Өлең, жыр, ақындар

Отбасы — адам өміріндегі басты тірек

       Отбасы. Бір өзіне бар асылды жинаған киелі сөз. Адам өміріндегі ең берекелі құндылықтардың бірі әрі бірегейі. Әрбір адамның дүниеге келген сәтінен бастап сүйенер, сенер, жан жылуын сезінер ортасы. Егер сипаттай берсең, айтарға сөзің жетпейді. Шынымен де, отбасы — өмірдегі ең үлкен байлық, адам баласының алғашқы тәрбие ошағы. Отбасы — тек қана бірге тұратын адамдар тобы емес, ол — мейірімнің, махаббаттың, өзара түсіністік пен қамқорлықтың бастауы. Қазақ халқы «Отан — отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі әрбір тұлғаның мінезі, дүниетанымы, болашаққа деген көзқарасы ең алдымен отбасыда қалыптасады. Отбасының жылуы — баланың болашақ өміріне бағыт-бағдар беретін шамшырақ. Балаға алғашқы тәлім-тәрбие де, адамгершілік ұстанымдар да отбасында беріледі. Жақсы отбасының іргетасы — өзара сыйластық, түсіністік, сүйіспеншілік. Осындай ортада өскен бала сенімді, өзіне жауапкершілікпен қарайтын, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасады. Қазіргі жаһандану заманында отбасының тәрбиесі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Бесіктен басталған тәрбие ертең үлкен есікке жол ашары хақ!
        Отбасы — қиындықта демеу, қуанышта ортақтасар сенімді тірек. Бұл — адамның әлсіз сәтінде арқа сүйейтін ең үлкен күш. Шыны керек, сен қиналғанда сенен артық қиналатын — ол сенің отбасың. Иә, достар, жақындар деп жатамыз, бірақ олар отбасыңдай бола алмайды, қанша жерден болғысы келсе де. Себебі олардың да отбасы бар. Яғни адам ең алдымен отбасымен мықты. Бұл басқалардың көңілін жоққа шығару емес, шынтуайтына келгенде айтылар сөз осы. Анаңның маңдайыңнан сүйіп, әкеңнің жылы қарағанының өзі бар мәселені ұмыттырады. Ата-ананың мейірімі — адамның жан жарасын емдейтін ең қасиетті нәрсе. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма неге қадалмайды?» — деп сен үшін күні-түні шырылдап отыратын отбасың болса, міне, нағыз бақытты адам — сен. Осындай отбасыңның болғаны — баға жетпес байлық. Бақытты сырттан іздемеу керек. Өмірде кейде адам байлық, мансап қуып жүріп, жанындағы ең қымбат дүниені — отбасын ұмытып жатады. Айналаңа, үй ішіңе бір қарап, шүкір етсең, адамдығың осы болғаны. Біз, жастар, бақытты сәттердің қадірін ұғына бермейміз. Әлі де болса уақытша нәрсеге алданып, өмірдің шынайы мәнін кеш түсінеміз. Бақытты байлықпен есептеп, адасуымыз да мүмкін. Бірақ сол бір уақытша көңіліңді аулаған тәтті сәттер отбасыңмен бірге ішкен бір кесе қара шайыңа татымайды да. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген. 
        Өкінішке қарай, қазіргі таңда отбасы құндылығына мән бермей, өзара түсіністік пен сыйластық азайып бара жатқан жағдайлар да кездеседі.          Заманауи технология, уақыт тапшылығы кейде отбасы мүшелерін бір-бірінен алыстатып жіберуі мүмкін. Ол жайт әрбір шаңырақта болып тұратыны да өтірік емес. Әсіресе, жастар жағы өзара сыйластықты ұмытып, ажырасып кетіп жатқан оқиғалар жиіледі. Ажырасу белең алып жатқан қоғамда өмір сүрудеміз. Бұл қоғам үшін де, ұрпақ үшін де үлкен қауіп екенін ұмытпауымыз керек. Мәселенің алдын алу — әр адамның өз қолында. Отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет сақталса, онда ол шаңырақ шайқалмайды. Осындайда жастарға дұрыс тәрбие беріп, отбасының қадірін ұғындыру аса маңызды. Себебі мықты қоғам — ең алдымен берекелі отбасылардан құралады. Қоғамның іргетасы — әрбір отбасында қаланады. Берекелі отбасы көп болса, мемлекет те мықты, ел де ынтымақты болады.
        Қорытындылай келе, отбасы — адам өміріндегі ең басты тірек екенін ұмытпауымыз керек. Қандай биік мансапқа жетсең де, қанша ел аралап, дүниенің төрт бұрышын көрсең де, саған шынайы пана болатын — отбасы. Әрбір адам өз отбасының шаңырағының биік болып, шегесінің дұрыс қағылуына үлес қосуы тиіс. Бір шеге дұрыс қағылмаса, шаңырағың ортасына түсуі ықтимал. Сондықтан әр отбасы мүшесі жауапкершілікті сезінуі керек. Ал оны дұрыс қағып, ортасына түсірмеу — әр отбасы мүшесінің міндеті. Бірліктің, сыйластықтың, түсіністіктің арқасында ғана отбасы берік болады. Қалауыңдағы отбасыға ие болғың келсе, өзің де сол отбасына лайық болуың керек. Сөзі мен ісі жарасқан, баланың сыңғырлаған күлкісі мен былдырлаған тілі естілетін, берекелі шаңырақ иелері көп болғай! 

Мақала авторы: Картенбай Әлия Жеңісбекқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз