(трилогия)
БІРІНШІ КІТАП
ТӨҢКЕРІС ҮСТІНДЕ
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Реальное училищені бітіретін Хакімнің қыс бойы араға күн салмай барып тұрған жері медициналық курстың клубы мен Губернатор көшесінің бойындағы биік басқышы бар жасыл қиықты әдемі үй. Кеш болса ол клубқа Мүкарамамен билеу үшін барады да, жасыл қиықты үйге қызды шығарып салады. Ол студенттер қалмай барып жүрген съезде бір-екі рет болды да, қыз «скучно» дегеннен кейін бармай қойды. Жатақ үйлердің ішіндегі, оқушылар клубтарындағы, көшедегі қызу-қызу сөйленіп жататын сөздер мен пікір таластары оны аса еліктірмеді. Көктемгі тасқын су арнасынан аулақ, шеткері ықтасында жүзетін шүрегей үйректей, ол соңғы күндерде жолдастарынан бөлек, қаланың биші қыздары бас қосқан жерде, сауық думан қызығында.
Бүгін жұма күні, ол екі қолын төбесіне қойып, кереует үстінде шалқасынан жатыр. Тәтті қиялдарға елтіп жатыр. Кешегі күннің бейнелері оның көз алдында, сол күйінде бұлжымай келіп жатыр...
...Мүсінді Мүкарама кадрильді айналып-айналып келіп, еркелеген балаша мойынға асыла түседі. Жұмсақ білек. Хош иіс. Ыстық леп. Тағы айналады, тағы асылады. Назды көз қарас. Ерке күлкі. Түннің әлдене уағына дейін би, музыка, жалынды сөздер...
...Екеуі де сұңғақ бойлы, қолтықтасқан күйі кетіп барады. Көшенің әдейі жарық жерімен жүреді. Қарсы кездескен парлар, тоқтасқан адамдар екеуіне қызыға қарайды. Өзі әдемі, өзі келісті. Көңілде де, жүзде де шаттың нұры жайнап тұр... Биік басқыш, үйренген орындық.
...Үйдегі үлкен айнаның алдында Мүкарама екі иініне кезек-кезек көз тастайды. Арт жағынан келген Хакімді айнада көріп тұрса да елемейді. Оң қолымен белінен орай ұстап, өзіне қарай икемдегенде тал шыбықтай иілгіш қыздың сұлу басын сол қолымен демеп, мейір қандыра сүйгенде Мүкарама қабағын еркелей керіп, мойнын теріс бұрады да:
— Хакім, реальныйды бітіргеннен кейін Оралда қаласыз ба, әлде ана Жымпитыңызға кетесіз бе? Аты қандай жаман!— дейді, әлде назды, әлде мұңайған үнмен.
Хакім ойланбастан:
— Сізбен бірге жақсы қалада оқысам да, жаман қалада тұрсам да менің жұлдызым төбемде,— деп тапқыр жауабына насаттанғандай жымияды.— Неге жаман дейсіз Жымпитыны?
— Әдемі ат емес. Не деген сөз ол?
— Сөз біткеннің мағынасын тексеретін тіл ғалымы емеспін, Мүкәш. Бізде ондай сөздер көп: Аңқаты, Шідерті, Бұлдырты, Өлеңті, Қалдығайты, Қақпақты...
— Ой, ой-ой. Қандай көп, тарсылдаған ты-ты-ты... Күлкі. Екеуі де мәз.
— Мүмкін Аңқалы, Шідерлі, Бұлдырлы, Өлеңді, Қалдығайлы шығар? Кейін ғалымдар том-том зерттеулер жазады ғой «ты» мен «лы» ны дәлелдеп.
— Сіз менің сауалыма жауап қайырған жоқсыз.
— Қайда қаласаңыз, сол жерде боламын. Алдымен институт бітіріп алайын.
— Институт?— Қыз кенет ойланып қалды. — Доктор... Сіз ана Жымпитыдан келген Ехлас докторды біледі екенсіз ғой. Красивый сенен де... Сізден де көркем. Жоқ... Жоқ...
— Білемін, біздің елдікі. Сұлу кісі. Әйелі де сұлу. Баласы да сұлу болуы мүмкін.
— Әйелі де, баласы да бар ма? — деді қыз таңданғандай.
Хакім «қызғанғандай бекер айттым» деп ойлады да:
— Жас. Бір жаста баласы. Бізге ағайын ол кісілер,— деп қойды анық білетіндігін аңдатып.
Хакім де, қыз да бұл әңгімеге енді қайтып оралмады, үшінші бір адамды әңгімелеу екеуіне де келіссіз көрінді.
Кереуетте жатып Хакім осының бәрін бір нүктесін қалдырмай ойына тізіп, көз алдына бұлжытпай келтірді де, бірақ сол екеуінің әңгімесі Ехлас докторға тірелген жерде ой көмескілене берді. «Неге олай?» деген екіұшты дүдамал сөздер тілге оралды да: «Жоқ шәк келтіруге болмайды. Арамыз айдай ашық, бұлтсыз. Шүбә, қызғану сезімдеріне орын жоқ» деп қорытты.
Күншуақ: үйдің қиығы жіпсіп, сырт жақта терезе алдына тырс-тырс құлаған тамшы: әйнектен көлденеңдеп еденге құйылған күн шұғыласының ішінде майда тозаң қопарыла қозғалып, сапырылысып жүр. Суық торғайлар тынымсыз шырылдап, терезенің кәсектеріне тізіле қонады да, үрке көтеріліп жөнеледі.
Төсек үстінде керіле түсіп Хакім сол қырынан жатып терезеге күлімдей қарайды. Оның ойына ауыл, осы сияқты март айының шуақ күндерінде әйнектің сүмелегін қағып түсірген шақтар келеді: төлге деп үй төбесіне шығарып үйген көк шөптің күн бетінде отырып, алыстағы жолмен қыбырлаған жолаушыны күн ұзақ көзбен ұзататын, көкке қарап құс санайтын бейғам балалық оралады, шешесінің «ұзын сарыға» арнаған, құрт қатып пісірген, ауыз суын ағызарлық қышқылтым ащы көжесі шұбар тостағанымен көз алдында тұрғандай... Еріксіз езу тарттырады... «Сол тостағанмен көже ішіп отырғанымды Мүкарама көрсе... ха-ха...ха...»
Сырттан жуынып келіп сүртініп тұрған жолдасы өзінен-өзі күліп жатқан Хакімге жалт қарады да, аң-таң болып, тұрып қалды.
«...Төрт бөлмелі сырлаған қарағай үйде, аң кереуеттің үстінде жататын қала қызы— қазан жақта қытыр-қытыр шөп жеп тұрған қозы мен бұзаудың, ылғал бұрыштың, сары қидың иісі аңқыған балшық землянкеде сынық айнаның алдында шашын тарап тұрса... Жоқ, ол өмір енді алыстауы керек. Мүкарамамен қалада болуым керек...» деген ой билеп, Хакімнің басы әңкі-тәңкі.
— Әй, Онеке, сен әлі жатырсың ба? Сағат тоғыз болды ғой, шырағым-ау,— деді жұқа өңді, дөңгелек көзді, кішірек денелі гимназист кіріп келген бойы Хакімнің койкасына жақындай беріп.
Хакім оны мойнын бұрмай-ақ дауысынан танып, терезеге қараған күйі жата берді: гимназистің сөзін де, өзін де елемеген пішінде, қиял теңізіне мықтап шомған. Хакімнің орнына әлгі сүртініп тұрған жолдасы жауап берді.
— Отырыңыз, Әмір. Бүгін жұма, күндіз баратын жер, істейтін іс жоқ болғасын жаңа тұрып жатырмыз. «Онекеңіз» немене тағы, түсінісуге болмас па?— деді.
Хакімнің бірге тұратын жолдасы, мына гимназист Әмірдің тілі ұшты, әзілқой жігіт екенін жақсы білетін, «Онеке» деген сөздің бір қуақылық астары барын сезе қалды.
— Онеке демей, Евеке десе де болады, бәрібір, әйтеуір қыз-келіншектің пірі ғой.
— Уай, жаңа түсіндім... Евгний Онегин...— Студент екі санын шапалақтай күлді.
— Балық жеген барқын, сен соңғы жаңалықты естідің бе? Макаров пен Овчинниковке төтенше салғырт салыпты, кешікпей олардың диірмендері мен заводтарын қазынаға алмақ. Буржойлар енді «долойдың» ауылына баратын болар,— деп біржола бөліп жіберді Әмір, Хакімнің ұштаса бастаған ойын.
— Мазамды алмашы, айналайын, онсыз да ойым онға бөлініп жатыр,— деді Хакім қабағын шытып.
— Қыз мәселесін сен кореннойға жектің бе? Түсінікті. Түсінікті.
Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Айтары жоқ, жақсы қыз. Сүйріктей. Талай ашықауыздар кездескенде есі шығып тұрып қалғанын өз көзіммен көрдім. Бірақ сені мына бізден бөліп әкетіп жүрмесін. Түбектегі балықшының қосындай жағада жалғыз шошайып қалсаң, үйленем деп жүргенде...
— Әмір, енді жетер. Сен-ақ қалжыңға тоймайды екенсің.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзден ыстық жас...
— Тіфу...
Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас...
— Неге тоқтап қалдың? Айтып шық аяғына дейін.
— Жиылысқа бармайсың ғой, шамасы? Өзіне өзі мәз Нарцистей1 елжіреп жатқан мына түрің-ақ айтып тұр тәтті қиялға түсіп кеткеніңді.
— Менің бүгін елден келген адамдармен сөйлесетін және де басқа толып жатқан шаруам бар.
— Алдымен Құрбановтікіне соғасың ғой?
Хакім теріс айналып жатты. Үндемеді. «Өздерінің қолынан келмегенсін, мені күндейді» деп ойлады ол. Бірақ ашық ойлы, сөз тапқыр, күлкіден ауыз жидырмайтын Әмір оның теріс айналғанына қарамастан көптен бері ойына келіп жүрген сөзін әзіл, қалжыңға араластырып айтып салды. Ол:
— Хакім, менің саған айтатын бір сөзім бар, осы қаладағы чиновниктердің қызын қайтеміз? Кешікпей восемь черных, на ногах топчущихся, с животом двенадцатьті бермей де қыз келеді. Ең абзалы сәл сабыр етейікші. Өзіміздің қарабайыр шаруаның қара домалақ қыздарын сауырынан сипап жүріп аламыз. Екеуімізге қолы сол қарабайыр ғой,— деді.
Хакіммен мектептес Сәлмен Әмірдің бұл сөзіне тағы да сілесі қатқанша күлді.
— Әмір, сенің қарабайыр, арғымақ, қаланікі, даланікі деп бөлуің әділ емес. «Сегіз қарасыз» алатын болсаң қызды пародаға жіктеудің не қажеті бар?— деді Сәлмен.
— Е, солай десейші. «Талассыз пікір жөнделмейді» дейді біздің филологымыз. Сендер де сүйтіп, пәтерлеріңде тас бүркеніп жатып алмай, бізбен айтысқа түссеңдерші. Мен қарабайыр деп шаруаның қызын айтамын. Дүниенің тетігі шаруада... Заводта кеше митинг болды. Дмитриев тамаша сөйледі. Сендер болмадыңдар. Міне оратор деп соны айт. Бес жүздей адам жиналды. Жиналыстан кейін жұмысшылар Дмитриевті қолдан қолға көтеріп әкетті. Бүгін фронтовиктердің митингісі болады. Киініңдер, барамыз! Қызық болады. Дмитриев сөйлеуге тиіс тағы да,— деді Әмір.
Хакім орнынан ұшып түрегелді де киіне бастады. Ол сөйлесіп отырған екеуінің әңгімесін бөлген жоқ, сыртқа шығып келіп, жуынып, таранып, костюмінің қылшығын тазартуға кірісті.
Хакім, әйда біз де барып қайтайық. Әмір митингке студенттер тегіс барады дейді ғой. Сол жақтан мектепке соғып, тамақ ішіп қайтармыз,— деді Сәлмен Әмірдің тілегін қостап.
Хакім көнбеді. «Елден келген адамдарға жолығамын» деп екеуінен бөлініп кетті.
2
Жымпитыдан келген доктор Ехлас Шұғылов тілмаш Минхайдар Құрбановтың үйіне түскен еді. Ол бірнеше күнге созылған земствоның мәжілісіне баруға асықты, ертеңгі тамақты тез ішіп, алдыңғы бөлмеге шықты да киініп болып:
— Көргенше сау болыңыз!— деді есіктен, от басында отырған кемпірге қарап.
— Жолыңыз болсын! Обедке кешікпеңіз,— деді кемпір.
— Кешікпеуге тырысармын, әби.
Доктор сыртқы есікті жапқаннан кейін, кемпір:
— Міне, әдепті кісі. Көшеге шықса да қоштасып кетеді. Қайта келгенде де есендеседі. Осы күнгі жастардан бір бөлек. Бек көргенді адам,— деді үйінде жатқан қонақты мақтап.
Ызбайлы жас доктор кемпірге әдептілігімен ғана ұнаған жоқ, мырзалығымен де ұнады. «Ақшаның қадірін» жақсы білетін әбиге оның уыс-уыс жаңасы, ескісі аралас қағаз ақшаны тамаққа деп күнде қалдырып кететіні жомарттық сияқты. «Бұл ақшаларға бір күндік тамақ емес, бір жетілік тамақ келеді. Әтиі бай кісі деп еді, рас екен. Өзі де жалақыны көп алатын шығар. Ақшаны пашкасымен санамай береді» деп ойлайды кемпір есі кетіп, құны кете бастаған «Николай» мен «Керенді» текшелей санап.
— Бик матур кісі, бигірак та матур. Осындай зор білімді кісілердің қасында жүрсең де қор болмайсың... Төмен қарап, ыдыс-аяқтарды жинап жүріп, кемпір бұл сөздерді өзіне айтқан сияқтанды: ол әмәнда өзімен-өзі әңгімелескендей күбірлеп сөйлейтін.
Мүкарама бұрыштағы үлкен айнаның алдына барып шашын түзеп жатыр. Минхайдар «Орал жаршысын» қарап отыр. Әрқайсысы өз жұмысында, кемпірдің сөзіне елең етпеген тәрізді. Тілмаш газетті шұғылдана қарап, бірақ тегіс оқымай, ақтық беттегі ірі әріптермен шым-шытырық жазылған құлақтандырулардың ішінен әскер қызметін атқаратын казактардың тегіс есебін алуға станица атамандарына берген наказнойдың бұйрығын тұтас оқып шықты. Сүйтті де ол газетті стол үстіне қойып, сол қолының бас бармақ тырнағын тістелеп, бірер минуттай отырып қалды. Орнынан тұрды, бөлмесіне кетіп, киініп қайта келді, әлдебір нәрсесі ұмыт қалғандай ойланып, сәл бөгелді де:
— Мүкарама, мұнда келші,— деп қарындасын кабинетіне шақырды.
— Не айтасың, әби?— деді қыз оның ізінше кабинетке ілесе кіріп келіп.
Үй ішінің ұсақ әңгімесіне оңашалап шақырмайтын ағасының нендей ниеті барын білуге тырысып, қыз оның бетіне тіктеп қарады: сұп-сұр жүзінде өте салмақты пішін бар: жабылыңқы қабағының үстіндегі жиырылған жіңішке сызықтар мен еріндерінің аздап жымқырыла түскені етсіз бетіне қату рең беріп тұр. Көкшіл көздерінің астын кіреукеленіп көлеңке басқан, мұны қарындасы шай үстінде көрген жоқты, бейне түні бойы кірпігін ілмей шыққан адам сияқты. Оның бойдақтығын есіне алып қыз ішінен: «Бір жерде сауық-сайранда болды ма екен?» деп ойлады, бірақ түн бойы оның бөлмесінің шамы жағулы тұрғанын өз көзімен көрген-ді.
Тілмаш терезе алдына барды да, Мүкарамаға бұрылып жүзіне тура қарады, екі қолын айқара қусырып, түрегеліп тұрған бойы:
— Әти өлгенде сен жас едің. Сені өсіру, тәрбиелеу, оқыту деген секілді міндеттер менің мойнымда қалды. Мұны өзің жақсы білесің. Міне енді бұл зор міндет орындалып та келеді, сен қазір медицина курсын бітірдің. Алайда бұл білім жеткілікті емес. Сен институтқа кіруің керек. Бірақ қазір дүние түбімен төңкерілген, оқуға мүмкіндік жоқ. Соғыс, азамат соғысы. Ұзаққа созылады. Сондықтан осы мамандықпен қызмет істеп, алға бара берген жақсы. Мен саған осы жөнінде ақылымды айтқым келді, қайда қызмет істеуді айтқым келеді,— деді.
Адамды жалықтырарлық қоңыр үнмен алыстан бастап, ұзақ сөйлеп осы мектепке кірерде де, онан кейін, оқып жүрген кезде де ағасы «ақылын» талай айтқан-ды. «Сол баяғы ақыл» деп көшеге шығуға асығып тұрған қыз іштей жаратпай амалсыз тыңдады да:
— Мен сіздің айтқаныңыздың бәрін орындаймын,— деп салды.
Сөйтті де ойланбастан аузынан шығып кеткен «айтқаныңыздың бәрін орындаймын» деген үзілді-кесілді қортындыдан шошып кетті. «Егер де маған ұнамайтын ақыл болса да көне беремін бе?» деген шүбәлы ой келді, Белгісіз бір бұлдыр сезім оған: «Қалай да сенің ағаң тілегіне қайшы келеді» деп тұрғандай. Ағасының қатал және өз дегеніне көндіретін қайсар жан екені бұл ойын шиеленістіре түсті. Қыз үрейлене бастады, құлағын сақтана тікті.
— Шуңа күрә, мен саған жақсы практика алатын жерді көздедім. Сен мына біздің үйде жатқан доктор Ехласпен бірге істейсің, сол кісінің қарамағында практика аласың. Бұл кісі зор хирург.
— Осы Оралда ма?— деді Мүкарама жұлып алғандай.
— Жоқ, Жымпитыда. Жақында, ол кісі қазақ правительствосының министрі болуы да ғажап емес... Бұл саған жақсы емтихан... Во всяком случае доктор Ехлас уездік больницаның қожасы. Алдында үлкен перспективасы бар, шуңа күрә, сенің перспективаң да зор...
— Әби, сестра болуға зор перспективаның керегі қанша, мұндағы қалалық больница да маған жарайды...— дей беріп еді қыз, ағасы оның сөзін аяқтатпай:
— Сен жаңа ғана «айтқаныңды орындаймын» деп уәде бергенсің. Менің ағалық борышым сенің қамыңды ойлау: моральдік, материалдық жақтарынан да сенің қызметіңе мен жауаптымын,— деді.
Ағасының өктем үні қазір айқын шықты: «Рақымсыз мінезіңнен әйелің де Түзтөбедегі әке-шешесінің үйіне қонаққа кетіп, келмей қалып еді. Маған да әміріңді жүргізбексің» деп ойлады қыз. Ол ағасын тап осы минутта дұшпан сияқты көрді, оған кенет бір жек көру сезімі пайда болды. Бірақ ағасына ашық түрде қарсы тұра алмай, ішкі қатты наразылығын сыртқа шығармауға тырысып, жүзін бұрып әкетті де:
— Көрмеген алыс түкпір, танымайтын адамдармен қалай барамын?— деді.
Қыздың үні баяу шықты, дауысы дірілдегендей болды.
— Түпкір емес, жақын жер, уезд центрі. Онда да таныс татарлар көп. Қара Уәлиге хат жазып жіберемін, сонда жатасың. Дауысыңды дірілдететін сен бала қыз емессің. Кісі он сегіз жасында государство қызметін атқарады. Сенің онда баруың басқа жағынан да аса қажет, бұл әңгіме соңынан... міне осы... саған деген сөзім. Жарайды...— деді.
Қыз соңғы сөзге елең етті де, бірақ ешнәрсе айта алмай қалды, ағасы кабинеттен тез шығып кетті. Оның алдыңғы үйде киінгенін де, сыртқы есікті жауып, көшеге шығып кеткен дыбысын да Мүкарама естіген жоқ, ағасының айтқан сөздерін бастан-аяң әбден түсінуге тырысқандай қабағын түйген күйі терезеге қарай мелшиіп тұрып қалды.
Құрбанов үйден шығысымен ізінше кабинетке кемпір жүгіріп келді.
— Мүкарама, сен бар! Минхайдардың айтқан жерінен бас тартпа! Ехлас доктормен Жымпиты түгіл Стамбұлға да бар! Ондай матур кісі, е-ей...— деді ол сөзін аяқтамай.
Кемпірдің жүрісі де пысып кеткен, сөзі де ширақ шықты және арғы жағында үлкен мәні бар сырды бүккен сияқтанды. Мүкарама оның бетіне аң-таң болып қарай қалды.
— Хисапсыз бай дейді оның әтиісін... Өзі де бик жомарт кісі. Біздің татарларда мұндай кісілер сирек. Только ана Ақчуриндер ғана. Ақчуриндердің бәрі де үйлі-күйлі...
Кемпірдің сөзінен қыз көп нәрселерді аңғарып қалды... «Шынымен бұлар мені осы докторға.. екеуі ақылдасқан... әйелі... баласы бар... жоқ, мүмкін емес..» Оның көз алдына Хакімнің толқынданған ұзын қою шашы, ер келбетті аққұба жүзі толыспаған, бірақ, тік ұзын бойы, формалы қарамауыт бешпет-шалбары, киімі де, пішіні де— бәрі тұтас келді.
— Білемін, Жас уақытта қиын... бірге билеп, үйреніп қалған,— деді тағы да кемпір, қыздың ойын көзбен көргендей шамалап.— Ондай студенттер көп кездеседі, ал ана доктор бақытты кісіге ғана кездеседі,— деді ол енді қыздан ниетін жасырмай.
— Әби, мен сізден бақытты кісі сұрап тұрғаным жоқ.
Өз әниім болса ондай қатыны бар кісіні... баласы...
Сөзін аяқтамай қыз кабинеттен шығып кетті.
— Ей, жассың. Білмейсің,— деді кемпір оның ізінше.
3
Хакім келіп есік қаққанда Құрбановтікінен ешбір жан дыбыс бермеді. «Бұл қалай, Мүкарама үйде болмаса да кемпір болуы керек қой. Мүмкін емес Мүкараманың үйде болмауы. Уәделескен сағат— алты. Ешбір дыбыс білінбейді. Ғажап». Аса қатты да емес, бір қалыппен тықылдатып ол тағы да қақты. Үн жоқ. Сәлден кейін сенектің едені сықыр еткен сияқтанды. Қозғалмастан, демін ішіне тартқан қалпы тыңдап тұр. Жым-жырт. Әлде мысық па, соның еппен басқан дыбысы ма? Ол енді қаттырақ қағып-қағып жіберді де есікке құлағын таңады. Әлі дыбыс жоқ. Ақырын ғана есікті ішке қарай итеріп еді, болмашы саңылау көрінді, бірақ кілтті ме, әлде іштен сұқпа салынған ба— байқап болар емес. Берік жымдасқан ауыр көк есік өте нық. Не істеуге білмей тағы да бірнеше минут тұрды да, Хакім биік крыльцоның таянышына асыла есік жақ терезеден бойлап ішке үңілмекші болды. Терезе әрі биік те, әрі таяныштан қашық: жерден де бой жетерлік емес, бірақ үйдің забеліне шықса іште адам бар-жоғын байқарлық. «Не де болса тәуекел» деп ол көше жақты бір қарап алды. Адам сирек, алысырақтағы кісілер көрер емес. «Мына бір келе жатқан әйел өтіп кетсін» деп ол сәкіге отырды. Орта жасқа келген әйел бұған назарын да салған жоқ, аяғын салмақпен санап басқан күйі әрі асып кетті.
Мойнын соза забелдің үстіне шығып, терезеге үңілгенде Хакімнің көзіне бұрыштағы үлкен айнаның ішіндегі Мүкарама түсті. Қыз білегіне маңдайын сүйеп еңкейіп қалған, басы жарға тіреліп, жүзі көрінбейді. Бұл қалай? Хакім терезеге жүзін тақай түсті. Жылап отырған болуы керек, екі иіні жоғары көтеріліп селк-селк етеді, айнадан ап-анық көрініп тұр. Терезенің алдына келіп қарап тұрып, тап сол жерге отыра кеткен тәрізді. Хакім аң-таң болып бір минуттай әйнектен бетін алмай қарап тұрды да, есік алдына келді.
Көшеден өтіп бара жатқан адамдар сезбесін деген пікірмен ол басқыштың оң жақ сәкісіне отырды да, жай адам сияқтанды. Ойы үйде, Мүкарамада. «Неге ашпайды есікті? Терезеден қарады... кәміл-ақ қараған.. Әлденеге күйініп, жылап көз жасын көрсетпеу үшін ашпай қойғаны анық. Мен жөнінде ме?.. Арамыз кіршіксіз, мұндай толқуға ешбір себеп жоқ... Ағасымен ренжісіп қалды ма? Олай деуге осы күнге шейін бірде-бір қатты ренішке кездестіретін араларында қыңыр қабақтық байқалып көрген жоқ...»
Хакім қаншама тырысып, түрлі болжалға сайса да, ойы ешқандай дәлелді пікір тауып бере алмады. Ол қалайда қызбен жолығып, тілдесіп, неге ренжігенін өз аузынан білгісі келді. Бір жағы аянышты, бір жағы жұмбақ бұл бір жайдың мәнісіне түсінбей қайтып кетуге оның шамасы да келместей, ертеңге дейін тақаты да төзбестей. Есікті ол қайтадан қақты, салмақпен қақты. Терезеден қарай қалса қыздың көзіне түспейін деген ниетпен өзі есікке тақалыңқырап тұрып алды... Тағы да бір-екі рет баппен қағып тыңдай қалып еді, ішкі есіктің ақырын ғана сықырлағанын есітті. Қыздың жүрісі... Жүрегі лып-лып ете қалды. «Құшақтап сүйіп алсам» деп ойлады ол сабырсыздана түсіп. Бірақ есік тез ашылып кетті де:
— Сізге кім керек еді?— деді кемпір мүлде бейтаныс, бірінші рет көріп тұрған адамдай.
— Әби, мен... Мүкарамаға жолығатын шаруам бар еді,— деп Хакім кіруге ыңғайланды.
— Мүкарама үйде жоқ,— деді де кемпір қатал пішінмен жалма-жан есікті жаба бастады.
Хакім қапелімде не дерін білмей қалды, бірақ есікті жаптырмау ниетімен шынтақтай тіреп, қолын ішке қарай соза түсті.
— Әби, сіз бір минутқа ғана жіберіңіз, бір-ақ ауыз сөз айтып шығамын. Терезеден көрдім. Мүкарама үйде, ана бөлмеде отыр...
Бұрын да әлденені күбірлеп сөйлеп, есікті зорға ашатын кемпір енді өзіне бәле сала сөйледі.
— Есіктен, терезеден сығалап жұрттың үйіне сырттан көз салады екен бұл әдепсіздер. Қыз үйіне келіп есік қаққан жігітті міне енді ғана көрдім. Зорлап кіруге де ұялмас бұлар. Мүкарама шерлі, ешкімді үйге кіргізуге қоспады. Тарт қолыңды, есікті жабамын. Кемпірдің сөге сөйлегеніне Хакім тұтанып кете жаздады, бірақ әдеп сақтауға тырысып, кешірім сұрай сөйледі.
— Әби, сіз айып етпесеңіз, мен есікті ұзақ уақыт қағып, ешкім ашпағасын терезеден үйде кісі. бар-жоғын білу ішін қарап едім. Мүкарама шерлі болса, кіріп халін білуім керек,— деді.
— Жоқ, жоқ, рұқсат жоқ...
Есіктің арғы жағынан үйден шығып, бері жақындаған қыздың жүрісін Хакім аяқ басқанынан таныды; кемпірді ығыстыра есікті итеріңкіреп, Хакім:
— Мүкарама, сәламатсыз ба? Мен бір минутқа ғана кіріп шығайын деп едім, әби бөгеп екеуміз келісе алмай тұрғанымыз,— деді.
Қыз үндемеді, селқос пішінмен кемпірге мағынасыз көз тастап, Хакімге қарады. Жүзінде «бәрі түсініксіз» деген шырай бар; бұрынғы ыстық леп сөніп, құмартқан көз қарасы су сепкендей.
Хакім сасып қалды. «Шынымен ауру ма?» деп жүзіне тік қарап еді: баяғы ең ілкі көргендегідей, ұзын кірпіктерін қақпастан көздерін Хакімнен асыра қарап тұр, сол сабырлы тәкаппар пішін. Оң жаң бетіндегі кішкене шұңқыршақ күлген кездегідей емес, тайыз, болар-болмас қана білінеді. Астыңғы ерні аздап жымқырыла түсіпті де сәл қабағын шытқан, көзге ілігер-ілікпес. «Бұл қандай өзгеріс?! Араға суық сөз жүгіргені ме? Қандай?..» Бірнеше сауал оның басына бірден келді де қобалжыған күйі:
— Сізге не болды?.. Бұл не өзгеріс? Мүкарама, не болды?— деді.
Бұл сұрауларға жауап берудің орнына қыз кінәлағандай:
— Мен сізге үйге келіңіз деген жоқ едім,— деді.
— Рас, клубта жолығамыз дедіңіз, бірақ келмеңіз деп те айтқан жоқсыз. Сізсіз өткізген бір сағат маған бір жылдай, сондықтан көруге асықтым.
— Жалғыз сіздің қалағаныңыз жеткіліксіз. Бұған менің көзім әбден жетті,— деді қыз салқын лебізбен.
— Бұл не деген сөз, Мүкарама? Мен түсінбей тұрмын?..— деді Хакім дауысы күңгірттеніп.
— Уақыт жеткенде түсінесіз...
— Бұлай тұйық сөйлегендей, кінә қоярлықтай менің жазығым жоқ, Мүкәш.
— Мен ешкімді кіналамаймын, кінә өзімде...
— Сіз періште...
Сөзін аяқтатпай қыз кері айналды да, кемпір Хакімге көзімен ата қарап есікті жауып жіберді. Хакім не істерін білмеді, ішке кіру керек пе, әлде кері қайту керек пе? Ол әрі-сәрі күйде бір минуттай тұрып қалды.
— А, бала, сен маған келдің бе? Үйде кісі жоқ па екен?— деді Ехлас доктор баспалдақтан жоғары көтеріліп келе жатып.
Хакім жалт қарады да қып-қызыл болып кетті.
Ие,— дей салды ол екі ұшты жауап қайырып.
— Отыр, отыр. Әңгімелесейік.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Жуырда ғана басын құраған облыстық Совдептің ішінде де, сыртында да қым-қиғаш талас-тартыс.
«Бұл реальный іс емес, аңғырттық аяқ алыс» деп бастайды Яковлев сөзін. Исполкомның қаншама мәжілісі болса да, ол мәжілістерде не мәселе қаралса да Яковлевтің «бұл реальный іс емес» демей қалған жері жоқ. Кешегі мәжілісте тағыда жер мәселесі жөніндегі съездің қаулысын іске асыру шаралары сөз болды. Сонда да ол сөзін ақылгөй ағаша жұмсақ бастап жорғалата сөйледі. «Буынымыз қатып, бұғанамыз бекігенше ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп қарсы тарапты мақтамен бауыздасақ...» деген еді. Оның жаймашуақ сөзі үстінде исполкомның оқу-ағарту комиссары болып тағайындалған учитель Червяков орындығын қозғай берді, қабағын шытты, қайта-қайта председательге қарады, ақырында шешеннің сөзін бөліп:
— Яковлев жолдас, «он мың десе шабындық, егістік жерімнің тоғыз мың тоғыз жүзі артық екен, кәне, соны өлшеп алыңдар» деп алпауыт Овчинников өзі келіп айта ма?— деп сұрады, зілді кескінмен.
— Мен олай дегенім жоқ, мен ушықтырмай жараның аузын уақыты жеткенде ашу керек дедім...
— Бұл теңсіздіктің— осы әлеуметтік жараның әбден пісіп, аузы ашылғанына көп уақыт болды, өзегін суырып тастамай дүмбілез қалдырып келген мына сіз сияқтылардың сөзі мен ісі.
— Мұныңыз түсінбеу, құр демогогиялыққа салыну... тап тартысы қиын тартыс...
— Пролетариат үстемдікті өз қолымен алады, оған билеу тізгінін помещиктер мен капиталистер басын иіп, тағзым етіп ұсынбайды...
Бұл екеуінің айтысқа айналған бір-біріне қарама-қарсы шәлкес пікірін исполком председателі Дмитриев әрілетпей, Червяков сөзінің әрі дәлелді, әрі батыр екенін аңғартып өтті де, бірақ кекесінсіз кең түсінуге жол ашқан еді. Ал бүгінгі сөзін де Яковлев тағы: «Бұл реальный іс... емес» деп бастады.
Орынбор Совдепінің председателі Цвилинг түнде Дмитриевті төте телефонға шақырған еді: ол Орал Войскосына бір тәулік срок ішінде Совдепке бағын деп талапты шарт қойған болатын. Қазір председатель Дмитриев исполкомның мәжілісін шақырып, осыны мәлімдеп, таяу уақыттағы істер жөнінде кеңесіп отыр. Бұл хабарға қуанышты жүзбен жайнай сөйлеген. Червяков:
— Наказной атаманға елші жіберіп, жауабын тездеттіру керек, — дейді...
— Қырын қабақ көршінің енді қоржынын тезірек бөктертіп, іргесін аулақтатқан жөн шығар,— деп Әбдірахман Әйтиев көзінің астымен Яковлевке қарап қояды.
Оты аз жағылған, қоңыр салқын бөлме. Іші кең, мебельсіз. Отырған бес-алты адам төрдегі председатель үстелінің айналасында, ертеңгі салқынның бұйықтырған ызғары ешкімді де шешіндірмепті — бәрі де киімшең отыр. Яковлевтен басқасының кейбіреуі шолақ қара былғары күрте киген, кейбіреуі көнетоз сұр шинельді, бастарындағы былғары тысты құлақшын-фуражкалары мен құлақшын-бөріктерін де шешпепті. Ал Яковлевтің үстінде қызғылт түсті драп пальтосы, басында қара қалпағы, аяғында галошы, қара бәтеңкесі бар.
Ешнәрсеге тез толқымайтын, бірқалыпты адвокаттық пішінмен Яковлев мына Дмитриевтің сөзін де, исполкомның басқа мүшелерінің пікірлерін де самарқау тыңдап отырды да:
— Орынбор Совдепінің Войско үкіметіне жасаған қысымы мен қойған шарты — саяси тәсіл, бірақ мұнан біздің қолымызға тиетін реальный күш пен құрал жоқ. Войско үкіметінің қол астында әскер тәртібіне үйренген, шетінен қылыш пен найза ұстай түрегелетін бас кесер казачество тұтас тұр. Қазірдің өзінде де генералдардың қарауында екі полкқа жуық қарулы әскер жинақталған. Ал бізде не бар? Бізде құр талап пен игі тілек қана бар. Қарсыласуға, табан тіреп тартысуға шамамыз келмейді, — деді.
Ол төмен қарап отырып сөйледі де, алдында жатқан қағазды қарындашпен мағынасыз сызғылай берді.
— Сонда не істеу керек, сіздің ойыңызша?
Яковлев басын кенет көтеріп, Дмитриевке тесіле қарады да, жалма-жан бетін терезеге бұрып әкетті. Екеуіне кезек көз тастап отырған Әбдірахман Дмитриевтің шаршаған реңді қой көздерінде ұшқындаған бір от барын байқап қалды.
— Не істеу керек екенін жақсы білесіз, Дмитриев жолдас. Қалған жолдастардың да іші жақсы сезеді, егер тағы да қайталау керек болса қайталайын: қазір бізге іс емес, мұнан пайда аз, зиян көп. «Облыстық Совдепке бағынасың, жүздіктеріңді тарат, өздерің граждандық әрекетке көш!» — деп бұйрық беріп көрші, олар сонда не істер екен?! Бас салып бәрімізді тұтқынға алады, сонсоң Совдепті тартып жібереді де қысымды қатайтады. Активті соттайды, асады, атады. Тегіс жоқ қылады, — деді де столды саусақтарымен баяу тықылдата бастады.
Дмитриев орнынан асығыс түрегелді, оның сұрғылт жүзі көкшілденіп кетті.
— Облыстық Совдепке бағын, өкіметіңнің тұқымын құрт, Войскоңды тарат деп Мартынов, Михеев, Емуганов, Акутин генералдарға әлдеқашан айтылды, съездің осындай қаулысы болды. Ақ генералдар мен елірген атты казак байларының қытығына тиеді екен деп, революция туғызған Совдепті мен мына столдың ішіне тығып қоя алмаймын және олардың қолында жүздіктер бар екен деп съезд бен облыстық атқару комитетінің белгіленген шараларын жүзеге асырмай қол қусырып қарап отыруға, күштің теңелуін күтуге уақыт жоқ, уақыт болса да мұндай қылмыс жасауға пролетариат алдында менің правом жоқ. Бұл бір. Екінші — тұтқыннан қорықса большевик партиясы әлдеқашан тарап кетер еді, немесе Керенский сияқты әпжылан социалистермен баяғыда келісім жасар еді. Сөйтіп жұмысшының құлдық қамыты мойнынан, шаруаның қайыршылық шәркесі аяғынан түспес еді. Жоқ, революция алдында мұндай былқылдақ саясат пен ымырашыл бықсық әрекет жүргізуге жәке мұндай қылмысқа басқаларды итермелеуге менің ұжданым бармайды,— деп Дмитриев басқалардың жүзінен достық шырай іздегендей, отырғандарды көзімен тегіс сүзіп өтті.
Отырғандар жағалай бас изесті, Оң жағындағы Червяков:
— Дмитриев, Әйтиев, Черзяковтар түрмеге отырса отырсын, бірақ олардың соңынан ерген мыңдаған тілектестер мен активтер бар, рухани сүйеніш — көпшілік бар. Жұмысшы өкіметі бастаған үлкен Ресей бар. Ендеше дұшпанға позициямызды жарты ширек те ұттырмаймыз. Орынбор Совдепі бір тәулік ішінде бағын деп шарт қойған екен ғой, міне, Войско басшыларынан сол шарттың орындалуын талап ету керек,— деді.
— Әңгіменің логикалы түбі осы ғой, — деді кәрі юрист Бақытжан Қаратаев. Басқалары:
— Дұрыс! — деп жамырай мақұлдасты.
— Сөйтіп, жолдастар, мені ымырашыл деп таптыңыздар ма, әлде қорқақ деп бағаладыңыздар ма? — деп сұрады да Яковлев жауап күтпестен:— жоқ, мен қорқақ болсам екі рет түрмеге отырмаған болар едім, царизмнің тамырына балта шапқан көптің бірі Яковлев, келіскіш Яковлев жоқ, революционер Яковлев бар. Осындай орынсыз ат қойып, айдар тағудың, құр шешенси берудің не қажеті бар?— деді қызарып.
Жұрт үндемей қалды. «Алғырын алғырсың, тауып та айтасың. Бірақ мәселеге жеңіл қарайсың. Дмитриев сияқты түп-тамырымен қопара іс істеуге шамаң келмейді-ау, жігітім... Көптің көзіне тез түсе қойғың келеді, сол мінезіңнен арылсаң ғой...» деп ойлады Әйтиев Яковлевке тағы да көзінің астымен қарап отырып.
— Сонымен, Петр Астафьевич, генералдарға кім барады?— деп сұрады Червяков Дмитриевтен.
— Мен барамын. Кім қорқақ, кім табанды екенін көрерміз,— деді Яковлев жұлып алғандай тез сөйлеп.— Войсконың бағынуын мен өзім талап етемін. Дмитриев үндемеді, «мейлің» деген адамша екі ұшты мағынада иығын көтере түсті де:
— Ал, жолдас Ипмағамбетов, жолдас Быков, осы мәслихаттың ұйғаруы бойынша, сіздер, қазір жүріп кетіңіздер, бір минут кідіруге болмайды. Қалай, дайынсыздар ма?— деп сұрады, шинель киген шақпақ денелі Меңдікерейге мойнын бұрып.
— Дайындалып ұзақ жиналатын ешнәрсе жоқ, Петр Астафьевич, бірінші керек ат еді, мына Быковтың атымен Требухаға дейін барып, сол жерден тың көлік алмақшы боп ұйғардық. Осы мәжілістен кейін жүреміз,— деді де Меңдікерей орнынан түрекелді.
— Олай болса мәслихат осымен бітсін, жолдастар,— деді Дмитриев.
Жұрт біртіндеп шыға бастады.
2
Бастық Михеев ойланып отыр..
Мың бір түннің ертегісіндей ғажайып қалалы, асыл қазыналы сарқылмас бұлағы, таулы, сахаралы, джунгли орманды, жолбарысты, жыланды, пілді қарт Азия. Қыбырлаған халық, тегін байлық, алты әлемге тегіс қол созарлық қос мұхит, сансыз дария, шексіз, шетсіз ен дала, байтақ дүние.
Екі жиһанның қос босағасы— Орынбор мен Орал: ана кең ойпат— Азияға асатын қасқа жол. Осы қасқа жолға алдымен аяқ басқан атаман Иван Кольцо ғой.
Еркін амал, ерікті өмір жойқын жорыққа жетектеген аңғал Ермактың нөкерінен бөлініп ну Жайықты сағалай жортқан Кольцо. Ноғай ордасы Сары Айшықтың күмбезінің үстінде Кольцоның жеңімпаз жалауы тұр. Жоғары өрлеп келіп тоқтаған оның анау Рубежнаясы! Үш жүз қырық бір жыл. Сонан бері балалап, молайып Жайықты жағалай қаулаған бекіністер Кольцодан өрбіген даңқты ұрпақтар — казактар! Империяның басына көтерген болат қалқаны айбынды атты казактар! Жау бетіндегі жалаң қылышы! Даңқты Неплюевтің, Гурьевтің, Перовскийдің ыстық-суыққа бірдей көнбісті жауынгерлері! Бірнеше жүз жыл тартыспен, абыройлы жеңіспен құрылған үлкен империяның көбесі сөгілумен сөгіле бере ме?! Оның үлкен қақпа аузындағы күзетшісі — батыр қазақ қылышын тастап, қолына таяқ ұстамақшы ма?! Топас мұжық пен май қолды жұмысшы әмір етпекші ме? Әлде, анау арда киргиздар өкімет тізгінін ұстамақшы ма?!.
— Жоқ!— деп орнынан тұрып кетті бастық Михеев өзінен-өзі.
«Ресейден келгендердің бәрі, әсіресе Петроград пен Москвадағы революция қимылын көріп келгендер шетінен герой бола қалғысы келеді. Бір уыс милиция және қолында балғасы мен балтасынан өзге түгі жоқ Украинаның саяси шала сауатты жұмысшылары кімді қиратпақшы! Бұл ойланбай басқан адым. Құралы мол, атты казакті қорқытып көндіру, ақымақтың ісі. Дмитриевтен бастап мыналардың Әйтиевіне дейін ешнәрсе түсінбейтін шетінен баран» деп кіжінді Яковлев, Войско басшыларымен, тап сол Михеевтермен сөйлесуге бара жатып.
«Яковлев жолдас, қасыңызға адам ертіңіз, жалғыз баруыңыз лайықсыз, елші есебінде айбарлы түрде барғаныңыз мақұл?»— деп ақыл берген Әйтиевке ол: «Ақылың өзіңе» дегендей жаратпай қарап, жалғыз кеткен-ді. Войско басшыларына, әсіресе әскери адам толған атаман резиденциясына жақындаған сайын ол жалғыз келуінің қате екенін, жеңілдік іс істегенін айқын сезіне бастады. Алдымен оны күзетші офицер қарапайым адам есебінде тәптештеп, не арызбен келгенін сұрай бастады. Ол Яковлевтің: «Мен облыстың Совдептен келдім» дегеніне шүбәлана қарады, «сен атаманмен сөйлесетін кім едің өзің» деп ойлады ішінен, документ көрсетуін талап етіп, бірнеше уақыт кідіртіп, амалсыздан дежурный капитанға алып келді. Капитан күзетші офицердің сөзін құлаққа да ілген жоқ: облсовет мүшесі деген сөзге ғана селт еткендей болды.
— А, анау большевиктер Совдепінен бе? Сіздердің мәселеңізді Михеев мырза қарайды, арызыңызды беріңіз, мен оған табыс етермін,— деді.
— Капитан мырза, мен арыз беру үшін келгенім жоқ. Келіссөз жүргізу үшін келдім. Генералдардың өркөкірек заманы қалды, оны біліп қойыңыз. Өкімет тізгіні халықта...— дей бергенде, капитан оның сөзін келтесінен бөліп жіберді:
— Яковлев мырза, ақылыңызды басқа жерде, басқа аудиторияда айтыңыз, бұл саяси сабақ емес,— деді дөкір түрде.— Алайда, сөйлесе көрерсіз, мен басшыға айтайын.— Оның қатаң үні сәл бәсеңси түсті, өзі арғы кабинетке кіріп кетті. Аздан соң ол қайта шығып:
— Михеев мырза кіруіңізді сұрайды,— деп баяндады. Тоқтасқан, шағын денелі, пысық қимылды, шашы бурыл тартқан, кішірек келген қара көздері жылтылдай қараған кісі таныс адамындай жайдары жүзбен қарсы алды. Яковлевке қол беріп амандасып, өзі жайлы орналасып, стол басында түйткілсіз сөйлесті. Амандық сұрасқаннан кейін ауаның райын айтты, биыл қыстың ұзаңқырап кеткенін, товар аздығын, ішкі қиыншылықтар мен мемлекеттің сауда-саттық жұмыстарының өте шағындалып кеткенін әңгімеледі: бірақ қаланың жайына, болып жатқан оқиғаларға соқпады, әңгімені жай нәрселерге, тұрмыстың күнделікті ұсақ-тілектеріне қарай бұра берді.
— Жақсы темекі табу қиын, қолға түскенін қанағат етеміз, тартыңыз,— деп Михеев жылы жүзбен иісі бұрқыраған жұмсақ түрік темекісін ұсынды да, жымиып езу тартты.
«Қандай мәдениетті жан, үлкен тәрбиелі семьядан шыққаны, көпті көргендігі көрініп-ақ тұр»,— деп ойлады Яковлев жайбарақаттана түсіп.
— Ғафу етіңіз, Михеев мырза. Мен темекі тартпайтын едім, құрметіңізге көп рахмет,— деп ол ызбайлықпен басын иді.
Михеев күлімсіреген күйі оның жүзіне, бет әлпетінің өзгешелігіне, бүкіл дене құрылысына қамти көз жіберіп, сынай баға берді. «Томпақ бет, тар маңдай, таңқы танау, қайқы кеуде, менменсіген, өресі тапшы, шапшаң ойлап, таяз қамтитын адамға бітеді. Салбыраңқы семпек иықтар табансыз адамның белгісі» деп топшылады ол, дұшпанның әлсіз жағын іздеген адамдай.
— «Темекінің зияны» деген темаға неміс профессоры Вернердің оқыған лекциясында болғаным бар, олар лекцияны иллюстрировать етіп оқиды ғой, оның лекциясын тыңдаған адам енді қайтып темекіге жуымайды, маған да үлкен әсер етті, үш жылдай тартпай, тастап кеттім. Осы төрт жыл турасында бір болмашы себеппен байқаусызда тағы тартып кеттім. Темекі аса зиянды нәрсе,— деді Михеев.
Ол сөйлесіп отырған адамынан көзін айырмады. Бастықтық жүзінде күлімсіреуден көрі тереңірек жатқан кекесін шырай бар еді, дөңгелек қойған шоқша сақал мен шалғысы оңып кеткен мұрты сол кекесін шырайды Яковлевтің көзінен тасалап қалды.
Кіргенде күзетші офицер мен дежурный капитанның дөкір қылықтарына шағым айтқандай пікірде еді, ал мына басшының қарапайым кескінін, кішіпейіл қабылдауын көргеннен кейін әлгі райдан тез қайтты. Оның ойына «мыналар жуасып қалған екен ғой, ақылдасып, қорытынды пікірге келіп, бағынуға бел байлаған шығар» деп түйді Яковлев ішінен. Сөздің ретін аңдып отырған ол:
— Ұлы дәрежелі құрметті мырза, шамалауымша, сіз, Войско басшыларының бірісіз, айып етпеңіз, сіздің лауазымыңызды анық білмегеніме. Сізге мәлім, съезд сайлаған облыстық Совдептің бір басшысы мына алдыңызда отырған менмін. Атқару комитетінің тапсыруы бойынша мен сіздерден Орынбор Совдепінің қойған шартты талабына қандай жауап дайындадыңыз, соны біле келдім,— деді, аптығыңқырап сөйлеп.
Михеев сөзін ұқпай қалған адамша Яковлевтің бетіне мағынасыздау қарап, сәл отырып қалды да, әңгіменің не жөнінде екенін жаңа ғана миына кірген кісідей:
— А-а,— деді созып.— Орынбор Совдепі дейсіз бе? Ия, ия, әңгіме... Шарт сияқты талап... Бізге шарт қоймаса да түсінеміз ғой: шарт деген түсінбейтін, қасарысқан адамдардың, жә келіспеген екі жақтың арасында болады. Бізді бірқатар оқыған азаматтар басқаша ұғынады. Генерал болды-ақ, реакцияшыл, керітартпа жандар деген пікірге бой ұрады. Бостандық, халық, социальный теңдік, прогресс, ұлт мерейі үстем болу деген ғасырдың қойған тілектеріне қарсы болатын генерал ілуде біреу-ақ шығар, бәлки болмас та. Ресейдің мерейі жоғары болуына, Ресей халықтарының ілгері дамуына қандай ақымақ көлденең тұрар, ойлаңызшы, Яковлев мырза! Ресейдің батыс уалаяттарындай ұлы, просвещенный халқы бар зор империя болуы кімге мақтаныш емес, а?
— Бұл сөздер менің сауалыма тура жауап емес, ұлы дәрежелі мырза. Мен сіздерге облыстық Совдепке қашаннан бастап бойұсынасыз, заңды халық өкіметін өкімет деп танып, мына Войско үкіметі дегенді қашан таратасыз деп сұрап отырмын,— деді Яковлев.
Енді ол қыза сөйлей бастады.
— Хе-хе-хе,— деп күліп жіберді Михеев.
Бірақ оның күлкісі шын күлкі ме, әлде өтірік келеке ме, оны айыру Яковлевке өте қиын, өйткені бірінші көріп отырған, бұрын-соңды сырласпаған, сөйлеспеген адамның бір көргеннен мінез-құлқын айыру оңай емес-ті. Ол қызара түсті, қалайда сөзбен бастырмалатып үлкен әсер етіп тастау ниетіне көшті, күш көрсете сөйлеген де зиян болмас деген қорытындыға келді.
— Орынбор Совдепі сізге бір тәулік сроктің ішінде бағынасың деген шарт қойды. Бейбітшілік жолмен келіссөз жасау арқылы шаруа мен жұмысшы өкіметіне бойұсынасыз. Әйтпесе күнде ана Орынбордан шыққан әскердің күш жұмсауы ақиқат, онда істің ақыры насырға шабады, мұны мұқият ескеруіңіз керек.
Михеев селт ете түсті, бірақ бұл еріктен тыс қимылдан қарсысындағы Яковлевтен жасыру ниетімен тамағын кенеп креслоға шалқайған болды.
— Әскер... Әрине, әскер деген біздің заманымызда иек астынан шығатын үйреншікті нәрсе болып кетті ғой. Әскер жібергендей біз бір соғыс ашып жатқан қарсы тарап болыппыз ба? Қызық нәрсе! Ойбай-ау, атам заманынан бері қару-жарақ ұстауға үйреніп қалған казактар құралдарын тапсырмай жатыр, хикматтың бәрі осында емес пе, Яковлев мырза? Істі уақыт шешеді. Халық өкіметіне бойұсынбайтын кім бар? Мына казактарды бірте-бірте көндіріп, қаруын тастатып, бейбітшілік өмірге үйрете беру жөн. Осы айтқандай, Яковлев мырза, сіз мынандай сауалға жауап беріңізші: әлгі Орынбордан сөйлескен комиссардың фамилиясы да орыс фамилиясы емес. Кім еді әлгі...
— Цвилинг.
— Ия, ия, солай. Сұрайын дегенім: әлгі Совдеп дегендеріңіз де толып жатқан Бронштейн, Цвилинг, Фрунзе, Каменскийлер. Жөйттер мен немістер неге көп сіздерде? Сіздің өзіңіз де мордвинсіз ғой?
— Сіз шовиниссіз, ұлы дәрежелі мырза, біз ұлтқа бөлмейміз. Әңгімені басқа жаққа бұрмаңыз. Маған сіздің тура жауабыңыз керек.
— Хе-хе-хе. Айып етпеңіз, егерде бұл сөзім сізге ұнамай қалса. Шовинизм деген айып термин емес қой. Байқауымша сізді менің айтқан сөзім қанағаттандырмаған тәрізді ғой, Яковлев мырза.
— Сіз қанағаттанатын жауап берген жоқсыз. Казактар қаруын тастамайды деген ертегіні жас балаларға айтсаңыз, бәлкім сенер де. Ал, Войско басшылары қолдағы қаруды жинап алу былай тұрсын, тіпті қарулы күштерді көбейтуге кірісіп жатыр ғой Михеев мырза. Бұл жайды бүгу — арғы жағында жасырын ниет бар деген болжалдың шындығын дәлелдейді. Үйіне қайтудан бас тартқан солдатты естіген емен.
— Хе-хе-хе, сіз Яковлев мырза, шын орыс емес екенсіз, казактың психологиясын жақсы білмейді екенсіз. Казак негізінде шаруа, бірақ оның плугының қасында сүйеулі қылышы мен мылтығы тұрмаса көңілі көншімейді. Бұл дәстүр Иван Грозный патшадан да бұрын басталған, тарихи өмір сүруіне байланысты жауынгершілік заман туғызған, казак казак болғалы келе жатқан дәстүр. Мұны бір күнде, жә бір жетінің ішінде өзгертуге болмас. Міне, сол ескі қағида бойынша казактар Үлкен Круг жинап өзінің басшыларын сайлады, басшыны белгілеу де, Кругті де жинау сол станица казактарының еркінде. Мұны түсінбеуіңіз ғажап! Ана Цвилингтер орыстың, оның ішіндегі казак деп аталатын орыстың салтын, тұрмысын, бүкіл рухын қайдан түсінсін! Айтқандай, Яковлев мырза, сіз меньшевик шығарсыз?— деп сұрады да, Михеев Яковлевтің бетіне үңіле қарады.
— Менің саяси көзқарасымды талдап білудің сізге қажеті болмаса керек, Михеев мырза! Кешіріңіз, ұлы дәрежелі Михеев мырза,— деп салды Яковлев ашу қысып.
Қандай саяси бағыттағы адам екеніңізді айту-айтпау, әрине, өз еркіңізде, Яковлев мырза. Әлгі саяси көсемдер Керенский де, Мартов та социалистер, бірақ олармен сөйлесіп, келісіп іс істеуге болады, ал большевиктермен мен, әрине өзіне сенген большевиктерді айтамын, олармен келісуге болмайды. Сол үшін сұрап едім сіздің қай топта екендігіңізді.
«Сыр тартпақшы ма, әлде тәлкек ете ме? Сарыны белгілі. Сол өз пікірім бірде-бір дұрыс пікір. Бұлармен күш теңелген кезде ғана сөйлесу керек, оның бергі жағында керегі: «сіз де жақсы, біз де жақсы» деген саясат» деп түйді де, Яковлев ішінен Дмитриевті айыптай бастады. «Көрермін мен сенің геройлығыңды мыналармен шайқасатын...»
— Сонымен, ұлы дәрежелі мырза, сіз облыстық Совдепке өз еркіңізбен бағынбайтын пікірдесіз ғой?! Жақсы. Менің басқа қоятын сауалым жоқ,— деді Яковлев орнынан түрегеліп.
Михеев оның бұл сөзін естімеген адамдай:
— Сіз қайтасыз ба? Сізді ат-шанамен апарып салсын. Бейбітшілік жағдайымен келген мырзаларға құрметті бейіл көрсетеміз. Сізбен әңгімелесу маған үлкен ләззат берді, Яковлев мырза. Айтпақшы, Орынбордан шыққан әскерді біз сіздің өзіңізбен бірге тұз-нан алып шығып қарсы алар едік, оның қандай роталар екенін де, болмаса полк па, хабардар емеспіз, қашан келетінін сіз айта алмайсыз ба?
Генералдың көзі Яковлевтің аузынан лебіз күткендей кірпік қақпай қадалып қалды да, бүкіл назарын тыңдауға аударған жанша тына қойды.
— Үш жүз шақырым жерге әскердің неше күнде жететінін Михеев мырза, сіз меннен көрі жақсы білетін шығарсыз. Бірақ сөзіңізге қарағанда, Орынбор отрядын тұз-нан алып шығып қарсылауыңыз екіталай... Дегенмен игілікті ниет. Сау болыңыз.
— Хош тұрыңыз, Яковлев мырза.
Яковлев сәл басын иді де шығып кетті.
3
— Пайдалы мылжың. Өзінше күш көрсетпекші. Әңгіме ендігі жерде әбден ашық: өзіміз ойлағандай, Орынбордан әскер шыққан көрінеді. Әңгіме арасында «рота ма, полк па?» деген сөздерді қыстырып едім, ол: «отряд» деп салды. Қалай болғанда да бір батальон шамалы қарулы күш қозғалуы. айқын. Мен төтелей отказ жасаудан көрі, жараны ушықтырмайын деп, ұзын арқан, кең тұсауға салып: «казактардың қаруын бермейтін әдеті бойға сіңген нәрсе, оны жайлап-жастана көндірмесе болмайды» деген пікірді құлағына құя бердім,— деді Михеев екінші кабинеттегі штаб генералы Акутинге.
— Бастығы ма екен келген?— деп сұрады Акутин сазарған пішінмен.
— Бұлар шетінен бастық емес пе, генерал мырза, көп председательдерінің бірі болса керек. Маған «шовиниссің» деп бәле жапты. Хе-хе-хе. Ендігі көргенде «неге большевик болмайсың?» деп ілік таға ма деймін деп кекетті ол келіссөзге келген Яковлевті.
— Арнаулы орнына аттандырған шығарсыз деп сеземін оны, Михеев мырза.
Михеев көздерін сәл қыса түскендей болды да:
— Қайда кетер дейсіз, генерал мырза, біріндемей-ақ бұл бірнеше сағаттың ішінде біржола бітетін іс қой,— деді.
Әңгіме Яковлевті тұтқынға алу жөнінде еді. Акутин үндемей қалды.
«Айлакер адам. Қақпанға аяғын жазым баспайтын, ізін де кестірмейтін нағыз кәрі түлкі. Осының қулығы мен тапқырлығы менде болсайшы» деді ол ішінен, өзіне-өзі риза болмай қолын сілкіп қалды. «Тоқтай тұр, сұр шинель киген жалаң аяқ мұжықтар, бүкіл казак ұрпағын қарсы көтеріп табаныңды кірпінің тікеніне басқандай етермін, әлі!»
— Поселкелердегі совдепшілерді алдымен қолға аламыз ғой?— деп сұрады ол Михеевтен, келбетті жүзі сұрлана түсіп.
— Һм. Һм. Әлбетте.
Қара жусанның түбіріне құйрығын шырмай орап алып әбжылан қыбырлаған жанды шағуға әзірленеді, басын жоғары көтеріп, айыр тілін сумаңдата түседі. Ақ генералдар да жыландай жиырылып, аңдаусызда бас салуға кірісті. Олар бір сағаттан кейін штаб мәжілісін өткізді, күншығыс беттегі казак станицаларының атамандарына құпия бұйрықпен шапқыншылар жөнелтті, полковник Бородинге 6-казактар полкына Дарьинскідегі жүздіктерді қосып, Орынбордан шыққан отрядтың жолын тосып, қалаға жеткізбей талқандауды тапсырды: төменгі Барбастау, Бударин, Тасқала жақтан жылжыған және қала төңірегіндегі дайын жүздіктер мен 7-полкты контрреволюциялық бүлікке арнады. Бұл операцияны генерал Акутин өзі басқармақ болды.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Әмір әкесінің пәтеріне келгенде Быков та жирен атын жегіп, ат-шанасына қарайып кеткен қоғажай шөпті толтыра салып, сол жерге келіп тұр еді. Әмір бұл бейтаныс кісіге сәлем беріп, басын иді де, ішке кіріп кетті.
— Папа, ертелетіп елге шығайын деп жатырсыңдар ма?— деп сұрады ол терезе алдында шылым тартып отырған әкесінен. Меңдікерей үндемей Әмірдің бетіне қарап, бірнеше секунд отырып қалды. Оның түннен бері қарай бойы дел-сал тартып, қабағы бір түрлі тырысқан сияқты бола берді. Жаңа исполком мәжілісінде де ол бұрынғы қызу қалпы жоқ — салақтау сөйлеп, басқаларды қостаумен ғана отырды. Қазір басы зілдей болып, бойын жаза алмай отыр.
— Сенде бір порошоктар болатын еді басты жазатын...— деді ол Әмірге, оның сұрағына жауап берудің орнына.
Әмір әкесінің өңі бүгін күрең тартып, көздерінің жанары жасаурап тұрғанын жаңа ғана байқады.
— Папа, сен науқастанып отырған жоқсың ба? Өңің өзгеріп кетіпті. Порошок бар еді, бірақ ескі костюмнің қалтасында қалыпты. Мен қазір барып алып келейін,— деді.
— Жоқ, жоқ. Қалтаңда болмаса керегі жоқ. Мен қазір жүргелі отырмын. Іс тығыз. Бір минут күтуге де уақыт жоқ. Тек сен келсін деп отырғаным.
— Папа, түсің алкүрең тартып тұр. Сенің қызуың болу керек. Ауру күйі... қалай ол... Жолға шығуың. Қай жаққа баратын едіңіздер?
Әмір аздап үрейлене бастады.
Меңдікерей ойланып қалды да:
— Жоқ қызуым болмауы керек. Бастың ауруы, мүмкін, шайдікі шығар. Үйдің шайын сағынып мең-зең боп кейде осындай бір басымның зілдей болатыны бар. Қай жаққа барасың дейсің бе? Қай жаққа баратынын, не үшін баратынын адам мына сияқты тар кезеңде айтпас болар, балам. «Баланың қадірін балалы болмай білмессің» дейді екен біздің бір аталарымыз. Сол сияқты мұндай суыт жүріс ертең сенің басыңа да келер біліп қой: бір ақылдан екі ақыл жақсы, бірақ тіл тиексіз, естігенді ол сақтай бермейді... Айтқандай, Әмір, сендердің студенттерің арасында қызу әңгімелер көп болады, байқаңдар, жастықпен аңғырт іске ұрынып қалып жүрмеңдер. Мына Войско үкіметі қарап жатқан жоқ, басқан ізді аңдып отыр. Шын жолдас болмаса, сырларыңды шашпа. Әбдірахман әзірге қалада қалады, соның айтқанын тыңдағайсың...
Әмір әкесінің сөзін бөлмеді, бірақ ішінен оның өсиет етіп тұйық-тұйық сөздерді қадап айтқанын және белгісіз сапарға аттанып бара жатып, баласына өзінің сырын бүккенін жаратпады. Меңдікерейдің жабыңқы түрі мен өзгеріп кеткен дауысының күңгірт үні жүрегін жүйткіткендей әсер етті. Сөзге ұтымды, сырт көрінісі салмақты болғанымен әкесінің мінезі күйгелектеу, амалы ұшқыр жан-ды, айтарын айтып тастайтын, ойлағанын тез істеп жіберетін адам еді. Ал, қазір мүлде өзгеріп кеткен. Әмірге ол өте тұйық, тым сабырлы көрінді...
Баласының таңырқағандай қарап, тосырқап қалғанын көріп және қайда бара жатқанын айтпағанына өзі де шыдай алмай, Меңдікерей:
— Исполкомның жасырын тапсырмасымен Орынборға кетіп бара жатырмын,— деді.
Әкелік сезім билеп, Меңдікерейдің салқын лебізден сенімді жұмсақ жауапқа морт көшкенін байқап, Әмір іштей елжіреп кетті, ол көңілде түйткіл қалдырмайтын жадыраңқы пішінмен қуақы әңгімеге көшті.
—
Папа-ау, сен өзің қызықсың, осы біз үшін қайғырып күні бұрын сары уайымға түсетінің не? Біз деген тұтатын тұлдыры жоқ кәдімгі көсенің иегіндей емеспіз бе?! Отқа салса қылшығы шытырламайтын нағыз үйтілген қара сирақ жандармыз! Ақсүйектер ұстай алса, көмейіне кесе тұратын кеселді қылтанақ тағы біз. Бізде алар алтын, берер күміс жоқ: таздың тақыр басындай бізді қайтеді?..
Меңдікерей мырс етіп күліп жіберді. Тіліне іштей риза болса да, ол басын шайқап:
— Сенің осы тілің удай. Қорқамын, керексіз жерге жұмсап, біз жоқта тіліңнен жазып жүрмесең не етсін,— деді.
— Баяғы Бұқарбай бақсының сарыны. Папа, тоныңды өзгертші, немене, жылдық сапарға кетіп бара жатқан адамша қайта-қайта «қорқамын», «қорқамын!» дейсің. Әмір Меңдікереевичтің гимназняны қалтаға салып алып, университетке аяғын алшаңдай басып кіруге тұрғанын білесің бе өзің? Әлі бала санайсың!
— Біздің тілегіміз де Сендердің адам болғандарың, шырағым. Қанаты қатқанша торғай да балапанын қориды ғой... ал жарайды. Әзірге мұқтажданып қалмассың, ә? Әлде ақша тастап кетейін бе?
Меңдікерей жалма-жан қалтасына қолын салып, ақша шығара бастады.
— Артық болмас,— деді Әмір, қобыраған қағаз ақшаға көздерін тіге түсіп,— ақшаның анда-санда керек болатынын түсіндіріп, егер көбейіп кетсе оны далаға тастамай банкеге салып қою керек екендігін айтып, анау күні Альфред Иванович лекция оқыған. Сонан бері ақша көп болса зиян болмайтынын ұғып қалдық.
Меңдікерей қалтасынан шығарған ақшаны санамастан Әмірге ұсынды. Екеуі бір минуттай тағы үнсіз отырысты. Ақшаны ішкі қалтасына мұқияттап тығып жатқан Әмірге қарап, оның ойына кенет жастық шақ түсті... Албырт жігіт кезі. Оқу жолындағы әрі бейнетті, әрі шатты жылдар... Алыстағы ауыл... ынтық жүрек... үйленген бақытты айлар... Әмір... кішкене Әмір...Жұдырықтай қара бала... Пысық бала... Өте пысық...
— Нағашыңа тартқансың,— деді ол Әмірге, ойын шұғыл үзіп жіберіп.— Ал мен жүремін.
Орнынан түрегеліп Меңдікерей шинелін жылдам киді де, сыртқа шықты. Қақпа алдында күтіп тұрған Быковты көріп ол адымын тездете түсті де қайырылып, соңында келе жатқан Әмірдің маңдайынан сүйіп алды.
— Папа, үйге соқсаң мамама сәлем айт, кешікпей келеді дерсің.
Меңдікерей күбірлеп:
— Менен, мүмкін, сен бұрын көрерсің. Бұрын көргеніміз айтармыз,— деді.
Шана сырғып жүре берді. Әкесінің осы сөздері кейін Әмірдің құлағынан кетпеді, сол үйдегі екеуінің терезе алдында отырып сөйлескені үлкен жазулармен баттитып жазып, іліп қойғандай көз алдында тұрып қала беретін болды. Бірақ қазір күнделікті сапар жүру, қоштасу, үй іші әңгімесі сияқты сөздерге ол мағына беріп ойланған жоқ. Ол жолдасы Хакім Жүнісовтың пәтеріне жетуге асыққан еді.
2
Ертеңгі қатқақ кезде жирен ат cap желіспен жолдың біраз жерін ұтып тастады да, түске таман салыға бастады. Қара тер атты бақайына дейін малмандай етті: бүйірін қатты-қатты соғып, енді бүлкілден де аяңға көше берді.
— Біз, сірә, атты мықтап салықтырып алатын шығармыз: жол ауыр және оның үстіне жүкке бейімдеген мына шананың құр өзі де бір атқа жүк болғандай адымын кере аяңдап келе жатып.
— Мына хуторға аялдап, шөп жегізіп, тынықтырып алайық, cap жілік ат қонаға жеткізеді қалайда болса,— деп сенімді түрде жауап қатты иесі, қардың мұздақтаған қатты қабыршағы қия бастаған атының артқы шашасына қадала қарап,— жылда осы кезде сай-сала болмаса, қырғы жазықта бір уыс та қар қалмайтын, биыл көктем кешікті. Сіздің жерде қалай қазір жаз шықты ма?
— Бізде де осындай. Біздің ауыл мына тұста ғой,— деп Меңдікерей Жайықтың арғы бетін көрсетті.
— Әйел, бала-шағаңыз бар шығар?
— Бар, бірақ мал малданып, жан жанданып үйде отыруға қол тимей келеді, Игнатий Иванович. Мына буржуйларды бір жайлы етіп, елдің қолына теңдік әперейікші, сонан кейін, үй шаруасын қолға алармыз,— деді ол шаруа жолдасының ыңғайына көшіп.
— Бір жағынан бойдақ, салт басты жүргеннің өзі де дұрыс па деп қаласың. Кәрі шеше мен емшекте баласы бар жалғызілікті әйел өз алдына бір қам. Әсіресе, мына сияқты қоғам жұмысы бір қалыпқа орайласпай тұрғанда қиын. Үйге көз салмасаң азып жүре береді, ал шаруамен болуға азаматтық борышың жібермейді. Оның үстіне мына кулактар мен бай казактардың түксигені әбден бәле болды, өзің жоқ жерде үйіңді бар жанымен өртеп жіберуге бұлардың дүзі жанбайды. Мына келе жатқан біздің селомыз өте жаман, бас кесуге дайын. Атамандардың үгітіне еріп құтыра бастаған көрінеді,— деді Игнат, күдікті жайларды сыр ете сөйлеп.
Меңдікерей үндемеді. Жолдың тапталған қарына, кірт-кірт басқан аттың аяғына қадала қарап, тұнжырап отыра берді. Игнат оның ілгері шығыңқы ірі иегіне, қоңырқай күреңіткен ат жақты бетіне, дөңестеу келген ұзын мұрнына, шүйделі желке, жұмыр мойнына және қақпақтай жауырынына қарап: «Қандай күшті екен! Қазақтар қамшыға мықты келеді, мына Меңдікерей бір ұрғанын қалпақтай-ақ түсірер... Мінезі қызық шығар өзінің, мұндай күшті кісі бала сияқты болады.
Біздің Василий де осындай. Кейде күні бойы тұнжырап жүреді...» деп ойлады.
— Тоңған жоқсыз ба, Ипмагамбетович? Күннің көзі шыққанмен жылуы аз, әлі жел ызғарлы; акурат, мына шинельмен мұздап қалуыңыз мүмкін,— деді Игнат, сөзге сараң жолдасын әңгімеге шақыра сөйлеп.
— Жоқ, шинель ескі болғанмен жылы. Ішінде тағы былғары тужуркам бар,— деп Меңдікерей етегін қымтай түсті.
Меңдікерей шинелінің қалтасынан кисетін алды, шылым орады, мойнын ішіне тыға шинелінің сол жақ омырауымен қалқалап сіріңке шақты. Ол ішіне үзбей үш-төрт рет мықтап түтін жұтты да, шалқая түсіп кеудесін жазды; сөйтіп шананың қалқанына қисая түсіп, шылымның жанып бірте-бірте қысқарғанына қарай отырып, темекісін тартып бітірді.
Түсіп ат шалдырған жерде ол пештің алдында отырып ұзақ уақыт үндемей қайта-қайта шылым тартты. Бір стакан сүт пен бір тілім нан жеді де, Игнатты асықтырып тез аттанып кетті. Бұрын сырласпаған, сапарлас болып көрмеген адамның мінез-құлқын Игнат жете біле алмады. Оның өмірімен де аса жақсы таныса алмады.
Селоға жеті шақырымдай жер қалғанда жирен ат босаңсыды.
— Қамшы салдырмайтын жануар еді, қалада күйі болмай азып қалды, акурат, салыққан. Дегенмен жеттік. Ипмағамбетович, кәне бір шылым тартып жіберейік,— деп Игнат шанадан тағы да түсіп қалтасынан кисетін алып шылым орай бастады.
Сояудай ірі екпе темекіні сары қағазға жіптіктей етіп шиыршықтап, ол сіріңке тартты да, темекісін орап үлгірген жолдасына уысына көлкештеген отты алдымен ұсынды.
Күн ашыққа батып бара жатты. Аспанның батыс жақ жартысын тұтасымен күрең шабдар сәулеге малып алғандай. Көкжиектен арқан бойы жоғары тұрған бірсыдырым көгілдір бұлтқа соғылып сонау қызыл сәуле биікке шашырап кетіп жатыр. Шығысқа қарай ұшып өзен бойындағы орманға бет алған қара қарғалардың көктегі ноқаттары да қызғылт көрінеді.
Игнат шылымын тартып тұрып батыс жаққа көз жіберді де, басын шайқап:
— Тура қан сияқты. Күн суытады,— деді.
— Жердің қатқағы ғой бізге ең керегі; бәлкім түнделетіп жүріп кетерміз сіздің селода тамақтанып алып, істің бәрі уақыт пен жолға тіреліп тұр, уақытты ұтсақ, бәрін де ұттың. Ат табылады ғой, Игнатий Иванович, ә?— деді Меңдікерей есі-дерті ілгері аса беруде болып.
— Интересно, бұл кім екен сонша суыт жүрісті? Бағанадан алыстан көрінгеннен-ақ қатты сыдыртып келеді,— деді Игнат сол жақтан көрінген салт аттыға көзін тіге қарап.— Ат табыла ма дейсіз бе? Ат табамыз ғой, бірақ жылы жерде ұйқы басып жүрмесе.
— Жоқ, ұйқыны қоя тұр. Ұйықтайтын уақыт соңынан да табылар. Ат табылса болды. Жүріп кетеміз. Анау атты кісі де селоға жетуге асыққан біреу шығар. Бұл жол қайда баратын жол, Игнатий Иванович?
— Даринькаға.
— Кәне, Игнатий Иванович, қозғалайық, ат аздап буынын бекітіп алды, көрдің бе, бүйірінің соққаны да сирейін деді. Шана ауыр, әйтпесе екі кісіге сыр беретін жануар емес.
— Жүрейік... жүрейік...
Иесінің ыңғайына қарай дағды алып үйренген ат жол жиегінде тұрған Игнатпен қосыла қозғалды да, үйге жақындаған сайын жеделдете аяңдады. Шананың артынан екеуі аяқтарын адымдай басып зорға ілесе бастады. Салт атты кешікпей cap желіспен ойысып келіп нысана атым жерден бұлардың жолын кесіп алдына түсті де артына шұқшия бір қарап алып ілгері асып кетті.
— Мынау Калашников деген бір әлді казактың кенже баласы, әкесінің екі диірмені, қырық-елу десе жері бар, малы да көп, мекен-жайы да үлкен, селодағы азулылардың бірі. Биыл Песков дейтіндермен екеуіне салғыртты баса салып, біраз астықтарын алғанбыз. Жақында осылар поселкелік Совдепті өртеп жіберуге әрекет етіпті, анау күні съезд кезінде біздің жігіттер тағы да біраз ауыздықтап алса керек. Мына баласы үш айдан бері Даринькадағы Войсконың офицерлер дайындайтын школында еді, көрдіңіз бе, хорунжий шенін тағып алғанын. Бүлік шығарушылар — түбі осылар болады,— деді Игнат сыдыртып өткен салт аттының қоқақтаған пішініне қуа қарап.
— Қолынан келсе бұлардың қайсысы қылыш көтермес дейсің...— деді Меңдікерей, ойы басқа жаққа бөлініп.— Калашниковтың аты кім?
— Захар. Немене, танитың ба едіңіз?
— Жоқ. Қайдан таниын... Жай, ойыма біздің Калашников түсіп кетті. Бізде де осындай бір әлді Калашников бар, әлділігінен де жауыздығы күшті... Фамилиялары ұқсас болған соң аттары да ұқсас болатын шығар дегенім... Әрине олай емес. Біздің Калашниковтың аты Иннокентий.
— Ім,— дей салды Игнат үй іші ойына түсіп.
«Марфуша монша жағып қойса игі еді. Қызым еңбектеп етегіне жармасып жүр ме екен ?!» «Жамансыңдар сендер, біздер жас күнімізде таңның атуынан, күннің батуына дейін пішен шапқанда да «уһ» демейтінбіз»... Кемпірдің аузынан түспейтін мәтел болып кеткен, құлаққа үйір зілсіз сөздеріне ол жымия күліп қойды.
Екеуі де үндеместен аяңдап жүріп келеді. Күндіз кей жері сыңар аяқтап ойылған жол қазір қатаңсып қалған да, жүксіз ат аяғы ілікпестен ширақ басады. Алысырақтағы қарасындар көзден тасалана бастаған іңір алдында беті іріген жентек қар көгілдір түске айналған; қыстайғы үздіксіз жүрген көліктің көңі мен шанадан төгілген шөп-шөлеңнің беті ашылып жол аңғары үздік-создық қарауытып жатыр.
Ымырт жабыла берді. Жолаушылар поселкенің шетіне де төнді, селоның нақ іргесіндегі терең сайға бір шақырымдай қалғанда олар шанаға отырып алды; тыныс алып қалған жирен өнімді бүлкілге салып, шананы жеңіл сүйреп сырғыта жөнелді.
Қаланың ішіндегі неше күн бойына созылған жиналыс, жүріс, толып жатқан жұмыс, оның үстіне күн ұзын тынымсыз жорытқан жол, қажыған дене, кештің бой шіміркендіретін салқынымен серги түсті де, бір жұма көрмеген үй ішімен жайланып отырып демалатын минуттың жақындағанына көңіл еріксіз көтеріле берді. Быков ыңырсып «Рябинушка» әнін сала бастады. Оған тұнжыраңқырап отырған қасындағы Меңдікерей де қосылып кетті. Кешкі қоңырқай мезетте жүрекке жылы, мұңды, шаттық құятын халық әнінің жайма қоңыр үні ақырын жылжып, ілгері өрлеп белгісіз бір қиялға жетектегендей, ақырын шайқап, ептеп тербетіп, жанға бір жайлы берік сая іздеткендей:
Неге тұрсың сен теңселіп,
Нәзік бойлы рябина,
Тағзым қып жерге басыңды иіп...
Аттың күрт-күрт, дік-дік аяң басқаны, шана табанының баяу сырғып қатқыл қарды ысқылаған дыбысы, жер бауырлап жылжыған ұзын ырғақты нәзік қоңыр үн — өмірдің әрі құштар, әрі бейғам, әрі жұмбақ күйінің тоқтаусыз шерткен пернесіндей көрінеді...
Ат жардың қабағына келді де құлақтарын баяу қайшылап аяңға көшті. Әлсіздеу осқырып, алдында сай ішінде шоғырланып тұрған атты адамдарға қарады. Шанадағылардың баяулата салған қоңыр әні үзіліп кетті, бұлар да шоғырға қарады.
Бейуақытта не үшін шоғырланып тұрғанын көзі жете ұғынбаса да Игнаттың көңілі қарадай қашты,. «арам ниетті жандар?» деген ой сап ете түсті, бірақ аттың божысын тежемеді, тежеуге, ойлануға уақыт жетпеді. Ат жылжып сайдан төмен түсті де екпінмен желіп, шоғырланған адамдарға бетпе-бет төніп қалды.
— Тоқта!
— Кім бұл?
— Быковпысың?
Песков Астахтың даусын Быков тани кетті, шанаға төніп еңкейе қараған белгілі бұзық, сотқар Архипты керді.
— Быков, сен атаманға жүресің, бұр аттың басын!— деді ол, зеки сөйлеп.— Қасыңдағы қай комиссар?
Шананың екінші жағынан атпен омыраулатып бағанағы бұдан бір сағаттай уақыт бұрын жолды кесіп өтіп, озып кеткен хорунжий Захар:
— Архип, сен ұста атты! Басқаларың суыр қылышты! Қызылдың екі комиссары тұтқынға алынды деп жариялаймын! Семен, Николай! Түсіп бойындағы қаруын ал!— деп команда берді.
Жас хорунжийдің дауысы қылғынған адамдай шырылдап шықты.
Быков не істерін білмей сасып қалды да, Меңдікерей орнынан көтеріле беріп:
— Сен өзің жөн сұрасуға келетін адамбысың, болмаса сай ішінде бұғып отырып, жол тонайтын қарақшымысың? Бұл не деген заңсыздық?!— деді жуан дауыспен.
Сөйтті де шинелінің ішіне қолын сұғып, іштен асынған наганын суырып алды, шананың ішіндегі шөптің астына салған винтовканы алуға үлгірмеді.
— Жөнді атаман конторында сұрасармыз.
Атаман конторында менің шаруам жоқ, бекзат.
— Сенің шаруаң болмаса, біздің шаруамыз бар қызыл комиссарларда. Ал, Семен, Николай, тінт мынаны.
Меңдікерей істің қиынға шапқанын сезе қалды да, аттан түсіп жақындап келген кішірек бір казакты сол қолымен сермеп жіберді, өзі ырғып шанадан түсті. Осы кезде шананың арт жағынан қылыштарын көтеріп жаудың үш-төртеуі аттарын кидірмелете төніп қалған еді. Меңдікерей жүгіре ұмтылып аттың алдына қарай барды да, сайдың қарсы қабағына ұмтылды.
— Қуыңдар, шауып тастаңдар! Ұмтыл!— деп айқайлады шырылдаған дауыс.
Артынан ұмтылған төрт аттыға меңзеп наганмен екі рет атып жіберіп Меңдікерей қыр басына шықты. Төмендегі үйме-жүйме болған аттылар сәл тоқтап у-шу болды, балағаттай боқтап қайта қуды. Қайта қашуды әбден шешпеген Меңдікерей қыраттың үстімен қарауытып көрінген шеткі үйге қарай ойысты. Осы кезде алдынан шауып, жолын кескен аттыны көзге ала беріп наганмен тартып үлгірді де, арттан келіп соққан қылыштың екпінімен ілгері ауытқып барып, жер сүзіп қалғандай болды. Екінші тиген қылышты сезген жоқ...
Ілгері жар қабаққа қарай ұмтылған Меңдікерейдің наганының дауысы шыққан кезде жаудың ниетін жаңа ғана айқын сезіп Игнат та шанадан ырғып түспекші болды, бірақ сол сәтте оң жаң иығына сарт еткен соққыдан шананың ішіне қайтадан құлап түсті. Қолы ұйып қалды, тұла бойы жып-жылы болып кетті. Кеудесін жаныша басып, аяқтарын созып жіберіп екі адам үстіне мінді де:
— Тартыңдар!— деді.
Шананың қимылын, аттың жүрісін сезген жоқ, тек балағаттап боқтаған сөздер ғана оның құлағына алыстан үзіліп келіп жатты...
3
Ерін күткен Марфа Быкова қызын емізді де:
— Шеше, немереңізді ала тұрыңызшы, мен Машканы қорасына қамап келейін, қайта-қайта қақпаның алдына барып мөңірей береді, шығып кетіп далада туып қалар,— деді.
Сәби қарысып айрылмайды, бүртиген титтей саусақтарымен қарманып, анасының омырауына жармасып, көйлектің қақпағын бүріп алады; кемпірдің қалтылдаған әлсіз қолына мүлдем бой берерлік емес, құшырлана ұмтылып, мұрны пышылдап, анасының кеудесіне тұмсығын тыға береді де, екі аяғымен суға жүзген адамша сермеп әжесінің уысынан шығуға жанталасады.
— Мына тажал, қайтеді? Тірі болсаң әжең сияқты бір тентек боларсың сен де,— дейді кемпір, немересінің пысық қимылына риза болып,— келе ғой әжеңе, келе ғой, күйкентайым, тентек болма,— бәрібір өз алдыма келесің.
— Әжесі, сіз тентек болып өсіп пе едіңіз?— дейді келіні күлімсіреп.
— Біздің тұқымның тентек емесі бар ма, ақылсыз келінім-ау?..
— Игнат та тентек пе, қой аузынан шөп алмайтын момын?— деп мырс етті әйел.
— Адыра қал-ау сол, ер сынайтын сен қайдан шықтың, балаңның жаялығын дұрыс жуа алмайтын маңқа.— Кемпір жұлқи түсіп баланы кеудесіне қыса, сәкіге қарай кері шегінді. Бала аздап тағы қарсылық қимыл көрсетті де, кәрі әжесінің шимайлаған көгілдір бетінен ең керегін жаңа тапқандай қадала қарап, опырыла бастаған тіссіз ауызына қолын созды. — Әлди, күйкентайым, әлди...
Үй іші қоңыр көлеңке, жұрт орынға отыра бастаған шақ. Келінінің езу тартқанын кемпір анықтап көрмесе де шамамен сезді.
— Сен неге жымиясың күйеуі келген қалыңдықша?
— Игнатты пысық дегенге, әшейін, әже, ойыма бір нәрсе түсіп кетіп, соған күлкім келгені.
— Пысық болмаса, басқалардан артық болмаса сенің әкең менің балама қыз бермеген болар еді. Тіл ауызым тасқа (кемпір сол иығына түпу-түпулеп қойды) Василийім учитель, Игнатым селен бастығы, ел ағасы, кемпір жаман болса ондай бала туа ма?— деп кемпір әдетінше өрлей сөйлеп, мақтана түсті де, кенет даусын өзгертіп жіберді: — Айналайын Игнатенькам қайда жүр екен, үйден кеткеніне бір жұма уақыт өтті, аман болса жарар еді?! Үсті-басы кірлеп, азып-тозып кеткен шығар. Марфуша, сен монша жағып қойсаң нетер? Бүгін қалай келмес екен?!
Игнат пен келінінің тілін ширата кемпір шешенің: «Сендер жамансыңдар: жас күнімізде біздер қандай едік. Баламызды құндақтап жанымызға қойып, ертеден кешке дейін пішен шапқанда бір «уһ» деп көрген емеспіз»,— дейтіні зілсіз, мұны ол екі сөзінің бірінде айтады, мәтелдей болып кеткен сөздер, мақтана сөйлейтін бұл мінезі келініне бой тұмардай жуық, белгілі мінез. Кемпір сөйлегенде өткендегі өз қайратын, алғырлығын салыстыра айтпаса сөздері жасық сияқты көрініп тұрады, ал бұл балаларына сүйкімді лебіз есебінде.
— Әжесі-ау, сіздердей біз қайдан болайық, атадан бала ширек кем туады ғой, мұны менің кәрі әжем де ылғи айтатын,— деп мырс ете түседі келіні.— Моншаның отыны, суы бәрі даяр, ішін алдыңғы күні жуып қойғанмын, бүгін әлде сіз кіріп шығасыз ба? Кірсеңіз жағайын.
— Жоқ, жоқ, Игнат келсін, соған әзірле. Әлди, әлди аппағым, әлди, қарғам, ұйықтай ғой.
Ал, сәбидің ұйықтау ойында да жоқ еді, ол аяғымен серпіп жіберіп, кемпірдің қолынан сытылып шығып кетті де, еден үстінде жорғалай, екілене еңбектеп шешесіне ұмтылды.
— Бар, жаман неме, шешеңе! Қарай гөр, мұның қаршадай басынан шешесіне ұмтылуын. Әже саған жат адам ғой шамасы. Көрермін, әлі мендей әжесіз көрген күніңді де,— деп кемпір балаға тыржиған, етсіз қолын ербеңдетіп, жұдырығын түйіп қойды.
Қыз бала еңбектеп, анасына қайта келіп, аяғына оралды.
— Жарайды, ана жаманыңды өзің ұста, Марфуша, Машканы мен өзім қамап келейін қорасына. Пешті ұмытып кетпе, күйіп кете көрмесін, Игнаша күйген пирогті аузына да салмайды, әкесі марқұм сондай еді, пирогтің беті қоқырайды дегенше оның қабағы жабылды дей бер.
Келіннің өзім барам дегенін кемпір елең қылмады, аяғын пысық басып, басына үлкен, қалың шәлісін бүркене салды да, бұрыштағы иконаға барып, ауызы жыбырлап шоқынып жіберіп, сыртқа қарай аяңдады. Оның тырпылдата басқан галошының дыбысы сенектен әрі сыртқы есіктен аулаға шығып кеткенше естіліп тұрды.
Марфа Быкова отызға таман келіп қалған әйел, ері Игнатий Быков февраль айының ішінде шаруалардың схотында поселка Совдепінің председателі болып сайланды, марттың ішінде облыстық съезге делегат болды, онда Игнатты атқару комитетінің мүшесі етіп белгілеп, міне бүгін бір жетіден бері қаладан қайтпай жатыр. «Үй шаруасын, әйелі мен баласын ұмытатын болса, онда начальник болмай-ақ қойса етті» деп ойлады Марфа. «Бас көтерер адам жоқ, өлмелі шеше анау, емшектегі баламен не бітіремін? Қазір жер жыртатын уақыт та жуықтап келеді. Оның үстіне мына Песковтар мен Калашниковтар тап бере бастады. Налогты баса салғаны үшін Игнатқа әбден өшігіп алды. Әсіресе, кешеден бері түрлері бұзылып кетті. «Комиссарка Быканиха, асықпа, құда түсуге келеміз» дейді бағана таңертең Остап Песков қос бүйірін таянып, баяғы жігіт күніндегі өзінің сүзетін бұқаша қарауына салып... Тезірек келсе етті Игнаша...»
Сол қолымен қызын қолтықтай көтеріп әйел оң қолымен пештің шоғын көседі. Қоңыр көлеңке үйдің ішінде жайнаған шоқтың қызғылт сәулесімен Марфаның әдемі толық беті де қызғылт шабдарланып кетеді. Азырақ тотыққан жүзі шоқтың лебіне қызып, күреңдене түседі, сүйкімді ғана түзең мұрны ұшына дейін қара қошқыл.
Пештің қызған тасына дүңкілдей соғылған көсеудің дыбысы ма, әлде бір бөгде дыбыс шықты ма, кім білсін, әйтеуір, әйелдің құлағына күңгірттеу дүңк еткен дауыс шалынғандай болды. Ол көсеуін қоя салып, тыңдай қалып еді, терезенің әйнектері болар-болмас зыңылдап тұр.
Пеш жанында, шоқтың қызуына балқыған жас баланың екі көзі жұмылып та кетіпті. Күн ұзын тыпыршыған тынымсыз қимылы жоқ, кішкене аяқтарын созып жіберіп шекесінің тізесінде бейғам жатыр. Басы да шешесінің қарынан ауытқып, салбырап кеткен. Баланың бетіне көзін тоқтатты да, кішкене болса да қоңқиып тұрған мұрнын ернінің ұшымен ақырын ғана сүйіп алды, түрегеліп, бұрыш жақтағы өз кроватына апарып салды да баланы одеялмен қымтай бастады. Әлгі дыбыс «таңқ» етіп тағы шықты да, терезе ақырын ғана дір-дір етіп зыңылдап кетті. Марфа жалма-жан терезеге ұмтылып сырт жаққа қарап еді, көшеде ешбір бейсеуіт жүріс те, қимыл да көзге түспеді. «Сірә, мылтық дауысы... Кәміл мылтық. Селоның шет жағынан шыққан сияқты. Әйнек мылтық атқанда ғана зыңылдайды...» Селоның үсті қоңыр буалдыр; алысырақтағы үйлердің сұлбалары ғана көмескіленіп көрінеді. Жырағырақта дабырдың құлаққа талып жеткен үзіндісі тәрізді бір еміс-еміс дыбыс бар. Бірақ оны айыру қиын.
Аяғын тырпылдата басқан кемпірдің дыбысы сенекке кірді. Ол үйге кірмей жатып, сөйлеп келеді.
— Күн жылымай адамның көңілі де жадырамайды, арқа беттен жел тұрса керек, түннің суытатын түрі бар, әлден-ақ қарып тұр. Қыс ұзаққа созылмаса қайтсын. Көктем айы — әлі бір жылы күн жоқ... Келін-ау. Марфуша-ау, Машканың астына салам төсеп пе едің?! Бүгін бұзаулайды. Ауған жоқ, шешесі Субботка осындай еді, мүйізімен калитканы адамша ашып кіріп, адамша ашып шығатын. Машка да чуточка шығып кетпепті, қақпадан шықса...
— Әжесі-ау, мылтық атты ғой, сіздің құлағыңызға шалынған жоқ па?
— Қайдағы мылтық!? Менің құлағым бүгін мылтық түгіл зеңбірек атсаң да селт етпес, азырақ шанышқансын орамалмен байлап алғанымды көрмейсің бе? Қақпадан Машка шығып кетсе әңгіме болып еді, онда, енді Машка жоқ деп орнын сипап отырар ек. Ана жылы Субботка да, оған көп уақыт өтті-ау, чуточка көз жазып қалғанда табыннан зым-қайым болған-ды. Емшегінен сары уыз көрінген кез, Иван Купаладан бір жеті бұрын. Мұндай суың болса бұзау шаранасымен қатып қалады ғой, онда жер тізеден көк майса болатын. Іздемеген жер қалған жоқ, Игнаша қырды, ойды тегіс шарлады; мен де қалыспадым. Жайық жағасының да баламызбен екеуіміз түбін түрткілемеген бұтасы қалған жоқ шығар. Табу оңай болар ма бір кеткен сиырды, бүкіл село болып іздесең де орман, тоғай, сай-сала, жыра, өзек пен жықпыл біткеннің есебін алып бітірерсің бе?! Жоқ Субботка, күн жарым іздеп таппай қойдық...
— Табылмай кетті ме?— деп сұрады келіні енесінің қарбалас іңірде бастаған ұзақ әңгімесінің түйінін бірден біле қоймақшы боп.
Өзі терезе алдынан шамды алып, пияласын тазарта бастады.
— Сиырды айтасың ба, бұзауды айтасың ба?
Марфа жауап бере алмай қалды, өйткені ол сиырды жоғалды деп ұғып, бұзауды ескермеген; дегенмен:
— Бұзауды айтам,— дей салды ол, пияланы шүберекпен ысқылай түсіп.
— Ақылыңа болайын! Сендер де бала туып, бала асыраймын дейсіңдер, түгі, баласын тіріде тастар ма, мал екеш мал да бала үшін жанын салады. Баласын күндік жерден іздеп табады. Тәулік жарым дегенде Субботка табынмен бірге үйге келіп тұр. Васька қарт еді табыншы: «Афанасья Васильевна, сенің мына қу құнажының тоғайдың түкпіріне барып бұзаулап, дәуде болса бұзауын қызғанып шөп арасына жасырып кеткен. Ертең ерте менімен бірге қырға шық та, алыстан сиырыңның ізіне түсіп жүр де отыр. Бұзауына өзі бастап алып барады.
Арғы атасы тағы айуан емес пе, адамнан жасырып, оңашада бұзаулап аяқтанғанша шөкенің түбіне жатқызып кеткен»,— деді. Балажан деп міне осыны айт, жұрттың көзінен жасырын туып, жасырын аяқтандырмақшы болған ғой. Сен бұзауы табылды ма дейсің, бұзауы табылмаса мына Мишка қайдан шықты?
— Әкесі-ау, мен мұны естіген жоқ едім... Қақпаға біреу келді білем...— Әйел жүгіріп терезенің алдына барды да, үңіліп қақпа жаққа қарады:—Игнаттың өзі көрінбейді. Рыжик қақпа алдында тұр, әжесі,— деп Марфа жалаң бас күйі сыртқа ұмтылды.
— Жүгір, Марфуша, тоңып келген шығар, кіргізіп атын доғарыс, басыңа шәліңді жамыл, күн суық,— деді кемпір ізінше, бірақ келіні қайрылған жоқ, есікті асыға жауып шығып кетті.— Айтқанды тыңдар ма бұлар, жалаң бас шыққанын қарашы, иығына да ешнәрсе ілген жоқ. Нанын да, пирогін де ұмытып кетті,— деп күбірледі кемпір пешті ашып жатып.
Марфа жүгіріп шыққан бойы қақпаны ашпастан калиткадан басын сұғып қарады. Қақпаны тұмсығымен сүзе ауыздығын шайнап тұрған Рыжик Марфаға жалт қарап оқыранып қоя берді. Марфа айналып ауланы көзімен шолды. Ешкім көзге ілікпейді. «Бұл қалай, үйге кірместен көршілердің біріне кірді ме!?» деген ойға келді. Ол ауланың бұрыш-бұрышын, лапастың астын қарады: сиыр қораның есігі сыртынан тиектеулі тұр, әрегіректегі монша жақты шолды, бақшаның ішімен күзгі қырман үстінде қалған салом-топанды бір сүзіп өтті де, көрші Иван Андреевичтің терезесінен қарады. Мұржасына қағаз қалпақ кигізген бестік шамның сараң жарығы Иван Андреевичтің алдындағы қамытты, үлкен өкше бізді, қолындағы тарамыс жібін жақсы көрсетіп тұр, ал оның бір қырын отырған жүзіне қоңыр көлеңке түскен, сопақша жағы ұп-ұзын, мұрны істіктей басын кекшите ұстап қамыттың шұжығын бізбен тесіп, смолалы ұзын таспа сабағы бар жуан инемен жөрмеп жатыр; басы қимылдаған сайын көзілдірігі шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Игнат мұнда да жоқ.
Келіп қақпаны ашып, атты жетектеп ішке кіргізіп, шапшаңдап доғара бастаған Марфа божының сүйртіліп, көк соқталанып қалғанын көрді. Лaпac астына енгізіп Рыжикті байлай салып, шана үстіндегі үйден салып кеткен алашаны көтеріп ішке кіргізді.
— Ене, ат-шанасы келді, Игнаттың өзі жоқ,— деді ол, дауысы дірілдеп.
Сөйтті де шамның жарығы түскен алашаның үстіндегі ұйысып қатқан қызыл күрең қанды көзі шалып, жақындап келіп үңіле қалды. Әйелдің өңі қашып кетті, қолдары дір-дір етті. Қан! Жап-жаңа қан! Жылымшы, иісі де әлі кетпеген; беті қабыршықтанып қатса да, алашаға мол сіңіп шылқып екінші бетіне өткен, қолға жұғарлық дымқыл. Ортасында үлкен жалпақ көк жолағы бар алашаның басқа жерлеріне де тамған іздері көрініп тұр.
— Мынау тегін қан емес... Бір сұмдық болған... Бағанағы мылтық дауысы...— деп сыбырлады Марфа үні бітіп.
Бір секунттай мезеттің ішінде-ақ әйелдің ойына жантүршігерлік не жамандық, не ауыр ойлар мен суреттер елестеп өтті.
Аттың иесіз келуін ол жамандыққа жорыды. Игнаттың басына жә өлім, жә соған барабар қауіп төнді деп білді... «Быканиха, құда түсуге барамыз...» — деп бетінен оты шыға, көзінің аласымен қараған Остаптың бүгінгі жексұрын сүдіні тағы көз алдына келді.
Кемпір келінінің айтқанына шала құлақ түріп, пештегі нанмен болып жатыр. Ол ішінен күбірлеп біресе шоқты мақтағандай:
— Беті күреңденіп піскен нанды айтсайшы нан деп, шоғы да келіскен, көп те емес, аз да емес, әлі жайнап жатыр. Тағы да бір-екі лиске жетерлік. Игнашаның не істеп жүргені бұл, үйге келмей? Конторына кіріп қалған шығар.
— Рыжик иесіз өзі келген... Бір бәле болды, бүл тегін емес...— деді Марфа дауысын шығарыңқырап...
— Неменесі? — деп сұрады кемпір түсінбей. Рыжик дейсің бе? Игнаша қайда, аулада бір жерде жүр ме? Сиыр қораны көріп жүрген шығар, малжанды неме, Мишканың бұзаулағанын көрмекші де.
— О, жасаған бұзауды айтады ғой, тумаған. Игнат жоқ, шанаға төсеген алаша қан-қан... Бір сұмдық болмаса игі еді, аулаға келсе үйге кіреді ғой. Бар жерді қарап шықтым, қырманның басындағы салом мен топанның төңірегін де тінттім. Бағанағы мылтық даусы тегін шықпаған. Ой, жасаған, бұл не сұмдық!..
Марфа мырсылдап жылап жіберді. Кемпір жаңа ғана ұққандай, аз ойланып тұрды да:
— Аты бар да өзі жоқ дейсің бе? Мына егесіп жүрген Песковтың бөлтіріктері соққыға жығып тастаған шығар бір жерде оны. Жүгір. Василийге бар, айт қайнағаңа. Игнатты ат шанасынан аударып, соққыға жығып тастапты де. Олардың баяғыдан әдеті көптен ұрып кек алатын. Кісі өлтіруге де жүзі жанбайтын ата-бабасынан бері жауыз,— деді, бұл істі өзінше топшылап.
— Мен атаманға барсам қайтеді, ене? Сол жөн сілтемес пе?
— Жоқ, Василийге айт, сол барсын. Сен әйелсің, не бітірмекшісің, не деп сұрамақшысың атаманнан? Атаманның жөн айта қоярын қайдан білесің? Ол да бір қыртыс қабаң қаһар соққанның бірі,— деп қорытты кемпір.
Үлкен, қалың шәліні иығына іле сала Марфа үрейлі, белгісіз қорқыныштың құшағында жан ұшырғандай болып учитель Василий Быковтікіне қарай жүгірді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Доктор Ехластың сөзін Хакім самарқау тыңдады. Оның есі-дерті Мүкараманың: «Уақыты жеткенде бәрін білерсің...» деген жұмбақ сөзінде, аяқ астында кездескен кенет өзгерісте, қу кемпірдің кірпінің тікеніндей қадалып, сөйлесуге ырық бермегенінде болды. Сондықтан ойы мүлде басқа жақта отырып ол доктор не айтса да басын изей берді.
— Жаз ауылда боласың ба, әлде қалаға келесің бе?— деп сұрады онан Ехлас.
Хакім күлімсіреп:
— Ия,— деді.
— Ауылда әзір айналғандай ешнәрсе жоқ. Қалада үлкен істер істеуге болады,— деді доктор жігіттің мағнасыз жауабын елемей, сұлу жүзіне қадала қарап отырып.
Хакім басын изеді.
Ехлас Хакімнің сұлулығына қызыға, қызғана қарайтын, ал қазір: «Осы менен де сұлу болар білем» — деп ойлайды. Ол... «Өзімнен асқан әдемі қазақ жоқ»— деген пікірде еді. Өзі жөніндегі оның бұл тәкаппар ойын кеше кеште Ольга Константиновна да әбден бекітті.
— Жәһанша, қарашы, доктор Ехлас Чугулович асқан сұлу емес пе?— деген-ді Ольга күйеуіне, Ехласпен кадрильді бір айналып келіп отыра беріп,—Петербург балдарында билеп жүретін адам. Қандай көркем, тәрбиелі жан, білімі қандай? Жасырақ болсам доктордан басқа жанға ғашық болмас ем. Қазірде де ғашықпын.
Мақтағанды іші жақсы көрсе де, Ехлас әйелдің сөзіне қысылып қалған еді, өйткені қызғанған адамдай Жәһанша оған жалт қарады да әйеліне:
— Ольга, сен мұнан он жыл бұрын маған да осылай дегенсің. Сенің ғашық болмай жүретін күнің бар ма? — деп қарқ-қарқ күліп қойған.
Сол, Барон Дельвигтің кең үйіндегі қаланың оқымыстылары бас қосқан кеште Ольга басынан-аяғына шейін Ехласпен ғана билеген, Ехласты мақтаумен болған. Қазір де енді доктор ішінен: «Мынаны көрсе Ольга Константиновна мені тастай беріп осымен билер еді...»— деп ойлап отыр. Оның ойына кенет екінші нәрсе келе қалды. «Екі Досмұханбетовтің екеуінің де нөкерлері бар; екеуінің де шашпауын көтеретін, бастарын шұлғып ауыздарынан шыққанын қостай түсетін өз жігіттері бар. Мен, әрине, олардай үлкен адам емеспін, бірақ менің айналамда да өзіме лайық адамдарым болуы керек қой. Тентек Жүністің мына сұлу баласы сияқты орта дәрежелі білімі бар жігіттерден бес-алтысы соңыма еріп жүрсе келісті-ақ. Жақсы адъютант, помошниктер. Қандай сәнді. Оның үстіне Жүністің баласы менің атқосшым болса бұған әкем қандай риза...» Бұл баққұмарлық ой оның басына бүгін ғана келген жоқ-ты, ол бірнеше күннен бері тыным бермей, үздік-үздік, қайта-қайта орала беріп, тап осы минутта жинақталып, тұтасып, жарыққа шығуға дайын сияқты еді.
— Хакім, сен мына оқуыңды бітірісімен Жымпитыға маған кел, мен өзім саған лайық бір орын дайындап жүрмін. Жұртпен танысасың, үлкен карьера жасауыңа жол ашасың, өсесің, іске үйренесің,— деді ол пенснесін көтеріп қойып.
Хакім бұған да басын изей салды.
Есіктің арғы жағынан адамның аяқ басқан тықыры естілді де, Ехлас құлағын тігіп:
— Мен үйде адам жоқ деп отырсам, әби үйде екен ғой,— деді ол сенектегі кемпірді аяқ басқанынан танып... Сөйтті де орнынан тұрып:
— Жүр, үйге кірейік. Күн жағымсыз, салқын тиіп қалуы мүмкін,— деді.
— Мұның көзінше қызбен шешіле сөйлесе алмайтынын біліп Хакім үйге кіруден бас тартты. Және оның үстіне есік ашқан кемпірдің жек көре қараған көздері мұны атып жіберерліктей еді, тағы да келіссіз сөздер айтып тастай ма деп қысылды.
— Ехлас аға, менің жұмысым бар еді, басқа бір жерге баратын. Кейін тағы да келіп әңгімелесермін,— деді Хакім кетуге ыңғайланып.
— Жарайды, олай болса ертең кел.
— Жақсы, көргенше сау болыңыз.
Хакім баспалдақтан тез түсіп кетті де, Ехлас аяғын салмақпен басып үйге кірді.
2
Құрбановтың үйінен тез кеткенмен Хакім пәтеріне қайтпады; көше бойымен мағынасыз қыдырыстап бір сағаттан артық жүріп қалды. Ол жағалап келіп үлкен диірмен жақтағы алаңды кесіп өтіп, Жайықтың жағасына шықты.
Жер астында жылымға екі әйел кір шайқап жатыр, қолдары суық суға баржиып, қып-қызыл болып кетіпті. Неге екені белгісіз: «Мүкараманың сүйріктей саусақтары да осындай баржиып, терісі жарылып кетер ме екен әйел болғанда» деген ой келді оған. Бірақ бұл келіссіз теңеуге сүйген қызын қимағандай беті шіміркене түсті де, ол көзін әйелдерден басқа жаққа бұрды. Жалпақ Жайық мұз жамылып, жансыз жатыр; көз жеткен жерге дейін иірім-иірім, өрлеп барып көкжиекке ұштасып кеткен; өзеннің арғы беті жайпақ, тоғайлық, қалың ағаш Барбастау қыратына шейін тұтасқан. Өзеннің ортасы сары қар да, екі көбесі жібіп қатқан көкшіл мұз. Жалғыз аяқ жолдар сызатталып орман ішіне кіріп жатыр. Әр жерде бір қарайған некен-саяқ жаяулардан езге қыбыр аз, тұтасып жатқан өлік дала; көз тартарлық қимыл жоқ, айнала үнсіз, мұңайтарлық мылқау көрініс... Хакімнің ішіне шерлі дерт құйылып кеткендей болды, қаланың сырты да, іші де оған көрнексіз, сәнсіз, тартымсыз көрінді, кездескен адамның жүзінен де жылы шырай таппағандай — бәрі де салқын пішінді сияқтанды.
Ол кері қайтып, қаланың ішіне кірді де Мещан көшесімен жоғары өрлей жүрді. Бұл мағынасыз жүріске ол парық беріп жатпады, ойы тек тағы да қайтып оралып Құрбановтардікіне сырттан болса да соға кету, бір ауыз қыз лебізін есту. «Таныс адам кездеспесе екен; әсіресе, Әмір жолықпасын, ол қарсы шықса: қайдан келесің? Қай жоғыңды іздеп жүрсің? Осы жерде жолықпақшы болып уәделестің бе қызбен?— деп мазаңды алады— тәңірі заңын үйрететін Онуфрий поптан да мылжың, әрі мазасыз» деп ойлайды ол.
Хакім дөңінен өте берді де маңдайындағы жазуын көріп кері бұрылып, трактирге кірді. Ол ертеден бері ас ішпеген-ді, қарнының мықтап ашқанын, бұрқыраған астың иісі мұрынына келгенде ғана білді...
Хакімнің оқушы екенін білген жалпақ бет жуан трактирші бұл отырған столға қапелімде келе қоймады. Ол алдымен терезе жақ бұрышта даурыға сөйлеп, жолдасына әлденені дәлелдеп жатқан адамның сұраған тағамын әкелді, сонан кейін жан-жағына көзінің астымен қарап қойып, газет оқып отырған бір чиновникке шай мен пирог әкеліп берді. Ең соңынан ол Хакімге бір тілім қара нан мен сылдырлау сорпа, екіншісіне үш жапырақ еттен жасаған қуырдақ әкелді. Хакім оны тез ішіп, айналасында отырғандарға назарын салмастан, сөздеріне де құлақ қоймастан, үш «керен ақша» төледі де, трактирден шығып кетті. Ол Губернатор көшесіне жетуге асықты.
Құрбановтың үйіне жақындағанда ол ойламаған жерден қарсы шыға келген Мүкараманы көрді. Қыз асыға басып, үйіне қарай аяңдап келеді. Үстінде шолақ тиін ішік, басында өзінің кішкене қара беркі: түстен кейінгі салқын мен жіті жүріс сопақша келген келісті беттің қанын сыртқа тептіріпті, күндізгі қуқыл өңнің ізі де жоқ. Бірақ жүзінде салмақты пішін бар. Хакім қақпаға жеткізбей оның жолын бөгеп тоқтату ниетімен адымын кере басты; қанат біткендей ол серпіліп кетті, жүрегі алыпұшты. Мұны көріп қыздың аяғын ақырын басқанын Хакім өміріндегі ең бақытты минуттай санады. Асықпай қарсы кездескен, сөз жоқ, жолығып сөйлесуді тілегені деп ұқты. Ол еріксіз езу тартты, ұмтылып келіп Мүкараманың қолынан ұстай алды. Баяғы ып-ыстық, сүйрік саусақтар... Ол әлде өз жүрегінің, әлде қыз жүрегінің дүрсілдей соққанын есітті. Шатты шырай мен қап-қара көздердің ішінен сыр іздегендей бетіне тіктеп қарап еді, қыз ұялған балаша көздерін төмен түсірді де, тіп-тік қою қара кірпіктер мөлдір жүрек айнасын көлкештей қойды.
Хакім демін зорға алып:
— Мүкарама, бұл не жұмбақ?.. Мен мұндай кенет өзгеріс кездесер деген жоқ едім!.. «Уақытында білерсің» деген сөздің арғы жағында не жатыр?.. Мен әлде қате есіттім бе?.. Жоқ, бұл мүмкін емес...
Жалыны бетті шарпығандай ыстық сөздер, түйіні ағытылып кеткендей, тоқтаусыз төгіліп жатыр.
Қызда үн жоқ.
— Мүкарама, айтшы, араға суық сөз кірді ме? Әлде үй ішінде бір келіссіз әңгіме бар ма?.. Мен білемін... Мен ұғып тұрмын. Арамызға киліккен бір адам бар... Айтшы, не болды?!
Қыз көздерін жоғары көтеріп алды.
— Қазір уақыт жоқ. Біз бүгін қонаққа барамыз. Асығыс, ертең айтамын...— деді.
— Жоқ, қазір айт. Бір сөз ғана айт...
Қыздың көзінде кенет бір ынтызарлық шоғы жарқ ете қалғандай болды. Ол жігіттің аузынан шапшаң бір сүйіп алды да, қолынан сытылып баспалдаққа шығып та алды. Қыз Хакімге ойлануға да ұмтылуға да, тағы бір тіл қатуға да мүмкіндік бермеді, жалма-жан үйге кіріп кетті.
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Дмитриев үндеу текстін қарап отыр. Оң жақ бетінің жыбыр ете қалғанын бағана таңертең де сезген еді, бірақ Совдеп бастығы оған мағына бермеген. Ал, қазір оның тап сол беті тағы да оқтын-оқтын жыбырлап тұрды да үздіксіз тартты — сондай қатты тартты, езуі ашылып-жабылып кеткендей болды, бірнеше рет еріксіз кірпігін де қағып қалды. «Бұл неткен бәле?!» деп күбірлеп ол оң алақанымен бетін уқалап-уқалап жіберді, өзі оқып отырған қағаздан көздерін алмады. Қасында, сол жағында отырған Әбдірахман оның бетінің жыбырлағанын білген жоқ еді. «Бұл неткен бәле?» деген сөзіне түсінбей, тексте қате кетті ме деп қобалжып:
— Немене, Петр Астафьевич, әлде түсініксіз кеткен Жері бар ма?— деп сұрады.
— Жоқ, жоқ, тамаша жазылған. Енді осыны тезірек басып, көбірек тарату керек. Тамаша, жақсы текст!
— «Неткен бәле?» дегенге жә бір жері түсініксіз, жә қате кетті ме, деп ойлап ем.
— А, мына бәлені айтамын,— деп Дмитриев бұрылып Әйтиевке жыбырлап тұрған оң жақ бетін көрсетті. Жұқа, ақ сұр беті көзінің астынан төмен қарай тұтас жыбырлап тұр.
— Бұл жөнінде біздің қазақта көп жорамал бар. Ерін, көз, қабақ тартады, бәрінің де бас-басына мәні бөлек. Тіпті оң қабағың мен сол қабағыңның, оң көздің асты мен сол көздің астының ырымдары да басқа-басқа. Негізінде бәрін де жақсылыққа жориды. Мысалы: оң көз тартса жақын адамын көреді, оң жаң езу тартса — жарыңды сүйесің деседі... Жақсы ырым емес пе, Петр Астафьевич?— деп Әбдірахман рахаттана күлді.
— Күлер едім, мына бәле дұрыстап күлуге де ырық бермейді,— деп жымиды Дмитриев бетін тағы да уқалай түсіп.— Сіздің ел осы, көріп-көрісуді, құшақ жайып досты қарсы алуды ұнатады білем. Бақытжан Бисалиевич анау күні көп әңгіме айтты қазақтың тұрмысы жайынан. Мейлінше ақ пейіл және мырза көрінеді. Үйіне қонақ келсе кедейі үйіндегі жалғыз лағын сойып береді дейді.
— Ол рас, негізінде ақпейіл. Бірақ момақансып отырып, галошқа отыртып кететіндері де толып жатыр.
— Онысыз халық болмайды, үйректің жұмыртқасының да он екіден бірі шірік болып шығады ғой. Бақытжан Бисалиевичтің айтуына қарағанда ғажап, ол маған халық өкілі Қожаның... Қожа ғой деймін жаңылмасам?
— Қожанасыр.
— Ия, ия, Қожанасырдың бір тапқырлығын айтты. Ақкөңіл, меймандос Қожаны алдап соғайық деп елдің бір ала аяқ мырзалары келіп: «Қожеке, біз жаман хабар естіп, күйініп келдік, ертең ақырзаман болатын көрінеді, тірі жанның бәрі өледі, жанатын нәрсенің бәрі өртенеді, әлемді қараңғылық басады»,— депті. «Жаман екен!» деп басын шайқапты Қожа. «Сізбен ақтық рет отырып, күліп-ойнап сайраңдайық деп келдік. Ана тоқтыңызды сойыңыз!» «Болады!» деген Қожа. Тоқтыны сойып қазанға етін тұтас салған кезде мырзалар өзенге суға түсуге кетеді. Салқындап, жуынып рахаттанып қайтып келсе, мауыт шекпен, қамқа шапан, сусар бөрік, жібек белбеулер орнында жоқ. «Қожеке біздің киіміміз қайда?»— деп сұрайтын көрінеді. «Киім дейсіз бе, киім? Киімнің не керегі бар енді сіздерге?» «Керегі жоқ, дегенмен!..» «Жаңа жағып жібердім. Ана іш киімдеріңізді де шешіп берсеңіз ет тез пісер еді. Бүгін бәрібір ешқайда шықпайсыздар, ал ертең болса болмаса да ақыр заман» деген Қожа. Талай момынды алдап зар қақтырған ала аяқтардан айласын қалай асырған десейші! Міне ақылды адам! Міне халықтың даналығы!— деп, Дмитриев мәз-мәйрам боп балаша күлді.
— Даналығымен бірге айлакерлігі де күшті. Алдаркөсе дейтін халық ауызындағы бір герой сайтанды да алдаған. Бәкең оны айтқан жоқ па сізге?— деп сұрап еді Әбдірахман, Дмитриев:
— Әлгі жол шегіп келе жатып, жаяу жүріп шаршағаннан кейін жас сұрасып, үлкені арқасына мінетіні ме!?— деді.
— Ия, ия.
— Айтты, айтты. Тағы да толып жатқан халық әңгімелерін айтып бір кеш күлдірді. Бақытжан Бисалиевич көп оқыған, көп білетін ақылды қарт,— деп мақтады Дмитриев Бақытжан Қаратаевты.
— Біздің ол қарт ақылды, ақ пейіл адам. Бірақ өте сенгіш, және көңілшек жан. Сол мінезін біліп ана байшыл оқымыстылар: «Бәке, елді екіге бөлмейік, бір болайық» деп араға кісі салып жүр...
— Ол жағын білмеймін де, ал табанды, алғыр, халық үшін тұра білетін адам екеніне көзім алдақашан жеткен,— деп Дмитриев адвокатқа үлкен баға беріп кетті.— Қарт мені елге алып шығамын, қазақ халқының тұрмысымен жақсылап таныстырамын деді.
— Дұрыс айтады. Ішкі қиыншылықтарды жойып, бір жайлы болғаннан кейін ауылды аралатармыз, Петр Астафьевич. Елдің жайлауы мен киіз үйін де, қымызы мен салтын да, бәрін де көрсетіп, бәрімен де таныстырармыз әлі.
— Жақсы, жақсы, Айтиевич, сөз жоқ, аралаймын ауылды. Шығыс елдерінің өмірі маған ертегі сияқты көрінеді. Шынында да сахараның көп жайлары жұмбақ; тұрмысты жете білмесе, жақсылап ұқпаса, қате басып, теріс түсініп қалуға да әбден мүмкін. Сонымен, Айтиевич, менің көзімнің тартқанын жақсыға жорисыз ба?
— Әлбетте жақсыға. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейді біздің қазақ халқы.
— Тек осы жағынан ғана көңілді көтеріңкі ұстау үшін. Ал нағыз себебіне келсек: көздің, беттің тартуы нервіден ғой,— деді ол ойланып.
— Сөз жоқ, соңғы кезде ұйқысыз түндер көбейіп кетті. Бірақ ештеме емес, халықтың жоруы көңілге демеу, жақсылыққа дей беріңіз. Сонымен, Петр Астафьевич, мына үндеуді бастырып, тарата бер дейсіз бе? Осы бастан таратсақ қалай болады, «ақ казактар мен генералдар Совдепке шабуыл жасап жатыр» деген сөздер күні бұрын байбалам салған сияқты болмай ма? Олар, дұрысында, шабуыл жасаған жоқ; әзірге құр ниет қой, ниетті жүзеге асырып шыққанша көп уақыт бар.
Әбдірахманның бұл сөзіне Дмитриев таңданғандай, жүзіне қадала қарады.
— Лениннің соңғы хатын білесіз бе, онда оның не дегені жадыңызда ма?— деді ол жұлып алғандай. Сөйтті де жауап күтпестен: — Ленин большевиктерге: ешкімге сенбеңдер, халықты, жұмысшыны қаруландыра беріңдер деді. Мұның мағынасы жұмысшылар үстемдігін орнатып алғанша ешбір мылжың сөзге, тәтті сөзге алданба дегені. Халықты қаруландыра беріңдер дегені, дұшпанға қарсы тұру үшін сол халықтың қолына мылтықпен бірге сана қаруын да ұстат дегені. Кімнің жау екенін түсіндір, ол мылтығын соған кезенсін дегені. Сіз Червяков екеуіңіз кеше де осы сөзді айттыңыздар: «Үндеу жазуға әлі ертерек емес пе дедіңіздер». Жаудың әрекетін күн бұрын ашып, алдын ала әшкерелеу керек, революция күтіп отырмайды, ол алдын ала қимыл жасауды, қарсы қимыл жасауды талап етеді.
Дмитриевтің көзінің алды тағы да қатты тартып кетті. Сырт пішіні сабырлы көрінгенмен іштен қатты толқығанын Әбдірахман жаңа ғана байқады.
— Петр Астафьевич, Лениннің бүл соңғы тезисін өз басым оқығаным жоқ, көп мәселелерді шамамен, естумен ғана болжап келем. Рахмет, бәрі түсінікті болды. Халықты қаруландыра беру, алдын ала қимылдау ең басты, ең жанды нәрсе бүгін таңда. Мен ана Орынбордан келе жатқан отряд бар, өз күшіміз жинақталып жатыр. Бізге Сарытау Совдепі де көмектесуге кірісті, ат төбеліндей атамандар, не істей қояды деп ойлап едім. Бұл пікірімнің табанды, дәлелді пікір емес екенін екі-үш күннен бері жаудың қозғала бастағанын көргенсін түсіндім,— деді Әбдірахман.
— Жау аса зұлым жау. Қапыда бас салатын жау. Кешегі Орынбор Совдепінің берген ультиматумына міне бір тәулік уақыт өтті. Мартыновтың штабы ауызына су толтырып алған адамдай үнсіз жатыр. Бұл тегін емес, ол опасыздық іске дайындалып жатыр. Егер де бүгін түнде бас көтермесе онда, бәлкім, атаман Мартынов бойсұнар. Меніңше бұлай емес, бұлар бүлік шығарады,— деді Дмитриев.
Дмитриевтің сөздері Әбдірахманға бойлай дәлелді, жинақты, айқын көрінетін. Мына пікірі де қарсылыққа жол қалдырарлық емес. Сонда да ол осы сияқты облыс Совдепінің тағдырын шешетін ең ірі, ең ауыр мәселеге мына көреген большевик жолдасының көзқарасын жете біліп алуға тырысты.
— Жақсы, сіздің пікіріңізше ақ казактар бізге бас салады. Мен бұған түгел қосыламын. Өйткені бұлардың Цвилинг жолдас қойған шартқа жауап бермей, түнерген бұлттай тұнжырауы да, қаланың жан-жағын торлаған атты казак пикеттері де, станциялардағы казактардың топтанып басын көтеріп жатқаны да, осы пікірдің жанды екенін дәлелдейді. Ал, ана Орынбордан келе жатқан отряд, мына жақтан Сарытаудың көмегі, Самардағы қызыл гвардиялық армияның бөлімдері күні ертең Мартыновтың сорайған мойнын жұлып алмай ма? Бес күнге өкімі жүрмейтінін біле тұра Оралдың облыстың Совдепіне қол көтермекші ме?— деді.
— Орынбор отрядын бізге жеткізбей жолын бөгесе қайтесің? Жоқ, бұл тартыс бес күн емес, ұзаққа созылуы мүмкін, Кейінгі тылда, Гурьевте генерал Толстов әскер жинап жатыр. Донда Краснов көтерілген, мына жерде Дутов бар және ең опасыз жау шетел интервенттері. Жоқ, Айтиевич, азамат соғысының ұзаққа созылу қаупі бар.
— Мәскеудің пікірі де осылай ма?
— Әлбетте, бірақ Ленин бастаған жауынгер жұмысшы табы мен Ресейдің қолына құрал алған қалың шаруасы мұндай ойдым-ойдым бас көтерген контрреволюцияны кешікпей құртып, бейбітшілік өмірге тез көшуі күндей айқын,— деді Совдеп председателі. Үндеу текстін ақылдасу үстінде комиссар Әйтиев пен Совдеп председателі осындай кең әңгімелесіп еді.
Кешке қарай оқиға кенет шиеленісіп кетті.
2
Сол күні кешкі сағат алтыда Дмитриев екі ауыр хабарды қатарынан алды.
Әйел аяғын есіктен ептеп басып кірді де, үстел жанында отырған облсовдеп председателіне үрейленген көздерін қадай қарады; шырамытқанмен жыға танымайтын адамша, бет әлпетіндегі оның бір таныс белгілерін іздегендей болды; киіміне көз жіберді, бой тұлғасын өлшей бір сүзіп өтті.
— Мына кісі сізді көрсет, шұғыл жұмысым бар дейді. Деревнядан келіпті, «аты-жөнімді, жұмысымды Дмитриевтің өзіне ғана айтам» дегенсін алып келдім,— деді Червяков председательге қарсы тұрған орындыққа отыра беріп.
— Отырыңыз. Мына орындыққа отырыңыз,— деп Дмитриев орнынан түрегеліп, әйелге Червяковтың жанынан орын көрсетті.
— Дмитриев сіз боласыз ғой... Айып етпеңіз, қалай, сізді жолдас деп атай ма? Наданбыз, айып етпеңіз, сұрағанға,— деп әйел күбірлеңкіреп сөйледі. Шаруа әйелдер тартатын жылы, қоңыр шәлісін шешіп, құлағын босатып аша түсті: — Есіміңіз бен әкеңіздің атын білмеймін...
— Дұрыс, дұрыс. Айыбы жоқ. Жолдас Дмитриев десеңіз болады. Петр Астафьевич Дмитриев мен болам, шүбәланбаңыз,— деді ол әйелдің сенімсіздеу көзбен қарап тұрған ойын сезіп.
Әйел отыра қоймады. Ұлтарған киіз байпақты аяқтарын кезек суытып, кең кабинетті айнала жүгіртіп бір шолып өтті де, Дмитриевке қайта қарады. Дмитриев те көзін тікті. Тотыққан толық қара қошқыл бетінен күдік нышаны бірте-бірте жоғала бастағандай, қабақ үстіндегі аздап түйілген ұсақ сызықтар жазыла түскен, көнетоз қара сукно пальтоның бірі үлкен, бірі кіші түймелерін Дмитриевтен көздерін аудармаған күйі ағытып жатыр; қолдарының жарылған терісі қып-қызыл.
— Сіз Быков деген кісіні білесіз бе?— деп сұрады Дмитриевтен әйел, көзін айырмай сынай қарап тұрған күйі.
— Январьцев Совдепінің председателі ме?
— Ия.
— Январьцев Совдепінің председателі, облыстық Совдептің мүшесі Быков Игнатий Иванович. Айта беріңіз, гражданка, қысылмаңыз, мен бәрін де түсініп тұрмын. Құпия жіберген ғой сізді. Немене, шұғыл жұмыс болып қалды ма?
Әйел ауыр күрсініп жіберді, жүзі кенет өзгеріп кетті, көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды. Пальтоның ішкі қалтасынан әрі қолын бойлатып жіберіп, уқаланған мен жыртылмаған, әлденеше бүктеген қағазды алып Дмитриевке ұсынды.
— Қарғыс тигір Песковтар тұрғанда мұжықтарға күн болар ма?..— деп булығып, әйел сөзін айта алмады.
Бір ауыр оқиға болғанын бастан-ақ болжап келген Червяков орнынан түрегеліп:
— Сіз отырыңыз сабыр етіңіз. Іздеп келген адамыңызды таптыңыз... Не істеу керек екенін бұл кісі айтады, қолдан келген жәрдемді бергізеді,— деп әйелді қолынан ұстап орындыққа отырғызды.
Дмитриев қағазға қадала түсті, бірнеше жолын оқып әрілеген сайын оның жүзі сұрлана бастады, Чернязяковке оның оң жақ беті бір рет жыбырлап кеткен сияқты көрінді.
Көз мүдіртпейтін айқын етіп, қара сиямен шебер жазылса да, дәптер қағазының тұтас екі парағына толтыра жазған бұл төрт бет хатты Дмитриев ұзақ оқыды. Оқып болып, сол қолымен шашын бір сипап етті де, орнына келіп бірнеше секунд үн қатпай төмен еденге қаpaп отырды да, қайтадан түрегеліп:
— Жолда қару асынған, топтанып жүрген казактар кездескен жоқ па?— деп сұрады күңгірттеу үнмен.
— Станица біткеннің, хутор біткеннің бәрі толы әскери қызметкерлер, сұрап, тергеп: «Қайда барасың? Онда кімің бар еді?» деп моқшап жүргізбейді. Мен: «Алексеевоға барамын. Апам ауру, хал үстінде жатыр» деп сылтаураттым. Бір хуторда хорунжий жібермей жылап та алдым. Василий Иванович сізге жолығып, қалай да хатты бере көр деп тапсырды маған, Игнатты босатып алуға жәрдем көрсетеді деді. Дмитриев жолдас, қалай болады, мұны Песковтар істетіп отыр,— дейді әйел жадыраңқырай сөйлеп.
Дмитриев қағазды Червяковқа берді де, әйелге:
— Рахмет сізге, көп-көп рахмет, бұл хабарды жеткізгеніңізге. Қайғыңыз ауыр, бізге де ауыр. Бірақ жасымау керек. Босанады олар, босатамыз, бұған тек уақыт керек,— деді.
— Осы жақтан барған комиссардай етіп Игнатты да турап тастамай ма?
— Жоқ, турамайды. Сіз ол комиссарды турағанын көзіңізбен көрдіңіз бе?
— Ой, сұрамаңыз, адамның денесі түршігерлік, біздің сайдың жағасында... Страшно...— деді әйел елеуреп, екі көзі үрейлене үлкейе түсіп.
— Жақсы, жақсы. Түсінікті. Сіз бүгінше пәтерге барып дем алыңыз. Таныс үйіңіз бар ма еді қалада тоқтайтын?
— Бар, тәтем бар. Макаров диірменнің түбінде, жездем сонда жұмыс істейді.
— Ендеше сонда барып тынығыңыз. Ертең өзім білермін істің мән-жайын, көмектесерміз...
— Рахмет, жолдас Дмитриев, көргенше сау болыңыз.
— Қош болыңыз, көргенше.
3
Бұл хат — Орынбордан шыққан үш жүз совет жауынгерін қарсы алып, ірі-ірі казак станицаларына соқтырмай, төте жолмен тезірек Оралға жеткізу үшін аттандырылған екі елшінің тағдыры жөнінде еді.
Дмитриев пен Червяков екеуі де үнсіз. Қалың ойда. Бірақ нәрсе екеуіне де айқын. Ол: Орынбордан күткен қарулы отряд казак найзасының ұшы иыққа төнген кезде кешеуілдеп қалды...
Бірақ екеуі де тіл қатыспай отыр. Не демек? Арғы жағы ауыр. Ащы шындық көз алдына көлденең тартыла береді. Айнала қоршаған ақ казак отрядтары қалаға бас салуы шәксіз. Бүгін-ертең оған қарсы тұрарлық күш жоқ. Мұны мойындамау ессіздік. Ендігі шара қайғылы халге ұшыратқан себепті біліп, басқа амал көздеу...
— Павел Иванович, кім деп ойлайсыз осындай опасыздыққа барған? Сөз жоқ, жау... өз ішімізде...— деді Дмитриев.
— Ми жетерлік нәрсе емес. Хатқа қарағанда казактар олардың жолын тосқан, демек, Быковтардың ойлаған ниетін станица атаманы біліп қойған ғой.
— Хабар қаладан жеткен болып шығады ғой сонда?!
— Енді не істеу керек, Петр Астафьевич?
— Исполком мүшелерін жиып, ақылдасып шешу керек істейтін істі. Менің ойымша алдымен: подпольный комитет құрып алған жөн. Екінші шараны тағы да ойласа көрерміз...
Дмитриевтің сөзін аяқтатпай, аяғын ентігіңкірей басып Әбдірахман кіріп келді.
— Мен бір жаман хабар естіп келдім, жолдастар, жоғарғы Барбастау бойындағы кулактар бүлік шығарып, поселка, деревня совдептерін талқандап жатыр дейді. «Совдепті кулактардың шабуылынан қорғауға перселендер казактардан айбынып тұр. Отряд ұйымдастыру жұмысы қиындап барады»,— деп Алексей Колостов записка жіберіпті.
Ол Дмитревке записка ұсынды.
— Жаман хабар мұнда да жеткілікті,— деп Дмитриев оған Требухадан келген хатты берді. Әбдірахман көзін тез жүгіртіп, хатты басынан аяғына дейін бір қарап алды да:
— Бұл қай Быковтан? Василий деген кім?— деп сұрады хаттың аяғындағы қол қойған адамның аты-жөнін оқып.
— Требуханың учителі Игнатий Быковтың ағасы,— деп еді Червяков.
Әбдірахман шошына:
— Меңдікерейге бір бәле кездеспегей?— деп хатқа көзін қайта жүгіртті.
— Меңдікерейді казактар шауып тастапты. Быковты ұстап алып кетіпті, не істері мәлімсіз,— деді Червяков. «Ол хаттың несін оқисың» дегендей тізбектеп жазған учитель қағазының бүктелген беттеріне ренжи қарады.
— Опасыздың еткен ғой... Михеевтің тыңшылары,— деп сөзін аяқтамай Әбдірахман маңдайын ұстап, сәл ойланғандай болды да, ұшып тұра келіп, басындағы кепка бөркін алып, қаза тапқан комиссар жолдасының қабіріне бас игендей тәжім етті.
Дмитриев пен Червяков ұшып түрегеліп, бастарын иіп бір сәт тынып қалды.
Аздан кейін тыныштықты Әбдірахман бұзды.
— Бұл Яковлевтің сөзінен,— деді ол ызалы пішінмен.
— Ол не депті?
— Яковлев не депті?— деді екеуі қатар сұрап. Әбдірахман екі жолдасына Яковлевтің Войско үкіметінің өкілі генерал Михеевқа барып Орынбор Совдепінің қойған ультиматумына тез жауап беруді талап еткенін, бұл талапты орындамаған күнде Орынбордан шыққан отряд Войско үкіметін тұтқынға алады деп «қорқытқанын» айтты.
— Әскердің шыққанын күні бұрын жауға білдіріп қойған, соны естіп дұшпан қарсы әрекет жасауға кірісті,— деді ол Червяковке қарап.
— Парықсыз мылжың, сырды ашып қойғаны,— деді Червяков.
Дмитриевтің көзі жайнап кетті, өңі сұрлана түсті, оң жақ беті жыбыр ете қалды.
— Бұл жай мылжыңдық емес. Бұл опасыздық. Сағат жетіге баспаханада жиналайық,— деді ол.
Үшеуі де председательдің кең бөлмесінен тез-тез шығып кетті. Қарулы екі солдат есікті бекітіп алып, алдыңғы бөлмеде түнгі күзетте қалды.
4
Баспахананың шағын бөлмесінде жиналған коммунистер саны да шағын. Асығыс шақырылған мәжіліске Макаров диірмендерінен екі адам, мекемелердегі партия мүшелерінен жеті-сегіз кісі жиналып үлгірген. Оған баспахананың төрт жұмысшысы мен облыстық атқару комитетінің бес мүшесі қосылып не бәрі он тоғыз кісі болды.
Көше жақ терезелер тастай жабық, есік бекітулі. Ішкі жақтағы торлы терезенің форточкасынан салқын ауа жер еденге құшақ-құшақ құлап жатыр. Адамның демі, тартылған шылымның көк түтіні баспахананың зілдей иісіне араласып, тамақ қырғандай қоп-қою қышқылтым тартып тұр. Керосин шамның сарғыш жарығы бұрыш-бұрышқа күңгірт көлеңке шашқан, станокке сүйенген, сәкіде отырған адамдардың жүздері көгілдір-сарғыш көрінеді.
Облыстың атқару комитетінің екі мүшесі Нуждин мен Половинкин үстеріне сұр шинель, бастарына әскери фуражка киген, бұлар жоғарғы жақ бұрышта қабырғаға сүйеніп өзара әңгімелесіп тұр да, ал терезе алдындағы кішкене столдың жанында Червяков бір нәрсе жазып отыр. Бұрын атын ғана естіп жүзбе-жүз көрмеген адамдардың көздері терезе алдында тұрған қара былғары бешпетті, былғарымен тыстаған қара бұйыра құлақшынды, аң сұр өңді Дмитриевте; оның орта бойлы денесін, бет әлібін, тіпті оң жақ құлағының түбіндегі кішкене айшық таңбасын да жіті көздер айыра қамтып жатыр.
Дмитриев мәжілісті жай кеңеспен бастап кетті. Ол ішкі Ресейдегі совет жайын әңгімелеп, жұмысшы мен шаруа үкіметін қорғайтын Қызыл Армия құрылғанын айтты. Көрші Сарытау қаласы мен қанаттас Орынборда Совет үкіметінің нығайып, буыны бекіп үлкен күшке айналғанына тоқтады да, әңгімесін Орал казактарының жасырын істеп жатқан жаулық әрекетіне тіреді.
— Жолдастар, жау жыртқыштық сүдінін көрсетіп бас салуға дайын тұр. Бірақ революцияны қорғауға тамшы қанымыз қалғанша, соңғы дем біткенше күш саламыз. Бұл үшін қайраттылық, табандылық, тапқырлық пен қажырлылық керек, әдіс керек, ақыл керек. Жасымау керек — қолда қазір күшіміз аз. Егер де заводтармен диірмен жұмысшылары, темір жол қызметкерлері тегіс көтерілсе, қолына құрал ұстап қарама-қарсы тұрса ақ казактарға оп-оңай қамал болмас еді, ат үстінен шауып келіп жапырып кете алмас еді. Жұмысшы коллективтері қару тауып үлгіре ала ма, үлгірсе ұйымдасқан түрде иін тіресіп, тап осы сағаттардың ішінде шыға ала ма? Міне, әңгіме осыған тіреледі. Олардың арасына қайратты, қажырлы басшылар кетті, бірақ түрліше жағдайлармен байланысты ұйымдастыру ісі кешірек басталды, құралдану жұмысы қиынға түсті...
— Оның орнына сана құралымыз күшті, саспа, жолдас Дмитриев,— деп дем берді Червяков.
— Дұрыс айтасың, жеңіп шығудың басты айғағы сана-сезімнің оянуы. Партияның күші — жеңімпаз идеясында. Халық өз бақыты үшін күресетінін өзі білсе оған ешбір жау төтеп бере алмайды. Алайда революцияны контрреволюциядан құр қолмен қорғап қалуға болмайды. Мына ақ казактардың ниеті Совдепті жою, қанды өктемдік орнату, жұмысшы табына бас көтертпестей әлек салу. Бүкіл ақ армияның қалдықтары, оған дем беріп қару-жарақ, азық-түлігін төгіп жәрдем беріп жатқан шетел капиталистері тегіс жиылып келсе де бұл қара ниеті орындалмақ емес, Ресейдің жұмысшы табы мен қалың шаруасы енді қайтып құлдық қамытын кимейді де, оны ешкім зорлап кигізе алмайды да... Бұл айқын нәрсе, бұл бір ешкім өшіре алмайтын шындық. Менің айтайын дегенім басқа. «Ақ қайысады, сынбайды...»— дейді халық нақылы...— деп Дмитриев тамағын кенеп бөгеліп қалды.
Сөзге шешен, жалынды Дмитриев сөз таба алмай бөгелген жоқ сияқты, оның аузына «жау уақытша бел алғанмен түпкі жеңіс біздікі» деген сөз келіп тірелді.
Бар жағдайды салмақтап, бар мүмкіншілікті өлшеп, екі жақтың көзге көрініп тұрған күшін теңдестіріп келгендегі «жау уақытша бел алады» деген ащы қортынды оның көмейінен бері аспады; революция ісіне шын берілген, қиын-қыстау жер келгенде тайсалмай оққа қарсы барарлық табанды жолдастарының алдында да оны ашық айта алмады, тамағын кенеп тоқтап қалды. Отырғандар мұны бірден сезді, өйткені осы жерде бас қосқан жиырма шақты коммунистердің бәрі де осы пікірде еді. Сондықтан тына қалған көптің ойын бөліп тағы да Червяков сөзге араласты:
— Петр Астафьевич, астыртын ұйым мүшелерін белгілесек болмас па? Партия мүшелеріне жұмысты жасырын істеуге тура келер. Басшылық ететін үштік, не бестік болса қалай болар?— деді ол, терезеге бір қырын отырған жүзін Дмитриевке бұрып.
Дмитриев терезе алдында түрегеп тұрып сөйлеп еді, екеуінің де сәл мұңайыңқыраған көздері секунд бөлшегіндей мезет кездесе кетті де, жалма-жан жүздерін басқа жаққа бұрып әкетісті. Дмитриевтің ажарлы беті сәл сұрғылт тартыпты, ашық, сүйкімді, алғыр көздерінің алды аздап кіреукелене түскен, жазық маңдайында бұрын жоқ екі сызат пайда болып қалған. «Соңғы ұйқысыз, азапты, ойлы, әбігерлі жұмысты түндердің таңбасы... Мұнан екі жұма бұрын бұл сызықтар жоқ еді. Петроградтан келген күнгі жүзінің өзгеше жарқын нұры мен көздерінің жайнаған өткір шоғы бүгін ала-бөле солғын. Адамды еріксіз билеп, өзіне ырықсыз тартып әкететін екпін де баяу деп ойлады Червяков. Бірақ оған Дмитриев екінші рет қарағанда көз құйрығы сазарған кекесінмен: «Учитель, әлденені ойлай беру лайық емес; мұңаюға орын да жоқ, әзір себеп те аз!» дегендей болды.
— Дұрыс, өте дұрыс пікір. Ойдың түйіні осыған ойысады. Егер де әңгіме жұмысты жасырын түрде жүргізуге тірелсе— жаман айтпай, жақсы жоқ, қиын күндер кездеседі, ол анық — осы отырған және басқа жердегі коммунистердің бәрі де тегісінен жасырын ұйымның мүшесі болып қалады. Сондықтан менің ойымша облыстың Совдептің атқару комитетіне мүше болып сайланған жолдастардың бәрі басшылық етуге міндетті...
— Дұрыс!
— Дұрыс!
— Ең бірінші міндет: байланысты үзбеу. Қаланың ішіндегі жұмыскерлері мол жерде партия группаларының жұмысын жандандыра беру. Саяси үгіт-насихат жұмысын күшейту. Станицаларда, селоларда, ауылдарда, поселкелерде үгіт жұмысының барлық түрін жүргізе білу. Жолдастар, көмекке Қызыл Армия келіп жетеді. Ол алыста емес. Революцияны қорғаймыз, қорғай береміз!— деді Дмитриев көтеріңкі дауыспен.
— Қорғаймыз!— десті бәрі бір ауыздан.
Шеткерірек түрегеліп тұрған Әбдірахман, сәл күйбелектегендей, орнынан қозғала түсті, бір нәрсені ұмытқандай сол қолын маңдайына таман апарды да, қайтадан төмен түсіріп, Дмитриевке қарай соза түсті.
— Менің бір-екі сөзім бар еді. Орынды ма, орынсыз ба, бірақ, қалайда сол сөзімді айтқым келіп тұр,— деді ол Дмитриевке.
— Айтиев жолдас, айтыңыз. Бұл жерде айтылған сөздің бәрі орынды, ұсынысыңыз болса, міне, жолдастар арасында ақылдасып алған жөн,— деді Дмитриев маңдайына түскен шашын сол қолымен кері қайырғыштап.
— Ұсыныс емес, Петр Астафьевич. Сіз облыстық Совдептің атқару комитетіне сайланған жолдастардың бәрі де жасырын партия комитетінің басшысы болып есептеледі дедіңіз. Ол дұрыс қой, Совдептегі адамдар мен партия мүшелерінің түп тілегі бір. Алайда, мен партия ұйымының мүшесі емеспін, сондықтан беспартийный бола тұрса да облсовдептің мүшесімін деп, партия жұмысын басқару келіссіз емес пе? Біздің қазақта мақал бар: «Әңгіменің басы байлы болса, түбі сайлы болады» деген. Басын ашып алған жөн. Әрине, «әрі жүр» деп жолдастар менің кеудемнен итермес, оны өзімде жақсы білемін...
— Айтиевич, білеміз, білеміз сіздің кім екеніңізді, большевик болу үшін жаныңда партиялық билетің болуы шарт емес. Анау завод жұмысшыларының ішінде партияда бары аз, сонда да ондағы жұмысшылардың бір тобы партия қатарында барлардан артық жауапты қызметтер атқарып жатыр. Партияға мүше болу қашпайтын нәрсе, соңынан бола бересіз. Оның үстіне сіз коммунист партиясына тілектестер қатарындасыз ғой, айырма жалғыз қағазда ғана,— деді Червяков.
— Мен сізді көптен бері коммунист деп білемін. Керек десеңіз мына қазір-ақ қағаз жүзінде устав тәртібімен оформить етейік. Бірінші кепілдікті өзім беремін,— деп еді Дмитриев.
— Мен де беремін кепілдікті.
— Мен де беремін,— деді Петр Нуждин мен Павел Червяков оның сөзін бөліп.
— Меніңше сіздің большевик екеніңіз жолдастарыңыздың ниетінен де көрініп жатыр. Ал басқару жұмысына, коммунистік жұмысқа сіздің қатынасуыңыз аса қажет, өйткені ана өздеріңіздің қалың мұсылман еңбекшілеріңіздің революциялық санасын ояту сіздің және Шамсутдинов пен Епмағанбетовтардың ғана қолынан келеді. Еліңіздің тілін, әдетін, ғұрпын, тілегін бізден гөрі сіздер жақсы ұғынасыздар, оны бұл жерде менің ұғындырып жатуымның қажеті аз, мұны сіз менен артық білесіз,— деді Дмитриев.
Әбдірахман аяғын сәл талтақтау басып Червяковтың жанына кимелеңкіреп келіп, оның бетінен сүйді, бір секундтай құшақтап тұрды да, көңілі босап Дмитриевке жақындай түсті. Дмитриев оның ниетін күні бұрын сезген еді — жүрісі ебдейсіздеу Әбдірахман жақындап үлгіргенше оның өзі ұмтыла түсіп, қара мұрт жапқан толық еріндерін аузы тола сүйіп алды. Әбдірахман төмен қарап қалды, ол қатты қобалжып кетті. Оның шын сезім билеп ерекше елжірегені басқаларға да үлкен әсер етті. Сөйлегенде тілі де дөрекілеу, үні де жуан шығатын, келбетінен де, қимылынан да қайратты, бетті адамның пішіні көрініп тұрған, көрінгенге көңілі жіби кететін нәзіктіктен көш алыс мына сабырлы мінезді, берік жанның елжірегеніне басқалары да қосыла толқыды, аса ыстық сезіммен кезек-кезек келіп оның қолын қысты... Бір минуттай үнсіз тұрып қалысты.
— Жолдастар, мен кеттім,— деді, дауысы әлі де сәл дірілдеген күйі, Әбдірахман.
— Қазір бәріміз де шығамыз,— дей беріп еді Дмитриев, Әбдірахман есікті аша беріп:
— Жаман айтпай, жақсы жоқ, Совдеп документтерін, саяси әдебиетті басқа жерге көшіремін... Сенімді жерге...— деп күбірледі ол.
— Қай жерге? Қасыңызға адам алыңыз, жалғыз болмайды, күшіңіз жетпейді, көп нәрсе...
— Жәрдем беретін адамдар бар. Қазір көлік әкеледі, поштабай аттары... Ана бай саудагер Акчуриндердің товар складтарына қоя тұрамын.
— Акчуриндер? Ол қалай? Аюдан қашып...
Әбдірахман Дмитриевтің сөзін аяқтатпады.
— «Аюдан қашсаң дөңбекке» демексіз ғой. Әрине, біліп қалса Акчуриндер бізді жұмақты қоя тұрып, тамұққа тура аттандырар. Бірақ білуге тиіс емес. Біз Червяков екеуіміз онан қолайлы, онан сенімді орын таба алмадық. Бай саудагердің товарының қабатында сол жерден алып жан-жаққа жіберіп тұруға өте қолайлы. Елге таратып әкететін де, қала ішіне де жаятын өз жігіттеріміз көп. Мына типографиядағы қағаздарды да сонда қоймақпыз,— деді Әбдірахман Дмитриевке жүзін бұрмастан, былғары бешпентінің түймелерін салып жатып.
Ол есіктен шыға берді.
Дмитриев Червяковқа қарады, оның жүзінде шүбәланудан гөрі таңқалған шырай бар еді; көздерінің құйрықтарында, жұқа еріндерінің езулерінде жұмсақ бір ұсақ сызықтар жинақталып келіп ішкі ризалықты сездіргендей болды.
Алғыр жұмысшы Половинкин тері-тон заводтарына, ал Нуждин диірмен жұмысшыларының арасына кетті, басқалары да түрлі тапсырмамен баспахана үйінен шығып, жан-жаққа тарап жатты.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Аспан ала бұлтты. Шағанның теріскей жақ жалаң бетінен үздіксіз соғатын ызғарлы жел әлі де бетті қариды; март айының ішінде де өңменнен өтерлік суық. Кешке қарай бүгін күн ала-бүле суытып, күндіз беті жібіген қар көксоқталанып қатып қалған. Үлкен тас көшенің бойы домбыраның ішегіндей дыңғырап тұр — алыстағы жүрген адамның аяқ басқаны көш жерге естіледі; ал сонау көпір беттегі оқтын-оқтын қосарлана шауып өткен атты казак пикеттерінің дүрсілі қаршылдай жыңылдап, биік тас үйлерге соғып, күңгірт дыбысты бір жаңғырық беріп жатыр.
Тоңған бетін жалап тұрған желден де Сәмиге анау аттылардың дыбысы әрі мазасыз, әрі суығырақ. Дыбыс шыққанда ол селт ете қалады, жеткен қақпасына арқасын сүйейді, сәл кідіріп, тас пен мұзға тиген тұяқ жыңылы әрілегенде ғана ілгері жүреді. Көше ұзын, жел қарсы. Кеш қараңғы. Бала адымын алға қарай күшпен басады, аяғын сүріне аттайды.
Қақпақты көп терезелердің алдынан өтіп бара жатқанда жаны кетуге айналған, сірескен саусақтар желім жаққышты қоя берді. Оның жерге түсіп кеткенін Сәми «тық» еткен дыбысты естіп қана сезіп қалды. Үй ішіндегі шамның кәшек саңлауынан іргеге түскен ала жолақ сәулесі ешнәрсені анықтап айырарлық емес, өте әлсіз, қақпа жанындағы фонарь жарығы да, қызғылт тартып, тек қарыс аттам жерге төгіліп жатыр. Ол қарманып, тамшы бұжырлаған мұздақ жерден сипалап жаққышты тауып алды да, оны аузына тістеп тұрып, жаны кеткен қолдарын кезек-кезек уқалап жылытып, саусақтарын икемге келтірді. Қақпаның жақтауына жете беріп, алысқа құлағын тосты, жан-жағына көргіш көздерін де жүгіртті— құлаққа ұрған танадай, айнала тым-тырыс, көзге ілігерлік жанды қыбыр елестемейді. Үйреншікті, дағды алып қалған қол ебдейсіз қимылдаса да, оның тақтаға желім жаққан жерінде қос-қосынан жарнамалар пайда бола қалады. Жарнаманы бала екі қойнынан кезек суырып жапсырады, кейде байқамай теріс жапсырып қойып, оның үстіне басқасын жабыстырады. Әрі әлсіз, әрі тоңып дәрмені кеткен бала қолы қорғасындай нық:
Азаматтар! Жұмысшы мен шаруа депутаттары сайлаған облыстың Совдепті патшашыл, алпауытшыл атамандар мен ақ генералдар күшпен таратпақшы. Озбырларға жол бермеңдер!
Совдепті қорғаңдар! —
деген жалынды жарлық қалдырып кетеді.
Биік басқышы бар үйге келгенде оның қақпасы таныс сияқты болды. Сәми жақынырақ келіп, еңкейе түсті де: «Ә, Құрбановтың үйі» деді ішінен, бірақ ол басқыш үстінде отырған адамды қараңғыда көрмеді. Ал үй-үйді жағалап келіп, қақпа алдында еңкейіп әлдене бір ниетпен тұрған баланы Хакім анық көрді. Жұрт аяғы саябыр болған кезде қақпаға үңіліп жүрген бала оған жұмбақ көрінді. «Әлде үй нөмерінен адасып таба алмай жүр ме, әлде болмаса терезеден түсейін деп жүр ме екен?»— деп ойлады ол. Сейтті де қақпа жақта тұрған баланың бейнесінен көзін айырмай, не істегенін аңдыды.
Әкесі жоқ, жесір әйелдің жалғыз баласы Сәми Ғаділшин баспаханада әріп теруді үйреніп жүрген-ді.
Аңғарулы бала көрсеткен жұмысты бұлжытпай істеп, аз уақыт ішінде көп нәрсе білген еді. Оның үстіне, баспа ісімен бірге, сәби миына сіңе бастаған тағы да бір үлкен ұғым бар-ды. Ол — баспахана жұмысшылары жүргізіп жатқан төңкеріс күресі болатын. Бұл күрестің мән-жайын мықтап ұқпаса да үлкендердің ыңғайымен, жұмысшыға кімнің дос, кімнің қас екенін бала ішінен сезетін болды. Әсіресе, соңғы кездегі, халықты бостандық күресіне шақырған плакаттар, үндеулер мен жарнамаларды алдымен ашық түрде таратып, соңынан жасырын жаю ісі жиіленгенде Сәми ақты-қараны мықтап айырды. Өздері теріп, өздері таратуға өзі тіленіп, алдымен кірісті. Ол бүкіл қала адамын: «Мынау біздікі. Мынау бізге дос емес» деп өзінше екіге бөлетін әдетті тауып алды. Чиновниктердің көбі Сәмидің ойынша «біздікі» деген топқа кіре бермейтін. Сондықтан, түсі суық үлкен тілмаштың үйін таныған кезде ол: «Осы біздікі ме, біздікі емес пе?» деген ойға келіп, бірнеше секунд тұрып қалған-ды. Өйткені қазақ пен татарларға «тілмаш» болып, сөздерін сөйлеп жүрген Құрбановты Сәми «біздікі деп те қалатын, ал суықтығына қарап біздікі емес» деп те битарап болатын. Қазір ол аз ойланғаннан кейін: «Мейлі, кімдікі болса да оқысын!» деп тілмаштың қақпасына да екі жерден ірі әріпті баттиған үндеуден ақ жолақ таңба басты да, әрі қарай аса берді.
Сәми ептеп жылжып, үлкен екі қабат тас үйдің күзетші отыратын будкасына жақындады; қақпаға арқасын сүйеп тұра қалып тыңдады, ешқандай дыбыс білінбегеннен кейін будкаға қарай ол батылырақ жылжыды. Будка бос тұр. Жалма-жан будканың қабырғасына үлкен үндеуді, екі жақтауына екі кішірек жарнаманы жапсыра салып, үйдің маңдайына қарады. Бұл қақпаның фонары басқалардан анағұрлым жарық, кішкене есіктің маңдайшасындағы ірі жазулы вывескені көзі әбден айырарлық. Бірақ, Сәми оны оқымай-ақ таныды; сол кеңсесі, анау төменірек тұрғаны «прокурор барон Дельвиг» деген ірі жазу; талай көрген үй, көрген жазулар. «Тап осы ұлықтар мықтап оқысын! деп ойлап, есіктің екі бетіне де, фонарь тұрған бағанаға да, қақпаның тақтайына да түр-түрінен жанама, үндеулердің бесеуін жабыстырды. Сөйтіп, өзі насаттанған адамша, бұқпай, бойын жазып шеткерірек шықты да айналасына көз жіберді. Бейсеуіт жүрген адам да, қаланың шет жақтарынан шығатын ат дүбірі де естілмейді, уілдеген жел ғана бар, құлаққа телеграф сымдарының зыңылын әндетіп әкеледі.
...Бұл жер тас көшенің шеті, енді кері қайту керек. Қалғаны оңай, ыққа қарай тез жүріп, тоңбай жапсырып, баспаханаға жетіп жылыну. Жолдастарға көрген-білгенін әңгімелеу қандай рахат.
Бұрыла бергенде қолынан оның желім құйған бутылкасы жерге түсіп кетті, мұзды жерге «зың» етіп тиіп, домалап барады. Ол еңкейіп, жерден қармалап бутылкасын іздеді. Тап сол сәтте қораның ішінен арсылдай ұмтылған иттің дауысы шықты, сонымен бірге аяғын шапшаң басып қақпаға қарай жүрген адам дыбысы да естілді. Бала жалма-жан көшенің екінші бетіне қарай жүгірді де, қарсы алдындағы үйдің биік баспалдағының түбіне тұра қалды. Баланың мықтап сескенгені ит болды. Ол қақпаның астынан арс етіп етектен ала түскен иттен талай қорлық көрген-ді, онысынан да иттің жұртты дүрліктіргені жаман. «Жеті түнде мына күймен қолға түссем, алдымен ұры деп ұрады ғой» — деп ойлады ол баспалдақтың жанында бұғып тұрып. Бірақ қақпа алдына шыққан күзетші жан-жағына қарап алды да, адам көрінбегеннен кейін, қораның ішіндегі итке зекіп қойып, қақырынып, түкірініп жайланыса бастады. Оның будкаға кіріп отырып алып, шылым тұтатқанын бала айқын көрді. Сіріңкенің қызғылт сарғыш тартқан жарығынан күзетшінің қалың мұртын да көзі шалып қалды. «Енді бір он шақты жерге ұран жапсырып кері баспаханаға қайтайын» — деп ойлап, ол орнынан ақырын ығысып еді, ызғырық, суық жел итермелеп баспалдақтың ығына тықсырды; төрт-бес минуттай ықтасында тұрып бұйығып, бойы жылына бастаған бала желдің өтіне беттей алмай сәл кідірістеп қалды.
— Макар, ұйықтаған жоқсың ба?— деді қарлыққан жуан дауыс.
Дауыс баспалдақтың екінші жақ қақпа түбінен шықты: күтпеген жерден, нақ қасынан дүңк ете қалған дыбыстан шошып кетіп селт ете түсті де Сәми бұғып қалды. Баспалдақтың асты бітеу екен де, қаптаған қарағайдың дәл үйдің іргесіне тірелген жерінде екі тақтасы жоқ, үңірейіп тұр.
Қорқып кеткен баланың тұра жөнелу бір дегеннен ойына келмеді, баспаналап жасырыну сезімі оны еріксіз қуысқа итермеледі— ол ірге түбіндегі баспалдақтың үңгіріне қарай бұғып, ұмтыла түсті.
— Мұнда кел, мылжыңдасайық...
Бұл жолы дауыс оның нағыз көк желкесінде тұрып сөйлегендей естілді. Өте жуан, аса қарлыққан, ірі дауысты қатқақ көшенің бойымен дөңгелетіп, дүбірлетіп ыққа қарай алысқа әкетіп жел көп жерге естірткендей. Будканың ішінде шылым тартып отырған күзетшінің дыбысын бір қырын жел бері жеткізбеді, оның жауабын бала ести алмай қалды. Бірақ мына жақын жерде тұрған адам қарсыдағы адамды еріксіз келтірерлік, дегенін екі еттірместей өктем.
«Бұлар не сөйлеспекші? Бағанадан бері менің не істеген ісімді көріп отырып, енді қапысын тауып екеулеп мені ұстап алмақшы ма? Олай болса «мылжыңдасайық» дегені не сөз? Жоқ, мен жөнінде болса үндемей бас салар еді, бұлар сірә, күнде осылай «мылжыңдасып» үйренген шығар...»
Көшенің арғы бетінен келе жатқан адамның аяқ басысы бірден-екі жақындай берді де, бала қуысқа тығыла түсті.
Үстіне қаудыраған тон киген, жамаулы үлкен киіз байпағын зорға көтеріп басып, мықшыңдап келе жататын шалдарды Сәми көп кездестіретін, оларды ішінен мықтап аяйтын; әлдеқалай бір нәрсеге жұмсаса, жә болмаса: «Пәленшенің үйін білесің бе, шырағым?!» деп сұрай қалса ол қуана-қуана сұраған үйінің қақпасына кіргізгенше ертіп баратын, оларға пайдасын тигізгеніне мәз болып қалатын. Қазір мына екі қарауылшы да Сәмиге әрі сондай қария жандар, әрі аянышты адамдар сияқтанып көрінді; жүздерін көрмесе де жалықтырарлық ұзақ түндерде сарылып таң күзететін бишаралар ғой деп білді. «Бұлар, сөз жоқ, біздің адамдар» деп қойды ол өзіне өзі сыбырлап.
— Макар, сезесің бе, күннің де бүгін азынап тұрғанын?..— деді жуан дауысты адам, бір сыр айтуға ыңғайланғандай, сыбырлап сөйлеп.
Бірақ оның сөздерін Сәми жақсы аңғарып қалды, толық есітті. Өзі жақсы сөйлей білмесе де, орыс тілін ол әбден түсінетін, баспахана жұмысшылары арасында әжептәуір әңгімелесуге де шамасы келетін. «Күннің суығын айтады ғой, заты үстіндегі тоны жыртық болып тоңып тұрған шығар, бишара...»— деп ойлады Сәми.
— Сенің айтып тұрғаның нағыз шындық, Мартыныч. Арқа бетте қар жауған болу керек — суың ызғар келеді.
— Күннің суығы өтер ғой, адамның бір-біріне жаулық ызғар шашуы қорқыныш. Сірә, қан төгілер...
— Әлде нашар хабар есіттің бе, Мартыныч?
— Кеште полковник сөздерін ішіме түйіп қалдым. Кешкі тамақты тез ішті де, ол штабқа кетті, денщигі аздан кейін қайтып келді, сол айтты...
— Ия, не деді ол, Мартыныч?
— Бәрін тыңдап жүреді, генерал мен полковниктан; әңгімесін тыңдап тұрыпты... Қайдағыны есітетін қу түк нәрсе байқамаған болып, ақымақ адамша солбырайып тұрады да, бірақ төресінің не ойлап тұрғанын да біліп қояды. Біздің үйде олар көптен тұр ғой, төргі үлкен бөлмені, алдыңғы үйді тұтасымен беріп қойдық, кемпір екеуіміз ас үйге көшіп алдық. Сен көрген жоқсың ба полковникті? Ішкі Новгородтан келген. Әйелі мен баласы сол жақта бір туысқанының қолында қалған...
— Жоқ көргенім жоқ. Ия, не дейді ол денщик Васька? Васька дедің бе атын?
— Ия Васька. Васьканың айтуына қарағанда бүгін түнде большевиктерді ұстап, Совдепті таратпақшы. Атаман Мартынов жиырма жүздік әскерді әкеліп қала шетінде, казармада, Шаганкада топтап отырған көрінеді. Төменгі Бударин, Сахарнайдан, жоғарғы Даринькадан тағы оннан астам жүздіктер келе жатыр дейді. Қиын хал, қан төгіледі...
— Сенің айтып тұрғаның нағыз шындық, Мартыныч. Казактар тегіс қозғалды деседі, демек, қан төгілмек, ұрыс болмақ.
— Аглицкие һәм хранцу қаптап келеді десіп жүр адамдар!— деп Мартыныч таңдайын қақты.
Сәми оның аглицкий мен хранцузын түсінбеді. «Казак атамандарынан да бұзық біреулер ғой, шамасы» деп ойлады. Бір-біріне жасырын сыр айтуына және таңдана сөйлеуіне қарағанда бұл екеуі де оған өз адамдарындай жылы көрінді. Бала демін ішіне тартып, денесінің тағы да дірілдей бастағанына қарамастан құлағын тоса түседі. Казак атамандарының ашық жау екенін, рахымсыз екенін жақсы білгенмен оның тап бүгін түнде «большевиктерді ұстайды» деген ой басына келген емес-ті, қазір мұны бірінші рет естіп отыр, бүл «жаңалықты» Әбдірахман ағайға тез жеткізуге, естігенін қалдырмай айтып беруге бел байлап отыр.
Сәл ойланып үндемей қалған екінші күзетші:
— Қызылдар Сарытау мен Самарды алды деп еді, олардан неге хабар-ошар болмай кетті?— деп сұрады Мартынычтан.
— Әңгіме міне сонда. Жылан құйрығын басқанда ғана қайрылып шағып алады ғой; бұлар да сондай...
Мына казачествоны айтамын. Ресейден ығыстырып келіп, шетке тықсырып қысқасын басын көтермей ме?!
— Желкесінен ұстап тұрып тілін суырып алмай ма ондай жыланның?
— Суыруын суырар, бірақ бұлар да ордалы, зәрін шашпай ұстатпас!
— Мартыныч, осы қызыл көп пе, ақ көп пе?
— Макар, сен баланың сөзін сөйлейсің. Саған мен қарсы сауал берейін. Сен оған өзің жауап бер. Барон Дельвигтің жирен қасқа рысагінің жирен түгі көп пе, ақ түгі көп пе?
Макар күліп жіберді.
— Өзінен өзі белгілі, жирен түгінің көптігі. Сонда ақтар аттың төбеліндей-ақ па?
— Міне, солай. Ресейде не көп — мұжық көп, не көп — жұмысшы көп. Өзің қарасайшы: Овчинниковтің тері илейтін заводтарында кім көп? Овчинниковке завод басқарушысын қоссаң— екі-ақ адам. Қалған бес жүзі жұмысшы, оларды тегісінен қызыл дей бер. Анау жер жыртып жатқан мұжықтар мен хохолдар көп пе, хутор казагі көп пе? Мұжықтар дария да, хуторлықтар— арал сияқты ғой...
— Олай болса, мына казак войскосының басшылары көпке топырақ шаша ма, бәрібір түбі күші басым жағы жеңеді ғой!
— Онда үлкен мән бар,— деп Мартыныч бір күрделі сырды бүккендей тамсанып қойды. Сәми: «Бәрібір біздікі жеңеді» дей жаздады да, өзін әрең тоқтатып қалды.
— Мартыныч, тыңда, әлде дүбір болмағай...— деп Макар құлағын тосқандай болды. Баланың құлағына алыстағы, анау көпір беттегі көп дүрсіл айқын естілді. Ол үргелектеніп, орнынан тұруға айналды.
Бірақ Мартынычтың құлағына дүбір шалына қоймады.
Желдің шуылы шығар,— деп қорытты ол.— Сен, Макар, ана Совдептің таратып жатқан қағаздарын көбірек оқы. Оны жазып шығаратын Червяков учитель. Басы толған ақыл. Міне, нағыз ер жігіт...
— Біздің миымызға кіре ме, ондай ғалымдар жазған нәрселер. Және біздің қолымыздан келері де шамалы ғой,— деді Макар енжарлау сөйлеп.
— Е, парень, сенің қолыңнан келетін жұмыс алда. Көп. Ертең Совдеп сайлағанда қол көтеруге де кісі керек...
— Дядя Мартин, правельно говорит... Червяков, Әбдірахман наш... Дядя Макар, шитай, Бората... бумага...— деп үзіп-үзіп орашолақтау орысшалап, Сәми қуыстан атып шығып жүгіре жөнелді.
— Господи, антихрист...— деп шошып кеткен Макардың аузынан қалай-солай шыққан сөздері ғана оның құлағына шалынды. Басқа ешнәрсе естілмеді.
— Я свой!— деп айқайлады Сәми тағы да, сүрініп-қабынып жүгірген бойы артына мойнын бұрып. Ол алға қарай жүгіре берді.
2
Кері қарай жүгіріп бара жатқан Сәми жасыл қиықты үйдің баспалдағынан төмен түсіп, тротуарға шыға берген Хакімге соқтығып қала жаздады. Жұрт аяғы басылуға айналған кезде қарсы алдынан тап келген адамды Сәми өзінің жолын тосқан жан екен деп ойлады, жалт беріп көшенің ортасына қарай жүгірді. Бірақ Хакімнің оны қуу ниеті жоқ еді, қыз кешірек шығып қалар деген үмітпен ол сағат тоғыздан бастап торып, қараңғы түскесін баспалдақтың үстіндегі өзінің күнде отырып жүрген сәкісінде сарғая күтіп, қалжырап тоңып, енді қайтуға бет алғанды. Бір сағаттай бұрын қақпа алдына қағаз жапсырып кеткен баланы фонарьдың ала көлеңке жарығында ол танып та қалды, бір мақсатқа соншама беріліп, қалжырап тоңғанына қарамастан қайсарлықпен іс істегеніне қатты риза болды. «Қайдағы бала, кім жіберіп жүр мұны жарнама жапсыруға? Қандай жұмбақ жандар? Қарғадай басынан адамның арқасын шымырлатарлық жалынды сөзге, өткір үгітке араласқанын көрдің бе? Сөйлесер ме еді өзімен?!» Хакім аяғын жедел басып ілгері ұмтыла түсті, бірақ қояндай зымыраған баланың қараңғыда қарасы үзіліп кетті. Қатты жүргеннен кейін дене қыза түсті, ой қайтадан ескі арнасына қайтты. «Балағұрлым да көздеген нысанаға жете алмаймын, бұл батылсыздық... күндіз қалай да үйге кіріп, қыздың бұл кілт өзгерісін анықтап алу керек еді. Сыпайылық пен мәдениеттіліктің де орны бар. Мүмкін, қызға менің тап осы сағатта көмегім керек шығар... Жалғыз сіздің қалағаныңыз жеткіліксіз деді. Уақыт жеткенде түсінерсіз... Бұл не деген сөз?! Жұмбақ. Ащы жұмбақ. Жоқ, бұл жұмбақты қалай да тез шешу керек. Тездетпесе кештік етеді. Әлде бір мекерлік бар ма?..»
Пәтеріне келіп, төсегінің жанында екі қолымен басын ұстап көп уақыт отырды.
Хакімнің пәтері ноғай мешіті түбінде, қаланың қыбырлы-шулы орталығынан қашықтау еді; бірақ түнгі дүрмек бұл жаққа да естілген-ді; оның үстіне үй қожасы әлсін-әлсін тысқа шығып алысырақтағы атысты, дүбірді, көшемен шапқылап өткен атты адамдардың дыбысын тыңдап, әлдекімдермен күбірлесіп, сөйлесіп, таң білінгенше ұйықтамай шығып еді. Ал Хакім өзінің оңаша бөлмесінде (жолдасы сол күні елден келген адамдардың шаруасын шаруалап үйде қонбаған болатын) терезелердің қақпағын жауып, есікті кілттеп отырып алды.
Адамның айналасында болып жатқан оқиғаларға мағына бермейтін, көп нәрселерді елемейтін, құлаққа келген көлденең дыбысты естімейтін, тек өзінің ғана ішкі дүниесінің кең айналасын жүзіп жүретін бір минуттары болады. Хакім тап сондай халде өзімен өзі ғана болып отыр. Ол әлденеше рет хат жазуға кірісіп, бірақ бастапқы бетін бітіргеннен кейін оқып шығып, ұнатпай жыртып тастады. Жағын таянып, шам жарығынан жарға түскен өз басының көлеңкесіне қарап ұзақ отырды. Түрегеліп, бөлме ішінде олай-бұлай жүрмекші болды да, бірақ ойына әлденендей әдемі өлең жолдары құйылып, соларды қағазға төге салу үшін қайта отырып, тағы да жазуға кірісті. Бірін жазып, бірін сызды, аяғында өшіріліп, қайта тізіліп, төрт жол өлең таза қағазға көшірілді.
Сен гүлімсің, бақшадағы
Мен айналған көбелек.
Аймалаймын, сүйем тағы —
Жау қойса да у себелеп.
Хакім мұны көшіргеннен кейін үш-төрт қайтара оқып шықты; оған бұл өлең өте әдемі көрінді, жүректі тербетерліктей әсерлі сияқтанды. Жалғыз-ақ соңғы жолы ықшамсыздау ма, қалай деп ойлады. Оның үстіне бұрын бір оқыған өлеңнің сарыны тәрізді, таныс...
Екінші шумағын жазбақшы болып еді, шығара алмады, ұзын қара өлеңдерге соғып, мұндай ықшамды шықпады. Сонсоң, ол қысқаша әдемі, сүйіспеншілік сөздермен Мүкарамаға хат жазды да, оның аяғын осы өлеңмен кестелеп бітірді. Хатты конвертке салды, сыртына «Мүкараманың өз қолына» деп жазды.
Мұны, қалай да ертең қызға бермекші болды, өз қолына бермекші болды. Сөйтіп, ол қожайынның сары ала әтеші сақарға шақырғанда жатты.
Сәми бұл кезде жан ұшырғандай зырлап, қараңғыда бір-екі рет сүріне жығылып, қайта тұрып, қатқақ жер сыдырып кеткен қолы мен тізесіне назар аудармастан баспаханаға жетті. Бір үлкен оқиғаның басталып қалғанын ол айқын ұқты. «Озбыр атамандар...» «Ақ генералдардың қара ниеті...»— деген бұрыннан құлағына шалынып жүрген сөздерге мына екі күзетші шалдардың бір-біріне жаңалық, сыр есебінде жеткізген әңгімелері келіп қосылды; тіпті өзінің жапсырып жүрген қағаздары да ешкім айтпай-ақ көп нәрсені баяндап, зор іске шақырып тұр. «Әбдірахман ағай бейхабар. Ол күндегіндей баспаханада таң атқанша әбігерленіп жүріп, кім біледі, жау қолына жазатайым түсіп қала ма?! Бәрін айтамын» деп асықты ол.
Баспахананың ішінен буда-буда қағаздарды көтерісіп сыртқа алып шығып, ат-шанаға салысып жатқан Әбдірахманның жанына ентіге басып жетіп келді де:
— Бері жүріңізші... жүріңізші...— деп аптыға сөйлеп Сәми жеңінен тартты.
— Немене? Мені шақырып кел деп жіберген жоқ па біреу?— деп сұрады Әбдірахман балаға жалт қарап.
— Жоқ, Әбдірахман ағай, менің өз сөзім бар... Сізге ғана айтатын сөз...
Баланың қызара түскен бетіне, ентіккен түріне бірер секундтай қарап тұрды да, Әбдірахман оны ішке алып кірді.
— Немене сөз?
— Әбдірахман ағай, атты казактар бізбен соғыспақшы... Бүгін түнде бізге бас салмақшы... Әбдірахман тағы да балаға тесіле қарап, басын шайқады.
— Оны саған кім айтты?
Сәми үсті-үстіне асыға сөйлеп, сөзінің аяғын жұта, үзіп-үзіп, көргенін, естігенін қалдырмай айтып салды. Әбдірахман назарын сала тыңдағандай болды, бірақ түсі де өзгерген жоқ, қимылы да бұрынғы жай салмақты қалпында қалды. Оның бұл жайбарақат тыңдап «жаңалық хабарға» селт етпегені Сәмиге оғаш көрінді, бала ішінен қатты ренжіп қабағын түйіп, аздан кейін тіпті жыларман халге де келіп қалды.
— Қарттар дұрыс айтады, кімнің не істеп жатқанын олар алдымен естиді. Жақсы. Ал, сен тез үйіңе қайт та ұйықта. Бұл жұмыстың да, мұндай әңгіменің де саған керегі жоқ. Бұл үлкендердің жұмысы. Шешең сені күтіп, кешіккенсін үрейі ұшып отырған шығар. Үйіңе бар,— деді Әбдірахман Сәмиді иығынан қағып. Сөйтті де: — Бекер жұмсайды баланы, мұндай қатерлі жұмысқа...— деп әлдебіреуге ренжігендей болды.
«Ең болмаса қанша үндеу тараттың деп те сұрамайды. Мені осы Әбдірахман ағай баласынуың қоймады- ау...»— деп ойлады да Сәми:
— Мені ешкім жұмсаған жоқ, өзім кеттім. Бүкіл көшенің бойына сау жерін қалдырмай үндеу жапсырып қайттым...— деді ол ызалы пішінмен.
— Ешкім жұмсамай, өзің кетсең, бұл өте-мөте жарамайтын жұмыс, біреудің қолына түсіп қалсаң қайтесің. Қайдан алдым, кім жіберді, кім жұмсады дейсің?
— Өзім істедім деймін, Әбдірахман ағай. Мен жаман адамдарға сырымды айтпаймын, қорықпаңыз мені бала деп.
— Жарайды, жарайды. Қайт үйіңе. Керек деген уақытта өзім айтармын, менің рұқсатымсыз ешқайда барма да, ешнәрсе істеме де. Түсіндің бе? Қазір тез үйге қайт. Ұйықта, ертең баспаханада істейтін жұмысыңа кешігесің.
Бала наразы түрде аяғын селқостау басып, баспаханадан шығып үйіне қайтып кетті.
Сенектің оң жақ бұрышындағы тақтайдың қуысынан шешесінің жасырып қойып кеткен ашқышын алды да, есікті ашып Сәми үйге кірді, шам жақты. Ыстық пештің жанында жылынып біраз уақыт отырды да, шешесінің пеш қуысына қалдырып кеткен тамағын алып ішті. Кастрюльге құйған ет салма әлі ыстық, буы бұрқырап тұр. «Мамам қайда жүр екен?»— деп ойлады бала жылы үй, ыстық тамаққа елжіреп, кішкене сәкінің үстінде пешке қисайған күйі қалғып бара жатып. «Мұндай әңгіменің саған керегі жоқ, бүл үлкендердің ісі дейді... Мен де үлкендерден аз жапсырғаным жоқ... қағаздарды. Ертең онан да көп... Жә...»
Есікті ақырын ашып, аяғын әдетінше ептеп басып кірген шешесін Сәми білген жоқ. Көтеріп әкеліп кереуетіне салғанда қолын қатты сермеп жіберіп: «Дядя Макар правильно говорит...»— деді ұйқысырап, бірақ өзі оянбады.
Анасы оның арықша сопақ бетіне төне қарап, аң-таң болып тұрды да, еңкейіп маңдайынан иіскеді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Акчуриндердің екі қатар тас үйлерінің ішкі жағы биік дуал — кең ауланың түкпірі жағалай салған складтар мен қоражай; үлкен үймен қанаттас бас приказчиктің үйі тұр, одан әрі жалғасып жатқан қосалқы үйлер мен магазиндер. Көптен таныс, іштей тілектес приказчиктер арқылы екі шана саяси литература әкеліп, көп складтардың бір бұрышына жайластырды да, Әбдірахман жегіп келген өз атын суарып жіберіп ер салды.
— Әбеке, тамақ ішейік, менің пәтеріме жүріңіз,— деді Бәйес, ыңғайлы казак ерінің айылын шапшаң тартып жатқан Әбдірахманға.
— Бәйеке, қазір тамақ ішуге де уақыт тар, тығыз бір жұмыстармен тон-тері заводына барып қайтатын шаруам бар. Алдыразы болсын, басқа бір мұрша келген кезде ішерміз бұйырған тамақты. Айтқандай, сіз кімнің пәтеріндесіз?
— Мына қатардағы Уәлидікіндемін. Завод біраз жер, сіз жеткенше жұрт жатып қалмай ма, Әбеке-ау? Ертең барсаңыз нетті? Қазір жайланып отырып, шай-су ішіп, тамақ жесеңіз.
— Жоқ, алдыразы болсын. Жұмыс бар. Сіз елге қашан жүресіз?
Әбдірахман атын жетектеп қақпаға қарай бұра түсті. Жоғарғы қатардан нәзік бір музыка дауысы келіп жатты, бірақ оған сөйлесіп тұрған екі адам құлақ сала қойған жоқ-ты. Складтың есігін жауып, құлыптап, сорғыш ерітіп печаттады да, дүкенші Сәлімгерей музыкаға құлағын түре, бұларға жақындай берді. Тап осы кезде үйдің жоғарғы қатарындағы орта терезенің іш жақтан қалың пердесін түріп бір адам форточкасын ашып жіберді. Аулаға аспалы шамның мол жарығы төгіліп кеткендей жарқырай қалды да, музыка үні бүтін ауланы кемерінен асыра толтырып жібергендей болды. Құлаққа әрі таныс, әрі жағымды, әрі ынтық, әрі мұңды татар әні сезім жүйесін тегіс билеп барады...
— Ауылға қашан жүресің дейсіз бе? Алла қосса, ертең жүріп кетермін. Шаруа — елге керекті товар алу еді, бірақ шай, шекер жағы жоқ, мата да өте тапшы. Сабын, сіріңке, темір-терсектен өзге мәнді нәрсе болмай тұр. Дегенмен барын әкетемін ғой. Елге бұл да мұқтаж; Жайық пен Анқаты түсіп кетпей осының өзін жеткізіп алған жөн,— деді Бәйес.
Әңгімеге Сәлімгерей араласты.
— Бәйеке, тыңда, грамофон сөйлеп жатыр. Ей, сондай әдемі машина. Қожайын жақында Қазаннан әкелді, «Бибисараны» қандай жақсы орындайды; әй, өзі де жақсы ән. Бойыңды балқытады.
Әбдірахман үндемеді; терезеден олай-бұлай өткен адамдардың бейнесіне көз тастап бір қарап алды да, атына мінуге ыңғайланды.
— Әбеке, кімдер жиналғанын білесіз бе?— деді Сәлімгерей терезені иегімен меңзеп, сыбырлай сөйлеп,— татар буржуйлары мен оқымыстылары, ішінде бір қазақ доктор бар, көзіне пенсне киген, ұзын бойлы әдемі жігіт. Менің қатыным қонақтарға тамақ әзірлесіп жүр.
— Немене, Акчуриннің әкесі қажыдан келіп пе, күмбірлетіп сайран құрғандай?— деді Әбдірахман, кеше ғана үлкен Акчуриннің облыстық Совдепке келіп: «Банкрот болдық, біз Овчинниковтардай дәулетті емеспіз, Әбдірахман мырза налогтан құтқарыңыз» деп жалынғаны есіне түсіп.
Сәлімгерей басын изеді.
— Қуанышы қажыға барғаннан да зор. Қонақта екі татар офицері отыр дейді, біздің қатын ептеп әңгімелерінің шет жағасын естіп қалған көрінеді. Маған қазір ғана айтты: «Большевиктерді сыпыртып тастаймыз» депті.— Сәлімгерей қолын кенет сермеп, бір нәрсені ысырып тастағандай болды.— Шарап ішіп жатыр, үстел үсті тауық пен қаз етіне толған... Әлгі, Құрбанов та қарындасымен осында. Қалай, Әбеке, бұлар жағы күш алды ма?
Әбдірахман Сәлімгерейге тіктеп қарады да, оның шын көңілмен, аянышты күдікпен сұрағанына, тілектес екеніне әбден көзі жетіп:
— Сәлімгерей, сіз есті адамсыз, мен мұны көзіңізге айтамын; мақтау үшін емес, расын айтамын. Осы қалада бес мыңдай татар бар екен, соның көбі адал еңбегімен күнелтіп жүрген жандар. Бірқатары қызмет істейді, олар да еңбек иесі. Ал, мына Акчурин сияқты бүкіл ірі қалалардың бәрінде магазиндері бар, ауыл-қыстақтарда дүкеншіктері бар, сауда жұмысын бір өзі билеген, қалтасы қалың татарлар саусақпен санарлық. Бұлардың табысы елден мал мен жүнді арзанға алып, мата мен шайды қымбатқа сату арқылы, мына өздеріңіздей текке жұмыс істеп жүрген адамдар арқылы байлықты игере алмай жатқан жоқ па? Әділдік қайда? Бір адам байып, мың адам жарлы болу дұрыс па? Жоқ, олай емес. Күш мыңның жағында. Мұны мен айтпай-ақ өздеріңіз жақсы білесіздер, мұны мен өзіңіздің аузыңыздан талай естігенмін. Бұлар бүгін үстем болса, ертең бәрібір көп жеңеді.
Сау болыңыз, мен кеттім.
Ол атына мініп алды да, тез қақпадан шығып кетті.
— Жігітсің, Әбдірахман, халық адамы деп міне осыны айт! Жұрт үшін ұйқыдан безіп, мына мырзалар секілді емес, рахат, ойын-күлкіден махрұм. Міне хұрриятшы адам,— деді Сәлімгерей Бәйеске.
— Пәтерге жүр, шай-су ішіп кет деп едім, оған да мұршам жоқ деді. Ер азамат. — Бәйес риза болғандай бір минут кетіп бара жатқан аттың мұзды қарды күтірлете, қаршылдатып басқанын тыңдап тұрды.
* * *
Вокзал басын барлап, темір жолдың бойымен тон-тері илейтін заводтар мен ет комбинатына барып қайтпақшы еді Әбдірахманның ойы, бірақ бұл ниеттен бас тартуға тура келді.
Вокзал мен қаланың екі арасы бес-ондап шоғыр-шоғыр жортқан әскер — атты казактар екен. Сұрастырып, бұлардың қай жақтан келгенін біліп алып, Әбдірахман қаланың ішіне қайта кірді де, ойысып келіп Самар көшесімен Жайықтың жағасына шықты. Алашабыр қары кеткен жар басы қарауытып көрінеді, көзге кейде топтанған атты-жаяу адам сияқты елестейді. Аздан кейін бұған да көз үйреніп жазық пен төбенің, жанды мен жансыздың бейнесін айыра бастады. Ол жар астының жалғыз аяқ жолымен бір шақырымдай жер жортты да, алды-арты бірдей қамашау бұл жолдың қауіпті екенін біліп, қыр басына қайта шықты. Он минуттай ешбір тоқтаусыз, тек анда-санда ғана ат тізгінін тежеп, құлағын түре тыңдап, жүріп келеді. Жол, шамасы, заводқа дейін үш шақырымдай-ақ; бие құлағын қайшылап қойып желе бүлкілдейді. Завод пен қала ортасында қадау-қадау кездесетін үйлер бар-ды. Сол үйлердің біріне жақындап келгенде арғы жақ тасадан екі салт атты оның қарсы алдынан шыға келді.
— Тоқта! Бүл кім келе жатқан?
— Өз адамың.
Аттылар үндемейді. Әбдірахман да бір секундтай кідірді де, қарсы келгендердің ойланып қалғанын пайдаланып тез де, батыл әрекет істеуге бел байлады.
— Жігіттер, өздерің қайдан? 6-полктың штабына жол сілтесеңдер етті,— деді, ешбір күдікті ойға орын қалдырмай өзіне-өзі палуан түрде.
Қарсы келген екеуі күбірлесе қалды.
— Киргиз білем.
— Енді кім деп едің, сөзінен байқамайсың ба?!
— Сен өзің қайдан?— деді біріншісі енді қазақша сөйлеп.
— Генерал Акутиннен тығыз тапсырмамен барамын.
Екеуі тағы да күбірлесе түсті; бірақ олардың сөздерін бұл жолы Әбдірахман анық ести алмады.
— Фамилияң кім, киргиз?— Салт атты кісі жақынырақ төніп Әбдірахманның жүзіне үңілді.— Сен не, әскери адам ба?
— Шабарман. Фамилиям Айбасов,— деп Әбдірахман аузына бірінші түскен сөзді айта салды.
Екеуі оған нанған сияқты қимыл көрсетті. Тізгіндерін тежеп, ат басын бұруға ыңғайланды.
— Осы жолмен барамын ба? Көзге түртіп қалсаң көрінерлік емес. Адасып кетпесем қайтсын,— деп қойды Әбдірахман әбден сендіру ниетімен, завод жақты көрсетпей темір жолға қарай қолын шошайтып.
— Сол жол,— деді ілкі дауыс.
— Рахмет, жігіттер,— деп Әбдірахман атын тебініп жіберіп, темір жолға қарай жөней берді.
Атты казак пикеті екеніне оның күмәні қалған жоқ. «Қаланы қоршап алған... Заводпен екі ортаны да қатынассыз қалдыруға айналғаны...»
Екінші казактың:
— Үстінде былғары тужуркасы бар... большевик болып жүрмесін, жулик...— деген сөзін құлағы шалып қалды оның.
— Ай, тоқта, киргиз!— деді әлгі салт атты, мұның соңынан ұмтыла түсіп.
— Немене?
— Біздің жүз басыға барасың, бұр атыңның басын.
— Ойбай, мен кешігіп қаламын ғой, тығыз тапсырмамен кетіп барамын.
— Жоқ, жоқ! Барасың! Тоқта!
— Жүз басыларың қай жерде?
— Ана завод конторында. Әйда, ер соңыма.
Бұлардың жібермеуге бел байлағанын Әбдірахман жақсы түсінді де және заводта «жүз басы» барын біліп, жалт беруге ыңғайланды. Ол жолды да, аттың жайын да, қарудың күшін де есепке салды. Жол тегіс емес, ой-шұқыры мол... бие тың және мүшелік ағыны бар... Алтыатар оқтаулы...
— Қазір кәне қалай жүреміз, бастаңыз?!—деді ол, бұйрықты екі етпей соңдарынан еретін адамша.
— Былай қарай,— деп ілкі сөйлеген казак аттың басын бұра берді.
Казак Әбдірахманның қалаға қарай құйындата жөнелгенін қапелімде ұға алмай қалды да, кейінгі жақтағы екіншісі:
— Тоқта, сайтанның баласы!— деп ұмтылғанда ғана:
— Қуып жет! Қуып жет!— деп айқай салды.
Түнгі дауыс төңіректі жарып кеткендей шықты, оған тарсылдата шапқан үш аттың дүрсілі қосылып, кешкі аязбен тоңазып бетін мұзды қар жапқан тоң жерді дауыс пен дүбір жаңғырта дүңкілдетті.
Әбдірахман қос қуғыншы соңына жазыла түскенше жүз қадамдай оқшау шығып кетті.. «Иә, бір бәле кездеспесе құтылармын-ақ» деп ойлады ол. Осыны ойлап үлгіргенше болмады, шабыстың екпінімен көзі бұлдырап, жолдың сорабын аңғара алмай қалды, тізгіні тежеусіз өз еркіне кеткен бие жолдың жанындағы жыраға кептелді; тізгінді жиып, жан-жағын барлап бұрылып үлгергенше болған жоқ, қос қуғыншы, қасқыр қуып еліріп алған аңшыдай қиқулап, балағат сөзді ауыздарынан құсықтай ақтарып, келіп-ақ қалды. Аттардың ырсылдай шапқан дүрсіліне, көмейден қырылдап шыққан екі казактың зыйтты дыбысына аралас жалаң қылыштың зуылы ап-анық естілді. Енді бір минут ішінде, мүмкін бірнеше секундтар өтпей-ақ қатесіз қырқып түсетін казак қылышы желкеге кірш ететін-ақ.
Жыраға омыраулап кептеліп, тақым мен тізгіннің тегеуіріні жұлып шығарғандай, тұмсығымен жер сүзе жұлқынып, тізерлей арғы жиегіне көтерілген биенің бүтін денесі дір-дір ете қалды және Әбдірахманға ол қолаулап қалған жылқыдай, үш аяқтап сіресіп тұрған сияқтанды. Жалма-жан қарғып түсті де, тізгінді қарға іліп жіберіп, оң қолымен қабынан наганын суырып алды; бір тізерлеп отыра қалып, биені қалқанындай бетке ұстап, кезеніп үлгергенше алдыңғы казактың аты биеден бір-ақ адымдай жер жанап өте шықты, сілтеген қылыш ерге сарт етті. Кеп-кең ордан аттың қалай ырғып кеткенін Әбдірахман көз тоқтатып қарап байқаған да жоқ, байқауға шақаты да келмеді. Ол тек жиырма метрдей жерден круг сызып қайта оралған казактың сақалды жүзі мен жалпақ кеудесіне, тізгіні бар сол қолына сүйеп дөптеген наганның кішкене ауызын туралай берді. Алтыатар даусы түн ішінде дара шыққанмен қайратын білдіргендей «тыңқ» ете қалды.
— Атаңа нәлет, сарсақал мәлғұн...— деген келіссіз болса да ерлік жігер құятын шоқпардай сөз Әбдірахманның аузынан еріксіз шығып кетті.
Ол казактың сақалды екеніне және сақалының жирен — сары екеніне, шалқалай теңселіп барып, оның аттан ырғала құлап түскеніне күмән келтірген жоқ. Өйткені мұндай нысана түгіл, оймақтай бес тиын қара бақырды он-он бес қадам жерден де қолын жастық етіп қоймай-ақ «зың» еттіретін. Сондықтан ол жалма-жан арт жақтағы екінші казакқа оқталды. Казак он бес қадамдай жер қалғанда қасқырша орағыта бұрылып айнала түсті де, иесіз ойнап шетке шыға келген жолдасының атын көріп, бұрылып ала кері шапты.
Орнынан түрегеліп, болған оқиғаға жаңа ғана түсіне бастаған адамша маңдайын сол алақанының сыртымен бір сипап қойды да, Әбдірахман тізгінін қайырып биесіне мінуге айналды. Бірақ биенің оң жақ алдыңғы аяғы жерге сүйретіліп жатыр еді.
2
Жаңа ғана аяғынан қаз тұрған баладай тік басып жүре бастаған Совдептің қолына күш жиып әлі үлгермегенін ақ генералдар жақсылап есепке алды. Сондықтан да олар буыны бекуіне мұрша бермей, тез тұншықтыруға ұмтылды. Ақ казактардан құралған алтыншы полк Орынбордан шыққан қызыл отрядттың жолын кесіп, жолдағы үлкен станицалар мен облыстың Совдепке көмек көрсетерлік Жайықтың Бұқар бетіндегі переселендер қоныстанған ірі деревняларды қармап, ондағы шаруа комитеттерін, құрылған жерде селен Совдептерін таратуға кірісті; ал жетінші полктың бөлімдері 29-март күні түнгі сағат он екіде қаланы қолға алды: оның екі жүздікке таяу бір тобы қаланың шығыс бетіндегі ет комбинаты мен тон-тері илеп шығаратын заводтардың жұмысшыларын бағындыруға кірісті, бір тобы вокзалды қоршады, темір жол қызметкерлерін қаладан бөлді; қалған бірнеше жүздік бөлініп-бөлініп қала ішіндегі, күш көрсетерлік диірмен мен элеватордың қарулы коллективтеріне, почта-телеграф және облыстық Совдеп үйіне бас салды.
Әбдірахманның кездескені сол заводқа төнген атты әскердің барлаушылары еді.
Белгісіз бір себептің жетегімен ол аяғы мерт болған биенің үстінен ер тоқымын сыпырып алды да, бірақ оны қайтерін өзі де білмей жалма-жан ерді ордың ішіне тастай берді. Бұл жерден тез кетудің керегін ойлап, пішіп ақылға салуға келтірмей оның ішкі сезімі жан ұшырғандай оққа ұшқан казактың атына ұмтылдырды. Бірақ оқтан шошынып, қан исінен осқырып, тізгінін сүйрете едіреңдеп шетке шыққан ат сырт беріп Әбдірахманды маңдатпады; тіпті құлақтарын жымпитып теуіп жіберетіндей пиғыл білдірді.
Ол қалаға жаяу жүгірді. Түн ашық, қатқыл аяз құлақ шымырлатарлық, жүгіріп қызған дене, елегізген жан ешнәрсе байқатарлық емес. Біраз жер жүгіргеннен кейін ол арт жағына қарады: алыс буалдыр, көзге өзен жарының қара қабағы мен әрегіректе қалған үйдің қарауытқан бейнесі ғана ілінеді; аз демін алып Әбдірахман артына жиі қарайлап енді аяңдап келеді. Оң қолда Бұзаулық көшесінің шеткі үйлері таяу, алдыңғы жақта Макар диірменінің биік сұлбасы тұр, диірменге дейін кемі бір жарым шақырым жер. Жұрт тегіс ұйқыға кеткен шақ, терезелерде шам жарығы қадау-қадау жылтырайды. Көшеге түскенде де, арттан казактар жеткен күнде баспаналап жасырынарлық бұл жерде таныс үй жоқ, бірақ кез келген қора-жайлар, дуалдар бой тасалауға қолайлы сияқты, жалаң ашық жерден гөрі әлдеқайда қарасыны мол, көңілге медеу.
Диірмендегі жұмысшы комитетіне басшылық етіп жүрген облсовет мүшесі Нуждинді хабарлау үшін Әбдірахман көшеге түспей, өзен жағасымен кетті. Ол артына бір қарап алды да, адам бейнесі көзге шалынбайтын жардың нағыз қарауытқан қарсыз қабағымен жүгірді, отырып қарамаған кісіге нақ жанына келгенше көрінер емес. Жар қабағы тегіс емес, кей жері су жырған кезет, жағалай төмпешік екен, оның үстіне күн көзіне жіпсіген жерлерде жүрген малдың, адамның ізі түсіп шұқырланып, жағалай шоқалақ болып қалыпты. Сол шоқалаққа сүрініп кетіп, Әбдірахман жығыла жаздады. Алға қарай екпінмен жер бауырлай адымдап барып, ол еңсесін жоғары көтеріп әкетті. Аяңдап қарлы жерге шығып, тағы жүгірді. Ұлтаны жып-жылмағай жеңіл қара етік көкшілденіп мұзға айналған қарға тая берді, қатты жүгіртпеді, жақын көрінген диірмен қарасыны баяғы күйінде әлі бұлдырап тұр, қыл елі де жақындамаған сияқты. Тая сүрініп, ілгері ұмтылып, өкпесі ұшып аяғын жүгірте басып келеді. Бір мезет беті қатты дуылдап, құлағы шуылдап кетті. Ол тұра қалды да, дүрсілдеген жүрегінің құлаққа естілерлік қатты-қатты соққанын тыңдады, аздан кейін құлағының шулағаны бәсеңдеді, тыныс күйі түзеле бастады. «Шынымен-ақ осы ақ генералдар мен казак атамандарының мерейі үстем болмақшы ма?! Бас көтертпей басып-жаншып жоқ ете ме?! Шынымен-ақ Орынбордан шыққан қызыл әскер жетіп үлгірмей ме?! Жағалай отряд құрастырып, деревняларда совет ұйымдастырып жүрген Парамонов пен Алексей Колостовтар, Епмағанбетов пен Морозовтар қайда? Анау ет комбинаты мен тон-тері заводтарының, темір жол мен үн өндіріс жұмысшыларының комитеттері қайда? Бүкіл жұмысшы көтерілсе оған қаланың ұсақ қолөнершілері мен оқушылары дем беріп бас көтерер еді. Әттеген-ай, ең болмаса енді бір он бес күн артқа салсақ, құтырған казактарға қанды көбік жұтқызып шайқасар едік... көмекке Сарытау Совдепі де қол созар еді. Орынбор әскері де заулап жетер еді. Қалың қара шаруа да жер үшін, нан үшін, бостандық үшін тіресіп өре түрегелер еді...» деп ойлады ілгері аяңдай түсіп.
Қарасы үзіліп, бір қайырылыста көрінбей қалған мүгедек бие мен тізгінін сүйреткен иесіз казак аты жақтан дыбыс естілді. Дыбыс бірте-бірте анықталып, шапқан ат дүбіріне айналды, демін ішіне тарта құлағын тосып, артына елеурей қараған Әбдірахманның көзіне алысырақта шоғырланып, бірте-бірте молайып, ұлғайып, түн ішінде қатқыл қарды қаршылдата, жерді дүңкілдете, дүбірлете шапқан көп аттының қарасы да көрінді. Олардың бір қатары Бұзаулық көшесінің басына қарай ойысқан тәрізді болды да, бір тобы мұның ізімен тура шапқан сияқты көрінді. Жасырынатын қарасын жоқ, диірмен алыс, ендігі үміт жалғыз ғана жар... Ол сырғанай домалап, жардан төмен жүгірді; бірақ жағасында жалғыз аяқ жолы бар өзен жиегіне түспеді, тырмысып, қарауытқан қарсыз қара қатқаң жардың әлдеқалай кездескен бір жырасымақ қуысына етпеттей жатып, басын төмен бұқты, наганын алып сол білегіне бір сүйемдей жетесін сүйеп, жермен-жексен жатып қалды. «Оқ аз... Жастық алып өлуге ғана жетерлік. Егер де екі жә үш адам болса... Тіпті төртеу болса да ептеп қайрат қылып бағар ем... Ех, жарақты күні жау жолықпайды... Екі наган, болмаса винтовка неге алып шықпадым?! Егер де байқап қалса казактар жардан атымен де түсе алады. Омбылайтын қалың қар жоқ және жар тік емес, жатаған. Өзеннің үстіне түссең тағалы ат мұздың үстінде-ақ қуып жетеді, арғы жаға көп жер және арғы бет, тап осы түс жалаңаш, ағашы жоқ жер... Жоқ, не де болса көрдім, тағдыр басқа не салса да көндім...» —деді ішінен сыбырлап, өз дауысын ол өзі естіп қалды.
Аттылар дүрсілдеп әу дерлік жерге келді. Қаршылдап, мұзды жерге тиген тағалы тұяқтың дыбысы ап-айқын, шамасы жүз қадамдай-ақ, онан әрі емес. Бұғып жатып, жар қабаққа сығалай жоғары қараған оның көзіне алдымен екі атты адам көрінді: екеуі қаз-қатар, үзеңгі қағысып, қасқыр текірекпен келеді. Аттар бір қалыпты, баппен ырғала сермеп, аяқтарын топ тастап, қарасыны секунд сайын ұлғайып алпамсадай, алдындағысын басып-жаншып кетерлік, жан түршігерліктей сұсты. Екеуі де дөңнен өте шықты. Олардың артынан дара келе жатқан біреу көрінді. Әбдірахман жалғызға көзін тікті де, алға кеткен екеуінің дыбысына құлақ тосты. Алдағы екеуі қайрылмай дыбыстары бірте-бірте ұзап бара жатқан сияқты, ал мына жалғыз атты тізгінін тежей артына қарайлап, жан-жағына да шүйіле көз салып келе жатыр. Оның арт жағында ешкім көрінбейді де, ешбір дыбыс та естілмейді. Екеуінің ізінде, не бар, не жоғын аңдып келе жатқан адамша үшінші атты алдыңғылардан он бес— жиырма саржан кейін келеді және одан жақындап не алшақтамайтын сияқты, өйткені Әбдірахманның көзіне алдыңғы екеуі сәл бөгеліп қалғандай болды да, оны көріп кейінгі де нақ оның дөңіне келе бергенде атының басын кілт тежеп, төбеге ұрғандай тұра қалды. «...Көріп қалды...» деп ойлады басын бұрынғыдан да гөрі тұқырта түскен Әбдірахман. Ол және кейінгінің аты өзіне құлақтарын селтите қарап, едірең ете түскенін анық байқады...
Қатарынан екі рет мылтық дауысы сатыр ете қалды, үшінші дауыс дүңк етіп әрегіректен шыққандай болды. Түнгі салқын ауаның толқыны биік қарасындарға соғып, мылтық дауысын жаңғырық көтеріп кетті, астындағы қатты тоң жердің дір ете қалғанын Әбдірахман ап-айқын сезді, бірақ бұл атыстың қай жерден шыққанын ол анық білген жоқ, тек қана қала жақ Жайық бетте екенін шамалады. Бірер секундтай-ақ уақыт өткен сияқты: атыс тағы қайталады, бірінің артынан бірі жалғаса шығып тұтас тарсылға айналды; мұның құлағына у-шу дабыр, үздіксіз тарсыл, тұншыққан дүңкіл, тағы да басқа дыбыстар қосылып, бәрі жиналып жаппай гуілге ұласып кетті.
Қораға төніп келгенде қарсы алдынан шыққан жайсыз айтаққа жалт берген қасқырдай, атыс даусына ереуілдей құлақ түріп сәл кідірді де, күбірлесіп, тіл қатысып алдыңғы екі атты бұрылып ала кері қарай шапты. Он саржандай жер бүйірінде Әбдірахманның дәл тұсына тоқтаған кейінгі атты да атының басын бұрып алды; ол енді артына қараған жоқ, екі жолдасын қанжығалай, әлдекімді балағаттай сөгіп, кіжінгендей еміне ұмтылып, құйрықтаса шауып кетті. Әбдірахманға оның үні таныс сияқты естіліп ойға қалдырды да, әрілеп бара жатқан аттының соңынан басын көтеріңкіреп қарады. «Ә, бағанағы «Әй, тоқта, киргиз!» деген ана аттан жығылғанның жолдасы екен ғой» деп ойлады ол.
Атты казактар тоқтамастан шапқылап, түн буалдырында көзден таса бола бастады. Соңына түскен бұл үшеуінің енді қайтып кері оралмасын Әбдірахман олардың кейінгі жаққа қарайлап асыққан түрлерінен-ақ байқады. Сонымен бірге ол диірмен беттегі қарулы соқтығысты да жақсы түсінді. «Бұл Петр Нуждин... Бүлікшілер қалаға жаппай бас салған екен. Қалай да Червяковке жету керек»,— деді ол. Үш жүз қадамдай жердегі тар табанды темір жолға жеткенде ол үлкен бір бекініске иек сүйегендей болды, өйткені қаланы шеттеп жүріп отыратын вокзал мен диірмен арасындағы бұл жол атпен де, көлікпен де жүруге сәл ыңғайсыз, көлденең жатқан бір кедергілі қамал сияқты. «Әттеген-ай, бағана осыған түскенде...»
Бұл жолмен диірмен алаңына тоқтаусыз кіруге болмады. Өйткені диірмен жақтан шыққан ұрыстың қимылы мен у-шуы жақындаған сайын айқындала берді.
Алаң үсті шоғырланған атты әскер, берегіректе шеп құрып жата қалған адамдардың қараңғыдан тізбегі көрінеді, диірмен жақтан дүркін-дүркін атылған винтовка дауысы, жата қалған адамдарды жерге бұқтырады да, екі жерден Максим тырсылдата от шашып, мылтық дауысын булықтырып тастайды. Диірменнің арғы қабатынан шаң-шұң дауыс, балағаттаған сөздер, аттардың шұрқырай кісінегені, біреулердің қарлыға айғайлағаны, тіпті күрсінгені, ыңқылдаған дыбыстар күңгірттене шығып, жан түршігерлік ауыр үндер естіледі...
Әбдірахман ойысып келіп, базардың арт жағымен еңкейе жүгірді. Алыстан көзге іліккен аттылардан қашықтай түсіп, қаланың ортасына қарай аса берді.
3
Исполком үйінде Әбдірахманды Червяков пен Дмитриев үрейлене қарсы алды. Қаланың ішінде болып жатқан оқиғаның толық сипатын олар білген жоқ еді. Бірақ Әбдірахманның ентігіп, демін зорға алған, беті қара күреңденіп, көздеріне қан толып кеткен, жан шошырлық түрін көргеннен кейін Дмитриев:
— Отырыңыз, отырыңыз, деміңізді алыңыз,— деді.
Ентігін сәл баса түсіп, Әбдірахман сөйлемекші болып еді — көмейі құрғап, таңдайы кеуіп, булығып дыбысы шықпай қалғанын өзі ғана білді. Дыбыстан гөрі ыммен түсіндіріп ол Червяковтен су сұрады. Су денеге жан ендіргендей болды, бүкіл жүйе кеңіп, жазылып жүре берді...
— Өзен жақтағы жаңағы күрсіл ұрыстың алды болды... Қалайда Саратовпен хабарласу керек,— деп Дмитриев жүзін Червяковке қарай бұрды.
Ол ойланып терезеге қараған күйі отыр. Әбдірахманның не көріп, не біліп келгенін айтпай-ақ шамалағандай.
— Вокзал мен заводтардың жолын кесіп, ақ казак бөлімдері тосқауыл қойған. Диірменде ұрыс болып жатыр,— деді Әбдірахман, дауысы шығыңқырамай, сыбырлай сөйлеп.
Ол тамағын кенеп қойды, гимнастеркасының жағасын ағытты.
— Атың қайда? Жаяу келгенбісің?— деп сұрады Червяков. Әбдірахман қолын сыртына қарай бір сілтеп:
— Ат болса бір сағатта-ақ айналып келмеймін бе, мынаның қырқылмай қалғанына қайранмын,— деп оң қолымен өзінің желкесін меңзеді.
Червяков сағатына қарап:
— Бір сағат емес, сенің баспаханадан кеткеніңе үш сағат болды. Қазір сағат он екіге он бес минут қалды,— деді.
— Оқиғаның тап осылай болары бастан-ақ белгілі еді. Жолдастар, енді сыртпен хабарласу керек. Самара мен Саратовқа мұнда не болып жатқанын қалайда болса хабарлауымыз тиіс.— Дмитриевтің жүзін керосин шамының әлсіз жарығы бұрынғыдан гөрі қуқылдау көрсетті.
— Демек қақтығысып қалғансың ғой?— деді Червяков Әйтиевке.
— Соған жақын...
— Көп адам ба?
— Жоқ, аса көп емес. Екі адам еді басында... соңынан көбейіп кетті.
— Мен жаңа почтаға барып қайттым, онда Войсконың офицері отыр, телефон мен телеграф қатынасын бақылауға алған. Мені арғы ішке кіргізбеді, тіпті өзімді кідіртуге әрекет жасады... Қазір қасыма бір-екі жігіт ертіп соны реттеп қайтамын,— деді Червяков Әбдірахманға. Ол Дмитриевке бұрылып: — Петр Астафьевич, сіз осында боласыз ғой?
— Боламын, телефонды күтемін...
Үшеуі де үнсіз. Жарға ілген сағат тық-тық соғып тұр. Түнгі он екіге таяу. Сыртта уілдеген ызғырық жел тұра бастаған. Терезе әйнектері сырт-сырт, кейде зыңылдап кетеді.
— Мен де бірге барамын. Мұнда отырғанда бітетін іс те шамалы... Мүмкін онда офицер жалғыз болмас...— деді де, Әбдірахман орнынан тұрды.
Дмитриев үндемеді. Ол зыңылдаған әйнектен құлағын алмай аяғын тез басып үйден шығып кеткен Червяковті, соңындағы қорбаңдау аяңдаған Әбдірахманды ойлы көзімен ұзатып салды.
Почта-телеграф үйінің іші сырттан қарағанда тып-тыныш жай қалпында көрінді де қараңғы коридорға алдымен Червяков, оған жалғас Әйтиев кірді. Қарулы екі жауынгер олардың соңында келе жатқан күйі есікке төніп келіп, иықтарынан түсіріп винтовкаларын қолдарына алды. Олар ішке кіріп үлгірместен коридорда әлдене сарт ете қалғандай болды да, бұлардың құлағына дүрсілдеген, топырлаған адамдардың қимылы, ыңқылдаған дыбыс, абыр-жұбыр естілді...
Алдындағы Червяковтің не болғанын, оған қараңғы жерде бас салған адамдардың не істегенін Әбдірахман аңғарған да жоқ және көре де алған жоқ. Ол тек бірнеше адамның үйме-жүйме болғанын көзі шалып қалып, кері шегіне беріп еді, басына төнген мылтықтың құндағы ауытқып сол иығына сарт етті; тұла бойы мидан өткендей қан қақсап кетті де бір мезет сол жағы тұтас ұйып қалған сияқтанды; жан дәрмен шалқалай есікке тіреліп, сыртқа қарай толықсып кеткен кезде мұны арттағы екі жауынгердің бірі ұстап қалды. Ішкі жақ дүр етіп есікке ұмтылды. Жарақатты Әбдірахманның ізінше ілесе шыққан екі адамның біріне қызыл жауынгер штыгын оқталып тұра қалды, бірақ кейінгі жақтан кимелеп тағы біреулердің ұмтылғанын көрді, ол алдыңғының кеудесіне найзасын сұғып алып, екіншісіне сермеді; найза тиген жау ыңқ етіп құлай кетті де қалғандары шегіншектеп ішке тығылды.
Бұл кезде Әбдірахманды сүйеген жауынгер бес-алты қадам жерге оны қолтықтай жетектеп, шетке алып шықты. Күтпеген жерден кездескен пәлені Әбдірахман жақсы түсінді, жаудың біреу емес, әлденеше адам екенін ол жақсы аңғарды,— Мен өз басымды өзім қорғармын, анаған ұмтыла көр,— деді ол солдатқа, есік алдындағы айқасқандарды меңзеп.
Жауынгер штыкпен оқталып, қайрат көрсеткен жолдасына жүгіргенде ішкі жақтан сау етіп шыға келген онға жуық қарулы адамдар екеуіне бас салды. Мылтық атуға мұрша бермей олар жан-жақтан қоршай ұмтылып, екеуімен қолдасып ұрысып кетті.
Сол қолын көтерді де, қозғай алмай орнынан бір қырындай жылжып, Әбдірахман екінші үйдің қақпасына қарай ойыса берді; оң қолымен қабынан суырып алтыатарын алды, көпке дейін сыңар қолдап оның кілтін аша алмай әуре болды, жетесін аузымен тістеп тұрып, зорға деп ашты. Осы кезде дүрсілдеген ат дүбірі естіліп, тар көшенің бұрышынан Губернатор көшесіне лекіп шығып жатқан атты әскерлерді көрді. Почта үйінің жанындағы аласалау үйдің қақпасына жабыса, арқасын сүйеп тұрып бірнеше секунд уақыт ішінде ол не істеу керек екенін ойға жүгіртті.
«Жалғыз қолмен төрт оғы бар алтыатар жау қоршауында қалған жолдастарға қанша көмек көрсетпекші?.. Сонда да...»
Атты әскерлер үлкен көшеге шыға екіге жарылып, бір бөлегі исполком үйіне қарай шұбатылып, жортақтай жөнелді де, екінші бір тобы абыр-жұбыр шыққан жаққа — мына қолдасып ұрысып жатқандарға қиқулай ұмтылды. Аттылар төніп келіп те қалды. Оның көзіне қараңғыда жарқ-жұрқ еткен жалаң қылыштар айқын көрінді... Қақпаға жабысып тұрған күйі ол иықтап ашып, ішке кірмекші болды, бірақ арғы жағынан шынжырлап бекіткен, тек қана екі арасына жұдырық сиярлықтай алшақ қалып, нашар қабысқан ескі қақпаның жақтауы жібермеді, ол оң иығын, басын зорлап тыға берді. Бірте-бірте ұйығаны айығып, енді жаны кіре бастаған сол иығының сырқырағанына ол қараған да жоқ.
Исполкомның әскери комиссары Нуждин ұйымдастырып үлгірген шағын отрядтың көпшілігі тері-тон заводтарында еді, ал жиырмаға тарта жауынгер еркімен жазылған диірмен жұмысшылары болатын. Баспаханадағы мәжілістен кейін Нуждин заводтарға адам жіберді де, исполком үйін күзетуді милиционерлері мен Шамсутдиновке тапсырып, өзі диірменге кеткен. Жарты сағатқа жетпей-ақ ол он сегіз адамын жинап алды, бірақ пулеметші Алексей Петровтың есін тандыратын ескі безгегі күнде ұстап, үйінен шыға алмай қалды. Петровсыз-ақ пайдалану ниетімен пулеметті бір сағаттай әурелеп, іс шықпағаннан кейін ол жауынгерлерге міндеттерін түсіндірді. Сапқа тізіп, оларды исполком үйіне қарай алып шықты. Базар алаңынан аспай-ақ қалаға тұс-тұсынан аңдап енген атты казак жүздіктерінің бір бөлімі төтенше кездесті де, оларға қарсы шабуыл жасады.
Винтовка және қол гранаталарымен қаруланған қызыл отряд атакалаған казактарды маңына жуытпай қарыса қарсылық көрсетті. Бірақ казактар тобы молая берді де, исполком үйі қашық болды. Сондықтан күші басым жауға алаңда тұрып төтеп бере алмай Нуждин диірменге кері шегінді де биік дуалды, берік қақпалы астың складына еніп бекініп алды.
Жүгіріп келе жатып, түндегі Әбдірахманның көрген шайқасы осылардың шегініп диірменге қарай ығысқан кезі еді.
Таң атқанша әлсін-әлсін атакалап, қақпаға дүркін-дүркін ұмтылған казак жүздіктеріне бұлар қатты тойтарыс берумен болды. Екпіндеген казактардың әрбір ұмтылған сайын бестен-оннан адамдары қақпаға жетпей жусап қалып жатты. Алайда, таң алдында казактардың пулеметшілері келіп диірменнің төрт жағынан бірдей үздіксіз сытырлатып оқтан бұршақ жаудырды. Күн шыға жау складтың ішіне де енді, оқ-дәрісі сарқылған, қансыраған, азайған әлсіз отрядтың оннан астамын оққа ұшырып, қалғандарын қолға түсіріп, түрмеге айдады. Соның ішінде оң иығы мен сол қолына оқ тиіп жараланған комиссар Нуждин де кетті.
Исполком үйінің кіре беріс коридорына пулемет орнатып, астыңғы қабаттың есік, терезелеріне бірден-екіден жауынгер милиционер қойып, Шамсутдинов таң аппақ атқанша ақ казактардың аяғын ілгері бастырмады. Червяков пен Әйтиев кетісімен ізінше исполкомға Яковлев келген. Генерал Михеевтен шыққаннан кейін ол: «Бәрі менің айтқанымдай болып шықты, бұлардың істегені нағыз аңғырттық адым» деп Дмитриев пен Червяковты айыптап исполкомға да келмеген. Войско басшыларының қалай қабылдағанын және онда болған әңгімені қалдырмай Әйтиевке айтып берді де, Яковлев көпке дейін пәтерінде жатып алып еді. Қазір ол Дмитриевке ойындағы пландарын айтпақшы болды да, бірақ түнеріп кеткен председательдің ызғарлы жүзін көріп қалды.
«Опасыз мылжың» деген сөзді Дмитриев те оның бетіне айтып тастай жаздады...
Мұнан кейін екеуіне беттесіп сөйлесуге уақыт болған жоқ. Совдеп үйін ақ казактар айнала қоршап алды да, Дмитриев төмендегі Шамсутдинов пен жауынгерлерге pyx беріп көбінесе солардың жанында болды.
Әлденеше рет ақ казактар атакалауға әрекет жасаса да, ыңғайлы орнатылған пулемет көше жақтан келген жауды жерге бұқтырып ыдырата берді. Көп уақыт өткен сияқты болды. Терезе көгіс тартты. Атыс та толастады. Бірақ алыстағы дүбір, жақындағы қадау-қадау шыққан винтовка дауысы басылмады.
— Бәрібір қолға түсіреді, сондықтан өліп түскеннен тірі берілген артық деп білемін. Бізге уақытты ұту керек. Мүмкін, сырттан қарулы күш келіп үлгірер,— деді Яковлев.
Дмитриев төменгі қатардағы оқ быт-шытын шығарған терезелерге шкафтарды сүйреп әкеліп, қаза тапқан екі жауынгерді баспалдақтың астына орналастырып, жоғарыға жаңа ғана шығып, ентігін басып отыр еді. Ол Яковлевтің сөзіне құлақ қойған жоқ. Дүрсіл шыққан көрші бөлмеге ұмтылды. Дмитриев есігін ашып үлгірместен қатардағы бөлмеге аула жақтан келіп, терезесіне басқыш қойып кірген казактардың қылыштарын, нагандарын көрді, олар самсап шыға келді де:
— Көтер қолдарыңды!—деді.
Дмитриев кейін шегіне берді, бірақ қолын қалтасына апарып үлгіргенше таяу казактың наганды жұдырығы шекесіне сарт ете қалды да, есеңгіреп барып қос қолдап жарға сүйенді. Екінші біреулері әрі асып барып, екі қолын жоғары көтеріп тұрған Яковлевті де соғып-соғып жібергенін бұл көрген жоқ.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Ап-ашық күндерде де сахырада аяқ астынан қара құйын шыға келеді. Шаңды, шөп-шелеңді бұрқырата үйіріп бойына жинап алып, найзадай шаншылып құйын жүйткіп ауылға төнеді. Қарасынға жақындаған сайын өршеленіп көң-қоқырды асты-үстіне шығара қопарып, жолында кездескен жеңіл-желпі үйлерді жығып кетеді; дүниені шашып, аяқ-табақты қиратып, айран-сүттің бетін қоқымға толтырады; адамның беті-жүзін топырақ шаңмен қап-қара қылады; ойда жоқ жерден мағынасыз әлекке түсіреді, кейде мая-мая шөптерді төңкеріп тастап, шашып боратып, әлдеқайда ұшырып әкетеді. Құйыннан өрт те шығады. Ал өрт үстіне кездессе оны үдетіп, ұлғайтып қабындатып жібереді. Халық оны адамға қас жын мен шайтанның әлегі, «түу пәлекет!» деп су шашып шығарып салады. Құлаған, қираған заттарын орын-орнына жөндеп қайтадан қояды, шашылған нәрселерін жинастырып жатады...
Аңсызда бас салған ақ казактардың әлегі үлкен бір апатты қара құйындай болды. Қаланың асты-үстіне шығып, қанды бүліншілікке ұрынды...
Көшелерде ерсілі-қарсылы жосыған ақ казактардан бой тасалап, таң ата Әбдірахман дәрменсіз қолын салбыратып Сенная көшесіндегі қырдан келген казактар тоқтайтын пәтерге жетті.
Бірақ ол жерде тінту, қудалау басталғаннан кейін ауладан-аулаға жылжып ішкі жақпен дүкенші Сәлімгерейге барды. Хал-жайды айтпай-ақ түсінген Сәлімгерей сәл ойланып тұрды да:
— Паналайтын жер бар, склад қарауылшысы Камали қарттікіне барамыз,— деп қолынан жетектеп Акчуриндердің ауласына енгізіп, флигель үйдің арт жағындағы елеусіз, терезелері тұйық дуалға тиіп тұратын кішкене үйге алып келді де, өзі ішке кіріп қожайынмен сөйлесіп қайта шықты.
— Сенімді қарт, адал жан, осында аялдаңыз. Хауіптенбеңіз, ешкім де келмес,— деді Сәлімгерей. Қалбаңдаған Камали қарт Әбдірахманды таныс адамдай жайдары жүзбен қарсы алды.
— Мен сізді жақсы білемін, жоғары шығыңыз. Ғабдірахман мырза,— деді қарт басындағы тақиясын түзей түсіп.
Жай ғана басын изеп Әбдірахмаы қарттың сөзін мақұлдағандай шырай берді, бірақ өзі үндемеді.
— Мен сізді көрдім, бұрын да көрдім, Ғабдірахман мырза. Базарда халайыққа сөз сөйлегенде көрдім, өте шаттанып тұрдық. Жамалетден қарт екеуіміз, Сағиттің дүкені артында; арғы жұма күні,— деді сөзуар қарт; сұйықтау шоқша сақалын сипап қойып.— Қаршық, шай қайнат.
Екі кісілік кішкене сәкіге отыра кеткен Әбдірахман аяғының ұйып ауыр тартқанын, денесінің дел-сал болып қисаюға еріксіз бейімделе бергенін жаңа ғана сезді. Бір тәулік бойы тізе бүкпей ұшы-қиыры жоқ іспен, жанталаса қимылдаумен қатты шаршаған, талған тән тамаққа да қаратар емес.
— Рахмет, ақсақал, ешнәрсе де ішпеймін, әуре болмаңыз...
— Шай ішпесеңіз, тоқмаш ішіңіз. Қаршық, ысыттың ба, келтір тезірек?!
Қалжырап қалғи бастаған Әбдірахманды кемпір-шал қояр да қоймай дәмді етіп пісірген етті салмамен сыйлады. Тамақ ішіп болғанша қарт тынбай сөйледі. Еңкейіңкіреген кәрі денесін пысық ұстап, қолдарын сермей түсіп, сөзін қимылмен ұқтыра айтады:
— Сіз сол базарда, Сағиттің дүкені артында сөйлегенде бек шаттандым. Жамали қарт мені түртіп қойып: «Вот настаящи біздің кісі»,— деді. Ол да бек шаттанды. Неге шаттанбасын, бұл бай алпауыт Макаровтар мен күллі Оралды билеген Карповтар мұсылманды адам деп санамайды, орамда олардың балалары рисак салдырып, мүсәпірлерді атқа таптатады, ондай жауыздарды халық обуздать еткенді тілейді. Әне сен сөйледің, Ғабдірахман мырза, йоқ, Ғабдірахман ебдәш...— Қарт Әбдірахманға жақындай түсті...
— Ей, алласы, қарт, саған не болған, ашауға да бермедің енді,— деді кемпір.
— ...Қаршық, настоящи хуррият жаңа болды дедім үйгә келгәнсін. Әлгі Ғабдірахман халыққа сөз сөйләді Сағит дүкенінің артында, базарда дедім. Бек тәмли сөйледі дедім. Гаспада йоқ, зорлық болми. Атты казак, мужик, қазақ, татар бәрі бір правалы болады дедім. Miне хуррият!— дедім. Қаршық: «Қайсы Ғабдірахман, тігі Салахитдин абзинің Ғабдірахманы ма?» деп сұрайды. Мен оған: йоқ Қаршық, сен ақылыңнан бүтіндей шатасқансың. Салахитдиннің Ғабдірахманы толькі білетінің. Салахитдиннің Ғабдірахманы аршылған көкәни аши да білми. Ол емес, Қаршық. Әлгі қазақ Ғабдірахман, кәдімгі Әйтиев Ғабдірахман десем, ол: «Тігі қара Ғабдірахман ба?»— дейді...
Тарелкамен тамақ алып, бөлмеге қайта кірген кемпір:
— Йоқ, сен имении солай дедің, тігі қара Ғабдірахман ба? дедің ал, мен: қара деп, мына мен де қара, сен де қара, қазақтың бәрі қара, татарларда да бар қара. Хекмат қаралықта емес, ақылда бар хекмат. Міне Ғабдірахман Әйтиев ақылды адам дедім...
— Ей, алласы, қарт, мен де айттым бит, ақылды кіші деп...
Әбдірахман мырс етіп күліп жіберді.
— Мен айттым, ақылды кісі аратор болады деп. Ғабдірахман аратор. Бек жақсы сөйледің малай, Алла тауфиқ берсін...
— Алла, тауфиқ берсін,— деді кемпір де қосыла.
— ...Сол, енді, тауфиқ берсін,— деп соза түсті әңгімесін қарт.— Соңғы кезде базарда да, Макар диірменінің түбінде де халыққа сөз сөйлеушілер бек көп. Казак атамандары да сөйлейді. Олар: Россия! Империя! деп әтеш көбік қышқыра. Ал біздің Ғабдірахман бұрын һаманда қорлықта болған, езілген мұжықтар мен қазақтар, татарлар мен башқырлар қол ұстасып теңдік алуы керек деді. Қаршық, мұның қайсысы ғадалат сөз. Алпауытларны паддержат еткен дұрыс па? Әлде мүсәпірлерді жақтаған дұрыс па?
— Әй, қарт, өзің білесің енді.
— Әлбетте өзім білемін, нашарларды жақтаған ғадалат, сен оны жақсылап түсініп қой, Қаршық.— Әбдірахман қарттың шын пейілмен құрметтеп, қалтқысыз мақтап, ойындағысын айтқанына іштей риза болды. Бірақ ұйқыдан қалжырап, сөйлесуге шамасы келмеді.
— Абзи, көп рахмет. Айып болмаса, мен аздап аялдайын,— деді ол, ас қайырып жатып.
— Жақсы болады. Жақсы болады.
— Рұқсат етсеңіз, ана сәкінің үстіне қисаяйын.
— Йоқ, йоқ. Кроватқа жатасыз, ана жаққа. Қаршық, кроватқа төсек сал!
— Жоқ, абзи. Маған еденге салыңыз, ана пеш жанына, өйткені бөтен біреу келсе бір господин жатыр деп ойлар.
— Пеш арты жылы, бек яхши,— деді кемпір ілесе, көрпе жастыққа толы кровать үстін қорғағандай қуанған пішінмен.
— Егер мені бөтен біреу көріп бұл кім деп сұраса, Көпірлі-Аңқатыдан товар алуға келген Акчуриндердің дүкеншісі, астық тиеуге көлік күтіп жатыр дерсіз. Есімі Бәйес Махметұлы деген қазақ деңіз, ұмытпаңыз. Бәйес Махметұлы,— деп Әбдірахман қартқа қарап күліп қойды.
— Түсінемін, түсінемін,— деді қарт қалбалақтап,— Бәйес Махметұлы... Көпірлі-Аңқаты саудагері... Сіз Бәйес саудагерге ұқсайсыз. Оның мұрты қара, жүзі де... Только шашы йоқ.
— Дұрыс, дұрыс, жүзі де қара...
Басы жастыққа тиісімен-ақ Әбдірахман қор ете түсті.
2
Марфа Быкова түні бойы көз ілмей шықты.
Сіңлісі Евдокия кешінде үйге отты мықтап жағып, ыстық тамақпен сыйлап, пеш үстіне төсек салып беріп еді, бірақ бір түн, бір күн бала ембеген емшегін сүт кернеп, сыздап жатқызбады. Оқтын-оқтын сүт шаптыра берді. Қайта-қайта уқалап Марфа кеудесінен екі қолын алмады. Оның үстіне күндіз қызумен білінбеген бүкіл дене қазір қол тигізер емес, жіліншік сырқырап, аяқтың бұлшық еттері үзіліп ауырады; қос табан, өкше тегісімен күлдіреп кеткен.
Сіңлісінің күйеуі үш жыл Герман соғысына қатысып, келгеніне бір-ақ жыл болған фронтовик еді, оның екі күн қатар ұстайтын безгегі басталып, күйіп-жанып төр үйде жатыр. Анда-санда сандырақтап қояды; сусынды үздіксіз ішеді. Іңір қараңғысында оған, диірменге шақырып, жолдасы келіп кетті, бірақ оны Алексей Петров зорға танып, басын изеп амандасты...
Дмитриевпен кездесіп, хатты оның қолына табыс еткеннен кейін әйелдің көңілі жайласқандай болып, облыстық мекеме басындағы үлкен әкім жәрдем көрсетеді, Игнатты босатуға көмектеседі деп сеніп еді, бірақ қаланың астын үстіне шығарған түнгі ойран Марфаның бұл үмітін күйретіп жіберді. Бұл оқиға оған аспан жерге түскендей әсер етіп, қатты қорқыныш құшағына ендірді; үрейі ұшып, ол қайта-қайта шоқынып, дұға оқи берді; кешегі қылышқа туралған жандай, қанды қойыртпақ қарға араласқан, кесілген бас, ыңырсыған жан шұбатылып, тізбектеліп көз алдынан тартыла берді...
Таң атқансын ол орнынан түрегеліп, киініп сыртқа шықты, көше жансыз көрінді. Дұшпандардың қолында кеткен күйеуін, жалғыз қалған кәрі енесін, алпыс екі тамырды иіткен сәбиін ойлап, ол қақпа түбінде ұзақ отырып қалды...
Сай-сүйектен өткізе сарнаған әйел дауысы Марфаны селк еткізді — ол орнынан ұшып түрегеліп, жүгіріп көшеге шықты. Қатардағы көшеде біреуі басын қолтықтай көтеріп, енді екеуі белінен және екі аяғынан құшақтап үш кісі бір өлген адамды алып бара жатыр. Өлген адамның беті төмен қарап басы қисайып кетіпті де, екі қолы жер тірейтіндей серейіп, сүйретіле салбырап барады.
Сарнаған әйел қақпадан жүгіре шыққан бойы өлікке жақындап келді де, етпеттеп көшенің қарлы, мұзды, шоқалақты қатты жерін құша жығылды. Оның сарнаған дауысы тұншыға, күңірене шықты. Қасындағы қақпалардан көйлекшең жалаң бас, аяқтарына шабата галош іле салған еркегі, әйелі аралас адамдар өріп шығып жатыр. Үлкендердің ара-арасымен алға қарай жүгірген балалар, аз уақыттың ішінде өлік көтергендерді халық қоршап алды. Терезелердің ашылғаны ашылып, ашылмағандарының перделері түріліп, әйнекке жабыса қараған беттер жыбырлап тұр.
Марфа етпеттей құлаған әйелдің қасына келіп басын көтерді, сүйемелдеп оны орнынан тұрғыза бастады. Екі иіні солқылдап әйел басын жоғары көтеріп алып, Марфаның бетіне қадала қарады: екі көзі ұясынан шығып, бедірейіп кетіпті, мағнасыз төңкеріліп жан үрейі ұшқандай жалтылдаған қарашық адам зәресін аларлық, үн салған дауысы онан да өткен...
— Шиедей жанның ішіндегі бас көтерген жалғыз еркек... кімге тастап кеттің бізді... Үй толған қу жетім... Өзектен өтерлік зарлы ащы үн әйелдің кеудесінен жалынша қабындап шығып жатыр.
— Сен өлгенше мен неге өлмедім? Сорлы басым қалдың қайғырып... Қайда барып күн көрем?..
Қолтықтай сүйемелдеп әйелді Марфа қақпаға жеткізгенде алдынан бір әйел шығып құшақтап, үйге жетеледі. Әйел шашын жайып жіберіп зар қақты.
— Жіберіңдер, мен де өлем. Қайдасың, Андрей... қайдасың, бауырым...
Арғы жағын естуге де, бұл қанды өлікті көруге де Марфаның жүрегі шыдамады, қақпадан тез кері шығып, ол кешегі Дмитриев отырған екі қатарлы үйге, үлкен көшеге қарай жүгірді. «Тым болмаса Игнаттың бір хабарын біліп кетсем...» деген ой оның екі қолтығынан демеп, аяғын жерге тигізбей алға қарай ұшыра берді. Адамнан саябырлау, танымайтын бір жіңішке көшемен кешегі өзі көрген үлкен көшеге шыққанда көзіне алдымен екі жерде шоғырланған адамдар, тәртіпсіз ерсілі-қарсылы шапқылаған атты әскерлер түсті. Таяудағы шоғырланған адамдарға келіп ол шеткерірек тұрған бір әйелден:
— Дмитриев жолдас тұратын үй қайсы?— деп сұрады.
Әйел мұның бетіне таңданған пішінмен қасын кере қарады да:
— Қалада кім көп, Дмитриев көп. Қай жерде істейтін Дмитриевті сұрайсың?— деп Марфаға ол қарсы сұрау қойды.
— Жаңа үкімет бастығы,— деді Марфа батылсыздау үнмен.
— Ә...— деді екінші әйел созып.— Әне, тыңда, ана адвокаттың не айтып тұрғанын... түсінесің.
Ұзын қара бешпет сияқты жағасы ашық пальто киген, басында биік қара қалпағы бар, кішірек келген бір адам әрбір сөзін дақпа-дақтап ұғындыра, көптің құлағына жеткізе, жоғары көтеріп қағаз оқып тұр:
— Азаматтар! Атамандар мен генералдар жауыз Николай патшаны қайтадан таққа отырғызбақшы! Қайтадан... түсіндіңдер ме?— деп қара қалпақты жұртқа қарап қойды.— Қайтадан таққа отырғызбақшы. Жұмысшы мен шаруаны, бүкіл халықты езіп келген помещиктер мен капиталистерге қайтадан билік алып бермекші. Қайтадан билік... есіттіңдер ме? Атамандардың қара ниетіне жол бермеңдер! Түсінікті ме?..
— Түсінікті!
— Дұрыс жазған.
— Жауыздарға жол бермеу керек.
— Рақмет адвокат. Өркенің өссін!— деп шуласты жұрт.
— Менің сөзім емес, халайық. Бұл мына үндеудің сөзі. Соны оқып тұрмын...
— Рақмет!
— Сендер оқып бер деп сұрағансын, оқып беріп тұрмын...
Топтанған халықтың деңінен өтіп бара жатқан екі әскери адам аттарын бауырлай қамшылап, бұрылып келіп топтың ішіне кіре берді.
— Бұл не топ? Тара!
Тебініп-тебініп жіберіп, атпен омыраулата келіп біреуі:
— Әкел мұнда, не қағаз!— деп айқайлады қара қалпақтыға қарап.
— Мына халайық оқып бер дегенсін...
Қара қалпақтының қасында тұрған ірі денелі шал үндеуді қызғанғандай жалма-жан қойнына тығып, әйелдердің қалың ортасына қарай кіре беріп еді, көріп тұрған екінші әскери адам:
— Кәрі сайтан, әкел бері қағазды,— деп атпен төне түсті.
Ол жапырылып жол ашқан топтың ішіндегі бір ұзын бойлы жас жігітті қамшымен тартып та жіберді. Жұрт дүрліге жөнелді.
— Ұста ананы!— деп қамшылы жолдасына қара қалпақтыны көрсетті де, өзі үндеуді қойнына тыққан шалды тақымдап келіп, еңкейіп жағадан алды.
Шал еңсеріліп келіп, аттың омырауының астына тірсектері майысып қираң ете түсті, бірақ ат үстіндегі адам оның жығылуына ырық бермей, жағасынан ұстаған күйі сүйрелеп, көшенің ортасына алып шықты.
— Ерік алған қараңғы халық өмірде не болып жатқанын білгісі келеді. Мен ана кәрия оқып бер дегенсін, оқып түсіндіріп тұрмын мына жұртқа... бұл қандай озбырлық?! Бұл барып тұрған бейбастақтық! Бұл правоны таптаған заңсыздық! Бүл просвещенияға қарсылық. Бұл тағылық!— деп қара қалпақты қарашұбар кісі наразылық сөздерді жаудырып жатты.
Сол екі арада толып кеткен ақ казактар, жиналып қалған көше адамдарын қойша иіріп, қамшылап айдап қасындағы қақпаны ашып, жапыра, жаныша, шулата ауланың ішіне қамады. Шалдың қойнындағы үндеуді суырып алып және қақпаға жапсырылған бірнеше жарнамаларды сыдырып түсіріп, қара қалпақты адвокат пен ірі сүйекті кәрі шалды Губернатор көшесінің бойымен төрт салт атты кісі «Қырық тұрбаға» қарай қуалады.
Бестен-оннан көше-көшенің бойында бақылаушы атты дозорлар тұрып қалды, бірер сағаттың ішінде-ақ қала іші бас қосып шоғырланған адамнан арылып, жым-жылас болды.
Кешікпей арнаулы адамдар шығып Войско үкіметінің: «Ішкі тәртіп жөнге салынғанша қала соғыс кезіндегі халге көшірілді деп есептелінсін. Кешкі сағат алтыдан ертеңгі сағат тоғызға дейін көшелерде бейсеуіт адам жүрмесін!»— деген бұйрығын таратты.
Бұл арнаулы адамдар қаланың көрнекті жерлеріне бұйрықты жағалай ілді; ескі құлақтандыру, үндеу, жарнама біткеннің бәрін тегісімен сыпырып алып қақпа, есіктерді Войско үкіметіне қарсы қағаздардан тазартты. Осы «тазартудың» үстінде тәртіп орнатушы әскер өкілдері Құрбановтың үйіне қыдырыстап келіп, не ішке кіре алмай, не пәтеріне қайтып кете алмай дағдарып тұрған Хакімді кездестірді. Студент екенін біліп, ақ казактар оны айнала қоршай қалды. Біреуі аттан секіріп түсіп, қақпаға жапсырылған жарнамаларды сыпырып алып, жалма-жан Хакімнің жүгіріп келіп мұрнына таяды да:
— Мұнда не жазылған, оқы?!—деді.
Хакім оның шын ниетін түсінбей, шынымен білгісі келіп тұр ма деп, жарнаманы сыдыртып оқып шықты.
— Кім жазған мұны?
— Фамилиясы жазылмаған, кім жазғаны белгісіз,— деді ол кері шегініңкіреп.
— Мұны жапсырған кім?
— Білмеймін...
— Жәдігөйсуін, кітап мүжігіш діннен безген! Түс алға!
Аттылар Хакімді алдына салып, окружной соттың үйіне жетіп қалған адвокаттарға қарай жүргізді. Үсті-үстіне жекіріп, атпен омыраулатып өкшесін бастыра қуалап кетті. Бірер қайтара қазақ қамшысы жұқа киімді арқаны осып-осып та жіберді. Сол үйінің деңінен асып, қаланың шетіндегі түрмеге бет алған адамдарға оны демін алдырмай жүгіртумен жеткізді.
3
Түнімен дүрлігіп, елегізіп шыққан ерлер гимназиясына ақшыл қызыл ту жарқырай түсіп, сәтте қайтадан жұмдыққа көшті.
Таңертең комитет нұсқауы бойынша тәртіппен, сап түзеп, шашау шықпастан қыр көрсете көшеге шығып, Губернатор көшесімен оралып қайтуды ұйғарды.
Бұлт арасынан шыққан әлсіз нұрлы күннің шұғыласына ақшыл қызыл ту жарқырай түсіп сәтте қайтадан күңгірт тартады. ЬІзғарлы жерден бұйығып бой тасалағандай, сырғыған қоңыр бұлттардың тасасынан күн көпке шейін шықпай қояды.
Желкем ауа. Жағымсыз салқын...
Белін қысқан ықшам киім. Формалы фуражка. Уылжыған беттер. Шымыр адым.
Талдырмаш дене, жігерлі қимыл.
Дік-дік басқан сап.
Причаганскаядан Губернатор көшесіне бұрылатын қайырылыстан шыға келгенде Шаған айдынынан соққан ызғарлы екпінді жел революция гимнінің:
...Бұл болар,
ең ақырғы,
ең күшті
зор майдан!..—
деген кекті, ашынған жігерлі үнді сөздерін жүздеген ауыздан жерге түсірмей жұлып алып кетті де, қаланың ортасындағы томсарып тұрған зәулім үйлерге жеткізді.
Дүние еңбекшілерімен
табылар —
бар пайдаң!
Шалқып көтерілген, жаңғырығып қайта жерге құлаған, дүбірлі аяқтардың дүмпуімен ұштаса жылжыған әрі нық, әрі қою дауыс қарулы казактарды жапырып жібергендей болды. Олар шу дегенде мұның қайдан шыққанын, кімнің аузынан шыққанын білмей сасып қалды. Қаланың бір шетінен шеру тартып еніп кеткен сансыз қызыл әскер ме деп, аңырып, подхорунжий атының басын генерал Акутин штабы орналасқан вице-губернатор үйіне қарай бұрып та алды. Бірақ ол дауыс шыққан жаққа мойнын бұрғанда оның көзіне демонстрацияшылардың біркелкі ұсақ денелі қоңыр тізбегі түсті. Ол бірнеше секунд көзін алмай қадала қарап тұрды да:
— Қарғыс атқан студенттер ғой дәу де болса,— деді жолдасына.
— Ия, сол кітап мүжуші бұзылғандар.
— Бұлар кімнің жағында деп ойлайсың?
— Белгілі емес пе, кім жағында екені?..
Жүз басының келіп қалғанын олар байқаған жоқ еді.
— Қуала! Тарат!— деген дауысқа селт ете түсіп жалт қарады да, екеуі гимназистерге қарай шаба жөнелді.
— Тоқта!
— Бұрыл, кері қарай!
Екпіндете шауып келген екеуіне саптағылар тоқтамады, олардың пәрменді айқайына ықпастан ілгері жылжи түсті. Бүл екі арада жүз басы қолына іліккен казактарды жиып алып, қайсар топқа жалаң қылышты жарқылдата төніп те қалып еді. Қарулы күшті кимелеп келіп қалған тегеуірініне төтеп бере алмайтынын түсініп гимназистер Интернационал жырын тоқтата қойды да, кілт бұрылып, жайымен парадқа дайындалып жүрген коллективше кері қайтып, өз көшесіне қарай жүрді. Казактар тобы көбейе түсті, жайымен жылжыған топтың арт жағын тықсырып, атпен омыраулата қамшы сілтеп, балағатты жекірістің астына алды...
Оқушылардан бір адам қарсылық етіп үн де қатпады, сескеніп тобын да жазбады, жылжыған күйі жылжып отырып гимназия қақпасына жетіп, жұптарын бұзбай аулаға кірді, ең соңғы лек ішке адымын салған кезде ту ұстаушы Әмір қайырылып келіп қақпаны тарс бекітіп алды, атты казактарды ішке енгізбеді..
Он шақты жауынгерін гимназия үйін торуға тастады да, жүз басы кері штабқа шапты...
Жарты сағаттан кейін генерал Акутин отрядпен келіп, ереуіл көтерушілердің басшыларын іздеді. Қаншама қысып сұраса да, ұйымдастырушыларды таба алмай, ақырында «кінәлісін бетіне қарап айырып» жүзден астам оқушының ішінен отызын іріктеп шығарып, тұтқынға алды...
Сөйтіп, қапылыста соғып кеткен қара құйындай, атамандар ойраны ыстық жүректің жетегімен жүрген жасты да, соқпағы мол ұзақ өмірдің әділсіздігінен қажып шындықты қармалаған өлмелі кәрияны да, заңға сүйенген ақпейіл адвокатты да, халық үшін күрескен революционерлерді де, оларға тілектес жас түлектерді де топтап апарып ғасырлар бойы озбырлыққа баспана болып келген тар қапасқа тықты.
Бұл ойран ері үшін есі шығып аласұрған әйелді аңыратып көшеде қалдырды, сан сәбиді жетім етті, көп жұбайды жесір қалдырды.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
Хакім бүгін тағы тұнжырады. Кеше де ол ешкіммен сөйлеспей соншама адамның ортасындағы жалғыз койканың бір шетінде екі қолымен басын сүйеп, ұзақ күн отырып қалған еді. Алғашқы күні «көңілді болғанмен кеше Әмір де көп түйіліп, көп ойланып аз сөйлеген. Ал бүгін ол жарқын да, Хакім тас жабық. Хакімнің жазық және қыртыссыз сұлу маңдайы сәл жиырылып кетіпті де, жағын таянып отырғандықтан түйілген қабағы онан әрі қырыстанып тұр. Дүниеде түрме барын, оған жазықты адамдарды қамайтынын Хакім білетін, бірақ ешбір қылмысы жоқ жанды түрмеге отырғызатынын, оны айыптап басына пәле жабатынын ол білмейтін.
Алғашқы сағатта, көшеде, оны атты казактар қоршап алып «Қырық тұрбаға» қарай қуалағанда төбесінен жай түскендей болып еді, кісі өлтіріп, ұрлық жасап тұтқынға алынган қылмысты адамша мұндай масқаралық халге душар болу, оған өліммен тең көрінді. Ол жердің жарығы болса ойланбастан еніп, құлап, жоқ болып кетуге де дайын сияқты, көшедегі сан адамдардың, терезелерден қараған жандардың бәрі бір өзіне ғана қарағандай бәрі де танып тұрғандай – «фу» мұндай күйге ұшырағанша өліп-ақ кетсейші! Масқара! Бұл өлім! Бұл абыройдан айрылғандық! Бұл дүниедегі еш жұғымсыз, ең нашар, адамшылықтан айрылған ең қарабет жандардың түсетін орыны. Сен соған бара жатырсың... сен біттің!.. Саған енді өмір жоқ!..— деп тұрғандай, жаппай жұрт түңілгендей, теріс айналғандай, біреулер жерге түкіргендей көрінген еді. Аттылардың алдында қарлы-мұзы іріген көксоқта көшенің сары шалшығын шалпылдата жүгіріп ентіккені болмаса, осып кететін казак қамшысы тиіп арқасы удай ашыған тән азабы қинаған жоқ, оны ұят азабы — жан азабы қинап, миы қайнап көз алды тұманданып кеткен еді. Аздан кейін ол өзі сияқты айдауға ұшыраған биік қара қалпақты ескілеу ұзын суртюк-пальто киген орта жастан асқан оқымысты адамды және еңкіш келген ірі кәрі шалды көріп, солардың қатарына қосылғаннан кейін ойы аздап сергігендей, есін жинап, ілкі ауыр сезімнің құшағынан бірте-бірте шыға бастағандай болған. Әсіресе қара қалпақты, беті шұбарлау оқымысты адамның бағана өзін тақымдаған казактардың оған әділсіз іс істегенін ашып: «Бұл заңға сыймайтын бұрын-соңды болып көрмеген қылық. Бұл адамшылыққа жат озбырлық. Көшедегі көрінген жанды абақтыға айдау деген не сұмдық! Бұл жантүршігерлік тағылық!»— деп түрмеге жеткенше үзбей сөйлегені, жерлеп, сөгіп бұрқырағаны көп сүйеу болған-ды.
«Масқаралыққа, өліммен тең ұятқа кездескен жалғыз мен емес, мына сияқты оқыған адамдар да бар екен» деп ойлаған ол. Бірақ кездескен бақытсыздықты әбден талдап ұғынып, ойы бір берік сая тапқанша оны қасындағылармен бірге ақ казактар жедел жүргізіп отырып биік тас дуалдың түбіне де алып келген. Хакім дуалдың түрін, құрылысын, ауыр темір қақпасын, үстіндегі сан қабат шырмай оралған тікенді сым қоршауын, төрт бұрышындағы қарулы күзетші тұратын мұнарашықтарын көзі шалғанмен түсінген жоқ — неге бұлай екенін ұққан жоқ. Ол тек кіре берістегі қарулы күзетшілердің ішкі есікті ашып аулаға енгізіп жіберіп, ізінше ауыр құлыптарды қайтадан салып тарс бекіткенін көрді. Оған енді мынау зәулім дуал, ауыр қақпа, үлкен құлыпты темір есік, қарулы күзетшілер «жарық дүниеден түнек қапастың сыз қойнына біржола кірдің» деген мейрімсіз үкімін оқып тұрғандай болып еді. Қанша жан келсе де бірін-біріне қоспай жұтып жатқан оппа есіктердің бірінен тағы да өткізіп, бұл үшеуін екі жағы жағалай есік, тас еденді, іші қоңырқай ұзын коридорға ендіріп жіберген.
— Шешініңдер!— деген қолында балғадай ашқыштары бар қара киімді надзирательдердің өктем командасын үшеуі де түсінбей беттеріне қарап үрейлене аңырып тұрып қалған. «Ататын шығар...» деген нажағай ой Хакімнің миын жарып өткендей, арқасына мұздай су құйғандай денесі түршіккен, оның тұла бойы қалтырап, мүлде иектері сақылдап кеткен.
— Неге қарайсың, ылай көз кәрі сайтан. Лақтыр үстіңдегі сілімтіріңді!— деп шалды біреуі итеріп жіберіп: — Ал сен, қара қазаншық, нені күтіп тұрсың? Қара мұның қалпақ киюін, арда!— деп ол қара қалпақтыға мұқата, жер-жебіріне жете төнген еді.
Сол кезде екінші біреуі Хакімді жұлқылап, түймесін үзе, оның үстіндегі пальтосін сыпырып та алған.
— Тырдай жалаңаш шешін!
Хакім тырдай жалаңаштанды да, оны көріп ана екеуі де епсіз қимылмен шешіне бастаған.
Тінтушілер оның белбеуін, батенкесінің бауларын суырып алып бір жаққа лақтырып, шалбарының гимнастеркасының темір түймелерін шарт-шарт пышақпен қиып бұрышқа қарай ырғытқан; қалталарын теріс айналдырып қарап қағаздарын жинап алып, ақшаларын санап алып қойған. Шал мен қалпақтының да тағдыры тап сондай болып еді.
— Бұл адамды аяқ асты еткендік! Адвокатты бұлай етуге праволарың жоқ! Бұл тағылық!..— деп қалпақты тағы да шұбырта бастап еді.
— Жап ауызыңды!—деп команда берген бас надзиратель оның ауызына жұдырығын тақаған-ды.
Мұнан кейін үш жалаңашты қатар тұрғызып надзирательдер үш мәртебе жүрелетіп отырғызып қайта тұрғызып, үш мәртебе тоңқайтып, қайтадан бойларын жаздырып, киімдерін кигізбей құшақтаттырып көтерткен бойы қасындағы бір есікті салдыр-күлдір ашып, камераға кіргізіп жіберген болатын.
Қабырғаларының түсін адам айыра алмастай кір басқан, езген қандаланың қаны шұбарлаған, қарындаш шимайлаған, шегемен сызғылаған, темір торлы екі терезесінің әйнектері жарылған, сынған, бір көзін шоқпыт-шоқпыт ескі көрпенің, не мақталы шалбардың сілімтірімен тығындаған, іші мұздай күңгірт тартқан сұрғылт бөлмеде үшеуі, көпке дейін тіл қатпастан киімдерін киіп, жұлынған түймелердің орнына қол орамалдарынан жыртып бау тағып, оны күрмеп, бекітіп әлектенген-ді.
Бір сағаттың ішінде бұрын көрмеген, естімеген, ойламаған мұндай кенет ұшыраған жайлар бұларды сең соққан балықтай есеңгіретіп тастап еді, бойдан дәрмен кеткендей дымын құртып сәттің арасында қорғансыз, сүйеусіз, төрт жағы бірдей меңіреу тас қабырға, достан, туысқаннан, үйден аулақ, кіріптарлық халде қалған-ды.
Сол күні бірнеше сағаттан кейін бұлардың үстіне топырлатып оқушыларды кіргізгенде Хакім бостандыққа шыққандай қуанған. Әмірді құшақтай алып:
— Ойпырмай, сенің келгенің мұндай жақсы болар ма!— деп еді.
— Менің кіріптар болуым саған қуаныш екен ғой шамасы?— дегенде, Хакім Әмірге:
— Не десең де бұл шыным, сендер келмегенде мен құса болып өлер ем, мына қараңғы көрдің ішінде,— деп жауап қайырған.
Бірақ ауыр күндерді бастан жолдаспен бірге кешіріп, ащыны бірге тату жеңілірек көрінгенмен зілдей мұң жүректі езіп, жаншып тұрған сияқты.
Өмірі, құлқы, мінезі басқа-басқа жандар да тар жерде табысып, бірге еденде сығылысып отырып, айқасып жатып, бастығырлығып көрген түстей өткізген ауыр үш күн, үш түн тастүнек белгісіз күндердің бастамасы ғана, миға симайтын, көз алдына келтіріп болмайтын итқорлық астындағы адамшылықтан тыс азаптың алды ғана тәрізді.
— Большевиктер үндеуін таратқан сен каззап! — деді офицер бүгін Хакімге наганын суырып.— Сені ату аз, асып өлтіру жеткіліксіз; қол-аяғыңды кісендеп, жер астында өмір бойы тачка тарттырып қою керек. Енді сенің жарық дүние көре алмайтыныңды басыңдағы бөркіңдей біл. Бүгін түнімен ойлан, ертең не істегеніңді қалдырмай айтып кешірім сұра. Бар малғұн!
Сынған сағы одан әрі сынып, терең судың түбіне ешбір қармаусыз кетіп бара жатқан жанның тірі өлік пішінімен келді ол камераға. Өмірден күдері біржола үзіліп, бар асыл арманнан айрылып, алдағы тәтті үміттен, бақытты шаттық қызығынан көз жазғандай, алыстан қайтты. Қазір бұрынғысынан да тұнжыр.
— Саған айтқанды маған да айтты, айырмасы тек сол-ақ, маған ол тачка тартқызамын деген жоқ, сирағыңнан, қара сирағыңнан асып қоямын деді. Жау солай демей не дейді? «Қош келіпсің, мырза, сау-саламат құтылып шығуыңа тілектеспін» демекші ме?! Сен таста уайымды, көтер басыңды. Кімнің тачка тартарын, кімнің сирағынан асыларын әзір ешкім де білмейді,— деді Әмір оған.
Бұларға жақын отырған татар жұмысшысы Әмірдің сөзін мақұлдап басын изеді.
— Жасыма, малай, сендерге ешнәрсе де болмайды. Только ешбір қағазына қол қоймаңдар және түрмеде провокатор көп болады, ауыздарыңа сақ болыңдар,— деді.
«Татар жұмысшысы көпті көрген, талай түрмеде отырған, тәжірибелі, ақылды адам, ол дұрыс айтады. Жақсы, ешнәрсе болмай-ақ қойсын. Сонда бұл ойыншық іс пе? Қорлау, жаншу, сөгу, тар қапасқа тығу... Жоқ, бұл жауыздық тегін жауыздық емес. Бәрімізді құртып жіберсе де ешкім білмейді мына зынданда не болып жатқанын. О, кең дала... ел...»— деп қамықты Хакім, күрсініп.
Бір тұтқынның басы ақ марлімен тұтас таңылған; көздері жұмылып кеткен, еріндері көнтиген ісік. Оның сөйлеуге шамасы келмейді. Тек ымдап қана түсіндіреді; жалғыз койканы соған беріп, жатқызып, тамағын ішкізіп, татар жұмысшысы қасынан шықпайды.
— Бұл дұрыс адам. Жігіттің арыстаны Жанбарса Совдепінің председателі. Кулактар істеген, собакалар,— дейді ол, хәлі ауыр әлгі тұтқынды койкаға жөндеп жатқызып.
Камераның іші лық толы, ыстықта біріне-бірі сығылысып үймелеген қой сияқты. Тұтқындар иін тіресіп отыр; көбі көйлекшең; баста қақаған суық үй қазір адамның буымен монша сияқты ысыған; тердің, темекінің, қайыс белбеудің иісі тамақты қырғандай қышқылт, әрі ауыр.
Түрменің іші де ауыр, сырты да ауыр, ескі зәулім тас үй адамның үстін басып, денесін жаншып тұрғандай.
«Жарық күн бізге бар ма, жоқ па?» деп қарайды Хакім оның тот басқан темір жақтаулы, күңгірт көзді сиықсыз терезесіне.
2
Түстен кейін бір суық торғай темір торлы терезенің жақтауына келіп асылды да «ішкі жақта не бар?» дегендей кішкене қоңырала басын қалтаң-қалтаң еткізіп камераның ішіне үңілгендей болды.
— Хакім, ана торғай саған қарап тұр, сені босатады екен,— десті орыс, қазағы, татары аралас камераға лық толып отырған тұтқындар, қатарласа жамырасып.
Хакім терезеге арқасын беріп темір койканың бас жағында отыр еді. Терезеге бұрылып қарағанша, торғай теріс айналып құйрығын шошаң еткізіп ұшып та кетті. «Босанасың» деген адамды ішінен қатты-қатты сүйіп алғысы келсе де, ол:
— Бәрі де құр ырым,— дей салды.
— Оллаһи, тура,— деп, жанын бере сөйледі қасында отырған қартаңдау татар,— верный примета. Босанасың.
Солай дегенше болмай, бір топ торғай шуылдап келіп терезеге қаптай қонды да, әлденеден үріккендей «дүр» етіп ұшып кетті.
— Ура!
— Ура!
— Бәріміз де кетеміз!
— Ура!— деп жұрт шу ете қалды.
Біреулер қол шапалақтап та жіберді.
— Оллаһи, жақсы малай. Біздің іс хотқа барарға тиіс.
Қызыл гвардия...— деп қалды да, қартаң татар сөзін аяқтамай үзіп тастады.
Ол орнынан түрегеліп ерсілі-қарсылы жүргісі келіп еді, бірақ сығылысқан жұрт жол бермеді, оған жүретін жердің өзі де жоқтың қасы еді. Түріне, сөз реңіне қарағанда, көпті көрген, талай азапты басынан кешірген «рабочий-ау» деп ойлады Хакім оның қобалжыған ірі сүйекті бетіне қарап тұрып.
— Әйда, ебдашлар!— деп, татар жұртқа команда бергендей екі қолын кең сермеп, жуандау күшті дауыспен:
Басыңдар, жолдастар, аяққа,
Туғанда төңкеріс таңы.
Жайыңдар құлашты жан-жаққа,
Жойылсын залымдар заңы...—
деп бірінші шумақты бастай беріп еді, жұрт жуанды-жіңішкелі жігерлі дауыспен тегіс іліп әкетті. Екпінді сөздер жан тебірентерлік сезімді үнмен тоқтаусыз жылжып, едені кір, күн көзі жоқ, кіріптар жандардың тері мен шылымның ащы түтіні араласып ауыр қышқыл иіс басып тұрған күңгірт камераларына бұзып жарып еніп жатты. Бір минут өтпей-ақ, ұшқыннан лап берген өрттей, жалынды жыр ұзын коридор бойын тұтас ертіп кетті — бұларға жалғас әрбіреуінде отыз-қырық адам отыратын, сегізінші, тоғызыншы, онан әрі жиырма екінші, жиырма үшінші номерлі үлкен камералар қосылды. Жырдың екінші шумағына жеткенше басқа камералар да жаппай ілесті.
Вышли мы все из народа,
Дети семьи трудовой.
Братский Союз и Свобода —
Вот наш девиз боевой.
Сөзі орысша, қазақша әр камерадан әртүрлі шыққан бір мотивті, бостандық көксеген көп кеудеден сыртқа тепкен жан үні жаншып, езіп тұрған мылқау кәрі тас түрменің төбесін жұлып кетерліктей, күңірене шарықтап жатты.
Не үшін? Кім бастады? Не жақсылық бар?— мұны жұрт талдап жатпады. Еріксіз лықсып шыққан жан сүйсінер жырдың жетегіне ере берді де, талпынып ілгері ұмтылған үмітті сезімнің құшағында бес минуттай еркін шарықтады.
Революция жыры қатар корпустағы әйелдер камерасына да, жеке отыратын бір кісілік кішкене камераларға да жетті. Мұның бірінде Червяков пен Дмитриев отыр еді. Темір торлы және оның үстіне сырттан тақтаймен тұмшалаған сыңар терезенің алдына жүгіріп барды да, Червяков құлағын тоса қойды.
— Петр Астафьевич, құлағыңызды салыңыз, үлкен камераларда өзгеріс бар... «Смело товарищиды» жырлап жатыр,— деді ол.
Червяковтың көздері бірден-бірге жайнай түсті, тыңдаған сайын езуіндегі күлкі шырайы ұлғая берді.
— Өзгеріске мен қарсы емеспін, өзгеріс тап қазір өте керек,— деп жымиды Дмитриев,— мынадай тас қауашақтың ішінде отыруға тышқан да риза болмас.
— Петр Астафьевич, шуыл күшейіп барады, тыңдаңызшы? Меніңше бір үлкен өзгеріс бар. Бәлкім, көмек келіп үлгірген шығар.
Дмитриев сәл уақыт құлағын қойып тыңдап отырды да:
— Меніңше, Павел Иванович, көмек келіп жетуге ертерек. Бұл басқаша бір көңіл күйімен байланысты шығып кеткен жыр болар.
— Онда бүтін түрме болып әндетпейді ғой?!
— Солай-ақ болсын, бірақ...
Қатардағы камерадан тықыл шықты да, әңгімеге шақырғанын біліп, Дмитриев сөзін аяқтамады, Червяков жауап ретінде қарсы «тықыл» қақты.
Қатардағы камерада Половинкин мен Нуждин отырған. Олармен кешеден бері Чревяков «байланыс» жасап Дмитриевті ерсілі-қарсылы жүргізіп қойып «сөйлесіп» алған-ды.
— Нуждин «қуаныш үні» дейді.
— Ол да біз сияқты шамамен айтады ғой, ойдағы ғана тілек.
Коридордағы надзирательдер шуылдаған көп халықты тәртіпке келтіре алмай екі күннен бері айқайласа, балағаттаса келіп, ақыр-аяғында «бассыз» тұтқындардың дабырына көнгендей болып еді. Бірінші күні олар бұрынғы заманнан бері келе жатқан «шыбын ұшпайтын» тыныштықты орнатамыз деп, темір есіктің сыртынан үлкен ашқышпен тарсылдатып, тесіктен де жекіріп, қорқытып та айтып, кешке дейін есіктен есікке шүйіліп, ың-жың шуылмен дабырлаған әңгімені тыюға тырысып еді, бірақ келесі күні үсті-үстіне әкеліп топтап қамап, түрмеге қойша тоғытқан халық дес бермей кетті. Уһлеп-аһлаған қарттар да, бұлттай түнерген ашулы жұмысшылар да, сұсты оқымыстылар да, шулаған жастар да үзілмей келіп жатты. Әсіресе гимназистер кекесінді, өткір сөздермен надзирательдерді бет қаратпай жаншып, сағын сындырып тастады.
— Қатты сөйлеме, есікті соқпа! — деп төнген надзирательдерге олар:
— Халық мал емес, мына сияқты қораға қамайтын!
— Төсек әкел!
— Койка жеткіз!
— Терезені ашып таста!
— Тирания қалған!
— Мына сияқты көрінген адамды қамау «Глуповтардың қаласында» ғана болады.
— Шақыр прокурор барон Дельвигті!
— Атаман Мартыновтың өзін алып кел!— деп айқайлаған-ды.
Айқайдан, жекіруден әбден жалыққандай надзирательдер бүгін камера ішіндегі у-шуға аса көңіл бөлмей, анда-санда ғана әр есікке үңіліп «тыныштан!» деп қойып, исі ауыр күңгірт коридорда әңгімелесіп тұрған «жан түршігерлік» батыл, күшті, ашынған үнге селт етіп жыр шыққан есікке қарай ұмтыла беріп еді, отыздан астам адамның еденді, қабырғаны солқ еткізгендей жойқын лепті хоры қартаң надзирательге қараңғыда сарт еткізіп маңдайын сақаға соғып алғандай әсер етті, ол бірер секундтай көзін жыпылықтатып тұрып қалды, содан кейін барып батпандай зор ашқышпен салдыр-гүлдір еткізіп темір торлы есікті ашып жіберді де, шошып кетіп қайтадан жаба салды; оның көзіне иін тіресіп қатар тұрған ашынған тұтқындар бас салып есікке ұмтылатындай көрінді... жолындағы діңгектерді жығып, ағаштарды түбірімен қопарып, үйіре ағызып, сырғытып әкететін тасқындай мына жұлқынған топ үдере қозғалса жолындағының бәрін жапырып, жаншып, жермен жексен етіп езіп жіберерліктей...
— О, тәңірім, мына есалаңдардың тергеуінен сақтай гөр,— деп қарт надзиратель бар ынтасын сала шоқынып жіберді.
Сол мезетте надзирательдің барлық ерік-қуатын әдейі жаншып жіберуге уағдаласып қойғандай көрші камера жырға қатарынан қосылып кетті де, лекіген үн ырғалып-теңселіп тұрып бойды тітіретіп жіберді. Әр жерде есікті сартылдата соққан надзирательдердің тыйым салуына қарамастан енді түрме тегісімен кірісіп жұмыла әндетті. Коридордағылардың біреуі бас надзирательге жүгірді, біреулері аласұрып не істерін білмей састы...
Соңына ерген бес-алты аға надзирательдермен корпусқа іспек көз, қызыл жирен мұртты начальник кіріп келгенде, жырдың ең өрі:
Долго в цепях нас держали,
Долго нас голод томил.
Черные дни миновали,
Час искупленья пробил,—
деген шумақты тұтқындар екінші рет қайырып жатыр еді.
Начальник сәл мүдірді де, сегізінші камераның алдына келіп тоқтай қалды. Ол камераны аш дегендей иегін қақты. Коридордың қартаң надзирателі:
— Асыл тек... сұмдықты бастаған мына камераның Христостан безгендері,— деп жетінші камераны көрсетті.
— Аш!
Надзиратель батпандай ашқышын салдыр еткізді, есік те ашыла берді...
Час искупленья пробил...
Есік жақтағы тұтқындар самсаған алты-жеті қарулы бақташы мен ұзын мұртты начальникті көріп ығыса түсті. Біріндеп жырды да доғара бастады.
— Қысқарт! — деп жекірді мұртты начальник. Жұрт битарап бола бастады, бір қатары мүлдем доғарып бұрышқа қарай сырылды да, енді біреулері бәсеңдеу қарқынмен жырды шұбалта созды.
Жұрттың босаң тарта бастағанын көре сала, ертеңді кеш айтатын екі күннен бергі әдетінше, Әмір ілгерірек тұрды да, әдейі астарлы кекесінмен рапорт берген болып:
— Начальник мырза, камерада жазықсыз он бес оқушы, он жұмысшы, бес темір жол қызметкерлері, төрт шаруа және екі интеллигент отыр, бәрі де caп-cay, берген наныңызды түгел жеп, қалғанын алып қойып, жаңа үкіметтің өзі рұқсат еткен төңкеріс әнін айтып, сіздің осы жерден қозғалмай қызмет істеуіңізді тілеп жатыр,— деді бір мүдірместен лекіте сөйлеп.
— Тәйт, жап аузыңды! Жазықсыз... жазықсыз екен ә? Тәртіп бұзушы, үкіметке қарсы жандар?!—деп жекіріп начальник жерді тартып қалды.
Әмір дауысын өзгертіп мүләйімсіп сөйледі.
— Жазықсыз демей қайтерсің, начальник мырза, ақты ақ, қызылды қызыл дегеннен басқа кінәміз жоқ. «Тәртіпті бұзушы» дейсіз, ойлап қарасаңыз, тәртіпті сіздің мына қандаласы жүзден қоздап, мыңнан өрбіп жатқан, құс жастығы— ағаш, мамық төсегі— тас еден, жанбасқа жайсыз қонақ бөлмеңізге қамап қойды. Мына тұрғандар (ол оқушыларды көрсетті) зачетын да бітірген жоқ. Пифагордың штаныда шешусіз қалды... Хакім мырс етіп күліп жіберді де, теріс айналып кетті. Әмірдің соңғы сөзін теріс түсінген начальниктің темекі сарғайтқан қызыл жирен мұрты селкілдеп, еріндері жыбырлай түсті.
— Қысқарт, ұятсыз!— деді ол дауысын қалтырата шығарып.— Құс жастық, еден... Пифагордың штаны... Өз бетімен сөйлеп жатқан адвокат камераның түкпірінен осы мезетте сәл ілгерірек есік жаққа келіп, начальниктің сөзін белді.
— Түрме начальнигі мырза, бұл заңсыздықты адам ауызбен айтып, тілмен сипаттап жеткізерлік емес. Бұл ешбір заманда, ешбір мәдениетті мемлекетте болмаған бассыздық, теңдесі жоқ оқиға. Бұл ұлы Петр мен ұлы Екатеринаның заманынан бері қылапсыз орындалып келе жатқан ешкім өзгертуге болмайтын низам жинақтарын аяққа таптап, өз білдігімен бассыздық істеу болып табылады. Қол астындағы адал азаматтарды ұстау үшін өкімет алдымен тағылған айыпты толық дәлелдермен прокурорға береді, прокурор қылмысы бар ма, жоқ па, соны ашады; егер де қоғамға залалды деп тапса сол көрсетілген азаматты тергеуге рұқсат беріп тексеру жүргізетін орындарға пәрмен етеді. Тексеру орындары шындық һәм ғадалаттың жолымен кінәсіз безбендеп сол көрсетілген азаматты, сол айтылған, дәлелденген қылмысы бойынша әділ соттың төрелігіне жүгіндіреді. Ал мына бізді түрмеге еріксіз ендіру актысында бұл низам қағидалары толық бұзылып отыр... Бұл әділетсіздікке душар ету... Бұл империяның низам жүйесіне құрылған мызғымас қалпын талқандау... мұны латын тілінде...
Түрме начальнигі кәрлі жүзін Әмірден аударып, былшықтанған реңсіз көздерін аласа бойлы заңқор адамның шұбар бетіне төңкерді.
— Ым... сіз кім болдыңыз?
— Екінші рангалы юрист Елеулі Бұйратов деген болам. Округтік адвокаттар коллегиясының мүшесі. Мамандығым бойынша халайықтың ғарзасына түсінік беріп, жол көрсетіп өзіме тағалықты жұмысымды атқаруға сот коллегиясына кетіп бара жатыр едім, сол жолда казак хорунжиі тиіссіз кіріптар етіп, сіздің қарауыңыздағы қылмыстылар отыратын түрмеге қамады.
— Е, законге ұста көрінесіз, соған лайық бүлікшілермен бірге қолға түспеуіңіз абзал еді, Бұйратов мырза... жоқ мырза емес, тұтқын Бұйратов.
— Тұтқын емеспін, начальник мырза, бұлай атауға правоңыз жоқ.
— Мына тас қабырғаның ішіне кіргеннің әммәсі де тұтқын, бұрынғы юрист Бұйратов.
— Жоқ, мырза, маған айыптау әлі тағылған жоқ.
— Тағылмаса, тағу енді алыс қалған жоқ.
— Қақпаға жапсырған жарнаманы халайық оқып бер деген тілек еткенсін оқып бердім, бұл айып емес, хат танымайтын азаматтар оқи алмағанын сұрап білуге праволы. Мына Мартыныч шал айтсын, солай ма?— деді адвокат, қасындағы еңгезердей Мартынычты куәға тарта сөйлеп.
Мартыныч салмақпен басын изеді де:
— Ех, адвокат, алтын сөзің зая. Бүгінгі заманда закон дегенің бір шымшым насыбайға да тұрмайтын болды...
— Закон, закон... законды сыйлайтын болсаңыз мына түрме тәртібін неге бұзасыз? Неге шулайсыз камерада? Тәртіп бұзғандарың үшін карцер беремін мен бәріңе,— деді түрме әкімі, тұтқындарға сұстана қарап. Сөйтті де қасындағы надзирательге: — Мына камераны бес тәулікке карцер тәртібіне көшір!— деді.
— ...Бір шымшым насыбайға тұрмайды. Сақалына қарай іскегі,— деп Мартыныч басын шайқап, шығып бара жатқан түрме начальнигіне ізінше қарап қалды.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
1
Қала ауру жандай сұлқ жатыр. Көшелерде жан жоқ, жұрт тегіс үйде. Мекемелер, сауда-саттық орындары түгел жабық; қос-қостан салынған құлыптар мен белдеу темірлер есік терезелерді айқара құшақтап алыпты. Қыбырлаған жан иесі түгіл өлі мүліктер де суық қолдан бой тасалағандай. Жайбарақат кезде қақпа астынан жүгіре шығып жүргіншіге безеңдеп қалатын беймаза иттер де әлде бір жаққа босып кеткен; кейбіреулері қораның түкпірлерінде, лапас астарында жатып, қақпа жаққа сенімсіз жалтаңдайды, құйрықтарын жымқыра қысып алған.
Ат құйрығын шарт түйген, бестен-оннан тежеулі текірекпен өтіп бара жатқан сұсты әскери адамдарға жұрт есіктен, терезеден сығалап қарайды; жирен сақал, күрең мұртты казактар үзеңгіге шалқая шіренген, жел мен суыққа тотыққан беттері де қара қошқыл, бастарындағы екі бүктелген қос қыртысты сеңсең бөріктері сияқты. Көше бойының іркілген қызыл-сарғылт суы шалпылдап ат бауырына соғады да, тіктеп тиген тұяқтар сусыз жердің көк соқта қарын шеңгелдеп лақтырады.
Даңғыр-дұңғыр, күмбір-күмбір, бір сазды, қоңыр үнді ертеден бері тынымсыз соғып тұрған шіркеу қоңыраулары адамның еңсесін езіп жалықтыра мазасын алып тұр...
Бір мезет шоғырланып, оқтын-оқтын шауып өтетін жалаң қылышты өр көкірек казактардан көше саябыр тартты. Түстен кейін өршелене соғып ауаны мазасыз күңгірт, қоңыр үнге малып тұрған шіркеу қоңыраулары да сол кез сәл тыным тапты.
Жайық жақ беттегі тар көшеден қос қара ат жеккен үлкен қара шана шыға келді. Козлодағы қоңыр шекпен киіп, белін шүберек белбеумен буынған тік қара бөрікті кучер божыларын кере ұстап, жолдың шалшығы аз көбесімен аттарды cap желдіріп Губернатор көшесіне түсті. Шананың екі кісілік артқы орнында алдын кілеммен жауып кішірек келген төре бір өзі отыр. Үстінде полиция формасы; оқалы сары пагон — еполет, полковник белгілері жалтырауық түймелерімен тұтасып қара шинельдің иық, омырауы, жағасы тегісімен сап-сары ала. Қоңырайған фуражканың астынан дөңгелектеу келген жіті көздер айналаға өткір қадалып, төңіректі тінте қарап келеді. «Ана бір жылы тап осындай үш-төрт күн бойы көшеге көлденең бейсеуіт адам аяқ салған жоқ еді; тәртіп болмаса бұл қара сирақтар... тәртіп! Темір тәртіп!..» деді форма киген төре ішінен. Сөйтті де ол қос қара атты жанамалай шауып келе жатқан адъютанттың атқа пысық отырған пішінін көріп мадақтағандай, мұртын сипап, сол қолымен шиыршықтап қойды. Бағанағы ертеңгілікте ойына келіп, әлденеше рет қолға ұстағандай елестеген тәтті тілекке еріксіз тағы оралды... «Генерал-майор шені... орден... сонан кейін почетная отставка... бақ... атақ... құрмет...»
— Айда, айда, Жамақ! Делбеңді пысық ұста!
Тәтті қиялға еліткен төренің дауысы бұрын-соңды Жамақтың құлағына тимеген жұп-жұмсақ, мүлде маңдайынан сипағандай, еркелетерлік үн. «Нанайын ба? Нанбайын ба?» деген адамша қайран қалып Жамақ төреге жалт қарады. «Айда, Жамақтың» орнына төренің аузынан: «Айда, ақымақ! Көзіңе қара, глупец! »деген тастай қатты және мұздай суық сөздер шығатын. Бұл көп заманнан бері, Жамақ — Жамақ болғалы, төре — төре болғалы осылай-ды. Өзгермейтін өктем үнге бой үйреніп, құлаққа сіңіп кеткен. Кеше кеш шығып, түнделетіп қатқақпен шапқылаған, тоқсан шақырым жерді төресімен бірге сан рет өлшеп бекетін есепсіз санаған, күннің суығы мен жаңбырына да талай бірге тоңып, бірге жаураған, жұмсақ желі мен хош иісті даласына да талай бірге желпіністі. Сонда да «Айда, ақымақ!» өзгермейтін.
Қазір ғажап! Төренің едірейген мұртты, түксиген жүзіне жұмсақ шырай жүгіріпті. Дөңгелек келген, сәл бедірейіңкіреп тұратын көздерінің құйрығына бір нәзік сызықтар жиырылыпты, ат суаруға барғанда күнде көретін кәдімгі желсіз кездегі судың майда толқындары сияқты... «Ә, көптен көрмеген кеңсесіне іші елжіреп келе жатыр екен ғой»— деп ойлады ішінен бәрін аңғаратын Жамақ, төресінің екі қатар үлкен тас үйден көзін айырмай қарап келе жатқанын байқап қалып. Сырымды біліп қалды ма деп күдіктенген адамша төре:
— Танымай қалдың ба, ақымақ! — деді шапшаңдап миығынан қолын тартып алып.— Губернатор кеңсесіне! Жоқ, алдымен пәтерге!
— Е!— деді Жамақ риза болғандай.
Ол төренің келіссіз, бойына жараспайтын жұмсақтықтан гөрі ежелден үйреніп кеткен қатаң үніне көшкеніне қуанбаса да қоштағандай, божыны ширақ қағып, үлкен үйге қарай беттеді.
Әскери басшыларға көбірек бас шұлғыңқырайтын төре Войско үкіметінің ресми председателі адвокат Фомичевқа соқпастан атаман Мартыновтың алдымен өзіне кіруді мақұл тапты.
Пәтеріне келіп, әбігерлене жүгірген қызметкер әйелдің әзірлей бастаған тамағына қарамастан, Һарон тез жуынып қайта киінді де, мұртын шиыршықтай түсіп үйден шығып кетті.
Вице-губернатордың келген халықты қабылдайтын бөлмелерінде бұрынғы толып отыратын саудагерлер мен қаланың қара таяқтарының бірде-бірі жоқ, асыға кіріп, жүгіре шығып жатқан әскери қызметкерлер ғана ерсілі-қарсылы жосып жүр. Кабинетке кіре берісте сөйлесіп отырған екі капитан танымаса да полковник шеніне және формасына қарап орындарынан түрегеліп Һаронға честь берді. «Шабарман — адъютант» деп ойлады оларды полиция начальнигі. Болар-болмас қана изегендей басын сәл тұқыртты да, жинақты тік жүріспен келіп, қол беріп амандасты; оған қазір ғана келіп түскенін, наказной атаманмен амандасып, қызмет жөнінде шұғыл әңгімелесу керек екенін айтты.
— Сұлтан, сәл ғана аялдаңыз, атаман генерал Емугановпен кеңесіп отыр; келгеніңізді мәлім етейін,— деп жәрдемші ішке кіріп кетті.
Бірақ сұлтанға сәл ғана аялдауға тура келген жоқ, ол тыпыршып, алдыңғы бөлмеде әлденеше минут күтті. Ішкі қалтасынан алтын шынжырлы алтын сағатты ол қайта-қайта суырып, қайта-қайта қарады; сан рет мұртын шиыршықтады; олай-бұлай жүріп, жардағы сарғайған ескі портреттердің алдына тоқтап, бірақ осынша күттірген Мартынов емес, тап солардай-ақ ішінен генерал біткеннің бәріне лағнат оқыды, портреттерге жирене көз тастап сабырсыздана аяңдады. Екі капитан диванның шетіне отырып, өзара сыбырласып жатты; шені төмен танымаған адамдарға сыр шашпайын дегендей такаббар төре олармен әңгімелеспеді.
Ірі сүйекті, дөкір қимылды, ожар Мартынов жуан дауысымен дүмбірлей сөйлеп генерал Емугановқа қолға түскен большевик басшыларын соттау жөнінде тапсырып жатты. Ол әскери-дала сотының председателі етіп Емугановты тағайындаған; қаталдығы өзінен әрі бұл мықыр генерал (оң иығын көтеріп басын тұқырта жүретін пішініне қарай Емугановты төменгі шендер «мықыр» деп атап кеткен), тергеу ісін қалай жүргізуді де, кімге қандай үкім беруін де күні бұрын келісіп қойды. Бұлардың ойынша жұмысшы мен шаруа үкіметін орнатамын деген адамдардың бірде-бірі жазасыз қалмауы керек болды: «тәртіпті» тек қана дарға асумен, түрмеде отырғызумен, дүре соғумен орнататын заңды заң деп білді.
— Соттауға материал болмаса «бұзылуға бейім» студенттерді әскери училищелерден де, гимназиядан да шығартып жіберу керек,— деді Мартынов.
Бұл оқушылар жөнінде әңгімені сөз арасында Емуганов қыстырып қойып еді, үйткені бүгін оған түрме начальнигі: «Қамауға орын жоқ, ұсталғандарды деревня мен поселкалардан топтап айдап әкеліп жатыр. Түрмеде аты-жөні де мәлімсіз алпыс екі студент отыр, олардың шулап тәртіп бұзғаннан өзге үлкен бір масылдығы — орынды босқа ұстап отырғаны. Осылардан құтқарсаңыз түрме бір бейбітшілік өмірге енер еді» деген-ді. Өзінен үлкен начальниктің бұл жөнде не дерін ептеп болжау үшін Емуганов атаманның құлағына салған.
— Әділ сөз, Кирилл Матвеевич, есі дұрыс адамды түрмеге отырғызбайды, қоғам нормасынан ауа жайылған бұзықтар ғана тұтқынға алынады. Оларды мектептен шығарудың үстіне, алдымен, екінші қайтып маңымызға жуымау үшін есінде қаларлықтай етіп «шыбыққа жатқызсам» деп ойлап тұрмын,— деді Емуганов басын тұқырта қарқылдай күліп.
— Шыбыққа жатқызу!.. Хе-хе-хе! Орынды жаза...
— Сұлтан сіздің қабылдауыңызды сұрап тұр,— деді полковник атаманға.
— Қандай сұлтан?
— Сұлтан Һарон Ахметович Қаратаев.
— А... оны кім қуып келіпті мұнда?! Той өткенсін даңғыра, керек кезінде бірі жоқ, қап тесер қара тышқандай, кез келген тесікке кіріп кетеді.
— Әділ сөз, Кирилл Матвеевич,— деп Емуганов тағы да қырылдады.— Асқа ие, арбаға жүк сұлтандар.
— Кирилл Матвеевич, Қаратаевты түрмеден прокурор барон Дельвиг арашалап қалған; сонан кейін елінде болып, енді қазір келген бойы сізге сәлемдеспекші,— деді полковник.
— Оның керек жері бар, Кирилл Матвеевич; қап тесер қара тышқандай деп қандай тауып айттыңыз! Ауған жоқ, қап тесер қара тышқан сияқты!.. Оны ана өзінің жерлес большевиктерінің соңына салайық, кәрі сақшы, оның көмегі мықтап тиеді,— деді Емуганов.
— Кірсін,— деді Мартынов жәрдемшісіне. Һарон алдыңғы бөлмеде тыпырши күтіп сағатына соңғы рет үңіле қараған кезде атаман мен генералдың сұлтан жөніндегі сөздері осы сияқты еді.
— Ұлы дәрежелі наказной атаман сіздің кіруіңізді бас иіп сұрайды, сұлтан Һарон Ахметович,— деді жәрдемші, жоғарғы әңгімені мүлде естімеген адамша Һаронға еңкейе бас иіп.
Сөйтті де, ол есікті кең етіп ашып, қолымен меңзеп кіруін сұрады.
Шалқақ, шағын, тік денелі Һарон аяғын салмақпен қадай басып ішке кірді.
— Император дәрежелі патша ағзам хазіретінің шын берілген қызметшісі, губерналық полицмейстердің жәрдемшісі және Орал қаласының жандармерия басшысы, бүлікшілердің зорлығымен өзінің атқаратын кіршіксіз міндетінен аулақтатылып, орнынан алынған сұлтан Һарон Қаратаев патша мен Отанға қызмет етуге дайын екендігін мәлімдейді,— деп ізет етіп, Һарон аяқтарын салмақпен сұлулап басып келіп, орнынан самарқаулау түрегелген Мартыновтың қолын алды. Атаман жуан дауыспен:
— Сізді көруге аса қуаныштымын, сұлтан Һарон Ахметович, отыруыңызды бас иіп тілек етемін,— деді. Атаманның үні баяулау шықты — аңғал дене жуан дауысқа сай келмеді.— Үй ішіңіздің аман-есен болуына тілектеспін. Асыл жұбайыңыз сау-салемет тұрған шығар деп үміттенемін.
— Маған және менің үй ішіме үлкен ықыласпен бейілді ниет білдіргеніңізге шын көңілден алғыс айтамын, аса ұлы дәрежелім. Жақсылықты білмейтін қара халықты жуасыту жөнінде Отанның даңқы үшін істеген мақтаулы ісіңіз бен қаһарман ерлігіңізге халайық хайран қалады. Сіздің озат ерлігіңізге Өлке әрқашан да алғыс айтпақшы,— деді Һарон әрбір сөзін өте анық және дақпа-дақтап сөйлеп.
Атаман оған болар-болмас түрде бас иген болды. Һарон отырған генералға тағзым етті де, танымағанына кешірім сұрады; бірақ атаман Мартынов бұл екеуін таныстырып жатпады.
Отырған генерал Һаронның сәлеміне басын шұлғып қойып отыра берді, орнынан түрегеліп қол беруге сұлтанды қомсынғандай, креслоның жұмсақ арқалығына орныға шалқайып шірене түсті. Һарон да оның қолына кішілікпен келіп жармаса қоймады.
Үшеуі де бір сәт үнсіз отырып қалды. Һарон айтатын сөздерін саптады. Атаман ақырындап қана саусақтарымен жыбырлата соғып, үлкен, нық емен үстелдің жиегін дыңғырлатты. Ол Һарон төренің бақ жұлдызы февраль төңкерісінен кейін төмен құлдырап кеткенін біле тұрса да әдейі:
— Соңғы сапырылыс... ім... соңғы айлардың оқиғалары кезінде уақытыңызды бұрынғыдай бақытты түрде өз мекен-жайыңызда өткіздіңіз бе?— деп сұрады, сөзін жөндеп сөйлеп.
Һаронның құлағына атаман сөздерінен кекесінді бір үн шалынғандай болды.
— Ұлы дәрежелі вице-губернатор Мордвинов мырзаны орнынан түсіргенде... қыһа... қыһа... орнынан ығыстырғанда мені де лауазымды дәрежемнен аулақтатқан болатын. Аулақтатып қана қойған жоқ — тұтқынға алғанды. Сол бір қолайсыз жағдайдан асыл текті баронның күш салуы арқасында ғана босандым. Сөйтіп уақытша алыстағы өз мекен-жайыма қашықтай тұруға тура келді.
«Көруге аса қуаныштымын» деген атаман Һаронның түрмеден босанғанына шаттық сезім білдірмеді, сұлтанның үміт еткен құттықтау сөзі оның аузынан шыға қоймады; қайта сұлтанның жіті көздері Мартыновтың бір нәрседен жиренгендей мұрнын аздап тыржита түскенін шалып қалды. Мұның атаман жүзіндегі әрбір құбылысты тесе аңдыған қара моншақ көздерінің жалтылына көлденеңнен қарап отырған Емугановтың ойына, «қаптесер қара тышқан» деген Мартынов теңеуі түсіп кетті, ол теріс қарап езуіндегі еріксіз келген күлкіні тасалады. Мартынов генералдарын мадақтай сөйлеп, әңгіменің аяғына қарай оралды.
— Михеев мырзаның алғырлығы мен генерал Акутиннің сарқылмас қайраттылығы арқасында қызылдардың түтіккен қауіпті жерін жоқ еттік те, басшыларын әлеумет ортасынан алыстатып жатырмыз. Алайда олардың ұйымының көптеген мүшелері қолға түспей жасырынып үлгірді. Әсіресе сіздің жерлестеріңіз, жыртқан жерге сепкен тарыдай шашылып, бет-бетіне қашып кетті. Күн бұрын қам жемесе олардың кейбіреуі жазалау орындарының қолынан біржола жырылып шығып кетуі де мүмкін. Біздің Отан алдындағы ардақты борышымыз жөнінде, құрметті Сұлтан, сізге ескертіп жатудың қажеті жоқ. Мына ұлы дәрежелі генерал Емугановпен қосылып күштеріңізді большевиктерге қарсы толық жұмсар деп, тапқырлық көрсетер деп үміт етемін. Генерал, сіз сұлтан Һарон Ахметович Қаратаевпен таныс шығарсыз!?— деді Емугановке мойнын қасқырша бұрып. Генерал Емуганов басын изегендей ишара көрсетті.— Істеріңіздің жемісті болуын тілеймін. Қолыңыз босаған бір кеште, сұлтан Һарон Ахметович, біздің үйге шай ішуге келуден бас тартпассыз,— деп қосып қойды атаман сыпайыгершілікпен.
Генерал Емуганов орнынан түрегелді. Аудиенцияның аяқталғанын көріп Һарон басын иді де:
— Мархабатыңызға қатты сүйсінемін. Істі бір тәртіпке келтіргеннен кейін өзіңіздің және баға жетпес жұбайыңыздың сүйкімді лебізін естіп, ортаңызда болуды үлкен ләззат және зор бақыт деп санаймын, — деді.
Емуганов те, Һарон да кабинеттен шығып кетті. Таныс адамдай қолтықтап генерал Емуганов сұлтанды шығысымен өз конторына жетектеді.
2
Жарық, саңлау, қуыс, тесіктерден өpe шыға келген тарақандардай, Һарон Қаратаев қайтып келгеннен кейін Жандармерияның формалы, формасыз қызметкерлері полиция басқармасының үйіне толып кетті. Тазыдай жалаңдаған тыңшыларға «большевиктер мен большевиктерге тілектес адамдарды, профсоюз басшыларын табу ең басты, ең асыл борыштарың»деп «іске» жұмылдырғаннан кейін сұлтан терең-терең ойларға кетті. «Топас атаманның дөрекі төбеттері көздеріне көрінгенге ғана тап берген. Қаладан шығып кете алмайтындарды ұстағанға мәз,— деп ойлады ол,— ал ана орыс деревнялары мен қазақ ауылдарына сіңіп кеткен большевиктерді кім таппақшы? Айтқандай, осылардың баспаханасы қайда, басып шығарып көшені сарттың ала шапанындай етіп, түн сайын шұбарлайтын ұрандары мен жапсырушылары қайда? Осылар сиқыршы емес пе өздері?! Мүмкін емес қой бұларды бүтін қала болып жасыруы! Әлде екінің бірі большевик те, үшеудің екеуі солардың тілекшісі ме? Ә...»
— Бұратана елдердің басқармасындағы төтенше тапсырмаларды орындайтын чиновник Құрбанов тілмашты шақырт,— деді ол секретарь-жәрдемшіге.
— Хоп, сұлтан Һарон Ахметович. Қай сағатқа келсін? Һарон ойланып қалды да:
— Қазір келсін,— деді.
«Қазір келсін!»— деген Құрбанов бір сағат уақыт өткеннен кейін де келмеді. Әлденеше рет жәрдемші секретарьді шақырып қайта отырып, помощники шақырып сұрап біліп, тыпыршыған төреге сағат жарым уақыт өткеннен кейін Құрбанов кірді.
— Саламат қайтып келгеніңізге шын қуаныштымын, Һарон сұлтан,— деді тілмаш салмақпен, аздап қана басын иіп.
— Рақмет, отырыңыз.
— Іс көп. Земство жұмысы молайып кетті. Толып кеткен жер дауы; қазекеңдер де әйтеуір атамзаманғы бір «аброчная», «полоса отчуждения» деген бәлелерді кері қайырып аламыз деп басты қатыруда. Ғажап, қазақтық ұшы-қиыры жоқ жалпақ сахарасының жері жетпегендей, хохолдармен шекарадағы тілдей жерлерді даулайды,— деді Құрбанов төреге керексіз әлдеқайдағы әңгімені ең қажетті нәрседей етіп бастап.
«Неге шақырғанымды шамаласа да білмегенсіп, әңгімені басқа жаққа бұрды. Ұзын арқанға салмақшы»— деп ойлады сұлтан.
— Жер дауынан көрі қазір идея дауы басым емес пе, Құрбанов мырза? Сіз бен біз земство жұмысын қоя тұрып, онан зорырағын ойлассақ.
— Идея дауы дейсіз бе? Бұл дау емес, қырқысып бірінің бірі кеңірдегін қырқып бітетін қырық пышақ тартыс қой. Сіздер болмасаңыз, мұндай жәйтке араласу біз сияқты кішкене адамдардың қолынан келе ме, сұлтан?!
— Ым. Шамамыз келмейді деп, қол қусырып қарап отыруға азаматтық борышымыз рұқсат етпес, Құрбанов мырза.
«Бұл маған насихат дәрісін оқымақшы ма! Көмейің, мені жәрдемге шақырмақсың ғой» деп ойлады Құрбанов.
— Осы қалада көрінеді әлгі қазақтың ішінен шыққан алаяқтар...— деді Һарон қазақ революционерлерін ыммен меңзей тамағын кенеп.
— «Алаяқ» деп сіз сұлтан, Аязбай ұрыны айтасыз ба?— деп өп-өтірік білмегенсіді Құрбанов.
Һарон Құрбановтың сөзін де, үн ырғағын да жаратпай қалды. Көптен бері ол большевик жақтас жандардың көбейіп кеткенін ойлай-ойлай; «бүтін түрме қызметкерлері, кеңсенің ұсақ чиновниктері, қаланың жұмысшы кварталдарында тұратындардың бәрі және ноғайлардың көбі астыртын коммунистік әрекеттер істей ме қалай» деп күдіктенген. Осы күдікті дәлелдегендей мына Құрбановтың құйрықты сыртқа сала, тек өз ісімен шұғылданып, болып жатқан үлкен оқиғаларға түсінбегендей сөйлеуі жағымды нәрсе емес. Бірақ бұл мемлекеттің үлкен тапсырмасын орындап жүрген, полиция мекемесіне есеп бермейтін сыртқы сауда системасының адамы...
— Құрбанов мырза, мен сізді большевиктерге тілектес деген пікірден аулақпын. Ал, мына осы күнгі ала аяқтардың кім екенін білмеуіңіз ұғымға сиятын нәрсе емес. Білмесеңіз білмей-ақ қойыңыз, сіздің бәлкім өз қызметіңіз қауырт болар, сізге басқа жағдайды ойлауға да қиын шығар. Алайда мына түбірімізбен тұтас қопарып алып тастамақшы болған бәрімізге ортақ жауды жеңіп алмай тұрып, күнделік тіршілікті істеу қиын.
— А... ана қазақ большевиктерді айтасыз ба, түсіндім. Оныңыз дұрыс, бірақ Һарон сұлтан, өзіңіз ойлап көріңізші, қалада кімнің барын, қандай дұшпан барын білетін мен тергеу-бақылау орындарының қызметкері емен ғой. Сондықтан менің сіз ойлаған нәрседен шет болуым табиғи нәрсе,— деді Құрбанов езу тартып.
Бірақ оның қара сұр беті тұтас күлкі шырайын берген жоқ — езуі күлімсіресе де қабағы қату қалды.
Ішкі сырын алдырмайтын, ыңғайыңа иіле бермейтін, қанын ішке тартқан мына қалақ жақ, ұзын тілмаштың бөгесінді сөздері мен қайыспас мінезі шағын денелі шапшаң ойлап жіті әрекет ететін полиция начальнигін зеріктіріп жіберді; Һарон шоғайналы киізге отырған адамдай, орнықты қызыл емен орындықтың үстінде қойқаңдай түсті.
— Сіз жақсы білесіз, Акчуриндардың үй-жайлары, қора-қопсы, складтары көп, әлденеше жерлерде дүкендері мен бөлімшелері бар. Большевиктер осы етек-жеңі кең «сенімді» жерді пайдаланып жүрмес пе? Жасырын баспахана орнатып әрекет жасау ісі көбейіп кетті. Біз оның бір қатарын таптық та, сонда да,— деп күмілжіді сұлтан.
Бірақ ол «бір қатарын таптық» деген сөзді Құрбановқа көз етіп «бұлар да көп іс жасап жатыр екен-ау» деген ой салу үшін айтты, дұрысы олай емес-ті.
Құрбанов таң қалғандай болды.
— Бәрі де мүмкін нәрсе,— деді ол, қабағын көріп,— бірақ маған түсініксіз нәрсе мынау: сіз өте бимағлұм нәрселерді сұрайсыз. Өзіңіз менің мұндай нәрселермен шұғылданбайтынымды және бақылау орындарының қызметкері емес екенімді жақсы білесіз.
— Сіз біздің қызметкер болмағанмен зор құпия істерді жүргізіп келдіңіз, аса жауапты тапсырмаларды орындадыңыз. Және дәулетті адамдармен де, қара халықпен де байланысыңыз бар. Сондықтан сіз сүйікті Отан үшін баға жетпес қызмет етер едіңіз...
Һарон ойын созбай сөзінің аяғын кесе қайырды, өзі орнынан тұрып терезе алдына барды.
Құрбанов ойлана түсті де, төренің көздеріне көзі ұшырап қалып, тез мойнын бұрып сол жақ қабырғадағы екінші Николай патшаның сопақша жирен сақалды солбыр суретіне қарады. «Мына сияқты типтер ғой, маңдайы жерге тигенше сәждә қылып, жер әміршісі етіп, шіріген тағыңды осы күнге дейін сүйемелдеген. Қалай еді әлгі, қазақ мақалы, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді...»
— Сұлтан, мына модаңыз ескірген мода емес пе? Алпыс ұлтты Ресейді екі басты самрұқ қайтадан шеңгеліне алсын демесеңіз,— деді ол қабырғадағы патшаның суретін иегімен меңзеп.
Оның еріндері тістенгендей жымқырыла түсті.
— Мына ала топалаң бассыздың туып, бүлік көтеріліп жатқан кезде екі басты самрұқ темір тәртіптің символы. Ол реликвий есебінде де қабырғада көп заман қалуға тиіс. Біздің әңгімеміз ол жөнде емес, Құрбанов мырза. Сіз төтенше тапсырмаларды орындап келген адамсыз, үлкен тәжірибеңіз бар; беделді адамсыз, қазақ пен татар тегісінен сізге сенеді, сізден сырын жасырмайды. Сондықтан мына бүлікшілердің қай жерде қандай ұясы бар — осыны ашуға көмек етуіңіз керек.
— Мен басқа саланың қызметкерімін, Һарон Ахметович. Бұл сөз сізді ренжітпеуге тиіс; мен сіздің өзіңізді де, мекемеңізді де аса ардақтаймын, бірақ ондай іс істеуге менің қабілетім жоқ,— деді Құрбанов Һаронға тіктеп қарап.
Һарон ойланбастан:
— Жақсы, олай болса. Сіздің көмегіңізсіз де іс істелер. Бірақ соңынан өкінесіз, мен сізге өткен кінәларыңызды мына кезеңде іспен жусын деп жақсылық ниетпен шақырып едім,— деді сұлтан салқын лебізбен.
— Сұлтан, қорқытпаңыз. Менің ұжданым таза, бүгін келіп жуып-шайғандай өткенде мен ешқандай күнә, болмаса қылмыс жасағаным жоқ, сіз қателесесіз.
— Ойланыңыз, Құрбанов мырза. Сауда өкілінің миссиясымен барғанда шығыс мемлекеттеріндегі байланыстарыңызды еске түсіріңіз. Жұмбақтайтын ешнәрсе жоқ — бас уәзірмен екі араңыздағы келісімдер...
— Мен үкіметке измена жасағаным жоқ, заман идеясының лебі елдің, езілген ұлтының қамын әркімге де ойлатады, сұлтан. Бұл қылмыс емес, бұл азаматтық борыш,— деді Құрбанов, орнынан түрегеліп. Оның қуқыл бетіне аздап қызыл шырай белгісі жүгіргендей болды. Үлкен және сом қызғылт емен үстелдің жиегіне қос қолмен тірей сүйеніп, қарсысындағы сұлтанға тесіле қарады. — Абай-қоқайға салмаңыз, Һарон сұлтан, менің үстімнен дақ келтіретін материал болса сіз аяп қалмайсыз.
— Көзім әбден жеткенше ұстадым, енді өз обалыңыз өзіңізге. Ежелден жаулық етіп келген Стамбылға арқа сүйегеніңіз кешірерлік қылмыс емес,— деп Һарон түсін мүлде өзгертіп жіберді де,— басқа айтарым жоқ, сау болыңыз,— деді.
Құрбанов бірнеше секунд қозғалмай қалды, екі көзін Һароннан айырмай түсі көгеріп кетті.
— Жақсы!— деді Құрбанов, жағының бұлшық еттері жыбыр-жыбыр етіп. — Қандай роль дайындадыңыз?
— Маған ертеңге дейін большевиктердің ішкі істер комиссары Әбдірахман Әйтиевтің өзі мен үгіт-насихат тарататын құралдарының тұрған жері керек.
Келгендегідей басын болар болмас иді де, Құрбанов тіс жарып жауап қатпастан шығып кетті.
— Шыбықтай иілерсің әлі,— деді Һарон ол кеткеннен кейін.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
1
Орал сотының прокуроры атақты барон Дельвиг қазақ даласындағы малды өсімге беру жайын зерттеп ірі еңбек жазған юрист-ті. Жұрт оны әрі либерал, әрі үлкен ғалым, ұлық деп жүретін. Барон Орал маңындағы атақты адамдардың бәрімен таныс, соның ішінде белгілі Шұғыл қажыны «тамыр» дейтін. Шұғылдың үйінде болып, оның өсімге мал беру әдістерін әбден зерттеп, ғылыми еңбегіне көп материалдар алған еді. Бір жылы жаз қымыз ішуге Шұғылдың үйіне де келіп жатқан болатын. Шұғыл орысша білмейді, барон қазақша білмейді, бірақ екеуі кейде араға тілмаш салмай-ақ түсінісе береді. Көбінесе екеуіне ортақ ұғым: «өсім жақсы», «несие заңды» деген сөздер. Шұғылға несиенің өсе бергені жақсы да, барон Дельвигке оның заңды болғаны ұнаса керек. Алайда несиенің әдет-ғұрып заңына байланысын ашамын деп, Дельвиг қазақ даласындагы өсімнің сорақы жағын да көрген. 1912 жылы өзінің «Қазақстан» атты газетінде белгілі адвокат Елеусін Буйрин барон Дельвигтің бұқарашыл бағытта жазылған үлкен мақаласын екі тілде бірдей басып еді. Бірақ прокурор Дельвиг іс жүзінде өсім алу зұлымшылдығына қарсы шықпады. Ол өзінің бұл амалын атақты философ Гегельдің айтқандарымен дәлелдеді. Неміс тілінде оқыса да миына қонбаған Гегель еңбектерінің оған ұнағаны жалғыз-ақ: «болмыстағы бар нәрсенің бәрі дұрыс» дейтін жері болды. Осыны ол бой тұмардай етіп жадынан шығармады, көп нәрсеге дәлел іздегенде осының айналасынан шықпайтын.
«Түрмеде отырған адамдарды «тұтқынға алуға» санкция беріңіз»— деген генерал Емугановқа прокурор Дельвиг «өзім барып шығайын» деп жауап қайырды. Ол: «прокурор санкция бермей тұрып тұтқынға алу, әрине, заңсыз, бірақ болған нәрсенің бәрі дұрыс. Мен емес Гегель солай дейді» деп дәлелдеді ішінен. Сөйтті де ол қоштасып шығуға келген Ехлас Шұғыловты қасына мінгізіп, жирен қасқа рысакпен «бір минутқа ғана» түрмеге келді.
Үш күннен бері үздіксіз ойдан-қырдан айдап әкеліп жатқан жандар түрмеге сыймағансын генерал Емуганов оқушыларды босатпақ болып еді. Босатар алдында түрменің кең ауласының ішіне алып шығып, абақтыны «естен шығармау үшін» оларға дүре соғып жатқан. Прокурор Дельвиг пен Ехлас Шұғылов тап осының үстінен шықты.
Доктор мен прокурор не болып жатқанын бірден-ақ түсіне қалды. Ехлас алтын пенснесін сүртіп қайта киіп қарады да, барон томпиған қолдарымен көздерін сүртіп уқалай бастады. Күтпеген жерден келген прокурорды көре сала түрме начальнигі шошып кетті. Ол аяғын шапшаң басып келіп:
— Көрікті дәрежелі барон, бұл ұлы дәрежелі генералдың бұйрығымен... біз тек орындаушы ғана... кешіріңіз...— деді, дір-дір етіп,— шығар алдында әрқайсысына бес дүреден ғана...
— Түрмеден шықса, бұларға, ендеше санкция керек емес қой,— деді прокурор өз жайымен сөйлеп,— дегенмен бұл соғу жазасы заңды емес...
— Енді қайтып түрмеге жуымасын, естерінен шығармасын деп бұйрық етті... әлбетте заңды емес...
— Генерал қайда?
— Менің кабинетімде, көрікті дәрежелі барон...
Дельвиг тап осы кезде бірі бөксе, бірі бас жақтан тұрып, үшіншісі қоңыр тәнді бір оқушыны құлаштап соғып жатқан надзирательдерге қарап қалды. Сүмбідей түзу шегіршін таяқ ұшы құйрықтан аса, жоннан қиғаштай тигенде қайта көтергенше, орыны жосамен батыра сызып жібергендей, қып-қызыл болып шыға келеді де екінші, үшінші... бесінші оралғанша қанталап білеудей болып, ісіп кетеді... Аяғын тәлтіректей басып орнынан тұрып кеткен талдырмаш денелі оқушының орнына кезектегісін жатқызады. Тағы қызыл таңба... Шіміркенбестен орай сілтеп өзіне қарай тарта соғады, жансыз тулақты сабағандай, мейрімсіз, қатал ұрыс... Біреулері таяқ «былық» етіп арқаны тіліп кеткен мезетте, ышқынып қалады да, бірақ қайсарлықпен дыбыс шығармайды, орнынан тістеніп тұрып кетеді...
«Тері мен еттің арасындағы сансыз ұсақ қан тамырлар үзіліп кетеді де қан құйылады. Ісініп қызарып кететіні сондықтан...» деп анатомиялық талдау жасады Ехлас доктор ішінен.
Барон Дельвиг «бұл ақылды қылық емес» деп теріс айналды. Ол начальниктің кабинетіне кетіп бара жатып, болып жатқан оқиғаға жаңа мағына бере талдаған адамша қабағын түйіп: «Мүмкін, Гегель айтқандай осының өзі де дұрыс шығар»— деп ойлады.
Көгендеген қозыдай көздері жаудырап, біріне-бірі сығылыса әрі қорлық, әрі жан қинайтын жауыз жазаны күтіп тізіліп тұрған оқушыларды санағандай қарап тұрып Ехластың көзі алтыншы кезекте тұрған Хакімге түсіп кетті.
Бағанадан бері жендеттердің зұлым әрекетінен жаны түршігіп «бір қарамас па екен» деп көзін айырмай қадалып тұрған Хакім, Ехластың көзі түскеніне адам ауызбен айтып жеткізе алмастай қуанып кетті. Оның езулеріне күлкі шырай жүгірсе, көздерінде «құтқарыңыз» деген жалынышты қарас бар еді.
Ехлас тез бұрылып кабинетке қарай жүре түсті де, екінші бір ой оны кілт тоқтатты. «Өзіме нөкер етемін деуші ем бұл құдай қарғағанды. Әкесі Жүніс қой мұның сотқар...»
— Е, бала, сен қалай мұндай күйге түстің? Әлде студенттер ұйымына кіріп пе едің?— деп сұрады ол Хакімнен қайран қалған пішінмен.
— Жоқ, Ехлас ағай. Бұл бір жаңсақ жәйт, бүтіндей жақсақ іс. Құрбановтың крыльцосында отырған жерімнен атты казактар көшеден өтіп бара жатып ұстап әкелгені. Жабатын жаласы: «үндеу жапсырдың» дейді. Үндеу жапсыру деген менің ойыма да келмеген нәрсе. Сол үйдің, кәдімгі сіз жатқан үйдің, қақпасын алапестеп әр жеріне ұрандар желімдеп қойыпты осындағы бір балалар. Соны менен көреді мына есуастар— деді Хакім жабыққан пішінмен.
«Жалаңаш етке салған шегіршін таяқтың айқыш-ұйқыш қызыл айғызынан енді құтылдым» деп ойлады ол. Ехлас езуінен күлді де, пенснесін алып, қара бұйра жағалы пальтоның қалтасына қолын салды, үлкен ақ орамалмен көзілдіріктің әйнегін асықпай сүрткіштеп тұрып:
— Мұны қазақша не дейтінін білесің бе?— деп сұрады да Хакімнің жауабын күтпестен, — мұны қосақ арасында бос кету дейді,— деді.
Қасындағы фельдшер доктор Шұғыловтың мына студентпен жылы сөйлескеніне қарап «жақын танысы ма, әлде туғаны ма» деп ойлады. Сырт қарауға Хакім де, Ехлас та бір әліптес еді, екеуі де ұзын бойлы, түзең мүсінді, тік жауырынды және бет әліптері де ұқсастау: аққұба өңді. Бірақ студент талдырмаш та, доктордан гөрі мұрындырақ.
— Доктор, мына жігіт сіздің туғаныңыз емес пе? — деп сұрады түрме фельдшері.
Ехлас ойланып қалды. Ол тумам еді деуге арланды да:
— Жерлес, бір жерден едік,— дей салды.
Фельдшер шеткерірек тұрған түрме начальнигіне жақындап барып бірдеме дегендей болып еді, дүре кезегі төніп тұрған Хакімді ымдағандай жетелеп түрмешілердің бірі начальниктің кабинетіне қарай ертіп әкетті.
— Сіздің жерлес студентіңізді дүресіз босатып жіберді, доктор,— деп фельдшер оған честь берді.
— Рахмет, алайда ондай ашық ауыздарға бес-он шыбық зиян да болмас еді, екінші қайтып қақпа күзетпейтін болар еді,— деп тағы да езуінен күліп фельдшерге Хакімнің қалай «қолға іліккенін» айтты.
— Бұл әрекетті бізсіз де өткізер мына жігіттер, доктор, жүріңіз,— деп ол Шұғыловтың алдына түсіп кеңсе жаққа қарай беттеді.
— Менің бір ауруыма көз қырын сала кетіңіз,— деп фельдшер өз кабинетіне алдырып, тұтқын Нуждинді Ехласқа көрсетті.
Сол білезігінен оқ өтіп кеткен, оң қары сынған, үсті-басы тұтас жара, бет-ауызы ісік Нуждинге асыққан Ехлас назарын да салған жоқ. Сол қолының ғана орауын шештіріп тез қайта байлатты. Шығып бара жатқанда фельдшер Ехластан:
— Сонымен комиссардың қолы гипстемесе де бітер дейсіз бе?— деп сұрады.
Ехлас пемснесін алып (мұрны түзең болғанмен белбасары жұқа, сөйлегенде, әсіресе күлгенде түсе бергендіктен Ехлас алтын пенснесін алып сөйлеуді әдет еткен. Оның езуінен күлетіні де сол себептеп болу керек):
— До свадьбы заживет,— деді орысша нақылдап.
Талай тұтқынның ақтық тамырын ұстап көрген түрме фельдшері қандай «свадьба» екенін жақсы аңғарды.
2
Түрменің сыртқы қақпасынан қалай шыққанын Хакім дұрыстап жадына түйе алмады. Жалғыз-ақ оның сезгені: бықсық түтін толған үйден қашып шыққан адамдай көзі жарқ ете түсті; жанды елітерлік бір тәтті ауа оның өн бойына құйылып кеткендей болды; аяғы жерге тимей бейне қалқып жүзіп келе жатқандай, өзін үкіден де жеңіл сезді. Ол артына қараған жоқ — көздері жан-жағы мен алдындағы дүниені: сонау көкті, көкжиекті, көз жетерлік жердегі қарасынды, үйлерді, адамдарды, жанды-жансыз нәрсенің бәрін біржола шолып өтті. «Өңім бе, түсім бе?» деп ойлады ол. Бәрі өңі: анау козлодағы шіренген атшы да, көшевкеде отырған чиновник те кәдімгі адамдар; қақпа алдында күрек ұстап іргенің суын жырып ағызып жатқан адам да, әлденеге асыға, аяқтарын тез-тез басып жүріп бара жатқан әйелдер де тірі жандар; темір қиықты үйлердің үстіндегі қары еріп жоғарыдан су сорғалап тұр; тұрбалардан жіңішкелеп шығып көмескі көгілдір түтін әлсіз көтеріліп жатыр...
Бәтеңкесінен су өтіп аяқтарының дымқыл тартқанын, шалбарының балақтары әрі лас, әрі малмандай болғанын ол жаңа ғана байқады. Үстіне көз жіберіп еді: формалы мауыт пальтосы ұйпа-тұйпа, шалбары жан көрерлік емес, салтақ-салтақ көйлегінің жағасы қап-қара кір, тіпті бет-ауызы да баттасып тұрған сияқты көрінді. «Мына түріммен жұртты үркітермін» деп ол жалма-жан Губернатор көшесінен бұрылып, Причаганка көшесіне түсті, пәтеріне тезірек жетіп, жуынып, таранып, таза көйлек киіп, пальтосын тазартып көшеге шықпақшы болды. Үш күннен бері жадынан шықпай, әлдекім иемденіп қойғандай қызғанышты сезім уына бөлеген Мүкарама көз алдына келді. «Не айтпақшы? Мені қайда кетті деп ойлады екен? Не деп айтамын, не үшін түстім деймін түрмеге? Масқара... Өліммен тең нәрсе... Халықты қамшымен айдап үйренген топас, дөрекі солдафон казактардың қылығы... Алда нақрұстар. Ең болмаса қылмыс жасаған адамдарды айдасайшы түрмеге. Анау шал, анау адвокат, анау шаруа, анау татар жұмысшысы, не жазығы бар олардың?! Оқушылар ше?! Тфу, держимордалар билеген Ресей-ай!»
Үйіне кіріп келгенде кітап оқып отырған Сәлмен оны ұшып түрегеліп құшақтай алды.
— Тірімісің? Қайдан, жер астынан шықтың ба? Мына бас кесер казактардың бірі турап тастады ма деп үш күннен бері ойлағаным сен. Қай жаққа зымзия болдың, шырағым-ау?
Хакім Сәлменді бір жыл көрмеген адамша, құшақтап, қысып бетінен қайта-қайта сүйіп-сүйіп алды.
— Сен сұрама, мен айтпайын қайда болғанымды. Дантенің жазған жаһаннамы — ұжмақ сияқты менің түскен жеріммен салыстырғанда. Бүгінгі арқасынан таспа алғандарды ойласам денем түршігеді, тфу, малғұндарай... қағынған заманның қара қасқа әміршілері!..— деді ол.
— Түрмеге түсіп шықтың ба?
— Енді не деп едің. Тек тезірек кету керек мына сұмырай жерден.
Хакім болған оқиғаны Сәлменге бастан-аяқ айтып берді де:
— Айналайын, ешкімге айтпа менің мұндай масқараға ұшырағанымды. Дирекция біле көрмесін... әсіресе Мүкарамаға ләм деп тісіңнен шығара көрме бүл сұмдықты,— деді.
— Тоқта, саған записке жазып кетті.— Сәлмен кітаптың арасынан Мүкараманың хатын алып берді.
Хакім жалма-жан хатты ашып оқи бастады. Хат өте қысқа жазылған еді.
«Хакім! Сізге мен үш рет келдім, үйіңізде болмадыңыз. Қайда кеткеніңізді жолдасыңыз да білмейді. Мен сіздің қалаңыздың есімін оғаш деп әзілдейтінім есіңізде ме? Міне, енді мен сол қалаға іске тұруға кеттім. Ана сіздің Ехлас доктор мені сестралық орынға тағайындады. Менің абиым соны қалады. Аби ақылды кісі әм рақымсыз адам, айтқанын істетпей қоймайды. Мен оны ғайбатламаймын, қақиқаты сол. Оның айтқанына көнбеуге болмайды...
Сол енді, сіздің қалаңызға кеттім. Келіңіз! Келіңіз! Келіңіз! Күтемін сізді! М. К.»
— Жүріп кетті ме?— деп сұрады Хакім сұрланыңқырап.
— Жә, кеше кешке, жә бүгін ертемен жүрмекші. Бүгін келмеуіне қарағанда кетіп қалған шығар. Ал, жуын, демал. Түрің көп нәрседен хабар беріп тұр,— деді Сәлмен аянышты пішінмен.
ОН ЕКІНІНІ ТАРАУ
1
Аспан сұп-сұр. Ауа дымқыл. Тыстан үйге ауыр ылғал иіс келеді.
Қос қара атпен Һарон төре қалаға енген күні өзен жақтан шығатын Мостовая мен Губернатор көшесінің түйіскен жеріндегі кішкене үйде Әбдірахман отыр еді. Адам қамығарлық қыбырсыз жым-жырт көшенің ажарсыз түріне, аула ішіндегі күректі ебдейсіз ұстап, іркінді сары суды ағызып жіберу әрекетіне кіріскен әйелдің дәрменсіздеу қимылына ол терезеден қынжылғандай, қабағын түйе қарайды. Сәлден кейін ол үй ішінде жай адымдап олай-бұлай жүре бастады. Екі көзі қырып жуған сарғыш еденде; көзінің алды кілмік тартып, ажары сынып қалған; күреңіткен бетінің қызылы жоғалып едәуір солғындапты. Ол ойлап-ойлап бір түйінге келгендей болады. Ойдың ұшы алыс, сонау шеті жоқ қазақ даласы сияқты, қырқа-қырқа жалдардан асып жатыр; бірақ ой жазғы сағым сияқты көзге елестеп жап-жақын көрінгенмен, қолға қашық...
...Қыр суреттері көз алдында. Жазғытұрым қандай әсерлі. Анау Барбастау, әрі ассаң бұлдыраған алыстағы белдерде бірте-бірте айқындалып, жоғары көтеріліп, жақындай береді. Сонау «Сырым шыққаннан» бергі үлкен жазық алақаныңның үстінде тұрғандай Борғумаштан арғы Ханкөлі жайып тастаған кілемдей, аяқ астында жатыр. Әдемі дала, қарауға көз тоярлық емес... Жалғыз-ақ қимылсыз, ел сирек, ақ қағаздың үстіне әр жерден қойған ноқат сияқты. Көрінім-көрінім жерде екі-үш үй, біріне жетсең арғы жағы тағы сондай қиыр дала, тағы да сондай бытыраған ел, тып-тыныш сахара, көзге ілігер ныспы нәрсе жоқ. Жайықтың Ресей беті сияқты шоғырлы, жиынтық, жыбырлап жатқан тіршілік белгісінен жұрдай, не бір завод тұрбасы, не бір темір жол вышкасы жоқ, жылмағай дала, қалғыған дүние...
«Ояту керек!— деді ол естірте ернін жыбырлатып,— тезірек сахараға шығу керек, дала жанданып, сілкінер шақ келді; ел сергіп, дүрлігер кезең жетті. Қозғалар, қимылдар, оянар уақ...»
Оның құлағына алысырақтан шыққан бір дүмбір естілгендей болды да, ойы бөлініп елегізе түсті. Бірақ анық ешбір дыбыс білінбеді. Ойға қайта оралды. Енді тағы да тыныштық тапқызбай ояу кезде ойға шыр айналып соға беретін түрмедегі басшылар түсті. «Партия жұмысын өзіміз басқаруымыз керек... Атқару комитетінің мүшелері басқаруға міндетті...» деген Дмитриевтің соңғы сөзі қарсы алдында үлкен жазумен орап-орап ірі етіп жазып қойғандай елестейді...
...Жоқ, қоңырау дыбысы. Әбдірахман терезеге таман келіп құлағын қайтадан тосты. Анық қоңырау. Дүмбір бірден ашығырақ айқындала берді. Сәл уақыттан кейін ол терезеге еріксіз жақындады. «Мұндай кезде күймелі жолаушы кім болмақ!» Терезенің пердесін ақырындап қолмен сырып қарап, көпір жақтан бері қарай келе жатқан шаналыны көрді. Шананың алды-артында желе шоқытқан қошаметші салт аттылар...
Шанада отырған Һарон төрені Әбдірахман бірден таныды да бар ойы, бар назары соған ауды.
Көшенің шалшығына қарамастан шанада мейлінше шіреніп өзіне-өзі палуан, тіпті салтанатты жүріспен төре үй деңінен тез өтіп кетті.
Салт аттыларымен ат шана өтіп кетсе де, Әбдірахман терезеге сүйеніп ұзақ тұрды. Ол қалаға еркіндеп енген Һарон Қаратаевты ойлап тұрды.
...Екінші Николай тақтан түскенде лауазымы шарт сынған, хан тұқымы, сұлтан атақты Һарон... Сарқырап тасыған көктем суы түбімен жұлып ағызып әкетіп, бір қалтарысқа іліккен шөке сияқты, тасқын кері серпкенде бұл да кейін ығысқан. Ғажап! Бұдан екі жыл бұрын окопқа қазақ жастарын алғанда июнь жарлығын патша ағызам атынан елге еғлан еткен Һарон! Бұл жарлыққа қарсы тұрғандарды түрмеге, бас көтергендерді каторгіге айдаған Һарон. Кәрінің еңсесін түсірген, жастың өмірін жер еткен Һарон. Обыр империяның тәртібін қалғымай күзеткен, сол үшін дәреже, шен, орден, атақ, бақ иесі болған сұлтан. Қақпақтыда үлкен имениясы бар, жері шұрайлы, зор дәулетті, құдіретті сұлтан. «Сақтай гөр, тәңірім, патшаны!» деген дұғаны күніне үш мезгіл тағзыммен оқитын сұлтан. Енді контрреволюция шоғын үрлеп өрт шығаруға, ақ генералдармен бірге жұмысшы мен шаруа қанын ұрттауға келген... Революция жаршыларын атуға, асуға келген... сұлтан!..
Сұлтан полицмейстердің қалаға келуі Әбдірахманның қырға тез аттанып кету ниетін жеделдете түсті; сонымен бірге ол қаладан шыға алмай қалған Совдеп қызметкерлерін құтқару жолдарын да шешті.
«Бүгіннен, әрі кетсе ертеңнен қалмай жүріп кету керек, әйтпесе кештік етеді» деп ойлады.
2
Атты казак шолғыншыларынан саябыр арт жақ көшемен көлденең көзге елеусіз Мағрипаны жіберіп, Әбдірахман гимназист Шамиль Қаратаевты шақыртып алды.
Талдырмаш келген қараторы жас гимназист Әбдірахманға тосырқап қалғандай қарайды. Оның дөңгелек көзі кірпігін қақпастан қадала қалатын әдеті бар еді. Бұл жолы ол тесіле қараған жоқ, Әбдірахманның тұла бойын, жүзін барлап қарады, оның өн бойынан үлкен өзгеріс тапқандай болды. Жігіттің таңырқағанын сезіп Әбдірахман:
— Сұлтан Қаратаев қалай таныр екен мұны деп, қарап тұрсың ба? Таныр, қарағым, таныр. Сыртыңды қаншама өзгертсең де сұлтанның жылан көзінен жасырына алмассың. Қалай, өзгеріппін бе?— деді.
Әбдірахманның көзінің қиығы күлімдей түсті, Шамиль оның сөзіне түсінбей қалды. «Жылан көз сұлтан...» деген зәрлі теңеу бүтін Қаратай тұқымына тағылған кінә сияқтанды. «Бұл не деген сөз? Әлде папаммен екеуінің арасында келіспестік бар ма?» — деп ойлады.
— Әбдірахман аға, мен сіздің сөзіңізге түсінгенім жоқ, бір айтқанда ұға қоймайтын топастығым үшін кешірім сұраймын. Сізге қараған мәнісім: түріңіз жан танырлық емес, тамаша өзгеріпсіз, соны көріп: «Менің папам да осылай етсе болмас па?» деген ойға келіп қарап едім. Қаратаевтар сізді неге танымасын, танымай кететін такаппарлық бізде болмаса керек...
Әбдірахман күліп жіберді.
— Сен шынында түсінбей қалған екенсің, бұған менің өзім кінәлімін. «Сұлтан» деп мен Һарон Қаратаевты айтып ем. Соның жылан көзінен жасырыну қиын деп едім. Ғафу ет, айналайын, сені айтып тұрғаным жоқ. Сендер келешектің қырағы көзді Қаратаевтары боласыңдар ғой. Мен ана патшашыл төрені айттым...
— Аға, ол кісі алыста қысылмасаңыз да болады.
— Әңгіме соның алыста емес, жақында болғанында, Осыдан бірер сағат бұрын менің тереземнің алдынан өтіп кетті. Мына жау жағадан алып жатқан кезде ол бізбен құда болу үшін келген жоқ. Өзің айтқан папаңды тезірек қаладан шығарып әкетуің керек, әйтпесе аталас екенмін деп Һарон мұсылмандық жасамас, қайта су түбіне жіберуге тырысар. Міне, сені сол үшін шақырттым. Бакеңнің өзі қай жерде, кімнің үйінде қазір?— деп сұрады Әбдірахман Шамильден.
— Папам Нұртазанікінде.
— Қай Нұртаза?
— Кәдімгі молда Нұртаза.
— Не істеп жатыр? Кетейік деп ешнәрсе айтқан жоқ па?
— Жоқ, айтқан жоқ. Папа, саған да тиеді ғой, қаладан жасырынып шығып, елге кетейік десем: — Елден таппай ма мені? Мына сақал, мына түрмен қайда жасырынбақпын. Елде қайта жасырынбақ ойнаған баладай мен мұндалап тұрмаймын ба? — дейді. Және оның үстіне Ленинге хат жазып отырмын, соны бітіріп жіберуім керек,— деп жан кірмейтін абыстай бөлмесінде Думаның отчеттарын оқып отыр.
— Әй, Бәке, Бәке,— деп Әбдірахман басын шайқады,— бала сияқты бейғам жан. Нағыз жарықтық адам. Тапқан екен жасырынатын жерді! Қысып сұраса ана генералдардың қолына Нұртазаның өзі жетектеп апарып береді. Қазір Һаронның тыңшылары өре түрегелді... Һаронның атшысы қандай адам?— деп сұрады Әбдірахман гимназистен.
Шамиль екі иығын көтере түсіп, аң-таң болды да:
— Бір жалшы, қандай деуге болады оны— өмірі атшы болып келеді.
— Сен Һаронның атшысына бар да «Сұлтан саған менің папамды Мынанайға шейін ат шанамен тез апарып тастасын» деп айтты де. Өзің Һаронның адъютанты болып киін де, салт атпен шананың алдына түс. Жолдағы казактарға: Оберполицмейстер сұлтанға жол бер!— деп ілгері аса бер. Бакеңе де бір формалы киім табарсың, тап осылай етеді деп орысы да, қазағы да ойламайды, мұны ешкім байқамайды да. Тек тез қимылда, батыл қимылда. Әйтпесе Бәкеңді қамайтыны анық.
Шамиль бұл айлаға түсіне қалды, көздері жайнай түсті.
— Тек папам көнсе?— деді ол Әбдірахманға кірпігін қақпастан қарап.
— Мен қағаз жазып беремін. Көнеді.
Әбдірахман жалма-жан қағаз жазды, ойланбастан тез жазды және көп жазды. Жазған қағазын басынан аяғына дейін шапшаң шолып өтті де:
— Қақпақтыда жатып қалмасын, тез Ақтөбеге асып кетсін. Сен өзің бірге бол. Бәкеңе көмегің тиер. Сол жағынан Орынборға келсеңдер, телеграмды да, хатты да жеткізерсіңдер Мәскеуге. Ал, бала, бұл бір аққа тәуекел іс. Батыл қимылдамасаң босқа өлесің. Түсіндің ғой?
— Түсіндім, түсіндім.
— Түсінсең жолың болсын, жолдарың болсын. Бәкеңе сәлем айт. Көргенше сау бол, қарағым.
Әбдірахман Шамильдің бетінен сүйіп, қолын алып, үйден шығарып жіберді.
3
Пысық қимылына, әзір жауап, өткір тіліне қарап түрмешілер Әмірге өзгеше қатерін тігіп қалып еді. Оқушыларға жаппай дүре соққанда басы-қасында болған надзирательдер оған бес «шыбықтың» орнына жеті «шыбық» соғып жіберді.
— Тұла бойым қозғалтпайды, бірақ сонда да жатаалмадым, бостандық дегенің адамға тамақтан да артық нәрсе екен ғой, жүргенде көшенің тасына аяғым тимейтін сияқты. Құдай біледі, сенің бағың бар. Біздің арқамыздан удай ашытып таспа сыдырғанда сен судан шыққан ала қаздай құп-құрғақ шыға келдің. Маған тағы екі таяқты артық соқты-ау, оңбағандар. Сірә, фортуна сені айырылмастай құшақтаған шығар деймін,— деді Әмір түрмеден шыққаннан кейін бір сағат өтпей-ақ Хакімге келіп.
— Сені құртқан Пифагордың штаны ғой,— деді Хакім күліп.— Рас, әлгі жоса мұрт начальник менің кезегім келгенде көзі былшықтанып кетті. Ехлас доктор болмағанда менің де арқам білеудей болатын еді, тәңір жарылқағыр, қайдан келгенін білмеймін, әйтеуір соның арқасында аман қалдым.
— Ол болмағанда шымбайың бір шымырлайтын еді, босқа күю деген оп-оңай. Сенің қолға түсуің қызық, біз сияқты тым болмаса көптің қатарында да емес, лағып жалғыз жүріп, қыр көрсетушілерге де қосылмадың,— деді Әмір ілік таққандай.
— Мұны өзім де мықтап түсіндім,— деді Хакім өкінген пішінмен,— азан-қазан болып үлкен көш өзеннен өтіп жатқанда екі қолыңды қалтаңа салып қызығына қарап тұруға болмайды екен.
— Сонымен жаңаны жақтайтын көпке қарай ойысам дейсің ғой?
— Бұл әлдеқашан ойланған нәрсе,— деді Хакім салмақпен, маңдайына түскен бұйралау шашын кері қайырып тастап...— Ана, қыз барболғыр жетектеп... Шеттеп жүрмін...
— Оның өзін бері сүйремейсің бе, жолдастарыңнан бөлініп оңаша кеткенше.
— Бұл ойланатын нәрсе, бірақ қыз кетіп қалыпты Қызыл үнге.
— Ойлап, ойлап, ойланамын деп отырып тауық жұмыртқа салып қойғанын өзі де сезбей қалған.
— Сөзің бар болсын сенің шөп татыған,— деді Хакім күліп.
— Қазір Зевстің колесницасына Прометейді мінгізеді. Жүр, көріп қайтамыз,— деді Әмір оның құлағына төніп, дауысын бәсеңдете жымиып. Хакім оған түсінбей қалды. Үйде бөтен адам болмаса да Әмір оған сыбырлап Шамильдің жүрейін деп жатқанын айтты...
Бірақ бұл екеуі ноғай мешітінің жанындағы Нұртазаның үйіне жеткенше Шамиль әкесін Һарон сұлтанның шанасына отырғызып, Жамаққа делбесін ұстатып, өзі салт атпен адъютант есебінде жүріп те кеткен еді.
4
Бір жұмадан бері арқадан азынай соғып, оқтын-оқтын қар ұшқындатып тұрған ызғарлы жел кеше түнде басыла қалды да, таң алдында құбыладан жылы леп есті. Оңтүстіктің дымқыл қоңыр бұлттары төмендей жылжып терістікке көшті, Жайықтың үстіне тұмандана шөгіп қыраттарды қымтай бүркеді. Өңменнен өтетін өкпек жел ақшыл қарды көгілдірлендіріп ірітіп жіберді; күн көзін жерден көтерілген қою ылғал жапты; кешке қарай буалдыр қоюлана түсіп аспан боз айран болып кетті...
Көктем жаршысы сусылдақ үйрек бірінші рет бүгін қаланың үстімен жүйтки ұшып парласқан күйі Шағанға қарай асып кетті. Әбдірахман ауланың ішінде сыңар қолдап, тырнауышпен шөп-шөлеңді жиыстырып жатыр еді. Бір жоғары, бір төмен зулаған үйректерді ол көзден жоғалғанша ұзатып салды. Жыл құсы ішке белгісіз бір жылылық сезім құйып жібергендей әлдене шаттықтың хабаршысы секілді болды. Ол ұзақ уақыт бозғылт көкке көздерін тігіп тұрды да, ақырын ғана күрсініп қойып, уақыт оздыру ермегіне қайта кірісті. Ерсіз Ғарипаның кішкене үйінің шағын ауласы оған елдегі өздерінің ескі қора-жайын еске түсірді...
Жазға салым аула іші осы сияқты сары суға батқан шөп-шөлең; мал қоралардың іші төбеден тамшылай сорғалаған, іргеден кірген сумен баттасқан лас, жер кепкенше құрғамайды, қыстан шыққан мал аруақтай ербиіп көкке ауыз іліккенше төңіректе сынық шөп қалдырмай жайпайды, қу қамысты қажалайды, шалшық сіміріп, батпаққа толарсақтап үй айналасын кезеді. Бұрын үйде бір үлкен қызыл сиыр болушы еді, жазғытұрым жатқан жерінде ұмтыла түсіп, бірақ өздігінен орнынан тұра алмай қалатын. Жанбас сүйектері терісін тесіп кетерліктей арық, бұл көтерем мұқырды Әбдірахман сан рет құйырықтан көтеріп тұрғызған болатын. Ғарипаның сиыры да сол елдегі үлкен қызыл сиыр сияқты арық, оның үстіне әрі буаз. Бірақ бұл орнынан демеусіз тұрады. Қазір ол қораның жанындағы көңнің етегінде күйсеп жатыр; көзін жұмып қойып бабына келтіріп, жақтарын жалпақ қайзап жатыр. Оның арықтығы енді есіне де кірер емес, ендеп жайылатын Шаған бойына кешікпей шығамын дегендей, бейғам пішінде, сенімді сабырмен күткен жылы күннің жеткеніне әбден риза болғандай, артқы аяғын шіреніп қояды.
Әбдірахман сиырды орнынан тұрғызып мазаламай қораның басқа жағын тараштайды. Кейде еті көгеріп мықтап ісіп кеткен оң иығын ақырындап қозғап-қозғап қояды, сүйегінің амандығына әлі де күдіктенгендей оны оң қолымен барлап, үстінен басып қояды: «Бұл жарақат ештеме емес, мұнан да зоры кездесе жаздады. Кездесті де, бірақ ажал жоқ...»
Ауланың түкпір жақ тақтасы сықыр ете қалды. Күн мен желге қураған ескі дуалдың басына жармасқан кішкене қолдар жалт қараған Әбдірахманның көзіне шалынды, ойлағанша болмай өте шапшаң тырмысқан Сәмидің басы да көрінді. Жәрдемдесіп ішке түсіріп алу ниетімен қарсы ұмтылған Әбдірахман аяғын бірнеше аттап үлгіргенше бала дуалдан асыла салбырап, жерге түсіп те кетті.
— Ақырын, құлайсың, мен түсіріп алайын...— деді ол.
Бірақ бала оған аяғын ентіге басып, жақындап та қалды.
— Әбдірахман ағай, үйге кіріңіз... Көріп қояды...— деді ол аптығып.
Самидің көзінде үрейлі бір қорқыныштың ұшқыны бір сөніп, бір жанып тұрғандай көрінді, сонда да балаға сыр бермей, Әбдірахман сабырмен ақырын ғана:
— Менің мұнда екенімді ешкім білмейді, айналайын,— деді.
Қаншама сабырлы салмақты сөйлеп қысылмай тыңдаса да соңғы күндердің оқиғалары Әбдірахманды бұрынғыдан әлдеқайда сақ болуға, құлағын әрбір сөзге ашығырақ түруге, көздерін қадай қарауға үйреткен-ді.
— Мені біреу сұрады ма, әлде мен жөнінде бір сөз естідің бе? Кім көріп қояды?— деді ол іштей тақатсызданып.
— Қайдан шыққанын білмеймін, мешіттің бер жағында қарсы алдымнан тілмаш Құрбанов кездесіп: «Малай, тоқта мына қағазды Әбдірахман Әйтиевке бер»,— дейді. Мен бетіне қарай қалдым да алдап тұрғанын сезіп; «Әйтиев кім?» деп білмегенси қойдым. «Сендердікіне келіп жүретін большевик Әйтиев» деп қабағын түйді. «Білмеймін» деп басымды шайқадым да, кетіп қалдым. «Тоқта, тоқта, ақша беремін» деп еді, мен қарағаным жоқ. Үйге тура қайтпай басқа көшеге түсіп алып, жүгіре бердім. Ешкім көрмесін деп үйдің қақпасынан да кірмей ауланы айналып арт жақтан түстім,— деді бала шапшаң сөйлеп.
Әбдірахман Сәмидің аса аңғарулы екенін жаңа білді. Оның жап-жас бола тұрып, үлкен кісінің де қапелімде ойына келе қоймайтын тапқырлық ісіне ішінен қатты риза болды.
— Рахмет, айналайын, көп жаса. Мұрадыңа жет! — деді, аузына басқа лайқатты сөз түсе қоймай, жас кезінде өзінің қарттардан талай есіткен сөзін пайдаланып.— Құрбанов жалғыз ба, әлде қасында біреу бар ма?
— Қасында ұзын бойлы қара кісі бар, ешнәрсе деп үндеген жоқ.
Әбдірахман сәл ойланып тұрып қалды, бірақ ұзын қара кісінің кім екенін шамалай алмады. Құрбановты ол жақсы білетін, бұрын оны талай көріп, сөйлескен де адамы. «Құрбановтың менде қандай жұмысы бар? Әлде бұл да мына генералдарға «қол үшін» бермекші ме? Патшаға қарсы. Отаршылық жүйеге жаны қас. Революцияны құбыжықтай көреді. Осы Құрбановтың көздегені не сонда?! Керенскийді де бұл тонның ішкі бауындай көрген жоқ. Міне, жұғымсыз тип! Бәкең недеуші еді өзін... Нигилист... Ия, ия, барып тұрған ни-гилист. Қой, мұның бәрінен де аулақ» деп ойлады Әбдірахман.
— Ондай кісілерге мені көрдім деп айтпағаның жақсы болған. Пайдасы жоқ адамдар, мүмкін, зияны да тиер ондайлардың,— деді ол балаға.
5
Әкесінің жау қолынан жазым болғанын Әмір әлі естіген жоқ-ты, ол үйге кіріп келгенде Әбдірахманның көңілі бұзылып кетті, бірақ ол жас жігіттің алдында босаңдығын білдірмеуге тырысты, бір нәрсені күбірлегендей теріс айналып көзге еріксіз іркілген жасты байқатпай жеңімен сүйкеп жіберді. Оның бұл толқығанын Әмір байқаған жоқ, өйткені ол аң-таң болып барлық назарын Әбдірахманның түрінің жан танымастай өзгеріліп кеткеніне аударды. Кейде шалқасынан қайыратын, кейде баланың кекіліндей бой бермей салбырап маңдайға түсіп кететін қою қатқыл қара шашты басы тап-тақыр, ноғай тақияның астынан жалтыраған көкшіл құйқа ғана көрінеді, әдемі мұрттың орны да жым-жылас, жақтары да ашаң тартып, бұрынғы дөңгелек беті сопая түскен бе, қалай?! Жылтыр өңді қара қоңыр жүз боп-боз болған; оның үстіне сол қолын орамалмен иығына асып алыпты да, ұзын ноғай бешпетін қаусырына түсіп, оң қолын да омырауына тыға береді.
Ауыр мінезді, салауалы, ойлап сөйлейтін Әбдірахманды Әмір аса сыйлайтын, ішінен бір түрлі сескенгендей, оның алдында көп сөйлемейтін, айтқан ақылын ғана тыңдап, қарсы жауап қатпайтын; кейде әкесімен қалжыңдасса да, Әбдірахманның алдында артық сөз, шашау қимыл, жеңіл мінез көрсетпейтін. Қазір сол айбынды Әбдірахман мүлде басқа, әлде бір цирк артисі сияқты, сиқына адам күлгендей. Әмір күліп жібере жаздап, өзін-өзі зорға ұстап қалды. Оның аузына: «Қанақаның» аузында тұратын Қасен қари сияқты болыпсыз, Әбдірахман аға»,— деген сөздер келіп қалып, тамағын кенеп жіберді.
— Бері кел, бері кел,— деген оған Әбдірахман күмілжіңкіреп.
Әмір жақындай түсті.
— Бір қағаз бар еді... саған соны...
Әбдірахман күйбелектеп, бұрыштағы беті күңгірттеу тартқан шар айнаның артынан ескі мұсылманша жазған кітапты алып арасын ақтарды. Төртке бүктелген қағазды алып сыңар қолдап, оны жазды да бастапқы жолын оқығандай үңіле түсті.
— Әбдірахман аға, папамнан хат келді ме?— деді Әмір, назары қағазға ауып.
Әмір әкесінен хат келген екен деп ойлады, есі-дерті енді сол хатта болды. «Үйдің амандығын жазған шығар... Мамамның сәлемі...»
— Жоқ, Әміржан, папаңнан емес... папаң туралы...
Ол қағазды Әмірге ұсынды да, терезе алдына барып оң қолымен маңдайын сүйеп, бір жері қатты ауырып кеткендей қабағын шытты.
Әмір қағазды тез-тез оқи бастады.
«Құрметті Дмитриев жолдас! Мен сіздің халық ісіне жұмсайтын қымбат уақытыңыздың бірнеше минутын осыны оқуға бөлмекпін, бұл үшін айыпқа бұйырмаңыз, өйткені бұл запискада айтылатын әңгіме де сол жұртшылық ісінің бір бөлшегі. Мұны жазып отырған Требуха поселкасындағы селолық мектептің учителі. Сіз білуге тиіссіз— осы селода туып өскен Игнатий Быков, биыл поселка Совдепінің председателі болып сайланған. Оны халық сайлады. Екінші сөзбен айтқанда еңбекші шаруалар еркімен съезд ашып, басқару жұмысына өз ішінен уәкілдер белгіледі. Жұрт сайлаған уәкілдің бірі Быков Совдептің председателі болып көптің тілегіне сай істер істеді. Ежелден поселкені билеп келген көп жерлі, малды, егісті, диірмен иелері, бірнеше ат заводтары бар Песков, Калашников дегендерге салғырт салды, жерлерін кесіп алып жерсіз жалғыз атты шаруаларға берді. Соғыста балалары, ерлері өлген жесірлерге және жұмысқа жарамайтын ғаріптерге астық алып берді. Міне осы сияқты жұртшылық мүддесін көздеген қайраткер азаматқа жоғарыда аттары аталған әлділер қатерін тігіп дұшпандық жасауға кірісті».
Әмірдің ойына камерадағы басын таңған, халі ауыр тұтқын Быков түсе қалды. «О, сорлы, сол Быков жөнінде ғой мына хат. Ал мұны маған неге оқытады Әбдірахман ағай!..»— деп ойлады ол.
«...Өткен бейсенбі күні, яғни марттың 27-де, сол Калашниковтың офицер баласы қасына қарулы бұзықтарды жиып алып, Орал қаласынан қайтқан Быковқа және оның қасындағы комиссарға шабуыл жасады...»
Әмірдің тұла бойы мұздап кетті. Оның көз алдына мұнан алғы күн бұрын исполкомның тапсырмасымен кеткен әкесі келді... Қақпа алдындағы жирен ат жеккен орта бойлы орыс жігіті сол Быков екен ғой... Әкесінің терезе алдында ойланып отырған суреті елестеді. «Басым ауырып отыр. Әмір, сенің бір парашоктерің болушы еді...» дегені құлағына естілгендей болды. Ол жалма-жан қағаздан басын көтеріп алып, Әбдірахманға қарап еді, оның теріс айналып терезеге қарай бұрған көздерінде ылғал барын көріп қалды. Жаманшылық жайды ол ішкі тілсіз ұғымның жаза баспайтын дәл белгілерінен-ақ ұқты. Хаттағы жазылған одан арғы мейрімсіз сөздерге ол енді қайтып көзін салғысы келмей:
— Әбдірахман аға, не болды, папам бір жаманшылыққа кездесті ме?— деді.
Оның өмірі дірілдеп көрмеген дауысы бүкіл денесімен қосыла дірілдеп кетті де, үні сыбырлағандай жуас шықты.
Әбдірахман оның аш өңді, бозғыл тартқан сопақша бетіне жаңа ғана тұра қарады. Түсі шүберектей құп-қу болып кетіпті, үлкен көздері ұясынан шыға, үрейлене қарап тұр. Ілкі минуттағы қобалжыған қалпы бірте-бірте орнына келе бастаған Әбдірахман мысалға көшіп әңгімені алыстан бастады.
— Ащы менен тұщыны татқан білер, жақын менен алысты жортқан білер,— дейді қазақ. Көпті көрген, ұзақ жасап өмірдің соқпақты жолдарымен аршындап адымдаған, өзі дана, тілге шешен, ойға жүйрік Жиренше би деген би болыпты. Жиренше бір жолы алыс сапардан қайтып келсе, үйінде елдің не жақсы адамдары жиылып отыр екен. Олар биді қарсы алып, осы сапарда жүргенде оның басына түскен үлкен ауыр халді естіртуге кіріскен...
— Арғы жағы түсінікті, Әбдірахман аға. Асқар тауым құлағаны...— деп Әмір жүресінен отыра кетті. Ол кенет өксіп-өксіп жылап жіберді, көмейге түйіліп келген үлкен толқын тез лықсып сыртқа тепті, екі иіні бір көтеріліп, бір басылып денесі солқ-солқ етті. Іркілген ащы жас шықсын, толқуы саябырласын деп, оны Әбдірахман бірден жұбатпады, еркін еңіреуге әбден ырық берді. Әлденеше минуттан кейін ол Әмірге:
— «...Ия, жігіттің әкесі өлсе не болар» дегенде Жиренше шешен: «Жігіттің әкесі өлсе асқар тауының құлағаны!»— депті... бірақ, Әміржан, әке түрлі-түрлі. Өзі өлсе де, аты мәңгі өшпейтін әке бар. Өмірі мен ісі өз баласы түгіл өзгеге үлгі болатын әке бар. Жер бітіп, су аққалы адам баласының қарай-қарай көз талған әділдік заманына қол созған кемеңгердің бірі — Меңдікерей еді, ол сол жарық дүниенің біліне бастаған таңында жазым болып кетті... Ол менің жолдасым, әрі ақылгөй ағам еді, сенің әкең еді, мына мерейі уақытша үстем болып тұрған жаудың әлегінен ол күннің шыққанын көре алмай кетті, көп үшін көксеген күнді көре алмай кетті... Бірақ мына сендер мен біз Меңдікерей көтерген революция туын жоғары ұстауымыз керек, оның атын ана қызыл жалауға өшпейтін етіп жазуымыз керек, Тұр, жасыма!— деді.
Әмір есеңгіреп қалған адамша аяғын теңселе басып есікке қарай жүре түсіп еді, Әбдірахман оны ұстай алып, құшақтап бетінен қатты-қатты сүйіп алды.
— Мен қазір жүрейін деп тұрмын, елге, сахараға шығайын деп тұрмын. Сендер мұндағы жігіттермен байланысып тұрасыңдар...
— Біз де елге қайтамыз, Әбдірахман аға. Бізді гимназиядан шығарып тастады. Мен анау күні жүрерде «мамама сәлем айт!» дегенде, «қай бұрын көргеніміз айтармыз» деп еді папам... Оның соңғы сәлемін маған жеткізуге тура келді. Қош болыңыз, Әбдірахман аға,— деді Әмір даусы дірілдеп.
— Біз әлі көрісеміз,— деді Әбдірахман қолын алып.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Жүкті ақон шананы мықшыңдай тартқан аттың тағалы тұяқтары тік тигенде қаудырап мүжіліп қалған қысқы жолдың қарлы мұзы күңгірттеу қаршылдап күтір-күтір омырылып түседі. Қара шоқалақтары қалқиып жоғары қалып, жентектеліп төмен түскен оның шұқырлы беті сыңар аяқ ойылып, атты мардымсыз шойнақ жүріске түсіріп келеді.
Жол жаны шарбыдай жұқарып, төмпелер мен дөңестер тегіс ашылып қалған. Қар тек қана сайлардың теріскей беттерінде молырақ, о да күн санап, сағат санап шағындала береді; араға енді бір күн салса тегістікте оймақтай да қар қалар емес. Еріген қардың астынан жылып аққан сулар жылғаларды тегіс толтырып тастаған, олардың шеттері қабыршақтана қатып алыстағы сайларға жетуге асыға ағып жатыр.
— Күн көтерілгенше Барбастауға жетіп қалсақ жарар еді. Апыр-ай, Аңқатының сеңі жүріп кетер ме екен!.. Әбеке-ау, ана жәшікті демесеңізші, түседі ғой,— деді алдыңғы шананың жанында жаяулап, делбесін қағып келе жатқан Бәйес артына кілт бұрылып.
Әбдірахман қисайған жүкті аяғымен жер тірей оң иығымен сүйемелдеп орнына қайта түсірді де, босап кеткен арқанды сыңар қолдап қытып байлады. Жүкшінің қолын аңдып келе жатқан көк ат тоқтай қалды; аттың қатты соққан ашаң бүйірлерінен көздерін аудармай тұрып, Әбдірахман оң жақ қалтасынан темекі дорбасын алды, сары қағазға сол қолының мүгедек демеуімен махорка орап, шылым тартты.
Шылым орап оны иесі тартып бітіргенше зәрден жеңіліп тыныс алып қалған ат аяқтарын шымыр басып шананы орнынан жеңіл қозғап кетті. Зақымды иығын сөлекет көтеріп аяқ батпайтын қатаңдау жерлермен Әбдірахман атын шу-шулап келеді. Құйңасы сыдырылған, піскен сирақтай ырсиып, асты ашылып қалған жолдың сиқын көріп және желдің жылы лебіне қарап ол түске жетпей-ақ шанамен шақырым жерге де жылжып болмайтынын білді...
Таң білінгеннен бері жүрген жолға он екі-ақ шақырым жер, бұл жүріспен қаладан қашықтап кету оңай іс емес; арттағы жалаң қылышты жаудың қарап жатарын кім біліпті?
Қарға адыммен қарыстап аттап келе жатқанда арт жақтан қуғыншы төнсе? Батылдық пен қарыса ұмтылған қайсар беттілік құтқара берсе жақсы! Жау ақымақ емес, айлакер! Оның үстіне өзгеше мейрімсіз, алысқан жауын жерге тықпай тыныш табар сиқы жоқ...
— Бәйеке,— деді Әбдірахман, бүйірінің соққаны өте жиілей бастаған атының жанында шанасын сүйресе демеп келе жатқан Бәйеске.— Менің байқауымша Аңқаты түгіл бізді мына жол Ханкөліне де шендестірмес. Жасылмойын жүйткіді дегенше сай-сайдың ағысы сарқырады дей бер. Әне, көрдің бе, үйректердің жұп-жұбымен арқаға қарай асып жатқанын, бұл — алда қар жоқ деген сөз.
Әбдірахман алақанымен көзін көлкештей аспан көбесін ай қараған адамша қарады. Бәйес ойланып қалды. Оның ойында лаждап елге жетіп алу мақсаты басым еді.
— Солай дейсіз бе, Әбеке? Елге жетіп алған жақсы болар еді, апыр-ай, мына жүкті тастап кететін жер де жоқ!
— Мына жерде біздің бір бақташы шал бар, жолдан екі шақырымдай жер бір бүйір. Жүкті сонда қалдырыңыз да, әйтеуір ана төрт қапшық қағазды жарты қапшықтан болса да маған жеткізіп беріп тұрыңыз. Менің соңыма түсуші көп болады, сіз елеусіз адамсыз, жүн-жұрқа сатып алуға келген саудагер деп ойлайды сізді. Әлдеқалай көзге түсіп қалатын күн болса «зат орау үшін сатып алған макулатура еді, «Орал жаршысы» газетінің редакциясынан алдым» дей саларсыз,— деді Әбдірахман.
— Ал, сонда сіз өзіңіз қазір қай жаққа кетпексіз?
— Мен елге соғып, үй-ішін көріп, сонсын істейтін жұмыс көп, соған кірісемін...
Бәйес басын шайқады.
— Бір секірдім құтылдым, екі секірдім құтылдым, үшіншісінде тұтылдым... деген. Мұныңыз болмайды, ақсақал, бұл ақылыңызға да жартылай көнейін, бірақ ауылға барамын деген ойыңыз балалық іс. Түйені тығып қойсаң таба алмайтын қалада қала алмағаннан кейін ауылдың ішінде адырайып отыра алмайсыз. Мен сіздің ауылыңызды айтамын. Жүкті бақташыға тастаймыз, оныңыз дұрыс ақыл, ал екеуміз екі атқа мініп, біздің елге кетеміз. Қолыңыз жазылады, тынығасыз, сонан кейін істейтін ісіңізге кірісе бересіз. Біздің елден сізді ешкім іздемейді. Шалдан ер тоқым табыла ма өзі бізге?— деді Бәйес, әңгіме тек ерде қалғандай.
Бәйестің ақылы Әбдірахманға ұнап кетті. Әсіресе оның: қолыңыз тәуір болғаннан кейін «учителім, есепшім» деп елді өзім аралатайын, керек болса тап осы «дүкенші» болып келе жатқан формаңызбен қаланың ішіне де алып кірейін дегені үлкен ақыл көрінді.
Сөйтіп бұл екеуі сиыр сәске кезінде атқа салт мініп, ат құйрығын шарт түйіп, бөктерген қос қоржынымен Ханкөлі арқылы Бәйестің ауылына тіке асты.
— Біздің ауылға ең төте жол осы Ханкөлі, жолы жақсы болғанмен Сүттігенді бұрыс, көп бұрыс,— деді Бәйес.
2
Бұл күні Һарон Құрбановты жылы жүзбен қарсы алды. Ол: бір беткей, сыры ішінде, жүзі өмірі жұмсақтық шырай бермейтін жұмбақ, қулықты, басқадан өзгеше, тіпті оғаш мінезді бұл адамды енді қайтып оралмас деп те ойлап еді, өйткені тілмашты жасыта қоямын деген әдіс өз ойынша да тыпыр еткізбейтін дәлелді емес, абай-қоқайға жақын. Әрине үстіңнен «кіршік келтіретін мағлұмат бар» деп меңзегенге басқа кісі болса көк теректің жапырағындай қалтырар еді, Құрбанов ондай солқылдақ жан емес. Табанды және дегеніне айнымай жететін көкбезер. Қандай-қандай жаңалық әкелді екен?..
— Отырыңыз,— деді ол, қарсы жүріп келіп Құрбановтың қолын алып.
— Рақымет, сұлтан. Отырып әңгімелескендей үлкен жұмысым жоқ, және ұзақ отырып сізбен жайлы кеңес құратын қазір уақыт та тар. Сіз кеше бір адамның атын атадыңыз, сол жөнінде бір ауыз сөз. Бірақ бұл менің сізге міндетті болып жеткізген жасырын мағлұматым емес, ондайдан менің аулақ жүретінімді өзіңіз де жақсы сезесіз...
— Жоқ, жоқ, Құрбанов мырза, мен сізді жасырын мағлұмат жеткізетін адам деп ойламаймын, ондай ұсақ жұмыстың шеңберіне сіз симайсыз да. Мына тар заманда үлкен азаматтық борышты ғана ескерттім мен,— деп Һарон тілмаштың ыңғайына көше демдей сөйледі. Құрбанов сәл бөгелді де, тамағын кенеп қойып күңгірттеу үнді жуан дауыспен сөзін жалғастырып кетті:
— Жақ-жақ партия болып тартысқан қызу жандардың күресінен мен бір аулақ қалған адаммын. Мұным либералдық па, болмаса бойымдағы жасық мінезден туған кемшілік пе — өзім бағалай алмаймын. Бірақ сол адамдардың қандай жандар екеніне, қалың халықтың ішінде қандай тірегі бар екеніне шалақұмар жанмын. Сіз Әбдірахмен Әйтиев дедіңіз, оны мен бұрын да естетінмін, тіпті бірер жерде кездесіп, сөйлескен де адамым болатын. Сізден шыққаннан кейін «осы қандай адам екен?» деген ой басымнан кетпей қойды. Тіпті кездейсоқ, әлдеқалай болмашы бір жәйт мені оның және жолдастарының ақ қардың үстінде қалған айқын іздей, тастап кеткен бір документінің үстінен түсірді. Бұл бір ғажап оқиға. Батыл істі, реальный амалды жүзеге шығаруға тайынбай кіріскен геройлардың қимылы. Өзім үлкен идеяға ұмтылған ессіз ердің кеудеге симай тулаған мықты жүрегін жаратамын. Міне соны, сол документті ғана көрсетейін деп келдім. Мына қағаздың (ол омырау қалтасынан әлденешеге бүктелген қағаз суырып алды) айтуына қарағанда мұны жазғандар қазір жә Қараобада, Шыңғырлауда, Требухада, Күйікқалада, Дарьинкеде, Барбастауда, дұрысырағын айтсам бар жерде де болуы керек.
Һаронның епті келген кішкене саусақтары қағазды көзге ілікпестей шапшаң жазды да, жіті көздері жазуға қадалды. Бұл бір қысқаша ғана хат еді. Оқи бастағаннан-ақ Һаронның кішірек қара торы маңдайы маса шағып алғандай тыржың ете қалды. Көзін алмай ішінен табалай қарап отырған Құрбановтың көзіне сұлтанның қағазды ұстаған қолы селт еткен сияқты болды. Қағазда былай делінген еді:
«Түрмедегі кіріптар жолдастарға!
Құтырған ақ генералдар мен атамандар ақтық рет тірсектен алып жатыр. Царизмнің бұралқы сақшысы обер полицейский Һарон Қаратаев ит қорадан шығарып бар сыщиктерін қалаға жауып жіберді. Қаланы әзірге бір топ салпаң құлақ төбеттерге тастап кетіп жатырмыз. Орынборға, Самарға, Сарытауға хабар жеткізіп күш сұрауға адамдар аттанды. Біз жеңімпаз Қызыл гвардия келіп жеткенше анау қалың деревнялар мен селолардың шаруаларын, жұмыскерлерін, басқа да саналы азаматтарын, кең сахарасында теңдіксіз тұншыққан қазақ елінің еркіндік іздеген ер жігіттерін, жарлы-жақыбайларын қолына құрал беріп атқа мінгізбекбіз. Біз көппіз. Жау аз. Қажымаңдар! Күтіңдер! Келеміз!
Куйте из цепей мечи!..
Әйтиев, Колостов, Паромонов, тағы басқалар.
2 апрель, 1918 жыл»
— Бұл қайдан шыққан қағаз?— деді Һарон қолы дірілдеп, орнынан шеткерірек ысырылып.
— Мен жаңа айттым ғой, әлдеқалай үстінен шықтым деп. Маған бір татар шалдары әкеліп берді. Бір орыс кемпірінің қолынан да көрдім. Олардың айтуынша кешеден бері осы қағаз бүтін Сенная көшесін аралап шықса керек және базар айналасындағы дүкендердің бәріне де жапсырылған ба, қалай? Сіз, қалай деп табасыз, мықты жазылған, ә? Әрине, аздап тіл тигізген жері де бар...
— Ұят емес пе, сізге осындай сауал беру,— деді Һарон түсі қуқылданып.
Аң-таң қалғандай Құрбанов иығын көтерді.
— Меніңше, логикалы. Сіздің мұны елемегеніңізге қайранмын. Сіз Әйтиев бүлікші дейсіз, мұныңыз шындыққа жанасыңқырамас,— деді Құрбанов ешбір кекесінсіз.
— Сіздің өзіңіз, соларға тілектессіз, сондықтан логикалы көрінеді, мұндай сұмырай жазулар!
— Сіз ғафу етіңіз, Һарон сұлтан, ойлансаңыз бұл жазуда көп шындық бар. Орынбор, Самар, Сарытау көмегі... Қызыл гвардия деген сөздер ақиқат бар нәрселерді байқатады.
— Былшыл үгіт. Сіз мені насихаттау ниетінде шығарсыз, сірә, сөз саптауыңызға қарағанда. Әлде Әйтиевтің жағына шықтыңыз ба?
Һарон осы пікірім дұрыс дегендей Құрбановтың көзіне қадала қарады. Бірақ тілмаш салқын езу тартып:
— Әйтиевке мені қосақтауға тым алшақ жатыр ғой арамыз. Менің қайран қалатын нәрсем, Әйтиев халқына сүйенеді, көпке сүйенеді. Ал, мына сіздің қираған монархияның бөлшегін қармауыңыз түсініксіз-ақ. Түбі сіз мына колонияшыл Войско үкіметіне де керексіз боп қаласыз, қазақтар да сізді маңына жуытпайды-ау деп ойлаймын,— деді ол, аяныштан гөрі табалағандай бір үнмен.
— Туркоман, фанатик. Монархияға бұл сияқты қатеріңізді тіге берсеңіз мен сізді тұтқынға алдыртамын,— деді Һарон дауысын өзгертіп.
Құрбанов дауыстап күліп жіберді.
— Ғафу етіңіз, сұлтан, артық сөз кетсе. Мен сіздің бетіңізді жыртайын деген ниетте емеспін, ондай пиғылдан құдай сақтасын. Өз түсінгенімді ғана айттым. Сонсоң сіз мені тағы да қорқыттыңыз, бұл жарамас. Мен де, сіз де бір үкіметке қызмет істеп келдік. Мені сол үкіметтің заңы бойынша ешкім ұстай алмайды — оны сіз білуіңіз керек— прокуратурадағы ешкім маңдайымнан қақпайтын уәкілдік куәлікті оқымасаңыз, оқып көруіңізге болады. Ал, Әйтиевтің құрамын деп күш салып жүрген үкіметі ұстаймын десе, онда әңгіме басқаша, оған қарсы тұратын менде күш жоқ. Сонан кейін, сұлтан, сіздің ат-шанаңызбен, кучеріңізбен, тіпті адъютантыңыздың қорғауымен большевик Бақытжан Қаратаев кеше қаладан шығып елге кетіпті, әлде сіздің большевиктердің біреуін ұстап, біреуіне пана болатын правоңыз да бар ма?— деді Құрбанов ащы кескінмен.
Һарон шошып кетті:
— Не дейсіз?— деді ол түсінбей қалған адамша таңданған пішінмен.
— Сіздің ат-шанаңызға мініп, адъютантыңызды алып облыстың Совдептің мүшесі юрист сұлтан Бақытжан Қаратаев кеше қаладан шығып, ішкі бетке қарай кеткен. Соған қарап мен сіздің большевиктерге меңзеген көреген көзіңіз бірде жұмылып, бірде ашылып тұра ма деп ойлап қалдым. Мүмкін Бақытжан Қаратаевты сіз тоқтатуға праволы емес шығарсыз?
— Жала. Өсек. Жалған сөз. Маған мұны әдейі айтып отырсыз, қасақана кек алу үшін айтып отырсыз. Мен ол большевик Қаратаевты қолыма түссе алдымен ату жазасына бұйырар ем,— деді әбден-ақ бойын билей алмай іштей қалшылдап кеткен Һарон.
Құрбанов тағы да күлді.
— Сіз ғажап адамсыз! Менің кек алғандай сізбен өшті-қасты болып көрген жерім жоқ. Және мен сізбен салыстырғанда кішкене адаммын, қолымда өкіметім, болмаса жазалау орындарым жоқ адаммын. Сіздің құдіретіңізге қарсы келер шамам жоқ. Екінші, сіз Бақытжан Қаратаевты өзім атар едім дейсіз, мұныңыз да аңғырт сөз: Бақытжан Қаратаев жиырма бес-отыз жыл юрист болып істеген адам, думаның депутаты, жасы кәрі, оны ату былай тұрсын тергеуге алуға да правоңыз жоқ,— деді.
— Жиырманшы июнь заңымен ату емес, асу жазасы беріледі өкімет құрылысына қарсы қол көтерген жандарға.
— Тағы да заңсыз. Жиырманшы июнь заңы Керенскийдің заңы. Қазір оның өкіметі түгіл өзі де жоқ. Және сіз монархияның оң көзісіз, монархияны құлатқан Керенскийдің заңын қуаттайсыз ба? Өте қызық әңгіме! Жақсы! Мұның бәрі жай әңгіме, дұрысына келсек, менің айтайын дегенім, жоғарғы хат жөнінде ғана еді. Көргенше қош тұрыңыз. Қалай болғанда да бір бірімізге алты аласы, бес бересіміз жоқ адам болып шықтық. Сіздің Бақытжанды қашырғаныңызды мен Войско үкіметінің бастығына мағлұм етпейтінімді өзіңіз де жақсы білесіз,— деп ол басын да иместен адымдай басып кабинеттен шығып кетті.
Һарон төре ұзақ ойланды. Бірақ ол мына «безерген тілмашқа», қанша зәрін төгіп, оны атып жібергендей жек көрсе де найзасының ұшын басқа жаққа бұрды.
Бір-екі сағат өтпей-ақ полиция мен атты қазақтардан құрылған үлкен отряд қуғынға шықты. Бақытжан Қаратаевтың соңынан Қақпақтыға бет алып Ешмұхамбетов бастап он бір адам жөнелді де, комиссар Әбдірахман Әйтиевті қолға түсіруге қырық кісіден құралған бір топ әскер екіге жарылып, бірі Әбдірахманның Қараоба болысына қарай, бірі төменгі Барбастау мен Сүттігендіге бет алды. Отряд бастығы Айтқали Абылаев Әбдірахманды Үйректікөлден табам деп ойлады; Ханкөлі арқылы көпірлі Аңқатыға кетеді деп ол ойлаған да жоқ.
ЕКIНШI БӨЛIМ
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Бәйесті жұрт «саудагер Бәйес», «епті Бәйес» дейтін. Бірақ ол епті болғанмен саудагер емес-ті. Акчуриндердің етек алып кеткен, елдегі көп дүкендерінің бірінде сатушы болатын. Бай татардың бас дүкеншісін араға салып, Бәйес қыбырлаған жанды қия бастырмай тұрған «Атты қазактар үкіметінен» қырға товар алып шығуға рұқсат қағаз алды да, ежелгі досы Әбдірахман Әйтиевке «сатушы» деген мандат тапты.
Сөйтіп оны Аңқаты өзенінің Шалқар көліне құйған сағасындағы Тәржімен мешіті деп аталатын ауылға — өз үйіне алып келді.
Жаңалық хабарларға құлағын тосып, елге келген адамды есепке алып отыратын жұртқа Бәйес Әбдірахманды «таныс учитель еді, жерді, жағдайды ұнатса күз осында бала оқытуға шақырамын, әзірге қонақ болуға келді» деп жариялады. «Жер тайғақ, жол жаман, келе жатқанда иығын жарақаттап алды» деп Әбдірахманның топшысына қазы тартып емдеді; жас сорпа ішкізумен болды; ішуге қысыр қымызы да табылды; бірнеше күндей мәпелеп үйден шығармай бақты.
Ұзамай өзеннің мұзы бұзылып, сеңі жүрді; ойпаң жерлерді тегісімен тасқын су басты; иірім-иірім алқаптарды, қамысты қойнауларды ернектете толтырып көл-көсір жайылған ызғарлы бозғыл су сел қылып жіберді. Көп уақыт сайлар тұтасып, жылғалар ендеп, өткел бермей қалды; су жедел шығып, арнасына сараң ығысты...
Ілкі кезде өлшеусіз ұзақ көрінген біріне-бірі ұқсас күндері бірте-бірте жіті жылжуға айналды; Әбдірахман уақытты кітап оқумен, қаумалаған жұртпен ертелі-кеш әңгімелесумен өткізді; ол жиі-жиі су жағасына барып, ұзақ уақыт серуендеп те қайтатын болды.
Халық Бәйестің дүкеншісінен шықпайды, алатын заттың түрі шағын болса да, біреу шырпы, біреу сабын сұрап келеді. Бірақ көбінің іздейтіні жаңалық; қолын таңған «учительдің» әңгімесін тыңдауға, газет оқытуға жиналып қалады. Әсіресе, балық кәсібімен күнелтетін жағадағы малы аз, егісі жоқ шаруалар мұз аңғарға құлап, су арнаға түскенше бос уақытын Әбдірахманның төңірегінде өткізетін болды. Дүниеде не болып жатқанын, Ресейдегі жаңа үкіметтің, Орал қаласындағы оқиғалардың жайын учитель оларға жалықпастан ұғындырады; жұрттың көксегенін көз алдына алып келгендей жаңалықты үсті-үстіне жариялайды; бұрын ертегіде ғана есітетін әділеттік деген нәрсені қолға ұстатқандай етіп түсіндіреді.
Қаладан шығарда Әбдірахман Лениннің «Не істеу қерек?», «Халық достары кім?» деген кітапшаларын, сыртын сыдырып алып, түбін сөгіп, «қажетсіз қағаз» есебінде Бәйестің орап сататын товарға деген бір буда ескі қағаздарына араластырып жіберген еді. Қазір ол сол екі кітапшаны қайтадан жинастырып, бет-бетімен орны-орнына қойып, түбін ине-жіппен мұқияттап тігіп отыр. Сөйлескенде «орысшаға судай» Бәйес кітап оқи алмайтын; Әбдірахманның түбін тігіп, бүктелген жерлерін жазып, алақанымен басып-басып қойған кітаптарына қызғанған пішінмен көз тастайды. Ішінен: «Оқыр ма еді, шіркінді! Дүниенің астын-үстіне шығарған Лениннің басын айтсайшы, милы бас деп», ақырындап таңдайын қағып қояды да, «мына бас та бір қазаққа осал бас емес!» деп ризалық шыраймен Әбдірахманның қап-қара шаш жауып келе жатқан дөңгелек басына, өткір қара көздеріне, жұқа танаулы қырлы сұлу мұрнына бірінші рет көргендей қарайды.
— Әбеке, сізге біздің балықшылар өте риза,— деді ол ойын сөзге айналдырып. — «Жақсы мен жаманды айырып қалдық учитель келгеннен бері. Сөйлесуге әңгімесі сай, әңгімесіне нақылы сай, біз сияқты кедейлерді елеп бірінші рет ақыл айтқан осы жампоз. Біздің де таяғымызды соғатын адам бар екен ғой»,— дейді. Мен оларға ақырындап қана: «Күні ертең сендерге жерді де, суды да өз қолдарыңа алып беретін осы кісілер. Оязың, болысың, байың, старшының құриды, бәріне өздерің қожа боласыңдар. Сендер большевикке жазылыңдар» дедім...
Әбдірахман терезе алдында қолындағы кішкене кітапшасының беттерін аударыстырып тұрған күйі Бәйестің сөзін жүзін бұрмастан тыңдап еді, соңғы сөздерге ол елең ете қалды, бетін жалма-жан бұрып алып, мұртын насаттана шиырып қойып, күлімсіреп тұрған Бәйеске қадала қарады.
— Ия, олар не деді?
— «Бұл кісі большевик пе еді?» деп сұрады. Сыр шашпайтын бәрі де өз адамдарымыз болғанмен мен сізді большевик деп ашық айта алмадым...
Әбдірахман сәл ойланып қалды да:
— Қате істегенсіз, шын ниетімен сұрағаннан кейін жасырмау керек еді; халықтың сенімінен артық не асыл нәрсе бар дүниеде? Не деді жазыламыз деді ме?
— Көмейін айтпай-ақ түсініп тұрмын. Ана ортадағы ауылдан келіп жүрген көк көз кішкене кісі бар ғой, оның аты Асан. Сол Асан мен мына біздің Қажымұқан қай жаққа бастасаңыз да еретін адамдар,— деді Бәйес.
Бұл әңгімеден кейін Әбдірахман мықтап ойланды. Ол жапырайған шым қыстауларды мекендеген, жыртық жеңді шидем шекпен киген жандардың тепсініп, теңдік сұрайтынына шәк келтірген жоқ.
2
Жол старшина өте тіміскек еді. Ол Бәйестің күндіз үйінде болмай, ертеден кешке дейін дүкен төңірегінде жүретінін біле тұра, оңашада үйге әдейі кіріп әйелінен шыжымдап сыр тарту ниетіне кірісті. Оралда болып жатқан өзгерістерді еміс-еміс есітсе де, старшина оған жете түсінбейтін. Өзгеріліп, өңделіп, жұмбақтанып жететін көп әңгіменің елге молырақ тарағаны Жымпиты үкіметі, бұл бейне бір толып кеткен бүге мен шігелердің ортасындағы алшысынан хан тұрған қызыл асықтай Жолдың көз алдына келе береді және оған үлкен сүйеніш сияқты көрінеді. Жолға ең керегі: «Хан Жәһанша бұрынғы билер мен старшиналарға, елдің игі жақсылары мен дәулетті адамдарына арқа сүйейді екен» дегені. Осыны естігеннен кейін Жол қыстан бері халық бас қосқан жиын жерден шеткерірек жүретін жасқаншақ мінезін тастай беріп, старшиналың ісіне еркінірек кіріскен еді.
Аса оқымысты болмағанмен көзі ашық, қала жайын бес саусағындай білетін, губернияда болып жатқан оқиғаларға әбден қанық Бәйес оған сырын айтқан емес. Сырын айту былай тұрсын, Жолдан көрер көзге қашқақтап жүреді; туысқан бола тұрып, екеуі жат адамдар сияқты. Бұған себеп жалғыз ғана қысқы мекендерінің бөлектігі емес, екеуінің ой-пікірі, іс-әрекеттерінің алшақтығы. Жол елдің билік ісіне, басқару ісіне ала таңнан тұрғаннан көзі ұйқыға кеткенше кірісетін жан. Ерлі-зайыпты адамның ұрысқаны да Жолдың құлағына шалынбай қалмайды, екі кісі жанжалдасса оның арасында да Жол жүру керек. Алым-салық жинау Жолға ең мәртебелі іс, көз қырына алған адамын іскенжедей сығу оған үлкен ләззәт алатын жәйт-ті. Сондықтан Жол келе жатқанда жұрт: «осыдан-ақ құдай құтқармады-ау» деп ығысып жүре беретін. Ал Бәйес көптің адамы. Оны қаладан жұрт жыл құсындай күтіп алады; оның әкелген затын, әншейін бергендей талап әкетеді; айтқанын құлақтан құлаққа жеткізгенше асығады. Әсіресе, соңғы жұманың ішінде кедей жағы күбір-күбір әңгімелесіп Бәйестің дүкенінен шықпай қойды. Жұрттың шырайынан да, кейбіреулердің теріс айналып кететін құлқынан да жағымсыз жағдайлар байқалады. «Осылар әлде бір хабар естіп менен құпиялап жүр ме? Сақал-мұртын қырып тастаған әне бір учитель дегеннің көзқарасы адамға найзадай қадалатын бірдеме екен? Осының өзі әлгі жасырын жүріп, елді азғыратын әзәзілдердің бірі емес пе?..»— деп ойлады Жол Бәйес үйінің жанында аттан түсіп жатып. Оның ұзын жеңді шидемінің етектері есікке қарай адымдай басып жүргенде делбегейлене түсті де, сопақ иінді денесі есікке тез еніп кетті.
— Келін, аман ба, аман-есен тұрасыңдар ма?— деп Жол Бәйестің әйелі Биғайшамен асыға амандасып, жер еденді үйдің кілемді төріне қарай озды.
Ол әдетінше үй ішін тінте қарап өтті де, ұзын қиықты көздерін иба қылып, жағын сипаған есік алдындағы аш өңді әйелге бұрды. Әйел әлденеге қымсынғандай пеш жақтағы төселген көрпенің жиегіне қадала қарап қалыпты, Жол да жүзін тездете солай қарай бұрды.
— Құдайға шүкір. Өздеріңіз де аман тұрасыздар ма? Би жеңешем дені сау ма?— деп әйел жалма-жан сыпырғыш алып киіз үстін сыпырып шығуға кірісті.
Киіз үстін кісі келгенде бір сыпырып өту Биғайшаның ежелгі әдеті еді, бірақ бұл жолы оның осы ниетіне басқа нәрсе араласты: көрпе астынан көрініп жатқан қағазды старшинадан бұрын тезірек жинап әкету керек болды. Ол аяғын шапшаң басып келіп еңкейіп, көрпенің шетін түзеткен болды да, тасқа басқан үлкен сары қағазды жұмарлай бүктеп көнетоз намбок пешпетінің қалтасына тыға салды. Сөйтті де көңілі жаңа ғана көншігендей киіз үстін ақырындап сипай жүріп, сыпырғышпен баптап сыпыра бастады. Оның ойына алдымен: «Тіміскек қайнаға қағазға ұмтылады да, мен жеткенше алып оқиды, болмаса жанына салып алады» — деген өте қауіпті ой келіп, «күні бұрын жинап қоймай менің ұқыпсыздығымнан үйдегі қонаққа бір бәле келмегей»— деп қорыққан еді. Өйткені Биғайша бұл қағаздың ішінде не жазылғанын мықтап ұқпаса да, оның мына «старшина қайнағаларға» аңсызда аяғына басып алған ыстық қоламтадан да жаман тиетінін әбден түсінетін. Мұны ол Әбекен учитель мен ері Бәйестің әңгіме етіп отырғанын, біреуден жасырып, біреулерге әдейілеп оқып бергенін талай көріп, талай естіген-ді. Биғайша қаншама тыққыштаса да бұл қағаздың не екенін жырынды старшина да біліп қалды. Әйел көрпенің жиегіне жеткенше әріпті әріпке зорға қосатын хатқа шабан еріндерін күштеп жыбырлатып, ол бір-біреуі шортан қармақтың үлкендігіндей имек, ірі әріптермен тізіп жазған «үндеу» деген сөзді: «ү-ү-н-де-де-у» деп сүріне-жығыла оқып шығып, енді бұл сөздің дәмін татып қарағандай, тамсанып мағынасын іздеп отырған. Ол тез тапты... Ішінен «Үндеу! Сөз тарату! Үгіт тарату! Насихат тарату! Жаю! Жар салу!.. Үн қату Бәлшәбай! Үгіт! Үндеу!»— деген сөздерді шұбырта тізді.
— Келін, ана қағазды бері бере тұршы!..
Биғайша селк ете түсті, бірақ қысылғанын білдірмеуге тырысты.
— Қайдағы қағаз, қайнаға?— деп, жүзін бұрмай, сыпырғыштың жібін қысып қайта байлады.
— Ана қалтаңа салып алған үндеу... Үгіт қағазды... Әкел мен оқып берейін, не жазады екен...
— Қайнаға-ау, не дегеніңіз... Бұл бір керексіз шай орап әкелген қағаз. Жапаш қой көрінгенді шашып-тамызып жүрген. «Қағазды аяққа баспа, обал болады» десең де қарамайды. Осы сен бала да бір...— деп әйел қазан жақтан келе жатқан жұқа өңді қара баласына зекіген үнмен, бірақ жұмсақ көзбен қарады.
Бала анасының жүзінде зәр жоғын байқап, екі көзі cap қағазда, тышқан алатын мысықтай аяғын ептеп басып, білдірмей жақындай түсті.
— Керекті, керексіз екенін сұрағаным жоқ, келін. Маған қағазды беретұр деймін.
«Енді ұмтылмасам қағаздан айрылдым»— деген ой баланың бар жүйесін тұтас билеп алғандай болды, оның тесірейе қарайтын дөңгелек қара көздері шешесінің қалтасын тесіп жібере жаздады.
— Қайнаға-ау, ойбай-ау, о не дегеніңіз. Оқысаңыз...— деп әйел не қыларын білмей, бірақ «ең соңғы үміт сенде» дегендей баласына бір қарап қойып, қалтасына қолын салуға айналды.
Оның қарасы баласына: «Не бітіріп тұрсың, мә, ал да қаш!» деген сөзді ұқтырды. Дүниедегі қағаз біткенді қоймай жиып, асыл мүліктей тыққыштап жүретін Жапар қолын қалтаға шешесінің қолымен қатар салды да, газет бетінің төрттен біріндей сары қағазға басқан Оралдың облыстың Совдепі таратқан үндеуді суырып алып сыртқа қарай қаша жөнелді.
— О, сайтан жүгірмек! Ойбай-ау, мынау қайтеді?!— деп әйел опынған болды, бірақ ол баланы қумады да, шақырмады да.
Өзімен ақылдасып істемесе де, Биғайша ерінің ел қамын жейтінін, игі істер істеп жүретінін іштей мықтап түсінетін, сондықтан оны жаманшылықтан, көлденең сөзден қызғыштай қоритын. Бірнеше күннен бері үйінде жатқан учительдің үлкен адам екенін келген күннен-ақ біліп, оны ең жақын ағасынан артық құрметтейтін. «Старшын Әбекең мен Бәйекеңнің жұмысына кедергі келтіре ме» деп көрпе астындағы сары қағаздың шетін көргеннен-ақ оның зәресі қалмап еді. Бірақ «тентек» баласының бұл қауіптен ойда жоқ жерде құтқарғанына қуанып кетті. Оның орнына Жолдың өңі сұрғылт тартты. «Үстінен түстім. Бұлардың жасырын әрекетінің бір ұшынан ұстадым-ақ» деген старшина не істерге білмеді, «Мына жаман қатынның істеген ісін-ай. Қап!» — деді ішінен.
— Бәйес қайда? Осында ма, әлде тағы да Текеден бүлік қағаз жеткізуге кетті ме?— деді ол әйелге түйілген қатал үнмен.
— Осында, осында, қайнаға. Қазір келеді. Шайға келеді. Шай қайнап тұр, шешініп отырыңыз. Алда, жүгірмек Жапар-ай, қағазды алып қашып кеткенін... Қайнаға, малдарыңыз аман-есен төлдеп болған шығар?..
Жол тістеніп терезеге қарады.
— Бәйестің Текеден алып келген учителі қашып жүрген алаяқ көрінеді. Мұндайларды маңына жинап Бәйес немене, Сібір кеткісі келіп жүр ме?! Қатын-баланың, ел жұрттың керегі болмаса — Сібірге айдалуына болады.
Старшина енді қорқыта бастады. Әйел оған тіктеп бір қарап қойды. Жолдың әшейінде жылмаң қаққан жүзінде ашулы кіжінген сұс бар. Биғайша шайып-жуып келістіре сөйледі.
— Қайнаға, не дегеніңіз, ініңіздің есі-дерті ұсақ-түйек нәрсе жеткізу, елдің қажетін, мұқтажын қамдау. Құдай сақтасын, мал-малданып, жан-жанданып отырғанда, жаманшылықтың бетін аулақ қылсын. Жел жағымыздағы панамыздай сізден жасырын сыры бар дейсіз бе ініңіздің? Текеден келген учительге есеп-хисаптарын жаздырып жүрген шығар.
— Елге жауап беретін мен. Соның ішінде өзіміздің ауылға, Бәйеске кір келмесін деймін, өйткені осы кезде елде бұзықтар көбейіп кетті, теріс насихат таратып, шаруаларды құтыртып жүргендерді ұстап, болысқа тапсыр деген бұйрық алдым. Біреулердің пәлен етеміз, түген етеміз деп елірткеніне еріп ұсталып кетпесін деймін; сендерді аяғаннан айтамын. Өзім өз болып, старшын боп тұрғанда сөз келтірмеспін, әрине. Әйткенмен сақ болған жақсы. Бірақ, келін шырағым, мұныңды басқаның алдында істе, не пиғылыңның барын мен жақсы білемін, неменеге мәймөңкелеп әңгімені басқа жаққа бұра бересің?
Әйел жасыңқырап қалды. «Жаман әңгімеге ілігіп ұсталып кетпесін» деген сөзден қорқып кетті.
— Қайнаға, сізді бөтен деп ойласам, құдай куә, сіз не айтпақшысыз, мен аңғара алмадым, жаманшылықтан өзіңіз қорымағанда бізді кім қориды?!
— Ана учитель деп жүрген адамдарың бұзық көрінеді, мен бәрін де естіп келдім. Бәлшәбай көрінеді. Үкімет ондайларды ұстайды, паналатқан адамдарды да ұстайды. Не айтады, әңгімесін естігенің бар ма? Бай, болыстарды құртамыз дей ме?
— Өзіңіз де естіпсіз ғой...
— Мен естігенде... әрине, естідім, бірақ тап осы сағада не істеп жүргенін менен гөрі мына сендер жақсы білесіңдер, үйлеріңде жатыр. Елді не деп азғырып жүр? Кедейлер байлардың малын алады, жерін алады, өздеріне өздері қожа болады дей ме? Әлгі қағаздарды көп таратып жүр ме?
— Сізге мұны кім айтты?
— Маған айтты айтатын кісілер. Аты кім өзінің? Әбекеш пе, Әбдіғали ма?
— Әбеке дейді ғой еркектер.
— Әбеке дейтінін мен де білемін. Шын аты кім?
Әйел ойланып қалды, анық білмесе де учительдің жасырын адам екенін және халыққа жақсылық жасау үшін өмірін сарп етіп жүрген жан екенін ол жақсы білетін. Жұрттың бұл кісіні мақтайтынын, жақсы көретінін ол өз құлағымен естіп, өз көзімен көрген-ді. «Мен сияқты алыстағы ауылында әйелі, менің баламдай баласы қалды ғой, бишараның. Әке-шешесі, үйі, малы, ағайын-туысқаны...» деген аянышты ой келді әйелге. Ол жұлып алғандай:
— Жоқ, қайнаға, ініңіздің өзінен сұраңыз, өзімен сөйлесіңіз, мен ол кісіні жаман адам деп айта алмаймын,— деді Биғайша берік үнмен, сүйтті де айқайлап: — Жапаш-ай, көкеңді шақырып келші, би қайнаға отыр үйде, мамам «шай ішсін деп айтты» де.
Жол үн қатпай қалды; қатты айтқаннан да, майдалаған сөзден де енді ешбір мағына шықпайтынын жақсы ұқты. Ол Бәйестің өзімен сөйлескенде неден бастау керек екенін ойланды. «Ал ана учительмен қалай сөйлесу керек?»— тор алдында оны тыпыршыта түскен осы соңғы ой болды.
3
Сол сағаны жайлайтын көп ауылдың дені Танабай деген атадан өрбіген еді. Танабайлар өте көп және Жол старшина мен бірен-саран қажыларынан басқасы малға жарлы, көбінесе балық кәсібімен айналысқан кедей шаруалар-ды. Ала жаздай су басында балағы түрулі балықшыларды малмен айналысқан басқа аталар «қара сирақ Танабайлар» деп атап кеткен. Сол «қара сирақ» кедей балықшының бірі Қажымұқан болатын. Қажымұқанның үйі өзеннің жағасында, есігі арқа бетте; Әбдірахман мен Бәйес келгенде өзі сол есік алдында ay жамап жатыр еді. Әңгіме болмашы нәрседен басталды да, Әбдірахман күндегі әдетінше бастары қосылған балықшыларға ұзақ уақыт Совдеп жайын түсіндірді. Жамаған ауын қоя салып тыңдаған Қажымұқан:
— Мен бәрін де түсіндім; ішім бәрін де сезеді, Әбеке, сіздің кім екендігіңізді де ұқтым; қойды да серке бастайды, бізге де бастайтын азамат керек. Көп нәрсеге қолымыз жетпей отыр, мына көл екеш көліміздің балығын да жегізбей отыр; ай қарағандай, мұз кеткеннен бері балықтың жүруін күтеміз, бірақ суымыздың сағасы буулы, мына ендеп жатқан шалқымаға көлдің ірі балығы шыға алмайды; ал Шалқардың үстін бізге бермейді. Сол өзіңіз айтқан бай Макар мен мына бір өзіміздің қазақ обырлары тұтас иемденіп алды. Солардың әне темір қоршауы мен межелеп қойған темір бағаны тұр,— деді.
Отырғандардың бір қатары төмен қарап жер шұқылады да, ал бір-екеуі «сен айтсайшы» дегендей Бәйеске көз тікті. Үлкен бір сыр барын, ішке симай ақтарылуға тұрған ызалы сыр барын Әбдірахман да ұқты; жүздерінде қынжылған шырайдың ізі жатқанмен сөздерінде, қимылдарында жігер, қайраттың жалыны ұшқындап тұрған адал еңбекке ұмтылған бұл ұғымды жандарға ол тап осы минутта жан-тәнін аямай қызмет еткісі келді, оның бойын күреске жетектеген, ұшқыр сезім билеп кетті.
— Озбырлардың қылығына мен де әбден түсініп отырмын. Соған қарсы мына өздеріңіз сияқты саналы азаматтар бір пәтуаға келіп, көп болып күрессеңдер еңбектеріңнің жемісті болатынына мен кепіл,— деді Әбдірахман.
— Бізге бой бере ме?..
— Үкімет жағынан қолдамаса, бой беру қайда!..— деп күңкілдесті біреулер.
— Тоқта, ана кісіге түсіндірсеңдерші дұрыстап.
— Бәйеке, сен айтшы.
— Осы кісіден жәрдем болмаса.
Бәйес сөзге жүйрік еді.
— Әбеке-ау, біздің бұл көліміз жарты ырыс қой,— деп бастап кетті ол сөзін.— Мұның балығын жесең — тамақ, сатсаң — ақша, шай-шекер, көйлек-көншегіңді осы балық кәсібімен айырасың. Біздің елдің балық ауламайтыны жоқ десең де боларлық; әсіресе мал басы кемтар кедейлер балықты ата кәсібі етіп алған. Бірақ сол судың берген байлығын да, жер шұрайын да әкесінің берген еншісіндей, бауыр басып әлділер әбден иемденіп алды; күні кеше, жігіт алатыннан аз-ақ бұрын, солар анау сағаны темір тормен буып өзенге балық шығармай қойды... Соны айтады,— деді Бәйес.
— Жігіт алатыннан бұрын дейсің сен, Бәйеке, сағаны буғаны тап сол жылы емес пе?— деп Қажымұқан ауын жазып жатқан күйі Бәйестің әңгімесін бөліп жіберді.
— Жоқ, жігіт алатын жылы жігіттер оның талқанын шығарамыз деп дүрлікті, бірақ қолға ілікпей қалды ғой, тордың әлі күнгі алынбай тұрғанын көрмейсің бе?..
— Онысы қалай? Өзенді қайтіп буады?— деді Әбдірахман таңданып.
— Қасақана жауыздықпен көлден өзенге балық шығармау үшін екі жағаға шойын баған орнатты да, көзінен шабақ өтпейтін темір ауды керді де салды... әне көрдіңіз бе, темір бағанды...
Әбдірахман Қажымұқанның балық қабыршағы жапқан кенеп көйлегінің жеңінен, сырты жарылған қара қошқыл қолынан көздерін тез тартып алып Бәйеске қайта бұрды да, оның қолын шошайтқан жағына қарады. Өзен мен көлдің қосылған кең сағасынан жоғарырақ қынамалы жерде паром діңгегіндей қоңыр ала бағана тұр; кәдімгі темір жолды кесіп өтетін жердегі, болмаса көпір аузындағы кесе көлденең тұратын қаралы ағаш сияқты; жаға бес жүз қадамнан астам жер болса да, қарала бағана Әбдірахманның көзіне ап-айқын шалынды.
— Top керменің бұл бергі басы, ал арғы беттегісі анау қылтиып көрініп тұрған... көрдіңіз бе? Әне, әне!— деп Бәйес қолымен арғы беттегі темір діңгекті де көрсетті. Бірақ оны шоғыр-шоғыр жыңғылды, итсигекті арғы жағалауға көздерін қаншама қадаса да, Әбдірахман көре алмады.— Осынау көлдің,— деп Бәйес алыстағы көкжиекке ұштасқан Шалқардың оңы мен солын қолымен сермей көрсетті.— Үлкендігін өзіңіз көріп тұрсыз: ұзындығы жиырма жеті шақырым, ені де он бес шақырымға аяғын жимас. Сонау құбыла беттегі Ащы дейтін су арқылы Шалқар Жайықпен жалғасып жатыр. Жазғытұрым Жайықтың балығы көлге, көлден мына Аңқатыға, Ойнаққа — уылдырық шашуға шығады. Қыз бен жігіттің айтысындағы:
Біреуі онан соңғы аққайраңды
Басында айдары бар сақа балық...
Біреуі онан соңғы лақа балық
Қара су жылқы түскен шыр айналды...
Біреуі онан соңғы шортан балық
Түйелі бай қонады сортаңды алып...—
деп өлеңге тізіп қосқан өзіміздің үйреншікті балықтың тоқсан түрі осында.
Бір жылы күздігүні жұрт балықты қырып салды. Жеңдей қаракөз бен бүктесең жонынан майы шығатын жұмырды талай көлікке тиеп, базарға сатуға Текеге қыстай тасыды. Қаракөз бен жұмыр былай тұрсын, көздің құртын түсіретін балық көксерке. Көксеркенің майынан қымбат нәрсе жоқ, оны өзіңіз жақсы білесіз. Шалқардың көксеркесі деген Текенің базарын жауып кетті. Әрине, кез келген жерден ay салып, судың қазынасын ақтара алмайсың, бұған да көп тәжірибе керек. Бізде ежелден балықпен көзі шығып келе жатқан адамдар көп. Міне осылар бастап сүзбе ау салып, мұз қатысымен көлдің үстіне балықтан көктөбе тұрғызды. Текенің базарында жұрттың әңгімесі де, таңданатыны да сол біздің балық болды. «Шалқардың балығы суына симай кетіпті, жағасындағы қазақтар жылым ояды екен де, аудың қоржынында тұрған балықтай, жарыққа шүпірлеген көксерке мен қаракөзді сақпен шеңгелдеп лақтыра береді екен» деп шығарды. Осы лақап құлағына тиген жебірлер жай жатпапты. Қосатардың бай қазақ орысы Макар дейтін мына кердері Шорақпен бірлесіп, кампан болып, көк арбаға ау-құралдарын тиеп келіп, келесі жылы мұз қатысымен Шалқардың үстін жайлауындай аралады; талассыз-тартыссыз құдайдың берген байлығын бөле-жара пайдаланса бір сәрі, келгендер қайда балық көп шықса сол жерді басып алуға ұмтылды. Ата-бабасынан бері қарай ежелден кәсіп етіп күнелткен жер-суын өздеріне билетпей біздің Кенжекейлерді ығыстыра бастады. «Біз хүкіметтен бұл көлді жалға алдық, ақша төлеп алдық, дегбірлеп алдық, сендерге бұдан балық ұстауға рұқсат жоқ» деп соқты. Жалғыз ғана сөзбен айтып қоймады, кедейлердің отыз-қырық үй болып бірігіп алған сүзбе ауларын судан суыртып, көлден балық сүздірмей жарлы-жақыбайларды күн көргішінен айырды. Оларға: «Көл біздікі, өзен сіздікі, өзенге кет!»— деді. Онымен де қоймады. Үш адамымызды қаңтардың қалшылдаған аязында суға сүңгітіп шығарып...
— Ой, сұмдық-ай десейші, адамға адамның жаны ашымайды екен ғой,— деп таңдайын қақты Қажымұқан.— Ақыры сол су құртты ғой сорлыларды.
— ...Көлдің ортасын иемденіп алғанмен шет жағынан ысыра қоймас деп жұрт ептеп бірен-саран ауларын құрып, кәсібін ете берді. Көздің құрты балық деген, бір дәндеген адамды қоя ма, жетектеп кететін әдеті бар ғой. Малдыбай деген кісі өте балықшы адам еді. Шалқардың түбінде не барын білетін, оның қай жері сай, қай жері қырат, қай жері балық тоқырамайтын сортаң — міне соны жақсы білетін, тіпті қай балық қай күні, қалай қарай жүретінін біледі десем де өтірікші болмаспын. Сол Малдекең мына отырған Кенжекейді және Қайыпқожаны ертіп алып, казактардың ау салған жеріне дейін барған. Сыбызғы тартудан басқаны білмейтін Қайыпқожа сорлының балық аулап не жұмысы бар екен, бейнет қой жетектеген! Сол үшеуі құрма ау құрып жүріп қолға түседі. Мұнарт шалған бір аппақ түн екен. Дүние теп-тегіс шаңытқан, көлдің шетінің қайсы екенін, ортаның қайсы екенін айырып болмайтын ақ аяң аяз болса керек. Соңынан мұны Кенжекей айтады: «Малдыбай ұйығынан келіп кеше кеш құрып кеткен ауларымызды қарасақ сіресіп тұрған көксерке екен, бір-біреуі жеңдей, ап дегенше шоршыған көк ала балықтан құйрығын қайқайтып бір шана балық алдық»,— дейді. «Малдыбай ұйығы» деп өздерінің белгілеп алған су астындағы балық жатағы, оны баста Малдыбай тапса керек. Ұрлық қылған адамдай апыл-ғұпыл жүріп кеп кеттік, казак-орыс аушыларының көзіне ілікпей есі-дертіміз жағаға жету.
«Құдай шатастырғанда, аспандағы жұлдызды байқап болмайтын түннің ақ қылауында жолдан шығып кетіппіз. Жүріп келеміз, жаға жоқ. Шортанбай ағашының өкпе тұсына жеткенде барлаушы екі адам кездесе кетті; қолдарында көк мылтық, ай-шайға қаратпай кері айдады»,— дейді. Не керек, көл үстіндегі қостарына алып келіп «ұры» деп бұлардың ат-шанасы мен балығын тартып алады да, өздерін қуып жібереді. Бірақ балығымызды алса алсын, ат-шанасыз не күн көреміз деп, үшеуі қосқа қайта барады; ат-шанасын сұрайды. Көлдің маңына жуытпай қақолдарды да қырып-жойып, сабап, күн көрсетпейтін құдайдан безген бай казак-орыстар бұл үшеуін аясын ба? Ішіндегі қожайыны болса керек, қасқыр ішік жамылған біреуі «киргиздар Иисус Христосты танып қойсын, крестит етіңдер» деп бұйрық беріпті. «Крестит етіңдер!» дегені казак-орыстардың әдетінше суға салып шоқындырыңдар дегені ғой. Қожайын бұйырған соң несін қойсын, бәрі жабылып үшеуінің қолдарын артына байлап, белдеріне арқан тағып, кәдімгі сүзбе ау түсіретін ойыққа салған...
— Иша!— деп тұла бойы шіміркенгендей Қажымұқанның әйелі екі иығын көтеріп қалды.
— ...Сай сүйегіңді сырқыратарлық мұздай суға жан шыдар ма, жылымға қолыңды малып алғанның өзінде де қарып кетеді. Әбден қалшылдап, сіресіп халдері біткеннен кейін судан сүйреп шығарып тастаған. Өң жоқ, түс жоқ, бейне өлік сияқты болса керек. Жан сірі ғой, нағып өлмей қалған десейші, ә? Киімдері сіресіп мұз болып қалған, мына Кенжекейдің етігін қайнаған суға малып әрең деп шешті ғой үйге келгенсін. Үшеуінің осы күнге дейін аяғынан тік тұрып жүргені осы кісі, ал Малдыбай үйіне жетіп жығылғаннан тұрмады, үш күннен кейін опат болды да, Қайыпқожа сонан бері төсек үстінде, көкірек ауруға шалдықты. Ой шіркін, адамның өнерлісі еді, Қайыпқожа сыбызғы тартқанда жан-жануар ұйып қалады! Қайыпқожадай сыбызғышы аз шығар. Оның түбіне жеткен де осы жауыздар... Сабаз, қан қақырып жүріп «Мұз жарылды» деген күй шығарды-ау, күй деп соны айт! Сол өзінің ойыққа түскен ақ аяң аяз түнін көз алдына келтірсе керек. Сыбызғының күжілдеп шыққан үні бір кез сықырға айналады. Кәдімгі сықырлап тұрған аяз сияқты. Тұла бойыңа мұздатарлық суың енгізіп жібереді. Содан кейін сыбызғы шытыр-шытыр жарылып келе жатқан мұз сияқты болып елеңдетеді де шатыр-шұтыр ете қалады. Ауған жоқ ақпанның аязына шыдамай, мұздың жарылып жатқаны... ой, шіркін-ай! Қайқаңдай сыбызғышы бар ма екен! Оның «Нар игенін», Әбеке, амандық болса өзіңізге тарттырып беремін. Бірақ сорлы қатты ауру...
— Бәйеке, арғы жағын айт. Қайыпқожаның жыры үлкен жыр.
— ...Ия, казак-орыс алпауыттары мен қазақтың өз ішінен шыққан Шорақтардың жауыздығын жұрт «болыстың құлағына жеткізейік, мына қорлыққа тыйым салсын, суымызды қайырып берсін», — десті. Біреулер «болыстың әлі келмейді, оязға ғариза етейік», — деді. Енді бір көзі ашық, заңға жүйрік білгіштер «ақ патшаның өзіне шағым етіңдер» деп ақыл айтты, «өйткені бұған ояз ешнәрсе істей алмайды. Оязыңның өзі сол казак-орыстардан шыққан, қарға қарғаның көзін шұқи ма?!» — деді. Айнала келгенде ояздан да, ақпатшадан да ешнәрсе шығара алмады. Ғаризасын берді білем, бірақ ол ғаризаға жауап келді дегенді өзіміз естігеніміз жоқ. Оның орнына ғаризасыз-ақ шауып келген оязды да, жандармды да өз көзіммен көрдім...
— Құрбанайты үстіндегіден кейін бе?— деді Қажымұқан ауын қоя салып.
— ...Ия, құрбанайты кезіндегі болған дүрлігістен кейін. Құрбанайты кезіндегі дүрлігіс дейтініміз мынадан; шатақ айт күні шықты. Көптен бергі ішке шемендей қатқан қорлық сыртқа теппей қоя ма?! Болмашы бір оттың ұшқынына тұтанып кететін даланың өрті сияқты сол кек айт үстінде бұрқ ете қалмасы бар ма! Мұз жүкті көлікті де көтерерліктей әбден бекіген кез, үстін жұқалап қар басқан Шалқардың үсті ертеден кешке шейін бай казак-орыстар мен қазақ купецтерінің ауын тартқан жаннан көрінбейді. Жұрт айтпен болып ауылдан ауылға шұбап, бой жазып, қошамет жасаған күні де көзге шыққан сүйелдей болып, мұз үсті ызы-қиқы балықтың қызығына батып жатты. Тегісінен атқа мініп желігіп, мүше алып, бәйгеге шауып елірген жұрт, кім бастағанын білмеймін, көл үстіндегі сүзбе аушыларға қарай бет қойды. Баста шауып алу ниеті болмаған да шығар, әшейін, қоқанлоқы, қыр көрсету сияқты ма қалай, топ-топ жағаға төнген халық бірте-бірте, әйтеуір мұздың үстімен әрілеп, көлдің ортасына қарай жүрді. Көптің ішінде мен де кеттім, бірақ қалып қойдым. Жамандатқыр, астымдағы жирен бие, өмірі аяғын мұзға салмайтын бір қырсық-ты. Жол үстінде қатқан алақандай қабыршаққа аяғын салмастан айналып өтетін, ал үлкен мұзға басын кессең де тұяғын тигізбес. Қамысқа жетпей-ақ тұралап қалған атша, бие сіресіп тұрды да қалды. Қаптаған аттыларды маған алыстан қарауға тура келді; тұс-тұстан ағылып, қоршап алатындай, аңдап барады. Осы кезде «сезікті секірер» деп, көлге қожайындық еткендер: «қырғыздар бунт шығарып бізді өлтіруге келе жатыр» деп ауларын, бүкіл құрал-саймандарын, қос-қос болып жатқан дүние-мүліктерін тастап, аттысы атты, жаяуы жаяу, мұздың үстімен жөңкіп берсін! Мұны көрген халық батылдана түсіп, қожайынсыған күштілердің тастап кеткен құрал-саймандарын, ау-жабдықтарын бас салып талауға кірісті. Біреулер қашқандардың соңына түсіп он шақырымдай мұз үстімен қуып, аттарын парлап жегіп шанамен қашқандарды екінші жағаға жеткенше дүркіретті, кейбір тентек жігіттердің қамшысының ұшы тигендер де аз болмаса керек. Көптен тісін басып жүрген жұрт казак-орыс байларының ашуларын, егінге түскен саяқтай етіп, көлден қуып тастады. Міне, осыған кім айыпты: келіп жерін-суын басып алып, балықшы кедейлерді кәсібінен айырған анау алпауыттар айыпты ма? Болмаса оған қарсы бас көтергендер айыпты ма? Әңгіме мұнымен бітіп қана қойған жоқ, оның аяғы келіп насырға шапты. «Бунт шығардыңдар» деп үш күн өтпей-ақ оязы, приставы, болысы, тілмашы лек-лек болып Жымпитыдан да, Оралдан да біздің Шалқарға ағылды, сход, жиылыс, тергеу, тексеру басталды. Әлденеше үйлер дайындады, көптеген мал сойылды. Елдің жақсылары тегіс жиналды, бітімге билер кірісті, қажылар бас қосты. «Бүлік шығарушыларды тауып беріңдер, әйтпесе теп-тегіс Сібір жіберемін» деп ояз ақырды. Жұрт қатты қысылды, не істеуге білмейді. «Бір-екі жігітті құрбан етпей болмас, үйткені ел күйзеледі» дескен адамдар да болды. «Соңғы лебіз сенде, не істейміз, бір амалы бар ма?» дегендей жұрт тегіс Жүніс қажыға қарады. Әрі ер, әрі би, әрі әділетшіл Жүніс тірі де азаматты қолынан ұстап бере ме? «Ояз мырза, жазықты адам бар»,—деді ол: сөйтті де,— «Малдыбайдың қатынын шақырыңдар»,— деді. «Жазықты бар» дегенге оязы да, болысы да, олардың соңына ерген бір топ шашпауын көтерушілер де жайнай түсті. «Е, бәсе!» десті күлімсіреп. Бір баласын жетектеп, бір баласын көтеріп, жыртық мәсіден өкшесі жылт-жылт еткен Малдекеңнің жесірі мен жетімдерін алба-жұлба күйінде ояздардың үстіне кіргізді. «Ең алдымен мына осы үшеуі Шалқардың үстінде бүлік шығарған, осы үшеуін мықтап жазалау керек»,— деді Жүніс сұқ қолымен көрсетіп. «Бізді ажуа қыла ма, мына қажы не дейді?! Мына сияқты қайыршы сорлы және надан әйел ереуіл көтерер ме?..» Ояз орнынан тұрып кетті, көздері шатынай түсті, Жүністі тірілей жұтып қоятындай әлпет көрсетті. Төреңізге құлдық, тақсыр ояз, дұрыс айтасыз,— деді Жүніс; бұл сорлы. Бұған жаныңыз ашығаны ғаділетті қолдағаныңыз. Ал, ана құлқынның ғана қамын көздеген жандар осы жетімдердің алдымен аузына салып ас еткен балығын алды, онан соң асырап отырған әкесін қаңтардың қалшылдаған аязында суға сүңгітіп өлтірді. Ұлыстың ұлы күні жұрт тегісінен ғадетін, ғұрпын, дінін мадақтап сайрандаған айты үстінде сол бір жауыздыққа меңзеп жұмырығын түйісті, бір адам емес, жұрт тегіс түйісті. Бірақ зұлымдыққа қарсы зұлымдық істемеді, кісі өліміне, қан төгіске бармады. Халық ол күні мұз үстінде: «Біз де тірі жанбыз, сақ болыңдар!» дегенді ғана айтты. Әңгіменің бары осы, айыпты деп тапсаң ана үшеуін Сібірге айда, мына үш жүз үйден үш жүз кісі алып кет, өйткені бәрі тегіс қынжылды,— деді. Ояз ешнәрсе істей алмады, ол жұбын жазбаған қалың топқа тісін батыра алмады. Болыстарға: «өздерің бітір» деп кетіп қалды. Бірақ ана жауыздар бір жұмадан кейін жиырма-отыз көлікпен келіп өзеннің нақ сағасын темір аумен торлады да салды. Сөйтіп өзенге жібермей көлдің ірі балығын да бөгеді. Шалқарға ау да салдырмай қойды...
— Зорлық деп міне осыны айт. Нағыз жауыздың,— деп Қажымұқан таңдайын қақты.
— Ал, ол Жүніс деген қазір бар адам ба?— деп сұрады Әбдірахман Бәйестен.
— Болғанда қандай, нағыз елдің бір беделді адамы. Өзіңіздің ескі жолдасыңыз Қаленнің көршісі, соның дегенінен шықпайтын адам. Қален арқылы көріп, танысып, сөйлесуге болады.
Әбдірахман ішінен: «Бұл да бір керек адам екен» деп ойлап қойды.
— Ие, ие... сөйлесу керек,— деді ол. Бәйестің соңғы пікірін қостай түсіп.
4
— Көкем де, өшетіл де дүкенде жоқ, жағадағы балықшыларға кетіпті,— деді Биғайшаның шайға шақыруға жіберген баласы.
Шай әзірленді. Жол жайланыса түсті. Әрі сырын білмейтін, әрі оқыған өткір учительмен сөзді неден бастап, қалай сөйлерін білмей ол күн бұрын сасып, тіпті іштей сескеніп те отырған. «Бальшәбай ма, бальшәбай емес пе, бұл неғайбыл нәрсе. Ал тіпті бальшәбай болғанда мен оған не істеймін? Оны жапырып тастарлық менде де құдірет шамалы. Қален сияқты білмейтін жерімнен соғып, белден шалса абыройым айрандай төгілгені емес пе? Асылы, оқымыстылармен айқасу маған қол шаруа емес. Аманғали айтқандай кейде «ассукуті ғанимттің» өзі ақыл» деп ойлады ол алтыншы шыныаяқты бітіріп әбден бусанып, кемеліне келтіре кекіріп қойып. Сөйтті де Жол «тағы да ішер ме екен?» деп, көзінің астымен қарап, үстеп шай салар-салмасын білмей екі ойлы болып отырған Биғайшаға:
— Құй, келін. Біздің қатынның шайы таусылды. «Биғайша жарты қадақ болса да шай беріп жіберсін» деді,— деп жағасын кір шалған ақсұр көйлегінің омырауын желпіп-желпіп қойды.
— Қайнаға-ау, бар шайымыз осы деуге болады. Бұл жо... («бұл жолы» деп Жолдың атын атап қала жаздады да, әйел жалма-жан сасқанынан аққұманды тоңқайта түсті): — Бұл сапар біздің кісі шай әкелген жоқ...
Ол толтырған шыныаяқты старшинаға қарай шапшаңдап ысырып қойып, еселеп тағы да үстеп шай салды.
— Жарты қадақ болса да... ептей тұруға... келін, шекерлерің көп шығар?
— Бұрыннан жатқан бір шақпақ шекер ғой, сізге ғана шығарып отырғаным.
— Би жеңешеңе сәлемдемеге бірер шақпақ болса да... Жол қанып ішетін мына қызылкүрең шайға мұқияттап жеткізе істеп отырған шаттауықтай шекерге құнжия қарады. «Әйелдің сөзі рас болса, келесі шыныаяқтарға мынау жаласа да жұқ болмас...»
— Табады ғой Бәйес. Текедегі бай татарлардың шай, шекері шіріп жатқан шығар қоймаларында.
— Дүние жоқ, қаланың асты-үстіне шығып жатыр деп келді ғой біздің үйдегі.
— Саудагерлерге дүние болмаушы ма еді, келін, сен бала екенсің ғой. Олардың тыққыштағаны да бір жылға жетер. «Қаланың асты—үстіне шығып жатыр» дей ме қаладан келгендер?
— Еркектердің сөзіне түсінеміз бе, кім біледі, дүние жоқ дейді ғой әйтеуір.
Биғайша қала жайында естіген-білгендерін Жолға айтқысы келмей қысқа жауап қайырды да, бар ойы ұршықтай үйіріліп «осыдан қалай тез құтыламын? Басталмаған бір ширек шайды берсем бе, бермесем бе? Берсем — өзімізге шай қалмайды, бермесем тағы бір бәле. Қадалған жерінен қан алған бұл сүлік бір шөкім болса да шай алмай үйден шықпас» деген екі жақты пікірдің төңірегінен алыстай алмайды. Әйел осы ойды шыныаяқтарын ыстық сумен шайқап, сүртіп, дастарқанын жинап жүріп те ойлады. Шайға қанып, сирек кездесетін нан мен майды да жақсылап жеп, төр алдында терін шамырқана сүртінген Жолдың әлі де отырыңқырайтын түрін көргеннен кейін ғана әйел старшинаның сұрағанын беріп құтылуға бел байлады. Ол әшекейлі көк сандықты кілтпен бұрап «дық» еткізіп ашты да:
— Қайнаға, бар шайымыз осы еді, өзіміз ақсу ішсек те би жеңешеме беріп жіберейін,— деп, баяулау үнмен Жолға ширек қадақ қағаз шай ұсынды.— Жұрт сырттан біздікінде шай да, шекер де көп дейтін шығар, бірақ дүкен ұстаса да ініңіз өзінің үйін алдымен ұмытады.
— Ім,— деп Жол шайды шыр айналдырып алақанына салып салмақтап, сатып алатын адамдай қарады,— Тсейлон, Қазанда, ескінің көзі...
Ол сөзін тауыспай шайды терін сүртіп отырған үлкен шұбар шыт орамалына шапшаң орай салды да, ескі маңдала бешпетінің қалтасына тықты. Биғайшаның амалсыз берген пішіні оған: ниетінен безіп шайды қайта сұрап алатындай көрінді, ол жалма-жан орнынан да тұра бастады. «Үлкен олжа... Бақтылы басын жазатын болды, жоқ жерден ілінген, мұндай шай кездеседі деп кімнің ойына келген...»
— Келін, қош. Алда риза болсын,— деді Жол, сыртқа қарай келгендегісінен де асыға ұмтылып.
— Қош болыңыз,— деді Биғайша қазан жақтан ақырын қана.
Жол сыртқа шыға келгенде Жапар оның көзі шағыр көк ала биесінің құйрығының ең ұзын тарамынан екінші рет топтап қыл жұлып алып еді. Сусып, шумақтауға келмейтін қатты қыл жұмарлай жинап қойнына тыққанмен күмпиіп білініп-ақ тұр. Құлағын тосып көздерін үй жақтан алмай тұрған бала есік ойбайлап ашылып сарт етіп жабылғаннан-ақ түк нәрсе көрмеген адам бола қойды. Өз ойымен болып басқаға көңіл аудара қоймаған Жол баланың ат құйрығынан қармаққа бау есуге қыл жұлып тұрғанын байқамады, оның ойына алдымен Жапардың бағанағы алып қашып кеткен «жарнама» қағазы түсті де, шай да, ат та өз жайына қалды, ол тек қағазды қалай қолға түсіру тәсіліне көшті.
— Жапаржан, мен саған ақша берейінші,— деп Жол оң жақ қалтасына қолын салды.
Ақшаны жақсы көретін Жапар елең ете қалды, сенерін де, сенбесін де білмей: «Ақша беремін деп алдап ұстап алғалы тұрған жоқ па?» деген ой келді оған. Тап осыны білгендей Жол:
— Қане, қағып ал, мә,— деп шиланынан бес тиындық екі қара бақыр алып төрт-бес қадамдай жерден балаға біріндеп ытқыта лақтырды.
Екі бақырды да жерге түсірместен Жапар асықтай қағып алды да, «тағы да лақтыр» дегендей Жолға қолын созған күйі күлімсірей түсті.
— Ой, жігіт. Әкеңе тартқансың, сен пысық боласың. Бірер жылдан кейін базарға бір өзің барып келерсің сен. Ой жігіт, насыбайға деп мына бір жапырақ тауып алып едім, осыны орайтын бір қағаз табылмас па, Жапаржан, үйге жеткенше түгі қалмай үгіліп, шашылып бітетін болды.
Ақшаға, мақтан сөзге мәз-майрам болған бала ыңғайға тез көшті, ол езуін ыржитыңқырай күлімсіреп:
— Қағаз табам, би-ақа. Қағаз көп. Сізде қағаз ақша жоқ па, қалам сауыт сатып алатын,— деді.
— Бар, мен саған маркеден үй жапқандай қылайын, сен өзің алдымен жаңағы үлкен газетті тауып берші насыбай орайтын.
— Маркі карта ойнауға ғана жарайды.
— Ой, ақымақ, картаға жараған ақша, қалам сауыт сатып алуға да жарайды,— деп Жол жүрмей жатқан керен ақшасынан балаға екі-үш марке берді.
Бала секіріп-секіріп түсті; бақыр ақшамен маркілерді сол алақанына мықтап жұмып, оң қолымен көйлектің астына қыстырған үндеуді суырып алып Жолға ұсынды. Бір бетінде ғана тасқа басқан жазуы бар жұмарланған сары қағазды қолына алып, бірнеше қабат мұқияттап бүктеп жатып ол:
— Жапаржан, мына қағазың шылым орап тартуға жақсы екен. Бұдан басқа молырағы жоқ па; ірі сүйекті жапырақ екен, орауға келіңкіремес, сірә,— деп күмілжіді Жол.
— Би-ақа, екінші келгенде мұнан да үлкенін тауып беремін. Бүгін көкем дүкенін жауып кетіпті,— деді бала.
— Жарайды, тауып қой.
«Бұлардың астыртын істерінің ең жанды жері осында болу керек» деп ойлады Жол, көк ала биеге мініп жатып.
Бұрын құлағына еміс-еміс тигенмен жаңа ғана көзімен көріп, қолымен ұстаған бұл «үгітші» қағазды ол писаріне оқытып, екеулеп түсініп, шыққан жерін, таратқан адамын тауып, жоғары жаққа мағлұм етуге асықты, биесін тебініп-тебініп жіберді. Ерқақты арық бие тебінгенге наразылық білдіргендей қос құлағын қайта-қайта жымпитты.
Ертеңіне сиыр саууға алаңдап, ұйқылы-ояу жатқан Манар төсектен тура сала шала киініп, сыртқа қарай асыға жөнелген еріне бір қарап, терезеге бір қарап:
— Шырағым-ау, саған не болған ала көлеңнен тұрып?— деп таңдайын тамсана қағып қойды.
Сөйтті де ол таңғы тәтті ұйқыны қимай көздерін қайтадан жұмды. Аспанның шығыс жақ жиегі алма беттеніп сары ала тартыпты да, қою қара көлеңке қабақтан төмен ығысып келіп тау ойпаттарын ғана шала бүркеп тұрған сияқты. Су үсті көк буалдыр, арғы беттегі Әшетер қыстаулары да көзге ала бұлдыр.
Қажымұқан үйден шыққан бойы төңкерулі ескі шананың қасында маңғаздана күйсеп жатқан қызыл өгізге келді де, бас жібін ілмектеп мүйізіне іліп жіберіп, шанаға байлап салды.
Өгіз иесінің үйреншікті әрекетіне наразы ниет көрсетпейін дегендей күйісін тоқтатып, бағынышты түрде басын қисайта түсті де, әбден байлап болғаннан кейін ғана «ыңқ» етіп демін бір-ақ алды.
— Жатарда өгізді байлап салуға ұмытып кетіппін.
Сиырмен бірге өріске кетіп қала жаздаған,— деді ол үйге енді асықпай кіріп.
Ұзын кірпіктері қыбыр-қыбыр етіп, Манар әлде не бір шуылдаған дыбыстарды естіп жатты, елес-елес түстер енді оған сол мезет, қалғытқан маужыр ұйқының құшағында ерінің сөздерін де ап-анық есітті, бірақ көзін ашып жауап қатпады.
— Әкесін танытып түбірімен суырып тастайық ана кесепатты торларын... қыл тамақтан буып суымызды да билетпеп еді, атаңа нәлеттер...
— Сен нені айтып отырсың өзің? Жатсайшы балыққа баратын кісіше ала көлеңнен киінгенің не?— деді әйел көзін жұмған күйі.
— Қайдағы ала көлең, таң аппақ атып қалыпты. Қазір жататын уақыт па, кеше өгіздерімізді ұстап алып қалып, ана Аңқатының қыл мойнынан салған темір бұғалықты бағанасымен қоса жұлып тастамақшы болып уәделескенбіз,— деді Қажымұқан.
Манар ұшып түрегелді.
— Аш құлақтан тыныш құлақ, қойыңдаршы осы, бір бәлесі тиіп кетер сол пәленің,— деді ол үрейленіп.
— Бәле түгіл түгі де жоқ. Рашай жақта жерді, суды әкесінің мүлкіндей иемденген обырлардың мұжықтар жерін тартып алып, өздерін қуып жіберіпті. Қатын, сен еркектің ісіне кіріспе, біз де сол жұрт қатар өз жемімізді өзіміз алып жейміз. Бұға-бұға бүгіліп біттік, бойды жазатын күн бізге де жетіп келеді...
Ол ұмтылып барып төсек астынан анда-санда өзі атып қоятын қағазға ораулы насыбайын алып, екі қолының ұшымен шымшып қатты-қатты иіскеп жіберді. Кеуіп қалған насыбай қолқаға дейін кетті де, шашалып, түшкіріп көпке дейін сіңбірумен болды.
— Таптың өнерді, қартайғанда шайтанның тозаңын иіскеп... Сен бәлеге ұрындырасың...
Қажымұқан әйелінің күнде айтатын үйреншікті наразылығын құлаққа да ілген жоқ — табалдырықтан аттай беріп тағы бір түшкірді де, сыртқа шығып кетті. Оң жағадағы үйлердің шетінен кіріп, жарты сағат өтпей-ақ жұртты тегіс аяғынан тұрғызды. Біреулер арқан, біреулер иық қайыс алды: арбаның тәжбау шынжырын қамтығандар да аз емес. Қамыттаған өгіз бен аттарды жетектеп өзенге қарай шұбырған халық; жас та, кәрі де сонда. Шулаған балалардың дауысы жағаны жаңғырықтырып жатыр.
Күн көтеріле Әбдірахман мен Бәйес келді.
— Халайық, мына Әбекең сіздерге бір ауыз сөз айтамын дейді. Қалай дейсіңдер, айтсын ба?— деді Бәйес амандасып болғаннан кейін.
— Айтсын.
— Айтсын.
— Айтқаны жақсы. Тек әйтеуір соңынан...
— Соңынан ана құдіретті қожайындар келіп мұнан да мықты баған қағып жүрмесе...
— Қаға алмас. Әлгі Микалайдан кейінгі кім еді? Ол да тоңқалаң асты демей ме...— деген сөздер айтылып жатты.
— Ағайындар, мен сіздерге Лениннің қандай көсем екенін түсіндіруге тырыстым, жөн-жосықты білетін жігітсіңдер, өздеріңіз көп нәрсені шамамен де түсінгендей болдыңдар. Сол Лениннің «жер крестьяндарға, яғни шаруаларға берілсін» деген декреті бар. Оның мәнісі жерге еңбек сіңіретін, яки жыртатын, себетін, өңдейтін, өнімін орып жинайтын адам шаруа, сондықтан жердің нағыз иесі ана топтап жалшы-қызметші жалдап егін ектіретін байлар емес, жердің қожасы еңбек сіңірген егінші, арқасы арша, борбайы борша болып күйттеген кедей шаруа. Мына сендердің суларың да сол сияқты. Судың байлығын суыққа тоңып, тоңбаған күні белшесінен су болып, ала таңмен жылы төсектен тұрып, бар жігер-күшін сарп етіп, пайдаланған кәсіпші ғана иемденуге тиіс. Міне осыны түсініңдер. Қысқаша айтқанда: жер де, су да өздеріңдікі. Буған ешкім қожа бола алмайды, оны ана Ресейде құрылған кедей өкімет өздеріңнен басқа ешкімге бермейді де. Күні ертең сол өкіметті тап осы жерде де орнатып, билікті осы отырған өздеріңнің қолдарыңа ұстатамыз. Ол үшін өзара бір ауыз болыңдар, өйткені тірліктің күші бірлікте деген. Мен сол жаңа өкіметтеріңнің қиын-қыстау кезінде араларыңа түсінік жүргізуге жіберген бір кішкене жаршысымын. Айтайын дегенім осы,— деді Әбдірахман.
— Түсіндіңдер ме?— деп сұрады Бәйес.
— Түсіндік!
— Түсіндік!
— Түсінсеңдер, кәне, мына құбыжықтай болып тұрған темір бағананы суырып тастайық,— деп ол жерге жантайыңқырап нық кірген қос-қабат рельс темірге қарай жүрді.
Жұрт оны шынжырмен тұмшалап, сан қабат арқанмен шырмап түпкі пар өгіздің қамытына байластырып та салған екен. Көшім жегілген көп көлік шұбатылып едәуір жерге созылған. Арғы жақтағы бағаннан трос арқанды босатып айқайлап қол сілтеген жігіттерге қарап:
— Ал тартыңдар!— деді Бәйес.
У-шу дүрмекпен құшырлана жұлқынған оннан астам пар өгіз сазға бойлап кеткен темір діңгекті майдан алған қылшықтай суырып әкетті. Бірақ бірнеше жыл су астында таттанып, шіріп, сазға еніп, сал басып қалған темір тор аудың жұқыны ғана трос арқанға ілесіп шықты, дені көбесінен сөгіліп, өзеннің түбінде қалды.
Дүниені тұтас обып, жер-суды таңбалап, қоршап, бөліп еншісіне басқан алпауыт қожайындардың көп межелерінің бір қазығы осылай суырылды.
Халық су жағасына тегіс кеткеннен кейін үйде жалғыз отыра алмай Биғайша да Қажымұқандікіне келіп еді. Көрген-білгендерін бір-біріне айтып болғаннан кейін өзен жиегіндегі кіжінген, даурыққан, өршелене қимылдаған жандарға қарап тұрып екі әйел былай десті:
— Биғайша-ау, ып-ырас, осы күні адамға сенуге болмайды, сенің сол Жол қайнағаң ертең болысты алып келіп: «Осының бәрін істетіп жүрген мына бұзық Қажымұқан» деуге жүзі жанбас...
— Әсіресе біздің үйде жатқан учительге әлдене жамандықтың бәрін жапсырама деймін, келгеннен құлағын түре тыңдап, пәлен де түген, есек те құлан деп айтпағаны жоқ.
— Осы жексұрыннан басқа старшындыққа дұрыс адам табылмады ма екен...
— Манар-ау, біздің анау айтады; атын ұмытып қалдым, кім еді әлгі? Солар, «байлар мен старшындарды шетінен шытырлатып келе жатыр, күзден қалмай осында да келеді: қорықпа, қатын, өзіміздің адамдар» дейді...
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Арты бұршаққа айналған құралайдың қара жаңбырынан кейін қоңыр жаз келді. Араға көп күн салмай-ақ ауа райы бір қалыпқа тоқырады да, аспан түйдек-түйдек салқын қоңыр бұлттан арылды, қаулап шыққан көк майсаны жайдары майда жел желпіп, дала құлпыра түсті.
Қален учительдің аулы молалы тоғайдың сыртына шығып қонды: бұл Аңқаты өзенінің арғы бетіндегі оның қыстауының өкпе тұсы — екі Аңқатының аралығы. Арғы беттегі иірім-иірім түбекті тоғайлық жердің шөбін шауып, жиып, үйіп алғанша, қырдағы егінге орақ салғанша Аңқаты бойындағы ауылдар осы жерді жайлайды, жазды осы өрісі кең берекелі жайлауда өткізеді. Молалы тоғай мен кең суаттың екі арасын тұтас алып отыратын бес ауылдың алдымен келіп қонғаны осы учительдің аулы. Бұл бір әрі шағын, әрі жарлы ауыл — не бары алты-ақ қараша үй. Сол алты үйдің арасындағы іліп алары Қалендікі — сегіз қанат киіз үй, мұның төрт туырлығы түгел қоңыр, тек артқы үзігі мен түндігі ғана ақ. Үйдің іші бұйымды болмаса да жинақы, тап-таза: оң жақта үлкен ағаш кереует, төр алдында көнетоз ала текемет. Қалған кішкене қоңыр үйлер, қыс балық аулап, жаз бірді-екі сиырының сүтін айран-шалаптап күн көретін учительдің ағайындары: екі ешкілі Асан мерген, оның балықшы інісі, жалшы Рахманқұл, жесір Күміс және Құбайра дейтіндікі.
Орта дәулетті, үлкен мекен-жайды әкесі ертеректе қайтыс болып, Қален Орынбордағы учительдер семинариясын бітіргеннен кейін уезд орталығында бала оқыту жұмысында қалды да, шаруасын ағасы мен інісі басқарды. Бірнеше жыл бойы учитель әйелі Мәккамен бірге қыс қалада, жаз елде тұрып келіп еді. Даланың әлсін-әлсін кезіп, жұртты баудай түсіретін мейрімсіз қара шешектің сиыр жылғы жаппай келген індетінде оның шешесі және ағасы Ертілеу әйелімен опат болды да, аз мал ада болып, ағасында қалған қыз бен ұлды қалаға өз қолына алған.
Қызыл үйдегі екі кластың орыс-қырғыз мектебінен Қаленді өткен жылы мектеп директоры қызметтен шығарып жіберген болатын. Бұл оқиға күтпеген жерден кездесті.
Қас пен көздің арасында жер астынан шыға келгендей, тез арада пайда бола қалған жаңа өкіметтің инспекторы келіп кеткеннен кейін іле-шала мектеп директоры: «Сіз отставкаға шығуға сұраныңыз»,— деді. «Не үшін?» — деген Қаленнің сұрауына ол: «Инспектор мырзаның қалауы солай», — деді жасырмастан. Оның ар жағында түптеп себебін сұраудың мәнісі келмеді де, учитель он жыл еңбек сіңірген бұл мектептен біржола босанып, үй-ішімен елге көшіп келген еді. Содан бері бір жыл өтті, қазір ол оқыту жұмысынан бос десе де боларлық, өйткені қыс бойы бес-алты ғана бала оқытып шықты, онда да көңілдегідей оқыту болған жоқ: үйінде оқытқан бес-алты баланың өзі де уақытымен келіп үзбей оқып тұрмады — бірде боран болып қатынаса алмай қалып жүрді, бірде шәкірттері үй шаруасына айналақтап шыға алмады. Ал, тұрақты мектеп аштыруға оның шамасы келмеді.
Көпірлі Аңқаты болысының жетінші ауылы болып атанатын үш жүз үйлі Барқын діни оқудың туын тіккен жер. Бұл елде атақты Таржеке хазіреттің мешіті бар, ол мешіттің жанында екі үлкен медіресе бар. Жұрт баласын алдымен осы медреселерге береді, жаңаша, орысша оқытуға беретіндер некен-саяқ. Мешіт пен медреселерді ұстаушы сол Таржеке әулиенің баласы Хәмидолла хазірет пен Ғұбайдолла дейтін ишан, екеуі де Бұхарада оқып, үлкен имамның мүриді болып қайтқан белгілі адамдар, бұлардың медреселерін аттап өтіп, баланы басқа жаққа оқуға жіберу — асуы ауыр, қиын жол. Оның үстіне бұл елде беделді он екі қажы және оннан астам басқа да ишандар мен мағзұмдар бар. Бұлар оқу жасына жеткен балаларды асасының ұшымен көрсетіп, әкелеріне:
— Ана қара сирағыңды немене, шашын қойып, тілмаш еткің келіп жүр ме? Апар медіресеге, — деп әмір ететін. Қален учитель бір жылдан бері орысша мектеп ашамын деп қаншама тырысса да, игілікті ниетіне кесе тұрған кедергілер осы сияқты тәртіптер.
Балаларын осы дәстүр бойынша медіресеге бермей, тегісінен орысша оқытуға кіріскен Жүніс қажы болды; ол мұнан он жыл бұрын Хакімді Қызыл үйдегі орыс-қырғыз мектебіне оқуға берген, ал өткен күзі кіші балалары Әлібек пен Әділбекті елге келген Қален учительдің қолына ұстатып:
— Хакімді оқытқан өзің едің, мына екі жаманды да сенің қолыңа бердім, Қален. Араласқан ағайынбыз, еңбегіңді жемеспін,— деген.
Бұл адам әрі қажы, әрі пірге қол беруге таяу болса да, өз билігімен жүретін, бір беткей кісі. Мінезі шәлкес, бетің бар, жүзің бар демей ойындағысын тура және көзге айтатын жан еді. Сондықтан көп жұрт бұл кісіден ығатын, қарсы келмей қыңыр қажының ыңғайына көше сөйлеп, оның дегенін екі етпейтін.
Қален учительдің бармақпен басып санарлық аз шәкірттерінің екеуі міне осы «тентек» Жүністің кіші ұлдары — бірі өзінің ағасы Ертілеудің баласы, ал қалған екеуі анау Сағадағы мешітті-медіреселі ауылдағы дүкенші Бәйестің баласы мен билікке құмар пысық шаруа Батыр дегеннің жалғызы болатын. Бұл екі бала қыстыгүні Қален аулында жатып оқып, жұма сайын үйлеріне қайтып, бір күн, жарым күн оқуға кешеуілдеп келетін еді. Қазір сол шәкірттерінің өзі де жоқ. Жайлауға жұрт тегіс келіп қонбаған кез; неше жыл бойы күндіз сабақ беріп, кешке кітап-журналдар қарап әдеттенген учитель бірнеше күннен бері мүлде басы бос, жұмысы жоқ, барар жері шағын, сөйлесер жан аз боп, аса зерікті. Арнап келген адам болмаса, жан соқпайтын, үлкен жолдан қашық жатқан бір қақас жайлау. Бірер күннен кейін шығамыз деген Жүністікі де әлі көшіп келе алмай жатыр. Оның мәнісі де бар: Жүністің Орал қаласындағы оқушы баласы биыл мектебін бітірмек — соған қарсылап жіберген ат, тарантасы да, баласы да қайтпай жатқан тәрізді, әйтпесе бүгін, міне, бейсембі, жексембіден қалмай көшеміз деген қажы арғы бетте хабарсыз қалып қойды. «Тым болмаса Жүнісекең көшіп келсе де үлкен өзгеріс болар еді. Қажы қажырлы адам. Сөзге де шебер ұтымды да, шаруаның жайын білетін кісі. Көп нәрседен хабардар жан, көп нәрсені білуге құмар. Шаруаның көбі осындай келсейші... Өзі де бір беткей қисық адам-ау, өз дегені болмаса, жанға көнбейтін кесір»,— деп күліп қойды Қален, соңғы жылы замандас адамдай сырлас болып кеткен көршісі Жүністі ойлап және оның кейбір қиқар мінездері есіне түсіп.
— Мәкка, биені ағытайықшы. Күн ыстық, құлын шөлдеген шығар,— деді ол әйеліне, сырттан үйге кіріп келіп.
— Ерте емес пе?—деді де, Мәкка керегенің басындағы ілулі тұрған көнекті алып, сумен ішін шайқай бастады.
— Жоқ, ерте емес.
— Жарайды, ағытайық. Базаршы күткендей, таң атса қара жолдың бойына қарайсың, ойлағаның ертерек жар жағасына бару ғой,— деді әйелі күлімсіреп.
— Дәл үстінен түстің... Мәкка-ау, өзің білесің ғой, газет-журналсыз, кітапсыз, сабақ берусіз отыра алмайтынымды. Жүкеңнің баласы келмекші еді қаладан, көп жаңалық хабар әкеледі ғой деп, соны күтіп жүрмін.
— Күткеннен, қарағаннан не шығады, келетін кісі күтпесең де келмей ме!
Ерінің сырын айтпай ақ ұғатын әйелі онан кейін үндемеді. Ішінен: «Ертеден қара кешке от басында үйде отыруға іші пысады ғой» деп ойлады да, желіге қарай кетті.
2
Әйелі Мәккаға бие саудырып, учитель жылқыны суға қарай айдады. Жардан желіп түскен бойы қара бие әдетінше суға түсіп кетті. Ол суды мойнын ілгері созып, астынан көтерілген көк саздың ылайы бетіне шығып, тұнық су қара қошқылданған сайын омыраулап тереңнен ішті; енесіне құйрықтаса түскен құлыны жоны қылтылдап, алдын орағыта жүзіп жүр.
Учитель қия жолмен аяңдап төмен түсіп, суат басына келгенше, қара бие басқа жылқыдан бұрын өзеннің ортасына шейін түзіп ішіп, орағытып қайтып келіп, суаттан шығып та кетті.
Ол жар жағасында тұрып өзенге көзін тікті. Қара бие жүзіп бетін лықсытқан судың толқыны бірте-бірте азайып, ыдырап барады. Әрегіректе желсіз ауаның болмашы лебі тербетіп, су беті бұжырланып қана жатыр. Өзеннің оң қолдағы иінінде батуға тұсау бойы қалған күннің арай шұғыласы шалмай қызыл жардың қоңыр көлеңкесі ғана түскен жерде жағалаудағы құрақ арасынан екі қасқалдақ тіркесіп жүзіп шығады да, қайтадан балғын құрақтың ішіне еніп кетеді. Онан әрман айдында сүңгіп кетіп, екі минуттай жоқ болып, арғы беттегі жал қопаның түбінен шошаң етіп шыға келген сүңгуір төбесі үрпиіп жан-жағына қарайды да, қайтадан сүңгиді. Ықтасын жерде ірі балық туласа, үріккен жасыл шабақтар жалт етіп, су бетінен қарыс сүйем көтеріліп шоршып түседі. Жар астынан жасаң самал аңқиды, мұрынға балдырлы судың тосап иісі келеді. Су бойының көркем көрінісін үнімен толтырғысы келгендей нақ жиекке дейін өскен итсадақтың арасынан бақа қырқ ете қалады да, оны қостап жел қозғамаған, тұнба көк тосапты шалшықтың іші таңдайын қаққан, көмейден үн қатқан түрлі дыбысқа толып кетеді. «Бәрі келісті, бәрі сұлу...» — дейді учитель ішінен. Оның осы пікірін қостағандай құлағына алыстан шырқаған бір таныс әннің әдемі үні талып жетті де, толық шалынбай үзіле қалды. «Қай жақтан шыққан ән» деп, ол ауыл жаққа қарап еді, айналасы қыбырсыз, малсыз, үнсіз, тіршіліктен жұрдай өздерінің тесікті, жамаулы, қара құрым үзікті жұпыны алты үйі тұр. Бұлар бейне өрттен шыққандай, ажарсыз-ақ, ана көк шалғынды, қызыл-жасыл гүлді, жап-жазық сұлу жайлау мен құрақ жұрынды, сан дыбысты, керілген көркем өзеннің шырқын бұзып тұрған сияқты. Учитель күрсініп төмен қарады. «Осыншама байлықтың ортасында қандай жарлы көрініс, қандай мүсәпір тұрмыс... жесір әйелден басқасы тепсе темір үзетін жандар. Неге сорлы, неге кәсіпсіз?..» Құлағына әлгі үзілген ән қайтадан келді. Ол кейінгі жаққа қарап еді, өзеннің арғы бетінде түбектің айналмасынан шығып, лекіте жортып келе жатқан адамды байқады, құйқылжытып салған әнін қайырған кезде оның аузына тостаған етіп, үйіріп ұстаған бөркін де көрді. Ән шалқыған бір шабытты өмір күшін мейлінше серпілтіп далаға шашып жібергендей; кешкі ауа осы жігерлі үнді алысқа әкетіп, жарға, түбекке соғып, қайтадан көтеріп жатқандай.
Мал десе Мұқитыңда-ей, екі-ау сиыр,
Болады-ау баспағымен төртеу биыл.
Мұқиттың-ай шаруалық кепінде-ай жоқ,
Елдегі төременен, айдай-ау, қараға үйір.
«Ой, шіркін, жарлы болса да сахараның сұлулығы осы әнінде ғой» деп, учитель әнді ұйып тыңдап, кенет бойын бір шаттық билеп кетті. Ол тағы да құлағын тосты, бірақ арғы беттегі аттылы өзеннің учитель тұрған тұсына келіп те қалды, оның өлеңінің соңғы шумағы алдыңғыларынан бәсеңірек шықты, үні баяулау естілді. Аттылы қыр басында тұрған учительді танып, әнін ақырын салды, сонда да оның үні айқын және әсерлі келді, бастапқы құштарлық екпінін төмендетіп әуезі балқыңқырап, толғаныңқырап шықты:
Тұзтөбе таң қаламын тұзын көрсем,
Жылойдың қуанамын қызын көрсем,
Атыма түскен қайта міне алмаймын,
Әяйдің судан қайтқан айдай-ау, ізін көрсем.
Учитель Аманқұлды алыстан-ақ, әнінің ілкі үні құлаққа тигенде-ақ дауысынан таныған еді. Салт аттының шаншылып атқа отырысы, үстіндегі киімі оның Аманқұл екеніне күмән қалдырған жоқ. «Өлеңіңнің мәнін де, әніңнің ырғағын да, даусыңның екпінін де білемін, кімге аңсап келе жатқаның да белгілі, шырақ», — деп жымиды ол, ішінен арғы жақтағы өзен жағасына төніп келген, көк майса ызаның нақ жиегіне түсе қалып атының ерін шапшаң сыпыра бастаған жігітке риза жүзбен қарап. Аманқұл — учителдің жарлы ағайыны, ірі дәулетті, атақты Шұғыл қажының жаз жылқысын бағатын жігіт еді. Бұл қазір он бес шақырымдай жердегі Шұғылдың аулынан үйіне келе жатыр. Аманқұл жаздыгүні кештетіп те, түнделетіп те, таң ата да жұмасына бір рет, онан да жиі елге соғып кетіп жүретін; жиын-тойдан, ойын-сауықтан қалмайтын және оны жұрттың бәрі білетін ауылдың нағыз сырбаз жігіті. Ауыл-ауылдың арасында болып жатқан жаңалықтар, түрлі әңгімелер, ұсақты-ірілі өзгерістер көбінесе Аманқұлдың жеткізуімен көптің құлағына шалынатын. Қален Аманқұлдың әніне қандай шаттанса, оның келуіне де сондай қуанды. Сондықтан аттың ер-тоқымын сыпырып алып, оны мұқияттап қалың жыңғыл шөкесінің түбіне тығып, атын арқандап, жағадағы қоға арасынан көрінер-көрінбес етіп көзден тасалап қойған қайықты сүйреп шығарып, оның суын төгіп, ескексіз қолмен есіп, арғы жағадан бері жылжыған Аманқұлдың бар қимылын ол көз алмай қарап, жете бақылап, бергі бетке жеткенше сабырсыздана күтті. Ол жар басынан ылдиға түсіп, суаттың қайық шығатын асты қайраң, шеті тапталған жайма жеріне келіп тұрды.
— Ассалаумағалайкүм, Қален-аға!— деді Аманқұл, қос қолдап суды құшырлана серпіп-серпіп жіберіп, басын жоғары көтеріп алып.
Бір көтеріліп, бір түсіп, су бетін шылпылдай соғып келе жатқан қазақы қайықтың түзу басы екпінмен келіп, жиектен бір кездей озып, құмды сүзіп тұра қалды.
— Уағалайкүм-ассалам, Аманқұл, аман ба?
— Шүкір,— деп, жігіт жерге секіріп түсіп, орта беліне дейін қайықты сүйреп, құрыға шығарып тастады.— Үй іші аман ба, Қален аға, ауыл тегіс тыныштық па?
— Аман-ақ. Бала-шағаға дейін сені сағынып күтіп тұрмыз...
Аманқұл учительдің бетіне жалт қарады да, оның жымиып тұрғанын көріп, қарқылдап күліп жіберді.
— Ай, Қален аға-ай, астарсыз сөзіңіз жоқ-ау. Күтсе, міне келдім...
— Жоқ, әзіл өз алдына, бас болып сені мына мен күтіп тұрмын.
Аманқұл жерге отыра қалып, жалма-жан балағын түсіріп жіберіп, ақ жұлық болған түзу табан былғары етігін киді де, орнынан атып тұрып, беліне түрген түйе жүн шекпенінің етегін түсірді, қия жолға қарай учительмен қатарласа жүрді.
— Қашан шықтың ауылдан? Тура келесің бе, әлде жолдағы ауылдарға соқтың ба,— деп сұрады Қален Аманқұлдан, оның өтірік болса да бір жаңалық айтатынын біліп, соны естуге құмарланып.
— Қален аға-ау, қайдағы ауыл, өрістен, жылқыдан, «Мың шұңқырдан» шықтым. Шұғыл мені ауылдан жіберер ме, өлдім десем босатар ма, ә! Жылқының басынан кеттім. Таудан ойысып келіп, «Қан жұртының» сыртымен Сағаға соғып, онда біраз болып, Ақпан түбіне келсем, Жүніс қыстауының қасында қаңтарулы ат тұрғанын көріп, түсе қалдым. Жүністікіне емес, Бекейдікіне түстім. Жүністің баласы келіпті Текеден. «Үлкен әкім болады» деп күмпиіп отыр Қадес. Қой сойып жатыр, бірақ ет жеуге болмады; жаңа сойылып жатқан қойдың еті түннің бір уағысыз пісер ме? Жүріп кеттім, үйге жетуге асығып...
— Тоқта, тоқта. Сен үсті-үстіне шұбыртып, әңгіменің бірінің басын бірінің аяғын қосып мағынасыз сөйлейсің. Жүністің баласы дегенің Хакім бе? Ол қандай әкім болмақшы? Шатастырып келесің ғой өзің.
— Қален аға, шатастырған түгім де жоқ, өтірік айтсам ішім жарылсын, «әкім болып келіпті»,— деп соғып отырған Қадес. Ойбай-ау, әкім болмаушы ма еді? Жүністің мәңгі-бақи көздегені Шұғылдай болу ғой. Шұғылдың Ехласы Қызыл үйді билеп тұр. Жүністің баласы да бір лауазымды ұстамай ма? Кәдімгі әлгі Текеде оқып жатқан Хакімі. Маған «амандасайын ба, амандаспайын ба?» деген адамша мұрнын көтереді, әкесі Жүніс емес пе, шеннен шыққан тоң мойын, томар жөлке, Шұғыл боламын деп бола алмай қалған томырық сотқар. Соны да жұрт қажы дейді-ау, аузына не кіріп, не шыққанын білмейді «Әй, сен қайдан келесің, Шұғылдың сумақай тазысы?!»— дейді маған, «аманбысың» деудің орнына. Мен бір сүтін арамдап кеткендей-ақ, — деп Аманқұл әкесіне де, баласына да іштей наразылығын ақтара салды.
— Өй, жолың болғыр, сен Жүкеңе де, баласына да әбден өкпелеп қалыпсың ғой. Жүкеңнің мінезін білмеуші ме едің осы күнге дейін, ол сені жек көргеннен айтып отырған жоқ, Шұғылды мұқатпақшы болып айтқаны ғой. Бірақ ол Шұғыл сияқты емес, дәулеті де шағын, өзі де адамшылығы күшті және ағайынға ізгілігі мол парасатты адам. Ие, Хакімнің нендей әкім болғанын айтқан жоқ па? Қызық екен, ерте бастан әкімдікке ұмтылғаны. Қой, сен қате түсінген шығарсың.
— Әй, Қален аға-ай, досыңыз болған соң жуып-шайып жақтайсыз ғой Жүністің мінез-құлқын. Адам сүйер қылығы жоқ кісі. Тасыр-тұсыр, шатыр-шұтыр еткен бірдеме, Шұғыл сияқты болмаса болмас, бірақ, Шұғылы не, Жүнісі не, бәрібір біз сияқты жалшы-малшыларды төріне шығармас олар. Әлгі кедейлерді жақтайтын болшыбек келіп көзді ашпаса. Айтқандай, Қален аға, мен Сағада Бәйестің дүкеніне соғып едім, ол кісі сізге көп-көп сәлем айтты. «Әбекеңмен бірге Қалекеңе барып сәлем береміз»,— деді. Әбекеңнің кім екенін білесіз бе? Міне нағыз адам: «Сен, бала Шұғылдың жылқысын бақтым деп жасыма. Мал — баққандікі, жер — жыртқандікі болады. Кедейдің сөзін сөйлейтін, таяғын соғатын үкімет келеді»— деп менің арқамнан қағып сөйлейді. Міне адамның төресі. Сонсын сізге Бәйес: «Мына бір қағазды Қаленнің өз қолына табыс ет»,—деп беріп жіберді. Мен оған әрине: «Қалекең менің туған ағам, қалайша мен оның қолына табыс етпеймін, әлбетте табыс етемін, өз қолына тура табыс етемін. Қам жемеңіз. Әбеке, сіз де Бәйеке, мені білесіз ғой» дедім. Оқыған адамдар сондай кішіпейіл,— деп Аманқұл шекпенінің қойнынан жұмырлап бүктеп, белінен кендірмен буған сары қағазды суырып алып, Қаленге ұсынды.
— Әбекең дейсің бе?— деп Қален өзі білген «Әбеке» атты адамның бәрін есіне түсіре бастады, Аманқұлдың қолынан буда қағазды алып жатып.
Сөзуар Аманқұл «үлкен сырды мен де білемін» деген адамша төңірегінде жан жоғын біле тұра, айналаға бір қарап алып, дауысын бәсеңдете сөйледі:
— Әлгі нағыз үлкен Әбекең, Текеден келген Әбекең. Сіз білерсіз, ол сізді жақсы біліп тұр. Казак-орыстарға қарсы шыққан болшыбек. Мен ол кісіні мұнан бір жұма бұрын көргенмін. Ауылға келіп қайтармын деп шықтым да, жолшыбай Сағаға соға кетейін деп ымырттатып келсем, Танекең жігіттері ойын жасаймыз деп дүбіліп жатыр екен. Ойын дерлік ойын да болмады, тек құр әуре; қайдан ойын болсын қыз алдына тартатын жеміс жоқ. Жеміс бар ма екен деп Бәйестің дүкеніне кіріп едік Сағынғали екеуміз: «Жеміс қазір болмайды, жігіттер. Соғыс кезінде жеміс бола ма?! Жемісті мына казак-орыстардың атамандарын қуып жібергенде жейсіңдер. Заман сендердікі, міне осыны ойлаңдар. Қазір не болып жатқанын білесіңдер ме, өздерің? Шаруаларды жақтайтын жұмыскерлер орыстың байларын қуып жіберіп, өкіметті өздері билеп жатыр», — деп тағы да толып жатқан әңгімелерді айтқаны бар емес пе? Біз не айтайық, аузымыз аңқайып, біраз тыңдап тұрдық та, дүкеннен шығып кеттік. Былай шыққасын Сағынғалиға: мынау кім десем, ол: бұл Текеден келген үлкен адам, білімді адам, балшыбек. Казак-орыстың атамандарына қарсы шыққан адам,— деді.
— Жасы қай шамада, көруге қандай адам.
— Өзіңіз шамалас, қара торы кісі, мұртын қырып тастаған, орта бойлы, орысша киінген, оқыған адам, сөйлегенде екі көзі адамды тесіп кете жаздайды,— деді Аманқұл лекіте сөйлеп.
Аманқұлдың байланыссыздау болса да көп нәрселерді аңғартарлық ұзақ сөзінен Қален учитель Әбекеңнің кім екенін анық топшылады. «Казак-орыстардың атаманына қарсы шыққан» деген сөз оған көп оқиғаларды ұқтырғандай болды. «Бұл сөз жоқ большевик Әйтиев, кәдімгі Әбдірахман ғой. Шаруалар депутаттарының съезін қуып жіберіп, басшыларын ұстап қойды деп еді. Бұл кісі казак-орыс атамандарының қолынан сытылып шыққан екен ғой. Сөз жоқ, сол. Ғажап, неге бұл жерге келді екен? Бұған Жымпиты үкіметі де қас қой...» — деп ойлады ол үйге жете бергенде. Аманқұл өз үйіне бұрылды да, учитель аяғын асыға басып үйге кірді. Ол әйелінің көзін алмай таңырқай қарағанын да байқаған жоқ. Белінен буған сары қағазды, Әбдірахманның хатын алып оқуға асықты.
3
Учитель кеш бойы газет оқып, қағаз жазумен болды. Кешкі тамақтан кейін де оқып отырып қалды.
— Неге жатпайсың? Түні бойы газет оқымақсың ба? Өзің де көзіңді ілмейсің, басқаға да ұйқы бермейсің, саған бүгін не болған?— деді төсекте жатқан Мәкка, керосин шамның жарығымен газет, журнал оқып отырған учительге, түннің әлдене уағында:
— Ұйықтай бер, ұйықтай бер. Бәрі келісті, бәрі әсем.
— Ненің бәрі келісті... не айтып отырсың өзің, саған бірдеме көрінген шығар, өзіңе өзің сөйлеп, ұйқысырап жатқан адамдай. Әлгінде «міне, Әбдірахман жігіт» дейсің қайта-қайта, Әбдірахманың кім ол?
— Әлдебір ойлар келіп, ұйқы келмей қойды. Сонсын журнал қарап отырғаным... Әбдірахман баяғыда менімен бірге оқыған жігіт. Сол хат жазып жіберіпті, маған келіп сәлем беремін деп. Бұл бір ұзақ әңгіме, соңынан айтармын, ана балалар оянып кетер, ұйықтай берсейші.
— Қалай ұйықтайсың, шам жарқырап, қасыңда біреу теріс қарап күбірлеп сөйлеп отырғанда. Әлдене бір ой... қандай ой күндіз-түні бастан кетпейтін? Учитель, сен қызықсың өзің. Түнде бөтен ойларды ойламас болар, әсіресе қасыңда әйелің жатқанда...
Учитель мырс етіп күліп жіберді.
— Менің ойлаған ойым, сенің ойлағаның емес, Мәкка. Кейде балаша сөйлейсің.
— Мен не ойлаппын, тапшы?!
— Сөйлеме, балалар оянып кетеді.
— Ендеше, сен де қозғала берме күбірлеп.
— Күбірлемеске амал бар ма, дүние түбірімен өзгергелі тұрғанда.
— Немене болыпты?— деді әйелі мойнын үрейлене бұрып.— Былтыр қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ дегендей бір беткей сөйлеймін деп жұрттан бөлек бір өзің учительдіктен босап қалып едің, тағы бір бәлеге араласқалы жүрген жоқсың ба? Ол қандай нәрсе, дүниені түбірімен өзгертетін?
— Айналайын, мен саған ертең бәрін айтып берейін, ұйықтай берші. Үрейленетін ешнәрсе жоқ, қайта қуанатын, шаттанатын әңгімелер бар. Адамның іші сезеді болатын нәрсені. Соғыс жөнінде айтамын, өзгеріс болады деп. Әділет жеңбей қоймайды...
Әйел ерінің сөзін анықтап түсінбеді, «жақсылық» дегеніне сене де қоймады.
— Тыныш үйде отырсаң — ең жақсылық сол, маған онан артық ешнәрсенің керегі жоқ.
— Үйім бар, күйім бар, осыдан артық ешнәрсе керек емес дейсің ғой шамасы?— деп кекетті учитель, әйелінің таяздығына риза болмай.
— Енді не тілейін деп едің, осыған шүкіршілік ету керек. Жұрттың көбі өзіңдей болсам деп арман етеді.
— Баласың, баласың. Халықтың қолын білімге жеткізу керек; өнерге үйрету керек, міне мақсаттың ең үлкені. Ол үшін мына мен сияқты қазір төсекте төңбекшіп жатпай, дүниеде не болып жатқанын естуге, білуге тырысу керек, өз ошағың басы емес, бүтін елдің қамын ойлау керек.
— Бүтін елге жақсылық істеп жеткізе алмассың. Білімге қолын жеткізсең — әне, бес баланы оқытып отырсың ғой. Ол өнер үйрету емес пе?
— Маған бес бала емес, елу оқыту керек. Ана хат танымайтын толған қара сирақ балаларды мен оқытпағанда кім оқытады, шырағым-ау?.. Он-он бес жыл бойы алған білімді соларға бермегенде мен кімге беремін,— деді учитель қынжыла сөйлеп.
Әйел, көптен бері ойлап, еріне ашық айта алмай, ішке сақтап келген бір наразылығын енді тоқтата алмады. Шаруасына кесір, әрі басына пайдасыз, жұртқа істеймін деген ерінің осы құр «жақсылығы» оған ұнамай-ақ келіп еді. Сондықтан ол:
— Учитель-ay, осы жұрт молда екеш молданы да ақы беріп ұстайды. Әне сен қаладан келмей тұрғанда қажы екі баласы үшін Сақып молданы үйіне ұстап сабақ оқытты. Ала қыстай әліпби мен әбжәтті бітіріп ең болмаса әптиекісе де түсіре алған жоқ, сонда да Сақыпқа еңбегің деп бір сиыр беріп жіберді. Сол молданы биыл тағы ұстаймыз деп отыр Әлібектің шешесі. Молдаға ақы бергенде, сенің молдадан кем болғаның ба, әлде тегін оқытуға міндетті ме едің жұрттың баласын?!— деп салды.
Әйелдің сөзі шындық сөз. Мұны учительдің өзі де талай ойлаған-ды. Тіпті бұған кінәлі тап өзі болатын, үйткені Жүніс тәжірибелі адам, басын ашып алмай ешнәрсе істемейтін жан-ды. Ол Қаленге: «Істің басы байлы болса, түбі сайлы болады» дегені бар. Мына екі жаманға білім үйрет, білгеніңді аяма. Бірақ айтып қой, бие десең бие беремін, түйе десең түйе беремін. Екі-үш баланың тәрбиесіне жетерлік жандық бар әзір дегенде, ол: «Қажеке, биылша ақы сұрамаймын, сіздің балаларыңызды өз ініме қосып, оқыту тәжірибемді үзбеу үшін, ұмытпау үшін, өзім үшін оқытамын. Үзбей, тәртіппен программамен оқытатын кезде, отыратын, жазатын партасы бар, тақтасы бар мектеп ашылған кезде сөйлесерміз еңбек ақыны» деген болатын. Әйеліне жауап есебінде осыны айтқысы келді де, бірақ сәл бөгеліп қалып:
— Жарайды, сенің айтқаның шындық. Мұның өзі де бір үлкен әңгіме,— дей салды.
Бұлардың әңгімесі әлі де ұзаққа созылып, мұнан да тереңдей берер еді, бірақ оны өгіз бөліп жіберді. Есік алдындағы ағаш арбаны иықтап-иықтап сүйкенумен мейірі қанбаған қызыл өгіз екпіндеп келіп қазан жақтан үйді киіп кетті, демін құшырлана алып, қос танауы пыс-пыс ете қалды; аяқ-табақ қойғыш үстінен бір-екі тостаған ығысып барып жерге құлап, іргеге сүйеулі тұрған жез табаға соқты. Учитель үйден шығып үлгіргенше қызыл өгіз екінші рет екпіндей кимелеп құлаған аяқ-табақтың салдырын, керегенің сықырын бұрынғыдан да күшейтіп жіберді, танауының пысылы үдей түсті.
Учитель қызыл өгізді қотанның ортасына қарай айдап жіберді; қараңғыға көзі үйрене бастады, жарық үйден шыға келгенде өгіздің алпамсадай денесінен өзге ешнәрсені көрмеген көздері сәлден кейін қотанда жатқан малдарды, қатардағы үйлерді анық аңғарды; тіпті шеткі үй жақтан шығып қотанның шетіне қарай ойысқан бір адамның бейнесіне көздерін қадай қарап, оның түп-түзу сұңғақ денелі Аманқұл екенін қатесіз таныды. Әзіл, қалжың, рахат күлкімен көңіл көтеру қызығына ұйқысын құрбан еткен жігіттің жастық желін ол күндегендей қарады, бір жағынан оның көңілге жігер және белгісіз шаттық құярлық жақсы-жақсы хабарлар әкелгеніне шексіз риза болды; ол байқамай тамағын кенеп қалды. Аяқтарын асыға басқан жігіт отыра қалды да, есік алдында тұрған учительді жарықтағыдай ап-анық көрді; ұзын бойлы, ат жақты, ашаң өңді учитель өзінің дағдылы, сабырлы қимылымен байқағыш көздерін жамыраған жұлдызды шымқай қаракөк аспанға қадап тұр. «Сол аспанда не бар екен соншама қадағалап қарағандай... оқыған адамдардың қаншама ақылды болса да бір тіні кем шығар осы»— деп ойлады Аманқұл ішінен күліп. Бірақ учительдің көз тігіп, жұлдыз әлемін шарлағаны ішіндегі сипаттап болмайтын үлкен әсерлі көркем сезімнің шарықтаған тілегі еді.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Жүніс қажының қыстауы Кеңтүбектің бойындағы, аттың тағасындай, дөңгелек шұңқыр сайдың да ортасында — Аралтөбеде. Дәулеті шағын болса да, Жүністің аты зор. Біреулер — қажыны алғыр деп риза; біреулер ағайыншыл, әділетшіл адам деп мақтайды, ал бір қатар жұрт: «Қажының әкесі марқұм Сүйекең ел қамын жеген кісі еді ғой, бұл да әкесіне тартқан»,— деседі.
Қажының төрт баласы бар. Олардың ең үлкені Нұрым, сол Нұрымнан кіші баласы Орал қаласында оқып жүрген Хакім-ді.
Сәрсенбі күні келеді деген Хәкім бейсенбі күні де кешікті; екі күннен бері жақындары көпір айналатын жолды да, Шолақ Аңқатыдан өтіп төте келетін жолды да кезек-кезек қыр басына шығып қарап қояды.
Хакім келеді деп жиналған жанама ағайындары землянканың көлеңкесінде отыр. Олардың ертеден бері мақтағаны Хакім, оның бала кезінен бергі өмірін сөз қылады. Ішінен: «Мен де баламды Хакім сияқты Текеде оқытсам» — деп арман ететін Қадес сөз арасында өзінің Тайетін қыстырып кетеді.
— Сабаққа Хакім жасынан жетік еді. Әптиекті бір қыста екі оқып шықты ғой. Ал, біздің Тайет те қояр емес, қазір Тәбәректен асып та кетті, құдды Хакім, туысқанға туысқан тартпай қалмайды екен-ау! Қажы аға, осы Қызыл үй ңаласында Хакім неше жыл оқып еді! Тайетті алдымен сонда берсем деп едім,— деді Қадес бос сөзге қосыла бермейтін Жүністі жетелей сөйлеп.
— Алты жыл,— деп Жүніс қысқа жауап қайырды.— Қаленге оқыт.
— Қаленге Амантайды беріп, Тайетті Қызыл үйге, содан кейін Текеге жіберсем деп едім, зерек бала ғой Хәкім сияқты.
Жүніс үндеместен оған тіктеп бір қарап қойды. «Әр нәрсені уақытында көру керек, сен мылжыңсың күні бұрын жоқ сөзді айтасын» — деп Қадесті ол тойтарып тастайтын. Сөзіне аса елтипат қоймайтынын жақсы білетін Қадес қажының қарасынан тағы да осыны ұқты. Ол үндемей қалды.
— Қаса жаман қатыны мен баласын мақтар деген. Айтайын дегені сол Тайеті,— деп күңк ете қалды Тояш көңнен жабысқан балағындағы аш бүргені ұстап алып, қолымен уқалай түсіп.
Оның бұл сөзіне Қадес құлақ қоймады. Тояштың өзін де, сөзін де елемейтін мұның бастан әдеті. Енді ол шолан жақтағы көлденең жатқан келіге құйрығын қойып отырған Тояшқа мойнын бұрып:
— Тойеке, осы әлгі Хакімнің суға кетіп қала жаздағаны қай жылы еді?— деп сұрады.
— Есенге ақтық рет көшіп барған жылы, сетік нардың желбезегі жырылатында,— деді Тояш мойнын бұрмастан.
— Иә, иә, апырмай, бір өлімнен қалды-ау сонда Хакім! Тойекең болмағанда кетіп еді, ажалы жоқ, татар дәмі алда, сондықтан қалды.
— Айналайын десейші. Құдай-ау, сақтай гөр құлынымды, көбік ауыз қайным-ау (көп сөйлейтін Қадесті әйелдер: «көбік ауыз қайным, көбік ауыз қайнаға» деп кеткен), неге кешігіп жатыр екен Хакімдер?— деді қажының бәйбішесі Балым айран шелекті жуып жатып.
— Әлгі Сүлеймен жортақ қой, оны шыр айналдырып көпірмен алып келемін деп еліктірген. Әйтпесе неше келер еді. Айтайын дегенім, Тойеке, сен жақсы білесің, сонда біз су жағасына неге барып едік осы?
— Қайрақ алуға.
— Иә, иә,— деді Қадес, сөзін қостату үшін Тояштан біле тұра сұрап,— бұл ғажап қой. Су астынан қақпақ тас іздейміз. Тасты табу да қиын — тізеден құмқайрақ; аяқпен іздеп жүріп тапсаң, оны көтеру тағы оңай емес. Ал қақпақ тасты көтерсең-ақ болғаны асты тізілген қайрақ. Қолмен жонып қойғандай, тек шетінен омырып ала бересің; орақ жануға деп әдейі жасап қойғандай. Мен оны іздесем табушы едім, қақпақ тастың жататын жері беп-белгілі...
— Ал, мақтанды. Су асты тас, тастың астында көтерсең қайрақ бар, оның мақтанатын түгі де жоқ. Өзіміз талайын тапқамыз,— деді Тояш.
— Екі қолым толған қайрақ, аяғыммен жүзіп жағаға жақындай берсем — қайраңда суға түсіп ойнап жүрген Хакімім адам бойламайтын тереңде бір батып, бір шығып жүр. «Ойбай, Тойеке, ұмтыл. Хакім суға кетті!» деп айқай салдым. Тояш әйтеуір жақын еді балаға, баланың батқан жеріне суға күмп берді; қараймын, бала да жоқ, Тойекең де жоқ... Қайрақты жағаға қарай лақтырып жіберіп, мен де ұмтылдым. Бір заман су бетінде бала көрінді, аздан кейін баланы көтерген Тойекеңнің бақандай-бақандай қолдары да көрінді, бірақ өзі жоқ. Мен де жеттім. Жалма-жан қол беріп сүйрей жөнелдім. «Пуп»— деп демін бір алғанда, Тойекеңнің кеудесінен шыққан леп кішігірім үйді жыққандай, су бетіне толқын тұрғызып жіберді...
— Ой, күпілдетуіңе болайын!
— Айтайын дегенім: балада өң де жоқ, түс те жоқ, көкпеңбек боп аузынан су ақтарылып, бір сүт пісірім талып жатты. Сол ажалдан қалған Хакім ғой, мынау енді күтіп отырғанымыз. Бал жеңге, Хакім сонда нешеде еді,— деп сұрады Қадес.
— Беске қарап тұрған кезі еді ғой, айналайынның. Өтіп бара жатқан дүние десейші, кеше ғана сияқты соның бәрі.
— Бәсе, Тойекеңнің жұдырығынан аз-ақ үлкен еді-ау судан көтергенде, бес жастағы бала не босын одан артық. Оған қарағанда біздің Тайеттер тайқардай ірі екен-ау жас болса да...
— Тайетің ірі де, бірақ өзің сияқты қауқар, алыса кетсе Әділбек оны жерге ала бұғадай көтеріп соғады,— деді Әреш. Қадестің өз баласын мақтағанына әбден ыза болып.
— Әй, сенің балаларың қайда жүр?— деп сұрады қажы әйелінен.
— Су жағасына кеткен, қайтады ғой кешікпей,— деді Балым.
— Ертеден кешке дейін су жағасында, қол-аяғы жарылып, азып кетпей ме? Қаңғыма деп қойсаңшы оларға. Әңгіме енді қажының үйдегі екі кішкене балаларына көшті. Қадес ебін тауып, бұларды да сөз арасына қыстырып, қажыны мадақтай түсті.
— Рас, Әділбек пысық және өткірлігі керемет, тек тірі болсын, ауған жоқ, қажы ағамның өзі!— деді.
Көлденең көзге ызғарлы әрі салмақты көрінгенмен тиімді теңеуге қажының іші де бал қаймақтай. «Қыһым»— деп тамағын кеней түсіп:
— Оның өткірлігінен тапқырлығы басым,— деп сүйенбесе де қолға медеу шегіршін таяқпен жерді түртіп-түртіп қойды.
Тояш үндемейді, ол сөзге сараң. Тіке тірелген лебізге ғана тіл қатады, өздігінен әңгімеге араласқан жан емес. Жұрттың сөзін ол елең қылмайтын жан сияқты — насыбайын атып көпке бір қырын отыра береді. Қазір Жүністен именіп Қадес те, Тояш та насыбайын ата алмай отыр. «Насыбай атып келмейміз бе? дегендей оқтын-оқтын екеуі біріне-бірі қарап та қояды; кейде тіпті олардың үйренген қолдары қоныштағы шақшаға байқамай барып қалып, амалсыздан құр қайтады.
Күн ыстық, ауыздан шыққан әуез әу дерлік жерге де баратын емес. Көлеңкеде сөйлесіп отырып бұлар келген арбаның салдырын да естімей қалды.
— Әй, жортақ-ай, құйынсың-ау бір жүрген! Қай жақтан келгеніңді де білмей қалдық,— деп Қадес орнынан тұрып үлгіргенше, Сүлеймен жарға аттың басын тіреп.
— Ассалаумағалайкүм!— деді.
Он шақты пар көздер арбадан секіріп түскен Хакімге тігілді. Ошақ басынан, сенектен шыққан әйелдер де арбаға қарай жылжыды. Орнынан тұрмаған жалғыз Жүніс. Ол баласының киімін, өн-бойын, оған қоса ой өрісін шамалап өлшеп аларлық қараспен төменнен жоғары қарай сүзе келіп, көздерін қара бөріктің астына симай тұрған толқынданған қою қара шашына қадады. Туған үйді, әке-шешені, туысқандарды көргенде елжірей қобалжып кеткен Хакім жас балаша қипаңдап, әрі еркелей күлімсіреп көрісуге дөптеген қолдарын әкесіне соза түсті; бірақ ол өзінен көрі шашына ауған найза назарды көріп, қымсына бастады. Әр жағына өтерлік, бұрғылай қадалған әкесінің бұл белгілі қарасы шашын шарпып жібергендей болды. «Ең білімді, ең ақылды Қален шаш қойған жоқ; дәрігер Букі Жанғали де мына сияқты поптың шашындай, бір қамба етіп, шаш өсіріп көрген емес. Қазақ оқымыстыларының бірінде де жоқ қой бүл әдет! Көрдің бе, елден бөлек есерленуін»—деп ойлады әкесі оның созған қолын алып жатып. Ол баласының бетінен сүймеді, бауырына қысып оны құшақтаған да жоқ. Сағынған әке салқын... «Бәрін бұзған шаш. «Ежик» етіп алдырсам, бәлкім, көкем байқамаған да болар еді, әттеген-ай...» деп өкінді баласы ішінен. Мағынасыз езу тартқан күйі Хакім босанған қолымен бөркін баса түсті. Ол жалма-жан, әкесінен кейінірек тұрған Бекей, Тояш, Қадестермен көрісіп болып, шешесіне ұмтылды. Балым құшақтап сүйіп, мырс-мырс жылай берді. Ұзын бойына қолын соза аймалап, баласының шашын сипалай түсті.
— Қалада қарайтын ешкім жоқ. Жүдеп қалыпсың, айналайын. Жөндеп тамақ та ішпей қаңсып жүргенсің ғой...
Хакімнің жүзі өте солғын; соңғы әлекті ай мықтап жүдеткен. Оның үстіне емтихан, шала ұйқылы түндер, әлсіз тамақ, жарау жүріс қан-сөлін сорып алған. Таразы дене, ашаң жүзқалада әсем болғанмен тоқ бетті, толық иінді қызыл күрең тартқан қыр жандарына Хакімнің ашаңдығы айқын білініп тұр. Әсіресе ол анасына науқас жандай көрінді.
Жер ошақ басында екі әйел құрт қайнатып отыр.
Жайлауға шығар алдында Балым кемпір көшкенде төгіліп, шашылатын іріген сүт, ашыған айрандардан ірімшік-құрт қайнатып алатын-ды. «Жайлау аса қашық болмаса да жолда өтетін терең Аңқаты бар; дүниенің тап-тұйнақтай болғаны жақсы» — дейтін ол абысындарына. Міне, бүгін өзі қаладан келген баласының қасында құшақтап сүйсе де мауқы басылмастан, маңдайынан әлсін-әлсін сипап қойып, көзінен шыққан шаттық жас әлі құрғамастан, келгендерге қызыл күрең шайды өзі құйып беріп, абысындарына құрт қайнаттырып жатыр. Дастарқан үсті бір бүйірі қызарған бауырсаққа толы, шағылған шекер де жатыр; арнап ашқан қозы қарыннан салған шұбар тостағанда сары май да тұр; жыл бойы көрмеген баласына сақтаған жент, тіпті оразада ауыз ашуға арнап жүрген мейіз де кебеженің түбінен шығып, бейілді кемпірдің, берекелі дастарқанына келіп жетіпті.
— Же. Айналайын, же. Үйдің асын сағынған шығарсың. Қаймаққа былғап тары берейін бе? — деді кемпір, үй жағдайынан жатырқап қалған баласына елжірей қарап.
Салқындау қарсы алғанмен «адам болған» балаға Жүністің де көңілі толы. Ол бауырсақты баудай түсіріп жатқан Сүлейменге қарап:
— Қала тыныштық па, не жаңалық есіттің,— деп сұрады.
— Қайдан тыныштық болсын, қажеке-ау. Асты-үстіне шығып жатқан бір дүние. Белкүллі, қырғын,— деді ашаң өңді, сөзуар Сүлеймен, бауырсақты асыға жұтып.— Көпір аузындағы Елекшайдан насыбай... жоқ, бәлкүллі қате, насыбай емес... «Менің атыма тимей ме?» — деп сұрап ем оңашалап, ол: «Сүлешке, сен атты беріп арбаңды өзің сүйреп қайтасың, прямо. Aт түгіл үстегі шапаныңды да, бастағы бөркіңді де, қолдағы қамшыңды да алады. Қала толған сенікі ханның киргиздарың»— деп зәремді алғаны...
Сүлейменнің байқамай «насыбай ата бардым» дей жаздағанына қасындағы насыбайшылар күліп жіберді. Бірақ бұған қажы назар аударған жоқ. Ол өз ойымен болып отыр, қаладағы хан жігіттері қырып-жойып елден ат пен жігіт, киім мен азық жинап жатыр дегенді бұрын да естіген, соны ойлайды. Сүлейменнің қосыңқырап сөйлейтінін ол жақсы білетін, оның сөзіне түп-түгел нана қоймайтын, алайда ол сұлбасы дұрыс екенін шамалап отыр.
— ...Мен оған: жай шаруасымен жүрген адамның атына да көздерін тіге ме десем, ол: «Фу, Сулешке, сен бала болғансың; шаруасымен жүрмейтін адам бар ма, бәрі де шаруасы болып келеді, бірақ мәстек алып қайтады, жақсы атын солдаттар алады. Сен қазір ана Мишканың үйіне бар — Михаил Пермяков, білесің ғой, балташы болып жұмыс істейтін? Соның үйі тыныш, атты қораға байла, шөп сал, күндіз жұмысыңды бітір, түнде кері қайт»,— деді, бұл сөзді Бозымбет құда да айтты — биеңнен айрыласың, шетке, анау орыстар жағына түне де, көзге түспей баланы алып кері қайт,— деді. Амалсыз Михаил Пермяковтікіне барып түстім. Ертеңіне түнделетіп шығып кеттік. Михаил айтады: шаруа қазақ малын базарға әкелуге де қорқатын болады, кешікпей базар да бітеді,— дейді.
Шай ішіп отырған Қадес пен Сүлейменнің сөзіне терең мағына бере тыңдағандай бірі таңдайын қағып, бірі «ту-у» деп таңданды да, бірақ үндемеді, Жүністің аузына қарады. Қажы:
— Бейбастық жүрген адамдарына тыйым салмай ма өкімет деген, кез келген жанның бәріне қалай тиісе береді?!— деді.
— Қызыл үйде онан да қатты дейді ат пен жігіт жинау,— деп Сүлеймен қызыл бұрансұз орамалмен маңдайының терін сүрткіледі.
— Ала сапыран кезең бір тоқырар десек, бұл қиын екен. Келесі жексенбіге қарай базарға жүрмек боп ем,— деп Тояш шынаяғын төңкеріп, кейінірек шегініп отырды.
— Қызыл өгізіңді апаратын ба едің?
— Ие, шай-су, киім-кешекке қаржы керек болып тұр. Кішкене інілерінің қайда жүргенін білмей елегізіп отырған Хакім, шешесінен сұрап үлгермей-ақ сырттан Дәмеш кемпірмен екі інісі кіріп келді.
— Балаңның келгенін ешкімге айтпай, тойын жасырын жасап жатырсың ба, Балым?— деп Дәмеш үйге сөйлей кірді.— Жасырсаң жасыр. Бәрің де жөн білмейсің, мына Әділбегім тірі болса, шешесін сыйлайтын осы болады. Көрдіңдер ме шешесіне байлағанын.
Дәмеш кемпір сол қолына ұстаған үлкен шортанды отырғандарға мақтана көрсетті. Орнынан тұрып көріскен Хәкімге ол:
— Жасың ұзақ болсын, қарағым. Аман-сау келдің бе? Әділбек бірақ бәріңнен артық болады,— деп қойды.
— Атқұлақтың сағасынан ұстадым, қайраңдап қалыпты. Зарлауық шешеме байладым,— деп Әділбек бетінен сүйген ағасына көңіл қоймастан, шортанды қалай ұстағанын баяндай бастады.
Әлібек ұялып босағада тұрып қалды. Жұрттың назары шортан ұстаған, сөзі тастай кішкене қара балаға ауды.
2
Ертеңіне Жүніс сәске кезінде ат жектіріп, Хакімге делбе ұстатты да, жұма намазын оқып қайтуға мешітке кетті. Әдетінде ол тарантасқа өзі жалғыз отырып, үлкен торы аттың делбесін өзі ұстап барып қайтатын намазға. Бұл жолы баласын қасына ертті, оны жанына отырғызды. Ойы: мектеп бітіріп, ер жетіп, ел тізгінін ұстауға жарап қалған баласын ишандарға, қажыларға, елдің игі жақсыларына көрсетіп қайтпақ, үлкендерге сәлем бергізіп, қолдарын алдырмақ еді.
Шұңқыр сай мен үлкен қара қоғаның сырт беті Шал дөңесінде Ақпен бейіті жатыр. Бейіттің әлі шөкпеген төрт құлақты үлкен молалары көзге шалынады; оның қыбырсыз қарасыны сағыммен көтеріліп, мұнартып, әлдене бір ғажайып шаһардай болып көрінеді де жақындаған сайын молайып, жермен-жексен болып жатқан сансыз төмпе, самсаған құлпы тас болып кетеді. Қуанышы аз, қайғысы мол, әрі әбігерлі, әрі ұшы-қиыры жоқ құмырсқа бейнетті өмірден мұрша тауып, жым-жырт жатқан жандардың тұсынан Жүніс дұға қылмай өтпейтін. Орта Аңқаты бойын қоныс еткен сонау Алқакөлден бергі ауылдардың зираттары қауым-қауым болып, осы бейітте жатыр. Жүністің де ата-бабасы мен мол ұрым-бұтағы Ақпанның оңтүстік жақ батыс бетінен мәңгі қоныс тепкен-ді.
— Ата-бабаның зираттарына дұға қыламыз. Көкем құлпы тасының тұсына қарай бұр аттың басын, сен аят оқисың,— деді қажы Хакімге.
Ол: «Міне, ата-бабаң да риза» дегендей, баласының көк құйқасына жеткізе қырған басына күлімсіреп қарап қойды.
Көптен аят оқымай бала кездегі білетін сүрелерінен қарайып үлгірген Хакім сасып қалды да, сәлден кейін оңай жол тапқанына ішінен қуанып кетті. Ол әкесінің сол жағынан үлкен құлпы тасқа қарап, көк шөптің үстіне жүгініп отыра қалды да, Ағүзіні тартты, мақамдап Әлхәмді оқып шықты; сонсоң қайтадан Ағүзіні тартып, құлһуалланы үш мәртебе оқыды. Ол бұл кішкене аятты екінші рет бастағанда Жүніс оның бетіне қадала қарады да, бірақ аятты бұзбады. Дұға етіп қол жайғаннан кейін ол:
— Құранға кіргізген бұл қандай тәртіп?— деп сұрады қатал үнмен.
— Көке, Текедегі татар моллалары осылай оқиды.
Әлхәмді бір құлһуалланы үш мәртебе оқыса құранды тұтас хәтім еткенмен бірдей болады деп уағыздады,— деді.
Қажы басын шайқап, баласының бұл жаңалығына нанар-нанбасына білмей, ойланып қалды. Хакім бұл оңай әдісті моллалардан естіген жоқ, мұны оған Әмір айтып еді. Қалай болғанда да «аят білмеймін» дегеннен гөрі, әкенің алдында амалдап білгенін айтып құтылу, оған үлкен тыныс сияқтанды.
Ол кеше шашының алынғанына қатты қынжылған, ал қазір бұған шат. «Ана көп ишандар мен толған қарилардың алдында масқара ұят болар еді. Шаштың алынғаны табылған ақыл болды. Күзге дейін тағы өсер»,— деді ол ішінен.
— Делбе ұстауды ұмытқан жоқсың ба, балам, жас күніңде жақсы жүргізетінсің, тежеңкіреп ұста,— деді қажы. Жалған сайдың бойындағы үлкен жолға қиялап келіп қосылатын жал-жал боп, көк шөп жауып кеткен үш аяқ шаңсыз сүрлеумен cap желген аршынды аттың жалпақ сауырына қарап.
Жас жігіт делбесін тежеді де, ат өнімді бүлкілмен келіп шоқалақсыз май топырақты, көп жалды үлкен жолға түсіп, бір қалыпты жұмсақ жүріске басты. Қажы сергиін деді; жұмсақ арба, жүрісті ат, құлпыра өскен қара көк шөп, жаздың самал лебі оның тоқыраған қиялдарын қайта жандандырғандай еді. Балаларымен онша шүйіркелесе бермейтін, тұйық мінезді, ер құлықты адам қазір енді ер жеткен баласына тіл қатуға өзі құмар болды, оның не ойы барын білуге асықты.
— Шұғылдың баласы Ехлас қандай лауазым басын ұстады? «Балам ханның бас уәзірі» дейді Шұғыл, осы рас па,— деп сұрады ол баласынан, ойын алыстан орап анықтау ниетімен.
— Ехлас ағай доктор ғой, адам доктыры. Ол кісі сияқты басқа да докторлар бар. Оларды уәзір демейді, өкімет мүшелері дейді, денсаулық сақтау жұмыстарын басқарады.
— Уәзір емес десейші, әйтеуір. Қазақтың мақтаншақтығын жаратпаймын. Байтоллаға барып келсе де жалған сөйлеуін қоймайды,— деп ол Шұғылды сыртынан жаратпаған ниетін баласына ашық түрде білдірді.
— Уәзір деген сөздің өзі ескірген сөз ғой, көке.
— Е, онда хан деп неге атап жүр жұрт Жәһаншаны? Хан болған жерде уәзір болмай ма?
— Бұл сөздің өзін халыққа түсінікті босын деп айтса керек.
— Ал, өзің не ойлап жүрсің, не қызметке тұрғың келеді?..
— Оқығым келеді, көке, әзірге Ехлас ағайдың жанында бола тұрармын...
— Ім-м...— деп Жүніс баласының соңғы сөзін жаратпай қалды.
Хакім ол «оқығым келеді» деген сөзді жаратпады ма деп ойлап:
— Оқуға, әрине, көп қаражат керек, сондықтан да біраз уақыт іс басында болсам ба деп едім, сіз менің бұл ойымды мақұл деп тапсаңыз, көке,— деді.
— Қанша қаражат керек?— деді қарт баласының көзіне тура қарап, осы ойың дұрыс деген пішінмен.
— Қандай оқу, қай қалада оқу, міне, мәселе осыған қарай, Орынборда оқысам мұның расқоты бір басқа, ал алысқа кетсем, мәселен, Петерборға...
— Қален Орынборда оқыды ғой, тіршілік болса қаражатын көтеремін, оқығаның жөн Шұғылдың баласының жетегінде жүргенше.
Әкесінің «Ехлас ағайдың жанында бола тұрармын» деген сөзді жаратпай қалғанын Хакім жаңа ғана ұқты.
— Қазір жол жоқ, айнала соғыс, Орынборда да, ішкі жақта да оқуға жібермейді деседі. Мен іс басына тұрамын соның үшін,— деді.— Мақұл көрмесеңіз, онда соғыс басылғанша күтермін.
— Бәкең қайда екен қазір, сол кісі жәрдем берер еді саған.
— Адвокат Бақытжанды айтасыз ба, көке?
— Ие.
— Ол кісі абақтыға түскен деседі.
— Апырай, ә,— деп Жүніс тоқталып қалды да, оның толықша келген кәрі жүзінде дағдарыс пішін пайда болды.
Оның ойынша Бақытжан сияқты адамдарға абақтыға түсу лайық емсе. Абақтыға түсетіндер: ұры, жол тонаушылар, кісі өлтірушілер, өңкей жартыбастар деп білетін ол.
«Абақтыға мен де түсіп шықтым. Оның таңданатын несі бар? Нағыз жазықты жандардың абақтыға түсетіні кем де кем шығар. Отырғандардың бәрі жазықсыз» деп ойлады Хакім.
Қажы бұл хабарға қатты таңданды да, бірақ себебін сұрамады.
— Ана жылы, жігіт алуға патша жарлығы шыққанда Бәкең көп жақсылық етіп еді халайыққа. Біздің елдің баласын тегіс құтқарған. Сабаз езі де би адам еді, көпті көрген көсем серке,— деп мадақтай сөйледі.
Әкесінің шешіле сөйлегенін қатты ұнатып, оқимын деген талабына бөгет болмайтынын біліп, Хакім жадырап кетті. Сонымен бірге әкесінің кеше бір әңгіме арасында «баланың аты Хакім деп босқа аталмаған...» деген сөзін де құлағы шалып қалған-ды. «Көкем мені хәкім болады деп үміт етеді екен ғой» деп ойлаған болатын. «Ата балаға сыншы» деп түйіп қойған ол ішінен, бұл сөзді аса жек көрмей.
— Көке, осы сіз бе еді, Бақытжан адвокаттың ағасы Һарон төреге тілмаш болғанын айтқан?
— Е, сонда, сол жылы, патша жарлығын халайыққа еғлан етерде ғой.
— Һарон төре қазақша білмей ме екен?— деп бұл анекдот болып кеткен сұлтандардың ұлықтық қылығын тағы бір естігісі келіп моқшай түсті.
— Қазақша білуін білетін, мен ол төрені де көргемін, ол күнде қол жетпейтін ұлық емес-ті, бірақ үлкен тәрбие көрген кісі, текті, Қаратай төренің ұрпағы ғой. Орысша сөйлеуінің мәнісі бар: қасында губернатордың серігі және басқа орыс ұлықтары болды. Ал сөзін ағасына қазақшылатқаны — Бәкең сөзге шебер адам ғой, сондықтан халайыққа ұғымды болсын дегені шығар және Бәкеңнің тілмаш болғаны оның аруағын көтере түседі жамағат алдында.
— Жұрт көп жиналып па еді?
— Түбек елі тұтас бар-ды. Ел онда қатты қобалжыды ғой, он тоғыз жас пен отыз бірдің арасын қалдырмай, қыршын жастарды балықтай көзінен тізіп соғысқа алады деген лақап алты арыс Қара, сегіз арыс Әйтімбеттің баласына тегіс тарап еді. Адамның көптігінен жер қайысады, бұрынғы жәрмеңке ашатын Мынанайдың сырт жақ беті тегіс иін тіресіп тұрды. Орта шенге мінбе құрып, оның төбесіне үлкен шатыр көтерген. Қатар тізіліп, жол ашып тұрған жандармдардың арасымен жарып ұлықтар келді. Біз ау дегендей жерде тұрғанбыз, Һаронның үсті-басы сап-сары ала шен, басқалары да сондай ұлы дәрежелі хәкімдер. Жер беті толқыған адамнан көрінбейді де, құлаққа гуілдеген көптің дауысынан өзге түк естілмейді; тек қана Бәкеңнің: ел үрікпесін, қорықпасын, ұлдарың соғысқа бармайды, қара жұмыста болады, солай деп тұр мына сұлтан Һарон төреңіз,— дегенін ғана есіттім...
— Өз ағайынын солай деп айтқаны ма?..
— Иә, ол ақылды кісі ғой. Саған Бәкең көп жәрдем етер еді, сондай адамдарды да абақтыға жапқаны, не болар екен бұл істің ақыры.
— Бәрінен қызығы: қазақтарға қазақтың орысша сөйлеп, оны бір қазақтың қазақшалағаны, мұндай да қызық болады екен, көке, ә!?— деп Хакім күлді де, әкесінің мұны қостамаған түрін көре салып, атының делбесін қағып жіберді. — Көке, кімнің үйіне түсеміз,— деп сұрады ол.
— Мақымет қажынікіне. Атты доғарып, көлеңкеге байларсың.
Жиі қыстаған мешіт түбіндегі жатаған қыстаулардың арасымен жүріп отырып, бұлар Мақымет қажының қыстауына келіп тоқтады. Көп көрген ат пен арбаға жуан дауыспен тоқ төбет бір үріп қалды да, аяғын жалқау басып, кері айналып қораның салқын көлеңкесіне кетті.
3
Жайықтың ішкі бетіндегі атақты мешіттердің бірі Тәржімәндікі. Мұны жұрт Тәржеке мешіті деп кеткен. Мешіт Шалқар көлінің күншығыс жақ бетінде, Аңқаты сағасында жар қабақты биікте тұр. Көл мен мешіттің аралығында үлкен бейіт бар. Намазға жиналған халық алдымен сол бейітке барып дұға ететін.
Бүгін жұма намазына кешігіп кеткен адамдар зиратқа дұға етіп келе жатқан хазіреттер мен мағзұмдарды және бұрынырақ келген «жақсыларды» мешіттің үлкен тас дуалының алдында қарсы алды. Жүніс те баласымен бірге сол жерде үлкендерге сәлем беріп көрісіп, кішілердің қолын алып амандаса бастады. Хакім әкесінің соңынан қалмай жағалай сәлем беріп, жұртпен тегіс көрісіп шықты да, өзіне тігілген көп көздердің сынды қарастарын жетелеп шетке таман шықты.
Ол көзімен өз замандастарын іздеді. Мына қамаған ақ сәлделі, ұзын шапанды, кесік мұрынды, селеу сақалды тақуа жандар мен елтірі бөрікті, қара бурыл тартқан қою сақал-мұрты бар шидем киген ел ағаларының арасында ол ала құлындай көрінді. Аса қысылып жасымаса да Хакім бұл топтан өзін бөлек және жат сезінді, тіпті тап осы жерде басы артық жандай болды. Оның іздеген замандастары, кәдімгі өзінің бала кезінде бірге өскен қос мағзұм еді. Олар хазірет әкелеріне жалғаса қалың топтан бөлек, шағын шоғырдың шетінде тұр. Екеуі де сыптығыр, белі жіңішке, ұзын боз бешпет киген, жіңішке мойындары үлкен сәлделерін зорға көтеріп, құдды ақ ешкінің егіз лағы сияқты едірейе қалған. Хәкімге үрке қарайды, маңына жуытарлық емес... Өзінен үлкенді-кішілі тоқтасқан адамдар Жүніске жамырай сөйлеп:
— Балаң келіпті, қажы, қайырлы болсын!
— Жақында келген ғой, шамасы. Біз естіген жоқ едік...
— Азамат. Кеше ғана жүгіріп жүрген Хакім, енді үлкен кісі болған!
— Қажеке, балаңыз болысқа да писарь болғандай екен.
— Қажының баласы болысқа писарь болу түгіл оязға тілмаш бола алар.
— Қандай кішіпейіл, қандай әдепті. Жағалай көрісіп шықты. Бала атаға тартады ғой, Жүкеңнің балаларының бәрі осындай,—десіп жатты.
Жүніс шын пейілді тілектерге де, жарамсақ сөйлеп, жалаң мадақтаған адамдарға да байсалды жауап беріп:
— Қандай адам боларын парасаты мен бағы білер. Біз тек балалардың заманына лайық білім алуына себепкер болсаң, тиісті тәлім-тәрбие берсек дейміз. Игі сөздеріңізге Алла разы болсын, кәриелер. Сіздердің де жақсы лебіздеріңізге мың рақмет, билер,— деді екі жағына мойнын кезек бұрып.
Оның сөзін жұрт тегіс естіді. Көбі бас шұлғысты, сөзін қостап, риза шырай көрсетті.
Беделді Жүністі жұрт алдында бір шалмай қалмайтын, ежелден бақас Шұғылға қажының сөзі естілмеді. Бурыл сақалын бір сипап өтіп, Жүніс Шұғыл тұрған жаққа көз тікті.
Баласына да, өзіне де мына жұрттың қошемет білдірген райына да риза Жүністің бет әлібі Шұғылға тікендей қадалды. Ол қасындағы солбыр бетті, селдір сақалды, ұзын сары Уәлиге:
— Көкқұтандай неменеге созасың мойныңды? Әлде бір губернатор келіп қалды ғой дедің бе? Танымай тұрғаның әлде ана есер Шағаттың жиені ме?— деп Хакімге қарай кішкене сақалды иегін шошаң еткізді,— жүр ішке, солбыраймай!
Жұрт су сепкендей тыныштала қалды да, жүздерін тегісінен Шұғылға бұрды. Бұл кекесінді ащы сөздің зәрі Жүніске, оның оқып келген баласына шашылғанын жиналған қауым бірден ұқты. Біреулер қасындағы жолдасын түртіп қалып, Жүніс жаққа иек қақты. Тиіссіз ұрынған шәлкес Шұғылға Жүністің сойылдай сөзі сарт етерақ деп, көз тікті. Бірақ Жүніс қажы бүгін аса сабырлы көрінді, оның жауабы екшеліп, іріленіп шығатындай. Қажылардан жасы көп кіші, бірақ орны үлкен, салмағы да басым жұмғашылар тегіс құрметтейтін Хәмидолла хазірет қатты састы, бұл екеуінің сөзге келуі оған айдан да айқын сияқтанды. «Осы жұмға намазының соңынан игі жақсылардың ортасына салып шешетін, қажылардың бір ауыздан «мақұл» деген ұйғарысын алатын мәсһәләгә мына қажы кесірін тигізді»— деп ойлады хазірет. Екінші ишан бір нәрсе тұрып қалғандай тамағын қатарынан үш-төрт мәртебе қатты-қатты кенеді.
— Жамағаттар, мәсжитке кіріңіздер,— деді Хәмидолла ишан шапшаңдап.
Сүйтті де ол мешітке қарай аяңдады. Хазіреттің артынан жұмғашылар да шұбырды. Кешікпей кіре берісте толып жатқан ақ жұлық кебістер мен езуі жыртылған, тұмсықтарының резеңкесі сыдырылған галоштар ғана қалды. Қабырғада сүйеулі ала таяқтардың арасында сарғыш буынды, бойшаң Бұхар асалары да көрінеді.
4
Мұқата сөйлеген Шұғылдың сөзін Хакім де есітті. Бірақ бұл сөзді ол кек тұтқан жоқ, «құдіреті күшті, әрі бай, әрі баласы үлкен доктор, қажыға не айтса да сияды. Нағашым есер болса өзіне есер, онан менің нем кетеді?! Әй, өзінің тілі де мірдей-ау, «Губернатор келіп қалды дейсің бе?» деуін...» Хакімнің ойлағаны екі мағзұм. «Тазының баласындай қылқиуын-ай. Жүздері құп-қу, көздері кілмиіп, ұзын кірпіктерінің астынан ұрлай қарайды. Өй сайтандар-ай!» — деп қалды да ішінен Хакім: — «Не шаруам бар менің оларда? Олардың жолы бір басқа, менің жолым бір бөлек, мейлі, ишан болса, бола-ақ қойсын. Бірақ өздерінің діншілдігін көрер ме еді, байқап?.. Мешіттен шетірек өзге ауылға шықса тайөгіз бұқадай сүмеңдеп, түнімен жігітшілік жасап есіктің сықырлауығын қандай сықырлатар еді...» деп, ешбір себепсіз жас мағзұмдарға жыны келді, оларды жек көрмесе де жаратпайтын бір сезім пайда бола қалды. Бұл сезім әлдеқалай пайда болған сезім емес-ті. Бірнеше жыл бойы қала жағдайында, қала тәртібімен жүріп, орысша оқып мектеп бітірген Хакім діни әлемнен, мешіттен, медреседен, оның дәстүрлерінен бірте-бірте қашықтап кеткен-ді. Дүние тану жүйесінде оның тәрбиесі мен медресенің тәрбиесі екі басқа, сол екі тәрбиенің арасындағы алшақтықты ол жаңа ғана сезіп қалды, өзін мыналардың арасында басы артық жандай көрді. Мұнда әкелген оны әкесі. Әкесі бір жағынан, жұртқа оқып келген баласын мақтаныш етіп көрсеткісі келді, екіншіден, ел жақсыларын көрсін, қол үзіп кетпесін деп ойлады, ол баласына тура айтпаса да, түсінгендей етіп:
— Ердің көркі өз елінде, шырағым. Елдің игі жақсыларына сәлем бер, менің қасыма еріп мешіт түбіндегі ауылға барып қайтасың, — деген-ді.
Көп ала қарғаның ішіндегі ұзақтай оқшау қалған Хакім, халық мешітке кірісімен ішке енбей, жас кезінде сан рет көрген мұнараның басына шығу үшін кіре берістегі оң жақ қолдағы басқышқа аяғын салып, тез көтеріліп мешіттің төбесіне, онан әрі мұнараға шықты. Хакімнің көздері арқа беттегі Аңқатының жалпақ жағасына түсті. Өзеннің кең айдынды екі бетін ені бірнеше саржандай қуалай өскен бойлауық қалың құрақ көмкеріпті. Құрақтың айдын беттегі бір сыдырым биік өскен қатары ескі қамыстармен араласып шұбарланып, бастары үлпекті, желмен жығыла еңкейіп, суға төне, мешіттегі кәрілердей сәждә қылып, әлденеге бойсұнып жатқан тәрізді; ал, шетке қарай қаулап шыққан қалың балғын майда құрақтар, толқындаған көк жасыл егін сияқты, бүтін жағалықты алып, құрлықпен ұштасып кеткен. Бұлардың желге бас игені де салтанатты түрде тұтас еңкейген бір ибалы жандардың түріндей. Сағадан әрі бетін көк толқын бұйралап, теңіздей шалқыған Шалқар көл жатыр. Көлге борлы ақ тұмсығын төндіре шөккен арғы беттегі Сымтас тауы алыстан бұлдырайды; шетіне көз жеткісіз судың алыс кенересі көк жиекпен қосылып доға сызық тартқан. Айналасы атпен жүрсе қос күндік Шалқар көлі бейне бір үлкен ожаудай; алыстан аққан бұраң бойлы, көп түбекті, Арқа беті қызыл жарлы Аңқаты өзені — ожау көлдің сабы сияқты. Көптен көрмеген туған жердің суреттерін Хакім мұнараның биік басынан шаттана қарап, айнала көріп, көз мейірін қандырғандай болды. Енді сол байтақ жерді атпен жортып, айналып шыққысы келді, үйге қайтуға, учителіне сәлем беруге асықты. Жоғарыдан төмен түсіп, әкесін шыдамсыздана күтті.
Ұзақ оқылатын, жұмға намазының ақырын күтіп, Хакім төңірекке тоқтала көз салып, қыдырыстап жүріп кетті. Мешіттің түбі баяғыдай қалыңдық: өзен жағы да, қыр жақ беті де біріне бірі таяй салған төбесі жалпақ аласа кішкене үйлер; олардың көбісі-ақ екі терезелі, үш терезелі, айналасы көң-қоқырлы, тәртіпсіз қалыпта жатыр; кейбір үйлердің қамыспен қоршаған ауласы әр жерінен адам өтіп, мал жүріп кетіктеп тастаған, бас жағы қырқылып, ақсиып, ескі ши түптеріндей селтиіп-селтиіп тұр; кейбір үйлердің төңірегінде құлап қалған сынық шарбақтар, қаусаған шаналар, ескі ағаш тырмалардың қалқандары көрінеді. Шикі кірпіштен салған, сыртын сары балшықпен сылаған, тұрбаларының ұштары кетіліп мыжырайып қалған, көруге көз тартпайтын бұл землянкалардың төбесінен аққан су қабырғаларын жырып айғыз-айғыз етіпті де, кейбіреулерінің тіпті бұрыштарын опырып, құлатып кетіпті. Жалғыз ғана Хәмидолла хазіреттің екі қатарлы, қарағай үйі күзгі қара жаңбыр мен көктемгі суға ұрынбаған сияқты — қызыл сырлы қиығымен, көкпен сырлаған көңілді терезе кәшектерімен, өр көкірек, тәкәппар адамша, айналасындағы жапырайған жарлы қыстауларға едірейе менсінбей қарап тұр. Жіңішкелеу келген жиі сопақша терезелі ұзын медіресе де айналасы тап-таза, тақуаның таңқита қырған мұртындай ықшам, жинақты көрінеді...
Мұнараның басынан көрінген, ұзын өзеннің көкшіл жиектері, арғы жағасы көзге әрең шалынатын Шалқар көлдің шалқыған кең беті, жағаға төнген тау бейнесі, желпи соққан жазғы жел лебі мезет жоғалып, жердегі мынау реңсіз жарлы көріністер Хакімнің жүрегіне бір мұңды сезім құйып жіберді. «Сорлы қазақ, мал жиғанша ана сияқты қарағай үй салып, қарағай еденнің үстіне ұйықтасайшы...» деп ойлады ол қарсы алдында тұрған Ақмет пен Мақыметтің «мені сүйе, мені сүйе!»— дегендей екеуі екі жаққа шалқая, құлауға тұрған ескі қыстауларына ренжи қарап. Мал сүйкеніп тып-типыл еткен қыстау бұрышына сүйей қадаған бағананың астынан бірін-бірі қуып шыға келген екі қара сирақ бала Хакімді көре сала аңтарылып тұра қалды. Оның бірі өзінің інісі Әлібекпен жасты Бәйестің Жапары екен. Хакімнің көздері Жапардың тізесіне дейін саз, сидиған сирақтарына, қоңыр шыт дамбалының өрім-өрім балақтарына түсті де, баланың әлденеге қымсынғанын байқады: жарылып кеткен, қара қоңыр, арық саусақтарымен қысқан шылымды жасырып ұстай қойыпты. Қарғадай басынан, қолына шылым ұстағанына, мына сияқты мешіт пен медресенің жанында, толған молда-ишандардың көз алдында именбей шылым тартып жүргеніне қайран қалып, ол баланың дөңгелек келген қара торы бетіндегі оты шыққан өткір көздеріне қадала қалды. Бала оның зілді қадалған үлкен көздерінің сұсты қарасынан тайсалмастан, саған да керегі осы шығар дегендей:
— Папамның шылымы бар, өзі жасырып тартады шалдардан. Қазір ол дүкенінде, барсаң жүр, Хакім аға, мен бастап апарайын,— деп, кінәсін жуып-шайғандай болды.
— Сәлемің қайда, ақымақ, сен Жапар екенсің ғой,— деді Хакім баланың өткірлігіне, үлкен кісідей әрі батыл, әрі дәлдеп, бүкпей сөйлегеніне риза болып.
— Бәйекең қайда, үйде ме?
— Дүкенде. Дүкеншімен екеуі орыс кітабын оқып отыр. Дүкенші емес, учитель — папамның досы, қағаздарын жазысып жәрдем етеді; біздікінде жатыр. Текеден келгелі екі жұма болды, көпір түскен соң қайтып кетеді. Барасың ба, папама алып барайын. Дүкенінің қай жерде екенін білмейсің ғой. Кәрімдердің үйінің жанында.
— Бәйекең дүкен ұстамайтын еді ғой?
— Былтырдан бері ұстайды, ұсақ-түйек сатады.
— Ім, солай ма еді...— деді Хәкім.
Ол бұрылып, Аңқаты жақ беттегі, бала айтқан Кәрімдердікіне қарай жүрді.
— Учитель дейсің бе? Мен танымайтын адам ба? — деп сұрады Хакім, баланың: «папамның досы учитель бар қасында» деген сөзін анықтаңқырамақшы болып.
— Танитын шығарсың. Бала оқытқан елде. Маған «тілмаш» берді, орысша-қазақша қатар жазылған — «город — қала, хлеб — нан, река — өзен, дед — ата...» — деп бірнеше сөздердің орысшасын бала тақпақтап айтып берді.
— Сенің папаңның өзі орысша біледі ғой, орыс арасында жүріп, сауда етіп, тіл үйренген.
— Папам ғой соны үйреткен. Ал, ана «тілмашті» мен оқи білмеймін. Биыл күз Қален учительден оқимын, папам солай деді, Әділбектермен бірге оқытамын деді.
— Ой, жігіт! Сен түбі жақсы студент боласың, бірақ ана шылым тартуыңды қой, оқыған мына мен де тартпаймын, кеудеге зиян, ауруға шалдықтырады.
Бала оған тура жауап бермеді, шылым тартпа деген сөзді жаратпай:
— Әне папам!— деп кішкене землянканың қасында тұрған Бәйесті көрсетіп, сөзді бұрып жіберді.
Бәйеске сәлем беремін деп келіп, Хакім әлде қалай Әбдірахманның үстінен шықты. Жатаған көп землянкелерден айырмасы жоқ дүкенге кіріп келіп, сәлемдесіп қол ұсынған Хакімді Бәйес қуанышпен қарсы алды; үй-ішінің амандығын сұрады, қаладан қашан келгенін білді; қасындағы Әбдірахманға:
— Біздің бір оқудағы ініміз, өзіңізге талай айтқан Жүнісекеңнің баласы, — деді Хакімді таныстырып.
«Қаладан келді» деген сөзге елеурей құлақ салған Әбдірахман:
— Ия, саламатсыз ба, шырақ,— деді. Қос қолдап көріскен Хакімнің қолдарын оң қолымен ғана қысып, жүзіне тесіле қарап.
Хакім «Қайда көрген адамым?» деп Әбдірахманға ойлана көз тікті. Ол:
— Сондай жақсы, өзіңіз де...— деп сөзінің аяғын жұтып сәл ғана басын изеді.
Оған мына бірінші көрген адамның тесе қараған өткір көздері, екпінді қимылы, жігерлі сөз үні және сазарыңқы бет әлібі оқыс әсер етті — Хакімді баса көктеп, еркін билеп алғандай болды. Ол аздап жасып қалды да даусы «дір» етіп, сөзінің аяғын өте әлсіз, құлаққа шалынар-шалынбас етіп шығарды. «Учитель Ехсан Изкуловтың алдында жасығандай, осы менің жасып қалатыным-ай!.. Өзі де сол сияқты, адамды уысына алып тұрған сұсты жан екен... осы кім еді өзі?» — деп ойлады Хакім өзіне-өзі риза болмай қабағын шытып, Бәйеске де сұрақты көз қиығын тастап.
— Бұл кісі Әбекең дейтін ағаң, учитель. Менің қонағымды мүмкін, Текеде көрген де шығарсың, Әйтиев деген кісі,— деді Бәйес.
«Кәдімгі Әбдірахман... Әмірдің айтып жүргені. Революционер Әйтиев. Болса болар. Оты бар адам екен» — деп ойлады Хакім. Мұнда қалай келген? Қолға түспей, ана сұмырай түрмешілерден қалай құтылған?..»
— Гимназистсың ба?
— Жоқ, реальныйда оқыдым... Биыл бітірдім, — деді Хакім бастапқыдан гөрі бойы үйреніп пысығырақ жауап беріп, бірақ әлі де қорғағыңқырап сөйлеп.
— Реальныйды бітіргенің өте жақсы, шыраң, енді не іске кіріспекшісің?— деп сұрады ол Хакімнен.
— Ниетім оқу. Бірақ сіз сияқты бір ағаларымыз әзірге өз қасымда бол, іске үйретемін дейді...
— Оқуға ұмтылған ниетің өте жақсы ниет, бірақ қазір, тап осы биыл, мүмкін келесі жылы да қалаған оқуыңа қолың жетері неғайбыл, үйткені оқу үшін оқитын орынды өз қолыңмен жасау керек. Менің бұл сөзім саған жаңылтпаш сияқты көрінер, алайда, шырақ, бұл жаңылтпаш емес, ақиқат сөз. Іске баулып жүрген ол қандай ағаларың? Жасырын сыр емес қой, ә?
Хакім Жүнісов тосын адамның, тосын сұрақтарына аздап бөгеліп қалды. Сөзімен де, бар қимылымен де батыл түрде билей сөйлеген бүл кісінің алдында ол айтар сөзін ойланып ішінен саптай түсті.
— Хакімжан, бұл кісі сенің ең тәуір көретін ағаң болады, түбі, мұны кейінірек түсінерсің. Мен өзім сенің қаладан келгеніңді, оқу бітіріп келгеніңді естіген жоқ едім, кәзір мына өз аузыңнан естіп-біліп тұрмын, әйтпесе бұл ағаң мен сені шақырып алып, болмаса үйіңе алып барып таныстыратын едім. Оқасы жоқ, қазақтың «игіліктің ерте кеші жоқ» дейтіні бар ғой. Ал, құтты болсын, мектеп бітірген тойыңды Жүнісекеңе жасатармыз кейін,— деп Бәйес сөзге араласты да, Әбдірахманның қырма тұқылданып шығып келе жатқан сақал-мұртына қарап «мұнан бір ай бұрын бұл да мынадай еді-ау» деген кісіше өзінің сұлу қара мұртын сол қолымен жылмита сипап қойды.
Хакім оған:
— Бәй-ақа рахмет... той бола жатады ғой,— деді де қасындағы адамға жүзін бұрып: — Сізді Әбеке десем бе екен?— деп сұрады «жолдас» деген жаңа сөздің орынды-орынсызын біле алмай.
— Болады, менің атым Әбдірахман, фамилиям Әйтиев.
— Әбеке, мен сізді сыртыңыздан жақсы білемін, Әмірден естігемін. Бірақ қалада сізбен таныса алмағаным үлкен кінә. «Іске баулып жүрген қандай ағаларың?»— деп сұрадыңыз. Ол Жымпитыда тұратын бір туысқандар: біреуі Ехлас Шұғылов дейтін кісі, доктор, осы біздің елдікі, сол кісі маған өз қасымда бол деген еді,— деді.
— Ехлас Шұғылов дейсің бе?— деді Әбдірахман жұлып алғандай.— Оның беремін дегені қандай лауазым?
— Ия, Шұғылов, лауазым емес, сол кісінің нөкерінде болу.
Нөкерінде болу? Шұғыловтың қошаметші офицері болу ма?
— Офицер деп офицер де емес, бір жағы әскери қызметте, екінші жағынан кеңсе қызметі ме қалай... Білмеймін енді, әйтеуір сол кісі маған елге барып қайтып келерсің деді.
Тәжірибесі аз жігіттің қызмет жөнінен тиянақты пікірге келмегенін Әбдірахман түсіне қалды.
— Сен, шырақ, мынаны тыңда,— деді ол еденде тұрған жәшіктің ішінен бір кітапты суырып алды да,— қазақтың Абай Құнанбаев дейтін ақыны болған. Мынау соның кітабы. Өзің білесің, анау ұзын Ақ Жайық толықсып ағып, Атырау теңізіне құйылып жатыр. Жайықтың бойын мекендеген сан ел, сан жұрт, қала мен қыстақ бар, оның бойында сансыз алқап, нулы орман, тоғайлар бар. Оқыған шығарсың кәдімгі «Қыз Жібектегі» ел жайлаған «Ақ Жайық, жағалай біткен бидайық...» сол елге, малға, орманға, тоғайға сусын болып, нәр беріп жатқан сол Жайық. Жайық болмаса бұл маң да құты қашқан қу дала болар еді, өмір ажарсыз, кәсіп құнарсыз болар еді. Тап осы Жайық сияқты қазақтың шөліркеген еліне нәр беретін түпсіз бұлақ — Абайдың мына кітабы; бұл қазақтың Ақ Жайығы, бізге бұл көзімізді жарқ еткізерлік сусын...
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан!—
деді Абай. Дүниенің кәзір кетігі көп, кез келген жерге барып қалана беруге де болады, бірақ Абайдың тілегені ол емес, өзіңнің тұратын жеріңді тауып қалан, халқыңа керекті кетікті толтыр,— дейді. «Ехлас Шұғыловтың нөкеріне жазыламын, ол кісі біздің елдікі» дедің. Ехлас ағаларың шығар, оған дауым жоқ, бірақ,— «Атаның баласы болма, адамның баласы бол»,— дейді Абай, дұрыс-ақ емес пе?! Мұнысы адамшылығың мол болсын дегені ғой. Қазақ «шіркін әділ би екен», «қара қылды қақ жарған әділ екен»,— дейді. Ал, әділ болғаның адамшыл болғаның ғой. Сенің ана Жымпитыдағы Ехлас ағаң да, оның үкіметі де қара халықтың қамын көздемейді, сондықтан әділ емес...
Әбдірахманның көзі Хакімнен асып есіктің босағасынан жылт еткізіп басын сұққан балаға түсті. Бала бір қырындап табалдырықтан аттады да тұрып қалды.
— Неге келдің, шай даяр болды ма әлде,— деп сұрады Бәйес баласынан.
— Жоқ, жай келдім.
— Жай келсең, бар мамаңа айт, шай қайнатып даярлап қойсын. Біз қазір келеміз.
— Маған қағаз керек.
— Қандай қағаз?
— Ақ қағаз... Ақ қағаз болмаса да жарайды.
— Оны қайтесің?
Әбдірахманның орап жатқан шылымына қадала қараған баланың әлгіде шылым тартқаны есіне түсіп Хакім күліп жіберді де, бірақ үндемеді. Бала да үндеместен әкесінің қолына ұстата салған, зат ораған бір бөлшек қоңыр қағазды ала сала есікке қарай ұмтылды. Ол табалдырықтан тысқа аттай беріп артына бұрылды да:
— Папа, самауырын қайнағасын өзім келіп айтамын, оған дейін газетіңді оқи бер,— деп жүгіре жөнелді.
«Мына балаң не дейді?» деген сұрақ қойғандай Әбірахман Бәйестің бетіне қарай қалды.
— Біздің тентек бала ешкімге сыр шашпайды «сендердің не істейтіндеріңді мен де білемін» деген балалық мақтаныш қой оның айтып бара жатқаны. Оған кітап та газет; газет те газет, бәрі — газет,— деді Бәйес баланың сөзіне басқа мағына беруге болмайды дегендей етіп.
— Ехласқа нөкер болу қиын да жұмыс емес, абройлы да іс емес. Өзің білесің. Бірақ ойлан! Абайды оқы!— деді Әбдірахман.
Хакім кітапты қолына ұстаған күйі Әбдірахманның дәлелді сөздерін қыбыр етпестен тыңдады; өзіне қадаған отты көздерге басында ол тайсала қарады да, соңынан бағынышты ыраймен жаутаңдай берді.
Әбдірахман сөзін аяқтағанда Хакім біраз ақтарылып қалды. Осы күнге дейін оның жас санасы таңдамай қабылдаған көп ұғымдарға өткір тілді, батыл жүзді қара кісі жаңа мағына берді.
— Ехласты жұрт білімді доктор деп мақтайды,— деді Хакім ақырын ғана.
— Әңгіменің өзі де сол білімді бола тұрып, білімсіздік іс істеуде, шырақ. Шұғыловтың біліміне ешкім таласпайды; ең жоғары білімді адам. Петроградтың Әскери академиясының хирургия бөлімін бітірген жігіт. Бірақ ол халыққа алған білімін бермей, пайдасын тигізбей қазір «ханның уәзірі» болып отырған жоқ па? Мына Таржеке мешітінің түбінде елу-алпыс үй бар көрінеді, екі медреседе толып жатқан шәкірттер оқитын көрінеді. Ел де толып кеткен қорасан шыққан қожыр бет пен таздар. Осындай жиынтық жерден пункт ашса, жастарға шешек ексе, таздарды емдесе — осынан артық ізгі іс бар ма? Әрине жоқ. Бұл үшін әкесінің малын шығармай-ақ қойсын, халықтың өзі-ақ тауып береді керекті қаражатты. Үлгіні ана Қален учительден алу керек — кертартпа пікірлерге қарамастан қолына іліккен бес-алты баланы биыл қыс орысша оқытып шықты. Ехлас осындай етсе — қолы шығып, аяғы сынғандар Шамғон сынықшыны шақырмас еді, өкпесі қабынып ауырғандар қой сойып Өтеген бақсыға қақтырмас еді, тұмау, сүзекпен ауырғандар «шипа» деп берген молдекеңдердің ішірткісін ішпес еді. Мінеки, шырақ. Ехластың білімді екені рас, ол білімнің мына қалың жұртқа пайдасыз екені де рас,— деді Әбдірахман Хакімді жақындап келіп, иығынан қағып.
Әбдірахман мен Бәйестің сөздері Хакімге айтатын пікір қалдырмаған сияқтанды. Хакім бұл жерден тезірек кетіп, мына бұрын-соңды көріп сөйлеспеген атақты адамның хақиқатты қолына ұстатып, көзге көрсеткендей сөздерін бірге ойласарлық адам табуға асықты. Қолындағы кітап пен сары газетті оңашада отырып оқып шығуға ынтықты. Ол Бәйестен жұпар сабын сұрады.
— Хакімжан, біреу-ақ қалып еді, саған арнағандай болды,— деп «Гүлжаһан» сабынын ұсынған Бәйеске жанынан ақша алып төледі де, шығуға айналды.
— Қайда барасың? Бізбен бірге боласың, шай ішеміз біздікінен,— деген Бәйестің өзімсіне шақырғанына:
— Бәй-ақа, біздің қарт намазда еді, мені күтіп қалған шығар, айналмай қайтамыз деген. Ат жегу керек, рахмет басқа уақытта ішерміз шайды,— деп бас иіп қоштасты да, дүкеннен шығып кетті.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Тойқожаны замандастары кішіртіп атап, жұрттың бәрі Тояш деп кеткен. Бұл Жүніске немере ағайын еді: Балым оны Салқамсары дейтін. Тойқожа үш ағайынды: үлкені Қайыпқожа, ең кішісі Бекқожа. Қайыпқожа атақты сыбызғышы, қазір ол көптен ауру; Бекқожа жас кезінде Ақмешіт — Қазалы жағынан келген бір қожамен еріп кетіп, көп заманнан бері хабар жоқ-ты; соңғы жылдары онан «Хат келіпті, Бұхара жақта пірадар сопы екен; қажыға жаяу барып қайтыпты-мыс» — деседі. Ал, Тояш шаруа, кедей шаруа. Оқымаған жан. Сөзге шорқақ. Кейде оны замандастары оғаш сөздерін айтып қалжың етеді, әсіресе оның баласына айтқан «әліп-би-ти-си айдай бер» — деген сөзі мәтел сияқты болып кеткен-ді. «Әбіжәтті» ұмытып қалып, баласы Мұқан Тойқожадан «сабағымды айтып бер»— деп сұраса, әкесі: «Әбжәті не, әліпбиі не — бәрібір, әліп-би-ти-си айдай бер» деп өз білгенін айтқан. Кейбіреулер Тойқожаны Тояш демей «Ана әлгі әліп-би-ти-сиге айт» дейді. Болмаса: «Әліп-би-ти-си айдай бер» келе жатыр деседі.
Тояш ірі денелі, қуатты адам. Доңғалағы сазға батып, көлік тарта алмай тұрған арбаны сүйреп шығара береді. Оның кәсіп етпесе де етік тігетін өнері бар.
Ертемен Жүніс Хакімге делбе ұстатып, мешітке жүріп кеткеннен кейін Балым Бәйбіше Тояшқа өзінің жайлауда киетін қара кебісінің қақыраған жерін тіктірді де, екі кіші баласының етіктерін жаматты. Содан кейін Салқамсарымен екеуі қасқалдақтың қанындай етіп құйып, шай ішуге кірісті.
Қажы жоқта емін-еркін сөз дүкенін қыздыра, ашық қолды Бал жеңгені бейілдендіре қошаметтеп ішетін майлы, бауырсақты оңаша шәйді сағалап Қадес пен Сүлеймен де жетіп еді.
— Сүлеймен-ау, Хакімді сен қандай орынға тұрады дедің? Уезге белгілі адам болды ғой тірі болса, бізден де біреу шықсыншы ел билейтін,— дей келді Қадес сенекке кіргеннен-ақ сөйлеп.
— Орысшаға, құдай біледі, белкүллі судай. Көпір басында, көпір емес, әлгі паром басында, атты казактар куәлік қағаз сұрап еді... Хакім ағыза жөнелді, қағаз сұраған орыс та, мен де және паромшы Алексай да аузымызды ашып қарадық, та қалдық... Атты казак түгіл, губернатордың алдында да бір сағат демін алмай сөйлеуге жарайды біздің Хакімдер. Қандай орын болушы еді, ең үлкен орынға тұрады. Әскер бастықтарының ең үлкені әпәсәр екен ғой, мұны маған Мишка Пермяков айтты, Хакім тап сол үлкеннің өзі болады,— деді Сүлеймен.
Ол өзінің көргенін және бар топшылағанын айтты, барынша адал пікірін айтты.
— Сүлеймен-ау, тіл-көзім тасқа деші, түкірші. Айналайынымды кешеден бері көп мақтап кеттіңдер, тілдерің тимесе қайтсін,— деп зәресі ұша сөйледі Балым. — Өзі де әбден жүдеп қалыпты, құлыншағым. Тағы да алысқа кете ме? Учитель қайнымша ауылда отырса да жетпей ме?
— Бал жеңге, жасай бер енді тойыңды. Оқуды бітіре салып, балаң енді үлкен орынға қызметке тұратын болды, есіттің бе, кім болатынын?— деді Қадес дастарқанға таяу отырып жатып.— Күннің де ысуын-ай, бүгін тек Бал жеңгенің шәйін ішіп қана көлеңкеде отыратын күн.
Шай қызыл, бейіл кең. Әңгіме шайдан да сіңімді. Тершіп ішіп, дене қорғасындай балқыды...
— Біздің қатынның даусы емес пе, құрымағыр,— деп Қадес құлағын тоса түсті. — Сол білем, Сүлеймен, сенің құлағың жіті ғой, тыңдашы.
— Әс-сем-ше...
Құлаққа шалынар-шалынбас әйел дауысы: Ә-се-м,— дегендей болып шықты да, басылып қалып, қайта үдеді.
— Әсем шешей... құрыдық...
— Мынау біздің қатынның дауысы, құрымағыр, сүт пісіріп жатыр еді, күйіп қалған жоқ па?— деп Қадес орнынан қозғала түсті де, көйлегінің омырауын желпіп қойды.
Дауыс енді ашық және сарнай шықты.
— Әсем шешей, біз сорладық. Ойбай, ой-бай, аруақ!.. Әлгі біздің үйдегі қайда? Әсем шешей, аруақ!— Қадестің әйелі Мәуімнің дауысы сарнай қалды.
— Келін-ау, не болды? О, жасаған! Не болды, келін? — деп Балым үйден жүгіре шықты.
— Айрылдық, қарашықтарымнан айрылдық, бура! Бура! Жедел қажының бурасы қуып кетті!
Мәуімнің даусы жақындаған сайын сай-сүйектен өтерліктей ащы шықты. Бұл ащы дауысқа аңыраған бір дауыс қосылды.
— Бармысыңдар?! Бармысыңдар?! Бар ма бұл ауылда еркек?! Өлтірді! Таптады!
— Мынау белкүлі, зарлауықтың даусы!— деп Сүлеймен ұшып тұра келді.
— Қайдағы бура? Бұл маңда бура жоқ. Шұғылдың түйелері бұл маңда жоқ. Болса да оның ана қара қайысы сабаннан жаңа босаған; бір жұмадай-ақ көргеніме, көзінің іріңі де арылған жоқ, бала қумақ түгілі,— деп Қадес, сарнаған екі кемпір, бір әйелдің дауысы төңіректі тұтас көтергенде өз ойын дәлелдеп шақшаға жармасты. Сүлейменнің ізінше Тояш та орнынан атып тұрды. Зарлауық Дәмештің дауысы шыққан жерде орында отырып болмайтын, оның үстіне ана Мәуімнің зары тегін емес, баланы бура қуу кездесе беретін бәле. Тояш жәй жүргенде де, жаяу жүргенде де қолынан дойырын тастамайтын. Жұрт таяқ ұстап демеу етсе, ол қамшысын екі бүктеп, екі қолын артына ұстап жүретін. Қабырға жақта жатқан қамшысын ала сала ол жүгіріп сыртқа шықты. Сыртта ызы-қиқы, айқай, сарнау, ерсілі-қарсылы жүгіріс: арасы жақын бес-алты үйдің әйел, бала-шағасы тұтас көтеріліпті.
— Қай жақта?— деп айқай салды Тояш жүгірген әйелдерге.
— Түбекте, түбекте.
— Су басынан келе жатқан Әлібек пен Әділбекті қуып кетті...
— Жетті ғой, таптады ғой!.. Қарғадай балалар қайдан құтылады...
— О, жасаған! Ақсарбас!
— Бал келін!.. Айналайын Әділбек... өзіме шортан байлаған...
Көлеңкеде тұрған атқа міне шапқан Тояш пен Сүлейменнің соңынан кемпірлер де жүгірді... Оларға ілесе ұмтылған балаларды Қадиша қайырып кері айдады.
2
Екі шәкірттің басына жоқ жерден өлім қаупі төнді. Кең түбек — үлкен ойпат, тоғайлық жер. Ол Аңқаты өзенінің зор бір доға сияқты иіліп келіп қайта шалқайған қойнауы; арқа беті — жар қабақ, өзеннің арғы жағындағы биік қыраты, Алқапқа жел жібермейтін пана сияқты. Оңтүстік беті — бірнеше шақырым жерге созылатын жайылма, жазға салым су жататын көл табан; бұл жақта да биік қырат бар.
Өзенге таяу жағалауға қалың қызыл жыңғыл өседі, қарақат бұталары шығады — бұл сүйекті өсімдіктер, тонның етегіне ұстаған жұрын сияқты, жағалықты көмкеріп қойғандай көрінеді. Жағадан әрегірек жазғы тасқыннан ойдым-ойдым көлшіктеніп су қалған асты қатаң көлтабандарда бойлауық су бидайық өседі де, бұлар жаз бірімен-бірі тұтасып бүкіл Алқап қаракөк теңіздей толқып, найқалған көк майсаға айналады. Суы молдау кейбір көлшімек жерлерде өлең де шығады; өлеңді жерлерден әрі, кең қойнаудың қырлық беті бірте-бірте ашқылтым, сортаңды, шілдеде бетіне тұзы шығып жататын, өсімдікке жарлы сор болып, екінші жақ қыратқа дейін созылады. Бұл былқылдақ сортаңға сары сораң бітеді, ал тұзы мол тақырлардың айналасына шөкелі, ащы түйе жапырақтар қаптайды. Сортаңдар аумағына қарай Үлкенсор, Кішісор атанып, жайлауға шыққанша елдің түнелері қаптап алып жатады.
Жазғытұрым сортаңдардың көгісті жасаң ызаларымен ұштасып кететін алашұбар жиектеріне қызғыш ұя салады; бұл ала шапанды айдарлы құстар ала жаздай бүкіл Алқапты алыстан қорып, қиқу салып, басына көтеріп жүреді, тоғайға жақындаған адамды олар ойқастап ұшып, айқаймен қарсы алады, алдына түсіп жорғалайды, басқа жаққа жетектеп әлек болады; ызат бойында шалшықты бейбіт кешіп, бейғам шөпшектеп ұзын сирақшыл мен әншіл тауқұдірет отырады; кешке қарай бүкіл жағаны бөріктіре бақалар шулайды, өзенде шомп-шомп ірі балықтар тулайды; ауаны кескілеп шүрегей үйректер сусылдай ұшады. Құс келіп, су тасып қыбыр-қимылға толған алуан үнді Кеңтүбек көктемнен бері дарқан өмірге емін-еркін енген сияқты.
Учительдің аулы арғы бетке жайлауға көшіп кеткеннен бері екі күн ұдайымен емін-еркін оқудан арқасы бос жүрген Әлібек пен Әділбек түбекті мейлінше аралаған болатын. Кеше ұзақ күнге олар бөлініп қалған жайылма судан балық аулады да, бүгін жұмыртқа теріп түбектің түкпіріне дейін барды; екі ұя шүрегей үйректің жұмыртқасын тауып, Әділбектің ескі құлақшын бөркіне толтырып алып, майда, шұбар, ұп-ұсақ қызғыш жұмыртқаларын бір етек етіп Әлібек әкеле жатты. Күн сәскеге жетпей үйден шыққан екеуі шаңқай түске шаршап, шөлдеп, сирақтарын жыңғыл қанатып, үйге сілесі құрып қайтты. Шалшықты кешіп, су жағалап, қызықпен әрілеп кеткен бұл екеуіне қыраттың баурайындағы сонау үй жеткізер емес — жақындамайды, сағым көтеріп бұлдырап бірден екі әрілей түскен сияқтанды. Өзенді жағалап, біраз жер жүргеннен кейін төтелеп Үлкенсорға қарай тартты. Аяққа жұмсақ шөпті жылғаға түсіп, соның бойымен ерледі. Жылға анау дөңестеніп ақсаңдақ тартып жатқан Үлкенсорға тақап барып, өзенге қарай кілт бұрылып кететін-ді. Бірде жылғаның жиегінен басын қылт-қылт көрсетіп, бірде оның өзегінің ішімен көрінбей екі бала әңгімелесіп келе жатты.
— Ақырын, жұмыртқаны жарасың, байқап секірсейші, жын қуды ма сонша, — деді Әлібек кішкене жырашықтан аттаймын дегенде аяғы тайып кетіп құлай жаздаған інісіне.
— Секіргенім жоқ, аяғым тайып кетті,— деді кішкене қара бала кінәлы адамша жаси сөйлеп.
— Әкел бері, сен тағы жарасың біреуін,— деп үлкені зеки сөйлеп, інісінің қолынан үйректің сопақшалау келген бозғылт жұмыртқасына лық толы құлақшынды алды да, өз етегіндегі ұп-ұсақ шұбар жұмыртқаларды кішкене баланың қосқолдап ұстаған етегіне ақтара салды. Кішкене қара бала ағасына жақтырмай көзінің аласымен сүзе бір қарап қойды.
— Сенің жармағаныңды көрермін,— деді ол нықтап сөйлеп.
Ілкі құлап қала жаздағанына жасыңқырап қалған пішін кенет жоғалып, оның аздап желге жарылған қара қоңыр беті долданып қара күреңдене түсті. Ағасы енді қайтып тіл қатпады, ол: «Шиқанның аузын енді қайтып тырнамайын» деген ойға келді. Інісінің морт мінезін және бір қисайса ырыққа көнбейтінін білетін, оның үстіне алыса кетсе астына оңайлықпен бүктей салуға әлі келмейтінін де сезетін. Сондықтан ол сөзбен жасқап, өз дегеніне ретімен, жолымен қорқытып көндіретін. Бұл жолы да ерегіске бармай, Әлібек інісінің ашуланып қалғанын көріп, алдарқатып әңгімені басқа жаққа бұрып кетті.
— Хакім ағам маған Бәйестің дүкенінен оқу кітабын әкеледі. Әділбек, саған не әкелер екен базарлыққа?— деді оның аузы бұртиып түтеген түрін көрмеген адамша, жайдары пішінмен еліктіре сөйлеп.
— Маған да оқу кітабын әкеледі,— деді Әділбек жұлып алғандай.
Оның ашуы су сепкендей басыла қалды.
— Жоқ, саған ол қарындаш пен дәптер әкеледі.
— Қарындаш әкеледі, оқу құралын да әкеледі.
— Сенің кітабың бар ғой учитель берген...
— Болса ше...
— Екеуін бірдей қайтесің сен оның.
— Біреуден екеу жақсы дейді көкем.
Екеуі одан кейін қаладан оқу бітіріп келген ағасын әңгіме етті. Үлкені:
— Хакім ағам учитель болады, бала оқытады, тағы да оқып Қален ағайдай білімді болып шығады,— деп мақтаныш етті.
Кішісі:
— Жоқ, песір болады, учительден песір мықты,— деп қарсыласты.
Екеуі сөйтіп әңгімемен келе жатып, жылғаның жағасымен жүріп отырып Үлкенсорға таяу иіннен келіп шықты.
Алысырақтағы қыраттан ойға түсіп келе жатқан бір топ түйе шоғырланып жүріп оттап, Үлкенсорға қарай беттеді. Ірі түйелер сораң мен жапырақтарды кезек шалып, жай басып шабан жылжиды. Кейбіреуі тұра қалып тынымсыз түрде ұзын, ырғақ мойынды кішкене басын алдыңғы өркештің шудасына үйкелеп басына үймелеген шыбындарды серпіп келе жатыр, ал жас тайлақтар отқа айналмастан шұбырып суға қарай тез жылжып келеді.
— Біздің сетік інген бар ма екен, үйге айдап жүрейік,— деді де Әлібек,— ойбай, бура,— деп айғайлап жіберді.
Оның үрейлі, ащы, жіңішке даусы өте қатты шығып кетті. Шошып селт ете түскен Әділбек ағасының иекпен меңзеген жағына мойнын бұрып еді, көп түйеден шеткерірек шабынған бураның адамның жанын түршіктірерлік әзірейілдей айбынды пішінін көзі шалып қалды. Зәресі ұшып кеткен екі бала жалма-жан кері бұрылып, қайтадан жылғаға түсті. Түйелер үй жақ жолды кесіп, өзенге беттеп келе жатыр да, арт жақ тұйық түбек, бұларды бурадан арашаларлық ешбір жан да, баспана етіп тығыларлық ешқандай қарасын да жоқ еді. Келген жолымен кері қарай бой тасалап, жылғамен қашпай екеуі үлкен балалық іс істеді — жылғаның суға қарай ойысқан жиегімен ешбір амал-айласыз екеуі қол ұстасқан күйі жүгіре берді; бұларды әлі байқамаған, өз бетімен буырқанып, әлденеге шала бүлініп тұрған бураның көзі шалып қалатынын олар білмеді.
Жазға салым бура мен үлек қаншырдай қатып бауырынан жарайды. Өзінен өзі бүлініп аузынан ақ көбік бұрқырайды, қаһарлы қалың кежір қабақтан қар жауғандай көрінеді, қыл тарақты сабау құйрығы сауырын кескілейді, қолқылдаған қолбаң көмейден күркілдеген бір сөлекет дыбыс береді, жата қалып аунап жердің әңгі-тәңкісін шығарады, арландық арқасы қозып оттауынан қарауылдауы молаяды, самарқау қалпынан шамдануы жиіленеді, бусанып бұрқануы күшейеді. Бұл кезде көзіне қан толған бура мен үлек көрінген қараға шабады, әзірейілдей ызғарлы ессіз айуан адамға да қатерлі келеді. Бірақ бұл долы кезең көпке ұзамайды — інген қайығаннан кейін бірнеше жұмадан соң бәсеңсіп қалады. Ал, кейбір кеж, қызғаншақ буралар буралық әдетін ала жаздай тастамайды. Әсіресе мұндай бура балаға өш келеді, жаз күнінде де оңаша кездескен баланы қуа жөнеледі. Тоғайдан жұмыртқа теріп қайтқан екі балаға кездескен де осындай бір кенже кенелген бурасымақ еді. Бұл кәдімгі қысы-жазы жегуден босамайтын, жазғытұры сабаннан кейін қомын көтеруге бос жіберген Шұғылдың жұмысқа арнаған жалбыр қара бурасы болатын. Қазір ол жалбыр емес, жазға салым жүнін күзеп, шудалап жібергеннен бері, қырлықтың жас түйе қарны мен балауса малашайына мағыз атып, ыстықта сортаңға түсіп, ащы суды сораптап жұтып, сораң жеп боздағы шығып қалған; шалдардың түйе жүні тұмағындай мыжырайған артқы өркеші едірейіп көтеріліп қалыпты, қомы жайылып, жүнін күзеген кездегі ырсиып тұрған қабырғалар да едәуір тегістеле түскен; шошайған жамбастың бастарын жаясы жаба бастаған. Мұнан бірнеше жыл бұрынғы сарысу індетінен кейін осы тоғайларды ендеп жататын түйенің мол кезіндегі маңынан жан өткізбейтін қызыл көз үлек, қанды қара буралардай болмағанмен бұл бура да адамға қауіпті еді, әсіресе, бұл бала қуатын, өткен жылы да тап осы кезде Асанның жалғыз баласын жазым ете жаздаған-ды, ажалсыз бала алыстан қашып, қораға жетіп тығылып, жаны қалған-ды. Асан бураны атып тастамақшы болып кіжінген-ді, бірақ Шұғылдан сескеніп туысқандары аттырмаған. Қырды-ойды тұтас иемденіп алған құдіретті қажы Кеңтүбекті де көп жайылымының бірі санайтын. Қырдан түскен түйелердің алдында көлденеңдеп шабынып тұрды да, бура жылға бойымен жүгіріп бара жатқан балаларды көріп қалды, оларға алдымен түксие қарады да, бірақ аралары екі шақырымдай жер болғанмен қимылсыз шөкелерден, шоғырлардан тірі жанды жақсы айырды. Ұмтылар алдында айбат шегіп екі тізесін бүге қалып, жер сүзіп, мүйізін жаныған бұқа сияқты, бура да шаптығып, құйрығымен сарт-сұрт сауырын сабалай түсті, жүрелеп жата қалып төс табанымен екі саржан жер жорғалады да, қайтадан ұшып тұра келді. Оның жер бауырлап жорғалаған жері боразданың ізіндей орланып қалды. Бауырын жазып, көсіліп зулаған бурадан адам атпен де қашып құтыла алмайтын, оның екпіндеп келіп, омырауымен соққанына ешбір жан иесі шыдамайды, тік тұрып қала алмайды, ол жығылған жауын төс табанымен таптап, езіп өлтіреді. Бұл қауіп, өлім қаупы, жылғаның көк майса жасаң шөпті бойымен жан ұшырып өзенге қарай қашқан сонау екі баланың басына да төнді. Ата қаздай ұзын мойнын алға қарай созып, еспе желісімен зулаған бура ауаны ысқырта жарып барады; екі шақырым жерді көзді ашып жұмғанша алып қоярлық; алыстан көйлектері желпілдеп, ағараңдап ілгері қарай құлдыраған балалармен екі арасы көрер көзге қысқарып бара жатты. Саржандап жерді көсіле серпіген ұзын сирақтар, аз уақыттың ішінде-ақ түйенің үлкен денесін жылғаның екі бала бұрылған иініне жуықтатып тастады. Бөрік толған ақ сұр жұмыртқалар да, етекке салған қызғыштың кішкене жұмыртқалары да әлдеқашан жарылғаны жарылып, жарылмағаны сол күйінде жолда қалып қойды. Ышқырын түріп алған Әділбек ағасын сүйрегендей болып келеді, бірақ оң жаң өкшесінің кеше жыңғыл кіріп жаралаған жеріне оқыс соққан бір шоқанақ қанқақсатты да Әлібек баяулап, шоңқиып қала берді. Ол қарасыны едәуір ұлғайып жақындап қалған бураның ауаны жарған зуылын да құлағы шалып қалғандай болды.
— Жүгіре бер!.. Суға қойып кет!..— деп, айқайлады ол інісіне. Бірақ даусы ащы шықпады, үні қарлығыңқырап шықты.
— Сен ше?— деп артына жалтақтап қараған інісіне ол:
— Жүгіре бер! Жүгіре бер! Қарама!— деп қолын сілтеді.
Сөйтті де өзі жандәрмен күн ызаттың бойындағы кесе көлденеңінен су жырған тап-тар, үстіңгі жағын қалың қаудан шөп бүркеген жырашыққа етбеттеп құлай кетті де, еңбектеп жылжып ілкі орнынан екі-үш құлаштай жерге жорғалап жетті. Өзен жүз құлаштай- ақ жер еді. «Мені бура байқамас... Әділбек өзенге жетер ме екен... жетпес пе екен?!..»— деп ойлады ол шөп арасымен қоңыздай жорғалап бара жатып. Тап осы кезде оның құлағына ырсылдаған зуыл айқын келді де, үлкен бір зор көлеңке үстінен өтіп кеткендей болды.
3
Жұма намазынан Жүніс үйіне кәрлі қайтты.
— Сен Шұғылдың баласының «жанында бола тұрамын» деген сөзіңді мұнан бұлай маған естіртпе. Оңбаған әкеден оңды бала туғанын көргенім жоқ. «Олар ел басқарып оңдырмайды»— деп Қален дұрыс айтады,— деді ол баласына айтқанын екі еттірмейтін өзінің ежелгі өктем үнімен.
Хакім әкесінің бетіне жалт қарады да, түтіккен қара қошқыл бетіндегі әлі басылып жетпеген дауылдың ізін көріп аузын да ашпады. Жүністің қабағы қату күйінде қалыпты да, көздерінен от ұшқындап тұр екен. Хакімнің көзіне тіпті оның тістенген түрі де шалынып қалды. «Өзім де Ехласқа жүгіре қояйын деп тұрғаным жоқ, көке» — деп ол Әбдірахманның сөздерін қайталағысы келіп оқталды да, бірақ әкесінің мына күйде жай сөйлесе алмайтынын біліп, бұл ниетінен де бас тартты. Ол торы аттың делбесін қағыңқырап қойып, жол жанындағы сырғып кейін қалып жатқан қызғалдақтардың көзді әлдилейтін шешек атқан алқызыл тостағандарына қарады; жер бейне масаты кілем; қолмен өсіргендей жайнаған сан қилы гүлдер. Жел майда. Сай бойындағы шөпті жолмен желген аттың екпіні бетке самал естіреді. Табиғатқа елтіп, өз ойына шомған Хакім әкесінің неге ашуланғанын ойға жүгіртіп топшылай алмады. «Бағанағы Шұғылдың қырсық тілі шығар»— деді де қойды.
Шұғылдың тілі себепкер болғанымен, мешіттегі бүгінгі үлкен «кептелістің» тамыры әрі жатыр еді. Соңғы екі жұманың ішінде сағадағы елдің аузында «бала оқыту» мен «мектеп ашу» болды. Әсіресе бұл сөзді өрттей қаулатқан Бәйес пен Батыр. Бұл екеуі «мешіт түбіндегі екі медресенің бірін школаға айналдырамыз да, балаларымызды орысша оқытамыз. Учительдікке Қаленді шақырамыз» — депті. Бұл пікірді баласы бар беделді Орынбек қажы мен Аманғали молда қолдапты. Міне, медресеге қарсы тұтатқан осы өрттің түбін тексеріп келіп екі ишан «бар бәлені шығарған Текеден келген ана кердері «учитель»— деп тапқан-ды. Ишандар осыны жұмаға жиналған жақсылардың ортасына салып, ынтымағын алмақ болды.
Ұзақ айтылған уағыздан кейін, Ғұбайдолла ишан сол қолдағы қос мағзұмға төмен салып тұрған көздерін аз тоқтатып қарап, одан әрі жоғары көтерді. Оның шәкірттерге мұздай тиетін суық көз жанары мешіттің қызғылт тартқан қарағай төбесіне тіреліп, арғы жағындағы көктен рахым сұрағандай жалбарына қадалды. Екі мағзұм аят мұқамымен жаңадан ғана жаттап алған «хан салауатын» бастап:
Салла аллаһи Нәбигә
Асхаблары Ғалиге
Жамағаттар қыл дұға,—
деді. Бұған ишан қосыла көтеріп жуан дауыспен:
Жамағаттар қыл дұға,—
деп қостады.
Үшеуінің дауыстары қосылып іші құрғақ кең мешіттің ішін аңыратып жіберді. Бірінші рет естіп отырған жұрт бұл жаңа салауатқа ұйып тыңдаудан гөрі таңдана, жан-жағына көз тастай құлақ тікті. Тағы да сол мұқам:
Жанын қиған жұрт үшін
Сарып қылған бар күшін.
Азаматқа қыл дұға...—
деп соза берді.
Алдыңғы қатардың оң қанатында отырған Жүніс «бұл не?» — дегендей, көктен көзін алмай тұрған ишанға да, «сенің балаңа ма?» — дегендей, екінші қанаттағы Шұғылға да тіктей қатаң көз тастап қойды. Бірақ олар өз ниетінің дұрыстығын дәлелдеп, қолдарын құштарлана қусырып тағзым етіп жатты.
Бағанағы мешіт алдындағы Шұғылдың сөзіне бүгін уағыз кезінде қайта-қайта ойлап, бірте-бірте ашу керней түскен Жүніс енді мына соңғы құранда да жоқ, құдайға да «күпірлік» келтіргендей қолдан қойып, жаннан шығарып алған «салауат сымаққа» басын имеді. Ол мұны: әдейі Шұғыл үшін, Шұғылдың ана Жымпитыдағы баласы үшін мыналардың шығарғаны. Бұл кәдімгі малға сатылған ишанның Байқараны мадықтап «Я әйю һәл Байқара, Әнтә кәлбон Кәбира...» дегендей нағыз дінді қорлағандық! Дін туын көтерді деп осылардың соңына еріп жүрген біз де...»— деп кіжінді ол ішінен. Соңынан жамырап қол жайғанда ол десбісінен жаңылған адамша әрі-сәрі күйінде мелшиіп отырып қалды.
Аздан кейін ол тамағын кенеген үлкен хазіреттің дыбысымен селт еткендей болды: оның ой арнасы жаңа ғана қалпына қарай ауысқан сияқты; бірақ ұрынуға қара іздегендей, «сендер бұзсаңдар, мына мен де бұздым»— деген ниетпен жүгінген күйін бұзып, малдасын құрып, безере отырып алды. Хәмидолла хазірет оның бұл қиқарлығын көрсе де елемеген болды, көп ортасына салатын сөзін, әлдекімді қорқыта-үркіте: «Ел бұзылып, жаман ниеттер көбейіп барады. Дінді аяқ асты етуге айналды...» — деп бастап, ұзақ сарынның аяғын медресеге тіреді.
— Елден шыққан азғындардың ағуасымен осындағы қарсы жамағаттар мәдресені школа етіп, хәдіс оқылатын орынды фанидің жалған лұғатына жаршы ету хәрәкәтіндә. Хәзрекәті азған Бәйеске, Батырға қосылып мына...— деп тамағын қырып ұзақ кенеп, ұзын хазірет Жүніспен қатар отырған Орынбек қажыға көз тікті.
Орынбек төмен қарап, тәубеге келгендей басын тұқырта түсті де, өзінен ауған имамның жүзі қайда тірелер екен деп шеткері отырған Аманғалиға ұрлап көз тастады. Орынбектің атын атауға аздап бой тартып, жүз ызғарын ғана меңзеген ишан бар қаһарын да, сөз зілін де Аманғали молдаға аударды...
— Мына Аманғали сияқты алдамшы сөзді, құбылма жүзді жандар мәдресәгә шәк келтіреді...
Өзін жақтатып, өзгені сөйлету үшін Аманғали әдіс жасады. Ол алдыңғы жағында малдасын шарт құрып, мыналардың бірін «жағадан» ала түсуге дайын Жүністің құлағына:
— Шұғылдан басқа кісі баласын орысша оқытпасын деген қай луғатта жазылған, Жүнісеке?— деді еңкейіңкіреп, жақындай түсіп.
Бұл әңгімені Жүніс қазір естіп отыр. Мектеп ашу көп адамның аузына алынған, пісуі жеткен. Баланы жаппай орысша оқыту, Қаленге бас ию жалғыз Жүністің ісі емес...
Босаңси бастаған дін арқауын сөзбен икемдеп, жасы үлкен беделділерді сипай өтіп, Аманғалиларды жерге жаныша, қауымнан бездіре сөйлеген Хәмидолла «қані айтшы, қажы»— дегендей Шұғылға сүйенішті, жәдігер пішінмен қарады.
— Қауымнан шығар, хазірет, ондай ала аяқтарды. Бәрін бүлдіріп жүрген мына Мақметтің Бәйесі мен ана...— деп Шұғыл көп арасынан іздеп, Аманғалиға бұрған көздері, күреске түсуге дайындалып отырған палуандардай малдасын құрып алған, етті денелі кәрлі қабақты жауы Жүніске түсіп кетті. Ол бөгеліп қалды. Жұрт оған да, Жүніске де жабыла қарады. Көбі ішінен: «Бағана да сөз ұшын қадап еді анаған. Анау да енді қарап қалмас» — деп ойлады. Шұғыл сөзін: — Ана Аманғали,— деп жалғастыра түсті де,— Аманғалидан бұрын балаларына тегісінен орысша шаш қойдырмақшы болды мына Жүніс қажы. Балық басынан сасиды деп, Жүніс пен Орынбек қажылар жол көрсеткеннен кейін мәдрәсәгә кім көзін алартпас. Шоқыншық Қален мәдрәсә түгіл мешітке де ауыз салар. Мен осында тағы бір шоқыншық пайда болды де есіттім. Қаймаққа қонған қара шыбындай осы мешіт пен мәдрәсә түбінде үймелейді екен бәдбәхітләр,— деп даусын көтерді.
Шұғыл әлдекімді соғып жіберетін жанша жан-жағын қарманып, сыртта қалған асасын іздеді.
Баласына, өзіне, ең ақылды деп есептейтін Қаленге — үшеуіне қатар тіл тигізген Шұғылға Жүніс тура бас салудан да тайынбастай халде еді. Бірақ ол бұл жолы сабырмен, Шұғылдың бетіне түксие қарап алып, ұратын адамдай орнынан көтеріле түсті де жайғасыңқырап отырды.
— Сен, әжі,— деді ол даусын өте төмен, қылғынған адамдай шығарып,— шоттың басын баспа. Ал бастың екен — сарт етер жерін сипай бер. Медресені аяқ асты қылған алдымен мына отырған сенсің. Сен Ехласыңды қайда оқыттың, өзің білесің бе?..
— Ехласта жұмысың болмасын...
— Ехласта жұмысым болмаса, сенің де менде жұмысың болмасын? Ана Орынбекте, Аманғалида, Бәйестe де сенің жұмысың болмасын. Баласын қайда оқытатынын жұрт сенен келіп сұрамайды, оны біліп қой. Медресешілін мұның! Медресені сен салдырдың ба, әлде сенің әкең салдырды ма? Оны салдырған мына отырған қауым. Сен билейтін медресе жоқ, мешіт пен имам сенің жетектеп жүретін жел бұйдасы бар сары атаның емес. Әлде бес тайым бар екен деп, жұрттың бәрін бір шыбықпен айдамақшы боласың ба? Мүмкін ана балаңа сенетін шығарсың Жымпитыдағы?..— деп Жүніс еңсесін көтере түсті, оның аздаған шешек дағы бар, сопақша келген шағын беті күреңдене бастады.
— Қажы, сабыр, сабыр; сабырлық көрсету Мұстапаның хисапсыз хәсиеттерінің бірі,— деп Хәмидолла ишан араға түсе кетті.
— Ол қажы емес, қажы атын жамылып жүрген әлгі... кім еді? Текедегі әлгі Әшібек. Мұның өзі де Әшібек, Қалені де Әшібек. Мына әлгі Бәйестің үйінде жатқан учитель де Әшібек!— деді Шұғыл «Әшібек» деген сөзбен әбден мұқатып.
Оның «әшібегін» жұрт та, Жүніс те түсінді... Артқы жақта отырған біреулер мырс етіп күліп те жіберді. Баста қорқынышты, жат сөз болғанмен «бәлшебек» деген сөзге Жүністің құлағы үйреніп қалған-ды. Қаленнен мұны ол талай сұрап, талай түсінік алған болатын. Тап мына жерде оған бұл сөз тонның ішкі бауындай көрініп кетті. Шұғылға тікендей қадалған сөздер оған ұшты құрал сияқтанды.
— Мен бәлшебек болсам, сен меншебексің!— деді Жүніс даусын бұрынғыдан әлдеқайда көтеріңкіреп.— Мен Қажы болмасам, сен жанап кеткен жұрттың үстін былғайтын арбаның артына байланып Байтоллаға барып қайтқан қарамай шелексің,— деді де орнынан тұрып кетті.
Жұрт жапырылыса жол берді. Шығып бара жатып ол көп адамның жүзіндегі үрейлі, бірақ мақұлдаған пішіндерді байқап қалды. Айқайлап жатқан Шұғылдың сөзін естігісі келмей ол мешіттен де, ат туарған Мақыметтің үйінен де тез аттанып кетті.
Жүністің үйіне қату қайтқаны осыдан еді.
4
Жүністен ықпайтын жалғыз ғана зарлауық Дәмеш. Дәмеш жасынан жесір қалған қажының бір жақын жеңгесі еді. Басқа әйелдер аяғының ұшынан басып, қажы келе жатқанда бораннан ықтаған қойдай, қарасын-қарасынның тасасына тығылса, Дәмеш оған қарсы шығатын, тіпті дау айтып, әлдене бір ілік тауып қажының берекесін қашыратын. Көбінесе Дәмеш күні бұрын зарлап: «Көлік жоқ, бізге қарасатын кісі жоқ. Бала болса жалғызілікті, кәрі Дәмеш кімге керек?!»— деп зәресін алатын. Дәмештің даусы шықты-ақ Жүніс алдын ала керегін даярлата беретін. Осындай сырды білетін жақын туысқандар қажыға керек жерде Дәмешті алға сала, бетке ұстай келетін-ді.
Бүгін де мешітке ерте кетіп, кеш қайтқан қажының алдынан өлімнен қалған екі баланың жайын есіттіруге жиналғандар Дәмешті шығарды.
— Шеше, қажының мінезі шатақ, «қырдан түскен түйелерді көрмей сендер не бітірдіңдер» деп ұрсады. Дауылдың алдынан өзің шықпасаң біздің буын-буынымызға дейін дірілдеп тұр. Және ақсарбасты ұмыта көрме, шеше,— десті.
Зарлауық кемпір жұрт қалағаннан кейін қажы қыр басынан түсе бергенде-ақ зар көтерді.
— Қажы, кербез қайным! Құдайдың кәрі де қатты, мейрімі де мол: не бәле төнбеді бүгін?! Не мархабат жаумады көктен?! Төнді де басқа, ауды да бәле. Ақ шелегің шағылғыр қара бура. Әйтеуір тоба. Ақсарбас айт, қарақтарымның садағасына. Аман қалды. Садақа, садақа...
Әлі түнеріп келе жатқан Жүністің қату қабағы зарлауықтың өзінен бұрын жеткен үнінен шайдай ашылып кетті. Ол қапелімде кемпірдің шұбатылған сарынды сөздерінің түп мағынасын ұға алмай қалды.
— Мына бәле тағы бірдеме сұрай ма?— Күңк ете қалды да, құлағын тосып: — Не болды? — деп айқайлады.
— Не болғаны сол, бас аман, мал садаға. Ақсарбас! Әлібек пен Әділбекті бура қуды...
— Не дейді? Кімнің бурасы?
— Қажы, балаларың аман...
Мән-жайды ол үйге кіргеннен кейін білді. Тілі күрмеліп сөйлей алмай қалған Әлібектің асты-үстіне түсіп, төсек жанында Балым отыр, қасына келген Жүніске ол жылап қоя берді.
Алдынан шыққан кішкене інісінің бетінен сүйіп Хакім бурадан не ғып құтылғанын сұрай бастап еді, Әділбек:
— Тфу, сол бурадан қорқып, мен түк те қорыққаным жоқ. Тайраңдаған түйе не істеуші еді, тәйірі?— деп мақтанды Әділбек,— бура мені қуып жетсе де мен бәрібір оның астына түспес едім.
— Қайтіп астына түспес едің?
— Қайтіп дейсің бе? Бура жақындап келгенде жалт бұрылар едім де, ол сөңкеңдеген неме екпінімен асып кетер еді, білесің бе менің көк қошқарды шегіншектеп барып, құшырланып, түйіп жіберуге ыңғайланып шауып келе жатқанда жалт бұрылып, денемнен асырып жіберетінімді?! Бура да сондай. Ол қайта оралғанша мен басқа жаққа қашар едім; тағы келсе, тағы сүйтер едім, сөйтіп мен оның өзін болдыртар едім.
— Қаздай мойнын созып келген бура сені жалтарта қоймас. Ендеше суға неге қаштың? — деді Хакім күліп. Әділбек оған да жауап тапты:
— Суға қарай қашайық деген Әлібек. Және біз екеуміз, екі адам жалтарып құтыла алмайды. Мұндай жерде су жақсы. Жағаға жетісімен жүгіріп келген бойым суға күмп етіп, сүңгіп кеттім, арғы құрақтың түбінен бірақ шықтым да, ерегестірмейін деп қамыстың арасынан сығалап қарап отырдым. Өзенге шөгетіндей аузынан көбік шашып, гүр-гүр етеді, суға омыраулап кіріп қайта шығады, сүңгитін адамдай оқталып-оқталып, шабынып қояды. Бір мезгіл жағаға жата қалып аунап еді, жердің ұйқы-тұйқысын шығарды. Мұндай жынды бура болмас! Әй, өзін де Төкең келістіріп сабады-ау!
Хакім басын шайқап қойып, баланың әңгімесін бастанаяқ көлеңкеде отырып тыңдай берді.
Кешке дейін әйелдердің де, еркектердің де үйге кірсе де, сыртқа шықса да таңдайларын қағып, еріндерін тістеп, есі кетіп әңгімелегендері Шұғылдың бурасы мен екі баланың жәйі. Қатындар:
— Жайрағырды жайратып неге ғана сойып тастамайды?! Бәріміз де бала бағып отырмыз, құдай-ау тоба, сақтай көр!
— Ол ақшелек тигірді құрту керек.
— Ажалының жоғына қарай Аңқаты балаларға жақын болған, суға түсіп құтылған. Ал, қырда кездессе қайда тығылар еді, о, жасаған!..— десті.
— Әй, өзінің де сыбағасын берді-ау! Көк дойырдың қорғасын топшысы тірсекті орай сарт еткенде итше шоңқайып отыра кетті, торы атпен қайтадан орағытып келіп, маңдайдан соққанда мойнын бақаша созып, құдай біледі дейін, сүт пісірім уақыт жатты. Мен оны, белкүллі, сеспей қатты ғой деп ойлап, арам өлмесін деп жанымнан шаппамды іздеп жүрсем, ол қарғыс атқан басын шайқап-шайқап жіберіп, тұра жөнелгені, артынан қуып зорға жеттік, шегіршін сойылмен, мен де періп келемін, бірақ менің сойылым оған төтеп берерлік емес; ал Тойекеңнің көк дойыры тигенде бордағы шыққан бүйірі білеудей боп шыға келеді де, өзі оқтай зулап кетеді; шабынып құйрығымен соққан салтақ сауыры қып-қызыл жосадай, құдай атқаннан бір күлімсі және ашқылтым иіс шығады; адам тіпті, белкүллі, маңына жуырлық емес,— деді Сүлеймен қызыл марқаның терісін сыпырып жатқан Бекейдің қасында жүресінен отырып сөйлеп.
— Енді қайтып келмес пе екен, ол жұлының үзілгір бура,— деп сұрады Тояш Сүлейменнен.
— Бір жетінің ішінде бұл маңды көрместей болды, басқа түйелерден бөлініп өзі қырға қарай жалғыз лағып кетті. Бір көзіне мықтап зақым келген шығар. Мен оның оң көзін ағып кетті ме деп едім, көзі отауланып, басын шайқай береді, ант ұрған. Бірақ көзі ақпаған сияқты. Өзінің басының адам бабын тауып боларлық емес, бұрқыраған ақ көбік бас түгіл, мойнағына дейін жауып кеткен, белкүллі, бар ғой, қарасаң албасты сияқты. Қажы Шұғылдың бурасының «көзін жоғалтам!»— деді ғой, сөз жоқ, енді жоғалтады,— деді Сүлеймен көзі жете сөйлеп.
Қызыл марқа сойылып болғанша, сойылып оның еті тұтасымен қазанға түсіп, пісіп болғанша да, піскенсін де осы сияқты әңгімелер ауыздан түспеді, жұрт қайырылып, оралып соға берді.
Оқудан келген Хакімді ол күні сол төрт-бес үй туысқандарының үлкені мен кішісі, әйелі мен ері болып ауызға да алмады, оны мүлде ұмытып кетті. Оның келген тойына арнап сойылған марқа да ана екі баланың «садағасы» болып саналады. Балым:
— Ақсарбас садаға! Қарақтарымның садағасы. Келін, бір мүшесін де қалдырмай сал!— деді.
— Қабыл болсын қарақтарымның садақасы, қажы-ay, бетіңді сипасайшы,— деп зарлауық оны қостай кетті. Дәмештің бетіне көздерін көлденеңінен тігіп, бетін сипаған Жүністің жұмсақ, кішкене саусақтары ұзын буырыл сақалының ұшына барып тоқтады.
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Арада бір ай өтсе де Мүкараманы көру, тез көру Хакімге басты арман. Ол Оралдан елге жеткенше асықты. Ойы: елге бір жұма, әрі кетсе он күн болып, ар жағынан Жымпитыға кетпекші еді. Бірақ бұл ойлаған ойы жуырда орындалар емес. Бірте-бірте кейінге сырыла берді. Кешегі Әбдірахманмен екеуінің әңгімесінен кейін Жымпитыға жүру ұзақ уақытқа, тіпті ұзақ уақытқа кешеуілдейтін болды. Егер Қален учитель де Әбдірахманның ойынан шықса, онда қашан жүреді, мүлде белгісіз. «Әбдірахман ақылды адам, нағыз көреген кісі. Сөзінің бәрі шындық. Зұлымдық жалғыз ғана қалада екен десем, ел іші де шылқыған әділсіздік екен. Мұны біз қалай көрмегенбіз?.. Өмір қызық. Ойлаған ойың орындалмайды. Кеше ғана Жымпитыға жүремін деп бел байлап едім»,— деді ішінен Хакім, учительдің үйіне келе жатып, Аңқатының нақ жиегіне жеткенде.
Жағадан ол қайық іздеді. Қайық арғы бетте де, бергі жақта да көрінбейді. Қайықтың бар-жоғын сұрайын деп, ол арғы беттегі өзенге қарай келе жатқан бір топ қыздарды күтті.
Күн сәске түс. Ыстыққа арқасын қыздырып, шөп арасынан өрмелеп бұйдайықтың басына бота тірсек сарала шегіртке бебеу қағып шырылдап тұр.
Шіркей қағып шарқ ұрған қарлығаштардың қара мұрт қанаттары сипап өтіп су бетінің әжімін жазып кетеді. Қайраң жағаға ойнаққа шыққан жасыл шабақтарға Хакім жусанның бүртігін лақтырды. Шөп қиқымы су бетіне түскенде олар жалт беріп жоқ болады да, кірпік қаңқанша болмай қағып әкетеді. Бүртік түскен жерге құрт-шабақтар құжынай қалады.
Жұрт қымызға тегіс жұмылып, үлкендер су басына келмейтін кезде қыз-келіншектер өзенге суға түсуге келетін. Жас келіншек Шолпан бастап келген қыздардың ішінде учительдің қарындасы Зағипа да бар. Бұлар арғы жағада отырған көйлекшең және жалаңбас Хакімді танымады; судың тап осы тұсы енді жайылмалы, асты қайраң, кең суат болатын; киімнен болмаса адамның жүзін айырарлық емес, оның үстіне көптен көріп, сөйлеспеген Хакімнің дауысы да жат көрінді.
— Қыздар-ау, ay, қыздар! Іштеріңде қайық әкелуге жарайтындарың бар ма? Маған қайық әкеліңдерші,— деп айқайлады Хакім.
Танымайтын бейсеуіт адамға қыздар жамырай:
— Бұл бетте қайық жоқ,— деп жауап қайырды. Хакім не істерін білмей дағдарып тұрды да, тағы да жасыл шабақтармен болды. Арғы беттегі қыздар аздан кейін бұған назар аудармастан, Кеңсуатты ойнаққа шыққан ордалы балықтай шомпылдатты. Асты тастай қайраң суаттың бір шетінде бала қыздар етпеттеп жүзіп, бір-біріне су шашып, судан үздіксіз боран боратып жатыр; екінші жақта Зағипа мен Құбайраның Задасы жағалық ойнап, бірін-бірі қуып жүр, олар көсіле жарып, қос-қолдап тартып суды аяқтарымен серпігенде шым-шытырық ығысқан бұлағай толқындар құмсақ жиекке сырт-сырт соғады. Өзеннің өн бойын қуалай өскен жасыл құрақ ішіктің қос өңіріне ұстаған жұрын сияқты, ал жағасы жайылмалы суат сол жұрын жетпей қалған ашық жеріндей; суы терең айдында, ортада Шолпан әрілеп жүзіп, ерекше құлаш ұрып едәуір жермен орағытып келеді. Оның сүмбідей сұп-сұлу денесі, жай теңселген шолақ көк толқындармен бірде тұтас көміліп, бірде тұтас көрініп, суға қара қоңыр сәуле түсіреді. Күн желсіз, су беті болмашы ғана шарбыдай ірмектеліп жатыр.
— Әй, таспадай бұралған қатпа бикештер, жағаны лайлағанша мына тұныққа неге жүзбейсіңдер, бері келіңдер, мына жер ғой — деп ол қыздарға он бес қадамдай жақындап келді де, екі шынтағымен суды тірей сермеп, бойлап тұрған адамша тереңде тікесінен тұрды.
— Шолпан, бойлашы, бойлашы,— деп айқай салды оған Зада, жағалық ойнап алқынып, қызыл күрең беті бұрынғысынан бетер қошқылданып.
Шолпан екі қолын жоғары көтеріп, қос алақанын қабыстыра тікесінен суға шым батты да, бір минуттен кейін суды бұрқ еткізіп қайта шықты, «пу-у-п» деп демін бір-ақ алды, әдемі басын сілкіп жіберіп, көзін жапқан ұсақ шаштарын кері серіпті.
— Үш кісі бойы болар, аяғымның ұшы жерге әрең тиді,— деді ол қыздардың қасына келіп.
Зада қос қолдап су астынан байқатпай көк сазды уыстап алды да, маңдайына түсіп, көзін жауып кеткен шаштарын қолымен кері қайырып бұрымдарына қосып, су ішінде тараштана бастаған Шолпанға жіберіп қалды. Шаштан аққан су тамшылары сорғалаған жұмыр мойын мен ажарлы кеудені ала сұйық саз былш етіп судан шығып тұрған жарым денені тұтас былғады.
— Қағынып кет, қағынған. Мен саған көрсетейін балшықпен ойнауды,— деп Шолпан жалма-жан қос қолдап алып шеңгел-шеңгел балшықты қашып бара жатқан қыздың желкесіне шалпылдата тигізіп, үсті-үстіне ұрды. Қыз қарсыласпақшы болып кері бұрылып еді, Шолпан оның бетін, иығын, басын балшықпен, тегіс сылап салды, қыздың шашына дейін көк сазға былғанды.
— Қой енді, пері, жетті деймін, қой,— деді қыз оған дәрменсіз түрде, қарсыласа да алмай, қашып та құтыла алмай.
— Екінші әрі балшық лақтырасың ба сен менің бетіме?— деп келіншек жеңіліп жыларманға келген Заданы сазбен сылап болды да, оны тастай беріп бала қыздарға жүгірді. Шортаннан қашқан шабақтай кішкене қыздар судан шыға қашып, қырға қарай бет-бетімен жүгірді. Оларға бір-екі балшықты қуалай лақтырып Шолпан тұныққа қарай бойлап барып, шомпып- шомпып балшық тиген тәнін тазартты да, өзеннің ортасына қарай сүңгіп кетті. Ол бір минуттан кейін сүңгуір үйректей шошаң етіп өзеннің ортасынан шыға келді. Аяғымен тік жүзіп, маңдайына түскен шаштарын сол қолымен кері серіпті. Бала кезінде талай жағалық ойнап, қыздармен талай кесек атысқан Хакім әлденеше оқталып, оларға араласып кеткісі келді, бірақ әдептілік етіп тоқталып қалды.
— Бері кел, бері кел,— деді ол су ортасында тұрған Шолпанға әзілдеп.
— Өзің кел! Еркекке әйел барғанын көріп пе едің? Әлде жүзе білмейтін бозауыз баламысың?— деді оған әзір жауап Шолпан.
Хакім Шолпанды енді таныды. «Байғұс, Шолпан екен ғой»,—деді ол ішінен келіншекті аяп. Шолпан жастайынан жесір қалып, он бір-он екі жастағы қайнысына атастырған жас келіншек, жасы Хакіммен шамалас, әрі кетсе бір-ақ жас кіші. Күміс дейтін жесір әйелдің келіні.
— Не дейсің, бикеш?— деп Хакім сөз таба алмай қалды.— Міңгірлеп сөйлейсің, өзіңді де, дауысыңды да жан танырлық емес.
— Бике де емеспін, бикеш те емеспін, бикелерден тиімсіз де емеспін. Өзің кімсің? Қорықпасаң бері кел, жағалық ойнайық.
— Бәсе, Шолпанның үні жаңа ғана шыға бастады, бағанадан бері осылай десейші...
Хакімді таныды да жауап қайырмастан жалт беріп Шолпан кері қарай жүзді. Ол еркекше құлаштап арғы жағаға тез жетті. Қоға арасында тұрған қайықты өзеннің ортасына қарай сүйреп шығарды да, жүзіп итермелеп, Хакімге қарай жылжыта берді. Неге екені белгісіз, жалаңаш Шолпаннан Хакім екі көзін айырмады. Жазылған бұрымдар су бетіне жайылып кетіпті; күн тимеген дене өткір көзді қара торы жүзден әлдеқайда ақшыл, оң қолын көтеріп қайықты ілгері итеріп жібергенде сұлу кеуде, тулаған балықтың бауырындай, жарқ ете қалады. Шолпан екі көзін қадаған Хакімге қараған да жоқ, тіл де қатқан жоқ, тек қайықты құшырлана ығыстыра берді. Жағаға жақындағанда ол қайықты қос қолдап итеріп қалды да, өзі арғы бетке қарай сүңгіп кетті.
Бір минуттай су астымен қос қолдап сермеп, аяқтарын серіппедей сілтеген Шолпан өзеннің арғы бет құрағына жақын жерден бір-ақ шықты. Хакім оған судан шыққанша қарады.
Судың толқынымен лықсып келіп жағаға тірелген қайықтың суын төгіп, қос қолдап, алақанымен есіп бұл арғы жаққа өткенше қыздар шапшаң киініп жар басына шығып кетті. Шолпан мен Зағипаның артына кезек-кезек қарап бара жатқанын аралары алыс болса да Хакім анық байқады.
Өзінің бұрынғы шәкірті Хакімді көргенде Қален учитель қатты қобалжыды. Бала күннен дерлік көз алдында өсіп ер жеткен, қазір мектеп бітірген Хакім әрі бала сияқты, әрі есейген үлкен адам тәрізді көрінеді. Жасынан байсалды, ауыр мінезді, көп тыңдап, аз сөйлейтін бұл шәкіртінен сан алуан жаңалықтарды, не қилы оқиғаларды, қалада болған бүкіл өзгерістерді естіп, біліп қанамын ғой деп ойлады. Ол аманшылық сұрасқаннан кейін шәкіртін басқалардан қызғанғандай оңашалай бастады; әңгімелеріне көлденең адам ортақтасып, жарым-жартысын бөліп әкететіндей көрінді. Хакім жайланысып, екі-үш минут отырып үлгірмей-ақ, ауылды тегіс сұрап болмай-ақ Қален Зағипаға:
— Зағипажан, көлеңкеге киіз жая қойшы, Хакім екеуміз оңашарақ отырып әңгімелесейік,— деді.
Су басында көріп амандасуға бір жағы ұялып, бір жағы Хакімді танымай «қайық жоқ» деп қайырған жалған жауабына қысылып үйге асыққан қыз, қазір сұлу Хакімге армансыз қарап жүр; жүктің үстіңгі жағына жинай салған өзінің оймышты ала текеметін алып жатып көзінің астымен бір қарап өтті; киізді көлеңкеге жайып тастап, көрпе, жастық алуға келіп, күлімсірген Қаленге мектеп жөнінде жауап қайырып жатқан жігітке байқатпай тағы да қарап алды. Учитель мен шәкірті көлеңкеде жайланыса отырып әңгімеге кіріскен кезде Зағипа үй алдына таман келіп, есікті түрген болып айналақтап, бір қырын отырған Хакімнен ұзақ уақыт көзін айырмай тұрды. Өзгеріп кеткен: бойы ұзын, сұңғақ денеге тіп-тік иық келісіп тұр; маңдайы аппақ және жазық. Қаленнің маңдайы сияқты, бірақ қасқа бас емес; бөрік астынан қырған бастың көкшіл құйқасы көрінеді, жүзі ақшыл сұрғылт, үлкен көздердің аласы қарағанда жарқырай түседі. Қандай өзгерген! Әлде бұрын мұндай етіп қарамап па едім...
Келгелі көз тоқтатып Хакім Зағипаға бір де қараған жоқ сияқты. Неге олай? Әлде менсінбей ме? Әлде әңгімемен шұғылданып, ойы басқа жақта ма?..
Зағипа әлденеге ашуланғандай аяғын қадап басып ошақ басына кетті, талдырмаш дене ықшам қозғалып, тік жүріс ұзын шашты іркіп-іркіп теңсейді.
Еркін отырып, бой үйреткеннен кейін Қален шәкіртінен көп әңгіме сұрады. Бірақ Хакім Қаленнің ойлағанындай болып шықпады, ол шөліркеп күткен жаңалығына қана алмады. Қаланың соңғы айларда болған үлкен өмірін жас жігіт толық білмей шықты, ол тіпті саяси өмірдегі басты адамдардың атын да білмеді, көпке белгілі Әбдірахман Әйтиевті де ол осындағы мешіттің түбінде Бәйес сәудегердің дүкенінде көрген. Қален Хакімге көңілі толмай ойланып қалды. «Біз оқып жүрген кезде татар жастарының, қазақ оқушыларының арасында үлкен қозғалыс бар еді. «Бірлік» газеті, «Шора» журналдарында жазылған мақалалардың өзі бір үлкен оқиға. Айтыс, талас, Ресейде болған өзгерістің ауызға ілікпей қалғаны аз. Қаладағы атақты адвокаттардың сотта сөйлеген сөздері де дүрліктіретін. Толып жатқан съездер, құрылып жатқан үкімет, қарсы шыққан топтар... ғажап, мұндай үлкен өмірден шеттеу қалғаны ма? Бүйтіп жүріп адам бәрінен де махрұм қалар...» деп ойлады учитель ішінен Хакімнің жүзіне сынай қарап отырып. Бірақ Қаленге бұрынғы оқушысының тағы да оқимын деген талабы және уәде беріп қойғанына қарамастан Ехласқа адъютант болудан бас тартқаны қатты ұнады.
— Жымпитыға бармағаның жақсы болған. Бұл ниетіңді Жүкең де жаратпас еді,— деді ол.
Әңгімелесіп отырып есік жаққа жалт-жұлт қарап қойып отырған Хакімнің көзі Зағипаның иығына асылған Шолпанға түсіп кетті. Екі көзі Хакімде, ол қыздың құлағына әлденені сыбырлап жатыр. Бағана су ішінде көрген сүмбідей денесі көз алдына келді, ондағы жайылған қара шаштар қазір үлкен қос бұрым; керілген кеудені бүрген ақ сица көйлек қынап тұр; көздерінде басқа ой ойлап тұрған жандай мағынасыз тастаған қарас бар. Хакім келіншектен аударып көзін қызға бұрып еді: Зағипа ашулы, қызғаншақтық оты ұшқындаған жанарын жасыра қойды да, сықырлауықтың оймышты көзіне қарай қалды. Хакім оның қуқыл бетіне жүгірген қызыл шырайды көзі шалып, қыздың әлденеден қысылғанын сезді. Екеуі екі түрлі: қыз нәзік те, келіншек сүйріктей жұп-жұмыр; Шолпан қызыл шырайлы, дөңгелек бетті, өте сүйкімді. Келіншектің бүкіл пішінінде, бойында, қимылында еріксіз өзіне тартып тұрғандай бір жұғымдылық бар сияқты көрініп кетті.
Қаленнен именіп Хакім көздерін ұрлап бұрып текеметтің үстінде жорғалаған шегірткеге аударған болды. Бірақ оның көздері мардымсыз жорғалап секіріп кеткен шегірткеде болғанмен ойы басқада. «Екеуі де әдемі, мен бұрын неге байқамағанмын»— деп ойлады.
Жаздың жайлы тымық кештерінде манаураған далада бейғам ауылдың үсті рахатқа батып тыныштала қалады. Бірте-бірте көзден жасырынып бара жатқан белдерді қоңырқай мұнарт бүркейді, алыстағы аспан жиегін сызаттап, қара дақтанып тұрған жіңішке бұлттар жермен қосылып қарауытып кетеді; бозғыл тартып өңі кеткен бұлыңғыр аспан шымқай қара көк бола бастайды; әлсіз жылтырап қадау-қадау көрінген нұрсыз жұлдыздар жиіленіп жарқырай түседі, жымың қағып жақындай берген тәрізденеді; батыс жақ беттегі көпке дейін бейнесі байқалып тұрған киіз үйлер ескі шыттың бедеріндей жоғалып көзге ілінбей кетеді, таяу үйлер де әлдене бір ғажайып сыр бар күмбезді сарайлардай көлемдене түседі де, бірте-бірте көмескілене бастайды. Кешкі адамның қимылы, малдың қыбыры мен үні жоғалады, жан-жануар жайымен шүйіркелесіп, тыныс дүниесіне енеді. Көк Әлемінің кең астында табиғат та дарқандық құшағын еркінше жайғандай, дала да байтақ, өріс те үлкен; тоқсан түрлі шөптен жас, хош иіс аңқиды, ауа да таза, жер де шаңсыз.
Хакім үй жанында төсек үстінде жастықты құшақтай етпеттеп жатыр. Тамақ ішкеннен кейін қараңғы түсіп кетіп ол Қалендікіне қонып қалған. Ұйқы келер емес. Күндізгі ыстық, жүріс, кешкі отырыс денені салықтырса да, қиял әлемі талар емес, әлдене тәтті, бақытты минуттар күтіп тұрғандай, әлдеқайда жетектеп бара жатқандай, қараңғыға көзі талғанша қарайды, кейде көз алдына қараңдаған әлдене нәрселер елестейді. Шеткі үй жақтан бір адамның бейнесі көлеңдегендей... Шолпанның үйі. «Неге мұңайған көз қарас? Неге тартымды жан? Әлдене ойы бар?.. Бақытсыз жан. Жасынан балаға шырмалған. Өмір гүлі солай жүріп солады ғой, шіркін! Әрі жас, әрі сүйкімді, қандай жігітке де жар боларлық»— деп ойлады ол Шолпанға жаны ашып.
Бұл кезде Шолпан да ұйықтаған жоқ еді.
— Жеңеше, осы қажының аталары мен учительдің аталары қыз алысатын жер ме, аралары қандай?— деп сұрады Шолпан аунақшып ұйықтамай жатқан енесінен. Туғалы құлағына тимеген мұндай оғаш, тіпті ешкімнің ойына да келмеген кесапат сұрауға Күміс шошып кетті.
— Астағпыралла, сен де жоқты сұрайсың-ау, Шолпан! Күнә болатын сөзді сөйлемес болар,— деді ол.
Шолпан оң жақта, Күміс үйдің қазан жағында жатыр. Қасындағы баласы Сары әлдеқашан ұйықтап қалған-ды. Күміс те жас, қырыққа келмеген. Отыз жасында жесір қалып, үлкен ұлы он сегізге келгенде Шолпанды айттырып алып берген-ді. Бір жылдан кейін Күмістің баласы қайтыс болды. Өмір сүрмей жатып жесір қалған Шолпанды бүтін ауыл болып зорлап, он жасар қайнысы Сарыға былтыр атастырып тоқтатқан болатын. Бірақ ашық мінез, өткір, көруге сүйкімді, өз сөзін өзі сөйлей алатын Шолпан биыл «әділ қайнағасы — учительдің өзіне айтып» басын босатып алуға да тырысты. Ол төркін жағының үйретуімен учительге:
— Жетімге көз, жесірге сүйеу қайнағамыз, мұңымызды сізге шақпағанда кімге шағамыз. Сарының ер жетуін күт. Жас өміріңді құрбан ет дейсіз бе, болмаса «маңдайыңнан жарылқасын, тордағы торғай едің, шырағым, босаттым, ұш та кет дейсіз бе?»— деген-ді.
Қален қапелімде жауап таба алмай қалған болатын. Соңынан да көп ойланып, ақырында, ескі әдет-ғұрыпқа қайшы келе алмай учитель оған:
— Шырағым, Шолпан, сабыр ете тұр, мен саған қазір өз еркің өзіңде дегенмен басқалар не дер, Күміс не айтар?! Өзім сөйлесіп көрейін,— деп еді.
Ауыл болып әңгіме қылып, көп жұрт Күміс жағына шықты. Қален де үзілді-кесілді ешнәрсе айта алмады. Қазір Шолпанның балаға басы байлаулы, Күмістің келіні есебінде, бұрынғы бақытсыз орында қалып қойды. Ауылдың әңгімеші әйелдері: «Шолпан Аманқұлға тиеді екен, Күміс те бұған қарсы емес екен. Қолғанат есебінде өз үйіне кіргізіп алмақшы екен» деп те шығарды.
Сол, жасынан жесір атанған, өмірде өші бар Шолпан бүгін Хакімді көргеннен кейін қатты өзгеріліп кеткен еді.
— Тілеген сұңқар ұшып келді, кімнің қолына қонар екен,— деді Шолпан өзеннен шығып келе жатып, қасындағы қыздарға.
Бой жетіп қалған екі қыздың бірі Зада оған күлді де қойды. Ал Зағипа құп-қу болып кетті.
— Ә, сен қыздың ойың бар екен ғой,— деді Шолпан әзілдеген болып. Бірақ іші Зағипаны жаратпай қалды.— Құп-қу болып кеттің, күндес болсаң қандай пышақтасып отырар едің, жақын ағаңды да қызғанасың.
Өте кекшіл, әрі сезімтал және өр көкіректеу Зағипаға Шолпанның сөзі табанға басқан шоқтай тиді де, ол ойланбастан:
— Жақын болса да шәриғат қосатын жер,— деп салды. Мұнан кейін екеуі де үндеген жоқты. Кеште де Шолпан мұңайыңқы пішінмен жүрді. «Менен мына қатпа қыз да бақытты. Жастай тағылған жесір атақ...»
Қазір Шолпан неге екені белгісіз, Зағипаға кәстерін тіге, оның дәрмен еткен түп тірегінің берік-осалдығын Күмістен сұрап жатыр. Және Күміс қолдамаса игі еді дегендей тілекпен әбден басын аша сөйлейді.
— Сіз, жеңеше, күнә болады дейсіз, «ана учительдің қарындасы Хакіммен екеуімізді шәриғат қосады» деді ғой, ол ағасынан естігенін айтатын шығар,— деді басын көтеріп алып.
Әйел шошып кетті.
— Сен түс көріп жатырсың ба, Шолпан-ау, әлде бірдеме естіп келдің бе? Барқынның баласы бір-бірінен қыз алады, қыз береді дегенді, о, тоба, мына сенен естіп жатырмын. Ақыр заман болғанда не болмас дейсің. Мына сөздерің қажының құлағына тисе, сені де, басқаны да оңдырмас,— деді Күміс.
Күмістің сөзі үлкен бір тірек сияқты көрінгенмен әлденеге күдіктенгендей Шолпан:
— Кім біледі,— деді ақырын ғана күрсініп.
3
Келесі күні Жүніс қажының үйі көшіп келіп, Қаленнің ауылынан екі шақырымдай қашық Көлтабанға жүк түсірді. Бұрын қонған учительдің ауылынан Құбайраның әйелі қызымен, Мәкка Зағипамен және оларға Шолпан тағы басқа келіншектер қосылып келіп, қажының үйін тігісті. Орын көрсетіп бергеннен кейін ауызы берік Жүніс Қалендікіне демалуға кеткен еді. Қыз-келіншектердің арасында Нұрым мен Хакім де уық байласып, етек киіз ұстасты, әзіл-қалжың, әңгіме, күлкі үстінде үлкен үй де, Бекейдің отауы да ә дегенше тігіліп қалды. Түрік келбетті, ірі мұрынды, өлеңші, ұзын қара Нұрым дөкірлеу түрде Шолпанмен ашық әзілдесетін, ал бүгін үй тігіліп болғанша Шолпан ешкіммен әзілдеспеді де, еш адамға тура да қарамады. Кеше күні бойы әлденеше рет көз тігіп, белгісіз бір бұлдыр құмарлықпен сөйлесуге ынтық болған Хакім қаншама тырысса да Шолпанға жуи алмады. Екі рет қасына келіп, қатар уық шанышқан Хакімнің жүзіне де қарамастан ол ығысып барып үлкен әйелдердің арасына кіріп кетті, кемпірлерге жәрдемдесіп басқұр ұстасып, туырлық көтерісті. Шай үстінде де Шолпан өте ұстамды, салмақты түрде әдептілік істеп, жұмған аузын ашқан жоқ: бір стақан шай ішті де, шапшаңдап шыны аяғын төңкере салып, аузы берік Балымның аяққойғышын құрысып, жүгін жинасты; шай ішпейтін аузы беріктердің арасында болды. «Жұрт тентек деуші еді, есі бар бала екен ғой» деп қойды Балым ішінен Шолпанға қатты риза болып.
Кешке Қален марқа сойып, ерулікке Жүністің үй-ішін тегіс шақырды. Ауыз ашқаннан кейін ұзақ уақыт отырып әңгіме-дүкен құрды. Кең өрісті көк шалғын жайлау мен меймандос учительдің бейіліне қатты риза болған Жүніс көңілді әңгімелесті, сөз арасында Шұғылдың айтқаны есіне түсіп:
— Мені әлгі содыр қажы кеміту үшін «сен бәлшебексің, сенің Қаленің де бәлшебек» деп мұқатты,— деді күліп. Мешітте болған әңгімені бастан аяқ сұрап біліп Қален Жүніске:
— Жақсы істегенсіз. Мөлиген қарилер дайындауға екі медресенің біреуі де жетер. Школа ашуды халық болып қолдау керек,— деп, оның пікірін жақтады да,— сіз оған не дедіңіз «большевик» дегенде, қажыға бара жатқандағыны қайталаған жоқсыз ба? — деп күлді.
— Мен не дейін оған, айтар сөз өзінен өзі келіп ауызға түсті, мен бәлшебек болсам, сен «меншебексің» дедім. Өзің айтатын нағыз бұзықтар әлгі сол меншебек емес пе, біріне бірін айдап салып соғыстырып жатқан?! Жұмсақ қана езу тартып қоятын, өмірде қарқылдап күлмейтін Қален сылқ-сылқ күлді, көзінен жасы да шығып кетті.
— Бұл қайта жеңіл айтылған оған, баяғы әлгі кемеден лақтырамын дегендей мешіттен шығарып тастамағаныңыз жарайды,— деді Қален күлкісін тыя алмай.
Жүніс мырс етіп күліп жіберді.
— Қален, сен оны қайдан естіп едің?— деп сұрады ол. Бірақ Қаленнің жауабын күтпестен өз сұрағына өзі жауап беріп,— Орынбек қой сол әңгімені елге жайып жүрген. Біздің елден Шұғыл, Орынбек, мен үшеуміз болатынбыз сол жылы Байтоллаға тауап етіп қайтқан. Әңгіменің бәрі Шұғылдың мінезінен шықты. Бұл өмірі айтқанға көнген жан емес, бәрін керісінше істейді, сен оған Шұғыл ана нәрсені бері ала кел десең, қайта ол сол нәрсені әрегірек апарып тастайды. Оның үстіне тілі қандай, жыланның тілінен де улы, шағып алады. Орынбекке мен «мынамен қостас болмаймын» дедім шыққаннан-ақ. Шұғыл да менің мінезімді аздап білетін, тәңір жалғағыр, өзі де қосылған жоқ бізге, басқа бір Ақберлі-Түкіштермен бір қос болып, тамақты бізден бөлек ішіп, бөлек жатып, бөлек тұрып жүрді. Қара теңізге кемеге мініп шығысымен-ақ жұрттың берекесі қаша бастады. Кеменің аунақшығанына шыдамай қағбашылар еденде тарыдай домалады. Төсекте жата алмай, алды-артынан бірдей кетіп, сарнаған, зарлаған, етпеттеп жатып Аллалаған бір халық, олардың ішінде сау адамның есі шығарлық. Құдай қуат бергенде, әйтеуір құспаған жалғыз мен болдым, басым біраз айналса да, соңынан үйреніп кетті. Көбінің басын сүйеп демеп, орнына отырғызып, сусын ішкізіп, күтіп, жолдастық борышымды ақтауға тырыстым. Жұрттың ішінде ең көп құсып, көп қиналғаны Шұғыл болды, еденнен бас көтермей жер бауырлап жатып алды. Мен аяп қасына келіп: «Пиғылың тазарса, қағбатыоллаға жеткенше ішің бір тазаратын болды»—деп қалжыңдап, орнынан сүйемелдеп тұрғызбақшы болып едім, жылан көздерін шаныша қадап, бетіме қарай қалды да: «Баспашы бәдәуилердің қанжығасына байлап қана жіберетін адамсың, сонда Аңқатыда бір дүлей кемір еді. Сені де қажы дер ме екен ел», — дейді. «Ә, сен мені бәдәуилердің қанжығасына байлағанша, мен сені Сүлейменнің жүзігіне жіберейін»,— деп қапшықты ала ұмтылып едім, еденде ойбайлап жатқан Шұғылым Орынбектің төсегінің астына кіріп кетті. Өлген адамды теңізде қапшыққа салып, суға тастайды ғой, өзін де сүйте ме деп қапшықтан зәресі ұшып кетсе керек.
Қажы тарауықтан кейін де қымыз ішіп, кемпірімен екеуі үйіне кеш қайтты.
Әке-шешесімен бірге келген Хакім қарттар тарауық оқыған кезде қыздар мен жас балалардың ақсүйек ойынына араласты. Бірақ қыздардың ішіндегі бой жеткені Зағипа еді, ол да, Шолпан да келмеді. «Ең болмаса екеуінің біреуі келер» деп ол қарайлай-қарайлай ауылдың бір шетінде бозбалалармен бірге ұзақ уақыт ойнады да, зеріккен соң кері үйге қайтып келді. Шеткі Күміс үйінің сыртына таман келгенде:
— Бұл кім, үй сыртын торуылдап жүрген?— деді ашық үнді жіңішке әйел дауысы.
Хакім селк ете түсті, анық Шолпанның дауысы. Күмәнсіз сол. Сонда да еңкейіп әйелге көзін салып еді, екі шелек су көтеріп, өзен жақтан келеді екен.
— Танымай қалдың ба? Маған айтқанда суға бірге баратын едім ғой...
Шолпанда үн жоқ, ақырын үйге қарай жылжи түсті.
— Шолпан, ақсүйек ойналық, шық...
— Кеш қой бізге ақсүйек ойнауға, есейіп кеттік.
— Кеш емес.
Шолпан тоқтамастан үйге жақындап қалды. Не айту керек? Хакімнің ұшқыр ойы шарқ ұрып, лайықты жауап іздесе де, күтпеген тар уақытта ауызға ештеңе ілікпеді, келіншек үнсіз, үйге еніп кетті.
Қалендікіне кіруге ыңғайсыз, уақыт өте кеш, үйге қайтуға жанды әлдилегендей жазғы түн мен әлдеқайда жетектеген ессіз жастық желі қоздырып, Хакім Шолпанмен тіл қатқан орында сәл уақыт тұрып қалды да, жүресінен отырып айналаға көз жіберді. Шолпанның үйге кіргені, шелегін жерге қойғаны, енесіне тіл қатқаны естіліп тұр. Аздан кейін киіз есік қайтадан ашылған сияқты болды. Бірақ қаншама қараңғыға көзін қадаса да ешбір адам бейнесі көрінбейді. «Не қылған жан елікпейтін. Жә шығамын, жә шықпаймын деп неге жауап қайырмады? Мүмкін емес бір хабар бермей жатып қалуы...» Үй сыртында отырғаннан гөрі, көлденең көзге түспейтін қарасынды қотан жақ бетке шығып, Хакім біраз аялдауға бел байлады.
Алқа-қотан қонған үйлердің бір қыдыру орталығын толтыра, отты даланың дәнді шөбіне мейлінше тойып, өзеннің мол суын қанып ішіп, сиырлар тырым-тырағай жатқан күйі жиі-жиі ауыр күрсініп, терең тыныс ап, мардымсыз жәй қалыппен жатық күйіске салып жатыр. Олардың кезек қайзалап, қайшылап қозғаған жалпақ және жұмсақ ауыздарынан шұбатылып ұсақ сілекей шұбырады. Рахат күйіс басталған. Жылқыдан өзге төрт түліктің бәрі қора төңірегінде, бәрі күйісте. Ұсақ қаралардың кейбіреулері көздерін көмескі жұмған, мойындарын бүйірлеріне қайыра салып, шала ұйқыда жатыр. Енді біреулері қабырғаларын ұзын егеу тілімен біраз ысып жалап алып, оңды-солды сұғып, танауын тазартады. Ортаға таман иірілген ақтылы қойлар да ауыздарын шапшаң қимылдатып, ұсақ қайзап, қытыр-қытыр күйсейді, орнынан тұрып келіп, біріне-бірі тақала жатады; бірі мойнын жерге салып, бірі көлбеп, аяқтарын керіп рахаттанады, ал енді біреулері кішкене ұшты айыр тұяқтарымен құлақтарының түбін тықыр-тықыр қасып қояды. Есіне емшек түсіп кеткен жас баладай, енесіне иегін сүйей тыныштыққа мәз боп жүрелеп жатқан жас қозы кенет орнынан ұшып түрегеліп, құйрығын құштарлана қипаңдатып, анасының шабын түрткілей бастайды. Мазасыз қозының мезгілсіз қажауынан қашып тұра жөнелген саулық ышқына жүгіріп, екінші жерге бой тасалайды; тіміскі қозы оны ол жерден де тауып алады, бірақ: «қой, енді!» дегендей алдыңғы аяғымен тепсініп қалған енесінің әміріне бой ұсынғандай еріксіз тынышталып, алдыңғы екі кішкентай аяқтарын тез бүгіп қозы да қайтадан «топ» етіп жатып қалады.
Түн дүниесі тым-тырыс. Есік, түндігін жауып, түрулі іргесін түсірген киіз үйлердің ішіндегі әңгімелер де сөнген; жылтыраған шамдардың әлсіз қызғылт оттары да әлдеқашан жоғалған. Қырдағы ұяларынан сусындап, салқындап қайтуға көлге саяхат шеккен үйректің ауыл үстімен ауаны жарып, сусылдай зырлап ұшқан дыбысы естіледі де алыстаған сайын әлсіреп, ол да жоғалып кетеді. Ауа да, жер де тыныштықпен мүлгіп тұр. Айнала дел-сал, қыбырлаған қимыл да білінбейді, сыбырлаған үн де шықпайды. Осы бейбарақат қалыпты арландық делебесі қозып, әлдеқайда жетектеген зеңгібаба бұқа бұзады, ол кенет түрегеліп, төңірегіндегі малдарды жайпай жол ашады; бұл айбатты, шүйделі, қыртыс маңдайлы, әукесі бір құшақ, ызғарлы пішінді табын қожасына бәрі де жапырыла жол береді: ол өктем пысын қарсылықсыз жүргізеді, бұзау-торпақтар үдере жосиды; шаңрақ мүйіз атан өгіздер бейуақыт шайпаған қызыл көзді өшпендіні көргенде орындарынан ауыр денелерін жеп-жеңіл көтеріп, ышқынып кетеді. Үрпиіскен ебедейсіз өгіздер мен алабұғадай кіжіңдеген тайыншалардың үрейін әбден ұшыру үшін бұқа топырақты шеңгелдеп иығынан асыра жоғары лақтырып жіберіп, қарлыққан дауыспен күжілдеп бірер рет қылғына өкіріп жібереді де, табынын түгендеуге екінші ауылға жөнейді.
Көп уақыт өткен сияқты болды. Бірақ мағынасыз өткізген сағаттарға Хакім өкінген жоқ. Не қилы оқиғаға толы жан тербеткен қаладағы қысылшаң күндерден кейін мына кең сахараның қойнында емін-еркін тыныс алу, сонсоң тағы да магниттей тартқан қалаға қайта қол созу — жас баланың үлкен болуға ұмтылғанындай, өте заңды сияқтанды. Ол орнынан түрегеліп өз аулына қарай жүрді. Оның ойына кенет Әмір түсе қалды. «Мына күйімді менің Әмір көрсе...» Біреу естіп қалатындай, ол өзінен-өзі дыбысын шығармай сол қолымен аузын басып, күліп бара жатты. «Ерсі жай... Бірақ бұл да өмір. Қалада клуб, қырда ақсүйек ойыны, жасыл қиықты үйдің биік басқышы, қырда қотан шеті...» — деді Хакім күбірлеп.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Қашаған қара бие әдетінше бүгін тағы қашып, желінің басына жоламады. Жирен байталмен соңына түскен Жұмайға ол қайыру бермей, қырға қарай шығып кетті: енесіне арқа таңып елірген құлыны майда шашақты, кішкене құйрығын тігіп алып, қара биенің алдында арқан бойы құлдырап кетіп бара жатты; қаншама тебініп, үздіксіз қамшылап ұмтылса да баланың мінген байталы биеге жетіп қайтарар шамасы жоқ, жайылып қалған, аяқтарын дарбақтай тастап, барған сайын қашағаннан алшақтап қалып барады.
— Бас, қамшыны, бас! Әй, әттеген-ай, өзін бір қуып жетіп жондар ма еді! Қап, мына қорлықты-ай! Былтыр да осы істегені... Биыл қояр ма деп едік, қою қайда, жылдан жылға үдей түседі ғой, қараталақ тигірдің мінезі,— деп кіжінді Асан құрығын олай-бұлай сермеп.
— Желі басында тұрып қашағанды қайырған қандай оңай, жолда, жонда, әне жуаси бастады, қазір құрығына өзі келеді. Майталманның шешесі ақылды еді, сөзбен сойылдап-сойылдап алғаннан кейін басына жүген тисе мысықтай болатын, бұл да шешесіне тартқан,— деп кекетті оны қасында тұрған Құбайра.
— Әй, Құбеке-ай, сенің осы қотыр тілің қашан қалар екен. Мен білемін ол биенің сырын, қуып жетіп жондасаң қашып, желіге тығылады.
— Әй, бәрекелде, дұрысын айттың, бірақ соны алдымен қуып жету керек қой, содан кейін жондайсың. Ал, қумай тұрып, жетіп қайырмай тұрып жондар ма еді дегенің, Жалмұқан мен Сарының ақылы сияқты ғой. Сен оны есітіп пе едің, естімесең айтайын.
— Жоқ, естігенім жоқ, бірақ не оңған әңгіме дейсің, баяғы қотыр тілің тағы бірдемені айтуға қышып тұрған шығар.
— Дәл сенің айтқаның сияқты данышпан ақыл... Алашағын алуға Жалмұқан мен Сарының үйіне Жайнақ барады. Уақытында алашақ алу оңай ма? Ұрыс басы былжырама, үшеуі сөзге келеді де, қол көтере алмаған, жасқаншақ Жалмұқан мен момын Сарыны өз үйлерінде сабап-сабап Жайнақ жайына кетеді. Әңгіменің ең қызығы мынау: Жайнақ кеткеннен кейін ағайынды екеуі үндемей біраз уақыт отырысады. Әрі-беріден кейін Сары отырып: «Бекер еттік, аға, ә»— дейді. Жалмұқан: «Нені бекер еттік»,— деп сұраса, Сары: «Әттеген-ай, бекер еттік, алдымен оны байлап алу керек еді, сонда таяқ жемес едік!» —депті. «Сарыжан-ау, осы ақылыңды таяқ жемей тұрып неге айтпадың маған» — дейтін көрінеді ғой ағасы. Әлі келген кісі байлатар ма тіріде, түсіндің бе? Мына сенің ақылың да тап сол Сарының ақылындай.
— Ана, Қалекеңнің өзі шықты,— деді Асан көк атқа мініп, қолына құрықтың сынығын алып шыққан учительді көрсетіп.
— Бар, сен тоқтат та, көк атқа мініп өзің қайырып кел биені. Үлкен кісіге бие қуу ұят болар,— деді Құбайра Асанға.
Талай таяқ жеп, запыс болып қалған қара бие аршындай шоқытып, қасқыр текірекпен-ақ жақындап қалған ат пен сойылды көргесін жылқыға қарай қашып, желіге тығылды да, ұрмай-соқпай-ақ дір-дір етіп қолға тұрды. Құбайра оның құрық салып құлынын ұстап, құлақтап жүріп желіге байлады да, биенің өзіне өре салды.
Жұртты дүрліктіріп, жарты сағат әуре еткен бие байланып, желінің басынан еркектер үйге қарай аяңдады. Бие қуып, құрық салып, құлын байлап «еңбек еткен» Құбайра, Асандар күндегі әдетінше қымыз ішуге учительдікіне кірді.
Мәкканың сапырып құйған сары қымызынан бір-бір тостағаннан көтеріп те тастады. Қымызға малынған жирен мұртын ернімен сорып, тостағанды қайтадан кері ысыра берді де Асан:
— Үй сыртында біреу аттан түсіп жатыр білем,— деп туырлықтың етегін түріп жіберіп, сығалай қалды. Бірақ Асан айыра қарап, келгендердің кім екенін отырғандарға мәлім ете алмады. Ол тек: Жол білем, соның шекпені сияқты... Алдыңғы шинель кигендер таныс емес, солардың қабатында артқысы...— дей бергенде, сырттағылар аяқтарын дүбірлете басып, есіктен кіре бастады. Олардың дүрс-дүрс етіп аттан түсіп, қас пен көздің арасындай қысқа мезетте есікті де ашып үлгіргеніне қарағанда, өздері байламай ат тізгінін қасындағы бір адамға ұстата салған сияқты және екпіндете суыт жүрген жандарға ұсайды. Алдыңғы екеуі әскер киімді, қылыш-мылтық асынған, жалпақ сары белдіктерінде нагандары мен оқшантайлары да бар көрінді. Учительдің үлкен үйінің кең киіз есігі делегейлене көтерілді де, бұлар мылтығын асынған күйі маңдайшаға да, жақтауға да ілікпестен табалдырықтан аттап өтіп кетті. Алдыңғысы аяғын тарпаң басып «зырас» деп үйдегілерді айран көздерімен сүзе қарады, ол қазан жақтағы қымыз құйып отырған Мәккадан жоғарырақ жаюлы қызыл кенеп дастарханның шетінде жастыққа бір шынтақтай қисайып отырған етік-шалбарлы, кең ақ китель киген, жазық маңдайлы, жылы жүзді, келбетті учительді көрді де, табалдырықтан екі-үш адым ілгері аттаған күйі тұра қалды, бір сөз айтуға оқталғандай болды, бірақ сөзі көмейінде тұрып қалғандай жұтқыншағы ғана қимылдап өтті, сол қолымен шәмбіл бетіндегі сұйықтау біткен сары мұртын сипай түсті. Оның артында келе жатқан ірілеу қара жігіт те аузы жыбыр етіп, айран көз шәмбіл сарының иығынан бойлап, учительге көздерін қадай қалды. «Осы екеуі үшін де, өзім үшін де мына мен сәлем беретін» дегендей Жол старшина табалдырықтан аяғын кере аттап, көтеріңкі дауыспен:
— Ассалаумағалайкүм?— деді.
Оның жіберіп қалған есігінің оймышты қарғашасы жақтауға сарт ете түсті.
Дастарханның оң жақ шетінде учительге қарсы отырған Асан орнынан ұшып түрегеліп, үйдің оң жағына қарай шегіне берді де, Құбайра еңбектей ығысып келгендерге жол беріп, төр жақты босатты.
— Бағалайкүм ассалам,— деді Қален салмақпен.— Жоғары шығыңыз!
Өзінің сабырлы қалпымен асықпай қарап, келгендердің қандай жандар екенін айыра байқады да, ол қисайған жастығын әрегірек сырып қойып, орнынан тұрып отырды. Үй иесінің келбеті, түрі, өзгелерден бөлек, салтанатты жайы бұл келген қарулы жандарға жуасыта әсер етті, олар екпінді басып, өктем еніп келетін әдеттерінен жаңылып, аңтарылып қалды. Учительдің пысы басқаны соншалық, бірер минуттай олар жә ілгері жүріп төрге аспай, жә солға бұрылып үйдің оң жағынан орын алмай, сол тұрған жерінде қалып қойды. Бұлардың дандайсып келіп, жасып қалған мүшкіл халін Қален де сезген болатын. Ол ішінен философиялық пікірге келді; «Жәй жүргенде шөбін шауып, егінін орып, малын жайғап жүретін қарапайым шаруаның балалары. Өз қалпында жүрсе қандай әп-әсем болар еді. Қару ұстап, форма кигенге танауларының желпілдеп, иықтарының сіресе қалғанын қарашы! Табиғи қалпынан айрылса адам ерсі көрінеді. Ең болмаса мылтығын дұрыс ілсейші-ау, қылышпен екеуі айқыш келмей бірыңғай ілінген. Белбеуінің доғасы да бір бүйіріне қарай кеткен. Ой, сорлы-ай, етігінің қоншынан шұлғауының ұшы көрініп тұр»— деп ойлап шәмбіл сарының аяғына қарап еді, анау мұны сезгендей тыпыршып, Мәккаға бір кезек қарап, тынышсыздана бастады.
— Жоғары шығыңыз,— деді Қален тағы да,— старшина, сапар оң болсын!
– Қызыл үйден келген мырзалар, жігіт алу, ат жинау бабында, біздің жетінші ауылға шыққан екен,— деді Жол старшина, келгендерді таныстыра, төрге шықсын дегендей рай білдіріп.
— Көріп тұрмын. Жоғары шығыңдар, жігіттер. Ім-ім... сыртта тағы біреу бар ма? — деп Қален сырт жаққа құлағын тікті.
— Бар, ол Жағалбай ғой... Ақсақалдардың мақұл десіп тізіміне кіргізген жігіттерінің бірі...
Шәмбіл сары ақырындап иығынан винтовкасын алды да, ебедейсіздеу аттап оң жаққа қарай жылжыған Құбайра мен дастарханның арасынан өтіп, төр алдындағы үстіне тең, киіз, көрпе, жастық жиналған жүк ағашқа сүйеді; беліндегі қылышын қынабының орта белінен ұстап ыңғайлап кері қарай ысырды, төселген дастарханнан едәуір кейінірек малдас құрып отыра бастады. Алдыңғы сарыдан едәуір аға, ірірек келген қара да оның істегенін істеп, иығынан мылтығын алып, бірақ «жоғары шық, жоғары шық» — деген Құбайраның ызбайлы сөзіне қарамай:
— Бізге осы жер де болады,— деп, Асан мен екеуінің ортасына отырды. Бірнеше минут үй іші тып-тыныш бола қалды, бірін-бірі күткендей үнсіз отырысты. Аздан кейін Құбайра:
— Старшина, үй ішің аман ба, ауыл жақтарың тыныштық па, мына жерге кел,— деп Жолға өзінен жоғары орын көрсетті.
— Шүкір, аманшылық, Асан, сен де аман ба? Мәкка аман ба? Аман тұрасыңдар ма? Қалеке, қалай, қоныс жайлы болсын! Жайлауға жақында ғана көшті деп естіп едім. Бие байлап, қымыз ашытып та қойғансыңдар ма?!— деп Жол шұбырта сөйлеп, үй иесімен жай сұраса бастады.
— Шүкір, өз үй ішіңіз де аман ба? Бақтылының дені сау ма?— деді Мәкка, қымызын сапырып отырып.
— Шүкір, шүкір.
— Қымызды мен сапырайын, сен шай қайнат,— деді де Қален әйеліне, — ас-су ішуге уақыттарыңыз бар шығар?— деп сұрады қонақтардан үй иесі. «Мына оспадарсыздар асқа қарамаймыз деп қояр» — деген оймен Жол шапшаңдап:
— Тез болса, зияны жоқ, жаздың күні ұзақ, құдайға шүкір,— деді қазан жақтағы кереуеттен төменірек кебеженің үстіңгі жағындағы кереге басына іліп қойған тұздаған семіз қой етіне қарап. Және ол, «Мына кебеженің іші де құр емес шығар» дегендей оймышты кебежеге жіңішке құйрықты, жыпылық көздерін қадай түсті.
— Жоқ, жоқ, рахмет, біз жүретін кісіміз. Жұмыс қауырт. Қымыз ауыз тисек болғаны. Бұл үйге бұрған мына старшина,— деп асқа қарамайтындарын айтты да, шәмбіл сары Жолға ежірейе қарап: — Сен, старшина, «күн ұзақ» дегенді қой. Ат деп ат, жігіт деп жігіт, ақша деп ақша жинаған жоқсың! Мен сені...— деп әкіреңдеп қоя берді.
Басында жасып, момын отырған мына сарының бойы үйренген сайын старшинаға жекіре бастағанына үйдегілер аң-таң боп «мына жаманың қайтеді?» дегендей бір-біріне мән бере қарасты. Елде адамсып, жұртқа тамсана билік айтып, сөзге десте бермейтін старшинаның әкіреңдеген сарыға бағынышты түрде бас иіп қалғанына Құбайра ақырын ғана мырс етіп күліп жіберді де; «Қарашы, қарашы, құйрығын қысқан иттей жымсиуын»,— деп сыбыр ете қалды Асанға, ірге жаққа сіңбірген болып, қос бармағымен мұрнын тыңқ-тыңқ еткізіп...
Бірақ Жол старшина сарыдан соншама именіп жімсиген жоқ-ты, ол: «Мына оспадарсыздың ауызға түсіп тұрған семіз ет пен сұр қазыдан қаққаны-ай»,— деп қынжылып еді. Ол мұрнына піскен қазының бұрқыраған жайлы қоңыр иісі келгендей көздері қышқыл шырай берді. Учитель ішінен тағы да: «Табиғи қалпынан айрылса, адам ерсі көрінеді», — деп ойлады. Сөйтті де қымызды жиі-жиі сапырып жіберіп, әйелінің әкеліп берген тостағандарына толтыра-толтыра құйды да, соңғы келген үшеуіне қымыз ұсынды.
— Кәне, берірек отырыңыз, күн ыстық, қымыз ішіңіз, шөлдеген шығарсыз,— деді.
Үлкен-үлкен сары тостағандарға толтырып берген қымызды үшеуі де дем алмастан ішіп салды; учитель тостағандарын қайтадан толтырып қойды.
— Көп уақыт болды ма бұл қызметке кіргендеріңізге?— деп сұрады учитель,— қай жердікі едіңіздер?
— Көктемнен бері осы лауазымдамын. Бұғанаймыз,— деді сары мұрт, бірден екі кеудесін көтере, сөзін баптай сөйлеп.
— Фамилиеңіз кім? Мен бір жерде сізді көрген сияқтымын. Жымпитыда тұрасыз ғой шамасы?
— Былтыр базарнай болғанмын. Маймақтың баласымын. Атым Сәрсен.
— Ім-м...— деді Қален,— білемін. Базарнай емес, базарнай үш жыл ұдайымен Шымыр болды ғой. Анау, әлгі соның қасында жүретін жігіт едім десейші,— деді Қален.
Маймақов үндемей қалды. Ол жалма-жан қымызды ішіп бітіруге тырысты. Өзінің кім екенін жақсы білетін, жұрт тегіс кәдірлейтін мына білімді учитель оған ұнамай қалған сияқты. Мұның алдында басқаларға көрсететін «әкімдік» те, асыра айтатын «мақтан» сөздер де пайдаға асар емес.
— Бұл жердегі бітіретін істі бітір, кәне жүрейік,— деп Маймақов Жолға түрегел деп иегін меңзеді.
Жол амалсыз орнынан тұрып:
— Қалеке, мына азаматтар мешіт түбіндегі ауылға бара жатыр, одан әрі тауға аспақшымыз. Үш күн ішінде тұрбаға салынған салық дайын болсын дейді. Біз қайтып оралғанша соны реттетіп қоярсыз. Және әлгі жігіт мәселесі. Байназардың Жағалбайын алып келе жатырмыз, жәй-мәніске түсінгеннен кейін ол өзі барамын деп еріп келеді. Ал, мына қажының туысқаны Кәрімғалиды лайқаттап едік, соны сіз қажыға құлақ қағыс етерсіз,— деді.
Қален аз ойланып отырды да, қысқа жауап қайырды:
— Мен өз басым салық төлемеймін. Сельский учительдің алым тартпайтынын өздеріңіз білуге тиіссіз. Сонсын, менің жұмысым халық ағарту ісі ғана. Ауылнайдың жанына еріп, ел аралап салғырт жинасатын жастан мен асып та кеттім және бұл еріксіз салынған алымды мен қолдамаймын да. Бастаған екенсіздер мұндай абыройсыз істі, аяқтаңдар өздерің. Ал қажыға кісі салатын ешнәрсе жоқ, өз ісін ол өзі жақсы білетін адам,— деді.
Бағанадан әңгімені тыңдап қана отырған, шешіліп әңгімелесуге мына әкімдерден именгендей, сабырмен насыбай иіскеген Қадес сөзге кірісе кетті.
— Жол, сен өзің бала екенсің ғой,— деді қатарында отырған Құбайраға көз қысқан сияқты бір шырай білдіріп. Құбайра тамағын кенеді.— Өзің білесің, біз момақан шаруамыз, мына сияқты өзің ертіп келген хәкімдерді құрметпен сыйлап, мерейін үстем етіп, қошеметпен аттандырсақ бізге онан артық не керек. Үш күн әңгіме етіп, жақсылардың аузынан шыққан лебізін жұртқа жайып жүреміз. Ана Әреш қызыл өгізін, мына Құбекең ала құнажынын базарға апаруға әлдеқашан ыңғайлап қойды. Мен де алты-жеті жандық апарып сатсам ба деп отырмын. Хүкіметтен аяйтын ешнәрсеміз жоқ, малымызды сатамыз да береміз керек деген салығын. Осы базардан қалмай барып қайталық, сен бізге әлгі қағазыңды беріп қойшы, мөрің өзіңде ме еді?
Құбайра оның сөзін қостай келе, бірақ аяғын екі ұшты сөзге айналдырып жіберді.
— Рас, базарға жүруге дайындалып отырмыз, малға қағаз аламыз да жүреміз. Үйректікөлден келген адамдар айтып отыр: қалаға атпен бару қауіп, сұрап жатпайды, атыңды аударып алады да, қолыңа «аты әскерге алынды» деп қағаз береді дейді. Атты алғаннан кейін ол қағаздың қанша керегі бар шаруаға? Мәселен, мына сен, менің бөркімді басыңа киіп алып «мә, мына қағазды ал, бөркіңді мен алдым»— десең, сенің ол қағазың маған бөрік болар ма еді? Қалай болған күнде де қызық әңгімелер шығып жатыр. Атпен барсақ, сонда бізге салық бір ат, бір сиыр тұра ма?— деді.
Жол үндемей қалды. Қарулы салықшылар да жауап бермеді.
— Арғы беттегі ана Қайқаң қалай етеді бұл салықты? Әлде қара биесін сатып төлей ме? Сатам деп алып барғанда биесін ақша бермей текке алып кетуі де неғайбыл екен,— деп басын шайқады Асан.
— Қайқаңның өзі хәл үстінде жатыр. Оның баласын қызыл үйге «жігітке жазса», салыққа қара биесін алса — сонда мұның аты не болды?— деп Әреш наразы пішінмен Жолға қарады. Бірақ бұған ешкім жауап қайтармады.
— Дүниеде салық салмайтын үкімет бар ма екен?— деп Асан іштегі арманын айтып салды.
Маймақов атына тез мініп алды да:
— Бүрсігүні бәрі де дайын болмаса менен жақсылық күтпе,— деп қамшысын үйірді.
2
Шалқақ туған айды көрген кәриелер: «Бұл ай ақырына таңдайларын қағысқан еді, ақыры солай болып шықты, айдың ақырына дейін тамылжыған ыстық болды.
Оразаның аяқ кезінде сарша тамыз да келіп жетті. Күн төбеден аумастан ұзақ тұрып алатын мезгіл келді. Аспан ақшыл тартып, мұнарта түседі, cap шытыр қуарып жоғалып, ебелек ұшып бітті, бетеге бозарып, қара жусандар ақ бурыл тартты. Ауыл үсті шаңытып тозаң буалдырына оранды; шөп-шар үгінді мен жүн-қоқырды үйіре жинап, шиыршық атып, даланың найза құйыны ұшын көкке қадап шаншылып тұрып алатын болды. Сәске болмай-ақ қомдары жардай болған атандар, екі өркеші баладай жас інгендер мен бота-тайлақтар бастарымен шыбыннан шұлғи қорғанып күл басына, шаңдақты тақырға шұбырады. Үлкендері жастарын наздана қарпып жіберіп көк бурыл күлді бұрқ еткізіп ошақтың нақ басына таласа шөгеді; кебежедей бүйірлерін теңките, ұзын аяқтарын серейте созып, көлбеп жатып алады; аунап біраз уақыт бүйірлерін ыссы күл-топыраққа үйкелегеннен кейін бастарын қайтадан көтеріп, қайтадан көлбей түседі.
Желінің басы қос-қостан айқасқан, бестен-оннан топ-топ болып үйездеген жылқы; бөгелектен құйрығымен қорғанып, аяқтарымен шаптарын сарт-сұрт соққан биелер; ұзын желінің екі беті өріліп байлаулы қалпында сауырларының көбеген жүні қуқыл тартқан құлындар, бастары шаң-шаң болып олар да көлбеп жатып алады, үстіңгі шекелері мен томпайған бүйірлерін күннің ыстық көзі күйдіре қыздырады. Қойлар да қора-қора иірілген күйі бастарын төмен тығып теңселіп тұр, бейне бір үлкен өреге тығыз тізген құрт сияқты. Далада бие сауып көнектерін көтеріп келе жатқан қадау-қадау қатындар мен құлын басын ұстаған бірен-саран еркектерден бөтен тірі жан жоқ, бәрі үйді-үйінде ауыздары берік, көлеңкеден қыл елі бастарын шығармастан, жерге құр алаша төсетіп, соның үстінде көйлекшең көлбейтін болды.
Жүніс қажы үйдің етек киіздерін түргізіп, ішінен түндік, есікті тас қылып бүркеніп, өзеннен жас құрақ орғызып әкеліп, үйдің қақ ортасына қалың етіп төсетіп, соның үстінде жалаң іш киімді, көйлекшең, ақ жастықты шынтақтай, қырынан жатыр. Дөңгелек келген тығыз етті денесін, толық қарнын томпиған жұп-жұмыр жұмсақ қолдарымен сипап қойып, қарасынан ағы басым ұзын ақ бурыл сақалын салалап әкеліп, ұшын аузына салып қояды. Үй ішіне салқын леп берген сулы құрақтың үсті жанға жайлы рахат жай, тыстағы тамылжыған күннің шарпып тұрған ыстығын денеге дарытатын емес.
Оның қырық күн шілдеде істейтін ежелгі амалы осы, жас құрақ орғызып, соны төсеп жатып, берекені кетіретін ыстықты күнбе-күн осылай ұзатып салатын-ды. Баласы Нұрым мен өзінің туған інісі Бекейдің күніне екі рет құрақ орып әкелуі бейне парызы сияқты. Суы сарқылып кебе бастаған құрақты күндіз де үнемі байлаулы тұратын үлкен тор аттың алдына салады. Даланың шыбынымен қуқыл шөбінен көрі тор атқа да көлеңкеде тұрып, күтір-күтір жейтін құрақтың салалы, дәнді айыл жапырағы жұғымды, ол өмірде тобылғы торы өңін берген емес, сауыры дөп-дөңгелек, жоны жұмыр, серке санды ат, жексе делбені босаттырмайды, мінсе тізгінді тежеттіріп отырады.
Қажы мақтаншақ емес, бірақ «қажеке, дұрыс айтасыз!»— деп басқалардың сөзін мақұлдап қостағанын, айтқанын «ләббәй» — деп тік тұрып тыңдап, екі етпей орындағанын жақсы көреді, тіпті өзін аздап мақтап қойғанды да жек көрмейді. Жүніс жаңа ғана төсеген сап-салқын көк құрақтың үстінде сақалын салалап, көлбеп жатып әлдене ойлардың бірінен соң бірі келіп шұбаған тізбектерін салмақтайды. Оның ойы жетпейтін нәрселер көп. Әсіресе үш баласының қандай болып шығатыны, оған айқын емес, көз алдына өте белгісіз сипатта елестейді. «Қален сияқты көп білетін ғалым, учитель болса?.. Ана Бәкең сияқты адвокат болса?!. Бірақ балаларды алысқа Петербурга, Орынборға жіберіп оқытуға қазір жол жабық... Орыс өзді-өзі қырқысып жатыр. Мына Қызыл үй үкіметі баланы қалай оқыту керек деген мәсһәләні ойлаған да жоқ!..— деп басын шайқайды ол. — «бұлар уәлаят құра алмайды» деген, түбі Қаленнің айтқаны келеді» деп ойлады ол.
— Қаленнің ақылы ақыл!— деп қорытады ол ойын естіртіп.
— Ол қандай ақыл?— деп сұрады қазан жақта жіп ширатып отырган Балым.
— Жәй, әншейін әңгіме,— дейді қажы ойын байқамай әшкерелеп алғанына риза болмаған пішінмен.
Кемпір жіп ширатып болды да:
— Әділжан, мынаны сабақтап берші, көзің көреді ғой,— деді, жылқының құйрық қылынан санына салып ыждағатты түрде қармақ бауын есіп отырған балаға қолын созып.
Бала шешесінің осындай әманда «жұмыс» істеп жатқанда бөліп жіберетін мінезіне риза болмай қабағын тыржитып, амалсыз орнынан тұрды да, оның қасына келіп, инесін сабақтап берді.
— Балағыңды өрім-өрім еткенше, түріп жүрсең болмай ма? Жұрттың сендей баласы киімін күтіп киеді, жыртпайды. Шеш дамбалыңды, балағын көктеп берейін,— деді ол баласына ақыл айта сөйлеп, бірақ зәрсіз, аналық қамқорлық үнмен.
— Қойшы, мама,— деді бала аузын бұртитып.
— Қойшысы несі? Өрім-өрім болып жүрмексің бе?.. Әкел бері, шеш!
— Жалаң бұт қалай отырамын?
— Ештеме етпейді, жамыл ана Әлібектің бешбетін...
Бала оң балағы санына дейін айрылған және тізесі де ыдырап кеткен көнетоз қызыл дамбалын шеше салып, долданып, шешесіне лақтырып жіберді.
— Ақырын, көк томырық! Сүтке түсіріп жібере жаздағанын қарашы, бәлекеттің?!— деп кемпір қазанға қарай асып барып жерге түскен дамбалды алып, балаға зеки сөйледі.
Бала қоңырқай сопақша беті күреңденген күйі, қасақана именбестен абыройын ашып отырып алды да, еріксіз үзілген жұмысына қайта кірісті, ұзын қара қылды жалаңаш жіңішке санына салып, құшырлана ысқылап есе бастады.
Әйелі мен кіші баласының екі арасындағы бұл сияқты шағын ғана, бірақ жиі ұшырайтын шекісті көлденеңнен көріп тыңдап жатқан қажы әрі кеж, әрі сотқар балаға бұл жолы жекірмеді, оған тек көзінің аласымен қарап:
— Сен аттың құйрығын жұлып жүрсің бе? Қолыңдағы ұзын қылды қайдан алдың?— деп сұрап еді. Бала:
— Біздің аттың құйрығы емес, кеше Сүлеймен келгенде соның байлаулы тұрған биесінің құйрығынан көрсетпей жұлып алдым,— деді сұсты, қатал әкесінен де именбей безере жауап беріп.
Әкесінің есіне бұл баласының мұнан бірнеше жыл бұрын істеген қылықтары түсті. Ол ашуланғанда өз дегені болмаса, айтқанға да көнбейтін, ұрғаннан да қорқып қаймықпайтын, бермен отыр десе, ол ерегесіп әрмен отыратын, «шалқаңнан жығылма, миыңа зақым келеді» десе онан әрі шалқалап құлайтын-ды. Бір күні бұл әдетінен оны бездіру үшін әдейілеп, ашуланған кезде аржағына бір тегеш быршыған ащы айранды қоя салып, үй ішінің біреуі:
— Әділбек, сен байқа, аржағыңда айран тұр, құласаң төгесің!— деген-ді.
Бала ерегесіп айранға шалқасынан құлаған. Сол мінезі әлі қалған жоқ, есі кірген сайын онан да үдей түсті. Міне сол сурет көз алдына келді де балаға да, әйелге де көрсетпей мұртының астынан күліп жіберді. Қазір ол «үш бала қандай адам болып шығар екен?» — деген, әрі айқын түрде көз алдына келмейтін бұлдыр да, бірақ қызғылықты қиял елестететін әрі жүйрік ілкі ойына қайта оралды. «Хакім ақылды, мінезі ауыр, байсалды: Әлібек өте зирек, бірақ ұшқалақ мінезді, ал мынау — тобжар, өтті... түбі бір жағын жарып шығатын осы болады. Үшеуі де... марқұм әкемнің айтқаны бар еді. «Жасыңда өртеніп кете жаздадың — өлімнен қалдың, сенің өмірің ұзақ болады, дегеніңе жетесің» деп. Ырас-ақ, дәулет те болды, әлі де бар, шүкір. Жұрт қатар Байтоллаға бардым, абырой бар, атақ та. Балаларым өсіп адам болып келеді. Бұның үшеуі де өлімнен қалды: Хакім суға кеткен жерінен ессіз-түссіз шығарылып, бір өлімнен қалды. Мына екі жаманды анау күні бура өлтіріп қоя жаздады. Бәлкім бұлардың өмірі ұзын, үлкен атақ, баққа ие болар...» — деп түйді ол түйдек-түйдек ойларын, есте қалған көне суреттерді бейнелей келіп. Қаншама ойласа да кәрі қажының ойы Бақытжан адвокат пен Қален учительге соға береді. Бұл екеуі де үлгі боларлық жастар, «осылардай болсақ» деп арман етерлік жандар. Бұл екі адамның қажы екеуін де жақсы көреді. Олардың ақылдылығына, білімділігіне піріндей сенеді. Хакімді басында орыс мектебіне берудің керектігін Қален айтқан болатын, ол қажыға баланың бағы біліммен ашылатынын дәлелдеген; ақылды, парасатты, пайдасын жақсы білетін, дүниенің тетігіне жақсы түсінетін Жүніске ол өнер-білімнің артықшылығын көзге баттита көрсетіп дәлелдеген болатын. Ол қажыға өмірдің тап өзінен алып:
— Біздің қазақ қойдың жүнінен қап тоқиды, оған керек жіпті әйелдер бірнеше күн иіреді, онан кейін тоқуына ермек үстінде әлденеше күн уақыты өтеді, сондағы істеп шығарғаны мынау,— деп ол шөп шабатын машинаның отырғышына төрт бүктеп салған ала қапты көрсеткен.— Ал, машинамен иіріп, машинамен бірнеше сағаттың ішінде тоқыған фабрика шығарған зат мынау, менің үстімдегі шерсть шалбар. Болмаса мына машинаны ала қойыңыз: шалғымен он жігіттің үш күн шабатын жерін, бұл бір күнге жеткізбейді, қиып береді. Міне осының бәрі білімнің, ғылымның ісі. Оқыған жастар осының бәрін өздері істеп, өздері шығаратын болады,— деген-ді.
Мұнан басқа да Қаленмен талай нәрселерді әңгіме етті. Оның айтқанының бәрі пайдалы, бәрі ақыл болды. Ол баласын орыс мектебіне, Қаленнің өз қолына апарып берді. Мұнан кейін екі жыл өткен соң ол пішен шабатын машине де сатып алған-ды. Сонан бері Қален жаз елге келген сайын онымен жиі кездесіп, көп әңгімелесетін болды, екеуінің арасында сөзбен айтып болмастай жақындық пайда болды. Шаруашылық, тіршілік жөнінде де үзбей ақыл сұрайтын болды. Учитель де бұл беделді бір беткей болса да, ақылды, жұғымды адаммен құрметті, сыйлы түрде жақындасты, тіпті жақындығы көршіліктен, ағайындықтан көрі достық түрге айналды. Былтыр қаладағы қызметін тастап, елге келіп, енді елден мектеп ашып, бала оқытам деген пікірін айтқанда, Жүніс оған күн бұрын шешіп-пішіп қойғандай, оның ниетінің шын, адал ниет екендігін қолдап, сөз айтпастан:
— Міне, екі баламның екеуін де сенің қолыңа бердім, ең болмаса қажыға барса да өз жолын өзі тауып баратын болар,— деген еді.
Қажы көштей шұбаған көп ойларын таусып үлгірместен қатты ентігіп үйге Әлібек жүгіріп кірді. Ол көпке шейін булығып сөйлей алмай зорға дегенде:
— Ке-к-е-е-е-к-і салдат-а-ғ-е-кем-нің то-ры-а-т-ын...— деді, арғы жағын айта алмады.
Қатты қобалжып, екі көзіне жас толып, Әлібек қылғынған адамша отырып қалды. Бура қуғаннан кейін бір жеті сөйлей алмай, ол соңғы кезде ғана екі сөздің басын құрап әңгімелесуге жарап қалып еді. Қазір сөзінің басын бастады да, аяғына дейін ойын тұтас айтып шығуға әлі келмеді. Бірақ кешікпей басынан қан ағып, бетін жуып кеткен, үстіндегі көйлегі өрім-өрім болып Бекейдің өзі келді. Оған ілесе Тояш кірді.
— Әжі аға, мынау старшының пірістаптан жаман, қасында екі солдат бар. Қаленнің ауылынан шыға шауып, су жағасында мына Бекеңе киліккені. Қамшы тимеген жері жоқ, бұл ел ме, жау ма? Торы атты алып кетті. Бұл не болды? Бұл не істейміз?— деп Тояш жатқан қажының ойқастап ол жағына бір, бұл жағына бір шықты. Қажы орнынан тұрып, сілейіп тұрған інісіне қабағын түйе қарады. Бұрын да көп сөйлемейтін Бекей қажының алдында мына сияқты бұрын бастан кешпеген оқиғаны не деп айтуға білмей, мелшиіп, үндемей тұр.
— Не деп тұрсыңдар өздерің? Кім алған атты, не деп алады атты? Қайдан шыққан жау?— деді Жүніс түнерген пішінмен бастырмалата сөйлеп.
— Қасында Жол бар,— деп Бекей күңк ете түсті.
— Кімнің қасында?
— Солдаттардың. Біреуі қазақ-ау деймін, заузадымнан түсіп, қазақша боқтады...
— Қол қатпадың ба?— деді Жүніс інісіне төніп,— жастығыңды ала өлсейші көрінгеннен сөз естіп, сүмірейіп атсыз қайтқанша.
— Қолда қамшым жоқ еді, тұсаумен басқа бір тартып жіберіп едім, екіншісі қолдап кетті, екеулеп аттан аударып тастады...— деді Бекей.
Бекейдің мына түріне дауыс салуға қажыдан ғана сескеніп шақ тұрған Балым:
— Бас, көзің аман ба, тағы не бәле кездестірдің, жасаған?! Келін, қайдасың?! Келін, қайдасың?! Жуындырсайшы, Шырақты. Бұл не деген сұмдық! Тапа-тал түсте адам сабап, бұл қандай масқара?— деп зарлай бастады.
— Шақыр Қаленді,— деді Жүніс Тояшқа.
Жамаған дамбалын шапшаңдап кие салып, соққы жеген Бекейдің бір алдына, бір артына шыққан Әділбек есікке қарай жүгірді.
— Қайда барасың?— деді Жүніс оған қатал үнмен.
— Учительді шақырып келуге.
— Айта алмассың сен түсіндіріп.
— Көке, айтамын. Кіші көкемді солдаттар сабап, атын тартып алып кетіпті; сізді көкем шақырып жатыр деймін,— деді Әділбек.
Жүніс үндемеді. Әкесінің үндемегені, мақұл көргені екенін Әділбек жақсы білетін. Ол үйден шығып, Қалендікіне қарай жүгіре жөнелді.
3
Кейде өзара қырқысып, күжілдесіп, тіпті ата-атаға бөліне кетіп, қамшыласып та алатын бұл бір старшин ел сыртқы жауға келгенде бір ауыз бола қалатын еді. Базарда болсын, үлкен жиын тойда болсын, жер дауы, жесір дауы әлегінен туған шатақтарда болсын Барқын жұбын жазбай жүретін, шетке кегін жібермейтін, бір адамы басқамен сөзге келсе қалғандары оны жақтап қолдай кететін.
Қаленді шақыртқанда Жүніс екі нәрсенің басын ашқысы келді. Бірі: Бекейді сабап атын тартып алған басқа елдің адамы ма, болса кім — осыны ашпақ. Соңғы елу жылдың ішінде Барқын баласының ешкімнен таяқ жегенін Жүніс білмейді. Ауыл басына келіп бүгін қамшы үйірген бұл қай басынғандық. Егерде хүкімет адамы болса, онда олар ел жақсысымен ақылдасып неге іс істемейді? Бұған Қален не дер? Білімді адам, шатаққа егеске көп бара бермейді. Әйтпесе мына адам сабағыштардың соңынан он жігіт жіберіп, қаруын тартып алып, арқаларының қышуын басып берсе тіпті теріс болмас еді. Мүмкін осының бәрі Шұғылдың баласының істетіп отырғаны шығар... Соңғы пікірге Жүніс қазығын айналған аттай орала берді. Осыншама ауылдың ішінен менің атымды көргені, менің ініме қамшы жұмсағаны — бір көзеуші бар ғой мұнда. Әлде сол Шұғылдың жарамсағы Жолдың ісі ме? Жұлқысуға жарамайтын Жол ма? Бұған оның тәуекелі тұра да қоймас...
Екі ұшты оймен отырғанда белгілі жұмсақ дауысымен соза сәлем беріп учитель кіріп келді.
— Үй ішінің сәні де шамалы, оның үстіне мына құрақпен қобыратып әбден берекесін алдым. Ана төрге қарай кілем үстіне шыға бер,— деді Жүніс Қаленге.
Қаленді көргеннен-ақ Жүністің ашуы да, шым шытырық кекшіл ойлары да жазылып жүре берді. Қален оның асқар панасы сияқты. «Қазір ақылын айтады» деп ойлады Жүніс.
Балым кемпірмен амандасып, үй ішінің хәл-жайын сұрасты да Қален:
— Жүке, сіз қозғалмаңыз, аузы берік адамсыз ғой,— деді орнынан тұрып, бешбетін жамылып, басындағы тақиясын жөндеп киген Жүніске.
«Аузы берік адамсыз ғой» деген сөзден Жүніс учительдің өзінің аузы ашық екен деп ұқты.
— Кемпір, қымыз құй, күн ыстық... шөлдеген шығар... Учитель аузының ашық екенін жасыра алмады, бірақ ораза адамдардың алдында қымыз ішіп отырудан бас тартты. Берген тостағанды «ауыз тиіп» кері қайырып берді.
— Мен сіздің неге шақырғаныңызды біліп отырмын, Жүке,— деді Қален, қажыны сөйлеткізбей, әңгімені өзі бастап,— бүгін сәскеде Жолмен бірге болыс кеңсесі жағынан екі адам келді; ақша, ат, жігіт салғыртын жинап жүргендер. Қасқыр көрген күшіктей үй ішінде құйрықтарын жымқырып отырды да, сыртқа шығып ат үстіне мінгеннен кейін қамшы үйіріп кетті. Сіздің атыңызды әкеткен де, Бекеңе қол көтерген де солар. Тырнадан әкім қойсаң төбеңнен қиқу кетпес, деп қиқудың зорын бұлар әлі шығарыңқырар. Бірақ бұларға бет-бетімен емес, бірауыздан көп болып қарсы тұрған жөн. Біреу алай, біреу былай демей, бір сөзде тұру керек. Мен оларға өз басым салғырт төлемеймін дедім. Қадес пен Құбайра базарға мал сатып келгенсін төлейміз деп сылтауратты, Асан әділсіз салынған салық, кедей мен бай бірдей тартпайды дегенді айтты. Мұның бәрі де, әрине, оларға дәлел емес. Менімше қазір базар жоқ, базарға баруға мүмкіндік те жоқ, жұрт болып осыны айтқан жөн. Ал, жігіт алу ерікті болсын дегенге тұру керек. Сіз қалай дейсіз, Жүке?
— Мен қазір ана адам сабап кеткендерді айдатып алдырсам ба деп отырмын, осы жөнінде өзіңмен ақылдасайын деп едім.
Қален ақырындап қана мұртын сипап қойды. Ол қажының бетіне қарады да, аса «түтеп» отырмағанын байқап, күле сөйледі:
— Жүке, сіз оларды айдатып алуға да, айдатып жіберуге де асықпаңыз. Айдатып алып, айызың қанып сөйлесерлік, жүзіне қарап сүйсінерлік жандар емес. Алып кел, шауып келге ғана жұмсайтын, адал еңбектен қашқан бір азғындар көрінеді. Әңгіме олардың үстінен қарайтын, ана үлкен әкімдерде. Бөлтірік інінде көргенін істейді. Кешікпей жаппай қасқыр аулау да басталар-ау! Сабыр етсеңіз бәрін де көрерсіз, қанжығадағы бөлтірігін де, өңгерген бөрісін де. Атыңызға жаң Асанды жібердім, Жолға айт: «Қажыны ренжітпесін, атын қайтарып жіберсін»,— дедім.
Қажы жымия түсті. Оның өткір келген кішкене көздерінің құйрығындағы жұмсақ сызықтар құлақтың алдымен төмен ойысып, жақтың сыбдырым сақалын қуалай, бурыл мұрттың шалғысына бой тасалағандай болды.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Ауылдың алдыңғы жағында даланың жазға салым көктем сулары жиналып ағып кететін ұзын сай бар-ды. Сай жаздыгүні сусыз құры, шөпті болады да, күндіз онда қозы, бұзаулар жайылады; кешке қарай сайдың жағасында балалар ақсүйек ойнап, түннің бір уағына дейін асыр салып жатады. Сайдың жағасында әр жерде шоқ-шоқ болып ши өскен. Былтырғы асирақ биік ши бұталарының түнтері көк қаудан, құтырып өсіп келе жатқан қалың ну. Шеткерірек қашып шыққан аласа, шағын түптерді қабығын сыдырып, басын қырқып жеп, лақтар берекесін ала түсіпті де, ал ортадағы ірілері арасына кірген адамды толық жасырарлық; қол ұстасып, біріне-бірі құмарта қарап, сөзден де көрі көзбен түсініскендей, ұялшақ лебіз қатысқан Хакім мен Зағипаны ауыл көзінен көлкештеп тұр.
Кеудесін қынай бүрген қос етекті қызыл көйлектің астынан тас қылып таңып тастаған қыздың егіз алмасы зорға білініп тұр, тек қана жиі-жиі терең алған дем көкіректі көтере түскенде балғын дененің көзге ыстық сұлу бейнесі айқындала түседі, Хакім еліртпе қиял буына балқыған тәжірибесіз, бұрала, қолға келген жас қызды қатты-қатты сүйді де, бір минуттай қыпша белден құшақтап тұрды. Қыз рахат шарбатына мастана қанғандай қимылсыз, үнсіз, оң қолы жігіттің иығына оралған күйі қалды; жігіттің құштарлы қимылдарына ұялшақ нәзік, кіршіксіз қыз құмарта сүйіп жауап бере алмады, тасқындаған ішкі сезім әдет бөгетіне тіреліп қалды, оны бұзып-жарып кете алмады. Ол тек қана адамға бұйығып паналаған жас қозыдай Хакімнің талдырмаштау болса да мықты иығына бас сүйеді, болар-болмас қана аймалағандай болды. Бірақ тулаған жүректің қызу қимылы мен ыстық лебі аш белден жоғары сырғыған жігіт қолына дүрсілдегендей естіледі, шарпығандай сезілді. Үлкен махаббаттың жалынды сөздерін есіттіре айтып, ыстық лебімен шарпыта сүйіп әдеттенбеген даланың соны, әрі балғын қызының ішкі дүниесі тегіс көрініп, жігіттің алақанында тұрғандай болды. Оның жүрегінің соғысы, момақан жүздегі сүю шаттығының балқыған нұры, қатты-қатты алған демнің ыстық лебі, сүйеніш іздегендей иыққа ақырын ғана орала түскен талдырмаш қолдың жасқаншақ қимылы — мен жаныммен, тәніммен тұтас сендік,— деп тұр еді. Мұны жігіт бұрын да білетін, ал қазір лебізсіз дәлелденді. Оның бойын кенет келген бөгеусіз құмарлық билеп кетті. Арсыз, бірақ тәтті пиғыл ерікті кетіре килікті, әлдеқайда тоқтаусыз жетеледі... Сахараның иісті, тартымды, мас етіп еліктіретін әсем гүлін қалай иіскеп, қалай уаласа да болғандай-ды. Бірақ әлденеден шошынғандай, қыздың сенгіш қолы жігіттің билей еркіндеген әлді қолдарын батыл сырып, өзінен аулақтата бастады, осыны мақұлдағандай ши арасы да сыбыр ете қалды... Сыбдыр шыққан жаққа жалт қараған екеуіне әрі сүйкімді, әрі сұм ғана пішінді сәл жасаураған мөп-мөлдір көздерімен кішкене көк лақ таңырқай көз тікті. Ол ұп-ұсақ тістерімен қырқып алған ши басын жинақты түрде асыға қытыр-қытыр шайнап аз уақыт қарап тұрды да, «Е, білдім сырларыңды!» деген жанша, теке әдетінше, мүйізсіз басын шайқай бұлғап қойып, жүріп кетті. Селт ете қалған екеуі лақтың «тұра беріңдер!» дегендей бейбітшілік ниетін қатар ұққан адамша қосыла күліп жіберді. Сай жақтан салқын самал есті, өрден жылжып майда жел үрді, қыздың шашын желбіретті. Жігіт оқыс қуанып кеткендей шапшаң қысып, қызды тағы да құмарта сүйіп алды. Әбден балқып ләззәт дүниесіне есеңгірей шомған қыз өте ақырын, өте нәзік дыбыспен:
— Сіз, неге сүйтесіз, ойлап, пішіп істейсіз бе мұны?..— дей беріп еді, таяу жерден бір адамның тамағын қырып қалған дыбысы шықты.
— Молда бала екен ғой, мен бұл кім деп тұрсам...— деп аузын емере, қабаған кере сөйледі Қадиша, байқамаған болып,— жарғақ келмегір мына лақтар зытып, сайдан-сайға түсіп, өмірі таптырмайды. Күні бойы айналаның бәрін тегіс кезіп әрең тапқаным...
Қыз қысылып қалды, жігіттің құшағынан тез шығып теріс айналып кетті.
Қыздың көмейінде бір сөз қалып қойды, айтылмай қалды. Хакім жалма-жан Зағипаның жүзіне жалт қарады. Күтпеген жерден келіп қалған әйелден ұялған қыздың бидай өңді бетіне жұқалап қызыл шырай жүгіріпті; үлкен сүйкімді мүләйым қара көздер өзгеше жарқырап, нұрланып кеткен; жиі-жиі алған дем ашаң кеудедегі болмашы белестенген көкірек өрін толқыта-толқыта көтереді де, сәл ғана жымқырылған, жұқа, мағыз еріндер лықсып келіп қалған сөзді әдейі бөлгендей, әлі қалпына түспеген.
Хакім: «Саған не жоқ еді осы жерде?» деген пішінмен әдейі кешеуілдеп, мәсінің қонышына еңкейіп балағын салып жатқан Қадишаға көзін сүзе қарап қойып, қызға:
— Неге бөгелдің, бұл ұялатын кісі емес, өзіміздің жеңгей ғой, айта бер,— деді.
Сөйтті де ойындағысын қысылмай айтсын деп, қыздан көздерін тез бұрып алды, қолындағы бір тал бұйдайықтың бір-бірлеп жасыл жапырақтарын сыдыра берді.
— Бәріміздің де басымызда бар, қыз күнімізде біз де ойнап күлгенбіз... астапыралла. Олай емес, бізді де осындай жігіттер, тап осы молда бала сияқты жігіттер талай азғырған... жоқ-ау... азғырған жоқ... ие қарағым, ұялма.
— Ә, білдім сырыңды, мен Ақаңа айтайын сенің қыз күніңде ойнап-күлдім дегеніңді,— деп Хакім Қадишаны қалжыңдай түсіп еді. Әйел:
— Молда бала-ау, қарағым-ау, ойнай бер, күле бер. Бізді қайтесің, біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған адамдармыз. Заман сендердікі,— деді.
Бірақ қыз жауап қайырмады, беті бозғыл күреңдеген күйі әйелге ілесе лақтарды айдасып ши арасынан шықты да, бұрылып өз үйіне қарай кетіп қалды.
Хакім оның сөзін ұға алмай қалды. «Неге сүйесіз, ойлап, пішіп істейсіз бе мұны?»— деген сөздің шын мағынасын кейін қыздың өзінен ғана білді.
2
Сол күннен бастап Хакім Қален учительдікіне көбірек келетін болды. Көбірек емес, күнде-күнде, тіпті кейбір күні екі рет кіріп шығатын болды. Сылтау көбейді. Ол бірде Қалекеңе естіген бір хабарын тезірек жеткізу үшін барды, бірде кітап сұрап алып және оны оқып «апарып беруге» асықты; бірде жолшыбай соға кетуге тура келді. Әйтеуір не керек, жас жігіттің төбесі бойлай сол үйде көрінетін болды. Кешікпей оның бұл үйге барғыштауын жұрт та сезе бастады. Алдымен әйелдер арасында түрлі-түрлі өсектер құйындай жүйткіді. Қара судың басында кір жуып жатқан абысынды Мәуім мен Қадиша кірлерін тастай салып, білектерін сыбанған күйі, бір-біріне дәлелдей, нықтай сөйледі. Әсіресе Қадиша аузын керіп қойып, баптап, кербездене айтты. Оның сөзін тыңдап тұрған кісі шындығына ешбір күмән келтірместей.
— Жеңеше-ау, әлгі молда бала учительдің қарындасын құшақтайды да сүйеді, құшақтайды да сүйеді! Қайным-ау, ең болмаса менен ұялсайшы десем, «сен өз жеңгемсің ғой, сенен несін ұялайын» дейді. Осы заманның жігітімен қыздары қымсынуды қойған ғой, мұқым. Өнерді орыстан үйренген, былтыр келгенде жұрт оның шашын аузынан тастамап еді, биыл тапа-тал түсте құшақтасып сүйісуін әңгімелеп тұрмыз міне, ендігі жылы екеуінің қалай үйленгенін жыр қылармыз,— деді.
— Қойшы әрі,— деді Мәуім жұлып алғандай.— Сүйіскені несі, сүйісу былай тұрсын өзіміздікі бетімізден өбіп те көрген жоқ. Сен де айта білесің-ау, қаншама орыс болып кетсе де Барқынның баласы Барқынның қызын алмас.
— Ойбай-ау, қыз алыспайтын енді не қалар дейсің?
— Қойшы әрі, соншама діннен безіп кетті дейсің бе?!
— Дін өз алдына, молда бала өз алдына. Анау күні қайнағамен сөйлескенде естімедің бе, не дегенін. «Дін-дін деп жалмаңдаған молдаларың да өз тамағының қамын көздейді. Дін жарлыға жәрдем бер, қарындасқа қарас,— дейді. Кедей ағайындарына қарасып отырған мен ешбір молда, ишан, хазіреттерді көргенім жоқ»,— деді. Қайнаға оған дәлелді жауап қайырмады, інісінің айтқанына қол қойды. Сен қайнағадан білгіш емессің ғой. Еркектер бәрін біледі.
— Сонда енді,— деді Мәуім ышқырын қаси түсіп,— учитель қайнымның қарындасы қажының келіні болып келе ме, бетім-ау?! Үй арасында үй жоқ дегендей, әрі көрші, әрі ағайынды кісілер құда құдағи, күйеу, келін деп отыра ма бірін-бірі. Ақыр заман болды десейші. Әлігі Әшібек-Мәшібек деген екі ағайынды адам араз болып, бірімен-бірі соғысып, жер дүниені бүлдіріп жатыр екен дейді зарлаулық Шұбар шешей.
Заман ақыр болғанда не болмас дейсің, Бірімен-бірі ағайынды кісілер қыз алып, қыз да берер, бірімен-бірі жау да болар.
— Әшібек деме, жеңеше, балшыбек де,— деп жөндеп қойды Қадиша, сыққан кірін сілкіп жіберіп, көк шөптің үстіне жайып жатып.— Айтқаның ып-ырас, бәрі де болар. Учительдің өзі айтыпты ғой молда балаға «көңілдерің жарасса болғаны, ешкім сендерге бөгет бола алмайды» деп...
— Шырағым-ау, көңіл жарасса деген не сұмдық?! Көңілі жарасты деп, әдетте жоқ нәрсені де істей бере ме? Жұрттың көзінше осы күнге дейін байымыздың бетіне тура қарауға да ұяламыз, әлде көңіліміздің жараспағанынан ұяламыз ба осы біз?! Қызық екен, учительдің өзі де жастардың басын айналдырып, жоқтан өзгені үйретеді ғой деймін.
— Байымыздың бетіне тура қарауға да ұяламыз дегеннен шығады-ау, ағекемнің алдында мен шай құюға да ұяламын. Әнеу күні «әлгі» қайның кешкілікте үйде ағекем отырғанда «қатын, төсек сал!» — дегені бар ғой, жердің тесігі болса кіріп кетер едім, екі бетім ұялғаннан дуылдап, күйіп кете жаздады; қысылғаннан не қыларға білмей, сыртқа шығып кеткенім бар емес пе. Ағекем кеткенсін анаған: «Ағекем көзінше төсек сал дегенің не, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым ғой?» — десем, ол: «Сен соншама жаңа түскен келіншек пе едің? Түскеніңе, құдайға шүкір, биыл мына жеті жыл болды. Әлде ағекең қатын алып, қатынының қасына жатып көрмеді дейсің бе?» — деді. Қайныңның сондай бір оғаш сөздері қалмайды ғой, түскеніме жеті жыл болса да осы күнгінің жастарындай үлкендердің алдында талтаңдап көргенім жоқ; құдайға шүкір, біреуден жоғары, біреуден төмен пәленшенің келіні, пәленшенің әйелі деген атаққа ие болып келеміз.
— Қадиша-ау, осы мен бір нәрсе ойлап тұрмын,— деді Мәуім шеті шашақты кенеп дастарңанды сығып болып, белін жазып,— сен үйленеді дейсің мен ол қатпа қызды біздің қажы қайнағаның баласы көңіл көтеру үшін әуре етіп жүр ғой деп ойлаймын. Мен осы өзіміздің үйге келін болып түсер алдында көрісуге нағашымдікіне барғанда, туған нағашы ағамның баласы басымды айналдырғаны бар емес пе...
— Қойшы әрі, жеңеше!
— Құдайға нан, өтірік болса бүгін кешті көрмейін.
Түнде қасыма келіп аймалап... о, тоба... кешіре көр... қайдағыны айтып, мен «күнә болады» десем, ол: «Ақ некеңді қидырып өзім аламын, үйленемін, міне жаным, міне иманым»— деп қарғанғаны... о, тоба кешіре көр... ағекеңнің ұрын келіп, қалыңдығын ойнап, енді алып кетуге жүрген кезі, қайдағы неке?! Құдайға күнәлі болып, бекер ант-су ішкені; міне сол сияқты, мына біздің қайнымыз да ол қызды ермек ету үшін айтып жүр. Құдай біледі дейін, солай...
— Сонсоң өзің не дедің? Не деп құтылдың нағашыңның ермек етуге салған қолқасынан?— деп егжелей бастады Қадиша, момақан абысынының ағынан жарылып жас кездегі бір сырын аузына алғаны оған ерсі де, қызық та көрініп:
— Не дегенімді өзім де ұмытып қалыппын, құдай-ау, күнәға жаза көрме былшыл сөздерімізді; әй Қадиша-ай, айтпайтынды айттырасың-ау, әйтеуір, қайдағыны шығарып. Учительдің қарындасын қайдан таптың, бишараның басын ауыртып, момын бала ғой, әрі жас, әрі жетім — жеңгенің қолында тәрбиеленген қыз қай бір жетісіп қыз болады дейсің?— деді ол Зағипаға шын іші елжіреп.
Хакім мен Зағипаның арасындағы ғашықтық жайлаудағы елге тегіс жайылды. Әсіресе «Хакім Зағипаға үйленеді» деген сөзді жұрт аңтарыла тыңдап, құштарлана әңгімеледі.
3
Учитель аулына құдаша келді де, бір күні ойын болды. Ымырт жабыла алысырақтағы ауылдардан арбалы, аттылы жастар ағылды; жақын жерден жаяулап қыз-бозбала жылжыды; қайынсіңлілерінің шашпауын көтерген келіншектер қаптап кетті. Қас қарайғанша-ақ есіктес тігілген екі үйдің іші-сырты бірдей толы — кішігірім қайнаған бір базарға айналды.
Әзілді сөз, назды лебіз, ерке қалжың, сиқыр сыбыр, сылдыр шолпы, сусыл жібек — бәрі қосылып делбелі бір тұтас гуіл...
Қысаң жерде кездесіп алыстан ғана көз қиығымен ымдасқан ынтық жүрек жас жарандардың жүздері шайдай, асыл сырдың ұшын асыға шығарып жатыр. Сөз кестесіне шебер кербез келіншектер көз тіккеннің алдында, екіндіде ауыл үстімен өткен аяңшыл атты салдарша көлбеңдейді. Көп арасына сүңгіп кетіп қайта шығып, шабақтай жүйткіп, балалар да мәз. Жамбы ататын мергендей іргеден жантая сығалаған кішкене Әділбектің еліктей көз тіккені Хакім; қыздар бірінен-бірі қызғанғандай ағасына жан-жақтан көз салып, қабақ шыта қастарын кергеніне оның төбесі шаңыраққа жеткендей, «Менің ағамнан әдемісі де, оқымыстысы да жоқ» деп ойлайды жас бала, үй ішіндегі жағалай отыра бастаған жастарды көзімен санап, Құдашадан өзгесі көрген, естіген қыздар — кәдімгі Зағипа, Задалар. Әділбек есікке таяу жерден сығалап еді, төр алдындағы Меңді құдаша оған қарсы алдынан көрінді. Аспалы шамның жарығы дөп түскен қыздың дөңгелек жүзіндегі үлкен меңі Әділбекке кәдімгі күнде көріп жүрген таныс адамның меңіндей. Ол сәл ойланып қалды да: «Ә, Мәкка. Ауған жоқ, Мәкка сияқты, сіңлісі екен ғой. Көздері де ұқсас үлкен... беті ақ құба..» деді ішінен. Құдашаны басқаларға да тез көрсетпекші болып, ол орнынан тұрып екінші үйдің іргесіндегі балаларға кетті.
— Әрі жүрші шырмауықша оралмай,— деп Шолпан қараңғы жерде құшақтай алмақшы болған Аманқұлды итеріп жіберіп, өзі есікке қарай жарыққа шығып кетті. Ол жігіттің бәрі ынтызар құдашаның алдына кім отырар екен, кімге назар ауар екен деп сұқтанды; үйге кіріп қазан жақтағы қыз-келіншектердің арасына тұра қалды. Алдында тұрған Хакімді Шолпан сыртынан таныды; ақ сары желкесінің болар-болмас шұқырындағы шиырылған бір бөлек шаш, иықты талдырмаштау келген сұңғақ тік дене — құштарлық үшін ғана жаралғандай көрінді. Ол Хакімді сыртынан ойнап құшақтап алғысы келді, еріксіз жылжып жақындай түсті, бірақ әрбір қимылды, жүздегі шырайды, көздің қиығы аңдыған, лебіз ырғағына құлақ тосқан сыншы келіншектер бөгет болды — ол тоқталып екі көзін төмен түсірді. Мезет оқтан да ұшқыр: «Ол оқыған... сұлу... атақты адамның баласы!.. Ал мен ше?..» деген арасы алшақ теңеулер тағы да шаншудай қадалып өтті де, тәкәббар менмендік ілесе ол шаншуды тарқатып жіберді. «Жас атаулы көз тіксе, осы жайлаудағы елдің аузында сұлу Шолпан, алғыр Шолпан атансам, бір қалаулы жан тым болмаса замандастық назын да айтпай ма? Мына шеттен келген қисса оқитын құдаша болмаса басқасының қайсысы тең? Жігітке дұрыстап шай да құйып бере алмайтын қара дүрсіндер... Әлде шеке тамыры көгерген қатпа Зағипа жол бөгей ме?.. деген оның өр ойларын Сүлеймен бөліп жіберді.
— Кәне, жол беріңдер,— деді ойын ағасы.
Ол кешеден бері жинап, бастарын қосқан жастар сауығын өзі басқарған. Жұрт жол аша берді. Шолпан серпіле түсіп Сүлейменге ерген Жартай мырзаға мағынасы аз жансыз пішінмен самарқаулау көз тастады да, ал дөңгелек жүзді қызыл күрең Жартайдың тілемсек көздері алма-кезек қысылып, езулері күлімдей қалды. Би-болыс болған дәулетті адамның жалғызы Жартай алдына жан шықпай өскен өркөкірек жігіт-ті. Оның тәкәббар мінезін Аманқұл бұрыннан жаратпайтын; ал қазір ішінен қызғыштай қорып көлденең адамның көзінен де қызғанатын «асау Шолпанға» оның жымия көз қысқанын үйге кірген бойы көзі бірден шалып қалды.
— Қалыңдығын көрген күйеудей мәз болуын, кердеңдеген неменің,— деді ол, Жартайға көзімен атып жібергендей қарап. Сөйтті де, Сүлейменге бұрылды,— мынаны базарға шығарып сатайын деп тұрсың ба?..
Аманқұлдың сөзін Жартай естісе де естімеген болды да, Сүлеймен жаратпай қабағын түйді; есік жақтағы қыз-келіншектер өзара сыбыр етті. Ойын иесі қонақ құданың атағына, дәулетіне қарай лайқаттап Жартайды алдына отырғызды. Басқаларының да алдына рет-ретімен жұптап жігіт қойып, әрі өлеңші әрі әнші Нұрымға ойын бастатты.
Албырт мінезді, думаншыл, өлеңші Нұрым есіктен адымдай кіріп төр алдындағы құдашаға жақындай берді. Топырлай кірген жастарға үй лық толды. Нұрым бөркін қолына алып, тамағын кенеп қойды да, айқайлап бөркін бір бұлғап жіберіп, әндетпей желдірмелетіп кетті:
Айтайын ал айт десең, Сүлеш аға.
Өзгеден мойыны озық туған дана.
Ду көрсе арқа қозып осындайда
Жүлде алған өлеңімен Нұрым бала.
Бұл сөзді бағыш еттім құдашама,
Бүгінгі ойын-сауық тамашада.
Сен аққу қона келген біздің көлге,
Таранып сайрандай бер оңашада.
Көркіңе көз тояттап қанып болмас,
Ақ жүзді, күлім көзді жансың дара.
Сүйріктей мінсіз аппақ саусақтарың
Бал білек білезікке толған және.
Ақтамақ үлпілдеген көз тартады
Дегендей: маған қара, маған қара,
Ақылың, парасатың көркіңе сай,
Тең келген төрт құбылаң түгел ғана.
Кез келсін Төлегенің тілегім сол —
Заманның Жібегісің-ау-ай, Меңдібала...—
деп бір қайырып тастады.
— Уа, Нұрым, сілте!
— Құй, Нұрым, құй.
— Шаш маржаныңды, шашуға тұрарлық, құдаша...
— Дұрыс, дұрыс. Қыз Жібектің өзі, ауған жоқ. Балбілек, ақтамақ, үлпілдеп тұр...
Қоштаған, желіккен сөздер тұс-тұстан жауды.
Құдаша орнынан тұрып әдет бойынша сауықты бастап, өзіне мақтау сөз меңзеген ақынға жібек орамал ұсынды, оның қасында отырған Зағипа қол созып Нұрымға жеткізді. Нұрым қоршалай тұрғандарға айнала қарап, ілкі сазбен тағы да өлең айтты. Бұл шаттық думанның бәріне ортақ екенін толғады, үй толы жасты тегіс мадақтады. Аздан кейін қосылып салған қыз-келіншектердің ашық әндері түнге қымтанған тыныш ауылдың үстін дыбысқа бөлеп, үнге еліттіргендей болды. Үйдің іші де, тысы да мәз, әнмен аралас қалжың сөз, зілсіз күлкі...
Қален учительдің жақын балдызы — құдаша атанған бұл Меңдіқыздың оқыған қыз екенін, жасынан атастырған күйеуіне көңілі толмай толқып жүргенін жұрт сыртынан естіген-ді, бұл жай Жартайдың да құлағына шалынған болатын. Әрі сұлу, әрі оқыған қызбен еркін сөйлесіп, билеп кете алмай ішінен тұтанып отырған мырза іліп сөйлеп мұқату жолын іздеді. Ол сөзді қалай бастап, қалай ұрынуға білмей бір жантайып, бір тұрып отырып Зағипамен тіл қағысты.
— Зағипа, сен құдашаңның атын да айтпадың, сырт белгісіне қарап жынды Нұрымша біз де Меңдібала дейміз бе?— деді.
— Жартай аға, құдашаның атын біздің ауылдың баласына шейін біледі, егер сіз шынымен естімеген болсаңыз айтайын: аты Меңдіқыз. Біз қалада тұрғанда ноғай мектебінде бір оқығанбыз. Нұрым ағаның: «төрт құбылаң тең келген» дегені рас. Тауып айтты. Сіздің ол кісіні «жынды» деуіңіз келіссіз. Жұрттың бәрі сондай әрі ойға жүйрік, әрі ақын болып туа берсе жаман болмас еді,— деді Зағипа.
Оның сөзі үзіліп-үзіліп шықты, өзі қатты қобалжып кетті. Жартайдың екі жағына кезек жантая бергені оған әдейі әдепсіздік істеп, аяқ асты еткендей көрінді.
— Ұялмаған өлеңші, ерінбеген етікші деген. Әрі жүйрік... әрі ақын дейсің... қарағым, сен де ақынды көрмеген екенсің. Ондай өлеңді жұрттың бәрі де айтады.
— Онда сіз неге той бастамайсыз!
Жартай Зағипаға танымайтын адамша тосырқай қарады.
— Маған енді той бастап, қыз мақтайтын ел қыдырған есер бол дегенің бе? Ондай кәсіпті ана Нұрымдарға бердік.
Меңдіқыз салмақпен ойлап сөйлейтін еді. Бірақ бас жігіт деп әкеліп алдына қойған Жартайдың мына мінезі, отырған сиқы жұрттың шулай қостап жарқын ықылас көрсеткен ақын Нұрымды қорлай сөйлегені сабыр етуге бой бермеді. Мұқатудың бір жағы өзіне де келіп тиді: «Есерлерден басқа кісі қыз мақтар ма?.. Сенің тойыңды ашқан адам жынды» деген тура меңзеу.
— Зағипа, ағаңыздың отырысы да, сөзі де жақынды сыйлап, жақсыны құрметтеу салтына жат адам екенін әбден аңғартты. Қалаулы деген кісіңіз осы болса бұл кеште ләззәтті лебіз орнына «жынды», «есер», «етікші» деп бұзау қуған балалардың бірін-бірі балағаттап мұқату үшін айтатын сөздерін есітетін болдық,— деді.
Меңдіқыздың бұл сөзін үй толы қыздар мен жігіттер тегіс есітті. Олар бір-біріне иек қағысып қабақтарымен ымдасып; Жартайды қыз өзіне тең көрмеді деп білді.
Енді жігіт жауабын сабырсыздана күткендей — тамақ кенеу, сыбырласу, қозғалып қою жиіленді.
Салуалы жауап берудің орнына Жартай басын бұлаң еткізіп, екінші жаққа қисайтты да, жіңішкелеу дауыспен:
— Бұл елдің жігіттерін сынап, келген жерден мін тағасың. Құдаша, алдымен өз күйеуіңді мінсіз етсең, ақылың көп болса, жарым жартысын соған берсең, бір кеш емес көп кештерде де жапа шекпес ең,— деді.
Сөйтті де ол «тауып айттым» деген адамша сол жаққа насаттана көз тастап, мойнын оңға бұрып еді, есікке таяу Шолпанмен сөйлесіп тұрған Хакімнің түйсінген түрін көзі шалып қалды. Қасындағы әдемі келіншекпен жарқын әзілдеспей сазарып тұрғанына қарағанда сөзге араласып тиісуге дайын тұрған сияқты. «Ағасын жынды дегенге намыстанып тұр ғой. Оқыдым деп бұл да ақылды болғысы келеді, жүгенсіз Жүністің шылтиған баласы»— деді Жартай ішінен. Бірақ ол мықтымсығанмен Нұрымнан қатты сескенуші еді. «Жынды» деген сөзді Нұрым естісе шекіспей қалмайтыны анық. «Жындының аты жынды, бірақ соны бекер-ақ айттым» деп опынды да, Нұрымның бұл үйде кәміл жоқ екенін білгеннен кейін ғана көңіл жай тапты. Ол тағы да шалқая түсті.
— Мұныңыз өте ерте айтылған және байқамай айтылған ақыл. Мен сізге болашақ жолдасым жөнінде шағынған жоқпын. Оның міні бар ма, жоқ па — ол тағы да белгісіз нәрсе,— деді қыз.
— Білеміз, сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, күйеуіңді менсінбей жүргеніңді несін жасырасың. Құдаша, жасырсаң да жасырмасаң да басың байлаулы. Тулағанмен талай асау қызды қырық жеті қырқадан асырмай-ақ жуасытатын. Өзің де соның бірісің,— деді Жартай, бұрынғыдан көрі дауысын жуандата, сөзін нықтап сөйлеп.
Құдаша да ашыныңқырай түсті. Ол:
— Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты дегендей, қырық жетіңізге сенген сіз сияқты мырзаларға орнын ғана сипатқан апа-сіңлілеріміз аз емес,— деді.
— Құдаша өлтірді,— деді Аманқұл қасындағы жігітке,— Жартай қатындарға көз қысуды ғана біледі. Меңді құдашаға қайдан төтеп берсін. Өзін әбден шалқасынан салды, тыпыр еткізбеді. Жігітің үннен қалды.
Жоқ, әлі ит жығыс.
— Жартайдың сөзі де тақаға қаққан мықтай...
— Қатын өсек... «Құдаша күйеуін менсінбейді екен» дегенді сырттан есітіп бетіне баса береді. Мұнымен жеңе ала ма, ана сияқты жұрт аузына іліккен әрі сұлу, әрі оқыған қызды,— десті есік жақтағы жігіттер өзара сөз жарыстырып.
Нұрымның үйге кіріп келгенін жұрттың көбі байқамай қалды, тек қана оның сөзге араласқанын күжілдеген дауысынан білді.
— Жартай, сен піш-піш қатын өсекке құлағыңды түрмей орынды әңгімеге көшсеңші. Бұл жерде аспандаудың қажеті шамалы, өйткені оқыған, тәрбиелі замандасымыз дәулетіне мас болып тоқсан жетісін ала жүгірген мырзаларға таңсық емес көрінеді,— деп Нұрым құдашаны қолдай. Жартайға киліге сөйледі.
— Сенің ойың не?— деді Жартай мойнын әрең қозғағандай асықпай бұрып. — Маған ақыл айта келдің бе, әлде ойын өз ауылымда деп қожалық еткің келе ме? Қыз-келіншекпен қалай сөйлесуді мен жарапазаншылардан сұрап алып жүргенім жоқ.
Нұрымның қара сұр беті қошқылданып кетті; жұрт іштен тына қалды; көп көздер жалғыз ғана соның сопақ жақты, ер кескінді бетіне жабыла бұрылып ішкі құбылыстың сыртқы нышанын тінткіледі; қабағының түксие түскенін, тұрқы биік танаулардың іргесін дауыл түрген кебендей көтерілгенін, тотыққан мойынның күре тамырлары мен шықшыт еттерінің бүлкілдей бастағанын, көз жанарының шоқтанып бір жайнап, бір түтегенін тегіс қамтыды. Аманқұл ішінен: «Нұрымның белгілі үлкен жұдырығы қазір анау Жартайдың дөңгелек басына сарт етеді»— деп ойлады. Қыз-келіншектердің көбі сөз кезегін күтті.
— Жарапазаншы болып, Жартай, мен сенің есігіңнің алдына барып, ата-бабаңды мақтап шаршы орамал сұрағаным жоқ. Мақтар да едім, бірақ арғы жағың жұқа, сеп-селдір...! Сүйегіңнің қалыңдай бастағаны күні кеше ғана... белбеуіңді кеудеңе қарай ысыра бермей, ұртыңды толтыра бермей жайыңмен отырып шамамен сөйле...
— Ә, сен кім едің соншама шоқтығың биік, құлағыңа қол апартпайтын?
— Менің шоқтығым қандай болса да сенің қолың жетіп көрген емес.
— Інім оқымысты деп желкеңді күжірейтесің бе?
— Інімсіз өзім де сені үш орап алуға жетермін. Ініммен сөйлесуге аяғыңның астына биік саты қой, әйтпесе өрең жетпейді, тәртең қысқа...
Жартай үндемей қалды. Жұрт та тым-тырыс, ендігі сөз үлкен егеске соқтыратындай болды. Бірақ сөзді қойып Жартай кек алудың басқа әдісін іздеді. Егескен жақты аяқ асты етудің ең ауыр түрі сауықтың шырқын бұзу, соңынан ерген адамын алып шығып, ойынды тастап кету. Бозбала бас қосқан жерде ұдайы өp көкіректік ететін, сөзбен жеңе алмағанда өрескел амалымен бой көрсететін Жартайдың әдеті еді. Ол сол әдетіне көшіп шапшаң орнынан тұрды да, сыртқа шығып кетті. Оның қыңыр қылықпен тұрып кеткенін отырғандар тегіс түсінді, өйткені бастан-ақ, сабындай бұзылып, құдашамен әңгімесінің жараспағанын, қатар өсіп келе жатқан Нұрымның жиын жерде онан әлдеқайда базарлы екенін, мұны Жартайдың көрер көзге күндеп, оған тіл тигізе сөйлеп отырғанын бәрі де байқаған-ды.
— Мен Нұрым бар жерде бола алмаймын. Мен ол сияқты есерден сөз есту үшін келгенім жоқ, — деді Жартай екінші үйдегі Сүлейменге. Сөйтті де ертіп әкелген қарындастарына қарап: — Тұрыңдар, кетеміз,— деп бұйрық етті.
— Жартай, саған не болған, құрбы арасында әзіл-қалжың сөздер болмай ма екен? Мұның, белкүллі, дұрыс емес. Сен кек тұтқандай артық сөз айтылған жоқ, — деді ойын басқарушы.
— Менің ата-тегіме тіл тигізді, мен ондай сөзді көтере алмаймын.
— Жартай, сен, белкүллі, бала екенсің. Мынауың ұят, Шатақ іздеген Жартайдың қылығына шыдамаған Нұрым:
— Сүлеке-ау, қайтесің тоқтатып, жүре берсін. Жартайсыз ойын тарап кетер деп қорқасың ба, әлде келелі кеңес айтатын адам кетіп қалады деп қысыласың ба?— деді.
— Сенімен бір жерде отырып кеңес айтатын ақымақ жоқ.
— Ай, кет, кеудеңді көтермей,.. Жолың ашық, әне! — деді Нұрым қызып.
— Нұрым, сен қойсайшы, жарқыным.
— Қоймаймын. Әкем бір жыл болыс болды деп кеудесін көтере ме, қызға жауап қата алмайтын шартық.
— Әй, сен тіліңді тартып сөйле.
— Тартпағанда не қылайын деп едің?
— Көресің, не қылғанымды...
— Көрсете ғой...— Қарулы ұзын Нұрым өңменнен итеріп, Жартайды есікке қарай тықсырып алып кетті. Жұрт қоршалай қалды араға Сүлеймен және басқалары түсіп, егескен екеуін екі жаққа айырып әкетісті. Аздан кейін ертіп әкелген екі қызды арбасына отырғызып, Жартай ойынды тастап ауылына қайтып кетті де, абыр-сабыр басылып, сауық қайта қызды; қосылып салған ән қайтадан жаңғырды; әзіл-күлкі күшейді, қысқа таң қызықпен қысқара берді...
Құдашаны жалғыз отырғызуды лайықсыз көрген Сүлеймен:
— Бір тентегіміз кетті деп ренжіме, құдаша қарағым. Мына інім ондайдың белкүллі, он бесіне тұрады,— деп қолынан жетектеп әкеліп, Меңдіқыздың алдына Хакімді отырғызды.
Хакім отырар орнын, сырласар адамын жаңа ғана тапқандай болды. Ол Меңдіқызға қала жастарының сауық-сайранын әңгімеледі, Қазаннан келген артистердің ойынын айтты... Бірақ қасында отырған Зағипаның түсі бір көгеріп, бір бозарып үздіксіз құбыла берді. Ол қатты қобалжыды. Неше күннен бері қиял дүниесінің құшағында жүзіп күндіз ойдан, түнде түстен шықпайтын Хакіммен бірге Ирандағы гауһарнекин шаһарларын аралап жүретін тәтті минуттар, арманды ойлар, қолға түспейтін сағымдай жоғалып жатты... Оны құйындай ұйтқытқан, қызғаныш сезімі еріксіз билеп кетті — Меңдіқызға түйіле қарады, Хакімді қолынан ұстап, жетектеп алып кеткісі келді.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Көп жер жаяу жүріп шаршап келген Әбдірахман кешкілікте тамақ жеместен ұйықтап қалған еді, шалқасынан жатқан күйі қозғалмастан ол ертеңіне сәскеде бір-ақ оянды.
Майдың маужыраған бір жұмсақ шұғылалы жайдары күні, ашық жатқан есік-терезелерден шым үйге тыстан нөсерлеп нұр құйылып тұр; үй іші жап-жарық сәулеге және бой балқытарлық бір мөлдір ауаға өрнектеп толып кеткен сияқты. Кешегі салыққан дене қазір самарқау тартып бөгіп қалған, орнынан қозғауға жар берер емес. Ол көздерін ашқан күйі көргендерін еске түсіріп, біраз уақыт ойын жинақтап жатты... Барған жері Қарасу мектебі; бұл Жайыққа таяу жердегі егіншілік пен балық аулауға қосымша жоса, бор қазып кәсіп ететін отырықшы елдердің арасындағы мектеп-ті. Ащының бойымен басқа да біраз жерлерді аралап, Әбдірахман бірнеше күн жүріп сағаға кеше ымырттатып жеткен болатын. «Учительдер... ғажап адамдар! Ескіге жау. Жүзден тоқсаны бізге жақтас... Сорлының мұңын көбірек тыңдап, ел ішіндегі әділсіздікті тезірек көреді. Сондықтан қас бұлар озбыр өкіметке. Мен өзім де сондай едім ғой...» — деп ойлады Әбдірахман Қарасудың учительдері мен сонда оқыған аяғы мүкіс бір жас жігіт көз алдына елестеп. Қажымұқандікінде жатқанын ол тыстан кірген Манарды көргенде ғана білді.
Манар қонағының гимнастеркасын жуып кептіріп, қыртысын қолымен жазып бүктеп әкеліп қасына қойды да, өзі үндеместен қайтадан тысқа шығып кетті. Соңғы кезде ойға көбірек оралып, түске жиі-жиі енетін үй ішін күтімпаз әйелдің мына ісі әдейі ескерткендей болды. Оның үйден кеткеніне үш айдан артығырақ уақыт өтті. Әйеліне: «Ауылға өзім келіп кетермін, келе алмасам сені қалаға алдырармын» деп жүргенде атамандар ойраны кездесті; үлкен тартыс үйге мойын бұрдырмастан араны алшақтата берді; көрісу ынтықтығы күн санап ұлғайып, ұшталып, асықтық сезімді үдете түсті. «Менің Күлшаным да тап осы Манар сияқты кірді жуып, кептіріп, қыртысын жазып, бүктеп киюге дайындап қоятын... Әйелдер біріне-бірі ұқсас. Істері де ұқсас... Кейде мінездері де, тіпті кескіндері де ұқсас келеді; Күлшан да ақ, мына Манар да аппақ, бірақ Күлшан кішірек, өткір. Ал мына кісі кербездеу, маңғаздау әйел. Қажымұқан байғұс қап-қара, нағыз ысқаяқ қара... Аппақ әйелді қалай алды екен? Және сұлу адам... тфу... Адамның ойына кейде келмейтін нәрселер келеді... Қайдағы бір кесепат ойлар!— Осының бәрі үйді аңсаудан...
Әбдірахман орнынан ұшып тұра келді де, тез киініп тысқа шығып кетті.
— Қай жаққа барасыз, шай әзір,— деген Манарға, ол:
— Су жағасына барып қайтамын. Келемін Қажекеңмен бірге ішерміз шайды,— деп аяғын асыға басты.
Су басына жеткенше оны әлде небір ойлар шырмаумен болды, бірақ көзді еріксіз сүйреп әкететін көркем көрініс кешікпей оның назарын өзіне аударып, ойын жадыратып жіберді. Өзеннің сағасы енді, арғы беттегі екі-үш қыстау бұлдырап, едәуір алыста тұр. Су бетіне жаңа ғана қылтиып шыққан бала құрақ, қосқұлақ жарып жер бетін жасыра бастаған егіндей, өзеннің үстін жауып кетіпті де, тек орталықта ғана беті желге шіміркіген айдын қалыпты. Арғы беттегі кең жайылмадан айдынға қарай сыңар ескекпен есіп, қайықпен екі адам келе жатыр. Жай есіп, жиі тоқтап, жылжып жүргеніне қарағанда ау қараған балықшы сияқты. Жайықтың жағасында өскен Әбдірахманға ендеп жатқан су да, ay қараған балықшы да, өзіне еріксіз тартып тұратын арғы беттегі көк бұйра жаға да жылы ұшырап кетті. Ол алыстағы жағаны, жел толқытқан айдын үстіндегі ноқаттай болып көрінген үйректерді көзі талғанша қарап, ұзақ тұрды. Балдыр исі аңқыған өзен бойының жұмсақ ауасын кеудені кере-кере жұтты. Аздан кейін ол төмен түсіп, нақ жағаға келді де, былдырлап әлденені сөйлеп отырған жіңішке үнді баланың дыбысын есітті. Дыбысқа құлағын түре ол он шақты адым ілгері аттап, шаппалау жерде қармақ салып отырған баланың өзін де көрді. Қармақшы Әбдірахманды көрген де жоқ, көрсе де елеген жоқ — екі көзі судағы жыбыр-жыбыр еткен қалтқыда, өлеңдетіп балық «шақырып» отыр. Әуелі ол сөзін анықтап айыра алмады да, шапшаң сөйлеген баланың үнді жіңішке даусына аздан кейін құлағы жаттыға бастады. Бала:
— Су иесі Сүлеймен, сенен балық тілеймін. Алабұға ақ балық, қармағыма шап балық! Су иесі Сүлеймен, сенен балық тілеймін. Алабұға ақ балық, қармағыма шап балық!..— деп үсті-үстіне қайталап, лекілдетіп соғып отыр.
Бір минуттың ішінде бала мұны ең кемі он бес қайтара айтқан шығар. Соншама шұғылданып, бар назарын, бар ынтасын үлкен сеніммен суға аударған баланың балалық әрекетіне жымия күлді де, Әбдірахман да үндемей, көзін айырмастан, арт жағына келіп қарап тұрды. Қалтқы жыбыр-жыбыр етеді, бала безілдетіп соға береді. Ешбір өзгеріссіз су да ақырын теңселеді, қалтқы да жыбыр-жыбыр қозғалады. Біраз уақыт тұрғаннан кейін Әбдірахман ақырындап тамағын кенеп қойды. Өзіне үйреншікті, таныс адамның тамақ кенеуі деп ойлаған болуы керек, бала бұрылып қарамастан қармақтың құрығынан бос сол қолын көтеpiп, сұқ саусағымен нұқи артындағы Әбдірахманға «үндеме» деген ым қақты. Әбдірахман езу тартқан күйі үндеместен тұра берді. Бала да үзбестен, қимылдамастан «су иесі Сүлеймен... алабұға ақ балықты» лекілдете берді...
Бір мезгілде қармаққа балық шапты да, қалтқы тоңқаң етіп екі елідей тереңге қарай жылжып, шым батып кетті. Әбдірахман «әйт» деп үлгіргенше бала құрығын қос қолдап көтеріп алып, басынан асыра кері қарай серіпті. Судан сопаң етіп шығып, қармақ бауымен бірге жоғары көтерілген кішкене балық әуелеп келіп жерге торс ете қалды. Жан-жағына қарамастан балықтың түскен жеріне жүгірген балаға қарай күлімсіреген бойы Әбдірахман да жақындай түсті. Балық алабұға екен, жерге соғылып, есеңгіреген бойы үлкен аузын ашып, құйрығын әлсіз иіп, дәрменсіз тыпырлап жатыр.
— Сен тамағыңды кенемегенде бағана шабатын еді, қармақты батыл қапқанмен алабұға өте сақ балық,— деді бала байсалды түрде тыпыршыған балықты сол қолымен қысып ұстап, оң қолымен оның аузынан қармағын шығарып жатып.
— Олай болса сен өзің дыбыс беріп неге өлеңдетесің?
— Менің айтқаным өлең емес, сен не, балық шақыруды білмейсің бе?— деп бала алабұғаның ернін жырып, қармағын босатып алып, Әбдірахманың бетіне жаңа ғана тура қарады.
Ол бір адым кері шегіне түсті, қасындағы қарамай сөйлесіп тұрғаны үйреншікті Мерғали шал емес, Бәйестің үйінде жатқан учитель екен. Бала қысыла таңырқағандай, Әбдірахманның аузына қарап қалды.
— Сен кім баласысың?
— Батырдың баласымын.
— Атың кім?
— Ұзақ.
— Немене «ақ балық, қармағыма шап балық» дегеніңді балық түсіне ме?— деп күлді Әбдірахман.
— Түсінгенде қандай! Кейде жиырма бес айтқанда да қармақты қабады, ал, қырық айтқаннан қалмайды. Кешке қарай, айтсаң да, айтпасаң да қармағыңды суға түсірмейді,— деді бала.
Бұлардың жанынан екі балықшы да қайықпен келіп судан шықты. Бұл Қажымұқан мен Кенжекей екен. Кенжекей Әбдірахманмен амандасқаннан кейін:
— Қанжығаңыз қанды екен, бүгін аздап табан жүре бастапты. Әттең, тек табан ауымыз аз, әйтпесе жеуге де, тұздауға да жетерлік етіп ұстар едім,— деді де,— Қажеке, ең семіз, ең ірілерінен Әбекеңе көтергеніңше тізіп берші, біздің байлағанымыз болсын,— деді. Сөйтті де өзі Қажымұқанның жауабын күтпестен, беліндегі кендір тізбегіне жоны қара қошқылданған күректей табаннан он бесін тізіп:
— Әбеке, жиырмасын тізсем ауыр болмас па? — деп сұрады.
— Ойбай, оның бәрін қайтемін, маған екеуі де жетеді мына дығал табандардың, әйтпесе тіпті керегі де жоқ... Бала-шағаның несібесін маған беріп,— деді.
— Бала-шағаға судың шабағы жетеді, жиырма көп болады десеңіз, мына тізілгенді-ақ алыңыз,— деп ол оның қолына зорлағандай етіп тізбекті ұстатты да, қайықтағы балығын екі қапшыққа бөліп сала бастады.
— Құдайдың берген балығын да аузыма тигізбей келіп еді. Енді міне, өзіміз қожа,— деді Қажымұқан жоны көкшіл жалпақ табандарға масаттана қарап.
— Мен айттым ғой, ауыр біріктіріп жұмылсаңдар судың да, жердің де қожасы өздерің деп. Сол өздеріңнің белгілеген артельдерің заң, оны ешкім де бұза алмайды. Жақында Шорақтың ау құралдарын, қайық саймандарын алып, Аңқатының сағасындағы балықшыларға үлестіреміз, сонан сіздерге де бір үлес бергіземіз.
— Әбеке, көп рақмет. Айтқан ақыл, берген кеңесіңізді өлсек те есімізден шығармаспыз. Әйтеуір бізге де бір теңдік тиіп, адам қатарына кіретін күн болса арман не,— деді Қажымұқан.
Мешіт түбінде көшпен қалып балық аулайтын кедейлердің арасында сол аз күндердің ішінде-ақ Әбдірахман өз адамындай болып кетті; оны үлкені де, жасы да құрметтеп, шайға шақырып, балықпен сыйламаған үй қалмады. Қажымұқан мен Кенжекей «өзіміздің Әбекең» деп сөйледі. «Әбекең біледі, Әбекеңнен сұра» десетін болды. Ал, қырға шыққан ауылдардың арасында: «Сағадағы қара сирақ Танабайлар артель болыпты. Текеде келген законшік учитель мектеп ашыңдар депті. Артельге ана Шорақ купецтің ауларын алып береді екен. Олар салғырт тартпайтын көрінеді. Шалқардың суы да, балығы да соларға түгел тиеді екен,— десті.
2
Көп жыл бірге оқып, кейінгі он жыл ішінде бірін-бірі көрмеген Қален мен Әбдірахман құшақтасып көрісті, жас балаша қуанды. Ұзақ уақыт құшақтарын жазбастан, бір-бірінен көздерін алмай қарасты.
— Қалеке, тіпті өзгермепсің! Баяғы салмақты сары Қален!
— Мұртыңды қырғаның болмаса, Әбіш, сен де сол күйіңмен қарап тұрсың. Отыр, мына орындыққа отыр, қаласаң жерге отыр. Мәкка, қымыз сапыр. Мұнда кел, Әбішпен таныс. Әбіш, сенімен Мәкка сыртыңнан әбден таныс... «Әбіш деген бөле қайдан шықты?» — деп сенің жіберген газетіңді оқытпайды; енді өзің үгіттеші, — деп әйеліне қалжыңдап, Қален жымиып күліп қойды.
— Келіншек, сәлеметсіз бе? Аман тұрасыздар ма?!
— Шүкір,— деп жауап қатты Мәкка, бұрын көрмеген адаммен көп сөзге бармай.
Әбдірахман орындыққа отырып, үйді айналдыра қарап:
— Қалеке, қоныс жайлы болсын! Үйің Чулаковтардың үйінен кем емес қой. Бала оқытып, мал жинап жатырсың ба?— деді.
Қален оның әзіліне жауап қайтармастан:
— Әбіш, бәйбіше, бала-шаға бар шығар?— деп сұрады.
— Бар, бар, Қалеке-ау, Күлшанды өзің білесің ғой, ұмытып қалғаның ба?
— Түу, айып менде. Былтыр Сақыпкерейді көргенмін, үйінде болдым. Сонымен шатастырып, Күлшан есімнен шығып кетіпті. Бала бар ма?
— Қалима дейтін бір кішкене баламыз бар. Өзіңізде ше?
— Анау кішкене қара қыз,— деп Қален үй алдында ойнап жүрген төрт-бес жасар қыз баланы көрсетті,— есімі Күләйман.
— Балаларымыз бір өңкей екен, әйтпесе құда болар едім,— деді Әбдірахман күліп.
— Біз атастырмай-ақ ендігі балалар өздері де бірін-бірі тауып алатын,— деп Қален қарындасы Зағипаға қарап, жіңішке мұртын сипап қойды.
Зағипа қысылып қалды. Оның қуқыл беті алма бүйректеніп кетті. Ол ағасының әзіл ретінде Хакім екеуінің «машұқтығын» меңзегенін бірден білді. Кеше де ол Зағипаға Сәйпүлмәліктің қиссасын беріп, оқы, сендер сияқты машұқтардың хикаясы деп әзілдеген еді. Бірақ зілсіз қалжың: «Мына танымайтын кісінің алдында тағы да соны айта ма»— деп күдіктенді Зағипа. Бірақ жөні болып, Қален олай демеді.
— Балалардың бақыты алда, Әбеке. Біздің шырылдап жүргеніміз осылар үшін ғой. Үй ішін тегіс таныстырайын: мына бала кіші қарындасым (ол Зағипаны көрсетті), бұған тете тағы бір інім бар,— деді.
— Жақсы, жақсы. Оқытып жүрсің бе, Қалеке, бұл балаларды?
— Оқып жүр. Орта білім аламын деген талабы бар.
Ал, өзінің жайыңды өзің толық айтып бермесең, сырттан естігенім, қарлығаштың аузымен тасыған суындай, шөл қандырарлық емес,— деп Қален қонаққа қымыз ұсынды.
Олар көп әңгімелесті. Әбдірахман Оралда болған оқиғаны, қазіргі кездегі жағдайларды ұзақ уақыт сөз етті. Қаленнің жегжаты Сақыпкерейдің Орал қаласынан қалай қашып шыққанын да әңгімеге қосты. Бұл оқиғаны Қален әлдеқашан естіген-ді.
— Балық орап апарған торпышқа орай салдым да, үстіне лық толы екі қарамай шелекті қойып, тас қылып таңып тастап едім, орыстар: мынауың не деп сұраған да жоқ, деп Ехсекең қызық етіп айтады,— деп Қален ақырын ғана жымия түсті.
— Қазақ оқығандарының ішінде Сақыпкерейдей қуғында болғандары аз. Он үш жыл болды ғой, оның абақты, каторга, жер аудару, қудалау әлегіне ұшырағанына. Күрессіз мақсатқа жету жоқ. Қалеке,— деп Әбдірахман тәтті қымыздың екінші тостағанын тояттай сімірді.
— Солай, солай. Мұның бәрін де шет-пұшпақтап, әркімнен естігенмін, тап өзің айтқандай ешкім қандырар мағлұмат бере алған жоқ еді,— деп шұбар тостағанның түбінде қалған қымызын Қален ұзақ шайқап отырды.— Ғажап қиын, сынақты кезеңге тіреліп тұрмыз, Әбіш. Елдегі біздің көз тігетініміз сендер...
Ac желінді. Тағы да қымыз ішілді. Әңгіме таусыларлық емес. Тор алдында салған төсектің үстінде отырып Әбдірахман Қаленнен:
— Қалеке, «Ұран» газетінің отыз екінші нөмерін оқыған шығарсың?— деп сұрады.
Қален ілесе:
— Айтпақшы ұмытып кетіппін, менің өзіңнен сұрайын деген әңгімемнің бірі сондағы автономия жөнінде еді. Досмұқамбетовтардың Ленинмен сөйлескені ме, бұл қалай өзі? Газет автономия алыпты депті, осыны түсінбей-ақ қойдым,— деді.
— Қалеке, мұнда түсінбейтін ешнәрсе де жоқ. Ленинге олардың баруы да мүмкін, Лениннің автономия идеясын қолдауы да мүмкін, неге десеңіз, бұл большевиктердің программасында бар нәрсе. Бірақ алдымен Совет өкіметін орнату керек, өйткені бұл теңдігін сол Совет арқылы ғана алуға болады.
— Сонда бұлар Совет өкіметін құрудың орнына байлар өкіметін құрғаны ма?
— Құр байлар да емес, нағыз шонжарлардың: сұлтандардың, төрелердің, правительдердің, хазіреттердің өкіметі, былайынша айтқанда — монархия. Хандық деген негізінде бір адамның өкіметі ғой.
Қален сирек сарғыш мұртын баптай сипап, Әбдірахманға қарап, аз ойланып отырды да:
— Онда алай, мұнда былай дегені баланың ойыны сияқты нәрсе екен. Балалар жасырынбақ ойнағанда «мені тауып ал!»— деп айқайлаушы еді, мына жігіттердікі айқайламай-ақ табылып, мен мұнда тұрмын дегендей ғой,— деді.
— Мұны баланың ойыны деуге болмайды, Қалеке, Бұл алдаудан гөрі тереңірек. «Бірлік туы» газетіндегі Мадиярдың мақаласы бұған айғақ. «Қазақта бай жоқ, алпауыт жоқ, тап жоқ, күрес жоқ»,— деп сендірмекші жұртты. Мәскеуге де соны айтпақшы, «міне, бізге лайық өкімет түрі» деп хандықты алға тартпақшы. Мадиярдың пікірі — бүкіл байшыл оқымыстылардың пікірі. Бұл пікірдің жалғандығын мына мысалдан айқын көруге болады: сіздің еліңіз үш жүздей үй. Осы үш жүз үйдің ішінде жеті бай бар. Мен олардың аттарын сізге атамай-ақ қояйын, оны өзіңіз де білесіз. Жүзге тарта үй орта шаруа бар. Қалғандары бір ат, бір сиыры бар кедейлер, байларға жалданатын батрактар. Ал, анау арғы беттегі «он екі пастоктерің» қысы-жазы орыс байларының малын бағып, күнелтіп жүргендер. Анау жеті байдың төңірегінде, ең кемі елу кедей бар. Олар сол өздері паналаған байлардың малын бағады, шөбін шабады, егінін орады, үйлерін көшіріседі, қысқы землянкаларын оңдасады, қора-қопсыларын жөндеседі, арба-шаналарын түзетеді, әйелдері малдарын сауады, құртын қайнатады, тезегін тереді, жамауын жамайды, жүндерін сабайды, киізін басады. Ал, осы еңбектеріне солар не алады, байлар оларға не береді? Мінуге бір атын береді, саууға бір сиырын береді. Ал, бұл ат пен сиырды олар қыстан өлтірмей асырап шығады, төлін қосып екеу етіп қайтарады. Ал, тамағын ішеді дейік. Тамақ дегенде айран-шалаптан басқа оларға қой сойып бермейді, май жалатпайды. Жерді алсаң: шұрайлысына егін егіп, отты-ойпаңына малын жайдырмай ма?! Бұл қанаудың ең жаман түрі осыны жұрт елемейді, елесе де теңдігін ала алмайды, еңбегінің жемісін тата алмайды. Осыны түсіндіретін, қолдайтын, сорлыларды жақтайтын үкімет болу керек. Мына хандығыңыз елді онан әрі езіп барады; еңбекшілерге қажеті жоқ үкімет. Осыны жұртқа жақсылап түсіндіру керек. Хандықтың керегі жоқ екенін халыққа ашық айтуға керек; жұрттың сана-сезімін ояту қажет, кімнің дос, кімнің қас екенін ұғындыру борыш.
— Дұп-дұрыс. Шындық сөз. Түсіндіру керек.
3
Кешке қарай аясынан көтеріліп кететін Шалқар көлдің үстінде күн тұсау бойы жоғары тұр. Ұзақ күн үздіксіз шырылдаған шегірткелер тынып қалған; сары шұнақ та үнсіз, батысқа қарап қойып ін аузында сүңгіп кетуге әзір отыр. Өрістен қайтқан мал ауыл үстіне төніп келеді, кешкі көп үнді жәрмеңке басталуға таяу.
Пішен шабуға әлі кіріспеген бос халық ауылда лек-лек; екі кісі бас қосса әңгіме тыңдауға топтана қалады. Ауыл алдындағы Қисық сайға қарай әңгімелесуге шыққан Қален, Әбдірахман, Бәйестерге жұрт біртіндеп қосыла берді. Алдымен үйден қырындап Асан шықты, оған Құбайра ерді. Екінші ауылдан бұларды көріп сайға қарай Қадес пен Ақмадия аяңдады. Кешікпей көлеңкеде отырған кәрі-жасы аралас таяқ таянған, екі қолын артына ұстаған, шекпен жамылған, шапан киген, ішінде көйлекшеңдері де бар; ел адамдары уәделескендей қырқаның басына қаптап кетті.
— Жайлауыңыздың аты немене? Шабындық, егістік жерлеріңіз мол ма?— деп сұрады Әбдірахман Қаленнен мал мен жанның аяғына жапырыла бастаған көк шөптің үстіне отырып жатып.
Әбдірахман өзге болыстың адамы, бұл елде бірінші рет, оған жері де, елі де таныс емес. Қален жайлау Оброчный деп аталатынын, өзеннің арғы беті тоғайлық, бидайық өсетін сай-салалы келетінін, жон үсті құмақ оған тары жақсы шығатынын айтты.
— Оброчный дегеніңіз әлгі казак-орыстармен шекара ашқан кезде шыққан бірдеме шығар,— деп сұрады тағы да Әбдірахман.
— Бұрын осы мына екі Аңқатының аралығындағы үлкен жазықты қазынанікі еткен, ел жайласа шаңыраққа есептеп ақша төлететін еді. Қазір ешкім де ақша төлемейді, оны сұрап жатқан қазына жоқ. Шөбі белуардан, жайлауға өте қолайлы жер,— деді учитель айналасы алыс жазық даланы көзімен шолып.
— Казак-орыс алпауыттарының қолына билік қайтадан тисе баяғы полосасын да, оброгын да қайта қозғар-ақ еді, жерге салғыртын да салар еді, бірақ ол дәурен казак озбырларына енді қайтып оралмасқа кетті ғой,— деді де, Әбдірахман бұрылып, бұлардың әңгімесіне шынтақтап жатып құлағын тіккен Құбайрадан: Ия, отағасы, неше шетен жер айдадың биыл?— деп сұрады.
Құбайра орнынан ұшып тұра келді; ойлмаған жерден мына бейтаныс оқымыстының сұрағы оны аздап састырып тастады; бірақ ол сұйық қара сақалын бір сипап жіберіп:
— Неше шетен дейсіз бе? Шетеніңізбен есептемейміз, біз таяқпен есептейміз. Шетендеп жұмыс көлігі мол, қызмет істейтін саны көп үйлер жыртады,— деді Құбайра.— Біздер тек балаларға тары-талқан болсын деп жиырма-отыз таяқ айдаймыз.
— Ым...— деп Әбдірахман келіп отырып жатқандарға айнала көз тастады.
— Уа, кеңес біріксін! Бәйес аман ба? Аман-есенсіздер ме?— деді Қадес, отырғандармен амандасып.
— Орта толсын!
— Қалеке, аман тұрасыз ба?
— Бәйес, аман ба?
Біреулері жүрелеп, біреулер малдасын құра отырып, біреулері жерге шынтақтай бір жанбастап қисая бастады; өзара амандық сұрасты.
— Мына кісі кім?
— Қай жақтан келген! — деп күбірлесті, Әбдірхманды көздерінің құйрығымен, иектерімен меңзей көрсетіп.
— Кердері көрінеді. Бәйестің дос-жараны білем. Біздің учительге сәлем бере келсе керек,— деді Асан оларға.
— Ым-м...
— Теке жақтан келген десейші.
— Кердері болғаннан кейін енді қай жақтан келуші еді,— деді Құбайра.
— Е, Кердері Текеден басқа жақта жүрмей ме екен, басқа жақтан келмей ме екен? Құбеке, сен де айтасың-ау,— деп қойды. Ақмадия тамсанып. Шеткерірек топталып отырғандар қалжың-кекесіні аралас әңгімелер айтып жатты. Көп сөзді, ел ішіндегі билік, дау-жанжал сөздерге ешкім атап шақырмаса да өз бетімен араласып мәжілістен қалмайтын топқа үйір Қадес, келген қонақпен әңгімелесуге тырысты. Ол алыстан орап, өзінің үйреніскен адамы Бәйестен жөн-жосық сұраудан бастады.
— Бәйес, ауыл-аймақ аман ба? Көптен көрінбейсің, елдемісің?— деп сұрады ол.
— Шүкір, аман. Жол бұзылып, қаламен қатынас үзілгеннен бері елде жатырмын.
— Көпір түскен жоқ па екен?
— Түскен шығар. Бірақ та қазір қала тыныш емес және бұрынғыдай келтіретін товардың түрі де шағын.
— Шай-шекер жағы қалай?
— Тапшы, өте тапшы.
— Қызыл үйден келгендер де дүкенде түк жоқ деп келеді. Бұл товардың құрып кеткені қалай? — деді Қадес, көнетоз мәсісінің қонышынан шақшасын суырып жатып.
— Соғыс бітпей молшылық дүние қайдан болсын. Ескі қор ғой әзірге жұртқа талшық болып тұрған,— деп Бәйес қасындағы Қаленмен сөйлесіп отырған Әбдірахманға қарады; оның көз қарасында «сен айтсаңшы» дегендей бір ишара бар еді.
Әбдірахман шаруалардың сөздерін мұқияттап тыңдап, жүз-шырайларына сынақты көз жіберіп отыр. Көбі ақжарқын жүзді, езулерінде, көз құйрықтарында көңіл сәулесін көрсетерлік мәздік күлімсіреу бар; кейбір дөңгелек, тоқ беттер қулық-сұмдық жоқ, сәби кейіпте; кейбіреулері сөйлеген адамның аузына қарап ешбір лайықсыз, тіпті мағынасыз ыржияды. «Ақкөңіл, әділ, бала сияқты биғам, кең пейіл жандар екен»— деп ойлады Әбдірахман.
— Бір соғыс бітіп, майданға кеткен жігіттермен жұрт жамыраған қойдай табысып еді. Енді бұл тағы қай соғыс? Біреулер: — орыстар өзді-өзі қырқысып жатыр деседі, енді біреулер: — сол Герман соғысының әлегі ғой, қайталаған кезікше айналып соғып жатқан деп соғады. Осы, адам соғыссыз тұра ала ма екен, сірә?!— деп қойды Қадес ешбір адамға қарамай, еш адамға бұл сұрағын бағыштамай, төмен қарап отырып. Сөйтті де ол жайымен отырып насыбайын атты, тырнағын тағы да толтырып, шақшасын қонышына қайта қыстырды.
— Біздің Қадекең көптен бері сыйласып, араласып жүрген құдасындай-ақ әңгімені Германнан бастайды. Германды қоя тұрып, маған шақшаңды бере тұршы, Қадеке, түшкіріп жіберейін, білмейтін Германнан гөрі маған сол пайдалырақ болар,— деді Құбайра.
— Қадекең құда болмаса да, Николай құда екен Германмен. Бас бәле сол құдалардың келісе алмағанынан шыққан ғой. Учитель, солай емес пе, Ресей патшасымен Герман патшасының жауласу себебі?— деп, әманда ағасымен қосарлана жүріп, жарыса сөйлейтін Ақмадия ағасын жақтағандай болды.
— Немене, Николай киіт кигізбей жіберіп, соған өкпелеп пе сенің Герман нағашың?— деп Құбайра ұшты тілін оған да қадап алды.
— Құбайра, сен қалжыңды қой, Герман менің құдам да емес, нағашым да емес, ондай таяз қиқарлық, терең мағыналы сөздің бағасын түсіреді.
— Терең мағыналы сөзіңмен түсіндірсейші ана Қадесті, ол соғыс қайдан шығады, соғыспай адам отыра ала ма?— деп сұрап отыр ғой. Сен, осы әлгі адвокат Бәкеңдермен бірге оқып па едің Петербурда?—деді Құбайра Ақмадияны кекетіп.
«Адвокат Бәкеңдермен бірге оқып па едің»— деген сөзге жұрт тағы да ду күлісті.
— Бәкең дегені кім?— деп сұрады Әбдірахман езу тартып, қасындағы Қаленнен.
— Бақытжан Қаратаевты айтады.
— Ым-м, Бақытжанды жақсы біледі екен ғой халық, — деп, Әбдірахман ойлана бастады.
Оның түйгені «Әлдісі бар, әлсізі бар, тілді, парасатты, сөзге жүйріктері бар, мына қалың шаруаның құлағын тігіп тыңдайтыны соғыс, соғыстың ылаңы. Құмарлана сұрайтыны соның немен бітетіні, өйткені не қилы оқиғалар, дүниенің кемтарлығы, үрейлі, күдікті нәрселердің бәрі сол соғыспен байланысты, бүгінгі көріп отырған күнің мен ертеңгі ететін тіршілігің де сол соғыспен байланысты. Бұларға болып жатқан жағдайды мықтап түсіндіру керек екен, біріндеп болса да халықтың құлағына шындық құйыла берсін.
Бұл ағайындарға сіз «Орал Совдепінің үндеуін» оқып беріңіз,— деді Әбдірахман, ақырын ғана Қаленге.
— Онда жұртты жинаңқырайық.
— Өзі де жиналып қалыпты.
— Жоқ, қарттар келген жоқ. Кеңес құрып ақылдасатын әңгіме бар деп, мен бір-екі баланы жүгіртейін, ақсақалдар келсін.
— Дұрыс-ақ!— деп Әбдірахман сәл бөгелді де, Құбайраға қарап: — Отағасы, сіз Бәкеңді білетін бе едіңіз?— деп сұрады.
— Е, Бәкеңді білеміз, білмегенде...
— Білеміз.
— Ой, Бәкең деген адам жампоз ғой,— десті,— Асан, Ақмадия тағы бір шаруа Құбайраға десте бермей жамырап.
— Бақытжан деген кісіні біздің ел тұтас қадірлейді. Балаға «Бәкеңдей бол!» деп бата береміз. Ондай кішіпейіл адам аз ғой. Осында отырған адамның Бәкеңе мұңын шаққаны, Бәкеңнен жәрдем көрмегені жоқ шығар. Ана жылы жігіт аларда сол Бәкең ғой біздің елді құтқарып қалған. Біздің үш жүз үйден үш-ақ жігіт шығарып бердік сол кісінің жақсылығымен,— деді Құбайра.
— Бақытжанды білгеніңіз өте жақсы, ақсақал, Бәкең деген жақсы адам. Жұрт үшін күресіп жүрген, сіз сияқты шаруалардың қамын жеп жүрген адам. Ал, Бәкеңнен басқа кімді білесіздер қазақ оқығандарынан?
— Қарағым, біз көрген адамымызды, жақсы білген адамымызды айтамыз. Бәкең мына Жүніс қажынікіне былтыр да, алдыңғы жылы да түсіп кеткен. Сонда көргенбіз ол кісіні. Оқымысты көп қой, оның қайсы бірін біле береміз. Мына сізді көріп отырмыз, сөз лебізіңізге қарағанда кішіпейілді, жылы жүзді адам көрінесіз, бірақ біз сіздің атыңызды да дұрыс білмейміз, бірінші рет көріп отырмыз. Үйден қарыс аттам шықпайтын шаруамыз,— деді Құбайра, таяғының ұшымен жерді сызғылап отырып.
Қарттар келгенше Әбдірахман жұртпен ұзақ әңгімелесті.
4
Жүніс қажыға Әбдірахман түрегеліп, қол беріп көрісті де, қасына жақын жерге отырғызды, бұрын көрмесе де жақсы білетін таныс адамша амандық сұрасты. Қален арқылы, әсіресе мешітте болған Жүніс пен Шұғылдың «керісінен» кейін Әбдірахман бұл адамды айнала сұрастырып, сырттан жақсы біліп алған еді. Халық алдында беделі күшті, тура сөйлейтін, әділсіздікпен жаны қас Жүністі қажы болса да, ол сырттай ұнатып қалған еді. Мұндай адамды «көп шаруалармен қосып ішке тарта іс істеу керек екендігін» ол күні бұрын түйіп қойған-ды. Жүніс те бүл учительді жақсы біліп қалған. Ол Әбдірахманның бетіне бір қарап қойды да:
— Жолыңыз болсын, шырағым! Шеттен келген адам деп есіттім... Жолаушы көп жүреді, жолы болар деп жүреді. Жақсы лебіз сізден, құлақ салу бізден,— деді.
— Жүке, бұл кісінің халыққа айтар сөзі бар екен, сөзі тасқа басылған көрінеді, соны мен оқып берейін, сіздер қалғанын әңгімелесіп түсінісерсіз,— деді де, Қален «Жұмысшы мен шаруа және солдат депутаттарының Орал облыстық атқару комитеті үндеуін» оқуға кірісті.
Үндеу жатық тілмен қысқаша түрде Совет өкіметінің маңызын, бұрын-соңды болып көрмеген жаңа өкімет түрінің қалай дүниеге келгенін, оның негізгі мақсаттарын түсіндіре келіп, осы өкіметтің бір бөлшегі болған Орал облыстық атқару комитетіне биыл казак атамандары мен генералдарының қалай бас салғанын баян етті. Баста әңгіме есітуге, соңынан шақыруымен жиналған шаруалар бұл жалынды үндеуді бар ынтасын сала тыңдады. Үндеуге қол қойған адамдардың аттарын қайта-қайта сұрап алды. Көбі «Бәкеңді білеміз»,— десті.
— Бақытжаннан кейін қол қойған Әбдірахман Әйтиев деген кісі мына алдарыңызда отырған қонақтарыңыз,— деді Қален көпке Әбдірахманды көрсетіп.
Әбдірахман басын иді.
— Бәкең қайда қазір?— деп сұрады біреу.
— Бәкең генералдардың қолында тұтқында отыр...
— Ой, сабаз-ай.
Үндеу сөзі жұртқа қатты әсер етті. Қапырық жерге бейне бір самал ескендей, халық қозғалып, қобалжи түсті. Көптен іште іркіліп келген ойлар, сөздер өзінен-өзі туып жатты. Кешікпей, далада алқа қотан отырған халық, бір үйде отырып кеңескен адамдардай, дөңгелене сөйлесіп, кішкене мәжіліс үлкен әңгімеге айналып кетті. Сұрақ көбейді. Көбі Әбдірахманға көз тікті.
— Ат бауырын құрғатпай мал сұрап, жан сұрап мына әлгі салғыртшылар жайлауымыздың үстін шаңдатып болды. Күні кеше осында «жалғыз сиырыңызды сат, жетпесе ана мылтығыңды қоса сат» — деп кіжіңдеп кетті. Жүз теңгесіне сиырымды сатып төлесем, сонда менің қатын-баламды солардың өзі асырап бере ме? Осыларға бір тыйым салынбай ма өзі?— деді.
Оның сөзін Әбдірахманның қарсы алдында отырған Әреш қостады:
— Бұрынғыдан гөрі бұл үкімет жақсы болады екен деп еді. Жүкті көтере алмасаң арқаңа тағы да сала түс болды да қойды, — деді.
Әкіреңдеген шошақ тұмақтылар жауып кетті ғой, әйтеуір.
— Маймақ па еді, кім еді анау күнгі шәмбіл сарының аты. Маймаңдатар әлі,— деген сөздер әр жерде естіліп жатты.
Сөзге Қадес араласты.
— Жамырамаңдар, тоқтай тұрыңдар. Ана Текеден келген қонақ айтсын,— деп қойды да, тырнағындағы насыбайын көрсетпей шапшаңдап иіскей салды.— Сонда енді анау әлгі Қызыл үйдегі ұлықтарды қалай, біз теріс деп табамыз ба?.. — деді ол Құбайраға қарап.
Бұл сұрақтың өзіне меңзелгенін біле қойды да, Әбдірахманның көзі жайнай түсті.
— Теріс деп табасыз ба, дұрыс деп табасыз ба, оны мына көпшілік айтып көрсінші. Менімше жауап өзінен өзі-ақ табылып тұр. Егер мен сіздерден — мынаны сұрасам: «Қызыл үйдегі» ханыңыз, оның соңынан ерген төрелеріңіз осы қалың топтың ортасына бір келіп көрді ме? «Азаматтар, сіздер үшін мына бір игі іс істеліп жатыр, мұны қалай көресіздер» деп сұрады ма? «Не мұңыңыз бар айтатын?» деді ме?..
— Жоқ.
— Жоқ.
— Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз,— деп Әбдірахман Қадеске жүзін аударды, — балаңызды оқытуға школа ашып бермесе, жерден қазсаң да салық төле деп сабаса, мені қорғауға керексің, жүр солдатқа деп әкіреңдесе, осындай әкімдерді, осындай үкіметті жақсы көрер ме едіңіз?..
— Біз мұндай терең сауалдарға жауап қайтара алмаймыз. Бұған қажы ғана жауап бере алады. Сол кісі қайда болса, біз сондамыз,— деп Қадес жалтарып кетті.
— Болсын, болсын, қажы айтсын. Хан сайлағанда өздеріңізден қатынасқан кісі бар ма? Әлде сіздерсіз-ақ өзін-өзі сайлап алды ма? Осыны да айта кетіңізші,— деді Әбдірахман қажыға қарай бұрылып.
Жұрт қозғала түсті, үлкендер әлденені мақұлдағандай бастарын изеді. Әбдірахманның сөзіне неше күннен бері ден қойып ұйып, бағанадан бері аузына қарап отырған Хакім әкесінің не жауап қайтарарын білмей қысыла бастады. Ол: «Мінезі шәлкес, ешкіммен ақылдасып көрмеген бір бетті адам, бір бүйірден шығып жүрмесе игі еді...» — деп ойлап төмен қарады.
Өзіне сөз басының аумай тиетінін жақсы білетін Жүніс қажы, күн бұрын ойланып қойған адамдай, іркілместен бастап кетті:
— Мен, шырағым, сөз лебізіңді байқап отырмын, Қаленмен білім қырқасына бірге шыққан сияқтысың. Ел жүйрігі Бәкеңмен істес екенсің. Басқа сөзіңе бап: елді бұрын батыр бастар екен, кейін би жетеледі. Елу жылда ел жаңа, енді жұрт қамы ақылдыда. Ақыл білімнен шығады; білім қаладан шығып жатыр. Бәкең бар, өзің бар қағаз арқылы жүз бұрып, бізді терек деп тауыпсыңдар. Көлеңкесі сая, өзіне сүйенемін дегенге теректен тірек қай заманда да шығар болар. Екінші сөзіңе жауап: хан көтерудің екі түрі бар. Бірі ақ киізге салып көтеру, бірі найзаның үшімен көтеру. Сырымнан бергі үш дүрлігісте ата-бабамыз хан көтерудің екінші түріне ғана араласқан. Мен кісінің адамымын, қуғаным сол уәсиет. Мен болдым, шырағым. Ахшам бар, ауыз ашу бар, рұқсат етсең кетейін.
— Рахмет, сізге. Міне, аталы сөз,— деп Әбдірахман Жүністі қостай кетті.— Менің бұған қосарым: мезгілсіз шақырған тауықтың жүнін жұл. Бізге Сырым мен Исатайлардың жоқ етуге тырысқан сүйегі қурап қалған ханзадалардың, сұлтандардың өктемдігі керек емес, бізге ханның емес қараның, бірдің емес бұқараның тілегін орындайтын өкімет керек. Мұндай жұрттың көксеген өкіметі қазір де Ресейдің бар жерінде құралып отыр, әмірін жүргізді, тек қана мына біздің ат төбеліндей Орал губерниясы мен Дон деген өзеннің өлкесінде күшпен тоқталып тұр. Бұл бірнеше айдың ішінде, әрі кетсе бір жылдың ішінде орнайды. Мұны орнатып келе жатқан Қызыл Армия. Қызыл Армия жұмыскер мен шаруаның ұлдарынан құралған Армия. Мұны басқарып отырған большевиктер, большевиктердің көсемі Ленин деген данышпан. Ол данышпанның көздегені: жетім мен жесірге, жарлы мен шаруаға, еңбекпен күнелткен қалың бұқараға теңдік әперу; біз секілді патша үкіметінен езілген елдерге теңдік әперу... Мен осыны айтайын деп едім сіздерге. Кім дос, кім қас екенін түсіндіруге келіп едім. Жұм болыңдар, біліп тұрыңдар, жақында шын дос өкіметің келеді, соны қарсы алыңдар, қорықпаңдар, үрікпеңдер, өсек-өтірікке сенбеңдер, қастықпен теріс түсіндірушілерге сенбеңдер, демекші едім, міне осы сияқты азаматтық борышымды өтеуге келдім. Дұрыс па мұным?! – деді Әбдірахман көтеріңкі дауыспен.
— Дұрыс!
— Әбден дұрыс!
— Жасың ұзақ болсын!
— Тәңір жарылғасын!— десті топ шулап.
Түнде Әбдірахман, Қален, Бәйке, Асан, Сүлеймен, Хакім оңаша отырып кеңесті. Әбдірахман өзінің большевиктерге тілектес топ ұйымдастырып жүргенін айтты. Қысқаша түрде бұл топтың ел кедейлеріне ұйтқы болып, қызыл армияны, советті үгіттейтін топ екенін, болашақ өкіметтің негізі болатынын айтты. Сағада да осы топ ұйымдасқан, олардың газет-журнал оқып, күнделікті жаңалықтарды халыққа түсіндіретінін, мектеп (жаңа бағытта орыс тілін оқытатын ашу) әрекетін қолға алғанын, салғыртты байлар ғана төлеу керек екендігін қолдап жатқанын мәлімдеді.
— Бұл тілектестер тобына еңбекші шаруаға жаны ашитын, солар үшін шын ниетімен игі жұмыс істей алатын азаматтар кіру керек,— деді Әбдірахман.— Менің ойымша осы отырған төртеуіңіз де лайықсыздар, бұл топқа кіруге. Қалекең туралы ешнәрсе айтпаймын. Ол белгілі кісі, халық үшін қызмет етіп келе жатқан адам. Мына Асан мен Сүлеймен кедей еңбекшілер, көзі ашық азаматтар, оқымаса да түсінетін, өздері сияқтыларға жәрдем көрсете алатын жігіттер. Ал Хакім Орал қаласында не болғанын көзімен көріп келген, оқыған жас жігіт. Бұлар халыққа қызмет ету үшін оқыды. Енді, міне, жұртқа іспен көрінетін күндер туып тұр. Осы төртеуіңізге мен сенемін, үлкен міндеттер жүктеймін.
Әбдірахманның сөзіне ешқайсысы да қарсы болған жоқ. Тек қана Сүлеймен:
— Біздің басқа да азаматтарымыз көп жазылатын,— деп еді, Әбдірахман:
— Топтарыңызды көбейту өз міндеттеріңіз. Қатарыңызға кімді тартатыныңызды өзіңіз білесіз,— деді.
Ол ертеңіне ала көлеңкемен учительдің аулынан аттанып кетті.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
Ел құлағы елу.
Оброчный жайлауындағы Әбдірахманның шаруалар мен әңгімелескені ертеңінде-ақ бүкіл өңірге жайылды. Мұны Жол старшина да естіді.
Жол басқа ауылдарда жүрген.
Үйге келісімен әйелі Бақтылы:
— Старшин деген сенікі құр атақ, кешікпей, елді ана Қален билейді. Жиылыс болса Қалендікінде, шеттен келген адам болса Қалендікінде; ақыл сұраса жұрт Қаленнен сұрайды; қағаз жаздыртса Қаленге жаздыртады. Жер дауы да Қаленде, жесір дауы да Қаленде. Сенің мойныңда ана киіз қапты күйек орнына байлаған. Соны асын да жүр,— деп тілдеді.
Жол әйелінің сөзін кексіз тыңдады, олай етпеуге амалы да жоқ, «би Бақтылы» ері қарсы келсе онан әрі жапырып тастайтын; оның бойындағы кемшілігі мен мінін бірін қалдырмай жіпке тізіп жұрт алдында масқаралайтын да әдеті бар; сондықтан Жол болған оқиғаны әйелінен ептеп қана сұрап шет жағасын біліп алды да, қалғанын Қадестен естуге кетті. Бас пайдасына шебер, қулығы мол Қадес әуелі старшинаның құлағына жағымды ауыл әңгімесін айтып беріп, сосын, Жолдан болыс пен уезде не болып жатқанын біліп алатын «Болыстар пәлен ауылға шығыпты. Уезде мынандай еді. Осы білген хабарын ол екі кісі бас қосқан жерде: жаңалықтар бар екен...» деп сөйлейтін.
Қадес Жолға әңгіменің бәрін айтып берді. Бірақ ол Бақтылыша Қаленге бәле жапқан жоқ. Қаленнің үйіне келген Әбдірахман дейтін большевик досының халыққа айтқан аталы сөздерін ғана қайталап айтып берді.
Старшина болған оқиғаны, айтылған сөздерді ішіне түйді. Ол Қадеспен әңгімелесіп отырып насыбайды әлсін-әлсін атты, мұрнын таңқылдата сіңбіріп қойып, қымызды тамсанып ішті, мұртын да қайта-қайта шиырып қойды. «Бар бәлені шығаратын осы учитель. Ала-бүлік, қайдағы ала аяқтар да осының үйіне келеді. Қален салғырт төлемегеннен кейін жұрт та төлемейді. Жіберетін ана төрт жігіттің кешеуілдегені де осыдан. Біздің әйел дұрыс айтады — жұрт қай малын, қандай сәудегерге сатуды да осы Қаленмен ақылдасатын болды «Ысқот, халайыққа ағуа тарату... ауылнайды жұрт өзі сайлайды деп, көрдің бе, тағы бүйректен сирақ шығара бастағанын. Большебайыңның өзі нағыз осы шығар...»— деп ойлады Жол ішінен Қаленге қатерін тігіп.
— Қадеке, қалай, мына ауылдарыңыз қаражат жағын жиыстырып жатыр ма? — деп Жол салғырт жөнінде сөйлескен болды да, кенет Қаленді мақтай бастады.— Біздің Қалекең ақылға да, сөзге де жүйрік адам-ау. Осы кісінің достары Орынборда да көп шығар. Мына келген досы Күйік қаланікі дейсің бе? Үлкен хәкім адам ба екен?
— Үлкен,— деді Қадес.— Текеде болған үлкен сыяз сайлаған ғой ол кісілерді, Орынбор — Сарытауға да лауазымы белгілі адам.
— Петербор — Мәскеу білетін сияқты ғой Әбекеңдерді.
Сөзге жүйрігін-ай, сабаздың!— деп Ақмадия ағасын қостай түсті.
Жол әбден сыр тартқысы келіп:
— Бұлар әлгі патшаға қарсылар ма? Патшаға қарсылар ханға да тіл тигізе ме қалай?— деп еді. «Әй, сені ме»—деп жүрген Құбайра сөзге араласа кетті.
— Жол, осы сен ана құлаған Миколайдың тұсында старшин болып едің-ау. Әй, бәле екенсің, бір сүрінбей келесің,— деп басын шайқап, таңдайын қақты.— Біздің Есқалидың бір асығы бар, өмірі бүк түскен емес, қалай иірсең де «дік» етіп алшысынан тұрады. Сен тап сол сияқтысың. Миколай түсерде старшин болдың. Керенге де старшин болдың, мына әлгі солардың бәрін қуып жатқан большевиктер келгенде де старшин боласың ғой деймін. Сен боласың, боласың...
Жол Құбайраның астарлы кекесінін түсінгенмен жауап қайырған жоқ. «Сен де Қаленге арқа сүйейсің. Әйтпегенде көрер едім сенің жайыңды да...»—деп ойлап қойды. Көргенін, естігенін ішке бүкпейтін, мақтауды тәуір көретін Ақмадиядан ежіктеңкіреп білу керек болды, старшина соның бір тінін тарқатуға кірісті.
— Ақмадия-ау, ол Петербор білетін қай ұлың? Петербор — Мәскеу Бақытжанды біледі десең бір сәрі; бұл тайпада басқа аты жайылған адам жоқ еді ғой,— деді Жол.
Ақмадия мұртын сипады.
— Бәкеңмен қатар адам. Қағазда Әйтиев деген аты да Бақытжаннан кейін ілесе шығып тұр,— деді ол Жолға маңғаздана қарап,— Старшинды енді елу басы сайламайды. Құбайра, сен Жолды старшин болады тағы да дейсің, қалай болады ол көп қаламаса? Мәселен әйелдер араласса не болмақ? Сенің Қапизаң кеше: «Енді Жол ақша сұрап келсе, мына шөмішпен соғамын оның тазы тұмсығына»,— деп шаптығып отыр. Әй, қиын, Старшин болу енді қиынға айналар.
Жол қызарып кетті. Ақмадияның келеке етпейтінін, естігенін, көргенін тура айтатынын Жол жақсы білетін. Сондықтан ол Ақмадияға емес, Құбайраға тақымын батыруға бет алды.
— Кім сайлап, кім сайланатынын көк айыл қатындардан сұрап жатпас: Ал, ағайындар, сендер де ертеңнен қалдырмай мойындағы борыштарыңды өтеңдер. Құбайра, сен маған биеңді бересің таудағы ауылға мініп барып қайтуға. Өз бием болдырып қалды, бірер күн белін көтерсін. Жұмыс өте қауырт, арғы күні тағы болысқа жүремін,— деді старшина Құбайраның жалтаруына орын қалдырмай.
Ат бермеуге Құбайра да амал тапты, ол ойланбай-ақ:
— Ертең ертемен қалаға жүрейін деп отырмын, сатуға мал апарамын. Ана Нығметтен неге мінбейсің, ат десең ат тұр белдеуде, бие десең бие толып тұр желі басында,— деді.
— Нығметтен мен араға жұма салмай ат мініп жүрмін. Күнде мін демесең жетер, о да ағайын, Барқынның баласы.
— Нығмет пен Шұғылдан күнде ат мінсең де жетеді жылқысы. Шаруаның базарға мінетін, шөпке жегетін шолағын сұрағанша салмағыңды соларға салмайсың ба?— деді Құбайра да ат бермеуге бел байлап. Құбайраның ат бермейтін ыңғайын біліп, енді кезек маған келе ме деген қауіппен Қадес қипаңдай түсті де, Ақмадия жалма-жан орнынан тұрып:
— Есімнен шығып кете жаздағанын қарашы, қажекең келіп кетсін деген екен, әңгімемен отырып, кешігіп қалыппын,— деп үйден шығып кетті.
— Құбайра, мен сенен кімнен ат алайын деп сұрап отырғаным жоқ. Сырттан көзеу ағайынды ала көздікке кездестіреді. Не керек сондай сөз, біреу үшін біреу мал жинамайды, дәулеті бар деп асыла беруге жарамайды ғой,— деп Жол ағайынға қамқорси сөйледі.
— Шұғылдың тікенді тілінен, Нығыметтің бұқа көзінен именемін, Құбайра — атқа жеңіл құбаша десейші. Бірақ ойлап қой, «атқа жеңіл құбашалар» қырындап қона-түстеніп пайдалана кететін құдаша емес,— деп Құбайра зілді сөз тастады.
«Қалені— Қален, Жүнісі— Жүніс, тіпті бұлар да жонын күдірейтпекші маған?!»— Жолдың ертеден бері ойына он оралып соға берген, асауға бұғалық тастап жібергенде табан тіреп, күш алатындай берік «шөкесі» көз алдына айқын елестеді. «Сен бәлшыбектер... тоқтай тұр...»— деді ол ішінен.
— Құбайра, сенің үнің шығыңқырайын депті, көмейіңде бір нәрсе бар ғой сыртқа теуіп тұрған. Бұл жалғыз ат бермеу ғана емес, мен түсінсем одан да әрі жатыр. Таудағы ауылға мен жаяуласам да жетермін. Бірақ байқа, «қисыққа тез, қыңырға көз бар»,— деді старшина.
Қадес әңгіменің арты керіске айналатынын бағанадан сезген еді, бірақ «керіссе керіссін, Жолдың жүнін азырақ жығып алған да теріс болмас»— деп ойлап отырған. Енді ол: «Тілді Құбайраның қолы да жүйрік, ұрыс басы, боқ жеме болып кетпегей»,— деп қауіптенді.
— Сендердің осы қалжыңдарыңның қайсысы екенін қалжың емесіңнің қайсысы екенін білмей-ақ қойдым. «Атқа жеңіл құбаша» деп сені жеңілсінген Жол жоқ, Құбайра. Ал, «қисыққа тез» дегендей, Жол, сенің де Құбайраға салмақты сөз тастауың артық. Жол, біздің жаққа болыс келмей ме екен, ондай әңгіме құлағыңа шалынған жоқ па?— деп Қадес келістіре сөйлеп, сөзді басқа арнаға бұрды.
— Тауға барғанда сенің сенетін қисықты түзетер тезіңді де білеміз. Әлгі өзіңді «қос құлағын қайырып байлаған старшин» дейтін қажың ғой... Құбайраның соңғы сөзін естіместен Жол үйден шыға жөнелді. Ол Қадестің:
— Отыр, қатын шәй қайнатып жатыр,— деген сөзіне де жауап қатқан жоқ.
2
Жол старшина тауға, Шұғыл қажының аулына қарай шапты. Бұған Құбайраның сөзі қамшы болған жоқ, «қос құлағын қайырып байлаған старшин» деген сөзді де ол бүгін ғана естіген емес. Оның ойы басқа әлдеқайда тереңірек— уыстан шығып бара жатқан елдің тізгінін қытыңқырап ұстау...
...Мешіт түбіндегі ел Жолды елемейді. Онда қос хазірет көп мағзұмдар бар. Басты адамдар істер ісін солармен кеңеседі, орта қатарлы шаруа жағы, әсіресе жастар Бәйес саудагердің төңірегінде. Жыр да, газет те, қисса да, түрлі жаңалық та — бәрі де Бәйестің дүкенінің айналасында. Соңғы кезде жұрттың бәрінің әңгімесі школа ашу, баласын орысша оқыту болып кетті. Текеден келген анау әлгі Әбекең дей ме, Әйтей дей ме «мектеп ашып, бала оқытыңдар, газет оқыңдар, өз қотырларыңды өздерің қасыңдар» — деп құтыртты елді. Онымен қоймай ол мына жерде «бәлшыбек сход» ашып болысқа, уязға қарсы үгіттеді.
Қален учитель тұрғанымен өрт. «Зорлық та жоқ, зомбылық та жоқ, берсең өз еркің, бермесең өз еркің. Хүррият»,— дейді. «Тоқтай тұр, — деді Жол ойын жинақтап, Шұғылдың аулына жақындағанда. — Мұның бәрін де Шүкең өзі ауыздықтап береді. Анау күні мешітте школа туралы сөз болғанда Жүніске ол— «бәлшабайдың өзісің» — деп абройын айрандай төкті жақсылардың алдында. Енді оның аулында «бәлшыбек схот» болды десем... тоқтай тұр... Жүнісін де, Қаленін де, Әйтейін де жүзіктің көзінен өткізіп берер... Әй, өзі де бір тілің күйгір, шал-ау. «Қос құлағын қайырып байлаған старшин... түпу, үйің күйгір Шұғыл, жасқа да, үлкенге де масқара қылып...»
Жұрттың бәріне мін тағып отыратын Шұғыл Жолды «қос құлағын қайырып байлаған старшин» деп ататты жұртқа. Баласының жақсы көретін тазысын екі құлағын қайырып, желкесінен қысып ұстап отырып, «Жолдың кімге ұқсайтынын білесіңдер ме, білмесеңдер мен айтайын: мына құлағын қайырып байлаған тазыға ұқсайды; тұмсығы сүйірленіп, екі көзі жымсиып, иіні сопайып, қаншырдай қатып қалған, тазыдан ауған жоқ» — деген. Содан бері Жолдың атын атамай-ақ жұрт сыпайыгершілікке «тазы» деген сөзді алып тастап, «қос құлағын қайырып байлаған старшина» десе, қажы да, жұрт та түсіне қалып, жымия күліседі. Амал жоқ, Шұғылға не айтарсың, не істерсің. Жолға ат қойған да, старшинаның знагін алып берген де сол Шұғыл. Бастағы ауылмен ерегескенде «Осыны-ақ сайлай салыңдар. Киіз қап арқалап жүруге жараса болды. Старшина деп онан ақыл сұрап, билік тыңдаймын дейсіңдер ме?!» — деген Шұғыл.
Кеше «Беретін жігіттеріңді тез жеткіз. Түндікке жүз сомнан түскен салғыртты қалайда жинап бітір!» — деген болыстың жер тепкілеп тұрып ауызша берген кәрлі бұйрығын «құп тақсырлап» ала жөнелген старшина ортадағы ауылға бір соғып, ондағы болған оқиғаны әбден түсінгеннен кейін тауға қарай шапқан-ды. «Бұл мен жоқ жерде болған кесапат мәжіліс — іздегенге сұраған, көктен тілегенім жерден табылған. Мұны мен болысқа да жеткізейін, «Міне жігіт бергізбей, салғырт жинатпай отырған ағуашылар» дейін. Құдыретін осыларға көрсетсін егер болыс мықты болса, маған ақырғанда көзі бұқаның көзіндей қызарады, ал енді бәлшыбектерге не істер екен бәлем»— деп ол болысқа да кіжініп қойды.
Бірақ дүлей қажы оның салын суға кетірді.
Старшинаның берген сәлемін алмастан, Шұғыл кішкене шұңғыл көздерін жыланша қадап:
— Не жаңалық бар?— деді.
Жол қысқаша ғана болыста болғанын, оның берген әмірін, ортадағы ауылда болғанын, жиылыстың жайын баян етіп, қажының қадала қарағанына мәз болып, маңызды іске маңғазданғандай тамсанып қойды.
— Қажы бұған не істе дейсіз?— деп сұрады ол қажының бетіне тура қарап.
Шұғыл қажының кішкене көздерінен от ұшқындап тұрғандай көрінді; жүзі қарауытып, түсін адам айырарлық емес — көгілдір тартып кетіпті де, оң жақ бетіндегі бір тамыры жыбырлай қалыпты.
— Не істеу керек дейсің бе?— деді ол жұлып алғандай, жүкке сүйеулі тұрған таяғына қармана қолын созып, даусы әлдеқайда тұншығып, күңгірттеніп шықты.
Жол ұзын мойнын соза түскен қалпында, бетінде сәл мәз болған шырайы жоғалмаған күйінде қалды.Ол қажының не пиғылмен таяққа ұмтылғанына анықтап көзі жетпеді, бірақ оның түсінің бұзылып, дауысының өзгеріп кеткенінен мықтап шошынды, қажының аузына түскен сөздерді былш еткізіп бетке соғып қалатынын, «жынданғанда» қолға түскен нәрсені жіберіп қалатынын да ол жақсы білетін. Алайда, тұра жөнелуге де, кері шегінуге де мүмкін емес, бұл жерге кіргенмен бірдей; қажының үлкен баласы Нұрышпен жанаса ағайыны ұзын Уәли отыр, қазан жақта кемпір қымыз құйып жатыр, көзінің астымен қарап өтіп, келіні кіріп-шығып жүр. Мұның бәрі де қаһарлы шалдың сырын жақсы білетін, не істерін күні бұрын топшылайтын, ыңғайымен жүріп, ыңғайымен тұратын жандар— бұлар не дер?!
— Не істеу керек дейсің бе? — деп ол қайта айтты да, екі көзін Жолдан алмастан әрегірек тұрған таяқ ілікпеген оң қолын жоғары көтеріп,— сирағыңнан анаған асып қою керек,— деп шаңырақты көрсетті.
— Мен...— деп мән-жайды түсіндіру ниетімен старшина сөзін бастай беріп еді...
— Сен! — деп бөліп жіберді оның сөзін Шұғыл: — Сен! Жақсы білемін, бәрін істеп жүрген сен! Сен өзің балшыбексің! Мәжіліс аштырып жүрген де сенсің. Білмеген болып көлгірсіп отырсың...
— Қажы, құдай бар, құран бар...
— Құдайдың садағасы кет! Сені құдай қайтсін? Сен сияқты бұзықтың құдайға да керегі жоқ.
— Қатын-баламның игілігін көрмейін...
— Шаңыраққа сені мен аспаймын, саған қолымды былғамаймын. Қол-аяғыңды байлатамын да, Жымпитыға жаяу айдатып жіберемін. Қайда асатынын, қалай асатынын ондағылар жақсы біледі, — деді Шұғыл, дауысының үнін бұрынғыдан көрі ашығырақ шығарып. Оның қарақошқыл тартқан түсі де бірден бозара түсті.— Ана Текеге барғанда көрген шығарсың бәлшыбектерді қалай асқанын, көрмесең де естіген шығарсың.
— Көке, сіз Жөкеңді нахақ күйдіресіз. Бұл Бәйес сияқты ала аяқ емес, газет тасып, жасырып жұртқа тарататын,— деп еді қажының баласы, қажы оған да жекіріп тастады.
— Менен артық нахақ пен нахақ еместің арасын айырғандай сен қайдан шыққан данышпансың? Бәйес ала аяқ болса бұл да ала аяқ, екеуі де бір қаптан, бір саптан, бел немере. Алдыңғы дөңгелек қайдан жүрсе, артқы да сол жермен жүреді. Мен саған ақ пен қараны айырып бер дегенім жоқ, жөнел, көзіме көрінбей!—деді ол баласына.
Әкесінің бір қадалса дегенін істемей қоймайтынын жақсы білетін Нұрыш орнынан тұрды да:
— Ерегессе бұл жар сүзеді,— деп күбірлеп, үйден шығып кетті.
Бұрын да алдына адам шығып көрмеген Шұғыл қажының былтырдан бері мерейі өзгеше үстем. Ехлас былтыр уездік крестьян начальнигінің денсаулық ісін басқаратын помощнигі болып тағайындалды да, биыл көктемде онан да зор хәкім болды. Шұғыл баласының расхотына жұмсау үшін бір қора қойды Жымпиты түбінде бақтырып жатыр, саууға сол жерге жиырма-отыз құлынды бие де жіберген. Жақында Ехластың отауын келінімен бірге көшіртіп апарып тіктіртіп қайтқан, ардақты қажы бұл барғанда екі Досмұқамбетовтің екеуімен де қол алып амандасып, ханның ақылгөйі «аруақты» Қуанай хазіреттің алдына жүгініп, тағзым еткен болатын. Осы жолы Шұғыл қажыдан Қуанай хазірет тәржеке әулиенің баласы Хәмидолла хазіретке арнаулы сәлем айтып жіберді де, «хан дәрежелі Жәһанша мырзаның мерейі үстем болу үшін» мешітте арнаулы екі ракағат намаз оқылған еді.
Осылардан кейін «мықты» Шұғылдың шоқтығы қол жетпес дәрежеге жетті. Қатардағы қажылар мен молдалар, сопылар мен қарилар алдында ол дін мен өкіметтің арасындағы елдің бір белді сүйеніші, бетке ұстар адамы хазіреттерден де құдіретті жан болып шықты. Елдегі екі ишанның екеуі де Шұғылдың алдында құрдай жорғалай бастады.
Осындай ерекше бақ қонып, абыройы тасып, атағы аспандап тұрған, шалқыған дәулетті Шұғыл, жарып айтар билік қабілеті жоқ, дәулеті шағын, сүйенер тірегі кем старшинаны тулақтай сілкіді, оның ісінің дұрысы да бұрыс, бұрысы да бұрыс болып шықты; оның қажыға айтайын деген жаңалығы өзіне сор болуға бет алды. Ол әлденеше рет оқталып, міңгірлеп қажыға өзінің кінәлі емес екендігін дәлелдемекші болып еді, бірақ елірген Шұғыл оған сөз сөйлеуге мұрса бермей, жер-жебіріне жетіп сөгіп, аяғында үйден қуып шығуға дейін барды. Үйден шығып бара жатып Жол:
— Ақты-қараны айыратын күн болар, құдай бір, әділдікке соның алдына жүгінерміз,— деп құдаймен қорқытпақшы болып еді, Шұғыл ашумен оған:
— Бар, бар, шағын мықты құдайыңа!..— деді.
— Астағпыралла, қажы, тоба де. Басқаға тіл тигізсең де құдайға тіл тигізбе. Құдайдың құдіретіне шәк келтірме,— деп Айтөліш кемпірі қымызды қоя салып, ерін қорқыта жалбарынды.
— Кемпір, тыныш отыр, жоққа кіріспей...
— Астағпыралла де, қажы, алғаязы беллә де, тоба қыл, өміріңде құдайға тілің тиген жоқ еді, жауырынға тісің тиген жоқ еді, не болған саған. Құдайды ауызға алмай-ақ, басқа сөз жетпей ме?!— деп Айтөліш жарыса сөйлеп, құдайдан кешірім сұра деп жалынды.
— Болды, жетті, қарыстыр енді жағыңды...— деген қажының әуліккен сөздерін үйден шығып кеткен старшина анық естіп тұрды.
Ол отауының жанында тұрған Нұрышпен тілдескісі келіп, соған қарай бұрылып еді, үлкен үйден Уәли шыға келді де Нұрышқа:
— Сені қажы шақырып жатыр,— деді.
— Бақыны шақыр, ат жексін,— деп үйге кірген баласына бұйрық етті де, қажы шапшаңдап маңдаладан тіккен бешпет-шалбарын кие бастады.
— Көке, алысқа бармасаңыз құла атты жектірейін, әлде саяқты айдаттырып алып, теңбіл көк пен көк бестіні жектірейін бе?— деп сұрады Нұрыш, қай атты жегуді сылтау етіп, әкесінің қайда баратынын біліп алу ниетімен.
— Құла атты жектір. Мешітке барамын. Ана әулие сымақ сопақтар қалғып-мүлгіп отыр. Иблистер ел аздырып жүр. Ол ишандарды бүйірінен түртпесе көздерін ашпас,— деді әлі кәрінен қайтпаған қажы, үзіп-үзіп сөйлеп.
— Қажы-ау, не болған, біресе құдайға, біресе ишандарға тиісіп. Астағпыралла, тоба де. Ой, жасаған-ай, қартайғанда осындай қатаң мінезден тәңірім айырмай қойды сені,— деді Айтөліш киініп жатқан шалдың алдына қарай өзінің сары аяғына құйып қымыз қойып жатып. Ол:—Мә, қайным,— деп кішірек тостағанмен Уәлиге де ұсынып еді, тізерлей ұмтылып, ұзын қолымен Уәли тостағанды ұстай алды да, күтпестен, шайқамастан қымызды бір-ақ жұта салып, аяқты ізінше кемпірдің алдына қайта қойды.
— Ой, тоба...— деп оған мойнын бұра берген Айтөлішке Уәли:
— Тәтті екен,— деді тамсанып.
Әкесін арбаға мінгізіп, делбе ұстаған Бақыға күнде айтатын ақылын тағы да үйретіп, аттандырып салды да Нұрыш: «Бөрі ашуын тырнадан алады деп, көкем енді хазіреттерге тиісуге кетті. Дәуде болса үшеуі бірігіп алдымен Жүністі, Қален учительді сыбайды ғой...»— деп ойлады.
3
Қажыдан сүйектен өтетін сөздердің бәрін естіп, болған оқиғаларды тағы да қайтадан талдап, оған бұрынғыдан да өзгеше мән беріп, түнімен ойлап Жол старшина ертеңіне болысқа шапты. Ол Жүніс пен Қален учительді елдің көпшілігі қолдайтынын, олардың соңына сөзсіз еретінін, бұл көпшілікке топырақ шашып болмайтынын жақсы түсінді. Бірақ «алдын ала бір амал жасамасам, мені Шұғыл Сібір кетіреді, мыналардың болысқа, уездегі өкіметке қарсы ағуа таратып жатқаны рас па, рас. Ендеше сазайын тартсын»— деп қорытты да, Жүніс пен Қаленнің үстінен болысқа арыз түсірді.
Көпірлі Ащаты болысының, выборный управителіне!
7-ауыл старшинасынан.
Үшбу ғарза арқылы сізге еғлан етемін: осы жылы заузаның 27 жаңасында, 7-ауыл азамат шаруаларының Оброчный есімді жайлауы үстінде құпия схот ашылған. Схотты басқарушы сол аталған ауылда учительдік қызметінен шығарылған, үкіметке сенімсіз Қален Көптілеуұлы деген адам мен тағы сол ауылдың гражданы Жүніс қажы деген басқарған; схотта жаңа үкімет орнайды, осы күнгі управительдер, уездегі лауазым иесі ұлықтарды заңға хилап сайланған, патшашылдар деген. Текеден келген бір қара таяқ зиялы адам сөз сөйлеп үгіт айтқан. Есімі Әбдірахман, фамилиясы Әйтейұлы. Сізге мағлұм болсын: мен айтылған 27-зауза күні сіздің хұзұріңізде болғаным хақиқат, сол себепті ағуашыларға тыйым салуға, схот шақыртпауға менің тарапымнан мүмкін болмады...
Еғлан етуші 7-ауыл қырғыздар старшинасы Жол Нұрманұлы мөр басып, қол қойдым.
29 заузада, үшбу 1918 жылда
Управитель Бекебасов «ғарзаны» алып оқып, басын шайқап отырды да:
— Сенің аулың діннен безген ауыл. Ана жылы да бұзықтың шығарып, патша ағзам хазіретлерінің жігіт жинап беру жөніндегі жарлығына қарсы тұрды. Енді мына сияқты істер...— деді ол, арызға қайта көз жіберіп.— Бірінші кезекте неше жігіт беретін едіңдер сендер?
— Төрт жігіт,— деді Жол ілесе жауап беріп.
— Сол төрт жігітті ертең осындағы пунктке жеткіз. Қасыңа ана Жымпитыдан келген екі милицияны қосып беремін. Ертеңнен қалмасын. Қарсылық жасаған адамды акты жасап, осында айдап жібер. Қазір заң қатты.
Салғырт тегіс жиналсын. Әкелген ақшаларыңды казначейге тапсыр,— деді болыс.
Бұл жолы болыстың кәрі бәсең көрінді. Ол тіпті старшинаға жақындап келіп, иығынан қағып, оның төсіндегі знакқа қарап:
— Мына знак көп адамның қолына түсе бермейтін знак. Мұның қадырын білу керек. Күзге қарай сайлау болса... жақсы, бар,— деді ол сөзін тауыспай.
— «Қолдан келгенін аямаспын деген ғой,— деп күмілжіді де, Жол кеңседен шығып кетті.
Ол елге күшейіп, бел алып қайтты.
4
Біріне-бірі қарайлап отырған ел Жүніс қажынікі көшкеннен кейін тұтас қозғалып, арғы беттегі жайлауға әлдеқашан қонып алған-ды. Тоғайы шабын, қыры егісті, қыс қыстайтын бетте үш-ақ үй қалған. Бұл үйлердің көшпей жұртта қалғаны ешкімнің ойына түскен емес, өйткені қорықты жапырарлық малы жоқ, кезге түсерлік сиқы аз. Мосының үш бұтындай үш таған жапырайған-жапырайған үш шым үй. Ертеңді-кеш ауаның тұнық, мөп-мөлдір кезінде құлаған тұрбаларынан шыжымдап шыққан әлсіз түтіндері кейде көзге шалынады, сол кездерде ғана бұл үйлер жұрттың есіне түседі. Болмаса кейбіреулер:
— Арғы бетте бір баран жылқы көрінеді, бейсеуіт жүрген ол кімнің саяғы?— деп сұраса:
— Әлгі Қайқаңның қара биесі шығар, басқа мал қайдан келеді,— деседі.
Сол, әлдеқалай ауызға алынатын үш үйдің бірі Қайыпқожаның үйі. Мал дегенде Қайыпқожада жалғыз қара бие; қара бие оның үлкен баласы Кәрімғалимен жасты, биыл жиырма екіде. Қазір қара бие де қарт, Қайыпқожаның өзі де ел ағасы. Жасы елуге иек артқанша Қайыпқожа қара биемен қайда бармады? Қандай жерді баспады, қай жердің тұз-дәмін татпады? Байдақтыдан тараған алты арыс. Қара мен сегіз арыс Әйтімбетті аралады. Шідертіден ат шалдырып, Өлеңтінің саласын кезді; Тайсойған Қарабау барып, Жемнің бойына да өрледі. Ендеп жатқан етекті елге өнерін жайды. Қайыпқожа сыбызғышыны білмейтін Жайық алқабында жан аз...
Қазір қара бие сыртта, есік алдындағы жасаңда, қылы азайған тазғыр құйрығымен тебінгі түрпілеп қызыл шақасын шығарған, қос бүйірін кезек-кезек соғып тұр. Құжынаған қара шыбын бүйірден көшіп, сорасы аққан реңсіз көздерге үймелейді; бие жақ жүні қырылған етсіз басын самарқау шұлғиды.
Жылдар бойы жіңішкелеп кіріп, ұрлап меңдеткен демікпесі аралас көкірек ауру Қайыпқожаны да төсекке салды. Дауыл жығып, кеуектеніп, өзегінен мүжілген теректей, сұңғақ дененің қазір сиқы қашқан, екі иініне екі кісі отырғандай жалпақ жауырын мен еңселігі екі елі ер кеуде еттен ада; қара сұр, ат жақты бетте рең жоқ; аумағы ортайып әлі де тоғы сөнбеген көздердің қоңырқай қарашықтары әріден қарайды; екі ұрт ішке қусырылып, шалғысы күнге күйіп бозғыл тартқан, бірақ кәрілік қырауы шалмаған мұрт селтиіп тұр. Екі күннен бері ауру «самал жұтамын» деп іші дымқыл, әрі тар, жер исі шыққан шым үйден алдыңғы сенекке көшкен еді. Қазір жә бөстек, жә ескі күпінің бір өңірі екені белгісіз жабағысы ұйысқан сілімтір үстінде жатыр. Ол жамау көйлекті жадау кемпірінен көзін алмай біраз уақыт қарап жатты да:
— Жұбай, маған сыбызғымды әкеліп берші,— деді.
Шала ұйыған айранның ірмегін араластырып, әйел еріне шалап істеп жатыр еді. Ол аң-таң болып, ет пен тері ғана қалып құр сүлдесі жатқан сыбызғышының өзгеше нұрланған көздеріне көзін сәл кідіртті де, үрейленіп:
— Саған не болған, батыр, қазір сенің сыбызғы тартуға әлің келе ме?— деді.
— Тартқым келіп жатыр, көңілімді сондай бір күй кернеп барады. Ана қарашы, көрмейсің бе жаздың жайнап тұрғанын, дүниенің қызық екенін, жан-жәндіктің бәрінің күбірлеп сөйлеп тұрғанын,— деп ол кілеттің жабынды қамыспен қосылар жеріне тақай жапсырып салған ұяға төніп келіп, қайта шығып, қайтадан ұшып келіп жанай етіп жүрген қарлығашты көрсетті. Әйелі қарлығаштың оңды-солды ұшқанына көз жіберді де:
— Қарлығашты қайт дейсің? — деп ерінің ниетін ұға алмай қалды.
Ол «алжасып жатырма» деп үрейленіп, еріне тесіле қарай берді, оның жүзінің таңертеңгі кезбен салыстырғанда анағұрлым нұрлы екенін байқады және көз жанарының жайнай түскенінен сескеніп «бой жасап жатыр ма?!»— деген ауыр ойға тірелді; көзінен ырши жас шығып кетті.
— Әйел, саған не болған. Мен шаттанып тіршілікке көңілім тасқындап жатқанда қуанудың орнына сен көзіңе жас аласың. Әкел, сыбызғымды, күй тартамын... Қарлығаш күйі... Барша ғалам сөйлеп тұр...
— Шаршап қаласың, қой. Тәуірірек болғансын тартарсың сыбызғыңды. Алдымен басыңды көтеріп отыруға келсейші.
— Басымды көтеріп отыра аламын. Бағана сен жоқта отырғанмын,— деп ауру қос қолдап, шынтағымен жер тіреп, басын көтерді.
— Жат, деймін, жат. Батыр-ау, саған не болған?! Кешеден бері тамыр дәріңді де ішпей қойдың. Кәрімғали тезірек қымыз әкеле қойса жарар еді, ең болмаса қымызға қосып ішер едің. Жайлаудағы ауыл да бір көш жерде. Уыз қымыз қандай шипа болар еді,— деді әйел аурудың асты-үстіне түсіп.
Бірақ ауру ниетінен қайтпады; әйеліне үйдегі сыбызғысын алдырып, сүрттіріп, тостағанымен су сұрады, сыбызғымен түтіктеп ұрттап, жерге бүркіп, қайтадан ұрттап, қайта бүркіп оның ішін шәйді.
— Кәрімғалиді қымызға қашан жібердің?— деп сұрады ол.
Сөйтті де сыбызғысын алдына қойып, ойын жинақтағандай, төбеге бір қарап, есіктен көрінген көкжиекке көздерін шүйді.
— Кәртай әлгі әзірде кетті, сен көзіңді іліп, ұйықтап кеткен кезде. Биенің бір сауымындай уақыт өтті.
— Ім-м... Балымның қымызы ашымаған шығар.
— Шешейдің үйінің қымызы ашымаса, учительдікінен сұра дедім. Олар бие байлағанына бір жұмадан асқан. Қажы қайнағанікі де, учительдікі де күнде келіп қымыз алып тұрыңдар деген.
— Өзің барсаң етті. Кәрімғали үлкен жігіт... Ондай күнімізде сұрап алу түгіл, берген қымызды да ұялып зорға ішетінбіз... Ар ғой еңгезердей жігіттің қымыз сұрап жүруі.
— Не ұяты бар оның, емге, ауруға сұрағанның айыбы бар ма? Өзім де барып әкеліп тұрамын ғой, бүгін үйде жұмысым болғансын Кәртайды жібердім,— деді Жұбай, баласына қымыз сұрата жібергенін ақтай сөйлеп.
Сәлден кейін әйелдің көңілі бірден орнына түсе бастады. Оның үрейлі ойы сейіліп, «тәуір болып кетер» деген үміт өзге ауыр болжалдарға жол бермеді. «Қымыз ішсе аяғынан тік тұрып, тез сауығар еді, жаздан қалмай көтеріліп жұрт қатарына қосылар еді»— дегенді арман етті. Бірақ әйел асыға күткен баласының қымызсыз қайтқанын, оның үлкен бір бақытсыздыққа ұшырап кешікпей келмес сапарға кететінін сезген жоқ-ты.
«...Нар иген», «Ақсаң киік», «Бала қаз», «Соқыр қыз» деген күйлер кез келген адам түсіне бермейтін ғажап оқиғалы сырлы күйлер. Оны жалғыз күйші-сыбызғышы біледі, «жалғыз қамыспен» ол сол сырлы күйлерді құлаққа жеткізеді, мың құбылған үнмен айтып береді, таңдаған жамағаттың жүрегін балқытады, өн-бойын билеп алып кетеді. Талай топта, талай жиында, талай үлкен адамдардың алдында «Нар иген» мен «Ақсақ киік» тартылып асқан өнер көрсетілді. Сынақты қиын кезеңдерден мінсіз есіп өтіп жүлде алынды... Қайыпқожа, сыбызғышы деген ат ел-елге кетті. Сырттан атын естіп даңқына ғана еліткен кейбір жандар сұлу үнді ұқпаса да бастарын шұлғыды. Бірақ көп жұрт зарлы, қасіретті күйді елжіреп тыңдады. Қуанышты, шатты, жан толқытқан әсерлі үнге серпіле ұйыды. Жастар қоршалап «Бала қаз» бен «Соқыр қызды» тыңдады; күн-түні сыбызғышы жүрген жер жиын да думан... құрмет... сый. Бәрі өткінші... Жиын тарады... той өтті... думан басылды... «Па, шіркін!», «Әй, бәрекелде!», «Өнерпаз болсаң осындай бол!» — деген тағы да толып жатқан ардақтау сөздер жұма өтпей, ай өтпей жоқ болды; анау қыраттан әрі көкжиек пен екі арадағы сумаңдап сырғып, суша құйылып жатқан сағымша ыдырады... өмір де сонда... Осы сияқты үздік-үздік келген ойлар, өткендегі көріністердің бұлдыр бейнелері сыбызғышының бірер минут ішінде алысқа — көкжиекке қадаған көздеріне елестегендей болды да, Қайыпқожа тізесіне қойған сыбызғысын алып, ақырын ғана тарта бастады.
Сыбызғының күжілдей бастап, сыңғырап көтерілген өткір үні ауаны жарып, аспанға шығып кетті; әйел еріне жалт қарады да, шошыңқырап, ілгері есікке қарай аттады. Ерінің жіңішкерген әлсіз мойнының екі күре тамыры білеудей болып көгеріп бүлк-бүлк етіп тұр; жайнаған көздер отын ішіне жасырып, сәл жұмыла түскенде, әлде есіктің опырайған төменгі босағасына, әлде сенектің шыңылтырланып қалған жер еденіне қарағандай жоғары мұртты ерін сыбызғының сарғыштанған күрек тістерге түрелген жуан басын бүркеп алыпты; еттен арылып, құр сүйегі мен терісі ғана қалған қолдарының он саусақтары сыбызғының төменгі тар аузын сондай ептейлі және көзге ілікпестей шапшаң басып, күй қайырып жатыр. Шеке тамырлары да жарылып кетерліктей тырсиып самай терісін керіп тұр. Жігерлі қимыл, ынталы пішін тілмен оралып саусақтармен пернеленіп сыбызғыдан толғанып шыққан ішкі сарайдың ғажайып үні сыбызғышыны ауру дегізер емес.
Жұбай жалма-жан табалдырыққа отыра кетті; ерінің жан-тәнімен үн дүниесіне көшіп кеткенін, қазір оны тоқтатудың мағынасыз екенін ол әбден сезді, не себепті екенін айырып, ашып білмесе де бірнеше секунттан кейін әйелдің өзі де күйді ұйып тыңдады; тұла бойы балқып, тәтті еліту пайда болды. Құстар да шықылығын қойып, мүлгіп қалған сияқты. Ешбір дыбыс жоқ, бейне бәрі де сыбызғының үніне қалғып тұрғандай. Сабырсыз жүйткіген қарлығаш та ұясының жиегіне қонып алып, басын шұлғып отыр...
Күй үні әлемді басып, жер бетіне тегіс жайылып кеткен тәрізді. Жел тымып, шөп сыбдырламай қалған. Жанды-жансыз әлемнің бәрі мүлгіп, рахат дүниесіне мәз боп тұрғандай...
— Тоқташы, аттың дүбірі шығады,— деді әйелі, сырт жаққа құлағын түріп.
Бірақ сыбызғышы оны елең етпеді; оның көздері жұмылуға жақын, бар денесі ұйып, ешнәрсені сезбейтін қалыпта балқып, мүлде қалғып отырған қалыпта еді.
Әйел жалма-жан орнынан тұрып сыртқа шықты.
5
— Уә, бейбіше, Қайқаң үйде ме? Сыбызғы тартып жатқан өзі ме? Аурып жатыр деп, мынау өтірік айтқан екен ғой,— деп Жол старшина жімсиген көздерін Кәрімғалиға аларта тікті.— Жалған сөйлемесеңдер іштерің жарылады ғой сендердің. Бәйбіше, Қайқаң шығып кетсін, шұғыл жұмыс бар сөйлесетін.
— Би қайным, түсіп үйге кіріп сөйлеспесеңдер, ол ауру, хал үстінде.
Әйел үрейленіп, ат үстінде шіреніп тұрған, мылтық асынған солдат киімді екі адамға жалт-жұлт қарады.
— Жұбай, сен не деп тұрсың? Хал үстінде... хал үстінде жатқан адам сыбызғы тарта ала ма? Күй тартқан сыбызғының дауысын біз бір шақырым жерден есітіп келеміз. Сен әрі-беріден соң «сыбызғы тартқан адам жоқ»— деп таласарсың. Өтірікші бала екен десем, мұның шешесінің де көз жұмбайы бар екен ғой.
— Қайым-ау, құран ұрсын, құдай ұрсын өтірік айтсам. Өмірде өтірік сөйлеп көргенім жоқ, міне жасым елу беске келді. Кіріп көр, құр сүлдесі жатыр. Жаңа сыбызғы тартамын деп болмағансын көңілін қимай, сүйемелдеп отырғызып қойғанмын. Сыртқа шығу қайда, орнынан тұра алмай қалғанына екі жұмадан асты. Түсіңдер, қайным, тек, әйтеуір шаршатып көп сөйлеспессіз. Өзінің де қазір дымы құрып қалды, сыбызғысы бар болғырды тартамын деп. Жасынан үйренген әдетін тастауға қимай, әуре болып жатқаны, хал үстінде жатса да.
— Дабай, түселік, старшина. Есіттің бе қалай тартып жатқанын. Кемпірлердің әдеті емес пе, өлейін деп жатыр, көмейін деп жатырмыз дейтін. Өлсе ана молаға апарып көмеміз, кемпір, — деп ат үстінен тұрып пысық келген мылтықты сары қамшының сабымен моланы көрсетті. — Сыбызғысын басына апарып қоярсың.
— Тоба!— деді кемпір жүрегін басып.
— Жарайды, түсейік.— Жол алдымен түсіп, атының тізгінін сорайып шығып тұрған сенек кілетінің басына іле салып, пысық сарының тізгініне жармасты. Пысық сары аттан қарғып түсіп, елпеңдеген старшинаға шылбырын ұстата салды да, өзі аяғын маңғаздана басып үйге қарай аяңдады. Екінші солдат та аттан түсіп, тізгінін Кәрімғалиға ұстатты, ол да үйге беттеді.
Осы кезде шарықтап шығып, шалқып оралып, нәзік сыңғырлаған сыбызғы үні бірте-бірте талып естіліп, баяулап барып, үзіліп қалды.
— Кәртай-ау, қымыз қайда? Сен неге қайтып келдің? Әкеңнің халін көрмейсің бе, арманы қымыз. «Бір жұма ішсем, жазылар едім» — дейді. Мыналарың кім?— деп сұрады Жұбай баласының бетіне бір жағынан үрейлене, бір жағынан нали қарап.
— Қымыз қайда, біреу қайда, — деді жуан, көтеріңкі дауыспен Кәрімғали.— Қымызға жіберуші ме еді, жан-жағамнан алып, «жүр, жүр»— деп кері қайтарғаны старшинның,— деп қойды ол, әр жағында үлкен бір сыр барын байқатқандай.
— Неменеге сенің жан-жағаңнан алады, әлде салғырт салып па?
— Салғырт... салғырт салатын біз сонша бір малы көп адам ба екенбіз?! Салғыртты малы көп кісілерге салады. Әй, мама-ай, түсінбейсің-ау әңгімеге. Салғырт емес, онан да зоры... мені сарбаздыққа жазыпты. Ана үйге кіріп кеткен әкімдердей мылтық асынып, ат үстінде жүріп ел аралауға...
— Не дейді? Сені мылтық асындырып елден әкетуге ме? Ой, жасаған... ой, тоба... Не деп тұрсың сен, жолың болғыр? Сені қайтпекші?— деп кемпір зар қаға бастады.
— Елден алыстап кетеді демесең, несіне шошынасың, мама-ау?
— Ойбай-ау, не деп тұрсың өзің? Жалғыз жүріп бір жерде ауырып-сырқап қалсаң басыңды ұстайтын, сусын беретін кісі жоқ. Мылтық асынғанды қайдан шығарған, жасаған-ау? Ойбай, қой, атылып қаласың! Атама да аузыңа алма ондай сөзді. Ана ауру әкең мен өлмелі шешеңді тастап кетпекшісің бе? Қартайғанда тағы не пәлеге ұшыратасың, жасаған!— деп әйел үн сала бастады. Болғанынша ақкөңіл, әрі аңқау, алды-артын ойлап, пішіп іс істеуге тәжірибесі жоқ надан Кәрімғали старшинаның сөзді қорқытып бастап: «Халайықтың шығарған қарарын орындамасаң Сібір кетесің. Сені жұрт ұйғарды, милиция болсын деп. Көп қорқытады, терең батырады. Әкеңнің алдында бармаймын деп жалғыз ауыз сөз айтушы болма!»—деп келіп, — «Ал, айтқанға түсініп, дегенге көніп, ана өзіңмен бірге баратын жігіттерден қалмай жүретін болсаң, «жақсы жігіт, қолынан іс келетін»— деп мақтап қолыңа қағаз беремін. Сол қағазға қарап саған ұлығың жалыбина береді. Білесің бе жалыбинаның не екенін? Ақша береді, киім береді, қару береді, астыңа ат береді. Сойдауылдай болып, көк тиын таппай елде жүргенше, адам болсын деп ойладым. Түсіндің бе?»— дегеніне ол көніп қалған еді. Және ат, киім, ақша деген нәрселердің қолға оңай түспейтініне оның көзі жақсы жететін, мұнсыз елде «жігіттің» күні жоқ екенін де білетін. Оның үстіне қару асынып жүру Кәрімғалиға қызықты, екінің бірінің қолынан келе бермейтін сияқты көрінді. Ар жағының не боларын, не үшін қару асынатынын ол білмеді. Қорқыта сөйлеп, қызықтыра азғырған Жолдың сөздеріне басын шұлғып «мақұл деп салды.
Жанына екі қарулы милиция ертіп алып, старшина управительдің кеңсесінен еңсесі көтеріліп шығып еді де, қалай да болса бірінші ретке беретін төрт жігітті тез жөнелтуге бел байлаған. Әртүрлі айла, тәсіл, қулықтарды көзінен тізіп, неден бастауын ойлап-пішіп келе жатқан Жолдың көзіне бірінші құрбандығы ұшырай кеткен болатын. Ол қымыз әкелу ниетімен жайлаудағы елге кетіп бара жатқан Кәрімғалиды жолда ұстап алған, оны қалаға жөнелту үшін әке-шешесіне айтып, киім-кешегін жинаттырып, бір жола аттандырмақ болып, үйіне алып келген-ді.
— Би қайным-ау... батыр-ау, бұл қалай болғаны...— деп Жұбай көз жасы егіл-тегіл болып, ері жатқан сенекке кіргенде, қарулы екі жігіт өліктен сескенген адамдай ауруды көріп кері шегіншектеген еді.
Ақтық қуатын сарп етіп күй тартқан ауру қатты қалжырап, тіршілік сипатынан айрылып қалыпты: аруақтай арық, сүйекті дене отырған күйі оң қолымен жер тіреген, сыбызғы ұстаған сол қолына маңдайын сүйеп қарсы алдына қарап жерге үңілген; сирек-сирек және терең ышқынған демін екі иіннен алады, көздерінің ашық екені, не жұмулы екені мәлімсіз; сәлем берген Жолға үн қатпастан, басын да көтерместен, жансыз мелшиген қалыпта отыр.
— Батыр-ау, бұл не болды?.. Саған не болды?.. Әлсіреп қалдың ғой... тартпа десе де қоймадың сол қу сыбызғыны. Қисай жастыққа, дем ал,— деп кемпір жалма-жан аурудың басын сүйеп, төсекке қисайтты.— Шалап ішесің бе? Ерінің кезеріп кетіпті...
Аурудың еріндері құп-қу, кезеріп кеткен, жүзі бейне бір күнге күйіп оңып кеткен кенептің түсіндей.
— Мә, шалап жұтшы...
Ауру еріндерін зорға қозғап тамсанды да, болар-болмас етіп көздерін ашты; әйелінің басын сүйемелдеп, аузына тосқан шалабынан жұтты.
— Қозғалма, жата тұр... есіңді жи...
— Қайқа, біз бір тығыз іспен келдік,— деп старшина көзінің астымен ауруға қарап қойды, бірақ сыбызғышы сусыннан кейін сұлық жатып алды, оның есінің барын-жоғын келгендер айырып біле алмады; сонда да Жол сөзін қайталап:
— Қайқа, біз бір тығыз іспен келдік, 7-ауыл азаматтарының схотында үкіметтің сұраған он екі жігіттің біріне Кәрімғали Қайыпқожаұлын, яки сіздің үлкен балаңызды жіберуге халайық бір ауыздан пәтуаға келді, список жасап, қарар шығарды, бұл жоғары управитель кеңсесіне мағлұм етілді. Сол список бойынша алынатын жігіттерді тәртіппен жинап, тиісті жеріне бастап апарып тапсыру үшін мына халық үшін ат сабылтып жүрген ардақты азаматтар келіп тұр. Балаңызды оң сапарға буындырып-түйіндіріп, қазір жөнелтпекбіз. Батаңды беріп, лауазым иесі болуын тілей бер, Қайқа!
Қайыпқожа старшинаның бұл сөзіне де құлағын салған жоқ. Бірақ Жол «айтып, түсіндіріп міндетімді атқардым» деген адамша басын шалқайта түсіп, айналаға маңғаздана қарап алды.
— Би, қайным-ау, батыр-ау, солдат деген не бәле?.. Әкесі ауру, үйде бас көтерер кісі жоқ. Өзің білесің кіші баламыз кісі есігінде. Шұғыл қажының қойын бағады... Кәртайға тиме, тәңір тілеуіңді берсін, би қайным...
Бірақ бұл жалынышты тілек Жолдың да, қасындағы қарулы адамдардың да құлағына жеткен жоқ.
— Арғы беттегі, ана бастағы ауылдан астыңа ат алып мінгізем, оған дейін жаяулап жетерсің. Қиын, Кәрімғали,— деді старшина, мылтық асынғандардан екі көзін айырмай жаутаңдай балаша қарап тұрған ірі денелі Кәрімғалиға.
Кәрімғали енді әкесі мен Жолға кезек-кезек жалтақтады.
— Старшина, сен мына сөзіңмен бүгін екі адамның да басын қосып жолға шығара алмайсың. Басының ауған жағына кетеді мына маубас, оны енді қайтып таба алмайсың. Ана биесіне мінсін де біздің соңымыздан ерсін,— деді Маймаков милиционер.
Балағаттап, әкіреңдеп қоя беретін өзіне көптен таныс Маймаковқа Жол қарсыласпай, сөзін қолдай кетті.
— Табылған ақыл,— деді ол жалма-жан.— Мұны бағанадан бері ойласамшы. Мін биеге Кәрімғали, өзім ана бастағы ауылдан ат тауып мінгізіп биеңді әке-шешеңнің қолына табыс еттіремін. Тұрма, кәне, киін, бол, бол!
— Би қайным-ау, бұл не деген рақымсыздық, әкесі мына күйде жатқанда...— деп Жұбай сарнай жөнеліп еді, Маймаков оның сөзін бөліп:
— Әй, кемпір, сенің балаңды жау жемейді, өшір үніңді. Біз қайта айналып тағы да соғамыз. Салығын төледі ме өзі? — деп сұрады Жолдан ол.
— Салық...— деп Жол міңгірлей қалды.
— Неменеге міңгірлейсің, төлемесе ана баласы төлер, жарайды. Ертте атыңды. Әй, собалақ, мен саған айтып тұрмын.
Кәрімғали қорқып кетті. Мына сарының ежірейе қалған көздері оған: «Қазір қамшының астына аламын, аузыңды ашсаң»— дегендей болды.
— Ер жоқ...
— Жайдақ мінесің, жүр!
Кәрімғалиды алдына сала салықшылар үйден топырлай қабаттаса шықты.
Жұбай сарнап үн салды, ол ауру шалының ауыр халін да ұмытып кетті. Әйелдің сай-сүйектен өтерлік зарланған үніне селт еткендей Қайыпқожа көзін ашып жіберіп оған мағынасыз қарады да, әлденені іздегендей, көзімен сенектің қарайып шіріген, әр жері ішке қарай ойылып түсуге тұрған сиықсыз төбесін шарлады. Оның әлденеден шошынғандай үрейлі көз жанары ұя жанында сақтана қарап отырған қарлығаштарға түскен жоқ; ол өзіне баяғыдан таныс, үйреншікті, бірге өскен, көңілге шаттық нұрын құятын бұл кішкене құстардан басқа бір жат, түсініксіз нәрсеге таңырқап, соған жауап іздегендей...
— Егізде екі болма... құдай мен сияқты зарлатсын... Жол-ау, жолыңа қара тікен өссін...— деген ащы қарғыстар аурудың құлағынан алыс жер астынан шыққан әуендей.
Бұл қарғысты, қара биені еміне тебініп, артына жалтақтай қарап бара жатқан, енді қайтып шым үйді де, әкені де көрмейтін, еріксіз екі талай сапарға шыққан Кәрімғали ғана еміс-еміс есітті, бірақ Жолдың құлағына ол тиген жоқ.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
1
Солдатша киініп, қару-жарақ асынған екеуіне есі кеткендей қарап Кәрімғали келе жатты. Қайда апаратынын, не болатынын ол ойлаған жоқ. Ол тек бағанағы Жолдың: «Адам боласың, әкім боласың... Қайқа, балаңның лауазым иесі болуын тілей бер» деген сөздерін есінен шығармай, ертегі тыңдаған сәбидей ұйып: «Жұрттың қолы жетпейтін қылыш асынып, мына сияқты қынама қара киім киіп, атқа мініп, ел аралап жүрсем бәрі де менен сескеніп тұрар. Кәрімғали келе жатыр, қылышы бар Кәрімғали, кәдімгі мықты Кәрімғали. Әй, шырақ жол бер. Уа, Кәрімғали, төрге шық. Кәрімғали, не жаңалық бар? Ат жинап жүрсіңдер ме?..» дейді ғой деп ойлады. Ол қарабиенің омыртқасы шыққан қыр арқасы құйрығына темірдей батып, еміне тебіне, алдыңғы ұлықтардың өкшесін ала тепеңдеп, қыстауда қалған Байназар балаларының үйіне жеткенде әкесі Қайыпқожа жан тәслім берген.
Нұры қашқан көздері төбеде қыдырыстап талып бара жатқан ерін көріп, Жұбайдың есі шығып кеткен-ді. Ол құран оқып, иманын айтатын адам шақыруға арғы беттегі ауылға жүгіріп еді, бірақ өзеннен өтіп Тояштікіне жеткенше, ботадай боздап қайнысын алып келгенше Қайыпқожа қайтпас сапарға аттанған-ды.
Кешікпей ауылдан еркек-әйелі аралас туысқандары жиылып келіп, өлікті жерлеу жабдығына кірісті.
2
Шұғылдың бәрібір келмейтінін біліп, Жүніс оны Қайыпқожаның жаназасына шақырмады. «Мойнынан парыз түссін» деп ишандарға хабар етіп еді, бірақ екі қазірет және толып жатқан мағзумдар мен қарилардан бірде бір төбесін көрсеткен жан жоқ. Бұрыннан белгілі сыр: теңгелеп ақша үлестіріп, жыртыс жыртып, сүйегіне түскендерге киімдерін беретін дәулетті жан емес, артында сыбызғыдан өзге ныспы дүние жоқ Қайқаңа көп адам келмейтінін қажы да, басқа туысқандары да білді. Жаяулап, жалпылап басқа ауылдардан келген бірен-саран адамдармен бірге қатар қонған бес-алты ауыл болып, Қайыпқожаны ақ жуып, арулап «құтты жеріне» қондырысты.
Әдет бойынша үйден ғана шығарып салып, бір күн, бір түн еңіреп қақсаған Жұбай да мола басында жоқ; үміт еткен ұлының бір уыс топырағы да Қайыпқожаға бұйырған жоқ, дүниемен бұлдыр қоштасқан кезде алдына келген жандардың не сөйлегенін, не әрекет істеп кеткенін, Кәрімғалиды қайда жөнелткенін де ол білмей қалған; Шұғылдың көп қойшыларымен бірге өріс пен қотаннан өзге ешнәрсе көрмей, дүниенің бәрінен кенже қалған оның Қалиы да әкесінің ақтық демін естіген жоқ. Дүниеге абыр-жұбырсыз, елеусіз еніп, бірақ сансыз шерліні күрсіндіріп, санаулы саналының кеудесіне сұлу үн құйып «Соқыр қыздың зары» мен «Бала қазды» безектеткен әйгілі сыбызғышы жалғаннан солай жалаң өтті...
Бейіт басынан қайтқан жұрт өте тұнжыр. Өзара әңгімелесеп келе жатқан кейбіреулердің үздік-үздік сөздері құлаққа келеді.
— Шіркін-ай, тұтуға тұлдыры жоқ деп осыны айт; қайыршыдан да дорба қалады деуші еді, Қайқаңда о да жоқ!
— Сыбызғысы қалды сорлының.
— Қу сыбызғыдан не пайда? Ең болмаса «Нар игенді» боздататын жан болмағансын. Екі баласының екеуі де сыбызғының қай жағын ауызға салуды білмейді.
— Әкесі керемет, жаннан асқан сыбызғышы. Ал, баласының екеуі де...
— Ақыл-есі кем демекшісің бе?— деп Асан Қадеске қадала қарады.
Сөйлесіп келе жатқан ағайынды Қадес пен Ақмадия еді. Асанның сөзін бөлгеніне Ақмадия риза болмай:
— Е, Қайыпқожадай болар деп пе едің Кәрімғалиды? Жұбайға қарасайшы, бала туатын адам сондай бола ма?— деді.
Асанның ойы басқа жақта болатын. Ол өлейін деп жатқан Қайыпқожаның кеше баласын уезге айдап жіберген Жолмен бір қырқыспақшы еді. «Бұлардың әлі тек осындайларға жетеді» — деген ол ішінен. Қазір ол ойын бөліп жіберіп, көрінгенді кекете сөйлейтін мына екеуі енді Жұбайға түсті. Жұбай ажарсыз, айтатын сөзін дұрыстап жеткізе алмайтын сорлы...
— Жұбай сияқты өмір бойы жоқшылықта болса сенің қатының нақұрыс бала да туа алмас еді,— деді ол Ақмадияға түйіле қарап.
Ағайынды екеуі үндемей қалды. Өлікті орап шығарарлық алашасы да жоқ, дүниесіз тақыр еденді, соқыр терезелі жермен-жексен шым үйді, тулақ-төсек, жарғақ, жастықты, шоқпыт сілімтір шала жапқан құр терісі бар қу сүйек денені көріп, жиылған жұрттың жүрегі мұздап, арқасы шымырлап, төмен қарасқан күйі өлік қабірге кіргенше үн қатысқан жоқ-ты. Қазір сол көптің ішіндегі түйсінген қатты аяныш біріндеп жан ашыр сөзбен сыртқа шығып жатыр. Жалғыз атты сыбызғышының сіңірі шыққан сорлылығына «көрер көзге айыпты мынау» десе қабағы салбырап келе жатқан халық, кім болса да бас саларлық. Осы жайды өзі де біліп келе жатқан Ақмадия Асанның қатты сөзіне жауап қайыра алмады. Жұбайды әңгімеге кірістіру орынсыз екенін сезе қойды. Ол да ілкі сарынға көшіп:
— Оның рас, Асан, Қайңаң сорлының мұндай мүсәпір халін тірі күнінде көрмеппіз ғой,— деді.
— Сендер өлгенсін де көрмейсіңдер. Ең болмаса басына садақасын беретін тышқақ лақтарыңды да қимайсыңдар.
Ақмадия үндемеді, Қадес сол қолымен күннен көзін көлкештеп, алысырақта көрінген екі-үш аттыға қарады.
— Қайқаң намазына кешіккен адамдар ма қалай?! — деп ол аса назар салып қарамастан жүріп келе жатты. Інісімен екеуі мінгескен күйі Асан да үнсіз, жирен шолақ атты тебініп қойып Ақмадиямен қатарласа аяңдады. Тұтануға тұрған үнсіз ыза мен кінәсіз көрген зәбір өртінің ұшқыны басқа жерден шықты. Үлкен қара қоғаның сыртымен бері ойысқан үш аттылы намазға кешіккендер емес-ті. Қоқырақтап желе текректеген екеудің соңындағы түйе жүн шекпенінің етегі делбегейленіп жалп-жалп шауып зорға ілесіп келе жатқан Жол старшина еді де, алдыңғысы Маймаков пен оның қасына ерген ірі қара еді. Ауыл үстіне төніп келіп, көлденеңдеп тұра қалып алды-артын байқаған қасқырлардай, бұл қарулы салықшылар аттылы-жаяу бестен, онан өзенге қарай шұбырған адамдарды көріп тұра қалды. Алдыңғы екеуі соңындағы старшинаға бұрылып, сәл уақыт сөйлескендей болды да, көл жағасынан төмен түсіп бара жатқан Асандардың соңындағы екі адамға қарап шапты. Бұл екеу Құбайра мен Сүлеймен еді. Анау күні келіп кеткен «екі есерді» тани сала Құбайра тебініңкіреп жіберіп ілгері аса берді де, Жолды таныған көпке үйірсек Сүлеймен қайырылып, көлденеңнен шауып келе жатқандарды күтті. Маймаков та, қасындағы жолдасы да күннің ыстығына қарамастан қара шинельдерінің түймелерін салып, шлемдерінің құлағын түсіріп алыпты. Екеуді де Сүлейменге бір саржан жер қалғанша қысқа таралғыға шірене көтеріліп, солдаттарша қопаңдай шапқылап келіп, кілт тұра қалды. Өмірі бір сиырдан артық мал бітіп көрмеген, бірақ бай туысқаны Нығметтен үзбей ат мініп, салт бас сабау қамшы ел аралап жүретін Сүлейменнің астында жарау, әдемі тор бие бар еді. Ертеден ауылдан ауылға шапқылаған Маймаковтың кеше таңертең мінген мәштектеу аты бүгін едәуір салығып қалған. Ол төстіктей керілген тор биені бір шақырым жерден-ақ көрген болатын.
— Әй, қазақ, түс аттан!— деді ол келген бойы ердің үстінде шалқая түсіп.
— Ассалаумағалайкум. Жолдарыңыз болсын, жігіттер,— деді Сүлеймен келгендердің сәлем бермейтініне көзі жеткендей, кішілік көрсетіп.
Сөйтті де ол тепеңдеп жеткен жасы үлкен Жолға қарап, сәлемін қайталады.
— Сәлемің сартқа, мен сенімен сәлемдесіп құда түсейін деп тұрғаным жоқ. Түсесің бе аттан, жоқ па?— деп Маймаков ұмтыла түсті.
«Әй, қазақ» — деген оғаш сөзіне қарап қалжыңдап тұрған шығар деп, Сүлеймен ыржия күліп еді, бірақ атын тебініп ұмтыла түскен мына айран көз сарының шатынаған түрі оған қалжың күлкіні қойып, сақтана сөйлеуді керек етті.
— Замандас, құда түспегенмен сәлем алып, сәлем беру, белкүллі жөн емес пе, атамыз қазақ, рет солай ғой,— деді Сүлеймен әдепті түрде.
— Қысқарт тіліңді, ділмарсымай.
Жол жалтақ-жалтақ қарап, бұйрық та емес, сұрау да емес, екі ұшты босаң үнмен:
— Сүлеймен, мына кісілер биеңді сұрап тұр ғой. Сен Нықаңнан басқа бір ат сұрап мінсең қайтеді?— деді. Сүлеймен не істерін білмеді. Ап дегеннен аттан түсе салу да, бермеймін деп қарысу да қиын болды; ол күйбелектеп, арт жағына қарады. Алысырақта Тояш, Нұрым, Хакім, Бекейлер келе жатыр екен. Бәрінің жүзі де Сүлейменге ауған сияқтанды, алыста болса да дем беріп: «Түспе атыңнан. Қорықпа. Біз бармыз» — деп қолдарын шошайтып ымдағандай болды.
— Жүке-ау, менің өз атым емес, сұрап мініп жүрген бие. Осынша елдің ішінде ала боле көзге түскендей менің тұзым жеңіл болғаны ма? Бұл, белкүллі..
— Мә, саған бәлкүллі! Аулыңмен контр... жиылыс ашып...
Сүлейменнің көйлекшең арқасына көлденең кесе тиген қамшының ізі білеудей болып шыға келді де, екінші, үшінші, төртінші... үсті-үстіне екі жақтан кезек жауған қамшы бірінші рет жандыра дуылдатқан жерді сипап жатқандай болды.
Сүлеймен денесінің удай ашығанын да, дуылдағанын да сезген жоқ, екі қолымен басын қорғап, ат үстінде бұға берді...
Арт жақтағылардан алдымен шауып Хакім жетті. Қарсы алдындағы келіп қалған орысша киінген оқыған жігітті көре сала Маймаков честь берген тәрізді қолын басына таман бір көтеріп, атының басын кері шегіндірді; қарулы үлкен қара да айналып Маймаковтың арт жағына шықты.
— Бұл арада қазақтарды тәртіпке үйреткенше көп заман өтер,— деді Маймаков Хакімге, Сүлейменнің аттан түсе қоймағанына шағынғандай, офицер Абылаевтың аузынан тастамайтын сөзін айтып.
Бұл сөздің тап осы жерде орынды айтылған, айтылмағанына Маймаков мағына берген жоқ, ол тек бастық Абылаевтың өздері сияқты ел жігіттерінен жинаған «дружинаны» ертеңді-кеш сапқа тізіп шолақ қамшының сабымен кеудеден түртіп, «тәртіп» үйреткенде айтатын үйреншікті сөзін айтып салды, өзі тізгінін оңдаңқырап ұстап, милықтаңқырап кеткен шлемін оң қолымен жоғары көтере түсті.
— Бұл арда болсын, надан болсын, саған барып тиіскен жоқ, сен ғой бұған тиіскен. Сенің мына жазықсыз адамды айдалада қамшының астына алғаның қандай айуандық, соны білесің бе өзің?— деді Хакім тістене сөйлеп.
Оның үлкен көздерінің құйрықтары жіңішкеріп, ұзарып кетті.
Еліріп, қызып алған салғыртшы, Хакімнің түсі бұзылып кеткенін аңғарған жоқ, өзінің дұрыстығын әбден ұғындырғандай:
— Айтқанды ұқпайды. Ат керек, қаражат керек деген бұйрықты түсінбейді. Хүкімет дегеннің не екенін білмейді, ертеңді-кеш жаназа-паназа деп ат үстінде жүргені, ардалар!— деп тағы да балағаттай бастады.
Ол сөзін тауысып үлгірмеді, құлынды биеге жайдақ мініп, серейген сирақтарын жерге тиетіндей ат баурына орай жинақтап алған ұзын Нұрым, мүше алатын адамша, еңсеріле ұмтылып келіп оған бүркіттей төнді. Бұрылып үлгіргенше Нұрымның сала құлаш оң қолының салалы саусақтары Маймаковтың башлығымен қоса жағасын шеңгеліне уыстап та алды. Шағын денелі сары Нұрымның бір жұлқуына да келген жоқ, аттан бөріктей ұшып түсті де, ердің қасына тұқырта ілген винтовкасы мен мәштекторы тізгінін сүйретіп шетке шыға берді. Бұл үйме-жүйменің үстіне торы атқа мінгескен Тояш пен Бекей де жетті. Жақындап келгенде Тояшты еркін жіберейін деген адамша міңгесіп келе жатқан шырылдақ дауысты кішкене Бекей аттан қарғып кетті.
— Әнеугі мені сабаған тап осының өзі,— деді ол, қорыққаннан жерде етпеттей жорғалаған Маймаковты көрсетіп.
Бірақ оның сөзін ешкім тыңдаған жоқ, әркім өз жұмысымен болып жатты. Маймаковтың қарулы келген ірі денелі жолдасы баста аңтарылып тұрып қалды да, істің қиынға айналғанын начальнигі аттан жығылғанда ғана барып сезді. Ол ақырып дауыстап жіберіп, екпінмен бірнеше саржан жерге қашықтап шығып орағытып кері айналған жайдақ Нұрымға ұмтылды. Нұрым құр қол екен, қолын жоғары көтеріп басын қорғаған күйі биеден түсе қалды да, ірі қара жуан қамшымен иықтан асыра оны бір соғып өтті. Етпеттеп қалған жердегі Маймаковқа ешбіреуі назар салған жоқ, ендігі бәрінің жабылып қолға алатыны қарулы қара сияқтанды. Нұрымды соғып кеткеннен кейін, өмірі қамшыласып көрмеген Хакім, арқасы қызса да мына топшылы, жалмаңды жігітке қарсыласа алмады. Оның тек екі көзі «бар үміт сенде» дегендей Тояшта ғана болды. Тояштың күші де, талай бас жарылып, арқа тілініп шығатын «қамшы соғыста» бойына ешнәрсе дарытпай жайпап шығатыны да елге мәлім-ді. Ол мынау маған да ұмтылар ма екен деген кісіше, тышқан аңдыған мысықша қараның қимылын аңди қалды, дойыр ұстаған оң қолына түкіріп қойды. Оның астындағы Жүністің ірі торы аты да белін жиып, жауды жалтартпай омыраулай килігуге әзірленгендей, қос құлағын қайшылай түсіп үстіндегі салмақты Тояштың тақымының билігіне көшті. Торы ат Нұрымға қайта ұмтылған қамшылы қараға омырауымен соғып жіберетіндей, көлденеңнен килікті де жетіп келгенде төрт тағандап тұра қалды. Тояш үзенгіге шіреніп көтеріле түсті, оның қолының жоғары көтерілгенін ешкім байқаған жоқ, тек сарт еткен дойырдың дауысы ғана құлаққа шалынды. Хакім де, Бекей де, Нұрым да аттан ұшып түскен мықты қараны ғана көріп қалды...
Бұл оқиғаны басы-қасында болған төрт адам да, соңынан араласқан Асан да ешкімге әңгімелеген жоқ. Еруліге — қарулы ызалы бір шекіс Бәшекең көлінің жағасында болды да өтіп кетті. Бірақ бұл әңгіме де ертеңіне бүтін елге жайылды. Ол мүмкін оқиғаның ішінде болмаса да бәрін білген Қадестің бір ауыз сөзінен шығуы да неғайбіл.
Сол күні кешке таман атымды алып қоя ма деп ілгері асып кеткен Құбайра Қадестен:
— Жолды да сабады ма?— деп сұрады сыбырлап.
Қадес насыбайын қаттырақ иіскеп жіберді де, екі көзі жасаурап сыбырламай-ақ:
— Жоқ, Нұрым сабаймын деп ұмтылған екен, Қален ұрғызбапты. Ал, ана екеуін қару-жарақтарын тартып алып, жаяудан-жаяу «жөніңді» тап деп қоя беріпті,— деді. Ол насыбай сұраған Тояшқа: — Әй, Тоеке-ау, осы сен ат үстінде табаннан соғып ұшырып жіберетінді кімнен үйрендің? Ана, мықты қараны, апырай, бір сілтегеннен қалдырмадың-ау,— деп қойды.
Тояш оған жауап бермей қисайып жатып насыбайды иіскей берді.
3
Екі күннен кейін пішен шабуға ел тегіс кірісті де, жауынсыз көктем суымен ғана өсіп піскен шөпті қамбада көп ұстамай жұрт келесі күні-ақ шөмеле сала бастады. Бір сиыр, бір атқа жететін шөпті Асан інілерімен бірге қыстау төңірегінен де шауып, жиып алатын, бірақ биыл бұларға Күміс пен тағы бір ағайыны қосылып төрт үй болып, Бәшекең көлінің сыртында шабын үлесін алды. Үш үйден орақ ұстайтын үш еркек шықты да, оны жинауға Шолпан баратын болды. Жұмысқа да алғыр, албырт жас келініне Күмістің көңлі көншігендей, сонда да толқымалы жас адамға «көз болу» үшін екінші күні шөп жинауға оның өзі де келді.
Уыздай Шолпанның көзден таса болмағанын Күміс жақсы көреді. Соңғы күндерде келінінің көрер көзге көңілі жабық, бұрынғы көп күліп, қыздармен алысып жүретін мінездің бірі жоқ, жұмыстан қолы бос кезде туырлықтың етегін түріп қояды да, үйдің ішінде отырып керегенің көзінен сыртқа көзін қадайды, қозғалмай бір орында ұзақ отырып алады. Кейде ақырын күрсініп те қалады... «Шолпан, сенің түрің сынық, сырқаттанып жүрген жоқсың ба?» деген Күмістің бүгін сыр тарта берген сұрағына ол: «Жоқ, жеңеше, мамам марқұм түсіме еніп шықты, соны ойлап отырмын»,— деді. «Мүмкін солай да шығар... Хакім Қалендікіне келген күні түннің бір уағына дейін ұйықтаған жоқ. Сол күні және қайдағы адамның ойына келмейтін «қажы мен учительдің жақындығы қандай, қыз беріп, қыз алысатын жер ме» деп сұрағаны несі?! Жоқ, бұл әлдеқалай аузына түскен сөз емес. Сөз жоқ, тағы да көңлі бұзылып жүр» деп ойлады Күміс, Шолпанның айырлап, жиырып әкелген шалғы жолының ізін тырнауышпен сынық шөп қалдырмай жинап жүріп.
Бұл екеуі үш жігіттің бір күн шапқан шөбін тыным алмай жинап, кешке дейін бітіріп кетті, ірілі-уақты жиырма бес шөмеле салды.
ЬІстық күн екіндіге таянғанша күйдіреді. Көлдің екінші бетіндегі күні бойы шарылдаған қажының шөп машинасының дауысы да үзіліп, Бекей мен Нұрым аттарын суарды, машина басына отырған Хакіммен үшеуі өзен басына да жетіп қалды.
Соңғы шөмеленің түбін тараштап, айырмен жымқыра етектеп болып, Күміс оның көлеңкесіне отыра кетті.
— Шаршаған шығарсың, отырсайшы, Шолпан. Менің екі қарым ұйып қалған сияқты, көптен айыр ұстамаған кісіге бірден қиын екен шөп жинау,— деді ол орамалын сілкіп жіберіп, тершіген мойнына құйылған шөптің үгіндісін сүртіп тұрған Шолпанға.
Шолпан үндеген жоқ. Ет қызуымен шаршағанын білмей, күні бойы қимылдаған денесі тыныс алып, екі беті албырай, шашының бұрымын жөндеп тұр.
Жай күнде де сөзге сараң Күміс, бүгін шөптен шаршап шығып су басына жеткенше жұмған аузын ашқан жоқ. Ол қайықты қалтылдатпай шебер есетін Асанмен бірге өтті де, асықпай жуынған Шолпанды өзен жағасына тастап кетті.
Өзеннің басқа жерінен өткен Хакім Қалендікіне соға кетпекші болып, Нұрымдардан бөлініп кетті де, су жағасындағы Шолпанды көріп, соған бұрылды.
— Шолпан, тоқтай тұр,— деді ол қыр басына шыққанша әйелді қуып жетіп.
Көріп келе жатса да арт жағына аса қарайламаған Шолпан тұра қалды, Хакімнің күлімсіреген жүзіне жауап бергендей аздап езу тартты. «Маған не айтпақшы? Зағипамен екі арасындағы ғашықтықты ауыл тегіс біледі. Әлде басқа бір ойы бар ма? Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деуші еді мамам. Еріккен, қолы бос, басы бос жандар»— деп ойлады Шолпан ішінен Хакімді жек көріп.
— Ия, не жұмысыңыз бар еді?— деді Шолпан ақ сиса орамалын жөндей түсіп.— Әлде қыздарға сәлем айтып жіберейін деп пе едіңіз?
Хакім жауап таба алмай қалды. Шынында да ол не демек? Әдемі, жас келіншек, балаға атастырғаны болмаса басы да бос Шолпанның. Бірақ шын ойы Шолпанда емес қой. Тек бір бұлдыр тілектің жетелеуі...
— Шолпан, мен сенімен сөйлесуге құмармын, неге екенін білмеймін, сені көруге ынтық боламын да тұрамын. Сен менен неге қашасың?— деп ол Шолпанның қолынан ұстай алды.
Шолпан кері де шегінбеді, Хакімнің ұстап өзіне қарай тартқан қолын да босатып алмады — еркіне жіберді. Бірақ балқып иілмеді, оның жүзінде салқын пішін, қимылында салмақты бой тежеу бары айқын көрінді.
— Сөйлесуге құмар болсаңыз, мен міне алдыңызда тұрмын. Айтыңыз, сөзіңізді, тыңдайын.
— Жаспыз ғой, күліп-ойнап, көңіл көтеріп жүру керек емес пе?
— Рас, сіз жассыз. Сізге күлу де, ойнау да, көңіл көтеру де лайық нәрсе.
— О не дегенің, мен жас болсам, сен де жассың, нағыз шешек атып тұрған қызғалдақ сияқтысың,— деді Хакім.
Шолпан оның бетіне қарап тұрды да, көзін төмен Түсірді, ауыр дем алып, жүзін басқа жаққа бұрды.
— Мұнан екі жыл бұрын болса, айтқаныңыздың бәрі дұрыс болар еді. Бірақ қазір қар астынан басын қылтитқан қызғалдақты рақымсыз басқан аяқ таптап тастаған, оны еңкейіп сіз жерден көтермессіз, көтерсеңіз де ол шешек атқан гүлмен тең түспес...
Хакім оның көзіне қарай қалды да, ұстаған қолын ақырындап босатып жіберді. Шолпанның мына сөзі оған арнап айтқан кінә сияқты тиді. Әйелдің әдемі бетіне жүгірген мұңды пішін күн көзін жапқан бұлттай, жаңа ғана шарықтаған көңіл күйін көлеңкелеп жауып кеткен сияқтанды. Өз сөзі Шолпанның бақытсыз екенін біле тұра аяқ асты ету ниетімен айтылғандай көрінді.
— Мен сені бұлай деп ойлаған жоқ едім... Бұл сөз өзіңе де, өзгеге де өте қатты сөз. Дүниеден күдер үзудің керегі жоқ,— деп еді Хакім.
— Мен жас кезімде мынадай оқиғаны көрдім,— деді Шолпан,— осы күнге шейін есімнен кетпейді, әлі көз алдымда. Біздің қыстаудың қасында көл бар еді, көлдің шетіне өлең өседі де, әрегіректе құрақ шығатын. Күзге қарай көл суала бастаған кезде асты құрғап қалған өлең шыққан жерді мал әбден отын бітіріп, таптап болғаннан кейін әрідегі майда құраққа тиіседі, әсіресе бұзау-торпақ арасына кіріп кетіп, күндіз шықпай қояды. Біздікінде екі ала бұзау болатын, бірі еркек, бірі ұрғашы еді. Бір күні түстен кейін бақырған бұзаудың дауысы шықты, бақырғанда дауысы құлақтан өтерлік, үсті-үстіне бақырады. Кәдімгі үлкен сиыр сүзгенде бұзау бақырады ғой, мынау да сол сияқты, бірақ үзбей бақырады. Үйдегі адамның бәрі көлге қарай жүгірді, біреулер айқай салып, біреулер атпен шапты. Мен де жүгіріп келемін. Бір мезгіл «қасқыр, қасқыр!» деген дауыс шықты. Біз, балалар үйге қарай қаштық. Кішігірім тайыншадай көк қасқыр екен. Көлдің жиегінен шыға келді де қырға тартты. Ауыл үсті у да шу... Не керек қасқыр жайымен кетті де жұрт: «сөз жоқ, бұзауды жарып кетті» десті. Кешікпей тауып алды, біздің ұрғашы ала бұзау екен. Бұзау тірі, бірақ жалпақ омыртқасын, тұтасымен қасқыр шайнап кетіпті, жүре алмайды, үйге көтеріп сүйемелдеп жеткізді. Қасқыр бас салғанда, ол төрт тағандап батбаққа батып қалыпты да, бөрінің тісіне тек арқасы іліккен. Көтеріп алып кететін жас бұзау емес, күзгі бес-алты айлық торпақ және өзі батпаққа батқасын қасқырдың аузына шала іліккен. Сол бұзау бір айдай үйде болып, жарасын тазартып емдеп байлағансын, мал қатарына қосылды. Бірақ арқасы тыртық, белі бір жағына қисық бітті, өзі шая болып өспей қалды. Соңынан «қисық құнажын», «тыртық құнажын» атанды. Ойлап қарасам өмірдің бәрі осындай. Мен де қатарымнан кем, бақытсыз болып келемін. Бірақ бұған ешкім айыпты да болмас, тағдыр солай шығар. Тек қол үшін берер жан жоқ, жанашыр жоқ...
— Түңілме, Шолпан, мына біз бармыз қол үшін беретін,— деді Хакім.
Бірақ оның «біз» деп сөйлегені кімдер, қандай жәрдем бермекші — бұл оның өзіне де онша айқын нәрсе емес-ті. Шолпан оның бетіне тағы да сынай қарап:
— Сіздің жолыңыз сара жол ғой, тоқтаусыз жүре беретін... Учительдің қарындасы әрі оқыған, әрі тең, бірақ шариғат қосса... Шариғаттың шылбыры ғой мені Сарыға қосақтаған,— деді.
— Шариғаттың не шаруасы бар...— деп міңгірлеп қалды ол.
Оның бұл сөзі Шолпанға тірек сияқты көрінбеді.
— Мен де солай деп ойлап, учительге төрелікке жүгініп едім, бірақ ата-бабаның жолынан қыл елі аумайтын қажыны ешкім ие алмады... Жеңешем мені неге кешікті деп тыпыршып отырған шығар, сау тұрыңыз. «Шариғаттың шаруасы жоқ» екен деп Зағипаға айтайын,— деді ол жүріп бара жатып.
Шолпанның бұл сөзі Хакімге найзадай тиді; өзіне де, өзгеге де кесе көлденең тұрған үлкен кедергіні көрсетіп «Күшің жетсе соны алып таста» деген сияқтанды. «Мен адам емеспін. Мен жасықпын. Шолпанға да жауап қайтара алмадым... Ана Әбекең сияқты жарып жол салып, майданға шығу маған екі талай,— деп өзіне өзі мейрімсіз кіжінді де, Хакім: — тоқтай тұр. Күш көрсетер кезең де, сыналатын өткел де алда»,— деді.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
1
Үйректікөл, Қараоба, Көпірлі, Аңқаты болыстарының картасына сұлтан Һарон қызыл қарындашпен әр жерден крест таңбасын салып келіп еді, бүгін ол еңкейіп тұрып, Қараобаның қақ ортасынан ерегескендей, баттитып екі үлкен крест қондырды да:
— Бұл жерде я сен тұрарсың, я мен тұрармын,— деді ернін жыбырлатып.
Өзі сөйтті де бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп кетті. «Бұл бір көз байлаушы сияқты болды. Сүзбе аудың қоржынынан шығып кеткен сазандай Орал қаласының қақ ортасынан қолдан жырылып кеткенсін мынау кеп-кең сахарада оңайлықпен ілігер ме?..»
Ол тұра қалды да үстел үстінде жатқан мағлұматқа тағы да көз жіберді. «...Үшбу мағлұмат арқылы хабарлаймын: балшебектер саратан айының екі жаңасында каколдар арасында хұпия шияз ашқан. Қатынасқандар Парамонов, Колостов тағы басқа толып жатқан орыстар. Қазақтардан кәдімгі кедейшіл, хұрриятшыл Ғабдырахман Әйтиев бар. Бұл соңғы есімі аталған балшабек қазақ Жайық жағасындағы балық кәсібін істеуші кердерілердің арасында сөз сөйлеген... Сөзінің басынан аяғына шейін ханға, атаманға қарсы епрат насихат...»
«— Хұрриятшыл! Кімнің тілі өзі. Не қазақша емес, не орысша емес. «Поборник свободы, что ли?» — деді Һарон ақырын ғана.
Сұлтан тағы да аздап жүре түсті де кеп-кең бөлме тап-тар көрініп, есікті және терезелердің бәрін ашып жіберді. Терезеден көрінген дала көрінісі аса көз тартарлық емес, сұлтанның күнде көріп жүрген жері. Аяқ өткел жағасында жалаңаш балалар шалпылдата шомылып жатқан Өлеңті өзені, арапша нонның (н) суреті сияқты кішкене қаланың өзенге иіліп келген жеріндегі үлкен ноқаты гауптвахта да, оның қатарындағы оқшау үй осы төре отырған кеңсе. Һаронның Жымпиты үкіметінің шақыруымен келгеніне екі жұмадай-ақ уақыт болды, сол екі жұма уақыттың ішіндегі істелген жұмыстың бастысы «Әйтиевтің ісі». Қаншама жыл қызмет істеген Оралдағы үлкен мекемеден еншісіне тигендей, губерния картасын алып келіп еді, оның сарала бетінде қазір он жеті крест тұр: сол сынаптай жылжыған Әйтиевтің қара бұқараның басын қосып, жиылыс ашып, сөз сөйлеп, большевиктік үгіт жүргізген пункттері. «Мұнысын тыймаса, бір айдан кейін үлкен картаның қақ жартысын крест жауып тұрар» деп Һарон басын шайқады. Ол алдыңғы бөлмеде терезенің жақтауына сүйеніп тұрған Абылаевті шақырып алды да:
— Қаржауовтың ісін мен өз басым мақұлдамаймын. Ашықтан-ашық жазалау жақсы әдіс емес. Кеше ол бір жауғаштыны атып кеткен, Шідерті бойындағы Бұланның ішінде оның қамшысы тимегені жоқ. Ашық жазалауға ел өшігіп кетеді. Көрдің бе, ана Қаржауовтың жіберген адамдарын... кім еді әлгі...
— Маймаков.
— Маймаковтың сабағанына ерегесіп Аңқаты қазақтары қару-жарағын тартып алып, өзін жаяу қуып жібергенін. Бұлай етуге болмайды,— деді Һарон.
— Қаржауов өзіне-өзі сенген нағыз ақымақтың барып тұрғаны. Оның сенетін адамын да білемін, ана ұлық кісіге арқа сүйейді, екеуі де Тана ғой,— деді Абылаев, бақталас Қаржауовына тісін басып.
— Олай етпеу керек, білдірмей істеу керек, айқай-шудың қажеті жоқ, әкіреңдеп хакімдік пішінін көрсету бұрын қолына билік тимеген қара қазақтардың істейтін ісі. Біздің төрелер бұл жөнінде үлгі көрсетуге тиіс. Қарсы тараптың кесірлі адамдарын майдан қылшық суырғандай етіп, біріндеп алып, білдірмей көзін жоғалта берген жөн. Жұрт көзінде жібектей болу ең керекті қасиет, ішіңнің мұзын әдептілігің қымтап тұрсын, солай емес пе, Айтғали мырза?
— Дұрыс айтасыз, сұлтан Һарон Ахметович.
Һарон мұртын сипап қойды.
— Көпірлі Аңқаты болысы, нөмер жетінші ауылдағы Қален учитель мен студент Жүнісов ертең кешке ана үйде қонатын болсын,— деп сұлтан Һарон қолын шошайтып, терезеден түрмеге айналдырған екі қабат биік гауптвахтаны көрсетті.— Екеуі де большевик, Әйтиевтің достары...
— Алпыс шақырым жерге ертеңге дейін...
Һарон оның сөзін аяқтатпай:
— Қазір кетсең ертең ертемен сол жерде боласың да, кешке осында жетесің. Уақыт күтпейді. Арғы күні Қараобаға жүресің. Қасыңа бес-алты жігіттен артық адам алма. Шоғырланбауға тырысу керек,— деді.
Сол күні кешке қарай Абылаев қасына бес адам ертіп, Қален мен Хакімді ұстауға Жымпитыдан ауылға жүріп кетті.
Жол старшинаның ауылы да өзеннің арғы бетінде, Қалендерден алты-жеті шақырым жерде еді. Сәске түсте Абылаев оның аулының өкпе тұсына келіп, шақырып келуге Жолға кісі жіберді де, өзі жағада жар астында қалды.
Жол неше күннен бері Қалендерді ұстауға адам келетінін күтіп жүрген. «Арғы бетте қару-жарақ асынған адамдар сізді шақырып жатыр» дегенде ол сұйық сақалын сипай түсті, бұл адамдардың не іздеп жүргенін түсіне қойды.
— Қатын, сен бар. Келген әкімдерге мені үйде жоқ де. Қален мен Жүністің аулын сұраса, көрсетіп жібер. Ол тұста жақсы қайық бар, іркілмей өте беріңіз дерсің,— деді ол Бақтылыға.
Бақтылы оның бетіне бажырая қарады да, ернін шүйіре бастады. Әйелінің ерні шүйірілді-ақ бетінен ала түсетінін білген Жол, оның алдын орап, хабар берген әйелге:
— Келін, шырағым, сен жүре бер. Аржақтағыларға өзіміз хабар береміз,— деп қалды да,— сен, шырағым, мені үйде дедің бе?— деп сұрады су басынан келген келіншектен.
— Ана ауылға кетіп қалмаса, айтайын дедім. Менің дауысымды олар шала есітті білем, «қашан кетті?» деп айқайлады,— деп жауап берді әйел ақырын ғана.
— Жақсы айтқансың, шырағым, жүре бер, жүре бер.
— Тазыдан қашқан қояндай, елге әкім келсе сен бұғып жасырынасың да жүресің бе? Бүйткенше от басында отырсайшы, старшин болып знак тағу не керек саған?— деп килікті Бақтылы еріне, жөні бар жерде де, жөнсіз жерде де тілдей салатын әдетімен.
— Қатын, сен алдымен түсініп алсайшы, мұнда үлкен бір мәніс бар. Анаған мені «үйде жоқ» де.
— Не мәнісі бар?— деп дігірлей қалды Бақтылы.
— Қален мен қажының балаларын ұстауға келген адамдар, әнеу күні һүкімет адамдарын сабап, қарсылық көрсеткендері үшін,— деді Жол сыбырлап.
Әйел онан әрі өршелене сөйледі.
— Һүкүмет адамдарына қарсылық еткен бұзықтарды ұстаса онан сен неге қорқасың? Сен қайта лауазымыңды көрсетіп ішінде бол, жұрт екіншілей ондайды істемесін, қорқып тұрсын: айтқаныңды екі етпей орындайтын болсын. Әлде Қален мен Жүністен қорқасың ба? Біреуінің өзі оқыған, біреуінің баласы оқыған, солардың алдында құрдай жорғалайсың, ә? Сен еркек емессің. Сенен басына ақ жаулық тартқан қатын артық. Өзім старшин болсам, бәрін бір шыбықпен айдар едім, қажысын да, учителін де, шылтиған оқығандарын да...
Бір сөйлесе бой бермей, кешке дейін сөйлейтін Бақтылыны қапелімде тоқтата алмайтынын біліп Жол:
— Оның мәнісі бар. Мұндай шатақ жұмыстардың арасында болмай, сырттан көйт-көйт деп тұрған жөн. Ертең орнымнан түскен күні Жүніс менің шаңырағымды ортасына түсірмей ме, бұл істі біліп қойса?.. Онсыз да оңдырайын деп жүрген жоқ...— деп күңкілдеді.
Ол есік алдына шықты да:
— Шырағым, сен өзің барып айта қойшы, мені үйде жоқ де, ана ауылға кетті де! Тезірек бар, жүгір, шырағым,— деп келінін арғы жағада тұрған әкімдерге қайта жұмсады.
2
Қаруын тартып алып Маймаковты жолдасымен жаяу қуып жібергеннен бері Нұрым мен Хакім көбірек үрейленіп жүрген. Ашу үстінде істеліп қалған іске амал жоқ болды да, бірақ түбі бір жауапқа тартылатынын, ол жауаптың жеңіл болмайтынын Хакім жақсы сезіп еді. Орал қаласындағы қолға түсіп қалғандай тағы да босқа кетпейін деп Хакім сақтық ете бастады. Пішен шабуға шыққаннан бері ол мықтап істей алмаса да, Нұрым мен Бекейге ат жегісіп, машина басына отырып ертеден кешке шейін пішеншілердің арасынан шықпады. Кеш ауылға қайтып келіп тамақтанып алып, түнде ағасымен екеуі кері жұмыс басына келіп, далада түнеп жүрді. Ондағы ойы: болыс тарапынан, болмаса тіпті Жымпиты үкіметінен іздеп келушілер болса үйде жатып қапыда қолға түспеу ниеті еді. Қаленді жауапқа тартады деген ой оның ойына келген емес: айыпты тек Нұрым екеуміз деп түсінді. Хакімнен басқалары мұны ауыл арасында болып тұратын талас-тартыс сияқты көрді. «Жазықсыздан жазықсыз Сүлейменді сабады, соншама халықтың алдында бейбастақтық істеген өздері. Аттан аударып алып, қаруын тартып алғаннан өзге зәбір көрсеткеніміз жоқ. Іздеп келсе қаруын алар» деді. Сөйтіп бұл істің басы-қасында болған Тояш пен Асан екі мылтықты екеуі алды да, иесіз қыстаудың көңінің арасына киізге орап, көміп қойды. Нұрым мен Хакімге алтыатар мен екі қылыш қалды. Алтыатарды олар машина басына ұстады. Арада бір жетідей уақыт өтіп кетті, бұларды іздеп келген адам болмады, бір рет келіп кеткен старшина да ешбір сыр білдірмеді, ешнәрсе көрмегендей өз жұмысымен болды. Сөйтіп бірте-бірте үрей сейіле бастады, сақтық салақси берді. «Мүмкін ешнәрсе болмас та» деген ой да келіп жүрді.
Түннің бір уағына дейін қыздармен қыдырған Хакімді күтпей бір күні ымырт жабыла Нұрым кері пішен басына жалғыз қайтып келді. Күндегі әдетінше ол машинаның үстіне тоқым жайып жіберіп, шекпенін айқара жамылып ұйықтап қалды.
Күнде күн ұясынан шықпай аттарды айдап әкеліп, қамыттап, олармен адамша сөйлесіп жүрген Бекейдің шырылдақ дауысынан тұратын Нұрым бүгін өзі оянды. Сәскелікке келіп қалған күннің көзі шекесін тесе қыздырып тұр екен. Ол қапелімде қайда жатқанын есіне түсіре алмай маңдайын сипай түсті, ыстықтан беті де, тұла бойы да қара терге малынып қалған екен. Жеңімен бетін сүртіп жіберіп, басын көтере бергенде, ол алдымен бас жағында жұмсақ езу тартып тұрған Қаленді және ат қамыттап жатқан Нәйкіні көрді.
Сәске түске дейін ұйықтап қалғанына қысылып, Нұрым жалма-жан орнынан ұшып тұра келді де:
— Бекеңді күтіп тоқтап тұрғаным, машинаның дауысы шықпағансын көкем кейіп жатқан шығар,— деді.
Өзі шапшаңдай Нәйкінің қолынан атты алып жекпекші болды да, аң-таң қалып:
— Мынау Құбайраның биесі ғой, біздің аттар қайда,— деп сұрады.
— Нұрым, сен ұйқыңды аш, асықпа. Машинаны мен алайын деп тұрмын. Қажы сендерге шөмеле салсын,— деді. Қазір Бекей де келеді,— деп күлімсіреп Қален Нұрымның иығынан қақты.— Нұрым, сен осы кімге тартып ұзын болдың, қажы ұзын емес, Бал жеңгей ұзын емес, ал сен күн сайын бір сүйем өсіп шығасың. Ұзын адам аңқау болады дейді, байқа бала,— деп қойды ол қалжыңдап.
— Сіз де ешкімнен қарызға бой сұрап жүрген жоқсыз, Қалеке, сонда да...
— Мен де аңқаумын,— деді Қален күліп.
Нұрым Нәйкіге ат жеккізіп болып, машинаның о жақ, бұ жағына шығып жүрісін сынады да қала берді.
Екі шақырымдай жердегі Қален алып кеткен машинаның дауысы Нұрымдарға шаңқай түске дейін естіліп тұрды да, кенет тиылып қалды.
— Шатонын үзіп алмаса жарар еді, машинаның даусы тоқтап қалды,— деді Нұрым Бекейге шөп жинап жүріп. Бекей балаша шіңкілдеп:
— Бекер береді, бекер береді. Машина сынса өзіміз отырып қаламыз. Жердің әлі жартысы да шабылған жоқ. Учитель десе болды, бере салады,— деп қажыны айыптай бастады...
Үлкен Қара қоғаның алқабы желсіз, қапырық. Күн тамылжып тұр, оның үстіне қуарып кеткен шөптен көтергенде жалын сияқты ыстық леп еседі. Жиі қамбаны екі жақтан жиырып келіп, еп-сәтте желіп жүріп шөмеле тұрғыза салатын қарулы Нұрымның соңынан Бекей зорға үлгеріп жүр. Ол айырлап кеткен қамбаның орнын шөптеп келіп, шөмеленің түбін тараштап қымтап болғанша, Нұрым екіншісін тұрғызып қояды.
— Шөл кірді, азырақ көлеңкеге барып аялдап алайық,— деген Нұрымға Бекей:
— Күн ашықта үлгеріп алмасақ болмайды ғой,— деп күбірледі де, қыстаудың көлеңкесіне қарай жүрген Нұрымның амалсыздан соңына ерді.
Қырқаның басына қыстауға қарай қабақтан шыға бергенде бұлар Бөшекең көлі жағынан жайдақтап шауып келе жатқан Сүлейменді көрді. Таңырқай қараған екеуі қыстауға жеткенше, Сүлеймен де келіп жетті. Нұрымның берген сәлемін алмастан ол:
— Алты адам, алтауы да қарулы, Қаленді алып кетті,— деді ентіге сөйлеп.
Сүлейменнің жұқа танаулары шелтиіп кетіпті де, етсіз екі ұрты ішіне қарай омсырая түскен.
— Іс, белкүллі, насырға шапты,— деді ол аттан секіріп түсіп, көлеңкеге қарай ұмтылып.— Бір ұлық, бес солдат, алтауы да қазақ. Қасында Есенбайдың Жартайы бар. Жартай арбалы екен. Бұл жаққа қайдан келгенін білмеймін, ғажап, Шұғылдың аттары Құбайраның қорасында тұрар ма, шетінен ұстап-ұстап, Жартайдың арбасына да жекті, Нұрыштың көк атын біреуі мініп те алды, не керек Қалекеңді арбаға мінгізіп алып кетті! Шамасы, Қызыл үйден бір-ақ түсіретін шығар...
Нұрым сұп-сұр болып Сүлейменнің аузына қарап қалды.
— Қалекеңді үйге киім киіп шығуға да жібермеді. Мен Мәккаге хабар берейін деп бір ойладым да, төртеуі Аңқатыға қарай жүргенсін сескендім, сендерге қарай шаптым, «Нұрым мен Хакімді іздемесе игі еді» деп көңілім ала қашты...
— Біздікіне кеткен шығар?!— деді Нұрым.
Бекей жер шұқып отыра берді, үндемеді.
— Сіздікіне барса қазір көреміз: олар жар басына шығады ғой, бәрі де қара киімді,— деп Сүлеймен арғы жақтағы қызыл жарға көзін тікті.
Өзен мен бұлардың екі арасы үш шақырымдай жер еді. Алыстан қыр басындағылардың кім екенін айырып боларлық емес, ақ шаңыттанған буалдырлы ыстықта қыбырлаған ғана кішкене қарасындар бозғылт тартқан киіз үйлерге қарай жылжып барады.
Әскери киім киіп, әскер тәртібіне аз-мұз үйрене бастаған екі қазақ жігіті кіріп келгенде Хакім сұп-сұр болып кетті. Бұлардың өзін ұстауға келгенін ол жақсы білді: бір жұмадан бері күтіп, сақтанып жүріп тап бүгін аңсызда қолға түскені ойдан кетпес өкініш сияқтанды. Нұрыммен екеуі талай ақылдасып, жау қолына жастықсыз түспеуге серт еткен. Бәле мен қазаны қайдан келеді дерің бар ма?— дейді үлкендер, дұрыс екен. Не істеу керек?! Қалай ету керек. Жоқ әлде де Нұрымдардың жәрдемі... деп ойлады да Хакім кіргендерге:
— Жоғары шығыңыздар,— деді.
Жүніс шынтақтап қисайып жатқан, басын көтеріп алды.
— Хакім Жүнісов, сізді арғы жақта нашальник шақырып тұр. Жүріңіз,— деді келген екеудің жасы үлкендеуі.
— Ол кім? Қандай начальник?
— Барған соң көрерсің қандай начальник екенін. Тез киініңіз. Күтіп тұр.
— Қайда апармақшы?— деп сұрады Хәкім.
— Болыс кеңсесіне...— деп қалды да солдат,— болыңыз, тезірек, барғансын сөйлесерсің,— деді.
Ойының дұрыстығына енді ешбір шүбә қалмағандай, «болыс», «начальник» деген сөздердің сылтау екенін Хакім күні бұрын айтпай жатып білген-ді. Ол Әділбектің құлағына сыбырлап бірдемелерді айтты да, бала жүгіріп үйден шығып кетті. Хакім керегенің басынан ақ кителін алды, асықпай тараштанып киіне бастады...
Өзенге қарай келе жатқан Шолпанның соңынан қуып жетіп Әділбек:
— Хакім ағамды солдаттар ұстап әкетті, мен Нұрымдарға хабар беруге барамын,— деп айқай салып ілгері аса берді.
Арғы беттегі солдаттарды көріп Әділбек жалт бұрылып өзеннің екінші жері — жанама суаттан қайықсыз құлаш ұрып өтіп кетті.
Қайықтың күрекпен шашып суын төгіп болып, қосқолдап итеріп суға түсіріп, пішен жиюға арғы бетке өтпекші болған Шолпанға Хакімді айдап келе жатқан қарулы екеудің бірі:
— Тоқта, қайықты қайда апарасың?!— деп айқай салды.
Шолпан жалт қарады да, ескекке сүйеніп, қайықтың үстінде тұрып қалды. Екі адам Хакімді ертіп келе жатыр: бірі алда, бірі артта — жүрістері елден ерекше, алдыңғысы тоқтап қалып, аяғын өте-мөте ақырын басып сөйлеп келе жатқан Хакімді тосып алады да, әлдене сөздерді айтып, тағы ілгері жүреді.
Әділбектің сөзіне де, мыналардың екі жақтап қайырып, мал айдағандай жүрісінен де Хакімнің басына бір бәле кездескенін Шолпан жақсы білді. Бірақ ол «бәленің» қайдан келгенін, не үшін келгенін анық білмеді, оны талдап ойлап жатпады. Әйел таңырқап қарап келе жатқандарды күтті де, өзеннің арғы бетіндегілерге көз жіберді. Шоғырланған төрт-бес ерлі атты ұстап мылтық асынған біреуі тұр, енді біреуі су жағасында жуынып болып, кішкене қол орамалымен бетін сүртіп жатыр. Шолпанның құлағына баланың «Хакім ақамды ұстап әкетті» деген ащы сөздері қайтадан сап ете қалғандай болды, бұл жолы айқын естілгендей, мағынасы да сараланғандай. «Ұстап әкетті... орыс ұстап әкетеді деуші еді, мыналардың бәрі қазақ қой, мұнысы қалай? Ұстап әкеткенде бұлар да қараңғы үйге қамай ма? Хакімнің соншалық не жазығы бар?..» деп ойлады да, Шолпанның жүрегі шым ете түскен сияқтанды, сондайлық ащы аяныш сезімі ішін өртеп кетті, не істерін білмей ол қарағай қайықтың түбіне іркілген көгілдір суды ескек күрекпен құшырлана шаша берді. Бұл бірнеше минуттың ішінде Шолпанның не ойлағаны, оның өн бойын қандай сезім билеп әкеткені мәлімсіз, ол тек қайықтың жарығынан жіңішкелеп шапшып шыққан судан екі көзін алмай, басында құшырлана шашқанмен, бірте-бірте күректі әлсірете берді, қолдарының дәрмені бітіп бара жатқан сияқтанды, су шашуы мүлде тыйылып қалды.
— Жас келіншек, қайық есе білесің бе?— деген әскери киімді, беліне алтыатар байлап, қылыш тағынған адамның дауысынан ол селк ете түсті.
Жар басынан бері түскенде дауыстап қатты сөйлеп келе жатқан Хакім көзін төмен түсіріп Шолпанның алдында үлкен күнәсі бар адамдай, су жағасында қимылсыз тұр. Жұқа көкмауыт шалбар киіп, балақтарын қисық табан қара етіктің қонышына салған, үстінде белін қынап тұратын ақ кенеп көйлегі, жалаң бас, ұзын бойлы, үлкен көзді кәдімгі сұлу Хакім, Шолпанның көзіне ол Қален учительдің үйінде тап көлеңкеде отырғандағысындай ыстық көрініп кетті. Ол Хакімді құшақтай сүйіп, қоштасып ең жылы, ең жақын, көкірегіне түйіп жүрген сырлы, асыл бір сөздерін айтып қалғысы келді...
— Жігітіңе есің шығып кетті ме? Торғай арбаған жыланша бар жаныңды сала ұйып қалыпсың ғой. Қайық есе білесің бе өзің? — деді, тағы да әлгі қарулы жігіт жұмсақ дауыспен, Шолпанды ақ орамал тартқан басынан төмен қарай балағын түрінген жұмыр балтылы жалаң аяғына дейін қарап өтіп. Өткір көзді, сүйкімді Шолпанның тіп-тік құду денесіне қайтадан көз тастап, ол қасындағысына: — Қаршыға ілерлік-ақ сұқсыр! Киіктің баласындай мөлдіреуін...— деп күмілжіді.
Өзі туралы айтылған сөздерге аса құлақ салмай, есі-дерті Хакіммен сөйлеспекші болып Шолпан қайықтан жерге түсті де:
— Нешеуіңіз мінесіз, отырыңыз,— деп Хакімге жақындай түсті.— Қайда алып бара жатыр, анау күнгі қаруын алдырғандарды сіздерден көре ме? — деп сұрады.
Шолпанның үні өте жылы, құлаққа жүректі елжіретерліктей мейрімді естілді. Хакім де қайыққа жақындап, Шолпанға тікелей қарады. Бір секундтей үнсіз қалды, Шолпан ақырын ғана күрсініп қойды...
— Сол әңгіме де бар, басқасы да бар. Бізді айдап барады, қараңғы үйге қамамақшы...
— Шырақ, сөзді қысқарт. Қайда апаратыны, қайда қамайтыны, жоғарғы ұлықтардың билігінде. Кәне, мін,— деді Хакімнен жасы анағұрлым үлкен, арт жақта келе жатқан екінші қазақ солдаты.
— Неге бөгеліп тұрсыңдар, тез!— деп айқай салды арғы беттегі ақ орамалмен бетін сүрткен.
— Бол, бол! Мін тезірек,— деп арттағы солдат Хакімді итермелей түсті.
Хакім асықпастан етігін, шалбарын, ақ кителін шешті. Етік пен кительді шалбардың ішіне салып, әдетінше, қайықтың кергішіне әкеліп байлады. Шолпанның қолынан ескекті алып, іркіліп қалған қайықтың ішіндегі суды шашты, көрер көзге өтуді кідіртіп, жайланыса берді. Қыр жаққа бір қарап, арғы беттегі тыпыршыған бастығына бір қарап солдаттар тықырши берді:
— Сен неменеге күйбеңдеп кеттің, бол?— деп айқайлады Хәкімге бірінші солдат.
Арт жақтан у-шу шыға бастады. Ауылдан су басына қарай шұбырған әйел, бала-шағалардың бастары көрінді. Дабырлаған қарттардың дауысы естілді. Сол мезет зарлауық Дәмештің жан түршігерлік сарыны құлаққа келді. У-шуды, зарды естіген, төрттен-бестен шұбырып келе жатқан халықты көрген солдаттар жалма-жан қайыққа мініп алды. «Маймаковтардың қаруын тартып алған ауыл», «бұзылған ауыл», «большевик ауыл» деген сөздер бұлар Жымпитыдан шығарда-ақ құлақтарына шалынған-ды. Баста батыл қимылдап, көп сөзге келмей Хакімді тез киіндіріп, үйден алды-артына қаратпай алып кеткенмен қазір бұлардың үрейлері ұша бастады, Маймаковтың кебін бізге де келтірер деген ойға келіп қалды.
— Қайықты келіншек, сен ес. Төртеуімізді көтереді ғой өзі,— деп жасы үлкен солдат ескекті Хакімнің қолынан алып Шолпанға берді.
— Төрт кісі түгіл он адам мінсеңіз де көтереді,— деп Шолпан қайықты ысырып жіберіп, өзі дік етіп артына мініп алды.
Шолпанның секіріп мінген екпінімен қайық қатты теңселіп кетті де, шайқалақтап оң жақ кенересінен су құйылып кете жаздады. Екі ернектен қос қолдап ұстап, жүресінен отырған солдаттар қайықты онан әрі теңселтті.
— Аупірім Алла! Аупірім Алла! Ақырын!— деп жасы үлкен солдат жалбарына қалды.
Оның үрейі ұшып кетті, екі көзі ұясынан шығып кете жаздады. Екінші солдат қайықтың түбіндегі суға қарамастан шылп еткізіп, құйрығын қойып отырып алды да:
— Тоба! Тоба!— деді.
— Қалай, жан тәтті ме екен?— деді Шолпан түсін суытып.
Мүшкіл халге түскен екі айдаушысының ойламаған жерден мұндай жуасып тәубеге келе қалғанына Хакім күліп жіберді. Ол қайықтың басында отыр еді, ана екеуі қайықтың қақ ортасында кеп-кең жерде қалталақтап қалған. Үрейленген түрлеріне, ебдейсіз отырыстарына қарағанда бұрын қайыққа аз мініп, суда көп болмаған адамдар сияқты. Осы жайды білгендей Шолпан кенет екеуіне бас салуға кірісті. «Хакімнің тырнағына тұрмайтын мына сұмырайлардың жалын күдірейтуін көрдің бе. Құрттаған қойға байлаған кескектей ана мойнына асынған қылышына сенеді ғой шамасы» деп ойлаған еді ол, «Жігітіңе есің шығып кетті ме, жаныңды сала ұйып қалыпсың ғой» дегенде:
— Тастаған кесектей су түбіне жіберемін екеуіңді де қазір. Айт, қай жаққа апарасыңдар, елдің бас көтерген екі серкесін?— деді Шолпан ескегін жоғары көтеріп.
Оның көзінен от шашырап кетті, түсі күрең-көгілдір тартып, алдында отырған солдатты ескекпен соғып жіберетіндей көрінді. Бұрын-соңғы өмірден көрген барлық ащы кегін тап осы екеуінен алатындай, оны ешбір жан» ешбір нәрсе тоқтатып болмайтын ашу дауылы үйіріп, билеп, аяғын жерге тигізбей көтеріп әкетті.
— Taп күні кеше өлшедім осы жердің тереңдігін — бес кісі бойы,— деді әйел өзеннің шетін көмкерген қалың көк құрақтың деңінен бір саржан аса беріп, ескекпен кері үйіріп, қайықты тоқтатып.— Айт иманыңды!
— Апатай-ай, біздің не жазығымыз бар еді. Біз де айдаумен жүрген адамбыз, алып кел деді, алып келе жатырмыз,— деді кіші солдат жыламсырап.
Басында шала жоспарлап, бар үмітті Нұрым мен Асан, Тояштарға артқан Хакім құтылу жолының өзінен-өзі келіп қалғанын жаңа ғана ұқты. Ол Шолпанға елжіреп қарады, елжіреген жоқ, — әйелдің тапқырлық, ерлік, қайраттылық қасиеттеріне сүйсіне, қуана, таңдана қарады.
— Таста, қаруыңды суға!
Орнынан түрегеліп, Шолпан жақын отырған солдаттың басына ескегін төндіре түсті. Қайық селт ете қалды. Естері шығып кеткен екеуі асынған қылыштарын мойындарынан сыпыра бастады...
3
Шұғылдың қоңсысы көп, оның ішінде Бақы тонның ішкі бауындай еді. Көбінесе ол қажының делбесін ұстап, қасында жүреді, үйге келгенде малға да бас-көз болыңқырайтын сол.
Ертеңгі шайды ішіп бола бергенде ол қолында иә жүгені, иә құрығы бар, қажыға кіріп қайда баратынын мәлім ететін.
Күндегі әдетінше ол бүгін де кіріп келіп, оң жақ босағада жүресінен отыра кетті де:
— Қажеке, саяқтар көрінбейді, мен бүгін соны көздеп қайтамын,— деп қажының жауабын күтіп құлағын қалқандай тосты.
— Қашаннан жоқ? — деді Шұқыл шыны аяқ көтерген қолын аузына, жеткізбей тоқтатып.
— Ләббәй? Екі күннен бері сізбен бірге жүріп атқа міне алмағаным, өзім үйден шықсам көз салатын біреу жоқ. Таң білінбей тұрып Шортанбай ағашының түбіне дейін барып қайттым, ол жақта жоқ, енді қыр жақты аралаймын...
— Қашаннан бері жоқ, қыр құлақ, су ми?
— Ләббәй? Біздің аттар алысқа ұзамайды, ана Нәбидің қыршаңқылары қосылса шыбындап, ойдан-қырға жетектейді, анау күні де Кең Түбектен тапқанмын,— деді Бақы.
— Ана тебінгідей болған құлағыңды Жолға, Жолдың шұнақ құлағын саған қондырса жердің астындағының бәрін естіп-біліп тұрар едің. Қыр құлақ, су ми мен саяқ қашаннан бері жоқ, ана әлгі Жолдың қасындағы сатпақ текелер мініп кетпесін деп сұрап тұрмын,— деді Шұғыл шыны аяғын енді жерге қойып, шыдай алмай көзін басқа жаққа аударған Бақыға тесіле қарап.
— Оларға біздің саяқты міну қайда? Өздерін аттан аударып алып, жаяу айдап қоя беріпті біздің Тояш пен Нұрым,— деді Бақы.
Шұғылдың түсі бұзылып кетті. Оның ашуына мықтап тиген Маймаковтарды жаяу қуып жіберген Тояш пен Нұрымның қылығы ма, әлде үшті-күйді жоқ болып кеткен саяқтар ма — мұны Бақы айыра алған жоқ, ол тек Шұғылдың жіберіп қалған кішкене шекер тоқпағынан басын қорғап, бұғып қалды. Шекер тоқпақ Бақының басынан асып сағанаққа сарт ете түсті.
— Ертеңге дейін саяқты тауып әкелмесең қатын-балаңды ана мықты Жүніс туысқаныңа көшіріп жіберемін, сол асырасын,— деді Шұғыл тағы да айналасын қарманып, нәрсе іздеп.
— Қажы-ау, саған не болған, дастарқан үстінде,— деп Айтөліш орнынан тұра келіп, шекер тоқпаққа қарай жүрді.
Кемпірдің тасасымен құтылып кетейін деген кісіше Бақы шапшаңдап үйден шықты. Екі иығы төмен түсіп, өз үйіне кіріп келгенде:
— Сенің неге түсің бұзылып кетті, тағы да, қажы...— деп Бақының әйелі сөзін тауыспай көзіне жас алды.
Ерінің атқа мініп жылқы қарауға шығатынын күні бұрын білген әйел, шала ұйыған жылы айран беріп жатып:
— Өзіңде де бар, жоқ жерден шаруасынып сол жау айдағыр саяқты несіне айта қойдың. Туған баласын да күніне бес рет қуып шығатын шалдың мінезін білмейсің бе? Естімейтін жерде сөз естисің, не бары өзіңнен,— деп орынды ілік қойды.
— Еркектің жұмысына, қатын, сен кіріспе. Мен жоқта сен ана балаларға көз бол. Шаруаға мен көз салмасам ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей ме, жастан тырнақтап жиған мал,— деді Бақы айран жұққан мұртын астыңғы ерінімен жымқыра сорып.
Сөйтіп түнімен ұйықтамай, ала таңнан саяқ іздеп, ойды кезіп келген Бақы торы шолақ атқа мініп, қарына құрығын іліп, сәске түс кезінде енді қырға шығып кетті.
Торы шолақтың үстінде Шұғылша шіреніп, шалқая аяңдатқан Бақыны алыстан таныған Аманқұл бурыл байталды шипаң еткізіп бір қамшылап жіберді де, cap желіспен жетіп келіп:
— Ассалаумағалайкум, Бақы аға,— деді аузын толтырып.
Алыста жатқан сонау көз ұшындағы үйірлерді, берегіректегі шашылып жайылған жылқыларды жинастырып жүрген жылқышыларға көздерін сықсита қарап, бір шолып өтті де, сәлем берген жігітке бұрылып Бақы:
— Мағалайкум ассалам. Жылқыларың қалай, ит-құстан аман ба?— деп сұрады.
Осы жылқының бәрі өзінікіндей-ақ Бақының қожайынсып қайдағыны сұрайтынын Аманқұл жақсы білетін. «Шұғыл малының жартысын бөліп беретіндей, оң көзі бола қалуын» деп ойлады да ол:
— Құдайға шүкір, Бақы аға, өзіңіздің айтқаныңыздай, ұзақ түнге кірпік қақпай күзетіп шығамыз, жатқан құлынның жалына шоғайна да жабысқан жоқ,— деді.
— Құлындарды айғыр шайнап тастаған жоқ па? Ана құла айғыр үйірге жас түскен, қызғаншақ, қоримын деп жүріп, қиып салмасын.
— Жоқ, жоқ, Бақы аға, құланың үйірін бір көш жер бөлек ұстаймыз,— деп Аманқұл тамағын кенеп қойды.
Екі жылқышының күндізгі ермегінің үлкені айғыр таластыру болатын. Құла үйірге жаңа түскен алғыр дөнен, үйірін шашау шығармайтын, қызғаншақ айғыр. Маңына жуып кеткен айғырмен бір шайқаспай қалмайтын, көбінің үйірін тартып алатын жирен қасқаға төтеп берген сол жас құла еді. Жылқышылар құланың үйірін жирен қасқаға маңдастырса болғаны — екі айғыр айқаса түседі, желке мен сауырға тіс дарытпай тірсектен шаншылып шапаласып тұрғаны. Жеңісе алмай әбден қызыл шеке болған айғырлар үйірлерін әр жақа қуып, шашау шыққан талай құлынды шайнап, талай тайды сауырлап тастайтын-ды. Бірақ көп жылқының ішінде мұны байқап жатқан ешкім жоқ, тек әлдеқалай Бақы бір рет енесін емуге шамасы келмей басын төмен салып қалжырап тұрған бір құлынды көріп қалған-ды. «Мынаған не болды?» деген Бақыға Аманқұл: «Ана арғымақ құла үйірін қызғанып, оңаша жаққа қуады да шетке шыққан тай-құлынды тістеп тастайды. Соның аузы тиген, жас ет ертең-ақ бітіп кетеді» деген. Содан бері Бақы «құла айғыр қызғаншақ, құлын шайнап тастамасын» деп жылқыға келген сайын ескерте кететін.
Бүгін де сол өзінің төл сөзіндей болып кеткен, үйреншікті сауалын беріп Бақы самарқаулау түрде мұртын сипап қойды. Бақының бүгін түсі сынық, сөз құрасы шабандау сияқты. Ол әдетінше мұртын сипай түседі, бірақ бұрынғыдай екпінді емес, солбырлау сөйлейді.
— Бақы аға, өңіңіз сынық, сырқат емессіз бе?— деді Аманқұл, Бақының кір-кір киіз қалпағынан бастап, ескі түйе жүн шекпені мен сірісінен басқан кебіс-мәсісіне дейін мұқияттап қарап өтіп.
Маңдайдан көлденең түскен ұзын үлкен ажымдар тереңдеп кеткен сияқты да, мұрынға қарай тік құлаған ұсақ ажымдар әлдеқайда молайып қалған. Бұлар қабақты кіржитіңкіреп, тарлау маңдайды тарайтыңқырап тастағандай. Ұзын, арықша жақтар солыңқы, үлкен құлақтың сырғалықтары бозарып солпиып тұр. Аманқұлға оның бұрынғы кеп-кең иықтары да түсіңкілеу тәрізді. Бір кезде Бақы күреске түсіп те жүрді. Пәлендей палуан болмағанымен бір елден шығып күрескенінде бір топ палуандардың аяқ-жағын ала, жетінші-сегізінші болып күресіп, бірде жығып, бірде жығылып та жүретін. Орта қатар палуан болуға лайық дене де бар. Бойы ортадан биік, балтырлы болмаса да, топшылы ғана адам. Сирек жирен мұрт, сыдыра шыққан сарғыш түсті сақал оның кішірек көзді, таңқылау мұрынды тотыққандау жүзіне ақ сары пішін беріп тұр.
— Жоқ, сырқат емеспін, қымызды көбірек іштім бе, азырақ басым ауырып тұр,— деді ол жылы шырайлы үнмен, түнімен ат іздегенін жасырып.
Қолына қымыз сирек тиетінін, оның жылы айран ішіп қана шыққанын шамалаған Аманқұл:
— Қымыздікі болса ештеме етпес, аздап қимылдасаңыз қазір-ақ тарқап кетеді, кәне жарысамыз ба, Бақы аға?— деп атының тізгінін тежей, тақымдарын қысып, шабуға ыңғайлана түсті, байтал тақым қысқанға жауап бергендей құйрықты шипап қалды.
— Сен бала, елірген екенсің ішің пысып, жас күнімізде біз де солай ететінбіз, бірақ біз жарыстан көрі аударыспақ ойнағанды тәуірірек көретін едік.
— Аударыспақ ойнауға да болады, бірақ мына байталдың арқасы кеткен, жаңа ғана терлігінің астына қыл салып, қайта ерттеп міндім,— деп Аманқұл жылмаң қақты. Екеуі әңгімемен аттарын шалдыра аяңдатып, жылқының екінші шетінде жүрген Қарымсаққа қарай жүрді.
— Біздің саяқ көрінбейді, екі-үш күн Шүкеңнің жанында боламын деп аттарға қарауға да қол тимеді. Сендердің көздеріңе түскен жоқ па?— деп сұрады Бақы.
— Жоқ, Бақы аға. Солдат дей ме, милица дей ме толып жүрген көрінеді. Кеше Қайролланың жылқышысын көріп едім сол айтты. О да саяқ іздеп жүр. Сондай салдат-палдаттың қолына түсіп кетіп жүрмесе.
— Солдат келсе жылқының маңына жуытпаңдар, олар бізден ат ала алмайды,— деп мықтылық айтты Бақы. Аманқұл оған:
— Жуытпауын жуытпасбыз, бірақ олардың мылтығы бар ғой атып тастап жүрмесе?— деген күдікті қауыптың шет-жағасын көрсетіп қойды.
— Айтта ат шабысы бола қалса қосармыз, қасқа айғырды бір жеті таң асырарсың деп еді Нұрыш, маған соны ұстасып жіберіңдер,— деп Бақы жылқыны жидырды..
Аманқұл жылқыны төңкере қайырып, Қарымсақтың тұсаулы көк биесінің үстіне қарай айдады. Торыны тебініп қойып желі басын көрмеген жұмыр торы төбел биелерді маңға келтіре алмай Бақы жекірді; елегізіп шөкенің түбінен үріккен бойдақ жылқылар құрықшының оң жағын ала жосып өтіп жатты; құйрық-жалын тігіп алған тай-құлындар шұрқырап шауып, бой берерлік емес, үйірдің ұйтқысы — қарны жер сызып салмақпен жортқан қос қара биені мойындай қайырып, құлағын жымитқан күйі жалын жерге төсей жирен қасқа айғыр келеді. Омыраулы, ұзын бел, жалмаңды жануар ауаны желдей есіп тасасында құрықшы тұрған көк биеге құрық бойы төніп келіп қалды да, басын көтеріп алды, жалт бұрылып үлгіргенше оның кішкене басына Қарымсақтың бұғалығы түсіп те кетті. Аяғымен жер тірей, арқан шетін белге салып шіренген құрықшыны он сажендей жерге жеп-жеңіл сүйреп, тырнауышша тырылдатты да, айғыр тұра қалды.
Ол асаулықпен емес әсемдікпен сүйреген сияқты, қаздаң етіп тік тұрып, арқанды саумалап жақындаған Қарымсаққа танитындай анықтап бір қарады да, жүгендеп, ер салып, Бақы мініп алғанша селт етпеді. Ол тек жылқыдан мүшелік жер шыққаннан кейін ауыздығын төмен басып, жер сүзе үйірге тартпақшы болып еді, бірақ үстіндегі иесінің тақымды және қолы қатты екенін біліп, жөндем жүріспен жерді жеміре басты.
— Па, шіркін, кешке таман ауылдың қыр жағымен күжбеңдей оқырантып естіріп өтер ме еді,— деді Аманқұл, торы шолақтың үстінде Бақыша шіреніп.
Жирен қасқа үйірімен қоштасқандай, екі рет жуан кісінеп, аяғын лекіте-лекіте қайырып жіберді. Жұмыр торы төбел биелер таңырқағандай ілгері аттай түсіп, құлақтарын тіге қарасты.
Жирен қасқа айғырды билете аяңдатып тоғай-тоғайға көз жіберіп, қыстау-қыстауды қарап, саяқ іздеп келе жатқан Бақы Жүніс қыстауының көлеңкесінде тұрған бейсеуіт жылқыны көріп, қуанып кетті. Ол алақанын күнге көлкештей тағы да бір қарап алып, ат үстінде шірене түсті. «Біздің аттар сияқты емес пе қалай? Бірақ арғы жағында қорада тұрған шығар» деп үміттенді ол. Үйірден ұстап мінген қасқа айғыр жылқыны көріп кісінеп-кісінеп жіберді де, көлеңкеде отырғандар мойындарын созып аттылы жаққа қарады.
— Мынау, белкүллі Шұғылдың қасқа айғыры...
— Бақы шығар саяғын іздеп келе жатқан, Шұғылдың аттарын солдаттар ұстап мінді деген жоқсың ба?!— деді Нұрым.
— Бақы екен,— деді Сүлеймен қасқа айғырдан көзін алмай қарап.— Аруағы бар антұрғанның, алдына ат шықса иә мерт болады, иә айдалаға ағып қарақшыдан басқа жаққа кетеді. Айтқа дейін таң асырайын деп жүр ғой шамасы. Жел құрсақ айғыр, жаратпасаң да алады бұл бәйгені.
Келіп, аттан түсіп, көлеңкеге айғырын байлап, жайланысып отыра бастаған Бақыға Бекей мен Нұрым салқындау сәлем беріп, самарқау амандасты. Сүлеймен хал-жай сұрасты.
Нұрымның екі көзі ауылда еді. Ол өз үйіне барып, бірер тостаған қымыз ішкендей уақыт айналып қайта шыққан, жылжып жар жағасына келіп төмен ойға түсіп кеткен көз ұшындағы адамдардың кішкене суреттерін көзі ауырғанша қадала қарап, бірақ олардың неше адам барып, неше адам болып қайтқанын айыра алмай отырған. Бір мезгіл ауылдан шұбырған әйел-еркектерді ол анық айырды, қылтиған балалардың да пішіндерін байқады. Олар да келіп, төмен түсіп, ауылдан тағы да адамдар шықты... Бір мезгіл ыстық ауада алыстан атылған мылтықтың әлсіз дауысы естілді. Отырғандар да мылтық дауысына құлақтарын түре қалды.
— Асан ба мынау үйрек атып жүрген, соның қара мылтығының дауысы ғой,— деді Бақы сол екеніне әбден көзі жеткен адамша.
Нұрым орнынан түрегелді, мылтық дауысы екінші рет шықты.
— Мен барамын, мынау тегін атыс емес. Інге тығылған сары шұнақтай болып біз мұнда отырғанда, ана атаңа нәлеттер Хакімге бірдеме істеп қоюлары мүмкін.
Нұрымның дауысы дірілдеп шықты, қолтығына қысқан шекпенінің арасын қолымен уыстай қысып, алтыатардың бар жоғын байқады.
Бақы аң-таң болып Сүлейменге қарады.
— Қаладан бес-алты солдат келіп, Қалекеңді ұстап кетті, белкүллі, қырсыққа айналды бұл істің түбі. Мынау мылтық атқандар Хакімді ұстауға кеткендер. Айтқандай, Бақы аға, сіздердің саяқтарыңыз мұнда қайдан келген, әлгі солдаттар бір аттарыңызды арбаға жегіп, біреуін мініп кетті,— деді Сүлеймен оған.
— Не дейді?!— деп Бақы орнынан ұшып түре келді.— Ол қандай солдаттар біздің атты мінетін?!
— Шұғылдың аттарына қара талақ тисін, бірі қалмай жау қолында кетсін. Атты айтады ғой, жұрт басын уайым қылып жатқанда,— деді Нұрым түтеніп.
Ол қасқа айғырға қарай ұмтыла түсіп еді, Бақы тізгінге жармаса кетті.
— Қайда ол солдат, көрсетші менің көзіме, ат мінгенді көрсетейін мен оған. Шұғылдың, Ехластың, біздің атқа тиетін қайдан шыққан мықты ол. Жердің тесігіне кіріп кетсе де мен оны қазір...
— Айғырды маған беріңіз...
— Жоқ, жоқ, Нұрым. Мен қазір оларды баудай түсірейін. Көрсетейін, мен көрімді,— деп Бақы әуліге түсті.
Ол айғырдың шылбырын шешіп шапшаңдап оның үстіне мініп те алды.
Асан Қаленді алып кеткеннен кейін әрі-сәрі болып, бір жағы бой тасалай, бір жағы не істеуге білмей қыстау төңірегінде күйбіңдеп жүрген, Ол өзен жағасындағылар мылтық атқаннан кейін шыдай алмай, көң арасына тыққан мылтығын суырып алып, атқа жайдақ мініп Нұрымға қарай шапты. Мұны көріп орақтарын тастай беріп Әреш пен Тояш, Құбайралар жүгірді.
— Не істейміз, бұл қалай болды?— деген Асанға, Сүйлеймен:
— Өзен жағасында не болып жатқанын білу керек,— деді.
— Мен барамын, Асеке, маған биеңізді беріңіз. Сіздер ана біздің аттарды айдап әкеліп ұстап мініңіздер,— деді.
Бұлар маслихаттасып үлгірмей-ақ Аңқаты жақтағы Бәшекең көлінің қырқасынан жүгіріп шығып, көйлегі желге делегейлене жүгірген баланың бір хабар әкеле жатқанын сезіп жәке бір жүгіріп, бір аяңдап қалжырап қалғанын көріп, Нұрым оған қарсы шапты.
— Хакім ағамды қару асынған екі солдат келіп ұстап әкетті, маған «Нұр ағама жүгір, пішеншілерге тегіс хабарласын, су басына жетсін»,— деді... Су басында тағы екі солдат тұр. Мен тоқтамай жүгіріп келдім,— деді Әділбек.
Баланың екі беті қара қошқылданып кетіпті, аса ентікпейді, бірақ екі саны талып қалған, аяғын тұсап қойған адамша адымын зорға жазады.
Нұрым кері бұрылып келіп, көлеңкедегі хабар күтіп тұрғандарға:
— Хакімді ұстап алып кетіпті үйден. Бізге су басына тез жетсін депті. Кәне менің соңыма еретін қайсың барсың, Асеке, мылтық қайда, маған беріңіз,— деді.
— Сен мылтықты қой. Мылтық жұмсайтын реті болса Асанның өзі жұмсар, сенен көрі ол ептірек те, мергенірек те. Аптығып, сасып, жалғыз-жалғыз шабудың керегі жоқ. Сүлеймен, сен сонау орақшыларға хабар бер, бірі қалмай келетін болсын. Қарасынды көбейтіңкіреп барайық. Көп қорқытады, терең батырады деген, жиырма шақты адам болсақ, өздері де сескенер, су басында не бары төрт кісі ғой, солай ма? — деді Құбайра.
— Біз топ жинап найқалып жүргенше олар аларын алып, істерін істеп, кетіп те үлгірер. Құбеке, несіне қорқып тұрсыз, құдай берген жанды құдай алар. Кәне, жүріңіз,— деді Нұрым шыдай алмай, ат үстінде ойқастап.
— Әскер ісіне жетік қарулы төрт кісіге құр қолмен бес-алты адам төтеп бере алмаспыз, Нұрым, сен қызба. Құбекең дұрыс айтады. Сүлеймен, сен шап, жұртты жина,— деп Асан, сай бойында жасаңда жайылып жатқан машинаға жегетін, шөмеле тартатын аттарға жүрді.
Кешікпей, жеті-сегіз атты болып бұлар өзен басына қарай қозғалғанда он шақты адаммен көлденеңдеп Сүлеймен де Аңқатыға қарай шоқытты, Аттылардың соңынан шөп жинауға келген ересек балалар мен әйелдер де бір топ болып суға ағылды.
Қайық үстіндегілердің ниетін анық білмесе де қимылдарына, дауыстарына қарап көңілі қара қашқан Абылаев арғы бетте тұрып:
— Әй, сендер неменеге тоқтап қалдыңдар, есіңдер, тезірек!— деп айқай салды.
Бастығының даусына арқа таңып, қылыштарын мойындарынан сыпыра бастаған екі солдат күйбеңдеп:
— Бұл үшін сендерге жақсы болмайды. Екеуіңнің де жазаңды береді,— деп үнін шығара бастады.
— Қарсыласса қайықты аудар, Шолпан. Жазаны соңынан көріп алдық, — деп Хакім өзіне таяу көсіліп отырған солдаттардың қылышын жалма-жан жұлып алды да, суға тастап жіберді.
Асты қара тұңғиық қайық қалт етсе су түбіне тастай батарлық. Бұрын суда жүзбек түгіл қайықпен де бұл сияқты әрі енді, әрі терең өзеннен көп өтіп үйренбеген қыр адамдары қайық үстінде қару ете алмады; балаша бұғып, суға да тіке қарай алмай, бейне асыранды көжектей қорбаңдады.
Жүз қадамдай жерден сөйлеген сөздерін жақсылап ести алмаса да, Абылаев Хакімнің солдаттарға бас салғанын анық көрді; ол жалма-жан наганын қабынан суырып алып, жоғары қарай басып қалды. Мылтық даусы таңқ етті де, күндізгі күңгірт дауысты шолақ жаңғырық жарға мардымсыз соғып, шыңылдап кетті. Шет жағы айыл қоғаның ит мұрыны өткісіз жынысымен араласқан шығанақтағы қалың құрақтың арасына бір кіріп, бір шығып жүрген екі қасқалдақ қанаттарымен су сабалай үрке жөнелді, бір көрінім жер өзен бетін бораздалай ұшып барып, олар жалп етіп отыра қалды, алыстағы қыл мойын үрпек бас сүңгуір тоңқаң етіп сүңгіп кетті де, ұзақ уақыт су астынан шықпай қойды. Қырдан ойға түскен, су жағасына төнген әйел-бала, шал-кемпірлер кері қарай жапырыла ығысты, «тобалаған» үндер естілді, зарлауық кемпірдің сарыны су басындағылардың құлағына шалынды...
— Өздерің ескексіз қоя бер! Ырғы, Шолпан!— деп Хакім қайықтан қарғып кетті де, ішін тарта ауаны мықтап бір жұтып, кейінгі жақтағы биік құрақтың жасыл жұрынына қарай сүңгіп жоқ болды.
Секірген адамның екпінімен қайық өзеннің ортасына қарай ығысты. Шолпан ескегін суға лақтырып жіберді, өзі ақырындап сырғып қана түсті де, қайықтың ернеуінен ұстап тұрып арғы жақтағы мылтық атқан офицерге:
— Адамдарыңыз міне, аман-есен, аласымыз да, бересіміз де жоқ, — деп айқайлап қайықты итеріп жіберді.
Сөйтті де, өзі ерекше бойын жазып алды да сүңгуір үйректей су бетіне жеп-жеңіл көтеріле түсіп, Хакім кеткен жаққа қарай бұл да сүңгіп кетті.
Не істерін білмей Абылаев аласұрып, мосылап қойған үш винтовканың біреуін алып жіберді де, қатарынан аспанға екі рет атты. Ұстап әкеле жатқан студенттен айрылып қалғанын, өздерінің қайық үстінде, қол-аяғын буып қойған адамша дәрменсіз отырғанын көріп, ол солдаттарын балағаттады.
— Атаңа нәлеттер, көтер бастарыңды, әйтпесе екеуіңді де атып кетемін,— деп ақырды.— Бермен қарай ес, қос қолдап ес!
Жарты сағаттай әуреленіп, жағаға, аяқтары әрең іліккен солдаттарын команда беріп арттарына мінгізді де, Абылаев тізгінді кері бұрды. Арғы жақтағы құраң тасасына жасырынған Хакімді енді қайтып қолға түсіре алмайтынын ол жақсы білген сияқты, Жағадан шыға бергенде көл қойнынан шығып қаптап келе жатқан аттылы-жаяу адамдар оған самаладай бола қалды. Ол шошып кетті. Құлан топ адамдардың алды атпен шоқытып жақындап келіп те қалған, бір-екеуінің қолында мылтық та бар ма қалай, көбі сойыл ұстаған, ал қаптаған жаяулар орақ, айыр көтерген. «Мыналардың түрі бас салуға келе жатқан адамдардың түрі. Енді он минут кешіккенде атқа да мініп үлгірмейді екенбіз. Қатындарына дейін қағынып туған мына жексұрын ауылдың қылығы... Қап, мұнысын білгенде мен басқаша істейтін едім бұларға істейтінімді...»— деп өкіне кіжінді де ол:
— Жүріңдер тезірек,— деді.
Аңшыдан қашқан қасқырдай салғаннан текіректей жөнелген бұл төртеуі қара жолға алыстан орағытып келіп кесіп өтпекші болды, өйткені жол бетінде Нұрым мен Бақы бастаған сегіз аттылы да cap желіп келе жатыр еді.
— Мыналар қашты ғой. Ішінде Хакім жоқ па?— деп айқайлады Сүлеймен алдында келе жатқан Нұрымға.
— Жоқ. Төртеуі де солдат.
— Кетсін. Әлде үркітіңкіреп қуа түсеміз бе, ә?
— Құрысын. Қуғанмен жеткізе ме, ана Нұрыштың қара көгі, үстіндегі бастығы білем, жинақтырақ көрінеді,— деді Асан.
«Нұрыштың қара көгі» деген сөзге Бақы:
— Не дейді, қайда, қайсысының астында, кім ол қара көкті мінген? Көрсетейін мен оған көрімді, қазір,— деп қасқа айғырды ойнақтатып алға шыға келді. Ол оң қолымен күннен көзін көлкештеп жарты шақырымдай жерде текіректей желіп бара жатқан төртеудің алдыңғысына қарады. Қара көк ат көсіле желіп, көлденеңдей берді, оның ауыздығын сүзе қаз мойынды соза түскен тұрықты суреті Бақының көзіне оттай ұшырады. Бақы шыдамады, ежелден намысшыл, душыл делебе қозып «ұмтыл, ұмтыл!» дегендей болды. Оның үстіне көрер көзге атты алдырып кері қайтып, Шұғылдың жүзін көру оған өлімнен де ауыр хал.
— Кім бар маған еретін, шығыңдар былай. Тояш, маған шегіршін сойылыңды бер, мә құрық,— деп Бақы жанап келіп Тояштан құлаш жарымдай шегіршін соққыны алды.— Қазір мен оны жар басындағы жапалақтай жалп ете түсірейін...
Қоянның жолын қиялап кескен әккі тазыдай, айқай салып, Бақы қара жолға қарай көлденең шапты. Ертеден бері іші босап қалған жел құрсақ айғыр қатарласа шапқан Нұрымды бір серпім жер артқа тастап, ә дегенше-ақ оқшау шығып кетті. Арт жақтағы Құбайраның:
— Тоқта, Асан, Тояш, елірме, кері қайт! Жасанған жауға жалаңаш аттанып не болды сендерге. Тоқта! Тоқта!— дегеніне қарамастан дүрмекке еліріп Асан, Тояш, Сүлеймендер де шапты. Бұларды көріп екінші жақтағы топтан да бес-алты кісі бөліне жөнелді. Бір минуттің ішінде Бәшекең көлінің алқабы қиқулаған айқайлы үдере шабысқа айналып кетті.
Top биенің үстінде дауысы қарлыққанша айқайлап тұрып қалған Құбайра соққысын сілтеп қара көк аттың алдынан ойқастап өте шыққан Бақыны алдыңғы айқаста анық-ақ көріп тұрды. Үш мүшелік жер шауып, бойы әбден қызып алған қасқа айғыр бас бермей сүзіп бір бүйір алып кетті де, арлан қасқырдай алыстан оралғанша қара көк ат жолдың тепсеңіне шығып бауырын жазып жөней берді. Үріккен қойдай шоғырын жазбай шапқан үш солдат бөлек кетті де, қара көк аттың үстіндегі Абылаев пен қасқа айғырлы Бақы бір бөлек кетті. Аяғын топ тастап сұлу шапқан көк атты қуып жетіп, сауырлап, жаншып, мылжалап тастайтындай жирен қасқа жерге төстіктей керіліп қалған, оның құлағын жымпита шапқан ырсылды екпіні Құбайраға да анық естіліп тұрған тәрізді, көрінім жердегі көлдің қыр жақ қырқасына шыққанша көкті тірсектеп тастарлық, екі арасы тапшырып-ақ қалды. Қадала қарағаннан жасаурап кеткен көзін жеңімен сүртіп жіберіп, Құбайра қайтадан Бақыға Абылаев ат үстінде тізгін тартпастан кеудесімен бұрылып кері қараған сияқтанды, көгілдір-ақшыл түтін бұрқ ете қалды. Бір секунд өтпей әлсіз ғана қаңқ еткен мылтық дауысымен бірге қасқа айғыр, Бақы, шаң, жер бәрі араласып кеткендей болды... Қара көк ат үздік шығып кетті.
Ол жарты шақырым жер ұзап кеткен шамада қара жолдың ақ буалдыр шаңы да шөгіп болды— жол үстінде теңкиіп қалған айғырдың, домаланып жатқан Бақынның қимылсыз денелері алыстан қарайып көрінді.
4
Артындағы солдаттарын тосып алып, Абылаев қатты жортақпен әрі аса берді. Алдымен Нұрым, онан кейін Асан мен Сүлеймен жетіп Бақының басын көтерісті, ол тірі болғанмен ессіз, тілсіз қалған, денесінде жара жоқ, ешбір жеріне оқ дарымаған сияқты, көзін жұмған күйі, қорылдап ұйықтап жатқан адамша, қырылдап дем алады. Үшеуі жол үстінен алып оны көтеpiп апарып шаңсыз жұмсақ көгалға салды. Арттағылар жеткенше үшеуі де үндемеді, тек қана ұзап кеткен жау мен өлім халінде ессіз жатқан Бақыға кезек-кезек қарап, іштерінен тістеністі. Кешікпей Құбайра келіп атынан түсе қалды да, Бақының тамырын ұстап, көзін ашып қарап, тұла бойын қолымен тегіс сипап өтті де:
— Кәне, жігіттер, не тұрыс бар, күн көзінен алып тезірек елге жеткізу керек. Нұрым, сен үстіне салып апаратын жеңілдеу бір шарбақ әкел, ана Қаленнің қыстауының төңірегінде бар шығар,— деді де, Бақының басын бала шидің түбіне қарай қозғап, көлеңке жасады.
— Оқ тиген жері жоқ, бір жері үзіліп кетуден аман ба екен?— деді Асан Құбайраға. Құбайра қырылдап дем алып жатқан Бақының бозарып кеткен бетіне қарап, сәл ойланып тұрды да:
— Миына зақым келген болу керек,— деді.
Нұрым шарбақ әкелгенше Сүлеймен айғырдың астына қайрылып қалған басын түзеді. Ауыздан, мұрыннан ағыл-тегіл қанды көбік кеткен, құлақ шекенің түбінен аққан қан жерге шала сіңіп, қос жұдырықтай боп қойдың бауыздау қанындай, төңкеріліп ұйып қалыпты, үстіңгі жағындағы артқы аяғы созылып серейіп қалған, жануар әлдекімге ренжігендей айбарлы қабағын түйіп алыпты.
— Құлақ шекенің түбінен тигенде тоңқалаң асып, белкүллі, сеспей қатқан екен,— деді Сүлеймен басын шайқап.
Өліктей серейтіп шарбаққа салып алып келген Бақыны Бекейдің үйіне орналастырды да, аузына әлсін-әлсін су тамыздырып Жүніс өзі көлеңкеде отырды. Ол ешкіммен сөйлеспеді, көп ойланды. Жылап келген Мәккаға да ашық жауап бермеді.
— Білемін, шырағым, қиын-қыстау кезең туғанын. Бара бер үйіңе, шаруаңды қара. Бала-шаға азып қалмасын,— деді де қойды.
Ауылдың, бүтін елдің ең басты азаматын ұстап әкетті, бұған жұрттың іші тегіс ауырса, Жүніс бәрінен де қатты қайғырады. Мұны туысқандары жақсы біледі, әсіресе қазір қажының қатты ойланып, ешкіммен сөйлеспей сазарып отырып алғаны бала екеш балаға да аян сияқты.
— Өледі ғой шамасы, папам қатты қайғырып отыр,— деген Әлібекке, туырлықтың етегінен сығалап қойып:
— Әрине, бірақ папамның көбірек қайғыратыны Бақы емес, ол учительдің ұсталып кеткеніне мұңайып отыр. Учительсіз елге де, бізге де қиын ғой,— деді Әділбек үлкен кісіше баптап сөйлеп.
Кіші бесін кезінде Нұрым мен Сүлейменді жіберіп Жүніс қажы бүтін жайлаудағы елдің шаңырақ иесін қалдырмай садақаға шақырды. Кешке дейін пісіріп-түсіріп ауыз ашуға дайын ету үшін екі қой сойылып жатты, бірнеше самауырын қатарынан тізіліп сапқа тұрды. Желдеген дуадақтай самсап, ауыл-ауылдан Жүністікіне қарай жаяулар жылжыды. Арасы алшақ тігілген Бекейдің кішкене үйі мен қажының үлкен үйінің екі арасындағы қос-қостан төселген киіз-текеметтердің үстіне күн екіндіге жетпей-ақ алқа қотан отыра бастаған адамдардың қарасыны молайып, қатары тығыздала берді. Ортадағы сегіз ауылдан алпысқа тарта адам жиналды. Көбі Бақының халін көріп бас шайқасты, бір қатары өледі десті. Күндізгі болған оқиға күбір-күбір әңгіме болды.
— Қажы сөз сөйлей ме, басымызды неге қосып жатыр?
— Қай қажы?
— Қай қажы келіп сенің сөзіңді сөйлеп, таяғыңды соғып еді? Белгілі емес пе, Жүкеңді айтамын.
— Алдыңғы жылы да болыстың шаңырағын ортасына түсірерде тап осылай жиналысып еді жұрт. Онда да осы сарыатанның іші еді ғой.
— Ие, сарыатанның іші, оразаның бас кезі еді ғой, жігіт алу лаңы шыққаны.
— Сөз сөйлегенде не демек?
— Әне, Жол да келе жатыр, старшинаның айтары бар шығар.
— Бақтылы ғой оны жіберіп отырған.
— Сонымен Хакімді де алып кете жаздаған дей ме?
— Күмістің келіні деседі ерлік жасаған.
— Әй, бәрекелді! Бағы ашылмаған бала, әйтпесе еркекке тұрарлық ұрғашы.
Көбін кеше тарауықта көріп жүрген Жүніс келгендермен қысқа-қысқа амандасып, күндегіден тұйық отырды. Жүзінде салмақты ренішпен тұнжыр ойдың түйінін іздеген бір нышан бар еді, оны отырғандар тегіс аңғарды. Жүніс әдетінше малдасын құрып отырған күйі, жинақталып көтеріле түсті, ақ көйлектің үлкен ақ жағасы мойнын қысып тұрғандай, бауын шешіп, кеңітіңкіреп қойды. Жұрт тына қалды.
— Сегіз жасымда қорлық пен зорлық арқасына аяздай батып, үдере көшкен елді, қолына бес қару ұстап, елге пана болған ерді, ер қанына күреңіткен жерді көріп едім. Оған міне елу жыл өтті. Күні кеше елеуреп атқа мініп Бекебастың баласын Текеге дейін қуғанда да мұндай аяқасты болған жоқ едік. Мынау бәрінен де асып кетті. Ауылдың үстінен күнде ат ойнатты, азаматты сабады — ат алды, аттан да арзан бағалап, еріксіз тізіп жігіттерімізді алды, кемтарды зар еңіретті, қатын-баланы шулатты, бүгін арыстандай азаматымыз Қаленді тоқты арқалаған бөрідей атқа өңгеріп алып қашып кетті, олар қарусыз жанды қасақана атып, ессіз-түссіз мына Бақы жатыр. Ана еңкеуден құлаған күндей, жалғыз жатар жерді еңкейіп күтіп отырған бізді ертең мына сақалдан сүйреп тулақтай сілікпесіне кім кепіл. Жарыңды жесір, ұлыңды жетім етпесіне кімнің көзі жеткен. Сонда малдан билік, бастан ерік кетіп желбезегінен тізген балықтай, жегенге жем болу ғана қалады. Қалай дейсіңдер, ағайындар, ана халықтың қалауынсыз хәкім болып қанды жасты сорғалатқан Жымпиты билеушілеріне еңкейіп еңселігіміз жерге тигенше бас иеміз бе, болмаса адамдық қасиетімізді ақтап, шалқая теңдік сұраймыз ба? Кәне, айтыңыздар, мен мына сәжде мен тағамнан бұрын соны естігім келіп тұр,— деді.
— Дұрыс айтасыз, еңкею жетті,— деді төртбақ денелі құлағының сырғалығы солпы біткен, етті, ұзын жақты палуан Шайдолла.
Басқа жұрт үндемей қалды. Көбі төмен қарап, текеметтің үстінен көз тоқтатар бір ілгіш іздегендей болды, бір қатары Жүністің қоңыр үні мен қою сөзіне мағыз атып қалғандай елжіреген шыраймен жүз аудармай қарап қалды, арт жақтағы адамдардың бір-екеуі қисая түсіп, көрсетпей тез-тез насыбай атып алды. Құбайра тамағын кенеді, Қадес шошақ сақалын алға қарай шошайта сипап қойды.
Бір минуттай уақыт өтті, ешкім сөйлемеді, өзінен-өзі ағытылатын сөз, кенет буылған сеңдей, кептеліске кездесті. Жеңіс айнала қарады, Құбайра қобалжи түсті.
— Қаленнің үйіне бальшебек келді, сияз ашты, ағуа сөз таратты деп болысқа ғарза беріпсің. Кәне, мына көпке жауап бер. Қаленнің басын қай қапасқа тықтың?— деді Құбайра Жолға қарап.
Оның өңі қуқылданып кетті.
— Жала, өсек. Қатындардың сөзі,— деді Жол өзіне тіктеп қараған Құбайрадан көзін бұрып.
— Кім жазғанын да, кімнің үйінде жазғанын да есіттік. Құдайдан безген сұрқия,— деп Асан орнынан түрегелді.
Асанның кішірек келген көкшіл көздері кішірейе түсті. Ол Жолдан екі-ақ адымдай жерде отыр еді, мысықтай шап беріп старшинаның ескі намбөк бешпетінің төсіндегі знакті жұлып келіп алды да:
— Бар, жаза бер ғарзаңды жазатын жеріңе!— деп дөңгелек жезді топтың ортасына қарай лақтырып жіберді. Қапелімде Асанның не ойы барын білмей бас қорғау ниетімен шалқая түскен Жол знактің жұлынғанын, жұлқып тартқан екпінмен еңкейіп қалғанда ғана сезді. Ол қорқып кетті, өзіне қарап тігілген мына жұрттың көп көзі оны обып жібергендей болды, орнынан тұра келіп шетке қарай ығысты, қолға түскен ұрыдай күшпен де, сөзбен де қайрат ете алмай ол тек қана ешкімге естіртпей күбірлеп:
— Құдайдан безген мен емес, сендерсіңдер. Бұл бассыздық, бұған жауап бересіңдер,— деп кетуге айналды.
— Мә, мынауыңды ала кет. Зілдей екен ғой иттің өзі,— деп Тояш знакті алып Жолға қарай жүрді.— Бірақ, үйіңнен адымыңды аттап шығушы болма. Болысың мен оязың сенің жаныңды да, малыңды да келіп күзетіп тұрмайды. Білесің ғой Барқынның мінезін, шошаңдаған шабақты шортандай қауып қылқ еткізер.
Адал тамақты арам етіп, аяғын ұрлап басып үйден шығып кеткен мысықтай, топтан шығып Жол үйіне тартты. Аздан кейін Жүніс орнынан түрегеліп:
— Қаленді босатып жібергенше болыстың қолға түссе өзін, өзі болмаса жан қияр жақынын мен де қолға ұстаймын. Қараның баласы ерсе Қызыл үймен де сөйлесем. Кәне, ересіңдер ғой менің соңыма?— деді.
— Ереміз.
— Ереміз.
— Ермегенде.
— Жүніс аға, бір мәнісі бар. Ел тегіс болмай және құр қол атқа міну асығыстық болар. Бүгін түнде біз Сүлеймен, Хакім үшеуіміз Сағадағы анау кәсіпкер ағайындарға барамыз. Сағадағы артель мен таудағы елдің ергендерін түгел шығаруымыз керек, ең болмаса он бес-жиырма жігіт мылтықты болса... Үш күннен кейін жиналамыз десек болмас па?!— деді Асан.
Жүніс үндемеді.
Бағанадан бері үйдің ішінен сығалап отырған Әлібек:
— Көкем үндемей қалды,— деді Әділбекке, иығымен түртіп қалып.
— Көкемнің үндемегені мақұл дегені, осы күнге дейін соны білмейсің бе,— деп ілік қойды Әділбек ағасына. Сол күні түнде Асан, Хакім, Сүлеймен Сағадағы жігіттермен ақылдасып, ертеңіне балықшылар артелінің бастығы Қажымұқан мен Хакім Бәйестің бастауымен Әбдірахманды іздеп Қараоба болысына жүрді.
Олар Әбдірахманмен ақылдасуға және оның беремін деген қаруын алып келмекші болды.
Еріксіз жігіт жинаған, сұраусыз ат алған, түтінге тегіс салық салған. Қаржауовтарға ауыл үстінде қамшы үйіртіп, Абылаевтарға оқ атқызған, қарсы келгендерді абақтыға тыққан «хан» сойқанына қарсы сол күндері басқа елдер де бас көтерген еді. Ілкі кезде кіжінуден бастап келе-келе старшиналар мен болыстарға жұдырық көтерген жұрт енді зорлық пен зұлымдықтың түп тамырын жұлып алуға бет бұрды.
Ұзын өзеннің бойын өрмелей жайлаған қалың елдер бірімен бірі қатар тұрып қол ұстасқандай жалғасты. Әңгіме де, амал да көптің сынына түсті. «Болыстың кеңсесін шапқанмен іс бітпейді. Жүніс таяз ойлайды. «Бас пәле ана Теке мен Жымпитыдағы патшашылдарда» деп Әйтиев дұрыс ақыл айтып жүр. Атаманын да, ханын да Микалайының соңынан жіберу керек!» — десті. Осы сөз елден елге жылжыды. Сағат санап, күн санап ауылдан ауылға аттылар жосылды, топ құрушылардың қарасыны ұлғайып, қатары қалыңдай берді. Кешікпей Тартоғайдың ішіне ертеңді-кеш емін-еркін жиналған тоқ жүзді, қара мұртты жігіттер қаптап кетті...
Бір үлкен дүбірдің көмескі дыбысы бірден айқындала бергендей болды.
Бұл— Жайықтың кең алқабын мекендеген сан рулы елдердің теңдікке ұмтылған дүбірі еді. Ақ жайықтың ұлы дүбірінің басы еді...
1957 жыл.
Бірінші кітаптың соңы.
ТҮСІНІКТЕМЕ
1930 жылдан СССР Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті қазақ совет жазушысы Хамза Есенжанов өз творчествосын 1929 жылы Орал округтік «Қызыл ту» газетінде өлеңдер, фельетондар бастырудан бастаған.
Оның Оралда, Батыс Қазақстан облысында совет өкіметінің орнатылуы, азамат соғысының оқиғаларын баяндайтын «Ақ Жайық» трилогиясының бірінші кітабы 1947 жылы жазылып біткен. Бірақ әртүрлі себептермен 1957 жылға дейін жарияланбай келген.
Романның алғашқы үзінділері 1957 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Октябрь туы» газетінің 25 августағы, 7 жөне 11 сентябрьдегі сандарында Ұлы Октябрь революциясының 40 жылдық мерекесіне байланысты жарияланған.
Одан кейін «Лениншіл жас» газетінің 1957 жылғы 3, 5, 6, 8, 9, 10 октябрьдегі сандарында, «Қазақ әдебиеті» газетінің 25 октябрьдегі санында жарияланған. 1958 жылы «Ақ Жайық» трилогиясының бірінші кітабын қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы басып шығарған. Сол жылы роман орысшаға (аударған А. Ананьев) аударылып, «Советский Казахстан» журналының №7, 8, 9, 10 сандарында жарияланған.
1958 жылғы қазақ искусствосы мен әдебиетінің Москвадағы онкүндігі қарсаңында роман орыс тілінде жеке кітап болып басылып шыққан.
1961 жылы қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы «Ақ Жайық» романының бірінші және екінші кітабын қосып, 1968, 1969 жылдары «Жазушы» баспасы трилогияның үш кітабын жеке-жеке кітап етіп басып шығарған. Онда әр кітапқа ат қойылып, трилогияның бірінші кітабы: «Төңкеріс үстінде», екінші кітабы: «Шыңдалу», үшінші кітабы: «Тар кезең» деп аталған.
Біз жазушының алты томдық шығармалар жинағына «Ақ Жайық» трилогиясының осы басылымын пайдаландық.
Кезінде заманымыздың ұлы жазушысы М. О. Әуевовтен «Европа үлгісімен жазылған біздегі бірінші роман»— деген үлкен баға алған Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы бірден осы күйіндегідей болып дүниеге келе қойған жоқ. Үлкен ізденіс үстінде, мол жөндеуден өткен ұзақ жылдар жемісі.
Онда еңбекші таптың бақыты үшін күрескен коммунистер бейнесі өте нанымды бейнеленген. Романдағы Петр Дмитриев, Бақытжан Қаратаев, Павел Червяков, Петр Парамонов, Меңдікерей Епмағанбетов, Әбдірахман Әйтиев, Иван Белан бәрі де тарихта болған адамдар. Көркем әдебиет қаһарманы өмірде болған қайраткерлердің құр көшірмесі ғана емес. Сондықтан да романдағы Әбдірахман Әйтиев пен Меңдікерей Епмағанбетовтің Белан мен Гречконың бейнелерінде көркемдеу құралымен сырланған жолдар баршылық. Сондай-ақ Хакім бейнесі де жеке бір адамның өмірінен алынбаған. Көп адамдардың бойында бар қасиеттерді бір басына топтаған жиынтық кейіпкер. Жазушының өз сөзімен айтқанда: «Хакім бейнесін сөзбен кестелегенде автордың көз алдында төрт адамның кескін-келбеті тұрды. Олардың аса елеулісі— Сермұқан Бекбатыров. Бұл азамат қайратты, саналы, совет өкіметін нығайту жолында ерекше берілген, білімді юрист, бері келе заң ғылымының кандидаты атағына ие болды... Екінші: Қадыр Матжанов уездік прокурор болған. Кейін партия қызметіне ауысып, жауапты орындарда істеген. Соңғы қызметі Аякөз ауданының партия комитетінде бірінші секретарь. Аса адал, өнегелі жан еді. Үшінші: көп жыл уезде сот пен прокуратурада жауапты қызмет атқарған, өзімді тәрбиелеп, үздіксіз оқытқан әкемнің кенже інісі Хайыржан Есенжанов. Төртінші: прокурор Қазкен Ақжаров. Осы төртеуінің ісі, өмір жолы, ішкі рухани көркі мен сыртқы сипаттары Хакім бейнесін жасау үстінде, үй салғанда керекті кірпіш — тастай «қалана берді» («Жұлдыз», № 4, 1974) дейді. Қарсы топтан бейнеленген ақтардың генералдары мен атамандары, қазақтың буржуазияшыл оқығандары мен байлары тұрмыста қандай болса, кітапта да өз рольдеріне сәйкес өз бейнелерін тапқан.
Әрине бұлардан басқа күрделі кезеңнің үлкен бейнесін толықтыра түсуге қажет болған эпизодтық геройлар да аз емес. Олардың барлығы да романдағы уақыт тынысына сәйкес бой көрсетіп, оқиға желісінің өрбуіне қарай өсу үстінде көрініп отырған. Мұның өзі романдағы бас кейіпкер психологиясын тереңірек аша түсуге септігін тигізген. Сол арқылы жазушы өз кейіпкерлерін өмір сүрген дәуір шындығымен біртіндеп таныстырып отырған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі