін төмен салып, өкпелеген адамша:
— Хажы, жок, жоқ, — деді ол, әлде сөйлемейтінін, әлде бермейтінін хабарлап, күбірлей түсіп. Жұртқа Шұғылдың сөзі тегіс естілді де Қабылдың жауабы жетпеді.
— Хажы сөзі қасында отырған ақсақалға бағышталса да, осындағы әлеуметтің әрқайсысына да ой салатын сөз болды, — деді Ақметше, жанындағы Ниязға сөйлесіп отырған адамша, жүзін бұрып. — Басшы азаматымыз Жанша мырза бастап, оны қадірлі дәрігеріміз, Петроградтағы ғалым дәрігерлер қоғамының мүшесі Халел қостап, мына өздеріңіз сияқты ардақты ел ағалары қолдаған жас мемлекет, адвокат айтқандай, нәресте мемлекет уызында жарып, балғын шағында бұла болып өсуі үшін барымызды алдына тартуды қажет етеді. Сондықтан біз осы жайлы әңгіме қозғасақ, азаматтық борышымызды өтеу жайын бастасақ. Өйткені ғасырлар бойы аңсаған автономиямыздың мәні мен сипатын, тілегі мен мақсатын сөзге шешен, басқаруға көсем Жанша алдарыңызда байымдап өтті. Біз ол кісіден артық жарасымды сөз таппаспыз. Осындағы үлкен мәжіліске мағұлым етпекші екінші бір мәселе бар. Ол: хүкімет орнын басқа жерге, ең қолайлы, қалың қазақ ортасы Ойыл, шаһарына көшіру. Ойыл шаһары Үйшік пен Маңғыстау шектес, Ақтөбе мен Ырғызға, онан әрі Торғайға, тіпті Арал, Қазалы, Ақ мешітке бір табан болса да жақын тұрған шаһар. Ал, ел ортасына таяу тұрған хұкімет орталығы — төрт жағы бірдей құбыла хұкімет болып табылады. Өз басым осы істі, яғни орталықты Ойылға көшіруді қатты құптаймын. Құптаумен қатар хұкімет орындарын көшіруге байланысты көш көлігін, шығын-қаражатын өзім көтеремін. Сонымен бірге, сол Ойыл шаһарында даярланып жатқан жас хұкіметтің күштірегі, кадет мектебін бітіріп шыққан жас офицерлер тобына сыйлық есебінде он арғымақ тарту етем.
— Рахмет, Ақметше мырза, адал ниетке бағышталған азаматтығыңыз бен мырзалығыңыз үшін хұкімет атынан, осында отырған хұкімет мүшелері атынан көп-көп алғыс айтамын, — деді Жанша.
— Менен елу ат, Жанша мырза, сол айтқан ғаскер басшыларына бағыштаймын, — деді Шұғыл. Сөйтті де, ол тағы да қасындағы Қабылға қадала түсті. — Мына Қазанғаптың байы Қабыл екі жүз ат сыйласа да бір жылғы төліне жетпейді. Кәне, мұнан өзгелерің де, ана сырт жақтағы Мұқай, Қоданбайлар атасын сыйлықтарын, көрсетсін мырзалығын. Қалыбай, жаз, сен бе жазатын?
— Хажы, атау сізден, жазу бізден. Елу де жақсы сан. Алайда «жүз» деген айтуға да, жазуға да келісті. Әсіресе жүз ат, жүз атан, жүз қой... — деп жазғыштай бастады интендант Қалыбай.
Қабыл күйбеңдеп еш нәрсе айта алмады. Бірақ қасындағы Шұғылдан төмен отырған жуан адам:
— Хажыдан қалмайды, бұл кісі елу ат жаздырады, — деп Қалыбайға қарады.
— Елу ат, — деп жазды Қалыбай. — Қабыл Ақметұлы елу. Сізден де елу, отағасы. Елуден кем жазуға қиын және қағаз да нық келмейді. Қырық сегіз, қырық тоғыз деген сандардың әрқайсысы жарты жолдан алып кетеді, — деп күбірледі интендант әлгі жуан кісіге «жүз» бен «елудің» жинақтылығын дәлелдеп.
Әлде не уақыт Қалыбайдың қалың тізімін аяқтауға бөлінді. Жұрттың қозғалысы күшейді, дабыры молайды.
— Енді сырт жақтағыларды қаттаймын, — деп Қалыбай есікке беттей берді.
— Писарь шырақ, тоқта, — деді оған Нияз. — Сен жаз. Ойылдағы кадетке жүз бала жаз. Жүз баланың офицер оқуын оқып шыққанша керекті қаражаты менен. Бітіріп шыққан соң ат-тұрманы менен. Жаз. — Нияз Жаншаға қарады. — Игілікті ісің құтты болсын! Адай сені қолдайды, мырза. Ана оқытып шығаратын жүз балаға жиырма жігіттен жігіт қосамын. Бұл Адай полкы атанады. Адай полкы жел жағыңа ұстайтын панаң. Басқа да мұқтажыңа көмектесем, — деді.
Жанша Нияздың қолын алды, алғыс айтты.
3
Күнде келіп тамақ беріп тұруға рұқсат алған Күлшан серік сияқты болып еді. Бұл алғыр әйел күзетшіні де, түрме бастығын да «Жаншаға айтамын» дөп қорқытып, тұтқынның қасында емін-еркін отырып, тамағын ішкізіп, жарасын байлап, әңгімемен де қарқ қылып еді. Қаланың ішінде не болып жатқанын ол бұлжытпай хабарлайтын болған. Ал, Күлшан кеткелі үш күн болды, бұл үш күн Меңдігерейге үш айға татыды. Сөйлесер жан жоқ, тергеу де жоқ. Ол ой теңізіне шомды. Ісінің немен бітерін шамалауға тырысты. Қаншама жақсылықты көңіл қалағанмен, безбеннің басын жамандық басып кете берді. «Оралдың әскери соты қолындағы тұтқындарды өлім жазасына кеседі. Атамандар сотынан жеңіл жаза күтуге болмайды. Ал, мына Жымпиты үкіметі не істемек? Бұл да Орал жендеттеріне еліктейді. Соттайды. Жаза... Өздері Ойылға көшсе, сотты тездетер. Бірақ неге жауап алмайды? Әлде сотсыз...» деп ойлады ол. Бұл ой оның басынан шықпай қойды.
Кіріп келген солдаттың:
— Отағасы, киін! Тез киін! — деген бұйрығын Меңдігерей қапелімде түсінбей қалды.
Мезгіл іңір, қарбалас шақ еді. Жә «хұп!» деп, жә «қайда апарасың?» деп сұраудың орнына ол солдатқа танитын адамша, бірақ қайда көргенін жадына түсіре алмай тұрған жанша, ойланып қарады.
— Киін деп тұрмын. Саңырау емессіз бе, неге ақтарыласыз? — деді солдат.
Меңдігерей тағы да жауап қатпады. Есік ашылып, онан екінші солдаттың басы көрінді. Іштегі:
— Тез киін! — деді тағы да.
Әлде ащы ойдың, әлде кенет кездескен оқыс жайдың құшағында бір сәт қозғалмай қалатын, тіл де қатпайтын қалт тұрыс болады. Тұтқын осындай қалыпта еді.
— Мынаның есі дұрыс па? — деп, бірінші солдат есік аузындағы надзирательге қарады. Надзиратель оған жауап берудің орнына:
— Отағасы, тез киін! — деп буындады, бейнебір құран сөзін мәділегендей.
— Мен дайынмын, — деді Меңдігерей аздан соң.
— Дайын болсаңыз жүріңіз, — деді алдыңғы жігіт. Сөйтті де ол есік алдындағы серігіне: — Есі дұрыс екен, — деп иек қақты.
Бұрын көрмеген тұтқынның аса жүдеу түрі, әсіресе басын бір жағына қисайтып, есеңгіреп қалған жандай құты қашып көрінген жүзі оларға «сау жан емес шығар» деген ой салып еді.
Әсіресе кешкі қара көлеңке шақта тұтқын тар бөлмеде ербеңдеген аруақ сияқтанған.
— Жүріңіз, жүріңіз, — деді жігіт, есі дұрыс екеніне қуанғандай даусын жұмсартып.
— Қайда?
— Оны енді барғасын көрерсіз.
Тұтқынның дайындалатын еш нәрсесі жоқ-ты: киінуге — бар киімі үстінде; жыртық көйлекті жасыру үшін өзі есісі, әрі уқаланып, жолдың шаңы айғыздаған бешпетті күндіз киіп, түнде жамылып жүрген. Бас киімінің қайда қалғанын өзі де білмейді: қараңғыда Абылаев жігіттері кішкене бөлмесінен сүйреп шығарғанда сол жерде қалды ма, әлде арба үстінде қол-аяғы байлаулы, қан қақсатқан жараға шыдамай жан азабын шеккен шақта жоғалтты ма — кім білсін. Шалбары да бешпетіндей — үстінен түспейтін. Өліп тірілгеніне ғана қуанған Күлшан да киім жаңартуды ескере қоймаған, ескерсе де бөтен жерде киім таба алмай, сатып алуға қаржы жоқ, енді бәрін де елден жібермекші болып кеткен-ді.
— Қайда? — деген сөз Меңдігерейдің аузынан тағы да шығып кетті де, бірақ келген адамдардың кім екені жаңа ғана есіне түскендей болды.
— «Бұлар не біледі: алып кел десе — алып барады, ат десе — атады... — деп ойлады. — Қайда апармақшы? Тергеу ме? Әлде тергеусіз...»
— Тезірек жүріңіз! — деді. гауптвахта-түрменің қақпасынан алып шыққан солдаттар.
Олар қаланың ортасына қарай жүрді. Тұтқынға үндер де қатаң естілмеді. «Тергеу шығар...» деген ой басқасынан дәлелдірек көрінді...
«Жаманы — жасырын жазалау, жақсысы — тергеу, соттау» деген ойдан шыға алмай келе жатқан Меңдігерейді қараңғыда жете танымайтын бір үлкен үйдің қақпасына кіргізді де, қарсы шыққан ұзын бойлы қазақ офицеріне тапсырып, екі солдат честь берді.
Офицер ешбір үн қатпастан есіктен есікке жетелеп Жанша Досмұхамедовтың алдына алып келді.
Ұлық сәлемдесудің орнына басын шайқап, аяған адамның пішінін көрсетті. Бірақ жасы да үлкен, түрі де аянышты кіріптар адамға отыр деп те меңземеді, өзі де отырмады; төрдегі үлкен столдың оң жағында түрегеліп тұрған күйі Меңдігерейге қарап тұра берді.
«Мұнысы несі? Құдіретін көрсету ме? Адам айыптауға тіс.қаққан прокурорлығын. алға тарту ма? Жасыту ма?..» Меңдігерейдің зығыры қайнап кетті. Әлгідегі шүбәлі, сақтану сезімі ашуға орын берді; ол өзінің нашар күйін де ұмытты; өткен кездегі Халелмен қатты сөзге келгенде де осы сияқты сұр қалпында қалған сөзге ұста, жүзге жылы, іске ұтқыр, жылан юристі жан-тәнімен жек көріп кетті — бар қылығын ащы сөзбен бетіне басуға кірісті.
— Бұл не, мырза, тергеу ме? Әлде адамшылық атаулының бәрін аяққа басып жерлеу ме? Сұраңыз тергейтін болсаңыз, — деді Меңдігерей Жаншаны көзбен жеп.
Жанша тіл қатпады, орнынан да жылжымады. Ол тек Меңдігерейдің көз оғынан тайдырайын дегендей жүзін бір кез түкпір бөлменің есігіне бұрды. Түкпір бөлмеге «неге қарай береді?» деген оймен ашу кернеген Меңдігерей де көз тастады. Есік ашық, бірақ оның қалың пердесі түсірулі тұр. «Әлде біреуді күте ме? Бөлменің ішінде адамы болса бір нышан бермей ме?»
Жым-жырт. Басшы да, тұтқын да үнсіз қалды.
Уақыт аса ұзаққа созылған жоқ еді, бірақ іштей түйіліп әр қыбырды, әр дыбысты, тіпті кешкі масаның ызылдағанын да сарапқа салып тыңдап үйренген Меңдігерейге ойламаған жерден кездескен жаңа көсемнің өзі де, безерген тұрысы мен жұмбақ әрекеті де қиямет-қайымның тұзағындай шеті де, шегі де жоқ азапты көрінді; бір жыл ішінде айқын ажырастырған сана алшақтығы қазір Меңдігерейдің жүрегіне өшпенділік уын тамызып тұрғандай болды. «Сез сөйлегенде халық деп тіл майын тамызасың, іске келгенде сіңірі шыққан бұқараның нәрін copy түгіл, қанын ұрттап ішуге де шіміркенбейсің, хансұлтаншыл қаратаяқ!» деп кіжінді жаралы тұтқын.
Тап сол кезде тұтқынның ойы бір басқа, уалаят правителінің ойы екінші басқа еді. Жанша жаңа ғана Халелмен пікір алысып, бірақ өз ойынан шықпаған тіпті бір сөзін де мақұлдамаған дәрігерге большевик Меңдігерейдің өзін тілдестіру үшін алдырып еді.
Тірідей колға түскен Меңдігерейді Жымпитыға алып келгеннің ертеңіне-ақ Жанша алмағайып тағдырдың тар көпірі алдан шыға қалса медеу боларлық керме арқан тастауды көздеген-ді. Мұны күні бұрын «ел аман, жұрт тыныштықта бастауды мақұлдаған. Егерде большевиктер күш алып, атаман Мартынов пен генерал Толстовтың апшысы қуырылар күн туса, жарылған бас бөрік ішінде, сынған қол жең ішінде қалатын ағайыншылықтың алды Әбдірахман мен Меңдігерейге құшақ жаю ғой... Солай болса Меңдігерейді жәбірлемей ішке тарта, қайырымды қарындас есебінде ерікті кіріптар етіп ұстау» жағын қолдап еді. Мұны ашықтан-ашық Халелге сыр етіп айтпаса да Жанша түсінгендей-ақ ишарамен: «Түбі татулық жеңеді, егес ұмытылып, бір елдің, бір жердің қамын көздейміз», деген мейірбандық сөз тастаған. Және Меңдігерейдің жатңан жері қылапсыз таза, тамағын тоң етіп ұстауды тапсырған. Әсіресе бақылаушы адамдарға қаталдық, көрсетпеу жағын көбірек ескерткен-ді.
Бұл жайды Меңдігерей болжай алған жоқ-ты. Өйткені Жымпиты хұкіметінің сорақы істері оның күн санап көз алдынан өтіп жатты: партизандың бүліншіліктің ұйтқысы деп Алексеевка мен Александровканы тегіс өртеп жіберген, сан адамды жазықсыз атқан осы Жанша мен Арон төренің жасақтары, аузын ашқанды кәрі-жас демей жонынан таспа алып, дүре соқтыратын да, қарсыласқанды қамауға алатын да, сұраусыз аткөлікті айдап әкететін де осы автономияшылар ғой. Өзінің көз алдында екі бала мен Фроловскийді кескілеп кеткен Абылаев сол Аронның қолшоқпары. Әйел екеш Күлшанды да екі қолын артына байлап айдап келмеді ме! Бірақ «хан мен төре қатын-баламен жауласты» деген жаман атақтан қашты ма, Күлшанды келісімен «үлкен басшылар» босаттырып жіберген ғой...
— Жанша мырза, — деді Меңдігерей тағы да шыдай алмай, — мен тұтқынмын. Еркінен айырған кіріптар тұтқынға білгенін істеу заң-законге қылапсыз қызмет етемін деуші юристерге лайқат іс болмас. Менен керегіңізді сұраңыз да абақтыма қайтарыңыз.
— Менің сұрағым жоқ, доктор, — деді Жанша, әлі сол түкпірдегі есікке қарап, теріс айналып тұрған қалпында мойын бұрмастан. Неге екені белгісіз, жақсы білетін фельдшерді бұл жолы Жанша «доктор» деп тіл қатты.
— Білгенін істеу деп осыны айтады. Сұрағыңыз болмаса неге алдырдыңыз?
Жанша тағы да үндемей қалды. Аздан кейін ол әлдекімді күткендей сырт жаққа құлағын тосты. Есіктен әрегіректен нық басқан аяқтың «дік-дік» еткен дыбысы естілді. Сырттан келе жатқан дыбысқа көңіл аударып үлгергенше есіктің ашылғаны, бір-екі адамның ішке енгені, тез жүріп бұлар тұрған бөлмеге де жеткені құлаққа анық шалынды. Әлдекім есік ашып жол берген адам бөгелместен кіріп те келді — бұл белгілі Халел Досмұхамедов болып шықты.
Халел әдетінше тік жүріп, бұрылмастан Жаншаның қатарына барып, арт жағында, есік түбінде қалған Меңдігерейге жаңа ғана бұрылып тесе көз тастады. Соншама жүдеу, жүзі де, түрі де былтырғы қалпынан көп өзгеріліп кетсе де Меңдігерейді ол бірден таныды. Таныды да оны өткір көзбен атып жібергендей болды, іле-шала жауап қатты.
— Жанша мырза, мына сұрқияны не үшін алдырдыңыз? — деді.
— Сіз үшін алдырдым, доктор...
— Рақмет. Бірақ босқа машақаттанғансыз. Мұндай адамдармен сөйлесетін сөздің құйрығы шолақ, жалы күзеулі — бөрінің бөлтірігімен қоштасардағы «ұнжығада көрісерміз» деген нақылы дөп келеді. Әйтпесе, өз адалын өзі харамдап жатқан Ресейдің жалаң аяқтарымен қосылып қазақ елін жарылқаймын дегендерден не үміт, не хайыр! Әлде есі кіріп тәубеге келіп қалды дейсіз бе? — деді Халел өршелене түсіп.
— Мен де сағынғаннан келгенім жоқ, доктор, бұл жерге. Ал, қанжығада кездесу бөлтірікке де, бөріге де бірдей, айырмасы: бірі ақшаның оң қанжығасынан, бірі сол қанжығасынан ғана орын алады. Алайда мен аңшының қанжығасында емен. Нағыз аңшы кейінде, оның аулайтын аңы да бөлек, — деді Меңдігерей.
— Сөз жарыстыруға уақытым жоқ... — деді Халел жекіріп, сөйтті де өкпе артқандай Жаншаға бұрылды, оған қабағын шыта қарап, сөзін дақпа-дақтап сөйледі. — Аламан қазақты алқа-қотан қондыру үгіт-насихат жолымен шешілмейді. Ондай дәрежеге біз әлі көтеріле алған жоқпыз, Жанша мырза. Әсіресе ақылынан адасқан Бақытжан мен мына тұрған жол тонағыш қарақшыларды хақиқатқа бас идіремін деу көңілшектік.
Меңдігерей неге әкелгенін енді-енді аңғара бастады. Келіспекші ме?.. «Үгіт-насихат... Аламан қазақты алқақотан қондыру... көңілшектік» дейді... Бірақ Халелдің сөзін ол талдап, жіктеп жатуға шыдамады. Бұрыннан тұздай сөздерді бетке бүркіп үйреніп қалған мына шар мінез доктордың өзі түгіл, әрбір дыбысы, үні оның өңменінен қадалғандай болды. Ол не де болса ежелгі жауының мірдің оғындай сөзіне құлақ тосқанша өзі қарсы қару жұмсауды дұрыс деп тапты.
— Сөз жарыстыруға менің де зауқым жоқ доктор. Ал, аламандықты алға ұстап жүрген мен емес, мына өзің сияқты, қаратаяқтылар: ханшыл, бекшіл, төрешіл задалар. Мен емес, Батысты Шығыстан бөліп уалаят, хандық, автономия деп тамақ жырта айқай салған. Мына азамат Жанша мырзамен екеуіңіз Жымпиты уалаятын құрып, Әлиханыңыз Шығыстың автономиясын жасақтап, Шоқаевыңыз Қоқанның хандығын тірілтіп, үркердей қазақты жан-жаққа таратып, баяғы Әбілхайырдың сансыз сұлтандарындай бөліп алып бөріше талаған сабаздар аламан ба, әлде Жетісуы мен Семейін, Арқасы мен Адайын, Торғайы мен Жайығын бір ел етеміз,.бір республика құрамыз дегендер аламан ба? Хандыққа, сұлтандыққа қарсы қара қазақты ханмен тең етем деген кешегі Сырымың мен Исатайыңның арманын көксегендер халықшыл ма?
Әлде Салық правитель мен Арон сұлтандардың, Қуанай имам мен казак-орыс атамандарының ақ батасын алып, көк қаруды сілтеп, даланың қара қаңбағындай жөңкіген теңдіксіз, панасыз, қорғансыз қалтыраған қазақты табан астына салып тепкілеген жандар халықшыл ма? Айтшы, кәне, қазақтың досы кім, қасы кім? Қараның қамқоршысы кім, жендеті кім?..
— Сабыр етіңіз, Меңдігерей мырза, сабыр етіңіз. Сіздің ашына сөйлеуге себебіңіз мол. Түсінісе алмай сырт беріп, тілдесе алмай алшақтап кеткен жай бар. Доктор ағалықпен ащы айтар кезеңге де ұшырап келеді. Алайда ащы сөздің тұщы жарасымы бар. Екеуіңіздің де көздегеніңіз қазақтың қара шұнақ баласының қамы ғой. Қалай деп атасаңыз да казақтың қара шаңырағын қайта көтеру, оны мейлің республика де, мейлің автономия де, мейлің уалаят де, қалай атасаң да мағынасын халқың түсінсе, тіліне жеңіл, ұғымыңа оңай болса мақсаттың орындалғаны. Сабыр етіңіз, ашу дұшпан, ақыл дос... — деп, Жанша Меңдігерейге жақындай түсті.
Халел терісіне сыймай кетті. Ол жалма-жан қара сюртугінің түймесін ағытып жіберді. Көзілдірігін құлағынан сыпырып алды, ол да Меңдігерейге жақындай түсті.
«Тықыр таянғанын сезген екенсің, мырза, — деп тістенді Меңдігерей ішінен. — Ойылға өкше аударатын болдыңдар ма! Оралға қызыл әскердің төнгенін көріп келдіңдер ме? Бірің төреші, бірің итке жонын күдірейткен қамаудағы қасқырдай тісіңді ақсита бастадың ба? Е!.. солай ма екен!»
Қатты шеке тамыры білеудей болып кеткен әлсіз Меңдігерейдің сөзге ұсталығы мен қайсарлығына Жанша қайран қалды.
«...Дініне берік болмаса большевик бола ма! Қайсар болмаса — мақсатына жете ала ма! Ең басты қасиеті табандылығы, ісіне имандай сенетіндігі. Әсіресе осы Меңдігерей Епмағамбетов! Әйтиев сұм деседі. Ал, мынау көзі жеткен нәрсеге сұмдық жолымен емес, қайыспас қайсарлығымен жететін жан болуы керек. Большевизмге сенуі — мұсылманның құдайға, пайғамбарға сенуінен де күшті. Мұндай жандарды бетінен қайтару үгіттеу жолымен емес, іспен сендіру жолымен ғана мүмкін нәрсе. Ал, кәне мына көп болып көксеген автономияны құрдық. Енді сендердің ойларыңша не істеу керек? Қазақты қалай мемлекет билеу ісіне үйрету керек? Халықтың ұғымына сай, көксегеніне сай, кәдімгі мәдениетті елдердің үлгісімен: сот жүйесін, әкімшілік, басқару, финанс құрылысын, баланы европаша оқыту тәртібін, орысша қоныстанып бір жерге жиылып сауда, почта орындарын жасау істерін қалай етсек өркендете аламыз? «Отырыңыз мына орынға, басқарыңыз, қалыңыздан қақпаймын, билік тұтқасын тұтасымен ұстаңыз!» десем... не дер еді? Көнер ме еді? Әлде «біз бөлек ел бола алмаймыз, Ресейдің бір бөлшегі есебінде ғана өмір сүре аламыз. Бөлек ел болу үшін өз ақшаң, өз банкің, өз фабригің, өз заводың, өз темір жолың болуы шарт!» дер ме еді...
...Солай, бөлек ел болу үшін көп нәрсе керек. Алайда бастамасын көрсетіп «ел» деген атқа ие ету... тым болмаса Керенскийдің уақытша хұкіметі тәрізді ғұмыры қысқа болса да автомонияның ізін салу... ертең большевиктер таратып жіберсе де... Болыиевиктер! Самараны, Саратовты, Орынборды алды. Текені де алуға жақын. Жоқ, жоқ! Бұл қарыспа большевикті қолдан шығармаған мақұл. Жасытыңқырау үшін тұтқында бола тұрғаны да залал емес. Алайда Ойылға барған соң оны Халел көнбесе де бір үлкен орынға ұсыну қажет!..
Большевиктер хұкіметін орнатып алғаннан кейін қазақты бөлек ел етемін дегенін орындай қойса құба-құп?! Мә, автономия! Даяр автономия. Терезесі тең, сөйлесуге, қоян-қолтықтасуға жарайтын автономия! Қосылу әрекетіне сөз салса!..» деген Жаншаның көз алдына көбірек тартылып жүрген ойлары тағы да дүркін-дүркін оралып өтті.
Ал тұтқынға жақындай түсіп, түтеп кеткен Халел:
— Сен кімсің өзің, алдымен соны айтшы, — деп түксиді. — Хан мен бек, хазірет пен сұлтан деп бір қойыртпақтап, қара қазақ, жалшы, малшы, жетім мен жесір деп тақылдайсың. Хан мен сұлтанның қараны езіп келгенін сенсіз де жақсы білеміз...
— Жақсы білсеңіз мына отырған жаңа ханның — (Меңдігерей Жаншаға қарай қолын сермеп қалды) — он екі уәзірлі Жәңгірден айырмасын аршып беріңізші. Жер мен су, мал мен басқа сол кезде де қара қазақ ие бола алмаған, қазір де солай...
— ...Алдымен хандықтың автономиядан, он тоғызыншы ғасырдың жиырмасыншы ғасырдан айырмасын біліп ал! Сонан кейін бостандық, теңдік, қара халық, жалшы, малшы деп алақаныңмен ауаны бауырдай тіл! Тіліп көр, не шығарар екенсің! Мен көріп алайын! Ана алжыған Бақытжан мен азғын Арғыншаевқа ер! Қалың қазақтың арасына іріткі сал! Хазірет деп, би деп абыройын айрандай төк! Байсың деп малын құрт! Бисің деп аяғыңа тапта! Бақытсыз қазақты жебір патшаның тепкісінен жұлып алып қара сирақ тобыр орыстың қолына бер! Сонсоң көр, не істер екен! Өз дінін, өз асылын, өз даңқын өшіруге кіріскен надан заводшы мен қайыршы қарашекпен қай мұратқа жеткізер екен! — деп кекетті Халел. Ол сәл тоқталып қалды да, ойын жинақтап қайтадан бастады. — Қазақтың қамын жейтін осы сен кімсің? Соны айтшы алдымен. Қамқоршы болғандай сен не істедің? Әлде сен жеті қат жер астынан жан білмейтін бір даналық таптың ба? Әлде сен Әлихан мен Ахметтен ақылды болып шықтың ба? Әлде мына қараңғы қазақтың аузына қарлығаштай су тамыза бастаған Жаншадан данасың ба? Қазақты жіктеу, алауыздыққа айналдыру — ел етпеу. Қазақ бауырмал халық, рақымшыл халық. Атаны бала, ағаны іні жағадан алатын зұлымшылдық қазақтың қанында жоқ. Қазақ қарындасқа жақсылық етумен қазақ атанған. Қай заманда аштан өліп, көштен қалған қазақты көріп едің? Қай заманда әділетке жүгінбей жақынды жақтап, жаманды даттаған қазақты көріп едің? Жақынды жұтып, ағайынның жүнін түтіп жеу ашынған қарашекпен мен жанынан безген заводшыдан шығады. Ол сені ертең алдымен жұтып қояды. Өз тілін, өз абыройын сақтамаған, өз жақсысын таптап келе жатқан, өз байлығын обып келе жатқан көп тобыр қолыңды қол, бұтыңды-бұт етіп жоқ етеді...
— Сен маған, Халел мырза, аждаһаның аузын көрсетіп, құтымды ұшырма. Қара құбыжықтың атынан да зәресі кетіп бұрышқа тығылатын мен сәби емеспін. Сенің айтып отырған алты басты аждаһаң маған өте таныс құбыжық. Ол кешегі айдарлысын құл, тұлымдысын тұл қылған обыр патшаның озбыр сүдіні. Соның мың қараға бір кесек әдісімен қожайындық етіп келген қарақасқа салты. Мың қарашекпен құмырсқадай қыбырлап бір помещиктің көмейін толтыра алмай еңсесі түсіп кеткен шақтың кейпі. Болмаса қызыл көз атамандар мен сұғанақ казак-орыстар қанды қылышын бетке ұстап Ресейдің қол астына көшкен ұсақ елдердің ата заңын аяқ асты еткен зұлматтығы. Сенің құбыжығың кешегі құбыжық, ол бүгін жоқ. Бүгінгі Ресейді дүрілдетіп келе жатқан аждаһа емес, революция. Зұлымдықтан тазартатын революция. Ол революцияны жасаушы сол помещиктің құл қарашекпендері, алпауыттың аш-жалаңаш жұмыскерлері екенін сен білесің. Біле тұра жасырғың келеді. Аяқ астында қалған бұрынғы бұратаналардың жігерлі ұлдарының соларға қосылғанын, бұлардың езілген қазақтың еңсесін көтеруге қол бергенін қастық деп білесің. Ұлыңды ұл, қызыңды қыз қатарына қосатын еңбекші бұқараның туысқандық туы «қазаққа жат» деп қорқытасың. Теңдікке жеткізетін жолды «зұлымдық жол» деп үркітесің, ақ ниетті «арам» деп жерітесің. Сондағы қамқор болған қазаққа әперетінің кәне? Берерің не? Көрсеткенің көз алдыңда тұр... Ату... асу... талау... соғу...
— Сабыр, сабыр, Епмағамбетов мырза! — деп кірісе кетті тағы да Жанша сөзді бөліп. — Сіз ашумен өзіңізді меңдетіп аласыз. Жаралы жансыз. Сізге қатты сөйлеуге де болмайды. Саясат мәселесі өте ұзақ мәселе. Ол бір көргенде, бір тіл қатысқанда бітіре қоятын іс емес. Уақыт іалда. Әңгіменің бәрі алда. Мен тек сізді мына доктор көрсін деген ниетпен алдырып едім. Бұл кісі де қазір ашу үстінде. Оның да себебі мол. Істеліп жатқан істі біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Сол үшін ренжиді бүл кісі де. Бізге сабырмен, шыдаммен, қайсарлықпен ғана алға, әлеумет ісін ілгері жылжыта беру шарт. Бұл жөнінде де әңгіме кейін. — Жанша тамағын кенеп қалғандай болды да, есіктен Арон төре көрінді. — Сұлтан, сіз мына кісіге бүгін дем алғызып, ертең жолға шығарыңыз, — деді Жанша оған.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Үрейлі хабар желдей улеп еді...
Екі күннен бері әскерге тынышсыз тиген «Хан салауаты» болды. Өлеңді бір рет оқып, жә болмаса бір-ақ рет ауызша естігенде көбін түйіп қалатын Нұрым бұл «салауатты» ілезде жаттап алды. Тіпті жырға ебі жоқ Жолмұқан да сол күні тұтас біліп шықты. Ал, екінші күні:
— Салла аллаһи нәбиге!
Айт! Тағы айт:
Салла аллаһи нәбиге! —
деп өзінің жігіттеріне жол-жолымен үйрете бастады.
Бірақ Нұрымның жігіттері де, Жолмұқанның жігіттері де ондықтары қаншама дігірлесе де салауаттың әрбір жолын ең кемі он рет қайталғанда да өздігінен айтып шығуды пішен шабудан жеңіл көрген жоқ. Ірә болмаған соң Нұрым бұл өлеңді ежіктеп түсіндіруге кірісті.
— Нәби деген сөзді білесіңдер ме? Білмесеңдер «Пайғамбар» деген мағынада. «Яки пайғамбарға», оның «әскер басы Ғалиге» деген сөз бірінші-екінші жолдары. Ал кейінгісі: басшы болған мына Жаншаларға дұға қыл! — деген сөз. Қосып айтыңдар:
Салла аллаһи нәбиге
Асқаблары Ғалиге
Басшы болған біздерге
Азаматқа қыл дұға.
Айт! Солай! Онан әрі:
Жанын қиған жұрт үшін,
Сарп қылған бар күшін.
Ғадалатты жол қуған —
Азаматқа қыл дұға!
Кешке дейін өлең үйретуден өздері әбден салығып, басқаларды да салықтырып болған бұл екі ондық, казармаға қайтқасын өзара күжілдесе бастады.
— Сен, Нұрым, жан-тәніңмен кірістің мына іске, — деп кекетті Жолмұқан тағы да. — Мен сені жай ермек үшін жиын-тойды сағалап, өнеріңді көрсетіп домбыра тартып, жыр жырлау үшін жүр ғой деп едім баста. Қазір ханның оң қолы болуға қалдың.
— Мен оң қолы болсам, өмірі тәртіпке көнбеген, «барып кел!» десе, «алып келетін» сен де сол қолы болуға әбден бейімделдің.
— Сен ежелеп түп мағынасын да миға құятын халге жеттің. Сөз жоқ, сен оң қолы боласың. Басшы азаматқа бір сөзің емес, бүтіл жігіттерге дұға оқытуды үйретіп шықтың. Бір жақсы жері менің микещелерім өзім сияқты өгізше қисайып, өткелден қашқан түйеше шегініп бір жолын айтса, екінші жолын ұмытумен келеді.
Жауырыны қақпақтай, бойы ұзын, ат жақты Нұрым әскер киімін кигеннен кейін көзге өзгеше ілігетін келісті жауынгерге айналып кетті. Қысты күні тері шалбар мен шидем киіп жүретін жігіттің өзіне де бұл форма теріс көрінген жоқ, тіпті оның қалыңдау сұрғылт тіккен френчінің өзі дәрігер Ехластың әдемі кительдерінен бір де кем түсер емес, алыстан қарағанда нағыз сымбатты командирдің түріндей. Жұқа, таңдаулы мауыт болмаса да доктордың да, үлкен командирлердің де формасынан айырарлық емес. Оның үстіне Нұрымның келісті мүсіні, ер келбетті, мұрынды, қасты, жабықтау қабақты жүзі оны қатардағы жігіттерден әлдеқайда ілгері қойған еді. Және қара танитын жігіттердің саны өте тапшы болғаннан кейін жүзбасы Жоламанов Нұрымды да, оның қасындағы сөзге шебер балуан денелі Жолмұқанды да бірден ондық етіп белгілеген-ді. Қарамағына берілген он адамның аты-жөнін жазып алып, оларды тәртіппен жинап, уақытында командирдің қолына ұстау Нұрымға қиын жұмыс болған жоқ. Ал, қалған «әскерлік істің» бәрін командирдің өздері үйрете бастаған. Оқу ойдан артық емес дегендей, сапқа тұрып, сан түзеу, оңды-солды бұрылып, аяқты дақ-дақ басуды үйрену де оған қиынға соқпады. Бірте-бірте жаттығып, қылыш асыну, мылтық ұстау, құрал тазарту, ату-шабудың тәсіліне жетілу де жөнделе берді. Ең қиыны қыр жігіттеріне уақытымен жатып, уақытымен ерте төсектен көтерілу еді, бірақ бұл тәртіпке де көндіге бастады? Түннің бір уағына дейін өлең мен жырға зерікпей отырып құлақ тосатын және өзі айтып басқаны мүриттей шұлғытатын Нұрымға кеш жату да аса қиынға соқпаған-ды.
— Айттым ғой, оң қолы боласың деп. Онан да әрі сен бара-бара бәріміздің үстімізден қарайтын бастың боларсың сірә, тым зейініңді салып кеттің кісі өлтіру өнеріне, — деді жатарда Жолмұқан оған.
Нұрым кешкі ұйқыға қоңырау берілгеннен кейін, ағаш койкасының үстіне қағаз жайып, винтовканың оқ коробкасын айналдыра бастап еді.
— Құрттаған қойға да адам кескекті дұрыстап тағады ғой, қай жерінің қандай тетігі барын жете түсініп алмай, мынаны иыққа асынудың не қасиеті бар, — деді ол оқ салатын қорабының түпкі винтін саусағының ұшымен шұқылап отырып.
— Басында еріккеннен кірдім деп едің, шынында да сен еріккен қазақсың, — деді Жолмұқан басын шайқап. — Еріккен адам ғана мойнын тұзаққа өзі келіп сұғады.
— Жолмұқан, сен мені қажай беріп қайтесің, еріксіз ноқта кигеннен гөрі өз жөніңмен құрыққа тұрғаның артық деп мен саған баяғыда айттым ғой. Ал, енді оны қайталай беруден пайда өнбесе керек.
— Мен құрық деп тұрғаным жоқ, енді құрық та емес, ноқта да емес, тура қыл тұзақ қыл мойнынан қысқалы тұр. Нанбасаң анау ұзын сары жігіттен сұра. Бүгін солардың бір ағайыны келіп амандық біліп кетіпті. Оның әкелген хабарын сен тыңдама — мен айтпайын.
— О не хабар, аспан жерге түсіп пе?
— Онан да ауырырақ — жер аспанға бір-ақ шығатын, тозаңын да жинай алмай қаларсың.
Нұрым таңырқап Жолмұқанға «шын айтып тұрсың ба, әлде әзілің бе?» деген жүзбен қарады. Бірақ Жолмұқан оған тура қарамастан:
— Есің барда ел тап деген қазақ сөзін иек сүйер етпесек нетсін, — деді жұмбақтап.
— Сен өзің бүкпей, айтарыңды ашық айтсаң етті, әлде шетін көрсетіп, арғы жағын жасыра қоятын әдетке бастың ба?
— Сен берірек кел, — деп ымдады Жолмұқан Нұрымға. Нұрым жақындай түсті: — Жігіттер ұйықтасын, бірқатары онсыз да бүгін елегізіп күбір-күбір әңгімелесумен болды. Бірқатары менен сұрайды, Ресейдің орыстарын қаптатқан мендей-ақ.
— Орыстар... қызылдар келіп қалып па?
— Текені алыпты дейді. Алса ала берсін, онда менің шаруам жоқ. Ал, бізді соларға қарсы атысқа айдайды екен...
Нұрым сұрланып кетті.
— Рас па?
— Алары да, қосары да жоқ. Жанымнан шығарып тиын-тебен жинап алайын деген ниет жоқ. Қызылдар місапсыз қаптап келеді дейді. Соны тоқтатуға бүтіл қазақ, орыс болып ат қойса керек. Бізді де солардың көмекші әскері етеді деседі.
2
Топтың толқуына кейде жалғыз адам да себеп болады.
Ондық, елу басы, жүз басы болып командаға жіктеліп казак-орыстар тәртібімен құрылған Жымпиты әскерін бір күні ертемен сапқа тұрғызды. Шала түйілген тарыдай ала қауызданып бір түске, бір темір тәртіпке келіп жетпеген бұл жауынгерлердің аттары да ала-құла, өздері де іркіс-тіркістенген салбыр-салақ топыр еді.
— Жүздік, оң қанатқа саптан! — деп айқай салған Жоламановтың даусы шыққаннан кейін де бірінің аты шегіншектеп қатарға келмей, бірі ойқастап ондықтың алдын орап, енді бір ала бие мінген ебдейсіз солдат шинелінің етегін зорға деп тақымына басып жатты.
Зығыры қайнап, үлкен бастықтары келіп жеткенше «темір тәртіпке» түсіруге жанталасқан жүз басы:
— Ондық Жұнысов, шақыр тәртіпке ала биеліні, — деп жекірді, түймелері ағытылып кетіп делегейленген, етегін жиып ала алмай әуре-сарсаң болған солдатты нұсқап.
— Менің жігітім емес, Жолмұқандыкі, — деді Нұрым, өз жігіттерін бөлегірек жіктей түсіп.
— Жоқ, мен оны саған бергемін, ол сенікі, — деп Жолмұқан маңдайына сырғыған шлемін шалқайтыңқырап қойды. — Менің жігітім түгел.
— Түгел болса, бұл қосымша.
— Қысқарт әңгімені, Жұнысов, — деп, жүз басы қатулана қалды.
— Мен емес, жасауыл-аға, әңгімені бастаған. Ала биелі ана Жолмұқанның жігіті, — деді тағы да Нұрым.
— Жолмұқан, сана, ондығыңды сана!
— Ондығым тоғыз, бәрі орнында.
— Қысқарт! Тоғыз адамнан ондық бола ма? Бұл не деген бейбастақтық?
— Атының басын алып жүре алмайтын бос белбеудің маған керегі жоқ, тоғызы да жетеді, — деді Жолмұқан, ала биеліге қарай қолын бір-ақ сілтеп.
Тәртіп бұзушы ондықты жөнге салу оп-оңай жұмыс та емес еді, өйткені балуан денелі, сөзге ұста Жолмұқан жүз басының жекіруіне ыға қоймайтынын саптағы жігіттер де, айқайы зор болғанмен зәрі жоқ жүз басы Жоламановтың өзі де жақсы білетін. Сондықтан ол, бөріше жалын күдірейтіп өз дегеніне баққан Жолмұқанға қабағын бір түйіп өтті де, етегін дұрыстап жинап алып, енді тебіншектеп атын қатарға ендіре алмай әуре болған бишараның өзіне төнді.
— Кір қатарға! — деді ала биені сауырдан қамшымен тартып-тартып жіберіп, сөйтті де, Жоламанов бейне бір айдап келген қашағанды желіге тыққан адамша, қатарға ілесе алмаған босаң жігітті өз қолымен ондықтың арасына сыналады.
— Бұл ала бие бәрібір мал болмайды. Мен оны жетектеп жүріп мал ете алмаймын, — деді Жолмұқан.
— Ала биені қайтесің мал етіп, анау үстіндегі жігітіңді қатардан қалдырмасаң болды, — деп іліп еді Нұрым, Жолмұқан әңгімені тура басқаға бұрды:
— Бізді базарға сала ма қаз-қатар тізбектеп? Әлде, ана Текенің казак-орыстарының жау жағына қалқан етпекші ме? — деді ол.
Оның сөзі Нұрымға дөптелсе де, жүз басы Жоламанов жағымсыз әңгімені өзіне айтқандай сезді.
— Барақов, әскерді қалай тізбектейтінін, қайда жүргізетінін командир солдаттан сұрап жатпайды. Басы артық әңгімені қысқарт. Ондығыңды орнында тәртіппен ұста, — деп зекіп қалды.
Оның даусы қаттырақ шығып кетті, қатардағы жігіттер қысылып-қымтырылып әрқайсысы оз басының мүлтіксіз болуына тырысты — тізгіндерін тежеп, ер үстінде отырысын жинақтай қалды. Көбі «енді қайсымызға кезек келер екен?» дегендей жаутаңдап командирге көз жүгіртті де, Жолмұқанның сырын жақсы білетін Нұрым «қандай жауап қайтарар екен?» деп бірбеткей өр жігіттің аузын бақты.
— Біз мал емеспіз ғой, қайда барып, қайда тоқтайтынын білмей айдаған жаққа жөңкіле беретін. Текеге жүргізетін болса — жүргізеді де, жүргізбесе жүргізбейді де. Күлбілтелейтін еш нәрсе жоқ, — деп Жолмұқан бір-ақ қайырды.
Көп толқи түсті. Тым-тырыс тұрған жұрт, енді тәртіп үшін қысылған түрден етек-жеңін кеңейте қалды, «шынымен алып барып қырғынға сала ма?» — деген әрқайсысының ой түкпірінде жатқан жебір күдік кенет бас көтеріп қалғандай болды.
— Бәсе десейші, қаз-қатар тізіп базарға сала ма, шынында, апаратын шығар...
— Рас, казак-орыстың қалқаны боламыз деп талқаны болармыз!
— Талқаннан да зорын көрсетер.
— Онан да зоры бар ма?
— Төбеңнен түскен зеңбіректің бір добы мың қойдың қотанындай жерді бір-ақ төңкеріп тастайтын көрінеді. Оған ұшырған аттың да, адамның да, арбаның да күл-топырақ болып кеткенін білмей де қалады, — дейді.
— Құдай сақтасын!
— Айта көрме, шырағым, бетін аулақ етсін... — десті жігіттер күңкілдеп.
Жолмұқанның жұртқа жел беретін ереуіл сөзі де, әлденеге үрейленіп қорқынышты күдік құшағында тұрған мына шикі жігіттердің үрпиіскен түрі де Жоламановтың құлағына түрпідей тиді. Ол жауап беруге оқталды, бірақ ақырып-жекіріп қаталдауға батыл бармады. Жолмұқан сияқты бір адамға әлі де келетін, сөзге де ұттырмайтын және соңына көбін ерте алатын алғыр жігіттерді құр айқаймен жөнге сала алмайтынын ол жақсы түсінді. Сондықтан тәртіпті түсіндіре отырып, нығайту әдісіне көшті.
— Жігіттер! «Қайда апарады, қайда қояды» деген мәселе жоқ. Ондай әңгіменің мына сияқты сапқа тұрып, өнер көрсететін әскерлік салтанат үстінде қозғалуы орынсыз. Мұны бір деп түсініңдер. Екінші, қазір сіздердің алдарыңызға әскер басшысы Белоустың өзі келмекші, өзі келіп сөз сөйлемекші. Сол үшін сіздерді сапқа тұрғызып, өнерлі жүріс, тәртіпті тұрыстарыңызды көрсетуіміз керек. Тәртіп бұзған, әскерлік антты бұзған адамдар жөнінде әскерлік соттың үкімін есіттіреді — соны тыңдайсыңдар. Тыныш тұрыңдар. Басы артық сөзді тастаңдар. Абыройлы азамат-болуға тырысыңдар. Сендерді ат ойынына жетік, мылтық, қылыш өнеріне судай, жүзіктің көзінен өтетін нағыз жауынгер етіп шығару үшін ойнатып жатыр, — деді.
Саптағы іркіс-тіркіс боп қобалжыған аттылы топ бір сәт саябыр тұта бастады. «Бастық келеді», «тәртіп бұзған адамдар жөнінде соттың үкімін есіттіреді» деген сөздер оларды жымдастыра түскендей болды. «Ол қандай тәртіп бұзушы?» деген сұрақ аттылы топтың он бойын қуалай жүгіріп, о шеті мен бұ шетіне бөгеусіз жетіп жатты.
— Қараңғы үйде кім бар еді? — деп күбірлесті кейбірі. Бірақ түрмеде отырған жігітті де, оның айыбының не екенін де ешкім ашып айта алмады.
Жан түршіктірер «қанды қырғынға айдайды» деген үрейлі сезім енді бастықтың тәртіп таразысына ауды. Жапырласа қала жаққа қарасты. Атты әскер сапқа тұрған жер қала мен арқа беттегі бақша арасындағы көлемі шаршы шақырымдай көгілдір тартқан көлтабан еді.
Бұл жердің құйқасы шымыр болғанмен ұдайы ат тұяғы түрпілеп тақыр тулақтандырып тастаған-ды. Қазір ертеңгі желі тымық, ауасы тұнық шақтың өзінде де жүздеген аттылардың аяғы ақ бордақ етіп шаң буалдырына айналдыра бастады. Мүшелік жердегі казарма мен әрегірек тұрған өзен жағасындағы гауптвахтаның аралығы ғана шаңсыз, бейне бір жел үрмеген айдынның ықтасын жағы сияқты көгіс тартып бұлдырап тұр. Ауруханадан арғы Жетікөлге үлкен қара жол үстімен өріске шұбырған малдың, қалаға асыққан арбалардың шаңы салақ ораған жаулықша шұбатылып жатыр.
Кешікпей сол гауптвахта жақ тепсеңнен екі аттылы, бір жаяу адам шыға келді. Аттылының бірі алда, бірі жаяудың соңында тақымдап келе жатты. Жаяу адамның ұзындығы алыстан да көзге өзгеше шалынады. Оның басындағы шлемі алдында келе жатқан аттылы адамның қатарласа қалғанда қолтығына тіреліп келе жатқан сияқты. Бірақ бұл екі аттылыны да, олардың ортасындағы ұзын «жауынгердің» тұтқын екенін сапта тұрған әскер жақын келген соң сезді: ұзынның екі қолы кісенді, үстіндегі әскер формалы киімінің иыққа таққан тілдей сары шүберегі мен омырауындағы жез ілгектерінің жұлынғанын олар енді байқады.
— Әлгі сотталған мына собалақ болды ғой, — деді Жолмұқан әлдекімге.
— Бұл кім еді?
— Кім болса да мынауың ойында түк жоқ, ыржиып тұр, көрдіңдер ме?
— Көрдік, соқыр теке ойнайтын баладай, екі қолын артына ұстап ыржия қарайды, — десті жігіттер.
Нұрым қылмыстыны бірден таныды. Айдап келген аттылы солдаттар оны топқа жақындатпай оқшау жерде ұстаса да бес енеден белгілі алпамсадай тұлғасы, үлкен мұрны, қалқиған құлақтары «мен Кәрімғалимын» деп-ақ тұр. Кішкентайынан бірге өскен, әнеугүні ғана Жол старшина тізімге іліктіріп, хан жігіттері болысқа айдап кеткен Кәрімғали. Тек қана үстіндегі жыртық шекпеннің орнына әскери сұр көйлек, сұр шалбар, аяғына етік киген. Бұл формалы киім оның ұзын бойын бұрынғыдан анағұрлым ұзартып, бұрынғы кең шекпені қолбаңдап тұратын сиқы сыптығырдай.
«Мұны не деп жазғырып екі қолын артына тас байлап айдап әкелді? Не істемекші? Әлде әлгі... Сібір жіберетін бір бәлеге душар болды ма? «Сорлының аты — copғa, қайтып келіп орға жығылады» дегендей, әкесі анда қайтыс болып, інісін Шұғыл қуып жіберіп, Нұрыш сабаған, шешесі зорға күн көріп отырған сорқасқаның өз басы әскерге алынғаны аз болғандай, мұнда тағы бір қысымға түскені ме?..»
Нұрым қатты қобалжып кетті, ат үстінен жан-жағына бүркітше көз тастап бір орында тұра алмады, бірақ мәнісін сұрап білетін маңында адам да болмады, Кәрімғалидің өзінен барып сұрауға « темір тәртіп» рұқсат етпеді.
Және оның үстіне он-оннан буындалып, ат үстінде қатарын жаңа ғана түзеген жүздіктің сапын бұзу өз білдігімен жүрген Жолмұқан сияқты бір бетті жігітке де қазір мүмкін нәрсе емес еді. Бірақ не шықса да менен шығады, басқан ештеме бітіре алмассың дегендей:
— Әй Нұрым, мынау сенің кешегі айтқан собалақ туысқаның емес пе? Бойы да, сойы да тап өзің сияқты сырықтай неме екен. Және қыз алдында тұрған жігіттей ыржияды, ду-думанға жаңа қолым жетті дей ме, қалай өзі. Әлде сені көрген соң арқа сүйеп босатып алады деп қуана ма? — деді Жолмұқан Нұрымға. Оның бұл қалжыңы Нұрымға да, ішінен тынып тұрған үрейлі жігіттерге де ұнаған жоқ.
— Тышқанға өлім, мысыққа ойын керек деп, мұндай кіріптарлыққа күлу орынсыз, — деді қасындағы бір жігіт.
— Өзі ыржиып тұрғанда, сол үшін мен қайғырамын ба, күлмегенде не істейсің, — деді Жолмұқан даусын көтеріңкіреп.
Нұрым қабағын қарс жауып, Жолмұқанға зекіп жауап қатты.
— Батырлығың өзіңе. Аяқ-қолы кісенді, жазықсыз сорлыны жазалауға әкелгенде мұндай сұмдықты есерлер ғана қалжыңға шаптырады. Күлетін нәрсе емес, бұл жылайтын нәрсе.
— Жыласаң баста, қостаушы табылса!
Нұрым іштен тынып қалды. Оның ашулы түрін көріп, Жолмұқан да енді қайтып сөйлемеді. Жігіттер қылмысты адам мен ол жөнде тіл қағысып қалған балуан мен жыршыға кезек-кезек қарасты да, енді алаңға келіп енген әкімдерге бақты.
— Жауынгер сап, тапжылмай орындарыңда қалыңдар! Бастарыңды жоғары ұстаңдар! — деп айқай салды жүз басы команда беріп.
Тым-тырыс, үнсіз тәртіп орнай қалды. Қара көк арғымаққа мінген ұзын орыс командирі, қасына ерген екі-үш серігімен алаңға екпіндеп енді. Ортаға келіп тұра қалған кезде командирге жан-жақтан шапқылап жүз басылары жетті, бірнеше минут қоршалаған жүздіктермен тіл алысты да, командир қолын сілтеп қалды. Жүз басылары қайтадан орындарына шапты.
— Тынышталыңдар! Бастарыңды көтеріңдер! Тапжылмай орындарыңда тұрыңдар! — деген жарлық-команда жан-жақтан жамырай қосылып, алаңды айқайлы үнге толтырып жіберді.
Қаншама тыныштың тәртіп сақталса да, қобалжыған жандардың өзара қыбыр-қимылы, аттардың үздіксіз тыпыры мен пір-пір пысқырысы, тамақ кенегендердің «қық-қықтаған» дыбысы, жүген айшықтарының шылдыры біріне-бірі ұласып үлкен командирдің даусын құлаққа тегіс шалдырмады; арттағы сайта тұрғандар түгіл, ілгері жақтағы тізбектердің өзі сөзді айқын естімеді, оның үстіне тілі аса оралымсыз бастықтың шалалау қазақшасы естігендердің аса көкейіне қона қоймады.
— Тәртіп бұзғандар... қылмыс жасағандар қатты-қатты жаза алатын болады, — деді бір кез командир.
«Байқаңдар! Тәртіптен бас тартқаның қатты-қатты жаза аласыңдар!» дегендей бұл соңғы сөздерді бас шұлғын құптаған жүз басылар бейне бір көң басындағы қораз сияқты қоқаңдай қалды. Олар едірейте түрген шлемдерін одан бетер едірейтіп, ат тізгінін қыса тартып, үзеңгіге шірене түсті.
Командир сөзін бітіріп, қошаметші екі адамның қатарына тұра қалған кезде, екеудің оң жағындағы алаңға жаяулап кіріп, кейінгі жағында тұрған бір шоғыр адамға иек қаққандай ишара етті. Бұл бір шоғыр алты-жеті адамның кім екенін әскер анық айыра алған жоқ, тек қана олардың ішіндегі өздеріне таныс Ехлас доктордың ақ кительді формасы, алтын көзілдірікті ақ құба жүзі, бойшаң денесі көздеріне шалынды да:
— Лөктыр...
— Лөктыр да келіпті! — десті өзара күбірлеп.
Нұрым өзгеден бөлек ұзын бойлы, әдемі киімді сұлу Ехласқа бір, онан әрі шеткері тұрған қолы кісенді еңгезердей Кәрімғалиға бір көз тастап, бұлардың не істеріне көзі жетпей іштей тынды. Бірақ ол не боларын Зұлдыр болса да болжауға тырысты. «Мұны жазалау ниетімен әкелген екен. Бұл қалай, әлде ата ма?» деген мұздай ой денесін шіміркендіріп жіберді. «Не үшін?Ораздың айтуынша керуенін талатқан атаңа нәлет офицер сол түнгі шабуылдан өз басын зорға алып шыққан. Енді соған кінәлі Кәрімғали болғаны ма? Кәрімғалиді жауаптағанша офицерді неге қолға алмайды. Басқалары қашып кетіп, ағынан жарылып соңына ерген Кәрімғалиға бар кінәні жаппақшы ма? Бұл не деген жауыздық?..»
3
Бар кінәнің Кәрімғалиға жабылғаны удан да ащы шындық еді.
«Өзінен он есе көп жауға кішкене отрядым қаһармандық ерлік көрсетті. Қолма-қол ұрыста жеті жігітім қаза тапты да, бесеуі ауыр жаралы болды... Бір жігітіміз бас қорғап арба астына тығылған екен, жылап-сықтап таңертең соңымнан жетті... Бұл арба астына тығылған қара басқырдың айтуына қарағанда оған: — «Біз қызыл гвардиямыз, қаруыңды таста да елге қайт. Біз кінәңді кешірдік», — деп үгіттепті. Өзін босатып жіберіпті деп мәлімдеген еді Абылаев төреге қару тасыған керуеннің түнде қолды болған себебін жалған дәлелдеп. Тергеуде Абылаев Кәрімғалидің күнәсін онан да әрі тереңдетті. Ағынан жарылған Кәрімғали офицерге түнде керуен үстінде келе жатқан Хакімді көріп қалғанын да ақтарып салған еді. Бұл оқиғаны Айтқали Абылаев: «Қарулы отрядымның ішіндегі мына Кәрімғали Қайыпқожаұлы деген большевиктердің жіберген тыңшысы Хакім Жұнысовты көре тұра маған мәлімдемеді. Жұнысов Қайыпқолсаұлының туғаны. Большевик басшыларына қарсы тұрмай бұл солдат уалаят алдында берген антын бұзып опасыздың жасады, қаруын тастап қолға еркімен берілді. Бұл түнгі шайқаста серіктерінің қаза табуына, керуеннің қолға түсуіне бас себепкер болды» деп дәлелдеді.
— Қойылған кінәні мойындайсың ғой, айыпты Қайыпқожаұлы? — деп сұраған тергеушіге, Кәрімғали ыржия күліп қана қойған.
Бұл, оңды-солын шаққа айыратын жарлының надан баласы көргені де аз, білгені де жоқтың қасы мүсәпір жандардың бірі болатын. «Старшина мықты ма, болыс мықты ма?» деген замандастарының келеке сұрағына да «Біздің Жол мықты» деп ыржиятын. Оның өте шағын ұғымында старшинадан құрметті жан жоқ. «Осы старшина сияқты атқа мініп ел араласам» деп ойлайтын. «Ал, сен елде босқа жүргенше ат мініп, мылтық .асынып адам бол» деген жолдың «ақылын» ол бірден құптап еді. Сол арман еткен мылтық асынуы қолға еркін тигенде ол құдіретті старшиналарға теңелдім деп ұқты. «Ал, кімді кім жеңбекші, неге жеңбекші, үкімет», «билік», «басқару» деген түсініктерге талдап асауап беру оның ұғымына шақ келмейтін нәрселер-ді. Сондықтан да ол Абылаевтың айтқанына бас шұлғумен тынды. Оны «зиян істеп тұр» деген ойдан да аулақ болды. Соттың: «әскерлік антын бұзып, жауға қарсылықсыз беріліп опасыздық жасағаны үшін сапта тұрып әскер алдында атылу жазасымен жазалансын» деген үкіміне де ол реніш шырай көрсеткен жоқ. Бұрынғы екі езуі екі құлағына жылжитын қалпында тұра берді. Кім біледі, жасынан жұмсалуды ғана біліп, айтқанға жүре беретін үйреншікті бас июге мойын созды ма, әлде өмірі ешбір жанға қиянат етіп көрмеген жан өзіне де ешбір адам зиян етпейді деп түсінді ме екен!
Командир сөйлеп болып әскер сотының бастығына кезек келгенде тым-тырыс қалпында тұрған әскер енді толық қара кісіге көздерін тіге қалды. Орта бойлы, мұртты, денелі, алыстап қарағанда көзге өте-мөте қара көрінетін бұл сот ағасының үстіне киген шинелі де қара екен. Ол жылтыраған барлық түймесі тегіс салынған сол ұзын шинелінің етегі жерден екі елі ғана көтерілген күйі ілгерірек шығып, басындағы әскери биік қара фуражкасын алып қолтығына қыстырды да өзі кейініректе қалған сот хатшысына мойнын бұрып әлденені сұрағандай болды, писарь оған тез-тез адымдап келіп қос қолдан пайка тәрізденген нәрсе ұсынды. Судья асықпай, сол ұсынған қағазды алып, қолтығындағы фуражкасын писарьдің қолына ұстатты; мұртын сипады, кеудесін керіңкірей түсті; жуан қоңыр дауыспен бір сазда үкім оқуға кірісті.
«Халық қалаған игі жақсылардың тегіс бас қосып кіші құрылтай мәжілісінде бір ауыздан қалап, алқалаған Батыс уалаяты атанатын автономия атынан, шариғатқа хилапсыз заң низамы мен ғадалаттік көксеуші әскери дала соты, сот ағасы Копжасаровтың басқаруымен осы үстіміздегі 1918 жылдың октябрь айының 28 жаңасында уалаят әскери басқармасының хұзырында әскерлік қызмет атқарушы жауынгерКәрімғали Қайыпқожаұлының әскерлік уставты аяқ асты еткен ауыр қылмысты іс-деласын қарады...
...Уалаятқа опасыздың еткен солдат Кәрімғали Қайыпқожаұлы уалаят әскерінің алдында атылу арқылы өлім жазасымен жазалансын...» — деген соңғы сөзбен бірге тұрған жұрттың жүзі тегіс Кәрімғалиға бұрылды...
Кең аспанның астында тарылар демнің ақтық ащы минуттары самсаған жанның көз алдына айқын келгендей болды. «Жүзінде не белгі бар?» дегендей жамырай қараған көп көздердің түбінде тап сол шақта талай тамшы еріксіз домалап, талай қабаң қарс жабылған да шығар. Талай кеуде күрсіне қалып, талай таңдай өкінішпен қағылуы да ыңтимал ғой. Бірақ сол тұрған кең алаңындай бейғам, жалпақ даласындай момақан, кеудесі кере құлаш аңғал жігіттің жүзінде оймақтай наразылық нышаны жоқ еді. Саптағы сансыз көзге жай қалпындағы езуін жимай тұрған күйі, алаңға келгендегі аржайы пішіні елестеді. Оның көз алдында бәрі баяғы: аспан да, жер де, жұрт та баяғы, үйлер де, казарма да сол күйінде, бәрі де қаннен-қаперсіз, қаз қалпында тұр... Оның өлтіргендей өшіккен кімі бар? Ол не жазыпты? Жұрттың бәрі де жаны бар, иманы бар, бірі туған, бірі туысқан, тамыр-таныстар мен достар, жаны ашыр ағайындар ғой...
Жүз басы Жоламанов көрнекті-көрнекті жігіттер қарамағына келгенде аса қуанып кеткен еді. Өйткені Нұрымның жыршы екенін, көзі ашық, хат танитын есті адам екенін ол жүздік құрылмастан бұрын білген. Оның айқай салып домбыраға қосылып өлеңдетіп жатқанын әлденеше рет көріп, кейде үймелеген жігіттермен қосылып «қуаттап» та қойғаны бар-ды. Бұл мұнан бірнеше жұма бұрын, жаңадан дайындаған казарманың бітіп, оған «қоңыр солдаттарды» топ-тобымен орналастыра бастаған кезде еді. Ал, соңынан «ысылып қалған» қара қоңыр солдаттарды жүздікке жіктеп, он-оннан жұптаған кезде сол басқалардан бойы да, ойы да озық ұзын қара үлесіне тигенде оны бірден ондық етіп тағайындаған еді. Нұрымның қасындағы шақпақ денелі Жолмұқан да оған өте қолайлы, белді жігіт есебінде көзге түскен-ді. «Тәртіпті тапжылдырмай сақтап, жөн-жосық көрмеген шикі жігіттерді бір уысқа сыйғызуға бұл екеуі әбден керек» деп ойлаған болатын. Бірақ ойын үйрету ісіне күрт кіріскен кезде бұл екі жігіттің екі түрлі жан екенін ұққан. Нұрым тіл алғыш, ал Жолмұқан дегенге көз көнбейтін мінез көрсетті. Оған айқаймен келу бұл мінезді онан әрі өшіктіре беру екені де байқалды. Бір күні Жоламанов:
— Барақов, сенің ана көк биелі жігітің шырықты бұза берсе, алдымен сенің өзіңді гауптвахтаға отырғызамын, неге дұрыстап үйретпейсің? — деген.
Жолмұқан оған бағынышты солдаттың әдет бойынша «құп» деудің орнына:
— Үйреткіш болсаң өзің үйрет, ал, гауптвахтаң жасайлы болса мен үшін өзің отыруыңа болады, — деді бірдем сойқандық мінез көрсетіп.
Қып-қызыл болып кеткен командир жалпақ жігіттің қасқырша күдірейген түрін көріп командирлік қатаңдыққa бара алмады, ол Жолмұқаннан көрер көзге ыға түсті, әңгімені басқаға бұрып, өзге ондықтармен айналып кеткен еді.
Ал, ішінен: «бөксесінен түрсең қайырылып бас салуға жүз жанбайтын бөрінің түрі сияқты, сүдінсіз неме» деп қойған. Сонан бері ол «шойтабан жалпақ бас» Жолмұқанға тіктеп келуден бас тартқан.
Бас, командир шақырып алып үшінші жүздікке:
— Он жауынгерді үкім орындауға шығар, жүзбасы Жоламанов! — деп жарлық етті.
— Хұп болады, аса мәртебелі мырза, үкім орындауға он жауынгер дайын болады! — деді Жоламанов честь беріп.
Сөйтті де ол кері шапқылап өз жүздігіне жетті де, көлденеңдеп тұрған жалпақ жауырынды Барақовқа қарады. «Бұл дәуде болса бір қарсылық көрсетіп қалар-ақ» деп ойлады жүз басы сол мезет. Сонда да ол:
Он жігітіңмен, Барақов, үкім орындауға шығасың... — деді солқылдақтау үнмен. Оның жүзіндегі осы күдікті ойдың нышанын таса баспай топшылаған адамша Жолмұқан да қарсы жауабын қамти қалды.
— Жазықсыз адам қанын ішкендей Жолмұқан әзір жауыздыққа үйренген жоқ, — деді Барақов әдетінше жайбарақат қалпымен үзеңгіге бабымен шірене түсіп.
«Соның жақсы... өзім де білгенмін, сенің аяқ баса қоймайтыныңды» деді жүз басы ішінен. Сөйтті де ол қатардағы Жұнысовтың жүзіне көз тастай беріп еді, тышқан алатын мысықтай оның қимылын аңдып, бар назарын бір өзіне тұтас аударған Жолмұқан:
— Жұнысов та бармайды. Анау езу тартып тұрған жазықсыз собалақ оның туысы. Жұнысов қана емес, басқа жігіттерің де қолын көтере бермес оған. Ал, бұзық Абылаевты ат демей-ақ қарауылдың ұшына алуға тегіс дайын осы тұрғанның бәрі, — деді.
Жолмұқанның түсі өзгере қоймағанмен, соңғы сөздерді ол аузынан тістене шығарды, жаңағы жайбарақат қалпы мүлдем жоғалып кетті.
Белгілі сотқар бір бет жігіттің бұл бойұсынбауын жүз басы табиғи нәрсе деп білді ме, әлде мына қысылшақ тар кезеңде онымен сөзге келу артық деп тапты ма, әйтеуір ол оған да қайырып тіл қатпастан. Жұнысовтың да жауабын күтпестен, жүздігінің жүз қадамдай жерге созылған екінші басына қарай тез тізгін бұрды. Оның бірінші жарлығы да, жарлығын екі еткен Жолмұқанның сөздері де жүздік құлағына тегіс шалына қойған жоқ-ты. Сондықтан ол жүздің екінші қанатындағы жұқа өңді сары жігіт басқарған ондықты тез бөліп шығарды да, күні бұрын әзірленген үкім орындататын әскер соты уәкілдерінің қолына табыс етті.
Кешікпей қатар-қатар тізіліп, шеті әлдеқайда созылған жүздіктерге:
— Бастарыңды жоғары көтеріп, тыныштала қалыңдар! — деген қазақша команда берілді.
Тегісінен жүздері арқа бетке қараған аттылы аламандар тыныштала қалды. Өлімге үкім алған адамның қасындағылар өз жұмысына кірісті. Өзгелерден ала-бөле қынжылған Нұрымның көзі Кәрімғалидың қасына таянған бес адамның бірі Ехлас доктор екенін алыстан-ақ таныды. Бұрын мұндай өлім жазасы түгіл жай өкім естіп көрмеген, тіпті сот деген сөздің тек аты ғана болмаса, «затын» жақсылап көз алдына келтірерліктей жете білмейтін Нұрымға доктордың араласқаны ерсі сияқтанды. Ол өлімге бұйырылған адамның өлтірілген-өлтірілмегенін доктор қарап айыратынын естіген жоқ-ты. «Шұғылдың мына ақ жағалы, қара қалпақты ақсүйек баласы, қызық үшін, Қайыпқожа кедейдің баласын қалай атар екен деп келді ме екен? Уа, құдайдан безген қайырымсыз жандар! Адамды адам өлтіріп, оның қалай өлтірілгенін тамашалап қарайтын қара бауыр қасқырлар. Ізгілік дегеннен, әділеттілік дегеннен біржола безген дінсіздер! Бірі түнде алдырған қару-жарағын жазықсыз Кәрімғалиға жауып, оны өлтіруге үкім шығартса, екіншісі қалай өлтірер екен көрейін деп басына келіп тұр. Бұлардың құзғын қарғадан айырмасы бар деп кім айтар. Өліктің басына келіп қақылдайтын құзғын, малғұндар!» деп тістенді ол Ехластан көзін алмай. Бірақ Ехлас доктор атылатын адамның қасына барған жоқ, кейінірөкте қалған әскери сот бастығы жуан қазақпен және әскери киімін киген бір әкімнің қасында қалды.
Нұрым енді Кәрімғалиға көз тікті. Қасына жетіп барған ақ шалмалы полк молласы Хайырша Қазидің ол бетіне қарап бір сөз айтқандай болды. Бірақ оның сөзі құлаққа келуге екі ара өте алшақ еді. «Шамасы иман айттырып тұр ғой» деп ойлады Нұрым. Ал, көзі молдадан бұрын Кәрімғалиға қайта қадалғанда оның сөйлеген адамның аузына қарап күлетін елдегі бұрынғы әдеті көзге айқын шалынды.
Кәрімғали анық күліп тұр... Қазидың аузына қарап күліп тұр. Оның не айтып тұрғаны Кәрімғалидың миына жетпеген сияқты, кәдімгі елдегі үлкендер ақыл айтқанда ыржия қарайтын күлкісі!.. Тіпті балағаттап жатсаң да езу тартатын әдеті...
Нұрым бетін басып, ат үстінде теңселіп кетті. Астындағы кер ат оның ерден сәл ауытқи түскенін түзейін дегендей аяғын тіреңкірей түсіп белін қарсы қайыстыра қалды.Сөйтті де тұрған орнынанқозғалып, ішін тартты, күрсіне демалды.
Нұрымның ойына жаздыкүні шөп басындағы Кәрімғалидың қызық мінезі түсті.
...Тояш, Бекей, Нұрым Шұңқырсайдың белуардан келетін көк қасқа бидайығын қатып кетеді деп жұрттан бұрын үш шалғымен ерте келіп, күн сәскелікке көтерілгенше жайпап шауып тастады да, демалуға қыстаудың көлеңкесіне келіп отырды. Солақпандай болып келе жатқан ірі Кәрімғалиды олар: «жәрдем бере келеді ғой шамасы, шалғыға олақ еді, қамбалауға ерте, бұған не істесек екен?» деп кеңесті. Біреуі: (Тояш болуы керек) «Асқа жіберу керек, ауылға барып жүргенше, осы жерде тамақтанып кешкі салқынмен сайды жеңіп алайық», деп ақыл берді. Қалғандары, әсіресе Нұрым мұны «табылған ақыл» деп ойлады да, бәрібір арғы беттегіауылдан барып бір торсық айран, нан мен май әкеледі ғой деп, Кәрімғали келісімен бар сусынды соның алдына тартты.
— Кәрімғали, шөлдеп келген шығарсың, мына айранды іш те, сонсоң бізге арғы беттен тамақ жеткізіп бер. Сенің жәрдемің осы болсын, — десті.
Аяғын жай басып келген Кәрімғали, әдетінше Нұрымға ыржия езу тартты да басын изеді. «Мақұл» деп іске кірісті. Ол асықпастан торсық түбіндегі айранды сары тостағанға құйып алды, сөйтті де оны баса бір сіміріп ортайтты да, тостағанды шайқап-шайқап айранның бабын келтіріп болып, түбіне шейін ұрттап-ұрттап тауысты. Оң қолының сұқ саусағымен аяқтың жиегіне жұққан айранды сыпырып жіберіп ұрттап қойды да, сонсоң тостағанды жалап-жалап алды. Қарны ашып келгенін отырғандар айтпай сезіп, тағы да торсыққа көз қырын салған Кәрімғалнға: — ішіп қой, бәрбір айран әкелесің ғой, — десті. Кәрімғали тағы да бір тостағанға жуық торсық түбіндегі айранды құйып ішіп, орнынан түрегеліп:
— Мен қашан әкелейін асты? — деді.
— Қазір барып әкелсең де болады, — десті орақшылар.
Орнынан тұрып босаған торсықты алып нығына салып жатқан Кәрімғалиға Нұрым:
— Кәрімғали, сен бізге жәрдем бере келдің бе, әлде жұмыссыз еріккеннен жүрсің бе? — деді. Кәрімгали сонда ғана әдетінше езуін жимай тұрып:
— Қайыпқожа деген кісі қайтыс болып еді, соны айтайын деп келіп едім, — деген еді.
«О, сорлы, — деді Нұрым күрсініп, Кәрімғалидың әкесі өлгенде де жайбарақат жүрген сол сәбилігін көз алдына келтіріп. — Әулиеден де ақкөңіл сорлы! Барлық сырыңды жауыз офицердің алдында ақтара салып, өз басыңды өзің жұттың. Бейкүнә сәби! Өмірде бір қызық көрмей өткен бишара! Бақыттан құр қалған сорқасқа!»
Нұрым кенет басын жоғары көтеріп алды да селк етті — күрс еткен мылтық даусынан үлкен ойпат зірк еткендей болды, аттар селт ақтарылып құлақтарын қайшылады, кейбірі пысқырып-пысқырып жіберді; өмірі көзі көрмеген адам ату сұмдыққа үрейі ұшып кеткен жандар үріккен киіктей едірейісе қалды, кейбірінің аузынан «алла» деген сөз шығып кетті. Жаңа ғана Кәрімғали тұрған жерде отауланып қалған ақбоз түтін, арба соңындағы буалдыр шақдай, ақырындап шөге бастады. Сол әлі бозғылданып тұрған селдір түтіннің ішінде орнынан тұра алмай, тек кеудесін көтере түсіп, сәжде қылған адамша жер сүзіп қалған Кәрімғалидың ірі денесі Нұрымның көзіне анық шалынды.
Арғы жағын Нұрым байқаған жоқ. Ол жүзін кері казармаға бұрған күйі тістеніп қалды. Нұрым қанша уақыт өткенін де айырған жоқ, тек кері қарай лоблыған көп дүрмекке ілесіп ат үстінде жансыз қарақшыдай қалқиып бара жатты.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
Казарма іші жәрмеңкеге айналып кетті. Күндізгі оқиға өзгеше әсер еткен жауынгерлердің үні үйге келгенен кейін ала-бөле шыға бастады. Үш жүздік орналасқан бұл ұзын үйдің үй сияқты сиқы аз-ды. Ағайынды купецтер Мұса мен Жаншаның жүн мен тері жинайтын бұл қоймасын жаңа хұкіметтің әскери басқармасы тез уақыттың ішінде қоймадан казармаға айналдыра салған-ды. Алдымен жіңішке терезелерінің темір торларын әйнекпен алмастырды да, ұзын жарын жағалай екі жағына тізіп ағаш тапшан қойғызды. Екі маңдайдаекі үлкен есігі бар, бұл ат қора тәрізді өте ұзын, бірақені жіңішке үйдің ортасы тура көше болған да қойған. Ана шеті мен мына шетіне жеткенше бірқыдыру уақыт өтеді. Ал, жауынгерлер кешкі тамақтан кейін тегіс жиналғанда жамыраған қойдай у да-шу, адам сөз сөйлеп, әңгіме тыңдарлық емес. Тек қана бұрыш-бұрышта оңаша қалып шүйіркелесе сөйлескен жандар болмаса шудан құлақ тұнарлық. Қазір осы у-шудың ең ортасында отырған Жолмұқан, әңгіме де Жолмұқан жөнінде. Жолмұқанға көбі дін қойып қарайды, оның күндізгі жарлыққа бағынбағанын көзсіз ерлік деп түсінеді. Біреулер басын шайқап, іштей күдіктенсе де, көптің ыңғайымен «шіркін, жігіт емес пе! Атадан тусаң осылай ту!» деген мадақ-қошаметке үнсіз қол қояды. Біреулер атылып қалған жазықсыз Кәрімғалиды аяп таңдайын қағады; біреулер: «Нашармыз!» «Қорқақпыз!», «Бәріміз тегіс Жолмұқандай батыл болсақ ол аман қалар еді. Үкінің ондығы табансыздық етті!» деп қынжылады. Ал, көпті көрген кейбір орта жасты қара сақалдар: «Балдар, байқаңдар! Орыстың қағазына ілігіп қалып жүрмеңдер. Бұл елдегі бас жарылып, қол сынса да жабулы қазан жабуымен бітісе қоятын ағайын-туғанның ортасы емес. Ат-шапан айып та, ақсақалдық билік те мұнда жүрмейді» деп ақыл айтысады.
— Ай, Жолмұқан, — деді бір ірі сары жігіт Жолмұқанның жігіттері жататын орта жердегі үлкен төрт қырлы қарағай бағанның түбіне кимелеңкіреп келіп, — Жолмұқан сен қатерсіз болма. Сақ бол. Жаман айтпай жақсы жоқ, жарлықты екі етті деп жазалауы мүмкін.
— Сақ болғанда қайт дейсің, жаныңды шүберекке түйіп, қалтаңның түбіне тығыңқырап қой демекпісің? — деді Жолмұқан тапшанына шынтақтай түсіп.
— Жоқ, сен әзіл-қалжыңға шаптырма, Жолмұқан. «Сақтансаң сақтармын» деп иең айтқан. Батырлықтың да ебі мен орны бар. Менің тілімді алсаң, орын алмастырып жат, менің төсегіме бар, мен мұнда болайын.
— Сенің төсегіңнен мені іздеушілер таба алмай ма?
— Тапқанмен бірден үстіңнен түсе алмайды ғой.
— Бірден үстіңнен түспеді, ал сонда арғы жағы қалай?
— Арғы жағы ойлануды қажет етеді.
— Қаш дейсің бе, іздеп келетін болса?
— Мен енді тап солай ет деп тұрғаным жоқ қой, ойлан деп тұрмын ғой.
— Жолмұқан істейтін істі уақытында ғана ойланады. Күні бұрын ойлап-пішіп іс істесем Жолмұқан емес, Сақмұқан, қоян жүрек Қоймұқан, жә болмаса үркек Мұқан, қашаған Мұқандардың бірі болар едім, мырза. Ақылыңа рақмет, — деді Жолмұқан.
Нұрым жақындай түсті, бірақ ол үндемеді. Күндізгі ыза мен кек кернеген күйі жүзі көгілдір тартып сары жігітке көз тоқтатып қарап алды. Сонсоң мойнын Жолмұқанға бұрып:
— Жолым, мен қалаға барып келемін, — деді.
— Жолың болсын, — деп Жолмұқан қала берді.
Нұрым казармадан шыға бергенде, есік жақтан:
— Келіп қалды! Келіп қалды!.. — деген бір ащы дауыс ұзын казарманың екінші жақ басынан шыр ете қалды.
Нұрым селк етті де, мойнын енді дауыс шыққан жаққа бұрды. Бірақ дауыстың кімдікі екенін, «келіп қалғанның» не екенін де ұға алмады, шегініп, өз орнына қарай жылжыды.
— Ойбай! — деді екінші біреу, тап Нұрым мен Жолмұқан жататын жерден. — Арон төренің адамы!..
Бір кез ішінен тына қалған көп жандар құлағын тосып, көзін ілкі ащы дауыс шыққан жаққа тігісіп еді, шырылдаған дауыс қайта шықты, ұзын казарманы жарып өткендей шықты.
— Жау жорыққа айдайды, жау жорыққа!..
Шешінген жауынгерлер төсектерінен үрпиісіп бастарын көтерісіп алысты да, шешінбей қисайғандары орындарынан атып тұрып дүрліге қозғалды. Келіп қалған кім, қайдағы жорық, қай жаққа жүргізбекші, мұны сұраған да жан болған жоқ. Сұрау түгіл бұл үрейлі сөздің мәнін ұғынуға тырысқан адам да шықпады. Енді үріккен қойдай дүрліккен топ казарманың есіктеріне қарай көз тігісті және қару-жарағын тезірек қолдарына іліктіруге жанталасты. Бірі шинельдің де түймесін салмастан қылышы мен винтовкасын бауынан сүйрей ығысты. Біреулері қос қаруды қолтықтай алға ұмтылды. Ал, енді біреулері шала-шарпы тағынған күйінде бірін-бірі жапырғандар қатарына ұмтылысты.
Елде «қыз алып қашты», «барымтаға әкетті», «қорыққа малы түсті», «шабынға жылқысын жапты» деген қиқулы дүрмекке жиі араласып қалған қазаң жігіттері қамшы сілтесіп, сойыл соғуға ежелден бейім ғой. Кейде мән-мәнісіне түсінбей де жаға жыртысып аттан аударып, басын жарып, тақымға басып жөнеле беретін жайсаңдар әскер ойынын ойнап, тастай тәртіпке үйренсе де ескі әдетіне басты.
— Ұрып жық! Ұрып жық келгенін!
— Тұмсыққа соқ сотқар төрені!
— Мешітке кірген иттей етіп қуала!
— Тапқан екен бұлар табанына салатын төленгітті! — деп күпілдесті.
Дүрліккен жұрт бір мезет судай тына қалды, тына қалды да ит көрген мысықтай жиырыла түсті. Қасында мылтықты екі жігіті бар жалаң қылыш асынып, беліне наган таққан Абылаев казармаға еркіндеп еніп келе жатты. Ол топтанып, үрпиіскен ереуілді топқа аса назарын аудармастан, ілгері қарай, казарманың орта шеніндегі Жолмұқан мен Нұрым жігіттерінің жатқан орнына беттеді.
Бұл белгілі офицердің тегін келмегенін жігіттер төбесін кергеннен-ақ топшыласа керек. Бейне бір түлкі көрген орман құсының шу ете қалған дыбысындай «жау жорық! Келіп қалды!» деген үрейлі сөздер аузынан еріксіз шығып кеткенге ұқсайды.
— Барақов, бері шық! — деп жарлық етті Абылаев, басқалар дүрліксе де әлі орнынан қозғала қоймай шинельсіз отырған Жолмұқанның төсегіне төніп.
Жолмұқан орнынан тұрмады. Ол әдетінше, көзінің аласымен бір қарап алып:
— Сәлем, Абылай мырза, төрге шық, шаруаң болса отырып сөйлеселік, — деді.
Жолмұқанның міз бақпай отырған түріне, жер астынан шыққандай дүңк ете қалған үніне офицердің дәті шыдамады.
— Түр, киін! Әдепсіз айуан! — деп ақырды, Абылаев оған тепсініп, — офицер келгенде жабайы жауынгер аяғынан тік тұруға тиіс! Қара мұның, тойда отырғандай шалқиюын.
Нұрым да үрке қоймай қарсы беттегі бір топ жігіттен әрі казарманың қабырғасына таяу жерде тұрып қалып еді. Ол бұл келген адамның баяғы өз ауылында, су басында, Хакімді ұстауға келіп әзірейілдей тиген офицер екенін Абылай деген атынан білді. «Бұл сұрқия Абылаев тағы кездесті ме? Енді Жолмұқанды ұстауға келгені... Сол бағынбағаны үшін ғой» деген ой шарқ ұрды. Ол офицерге көзін алыстан тікті. Оның сөзін де, пішінін де жадына әбден түйіп алардай тесілді.
Жолмұқан орнынан түрегеліп бір адым ілгері жүрді де, ақырған офицердің жүзіндегі өттей зәрді онан әрі ушықтыра түсті.
— Қайда апарасың мені? Біздің елге қыз беріп, дуда түсіп, соның тойына шақыра келдің бе, әлде?
— Екі қолын байла артына! — деп жарлық етті Абылаев екі жігітіне қарап. — Уалаятқа қаны мен жанын беруден бас тартқан бұзық!
Қаумалап тұрған қалың топтың үнсіз түнерген суық жүзінен сескеніп және бірер адамға тегіндікпен қолын байлата қояр түрі жоқ балуан денелі жалпақ жігіттің кескінінен тайсалып офицермен келген екеу айналаға жалтақ-жалтақ қарады. «Мына пері... сол сары — кәдімгі көк көз сары ғой! Жаздыгүні Сүлейменді сабайтын! Аттан аударып алып, жаяу жіберген, әнеугүні атыма жармасқан бұзық Маймақов!» деді ішінен Нұрым. Жолмұқанға бас сала алмай тұрған кішірек келген солдатты таңып. Бір мезет Нұрымның ойына «осы сұмырай мені танып қоймаса игі еді?» деген күдік келді. Ол аса жақындай қоймай, бұл аяқ астынан кездескен шатақ оқиғаның аяғы немен тынарын күтті. Нұрымның көз алдына іштен тұнып тұрған қабағы қатулы жігіттердің бір сойқан салары да елестей берді. «Жолмұқанның өзі-ақ қазір мойнын жұлып алар мұның. Өзі жұлмаса басқасы істер. Жолмұқанды ұстап беріп мына түксиген қара балалар қарап қалмас-ақ. Қалай-қалай деп зекіреді, а?! Ұрып жығып, қаруын тартып алғанда бұл көпке ол не істемекші? Бәлкім оның ізімен басқа біреуі келер. Келсін! Бірі емес, оны келсін. Сонда не істемекші. Тас-талқанын шығарып, командирлерді буып тастап кетпей ме жұрт. Қарулы қалың қолға бастықтар не істемекші? Тек қимылдап қалу керек? деп түйді Нұрым Абылаевтың Жолмұқанға шүйілген қылығына анадайдан кіжініп:
— Байла! — деп, Абылаев енді өз адамдарына жер тебінді.
Маймақов шап беріп Жолмұқанды сол жақ білегінен ұстай алды. Екінші жігіт жақындап үлгергенше сөлекеттеу пішінмен көзінің аласын екі жігітке бір, Абылаевқа бір алартқан Жолмұқан білегін ұстай алған Маймақовты оң қолымен шықшыттан сарт еткізді — көк көз сары қылжаң ете қалды. Ол бір қолымен жағын басып, екінші қолымен әлденеден басын қорғаған жандай құлап түскен күйі ербең-ербең етті. Жолмұқан жердегі адамға енді қайтып ұмтылмастан, «не істер екен, не дер екен?» — деген жанша екпінді офицердің аузы мен қолын бақты.
— Бунт! Он басы қайда? Жүз басы қайда? Командирлер қайда? — деп айқай салып, Абылаевтың түсі бұзылып кетті. — Мен сен бұзыққа көрсетейін...
— Кәне, көрсет! — деді Жолмұқан ілгері жылжып.
Абылаев кері шегінді. Ол сүзетін бұқадай мойнын ішіне алын, жұдырығын түйе өзіне қарсы жүрген маңдайы тайпақ, жүзі қызыл, денесі құйып қойған сақадай нық жігіттің түрінен қорқып кетті. Қасындағы өзінің ірі солдатына да жаңағыдай байла деген жарлығын қайталамады. Өзі де қол қатудан біржола безген пішін көрсетіп шегінген күйі шегіншектей берді.
Жолмұқан сабырлы еді, өзі тиіспей өзгеге өмірі қол жұмсап көрген жан емес-ті. Ал осындай ду жерде ежелден арқасы қозып кететін Нұрым оның жанына қалай келіп қалғанын жұрт байқамай да қалды. Бұл екі арада Жолмұқаннан сескенген Абылаев, адам алатын үлектей қирата-жапыра иықтап келіп қалған ұзын қара жігітті көріп қайда шегінерін білмеді. Жандәрмен қып бас сақтау ниетімен ол беліндегі наганның қабына қолын апара жатты. Бірақ бұл қимылын Нұрым байқаған жоқ еді. Ол өңменін созыңқырай төніп келіп:
— Мен он басы! — деді. Оның даусы құр келіге дүңк еткен келсаптың дыбысындай, сырын білмейтіндердің иманын зірк еткізді.
Шыны ма, өтірігі ме деген жанша Абылаев Нұрымға сенер-сенбесін білмей күдіктене түсті де, бірақ жүзі сұсты көрінгенімен қызынған түрі байқалмағансын:
— Бұл қандай тәртіпсіздік, он басы! Мынау сенің қарауыңдағы... жігіт пе? — деді босаңдау үнмен.
Абылаевтың алғашқы екпіні қайтқан судай серпіліп сала бергенін көріп, Нұрым да ілкі бетінен бас тартқандай болды. Ол баста офицер: «байлап алу» жарлығын тағы да қайталаса, бас салып өзін байлап алуға ұмтылып еді.
— Бұл менің қарауымда емес... Алайда, мұның не жазығы барын білуге болмас па екен, мырза? — деп сұрады Нұрым, өте сыпайы жігіттей ақырын үнмен, — «бұзық» деген сөзге түсінбей қалдық. Өйткені бүл жігіт ең момын адам. Серіктеріне қылдай қиянаты жоқ жан, қолда барын дос-жарандарына бөліп берерлік ер. Абылаев күш ала бастады. Мына қолапайсыз ұзын қара оның «әділетті» қадамын құптайтын, тәртіпсіздерге тыйым салатын, хұкіметке берілген он басы сияқтанды.
— Оның жазығы көп, он басы! Бұл жерде оның бәрін ұзын сүрелеп тұруға уақыт та жоқ, заң да қоспайды. Сен хұкімет атынан берілген жарлықты орындас — Барақовты тұтқынға аламын. Полковник сұлтан Арон төренің бұйрығымен келдім. Бұйрықты екі еткендер болса, оның жазасы бәрінен де ауыр. Бойында қаруы бар ма, болса тінт те ал!
Сұлтан Арон төренің жарлығымен Хакімді ұстауға келгенін, Қален учительді пішен басынан алып кетіп, бүкіл елді бөрліктіргенін жақсы білетін Нұрым «нағыз кездесер адамым келген-ақ екен» деп түйді. Сөйтті де осы бәле қате жасамағай деп ойлап:
— Сіз, мылтық суырмаңыз, мырза. Қазақ жігіттері осы ойыншықты аса жарата бермейді, — деп Абылаевтың қабын ашып наганын суыра бастаған оң қолына мұрнын тыржита қарады. — Елде де зәрені алушы еді осы бір таңқылдаған неме. Ана Маймақов мырза талай тарсылдатқан... Тарсылдатқан жоқ-ау, тарсылдатамын деп әуре болған...
— Сен жарлықты орында, он басы, қысыр сөзді көлденең тартпа. Тінт Барақовты.
— Жоқ, тінту болмайды, ол жақсы жігіт.
— Қысқарт! Сенің өз фамилияң кім?
— Менің фамилиямның керегі не, мырза? Барақовтың жазығы не, жігіттер соны білгісі келеді. Және жігіттер жаман хабар естіпті: бізді Текеден әрі казак-орыстармен бірге соғысқа жібереді екен.
— Қысқарт! Бұл сенің миың жететін нәрсе емес.
— Менің миым жетпесе, сіздің миыңыз жетеді ғой, мырза. Сонсоң сұрап тұрмын.
— Мен сені Сібір жіберемін, мына сөзің үшін...
— Шынымен абақтыға жабасыз ба, Жолмұқанды? — деп сұрады Нұрым кенеттен тісін қайрап.
— Бүлік шығарушының орны абақты. Оған басқа орын жоқ...
— А, — деді Нұрым, оның түсі бұзылып кетті. — Кәрімғалидай етпекшісің бе?..
— Нұрымның ұзын қолы Абылаевтың жағасынан ұстап бір-ақ сілкір қалды да, құлап бара жатқан офицерді Жолмұқан ішке теуіп жіберді.
— Байлаңдар! — деді Нұрым қаптап тұрған қараларға. — Қол-аяғын байлаған қандай болады екен, білсін.
Бірнеше жігіт Абылаевты умаштап астарына басты да, анталаған көп, қармаққа шаншуға қаржыған сары шегірткедей етіп, жерде еңбектеп жүрген Маймақовты уыстарына алды.
— Ойбай, үшіншісі қашып кетті.
— Ұста!
— Ұстаңдар! — деген айқай шықты казарма ішінде.
Үшінші солдаттың қалай қашып кеткенін жұрт басында у-шумен байқамай қалды да, ал дүрілдесіп-дүрілдесіп басылғаннан кейін ол жөніндегі әңгімені мүлдем доғарды.
— Үшіншісін қайтесің, мына малғұнды айтсаңдаршы... Босағаға байлап қойып не бітіреміз, үй күзеттіреміз бе, бұл төбетке? — деді Жолмұқан Абылаевты көрсетіп.
— Өлтіру керек, — деді арт жақта тұрған бір жасақшы. Сөйтті де ол, әлдекім көріп қалды ма деп, жолдасының тасасына түсе қойды.
«Өлтіру керек» деген сөздің кімнің аузынан шыққанын жұрт елеген жоқ, тек сол сөздің өте ауыр сөз екенін салмақтағандай тегісінен төмен қарасты. Аз уақыт үнсіз бөгелісті. Бұл бөгелісті де Жолмұқан бұзды. Ол үндемей ойға кетіп қабағын түйіп тұрған Нұрымға:
— Жыршы, сен айтшы: сен тимесең мен тимейін бадырақ көз, абзалы жайыңа жүргенің мақұл, деген екен бір қазақ сүзеген бұқасын жондап-жондап алып. Сол сияқты мына шіңкілдектің ақылы кірген шығар, «Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», — десек қайтеді? — деді.
Нұрым бұл сөзге жауап қатпады.
— Өлтіретін адам Кириллов еді. Мәкең оның да жанын сауға еткен ғой. Жолмұқан дұрыс айтып тұр, — деп, бағанағы «сақ бол, орын алмастыр» деген сары жігіт келісімге келе билік айтуға кірісті. — Ағайыншылық керек. Бұл Абылай да істейін деп істей ме, нашандік жұмсағансын келген шығар. Енді сол нашандікке «жігіттер балуанын беретін емес, абзалы қоялық, халық айтса қалп айтпайды» деген. Біз шатақ іздеп жүргеніміз жоқ, бізге әділдік керек.
— Рас, Кириловты құрту керек еді. Сот құрғызған да Сол малғұн. Жазықсыз өлтірілген Кәрімғалидың даны сол жаһаннамға кеткірдің мойнында, — деп, енді біреуі сары жігітті қолдады.
— Әй жігіттер, осы Мәкең қайда? Біз Мәкеңді неге тауып алмаймыз? Бір ақылын сол айтар еді.
— Мәкеңді мен де кездестіре алмадым... Ол оралмайды ғой, — деп Нұрым өкініп басын шайқады. Сөйтті де ол Жолмұқанға: — мен бір жерге барып келемін... ағайындарға. Ананы не істесең де өзің білесің. Босағаға байлап қоямын десең де өз еркің. Иттікке иттік етпеймін десең де өзің біл, — деді.
Нұрым казармадан шығып кетті де, оның ізінше Жолмұқан Абылаевты босатып жіберді.
2
Әлденеден оянып кеткен Ораз төсектен басын көтеpiп алып, көзін терезенің кішкене әйнегіне қадады да, құлағын сырт жақтағы болмашы бір дыбысқа тоса қалды. Ол кеше кеңседе ұзақ отырып, толып жатқан жабдықтау документтерін тіркеумен болып, пәтеріне жұрт тегіс жатқан кезде ғана келіп еді. Қанша уақыт ұйықтағанын, түннің қай кезі екенін ол қапелімде шамалай алмады. Сырт жақ тас қараңғы, ай тумаған шақты. Үлкен көшедегі әр жерде бір өлімсіреп сығырайған фонарьдің жарығы оның пәтеріне сәулесін де түсірер емес, бұл түкпірдегі үй, көлденең көзге түспейін деген жанша, бой тасалап қараңғыны бүркеніп тұрған сияқты. Сәл ғана көгілдір тартқан әйнек түнде аулада жүрген жанды көзге іліктіргендей-ақ, бірақ тамыры талғанша тіксе де Ораздың көзіне ешбір елес шалынбады. Құлақ та еш нәрсені іле алмады. Тек қана қазан жақтағы үй иесінің орнынан тұрған сыбдыры естілді. Ол қараңғыда кебісін іздегендей болды да, оны қоя салып есікке қарай жүрді. Үй иесінің жалаң аяқ жүрген болмашы сыбдыры Ораздың құлағына айқын шалынды. «Сыртқа шығып бара жатыр ғой шамасы» деп ойлап үлгергенше, есікті тық-тық қаққан дыбыс естілді.
— Кім бар? — деді үй иесі іштен, ақырын ғана. Ол ұйқыда жатқан әйелі мен баласы оянып кетер деді білем, дыбысы өте сыбырлап шықты.
— Жәркенің үйі ме?
— Ия. Кім бұл?
— Жолаушымын. Есік ашсаңыз, тілдесуге...
Үй иесі енді кері жүріп шам жағу әрекетіне кірісті. Оның қараңғыда қазандықтың мойнын сипалағанын, сылдыр еткізіп сіреңке алғанын Ораз анық есітті. «Бұл кім?» деген сұрақты жан-жақтан ақтарғыштап, бірақ жауабын таппай, ол орнына қайта қисайып, енді тек құлағын ғана тосты. Үй иесінің қимылы мен келген адамның сөзін қадағалады.
Әйнексіз бестік шамның сарғыш сәулесі үйдің төбесіне алдымен шаншылған жіңішке қара жалынды білтенің түтінін ойнатты. Оны ақырын жүрген үй иесінің көлеңкесімен бірге есікке қарай жылжытты. Ортадағы пештен Ораздың көзіне оның өзі түспей, жоғарыдағы көлеңкесі ғана шалынды; есіктің арғы жағындағы келген адамның бейнесі де оған көрінбеді. Тек қана ішке кіріп келе жатып сәлем берген бейтаныс адамның дыбысы естілді. Дыбыс жас адамның жіңішке үні сияқтанды, бірақ ұйқыда жатқан жанды оятпайын деген ниетпен бе, әлде өте құпия жұмыспен жүрген жан ба, әйтеуір келген адам естілер-естілмес сыбырмен:
— Айыпқа бұйырмаңыз. Жолаушымын. Ғалиасқардың жолдасымын, соның сілтеуімен таптым сіздің үйді, — деді.
Үй иесі ілкі тосырқаған сұрауды қоя қойды. Ғалиасқардың амандық білдіріп жіберген жолдасы ғой деп ойлады.
— Жақсы, өте жақсы. Жалғызбысың? Ғалиасқар аман-есен бе? Көп уақыт болды... — деп күмілжіді ол.
Ораз басын көтеріп алды. «Ғалиасқар?.. Бұл кім Ғалиасқардан келген?» Ол жалма-жан шалбарын кие салып, үй иесінің түнгі қонақты кіргізген қазан жағына пеш үстінен мойнын созды. Ол Қапиды көре сала «ағай» деп дыбыстап жібере жаздады да, үй иесіне сыр бермеу үшін өзін өзі тізгіндей еш нәрсені де білмеген, естімеген, көрмеген болып төсегіне қайтадан жатып тыңдады.
— Ғалиасқардан көп-көп сәлем, отағасы. Аманшылық. Сіздің үйді сырттан көзеген сол. «Түсетін жерің жоқ қой, сол кісіге мен жіберді десеңіз үйіне қондырар» деп еді. Әрең таптым. Қаланың түкпір-түкпіріне бармаған жерім жоқ.
— Кеше өте қараңғы. Тауып келгеніңіз жарайды. Үй тар болса да бейіл кең, шырағым. Ептеп сиысарсыз. Үйде қонағым да бар... — Жәрке әйеліне бұрылып: — Қатын, тұр, қонақ келді, шай қой, — деді.
— Оятпаңыз, отағасы, шай ішпеймін... Бұйырса таңертең ішерміз. Түн жарымы болып қалды. Маған тек қисаятын жер болса, жетті.
— Қисаятын жер табылады. Шай ішкеніңіз мақұл еді, шырағым.
— Жоқ, жоқ, шай дегенді ауызға алмаңыз, — деді Қапи, үй иесін шай қайнату ниетінен бездіре түсіріп. — Жеті түнде керегі не? Оятпаңыз... Маған тек қисаятын жер болса жетіп жатыр.
— Ымм, үйде қонағым бар. Сол қонағым жатқан бөлмеге ептеп орналасып қонып шығарсыз.
Ораз шыдай алмады, оянып кеткен болып, тамағын кенеді.
— Бері жүріңіз, мына жаққа, мына жаққа, — деді ол не болса да көрейін деп.
Басын көтерген Ораз бен қонақ амандасуға асықпады.
— Таныс адам білем қонағыңыз... көрген жігітім бе, — деді де қойды келген адам үй иесіне қарап.
— Келіңіз, кіріңіз. Жоғары, мына жаққа, — деп, Ораз оған төр көрсете берді...
Ораз оны бірден таныды.
— Апырмай, шай-су ішіп жатсаңыз... — деп абыржыған тігіншіге түнгі қонақ қайырып жауап қатпастан шешініп:
— Осы жерге қисайсам болады ғой, ұйқы басып тұр, — деп терезеге таман отырып шылым орады.
— Қазір, қазір, осы жерге...
Үй иесі көрпе жайып, жастық әкеліп салды, абыржыған күйі тағы да күбірлеп, қонақтың шай-су ішпегеніне қапаланған пішін көрсетті де, бөлмесіне кетті. Шылым орап тұтатып, ақырындап оны сора бастаған бұл оқымысты адамға Ораз да шешіліп әңгіме бастай алмады — өзі бастар деп күтті. Өйткені, Тереңсайда болған мәжілісті басқарысып жүрген бұл белгілі кісіні жас жігіт сол жерде ғана көрген. Оны басшының бірі деп топшылаған. Сөзіне, жүріс-тұрысына қарап, «өте байсалды, ақылды кісі екен» деп жорыған. Енді оның жеті түнде мына жерге... Алаштың туын тіккен жерге жетіп келуін ол тегін емес деп ойлап еді. Бірақ әңгіме сұрауға да, өзімен жақсылап танысуға да Ораз бата алмады.
— Сенің елің жоса қазып, соны кәсіп етуші ме еді, қалай еді? — деп сұрады қонақ Ораздан.
— Ия, Қапи аға.
Қапи шылымын сорғыштай бастады.
— Жоса қазу жақсы кәсіп. Осында, оқып па едің, мына Қазиев мектебінде?
— Жоқ, Қапи аға. Қарасу мектебін бітірдім. Жолдыбаев Молдағалидың шәкіртімін.
— Ымм...
«Неге оспақтайды. Әлде сенбей ме? Әлде Меңдігерейдің жібергенін білмей ме?» деп Ораз шыдамады.
— Сіз Әмір Епмағамбетовты кездестірмедіңіз бе? Қасында Күлшан жеңгей бар...
— Оны қайтесің? — деді Қапи жылы шырай бермей.
— Қапи аға, ол менің жолдасым ғой. Әкесі мында, абақтыда...
Қапи Ораздың бетіне қарап сәл отырды да:
— Ұйықта бала. Ертең де уақыт бар аман-сау сұрасуға, — деді.
Қапи жастыққа басы тиісімен қор ете түсті, ал Оразкөз ілмей жатты. Ол ойдан ойға көшті, бірақ мына ұйықтап жатқан адамның мінезіне түсінбей қайран қалды.
Бір кез ол жаман ойға да ерік берді. «Бұл Қапи Мырзағали болыстың баласы. Ал, Мырзағали атақты Күрленнің Мырзағалиы; Реальное училищені бітіргеніне көп заман. Ғалиасқар Әлібековтермен бірге бітірген. Онан кейін Саратовта ма, бір жерде оқыған студент... Осының өзі революционер ме?.. Қарына тартып жүрген жоқ па?.. Қой, олай болмас! Олай болуға реті жоқ. Әйтиевтермен бірге жасырын съезде болды. Богдановкадағы уақиғаларға қатынасқан адам емес пе? » деген екі ұшты ойлар таң саз бергенше бірі келіп, бірі кетіп жатты.
Күн шыға Қапи да оянды, оның көз ашуын күтіп жатқандай Ораз да төсектен басын көтерді. Тілдесудің орнына Қапи шылымын орады, оны тұтатып, асықпастан баптап сора бастады. Тез-тез киініп, жуынып келіп, сүртініп, Ораз үй иесіне қызметке ерте кететінін ескертті. Қонақ сол шылым тартқан күйі, ұзақ уақыт әлденені ойлап отыра берді; Оразбен ісі де болған жоқ. Ол жуынуға да асыға қоймады. Сыртқа шығып қисық табан әдемі қара етігінің шаңын сүртті, шалбарын қағып, қылшық-қыбырдан арылтты; бешпетін сілікті. Сонан кейін қалбаңдаған Жәркеге қолына су құйдырып, сабындап беті-қолын жуды. Сүртініп, шашын тарады!..
Шай үстінде «ақсүйектік» мінез көрсетті. Бір шынтақтап жастыққа қисайып жатып, шайын ақырын ұрттап қойды да:
— Ғұбайдолла учительге сәлем беріп қайтуым керек еді, отағасы, сіз маған атын жалдайтын ноғай тауып әкелмейсіз бе? — деді жалтақ-жалтақ қарап отырған Жәркеге.
Ораз төмен қарады. «Қызық адам екен, Күрленнің төрінде отырғандай сыздайды» деген қонақ мінезін құптамайтын ой келді оған.
— Табармыз, табармыз. Шайдан кейін қарастырайын, — деді Жәрке, сөйтті де әйеліне: — Шайың суып кетіпті, шоғыңды жаңарт. Бұл кісі Ғалиасқар қайныңмен бірге оқыған жолдасы көрінеді, алыстан келген кісі. Сыйлайтын қайның, Ғалиасқар сияқты, — деп, Ғалиасқарды бетке ұстай берді.
— Ол қайным аман ба екен? — деді әйел еріне қарап. Әйелге жауап берудің орнына Қапи Оразға мойнын бұрды.
— Бала, сен қай жерде қызмет істейсің?
— Интендантствода, Қапи аға.
Аз кідіріп, тағы да шайын ұрттап қойып, Қапи Оразға:
— Интендантствода істесең сен Орақты білесің. Маған соны тауып жібере аласың ба? Ат-көлік солардан тез табылар, — деді.
— Ат-көлік әр жерден де табылады ғой. Орағыңыз қай жерде қызмет істейтін кісі? — деп сұрады Ораз, — мен мұндай есімді естіген жоқ едім.
— Есімі емес, фамилиясы. Осында ғаскер жұмысында, кіші офицер.
— Орақ деген қызық фамилия екен. Сұрастырып тауып алайын. Осында келсін бе?
— Осында келсін. Мені Ғұбайдолланыкіне апарып тастасын. Кеше Мергеннен почта айдаушы Сағиттың арбасымен келдім.
Оразға Қапи жұмбақ адам болып көрінді. «Мерген жақтан келсе бұл Әбдірахманды да білмейді, Әмірді де көруге тиіс емес. Бұл қалай? Әлде менің жаздыгүні көргенім басқа Қапи ма? Әлде мұнда басқа бір сыр бар ма? Ол сырды менен неге жасырады? Әлде мені баласына ма? Менсінбей ме? Әлде...» деген шырғал ой қызметіне кетіп бара жатқан Оразды онан әрі шырмай түсті. Бірақ ол, «не де болса мұның Орағын тауып алайын» деп, полк басқармасына келіп, кіші офицерден:
— Сіз Орақты білмейсіз бе? — деді.
— Мен, — деді офицер күліп.
Орақ орта бойлы, өзінен бес-алты жас үлкен, жүзінен оты шығып тұрған пысық қазақ екен. «Орақ» деп қойған несі деп таңырқап, Ораз офицерді көзбен сынап өтті де, Қапи Мырзағалиевтің сәлемін айтты.
— Қазір барамын. Жәрке тігіншінің үйінде дейсің бе? Қазір, қазір, — деді пысық офицер.
3
Сол түні Меңдігерей кірпік қақпай шығып еді.
Күтпеген жерден Жаншаның алдына апарғаны, оның жұмбақ ісі мен екі ұшты сөздері, өш Халелдің жекірісі мен өті жарылған түрі қажыған тұтқынды қалпынан шығарып жіберіп еді. Ақырында уалаят басшысының «ертең жолға шығарыңыз» деген түсініксіз бұйрығы көз ілдірмей түнімен төңбекшіткен-ді. Қаншама тырысса да шым-шытырық ойдың көңіл тоқырар тұрақты түйіні бері оралудың орнына әрілей берген-ді.
Таң аппақ атқанша оның көзі ашық жатты да, күн ұясынан шашырап шыққанда ғана ілініп кетті. Сонда да құс ұйқы болып, қылт-қыбырға селт етіп үйренген жан есік сыртына келген солдаттар ішке еніп үлгергенше көзін қайта ашып жіберді.
Меңдігерейді жолға шығарды...
Ат жеккен жайдақ арба өріске шығарған қаланың сиырымен бірге үлкен қара жолға қарай аяңдады. Бұл кәдімгі Бұлдырты үстімен Қаратөбеге асатын жол еді. Атшы делбе ұстап, кешегі екі солдат салт мініп қабырғаласып келе жатыр. Бірақ.тап кешегі сияқты дігірлей қоймай, екеуі де жайбарақат келе жатыр. Ұзын жол әр кезде де жай қимыл мен сабырлы сөзге бейім — екеуінің асықпай сөйлеп, әрең аяңдауы да соның салдары шығар. Оның үстіне бір қоржын жайдақ арбаның арт жағына төңкеріліп байланып, енді бірі жасырақ солдаттың бөктеріне орналасқан. «Ойылға жүргізгені ме?» деді Меңдігерей, кейінгі жаққа қарап ақырын күрсініп.
Кейінгі жақта...
Кейінгі жақта жиылып бас қосып, ел қамы үшін әр кез әңгіме-дүкен құрған үйреншікті Қызыл үй қалып бара жатыр. Онан әрі Кең алқап. Жайлы түбек, Жайық жағасы. Үй, туған-туысқан. Дос-жар. Ойыншы мен күдігі мол күндер, қатерінен шаттығы басым тартыстар сол жақта қалды. Үлкен үміт, биік мақсат та сол жақта көз ілдірмеген... Бәрі қашықтап бара жатқандай. Қашықтаған сайын тынымсыз көңілге тынышсыз бір мұң себелегендей.
«Әмір... жауынгер достарға аман жетер ме екен? Аман жетіп мұндағы жайды көз алдыңа елестете алар ма? Онда қандай өзгешелік бар? Бәрінен де бұрын: мұнда болып жатқан шым-шытырық қимылды, айқыш- ұйқыш тартысты өжет қимылмен, өткір сөзбен, өнегелі іспен бір арнаға құйдырар ма? Әлде бас бірікпей тентек-тел өскен ер көңілді жігіттер жауға жем болып кетер ме?!
Әмір қашан оралар? Күлшан... өжет жан, алғыр жан, серігімен табысар ма?..» деген ойлар орайды оның алдын. Кейінгі жақтан жүзін ілгері бұрғанда да сол ойлар қарсы алдында тұра қалады.
Ойылға апара жатқанын айдаушылар айтпаса да, Меңдігерей дұрыс шамалады. «Текені тықсырып келген майдан шөбі Жымпиты уалаятын жай қалпында қалдырмайтыны анық. Бұлар кейін шегініп, Гурьевте туын тіккен аң генерал Толстовтың қол астына ығыспақшы шығар. Бұлардың әскери мектебі де, әкімшілік орындарының бірқатары да Ойылда. Көшер орталығының көш басшысы етіп мені аттандырды ғой шамасы» деп езу тартты ол, бір қалыппен бүлкілге басқан мәштек торының сауырына қарап отырып.
Оның мініп келе жатқаны жайдақ тарантас, қасында делбесін ұстаған бейтаныс шаруа отыр. Ал, екі жауынгер салт аттылы арбаның соңында келеді. Иығы жаралы, отыруға дәрменсіз жүдеу адамды ешқайда кетпес деп ойлады білем, екі жігіт қаладан жиырма шақырымдай жер шыққаннан кейін тұтқынның артына байлаған қолын шешіп арбаға бос қойды.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
1
Таңертең Арон төре Жаншаға «бүлік» шықты деп мәлім етті. Ол әскер басын жамандай сөйледі:
— Ұлы дәрежелі Жанша мырза, әскер арасында бейбастақ сіздің молайғанын естіп, командир-басшыларды арнайы ескертіп едім. Алайда полковник Белоус пен Кирилловтың о бастан темір тәртіпке жүгіндірмей бос белбеулік еткендігінен ақыры бүлік шығартты — тура бүлік! Жарлықтан бастартқан бұзық ондықты гауптвахтаға салмай, жауапқа тартпай, бірнеше күн бос ұстап, енді мына менің тұтқындауға барған офицеріме бас салғаны. Бұлай жібере берсе әскер қатары тегісінен бунтарлыққа айналады. Айыптыларды тез әскер сотына соттатуға тәртіп беруіңізді сұраймын. Бүлік. шығарған жүздікті қоршап, басқадан бөлектеу қажет. Бұған сіздің төтенше жарлығыңыз керек деп білемін.
Неге екені белгісіз, сол күндері уалаят басшысы Арон айтқан қатаң тәртіптен бойын аулағырақ сала бастады. Ол төренің бұл сөзіне аса зор мағына бере қоймай: «Жау шапты, бүлік туды» деп жұртты қамауға әзір тұратын осы полицмейстр сұлтан жоқтан өзгеге араласуын қоймады» деп ойлады да:
— Сұлтан, сіз, бұл жөнінде полковник Белоустың өзімен ақылдасып алуыңызды сұраймын. Жауынгеріне де, он басы мен жүз басына да жауапты алдымен сол мырза ғой, — деп, Аронды әскер басына жіберді.
Бірақ кешікпей Кириллов келіп:
— Казарма іші бүлікке айналды, митингі жасап, үндеу жариялап жатыр. Большевиктік үндеу, — деп мәлім етті.
Жанша ойға қалды.
«Бұл не болып кетті?» — деді Жанша өзіне өзі күбірлеп.
Соңғы кезде ол көп отырмай, келген адаммен сөйлескенде де түрегеліп тіл қатысатын. Халелден басқаның бәрі, ұлық отырғаннан кейін, қол қусырып тұрып сөйлесіп тізе бүкпестен шығып кететін-ді. Оңаша қалып әлденені ойлағанда Жанша екі қолын қусырып, терезенің жақтауына сүйеніп тұрған адамша темен қарап қалатын. Қазір де терезе алдында тұрып көп нәрселерге болжал-баға берді, көп адамдарды ойша пішіндеді.
Оқымыстың «ау» десіп бас қосуға келмесе, жігерлі жасық әскер қызметінен бас тартса, игі жақсық бір мойындықпен өз білгенін істеп старшын мен болысты сабауға шықса не болды, не елдік қалды?!»
— Штаб мәжілісін шақырыңыз... Жоқ, оған уақыт жоқ. Ғаскерді алаңға жинаңыз. Мен өзім барамын. Ғаскерге сөз айтамын... — деді Жанша бөліп-бөліп сезін жұта сөйлеп.
Кириллов кері штабқа шапты. Бірақ штабтың тәртіп орнатары екі талай еді.
2
Подполковник Кирилловтың «бүлік» деген оқиғасы былай басталып еді.
Штаб начальнигі Кириллов пен командир Белоус жүз басыларын жинап алды да командованиенің бұйрығын еғлан етті. Оның бірінші бабы: Жүздікті басқара алмағаны үшін, жүз басы Жоламанов орнынан алынсын, атағынан айрылсын, өзі жасақшылар датарында солдаттыққа көшірілсін. Екінші бабы: Әскер тәртібіне бағынудан бас тартқан, командир бұйрығын орындамаған солдат Жолмұқан Барақұлы әскери сотқа берілсін» — делінген еді. Штаб начальнигі Жоламановтың погонын өз қолымен жұлып, бірінші ондық Жұнысовтың қарамағына жіберді. Қалған жүз басыларға әскерді жауынгер тәртіппен алаңға жинауға жарлық берді.
Бірақ жасақшылар тап сол сағатта казарма алдында митинг жасап жатыр еді.
— Жасақшылар советінің атынан барлық солдаттар мен кіші офицерлердің төтенше мәжілісін ашық деп жариялаймын. Мәжілісті жасақшы Жамантайұлы, ондық Барақұлы және кіші офицер Орақов басқарсын деген пікір бар. Мақұл дегендерің қол көтеріңдер, — деді жайдақ арбаның үстіне шығып айқай салған Батырбек.
— Мақұл!
— Мақұл! — десті тұс-тұстан шулап, абыр-жұбыр мойындарын созған жасақшылар.
Біреулер қолын көтеріп, біреулер: «Не деді! Не деді? » — деп жатқан кезде жүз басылар да келіп жетіп еді.
— Тарқаңдар! Аттарыңа мініп алаңға шығыңдар! — деп айқай салды екінші жүздіктің командирі.
Жұрт жапырласып, арбаның жанына жақындаған жүз басына қарап ақтарылысып қалды.
— Бірінші жүздік, тыңда менің жарлығымды!
— Тарқаңдар да аттарыңа мініңдер! Алаңға! Базар алаңына! — деп, Студенкин дейтін писарь жүз басына ілесе айқайлады.
— Мынау кім? — десті, мойнын бұрып үлгірген бірінші жүздіктің жасақшылары. — Жоламанұлы қайда?
— Ойбай-ау, Жоламанұлын қайда жіберді? Мынау не дейді, бірінші жүз мені тыңда дей ме?
— Бұл не? Қайда апарады?
— Әлгі Текеге айдау басталған шығар!
Дүрліккен топ үрпиісе қалды.
— Тоқта! Тоқта! — деді мәжілісті ашқан Батырбек. — Орақов, Барақұлы, Жамантайұлы, бері келіңдер!
Орақов жақын тұр екен. Мінбе-арбаға секіріп мінді де:
— Шуламаңдар! Тынышталыңдар! — деп қолын сермеп жасақшыларды үйірмелей түсті. — Бір мәжіліс басталып жатқанда екінші мәжіліске халық бармайды, бұл бір. Әскер советіне хабарламай жүздіктерді алып шығу — бұрынғы патша заманының тәртібі. Қазір тәртіп басқа, заң басқа, бұл екі... Үшінші: қазір сіздерге мына Батырбек жасақшылар советінің мағлұмдамасын оқиды. Тынышталыңдар!
Жұрт тыныштала қалды. Жүз басылар біріне-бірі қарасты, олар мына түрде жүздіктерін алаңға алып шығып, Кириллов жарлығын осы сағатта орындай ал-майтынын айқын сезді.
— Командирге мағлұм ету керек.
— Ол жер тепкілейді және ізімізше қайта қайырады.
— Сонда не істейміз?
— Мына мәжілістің ақырын күткен жөн.
Жүз басылар өзара кеңескен шақта, Батырбек үндеу жариялауға кірісіп те кетіп еді.
— Ағайындар, жасақшылар, мынаны тыңдаңдар. Бұл нағыз қара қазақтың қамын жеген азаматтардың сіздерге жолдаған сәлемі. Ашыңқырап айтсам бұл Орал қаласындағы көктем кезінде ақ атамандар күшпен құлатқан Орал советінің үндеуі. Орал советі қазір Орал қаласын ақ казак-орыстардан босатқалы жатыр. Міне, осыны сіздерге еғлан етіп, азаматтық борыштарыңды өтеуге шақырады. Тыңдаңдар! Ал оқыдым...
«Қазақтың қадірлі жігіттері!
Патша үкіметі адам қатарына қоспай, қалың қара қазақтың жер мен суын өзіне билетпеді, буған алпауыт пен помещиктер — мыңғырған дәулетті байлар ие болды. Баста билік, ерде ерік қалмады. Крестьянский начальник деп аталатын хұкімет иесі қалаған адамдарын болыс қойды, болыстан төмен старшиналары мал баққан елді бір шыбықпен айдады. Момын шаруаға теп-тегіс салық салды; қазынадан қалған бір жердің шұрайлысын шабындығым деп бір, егістігім деп екі — елдегі бай мен би, молда мен қожа иемденді. Кедей мен малшыға, жетім мен жесірге жердің тисе ең құтсызы ғана тиді; тимесе мүлдем тимей қалды.
Қазақтың қадірлі жігіттері!
Қара қазақтың ұл мен қызын оқытуға жеткілікті етіп мектеп ашпады, ашқан бірен-саран мектептерге алдымен правительдердің, құдіретті байлардың, болыс пен судьялардың балалары алынды. Ауырған-сырқаған қара халықты емдейтін елде дәрігер де, аурухана да болмады. Жұрт тегісінен надан қалды. Қастерлісі дарусыз, күтімсіз мехнат шекті. Ал, адам қатарлы әскер жұмысына қазақ жастарын тіркемей қорлады, соғыс шыққан кезде оларды мал есебінде шетінен тізіп айдап окоп қаздыру үшін қара жұмысқа салды. Ал, қазір автономия боламын деп, қазаққа теңдік әперемін деп арамтер болып жүрген Жанша мен Халел Досмұхамедовтердің құрған уалаяты жоғарыда аталған патша кезіндегі хұкіметтен бір де айырмасы жоқ: бұлар да салықты кедейлерге салды, кедейдің балаларын еріксіз жинап әскер етті. Бұлар да сол бұрынғы билеп келген атақты адамдардың айтқанын істеп қара халықты атып, асып, сабап, зәбірлеп екі аяғын бір етікке тығып отыр. Теңдік деген сөз босқа қалды. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалатам деген ғадалат ісі алдау болып шықты. Осыны көріп, біліп, малшы мен жалшыға, кәріп пен қасерге, жетім мен жесірге — бүтіл момын елге шын бостандық әперу үшін Совет хүкіметі дейтін кедейлер хұкіметі құрылды. Осы кедейлер хұкіметін барлық жерде тегіс орнату үшін еңбек ететін шаруа мен жұмысшыға, малшы мен жалшыға ерік алып беруші Қызыл гвардия жасақталды. Қызыл гвардия Ресейдің барлық жерінде бұрынғы патша чиновниктерін, алпауыт байлар мен генералдарды қуып жіберіп, ел билеу ісін қаратабан жұмысшы мен жалшыға алып берді. Қазір Қызыл гвардия Самараны, Орынборды, Саратовты алды, Теке қаласын қоршап казак-орыстар мен олардың атамандарын қуып жатыр. Сол үшін бұл бақытқа, теңдікке қол жеткізетін, шын бостандық орнататын Қызыл гвардияны құшақ жайып қарсы алыңдар. Алдап жүрген Досмұхамедовтерді қуып шығып Жымпитыда, онан арғы Ойыл мен Қиылда, Жем мен Сағызда, Атырауда, Үйшікте, барлық қазақ жерінде Совет хұкіметін орнатуға ат салысыңдар.
Бұл жаңа хұкіметке мал баққан шаруа мен кедей жалшылар сайланады, олар өз билігін өз қолына алады. Кедейдің көзі ашық құлдары ауылдық, болыстық, уездік басқару комитеттерін басқарады. Өз баласын оқытуға мектеп ашады, өз ауруын емдетуге емхана ұйымдастырады. Егіндік, шабындық жердің шұрайлысын кедей шаруаға бөліп береді, салықты байларға ғана салады. Бұл Қызыл гвардияның қолындағы туы — бақыт туы — Қызыл ту деп аталады.
Қызыл ту ерлер қолға алған жолы,
Соныдан жарып тіке салған жолы.
Жер бітіп су аққалы адам ұлы
Жете алмай қарап көзі талған жолы.
Алыңдар қолға бостандық туын!
Жоғалсын зұлымдық!
Олардың губерниялық советінің атқару комитеті
Бақытжан Қаратаев,
Петр Парамонов,
Әбдірахман Әйтиев,
Сақыпкерей Арғаншеев.
— Жасасын бостандық! — деп айқай салды Орақов. Батырбек жалма-жан арба үстінен секіріп түсіп көптің арасына кіріп кетті. Оның сөзіне аузын ашып қарап қалған қалың қара қоңыр жігіттердің ішінен бір-екеуі:
— Жасасын бостандық! — деп қалды.
Көп арасына бірте-бірте енген ұлы қобалжу бір кез дүр ете түсті. Жапырылған жұрт бірін-бірі иықтай ілгері ұмтылып Батырбекті көзбен іздеді.
— Ау, қайда кетті әлгі азамат?
— Сұрақ бар!
— Бұл қалай? Бізді Текеге айдаймыз деп жатыр ғой. Сонда?..
— Ия, ия, айдаймыз дейтін көрінеді. Батырбекті көзімен жеп қоярдай-ақ қадалып, оның бар сөзін жұтып тұрған Нұрым:
— Айдар атасының басын. Айдауына көнетін мал жоқ!.. — деді түнере түсіп. Ол: «осы жігіт нағыз... сол Хакім айтқан жігіттердің бірі болмағай. Қайда кетті өзі, ең болмаса бір ауыз сөз сұрап қалатын...» деп ұмтылды. Нұрым Батырбектің кім екенін біле қоймаса да шамалағандай болды. Шеттен келген шығар деп топшылады. Кимелеген жандар оны арбаға жеткізбеді. Жарға соққан ағын судай лықсып, кері шегіндіріп әкетті. Жан-жақтан:
— Айдар атасының басын!
— Біз мал емеспіз айдағанға жүре беретін! — деп жатты.
— Мәмбет қайда? Ол неге келмеді бізге? Әлде өз бетімен басқа жақта жүр ме? — деп айқай салды Нұрым Орақовқа қарап.
Оралдың атынан:
— Мәмбет Әбдірахман Әйтиевтің, Ғалиасқар Әлібековтың, Қапи Мырзағалиевтің отрядына кетті деседі, осыдан ертіп кеткен жігіттерімен бірге барып қосылған да шығар. Қазір ақ атамандардың шетке шыққан жүздіктеріне бөрідей тиіп жүрмесе нетсін. Жолдан сәлем айтыпты. Тез бізге қосылсын, өзім қарсылап аламын депті: жалдамалы Кирилловтың таяғын соғуды қойсын, бас кесер казак-орыстардың күні санаулы. Қазір Орал қаласына, ондағы бауырларға көмектесуге аттанамыз. Абақтыдағы Бақытжандарды босатамыз. Жігіттер тез қозғалсын! — деп сәлем айтыпты. Есіттіңдер ме? — деп айқайлады Орақов, Мәмбеттің тап қай жерде екенін білмесе де сырттан болжап.
— Есіттік!
— Есіттік!
— Жарып шықпағанда, оны кім ұстай алады!
— А, сені кім ұстап тұр? Мыналарды тас-талқан етіп қаладан қуып шық та, сен де Әбдірахманның ғаскеріне барып қосыл! — деді Орақов Нұрымның жанындағы жігітіне көзін тігіп.
Жігіт үндемей қалды. Оның орнына Нұрым жауап қатты.
— Енді ешкім ұстай қоймас, ұстай қалса Кәрімғалидың... — деп бөгелді ол. — Кәрімғалидың өлімі бізге ақты — ақ қараны — қара дегізді. Мұндай ғаділетсіздікке енді қайтып жол берсек, бізді ешкім адам екен деп санамас.
Үндемей қалған жігіт:
— Онда біз де Мәмбеттің соңынан кетуіміз керек, — деді.
— Ал, қазір казармаға кіріңдер. Тамақтаныңдар. Тәртіп бұзбаңдар. Не істейтінін жасақшылар советі хабарлайды, — деді Ораз.
Сөйтті де, ол Нұрым мен Жолмұқанға казарманы күзетуді тапсырды. Өзі тағы да Қапи Мырзағалиевке кетті.
3
Әлдеқалай, иненің жасуындай ұшқыннан лып ете қалған от, aп дегенде көзге ілікпей, қураған шөпті жіңішкелеп жалап, шөкеден шөкеге секіріп, бейне бір дастарқанға төгілген майдай-ақ жайылып жүре береді. Оны тоқтатудың әдіс-айласын ойлап үлгіргенше, желпіп кеткен сахараның бір сұғанақ желі лап етуге дайын тұрған қомағай қауданға қызыл жалынды жыға салады да, көз ілескенше болмай ұзыннан-ұзын шуақ қызыл арқанды сүйрей жөнелді. Қара қаудан мен шөңге-шөлеңді қылғымай жұта бастаған кең көмейлі өршіген жалын түтіні көзге, жалқыны бетке соғатын, жорғалаған жолында сынық салам қалдырмайтын, үйдей маяларды қылқ еткізетін, теректерді ә дегенше күйелі көсеуге айналдыра салатын жалпақ өртке айналады. Сахараның мұндай өрті сөндіруге бой бермейтін тілсіз күш, қорқынышты апат...
Сол күнгі дүр ете қалған қалың қолдың беті сахараның күйіп тұрған сарша тамыздағы қызыл-жалынды өртімен тең еді. Оны тоқтатуға амал-айла жоқтың қасы еді, ол қапырық қауданды, пайдасыз шөленді жаламай тынбайтын, тазартпай тоқтамайтын жойқын күш еді.
Кешікпей:
— Атқа мініңдер!
— Жігіттер, атқа ұмтылыңдар!
— Атқа! Атқа! — деген айқай казарманың бір басынан екінші басына жаңғырықтай соғылып жатты. Бұл айқай салған Орақұлы еді.
Ақтарылып кері лықсып, не істеуге, қайда баруға білмей тоқыраған топ енді казармадан сыртқа ақтарылды. Ежелден атқа үйір, оның үстіне әскерше ойнал, сап тұруға бейімделіп қалған қазақ жігіттері көзді ашып-жұмғанша ат бағандарының бойына өрілді де, әп-сәтте лек-легімен толқыған дүбірлі қол, дүрмекті топқа айналып кетті. Әлгі айқай тағы да өктем-өктем шығып, үйіріліп қалған қалың аттылының ірмегін қолмен жазып жібергендей болды.
— Базар алаңына, марш! — деп команда берді баяғы Орақов.
Базар алаңы бос болатын. Жалғыз-ақ жылқы ұстайтын көпір жақ бетте тиеген екі арба пішені бар бір Жауғашты тұр еді, лап беріп почта жақ беттен сау ете қалған қалың аттылы сол пішеншіге тура тартты. Лекітіп жортып келген бойы арбаны қоршалай түсті. Алдында Орақовтың өз жүздігі, оның өкшесін баса Жолмұқан жігіттері, оған жалғаса басқалары да үйреншікті ондық тәртібімен казармадан топ-тобымен қозғалып еді. Пішенші сасып қалды. Ол бейне, мына жаланған атты әскер «шоп жетпей қалып аттарына пішен ала келді ме?» деп күдіктеніп еді. Бірақ, тұп-тура келген атқа отырысы берік, келбеті де айбатты, мұрты қою, өткір көзді қара жігіт алдыңғы арбаны жанамалай келіп ер үстіне дік етіп шаншыла қалды да, қарғып пішеннің үстіне шығып кетті. Оның соңындағы бір жігіті жерде тақымынан босап қалған аттың тізгінін ұстай алды да, үзеңгісіне шірене түсіп кейінгілерін қолын көтеріп бөгеп, қатарынан асырмай, пішенді арбаны қоршай қойды. Арт жақтан лек-легімен ентелей жекен аттылар алдыңғыларға бөгелді. Бірнеше минуттың ішінде өзінен өзі дөңгелене қалған үлкен аттылы қорған пайда болды, қорғанның ортасында арба пішеннің үстіне әдейілеп тұрғызған мінбедегі шешендей қол сілтеп Орақов сөз бастады. Оның бастапқы айқайы кейінгі жақтағылардың дүбірі тұншығып, дабыр-шуына төтеп бере алмай жоғалып жатты.
— Жі-гіт-тер! — деп шұбатылды әрідегі адамдарға әлсіз естілген дауыссыз дыбыстар.
Аздан кейін жұрт қимылы саябыр тартты. Пішен үстіндегі шешен дауыстың жетпегенін қолымен меңзеп, жігерлене түсіндірді. Ол оң қолын жоғары көтеріп саусақтарын санаңдар деген адамша жая түсті де, жұдырығын түйіп, алдыңғы жақтағы, алыстағы әлдекімге күш көрсеткендей кіжінді. Жанындағыларға оның тістене түскен жағының бұлшық еті бүлкілдей қалғаны да көзге шалынды. Алайда оның сөздері бейне бір жәрмеңкеге жиналған қарақұрым жандай, қаптаған аттылы жауынгерлердің құлағына тегіс жетпеді, Осыны сезген Жолмұқан арбадан кейінірек тұрып, Орақовтың сөзін қайталап жеткізе бастады.
— Үш адамнан басшы сайлаңдар!
— Үш адамнан басшы сайлаңдар!
— Жоламанов басшы болсын!
— Жоламанов басшы болсын!
Бұл сөздерді жалғыз Жолмұқан емес, кейінгілер де қағып алып, алаңның шетінде аттары ішке, қалыңға кірмей ойқастап жүргендерге де жеткізді. Бір кез Жолмұқан:
— Қосшысы Орақовтың өзі, есіттіңдер ме, жігіттер. Орақұлы! Орақұлы!
— Батырбек болсын үшеудің бірі...
— Батырбек! — деп айқай салды.
Алдыңғы саптағылар Орақұлының сөзін жадына жақсылап түйгендей болды.
— Бір жағадан бас, бір жеңнен қол... бір адам бастамай іс бітпейді. Бәріміз бір басшыға бағынамыз.
Әйтпеген күнде береке болмайды... — деп ұғындырды. Оның біраз сөздерін жұрт жақсылап тыңдап үлгермей, арт жақтан бір адам:
Почта! Почта! Телеграмм! — деп барқырады.
Қапелімде жұрт бұл сөздің мәніне түсінбей толқи түсті. Бірақ кешікпей дүр ете қалды.
— Почтаны қолға түсіреміз... — деп шаба жөнелді жаңағы барқыраған адам. — Айда! Почта!..
Бір топ атты барқыраған жігіттің соңынан шапты.
Әлденені ойына мықтап түйгендей, Жолмұқан қасындағы жігіттеріне:
— Кеттік! — деді.
Оның жігіттері бөлініп, топтың ортасынан суыртпақтан созылған жіптей, іркілместен жылжып, шетке қарай жүре берді.
Нұрым пішен тиеген арбаға таяу жерде тұрып Орақұлының сөзін басынан бастап тыңдап еді. Ол жақындап келген Жоламановтың жасағына қосылды да, жүз басының тәртібімен полктың интенданттық қоймасына ат қойды. Лекітіп келген қырық-елу қаралы әскерге қарсы тұрарлық қоймада адам жоқ еді. Уәлидің флигель үйінде бұққан қойма бастығын Нұрым тани кетті.
— Ағайын, қойманың кілтін бер, әйтпесе есігін қиратамыз, — деді ол өзіне таныс татарға.
Бұл татардың атын білмесе де, тап осы флигель үйдегі Оразға сан рет келіп жүргеннен, Нұрым онымен сырттай танысты.
— Уаллаһи, мені харап еттің, малай. Лучше Қалыбай әпенденің өзін келтіру керек еді, — деп татар қарсыласа қоймаса да, жалына-жалбарына өтініш жасады. — Сен малай, таныс малай едің...
Ол татарға жауап беріп үлгергенше, саудагердің үлкен үйі жағына Орақ шыға келді де сөзге араласа кетті.
— Жігіттер, бұл мүлік көптің мүлкі, мына өздеріңіздің мүлкіңіз. Сондықтан бұл полковой складтың кілтін өздеріңіз алыңыз. Сенімді адамнан бақташы қойыңыз, — деді ол анталаған жігіттерге. Сөйтті де өзі көптің арасына кіріп кетіп, Жоламановтың қасына жетіп барды. Екеуі оңашалана қалды. Көп кешікпей Жоламанов бұрылып:
— Жұнысов, сен мына қойманың кілтін өз қолыңа аласың, жігіттеріңмен бірге мүлікке ие боласың. Бір жанды маңынан жүргізбейсің, күш көрсетер офицерлер кездессе қару жұмсайсың. Штабқа хабар етесің. Қалған жарлықты өзім беремін, — деді. — Хұп! — деді Нұрым.
Қапи Мырзағалиевтің ісіне де, мінезіне де түсінбей, бірақ әлденеге іштей сеніп, интендантствоға келген Ораз өз құлағына өзі сенбеді, өз көзіне өзі нанбады.
— Ешбір адамға кіруге де, шығуға да рұқсат жоқ, писарь мырза. Киім-кешек, мүліктің бәрі ғаскер комитетінің қарамағында, — деді Нұрым, Ораздың алдынан шығып.
Ораз күліп жіберді де:
— Хұп, ондық Жұнысов, — деп, оң қолын құлаққа апарды. — Сізге ғарза беруге бола ма?
Нұрым «Ғарза беруге бола ма?» деген сөзге жауап таба алмай қалды. Ол тек қасындағы жігіттеріне:
— Ешкімді жібермеңіз! — деп ішкі кеңсенің кіре берісіне басын сұқты да, Оразға кір деген ишара берді.
— Кім қойып кетті? — деді Ораз сыбырлап.
— Орақ.
— Орақтың кім екенін шамаладың ба? Не айтты?
Нұрым еш нәрсе білмейтінін, тек қана жасақшылар комитетінің бұйрығынсыз бір жасақшы қаладан шықпайтынын, әркімнің өзіне жүктелген міндетін орындайтынын айтты.
— Өз құлағыма өзім сенбей, өз көзіме өзім нанбай тұрмын, — деді Ораз.
Сөйтті де Нұрымға:
— Жақсы, Нұрым. Өте жақсы! Мен кеттім. Өз жұмысыма... — деді.
Ораз үлкен ойға қалды. Оны ойландырған оқиғаның бірінің соңынан бірі тізбектеле бергені, аз уақыттың ішінде тып-тыныш жатқан қала мен жайбарақат жүрген жандардың сендей соғылысып, әлдеқайда үлкен бір арнаға жөңкігені болады. «Осының бәрі бір адамның дегенімен жүріп жатыр ма, әлде бет-бетімен, біріне бірінің байланысы жоқ, кім қалай толқыса солай кетіп жатқан стихия ма? Бас себеп неде? Неден басталды? Енді немен тынады?.. Орақ кім? Батырбек қайда? Үріккен жылқыдай жұрт жөнге ойыспай кетпесе не етті. Мұны тектен-тек тастамайды... Басуға ғаскер шығып қалмаса қайтсын!.. «Қала кішкене болса да, жаяу жүрген адамға о шетімен бұ шеті бір көш жердей еді. Мекемесінен пәтеріне, пәтерінен казармаға жеткенше Ораз алқынып қалды. Ығы-жығы болған жасақшылар казармаға бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Біреумен біреудің ісі жоқ, әлденеге елегізе түскен халық. Демін алып, терін сүртіп отырып Ораз, қарапайым жасақшылардың не болып жатқанын түсінбейтінін аңғарды.
— Командирлерің қайда? — деп сұраған Оразға біреуі:
— Командирді қойып, енді аман-есен елге жетіп алсақ болар еді, — деп көкейіндегі ойын айтты.
Батырбектің, Орақтың да қазір қайда екенін казарма ішіндегілер білмеді. Тек қана казарманы бақылаған ондық барын айтты, бірақ ол ондық асханаға кетті, — десті.
Күн бесіннен төмен түскен кез еді. «Әлде пәтерге барып дем алсам ба екен. Мынадай қаланың асты-үстіне шығып жатқан кезде жатуға да болмайды. «Әлде түрмеге соғып, ебін тауып Меңдігереймен ақылдассам ба...» — деп бөгелген Оразға жоқ жерден Батырбек кездесе қалды. Бұл екі арада сөйлесуге де мұрша бермей казарманың арт жағынан шауып шыға келген бір топ аттылының алдындағы командир жігіт келе айқай салды.
— Он бес адам, тез аттарыңа мініңдер де, мына Батырбектің соңына еріңдер. Он бесің маған ересің. Тез! Атқа ұмтылыңдар! — деп команда берді.
Бұл Ораздың кеше ғана Мырзағалиевке жіберген Орағы еді. Ал қасындағы Батырбек Оразға:
— Ойбай-ау, сен не істеп жүрсің мұнда, атың қайда? — деді.
— Ат болмай қалды. Қалекең жегіп кетті, — деді Ораз жаяулығына қорынғандай.
— Тез бар да, конюшнядан ат алып мін. Өзің жә маған, жә Ораққа ер.
Ораздың аяғы жерге тиместен конюшняға қарай жүгіре жөнелді.
— Қазір біз абақтыдағыларды босатамыз. Абақтыны алуға келген кісіні білесің бе? Кәдімгі Мәмбет! — деді Батырбек қатарласа шапқан Оразға.
Ораз үндемеді. Бұл түсініксіз қимылдың басында да Мәмбет, аяғында да Мәмбет болатынына ол шәк келтірген жоқ еді. Ол Батырбекке білемін деп те, білмеймін деп те тіл қатпастан оңай табылған әскер атын тебіне түсіп ілгері ұмтыла берді.
Абақты бұлар жетпей-ақ ап-сап болған екен. Бір қора жаяу адамды соңынан шұбыртып интендантствоға қирай жөнелген аттыларға келіп қосылған Батырбекке Мәмбет жөнді жауап бермеді.
— Интендант Қалыбай бар ма, әлде қашып кетті
Соның өзін де ерту керек, — деп, Мәмбет өз ойын ортаға салғандай болды.
Ал Батырбек оған:
— Интендант жоқ, мүлік басында біздің Жұнысов дейтін жігітіміз тұр, — деп еді.
— Қай Жұнысов? — деп, Мәмбет құлағын тіге қалды. Батырбектен бұрын оған Ораз жауап қайырды.
— Өлеңші Нұрым дейтін жігіт. Фамилиясы Жұнысов.
— Білемін. Өлеңші қара.
Онан басқа сөзге орын болмады. Мәмбеттің пішініне, атқа отырысына риза болған Ораз «Шойқара десе — Шойқара екен ғой. Бір-екі адамды қамшымен ұрып жығып кетуге де шамасы келерлік» деп ойлады.
— Не бәрің, қанша адамсыңдар? — деп сұрады Мәмбет абақтыдан босағандарға қарап.
— Бір санағанда алпыс сегіз адам болып едік. Қазір онан-кем болуға тиіс, — деді бір әскер киімді тұтқын ілгері шығып.
— Неге кем болуға тиіс?
— Қашып қалғандар бар...
— Қашып қалса қала берсін. Қалғандарың да жетеді.
Сендерге мына жерден етік пен шинель бергіземін. Кетерде ғаскер қатарына кіремін деушілер болса, оларға ат-тұрман, қару-жарақ беремін. Ұқтыңдар ма? — деп айқай салды Мәмбет.
— Ұқтық!
— Ұқтық!
— Ұқсаңдар сол. Ғаскерге кіремін дегендерің былай шығыңдар.
Әлгі жауап қатқан әскер киімді жігітке ілесіп, берекесіз топтың ішінен гимнастерканың погоны, түймелері жұлынған, белінде белбеуі жоқ бес жігіт бөліне берді.
— Біз өзіңмен бірге боламыз, Мәмбет аға, — десті олар жамырап.
— Мыналарға жаңа шинель, жаңа етік, ер-тұрман бер, Жұнысов, — деп жарлық етті Мәмбет.
— Хұп, Мәке, — деді тілдесуге білмей тұрған Нұрым қуанған пішінмен. — Ақыры кездестік, Мәке...
Сөйтті де ол жігіттеріне иек қағып қоймадан керек шинельдер мен етіктерді шығарта бастады. Етік пен шинельді көргенде, күні бойы не қыларын білмей тұрған қазақтар өзара күбірлей қалды.
— Жасақшы болғандарға ат-тұрман да бере ме, сонда?
— Ат-тұрман түгіл мылтық, қылыш, оқ-дәрі береді.
— Біз де жазыламыз десек қайтеді?
— Мәмбетке ерсең...
— Су түбіне кетерсің дейсің бе?
— Жоқ-ау...
— Жазыл... Нең кетіп барады...
— Пәле болып жүрмесе?
Күбірлескен шаруалардың бата алмай тұрғанын көріп Мәмбет ақыл айта бастады.
— Сендер ғаскер болмай-ақ қойыңдар. Онан да елдеріңе қайтып, бұзық старшындарыңды ауыздықтаңдар. Ал мынадан бір-бір аяқ киім, қаласаңдар шинель алыңдар, — деді.
— Қожаң берсе қойныңа сал деген. Керек тастың ауырлығы жоқ, — деп, шаруалар шинель мен етікке жармаса бастады.
Мәмбетпен бастапқы тілдескен жасақшы жігіт Нұрымға қарап:
— Аға, мына үйде тамақ жоқ па екен? — деді қоймадан ілгері көше бетте тұрған саудагер үйіне көзін салып. Жасақшы болғаннан бері тамаққа көңілі кете беретін Нұрым, бұл ашыққан жігітті аяп кетті.
— Қазір сіздерді тамақ ішкізіп, казармаға орналастырады. Бұл үй саудагердің үйі ғой. Мынау қойма соның шоланы болса керек, — деп жұбатты өзегі талған жас солдатты.
— Жұнысов, мұны сен істейсің, бесеуін де тамаққа тойғызып, ат-тұрмандарын қолына беріп, өз қарамағыңа аласың. Кешке маған жолығарсың, — деп Мәмбет қозғала берді.
— Қай жерде жолығамыз? — деген Нұрымның сұрағына ол:
— Табасың ғой, — деді жүре сөйлеп.
Өздері тобын жазбастан қару-жарақ қоймасына асты.
4
Кешікпей Жымпиты көшесінде шолақ аттылар пайда болды.
Ұлы жолдан аулақ жатқан бұл аядай қаланың үстінен бейне бір сел жүріп кеткенге ұқсады. Ойқастаған жасақшылардан өзге көшеде бір жан аяғын қия баспады; жай халық терезелерін тас бекітіп үйді-үйіне бұқты; саудагерлер дүкендерін қос құлыптап үлгерді; чиновниктер мекемелерін тастай салып бет-бетімен шашылған сынаптай жоқ болды; басшы правительдер үлгергені қаланы тастай қашты, үлгермегені берік шоландардың түкпіріне тығылды, кейбіреулері мешіт пен шіркеудің қойнына сүңгіді. Әскер басшылары да, үкімет адамдары да бұл бүліктің неден туғанын, немен тынарын шамалай алмады. Тек қана лап қойған аттылы-жаяулы жасақшылардың бет алдында тұрмауға тырысты.
Түрмені, қару-жарақ қоймасын, интендантствоны басып алған топ бір кез ұзын көшенің бойымен жүйткіп мекемеден мекемеге төнді. Бекітулі есіктер топсасынан қайрылып, жақтауымен қоса опырылып шалқасынан түсіп жатты; қақпақты терезелер өжелене түйген мылтық құндағына төтеп бере алмай күрс-күрс сынды; көшеде қағаздан боран борады: кеңсе делосы жарылған жастықтай бұрқырады; правитель кеңсесі мен Земуправа үйінде көптеген іс пен сан қабат дүниені от жалап кетті...
Бас кезінде, базар алаңынан штабқа жөңкіген жиырма-отыз жігіттің үш-төрт офицер жолын бөгегендей болып еді, бірақ таңқылдаған наган дайсына өшіге ұмтылған қалың аттылы қарсы шыққандарды жапырып танап өтті: екі офицер мылтықтың құндағы мен қылыштың қырынан-ақ қаза тапты. Ал, асауға анадайдан бұғалық тастап үйренген қазақ жігіттері бір-екеуін мойынан шылбыр тұзақтап тақымға салып әкетті...
Белорус пен Кириллов «казак атамандарына бас имейміз?» «Жоғалсын казак-орыстар!» «Жоғалсын бас кесер Кириллов! Бас кесер төрелер!» деген шу күшейгеннен кейін бас қорғау әрекетіне кірісіп еді. Бұлар кешке дейін аттарымен мал дәрігерлік пунктінде бұғып отырды да, қараңғы түсіп көз байланған кезде қаладан шығып кетті.
Абақтыдан босанғандардың ішінде Меңдігерейдің жоқтығы Оразға күдікті ой салып еді. Бірақ бетіне қарауға жүз сескенерлік Мәмбетке бұл жөнінде сөз айтуға бата алмай, дүрмекке еріп ол біраз жүрді де Батырбекке:
— Батырбек аға, біз осы ең зиянды адамдарды неге тұтқынға алмаймыз? Бұлар ес жинағаннан кейін аямайды ғой, — деді.
Батырбек оған жауап қайтара қоймай әлдене ойлардың құшағында келе жатқанын көріп Ораз тағы да:
— Ең болмаса полицмейстр төрені қолға түсіру керек еді, — деді.
Бұл сөз Мәмбеттің құлағына шалынып қалды.
— Жігіттер, еріңдер соңыма! — деп команда берді ол кенеттен.
Мәмбет бастаған жаққа қалғандары да шаба жөнелді. Бірақ Ораз да, Батырбек те оның қайда бастағанын анық білген жоқты.
Әдемі қақпалы, кәшекті терезелі үлкен үйдің кең ауласына Мәмбетке ілесе топ аттылының көбі еніп кетті, тек бірер жігіт қана қақпа алдында қалды. Не ит дыбысы, не қыбырлаған жанның жүрісі жоқ бұл салтанатты жай сырт қарауға бейне бір иесіз қалған үй сияқты көрінді. Бірақ үй иесінің зәре құты қалмай үнсіз бұққаны жайнап тұрған жиһаз бен жаюлы жатқан тағам жайлардан көрініп тұр еді. Мәмбеттің соңынан ере кірген Батырбек пен Ораздың көзіне екінші бөлмеде әйел жүргендей болды да сол мезет:
— Бері жүріңіз, Мәмбет аға, — деген дауыс естілді. Төрге қарай адымдай озған Мәмбет үлкен бөлменің ортасында тұрған столды айналып өтіп, екінші бөлменің есігіне беттеді.
— Мынау кімнің үйі өзі, тұзаққа түсіп қалмайық, — деп сыбыр етті Батырбек.
Бұл сөзге елең ете қалған Ораз ілгері ұмтыла берді, бірақ Мәмбет дыбыс берген әйел бөлмесіне кіріп те үлгерді.
— Айттым ғой, Мәмбет аға келеді деп. Қалайда келеді деп едім, ақыры айтқаным келді. Жоғары шығыңыз, Мәмбет аға, — деді баяғы европаша киінген үлкен көзді сұлу қара торы қыз.
Шаһзаданы Батырбек те көрген жоқ еді. Мұндай қыз кездесерін Ораз да білген жоқ. Үйдің де, қыздың да кімдікі екенін білмей екеуі де аңтарылып қалды, кірген бойы босағада тұрып қалды. Мәмбет қызға сәлем-жауап қатудың орнына:
— Төре қайда? Бері шықсын! — деген сұрақ пен бұйрығын қосарлай жекірді.
Қыз Мәмбеттен жасқанбады да, қабақ шытып қатты үніне ашуланбады да.
— Мәмбет аға, сіз менің шақыруыммен келген қонақсыз. Өтірік десеңіз айтыңыз. Түнеугүні келгенде мен сізді үйге шақырып қалдым. Қалайда келіңіз дедім. Міне, келдіңіз, жоғары шығыңыз, — деп езу тартты.
Мәмбет қатаң үнін жұмсартқандай болды.
— Төр осы ғой... Маған алдымен төрені көру керек, бикеш, — деді.
— Отырыңыз, отырыңыз. Сіздер де отырыңыздар, — деп қыз есіктегі екеуге де орындық ұсынды, столға қарай меңзеді.
— Мен Арон төрені көруге... жұмысым болған соң келдім, деп Мәмбет аса екпіндемей, отыруға бет алды. Батырбек пен Ораз қайда келгенін белгілі Арон төренің аты ауызға алынғаннан кейін ғана түсінді. Уалаяттың Жаншадан кейінгі басты адамын қолға түсіру ең шүйделі және оңай іс емес екенін сезіп, екеуі Мәмбеттің талабына қосыла кетті, қыздың сиқырлы сөзі мен жүзіне қарап «батыр» баяулап қала ма деп састы.
— Қарындас, біз амандасуға, болмаса әңгімелесіп отырып шай ішуге келгеніміз жоқ. Арон төре қай үйде, шақырмасаң өзіміз де алып шығамыз, — деді Батырбек.
— Жігіттер, кәне, бері жүріңдер, Мәке, біз бастап кірейік... — деп, Ораз ілгері жүре түсті.
— Ол бөлмеде емес, аға, басқа үйде. Папамды өзім шақырайын... қазір, — деп қыз сыртқа шығуға айналды.
— Шақыр! — деді Мәмбет.
Сөйтті де өзі стол жанындағы орындыққа отыра кетті. Қыз шығып кеткен соң Ораз «қайтеміз?» дегендей Батырбекті бүйірден түртті. Бірақ, Батырбек оған сыр бере қоймай, үнсіз қыздың келуін тосты. Ол: «Мәмбет ашуланып қалар, өзі бастады, өзі аяқтасын» деген ойға келді.
Қыз кешеуілдей түсті. Оның неге кешіккенін, әкесімен не сөйлескенін бұлар білген жоқ. Тыпыршыған Оразға да, шыдамай бірер рет насыбай иіскеп үлгерген Батырбекке де бұл үйдің иесі мен қызы, әсіресе олардың ойы мен мақсаты жұмбақ қалды.
— Қазір келеді, — деп хабарлады қыз, үйге асықпай кіріп.
Ілесе Арон да келді.
Полковник чинді төренің қасындағы қарулы офицер Абылаев есік ашып оны өткізіп жіберді де, қаумалаған қазақы солдаттарды жол беріңдер дегендей қолымен ығыстыра түсті. Өзі көріп жүрген сұсты төренің формалы келбетінен сескенді ме, әлде бұрынғы сәлемдесіп қалған әдетіне бақты ма, әйтеуір бет қайтпас Мәмбет орнынан ұшып түрегелді. Мәмбетті және қаумалай тұрғандарды көзімен бір шолып, Арон көңілсіз түрде:
— Так. Так! — деді.
Аз кідіріп, Мәмбет жеңін сыбанғандай бір қолын кезек-кезек көтеріп алды да Арон мен Абылаевқа:
— Екеуіңді де тұтқынға аламын. Себебі: істегендерің зорлық-зомбылық. Қара халыққа зәбірден басқа еш нәрсе көрсетпей келесіңдер. Түсінікті ме? — деді. Сөйтті де ол Абылаевқа тесіле қалды. — Сен ана қылыш пен наганды ұстап жүре алмайсың. Таста. Шеш тез.
Абылаев селт етті. Ол не істерін білмей Аронға қарады. Арон оған көзін бұрмады, ол тек Мәмбетке:
— Так. Так, сонсоң? — деп жауап күтті.
— Сонсоң көремін. Солдаттар не десе, үкім со болады. Ораз бен Батырбек кейінгі жігіттерге ым қақты, Абылаевтың қаруын сыпырып алуға шақырды. Екі жігіт жалма-жан Абылаевтың қаруына жармасты. Қыз араға түсе қалды.
— Мәмбет аға, — деді ол Аронның алдына шыға келіп. — Папам жалғыз емес, ел болып ауыз біріктіріп жатқан жоқ па? Мына сіз де сол елдің бір батырысыз. Ал, зәбір-жапа көрсеткен жері болса папамды кешіріңіз... Күнәсіз жан жоқ...
— Күнәсі бастан асып кеткен кісі.
— Олай болған күнде батырдан сауға. Екеуін де, папамды да, офицер Абылаевты да маған беріңіз... сауғаға...
Мәмбет қыз бетіне қарай қалды да, Шаһзададан көзін бұрып: .
— Бикеш десе бикеш, — деп күңк ете қалды.
Тағы да Ораз араласты.
— Мәке, бұл төреден Меңдігерейді қайда жібергенін сұрау керек. Жазықсыз жанды сотсыз, сұраусыз жазым етсе... онда кешірім жоқ, — деді ол.
Арон Оразға «қайда көрген жігітім» деп тесіле түсті. Тергеу-тексеруді көп жүргізіп, адам сынап қалған төре қараған сайын Оразға жеп қоярлық аш көздің сұғын қадағандай болды.
— Жас жігіт сіз... — деп ол әлденені айтып қалғандай Оразға сұс көрсетті де, Мәмбетке бұрылып: — Меңдігерей Епмағамбетов өлім жазасына кесілген қылмысты. Оны соттаған Войско қарамағындағы Военнополевой суд. Сондықтан бұл жөніндегі запросты сол Войско хұкіметіне бағыштауыңызды жөн деп білемін.
Мәмбет қабағын түйді. Оразға:
— Ол кім еді? — деп шүйіле түсті.
— Мәке, ол өзіміздің халықшыл оқымысты. Атамандардың хұкіметі жазғытұры жазықсыз кескілеп, оның үстіне сырттан хұкім шығарып қудалап жүрген кемеңгеріміз. Өткен жұмада мен осындағы абақтыда отырғанын көрдім. Жұрттың бәрі біледі Меңдігерей Епмағамбетовтың осында кіріптар болып қалғанын, — деп Мәмбетке түсіндіре сөйлеп, ара түсуін сұрады.
— Сен де соның кісісі! Так! Так! — деді Арон Оразға әлде күш көрсеткендей, әлде анықтай түскендей екі ұшты түрде так-тактап.
Арон тура жауап бермеді.
— Атып тастадың ба? — деді Мәмбет Аронға.
— Ол Войско хұкіметінің тергеуіндегі адам.
— Онда Войско хұкіметінің қолына ұстап берген шығарсыз? — деп, енді Батырбек те кірісті. — Істегендерің зорлық-зомбылық деп Мәмбет ағай әділ айтты. Зорлық-зомбылық қана емес, атып-асу атамандарға қазақ қайраткерлерін ұстап беру де сіздің кәсібіңіз, Арон сұлтан. Мұндай зұлымдықты қазақ баласы, қазақ баласына өмірде істеп көрген жоқ.
Істің қиынға кетіп бара жатқанын Арон төре сезе бастады да тез жауап тапты және бұл жауабы өте айлалы жауап болды. Бірақ мұны қызу үстінде Батырбекте, Ораз да тереңірек ойлап түсінуге мұршасы келмеді.
— Жақсы, азаматтар, Епмағамбетов керек болса мен алдыртып берейін. Оны Жанша Досмұхамедовтың жарлығымен Ойыл қаласына жөнелтіп едік. Ол сонда, — деді.
— Кеше... Үш күн турасына да осында еді ғой, — деп Ораз кимелей қалып еді, оның сөзін аяқтамай Мәмбет өз билігін айтты.
— Епмағамбетовты үш күн ішінде Ойылдан осында алдыртасың, сұлтан төре. Олай етпеген күнде бұған өз басыңмен жауап бересің. Менен ешқайда құтыла алмайсың. Кәне, жігіттер, жүріңдер! — деді Мәмбет жігіттеріне.
— Рахмет, Мәмбет аға. Офицер Абылаев айтқаныңызды орындайды. Келіңіз, аға. Ашу дұшпан, ақыл дос. Ашуыңыз басылған соң келіңіз. Сізге есігіміз ашық, аға. Герой аға, — деді қыз, шығып бара жатқан Мәмбетке.
Абылаев жарты сағат өтпей-ақ Ойылға шапты...
Күні бойы білгенін істеп, қаланың астын-үстін шығарған жасақшылар күн батып, қас қарайғанша казармаға тегіс жиналып болмады. Кеш қайтқан бірқатарының қолында кеңсе, мекемелерден іліктірген жайма перде тәрізді өлі бұйымдар да көрінді, ал кейбірі әдемі папка, портфельдер ұстап қайтты. Бірақ «қара халықтың мүлкіне тиме» деген жарлықты ешкім де екі етпеді. Жасақшылардың соңынан ере келген зәбір-жапашылар болмады.
Ертеңіне ертемен Мәмбет елу жігітін сапқа тұрғызды да, өзі аттан түсіп қалтасынан үлкен қара шаппа пышақты суырып алды. Сөйтті де ол тізгінін қаңтарып, ерінің қасына іліп қойған атының құйрығын нақ тірсектің деңінен орып-орып жіберді де, қаз-қатар тұрған жасақшыларына бұйрығын жариялады:
— Бүгін тап осы сағат, осы минуттан бастап мен Жымпиты хұкіметімен ат құйрығын кесістім. Міне, мен шолақ атты большевикпін. Қарамағымдағы жасақшыларға бұйырамын: оң жақ шеттен бастап аттан түсіп аттарыңның құйрығын кесіңдер. Кімде-кім бұл бұйрыққа бой ұсынбаса — ол хан жасағының тобында қалғаны. Ондай адамдар біздің қатарымыздан біржола кетсін. Кәне, баста! — деді ол оң жақ шетте тұрған Нұрымға қарап. Атын бір тебініп қатардан шықты да Нұрым секіріп жерге түсті, шылбырдың ұшынан ұстап тұрып Мәмбеттің қолындағы пышақты алды да кер аттың құйрығын тірсегіне жетер-жетпес етіп шорт кесті. Сөйтті де өзі Шойқараның жарлығымен атына қайта мініп, басқалардан бөлек шеткерірек шығып тұрды. Нұрымның соңынан оған жалғас тұрған жігіт ілгері шығып, ондығының істегенін істеді. Кешікпей елу адамның бірі шашау шықпастан ат құйрығын кесісті. Бұрынғы күлтеленіп ұшы жерге тиген ұзыны да, қамшыдай сида сыптығыры да, қылы жұлынып қысқарған шала шолағы да теп-тегіс тірсекпен тірсек, келте құйрық болып шыға келді. Жаңа тәртіпті халық әбден көрсін деп, шолақ атты Шойқара елу адаммен қасқыр текірекке салып қаланың үлкен көшесінің ұзын бойымен шұбай тірсектесе шоқырақтап өтті.
Терезеден қараған адамдар:
— Астағыпыралла! — десті.
Балалар:
— Бай шолақ! Шойын қара балшабай! — деп айқайласты.
Таяқты ат қылып мініп үлгергендері шолақ аттылардың соңынан қиқулай жүгірді.
5
Ақылға бой бермей кей кез адамды сезім билеп кетеді деседі. Ал, сезімнің өзі де түрлі ғой. От пен суға да бөгелмейтін жан ұшырған сезім бар. Бұл көбінесе өлім қаупі туған шақта, жә ұлы арман бойды билеп кеткен кезде ырық бермей жетектейтін сезім. Бұл тоқтаусыз үрей мен қайтпас қажыр талабының бұйдагері болса керек. Ал, офицер, Абылаевты сол күні қара дауыл алдындағы қара қақбақтай жөңкілткен сезім басқаша еді. Оны өзгеше сезім билеп кетті.
— Бұларды ма бұларды!.. — деп тістенді ол шауып келе жатып.
Сұлтан Арон төренің жарлығы оған Жаншаның жарлығынан әлдеқайда пәрмендірек. Өйткені Жанша оған төте жарлық беріп көрген де жоқ және оның ісі Абылаевқа «кіш-кіштеп» қой қайырған өрістегі қойшының мардымсыз қимылындай ғой. Тіпті сол Жаншаның басқаруы басқару емес. Дүре салатын адамды ол сыйлық тартып аттандырады. Абақтыда ұстап көзін көгертетін жандарды қарқылдап күліп үйіне қайырады. Осындай да тәртіп бола ма! Жаздыгүні Қален мұғалімге ат-шапан айып бергізіп Қаржауовқа шығартып салды. Ал, кеше уалаяттың қас жауы Әбдірахман Әйтиевтің қызылдарға тамақ тасып жүрген діннен безген қатынын босаттырды. Тіпті Абылаевтың абыройын айрандай төкті...
— Тфу! Басшы болғаныңа! — деді ол атты үсті-үстіне қамшылап. — Осының өзі... мүмкін қызылдардың жасырын тыңшысы шығар... Бұларды ма! Бұларды! Көрсетермін мен көрімді!.. Бүкіл кадет корпусын алып шығайын!
Ол сұлтан Аронның жарлығын ала сала Ойылға шауып еді.
— Жә өліп тын, жә бір жайлы ет! — деген оған Арон төре.
Ол бір жайлы етпекші. Ойылда үш жүз елу адам дайындап жатқан, кәдімгі казак-орыстың сапалы-армиясының тәртібімен офицерлер шығаратын школа бар. Қазір сол школа үш жүз елу офицер шығарғалы жатыр. Сол әлекедей жаланған, әлі тауы шағылып көрмеген, әскер өнерін алған, қылшылдаған офицерлерді бүлікшілердің алдынан шығармақшы. Уалаяттың болашақ полктерінің басшы ұйтқысын ертең бірінші рет томағасын алып топқа салмақшы!
— Бұл жүгенсіз кеткен содырлардың желкесіне қылыштың жүзін жалатыңдар. Рақымшылық болмасын. Мұны бір өзіңе ғана жүктеймін. Бір өзіңе ғана сенем, — деген Арон төре.
— «Рақымшылық! Тоқтай тұр! — деп тістенді Айтқали Абылаев. — Бұлардың мейманасы асып болды. Бір емес, екі емес, жалғасқан бүлік. «Дәндеген қарсаң құлағымен ін қазады», деп — дәндеді. Ат айдап кету, тәртіпке бағынбау, офицерге бас салу!.. Бұл да аз екен... Енді уалаят орталығын талқандап, бүлік шығаруға кірісті. Қап, тоқтай тұр!..»
Абылаев бір кез, бір жыл ішіндегі сәтсіздікке ұшырап сүрінгенін санап өтті. Өте көп екен. Бірінші сүрінгені, ойлап бақса, бұзық хажының ауылынан басталған екен. Аңқаты басындағы тұтқынға алған азғын студенттің көре көзге жер соқтырып, су үстінде амал-айла жасап кеткені қарабасудың алды болды. Бұл қапыда жаңылыс басқан ізі суымай жатып, тап сол азғын Жұнысовтың жеті түнде ойламаған жерден керуенді қызыл шұнақтарға ұрындырғаны ең өкініштісі... «Құдай бақ бергенде, Жанша мен Арон алдында дәлел тапқаным абырой болды». Абылаев Өлеңті поселкесінде Меңдігерейді қолға түсірген түні өзін ұрып жығып кеткен «сұрқияның» тағы да сол Жұнысов екенін білген жоқ еді. Сондықтан ол «үшінші сүрінгенім казармадағы бұзықтардың бассыздығы» деді. Сөйтті де мұндағы өзін байлап тастағандардың бірі... Нұрым Жұнысов екені оның тұла бойын мұздатып жіберді. Аздан кейін маңдайынан суың тер шыққанын сезді.
«О, Жұнысов!.. Жұнысовтер! Жә өлермін, өлмесем көрген күніңді көп етермін сендердің! Асты бұлардың қылығы! Бірі ана жақта, бірі мына жақта! Кәрі қасқыр елде сойқан шығарып жүр. О, қасқыр атқан бас бұзарлар! Тоқтай тұр, азғана тоқта!..»
Көсіле шауып келе жатқан құла атты Абылаев тізгінін тежеп шоқыраққа салды да, кителінің жағасын ағытып, тынысын кеңейтті. Аздан кейін атты cap желіске түсірді, сонсоң бірте-бірте аяңға көшті. Күш жинап құрысқан тақымын жазды. Шапқан аттай жүйткіген үздік-үздік ойларын бір сараға салып жинақтай бастады. Жан-жаққа көз салды. Бұлдырты қырқасын басып барады екен. «Қаратөбеге аялдап, ат шалдырып түнделете әрі асамын» — деді ол ішінен. — Басшы алу жөн болар. Бұл жақтың жолын жете білмеймін».
Іңірде Қаратөбеге жетіп ат шалдырды да, таң саз бергенде тағы жолға шықты. Түскен үйдің иесі қаланың сыртындағы үлкен қара жолға салып тұрып:
— Осы жол Жақсыбайға апарады, одан әрі Аққозы, Сарбиеге қарай аса бересің, мырза, — деді.
Абылаев аса берді. Жақсыбайға жетпей жол үстінде жүргіншілер керікді. Жүргіншілерді алыстан айыра тануға болмаса да, Абылаев шүйіле қарады. Ол әлденені сезгендей, ат тізгінін тежей қалды да алыстағы қарасынға көз тоқтатты. Жүргінші үшеу: ат-арбалы және екеу салт мінген...
— Үні күннен бері жүз шақырым жер... — деп күбірледі офицер. — Мен саған көрсетейін көрімді.
Ол дауыстап жіберді. Алыстағы жүргіншілер оның осыдан үш күн бұрын Ойылға айдатып жіберген тұтқыны еді — Меңдігерей еді. Абылаев жаңылған жоқ, арбаның қасындағы екі солдаттың киімін де иығындағы қаруын да оның көрінім жерден айыратын көзі тап басты. Кешегі Жымпитыдағы оқиға, онан бұрынғы келіссіз жайлар, өз қарабасының үзбей тасқа соғылуы тап сол минутте оның өзегін өртеп жібергендей болды. Ол бірнеше минут тістеніп қалды. Сонсоң екі көзін алдағы жүргіншілерден алмай қарап әлденені ойлап пішті де аттан жерге түсті, айылын бекітті, өз белбеуін жөндеді. Жағасын босатып, тарылған тынысын кеңейте түскендей болды. Сөйтті де ол жалма-жан ер үстіне дік етіп қайта қонды да құла атқа қамшы басты.
— Я бақ! Я Абылай! — деді ол қамшымен қоса тебініп қалып.
Ол «бақ орнар, аруақ қонар» деп ойлады. Онан арғы ойы оның: «бұл бас бұзарды уақытында жөнелттік. Жақсы жөнелттік. Бір күн кешіккенде ана бүлікшілер абақтыдан босатып алатын еді де, хан көтеретін еді. Кәдімгі жалшы-кедейлердің туын көтеретін басшысы! Босағадан төрге ұмтылған тобырлардың топжары. Көрсетейін мен саған туды...» — деген қара ниеттің төңірегінде болды.
Ол ілкі шабысқа қайта түсті. Жүргіншілерге тезірек жетуге ош алуға асықты. Өш алғаннан кейін, Ойылдағы көп офицерге «есіктен төрге» ұмтылғандардың бастарын қырықтыруға асықты.
Сіңірлі құла ат сол өлкедегі бір ішек жануардың өзі еді. Күніне алты қасқырдың соңына түссе де қайырып әкелмей тынбайтын Жауғашты Шәңгерейдің белгілі шелек танау, бота тірсегі еді. Оған бір күн шабыс — мүше алғанмен бірдей, екі күн шабыс — бауырын түсетін қыл құйрықты. Көрінім жердегі жүргіншілерді көзіне қан толған офицер өкшелеп те қалды.
Cap желіп келген бойы Абылаев екі солдатқа команда берді:
— Арбаны тоқтат та, екі солдат он адам шетке шық! Өздерінің жүзі суық командиріне жетіп келгенде-ақ бұл жайбарақат келе жатқан екі жігіт шошып кеткендей тізгіндерін жинап, қолдарын құлақтарына тосып, честь беріп тұрып қалып еді. Енді не жарлық берерін үрейлене күткен екеуі арбаны кілт тоқтата салып, шабандау аттарын қамшылай ұмтылып, шеткері шыға берді. «Бір жақпас іс болып қалды ма?.. Бұл қандай суыт жүріс?» деп састы олар, ат үстінде бір қолымен шекпен-шинелінің етегін жинақтап, иықтағы қаруларын түзей түсіп. Ық жақтан орағыта келіп айдаушыларға Абылаев тағы айқай салды:
— Арбаны тастап, екеуің де менімен бірге жүресің. Ол үшін алдымен... Жел оның сөзін аузынан жұлып алып кетті. Меңдігерейдің де, атшының да құлағы арғы жағын шала алмай қалды: Жалғыз-ақ оның соңғы... «Әзірлен!» — деген жарлығы желмен аударылып-төңкеріліп жеткендей бірінші буыны айқын естілмесе де... «лен» деген аяғы самп етті. Абылаевтың өзі де енді мүше алып қашатын адамдай оңтайлана түсіп, арбаға омыраулап келіп қалды.
— Түс арбадан! — деп ақырды ол Меңдігерейге екі көзі ұясынан шығып кетердей шатынап. — Айт иманыңды!..
Жендет пішінді бұл қанды қол офицерді айдалада қуып жеткеннен-ақ «зұлымдың істеуге келді» деп ойлап еді, Меңдігерей. Мезет ол «отырған күйім отырған» деп тістеніп қалды. Жаздыгүні арбаның үстінде қылышпен тураған екі бала мен Фроловскийдің жан түршіктірер бейнесі тағы көз алдына келді. «Апа! Апатай!» деп айқай салып, ілесе басы кеудесіне «сылқ» еткен Ықатайдың ақтық құлында-құлыны шыққан ащы даусы құлағына шалынып кеткендей болды.
Меңдігерей арбадан ақырындап асықпай түсті. Оның екі қолы бос еді. Кісенін айдаушылар түнде қонған жерде салып, күндіз айдалада адам көрмес оқашада «жақсылық етіп» ағытып келе жатқан. Екі солдат алыстан көрсе де, Абылаевты әлдекім деп ойлап, кісенді қайтадан сала қойған жоқ-ты.
— Кәззап — деді Абылаев шатынап. Сөйтті де нағанын қабынан суырып алды. — Қолыңды босатып алдың ба? Босат, босат. Бәрібір босайды!.. Білесің бе, иманыңды? Әлде иман айтуға да қарысасың ба?
«...Ажал!.. Ақтық дем... Жау... Қас дұшпан... мейірімсіз... Зұлым!..» — деген сөздер әлде ойда ғана тізілгендей, әлде ауызға келіп тірелгендей...
Жаяу жүрмей түрмеде де, арбада да көп отырып мез болып қалған дене ұйып қалды ма? Аяң басуға дәрмен жоқ, әлде айнала — бар әлем қарауытып кетті ме? Бас айналғандай... Бір сәт көз жұмылып кетті! Неше заман өтіп кетті!- Қанша ойлар шарлап ойран болған миды талқандап өтті! Ой да жылжып, жер де жылжып бара жатқандай!..
Ойды сана, әлсіздікті жігер билеп кетті. Меңдігерей көзін ашып алды. Аяқ та ілгері аттай берді. Бұл дүниенің әзірейіліне қарсы барды...
Оның даусы да күңгірттеніп, әлдеқайда жер астынан шыққандай ауыр дүңкіл ендірді құлағына...
— Иман деген сөзді мен білемін. Иман — адамның сенері. Сенері бар жан жауына жалынбайды. Оның алдында жорғаламайды. Сауғалап жан қорғамайды. Өйткені оның ісі өзіне де, өзгеге де аян. Ал, сенері жоқ адам да бар. Ол кешір деген сөзді ғана қалқа етеді. Соны бетке ұстайды. Сол сөз құтқарар деп қалтырайды. Бұл мына сенсің. Өлім деген тірі жанның тіршіліктен тыйылуы. Қазір мен тыйылсам, ертең бе, арғы күні ме, әлде бір айдан кейін бе — сен де тыйыласың. Бірақ сенің сол тыйылар алдыңда медеу ететін игілі ісің жоқ. Бұл істі «бар» деп өзіңе де, өзгеге де есеп бере алмайсың...
Мен өзіме де, өзгеге де әлдеқашан есеп беріп болдым. Ол есептің аты: халқым үшін қызмет етіп келем. Сондықтан маған халқым рахмет айтады. Ал, саған әнеугүнгі сәбиді қылыштағаның үшін, әйелді жерлегенің үшін, мына маған істеген қара қылмысың үшін лағынет айтады... Сен ең қымбат нәрседен айырдың. Тіршілік пен бостандықтан айырдың. Мен тіршілік үшін, бостандық үшін қызмет еттім...
— Тоқтат! — деп ақырды Абылаев. — Тоқтат!
Сөйтті де екі солдатқа бұрылып:
— Ат! — деді.
— ...Саған кешірім жоқ. Жас ұрпақ кешірмейді. Ана тұрған екі солдат кешірмейді. Ана делбеші қазақ кешірмейді.
Таңқ еткен наган дауысынан денесі селт еткендей болды да, Меңдігерей сүрініп кетті... Ол еңкейіп жүре түсті де, кенеттен еңсесін жазып алды. Бірақ, жалғаса шыққан мылтықтың егіз даусы оның өзін де, сөзін де жалмап жұтып қойғандай болды...
Ол дыбыссыз қалды. Маң далада... Жол үстінде қалды. Офицер бетін де бүркетпей кеткен, бір жыл ішінде ажал аузына екі рет түскен бұл аяулы жанның аяулы жүзін ызғыған жел ғана тынымсыз ызыңдап, тынымсыз сипап жатты.
Екі солдат пен Абылаев әрі асты. Ойылдағы кадет мектебін алып келіп бүлік шығарған төрт жүз жігіттің басын кестіруге асты. Жә кесу, жә кесілу үшін асты...
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Ойыл мен Қиылды өрлей, Қосқобданы кесіп ұлы теңізге асатын түбек елінің құмды, шағылды, ақшаңдақ басқан қасқа жолы жатыр. Бұл жол, дәл өзі сияқты, түйе мойнақ иір ғасырларды белінен басып келеді. Бұл жол көз жетпейтін «өне заманнан бері Жайықтан Аралға, Аралдан Амуге, Амуден Хиуаға, онан әрі Бұхараға тіршілік тамырын тартып жатыр.
Бұл жолмен кім жүрмеді? Кімдер жортып, кімдер ілбімеді? Кімдер шаршап, кімдер салықпады? Кімдер асқақтап, кімдер баяуламады? Кімдер талыңсып, кімдер шөлдемеді?
Желмая мінген шайхы Кутуби де ислам туын қолға ұстап, Аму бойын сағалай cap желді.
Шығыстан шеру тартқан Шыңғыс немересі де қарақұрым қолын қаптатып өтті.
Кесілген бастан мұнара үйіп, Ақсақ Темір де сан ылаңдатты.
Жоңғардан Еділге жосылған шегірткедей апатты, айдарлы қалмақ та осы жол бойын ақтабандатты...
Бұл жолмен есіл ерлер де жортты: хан нәсілін найза ұшына көтерген ер Сырым да осы жолда қаза тапты; «Хиуадай базарлы», «ай мүйізді арқар» Исатай да бармағын тістеп кетті.
Әлді де, әлсіз де, кәрі де, жас та, патша да, қайыршы да, жер күңіренткен қолбасшы да, момақан сопы мен ел кезген жолшы да үзілмей шұбырды. Бетін әжім,қабағын қыртыс жапқан кариедей, бұл жол көне жол. Сол жолмен бүгінгі көк есегін тебініп қыбыр-қыбыр келе жатқан шал да кене еді.
Шалдың басында күн жеп, шаң басып өз өңінен айрылған боз шалма, үстінде сол түсті шапан, аяғында ақ жұлық мәсі бар. Шапан ішінен көрінген қайырма жаға баулы көйлектің түсі де қуаң тартқан, есектің еріне асылған қоржын да аң шақылтақ — бір кездегі бедерлі оймышы жоғалып тықыр тулақтанып кеткен.
Үздіксіз ыстық, тынымсыз жел мүжіген су тозық таңбасын молайтқан сары даланың ала қожалақ, боз бұжыр бетіндей шалдың жүзін де салалы әжім, қат-қат қыртыс жапқан. Қылаң тартқан қою қас, таспа мұрт, сыдырым сақалды боз быламықтанған шаң қырауы бүркеген. Қарақошқыл тартқан етсіз бет пен тарам тамырлы қол сыртынан өзгенің бәрі қара күзге орнаған, — қуаң жылғы дала тәрізді.
Көк есекті осы адам апталап, айлап жүріп жаз Хиуадан Арал сыртына, Арал сыртынан Ойыл бетке ойысатын. Шапан — төсек, қоржын — жастық, елсізде шағыл түбіне түнеп елді жерде құдай қонақ, қонып асып әрілей беретін. Аялдайтын жері мешіт, сағалайтын төрі имамдар қанақасы болған бұл пендені бір жерде Қалендір, бір жерде Дәруіш, бір жерде Көк есекті әулие дейтін. Бұлай деуге дерек те мол: үстінен шыққан жиынды жерде, жұма оқыған мешіт маңында, ас айтқан алқалы топта құдайы деп берген қайыр-садақаны сол жерден шықпай жатып пақыр-міскінге үлестіреді. Көңілі келген бай көйлек берсе, оны ауыл шетіндегі қараша үйдің иесіне тартады, жомарт мырза әлдеқалай шапан жапса, қойшыға кигізеді. Бәйбішенің қоржынына тыққыштаған құрты мен ірімшігін де «әулие аталап» артына ерген балаларға шашу етіп шашады.
Осы пенденің жаз бойы жүретін ұзақ сапарының түпкі төрі: сонау Жайықтың қойнауындағы екі өзеннің айқасқан Қоспасында тұрған Қуанай хазіреттің мешіті еді. Ол бұл Кіші жүздің белгілі имамына жаздыгүні келетін, кешіккен жылы — күз басында сәлемдесетін. Ал биыл ол Қоспа хазіретімен қара күзде ғана дидарласты. Хазіреттің қол берген мүриттері көк есекті әулиеге бас иіп тағзым етіп, көз жұмып жол берді. Қанақасында Қуанай әулиемен бір күн, бір түн сұхбаттасты.
Мүриттер арасында:
— Хиуа, Бұхара хазіретілеріне көктен әуез еніпті. Көк есекті әулие сол әуезді барша мұсылман қауымына еғлан етуге келіпті, — деген лақап тарады.
Ертеңіне Қуанай хазірет жар салып халайықты мешітіне жинатты да өзі екі рақағат намаз соңынан уағаз айтты. Уаваз өзгеріссіз такрарланатын: пайғамбардың теңдесі жоқ сипаттары мен жолының хақтығынан, Әубәкір Сиддихтың даналығынан, Ғұмардың әділділігінен, Ғұсманның ғалымдығы мен Ғалидың ерлігінен басталды да, дін үшін Кербала шөлінде жан берген шәһиттерге қоңыр дауыстады:
— Алланың бірлігіне, Мұхамбеттің пайғамбарлығына, құранның шындығына шәк келтірген бини Хатап қауымымен һәлак болды. Мұхамбеттің әулетіне қол көтерген Язит ұрпағы Хинзир суретінде шыр айналып жүр. Ол замана ақырға дейін жерге қараумен шыр айналып жүре бермек. Тәңірі үшін малынан зекет бермеген дүниедегі ең дәулетті Харон бай тірі күйінде жерге батты. Төрт жүз жыл тағат еткен Барсиса ғалым құлқы нашар әйелге назар аударғаны үшін мәңгі дозаққа кетті. Қазір ислам дінінің қанунына хилап іс істеген адамдар көбейе бастады...
— Жамағаттар! — деді мұнан кейін Қуанай хазірет, аз тыныстап алып. — Алдарыңызда тәңірінің сүйген құлы, көк есегімен кәгбаға үш рет тауап етіп қайтқан, Самарқандағы Шаһизада қабіріне бас иген Қожа Ахмет Яссауидың хұзырына түнеген, Хиуа мен Бұхараның ақ жүзді имамдарымен қалам-шарин ақтарысқан, шайхы Кутубидің желмаясы жортқан жолмен Ирандағы мешһетте, Стамбұлдағы Сүлеймания мен Ая Софияда болып жеті күн, жеті түн салауат оқыған пірәдар Құтқожа сәжде қылып отыр...
Басын төмен салып жүгініп тыңдап отырған халық ақырын қозғалып, бас көтеріп, мойындарын мінбе жаққа бұрды. Күні бойы демін ішінен алып, тыныспен тыңдаған жандар енді көзбен, бар денесімен тыңдаулы.
— ...Хорезм жеріндегі Қара әулиеге көктен әуез енген. Солай ма пірәдәр?
— Әлай! — деді көк есекті көне адам мұқамды, жіңішке үнмен.
— Я, Ахмет құлақ ұста, деген әуез. Солай ма пірәдәр?
— Әлай!
— Хак тағала, уә тәбарака, мың бір есімді рахмәті кең рахман алла құлдарын тұғыры жолға салу үшін, аллаға құлшылық ету үшін, ғибадат арқылы фани жалған күнәсінен пәк болу үшін Мұстафасын жіберді. Кәләм шарифі тартты. Исламның бес парызын үйретті. Қараңғыда адасқан үмметін мәсжидке шақырды. Солай ма, пірәдәр?
— Әлай!
— ...Енді сол мұсылман дінінен оның мәсжиделхарамынан бездіретін Дажал шықты...
Жұрт дір ете қалды.
— ...Дажал адам баласын һәлак етеді. Мұсылман қауымын аздыруға, хақ дінінен бездіруге ағуалайды.
Солай деген бе, пірәдәр Ахметке енген әуезде?
— Әлай, хазірет.
— ...Жамағаттар! Бұл ақырзаманның басы...
— Алла!
— Алла! — десті дір ете қалған халық.
— ...Түрлі-түрлі пітна толар деген. Сауық-сайран моляр деген. Есірткіш шарап ішушілер толар деген. Зинашы хатұнлар ерлерді аздырар, жалғаншы жандар ізгіні аздырар деген. Атаға — бала, анаға — қыз қарсы тұрар деген. Харам мен халалдың айырмасы жоғалар деген. Малдыға малсыз ұмтылар деген. Қазидің хұкіміне, хәкімнің әміріне бой ұсынбас, исламның бес парызынан бас тартар деген. Соның үшін, жамағаттар, мәсжидке жиналыңдар, мүриттер, сопылық жолынан таймаңдар. Мұсылмандар парыздарыңды мұқият өтеңдер. Басшы болған азаматқа дұға етіңдер. Діннің, қазақ халқының мерейі үстем болсын! Әумин!
— Әумин!
— Әумин!
Мешітке толған жандар ұзақ отырысты. Қайта-қайта сәждеге бас ұрып сопылар тасбиқ тартысты. Сонсоң екі рақағат намаз оқып, хазірет қасындағы қази Хайыршаға:
— Жолың болсын, қази, — деп батасын берді.
Ойылға жүретін полк молласы Хайырша қазиді бас имамның өзі мешіттен шығарып салды.
Жаншаның жарлық — телеграмын Ойыл гарнизонының бастығы войсковой старшина Әзмұратов ертемен алып еді. Сол күні түстен кейін оған Абылаев хат-бұйрықты жеткізді. Мән-жайды ауызша толықтырды. Ойылдағы бұл әскер басы төрт жүзден астам курсанттарды казарма алдына тізді де, төтенше жорық жайын хабарлады.
— Уалаяттың болашақ жауынгер басшылары, жас офицерлер! Қазақ халқының ең бақытты, еркін уалаят құрып, ел болған шағында сіздер әскер ғылымын үйреніп, жаңа армияға қажетті білім алыңдар. Бұл білім сын кезінде берілген білім. Мектеп ішінде алған жауынгерлік өнер енді майдан төрінде сынға салынбақшы. Қайтпас қаһармандық пен жау бетін жапырар ерлікті, тапқырлықты халқың үшін аянбай жұмсайтын күн туды. Сендердің бірінші жорығың басталғалы тұр. Бұл жорықтың абыройлы орындалуы мына сендерге ғана байланысты. Сендердің жүректілігіңе, ғаділет үшін қанын төгіп, керек десе жан бере білулеріңе байланысты. Азаматтың ар үшін, офицерлік ұждан үшін, уалаяттың даңқы үшін, еліңнің ардақты салты үшін бірінші рет абырой аламын деушілер он адым аттап, оңнан солға қарай ілгері шық! — деп бұйрық берді..
Оқудан өзге еш нәрсе көрмеген, «соғыс» деген сөздің мәнісін кітап пен дәрістен ғана үйренген жап-жас юнкерлер бұл құпия сапарды жеңсік тамақтай көріп елегізе түсті. Бұл сапар жазықсыз жандардың әзиз қанын төгумен, жан түршіген өліммен, тән мен жанды қабат қажытатын ауыр жорықпен біте қайнайтын сәтсіз сапар екенін олар сезбеді. Албырт жастық сұлу сөзге еліктіріп, жұмбақ, майданға жетеледі; жау қамалы бөгетсіз бұзыларлықтай, ерлік есік пен төрдей жерде тұрғандай-ақ көрінді...
Старшина қос тізбектелген ұзын сапты көзбен шолып шыққанша юнкер мектебі тұтасымен он қадам оңға жылжып, жерді теуіп қалғандай дүңк еткізді.
Әзмұратов басын шайқады. Оған керегі үш жүз еді, жорыққа аттануға төрт жүзге таяу курсант тұтас қалағанын білдірді. Командир тағы айқай салды.
— Азаматтың борышты ынта-жігермен атқаратындарыңа адал ниеттерің толық айғақ. Рахмет, юнкерлер! Енді әрбір төртінші адам төрт адым ілгері аттаңдар!
Төрт адым ілгері аттаған жүз курсантты казармаға жіберді де, Әзмұратов үш жүздікке жорық жарлығын берді.
— Жолға жиналуға жарты сағат уақыт. Кавалериялыққару, отыз оқ, екі тәулікке шақталған құрғақ тамақ аласыңдар! Міндет жол-жөнөкей белгіленеді. Марш!
Жарты сағаттан кейін войсковой старшина ат үстінде сапқа тізілген юнкерлерге жүз басыларының фамилиясын атады. Сонсоң:
— Алыс сапарға шығарда сендерге ізгі ниетті ақ батасын беру үшін, бас имам хазірет Қуанайдың өсиетін еғландау үшін хазірет дәрежелі полковой молла Хайырша қази сөз сөйлейді. Жүздік бастарыңды көтеpiп хұп тыңда! — деп айқай салды.
Әрікез көп алдында сөз сөйлеу үшін құрылған алаңдағы мінбеге Хайырша көтеріле берді. «Хазірет дәрежелі» қазидің тап сол минутта көз алдына өмір бақи ел кезген ізгі пірәдәр Құтқожаның кеше ғана: «заман ахир әуезі енді, оны ұлуғ Хивадағы Қара әулие құлақ тұтып есітті» дегені, бас имам Қуанай хазіреттің Қоспа мешітіндегі уағазы көз алдына келіп көңлін елжіретіп жіберді білем, сөзін мұқамды тұнжыр үнмен бастады, көзін көкке көтере түсті, барлық жан-тәнімен тілек-дұғаға беріле күңіренді.
— Уа, қасіретті мұсылман ұғлы, бір хұданың ғазапты құлы, хақ пайғамбардың ғарип үммәті, құлақ ұста! Хақ кәламды тыңда! Хақ дінді дәріпте! Хақ жолға бас и! — деп тына қалған жандардың жүзіне бір қарап алып, қази қайтадан көкке бақты...
Тыпыршыған аттың жер тарпып, пысқырынып, тынымсыз қозғалып қази даусын шала есіттіргеніне қарамастан үйи қалған атты әскердің екі көзі молдада, екі құлағы үнде болады. Оның үстіндегі ұзын ақ мұнара шапаны, соған лайықтағандай шошақ пәс малақайға ораған бастағы ұзын сәлдесі, қолындағы аң балдақты ұзын асасы, бір мінбеде бір өзі тұрған келбетін ұзартып жіберді, жерден әлдеқайда жоғары тұрған бойлы, сындарлы, шаң тимесе таза, о дүниеден келген бір әулие тәрізді әсер етті. Дөңгеленген қара сақалы мен таспадай қап-қара мұрты ақ сәлдеге бағдарлап қойғандай, молданың көздері мен қастары шымқай қара көрінді.
«Шығыс пен батыстан Яһжуж бен Маһжуждың шығатынын жер жүзіне пітна толатынын, адамның азатының тек қана мешітке паналаған мұсылман пенденің аман қалатынын» Хайырша қази бас имамнан да асыра сөйледі, бас имамнан әлдеқайда күшті мұқамды үнмен үрейді ұшыра түсті...
Аяғында ол:
— Хұданың бірлігі, пайғамбардың хақтығы, кәлем шарифтың пәктігі үшін талай ерлер қан майданға аттанды. Дін үшін, қара қазан, сары баланың қамы үшін талай жандар шаһит болды. Халқы үшін талай азаматтар қаһармандық іске бел буды. Енді мына тар заманда зұлымдар зұлымдық жолға шықты. Азғын ағуамен қоректенгендер асылды мыс етуге — дін мен ғаділетті аяқ астына салып таптауға аттанды. Халқы қалаған хәкімдерге ел ардақтаған дана азаматтарға қол көтерген күнәһғарлардың күнәсі кешірілмейді. Пайғамбардың ақ туының астына жиналуға үндеген хазіретілерге бағынбаған дінсіздерге жаза — бір ғана өлім. Мәсжидтен тыс өлім. Қауымнан тыс өлім. Қаһар төгіңдер зұлымдарға! Лағнет оқыңдар азғындарға! Кәне, қосылыңдар салауатқа!..
Үш жүз аттылы хан салауатын күңірентті:
Салла-аллаһи Нәбиге
Ас-ха-била-ри Ға-лиге
Басшы бол-ған біз-лер-ге
Аза-матқа қыл дұға!
Жанын қиған жұрт үшін
Сарп қылған бар күшін
Аза-мат-қа қыл дұға!
Қази көкке қолын жайып:
— Бір тәңірге қыл дұға! — деп бетін сипады.
— Бір тәңірге қыл дұға! — деп дүр етті.
Сонсоң Хайырша жүзін төмен түсіріп бір сәт тұрып қалды. Отряд та үнсіз төмен қарады. Бір мезгіл кенет басын көтеріп алған Хайырша, асасын Арқа бетке меңзеп, көкжиекке қадай нұсқады, алысқа нұсқады...
— Екіден сапқа тізіл, жүздік! — деген Әзмұратовтың жарлық-командасы шықты.
Аздан кейін:
— ...Марш! — деген бұйрық жалғасты.
Әзмұратов отряды жорыққа шықты. Оны бастаушы офицер Абылаев алдағы Әзмұратовтың нөкеріне қосылды.
3
Не күшті — дүрмекті топ күшті. Топтың дүрмегі кейде болмашы ғана нәрседен де басталып кетеді. Суға кептеліп тұрған қалың қойдың ішінен бір еркек тоқты қарғып кетсе болды, ізінше топырлаған қоралы қой өзенге лап қояды; дүрмектелген топты тоқтатып болмайды, шырмауы жазылған арқандай ол ендеп жүзіп жүре береді, екінші жағаға жеткенше құлақ тұндырарлық у-шуы мол тоғыт топыры басталады. Еркек қозының батылдығы мен батырлығын дәріптеуге келгенмен дәлелдеуге келмейтін өжеттік, адам дүрмегі де кейде осыған ұқсас. Ақылға бой бермей кетеді.
Жасақшылар комитеті: «Теңдік туын ұстаған Әйтиев отрядына қосыламыз» деп кесіп-пішті. Бұл еріксіз құралған жасақшылардың көптен көксеген бір бұлдыр арманының ап-айқын көзге елестеген шешімі еді. Бірақ...
Бір ғана адам бұл төте жолды бөгетті арнаға бұрып жіберді. Ал қалың топ соның соңынан лап қойды.
— Қашып кеткен басшыларды жүндемей ешкімге де қосылмаймын. Алдымен Ойылды ойрандаймын. Ондағы жігіттерді қосып аламын. Сонсоң... Сонсоң Ақбұлаққа аттанамын. Маған еретіндерің шығыңдар бермен! — деп айқай салды Мәмбет, бірнеше күн дүрліккен топқа.
— Ереміз. Тұтас ереміз! — деп шу етті топ.
Комитет бастығы Батырбек үндемей қалды. Олжұрттың Ораз соңынан кететініне көзі жетіп екі-ұшты пікірге иек сүйеді.
— Ойыл сапары ойландыратын сапар. Өйткені онда бірталай жасақшылар бар, жас офицерлер мектебінде оқып жатқан жігіттер бар. Оларды ерітсек — мақсат орындалар еді. Ал, бұл жол, алдымен бір бүйір. Ойыл қаласының бұл жерден жүз елу шақырым екенін бәрің де білесің. Темір демей-аққояйын, Ақбұлаққа, тіпті Шыңғырлау басына тура беттесек, Қызыл гвардияның қарасын көріп те қалар едік. Шыңғырлау басы жүз елу шақырымнан артық емес, — деді Батырбек.
Ол қалайда Ақбұлаққа тура жүру керек деп ашып айтпады. Жұрт үндемеді. Көп Мәмбеттің өктем сөзіне бас ұрып: «Мақұл! Ереміз!» деген бетінде қалды. Жасақшылардың арасында көріне қоймаған, біраз күннен бері шекпең, шинель үлестіретін ғана писарьлік қызметіндегі Ораз сөйлеудің де мәнісін таппады, сөйлемей қалуға да шыдамады. «Әттеген-ай, осындай жерде тәжірибелі белгілі басшылардың бірі болса ше! Жұмбақ жүрісті, салқын жүзді Мырзағалиев бір көрінді де жоқ болды. Басқаратын көреген адам болмаған соң осылай болады» деп ойлады ол. Аздан кейін:
— Ал, жігіттер, сонымен Ойылға жүреміз ғой, — деп Батырбек Орақовқа қарады.
Бұл әдейілеп жиналған митинг емес, екі-үш күннен бері дүбілген жасақшылардың өзінен-өзі жиналып қалатын казарма алдындағы топтануы ғана болатын. Мәмбеттің сөзінен кейін өз пікірін айтуға жасқанды ма, әлде басқа бір себеп болды ма, Батырбектің «сен не дейсің?» деген үнсіз сұрағына Орақов та тіл қатпады, ол әлденені есіне түсіре алмай тұрған жанша төмен қарап желкесін қаси берді. Ораз қозғала түсті. Ол, Батырбектің арт жағында тұр еді. «Менен сұрамас па екен» деген адамша жылжып оның алдына шықты. Бірақ Батырбек оған мойын бұратын болмады.
— Бұл қалай болды? — деді Ораз оған.
Батырбек жалт қарады да, «қайдан білейін» дегендей дағдарған пішін байқатты.
— Ағайындар! — деді Ораз қолын көтеріп, топты өзіне қаратуға тырысып. — Туысқандар! Жасақшылар комитетінің тоқтамы Әйтиев отрядына қосылу. Буран ешбір жан қарсы емес. Солай ма?..
Жұрт үндемей қалды.
— ...Ал, «Ойылға аттану — бір үйір», — деді Батырбек Әлжанов. Бұл дәл сөз. Бір бүйір ғана емес, бұл қауіпті жол. Неге дейсіз ғой? Біз алдымен өз бойымызға қарауымыз керек. Біз әзірше әлсізбіз. Әлдену үшін, жорыққа үйрену үшін, тіпті қолма-қол ұрысатын жер келсе, жаумен жағаласа түсуге дайын болу үшін бізге Әйтиев отрядына жетіп буынымызды бекіту қажет. Яки ұрыс өнеріне үйрене беруіміз керек. Бұл бір. Екінші сөз мынау: мына уалаяттың сорпаға шығарының бәрі қазір Ойылда, Жаншаң да Ойылға қашып кетті, Ароның да сонда, штаб офицерлері мен басшы командирлер де солай жосыды. Ана үйшікте қазір Толстов дейтін генерал күш жинап жатқан көрінеді, ал мына Текедегі наказной атаманның ғаскері үй іргесінде тұр. Осы екі жақтағы бас кесер генералдарға Жанша хабарбермеді деп ойлайсыңдар ма? Әлбетте берді. Олар мүмкін бізге қарсы атты казак жүздіктерін шығарған да болар. Сонсоң... — Ораз жан-жағын қарап алды. Жұрттың құлақ салып тыңдай қалғанын көріп, даусын үдете түсті. — Сонсоң, жігіттер, мынаны естен шығармау керек. Ойылда офицер мектебі бар. Олар уалаяттың сөзін сөйлей ме, біздің сөзімізді сөйлей ме? Бұған көз жеткізу қиын. Осыны естен шығармау шарт...
— Сонда не істеу керек, шешен жігіт? — деді Жолмұқан кекесінді үнмен қабағын керіп, басын шалқайта түсіп.
— ...Өзіміздің қазақ жігіттерінің басын қосқан, теңдік туын көтерген жерге тура тартуымыз керек...
— Мен өзім, өз туымды көтеремін. Ойылыңа да бармаймын. Ақбұлағыңа да бармаймын. Осы мына Өлеңтіде боламын, — деді Жолмұқан.
Сөйтті де, кері шегініп, топтан шығуға бет алды.
— Ондағы уалаятың мұндағы уалаятыңнан мықты емес, төрт жүз жігітке қарсы қол көтеретін күш қайдан бітті, Жаншаға! Ойылды бір күннің ішінде өзімізге қаратамыз. Айтқаным айтқан. Еретіндерің шығыңдар, былай, — деп дүңк етті Мәмбет.
Ол да бөлініп топ ішінен шығуға айналды.
— Айтқанымыз айтқан, ереміз!
— Тұтас ереміз!..
— Ойылға аттанамыз. Баста, Мәке! — деп шулады жасақшылар жамырап.
Жорықтың беті айқындала берді. Ойылға беттеді. Ораз пәтеріне тұнжыр қайтты. «Әттеген-ай, Әбекең болса бұлай болмас еді. Меңдігерей де жоқ. Қатерлі жол. Жан-жақтан жау қоршап алуы мүмкін...» — деп ойлады жас Ораз.
— Мені түнеугүні сіз іздеп келіп едіңіз, енді мен іздеп келдім. Мұның екеуінің себебі бір-бір адамның төңірегінде, — деді Нұрым Мүкараманың кішкене бөлмесіне кіріп отырғаннан кейін.
Басында Нұрымның келуіне таңданып «ұялшақ мінезді жан, қалайша келді екен? Менен көре көзге қысылып жүреді», — деп ойлап, қыз оған тесіле қарап қалып еді, енді елегізе түсті.
— Әлде бір хабар әкелдіңіз бе... Хакімнен хат алдыңыз ба? — деді сәл ғана езу тартып.
«Бірінші рет езу тартқаны! Баяғының күлмес .ханы сияқты нағыз күлмес қыз. Біздің қазақ қыздары болса күйеуін сұрау түгіл, оның атын атауға да ұялар еді», — деп, әлденеге риза болған пішінмен Нұрым күліп жіберді.
— Неге күлесіз? — деді Мүкарама кенет, түсін өзгерте қалып, — айтыңыз тезірек.
Тап бірінші көргендегідей Нұрым тағы да қысылып қалды. Ол қызды ренжітіп аламын ба деп састы.
— Менің күлкім, лөктыр... — деп қалып ол, жалма-жан жөндеп кетті. — Менің күлкім, доктор, сестра, мағынасыз күлкі. Ойыма басқа бір зат түсіп кетті, мүлде басқа нәрсе. Ал, менің іздеп келгенім сізбен ақтық рет көрісіп, қоштасу...
— Қалай? Сіз басқа жаққа кетесіз бе? — деп қыз үрейлене қалды.
— Жалғыз мен емес, барлық жасақшылар.
— Соғысқа жібере ме?
— Соғысқа жібереміз деген жарлыққа қарсы бас көтердік қой, есіттіңіз бе?
— Есіттім. Бірақ түсінбедім. Уәли абзи әлде не сөздер сөйлеп кетті, қазақ жігіттері соғысқа барып көрмеген, соғыстан қашып бытырап жатыр дейді. Мен нанбадым.
— Соғыстан қашатынымыз, рас. Бірақ өз билігімізді өзіміз алуға бас тігісуге де барамыз.
— Ол қалай? — деді қыз түсінбей қалып.
— Бостандық алуға бар күшті жұмсау деген сөз. Керек болса басымыз да құрбан.
— Молодцы! — деді Мүкарама.
— Қолыңызды беріңіз!
Нұрым сасып қалды. «Қол бергені қалай? Болашақ Хакімнің келіншегінің қолын алмақ па? Қайнағасы...»
— Сіз қол беруге қорқасыз ба?
— Жоқ, жоқ, әншейін, — деп Нұрым ұшып түрегеліп, қыздың ұсынған қолын алды.
Нұрымның үлкен қолын баланың саусағындай жұп-жұмсақ және нәп-нәзік ақ саусақтарымен Мүкарама қысып-қысып қойды. Сонсоң Нұрымның қызыл күрең тарта бастаған жүзіне тесіле қарап:
— Нағыз жігіт!.. Ер жігіттер! Хакім маған айтқан: бостандықты өз күшімізбен аламыз, бізге теңдікті ешкім бермейді, деп. Мен, міне, жаңа білдім кім екеніңізді, сізді де, сіздің серіктеріңізді де...
Қыздың жүзі жайнап кетті: оның әлденеге қадалып едірейе қалатын кірпіктері жұп-жұмсақ шырайға бөленген сұлу бетпен бірге балқып кеткен тәрізді; жаңағы бірде үрей, бірде қату пішін жүгірген нағыз қара қоңыр көздің өзгергіш жанарынан енді ұшқынды бір шұғыла төгіліп тұрғандй көрінді.
Қыз қолын кері тартып алып, енді алақанын шапалақтай бастады.
— Сіз де мақұлдайды екенсіз... — деп күмілжіді Нұрым. — Рақмет. Көп рақмет!
— Мақұлдамай бола ма мұндай ерлік істі! Әлденені ойлап қыз мүдіріп қалды да, сонсоң: — Мен мүмкін жұрттың бәрінен бұрын мақұлдармын, өйткені менің туған қалам қанды майдан астында, ең жақсы көретін адамдарыммен көрісуге зармын. Бүгін ұзақ күн Оралды ойлаумен болдым... Ондағы адамдарды сағындым, — деді.
Нұрымның аузына кенет «бірге жүр, бізбен бірге жүр деп айтсам қайтеді?» деген сөз келіп қалды да, оны «мына уылжыған Мүкараманы еркек қойдай бөлінген жасақшылардың арасына шақыру күпірлік болар. Салдыр-күлдір әскердің жүрісіне қыз түгіл еркек лөктыр да көне алмас» деген қарсы ой бөгеді. Ол тек жай-мәністі ашық айтып кетуді мақұл тапты.
— Осындай тәуекелге бел байлап, сапарға шығуды ұйғарды жігіттер. Жолымыз болса басқа қаладағы қазақ азаматтарына қосыламыз. Сондықтан жүрер алдында сізбен амандасып кетейін деп келдім.
— Қай қалаға жүрмек болып ұйғардыңыз? Оралға емес пе?
— Жоқ, Текеге емес. Теке өзіңіз айтқан соғыстың астында. Біз Ақтөбеге қарай жүреміз, басқарып жүрген азаматтар Темір қаласына барамыз дейді. Бұл құпия іс. Құпия болғанмен сізден жасыруға болмайды. Менің інім қазір сол жақта. Әйтиевтің отрядында. Әйтиев деген қазақ халқын теңдікке жеткіземін деп жүрген ардақты адамымыз...
— Алақай, мен де кетемін, сіздермен бірге кетемін. Ура! Әскермен бірге дәрігерлік қызметке! — деді Мукарама жас балаша секіріп.
— Шын айтасыз ба? — деді Нұрым, қуанарын да, қуанбасын да білмей әрі-сәрі пішінмен. — Сізге қиын болар. Өңкей әскер адамның арасында жол бейнетін шегу...
— Менің ең арманым осындай әскерге еру, соғап көмек беру, жаралысының жарасын байлау, ауырғанының қасында болып дәрі беру. Қалайша қиын дейсіз? Сестра болғаннан кейін, әсіресе хирургия сестрасына әскерден қалуға бола ма? Сонсоң, сіздермен бірге менің де ең қымбатты көретін жақындарыма жету керек емес пе? Әлде мына ақыраған Жымпитыдан айрылма дейсіз бе? Нұрым енді кедергі келмес жағын көздеді. Қыздың ниетінен қайтпайтынын анық түсінді.
— Сізді доктор Шұғылов жібермес. Сол кісінің қарауындасыз ғой. Ол және Жаншаны қолдайтын адам.
— Доктор Шұғылов қазір Орал қаласында. Науқастанып сондағы докторларға қаралу үшін кетті, бүгін бесінші күн. Кеше хабар келді, ауруханаға салған ол кісіні. Сонсоң мен ол кісімен ақылдаспаймын, өз еркім өзімде.
— Олай болса жақсы. Мен Жоламановқа айтайын — сіз бірге жүреді деп.
— Айтыңыз. Мен қазірден бастап жолға шығуға әзірленемін. Керекті дәрі-дәрмек, жара байлайтын материалдардың бәрін даяр етемін. Кухня бар ма?
— Айтқандай аспазшы әйел бар. Тамақ пісіретін құрал-сайман және басқа жабдықтар бар. Бірнеше көлік.
— Тамаша. Мен сол обозда боламын. Менің затым да бір көлікке жүк... Құрал-сайман, байлау материалдары, дәрі-дәрмек толып жатыр...
— Онда жақсы. Бірге жүретін болдық. Қоштаспайтын болдық.
— Бірге жүреміз. Бірге сапарға шығамыз...
Нұрым басын изеп, үйден шыға жөнелді. Мүкараманың мына иесіз қалада жалғыз қалып қоймай сапарға бірге шыққаны үлкен бақыт сияқты көрінді.
Нұрым үйден шығысымен қыз балаша секірді — алақайлап қол шапалақтады; жүгіріп жүріп терезені шалқасынан ашып тастады; кровать астынан қол чемоданын суырып алып дүниесін түгендеді, киім-кешегін жинастырды, әлденені іздеп үйдің астын үстіне шығарды. Салдыраған дыбысқа сырттан жүгіріп кірген Майсараны Мүкарама құшақтай алды.
— Апа, мен жүремін. Оралға жүремін. Орал емес Жайық бойына... Орынбор жаққа, — деп аптықты қыз. — Көп адам, полкпен бірге...
— Ей алласы, — деді әйел аң-таң қалып. — Терезе шатырлап, кровать шартылдағанға не болды шол деп есім китсе, үйге баруға қуанасын икән. Яри, алай иса яри. Жолың болсын.
— ...Aпa, хош тұр. Cay бол!..
— Қазір ғана йұрасің міни?
— Қазір, апа, қазір. Полк походқа жиналды деп әлгі Жұнысов мырза хабарлап кетті.
— Қашан қайтасың, сіңлім?
Мүкарама қалт тұрып қалды. Бұл сұрақ оған тосын сұрақ болды. «Қашан қайтады? Енді қайтып келе ме? Неге келеді? Оралда болмай ма? Туған қаласында болмай ма?» Қыз басын шайқады, білмеймін деген ишарат көрсетті.
— Ей, алласы! Алай иса, жолға күмәш салайын...
Әйел қыздың жолына «барым-әзірім» даярлауға кірісті. Ал, Мүкарама дүниесін жинастырып отырып «үй» ойына сүңгіді...
... Қаланың іші-сырты әскер. Көше сайын қарауыл солдат, атты пикет. Бар жұрт қару ұстаған. Қару жоғы қолына кетпен алған. Жер қазған, топырақ тасыған, бөрене сүйреген, құм толтырып, қапшың арқалаған жандар. Қыбыр-қыбыр. Үйге қалай бармақшы!? Барғанда не істемекші!? Жоқ, мұның бәрі өзгереді...
...Тізілген атты әскер. Сансыз әскер! Ұшы-қиыры жоқ әскер! Қаптап келе жатыр. Оралды алуға келе жатыр. Көптің алдында Хакім келе жатыр. Атамандар ығысып, Шағаннан әрі жылжып барады. Хакімдер көпірден өтіп жалаң қылыш көтеріп шауып бара жатыр... Көпір аузында тірелген обоз: зеңбірек сүйреген, жалау байлаған жорық кухнясын артқан, азық-түлік тиеген обоз... Обоз алдында шинельді, ақ беретті, ақ сумкалы Мүкарама... Үлкен жиналыс. Хакім мінбеде сөз сөйлеп тұр. Жұрт жамырай тыңдаған. Ду қол шапалақ. Хакімді көтеріп алып бара жатыр, губернатор үйіне апара жатыр...
4
Қалың жасақшы ақыры бір бүйір, алыс сапарға маңдай түзеді.
Күздің ызғыған бір қоңыр күні еді. Етек-жеңді жаздырмайтын ертеңгі суық леп сәске түсте жұмсара бастады. Күн көзі көрінбесе де аспан да қылаң тартып, кәрі қабағы қыртысын жаза түскендей болды. Бүгежектеген кейбір қоңсыз ат пен жалаң шинельді жігіттердің де бойы жазыла бастады. Алдыңғы топ қаланың шетіне жетті, алдымен қозғалған обоз Қызылүйден әрі асып та кетті. Біріндеп шұбап, іркіле топтанып, тәртіпсіз түрде аяқ-бүлкілмен әскер дені аурухана мен мектептің аралығындағы алаңға ойысты. Сол жерде бас қосып, үлкен жолға тастай түйініп, қол тәртібімен жүздік-жүздік болып бөлініп аттанбақшы еді. Бірінші жүздік бел асқанша, келесі жүздік сап түземек, онан кейін үшінші жүздік аттанбақ, аралары бір көрінім жер болуға тиісті. Өйткені жол шаңын көтермей, әлдеқалай іркілген жасақшы болса, оның өкшесін баспай кең жүріс, еркін тыныспен аяңдауға бас командирдің атынан Жоламанов жарлық жариялап еді. Бірінші жүздікті Мәмбеттің өзі, екіншісін — Орақов, үшіншісін — Жоламанов басқармақ болды. Нұрым соңғы жүздікте — Орақовтың қарамағында қалды да, алдыңғы лектер жөнеп үлгергенше ауруханадағы Мүкарамаға келді. Ол қыз жайын басшыларға бірден жарияламай, «шын бел байлап шыққан кезде ғана» айтпақшы болған. Бұған «әлде де Мүкарамамен кеңірек сөйлесейін, көппен бірге аттанған жорық жолы әйел балаға ауыр соғар. Мүмкін Әбдірахман отрядына қосылғаннан кейін тіпті Хакімнің өзі келер, өзі келмесе лөктыр қызды алып кетуге мен қайтып оралармын» деген екінші ой себеп болып еді. Бірақ бұл ойын Мүкарама ортаға салуға келтірмеді.
— Ат-арба қайда? — деді қыз оның алдынан жүгіріп шығып. — Әлде салт жүргізуге ұйғардыңыз ба?
Нұрым тағы да сасып қалды.
— Мен сізбен ақылдасайын деп едім, — деді ол сүріне сөйлеп. — Бұл сапар аса қиын сапар...
— Біз сізбен қиындық жайлы емес, қалайда жүру жайлы уәделескенбіз.
Қарсы жауаптың жолы біржола кесілді. «Апырмай салдырлаған арбамен бұрқыраған шаңның астында, гуілдеген көп еркектің ішінде қайтып күн көреді? Жолда қайда түсіп, қай жерге қонбақшы? Қаптаған қалың қолмен бірге күн-түн қатып жүруге шыдай ма? Уыздай қызды кім бақпақ? Кім басы-көзі болмақ? Сапар ұзаққа созылса ше? Алдан жау қамалы кездессе не болмақ?»... деген уайымды ой келді оған. Бірақ бұл ойын қыз тыңдайтын көрінбеді.
— Мен ат-арба туралы ойлаған жоқ едім... — деді Нұрым, айтар сөзін жұтып қалып.
— Онда салт жүруге де дайынмын. Мен атқа мініп жүре аламын. Минхайдар абый кішкене кезімде атқа салт жүруді үйреткен. Ол кезде біздің үйде бірнеше рысак бар еді. Жұма сайын салт мініп «Хан орманына» серуен жасайтынбыз. Бір жылы абый екеуміз Каменкаға салт атпен барып қайттық, — деді Мүкарама өзінің атпен жүре алатынын әбден дәлелдеп.
Өзі де атқа салт мінуге дап-дайын: аяғына қызыл сақтиян етік, үстіне қамзол, басына татар бөрік киген. Оның үстіне жүзі бейне баланың жүзіндей шаттық шырайға бөлене түскен. Үстіндегі ықшам киім қазақтың көш басын жетелейтін сылқым қыздарына ұқсатып тұр, басындағы дөңгелек құндыз бөрік те бұрынғы сопақша бетін бүгін дөңгелентіп көрсетіп, қасы мен қабағын да қоңырайтып, ақшыл жүзді қара торыға айналдырған сияқты.
— Жоқ, жоқ. Мен қазір ат-арба әкелемін, табамын. Салт жүруге болмайды, — деп Нұрым жалма-жан кері шегінді.
Мүкарама оған тіктеп қарады. Оның абыржығанын түсінсе де түсінбеуге тырысты. Ол енді ілік таға сөйледі.
— Мен сізді, Жұнысов, бәрін әзір етті деп ойлап едім. Және көп күттім. Өзім ертемен келдім ауруханаға. Жолға керек дәрі-дәрмекті жәшікке салып шегелеттім. Жол киімін кеше кешке дайындап қойғанмын. Сіз маған амандаса келген адамша сөйлейсіз, — деп Мукарама қабағын шытты.
— Қазір, қазір әкелемін ат-арбаны... — деді Нұрым.
Ол тез атына міне сала, кері Жоламановқа шапты.
Жұнысовтың:
— Доктор қыз бізге ереді. Ат-арба керек... Дәрі-дәрмек салуға керек, — деп ентіге хабар бергенін командир таңырқап тыңдаған жоқ.
— Обозға мінгіз. Дәрі-дәрмегін дұрыстап орналастыр. Керек тастың ауырлығы жоқ. Ертең бас ауырып, балтыр сыздаса оз докторымыз болады, — деп ол жарлық етті.
Командирдің бұл жарлығына Нұрым іштей риза болмаса да, қайырып жауап айтпады. Оның бар күдігі:
«Мүкарама ана обозға отыруға көнбес. Көнбесе жігіттердің бірін арбаға қондырып, атын алып берермін» деген тоқтам еді. Бірақ Мүкарама ләм-мим деместен:
— Қай арбаға? — деп қана сұрады.
Нұрым оны бір әдемі тарантасқа отырғызды. Тарантарастың жүгін басқа арбаларға бөліп салып, қызды дәрі-дәрімегімен бірге жеке орналастырып:
— Докторды жаяу жүргізуші болмаңдар. Бұйрық солай, — деп тапсырды обоз бастығына.
Обаз бастығы оған қарсы болған жоқ. «Дәрігер қыз менің обозыма да көрік» деген адамша маңғаздана қарады.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Айдалада бір қара...
Жалпақ дала, ұзын жол. Әскер жүріп келеді. Кешеден бері Нұрымды талай уайымды ой да қоршап еді. «Елденаулақ, жерден аулақ, әке-шешеден аулақ, әзілді құрбы, назды замандастан аулақ кеттік. Алда не күтіп тұр. Жер де, ел де таныс емес, сапар да ойда жоқ жерден киліккен сапар. Қиыр шет, күдікті жол». Бірақ ол дүбірлі жорықтың дүрмегімен, әлденеге аңсап ұмтылған көптің ден ортасында бірде әңгімеге, бірде жігіттерінің қону-түстену қамына кірісіп кетіп, ой шырмауынан тез арыла берді. Самиян сары даланың алысқа жетектеп, көңілді сергітетін салқар сипаты демдей берді. Еркіндеп жорыта алмайтын тығырық көше өлшеусіз жазыққа ауысты; тынысты буатын көпшілік казарма кеңшілік мұхитына ауысты. Төбеде түпсіз аспан, төрт жағың көз жетпес маң дала. Айдала. Алыстан көрінген адыр «асып түссем» дегізеді. Даланың төрінде тұрған төбелер «басыңа шықсам» дегізеді.
Еңку, еңку жер шалмай,
Ерулі атқа ер салмай
Ерлердің ісі бітер ме! —
дегізеді.
Мұны Нұрым Махамбет ақынның өлеңін жатқа білетін Ығылманнан естіп еді. Қазір соны айтып ерні жыбыр-жыбыр етеді. Бір кез оның жанында жау қамалына іркілмей кіретін қайратты долы жандар қаумалап келе жатқандай болады, айналасындағылардың бәрі батыр болып көрінеді. Кескілесіп жан беріспей ат маңдайын бұрмайтын өңшең бөрі құлақ дөң санап, сай аттап жортып келе жатқандай болады. Ат үстінде тақымын жинай алмайтын, кең етек, жалпақ бөрік, жалп-жалп желетін жамантайлар емес, сұр шекпенді, ықшам белді; ат үстінен тұрып оңды-солды оқ атуға жарайтын оңтайлы жауынгерлер! Қылыш соғып, қасарыса шабыса алатын бес қарулы берік топ саулап келеді! Бәрі қымбат, бәрі дос!
Бәрінен де асыл, аяулы жан бар осы топтың ішінде. Ол бейне бір сыңарынан көз жазып қалған ор киік сынды.
Әлденеге сенген, әлдене бір кіршіксіз арманның құшағында келе жатқан періште сынды ару! Көп ердің, түсі суық, жүзі күңгірт өжет жандардың арасында тотыша таранған жан. Көрмеген жерді басып, ішпеген суды татып, қабағы қату, жүзі кірбің жат жандардың ортасында тәуекелге бел байлаған балғын қыз... татар қызы Мүкарама келеді!
Мүкарамаға бұл сұр шинелді суық өңді адамдар жат емес. Бәрі өзінің шарапатынан бөленген, айтқанын істеп, қасы мен қабағына қараған сәбидей, Мукарама бұлардың құтқарушысы сынды.
— Біздің доктор қыз, — дейді оның арбасын көрсетіп қоңыр домалақ жігіттер.
— Лөктыр қызға байлатып ал қолыңды, — деседі әлдеқалай саусағын жаралап алған жауынгер болса.
Бұл Нұрымның кеудесіне ерекше сезім құяды, ала-бөле мақтаныш! Ол мына жұрттың құтқарушы «лөктыр қызымен» жете таныс, таныс қана емес, оның жақын-туысындай адамы. Оның керегін тауып, сұрағанын әкеліп беруге әзір. Өзінің он жігітін әдейі обозға жақын ұстаудың қамын көздейді, басқалар ілгері кетсе, ол кері шегініп кешеуілдей береді, обозды тосып алады. Ал, обоз ілгері асса оны тақымдап ілесе кетеді. Тамақ жабдығын тиеген, жорық қазаны қайнаған, ортасында лөктыр қызы бар обозды әскер қоршалап жүріп келеді. Әлден уақытта айдалада бір қара көрінді.
— Бейсауат аттылы келе жатыр!..
— Солдат білем!
— Жай қазақ шығар, — деп елегізе қол шошайтып, алыстағы белге көз шүйген шеттегі жасақшылардың сөзі топ ортасына қарай жылжыды.
Аздан кейін әскер, ай қарағандай алысқа тегіс көз тікті. Алда қара қырқа көрініп еді, қара жол сол қырқаның белін басып әрі құлап жатқан. Аттылы жолдан бір бүйір, қырқаның батыс жақ етегімен ойыса жүріп іселеді. Мұның әскери адам екені ашыла түсті: киімі сыптығыр, атқа отырысы шошақтау және иығында мылтығы бары байқалады.
— Аң қуған біреу шығар, — десті бірқатары.
— Жалғыздан-жалғыз, мына маң далада неткен аңшылық, — деп қалды Нұрым, әлденеден күдіктенгендей қабағын түйіп.
Аттылы бұл кезде ат маңдайын бұра бастады — әскердің жолын орай, көлденеңнен қосылуға бет алғандай. Аздан кейін суыт жүрісті жан екенін байқатып, бірде текіректеп, бірде сары желіске басты, тезірек Кауысуға асыққандай бой көрсетті.
— Нұрым, қасыңа бір жігітіңді ал да, кім болса да жалғыз атты жолаушының жолын кес. Әскери адам болса — оны көр. Өзіңнен жөн сұраса маған алып кел, — деді Жоламанов қасында келе жатқан жыршыға.
Жүз басы аттылының бір бүйірден бой көрсеткенімен«өкше арты Ойыл шығар» деп жорыды. Аз жүргеннен кейін ол жолаушының шапқыншы елбетті нағыз әскери жан екенін көрді. Шинельді, беліне қылыш байлаған және офицер формалы сияқтанды, Нұрымға ол честь беріп қалғанға да ұсады? Бұл кім ? Ойыл басшылары жіберген адам емес пе? Не деп жібереді? Әлде... жолымызды барлап, бағытымызды байқағалы жүрген шолғыншы ма? Онда бұл арам ниетпен келген жан болады ғой...»
Жоламановтың ойын басқа басшылар да ойлады ма кім білсін, ілгерірек кеткен Орақовтың жүздігінен «Кім екен?» деген сұраққа жауап алушы жасақшы жол тосты. Үшінші жүздік оған жеткенше көлденең кездескен тосын аттылыны Нұрым Жоламановқа жолықтырды.
Аттылы оңтайлы, етті ғана келген, қара мұртты, қырыстай қара жігіт екен. Екі көзі қарағанға батыл қадалатын, өткір жүзді көрінді.
— Оң сапар болсын, азаматтар! — деді ол Жоламановқа честь бергендей құлақ қағып қалып, бірақ сөзін көпке меңзеп.
Өзі шоғырлана қалған топ жігітті жіті көзімен бір шолып өтіп командирдің лебізін күтті.
Ағайынды Әлібековтерге жақын, соларды үлгілі аға тұтып өскен Жоламанов қазақ жігіттердің қатал тәртіппен үйретуге басынан-аққас еді. Ол тентек Жолмұқанның оғаш мінездері мен уставқа жатпайтын қылықтарын «қалай-солай қараумен» келген-ді. Сол үшін оны штаб басшылары орнынан алып, солдат қатарына қосты. Ал, бұл жазаны орындар күні «үлкен бүлік» туды да, ол қызғыштай қорғап келген қоңыр жүзді момақан жігіттерін теңдік жорығына өзі бастауға бел байлаған болатын. Мәмбет көпке беделді болғанымен ақылға салып іс істеуден гөрі жапырып жүруді жаны сүйетін ер. Бұл мінезі Жоламановқа қарама-қарсы мінез — ойлауға жол қалдырмайтын шартта-шұрт құлықты. Сондықтан бұл келген адамның кім екенін, не пиғылы барын Жоламанов алда кеткен Мәмбетке хабар бермей тұрып ашып алмақшы болды. Ол «бұл тегін адам емес» деген күдікті ойға келді.
— Иә, өзіңізге де оң сапар болсын, азамат. Түзде тұз жаласпай тіл шешілмейді деуші еді біздің елдің кәриелері. Әйтсе де жөн сұрасу шет емес, — деді Жоламанов сазарыңқы пішінмен.
Жолаушы оған назарын аудара қоймай, өзімен-өзі болып кетті: аттан секіріп түсіп, тізгінін ер қасына ілді, шылбырын босатып қолына алды да атының мойнынан қақты, жалын бір сипап өтіп кекілін жазды. Қара кер жылқы тұрпатты түріне қарағанда ат сияқты көрініп еді, бірақ арғымаққа шатыс бие екен, Жоламановтың сыншыл көзі оның өресі ұзын, тұрқы биік, тік-бақай, жалаң құйрығын құм жағының белгісі деп тапты. Жұмыр дене, тер қатқан тебінгісіне қарап «алыс сапарға сыр бермейтін баптаған жылқы»- деген ойға келді. Атынан да иесі ой саларлық.
Қарсы жауап қатуға асығарлық түрі жоқ, өз бабымен аман, жұрт тыныш; адамның өзі де, аты да бабында жүрген жандай; қимыл-әрекеті: күндегі ісім осы, ел жүруі керек, — деп тұр. Ол қаумалай қалған қазақ жігіттерін және оның басшысы «кімсің?» деген сұрақпен төніп тұрғанын жаңа ғана сезген жанша ат шылбырын тастай салып басын жоғары көтерді.
— Иә, сапарларың оң болсын, азаматтар. Жақсы лебіз, жарты ырыс, маған да оң сапар тіледіңіз, замандас, рақмет. — Ол Жоламановқа енді ғана тіктеп қарады. — Сапарым оңынан болды деп тұрмын. Өйткені сіздерге тез қауысып, іздегенімді тез таптым. Басшылық етіп келе жатқан... (жолаушы Жоламановтың әскерлік чиніне көз тастап мүдірді) өзіңіз бе, старшина? Аттан түссеңіз, оңашарақ отырып тілдесер едік.
Жоламанов тез жауап қатты. Оған бұл адамның сөз саптауы да, маңғаздана түскен офицерлік мінезі де ұнамады.
— Оңашалап сөйлесіп мына жігіттерден жасырар менде сыр жоқ. Ойымыз ортақ, талабымыз бір, сапарымыз бір біздің, прапорщик мырза. Осы келе жатқан қазақ жігіттерінің бірі басшы, бірі қосшы есебінде, — деді ол қаталдау үнмен.
— Жоқ-жоқ, — деді іле-шала прапорщик. — Құпия сыр бар деген ниет емес, жүз басымен жекелеп жөн сұрасайын дегенім ғой. Сіз жүз басысыз ғой?
— Шамалап тұрсыз.
Прапорщик езу тартты.
— Жол жүрген жанның қабағы қату келеді, әсіресе танымаған адаммен кездескен жайда бұл заңды, өте заңды түйткілдік. Оның үстіне, әділетсіздік зардабын шегіп, ашынған жандардың сіркесі су көтермейді. Әбден түсініп тұрмын, замандас, түйткілдік пен түксиюді... ашу-ыза, кек кернеген жігіттер қара дауылмен тең шығар-ақ, жолындағыны жапырып, жығып, таптап кетуге де дүз жанбас деп ойлап ем баста, қайта азаматтар салмақты, парасатты пішін көрсетті. Турасын айтсам, бұл сапарыңыз ерліктің сапары, жұмдықтың жорығы. Дегеніне жетпей тынбайтын қайсарлығы басым бүл жігіттердің, бастап келе жатқан мына өзіңіздің бұл сапарыңызды ерліктің сапары деу аз, бұл қаһармандық қимыл, қаһармандық сапар...
Көруге шымыр, тығыншықтай бұл қара жігіттің сөзі іркілмей төгілетін жан екені және өте жігерлі, әрі қисынды, шебер сөйлейтіні де байқалып қалды. Жалғыз-ақ Жоламановқа жақпай қалғаны: оның бірден «ерлік, қаһармандық» деп аспандата сөйлегені болды. Жоламанов қабағын шытты, біраққаумалаған жігіттердің көбі аузын ашып қалды.
Бірқатары иек қағысып, шынтақпен түртісіп, «бәле, жігіт екен» дегендей болды.
Прапорщик сөзін соза түсті.
— Мен прапорщикпін, мұны мына погонымнан өздеріңіз де көріп тұрсыз. Прапорщик деген үлкен чин емес және оны мен қалап та алғаным жоқ. Кешегі он алтыншы жылы қазақ баласын окопқа айдағанда, бас көтергеннің бірі болып солардың ішінде кеттім де, орысша оқығаным бар, көптің қамы үшін істеген ісім бар, әйтеуір тылда болсам да, осыны ескерді ме кім білсін, маған, әскерлік атақ берді, иығыма погон тақты, вестовой кіші офицер етті. Сіздердің түйіліңкіреп қарауыңыз да осыдан шығар. «Патшашыл әскер қызметінде болып шен-шекпенге не болған, енді мына батыс уалаятына офицер! Бұл бізге не айтпақшы?!» деп қату қабақ көрсетуіңіз дұп-дұрыс. Алайда, бұл бір көргеннен, жігіттер. Бір көргенде аю да аңның жексұрыны, ал екінші, үшінші көргенде оның адамға қас емесін білесің. Атамыз қазақ, дініміз мұсылман діні, көксегеніміз теңдік, тілегеніміз ел болу, ағайындар. Сондықтан... Сондықтан сіздер әлгі Жымпитыдан шыққан азаматтар болсаңыз арнап айтар сөз бар. Бұл сөз ағайынның сөзі — у ішсең көппен бірге іш, бал жесең бөліп же деген ежелгі елдік сөз..
Нұрым Жоламановқа қарады, ол тыңдайық деген ишарат білдірді.
— Көктен жасақшы жаумағанын да, өкше-артымыз Жымпиты екенін де көріп тұрсыз ғой, мырза!.. — деді Жоламанов салқын лебізді қоңыр үнмен.
Жоламанов іштей түйіле бастады. Прапорщик қаншама сөз кестесін ірікпей жайып, қоршаған жігіттерге «шіркін, көпті көрген, сөзге шебер жан екен» деген ой салса да, жүз басы оның сөзін аңдып, шешіліп әңгімелесуден бас тарту ниетіне көшті. Аз кідірістен кейін ол:
— Мақтауды да, боқтауды да көріп жүрміз, прапорщик мырза. У ішуге де аса құмар емеспіз. Тіпті көп болып ішуге де жігіттер онша емес. Бізге алдымен өзіңіз кімсіз? Жолдастарыңыз бар ма, әлде жалғызбысыз? Соны айтыңыз, — деді.
— Жалғыз емеспін, жүз басы, көп адамның бірімін. Барлаушы есебінде озып кеткен адаммын...
Жұрт ентелей түсті, Жоламанов қадала қарады. Бірақ прапорщик ешкімге жүз бұрмастан:
— ...Егерде атүсті сөйлесетін болсақ, мен де атыма мінейін, — деп шылбырын жинап, ер қасына іле салды да, дік етіп биесіне мініп алды.
— Қанша адамсыздар? Қай жаққа бара жатырсыздар?.. — деп бөгеліп қалды Жоламанов.
Нұрым да, басқалары да құлағын тіге түсті. Біреулер:
— Не дейді, көп адамбыз дей ме?
— Әскер болды ғой онда... — деп күбірлесті.
— Әңгіме былай, жігіттер! — деп прапорщик үзеңгіге шіреніп ер үстінде көтеріле түсті, ақырын тамағын да кенеп алды. — Ойыл қаласында офицерлер дайындайтын юнкер мектебі ашылғанын сіздер естіген шығарсыздар. Сол мектепті бітіріп отырған үш жүз қазақ жігіті, мына тап өздеріңіз сияқты, осыдан үш күн бұрын бас көтерді. Ондағы мақсат: есің барда ел тап деген қазақтың дана сөзін ақыл тұту; күні бүгінге дейін табанының астына басып келген қазақ атамандарының сойылын соғамын деп қырылмай, ойдағы-қырдағымыз бас қосып, өзімізді де, елімізді де аман сақтап қалу. Ол үшін мына сіздердің бет алып шыққан қалың қазақтың ортасы Ақтөбеге, оның арғы жағындағы Ақмешіт пен Қазалыға қол арту — сол жақтағы азаматтарға жалғасу. Осындай ниетпен дүрліге көтеріліп, ішіміздегі ақ казак-орыс офицерлерін айдап шығып, бірқатарын тұтқындап, олардың шашпауын көтермелеп жүрген азғындарды жүгендеп, біз де жолға шықтық. Мен сол жолға шыққан елу адамның барлаушысымын. Олар осыдан он бес-жиырма шақырым жерде ел арасымен келе жатыр. Мен барлаушы ғана емеспін, солардың жіберген елшісімін. Жүз басы айтқандай аспаннан жасақшы жаумаған шығар, сол Жымпитыдан шыққан туысқандар мына сіздер шығар деп топшылап тұрмын...
— Біздер.
— Біздер.
— Жаңылысқан жоқсыз, — деп қалды бірқатар жасақшылар шуылдап.
— Тоқтаңдар, шуламаңдар, — деді Жоламанов жігіттеріне. — Иә, сонсоң?
Сонсоң, осы шамадан кездесерміз. Көп адам көзге түспей кете қоймас деп топшылап едім, болжалым дұрыс шықты.
— Елу адамбыз дейсіз бе? Үш жүз офицердің басқасы қайда қалды? — деп сұрады Жоламанов.
— Басқалары Ойылда... — деді прапорщик.
— Ойылда олар не бітіреді?
— Бізден хабар алғанша сонда бола тұрады.
— Елуіңіз неге шықтыңыз? Елшілікке бірер адам да жетпей ме?
Прапорщик бөгеле түсті де езу тартып:
— Сіз күдіктеніп қалдыңыз. Мен мұны бастан-ақ байқадым. Бұл заңды күдіктену. Әскери адам айнала ойлап, не мәселе болса да ойлап-пішіп, сонан кейін әрекет етуі керек. Сіз, замандас, маған қатты ұнап қалдыңыз...
— Азамат, мен басында да ескерттім сізге, мақтауды.да, боқтауды да естіп жүрміз деп.
— Жоқ, мақтаған емес, адал сөз, ойдағы адал пікірімді алға салып жатырмын.
— Жақсы, жақсы!.. — деді де Жоламанов Нұрымға бұрылып: — Мына прапорщик мырзамен бірге келе жатқан офицерлерді көріп қайт. Елу адамбыз дейді ғой — біл. Біз анау көрінген ауылға аялдаймыз. Сол жерге орал, кешке дейін келіп жетесің ғой, — деді.
Нұрым Жоламановты оңашалай беріп:
— Жалғыз барайын ба? — деп сұрады.
— Бір өзің бар. Қай жерде екенін, қанша адам екенін көзіңмен көр. Сонсоң мына прапорщик мырзаны ерте кел, Орақовтармен жүздестірейік, — деді жүз басы.
Прапорщик пен Нұрым топтан бөлініп шыға берді.
— Жігіттер! — деді Жоламанов айқайлап, әлдене уақыт шоғыр-шоғыр болып тоқтап қалған жасақшыларға. — Ойылдағы әскери ағайындар бізге қосылмақшы деген хабар әкелді жаңағы офицер. Оны бірқатарың өз құлақтарыңмен естідіңдер, ал естімегендеріңе жаңалық осы. Бізге қосылуға шыққан елу офицер дейді. Мен хал-жайды көзбен көріп келуге жыршы Нұрымды жібердім. Сендерден талап ететінім: қатардан шашау шықпай, түстенген, қонған жерге бет-бетіңмен бөлінбей, халыққа жат мінез, жайсыз қылық көрсетпей, бір кісінің баласындай бір сөзді, бір мақсатты түрде жылжи беру. Ертең қай жаққа, қалай қарай жүреміз, оны кешке ана алға озып кеткен жасақшылар комитетімен ақылдасып шешеміз. Мына офицерге қосылу-қосылмау жөнінде де әңгіме кешке қонған жерде шешіледі. Алаң болмайсыңдар. Керексіз дүбіліс-дүрмекке жол бермейсіңдер. Ілгері тартыңдар!
Аттылыға кездесіп іркілген жүздік тағы да ілгері жылжыды.
2
Айдалада кездескен офицер Хакімнің жолдасы болып шықты.
Өткір жүзі мен келісті сөзіне және өз ісіне балуан екенін байқатқан салуалы мінезіне қарап, Нұрым прапорщики «кет әрі жігіт емес екен, біздің Хакім мен Ораздар сияқты оқыған жігіт қой. Жасы өзім шамалас шығар» деп бағалап, тіпті іштей оны жарата бастап еді. Бірақ Жоламановтың сенбеуі жыршыға да әсер еткен. Ол екінші қырдың астындағы жас офицерлерге жеткенше.бұл бір көрген адаммен шешіліп сөйлесе алмады, тіл қағысып қалған шақта сыр бермеуге тырысты. Сондықтан прапорщиктің:
— Күн суытар білем, жел өткірлене бастады, — деп әлдеқалай бастаған сөзіне әзір жауап қатты.
— Уақыт жетті ғой.
— Дұрыс айтасыз, туысқан. Желтоқсан желтоқсандығын көрсетер-ақ.
— Желтоқсан — қыс алды деп қазақ біліп айтқан.
— Далада сирек жортып, от басында көбірек отыратын шақ дей ме кәриелер?!
— Кәриелер кейде сапар айы қара күз деп те нақылдайды...
Аңдысқан әңгіме осы сияқты күн райының төңірегінде болды. Аңдыса сөйлессе де Нұрым бірден-бірге қара жігіттің ақылды және адамға аса жанасқыш екеніне көзі жете бастағандай болды. Бірақ бұл «елшінің» жеткізген шатты хабарына елу жігітті бастап келе жатқан қара сұр адам «қанын ішіне тартумен» қалды.
— Сапар оңға айналды. Мына азаматтарға тез кездестік. Бұлар да бізге қосылуға бет алса керек. Кешке аялдаған жерде кең отырып сөйлесетін шығармыз. Старшина мырза, сіз мақұл тапсаңыз, біз де сол жерге жетіп аялдармыз, — деп мәлім етті прапорщик.
Нұрым қара сұр бастықтың түрінен де, түсінен де не жылы, не суық шырай таппады. Ол мына жігіттің мәлімдемесіне жауап та қайырмады, «бар» дегендей басын ғана шұлғып, иегін қақты.
Әскер тәртібімен екі-екіден тізіліп келе жатқан жауынгерлердің алдындағы бастық бұлар жеткенде тізгінін тежей қалған еді. Оны көріп басқалары да тоқтап, аз уақыт аттарына тыныс берді, бірақ Нұрымдардың жігіттеріндей, бірінен-бірі асып шоғырласа қалмады, алдыңғылардың сөзін естуге де анталаса қоймады — бәрі де қаз-қатар қалпында қалды. Қара сұр бастықтан көзін аударған Нұрым, бұл оқыған тәртіпті топтың ұзына бойын көзбен шолып санына жетті — жиырма төрт қатар, бастығы мен прапорщикті қосқанда — тұп-тура елу екен. Шинельдері әрі жаңа, әрі жасақшылардікіндей ақ сұр емес, көгілдір және ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа көрінді, погондарының оқасын да шаң шалмаған, иықтарында қылыш, белдерінде наган, кішкене жапон винтовкаларын тоңқайта ер қасына ілген. Нұрым ішінен риза болып, байқатпай,басын шайқап қойды.
Атынан түсіп, айылын қайта тартып, бойын жазып алған прапорщик ерге қонды да:
— Мен жүрдім, старшина. Жігіттерге аялдайтын жер даярлаймын, — деп құлаққақты.
Басшы офицер бұл сөзге де басын шұлғып, иегін қағумен тынды.
Нұрым аң-таң қалды. «Бұлардың тәртібі осылай ма, әлде ішінен тынып бізден бүккен сыры бар ма? Ойлап-пішіп, бәрін күні бұрын біліп, енді ыммен нұсқауға кіріскені ме? Мұндай командирді көрген емен...» деген ой келді оған. Әскердің санын, түрін, келе жатқан жолын көргеннен кейін оның сұрары да, білері де қалмаған сияқты. Сөйлесуге онша құмар болмаса да, бірер ауыз тіл қатысу орынды да еді, бірақ аман-сау сұрасып, сөз бастамаған командирге Нұрым өз тарапынан «сапар оң болсын!» деуге де аузы бармады. Оған бұл келе жатқан жандардың өңі де, түрі де сұр, әсіресе қара сұр бастықтың жүзі өте-мөте жансыз, тіпті суық көрінді.
Ілгері ұзап, қарасы үзіліп кеткен жасақшылардың түскен жеріне қараңғы түспей жету үшін Нұрым да, онымен бірге қайта аттанған прапорщик те бүлкілден жортаққа көшті. Біраз жер жүріп жолды өндіріңкіреп алғаннан кейін, тізгінін тежеп екеуі тағы да аяқ-бүлкілмен келе жатты.
— Қай жақтың жігітісің, замандас? — деді бір кез офицер Нұрымға.
Жауап берудің орнына Нұрым:
— Сөзге сараң қара сұр кісі бас командиріңіз бе? — деп сұрады.
Жыршы прапорщикті: «мынау жәрдемшісі шығар, ал ең үлкені қара сұр болды ғой» деп топшылап еді.
— Иә, иә, — деді прапорщик. — Ойылдағы әскер бөлімінің бастығы войсковой старшина Әзмұратов деген кісі осы. Ақылды, әскер ісіне жетік адам. Сөзге сараңдығы: жол жүріп салығып келе жатқанынан. Алыс сапар адамды қажытады ғой.
Нұрым ойланып қалды да, әйтсе де қара сұр бастық жөніндегі өз сынын айтып тастады.
— Қатал жан болуы керек. Сырын ішіне түйген адамның сөзі де буулы жатады. Әскер басы дейсіз бе? Әскер басының да Жаншаға қарсы шыққаны ма?
— Қазақ қой, — деді прапорщик жұлып алғандай. — Қазақ болған соң мына сияқты жас азаматтарды басқармауға қаны шыдар ма?
Нұрым үндемеді. Оның ойына: «Жанша да қазақ. Бірақ қазақ біткеннің бәрі жасақшылардың сойылын соғады дегенге кім нанар. Анау Арон төре, анау жуан судьялар сорлы жасақшыны атып-асып жатқан жоқ па? Ол аздай-ақ, Текені қорғатамын деп қырып салуға да жүз жанар емес» деген шәлкес сөздер оралды да, бірақ мына қасындағы оқымысты офицермен пікір таластыруды әдепсіздік болар деп бөгелді. Аз жүргеннен кейін ол:
- Сіз менен: қай жақтың жігітісің деп сұрадыңыз ба? Мен Аңқаты бойыныкімін, — деді.
Аңқаты бойында менімен бірге оқыған Хакім Жұнысов дейтін мектептесім бар еді, мүмкін, сіз оны білетін де шығарсыз. Текедегі реальное училйщеде оқыдың.
Нұрым ат тізгінін тежеп, офицердің жүзіне қадала қалды.
— Не дейсіз? — деді ол шошып кеткен жанша офицерге.
Бірақ, офицер оған сөзін қайталаудың орнына, сасқалақтап не айтарын білмей, қызарып кетті. Ол бағана Нұрымдарға: «Он алтыншы жылы окопқа алынған жігіттермен бірге мен де кеткенмін, сондағы істеген ісім бар, оқығаным бар, әйтеуір кіші офицер атағын берді» деп салып, енді Хакіммен бірге оқыдым дегеніне мына ұзын қара нанбай қалды, өтірігім шығып қалмағай деп сасып еді.
Оның «не дейсіз?» деп шошынғаны да содан деп ойлады. Бірақ Нұрым оған шошынған жоқ. «Хакімнің мектептесімін» дегенге таңырқаған. Жыршыға бұл сөз айдалада інісін кездестіргендей әсер етіп еді.
— Хакіммен бірге оқысаңыз, оның үй ішін де білетін шығарсыз, — деген сөз түсті Нұрымның аузына. Сөйтті де ол езу тартып, күні бойы танымай тұрып, енді ғана есіне түсірген кісіше, офицерге көрісуге қолын созды.
«Мынаның есі дұрыс па, өзі?» деп ойлады да, прапорщик :
— Неге білмейін, бірнеше жыл бірге оқып, бірінің үй ішін бірі білмейтін шәкірт болмайды. Мен оның, ол менің үйімді көрмесе де сырттан қанықпыз. Хакімнің үйінде: Әке-шешесі, ағасы және інілері бар, — деді.
— Мен сол Хакімнің ағасымын.
— Прапорщик Нұрымның көрісуге қол созғанын жаңа ғана түсінді.
— Ымм, сіз онда... Әлгі Хакімнің жыршы ағасы болдыңыз ғой. Солай ма?..
— Тап өзі. Нұрым Жұнысов.
— Иә, Нұрым, Нұрым. Кәне көрісейік...
Офицер жалма-жан атының басын бұрып Нұрымға жақындай түсті де, жалма-жан келіп оның ұсынған қолын алды. Екеуі де езу тартып бет сипасты.
— Менің атым Сәлмен. Хакімнен жазғытұры айырылып кеткеннен бері хабарсызбын. Апырмай, бірге тұрып, бірге оқыған Хакімнің туған ағасының кездескен жерін қара!.. Тфу, адам деген ойламаған жерде көрісе береді екен ғой, — деді офицер.
Ол сөзін аяқтамай басын шайқай берді де, Нұрым бейне туған інісі Хакімді кездестіргендей қуанды. Оған бұл адам көп жанның ішінде сыр алысар, қол ұшын беpiп тар кезеңнен алып шығар жақынындай көрінді.
— Апырмай, а, — деді тағы да офицер, — ойламаған жерде кездестік. Хакім менен кіші, көп кіші. Сондықтан менің туған інімдей көретін мектептесім... Сіз қанша жас үлкенсіз Хакімнен?
— Үш жас.
— Құрдас болдық. Мен де үш жас үлкенмін. Ал қазір не істеп жүр Хакім? Үйленіп ауылдан шыға алмай қалып жүрген жоқ па? Оралда оның сүйген қызы бар еді, жар етуге уәделескен татар қызы. Өте сұлу қыз, Мүкарама дейтін қыз... Хакімнің нағыз теңі-ақ еді.
Нұрым не айтарын білмеді. Ол тек қана:
— Хакім ішкі бетте... жоқ, үйленген жоқ, — деді.
— Ішкі бетте дейсіз бе? Ол жақта не қызмет істейді? Текеде қаламын деген ойы жоқ, әлгі земствода істейтін доктор туысқанының нөкеріне жазыламын деп жүрген, — деп, офицер мұқшай түсті.
Інісінің тап қай жерде жүргенін, не істеп жүргенін талдап айтып бере алмаса да жыршы білгенін інісінің жолдасынан жасырмады.
— Атамандарға қарсы шыққан ағаларының төңірегінде білем... Ішкі бет деп біз Жайықтың бергі түбіндегі Кердерілердің жерін айтамыз... — деді.
Кенет оның көңілі шалқып кетті. Ер үстінде желпіне түсіп ат сауырын сипай қамшылады.
— Кәне, жүріңкірейік! — Офицерге жел беріп, өзі cap желіске түсті.
Офицер үнсіз басын шайқап, әлденені,еске түсіргендей ақырын ілбігі төмен қарап келе жатыр еді, Жұнысовтың жетектегеніне еріксіз ерді. Ол да желіске түсті. Қазанат бие өте желшең екен, мүшелік жер желгеннен кейін алдында келе жатқан кері аттың дөңінен есіп өтіп алға шығып кетті. Бірақ ол бар желіске салмады — тізгінін тежеп жыршыны жетектей желді. Біраз жер екеуі желпіне желіп алғаннан кейін қайтадан аяңға көшті.
— Шабысқа қалай? Жануар желшең мал екен, — деп, Нұрым офицердің биесіне риза болды.
— Бірінші рет мініп шыққан малым. Сырын аса білмеймін. Бірақ желеді, жақсы желеді, — деді Сәлмен.
Аздан кейін Нұрым:
— Хакім ініңіздің үйленемін деп серт беріскен қызы алдағы обозда келе жатыр. Ол біздің локтыр қызымыз, — деді.
— Қойшы! — деді Сәлмен. Сөйтті де, — болар-болар! Қыр мен ойды сапырылыстырып жіберген биылғы көктем — тасыған сеңдей, біреуді бастан, біреуді сағадан шығарып-ақ жатыр. Ол бала қайдан келді?
Нұрым Мүкараманың көктемнен бері Жымпитыдағы емханада істейтінін, қазір жасақшылардың сүйікті «локтыры» болып алғанын айтты. Бұл офицерге Жоламанов сенбей тілдессе де, өлеңші Нұрым таныса келе оған бар сырды айтып салды. Оның достық ниетіне иненің жасуындай шүбә келтірмеді. Жыр мен ән, сауық пен әзіл-күлкі құшағында өскен сері жан бауырмалдың сезімге балқи түсті.
— Сіз менен бұрын білетін сол жас ару бақыт сапарына шығып келеді. Хакім ініңізге жеткенше ұшуға қанаты жоқ. «Ауыр сапар, қиын жол, Мүкарама, қалғаның мақұл!» дегенге көнбей «жауынгердің жарасын байлап, басын сүйемесем менің дәрігер қарындастығым кімге керек» дейді. Мұндай жанды ертпеуге бола ма! Періште сияқты кіршіксіз адам, — деді Нұрым аса бір шаттық жүзбен.
Сәлмен ойланып қалды. Оның көз алдына не елестегенін, қандай ойлар ойлағанын Нұрым білген жоқ. Сол минутте оған жақсылықтан өзге ешбір күдікті нәрсе оралмады. Бұл жаңылыс сезім еді. Нұрымға да, Нұрымның достарына да зұлымдық басқа жақтан төнді...
Отряд қарасынға көзі іліккен шақта күн ұясына телміріп қалған екен. Мұны жігіттер батыс жиектің, кенеттен сөгіліп кеткендей, қызыл сызаттана қалған көбесінен көрді.
Аспанда тас бүркеп тұрған қара сұр бұлттың тап сол көтеріліп кеткен іргесінен жел де азынай қалды. Ажары солып бүріскен қырды қара суық бұйықтыра түсті; ат пен адам кішірейіп кетті; маң даланың ықтасынға қарай дөңгелеген ербең ебелегіндей, кешкі көлеңде күржең қаққан көп жасақшы жетіп жығылған сай сағасына тығылды.
Нұрым қайтып оралғанда қонақтар жерге алдымен жетіп Орақовтың жүздігі орналасқан екен. Бұлар сай бойындағы жиырма-отыз үйдің тең жарымын иемденіп жайласып та үлгеріпті. Бірақ соңғы кірген қонаққа ығысып төрден орын берген жанша, Орақов кейіндегі елу юнкердің келетінін естіп ауылдың арғы шетіне барып орналасты. Юнкерлерге кіре берістегі бес-алты үйді қалдырды. Қазақтың басқа ауылдарындай, бұл-үлкен сайдың бойын мекендеген ел де екі-үш үйден төбе-төбе болып бүтін өзекті бойлай жайлапты. Сағаға таяу ең шеткі үлкен үйді жасақшы командирлері өздеріне ыңғайлады және медсестра мен аспазшы әйелді де осы тәуір пәтерге түсіруді лайықтады. Бұл бір қора-жайы да етекті, пішені де мол дәулетті шаруаның үйі екен. Сыртта малы бар, іште от жағылып, түтіні шығып жатса да көпке дейін күтпеген қонаққа есік ашпады — бейне үйінен безіп иесіз тастап кеткен қыстауша дыбыс та бермеді.
— Кім бар үйде? Есік аш! Арамызда тоңып келе жатқан әйел бар, — деп терезеден айқайлаған Орақовтың қазақ екенін көрген соң ғана үй иесі есікке жылжыды. Үйден бала дауысы шыр етті.
— Жеңеше, ашыңыз, қорықпаңыз. Біз өз адамдарыңыз, — деді Мүкарама, іш жақта екі ойлы болып тұрған әйел барын сезіп.
Әкелдің үрейленер себебі де мол. Ері мен атасы алыстағы пішенге кеткен. Қасында үш жасар ғана қыз баласы бар бұл бір уыздай жас әйел еді. Ол, сау ете қалған әскерді көре сала ашық аулаға қоралап жатқан қойын тастай салып, шарбақ қақпаны шала қапсырып үйге жүгіріп еді. Жалма-жан сенекті де, ішкі есікті де тас бекітіп, терезе біткенді жайнамаз, дастарханмен қымтап та үлгерген.
Ол есікті ашып қалғанда етегіне орала бірге шыққан қыз бала жат адамдардан шошып кетіп, енді жылап отыра қалды. Орақов:
— Қызым, бері кел. Жылама. Мен тимеймін, — деп үлгергенше Мүкарама қызды көтеріп ішке қарай алып та кетті.
— Мен қазір саған қуыршақ көрсетемін. Қасық беремін. Қағаз бүктетемін, — деп, баланы бір-екі рет жоғары ырғыта көтере бастап еді, есі кіріп, сөйлеп қалған қыз күліп те жіберді.
— Мен орыс маржасы десем... — деп күбірледі келіншек, Мүкараманың қазақша сөзіне қуанып кеткендей, езу тартып.
Келіншек сонда да сенімсіздеу көз тікті. «Қазақша білетін орыс қызы ма, әлде ноғай ма екен?» деген екі ұшты ой келді оған.
Тоңып келген Мүкарама от басына жетіп барды. Қазақтың қара қазаны қайнап жатыр да, қазандықтың ішінде жұмарлай тыққан ірі қамыс шытырлай жанып, ә дегенше болмай оттықтың жебір көмейіне түйдек-түйдегімен жоғалып кетеді. Қызыл жалын бетті шарпып, бір сәт оның қызыл ала сәулесі үйдің жарын ақ шабдарландырып жіберді. Күн әлдеқашан батып қас қарайып қалса да, үйде шам жоқ. Мүмкін кешкі жаққан қамыс отынның жарығы бұл үйлерге тамақ пісіп, ас жегенше керосин қаттығын жоқтатпайтын да шығар. Мүкарамамен бірге кірген аспазшы әйел де от жанынан көпке дейін күйбелектеп шыға алмай, қайта-қайта қолдарын жалынға жанап жаны кіре бастаған саусақтарын үргіштей береді.
— Қандай қызу отын, — деді аяқ-қолы жылынып, енді ақ жүзіне қызыл шырай нұр жүгірген Мүкарама. — Біздің Оралдағы үйдің камин пештеріндей шарпып тұр.
Келіншек Мүкараманың өзіне де, сөзіне де таңдана қарай берді.
— Мен мұсылманмын, жеңгей қорықпаңыз, — деді Мүкарама оған, әйелдің әлі жатырқап тұрғанын көріп.
Әйел үндемеді. Тек қана жүгіріп жүрген тап өзі сияқты мөлдіреген қара көзді кішкене қызына бір, Мүкарамаға бір қарап қойып:
— Апаң тіл біледі, Зәуреш, ақырын, отқа түсіп кетпе, — деп, қонақпен жағаласа бастаған сәбимен сөйлесті.
Бала Мүкарамаға келіп тағы да көтер дегендей болды.
— Кел, Зәуреш, кел. О, қандай матур бала, — деп, Мүкарама қыз баланың атын, бірден қағып алып, қолынан ұстады, өзіне қарай тартып, тарап қойған тұлымынан сипап қойды.
Зәуреш үйіріле кетті. Тұлымынан сипаған Мүкараманың басына қол созып, кішкене аң шапкесіне жармасты.
— Ә, менің шапкемді кигісі келген екен, — деп, Мүкарама жалма-жан шапкесін басынан алып балаға кигізіп, от сәулесінің жарығымен, бейне бір көптен ойнатып жүрген баласындай Зәурешпен болып кетті. Келіншек мұржасы жоқ бестік шамды жағып, қазандықтың жиегіне қойды. Үйдің іші әрі жарық, әрі жылы лепке бөленіп, жолдан келген жандардың көңіл хошы ашыла бастады.
«Лөктыр» қызды, аспазшыны түсірген үй екі бөлмелі екен. От жағылып жатқан қазан жағынан ұзын пешпен бөлінген қонақ бөлмесі қаракөлеңке тартып, келгендердің көзіне түсе қойған жоқ-ты. Әйел шамды сол жаңқа шығарып:
— Мына бөлмеге кіріңіз, төрге отырыңыз, — деді Орақов пен Нұрымға бір қарап алып, әдемі қызға. Бүұл бөлменің едені тақтайлы, тақтай үстіне киіз төселіп, кілем жайылған. Top жақтағы көрпе үстіне бір-екі құс жастық тастаған, үйдің жайлы екені көрініп тұр.
— Бізге мына жағыңыз жақсы, — деді Мүкарама әйелге қазан жақты көрсетіп.
Мүкарама жататын жерді де бірден белгілеп қойды; ана пештің қасына екі кісі мол сиярлық, қысыла-қымтырыла жатуға тура келсе — төрт адамға да орын табылатын. Өйткені бұрыш жақтағы аяқ-табақ, шелек сияқты ыдыстарды және одан әрі шашылыңқырап жатқан ер-тоқым, қамыт-доғаларды жинастырыңқырап қойса, өзіне де, аспазшы әйелге де, тіпті қызы мен үй иесі келіншектің бәрі сыйып кетерлік.
— Қонақ бөлмеден осы жағыңыз ұнап тұр, жеңгей, — деді ол тағы да.
«Осы сөзге тоқтам етесің, бәйбіше» дегендей, есіктен топтанып кірген Орақовтың қасындағы қосшы серіктері:
— Лөктыр, сіздер осы жылы жаққа жатарсыз. Біз мына бөлмеде демаламыз. Адамдар тегіс орналасып болды.
Жалғыз-ақ Жұнысовтың екі-үш жігіті ыңғайлы орын таба қойған жоқ. Мүмкін, оларды да бірдеңе етіп, осы жаққа сыйыстырамыз, — деді.
Төргі бөлмеге бірден сегіз адам жайланыса бастады. Олар қару-жарақтарын сыпырып, шинельдерін шешіп, бұрышқа үйіп, өздері жеңілтек күйі пешке жақындап дастарқан басына жиналған жандардай иірілісе қалды.
— Тамақ жағын реттеңдер, — деп әмір берді соңынан келген Жоламанов.
— Шай да, ет те бар, — десті есік жақтағы қапшық-қоржын көтеріп кіргізген екеу.
Кешікпей қазанда қайнап жатқан су самаурына құйылып, оттығына шоқ толтырылды. Тамақ салынды, қамыс отынға тезек қосылды. Адамның жылуы, пештің қызуы, қазандықтың шарпыған лебі үйдің ішін ілезде моншадай етіп жіберді.
— Тамақ ішкенше де, ішкеннен кейін де кезектесіп қарауыл қарайсыңдар, — деп Жоламанов жылынған жігіттердің екеуін ат жайлауға, біреуін күзетке шығарды.
— Сонымен офицерлер бастығын шақырмаймыз ғой, — деді Жоламановқа Орақов, ас алдында. — Меніңше жай-мәністі командирдің өз аузынан сұрап көру де теріс емес еді.
— Ертең төрт көзіміз түгел отырып сөйлесерміз. Батырбексіз және Мәмбет келмей болмайды. Алдымен өзара ойласып алуымыз керек.
— Ойласу дұрыс қой. Бірақ сенбеген адамша бүтін көш жүз көріспеуіміз оғашырақ.
— Сол сену-сенбеу жөнінде өзіміз бір пәтуаға келуіміз керек.
Орақов басын шайқады.
— Сіздің мына сөзіңіз қызық сөз. Елуін үшке бөліп алып енді Темірге қарай аса бермейміз бе, — деді ол. — Мінез шығарғандарын көріп алармыз.
— Қосылмаймыз, десе не істемекшіміз?
— Ғалеке, қосылмаса келмейді ғой, — деді Нұрым Орақов жағына шығып.
— Жоқ, ертең сөйлесеміз, жігіттер. Мен Мәмбет пен Батырбекке шапқыншы жібердім. «Келе алсаңдар түнде келіңдер, түнде келе алмасаңдар ертең сәскеден қалмаңдар» деп хабар айттым. Олар алыс жерде емес, Қалдығайтының басына аялдауы керек. Әрі кетсе жиырма шақырым жер.
Орақов пен Нұрым үндемей қалды.
Кадет корпусын бітіргеннен кейін бірнеше жыл Орынбор гарнизонында қызмет істеген жырынды Әзмұратов Ойылдан шыға бүлікшілерді тез қолға түсірудің айла-амалын жасап еді. Ол жасырын жобасын ешкімге әшкерелеген де жоқ, жас офицерлермен «қандай ақылдарың бар?» деп кеңескен де жоқ. Елу адамын ілгері оздырып әкетіп, «біз де бүлік шығардық» деген жалған лақаппен жасақшылардың арасына ену тәсілі қазір орындалып та қалды. Ол Сәлмен Аманбаевтай сөзге ұста ақылды адам арқылы «жүнбас жасақшыны» алдап бірге қонып жатыр. Бұған жалғыз Жоламанов қана сенер-сенбес ойда қалып, көбірек қабаққатты. Бірақ оның да қолда дәлелі жоқ, тек «офицер рақымсыз, атаман рақымсыз» деген жек көруден шыққан болатын.
Астан кейін ол күзетшіні мықтап қадағалауға кірісті. Сай бойын жұрт ұйқыға кеткенше әлденеше рет өзі аралап қайтты. Шешінбей жатып, түн ортасы кезінде де сыртқа шығып төңірекке құлақ тосып ұзақ отырды.
Бірінші түн тыныш өтті.
4
— ...Хакім, давай біз де барып қайтайын...
Өз сөзінен Сәлмен өзі шошып оянды. Бірақ не айтқанын білмеді. Қасындағы жігіт шалбарын киіп, енді етігіне қол созып жатыр екен.
— Мен не дедім? Ұйқы сұрап бірдеме айттым ба? — деп сұрады ол киініп жатқан уыздай жігіттен.
— Сәлмен аға, сіз көп сөйледіңіз, ұзақ жүріс қалжыратқан болуы керек. «Жүр-жүр, митингке барайық дейсіз әлдекімге. Ал, соңғы сөзіңіз: Хакім, давай біз де барып қайтайық, — деп көзіңізді ашып алдыңыз.
Сәлмен аң-таң болып аз жатты да, әлі ұйқысы ашылмаған көзін қайта жұмды. Бірақ-ол ұйықтай алмады. Ұзақ жатуға болмайтын жорық қауырты, әлде-қайда жатқаны, кешегі күннің дүбілісі еске түсіп, ұйқы құшағына ендіре қоймады. Жаңағы сөз жазға салым Текеде болған оқиғаларды көз алдына алып келді. Астаң-кестең күндер зулап өтті бір сәт: дүрсілдеген ат тұяғының дыбысы, күрс-күрс еткен мылтық даусы құлағына шалынған сияқтанды; үлкен көшенің бойын қаптап кеткен қара папаңты казак-орыстар тап қарсы алдында тұрғандай болды... Көзін ашып жатқан соң да ой тізіле түсті.
«Хакім, давай біз де барайық!.. Бұл сөзді мен қашан айттым? А, Текеде, большевиктер съезд ашқан күндері. Әлгі кішкене қара жігіт... Хакімнің гимназист досы келгенде айттым. Апырмай, кешегі ағасын көргеннен кейінгі ойлар ғой шырмай бастаған, иә, шырмай бастаған! Шырмай...»
Ол қабағын сипап әлдебір зілдей ойды жазып жібермекші болды. Қабағын қатты-қатты уқалап та жіберді. Бірақ ой шырмауы тарқаудың орнына иірген жіптей молайып бара жатты.
«Бұл не? Анау Нұрым жыршы. Анау сұлу Мүкарама. Анау бас көтерген қазақ жігіті. Ана жігіттер, қара домалақ қазақ балалары, әлдеқайда ұмтылған ер көңілді жандар... Бұлар... шынымен қара жердің қойнына... жазығы не? Не үшін? Бас көтергені үшін бе? Теңдік іздегені үшін бе?..»
Сәлмен орнынан ұшып түрегелді.
— Жігіттерді оят! — деді ол әлгі бала жігітке.
Ол бұл сөзді ойланып айтқан жоқ, үш күннен бері қарауындағы жандарды ерте оятып, дағды алып қалған әдет үйреншікті жарлықты ауыздан еріксіз шығарды.
— Сәлмен аға, жігіттер киініп жатыр. Тамақ жөнінде не жарлық бересіз? — деп сұрады жас жігіт.
Белгілі қосшы баласы болмаса да бұл, жас жігіт Сәлменге жолға шыққаннан бері інілік ете бастаған: түскен жерде:өзінікімен бірге оның атын жемдеп, жүрер кезде оны ерттеуге көмектескен. Әзмұратов Сәлменді барлаушы есебінде алға оздырғанда жас жігіт «мен бірге барайын» деген тілек айтып еді, бірақ отряд бастығы рұқсат етпеді. Ал мына Ащысай басына жеткенде ол бірден Сәлменнің қасына орналасты. Сәлмен де, бала жігіт те әскер қызметінде болып ысылған жандар емес-ті. Бірі Оралдың Реальное училищесін бітіргеннен кейін жазғытуры елге оралып, Ойылдағы юнкер мектебіне писарь-интендант болып қызметке кірген-ді. Орта дәрежелі білімі бар бұл алғыр адамға аздан кейін-ақ кіші офицер атағын берген. Ал, жасы он жетіден аса қоймаған бала жігіт Қызылқоғаның төрт жылдық орыс-қазақ мектебінен келіп түскен курсант болатын. Бұл болашақ офицердің аты — Жанғожа еді.
Тамақ жөнінде жарлық күткен Жанғожаға Сәлмен қолын бір сілтеді де, жауап қатпастан сыртқа шығып кетті. Жас жігіт аң-таң болып тұрып қалды. Ол офицердің өзегін өртей бастаған ауыр ойды білген де жоқ, сезген де жоқ. Оның бар күдігі «ұйықтап жатып көп сөйледіңіз» дегенім көңіліне келіп қалмағай, қол сілтегендей басқа себеп жоқ еді ғой деген балалың ойдың төңірегінде болды. Аздан соң Жанғожа да сыртқа шықты. Бірақ ол төңіректен Сәлменді көре алмай, бастық түскен үйдің сенегіне кіріп еді, оған басын таңған бейтаныс офицер қарсы шыға келіп:
— Аманбаевты шақыр, тез. Командирге керек, — деді түсін суытып.
Бұл басын таңған офицердің Ойылға құпия бұйрық әкелген адам екенін естігенмен Жанғожа оның фамилиясын білмейтін:
— Сәлмен ағай сыртқа шығып кетіп еді әлгіде, төңіректе жоқ, — деді Жанғожа оған.
— Жерден қазсаң да тап, — деп, жер тепсіне қалды басын таңған, түсі суық арық өңді офицер.
Жанғожа қорқып кетті. Ол сасып қарсы жауап қата алмай жүгіре жөнелді. Бірақ бұлар түскен төрт үйдің төртеуінде де Сәлмен болмай шықты. Не істерін білмей, түсі суық офицер тағы жекіре ме деп қысылып, бірақ таба алмағанын мәлім етпеуге амалы болмай, ол қайтадан Әзмұратов түскен үйге келді. «Бұл қай жаққа кетті? Менен азғана уақыт бұрын шығып еді үйден. Маған ақырғаны еш нәрсе емес, Сәлмен ағайды сөгіп тастайды-ау енді...» Сәті болғанда бөлмеде жалғыз ғана Әзмұратовтың өзі терезе алдында түрегеліп тұрып стаканмен шай ішіп тұр екен. Барлық әскери тәртіппен Жанғожа:
— Төтенше отрядтың бас командирі войсковой старшина мырза, прапорщик Аманбаев пәтерінде де жоқ, юнкерлер орналасқан үйлерде де болмай шықты. Енді не бұйырасыз? — деп тік тұра қалды, оңқолы құлағынан аса көтерілді.
Әзмұратов стаканын терезенің алдына қоя салып, жас юнкердің бетіне бағып бір сәт ойланып тұрды да, Сәлмен жөнінде емес, басқа әңгімеге көшті.
— Сен өзің қалап шықтың ба? Әлде дуға еліріп отрядқа еріп кеттің бе? — деп сұрады ол Жанғожадан.
— Дәл өзіңіз айтқандай, өзім қалап шықтым, войсковой старшина мырза, — деді бала офицер іркілместен.
— Жасың нешеде?'
— Он жетіде, войсковой старшина мырза.
Жап-жас, жүзінен сүті шығып тұрған бұлюнкердіжанына алып іске үйреткісі келді ме, әлде мына болғалы тұрған жанталас қырғгын үстінде (қырғын боларын Әзмұратов бастан-ақ білді) бикүнә жазым болып кетер деп аяды ма, кім білсін — Әзмұратов Жанғожадан көзін алмай қарап тұрды да:
— Қазірден бастап маған вестовой боласың. Шарт біреу: не көрсең, не сезсең тура айтасың, — деді.
— Хұп, войсковой старшина мырза, көрген-сезгенімді бүкпей тура айтамын, — деп, оң қолын құлағынан жоғары көтеріп тұрған күйде Жанғожа өкшесін дік еткізіп жерге қадап қойды.
Бұл кезде Жанғожаға жер тепсініп прапорщикті «жерден қазсаң да тап» деп жекірген офицер Сәлменнің соңынан өзі кетіп еді. Бұл басын таңған офицер ақ орамалын қайта шешті, енді маңдайын ғана қиғаштап байлаған жоқ, ол оң жақ көзін бастыра, бір жағын тұтасымен таңды, мойнының да тең жарымын қоса қамтыды. Басындағы қара сүрікпен тыстаған бұйра құлақшын беріктің жоғары түріліп тұрған жалпақ етегін төмен түсіріп жіберді; орамал жапқан көзінің айналасын күйемен (үйден ала шықса керек) бір сипап өтті; оның көрер жерінен қымтап тұрған шүберек жиегін көтеріңкіреп те қойды. Сырт қарауға аяқ басысы шымыр, денесі тік, бас қондырысы түзу бұл адам дені сап-сау сияқты да, ал, көзі мен бетіне әлдеқалай аңдаусызда зақым келтіріп алған жан дерлік. Ол юнкерлер түскен төрт үйден әрі асып, кеше кеш жасақшылар орналасқан қыстауларға кетті.
Аспан сұп-сұр. Күн көзі тас жабық. Қар ұшқындауға таяу тұрған ертеңгі шақ. Бұрынғы қораш қалпынан әлдеқайда қарасыны молайып, тайпақ төбе жатаған үйлердің ығында да, аула жанында да, тіпті қора төбесіне үйген шөптерге де бойлай түскен шоғыр-шоғыр ат қаптап кеткен.
Бірақ бұл қыс алды жағымсыз күні бүріскен баланы да, салыққан жасақшыны да, тіпті күйбеңдеген үй иесін де жылы жерден жібермей тұрғанға ұқсайды. Сырт жансыз, үй қолайлы екенін дәлелдегендей тек қана сол томпиған қыстаулардың жұдырықтай мұжық мұржаларынан солғын түтін шыжымдайды.
Аттан өзге мал мен жан көзге шалынбағанмен бұрыш-бұрыштар бұғып отырған жасақшылардан да құр емес екен. Жақындап келген бөтен адамның алдынан бір қара жігіт қарсылай қалды да:
— Сізге кім керек еді? — деді.
— Біздің прапорщик қай жаққа кетті? — деп сұрады онан офицер жабық көзін шеңгел астынан қараған қырғауылша сығырайтып.
— А, кешегі бізге келген прапорщик пе? — деп, қара жігіт оны білгендігін айтып салды. — Ол жаңа ғана асып кетті. Жүз басы жатқан арғы шеткі, анау қос мұржалы үлкен үйге. Қазір сонда жеткен шығар.
Қайрылып тіл қатпастан офицер тұп-тура сол үйге аяңдады. Ол еш жерге тоқтамады. Ербең ете қалған ық жақтағы шаруаға да, сиыр саууға шыққан әйелге де, тіпті «мырза, сіз қайда барасыз?» деп дауыстап қалған жасақшыға да жүз бұрмады.
Үлкен үйдің құбыла бетінде не жылғы шіріп сүрленген шөп-шөлеңнен салған биік шеген бар екен. Шегеннің ішінде ұзыншалап үйген пішен. Пішеннен әрі батыс жақта ірі талды ескі шарбақтан тұрғызған үсті ашық күзгі қой қора. Қой қораның бір шеті қыстаудың арқа жағындағы бұрышына тіреліпті. Бір жағы үй, оңтүстігі пішен, батыс жағы шарбақ қора, төрт бұрышты үлкен ауланың ішінде шөп жеген аттар көрінді.
«Үйге кіріп барып, сені командир шақырады, десем не істеп, не сөйлесіп жатқанын байқармын» деп ойлады офицер есік жаққа қарай пішенді айналып өтіп. Сөйтті де ол кілт тұрып қалды; оның құлағына сөйлесіп отырған адам дыбысы шалынды. Бірақ ол бұлардың қай жерде екенін шамалай алмады, тек қана бір адым кері шегініп, ауланың ішкі бұрышына көз жіберуге тырысты. «Мені танып қоятын сұмырайлардың бірі тап келсе қайттым?» деген ой сап етті басын таңып, көзін бастырып, мойнын орамалдың ұшымен орай салған офицерге. Ежелден із аңдып, сөз тыңдап, қимыл бақылап үйренген бұл офицерді сақтық сезімі де иықтан тартты, сонымен бірге оны «біл! Қалай да біл іште не барын!?» деген сұғанақтық та желкеледі. Аулада кім барын, олардың не әңгімелескенін ол аңғара алмады. Үйге де кіріп кете алмады. Кейде адамның бағы болмашы нәрсеге де байланысты, ал, бұл офицердің іздегені бұл жолы іштен шығып келе жатқан қыз сөзінен... Кәдімгі Мүкараманың сөзінен табылды, қыздың асыл сөзі аңдушының қара ниетіне жетектеді.
Бұл — белгілі офицер Айтқали Абылаев еді.
Абылаев Әзмұратовқа ергеннен бастап өзгелерге өзін әшкерелемеуге, жөні келсе танытпауға тырысып бақты. Өйткені жасақшылармен бетпе-бет бір кездесетініне ол күмән келтірмеген. Ал, Әзмұратовтың «бүлікшілерді» айламен жою жобасын сезгеннен кейін Арон төренің сенген серігі амалды асыра беруге ұмтылды. «Юнкерлер арасында менің барымды жасақшылардан тірі пенде білуге тиіс емес. Білсе — іс бітті, мені алдымен Әзмұратовтың өзі құртады, өйткені жасырын сырының ашылғанын алдымен ол менен көреді» деп түйді. Сондықтан Абылаев бет келбетін байқатпау үшін Ойылдан шығар сағатта-ақ басын таңып алды. Оған себеп те бар еді: жасақшылар қол-аяғын байлаған кезде оның маңдайы ағаш тапаншаға тиіп терісі сыдырылып қалған болатын. Соны бүркеу сылтауымен бетінің де тең жарымын таңып жүрген-ді. Бүгін оған оң көзін қоса, мойнын да орай түсті.
Абылаев төніп келіп, кіруге екі ойлы болып тұрған кезде ішкі жақтан келе жатқан адамның аяқ басқанын есітті. Кім де болса қарсы келмейін деп ол кері жалт беріп бұрыш айналды да, өз жөнімен жүрген адам бола қойды. Үйден шыққан кісі оған қарай жүрмей екінші жаққа кетті; ал оның аяқ басысынан офицер әйел екенін аңғарды жүре түсіп бұрыштан сығалаған Абылаевқа әйел ту сыртынан да таныс жанның пішінін көз алдына алып келді: тіп-тік мүсін, ашық мойын, асыға басып киікше ұмтылған бұл әйел... әйел емес, сүйріктей білектері мен денесінің бар сымбаты, аяғындағы қызыл сақтиян етік пен жайылып кеткен шашы Мукарама екенін қарамай танытты. Абылаевтвың тұла бойы мұздап кеткендей болды.
Ол бір сәт қозғалмай қалды. Бірақ қыстаудың екінші қабатына түсіп жоқ болған қыздың даусы оны селк ете түсірді.
Сәлмен!.. Жұнысов! Неге айтпадыңыз?.. — деген сөздер үзіліп-үзіліп құлаққа келді.
Абылаев сөйлескендерге жақындай түсті.
— Кәдімгі өзіміздің Мүкарама Құрбанова!..
Абылаев бұрыштан сығалағанда Сәлменге асылып мойнынан құшақтаған қызды көрді.
— Хакімге, Оралға барасың ба? Ой, молодец! — деді Сәлмен прапорщик оны арқасынан қағып.
— Бірге барамыз. Маған Жұнысов... мына кісі айтты сіздің осында екеніңізді, — деді қыз Нұрымға қарап.
— Ойбай, айналайын, тоңасың, үйге кір! Мен қайта айналып соғамын. Әңгіме көп, бұл жерде сөйлесуге болмайды, — деген прапорщиктің сөзі Абылаевты кеудеден итеріп жібергендей болды.
Абылаев жалма-жан өзі келген бұрышқа жүгірді де, ізінше үйдің екінші қабатымен әрі асып Әзмұратовқа жетуге ұмтылды. «Пасықтың! Тыңшылық! Жауға ұстап берушілік!» деген сөздер оның ішіне сыймай өзегін өртеп бара жатқан сияқтанды.
Бұрын көрмеген, сырын білмеген бұл офицердің соңына түскенін байқамаса да Сәлмен де патеріне қайтуға асықты, Әзмұратов жоқтар деп ойлады.
— Ал, мен асығыспын... Күндіз келіп әңгімелесем. Үйге кір, Мүкарама, үйге кір! — деп, Сәлмен кетуге ыңғайланып Нұрымға жақындай түсті де: — кешір, мен кеше жалған сөйледім. Окопқа барғаным жоқ, өзгесі де... бізде бүлік шығардың дегенім өтірік... Соны айта келдім. Басқасын кейін айтамын, бірер сағаттан кейін қайтып келемін, — деді.
Ол асықпай ең шеттегі өзі түскен үйге келді; көңілі енді ғана жай тапқандай болды; иығынан басқан зілдей күнә ысырылып жерге түсіп, денесін де жеңілдетіп жіберді. Өзіне өзі: «Жоқ, біз мына көзі мөлдіреген дара қоңыр жігіттердің өлуі үшін емес, өмір сүруі үшін оқыдың. Солай! Сол үшін! Мен мұны баста неге ойламадым?! Жақсы. Өткен қашан да өкінішті. Ойламай бастаған сапарым болды, тек ендігісі ізгі іске айналсын...» — деді. Сәлмен беті-қолын жуып, таранып үлгергенше Жанғожа жетіп келіп:
— Сәлмен аға, сізді командир шақырып жатыр, — деді бәсең үнмен.
Бұрын таңылдап тұратын жас жігіттің баяулап қалғанына таңданып «саған не болды? Неге ренжідің?» деген аяныш көзбен қарады да, Сәлмен мұның мәнісін сұраудың орнына:
— Жасақшылармен сөйлесу жөнінде керексітіп жатқан шығар. Қазір, Жанғожа, қазір. Ал, сен жақсылап тұрып шай әзірлет, екеуміз рақаттанып отырып ішейік, — деді.
— Мені өзіне вестовой етті...
— Кім?
— Бас командир Әзмұратов мырза.
— Соған ренжіп тұрсың ба, Жанғожа? Бәсе, үнің баяу, қабағың да жабыңқы. Оқасы жоқ, қайта бұл жақсы болады саған.
— Жоқ, Сәлмен аға, оған ренжіп тұрғаным жоқ...
— Жарайды, кейін сөйлесерміз, — деп, Сәлмен потершей шығып, қасындағы бас командирдің алдына мәлім болды.
— Мені шақырыпсыз, жарлығыңызды айта беріңіз құлағым сізде, Әзмұратов мырза.
Әзмұратов Сәлменге үндемей қарап тұрды да, аздан кейін:
— Үйіңізде жоқ болдыңыз... Әлде ана жалаң аяқ жасақшылармен әңгімелесіп жүрсіз бе? — деді.
— Жоқ, дей салды Сәлмен. Сөйтті де «жалаң аяқ жасақшылар» деп қорлаған сөздің ащы уы өзіне тиіп кеткендей: — жалаң аяқ жасақшылармен әңгімелестім ғой кеше, енді сіз өзіңіз сөйлеспейсіз бе? — деді сұрланып.
Бұл сөздің кекесінін Әзмұратов жақсы ұқты, оның арғы жағында тұрған Абылаев та әбден түсінді.
— Жақсы. Мен өзім сөйлесемін. Бара беріңіз, — деді Әзмұратов түсін де, үнін де өзгертпей.
Сәлмен үйден шығып кеткеннен кейін Абылаев асқақтай бастады:
— Есіттіңіз бе? Өтірігі табан астында шықты. Өңкей бұзықтың басшыларына барып ойындағы бар сырын жайып салды: «Хакімге, Оралға барасың ба? Ой молодец» деді қызға. Ал қыз оған: «Бәріміз бірге барамыз» деп қол шапалақтады.
Бұл қыз болыневиктерге тыңшы болып үгіт таратып жүрген студент Жұнысовтың қалыңдығы. Ана қасындағы сол Жұнысовтың ағасы — жасақшыларды жырмен аздырған сұрқия. Ал, ана Мәмбет дегені белгілі бас кесер, Кирилловке шабуыл жасаған, Арон төренің үйіне келіп бейбастақтың еткен, ат құйрығын кесіп «шолақ атты большевик» болып шыққан жүргенсіз. Міне осылармен барып сырласып, мына сенген прапорщигіңіз іштен шалу ісіне кірісті. Бұлардың тыңшылық ісі, іштен шалу әдісі көптен басталған, тереңге кеткен пасықтық. Уалаят мұқтажына жіберілген қару-жарақты талап алған Богдановка бойындағы партизандармен байланысты. Бұлардың Оралға барамыз деуі де соларға қосылу, Әйтиевке жету. Міне, жаудың түрі мен ісі, — деді Абылаев жерге түкіріп.
— Жанғожа, Аманбаевты шақыр! — деді Әзмұратов.
— Командир мырза, шақырсаңыз да, шақырмасаңыз да, оның ниеті белгілі, — деп Абылаев «мынаны да байқаңыз» дегендей бұрыла берген жас жігіттің сыртынан иек қаңты.
— Жарайды, шақырма! — деп, ілкі жарлығын командир қайтып алды.
Ол Абылаевтың жас жігітке де сенбей иек қаққанын іштей мақұл көрді. Аз үндемей тұрғаннан кейін:
— Байқаңыз, пәтерінен шықпасын, — деді Абылаевқа. Абылаев басын изеді — Сәлменді пәтерінен шығармау амалын ол ойлап та үлгірді.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Жасы да үлкен, тіпті бүкіл Жымпиты әскерінің жабдықтау ісін басқарған лауазымы да зор, оның үстіне батыр келбетті, албырт Мәмбет үйге кіріп келгенде Жоламанов пен Орақов орнынан ұшып түрегелді.
— Қаратаяғың қайда? — деді Мәмбет Жоламановқа төрге шығып отырмай жатып.
Оның «Қаратаяқ» дегені Ойыл офицері екенін үйдегілер түсінсе де, сырттан Мәмбетті ертіп кірген Нұрым аңғармады.
Ол күліп Жоламановқа «онысы кім?» деген ишаратпен қабағын қақты. Жүз басы мәлім етті:
— Қаратаяқ офицер түскен пәтерінде, өзектің арғы басында. Батырбек екеуіңізді күтіп отырмыз, алдымен өзара ақылдасып алайық деп...
— Шақырт! — деді Мәмбет.
Офицерлер бастығын шақыруға Жоламанов екі жігіт жіберді.
— Сіздерді отағасылар шақырып жатыр. Бастап алып келуге бізді жіберді деңдер. Әдеппен жүріп, әдеппен тұрыңдар. Олар қазір бізге қонақ есебінде, — деп ескертті жүз басы жігіттеріне.
Әзмұратов келгенше Жоламанов бұл офицерлер жөніндегі пікірін ортаға салды.
— Мәкең жаңа «Қаратаяқ қайда?» деп тегін сұраған жоқ, — деді ол Батырбекке қарап. — Офицер де оқымысты. Олар да ана біздің қос Досмұхамедов пен Арон төре сияқты ақсаусақ азаматтар. Ауызша: теңдік, бостандық жолында басымыз құрбан, деп өңештесе де, іске келгенде қара қазақтан жоғары тұра қалады. Осылардың «уалаятқа қарсы көтерілдік, сендерге қосылуға іздеп шықтық» дегеніне менің ішім сенбейді.
Батырбек үндемей Мәмбетке көз тастап еді, шойқара қабағын түйді.
— Сен де солардың бірі емес пе едің. Міне, үйіріңнен бөлініп Кирилловты тастай салып бізге қосылдың ғой, — деді Мәмбет Жоламановқа.
Жоламанов сасып жауап қатты.
— Менің жөнім басқа ғой, Мәке. Мен қаратаяқ та емен, оқымысты да емен. Менің білімім де, өнерім де өздеріңмен бірдей. Сонсоң... жоқ, арғы жағын айтып та керегі жоқ, — деп, Жоламанов бөгеліп қалды.
«Офицер болған соң ақсүйек деп жиырылады. Өздеріндей менің де қара қазақ екенімді білмейді екен ғой» деп ойлады Жоламанов, әлденеге өкінгендей, білдірмей басын шайқап.
— Ал, сонда бұлар бізді алдамақшы ма? Не мақсатпен алдамақшы? Не істемекші сеніңше? — деді Мәмбет Жоламановқа өктем үнмен.
— Не істемекші дейсіз бе? Міне, соны ойласайық.
Дұшпандық ойлаған адам жаулықтың түрін де таба алатын шығар.
— Қолынан боқ та келмейді, — деді Мәмбет.
Сөйтті де ол кері шегінің терезенің алдына барып далаға қарады. Батырбек те, Орақов та сөзге араласа қоймай, бірақ Жоламановтың күдігіне құлақ қойып ойланып қалды, өңдері сұрлана түсті.
Адамның біріне бірі өте ұқсасы жоқ, тіпті егіз баланы да оп-оңай айыруға болады, — деседі. Ал, мінез бен қулықтың сан қырлы келетіні де даусыз. Бәрі де бір әріптес байтақ даланың әр жерінде туып-өскен бұл бес жігіттің жігіттік қыры да дара-дара болатын.
Ее біліп, етек-жеңін жинағаннан бері жиырма жыл бойы өзгенің дегеніне көнбей, шанышқыдан жырылып қара суды қақ жарып келе жатқан сары сазан сияқты, Мәмбет бүгін ор кездессе аттап өтіп, тор кездессе қақ айырып кетерлік еді. «Орданы кеше ойрандап шықтым. Көнбегенді тоқпақтап бас идіремін, білімдімін деген шілаяқтар міне өздері келді» деп өңмендер түрі бар Мәмбетке Ойыл жорығы осымен аяқталғанға ұсады. Енді қазақ азаматтарының туын тіккен жеріне отрядты маңдайлата беру жөн сияқтанды.
Ал, кеше тастай тәртіпті әдейі жұмсартып, жасақшыны аяғаны үшін Кириллов орнынан түсіріп тастаған Жоламановтың алдында асқар таудан биік асу кездесті. Мәмбеттей өжет емес, Орақовтай алғыр емес, мінезі ұяң, ар-ұяты көзге көрініп тұрған Жоламановтың бар тілегі басшы большевиктерге тез жету ғана еді. Әскер ісіне араласқан күннен бастап оны жақыны Ғалиасқар Әлібеков ішке тарта бастаған-ды. Мүмкін, оның жасақшыға командир болып кіру себебі де сол оқыған туысқанының сілтеуімен болған шығар. Өйткені ішкі Жайық жағасынан Жоламанов «жасырын сәлем» алу мен болды.
Әсіресе Жымпиты уалаяты атты казактарға «әскер көмегін көрсетеді» деген хабар тарағаннан бері: «бүлік шығарар кезең туды», деген большевик Әлібековтың соңғы сәлемін алған. Жөні болып бұл бүлік өзінен өзі бұрқ ете қалды да, енді осыны аман-есен аяқтау жүз басының күндіз-түні көзін ілдірмейтін уайымға айналды. Ол офицер біткенге сенуден қалды. Ойылдағы жалаңдаған жауынгер мектебі өзінен өзі келіп қосылады дегенді жә алдау, жә арбау деп білді. Бұл оған айлалы жандардың орға жығу тәсілі сияқтанды. Сондықтан ол Батырбек пен Мәмбеттің келуін күтіп кешегі прапорщикке жылы жүз көрсетпеген. Енді міне күткен Мәмбеті мұның өзін де өзгенің қатарына қосқандай «сен де солардың бірі емес пе ең, Кирилловты тастай салып бізге қосылдың ғой. Аналарға неге сенбейсің» дегенді ілік тағады. «Бұған не деу керек? Менің ойым да, ниетім де большевиктер жағында» деп сендірудің қандай орны бар? Кімнің кім екенін іс көрсетпей ме?! — деп ойлады ол. Сөйтті де ол бұрылып Орақов пен Батырбекке кезек көз тастады, «неге үндемейсіңдер?» дегендей болды.
— Ғалеке, мен айттым ғой, прапорщикті біздің Хакімнің жан қияр досы деп. Аты Сәлмен, қазір сол Сәлмен келеді. Ол «кейін сөйлесеміз. Әңгімені сендермен бірге бетпе-бет ортаға саламын», — деді. Өзі бастығынан бөлек келгенге қысылды білем, асығып кетті, — деді Нұрым сөзге араласып.
— Сәлмен? Текеде оқыған Сәлмен Аманбаев па? — деп, Батырбек Нұрымға жақындай түсті.
— Иә, Сәлмен Аманбаев, Хакіммен бірге оқыған.
— Ойбай, оны мен де жақсы білемін.
— Білсеңіз сол қазір келеді... Оның адал дос екеніне шөк келтіруге болмайды, — деп, Нұрым Сәлменді жақтай қалды.
— Ойбай-ау, өзіміз ең жақсы көретін жігітіміз. Таныс болғанда қандай, — деп, Батырбек те қуанып кетті. Батырбек бұлардың бәрінен де өзге бір жан еді. Ол Барбастау бойында көп жыл бойы бай казак-орыстардың малын бағып, қалаға жақын жерде өмір сүрген Әлжан пастухтың жалғыз баласы. Орысша-қазақша төрт жылдың мектепті бітіріп, жағадағы «көзі ашық» Сақыпкерей, Меңдігерей, Әбдірахмандардың төңірегінде өскен жас-ты. Ол жаздыгүні уалаяттың қару-жарағын қолға түсіруге астыртын хабар бергеннің бірі. Жақында жасақшылар комитетінің бастығы болып сайланып, «Еркін ел», «Ерікті әскер» деген ұғымдарды қазақ жастарының миына құя бастаған; жасақшылар оны «біздің Батырбек» деп кеткен-ді. Көруге өңі өте жүдеу, екі иығы шошайып гимнастеркадан шығып тұрған ақ сары ауру өңді жігіт. Бірақ жан-тәні жастар жағында. Казарма ішіндегі елден келген көп қоңырлардың адам қатарына қосылып азаматтық халге жетуіне басын берерлік бір жалынды адам болатын.
Бірақ басшылықты өктем мінезді Мәмбет өз қолына алғаннан кейін Батырбек бұл қайратты ерге ден қоюмен келді. Оны қазақтың ескі батырларымен бара-бар санады. Мың кісіге бір өзі жалғыз баратын және сол мыңды қайраты мен жүректілігі селк еткізетін заманның тәңірі берген қолбасы деп түсінді. Мәмбет не айтса да оған қол қоя берумен ғана тынды. Қазірде ол ер сөзіне қарсы жауаптауды балалық деп қарағандай еді. Жоламанов көз тіксе де ақыл қоспай, Ойыл офицерлерін күтіп, олардың ойламаған жерден қарсылап келген ниетін өз ауыздарынан естімекші болды. Соларды күтті.
2
Алқа-қотан отырып әңгіме-дүкен құрған ел адамдарының отыз-қырқы еркін сиярлық бұл үйді әскер киімді, қаруын асынып, бірі кіріп, бірі шығып жүрген жасақшылардың онға таяуы да толтырып жіберді. Әзмұратов келгенше серіктерімен бірер қабат тіл қатқан Мәмбет тор алдына тастаған жастыққа бір шынтақтап, кішірек келген екі терезенің бойын бір өзі алды. Оң жағында пешке таяу жүресінен отырған Батырбек, Шойқара қисайған соң ол да малдас құрды; ал, Орақов бір тізерлеп отырған Нұрымға әлдене бір әңгімені баян етіп еңкейе түсті, Жоламанов есікке таяу жарға сүйенген бойы қалды.
Қыстау қос есікті еді. Оның бірі сол басшы жасақшылар отырған қонақ бөлмеде, бірі қазан жақта, екеуі де алдыңғы сенекке шығатын. Кешеден бері қазақ ауылының бұрын көрмеген тұрмысы мен адамдары және жоқ жерде кездескен ежелгі танысы Сәлмен Мүкараманың ойын өзгеше сергітіп жіберген; ол ертемен төңіректегі әлденеше үйлерге кіріп шығып, жасақшылардың хал-жайын біліп шыққан. Енді Сәлменді іздеп, бірақ оның қай үйде жатқанын білмей, «ертіп апар» демекші боп Нұрымға кіріп келді.
— Жыршы аға, — деді ол екі беті албырап үйге екпіндеп кірген бойы. — Келемін деген Сәлмен әлі жоқ. Мені соған ертіп апарыңызшы. Ертемен бір көрінді де жоқ болды. Оралдың жайын сұрайын деп едім. Сағындым.
Бір тізерлеп отырған Нұрым да түрегелді, қисайып жатқан Мәмбет те басын көтерді.
— Келуге тиіс Сәлмен... Біз де күтіп отырмыз оларды, — деп Нұрым қызға қарап езу тартты.
Қыз күліп Нұрымның үй төбесіне тиіп тұрған шошақ шлеміне бір, қызара бастаған оның сопақ жақты қара сұр жүзіне бір қарады. Нұрым оның ойын бірден сезіп:
— Ұзын кісі кірмейді деп ойлады ма екен соншама аласа салып үйді. Мәкең мен мені келеді деп күткен жоқ-ау шамасы, — деді қыз қараған төбені оң қолымен тіреп тұрып.
Орақов. күліп жіберді, Мәмбет қабағын түйді. Ол қызды жаратпай қалды. «Әнеугүні қалада Арон төренің оқыған қызы сөзге араласып бәле қылып еді, енді мына ноғай қызы арамызға еніп кетті. Бұл бикештердің еркектің ісіне араласпаса іші ауыра ма екен, түге» деп ойлады.
— Мәмбет аға сізден аласа ғой, — деді Мүкарама төбені тіреген Нұрымға. Сөйтті де өзі риза болғандай Мәмбеттің ер пішініне бақты.
— Аға деме, қайнаға де, Мүкарама. Қазақта күйеуінің ағасын қалыңдық солай атайды, — деп әзілдеді Орақов.
Қыз оған қосылмады.
— Бұл оңай ғой. Ағаның алдына «қайны» деген сөзді қосса болады екен. Мұны маған Айша үйретті, — деді қыз.
— Бұл қалай? — деп сұрады, Мәмбет әлі сол қабағын түйген күймен Орақовтан.
— Мына Нұрымның інісі біздің доктордың... жары көрінеді. Біз бір жағынан Мүкараманы жаңа жұртына ұзатып әкеле жатырмыз. Мәке, сіз бас құда болып та қаларсыз.
— Ол да оқыған жігіт пе?
— Оқыған жігіт. Ана Ойыл азаматтарының ішіндегі бір басшысы сол Хакім Жұнысовтың бірге оқыған мектептес досы көрінеді...
Орақов сөзін бітірмей есіктен Әзмұратов кіріп келе жатты.
Үйде отырғандар жаңа шинельді, оқалы погонды, тік бойлы, сұр жүзді, кішірек біткен шошақ мұрынды және тесе қарайтын, бірақ жанары солғын қой көзді, жасы отыздың үстіне шығып кеткен офицерге жамырай қарады. Офицердің өкшесін баса кірген жас жігіт табалдырық түбінде қалды. Бірер минут үйдегілер де, сырттан кіргендер де үнсіз, көзбен сынасты. Әзмұратов үйді, отырғандарды, бір шетте тұрып қалған қызды көзбен сүзіп өтті. Ол сәлем де бермеді, төрге озуға да қамданбады.
Орақов:
— Былай шығыңыз, — деп, терезе жаққа иек қағып еді, оған:
— Осы жер де жарайды, — деді.
Тағы да бір сәт үнсіздік басты, тағы да екі жақ шырай аңдысқандай болды.
— Отыр! — деді Мәмбет Әзмұратовқа өктем үнмен.
— Мен отыру үшін келгенім жоқ, мына жасақшылардың бастығымен тілдесу үшін келдім. Командир қайыссың? — деп сұрады Әзмұратов.
— Мен, — деді Мәмбет үнін қоңырландыра түсіп.
Осы шын айтып тұр ма деген адамша Әзмұратов томардай болып отырған шойқараға тура қарады. Оның бар сом бейнесін көзбен бір-ақ қамтып, оң құлағының кетігіне тоқтады. «Түйенің ойық ені сияқты екен» деген ой келді офицерге Мәмбеттің ажарсыз құлағы көзіне түсіп. Ол Мәмбеттің білімін, шенін, ақтармақ боп:
— Қандай училище бітірдіңіз? Званиеңіз қандай? — деп сұрады орысша.
— Мергеневксий кадетский корпус с отличием. Офицер действующей дружины, — деген орысша жауап ілесті сұрағына.
— Мергеневский деген кадет корпусы жоқ.
— Мен өзім құрғанмын. Өзім жаптым оны жақында. — Орақов мырс ете қалды. Қиқар жауап қайтарып, Мәмбеттің жөн сөйлеспеуге бет алып кеткенін Әзмұратов бірден түсінді де:
— Мен мұны сұраған мәнісім: соғыс уақытында жауынгер жанына жауапты командир. Командирдің көрегендігі мен әскер ісіне жетіктігі ғана жеңіп шығудың басты шарты дегенім. Алдымен қандай мақсатпен қалай қарай жол шеккендеріңді білгім келеді. Басқа әңгімені содан кейін бастаған мақұл деп ойлаймын, — деді.
Мәмбет тіке кетті.
— Мен сұлулап сөйлеуді білмеймін. Алып келген отрядтарыңды маған қосасың да, өзің мына жігіттермен бірге боласың. Неше адам келдіңдер?
— Отрядты қосу үшін оның құрамы қандай, дайындық дәрежесі қай түрде, алға қойған мақсаты не? Осыны білу керек.
— Ойыл офицерлерінің, бізге қосыламын дегені рас па, жоқ па? Соны айтшы!
— Ойыл офицерлері сізге қосыла ма, сіздер бізге қосыласыз ба, мұны кім салмақты болса соның безбеніне салып шешеміз. Ал, сіз менің бірінші сұрағыма жауап бермедіңіз: мақсатыңыз қандай? Қай жаққа сапар шегуге бет алдыңыз? Басшы болғаннан кейін мен осыны білгім келеді.
— Қалай дейсің? — деп Мәмбет жүгіне қалды.
— Түпкі мақсат қандай? Соны білгім келеді, — деді Әзмұратов.
Мәмбет сөзге тік келіп, күшке сала сөйлегеннен-ақ, Батырбек «шатақ шығарып алмаса нетсін» деп қауіптеніп еді, енді ретін тауып сөзге араласу жағын көздеді де, ұтымды, ақылды сөз тастауға тырысты.
— Мәке, менің түсінуімше офицер Әзмұратов «екі отряд та теңдік көксеген қазақтың баласы, енді қай түрде күш біріктіреміз. Осының әдісін ойлайықшы дегенді айтып тұр... — дей беріп еді, Мәмбет оның сөзін бөліп кетті.
— Сен араласпа, бала, — деді Мәмбет оған түксиіп. — Мен бұл мырзаның ойын жақсы түсініп тұрмын. Біз офицерміз, сендер жасақшысыңдар. Сондықтан істің жөнін білмейтін надан қараларды қатарға қосып алып, өзім үйретемін, өзім басқарамын демек. Тіпті бұл жігіт біздің бет алған жолымыздан қайыру талабын да ойлап тұрған шығар.
— Дұрыс айтасыз, — деді Әзмұратов. — Сіздер кеше ғана мылтың ұстаған жасақшысыңдар. Әскер біліміне жетік менің офицерлерім бөліп-бөліп алып, нағыз жауынгер етіп шығаруға міндетті. Бұлай ету үшін ана оқу құралдары, жататын жері, азық-түлігі дайын Ойыл қаласына алып кетуім керек...
Мәмбет ұшып түрегелді.
— Менің мақсатым Ойылға барып Кирилловтерге арқамды тосу емес, мына өз билігін өз қолына алған шолақ аттыларды көп қазақтың ту тіккен жеріне жеткізу. Сондықтан, Әзмұратов мырза, бар адамыңды менің үш жүздігіме тең бөлесің де бірге жүресің. Жүрмесең оныңды айт, — деді.
Әзмұратов көп ойланбады. Мына шойқараның бас имейтінін түсінді де, өз жобасын астыртын іске асырудың жайына көше сөйледі.
— Жарайды. Мен офицерлерімді бөліп-бөліп отрядыңа қосамын. Ал бұл істі іске асыру үшін маған бір жұма мерзім бересіз.
— Қалайша бір жұма?
— Бір жұма емес, бір сағат шығар, — деді Мәмбет пен Батырбек қосарлана бірінің сұрағына бірі жауап бергендей.
— Ең кемі бір жұма. Бұл жерде офицерлер мектебінің елу адамы ғана. Қалған екі жүз елуі Ойылда қалды. Ойылға осы арадан суыт жүргенде ара қонып жетеді, ал ондағы офицерлер мектебінің курсанттарын жолға әзірлеп шығару үшін де бір-екі күн өтіп кетеді. Сондықтан ең аз дегенде бір жұма, әрі кетсе он күн керек, — деді Әзмұратов.
Орақов пен Жоламанов Батырбекке қарады да, Батырбек Мәмбетке бұрылып:
— Мәке, біз өзіміз... — деп бастап еді, Мәмбет тағы да ойын түптетпеді.
— Бір жұма! Тура бір жұмада алып келесің. Ешбір дәлел есепке алынбайды, — деді.
— Табысатын жер осы ара. Мен өзім барып, өзім бастап келемін офицерлер отрядын. Бір жұма уақыт жетер, — деді Әзмұратов.
— Бұл жер болмаса осыдан отыз бес шақырым Шыңғырлау бойынан табысамыз. Онда Әйтиевтің полкы жатыр.
Әзмұратов құлағын тіге қалды да, жалма-жан алдыңғы пікірін бекіте түсті.
— Жоқ, азаматтар, осы арадан табысамыз, алдымен бірігіп алып, алыс сапарға жүру жабдығын сонан кейін қамдаймыз. Әскер жорығы — қалаға мал айдаған шаруаның базаршылығы емес. Сіздер тыныға беріңіз. Бір жұма деген аса ұзақ мерзім болмайды. Жатқанға да, жүргенге де тиімді мерзім, — деп келгендегі тұйық бетін жадырата түскендей болды. Көбірек көз қадаған Жоламановқа жансыз жүзінде езу тартқан тәрізді кілмік шырай байқалды.
— Жарайды! — деді Мәмбет, — осы арадан табысамыз.
Ақырын бас иген іспетті бір қимыл көрсетті де:
— Әзірге қош! — деп Әзмұратов шығуға ыңғайланды.
Әзмұратовтың көлденең көзге зорға бас иіп, амалсыз икемге келген өp көкірек мінезінен гөрі жайпап тастарлық Мәмбеттің адам қорқарлық кәрін тіккен қаpa қошқыл түрі мен өктем. үнді сөзіне көбірек іш тартып тұрған Мүкарама:
— Командир мырза, Сәлмен Аманбаевты біздің жаққа жіберсеңіз жақсы болар еді, — деді Әзмұратовқа.
Әзмұратов қызға аяғынан тік бұрылып, басын иді де оған әзір жауап берді.
— Бикеш, уақыт тар, Аманбаев менімен бірге тап қазір осы сағатта Ойыл қаласына жүреді. Айып етпеңіз қайтып оралғаннан кейін қарамағыңызға табыс етермін.
— Онда мен өзім барып сөйлесіп қалайын, оған рұқсат етесіз ғой, — деп езу тартты Мүкарама.
— Кешіріңіз, жеке бастың әңгімесі жорық үстінде жауынгер офицерге де, әскер қызметінде жүрген дәрігерлерге де лайық емес. Meн қате түсінбесем сіз дәрігер шығарсыз, — деп Әзмұратов бұйрық түрінде қатал тіл қатты да, тағы да басын иіп, кері айналып үйден шығып кетті.
Мүкарама бөгеліп қалды. Не оған ере шығарын, не тура берерін білмей Нұрымға қарай берді.
Ешкімге ақылдаспай, Әзмұратовпен өз бетінше өктем сөйлескен өр мінез Мәмбет серіктеріне де түнере қарады. Ол үндемей біраз отырды да:
— Мен Шыңғырлау бойына түсіп қайтамын. Сендер ана Ойыл әскерін осы жерде күте беріңдер. Олар келіп жеткенше, мен де қайтып ораламын. Бұл жерде босқа жатқанша Әйтиевтің, Ғалиасқардың тап қай жерде тұрғанына бақылау жасаймын. Бәлкім олармен кездесіп те қалармын, — деп орнынан түрегелді.
Жоламанов басын шайқады. Бірақ Мәмбетке «бұл қалай болды?» деп ойласудан мән шықпайтынын байқап үндемеді. Батырбек Мәмбетке еріп кері өз жүздігіне кетті.
3
Әзмұратов шойқараға тісін қайрай түсті. «Бүлікшіге рақым жоқ. Жә сенің басың, жә менің басым қанжығаға қонақтар. Аманбаев та жау жағына шықты» деді ол ішінен. Пәтеріне қайтып келіп тізе бүкпестен жас қосшысы Жанғожаға:
— Аманбаевты шақыр! Өзің де жолға жинал. Қазір жүреміз, — деген пәрменді жарлық берді.
Жанғожа жүгіре жөнелді. Ертегі сияқты жұмбағы мол әскер жорығы оған кейде әлдеқайда алып ұшатын сиқырлы жолдай көрінетін.
Бұл жолы да ол бұрын көрмеген, білмеген биікке өрмелеп бара жатқандай сезді.
— Сәлмен аға, сізді старшина Әзмұратов шақырады, тез жетсін деді, — деп есік алдына шаншыла қалды. Сөйтті де ол түсі өзгеше суынып кеткен өзінің сырлас прапорщигін өз құлағы естіген жаңалығымен қуантайын деген адамша: — Сәлмен аға, біз жасақшылармен табысатын болдық, командир солай уәде берді. Сіздерге соны айтпақшы, — деді жүзі жайнай түсіп.
Бұл сөз үйде отырған екеуге екі түрлі әсер етті. Бар сыры ішінде, бірнеше күн тұйық пішінде келген Абылаевтың екі көзі Жанғожаны жеп қоярдай бөріше тігілді де, Сәлменнің жүзінде таңырқау пайда болды. Бірақ екеуі де тіл қатпастан орындарынан тұрды да есікке қарай жылжыды.
— Сәлмен аға, — деді тағы да Жанғожа үйден шыққан соң, артына қарап қойып. — Әлгі шекесі жарылған сұрқиядан сақ болыңыз. Білдірмей ізіңізге түсіп жүр.
Өз ойымен болған Сәлмен жас жігіттің жүзіне мейірлене көз тастады да, үн қатпастан жүре берді. «Рақмет, қарағым! Мұның зұлым адам екенін өзім де түсіндім» деген сөз тілге оралғанмен ауыздан шықпай қалды. Оның бар ойы: «рас па, әлде мұнда басқа сыр бар ма? Жасақшылармен табысатын болдық, командир солай уәде берді», — дейді. Мына уалаятшыл офицер «қырамын, жоямын» деген ниеттен шынымен қайтқаны ма? Бұл қандай тез істелген іс, тез берілген уәде? деген сұрақтарға сүріне берді. Бірақ ашық жауап таба алмады. Командирдің өз аузынан естігенше асықты. Кешікпей бұл оғаш лебіз де оның алдын тосты.
— Аманбаев мырза, ана кейінде қалған офицерлерді барып алып келіңіз. Мен табыстым, — деді кіріп келген Сәлменге Әзмұратов.
Командирдің күлкі нышаны көп көрінбейтін жүзінде езу тартқан шырай байқалды. Ал ілесе келген Жанғожа бұрынғыдан да қатты жайнай түсті. Ол: бұл жорыққа Сәлмен ағаны жібермекші болды, мені ерте кетер деп қуанды.
— Мен түсінбедім, старшина мырза, кіммен табыстыңыз?
Әзмұратов езу тартқан күйі ойын аяқтаған болды.
— Ағайындармен табыстым. Жауласуды әділетсіздік деп таптым. Ана кейінде қалған офицерлерді алып келіп жасақшылармен араластырып бір отряд ету керек.
Сәлменнің басына үздік-үздік ойлар жүгірді: «бүлікшілерді құртуға ант еткен командир. Кеше ғана алдап қолға түсірудің айласын тауып мені ілгері оздырды. Бір сағаттың ішінде бұл қалайша тәубеге келе қалды? Бұл... — деп ол байқамай басын шайқап салды.
— Сұлу доктор бар көрінеді... Енді офицерлер арасына шығарып алуға болады, — деді Әзмұратов ілкі ойын бекіте түсіп.
«Сұлу доктор» дегені Мүкарама екенін Сәлмен бірден сезді.
— Түсінбеймін Әзмұратов мырза, — деді ол сұр командирден көзін алмай.
Әзмұратов қулығын асыра түсті. Зорлап жүгірткен күлкі шырайды бетінен тез ала қойды. Суық пішінмен:
— Мені опасыздық жолға көшті деп айыптауға да қахыңыз бар, прапорщик мырза... Олай болған күнде ашып айтыңыз: осы сағаттан бастап біздің жолымыз онда екі айрылады, — деді.
Сәлмен шыдамады:
— Бүл «жасақшыларға қосыламыз» деген арам ниетті адалға айналдыру ма? Әлде мені сынау ма? Әлгі Жымпитыдан келген Арон төренің шапқыншысы да менің ізіме түскенін айтып салды. Айтқан жоқ — ашып алды...
— Ә, — деді Әзмұратов әлденені жаңа ғана түсінгендей. — Сіз сол кісіден үркіп қалған екенсіз ғой. Оның - жарасы жеңіл. Бір полицияның бар-жоғын жұрт жоқтамас.
— Сонда қалай болады? Мен кейіндегі жігіттерге не деп түсіндіремін? Олар менің өз басымды қағып тастауы мүмкін ғой?
Әзмұратов Сәлменнің қолға түскенін сезе қойды. Опасыздық қармағына әбден іліктіру үшін ол енді ақылдасқан адамның түрін танытты.
— Ол да дұрыс болжал екен, Аманбаев мырза. Мен мұны ойламаппын. Оларға түсіндіруден гөрі бұйрықпен барған жөн. Сондықтан сізді жұмсауым қате, өзім баруым керек. Әйтпесе уалаяттың алдында ант еткен офицерлер мұны измена деуі де заңды.
Сәлменді енді бірі шаттың, бірі өкінішті ой қабаттаса жұлқылағандай болды. «Кешеден бері ұйқы бермей төңбекшіткен асыл арман бүгін шынымен орындалды ма? Теңдік іздеп топырлаған ана көп жігіттермен тастай құшақтасып бұдан былай бірге аттанамыз ба? Бірге жортып, бірге аялдап, еңсесі түскен ел мен жердің ата мен баба көтерген еркіндік туын бірге көтереміз бе? Артта қалған қайғылы жар мен қасіретті баланың енді қайтып ақ жүзін мұң, ай қабағын кіреуке шалмай өтуге бас береміз бе? Алыстағы түн қатып, түсі қашып жүрген ер жігіттерге ертең барып туысқандық қол созамыз ба? Мұны баста неге ойламадың? Неге жазықсыздан жазықсыз қан төгу жолына бел байладық? Кімге қарсы қару көтергенімізді ойламай неліктен досқа күлкі, дұшпанға таба болу жолына түстік? Жоқ, бұл тәубеге кеш келу емес. Бұл: адасқанның алды жөн, қайтып үйірін тапқан соң деген дана сөзге келетін оң сапар, оң жол болуға айналды. Бұл бақыт, бұл шын бақыт. Бұл тәңірінің оң жолға бастауы. Бұл аруақ қолдап, бақ жану.
Сәлменнің Ойылда қалған үйі, екі жасар баласы, жас аруы, әкесі мен шешесі көз алдына келе қалды...
— Неге ойланып қалдыңыз, прапорщик мырза? — деді Әзмұратов оған кекесін үнмен. — Мен өзім барамын, сізге хауіп...
Командирдің үніндегі кекесін дыбыс оның құлағына келмеді. Ол бір сәт жан ырзалығына белшесінен батқандай болды, шаттық ойдың құшағында қалды. Аз уақыт өткен соң ол терезе алдында теріс айналып тұрған Әзмұратовтың қасына жақындап келіп ойындағысын ағытып салды.
— Мен мұны кеше ғана ойлап едім, командир мырза. Мұным өте кеш болды, ел алдында, жұрт алдында қара қылмыс істегендей жүрекке зіл салдым деп өзімді өзім тілгілеп едім. Енді мына сіз де әділет жолына бет бұрып шын ерлікке қадам бастыңыз. Бұл бақыт! Бұл ел үшін, ер үшін басқан ізгі қадам! Адам тоқсан түрлі ақылмен пішіп, оймен өлшеп, азаматтық арды тек азаматқа ғана арнау қолынан келетін жан аз. Аз өмірін көпке бағалайтын жан да санаулы. Мен сізді тұйық көрінген соң бұлай болмас деп ем. Қателескен екем. Сіз қиын-қыстау жерде оң қолының ұшын халқына бере алатын ардагер жан болып шықтыңыз. Түзде жан қияр жолдас, үйде бөліп жер сыйлас, кең пейіл қазақ тың кең ойлар оқымыстысы екенсіз, Жаңылса түзеп, сүрінсе демейтін аға тапқаныма ризамын...
— Әрине, жаңылғанды түзеу міндет...
— Оған менің шәгім жоқ. Бір қыспақтан бой жазып, кеңге құлаш сермеген анау жүзінен иманы шыққан қырдың момақан ұлдарын құрулы тордан алып шығарар азамат кездесер деп күтіп едім, міне кездестіңіз. Ойылдан шыққанда алдымда жазықсыз жан бар, кездесер дос бар, ар-ұятыңды алдыңа тартар ағайын толы деп ойлаған жоқ едім. Білім мен өнерден құр қалған, өзгенің тепкісінде қан қақсаған, еңбегі еш, тұзы сор жандарды жау деу күпірлікпен бірдей екенін бүгін түнде ғана түсініп едім, оларға қол көтеруді ақ сүтін емген анаға қол көтерумен барабар деп ойлап едім. Мені сіз Әбілді өлтірген Қабылдың күнәсінен де зор күнадан құтқардыңыз. Сізге мың рақмет, ұлы табысудың үстінде менің кішкене басым құрбан болса арманым жоқ. Сіз тынығыңыз, мен өзім барып үгіттейін Қаратөбеде қалған азаматтарды. Олар түсінуге тиіс, тәубеге келуге тиіс.
— Жоқ, жоқ, мен өзім барамын. Мен командирмін, — деп, Әзмұратов кілт бұрылып, Сәлменге тік қарады.
Сәлменнің қатты толқыған қызыл жүзінен шаттық шырай атып тұр еді. Елжіреген жүрек лебізі оның ішіндегі барлық адалдық шуағын сыртқа жайып нұр жалынын лаулатып жіберіп еді. «Қара ниетті зұлым! — деді ішінен Әзмұратов. — Абылаевтың айтқаны шын болды. Астыртын барып жауға сыр ашып жүр екен, бұл ақиқат екен...»
— Юнкерлерді есік алдына жина! — деп бұйрық етті ол Жанғожаға.
Оның сыр бермес бозаң тартқан сопақ беті сұр қалпында қалды. Сәлменнің өзекке тиіп қорғасындай балқытарлық жалынды сөздері әлдеқайда асып кеткенге — желге кеткенге ұсады. Әзмұратов арбалған торғайға ақтың уын шашар жыландай қадалып қалды.
Аяғын жүгіре басып, шүйкедей шошайған төрт-бес қыстаудан Жанғожа жас юнкерлерді ертіп келгенде екі офицердің екеуі бірі мұз, бірі от пішінде екен: «Әзмұратовтан ызғар, Аманбаевтан жалын атып тұрғандай жарқын көрінді».
Әзмұратов байлаулы тұрған қара кер атқа мініп те алды.
— Айбынды офицерлер! Мен кейінде қалған өз жігіттерімізді осында әкелуге аттанғалы тұрмын. Өзім келгенше мұндағы отрядқа басшылық ету міндетін мына алдарыңызда тұрған Абылаевқа жүктеймін. Бұл кісінің шені үлкен, атағы зор, жасы да бәріңізге аға. Оның бұйрығын екі етпейсіңдер. Жолыққанша сау болыңдар!
Офицер атын тебініп қалды, Жанғожа оған тірсектесе ауладан шықты. Ат тізгінін тежеп, Әзмұратов кейінге мойнын бұрды.
— Капитан Абылаев! — деді ол дауыстап. — Прапорщик Аманбаев екеуіңіз мені өзек басына дейін шығарып салыңыз.
— Құп! — деді Сәлмен.
Абылаев жауап орнына басын иді. Ерттеулі атына қарай жүрді.
Ащысай өзегінің құбыла бетінде қара дөң атанған бір бел бар-ды, жаз бойы жауын көрмей шөкесіне дейін түтеленген сол қара құйқа жонайтқа сары желіспен келіп иек сүйеді де, кейіндегі қатарласа шоқытқан үшеуді күтіп Әзмұратов кілт тұра қалды. Сәлменнің астындағы аршыны алымды, қазақ ат жылқы желіске түссе, бастық атын артқа салып та кетерлік жайы бар болатын.. Бірақ офицердің бүгінгі «ізгі» өзгерісіне қатты сүйсінген прапорщик сыпайыгерлік көрсетті, командирдің алдына түсуді әдепсіздік деп білді. Ол Абылаев пен Жанғожаның қатарынан озбады. Тоқтай қалған кезде ол Әзмұратовтан тағы да тәтті лебіз күткендей әдеппен атының басын тежеп, құлақ тоса бастады. Командир күттірмеді.
— Сұлу доктор таныс емес пе? — деді Әзмұратов шылбыр тастарлық жерде тұрып қалған Сәлменге әлденені сырласар адамша қабақ түйіп.
Сәлмен елең ете қалды. «Мүкарамаға көзі түскен екен» деген қызғаныш ой келді оған. Ол түсіндіре бастады.
— Таныс, таныс, старшина мырза. Ол кісі доктор емес, медсестра. Мен Оралдан білемін. Көптен таныспыз... Менің бірге оқыған мектептес досымның қалыңдығы. Оралдағы белгілі Құрбановтың қарындасы. Хирургиялық тәжірибе алу үшін ағасы доктор Шугуловтың ауруханасына жіберген. Қазір мына жігіттердің арасында келе жатқан көрінеді. Мұсылманша білетін қымбатты адам...
— Ымм, солай деңіз. Қалыңдығы дейсіз бе?
— Иә, қазақтың бір көрікті жігітінің айдар таққан қызы. Келіншегі десе де болады (Сәлмен Мүкараманы қызғыштай қорғап кетті). Қыз да, жігіт те құдай қосқандай тең, екеуі де сұлу жандар.
— Ол досыңыз қайда? Фамилиясы кім дейсіз?
— Фамилиясы Жұнысов, аты Хакім. Қазір ол сырт естуім Әйтиевтің полкында көрінеді. Жазғытұрым атамандар көтерілісінде түрмеге отырып шықты... Содан бері көргенім жоқ.
— Әйтиевте полк бар ма?
— Иә, мына жасақшылардың тұп мақсаты соған қосылу екен.
Әзмұратов қабағын түйе қалды.
— Полк құрғанда қару-жарақты қайдан алмақшы?
— Ойбай, қару табылады ғой. Атамандардың өз қаруын өзіне жұмсап жатыр деген хабар бар.
— Мұны сіз қайдан есіттіңіз? Сіз әуелден сол Әйтиевтің тілектесі болмағай едіңіз?!
Сәлмен күліп жіберді.
— Әйтиевке тілектес болу үлкен бақыт емес пе, Әзмұратов мырза...
— Сұлу қыз да большевик де...
Әзмұратов сөзін аяқтамай Абылаевты шақырды. Түсі өте-мөте көгілдір тартқан полиция капитаны атын омыраулата келіп, Әзмұратовқа құлақ қағып жарлың күте қалды.
— Ал, мен кеттім, капитан мырза. Екі күн өтіп, үшінші күні таң алдында ораламын. Сіздің ақпарыңыз толығымен ыспатталды. Сәлмен Аманбаев большевиктердің тілеулесі, досы, жан ашыры екен...
Неге екені белгісіз, Абылаев Сәлменнің арғы жағынан келіп тоқтап еді. Әзмұратов оған иек қаққандай болды. Бірақ бұған мағына бергенше, бұрылып капитан жүзіне көз жіберіп үлгергенше болмай, ат үстінен айнала беріп Сәлменнің ту сыртынан тартып қалған наган дауысы тарс етті...
— Ah! — деді Сәлмен ат жалын құшып, қазанат бие қарғып кетті.
— Сәлмен аға! — деп шыр етті Жанғожа. Басқа сөз оның аузынан шықпай қалды, — жас офицер ат жалын құшқан Сәлменге ұмтыла берді...
Кешеден бері ізін аңдыған түсі суық сұр офицер үкімді де өзі шығарып, орындауын да өзі орындап еді. Қарғыған биеден құламай қалған Сәлмен, ер үстінде дұрысталып отырған жанша ат жалын тіреп, басын көтеріп алды.
— Әттең!.. Қапыда кеттім... Жанғожа!
Ол қайтадан ат жалын құшып қалды.
— Аға, Сәлмен аға! — деді айқайлап жас офицер. — Бақыл бол, аға!..
— Әттең! — деді тағы да басын көтеріп алып Сәлмен. Ол Жанғожаның ағалаған даусына құлақ тосқан жанша басын қисайтты. Сонсоң тағы да көтеріле беріп жүзін Жанғожаға бұра түсті, мойны жар бермей, келесі сөзі тап сол сәтте ызғыра қалған желге кеткендей уілдеп шықты: — Қапыда кеттім. Достар... Жанғожа, жеткіз... Жұнысовтарға... жеткіз... қош! Адалмын. Арманда кеттім!.. Хакім! Қош!.. Адалмын!..
Екінші рет тарс ете қалған мылтық даусы Жанғожаны аттан ұшырып жібергенін Сәлмен керген де жоқ еді, білген де жоқ еді. Өзінен бұрын аттан құлап қалған уылжыған жас Жанғожаның бал аузынан қара қан кетіп жатыр еді. Сол күнгі бүл екі ізгі жанның ақтық тілегі алыстағы Хакімдер түгіл, Ащысайда жатқан Нұрымдарға да жетпеді. Кейін жетті.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Бұл күндері Хакімнің татар дәмі мен бітер демі безбенге түскен шақ-ты...
Сол жылы күзде жаңбыр мол болды да, жауын арты қара суыққа айналып кетті.
Күндіз солтүстіктен тұрған жел ызғары сұрғылт бұлттарды бірін-біріне қоспай түйдек-түйдегімен оңтүстікке қарай жөңкілтіп жатты. Ал, кешке қарай жел бәсеңси қалып, кері серіпкен қою, боз-қоңыр бұлт жерді суық жаңбырмен толассыз сабалайтын болды. Бұл күндізгі азынаған жел мен түнгі қалың жауын қара малды қырға шығармай қарасынға, қораға айдап тықты: қырдағы басы бірікпейтін үйір-үйір жылқыны бөрідей иіріп сай мен салаға, бауыры ықтасын биік жондар мен түбі шұңғыл обаларға тықсыратын болды. Жонда мал, түзде жолаушы сиреді. Сығырайған шым үйлер мен сары балшықтан салған жатаған қыстаулардың қиюы қашқан қисық есіктерінен, әйнегі сынып шүберекпен тығындаған терезе көздерінен ызғырық азынады; киімі жыртық, етігінің жұлығы тесік жалбыр қара шұнақ балалар бұйығып от басына үймеледі; кемпір мен шалдар үстеріне тон-шапандарын қабаттай түсті; үздіксіз суық жаңбырдан қалжыраған кәрі саулық пен арық торпақ үйдің қазан жақ босағаларына біржола орналасты да, бықсыған тезектің ащы түтіні мен мал астының ылғалды ауыр қышқылт иісі қосылып, іші тар, жұпыны қыстаулардың тынысын тарылта бастады; оның үстіне түнге қарай шалдардың жөтелгені, балалардың түшкіргені, танауына түтін иісі кірген саулықтың пысқырғаны, жарығы кем, жылуы аз, ауасы ауыр жеркепелерден ышқынғандай бір дыбыс шығаратын болды.
Қара топырақты жаңбыр суына мейлінше қандырған бұл қараша айы жер бетіне телегей-теңіз қақ тұрғызып болды да, қақаған бір түнінде бүкіл өлкені аязбен сипап өтті; ертеңіне-ақ ой мен қыр, сай мен сала теп-тегіс көкала мұзға оранып шықты. Бірақ көпке дейін қар түспеді, жылтыр дала желтоқсанда да жап-жалаңаш қара қатқақ күйі жатты.
Арқадан тұрған ызғырық жел күшейіп, оқтын-оқтын қар ұшқындап тұрған бір кеште Жайық жағасынан шығып, Аңқаты басы Тіксайға қарай Хакім келе жатты. Оның астына мінген тұрқы ұзын, жүрісі жұмсақ қара көк биенің бүлкілі де cap желіске татырлық — желдей есіп келеді. Бірақ желкеден соққан қара суық жүрісті еріксіз жеделдетіп, ол ауық-ауық шауып алады. Жолға шығарда Хакім үстіне шолақтау сары тон тауып киген еді, қазір үсті өте жылы, байпақсыз қара етік болғанмен аяқ та тоңар емес, жалғыз-ақ тізе мен қол шыдатпайды. Бір кез тізгінді босатып жіберіп екі тізесін кезек уқалап, жылытып қолдың жанын келтіргендей болып, ол қайтадан текіректейді. Дала қаншама жалпақ, ел-елдің арасы қым-қиғаш шалғай келсе де, жортуылға үйренген қыр жігіті шалымды атпен әне-міне дегенше-ақ көп жерді еңсеріп ала береді. Бір жағы суықпен және есі дерті түнделетіп өз еліне жету болып, Хакім де сол сапарда елсіз асуды тез белден басты. Ол жолының жарымынан көбін екінді мен ақшам арасында-ақ жеңіп алды. Ал оның жолы Аңқатының басын кесіп өткенде жетпіс шақырымға аяғын жимайтын жер-ді.
Сырым шыққан обаға іліккенде алдынан өреге жайған құрттай боп, кепікі ала көлеңде жыпырлаған қалың жылқы кездесті. Жаз күні бет-бетімен жайылып, үйір-үйірімен ендеп жататын бозды даладағы көп жылқы кәзір шоғырланып, етек-жеңін жинап, екшеле түскен: сауыр жүні үрпиген жабағылар ыққа қарай домалап, біріне бірі бұйыға жабысып, басын жерге салмастан жылжып барады; сауырлары зөнтектей, түгі қалың дөнежін, бесті жылқылар мен аяғын алшақ басқан қазылы ту биелер ықтаған тай-тулақтың соңынан бір қырындай жайылып, амалсыз ере түседі.
Қысырақтың қызғаншақ келген қапсағай дөнендері қалың қабақ қарт айғырларға құлақ жымитып, жал күдірейтуді сиреткен сияқты; үйір мен үйірдің алшақ арасын да қара суық жымдастыра бастағандай ел мен елдің, бай мен байдың бірі құлалы, бірі алалы жылқысы сапырлыса түскен.
Обаның күнгей жақ түбінде ықта отырған төрт жылқышы Хакім үстінен шыға келгенде орындарынан ұшып-ұшып тұра келді. Бұлардың қатты сасып қалғанын Хакім байқаған жоқ. «Обаның ығында жантайып жатып әңгіме соққан ғой» деп ойлады кешігіңкіреп тұрып жатқан басқаларынан жасы үлкен кісіге жақындай түсіп. Сөйтті де ол басындағы үлкен сеңсең бөркін алшысынан киген, аяғында киіз байпақты етігі бар, күпілі қара мұртты кісіге:
— Ассала-ма-лайкү-мм, — деді, сәлем беруге тілі әрең келіп.
Ол суыққа шыдамсыз қолы мен тізесін көбірек қорғап желе жатып, беті-аузының да қатты тоңып қалғанын сезген жоқ еді. Сәлем беруге аузы келіспей, тілі бұралғанына өзі де сасып қалды. Оның үстіне мына күпілі қазақ көзіне бір қарағанда жылқышы сияқты емес, елдің бас көтерген қатардағы адамның бірі тәрізденді.
— Уәликсәлем. Жол болсын! — деді күпілі, ақырын ғана жұмсақ үнмен.
— Күн өте суық екен, — деді Хакім оған қадала қарап, тоңып қалғанына кешірім сұраған адамша жасыңқыраған пішінмен.
Сөйтті де тізгінін ерінің қасына орай салып, екі қолын біріне бірін уқалап-уқалап жіберіп, алақанының сыртымен бет-аузын ысқылады.
— Тілеуберлі алыс па бұл жерден? — деді ол аздан шейін, оның сөзі бірден-екі анықтала түсті.
Шеткерірек шығып Хакімге, астындағы оның биесіне көзін қадай түсіп өлшеп-пішіп қараған бір күржіктеу жас жігіт:
— Оллаһи, мен какол екен деп бағанадан тіліне түсінбей тұрсам, қазақ екен ғой, — деді қасындағыға күліп, санын соғып қалып. — Кәпір өтейін какол екен деп едім.
— Какол емес екенін қайдан білдің? Шолақ тон... қара етік... түсі де құба, — деп екінші жігіт алдыңғының пікіріне едәуір дәлелді шәк келтірді.
Хакім бұл екеуінің сөзін естіп күліп жіберді.
— Өздерің қай жердің каколысыңдар? — деп сұрады ол, әзілдеп.
Күржіктеу жігіт Хакімнің қазақ екеніне көзі әбден жетіп:
— Мырза, біз осы төңіректің жылқышысымыз: мына жігіт Кердері Мұқайдың жылқышысы, — деп ол Хакімнің қазақ екеніне шәк «елтірген ашаң жігітті көрсетті. — Мырзалының Мұқайын естуің бар шығар. Соның, кәдімгі болыс Мұңайдық жылқышысы. Мынау Абыз болыстың жылқышысы; мен Әлібек ауылыныкімін, — деп аузын толтыра сөйледі. — Ал, Қайрекең (қара мұртты кісіге қарап, ол жаутақдай түсті)... Қайрекең, өз жұмысымен жүрген Қайрекең... Тілеуберлінің қайсысы керек еді — мұны Қайрекең біледі.
«Қайрекең» дегенге Хакім құлағын түре түсіп, мұртты кісінің сырт пішінін түгел қарастырып шықты: орта бойлы, қара торы, жұмсақ жүзді адам, «іздеген Хайроллам тап осы болмағай! Меңкең: бала сияқты кісі, сенімен ол замандасындай сөйлеседі, өте кішіпейілді және өзі жаратылысынан қойшы-қолаңмен үйір деген еді». деп ойлады.
Атақты, дәулетті адамның жылқышысы екенін мақтанышпен көлденеңдете түскен бұл пысық жігіттен Хакім іздеген адамын тіке сұрауға сеніңкіремей:
— Өзім Шалқар сағасыныкімін, какол емеспін, — деп әзілін араластырды да: — Тілеуберлілерге соға кететін шаруам бар еді, — дей салды.
— Тілеуберлі де, Абыз да міне тиіп тұр. Кәкең болыстың үйіне барсақ — сонау ағаш, — деп пысық жылқышы атқа көшті': — пай шіркін, мына қара көк биенің көрген төстіктей түрі-ай! Тап болыстың қара айғырындай ұзындығы есік пен төрдей екен. Жүйрік шығар бұл да.
Ол Хакімнің арт жағына айналып, биенің салыңқы келген сұлу сауырын, желең құйрығы мен тік бақай, сида шашасына дейін көзімен сүзіп өтті.
«Болыс Кәкең... қара айғыр» деген сөздерден Хакім белгілі болыс Хакім Бакебасовты айтып тұрғанын біліп, оны күні кеше Қаленді босату үшін әкесінің ұстап аламын деп жиынмен аулына төнгені ойына түсті. «Сол жүйрік қара айғыр ғой құтқарған, әйтпесе ана жылғы жігіт алғанда тізімді өртейміз деп ауылына ат қойған ереуілшілердің қолына түсетін едің. Кім білсін, осы жолы да қара айғырмен Жымпиты асып кеттің бе? Маған сенің керегің шамалы. Маған керегі басқа кісі... — деп ішінен ол қара мұртты, күпілі адамнан көзін айырмады.
— Шалқар сағасыныкі... Аты-жөнің кім болды, інішегім? — деп сұрады күпілі адам, Хакімнің қайта-қайта қарап, бірақ тосырқап тұрғанын сезіп.
Хакім аты-жөнін айтты.
— Ымм! — деді созып бейтаныс адам, айтатын сөзін саптағандай, аузын аша түсті.
— Сізді мен танып тұрған сияқтымын. Жаңылмасам сіз Хайролла дейтін кісі шығарсыз. Жаңылсам кешірерсіз, аға! — деді Хакім, неде болса бұл кісінің аты-жөнін білгісі келіп.
— Иә, Хайролла менің атым. Ғабидоллин дейтін кісімін. Шырағым, мен де сенің әкеңнің атын да, өзін де жақсы білемін. Марқұм, Жүкең қайтыс болды деп есіттім, жақында. Қайырлы болсын, шырағым. Жампоз жан еді, — деді Хайролла көңіл айтқан аяулы пішінмен.
Хакім ат үстінде қалшиып қатып қалды; жүзі аппақ болып кетті; Хайролланың аузынан тағы да бір сөз күткендей көзі үрейленіп үлкейе түсті; еріндеpi әлденеге жыбыр ете қалды. Ол мезет, тежей түсейін деген адамша, тізгінін оқыс тартып қалды да, дем алып аяғын суытып тұрған бие басын жөтеріп қалып, орнынан қозғалып кетті. Хакім бірер минуттей не істерін де, не айтарын да білмей есеңгіреп булығып, тек биенің бір жақ тізгінін тарта берді. Қолдың ыңғайымен ұршықша айналып, бие тұрғандарға сырт берді. Хайролла жас жігіттің әке өлімін бірінші рет естіп тұрғанын білген жоқ еді, «қатты қайғырады екен әкесіне. Өзі шын жампоз, қайғырарлық та кісі еді» деп ойлады ол, Хакімнің теріс айналғанын көз жасын жасырды ма деп болжап. Сәлден кейін өзіне қарай бұрылғанда ол Хакімнің көзінен жас таппады, оның тек жүз құқылдығын байқап, дауыс дірілін ғана сезді.
— Менің сізде жұмысым бар еді, — деді Хакім сыбырлағандай баяу үнмен. — Былайырақ шықсаңыз...
— Кәзір, кәзір. Өзім де ауыл жаққа қайтқалы тұрмын.
Өріске бір болмашы шаруамен келіп, мына балаларды көрген соң айналып қалғаным. Әңгіме сұрап жібермейді, іші пысқан немелер, — деп Хайролла тобылғыға байлаулы ыққа қарап тұрған атына қарай жүрді.
Бұрын көрмеген, әңгімелесіп сыр алыспаған бұл адаммен Хакім шешіліп сөйлеспеді, сөйлесуге оның шамасы да келмеді. Оны жалғыз ғана: тезірек оңаша шығу, өзі мен өзі болу ырқы билеп кетті. Ол ілгері жүрген сайын, бірден екі ойы тұрақтаған сайын көмейіне бір нәрсе тығылып бара жатқандай сезді. Оңаша шығып еңіреп жіберуге асықты.
— Мына прокламацияларды Совдеп басшылары сізге табыс ет деп еді. Мә, алыңыз, арғы жағын өзіңіз білесіз ғой. — Қоржынның аузын ашып бір түйдек қағазды Хайроллаға ұстата салды да: — хош тұрыңыз, аға! — деді.
Тұрған кезде тері қата бастап, денесі дірілдей түскен көк бие бірден cap желіп кетті. Хайролла түйдек қағазды алып қойнына тығып, белбеуін қайта буынып, ер үстінде тақымын қымтап, асықпай лайласып болып, енді басын көтергенде Хакім көсіле шауып бара жатыр еді.
— Қап, асығысын-ай, мына баланың, әңгіме сұрай алмадым-ау, — деп басын шайқап ол қойнындағы түйдек қағазды қайтадан суырып алды.
Әріптен әріпті зорға айырарлық қоңырқай тартқан бейуаққа қарамастан Хайролла мұғалім, ақша санағандай, сұқ қолымен белінен буулы текше қағаздардың шетін қайырып: «Байбақтының атақты бес дартына!...» «Халқы үшін қам жеген қазақтың оқыған саналы азаматтарына!...» «Бүкіл жалшы, малшы, жарлы-жаңыбайларға!...» — деген бастарын ғана оқыды, арғы жағына көзі жетпеді. Ол кері бұрылып келіп, кейінде қалған жылқышыларға:
— Жігіттер, күн суық екен, ана ауылға барып жылынайықшы... Соға кететін шаруам да бар еді, — деп жаңадан поселке болған «Қырық үйге» ертіп кетті.
Обаның түбінде естіген күннен де суық хабар Хакімнің іші-бауырын мұздай қып жалап өтті де, ол біраз уақыт үнсіз, ойсыз, жансыз қатып қалған құр сүлдедей, тек болғаны алға қарай шаба берді. Қанша жер шапқанын, не үшін асыққанын, бағанағы шыдатпаған тізе мен қолдың енді неге тоңбағанын ол білген де жоқ, оны ойлаған да жоқ. Ол бейне бір сайдан төмен қарай өзінен өзі тоқтаусыз домалап бара жатқан доп сияқтанды. Екі арасы едәуір жер-қыраттар мен төбелер мойын бұрып қарағанша артта қалып жатыр. Қас қарайып, көзге еш нәрсе ілінбес уақытқа дейін шапса да, тағы да талай ондаған белдерді артқа тастай беріп, ілгері шауып аса берсе де, бедеу бие сыр берерлік емес. Даланы тынбай аршындау үшін ғана жаралған жануар танауын қағып, бүйірін бір соққан жоқ. Ол бүтін Аңқатының ұзын бойы дерлік шалғай жолын бір сағат ішінде-ақ алып қояр ма еді, кім білсін! Тек бір кез атының тізгінін иесі тежей түсті.
Хакімнің тұла бойы күйіп кеткендей болды: ұзақ шауып ол булығып қалған екен, атты аяңға түсіріп, жағасын босатты. Еркіндей дем алып, аздап жайланыса түсті. Айналасына енді ғана көз тоқтатып қарап, Алакөлге келгенін жаңа білді.
Жүріс бәсеңдеп, тыныс қалпына келген сайын қызған дене салқындай берді де, ауыл төбесі көрінгеннен кейін бөлшектелген шым-шытырық ойлар жинақтала түсті. Өлген әке тірі күндегідей көз алдына елестеп кетті...
...Жаздыгүнгі екеуінің Ақпан моласына арбадан түсіп келіп жаяулап кірген, төрт қырлы жуан құлпы тастың алдына таяу келіп хажының толық денесі бөгеп, қолымен жер тірей тізерлеп отырғаны, аят оқы деп Хакімге иек қаққаны, өзінің қатты. қысылып қалып, бірақ алхамдыны айтып, оған құлһуалланы үш рет тіркестіре салып, амал тауып кеткені, орнынан тура бергенде әкесінің дұғаға көңілі толмай ренжіп тастаған қаһарлы көзі, одан арғы жолда арба үстіндегі екеуінің Бақытжан жөніндегі әңгімесі, мешіт алдындағы хажының жұртқа: «Қандай адам боларын баланың ақылы мен бағы білер. Біз тек балалардың заманына лайық білім алуына себепкер болсақ, тиісті тәлім-тәрбие берсек дейміз» — деген аса парасатты сөзі, осыны айтқандағы оның дөңес мұрынды сопақша беті мен ұзынша ақ бурыл сақалын соза сипай түскен етті томпақ қолына дейін көз алдына келе далды. Хакім күрсініп қалды да: «Ақпан бейітінен енді өзің де орын алдың. Атадан бала ширек кем туады деп, құранды да шала білетін мына шалағай Хакімнің сол оқыған шолақ аятын енді өзіңе де оқиды. Оны үзбей оқып тұратын-тұрмайтынына да балуандығы шамалы. Басыңа тас қойып, асыңды беру оның қолынан келе ме, келмей ме?! Ширек кем... ширек кем бала атасынан!.. Күні кеше ғана тірі, алып әке — бүгін жоқ. Ертең біз де жоқпыз. Тірі жүрген пенденің бәрі жоқ. Бәрінің де жатар жері сол суық көр, қайтар орны қара жер. Жалғызсырама, әке, біз де келеміз!..
«Неге жанталасып қасқырдай қырқысамыз? Неге күні бұрын бірімізге біріміз өлім тілейміз! Не жетпейді бізге? Неге ұрыс саламыз? Неге бас жесісуге өңменімізді соза ұмтыламыз? Бәрі бір сыз қара жер табысатын, тыныштық табатын, татуласатын орын!..»
Хакім селт ете түсті де, ұйқысы ашылып кеткен адамдай басын көтеріп алды. Құз түбінен қияға көтерілген қырандай, түпсіз қара үңгір ойдың құламасынан оның аузына бір ерлік сөз іліге кетті: «Түн қатып жүріп түс қашпай... — деп жыбырлады оның ерні. — Темір қазық жастанбай». Бұл не қылған сары уайым? Бұл не қылған үмітсіздік? Жыл бойы үйді, жарды, жұмсақ төсек пен тәтті ұйқыны көрмей, киіммен жатып көз іліп, нан қабығын қайзалап, қара су жұтып таңдайын жібітіп, ой мен қырды жаяу кезіп, алысып өліммен алма-кезек түсіп, үңірейген көрдің аузына бір емес, екі барып қайтқан Меңдікерей мен Әбдірахман неге жасымайды? Олар неге әділдік пен ақиқаттың үнінен бір жаңылмайды? Айналасы көк тас пен темір тордың ішінде тоғыз ай отырған Бақытжан: «Ау, Кердері кезіңді аш!», «Тыңда, қазақтың қадірлі қарттары!» — деп тар лахаттың төріндей «қырық тұрбадан» үндеу жазып шығарып, халқын теңдікке, бостандыққа неге шақырады? Елі түгіл, құдайдың берген күнінің көзі де түспейтін қапастағы революционер неге жасымайды, неге безінбейді?..
Жоқ! Мұңаюға орын жоқ!.. «Алты малта ас болмай», іс бітпейді! Ағаға берген серт бар. Сүйген жармен кездесер күн алда. Мақсат алыс! Жол ұзақ! Жарты жолда қалу — өлім!..
Ол биесін тебініп қалды.
Хакім үйіне жұрт жата жетті. Қазандық айналасына бұйыққан кішкене інілері мен кәрі шешесі үйге кіріп келгенше оның дыбысын естімей де қалды. Біраз уақыттан бері көрмеген, әкесінің бақылдығын алып басында бола алмаған баласын кемпір құшақтап қысып, үн салып жылады. Сарнаған дауысқа жүгіріп келген Бекей мен әйелі және қосылып еңіреп, жоқтауы аралас ащы зар сай-сүйекті сырқыратып көпке дейін басылмады; оны басатын адам да болмады — сөзге олақ және әйел дауысты шырылдақ Бекей өзін өзі тоқтата алмай, Әлібек пен Әділбекті кезек құшақтап жылап, жұбатып ақыл айтудың орнына өзі мықтап егілді. Сөйтіп қам-көңіл Хакімнің езілген жүрегін жабыла босатып, үй іші түн ортасы ауғанша жылап-сықтаумен болып еді. Шай да дұрыс ішілмеді, пісірген тамақ та сол күйі желінбей қалды. Әрі жолдан тоңып, салығып келген және оның үстіне ұзақ жылап, төсекке шаршап қисайса да, Хакім көзі көпке дейін ілінбеді. Оны тары да ауыр ойлар басты...
Көптен бері тілсіз, қимылсыз жатқан кәрі әкенің бұл дүниенің адамы емес екенін ол әлдеқашан білсе де, тап мұндай орны үңірейіп қалатынын, әкесіз үй ішінің жетімдік хасіретіне кездесетінін ойлаған жоқ еді. Кәзір мына аңыраған үлкен үйде Нұрым да жоқ, өзі де жоқ, тек кемпір мен жас інілері қалған. Бұларға тірек, шаруаға бас-көз әке қайтпас сапарға жол шекті. Кешегі үлкен әке, бүгін ауылға пана әке, жұрт алдында басын иіп отыратын беделді әке, ел-елге аты жайылған атақты әке енді жоқ! Ендігі күн не болмақшы? Ендігі тіршілік неден басталмақшы? Нұрым қайда? Ол үйге тез оралса да жақсы болар еді. Өмірінің жартысын ойын-сауық, жиын-тоймен өткізсе де, Нұрым шаруаға да, жұмысқа да жойқын еді. Әлде Нұрым келгенше үйде болып, мойыған анаға сүйеніш бола тұрамын ба?! Онда қалай болады? Жолдастар қайда? Ана қағаздарды тиісті адамдарына тапсырып, тез қайтып келемін деп оларға берген уәде қайда! Шаруа деп, үй іші деп айналақтасам... жоқ! Бекей ағай көз бола тұрар, айтармын. Бастаған істі тастай беріп бас қамын көздеп кетсек бұл мақсаттан безгендік болып табылмай ма?! Ел арасы ғой үй іші ептеп жан сақтай тұрар. Және мына екі қара домалақ — дұрыстап жұмсасақ малға шөп салуға да, оны суарып, қоралауға да әбден жарап қалды. Бірақ бұлардың да оқуы бар. Күндіз Қален учительдің қолында. Жоқ, қалайда, әзірінше Бекей көз бола тұрар...
Сөйтіп Хакім ұзақ уақыт үй ішінің жайын ойлап жатты, бірақ кідірмей ертең кері жүріп кетуге бел байлады. Оның ойына үздік-үздік басқа да көп бұлдыр суреттер келіп жатты. Оның жөні Жайықпен байланысты болды. Бірде ол паромға мініп өткенін, бірде киімін басына түріп, өзеннен жүзіп өтіп қалаға кіргенін көз алдына келтірді. Бірде қайықпен келе жатқанын көрді. Ақырын, ақырын еседі... Ол ұйықтап кетті.
...Үйдей-үйдей тұтас сеңдер бірінің үстіне бірі шығып, мұз мұнара болып қалған. Мұнараның биіктігі Макаровтың зәулім диірменінен әлдеқайда аспандап кетіпті. Бір мұнара, екі мұнара. Көп мұнара. Жоғарыдан арнасына сыймай келген көк ала су мұнара мұздарды етегінен соғып, шөлмекше қирата Мынамнай беттегі үлкен тоғайды жапты да кетті. Дүниені зелзала су қаптады. Ағылған жан мен мал, арба мен көлік бүтін қара жердің бетін қаптап алған. Біреу күрек, біреу сырық ұстаған. Біреулер судың алдын бөгеп тас,-топырақ, шөп-шөлең төгіп жатыр. Енді біреулер тырдай жалаңаш, мұздай суға сүңгіп-сүңгіп алып, қайтадан шығын, екі санын шапалақтап жүгіреді. Біреулер Текенің аузындағы паромның үлкен қайықтарын шешіп алып, жыбырлаған қос ескекпен есіп бара жатыр. Сол үлкен паром қайығының қақ тұмсығына бір кез домбырасымен Нұрым шыға келді де, айқай салды. Жағада тұрған Хакім оған ұмтыла түсіп, қол бұлғап қарсы жүріп еді, Нұрым шыққан қайықтың биік басы оның салмағына шыдамай суға шым батты да, Нұрым екінші басына қарай жүгірді. Оны қайықтың екінші басы да көтере алмай, бата бастады. Әне батып барады... Жоғалып барады... Хакім қатты айқайлап, қасындағы адамдарға қол бұлғай берді. Бірақ оның даусы шықпай, ешкім үнін естімей, батып бара жатқан Нұрымға жәрдем беруші болмады...
Хакім булығып оянып, жан-жағын қармана түсті. Оның қолы қасындағы ұйықтап жатқан Әділбектің басына тиді. Кіші інісі жатарда ортаға жатып, сағынған ағасын құшақтап ұйықтап кеткен еді. Ертеңгі тәтті ұйқыда жатқан бейғам баланың бетін, шашын сипалап, ол кенет ақылына келгендей, бұл жер өз үйінің төрі екенін біліп қатты қуанып кетті. Тасқын су, қайың, мұз, халық — бәрі оның түсі. Нұрымның суға батып бара жатқаны да өңі болмай шықты. «Уһ» — деді ол жайланысып. Бірақ екінші минут оның көңіліне қайтадан қобалжу енгізді...
Таң аппақ болып атыпты, бірақ үй іші әлі сырттағыдай әбден жарық болып кетпеген, қоңыр көлеңке. Кішкене шағын терезелердің әйнегі сыртынан мұз қатып және қыстауға тақай үйген пішен шығыс жақ бетті тегіс бүркеп алыпты. Алакөлең үйдің жарына тура қарап, көзін тоқтатып аз жатқаннан кейін Хакім мойнын сол жаққа бұрып еді, ілулі тұрған әкесінің ұзын боз шидемі мен түйе жүн тымағын көрді. Бозаң тартқан үй ішінде шидем мен тымақ оған түрегеліп намаз оқып тұрған Жұныс хажының өзі сияқтанып кетті. Тап осындай ертемен, бозала таңмен тұрып, сол жақ бұрышта ол таң намазын оқитын; намаз соңынан жүгінген күйі құбылаға қарап, басын төмен салып тасбих санайтын. Боз шидем, боз шалма бозғылт тартқан үй ішіне әбден жарық түскенше тапжылмай мүлгіп отыратын. Хакім ақырын күрсініп қалды да, шыдай алмай орнынан тұрып кетті; етігін қоңылтаяқ киіп, шинелін үстіне жамыла салып, сыртқа шықты.
— Қарағым, күн суық көрінеді, шаншу қадалып қалмасын. Апыр-ай, мынадай күркіреп тұрған күнді мен бұл кезде көрген жоқ едім. О, тәңірім, сақтай көр! — деп жалбарынды сырттан кіріп келе жатқан кемпір Хакімді көріп.
Хакім үндемеді. Бірақ күркіреген күн емес, дүңк етіп дірілдей қалған алыстағы зеңбірек даусы екенін ол бірден-ақ ұқты. «Күні кеше жетпіс-сексен шақырым жердегі бұл еміс-еміс дүңкіл қалай жақындап қалды. Мынау тіпті Текеден де көп бері ғой. Шынымен жақындап қалғаны ма?» деп ойлап сенектен шыққан күйі ол ұзақ уақыт құлағын тосып, сыртта тұрып қалды.
«Анық. Өте анық. Кешеден бері көп бері жылжыған. Бүгін бұл зеңбірек даусы тағы да жақындайды. Жоқ, тез жүріп кету керек. Мамам жылар. Жылағанмен басқа амал жоқ, — деді ол ішінен. — Қален ағайға сәлем берейін де, қағазды тапсырып тез аттанайын».
— Әлібек, сен тез барып Төйекеңді шақырып кел, көк биенің алдыңғы екі аяғын тағалай қойсын, жүгір! — деді.
Өзі сәлемдесіп шығуға Қален учительдікіне кетті.
2
Жұмысқа алғыр, әрі қайраттылығымен қатар Шолпан өте малжанды еді. Ол суыққа төзімсіз бұзау-торпақты арқасын аязға сорғызбай жылы жерде, астынан сыз етпейтін құрғақ қора-жайда бөлек бағып, жемдеп, жетілдіріп жіберетін. Ірі қарасының қыстан түгі жығылмай, қой-қозысыңың жабағысы қатпай шығатын. Биыл да Шолпанның қайраттылығымен күміс шөпті жеткілікті етіп шауып, мезгілінде жинап, үйіп алғанды. Жауынды қара күз басталғаннан-ақ малды алысқа айдап аздырмай, төңірекке ұстап, ертерек шөпке қаратқан болатын. Күйек асты болып ерте қашып кеткен екі саулықты «әбден желіні жетіп қоздасын» деп, Шолпан бір жұмадан бері басқа қойлардан бөліп алып, пішен ауласының ішіне бос жіберген еді. Бүгін ер жеткен балалары жолаушы кетіп, шалы қайтыс болған, жұмсайтын келіні де жоқ жалғызілікті Балым кемпірге су әкеліп, малын жайлап бергеннен кейін ол Зағипаға кіріп әңгімелеспекші болды да, ауладағы өз малдарын бір қарап өтті. Пішен ішіне бос жіберген қойларының желінін тағы бір ұстап, ысыған ысымағанын байқамақшы болды. Ол екі қойдың бірін қақпадан кіргеннен-ақ көрді, ал екіншісін көзіне түсіре алмады. «Бір жерде туып жатыр ма» деп ол жалма-жан ортасы қорадай жып-жылы, ауланы қоршап үйген пішеннің ішін айнала қарап, екі қойдың күнде-күнде түрткілеп жеп қуыстаған жерін қарады. Қой сол қуыста екен. Алысырақтан қараған адамға көрінерлік емес, тұмсықтап тескен кішкене қуыстың ішін үңгіп қоянның кеуегіндей етіп жіберген. Шөп үйген кезге кебеннің қанаттасып қосылған жерінде жік қалса керек, қой ауызды тар, түбі кең ін сияқты етіп ішіне сүңгіп кетіпті. Шолпан үңгірден қойды шығарып алып «мына сорлы бір күні жентектеліп төмен суысқан шөп басып, пішен астында қалады екен» деп ойлады да, үңгірдің аузын қой жемейтін қоғажаймен бітеп, тығындап қойды. Сөйтіп шаруасын жайлап болып үйге кірді де, үстіндегі шапанын шешіп тастап бешпетшең қасындағы Қаленнің үйіне кірді.
— Хакім келіпті, ағаңа барып амандасып шықпайсың ба? — деді ол пеш жанында тұрған Зағипаға.
Қыздың жұқа өңді, қуқыл жүзі кенет өзгере қалды — екі бетін тұтасымен ақшабдыр қызғылт жауыл кетті. Оның тосын хабардан тез құбылған түрін көріп, Шолпан сәл ойлана түсті де, ақыл бере:
— Әке өліміне қатты қайғырған қам көңілді ағаң ғой. Және өзі ұзақ сапардан қайтқан адам. Кіріп шыққан жөн, — деді.
— Сен өзің көріп сөйлестің бе? — деді Зағипа жүрегі дүрсілдеп.
Қыз қатты қобалжып кетті, қолындағы шетін жібекпен шалып тұрған орамалын жерге түсіріп алып, онан әрі қызара түсті.
Шолпан оған білдірмей басын шайқады да :
— Жоқ, Мен сөйлескенім жоқ. Сөйлесуге реті келмеді, үйінде ағайынды қос көбікауыз отыр. Ол екеуі бар жерде не айтуға болады. Онсыз да мені сыртымнан келістіріп әңгімелеп отырған шығар.
— Онда екеуміз кіріп шығармыз, үйінде адам жоқ кезде, — деді қыз аздап қалпына келе бастап.
Шолпан мойнын созып қонақ бөлменің есігінен қарады да, үйде Мәкканың жоғын көріп:
— Бір сөз айтсам ашуланбайсың ба? — деді Зағипаға.
— Ол қандай сөз?
— Хакімнің аты аузымнан шықпай жатып шоқтай қызардың, оның өзін көргенде не істейсің? Мен сенің сырыңа түсінбеймін. Бозбалалың ретінде ойнап-күлуден өзге Хакімнен әлі шын көңілің бар ма? — деді Шолпан салмақты үнмен.
Сырт жақтан шыққан тықырды естіп Шолпан есікке жалт қарады да, оның сөзінің аяғын Зағипа естімей қалды; екеуі де әңгімені доғара қойды. Бұлар сенекке кірген Мәкканың:
— ...Қайным, қарағым, хажы қайнағаны ұзақ сапарға аттандырдың. Иманы жолдас болсын. Басқа не айтамыз. Көп қайғырдық. Учитель ағаң аһлап-уһлеп бірнеше күн ұйықтамады. Сабырлы адам ғой көп сөйлемейтін. Іштей қатты қайғырып жүр... — деген сөздерін есітті.
Бұл сізге құлақтарын түре қалған Зағипа мен Шолпан келе жатқан Хакім екенін, Мәкканың оған көңіл айтқанын түсіне қойды. Зағипа жалма-жан бастап бүккен орамалының шетіне инесін қадай түсті де, еш нәрсе естімеген адамша Шолпан оның қалтыраған жіңішке саусақтары мен тышқан ізі тәрізденген кестесіне қарай қалды.
Хакім үйге кіріп амандасып төрге шыққаннан кейін Мәкканың қасына Шолпан да бір тізерлеп отыра бастады. Ол алғашқы үнсіз кідіріс сәл ғана созыла түскен кезде, болар-болмас тамағын кенеді де Хакімге жүзін бұрып алды.
— Құрдас! — деді Шолпан ашық дыбысты өзінің батыл үнімен. — Хажы атамның алды өзіне жайлы, арты сіздерге қайырлы болсын. Әркімнің атар таңы мен бірге батар жүні де бар деуші еді менің кәрі әкем. Бұл сөздің мағынасын мен биыл ғана түсіндім. Әсіресе соңғы кезде... Мойымаңыз. Үлкеннің де, кішінің де басына келетін іс.
Шолпанға іле-шала Зағипа да ернін жыбырлатты. Бірақ оның сөзі Хакімнің құлағына аның естілмеді, оның бар ойы Шолпанның терең мағыналы, аса келісті айтылған сөзі мен үнінде болды. Ол:
— Рахмет, Шолпан, көңілге сүйеу замандастық сөзіңе! Өз үй іштеріңіз аман-есен бе? — деді қысқаша ғана.
Шолпан:
— Шүкір, әзір! — деді.
Күні кешегі қалжыратқан қара суық, жалықтырған ұзақ жол, ауыр ой мен қалың қайғыда өткізген қара түннен кейін учительдің үйі Хакімге ұжымақтай көрінді. Баяғы жарқыраған таза бөлме, шаңсыз текемет, жұмсақ көрпе. Бәрінен де өзге — жылы жүзді көркем жеңге; сүйікті жас қыз бен ой-ерікті арбап алғандай от Шолпан тұр. Бұл үйдегі ұзақ кештер ләззәтті сөзі үстінде тым қысқа да, сөйленетін сыр-жай аяғы теңіз сарқылмас бастаудай көрінетін. Сая іздеген көңілге медеу боларлық мейірбан үй еді.
Елден аулақ алыста жүріп өткізген қысылшаң минуттары мол ерлік күндер Хакімнің ойына жырдай қызық сан-қилы оқиғаларды үздіксіз өріп келіп еді. Ол сағатын тауып құрбы жанында оңаша отырып көзімен көріп, бастан кешіргенін ақтаруға құмартып кетті. Ол Зағипа мен Шолпанның көздеріне кезек қарап, жандарына наздана қисайғысы келді. Бір кездерде бас қаратқан болып тізеге басын салғанда жеңгелері Хакімнің шашын саусағымен тараштап, бетін жұп-жұмсақ алақанымен еркелете сипайтын. Кәзір Хакім Зағипа мен Шолпанға кезек жантайғысы келіп кетті.
Өмір өлімді де тез ұмыттырады ғой. Адам көңілі өмір қызығына тез көшіп: қасірет уын әп-сәтте жуып-шайып кете барады. Хакім де ертеңгі зілдей ойдың құшағынан тез босанып кетті. Ол қыз бен келіншекке алма-кезек қарады. Қайта-қайта қарай берді. Бұл кезде көз тілінен басқа ойды жеткізерлік сөз орайы да келе қалмады.
— Шай қояйын, — деп орнынан тұра берген Мәккаға, Шолпан:
— Отыра беріңіз. Мен қояйын шайды, жеңеше! — деді де орнынан тұрып қазан жаққа кетті.
Оған ептеп жылжып Зағипа да ілесті..
— Қайным, отыр! Шай ішіп, ас жеп кетерсің. Өшітел ағаң да кешікпей келіп қалар. «Бастағы ауылда шаруам бар, түске дейін қайтып келермін» деп кеткен, — деп Мәкка да қазан жаққа бет алды.
Хакім үндемеді. Қыз бен Шолпанға оңаша кездесуге құмартқан адам «асығыспын, асқа қарамаймын» деп айта қоймады. Оның бар ойы тек сол екеуінің айналасында болды.
Төр алдында жалғыз қалған Хакімнің көз алдына бір кез Мүкарама, Шолпан, Зағипа үшеуі қатарласа тұра қалды. Ол үшеуінің сипатын да соншама айқын көріп тұрғандай болды. Ол басын аздап қисайта түсіп, оң қолымен жағын таянып отырды да, үшеуін салыстыра бастады. Жан-жағын қалдырмай теңдестірсе де, оның көз алдында тап сол минутте: бойы, көркі, сөзі, өнері, тәрбиесі бөлек Мүкарама екеуінен бір басқыш жоғары тұрды.
«Толысыңқыраса, дүниені көбірек көріп ысылыңқыраса, орысша киінсе: жазық маңдай, үлкен көзді, сопақша келісті бетті, мұрны әдемі, сұрғылт тартқан аш өңді Зағипа қай сұлудан да кем түспес еді. Өскенсің күйгелек, балалың мінезі кетер еді. Ал, Шолпан!.. Ол біраз ойланып отырып: — Хазірет Ғалиды састырған балуан қыз сияқты! Ауған жоқ, балуан қыз! Бойы тіп-тік мінсіз өскен құба талдай. Білегі жұмыр, тоқ бұрым, беті аздап суық шалып қоңырқай тартқан алма! Өзі өткір, өзі тапқыр, өзі ақылды. Суыққа тоңбайтын, күн көзіне бүріспейтін, желге жығылмайтын даланың жайнаған қызғалдағы... Нәпсі неліктен қомағай, адам көзі неге тоймайды? Мүкарама шаң тигізбес қамқа сияқты. Бірақ мына екеуін қоса құшақтасам! Үшеуін қабат құшсам! Тоймас ем...
Ол селт ете түсті. Өз ойынан өзі қорғанғандай. Жағын таянған қолын сермеп қалды. Шолпанның қазан жақта әлденеге күліп жіберген күлкісі оның тұла бойын қытықтап өткендей болды. Хакім Мәкканың үйден шығуын, үшеуінің оңаша қалуын күтті. Бірақ тәтті тілек орындала кете ме?! Әсіресе сол қала тулап, қыр бұлқынған ойран өзгеріс кезінде талайдың тағдыры қыл үстінде қалған еді. Бұл үшеуі де басын қосып, тап сол сағат құмарта сырласып, тәтті сөйлесу түгіл енді қайтып бір дидарласуға да зар күнге кездесті. Ауыл үстін отряд басып қалды.
3
Бұл декабрь ішіндегі Қызыл Армияның Жайық бойын ақ казактардан арылту үшін ірі операцияға кіріскен кезі еді. Орынбор қаласын Дутовтың қолынан жұлып алуға, Орал қаласын босатуға 4-інші армия бөлімдерін шығарып, Шығыс фронты жаппай шабуылға аттанған шағы еді.
Атағы шыққан 25-інші атқыштар дивизиясы мен Алғай бригадасы Саратов жағынан төніп келіп, 22-дивизия Самар беттен ат қойып, Орал казактарын қос бүйірден қысқан ұлы дүркіннің алды болатын.
Үлкен шен темірмен құрсаулағандай Орал оқаласын көктемде атты казак әскерімен орап алғанда Михеев мықтап ойланып еді. Бастық қазір ол кездегіден тереңірек толғануда. Толғанбасқа не? Михеевтің алдында майдан мәлімдемесі жатыр. Түрі шағын, мазмұны мұздай мәлімдеме! «...Генерал Акутиннің бүгін тағы екінші полкы Саратов жолының үстінде қаруын тастап қызылдармен ой бауырымдап құшақтасып табысып кетті... Іру! Нағыз іру! Іштен іру!..
...Самара беттегі майданда қызылдардың сансыз роталарын тегіс қиып, полковник Бородин қаһармандық ерлік көрсетті. Ол қыл елі шегінбей сарқасқа шегірткедей қаптаған жалаң аяқ мұжықтарды өртте қалғандай етті. Бірақ... Плясунковтың жаяу әскері мен Кутяковтың атты полкының қыспағында қалып, аяулы полковник аса қайрат көрсетіп, ақырында амалсыз кері шегінді. Бородин өзі екі жерден жаралы. Полкы тегіс қаза тапты...»
Бастың Михеев мәлімдемеден көзін кілт бұрып алды да, жиренген адамша мұрнын тыржитты. «Плясунков! Кутяков!» — деді ол ернін жыбырлатып, мәлімдемедегі қызыл командирлердің аттарына қайтадан көз тастап «Плясунков!.. Кутяков!» Ол өте тұнжыр отырып қалды.
«Шенсіз, атасыз, нәсілсіз, аты мәлім емес адамдар! Олардың әскерлік білімінің бары-жоғы да белгісіз. Бірақ тәжірибесі мол жауынгер казак полктарының бірін тез қаруын тастатып, «ой бауырымдатып» алдынан жүгіртіп құр қолмен алады; екіншісін — қыспаққа салып диірменге тартқандай ұнтап жібереді. Міне, бүгінгі күннің Наполеондары! Бұл да?! Әлде біздің ғаскер дегеніміз баланың ойыншығы да?! Әлде ғаскер басшылары шетінен су ми мәжнүн бе? Кім ақымақ? Генерал Акутиннің ақылынан өркөкіректігі басым — бұл анық нәрсе. Оның «жауды жақыннан соғу — жеңудің басты әдісі» деген менің пікіріме қарсы шығуы, әрине, көрегендік емес. Бұл пікірге қарама-қарсы әрекет жасап, алыс-алыс рейдіге шыққаны зияннан өзге еш нәрсе берген жоқ. Жаз бойы іріктеп алған полктарын алысқа сүйреп, батрак Чапайдан әлденеше рет соққы жеп қайтқаны бұған кәміл дәлел. Жорықпен тірсегі созылып, қажып барған ғаскер жері, суы, елі таныс емес жерде өмірі абырой алған емес. Дивизиясынан үздік шығып кетіп, Самара беттегі майданда әрілеп барып ұрыс салған «аяулы» Бородиннің полкын қырып алуы да осы теріс басқарудың салдары. Бұл дұшпанды іздеп барып соғысу — тәжірибеде терістігі дәлелденген нәрсе. Бірақ... мына жаңа шыққан Наполеондардың жеңу себебі басқада...» — деді ішінен генерал.
Михеев батыс беттегі терезенің алдына барып Шатан жаққа кез тікті. Бұл кішкене өзеннен бергі көлшімек ойпат үзбей жауған жаңбырдан теп-тегіс көл болып кетіп, кәзір беті айнадай үлкен мұз айдынына айналып кетіпті. Осы үстінде көз тартар қыбыры аз жылмағай мұздың қалаға таяу жерінде бір сиыр көрінді. Аяғын батылсыздау басып ол ілгері қарай жылжи түседі. Малға көңіл бөлмейтін салақ жанның сиыры ма, әлде қарап бақылайтын адамы жоқ жетім-жесір біреудің күн көргіш жалғыз қарасы ма, кім білсін, бірақ генерал бұл жағына көңіл бөлген жоқ. Оның назарын бүтіндей аударған сиырдың қалт-құлт басқан адымы болды. Бір аяғы тайып кетіп, оны қайта жөндеп алып бұл хайуан ілгерілей берді. Аздан кейін оның артқы екі аяғы бірден сырғып ілгері кетіп қалды да, өзін өзі билей алмай, итше шоңқайып отыра кетті. Бірақ сиыр сонда да, сол шоңқайған, күйі ілгері жылжи түсіп, бірте-бірте төрт аяғын тең басып кетті де, сәл уақыттан кейін тары да шатқаяқтады. Ол бүл жолы шоңқая кетпеді. Төрт тағандап қалды. Алдыңғы жағында оның жеңіл қолтық шоп жатыр екен. Сол шөпке жете алмай, ілгері басуға төртеуі төрт жақта тарбиып кеткен аяқтарын жинап ала алмай, көтерем малша дәрменсіз халде қалды. Сиыр бұл өзінің мүгедек халіне ызаланды ма, әлде шептің иісі шыдатпады ма — әйтеуір тұмсығымен мұз тірей, төмен үңіліп мөңіреп-мөңіреп жіберді. Сиырдың қылғынғандай әлсіз жіңішке даусын, әрине, алыстан — терезеден көріп тұрған генерал ести алған жоқ, оны естігісі де келген жоқ шығар — ол мойнын басқа жаққа бұрып кетті.
«Сенің кәзіргі халің мына мұз үстіндегі сиырдың халінен де мүгедек. Сиырды сүйреп кері шығарып алуға болар. Бірақ бишара, Россия, сені...» — деп күбірледі Михеев. Оның ойы ілкі «жаңа Наполеондардың жеңгіштігі неде?» деген сұрауға қайта оралды. Көргені, оқығаны, естігені мол тәжірибелі генералдың ойына ағылшын жазушысының жазғаны түсті де, көзіне соның бір суреті елестей қалды.
...Африка жерінің көгерісі мол бір кең алқабын мекендеген сансыз хайуанат бір кезде жер ауды. Жауын тоқтап, шөп қурап, су тартылар шақта аңдардың кенет қоныс аударатын әдеті. Алдымен қора-қора боп бұлтша төңкеріліп, ең іргелі, ең ұшқыр қамыс аяқ антилопалар қозғалды, ізінше аспан мен жердің арасын боз тұман шаңға айналдырып, үйір-үйірімен дөңгелек тұяқ қыл құйрық құландар дүрікіреді, — сол біртіндеп ығысып, бара-бара дүрмектеле жылжып, ағылған сеңдей бір кез дүркірей қозғалған қалың аңның басы-көзіне қарамай тапап кетерлік қауіпті жолында бір арыстан жатыр еді. Бұл арландар айқасында май табанына әлді арланның азуы бойлап, үйірден шығып, тұралап қалған жалғыз жыртқыш еді. Жай шақта қауіп пен ажалды алыстан сезетін, әсіресе, арыстанның бетінен көш жер аулақ жүретін антилопа отсыз-сусыз өлкеден безу үрейі билеп, дүрмек-дүрмегімен жатқан арыстанның үстімен асты. Әлді жыртқыш бірінші топ үстімен дүркіреп өткенде түйедей аңдарды да ұшырып жіберетін жалпақ табанымен бірнешеуін оңды-солды соғып қиратып, бірнешеуін ауызбен лақтырып, бірақ көпке төтеп бере алмай, екінші дүркіннің астында қала берді. Есі шыққан аңның бірі оның үстінен қарғып өтті, бір тастай тұяқпен басып, бірі теуіп, бірі соғып барады. Бұл апаттан жаңа ғана құтыламын деген үміт туып, топыр саябыр тартқан кезде арыстанның үстіне қалың құлан төнді де, аспан жерге түскендей әлемді солқылдатқан дүрсіл мен дүбірге бет баға алмай, үйірлі құландардың ыңғайына көшіп, ол да бірге шапты. Аздан кейін кері шегінуге ырық бермейтін, бұлтаруға жол қалдырмаған қалың топтың арасына еніп көрінбей кетті...
«Бұл хайуандар дүниесінің сипаты, бірақ шын және дәл сипат. Ал, біздің қоғамның, адамның өмірі мұнан қаншама бөлек?! Тіршілік қамын, өлмеу қамын көздеген қалың жан иесі алдынан шыққан арыстанға қарар ма? «Мен арыстанмын!» деп ол қаншама жалын күдірейтсе де, табанымен соғып, тісімен тістеп лақтырса да, үдере қозғалған топты қалай тоқтатар?! Үш жүз жыл билеген Романовтар тұқымы қара дүрсін көпті жолға сала алды ма? Адвокат Керенский мен генерал Корнилов ше? Мұны... мына қаптаған жалаң аяқ, жалаң бас, аш жандарды... сеңдей қозғалған дала мен қырдың сансыз сорлыларын алыстан соғамын деп аусарланған Акутин мен «аяулы» Бородин жуасыта алар ма?!..
«Плясунков! Кутяков!.. Бұлардың алдында жеті басты жылан тұрса да қарамас! Жалмауыз кемпір тұрса да ықпас! Айтқандай... (Михеевтың ойына кенет бір оқыс нәрсе киліккендей қабағын түйіп сәл уақыт отырды да) қара халық сенгіш келеді... Бұл да тірек емес, ел-далда амал, нәтиже шығуы екі-талай. Сонда да бұл ақтық шараны қолданып байқау керек болар...» деді ішінен күбірлеп. Ол бұйрық орындаушы шабарман офицерлерді шақырып алды.
— Қаладағы барлық дін басыларын: архиерейден бастап бүкіл поп атаулыны, монахтар мен иегумендерді, понамарьлар мен шырақ жағушыларға дейін қалдырмай, діни семинария оқушыларын қоса вице-губернатор мәхкамасының алдына жиыңдар! Шіркеу хорларының құрамында қанша діндар жан болса, соншасын қалдырмай әкеліңдер! Бәрінің қолында көтеріп шығатын бір-бір крест пен Иисус Христостың образ-суреті болсын! Ескертіңдер, жылы киінсін! — деп бұйрық етті.
Михеевтың есебінше Орал қаласындағы шіркеу мен дін қызметшілерінің саны бір батальонға аяғын жимайтын аса мол сияқты көрінді. Піскен тарының арасындағы басқа арам шөптерден ала бөлек көзге түсетін қаптаған қастауыштай осы ұзын сақал, жалбыр шаш, қара існімді, о дүниенің қамын қайғырған діншіл халайықты Қызыл Армияның алдынан шығармақшы болды. Бұл көңілге күдік, жанға үрей салғыш жандарды шинель киген сенгіш шаруаға қарсы апарып, саппен тұрғызып қойып: «Құдайдан қорық! Тәубаға кел?», «Сақта тәңірім, патшаны!» дейтін дұғаларды зарлаттырмақшы болды.
Михеев христиан дінінің күшін де бір сынап көрейін ден ойлады білем...
Сол Орал қаласындағы бас штаб мекемесінде Михеевтың алдында жатқан «Қызылдардың сансыз роталарын тегіс қиып, полковник Бородин даһармандық ерлік көрсетті... Бірақ... полкы тегіс қаза тапты» деген мәлімдеменің ең соңғы буыны амалсыздан мойындағам қалтқысыз шындық еді. Плясунков пен Кутяков молктиры тас-талқан еткен Бородин әскерінің өлім аузынан жырылып шыққан бір уыс жауынгері Ташлының түбінде қызылдардың тылында қалды. Оларға ілгері аттауға да болмады, кейін шегініп, Орал қаласына қарай қашуға да жолы қырқылды. Өйткені алды — жаппай шабуылмен ілгері ұмтылған қалың қызыл жауынгер болды да, арты — казак озбырларына қаны қас Совет өкіметін қолдаған қарулы деревнялар болды. Көбінің шинельдері күйген. Іштерінде бас киімдерінен айрылғандары бар, өрттен шыққандай үсті-басы қара күйе, шаң-топыраққа батқан. Бірқатары жеңіл жарақатты, өңсіз, түссіз үрейі қашқан бұл он-он бес казак үріккен қойдай бет-алды құла тұз Жайыққа қарай дүркіреді. Ешбір қарасынға соқпай, атыс дүбірінен бірте-бірте аулақтап келіп, Бөрлінің тұсынан Жайықтың қазақ бетіне өтіп кетті. Әзірге қанды майданнан қағажу жалпақ сахраның қойнына шүлдіреген он-он бес солдат түгіл, полктар мен дивизиялар да сіңіп кетерлік-ті. Демін алып, есін жинап, үсті-басын, ат-тұрманын тәртіпке келтіріп бір қонды да, бұл қашқын казактар ертеңіне оңтүстікке қарай маңдай түзеді. Күн суық болса да, тоқтамай жүріп отырып Көпірлі Аңқатыға тірелді. Бастаған жас хорунжий қауіпсіз кең даламен жүріп отырып, алыстан ойысып, қызылдар жете қоймаған қолтықтан шығу ниетінде болды да, Оралдан төмен бірінші кездескен казак әскерлерінің бөліміне қосылуға тырысты. Көзге түспеу әдісімен сай мен саланы бетке ұстап жылжыды. Әсіресе Аңқатының қыр-қабағы оларды жағалай жатқан ауылдардан да, қысқы жолмен шұбырған көлденең көзден де жақсылап жасырды — олар өзеннің жарын қуалады. Сәске түс кезінде нақ жағадағы ауылға соғып, ыстық тамақ ішіп, ат шалдырып алу үшін шұбырып келіп, бұлар қораға шабатын қасқырдай, Бәшекең көлінің тұсынан шыға келді. Бірінші ат басы өзенге таяу тұрған Қадестің үйіне тірелді.
Өзен мен бұл үйдің арасы бес жүз қадамдай-ақ жер еді. Жар астынан самсап шыға келген аттыларды алдымен көрген Қадестің әйелі Мәуім, аспан сұрғылт, күн суық болса да, көзін шағырмақ күннен қорғағандай, қолымен көлеңкелеп қарап тұрды да:
— Шырағым-ау, мынау аттылар кім шұбырған? Әлде хажы қайнағаның үйіне бата оқуға келе жатқан бастағы ауылдың еркектері ме? — деп әлдекімді танып тұрғандай шұқшиды. Мәуім жасы кәрі болмаса да әрегіректегі түйені аттан айыра алмайтын аңғарусыз адам еді. Ол екі-екіден тізіліп, шоңақтай жортып келіп қалған солдаттардың қару асынған әскери адам екенін үйдің сай бетіндегі үйілген күлдің нақ түбіне келген кезде танып қалды.
— Ойбай, шұнақ! Шұнағы шықты! Ойбай орыс келіп қалды! — деп ол айқай салып, үйге жүгірді.
Бірақ оның ойбайына қапелімде жұрт көңіл аудара қоймай «Мәуімнің көп ойбайының бірі шығар» деп үйде отыра берді де, аттылы солдаттардың бірқатары қатардағы үйлерге, біреулері Жұныс хажыныкіне қарай беттеп, екеу-үшеуі Қадестікіне түсе қалғанда көрді. Халық шошып кетті: әйелдер қазан жаңқа, босағаға байлаған бұзау-торпақтың арасына тығылды, балалар бұрыш-бұрышты сағалап, ілулі тұрған тон-шекпендердің астына кірді. Сыртта ит біткен шабалана үріп, үйде үрейленген үлкендердің түрінен шошып лас балалар шырылдады.
Сенекке шыға келген Қадес қарсы келе жатқан қарулы екі қара орысты көріп, кері шегінді. Шегіншектеген бойы ол келе жатқан солдаттардан үйге өзі бұрын кірді де, тақтайдың босаға жақ шетіне отыра кетті. Ал, Ақмадия онан бұрынырақ үйден шығып үлгіріп, аттан түсіп жатқан солдаттардың көзін ала беріп, сиыр қораға кіріп кетті, оның қараңғылау бұрышына барып бой тасалады.
Үйге кірген екі солдат тақта үстінде отырған қожайынға назар аудара қоймады — олар маздап жанып жатқан қазандықтың аузына төнді. Қазандықтың жанында бір қап тезек тұр еді, шақпақ денелі қара орыс қапты сүйреп отқа жақындатты да қасындағы жасырағы қаптың үстіне құйрығын қойып, еңкейіп жалыны бетті шарпыған қидың шоғына жылына бастады. Екіншісі де оның жанынан тізерлей отырып, шоққа қолын созды.
Үйге кірген үшінші казак от басында отырған алдыңғы екі жолдасын көріп, оларға жақындаудың орнына, кері шегініңкіреп, есіктің оң жақ босағасына тұра қалды. Ол бұйрығын күткендей жылынып отырғандарға бір қарап, мойнын ақырындап қана бұрып, үй ішіне көз тоқтата бір қарап алып, егін басына қойған қарақшыдай қақшиып қалды. Үн-түн қатпай тік тұрған күйі ол сәлден кейін тақтайдың үстінде өзіне жалтақ-жұлтақ қарап отырған үрейленген Қадеске көзін тікті. Тап өзінікіндей оның шоқша сары сақалын, сиректеу сарғыш мұртың көз жанары әлсіз момақан түрін көріп Қадес ішінен: «Мынау бір иман жүзді жуастауы білем. Киімі де аналардан гөрі жұпынылау ма қалай? Ана екеуі төресі, мынау сірә төлеңгіті шығар. Кәдімгі өзіміздің казак-орыстар ғой. Түрінен көрініп тұр. Мен баста әлгі ана қызыл пәле келіп қалды ма деп үрейім ұшып кетіпеді. Казак-орыс болғаны жақсы болды. Дегенмен кәпірдің аты кәпір, айлашарғылап ығыстырып басқа үйлерге жіберген жөн болар» деп ойлады. Бірақ ол от басындағы толық қара орыстың жер астынан шыққандай дүңк еткен жуан даусынан селк ете түсті. От басындағы есік алдындағыға орысшалады да, ал бұл шоқша сақалды момақан сары:
— Жол білетін адам бар ма? Бударинге қарай шығатын жолды? — деп сұрады ол Қадестен.
Ішінен сасып қалған Қадес, не дерін білмей:
— Мен орысша тіл білмейді, тамыр, — деді.
— Мен сенен киргизше сұрап тұрмын ғой, — деді шоқша сақал.
— Жоқ, жоқ. Білмейді, Бударинды да, тілді де, — деп, Қадес онан жаман абдырай қалды.
Қазақшалаған жуас орыс «есің дұрыс па өзіңнің» деген адамша таңырқаған пішінмен:
— Ақсақал, сен қадай айтасың. Өзің үлкен адам, но үлкен болсаң да балаша сөйлейсің — деп ренжігендей түр көрсетті.
— Не айтады мына арда киргиз? — деп сұрады от басындағы толық қара, қалтасынан кісесін алып, темекі орап жатып.
Ол орысша сөйледі. Есік алдындағы оған Қадестің жауабын жеткізді. Екеуі де Қадеске ала көзімен қасқырша бұрылып қарады да, тағы да бірдеме деді.
— Жөн білетін, тіл білетін киргиз жоқ па, бұл жерде? — деді сақалды.
Қадес қуанып кетті.
— Қален дейтін өшетел бар, тамыр. Орысша біледі. Содан сұраңыз. Ол бәрін айтып береді, тамыр. Үй де жақсы, казайка да жақсы, — деп орыс тілінде сөйлеп тұрғандай-ақ салдырлата бастады — үй анда жақын. Мен кәзір көрсетемін, тамыр. Қароший өшетел, сонан сұраңыз. Және өшетелден басқа орысшаға судай Жұныстың баласы да бар. Текеде оқыған жігіт, — деп қойды.
Қадестің көп сөзіне тілмаш орыс көңіл аударған жоқ. Ол тек жолдастарына бұл жерде учитель барын ғана айтып берді. Мұнан кейін үш солдат өзара сөйлесіп сыртқа шықты.
Солдаттар үйге кіргеннен кейін қораның қараңғы бұрышына тырылған Ақмадия іштен сығалап көріп, әйелін шақырып алып, пішен ішінде бос тұрған сары атты өзі отырған жерге көз таса қылуға кірісіп еді, бірақ атты жетектеп қораға бет алғанда үйдегілер шығып қалды да, жуан қара Қадишаның жолын бөгеп тұра қалды. Қыс мініп-жегуге күйлі ұстап тұрған семіз ат оған көктен сұрағаны жерден табылғандай көрінді. Жемсіз, тынымсыз бірнеше күн жорық қажытқан өз аты әлдеқашан ер астынан босауды керек ешен еді. Толық қара Қадишаға «қайда апарасың?» деп қабағын түйген адамша түксиіп, атты өз қолына алды да, алдымен аяғына қарады. Аттың алдыңғы екі аяғы тағалы, әдейі әзірлеп көлденең тартқандай-ақ. Ол ойланған жоқ. Өз ерін сыпырып алып сары атқа салды.
— Ойбай-ай, қайнаға-ай, мынаған бірдеме десеңізші. Сорладың қой, қасқа құдай қайдан тап келді, мына пәле. Қайда, тіл білетін кісі бар ма бұл жерде... Жүгірсеңізші хажы атамның баласына. Айтсын. Жалғыз ат. Қасқа құдай-ай, — деп зар қағып, аяғына шоқ басып кеткендей, олай-бұлай жүгіріп, не істерін білмеді. •
Ал, толық қара ерін салып, әйелге сүзетін бұқадай көзін алартып қойды. Қадес:
— Ойбай, тамыр, бұл ат мінейін деп тұрған жалғыз жылқы. Ана өшетелден, болмаса басқалардан ал. Олардың жылқысы көп, тамыр, — деп жақындап еді, казак оны, итеріп тастап, сары атқа мініп алды да, өзінің атын тілмаш орысқа жетектетті.
— Ойбай-ау, қайнаға-ау, құрыдық қой. Қасқа құдай, не жазығымыз бар еді, — деп Қадиша тағы безектей қалды.
— Тамыр, тамыр, бұл жаман іс... — деп қайтадан ұмтылған Қадеске, сары атты мініп кетуге бет алған жуан қара, жуан дауыспен жекіре ұрсып жатты. Қадес оның сөзіне аузын ашып қалды.
— Ілбішінге, Текеге мал айдап баруды білесін. Жүн мен тері сатуды білесін. Насыбай атуды білесін. Ал жөн сұраған адамға шыныңды айтуды білмейсің. Сен арда, атты қандай қорғайсың, — деп ұрсып тұр начальник. Сен қарт бекер жол көрсетем деп айтпадың. Іс жаман, — деп тілмаш орыс Қадеске басын шайқады.
Қадес оның сөгіп балағаттаған сезіне құлақ асқан жоқ. Жалғыз-ақ:
— Тамыр, айтшы, атты тастап кетсін. Ана ауылдан алсын. Менікі ат жалғыз ат, — деп қолын жайып, атқа қарай жылжып еді, қайрыла беріп ат үстінен тартып кеткен жуан қараның өткір қамшысынан қайқаң ете қалды. Қадес теріс айналып, басын сақтап бұғып үлгергенше омыраулата атпен бастырмалатып келіп оңды-солды сілтеген қамшы оны қара жерге тығып жібергендей болды. Төртінші, бесінші қамшы оны жүрелетіп тастады да, алтыншы рет арт жағынан келіп сілтеген қамшының ұшы бастан асып барып, оң жақ көзге сарт етті. Қадес көзін басып етпеттеп жата қалды...
Үш казак аттарының басын Қалендікіне қарай бұрып алып, текіректей жөнелді.
Бұл үшеуі кәдімгі Тырбықаның орыстары болатын жас хорунжий Меңдікерей мен Быковтың жолын тосып ұстап алатын Захар Қалашников те, ал жуан қара Гречкоға түнде Меңдікерейді салуға жылым ойдырған белгілі Архип Волков еді. Қазақша білетін момын жүзді тілмаш орыс сол Быковтардың көршісі, қамытшы Иван Андреевич Гречко болатын.
4
Захар Калашников пен Архип Волков Қален учителвдікіне кіріп келгенде төр алдында отырған Хакім орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де білмей қалды. Ол бұл жерге, тап осы кезде табаны қашық жатқан казак-орыстар түгіл, ел аралап жүрген хан жігіттері де келе қалады деп ойлаған жоқ еді, өйткені өзі келген көпір бетте бейсеует жүргіншінің төбесі де көрінбеген, хабары да естілмеген...
Оның түсі қуарып кетті, төр алдын босатайын деген адамша, ақырын жылжып пеш жанына қарай ығысты; сасып қалғанын білдірмеуге тырысып, өзін өзі уысына алғандай жиырыла түсті. Оның бірінші минутте-ақ ойына сап ете түскен: «Сыртымнан аңдып, үстімнен түсірген кісі болды ғой» деген ащы ой болды.
Шолпан мен Зағипаның дыбысы да кенет басыла қалды. Мәкка қолына табақ ұстаған күйі қазан жақ пен қонақ бөлменің екі арасында есіктен кіргендерге қарап қалт тұрып қалды да, аздан кейін есін жиған кісіше, Хакімге қарай бұрылып:
— Қайным-ау, қарағым-ау... орыс келіп қалды ғой... Ағаңа... тағы да... О, сорлы болған басым... — доп тақтайдың жиегіне сүйене кетті.
— Учитель осында тұра ма? — деді Захар, орысша киінген Хакімге өлшеп-пішкен көзбен қарап.
Хакім селт ете түсті — тұла бойын шым еткізіп ине сұғып алғандай бір шымырлап кетті.
— Осында тұрады, мәртебелі хорунжий мырза. Бірақ өзі үйде жоқ, — деді азырақ толқып, қобалжыған үнмен.
«Қалекеңе келгені ме... Онда мені де тегін қалдырмайды ғой... Бұлар кімнің кім екенін қайдан біледі. Бір көрсетуші бар ғой». Тағы да оған «аңдыған адам бар» шығар деген ілкі күдікті ой қайта оралды. •
— Сен де орысша білесін ғой. Иә, ученый екенің көрініп тұр. Учитель екеніңді айтпай әлде сен алдап тұрсың ба? — деді тағы да Захар хорунжий сенбеген түрмен қабағын жиырыңқырай түсіп.
— Жоқ, мәртебелі хорунжий мырза, неге жасырайын. Учитель үйде жоқ. Мына кісі соның әйелі, ол менен үлкен, орта жастағы адам, — деді Хакім сендіру үшін Мәкканы көрсетіп.
— Імм... бізге тіл білетін, жөн сілтейтін кісі керек. Учитель болмаса басқа адам да жарайды. Мына өзің де жарайсың. Ал, сен өзің кімсің? — деп хорунжий Хакімге жақындай түсті.
— Большевик шығар, — деді жуан дауыспен Архип Волков. — Осы сияқты шала піскен оқымысты малғұндар жиналады сайтандардың тобына.
Архип белгілі боз айрандау көзімен сүзеген бұқаша Хакімге бір қарап қойды да, жанынан кісесін суырып, шылым орай бастады.
«Тап солай шығар» дегендей Захар хорунжий Хакімнен сескеніңкіреп кері шегінді.
— Мен студентпін. Оралда оқыдым. — Реальниде. Кәзір оқу тоқталған соң ауылда жүрмін, — деді Хакім батыл, сенімді үнмен.
Архип оған тағы да сүзе қарады. Ол шиырған шылымын тілімен сулап жіберіп, қағазын жабыстырып жатып, Хакімнен көз алмастан, мошқай түсті.
— Үйің қайда сенің?
— Осы жерде.
— Жақын ба?
— Жақын.
Сырттан Гречко кіріп келіп, есіктің көзіне тұра қалды.
Архип аяғын талтақтай басып, ешкімнен шырпы сұрамастан, шылымын тұтатуға қазан -жаққа қарай жүрді. Қазандықтың ар жағында, пеш тасасында демін ішінен алып тыңдап тұрған Шолпан мен Зағипаны көріп, ол сәл кідірістеп көзін тоқтатты да:
— Мына жақта сұлулар бар екен ғой, әлі, — деді.
Ол шоқты шымшуырмен қыспай-ақ қолымен алып, екі алақанына кезек-кезек секіртіп тұрып шылымын тұтатты, өзі екі көзін Шолпаннан алмады.
— Захар! — деді ол шоқты Шолпанға қарай шертіп жіберіп. Шоқ Шолпанға тимей, асып барып киізге түсті де, оны Шолпан жалма-жан қолымен қағып жіберіп жерге ысырды. — Захар, бері кел. Сұлуларды көрсетемін.
— О! Асыл бұйым мына жақта екен ғой. Сау болыңыз, сұлулар.
Хорунжийдің орысша амандасқанын Зағипа түсінді де, бірақ сескеніп Шолпанның тасасына түсті. Шолпан ықпады. Ол да киік көрген қасқырдай, ыржия түскен сұғанақ көзді жат жандардың сөзін де, ниетін де жақсы аңғарып қалды.
Архип хорунжийдің құлағына сыбыр ете қалды. Хорунжий оның сөзін ыржия тыңдап, басын изей түсті.
— Так. Әңгіме былай, — деді кері бұрылып келіп Захар Хакімге. — Сен бізді бастап Солянканың сағасына дейін алып барасың. Түсінікті ме? Кәзір үйіңе барып киін, атыңды ертте. Түсінікті ме, оқымысты. Әзірлен. Біз жылынғаннан кейін жүреміз.
Захар көрер көзге өзгеріп кетті, оның үні жұмсарып, езуіне күлкі шырайы ене түсті.
— Солай, туысқан, бізді бастап алып жүресің. Тығыз жұмыспен кетіп бара жатқан отрядпыз. Сен білесің ғой, әскер жайын, Реальниде оқысаң. Архип, әлгі, өзеннің аты Соленая ма еді, қалай еді?..
— Солянка.
— Солянкадан өткізіп, Бударинге қарай шығарып саласың. Тездет. Бар үйіңе, — деді ол Хакімге. — Гречко, сен мына студентті үйіне ертіп бар.
Бұлардың қайдан шыққан казактар екенін, не пиғылы барын әрі аша алмай және кенеттен кіріп келген заматта түсі бұзылып, қатты қобалжып кеткен Хакім хорунжийдің мына «ағайыншылық» сөзінен кейін аздап жайланыса бастады. «Бұларға шамасы, жол көрсетіп, жөн сілтейтін, тіл білетін адам керек болды ғой. Егерде шын ниеті осы болса, бұлардың бабын табу қиын болмас еді. Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға. Сасайға дейін шығарып та салар едім. Бірақ жұғымсыздардың түпкі сырын кім білсін...» — деп ойлады.
— Жарайды, мәртебелі хорунжий мырза. Солянкаға дейін бастап алып барайын, арғы жағын өздеріңіз де табасыз: Бударинге баратын жол біреу-ақ, — деді Хакім хорунжийге.
Сөйтті де ол, «Үйіңе бар, тез әзірлен!» — деген бұйрықты екі ете алмай, үйіне қайтуға бет алды. «Учительдікі осы ма?» деп сұрағанға және Хакімнің аса қобалжып кеткеніне қарап Мәкка Қаленнің басына тағы да қара бұлт төнді деп зәресі ұшып, не істерін білмей Хакімнің аузына қарап қалып еді. Хакім:
— Жөн сілтейтін адам керек екен, Қаленді сол үшін сұраған сияқты. Мен бұл кісілерді ел шетіне шығарып салмақшы болдым. Біздің үйде ол кісіге табыс ететін қағаздар бар еді, балаларға беріп кетермін, — дегеннен кейін Мәкканың жүрегі орнына түскендей болды. Бірақ ол:
— Мыналарды ерте кетпейсің бе, қайным-ау. Мен бұларға не істеймін, не деймін, — деп үйден Хакімнің соңынан ере шықты.
Есік алдында тұрған Гречкоға.
— Иван, бар! Ана студенттің соңынан қалма, бір жаққа көзіңді ала беріп қашып кетпесін. Біз барғанша үйден шығарма! Бар, тез! — деп бұйырды Архип.
Гречко көзін жыпылықтата түсіп, Хакімнің соңынан ере шықты.
Дала әйел-қызының ол кезде орыс адамын өмірінде бір рет көрмегені де көп-ті. Ал Шолпан қаладан жырақ жерде ауылда өссе де, оркоты басқадан көрі көбірек көрген-ді. Ол жас кезінде; бір рет әкесіне еріп базарға да барып қайтқан. Жасынан өткір, жұмысқа көнбісті болып өскен қыз әкесінің қаладан алған астығын, шәй, шекері мен мата дүниесін өзі тиесіп, өзі түсіріп еркек баладан артық жәрдемдескен еді. Мал алушы орыспен сыртқы базарда Шолпан саудаласып тақалған болатын. Базарға апарған қызыл құнажын мен екі үлкен ісекті бас жібінен ұстата салып:
— Шолпан, сен тұра тұр. Мен Жәкеңді тауып жолығайын. Алушы келіп: «Құнажыныңа қанша сұрайсың десе, он екі сом де, ісекке бес сомнан сұра!» — деп әкесі көп кісінің арасына кіріп кеткен.
Кешікпей-ақ, қызыл құнажынды олай қарап, бұлай қарап, сары сақалды орыс:
— Сен кіз бала құнажыныңа қанша сұрайсың? — дегенде, Шолпан:
— Он екі сом елу тиын сұраймын. Берер жерім он екі. Он екіден бір тиын кем сатпаймын, — деп қасындағы сиыр сатушылардың саудаласу әдісін қағып алып, безеріп тұрып алған еді. Орыс басын шайқап:
— Ай, сен кіз бала, пысык. Өте пысыксын. Көз өткір сенікі, — деп кетіп еді.
Оған көп жыл өтіп кетті. Әкесі өлгеннен кейін Шолпан енді қайтып базарға бармаған...
Кәзір Шолпан түрі адам қорқарлық, даусы дүрілдеген Архипті көргенде ішінен жиырыла түсіп: «Албасты басқырдың түрі қандай жаман, адамға шабатын Шұғылдың қара бурасы сияқты. Орыс сары келуші еді, мына пері аумаған қара бура. Түксиген қырма сақалы да қара, беті де қара, қолдарын көрдің бе, әрі қап-қара, әрі томардай жуан. Өгіз болсаң сабанға жегіп, ала жаздай арқаңды шыбыртқымен тіліп отырар едім», — деп кіжінді.
Аздан кейін Шолпан бұл төртбақ қара орыстың шоқты екі алақанына алма-кезек секіртіп, шылымын тұтатып, шоқпақтай қара мұрнының кеп-кең танауынан түтін будақтатқанына қайран қалғандай еліге қарады. Қос тұрбадан шыққан түтін сияқты парлап төмен қарай ытқиды. Ауылда темекі тартатын адам жоқ, ол темекі тартуды анықтап бірінші рет көргені осы еді. Жел ұйтқып қалғанда қазандықтың аузынан бір құшақ болып ытқып шыққан түтінді екінші сәтте лап берген отпен араластырып, ошақтың кең көмейі кері жұтып жібергені сияқты, мына қараның да аузынан бір түйдек түтін көрініп қалып, көмейіне қайта құлап кетеді...
Ошақ жанында бойы жылынып, қатты-қатты жұтқан екпе темекіге елтіп, сүрлеген шұжықтай Шолпанға қарап, қараған сайын. құныға құмартып, Архип самогонды ішіп, бедері кетіңкіреген жансыздау көзін қысып-қысып. қойып, Шолпанға арландай шүйілді. Оның өзіне қарай жылжыған келіссіздеу жымиған тілемсек сиқын көріп Шолпан:
— Мына қарабасқыр қайтеді? Ақкенже дуана құсап көзін қысып, ернін тістеп! — деп бір адым кері шегінді.
Зағипа оның тасасына түсе берді.
— Қорықпа! Мен сені жемеймін, — деп күрілдеді Архип. Оның жел мен суыққа қарлығыңқырап қалған жуан даусы Зағипаға бураның гүріліндей болып естілді. Қыз Шолпанға жабыса түсті.
Шолпан оның ниетін анық түсінді.
— Қарабасқыр, кәпір неме, не істегің келеді? Менімен ойнайтын құрбым емессің, қара ниетті, қағынған- қара жалмауыз, — деп Шолпан оны сыбай түсті де, бірақ сөзбен бөгеуге болмайтынын біліп қазандықтың үстінен қарғып екінші жағына түсіп, жердегі үлкен шымшуырға жармасты. Ол шымшуырды жерден көтеріп үлгере алмай қалды — оны сырт жағынан шап беріп Захар хорунжий екі қолын қоса қапсырып құшақтай алды.
Шолпан шынтақтап қару жасап, жұлқына бастады. Ол қалайда хорунжийдің қолынан босануға тырысты. Көруге төртбақ қарадан көп нәзік хорунжий Шолпанға аса әлді көрінбеді, қолы жұмсақ, денесі майысқақтау сияқтанды. Бірақ қуаты бар жас жігіт Архип сияқты аса қатал болмаса да, әйелді жібере қоймады; Шолпанның денесін мейірленгендей қысып- қысып қойып, оның мойнын, бетін аймалауға кірісті. Сөйтті де ернімен әлденені іздегендей Шолпанның тамағынан асып, жұлқынып жүріп өзіне қарай жүзін бұра бергенде ол Шолпанның аузынан сүйіп алды да, құшағын жазып жіберді...
— Мына кәпір қайтеді, аузы темекі сасиды ғой, жауыздың. Тіфу, сілекейін жұқтырып, — деп Шолпан жерге түкіріп жіберді.
Сөйтті де ығысып мойнына түскен орамалын дұрыстап тарта бастады. Өзі аяқ-табақ, шелек және басқа ыдыстар тұрған бұрышқа шегіне түсті.
Үлкен іс бітіргендей жас хорунжий күлімсіреп, бойын жазып, шинелінің кеудесін қолымен жоғары көтеріңкірей түсіп, Шолпанға жымия қарады.
— Қорықпа! Мен сені жемеймін. Сен әдемі қызсын. Маған сен бірден ұнап қалдың. Біздің қыздар сияқтысын. Қандай қайраттысын, — деп мақтады ол Шолпанды.
Бірақ оның сөзін Шолпан түсінген жоқ, түсінбесе де ниетінің қандай екенін әбден білді. Ол орамалын мықтаңқырап байлап жатып:
— Ой, адыра қал-ау сол. Сары майдан дәметкен сүдінің құрсын, мысық сияқты шегір көз пері. Қара, қара, қарақұс сияқты қомдануын! Топ еткізіп бауырыңа баса қоятын мені бір қоянның көжегі деп тұрсың ба? — деп сөгіп сөйлеп, шымпуырды жоғары көтерді: — мынаны көрдің бе? Жаныңнан үмітің болса артыңды қыс. Әйтпесе миыңды аузыңа түсірермін, — деді.
Шолпан Захарды көзімен өлшеді: бойы Хакімнің бойынан ұзынырақ па қалай? Бірақ онан жасы артық болмас. Бұл оқыған адаммын дейді-ау, тал түсте қатын-қызға жүгіріп, ар-ұят деген болмайды екен ғой, сірә!..
Бұл кезде үміт еткен Шолпанды Захар құшақтап алған соң Архип бұрышқа жабысып, екі көзі шарасынан шығып, үрейі ұшып кеткен Зағипаға ұмтылды. Тең жарымын қалың қылтанақ сақал жауып және оның үстіне жел мен суыққа жарылып баржиып кеткен жалпақ бетті, қызыл тарғылданған бұқа көзді, томар денелі Архиптің түрі мен түсі қызға жан-қолқа, өкпе-бауырын тұтас суырып алатын албасты сияқты көрінді. Зағипа дір-дір етіп бұрышқа тығыла берді. Архип білегін сыбанғандай, қолын делегейлете түсіп, қорбақ адыммен бас салатын дәу перідей жақындай берді. Не күшпен, не амал-айламен қарсыласып бағарлық дәрмені жоқ, тағының шеңгелінде қалған киіктің лағындай бұйыққан талдырмаш денелі қызды ол оқ қолымен орай құшақтап, қақбақтай етіп көтеріп, екінші бөлмеге алып кетті...
Өз басының қамымен болып, қалай құтылудың жолын ойлап жанталасқандай түйіліп қалған Шолпанның құлағына аздан кейін екінші бөлме жақтан әлде тыпыр, әлде жыртылған шүберек, әлде ыңырсыған дыбыс шалынғандай болды. Ол бұл оғаш оқиғаны түптеп жатпады — ойлауға уақыты да, шамасы да жоқ болды.
— Не керек, саған? — деді Шолпан хорунжийға өтірік езу тартып, құшақтарлықтай қимылмен жақындай түсіп. — Жақсы! — деп сәл басын изеді.
Ойын ыммен түсіндіріп, есі кетіп тұрған жас хорунжий Шолпанның «мақұлдағанын» көріп, езілген жүз бен тілемсек көзін сүзе қалды. Шолпан қолымен шақырып «берегірек жүр!» — деп ымдады. Хорунжий ілгері аттай түсті. Шолпан қаттырақ байлап тастаған орамалын босатыңқырап тамағын ашты. Басын сәл қисайта түсіп, хорунжийге езу тартқан күйі:
— Құрттаған қойдың кескегіндей етпей мына адыра қалғырыңды сыпырмайсың ба? — деді оның қылышын ұстап көрсетіп, жоғары қарай көтере түсіп.
Хорунжий әйелдің сөзіне тіл білмесе де, түсіне қалды; оның жүзіне елжіреген бір тәтті шырай да пайда болды. Ол кәзір қылыш түгіл үстіндегі шинелін лақтырып тастауға да дайын болды ма, кім білсін, әйтеуір өте шапшаң қимылмен мойнынан қылышын сыпыра бастады; орта белінен ұстап қылышты жоғары көтерген оның сол қолы басынан да жоғары көтеріліп кетті. «Қайтсем қапысын тауып сыбағасын берер екенмін» деп ішінен кіжініп тұрған Шолпан шымшуырмен оны екпеден түйіп келіп қалды. Жұмыр темірден иілген жуан шымшуырдың доғалдай басы жүректің нақ басынан тиді. «Еһ!» деген тәрізді аузынан бір дыбыс шығып хорунжий екіге бүгілді; ол Шолпанның өзіне қарай дәрменсіз түрде, қолымен жер тірейін деген адамша еңкейе бергенде, қарсы ұмтылып, өжет Шолпан оны қос қолдап тағы да итеріп қалды. Жанды жерге доп келіп, қанқақсата тиген темірден талықсып кеткен Захар тізесі еріксіз бүгіліп кетіп, жығылып түсті. Делегейлеген қолы су толы шелекті ақтарып салды. Жұмыстың бұлай қауырт біте қалатынын да, хорунжийдің талықсып кеткенін де түгел ұға қоймаған Шолпан кірпік қаққандай уақыт өзіне риза болған жанша, құлаған жігітке үңіле қалды да, басын көтеpiп жан-жағына қарады. Мәкканың бірнеше күннен бері тоңтышақтың төрт терісін илеуге салған үлкен күбі-малмасы тұр еді. Ол жалма-жан сол үлкен күбінің ішіндегі өңез басқан ащы айранды сұйық-мұйығымен басын көтере алмай жатқан хорунжийдің үстіне төңкере салды да, үйден шыға жүгірді.
Жолдағы сенектен, ауладан, онан әрі кездескен ордан Шолпан жүгіріп өткен жоқ, қоянша қарғумен асып түсіп, кірпік қаққанша өз үйінің ауласына сүңгіп кетті. Сыртта да, жолда да, өз ауласында да оның көзіне ешкім түспеді, түссе де ол ешкімді көрерліктей, байқарлықтай халде емес еді — оның есі-дерті бағанағы өзінің екі қойдан жасырып, бетін қоғажай шөппен көлкештеп бітеп қойған қуысында болды. Ол қуыс Шолпанға жан білмейтін, жан таппайтын және ешкім ала алмайтын берік қорғандай көрініп кетті.
Қуысқа ол қақпа алдына сүйеулі тұрған өзінің сүйменін — өзеннен малға жылым оятын ұшты сүйменін ала кірді. Үңгірдің ішіне кіріп алып, қойлардың тапап жентектеп тастаған астағы дымқыл шөпті құшақтап тығып, оның аузын бекітті. Қуыстың түбі едәуір жерге дейін баратын терең және іші кеп-кең екен. Ол сәл жайласқаннан кейін:
— Бәлем, жаныңнан үмітің болса келіп көр. Мен саған мына сүйменмен онан да зорын көрсетермін, — деді сырт жаққа құлағын тосып.
Оның албырт қимылдап, жан ұшыра жүгіріп, аттай шапқан жүрегі аздан кейін қалпына келе бастады. Оған сырт жақтан адам дыбысы естілмеді. Тек қана қуысқа едірейе қарап, қытыр-қытыр шөп шайнаған өзінің екі буаз саулығының таныс дыбысы ғана құлағынан үзілмеді.
Бір-бірінен шақырымдай жерде тұрған екі үйдің арасы Хакімге бір көш жер көрінді, ол үйде ашық қалған қоржын мен жастық астындағы алты атарды тезірек жетіп, хорунжий келгенше жасырып үлгіруге асықты. Оған атпен еріп келе жатқан кәрі солдат соңынан қалмай қауғалайтын аса ыждағатты адам сияқты көрінбеді. Бұл үстінде ескі шинелі бар, атқа отырысы салақ, әрнәрсеге таңырқай қарайтын шаруа пішінді адамның жүзі жылы, басқаларындай зәрі жоқ, мүлде өз бетімен келе жатқан жандай айналаға асықпай, көз жіберіп, көзін көлкештеп алыстағы қыр қабаққа, тілкемденіп жатқан егістік жаққа тоқтап тұрып қарайды. Көлденеңінен оның істік мұрны мен шоқша сақалы артына жалт қараған Хакімге қырға қарай әлденені шошайтып көрсетіп тұрған қос саусақ тәрізденіп кетті. Сол көп нәрсені сұрап тастарлық едәуір жер бойына ол Хакімге сынық лебіз де сындырған жоқ. Сөз лебінен қандай адам екенін байқау үшін Хакім онан:
— Аңқатының қай жерінен өттіңіздер, сіздер әлде көпірлі жағынан келесіздер ме? — деп сұрап еді, солдат шошып кеткендей оған сескене қарады да, жауап қатпай, тізгінінің түйіп қойған жерін берігірек етіп қайтадан түйе берді.
«Мынаның менімен ісі шамалы. Мұның көзіне түсірмей амалдауға болар. Әттеген-ай, ең болмаса қоржынды шоланға кіргізе салсам етті, әйтеуір көзден таса жатар еді. Ай, шатастырған құдай! Бұл казак-орыстардың төбеден түскендей сау ете қалатынын кім ойлаған. Қай жердікі, қайдан келе жатқан казактар екен; Бударинге қарай, Ащыға жеткіз... дейді. Сонда бұлар мына бас жақтан — жә Қабанбайдан, жә Теректіден шыққаны ма? Онда қалай болғаны, бұлардың ордасы ойранға ұшырап, Текеден қашқан болмас па?! Жүрістері суыт. Аттары да қажыған аттар...» деп ойлады Хакім, бұл күтпеген жерден кездескен казактардың қай жақтан, не пиғылмен келгенін түсіне алмай, бірақ ол бұлардың казак екенін білгенімен не қылып жүргенін айыруға мүмкіндік болмады. Үндемес кәрі казак та қырдың егістігін көзімен өлшеп, өзінің бір қауырт шаруасын ғана ойлап, басқа дүниені мүлде ұмытқан жанша ілбіп келе жатты.
Үйіне жақындағанда Хакімнің ойына ілкіден де қорқынышты, өте қауіпті екінші бір ой орала кетті; «көп адам болып, бірқатар біздің үйдің астын-үстіне шығарып жатса не істедім? Қару мен қоржынды тауып алса не болды?! Ана Қалендікінде қалған жуан қара кіріп келгеннен «большевикпісің?» деп түйіле келіп еді, үндеу мен алты атарды көрсе не болмақшы?! Оның тұла бойы шымырлап кетті. Бірақ жақсылықтан жамандықтың ұшқыр екені мәлім, ол үйге жақындағанда-ақ дабыр-дұбыр дауысты құлағы шалып қалды. Терезе алдына, күн шуақ жаққа ыққа байлаған ерлі аттардың шеткі біреуі көзге түсіп кетті. Оның алып ұшқан жүрегі су ете қалды. «Жоқ жерден жау қолына ілігіп, ең болмаса, жастығымды ала өлмедім... Шынымен төнгені ме жау қылышы!..»
Сенектегі дабырлап сөйлегендер оған аса назар салмады. Өз ісімен болып жатты. Олар төбенің көлденең ағашына тірсегінен іліп қойып сойып жатқан қойдың терісін сыпырып үлгірген екен. Кемпірдің сыпырғыштап тазартып қойған сенегі кесіп тастаған қой басы, ақтарылған қан мен жық, жас құмалақ, сыпырынды бәрі араласып, ауыр иісті былғанышқа батып қалған.
Хакім қой төшкесімен шұғылданған бұл жүрген жері бүлік-сотқарларға басын изеді де, асығып үйге кіріп кетті. Үйдегілердің әрекеті онан кем көрінбеді: қырма сақалды екі қазақ кемпірдің құмыраға жинап жүрген піскен қаймағын таба нанға қосып, соғып жатыр екен. Бірі пеш түбінде көлбей түсіп, шынтақтай жатып түйіліпті де екіншісі көрпе-жастық біткенді жинап құйрығының астына басып, орындық етіп алыпты. Кемпір қолы қалтырап, шымшуырмен жанып жатқан тезекті жанған үстіне қаластырып, ішінен күбірлеп дұға оқып, жалбарынып қалған. Үйге кіріп келген Хакімді көріп, ол дауыс салып жылап жіберді.
— Қой, мама, қой! — деді Хакім сасып. — Жылама. Қорқып кеткен шығарсың. Бірақ өз бетімен жүрген зиянсыз солдаттар сияқты. Ақырын, мама, ақырын, — деді жалынғандай шешесіне жақындай түсіп.
— Несіне жыламайын, саған келді ме деп зәрем ұшып кетті, садағаң кетейін, құлыным... Келгеннен тас-талқан қылып, құранға дейін аяғымен теуіп жыртып жатыр. Сенің қоржыныңдағы қағаздарыңды да, әлгі түтіндететініңді де кесіп, жонып бұрқыратып, үйдің ішінің мынау көкпеңбек түтінге толғаны... — деп жылады кемпір, екі иығы солқылдап.
— Мама, ақырын, ақырын. Жарайды...
— Қасқа тұсақты сойып тастады... Малы құрсын, бас садағасы. Тек сендер аман болсаңдар...
— Мама деймін, қой енді. Сабыр ет. Ештеңе етпес, — деп жұбата түсті, Хакім оны иығынан сүйеп.
Қазан жақтың тақтайының астынан Әділбек шыға келді де:
— Сою қайда, бауыздаған да жоқ. Балтаның ұңғысымен басына бір қойды да, көзін ақшаң ете түсірді. Арам өлтіріп, терісін сыпырып жатыр. Арамға шығып, орысқа бұйырды жау алғыр тұсақ, — деді. Ол аздап қынжылғандай қабағын түйіп, басын шайқап қойды.
— Сен не қылып жүрсің тақтай астында? — деді қоржынды ақтарды дегенге түсі бұзылып кеткен Хакім.
— Сенің алты атарыңды тығып қойдым... Қағаздарыңның да қалғанын жинап жасырып жатырмын, — деп сыбырлады ол Хакімге.
Хакім көзін қысып оған үндеме деп ернін тістеді.
— Қожайын ба? — деді жантайып нан жеп жатқан аузын толтырып сөйлеп. — Бие сенікі ме? Қайдан келдің?
Хакім оған тура қарамай:
— Иә, қожайынмын. Қырдағы жылқыға барып едім. Жылқы алыста, отыз шақырым жерде тебінде — жайылыста, — деді көк биенің тер қатқан түрін көрген екен деп.
— Жылқы көп пе? — деп сұрады аздан кейін солдат.
— Бар ғой.
— Сен оқыған жігіт, ә?
— Иә, Оралда оқимын. Қазір үйдемін. Мектеп жабылып қалды, — деді ол шалшаңдап, өзінің оқушы екенін көлденең тартып.
Жатқан да, отырған да үндемеді. Екеуі бір таба нанды, жарты құмыра ауыздан дәмі кетпейтін күзгі сарғасқа қаймақты да құп сорып алып, шылым орауға кірісті. Хакім өзінің екпе темекі салған дорбасын да, кітаптың қалыңдығындай етіп текшелеп, белінен кендірмен бір бұған үндеу қағаздарын да анадайдан көріп, жүрегі келгендегіден де қатты соға бастады.
Үлкендігі кітап бетіндей үндеу қағаздың біреуін алып жыртып, сояудай темекіні аса шиыршықтай алмай дөрекілеу етіп орап жатып, жастық үстінде отырған екінші қағазға үңіле түсті. Араб әрпімен жазылған бұл жат қағазға ол сиқырлы нәрседей таңырқай қарап, басының қайсы, аяғының қайсы екенін аңғара алмай, аударып екінші жақ бетін көрді. Сөйтті де Хакімге бұрылып. «Не жазылған мұнда?» — деп сұрады.
Хакім оның қазақша оқи алмайтындығына күмәнданған жоқ. Және оның қағаз ұстауға өте ебедейсіз қолына қарап «хат танымайтын адам шығар» — деп ойлап .қалды. Ол жауапты тез тапты.
— Макаров, Акчуриндер компаниясының реклам қағазы — солардың товарларының артықшылығын баяндайды. Осы қағазға приказчиктер сабын орап береді халық оқысын деп. Осы жердегі таныс саудагерлерден шылым орайын деп сұрап алдым, — деді.
Байлығына ішін тартып қарайтын белгілі миллионерлердің атын естіп солдат казак таңданып басын шайқап қойды да, жауапқа толық қанағаттанған адамның пішінін көрсетіп Хакімге басын изеді.
Захар хорунжий мен Архип келгеннен кейін казактар топырласып қонақ бөлмеге жиылды да, Хакім ат ерттеуге шықты. Аздан кейін қой төшкесін арқалап Иван Андреевич келіп, ерінің артына көлденең салды. Оны мұқияттап берешнік қайыспен жылжымастай етіп байлап болып, биесінің жалын тараштап тұрған Хакімге жақындай түсті де:
— Сен большевик пе едің? — деді Хакімге қазақшалап. Сөйтті де өзі үй жаққа қарап қойып: мыналар жаман ой ойлайды... Бударинге жақындағанда сені өлтіруге ойлайды...
Хакім оның аузына қарап қалды. Оның миына Гречконың бұл сөздері үзіліп-үзіліп зорға талып жеткен сияқтанды...
Көшікпей қыс алды қара қатқақ суықта сол күнгі қақаған аяздан да қатал бір топ жандар Ащының сағасына қарай асты. Ол рақымсыз жандардың артында бетке ұстарын алдырған аяулы ауыл қалды; үрпиген әйелдер, тығылған балалар, таяқ жеген еркектер қалды.
Қасқыр тартқан тоқтыдай теңселіп, бұрышты аймалап, жарға сүйеніп, көзде үрей шатынап, жүзден нұр үркіп, бағы мерт болған жас қыз қалды.
Өң мен түстей бір қайғы, бір үміт үстінде кездескен бұл қарулы солдаттардың арасында құралсыз, дәрменсіз, торға түскен торғайдай бұйығып Хакім кетіп бара жатты. Татар дәмі мен бітер демі безбенге түсіп, ол арт жағында келе жатқан шоқша сақал Гречкоға қарайды. Оның аянышты үні мен сыбырлаған сырынан кейін тағы да не шырай бар деген адамша жүзінен жылылық іздейді...
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Хакімнің аласұрған ойы: «Бұл кім?» Мына мейірімсіз жандардың ішіндегі бұл көктен түскен шапағатшы ма? Әлде... әлде бұл да мендей аңсызда қолға іліккен пенде ме? Қаруы, түрі казак-орыс қой. Айырмасы тіл біледі. Жоқ... тіл ғана емес, жүзінде мейірбандық, үнінде жылы лебіз бар. Рахымды шырай бар. Жоқ, жоқ, айырмасы жер мен көктей...» деген болжал үмітке тіреледі. Сөйтеді де ол отрядтың соңында келе жатқан шошақ .мұрын орыспен қатарласа қалады. Онан тағы да бір жылы лебіз күтеді...
Хакім бұл шоқша сақалды шаруа пішінді орыстың Гречко екенін Гречконың бұлардан ойы да, бойы да бөлек екенін білген жоқ-ты. Оны сонау Ямбулатовка өзенінде Меңдігерейді ажал аузынан алып шыққан :адам екенін білсе, ашықтан-ашық ағайынды адамша сөйлесер еді. Сөйлесіп қана қоймас еді, ақтық қимыл жасауға, «қалай құтылуға ақыл сұрар еді.
Ақтық қимыл! Ақтық қимыл жасау бастан шығар ой ма! Хакімді бір жандырып, бір тоңдырып келе жатқан осы өлім құшағы емес пе! Өлім... қай пенденің өмірмен оңай қоштасар ниеті бар! Мына тұрған туған жерді, ана мен ініні, досты, замандасты кімнің көзі қияр! Серттескен жарды бір көрмей, бір тілдеспей, бір құшақтасқай кім аттанар! Алысқа, келмеске, мәңгі сапарға кім аттанар! Кім мұның бәрін тастап суық жер қойнына сүңгір! Жоқ! Жоқ! Хакімнің көзінен ыстық жас ыршып кетті. Ол жауға бұл жасты көрсетпеді, жең ұшымен бетін сүйкеп өтті...
«Әттең дүние, қапыда түстім қолға, — деп жыбырлады оның тоңазыған ерні. — Ойда жоқ жерден түстім қолға. Жастығымды ала өлетін ашық жерде, айқаса түсетін бірге бір кездеспеді. Қарусыз отырғанда басты, ақсызда басты, аяқ астынан келіп басты жау. Қу тағдырдың құрығын кім болжар...
Оның ойын подхорунжий бөліп кетті:
— Киргиз, аттан түс! — деді ол атының басын кері бұрып.
Серіктері де тұра қалды. Хакім шошып кетті — ішінің дір ете түскенін сезді. «Кенеттен... әлде...» деген үрейлі үздік ойлар аяқталмай шашылып, жоғалып жатты. Ол кідірістеп қалды. Атынан түсіп жатқан подхорунжийден көзін алмастан:
— Жақсы, подхорунжий мырза! — деді ол әлсіз үнмен.
Кенет жарлықтан жаны түршігіп кеткенін ол байқатпаған болды. Атынан түсе бастады.
Үздік ойдың «әлде... ата ма?» — деген көмейдегі бөлшегі қайтадан ауызға келді. «Шынымен біткені ме демнің...» Арғы жағы тағы үзіліп кетті.
— Биенің ерін сыпыр! — деген екінші бұйрық Хакімнің құлағынан ағып өтіп кеткендей болды. Хакім түсінбей қалды.
— Тез!
— Хұп! — деді бір кез Хакім, қаһарлы бастыққа жалт қарап.
Оның аузынан «уһ» деген леп те қоса шықты. Бұл бұйрықтың мәні енді жетті. Жүрегі жаңа ғана орнына түсе бастады. «Иттің көздегені көк бие екен ғой. Бағанадан бері айтпай, сүрі қылайын деді ме бұл ниетін».
Хакім жалма-жан биесінің айылын ағытып ерін алып тастап маған беретіні .мынау шығар деген адамша, подхорунжийдің астындағы атқа көз қиығын салып еді, ат оған өте белді жылқы сияқты көрінді. Етті болмаса да қоңды, сауыры кең және тегіс, көк биеден әлдеқайда биік, бірақ тұрқы қысқарақ қара ат екен. Иесі дік етіп жерге түсе қалды, тізгінін ұшынан ұстап қазақша білетін шошақ мұрын орысқа ұсынды. Шошақ мұрын оның ниетін бірден ұқты; ол аттан секіріп түсіп бастықтың қолынан қара аттың тізгінін алды да оның ерін сыпырды.
— Еріңізді биеге салайын ба! — деп сұрап еді шошақ мұрын кісі подхорунжий оған:
— Солай етпегенде ол ермен өзіңді ерттейін деп пе едің, ақымақ, көк ми, — деді жіп-жіңішке жұғымсыз дауыспен.
Жер-жебіріне жеткізе сөккен бұл өркөкірек мырзаның сөзіне қазақша білетін орыс жауап қатпастан көк биені ерттей бастады. Ал, Хакім жазықсыздан-жазықсыз сүйектен өтерлік бұл тіл тигізуді дәл өзіне айтқандай сезді. Ол үнсіз, қыржың қабақсыз, бәріне көнген пішінмен биені мұқияттап ерттеп жатқан бұл шоқша сақалды, шошақ мұрын, шаруа пішінді сабырлы жанға жалт-жұлт қарай қалды. Ішінен оған жаны ашып, бірақ ара түсер дәрмен жоқ, іштей елжірей түсті. «Бәсе, бұл сорлының да халі мен сияқты мүшкіл жан болды. Мына соғылғандардың тепкісінде жүрген басында еркі жоқ пенде екен. Түскен жерде атын жемдеп, суарып, ерттеп, қызмет істейтін құлы ғой бейшара. Бұлардың ат қосшысы осындай жазықсыз сөгу, жерлеуге көне береді екен. Бұл байғұстың маған сырын айтуы да мына мейманасы асқан бұзықтарға риза болмай ашынғаннан болды» деп ойлады ол бұл бір уыс адамның арасында да теңсіздік барын көріп.
— А, сен не күтіп тұрсың, киргиз-большевик, — деді шырылдақ үнді подхорунжий. — Әлде атыңды мен ерттеп береді деп күтіп тұрсың ба?
— Маған қай атты беретініңізді білмей тұрмын, подхорунжий мырза.
— Қара, түкке түсінбеуін.
Мұнымен сөзге келудің қауіпті екенін түсінген Хакім, ер-тоқымын қолтықтап қара атқа жақындай берді. Ол алдымен аттың мінер жақ алдыңғы аяғын суытып тұрғанын көзі шалды, ерттеп жатып оның жатырқай қараған жанарының жасаурай түскен төменгі жағында ақ тарыдай ағы барын да байқады. «Ағы бар жағынан үркетін шығар. Бірақ міні мұнысы ғана емес, аяғы кете бастағансың ауыстырған екен», деп түйді ол ішінен.
Қара көк биеден айрылғанына өкінсе де, Хакім бұл оқиғадан өзіне керекті екі нәрсенің шет-пұшпағын аңдап қалды. Ол: қазақша білетін жуас орыс бұларға амалсыз ерген «мобилизованный» шаруа болуы керек. Бұл нағыз казак-орыс болса, онда сол казак-орыстың ішіндегі батырағы — мыналардың біреуінің жалшысы. Болмаса Жайықтың бергі бетіндегі көп қарашекпеннің бірі. Екеуінің қайсысы болса да біздің қызылдарға бейім, Советке тілекші. Мұнымен ебін тауып тілдесу қажет...
Біраз жүргеннен кейін Хакім сөз тартты:
— Кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз қалай? — деді де ақырындап, өзі бірнеше рет тамағын кенеп қойды.
Қазақша білетін орыс атын шаужайлай түсті. Ол Хакімнің сұрағын естімеген кісі сияқтанып алысқа көз тастады, жолдың бойын сүзді, ілгерірек кеткен серіктерінің сөздеріне құлақ тосқандай болды.
— Аттың аяғы кетен екен, — деді Хакім, бірінші сұрағына жауап ала алмаған соң.
Қазақша білетін орыс түсінбеген адамша оған мағынасыз пішінмен бір қарап қойды. Бірақ тағы да үн қатпады.
Бұлар Жалғансайдың ішімен келе жатыр еді. Сайдың тепсең қабағын қуалай қара жол жатыр, бірақ аттылы отряд жолдан төмен, арбалы жүргіншіні көзге түсірмейтін жылғаның түбімен жүріп, алыстан қараған адамға төбелері әр жерден қылт-қылт етеді. Бұл жылғаның жазға салым су тұрып, күзге қарай шоқалақ қататын көлтабанын, ирім-ирім бүгістері мен жазық алақандарын Хакім бес саусағындай біледі. Жә төмен өзен бойына ойысатын, жә жоғары тау жонына бөктерлейтін салалар да оған аян. Алдында қалың елді саға бар. Сағада медіресе мен мешіт бар. Көл мен өзеннің құнарлы нәрін сүзіп отырған қалың балықшы бар. Бұл жерге соқса мықа аяқ астынан тап болған казак-орыстардың басшы етіп өзін айдап бара жатқанын, ниетінің жаман екенін Хакім айтып кетер еді. Мүмкін елді-күн құтылудың бір амалын көздейтін жігіттер бас қосып әрекет жасар ма еді...
— Мына сағаға соғып жылынамыз ба, әлде... — деп қалды, Хакім алдында келе жатқан жуан орысқа орысшалап.
— Жоқ, — деп ол жауапты шорт қайырды, — Бізді Солянкаға баста. Тұра баста.
Хакімнің көңілі суып жүре берді. «Әттегене-ай, ең болмаса Қажымұқан мен Асанға да хабар бере алмай кететін болдым. Ханжұртының сыртымен асып түсіп, Сасайдан бір-ақ шығатын болдық. Ол жақта кім бар еді? Кейінге хал-жайды жеткізетін таныс қайда?»
— Бұл елді жер киргиздар ма? — деп сұрады сағаны көрсетіп.
— Иә, киргиздар. Мешіт бар, мектеп бар. Жылынатын үйлер бар. Дүкен де бар ол жерде, — деп қызықтыра түсті Хакім сағаның жайлы орын екенін сипаттап.
— Тура Будариннің өзіне түсеміз.
Хакім басын шайқады.
— Алпыс шақырым жер. Жолда түсіп, ат шалдырып, жылынып алмай шыдамайсыз.
Қара орыс ойланып қалды. Ол алдында кетіп бара жатқан подхорунжийге:
— Захар! — деп айқайлады.
Ол тоқтаған Захарға жанамалап келіп:
— Бударин алпыс шақырым жер дейді, мына киргиз. Қай жерде тамақтанамыз?
— Дәл алпыс шақырым ба? — деп сұрады шырылдақ Захар.
Жуан қара Хакімге «дұрыс айтасың ба?» деген зілді көзқарас тастады.
— Жұрт солай дейді. Артық-кемі болса да аз, жартымсыз шығар.
— Онда діл отыз шақырым жер жүрген соң түсетін ыңғайлы жер табасың. Қазір ешбір елді-жерге соқпайтын жолмен жүргізесің, — деп нығытты подхорунжий.
Хакім басын изеді. Ол бұлардың Бударинге тез жетуге тырысқанын, өздері қашып келе жатқанын, елді жерге жолағысы келмейтінін бұлардың жүріс-тұрысы мен сөз ыңғайынан әбден түсінгендей болды.
«Әскер бөлімшесінен лағып кеткен бұл құдайдан безген бұзықтар ел табанынан аулақ алып кетпек. Шынымен осы жауыздардың қолынан өлгенім бе?! Ақтық демнің таусылған жері анау Бударин түбі болғаны ма?..» Хакім ащы ажалдың қай түрде, қалай келерін ойлауға дәті шыдамады. Оның тұла бойы мұздап кетті; көзі бұлдырап ешқандай жанды-жансыз нәрсені де айыра алмайтын күйге түсті. Жауын еріксіз бастап, саймен жүріп отырып, Сағадай жоғары әкеліп шығарды да Ханжұртының етегімен Ерекең бейітіне қарай бет түзеді.
Бұл бейіт үлкен қырқаның үстінде еді. Онан асып түскен соң сол жақ қолда тау бар; тау етегіндегі кең қолтықта Шұғыл хажының ауылы қалады, ал оң жақта Шалқар көлі ендеп жатыр. Осы тау мен көлдің аралығындағы қыспақ тар жазықтың үстімен Ащының сағасынан өтетін үлкен қара жол асады. Осы жолдың ұзын өрмегін амалсыз шумақтап, буалдыр ой, бұлдыр көз, бойды басқан зіл қайғының құшағында ел-сал боп жас Хакім келе жатты. Ол бие орнына тиген орыс қол қара аттың шолақ тізгінін қытпастан бір бүлкіл, бір текірекпен үріккен топтың дүбірлі дүрмегіне ілесе берді.»
Шұғыл хажының үлкен қыстауының денінен де асты, қарсы алдында міне енді, көлге төніп келген Қараөңір тауының қошқар тұмсығы тұр. Суыт жүрісті жандар бұл мүйістен де ілезде айналып кетпек. Онан әрі Ащының кең жазығы — жуық маңда көзге демеу де ел жоқ. Хакімнің жүрегі аласұра бастады — қошқар тұмсық жота оған соңғы аттар адым сияқтанды, ар жағы басқа ел, басқа жер...
Артта асың ойнап, доп қуған Ханжұрты жатыр. Көшкен елдей жиын-думанды күнде бір көрмесе көңілі көншімейтін Саға қалып барады. Онан әрі, кейінгі жақта Ақпан мен Кеңтүбек бұлдырайды. Ол орта ауылда кәрі ана, жас інішек, назды құрбы қалды. Табалдырығын еңбектеп аттап, төрінде еркелей шалқалаған мекен-жай қалды. «Енді қайтып көремін бе, көрмеймін бе?» деп ол кейінгі жаққа мойнын бұрып еді, суық сапардың суық ызғарын үдете түсейін дегендей Шалқардан соққан ызғырық жел бет бақтырмай маңдайдан соғып, көзден жас парлатты. Хакім мойнын тез бұрды, ол желге желкесін ғана тосып, енді тек амалсыздан алға қарай берді.
Алдында жан сүймес жандардың дөкір жүздері мен жұғымсыз бейнелері: беті-жүзін жел мен күн жеген бұқа мойын шоқ қара, сары аттың өкпелігіне жалпақ өкшесін қадап-қадап қояды, өмірі Қадестің кебіс-мәсілі ұзын тірсегі кеудесін қысып көрмеген ат, жуан қараның күшті тақымынан тек шабысымен құтылатындай-ақ ұмтылады. Ол оқ бойы озып шығып кеткен. Шырылдақ подхорунжийді жол ұшына жылдам жеткізейін дегендей Хакімнің бір ішек қара көгі жер баспай ол кетіп бара жатыр. Қалғандары бір шоғыр — қасқыр текірек, шошақ тымақ бір ырғалып, бір басылып, көріктей қопаңдаған бос бөксе солдаттар...
«О, жасаған! Бұл не қорлық, не бейнет! — деп жыбырлайды Хакімнің ерні. — Не жаздым мұндай күйге түскендей? Шынымен су түбіне кеткенім бе! Я, бақ, я, ару-ақ!..» Кенет оның өн бойы өзгеріліп кетті, тарыққан ойы да шарт үзіліп кетті — көзі жұлдыздай аққан жалғыз аттылыға қадалды.
Жөңкілген солдаттардың дені биік мүйістен аса бергенде сол жақ иықта тұрған тік жотадан шаншыла төмен аққан аттылы бейне бір тастаған кесектей домалап келеді.
Хакім оны бір сәт түлкі қуған жан ба деп қалды — екі етегі екі жақта жалаудай желбіреген, өзі ат жалына етпеттеп жатып алыпты; көлденең көзге құқан ақын тақымдап, барын соны соғуға ғана салғандай; өрден төмен көсілген атты онан да әрі көсілте қамшылап, ысқыртып келеді. Бет алды мына төмендегі, алды-артына қарамай шоқытып бара жатқан жандардың қалайда алдынан кесіп өтейін деген жанша құйғыта түседі.
Тау мен жолдың екі арасы тап осы жерде көл жағасы мен қыспақталған тап-тар алқап еді. Өрден ойға құлдыраған адам қояндай ағып төмендегілерге жуықтап-ақ қалды, ал, өндіре шоқырақтаған орыстар екі араны көре көзге жақындата түсті. Биіктен құйылған бұл аттылы әлденеге тезірек жету үшін бар ынтасын соған ғана салып, шабыстың қаттылығынан жол бойындағылардың әскери жандар екенін байқамай да қалған сияқты, өйткені әудем жерге келгенше атының тізгінін де тежемеді. Бірақ, алыстан да байқағыш Хакім, оның кім екенін де танып қалып еді. «Аманқұл. Сөз жоқ Аманқұл. Сұппа бөркі де соныкі. Ат жалын құша шабатын, тіпті тегіс жерде де атын пәрмендете жөнелетін әдет бір ғана Аманқұлдың әдеті. Бұл неге біздің алдымызды орайды? Әлде менің қолға түсіп кеткенімді естіп, бір хабар біліп қалайын деп шапты ма соңымнан? Болмаса басқа бір мәніс бар ма мұнда? Бүл жерде қандай жай болмақ?..»
Құйындай ұйтқыған ой қимылы ми қазанын асты-үстіне шығарғандай болды — оның шеке тамыры солқылдап қоя берді.
Есі кете шапқан Аманқұл жол үстіндегі жөңкілген аттылардың қарулы екенін, олардың және өзі жанына жолауға жүрексінетін казак-орыстар екенін жаңа байқап кілт тұра қалды; сөйтті де қалай қарай қашуын көздеген қоянша шұқшиып, үзеңгіге шаншыла қарады, бір минуттей ақтарылған күйі орнынан қозғалмады.
— Мына ардаға не керек? — деп айқайлады атының басын тежей түскен подхорунжий кейін келе жатқандарға қарап.
Шошақ мұрын орыс «сұра!» дегендей Хакімге иек қақты. Хакім атының басын бұрып үлгергенше Аманқұл жалт беріп қаша жөнелді.
— Тоқта! Аманқұл, тоқта! — деп айқайлады Хакім жалма-жан оны қуа шауып. Аманқұлмен екі арасы мүшелік жердей-ақ еді, қара атқа қамшыны басып жіберіп Хакім тағы да айқайлады:
— Тоқта, Аманқұл, тоқта! Менмін... Хакіммін!
Хакімнің даусын анық естіген Аманқұл, өз құлағына өзі сенбеген адамдай құлақшынын көтере түсті де, кілт бұрылып, енді Хакімге шүйіле көз тікті.
— Жай ма? Мыналар мені айдап әкетіп барады, Аманқұл... — деді Хакім аптыға сөйлеп. Ол Аманқұлға өсік пен төрдей жер келіп қалды.
— Хакімбісің?
— Танымай тұрмысың. Мыналар мені айдап барады.
— Жау келді дейді. Жылқыны талап мінеді дейді. Ауылға хабар етуге шауып барамын.
Хакімнің ойына жан-дәрмен айла сап ете қалды. Ол енді еш нәрсе сұрамастан атының басын бұра сала дөңнен шұбатылып өтіп бара жатқан орыстарға қарай шапты — қараның бауырына қамшыны үздіксіз төпеледі.
— Жау!.. Жау!.. Қызылдар!.. Жау!..
Хакімнің даусы тау бауырынан көлге соқты, көл жаңғырығып оны тауға кері әкетті.
— Жау! Жау! Қызылдар! Жау! — деген ащы дауысқа бүкіл алқап лық толып өрнектеп кеткендей болды. Бұл құлақ жарған үрейлі дыбысты Хакім онан әрі ұлғайтты.
— Бір полк қызылдар таудың арғы астында жылқыға тиісіп жатыр! Подхорунжий мырза! Жау келіп қалды! Жау! Жау! Қызылдар!
Өзі сәл кідірген казак-орыстардың жүйіткіп алдына қарай озуға тырысты. Атқа қамшыны үсті-үстіне басты. Не жүйрік — үрей жүйрік. Ол ұшқалақ ақылдың алдын орай кетеді. Онсыз да үш күннен бері табан суыта алмай жортуылға түскен казак-орыстар ойлауға мұршасы келмеді. Хакім бет алған жолдың аңғарымен дүркірей жөнелді. Қарт көк биеге мініп шырылдақ подхорунжий «ә» дегенше бәрінің алдына шығып кетті. Ұзақ шабысқа аса сенімді болмағанмен Хакімнің көптен бері жаны сүйіп тақымына басқан бұл жануары мүше бермейтін жылқы еді, қазір ол серіппедей жазылып, басқалардан оқ бойы озық ағызып бара жатты. Қадестің сары атына мінген жуан қара да онан қалу ниетінде емес көрінді — подхорунжийді басып озардай ұмтылды. Бір минут өптей-ақ құйындата жөнеп берген он бес солдат бірі ілгері, бірі кейін, қатқақ жолдың бойын тасыр-тұсыр дыбысқа көміп, бәйге атындай шұбатылды.
Аң-таң қалған Аманқұл еш нәрсеге түсінген жоқ.
Ол жаңағы Хакімге тіл қатқан орнында қарақшыдай қақшиып тұрып қалды. Бұлар кім? Неге жын соққандай?.. Хакім неге бақырады? Неге орыстарға ереді? — Оның ақырған жүзінде осындай сұрақтар пайда болып еді.
Ал, тап сол мезетте Хакім дүркіреген орыстарды басынан санап асырып бара жатты: он... он бір... он төрт... Ол ат басын сәл тежей түсті де, енді асар жан жоғын көріп кері бұрыла салып, алды-артына қарамастан бұл да құйындата шаба жөнелді — Аманқұлға қарай жөнелді.
Шоқша сақал сары орыс онан көп оза қойған жоқ еді.
Хакім бұрыла сала шапқанда ол да соны істеді. Ол құйындатқан топқа қарай-қарай шапты. Хакімді ұстайтын адамша оңтайлана шапты. Алдыңғы топ бұл кезде жарты шақырымдай жер өрлеп, екі ара алшая бастады.
Тіпті тез алшақтап бара жатты.
Бір кез мылтық гүрс етті де, тап көк желкесінен жерді солқ еткізген жойқын дыбысқа Хакім бұғып қалды. Ол «Мені атты!» дөп ұқты, бірақ бірінші оң дарымастан әлдеқайда асып барып, тау қойнын бөрліктіре жаңғыртып жоқ болғаннан кейін көңілі тоқырағандай болды. Сол мезет оны тағы да «қайтадан ата ма» деген үрей билеп басын ат жалынан жоғары көтермеді. Жас кезінде бәйгеге шапқанындай көсіле сілтеген атпен бірге етпеттей ұмтылды. Мылтық атқан оның соңына түсіп ілесе шапқан шошақ мұрын орыс болатын. Тау жаңғыртқан гүрсілге жолмен шұбай қашқан солдаттар да құлақтарын тосып, мойындарын бұра қалған еді. Тап сол кезде тау басында шоғырланған топ-топ қара көзге шалынды да қашқан казак-орыстар бауырлай қамшылаған аттарын онан да қатты бауырлай түсті — тау басындағы қара шоғырлар оларға қалың әскер сияқтанып қорыққан көзге қос көрінді. Бұл Аманқұлдың өрге қарай тырмысқан қалың жылқысы еді, бірақ бөрі тиген қойдай үркітіп сонау Жайықтың арғы бетінен бері қызылдар өкшесін жерге тигізбей бостырған казак-орыстар оны айыруға шамасы келмеді. Ащының сағасына қарай сілтей берді.
Казак-орыстар әрі қарай асықса, еш нәрсенің мәнісіне түсінбеген Аманқұл жалт бұрылып кері тау басынан асып түсуге жанталасты. Ал, айламен жауды басынан асырып жіберіп, көп жылқыға бас паналай, Мыңшұңқырға еніп кетпекші болған Хакім оны өкшелеп қалды.
— Сілте, Аманқұл, сілте! — деді Хакім басқа сөз таппай, соңындағы қуып келе жатқан орыстың тағы да атар-атпасын білмей сасып. — Сілтей бер, мына тұмсықтан асып түссек болды.
Мылтық даусынан Аманқұлдың да иманы зірк ете қалған, алайда қулық-сұмдықтан ңұр алақан емес жырынды жылқышы Хакімнен асып оқ маған тие қоймас деген сенімге иек сүйеген-ді. Ол енді Хакімнің жетіп қалғанын көріп, қамшыны атқа баса түсті де, онан оқ атым жер алға шығып-ақ кетті.
Ол арт жағына жалт қарап:
— Ойбай, орыс келе жатыр! Қуып келе жатыр! — деп шыр ете қалды.
Хакім де атты аямастан қамшылады. Сонда да оның астындағы ұзақ жорық салықтырған қара ат шабысын үдете қоймады, тосаң қимылмен кібіртектей берді. «Мылтықты қойып, жалаң қылышпен тиіспекші ме?» деген жаман ой келді оған бір кез, — «солай... ежелден қылышқа шебер казак-орыстар. Солай!.. Аруақ!» дей берді ол ішінен.
Бағанағы ойға шапқанындай өрге де құйындата сілтеген Аманқұл кешікпей Жыланқырқаның басына жетіп, кейінгі жаққа қояндай шұқшия бір қарап алды да, оның арғы жағына қылт етіп түсіп кетті. Тіп-тік Жыланқырқаның қабағына өліп-талып Хакім де ілікті.
Ол тынымсыз тебініп, үзбей қамшылап, аттың ақтық терін сығып алардай жақталасты, өзі де қара терге түсті, ақыры қырқаның басына да шықты — өкпесін қолына алып нысанаға шақ жетіп жығылған жанша «Уһ!» деді. «Енді құтылармын» деген үміт те жалт ете қалды. Сол қолымен жұлқып жағаның түймесін де ағытып жіберді, қыр басының бір құшақ ауасын бір-ақ жұтып қалған кеуденің де тынысы кеңейе түсті. Қысылған жан, булыққан дене тар қапастан жаңа ғана босанып, кең дүниеге енді енгендей болды.
Таудың екінші беті бейне бір сырғанақ тебетін жер сияқты қиялап төмендеген кең ойпат еді, ойпаттың қазантұп шұңқыры «Мыңшұқыр» атанатын, ол Хакім шыққан тау үстінен екі шақырымға жуық төменде жатты, Жаудан пана, көзден таса бұл шұңғылға түсіп кетпес бұрын Хакім кейінгі жаққа көз тастап қалды. Оның томағасын алып жіберген қырандай жіті көзіне: жап-жазық көл жағасы, жағадағы өрмектей тартылған Ащы жолы, жол үстіндегі ұсақталып әрілеп кеткен солдаттардың тым-тырағай тізбегі шалынды; онан бері тау етегі, етектен ізінше өрмелеп келе жатқан шоқша сақал сары орыс керінді. Бұл шошақ мұрын кәрі солдат Жылаңқырқаға тырмыса шауып өңмендеп келе жатыр... «О, тоба, енді не қылдым? — деді Хакім қара атқа тағы да қамшыны баса түсіп. — Мұның қолында мылтығы да, қылышы да бар... Мыңшұқырға» бір іліксем көз жаздырып көтер ем...» '
Өрге тосаңсып шауып, мінер жақ аяғын қорғана басып, кей жерде оны жерге тигізбей, бар күшті сау аяқтарына ойпатқа шапқанда зымырай жөнелудің орнына көрер көзге тағы кібіртіктеп қалды. Ат жанталаса тебініп, қамшы үстіне қамшы салған Хакімнің қыстағанына көнбеді. Тіпті бір кез шегіншектей түсіп, ордан ырғитын атша басын кекшеңдете берді. Бұл жаймен қуғыншыдан құтыла алмайтынын біліп Хакім ілгері кеткен Аманқұлдың атын алмақшы болып қол бұлғап еді, ол қайрылмастан ілгері қарай шаба түсті — алыстағы ендеген көп жылқының бергі бөлегіне жетіп те қалды. Хакім айқай салып, оған бөркін бұлғап та көрді, бірақ жылқышы оны байқамады. «Жаудан жылқыны қорғап қалайын деп жанталасқан адамша шеткі бір үйірін бөріктіре қуып, өкінші үйірге тықсырды. Күзгі салқынға бойы тоңазыған тай-құнандар құйрықтарын көкке тігіп ұлан-асыр ойнаққа басты, әп-сәтте кеп жылқының ендеп кеткен шеттері киіздей жиырылып, шұрқыраған дабысты қалың дүбірге айнала бастады. «Енді не қылдым, не істеймін? Көбінен құтылып, бірінің тырнағына ілігін, шынымен оққа ұшқаным ба?» деген суық үрей Хакімнің он бойын мұздатып жіберді. Ол булығып, шыбын жаны алқымға келді...
2
Хакім ішінен «Шошақ мұрын» деген ат қойып, бірақ өзін мейірбан жан санап келе жатқан Гречконың халі де адам аяғандай еді. Басында жаппай мобилизациямен Требуханың казак-орыс атаулысымен бірге қару алып атқа мінген бұл шаруа белгілі Калашниковтың баласы подхорунжий атағын алған жас офицерге қосшы есебінде болды. Жалғыз Захар емес, мұны сол селоның бөрі мінезді Архип Волковы қосыла қосшы етті. Тіпті Захардан бұрын Гречко Архиптің атын бұрын жайлап, бұрын ерттеп, бұрын жетектеп әкеліп алдына тартатын. Өйткені Захардай Архип ана-ғұрлым сотқар және мейлінше қатал жан. Оның дегенін Гречко өмірі екі етіп көрген емес-ті. Екі етуге лаж жоқ. Архип сотсыз зәбірлеп, тергеусіз тепкілеп, білгенін істеп келген зұлым. Ел қорғау борышы Архиптің құлы есебінде әскер қатарында қару көтеріп жүрумен бітпейтінін Гречко жақсы-ақ түсінетін. Ол қорғаймын деген Войоко укіметінің де кімнің таяғын соғатынын көрген. Гречколардың жоғын жоқтап, таяғын соғу үшін сельсоветін құрған Игнат Быков сияқтыны қан жоса етін түрмеге тықұан зұлымдықты да көрген. Артта әйелі мен баласы, үйі мен шаруа жайы иесіз қалғаның өзі жазатайым болса олардың көрер күнінің не боларын шамалаған Гречконың бар тілегі түбімен допарылған дүниенің бір жайлы болғанын көру еді, тезірек көру еді. Ол сонау Ташлының түбіне дейін барып, жер қайысқан қалың Қызыл армияның Бородин полкын тас-талқан еткенін де өз көзімен көрді. Көріп қана қойған жоқ, шапқан ағаштың жаңқасындай ұшын, жүздігінің қайда қалғанын білмей, мына бас кесерлермен бірге үркіп келеді. Не үшін үркіп келеді? Кімнен үркіп келеді? Енді қайда бармақшы? Анау қалың қызыл әскер ендігі Орал қаласын да алып қойған шығар. Председатель Быковтер қайтадан селоға оралған да болар. Олар бір уыс офицерді айдап шығып, өз тәртібін қайтадан орнатып жатқаны кәміл. Сонда Гречко кім болгғаны? Теңдіксіз өскен шаруа өздерінің қыстыгүні құрған советінен қашып жөңкіп келе ме?..
Осы сияқты ауыр ойлар, бірақ әділ ойлар Гречконы соңғы күндері ұйқыдан қалдырған. Ол үнсіз жүрген. Ішінен тынған. Жөні келген жерде бұл мағынасыз босудың бір шегіне шығуға бел байлап келе жатқан.
Хакімнің кім екенін ол әрине білген жоқ-ты. Бірақ киргиздердің теңдікке ұмтылғанын ол өз көзімен көрді. Өзіне таныс Әйтиевтердің істеп жүрген ісін ол түсінді, оларға жаны аши қарады, Меңдігерейді құтқарғаны да сол жаны ашығандық еді. Ал, жаңа бұл жас жігіттің жылқышы киргизге жолыға салып «Жау келіп қалды! Қызылдар келіп қалды!» деп айқай салғанда ол бұған шынымен нанды. Ішінен «түрт, шай-тан. Қаптасын. Қалай қолға түсу керек? Мына киргизбен бірге қайтып бас қорғау керек...» деп ойлап еді. Сол ойының бір ұшына жетпестен кері қарай қашқан киргизді көрді де, ол бір сәт аң-таң болды. Бірақ бұл ақтарылу ұзаққа барған жоқ, оның көпті көрген тәжірибесі, тапқырлығы бірден жол тапты: «бірге... кері қарай... сол қызылдарына қарай қашу...» деді ол өзіне өзі. Сонымен бірге кейінгі қалған өзінің әскери серіктері көре қалса не демек? — Бұған да дәлел бар екен. Ол қашқан киргизді қудым демек. Сол үшін екі рет мылтық та атып, бірақ, оқ дарыта алмадым демек. Бұл теріске айналған сәтте. Ал іс оңға айналса — киргизбен бірге қызылдарына-ақ қосылу...
...Қырға иек сүйеп, оның басына шығып алғанша Гречко да серіктеріне көп көз сала қойған жоқ еді.
...Оның бар ынтасы қалайда қашқан киргизді тоқтату болды. Қыр басына шығып қанша жер екенін шамалау үшін Ащы жолымен кеткен серіктеріне қарағанда, олардың қас пен көздің арасында төрт шақырымдай, тіпті бес шақырымға жуық алысқа асқанын олардың құлдыраған ұсақ қарасындарынан білді. Гречко басын шайқады. «Ох, жауынгер немелер» деді ол ішінен. Сөйтті де ол алдында жатқан қалың қарасынның әскер емес, өз бетімен бейбіт жайылып жатқан жылқы екенін, тау басынан шауып түскен жылқышының ендеген жылқысына жетіп қалғанын, алдындағы қолбасшы жігіттің қара атпен ұзай алмай қысылып бара жатқанын, артына қарап қойып атын қамшылағанын көрді. Ешбір әскердің жоқ екенін ол енді түсінді. «Сұм! Ой сұм! Жарайсың, жас киргизім», деді ол жымиып. Сөйтті де жалма-жан:
— Жігіт, тоқта! Мен қастық жасамаймын. Тоқта! — деп айқайлады.
Гречконың даусын шала естіген Хакім, «Бұл не дейді?» деген адамша жалт-жұлт қарап алып, атын төпей берді.
Гречко оған қуып жететінін жақсы түсінді. Өйткені Захардың қара атының бір тағасы Жайық бойынан қашып шыққан күні түсіп қалған. Оны қайта тағалауға уақыт та болған жоқ, уақыт тапса — тағашы да кездескен жоқ еді. Кеше кешке Гречко аттың аяғын суыта түскенін байқап, оны көтеріп қарап еді, аздап табанының таңдайы өсе бастаған ат өн бойы тоңды қатты жерге соға бергеннен кейін, тағасыз аяғы туралап қалуға жақын екен. Оны ауыстырғаны Захарға тиімді болғанын ол бүгін жақсы білген. Сол қара ат қазір мінер жақ аяғын кейде жерге тигізбей, үш аяқтап бара жатыр; оны кешікпей-ақ қуып жететін. Өйткені Гречконың өз аты белгілі жылқы — қоңы да жақсы, бабы да жаман емес, төрт аяғы cay және шаруаның жексе келік, мінсе жүріс беретін көнбістісі. Гречко жас жігітті қуып жетіп, онымен түсінісуге, түсінісіп алып ілгері асудың жайын сөйлесуге асықты. Ол да атқа қамшыны баса түседі. Көп ұзамай ол жылқышының ізімен қалың жылқының арасына қарай ойысқан Хакімге жақындап қалды.
— Жігіт, тоқта, мен саған қас адам емес, дос адам, — деп айқайлады ол тағы да.
Бірақ әлденеден мықтап белең алып қалған жылқыдай шошынып сілтеген Хакім тоқтамады, ол қалайда алдындағы атқа шапқыш шекпінді жылқышыға жетуге жанталасты.
«Бұл әбден қорыққан екен» деп түйді Гречко. Ол жалма-жан мойнына қайтадан ілген винтовкасын сыпырып алды да:
— Мен қас емеспін саған. Дос! Дос! Мә, мылтық! Қорықпа! — деп айқайлап, Хакім артына бұрылып қараған кезде винтовкасын лақтырып жіберді.
Құндағынан жерге шаншыла соғылған мылтық шоршып барып, шөптің арасына құлап түсті. Хакім Гречконың сөзін де жақсы есітті, лақтырған мылтығының жерге түскенін де анық көрді. Қуған бұл шошақ мұрын орыстың өзі екенің және бөтен ниеті жоғын ол енді ғана байқағандай болды. Бұл екі арада дөкпектеген қасқыр текірекпен жерді жеміріп келе жатқан шоқша сақалдың астындағы мықты жирен ат онымен құйрықтасып та қалды.
— Азырақ тоқтасайшы, жігіт, — деді Гречко оған. — Қорықпасайшы, мен айттым ғой, доспын деп.
— Дос болсаң, ақсақал, шаба бер ілесіп, — деді Хакім булығып сөйлей алмай, сөзінің арғы жағын жұтып, оған әлі де жалтақдай қарап.
Аз уақыт құйрықтаса шапқаққан кейін Гречко тары да сөз бастады:
— Неге бұлай қарай шабасың. Ауылға неге шаппайсың?
Хакім оның бетіне қадала қарады:
— Көрмейсің бе, қария, мына аттың... аяғы... жерге тимей қалды...
— Оны үйге таста.
— Үйге жеткенше анау... — деп Хакім казак-орыстар кеткен жаққа қолын сермеді.
Гречко оның ат ауыстырар ниетін түсінді де үндемеді. Атын аса қыспай, қара аттың солтаңдай шоқақтағанына еріп текіректей берді. Бұл екеуін көре салып, қалың жылқының арасына кіре бастаған Аманқұл қоянша із тастады — ол бұрыла салып бір бүйір шапты, аздан кейін қайтадан кері бұрылды.
— Аманқұл! Ау... Аман... құл!
Хакімнің айқайынан бұрын Аманқұл бұлғаған қолын көрді. Ол кілт тұра қалып, бағанағы қыр басынан шауып түскендегісіндей, бұл екеуінің кім екенін әбден айырып алайын деген адамша шаншылып тұрып қалды.
Хакім оған тағы да айқайлап, тағы да қол бұлғап, «бері кел?» деп шақырды.
Әңгіме құмар, жаңалықты жұрттан бұрын есітетін, күніне елді екі айналып шықпай көңілі көншімейтін Аманқұл жылқышы Хакімнің шақырған-шақырмағанына қарамастан келуге тиіс еді, бірақ ол оның мына орыспен келе жатқанына қайран қалып бөгелді. Екеуі қатарласа шауып келеді — біріне-бірі жау еместей-ақ үзеңгі қағысып қалған. Аманқұл түсінбеді. Аманқұл Хакімнің орыстармен бірге кетіп бара жатқанына да, енді басқасынан бөлініп мына біреуін ілестіре шапқанына мүлде миы жетер емес.
— Ат! Ат! — деп айқайлады Хакім ақырып қалған жылқышыға. — Тез, Аманқұл, ат ұста.
«Бұларға ат керек екен ғой. Кәдімгі балшабайлар тап осылар екен. Бәсе, Хакім балшабай болғанына көп болып еді. Ат керек болса сендерге мына Шұғылдың бар жылқысын алдыңа салып берейін».
Аманқұл шеткерірек жайылып жатқан алты ірі жылқыға қарай құйындатты да, оларды жын соққандайқуалап, екеуінің алдына қарай көлденеңдете берді. Алты жылқының алтауы да ат екен. Кәдімгі Шұғылдың көк ала жылқысының төл тұқымы, ірі қара көк аттар. Бәрінің де қоңы жақсы, бір екеуі өте семіз көрінді.
— Қайсысын ұстайсың? — деп қиқулады да, Аманқұл жауап күтпестен алты аттың екеуін бөліп алды.
Бөліп алған аттарды аса желіктірмей, қайыра айдай түсті, сонсоң өзі:
— Кіш-кіш! — деп ысқырыңқырап қойып, атынан қарғып кетті, шылбырын шұбатып, астындағы биесін тастай салып, аттарға қарай жүрді.
Танымал жылқышыға құлақтарын едірейте қарап қойып, екі қара көк аттың бірі оған қарсы барды.
— Кіш-кіш! — деді оған тағы Аманқұл.
Етегін түре дорба етіп көтеріп ол көк атқа жетіп барды да, оны жалынан ұстай алып, жалма-жан беліндегі белбеуін шешіп жіберіп мойнына салып жетектей берді. Бұл кезде Хакім мен Гречко да желе бүлкілдеп жетіп еді.
— Айналайын... — деді Хакім ентігіп. — Айналайын, мә, мына қара ат саған. Басымен бердім.
— Бұл сакойды мен қайтейін? — Аманқұл Гречкоға қарады.
— Мен үйге дейін мініп кетейін кек атты...
Аманқұл Хакімге енді ел жайын баяндай сөйледі.
Көптен көрмеген Хакімді ол көп әңгімеден қағажу қалды деп түсінді, білем.
— Хакім, алдымен хажыны құтты жеріне қондырдық. Алды өзіңе, арты бізге қайырлы болсын...
— Рақмет, Аманқұл. Есіттім... үйде болдым...
— Ал, ауылдың басқасы тегіс аман. Аман болғанмен жаманат көп. Кеше кешке Нұрыш келді, ол бұрнағы күні Қызылүйге кеткен. Сұрама, онда болып жатқан жайды — бүтін ғаскер балшабай болып кеткен. Аттарының құйрығын шарт кесіп, нағыз балшабай болыпты да, Қызылүйден хан Жаншаны қуып шығыпты. Орыстарды өлтіріпті. Өздері қолдарына ту ұстап Текенің көп балшабайларына қосылуға аттаныпты. Ехлас ағай Текеге кетіпті — ауру дейді. Жамалды Нұрыш мұнан бір жұма бұрын көшіріп келген. Ал, енді ауыл үсті у да шу. Шұғыл хажы жылқыны төмен Үйшікке айдатамын деп еді. Нұрыш Үйшікте казак-орыстар тұр, жылқыны қоймай алып жатыр деп айдатпады. Хажы күні-түні үйықтаудан қалды, мені ерте де, кеш те шақырып алып жылқының жайын сұрайды. «Мыңшұңқырдан» шығарма, елге келтірме, Қособаға апарма деп қақсайды.
— Тоқта, Аманқұл, тоқта, — деді Хакім, оның сөзін бөліп. — Мына атты ерттеп алайын.
Ол тез-тез қимылдап атының ерін сыпырып, көк атқа салды да, өзі жалма-жан оған мініп те алды.
— Ал, енді сен биеңе мін, бізді Қособаға дейін шығарып сал. Әңгімеңді жолда айтарсың, — деді.
Жүре түсісімен-ақ айта бастап, еріксіз үзілген хабар-ошарын Аманқұл қайтадан лекітті.
— Ел ішін орыс жайлап кеткен. Кеше кешке біздің ауылға орыстар келіп, білгенін істеген. Қален ағам үйде болмапты, үйде болса бассыздың істетпес еді. Қадестің атын алып кетті, өзін ұрып, көзін шығарған. Ой, сұрама, дінсіздердің қылмаған қылығы жоқ... Зағипаны зорлаған...
Қай жаққа жүрерін де, кімге еріп жүрерін де әлі анық түсінбеген Гречко ауыстырып жақсы ат мініп, жүруге бет бұрған Хакімге жай-мәністі ұқтырайын деген ниетпен:
— Менің аты-жөнім Иван Андреевич Гречко. Требуханның казагімін... бағана айтуға болмады, серіктерім нашар адамдар. Сенімен сөйлескенімді көрсе зұлымдық жасайды. Солардың көзінше сөйлесе алмадым. Енді олардан біржола бөліндім, Требухаға қайтамын, — деді. Требуха деген сөз Хакімнің құлағына жылы ұшырай кетті. Бірақ мына адамның онда неге баратынын анықтай түскісі келді.
— Қазір онда фронт шығар? — деді ол екі-ұшты үнмен.
— Фронт біткен шығар. Бітпесе де Требуха казак атамандарынан босанған шығар. Мен ол тұстан өткелі екі күн болды. Қызылдар Текеге де келген.
Хакім Гречконың жүзіне қадала қалды. Оның ойына Требуха да, бұл селомен байланысты Меңдігерейдің оқиғасы да енді келіп түсті.
— Есіміңіз кім дедіңіз... Иван?..
— Иван Андреевич Гречко.
— Сіз ол жердің қазақтарынан кімді білесіз, Гречко?..
— Бәрін де білемін, бергі жақтағы Әйтиевтерді, Епмағамбетовтерді жақсы білемін...
— Әйтиевті? Иә, олар қазір қайда екен?
Хакімнің айлалы сұрағына Гречко шын ойын айта жауап қатты.
— Мен бәрін білемін, олар большевик. Бергі селолардағы ана Богдановка, Федоровкаларды айтамын, сондағы Довженко, Беландар таныс. Мен Беланның отрядына кіремін деп, кіре алмай кеткенмін, — деді.
— Ол қызыл ғой, — деді Хакім күліп.
— Сен жігіт, мені түсінбейді деп қалдың ба? Қызылдар кешікпей бәрін де алады. Көп жеңеді, әділдік жеңеді. Сен оны жақсы білесің...
— Ямбулатовкаға сүңгітіп Либерией киргиз комиссарын Абылқайыр Әйтиевке әкеліп берген сіз бе, Иван Андреевич? — деді Хакім оған сүйсіне қарап.
— Сен оны қайдан білесің?
Жауап берудің орнына Хакім оған қос қолын беріп көрісті де:
— Жүріңіз, Иван Андреевич, Беланға мен өзім кездестіремін сізді, — деді.
Аманқұл бұлардың орысша сөйлескен сөзін ұққан жоқ еді. Бірақ Хакімнің қолын алғанын көріп, мен де қалмайын деген оймен:
— Тамыр, аман, — деп, жанамаласа келіп Иван Андреевичтің ол да қолын алды да, — ат керек пе? Менікі жылқы көп, — деп қойды.
Иван Андреевич оған болмашы ғана езу тартып:
— Менің атым мықты, жолда қалдырмайды, — деді қазақша.
Оның тіл білгеніне Аманқүл қуанып кетті.
— Уа, қызық. Судай екенсіз қазақшаға. Айда ауылға барамыз, баран соямын, той жасаймын. Балшабай боламыз біз де. Қызылүйді де балшабайлар алған. Текені де алған. Байлар қашқан. Кеше ішкі беттен келгендер айтты: казак-орыстардың маржалары, қарттары, мүлкімен, жиһазымен, балаларымен босып жатыр дейді. Алды Кердері сағасына келіп те қалса керек, — деп лекітті Аманқұл.
Бірақ Хакім Аманқұлдың әңгімесін тыңдап бөгелгісі келмеді, ол қашқан казак-орыстарды қайта оралады деп қорықты.
— Сен шап, Аманқұл, сенің атың жүрдек — тез Жыланқыраның басынан бар да қарауылдап қайт, әлгі орыстардың қарасы көрінбей ме екен. Егерде олар кері оралса — бізге тез жет. Ал, біз Қособаға қарай аса береміз. Қособаның түбімен төмен түсіп, ауылға ораламыз, — деді Хакім оған.
Аманқұл бұл сияқты «қиын-қыстау іске» жұмсағанын өзіне үлкен дәреже көрді және орыстардың бетін байқап қайтуды ерлік деп санады.
— Мен қазір көзді ашып-жұмғанша барып барлап қайтайын. Бүтін Ащының жолын сонау көз ұшына дейін тінтейін, — деді.
Өзі атының тізгінін бұра сала, шапқылай жөнелді.
— Тоқта, тоқта, Аманқұл, — деді оған Хакім...
Аманқұл шоқырақтай түсіп кері бұрылды.
— Мына кісінің мылтығы қалды анау жақта... Иван Андреевич, қай жерге лақтырып едіңіз?
Иван Андреевич бір шақырымдай жердегі бір төмпеге қол шошайтты.
— Сол шама шығар деймін. Винтовка керек. Мен сіздерді үркітпейін деп сендіру үшін тастап кеттім.
— Анау төмпені көрдің бе, Аманқұл? Соның маңында мылтық жатыр. Ала қайт. Біз тосамыз, есіттің бе?
— Мылтығын тастап... жаны бар адам мылтығынан безер ме? Түу, тамыр-ай, бала екенсің ғой өзің, — деп, Аманқұл құйындата жөнелді.
Хакім оның төмпені екі айналып, олай-бұлай шапқылағанын, сонан кейін аттан түсіп мылтықты алып, ердің қасына ілгенін, қайтадан биесіне қонып әрі шапқанын көз алмай қарап бара жатты. Аманқұл Жылан қырқаның басына жеткенше бұлар жылқыдан бір бүйір Мыңшұңқырға түсіп кетті. Бірақ бүл әлденеше үйір жылқыны да көлденең көзден жасырарлық жықпыл-жықпыл жыралы, қоралы қой сиярлық сансыз шұқырлардың қойнына еніп кетпеді, қауіп-қатер бола қалса алыстан атойлап хабар беретін Аманқұлды тосып, қыр басында қылтиып қана бой көрсетті.
Бұл оқиға басынан аяғына дейін небары он-он бес минуттік уақыт алып еді. Өлім құшағынан жырылып шыққан Хакім енді өте-мөте сақтық жасауға тырысты. Ол тіпті елге оралмай-ақ Богдановкаға тіке аспақшы болып та ыңғайланып еді, бірақ мына оқиғаны Қален учительге білдірмей және керекті мәліметтің бәрін түгелдемей кетуді мақұл таппады. Ол қалайда бүгін кешке ауылға соғып, түнделетіп болса да өз отрядына жүріп кетуге бел байлады. Мына Гречконың сенімді жан екеніне ол шұбаланған жоқ. Ол тіпті, бұл шоқша сақалды шошақ мұрын шаруа Меңдігерейді құтңарғанын дәлелдемесе де, бір ғана «сені Бударинге барған соң өлтіруге ойлайды» деп сыбырлағаны үшін құшақтап сүюге дайын еді. Мұны ол ішінен «маған тағдырдың тап қылған қыдыры» деп санады. Жан серік боларлық адам деп білді. Ол төмен қарап біраз ойланып тұрды да, әбден көңілі жайланып, құтылғанына көзі жеткеннен кейін Гречкоға рақмет айтты.
— Сізге мен борыштымын, Иван Андреевич. Мені бір ажалдан алып қалдыңыз... Құтқаруға жәрдем бердіңіз, мен мұны өле-өлгенше ұмытпаймын. Қолымнан келсе қайтаруға тырысамын, — деді аздап көңілі босап сөйлеп. Гречко оған қарай қалды да басын шайқады.
— Мен құтқарғаным жоқ, өзің құтылдың. Мен ойлап едім: бүгін түнде қонған жерде қашырармын, өзім де қашармын, деп. Оған жеткізбедің, өзің құтылдың. Маған рақмет айтпа, өзіңнің тапқырлығыңа, жастық албырттығыңа рақмет айт, жігіт. Атың кім сенің, балам?
— Атым Хакім, фамилиям Жұнысов... Олай емес, Иван Андреевич, сіз ескертпегенде мен жүре берер едім, қашуға бел байламас та едім. «Жә өлім, жә өмір» деген екі-ақ таңдау, екі таңдау емес, бірақ тәуекел қылған соң не де болса көрдім дедім. Ал, түнде қонған жерде қашыратын едім дегеніңізге тағы да рақмет. Мың рақмет.
Аса қатты шаппай, желе жортып текіректеп келе жатқан Аманқұлға бағыт көрсетіп, Хакім Мыңшұңқырға түспей, қыраттың үстімен аса берді. Ал, бұл жердің қырын қарыстап, ойын сүйемдеп өскен Аманқұл бұлардың Қособаға беттегенін көріп, жолын қиып түсу үшін бір бүйір зулады.
«Бұл Хакім балшабайларға қосылды. Түбі осы мықты болып шығар әлі. Ең мықты деген Жанша ханды аналар Қызылүйден қуып шықты. Ендігі жұртты бір шыбықпен айдайтын дәу Шұғылдың баласы емес, Жұныстың осы баласы болар түбі. Бұл болады, қарғадайынан Текеден шықпай қойды. Аузына орыс біткеннің бәрін қаратады дейді сөйлегенде. Әй, өзінің әкесі де мықты еді, марқұм. Алдынан адам өтіп көрмеген белгілі Жұныс. Шұғылыңның өзін ықтыратын еді жеме-жемге келгенде. Мұның енді баласы да үйезді билейтін кәкім болар. Хакім деп атын тауып қойған ғой түкті қошқар» — деп ойлап келе жатты Аманқұл.
Ол тастап кеткен орыстың мылтығын алып, атып көрсем деп бір оқталды да, батылы бармады. «Жазатайым біреуге тигізіп алсам кесірі тиер. Бұл құрғырдың құндағы өзімді теуіп қиратып та кетер. Құс мылтық екеш құс мылтық та кейде адамды шалқасынан салып кетеді кері серпіп. Ал, мынау болса көз ұшындағы түйені де оғы көктей өтіп кететін көксіл ғой» деп қозғап қойды ол, ер қасына жетесін төмен қаратып тұқырта ілген ұзын винтовканы.
Екеуінің қиялап алдын орап келіп қосылған Аманқұлдың бірінші сөзі Гречкоға бағышталды.
— Тамыр, ана кеткен сенің ағайындарың енді бір ет пісірімде Ащының сағасына жететін жайы бар. Қазірдің өзінде құдай біледі деп айтайын, Сасай Өмірәлінің қыстауынан асып кетіпті. Өмірәлінің қыстауы тап осы тұрған Қара Мектептен он шақырымға аяғын жимайды. Былтыр құрбан айтта сол Өмірәлінің қыстауынан жібергенбіз бәйгі аттарын айдап апарып. Тура он шақырым. Олар қайда барады, Шалқарды айналып Текеге аса ма? Менің шамалауымша олар кері айналатын түрі жоқ. Бір тықыр таянғанын сезген қулар ғой деймін. Өздері, а? — деді ол.
Хакім Аманқұлдың өзі жөнінде еш нәрсе түсінбегенін басында-ақ білген. Бірақ бұл ақ көңіл созуар жылқышының ұғымды екеніне, асыра сөйлесе де көп нәрсені біліп алып жұрттан бұрын елге жаятынына бағып, ашық сөйлесуді жөн көрді. Тіпті ол «осы Аманқұлды ертіп кетсем қайтеді. Керек жерде бұл атқа жеңіл құбашаны шаптырып алсақ: мұның қолынан келмейтін нәрсесі жоқ — алып кел дегеніңді алып келеді, беріп кел дегеніңді беріп келеді. Өмірі атпен жүруге жалықпайтын, көнбісті болып алған кәдімгі өзіміздің сенімді жігіт. Мұнан сенімді адам жоқ» деп ойлаған еді.
— Аманқұл, сенің Қызылүй жөніндегі айтқаның шын хабар ма, артық-жемі жоқ қой, әйтеуір, — деп еді Хакім. Аманқұл оған ашуланып қалды.
— Мен Жаншаның қашқанына сенен ақша сұрайды деп тұрсың ба? Әлде Текені казак-орыстар тастап, босып кеткеніне қорқасың ба? Шын болмаса Шұғыл жылқысын Үйшікке айдатамын деп әлек бола ма? Кәкім баласының халі шамалы болмаса келінін қолына кері көшіріп алдырта ма? Бала екенсің ғой өзің әлі. Мен сені ертең ел билейтін кәкім болады деп үміттеніп, бәрін біледі деп тұрсам!
— Жақсы, Аманқұл, шын болғаны керек. Ал, сен ана орыстардың мені өлтіріп кете жаздағанын білген жоқсың. Сен болмағанда, сен шауып келіп бізге кездесіп қалмағанда бәлкім мені енді қайтып көрмеген де болар едің. Олар қашқындар. Айтып тұрған казак-орыстарың, Текеден қашқан бұзықтар, — деді.
— Сезіп едім, — деді Аманқұл тамсанып қойып. — Көрініп тұр қашқын екендері. Мына тамыр да бірге қашқаны ма, әлде сенің серігің бе?
— Бұл да амалсыз ерген адам. Солардан құтылғанына садақа беруге дайын.
— Мылтығын неге тастап кеткен, бұл тамыр? Әлде енді мылтық ұстаудан безгені ме?
— Сен алсаң саған берейін, жігіт, — деді Гречко Аманқұлға.
— Мен, әрине, шын сыйласаңыз... қашпаймын алудан. Мылтық керек қару. Бірақ оны атып үйрену керек, — деп Аманқұл іші жақсы көріп қалды.
— Бердім, ал. Үйретемін атуды. Оңай. Үйренесің.
Аманқұл қызара бастады. Ол мұндай мылтықты тек қана солдат болған адамдар ұстайды деп ойлайтын. Солдат болу қолдан келмейтін іс және қорқынышты да нәрсе деп түсінетін.
— Ала бер, Аманқұл. Мүмкін сен тіпті бізбен бірге жүрерсің. Ер жігіттің қолы қарусыз болмауы керек. Қазір өзін қорғауға да, өзгені қорғауға да қару керек, қарусыз болмайды, — деді Хакім оған.
Аманқұл бұл сөзге ойланып қалды. Аздан соң ол атын қатарластыра түсіп, винтовканы ердің қасынан алып, олай-бұлай айналдырып қарай бастады.
3
Қален сол кез айнала дағдарыста еді.
Өрімдей шағында бағы мерт болған Зағипаның ауыр халін де, казак-орыс қолында кеткен Хакімнің қатерлі сапарын да учитель үрейі ұшып кеткен үй ішінен есітті. Өң жоқ, түс жоқ, әлденеден үріккен ботадай елеуреп екі көзі шатынап кеткен жас қызды маңдайынан сипады да, не деп жұбатарын, не ақыл берерін білмей, ол төмен қарап, екінші бөлмеге шығып кетті. Тіл қатпай бармағын тістеп біраз отырғаннан кейін ғана Мәккаға:
— Сырқатсың, бірақ жазыласың де. Төсектен тұрғызба, ешкімге тілдестірме... — деп, бақытсыз қыздың жан жарасын жұрт көзінен аулақ, ақыл-насихатпен ұмыттыруды тапсырды.
Сөйтті де Қален, бүгінгі сұмдық оқиғаның ең ауыры — Хакімнің казак-орыстар қолына қалай түскенін анықтаңқырау үшін және оның соңынан адам жіберу ниетімен Жұныс хажыныкіне келді. Учитель үйге кіре бергенде:
— Хакімді алып кетті.. Нұрым да жоқ. Шиеттей мына екі баламен жалғыз қалдым, — деп, Балым кемпір дауыс көтерді.
Екі бала үн салған анасының қолтығына тығыла берді де, қатты қобалжыған учитель теріс айналып кетті.
Аздан кейін ол төменнен жоғары қарап көз алмай қадала қалған Әділбектің арқасынан қақты. Бүкіл ауыл баласының ішіндегі ең пысығы және сөзге өткірі «Учитель де жылайды екен!» деп таңданғандай еріксіз көзіне жас алған Қаленнің жүзіне бағып қалып еді.
Учитель аға, мен орыстардан қорыққаным да жоқ, сасқаным да жоқ. Қоқаңдап Ақмадияның үйінен шығып үш орыс біздікіне қарай шапқанда, мен Хакім ағамның қағаздарын да, алты атарын да тақтайдың астына тықтым. Әлі сол жерде. Көп қағаз, — деді Әділбек.
— Жарайды, Әділбек, жарайды. Сен жігітсің. Орысша мұны не дейді?
— Орысша ма? Орысша... — деп, Әділбек бөгеліп айта алмады.
— Орысша, молодец дейді мұны, Әділбек.
— Шәкіртінің ісін құптаған болып, ол өзінің босаңсып кеткенін байқатпауға тырысты.
— Әділбек, сен үлкен жігітсің, ағаларың үйде жоқта шешеңе қолқанат болуға жарап қалдың. Өзі келгенше ағаңның қағаздарын тығып қойғаның қандай жақсы болған. Қаруын ешкімге көрсетпе. Жарай ма, көрсетпе! — дей берді.
— Жоқ, көрсетпеймін. Тат баспасын деп ескі киіз байпағым ішіне салып қойдым, — деді бала.
Учитель оны тағы да арқасынан қағып қойып, енді шешесіне тіл қатты — еңсесі түсіп кеткен кемпірді жұбатуға кірісті.
— Сабыр етіңіз, жеңгей, сабыр етіңіз. Қорықпаңыз.
Менің шамалауымша Хакімді жол көрсету үшін ертіп кеткенге ұқсайды. Бұл адасып полкынан айрылып қалған казак-орыстар болуы керек.
— Қайдан білейін, молда қайным... Бірі алай, бірі былай үйден жырақтап кетті...
Кемпір мырсылдап жүріп учительге шай қоюға кірісіп еді, Қален:
— Жеңгей, әуре болмаңыз. Мен қазір Асанды тауып алып Хакімнің соңынан жіберейін деп отырмын. Егерде орыстар Сағаға соқпай асса, онда Дуанаға түсер. Алдын орап, қалай жүргенін байқап, қонған жерде жолығуға тырысар. Керек болса Сүлейменді де қосамын, — деді учитель орнынан тұрып бара жатып.
Бұл екі арада нар-тақтайдың астына бір сүңгіп шыққан Әділбек:
— Учитель аға, мынау Хакім ағамның әкелген сары қағаздары, — деп бір уыс жарнаманы Қаленге ұстата берді.
Учитель көре салып, бұл өзіне таныс махорка орайтын сары қағазға жазылған ірілі-уақты Совдеп үндеуінің алды мен аяғына көз жүгіртті: «Тағы да Бақытжанның қолы... Тіпті ең алдында тұр. «Қарт» тірі екен ғой. Өзі түрмеде отырса да үні келіп жатыр сахрасына» деді ішінен.
Жұныс хажының үйінен шыққан бойы учитель жолдағы Асандікіне бас сұқты да, тізе бүкпестен оған:
— Асан, сен қалайда Хакімнің соңынан жет. Өзімен тілдесуге тырыс. Керек десе бірге еріп бар, барар жеріне. Жат адамдардың арасында жалғыздықтың зарын тарта көрмесін, — деді.
Сөйтті де, епті Асанды жолға шығарып, өзі үйіне асықты — көп үндеуді балықшыларға оқуға, Шалқардың екінші бетіндегі Үйректікөл мектебінің учительдеріне жібермекші болды.
Жаңа ғана кейінде қалған Әділбек, үйіне кіріп келе жатқан учительге қарсы ұшырады. Қален шошып кетті.
— Әділбек, сен қалай менен бұрын келіп қалдың, жарқыным, жай ма? — деп сұрап еді әлденеден үрейлене қалған учитель. Әділбек:
— Жай, учитель аға, мен Жұмайға ашытқан кушала әкеліп бердім. Екеуміз түлкі аулаймыз, — деді аңшылық ісіне жетік адамша салмақты пішінмен. — Кеше мен құмақтың үстіне шығып қайттым, екі түлкі көрдім. Жер қатқақ, ойдың бәрі мұз. Тышқан азайды, енді түлкі жемге оралады. Қар түскен соң тіпті күл басына да келіп отырады. Былтырғыдай күшікше шәуілдейді әлі...
Қален ең кіші шәкіртінің үлкен кісіше сөйлейтін мінезі мен сөзіне таңқалып, басын шайқады. Оның бетіне қарап ойланып тұрды да:
— Әділбек-ау, түлкіге қаөпан құрмайсыңдар ма, күшәланың не керегі бар оған? — деп сұрады.
Бала ұстазының аңшылық ісіне жетік емесін байқап:
— Қақпанға түлкі түспейді, ол сақ аң. Біз ашытқан күшәланы етке тығып улап өлтіреміз. Сіз оны көрген жоқсыз, — деп, оған ақыл айта бастады.
— Күшәла салуды кім үйретті?
— Сүлеймен үйретті. Былтыр Нұр-ағам екеуі күшала ашытқан итке саламыз деп. Күшаланы өкпеге тықты да жылы күлге көміп қойды. Үш күннен кейін ушығып қап-қара болып кеткен. Мен де мамамның жастығының түбінде жатқан күшәласының көк тамырлысын таңдап алып ашыттым, жартысын өзіме қалдырдым, жартысын Жұмайға әкелдім. Ертең ертемен Қызылқұмаққа шығып қайтамыз — Қособаның түбіне дейін барамыз. Мыңшұңқырдың бергі жағында түлкінің іні бар.
Баланың әңгімесі учительдің көңілін басқа жаққа аударып, үй ішіндегі келіссіз қасіреттен ойды серпілткендей болды. Бірақ бұл әңгіменің қауіпті жағын Қален де, үй ішінің басқа жандары да ойлаған жоқ еді. Тек қана қазан жақтағы бұрышта төсек тартып жатқан Зағипа көбірек құлағын түріп, Әділбектің әкеліп берген жарты күшәласын Жұмайдың қайда жасырғанын аңдып жатқан. Қыздың ойы ессіз ой, бірақ мәңгі мақсатқа тез жеткізеді деген өзгеше сенімнен туған жан безер жай-ды... Іңір кезде Аманқұл кіріп келді. Сәлемдеспей жатып ол:
— Қален аға, мен Хакімді алып қайттым, жаңа ғана үйіне кіріп қалды. Қасында бір орыс бар. Басқасы менен үркіп Ащының сағасына қарай асып кетті. Сірә, мені кызылдардың қалың әскерін бастап келген дәуі деп қалды білем, артына қарамастан зытты. Бір мылтық олжам бар — бізге ерген орыс сыйлады, — деп, сөзшең жылқышы әңгімені есіктен кірген бойда ақтара бастады.
— Шының ба, қалжыңың ба? — деді учитель сабырлы пішінмен. — Үріккені қалай?
— Уаллаһи шыным, Қален аға. Басқамен қалжыңдассам да, сізбен қалжыңдаспаймын ғой. Қажының баласы үйінде, нанбасаңыз шақырып келейін. Бір түйір жалғаны жоқ сөзімнің. Кашқанда кәдімгі құйрығын көкке түйіп үріккен бұзаудай тым-тырағай, біріне-бірі жеткізбей қашты. Он бес орыс екен, он төрті тайып тұрды, біреуі Хакіммен бірге келді. Соның үйінде қонып отыр.
Қален үндемеді. Ол тек басын шайқап — бұл қисыны кем хабарға сенбес ырай көрсетті. «Аманқұлдан қашқан ол қандай казак-орыс? Мұның басқа бір мәні бар шығар» деп ойлады. Аманқұл өзі көрген жайды бастан-аяқ жырлады. Оның өз түсінігі солай-ды. «Қашқан жауға қатын ер. Берекесі кеткен казак-орыстардың көзіне қорыққаннан қос көрініп, Хакімнің: «Жау келді! Қызылдар келді, қызылдар!» деп үрқіткенін жылқышы менен сескенді деп білген. Аз отырғаннан кейін Қален:
— Онда мен өзім барып шығайын, — деді.
Ол Хакімнің амандығын білуге асықты. Және қайтыс болған қажының аруағын сыйлап, баласына барып көңіл айтуды жөн көрді.
Ертемен торға түскен торғайдай, қауіпті сапарға еріксіз еріп шығып «құдіреттің күшімен» құтылған Хакім алып-ұшқан жүрегін қолына ұстап келгендей болып еді. Ол шешесін тас құшақтап, екі інісін сүйіп, үй ішінің төбесін көкке жеткізді де, тізе бүкпестен Қалендікіне жүгірген еді.
Киініп жатқан учитель ашылған есікке мойнын бұрып үлгерместен Хакім оны құшақтай алды. Өмірі аптығып көрмеген салмақты ұстаз бұл жолы өзгеше қобалжып кетті. Балаша құшақтап, Хакімнің бетінен сүйіп, көзіне жас алды.
— Аман-есен қайттың ба, әйтеуір. Айнала бақытсыздыққа душар болып жатырмыз. Қажыны ұзақ жолға аттандырдық. Оның үстіне мына жоқ жерден кездескен бәле...
Бірнеше минуттан кейін ғана көңілі жайласқандай болды.
— Солай болды, Хакім, — деді Қален бұрынғы сабырлы қалпына көшіп: — Адам туған күннен бастап өмір ұшына бір табан жақындай түседі. Оны тіршілік байқатпайды. Бірақ өлім қорқынышты емес, өмірде игілікті іс істей алмай өту қорқынышты. Жүкең армансыз. Ол сендерді тәрбиеледі. Дүние танытты, мұқтажсыз өсірді. Сендер оған риза! Сендерге ол да риза...
Ол Хакімнен қай жақтан келгенін, қалай қолға ілігіп, қалай құтылғанын сұрап, оның тапқырлығына көңілі толды.
— Аманқұлдың айтқаны да дұрыс болып шықты ғой, казак-орыстардың үріккені шын екен, — деп езу тартты ол. — Үлкен үрку енді басталар. Қызылүй басшылары да бірге үркер, сірә. Бір полк жасақшылары бас көтеріп, уалаят офицерлерін де, басшы қызметкерлерін де қаладан қуып шығыпты. Енді Ойыл қаласындағы әскери мектепте оқитын жас юнкерлерді ертіп алып, қызыл гвардияға қосыламыз деп шығыпты. Ал, Теке де бүгін-ертең атаман әскерінен босатылады десіп тұр көзі ашық азаматтар, — деді Қален.
— Аманқұлдың бұл хабары да дұрыс болды ғой, — деп күлді Хакім. — Жымпиты жайын мен сізден бұрын содан есіттім. Бұл қуанышты іс. Ондағы-мұндағымыз қосылатын болдық. Мұны көп болып тілеп едік...
Қален Хакімнің соңғы сөзіне құлағын тоса түсті де, мұны байқап қалған Хакім учительге білген жайын қалдырмай айтты.
— ...Әбдірахман Әйтиев інісін және бірнеше жігітті ертіп Ақбұлаққа, одан әрі Темірге жүріп кеткен. Ондағы Тама, Табын, Әлім елдерінің басын қосып көп жігіт, мыңдаған ат-көлік жинапты. Құрал жеткілікті. Жаздыкүнгі Жаншаның керуенінен түсірген мылтық пен оқ-дәрінің өзі бір полкке мол жетерлік. Жымпиты жасақшыларын көтеру және Ордамен хабарласу Қапи Мырзағалиевке тапсырылған. Қызылүй «бүлігі» сол кісінің ісі. Енді ол Орда мен Жаңақалада жасақталған полктерді бері әкеледі. Бәрі штабтың жұмысы ғой. Андағы-мындағымыз қосылатын болдық дегенім осы.
— Онда біз де қарап қалмайық, — деді Қален Хакімнің сөзінен кейін. — Ана Сағадағы көп балықшыдан бастап ер көңілді жігіттің бәрін атқа мінгізу керек. Отрядына жарайтыны жазылып, Әбекеңе солдат болар. Жарамайтыны ат-көлік, тамақ дайындар. Сен қашан жүресің?
— Мен ертең ертемен жүріп кетемін. Қален аға, бірақ кешікпей қайта ораламын. Отрядыңызды дайындай беріңіз, өзім бастап әкетем.
— Жолың болсын. Онда әзірге Аманқұлды ертіп кет.
— Мұны өзі де айтты.
— Серік болады, мықты серік. Және шабармандыққа Аманқұлдан ыңғайлы жан жоқ. Екі арада хабаршы болып тұрсын. Әбекеңе сәлем айт, жігіт керек десе жігіт дайын, көлік керек десе көлігі дайын. Азық-түлік табамыз.
Қазан жақ бөлмедегі әйелдердің дыбысына қайта-қайта құлақ тосып, Хакім қарай беріп еді, Қален оның алдын орады.
— Зағипамыз сырқат. Бүгін суық тигізіп алған ба, қалай... — деді ренжіген пішінмен.
Хакім ойланып қалды. «Ертемен сап-сау отырған қыз қалайша ауырып қалды?» деген сенімсіз бір ой келді де, бірақ арғы жағын түптеуге ұялды. Ол кетерде Қаленмен және Мәккамен қоштасып, қазан жаққа үңіле түсіп еді, қыз төсегінде тұрып отыр екен. Екі көзі жайнап Хакімге қадала қарады. «Мен бар әңгімелеріңді естіп жаттым. Сен алысқа бара жатырсың. Мүмкін көз көрмеске... енді қайтып көріспеске?» деген сұрақ жүгірді қыздың аласұрған жүзінде. Хакім басын игендей ишара білдірді де, «қош тұр!» деуге ұялып, ернін ғана жыбырлатты. Қыз көз шарасына бүтін Хакімді тұтас сыйғызып алғандай жұта қарады — ақтық рет қарады... .
Ертеңіне Хакім күн шыға алыс жолға бет түзеді — Аманқұл мен Гречконы ертіп Әйтиев отрядына жүріп кетті.
4
Ал, қыз өлімге бел байлады.
Адам ойын, ешқашан да адам жете білмейді. Оны тек шамамен болжайды. Қыз бен жігіт жөнінде: «Көздер! айтып тұр ғой сүйетінін» деседі. Болмаса: «Түрі келгеннен түңілме» дейді біреуден жақсылық күткен кезде. Мұның бәрі сырт пішіндеу ғой. Ал, ішкі сыр? Бұл — тарауы мол, көп жұмбақтың бірі. Талай адам Зағипаның сырын да сырттай болжаған. Әсіресе Шолпан: «Хакімді көргеннен-ақ құлағына дейін қызарып жүре береді. Білемін сырыңды» деп сан рет қалжыңдаған. Қыздың шын сырын ешкім талдап, таразыға салып өлшеп-пішкен жоқ. Хакімге көңілі ауғанын шамалағандар тек қана: «Жастықтың сағымға да қол создыратын балалың ісі ғой. Аталас адамдар аң некелі жар боламын деуге аузы бара ма?» деп әңгімені әріге апармайтын.
Ал, Зағипа биыл жаздан бастап Хакімге ғашық болды. Нағыз ғашық. Өзі оқыған «Жүсіп пен Зылиқадай», «Қыз Жібек пен Төлегендей», «Сейфүлмәлік — Жамалдай» ғашық!
Қыз ғарап ертегісін көп естіп, көп оқыды. Жасынан молдадан оқып хат танып, қисса мен жырды құранмен қатар ұстаған әрі сезімтал, әрі діндар, ертек дариясына шарықтаумен өсті. Ол: «ғашық тәңірінің жазғаны, ғашықтар бұл дүниеде қосыла алмаса, ол дүниеде табысады», деген тәтті ұғымға шәк келтірмей өсті...
«Сені мәңгі сүйдім. Сен менікі» деп таңба басты Зағипа Хакім жаз елге келгенде. Шолпанның «аталас адамдарсың» дегенін ол: «күншілдік, өз басына бұрғаны» деп білді. Жаз бойы Шолпаннан Хакімді қызғанумен болды. Ал, Хакім ше?
Жақсы көретін қыз ниетін сезсе де, Хакім жастық әуестігінен әрі аспады. Кей кезде көз ләззаты мен сөз ләззатына бой ұрып, қызбен ол әңгіме-дүкен құрды. Бірақ «сүйікті қарындас, жақсы көретін қарындас» деген сөзден тереңге бармады: Оның сүйікті Мүкарамасы бар ғой... Мұны Зағипа қайдан білсін.
Сәске кезінде бейғам жатқан ауылға кездесіп, білгенін істеп кеткен қашқын казак-орыстар қыз өмірін табанға салып таптап кетті. Атын да, затын да бұрын естіп білмеген Волковтың айуандығынан кейін қыз ұзақ күні меңіреу жанша отырды. Үлкен бақытсыздыққа душар болғанын ол жақсы сезді. Бірақ бұл өрескел істі ақылға салуға қапелімде шамасы келмеді, немен тынарына да көзі жетпеді. Тіпті не болғанын да, қалай болғанын да ол анық айыра алмады. Жауыздық зорлықтың ащы-тұщы жағын талдап үлгермеді. Ілкі үрей, жанталасқан қарсылық, дәрменсіз қимыл, ызалы қорлық, бұрын сезіп, білмеген тән жарақаты — көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті, бейне бір қара дауыл үскірік жығып-жаншып кеткендей болды. Бәрі сұлық басылды. Жансыз адамша тас сезімде қалды. Тек әлденеге урейленгендей мағынасыз елеурей берді. Ақыл-ой, сүйіну-күйіну бір жақта қалды...
Кешке Хакім кіріп келгенде дүние өзгеріліп кетті. Қыз төсегінен ұшып түрегелді. Сүйікті жанның даусы, Қаленді құшақтағаны, учительдің қатты қобалжып сөз бастағаны... бәрі қыз құлағына үздіксіз еніп жатты. Қайтадан басталып әдемі жаз, қызықты жайлау, алып-ұшқан жүрек лебі құшағына алғандай болды. Ол ақырын жылжып, пеш жанына келіп құлақ тосты. Пеш тасасынан Хакімнің жан тоймас жүзіне қадалды. Ол өзгеше нұрланып кеткен Хакіміне қарай берді. Қараған сайын, ойлай-ойлай алыс шетіне азаппен қол созған асыл арманы тағы да көлденеңдей қалды. Көлденеңдеп қойған жоқ, ол енді кенеттен әрмендеп бара жатқанға ұқсады. Бір тоқырап, бір лүпілдеп жай таппаған бұйғын жүректі бір кез оқыстан киліккен әзірейіл-әлемет жұлқып өткендей болды. Бар үміт, бар шаттың ілезде сөніп қалды. Балғын шақты бақытсыз халге түсіріп, әлдекім рақымсыз қолымен езгілеп-тілгілеп жоқ етті... Сәби сезім жарғақтанып қалғандай, шұбарланған күйге ұшырады. «Сәби емен әйелмін...» дей берді ол іштей.
Солай! Ой ақыл өлшеуіне түсті. Асыл арман безбенге салынды. Қол жетер жағы алыстап бара жатты, аспандап бара жатты. «Мен әйелмін! Мен Шолпандай әйелмін! Мені кім алады! Маған кім көзін салады! Мені әйел етіп кетті! Маған енді Хакім жоқ! Ол ұшты! Көзден ғайып болды. Әне, кетіп те қалды!» деген ащы түйін келіп тірелді қыз көмейіне. Ол булығып қалды... Іңірде шығып бара жатқан Хакімге көзімен осыны айтып үлгеріп еді.
Мәкка ала таңнан тұрып, күндегі әдетінше шам жақты. Киініп қазан жаққа келді. Шамды қазандықтың жиегіне қойып, ертеңгі шайға қазанға су құйды. Сөйтіп от тұтатпақшы болып пеш үстіне қойған сіреңкеге қол созғанда бұрышта тұрған Зағипаны көзі шалып қалып, ол шошып кетті. Сәске түс болмай басын көтермейтін қыз киініп алған және түрегеліп бұрышқа сүйеніп тұр. Жаздыкүнгі киімі: белін қынап бүрген қос етекті қызыл шәйі көйлек, аяғында көксауыр кебісі, үстінде қызыл мақпал камзол. Көйлек астынан тас қылып таңып тастаған қыз көкірегі томпия түсіп, жазды-күнгідей камзолын керіп кеткен. Әйел киімнен жоғары қыз бетіне көз жіберді. Өң жоқ: үңірейе түскен көз үясынан нұры қашқан жанары кіртие қарайды. Шеке тамыры білеуленіп, жақ еті де солып қалған сияқтанды. Қимылы да баяу, қас-қабақтарын қара көлеңке бүркеп тұрғандай қарауытып көрінеді.
— Қарағым-ау, молдаңыз-ау, саған не болған? Түнімен ұйықтамаған жанның... көз ілмеген адамның түріндей өңің қалмаған. Шешін, жат. Ойлама еш нәрсені! Жат! — деді әйел үрейлене қарап.
Қыз үндемеді. Тек қана қолына уыстап қысқан ыстың нанды жұмарлай берді. Нан — өмірмен қоштастыратын нан болатын.
Кеше інісі Жұмай Әділбектің әкеліп берген күшәласын сол күйімен пеш түбіне іргеге жасыра салды. Бала бұл уды жасырған да жоқ:
— Ертең ертемен түлкіге тастаймыз, — деп киіз астына, пешке тақау іргеге — жылы жерге қойған-ды. Түні бойы көз ілмей шыққан қыз бұл нанға ораған улы кушәланы әлденеше рет қолымен ұстап көріп еді. Нан, нан ішіне тыққан бес тиын қара бақырдың үлкендігіндей күшәла барлаған сұқ қолға жұмсақ, тіпті ылғал тиеді. «Мұны қалай жұту керек? Шайнап жұтқан дұрыс па, әлде сол күйінде жұта салу жөн бе? Көмейден өтеді ғой» деп ойлап еді қыз ұстаған сайын. Арғы жағы не боларын түптеген жоқ. Оның бар арманы: ол дүниенің төріне өту болды. Оған сұлу әлем елестеді, Жан тәннен бөлініп көкке — ғарышқа асады, өлген ата-бабалармен қауысады, бәрінен де шаттысы — сүйген ғашықпен қол ұстасады, — деді оның көзге көрінгендей елестеп тұрған ой тілі...
— Қарағым, өңің қашып кеткен, жатсайшы...
Мәкка сөзі оған әлдеқайдағы алыстағы үн сияқтанып кетеді. Өйткені оның ойы да, барлық жан-тәні басқаға ауған... «Күшәланы жұтқан соң не болмад? Жан бірден ұшып кете ме? Мәңкүр-Нүңкір қалай сұрайды? Жазық жоқ қой! Күнәсіз жандар азапқа түспейді. Мәңгі-бақида, Ғаршының төрінде. Апаммен бірге, барлық ғашықтармен бірге. Мен де ғашығымды күтемін... Қыз уысындағы жұмарланған ыстық нанның ішінен ылғал тартқан күшәланы аршып алып аузына салды. Ауызға удай кермек ащы дәм келді. Ол жалма-жан жұтып жіберді...
— Ойпырмай, бір нәрсе болды. Тегін емес. Молдаңыз қысылып жатыр. Тұршы, тұршы, — деді бір кез Мәкка учительді иығынан шайқап.
Орнынан тұрмай Қален не болғанын көз алдына келтіруге тырысты. «Қыз бала бақытсыздыққа ұшырады. Ауыр бақытсыздың. Құсамен сарғайып, жүдеуі мүмкін. Өзі жұқа бала, өте сезімтал бала. Іштей қатып, көкірек ауруға шалдығуы неғайбыл. Бірақ ңазір неге қысылады?..»
Ол түрегеліп шалбарын киді де, бешпетін иығына жамылып, қазан жақтағы Зағипаға келді. Жақындамай жатып, оның құлағына қысылған адамның демін зорға алып жатқаны шалынды. «Бірден қалай ауырып қалды?..»
— Қарағым, Зағипажан, немене? Қай жерің ауырады? Салқын тиіп қалған шығар...
Қаракөлеңкелеп тұрған терезенің жабындысын ол ысырып тастап еді, киінген күйі төсегінде жатқан қыздың жүзі күлдей көрінді. Учитель жақындай түсті. Сұп-сұр боп, тіпті көгілдір тарта бастаған жұқа жүзде қиналған белгі — ажал белгісі әліптей тартылып жатыр.
Қабақ қинала шытынап, азап сызығы тартылып қалған. Әлденеден үрейленіп, бойын қорғағандай, оң қолымен құр ауаны серпіп-серпіп тастайды. Ерін кезеріп танау қусырылып кеткен. Көз жанары сөнер шаққа таяу, тура қарамай аласұрып жатыр...
— Шырағым, қиналып жатырсың ғой, не болды?
Жауап берудің орнына шап беріп учительдің қолын ұстай алды да, қыздың етсіз саусақтары қысып жыпырып бара жатты. Әлсіз қыз қолына бұл күш қалай біткен, сығып барады. Қален жалма-жан қыздың саусағынан қолын босатып алды. Енді өзі қысып ұстап білегін сипап еді, дене діріл қағып тұрғандай көрінді.
Ол себеп іздеді: Не болды? Аяқ астынан кездескен не ауру? Оба емес пе? Басқа мұндай кенет ауру бар ма?.. Аласұрмаса да, учительдің салмақты мінезі тез өзгеріп кетті. Ойы кешеден бергі оқиғаны шарлай бастады. «Казак-орыстар. Сорақы оқиға. Хакім. Аманқұл. Басқа кім келді? Әділбек!..»
— Жұмай қайда? — деді Қален орнынан ұшып түрегеліп.
— Сыртта жүр.
— Шақыр!
Сырттан жүгіріп келген жұқа сары баланың көзі ұясынан шығып кете жаздады.
— Күшәланы қайда қойдың? — деді Қален одан.
Бала қорқып кетті.
— Маған Әділбек берді оны. Түлкі аулаймыз деген сол. Мен емеспін.
— Алып кел, бері. Қайда қойдың?
Киіздің іргесінен бала қойған нанын таппады.
— Осы жерге тығып едім... Жоқ...
Әңгіменің уға тірелгенін Қален анық сезді. Ол жалма-жан Жұмайға:
— Құбайраны шақыр, тез! — деді.
Қыз ажал аузында жатты. Оның жүзіне үңілген сайын Қаленнің ойына ауыр нәрселер жүгірді.
«...Кеше ғана еңбектеп төрге жетіп, қаз тұрып кереге бойын қармаған нәзік денелі Зағипа. Әке-шешеден жасынан жетім қалса да кемшіліксіз өсіп еді. Бірақ, өте шамшыл, қам көңіл бала болып өсіп еді. Молданың алдында зерек Зағипа атанған бала еді. Көп оқитын еді. Орысша да оқып, жаза бастап еді. Өрім талдай балғын қыз. Өмірмен қоштасқалы жатыр. Оның есігін ашар-ашпастан дүниеге қош айтпақ. Күшәла... У ішті. Не үшін? Зұлымдық зардабына шыдамай ішті...»
Кірген бойы тізесін бүгіп үлгермеген Құбайраға Қален:
— Жанғали фельдшерге шап, Құбеке. Зағипа ауыр жатыр, — деді.
— Не науқас дейін?..
— У ішкен...
— Сүт ішкізу керек, — деді Құбайра.
Өзі үйден жүгіре шығып, атына ер салды да, отыз шақырым жердегі Бүкі Жанғалиға шапты.
Ажал адамға әр жақтан келіп жатты. Ол түзде де, үйде де аузын арандай ашты.
Жаз айран-шалапты талшық етіп, ашық-тесік шым қыстаудың көлеңкесінде күн көріп келген сыбызғышы Қайыпқожаның жесір кемпірі күз төсек тартып алды. Төсектің аты бар, заты жоқ — шықылтыр алашаның үстіне жайған ешкі тулақ пен не заманғы құрама көрпенің қалдығы еді. Құс төсек, құс жастықтардың қалдықтарының қайда қалғанын да табу қиынға соғатын, олардың орнына сыбызғышының көне шидемінің бір өңірі жастық, бір етегі көрпе. Ауру кемпірдің алғашқы кезде көңілін сұрап жиі-жиі кіріп жүрген абысын-ажындарының күн қара суыққа айналып, азынаған аяз бала-шаға мен бұзау-торпақтарды қазан жаққа иіргелі мұршалары да санаулы қалды. Ертелі-кеш отын тұтатып, көже-қатығын дайындаған Тояштың Мәдинесінен өзге Балым кемпір бірнеше рет тамақ әкеліп, «үйін жинасқан болды. Шешесінің басын сүйеп, сусынын беретін кішкене Қали да бір күні бүгежектеп үйден шықпай қалды. Балымның тапсыруымен өзі ыстық сорпа-су ішіп кететін, шешесіне сүт апаратын бұл қолды-аяқты бала от жағып, түтін түтетуден де қалып қойды. Хакімді казак-орыстар ертіп кететін күні кішкене Қали күні бойы ауру шешесіне тығылып, бүрісіп отырды да, ертеңіне ауру кемпірдің жұпыны төсегіне қатарласа қисайды.
Таңертең хал білуге келген Тояш, меңдеген кемпірдің жанындағы бір уыс болып жатқан баланың басын ұстап еді, қолы шоққа тигендей сезді, баланың қызуы бетті шарпығандай екен; дөңгелек жүзі бейне бір от ішінде қалған жез табаның түсіндей, көз жанары мағынасыз, ойқастап кетті.
— Қалижан, басың күйіп барады ғой, қай жерің ауырады? — деді Тояш, бала жауап қатпай, оған тура қарамастан сығырайған соқыр терезеге бағып көздерін аударыстырып-төңкерістіріп әлденені іздегендей болды.
— Сен ауырып қалған екенсің, — деді Тояш оған өте салмақты пішінмен.
Оның бұл тап осы сияқты көзге көрініп тұрған шындықты ешбір естіп білмегендей жаңалық есебінде айтатын әдетін бала аңдады ма, аңдамады ма кім білсін, бар болғаны ешбір жауап қатпастан көз жанарын төңкерістіре берді.
— Су ішесің бе? — деді онан Тояш сәл уақыт көзін айырмай, баланың албыраған дөп-дөңгелек жүзіне қарап отырып.
Бала бұл сұраққа да жауап қатпады, әлденеден қорыққандай үрейлі пішін көрсетті.
— Ауырғанына бірнеше күн болды. Менің әлім кеткесін басымды сүйеп, сусын беріп жатпай жүр еді... Бүгін... — деп күбірледі кемпір тамсанып. Ол сусын сұрағандай Тояшқа әлсіреген пішінмен көзін аударды. — Бүгін қызуы қатты, сандырақтап жатыр...
— Қызуы қатты болса сандырақтатады, — деді Тояш төмен қарап. Аз отырғаннан кейін: — Қиын болған екен саған, — деп, жеңгесіне аяныш білдірді.
— Құдайдың басқа салғанын көрдік. Тек Кәрімғали жаным аман жүрсе... Үйге аман оралса...
Алдымен сол жылғы апатты сүзектің жаздыгүні көкірек аурудан қайтыс болған Қайыпқожа сыбызғышының үйінен басталатынын, оның артынан үлкен ауыртпалықпен бүтін ауылды аралап шығатынын Тояш білген жоқ. Бірақ ол көпті көрген және шалдардың тәжірибе-болжалдарын көкірегіне жақсы түйген жан еді.
— Жұбай, сенің науқасың да, мына Қалидың науқасы да сүзек, — деді Тояш аздан кейін. — Сүзекке күтім керек, күтім болса тез көтерілесіңдер.
Әйел тағы да тамсанып, Тояшқа кәзін тігіп еді, бірақ оның не тілегі барын аңдай қоймаған етікші шекпен бешпетінің қалтасынан шақшасын суыра бастады.
— Шебер қайным, Мәдине келіп кетсе. Аз-мұз сусын қарастырса... Сонсоң... — Арғы жағын айтпай ауру кемпір әлсіз қолын ептеп көтеріп, сылқ еткізіп түсіріп алды.
— Мәдине келеді... жіберейін, Жұбай, жіберейін. Сусын әкеледі, — деді ол жалма-жан есікке қарай жүріп. Әйелін өлім халінде жатқан Жұбайға жіберіп, Тояш ақыл сұрауға Қаленге келіп еді.
Еңіреп жатқан Мәкканы көріп ол шошып кетті де, бірақ аз отырғаннан кейін бойы үйреніп, Қаленге келген жұмысын айтты.
— Жанғали фельдшерге адам шаптырдым. Келген соң қаратармыз сорлы кемпірді. Баласы түзде, өзі үйде дүние салу деген осы.
Қаленнің бұл сөзін Тояш ұқпай қалды. Ол әскерге алынған Кәрімғалидың жайын естіген жоқ еді.
Екінші бөлмеде Мәкка тағы да үн салып еді, Қален соның қасына келіп:
— Сабыр ет. Докторға жібердім. Үлгеріп келе алса жанын алып қалады, — деп жұбатты.
Өзі аз уақыт төмен түсіп кеткен еңсесін зорға көтеpiп, қиналып жатқан қыздың көгілдір жүзіне қайта бақты. Ол өз көзіне өзі сенбеді. Қыз бетінде өзгеше бір нұр жайнай қалған. Қас пен қабақтың арасындай қысқа мезетте жан мен тән мүлде өзгеріп кеткен: әлгідегі қату қабақ кенеттен жарқ етіп шаттық-нұрын шашып жіберген. Әлгідегі құла түздей құқыл бетте қазір жан шырайы алаулап тұр. «Бұл не ғажап?» — деді Қален ішінен. — Жас дене у ашуын жеңгені ме? Қысылшаң кезең өтті білем...»
Есіктен ентіге кірген Шолпан қыз қасында еңкейіп тұрған Қалеңді көріп кері шегінді. Бірақ оны Зағипа байқап қалды.
— Шолпан, — деді ол ақырын ғана. — Шолпан... мен онымен қауысам...
Арғы жағын айта алмады. Шолпан жақындай түсіп еді, қыз көзін жұмды. Кенет оның түсі суып жүре берді. Қален еңкейіп қыздың қолын ұстап үлгергенше жас дене жан тапсырды... Ол мең-зең болып біраз тұрып, екінші бөлмеге шыққанда, Тояш насыбай атып, төмен қарап жер шұқып отыр екен.
— Бақытсыз жандар... бәрі бақытсыз. Айнала бақытсыздық, — деді Қален үй ішіндегілерді көзімен сүзіп. — Үйде де, түз де. Қашан бітеді?!
Ол соңғы сөзінің әлдекімнен жауабын күткендей тұрып қалды.
Ол Богдановкадағы тапсырылған жұмыстардан өзге де көп іс бітіргендей болды. Бақытжанның өз қолымен жазылған үндеулерді, жасырын штабтың жарнамаларын елдегі тілектес учительдерге жеткізумен қатар аса керекті ақпарларға ұшырады: Жымпиты жасақшыларының ереуіл көтеріп хан ордасын талқандағанын есітті. Естіп қана қойған жоқ, оның ақиқат оқиға екеніне үш жүзден астам қарулы жігіттердің Әйтиев отрядына қосылуға шыққанына әбден көзі жетті. Мұны жалғыз Аманқұл емес, Қален учитель мен Жымпитыдан сол күні келген адамдардың бәрі айтып келді. «Бұл хабарды тез жеткізу керек. Әбдірахман отрядының қай жерде екенін айтатын шапқыншы жіберу керек. Бұл ержүректі жасақшыларды қарсы алу керек. Мен сол қарсы алушылардың ішінде болуым керек. Нұрымды қарсылап алсам, сонсоң Мүкараманы көрсем арманым болмас еді! Жоқ, мен қалайда қосылуым керек. Қалайда отрядқа жетіп бірге Текеге кіруім керек. Текенің босатылуы анық. Бұл ақиқат. Бұл күні ертең көз көретін қуаныш. О, шіркін. Дусяны көрсем, оның ардақты әкесінің босағанын көрсем? Шешен Дмитриевтің сөйлегенін көрсем! Әттең, осы арманға жетсем...»деп ойлады ол Есен Аңқатысынан асып, тура Қабанбайға бет түзеп келе жатып.
Хакімнің күні кешегі өлім аузынан қалғаны бүгін есінен шығып кеткен сияқты. Оның жүзінде қазір бір тал реніш көлеңкесі де қалмапты. Жайнаған шуақты күн сияқты. Көзінен шаттық нышаны ұшқындайды. Өте-мете бір жарқын сөздер ішке сыймай, бейне өрнектеп тұрған тәрізді, еріндері жыбырлап-жыбырлап кетеді. Сызыла тартылған езуі жібектей жұмсақ, шұғадай жайнайды... «Мынау... Гречко. Кәдімгі дос Гречко. Бір ғана Меңдігерейді құтқарған жоқ, менің құтылуыма да бас себеп болған ізгі жан. Бұл болмаса мен тәуекел етіп қауіпті амалға бел байлар ма едім! Бұл болмаса мен Ащыдан әрі асып Бударинге дейін ана сотқарлардың арасында кете бармас па едім! Кете беру емес... жоқ, бұл ізгінің ізгісі. Жауыздардың қан ішер ниетін құлаққа сыбыр етті. Мұндай дос, мұндай ізгі ниетті жанашыр сирек кездеседі. Мұның істеген жақсылығын өмірде де ұмытпан. Айтқандай, Гречко Бородин полкының тас-талқан болғанын өз көзімен көрген жан. Көзімен көріп қойған жоқ, оның кәдімгі ішінде болған. Қырғын ішінде болған тірі айғақ. Қызыл гвардияның жойқын қимылын бар жанымен, тәнімен сезген жан. Мұны Әбдірахманға тезірек жеткізіп, өз аузынан сөйлетіп бергеннің өзі қаншама жаңалық! Мұнан қандай қорытынды шығарар екен?! Жоқ, тез жету керек» — деп тебіне түсті ол Аманқұл «сыйлаған» көк атты.
Хакім Гречкомен қатарласып, жолдың қатқақ шоқалағынан қашқақтай шеткерірек жүріп келе жатқан Аманқұлдың алдына түсіп жортақтай бастады. Ол екеуінен ілгері озып кетті. Оймен нақыштаған оның арман сарайы бейне көз алдына елестеп кеткендей, соған тез жетуге ұмтыла түсті. Ал, жол жүруге жалығып көрмеген және өмірі аузы әңгімеден босап үйренбеген Аманқұл есі-дерті Гречкомен сөйлесу әрекетінде еді. Оны қызықтырған бұл момақан жүзді орыстың қазақша сөйлейтіні, сөйлегенде тіпті қызық етіп мұқамдап созып, мақалдап сөйлеуі оған қатты ұнап кетті.
Әй, орыс отағасы, сіз мұңым, дәмдеп сөйлейсіз. Кәдімгі біздің елдегі тамсанып сөйлейтін Ақмадияша сөйлейсіз. Ақмадия кейде келістірмей бұзып алады, паңданам деп әлек болады. Ал, сіз бар ғой, құдай біледі деп айтайын, тап азаншы Айғожа сияқтысыз. Түріңізді айтам, Айғожаға ұқсайсыз. Оның да шоқіпа сақалы тап сіздікіндей, бірақ, сары емес, қара. Оның да атқа отырысы ауған жоқ, тап сіздің отырысыңыз: құйрығынан шаншылып қалады, бейне ерге қадап қойған тебен ине сияқты. Тіпті бар ғой, тізгін ұстауыңыз да Айғожадан аумайды: мына сіз құсап қолын ілгері созып отырады.
Мұңым қолы талмайды ғой деймін, сірә. Мен олай ұстап отыра алмаймын. Айғожа да арық, сіз сияқты жары сопайған адам. Жасы бәлкім сізден ағарақ шығар. Елуге келген адам ғой. Сіздің жылыңыз не? — деп сұрады Аманқұл Гречкодан.
Қызығы: Гречко жыл қайыра біледі екен. Аманқұл шын ниетімен сұрап еді. Оны сынау үшін емес еді, ол орыс та жыл қайырып жас санайды деп түсінетін.
— Биыл жыл жылан болады. Жыланнан жылан қырық тоғыз. Менің де жылым жылан, — деді ол Аманқұлға қарап. — Сен Айғожа дейсің, анау дейсің, мынау дейсің. Адам адамға толық ұқсамайды. Мына сен де басқа жылқышыларға ұқсамайсың. Бізге еріп кеттің. Сенікі мақсат басқа. Мақсат қана ұқсас болады.
Аманқұл не дерін білмей қалды. Ол қайта-қайта Гречконың бетіне қарап, оның сөзінің шын мағынасын ұға алмағанын байқатты.
— Сен теңдікті жақсы көресің. Сені тең ететін ана қызылдар. Мен де сол қызылдарға қосылуға шықтым. Мен де теңдік іздеймін. Міне, мақсат бір деп осыны айтады.
Аманқұл басын шайқады.
— Орыс отағасы, сен ақылды адам. Біздің Шұғылдан көп ақылдысың. Сенің ақылың Қален ағамдардың ақылымен шамалас түседі. Қатын-бала бар ма?
— Бар. Соларды теңдікке жеткізу үшін, өзім де теңдікке жету үшін әнеугі кеткен бұзықтардан ашып қалдым, жігіт. Мен орыс кедейі, сен қазақ кедейі.
— Сен де малшы?
— Мен малшы емеспін. Зәбір көрген крестьянмын. Атым бар, сиырым бар, жерім де бар. Бірақ, соны тыныш отырып пайдалана алмаймын. Казак-орыстар жақсы жерді бермейді, жақсы шөпті шаптырмайды. Ат керек болса — сенікін алады, арба сынық болса — сенікін жегеді. Адам керек болса — атаман алдымен сені айдайды. «Сен хохол, сен казак-орысқа тең емессің. Сен де, киргиз де бір. Хайуан» дейді. Ал, соғысқа зорлап жазады. Көрдің бе, мен олардың атын суарамын, жем жегіземін, ерттеп беремін, бағамын. Өздеріне тамақ асып беремін, отын жағамын — тура малай боламын. Аманқұл тағы да басын шайқады. Оған мына момақан орыстың халі аса нашар көрініп кетті.
— Қақол қарашекпен бе? — деп сұрады ол.
— Хахол деп малорустарды айтады, Қарашекпен деп егін еккен шаруаны айтады. Казак-орыстардың байлары олардың қайсысында болсын өзінен кем санайды. Тегін Жұмыс істетеді, зәбірлейді.
Бұларға жолда ешбір бөгет кездеспеді. Көбінесе елден аулақ өрісті даламен асты. Күзгі қара қатқақта селеулі-қыр, үйір-үйір жылқы табаны жыбырлаған үлкен ойпаттар шоқалақты, жылтыр табанды ауыл жолынан әлдеқайда жүріске жайлы тиді. Кей жерде оба ығында паналаған жылқышыларға тоқтап, олардың торсық бүйірін бірге сығысып, қоржын түбін қағысты, кешке қарай жалғыз үй отырған шеткері қыстауларға түнеді. Болыс, билер кездесіп қалған жерде:
— Ақтөбеге уалаят бұйрығын жеткізетін шабармандарымыз, — деп, ас-су ішудің сыйлы жолын да тапты.
Көбінесе кедей-жалшыларға қонақтап:
— Теңдік жорығына аттанған Әйтиевтің адамдарымыз. Кешікпей келеміз. Бостандық әпереміз. Төре билеп, бай тепкілер заман бітті, — деп сыбырлады.
Үшінші күні Шыңғырлау түбінде қалың жасақшы жатыр деген хабарға да кезікті. Бұны кешікпей өз көздерімен де көрді. Алыстан сұрап, қарасынға қарап тура болжап үйренген Хакім мен Гречко бұлақ бойындағы өзгеше қыбырды бірден шамалады.
— Сонау пішені көп шеткі үлкен үй мен ойдағы екі қыстаудың арасында ерсілі-қарсылы жүрген аттылы тегін емес, — деп еді Хакім. Гречко көзін шүйе қарап:
— Штаб бар ол жерде. Қырға қарай кеткен екеу барлаушы. Мен бағанадан бері байқап келемін, — деді. Қалай болғанда да өздерінің әскері екенін анық білгеннен кейін Хакім сол пішені көп үйге қарай бет бұрды. Алдынан шығып документ сұраған үстінде шинель, басында жұрынды бөркі, аяғында байпақты қазақ етігі бар шала солдат қара жігітке Хакім:
— Штабқа алып жүр, бастығыңа айтар құпия сөзім бар, — деді.
Жігіт «бұл қандай адам?» деп ойланған да жоқ.
— Мынау орысты қай жерден тұтқындадың? Сыры бар сайтан шығар, — деп штабқа бастай жөнелді.
Аманқұл оған штабқа жеткенше біраз сөз айтып та салды.
— Мен мұны тұтқынға алған, — деді ол. — Қашыпбара жатқан казак-орыстарды таудан аса бергенде қиқулап шауып к.... түсіп беріп едім, аты жақсылары құтылып кетті, аты нашар мына ағайын қолға түсіп қалды. Бұл бірақ, казак-орыс емес, қақол көрінеді. Қақолдар момын, қазаққа бір табан жақын ғой.
Шинель киген қара жігіт оған көзін аларта бір қарап қойды да:
— Бізге сендей суайт жігіттер де керек, — деді ол Аманқұлдың жауға шауып тұтқын алар түрі жоғын байқап.
— Сен де суайтты көрмеген екенсің, жігітім. Суайт деп сен біздің Рақымғалиды айт. Қазақ «көзін жұмып өтірікті қоя береді» дейді. Ал, біздің Рақымғалилар көзін жұмбай айтады. Анау күні Текеге барғанда Рақымғали атаман Мартынның үйінде болыпты. Сұлу қызы бар екен, сол қызбен би билеп, бірге шарап ішіпті. Атаман Рақымғалиға: «Сен, Рақымашка, молодец. Қызым жігіт таңдап жүр еді, сен ұнадық, келіп жүр» — депті. Екінші барғанда, Аманқұл, сені ертіп барамын. Күйеу жолдас боласың. Бәлкім сен жанарал Ақкөтеннің қызын алып қашып кетерсің. Ол да қазаққа тиемін деді. Қазаққа тимей қайтсын, сені мен мендей жігіттерді көріп тұрғанда, — дейді Рақымғали. Міне, осыны айт айтқыш деп. Менің бір орысты қолға түсіргеніме сенбейсің, мұның тіпті келісі келіп тұр ғой...
Жігіт басын шайқады да қойды, ішінен «мынаған сөз айтып болмас» деді.
Гречко мен Аманқұлды көп жігіттің ортасына тастап, өзі басшылардың үстіне кіріп келгенде Хакімнің жүрегі алып ұшып бара жатқандай болды. Жазда көрген жас Андреев терезе алдында карта бетін шимайлап жатыр. Әбдірахман сары қағазға шылым орап, кішкене столдың айналасына қолдан істей салған қарағай скамейкага тізіле қалғандардың қақ ортасында түрегеліп тұр екен.
— Уа, Жұнысов, бері кел. Аман қайттың ғой әйтеуір, — деді ол есіктен қысыла жылжыған Хакімге қолын созып. Хакім жағалай отырғандарға қол беріп амандасып өтті де, хал-жайды баяндай бастады.
Сақыпкерей мен Әбдірахман да, оның қасындағы Ғалиасқар мен жыға танымайтын қара кісі де Хакім сөзін зейін салып тыңдады, кеп адамның алдында төселіп тіл безеп көрмеген бұл жігіттің асығып сөйлепқызара түскенін байқамаған болды Сақыпкерей:
— Жақсы, жақсы. Рақмет, ерлік істегенсің. Енді тының, тамақтан да ұйықтап ал, — деді Хакімге.
Әбдірахман орнынан түрегеліп, Хакімнің қасына келді де, оң қолын иығына салып:
— Жұнысов, сенің жаздан бергі отрядқа тигізген көмегің ұмытылмайтын көмек. Ал, мына қазіргі, осы жолғы үш болысты аралап өтіп, ондағы көзі ашық азаматтарға Совдеп сәлемін жеткізгенің, саналы жігіттерді отрядқа тартқаның. Жымпиты хабарын толық мәлімдегенің — сенің революцияға жас солдат болып піскеніңді дәлелдейді. Ал, қазір жағдай мен міндет мына түрде: Қызыл гвардияның 4-армиясы Орынборды босатты, Оралды үш жақтап қыспаққа алды. Осы айдың ішінде... осы ай емес, осы жұманың ішінде Оралды ақтардың қанды шеңгелінен құтқарады. Біз соны қосыла құтқарысамыз. Біздің орыс, қырғыз болып құраған отрядымыз сол Оралға арқа бет пен батыстан ат қойған 22-дивизия мен 25-дивизияға көмектесіп бергі жақтан тиісеміз. Анау қара кісі, — деді Әбдірахман Мәмбетті көрсетіп. — Жымпиты жасақшыларын бастап бізге алып шыққан батырдың бірі. Олар осыдан қырық шақырым жерде Ойыл офицерлерін күтіп қалған көрінеді. Оларды күттірмей осында шақырып келуге ана сенің замандасың Оразды шаптырғалы тұрмыз. Ол басы-қасында болып, сол ер жасақшылардың арасында жүріп дем берген жас. Сен қазір Сақыпкерей ағаң айтқандай, жат та дем ал. Кешке жігіттер жорыққа шығады... Бәрімізде көтерілеміз. Оралға қарай... — дедіХакім Әбдірахманды құшақтай алды.
— Әбдірахман аға, мен шаршағаным жоқ. Кеше бір шаруаның жылы үйіне түсіп, үйқыны қандырып алдың. Сізден тілейтінім: мен Оразбен бірге сол жасақшыларға қарсылап шығайын. Сіз осыған рұқсат етіңіз... — деп өтінді.
Қалайда Жымпиты жасақшыларының алдынан шығуды арман етіп Хакім Әбдірахманның аузын бақты. Қарсы алдында тұрған бұл ісі ертегі бола бастаған қайратты басшының жауабын күтті. Әбдірахман Мәмбетке бір қарап алды.
— Мына Оразбаевқа қосып сені ең қиын іске, біраққиын да болса ер жігіттің қолынан келетін абыройлы жерге жұмсайын деп едім. Енді тілек етсең амал жоқ, — деді ол тағы да Хакімнің иығына қолын салып. Сонсоң аз бөгелді де ойын түптеді. — Сенің орныңда бол сам мен қазір ұйықтап тынығып алып, таңсәріден полкпен бірге Текеге ат қойысуға аттанар едім. Есіңде ме, Жұнысов, жазғытұрым атаман казак-орыстар отряды әлсіз Совдепке ақсызда бассалып, басшыларын түрмеге тыққанын? Енді сол ардақты азаматтардың босанғанын көру де теріс болмас еді! Өзің бірге араласып, «батыр казак-орыстардың» батырлығын сынау да жігітке керек-ақ нәрсе.
Тап сол минутта Хакімге Әбдірахман өзгеше көрініп кетті. Оның шымқай қара мұрты мен қасы, әсіресе ақ еті бағдарлаған мойылдай көзі, келісті мұрыны, тік иықты сұлу денесі тек қана осындай қылапсыз көптің сүйікті басшыларына бітетін сияқтанды. Ол Әбдірахманның өзіне мықтап сеніп, сынды сапарға бейімдей, оны қайрай түскенін елемеді. Тек қуанғаннан ол:
— Әбдірахман аға, жасақшылардың арасында ала жаздай көрмеген дос-жарандарым бар еді, — деп жүзі жайнай түсті. — Солармен бірге полкты қуып жетеміз ғой.
— Жарайды, — деді Әбдірахман. — Ал, бірақ полкты қуып жету оңай болмас. Бұл іс артқа қарайлауды күтпейді...
Сөйтіп Хакім мен Ораз Ащысай басында қалған қалың жасақшыны полктың ізімен Теректіге бастап келуге жиналды да, 4-армиядан тығыз жарлық алған Әйтиев пен Парамонов бөлімшелері Акутин дивизиясының бергі беттегі жүздіктерін бүйірлеуге аттанбақшы болды.
6
Таңсәріде Мәмбет Шыңғырлау түбіндегі елден екі тұлып алып келді де:
— Жасыңда қайсың бәйгеге көп шаптық? — деп сұрады, қоршалап үйіріле түскен жігіттерден айқайлап.
Жұрт оның сұрауын түсінбей қалды. Айнала жым-жырт, біріне-бірі қарап «не айтайын деп тұр?» деген түйсінге тіреліп бөгеле түсті. Жасында бәйге атына мінбеген қазақ баласы аз, ең болмаса мүше алып қашып үйренген дала қу тақымдары ғой. Бірақ бәрінің бөгелгені қазір: «Мәмбет бір өнер шығармай қойған емес. Әлдеқалай оның дегенін орындай алмай қалып, пұшайман болғанша аңдысын аңдап, жауап қатпай тұру абзал шығар» деген тосырқау еді.
Аңқатыдан келіп қосылған Хакімнің бір орыс, бір қазағын Мәмбет әлі тани қоймаған. Олармен тіл қатысып та көрген жоқ-ты. Тіпті өз жігіттерінің қасында күні кеше келіп олардың бүгін өнер көрсетуге жарары бар деп ойламаса керек. Көптің алдына жүгіріп шығып:
— Мықты аға, мына мен көп шаптым бәйгеге. Бүкіл Дуана мен Аңқатының, Қашарсойған мен Ащысайдың бойында менің тақымым тимеген бәйге көк, мұқым болып көрген емес. Және оның үстіне Шұғылдың мың жылқысының бәрі шетінен бәйге бермеген қыдыра жалды қыл құйрық, ал, соны бағып өсірген, құлынынан бастап алты жасар ат болғанша құлақтап үйреткен осы алдыңда тұрған жаман інің ғой. Ана жылы қысқа айғырмен Тұрлан балаларының атақты тойында бәйгеден келген де осы... — деп, Аманқұл желдіре жөнеліп еді, оны Мәмбет:
— Әй, сен қайдан шыға қалған екі құлағы тік, жер астынан жік? — деп ақырып қалды.
Аманқұл шошып кетті. Кері шегіне түсті. Бірақ даусын бәсеңдеткенмен айтқанынан қайтпады:
— Дәу аға, мен және атқа да жеңілмін. Дөнен түгіл құнан да мені жүк көрмейді. Бөрік сияқты да көрмейді. Оның тәсілі де бар ғой... атқа шабудың деймін-ау. Шапқанда аттың жалын құшып жатып қалсақ, екі аяғың жүзіп бара жатқан адамның сирағындай созылып кері кетеді, өзің бейне сұға сүңгитін жанша көсілген атпен ат болып, алдыңнан соққан желді найзадай сүзесің. Қой, мен бәйгеден қалып көрген емеспін.
— Ендеше сен түстен кейін менімен бірге жорыққа шығасың. Текеше бақылдап көргенің бар ма? — деді Аманқұлға сәл езу тартып.
Сүсты үлкен қара жігіттің бастапқы өктем үнінің жұмсара бастағанына Аманқұл да, өзгелері де жайласа түскендей болды.
— Теке болып көргенім жоқ, біраққошқарша бірер мекіренетінім бар еді...
— Мекіренген адам бақылдай да білер. Әлде бөріше ұлитын ба едің?
— Мұны менің кәсібім дей бер, дәу аға. Іңірдегі аш қасқырдың сыңсып ұлуы керек пе, әлде таң алдындағы төқмейіл бөрінің торқалы бикешін шақырған есік-терезесі жоқ иесіз қыстаудың ақырағанындай гулеме уілі керек пе?
— Екеуі де жарайды, — деп Мәмбет сөзді қысқартты да, — атыңды бапта. Кіші бесінде шығамыз. Өзің бір сөзшең неме екенсің, — деді.
Мәмбет жігіттерінің арасынан шығып, штаб кетті.
Көруге, білуге әуес Аманқұл Мәмбет кетісімен тұлыптың неге қажет екенін мұқшауға кірісті. Әңгімені алыстан бастады.
— Біздің хажының үйінде ғана бола ма десем, мына өлген бұзаудың терісін бұл жақта да керек етеді екен ғой. Жігіттерге ойнауға керек екенін білгенде мен оның түрлі-түрлісін әкелетін едім: бұқанікі керек пе, бұзаудікі керек пе, құлындікі ме, қозынікі ме және оның қай түстесі қажет — бәрін де табатын едім. Хажының шоланы толы: тіпті неше жылғы тұлып керек болса, сонша жылғысын. Хажының туған жылынан бергісін де табар едім, — деді.
— Әй өзің де көбік ауыз жігіт екенсің, сөз емес, аузыңа түскеннің бәрін сөйлейсің. Мұны ойынға керек деп пе едің соншама, — деп, бір жігіт оған реніш білдіріп салды.
— Жоқ-ау деймін, — деп әрілей түсті Аманқұл. — Әкелген соң бір оңдысын әкелсейші. Мынау не? Шала туған бір ала бұзаудың терісі. Және өзін нығыздап кептемепті де. Бұған сиыр да ыңыранбайды, көрерсің.
— Бұзаусыз сиырды иіту үшін емес, надан неме. Бұл жау үркітуге. Жаудың атын үркітуге, — Деді әлгі жігіт қабағын түйіп.
— Бәли. Ішіне сабан тығып қатырған өлген бұзаудың терісімен жау үркітетін болсаң, онда соғысудың керегі не! Орыстарға қарсы мен Шұғыл хажының шоланындағы бар тұлыпты шығарып қояйын онда.
Таныс емес жігіт Аманқұлға наразы пішінмен теріс айналып кетті.
— Аманқұл, мұның неге керек екенін Мәмбет ағай айтады ғой. Қосшылыққа сені таңдап алды. Енді тек айтқанын тапжылдырмай орындауға тырыс. Оңай бітетін іс жоқ, бәрі де табандылықты керек етеді, — деп шыңдай түсті Хакім оны бұл әңгімеден бөліп.
Аманңұл сонда да қоймады.
— Жоқ, енді дегенім-ау. Білмеу жақсы емес. Тұлып екеш тұлыпта енесінің қай жағынан апаруды керексітеді. Мынаны мен орыстардың жел жағынан апарамын ба, ық жағынан апарып көрсетсем бе?
— Тфу, — деп жерге түкірді әлгі жігіт.
Алайда, бүгінгі жорықтың мән-жайын толық түсінген ешкім болмады. Әсіресе тұлып жайы көбіне жұмбақ болды. «Жау үркітуге керек» деген жігіттің болжалы да дәл болжал емес еді. Аз уақыт өткеннен кейін Мәмбет қайта оралды. Оның қасында Әбдірахман Әйтиевтің өзі бар еді.
— Жігіттер! — деді ол өзгеше бір нық, үнмен. Сонсоң аз кідіріп айнала анталай қалған жігіттерді көзімен бір сүзіп өтіп: — Жігіттер! Атаман әскерінің атты полкы Жайықтың осы бетінде. Оның бір бөлшегі Шыңғырлауды өрлеп Аңдалаға жетті. Бұл бөлшектің саны бір-ақ жүздік. Бәрі де кәдімгі Орал бойының казак-орыстары. Осы жүздікке қарсы амал жасаймыз. Егерде ісіміз оңға басса жауды келген ізімен кері қашырамыз. Ал кері қашқанын да, Тасқұдыққа қарай өрлеген екінші жүздікті де Белан отряды бір бүйірден соғады. Соққанда оңдырмай соғады. Өйткені жау күшінен біздің күшіміз анағұрлым басым. Және біздің сүйенішіміз күшті — өз еліміз, өз жеріміздеміз. Сондықтан асқан жігермен, қайраттылықпен, қайыспас табандылықпен іске кірісіңдер. Өзекті жанға бір өлім. Азаттық үшін, теңдік үшін қан мен жан пида. Дайын болыңдар!
— Дайынбыз! — деп қалды жақынырақ тұрған жігіттер. — Баста, Әбеке!
— Баста!
— Баста! — десті жамырап,
— Мәмбет, жинал, — деді Әбдірахман, Оразбаевқа қарап.
Сөйтті де өзі қайтадан штабқа қарай жүрді.
— Мініңдер атқа! — деп бұйрық берді де, Мәмбет өз атына беттеді.
Мәмбеттің он жігіті «бәйпеге көп шапқан» Аманқұлды қосып алып, он бір болып жөнеле берді.
Ақбұлақтан шыға беріп, Мәмбет екі жігітін, мылтықтарын ерлерінің қастарына тұңырта ілгізіп, алға қарай жөнелтті. Енді біраз жүргеннен кейін Аманқұлды қолының ұшымен нұсқап өзіне шақырды да:
— Сені жылқышы дейді. Алдыңнан бір үйір жылқы шықты, сол жылқыны бөрліктіре қуып кетуге тура келді. Сонда сен бақташыға бой бермей қалай қуып кетер едің? — деді.
Аманқұл оның бетіне қадала қарап алды да, езу тартты.
— Бөрліктіре қуу деген бөріше қуу деген сөз. Ал, бөрінің бірі жатып қалады да, бірі алыстан бүгежектеп келіп жылқыны үркітіп жібереді. Үріккен жылқыны жанамалап шауып, қайырмалап, жатқан бөріге қарай айдайды. Жатқан бөрі деңіне келгенін қарғып барып шаптан алады да жарады...
— Мен саған бөрінің қалай жаратынын айт деп тұрғаным жоқ. Бір үйір жылқыыы өзің қалай қуып әкетесің, соны сұраймын.
— Алдымен тонымды айналдырып киемін. Сонсоң құрықтың бауына қара қақбақ байлаймын да, ысқыра шауып, қалаған жағыма бір үркітіп алып сілтей беремін. Бір еліріп алған жылқы өмірі тоқтамайды — тек тоныңды желпілдетіп, қара қақбақты қалтаңдатып кө зіне түсе берсең болды, жау қуған малдай жосып береді.
— Ендеше, қазір ана күпіңді айналдырып ки. Сонсоң ала тұлыптың мойнына жіңішке қыл арқанды байлап жіберіп, бір ұшын тақымыңа бас та сонау төбенің басына қарай шап. Жылқы алатын жайыңды көрейін, — деді Мәмбет Аманқұлға.
Аманқұл бұйрықты екі еткен жоқ. Ол күпісін айналдырып киіп, сұппа бөркінің ішкі елтірі жағын сыртына қаратып киіп те алды. Ала тұлыпты артына бөктеріп, қанжығасына байлап соңында келе жатқан жігіт жалма-жан жіңішке қыл арқанды ішін кергіштеп қатырып тастаған бұзаудың мойынына тұзақтап бекітті де, екінші жағын Аманқұлдың қолына ұстатты.
Өмір бойы ат үстінде өсіп, жылқы қуып үйренген Аманқұлдың аты да өзіне лайық екен: жігіт ысқырып қалып, ат жалын құша ілгері ұмтылғанда бұл жылқы бейне қасқыр қуғандай қос құлағын жымитып алып көсіле жөнелді. Алыстан қараған жанға Аманқұл ат үстінде таңулы жатқан бір жануардай көрінді. Ал ұзын қыл арқан тағып сүйреткен ала бұзаудың тұлыбы бейне бір жынша секіріп, қарғып құлап, қайта тұрып, төрт аяғы әр шөкенің басынан бір аттап жатқан әлдебір үрей шошырлық жанды хайуанаттай-ақ селтеңдетеді. Аманқұл ысқырықты үдетіп, шабысты көсілдіріңкіреген сайын ол бір мал түгіл адамды үркітерлік дәу-перінің өзі болды да кетті...
— Жарайды. Бірақ алдыңнан шыққан жылқынының қолында қаруы да болады. Содан жасып қалып, өзіңді де, өзгені де шерменде қылып жүрме. Ер жігіт өледі, өлмесе істерін істеп шығады, — деді Мәмбет, Аманқұлды кері шақырып алып.
Он бір адам Шыңғырлаудың жағасымен төменгі Аққалаға қарай аса берді. Аққала Ақбұлақтан отыз бес шақырым жер-ді. Бұл екі селеннің нақ ортасында Тіксай жатыр. Кеше кешкі хабарға қарағанда казак-орыстардың барлаушылары Тіксайға дейін өрлеп келіп, бірақ әлденеден үріккен жандарша өзінше кері шапқылап кеткен. Мәмбет жарықта сол Тіксайды басып өтуге тырысты. Ол жігіттерін жалғыз аяқ қыр жолымен қасқырша шұбыртып, сирек шоқырақтап, жиі-жиі аяңдаумен отырды.
Күз күні қысқа, кеші ұзақ. Далада көп жартып дағды алған Мәмбеттің ойы күн ұясына кірер-кірместе Тіксайдан өтіп, жұрт орынға отырып жетпей Аққалаға құлап кету еді. Бұл көздеген жеріне жетіп жығылған кезде арт жақтағы қалың қол да Тіксайдан өтіп Аққалаға төніп үлгермек. Егерде жау қарсы кездесіп жол бөгелмесе, бар әрекетті іңірде бітіріп алып, түн бойы торып, таң ата кішкене қалаға,қиқулап кіру ғана қалмақшы.
Тіксайға төніп келгенде жортуылшыларды қара қасқа атты дембелше сары жігіт қарсылап алды.
— Жол ашық, батыр. Аялдап ас жеп, атыңа тыныс бер. Арғы жағы сәті түссе көзді ашып-жұмғанша бітетін нәрсе, — деді ол Мәмбеттің жанамалай келіп қолын алып.
— Малшың даяр ма, соны айтшы, Ерғали, — деп сұрады Мәмбет, — ас жеуге уақыт жетпей қалар.
— Он бес, он алты шақырым жерге кез байланбай жетесің.
— Жеткенде... — деп бөгеліп қалды Мәмбет. — Кешкі ат суарудан қалса, істің теріске айналғаны. Мына қақаған суықта таңды далада тосу қиынға соғар.
— Дегенмен жылынған жоқ, Мәке..
— Малшыны айт.
— Малшы қарсылайды...
— Онда, Ерғали, бір-бір тостаған құрт. Тек тезірек болсын. Басқасын кері оралғанда дәмдерміз.
Ерғали кері шапты.
Сай басындағы үйге Ерғали арқан бойы-ақ озықкелсе де, Мәмбеттің айтқан бір-бір тостаған құртын да, қарпып жейтін қойдың салқын етін де дастарханға қойып үлгірткен екен. Аттарын есіктің көзіне іле салып, жау-жорық салтымен үйге екі-екіден кіріп он жігіт ә дегенше қой сорпасына езген құрт сіміріп, қос қолдап ет асап шықты. Мәмбет соңынан кірді. Төрге үнсіз сәлем етіп, бір тізерлей дастархан шетіне отыра кетті де, табақ ішіндегі оңаша қалған бастың маңдай құйқасын сыдырып аузына салды, таңдайын жеді. Бармағымен басып, көзді ұясынан шығарып асады. Ұсына берген әйелдің қолынан алып тостаған құртты тұтас сімірді.
Сонсоң:
— Рахмет, жеңге, — деп орнынан түрегелді.
Орта жасқа келіп қалған бидай өңді әйел ілесе шығып, Мәмбеттің қасына таман жақындай түсті. Мәмбет оны аттандырар деп үміттенді білем, тізгінін ұстап, атын көлденеңдете түсіп еді, әйел оң қолымен жағын сипады да:
— Батыр, жорыққа ерді жар аттандырады, жарға жігітті жеңге аттандырады. Екеуін де көрген шығарсың. Ал, мен апалық етейін, жолың болсын! — деп, әйел көлденеңдеген атқа жетіп келіп маңдайынан сипап өтті.
7
Жортып отырып жеті-сегіз шақырым жер алғаннан кейін Ерғали:
— Мынау, Қарасайдың қырқасы, қазір Аққала да көрінеді, — Мәмбетке.
Мәмбет бұл жақта болып көрген жоқ еді.
— Қала өзеннің қай бетінде? — деп сұрады онан.
— Арғы бетте.
— Онда қай жерден өтеміз?
— Жаман өткелден. Суы ат бауырынан келмейді, биыл жаңбыр аз және мұз қатып қалған. Әсіресе Ақсудан әрі өзеннің көп жері ат көтерерлік, — деп Ерғали оған білетін жерінің сырын баян ете бастады.
Мәмбет енді сұрақтамады, ол өз ойымен шұғылданып, айналаны көзге шүйе берді де «зәнталақ бір оң жанбастан келсе» деп күбірлеп қойды. Оның бұл сөзін Ерғали Аққаладағы казак-орыстарға айтқаны шығар деп топшылады.
Бұлардың соңында шыққаннан әңгімелері жарасыпкеле жатқан Жапалақ пен Аманқұл тұра қалып, батыс жаққа қолдарын шошайтысты.
Ерғали оларға:
— Жүріңкіреңдер! — деп айқайлап еді, екеуі әлденеге есі кетіп алыстағы қала жаққа қадала түсті. Олар қаланың ішінде аттылы адамдар барын байқады.
Қан майданда екі жақ жағасында саптағы қолдың әскерлік өнері, құралының басымдығы және оған қолбасшының тапқырлық әдісі тең келсе жау қамалын бөксеріп жүгіре берері хақ. Бірақ кей кезде құрал мен сол құралды қолдану өнерінің мүлтіксіздігіне қарамай қара басатын әскер де болады. Соның бірі сақадай сайланған атты корпустің генерал Акутин басқарған дивизиясы еді. Бұл дивизия ала жаздай «жалаң аяқ» Чапайдан таяқ жеп, Орал қаласының батыс жақ арқа бетінде майдан шебін берік ұстай алмаған-ды. Ал, 25-дивизияға 22-дивизияның бригадалары қосылып декабрьдің бас кезінде қалаға екі жақтан ат қойғанда Акутинның атақты казак-орыстары тозған бөздей тігісінен ыдырай берді. Каменканың түбінде оның бір полкы қызыл гвардиямен қаруын тастай беріп ой бауырымдап табысты. Бұған бас себеп: адамшыл мақсатты үгіт пен насихаттың нысанаға дәл тигендігі болса керек. Окопта, жауынгер арасында: «Жер шаруанікі», «Завод жұмысшынікі», «Орыс еңбекшісі орыс еңбекшісінің жауы емес», «Совет өкіметі қанаушы алпауытқа ғана қарсы, оның таяғын соғушы ақ генералдарға қарсы» деген ұран-үндеулер талайға ой салған; ой салумен ғана қоймай, қылыштасқан екі жақты құшақтасып табысуға жетектеген...
Мұның үстіне, ойда, қырда, село мен станцияда, тіпті алыста жатқан бейғам ауылдың ішінде арқасына зұлымдық батқан жандардың қару ұстап бас көтеруі «ер жүрек казак-орыстарының» ерлік салтын түп көтере өзгерте бастаған. Басыну орнына бас қорғау, шабуылдан гөрі шегіну сезімі көбірек билеген-ді. Бұған бұрынғы «түк сезбейтін қара шекпен» мен «тағы өскен қырғыздың» іштен шалған айла-тәсілі қосылып, Жайық бойын бір шыбықпен айдаған казак-орыстың күн санап берекесі қаша берді. Бірақ соңғы соққы шекесіне тие қоймаған генерал Акутин Бұқар беттегі партизандық қимылға қарсы бір полкқа жуық казак-орысты Меновой двор мен Теректі станциясында ұстады. Негізгі жауы Самара мен Саратовтан шыққан қызыл гвардияны тоқтау үшін іш жақтың тыныш тұруы керек болды. Бірақ бұл бөлімдерді де тынбай ығыстырып келе жатқан қызылдарға қарсы аттандыруға тура келді. Осы сағатта Бұқар беттегі жүздіктердің орнын басып тылды берік ұстап тұруға Оралдың Войско өкіметі Жымпитының жасақшыларын алдыруды мақұлдап еді. Ал, бір полкқа таяу жеті жүздіктің бір түнде бесеуін Орал қаласын қорғауға алдырды да, қалған екі жүздікті Жаншаның жасақшылары келгенше орнында қалдырып қойды. Қалдырып қана қойған жоқ, партизан отрядтарын қорқытып әрегірек ысырып тастау ниетімен казак-орыстар абай-қоқай қимыл жасады. Екі жүздікті Теректіден Қабанбай Қақпақтыға дейін, онан да әрі Шыңғырлау бойына өрлеп бой көрсету маневріне жіберді.
Осы бой көрсету маневріне шыққан казак-орыс жүздіктерінің жолын тосып, бергі жағынан Белан, арғы жағынан Әйтиев қозғалған. Бұлар казак-орыстың қанша жүздік екенін күні бұрын білді. Оралға тықыр таянғанын алдында Ташлыға барып қайтқан Андреев айтып келген. Ақтардың лағып шыққан жетім жүздіктерін тоқтату ғана емес, Андреев Оралды алғаннан кейін негізгі Войско әскерін қазақ бетіне шығармау, тегін тамақ пен тегін жем, шөптен қағып, Жайықтың елсіз жатқан оң жақ жағасымен ысыру мақсатын көздеп еді...
О заманнан бері кең сахарада бір күндік, екі күндік жердегі дұшпанына қара құйын шабуыл жасап үйреніп қалған қазақ жігіттері бар өнерді жаудың төбесінен түсуге, қазақ тәсілімен қарсы тараптың атын алып қара жаяу қалдыруға жұмсады. Бұған Әбдірахман ең сенімді, ең мықты, өмір бойы жылқы қуып өскен, орыс арасында сан жыл болып, білегінің күшімен бас теңдігін қорғап келе жатқан Мәмбетті жұмсады.
— Қалай алсаң, олай ал, Аққаладағы атты қазақ жүздігінің атын қуып ал. Жаяу жүріп қойшыға да қол көтере алмайтын батырлардың артына содан кейін мен мына қараларды қаптатып көрейін, — деген ол кеше.
Сөйтіп, Мәмбет Аққалаға төніп келіп, күн екіндіге таянғанда казак-орыстарды алыстан торып тұрды. Ол ымырт үйіріле ат алу шабуылына кірісудің қамын жасады. Қаладан тіл алуға жансыз етіп Әйтиевтің қайнағасы партизан Ерғалиды жөнелтті. Қалғандары жар астына түсіп ықтасынға бой тасалады, қораға түсер қасқырдай, әр жерден бір бас қылтиып қарауыл қарап, жылжи-жылжи Ерғали айтқан Жаманөткел аузына да жетті.
Ерғали ақшам кезінде-ақ қайта оралып, он жігітті енді қаланың түбіне жетектеді.
— Қазір бақташы дыбыс береді, — дедіол, ең шеткі кішкене шым қораға көзін тігіп.
Шым қора-жай өзеннің қойнауына үйірілген қаладан көріне оқшау тұрған бір жарлының жалғыз үйі болса керек, бірақ осы кез оның иесіз екені алыстан-ақ көрініп тұр; төңірегінде не мал жоқ, не пішен жоқ, кешкі сығырайған шам жарығының орнына соқыр жанның көзіндей, кішкене терезелері анадайдан үңірейіп көрінеді.
— Дыбыс емес, — деді Ерғали аздан кейін, жаңылыс айтқанын байқап қалып. — Ана иесіз шым үйдің терезесінен «шайтан шырақ» жылтылдаса болды, ілгері ұмтыламыз.
— Қазірден-ақ сонда жетіп бұқсақ болмай ма? — деп еді Жапалақ, Ерғали оны тойтарып тастады.
Казак-орыстар ақымақ халық емес. Олар кешке қарай қаланың түбін торып өтуіне де мүмкін. Ал «шайтан шырақ» көрініс, «аңдушы жоқ, атты суатқа айдайды» деген сөз.
Ат суару, суат ою десе білгіштігін бір байқатып қалатын Аманқұл да сөз үлесін алды.
— Суат нешеу екен өзі? Біз бұл жағынан күтіп отырғанда, қаланың екінші жағына айдап кетпесін мәстектерің. Ақсақал, сен о жағын ойладың ба?
— Саспа. Суат аузындағы күтір анау шым қора. Өзеннің қалаға ең жақын жерінің өзі осы. Әрмен қарай айдаса бір қиыр жол. Казак-орыстар ақымақ халық емес.
— Ақымақ халық емес, ақымақ халық емес... Маған солардың ақымақ болғаны керек еді, ақсақал. Сен қайта-қайта ақылды дейсің, құда түсетін адамша, тегі.
— Ай, сен суайт бала, сөзді азайт. Көп сөйлейтін неме екенсің өзің. Бос әңгімені қойып онан да ана тұлыбыңды қалай «ойнатудың» қамын көздесең етті.
— Бос соз емес, ақсақал. Казак-орыстың ақылды болғанынан ақылсыз болғаны артық...
Бағанадан істің неден басталып, немен тынарындолбарлап келе жатқан Мәмбет аттан түсіп айылын бекітті, бөркін баса киді, белбеуін жөндеді. Сонсоң қала жаққа еңкейіп бір қарап алып, әлденеге құлағын тосты.
— Казак-орыс ақымақ та емес, айласыз да емес, оны қой. Аттарын қазір бірін жетектеп, бірін айдап суатқа келеді. Әне қозғала бастады... Қорқақ адам қолға түседі, қорқақ адам іс бітірмейді. Алдымен осыны ойла. Жылқышы, сен Жапалақ екеуің үркітесің, басқа сабалап әлгі откелге айдайсың, Ерғали екеуміз қардылың етері табылса, жанын жаһаннамға жібереміз. Ұқтыңдар ма? Әзірленіңдер, — деді Мәмбет атына мініп алып.
Бәрі де етек-жеңін жинай түсті, тізгіндерін тежеп тақымды қысуға дайындалды. Аманқұл басына шалмасын орай салып, бір ұшын қолтығына қысты. Сөйтті де ол:
— Ой, тонды айналдырмаппын ғой, — деп шапшаңдап үстіндегі ақ тонын шешіп, оны айналдырып жіберіп қайтадан киді. Шалмасын да қайта орап, сұппа бөркіне белбеулеп бекітті де, ұзын ұшын сол қолына орап алды. Сонсоң ол бөктерген тұлыпқа да «ақ көйлек» кигізді. Бәрін істеп болып, даусым шығар ма екен деген адамша екі рет ішін тартып таңертеңгі қаншығымен қауысатын қасқырша, үнін булықтырып іштен шығарып «ұлып байқады». Бұл қасындағыларға бейне алыстан келген бөрінің жан түршіктірер үніндей күмпілдеді...
Шым үйден «шайтан шырақ» жылтылдамады. Жар астында бұққан он адам кезек-кезек бас қылтитып қарап жатты. Уақыт созыла берді. Шым қыстаудың түбінде қыбыр да көрінбеді, уәделі шырақ та жағылмады.
— Бір нәрсе болмағай еді... — деп күбірледі Ерғали шыдамай.
Бірақ осы кез жар жиегіне атымен көтеріліп қарауыл қараған Мәмбет кері бұрылды да:
— Жігіттер, еріңдер соңымнан! — деп өзеннің жиегімен қалаға жорта жөнелді.
Ол бөгелместен жар астымен лекіте ілгерілей берді, ешбір қауіп-қатерсіз, бейне өз үйіне келе жатқан қожайындай, елең етпестен асты.
Артындағылар шұбыра түсті. Әлден уақытта Мәмбет жардан тік көтеріліп, қыр басында қазықтай шаншылып қалды. Ол жақ, бүл жағына көз тастай салып, кейіндегілерге қолын сермеп:
— Тарт, Жапалақ! Жылқышы, жөнел! Ана арт жақтан! — деп көзеді.
Сөйтті де өзі қалаға қарай жөней берді. Қыр басына шауып шыққан Жапалақ пен Аманқұлдың көзіне дөңінен өтіп кеткен бір үйір жылқы шалынды. Ол үйір жылқының алдында үш аттылы, артында қайыра айдап екі адам жинақтап барады екен. Алдымен жапалақ ысқырып қалды да Мәмбет кезеген қала мен екі ортадағы бос алаңға қарай құйындата жөнеліп еді, ізінше атының басын тежей түсіп, Аманқұл теке болып бақылдап-бақылдап алды да, мекірене шапты. Ол суатқа айдаған көп аттың соңынан тұра шапты. Мүшелік жер ағызып келіп тағы да бақылдады... Сонан соң тағы да мекіреніп алып, енді дүңкілдете келіп дауылпаз қақты. Кешкі іңір әлемінде қойнауды не жын, не шайтан жайлап кеткендей болды. Қаладан бір шақырымдай жерге шығып кеткен ойында түк жоқ казак-орыстар құты қашарлың текенің бақылы, дауылпаздың сатыры, ысқырық пен әлдебір жер бүйірін түсірерлік әлем-тапырық дыбыс мидай араласып ығы-жығы болды да кетті. Мұндай жайды бұрын көру түгіл құлағы естімеген казак-орыстар мен ноқта-жүгенін басына түріп айдаған әскер аттары дүр етіп жоңки түсті. Тап осыны күткендей «не болып қалды?» деп елеңдеген атшыларға Аманқұл енді тура шапты.
— Иисус Христос! — деді бірі, соңында жын секіріп, ақ шашы шұбатылып жанынан оте шыққан жанды елесті көргенде.
Жолдан жалт берген казак-орыстың аты қарғып-қарғып кетті — әлдененің түбі түсіп кеткендей жанды елестің өн бойы тағы да сатыр-сұтыр, күтір-күтір еткендей болды.
Ат та, адам да енді дүркіреген шабысқа салды, ала көлеңде не болғанын айыра алмады. Шұбатылған аң шашты албастымен қатар, онан да үрейлі қара албасты пайда болды, бір өкіріп, бір ішін тартып, жапырып сүзіп бара жатқан зәулім қара бұқа сипаттас-албасты еді. Бұл, ақ тонды, ақ сәлделі, ақ тұлыпты Аманқұлға қарама-қарсы өкірген «қара тонды құбыжық» белгілі Жапалаң болатын.
Қаладан шетке қарай жөңкіген аттарға енді Мәмбет пен Ерғали және басқалары араласып кетті. Бұлар белең алған аттарды иесімен қоса қуып, ес жиюға мұрша бермей, оларды ұрып жырып кетуге кірісті. Бұл ниет оп-оңай орындалды: жолын кесе шауып қуып жетті де, бір атшыны Мәмбет соққымен ұрып аттан түсірді, енді бірінің қамалап жүріп басқалары мойнына тұзақ салды. Бірақ көп аттың алдындағы үш кісінің екеуі бір бүйір шауып жеткізбей кетті де, енді бірінің қайда жоғалғанын бұлар білмей қалды. Тек әлден уақытта, бұл алпыстан астам атты өздері келген Жаманөткелге жеткізгенде қала жақтан мылтық атылып, у- шу болған берекесіз дыбыс шықты. Бірақ қуғыншы болмады.
Таң ата Әйтиевтің қаптаған қара-құрым аттылы әскері Аққалаға төніп келгенде кешегі жүздік жатқан бұл шағын қала жым-жылас еді.
— Казаков не выдашь — спалю хату, — деп ақырын түсінен жан қорқарлық Мәмбетке, орта дәулетті шеткі мекен-жайдың шоқша сақал арықиесі:
Вси повтикалы. Нимае никого, — деп басын иіп, шапшаңдап бір шоқынып алды.
Жан жоғы рас екен. Түнде бірнеше арбаға тиеліп, арба жетпегені жаяу-жалпылап, атты казак-орыстар өкшесін көтергені анықталды. Әйтиевтің отряды Белан батальонына қосылып ақ казактарды бүйірден түйгіштей беруге бет түзеді.
Арқадан, батыстан және шығыс жағынан килігіп, Орал қаласын, келіге салып түйіп жатқандай, зеңбірекпен тоқпақтаған Қызыл гвардияға шылбыр тастауға асықты.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Қара жел ішін тартып тұр...
Кей кезде адамның өн бойын күннің құбылысы билеп кетеді. Нөсерлеп құйған қара жаңбыр бойды сергітпей, иықтан басып, жарқ еткен нажағай мен Шатыр ете қалған күн әлденеден еріксіз бұқтырады.
Нұрым іңірде сыртқа шыға келгенде жер тербеліп, аспан селкілдеп тұрғанға ұсады: арқадан соққан дүлей ызғырық шарбақ қораны сындырып бара жатыр; қамыс шеген басы шулап, мая төбесі желп-желп етеді; үй жапсары түріліп, мұржадан жоғары ысқырған жел бебеу қаққан бақсыдай. Уілдеген ызғыры, сықырлаған шарбақ, қап-қара түн, панасыз дала, бұйыққан ауыл — бәрі қосылып көңілге қайғы құйып жібергендей болды. Әлденеден елегізіп, әлденеге жүрегі түйткілденіп, арқасы шымырлап қоя берді де, Нұрым шарбақ қораның ығына отыра кетті. Тұла бойын қалтыратып өткен бір суық леп отырған соң бәсең тартты. Бірақ тап сол мезетте жел тына қалып, жаңағы айнала ысқырған уілді дыбыс жоқ болды. Енді әлдебір көзге көрінбейтін дәу жан таңданып ішін тартып-тартып қалған сияқтанды. Нұрым шарбаққа құлағын тосты, пішен түбіндегі биік шегеннің ішінде тұрған аттарға мойнын созды. Шарбақ қорадағы ұйысып жатқан қалың қойдан жабағының жылы лебі есті, ұсақ күйістің қытыры құлаққа шалынды. Басқа дыбыс жым-жылас. Әлде ат па ішін тартқан?
Жел қайта уілдеп, әлгіден де күшті сарнап кетті. Шарбақ қора бұрынғыдан да төмен бұға түсті, қабырғалары сытырлап сынып кетердей, жермен-жексен болардай, іштегі қалың қой дүр етіп ақтарыла жел етіне шыдамай, әлдеқайда ығып кетердей...
«Апырмай! Ұйтқып бара жатыр. Бұл не деген қаһарлы түн!»
— Күн жағымсыз. Өте жағымсыз, — деді ол үйге кіріп.
Оның арқасы құрыстаған сияқтанып қабағы тырыса бастады; он бойы қайта шымырлап қоя берді. Әлденеден шошынған жүрегі аттай тулады.
— Жыршы, неге құрыстап тұрсың, арқаңнан суық ұстаған жоқ па? — деді Орақов.
— Күн өте жағымсыз, — деді тағы да Нұрым. — Бейне бір әлем сарнап, әлденеге ішін тартып тұрғандай болады.
Ұдайы ат үстінде, қара суықта ұзақ жол жүрген адамдар кешеден бері жылы үйде тыныс ала бастап еді. Бүгін жайланыса түскен — көбі өз төрінде жатқандай, семіз ет, ыстық сорпадан кейін керіле есінеп ауыз басу жиіленген.
Әзіл-қалжыңды әңгіме сейілгеннен кейін шынтақтап қисайып, кейі мызғып кетіп отыр.
— Нұрым, мына жұртты өлеңмен серпілтіп тастамайсың ба? Қас қараймай ұйқы баса бастады, — деді Орақов. Ол Нұрымның арқасы құрыстап, көңіл қошы келмей тұрғанын сейілтпек болды. Бірақ Нұрымның аузына батыр ақынның:
Баданамды баса бөктеріп,
Қасыма жаттан жолдас ертіп.
Күн-түн қатып жүргенім:
Ана Нарында жатқан
Жас баланың қамы үшін... —
деген өлеңі түсіп еді, оны айтуға селқос көңілі тартпады.
— Жігіттер көз шырын алуды көздеп отыр ғой. Менің де өлеңге аса зауқым жоқ. Оның үстіне ана жақтағы әйел балалар мен жас сәби әлдеқашан жастыққа басын салып жайланысып қалды білем, — деді.
Орақов оны қыстамады. «Ұйықтаса ұйықтасыншы жігіттер» деген ой келді оған. Бәрінің де бүгін кешеден бергі елеуреген ұшпа көңілі жай тапқандай — «Ойылдағы офицерлер бір жетісіз келмейді. Оған дейін Мәмбет те оралады» деген ойға берік иек сүйеп еді.
Қазан жақта да қамсыз әңгіме бар-ды. Кешеден беpi бойы үйренген кішкене Зәуреш Мүкараманың ойын құмарлығын көргеннен кейін иығына шығып алған. Шешесі:
— Зәуреш, апа шаршады, болды енді. Жат, төсегіңді салып берейін, — деп зорлап жатқызғаннан кейін де, ол ойнап жатты.
— Тағы-тағы, — деді сәби, қыздың «коза рогатая» деп ойнатқан саусақтарынан көзін алмай.
— Идет коза рогатая... идет...
Мүкараманың нәп-нәзік ақ саусақтары лақша жорғалап, өзіне жақындағанда бала бетін бүркей салып, көрпе астында сықылықтады.
— Тагы!.. Тағы!..
— Қой, Зәуреш, жетті.
— Идет коза рогатая...
— Хи-хи-хи...
— Қой, Зәуреш, жетті.
Қыз басын шайқап шешесінің дегеніне көнбейтінін, қойғысы келмейтінін білдірді.
— Зәуреш оған көне қоймас. Апамен ойнайды. Солай ма, Зәуреш?
— Тағы...
— Зәуреш, сен нешедесің?
Қыз оң қолын көтеріп бес саусағын жазды да, сонан кейін сол қолымен екі бармағын басып жұмып, үшеуін көрсетті.
— Үш жастамын де. Ой ақылды Зәуретай.
Бала «ақылдымын» дегендей басын изейді.
— Сен ақылдысың, Зәуреш. Сен доктор боласың. Доктор боласың ба?
Бала оған да басын изейді.
— Болады. Үлкен доктор болады. Жаралы адамды кесіп емдейтін доктор болады.
Айша шошып кетті.
— Астағыпыралла. Кесіп емдейтін дейсіз бе?
Мүкарама жалма-жан түсіндіре бастады.
— Айша, ауру түрлі-түрлі. Біріне дәрі беріп емдейді, ауруханаға енді бірін алып емдейді. Адамның аяғы шығып кетсе, жә қолы шығып кетсе. Ал, жараны жарып, іріңін тазартып емдейді. Кесіп емдейді деп осындайды айтамыз.
— Қорықпай қалай кеседі? — деп қалды әйел.
Мүкарама оны да түсіндірді — оқып, үйреніп, дәрігерлікке жетілетінін айтты.
— Мен сізді тілмаш болып жүрген кісі екен деп едім. Бәсе, лөктыр екенсіз ғой.
— Жоқ, мен доктор емеспін, — деп жөндеді Мукарама, — доктор болып шығу үшін көп оқу керек. Біз тек докторларға көмекші болып аурудың жарасын байлаймыз, доктор айтқан дәрісін ішкіземіз...
— Сіз неге көп оқымадыңыз? — деп сұрады Айша.
— Мына соғыс кесір болды. Соғыс біткен соң Петербургке, болмаса Саратовқа барып оқимын.
Айша да бүгін қызы сияқты бой үйретіп алып еді. Ол қызын шайқап қойып, қызық әңгімеге құмарта түсті. Зәуреш қалғи бастады. «Жас қыз... Жас та емес. Күйеуі болмас. Қыз шығар» деп ойлады әйел. Аздан кейін ол Мүкарамаға қарап қойып:
— Ұят та болса сізден сұрайын... — деп көзін төмен түсірді.
— Не нәрсе? Сұраңыз. Неге ұят болсын.
— Сіз жассыз ғой. Менен кіші шығарсыз.
— А, сіз нешедесіз?
— Мен биыл жиырма бірге шығамын.
Мүкарама аң-таң қалды.
— Сіз Зәурешті он сегізіңізде тудыңыз ба?.. Кешіріңіз, таптыңыз ба?
— Иә.
Мүкарама басын шайқады. Ол Айшаны «жасынан бала көтерген екен» деп таңданды.
— Сіздің күйеуіңіз жоқ па? — деп сұрады Айша.
Бірақ өзі тағы да ұялып, көзін төмен түсірді.
Әйелдің сырласуға құмартқанын көріп, қыз ашық жауап бермеуді лайық көрмеді. Және оның үстіне іштегі сырын мына сияқты мөлдіреген қазақтың жае келіншегіне ақтару айып емес сияқтанды. Тіпті сол сәт Айша сенімді замандас, жақсы дос тәрізденді. «Хакім сияқты білімді, көрікті, өзгеден анағұрлым артың тұрған, жан-тәнімен жаратқан жанды жасыру қажет пе? Сол үшін емес пе, осы ерлік жолда әскермен бірге түн қатып, қауіпті сапарда саз кешіп келе жатқаны?»
— Бар, — деп Мүкарама терезеге қарады.
Тас қараңғы түнде томсара мүлгіп тұрған күзгі далада мына кішкене үйдің кәрінің көзіндей күңгірт тартқан қималы әйнегінен әрі не барын көрсетпеді. Бірақ қыздың ойымен бейнелеген өзіне таныс айқын бейнесі көз алдына келіп тұра қалғандай болды. Ол өзінің соңғы кезде түсінен шықпай қойған Хакіміне қолын созғандай бір қимыл жасап, терезеге телміре түсті. Алыстан... анау Жайықтың бергі беттегі ойлы-қырлы жағасынан қалың әскер қаптағандай көрінді; мына келе жатқан қара қоңыр жігіттерден анағұрлым көп, анағұрлым келбетті. Ат үстінде ойнаған, жалаң қылышты жарқылдата шауып, желмен жарысып жүйткіген ерекше әскер: алдындағы ақ тонды командир, ақ боз атының үстінде үзеңгіге шіреніп дүрбісімен алқапты шолып келе жатыр. Кейінірек нөкерлер тобы көрінеді. Ақ боз атты жарқ еткізіп қылыш сермегендей болады, жер дүние зуылдаған қылыштың, желмен жарысқан аттың дыбысына толып кеткендей уілдейді...
— Сыртта жел күшейіп кетті, — деді Айша, терезеге телміре қалған Мүкараманы тағы да сөзге. шақырғысы келіп. — Оқыған жігіт шығар. Ол да әлгі лөктыр оқуын оқып шыққан жігіт пе?
Мүкарама жалт бұрылып Айшаға қарап қалды.
— Жоқ, доктор емес. Мүмкін кейін доктор да болар.
Мәскеуге оқуға бармақшы соғыс біткен соң. Мен де... екеуміз де оқимыз. Білесіз бе қандай жігіт екенін?
Айша күліп, басын шайқады.
Қазақ жігіті. Бір жерде оқыдық, бір жерде жүрдік. Биыл ғана екі айырылып кеттік... казак-орыстардың кесірінен. Ана жақта ағасы бар, жыршы. Біздің бәріміз де сол Хакімдер тұрған жерге барамыз. Олар да осындай әскер. Әскер болғанда нағыз әскер. Қалың әскер. Мәскеуден бері қаптап келе жатқан гвардия. Кешікпей көрісеміз. Біз соған қарсылап шықтық...
— Сағынған екенсіз ғой күйеу баланы. Балаларыңыз жоқ қой?
Енді Мүкарама қызарып кетті.
— Жоқ, жоқ, мен әлі жаспын. Ол да жас. 18-де. Қосылғанымыз жоқ... Уәделескен жар... Сізден кішімін,
Төрт жасы кішімін, — деді қыз сасып.
Қыздың ұялып қалғанына әйел езу тартты да, тағы да басындағы күдігін қайталап айтып, соған бір орнықты жауап күткендей болды.
— Біз де көп деп естідік. Бірақ адамдарды атып, мал-мүлікті талап кетеді дегені қорқытады. Әлгі большевиктерді айтамын. Сіздің айттырған күйеуіңіз солардың ішінде екен ғой.
— Айша, айттырған күйеу емес, біз өзіміз уәделестік. Бірімізді біріміз сүйдік, сонсоң мәңгі бірге боламыз дедік.
— Айттырмай күйеуге шығуға бола ма? — деді Айша таңданып.
— Қыз тек сүйгенін жар етеді.
— Оқыған адамдар ғой ол, — деді Айша, әлде өкінішті, әлде ерсі көрерлік бір болбыр үнмен.
Сонсоң Мүкарама Хакімнің жолдастарын да, мына қазақ жігіттерінің талапты сапарын да ақтай сөйледі. Айшаның «жұртты қырып кетеді» дегеніне дәлелді, түсінікті жауап беруге тырысты.
— Жалған сөз, Айша. Олар да мына сіз бен біз сияқты қазақтың, ноғайдың, башқұрттың еркіндік сүйген ер жігіттері. Орыстары да солай. Олар казак-орыстар сияқты емес, «қырып кетеді» деп бекер айтады, сырттан жамандайды. Мына жігіттер, ана жақта отырғандар қандай болса, келе жатқандар да сондай.
Әйел үндемеді, ол енді тесек жабдығымен болып кетті. Мүкарама кішкене сәбиді төсекке жатқызып, қолымен қозғап қойып ұйықтауға кірісті. Шешесінің қолын бөгемей:
— Зәуреш, ұйықта, ұйықта, — деді ол көрпесінің сыртынан ептеп қана тербете қозғап. — Бөпе, ұйықта.- Өскен соң үлкен-үлкен доктор боласың. Мамаң доктор болғаныңды жаратады, есіттің бе?
Әйел Мүкараманың балажан екеніне қайран қалып, ішінен: «бишара күйеуіне жеткенше асығыс екен... өз баласындай көріп, жатырқамай ойнатып, ерінбей тербетеді. Мұсылман қызы ғой, ноғай болса да...» деп қойды. Аздан кейін Зәурештің төсегіне басын салып, шешінбестен Мүкарама да ұйықтап кетті.
Айша оның жастығын қызының төсегіне жалғастыра салды да, өзі қонақтар жатқанша ұйықтамады. Зәурештің қасында мөлдіреп жатқан сұлу Мүкарамаға қарап отырып, әлдебір тәтті ойларға батқандай болды. «Кішкене қызым тап осындай лөктыр болса» деп армандады ма, кім білсін?!.
2
Ал, алдыңғы күні:
— Екі күн өтіп үшінші күні таң алды! Белгі сол бағанағы айтқан: өрт! Алдымен командир жатқан пәтердің үні өшірілуге тиіс! Қапы қалып, сан соғу болмасын, Абылаев мырза!
Дақпа-дақтап тәртіп беріп үйренген әскер старшинасының бұл сөзі де аузынан бұйрық есебінде шықты; тапсырма емес, бір өзі ғана ойлап шығарған жұмбақ жүріске сай сыры ішіне түйілген келте жарлық.
— Өрт жалынына бірінші тамыздық сол үй болады, мырза. Бұған қам жемеңіз, жаңа көрген жауым емес, — деп, Абылаев атына мініп алған Әзмұратовқа құлақ қақты.
Бұл Сәлмен мен Жанғожаны атып тастағаннан кейінгі Жанша мен Арон төренің ең сенімді екі офицерінің уәде-байламы еді.
Әзмұратов атына қамшы басып жөней берген. Бірақ «бір жұмада Ойылдағы юнкерлерді тап осы жерге жеткіземін. Табысар төбе осы «Ащысай» деп Мәмбетке айтқанындай, юнкерлер Ойылда емес, онан алпыс шақырым бері Қаратөбеде қалғаны мәлім. Қаратөбе екі күнде айналып соғарлық — Ащысайдан небәрі елу шақырым-ақ жер. Бейғам жасақшыларға Абылаев ұйықтап жатқан жерде бас салып бастықтарын қырмақшы да, ал үшінші күні түнде жетіп үлгерген Әзмұратов қалғандарын қарт ұмсатпай таң алдында жайпап салу әрекетін жобалаған. Мұны тек Абылаев қана біледі, Абылаев қана орындай алады. Бұған Әзмұратовтың көзі толық жеткен.
Серттескен үшінші түн де келіп жетті. Дайын жатқан жас офицерлерді Қаратөбеден алып шығып, жолда бір аялдатып ол Ащысайға да төнді. Түн жамылып шұбырып келген ордалы қасқырдай, айлакер офицер саңар тауығы бірінші рет шақырғанда нақ уәделі жерге ат маңдайын тіреді. Шеткі елу офицер орналасқан үйлерге екі шақырымдай қалғанда өрттің бұрқ етуін күтіп, иіріліп тұрып қалды. Аттың дүбірі, қару-жарақтың сыбдыры, адамның күбірі құлаққа шалынарлық жер болса да, қарауыл жасақшы тап сол күні елең ете алмады, бұған қара түннің қара суық желі көлденең тұрды — аяғын аңдып басқан жау ық жақтан келді; және өзектің екінші сағасынан алыс, кәдімгі Әзмұратовтың өзі орналасқан пәтерге таяу жерде бөгелген болатын.
Бұл кезде елу юнкер де түнгі шабуыл қамымен жатақ іздеген жыландай жорғалап жатты. Олар бір үйден бір үйге бұғып келіп, бірі ат арасына, бірі пішен ішіне еңбектеді; кейбірі сенекпен кірер есіктің жолын тіміскіледі, тіпті терезе түбіне төніп үйдің ішіне көз жібергендер де болды. Өйткені Әзмұратовтың жобасы бойынша әр үйге екі адамнан бөлініп аңсызда кіріп келіп бас салуға тиіс еді. Бұларға қарсыласқанын атып, бағынғанын тұтқынға алу әрекеті міндеттелген. Бірақ бұл жобаны Абылаев өзгертіп жіберді. Ол іңірде юнкерлерге «жатқан жерде жайрата бересіңдер» деп жарлық берген. Оның ойынша бұл бұзылған жандарды қолға түсіріп әлек болудың керегі жоқ, құртып жіберу жөн деп шешкен.
Өз қасына бір офицер ертіп Абылаев жұрт тегіс үйқыға кірді-ау деген шақта басшылар жатқан ең шеткі үйге еңбектеп жетті. Алдыңғы күні таңертең тың тыңдап, шарбақ түбінде сөйлесіп тұрған Сәлмен мен Нұрымның әңгімесін естігеннен кейін бұл үйді ол көз жүмып табарлықтай болған, күндіз алыстан бақылап, кешке жақыннан көріп қора-қопсысы мол дәулетті үйдің маялап үйген пішенін, пішенге жалғастыра салған үлкен шарбақ ауласын, қыстаудың бір бұрышына тірелген биік шегенін көзбен өлшеп-пішкен-ді. Енді қазір сол пішен мен қыстаудың батыс бетін ала бір жағы пана, бір жағы қора етіліп тартылған шарбақ ауланың іргесімен жағалап келіп, оның аузын ашып ішіне паналады. Ұрыша бұққан екеуді көріп төбесі ашық кең ауланың ішіне қамаған қалың қой дүр етіп екінші бұрышына лықсыды, пысқырынып, үрпиісіп кейбір еркек қойлар жер тарпып едірейе түсті де, бірте-бірте көзі үйреніп, адам екенін көрген соң тыныштала бастады. Қоймен бірге Абылаев та ентіккен тынысын бәсеңдетті. Жан-жағына көз жіберіп, төңіректе қыбыр жоғын байқағаннан кейін өшіккен офицер үйде жатқан қас жауының пішінін көз алдына келтіре бастады. Оның бірі оған: әскер тәртібін бұзып, басқаға бұзықтық үлгі көрсеткен жалпақ бетті, балуан денелі Жолмұқан, енді бірі — қолын сермесе құлаш жерден шаларлың ұзын қара қаскүнем Жұнысов болып көрінді. Ал, үшінші дұшпан — бар жасақшыға басшы бола кеткен опасыз жүз басы Орақов еді. Осы үшеуінің осы үйде екеніне Абылаев күмән келтірген жоқ. «Енді бірер сағаттың ішінде күлің көкке ұшады, сендей сұрқия зұлымның. Қылығың бастан асты, діннен безген кәпірлер» деп кіжінді Абылаев әрқайсысының түр-түсін оймен ап-айқын бейнелеп. Оның әлде ызғырған қара суықтан, әлде өңменінен өткен өшпенділіктің ызасынан тісі-тісіне тимей сақылдап кетті. Қолындағы гранаттың шығыршығын тауып, қолтығын жазып, құлашын созып лақтыруға алдын ала әзірлік жасады. Сөйтті де қасындағы жас офицерге:
— Әлгі сендердің аузы-басы көгерген старшиналарың келіп жете ме айтқан сағатында, әлде той өткен соң даңғара, ап-сап болған жаудың орнын сипаумен абырой ала ма?! Келсе де келмесе де әзірлен, керосинді пішеннің бұрышына шаш та, аздан соң от қой! — деді.
Сөйтті де ол, бірден-екі дірілі молайған денесін жылытып, жауырынын қайшылап-қайшылап қойды; қайта-қайта орнынан оқыс көтеріліп, кілт отыра қалып, қайтадан ұша тұра келіп бір кез бойын да қыздырып алды. Сонан кейін саусақтарын жұмып-жазып, жұмып-жазып, жаны кетуге айналған биялайсыз қолын да жылыта бастады. — Бармақтың ебі қайта оралды. Дене жылынып, қол қозғалып, көп күткен сағат та жақындап, офицердің көңілі бір жай тапқандай сәл уақыт отырып, жерге қойған гранатты тағы ұстады, шығыршығын сұқ саусағымен іле тартып, қалай шығарып алғанын ол сезбей қалды. Шырт еткен дыбыс құлаққа шалынып кетті. Офицер орнынан ыршып түсті.
Сан ажал сыйып тұрған бұл үлкендігі құнан қойдың ортан жілігіндей болат қауашақ енді жарылып кетпек. Алдымен оны ұстап тұрған Абылаевтың өзі кұл боп көкке ұшпақ. Ол жанталасып қолын кері серпуге де, болмаса оқталып отырған үйдің терезесіне лақтыруға да білмей кірпік қағып қана үлгерерлік бір сәт қозғалмай қатып қалды. Егер қолындағы гранатты кері қарай лақтырса ашық ауланың ішіне барып гүрс етпек. Өйткені оқы мен солы биік шарбақпен қоршаған үлкен қора — қора іші толы қой. Гранат жарылған шақта даусынан бүтін ұйқыда жатқан халық дүрілге тысқа жүгірмек қой. Онда... Абылаевтың арғы жағын ойлауға дәті шыдамады. Онда бар операция босқа кетіп, келген ізімен кері қайту ғана қалмақ! Тіпті елу офицерді жанынан безген бүлікшілер жаншып, таптап жоқ етуі де ғажап емес. Алдымен Абылаевты бас салып құрбандыққа шалуы даусыз... Абылаев қолындағы гранатты жасақшылардың бас штабы жатқан үйдің терезесіне лақтырды. Ол туралап-ақ лақтырды, алайда оның қолы еркіне көнбей, дәлдеген мұржаға соқпай, гранат оңға ауытқып кеткен сияқты болды. Ол енді екіншісін дәлірек лақтыруға әзірленді...
3
Сыртта не барын үйдегі жан сезе ме! Өзара жай әңгімелесіп отырып, кезек-кезек ауылды торлап қайтпақшы болған Жоламанов пен Орақов жәнө Нұрым Жұнысов ояу еді. Әсіресе әлгіде сырттан келген Нұрымның көңілі қаяу жандай тұнжырап отырған. Шала шешініп, шинелін жастық ете қисайған өзінің кәдімгі ала биелі жасақшысы босаға түбінде қор ете түсті де, Нұрым соған мойнын бұрып қарай қалды. Кәдімгі Жолмұқан жуытпай өзіне он бірінші жасақшы етіп алған сарысы. «Бишара» деді Нұрым ішінен. Сонсоң көз адына Жолмұқан көлденеңдеді. Жалпақ, балуан Жолмұқан. «Сен ұзын қара» деп сөйлейтін Жолмұқан! Бір беткей өскен жанға бой бермейтін Жолмұқан!.. Қазір Жымпитыда жайқап жүрген шығар...
— Мен шығып келейін, — деді Жоламанов, оның ойын бөліп.
Жүз басы есіктен шыға берді...
Бір нәрсе күрс етті де, курс еткен дауыспен бірге үйдің төбесі түндікше желп еткендей болды, Мезет қазан жақтың жарымен қосыла ортадағы ұзын пеш бейне бір жүгімен ауған арбадай қисая кетті. Тысқа шығып бара жатқан Жоламанов әлдененің екпінімен ашылып кеткен есіктен әрі тоңқалаң асып барып сенекке жығылды да, қос қолдап жер тіреді. Ал, төрдегі терезеге таяу жерде ойы бөлініп кеткен Нұрым бөкселеп, бар жақтауы сытырлап, сынып, қайшы ауыздана қалған терезеге соғылды. Оның еш ңәрсені көріп-біліп, амал-айла жасауға шамасы келген жоқ, тек бетіне сабалаған жалынды желдің лебінен басын аулақтатқандай ұзын денесімен соғып үңірейткен тесікті қолымен омырып-омырып жіберді. Әлде әйнек, әлде қаңылтыр, жалаңаш қолды тіліп кетті. Бірақ кесілген жердің ашығанын, соқтығып кеткен әлденеден дененің ұйып қалғанын ол қапелімде сезбеді, жан-дәрмен күн сыртқа кеңге қарай ұмтыла берді. Сүйретіле, қысыла, әлдебір тастай нәрселерді соғыстыра барып, бір мезет жанын шығара жаншып, езіп жатқан ауыр үйме-жүймелерден денесінің толық босанғанын сезіп «уһ» деп етпетінен жатып қалды. «Бұл не? Жер сілкінді ме? Зелзала қаптады ма? Аспан жерге түсті ме?..» Ол ап- тыққан жүрегінің тізбектеген сұрауына жауап беріп үлгірмей, кейінгі жақтан:
— Бұ не? Бұ не болды? — деген тұншыға шыққан дыбысты құлағы шалды.
Жалма-жан иығын серпи түсіп, кері бұрылып, өзі шыққан терезе үңгірінен көрінген Орақовтың қолына қолын жалғады. Сүйрей тартып, омырылған жақтауды қоса, іштен сыртқа қарай шағын денелі серігін құдыққа құлаған серкедей етіп суыра берді. Екінші рет гүрс еткен дауыс үйді енді түндігімен қоса көтерген дауылдай етіп екінші жаққа біржола жықты. Омырылған, сынған теректің, кілеттің, жақтаудың, опырылған жардың, төбенің сатыр-сұтыр, күтір-күтір ете қалған адам шошырлық апатты дыбысына қосыла әлдекімнің ыңырсығаны; жаншылып, езіліп тұншыққан үні, демінің булыққан қырылы, желдің азынаған сарыны — бәрі қосылып кетті.
Кейінде үй құлап, жаншылған жандардың үстінде қопырата тастаған үлкен бір үйіндіге айналып қалса, далада шарбақ ауланы солқылдата жапырып дүрліге үріккен қалың қойдың олай да бұлай жөңкіген дүрілі, мая пішеннің ығындағы аттардың шұрқырай кісінегені, ауланың шегендерін жұлқылап екі иығын жұлып жеп желпілдете азынаған алай-түлей желдің сарыны әлдеқайда тарс-тұрс атылған мылтық дауысының құлаққа тұнып келген дүңкілі, әлде команда, әлде айқайдың күмбірі ес жиғызбай түнгі ақыр заманның азапты, үрейлі, қырғынды жаһаннаміне айналып кетті...
Бір кез бүрк, еткен жалын жер дүниені тегіс жалап кеткендей болды, жалп етіп жерге шөгіп қалды. Ізінше қара түтін екі қолымен жер тіреп отырған Нұрымның көмейі мен көзіне сабалап өтіп, демін тарылтып жібергендей, етпеттетіп басын жерге тіреді.
— Қайдасыңдар? Тірімісіңдер? Тірімісіңдер? Кім бар? — деп аптыға жүгіріп, әлдеқайда қол созып, құлаган үйді қарманып жүрген адамның дыбысы шықты.
— Мындамыз. Мындамыз, — деді Нұрым Жоламановтың даусына зорға үн қатып.
— Тірімісің? Жау қапыда соқты...
Орақовтың сөзін мылтықтың екі адым жерден шыққан гүрсілі жалмап жұтып жібергендей болды. Нұрымның құлағына:
— Аһ!.. — деген дауыс шалынып қалды.
Ол қарғып барып жұдырықпен мылтық иесін жапалақтай түсірді. Өзі құлаған адамның үстіне барып шөге қалды да, жерге бір-екі рет жаншып-жаншып, қолындағы мылтығын жұлып алып кері қарай ұмтылды. Шөгіп қалған Орақов оған әлдекімді көрсетіп:
— Ана жақта офицер кезеніп тұр. Нұрым... — деді.
Мылтық тарс ете түсті, бірақ Нұрым құламады. Ешкімге соқпай оқ әлдеқайда зулап асып кеткендей, күңгірт жаңғырығып, желмен бірге гуіл-ызыңға айналып кетті.
Оқ атқан адамды екінші қайтып кезеніп көзге алып, қайтадан мылтық шүріппесін тартып үлгергенше арыстанша қарғып Нұрым шекеден жұдырықпен сарт еткізді. Құлатқан жаудың тұмсығын жерге тыға тоңқайып қалғанын, оның оң жағындағы екінші біреудің кезене салып атып қалғанын, қайтадан оқтайлана түскенін анық көріп қалып еді. Бұл екінші адам да ілкі серігінше омақатып кетті. Бірақ оны Нұрым бой жаздырмай қолынан ұшып кеткен винтовкасын ала сала құндағымен соқты да мылтық иесі тоңқалаң асты. Сол екі арада Нұрым ілкі құлатқан адам ес жиып қалғандай, орнынан екі қолымен жер тірей түрегеле берді. Оны да мылтықтың құндағымен соққан Нұрым, енді бас көтерместей етті, солдат сылқ құлап түсті де, Жерде керіліп қалды.
Бұл кезде алысып, жұлысып, атылған мылтықтың үнін өшіріп жатқан серіктерінің қай шамада екенін анықтап Жоламанов демін зорға алған Нұрымның қасына жетті. Ол да демін зорға алып:
— Ойпырмай, аманбысыңдар? Үйде кім қалды? — деді.
— Білмеймін қанша адам шыққанын. Орақов шығып еді менің ізімше терезеден... Әне жатыр. Жаралы...
— Үйдегілерді шығарайық.
Жауап орнына Нұрым терезеге қарай ұмтылып, қараңғыда қармалап жүріп, өзінің шыққан терезе шамасын сипалап еді, жым-жылас жатқан үйіндіден, асты-үстіне қопарылған жар мен төбеден, бықсыған түтіннен өзге нәрсе таппады. Ол есік жаққа қарай жүгірді.
— Есік жақ опырылып қалды, мен қалай шығып қалғанымды білмеймін, ізімше бүтін үйдің бәрі солай қарай гүрс етті, — деді Жоламанов.
Сонда да екеуі үйдің астында қалған жандарды шығару ниетімен жанталасты; не істеп, не қоярын анық білмей айнала жүгіріп, қараңғы о жер, бұ жерге сүріне құлап, қарманып жүріп есіктің шамасын қуыстап, бірте-бірте әлде не бір қопыраған заттардан есікті аршығандай болды. Бірақ үйде қалған жандардың өлі-тірісін, қай жерде жатқанын біліп болмады. Әрі қараңғы, әрі алай-түлей дауылдатқан түн адамның да, малдың да есін тандырып жібергендей болды.
Уақыт өтіп жатты. Бірақ қанша уақыт өткенін, не болғанын әбден айырып жетпеген екі адам, бір кез құлаған үйді тінту ниетін тастай беріп, жаралы Орақов пен соққыға жығылған екі адамның қасына келіп үңілді. Етпеттеп құлап жатқан адамды Нұрым жұлқып тартып, жүзін жоғары аударды. Оның шинелінің иығындағы офицер погонына қолы тиді.
— Офицер, — деді ол. Әлденеден жиренген адамша кері тартып алып.
— Офицер екені өзінен өзі белгілі... Қанішер офицер болмаса, түн жамылып келіп, жатқан адамға бас сала ма?
Бұлардың сөзіне жауап бергендей, аударып тастаған офицер ыңырси қалды.
— Тірі жатыр мына ит...
Жаралы офицер ыңырсып, басын көтергендей болды да Нұрымға қарап:
— Абылаев! Қайдасың? — деді сөзін буындап, ақырын ғана.
Нұрым оны анық есітті. «Бұл қайдан келіп қалды?» деді ол денесі жиырылып, тұла бойы мұздап кеткенге ұсады. «Әлгі басқа соққаным сол...» Нұрым жаңағы мылтықтың құндағымен ұрып жықтым деген адамды іздеді. Абылаев қараңғыда басына төнген мылтық құндағынан аман қалып еді, ол жалт бұрылып ілгері ұмтыла түскенде Нұрымның соққысы бөксесіне тиген. Абылаев жер сүзіп қалды да, бірақ дене қызуымен ол еңбектеп шегеннің бұрышына жетті. Баспаналап отырып есін жиды. Ұйыған жамбасының бірден-бірге жаны кіре бастады. Ол бұғып отырып енді қараңғыда аласұрып жүрген жауын көзбен іздеді. — Ұзын Нұрымның елу қадамдай жерде еңкейіп жер сипап, қайта бойын жазған биік бейнесін наған ұшына алды...
Бұл кезде Жоламанов қасындағы екінші үйдегі жігіттерді хабарлауға жүгіріп еді — ол үйдің ішінде де мылтық атылып у-шу болып кетті.
— Нұрым! Қайдасың, Нұрым? — деді жүгіріп келген Жоламанов.
— Мындамын. Орақовты...
Нұрымның дыбысын қатарынан шыққан наған дауысы алыстатып жіберді...
— Аһ! — деген үнді ғана естіп қалды Жоламанов. Енді қайтып ол Нұрымның да, Орақовтың да не болғанын анықтай алмады: қатар-қатар атылып жатқан мылтықтың гүрсілі, әлдекімнің айқайы, жылаған баланың, ойбайлаған әйелдің жан түршігер шарылы, алыстағы аттың шұрқырағаны мен жақындағы байлаулы аттардың арбаны төңкеріп, осқырып тас-талқан болған әлегіне араласып кетті. Бір жақтан шарбақтағы қой дүрліге қалды, өзен басындағы үйден өрт шықты. Адам бабын тапқысыз әлекті қырғын басталды. Бұл Ащысай басындағы түнде төсекте жатқан бейғам жасақшыларды Әзмұратов пен Абылаевтың тегісінен жым-жылас еткен қанды қырғыны болатын. Олар сол күні өш алып еді.
Қолы қара қорқақ келеді. Ойыл офицерлері жиырма шақырым жердегі Мәмбет жүздігіне бармады. Оның аржағында Әйтиевтің полкы жатыр деп сескенді. Тек Ащысай басын адам жаны түршігерлік қан қылды да тынды. Түнде Абылаев басқарған елу офицер екі жүз жасақшыны төсекте жатқан жерде қырды — үйді-үйге кіріп келген бойы оқ атты. Қашқанын қылышпен қырықты.
Таң біліне келіп ат қойған Әзмұратов отряды түнде пішенге, қораға, мал арасына тығылған жасақшыларды тұтқындаумен болды да, тек қару жұмсап қашып құтылмақ болған Жоламановтың жеті жігітін қылышпен туратты; жүз басын тірі қалдырды. Сөйтті де ат пен құралды, тамақ пен басқа жабдықты есептеп обозға артты да, бөгелместен кері жүрді, тірісін Ойылға айдап кетті.
Әйел үн салып, бала еңіреп, еркек күйзеліп, кәрі күрсінген ауылға жігіттерімен Батырбек жетіп еді. Оның бар бітіргені үйді өліктен тазартып, есі кеткен елді жұбатумен болды. Ал, Шыңғырлаудан суыт жүріспен жеткен Ораз бен Хакімді көргенде ол, ой бауырымдап еңіреп қоя берді.
Хакімнің тілі байланып қалды. Ол аппақ қудай болып кетті. Көзінен жас, аузынан үн шықпады. Ол тек ауылға шығарып көгендеген қозыдай қатар салған қанды өліктің ішінен адам іздеді... Ол тапты. Шеткі төбесі ортасына түсіп, қопарыла құлап қалған үлкен үйдің жанында Нұрым жатыр еді. Нұрымның қасында Орақов. Екеуінің де басы кесілген.
Хакім Нұрымның бассыз кеудесіне төніп, тізерлей, мойырыла отыра кетті. Біраз уақыт өтті... Оның ойына бір кез үрейлі нәрсе сап етті. «Мүкарама қайда? Жау қолында!.. Жау қолында!.. — дей берді ол іштей. — О, тәңірі! Неге өлмеді жауға олжа болғанша! Неге қанға көміліп жатпады ақ дене! Неге!.. Неге!..» — Бұл тілек пе, әлде ашынған бір ащы қасіреттің елесті үні ме? Оны Хакім білмеді. Тек: «Неге!.. Неге мына жерде жатпады! Неге жау қолында қор болды! Неге..! Неге!..» — дей берді. Ол бір сәт назарын Нұрымнан басқа жаққа аударғандай болды. Қасында қопарылған үйдің астынан бір топ ауыл адамы өлік шығарып жатыр екен. Хакім мағынасыз көзін сол жердегі үй астынан шыққан өлікке бұрды. Ол бірте-бірте орнынан тұра бастады. Әйел өлік... Жас әйел. Келіншекті екі адам көтеріп шетке шығарып салды. Тағы әйел... оны да көтеріп келіншектің қасына әкелді. Кәрі әйел. Бір кез... о, тәңірі... бір әйел... бір бала... қыз бала... әйел емес. Шашы төгілген... Аппақ... қағаздай аппақ жүз... Жаңағы қысқа тілек! Жаңағы тар тілек қабыл болғаны ма!.. Хакім ұмтылып келіп өліктің басын құшақтай алды. Өлік Мүкарама еді...
5
Ертеңгі шақ. Аяз. Жел жоқ. Барбастау мен Мына-мынай арасындағы кең аппақ. Қатаң жер қар жамылған. Тұңғыш жұқа қар... Қиыршық қар. Бұл ойпаң жер мен төмпешіктерді тегіс жауып, үюлі пішіндер мен әр жерде қолшатырдай төңкерілген некен-саяқ ағаштар да ақ кимешек бүркенген. Тіпті алыстағы қарауытып жататын Жайық бойының орманы да бүгін ақ жоталанып қалған. Айнала аппақ, айнала қыбырсыз. Бұл маңды бейне күздің батпақты, өңсіз қара қожалақ түрінен біржолата тазартып аққа орай салған. Көлденең құлаққа шалынар дыбыс та жоқ. Таң алдында алыстан күркіреген күндей, әрідегі зеңбірек дауысы қатарынан дүңк-дүңк ете қалып еді, қазір ол да естілмейді. Ілбішіннен арғы Жайық жарына құлап, құлақтан таса, жоғалып кеткендей.
Үнсіз, қыбырсыз ақаяқ даламен екі аттылы ғана жерді айғыздап сызып келеді. Ат тұяғы сүйрете басып өткен аң жолда қара шұбарланып жосыған із қалып жатыр. Екеудің алды Мынамынай, арты — Теректі.
Бұл сүйген жардан, тел өскен бауырдан, бірге оқыған жолдастан айырылып, аз күнде өңі өлік жандай қуқыл тартып кеткен Хакім мен оның жолдасы Ораз еді. Хакімнің тек өңі емес, іші де қуқыл, дене жансыз, кеуде бос қуыс, ой мұздай, көңіл суып қалған тәрізді. Ол үндемейді. Қарамайды. Сөзге тартып, ойын бөлуге тырысқан Оразға: «Бар», «жоқ» дегеннен өзге тіл қатпайды. Қалаға, Мынамынайға жақындағанда Ораз қалайда оның ойын бөлуге тырысты. Оған қаланың босар алдында кездескен ауыр жайды айтып жеке бастың қайғысын халық мұңына бұрғысы келді.
— Жиырма үшін дарға асқан күні қалада Андреев болыпты. Ол астыртын келіп жүрген жігіт қой. Пішен базарының үлкен алаңына жиырма бес дар ағашын орнатқан дейді. Бірақ, Дмитриев үкім орындалатын түні камерада у ішіп өлген...
Хакім селт ете түскендей болды да, көзін алмай келе жатқан Оразға бір жері шаншып кеткендей қабағын шытты.
— ...У ішіп өліпті. Жау қолында қорлықпен жан бергенше, жендетке мойнына тұзақ салдырғанша, өзіне өзі қол жұмсаған. Жетпей кетті сабаздар. Зұлымдар әдейі жеткізбеді ғой. Әйтпесе Қызыл гвардия «Қырық тұрбадан» кеше шығарып алар еді. Солай емес пе?
Хакім басын изеді. Ораз сөзін әрі жалғастырды.
— Жиырма үш емес, — деді ол әңгімені әрілете түсіп. — Жиырма үштен көп ол күні қаза тапқандар. Бала мен қызды айтсайшы. Түрмеде отырған Ғаділшина дейтін әйелдің жалғыз баласы мен Дмитриевтің жалғыз қызы.
— Оған не болыпты? — деді Хакім қабағын шытып.
— ...Қыз аман. Ал, баланы атты казактар қылышпен турап тастапты. Түнде алаңда асулы тұрған өлікті дардан қиып түсіріп, сүйегін алып кетейін деп жатқанда дозор көріп қалып, баланың басын шауып түсірген. Қызды ұстап алып кеткен.
Хакім баланың Сәми екенін бірден білді.
— Зұлымдар істер! — деді ол ақырын ғана.
«...Түнде Мүкарамалардың есігі алдында... Жаздыгүні түрменің түбінде... қағаз жапсырып, тамақ тасып жүрген. Әділбек сияқты алғыр бала... Әділбектен үлкен еді. Ақылды, оты шығып тұрған бала еді», — деді ол ішінен. Хакім далаға — алға қарай көз жіберді. Айнала аппақ мұздай дала. Тек қарауытқан Мынамынай төбесі көзге шалынды. Қыбыр, қозғалыс бары байқалады.
«...Не жазығы бар еді Сәмидің? Сәби Сәмидің?... Басқалар жазықты ма еді? »
— Жұрт жиналып жатыр. Әскер Әйтиевтің полкы Мынамынайда деген...
Ораз үзеңгіге көтеріліп мойын созған жаққа Хакім де қарады.
— Жүріңкірейік, Хакім.
Екеуі жүріңкірей түсті.. Тағы да Хакімнің көз алдына жасыл қиықты Құрбановтардың үйі алдында Сәмидің үндеу жапсырып тұрған бейнесі түсе қалды. «Не жазығы бар еді... Мүкараманың жазығы... Нұрымның... Сәлменнің...»
Қалың халық. Ат-арба. Өгіз, түйе. Күпілі, шекпенді, тымақты қазаң. Кердерілер. Ішінде таныс адамдар да көп көрінеді. Арғы жақ аттылы әскер. Қазақ әскері. Хакімдердің бөлімшелері. Бергі жағы Белан партизандары екен. Ел қазақтарының арасынан оңай өткенмен Белан отряды ілгері жібермеді.
— Осы жерден тыңда. Комиссар сөйлеп жатыр.
— Кім?
— Кәрі қырғыз.
— Ойбай Бәкең. Бақытжан Қаратаев! — деді Ораз. — Әне! Сақалы желбіреп кеткен...
Жалаң бас кәрі адамның бурыл шашы болмашы желмен қалжыңдасқандай түрілген. Шашынан да сақалы етекті. Үстіне ішік киген. Үлкен қазақ. Биік мінбенің үстінде қол сілтеп сөйлеп тұр. Уілдеген жел, дуылдаған жан, теңселген теңіздей қозғалған, қара-құрым көптің ойық ортасы кәрі адвокаттың күңгірт даусын шетке шашау шығармай жұтып қоя береді.
Осы кезде Белан жігіттерінің арасынан, бейне бір қалың қамысты жарып келе жатқан сом жонды қара тарғыл шортандай, ірі қара атқа мінген зор адам Ораздарға қарай ұмтылды. Ол, қиыр шеттегі екеуден көз жазып қалармын дегендей, жұртты жапыра бұларға жақындай түсті. Сөз тыңдауға ұйыған жандардың шырышын бұзып жіберді, көп ішінде наразы сөз, қату қабақ туғызды. Бірақ бұл белгілі ердің бетін бөгей алмай білетін де, білмейтін де оған жапырыла жол берді. Оны алыстан-ақ көзі шалып қалған Ораз:
— Мәмбет! Мәкең келе жатыр!.. — деп меңзегенше болмай, ол төніп келіп:
— Батырбек қайда, бала? — деді.
Мәмбеттің дауысы, бейне жекіріп қалған жанның үніндей, айналаны солқ еткізді.
— Батырбек... Батырбек келе жатыр. Бірақ, Орақтар жоқ, — деді Ораз, төмен қарап.
— Олар неге келмеді?
— Олар...
— Не болды оларға? — Мәмбет әлденені сезіп қалғандай.
Оның қабағы қарыс жабылып кетті, үні шұбар дауыстанып шықты.
— Орақ та, Нұрым да, бәрі де қазаға ұшыраған... Жау қапыда соқты...
— Қапыда?! — Аздан соң ол: — Тоқтай тұрсын! — деді. Мәмбеттің кенеттен қара қошқыл тартып кеткен жүзіне қарай алмай теріс айнала берген Ораз Хакімге ақырын ғана Бақытжанды меңзеп:
— Тыңда, Хакім, тыңда! Бізге айтып тұр! — деп иек қақты.
Мең-зең денелі Хакім де құлақ тосты. Бақытжан даусын жай желпіген әлсіз жел бері ысырды.
— ...Тар кезең өтті! Азаттық қақпасы жаңа ашылды! Булыққан, тұншыққан ел, міне кеңге шықты — қапастан жарық дүниеге шықты. Алайда нағыз теңдік жорығы енді ғана басталды!
Жел әрі айдап кетті сөзді.
— Есіттің бе, Хакім?
— Теңдік жорығы ұзақ жорың. Аттаныңдар, жігіттер! Бұл жорықта талай есіл ер қанын да, жанын да пида қылды. Әлі де пида қылады... Сонда да оны сендер аяқтайсыңдар...
«...Қанын да, жанын да пида қылды... Нұрым... Сәлмен... Мүкарама... Сәми...» — дей берді Хакім. — «Теңдік жорығы ұзақ жорық... Аяқтаймыз».
Хакім Кәрімғалиды, Меңдікерейді, Зағипаны естіген жоқ еді. Оның аузына білетіндері түсті.
Ол тістеніп қалды. Үш күннен бері қаншама тістенсе де, оның бір кез көз жасы еріксіз сорғалап кетті. Мұны Оразға көрсетпей, Хакім теріс айнала берді.
Жас та жер қойнауынан атқан бұлақ сияқты. Ол ішкі ащы қасіретті сыртқа айдауға асығады.
Январь — ноябрь, 1964 жыл.
Үшінші кітаптың соңы.
ТҮСІНІКТЕМЕ
Батыс Қазақстан өңіріндегі азамат соғысы жылдары мен коллективизация дәуірі Хамза Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» және «Ағайынды Жұнысовтар» атты романдарында көркемдікпен суреттелген. Ал «Ақ Жайық» трилогиясының үшінші кітабы «Тар кезең» осы облыста Совет өкіметінің орнауы тақырыбына арналған. Онда патша генералдары мен ақ казак атамандарының Орал қаласындағы Совдепті басып алып, олардың басшыларын түрмеге жауып, қорлық көрсетуі, Нұрым, Мәмбет сияқты халық арасынан шыққан қарапайым адамдардың бірте-бірте дұрыс жолды түсініп, революция ісіне көмектесуі реалистікпен баяндалған.
Трилогия ақтардың жауыздың істерін әшкерелеген қарт адвокат Бақытжан Қаратаевтың сөзімен аяқталған. Ол: «Тар кезең өтті! Азаттың қақпасы жаңа ашылды! Булыққан, тұншыққан ел, міне, көңге шықты — қапастан жарық дүниеге шықты. Алайда нағыз теңдік жорығы енді ғана басталды!» — («Ақ Жайық», 3-кітап, 376-бет) дейді.
Трилогияның үшінші кітабынан алғашқы үзінділер «Тар кезең» деген атпен республикалық «Социалистік Қазақстан», (20 декабрь, 1964), «Лениншіл жас» (7 январь, 1965) газеттерінде, 1965 жылғы «Жұлдыз» журналының № 2, 3 сандарында, Орал облыстың «Орал өңірі (19 июнь, 1965), Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы (22 июнь,1965) газеттерінде жарияланған. 1965 жылы «Жазушы» баспасынан «Тар кезең» деген атпен жеке кітап болып басылып шыққан. 1966 жылы орысшаға аударылып (Аударғандар: Г. Бельгер мен И. Щеголихин) «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 1969 жылы «Жазушы» баспасы трилогияның үш кітабын жеке-жеке кітап етіп басып шығарған.
Біз жазушының 6 томдық шығармалар жинағына «Ақ Жайық» трилогиясының осы басылымын пайдаландық.
М. Атымов.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі